The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

isaev_seiilbek_kazak_til_biliminin_mseleleri

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by malika.abdresheva, 2020-11-25 00:45:16

isaev_seiilbek_kazak_til_biliminin_mseleleri

isaev_seiilbek_kazak_til_biliminin_mseleleri

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ

СЕЙІЛБЕК
ИСАЕВ

АЗА
ТІЛ БІЛІМІНІ

МӘСЕЛЕЛЕРІ

Алматы
2014

УДК 811.512.122
ББК 81.2 Қаз
И 83

Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі
Тіл комитетінің тапсырысы бойынша

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың
2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»
аясында шығарылды

И 83 Исаев С.
Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес жəне

проф. Н.С. Исаева. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. –

640 бет.

ISBN 978-601-7172-37-4

Көрнекті тілші-ғалым С.М. Исаевтың (1938–1999) қазақ əдеби тілінің
тарихы, мерзімді баспасөз тілінің дамуы, қазақ əдеби тілінің кеңестік
кезеңінде дамуына байланысты жазылған зерттеу еңбектері топтастырылып
жарық көріп отыр. Сондай-ақ жинақта ғалымның ғылыми еңбектерінің тізімі
келтіріліп, өмірбаяндық деректері берілген.

Қазақ əдеби тілінің теориялық жəне практикалық мəселелерін заманауи
тұрғыдан жан-жақты қарастырған зерттеуші еңбегі тілші ғалымдарға жəне
көпшілік тіл жанашырларына арналады.

ISBN 978-601-7172-37-4 УДК 811.512.122
ББК 81.2 Қаз

© Исаев С., 2014
© «Абзал-Ай», 2014

АЛҒЫ СӨЗ

Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі, белгілі ғалым
Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев Омбы облысы Назыбай ауда-
нының Күреңайғыр ауылында 1938 жылы 13 наурызда дүниеге
келді. Ғалымның əкесі Мұхамеджар ақсақал ауқатты, текті
тұқымнан шыққан, алысты болжай алатын көреген, ақылды кісі
болған екен. Қаршадайынан ата-анасынан айырылып, жетімдік
тауқыметін көп тартқан ол 1916 жылы атақты «Июнь
жарлығы» тұсында тізімге ілініп, майданның қара жұмысына
алынады. Сөйтіп Рига түбінде окоп қазу жұмысына қатысады.
Солдаттықтан босаған соң Мұхамеджар ауылына, ата қоны-
сы – Жалғызағашқа (қазіргі Көкшетау облысы, Қызылту ауданы)
келіп, ел қатарлы түтін түтетіп, мал басын құрап, азды-көп-
ті дəулет жияды. Алайда кеңес үкіметінің тұсында «шаш ал
десе, бас алатын» солақай саясаттың қаһарына мініп тұрған
1928 жылы кəмпескеге ілігер қауіп туған соң, кіндік қаны тамған
Жалғызағашты тастап, бас сауғалауға мəжбүр болады. Сонымен,
бар жиған-терген дүние-мүлкін тастап, өзінің бала-шағасымен
ғана Омбы облысындағы Күреңайғыр көлінің жағасына қоныс
аударады. Оның жұбайы Мүйгүлсім ер мінезді, ақылды, айна-
ласына сыйлы, ел анасына айналған адам болған. Ол кісі бала
көтермей, Мұхамеджар Зейнеп деген қызға үйленеді. Бүкіл ауыл-
аймақ елге қадірлі азаматтың тілегін тілеп, жасағаннан бір
перзент сұрайды. Сөйтіп дүниеге Сейілбек есімді ұл келіп, Мұха-
меджар ақсақал 49 жасында тұңғыш перзентін сүйеді. Оның
артынан Еслəмбек (ерте қайтыс болып кеткен), Қазбек атты
екі ұл, Нұрғизат есімді бір қызды болады. Сейілбекті Мүйгүлсім
анасы бауырына салып (1948 жылы қайтыс болды), басынан құс
ұшырмай еркелетіп, он жасқа келгенше арқалап жүріп өсіреді.
Аналарынан ерте айырылған (Мүйгүлсім анасынан 10 жасында,

4 Алғы сөз

Зейнеп анасынан 9 жасында) Сейілбек жаны таза, нəзік, жара-
ланғыш, сəбидей пəк азамат болып қалыптасады.

Көзі ашық, көкірегі ояу əке баласы Сейілбекті ауылдағы жеті
жылдық мектепті бітіргеннен кейін Омбы қаласындағы орыс-
қазақ педучилищесінің дайындық бөліміне оқуға береді. Қала өмі-
рі, орыс тілінде жүретін сабақтар шалғай қазақ ауылынан келген
болашақ ғалымға ерекше əсер етеді. «Орыс тілін жақсы меңге-
руіме ұстаздарымның ықпалы зор болды. Омбыға келгенде мен
мүлдем бір ауыз орысша білмейтін едім», – деп күліп еске ала-
ды ғалым. Орыс тіліне айрықша ден қойып, бір жылдың ішінде
əжептəуір еркін меңгеріп алған зерек шəкірт Омбы педучили-
щесін бастауыш кластың мұғалімі мамандығы бойынша үздік
бітіріп шығады. Алған білімге қанағаттанбай, баласының əрі қа-
рай оқығысы келген талабын қош алған Мұхаң ақсақал бетінен
қақпай, оны Алматыға оқуға жібереді. Журналистік қабілеті зор,
зерек жас журналистика факультетіндегі байқаудың жоғары бо-
луына қарай қабылдану мүмкіндігі аз болғандықтан, С.М. Киров
атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология фа-
культетінің қазақ бөліміне оқуға түседі. Бұл 1957 жыл болатын.

Журналист болуды армандап келген жас жігіт Ыбырайым
Маманов, Кəкен Аханов секілді ұстаздарының ықпалымен тіл
білімінің қыр-сырын ұғынып, құпияларына қаныға түседі. Сөйтіп
университет қабырғасында жүріп-ақ студенттердің ғылыми
конференцияларында баяндама жасап, ғылыми жұмыстар жа-
зып, қаламы төселе бастайды. Осылайша 1960 жылы оның
тырнақалды ғылыми мақаласы «Қазақстан мектебі» журна-
лында басылып шығады. Бұл жайт ғылымға іңкəр жасты одан
əрі қанаттандырып, жоғары курстарда Ашхабад, Душанбе
қалаларында өткен Орта Азия мен Қазақстан университет
студенттерінің конференцияларында ғылыми баяндамалар жа-
сайды. Баяндамалар сол кездегі БЛКЖО ОК-нің, КСРО Жоғары
жəне арнаулы орта білім министрліктерінің Құрмет грамотала-
рына, дипломдарына ие болады.

Қызығы мол студенттік шақпен қош айтысып, 1962 жылы
университетті үздік белгімен бітірген жастың ғылымға
құштарлығы оны Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі

Алғы сөз 5

институтына жетелейді. С. Исаев 1962–68 жылдар аралығында
қазіргі қазақ тілі теориясы бөлімінде ғылыми қызметкер бо-
лып жұмыс істейді. Бұл жылдар жас ғалымның өміріндегі
елеулі кезеңдердің бірі болады. Оның өзі сүйген ісін əрі қарай
жалғастыруына, білімін толықтырып, өсуіне, шыңдалуына,
қаламының төселіп, арналы ғылым жолына түсуіне қасиетті қара
шаңырақ – ғылым ордасының тигізген ықпалы ерекше болды. Осы
институтта жүріп ол түрлі ғылыми жинақтар құрастыруға,
«Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін» түзуге, «Қазақ
тілінің академиялық грамматикасы» секілді сүбелі ұжымдық
еңбекті жазысуға белсене араласады. «1920-жылдардағы мер-
зімді баспасөз тілі» деген тақырыпта кандидаттық диссерта-
ция қорғайды.

Диссертациясын сəтті қорғап, білімі мен іскерлігін танытып
үлгерген С. Исаев Қазақ қыздар педагогтік институтының қазақ
тілі кафедрасына аға оқытушылық қызметке шақырылады. Міне,
отыз жаста аға оқытушы болып табалдырығын аттаған осы
институт оның ғалым ретінде кемеліне келуіне, əділ басшы, абзал
азамат, институт ректорына дейін өсуіне жол ашты.

Болашақ ұстаздарға дəріс оқи жүріп, 1974 жылы ол «Қазақ-
тың мерзімді баспасөз тілінің қалыптасып, дамуы» деген та-
қырыпта докторлық диссертация қорғайды. 1975–87 жылдар
аралығында факультет деканы, 1980–88 жылдары кафедра мең-
герушісі бола жүріп, ол қоғамдық жұмысты ұстаздық қызмет-
пен қатар алып жүрді.

1988–89 жылдары С. Исаев Абай атындағы Қазақ педагогика
институтында қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі қызметін
атқарды.

1989 жылдың наурыз айында С. Исаев баламалық негізде
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогтік институтының ректоры
болып сайланды. Институт ректорлығына шын мəніндегі ғылым
адамының келуі қалыптасқан моральдық-психологиялық ахуал-
дың өзгеруіне себепші болды.

1991 жылдан бастап С. Исаевтың бастамасымен 6 маман-
дық бойынша аспирантура ашылды. Бұл институтты үздік
бітірген талантты қыздардың ғылым əлеміне енуіне жасалған

6 Алғы сөз

үлкен қамқорлық еді. Ғалым-басшы бірнеше ғылым кандидатын
дайындап, өзіндік мектебін қалыптастырды.

Сейілбек Мұхамеджарұлы – ұйымдастырушылық, педагог-
тік, қоғамдық қызметті ғылыммен шебер ұштастыра білген
үлкен ғалым. Күнделікті қат-қабат əкімшілік жұмыстар мен
қым-қуыт қыруар тірліктің қайнаған ортасында жүрсе де, ол
бойына біткен ізденгіштік, еңбекқорлық қасиеттерінің арқасында
бір сəт те ғылымнан қол үзген емес. Оның қаламынан туған 200-
ге тарта ғылыми, ғылыми-əдістемелік, ғылыми-көпшілікке ар-
налған еңбектері көтерген проблемаларының өткірлігімен, нақ-
тылығымен, сонылығымен ерекшеленеді.

Оның ішінде ғалымның көп айналысқан саласының бірі –
қазақ тілінің тарихы мен қазақ əдеби тілі тарихы мəселелері.
Ғылымдағы жолын жекелеген сөздер мен грамматикалық тұл-
ғалардың шығу, қалыптасу, даму тарихын, олардың даму, өзгеру
процестерін зерттеуден бастап, ғалым бірте-бірте əдеби тіл-
дің күрделі мəселелеріне қарай ойысады. Əдеби тілдің сан алуан
проблемаларына байланысты салиқалы ойларын танытатын
көлемді зерттеу еңбектері, монографиялары жарық көрді. Атап
айтқанда: «Қазақ əдеби тілінің совет дəуірінде дамуы» (1973),
«Қазақ əдеби тілінің даму, қалыптасу кезеңдері» (1976), «Қазақ-
тың мерзімді баспасөз тілінің дамуы» (1983), «Қазақ əдеби тілі-
нің тарихы» (1989, 1996).

Ғалым қазақ əдеби тілі мен тіл тарихынан басқа қазақ тілі
грамматикасының теориялық мəселелерімен де үзбей айналыс-
ты. Соның нəтижесінде «Қазақ тіліндегі негізгі грамматика-
лық ұғымдар» (1992), «Қазақ тіліндегі сөздердің негізгі грамма-
тикалық сипаты» (1998), серіктес авторлармен бірлесіп жазған
«Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі»
(1997) секілді іргелі, көлемді кітаптары жарық көрді. Аталмыш
кітаптардың алдыңғысы 1993 жылы Қытайдың Шыңжаң оқу-
ағарту баспасында басылды.

Осы еңбектерде көтерілген қат-қабат мəселелердің қай-
қайсысы да қазақ тіл білімінде күрделі, түйіні шешілмеген
проблемалар қатарынан саналып келді. Ал профессор С. Исаев-
тың бұл жөніндегі пікірлерінің қайсысын алсақ та, өзіндік

Алғы сөз 7

сонылығымен, теориялық дəлдігімен, қисындылығымен, мазмұн
тереңдігімен ерекшеленеді. Əсіресе оның негізгі грамматикалық
ұғымдарға қатысты пікірлері дəл де нақты болуына сай грамма-
тика теориясын толықтыра, дамыта түсті. Грамматикалық
категорияны ғалымның жай ғана грамматикалық мағына мен
форманың бірлігі, жиынтығы ғана емес, сонымен бірге өзара
шарттас, мəндес, бірақ іштей қарама-қайшылықтағы мағына-
лар мен формалардың жиынтығы деп анықтауы, грамматика-
дағы етістік түбірі мен бұйрық райдың сəйкестігі, атау септік
проблемасы, есімше, көсемше, қимыл есімдерінің сыр-сипатын
ашып берді.

Сонымен бірге «Қазіргі қазақ тілі» (морфология) грамма-
тикалық курсы бойынша теориялық жəне практикалық са-
бақтардың мазмұны» (1991), «Сөйлемді талдаудың тəсілдері»
(1985) секілді əдістемелік оқу құралдарын да жазып, сту-
денттерге тіл теориясын меңгертудің жолдарын іздестірді.
С. Исаев – түрлі оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Ол
орта мектептен бастап кешкі сменалық мектептерге, жоғары
оқу орындарына арнап оқулықтар жазды.

Профессор С. Исаевтың орыс тілін жетік білуі оның орыс
тілі мен қазақ тілін салғастыра, типологиялық зерттеулер
жүргізуіне мүмкіндік берді. «Сопоставительная типология фо-
нетической системы казахского и русского языков в табли-
цах» (1996), «Сопоставительная типология казахского и рус-
ского языков» деп аталатын еңбектері ғалымның бұл салада да
қомақты зерттеулер қалдырғандығының айғағы болып табыла-
ды. Ғалым өзге авторлармен бірлесе отырып орысша-қазақша,
қазақша-орысша сөздіктерді жарыққа шығарды.

С. Исаев ҰҒА-ның А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі ин-
ституты жанындағы түркі тілдері, қазақ тілі мамандықтары
бойынша диссертация қорғайтын мамандандырылған кеңестің,
Ұлттық ҒА-ның үйлестіру кеңесінің, «Қазақ тілі мен əдебиеті»,
«Қазақстан мектебі», «ҚР ҰҒА-ның Хабарлары» журналдарының
ақылдастар алқасының, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
басқармасының мүшесі жəне ҚР Білім жəне ғылым министрлігі
жанындағы оқу-əдістемелік кеңестің қазақ тілі бойынша тө-

8 Алғы сөз

рағасы, ҚР ЖАК-тың сараптау комиссиясының бірнеше мəрте
мүшесі болды.

Ректордың қауырт жұмыстарына қарамастан профессор
С. Исаев ізбасар-шəкірт тəрбиелеп, ғылыми жетекшілік жа-
сап, ақыл-кеңес беруге уақыт тапты. Ғалым республикалық,
республикааралық, кезіндегі одақтық жəне халықаралық конфе-
ренциялар мен симпозиумдарға қатысып, баяндамалар жасады.
Ғалым кеңесімен бір ғылым докторы, тоғыз ғылым кандидаты
диссертация қорғады.

Көрнекті ғалым, іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, ая-
улы ұстаз, білікті маман Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев
1999 жылдың 9 маусымында дүниеден өтті.

