The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.
Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by kkralaj5, 2022-11-13 06:23:55

21362

21362

Ал отбасын құраған келіншектер болса, жанындағы жалғыз
жарын ешкіммен бөліскісі келмейтін ыңғай танытады.
Балаларының да көңіл күйі бұзылып, екі жақты алаң бола ма
деген қаупін айтады. Отбасының тыныштығына сызат түсетінін
ойлайды. Қысқасы, баяғы бірінің баласын-бірі емізген бәйбіше,
тоқалдың психологиясынан мүлде алыстағанбыз. Қазақ әйеліне
теңдік әпердік деп кеткен кешегі кеңес өкіметі, қалай десек те,
біздің тарихымыз. Алған теңдігіміздің идеясы жақсы
болғанымен, оны қамтамасыз ететін әлеуметтік жағдай
жасалмады. Сөйтсе де әйелдер өзімен санасудың, қоғамдық
кызметте елеулі рөл атқарып, тәуелсіз болудың дәмін татты.
Бүгінгі қазақ әйелінің жан жүйесі қалыптасты.

Адамзат ұғымында сүю, махаббат сезімі «жалғыз» деген
түсінікпен үйлеседі. Ғасырлар бойы жырлап келген
Махаббаттың бар екенін мойындасақ, мұғалім ретінде жас
ұрпаққа шын сүюді, тұрақтылықты көп әйел алу заңымен қалай
түсіндірер екенбіз деп қиналамын. Біз аяқ астынан сұмдық
өзгерістер жасауға үйренген ұрпақпыз. Ендігі жерде әр нәрсені
терең зерттеумен ғана тәуекел етпей, бола ма? Әйел қамы үлкен
социологиялық зерттеулер жүргізіп барып, білімпаз
жантанушылардың, демограф, педагогтердің жан-жақты
саралауымен ғана әңгіме болуға лайық.

Қазіргі өміріміздегі қиыншылықтар әсіресе әйелдерге ауыр
салмақ салып тұр. Адамның өмір сүруге, кездескен кедергілерді
жеңуге деген ынта-ықыласы көңіл-күйіне байланысты. Басын
сүйер азаматының жанынан табылуына байланысты.
Психологтердің болжамы бойынша, осы жағдайды адамның
қабылдауы әр түрлі болады екен: біреуіміз тез көндігіп,
қолымызды бір сілтеп, құдай салды, біз көндік деп жүре береді
екенбіз. Екіншілеріміз жаңа жағдайға тез қалыптасып, дереу
оңтайлы жолдар іздей бастаймыз. Үшіншілерімізде ашу-ыза
пайда болып, соқтығарға қара іздеп, жүйке қозады екен. Осының
соңғысы өмірден түңілуге әкеледі. Бұл күйге түскен адамның
ызасын белгілі бір жаққа бағыттап жібере салу оңай. Түрлі
қақтығыстар, әр түрлі ұрыс-керістер осыдан шығады. «Даналық

104


дегеніміз – істің аяғы неге соғарын көре білу» дейді ғой. Әрбір
заңда артық бүгу болып жатады. Сондықтан көп әйел алу
мәселесі әр отбасының өзі шешетін, әйелдер шешетін шаруа ғой
деймін.

ЖӘКЕҢНІҢ КЕЛІНДЕРІ

Жәкеңнің көзін көріп, қолынан шай берген келіндерінің көбі
бүгінде жоқ. Олар да атасының ізімен барып, жанына жайланған.
Бәлки ол жақта да Жәкесін жалғызсыратпай, қасына жетуге
асыққан болар. Күлән, Сатиқа, Қызбала, Үмітек, Қантай, Еркетай,
Шәрия, Берікбала (басқа да білмегендерім болса, аруақтар
кешірсін).

Күлән апа

Жәкеңнің кенже ұлы Тезекбай атаның жары. Қара шаңырақты
ұстаған келіні. Тілеген, Тіленді деген ағайынды кісілердің
Тілегенінің қызы. Шешесі – Ұмытшақ. Тілендіден атақты
композитор Нұрғиса Тілендиев туған. Кейінгі әкесі Нұрқыдыр үш
ағайынды кісілер болған: Байқыдыр, Нұрқыдыр, Қыдырқожа.
Қыдырқожа ата – ескілікті күйлердің нақышын есте ұстаған
мықты күйші. Күлән апа алпысқа таянған кездердің өзінде
жайнаған аялы қара көздері мейіріммен жымиып қана қарайтын
ажарлы, сабырлы кісі еді. Жанында тұрып сөйлескен адам
шуағына жылынғандай. Айтсаң, сенеді, жайымен күлімсіреп
қойып тыңдайды. Қайғырсаң, түсінеді. Шақырсаң, қол үшын
береді. Артық кетсең, кешіреді. Үлкен оқу оқи алмаған, бар
қолынан келгені осы ғана. Бірақ осынша талантты қайдан алып,
қандай тәрбиеден шығарды екен деп таңғаласың.

Өз балалары: Бибажар, Жеңісқан, Бейбітқан, Оразқан,
Салтанатын, біреуін абысынының, біреуін қайын апасының
бауырына салып беріп, бірін де қызғанбай, «Балаң аман ба?»,
«Балаң келіп, көзайым болдың ба?» – деп отырады. Ал өзі
қайныларының, қайнағаларының балаларын кеудесіне басып, ақ

105


сүтін емізген. «Үлкен үйдің баласымын. Күләннің баласымын», –
деп жүрген кейінгілері қаншама! Олардың атын атап, түсін
түстеп керегі жоқ. Ол құдай – аруаққа жөн болмас. Күлән апаның
баласы болу – оңай бақыт емес.

Соғысқа кеткен Алғадайдың екі баласы: Таубай аға мен
Қуаныштың екеуі де сол үйде өсіп, қолында үйленіп, беріде отау
болып бөлініп шыққан. Әсіресе не шеше жоқ, не әке жоқ тұлдыр
жетім қалған Таубайын үп-үлкен болғанында маңдайынан сипап:
«Жарығым!» – деп отырады екен. Өлерінде он баланың әкесі
болған Таубайдың ақ самайлы басын әлі кеткен алақанымен
сипалап жатып, «Жарығым...» – деген. Сөйтіп, саусағының соңғы
жылуын қалдырып кеткен. Күлән апа туралы әңгіме болса,
Таубай ағаның көз жасы тоқтамайды:

– Бала күнімде бір ауырған кезім болды. Үшінші ме, төртінші
ме класта оқимын. Сонда Күлән жеңгем терезенің алдына келіп
түрады. Үзіліс болар-болмастан жүгіріп шықсам, бөтелкеге
құйған айраны бар, шүберекке түйген наны бар: «Мынаны жеп
алшы, қарағым», – дейді. Мен жеп алам. Онда таршылық кез.
Жүрегі қарайып кетпесін дейді екен ғой. Өз балаларының
аузынан жырып, маған әкеледі...

Одан әрі қарай Таубай аға тамағына тас кептелгендей сөйлей
алмайды. Аяусыз қарау мүмкін емес. Қызарған көзін қырық жыл
трактор тұтқасын ұстаған үлкен тарамыс қолдарымен сүртіп
тастап, темекі тартады, күрсінеді. Кішкентай күніндегі жетімдігі
еске түседі, өмірдің түрлі бұралаңымен орындалмай қалған
армандары, тартылмай қалған домбыра, көкірегінде сөніп қалған
өлеңдер келеді ойға. Өкінішсіз адам бар ма?..

Сөз жалғасын Атагелді аға алады. Ол кісі – Жәкеңнің үлкен
ұлы Қожамбердінің баласы: «Күлән атымды атамай, Атан деуші
еді мені. Кейде бірдемеге өкпелеп, ағам жоқта айқайлап ұрсып
кетсем, ертеңіне: «Шайыңды ішсеңші», – деп отыратын. Осы күні
неге ұрыстым деп өкінем...»

Күлән апа күйеуінен ерте қалып, өзімен өмір бойы бір үйде
тұрып келе жатқан Берікбала абысынын да «ішсеңші, жесеңші»,

106


– деп қыздай ғып күтіп отырады. Көңілі жарым болмасын деп, бір
ауыз қатты сөз айтып көрмепті. Бұл күнде ондай кісілер қайда...

Сол ауылда Жапа мен Жадыраның Жадырасынан туған
Жәкеңнің туысқан інісі Өмірәлі ақсақал болған. Өзі күйші,
ақындығы да бар. Бала кезінде орыс арасында жалданып жүріп,
елге жігіт болғанда келіпті. Балалайка тартып, орысша өлең
айтқан сол маңайдағы алғашқы қазақ. Әйелі Қызбала шырайлы,
өткір, ақын қыз екен. Өмірәлі ата Қызбаламен айтысып, жеңіп
алып келген. Қызбала беріге дейін палуанға түсіп жүрген. Мына
бір әңгімені абысын-ажындары Еркетай, Қантай апалар айтып
еді:

– Күләннің келін боп түскен алғашқы жылдарында туған
балалары тұрмай, өле береді. Содан Бибажар туғанда жаңа түскен
нәрестені Өмірәлінің әйелі Қызбала білдірмей етегіне орап алып
кетіпті. Тумаған кісі еді. Сөйтіп, Күләннің астына бір тауықты
қоя салып: «Міне, тауық тудың!» – дегенде қатты қорқып,
уайымдап, неше күн теріс қарап жатып алған. Бір күні Жәкең
қасына келіп: «Қарағым, басыңды көтер, адам қыз туғанға да
ренжи ме екен?» – депті. Жәкең қатындардың макинатсиясын
білмеген ғой. Сонда барып Күлән сұрастырып, түсініп, басын
көтереді. Қызбала шаранасынан етегіне орап алған қызы
Бибажарды өзі бағып өсірген. Күләннің содан кейінгі балалары
тірі. Қайран Күлән, өте кең кісі еді.

Күлән апа өлерінде: «Жаңа үйге көшкенімде ата-бабамыздан
келе жатқан қара қазаным сынып қалды, енді менің жайым
болмас», – деп, жатқаннан-ақ мойынсұнған. Өмірге мейіріммен
келіп, мейіріммен ғана моп-момақан мөлдіреп жатып өмірден
өтті. Жан шыдатпас аурудың азабын, ақ өлімді мұншалықты
сабырмен қарсы алған, тастан берік, шыдамды адамды сирек
көресің. «Абысындарымның қазанын қайнатысқаннан басқа не
тындырдым дейсің», – дегендей, күлімсіреп жатып жөнеп кеткен.
Не тындырғанын қай таразыға салып өлшерсің, әйтеуір ол кісі
өмірден өтті дегенді есітіп, қарақұрым адам қаптап кетті. Сол
шаңырақтан алтын құйсаң да орнына келмейтін асыл Жәкең

107


кеткеннен кейінгі қалың елдің қабырғасын қайыстырған өлім осы
болды.

Сатиқа апа

Жәкеңнің Сатыш деген баласының бәйбішесі. Немересі
Әлімқұл ағаның айтуынша, Сатыш атаның Абай деген туған
ағасына Сатиқаның қалың малын беріп, айттырып, алайын деп
отырғанда, Абай қайтыс болып кетеді. Онда Сатиқа апамыз 15-те
екен. Күйеуі өлсе де, қалыңдығын жібермей, алып келіп, сол үйде
жүре береді. Кейін Сатыш атаға қосқан. Сатиқа апамыз келгенде,
Сатыш ата сегізде дейді. Көрпенің бер жағынан кіріп, ар жағынан
шығып ойнап жүрген бала. Тойға баратын болса, ойнап кетпесін
деп үйге қамап кетеді екен. Апамыздан бір қыз туған, 2-3
айлығында шетінеп кеткен. Сол қалпында Сатыш ата екеуі
сыйласып өткен. Қайнағасының баласы Әлімқұл ағаны бауырына
салып, емізіп өсірген. Жәкеңді Әтиім дейді екен.

Жетпісінші жылдары Сатиқа апа 90-ды маңайлаған кезі. Бет-
аузын әжім басқанымен, дөңгелек жүзі қызыл шырайлы, шаралы
қара көздерінен жоғары әдемі қастары кең маңдайына серпіле
қалған. Бір кезгі сұлулықтың ізі жоғалмаған, сымбатты, сұңғақ
кісі екен. Есігінің алдындағы қоршауға сүйеніп тұрып, қолымен
көзін көлегейлеп, өтіп бара жатқан кісіге: «Бұл қайсың? Үйге
кіріп, шай ішіп кет», – деп қол бұлғап тұратын. Бұрынғы адамдар
неге мұндай болды екен...

Сатиқа апа Жәкеңнің ең үлкен келіні болғандығынан ба, әлде
көңілінде қылау жоқ адалдығынан ба, ақшасы сол кісінің белінде
байлаулы жүріпті. Тезекбай ата ол кездерді еске алып, күліп
отыратын: «Жәкеңнің қаламақысы келеді. Екі-үшеуімізді
шақырып алып санатады. Санаған боп отырып, желкемізді қаси
беріп, артқа қарай біреуін тастап жібереміз, ол жақтан біреу
қағып алады.

Сосын қалғанын Сатиқаның белбеуіне орап береміз де, дем
алуға қисайған кезін аңдимыз. Ұйықтап жатқанда білдірмей,

108


суырып талай алушы едік. Жәкең басқамыздан гөрі Сатиқаға
сенетін».

Сатиқа апаның да өмірін арнаған бір-ақ жүмысы болды: он
бесінде келіп түскен, жетпіс жыл сыйласқан, Сатышына
Қантайды әперіп, балалы-шағалы қылды, өзі, сол үйдің ұялы
бәйбішесі болып, шалының он баласын мойнына мінгізіп,
апалатты, аталарының аруағын сыйлады. Тоқсанынан асып
барып, үш-төрт күн дем алған адамдай көзін жұмып, тым-тырыс
қалғып жатып, жүрегі тоқтады. Өткен өмірінің бары-жоғын
ырзалықпен қабылдап, «шүкір», – деген қалпында Жәкең барған
бір тайпа елге қарай жөнеп кетті.

Берікбала апа

Жәкеңнің Ізтілеу деген баласының әйелі. Көзімен көрген
Атагелді, Таубай ағалар айтады:

– Ізтілеу күйді сұңқылдатып ерекше тартушы еді. Түнде
тойдан қайтқан кезінде көшенің арғы басынан үйге жеткенше,
домбырасын шертіп, ұрып келе жатқанда, бүкіл ауылға естілетін.
Өстіп тартқанды Тезекбай ағадан көрдік. Кейде түннің бір
уағында ояна кетсем, тесегінде шалқасынан домбыраны
сылқылдатып тартып жатады. Осылайша сылқылдатқанды басқа
ешкімнен естіген емеспін.

Ізтілеу ата соғыстың алғашқы кезінде кетіп, қаза тапқан. Онда
Берікбала апаның жиырмадан жаңа ғана асқан кезі. Жар қызығын
көріп, үбірлі-шүбірлі болып үлгірместен қала берген.

Бұл күнде толық, дөңгелек жүзді, бидай өңді, салиқалы ана
болған. Аяғын сабырмен басып, кісіге тура қарағанында,
мінезінде бір қайраттылық аңғарылғандай. Қандай бір жүрек
тебірентерлік әңгімені айтқанда да, көзіне жас алмайды,
боркеміктеніп егілмейді. Небір қиындықтарда жанының дірілін
ішке бүгіп, сыртқа сабырлы салқын қалпын бірыңғай сақтайтын
ер мінезділік бар.

