ұстайды. Бабалардың осы салтынан ұлтымыздың өр мінезді
азаматын тәрбиелеуді үйренеміз. Бұрынғы қазақтың елін, жерін
сүюі, ерлігі жапондықтар мен американдықтардан бір де кем емес
еді ғой. Соның сыры неде? Мұны да зерттеп білу керек-ақ. Бесік
жырынан бастап, шешендік сөз, тыйым сөз, түс жору, атқа мінау,
қыз айттыру салт-дәстүріне дейінгі халықтық тәрбиесінің берері
мол.
Халықтық тәрбиенің бір бұлағы – шешендік сөздерде.
Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек бидің қазақ пен қалмақ
келіссөзіндегі Қазақты сипаттауын естіген адамды өз халкына
деген мақтаныш сезімі билеуі сөзсіз: '
«Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай,
жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп,
жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаган елміз, басымыздан сөзді асырмаған
елміз. Досымызды сақтай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса,
күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра
алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз – қазақ, қарпысқалы
келгенбіз. Сен темір болсаң, біз – көмір, еріткелі келгенбіз.
Қазақ-қалмақ баласы табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат
елге танысқалы келгенбіз. Танысуға көнбесең, шабысқалы
келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы
келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз. Берсең, жөндеп
бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!»
Қазақ халқының қарым-қатынас мәдениет аса жоғары болған.
Туысқан-бауыр, ата мен бала, құда-жекжаттың, қыз-жігіттің,
қайын мен жеңгенің бір-біріне деген сый-құрметі – қазақ
баласының ұғымына кішкентайдан сіңірілетін өзінше бір мектеп.
Оны сол ортада өспеген адамның біліп, түсінуі қиын. Бұл жөнінен
де қазақтың шешендік сөздері акылшы бола алады. Майқы бидің
мына сөзіне зер салайық:
Адам бақсаң, атаң бақ,
154
Немесе: Көз жұмар сапар аттанып,
Сөз білген атаң ата-ақ.
Айтқаны қалар жатталып.
Қонаққа аспа жауырын,
Таңдап бергей тәуірін.
Бипаз сөйле кеткенде,
Сипап жібер сауырын.
Жілік жесең біреуден,
Сақта оған жамбасты.
Басыңа іс түскенде,
Жамбастан ол танбас-ты,
Болмаса егер албасты.
Таздан жарғақбас туар,
Кедейден малбақпас туар.
Соқырдан көрмес туар,
Сараңнан бермес туар.
Балаға: өз атаң, нағашы атаң, кіндік атаң, өкіл атаң, сүндет
атаң, пір атаң, қайын атаң, – деп жеті атасын үйретіп, «Жеті
атасын білген жеті рудың қамын жейді» деген қазақтың
халыктық тәрбиесінің кеңпейілділігіне, адамгершілігіне тәнті
боласың.
«Тәкаппар адамды тәңірі сүймейді. Анадан өнеге көрмеген
қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман, ондай бала ел
басын құрап, үйінен дәм беруге жарамайды. Атаның атын
былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана
құрсағында шырланып, тумағаны жақсы.
Тізесін бүгіп отырған инабатты әйел көрікті. Үлкен
шаңырақтың қасына тігілген келіннің отау үйі көрікті. Әйел
төрт түрлі болады: Оның бірі – ниеті қураған әйел, екіншісі –
ынсапсыз әйел, үшіншісі – үйдің құты болған әйел, төртіншісі –
кесір әйел. Әйел біткеннің ең жаманы – осы.
Отбасының құты болған әйел даладан бір қонақ келсе, үйінде
ері болмаса да, оған сусын беріп, бар дәмін алдына қояды,
сыйлап, аттандырып салады. Бұлар Айша мен Фатимадан бата
алған әйелдер. Мұндай әйелдер мыңдап өссе де, көп емес.
155
Қазақ кісілігінің түп тәрбиесі мен тұтас мектебі мақал-
мәтелдерде жинақталғанын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Айтыс»
поэмасында дәлелдеп береді. Өз халқы туралы соншалық
сүйіспеншілікпен жазғандығы үшін де ақынның бұл поэмасы
жасырын ұсталып келген.
Қарашы, міне, қандай пікірлер бар:
1-«3аманың түлік болса, тазы боп шал».
2-«Қылышты сұғып байқа өз саныңа,
Өз саның ауырмаса, біреуге сал».
3-«Аспен ат, біреу таспен атса сені».
4-«Мың сіз-бізден бір шыж-мыж артық», – деді.
5-«Өз етігің тар болса дуниенің,
Кеңдігінен көрмессің дәнеңені».
6-«Торғай артық жердегі – қолыңдағы,
Ұшып жүрген тырнадан әуедегі».
7-«Отқа жақ алтын ерің атқа тисе»,
8-«Енбек қыл да, міндет қыл» деген еді.
9-«Талаптан, нұр жауады талапты ерге»,
10-«Көрпеңе шақта аяқты, соза берме».
11-«Басқа тұрсын атың мен астыңдағы,
Қойныңдағы қатынға сенбе, сенбе!»
Күллі дін, бар философ айтқандары,
Осы он бірдің астында түгел бәрі.
Екінші, үшіншіден дәмлі сөзді.
Айтқан жоқ Енжіл менен Құран-дағы.
Төртінші, бесінші де Марксіңнен,
Өмірді ұғынуда кеткен әрі.
Жетпіс жыл бұрын жазылған ақын ойларының бүгінгі күнге
қабыспай тұрған жерлері де табылар, бәлкім, бірақ жалпы
алғанда, оқушысын ойландырары сөзсіз.
Халық тәрбиесінің тағы бір бастауы – тыйым сөздерде.
«Табу» (тыйым) деген үғымды батыс ғылымына енгізген ХVІІІ
ғасырдағы ағылшынның теңіз саяхатшысы – Д. Кук.
Полинезияның тұрғылықты халқының тіршілігін бақылай
отырып, тыйым салынған нәрселердің қай зат, адам, қай сөзге
қатысты екенін анықтап, мағынасын зерттеген.
156
Қазақтың тыйым сөздерінде де халықтық тәрбиенің негізі
жинақталған. Мысалы, «Әйел адам ер кісінің жолын кесіп
өтпейді», – дейді. Сол арқылы, ер азаматқа отбасының, елінің
жауапкершілігін міндеттеп, әйелге азаматын құрметтеуді
тапсырады. «Молаға қарай қолыңды шошайтпа», «Бас ұстасаң,
әкең өледі», «Төрге қарап жүреңнен отырма, ырысың кетеді»
дегендер – жоғарғы күшпен сескенту арқылы еске сақтауға
мәжбүр ететін сыпайылық мәдениет. Тыйым сөздердің біразы
қыз баланың инабаттылық, ізеттілігін еске салады: «Адамға қарап
керілме», «Жатқан кісінің үстінен аттама», «Сыпырғыны жоғары
көтерме», «Дастарқаннан аттама», «Жер таянба» т.б. Кейбір
тыйым сөздер кенеттен кездесетін қорқудан сақтандырады:
«Суға қарай жүгірме», «Түнде суға барма», «Түнде далаға кір
жайма».
Қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі ең үлкен кемшіліктің біреуі
рухани жасықтық болуға тиіс. Рухани жасықтықтың қарама-
қарсысы, яғни қазақтың нағыз мінезін жыраулық поэзиядан көре
аламыз. Жыраулық поэзия еркін, рухы жоғары ой-санадан туған.
Оның жалғасы – айтыстағы ерлік, өзін-өзі асқақтата жырлау.
Тоныкөктің, Қазтуғанның өзін мадақтауы мақтаншақтық, ұсақ
мінез емес. Халқының тәуелсіздігіне, еркіндігіне арқа сүйеген өр
мінезден, іріліктен туған. Бодандық, кедейшілік қазақтың өр
мінезін жасытты. Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Ерден еркек
қалды, көлеңкеңнен үркек қалды». Жалшылық жан дүниесі
қалыптасты.
XV-ХVІ ғасырдағы қазақтың асқақ рухы Қазтуғанның
«Мадақ жырында» және Еділ жөніндегі толғауында айқын
көрінген. Мысалы:
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті.
Айдаса қойдың көсемі,
Сөйлесе қызыл тілдің шешені.
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,
157
Қалайылаған қасты орданың сырығы.
***
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы.
Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасынан өтіп бұзып дінді ашқан,
Сүйінішұлы Қазтуған!
Халықтық тәрбиенің тағы бір қайнар көзі – орта ғасырда өмір
сүрген бабаларымыз жазған әдеби, ғылыми, педагогикалық
кітаптарда. «Құтаю білігі», «Гүлстан», «Қабұснама»
кітаптарының бетін ашқан әрбір адам бұған тәнті болмақ. ХІ
ғасырда жазылған «Қабұснамада» мынадай ұлағатты сездер бар:
«Сені жан-ділімен жақсы көріп, тәрбиелеп жүрген ата-
анаың көңілін қалдыратын құрттай іс жасасаң, сен ешқандай
да жақсылыққа лайықты жан емессің. Өйткені кім де кім ата-
ананың жақсылығын білмесе, басқа біреудің жақсылығын да
бағаламайды... сен ата-анаңа не істесең, саған перзентің де
соны жасайды».
«Егер де сенің көңіліңде қайғың немесе қуанышың болса, оны
сол қайғы мен қуанышқа серік болатын адамға ғана айтуыңа
болады. Қайғылы жанға қуанышыңды айтпа. Үмітсіздіктен
сақтан, жақсылықтан үмітіңді үзбе, үміт есігін аша біл».
Енді VІІІ ғасырда жазылған Орхон ескерткішіндегі мына
жолдардың тәрбиелік мәніне назар аударалық: «Інілі-ағалының
дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан түркі
халқы елдігін жойды».
Сондай-ақ халықтық тәрбиенің ғылыми тілде жинақталған
түрі Мағжан «Педагогикасында» деп ойлаймыз.
АҚЫЛШЫМ – ӨЗІҢСІҢ
Қазан айында басталған сабақ бүгін-ертең аяқталғалы түр.
Жарты жылдың қиыны мен қуанышты сабақтарын бөліскен
Еділдің, Құралайдың, Мәдинаның, Ғалияның сөздері құлағымда
ұзақ сақталарын білемін.
158
Міне, мынау – ылғи алдыңғы қатарда отыратын Құралай мен
Мәдина. Құралайдың өткен жолғы баяндамасы 2-курс студенті
үшін жаңалық болды. Әсет ақынның «Ағаш ат» дастанының
бұрын ешкімге белгісіз жаңа нұсқасын тауып әкеліпті. Біз білетін
түрінен едәуір айырмасы бар. Бәрімізді таңғалдырған 45 минут
зерттеушіге айналған Құралайдың талантына тәнті етті.
Мәдина не айтса да, беріле сөйлейді, шын ниетімен айтады.
Аулындағы сүйікті мұғалімін еске алғанда, көзіне жас келгенін
көрдім.
Ал анау жуан дауыс – Едігенікі. Асықпай, баппен, үлкен
адамша сөйлейтіні ұнайды. Өзінен бір зиялылық сезіледі. Мен
үшін олардың өтілген сабақ жөніндегі пікірі, алдағы уақытқа
ұсынысы өте қымбат. Соны білмек боп, екі бет қағаз алып, үш
түрлі сұраққа жауап жазуын өтінемін. Аты-жөнін көрсетудің
қажеті жоқ.
1. Сабақтың қандай пайдалы жақтары болды?
2. Өзіңіз байқаған кемшіліктері неде?
3. Ұсыныс, пікіріңізді айтсаңыз.
Міне, студенттер жазған ұсыныс – пікірлер алдымда жатыр.
Сабағымның кемшілігін былай көрсетіпті:
...Кей баяндамалар ұзаққа созылып кетіп, қалғанына уақыт
аздау болды.
...Сұрақты жақсы сөйлейтін студенттер көп қойып, соларға
көп көңіл бөлініп кетті. Өзім де үндемегенге үйреніп кеткенмін
бе, менің сұрағым күлкілі болып көрінетін секілді.
...Уақытпен санасу керек...
...Баяндамашыға талап бұдан да қатты қойылса...
Міне, осылай, мақтанатын дәнеңе жоқ. Келесі жылы әр
сабақтың жүйелі өтуін қадағалауым керек. Жай ойланатындарға
қанша асықсақ та, сөйлеуге мүмкіндік беру керек.
Үшінші сұраққа мынандай ұсыныстар айтыпты:
...Баяндаманы күні бұрын белгілемей-ақ қойса, қайтеді?
...Пікірлестер мен қарсыластарды кейінірек бастадық.. Осы
әдісті басынан қолдану керек еді.
...Баяндаманың жақсы жақтарын көбірек айту керек.
159
...Студенттің рухани дүниесіне бұдан да тереңірек үңілсеңіз.
Сіз байқамаған талай сырлар бар-ау онда әлі.
Сабақтың пайдалы жақтары:
...Пікір айтуға біраз төселіп қалдық.
...Кейде дайындала алмасам да, өзіме қажет кішкентай ғана
жақсылық алуға келемін.
...Мен өзімді мұғалім ретінде сезіне бастадым. Баланы ақ
жүрекпен, ынтамен тыңдау керек екен.
...Мен де мұғалім болған кезде оқушыларымды талдауға түгел
қатыстырсам деймін.
Мұғалім үшін шәкірт қойған бағадан артық баға жоқ..
Олардың пікірімен санасу кісіні қамшылап отырады.
АРМАН – САБАҚ
Өзіме ең бір ұнайтыны – лабораториялык сабақ. Шағын ғана
белмеде 10-12 студент пен оқытушы отырады. Лупамен
қарағандай, бір-бірімізге іріленіп көрінеміз. Дауыс, түр әлпеті
өзгеше бір салтанатты жағдайға, адамдық қалыпқа ауысады.