Ғалым 1995 жылы ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі бо-
лып сайланды. Ол өзінің еңбектерімен қазақ тіл білімінің, жал-
пы түркітану ілімінің дамуына зор үлес қосты, іргелі зерттеу-
лердің жүргізілуіне атсалысты, жоғары білімді мамандар мен
ғылыми кадрлар даярлауға көп еңбек сіңірді. Білім мен ғылым
саласындағы ерекше еңбегі үшін С. Исаев «Үздік еңбегі үшін»
медалімен, ҚР Білім министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы
медалімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
ҰҒА-ның академигі;
Ғарифолла ƏНЕС,

филология ғылымдарының докторы





І

ҚАЗАҚ ƏДЕБИ
ТІЛІНІҢ ТАРИХЫ

КІРІСПЕ

І. ƏДЕБИ ТІЛДІҢ СИПАТЫ
1. Əдеби тілдің анықтамасы
2. Əдеби тілдің өмір сүру формалары
3. Əдеби тілдің нормалары
4. Əдеби тілдегі стильдер жүйесі мен əдебиет жанрлары
5. Əдеби тілдің қызметі
6. Əдеби тілдің жалпы халықтық тілмен арақатынасы

ІІ. ƏДЕБИ ТІЛДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
1. Əдеби тілдің қалыптасу жолдары
2. Қазақ əдеби тілінің қалыптасу тарихы туралы көзқарастар
3. Қазақ əдеби тілінің тарихи негіздері, арналары жəне қалыптасу,
даму кезеңдері
4. Көне түркі тілінің қазақ əдеби тілін қалыптастырудағы рөлі

ІІІ. ҚАЗАҚ ƏДЕБИ ТІЛІНІҢ ҚАЛЫПТАСЫП, ДАМИ ТҮСУ ДƏУІРІ
1. ХV–XVІІ ғасырлардағы қазақ əдеби тілін танытатын үлгілер
2. Халықтың сөйлеу тілі негізіндегі ақын-жазушылар шығарма-
ларының тілі
3. Кітаби тіл дəстүрі жəне оның қазақ əдеби тілі тарихынан алатын
орны
4. Ортақ түркі дəстүріндегі жазба əдеби тіл нұсқалары
5. Халық ауыз əдебиетінің тілі жəне оның əдеби тілге қатысы

ІV. XVІІІ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫ МЕН XІX ҒАСЫРДЫҢ
БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ƏДЕБИ ТІЛ
1. XVІІІ ғасырдың аяғы мен XІX ғасырдың басындағы əдеби тілді
сипаттайтын үлгілер
2. Жыраулар шығармаларының тілі
3. XІX ғасырдың бірінші жартысындағы ақындар шығармала-
рының тілі

V. ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ЖАЗБА ƏДЕБИ ТІЛІНІҢ ҚАЛЫПТАСЫП,
ДАМУЫ
1. Қазақ поэзиясы тілінің одан əрі дамуы
2. Қазақ əдеби тілін дамытудағы Ы.Алтынсариннің рөлі
3. Абай – ұлттық əдеби тілдің негізін қалаушы
4. Жазба əдебиет жанрларының əрі қарай дамуы
5. Қазақ поэзиясында Абай дəстүрінің əрі қарай дамуы

VІ. ҚАЗАҚ ƏДЕБИ ТІЛІНІҢ ДАМУЫНДАҒЫ СОВЕТ ДƏУІРІ
1. Қазақ əдеби тілі қоғамдық қызметінің артуы
2. Қазақ əдеби тілі құрылымы мен құрылысының даму
тенденциялары

Қазақ əдеби тілінің тарихы 13

КІРІСПЕ

«Қазақ əдеби тілінің тарихы» атты ғылыми курс жоғары оқу
орындарында тұрақты пəн ретінде өткізіледі. Қазіргі қазақ əдеби
тілі – жүйелі қалыпқа түскен, қоғамдық қызметі сан алуан, тұрақты
нормалары, жүйелі жазу дəстүрі, белгілі стильдік тармақтары бар,
сұрыпталған əдеби тіл.

Қазақ əдеби тілінің қалыптасу, даму жолдары мен кезеңдері,
əдеби тілдің туу, қалыптасу, даму процесінде əр дəуірдегі жазба
əдебиетіміздің, ақын-жазушыларымыздың, бай ауыз əдебиетіміз-
дің, сондай-ақ кезеңдегі түркі жазба əдеби тілінің рөлі, қазіргі
əдеби тіліміздің нормалары жəне олардың əлеуметтік мəні мен
стильдік тармақтары, қазақ əдеби тілінің жалпы халықтық сипа-
ты, жалпы халықтық тілдің басқа түрлерімен (ауызекі сөйлеу тілі,
жергілікті тіл ерекшеліктері, қарапайым сөйлеу тілі, т.б.) қарым-
қатынасы сияқты əдеби тілдің басты-басты мəселелері универ-
ситеттер мен педагогтік институттарда оқылатын «Қазіргі қазақ
тілі» атты негізгі курспен қатар «Тарихи грамматика», «Диалекто-
логия», «Түркологияға кіріспе», «Стилистика» сияқты курстарда
ішінара қарастырылады.

Соңғы кезде қазақ əдеби тілі тарихының осынау сөз болып
отырған өзекті мəселелерінің басын ашуда бірсыдырғы жұмыс
істелді. Оқу құралдары мен əртүрлі көмекші құралдар, жекелеген
мақалалар1  жарық көрді, соның нəтижесінде «Қазақ əдеби тілінің
тарихы» атты курс жоғары оқу орындарында біршама жүйелі
түрде өтіле бастады.

Сонымен бірге қазақ əдеби тілінің кейбір мəселелерін, жеке
дəуірдегі əдеби тілдің ерекшеліктерін, белгілі кезеңдегі жазба
əдебиет тілін, жеке ақын-жазушылардың шығармаларын, тілдік
ерекшеліктерін баяндайтын еңбектер мен мақалалар да бар.

Сөйте тұрса да қазақ əдеби тілінің барлық мəселелері, əсіресе
оның тарихына байланысты, туу, қалыптасу, даму жолдары мен
кезеңдеріне, дəуірлеу принциптеріне қатысты мəселелердің толық

1 Қазақ əдеби тіліне қатысты жарық көрген еңбектер осы кітап соңындағы арнайы
тізімде берілген.

14 Қазақ əдеби тілінің тарихы

басы ашылды, айқындалды деп айта алмаймыз. Қазақ əдеби тілі қай
кезде, қалай қалыптасты деген сұраққа күні бүгінге дейін дəлелді
жауап, негізді шешім айтылған жоқ. Оның мынадай себептері бар:
біріншіден, əдеби тіл деген ұғымның өзін əр зерттеуші əртүрлі
түсініп жүр, екіншіден, əр кезеңдегі əдеби тілдің көрсеткіші болып
табылатын материалдар, жазба нұсқалар, ақын-жырау, жазушы-
лар шығармалары əлі де болса жетік, жан-жақты зерттелінбеген.
Соның салдарынан белгілі бір кезең əдебиеті, сол кезеңдегі жазба
нұсқалардың əдебилігі, оның қазақ əдеби тілінің тарихына қатысы,
қазақ əдеби тілін дамытудағы рөлі, т.б. туралы айтылған пікірлер
нақты материалдармен дəлелденбей, құр болжал, топшылаудан
əрі аспай қалып отыр. Мысалы, XV ғасырға дейінгі көне түркі
жазба ескерткіштерінің қазақ əдеби тіліне қатысы бар ма, жоқ
па дегеннің басын ашу үшін ол жазба нұсқалардың фонетикалық
жүйесін, грамматикалық құрылысын, лексикалық құрамын, сөз
саптау ерекшеліктерін, ой білдіру қисынын қазақ əдеби тілімен са-
лыстыра қарау керек. Сондай салыстыра зерттеудің нəтижесінде
олардың арасындағы ортақтық, сəйкестілік арқылы жалғастылық
ашылып, қойылған сауалға қатысы бар деген сауал беріледі не-
месе ондай ұқсастық, ортақтық болмаса, көне түркі тілінің қазақ
əдеби тіліне қатысы жоқ болып шығады. Бірақ осындай принципті
ұстағанда, дəлірек айтқанда, көне түркі жазба ескерткіштерінің
қазақ əдеби тілінің тарихына қатысы бар дегеннің өзінде де қазақ
əдеби тілінің тарихын тікелей көне түркі жазба ескерткіштерінен
бастау керек деген ұғым тумайды.

Тілдің тууы, дамуы, соның ішінде əдеби тіл де, сол тілде
сөйлейтін жəне соның иесі болып табылатын халықпен, оның тари-
хымен тығыз байланысты екенін ұмытпау керек. Олай болса қазақ
халқы əлі тарих сахнасына келе қоймаған кезде, əлі халық болып
қалыптаспаған кезде оның əдеби тілі туралы пікір айту, əдеби тілі
болды деу шындыққа ешбір жанаспас еді. Бірақ халық бір күнде
немесе бір жылда қалыптаса қоймайды жəне жоқ жерден пайда да
бола салмайды. Белгілі ірі этникалық топтардың бірігуі арқылы
халық пайда болса, оның жалпы халықтық тілі, оның жоғары сапа-
лы түрі – сұрыпталған əдеби тіл бір күнде аспаннан түсе қалмай,
сол ірі этникалық топтардың тілдік мұраларының негізінде
қалыптасуы мүмкін. Олай болса, халық болып құралғанға дейінгі
сұрыпталған тіл, жазба нұсқалар тілі кейінгі кезеңде əдеби тілдің
қалыптасуына, тұрақтануына əсер етуі немесе соған негіз де болуы

Қазақ əдеби тілінің тарихы 15

ықтимал. Қазақ əдеби тілі мен көне түркі жазба нұсқалары тілінің,
демек, көне түркі əдеби тілінің арасындағы, тілдік қабаттардың
ішіндегі сəйкестіктер, ортақтықтар болса, оларды осы тұрғыдан
қарау керек те, жалғастылық дəстүрдің бар екенін көрсетіп, қазақ
əдеби тілін қалыптастырудағы мұның рөлін, оған қай дəрежеде
негіз болғанын ашу керек.

Көне кезең əдебиетіне, əдеби тіліне бүгінгі күн тұрғысынан,
əдеби тіліміздің бүгінгі жеткен деңгейінен қарау оған жасаған
қиянат болар еді, өйткені қоғамдағы «адамдар арасындағы аса
маңызды қатынас құралы» болып табылатын əдеби тіл де халық-
тың қоғамдық өмірімен, мəдени өркендеуімен, əдебиетінің дамып,
жанрлық тармақтарының айқындала түсуімен, олардың қоғамдық
қызметінің артуымен байланысты дамып, жетіліп, өзгеріп отырады.

Міне, осындай ерекшеліктерді ескермеудің салдарынан
бір кездерде қазақ тілі жазу-сызуы өте кенже қалған (младо-
письменный), кеш дамыған тіл деген негізсіз пікір де айтылып
келді. Бұл – революциядан бұрынғы кезеңдердегі, бір жағынан,
қазақ тілінің жай-күйін, əдебиет нұсқаларының сипатын, екінші
жағынан, халқымыздың саяси-экономикалық өмірі мен оның даму
ерекшеліктерін, рухани қазынасының сыр-сипатын, əр кезеңде
тілдің қоғамдық қызметті өтеуде алатын орнын жан-жақты, терең
де нақтылы зерттеу нəтижесінде туған пікір емес.

Қазақ əдеби тіліне, əсіресе оның тарихына, əр кезеңдегі ерек-
шеліктеріне, нормалану процесіне, əдебиет жанрларының тіліне,
оның əдеби тілге қатысына байланысты мəселелер əлі де зерттеле
түспек. Сондай соны зерттеулердің, дəлелді шешімдердің негізінде
бұл курс алдағы уақыттары да ғылыми жағынан жетілдіріле бер-
мек. Соңғы зерттеулердегі қазақ əдеби тілінің сипатын, статусын
анықтайтын ғылыми тұжырымдар, дəлелді анықтамалар, қазақ
əдеби тілінің əр дəуіріндегі əдебиет нұсқаларын, оның əдеби тілді
нормаландырудағы, дамыта түсудегі орнын айқындайтын матери-
алдар бұл еңбекте толығымен пайдаланылып отырылды.

Пайдаланған мысалдар əр дəуір жазбаларынан алынғандықтан
жəне олар əртүрлі əдебиетте əртүрлі алфавитпен (көне түркі,
араб, латын) беріліп жүргендіктен, бұл еңбекте олар бірыңғайлас-
тырылып, ондағы мезгілдік, дəуірлік сипатына байланысты ерек-
шеліктер, кеткен қателер көбіне түзетілмей, қазіргі таңбамызбен

(графикамен) транскрипцияланып берілді.

16 Қазақ əдеби тілінің тарихы

І. ƏДЕБИ ТІЛДІҢ СИПАТЫ

1. Əдеби тілдің анықтамасы

Əдеби тілдің тарихына қатысты негізгі мəселелердің басын
ашып, ғылыми тұжырым жасау үшін əдеби тілдің өзін дұрыс
анықтап алу қажет. Яғни əдеби тіл деп нені түсінеміз? Оның
өмір сүру формасы қандай? Əдеби тілге не енеді? Қазақ əдеби
тілінің тарихы қай кезден, неден басталады? Əр кезеңдегі əдеби
тілдің дамуының, нормалануының тенденциясы, оның тілдік
көрсеткішіне қандай əдебиет нұсқалары жатқызылуға тиіс жəне
олардың мазмұны мен сипаты қандай болмақ деген сұрақтардың
нақты жауабы əдеби тілдің анықтамасымен тікелей байланысты
болып отыр. Соған орай əдеби тіл деген ұғымды əртүрлі түсінудің
салдарынан кейбір зерттеулерде оған қатысты проблемалық
мəселелер əрқалай баяндалып жүр.

Бұл ретте орыс тіл білімі көрнекті өкілдерінің тұжырымдары
мен пікірлеріне сүйенсек, əдеби тіл, біріншіден, жазба тіл, яғни
тек жазба əдебиет тілі, екіншіден, сол жазу, жазба əдебиет арқылы
жалпы халықтық тілдің өңделген, екшелген, стильдік тармақтары
қалыптасқан түрі. Басқаша айтқанда əдеби тіл – жалпы халықтық
тілдің жазу арқылы белгілі дəрежеде өңделген, сұрыпталған
түрі, жазусыз əдеби тіл болмақ емес, əдеби тілдің тарихы –
жазба əдебиет тілінің де тарихы, сөйтіп, жазу, жазба əдебиет
əдеби тілдің ең негізгі, маңызды сипаты, өзіндік басты белгісі.
Сондықтан əдеби тіл – жазба көркем əдебиет тілі ғана емес, жазба
əдебиеттің басқа да алуан түрлерінің, ғылыми-зерттеу, саяси, рес-
ми, публицистикалық, т.б. əдебиеттердің тілі болып саналады1  де-
ген пікір басым болып келді. Бірақ бұл көрсетілгеннің өзі орыс тіл

1 Левин В. Л. История русского литературного языка. М., 1957, стр. 213; Чико-
бава А.С. Введение в языкознание, ч. І, М., 1953, стр. 116; Горшков А. И. История
русского литературного языка. М., 1965, стр. 14; Будагов Р. А. Проблемы изучения
романских литературных языков. М., 1961, стр. 24.

Қазақ əдеби тілінің тарихы 17

білімінде даусыз, талассыз қабылданылған бірден-бір пікір екен
деуге де болмайды. В.В. Виноградов əдеби тіл ұғымын нақтылы
анықтауда, мəнін ашып, оның өзіндік негізгі белгілерін көрсетуде
əлі де болса тұжырымды, айқын, үзілді-кесілді бір пікірдің болмай
жүргенін көрсетеді1 .

Қазақ тіл білімінде əдеби тілдің басты белгісін тек жазумен,
жазба əдебиетпен байланысты қарап, жазба əдебиет тілі ғана əдеби
тіл бола алады деген принципті соңғы кезге дейін бұлжытпай
ұстанып жүрген ғалым – М.Б. Балақаев. Ол: «Əдеби тіл – жазба тіл.
Жазба əдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты
қалыпқа түсіп екшеледі. Жазуы болмаған халықтың тілі əдеби тіл
дəрежесіне кетеріле алмайды... «Əдеби тіл» деген ұғым халықтың
жазу мəдениетімен тығыз байланысты екен. Əдеби тіл жазу арқылы
əдеби мұраларды баспаға басып, жұртқа тарату арқылы, ауызекі
тілдің байлықтарын екшеп саралау арқылы қалыптасады»2 , – деп
жазады. М. Балақаев кейінгі еңбегінде: «Əдеби тіл – алдымен жаз-
ба тіл», «Менің түсінігімде жазусыз əдеби тіл жасалмайды»3 , – деп
əдеби тілді тек жазба тіл деп танитындығын ашық айтады. Сөйте
тұрып «сөйлеу тілінің əдеби түрі де болады»4  дейді.