Бір көргенімде Берікбала апа бала сүйрейтін арбаға кішкентай
тәмпиген сары қызды салып алыпты: «Салтанат пен Сандуғаштан

109


кейін ешқайсысына селт етпеуші едім, суық едім, осы бір қызға
елжіредім де қалдым, білмеймін неден екенін», – деп, еңкейіп
баланы қолына алды, кеудесіне басты: «Мен өлсем, жылайды ғой
осы қыз Салтанат пен Сандуғашқа қосылып». Осыны айтып,
бидай өңіне шырай кіріп, күлді. «Шешесінің» мойнынан
құшақтаған сары қыз иығына басын салып, көзінің қиығымен
сығалап қарап қояды. Қыз бала сезімтал ғой, сөздің мағынасын
ұқпаса да, жүректің жылуын сезіп тұрған болар.

Еркетай апа

Мәймеш қызы, Жәкеңнің Нұрбек деген жақын інісінің әйелі.
Жәкеңнің Еркетайдан басқа да інілерінің әйелдері көп-ақ шығар,
бірақ осы кісінің басқа келіндерден бір айырмасы – өнерге
құмарлығы. Жәкеңнің музейінің жанына бес адам жинала қалса,
жоғарғы жақтағы кішкентай үйінің сықырлауық кәрі есігін
қаусыра салып, Еркетай апа жетіп келеді. Алқымынан бір
байлаған жаулығының самай жағын ысырып қойып, сөзге құлақ
тосады. Сосын жақындай-жақындай өзі де араласып кетеді. Қара
өлеңді түйдек-түйдегімен тастап, сартылдап сөйлеп кеткен
түймедей қара кемпірге жанындағылар таңдана қарасады. Бір-екі
ауыз өлең де айтып жіберіп, содан кейін көңілі жайланып, үйіне
қайтады.

– Той-томалаққа бара қалсам, өлең қашан басталады екен деп
отырамын. «Еркетай, өлең айтып жібер!» – десе екен деймін.
Өлең айтылмаған тойдан қарным ашып, ренжіп қайтамын.
Өлеңнің желікпесі бар ғой жын сияқты», – дейтін.

Жәкеңнің үрім-бұтағы түгел шеше деп, біреуі алдынан
көлденең өтпейді. Тізесін сипай отырып, «Қызыл өрік, ендеше
қызыл өрік», – деп шымыр даусымен көтеріп әкеткенде,
қырғыздың әуені қазақтың қара өлеңіне қосылып, қай-қайдағыны
еске түсіреді-ау:

– Тәтем (Жәкең) өлерінің алдында Жәкелеріме (қайнағалары),
Тетелеске (қайнысы Тезекбай аға) айтты: «Берікбала кетемін
десе, ұстамаңдар. Басы жас қой», – деді. Кете барсам, баратын

110


жер де табылатын еді, құдайға шүкір, бауырларым бар, үй де
табылатын еді, бірақ кішкентайымнан келген ел табылмайтын
болды. Үйреніскен қайны-қайнаға, мұндағы абысындарым
табылмайтын болды. Содан қалып қойдым.

Одан кейінгі өмірі елдің алақанында: Атагелді қайнысының
баласы титтей Қуандықты алды жанына серік қылып. Ізтілеудің
дастарқанының бір шетінде қарайып отырады, әйтеуір. Одан
Жеңісқан мен Салтанатты жетектеді. Сөйтіп, ұстасып, сүйенісіп
жүріп уақыт шіркінді жеңе берді, жеңе берді...

– Тәтемнің (Жәкеңнің) Ақбала деген қызы болды. Өте өткір,
тентек еді. Есіктің алдында абысын-ажын жиналып бірдеме істеп
отырсақ, келген бетте бірімізді жұлқып, бірімізді түртіп, бықпырт
тигендей қылады. Сонда мен: «Басқаларының байы қасында,
маған неге тиесің?» – десем, әлгі жерде Ақбала кәдімгідей
тоқталып қалушы еді.

Апаның өміріндегі ең қайғылы күні Жеңісқаны әскер
қатарына кеткен күні болыпты. «Шашым бір түнде ағарып
шықты», – дейді. Қазір, құдайға шүкір, Жеңісқанның
Сандуғашының өзі бой жетті. Күлән қайтқалы Тетелестің
шаңырағында көбірек болатын болды. Бұл күнде Тетелестің өзі
де қайтыс болып кеткен. Қалған бала-шағалары шешесінің
осында болғанын қалайды. Біраз күнге айналып кетсе, үнстеттегі
Сандуғашы сағынып жетіп келеді. Қайтесің, бәріне де жаның
ашиды. Бас-көз болу керек. Күләннің орнында қалып, қара
шаңыраққа ие болып отырған Бағдат келіннің де шыркөбелек
жұмысы көп. Титтей жаман немелері бірінен-бірі кішкентай.
Жәкеңнің шаңырағы деп келетін қонағы бар, жұмысы тағы бар.

Ағайындар жиналған бас қосуда қонақтарды жөнелтіп болған
соң, өздері ғана шүйіркелесіп қалатын кездер болады. Сонда
әйелдер жағы екеу-екеу әңгімелесіп кеткенде, қайныларына
қарап: «Әй, мына изәләтір қатындарыңа айтыңдаршы,
шуламасын тегі, өлең айтайық. Тамақ ішуге келіп пе едіңдер!» –
деп айқайлап жіберсе, инеліктей майысып отырған замандастары
әңгімесін қоя қойып: «Ал, Еркетай, бірдеме айтып жіберсін», –
дейтін. Содан тымпиған қара кемпір екі қолын сермеп қойып,

111


өлеңді бастап кетеді, қарап отырмайды, қайнысының біреуін іле
кетіп, айтысқа шақырады:

Маған айтшы, қайным-ау, арманыңды, ілік жар,
Қораңдағы айдап кел бар малыңды, ілік жар.
Әйеліңді таста да, өзіме кел, ілік жар,
Шайыдан тігіп кигізем шалбарыңды, ілік жар.

Ілік сондай әридай, еп,
Қаймақты іліп жеп,-

деп, сұқ саусағымен қаймақ жалағандай болғанда, жұрт қыран
күлкіге батады. Баяғыда ұмытылып кеткен небір әуендер сол
кісіден шығатын. Қай уақытта Еркетай апаны іздесең, жиынды
жерден табылады, Әуелі бес құлаш белбеуді беліне байлап алып
тыпылдап қазан қайнатып жүргенін көресің, сосын дастарқан
басында өлең соғып отырады. Қара өлеңнің бір таусылмайтын
кені, қайдан суырып жатқанын білмейсің. Бұл кісіні жас күнінде
ақын аулына айдап әкелген осы өнері-ау деп ойлайсың. Әттең,
шіркін, тағдырдың небір тауқыметі қолбайлау болып, дүйім
жұрттың алдына шығып, бір бәйгеге түсе алмай, арманда қалған
ғой:

Жастан болдым ат мініп еркек шора,
Әйелмін деп ойламай мен бейшара.
Бір думанға бәйге алып жүгірмедім,
Көкірегім қайғылы, жүрек жара.

Қарағым, өтеді-ау қайран заманым,
Іздесем қайдан табамын.
Дегенде ән саламын соғыс шықты,
Жастардың қан майданда бәрін жұтты.
Кернеген көкіректі қайран өнер
Қан майдан өкпе бұзып, жерге тықты-ай.

Кейде өлеңді кең етегі шұбатылған тізесінің үстіне шынтағын
қойып, алақанымен басын сүйеп отырып айтады. Қай-қайдағы
еске түседі-ау. Қарлығыңқы жуан даусы нық, пәрменді. Сосын
бір тісі жоқ қызыл иегін тілімен жалап қойып әңгімелеп кетеді:

112


– Соғыста жалғыз ағам қаза тауып, соның бес баласы қолымда
жетім қалып, соларды бақтым. Күйеуім болса, ол да соғыста еді,
аман қайтты. Бала болмаған соң, бір әйелді алып, бөлек шығып
еді, соғыстың зардабынан қайтыс болды. Өз қолымнан қойып,
артында қалған балаларын тағы қолыма алдым. Қанамнан
шықпаса да, туғаннан әрі, күйеуге кеткен үлкенім апалап,
сағынып тұрады, қайтейін... Бір күні осында құда-жекжаттар
келіп қалыпты. Сырт жақтың кісілері екен, ішінде ақындығы бар
біреуі маған тиісіп қоя берді. Сосын мен айттым:

Дегенде дүргей-ақпын, дүргей-ақпын,
Құдай құрық салмаса жүргей-ақпын.
Атамыз Сүйекем мен ақын Жәкем
Одан басқа ақынмен бірдей-ақпын, –

дедім.
Сонда Жүз ата арқамнан таяғымен түртіп қалды: «Атаңның

атын атап-атап айт!» – деп айқайлады. Атаңның атын айт дегені
несі екен десем, атасының атын шығарсын дегені екен ғой».

Апаның Жүз ата деп отырғаны сол ауылда Жәкеңнен кейін
жүзге жеткен Мекебай деген кісі еді. Тоқсаннан асқанының
өзінде қимылы ширақ, екі беті күрең қызылданып тұрады. Өмір
бойы аңшы болған, тау етегінде мал баққан. Таудың кекілігі бар
ма, қырғауылы бар ма – таңдап жеп, мөлдір суын талғап ішкен
кісі. Кешке қарай бір кесе қайнамаған су ішіп алып, ылғи жаяу
жүретін.

Ата-бабасынан бері Жәкеңнің үйімен бір қонып, бірге көшіп,
бауырласып кеткен адамдар. Жәкеңе адалдығын өле-өлгенше
сақтаған.

Еркетай апа ыстық-суықты болған кәрі көкірегінің сырылын
қатты жөтелмен бір қозғап қойып, тағы сөйлеп кетеді:

– Жиын-тойда қарап отырмаймын. Түк таппасам, осы ауылда
Сара бар, Қымбат бар, Сарқытбай бар, солармен айтысамын.

Сарқытпай, мен жетік пе, сен жетік пе?
Ақын ойлап айтпайды кем-кетікке-е-ай.

113


Аруақ шалған ақынның келінімін,
Екі аяғың тығамын бір етікке-е-ай, –

деймін.
– Жәкең өлеңді қалай айтушы еді?
Еркетай апа күлкісін сап тыйып, түсі салқындап, ойланып

қалады.
– Ақын тәтем жай әңгіме айтпайды. Өлеңмен айтады.

Дастарқанға ықылас қыл десе, сүйеулі домбырасын алып,
өлеңмен төгіп-төгіп жіберіп, «ал енді жинай бер!» – дейді. Өлең
айтқанда домбырасын шайқап-шайқап қояды. 1936 жылы
Мәскеуге барарының алдында ғой деймін, қаладағы біздің үйге
келді. Үйге бір студент балалар келіп жүретін. Ақын тәтем
балалардың қай жақтан келгенін сүрастырып отырып, «Қай
елсіңдер?» – деді. Балалар анық білмеді. «Әйтеуір, Еділдің сол
жақ бетіненбіз», – деді. Сонда Тәтем: «Сендердің еліңді білемін,
сендерді көтен бөрте деп айтады. Ертеде бір баланың жамбасына
сүйел шығыпты. Сол бала жоғалып кетіп, оны біреулер тауып
алыпты. Жамбасына шыққан сүйір сүйел екен. Балаға Сүйел деп
ат қойып, оның баласын Сүйір деп атапты. Сендердің
аталарыңды Сүйір, Сүйел дейді, естулерің бар ма?» – дегенде,
студент балалар: «Рас!» – деп мойындады. Осыны көрдім,
ойпырай, тәтем қай-қайдағыны қайдан біледі екен деп
таңғалғанмын. Жәкең мені кішкентай келін дейтін...

Еркетай апа осыдан елу жыл бұрын ақын атасына шай құйған
кездерін есіне алып, томсарып отырып қалды. Кешкі ала
көлеңкеде ауыз үйден түскен жарықтың қызғылт сәулесі кәрі
кісінің бет әлпетіне тарағанда, артық әжімдері жасырынып, жас
қалпына келген түрін көруге болады екен. Қара кемпір болып
көрініп жүргені өтірік болды, сүп-сүйкімді ақ сары келіншек
елестеп шыға келді. Бұл кісінің бүкіл өмірі «қалай байимын?» –
деп емес, ағайынның көңілін қайтсем табамын деп өтіпті. Қазір
құлағының естуі бұрынғыдай болмай қалған, кешке көзі ұйқыға
барғанша, ескі радионы кұлағына басып жатады екен. Жақсы ән
айтып берсе, жаны жайланып қалады.

Әлі де болса жорғамын қартайсам да,

114


Ойлап жатам өнерді жантайсам да.
Қарағым, өтеді-ау қайран заманым,
Іздесем қайдан табамын? –

дейді.
– Қарағым, бойыңда өнерден бірдеме болса, жас күніңде

ұмтылып қал, ұмтылып қал!
Еркетай апа өкінішінің қайтарымын маған өткізіп, қайғысын

өзіне алып қалғандай мұңайып отырып қалды да, ой тізбегін
қолымен серпіп жіберіп, өлеңге басты:

Ауылым Ерназардың бас жағында,
Топ көрдім, той бастадым жас шағымда.

Қадірлі, касиетті жеңге болып,
Отырдым қайнылардың қастарында-ай.

Жасымда жүк артушы ем қара нарға,
Жасым бар жетпіс бесте шара бар ма?
Аузымнан шыққан сөзім артта қалсын,
Кейінгі өмір берсін балаларға-ай.

Өлеңді айтқан сайын арқасы кеңіп, буыны босап, рақатқа
батып отырған кәрі апаға қарап, бір аяушылық сезімге түсесің: О
баста әйел байғұсты баласын бағып, ошағын ұстауға ғана
жаратқан-ау. Соны орындауды білген әйелдер бақытты. Ал өнер
жүгін қоса арқалағандар немесе құдайдың осы қасиетті
дарытқанына ұялғандай, жарыққа шығармай, ішке тығып
қалғандары да жарымжан тіршілік кешеді. Өнер деген бір жан
ауруы ғой, жанында қолпашы болмаса.

– Қарағым, қолыңнан келсе, тірімде айтқанымды жарыққа бір
шығаршы...

Еркетай апа айтарын айтып алып, сонысын өзі ыңғайсыз
көргендей, қызыл иегі жылтырап күліп қойды. Бір арман ғой,
әйтеуір.

Көп ұзамай, өлеңі теледидардан айтылып жатқанда,
төсек тартып, есін білмей қалған кезі еді, өзі қатыса да, ести
де алмады.

115


Мағжан мен Мария Монтессори

САЯСАТ ЖӘНЕ САБАҚ

Бұрынғы атам заманнан бергі ескі оқуларда мектепті
саясаттандыру болмаған. Саясаттың түрі өзгерген сайын
оқулықты қайта жазып, көзі тірі саясаткерді марапаттату ең
алдамшы уақытқа тән-ау деймін. Тіпті дәстүрлі мұсылман
оқуында адамзат дамуымен бірге келе жатқан көне оқулық,
кітаптарды өзгеріске ұшыратуға құштар болмаған. Оларды сол
қалыптасқан қалпында оқытуда үлкен білгірлік жатыр. Өйткені
құбылма (маргинал) мінезімен ортасын тез өзгертіп отыруға
бейім жандар қалыпты дүниені опыр-топыр етуге құмар

116


«көсемдер» келеді-кетеді, адамшылық негіздері мәңгі қала беруге
тиіс.

Төңкеріс басталып, жаңа қоғам орнату үшін жаппай
дүрбелеңге түсіп жатқанда, қазақ зиялыларының ұлттық тіл
мәселелеріне (А. Байтұрсынов), педагогикаға (М. Жұмабаев)
үңілуінің өзінен саясаттандыру қаупін алдын-ала сезіп,
адамдықтың іргетасын сақтап қалуға әрекеттенгенін көреміз.
Тіпті төңкерістің ошағы Ресейдің өзінде ұстаздар мектепті
саясаттандыруға қарсы шырылдай жазып, көтеріліске шығып та
жатты.

