ЖАНЫМ САДАҒА
Жанның «мені»
ТАЛАНТТАР
Алдымда томпиып-томпиып отырған мынау 25 баланың
әрқайсысының бойында бұққан таланттар жатуы сөзсіз.
Суыртпақтап тарта бастасаң, қиғаштай туған жаңа айды
көргендей ұлы қуанышқа батасың. Бұлардың ішінде тіпті
талантсызы жоқ, бір қызығы, филолог боламын деп келіп отырған
кейбірінің таланты – шаруашылықта, саудада. Аудиторияда өзін
сенімді сезіне алмайтын шаруақорды сенбілікте көрсең. Әрбір
істеген ісі орнына келіп, елеусіз ғана балаларды басқарып кетеді.
Олар үшін бес жыл уақытын жіберген филологтің дипломы
күнкөріс кепілі ғана болып қалады. Нағыз жан рақатын сабақтан
басқа жерден, мысалы, шаруамен айналысқанда табады.
Өзінің ашық мінезіне, қысылмай сөйлей алатынына қарап,
«әдебиетші болу үшін туғанмын» деп есептеп қойған бала бар. Ол
қандай тақырыпқа болсын сөйлей кетуге дайын. Бірақ сөзі
жаттанды болып шығады, тіпті күлкі туғызады. Бұл студенттің
бойындағы тамаша таланты – ойындағысын жасқанбай айта
алушылығын өшіріп алмасақ, кәнеки.
Тұйық баланың табиғаты тіпті қызық. Ылғи да партаның ең
соңғысына жайғасатын Ғаниді сөйлетпек түгіл, оқыс түртіп
қалып, селк өткізу де мүмкін емес сияқты. Оның өзінде біраздан
кейін ғана мойнын бұратын шығар. Жұрт дуылдап күліп
жатқанда, білінер-білінбес жымиғанының өзіне ұялғандай,
сабырлы қалпынан бір ажырамайды. Емтиханда болмаса,
даусының қандай екенін ешкім білмейді. Сынақ кітапшасындағы
бағалары орташа ғана. Бірақ өзіме осы баланың көзінде тұнған ой
жатқандай көрінеді. Кейде бір туып кеткен шабытты сөздерімді
4
соған қарап айтамын. Ондай кезде партаның арт жағынан морзе
шамындай жарқ етіп бір қарап қояды. Ішінде қызулы шоқ бар
екенін содан сездіреді. Қызықты пікір алмасу болса, байқамай,
басын көтеріп: «Ол былай ғой», – деп қалады. Сондайда әуе
толқынынан S0S-ты тапқан радиоқабылдағыштай, аузынан
шыққан сөзді қағып алып, құлақ түремін. Бір қуанышты оқиғаны
күткендейміз. Ал содан кейін Ғани айтқан сөздерді тыңдауға
құлақ керек. Тек асықтырма, ойланып айтатын сараңдығына
шыдау керек. Бірақ аузынан шыққан әрбір ойы қандай салмақты!
Әйтеуір сөйлеу үшін айтыла салған жеңіл-желпісі жоқ. Өзі
сенгенді ғана айтады және ол пікірден қайтпайды.
Оқу жылымызды бітіргеннен кейін сол бала көпке дейін
көзіме түспей кетті. Бір күні қарсы беттегі аудиториядан әлгі
Ғани шығып келе жатыр.
– Мен баяғы Желтоқсан оқиғасына қатысып едім ғой. Ол үшін
оқудан шығарып жіберген. Биыл ақталып келіп тұрғаным, – дейді
басын сипап. Жай ғана ауылға барып келгенін хабарлағандай
жымиып.
КҮТПЕГЕН ОҚИҒА
Милициядан кейінгі өмірі күтпеген оқиғаға толы адамдар –
мұғалімдер болар.
Бір талапты студент болды. Аты – Байсал. Өзі қадірлі
адамның ұрпағы екен. Кейде атақты кісінің атын алып жүре
алмайтын бала да болады ғой. Байсал ондай емес. Көзілдірігін
түзеп қойып, ауыздан шыққан сөзді қағып алып, қарсы алдыңда
отырады. Көзілдірік киюінің өзі «жұрт екі есе көрсе, мен төрт есе
көрейінші, білімнің тереңі қандай екен?» – дегендей әсер етеді.
Қойған сұрағы, айтқан пікірі ерекше.
Көп ұзамай қысқы емтиханды тапсыру басталды. Жақсы
оқитын студенттің алдымен кіретін әдеті бар. Байсал да билет
алып, дайындалуға кірісті. Бірақ түрінен бір қобалжу байқалады.
Маңдайын жиырып, мазасызданып, билетке үңіліп қарайды да,
екі қолымен басын ұстап қиналады. Байсалдың бұл отырысы
5
таңғалдырды. Билеттің ішінде түсініксіз сұрақ жоқ еді. Бұл
сияқты дайындықта жүрген студентке қиын болуы мүмкін емес.
Жауап бере бастады. Бұрын да лоторея ойнатқандай қылып
қоятын осы емтиханнан бүгін тіпті көңілім қалды. Мынау
алдымда отырған Байсал екі сөздің басын құрап айта алмайды.
Оп-оңай нәрсені есіне түсіре алмайды. Ісіңкі бет-аузына қарап,
танымайтын адам болса, мас деп ойлап қалуы да мүмкін. Әрі-бері
сөйлетіп көріп, ештеңе шықпайтынына көзім жетті.
«Жоқ, бұл бала мен білетін Байсал емес!». Түнде өзін жұмбақ
әлемге ұрлап әкетіп, бүгін орнына ұқсас біреуді жібере салған
сияқты. Бетіне бажайлап қарасам, мас. Ұйқыдан мас екен. Өзінен-
өзі қашып кеткісі келгендей, «білмеймін, апай, білмеймін...» –
деп, төмен қарай береді. Сұрағы да оңай екен, бірдеме
қиыстырып айтуға болатын.
– Өзің бүгін ұйықтадың ба?
– Жоқ, ұйықтағаным жоқ. Жатақханаға барып, таңғы жетіге
дейін дайындалдық. Жауабым ойдағыдай болмай қала ма деп,
оқи бердім.
– Қалай шыдадың! («Шырағым-ау», – дей жаздап барып,
сөзімді әзер ұстап қалдым). Сөйтуге бола ма екен?
– Кофе қайнатып іше бердім, іше бердім. Оқып отырғанда,
бәрін ұққан сияқты едім, қазір не болғанын білмеймін.
– Қазір үйіңе жет те, жатып ұйықта. Екінші, емтиханға
дайындалмасаң да, ұйқыңды қандырып келіп жүр.
Студентім орнынан тұрып жатып: «Екі» алдым ба?– дегендей,
көзінің қиығымен тізімге қарады.
Айтпақшы, бұл балаға не қоюым керек? Жауап бермеген
адамның бағасы – «екі». Басқа дайындалып отырған студенттер
де «Не болар екен?» – дегендей, тым-тырыс бола қалыпты. Не бір
жауап бермейтін нашар оқушы болушы еді, жауап бере алмаған
жақсы студентті көргенім осы.
Бір сәттен соң: «Бара ғой, «бес» қойдым», – дедім Байсалға.
Демін ішіне тартып отырған курстастары да тынышталып, өз
тіршілігіне кірісіп кетті. Қолдағаны содан сезілді.
6
Байсал болса, жанкешті еңбегінің қайтқанына қуанып, көзі
жайнап:
– Мен ертең келіп, қайта айтып беремін. Кез-келген сұраққа
дайынмын, – деді.
Байсалдың қан құрамын тексерсе, құдай біледі, А(ІІ) тобына
жататын шығар. Жан жүйесін зерттеушілер осы топтағы
адамдардың өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтынын, қолға
алған тірлігін тиянақты орындауға тырысатынын айтады.
Олардың «иә» деген келісімінің өзі кепілдік берумен бірдей
дейді. Табиғаты осындай адамға әділдік үшін нашар баға
қойылса, оның бүкіл психикасына сұмдық салмақ түскен болар
еді. Жаны таза бала бұл жағдайды қайғыдай қабылдауы мүмкін,
ал оның арғы жағы қандай нәтижеге әкеледі?
Осы оқиғадан кейін емтихан алдында студенттерге уақытты
дұрыс пайдалану жөнінде ұсыныстар айтып, жауапты істің
алдында ұйқыны қандырудың жарты жеңіс екенін ескертетін
болдық.
Екінші бір күтпеген жағдай мынау еді:
Екінші курстағы талқылау сабағы сегізде басталатын.
Аудиторияның есігін ашсам, тым-тырыс. Улап-шулап отыратын
студенттер басын партаның үстіне салып томпиып-томпиып
жатыр. Ұйқыға кеткен.
Мұғалім кірген соң, сергектеуі бастарын көтеріп, бірін-бірі
түртіп оята бастады. Көзін ашқанымен, сабақ тыңдауға шамалары
жоғы белгілі болды.
– Ал... жағдайды түсіндіріңдер.
– Курстасымыздың үйлену тойына барып едік, колхоздан таң
ата шығып, жаңа ғана келіп түстік. Ұйықтағанымыз жоқ.
«Сабақ кезінде неге үйленесің?» – деп күйеуге шыққан қызға
ұрсарымды, не «курстасыңның тойына неге барасың?» – деп
қалғанына айтарымды білмей, тұрып қалдым. Жартылай
ұйқыдағы адамдар дымды түсінетін түрі жоқ. Ең оңайы – есікті
сарт ұрып, бастықтарға барып, шағым айту. Олардың қолында
«жатақхана, стипендия» деген күш бар.
Екі оттың ортасында тұрғанда, Гауһардың даусы шықты.
7
– Баяндамамды дайын қылып әкеліп едім, мүмкін, мені
тыңдарсыз.
Сонымен Гауһар екеуміз баяндама талдауға кірістік.
Жауапкершілікті ойлағаннан ба, тың екен.
Тексеруші келсе, оңдырмасы анық. Абырой бергенде, бұдан
кейін сабақ жоқ болып шықты. Әрқайсысы өз бетінше орындауға
тапсырма алып, бір сабақ ұйықтаған соң, үйіне қайтты.
Осы екі оқиға студенттер өміріндегі күтпеген жағдайға
таңғалмауға сабақ болды.
СЕНДІМ САҒАН
Адамды ауыртатын да, жазатын да – сөз, сөзге сену екенін
адамзат тәжірибесі ертеден біледі. Халық емшілігінің түп тамыры
осында жатыр. Миллиондаған адамды Гитлердің соңынан ерткен
де сөз емес пе еді? Бойында сендіргіш куаты бар сөздің адамды
арбағандай әсер ететінін күнделікті өмірден сөзінбеген адам жоқ
шығар. Біреуден естіген жылы сөз көңіліңді көтереді. Жаман сөз
уайымшыл кісінің жанын жегідей жеп, ауыртуы да анық.
Айналада ауыртатын нәрселер көп, бірақ оны адам уайымнан
әлсірегенде ғана қабылдайды. Өйткені адам өзі туралы қалай
ойласа, солай өмір сүреді, неге сенсе, жан-тәнімен солай қарай
бағытталады.
Ал шәкірттер өміріне келсек, бала жаны мұғалімнің
айтқанына имандай сенеді. Осыдан мұғалімнің қандай бір
ашуланған жағдайда да баланы кемсітіп сөйлемеу керектігі
шығады.
– Сен адам болмайсың, миыңа еш уақытта сабақ қонбайды!-
деген сөзден кейін, ол балаға шынымен сабақ қонбайтынына
кепілдік беруге болады. Емшінің ауруды жазып жіберетін қасиеті
сендіру мен көмектесемін деген шын ниетінде екенін мұғалімнің
де есте ұстағаны жөн-ақ болар еді.
Гүлсім деген студент қыз сабақ айтқанда қорқақтап
сөйлейтін. Бірақ ізденетіні көрініп тұрады. Сөзінің аяғын «осым
дұрыс емес шығар» дегендей, сенімсіздікпен жұтып қояды.
8
Университетті жақсы бітірді. Дипломын қорғап шыққан соң, бір
әңгімеде мынаны айтты:
«Мен үйде еркелеу болып өстім. Сол еркіндігім сабақта да
көрінетін болуы керек, жоғарғы класқа барған соң,
математиканы оқытатын класс жетекшіме ешбір жақпадым.
Сабақ үстінде күліп қойсам да ұрсатын. «Сен қыздан адам
шықпайды, тіпті қыз сияқты емессің», – деп кемсітіп, қит
етсем, ата-анамды шақыратын болды. «Неліктен басқа
балалардан кем болдым?» – деп қайғыратынмын. Оныншы
класқа барғанда, әбден басылып, қорқақ болып кеттім. Өзімді
төмен санайтын болдым. Тек әдебиетші ағай ғана ұрыспайтын.
Әдебиетші мамандығын таңдауыма сол себеп болды.
Университетке келгенде де өзімнен бірдеме шығады деп ойлаған
жоқпын. Алғаш мақтау сөздерді естігенде, сенер-сенбесімді
білмейтінмін. Кейін-кейін өзіме бір шабыт пайда болды, содан
оқып кеттім».
Гүлсімнің «Ерке болып өстім», – дегеніне сену қиын еді. Ерке,
жаны таза қыздан жасқаншақ та сенімсіз оқушы дайындап
шығарған класс жетекшінің «талантына» таңғаласың.
Өкінішке қарай, балаға қанат бітіруден тым кеш қалатын кез
де болады. Дайындық бөлімінде Баршын дейтін қыз бала оқыды.
Көп жыл ауылда жұмыс істеп келген. Оқуға анау айтқан ықыласы
байқалмады. Жарытып жауап бере алмайтынын өзі де мойындап
алған сияқты. Ол сабақ айта бастаса, басқалар күледі. Себебі не
екен деп ойлап қарасам, осы қыздың көзінде бір жарқыл бар,
оңды-солды сөйлеп кететін арқа бар, бірақ дер кезінде дұрыс
арнаға бұрылмай қалған. Сөздері тиянақты, жүйелі емес.
Кейде үзілісте аудиторияда қалған балалармен әңгімелесіп
отыратын кездеріміз болады. Бір күні: «Біздің Баршынның
айтысқа бейімі бар сияқты. Айтысасың ба?» – дедім.
Алғашында мазақтап отырған жоқ па дегендей күліп, көзінің
астымен бір қарап алды да; «Несі бар, айтыссам, айтысамын!» –
деді. Артына жалт қарап, көзіне түскен жігіттің атын атап, бір-екі
9
ауыз өлеңді төгіп-төгіп жіберді. Оған табанда жауап бере қоятын
ешкім табылмай, «айтысымыз» тез аяқталып қалды.
Көп ұзамай, арнайы тақырып бердім де, екі аптадан кейін
міндетті түрде сұрайтынымды ескерттім. Айтқан уақытта
дайындалып келіпті, бірақ жауабы онша болмады. Сонда да
журналға «бес» қойдым да, келесі жолы ақтайтынына
сенгендіктен қойғанымды айттым. «Қарызға да баға қоя ма
екен?» деген сұрақ құлағымда тұрса да, шынтағымнан әлдекім
итергендей болды...
Келесі жолғы жауабы әлі есімнен кетпейді. Бәріміз дыбыс
шығармай, селт етпей, тыңдап қалдық. Сенімнің адамды
жарқыратып ашатын қуатына сонда көзім жетті. Баршын содан
былай сабақтан жақсы баға алатын болды. Бірнеше рет
айтыстырып та тыңдадық. Айтыста біз білетін Баршын емес,
айтыскер ақын сияқты арқаланып, сұлуланып кететін.