Сөйтіп көптеген зерттеушілер əдеби тілді жазу арқылы
белгілі жүйеге түскен, өңделген, сұрыпталған жазу дəстүрі мен
əртүрлі жазба əдебиетінің негізінде қалыптасқан, тұрақты,
орныққан нормалары, стильдік-жанрлық тармақтары бар,
сол тілде сөйлейтін халықтың бəріне не көпшілігіне ортақ,
түсінікті, қоғамдық қызметі əр алуан жалпы халықтық тілдің
екшелген, сұрыпталған түрі деп көрсетіп жүр.

Əдеби деген термин (орыс тіліндегі литературный деген
терминнің тұпа-тура баламасы ретінде) латынның lіtteratura деген
сөзінен қалыптасқан. Ол гректің грамматика (grammatіca) сөзінің
баламасы ретінде жаза білу, оқи алу деген мағынада қолданылған.

1 Виноградов В. В. Проблемы литературных языков и закономерностей их образова-
ния и развития. М., 1967, стр. 98.

2 Балақаев М. Қазақ тілі мəдениетінің мəселелері. Алматы, 1965, 10-бет; Балақаев М.
Қазақ тілінің мəдениеті. Алматы, 1971, 11-бет.

3 Балақаев М. Қазақ əдеби тілі жəне оның нормалары. Алматы, 1984, 25–36-бб.

4 Сонда, 62-бет.

18 Қазақ əдеби тілінің тарихы

Көне римдіктер lіtteratus деп əріпті тани алатын, яғни кітап оқи ала-
тын сауатты адамды атаса да, кейін келе бұл сөз жаңа мағыналық
реңкте қолданыла бастайды, ол – тек оқи алатын, жаза білетін
ғана емес, сонымен бірге жоғарғы білімді деген де мағына. Осын-
дай мағыналық дамудың нəтижесінде бұл термин қазіргі Европа
халықтарының тілінде сұрыпталған, сымбатталған, жүйеге түскен
деген де жаңа мағынаға ие болып жүр.

Əдеби тілдің тұрақты нормаланып қалыптасуында, сұрыпта-
лып, икемделіп, сымбатталуында, жетілуінде, жанрлық-стильдік
тармақтарының орнығып, дамуында жазба əдебиеттің алатын
орны ерекше.

Жазба əдебиет арқылы əдеби тілдің икемділігі, ортақтық қа-
сиеті артып, құрылысы жүйелі қалыпқа түседі, «тілге орамды,
жүрекке жылы тиетін» элементтері ұштала түседі. Бірақ əдеби
тіл деген ұғымды, бір жағынан, тек жазба əдебиетпен байланыс-
тырып, сол шеңберде ғана қарап, əдеби тілді жазба тілмен ба-
лама деп тану, екінші жағынан, əдеби тіл тарихын сол халықтың
қоғамдық, əлеуметтік, экономикалық, мəдени тарихынан бөліп
алып қарау, соның негізінде жазуы жоқ не жазуы дамымаған иə
кеш дамыған халықтың əдеби тілі де жоқ деген үзілді-кесілді пікір
айту шындыққа жанасымды бола да бермейді. Мұндай пікірдің ай-
тылу себебі, біріншіден, жазба тілдің, жазба əдебиеттің жоғарыда
көрсетілгендей, əдеби тілді қалыптастырып, дамытудағы ерекше
рөлімен байланысты. Кейбір зерттеушілер жазба əдебиеттің осы
рөлін əдеби тілді қалыптастырып, дамытудың бірден-бір жолы
ғана деп түсініп, басқа факторларға мəн бермейді, əдеби тілді
қалыптастыруда белгілі бір орын алатын, оның дамуына себін
тигізетін басқа да құбылыстарды ескермейді. Екіншіден, əдеби
тіл мен жазба тілді тең көрушілік бұл терминнің (əдеби) алғашқы,
жазу-сызумен байланысты мағынасын ғана басшылыққа алудан
туады. Үшіншіден, мұндай пікір əр халықтың əдеби тілін сөз ет-
кенде, олардың өзіндік ерекшеліктерін сол халықтың тарихымен,
басынан кешірген саяси-экономикалық жағдайларымен, мəдени
дəрежесінің өркендеуімен, қоғамдық дамуындағы мəдениет өнді-
рістерінің амалдарымен байланысты ерекшеліктерін ескермей,
барлығын ортақ өлшеммен кесіп-пішуден де туады. Р.А. Буда-
гов дүние жүзіндегі барлық халықтардың əдеби тіліне ортақ бо-

Қазақ əдеби тілінің тарихы 19

лып келетін əмбебап схема үлгі жасаудың ғылыми жағынан кем-
шіліктері былай тұрсын, үлкен зияны бар екенін көрсетіп, одан
зерттеушілерді қатты сақтандырады1 .

Міне, осы тұрғыдан келгенде, мысалы, орыс əдеби тілі мен
қазақ əдеби тілінің XVІ ғасырдан бері қарайғы тарихын, қалып-
тасу, даму кезеңдерін, т.б. мəселелерді бір қатарға қойып қарауға
бола ма?

Орыстардың орталықтанған мемлекеті болды. Ірі өнеркəсіп
орталықтары, үлкен қалалар, сонымен бірге мəдени, оқу орын-
дары болды. Кітап бастыру ісі қолға алына бастады. Бері келе
осы орталықтанған мемлекет болу арқасында мұндай қоғамдық
құбылыстар мықтап дами түсті, жазба əдебиет халықтың
қоғамдық өмірінен берік орын алды, сол қоғамның мəдениет
өндірісінің бірден-бір құралы, көрінісі болып қалыптасты. Ал
қазақ қауымында мұның бірі де болған жоқ. Қазақ хандықтарын
бұл сипаттағы орталықтанған мемлекет деп айтуға тіпті де бол-
майды. Ондай дəрежеге қазақ қауымы үш жүздің ханы болды
деп аңыз еткен Абылай хан тұсында да жеткен жоқ. Көшпелі
халық өндіріс орындарын құрмақ түгіл отырықшылық өмірге де
толық жете алған жоқ. Ірі мəдени, оқу-ағарту орталықтары бы-
лай тұрсын, баспа орындарына да шын мəнінде Октябрь револю-
циясынан кейін ғана ие бола алды. Жазба əдебиет шын мəнінде
қоғамның мəдениет өндірісінің құралы бола алмады. Бірақ осыған
қарап революциядан бұрын қазақ халқының əдебиеті болмаған, со-
нымен бірге əдеби тіл де қалыптаспаған деген үзілді-кесілді пікір
айтуға бола ма? XVІІІ–XІX ғасырларда қазақтың төл əдебиеті (өз
кезінде кітап болып басылып шықпаса да немесе авторлардың өз
қолдарымен жазылып қалмаса да), əдеби тілі болғандығы бүгінде
талас, күмəн тудырмайды. Бұқар жырау, Ақтамберді, Жанкісі, Шал,
Дулат, Шортанбай, Шернияз, Махамбет, т.б. ақын-жыраулардың
көркем туындылары өз кезінде кітап болып басылмаса да, за-
мандастарына, кейінгі ұрпаққа жазу, баспа арқылы жетпесе де,
олардың шығармаларының жазба əдебиетке тəндік қасиеттеріне,
авторлардың белгілі екеніне қарап, оларды жазба əдебиет өкілдері
деп танып жүрміз. Мұнымыз қазақ əдебиетінің, оның қалыптасу,

1 Будагов Р.А. Литературные языки и языковые стили. М., 1967, стр. 18–19.

20 Қазақ əдеби тілінің тарихы

даму тарихының өзіндік ерекшеліктерін ескеріп, оны қоғамдық
өмір өзгерістерімен байланыста қарағанымыз болып табылады.
Өйткені «хат білмейтін немесе хат білушілері өте аз көшпелі қазақ
елінде өлең, жыр сақтаудың одан (жатқа, ауызша – И.С.) басқа
жолы да жоқ еді»1.

Сондықтан да əдеби тіл деген ұғым мен жазба тіл, жазба əдебиет
тілі деген ұғымдар бір-бірімен қарым-қатынасты, байланысты бо-
лып келгенімен, тепе-тең, бір деп түсіну дұрыс емес. Осыған орай
əдеби тілдің жазбаша жəне ауызша түрлеріне назар аудара кетейік.
Себебі сөйлеу тілін, əдеби тілдің ауызша түрін жалпы əдеби тілге,
оның жүйелі нормаларына қарсы қоя беруге болмайды. Ал жаз-
ба тіл мен əдеби тіл адекватты, тең дəрежелі ұғымдар ма? Əрине,
жоқ. Жазба тіл атаулының бəрі бірдей əдеби деп таныла бермейді.
Яғни əр дəуірден бізге жазбаша жеткен түрліше мұралардың тілін
сарапқа салмай, ғылыми талдау жасамай, нормалық жүйелілік
қасиетін анықтамай, тек жазба нұсқа болғандықтан, əдеби тілде
жазылған деген бірден-бір қорытынды жасалмайды. Оның тілінің
əдебилік сипатын анықтайтын меже – жазбаша болғандығы емес,
басқа қасиеттері болса керек. Демек, тілдің жазба түрі əдебиліктің
бірден-бір негізгі критериі бола алмайды. Бұл – бір.

Əдеби тілді анықтайтын негізгі белгіні айқындаудың принципті
түрде мəні бар, өйткені одан əдеби тілдің дұрыс анықтамасы ғана
туындап қоймайды, əдеби тіл тарихының қайдан, қай кезеңнен ба-
сталатыны, əр дəуірдегі əдеби тілдің ерекшеліктерін танытатын
тілдік материалдар нелер болмақ жəне онда тілдік қабаттардағы
нормалану процесінің көрінісі қандай деген сияқты күрделі
мəселелердің тұжырымды, ғылыми жағынан дұрыс шешімі табы-
лар еді.

Жоғарыда берілген анықтамадағы «стильдік-жанрлық тармақ-
тары бар» деген əдеби тілдің екінші бір белгісі де басты критерий
бола алмайды. Ең алдымен, мұның өзінде үлкен шарттылық бар.
Қазіргі дамыған əдеби тілде неше стильдік тармақ бар екенін ешбір
даусыз, талассыз дəл айтып бере қою қиын-ақ, өйткені оның саны
əр еңбекте əртүрлі болып беріледі. Екіншіден, халықтың белгілі
кезеңіндегі тілін осы стильдік белгісі жағынан əдеби деп тану үшін

1 Жұмалиев Қ. XVІІІ–XІX ғасырлардағы қазақ əдебиеті. Алматы, 1967, 17-бет.

Қазақ əдеби тілінің тарихы 21

сол стильдік тармақтар түрінің кем дегенде нешеуі болғаны қажет
деген сұраққа да дəл жауап беру қиын. Сондықтан əдеби тілдің
белгілі стильдік тармақтарға бөліну қасиеті тілдің əдебилік межесі
болудан гөрі əдеби тілдің даму қарқыны мен дəрежесі, қоғамдық
қызметінің өлшемі сияқты көрсеткіштер болса керек, өйткені
халықтың белгілі кезеңіндегі əдеби тілі бір ғана стильдік тармақ
шеңберінде де өмір сүруі мүмкін. Осыдан байқалатынындай,
əдеби тілге анықтама көбіне-көп оның кейінгі жан-жақты дамыған,
ұлттық дəуірден өткен шағындағы қасиеттерін, қазіргі күйін
негізге алып беріліп, əдебиліктің белгісі сол сипаттар негізінде
айқындалып, əдебилік қасиеті мен даму дəрежесі араласып,
əдебиліктің негізгі мəні көлеңкеде қалып қойып жүр.

Бұл тұста Р. Сыздықованың əдеби тілдің басты белгілерін ай-
қындауына назар аудара кетейік: «Əдеби тілдің, ең басты белгісі –
оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы, бұл – бір.
Қызметі жағынан сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам
мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақтық қасие-
ті болуға тиіс. Бұл – екінші меже. Əр нəрсенің, əр құбылыстың
заты (мəн-мəнісі, табиғаты) салыстыру арқылы, өзге нəрселердің,
өзге құбылыстардың қарама-қарсысына қою арқылы таныла тү-
седі. Əдеби тілді тану үшін оның қарама-қарсысына қойылатын
басты құбылыс – ауызекі сөйлеу тілі. Бұл – тілді əдеби деп тануға
қажет үшінші шарт. Əдеби тіл – қоғамның қолдану практикасында
сыннан өткен, нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған
тіл жəне ол нормалар барша үлгілерге ортақ болуы шарт. Бұл –
төртінші сипаты. Осы белгілерді нысанаға алып қарасақ, қазақтың
тіліне «əдеби» деген атрибут сапаны ұлттық дəуірге дейін де бе-
руге болатын мотивтер бар»1. Сөз жоқ, бұлар – əдеби тілге тəн
нақты сапалық белгілер. Бұл белгілерді ескерусіз қалдырып,
əдеби тілдің сипатын, мəнін ашуға тіпті де болмайды. Дегенмен
əдеби тіл белгілі халықтың белгілі дəуір кезеңдеріндегі қоғамдық
құбылысы екені, ол тілдің сол халық мəдениетінің өндіріс құралы,
соны жеткізудің қоғамдық көрінісі, сондай творчестволық
мəдениет туындыларының жасалу амалының көрінісі болуын баса
көрсеткен жөн.

1 Сыздықова Р. XVІІІ–XІX ғғ. қазақ əдеби тілінің тарихы. Алматы, 1984, 9-бет.

22 Қазақ əдеби тілінің тарихы

Тілдің əдебилігінің бірден-бір көрсеткіші – халықтың белгілі
кезеңдегі қоғамдық рухани мəдениет өндірісінің құралы бола
алу, халықтың рухани байлығын, сөз өнерін жеткізудің, мəдени
талап-тілектің қоғамдық көрінісі, мəдениет туындыларының
құралы мен оны іске асырудың амалы бола алуы. Міне осын-
дай міндетті атқаратын тіл ғана əдеби тіл болмақ. Сонда ғана
ол жалпыхалықтық тіл деген ұғымнан өзінің жүйелілігімен,
тұрақты нормалылығымен, сұрыпталып, өңделген қасиеттерімен,
даму сатысының жоғары дəрежесімен, қоғамдық қызметінің
айқындылығымен, сан алуандығымен ерекшелене алынады. Өзі
қызмет ететін халықтың қоғамдық тарихымен, саяси-əлеуметтік,
экономикалық, мəдени ерекшеліктерімен байланысты əртүрлі
формада өмір сүруге икемделеді.

2. Əдеби тілдің өмір сүру формалары

Əдеби тіл сөйлеу тілі (ауызша) арқылы да, жазба тіл (жазбаша)
арқылы да көріне береді, жарыққа шығады. Сөйлеу тілі мен жазба
тілі – жалпы тілдің өмір сүру формалары. Сондықтан əдеби тілдің
жазбаша жəне ауызша түрлері өз ішінде бір ыңғайда бір-біріне
қарама-қайшы болып келгенімен, бірін-бірі толықтырып, тұтасып
кететін реттері де бар. Əдеби тілді тек жазбаша тіл деп түсінсек,
тек орфографиялық норманы ғана мойындасақ, орфоэпиялық
норма деген ұғымның барлығына ешкім күмəнданбайды жəне ол
əдеби норманың бір саласы, түрі екеніне де дау айтпайды.

Əдеби тілдің қарқынды дамыған шағында, жазу, сөйлеу
мəдениетінің толысқан кезінде оның орфоэпиялық жəне
орфографиялық нормалары жеке-жеке қалыптасады. Ол нор-
малар (орфоэпиялық жəне орфографиялық нормалар) тілдің
өзіндік ерекшеліктеріне байланысты, жазу дəстүрінің байлығына,
көнелігіне байланысты бір-бірінен алшақ немесе жақын бола
береді. Əдеби тілдің орфографиялық нормаларын жетілдіре
түсуде көркем əдебиеттің, газет-журналдың, ғылыми əдебиеттің,
басқа да жазба əдебиет түрлерінің, жалпы оқу-ағарту ісінің орны
ерекше. Жеке сөздер, тіркестер, сөйлем құрылыстары тілдің ішкі
заңдылықтары негізінде жазба əдебиеттің əр салалары арқылы
сыртқы тұлғасы жағынан тұрақталып, жұрттың бəріне ортақ бола

Қазақ əдеби тілінің тарихы 23

бастайды. Бұл істе емле ережелерінің жиынтығы, орфографиялық
сөздік сияқты құралдардың атқаратын қызметі зор.