Мұнда айқайлаған жалпы сөзден гөрі жүректен шыққан жай
дауыс әсерлі. Бір-бірімізді енді аңғарғандай болып, сөйлей
отырып, көзімізге үңілеміз. Айналадағы сынық орындық, суық
бөлме естен шығып кетеді. Ал, жалпы, Сиявуштың арман қаласы
секілді болашақтың арман – сабақтарын аңсаймын. Онда он
шақты адамға арналған, әр ұстаздың студентпен бетпе-бет
сөйлесетін шағын бөлмесі болмақ. Әдемі дөңгелек стол, жұмсақ
орындықтар. Мұғалім мен студент арасында суық арақашықтық
жоқ. Ұядай жылылық бар. Балалар кіріп келгенде, олар білмейтін
бір қызық кітаптарым жаюлы, тапсырмаларым дайын, өзім бір
ертегінің кейіпкеріндей, аса шабытпен күтіп отырсам.
Шәкірттерім мені көргенше, мен оларды көргенше асықсақ...
Тезірек болшы, арман – сабақ.
«СТУДЕНТТЕН СӘЛЕМ...»
160
Оқу жылы аяқталды, көңіл жайланды.
– Осы курсқа келесі жылы келетін жаңа студенттерге не айтар
едіңдер? – деймін.
Олар тез-тез болашаққа хатын жаза бастайды. Оны келесі
жылғы студенттерге жыл басында оқып беремін. Кейде
мұғалімнің көп ақылынан гөрі студенттің – студентке айтқан
ақылы өтімді. Ақыл айтудың бұл да бір түрі.
Сонымен, былтырғы студенттің биылғы студентке тілегі:
«85-жылдың күзі ең қызықты, ең бір қуанышты күн болды.
Біз Гулнәфис екеуміз 303-аудиторияны әрең іздеп тауып, келіп
партаға отырдық. Сабақтың қиыны да, оңайы да бар. Оны әр адам
шыдамдылықпен жеңуі керек. Мен үшінші қатардың сол
жағынан санағанда екінші орында отырамын. Жалқаулығым бар.
Кейінгілерге тілегім: «оқу инемен құдық қазғандай» деген рас,
жалқауланбай оқы. Өзім жалқаулығымнан біраз зиян көрдім».
«Менің айтарым – оқуыңыз төмен болып қалса, оқасы жоқ, ең
бастысы, адамгершілігіңіз бәрінен жоғары болсын!»
«Мұғалімдермен сәлемдесіп жүруді ұмытпа!».
«Еңбек нәтижесі денеңді, келбет-көркіңді қалай нұрландырса,
оқу нәтижесі де ойыңды, дүниеге көзқарасыңды сондай
нұрландырады».
«Сабақтан кешікпе, қалма. Деканат жатақхана бөлгенде,
осыған қарайды».
«Жексенбі күні кітапханада болғандар жақсы үлгереді».
«Ортаңа қадірлі болуды ойла. «Өнерлі өрге жүзеді» деген
қазақ атам. Өнеріңді көрсетуден ұялма».
«Ата-анаң ертелі-кеш алыста жүрген сені ойлап, неғып
хабарсыз кетті деп алаңдап отырады. Айына ең болмаса, бір рет
өзіңнің амандығыңды білдіріп, хат жазып тұр. Жылы киініп,
уақытымен дем алып жүр. Өйткені еңбегіңнің нәтижесі
денсаулығыңа байланысты».
«Өзім уақытты дұрыс пайдалана алмағаныма өкінемін.
Әсіресе қыздарға айтатыным: Майда-шүйде әңгімемен уақыт
өткізіп алмаңдар. Көктемгі кезде сабақтан қалу көп болады. Енді
5 минут ұйықтай тұрайын деп, бүкіл бөлмедегі қыздар сабақтан
161
қалып қойған күніміз болған. Өте бір тығыз шаруаң болмаса,
ертерек ұйықтауға тырыс. Меніңше, ең жаман әдет – сабақта
қалғып отыру. Ол – лекторды да, өзіңді де сыйламағандық».
«Сабаққа дайындалуды түнге қалдырма».
«Ішімдікке әуес болып, болар-болмас нәрседен ұшып
кетпеуіңе тілектеспін!».
«Осы оқуға мен екі жыл еңбек істеп барып түстім. Ата-
бабаларымыз айтқан ғой, «Еңбекпен келген нанның дәмі ауыздан
кетпес» деп. Жұмыста жүргенде: «Осыдан оқуға түссем, жақсы
оқыр едім», – деп ойлайтынмын. Енді, міне, арманыма жеткен
сияқтымын. Еңбектенсең, нәтижесіз болмайды».
«Күнделікті сабақты қарамадым дегеннің өзінде бір қарап
қою керек. Жазуды ертеңге қалдырмай, сол күні орындап
тастасаң, ана сабақтан, мына сабақтан жиналып қалмайды».
«Менің орнымдағы студент соңғы катардың бұрышында
отырмын деп мойымаңыз. Оқимын деген ниет болса, орынның
бәрі бірдей емес пе? Меніңше, осы орын – ең жақсы орын.
Сабаққа кешігу, келмей қалу деген жаман әдет болмасын.
Жолдастырыңызбен жақсы қарым-қатынаста болыңыз».
СТУДЕНТТІ САҒЫНУ
Ол күні қай бөлмеде жиналатынымызды студенттердің өзі
келісіп қояды. Қыздар күнделікті киімін былай қойып, қыз
қылықты көйлектерін киеді. Аудиторияда қалай болса солай
отыратын жігіттер шашты жатқызып, галстугін тағып келгенде,
қыз қарағандай. Алыстағы Мұңғұлиядан келген Зәмзәгүл бар,
үйін сағынып жүр ғой деп, арнап алып шыққан тәттімді қолына
ұстатамын. Әзіл-қалжыңға жүйрік Айсұлу мен Сара бар. Әр
сөзіне күлесің де отырасың. Сараның қонақ жігіттерге етік
кейпіндегі күлсалғышты беріп жатып: «Мынау – екі аяғыңызға
бір етік», – дегенін ұмыта алмаспыз.
162
Күліп қойып Қосай отырады. Шағын денесіне сонша
кеңдіктің қалай сыятынын қайдам, қыздар әзілмен шымшылап
жатса да, қызара күліп отыра береді. Жұмыстың ауырын,
жауапкершіліктің үлкенін өз мойнына жүктеуді міндет санайтын
адамның өзі. Үй-ішінен алған жылы да момын тіршіліктің барлық
кейпі осы жігіттің бойында тұр. Бес жылғы студенттік қарым-
қатынастың ең бір қиын сәттерінде де сабырлылық сақтаудан
танған жоқ. Естуімше, ең қатты ашуланғанда қыздарға үлкендігін
алға салып: «Әй, ешкілер-ай», – депті. Чернобыльда жарылыс
болғанда, алғаш көмекке барғандардың бірі болды.
Көп ұзамай, Қосай мен Қалдыгүл бірге ән салады. Бірі
жіңішке, бірі жуан екі дауыс домбыраның екі ішегіндей үндеседі.
Одан кейін Зояның домбырамен салған нәзік әнін естиміз.
Төселген, саспай айтады. Дүйсенкүл болса, сықақ оқиды.
Өнерсізі жоқ.
Бұл курспен алғаш көздескенде, әскерде болып, еңбек істеп
келген естияр қыз-жігіттер екен, бөлменің місін басқандай
сабырлылықпен қарсы алған. Сыртқы қалпына қарағанда, тек
саясат туралы сөйлесу керек сияқты. Көзіме бір бұрышта тұрған
домбыра түсті.
– Домбыраны кім тартады? – Тартатын ешкім жоқ екен, бөтен
курстың бір баласы тастап кеткен болып шықты. Ешқайсысы
қолына алмайтынына көз жеткен соң, өзім алып, бір-екі ауыз
айттым да, қарсы алдымда көзі жанып отырған бір қызға
ұсындым.
– Менің де жаңадан үйренгенімді байқап отырсың ғой, ал енді
сен айт. Айтатының көзіңнен көрініп тұр, – деген соң, домбыраны
ұяла қолына алды. Бұл Зоя еді.
Зоя екі-үш өлеңнен кейін өзі білетін бір балаға ұсынды. Келесі
кездескенге дейін әрқайсымыз дайындалатын болып, келісіп
тарастық, Жоғарғы курста өнерсіз адам қалған жоқ.
Бұл бір бақытты күндер еді.
ЕГЕР МЕН МҰҒАЛІМ БОЛСАМ...
163
Менің жүрегімнен ұмытылмастай орын алған бір топтың
студенттері болды. Олар оқуға 1984 жылы түсті. Әуелі бір жыл
дайындық бөлімінде оқыдық. Неше жыл еңбек істеген, әскерден
келгендер еді. Келесі жылы бірінші курсқа сол тобымызбен өтіп,
оқуды жалғастырдық. Талай қызықты күндеріміз бірге өтті. Мен
оларды тәрбиеледім десем, олар мені тәрбиеледі. Өсу мектебінен
бірге өттік.
Бітіруге жақындағанда: «Шіркін, бәріміз бір мектепке барып,
бірге қызмет істер ме едік», – деп армандаушы едік. Өмірді
болжап бола ма, мүмкін бір кезде ол арманымыз да іске асып
кетер. Суреттеріне сағынып қараймын. Міне, Қосай, Рухат – Әсем
(екеуі үйленген), Зоя, Қалдыгүл, екі Айсұлу, Сара, Әсия, Азамат
(күрд қызы), Ербақыт, Аманжол, Зәмзәгүл – үшеуі Мұңғұлиядан,
Дүйсенкүл, Роза, Рабиға, Нағима, Қуаныш... Жақында Ербақыт
келіпті. Үйленген. Келіншегі мен сүп-сүйкімді баласының
суретін көрсетеді. Айсұлу қызымнан аңқылдаған хаттар келеді.
Өзі ауылындағы мықты мұғалім. Онсыз бір кешіміз өтпеуші еді.
Қосай келіп кетті, қазір институтта мұғалім. Қалдыгүл,
Дүйсенкүлдер де институтта мұғалім. Қандай да бір
отырысымызды ішімдіксіз өткізуді үрдіс қылып едік. Өмір
толқыны өзгертіп жібермеді ме екен?
Студенттерім жазып берген «Егер мен мұғалім болсам» деген
шағын шығармаларын парақтаймын:
«Шәкіртіне өзін сыйлата алса, өзі де олармен сыйласа білсе,
ұстаздың ең жақсы қасиеті осы деп білемін».
«Болашақ шәкірттеріме жан-жақты білімді, қарым-қатынаста
қарапайым адам болып көрінгім келеді. Класс жетекші болғанда,
шәкіртімнің жүрегінен жол таба алсам деп ойлаймын».
«Бес жыл студенттік өмірде көп нәрселерді үйрендік.
Солардың өзіме ұнағанының бәрін жалғастырғым-ақ келеді.
Бірақ талабымыз таудай болғанмен, іскерлігіміз жетіспеуі мүмкін
ғой. Қазір бәрін төңкеріп тастайтын сияқты болып тұрмыз».
«Лекцияны қағазға қарап емес, адамның көзіне қарап
оқысам».
164
«Әр оқушының жан дүниесін біліп алуға тырысамын. Жеке
жұмыстар тапсырғанда жазып келуді міндеттемеймін. Ауызша өз
пікірін айтқызамын».
«Болашақта оқушылардың сабағыма бар ынта-жігерімен
қатысатындай болуын армандаймын. Оқушының кемшілігінен
гөрі жетістігін көбірек байқауға тырысамын».
«Кейбір мұғалімдер көзге түскен бір-екі шәкіртін пір тұтып,
оның жанындағылар көлеңкеде қалып қояды. Осыны
болдырмасам деймін».
«Біз де енді бес минуттан кейін ұстаз болмақшымыз.
Сабырлы, байыпты, бір-екі ауыз сөзбен оқушының тілін таба
білетін болсам. Оқушыларыммен сабақ жөнінде ғана емес, басқа
жағдайларда да тығыз байланыста болсам».
«Кейбір сабақтан, шынымызды айтсақ, жалығып кетеміз. Ал
болашақ оқушыларым бір күн сабақтан қалса, «қандай қызықтан
құр қалдым екен?» деп отырса».
«Кей мұғалімнің бір бала нашар болып көзге түсіп қалса, әрі
қарай баса беретіні жаман. Қайта көтермелеп отырса ғой, сонда
ол ұмтылуға тысысар еді».
«Мектепке барған соң, балалардың сабақтан тыс
жұмыстарына көп көңіл бөлер едім. Оқушылармен бірге театрға,
концертке барып, қызықтарын бөлісу олардың көңілін өсіреді деп
ойлаймын».
«Оқушының бойындағы жылт еткен жақсы қасиетін байқап,
дамытып отырсам. Талапты тым жұмсатып жіберуге де
болмайды. Оқушының бәрі бірдей емес, талап қойып отырмаса,
жалқауланып кетеді».
«Ұстаздың ең үлкен ерлігі барлық оқушыны өз сабағына тарта
білуінде деп ойлаймын».
«Сабақты өмірмен байланыстыра айтқан ұнайды. Оқушыны
«сіз» деп сыйлай сөйлеу керек».
«Оқушым сабақта отырғанын сезбей, айтқан әңгімем
кинодағыдай әсер етсе».
«Әр гүлдің өз түрі бар, өзінше жайнайды, әр құстың өз үні бар,
өзінше сайрайды» дегендей, әр оқушыны тани алсам».