Сегіз ай оқуымыз сонымен өтіп те кетті. Факультет-
факультетке тараған балалармен байланысымыз үзіліп қалды.
Біраз жылдан соң естігенім: Баршын баяғы қалпына түскен.
Елеусіз көптің бірі болып жүріп жатыр. Оқуға ынтасы жоқ. Мұны
естіп, бір таланттың ашылмай-ақ кеткеніне қатты өкіндім. Бірақ
өмірде біреу ерте, біреу кеш жол табады. Бүгін болмаса, ертең
қозғаушы бір күш жолға салар деймін.
Сөз соңында, сенімнің адам өміріндегі құдіретті күш екеніне
дәлел ретінде мына бір оқиғаны келтірейік:
Қалмақтың жолбарысты құйрығынан ұстап алып жерге бір-ақ
қойып өлтіретін батыры бар екен. Абылай хан оған қарсы
Шақшақ ұлы Жәнібекті шығармақшы болады. Жәнібек түнде бір
жаман түс көріп, шошып оянады. Түсін айтқалы таң атпай, ханға
келеді. Оны сезген Абылай атшысын шақырып:
– Уа, менің қарт Бөгенбай берген нар қызыл атымды есіктің
алдына алып кел! – дейді. Абылай хан атын «жақсы түске де
садақа, жаман түске де садақа» деп, жалма-жан сойғызып,
таратып жібереді.
– Айт, батыр, енді түсіңді, – дейді.
10
– Түсімді айтсам, тақсыр, қалмақтан жекпе-жекке пәленше
деген жайсаң шықты да, сартпа-сұрт болып қалғанда, мені
найзамен шаншып түсірді. Кеудеме атша мініп, бауыздауға
айналғанда қарасам, оң емшегімді бір айдаһар, сол емшегімді бір
айдаһар жылан еміп жатыр екен. Көргенім осы! – дейді. Сонда
Абылай хан:
– Түсің түс-ақ екен, мұнан жақсы түс бола ма? Түсіңде сені ол
шаншып түсірсе, өңіңде сен шаншып түсіреді екенсің. Түсіңде
сенің кеудеңе ол мініп жүрген болса, өңіңде оның кеудесіне сен
мінеді екенсің.
Оң емшегіңді еміп жатқан жылан өзіңнен туған балаң,
айдаһардай батыр болады екен. Сол емшегіңнен айдаһар емсе,
өзіңнен бір қыз туып, онан туған жиен ол да айдаһардай айбарлы
болады екен. Ұлдан туған ұрпағың, қыздан туған жиенің тұлпар
мініп, ту ұстайын деп тұр екен, осынша өсіп-өнесің. Сен қалай
өлесің, бар, жекпе-жекке кіре бер! – депті.
Хан түсін қолмен қойғандай ғып айтқан соң, Жәнібектің
қорқынышы қашып, айбаты тасып кетеді. Сол жерден атын
алдырып мініп, «Жекпе-жек!» – деп айқайлап, шыға шабады.
Қалмақтың жайсаңының құты қашып, айқасып қалғанда, Жәнібек
шаншып түсіріп, үстіне аттай мініп алады. Шалқасынан жатқан
қалмақ: «Тоқта!» – дейді.
– Түнде түсімде сені алып едім-ау, табаныма салып едім-ау.
Сенің түс жорушың жақсы жорығандықтан, менің түс жорушым
ретін тауып айта алмағандықтан, мені алып кеттің-ау, – дейді.
Сонда Жәнібек қалмақтың басын кесуге қимай, Абылайдың
алдына алып келіпті дейді. (Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтен).
* **
Біз іздеген халықтық тәрбие осы емес пе?
ҚАТАЛ МҰҒАЛІМ – ЖАҚСЫ МҰҒАЛІМ БЕ?
Осы сұрақты студенттерге қойғанымда, Айгүл деген ұяң қыз
айтты: «Мен бітірген мектепте физикадан сабақ беретін
апайымыз болған. Қыбыр еткізбейтін. Қолымызды қозғасақ та,
11
«тыныш отыр!» – деп ұрсатын. Ол сабақта тәртіпсіз бала
болмайтын. Тәртіпке қатты қараған дұрыс сияқты».
Осыны айтты да, көз алдына қатал апайының сұсты жүзі
елестеп кетті ме, Айгүл көзін тайдырып, төмен қарады. Әп-әдемі
қыздың жасқаншақтығы жараспай тұр. Бұл баланың байқалған
тағы бір әдеті – сабақты орнынан тұрмай айтса, еркін сөйлейді.
Тұрғыздың дегенше, қысылып-қымтырылып, ойын
байланыстыра алмайды. Шын көңілден тыңдауға дайын екеніңді
білдірмесең, үн-түнсіз отыра беруге бар. Оңаша әңгімеде
айтқаны: Орнынан тұрған кезде бір қорқыныш билейді, буын-
буыны қалтырап, не айтайын деп тұрғанын ұмытып қалады.
Айгүл екеуміз бұдан былай: «Мұғалім де мендей адам!» – деп жиі
қайталап тұратын болдық.
Өз ойындағысын еркін айта алмайтын жасқаншақтық біздің
қазақ балаларында жиі кездеседі. Ата-бабадан келе жатқан
бағыныштылықтың әсері ме, әлде өз тілінің кадірі болмай, басқа
тілді еркін меңгере алмаудан жасып қалған ба? Оның үстіне
мектептегі әміршіл-өктем тәрбие де басып тастаған болар.
* **
Студенттің айтқаны:
«Бала кезімде біздің мектепте бір қатал мұғалім болды.
Есіктен кірмей жатып, бір кемшілігімізді тауып ала қоятын. «Ал,
Пәленшеев, жаңа сен коридорда жүгіріп жүр едің, сабақты қалай
білер екенсің, көрейік!» – дейді ызғарланып. Бала байғұс сабақ
басталмай жатып іске алғысыз болып қалғанына қиналып,
партадан әзер сүйретіліп шығады. Мұғалім жаңылысқан жерін
іліп алып ұрсып, тұқыртумен болады.
Ол кісінің тағы бір рақаттанатын жұмысы – кімнің сабақ айту
керек екенін журналдан іздеп табу. Сызданып, көзімен лайықты
оқушыны іздеп, ұзақ үнсіз қалатын. Тышқанмен ойнаған
мысықтай, ойша әрқайсымызды бір алып, бір салып, сынай
бағып, уақытты ұзарта түсетін.
12
Кішкентай жүрегіміз қорқыныштан дір-дір етіп, ауыр үкім
еститіндей, қиын минөтті бастан кешіретінбіз. Оқымай
келгендіктен емес, мұғалімнің ызғарынан қорқушы едік.
Сонда бір қызымыздың айтқан сөзі есімде қалыпты: «Осы
мұғалімге ерегіскеннен өзім де мұғалім болып, баласы менің
қолыма түссе, «екіден» көзін аштырмас едім!» – деген.
Өзін мықты маманмын деп есептейтін ағайымыз сабағын
бәрінен жоғары қойып, сол арқылы беделін қанша
көтермелегенмен, осы сабақты жек көріп кеттік. Мұғалімді жек
көру арқылы, біздің жүрегімізде кінәсіз пәнге қарсы тұрақты
аллергия қалыптасты».
* **
Зор мен бор. Қазақтың бұрынғы шешендік сөзінде:
«Ініні зордан, ағаны бордан» деген бар екен. Сондай-ақ
момын, жылауық адамды «боркемік» дейді. Жоғарыдағы «бор»
дегенім – көнбіс адам, «зор» – зорлықшыл.
Зорлықшыл мен көнбістің типін мұғалімдер ұжымында әркім-
ақ байқайтын болар. Бірақ зорлықшылмен күресу оңай еместігі
тағы аян. Зорлықшыл айналасында көнбістер болмаса, өмір сүре
алмайды. Зор зорлығын өзі сияқты мұғалімдерге де, оқушыларға
да жасайды. Оны мектепте «қатал мұғалім» деп атайды. Қатал
мұғалімді үстіміздегі ғасырдың бас кезінде өмір сүрген педагог-
ғалым К.Г. Житомирский (1863-1918) жазып, сипаттаған екен.
Кейбір тұжырымына назар аударайық:
Зорлықшыл (террорист) мұғалімнің мінезі тастай берік,
ішін алдырмайтын қатал болады. Сергек, даусы өктем,
көнбіс мұғалімдерді монтаны қылып қояды, тіпті
көнбейтіндердің өзін де бағындыра біледі. Бағындыру
әдістері мынадай:
Кемшілігін тауып, жүрттың көзінше өктем дауыспен
айқайлап, ұялту.
Класында сол мұғалімнің баласы болса, «екі» қойып,
соңына түсіп, ақыры бейшара қылу.
13
Оқушыларға ылғи зекіп сөйлеу, ұрсу арқылы қорқыныш
тудыру. Оқушылардың қорқынышы тез арада мектепке
тарап, тіпті есік аузындағы күзетшіге дейін, қатал мұғалімнің
атын сыбырлап айтатын болмақ.
Зорлықшыл көбіне өз сабағын біледі, білмей-ақ білетін
сияқты болып көріне алады. Оқушылар басқасын қойып,
осы сабақты күні-түні оқиды. Тіпті нашар оқушының өзі
тырысады. Олай болса, зорлықшыл мықты педагог шығар.
Жоқ. Нашар педагог. Жақсы мұғалімнің талабы оқушыға
қорқыныш туғызбайды. Жақсы мұғалім сабақ кезінде
оқытады, ал Зорлықшыл барлық сабағын емтиханға
айналдырады. Үйге тапсырмаға бірнеше тарауды бір-ақ
беруге қүмар. Оның негізгі әдісі – қорқыту, өш алу.
Зорлықшылдың сабағынан кластың жартысы тапсыра
алмай жүреді. Сондықтан баланың осыдан басқа сабаққа
дайындалуға уақыты жоқ. Тіпті ата-анасы, туыстары болып
жабылып, репетитор тауып оқытып жатса да, көңілінен
шыға алмайды. Өзі оқытуға тиісті сабағын репетитордың
мойнына жүктеп, оқытушыдан – тексерушіге айналған.
Зорлықшылдың сабағын білу көнбістердің сабағын
білмеудің есебінен орындалады.
***
Бірінші класқа баласын әкелген ата-аналар қай мұғалімнің
жақсы екенін біле алмай, бір-бірінен пікір сұрасып жатты.
Көпшілігінің аузында тақ-тақ етіп сөйлейтін бір пысық мұғалім
мақталады.
– Бұл кісі қалай оқытады екен? – деп едік, баласы жоғары
кластағы бір тәжірибелі әйел:
– О, ол, жақсы мұғалім, – деді. – Айқайлап жібергенде,
балалар су сепкендей басылады, білдіріп шығады.
Жұрттың көпшілігінің ықыласы осы мұғалімге қарай ауысты.
Тезірек тізімге ілігіп қалғысы келіп, жапа-тармағай жазыла
бастады. Өзім неге екенін қайдам, кіп-кішкентай баламды аяп
кеттім де, қарапайым мұғалімге бере салдым.
14
«Учительская газетадан» оқыған мына бір әңгіме еске түсті:
Сабақ үстінде артқы партадағы бір бала козғалып, тыныш
отырмайды. Біресе қаламы түсіп кетеді, біресе өзі құлап қала
жаздайды. Мазасыз екен, жуық арада сабасына түсе алмайды.
Тексеруге келген кісі: «Бұл балаға мұғалімі не істер екен?» – деп,
қызыға күтіп отырады. (Біз болсақ, не істейтініміз белгілі ғой).
Бір аздан соң мұғалім сабақ айтып жүріп, артқы партадағы
тентектің қасына келіпті. Тексеруші құлағынан тарта ма екен деп
күтіп отырады. Жоқ, кластағы оқушылардың назары тақтаға
ауған кезде алақанымен баланың басынан сипапты.
Баламның ұстазы осы мұғалім болсашы...
***
Бір класқа тарих сабағынан жаңадан ағай келіпті. Өңшең
апайдың ішінде ағайы болғанға ер балалар қуанған шығар деп:
«Ағай жақсы кісі ме екен? Сабағы қызық болды ма?» – деп
сұрадым. Бала:
– Әлі көреміз ғой...– деп күмілжіп қалды. – Қайдам, ағайдың
қолы қатты болады ғой. Құлағыңнан тартса, ауыртатын шығар...
Баланың құлағына көзім түсіп еді, шап беріп ұстап алуға
ыңғайлы, қалқақтау екен. Бір-бірімізді ұққандай үнсіз қалдық.
– Мұғалімнің жұмысы қиын ғой, – деді бір студент. –
Жүйкені тоздырады.
Расында, кей мұғалімдер бастығына айта алмаған ашуын,
отбасындағы ренішін, қоғамға наразылығын класқа әкеліп төгеді.
Жасы үлкен адамның алдында қорғану қабілеті әлсіз
балаларымыз бәрін көтереді, енді қайтеді. Өзінің жүйкесі тозған
мұғалім, оқушының жүйкесін ауру қылады. Жүйкесі ауыратын,
ішуді тәуір көретін мұғалімді бала оқытуға жолатуға
болмайтынын ескеріп жатқан жоқпыз.
Еске сала кетейік, Америкада балаға «ақымақсың», – деп
айтқаны үшін-ақ жауапқа тартылуы мүмкін.
А.Б. Добровичтің «Тәрбиешіге психология және қарым-
қатынастың психотехникасы туралы (Просвещение, 1987) деген
кітабының «Өзіңе қара» деген тарауында айтыпты:
15
«Өзіңді оқушылардың қалай қабылдайтынын білу үшін,
бетіңді қырынан көре алатындай етіп, екі айнаны алдыңа қой да,
әдеміленуге тырыспай, аузыңды сөйлегендей қимылдатып,
кластағыдай арқаңды бүкірейтіп қарашы. Өзіңе-өзің ұнайсың ба?
Енді осы түріңді күнде көретін балаларға қалай әсер ететініңді
байқаған шығарсың».
* **
Мұғалімнің сөзі:
– Мұғалім қатал болмасын дейік. Ал менің бір оқушым бар.
Байдың баласы. Үйін көрсеңіз, не жоқ дейсіз. Әке-шешесі үп-
үлкен қызметте істейді. Ал әлгі бала... мектепке мыжырайып
қалған қисық қасық әкеліп, сонымен тамақ ішіп отырады.
Қасындағы баланың тамағын тартып, өз тәрелкесіне салып алады.
Аш дейін десең, үйіндегі жағдайы анандай. Балалардың көзінше
талай ұрсып, ұялттым. Артынша тағы қайталайды. Үйіне хат
жазып жібердім. Өзгеріс жоқ. Ал! Мен енді осы балаға не істеуім
керек?! Айта қойыңызшы, не істеуім керек!
Ызадан құлағына дейін қызарып кеткен мұғалімнің көздері
тым жігерлі екен. Бұл кісінің жүріс-тұрысынан, даусынан
өктемдеу мінезі байқалушы еді. Қазір де балаға көмектесейін деп
ақылдасқысы келген емес, өзін мақұлдатқысы келген сыңайы бар.
Тәрбие құралы «жазалау мен ұялту» болған апайдың барлық
айласы таусылса керек.
– Сонда бұл баланың бір дұрыс ісі жоқ па? – дедік, тым батыл
көздеріне сақтана қарап.
– Кейде кластың еденін әп-әдемі жуатыны бар. Но, енді адам
сенбейтін қылықтарын көрсеңіз... Асханада басқа мұғалімдердің
алдында жер боламын!