Сол сияқты орфоэпиялық нормаларды қалыптастырып,
тұрақтандырып, жетілдіре түсуде ұлттық театрдың, радио, теле-
дидар арқылы ана тілінде жүргізілетін хабарлардың, жиналыс,
кеңес, түрлі жиындарды ана тілінде өткізудің маңызы ерекше.
Өйткені осындай орындарда əсіресе сөйлеу мəдениетіне ерек-
ше мəн беріліп отырылады, əркім өз білгенінше, өз қалағанынша
сөйлей бермей, ортақ нормамен сөйлейді, соған қалыптасады,
келешек ұрпақты соған баулиды. Соңғы кезде оқу орындарында
мəнерлеп, көркемдеп оқудың жеке пəн болып өтілуі, əртүрлі жəне
əр көлемді орфоэпиялық сөздіктердің жарық көруі жас ұрпақты
дұрыс сөйлеуге тəрбиелеу – бұл істің маңызды екенін көрсетсе ке-
рек. Мұның өзі сөйлеу тілінің (устная речь) өзіндік əдеби норма-
сы бар екенін анық байқатады. Орфографиялық та, орфоэпиялық
та əдеби нормаларды жетілдіре, дамыта түсуде қалыптасқан жазу
дəстүрінің алатын орны ерекше. Өйткені жазу дəстүрі бай, ертеде
қалыптасқан тілдің орфографиялық та, орфоэпиялық та нормала-
ры тұрақты болып келеді, қоғамдық өзгерістермен байланысты
тілдің даму барысында ол нормалар негізін сақтап, кейбір жеке
өзгерістерге ғана түсуі мүмкін. Əсіресе елдің жаппай сауаттанған
кезінде жазу дəстүрінің орфоэпиялық нормаға тигізер əсері мол.
Жазба тіл нормаларына қарағанда сөйлеу тілінде жеке сөздер бол-
сын, сөз тұлғалары болсын тезірек өзгеріп отыратыны белгілі.
Əсіресе сөз тұлғаларының мүжіліп, апшып, дыбыстарының
деформацияға түсіп отыруы сөйлеу тілінде жиі ұшырасады. Мы-
салы, алып кел – əкел, алып бер – əпер, барамын – барам, қалады –
қалад, барың – бар, келгенше шейін – келгенше, бұл күн – бүгін,
бара тұрған – баратұғын – баратын, бұл жақ – бұ жақ – бүйақ,
келгеннен соң – келген соң – келгесін, т.б. параллельдердің кейінгі
сыңарлары сөйлеу тілінде туған. Тілдің даму барысында жазба тіл
ондай өзгерістердің кейбірін қабылдап алып, əдеби нормаға ай-
налдырады да, кейбірін қабылдамайды. Əдеби нормаға айналған
ондай жаңа тұлғалы тілдік элементтердің алғашқы варианттары
кейде əдеби нормадан шығып қалса (бара тұрған – баратұғын,
барың, т.б.), кейде əдеби тілде жарыса қолданылады (алып кел –
əкел, келгенге шейін – келгенше, бұл күн – бүгін, келгеннен соң –

24 Қазақ əдеби тілінің тарихы

келген соң, т.б.). Ондайда бұл параллельдердің əрқайсысы жаңа
мағыналық реңкке немесе стильдік, қолданыстық ерекшелікке ие
болады да, əдеби тілде жеке-жеке өмір сүре береді. Əйтпегенде,
ол параллельдердің бір-бірінен ешбір айырмасы болмаса, бұлар
əдеби тілде қатар өмір сүре алмас еді. Көне тұлғасы əдеби нор-
мадан шығып қалар еді немесе жаңа тұлғасы əдеби норма бо-
лып қалыптаспас еді. Əдеби тіл – мағыналары жағынан айыр-
масы жоқ, стильдік, қолданыстық ерекшеліктері, бояуының
өзгешелігі болмайтын абсолюттік синонимдердің, дублеттердің
қатар жүруін көтермейді, оның біреуі əдеби тілде орнығады да,
қалғандары жаңа мағынаға ие болады, не əдеби тілден шығып
қалады. Сондықтан да жазба тілде, көркем əдебиетте қолданыла
беретін ауытқулардың бəрін бірдей норма дей беруге болмайды.
Көркем шығарма тілінде кездесе беретін барам, қалад, барған
ед, келгесін, боп, кепті сияқтылар (барамын, қалады, барған еді,
келген соң, болып, келіпті деудің орнына) əлі қалыптасқан нор-
малар емес, ауызекі сөйлеу тілдің əсерінен туған сөз тұлғалары.
Көркем шығармада бұл сияқты жəне бұлардан басқа да əдеби
норма болып саналмайтын тілдік үлгілер мен единицалардың
қолданылуының өзіндік ерекшеліктері бар. Көркем əдебиетте
тіл тек коммуникативтік (қарым-қатынастық) қызмет атқарып
қана қоймайды, яғни тіл адамдар арасындағы қатынас құралы,
ойды жеткізудің ғана формасы емес, сонымен қатар ол (тіл)
эстетикалық (əсер ету) қызмет атқарып отыратындықтан, соған
жəне əңгіме етіп отырған ситуацияға лайық тілдік элементтер
таңдалып қолданылады. Онда қажетіне қарай əдеби тілге сый-
ыса бермейтін диалектілік ерекшеліктер, тұрпайы сөздер, жар-
гондар, ауызекі тілдің элементтері қолданылуы мүмкін. Əрине,
олар көркем шығармада өзінше өңделіп, түрленіп, орнын тау-
ып белгілі мақсатпен жұмсалады. Бірақ бұдан көркем шығарма
тілі жалпы алғанда əдеби тілдің, əдеби норманың шеңберінен
шығып кетпейді, көркем шығарманың əдебилігі тек соларға қарап
бағаланбайды. Өйткені ондай тілдік ауытқулар көркем шығарма
тілінде өз беттерімен жеке-жеке өмір сүрмейді, көркем шығармаға
тəн тілдік элементтермен əртүрлі қарым-қатынасқа түсіп, олармен
жарасым тауып тұрады.

Қазақ əдеби тілінің тарихы 25
3. Əдеби тілдің нормалары

Əдеби тіл – белгілі нормалары бар жүйелі тіл. Əдеби тілдің
сұрыпталып, сымбатталған тұрақты нормалары болмаса, ол (əдеби
тіл) жалпы халықтық тілдің жетілген, ең жоғарғы сапалы түрі болу
қасиетіне жетпес те еді. Əдеби тілді сөз еткенде, қалыптасқан
өзіндік нормалары бар тілдік элементтердің жүйесі бірден
ескеріліп, əдеби тілдің анықтамасы осы ұғымдармен, бір жағынан,
байланысты болып, екінші жағынан, солар арқылы айқындалып,
басқа тілдік құбылыстардан ажыратылатыны кездейсоқ емес.
Өйткені тілдің əдебилігі, сол тілде сөйлейтін адамдардың бар-
шасына түсінікті жəне олардың бір-бірімен ортақ қарым-қатынас
құралының ең жоғарғы түрі болуы оның (сол тілдің) орныққан
жүйелі нормалары негізінде ғана жүзеге аспақ. Ол нормалар – бір
күннің, тіпті бір жылдың ғана жемісі емес, тілдің даму барысындағы
көптеген ғасырдың жемісі. Ал енді қазақ əдеби тілінің сондай нор-
малары қайсы деген сауал қойсақ, оған бір сөзбен жауап бере қою
оңай емес. Əдеби тілдің өзіндік нормалары тілдік құрылымның
əрбір деңгейімен (уровень) немесе қабатымен (ярус) тығыз бай-
ланыста болып, солардың шеңберінде көрініп отырады. Тілдік
құрылымның əр деңгейінің (қабатының) қалыптасқан, шыңдалған,
сымбатталған тұрақты нормалары болып отырады. Сол деңгейлік
нормалар жиынтығы жəне солардың жүйесі жиналып келіп, əдеби
тілдің бір бүтін жалпы нормаларын құрастырып қалыптастырады.
Міне, сол нормаларының негізінде əдеби тіл адамдар арасындағы
қатынас құралының басқа да түрлерінен, тіпті əдеби тіл шеңберіне
енбейтін жалпы халықтық тілдің диалектілері, қарапайым сөйлеу
тілі, т.б. түрлерінен ажыратылады.

Əдеби тілдің нормаларын толық түсіну үшін, оны тілдік
құрылымның жеке-жеке деңгейлерін (қабаттарын) жəне солардың
жүйелі тілдік элементтері мен олардың қолданылу ерекшеліктерін,
ой білдіру үшін бір-бірімен тіркесу, қосылу мүмкіндіктерін, ондағы
белгілі заңдылықтарды, тұрақтылықты ой білдірудің нормалы ма-
териалы болуын, т. с. с. айқындап алу қажет. Тілдік құрылымның
деңгейлері (қабаттары) тіл білімінде фонетикалық, лексикалық,
морфологиялық, синтаксистік болып бөлінеді де, əрқайсысының
өзіне тəн тілдік элементтерінің жүйесі болады жəне ол тілдік эле-

26 Қазақ əдеби тілінің тарихы

менттер сол жүйенің мүшелері ретінде ойға қатысты белгілі жүк
көтеріп, өз ішінде əр алуан қызмет атқарады да, келесі жоғары
дəрежедегі деңгейдің (қабаттың) жүйесін құрауға ұйытқы болып
отырады. Сөйтіп барып қатаң түрде мөлшерленген тəртіппен
орналасқан жүйелі элементтерден құралған тіл ғана «адамдар
арасындағы ең маңызды қатынас құралының» жоғары дəрежедегі
түрі, сұрыпталған, сымбатталған тұрақты нормалары бар əдеби тіл
болып саналады. Мысалы, Абай өлеңдерінен алынған мына бір
үзіндіге назар аударайық:

Лай суға май бітпес қой өткенге,
Күлеміз қасқыр жалап дəме еткенге.
Сол қасқырша алақтап түк таппадым,
Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?!

Берген бе, тəңірім, саған өзге туыс?
Қыласың жер-жаһанды бір-ақ уыс.
Шарықтап шартараптан көңіл сорлы
Таппаған бір тиянақ не еткен қуыс?!

Əрине, жалпы əдеби тіл нормаларын, оның өзіндік ерекше-
ліктерін екі шумақ өлең шеңберімен шектеп қоюға болмайды. Кез
келген текстің əдебилігін айқындау бірлі-жарым сөйлем көлемі-
мен шектелмейді. Ойды білдірудің ең кіші тілдік единицасы бо-
лып саналатын сөйлем белгілі бір жүйелерден, тілдік элементтер-
дің нормаға сай мөлшерленген тəртібімен құралғанымен, бірер
сөйлем шеңберінен əдеби тілге тəн айырым-белгілердің, тілдік
элементтердің, қолданылу ерекшеліктерінің, əртүрлі жүйелердің
бəрі бірдей көріне бермейді. Сөйтсе де Абайдың осы үзінді алын-
ған өлеңі бас-аяғы жинақы екенін, нақ көркем поэтикалық туынды
екенін, шыңдалған, сымбатталған əдеби тілде жазылғанын ескеріп,
оның ерекшелігіне күмəн келтірмейміз. Ал енді осы үзіндінің, өзі
бір-бірімен қиюласып, мағына жағынан сəйкестікке келетін бір-
неше сөйлемнен тұрады. Əрбір сөйлем өзара қиысып, үйлесімін
тапқан, сабақтала жұмсалған сөз тізбектерінен құралған. Бұл жер-
де əңгіме əрбір жолдың белгілі заңдылықпен түйдектеліп, ұйқа-
сып келуі жайында болып отырған жоқ. Сөздердің бір-бірімен
тізбектеліп келіп, тіркес құрауы олардың (тіркес құрамына енген

Қазақ əдеби тілінің тарихы 27

сөздердің) мағына сəйкестігімен тығыз байланыста болып тұр.
Лай суға // май бітпес // суға (май) бітпес // қой өткенге // (май)
бітпес (қой) өткенге // күлеміз қасқыр жалап // жəне дəме ет-
кенге. Сол қасқырша // қасқырша алақтап // алақтап түк тап-
падым // көңілдің жайлауынан // ел кеткен бе // жайлауынан (ел)
кеткен бе, т.б.

Осы құрамдағы жеке-жеке сөз де бір-бірімен сəйкес келетін,
үйлесімді, белгілі жүйелі тəртіппен орналасқан тілдік элемент-
терден құралып, солардың жиынтығы болып, басқа сөздермен
байланысқа түсіп тұр. Міне, осылардың өзі əдеби тілдің əр
қабатындағы (деңгейіндегі) жүйелі нормалардан туындап отыр.
Сондықтан да өлеңдегі жеке сөйлемді «Лай майға су бітпес қой
өткенге», немесе «Лай қойға су бітпес май өткенге» немесе
«Лайға су май біт қойға өткен» не «Лай су май біт қой өт» деп
өзгертуге де, жеке сөздердің тұлғаларын, мысалы, «майға» дегенді
«майге» деп, «бітпес» дегенді «бітмас» деп, «өткенге» дегенді
«өтғанке», т.б. деп құбылтып қолдануға да ешбір болмайды.
Біздің ойымызда əдеби тілдің, əртүрлі нормаларының қалыптасып,
дағдыға айналып кеткендігі соншалық, дұрыс құрылған, ойды дəл
беретін, сөйлемнің қиюласқан əрбір тілдік элементтер жүйесінің
орналасуына мəн де бере бермейміз.

Сөйтіп əдеби тілдің нормалары фонетикалық нормалар
мен олардың жүйесінен, лексика-семантикалық нормалардан,
морфологиялық нормалар мен олардың жүйесінен, синтаксистік
нормалар мен олардың жүйесінен, сөздердің комбинаторлық,
конструктивтік нормалары мен қолданылу, қалыптасу жүйелерінен
тұрады. Осындай жүйелі нормалардың арқасында ғана əдеби тіл
өзіне жүктелген ерекше қоғамдық қызметті атқара алады жəне
сол тілде сөйлейтін адамдардың бəріне ортақтық қасиетке ие бо-
лады. Мұндай тұрақты нормалары болмаған тіл, əркімнің айту-
ында əртүрлі тұлғада, формада қолданылатын тілдік элементтер
жиынтығы əдеби тіл бола алмайды. Тілдің нормалану жүйесі,
тұрақты заңдылықтары неғұрлым айқын болса, оның сымбаттылық
қасиеті, əдебилігі соғұрлым жоғары болады. Сондықтан да əдеби
тіл фонетикалық жүйеде болсын, лексикалық құрамда болсын,

грамматикалық құрылыста болсын дублеттік варианттардың қол-

даныла беруін көтермейді. Бұдан, əрине, əдеби тіл, оның нормала-

ры ешбір өзгеріске түспейді екен деген ұғым тумасқа керек. Əдеби

28 Қазақ əдеби тілінің тарихы

тілдің нормалары да тарихи категория, ол қоғамдық өмірге, оның
өзгерісіне сай өзгеріп, дамып отырады.