Жаңа үкімет төңкерістің алғашқы жылғы желтоқсанында-ақ
көтеріліске шыққан мүғалімдерді жұмыстан шығарып, пәтерінен
қуып жіберген. Орнына қызыл саясатты уағыздауға құлықты
мұғалімдер келген. Сөйтіп, құдайға дейін жоққа шығарылып,
«көсемдерге» жер үстінен де, кеңістіктен де орын босатылып
берілді. Наркомпростың жаңа оқу реформасын қабылдамаған
ғалым-ұстаз П.Ф. Каптерев «Педагогикалық ой» журналының
1921 жылғы санында жазады:

«Мектеп саясатпен айналыспауы керек. Егер мектеп бүгін
белгілі бір партияның көзқарасын уағыздап, оны шәкірттер
санасына зорлап таңатын болса, онда ертең, арғы күні тағы бір
партиялар шығып, оны да уағыздауына тура келер... Сонда
мектебіміз не болып шығады? Ол нағыз педагогика мен шынайы
білім беруден басқа құйтұрқылардың бәрімен айналысатын саяси
базарға айналмақшы ғой».

Осы мақаладан кейін үкімет журналды жауып тастаған. Ал
бүгінгі ұрпақ сондағы айтылған ойдың растығына көз жеткізіп
отыр.

Өзім ұстаздық қызметімді жетпісінші жылдары бастадым.
Бұл коммунистік идеологияның өктемдік құрып тұрған кезі екені
белгілі. Қандай бір көркем шығарма туралы әңгіме бола калса,
студенттердің сөзі «залым бай мен ақылды кедейден» басталады.
Ол кезде еуропалықтардың: «Ақылды болсаң, неге кедейсің?» –
дейтін сөзін білмейтінбіз. Одан кейінгі даттайтынымыз – қожа,
молда мен бақсы, тәуіптер. Жамандаудың ішінде Абайдай

117


дананы өсірген Құнанбай қажы да бар, Шоқандай білімпазды
тәрбиелеген Шыңғыс сұлтан да, Тезек төре де бар. Коммунистік
саясат ата-бабамызды жоққа шығарудан аянбады. Барлық оқулық
кітаптар осылай деп үйретіп жатты.

«Молда» дегендегі молданың біреуі өзімнің нағашы атам
Сүлеймен мен оның әкесі – Сақ молда (Ысқақ). Сақ молда
Тәшкен, Самарқаннан оқып, Сұлутөбенің табанындағы, Сыр
жағасына жақын Көксу деген жерде мешіт салған адам. Сол өзі
салдырған мешіттің маңайында ағайындары Мұстафа Шоқайдың
аталарымен ауыл үй қонып отырған. Сағди, Ясауи заманындағы
бабалар дәстүрімен, рухани жиһангездердің жолын ұстап, Үнді,
Ираққа сапар шеккен. Сол жақтан сіңірген салтымен Сүлеймен
атамның мұрнын тесіп, сырға да салыпты. Өзі оқыған жерлерге
апарып баласын да оқытыпты. Мешітке арнап сойылып жатқан
есепсіз малды жетім-жесірге таратып отырған. Кісіге тесіліп тура
қарамайтын, үстіне су жұқтырмайтын тақуа кісі болған деседі.
Кәмпеске басталып, «молданы қойдай қу қамшымен» деп
пионерлер өлең айтатын заманға тура келген соң, тігулі тұрған
үйін қаусырған қалпында тастап, Тәшкенге қашқан. Сүйегі
Қауыншы деген жерде қалды.

Ал Сүлеймен атам тұрдавойға барып, колхозшы да болып,
қара жұмыстың бәрін атқарған. Бірақ жаңа заман сенімін өзгерте
алмаса керек, намазы мен оразасынан жаңылмай, ескінің
жұрнағы аша орындыққа қойып, ертелі-кеш Құран оқып
отыратыны есімде. Әттең адамның бейім, талабын ескермей,
сауыншыға ел басқартып, ел басқаратын білімпазға күрек беріп
сапырылысқан кез болды ғой. Осы күні ойлап қарасам, бүкіл
адамдық табиғаты молда болып, бала оқытуға жаралған кісі еді.
Беріректе университетте үйренген арабшаммен алдындағы
Құранын ежіктеп оқи бастағанда, иманынан басқа жазығы жоқ
адамның заманынан көрген қорлығы еске түсті ме, көзіне жас
алды.

Енді «алдаушы» деп жабыла, жамандаған тәуіп кім? Бала
кезде күнде көріп, білген Тайман тәуіпті еске алсам, ешқандай
алдамшы адам емес. Қызметтегі балаларының тыныштығын

118


ойлап, ашық тәуіпшілік құра алмаған. Үлкен анамызды
сыйлағандықтан ғана жасырын келіп, тамыр ұстап, шекеден
шертіп қан алатын. Бала біткенді баудай жайпаған қызылшаның
ажалынан алып қалған сол кісі деседі. Көргендер айтады:

«Қатты ауырып жатқанда, көңілін сұрай бардық. Кемпірі
қасымызға келіп отырды. Екеуі әзілдесе беретін еді, Тайман
кемпіріне айтты: «Мен өлгесін шалқақтап қыдырып жүремін
дейсің бе? Жеті күннен кейін қасыма барасың», – деді. Тәуіп
қайтыс болып, малымызды алып, жетісіне бардық. Құдая тоба,
сол күні, шалының жетісін беріп жатқанда, ауырмай-сырқамай
кемпірі де өлді». Сөйтіп, Тайман тәуіп те құдай берген талантын
ішке тығумен өмірден өтіп кетті.

Осы кісілерді біліп тұрып, молда мен тәуіпті ғайбаттауға
қалай аузың барады? Студентке не айттық, өтті-кетті. «Айтылған
сөз – атқан оқ, кетер, кері қайырылмас» деген ғой. Нәрлі бірдеме
айта алған болсақ, бізді адастырмаған алдымыздағы
ұстаздарымыздың үлгісі болды.

КЕРЕМЕТ ПЕН КӨЗБАЙЛАУДЫҢ АЙЫРМАСЫ
НЕДЕ?

Осы сұрақты қойған Берікбай Сағындықов деген кісі қара
суды шын қайнататын керемет бақсылардың казақ ішінде
болғандығын дәлелдеп отырады. Ал көз байлаушы қайнаған
сияқты ғана қылып көрсетеді екен. Бақсылық пен әулиелік те
қазақтың бір қасиетті дәстүрі ғой. Арқалы бақсыларды өз
көзіммен көре алғаным жоқ, бірақ естіген-білгендерім бар еді.
Әкемнен естіген әңгімеде:

«Баяғыда бір әйелдің баласы жоғалады. Көп жыл өтсе де
баласы табылмаған ана бір күні базарға келіп тұрған әулиенің
алдына барып құлайды.

– Қоңыр әулие, баламды тауып бер. Әйтпесе осы жерден
тұрмаймын дейді. Қиналғаннан Қоңыр әулиенің өзі де, аты да
қара суға түскен екен дейді. Біраздан соң:

119


– Ойпырмай, кейуана, қинадың ғой. Базардың ана шетіне
барып қарашы, – депті. Кейуана барып қараса, жігіт болған
баласы ат сатып жүр екен. Ұрлыққа айналған ғой».

«Әзірет сұлтанның шырақшысы әулие кісі екен. Бір күндері
балаға зарыққан ерлі-зайыпты екеуі келіп, Әзірет сұлтанға үш
күн түнепті. Үш күнінде де ешбір аян бермей, үшінші күні екеуі
еңірегенде етегі жасқа толып жылапты. Байғұстардың
қиналғанына шыдай алмаған шырақшы екі көзі қып-қызыл
болып, қолын қойнына салып жіберіп: «Құдай бермесе, мен
бердім, мә!» – деп лақтырғанда, баланың аяғы көрінген екен
дейді».

Жамбыл атаның аулында тұратын Сансызбай деген кісінің
айтуынша, сол маңайда арқалы екі бақсы болған: Асыл мен
Шойынжан.

Асыл мен Жамбыл ата құрдас екен. Екеуі Іленің ар жағына
барып, бір ай-екі ай жүріп келе жатады. Қаскелеңнің ар
жағындағы Тереңөзекке келгенде Жәкең: «Сені жұрт баксы-
бақсы дейді. Жолдан іш пысып келеді. Әңгімелесетін қыз-
мыздарың болса, әкелсеңші, кереметіңді көрейін», – депті. Асыл
бақсы күліп келе жатып бір кезде: «Ал, Жамбыл, артыңа қара!» –
дейді. Қараса, шашы жалбыраған, түрі жаман бір кемпірді
мінгестіріп қойыпты. Жәкең атына қамшыны басып жіберіп, «Әй,
аруағыңнан айналайын, әкет мына бәлеңді!» деген екен.

Сансызбай ата Шойынжанның кереметін көзімен көріпті:
«Елу-алпыс кісі қырман тазалаймыз. Ауданнан өкіл жүр.
Жәкеңнің баласы Сатыш келді де, Шойынжанға айтты:
– Жаңа кәнтөрдің түбінде қалды ма, үйде қалды ма – шақшам
жоқ, бір атым насыбай берші, – деді. Шойынжан бермеді. Сатыш
Кірқабаққа барды:
– Ертең мені айдап кетсе де, үйге барам, шақшамды әкелемін.
Әйтпесе мына Шойынжаннан бір атым насыбай әпер, – деді.
Кірқабақ:
– Әй, Шөке, біреуміз кетіп қалсақ, өкіл құртады ғой, бер
насыбайды, мен төлейін, – деді. – Бермесең, баяғыда бір бақсы

120


Іленің ар жағындағы ауылды бер жаққа көшіріпті. Біздің
замандағы бақсы да, жақсы де сенсің, насыбайды әкеп бер.

Шойынжан:
– Не бересің, әкеп берсем?
– Қара ала қабыңмен бір қап бидай беремін.
– Сатыш, сен не бересің?
– Мен мына пәлтемді беремін.
Менің бір жаман ақ қалпағым бер еді, төбесі тозып қалған.
Шойынжан басымнан жұлып алды. Ортасын бүктеп, із салып,
қолыма берді:
– Қырманның күнбатыс жағына апар да, мына жарығын
күнбатысқа қаратып, қойып кел, – деді.
Қалпағымды бидайдың шетіне апарып қойып келдім. Содан
соң Шойынжан:
– Пәленше, Түгенше, уа Пәленше, сен өтірік айтпаушы едің
ғой; сен айтшы, – деп, 3-4 кісінің атын айтып шақыра бастады.
Бір уақытта өзін-өзі шапалақпен шарт дегізгенде, нақ маған
тигендей болды. Көзімді жұмып қалдым. Сатыш, Кірқабақ, мен,
Нүсіпбек – бәріміз тұрмыз. Сосын тағы белгісіз біреуге:
– Әй, сен айтшы, анау пәленше жұртқа қарабет қылады, сен
айтшы, – деді.
Бір уақытта көкірегін ұрды кеп. Зіркілдеп кетті.
– Рас па, рас па? Рас, рас! – дейді өзіне-өзі.
– Шын ба? Шын, шын. Сансызбай, бар да, қалпақты әкел, –
деді.
Қалпаққа барсам, құдая құдауанда, шүйтешке шақша екен,
аузына қағаз тығыпты. Бағыты – күнбатыста, су-су болған.
Әкеліп, қолына бердім.
Ертесіне дәу қара ала қапты толтырып, аузын будық. Үш кісі
көтеріп, есектің үстіне салдық. Шойынжан жайдақ мініп,
бидайды өңгеріп кетті».
Екінші бір көргенім:
«Қырмандамыз. Көжеміздің қатығы жоқ. Үшінші бригадаға
алты серкені әкеліп, үшеуін сойыпты. Үшеуі байлаулы тұр екен.
Соны бізге әкеліп беруге адам табылмапты. Біргәдір: «Әкеліп

121


бере алмаймыз, өздерің алыңдар», – деді. Шойынжан ашуланып:
«Өзім-ақ әкеліп аламын», – деді. Біргәдір кетті, біз шулап қала
бердік. Бір уақытта: үш серке, қара арқаны мойнында, шұбап
тұсымыздан кетіп барады. Жүгіріп барып айдап әкеліп, сойып
алдық. Міне, осыны көрдім».

КӨРІПКЕЛ

Студенттер ел ішінен естігенін көзбен көргендей, қолмен
қойғандай ғып айтады. Барлық сұрағына жауап беріп, бар күдігін
сейілтуге тиісті сияқтысың. Олардың білгенінен артығырақ
білмесең, олардың көргенінен көбірек көрмесең, несіне мұғалім
боласың. Осындай намысты қамшылауымен нақты сабақтың
шеңберінен шығып, әр түрлі ізденіске баруға тура келеді. 80
жылдардың бас кезінде небір көріпкел әулиені «білем» деген
студенттер көбейіп кетті. Шәкірттің көріп-білгені жайына
сырттай тон пішіп, жоққа шығара салу оңай, бірақ одан кейін
қадіріміз бола ма?

Бір күні Алматының ішінен көріпкел әйел шықты дегенге,
іздеп бардым. Жасырын қабылдайтын кез. Студенттің бірі көріп
қалса, «апайымыз бал аштырып жүр» деп ойлай ма деген
қорқыныш мықты. Балгерді көзбен көру аңсары одан да мықты
болды. Мұғалімнң жүріс-тұрысы мен киген киімі қызметінің
анығын өзінен бұрын білдіріп қоятын бір пәлесі бар еді, базарға
шыққан әйелдей болуға тырыстым.

Есікті бір кемпір ашты. Біраз тергеуші сұрақтан кейін, алдын-
ала жазылмай, адам келмейтінін айтып, жолатқысы келмеді.
Ақыры, көрмей кеткім келмей тұрған ыңғайымды білген соң, ар
жақтағы әйел даусынан рұқсат сұрап, кіргізді-ау. Кішкентай шай
кесенің ортан беліне кофе құйып әкеліп, ішуді міндеттеді.
Жылаған жас баланың, ас үй жақтан телефонмен сөйлескен әйел
даусы естіліп жатыр. Кемпір 2-3 айлық баланы жөргектеп, біресе
ас үйдегі әйелге апарып, қайта алып кетіп тербетіп, әйтеуір,
біраздан соң басылды. Екі бойжеткен қыз кіріп сөйлесіп, олар да

122


күтуге отырды. Таныс біреу кіріп келе ме деп, менде зәре жоқ. Бір
кезде ас үйге қарай шақырды.

Үстел басында өзім қатарлы көк көз, толық келіншек отыр.
Иығы ашық, батыл пішіп тігілген ірі гүлді көйлек киген. Бетіме
көп қараған жоқ, кесенің түбіндегі кофенің қалдығын шайқап
қойып сөйлеп кетті:

– Үш балаң бар екен, рас па?
– Рас, – дедім мен.
– Біреуі сізден бөлек тұр ғой, әлде кемпір-шалға берген бе
едіңіз?
– Жоқ, бірге.
– Олай болса, түбі сізден алыстау жерде тұрады екен.
Қорықпаңыз, аман, өмірі ұзақ.
– Әкеңіз ертерек өледі екен (Әкем алдында қайтыс болған).
Шешеңіз көп жасайды.
Біраз сөйлеп болғаннан кейін:
– Сұрағыңыз бар ма? – деді.
– Өзім туралы не айтасыз?
– Сіз өнерге жақын адамсыз. Қызметіңізді анық айта
алмаймын, бірақ өнердің маңайында...
Кішкене әңгіме-дүкеннен кейін балгерліктің жайына көштік.
Сондағы айтқаны:
«Маскүнем күйеуімнен бір баламен ажырасып, екі баласы бар
кісіге тұрмысқа шыққан едім. Сөйтіп жүргенде екінші күйеуім
бір апаттан қаза тауып, төрт баламен жалғыз қалдым. Қайғыдан
ауырып есеңгірегенде, үйдегі заттар қозғзлып, көшіп жүргендей
көрінетін. Көп ауырып, содан кейін көріпкелдік пайда болды.
Қазіргі үшінші күйеуім, одан кішкентай балам бар. Ол кісі
мұнымен айналысқанымды жақтырмайды.
– Кісінің тағдырын айтқанда, белгісіз бір дауыстың әмірімен
айтасыз ба, әлде көзге елестей ме?
– Кесенің түбіне шөккен кофенің ұнтағынан көремін.
– Ауруды емдей аласыз ба?
– Қорыққан баланы емдеймін. Жапон аппараты алақанымда
биологиялық жылу күшті деп тапты.