Ел алдында беделін түсірген баланы жүн болса, түтіп-түтіп
лақтырып жіберетіндей, қолын сермеп, қызып кетті.
Жиналыс бітті. Әркім өз ойымен. Баланы емес, өзін аяйтын
мұғалім «тентек баланы» жазалаудың тағы бір түрін ойлап таба
жатар. Бірақ тентектіктің балаға деген мейірімнің аздығынан,
жанын түсінбеуден шығатынын біле алмас-ау.
16
Сол тентек баланың шын тілегі не екен? Мүмкін, үйінде
еркелеп өскен бала мектепте елеулі бола алмағандықтан, көзге
түскісі келетін шығар.
Бір қабілетін байқап, мақтаса, тіпті балалар арасында
ұйымдастырушының рөліне қойып көрсе. Болмаса, үйіндегі
ересектер өзімшіл болса, үйдегі әміршілдіктен мектепке келгенде
құтылып, өзіне-өзі көңілі толмаудың өтемін қайтарғысы келе ме?
Әйтеуір апайына, балаларға:
– Мені көрші, маған назар аударшы! Мен жаман бала емеспін.
Жылылыққа зәрумін. Жанымды ұқшы...– деп тұрғандай. Жаңа
ғана гүлін ашқан бүршіктей қызықтырғысы келеді. Қазіргі жаста
жан-жүрегі жылылыққа бағытталған. Осы кезде жылу ала алмаса,
енді екі-үш жылда айналасына көңілі суыған бала тұйық та
ызақор жігітке айналмақ.
Алтын дейтін бір студентім:
– Мені соңғы кезде бір нәрсе қатты қинап жүр, – деді.–
Ағайын кісілермен бір үйде тұрушы едім. Жеңгей өзі мұғалім,
тиіп-қағып күн бермейді. Ақшасын да ай сайын дұрыс төлеп
тұрамын. Үйдегі шамам келген тірліктен аянбаймын. Менің
өзіммен-өзім жүргенімді жақтырмай ма, білмеймін, кейде
әңгімеден қашып, қонуға ғана келсем де, соның өзінен бірдеме
тауып, қасындағы қыздарға жамандайды. Өзіме: «Сөзіңді
дұрыстап айта алмайсың, «мыжықсың», – деп намысыма тиеді.
Табанда жауап қайтарып, бетіне айтып тастайын десем,
шынында, ештеңе тауып айта алмай қаламын. Жеңгеммен
үндемей ұрысып қажитын болдым. Қанша дайындалсам да,
наразылығымды қорқақтап айта алмаймын. Осы мінезіме өзімнің
жыным келеді. Бұл жасықтығым неден? – деді.
– Ата-ананның біреуі қатал болып, тұқыртып ұстаса,
жасқаншақ боласың.
Шәкіртім ойланып қалды.
– Жоқ, шешем – қой аузынан шөп алмайтын кісі. Әкем сәл
қаталдау, бірақ басқа балалардан гөрі мені кішкентайым деп
еркелетіп ұстаушы еді.
17
– Онда, өзің де мұғалімсің ғой, мектептегі әміршілдіктен
болар.
– Ол рас...
Қызым көпке дейін үндемеді.
– Енді не істеймін? Жеңгемді қайтсем екен.
– Үйде адам жоқта бір жастықты ал да, үстіне жеңгеңнің
жаман шүберегін жауып қойып, таяқпен тарсылдатып ұр. Бар
ашуыңды айқайлап айтып, ішіңді босат, – дедім.
Бұл ұсынысты күтпеген Алтын ішегі түйілгенше құлады.
Құлап жатып сөйлеп жатыр:
– Ойбай, менен ол да шықпайды, айқайлап ұрса да алмаймын
ғой. Жынданып жатқанымда, жеңгем кіріп келсе қайтемін?
– Ол қолыңнан келмесе, жеңгең туралы не ойлайтыныңды
жасырмай хатқа жаз. Әбден айтарың таусылған соң, жатып
ұйықта. Ертеңіне жыртып таста.
– Мынауыңыз қолдан келеді екен.
Алтынның көңілі көтеріліп, кеш бойы күлумен болды.
Біраздан соң: «Сізге бірдеме айтайын ба? Жеңгеме ашуым тарап
кетті», – деді.
ЖАСӨСПІРІМ ӨМІРІН НЕГЕ ҚИДЫ?
Мұғалім мен жасөспірім арасындағы түсініспеушіліктің
бір себебі оқытудағы өктем тәсілде жатыр. Әр адамның
туғаннан жаратылысы бөлек, өзіне ғана тән мінез табиғаты
бар екенін мойындамаудан, одан қалай да қолайлы адам
«жасап шығаруға» ұмтылудан туындайды.
Қаны қарайған адамдар
Қазақ өзіне-өзі қол салған адамды «қаны қарайған» дейді. Осы
күндері қан өткізіп жатқан адамдардың шыны түтікшелеріне
қарасаң, әлгі түтікшелердің ішінде қара қошқылданып түтіккен
біреу тұрғандай денең түршігеді. Биохимиялық зерттеулердің
дәлелдеуінше, адам қорыққанда, белгісіз қауіптен сақтанып
18
уайымдағанда, адреналин гормоны бөлініп шығады екен.
Тұрмыс-тіршілігі уайымға толы қазіргі адамдардың қанының
қараюы осы гормонның көптеп бөлінуінен шығар.
Есептеу мәліметтері бойынша, соңғы үш жылда біздің
еліміздің адамдарының орташа жасы 2 жылға төмендеп кеткен.
Өмірінің ұзақтығы жағынан дүние жүзінде 50-орында тұр
екенбіз.
Ағылшын жазушысы Дейв Оллистің 60 жылдары шыққан
«Сүйгендер ғана аман қалды» романында мұғалім Оливер былай
депті: «Адамды уысында ұстайтын әлеуметтік фактордың
қысымы қаншалықты зілді болса, соншалықты адамды өзін-өзі
өлтіруге мәжбүр етеді». Үлкен мемлекеттің жүйесі шағын
отбасының кішкентай тірлігіне ұқсас. Отағасы үйінде қатал
болып, бала-шағасының пікірімен санаспайтын болса, ол үйдің
балалары жасынан жүйке ауруына ұшырайды. Кешеге дейін өмір
сүріп келген қатаң әміршіл, отаршыл мемлекетіміздің іс-
әрекетінің салдары да бүтінгі ұрпаққа оңай тиген жоқ.
Абай тұсы – халықтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны,–
деген ғой Сұлтанмахмұт «Қала ақыны мен дала ақынының
айтысында». Қазір тіпті үлкен адамды қойып, жас балалардың
өзін-өзі өлімге қиюы жиі кездеседі: Әскерден келген жас жігіт
көңілі кеткен қызын алуына әке-шешесі қарсылық білдіргенде,
атылып өлген. Бір оқушыға мұғалім сабаққа дұрыс
қатыспайтындығын айтып ұрысса, ол сол күні түстен кейін өзін-
өзі атып тастаған. Ата-ана үшін баланың жаманы жоқ екенін енді
кім түсіндірер оған.
Бұрын бұл тақырып жөнінде ашық айтуға болмайтындықтан,
өзін өлімге қиған қыршындардың саны жарияланбайтын.
Адамның өзін-өзі қатерге салуының себептерін ашып, одан
құтқарудың жолдарымен айналысатын суицидологиялық жалғыз
орталық соңғы жылдары ғана Мәскеуде ашылған болатын. Біздің
республикада осындай мәселемен айналысатын кім барын
білмейміз.
19
Әрине, ұлттың денсаулығы – экономикалық, қоғамдық
жағдайларға байланысты үлкен мемлекеттік іс. Өркениетті
елдерде, мысалы, Вашингтонда, өз азаматтарының қартаю
мәселесін зерттеуге арналған Ұлттық институт та бар. Енді осы
жағдайға жастарға жақын жүретін ұстаздар, біздердің қандай
септігіміз болар екен, соған келейік.
1988 жылы қараша айында Арқалық жағынан мынандай бір
оқиғаны естідім: Үйде жиналған бір топ адамның ішінде бір жас
жігіт домбырамен өлең әуелетіп отырды. Өнерге құмар адамның
көзінде бір ерекшелік болады ғой, ақ құбаша келген бір әйелден
ауылдың алты ауызын айтуын өтіндім. Ол кісі екі оттың ортасына
түскендей қиналды. Өнерге деген құмарлықтың сөнген шоқтары
жылт еткендей бетінің ұшы қызара қалды да, сәлден соң
басылып, аурушаң дауыспен: «Қарағым, өтірік айтып не
қылайын, кезінде өлең айтқаным рас. Былтырдан бері басыма бір
қайғы түсіп... қалды ғой бәрі де. Кейін жағдайымды өзіңе айтып
беремін», – деді. Қасымдағы бір әйел: «Бұл кісінің баласы қаза
болған», – деп сыбыр етті. Алдында домбырамен өлең айтып
отырған ұзын бойлы ақ құба жігіт анасына тартып өлеңші болған
осы кісінің үлкен ұлы екен.
Ертесінде үйінде оңаша отырып, әңгімесін естідік.
Алдымызға бірнеше сурет кітаптарын қойды. Ішінде: штанга
көтеріп жатқан, гитара тартып отырған, итін құшақтаған бір
сүйкімді жасөспірімнің суреттері. Суретке қарап: «Жанғалы
тұрған бала екен», – дейсің. Анасы айтты:
– Спортпен шұғылданушы еді. Қораның ішіне кіріп алып,
ауыр темірін көтеріп кеп жататын. Сабағы жақсы, кләсіндегі
баланың алды еді. Өзі мейірімді, мына бір итін сондай жақсы
көріп, сипап күтетін. Білмедік не болғанын, осы балам мамыр
айында асылып өлді...
Итін мойнынан құшақтап, бізге қарап мәз болып күліп тұрған
сүйкімді жасөспірімнің суретіне аянышпен тағы үңілдік.
– Жылап, жылап, жасым да суалған, – деді анасы тағы да.
Баланың қайғысынан ауыр не бар? Қалай жұбатарымызды
білмей, отырып қалдық. Сөзді өзі жалғады:
20
– Таңертең-кешке ұсақ малды айдап салып, қамап, өзі иелік
жасайтын. Шайға кешіккен соң, қораға барып қарасақ, мойнынан
асылып тұр екен, жаны шығып кетіпті.
– Себебін білмедіңіздер ме?
– Ешқандай біле алмадық... Оқуында да, үйде де кінә тағатын
бала емес еді. Әкесі өлген соң, соған қайғырды ма, білмеймін.
Мілиса әрі-бері тексеріп, түк таппады.
Ана орнынан тұрып барып, бір қуыстан тұмардай ғып түйіп
тастаған, шүберекке ораулы бір қағазды алып берді.
– Қалтасынан шыққан соңғы хаты мынау.
Біз бала қолымен жазылған соңғы хатты дірілдей оқи
бастадық:
«Апа, алтын апам менің! Қош болыңыз, кіналамаңыз. Мен,
міне, осындай жағдайға душар болдым. Амал жоқ. Мағынасыз
тәуекелге бел буып отырмын. Менің қазамды ешкімнен көре
көрмеңіз. Бұған ешкім де кінәлі емес. Ешкімді қарғамаңыз да,
сөкпеңіз, апатайым. Қайтейін, мен осылай болдым. Ақ сүтіңізді
өтей алмай кетіп барам. Кешіріңіз мені. Ерте кеттім демеймін.
Бәрібір мен бұлай жүре алар емеспін. Тірі күйік болдым.
Аялап, әлпештеп өсірдіңіз. Қатарымнан кем қылмадыңыз.
«Өлген артынан өлмек жоқ» деген. Мықты болыңыз. Сіздің әлі
көретін қызығыңыз жетеді. Қайғырмаңыз маған. Мен адам
түсінбейтін жан болдым. Мені шіріген жұмыртқа деп білерсіз.
Апа, мен түсімде әкемді көрдім. Өзгермеген, сол қалпы. Енді о
дүниеде кездесермін әкеммен. Онда да жалғыз болмаспын. Қалай
өсіріп, бағып-қаққаныңызды айтармын. Риза болар әкем де. Апа,
тағы айтамын. Менің өліміме ешкім де кінәлі емес, өзім
кінәлімін. Мен мағынасыз өліммен кетіп барамын. Сөге
көрмеңіздер. Сөкпеңіз жаман ініңізді, тәтелерім, бәрің де қош
болыңыздар. Қарындасым Ғалия, сен оқуды жақсы оқы, апамды
ренжітпе. Көке, сіз енді апамның сенерісіз. Жаман ініңіз, жалғыз
ініңіз осылай болды, қош болыңыз. Сөкпеңіздер мені. 23 мамыр,
1985 жыл».
21
Хатты неше қайтара оқысақ та, байғұс баланың жарық
дүниені қиып, өзі айтқандай «мағынасыз сапарға» тез аттанып
кету себебін аңғара алмадық. Жас бала әке өлімінен кейін өзіне
тым үлкен жауапкершілік артып, азғантай кемшілігін де орны
толмас өкінішке айналдырудан, жасына лайық емес сол
ауыртпалықтан жүйкесі тозды ма екен? Оқушыны тығырыққа
алып келген жан дүние өзгерісінің алғашқы қайшылықтарын,
баланың ойындағы шағын «трагедияларды» дер кезінде тарқатып
жібергенде, мұндай жағдайға жетпес пе еді деген өкініш келді
ойымызға.
– Баланың бір түрлі болып өзгеріп жүргенін мұғалімі
байқамап па? – деген сұрағымызға анасы:
– Мұғалімі ештеңе айтқан жоқ, – деп жауап берді. Оқушының
мінез-құлқындағы өзгерістерді түсінуге бір табан жақын тұрған
адам мұғалімі еді, ол кісімен сөйлесудің реті келмеді.
Бұл оқиғаға соншалық мән беру себебім, өзіміздің студенттер
арасында да есімнен шықпастай бір жағдай болған еді:
С. деген студент оқитын топпен жұмыс істеген кездерім
ұстаздық өмірімдегі ең бір сәтсіз, қиын жылдар болды. Ол
курстан талантты балалар да көп шықты, соған қарамастан, өзімді
кінәлі адамдай сөзінемін.
С. бірінші курста жақсы, талапты студенттердің қатарында
еді. Тыныш, сабағын оқып жүретін. Үшінші курста
жолыққанымызда, курстастары оның мінезінің өзгеріп кеткенін,
жиналыста жиі сөз алып, әркіммен бір ілінісіп, ауыр-ауыр мін
тағып сөйлейтінін айтты. Оны жамандыққа жорыған
ешқайсымыз болған жоқ. Жеке жағдайыма байланысты, тағы
біраз үзіліс болып кетті. Сол аралықта Каблуков көшесіндегі
ауруханаға түскенін естіп, бірнеше кісі болып іздеп барып едік,
рұқсат беретін бастығы келмей, көре алмадық. Келесі
барғанымызда шығарғалы отыр екен, өзімізбен бірге алып
қайттық.
Бұрын мұндай ауруды кім көрген, денесі сау да, сөзі мен
мінезі бір түрлі. Қоғамды да, өзін де тығырыққа тіреп сөйлейді.
Жұрттың назарын аудармайық деп трамвайдың арт жағына
22
топталып тұрып едік, жеткенше бір өзі сөйлеп келді. Жалғыз-ақ
сескенгенім: көзі салқын тартты да тұрды, айналасындағы
қуаныш, ренішті сезінбейтіндей.