Бір кезеңдегі кейбір нормалар кейінгі кезеңде норма болмай
қалуы, керісінше, жаңа нормалар қалыптасуы мүмкін. Оны біз
қазіргі қазақ əдеби тілінің фонетикалық жүйесінен, грамматикалық
құрылысынан, лексикалық құрамынан айқын көреміз. Тілдегі ар-
хаизм, историзм сияқты көнерген сөздер мен жаңа туып отыратын
неологизмдер, конструктивті үлгілер осыны көрсетеді. Бұл про-
цесс əсте тоқталмақ емес. Мысалы, бір дəуірдегі қазақтың əдеби
тілінде болыс, старшын, төбе би, болыс сайлау, əмеңгер, шар
салу, құн төлеу, ұрын бару сияқты сөздер мен сөз тіркестері норма
болса, қазіргі қазақ əдеби тілінен олар шығып қалды, керісінше
депутат, дауыс беру, қамқорлыққа алу, космонавт, оқулық,
оқырман, оқу залы, аялдама, тоңазытқыш тəрізді сөздер мен сөз
орамдары – ол кездегі əдеби тілде мүлдем қолданылмаған кейінгі
нормалар. Бұл процесс жеке сөздің, сөз тіркесінің ішкі мағыналық
өзгерістерінен, тіпті кейбір дыбыстардың қолданылу позициялық
қасиеттерінің өзгерістерінен де байқалып отырады. Сол сияқты
грамматикалық тұлғалардың өзі де əр дəуір үшін бірыңғай бір
қалыпты болып отырмайды. Əдеби тілдің қалыптасқан тұрақты
нормалары өз кезеңі, дəуірі тұрғысынан ғана айқындалады. Қазір-
гі əдеби тілімізде ілім – ғылым, уақиға – оқиға, өкімет – үкімет,
өкім – үкім, ауа – əуе сияқты, т.б. сараланған параллель сөздер
бар. Бұлардың əрқайсысы жеке-жеке сөздер, яғни нормалар. Бұдан
бұрынғы дəуірлерде бұл тəрізді сөздер бір-ақ мағынада араласып
қолданылған. Қазақтың əдеби тілі даму барысында осы сияқты
сөздер сараланып, өз алдына жеке-жеке мағыналарға ие болды.

Əдеби тілдің осындай орныққан нормалары болатындықтан да,
ол нормалар сұрыпталып, жетіліп, дамып отыратындықтан да, оны
жүйелі тіл деп білеміз.

4. Əдеби тілдегі стильдер жүйесі мен
əдебиет жанрлары

Əдеби тілдің, əсіресе оның жазба түрінің жетілген шағында қо-
ғамдық қызметі артып, жұмсалу аясы кеңейе түседі. Ол өзі қызмет
етіп отырған қоғамның, ресми тіліне айналады. Соның негізінде ол
мемлекет тарапынан жүргізілетін барлық істің тілдік көрінісі, рес-

Қазақ əдеби тілінің тарихы 29

ми іс қағаздарының, əртүрлі əдебиеттің, баспасөздің, оқу-ағарту
жұмысының, өнер-білімнің, ғылымның тілі болып табылады.
Əдеби тілдің қоғамдық қызметімен байланысты оның жанрлық-
стильдік тармақтары қалыптасып, дамиды. Əдебиеттің əртүрлі
жанрлық түрлерінің тууына лайық олардың өзіндік тіл өрнектері
қалыптаса бастайды. Жалпы тілдік тұрғыдан келгенде əдебиеттің
жанрлық түрлерінде ешбір айырмашылық болмағанымен, онда
айтылу мақсатына қарай тілдік элементтердің қолданылуында
өзіндік ерекшеліктер болып отырады. Əдебиет жанрының, бір
түрінде, мысалы, көркем шығармада көп мағыналы қасиеті бар,
экспрессивті мəні бар тілдік элементтер көбірек қолданылса,
екінші түрінде (мысалы, ғылыми əдебиетте), керісінше, мағынасы
екі ұшты түсінілмейтін, нақтылы мағынасы бар тілдік элементтер
жүйесі қолданылып отырылуы мүмкін. Мұндай саралану əдебиет
тілінің лексикалық құрамынан да, грамматикалық құрылысынан
да (жекеленген сөз түрлендіруші, сөз байланыстырушы тұлғалар-
дың, конструктивті үлгілердің, активтенуі не керісінше аз я мүл-
дем қолданылмауы), сөз тудыру жүйесінен де көрініп отырады.

Осыдан барып əдеби тілдегі бұрыннан бар стильдік тармақтар
айқындалып, саралана түседі, кейде жаңа стильдік тармақтар
туып, қалыптасып дамиды.

Қазіргі қазақ əдеби тіліндегі стильдік тармақтар туралы бірізді
пікір жоқ. «Қазақ тілінің стилистикасы» оқулығының авторлары:
«Стильдер – тілдердің бəріне тəн құбылыс. Стильдерді топтасты-
ру проблемасы да тіл білімінде əлі тиянақты шешілмеген даулы
мəселенің бірі. Стильдерді топтастырудың дəстүрлі, қалыптасқан,
бұрыннан белгілі принципі жоқ. Тіл стильдері туралы қазірде
əртүрлі көзқарастар бар», – дей келіп, орыс тіл біліміндегі стиль-
дерді топтастырудың тармақ саны мен түрлерінің бірдей емес
екендігін, бір еңбекте (А.Н. Гвоздев) ең алдымен екіге бөлініп,
олар өз ішінде бірнеше тармақтан тұратынын, екінші бір автор-
ларда (А.И. Ефимов, В.П. Мурат) алты түрге бөлініп, саны сай
келгенмен атаулары бірдей еместігін, тіпті кейбіреулері (Э.Г. Ри-
зель) стиль санын онға жеткізетінін көрсетеді1 .

1 Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилисти-
касы. Алматы, 1966, 15-бет.

30 Қазақ əдеби тілінің тарихы

Зерттеушілердің көпшілігі мынадай стильдік тармақтарды
бөліп көрсетеді: «1) ресми іс қағаздар немесе кеңсе тілінің стилі;
2) публицистикалық стиль (газет-журнал тілінің стилі); 3) ғылы-
ми-техникалық əдебиеттің стилі; 4) оқу-педагогикалық əдебиеттің
стилі; 5) көркем əдебиет тілінің стилі»1.

«Қазақ тілінің стилистикасы»: «Стиль дегеніміз – өмірдің
белгілі бір саласында қолданылуда танылып, тарихи қалыптасқан
тілдік тəсілдердің жүйесі», – деп анықтайды да, «қазақтың жалпы
халықтық тілінің стильдерін» ауызекі сөйлеу стилі жəне кітаби-
жазу стилі деп екіге бөліп, ал кітаби-жазу стилін іс қағаздары стилі
мен ресми стиль, публицистикалық стиль, ғылыми стиль, көркем
əдебиет стилі деп бес түрге бөледі2 .

Бұл сияқты бөлінген стильдік тармақтар əдебиет жанрлары-
мен сəйкес екені, соның негізінде бөлінгені байқалып тұр. Шынды-
ғында əдебиет жанрлары мен əдеби тілдегі стильдік тармақтар
бір емес. Қанша əдебиет жанры болса, сонша стильдік тармақ бо-
луы міндетті емес. Стильдік тармақ тілдік элементтер жүйесінің
өзіндік қолданылу ерекшеліктерімен айқындалады. Ол тек белгілі
текстің лексикалық құрамымен, терминдік ерекшеліктерімен ғана
шектелмейді. Ой құрауға қатысатын тілдік элементтердің: сөз түр-
лендіргіш, сөз байланыстырғыш, сөз тудырушы, конструктивті
үлгілердің, сөз мағыналарының, жүйелі қолданылу ерекшелікте-
рімен айқындалады. Ол ерекшеліктер тілдік қабаттар жағынан да
бір-бірімен үйлесіп келеді.

Демек, стиль ең алдымен қолданылуда өзіндік ерекшелік-
тері, айырым белгілері бар тілдік элементтер жүйесі немесе
əдеби тілдің өзіндік сөздік құрамы, грамматикалық тұлғалары
бар сараланған бір бөлігі. Стиль əдеби тілдің даму барысында
қалыптасады.

Əдеби тілдегі стильдер жүйесі сөз етілген еңбектерде функ-
циональды стильдерді классификациялау əртүрлі принциптер не-
гізінде болып келгенімен, оларда көбіне-көп жанрлық принцип,

1 Балақаев М., Сыздықова Р., Жанпейісов Е. Қазақ əдеби тілінің тарихы. Алматы,
1968, 6-бет.
2 Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы.
15–33-бб.

Қазақ əдеби тілінің тарихы 31

тілдің жанрлық ерекшеліктері негізге алынады. Сондықтан да
бұл еңбектерде əдеби тілдегі стильдердің саны бірде көп, бірде аз
көрсетілгенімен, олар жалпы алғанда бір-біріне ұқсас. Мысалы,
А. Н. Гвоздев алдымен кітаби (жазба) жəне сөйлеу стильдерін бөліп
көрсетіп, кітаби (книжный, или публичный) стильдің өзін «алдына
қойылған міндеттерге байланысты өзіндік ерекшеліктері бар жеке
стильдерге» бөліп қарайды: Олар: р е с м и і с (деловой) стилі,
көркем əдебиет стилі, публицистикалық стиль,
ғ ы л ы м и - к ө п ш і л і к ə д е б и е т с т и л і . Ресми іс стилі ғы-
лым, техника, ресми заң органдары, мекемелердің іс-қатынастары
саласында қызмет етеді. Көркем шығарма стилі тілдің əртүрлі
көркемдік тəсілдері арқылы көркем образдар жасауды мақсат
етеді. Публицистикалық шығармалар стилі бұқараны үгіттеп,
ұйымдастыруды, оларды күреске шақыруды мақсат тұтады. Бұл
стильдің бойында ғылыми жəне көркем стильдердің элементтері
де болады. Ғылыми-көпшілік шығарма стилі көпшілікке арналған
əдебиеттерде қызмет етеді1 .

«Тілдегі жанрлармен байланысты» осындай тілдік стильдер-
мен бірге, автордың көрсетуінше, салтанатты-риторикалық (тор-
жественный стиль), ресми-суық (официальный, холодный) стиль,
сырластық-еркелету (интимно-ласковый) стиль, юморлық əзіл
стиль, сатиралық кекету стиль тағы бар2 . А.И. Ефимов мына-
дай стильдерді бөліп көрсетеді: көркем беллетристикалық стиль,
қоғамдық-публицистикалық стиль, ғылыми стиль, профессионал-
ды-техникалық стиль, ресми-іс қағаздар стилі, эпистолярлық
стиль3. В.П. Мурат функционалдық стильдердің мынадай клас-
сификациясын ұсынады: əдеби сөйлеу стилі, поэтикалық стиль,
саяси-газеттік стиль, ресми іс қағаздар стилі, ғылыми стиль,
профессионалды-техникалық стиль, қарапайым сөйлеу стилі4. Ал
Р.А. Будагов стильді бұл жағынан екіге ғана бөледі: көркем стиль
жəне ғылыми баяндау стилі5.

1 Гвоздев А.Н. Очерки по стилистике русского языка. М., 1965, стр. 18–25.
2 Гвоздев А.Н. Очерки по стилистике русского языка. стр. 28–31.
3 Ефимов А.И. История русского литературного языка. М., 1954, стр. 21–27.
4 Мурат В.П. Об основных проблемах стилистики. М., 1957, стр. 20–22.
5 Будагов Р.А. Литературные языки и языковые стили. стр. 131–165, 215–246.

32 Қазақ əдеби тілінің тарихы

Стиль мəселесі сөз етілген басқа да еңбектерде стильдік
тармақтардың жоғарыда көрсетілген түрлерінің, көбі қайталанып
келеді1.

Стильдерді таптастыруда тек тілдік элементтердің экспрес-
сиялығын негізге алу, яғни экспрессиялық принцип негізінде
стильдерді бөлу ғылыми жағынан дəлелсіз екені соңғы зерттеу-
лерде айқын көрсетіліп жүр. Ондағы «салтанатты (риторикалық),
ресми (суық), сырластық-еркелету, əзіл, кекету (сатиралық) стиль-
дері» тұтас стильдік жүйе құра алмайды. Негізінен лексикада ғана
көрінетін экспрессивті бояу «стиль» ұғымын «бөлудің логикалық
негізі» бола алмайды, стильдерді таптастыру принципінің қыз-
метін атқара алмайды.

Тілдегі стильдерді бұлай таптастырудың үлкен бір кемшілігі
онда стильдерге тəн өзіндік тілдік ерекшеліктердің, жүйелі бір
принцип, бірізді критерий негізінде екшелінбеуінде. Яғни бір
стильдік тармақты сөз еткенде оның лексикалық ерекшелігі
көрсетілсе, енді бірінде жалпы жанрлық айырмашылығы айы-
рым белгі болады. Жанрлық классификацияның кемшілігі – онда
стильдік тармаққа тəн «өзіндік тілдік элементтер жүйесінен» гөрі
жанрлық ерекшеліктер көбірек сөз болады. Ал бұл екеуі бір емес.
Тілімізде бір-бірінен аз да болса өзіндік айырым белгілерімен
ажыратылатын əдебиет жанрлары көп. Жаңа жанрлардың да пай-
да болуы мүмкін. Көркем əдебиеттің өзінде жанр түрлері қаншама.
Ғылыми əдебиеттегі жанрлар одан кем деуге болмайды. Солардың
əрқайсысының тілі жеке-жеке стильдік тармақ бола ала ма? Бұл
жөнінде Р.А. Будаговтың мына пікірлері өте орынды.

Кейде газет стилі, əкімшілік стилі, публицистикалық стиль,
жарнама (реклама) хабарламаларының стилі, тағы да сондай
көптеген стиль түрлері көрсетіліп жүр. Бұлай бөлудің өзі дұрыс
емес екендігін көреміз. Əрине, жарнама (реклама) тілінің, мыса-
лы, өзіндік ерекшеліктері бар. Ол жайында арнаулы зерттеулер
бар. Бірақ жарнама хабарландыруларының тілі немесе əкімшілік
бұйрықтардың тілі қанша өзгеше болғанымен, ол əр уақытта
жеке тілдік стиль құрай алмайды, олар өз бетімен жеке стильдік

1 Қараңыз: Розенталь Д.Э. Практическая стилистика русского языка. М., 1965,
стр. 12–13.

Қазақ əдеби тілінің тарихы 33

тармақ бола алмайды. Сондай-ақ жарнамалардың өзі де əртүрлі.
Теледидардан берілген жарнаманың техникалық тəсілдері (оны
естіп қана қоймаймыз, көзбен де көреміз) радиодан берілген ха-
барландырулардан өзгеше. Мұндайда тіл белгілі жүйе ретінде
өзгеріп кетпейді, тек жағдайға ыңғайланады. Тіл белгілі жүйе
ретінде үлкен өзгеріске түспейді, тек бірсыдырғы сөздік клишелер
жасалып, белгілі коммуникацияның қажетіне сəйкес жекеленген
сөздер сол шеңберде ғана қолдануға бейімделіп отырады1. Неме-
се тіл білдіретін өзіндік ұғымдар мен қатынас шеңбері жағынан
ұсақтау принципі (принцип дробления по сферам общения и
специфики понятий, выражаемых языком) тұрғысынан келсек,
ғылыми баяндаудың өзін, яғни ғылыми əдебиеттер тілін, бүтін
стиль ретінде емес, оның əртүрлеріне байланысты бөлшектеп ке-
тер едік, яғни медициналық, физикалық, химиялық, биологиялық,
астрономиялық, филологиялық жағынан тағы стильдер туған бо-
лар еді. Ол ол ма, біздің кезімізде енді «астрономиялық стильдің»
өзін «космостық» стиль жəне «жай астрономиялық» стиль деп те
бөлу керек болар еді. Ал шындығында, тіпті медик өзінің ғылыми
шығармаларын химиктей жазбаса да, сол сияқты химик пен
биологтың немесе филологтың ғылыми шығармалары бір-бірімен
тілдік, сөз саптау жағынан дəл ұқсас болмаса да, мұнда жеке
стильдер жоқ. Қайткен күнде де бұл ғалымдар біркелкі ғылыми
баяндау стилін пайдаланады, өйткені онда ойды білдірудің форма-
сы, тəсілі ортақ, сондықтан ғылыми стильдің өзі ғылым түрлерінің
ерекшеліктерінен тумайды, ғылыми баяндаудың ерекшелігінен
айқындалады. Мысалы, «медицина стилінің» айырмашылықтары
ең алдымен жеке ғылым ретінде медицинаның өзіндік ерекше-
ліктеріне байланысты да, тек жанама түрде тілге қатысты: жеке
ғылым саласында жұмсалатын терминдер жиынтығы өз алды-
на ерекше стиль құрай алмайды... Сонымен бірге əрбір ғылым
саласы қалыптасқан ғылым ретінде белгілі қасиеттері арқылы
ерекшеленетін ғылыми баяндау стилін пайдаланады2.

Дəл осындай құбылысты көркем шығармалар тілінен де, көркем
баяндау стилінен де байқаймыз. Роман, повесть, əңгіме, поэма,

1 Будагов Р.А. Литературные языки и языковые стили. стр. 69–70, 72–73.
2 Будагов Р.А. Литературные языки и языковые стили. стр. 72–73.