123


Бұл тірі балгерді көзіммен бірінші көруім болды. Алақандағы
жылудың адам емдеуге қатысы барын түсінгеннен кейін,
емшіліктің төркіні алдауда емес, ғылыми тиянағы бар сыр екеніне
кез жетті.

КЕЗБЕ ӘУЛИЕ (Көппайқызы Әлимаш)

Бала кездегі көрген нәрсенің адамның миында жатталып
қалатынын педагогикада шамадан тыс пайдалану арқылы баланы
ерте жүйкелетіп алып жүрміз ғой. Бұл құбылысты дұрыстап
зерттеп, жолға қойса, бүлдіршіннің жан әлемін байытуға негіз
болатын тамаша мүмкіндігі бар. Осыдан 30 жыл бұрын көрген
кісімнің суреттей есте қалғаны бала миының жаттап алғыштық
қасиеті ғой.

Кішірек кезімде әкеме еріп, Қызылорданың ескі базарын
аралап келе жатқанымыз есімде. Оң жақтан бір ерекше көрініс
көзіме түсті: Үстіне қалың шапан киіп, еркекше шалбарланып,
белін буған бір әйел малдасын құрып, кішкентай домбырасын
дыңғырлатып, бірдеме айтып отыр. Екі көзін жұмып алған,
теңселіп қояды. Алдында тізесін бүгіп тыңдаған 4-5 адам бар.
Көзін жеңімен сүртіп, жаюлы дастарқанға тиын тастайды.
Домбыра ұстаған әйелдің не айтып отырғанын естігім келіп,
жақындай түссем де, түк құлағыма ілінбеді. Ұзап бара жатқан
әкемнен адасып калатын болған соң, амалсыз жүгіре бардым.
Жырау дейін десем, саңқылдаған ашық даусы естілмейді,
қайыршы дейін десем, домбыра тартады. Осы сурет жұмбақ
күйінде көз алдымда қалып қойды. Отыз жылдан кейін не
айтқанын өз аузынан естимін деп ойлағам жоқ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Әулиеатада бір керемет тәуіп
кемпірдің бар екенін естідім. Баласы да тәуіп, бірінен-бірі білгір
деп мақтаған соң, жаны бар адам тұра ала ма? Қазақтың арқалы
тәуібін көруге құштарлық жеңіп, 9-мөлтек аудандағы үйіне
бардық.

Қаланың көп қабатты үйі екен, кіре беріс ұзын дәліздің төр
жағындағы үлкен бөлме толған адам. Жол бастаушы апайым оң

124


жақтағы есікке бұрылды. Кереует үстінде етек-жеңі кең, аумақты,
ақ жаулықты кісі отыр. Алдында алаша үстінде тізесін бүккен
әйелмен сөйлесіп қояды. Жол бастаушы кісім:

– Апа, сізге келіп едік, – дей беріп еді, артында тұрған мені
көрді де:

– Басыңа неге орамал тартып келмейсің? – деді. Көзімен
аларып қарағанда, кісінің місін басқандай, аруақты екен. Алыстан
келгендігімді айтып:

– Үйіңізден бір орамал бере тұрыңыз, тартып алайын, –дедім.
Шүпірлеп жүрген балалардың біріне:

– Әкеп бер! – деді.
Сонымен орамалды тартып алып, қасынан нұсқаған орынға
келіп отырдық. Енді назарын алдындағы кішкентай қызға бұрды.
Қасындағы қамшымен баланың екі иығынан кезек-кезек сипалай
ұрып, өзіне ғана аян бір дұғаны сыбырлай айтып, қолын жайып,
бетін сипады. Одан соң қыздың алдына кішірек ыдысқа салып,
тұз қойды да, тағы оқыды. Кетерде жеті қасық салып беріп, «осы
тұздың еріген суымен жуын», – деді. Қорыққан бала екен.
Бұдан соң іші ауыратын тағы бір баланы үшкірді.
Алыс ауданнан келіпті. Операция жасап, дәрігерлер ештеңе
таба алмағанын айтты. Одан соң кішкентай қызын алып кіргелі
тұрған жас келіншекке: «Сен балама келген екенсің, балама
келген адамды мен қарамаймын. Өзіме арнап келген жоқсың», –
деп қайтарып жіберді. Келіншек: «Рас еді, рас еді», – деп шығып
кетті.
Тағы бір әйел кіріп, бал ашып беруін өтінді. Қызым түнде
ұшып тұрып сөйлейді. Он екіден асқан. Өзі ашуланшақ, айқайлай
береді. Түс көрсе болды, «өлетініме көрінді», – дейді. Тәуіп:
«Баланың өзін әкел», – деді де, құмалағын ашып жатып сөйлеп
кетті:
– Біз қазір жайылған мал боп кеттік. Тілімізді ұмыттық.
«Мама, папа» дейді. «Аға, апа, көке» деген сөздер қайда? Балаңа
қазақша айтқыз. Арақ ішпеңдер, қызың арақты жақтырмайды.
Әйел шығып кеткен соң, бізге қарады.
– Қандай шаруамен келдіңдер?

125


Келген шаруамыз – көру, әңгімесін есіту. Манағыдай емес,
даусы жұмсарған, бірақ тіке қараған дөңгелек үлкен көздерінде
батылдық, сенім бар. Сұрақты орнымен қоюы, сабырлы қимылы
естіліктен хабар береді. Ақ жаулық тартқан, қомақты отырысы
әулие ананы еске түсіреді.

Үйдің қабырғасында ілулі тұрған кішкентай үкілі домбыраға
көзім түсті. Жанындағы орындыққа сүйеулі осындай тағы біреуі
тұр.

– Домбыра тартасыз ба, апа? – дедім қызығып.
– Жоқ, оншалыкты тартпаймын. Домбыра қасиетті нәрсе ғой,
жарықтық. Емдегенде былай ғып қолданамын.
Домбыраны қолына алып, пернесін баспай, дыңғырлатып
отырып, емдегенде айтатын сөздерін қосты. Көздері қызғылт
тартып, қоңыр даусымен сөйлеп кетті.
«Қыздың құраны қырық атаға тиеді, ұлдікі он атаға тиеді.
Соғысқа дейін кендір бауладым, жібек құрт бақтым. Соғыс
басталды. Ер-азамат қырылып жатыр. Отырып қайғырамын.
«Көппайдың қызы көпті тілейсің!» – деген дауыс естілді. –
Қолыңды домбыраға идік, көңіліңді көпке бөлдік», – деді. Содан
далаға шықпай, бетіме орамал жауып алып, ел көрмедім. Қырық
бір күн судан басқа дәм татқам жоқ. Елді тілеп, жылап жаттым.
Боздақтар аман келсін деп қырық бір құмалақ шашып қоямын.
Қырық бір күннен кейін қалқоз бастық ат жіберіп алдырды.
Күйеуім Алпамысқа айтты: «Әлимашқа тіл тигізбе, халықты
тіледі», – деді. Атам: «Жынды бақсы болайын деп пе едің», – деп
домбырамды алып кетті. Сонда да жынды адам құсап жүремін.
Бір күні баланы да, байды да тастап, ел кезіп кеттім.
Мойныма бұршақ салып, домбыра алып, қырғыз-қазақты
аралап, ел тілеуін тіледім. Базардың ортасына барып отырып,
домбыраға қосылып жылаймын: «Ақ лағың болайын, көк лағың
болайын, халқымды аман қыла гөр!»

Елім-ай, елім-ай, елім аман болсын-ай,
Нелер ерлер кетті ғой, жауды жеңіп келгін-ай.
Мен құрбанмын соларға,
Аман келгін көбім-ай,

126


Боздақтарым келер ме екен,
Тілекті құдай берер ме екен?
Елге шыққан мені көріп,
Ақ бидай шығар жайқалып.
Елім-ай, елім-ай, әскердегі балалар,
Аман-есен келгін-ай.
Орысты да бақтым-ай,
Қазақты да бақтым-ай,
Сауап тисін деймін-ай.

Осыны айтып болып, Әлимаш апа жұмулы көзін ашып
қабырғада ілулі тұрған суретке қарады. Онда бір орыс, бір
қазақтың ортасында түскен өзі түр.

– Бірнеше жетім бала асырадым. Миша балам – беларус.
Қолыма 43 жылы алып едім, соғыс біткен соң, еліне кетті.
Қатынап тұрады. Мені Беларусияға жүр деп тартады. Иманжан
деген ұйғыр балам қазір Фрунзеде (Бішкек). Дарбоз деген балам
әскерден оралмады. Үлкен балам Мырзалы қайтыс болған. Одан
немерем Бақтыгүл, шөберелерім бар. Қолымдағы балам
Виктордан – тоғыз. Бала тұрмағаннан кейін атын орысша
қойғанбыз...

Е, е, шырағым, далада қалғанша, балада қалсын деп отырмын.
Виктор баламды арақтан өзім алып қалдым. Жолыма түсті, құдай
берген тәуіптік қасиеті бар. Ана бөлмеде отырғандар – сол балама
келгендер.

Араздасып келген әйелге, еркекке ұрсамын: «Қой, қарағым»,
– деймін. Тілімді алады. Шымкенттен ерлі-зайыпты екі адам
келді. Екеуін татуластырдым. Қазір 5 ұлы бар. Бір мілитса бала
келді: «Келініңіз ұл тапты, атын қойып беріңізші», – деді. Аузыма
Жамбыл түсті. Содан көтере ме, көтермей ме», – деп, аруаққа
жатып жалындым...

Тумаған әйел бір жылдай келіп жүрді. Күйеуі: «Осыдан ұл
туса, астымдағы мәшинемді түсіп беремін!» – деді. Келіншегі
қырық бірінде ұл туды. Қазір жеті айлық баласы бар. Жақын
жерде тұрады. Өзі де келіп қалар. Күйеуі астындағы мәшинесін
түсіп берді».

127


Осы кезде есіктен 23-24 шамасындағы арықшалау, орта
бойлы бір жігіт қарады. Әлимаш апаның дереу жүзі жылып,
жұмсақ дауыспен:

– Е, шаруаңды бітірдің бе?
Жігіт екеуара түсінікті бірдемені айтып: «Бітірдім», – десіп
жатыр.
– Намаздың уақыты болып қалған шығар, намазыңды оқы.
Содан кейін бері келе ғой. Қызым сөйлесемін, – дейді.
Бұл дінге әлі апиын деп қарайтын кез. «Әлгі жігіт, шынымен,
намаз оқығалы жүр ме?» – деп, таңдана түсіп отырдым.
Кішкенеден соң басында тақиясы бар, қасымызға келді.
– Намазыңды оқыдың ба? – деп, апа қайталап сұрады.
– Иә, оқыдым.
– Мына бала Кировтан, басы ауырып келгелі бірқатар болды.
Қазір жазылды. Жағдайын өзі айтсын.
– Арабша оқи аласың ба? – дедім, күмілжіп, әңгімені неден
бастарын білмей отырған соң.
– Жоқ, оқи алмаймын. Намазды Әлимаш апам мен Виктор аға
үйретті. Қазақша әріптермен жазып алып, жаттадым.
– Жұмыс істейсің бе?
– Басымды көтере алмай, ауырып жата бердім. Әскерге барып
келгенмін. Үйленгенмін. Соңғы жылдары әйелім мен екеуміздің
арамызда ырың-жырың көп. Бас ауруым күннен-күнге үдеді. Бір
күні байқасам, жастығымның ішінен бір қатты нәрсе басыма
тиеді. Алып қарасам, мені жадылау үшін жазылған қағаз екен,
осында әкеп бердім. Анау күні Виктор ағаға жолығуға бір орыс
тәуібі келіп еді, оқып көріп, «орысша магия», – деді. Қазір басым
жақсы...
– Сонда бас ауруың жадылағаннан болды деп сенесің бе?
– Иә, әйтпесе неден болады? Бұрын сап-сау адам едім.
Біраз отырып, жігіт шығып кеткен соң, әңгіме қайта жалғасты.
Әлимаш апаның есіне түскені – баяғы «қараң қалғыр соғыс» екен:
«Түс көрдім. Жерден аппақ киінген қожа шықты. Сонда әлгі
кісіге жыладым: «Ататай, екі бура таласып, елді қырмақ болды.
Жүріңізші, анау бураға!» – деп едім, «Барайын!» – деп, екі бураны

128


екі жақка айырып жіберді. 45 жылы сол тілегімді құдай берді.
Ұрыс басылғанда Талап қалқозында едім, қалқоз бастық:

– Тілегіңді құдай берді, Әлимаш, тойға не сояйын? – деді.
– Зеңгі баба әулиенің малы – сиыр сой, – дедім. Бір күні Кенен
ағама бардым. Кенен айтты: «Тілім байланып жатыр, қамшыңмен
ұрып жіберші», – деді. Қамшымен екі салдым. Қасымдағы
кісілер: «Қызырың Кененге ауатын болды ғой», –деді. «Мейлі», –
дедім. Кенен ағаның кешікпей атағы шықты. «Бағыңа бақ
қосылсын, қазақ атамның аруағы қолдасын!» – деп бата берді.
Қазақтай кең адам жоқ қой.
Өмірімше ел тілеуін тілеумен жүрдім. Қолыма домбырамды
алып, араламаған жерім жоқ. Жасым жетпіс үште. Сөз көңілінде
нұры бар адамға қалады. «Құдай иман берсін», – деп отырғанда,
сен келдің, қарағым... Бір сиыр сойып, Өтеген әулиеге түнедім.
Айша бибі анама бір-ақ түнеп, асығыс боп кетіп ем, түсіме кіріп
жүр. Бүгін Айша бибі анама түнеуге барғалы отырмын. Жүр
менімен бірге, үш күн түнеп қайтамыз».
Өкініш-ай! Екі әулие ананың табысқан сәтін көргім келіп,
қанша бұлқынсам да, өлшеулі уақыттың ырқынан шыға алмадым.
– Апа, біз келдік, – деген дауыс естілді осы кезде. Үкілі
тақиясы бар бала көтерген ибалы келіншек есіктен қарады.
– Е, келе ғой, жаным. Менің балам келді, мінеки. Тфә, тфә, –
деп, кішкентай баланы бетінен сүйіп, келінішекке қайтып берді.
Бұл манағы айтқан, қырық бірінде ұл тапқан әйел екен. Екі үй-
ара сыйластық, қатынастары байқалып тұрды.
Осы кезде сырттан қауқылдасқан ер адамдардың дауысы
естілді. Бірі – баласы Виктор, қалған үш-төрт кісі колхоздан
келген жакын-жуық жігіттер екен.
– Апа, көлік дайын, – десті.
Біз де киінуге ыңғайланып, дәлізге беттедік. Біраздан соң
жаңағы бөлмеден үстіне Әлимаш ананы қондырған орындықты
төрт аяғынан ұстап, тік көтерген еркектер шықты. Сол бетімен
қоштасып, төменге түсіп кетті. Күні бойы кереуетте қозғалмай
отырған кісінің екі аяғы сал екенін байқамаппыз.