Баламыздың ауруханадан шыққанын жазылғаны екен деп
жүре бердік. Бір күні салынып жатқан құрылыстың тоғызыншы
қабатынан көзін байлап құлағанда бір-ақ білдік жазылмағанын.
Біздің курстың өміріндегі адам айтқысыз ауыр күндер осы
болды. Әсіресе ең бір алыс ауылдағы кәрі әкесі мен өзінен сәл-ақ
үлкен тәтесінің жалғыз сүйенішінің жансыз денесін жөнелтіп
тұрған сәтті көрер көзім көрмей-ақ қойсашы. «Бұл бақытсыз
баланы ауруынан алып қалуға болмас па еді?» – деген сұрақ
жанды қинады.
Баланың жан дүниесі
Университетте оқыған жылдарымыздағы психология сабағын
еске алсам, еуропалық ұлы педагогтердің туған жылы мен
кітаптарының атын жаттаумен өтіпті. Баланың жан дүниесінде
болатын түрлі ауытқулармен мүлде таныс емес екенбіз.
Баланың жан дүниесіне шынымен мән берсек, оның
бұзылуының себебі түрлі-түрлі екенін білер едік. Мысалы, бір
бала бар тынышсыз. Партасынан белгілі мақсатсыз-ақ тұрып кете
береді. Тіпті беті ауған жаққа қарай жүгіре жөнеледі. Ескертуге
назар аудармайды. Тіпті дөрекі мінез көрсетеді, тәртіпке көнуі
қиын. Ал оның ауытқу екенін білмей, ұрса берсең, «бұзықтығын»
бұрынғыдан да көбейтіп, тіпті үйден де қашып кетуі мүмкін.
Бір қыз баланың аянышты жағдайын естідім: Жайшылықта
жақсы сөйлейді, билейтін де өнері бар. Ал сабақ айтуға келгенде,
аузын біреу буып қойғандай, даусы шықпайды. Мұғалім қанша
ұрысса да, ақ тер, көк тер боп ақыл айтса да, сөйлемейді.
Сөйлегісі келсе де, неге екені белгісіз, үні шықпайды. Қанша
дайындалып келсе де, айта алмайды. Ал осының жүйке ауруы
екенін мұғалімі білген жоқ. Баланың қырсықтығын «түзеу үшін»
қанша еңбегін зая кетірді. Өз жүйкесін құртты. Бұрын да бір
мектептен ауысып келген қыз тағы да басқа мектепке ауысуға
23
мәжбүр болыпты. Баласының ауруынан хабарсыз ана байғұстың
тапқан амалы сол-ақ болса керек.
Психологке көрсетсе, тез-ақ айығып кетпекші, мутизм деп
аталатын бұл ауру, мектептегі, отбасындағы күнделікті мезі
қылған ескерту, ұрсуға баланың іштей қарсылығы ретінде пайда
болады екен, Өзіне түсініксіз себеппен тілі байланып қалуды
логофобия (сөйлеуден қорқу) дейді екен. Ондайда ойын басқа
жаққа аударып жіберсе, қайтадан сөйлеп кете алады.
Кейбір бала өзін әділетсіз жазалаған мұғалімнің алдында
ешбір сұрағына жауап бермей, сағаттап үнсіз тұра береді. Сөйтіп
жүріп бұйығылыққа, көңілсіздіктің тереңіне түсіп кетуі мүмкін.
Мұндай балалар мейірімді қарым-қатынасты, уайымнан ойын
бөліп, көңілдендіретін жағдай жасауды керек етеді.
Өзінен-өзі уайымға салынып, қай-қайдағыны ойлап, іштей
көп қайғыратын бала аутизм деген ауруға ұшырайтын көрінеді.
Ол балаға шаршаған мұғалімнің намысқа тиетін сөз айтып ұрсуы,
өзі ұнатқан қыздың қарамай қоюы, біреудің мазақтауы, нашар
баға алуы, өзінің бет-әлпетіне көңілі толмауы, әйтеуір ұсақ-
түйектің бәрі қайғы болып көрінуі мүмкін. Баланың жан өзгерісін
байқап, дер көзінде көмекке келмесе, сырқатқа ұшырайды.
Енді жасампаз баланың мінезіне келейік (шизоидтік тип).
Оның барлық сабаққа бірдей ықыласы бола бермейді. Өзін
қызықтыратын сабақты ғана беріліп тыңдайды. Сылбыр, көбіне
өз ойымен өзі әуре. Сабақты сұрай қалғанда, тез жауап бере
қоймай күйдіреді. Асықпай ойлануға, өз көзқарасын білдіруге
мүмкіндік берсе ғана ашылып сөйлей алады. Киімін тап-
тұйнақтай қылып жүруді қанша талап еткенмен,
орындалмайтынына сене беріңіз. Бірақ оның табиғатында не
өнерге, не ғылымға, тағы бірдемеге айрықша қабілеттілік болады.
Дүниеге ұлы жаңалық әкелетіндер осындай баладан шығады.
Ал мектепте баланың әлгіндей табиғи ерекшелігін ескермей,
жан-жақтан қамшылай берсек, не болмақ? Сабақта тез жауап
беру, барлық пәнге бірдей ықыласты болу, ұқыпты киіну
дегендерің басқа оқушыға жарамды болғанмен, бұл баланың
табиғатына мүлдем қарама-қайшы талаптар. Сөйтіп, талантты
24
баланың бір бағыттағы терең ізденісіне мүмкіндік берудің
орнына, әрқайсымыз бір ұрсып, жекумен барлық сенімінен
айырмақпыз. Мұғалімнің айтқанына сеніп, өзінің басқалардан
төмен екенін мойындап, іштей уайымға түсуден жан дүниесі
ауытқуға ұшырауы мүмкін.
Отбасында дұрыс тәрбие алмай, бетімен өскен, рухани
жағынан құрдастарынан артта қалып қойған балалардың
мектептегі жағдайы тіпті қиын. Олардың үй іші ұрыс-керіс,
ішімдікке үйір. Осындай бір баланың аянышты халін айтайын:
Өзі көп балалы үйде өскен. Отбасында тыныштық, дұрыс
тәрбие жоқ. Әкесі балаларын, әйелін жөнсіз ұрып-соғады.
Шешесі болса, тірліктен ешбір рақат көрмегеніне ызаланып,
наразылығын баласынан алады. Баланың өзі 15-16 жаста болса
да, ойлау, іздену қабілеті төменгі сатыда қалып қойған. Сабақты
түсінбейді, сондықтан ықыласы жоқ. Екі жыл орнында отырып,
өзінен кіші балалармен оқығандықтан, басқа балалар арасында
беделден жұрдай. Мұғалімдер жағы да ұрсудан аянбағандықтан,
оқушылар да мазақтаудан қалыспайды. Үйіндегі жағдай тағы
белгілі. Тіпті екі арадағы қайшылықтың шегіне жеткені сондай,
бір жолы оқушылар ешбір себепсіз жабылып ұрған (балалардың
ерлік, мықтылық туралы дұрыс ұғымы калыптаспағанда, өз
«мықтылығын» әлсізге күш көрсету аркылы дәлелдейді). Оқуға
қабілеті, ықыласы жоқ оқушыларды кластан-класқа күштеп
сүйреп, екі жақтың жүйкесін тауысып, баланың намысын
таптағанша, негізгі сауатын ашқаннан кейін өзінің шамасы
келетін жұмысқа орналасуға көмектеспейінше, олардың өмірі
әлгіндей болмақ.
Мінезді өзгертуге болмайды
Баланың табиғи болмысына құрметпен қарап, оны сол тұрған-
болған қалпында қабылдау мұғалімге қиын. Әр баламен жеке тіл
табудан гөрі, бір өңкей тобырға айналдырып алып басқару оңай.
Адам ретінде әр бала – өзінше қазына. Халқымыздың бір-бір
тұлғалары.
25
Мұғалім үшін «жақсы бала» – қазына да, «жаман бала»...
айтуға ауыз бармайды. «Жақсы бала» дегеніміздің өзі бұйрықты
бұлжытпай орындауға көнген, намысы аяққа басылған оқушыдан
шығады. Бағыныштылыққа көндіру тәрбиенің негізгі мақсатына
айналған.
Мұғалім мен оқушы арасындағы түсініспеушілік оқытудағы
осындай өктем әрекеттерден туады. Әр адамның жаратылысы
бөлек, өзіне ғана тән мінез табиғаты бар екенін мойындамаудан,
одан қалай да «қолайлы адам жасап шығаруға» ұмтылудан
шығады. Қазіргі психологиялық еңбектерге зер салсақ, баланың
мінезін өзгертемін деп тырысуға болмайды екен, мінездің жақсы
жақтарын дамытуға ғана болады. Мінезді күштеп өзгертуден кері
әсер шығады.
Бала жанының ауытқуға ұшырауы оның миына жағымсыз
тітіркендіргіштің тұрақты әсер етіп отыруынан. Мұғалімнің не
ата-ананың әділетсіз жазалауы, дөрекі қарым-қатынасы, үздіксіз
ескертуі соған жатады. Бала сенімін өктемдікпен өзгертуге күш
салу қауіпті. Әрине, баланың бәрі бірдей емес, күнде ұрысса да
елемейтіндері де бар шығар, бірақ 5-6-класқа барған оқушының
дәлелді есептеулер бойынша, 80 процентінің жүйкесі
бұзылғандығы, кластағы 15 баланың 10-ының «психпын,
ашуланшақпын» деуі мұғалімге ой салмай ма? Өкінішке қарай,
қазіргі тәрбиедегі жиі қолданылатын әдіс-есепсіз ескерту мен
жазалау.
Мектеп өмірінде бір тұрақты шеңбер қалыптасқан:
Мұғалімнің жүйкесін жұқартатын – оқушы, оқушының жүйкесін
жұқартатын – мұғалім. Осыны болдырмауға тиісті ұстаздың
өзінің түрлі себептерге байланысты көңіл-күйі орнында емес. Өз
көңіл-күйі нашар мұғалімге баланың тағдырын сеніп тапсыруға
бола ма?
Мысалы, мұғалімнің көпшілігі – әйелдер, жалғызбасты қыз
балалар. Ал қазіргі әйелдің уайымы, тіршілігінің жетіспеген
кездері толып жатыр. Ер мұғалімдер болса, олардың ішімдікке
әуестері бар. Баланы жөнсіз қорқытушылар осындай
мұғалімдерден шығатынын жасыра алмаймыз.
26
Бір мектептегі балалар географиядан сабақ беретін
мұғалімінен қатты қорқады. Жасы егде тартқан кісі. Сәл нәрсеге
ашуланғыш, айқайлап ала жөнелетін әдеті бар. Оқушылары сұрақ
қоюға қорқады. Бүрын әр жерде мектеп деректірі болып қызмет
істеген, ішімдіктен төмендеген екен. Сөйтіп, басшы орында
кеткен ашуын балалардан алып, жүріп жатқан жайы бар. Ең
өкініштісі сол, оны айтумен, әшкерелеумен еш нәрсе өзгермейді.
Әр түрлі бағыттағы мектептер көбейіп, оқушыға сүйкімі жоқ
мұғалімнен мектептің өзі қашатын кез болғанда, кімнен оқығысы
келетінін оқушының өзі таңдауға толық еркіндік алғанда,
халықтың ахуалы жақсарып, рухани тіршілігіне шындап көңіл
бұратын кезге жеткенде ғана игі өзгерістер болмақ.
Өркениетті елдерде әрбір мектепте, жоғарғы оқу орнында,
дәрігерлік мекемелерде психологтер жұмыс істейді. Мысалы,
мектеп психологі бала мен бала арасында, не мұғалім мен бала
арасындағы шиеленіскен жағдайларды тез шешіп, жанында
жарақат қалмайтындай етіп жазып жібереді. Тұйыққа тірелген,
қиын жағдайын шеше алмағандар да психологке барады. Сөйтіп,
жүйкедегі ауыр жүкті жеңілдетіп отырады.
Біздің мектеп түгіл, облыстан бір психолог таба алмайсың.
Ондай мамандар қашан жеткілікті болады? Ал мұғалімдердің
бәрі бала жанын сезімталдықпен түсінуге дайын деп айта
алмаймыз.
Барлық жерде мұғалімге қойылатын талап: баланы тәрбиеле!
Бірақ тәрбиенің не екенін дұрыстап түсіндірген ешкім жоқ.
Тәрбиелеу дегенді – тәртіпті қылу деп түсінеміз, күштеп
бағындыру деп ойлаймыз. Сонымен мектебіміз әскери
қаталдыққа айналды. Ал ендігі ұлттық мектептегі тәрбие: әр
баланың өз табиғатын түсініп, жанын байыту, жақсы жақтарын
дамытуға бағытталғай.
АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ
«Ата-аналар жиналысы!» дегеннен жүрегі дір ете түсетіннің
бірі – өзіммін. Баланың бәрі бірдей қайдан алғыр болсын? Баға
27
деген қатал тергеушінің сынынан шыға алмайтындары көп.
Кластағы маңдай алды бес-алтауынан басқасы гуманитар
сабақтан тәуір болса, есептен ақсап, қазақша тәрбие алса,
орысшадан шоқырақтап, әйтеуір, ата-анасын ұялтудың есебі
табылады.
Жылына кемінде төрт рет болатын жиналыстың тақырыбы
ылғи да біреу-ақ: кластағы балалардың үлгерімі мен тәртібі.
Сосын «келмей қалсам, балама зияным тиіп кетер» деп амалсыз
сүйретіліп жеткен әкесінің алдында нашар оқушының мінін
сараптау басталады. Қызметінде қомпиып-қомпиып жүрген
мұртты жігіттер кластың кішкентай партасына қарын жағын әрең
сыйдырып, көрінбей қалайын десе, кеудесі сыймай, алтын басы
алмадай салбырап, мұғалімнің алдында «қор болып» отырады-ай.
Үйіне барғаннан кейінгі баласы мен жұбайының жағдайын
ойласаң, тіпті аянышты. Бір күнгі жиналыс бүкіл отбасының
жылылығына мұз салып жібереді.
Осы күні дәрігерге бара қалсаң: «О, о, әне жерің сүйтіп
кетіпті, мына жерің бүйтіп кетіпті, асқынып кетіпті! Ертерек неге
келмегенсің?» – деп, өзіңе ұрсып, зәреңді алады. Аурудың
тарихына неше түрлі бәлені жазып, қыл кеңірдекке таяп қояды.
Оның себебі: өзінің нашар дәрігер екенін білдірмеу үшін. Осы
дәрігер мен кейбір байбаламшыл мұғалімде бір ұқсастық бар:
Қолынан келмегенді ата-анаға аударып құтылғысы келеді.
Әлгінде ғана босап қалған класс парталарын ата-аналар қайта
толтырған соң, мұғалім манағы оқушылар әлі алдында
отырғандай құрыштай қайнап піскен қатал даусымен жазғыруды
бастайды. Алдындағы кісі Асқардың әкесі емес, мұрт жапсырып
кірген Асқардың өзі сияқты көріне ме, кім білсін? Мұндайда
дұрыс ақыл тапқан – «нашар оқушының» келмей қалған ата-
анасы ма деймін. Жиналыста не айтылатыны оларға бесенеден
белгілі болар.
Бір жолы неше шақырса да, жиналысқа келмейтін ата-ана
туралы әңгіме болды:
– Шешесінің өзі бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын
болған соң, баласы қайдан оңсын? – десті ренішпен. Баласы
28
жақсы оқитын, өзі пысық бір әйел көзі жалтылдап: «Жұмысына
барып айтып, тәртіпке салу керек. Оны мен-ақ алайын мойныма!