165
«Оқушыға үнемі ұрсып, кемшілігін бетіне басып,
«айтқанымнан шықпасын» деп зекудің, шәкіртке теріс тәрбие
беретінін ескеру керек. Көп сөйлемейтін оқушыға да басқалармен
бірдей тапсырма беріп, көмектесу шәкіртті тани білуге
көмектеседі. Жалпы, ұстаз болу оңай емес».
«Ұстаздың өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәнері шәкірт көңілінде
жатталып қалады. Менің ойымша, ұстаз білімді әрі мейірімді,
қарапайым болғаны жөн.
«Мұғалім жоқтан өзгеге ашуланшақ емес, шәкірттерін өзімен
тең ұстап, ашық сөйлесетін адам болуы керек. Қатал мұғалімді
қорқып қана сыйлайсың, ал жаны кең, мейірімді мұғалімді шын
жақсы көресің».
Студенттеріміздің осы арманы орындалды ма екен? Қызметке
кірісіп кеткендеріне де көп жыл болды. Бұл сұрақтың жауабын өз
шәкірттері туралы жазған еңбектерінен оқығым келеді.
Жуықта баяғы бала күнгі ұстазым Жүнісқызы Ұлтай апай хат
жазып жіберіпті. Өзі пенсияға шықса да, жан-жүрегімен мәңгі
мұғалім болып калған апайым:
«Қазақ әдебиетінде» Әбділда Тәжібаевтың өлеңдері
жарияланған екен. Әсіресе «Мұғалім» деген өлеңін оқып,
таңғалдым. Бұл кісі қалай мұғалімнің сырын анық білген? Өлең
жолдарын қайта-қайта оқи бердім.
Мен мектепте оқып жүргенімде ұстаз болуды аңсап едім,
арманыма жеттім. Көп жыл өтсе де, мұғалім көңілі жас болып
қала береді. Көшеде келе жатып, көзіміз алдымен балаға түседі.
Ол жылап тұрған болса, «неге жылады екен?» деп, жанымыз
ашып, әр түрлі ойға кетеміз.
Кейде алдымыздан әлдеқашан өтіп кеткен шәкірттерімді еске
алып, сағынамын. Олардың тағдыры өз балаларымнан кем әсер
етпейді. Ал соның ішінде де ұстаз көңіліне өте жақындары
болады. Ұстаз ол оқушысын үнемі ойлайды.
Бүгін сабақ бітті. Ол бала үйіне кетті. Ертең сол баланы қайта
айналып көргенше, ұстаз көңілі тағат таппай, сол уақытқа әрең
жетеді. Класқа келгенде, ол бала жоқ болса, не жағдай болғанын
166
анықтамай, көңілі орнына түспейді. Мұғалім деген жаны таза,
нәзік жан. Баланың жанын түсініп, сезімін байқай білген».
Ұлтай апайдың бір кітапка татырлық бір бет хатына осы бір
жазған еңбегіммен жауап бере алсам, шәкірттік парыздың
ақталғаны болар еді.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ДӘПТЕРІНЕН
Шығармашылық дәптеріне ойға келген тұжырым, ұнаған
пікір болса, жазып отырамын. Қайталап оқып қойғанның көп
пайдасы бар. Енді осы бір өзім үшін жазылған дәптердің кей
тұстарын қызыққан кісінің бір қажетіне жарап қалар деген
ақ ниетпен көпшілік назарына ұсынамын.
Әр шәкірттің өз мінезіне қарай бабын таба алмасақ, онда
мұғалім емес, сабақ беруші ғана болып қаламыз.
***
Шәкіртін сыйламайтын мұғалім ғана онымен дауласып,
ұрысуға барады. «Сыйлы боламын десең, сыйлай біл» деген
мақал мұғалімге де арналған.
***
Жан дүниесін білмеген адам мұғалім бола алмайды.
Мұғалімде тәуіптің көзі, ақынның жүрегі, суретшінің қиялы
болсашы.
***
Сабақтардың сабағы – әдебиет пен тіл.
***
Жазушы мен мұғалім бірігіп, оқушының жан дүниесін жасап
шығарады.
***
167
Әдебиет сабағының жаны – тапқырлық (импровизация).
Әдебиетшінің сабағы жоспардан емес, Сөзден басталса керек.
Әлем - жаратылыстың өзі Сөзден басталған.
***
Шәкірттің өз пікіріммен келіспегеніне қуанамын. Ол өз ойын
дәлелдеуге тырысса, пікірін қысылмай жеткізе алса, сабақтың
жетістігі – сол.
***
Сабақтағы ақпараттық әдістің күні еткен. Шәкіртке болған
жайдың жиынтығын айтып берумен қанағаттанбай, білімді
қайдан, қалай тауып алатынын ұқтырып, өмірлік мәселелерге
көзқарасын қалыптастыру керек болады.
***
Бір мұғалімнің тапқан жақсы тәсілін сол қалпында үйреніп,
іске асыруды мақсат етуге болмайды. Себебі ол тәсілді тапқан
кісінің жеке қасиеті де керек.
***
Нағыз мұғалімнің еңбегі – суреткердің еңбегі сияқты
шығармашылық еңбек.
***
Бір тәсілді түрлі жағдайда, түрлі кеңістікте қолдана беруге
болады. Мысалы, Қазақстан тарихын бала бақшада, мектепте,
жоғарғы мектепте де оқытуға болады. Бірақ әрқайсының өз
кеңістігі бар.
Ең жақсы өткен сабақтың қай жерден, қалай аяқталатынын
күні бұрын білмейсің. Бұл сабақты шәкірт пен ұстаздың
бірлескен ізденісі деуге болады. Сабақтың барлық жағдайын
алдын ала жоспарлап қою шәкірттің еркіндігіне шідер салумен
бірдей.
168
***
Шәкіртке «екі» қою арқылы тәрбиелеуге болмайды. «Екілік»
– өзіңе қойған бағаң. Өзіне талап қоюға ерінген мұғалім балаға
талап қойғыш болады.
***
Баланы тәртіп бұзғаны үшін ұрсудан бұрын, сол сәттегі көңіл-
күйі қандай, талап-тілегі не екенін байқашы.
– Христианды қиналған сәтінде шіркеудің пасторымен
сөйлесуге ынтық қылатын не нәрсе?
– Пастордың әр адамды түсініп тыңдай білуінде. Еш нәрсеге
таңғалмайды, кінәламайды, сыр шашпайды.
– Мұсылманды мешітке ынтызар қылған не нәрсе?
– Жан баласына айтпаған сырын кешірімді құдай алдында
ақтарып, іштей тілдесе алатындығында. Кешірім өтініп,
жақсылықтан үміт қылып, бойы жеңілдейтіндігінде.
Шіркеу мен мешіт адамның жан дүние тепе-теңдігін сақтауға
көмектесетін орын болып келген. Мектепте шәкірттің жанын
қинаған сырын сеніп айта алатын адамы мұғалімі болса, қандай
жақсы болар еді.
***
Шәкірттің сеніп айтқан сырын сыртқа шашпа, бетіне баспа.
***
Тәрбие адамшылыққа құрылуы керек. Адамшылық негіздері
қай қоғамда да өзгермейді, ешбір саясатқа тәуелсіз.
***
Николай Рерих: «Мұғалімдері кедей болса, еліне ұят.
Болашақ ұрпақтың мұғалімінің қамын ойламау – ол елдің
надандығының белгісі. Өзі күйінішті адамға бала тәрбиесін сеніп
тапсыруға бола ма? Баланы ылғи төмендетіп, ренжітіп отыратын
мектептен рухы жоғары адам шыға ма? Тағы да қайталаймын,
169
мұғалімнің хал-жағдайына қарайлауды ұмытқан халық –
келешегін ұмытқан халық»
***
Мектеп өмірінде бір тұрақты шеңбер қалыптасқан:
Мұғалімнің жүйкесін жұқартатын – оқушы, оқушының жүйкесін
жұқартатын – мұғалім.
***
Бала әділетсіз жазалаудан, үздіксіз ескерту жасай беруден не
істерін білмей, өзіне-өзі сенімсіз болып, жүйке ауруына
ұшырайды.
***
Мұғалім мен бала арасындағы түсініспеушілік әр адамның
туғаннан жаратылысы бөлек адамның туғаннан өзіне ғана тән
табиғаты бар екенін мойындамаудан шығады. Баланың мінезін
өзгертемін деуге болмайды, мінезінің жақсы жақтарын байқап,
дамытуға ғана болар.
***
Пор-Роял шіркеуі мектебінің логикасы: «Әр бала – ханзада,
ханша».
***
Барлық жерде мұғалімге қойылатын талап: Баланы тәрбиеле!
Бірақ тәрбиенің не екенін дұрыстап түсіндірген ешкім жоқ.
Тәрбиелеу дегенді – тәртіпті қылу деп ойламыз.
***
Әр бала – өзінше жұмбақ, өзінше байлық.
***
Оқушылары тым-тырыс отыратын мұғалімнің сабағынан,
қажетті жерде шулата білген сабақ қызық.
170
***
Кісімен қарым-қатынас мәдениетін отбасынан сіңіре алмаған
балаға мектепте де, өсіп, кісі болғанда да мақсатына жету қиын.
Ол баланы мұғалімі өте сезімталдықпен жетектеуі қажет болады.
Сүйкімсіз баладан, ертең айналасына қадірсіз адам шығуы
мүмкін.
***
Тіл алмайтын ызақор бала кемшілігін бетіне баса беруден
шығады.
***
Бірде ұстазым профессор Бейсембай Кенжебаев айтты:
«Әдебиетте біздің алдымызда небір ұлылар болып еді ғой. Біз
– солардың қалған нашарымыз».
***
Мағжан Жұмабаев «Педагогикасынан»:
«Біреуді біреу аяп, қайғысына ортақтасқандай, қуанышына
ортақтаспайды. Біреудің қуанышына ортақтасу орнына
күншілдік пайда болады. Бұл – жалпы адамзаттың бір төмен,
өнімсіз мінезі. Бір ғалым айтыпты: «Қайғыға ортақтасу үшін адам
болу жетеді. Қуанышқа ортақтасу үшін періште болу керек» –
деп.
Кейбір адамдардың жаны өмір бойы бір күйде болады.
Мысалы, туғаннан бері тарлық, кемдік, жоқтық, науқас көрмеген
адам ылғи қуанышты, шат болады. Өмір бойы кемдік, тарлық
көрген қуқанжыға адам жадырауды білмейтін болады».
***
Қазіргі «Монтессори педагогикасы» деп жүрген тәрбиенің
негізін қазақ топырағында алғаш ойластырған адам Мағжан
болар. Мына сөздеріне назар аударайық:
171
«Ойын – баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма.
Баланы бір нәрсені бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болу
керек, бақылау деген сөз – қарауылда тұрған солдаттай
қабағыңды түйіп қарап тұр деген сөз емес, олай тұрсаң, бала
ойынына кірісуші болма».
«Баланың атаға тартуы рас болса, сиқырлы даланың баласы -
қазақ баласы қиял құмар болуға тиіс. Яғни ол әдебиет, тарих
сықылды қиялды көп керек қылатын ғылымдарға ұмтылуы тиіс.
Ал енді орыс школасында оқыған қазақ баласының
математикашыл болуы: әдебиет, тарих сықылды ғылымдарды
сөйлеуге, жазуға орыстың тілін білмеген соң, қазақ баласы тіл
керек қылмайтын есепті айналдырмағанда қайтсін».
***
Бізде мылқау тәрбиеге жататын тақырыптар бар: Эротика, рок
музыка. «Мына пәлекетті әрі тарт!» – деп, көзімізді көлегейлесек,
оны жастар көрмей ме? Жастың өміріне қатысты нәрсенің
ешқайсын назардан тыс қалдыруымыз жөн емес. Оны әңгіме
қылудан қашу бұл мәселеге жауапты ұлт жан жүйесіне жат,
батыстық ақпараттан іздеуге мәжбүр етеді.
Шәкірттің сеніміне кіру қиын. Ол үшін шәкіртке әуелі өзің
сенуің керек болады.
***
Үзілісте студенттері қоршап, жібергісі келмей, соңынан еріп
жүріп сөйлесетін мұғалімге қызығамын.
***
Ежелгі гректер даналыққа ұмтылу таңғалудан басталады деп
есептеген.
***
Мұғалімнің бақыты да – балада, күйініші де – балада.
172
***
Баланың қайғысы мұғалімнің жақсы оқитын және жаман
оқитын бала деп бөлуінен басталады. Осыдан кейін баланың
рухани дүниесі тек бағамен өлшенеді.
***
Кісі екеніне күмәнмен қараған баладан кісі шықпайды.
***
Өзі білетін адам ғана басқаны білдіре алады.
***
Оқушының кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің.
***
Құр әдістеме папкасын толтырып қойғаннан оқушының
жағдайы жақсармайды. Ол – тек қарабайыр тексерушінің
алдындағы қарабайыр қорғаныс құралы.
***
Мектеп те әлеуметтік ағзаның бір бөлшегі ретінде, қоғамдағы
билік пен бағыныштылық қарым-қатынасын қайталайды.
***
Педагогиканы өрістетпейтін нәрсе: «Анау керек емес, мынау
керек емес» дейтін шектеу. Керегі: Ізденіс, ізденіс.
***
Қазақ баласы ұлттық тәрбиеден ең алдымен мына қасиеттерді
сіңірсе:
Өз халқын шексіз сүйетін, оны мақтаныш тұтып, салт-
дәстүрін құрметтейтін Өр рух.
Салауаттылық, Парасаттылық, Білімділік.
173
ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП:
ТӘЖІРИБЕ
174
ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП: ТӘЖІРИБЕ
Адамға ең бірінші білім емес,
тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз
берілген білім – адамзаттың
қас жауы, ол келешекте оның
барлық өміріне апат әкеледі
(Әл-Фараби)
1993 жылы Алматы түбіндегі Жандосов ауылында
жекеменшік «Гуманитарлық қазақ мәдениеті мектебі» дүниеге
келді. Мақсаты – ұлттық мектебіміздің моделін жасап көруге
талпыныс. Егер еліміз тәуелсіздігін алмаса, мұндай мектептің
ашылуы мүмкін емес еді.