129


Іштей: «Шүкір, шүкір», – деп ойладым, – анасын көтерген ел
азбас».

Былай шыққан соң апайым айтты:
– Қалай ойлайсың, мықты тәуіп, ә?
– Иә. Сенген адам жазылады. Кісіні сендіретін адамның өз
сенімі мықты болса керек. Сеніп, өмірге құштарлығы оянған
адамның ішкі ағзасы өз ауруына лайықты дәріні өзі жасап
шығарады. Айналып келгенде, адам өзін-өзі жазады. Бұрын бұл
жағын түсінбей, тәуіпті көз байлаушы деп келдік қой.
Бірақ мені тебіренткен Әлимаш апаның әулиелігі еді. Рухани
кезбелер ісләм мәдениеті өркендеген елдерде орта ғасырлардан
бастап болған! Олар қайыршы емес, рухани тазалықтың
үгітшілері. Біздің бала кезіміздің өзінде ондай кезбелер бірен-
саран қалып еді. «Көптің тілеген, құдай жолындағы адам едім», –
деп келген кезбені әр қазақтың үйі құрметтеп күтіп, әңгімесін
тыңдап, нан-панын қамдап беріп, жолға салатын. «Бір үзім нан,
су болса, одан артық не керек?» – дегенді жырлайтын
ортағасырлық адамгершілік пәлсәфадан туған дәстүр бұл.
Өмірлік қызықтың бәрін тәрік етіп, жақсы киім киюден, тойып
ішуден безіп, өзін имандылық, тазару жолына бағыштаған,
сонысымен адамдарға ой салған кісілерді әулие атаған. Бірақ
әулие кезбелер ер адамдар болушы еді, Жалғыз-ақ бала кезімде
ауылдың алыс сыртында Ахмет ишанның шырақшысы болып,
жалғыздан-жалғыз тұратын бір әйелді көргенім бар. Бұтына
қазақша кең шалбар киген, ақ есегіне мініп, анда-санда ел ішіне
келіп қайтатын. Сонда «шырақшы әйел, шырақшы әйел», – деп
нас-насты көргендей (гуманоид), балалар бірін-бірі түртіп,
қызықтаушы еді. Сол әулиелердің жұғындысы екен Әлимаш апа.
Құлқы таза адамның ғана қолынан келетін іс.
Қазіргі кезде батыс елдерінен рухани саяхатшылар шыға
бастады. Көлікке мінбей, жаяулап ел кезіп, бейбітшілікке,
табиғат тазалығына үндейді. Бірақ олардың артында демеушілері
бар. Еліне қайтқан соң, көрген-білгенін жаздырып алып, кітап
қылып шығаруға дайын отырған көтермешілер тұр. Айналып
келгенде, аз уақыт тартқан азабын өтеп алады. Көппайқызы

130


Әлимаштың көп тілеуі жолында құрбан қылған жастығын, ақ
таяғы мен көн етігін серік қылып көрген қиындығын кім өтер?
Қазақ қанағатшыл халық қой, өзі: «Көпке пайдам тисе, болар», –
дейді.

«МЕНІҢ БІЛЕТІНІМ – ТҮК БІЛМЕЙТІНІМ»
(Студент сұрагына жауап)

Коммунистік саясаттың шекпенінен шыққан бізге қарағанда,
ата-бабаларымыздың ойлау, айту еркіндігі мол болған сияқты.
Өйткені адамзат байқауынан есте қалған адам сенгісіз
ақпараттардың бәрі «құдайдың құдіреті шексіз» деген ұғымға
сыйған. Ал құдайды жоққа шығарған соң, таңғажайып
әңгімелерді айтуды қойдық. Шындығына келсек, аңыз әңгімелер,
діни мифология тектен-текке шығарылмаған ғой. Өмірде себепсіз
нәрсе бар ма?

«Шыбын жан бір-ақ түтін бу секілді»
«Алдыңда бір-екі ауыз сөз сөйледім,
Жан мен тән бірге тұрған аманында.
Айырылып өз бетімен жан кеткенде,
Құр дене топырақ боп қалады да».

Яғни ескілікті қазақ ұғымында адамның жүрегі тоқтаған соң,
жаны кеудеден ұшып шығып, көкке көтеріліп кетеді. Аруақты
еске алғанда, еріксіз аспанды елестетеміз. Олар аспанның бір
жерінде ұшып жүргендей, даусымызды еститіндей. Сонда аруақ
дегеніміз әлгі ұшып шыққан жан болды ма?

(Ең алдымен, дінді құрметтейтінімді айта кеткім келеді.
Алайда ғылыми болжамсыз өмір алға баспайды. Сондықтан
айтқалы отырған мәселе ғылым айналасындағы болжам екендігін
ескертеміз).

Өз ойымша, адамдардың көңіл-күйіне, ауруына, сауығуына,
талантының ашылуына, біреуді-біреу өлтіруге сырттан әсер
ететін бір күш болуы мүмкін. Ежелгі жұлдызшылардың адамның
туған күніндегі жұлдыздардың орналасуы арқылы мінезінің,

131


болашағының қандай болатынын анықтап жатуы тегін емес.
Адамға жұлдыздар, күннің жылуы, айдың тууы т. б. әсер етіп
тұратын болуы керек. Осындай жылу (биоэнергия) адамнан да
бөлінеді. Сол арқылы адам адамды емдейді. Ал адамның ақырғы
демі таусылғанда, мүмкін өте күшті биоэнергия бөлініп,
атмосфераға шығар. Ауада жүріп өзіне туыстас адамдарға,
пікірлеске, достарына әсер етер. Әсерленген адамның жеке
басында өзгерістер болуы керек. Ауырып жатса, жазылады,
немесе талант көзі ашылады, не керісінше ашуланады, не бір
шапшаң шешімге келеді. Әсердің түрі көп, бәрін ашып айту қиын.

Кейбір емшілер: «Жаным денемнен бөлініп, ұшып шығып,
космосқа барамын, сонда мынандай нәрселерді көремін. Тәнім
бұл уақытта терең ұйқыда болады», – дейді.

Бір қарияның мынандай әңгімесін естіп едім: «Үш-төрт жасар
кезім еді. Қатты ауырдым. Өзім біреудің алты баладан аман
қалған жалғызымын. Бір уақытта ұйықтап кеткендеймін бе, түс
көрген сияқтымын. Бір шыбын су толы шелектен өрмелеп шыға
алмай жатыр. Әзер... дегенде шықты-ау, әйтеуір. Сол кезде
құлағыма жылаған дауыстар келді. Бетімді ақ шүберекпен жауып
жатыр екен. Көзімнің қыбырлағанын байқап қалды ма, әке-
шешемнің қуанып күлгені бүгінге дейін анық есімде».

Дәрігер психиатр, философия ғылымының докторы Раймонд
Моуди өлім алдынан қайтқан 150 адаммен сөйлесіп, олардың
айтқан әңгімелерінің негізінде «Өмірден соңғы өмір» атты кітап
шығарған. Өліп-тірілген бір кісінің ғалымға айтып берген
әңгімесі мынандай:

«Өзім өлген соң, менің түйсігім (сознание) денемнен бөлініп
шығып, реанимация бөлмесінің төбесіне ілініп тұрды.
Дәрігерлердің өлі денемді тірілтуге күш салып жатқанын, «бұл
әбігерді жалғастыра береміз бе?» – деп таласқанын бақылап
тұрмын. Содан кейін төменде, аурухананың кіре беріс
бөлмесінде, өлгенімді естіп, еңіреп жылап отырған сіңлімді
көрдім. Түйсігім арқылы үйдің темір бетоннан жасаған тас
қабырғаларынан ешбір кедергісіз зулап өтіп, қасына келдім. Осы
сәттерімде рақат күй кешкенім сондай, тіпті қайтып оралғым

132


келмеді. Бірақ сіңлімді қатты аяп кеттім де, өз тәніме кіруге
мәжбүр болдым».

Ноосферадағы белгісіз күш, жылу, басқа бір нәрсенің адамға
әсер ететіндігі жөнінде әр түрлі болжамдар мен дәлелдер бар.
Мысалы, биотехнологиямен айналысатын Геннадий Михайлович
Обласов деген кісінің Чернобыль апаты болатындығын бір жыл
бұрын Киев әкімдеріне айтқандығын, «Шаттл» бағдарламасының
еш нәтиже бермейтіндігін дәл болжағандығы туралы жазылды.
Адам миын сырттан басқару арқылы қалауынша жүргізіп-
тұрғызуға болатын сұмдық тәжірибенің шетелдегі барлау
орталықтарында сыналғаны да байқалған.

Ноосферадағы белгісіз әсердің адамнан бөлінген жылуға
(жанға) қатысы жоғына кім кепіл? Бұл – әлі ашылмаған құпия
сыр.

Мүмкін адамның екінші өмірі кеудеден ұшып шыққан
жанның тылсым тірлігі болар ма? Бүкіл адамзат баласының о
дүниелік өмірдің бар екенін айтуы, өлген ата-баба рухының
желеп-жебейтіндігін тұжырымдауы тектен-текке емес болар.
Ойлы кісінің ешқайсысы «өлгеннен кейін өмір жоқ» деп айта
алмасы анық. Бірақ ғылымның әлі күнге ол өмірді нақты
елестетіп, дәлелдей алмайтыны өкінішті. Қалайда адамға о
дүниенің бар екеніне сенбеуден гөрі сеніп өмір сүру жеңілірек.

КРЕМЛЬДЕ НАМАЗ ОҚЫҒАН КІСІ

– Жамбылды қазақ жырының алыбы деп келдік.
Өлеңдерінде партияны, Сталинді мақтайды. Қазір оларды
жоққа шығарып отырған заманда ақынға ендігі көзқарасымыз
қандай болуы керек? (Студент сұрағы)

– Жәкең жасында тентек болған деседі. Қазанда асылып
жатқан еттің ең ірі сүйегін іліп әкетеді екен. Әдейі істейді.
Жеңгелері қой деуге батпай, «бұл тентекке тимеңдер», – дейді
екен.

Баяғыда Ұзынағаш жағына алғаш орыстар көшіп келгенде,
жергілікті елге қоқан-лоққы көрсете беріпті. Жалғыз-ақ «Жамбыл

133


келе жатыр!» – дегенде, бәрі үйіне тығылып қалады екен. Келген
күйінше ат үстінен қаптаулы бидайды өңгеріп кете берген.
Қарулы кісі болған, жігіттікте қарсы кездескен жолбарыстан
сескенбей, өлтіріп алып келген дейді.

Жәкеңнің өткірлігі емес пе: «Өмірі кісіден жүрегім қайтып
көрген жоқ, жалғыз-ақ Сұраншы батырдың көзінен сескендім.
Содан кейін, енеңді ұрайын, мына Стәліннің де түсі суық екен»,
– депті. Сөйткен Сталиннің қабылдауына барғанда, намазының
уақыты болып қалған соң, жайнамазын жайып жіберіп, Кремльде
намаз оқыған адам – Жамбыл. Сондықтан өлеңінде партияны,
Сталинді мақтаса, қорқып айтқан жоқ, соған өзі сеніп айтты.

Жәкеңнің тұсында Жетісу жерінде бірінен-бірі озық,
таланттар көп болды. Кебісіне кепе қозы көлеңкелеген Алакүшік
деген алып кісі беріде отызыншы жылдары қайтыс болған. Әрі
палуан, әрі ақын Мақышты «қанша айтса да, бір айтқанын
қайталамайды», – деп, Жәкеңнің өзі бағалаған. Жәкеңнің баласы
Тезекбай ата: «Тәтем (Жамбыл) Мақышпен сабаласып ойнап,
әзілдесіп отырушы еді», – дейтін. Құлан аян Құлмамбетті алайық.
Бұрын айтыс ақындарын тапқа бөліп бағалағандай, Құлмамбет
Жәкеңнен сөз таба алмай жеңілген жоқ. Қазақтың тоқтам сөзі бар
ақынға ортақ қой. Шындығы, жас Жамбылдың жүйріктігіне
қызығып, қыза-қыза келгенде, домбырасының бір ішегі үзіліп
кетіп, соны жалғаймын деп жатқанда, Жамбылды ертіп барған
нағашысы Қанадан: «Құлмамбеттің домбырасы үзіліп кетті екен
деп күтіп тұратын уақытымыз жоқ. Жеңіс – біздің баланікі!» –
дейді.

Ертеден шапса, түске озған Шашубайды, Орынбай, Кененді
алайық, Тоқтағұл, Нұрпейіс, Қалмырза, Өмірзақ, Саяділді
салмақтайық. Әрқайсысы сом алтындай жарқыраған таланттар
еді ғой. Бірақ осы таланттардың бәрі Жамбылға келгенде неге
жүгінеді? Өнер адамында жағымпаздық болмайды. Олар Жәкеңді
үкімет бағалаудан бұрын-ақ танып, өз арасында «ақындардың
ақыны» деп бағалап қоймады ма? Бұған дәлел – Сәт ақынның 49
жастағы Жамбылды Абайдың баласы Әбдірахманға таныстыруы:
«Атын естулерің бар шығар, біздің арысы Қырғыз, Жетісу, берісі

134


Алматы, Қапалымызға аты мәлім ақынымыз, Жамбыл деген
даңғылымыз осы болады!» Бұл 1895 жыл еді.

Жәкеңнің баласы Тезекбай атаның: «Тәтем «Көрұғлының»
бір бұтағының өзін үш сағат жырлаушы еді», – дегені есімде. Бас-
аяғын он бес күн айтатын болған. «Сейфүлмәлік», «Тотынама»
сияқты шығыс дастандарын таңнан-таңға айтқан. «Сұраншы
батыр», «Өтеген батыр» сынды жырларды төккен. Осының бәрін
түгендеген ешкім болған жок. Бұл жағынан қырғыз бауырлардың
сол бір күйіп тұрған заманның өзінде нағыз манасшылардың
аузынан «Манасты» жазып алып қалған ыждағаттылығына
сүйсінесің. Төңкеріске дейінгі жарты ғасырдағы көл-көсір
жырларын жинақтап қала алмаған салғырттығымызға Жамбыл
кінәлі ме? Кеңес қоғамы партияны дәріптеуден басқа өлеңді
керек етпеді. Ақынды да «партиялық істің бұрандасы мен
тетігіне» айналдырып алды. Сонда да болса ақыннның әр
өлеңінде ұлы дарынның ұшқыны жатыр. Кезінде «Жамбыл
шығарған өлеңді біз де шығармаймыз ба?» деген пендешілік те
болған шығар. Төле би айтыпты дейді: «Бидің айтқанын құл да
айтады, бірақ аузының дуасы жоқ», – деп. Жамбыл жырлаған
тақырыпты хал-қадарынша әркім де жырлаған болар, әйткенмен
сол сөздердің салмағына Жамбыл ғана лайық болып тұрса
қайтесіз.

Ауыл ақсақалдарының айтуында мынандай бір әңгіме бар:
Жәкеңмен тұстас бір ақын (атын айтпайық): «Жамбыл шығарған
өлеңді біз де шығармаймыз ба?» – деп сыртынан айтып қалыпты.
Бір жиында кез келген Жәкең: «Ақын болсаң, менің айтқан
өлеңімді өзіме қайта айтып берші!» – дейді. Домбырасын қолына
алып, жыр тізгінін жібереді. Тыңдап отырған акын бір қызарып,
бір бозарып, бір кезде үйден шыға жөнеліпті. Сонда Жәкең
ренжіп: «Әй, бұл шіркіннен түк шықпас», – деген екен. Жәкең ол
ақыннан айтқан өлеңін жатқа қайталауды сұраған жоқ, ежелгі
ақындық дәстүр бойынша, естігенін өзінше жырлап беруін күтті.