Біз келгенде, ол неге келмейді?» – деді айқайлап. Сөйтіп, ата-
аналардың өзі бірін-бірі «коллективтік тәрбиемен» түзейтін
болған соң, мұғалімнің ашуы біраз жеңілдеп қалды.
– Қойыңыздар, шешесінің жазығы не? – деді бір дауыс.
– Олай болса, маған телефонын беріңізші, күнде звандап
мазасын алайын! – деді әлгі әйел ызаланып. Өзі кластағы ата-
аналар ұжымының мүшесі, айтқанын орындатпай қоятын түрі
жоқ. Мұғалім екеуі еңкейісіп, өзара сөйлесіп кетті.
Жиналысқа келмеген «кінәлі» әйелдің бір-екі күннен соң
мектеп алдынан аулақтау бір ұзын үстелде отырғанын көрдім.
Жұрттан оңашаланып, жападан-жалғыз отырысы өкпесі бар
адамдай, аяныш туғызады. Қарапайым, арықшалау, менің
жасымдағы әйел. Қараңғы ерте түсетін болған соң, баласын
сабақтан алып қайтуға келіпті. Амандасқан соң:
– Жиналыс болды ма? – деді әлсіз ғана. – Белгілі ғой не
айтатыны... Баламды не қыларымды білмей мен жүрмін.
Көршідегі Сергей дейтін бетімен кеткен ересек балаға еріп,
біреудің үйіне түсіпті. Аналар магнитофон ұрлаған. Менің
баламды сыртқа қарауылдатып қойған. Қорқытып ілестірді ме,
қайдам? Сотқа берсе, не боламыз?.. Әйел ішкі өксігін білдіргісі
келмей, жөтеліп қойды.
– Өзім көп жыл сылақшы болып істеп едім. Таңертең кетіп,
кешке бір-ақ келесің. Айлығы жақсы. Бірақ баламның бетімен
кететін түрі бар. Бір апта болды, кезекшілік жұмысқа ауыстым.
Кезекші болатын күні баламды қасыма алып аламын. Әйтеуір көз
алдымда. Енді қалай күн көретінімізді қайдам, айлығы тым аз.
– Көмектесетін әке-шешең жоқ па еді?
– Әкем жоқ, шешем ауру. Өзім Семейден оқу іздеп келіп, түсе
алмай, құрылысқа тұрғанмын. Тырбанып, он бес жылда әрең бір
бөлмелі үйге қолым жетіп еді. Елге қайтып баруға намыс
жібермеді. Жалғыз бастымын.
Әйелге не деп ақыл айтарымды білмедім. Қалай жұбатарсың?
Қайырымсыз қалада қысылғанша, етек-жеңі кеңірек ағайын
29
арасына кеткені дұрыс па? Осы кезде мектеп есігі лап етіп
ашылып, балалар бірін-бірі бастырмалата жүгіріп шыға бастады.
Жанымызға секпіл бет сары бала жақындап келді. Әркімнен бір
түрткі көрген сары күшіктей сенімсіз қарап, күтпеген ұрыс қай
жағымнан шығып қалады дегендей, іштей дайындықпен томаға-
тұйықтанып алған. Көңілсіз тіршілікке үйренген қалпы бар.
Аздан соң жанымдағы әйел маңдайына басқан жалғыз сүйенішін
ертіп, алыстай-алыстай қыбырлап, қараңғылыққа кіріп кетті. Ол
екеуде уайым көп, үміт аз.
٭٭٭
Не балаға, не ата-анаға пайдасыз әлгіндей жиналыстар керек
пе?
ХАН ТАЛАПАЙ
Өмірде көне қиссадағыдай әділдік ылғи жол тауып
отырмайды ғой. Адам адам болғалы әділетсіздікпен күресіп
келеді екен. Баяғы біздің жыл санауымызға дейінгі «Авестадан»
бастап, бүгінге дейінгі адамзат атаулының ақыл-санасы осыны
аңсайды. Сонда дағы азаятын түрі жоқ. Наушаруан патша
айтыпты: «Әділетсіздік әуелде аз еді, оған әркім аз-аздап
қосқаннан көбейіп кетті», – деп. Ал әділетсіздікті тудырушы
қоғамның өзі болса, қайтеміз? Мен өзімді саясатшы адам деп
есептемеймін. Ол да өзінше талант қой. Саясаттың түрлі
құбылнамасына күдікпен қарайтындардың қатарына жататын
шығармын. Сонда да болса, жаңа өмірін өзіне дейінгі тарих пен
дәстүрді сызып тастаудан бастаған қоғамның баянсыздығы
заңдылық қой деп ойлаймын. Ата-бабасын «Қараңғы, надан» деп
жариялаған ұрпақ өз балаларынан да құрмет-сый күте алмаса
керек.
Қоғамдық ой кеңес өкіметі құрылғаннан бастап, идеялық
«туыстықты» дәріптеді, оның нәтижесінде ата мен бала жау
болып шықты. Ата дәстүрді жоюға үйретті. «Үлкенге – құрмет,
30
кішіге – ізет» деген сан ғасырдан жинақталған ұлттық
педагогиканың керегі болмай қалды. «Кім күш көрсетсе, сонікі
дұрыс, кім бұрын бас салса, сонікі рас» психологиясы бәрін
жеңіп, «хан талапай» өмірге көштік. Енді соның жемісін теріп
жүргенімізді айта кетейін. Қаланың сыртына баратын автобусқа
қағыса-соғыса ілігіп, сығымның күшімен орта тұсына жеттік-ау.
Мезі болған автобус оқиғасы жалықтырған шығар, сонда да болса
назар аударуды сұраймын. Әр оқиғаның өз қызығы бар ғой.
Сонымен орындықтарға күш-қуатты жастар жағы келіп
жайғасыпты. Біз жетіп сүйенген жерде 6-7-кластарда оқитын қыз
бала бір жағына сөмкесін қойып, бір жағында өзі, екі адамның
орнын жайлап отыр екен. Қасымда жетпістің жетегіндегі кәрі кісі
тұр. Әлгі қыз селт етер емес. Байқамай отырған шығар деп, үлкен
кісіге орын беруін сұрадым.
– Занято!– деді оқушы қыз.
– Онда күткен кісің келгенше, отыра тұрсын, кішкене жылжы,
– дедім.
– Я вам сказала, занято! – деді тағы.
Әңгімеге қарияның өзі араласып, өтініш жасап көріп еді,
құртақандай қыз міз бақпады.
– Ойпырмай, жұрт баласын өмірге бейім, тастай қылып қалай
тәрбиелейді екен, а...– деп қалды қыздың желке тұсында отырған
бір әйел. Адамшылықтың қадірі кеткен заманда өзі де опық жеп
жүрген болар.
Пәлен жыл мұғалім болып, «адам тәрбиеледік» деп мәз
болғанда, мына титтей қызға жөн сөзді өткізе алмаған
бейшаралығымды М. Булгаковтың «Ит жүректі адамын» еске
алған кісі түсінер.
Көз қарайып, ашу-ыза алқымға тірелді. Қасында аяқ-қолы
дірілдеген ақ шашты ана, ауыр-ауыр сөмке көтерген шешелер
түрегеп тұрғанда, екі орында бір өзі шіреніп отырған мына
кішкентай қуыршақ-роботтың жүрегіне қандай бағдарлама
салынды екен? Сірә, қоғамдық моральдың балшығынан айнымай
жасалынған роботтың кеудесінде «тас жүрек» деген бағдарлама
бар шығар. Ал автобустағы басқа адамдарда «бір-бірімізде
31
жұмысымыз жоқ» деген сөздер жасырынған болуы керек, ештеңе
көрмегендей, өзімен-өзі әуре.
Сол мезетте автобус ішіндегі адамдарын бір-біріне соғып,
мыжып, ыңырана қозғалып жүріп кетті. Кішкентай батыр қызға
қарап:
– Күткен кісің келген жоқ қой, жылжысайшы, мына әжең
отырсын, – дедім ақырғы сабырымды сақтап.
– Сказала, не буду! – деп әлгі қыз алая қарады. Барлық амал
таусылған соң, өз ісіме өзім есеп берместен, іштегі бір әлсіздіктің
күшімен қызды әрі қозғап, орын ашпақ болып, қолыммен итеріп
қалдым. Сол-ақ екен әлгі қыз алдыңғы орындықтың арқасынан
тастай ғып ұстап алған қолын жібере салып, мені сабалай
бастады. Өмірде ойламаған нәрсе кездеспейді деуге болмайды
екен, педагогтік ақыл-айламды түгел тауысқан жерім осы болды.
Бейшаралығыңды сөзінуден жаман нәрсе жоқ, тамағыма тас
кептелгендей, ұрысуға үн де шықпай қалды.
Осы кезде ақырған бір дауыс естілді. Аждаһа Горынычтың өзі
көмекке келгендей қаһарлы дауыстан жүрегіміз дір етті.
– Ол қызды неге ұрасыңдар, а?!
Сөйтсек, автобустың алдыңғы жағындағы орындықтан
жалпақ беті ісіңкі қара кісі көзі тасырайып, бізді тәртіпке
шақырып тұр екен.
– Ол қыз менің көршім, қарашы тиісіп...
Әрең дегенде орындықтың бір шетіне іліккен қария да
ашуланып, айқай салды:
– Әй, қарағым, ұрып жатқан ешкім жоқ, жабылып, құрттай
қыздан бір орын сұрап ала алмай жатырмыз.
– Орын керек болса, айтпайсыңдар ма, мен-ақ беретін едім
ғой. Осы сендейлер ме (менің тыныштығымды бұзған)? – деді
кіжініп. Жуан мойнын жөндеп, алдына қарай жайғасты. Мұндай
сүйкімсіз беттің әрі бұрылғаны дұрыс болды. Осы кезде:
– Што ви шиуміте? Я вас сичась висилиу!– деп айқай салды
автобустың жүргізушісі. Қара мұртының қылымен атып жібере
жаздап тұр. Уәж қайтарған болып ек:
– Вот эти интилигенти надаели...– деп есігін тарс еткізді.
32
Табан астында қолдаушылар табыла кеткенге жібіген қыз
ызаланып, сыңсып жылай бастады. Бірақ жетер-жеткенше
айылын жимастан көлденең түскен күйінде жатып келді. Қария
да ерегіскен болуы керек, әрең ілініп отырса да, тұрып кетпеді.
– Уһ, алла!– деп жеттік-ау. Ашу қысқан басымыз қазандай
боп, әрең ілбіп сыртқа шықтық. Қария болса, манағы айта алмай
қалған сөздерін әлі жалғап келеді.
– Оларға ызаланып қайтесіз...– деген дауыс шықты
артымыздан. Манағы қыздың арт жағында отырған әйел екен.–
Ұрысып та жөндей алмайсыз, жөндеуден кетті ғой. Біздің бала
күнімізде: «Үлкенді сыйла!» – деп үйретуші еді. Содан ба, әлі
күнге артық сөйлеуге ұялып тұрамыз.
Әйелдің қолында ауыр сөмке бар екен, оны бөлісіп алған соң,
уһлеп қойып, әңгімесін жалғап кетті:
– Ал анау алдыңғы қатарда айқайлап отырған кісі – осы
ауылдың мұғалімі. Бір кезде бастық болғансып жүруші еді, енді
арақтан төмендеп, мұғалім боп жүр дейді ғой...
– Е, е, – дедік біз таңғалып. – Азған-тозған өмірден түңілуден
басқа ештеңе қалмады.
БІРІНШІ САБАҚ БӘРІНЕН ҚИЫН
Әр жылдағы жаңа курс – өзінше бір жұмбақ. Былтырғы жылы
бір-бірімізге жан айнамызды ашқан Раушан, Сәуле, Бақыттардың
орнында таныс емес бір топ бала отыр. Алғаш жұмысқа кіріскен
жылдары жаңа курсты жатырқайтын әдетім бар-ды. Менің бар
қызығым бұрынғы балаларда кеткендей, аудиторияға кіргім
келмей, өз-өзімнен өкпелеп жүретінмін.
Енді уақыт шіркін өз есеп шотының тастарын қағып, 1 санын
көбейткен сайын біздің өмірімізге де бір-бірден жыл қосылуда.
Жастықтың алып ұшпа сезіміне ақыл серік бола бастағандай.
Биылғы курстың ішінде қазақшаға судай ағып тұрған неміс қызы
бар екен. Бұрын оқып кеткен өзіміздің Володяның қарындасы
көрінеді. Мұның өзі – үй ішіндегі ұсақ-түйек әңгімеден жоғары
тұруды тілейтін жауапты орта. -
33
Бірінші сабақ шексіз аспанға қарай ұшқалы тұрған ғарыш
кемесінің «старт» алу сәтіне ұқсас. Ән айтқалы отырған адамның
домбыраның құлақ күйін дұрыс табуымен бірдей. Құлақ күйін
даусына лайық таппаған әнші мақсатына жете алмайды.
Бірінші сабақ – студент үшін де барлау сабағы. Сабақтың
мақсатын бағдарлайды, мұғалімді де сынайды. Мұғалімдері
туралы олардың ішінде еркін «пікір алмасу» жүріп жататыны
белгілі, одан қашып құтыла алмайсың.
Осы алғашқы сабақта-ақ қиындығымен қорқытып, ұзыннан-
ұзақ кітаптар тізімін беріп, студенттің жігерін құм қылып
жіберуге болады. Бұл мұғалім тарапынан көп ізденсін деген
ниетпен айтылады. Тізімнің жартысы бәрібір оқылмай
қалатынын біліп тұрсақ та, «түйе сұрасаң, бие береді» деген
аздаған «қулық» бар. Бірақ адам мүмкіндігінің шегі бар ғой. Әр
сабақтан үйіп-төгіп тапсырма алған студент оны орындауға
кіріспей жатып-ақ жүрегі шайлықпай ма? Өйткені адамның жан
дүниесінің талап-тілегі ескерілмеген.
Балалық кезді еске алайықшы: «Бір аптадан кейін қалаға
барасың!» – деген ауыл баласы үшін жақсы хабардың құлағына
тиюі мұң екен, оның қуанышында шек болмайды. Жол жүрген
қуанышын былай қойғанда, балмұздағын айтсайшы! Осы бір апта
баланың өміріндегі ең бір қымбат кездері болып есте қалады.
Сабақты қандай ықыласпен оқиды десеңші!
Не болмаса, әскердегі ұлы келе жатқанын естіген ата-ананың
көңіл-күйін елестетейік. Әншейіндегі ыңқыл-сыңқыл қайда
кеткен? Жер баспай, ұшып жүргендей, істің бәрі орын-орнына
келе қалатынын қайтерсің. Қысқасы, алдағы күнінен жақсы
нәтиже күткен адамның қиын жұмысты тез атқарып тастайтынын
өз өмірінде әркім-ақ сезінген болар. Олай болса, студентті де
адамдық табиғаты тілеп тұрған жақсы үмітке жетектетудің мәні
бар. Алдағы сабағының мақсатын, аумағын, оған өз күшінің қай
шамада жетер-жетпесін түсіндіргенде ғана одан нәтиже күтуге
болады.
ҮШ СЕНІМ
34
Қазақ әдебиетінің ежелгі тарихы – бірінші курс үшін қиын
сабақтың бірі. Сондықтан алғашқы сабақтарды: «бұл – бір төбе,
басқасы – бір төбе» деп бөліп аламын. Ең біріншісін сұрақ-
жауаппен пікірлесу сабағына айналдырамыз. (Сабақ кестесінде
«лекция» тұр). Алғашқы байқау сұрақтары беріледі:
– Қазақтың жазба әдебиеті қай кезден басталады?