Кеңестік мектептің оқыту жүйесі жаман болған жоқ. Әсіресе
негізгі ақпарат ауқымын меңгертіп шығару жағынан алдына
175
ешкім түсе алмады. 50-60-жылдардағы ауыл түкпіріндегі
мектептердің өзінің мұғалімдер сапасы жоғары еді. Жоғары
оқуға тек біліміне сенгендер ұмтылатын. Таныстықпен оқу іздеу
жетпісінші жылдары өріс алып күшейді-ау деймін. Міне, осыдан
кейін білім сапасы бүлінді.
Сонымен бірге педагогикада біраз тиімді жаңалықтар көзге
түсті. Мектеп – қоғамдық сананың көрінісі. Н.Бердияев: «Таптық
идея қоғамда адамдық идеяны өлтірді», – деген екен. Мектепте
казармалық тәртіпке бағындырып ұстаған әміршіл жүйені
жұмсарту жақтары ойластырыла басталды. 70-80- жылдары Ресей
педагогикасы ғылымы зор ізденістерге толы болды.
П.Я.Гальпериннің ойлау әрекеттерін сатылы түрде қалыптастыру
теориясы; Л.В.Занковтың, Д.Б.Элькониннің; В.В.Давыдовтың
проблемалық оқытуы; Т.А.Шамова, А.К.Марковалардың
оқушының сабақтағы белсенділігін арттыру; Ю.К.Бабанскийдің
оқытудың тиімділігін қарастыру теориясы, «Мәдениеттер
сұхбаты» тағы-тағылар.
В.А.Сухомлинский, Ш.А.Амонашвили, С.Н.Лысенкова,
В.Ф.Шаталовтың оқыту әдістері серпіліс әкелді. Бірақ біреудің
қолданған тамаша әдістемесін екінші біреу сол қалпында
пайдаланып көргісі келгенімен, алдыңғыдай жеміс бермейтіні
анық. Жүрек басқа, ой әр түрлі, білік әр түрлі. Жетістікті өз
мүмкіндігіңді дамытуға пайдалануға болады. Сол себептен де
талантты педагогтер қайталанбайды.
Сексенінші жылдардың соңы, тоқсанның басына қарай
Еуропа педагогтерінің тәжірибелері де жария бола бастады.
Мария Монтессори, Вальдорф, Ф.Рене, Петерсон тәжірибелері
туралы көп жазылды. Бала мен мектеп арасындағы қарым-
қатынастың өзгеше түрлері айқындалды. Мектепте қоғамдағы
таяп қалған ұлы өзгерістердің дүмпуі біліне қоймады, тіпті
білінген күнде, бұрынғыдан жақсару ғана болады деп ойлаған
еді.
АҚШ-та «Америка – 2000» дейтін ұлттық бағдарлама
қабылданды. Егер оны іске асыратын болса, американдық мектеп
түлектері жаратылыстану мен математикадан әлемдегі ең жоғары
176
білім нәтижесін көрсетеді. Алысты көздейтін ұмтылыс!
Мектептер өзін жасап отырған қоғамнан артық болмайды,
сондықтан ұлттық әлемдік экономикадағы жетекшілік ролін
қамтамасыз ету мақсатын алға қояды. Вашингтондық ХХІ ғасыр
мектептері, Набиско жаңа ғасыр мектебі, Сант-Пауладағы Сатурн
болашақ мектебі, тағы тағылар жүзеге асырып жатты. Осының
бәрінің фонында қаражат жоқ, қалтылдаған (бейнелеп жіберсем,
кешіріңіз) біздің мектептер аяныш туғызып, жүрек сыздататын
еді.
Еліміздің тәуелсіздік алуының алғашқы кезі зиялылар
арасында эйфория туғызды. Ата-бабамыз армандаған
тәуелсіздікке қол жеткіздік, енді ел үшін еңбектенеміз деген ой
болды. Альтуристік ұғымда тәрбиеленген едік. Қазанның
тұтқасына ие болғандар ішіндегі халықтың көжесін өздері бөліп
алып қояды дегенді күтпедік. Жоғарыдағы ізгі ойдың бір ұшынан
біз де ұстадық.
Осы кезде тәуелсіздігімізге сай ұлттық мектебіміздің бет-
бейнесі, болмысы болу керек деген мәселе көтерілді. Бір
конференцияда: «Кеңестік жүйенің қолбаласы болып келген
қазақ мектебі қазір өз енесінен айырылып қалып, әр емшекке бір
түртінектеген қозы сияқты болып қалды (Қ. Мырза Әлі). Енді
өзімізді іздеуіміз керек, өз тамырымызды табуымыз керек», – деп
едік, бір мұғалім:
– Олай деп айтпаңыз, қазақ мектебі жақсы жұмыс істеп
жатыр. Мысалы, біздің мектеп, – деді ашуланып.
– Не істеп жатырсыздар?
– Биологияны тереңдетіп оқытамыз. Бізден бітірген
балалар түгел оқуға түседі.
Онда қазақ мектебінің бар мәселесі шешілген екен дедік.
Ұлттық рухын танытатын оқулықтар жоқ болатын, ұлттық
мектептің моделі жоқ деп айтса, ерсі сияқты еді, ізденістер
негізінен әдістемелік сипатта ғана болды. Мәскеулік жүйенің
көлеңкесінде ғана елеусіз тіршілік етуге үйреніп алған едік.
Жоғарыдағы мұғалімнің ойы мектептің мақсаты оқуға
түсіруші, қызметке жеткізуші баспалдақ ретінде ғана қарайтын
177
кісілердің біразында болды. Олар үшін негізгі мәселе,
мықтағанда, белгілі бір ақпарат жиынтығын білдіріп шығару. Бұл
да аз нәрсе емес, осыған жете алмай жатқандар да көп. Бірақ
мектептің мақсаты сол ғана ма еді?
Егер де ұлттық мектептің моделін жасау идеясын біз ғана
таптық десек, өтірік болар еді. Ол идеяны әрісі Мұхтар Әуезов
өзінің «Жапониясында» айтқан жоқ па? Мағжан Еуропа
педагогикасын зерттей отырып, оған ұлт мүдделерін қоспады ма?
Жүсіпбек Аймауытов ұлттық жан дүниені ескермеді ме? Берісі
тәрбие ғылымымен айналысатын бүгінгі ғалымдардың біразы: Қ.
Жарықбаев, С. Қалиев, Шәрелхан Әленов, Ж. Асановтар… Тіпті
ақын-жазушылар (оған ұлтымыздың мүддесін ойлаудан
талмайтын Г. Бельгерді қосыңыз) да бұл тақырыпқа көп жазуда.
Шота Уәлиханов: «Әлдекімге көзсіз табыну – ол да бір зор
кесел». Жазушы М.Қабанбаев: «Көне қытай, үнді ғақлияларынан
бастап, грек, рим көзқарасын, арабтың жауһарларын, еуропалық
ой түйіндеуімен жете танысуымыз керек. Осы ілімдерді ондаған
ғасыр тарихы бар өзіміз жаңа біліп жатқан көшпелілер
мәдениетінің тайқазанына салып жіберіп, қайта суарып пісіру
керек және оның қазақ зейініне сіңіру керек. Тек дала
мәдениетімен шектеліп қалмай, дүние мәдениетін дала
мәдениетіне кіріктіруіміз керек», – дейді.
Мағжан айтады: «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл
тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, құлық тәрбиесі. Егерде адам
баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел
болғаны…» (Педагогика. 14-б.).
Кейбір мектептер бірінші орынға ақпарат жиынтығын ғана
қояды. Тәрбиелеушілік рөлі тым төмендетіледі. Біздің мектеп
білім беруді тәрбиенің бір ғана бөлігі ретінде қарады.
«Ұлт» деген сөзден кей кісілер қашқақтайды. Бізде «ұлттық
банк», «ұлттық қор» деген терминдер бар болса, «ұлттық мектеп»
деген неге болмауға тиісті? Мемлекетіміздің мәйегі болып
отырған халықпен достасу, соның айналасына топтасу, бірігу
арқылы Қазақстан ұлты жасалмай ма? Қазақстан өзінің ұлттық
178
мектебінің бағдарламасын анықтамаса, ұлттық идеология да
болмайды.
Біз мектебіміздің тұжырымдамасын жасағанда, жеке бір
баланың мектепке кірген күнінен бітіріп шыққанға дейінгі жан
дүниесін, болмысын, тұлғасын елестеттік. Осы адам кім, қандай
болып шығуы керек:
– ұлтжанды, иманды;
– адамды сүйетін;
– мәдениетті;
– білімді;
– өмірге икемді;
– рухани дамыған адам, кісілікті тұлға.
Кісілікті тұлғаны қалыптастыру үшін не істейміз?
Кісіліктің негізі ұлттық мәдениетте: тілі, әдебиеті, тарихы,
діні, жазуы, өнері, дүниетанымы, қарым-қатынасы, ойыны,
спорты. Өзінің дәстүрлі мәдениетін меңгере алмаған адам ылғи
да кембағалдық сезімде болады. Тек ұлттық мәдениетпен
шектеліп қалып, әлемге қол созбаған кісі де осындай қорсыну
күйін бастан кешеді. Ендеше балаға осы екеуінің де жақсы
жақтарын сіңіру керек болатын.
Кеңестік оқулықтарда ұлт мәдениетінен таптық күресті
үндейтін тұстары ғана назарға ілініп, қалған көл-көсір мәдениет,
дүниетаным, жалпы адамзаттық құндылықтарды көксеген
пәлсафа – бәрінен мақұрым қылып өсірді. Оның нәтижесі қазір
ап-айқын көрінуде. Сақалы сапсиған қырықтағы жігіттер:
«Қазақта бұрын мәдениет бар ма еді? Бұрын қала болған ба?» –
деп таңғалады. Егер ол миына мектептен сіңірілген болса,
басқадай адам болған болар еді.
Қазақ мәдениетін қазақтар ғана емес, осы жерде мекен етіп,
тұрып жатқан, Қазақстан мектебінде оқитын әр бала білуі керек.
Мәселе – қалай оқытуда. Нендей құралдармен жүрекке жеткізе
білуде. «Халқымыз шешен болған» деген мақтанды көп
айтқаннан гөрі, қалай шешен қылып шығарған, оған қандай
әдіс-тәсілдермен қол жеткізген, соны қолдана білсе. Баланың өр
рухты болып шығу сыры неден? Ерлік сезімді қалай
179
қалыптастырады? «Бесікті былай тербеткен» дегенді көрсетумен
бірге, бесік тербетудің мәні неде, ол бала тәрбиесіне қалай әсер
етеді – соны түсініп пайдалансақ. Осының бәрі зерттелмегендік-
тен, этнография түрінде бергіміз келеді.
Баланы сүю – адам айтқысыз еңбек. Ол таразыға
тартылмайды, метрмен өлшенбейді.
Ауылдан мектеп ашамыз деу ауыл үшін күтпеген оқиға еді.
Өмірдің ыстық-суығын көріп, әбден ысылған жергілікті
басшылар бұл істің ауыл өмірін байытар рухани жаңалығымен
бірге төтенше «бас ауыру» табатынын бірден сезген еді. Көп
жүгірістен соң, ауыл клубының құрқылтайдың ұясындай бес
бөлмесі, бір фойесі бар ғимаратын алдық. Жиналыстар өтетін көп
орындықты үлкен залын құлыптап қойдық. Мақсатымыздың өте
қарапайым екенін, рухани мүддені ғана көздейтінімізді түсінді,
отырған орын, жаққан шам үшін ақша талап етпеді. Біздің
пайдамыз: азып-тозып бара жатқан клубқа тіршілік кіргіздік.
ҚАРАЖАТ
Қаражатты қайдан аламыз? Бастапқы есебіміз бойынша, әр
ата-анадан алған ай сайынғы елу сом мұғалімдерге төлеуге
жететін еді. Ақшаның орнына азық-түлік алуға да келістік. Елу
сомға бала оқыту дегеніңіз – ауыл адамдары үшін үлкен
қайырымдылық еді. Қалған қаражатты ауылдастары үшін
көмектесетін демеушілер арқылы табамыз деп ойладық.
Шындығында, Әминат деген оқушының ата-анасы Әзірет,
Людмила Хачиевтерден, Медеуовтерден, Алматыда тұрса да,
ісіміздің маңызын байыптап, қол ұшын берген жазушы-
журналистер Бексұлтан Нұржекеев, Жарылқасын Нюсқабаев,
Нұрлан Оразалиннен көмек көрдік. Оны күннен-күнге ұстатпай
кетіп бара жатқан инфляция желге ұшырып жатты. Тағы бір
үмітіміз еңбегімізді көрсетіп, дәлелдесек, жергілікті бюжетке
кіру еді. Сол кездегі облыстық оқу бөлімінің басшысы, өте
түсінікті азамат Қуандық Данышпанов қанша көмектескісі келіп
тырысқанымен, оң шешім болмады. Тамыр-таныстықпен
180
таралып жатқан кредитке қол жетпеді. Көп уақытымызды көмек
іздеумен, сарсылып, сансыраумен өткіздік. Идеямыздың
дұрыстығын, елге қажеттігін айтып, шенеуіктердің есігінің
алдында күтумен өткен есепсіз сағаттар қажытты. Түсінген
кісілер көп болды, бірақ олар өзіміз сияқты, билігі жоқ, байлығы
жоқ қарапайым адамдар еді.