34 Қазақ əдеби тілінің тарихы

мысал, өлең, эпос, баллада тілі жеке-жеке стиль бола алмайды.
Əрине, көркем əдебиеттің бұл жанрларының бір-бірінен өзіндік
ерекшеліктері, айырмашылықтары жоқ емес. Тіпті əр жазушының
өзіндік тіл ерекшеліктері, өзіндік сөз саптау мəнері бар. Бірақ
əр жазушының əрбір туындысы, кейбір өзіндік ерекшеліктеріне
қарамастан, жеке-жеке тілдік стиль құрай алмайды.

Мұнымен бірге стильдердің түрлері сөз етілгенде, олардың бір-
бірінен айырмашылығын көрсететін негізгі жəне басты айырым
белгілер мен кездейсоқ немесе негізгі емес ерекшеліктер ажыраты-
лып, сараланбай жүр. Сондай-ақ əрбір стильдің тілдік ерекшелігі
лексика, əсіресе терминдер шеңберінен əрі аспай қалады. Ал
жеке стильдік тармақ болудың басты белгісі «қолдануда өзіндік
ерекшеліктері бар тілдік элементтер жүйесі» болса, ол «жүйе» тек
лексика, соның ішінде арнайы салалы терминдер шеңберінен ғана
көрінбейді. Тіпті терминдер стильдерді топтастыруда негізгі кри-
терий, басты белгі бола да алмайды.

Сондықтан осы ыңғайда стильдік тармақтарды белгілеп ала-
тын грамматикалық категориялар мен тұлғалардың мəнін ашып,
қолданылу өрісін көрсетудің қажеттілігі күмəн тудырмайды.
Сондай-ақ тілдегі əдебиет жанрларының бір-бірінен айырмашы-
лықтары, өзіндік ерекшеліктері де біркелкі емес. Əдебиет жанрла-
рын бөлудің белгілері мен басты критерийлері тілдік стильдерді
таптастырудың негізгі айырым белгілері болмауы да мүмкін,
өйткені жанр мен стиль бір нəрсе емес. Əрине, олардың мүмкін
болатын ортақ белгілерін жоққа шығаруға болмайды.

Екінші бір ескеретін нəрсе – əдебиет жанрларының туып, да-
муы тілдік стильдердің тармақтарын қалыптастыруда үлкен рөл
атқарады. Яғни тілдік стильдердің пайда болып, жеке өріс алуы
тілдегі белгілі жанрлардың дамуымен, өзіндік өріс алуымен тығыз
байланысты. Мысалы, XX ғасырдың бас кезінде публицистика
жанрының өркендеуі (газет-журналдардың көптеп шығарылып,
олардың өзіндік тіл ерекшеліктері қалыптаса бастауы), ғылым
мен техникаға байланысты əдебиеттердің жазылуы (аударма
əдебиеттермен қатар ана тілінде жазылған ғылыми əдебиеттердің
де баспа бетін көріп, жарыққа шығуы), совет дəуірінде əртүрлі
ресми іс-қағаздар мен документтердің жүйелі түрде қалыптасқан
тілде жазылуы қазақ тілінің ресми стилін қалыптастырып, жеке

Қазақ əдеби тілінің тарихы 35

стильдік тармақ деп тануға негіз болатын басты белгілерін, ре-
леванттық (бөліп көрсете алатын) көрсеткіштерін саралап, нор-
маландыруда үлкен рөль атқарды. Бірақ бұл сияқты жанрлар же-
ке-жеке тілдік стильді тудырған жоқ. Міне, осы жағынан келген-
де, кейінгі кейбір зерттеулерде қазіргі əдеби тілде қалыптасқан,
өзіндік белгілері бар негізгі үш түрлі стильдік тармақ көрсетіліп
жүр. Олар көркем стиль, ресми стиль жəне бейтарап (нейтраль-
ды) стиль1 .

Сонымен бірге бұлай бөлінген тілдік стильдер əдеби тілдің
өз ішінде ғана қаралады, сол шеңберде ғана қолданыс табады,
сондықтан белгілі бір стильде жазылған жанрлық тексте басқа
стильдердің элементтері қолданылып отыруы мүмкін. Мұның өзі
таза бір стильде жазуға болмайтынын, қайтсе де онда басқа стиль
элементтері болып отыратынын көрсетеді. Сол себепті де тілдік
стильдерді əдебиет жанрлары тұрғысынан топтастыруға болмай-
ды. Əрине, белгілі жанрдағы текст тілдік стиль жағынан бүтіндей
бейтарап емес. Олай болғанда стильдерді беліп, оны танудың,
зерттеудің қажеті де болмас еді. Бұлай бөлу стиль мен жанр
категорияларының белгілі дəрежеде бірлікте болатынын, бірақ ол
екеуі бір емес екендігін көрсетеді.

Əдеби тілдегі стильдерді жоғарыдағыдай үш түрге бөлгенде,
стиль түрлерінің осындай əдебиет жанрларымен тығыз қарым-
қатынаста бола тұрып, ол екеуі бір емес екендігін, сондай-ақ
стильдік тармақтарды ажыратуда «өзіндік ерекшеліктері бар тілдік
элементтер жүйесінің» қолданылу шеңберінен басқа тілдің жалпы
қоғамдық қызметімен тікелей байланыста болатыны да ескерілді.

Тілдік стильдердің таптасуы тілдің қоғамдық қызметімен жəне
ойды тыңдаушысына жеткізудің мақсатымен байланысты болып
келеді. Демек, тілдің негізгі қызметі – коммуникативтік қызметінен
басқа эстетикалық қызметінің сөз сұрыптап, тілдік элементтерді
талғап қолдануда айтарлықтай əсері бар.

Соған орай тілдің, негізгі қызметтерін ойды хабарлау мақса-
тына қарай үшке бөліп қарауға болады. Ол: қатынасуға (обще-

1 Исаев С. Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы. Алматы, 1983, 40–67-бб.;
Исаев С.М. Становление и развитие языка казахской периодический печати. Авторе-
ферат докторской диссертации. Алма-Ата, 1974, стр. 24–37.

36 Қазақ əдеби тілінің тарихы

ние) байланысты жалпы коммуникативтік қ ы з м е т і , əсер етуге
(воздействие) байланысты к о м м у н и к а т и в т і к - э с т е т и к а -
л ы қ қызметі, хабарлауға (сообщение) байланысты н а қ т ы
коммуникативтік қызметі.

5. Əдеби тілдің қызметі

Əдеби тілдің қоғамдағы басты қызметі – адамдар арасындағы
қатынас құралы болу. Сондықтан жалпы тілге тəн қасиет – ком-
муникативтік қызмет – əдеби тілге де тəн. Əдеби тіл арқылы
айтушының ойын, пікірін ұғамыз, сұрағына жауап береміз. Əдеби
тіл арқылы өзіміз көзбен көрмеген оқиға туралы мағлұмат ала-
мыз. Мысалы, əртүрлі ауыз əдебиетінің нұсқаларын, кейінгі кез-
де нақтылы тарихи деректерді зерттеу негізінде жазылған тари-
хи еңбектерді, көркем туындыларды оқу арқылы халқымыздың,
өткен ғасырлардағы бастан кешірген тарихи өмірін, экономика-
лық жағдайларын біліп, оларды көз алдымызға елестете аламыз.
Былайша айтқанда, пікір алысу, ой жеткізу, адамдардың бір-бірі-
мен ұғысуы, білмегенді білу, білім алу əдеби тілдің коммуникатив-
тік қызметі арқылы жүзеге асады. Бірақ адамдардың бір-бірімен
қатынасы, пікір алысуы, ой ұғысуы, яғни адамдар арасындағы
коммуникативтік қатынас – жалғыз əдеби тіл арқылы ғана, соның
шеңберінде ғана жүзеге асып қоймайды. Адамдар арасындағы
қатынас құралының бірден-бір көрінісі əдеби тіл ғана емес. Жалпы
тіл атаулы ол қызметті атқарады. Тіпті тілден басқа да құбылыс-
тар адамдар арасында қатынас қызметін, коммуникативтік қызмет
атқара алады. Мысалы, морзе əліппесі əртүрлі шартты белгілер
мен таңбалар, математикалық таңба-белгілер, көше қозғалысына
байланысты таңбалар белгілі бір ұғымды, атауды, құбылысты
білдіру үшін жұмсалады. Математикалық: : / х / + / – / = сияқты
таңбалар бір санды екінші санға бөлу, көбейту, қосу, бір саннан
екінші санды алып тастау, осы амалдардың нəтижесі немесе теңдік
сияқты мағыналарды, ұғымдарды білдіреді. Сондай-ақ көше
қозғалысына байланысты таңба-белгілер аз емес. Көше бойында
тура стрелка тұрса, ол – транспорт үшін не оңға, не солға бұрылуға
болмайды деген таңба, сызықша таңбасы одан əрі жүруге болмай-
ды дегенді білдіреді. Мылқаулардың қол қимылдары арқылы бір-

Қазақ əдеби тілінің тарихы 37

бірімен түсінісуі де осыған жатады. Эфирде берілетін «SOS» де-
ген белгі теңізшілер арасында қиыншылық қатерге ұшыраған-
дықты білдіреді. Белгі берілген маңайдағы теңізшілер сол белгі
берілген жерге апатқа ұшыраған кемені құтқаруға беттейді.

Міне, осы көрсетілгендер коммуникативтік қызмет тек тілге
ғана тəн емес екендігін байқатады. Алайда бұған қарап, тіл мен
əртүрлі белгілердің коммуникативтік қызметі жағынан бір-біріне
жақындығына, ортақтығына қарап, оларды бір екен деп түсінуге
болмайды. Бұлардың басты айырмашылығы олардың құрылым,
құрамында болып табылады. Таңбалар жеке ұғымдардың (тілдік
жағынан қарағанда жеке сөздердің, тіркес-оралымдардың) шартты
белгілері ғана. Таңбалар арасында грамматикалық байланыс бол-
майды. Мысалы, «SOS» деген белгіні «апатқа ұшырадық», «қатер-
ге тап болдық», «қатерден құтқарыңдар», «көмекке шақыра-
мыз», т.б. тілдік тұлғалар арқылы бейнелеуге болады. Бұл белгінің
негізгі қызметі – қайткенде де қатерге ұшырағанды жеткізу. Сон-
дықтан мұнда тілдік жүйелі құрылым сақталмайды.

Ойды білдірудің ең кіші тілдік единицасы сөйлем болса, ол
белгілі тəртіппен орналасқан, белгілі тұлғалар арқылы грамма-
тикалық байланысқа түскен сөздерден тұрады. Онда (сөйлемде)
жүйелі құрылым болады. Міне, осындай қасиеттерінің арқасында
тілдің коммуникативтік қызметі тілдік емес басқа құбылыстар-
дың коммуникативтік қызметінен өзгешеленеді.

Жалпы тіл деген ұғым мен əдеби тіл деген ұғымның бір
еместігі сияқты əдеби тілдің коммуникативтік қызметінің де
өзіндік ерекшелігі бар. Ол ерекшелік əдеби тіл нормаларының
тұрақтылығымен, сымбаттылығымен, жүйелігімен, жалпы халық-
тық қасиетімен, дəстүрлігімен тығыз байланысты болып келеді.
Ойымыз түсініктірек болу үшін газеттерден алынған төмендегі
мысалдарға жүгінейік.

1. Жас буын балдырғандардың бұл биылғы жылғы ең жауап-
ты спорт емтиханы (Л.Ж). 2. Жоқ, əлі де оқуын бітіре қоймаған,
ауылшаруашылық институтының механикалық факультетінде
оқитын оның жаны күресті, еңбекті қалайды (Л.Ж.). 3. Мерекелі
биыл табысқа жету, уəдеден шығуды парыз деп біледі біздің əр
спартакшы («Спорт»). 4. «Жаным-ау, мына жаңалық қашан
боп үлгеріп еді?» – деген сұрақ оралғанда, жүрегі де дүрсілдеп

38 Қазақ əдеби тілінің тарихы

қоя берді. Ол əлгі жаңа пайда болған мүсінге сенбегендей қайта
қарайды (Л.Ж.). 5. Бесіктің баланың өсуіне қалай əсер ететіндігі
медициналық ғылыми жолмен дəлелденіп отыр (Қ.Ə.). 6. ...Жұл-
дыздардың жалбарынышты, аянышты үнін олардың гүлдің де-
мінен əлсіз сыбдырын естігендей болды (Л.Ж.).

Ойдың жүйелі, нақты болуы, оқушыға я тыңдаушыға дұрыс
жетуі сөйлеу құрамында қолданылған сөздердің лексика-
семантикалық байланысу ерекшеліктерімен тығыз байланысты
екені мəлім. Бұл – əдеби тіл нормалығының бір талабы болып табы-
лады. Сонымен бірге сөйлем білдіретін ой жүйелілігі, түсініктілігі,
нақтылығы сөйлем ішіндегі сөздердің дұрыс орын тəртібіне де
байланысты. Сөздердің орын тəртібі олардың бір-бірімен өзара
байланыста болуы негізінде айқындалады. Тілдегі бұл құбылыс
сан жылдар бойы қалыптасып, əбден орныққан, тұрақталған.
Ол – баяндауыштың сөйлем соңында, бастауыштың баяндауыш-
тан, анықтауыштың, толықтауыштың, пысықтауыштың өздері
бағына байланысып тұратын сөздерінен, яғни өздері анықтайтын,
толықтайтын, пысықтайтын сөздерінен бұрын тұруы. Бұл – жалпы
қағида. Нақты жағдайға байланысты бұлардың өз ішінде де жеке
заңдылықтар байқалады. Оны жоғарыда берілген сөйлемдерден
көруге болады. Сырттай қарағанда сөйлем білдіретін ой түсінікті
сияқты болғанмен, ол сөйлемдердегі сөздің орын тəртібі (үшін-
ші сөйлемдегі қажетсіз инверсия еске алынып отырған жоқ)
жоғарыдағы айтылған жалпы қағидаға қайшы келмесе де, сөй-
лем құрылымының дұрыс еместігі, айтайын деген ойдың айқын,
түсінікті еместігі, сөйлемнің, түсінуге қиын, орашолақ құрылған-
дығы байқалады. Оның себебі сөйлемдегі сөздердің дəл өз орын-
дарында қолданбауы, сөздердің бір-бірімен байланысындағы орын
тəртібінің бұзылуынан болып тұр.

Бұл сілтеу есімдігі сөйлемде анықтауыш қызметін атқаруға
бейім тұрады, ал бастауыш қызметінде қолданылғанда (берілген
мысалдың 1-сөйлеміне назар аударыңыз) басқа сөздермен бай-
ланысқа түсуден гөрі оқшауланып, айырықша интонациямен ай-
тылады да, өзінен кейінгі сөздерден, əсіресе баяндауыштан пауза
арқылы (интонация бастауыш қызметіндегі бұл есімдігінің баян-
дауышпен байланысуының грамматикалық жолы болып табы-
лады) ажыратылады. Жазба тілде ол пауза сызықша арқылы

Қазақ əдеби тілінің тарихы 39

белгіленеді. Мысалдағы берілгендей, бастауыш қызметіндегі
бұл есімдігінің анықтауыш пен анықталушы сөз болып тұрған
баяндауыштың (балдырғандардың емтиханы) ортасында келуі
сөйлемдегі білдірмекші ойға нұқсан келтіріп тұр.

Екінші сөйлемде «...механикалық факультетінде оқитын
оның жаны» болып тұр. Айтылмақ ой «механикалық факуль-
тетінде оқитын ол» дегенге қатысты, бірақ сөздердің бір-бі-
рімен грамматикалық байланысқа түсу ерекшеліктері толық
ескерілмегендіктен, ол ұғым бұзылып кеткен. Оның басты себебі
мынада. Есімшеден болған күрделі (кейде үйірлі) анықтауыш
негізінен зат есімнен болған сөздерді анықтайды. Кейде жіктеу
есімдіктерін де анықтауы кездеседі. Ондайда жіктеу есімдіктері
атау тұлғада тұрып, бастауыш қызметін атқарады. Берілген мысал-
да анықтауға тиісті жіктеу есімдігі атау тұлғада емес, ілік септік
жалғауында келіп, өзі басқа сөзді (жаны) анықтап тұр. Соның
салдарынан оның анықтауышы (механикалық факультетінде
оқитын) бұл сөзден асып кетіп, жаны деген сөзге қатысып
тұрғандай.