– Қандай жазба ескерткіштерді білесіздер?
– Бұхар жырау жазба әдебиеттің өкілі ме, әлде ауызша
әдебиетке жата ма?
– Ежелгі тастағы жазулар қазіргі оқушыға тілі жағынан
түсініксіз, онда қалайша қазақ әдебиетіне қатысты болады?
Алдағы сабақтың бағдарлағышы – осы сұрақтарға жауаптар.
Студенттің көп сөйлегеніне, ойланғанына асықтырмай, барынша
еркіндік беріледі. Бұлайша көпшілікпен бірге сөйлеу, жақсы
айтсын, жаман айтсын, оның бағаға қатысы жоқ екенін сезіну
жаңа сабақ алдындағы қорқынышын жояды. Студенттің жауабы
мұғалімге дәріс жоспарын қалай құру керектігіне жол сілтейді.
Шәкірт пен ұстаздың таныстығы басталады.
Одан әрі сақ, гұн дәуірінен бастап қазақ хандығына дейінгі
мәдени тарихымызды шолып өтіп, небір оқиғалы әдеби
ескерткіштермен танысу қызықтары күтіп тұрғанын айтамыз.
Бізге көмекке келетін түрлі сөздіктер, аудармаларды көрсетеміз.
Әрбір мәдениетті адамға Гомердің «Одиссеясын»,
Софоклдың «Эдипін», Шекспирдің «Макбетін» оқу қандай
міндетті болса, әрбір білімді қазақтың жетік білуге тиісті кітабы:
«Орхон жазбалары», «Қорқыт ата», «Оғыз нама», әл-Фараби
шығармалары, Қашғари сөздігі, «Құтаю білігі», «Ақиқат сыйы»,
«Парасат кітабы», «Рабғузи қиссалары», «Сараидың
«Гүлістаны», «Махаббатнама» деп ойлаймын.
Осы он бір кітапты біліп шығуды студенттерге де
міндеттеймін.
Әр уақытта есте ұстайтын үш шартым бар:
1. Сабаққа қызыққан адам ғана біліп шығады.
2. Шамасы келетініне сенген адам ғана біліп шығады.
35
3. Осы білімнің болашағына қажет екеніне көзі жеткен адам
ғана біліп шығады. Осы үш Сенімді шәкірттің қолына ұстату
үшін мұғалімнің өз сенімі мен интеллектісі қажет.
ЖАНЫМ САДАҒА
Көне түрк мәдениетімен танысуды «Қорқыт атаның» мына
әңгімесінен бастаймыз:
Баяғы Қорқыт баба заманынан да бұрын Тоқа баласы Темірұл
деген жігіт болыпты. Бәлкім ол жігітке Темірұл деген атты
Қорқыт баба берген шығар... Ол заманда дін ісләмнің жарыққа
жаңа шыққан кезі екен. Әзірейіл адам кейпінде жүреді. Бір күні
Темірұл Әзірейілмен соғыспақшы болып, 40 жігітін ертіп, жолға
шығады. Бұған ашуланған Құдай тағала: «Бұл менің
барлығымды, бірлігімді біліп жетпепті. Тілін кәлимаға
келтірмепті. Шырылдатып жанын ал да, маған әкел!» – дейді
Әзірейілге.
Қырық жігіті қасында, ішіп-жеп, сауық құрып отырған
Темірұлдың үстіне Әзірейіл кіріп келеді. Ол кірген кезде
батырдың күшті қолдары сылқ етіп түсіп, оттай жайнаған
көздерін қараңғылық басып, көрмей қалады. Әзірейілге айтады:
– Япыр-ай, түсің жаман неткен шалсың? Сақалың қудай, көзің
көрдей екен. Қайдан келдің?
– Ақ сақалды қарт пен қара сақалды жігіттің де жанын алған
қызыл қанат Әзірейіл мен боламын. Енді сенің жаныңды алғалы
келіп тұрмын. Жаныңды бересің бе, жоқ ұрысып көресің бе?-
дейді Әзірейіл.
Ер жүрек Темірұл серіктеріне қарап:
– Онда қақпаны жабыңдар! – дейді. – Қызыл қанат Әзірейіл
сен болсаң, тілегенге сұрағандай тар жерде кездестің. Енді мен
сені өлтіремін де, өлген жігіттің жанын өзіне қайтарамын! – деп,
қылышын қынабынан суырып алып, Әзірейілге тап береді.
Әзірейіл кептерге айналып, терезеден ұшып шығады. Қуанған
Темірұл алақанын ұрып: «Кең қақпаны қойып, тар терезеден
қаштың ба? Бәлем! – дейді. Содан соң атына мініп, қолына
36
сұңқарын ұстап, қуа жөнеледі. Көзіне түскен бір-екі кептерді
өлтіріп, қайтып келе жатқанда, Әзірейіл алдынан шыға келіп, аты
үркіп кеткен Темірұл мойны астына екі бүктетіліп, құлап түседі.
Әзірейіл кеудесіне мініп алып, қылқындырады. Темірұл:
«Құдайдың барлығына сенейін. Мені босат. Тат сияқты адам
жанының ұрысы екенсің», – дейді. («Тат» – Махмұд Қашғари
сөздігінде ел аты. ХІ ғасыр) Әзірейіл айтады:
– Ақылсыз, менен несіне сұранасың? Жаныңды құдайдан
сұра. Мен тек орындаушымын.
Ер жүрек Темірұл:
– Жан беріп, жан алушы құдайдың өзі болса, сендей
қаңғыбаспен сөйлеспеймін. Мен көктегі құдайдың өзімен
сөйлесемін! – дейді де:
– А, құдай, сен дүниедегі биіктердің бәрінен биіксің. Біреулер
сені көктен іздейді. Сен дінге сенген әр адамның жүрегіндесің.
Мәңгі жұмбақтардың сандығысың. Жанымды алар болсаң, өзің
ал, Әзірейілге берер жаным жоқ, – дейді.
Темірұл батырдың сөзі құдайға ұнап, Әзірейілге бұйырыпты:
– Темірұл батыр мені таныды. Құдай бар деп иман келтірді.
Енді оның жанының орнына басқа біреу жанын берсе, оған тиме.
Сонымен Темірұл: «Мен үшін жанын бір берсе, әкем берер»,
– деп әкесіне келіпті. Болған оқнғаны айтыпты, сонда әкесі:
– О, ұлым, сен – менің жанымның бөлшегісің. Сен – менің
алтын үйімнің тірегісің. Қаздай қалқыған қыздарымның гүлі едің.
Керек десең, көз алдымда тұрған Қаратауымды ал. Ол Әзірейілге
жайлау болсын. Желдей жүйрік үйір-үйір жылқы бар, мінеріне
соны алсын. Сойысына ақтылы қойымды алсын. Бірақ өмір тәтті,
жан қымбат, жанымды бере алмаймын, – депті.
Темірұл енді анасына жүгінеді. Тыңдалық, анасы не деді екен:
– О, ғазиз ұлым, балам! Мен сені тар құрсағымда тоғыз ай, он
күн көтердім. Бесікке салып, жөргегіңді тазарттым. Ақ сүт беріп,
еміздім. Жан беру оңай емес, бере алмаспын, – дейді.
Темірұл: «Әкем мен анам бермеген жанын енді кім берер
дейсің?» – деген ойға келіп, өлімді мойындап, Әзірейілге келіп
айтты:
37
– Түбі бөтен қосағым, содан туған екі ұлым бар. Соларға
өсиетімді айтып қайтуға рұқсат бер.
Темірұл үйіне келіп, бар оқиғаны баян етті.
– Артымда қалған үйірлі жылқым, келелі түйем, ақтылы
қойым сенікі болсын. Екі балам жетімдік көрмесін. Кімді
ұнатсаң, тиіп ал, – деді жұбайына. Сонда жұбайы айтыпты:
– Батыр туған жарым, не айтып тұрсың? Көзімді ашқалы
өзіңнен басқаны көргенім жоқ еді, жүрегімнің сүйгені – бір өзің.
Сенен қалған тауларды жайлау етер болсам, ол менің көрім
болсын! Құдықтарының мұздай суы бойымды суытқан қаным
болсын. Сенен қалған алтын-күміс кебін болсын. Сенен соң
біреуге тиер болсам, ол мені сары жылан боп шақсын. Құдайдың
жарық күні, үстімдегі көк куә болсын, беремін жанымды сен
үшін!
Мұны естіген батыр: «Сенен қалған өмірдің маған да керегі
жоқ», – деп құдайға жалбарынды: «Жанға зәру болсаң, екеуміздің
жанымызды бірге ал, қалдырсаң, бірге қалдыр!» – деді.
Бұл тілек құдайдың құлағына жетті. Темірұлдың әке-
шешесінің баласы үшін қимаған жанын алғызып, жұбайы мен
екеуіне 140 жыл өмір береді.
ПІКІРЛЕСТЕР МЕН ҚАРСЫЛАСТАР
Мұғалімді күнделікті толғандыратын сұрақтың бірі:
Шәкірттер асыға күткендей сабақты қалай жасауға болады?
Қорқа күтуден уайым туады, ол – көңілсіз сабақ. Бала алдағы
сабақтың өзі үшін тәуір нәтижемен аяқталатынын сезінгенде ғана
ықыласпен келмек. Ынтамен оқыған нәрсе көбірек ойда қалады.
Осындай мақсатпен талқылау сабағының екі түрін ойластырдық:
1-түрі. Оған студенттер «Пікірлестер мен қарсыластар» деп ат
қойды. Сабақта баяндамашыға қосыла тағы 6-8 адам
дайындалады, пікірлестер мен қарсыластар болып екіге бөлінеді.
Баяндамашы өз сөзін бітірген соң, жаппай сұрақ қойыла
бастайды. Сұрақты екі жаққа да қатыссыз кісілер қояды. Оған
әуелі баяндамашы мен оның пікірлестері жауап береді. Ал
38
қарсыластары ойынан шықпаған жеріне қарсы пікір айтып, жауап
күтеді. Бұл сабақтың аяғы қызу таласқа айналып кететін кездері
болады.
2-түрі. Студенттер тобы екіге бөлінеді. Әрқайсысында 12-13-
тен кісі бар топтардың жетекшісін белгілейміз. Бірінші жолы
басқаларға ықпал ете алатындай ізденгіш бала болғаны тиімді.
Бұдан былай әр топтың өз мұғалімі бар деп есептелінеді.
Тақырып белгіленіп, қосымша әдебиеттер берілген соң, басқа
балалардың көзінше, жетекшілерге мақсатын түсіндіру керек.
Енді сабаққа дайындаудың әдіс-тәсілдері «мұғалімдердің» өз
еркінде. Әрқайсысына жеке-жеке тапсырма бере ме, бірігіп
дайындала ма, оны өзі біледі. Әйтеуір жеткілікті дайындық
жасаса болды. Әр топ өз бетімен ізденеді. Сабақ болардан бір күн
бұрын екі топ әрқайсысы өзінше бірігіп ақылдасады. Қарсы топ
жауап бере алмайды-ау деген үш-төрт күрделі сұрақ дайындайды.
Қарсыластарынан қандай сұрақ келетініне болжам жасап,
ақылдасады. Дайындалмаған адам өз тобының жеңіске жетуіне
үлес қоса алмайды.
Сабақ басталарда әр топ бір-біріне кедергі келтірмейтіндей
бөлектеніп, қарама-қарсы отырады. Жетекшісі – ортада.
Сабақ басталды дейік. Ең алдымен бәріне: қарсы жақтың
пікірімен келіспеуге, өзінше дәлелдеуге еркіндік берілетінін
ескертемін. Бірақ қыз көзі – сыншы, осындайда жігіттердің
ашушаңдығы, өзімшілдігі тез байқалып қалатыны болады, оған
да сақ болған дұрыс; қыздардың үйінен күл шығарып жүріп
ұрысатын көрші келіншектерге ұқсап кетпеуін өтінемін. Осыдан
кейін сұрақ қоюға кірісе беруге болады.
Сұраққа ойлануға 5 минут беріледі. Дереу жазып алып,
ақылдасуға кіріседі. Бір-бірімен сөйлесуге, орнынан тұрып
барып, пікірлесуге болады. Ал сұрақты берген жақ босқа уақыт
өткізбей, қарсыластарының жауабын қалай толықтыратынын
ойланады. Сұрақ күрделі, қызық болса, екі жақ бір-бірден артық
қоя да алмай, уақыт бітіп қалады.
39
Бір жолы Марал жағынан мынандай сұрақ болды: – «Құтаю
білігі» кітабындағы ақын айтқан тәніңнің төрт белгісі туралы
өлеңнің мағынасы не?
Тәніннің төрт белгісі бар арбасқан,
Шаттандырып, енді бірі зарлатқан.
Ширатар да, енді бірі бүлдірер,
Жылатар да, енді бірі күлдірер.
Тәннің төрт белгісі Гиппократ айтқан: қан, өт, сілекей, ірің.
Көне шығыс медицинасында адамға әсер ететін төрт сұйық бар:
қызыл, көк, ақ, сары. Сөйтіп, Жүсіп Баласағұни кітабының тағы
бір маңызы, ежелгі медицинамен байланысы ашылды.
Қай топтың жеңіске жеткенін анықтау үшін:
1. Сұрақ-жауаптан алған бағалары (қосу-алумен белгілейміз);
2. Әр топтан қанша адамның пікір айтуға қатысқандығы;
3. Жетекшінің өз тобын ұйымдастыра алуы есептеледі.
Осы шарттар бойынша, қорытынды шығарылған соң, келесі
сабаққа тақырып беріліп, жаңа жетекші белгіленеді. Кейде әр
топтан сарапшылар бөлінеді.
Жыраулық поэзияға барған кезде өлең жаттау шарты
қойылады. Әр топ өзінің «айтқыштарын» шығарып, неғұрлым
көп жатқа білетінін дәлелдеуге тырысады. Өлең жаттауды былай
үйрендік: Таңертең үйден шыққанда бір-екі шумақ өлеңді тілдей
қағазға анықтап жазып, төс қалтаға салады. Оқуға жеткенше
жаттап барады, қайтарда еске түсіреді. Ертеңіне тағы екі
шумақты жаттап, кешегіні еске түсіреді. Қайтарда төрт шумақты
қайталайды. Ұйықтар алдында тағы бір айтып қояды. Міне,
осымен-ақ бір айда біраз өлең жаттап алғанымызды білмей
қалдық. Құдайдың күні көп пе, өлең көп пе? Бұл - арнайы уақыт
бөлмей-ақ жаттаудың ыңғайлы әдісі.
Осы сабақтың кезінде сырттан көрген адам, ұрысқандай екіге
бөлініп алып дуылдасып жатқан, тіпті орнынан тұрып жүрген
студентті көріп, соның бәріне назар аудармай отырған мұғалімді
көріп, «осы да сабақ па?» – деуі мүмкін. Өзімше, сабақ.
Кемшіліксіз нәрсе бар ма, дайындалмай келетін күндері де
40
болады. Кейде «мұғалімдік» қызметін атқара алмайтындары да
болады. Бірақ іш пысу болмайды. Бір мақсатқа жұмылған топтың
тілектестігі ұялшақ баланы да пікір айтуға итермелейді.
Мектептен жаңа шыққан баланы дәлелді сөйлеуге, пікірлесу
мәдениетіне дағдыландырады. Кезекпе-кезек мұғалім ретінде
болуы мамандығы үшін қажетті.