САРА АПАЙДЫҢ ҚОНАҚҚА КЕЛГЕНІ
Сырттан келер көмектің қай-қайсысына да зәру едік. Үлкен
қалаға жете алмайтын, элиталық мектепте оқуға қаражаты жоқ,
бірақ білімге деген талабы зор ауыл қарадомалақтарының
ынтасын көргенде, өзіңді қамшылауға тура келеді. Соларды
қалай қуантамыз, қайтсек отбасына салмақ түсірмейміз деген ой
бір сәт те тоқтаған емес.
Бір күні «Бөбек» қорын қонаққа шақырдық. Бізде бұрыннан
су құйынып жүрген мұғалімдер, оқушылар да бар еді, Сара
апайының келетінін естіп, су құйынушылар тіпті көбейді.
Қызбалыққа салынып кетпесін деп:
– Ауырып қалмайсыңдар ма? Байқаңдар, – дейміз.
– Ауырмаймыз! – деп шулайды.
Бұрын үйлерінде құйынып жүрген ауыл адамдары да тау
етегіндегі бұлаққа барып, суға түсіп жүрді. Салқын көктем
болатын.
Ата-аналарға, оқушыларға сумен сауықтыру әдісінің мәнісін
түсіндірдік. Сумен емдеудің қазақ емшілігінде де бар дүние
екендігін (мысалға, ауырған кісіні кешке қарай есік алдына алып
шығып, суық су бүркетін), жалаңаш етіне шекпен ғана киіп,
жалаңаяқ мұз оятын кісілердің болғандығын айттық. Ивановтың
халықта бұрын болған тәсілді жүйелегенін тарата келіп, бір
нәрседен сақтандырдық: кей жерлерде Ивановты пайғамбар етіп
көрсеткісі келетіндігін, сол арқылы өзге дінді насихаттайтынын
ескерттік. Мұсылманның пайғамбары – Мұхаммед пайғамбар. Ол
– соңғы пайғамбар. Сондықтан Ивановтың жүйесін сауықтыру
әдісі ретінде ғана қабылдау керектігін түсіндірдік.
181
Көктем түгіл, қайнаған ыстықта да тау суы суық. Сара
апайдың келетінін естіп, аудан-ауыл басшыларынан бірнеше кісі
жиылды. Ата-ана, балалар, мұғалімдердің қуанышында шек жоқ.
Бәрі де сәнді, салмақты болуға тырысты. Ол кісі оқушы
қыздарымыздың өз қолымен пісірген жұқпа нанынан, наурыз
көжесінен дәм татты. Гүл-гүл жайнаған балалар арасында суретке
түсті. Әр оқушыға – бір-бір аспа сөмке, іші толған қалам-қағаз,
өшіргішке дейін шетелдікі, әдемі. Ауыл баласы түгіл, мұғалім
өзімізге де таңсық заттар. Бәрін ортаға үйдік те, өзіміз өзенге
тарттық. Жақсы жағынан көрінуге деген құштарлық қандай,
кішкене балалар да шешіне салып, суға қойып-қойып кетті.
Алдында ғана қолы сынып, таңып алған Бақытжан бибінің өзі де
сау қолымен жарты шелек суды басына құйды. Көптен
айналысып ысылған Зиба бибі өзеннен шыға салып, қыздарының
төбесіне шелекпен құйып жатыр. Сара апай жалаңаяқ кешіп
барып, тізесіне дейін жеткен жерден беті-қолын жуды. Намысқа
тырысқан мен де табаннан өткен суықтың төбеме дейін
шымырлатқанына қарамастан, шыдап тұрмын. Соны байқады ғой
деймін:
– Үйренгенше суда көп тұруға болмайды, байқаңыз, – деді.
Плащ, шляпа киген бір топ басшылар алысырақ төбенің
басынан қарап тұрды. Келесі жолыққанда:
– Тірісіңдер ме? Тіпті ауырмадыңдар ма? – деп таңданып
жатты.
Ауырмадық. Ауырмау адамның көңіл-күйіне де байланысты
ғой. Кешінде Сара апаның сыйлықтары, қызыл-жасыл аспалы
сөмкелері аса мақтанышпен жалт-жұлт еткен балалардың
арқасында кетіп бара жатты.
«Бөбек» қорынан тағы бірнеше рет балаларға бас киімдер,
мұғалімдерге көйлек, жаңа жылға Аяз Ата – кәмпит, кітаптар
алдық. Жанашырлық көрсеткен Алтын Мәмбетқызын да жылы
сезімдермен еске аламыз.
Сара апамыз аудан басшысын шақырып та сөйлесіп, біздің
мектепке көз қырын салуды өтінді. Бірақ уақыт солай болды ма,
айтқан кісісі көмек көрсете алмады. Аудандық оқу бөлімінен
182
оқулық кітаптардың біразын тегін алдық. Кітапхана жасау үшін
жан-жақтан кітап жинаумен болдық.
КІТАПХАНА
Кітапханамыз әдеттегіден гөрі өзгешерек еді. Бір бөлмедегі
үстелдердің үстіне көптеген кітаптарды жайып қойдық. Кітап
салатын сөрелер болмаған соң осындай амал жасадық. Қасында –
дәптер. Кітаптарды қарауылдап тұрған ешкім жоқ. Оқушы
үзілісте кіреді де, дәптерге өзінің аты-жөнін, қалаған кітабы
туралы мәліметті жазып алып кете береді. Сол ретпен қайта
әкеліп, орнына қояды.
Әрине, бірден бар қорымызды жайып қоюға болмайтын еді.
«Жымқыру» дейтін де – адамнан табылатын қасиет. Өз
айналаң мен ортаңды сыйлау, парасаттылықты бір күнде еге
алмайсың. Мектеп жұмыс істеген үш жылда балалардың тәрбиелі
болуға тырысқанын көрдік. Жауапкершілікке үйренгенгісі
келгенін аңғардық. Алдағы мақсатымыз ортадағы үлкен фойэге
кітап сөрелерін қойып, қызықты кітаптарды еркін ауыстырып,
жанындағы жұмсақ креслоларға, қалың кілемдер үстіне
жайғасып, оқып отырса деп едік. Ол мұратымызға жете алмадық.
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
Алғаш мектепке «бикеш», «бике», «бибі», «мырза», «сіз»,
«шәкірт» «жылдық» деген қарым-қатынас сөздерін кіргіземіз
дегенде, мұғалімдер шошып кетті. «Қой, кіп-кішкентай қыздарға
қалай бикеш? Қалай сіз дейміз?» – деп ұялып, бетін басты. Уақыт
өтті, бұл сөздер біздің күнделікті тірлігімізге айналды.
Бикеш – шәкірт қыздарымыз, бике-жас мұғалімдер, бибі –
жасамыс апайлар, мырза – ер балалар және ұстаздар. Бұл
сөздердің идеологияның әсерінен, бұрынғының бәрін құбыжық
қылып көрсету салдарынан қолданыстан шығыңқырап қалғаны
болмаса, «Әй, Пәленшеев, Төленшеев» дегеннен анағұрлым
183
артық еді. Баланың нені қалайтынын, нені жақсы көретінін, тіпті
бала деген не нәрсе, соны білу керек:
Бала өзімен тең сөйлескенді жақсы көреді, өзін көрсеткісі
келеді, барлық істе жеңіске жетуді қалайды. Олар – кішкентай
зерттеушілер. Неге? деген сұрақты көп қою себебі сол.
Еліктегіш, әсерленгіш;
Ойдан шығарғыш, қиялшыл;
Тез-қарым-қатынас жасап, араласып кетуге дайын халық.
Д. Карнеги айтады: «Адамға ең қажеттісі – атын шығару, өз
ортасында беделді болу». Баланың партаға сызып, өз атын жазуға
әуестігі содан. Баланың ыңғайына барып, сабақта жақсы
жағынан көп көрсету керек. Кішкентай ғана еңбегін елеп,
баланың атына құттықтау хат, мақтау сөз, марапат арналып жату
керек. Мақтау – ол адамның өзі күткен ойын жұртқа жариялау.
Баланы ептеп алдаған дұрыс. Әлемге оның көзімен қарап,
арқасынан қақ.
Көп оқушылар өзіне сенімсіз. Тіпті тақтаға шығып айтудан
қысылса, оңашада репитиция жаса. Оған сенетініңді, бір
қасиеттерін бағалайтындығыңды сездір. Тіпті оқушы қателескен
күнде де. «Жоқ, олай емес, қателестің», – деме, «Қателесуіңнің
өзі керемет болды, соның өзінен қаншама ой туды. Рақмет!
Сіздей кезімде мен де қателескенмін», – деу керек. Бірақ бұл
жалпақшешейлікке айналмасын. Қажетті жерінде «керек!» деген
сөзді айта біл.
Осы ойларымызға мысал ретінде мына бір көріністі еске
алайық.
«СІЗ КЕРЕМЕТСІЗ»
Біз балаларға мақтауды аямаймыз. Титтей жетістігіне бола
жақсы сөздерді үйіп-төгіп тастаймыз. Айсұлу бикенің аузынан
«керемет!» деген сөз түспейді.
Біздің 2-жылдықта он бір бикеш, бір мырза бар. Ер атаулыдан
бір өзі болғандықтан, Шәміл мырзаға көңіліміз ерекше. Бірақ
184
бикештер оны елей қоймайды, өздерімен-өздері әуре. Үзілісте
мынандай сөздерді естисіз:
– Кешіріңіз, байқамай қағып кеттім.
– Оқасы жоқ.
– Өтіп кетуге рұқсат етіңізші.
– Қаламыңызды бере тұрасыз ба?
– Бағамды қойып беріңізші, мамам қуанатын болды ғой.
Алтыншаш «ң»- ды айта алмай тұр. «Көңілді» – «көңіл» дейді.
Айсұлу екеуміз екі жақтап, ыңылдап жатырмыз (Сабақты екі
мұғалім бірлесіп өткіздік). Аузымызды ашыңқырап, тілді
таңдайдың ортасына дірілдетіп қойып ыңылдаймыз. Алтыншаш
аузымызға үңіліп тұрып-тұрып: «н… н» дейді. Талабына риза
болып алақанымызды шарт-шарт еткіземіз: «Жарайсың!
Жарайсың!».
Айсұлу бике басқа балалардың өлеңдерін тыңдай бастады.
Ділдаш мына жақтан жаңадан жаттаған өлеңін құлағыма
сыбырлап айтып отыр. Ол – көңіл бөлуді тілейтін бала. Жаңа
тақтаға шыққанда онша болмап еді, артынша екеулеп тез-ақ
жаттап алыппыз. Бұрылып кетпесін деп құлағымның ұшынан
ұстап алған:
Сақалы аппақ күмістей,
Тісі бар аппақ күріштей…
Ентігін әрең басып, айтып болды да, құлағымды жіберіп,
«қалай» дегендей бетіме үңілді.
– Тамаша! Қалай тез жаттап алдың! Жазуың да күннен-күнге
жақсы болып келе жатыр (алғашында бір бетке бір-ақ әріп
салатын).
Ділдаш тағы тағы бір өлеңді ежіктеп оқи бастады. Арт жақтан:
– Алма бибі… – деп сыбырлаған дауыс шықты.
Қарасам, Алтыншаш екен. Аузын ашыңқырап, кішкене тілін
таңдайына жеткізбей дірілдетіп: «ң… ң… ң» дейді.
– Керемет!
185
Мен арттағы екі баланың басынан асырып, төрт саусағымды
жұмып, бас бармағымды қайқайттым. Алтыншаш күліп жіберді.
Көздері қуаныштан жайнап тұр.
Біраздан соң арт жақтан хат келді: «Сәлеметсіз бе, Алма бибі,
сіз өте кереметсіз…»
Үзілісте тақтадан: «Айсұлу бике, сіз керемет әдемісіз!» –
деген жазуды оқыдық.
СЕНУ ТӘРБИЕСІ
Адамшылдық педагогикасы – баланың және
мұғалімнің мүмкіндігіне сену
Мектебіміздің негізгі бағыты «Әлем және мен» кеңістігіндегі
мәдениетті меңгеру болды. Тіпті «Мәдениеттер мектебі» деп
атасақ па деген де ой келген. Мәдениет, бір жағынан,
материалды, екінші жағынан, рухани, федералды әрі локалды.
Бұл терминдерді қарапайым санаға қарай ұйыстырар болсақ,
рухани мәдениеттің ұлттық деңгейі, сонымен бірге адамзаттың
әлемдік деңгейі бар. Соның ішінде аймақтық, тіпті мектепішілік,
жеке адам деңгейі де көрінеді. Жұмысты ұйымдастыра білу
мәдениетінен өзін-өзі қадірлей білу мәдениетіне дейін – бәрі де
мәдениет. Би, ән, сөйлеу, жазу, білім жинау, дене мәдениеті,
киіну мәдениеті, тамақтану мәдениеті, қарым-қатынас, ұлттар
мен ұлттар арақатынасы, тіл мәдениеті тағысын тағылар. Нағыз
азамат болу үшін осы мәдениеттің бәрінен хабардар болып
меңгеру керек. Бірақ бәрінің іргетасы, алдымен өзіңді игеруде
жатыр, ұлттық мәдениетті сіңіріп алған адам әлемдік мәдениетті
оңай түсінеді. Тек өзімен ғана шектеліп қалған кісі көп нәрсені
жоғалтады. Әсіресе қазіргі заманда ұрпақтар сабақтастығын
санаға сіңіріп алып, әлемге қарай шығу керек. Ой ағынан,
әлемдік қозғалысын бағдарлау тағы қажет. Қателіктер бірін ғана
мойындап, екіншісін жоққа шығауда болып жатады.