Кеңес заманы Жамбылдың өмір тарихын да қазақи тамырдан
бөлектеп әкетіп, төңкеріс идеалына бейімдеп жазуды талап етті.
Төңкеріс болысымен айы туып, күні шыға қалғандай етіп

135


көрсетуге тырысты. Ал, шындығында, төңкерістің аласапыраны
мен асыра сілтеу, этноцидтік аштық-жалаңаштықтың тауқыметін
бастан өткізіп, жан сақтаудың жолында тоз-тоз болғандардың
бірі – Жамбыл әулеті еді. Ата-бабасында батырлық та бар,
байлық та бар, бір ағасы Қажы болған Жамбыл әулетінің керегесі
отаршылдық қыспақтың нәтижесінде беріде ғана қусырыла
бастаған. Байдың тұқымы болғандықтан қудалауға түсуден
сақтаған өнері ғана. Өйткені жаңа өкіметке қалың ел сыйлаған
өнерпаздардың дуалы аузымен өзін куаттату ауадай қажет болды.
Оларды көтермелеп, алдау мен сендіру арқылы керегін
жырлатты. «Бақытты өмір – тек бізде!» – деп сенген ақындар ғана
ма еді?

Жамбыл тұқымдарының 32 жылғы ашаршылық
жылдарындағы қиын тағдырын мына бір қолжазбадан оқып
көруге болады. Оны жазған адам – қиялдан қосуды меңгермеген
қарапайым ғана кісі. Көзімен көргенін, сезгенін баяндаған да
қойған. Жәкеңнің Момын деген үлкен бәйбішесінен Қожамберді,
Қожаш, Күнтай деген ұл-қыздары болған. Соның
Қожамбердісінің баласы, яғни ақынның немересі Атагелдінің
қолынан шыққан.

ЖАМБЫЛДЫҢ НЕМЕРЕСІ – АТАГЕЛДІ

«Отыз бірінші жылғы суық күз. Қырғызға ауып барамыз.
Аштық. Жұртта қалған Қабылан ит, о да бізбен қоштасқандай
әлсін-әлсін ұлып қояды. Тәтем (Жамбыл) бәріміз кеш батқанда
Күртібай қорғанының қасынан шұбадық. Шешемнің арқасында –
жүгі, жетегінде – қарындасым екеуміз.

Шешем – Мәтім Қарақыстаққа сіңген қырғыздың қызы екен,
төре тұқымынан. Ал үлкен шешем Момын өлгенде, Тәтем елудің
ішінде. Одан кейін Тілеуқабылдан Қанымжан деген кісіні алған.

– Әр жерге дем алып, тауға қарай жүріп барамыз, таң
қараңғысында Қақпа тасқа жетіп қондық. Ас істеуге тобылғы
сындырып, тас қалап, әркім өз тіршілігін істеп жатыр. Шешеміз
жүгін шешіп, ішінен бір уыстай талқан алып, қайнаған суға

136


салып, араластырып еді, сұйық болды. Басқа салатын нәрсе
тапқан жок, соны ішіп, тыңайып қалғандаймыз. Әркім төсектерін
салып, дем алуға кірісіп жүр. Тәтем бір адамды тосқандай, әлсін-
әлсін төмен ауылға қарап қояды. Суықтан тоңып, балалар жылап,
оны шешелері жұбатқан болады.

Таң да ағарып атып келеді. Жиналып, жүктерін арқалап, алға
жүріп барамыз. Бар ойлайтындары – қырғыз еліне аман-есен
жету. Күртібай сайының іші-әлсіз мұз, тастан-тасқа секірмесе,
өте алмайды. Әлі барлар өтіп кетіп жатыр. Шешем жүгімен
секірем деп аяғы су болып, ал бізді суға тигізбей өткізіп жүр.
Жүре-жүре титықтаған адамдар Қарағайлының ішіне түнеді.
Ертесіне шешем орнынан тұрмай қалды... Өзі сол кезде жүкті
екен. Әбден суық өтіп, халі бітіпті.

Қырғызға да жеттік. Әкем бір жерден жолықты. Әкемді
«халық жауы» деп ұстап, ауылдың қамбасына қамапты. Үш-төрт
кісі болып қамбаны бұзып қашыпты. Бізден бұрын басқа жолмен
жеткені сол болса керек. Тәтемнің ауыл жаққа қарайлап жүргені
әкемді күтеді екен. Шешемізді көлікпен алып келді. Босанып, өзі
де, баласы де өліп қалыпты. Осы күні ойлаймын: қайырымды, ақ
сүт берген анашым, қай жерде жатқаныңды білмей де қалдым ғой
деп. Алпыстан ассам да, бейнесі әлі көз алдымда. Қырғызда
қарындасым да ауырып өлді. Әкеміз енді жалғыз қалған мені
аман сақтау үшін, Қырғыздан қайта елге қарай, нағашыларыма
жүруге дайындалды. Тәтем басқа ағайын-туыстарымен қалып
қойды. Біз, әкем екеуміз, Алматы маңындағы қайын жұртына
келдік. Өзі Іле бойына бір жұмысқа тұрды. Шамасы, алты
жастамын. Орыс, қазақ аралас шөп шауып жүреді. Көп ұзамай
ауырып жатып, қайтыс болды. Мен нағашымның үйінде қалдым.
Нағашы шешеміз қатал адам екен, ұрып-соғып, маза бермеді.
Бірде аш, бірде тоқ. Бір жолы жұмыстан келе жатқан нағашым
шырылдаған мені керіп, әйеліне оқты көзімен қарады да, ертеңіне
мені ертіп, балалар үйіне әкелді. Өз әкесінің атымен өткізіп
кетті. Әкемнің, шешемнің қалған жері ойыма түскенде, жеке
шығып, жылап-жылап аламын.

137


1934 жылы тәтем мені іздеп шығады. Қасына Сатышты ертіп
алады. «Сені бір шал іздеп жүр», – дегенде жүрегім қуаныштан
жарыла жаздады. Тәтем келе жатқанын көріп, жүгіріп барып,
аяғына оралып жыладым. Құшақтап: «Жалғызымның тұяғы», –
деп көзіне жас алды. Жетімхананың бастығына екі күн өлең
айтып, мені бірсыпыра киім-кешекпен ауылға алып келді.
Апамыз Бәтима бар екен (Қожаштың әйелі). Екі қызы тірі, басқа
балалар – бәрі 33 жылы іш аурудан қайтыс болып кетіпті.
Жетімнің жағдайы әрқашан да ауыр ғой, әке-шешені ойлап,
қамығумен күн өткізіп жүрдім. Жағдайым онша болмаса керек,
соны сезіп, Тәтем Қарақыстақтағы балалар үйіне тағы апарып
өткізді.

Бір күні таңертең: «Сені бір апа шақырады», – деп бір бала
жүгіріп келді. Далаға шықсам, әкемнің қарындасы Күнтай екен.
«Шырағым, жалғызым, әкең қайда, сені қайда қалдырды?» – деп
жыласын кеп, құшақтап, еңіреп. Дауыс айтып жатыр, бауырын
жоқтаған сияқты болып естілді маған. Қолында орамалға түйген
талқаны, бір жапырақ отқа көмген наны бар екен, соны маған
беріп отырды. Әкемнің қай жерде қайтыс болғанын сұрады. Мен:
«Білмеймін, бір өзеннің жағасында болатын», – дедім. Әпкем
тағы келмекші болып әрең кетті. Біз болсақ, талқан мен нанды
балалармен бөлісіп жеп, қуанып қалдық.

Бір ай өткенде астына көк есек мінген Тәтем келді. Тағы да
талқан, нан беріп, «ешкім ұрмай ма, ұрыспай ма?» – деп сұрап
жатыр. «Бұл жерде барлығымыз тату тұрамыз. Бәрі – әке-
шешесінен айырылған балалар. Тимейді, қайта жыласам,
жұбатады», – дедім. Тәтем: «Жарайды, ендігі келгенше, аман
болып тұр», – деп, бетімнен сүйіп кетіп қалды.

Шапқылап жүріп қысты өткіздік. Көктем де келді. Құсы
қаңқылдап, тырнасы тыраулап, қуаныштың хабаршысы сияқты.
Жетім балаларға көктемнің шуағы әкең мен шешең келіп құшып
тұрғандай әсер етеді.

1936 жылдың жаз айында Тәтем Мәскеуге кетті. Әне келеді,
міне, келеді деп күтіп жүрдік. Бір күні мені мәшинемен алып
кетті. Сөйтсем, Тезекбай (Жамбылдың кенже баласы) үйленген

138


екен. Әйелі Айтжан сұңғақ бойлы, ақ құбаша, өңді кісі екен. Мені
айналып-толғанып жатыр. Жеңгемнің мейірі түскеннен бе, әлде
шешемді аңсаймын ба, жақсы көріп кеттім. Ділдахан (Қожаштың
қызы) екеумізді жақсылап киіндіріп, Тәтемнің алдынан алып
шықты. Қуанышымда шек жоқ. Алғадай бауырымыз баласыз
екен, мені Тәтем Алғадайға: «Осы жалғызды сен тәрбиеле», – деп
берді. Бірінші әйелінен бала болмаған соң, Саполат Қырғызбай
деген кісінің қызын алды. 1941 жылы Қуаныш туды. Алғадай
соғысқа кетерде қырқынан шықпаған бала еді.

Тәтем Ізтілеу ағаны да үйлендіріп, бөлек шығарды. Ізтілеу аға
жас шағы ғой, ешкімді бетіне қаратпайтын, қолынан домбырасы
түспейтін. Өзі трәктір айдайды. Әскерге 1941 жылы алып кетті,
содан хабар-ошар жоқ. Әлі де күтудеміз.

Сөйтіп жүргенде Тезекбай ағаның үйіндегі Айтжан жеңгеміз
кайтыс болды. Одан кейінгі бәріміздің анамыз Күлән жеңгем
болды. Қуанышты да бауырына салып асыраған сол кісі.

1943 жылдың қай айы екені есімде жоқ, Алғадайдан қара қағаз
келді. Тәтем Алғадайды өте жақсы көруші еді, өзі жұртқа
жағымды, қолы ашық, біреуге болысуға бейім тұратын. Тәтем
тұра алмай жатып қалды. «Бала – бауыр еті» деген ғой. Кәрі кісі
әбден қалжырап, бірде жақсы, бірде ауырып, жүріп жатты.

Менің он алтыдағы кезім еді, Тәтем Алғадайынан айырылған
соң, мені үйлендіруге көшті. «Жалғызымды көзім тірі тұрғанда,
үйлендіріп қоямын», – деп өзінің балдыздарының қызын алып
берді. 1943 жылы мартта Қуандық туды. Тәтем: «Қожамбердім
екеу болды, бұл да жаратқанның болысқаны», – деп қандай
қуанды. Бала неге жаман болсын, ішім елжіреп, жақсы көріп
тұрамын. Сонда да аға-жеңгеден ұялып, ұстамаушы едім. Ешкім
жоқта ғана бетінен сүйемін.

1943 жылдың аяғында Кәскелеңдегі тоғыз айлық мұғалімдер
даярлайтын. курс ашылып, содан оқып келдім. Соғыс уақытында
бір жылдай бала оқыттым. Келесі жылы университеттің даярлық
курсына түсіп едім, орыс тілінде дым сызбаймын. Мұғалімдер
орысша айтады, оны түсіне алмаймын. Ол оқуға сай емес екеніме
көзім жеткен соң, ауылға қайтып кеттім. Тәтем ауырып, қалада

139


болатын. Мені анда-санда апарып тұрды. Ағайын-туыстар ылғи
қасында болушы еді, 1945 жылы қайтыс болып, арулап көмді.
Басында екі айға дейін мілитса күзетіп тұрды. Сосын ескерткіш
тұрғызды.

Тәтем кеткен соң, бізді бос тұрған Ізтілеудің үйіне бөлек
шығарды. Туыстар көрпе-жастық жинап берді. Қалқозда жұмыс
істеймін. Таңертең кетіп, кешке келемін, сондағы беретіні – бір
қазан төңкерме. Сонымен де күн көрдік».

Атагелді ата дәптерді қолыма беріп отырып және былай деді:
«Жақсыдан жасық туады, жаманнан пысық туады» деген. Білген
кісіге аруаққа дақ келтіру жаман. Өмірімше қалқоздың
қарапайым жұмысын істеп, зейнеткер болдым. Қуандық балам
млитсадан бастаған, полковникке жетіп, менің артымша ол да
шықты зейнетке. Енді кәріліктің ауруынан сақтасын деймін.
Кәріліктің ауруы: тамақсаулық, қызғанған, үйіне келген елді
жақтырмау, қарағым.

***
Жамбыл өлерінде ағайын-туысқандарын шақырып алып:
«Өмірімде екі адамға қиянат жасаппын», – депті. Біреуі: жігіт
күнімде, келе жатсам, шөптің ішінде екі қара бұйра қозы жатыр
екен, қызығып кетіп, біреуін құйрығынан ұстап, өңгеріп кетіп
едім, сол пәленшенің қозысы еді деп, сол кісінің баласын
шақырып алдырып, бір қозылы қой бергізіпті. Екінші қиянатым,
біреудің бөркін алып едім деп, оның балаларына да бір қозылы
қой бергізіпті.
Жәкеңнің жасы жүзге жуықтағанда да кәрілікке көнгісі
келмей, атқа мініп, жайлау аралап жүргенін айтады көрген
кісілер. Бірде денсаулығы болмай жатып қалыпты. Көңілін
сұрауға келгендер:
– Е, Жәке, тоқсан жас оңай емес, талай қызықты көрдіңіз...–
деп, о дүниеге апарып бергендей сөйлейді. Сонда Жәкең:
– Сендер не оттап отырсыңдар, тоқсанға келсем де, мына
есіктен кіріп, ана есіктен шыққандай ғана болып отырмын,–
депті.

140


Жәкеңнің өмірге деген осы жігерін құм қылған Алғадайдың
қазасы еді. Оқ пен оттың арасынан аман қайтуы екіталай екеніне
көзі жетіп тұрса да, соғысқа өз қолынан аттандырған болатын.
Атақ-даңқын пайдаланып, ретін тауып алып қалуды ойлаған да
жоқ. Партияға деген сенім сондай болған.

Соңғы жылдарға дейін Алғадайдың сүйегінің дәл қай жерде
қалғаны белгісіз болып келді. 1987 жылы Днепропетровск
облысындағы Синельниково қаласынан хат жазыпты. Сондағы
№3 мектептің оқушылары Алғадайдың Синельниково қаласының
маңайында қаза тапқанын дәл анықтаған. Сол қаладағы
бауырластар бейітінің шығыс жағына жерленген. Жамбыл ұлы
Алғадай әкеснің туған күніне жақын ақпанның 22-сінде, 1943
жылы Украинаны қорғау үшін шейіт болған.