Ұжымдық шығармашылыққа арналған сабақтың қызықты
болуы ұйымдастырушының сезімталдығына, түрлі жағдайдағы
тапқырлығына, әділдігіне, кісілігіне байланысты.
Студенттер жыл аяғындағы ұсыныс-пікірінде: «Сабаққа
дайындала алмаған күндерде де қалғым келмейді...», «Бір күні
сабақтан қалсам, қандай жаңалық, керекті нәрсе айтылды екен?»
– деп елегізимін», – деп жазыпты. Осы сөздер – көңілге медеу.
БАЛАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Мектебіндегі жаңалықтарын айтқан балам: «Айтпақшы, бүгін
дене шынықтырудан оқытатын апайымыз өте көңілді болды.
Бізді «Ах, какие вы сегодня красивые!» – деп мақтады», деді.
– Неге? – деймін мен.
– Себебі бәріміз бірдей мәйкі-түрси киіп келдік. Есіме түсті,
ата-аналар ұжымы үйден ақша алдырып, бірдей форма сатып
алмақшы болып жүрген.
Балам табанда бір қулық тапқандай мырс-мырс күліп алды:
«Енді бір күні мұғаліміміз: бәрің түрлеріңді бірдей қылып кел! –
десе, не қыламыз?
– Мынауың бір қызық желі екен. Осыны жазып көрші, –
дедім. Көп ұзамай «Шектен асқан мұғалім» деген әңгіме
жазылды. Онда бір мұғалім балаларға бірінші күні: «портфеліңді
бірдей қылып кел», екінші күні: «киімдеріңді бірдей қылып кел»,
– дейді. Балалар талабын бұлжытпай орындайды. Мұғалімнің
талабы шектен асады. Келесі күні: «түрлеріңді бірдей қылып
кел!» – деп бұйырады. Талапты орындай алмаған балалар қашып
кетіпті.
41
Тәрбиенің негізгі мақсаты «стандарт» адамдар шығару болып
келген оқудағы кемшілігімізге әңгіменің кейіпкерлері осылай
қарсылық көрсетті. Балалар қатал тәрбиешіден қашып кетті.
Өмірде де қашып кетуге мүмкіндік болса ғой.
АЙЖАН
Біздің курстағы Айжан – қайда болсын, елеусіз қала алмайтын
қызымыз. Тағы бір қасиеті – жасанды бола алмайды. Жымиғанда
да әдемі көрінейінші деген бір ой жоқ. Отыз тісін ақситып,
асықпай кіріп келе жатады. Екі бетінің ұшы сүйкімді шұқырая
қалады. Сәнденгенін де көрмейсің. Соған қоғамдық жұмыстан
қолы да тимейтін болуы керек. Кей қылықтары ер бала сияқты.
Ол кіріп келе жатқанда, бетіне қараған адам еріксіз күледі. Сол
кейпінде: «Қайтесіңдер, барым осы ғана деген адалдық бар.
Соңғы кезде аяғы ауыр болып, сабаққа кешігіп келетінді
шығарып жүр. Айжан кіргенде, студенттердің назары түгел солай
аударылып, ол орын тауып отырғанша, көздерімен жымия
шығарып салғанына бөгет болмауға тырысамын. Сөзімді келген
жерден доғарып, өзім де еріксіз қарап қаламын.
Айжан күйеуімен екеуі қаланың шет жағында жалдамалы
пәтерде тұрады екен. Қолдан от жағады, суды сырттан тасиды.
Сонда да қиындықтың өзін күлімсірей отырып айтады. Айжанға
қатысты мына бір оқиға қайта құру заманынан бұрын болған еді:
Бір күні «Боранды бекет» туралы әңгіменің қызып жатқан
кезінде Айжан айтты:
– Сендер қазір бәлкім мені кінәларсыңдар, бірақ мен
шынымды айтқым келеді. Өз басым Шыңғыс Айтматов
шығармаларын басқа шығармалардың бәрінен жоғары қоямын.
Өмір проблемасын біз жақсы білетін жазушылардың ешқайсысы
дәл осылай көрсете алған жоқ.
Аудиториядағы жиырма шақты студенттің көздері жарқ етіп
Айжанға қадала қалды.
– Қалайша, ана жазушы, мына жазушы ше?
42
Айжанның екі беті ду етті. Сонда да берілген жоқ:
– Олар да,.. – деді.
Сол-ақ екен, бөлмеге бір шыбынды жібере салып, бәрі жабыла
қуынғандай, у-шу болды да кетті.
– Сен өзің қайдан шыққан филологсің? «Жазушының
анаусы мықты ма, мынаусы мықты ма?» деп салыстыруға бола
ма? Әркімнің өз жаңалығы болмаса, жазушы да жоқ.
Салқын қандылыққа жеңгізгісі келіп, күлімсірей сөйлесе де,
ашу-ызасы бетіне шыққан Сәнімнің мына сөзі кімді де болса,
ұялтқандай.
– Өйтіп салыстыруға болмайды, болмайды! – дейді Зиба
көзілдірігі жарқ-жарқ етіп.
– Өзің біздің жазушыларды ұйықтап отырып оқыған
шығарсың! – деп айқайлайды Раушат ана бұрыштан. Бүгін
шаршаңқырап, үндемей отырған.
Әңгімеге Аманжол араласты. Қызымен сөйлескен әкедей кең
пейілділікпен түсіндіріп жатыр.
– Айжан, бері қара. Мысалы, «Абай жолын» алайық. Ән ғой,
қайталап отырғанда. Әуезовтің тіліндей тіл сирек. Одан қайталап
оқыған сайын жаңалық ашасың. Соны сезінбедің бе?
– Оқыдым, оқыдым, – дейді Айжан ақсия күліп. – Бірақ
ешқайсысы Айтматовты оқығандай жүрегіме жақын бола
алмады, «Жан пиданы» алыңыз, ондағы көтерілген адамзатқа
ортақ мәселелер басқа жазушыда жоқ.
– Ал олай болса, Авдий Каллистратовтың құдай туралы
сөздеріне қалай қарайсың?
– Ұнайды. «Менің құдайым – менің өзімде» деген ойлары
көңіліме жақын. Ол – адамның ар-ұяты. Анада жатақханада
атеизмнен лекция оқыған кісіге де жасырмай айтқанмын.
«Сенімен дұрыстап бір сөйлесу керек екен», – деген. Қайтып
уақыты болмады ма, көргенім жоқ.
Қып-қызыл боп кеткен жұрт «туһ, сені-ай» дегендей,
еңбектерінің еш болғанына ренжіп, Айжанды жаман пікірге тағы
қия алмай, бәрі маған бұрылды. Айжанға қарасам, өз сөзіне өзі
ұялғандай, төмен қарап қалыпты. Жұртқа белгілі шындықты ғана
43
айтып тып-тыныш отыра беруіне болар еді, бірақ өйтсе, Айжан
бола ма? Есіме П.Чивлистің «Бірауыздан қабылданды» атты
суреті түсті: «Бір-біріне шынжырмен байланған қолдар. Бірі
көтерілсе, басқалары да еріксіз көтереді». Аз үнсіздіктен соң:
– Маған Айжанның ешкімге ұқсамайтын өзіндік қалпы ұнап
отыр, – дедім.
Айжан «Мені де қолдайтын кісі бар екен ғой» дегендей, басын
кетерді.
Өзім Мұхтар Әуезовтің талантына тәнті адамның бірі болсам
да, осылай дедім. Себебі адамның кісі болып қалыптасу жолында
«Жоқ, меніңше, былай!» деген сөздің көп мәні бар. Өзіндік
көзқарас осы сөзден басталады.
ТАҢҒАЛДЫРУҒА АРНАЛҒАН ЖЕТІ МИНУТ
Сабақтың бітуіне жеті минут қалыпты. Соңғы алтыншы 45
минут қой, студенттерімнің жүзіне қарасам, шаршаулы. Қарны
ашқан, ұйқысы қанбаған, кіртиген түрлеріне қарап, өзің де
қобалжи бастайсың. Лекцияны тыңдауға қанша ынталанғысы
келгенмен, шаршаған жүйкелері: «Сабақты қой да, жат!» – деп
бұйырып тұрғандай. Бастары партаға қарай салбырап бара жатыр.
Әсіресе аяқ астынан сенбілік ұйымдаса қалып, ертеңіне екі
семинар қатарынан қойылған күндерде қиын. Енді қалған
уақыттағы лекцияның ешбір пайдасы жоқтығы белгілі болып тұр.
«Қандай бір болған іс жақсылықка бастайды» деген сөз бар
ғой, осы жағдайдан барып «Таңғалдыруға арналған жеті минут»
дейтін тақырыбымыз туды.
– Қалған уақытымызды бір-бірімізді таңғалдыруға
арнайықшы! – дедім мен. – Естіген-көрген, оқыған қызықтарың
бар ма? Кәне, кім таңғалдырар екен? (Тексерушілердің жоқтығы
қандай жақсы?)
Шамасы, студенттерім үшін бұл күтпеген сұрақ болды.
«Қалай таңғалдырамыз? Біздің өмірімізде алты сағат аудиторияда
отырғаннан басқа не қызық бар дейсіз?» дегендей көңілсіздік
байқалады. Әңгімені әуелі өзім бастауға тура келді:
44
– Кеше ғана «Кемпір» деген әңгімені оқып шығып, И.С.
Тургеневті жаңадан ашқандай болдым, – дедім.
– Айтыңызшы.
– Бір жолаушы айдалада келе жатса, арт жағынан тырп-тырп
еткен аяқ дыбысы естіледі. Бұрылып қарайды, үстінде жыртық-
жыртық киімі бар бір кемпір еріп келеді екен. «Қайыр сұрағалы
жүр ме? – деп, жолаушы тоқтап күтіп тұрады. – Сізге не керек?
Кемпір жауап бермейді. Бетіне қараса, екі көзі аппақ. «Е, байғүс,
ел бар жерге жетіп алайын деп ілескен екен ғой», – деп, алға түсіп
жүріп кетеді. Артынан ерген аяқ дыбысы тырп-тырп етіп
қалмайды. «Осы кемпір маған еріп келе ме, жоқ, әлде мені алдына
салып келе ме?» – деген ой келеді жолаушыға. – Бір пәлеге
ұрындырмасын...
Бір кезде алдынан шұңқыр көрінеді. Қараса, көр! Енді
жолаушы ызаланып, кілт кері бұрылып, кемпірге қарай жүреді.
Жақындап келіп қараса, бағанағы аппақ екі көздің ұясы қап-қара
болып, жыртқыштың көзіндей ызамен от шаша шарасынан
шығып тұр екен. Зәресі кетіп, үңіле түседі. Сөйтсе, жоқ, аппақ.
– Ә, ә, сен менің тағдырым екенсің ғой. Онда құтқармассың, –
деп ойлайды. – Бірақ неге қарсыласып көрмеймін?
Жолаушы кемпірдің алдына түсіп алып, тағы жөнеп кетеді.
Артынан аяқ дыбысы қалысар емес. Алдынан шұңқыр шығады.
Одан бұрылып өтеді. Әйтеуір, қалай жүрсе де, үңірейген көрден
құтыла алмайды. Артта кемпір. «Қой, бұдан құтылмаспын, одан
дағы жүрмей қояйын!» – деп, отыра кетеді. Кемпір де жетіп
тоқтайды.
Бір кезде, сақтай гөр, үңірейген көр өзіне қарай жылжып
жүзіп келеді. Сасқалақтап артына қараса, кемпірдің езуінде
жымысқы күлкі бар: «Бәрібір құтылмайсың!» – дейді.
Әңгіме тыңдаған студенттерімнің өңінен шошынған,
таңғалған райы байқалады. Одан әрі қазіргі әлем әдебиетіндегі
фантастикалық реализм туралы ойландық. Федерико Гарсиа
Маркесті, Балтық жазушыларын, Ш.Айтматовты еске алдық.
Бізді таңғалдырған нәрсе өткен ғасырда өмір сүрген И.С.
45
Тургеневтің «Кемпір» әңгімесімен замандасымызға айналуы
болды.
Алғашқы мұз жылжыған секілді. «Енді кім таңғалдырар
екен?» дегендей балалардың бетіне қарап едім, алдыңғы жақта
отырған Айшаның ақшыл беті қызара қалды. Кірпігі көтерілді.
– Не айтайын деп едің?
– Мені бір нәрсе таңғалдырды. Ауылдан келіп, музыка
мектебінде оқып жатқан Нүсіпбаева деген қыз бар екен.
Мұқағали өлеңдеріне ән шығарыпты. Пианиномен тартып, өзі
орындайды екен. Сондай сазды, сүйкімді. Теледидардан көрсетті.
Мұны айтқан Айшаның жүзінде: «Өзім қазір сол қыздың
орнында болсамшы», – деген арман бар. Айшаның ешкімге
ұқсамайтын, тамаша даусын естігенмін. «Неге әнші болмады
екен?» – деп ойлаушы едім.
– Әлгі қыз нешінші класта екен?
– Бесінші класс... Бәріміз таңғалдық. Қандай талапты бала еді!
Адамдар бірін-бірі жақсылықпен таңғалдырып тұрса ғой. Бұдан
былайғы ашқан жаңалықтарымызға: «Гуманоидпен сырласу»,
«Сатыбай кім?», «Ғажап өлең», «Марста не бар?», «Төлеубек
неше ән біледі?» деген тақырыптар қоюға болады.
МЕДИТАЦИЯ
Шығыс спортында жаттықтырушы жаттығуды бастамас
бұрын медитация арқылы спортшының жан-дүниесін қажетті
күйге келтіреді. Шаршаған студенттің көңілін сабаққа бұру үшін
де «медитацияның» көмегі керек болып қалады.
Әнеки, партаға бастары салбырап, көңілсіздік басқан.
– Түнімен курс жұмысын жаздық, үш семинарға бір күнде
дайындалдық...– дейді.
А.П. Чеховтың Ванясы бар емес пе еді, қожайынның кебісін
сүртіп отырып: «Шіркін, осы кебістің ішіне кіріп кетіп, ұйықтап
алар ма еді», – деп арман қылған. Мына отырған елу адамның
күйі дәл қазір Ваняға ұқсас. Мұндайда бірден сабақты айтып,
46
зорланғаннан гөрі, жай бір сөздердің жүрекке жетіп барғыш
қасиеті бар. Терезеге көзім түсіп кетіп еді, қар жауып тұр екен.
– Біраздан соң біздің аппақ жүрегіміздей жер беті де аппақ
болады. Жарқырап күн шығады. Осындай кезде адамға жақсы
ойлар келеді... Айтпақшы, студенттің сабаққа ықыласы жылдың
қай мезгілінде жақсы болар екен, ә? Бүгінгідей қыс кезі қалай?
– Жатақхана суық, аудитория суық. Бойың жылымай
отырғанда, миға сабақ кіруі қиын шығар.
Біреуі қызға тән ықтияттылықпен қыстың күні сабақ оқуға
қолайсыз екенін дәлелдей бастады.
– Ал көктем ше? – дедім сенімсіздеу дауыспен. Енді жігіттер
жағы гуілдесті:
– Ой, көктемде дала оянып, жапырақ жарады. Қыздар да сұлу
болып кетеді. Онда аудиторияға кіргің де келмес.
Көңілдене бастадық. Мен де еркінсіп, әлгі баланың дауыс
ыңғайымен әңгімені жалғастырып әкеттім:
– Ал күз туралы тіпті айтпай-ақ қояйық. Қауын-қарбызыңды
арқалап, ауылдан жаңа келген кезің. Ала жаздай демалысқа
үйреніп қалған адам сабаққа қалай көңілін бұрсын!
