The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.
Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by kkralaj5, 2022-11-13 06:23:55

21362

21362

– Жеке меншік мектеп пен мемлекеттік мектеп
арасындағы айырмашылықтарды қандай мысалдар арқылы
көзге елестетуге болады?

Мына бір мысалды ғана айтайын. Біздің мектеп осы
ауылдағы мектептің дәл іргесіндегі ескі клубта орналасқан.
Әзірге бес класс жұмыс істейді. Әрқайсысында 10-15 баладан
бар. Жанымыздағы мектептен ауысып келген кейбір балалар
алғашында ауыз ашпайтын. Бір жылдың ішінде сол балалар өз
ойын ашық айтатын жағдайға жетті. Бұрынғы бұйығы күйінен
арылып, үзіліс кезінде жайраңдап жүретінін талай байқадым.
Сонда оған не әсер етті деген сұрақ туатыны заңды құбылыс.
Оның бәрі мұғалімге байланысты. Бізде балаға ұрсу, жекіру деген
болмайды. Ұл балалармен «мырза», кішкене қыздармен «бикеш»
деп сөйлесеміз. Бұған мұғалімдердің өзі алғашқыда үйрене
алмай, ыңғайсызданып жүрді. Қазір балалардың өзі жас мұғалім
қыздарды «бике» деп атаса, үлкен адамдарды, мысалы мені
«Алма бибі» деп атайды. Сосын біз балаға қарата сөйлегенде,
«сен» деген сөзді қолданбаймыз, оған «сіз» дейміз. Осыдан-ақ
балалар өзіне деген құрметті сезінеді. Баланы фамилиясымен
атап: «Орныңнан тұр, неге сабақ оқымай келдің?» дегеннен гөрі
оның атын атап: «Марат мырза, тақтаға шыға қойыңыз» немесе
«Гүлнар бикеш, сіз неге ренжіп отырсыз?» десеңіз, ол балаға
мүлде басқаша әсер етеді. Кейде оқушылардың арасында
жазбаша сұрау (анкетирование) жүргізіп: «Сені қай сабақ
қызықтырады немесе қызықтырмайды? Қай мұғалімнен
қорқасың, қай мұғалімді жақсы көресің?» деген сыңайда жауап
аламыз. Бұл арқылы мұғалімдердің де жұмысы көрініп жатады.
Мұғалімдердің де көкейінде жүрген ойлары мен өзіндік
бағдарламаларын қағазға түсірткізіп, оларды өз арамызда
талқылап, пікір алысып отырамыз. Бұл әдістің де жұмысқа көп
пайдасы тиюде.

– Әйтсе де бала болған соң жүгіріп-секірмеуі,
байқаусызда болса да тентектік жасамауы мүмкін емес.
Ондай жағдайларда да ұрыспайсыздар ма?

354


– Әрине, бала болған соң тентектік жасамай тұрмайды. Бірақ
сол тентектік қайдан шығады деген мәселеге үлкендер жағы мән
бермейміз. Ұрсып, жекіру арқылы баланы тәрбиелейміз деу
ағаттық. Бала қашанда өзіне назар аударғанды қалайды. Біздер
көбінесе жақсы оқитын оқушыларға ғана көңіл бөлеміз де, нашар
оқитындарды немесе бұзықтау балаларды мүлдем санаттан
шығарып тастаймыз. Ондай бала ерегесіп, өзін басқа жағынан
танытуға тырысады. Міне, сол сәтте оған жиі назар аударып,
жүрегіне жол таба білу керек. Менің білуімше, көбінесе қабілетті
балалар тентек болып келеді. Оның сол қабілетін дұрыс бағытқа
салсаң, одан талантты адам шығуы мүмкін. Жалпы баланы
мұғалімнің еркімен емес, баланың өз еркімен тәрбиелеген жөн.
Мысалы, балаға 45 минөт бойы екі қолыңды алдыңа салып,
қазықтай болып отыр деу, маған кейде жазаның ең ауыр түріндей
әсер етеді.

Келешекте мен класқа көрпе-жастық әкеп қойып, егер бала
шаршаса, жантайып тыңдауға да рұқсат берсем бе деймін.
Мүмкін бала кейбір кезде көзін жұмып отырып, сабақ тыңдауды
ұнататын шығар. Тіпті оған да көнуге болады.

– Қандай да бір жақсы идеяны жүзеге асыру мәселесі
қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Оны қалай шешіп
жатырсыз?