ЕЛ ТІЗГІНІН КІМ ҰСТАР?
(Ұлттық мектептің келешегіне көзқарас)

Қазыналық мектептің қазіргі жайы
Балама мектептер: Вальдорф педагогикасы
Мәдениеттер мектебінің бағдарламасы

Тәуелсіздіктің көк туына қол жеткізген осы күндерде әрбір
ойлы азаматтың жүрегінде: «Тәуелсіздігімізді қайтсек баянды
етеміз? Оның келешек тағдырын кімге тапсырамыз?» – деген
сұрау тұр. Ел үшін жаны күйген, халқына пана, еліне еге болған
азаматтардың арқасында іске асып жатқан көп жақсылықтарды
көңілмен көріп отырмыз. Ондай азаматтар ел басында да, ел
ішінде де уақыттың салған ауыр салмақтарын ерлікпен көтеріп
жүр. Бірақ біздің осынау кең байтақ еліміз үшін, оның болашағы
үшін олардың саны тым аз. Ел басына аса жауапты кезең
келгенде, әр саладағы қиыншылықты білгірлікпен игеріп алып
кететін тұлғалар алтынға пара-пар болып жатқан жоқ па? Жетпіс
жылғы кеңес мектебі әлемдік сахнада тең сөйлесетін білікті
тұлғалар дайындауды мақсат етпегендей. Енді жиырмалап,
отыздап Түркияға, Еуропа елдеріне жіберіп, қысқа уақытта

141


оқытып алуға тырысып жатырмыз. Әзірге қол ұшын беріп, тегін
оқытуда, ал кейін оның бәрі мемлекет қазынасындағы валютамен
ғана қабылданатын болады. Сонда шет елден оқытып алған жүз,
тіпті бес жүз баламыз қай мәселемізді шешіп береді? Ал өзіміздің
жүздеген мектептеріміз сол баяғы ескі ағыспен ескегін бос
жіберіп, жайлы жағына қарай ыға берумен келе жатқан сияқты.
Осы қалыппен жүре берсек, біліктілік те, әлемдік қалыпқа төтеп
берер білім де басқа елдерде. Тәуелсіздікті алғанменен, өркениет
жағынан соларға тәуелді болып қала бермекпіз. Сондықтан
ұлттық мектептің (оған балабақшадан бастап, жоғарғы оқуға
дейінгі барлық буын жатады) ендігі мақсат-міндеті не десе, осы
өз мектебімізден тәрбиеленген әрбір қазақ баласы Тұлға болып
шығуы керек дер едім. Тәуелсіз еліміздің келесі ғасырдағы
тағдырына сонда ғана алаңдамауға болады. Балаларымыздың
санын көбейтумен бірге сапасын нықтауымыз керек.

Келесі ғасырда ел тізгінін қолына алар азаматтар бүгін мектеп
партасында отыр. Оларды өркениетке сай тәрбиелеу мәселесі
мемлекеттік мәні бар мәселе деп ойлаймыз. Ақын Қ. Мырзалиев:
«Рухани абақтыдан шығуын шығып, баратын ауылымызды
анықтау үстіндеміз. Баяғы қазақы көне мекен күйреген, рухани
жаңа шаһарлар салынбаған», – депті бір сұхбатында. Оқу
майданы дәл осы халді бастан кешіп отыр.

Өткен ғасырдағы ағылшын ғалымы Джон Стюарт Милль
«Утилитарианизм» (1863, 1906 жылы орыс тіліне аударылған)
атты кітабында былай деп жазыпты:

«Жалпыға арналған қазыналық білім адамның бәрін бір-біріне
ұқсатып жібереді, билеуші топқа ұнайтын бірөңкей адамдар
шығарады. Өйткені билеуші топ неғұрлым өктем болған сайын,
адамдарының ақыл-ойын, жан мен тәнін де уысында ұстауға
тырысады».

«Жасыратыны жоқ, кеңес саясаты мектептерімізді саяси-
идеологиялық казармаға айналдырып келді. Бірөңкей, ерік күші
әлсіреген, жігерсіз ұрпақ шығарумен айналысты. Ойлы
азаматтарды қалқып алып, жойып жіберіп отырды. Қазіргі күнде
көп нәрседен арылдық десек те, жаңа өмірге бейімделе

142


бастағанмен де, өктем қолтаңба жойыла қойған жоқ. Балаға өз
көзқарасын таңу, арына тию, қызықтырмау, қорқыту жүрген
жерде мектебіміз қанағаттандырады деп айта алмаймыз.

Тәрбие сапасын мұғалімдерді ар-ұятына салумен жөндеп ала
алмайтынымыз анық. Адалдықпен еңбек ететін мұғалім бұрын
да, қазір де солай еңбек етуде. Ал сонымен бірге бәсеке
жағдайында сұранысқа жауап бере алмайтындар да мектептен
ойып орын алып жүріп жатыр. Саралаудың жалғыз-ақ жолы өзара
бәсеке сарабына еріксіз түсіретін балама мектептердің көбеюі
болар еді. Әр түрлі бағыттағы жеке, тәуелсіз мектептерге жол ашу
болар еді.

Рухани өсудің бір жолы ретінде көпшілік қазақ мектептері
этнопедагогикаға бұрылып, тіршілік қыла бастады. Тәрбиедегі
халықтық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға күш салып жатыр.
Дұрыс-ақ. Бірақ мақсат мұнымен бітпек емес. Біздің ойымызша,
этнопедагогиканы дамыту мәселенің бір жағы ғана, аса қажетті
жағы. Сонымен бірге бүгінгі қазақтың ортасы, жан сарайы
мүлдем басқа екенін, ең негізгісі, заманның, айналадағы әлемнің
күннен-күнге өсіп, өзгеріп бара жатқанын есепке алмаса
болмайды. Ұлттық тәрбие этнографиямен шектеліп қалмауы
керек. Ескілікті салт-дәстүрді жаңғыртумен бірге өркендеп бара
жатқан әлемдік мәдениет биігінен иық теңестіре алатын ел
болуымыз үшін олардың тәжірибесін де шұқшия зерттеп, шығыс
пен батысқа бірдей көз салуды естен шығарсақ, ұтыларымыз
анық. Ал басқа елдер рухани келешегін қалай ойластырып жатыр,
соған келсек...

Франция өзінің ұлттық өсіп-өркендеуінің 2000 жылдарына
болжам жасап, бағытын айқындап алды. Батыс Еуропа,
Аустралия тағы басқа көптеген елдерде болашақ тәрбиенің
негізгі мақсаты белгіленіп, оны орындауға кірісіп те кеткендігін
оқып отырмыз. Олардың алдағы мақсаты мәдениетті, өмірге
құлшынысы зор, ерік күші мықты тұлғалар тәрбиелеу болмақ.
Оған қайсыбіреу: «Ой, қойшы, біз де сөйтіп жатырмыз», - деп
самарқаулық танытуы мүмкін. Өкінішке қарай, жоқ, біз олай
тәрбиелей алғанымыз жоқ. Белгілі бір ақпарат жиынтығын ғана

143


беріп, біліктілік (интеллект) дайындауға «тырысып» жатырмыз.
Шәкіртті мағыналы ойлауға, саралау, салмақтау дәрежесіне
жеткіздік деп айта алмаймыз.

1990 жылы қабылданған «Америка – 2000» дейтін ұлттық
бағдарлама алты бағыттан тұрады. Оның ең негізгілеріне назар
аударсақ:

1. Өте жоғары дәрежедегі орта білім алған жастар саны 90
проценттен асуы керек.

2. Америка мектебінің түлегі әлемдегі ең жоғары білім
нәтижесін көрсете алуы керек (Әсіресе жаратылыс,
математика саласында).

3. Қоғамның әр азаматы өзінің білімімен, кәсіптік
қабілетімен әлемдік экономикада Америка ұлтының
жетекшілік қалпын қамтамасыз етуі керек.

Қазіргі 110 мың мектептің үстіне аса жоғары үлгідегі Америка
мектебінің жаңа моделі жасалып, 1996 жылы осы текті жаңадан –
535, ал 2000 жылы 1000 мектеп қатарға қосылмақшы. Оған
қазірдің өзінде дайындалып жатқан: вашингтондық XXI ғасыр
мектептерін, дамытпалы бағдарламаға құрылған Джеймс Комер
мектебі, келер ғасыр үлгісіндегі Набиско, Сатурн мектептерін
қосайық. Еуропаға қызыға қарай отырып, олардың қазіргі
дәрежесіне жете алмай жатқанда, біздің ұлттық потенциалымыз
енді қанша жылға артта қалып қояр екен деген қауіп ойлайсың.

Көршілес Ресей білім беру жүйесінің тоқырауға тірелгені
туралы ашық айтып, іздену үстінде. Әлеуметтік сұранымга
сәйкес коньюнктуралық мектептер, нарық әлемін еркін
бағдарлайтын менеджерлер, бизнес жасаушыларды дайындай
бастады. Жекеше мектептің күннен-күнге көбеюі мемлекеттік
мектептерге еріксіз әсер етіп, өзгеруге итермелеуде. Олар қатып
қалған тәрбие қалыптарынан батыл шығып, дамытпалы оқуға
(развивающая школа) бағыт түзеуде. Мысалы, Вальдорф
бағытындағы жеке бастауыш қыздар мектебі, Подольск
қаласындағы славяндық мәдениет лицейі, Мәскеудегі алғашқы
Монтессори мектебін алайық. Болашақ XXI ғасырдың жас адамы
қандай болатынын болжап, соған лайық оқудың жаңа теориясы

144


ойластырыла бастады. Философ әрі ұстаз Владимир Библердің
«Мәдениеттер диалогі мектебі» тәжірибеден өтуде. Бұл
теорияның мақсаты қазіргі «білімді адам шығару» тәрбиесіне
негізделген бағдарламадан – «мәдениетті адам» мәселесіне қарай
бет түзеу болып табылады. Сондай-ақ Мәскеуден оқу жүйесін
қайта қарап, дамытуға арналған институт ашылып, өз
лабораториясында жасалған мектептегі әдеби білім
бағдарламасымен таныстырып үлгірді. Алматының өз ішіндегі
орыс тілді мектептерде де жақсы нышандар бар. Он шақты
мұғалімнің бірігуінен «Вальдорф штабы» құрылып, 135-мектепке
Вальдорф тәрбиесінің жеке жағдайлары енгізілді. Ал қазақ
мектептерінен мұндай жаңалыққа ұмтылушылықты байқай
алмай отырмыз. Оның негізгі себебі нұсқауды жоғарыдан күтіп
үйренген әдетіміз бен қаражат тапшылығы болса керек.

Қазіргі уақыт мұғалімдерден мектеп кітапханасында сіресіп
тұрған «капиталистік елдердегі оқыту теориясының реакциялық
бағытын» дәлелдейтін кітаптарды былай қойып, Мағжан
«Педагогикасын», Жүсіпбек Аймауытовтың «Жан жүйесін»,
Штейнер, Монтессориді оқуды және халықтық тәрбие мен жан
дүниесін зерттеуді талап етеді.

Бүкіл дүние мойындаған Штейнер, Монтессори гуманизмі біз
үшін жасырын болып келді. Ресей Наркомпросы 20 жылы
Италияның гуманист-педагогі Мария Монтессоридің әдісі
«пролетарлық күресті дәріптемейтіндіктен» жауып тастаған.
Біздің замандастар Штейнер (Вальдорф) мектебінің
тәжірибесінен де мақрұм қалды. Адамның рухани күштерін
оятуға, жан дүниесін ұлағаттауға бағытталған бұл мектептер
бүгінде әлемнің әр бұрышында жұмыс істеп жатыр (500-ге тарта).

Штейнер педагогикасы антропософияға (адами даналық),
яғни адамшылыққа құрылады. Баланың жан-жүйкесін
жұлқыламайды, сағын сындырмайды. Тіпті балаға баға
қойылмайды. Өңкей білімпаздар мен олимпиада жеңімпаздарын
дайындау жолында сабылып жүргендер жоқ. Әр баланың
мүмкіндігі жоғары, төмендігіне қарамастан, өзінше тұлға ретінде
қымбат. Оның шығармашылық, даралық қасиетін дамытуға,

145


қиялын шарықтатуға ұмтылады. Баланың әр жастағы рухани
өзгерісі, табиғи тілегі ескеріледі. Бір қызығы, жетпіс жыл жабулы
жатқан Мағжан «Педагогикасы» осы бағытпен үндеседі.

Олай болса, бұл тәрбие біздің мақсат-мүддемізге жат бола ма?
Реті келгенде айта кету керек, болашақ мұғалімдерді қазақ
баласының жан дүниесі мүлде ескерілмеген орысша
оқулықтардың аудармасымен оқытқанша, Мағжан
«Педагогикасындағы» ойлармен нәрлендіретін кез келді. Мағжан
педагогикасы – аса сезімтал, саясаттан тыс, бала жүрегін
жараламайтын, адамгершілікті педагогика.
Соңғы жылдарда мектеп оқулықтарының күрделеніп
кеткендігі көпшілікке аян. Әсіресе математика кітаптары орта
қолды оқушы түсіне алмайтын қамалға айналды. Мүмкін
авторлардың түпкі максаты дұрыс та шығар, бірақ ол оқулықты
түсінуді қамтамасыз ететін төменгі баспалдақтардың дайындығы
әзірге тым әлсіз. Оған: баласын таңдаған мұғаліміне беріп,
қалаған білімді талап етуге мүмкіндігі жоқ ата-ана, 20-30-даған
сәбиі бар топтың амандығын ғана бақылаудан тереңге бара
алмайтын бала бақша да, өз жағдайы мен көңіл күйі нашар
болғандықтан, бала оқытуға ықыласы төмен мүғалім де жатады.
Қысқасы, білім сапасы жоғары болуы үшін баланың мектепке
дейінгі дайындығынан бастап, оқытудың барлық буыны сағат
тетіктеріндей қапысыз жұмыс істеуі керек қой. Оқушының
дарыны барлық салада бірдей бола алмайды. Әсіресе гуманитар
пәндерге бейім балалар үшін күрделендірілген математика
оқулығы да сондай қызық деп айта алмаймыз. Тіпті жүйкені
тоздырумен жететін медальдің өзі кейде «коллективтік еңбектің»
жемісі болып кеткені жасырын емес. Түпкі болашақта оқуға
қабылдаудың шарты өзгеріп, оқушының қабілетін түрлі тестер
арқылы анықтайтын көз келгенде медальға көзсіз ұмтылушылық
өзінен-өзі сабасына түспек. Сондықтан баланың барлық пәннен
дарынды бола алмайтынын ескеріп, оның жаны сүйген
сабақтарына көп көңіл бөлуіне мүмкіндік берсе қайтер еді?
Осы ретте Дальтон мектептерінің тәжірибесін өз
жағдайымызға қарай қолдану мүмкіндігі бар. Мұны жай

146


мектептердің өзі іске асыра алады. Мысалы, орта және жоғарғы
кластардағы оқу күні екіге бөлінеді. Күннің бірінші жартысында
30 минуттан 4-5 сабақ болады. Ол сығымдалып, жеңілдетілген
бағдарлама бойынша оқытылады. Ал осы сабақтардың
тереңдетілген түрі түстен кейін өтіп жатады, қай сабаққа
кіретіндігін оқушы қалауы бойынша өзі таңдап алады.
Әдебиеттен тереңдетілген сабаққа қатысатын оқушы түске
дейінгі әдебиет сабағына қатысу-қатыспау өз еркінде. Оқуға
оншалық ықыласты еместері түстен кейін өз тіршілігімен
айналысуына мүмкіндік алады (бір жерден қосымша жұмыс
істеп, табыс табуына да болады). Түске дейінгі жеңілдетілген
сабақтарға «қабылданды», «қабылданбады» деген бағалар
жеткілікті, ал «жақсы», «өте жақсы» деген бағалар тереңдетілген
сабақтар үшін қойылады. Сонда оқуға ықылассыз балаларға
шамасы келмейтінді ұқтырамын деп мұғалім де арамтер болмас
еді, бала да кемсітуден құтылып, бейіміне қарай оқыр еді.
Күнделігіндегі бағаның жартысы – «4» пен «5», қалғаны
«қабылданды» болса, ол бала жақсы оқушы болып есептелмек.
Бұл өзі мұғалімдер еңбегінің де біршама жарқырап көріне алатын
жағдайын туғызады. Қабілетті мұгалім іріктеліп шығады.