Сонымен жылдың төрт мезгілі де оқуға қолайсыз болып
шықты. Студенттердің жүзіне қарасам, табанда өздері шығарған
бір қызықты спектакльде ойнап кеткендей шабыттана бастапты.
Ойын монологке ауысты:
– Шайхы Сағди айтыпты: Баяғы заманда бір патша құлымен
бірге кемемен жүзіп келе жатады. Бұрын кемеге мініп көрмеген
құлы қорқып жылай бастайды. Жүрттың мазасын алады. Сонда
бір данышпан былай дейді: «Егер рұқсат етсеңіз, оны
тыныштандырайын». Патшадан рұқсат алған данышпан құлды
теңізге тастатыпты. Байғұс құл суға бір батып, бір шығады.
Біраздан соң оны кемеге қайта мінгізіп алыпты. Құл кемесіне
қайта мінген соң, бір бұрышқа барып, үн-түнсіз отырып қалыпты.
Сонда данышпан: «Бұл адам теңізге қарық болудың машақатын
көрмегендіктен, өзінің сау-саламат отырғанының қадірін білмеді.
Бейнет көрмеген адам рақаттың қадірін білмес», – депті.
47
Сағдидің әңгімесінен кейін әлгі суға батқан байғұс құлға
қарағанда, біздің жағдайымыздың әлдеқайда жақсы екені есімізге
түсіп, көңілденіп кеттік. Сөйтіп, сабақтың арнасына түсуге
мүмкіндік алдық-ау, әйтеуір. Сағдиді тұңғыш түркше сөйлеткен
Сәйф Сарайи туралы лекциямыз басталды.
ТӨРТ ТҮРЛІ ӘЙЕЛ
Ортағасырлық ақын Жүсіп Баласағұни үйленудің төрт түрі
барын айтыпты: «Атақты әйелді алсаң, атағына телінерсің. Бай
әйелді алсаң, ұстап-тұтқан затындай, меншігіне айналарсың.
Сұлуды алсаң, сұлуға сенен басқа көзін тіккен көп, күйеу емес,
күзетші боларсың. Ал адал жарың – атағың да, байлығың әрі
сүйген сұлуың. Үшеуін де қондырғаның қолыңа, – депті.
– Қазіргі заман жігіттерінің ойы да осы, апай (Мұны айтқан
Еділ).
– «Мықты» туысы бар қызды шам алып іздеп, сол арқылы
жағдайын жасаған жігіттер де толып жүр арамызда (Сайлау).
– Мүмкін, бірін-бірі сүйіп қосылған шығар (Гүлжауһар. Қыз
жүрегі жамандықты жолатқысы келмейді).
– Адамды өйтіп кінәлауға болмайды. Өмір талқысы кімді
қандай жағдайға душар ететінін қайдан білесің? Қазір ақылды
болып отырсыңдар. Он жылдан кейін осы сөздеріңде тұра алар ма
екенсіндер? (Бұл – Болат. Сөз сүйектен өтті, қызарақтай
бастағандар бар).
– Басқа жерді қайдам, ауылда дүниесі жоқ, ақшасы жоқ
адамның сыйлы болғанын кермедім. (Тағы да Сайлау. Өзінде бір
әдемі қасиет бар. Қандай бір өртеңгір қызу сөз болса да,
жайбарақат алдына қарап отырып айта береді. Қорықпайды.
Ондайда Сайлаудың орнында өзім болғым келіп кетеді. Үйіндегі
тәрбиесінен сыйластық сезіледі).
– Өзіңнен білігі жоғары болмаса да, әкесінің мәшинесіне мініп
алған құрдасыңның мұрнын көтеріп, зу етіп өте шыққанын
көргенде, қорланып қаласың (Болат).
48
– Сендерді адам жағдайының жақсаруы неге қорқытады?
Меніңше, қоғамның жақсылығы ондағы адамның жағдайының
жақсы болуымен өлшенбек. Біз әбден жоқшылыққа үйренгенбіз
ғой. Адамның жақсы өмірге ұмтылуы – заңдылық. Социализмді
жоқшылық деп түсіндік қой. Кедейлігімізге мақтандық.
Енді әңгімеге араласпауға болмады:
– Екі мыңыншы жылдардағы әдебиетті толғандырар тақырып
қандай?– деген сұраққа әдебиетшілердің не деп жауап бергенін
білесіздер ме?
– Махаббат шығар.
– Әдебиеттің алдағы мақсатының бірі адамды қанағатқа
тәрбиелеу екен. Қазір адамзаттың араны ашылып кетіпті. Әлемде
әрқайсысы Хиросимаға тасталған бомбадан мың есе қуатты 50
мың бомба жиналыпты. Мыңдаған завод мұржасынан шыққан
жылы түтін аспанда он шақырым қалың қабатқа айналған.
Заводты көбейте берсе, Арктика мен Антарктиданың еру қаупі
бар. Ерісе, Нұқ пайғамбар заманындағыдай тағы бір әлемет су
тасқыны болмақ. «Бір үзім нан мен су болса, одан артық не
керек!» – деген шығыс пәлсафасында қаншама даналық жатыр.
Қазақ та бұрын баласына банкіге ақша салып қалдырмаған, өнеге,
өнер тастап кеткен ғой. Сағди айтады: «Балам, о дүниеге
барғанда, «Әкең кім?» – деп емес, «Қандай өнерің бар?» – деп
сұрайды».
– Бірақ мен ұнатқан бір қыздың менен гөрі қалталы жігітті
таңдап кететіні қиын-ау.
– Неге олай дейсің? Өз басым қалталы жігіттен гөрі қалтасыз
болса да, адал жігіттер сенімді деп ойлаймын. Дүние бірде олай,
бірде бұлай, қолдың кірі ғой.
– Өзі жақсы болғанмен, кедей болса, жалқаулығы бар шығар.
– Байлық деген бір сиқыркөз пәле ғой. Оның соңына түскен
кісінің қалтасы қалыңдаған сайын жүрегі де қатая беретін секілді.
Бәріміз «сиқыркөз» деген сөзден сескеніп қалдық. Аяр
көздерін қысып, ымдап шақырып тұрған перінің қызын
көргендейміз.
49
– Көзімізді жұмайықшы. Алдарыңда тұрған аяр шамды
көресіңдер ме? «Бақыт – байлықта» деген жазу бар онда.
Аудиториядағы үлкен-кішіміз бала бақшаның бір топ
бөбегіне айналып кеткендейміз.
– Көрдік, апай, көрдік.
– Ендеше, сол шамды өшіріп, орнына басқа біреуін жағайық.
– Онда не жазу болады?
– Махаббат!
– Адамдық, адамдық!
«Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт», – деген қазақ
ақындары білген ғой, ненің мәңгілік екенін.
Бір топ «бөбек» көзімізді ашып, бір-бірімізге жадырай
қарадық. Ашудың ізі де жоқ. Алыста қалған «балалықтың
ауылына» кіріп-шыққандаймыз.
Ендігі сөзім сізге арналады, қадірменді оқырман. «Жастарды
өмір талабынан бұрып әкетеді екен», – дей көрмеңіз. Жағдайдың
жақсы болғанын кім жек көреді дейсің? Бірақ өз сенімімде:
ойлаған-баққаны тек байлық пен есеп болған адамнан басқа
мамандықтың бәрі шықса да, мұғалім шықпайды.
АҚ ГҮЛ МЕН ҚАРА ГҮЛ
«Таһир-Зуһра» дастанын оқып шыққан кісінің есінде болар,
соңында ғашықтық жолында қаза тапқан екі жастың моласының
басына ақ гүл мен қызыл гүл өсіп шығады да, олардың өліміне
себеп болған жауыз Ғараб құлдың басына қара гүл шығады. Ол,
әрине, «өліп, қайта тірілетін табиғат» жөніндегі көне мифке
байланысты туған түйін ғой. Бірақ оны студенттер мына өмірмен
салыстырғысы келіп тұрады. Қол астында жатқан кітаптың осы
жерін ашып, қайталап оқимыз:
Тамам жұрт қайтып кетті жиылысып,
Тағдырға қылар шара бар ма десіп.
Қабірінің үстіне Зуһраның
Жасарып пайда болды ақ гүл өсіп.
50
Қызыл гүл шықты үстіне Таһир ердің,
Тілеуін әр пенденің тәңірім бердің.
Екі әсем жапырақ шықты екеуіне
Қарасаң тамашасын осы жердің.
Құдайым құдіретін мұндай қылдың
Тікенек үстіне шықты Ғараб құлдың.
Екі гүл қосылайын дегенінде
Түседі арасына екі гүлдің.
– Шіркін, шын өмірде де адал адамның қабіріне ақ гүл өзінен-
өзі шығып тұрса ғой! Сонда жауыздық азаяр ма еді?
Бәріміз адалдықты көбейтудің тұтқасы қолымызға тигендей,
ойланып қалдық.
– Әй, ол бола қояр ма екен? Жаман адамнан айла құтылмас.
Оның да бір есебін табар. Тіпті күншілдікпен ақ гүлді жұлып
тастар...
Тағы да тыныштық орнады. Біразымыз күрсініп қалдық. Бір
кезде Сәкеннің даусы естілді:
– Олай емес. Табиғаттан озған дана жоқ. Ақ гүлді ешкім
жұлып тастап, қара қыла алмайды. Жұлсаң, қайта өседі. Ол гүлдің
сондай қасиеті бар.
– Рас, рас. Жұлғанға көнбейді. Бәріміз қуанып, дуылдасып
кеттік.
Ғараб құлдай жауызға жазаның ең ауырын тауыпты
аталарымыз. Қазақи ұғымда артыңда жаманатың қалғаннан ауыр
жағдай жоқ. Қазақ баласы қалауымша бір жасап қалайын деп өмір
сүрмейді, артымда жақсы атым қалсын деп тырысады.
Адамшылықтан аттамаудың мәнісі осында жатыр. Бұлай
тәрбиеленген адамның өз имантаразысы өзінде.
Қазақтың бір қарапайым шалының айтқан әңгімесі есіме
түсті: «Ауылда Сейтқазы деген құрдасым болды. Кісілігі қандай
еді шіркіннің! Ауырып жатыр дегенді есітіп, Алматыға барсам,
бәлністе екен. Мені көріп көңілденіп, әзіл айтып қарсы алды.
«Мынау саған шығарған өлеңім», – деп ұзақ өлеңін берді. Қайтып
кеттім, тағы да келемін ғой дегем. Ендігі барғанша жөнеп кетіпті,
ауылға құр денесін алып келді. Өле қояды деп ойласамшы.
51
Армансыз, асықпай отырып неге сөйлеспедім деп өкінемін.
Үшінші күні жерледі. Балалары басына үй салды. Досымның
артында қалған мен «не жақсылық қылсам екен?» – деп көп
ойландым. Сөйтіп, көктемде қабірінің қасына апарып, өрік
ағашын тіктім. Етегінде ағып жатқан су бар, шелектеп өрге қарай
тасып құямын. Сол өрік жайқалып өсті. Қазір өткен-кеткен адам
тоқтап, көлеңкелеп отырады. Көктемде аппақ болып гүлдегенде,
қызығып қарап тұрамын».
Жәкеңнің немересі Атагелді аға айтқан бұл әңгімені
естігеннен кейін студенттерімнің жанары сәулеленіп кетеді. Оған
қарап өз көңілім де көтеріледі. Ақ гүлдің қасиетін ашып берген
кіп-кішкентай Сәкенге ризамын. Көбейе бер, адалдықтың ақ гүлі!
ШӘКІРТТЕН ҮЙРЕНУ
Шәкірт пен мұғалімнің өзара байланысы бір-ақ жақты болса,
яғни үйретуші – тек қана мұғалім, үйренуші жақ студент болып
қалса, мұғалім тез сарқылып қалар еді. Мұғалімнің жан сарайын
байытып отыратын бұлақтың бірі - шәкірттің өзі.
Сол себептен де студент айтқан қызық әңгімеге, бұрын
естімеген қызық сөзге құлақ түремін. Одан айтушының
көзқарасы, мінезі, талабы байқалады. Тіпті қуана-қуана қойын
кітапшаға өздерінің көзінше жазып аламын. Реті келгенде,
«Мынау пәленшенің аузынан шыққан сөз!» – деп келесі курстың
студенттеріне айтып отырамын. Бұл – алдыңдағы студент
бағынышты біреу емес, бәріміз бірігіп жасап жатқан Оқу дейтін
үлкен бір шығармашылық еңбектің біргелесі деп қарауға
үйретеді. Мына бір әдемі жұмбақты Нұржан айтқан:
Тамар тамшы жерге жетпес,
Қамар белбеу белге жетпес.
Шешуін таба қою оңай емес: Сырға мен білезік. Қасиетті жеті
саны туралы Бөкенбайдың пікірі: «Жеті санының қасиетті
болуы өмір тәжірибесінен туған. Жеті санының өзі «жету,
52
жетілу» ұғымын білдіреді. Баланың ақыл-есі жетіге келгенде ғана
жетіледі.
Шала туған бала жеті айлық болса, өмір сүріп кетеді.
Қазақтың «жете», «жеті» сөздері бір түбірден шыққан».
Қалдан айтқан әңгіме:
«Менің әкем – қызық адам. Мектеп бітіріп, оқуға тапсырып
жүрген кезім еді. Сынақтан екінші рет өте алмай, үйге қайттым.
Вокзалдан түсіп, ауылға қалай жетерімді білмей тұрсам, әкем жүр
екен. Қолын алып, амандасып ем:
– Мм, келіп қалдың ба? – деді. – Оқуға өте алдың ба?
– Жоқ...
– Мм, үйге қайтасың ғой. Мына бір темірді ала кетші, – деп
қолыма қағазға оралған, мәшиненің бір бөлшегін ұстата салды.
Шамасы, жұмысын тоқтатып тұрған бөлшек болса керек. Сөйтті
де, кетіп қалды.
Өзі зоотехник болып істейді. Астында «Уазигі» бар. Таңның
атысы, күннің батысы қалқоздың тірлігімен жүргенін көресің.
Содан автобуспен кештетіп үйге жетсем, әкем шай ішіп отыр.
Бағана-ақ келіпті. Шайын тездетіп ішті де, тағы жұмысқа кетті».
– Ауылға қайтатынын біле тұрып, сені мәшинесімен ала
кетпеді ме?
Қалдан мырс етіп күліп жіберді:
– Ала кетпеді. Өзім де түсінбеймін, осындай адам... Бұл
әңгімедегі қызықтырған нәрсе – советтік әкімшілдік үкімет жасап
шығарған қарапайым адамның мінезі еді. Жарылқаушы үкіметті
баянды ету үшін қарапайым адам жасаған еңбек өлшеусіз. Сол
жолда өмірін де, денсаулығын да аяған жоқ. Бала-шағасы аштан
өліп жатқанда, қалқоздан бір уыс бидай алғаны үшін сотталған
ұрпақтың санасында үкімет адам үшін емес, «адам – үкімет үшін»
деген ұғым қалыптасты. Жоғарыдан қалай ойлауға бұйырса, тек
солай ойла. Басқаша ойлаған адамды бауырың болса да, аяма,
сонда жақсы адамсың. Адам «винтик пен бөлшекке» айналды.
Осыдан «өз баласын қалқоздың мәшинесіне мінгізіп алып
келуге» партиялық ары жібермейтін әкелеріміз туды.
53