Үшінші сөйлемдегі «мерекелі биыл табысқа жету» дегенді
қалай түсіндіруге болады? Əрине, «биыл табысқа жету» болса, ол
түсінікті. Соған мерекелі деген сөздің қосылуы (тіркесуі) биылғы
жылдың мерекелі екенін көрсету үшін болар. Бірақ бұл құрылыс
тіл заңдылығына сай емес. Сөйлемде мерекелі деген қатыстық
сын есімнен болған анықтауыш биыл деген үстеуден болған сөзді
анықтап тұр, бұл – мүлдем тіл заңдылығына қайшы. Оның үстіне
биыл деген үстеу субъстантивтеніп те тұрған жоқ.

Ал «əлгі жаңа пайда болған мүсінді ...» де бірден түсіне қою
қиын, оның себебі де сөйлемдегі сөздердің орын тəртібінің дұрыс
болмауында. Дұрысы «жаңа пайда болған əлгі мүсінге...» болса
керек, өйткені əлгі деген сөз жаңа сөзін анықтай алмайды. Бəлки,
əлгі сөзі пайда болған дегенге қатысты шығар, онда жаңа деген
сөздің басы артық. Бірақ əлгі сөзі пысықтауыштан гөрі анықтауыш
қызметін атқаруға бейім.

Соңғы екі мысал сөйлемде қатар тұрған екі сөздің бір септік
жалғауында жұмсалуы да сөйлемнің құрылысын, айтайын деген
ойын қиындата түсетінін көрсетеді. Қатар тұрған ілік септікті екі
сөздің қайсысы келесі сөздің анықтауышы екенін айқындау кейде

40 Қазақ əдеби тілінің тарихы

тіпті қиынға соғады. Бесінші сөйлемнен «баланың өсуіне бесіктің
қалай əсер ететіндігі» (сөйлемдегі сөздердің орын тəртібіне на-
зар аударыңыз) тіркестерін ойланып отырып табуға болса соңғы
сөйлемнен «олардың демі» ме, «гүлдің демі» ме, «олардың сыб-
дыры» ма, «гүлдің сыбдыры» ма – қайсысы екенін ажыратып бол-
майды.

Əрине, бұл сияқты сəтсіз құрылған, əдеби тіл нормалары-
на сай келмейтін мысалдарды тағы да тізіп талдай беруге болар
еді. Əдеби тіл нормаларынан ауытқу тек сөздердің сөйлем ішінде
орын тəртібіне ғана байланысты емес. Сөздердің бір-бірімен бай-
ланысында олардың лексика-семантикалық сəйкестігін ескермеу,
сөздер арасындағы қалыпты байланысты бұзу, лексика-фоне-
тикалық ауытқулар əдеби тілде жазылған текске жат болып келе-
ді. Мысалы, Семья шырқын сақтау – үлкен парыз («С.Қ.») деген
сөйлем сырттай қарағанда дұрыс-ақ сияқты. Ал шындығында
қазақ ұғымында шырқы сөзі сақтаумен емес, бұзу етістігімен тір-
кесіп жұмсалуы əбден қалыптасқан.

Осының өзінен əдеби тілдің коммуникативтік қызметі, шың-
далған, сымбатталған, тұрақты, жүйелі нормаларға негізделген
ерекшеліктері айқын байқалады.

Əдеби тіл коммуникативтік қызмет атқарумен ғана шектеліп
қалмайды. Əдеби тіл арқылы белгілі бір оқиғаны оқушыға жеткі-
зіп қана қоймайды, оқушының сезіміне əсер де етуге болады; ол –
əдеби тілдің екінші, э к с п р е с с и в т і к - э с т е т и к а л ы қ қыз-
метті болып саналады. Əдеби тілдің экспрессивтік-эстетикалық
қызметі көркем шығарма тілінен анық байқалып, образды ой біл-
дірумен астасып жатады.

Көркем шығармада айтылуға тиісті пікір тура айтылмай, об-
раздар арқылы суреттеліп, оқушы сезіміне əсер етеді. Бір мысал.
С. Торайғыровтың «Бір үйде жиюлы екен қазына мал»1 деп баста-
латын əйгілі «Бір адамға» өлеңін оқып көрейік. Небəрі 24 жолдан
тұратын шағын шығарма.

Сырт қарағанда жай нəрселер ғана сияқты: жиюлы қазына
мал, шен-шекпен, оқа, бұлды түйме, сылдырлақ, теңгелер, сурет-
тер, күміс кесе, алтын аяқ. Алғашқыда оқушы да ақынмен бірге

1 Торайғыров С. Бір адамға. Шығармалар. 1-том. Алматы, 1967, 113–114-бб.

Қазақ əдеби тілінің тарихы 41

бұл нəрселерді көріп, жай тамсанып қояды. Ақсақал шал «ата-
бабамыздың еңбегі» деп шаттана көрсетеді бұл бұйымдарды.

Бірақ олар қалай келген? Шынжыр балақ, шұбар төс шон-
жардың сорлы момындардың сорын қайнатып, қанын сорып, аяу-
сыз қанауынан жиналған дүниелер екені ашық айтпаса да түсінік-
ті. Оқушының көз алдына осы картина елестейді. Кесенің ішінен
«нақақ көзден жас» іздеуі осы ойды ширықтыра түседі.

Бұлардың бəрі тура өз мағынасында тұрған жоқ. Тіпті қанау
процесі де жоқ, бірақ ол осындай жеке эпизодтан анық көрінеді.
Өлеңдегі асыл бұйымдар жəне кеседегі «нақақ көзден жас» фео-
далдық қоғамдағы қайшылықты, қоғамдық екі үлкен таптың
қарым-қатынасын үлкен полотнодан керсетіп тұр. Яғни өмірдегі
жай көзге көріне бермейтін деталь арқылы қоғамдық өмірдің
үлкен қайшылықтарын елестетіп тұр.

Көркем шығарма өз оқушысына ой салады, кейде оны ашық та
айтпайды, тіпті мəселенің түйінін шешіп те бермейді, оны оқушы
үлесіне қалдырады.

Əртүрлі əдебиет жанрларының, яғни публицистиканың да,
«көркемөнердің де, ғылымның да міндет-мұраты бірдей, жүгіне-
тін, қуат алатын қайнар бастауы ортақ: ол – осы объективті жа-
ратылыс əлемі» болса да, «творчестволық суреткер əрекетінде
əдетте ой мен сезім бауырласады да, табиғат бейнесінің күллі
ою-өрнегін нұрландырып, өзекті көркемдік арқауға айналып
кетеді», «образ арқылы даралайды». «Суреткер ұлан-ғайыр дүние
шындығынан ойлантып, көңіл-күйіне қуат берген, рухани тірек
болған, толғандырған жеке бір тіршілік штрихтарын бөліп алады
да, адамзаттық ортақ мəн-мағына дарытады»1.

Міне, осы сияқты ерекшеліктерге сай тілдік элементтер сұ-
рыпталып қолданылады. Көркем шығармада ауыс мағына, тілдік
элементтердің көп мағыналы, яғни əртүрлі комбинаторлық
(қолданыстық, қолдану орнына байланысты) мағына оның негізгі
тілдік ерекшелігі болып саналады. Ол окказионалдық (əдеттен тыс,
сол контекстегі) ауыс мағына, көп мағыналық, метафора, метони-
мия, синекдоха, эпитет, теңеу, салыстыру, гипербола сияқты түрлі
көркемдік тəсілдер арқылы беріледі. Бірақ бұдан көркем шығарма

1 Серікқалиев З., Серікқалиева Э. Ақыл таразысы. Алматы, 1976, 47, 15, 16, 13-бб.

42 Қазақ əдеби тілінің тарихы

тіліндегі барлық сөздер ауыс мағынада қолданылады екен де-
ген қорытынды тумасқа керек. Көркем əдебиеттің ерекшелігі
сол – ондағы тура немесе негізгі мағынада қолданылған сөздер
ауыс мағынада немесе көп жағдайда контекстік, комбинаторлық
мағынада қолданылған сөзге сабақталып, соның ықпалына түсіп,
сəйкестік құрып, көркем образ, кесек мүсін жасап тұрады.

Жоғарыда көрсетілген С. Торайғыровтың «Бір адамға» өлең-
індегі əртүрлі асыл жиһаз, қымбат мүліктердің барлығы кесе
ішінен іздеген «нақақ көзден жасқа» сабақталып, үйлесім тау-
ып, бəрі қосылып түйдектеліп, кесек образ жасап тұр. Ол образ
тіпті беріліп тұрған сөздердің негізгі мағынасынан да туып тұр-
ған жоқ. Сондай-ақ көркем шығарманың тілдік форма мен мазмұн
бірлігінің осындай өзіне ғана тəн ерекшелігі болады. Ондағы об-
разды беретін басқа сөздерді өзіне сабақтап, белгілі тізбек жасап
тұратын сөздің дəлдік дəрежесі де өзгеше. Сондықтан да көркем
шығармада белгілі дəрежеде жазушы интеллектісіне қарай кейбір
еркіндік, формалды түрде жалпы нормадан ауытқу, аграматикалық
(жүйе, заңдылықтың бұзылуы), аномалиялық (əдеттегіден тыс,
қалыптасқаннан өзгеше), метабазистік (сөз таптарының басқа
қызметте жұмсалуы) құбылыстар болып отырады. Көркем стильде
тілдік элементтердің дистрибуциялык шеңбері кеңейіп, олардың
узуальды (əдеттегі қалыптасқан) мəн-мағынасын бұзады.

Лексика-грамматикалық тұрғыдан тіркеспейтін сөздер бір-
бірімен байланысқа түсіп, белгілі бір контекстік тұтастық құрай-
ды. Соның негізінде соны ой, көркем сурет туады. Бірақ ондай
еркіндік, нормадан ауытқу тілдік жағынан дəлдік ұғымын жоққа
шығармайды. Көркем шығармадағы дəлдіктің өз ерекшеліктері
бар. Ол дəлдік контекстегі тілдік элементтердің жеке тұрғандағы
сипатынан емес, түгел контекс ансамблінде көрінеді, мағына
сыйымдылығымен байланысып жатады. Яғни ондағы жеке сөз-
дер болсын, тізбек, тіркестер болсын, тіпті сөйлемдер болсын
өз беттерімен өмір сүрмей, кесек ойдың бөлуге келмейтін жар-
қыншағы болып, көркемдік тəсілдердің барлығымен де тұтасып
кетеді. Көркем шығармада қарапайым тілдік элементтердің өзі
құлпырып, көркем стильдің «радиациясына» ұшырап отырады.
Сол арқылы құбылыстар көбіне-көп тура айтылмай, белгілі көр-
кемдік əдістер арқылы образбен оқушы сезіміне əсер етеді. Көр-

Қазақ əдеби тілінің тарихы 43

кем шығармадағы əдеби тілдің эстетикалық қызметі оның комму-
никативтік қызметіне негізделеді де, олар тұтасып келіп бірлікте
көрінеді. Жазушының тіл шеберлігі, суреттеп отырған құбылыс-
ты өзінің творчестволық лабораториясынан өткізудің көркемдік
өресі осы тұста байқалады.

6. Əдеби тілдің жалпы халықтық
тілмен арақатынасы

Əдеби тіл қашан жəне қалай қалыптасқанына қарамастан, жал-
пы халықтық тілдің сұрыпталған, сымбатталған түрі болып та-
былады да, бір жағынан, сол жалпы халықтық тілдің бір құрамы
ретінде өмір сүріп отырса, екінші жағынан, жалпы халықтық
тілдің əдеби тілге енбейтін бөліктерімен (қарапайым сөйлеу тілі,
диалектизмдер мен кəсіби сөздер, жаргондар мен варваризм-
дер, т.б.) əртүрлі қарым-қатынаста болады. Сөйтіп əдеби тіл, бір
жағынан, жалпы халықтық тілдің бір бөлігі болып табылса, екінші
жағынан, жалпы халықтық тілдің басқа түрлеріне қарама-қарсы
болып, қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күрес заңы деп ата-
латын диалектика заңдылығының негізінде тіл табиғатында өмір
сүріп, дамып отыратынын байқаймыз. Сондықтан да əдеби тілдің
жалпы халықтық тілмен қарым-қатынасы, одан алатын орны, жал-
пы халықтық тілдің басқа салаларымен қарым-қатынасы əр кез, əр
кезеңде бірдей, біркелкі болмақ емес, өзгеріп, дамып, құбылып та
отырады.

Жалпы халықтық тіл өзі қызмет ететін халық өкілдерінің
арасындағы қатынас құралы болуды барлық салада жүзеге асырады:
қоғамдық өмірде, рухани байлығын жарыққа шығаруда, мəдениет
өндірісінің құралы ретінде, сондай-ақ белгілі территорияға ғана,
іс-əрекетке ғана байланысты аздаған адамдар арасында, тұрмыста
да өмір сүре алады. Ал əдеби тіл оның ең жоғарғы формасы, өңде-
ліп, сұрыпталып, нормалану қасиетін басынан өткізген, сондық-
тан да кейінгі кезде «оны мəдени өрлеудің, қоғамның барлық іс-
əрекетінің, ғылымның, техниканың, экономиканың, саясаттың,
оқу-ағарту, мəдени жұмыстардың құралы»1 деп танып жүр. Сон-

1 Балақаев М. Қазақ əдеби тілі жəне оның нормалары. 17-бет.

44 Қазақ əдеби тілінің тарихы

дықтан да əдеби тілдің жүйелілігі сол тілде сөйлейтін халық
өкілдерінің бəріне таныс, нормасы ортақ болып келеді де, олардың
тіл заңдылықтары негізінде сақталынып отырылуы қадағаланады.
Əрине, əдеби тілдің нормалары қатып, сіресіп қалған, өзгермейтін
құбылыс емес. Əдеби тіл, бір жағынан, замандар бойы қалыптас-
қан тұрақты нормаларын сақтап қалуға, бұздырмауға тырысып
отырса, екінші жағынан, ішкі даму процесі негізінде, сыртқы қо-
ғамдық-əлеуметтік өзгерістерге лайық икемділігі арту үшін жаңа
ұғым, мағына я образ беруде норманың шеңберін бұзып, нормадан
ауытқып та кетеді. Əрине, ондай ауытқулар жөнсіз, қалай болса
солай емес, белгілі шекті болады. Оны бұзушы индивидумның
интуициясы көпшілік оқырман сезіміне жағымды əсер ете алса
ғана ол ауытқу сəтті болып, қажеттіктен туған болып табылады.
Жоғарыда талданып өткен С. Торайғыровтың «Бір адамға» өле-
ңіндегі:

Кесені айналдырып қарай бердім
Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп, –
деген жолдарға тағы бір назар аударайық. Тура мəнінде ғана
ұғынатын болсақ, кесенің ішінен көз жасын іздеу жəне соны
білдіретін сөздердің бір-бірімен байланысқа түсіп, тіркес құрауы
логикалық жағынан қайшы емес пе! Демек, сөз байланыстары
жағынан бұл жерде нормадан ауытқуды байқап отырмыз, өйт-
кені грамматикалық сипаттары сəйкес, семантикалық жағынан
мағыналық үйлесімдері жақын сөздер ғана бір-бірімен тіркесе
алады.
Тұрақты норманың осындай сəтті түрде бұзылуының нəтиже-
сінде қалыпты ғана ұғымның орнына ерекше экспрессиялы ма-
ғына, образды ұғым туып тұр.
Халық тілінің екінші бір бөлігі болып табылатын ауызекі
сөйлеуге байланысты қарапайым сөздер, белгілі бір территорияға
байланысты жергілікті тіл ерекшеліктері (диалектизмдер), белгілі
кəсіпке байланысты белгілі мөлшердегі адамдарға ғана түсінікті
кəсіби сөздер, халықтың белгілі тобына ғана қатысты жаргон-
дар, жөнсіз қолданылған бəтен тілден енген кірме сөздер – вар-
варизмдер əдеби тілге қарама-қайшы құбылыс болып келсе де,
олардың қоғамдық өмірде өмір сүруінде байланыс бар, бір-бірімен
қатынасып отырады, кейде тіпті олар əдеби тілге еніп нормала-

Қазақ əдеби тілінің тарихы 45

нып, əдеби тілді байытуға байланысты қызмет атқарады. Олардың
əдеби тілмен қарым-қатынасқа түсіп, жалпы халықтық көрініс
алатын орны – көбіне-көп көркем шығарма. Көркем шығарма
тілінде қарапайым сөздер де, диалектілік ерекшеліктер де, кəсіби
сөздер де, жаргондар мен варваризмдер де жиі кездесіп отырады.
Əсіресе персонаж тілінде орынды қолданылған ондай тілдік эле-
менттер көркем туындының нəрін келтіріп, оған образдық мəн
беріп тұрады.