АҚШ-тағы 870 тәуелсіз мектептердің 207-сі ұл-қыздарын
бөлек оқытады. Бұл да біздің ұлттық дәстүрімізбен қабыса
алатын үлгінің бірі. Мысалы, Мадейра – қыздар мектебі мен
болашақ саясаткерлер дайындайтын Әулие Албан ұлдар
мектебінің тәжірибесі біздің педагогиканың назар аударуына
тұрарлық. Алдағы уақытта әсіресе жекеше қыздар мектебінің
ашылуына мән беруіміз керек деп ойлаймын. Ұлтымыздың
жақсы болуы, ең әуелі, әйел-анадан, қыз тәрбиесінен. Сол
тәрбиені арнайы мектепте іске асыру ыңғайлырақ болар еді.
Арнайы мектеп бастауыш көлемінде бола ма, жоғарғы кластарға
арнала ма, гуманитарлық бағытта ма, нақты ғылымдардан ба –
бәрі де артықтық қылмайды.

Жоғарғы кластағы қыздарға арналған Мәдениеттер
мектебінің бір жобасын былайша болжар едім: Мектеп тәрбиесі
ұлттық психология мен халықтық тәрбиеге сүйене отырып, оны

147


өркениетті елдердегі тәрбие тәжірибесімен ұштастырады. Негізгі
сабақтары: тіл, мәдениеттер тарихы мен әдебиет. Қосымша
сабақтары: жантану, экономика негіздері, заң негіздері,
жаратылыс және экология, ойлау өнері, өнер, дене тәрбиесі.
Жалпы сабақтары: математика, химия, физика.

Тіл: Қазақ тілі (міндетті), басқа тілдерден: ағылшын және
орыс тілінде сөйлеп шығу. Мәдениеттер тарихы мен әдебиет он
шақты курсқа бөлініп, әркім қалауы бойынша үшеуін таңдап
алады. Курстар: Қазақстан тарихы мен әдебиеті және
этнографиясы (міндетті). Түрік тілдес елдер тарихы мен әдебиеті,
Шығыс мәдениетінің тарихы және Ислам-Құранмен танысу,
Көне грек мәдениетінің тарихы, Еуропа мәдениетінің тарихы,
Славян мәдениеті мен Ресей империясының тарихы, Америка
мәдениетінің тарихы, Ақ елшін (ағылшын) мәдениетінің тарихы,
Қазақстандағы мәдениет – әдебиет қайраткері әйелдер,
Қазақстандағы қоғамдық ұйымдар қозғалысы. Жантану: мектеп
жасына дейінгі бала және төменгі класс оқушыларының жан
дүниесі; отбасы жан дүниесі мен құлығы; қарым-қатынас
мәдениеті. Ойлау өнері: сезім тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі,
көпшілік алдында ойын айта білу. Өнер: қол өнері (міндетті),
таңдауы бойынша өнер теориясы, театр, би, ән айту не күй
аспабын тарта білу (қобыз, домбыра, шаңқобыз). Дене тәрбиесі
күнделікті. Жалпы сабақтардан «тапсырды», «тапсырмады»
деген белгілер ғана қойылады. Бала санасына ешбір саясат
зорлықпен таңылмайды. Бұл, әрине, болуға мүмкін ондаған
жобалардың біреуі ғана. Бұдан басқа да сан бағыттағы
мектептердің, тіпті жекеше жоғарғы оқу, тәуелсіз колледж,
лицейлердің ашылып, жұмыс істеуі оқу саласында бәсеке
тудырып, игі бағытқа бастауы сөзсіз.

РУХАНИ ЖҮДЕУ ЖӘНЕ ТҮЛЕУ

Адамның айға барып қонуын өз жұртына әдейі көрсетпеген
мемлекет СССР ғана. Діни кітаптарды оқи алмаудан рухани
азғындауымызды былай қойғанда, Мағжан Жұмабаевтың
«Педагогикасын», Жүсіпбек Аймауытовтың «Жан жүйесін»,

148


Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық тіл туралы кітаптарын, тіпті Д.
Карнегиді оқуға тыйым салып, кеңес адамдарын темір қыспақта
ұстады. Төңкеріске дейінгі патшалық цензураны қанша
жамандағанмен, оның шектеулі ережесі бар, белгілі тәртіппен
жұмыс істейтін, түсінікті орын болса, ал кеңес цензурасы етек-
жеңіңді бірдей тінткен, адамдарының бірін-бірі қалт жібермей
аңдуына құрылған, түсінуге қиындатылған цензура болғаны аян.
Батыс зерттеушілері оған «омни-цензура» (шексіз) деп ат берген.
Кеңес цензурасы патшалық рухани қыспақ тәжірибесінен
арылуды ойлаған жоқ, оны құйтырқыландыра түсті. Соның
нәтижесінде Мағжанның «Педагогикасын» оқымаған
мұғалімдердің талай буыны институт тауысты. Оны оқымағаннан
рухани мүгедек мұғалім болып шыққанымызды несін
жасырайық...

Бұрын естігенмен, ашып, парақтауға мүмкіндік болмаған
Мағжанның «Педагогикасын» («Жұлдыз», 1992, 4-саны.
Жариялаған Ш. Елеукенов) қолға алып отырып, ұстаздың мына
сөздерін құлағына құйған мұғалім болса, бала өмірі қандай
қуанышты болар еді деп ойлайсың:

«Тәрбиеші мен баланың арасы өте жақын болуға тиісті.
Екеуі біріне-бірі шет, жат деп қарамасын. Екеуінің арасында
сеніспеушілік болмасын. Бала тәрбиешіні мұңын тарқата
алғандай, қуанышына ортақтаса алғандай, сырын шаша
алғандай досым деп білсін. Бала тәрбиешіні осылай деп білсе, ол
уақытта одан ешбір ойын, ешбір ісін жасырмайтын болады.
Жасырмайтын болса, өтірік айту, алдау сықылды ұнамсыз
құлықтарға орын да болмайды».

«Мән-жайды ұқтырмай, құр бұйрық беруші адам тәрбиеші
емес... Тәрбиеші баланың қаһарлы қожасы болмасын, жұмсақ
жолдасы болсын».

«Бала тіпті сенімпаз болады. Сондықтан баланың, өз күшіне
өзін сендіріп үйрету керек. Қолыңнан түк келмейді дей берсең,
бала жасқаншақ, жасық болып қалады. Осыдан сақтану
керек...»

149


«Баланы тәрбие қылу – тұрмыс майданында ақылмен,
әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қаласа өзін, асса
барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару
деген сөз».

Тәрбиенің түпкілікті мұратын қазақ мұғалімдеріне
Мағжандай жеткізе алған адам жоқ-ау деп ойлаймын.
Мағжанның педагогикасы – саясаттың құлы болмаған, асқақ,
адамшыл педагогика. Бүгінгі күннің іздеп отырған, заманға сай
тәрбиесі. Талантты адам қай жерде де талантты ғой. Мағжан
ағамыздың бұл кітабын оқып отырып, сұлу жанды, жылы жүректі
осы адамды ұстаз болуға туған екен деп ойладым. Бәлкім,
Мағжандай ұстаз болу үшін сондай ақын болу керек шығар. Ақын
жүректі ұстаздан басқа адам мына сөздерді жаза алар ма еді?
«Фантазия» деген ұғымды былайша түсіндіріп, құлаққа құйып
бере алар ма еді!

«Фантазия әдемілік сезімін тереңдетеді, біз неше түрлі
әдеміліктерден фантазия арқылы ғана лэззат аламыз.
Фантазиясыз адам өмірі өңсіз, түссіз бір нәрсеге айналады,
мақау өмірге үн беретін, сақау өмірге тіл беретін, жоқты бар
қылатын, барды гүлді, көрікті қылатын, арсыға аяқ басқызып,
тәңірмен тілдестіретін – сол фантазия. Осы фантазияны
қазақтың терең сыршыл ақыны Шаһангерей Бөкеев мынадай
деп суреттейді:

Таудағы тас ұядан,
Лашындай сарқан қиядан,
Шалқып сезім шығады.
Ұяласым пікір-қиядан.
Аспандап қиял кетеді.
Шыққан оқтай жаядан,
Жасындай барып жалт етіп,
Көк қақпасын ашады.
Жарығына алданып,
Дидарға қадам басады.

Мағжандай ұстаздар алдымызда жүргенде, жетпіс жыл бойы
ұрпағымызды рухани жағымпаздыққа, жігерсіздікке тәрбиелеуге
жіберер ме еді? Сондықтан да тек өз дегенін орындататын

150


тоталитарлық үкімет халықты жуасытып ұстап, жасытып
тәрбиелеу үшін тірек болар азаматтарынан айыруға тырысқан.
Өзі ғана емес, еңбектерін де құрдымға жіберген. Құрдымға
кеткеннің бірі – Мағжан педагогикасы елінің өр азаматтарын
тәрбиелеуге бағытталған болатын. Сөзіне құлақ түрейік:
«Жасында қорқытылып үйренбеген бала өскенде ер болады. Ер
болу – үйренуден. Баланы ұрып-соғу – тіпті адамшылыққа
ұнамайтын іс. Ұрылып-соғылып тәрбие қылынған бала жанының
бар жақсы мінездерінен, ақылынан, ісінен айырылып, миғұла
болады. Өтірікші, алдаушы болады, су жүрек, жасқаншақ
болады».

«Әрбір елдің заңында ұялтуға негізделген жаза нағыз қатты
жаза деп саналады. Сондықтан тәрбиеші баланы ұялтып, жаза
қылуға өте сақ болу керек. Ұялту, келемеж қылу баланың
жақсылыққа, жоғарылыққа ұмтылуын, барлық ынтасын
байлап, өлтіріп, баланы жасық, ынжық қылады, бала қорғаншақ,
өзіне-өзінің сенімі жоқ, жасқаншақ болады. Ұялу сезімінің
қарсысы – өзіне-өзі разы болу сезімі».

Қазіргі мектептегі қорқыту мен ұялту арқылы тәрбиеленген
ұрпақ – Мағжан «Педагогикасынсыз» өскен ұрпақ. Мағжанның
«Педагогикасы» әлдебір оқулық кітаптардай орысша тәрбиенің
көшірмесі емес, қазақ баласының жан-күйімен қабысқан, ұлт
болашағына шырылдаған нағыз ұстаздың қолынан шыққан.
«Қазақтың екі жауы бар, бірі – дос жауы, екіншісі – қас жауы»,–
деп Асқар Сүлейменов жазған екен, қазақтың Абайдан кейінгі
дос жауларының бірі Мағжан болар. Ұлт қамын ойлағаннан бірде
жан айқайын ұстазға қаратып айтса, бірде ата мен анаға арнайды.
Келеңсіздікті бетке басуға келгенде, аямайды: «Баланың
маңайында сөйленетін сөздер де әдепті, сұлу болуға тиісті.
Былық сөздерді естіп өскен бала өмір бойы былық, былапыт тілді
болады. Отағасы-ау, бала-шағаның алдында былық, былапыт
сөздерді сапырып сөйлегеніңді қой. Қайдағы құдай атқан
сөздерді естіп өскен ұлыңда қандай әдеп болады, қызыңда қандай
қылық болады?!»

151


«Жер жүзінде біздің қазақтың денесінен, қазақтың жүріс-
тұрысынан жексұрын дене, жексұрын жүріс-тұрыс кемде-кем-
ақ шығар. Аяғы қисық, жауырыны қушық. Ақыл қарында
тұратындай-ақ, қарыны буаз биенің қарынындай салбырап
жатса, би болады-мыс! Семіз болып пысылдап отырса,
айбынды адам болады-мыс... Осыларды көріп, өскен қазақ
баласының денесінде не сұлулық болады. Қазақ! Жұртқа күлкі
болмайын десең, бұл мінездеріңді таста, балаңды сұлу,
сымбатты қылып өсір».

Дүние әлемдік тәрбиеде уақыттың небір өзгерме сындарынан
сыздықтап өтіп, адамзат рақметіне бөленген ескірмейтін тәрбие-
адамшылық тәрбиесі. Баланы кішкентайынан адамдарды
алалауға, тап-тапқа бөліп, жауластық іздеуге, бірін мақтап, бірін
даттауға тәрбиелеу адамшылыққа жат болмақ. Ондай тәрбиеден
шыққан ұрпақ дүниеден – ылғи да «жау» іздеп тұрмасына кім
кепіл? Сондықтан тәрбиені саясаттандырудың барлық тәжірибесі
уақыт сынынан өте алмаған. Соңғы ғасырымыздың айтулы
ізденістері болып табылатын Штейнер мен Монтессори тәрбиесі
ұлы гуманизмге негізделген. Ал қазақ тәрбиесінде Мағжан
«Педагогикасы» адамшылықтың үлгісі дер едім. Оған ұстаздың
мына сөздері куә:

«Адамның шын мағынасымен «адам» болуы үшін өзін сүю,
жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі
шарт... Өз елін сүю дегеннен – адам өз халқынан басқа
халықтарды мейлінше жек көрсін, басқа халықтарға қасқыр
болып тисін деген сөз шықпайды. Бұлай болса, жер қанға
тұншығып, бұзақылық белең алып, жауыздық өрлеп, жер
жүзінде тыныш тұрмыс болмас еді. Европа мемлекеттерінің
мына 1914 жылдан бері қан төгіп жатқаны, одан бұрынғы да
соғыстар бұган айқын дәлел. Әрбір халық бір-біріне жау болсын
деп ұғу – хата. Адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне
басқа халықтардың адамдарын да сүюге міндетті. Міндетті
ғана емес, еріксіз сүймек. Бұл – адамның жаратылысындағы
негізгі мінез».

Бұл сөздерді адамды сүйген адам ғана жазуы тиіс.

152


ХАЛЫҚТЫҚ ТӘРБИЕ

Байқасақ қазақтықтың өзінде бар,
Дүниенің генийлігі, пайғамбары.

(Сұлтанмахмұт Торайғыров)

Дана Қорқыттан – данышпан Абай және одан берідегі ірі
ойшылдың бірі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жоғарыдағы
сөздері қазақтың өзіндік ұлттық болмысын даралайды. Көршілес
ұлттардың аралас-құраластығында жұтылып кетпей, қайталанбас
қасиетін сақтап қалуы, сөйтіп, ғасырдан-ғасырға жалғасудың
шарты бұл. Өзіне-өзі менсінбей қарайтын халықтан сорлы жоқ
шығар.

Кеңес тұсында айырылып қалған халықтық тәрбиені қайтадан
дұрыс жолға қою арқылы енді өсіп келе жатқан ұрпағымызды өз
ұлтына деген мактаныш сезімінде, басқа ұлттарға деген құрмет
сезіміне тәрбиелеуге мүмкіңдік алмақпыз. Ол үшін төңкеріске
дейінгі мектеп тәжірибесіне зер салған жөн сияқты. Бұрынғы
мектептің үш класының өзі балаға тұрмыстық білім берген,
өмірдің қажетті мәселелеріне бейімдеген. Тұрмыстық білімнің
қажеттілігін есте ұстай отырып, тіл-әдебиетті айтпағанда, есеп
сабағының өзін салт-дәстүрмен, үй шаруасымен байланыстырып
оқытуға болмас па еді?

Сондай-ақ бұрынғы мектептерде әдеп, әсемдік сабағы болған
екен. Әдеп сабағын бірінші кластан бастап, онда үй ішілік, жора-
жолдастық, ағайын-тумалық дегендей қарым-қатынас
мәдениетіне үйретуге болар еді. Жоғарғы класта: қыз-жігіттің
сый-құрметі, ата-енені сыйлау, бала тәрбиесі туралы өмірге
қажетті мәселелерді қамтиды. Әсемдік әлемінде сөйлеу
мәдениеті, адамның сырт келбеті, өзін ұстау мәдениетіне мән
беріледі.

Халықтық тәрбие, біздің ойымызша, этнографиямен
шектелмеуі керек. Халық даналығы баланың жан дүниесіне мән
береді. Еркіндігін орынсыз шектемеуді, баланы жасытпауды есте

153


Click to View FlipBook Version