БИ МӘДЕНИЕТІ
186
Би – баланы ортаға алып шығу құралы. Билегенде адам
ашылады, сырт көзге өзінің ең сүйкімді жақтарымен көрінгісі
келеді. Ішкі рухани сезім-күйі, музыка тілін түсінуі бәрі-бәрі
жарыққа ұмтылады.
Адамды бұйығылықтан құтқаруға көмектеседі. Сырт көзден
жасқанбауға, өзін-өзі ылғи бақылауда ұстайтын сезімнен
құтылуға әсер етеді. Біздің «би кешіне» 5-жылдықтан жоғары
шәкірттер шақырылды. Әуелі би патшасы вальсті қойып ортаға
шақырып едік, балалар фойеде жағалай тұрған үстелдердің
астына тығылып қалды. Үстел астында көздері жылтырап, күледі.
Енді не істедік?
Олардың ойынша, би билеуге әлі жастары жеткен жоқ. «Би не
теңі, мұрнын сүрте алмай жүріп!»… (Бұл – ата-аналар пікірі).
Яғни біздің ұғымымыздан биді мәдениет ретінде түсініп, игеру
жағы шығып қалған. Оны тек сезім жақындығын іздеу рөліне
қойып алған, сондықтан 10-11-жылдық оқушыларына ғана
дискотекаларға кіруге рұқсат етіледі. Олардың түрі – анау.
– Онда ұстаздар бастап билейік, – дедік.
– Қой, біз қарап тұрсақ болмай ма? – деді олар оқушылардың
алдында қымсынып. - Қажеті қанша?
Байқаймыз, мұғалімдер бұрынғы әдетпен сырттан бақылап
тұруға келген екен.
– Жарайды, онда мен бастайын.
– Сөйтіп, алдымен өзім өнер көрсетпесем, басқаларды зорлау-
қорлаумен бірдей болатынын сездік. Биге университеттегі
шәкіртім Ләйлә екеуміз кірістік. Тағы бір шәкірт Самал мырзаны
«іске қосты». Бұйығылықтан құтылуды, мұғалімдер, өзімізден
бастадық.
Адамшылық педагогикасы дегеніміз – баланың мүмкіндігіне
сену. Сол кездері дәптеріме былай деп жазыппын. Сәкен мырза
басқаларға айтады: «Жұрт алдына шығып үйренбесеңдер, мен
сияқты бұйығы болып қаласыңдар». Өзін алғашқыда биге
шығару қиямет-қайым болатын. Үлкендігімізді алға тартып та
биге шақыра алмағанбыз. Онысына өкпелегенім жоқ. Кісі алдына
187
шығып қимылдап көрмепті. Дәл қазір ағылшын королевасы келсе
де, «кешіріңіз» деп қала берер. Мектебіміздің ашылғанына үш
ай өтті, қазір қол-аяғын икемсіздеу қимылдатып, биге араласатын
болды. Шүпір-шүпір етіп секіріп жүрген балапандардың ішінде
маңдайы жарқырап, бағдаршамдай тербеледі. Сәкеннің
бағдаршамы тек жасылды көрсететін секілді. Жымияды да
тұрады.
«Би кешінен» соң, Ләйлә бике: «Сәкен аға, келгеніңіз қандай
жақсы болды. Сіз келмесеңіз не істер едік?» – деді. Өзінің түк
тындырмағанын жақсы білетін Сәкен мырзаның өте қарапайым
ниетінен шыққан мынадай фәлсәфа бәріміздің аузымызда:
«Денсаулығың болғанмен, адамгершілігің болмаса не пайда?».
Балалардың жұрт алдына шығып сөйлеу, билеу қимыл-
қаракетін ашу үшін мұғалімнің өзі ашылғаны жөн. Өмірге
қажетті бұл дағдылар баланың өзін сенімді сезінуіне көмектеседі.
Өзіне-өзі сенбейтін адам жұртты сендіре ала ма? Сенімсіз
адамнан кісі шыға ма?
Мұғалімдерді, балаларды көптің алдына шығару үшін
ұйымдастырушыларға біраз тер төгуге тура келеді. «Би кешін»
өткізу жөнінде ұстаздардың пікірі әр түрлі:
– Бесінші, жетінші жылдықтың (сыныптың) баласына
«дискотека» не керек? Сабақтарын оқып алса, жетпей ме?
– Оқушылар билесе жөн, мұғалімдер қарап жүрсін.
– Өзіміз билесек те болар еді, бірақ оқушылардың алдында
ұяламыз.
Бұдан аңғарылған нәрсе – билетудің мақсатын түсінбей
тұрмыз. Билету баланы ашудың, өзін сүйкімді көрсетудің тамаша
жолы ғой. Сабақта жақсы көрініп үлгірмеген кей баланы
билегенде көресің. Руслан қыздардың «Қамажайын» қалай
билейді! Еркін сөйлей алмайтынына айбынып, қайғырып,
көңілсіз жүретін Алмастың биін көрші. Басына дейін былқылдап,
екі көзін тарс жұмып, ырғақпен майысып рахаттанып кетеді.
Балалар билегісі келсе, оның сабақты жақсы оқығанға дейін жүре
тұруын немесе жоғары жылдыққа баруын күтудің қажеті жоқ.
Қазір жанына қажетті нәрсе қазір болсын-дағы.
188
Кей кісілер тәрбиедегі қатал әдісті қолдайды. Бала үшін ең
негізгісі – білім. Сабақтан келсін де, сабақ оқысын. Орындамай,
орнынан тұрмасын дейді. Бір ел жәшік ойлап тауыпты. Баланы
ішіне кіргізіп, аузын құлыптап қояды екен. Сабағын оқып бітпей,
сыртқа шығармайды. Ұйықтап қалмауын ғана қадағалайды.
Менің ойымша, тәрбиелеу – адамның жанын жасау. Тек
ақпаратты білумен ғана адам жасалмайды. Жаны лас білімпаздан
адамзатқа пайда жоқ. Егер баланы ертелі-кеш үстел басынан
шығармай, тек ми жұмысына қойсақ, біраз жылғы азаптан соң
бір шөкім болып, қартайып кеткенін көрер едіңіз. Жалпы,
баланың өзі барометр, оны байқаусыз бағыттап қойсақ жетеді.
Осылай бағыттап қоюдың өзі талантты мұғалімнің қолынан
келеді.
«Би кештерінде» бидің классикалық түрімен шектеліп
қалғанымыз жоқ. Ребін де, ауыр металын да, соңғы билерді де
биледік. Оны шығарған композитор, ән-өлеңінің мазмұнын
талдап-түсіндіріп отыруға тырыстық.
Нәтижесінде «Би сенімсіздігін» жойдық. Шәкірт-мырзалар
бикештер мен ұстаз-бикелерді еркін биге шақыратын болды.
Бойын тіктеп, маңдайы жарқырап, тербетіліп билегенде, өздері
парасатқа айналып кетеді.
ХАТ ЖАЗУ МӘДЕНИЕТІ
Біздің балалар хат жаза ала ма? Кейде шәкірттеріме
қалжыңдаймын: «Қыздарға хатты қалай жазасыздар? Көзің
«мерседестің шамындай» дейсіздер ме? Әлде басқадай
сүйкімдірек теңеулеріңіз бар ма?» Сөйтсек, кей жігіттің қызға
арнаған бар сезімі: «Сен менімен жүресің бе?»-нің айналасында
ғана екен. Қан майданның ішінде де хатты өлеңмен жазған
қазақтың ұрпақтары-ай.
Әр баланың бойында шығармашылықтың дәні бар.
Мұғалімнің міндеті – шәкірттің өзінің ішкі ерекшелігін аша
білуге, оны сыртқа мәдениет деңгейінде жариялай білуге, ойын
еркін жеткізе алуға көмектесу. Бала ондай деңгейге мұғалімі
189
қанаттандыра білсе, оған сенсе ғана көтеріле алады. Баланы
ашудың бір әдісі: сөйлету, сурет салдыру, қимыл-әрекет жасату,
театрмен, музыкамен әуестендіру, хат жаздыру, математикалық
мысалдар құрастыру т.б. осы әрекет үстінде нәтижеге жетуіне
көмектесу. Оның жұрт жеткен жетістікке жетуі шарт емес,
әркімнің өз жетістігі бар. Қателесу ешқандай айып емес.
Кемелдік құдайда ғана.
Осы ойдың жетегімен, мектептегі алпыс бала мен жиырма
шақты мұғалімге арналған пошта жасауға бел байладық. Алдын
ала дайындық жұмыстары жүргізілді. Біреудің хатын біреу
ашудың барып тұрған мәдениетсіздік екенін, егер біреу сізге
жақсы көретінін айтса, оны жария етіп, әдемі сезімді ластауға
болмайтынын, суретке мұрт салып мазақтау тиімсіз екенін,
өйткені өзіңді де біреу солай мазақ етуі мүмкін екендігін
түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатты. Оған «әдеп» сабағын
пайдаланудың, кездесе қалған сәттердегі қысқа пікір алысу, юмор
– бәрі іске қосылды. Поштаға ілінгенге дейін жеке-жеке суреттер
жиналды. Кейбіреуінің бесік жағалап, жаңа қаз тұрған кезін де
іліп қойдық (адамның қай жасы да сыйлауға тұрарлық қой).
Ақыры пошта жұмысын бастадық.
Алғашқы екі апта үздіксіз хаттар ағынынан бас көтере
алмадық. «Ана сабақта сөйлей алмай қалу себебін», «әне бір
жағдайды қалай жөндесем екен» деген сұрақтар, «сабақтағы
ұнамаған тәсіліміз», үйіндегі қиындықтар, ұстазына рақметі,
ауызба-ауыз айтыла бермейтін жағдайларды ағынан жарыла
жазылыпты. Хат жазу өнегесін өзіміз көрсетуге тиіс болдық. Біз
де күні-түні хат жаздық, бұрын да жазып қоятынбыз.
Балалар арасында қандай мазмұнды хаттар жүріп жатқанын
да сезіп отырдық, «махаббат» – ең маңызды тақырып. Мейлі,
әдемі сезімді де жеткізуге үйренуі керек. Бірінші жылдықтағы
шәкіртім Мақпал бикештен хат түсіпті. Суретте: киіз үй, ішінде
құс қонып отыр. Сыртта екі қолы тарбиған біреу (өзі) қолына
бірдеме ұстап тұр, «бал» деп жазып қойыпты. Сөйтсем, киіз үй
дегенім – балауыз, құс дегенім – бал арасы екен ғой. Алдында
ғана өзін ара шағып ала жаздаған. Баланың жан-дүниесіндегі
190
барлық әсер суретінде тұр. Қолындағы балынан дәм
татырмақшы.
Хаттар легі екі аптадан соң азая бастады. Іштегі шер шықты.
Бір айтылғанды қайталай беру мазмұнсыздық, енді ізденіс
басталу керек еді.
Хат біздің түсінігімізді тереңдетті. Бала жанын ұғуға
көмектесті. Сезім тәрбиесі – үлкен тәрбие екенін түсіндік. Кейбір
сұрақтар, мәселелерді ақылдасу үшін кездесе алмай қалған кісіні
күтіп отырмай, поштасына бір ауыз сөзімізді жазып тастай салу
да әдетке айналды.
Әділін айтсақ, поштаны біз ғана ойлап тапқан жоқпыз,
Петерсон, Френе мектептерінде бар әдіс болатын. Оны өз
жағдайымызға келетін тұсынан алдық. Сондықтан мың баласы
бар мектептерде «поштаны» байқап, ойланып алмай, бірден
кіргізе салуға болмайтыны есте тұруға тиіс.
СУРЕТ- ЖАРИЯ
Баланы бірімен-бірін емес, өз мүмкіндігімен салыстыруға
көңіл бөлуі керек. Әрқайсысы өз шығармасын жариялауға
құқықты.
Алматыдағы бір американдық мектепте болғаным бар.
Сондағы ілінген, сызылған, көрсетілген, барлық нәрсенің бала
жан-дүниесін есепке алынып жасалғаны қызықтырып еді. Сырт
көзге арнап жалтыратып, балаларға қол тигізбей, қақайтып
қойған ештеме байқалмайды. Әр бөлменің қабырғасы
балалардың жалбыраған суреттеріне толы. Осы идеяны
мектебімізде қолдандық. Мұғалімдерімізді кезек-кезек алып
барып, сабақтарына кіргіздік (мұғалім ізденуден қалған күні
мұғалім болудан қала бастайды).
Сырттан келген кісілер кең фойеміздің қабырғаларында
желім қағазбен жапсырылған үлкенді-кішілі суреттерді, бір-екі
шумақ өлеңді, бір ауыз тапқыр сөзді, кроссвордты, жақсы
шығарылған есепті, 3 жылдық оқушысының ойдан шығарған
жарты немесе бір бет әңгімесін көрер еді. Үзілісте оқушылардың
өзі жаңа ілінген дүниені оқып-көріп жатады. Біз де үңілеміз.
191
Қысқасы, шәкірттің титтей шығармашылық талабы
жарияланады. Оны мұғалім әкеліп іледі, оқушы өзі жапсырып,
әйтеуір тынымсыз тіршілік жүріп жатады. Олар жай қағаз емес,
шәкірт жүрегінде бұғып жатқан шығармашылықты түртіп
оятатын қағаздар.
ЛЕЗДЕМЕ ТАҚТА
Оқу бөлмелерінен шыға берісте бір тақта ілініп тұрды.
Жанында дайын бор бар. Мағынасын түсінбеген адам: «Дәл осы
жерге тақтаның не керегі бар?» – деп ойлайтын.
Баланың қимылы шапшаң. Сезімі лездемде. Өзінен-өзі
секіреді. Жерден бір тасты ала салып, іргені сызады, партаны
шимайлайды. Шығармашылықтың бәрі бірден мәдениеттіліктің
деңгейіне жете қоймайды. Ойына келіп қалған сөзді жаза салады.