М. Əуезов «Білекке білек» повесінде «Түлкібас өңіріне ғана
емес, басқа да жерлердегі қарапайым қазақтарды сөйлеткенде,
олар Мұхтарша сөйлемейді, өздерінше сөйлейді:

– Бірақ оралып, буынып қалады-ау, тыпыршыған қараңқағыр.
– Оны мен бүйтіп қоймаймын. Жиішкертем.
– Жемің азайып қапты-ау!
– Бұдан артық қаяққа апарам сені?
– Қанша үрмет қысам да болмай-ақ қойдың ғой, жүдə!
«Білекке білектегі» осы сөйлемдердің ішінде диалектизм, қа-
рапайым сөздердің бəрі қысқартылып, дыбыс құрамы өзгертіліп
айтылған: қараңқағыр – қараң қалғыр, жиішкертем – жіңіш-
кертемін, қапты-ау – қалыпты-ау, қаяққа апарам – қай жаққа
алып барамын, үрмет қысам – құрмет қылсам»1 .
Сөйтіп көркем шығарма тілі, бір жағынан, тілдік нормаларды
қалыптастырып, тұрақтандырып отырса, екінші жағынан, ол нор-
мадан ауытқуға, жаңа норма жасауға да мұрындық болып, əдеби
тілдің үнемі дамып, өзгеріп отыруына əсер етеді. Көркем шығарма
тілінде тек көркем стильге жататын тілдік элементтер ғана емес,
осы көрсетілгендей, əдеби тіл нормасы шеңберінен шығып кететін
тілдік элементтер де кездеседі. Əрине, ондайда көркем шығарма
тілі бірде əдеби тіл көрсеткіші болып, енді бірде əдеби тіл норма-
сынан тыс қарапайым сөйлеу тілінің көрсеткіші я жергілікті тіл
ерекшеліктерінің көрсеткіші болып құбылып отырмайды. Бұлар
көркем шығарма тілінің айналымына түсісімен əрқайсысы жеке
дара өмір сүрмей, жаңа тілдік қарым-қатынас жүйесіне бағынып,
негізгі көркем стильдің икеміне түсіп, соның көлеңкесінде көр-
кемдік мəнге ие болуға жұмылады.

1 Балақаев М. Қазақ əдеби тілі жəне оның нормалары. 71-бет.

46 Қазақ əдеби тілінің тарихы

Бұл – жалпы халықтық тілдің əдеби тіл нормасына енбейтін,
оған қарама-қайшы бөлігінің қолданылуының бір жағы. Екін-
шісі – ондай тілдік элементтерді авторлық баяндауда қолдану
мəселесі жайында. Жасыратыны жоқ, көркем сөз шеберлерінің
көпшілігі-ақ шығармаларында көпшілік қауымға түсінікті бола
бермейтін, белгілі территорияда ғана жұмсалатын тілдік үлгілерді
қолдануға құмар-ақ. Əрине, ондай қолданыстардың дұрыс-бұ-
рысын байыбына барып қана айтуға болады. Оған алдын ала ре-
цепт беру қауіпті-ақ. Өйткені ондай тілдік қолданыстар əдеби
тілде баламасы бар, тек жазушының өзі ғана білетіндіктен, жазу-
шы туған ауылда жұмсалатындықтан ғана болып отыр ма, болма-
са ол білдіретін мəн, мағыналык, рең əдеби тілде жоқ, сондықтан
белгілі стильдік мақсатпен жұмсалып, мағыналық жүк көтеріп тұр
ма – осы жағы мұқият ескерілуі керек.

Абайдың «Шегіртке мен құмырсқасында» (И.В. Крыловта
шегіртке емес, инелік – стрекоза, бірақ қазақ ұғымында осы рөлге
инеліктен гөрі шегіртке дұрыс келетінін Абай дəл тапқан):

Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп əн салған.
Көгалды қуып гуляйттап
Қызықпен жүріп жазды алған, –
делінеді.
Неге гуляйттап? Селеңдеп, қыдырып, босқа жүріп, т.б. осы
мəнді білдіретін сөз жоқ па? Тіпті орыс тіліндегі тексте мүлде жоқ
гулять сөзін Абай неге алған? Ол сөз өлеңде тіпті ұйқас үшін де
қажет болып тұрған жоқ. Өлеңнің аударма екенін де осы сөз арқы-
лы көрсетейін деп тұрған жоқ болу керек. Селеңдеп бос қыды-
руды, болашақ күн көрісін ойламай, бір сəттік əсіре қызықтың
соңына түсушілікті жəне соған деген автор көзқарасын айқын
байқату үшін гуляйттап сөзі қолданылған жəне өте сəтті қол-
данылған. «Попрыгунья-стрекоза лето красное пропела» дегендер-
ге «ыршып жүріп əн салған», «...қызықпен жүріп жазды алған»
тəрізді əсем де əсерлі балама тапқан Абай гуляйттап сөзін де осын-
дай образды ұғым болмаса, қолданбаған да болар еді.
Сондай-ақ Р. Сыздықова: «күсу сөзін диалектологтарымыз
«жеру, аулақ болу» мағынасында Қызылорданың Қармақшы ау-
дандарында кездесетін жергілікті сөз деп көрсетеді. Солай ма

Қазақ əдеби тілінің тарихы 47

екен? Абайдың: Жалмауыздай жалаңдап Ар-ұяттан күсіппін не-
месе: Мендағы жүргенім жоқ малдан күсіп дегендерін қайда
қоямыз? Т. Ахтанов бұл сөзді: Сенен де күстім біржола деп Сау-
ран сұлтанның аузына салады. Демек, күсу, бүлу («ойрандалу,
жеңілу»), сой («тек, тұқым, ата тек») тəрізді сөздер диалектизм-
дер емес, тілде ара-тұра жұмсалатын, поэтикалық бояуы бар сөз-
дер»1 , – десе, Ш. Сарыбаев: «Бұрын говор, белгілі бір аймақ
шеңберінде ғана қолданылып, кейін жазушы, əсіресе журналис-
тердің жиі-жиі қолдануы арқасында, олардың сөз уағыздаудағы
игі еңбектерінің нəтижесінде тар шеңберден шығып, əдеби дең-
гейіне дейін көтерілген, жалпы халықтық қолданыс дəрежесіне
жеткен дақыл, бағбан, мұрап, дуал, шабандоз, атыз, арасан суы,
дəліз, асар сияқты сөздеріміз аз емес»2, – деп көрсетеді. Тағы да
осы көркем шығармалар арқылы жаргон деп танылып жүрген
құлап қалу (экзаменде екі алу – студенттер арасында), телик
(телевизор), жатақ (жатақхана), ақмағамбет (арақ), аққайнар
(шампан) сияқтылар əдеби тілдің игілігіне айналып бара жатқан
жоқ па?!

Бірақ өкінішке орай, кей қаламгерлер диалектизмдерді, қара-
пайым сөздерді, жаргон, варваризмдерді авторлық баяндауда
жұмсауында бұндай өреден шыға алмай жүр. Ол жайында
тілші ғалымдардың еңбектерінде жазылып, кейбір жазушының
шығармалары сыналып та жүр. Солардан бірер мысал келтірсек
те жеткілікті болар. Ш. Сарыбаев жоғарыда аталған мақаласында
газет-журналдар тілінде, жеке жазушылар шығармасында қолда-
нылған мына сияқты жергілікті тіл ерекшеліктерін: сəл нəрсеге
күйіп-пісіп (сəл нəрестеге күйіп-пісіп), түн жарасында (түн жар-
тысында, жарымында), он шақты ұсақ жандық (ұсақ мал) қалды,
үйдің егесі (үйдің иесі), қажетіңе жарататындай шаруа шығып
жатырса (жатса) сатармыз, сені көргісі жоқ, үйден кеткім жоқ,
мүлдем сенгісі жоқ, көз алдында ұстап тұрғысы бар, терең
үңілгім бар, т.б. сөздерді көрсете келіп: «Кейбір жазушы, жур-

1 Сыздықова Р. Сөз қолданыс жəне əдеби норма // Жазушы жəне сөз мəдениеті.
Алматы, 1983, 35-бет.

2 Сарыбаев Ш. Көркем əдебиет тіліндегі жергілікті ерекшеліктер // Жазушы жəне
сөз мəдениеті. Алматы, 1983, 98-бет.

48 Қазақ əдеби тілінің тарихы
налистер халық тілінің сөз байлығын сарқа пайдалану дегенді
өздерінше түсінетін сияқты. Олар əдеби тілдің нормасымен санас-
пай, өзінің жастайынан үйреніп, құлағына сіңіп қалған аймақтық
сөздерді əдеби тілге енгізгісі келеді... Одан əдеби тіліміз ұтылмаса,
ұтпайды. Мұндай ерекшеліктер əдеби тілімізді шұбарлайды,
шығарманың түсініктілігін қиындатады, əдеби тіліміздің норма-
сына нұқсан келтіреді»1 , – деп ашық айтады.

Көркем шығарма тілінде орынсыз, сəтсіз қолданылған диалек-
тизмдер мен сөйлеу тілі элементтері əлі де сөз бола бермек2.

Осының өзінен əдеби тіл мен жалпы халықтық тілдің басқа
түрлері əртүрлі қарым-қатынаста болатынын, бірде олар əдеби
тілге ауыс-түйіс жасап, əдеби тілдің қажетін өтеп, оны байыта
түсуге себін тигізіп отырса, енді бірде əдеби тілдің тазалығына
нұқсан келтіреді, енді бірде əдеби тілдің жүйелілік сипатын, нор-
малық қасиетін тануда салыстыру материалы орнына да жүреді.

1 Сарыбаев Ш. Көркем əдебиет тіліндегі жергілікті ерекшеліктер, 100–101-бб.
2 Қараңыз: Қалиев Б. Д. Досжанов шығармаларындағы диалектизмдер мен сөйлеу
тілі элементтері жайында // Жазушы жəне сөз мəдениеті. Алматы, 1983, 107– 121-бб.

Қазақ əдеби тілінің тарихы 49

ІІ. ƏДЕБИ ТІЛДІҢ ҚАЛЫПТАСУЬІ

1. Əдеби тілдің қалыптасу жолдары

Басқа да қоғамдық құбылыстар сияқты əрбір əдеби тілдің туу
тарихы, қалыптасып, даму кезеңдері болады.

Əдеби тіл белгілі бір халықтың, қоғамдағы адамдардың бəріне
түсінікті, ортақ қатынас құралы болғандықтан, оның (əдеби
тілдің) туып, қалыптасуы, дамуы сол халықтың, шығуы мен тари-
хына тығыз байланысты. Өйткені дүние жүзіндегі əртүрлі əдеби
тілдер бірдей, бір кезеңде, бір жолмен, біркелкі қалыптасқан
жоқ. Əр тілдің өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары бола-
ды. Дегенмен, соның өзінде де əдеби тілдің туып, қалыптасуында,
белгілі бір халыққа əдеби тіл болып қызмет ете алуында, көптеген
халықтардың əдеби тілі арасында кейбір ұқсастық, ортақ жайлар
байқалады.

Əдеби тілдің қалыптасу жолын сөз еткенде, əрбір əдеби тілдің
толып жатқан өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Бірақ сол
ерекшеліктердің бəрі бірдей сол əдеби тілдің қалыптасу жолын
көрсете алатын басты ерекшеліктері, қасиеттері бола да бермеуі
мүмкін. Əдеби тілдің қалыптасу жолын нақты көрсете алатын
ерекшеліктерге назар аударсақ, əртүрлі əдеби тілдер арасындағы
ұқсастықтар мен ортақ жайларды осыдан байқай аламыз.

Міне, осындай ұқсас жайларды, ортақ ерекшеліктерді ескер-
генде, жалпы əдеби тілдің қалыптасуының, негізгі үш жолын
көрсетуге болады. Əдеби тілдің қалыптасуының бұл үш жолы
көптеген ғалымдар енбегінде тек қазақ тілі ғана емес, басқа да
толып жатқан тілдер материалдарының негізінде толық дəлелден-
ген. Олар төмендегідей болып келеді.

1. Əдеби тіл белгілі халықтың бір ғана тобы сөйлейтін бір ғана
диалектісінің негізінде қалыптасады. Басқаша айтқанда, белгілі
бір халық бірнеше диалектіде сөйлейтін болса, диалектілердің
біреуі бірте-бірте сол халыққа түгел ортақ бола бастайды да, кейін
сол диалект əдеби тілге айналады.

50 Қазақ əдеби тілінің тарихы

Бір диалектінің əдеби тіл дəрежесіне көтерілуінің өзіндік
себептері бар, өйткені сол тілдің басқа диалектілеріне қарағанда
кейбір артықшылықтары болады. Ол артықшылықтың сипа-
ты да əртүрлі. Мысалы, əдеби тілге негіз болған диалектінің,
жергілікті тілдің басқа диалектілермен салыстырғанда жанрлық,
стильдік тармақтары дами түскен болуы, сөздік қоры бай болуы
мүмкін, сондай-ақ бұл диалектіде жазылған ақын-жазушылардың
шығармалары сол халықтың көбіне не бəріне тегіс таныс бо-
лып, ол шығармалар жалпы халықтық сипат алуы мүмкін не-
месе онда жазба əдебиет ертерек пайда болып, оның туындыла-
ры молырақ та, басқа диалектілерге түсінікті болуы да мүмкін.
Əдеби тілге негіз болған диалектінің өзге диалектілерден басқа
да толып жатқан артықшылығы болуы мүмкін. Халықтың ол
диалектіде сөйлейтін бөлігінің экономикалық жағынан, кəсібі
жағынан артықшылығы, озық мəдениеті болуы да ықтимал. Кей-
де өндіріс орындары ерте дамыған, отырықшылыққа ерте көшкен,
мəдени орталықтары бар елдің ерте оянып, жазба əдебиетінің
ерте қалыптасуы – заңды құбылыс. Сондай-ақ əдеби тілге негіз
болған диалектіде сөйлеушілердің басқа диалектідегілермен
қарым-қатынаста ортақ бір белгісі болуы мүмкін. Ондай
ортақтық географиялық жағынан да, генеалогиялық-этникалық
(төркіндес, бір бұтақтан тарауы) жағынан да бола береді. Мыса-
лы, белгілі бір халық үш түрлі диалектіде (а, б, г диалектілерінде)
сөйлейді делік. Соның б диалектісі сол халықтың əдеби
тілінің қалыптасуына негіз болды делік. Оның басты себептері
төмендегідей болуы мүмкін. Біріншіден, б диалектісі ол халық
мекендейтін территория жағынан орталық болуы ықтимал.
Яғни, территориялық жағынан а диалектіде сөйлейтін адамдар
б диалектіге қарағанда елдің батыс я солтүстік жағын мекендеп,
г диалектіде сөйлейтін халықтың бір бөлігі шығыс я оңтүстік
жағын мекендейді. Ондайда б диалектіде сөйлейтін адамдар а
жəне г диалектіде сөйлейтін адамдармен тікелей қарым-қатынас
жасайды, ал а мен г диалектіде сөйлейтін адамдар бір-бірімен
көбінесе б диалектіде сөйлейтін адамдар (немесе территориясы)
арқылы қарым-қатынас жасайды. Міне, осындай географиялық
қасиетінің арқасында б диалектісі а жəне г диалектісіндегі адам-
дар үшін жақын, ортақ бола бастайды.


Click to View FlipBook Version