Бойында жиналып қалған қуатты тез сыртқа шығаруы керек.
Оны тежей берген дұрыс емес. Өтіп бара жатып лездемеде
тақтаға бір досының керемет суретін сала салсын. Басқа
сыныптың бір оқушысын туған күнімен құттықтайтынын
білдіріп, леп белгісін қойсын. Төбе би өзінің хабарландыруын
жазсын. Мұғалім оқушыларын консультацияға шақырсын.
Жазатын жер болса, сөз табылады.
Міне, ол – тақтаның міндеті.
САЗДЫ ҮЗІЛІС
Сыңғыр-сыңғыр қоңырау үні қанша ақынға тақырып
болмады. Мысалы, қоңырау мектептің символы болатын. Соңғы
кезде электр қоңырауға көштік. Оның шар еткен үні баланы селт
еткізіп, тітіркендіреді. Алақанмен сипағандай жұмсақтық жоқ,
мазмұнсыз шырыл. Осындай ойлардан кейін үзіліске мағына
беруге бел байладық. Үзіліске жеке бағдарлама жасап, ұлттық
ән-күйлер, классикалық музыка қоятын болдық. Сабақтың
біткенін музыка білдіреді.
192
Балалар келе жатқаннан ойналған музыка күніне 5-6 рет
қайталанады. Бірнеше күннен кейін «Көкейкестіні» ыңылдап
жүргенін естисің. Сөйте-сөйте құлаққа сіңген әуен жүрекке де
жетеді. Тамырлардан сыр тарту басталады.
Қазіргі әндерде бастауыштың өз саздары, жоғары сыныптың
өз саздары болатынын ескерген жөн. Әуенмен айтылған мазмұн
жан-дүниеге тез тарайды (дін сүрелерінің жүрекке жеткіштігінің
бір сыры – әнмен айтылатындығында).
Сазды үзілістің бағдарламасын музыка сабағының
мазмұнымен сабақтастыруға болады. Қазақстан Әнұранының
әуенін де осы әдіспен тез үйреніп алдық.
ТӨБЕЛЕС
Бір директордан естігенім бар еді:
– Мен балаларды қатал өмірге дайындағанды қалаймын.
Төбелессе – төбелессін, еркіне жіберемін. Бала таяқ жегенді
білсін, ұрып үйренсін! – дейді. Сол мектептегі балалар арасында
«дедовщина» байқалатын.
Біз шәкірттердің бір-бірінің жанын-жараламауын, намысына
тиетін сөз айтпауын қадағаладық. Үй жағдайына, киіміне қарап
кемсітуге тыйым салдық. Аға-інілі қамқорлық қатынасты
сіңіруді жөн көрдік.
Сабақты жақсы оқитын баланы әр мұғалім ұнатады. Нашар
оқушыны нағыз мұғалім ұнатады. Ұзақ уақыт көрген қорлық
жауызды тәрбиелейді. Бесінші жылдықта Құрмаш – тентек,
жаман оқушы атымен келген бала (Аты өзгертіліп алынды).
Сабақта үріккен лақ секілді көзінің аласымен қарап, көп тиісіп,
көп күліп отыруға әдеттенген. Оқудың бәрібір миға
«қонбайтынына» сеніп алған.
Құрмаштың тентектігі аяныш туғызады. Өзін сабақта жақсы
көрсете алмаған баланың амалдары ғой. Тентектік баланың
намысынан туады. Намысын да жоғалса, ол баладан не қалады?
Ал тентектіктің себебін түсіне алмаған мұғалім оны осы
193
қаруынан айырғысы келеді. Тентек балаға тіпті көп көңіл бөлінуі
керек.
Ал сонымен Құрмашты басқа балалардың кемсітуінен қорғау
керек болды. Бір күні үзілісте қып-қызыл болып ұрысып тұрған
Құрмаш көрінді. Қасындағылар тап-тап береді. Әке-шешесі
алыста, оны балалар біледі. Ылғи да Құрмаш кінәлі боп үйренген
болса керек, тіпті басынбақ ойлары бар. Қасына барғанымда:
– Қараңызшы, Алма бибі, мына Құрмаштың не сөз айтып
тұрғанын! – деп шу ете түсті.
«Жыласа кімнің аузы қисаймайды» дегендей, ол да еселі сөзін
жібермеген болу керек. Жиналған топ Құрмашқа ұрысуым керек
деп ойлады. Тек шетке таман тұрған Айдарбек қана жаны ашып,
не ақтай алмай, не көпке топырақ шаша алмай дағдарыста
тұрғаны білінді. Құрмаш көзі жыпылықтап:
– Өздері бірінші тиісті! – деп айқайлайды. Кіп-кішкентай
баланың тамыры адырайып, көз алайып кетіпті. Пенде өзінен
зорға кездесіп, шамасын келмейтінін білгенде, әлдебір күшпен
соңғы демін жиып, айқайлап қарсы ұмтылады ғой, сол сияқты.
Жұдырығын түйіп алған. Өзін Құрмаштан гөрі тәуір оқимыз
дейтін бір-екі бала оның аузын аштырмай, көзіне-көзін тақап
ұрысады. Мінеки, баланы жақсы оқушы, жаман оқушы деп
бөлген жерден жаман оқушының трагедиясы басталмақ.
Мен есімді жиып, Құрмашты иығынан құшақтап,
Айдарбектің жанына әкелдім де:
– Айдарбек, әлсізге күш көрсетудің ең жаман іс екенін білесің
ғой. Бұдан былай мына Құрмашты қорғап жүрші. Құрмашты өзім
жақсы көремін. Ешкім тиіспесін, – дедім.
Айдарбек өзі де аяп тұр екен, қолдай кетті.
– Жүр, Құрмаш, – деп, дәрісханаға бастады. Құрмаш көзінен
домалаған жасын жұдырығымен білдірмеген болып үйкелеп
жіберіп, алға түсті. Кішкентай иығы бүлк-бүлк етеді. Бұдан
былай Айдарбектің ағалық қамқорлығында болды.
Баланың жан дүниесін бірінші орынға шығармасақ,
намысын таптаумен берген білімнің қандай құны бар?
194
Құрмаштың бейнесіне кейін көп өзгерістер енді. Үзілісте
жүгіріп кеп, қол алысып амандасқанды тәуір көреді. Хал
сұрайды. Би кешіндегі ойындарда өз жылдығының (сынып)
намысын қорғап, бірінші орын алып береді. Басын көтеріп,
адамдық қасиетке кірді. Вальсте екеуміз қыздарды биге
шақырамыз. Сол қолын артына ұстап, оң қолымен алға ұмсынып,
құйтақандай тізесін бүгеді. Ондай мәдениетті жігітті кім жек
көрсін!
ДАЛАДАҒЫ САБАҚ
Мектеп жанынан өтіп бара жатқан жұрт кейде далада
дөңгелене отырып, өзгеге назар аудармастан, ынталана қызу
таласқа түсіп жатқан оқушылар мен мұғалімді көрер еді.
«Мұндай да сабақ бола ма екен?» – деп түсінбесі анық. Ал біз
болсақ: «Вагон секілді автобусымыз болар ма еді? Онымен ауыл
сыртындағы көкпеңбек биік жоталардың біріне тоқтап, саф ауа,
мөлдір суды жұтып, апта бойғы сабақты табиғаттың ортасында
өткізер ме едік», – деп армандаушы едік.
Кейбір «Дене мәдениеті» сабағында («Денешынықтыру»)
ортадағы аттың бірі жүгенінен ұстап, бірі сауырынан сипап, бірі
ер үстінде жарбиып жапырлаған балалар көрінетін. Мұғалім ат
мәдениетінің түркілерде қалай қалыптасқанын, оның дене
мәдениетіне әсерін айтатын. Іштей: балаларды танауы жел-желп
еткен бір-бір жүйрікке мінгізіп, қолына томағасы көзін басқан
қыран құс қондырып, атбегілік пен құсбегіліктің сырын сіңірсек-
ау деп түйетінбіз.
Расында да, оқушылар «Тіршіліктану» сабағын оқиды, бірақ
өз жерінде өсетін ағаштар мен майда өсімдіктің атын атап, түсін
түстеп бере алмайды. Жағырапиядан жақсы бағалар алады, әттең
туған жерін картаға түсіре алмайды. Денесін шынықтырамыз.
Бірақ ол табиғи дәстүрімізден ажыраған. Бір сөзбен айтқанда,
оқу нәтижесі өмірден алшақ.
Қыста, «Дене мәдениеті» сабағында директордан – мұғалімге
дейін сырғанау, жүгіру, доп ойындарынан оқушылармен
195
жарысып жүрдік. Қар кешіп, баламен бірге ойнау, бірге қуану –
достықты бекіте түсудің тәтті сәттері. Ұзын дастарқаннан өз
қыздарымыздың еңбек сабағында пісірген жұқпасын,
әрқайсымыз үйден әкелген қарапайым тағамдарымызды таласа-
тармаса жеу, күлкілі әңгімелер, қандай қызық!
ЖИЫРМА ТОҚТАМ
Мұғалімдер бөлмесінде олардың нені күтетініміз былайша
сипатталып ілініп тұрды:
1. Кісі екеніне күмәнмен қараған баладан кісі шықпайды.
2. Оқушының кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын
өлтіресің. Жеңісін ізде.
3. Баланы таң қалдыруды ұмытпа. Даналыққа ұмтылу таң
қалудан басталады.
4. Әр баланың өмір тіршілігі – өзінше бір тағдыр. Баланың
тағдырына ой көзімен қара. Сабаққа келмесе, себебіне үңіл.
Сабағыңа қызықпаса, себебіне үңіл. Тентек болса, себебіне үңіл.
Себебін алдымен өзіңнен ізде, мұғалім.
5. Мұғалімнің өз сабағын білуі жеткіліксіз. Баланың жан
дүниесін түсінбейтін мұғалім сабақ беруші ғана.
6. Баға құнды емес, бала құнды.
7. Бала мектеп үшін емес, мектеп бала үшін жұмыс істеуі
керек.
8. Әр бала өз мүмкіндігінің жоғары-төмендігіне қарамастан,
өзінше бір ғажайып құбылыс.
9. Мұғалімнің мақсаты өз пәнін жақсы үйретуден гөрі
тереңіректе. Ол – адам жасаушы адам.
10. Сабақ дегеніміз – мұғалім мен шәкірттің адамгершілік
қарым-қатынасы.
11. Баланың мүмкіндігіне сенген мұғалім мен сенбеген
мұғалімнің іс-әрекеті әр түрлі болмақ.
12. Көптің көзінше баланың кемшілігін бетіне баспа. Сеніп
айтқан сырын шашпа.
196
13. Сабақтың мақсаты – баланың басқаға ұқсамайтын
қасиеттерін аша білу.
14. Сабақ үстіндегі тыныштыққа көп ізденіспен, еңбекпен
ғана жетуге болады.
15. Мұғалімнің сөзі мен ісі жасанды емес, шынайы болуы
аса қажетті шарт.
16. Баланың ықыласын оята біл. Қолынан іс келетіндігіне
сендіре біл.
17. Мұғалім мен баланың қарым-қатынасы қуанышты әрі
пайдалы болсын.
18. Балаға сыйлы боламын десең, өзің баланы сыйла.
19. Қиын тақырыпты түсіндіре салып сұрауға асықпа, келесі
сабақты қайта түсіндіруден баста.
20. Әр бала – халқының келешек тұлғасы.
РЕЙТИНГ ЖҮЙЕСІН ҚАЛАЙ ЕНГІЗДІК?
Әдетте мектептегі балалар: «екі алғыштар», «үшке
үлгіретіндер» «жақсы», «өте жақсы» оқитындар деп бөлініп
жатады. Оның өкпе, реніш туғызатын жақтары көп. Өйткені
«баға» бар болғырдың көбіне кілті – кісіде. Мұғалімнің көңіл-
күйіне, адамшылық мұраттарына, ішкі мәдениетіне т.т.
байланысты. Қысқасы, баға оқушының ынтасын арттырудың
орнына, оның жүрегіне қорқыныш сезімін орнатып, қорлайды.
Тіпті, баға қоюшының көңілін тауып, лаждауды қулық пен
алдауды да үйрететін нысанаға айналады.
Біздің рейтингке келу себебімізді өте қарапайым түрде былай
деуге болар еді: баға – кісінің қолында, балл жинау, еңбектену –
баланың қолында. Шамасы жеткенше, еңбек етсін де, балл
жинасын. Неғұрлым көп еңбектенсең, балл да көп болады.
Нарыққа көшу кезінде, бір жағынан үйрену де болып шығады.
Мысалы:
197
1) Оқушы сабаққа кешікпей келді, ол үшін 4 балл алды.
Кешіксе, ұрысып әуре болмайсың, 4 балл орнына «К» деген белгі
ғана соғылады.
2) Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарының бәрі үстел үстінде
тұр – 1 балл;
3) Үй тапсырмасын орындап келді, түгел орындалса – 2 балл,
жартылай – 1 балл. Орындалмаса, түк те жоқ.
4) Сабақ айтты: 5 не 4, 3, 2, 1 балл жинады.
5) Оқушы өзіндік жұмыс жасап келіпті. Қосымша әдебиет
оқыды, оны конспектілеп, тіпті айтып берді немесе үйге берілген
тақырыптың мазмұнын ашатын сурет салды, қосымша есеп
шығарды, тапсырмадан тыс өлең жаттады, жаттығу орындады
т.б. Ол үшін 5 не 4; 3 не 2; 1 балл алады.
БИЛЕР: ТӨБЕ БИ, ТӨТЕНШЕ БИ
Мектебімізді ашқан күні кіре берісте Қазыбек бидің атақты
«Біз қазақ деген мал баққан елміз…» деп басталатын сөзі тұрды
жарқырап. Ол сөздерді әр балаға құрандай жаттаттық. Көкірегін
керіп айтсын дедік. Өзінің қазақ боп туғанына мақтансын дедік.
Әдеп сабағында: Құранның беташар сүресін мағынасын
түсіндіріп тұрып тағы жаттаттық. Ораза тұтар кездегі, ауыз
ашардағы, жаны құдайы деп мал бауыздардағы айтылатын
сүрелерді білді. Дастарқанға бата беру, мұсылманның бес
парызын айтты. Пайғамбарларды айырды. Олар несімен тарихта
қалған тұлғалар екенін түйді. Тіпті ауылдағы ересектердің өзі
жұма күндері Құран оқуға, әңгіме тыңдауға, біздің балаларды
шақырып жүрді.
Бұрынғы мектептегі «староста» дейтін лауазымды «билерге»
алмастырдық: Төбе би – мектеп бойынша оқушылар
басқаруының ең жоғарғы өкілі. Төтенше би – старостылар.
Жоғары сыныптың билері – Аға би, төменгі сыныптың билері –
Бала би. Мектептегі мәселелер билер кеңесі арқылы шешіліп
отырды. Билер кезекті мәселелерді талқылап, ақылдасып, шешіп
198
отыруға тиіс болды. Мақсатымызды түбегейлі орындап
үлгірмесек те, бұл өз нәтижесін беретін жүйе екенін түсіндік.
ЖАРАПАЗАН
Жарапазан қалаға жақын ауылдардың өмірінен өшіп бара
жатқан салт болатын. Тіпті менің бала күнімде де жарапазан
айтып келгенді естімеппін. Әке-шешеміз әңгіме қылатын, оқып
білдік. Бірақ қандай әуенмен айтылады, тәртібі қандай, ол жағын
анық елестету қиын болды.
Мұғалімдердің ішінен Шымкент жағында өсіп, жарапазанды
көзімен көргендер табылды. Бірақ әуенін есіне сақтамаған.
Жандосов ауылында бір жылдары жарапазан айтып байқаған
екен. Ондайды «мәмбетшілдік» көрген ауыл бұзықтары ұрып
кетіпті. Содан бері шығуға қорқып қалған.
Ораза айы келді. Әуелі оқушыларға отыз күн оразаның
мәнісін, тұтуға-тұтпауға жататын жағдайларын, арабша сүресін,
одан соң жарапазанды түсіндіріп дайындадық. Мәтінін жаттады.
Қолымызға мәтінді алып, үзілістерде, реті келе қалған сәттерде
мұғалім болсын, бала болсын – бәріміз қосыла қалып, айтып
жүрдік. Не керек, дайын болдық. Бұл әрекетімізден ауыл
хабарсыз еді.
Оразаның соңғы он күні қалғанда, көктемнің ери бастаған,
әлі ызғарлы күндерінің бірінде түнгі сағат 10-да мектеп жанына
жиналдық. Алаламау үшін бір көшенің басынан түсіп, шетіне
шейін шықпақшымыз. Алдымызда – Самал мырза баянмен,
оқушы Бұлан мен Бағылан мырзалар домбырамен, одан соң –
өзім, Бекболат мырза, Зиба бике, Бақытжан бикелер, он шақты
ұстаздар. Соңымызда «бойлары бір қарыс, сақалы қырық қарыс»
отыз шақты оқушы. Бір үйдің терезесінің түбінен өлеңді қоя
бердік. Тым-тырыс. Бір кезде жанып тұрған шам шалп етіп өше
қалды, есікті қаттырақ бекітіп жатқаны байқалды. Екінші үйдің
адамдары үркіп: «Бұл не?» дегендей, таңданыспен есік алдына
өздері шығып қарады. Әнші топ тыңдаушының табылғанын
199
көрген соң серпіліп, баян мен домбыраның екпінді үніне
қосылып шабытпен шырқап кетті:
Жарапазан айтамын есігіңе,
Қошқардай қос ұл берсің бесігіңе,
Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе,
Батыр болсын, бақ берсін несібіңе.
Ақ тауық, қызыл тауық қырман шашар,
Осында бір жеңгей бар теңге шашар.
Теңгені шашпай-ақ қой, қолыма бер,
Қасымда қу жігіт бар ала қашар…
Аузы ашылып тыңдап қалған көршілер бір кезде: не айтарын
білмей ыңғайсызданып, «Үйге кіріңіздер», «Рақмет, Рақмет…» –
деп алақанын жайды. Әйел адам есін жиып, жүгіріп үйіне кіріп
кетті, қайта шығып, балаларға қарай қағазға оралған кәмпиттерді
шашып жіберді. Балалар салмақпен еңкейіп жинап алды. 6-
оқитын Айдарбек мырза жүрелеп отыра кетіп, бата берді. Әумин!
Келесі күні Ораз Жандосовтың немере қызы Күлиса апайдың
үйіне келдік. Әндетіп тұрмыз. Бір кезде үйге кіріп айтсын деген
хабар келді. Дәлізге кіріп қайта айттық. Біраз тыңдап болған соң,
ішіне шақырды. Апай сырқаттанып жатыр екен, бас жағында
тұрған бізге ризашылығын білдірді де: «Әуендеріңді жөндеу
керек. Бұрын басқаша болатын. Айтып беруге қазір шамам жоқ.
Кейін...– деді. Біз қуанып, магнитофон әкеліп, жазып алмақшы
болдық.
Жарапазанды 4-5 күндей айттық-ау. Хабарланған үйлер жылы
қарсы алып, балаларға үйреткеніміз үшін рақметін айтып жатты.
Ол ауылда балқарлар көп тұрады. Баяғы заманда Каспий мен
Арал маңынан Еділді кешіп өтіп, Қапқаз асқан түркі ұрпақтары,
бауырлар ғой. Қазақша таза сөйлейді. Ата-баба салтын,
мұсылманшылығын жақсы сақтаған. Бір балқар үйіне жарапазан
айта барғанымызда, алдымыздан қарсы алған әйел көзіне жас
алды: «Бұл бір ұмтылған, сағынған салтымыз еді. Есімізге
түсірдіңдер. Естіп қуанып жатырмыз», – деді. Сонда барып, біз
балаларды тәрбиелейміз деп жүріп, байқамай, ауылды да
ұмытылған салтымызға «тәрбиелей» бастағанымызды аңғардық.
200
Түннің ортасына қарай жарапазан бітеді.
Дорбаны ашып, балалардың қалтасын тәттіге толтырамыз.
Бұл да – көрмегенге таң, көргенге қызық, бастан кешкен күндер.
КОНЦЕРТ
Мұғалімдерді балалардың көз алдында қатал сабақ берушіден
аға досқа айналдыратын құрал – бірігіп шығармашылық
жұмыстарын атқару. Жалпы, біз сабақтан тыс уақыттардың
көбінде өз отырыстарымызда, қыдырыс, демалыстарымызда да
балаларды қасымызға алып жүріп, бірге болуға тырыстық.
Алдымен, мұғалімдер ішімдікті тоқтаттық. Содан соң-ақ,
өміріміздің базары балалар бола бастады. Баяғының ұстаздары
шәкірт тәрбиелегенде жанынан тастамайды екен. Шәкірт
ұстазының әңгімесін, тірлігін, қуаныш-мұңын, қайғысын – бәрін
көру арқылы тәрбиеленеді. Қазақтың шалдарының тізесіне
сүйеніп отырып, тіпті кітаптан ала алмайтын талай дағдыны
меңгерген. Сөз саптауды, кісілік-парасатты меңгерген, қазақы
қалжыңды үйренген. Жүйелі сөз бен қорқақтықтың қадірсіздігін
пайымдаған. Кісі сыйлаудың жөн-жосығын көзімен көріп
отырған. Өз халқымыздың салтынан ажырап, отырысқа арақ,
былапыт сөз, орынсыз әрекеттер араласқан соң, балалар
шеттетілді. Бөлек бөлмеге қамалды. Кісілікті тым аз көретін
болып қалды. Бұл да дәстүрлі тәрбиені тоздырудың амалы еді.
Оқушылар мен мұғалімдер бірігіп дайындаған бір үлкен
концерт бәріміздің есімізде қалды. Ауыл да ауызынан тастамай
жүрді. Әншейінде ықыластана қоймайтын өнерпаздарды көрсең.
Бірінші болып сахнаға ұлттық киіммен домбыра ұстап,
директордың өзі шықса. Мұғалім мырзалар қыздарша киініп
алып, «Тамашаның» рөлін орындаса. Бибілер мен бикелер
қойылым жасап, ән айтып, билеп жатса, «ұрыста тұрыс бар ма?»
Оқушылар одан асып түспесе де, терлеп-тепшіп, өз міндеттерін
тамаша атқарып шықты. Қызық болғанда, концерттің беделін
көтеру үшін шақырып, соңына таман шығармақшы болған Сәуле
(Жанпейісова) қызымыз сахнаның сыртында күте-күте шаршап,
201
кезек әрең тигенде: «Туһ, кәсіби әртістердің өзі бір жарым сағат
концерт қоюшы еді, сіздерге, міне, үш сағат болды ғой», – деп
күлді. Өз өнерлеріне риза болып, уақыттың қалай тез өткенін
аңғармай, қуаныштан екі беттері бал-бұл жанған оқушылар мен
ұстаздар «Шынымен бе?» – деп, сағат сұраса бастады. Сөйтсек,
қызық-ай, үш сағат бойы концерт қойыппыз.
Содан соң концертімізді шақтап, қырнап, кеңшардың
орталығына, Ұзынағашқа дейін апарып көрсеттік. Ептеген
"табысымызды" бөліп алып, жыртық қалтамызды жылытқан
болдық. Бәрінен де сахнаның сыртында тұрып, ортақ істің жақсы
шығуы үшін жанашырлықпен сыбырласқандарымыз, бірімізді-
біріміз киіндіргеніміз.
– Ләйлә бике, көйлегіңіздің етегін тигізіп алмаңыз.
– Самал мырза, сырнайыңыздың қайысы түсіп кетпесін.
– Айдарбек мырза, сөзіңізді тағы бір қайталап қойыңызшы.
– Бекболат мырза, арқаңыздағы шашыңыз мықты ма?
– Қорықпаңыздар, бәрі тамаша!
Шүпір-шүпір, сыбыр-сыбыр дыбыстар, дың еткен домбыра,
зың еткен мандолина, сыңқ еткен күлкі тағы-тағылар бәрімізді
бір мүддеге бағындырып, бір адамға айналдырғандай еді.
Көрерменнің ду-ду шапалағы мен ұстаздардың сенімі тіпті
бұйығы балалардың да көңілін судай тасытты. Сахна түгіл өз
құрдастарының алдына шығуға ұялатын балалардың бірте-бірте
ашылғанын көру қандай қуаныш!
КӨҢІЛСІЗДІК ПЕН КҮЛКІ
Мұғалім – әмірші емес, ақылшы,
тексеруші емес, үйретуші.
Бірінші сыныпта он бес бикеш оқиды. «Бізде бір де мырза
жоқ», – деп қояды өздері (артынан көптен күткен Шәміл мырза
келді).
Құстың балапанындай шүпірлеген кішкене бикештердің
әлден-ақ өз мінездері бар. Ең соңынан келген Ернұр бикеш
202
бірдеңеге өкпелесе, сабақ үстінде басына орамалы мен
мойыншалғышына дейін құнтитып тартып, қолғабына дейін киіп
алып, «қазір кетіп қаламын» дегендей, арт жақтан үлкен қара
көздерімен алара қарап отырады. Ашуы тарқағанын шешіне
бастағанынан білесің.
Шектен асқан ақкөңіл Данаштың, өз қаламын әркімге
ұсынып, «Мә, менікін алшы!» – деп, жақсылық жасағысы
келгенін де қабылдамай, жақтырмай қоятындары бар. Сондықтан
кейде «жақсылықты сұраған адамға ғана жаса» деген де дұрыс па
деп қаласың.
Біріншіге алтыға толар-толмастан келген Ләззаттың
ұқыптылығы салған суретінің көлемінен-ақ көрінеді. Түйе су
ішетін науаның өзі құрттай-ау. Бояғанда бір сызығы шеңберден
шықпайды.
Қызға тән «ұсақтықпен» бірін-бірі мінеп қоятынын қайтерсің.
Ондайда бикештерімнің: «Артыңа қарамашы», «дәптеріме тиме»,
«қолыңды әрі тарт», – деген дауыстары шығып жатады. Әсел
ғана ұстамдылықпен жымиып, көп шешілмейді.
Бөлмедегі көңілсіздіктің сабақты өткізуге қыруар кесір
келтіретіні анық. Бикештер көңілсізденсе, сабақты оқығаннан,
оқымаған жақсы. Ондайда:
– Қане, жымияйықшы, – деймін. – Міне, былай.
Алдымен өзім мәз боламын. Маған қарап, кетік тісін көрсетіп,
Аида күлімсірейді. Жайдары мінезді Мөлдір де қоштап,
кетіктерімен жымияды.
– Енді бір-бірімізге күліп қараймыз. О, қалай әдемі болып
кеттіңіздер! Қыздар жымиғанда сұлуланып кетеді екен... Кәні,
кәні, Мақпал мен Гауһар қандай сұлу! Туу, Әсемді көрдіңіздер
ме! Көздеріңізден шуақ шашырайды!
Кішкенеден кейін бәрі мәз болып, күле бастайды. Сабаққа
осыдан кейін ғана кірісуге болады.
– Құрметті бикештер, қазір әркім өз өмірінен бір күлкілі
оқиғаны еске алсын. Ол үшін қолды бірінің үстіне – бірін қойып,
оған маңдайды сүйеп, көзді жұмыңыздар. Үнсіз ғана есімізге
203