– Мұғалімдердің айлығын ата-аналардың мектепке төлеген
ақшасынан бөліп береміз. Бірақ сол қаржының тең жартысына
үкімет «ортақтасады». Мен болашақ деп, халық деп түн ұйқымды
төрт бөліп жүрсем, олар екінші жақтан салық деп қысады.
Мысалы, біз ата-аналардан осы мектепке балаларын оқытқаны
үшін айына 50 теңге алсақ, оның 30 процентін салық
инспекциясына, 2 процентін жұмыссыздық үшін құрылған қорға
аударуға тиіспіз. Оның үстіне табыс салығын қосыңыз. Сонда
тірнектеп тапқан ақшамыздың жартысы ғана өзімізге тиеді екен.
Әрине, Президенттің Жарлығы бойынша жеке меншік
кәсіпорындар мен мекемелердің ешқайсысы да салықтан
құтылмауға тиісті. Коммерсанттар мен бизнесмендер үшін бұл
Жарлық дырыс-ақ делік. Бірақ, біз ештеңе өндірмейміз, ештеңе

355


алып-сатпаймыз, бар болғаны халқымыздың рухани қажеттілігін
өтейміз. Олай болса, бұл Жарлықты бізге қолдануға келмейтін
сияқты. Осыны айтып талай мекеменің табалдырығын тоздырсам
да, ешкімге түсіндіре алмадым.

– Егер сіздің мектепті жартылай мемлекеттік мектеп етіп
құрса қалай болар еді?

– Мен оған қуана келісер едім. Ондай жағдайда
мұғалімдердің айлығынан тыс құрылыс жабдықтары, оқу
құралдары, тағы басқа керек-жарақтарды сатып алуға мүмкіндік
кеңінен туады ғой. Сонсын бізден салықты да ұстай берсін...

Осы арада айта кетейін, мемлекеттік мектептерде оқитын бір
балаға бір жылда жұмсалатын шығынды баласын біздің мектепте
оқытқысы келген ата-ананың қолына берсе, олар оны бізге
аударса, балаларды сол қаржыға оқытар едік. Бірақ өкіметіміз
бұған көнбей отыр. Мұны Қаржы министрлігі шешуге тиіс екен.
Ал ондағыларға түсіндіру қиын.

– Сіз осы идеяларыңыздың өміршеңдігіне сенесіз бе?
Небір ізгі мақсаттар бүгінде қаржы тапшылығынан жүзеге
аспай, жолда қалып жатқаны рас...

– Өзіңе ғана айтайын, соңғы екі жылдағы өмірімді тек осы
идеяны жүзеге асыру үшін сарп етіп келемін. Сенесің бе,
автобуста келе жатып, тұрып ұйықтайтын кездерім де болады.
Егер осы ізгі мақсат мені алға сүйремесе, баяғыда құлап қалар ма
едім, кім білсін? Ең жақсысы, мені түсінетін жақын адамдарым
бар, достарым бар. Демеушілік (спонсор) деген жай сөз екен.
Танысың болмаса, ешкім де саған көмектеспейтініне көзім жетті.
Кезінде өзіміздің есеп-шотымызды ашып, қолында қаржысы
барларды түгелдей құлақтандырғанбыз. Бірақ олардан күні
бүгінге дейін бір тиын да түспеді. «Жалын» баспасының
директоры Бексұлтан Нұржекеев, «Рауан» баспасының
деректоры Жарылқасын Нұсқабаев ағаларымыз алғашқыда
қаржылай көмектесті. Қазір де алдарына бара қалсам, өздерінде
шыққан қазақ тарихы мен әдебиетіне, мәдениетіне байланысты
кітаптарды қолтығыма қыстырып жібереді. Ол кісілерге
рахметтен басқа айтарым жоқ.

356


Мен манадан бері тек қиыншылықтарды айтып кеттім-ау
деймін. Бұған қарап біздің жағдайымыз өте нашар екен деген
пікір туып қалмасын. Енді бір бес жылдан кейін үкіметіміздің өзі
бізді іздеп тауып, оқу-білімді дұрыс жолға қоюдың бірден-бір
жолы осы екен-ау дейтініне сенімдімін. Сондықтан бұл
бағытымнан ешқашан да таймаймын. Бір ескертерім, менің
мектебіме келетін мұғалімдер үшін совхоз жер беруге әзір. Үй
салам деушілерге көмектерін де аямайды. Ал қаржысы көп
адамдар осы жерден үй сатып алып, балаларын сонда тұрғызып
оқытуына болады. Егер өз баласымен қоса бір-екі бөлмесін басқа
балаларға жатақхана ретінде берем десе, ол адамның баласын
тегін оқытамыз.

– Есепшоттарыңызды газет бетінде тағы бір көрсете
кетсек қайтеді?

– Рақмет, керегі жоқ. Мен біреуге алақан жайғым келмейді.
Бәрібір ешкім қаржы аудармасын білемін. Өзіміз бір амалын
қарастырармыз.

– Алма апай, сізге ең алдымен мықты денсаулық
тілеймін. Қалғанының бәрін орнына келтіретініңізге мен де
сенемін.

(Әңгімелескен – Серік Жұмабекұлы)

ШӘКІРТ МҮМКІНДІГІ ШЕКСІЗ...
(Сұхбат)

ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқып жургенде
аудиторияны өзіне үйіріп алып, студенттердің сабақ
барысындағы сөздерін пікірталасқа айналдырып, өз пәнін
қызықты өткізетін ұстаз Алма Қыраубаева Алматы облысы
Қаскелең ауданы Жандосов ауылында жекеменшік лицей
ашыпты дегенде елең еткеніміз де шендық. Бұл қазір білім

357


саласында болып жатқан жаңалықтардың, жыл сайын көбейіп
келе жатқан гимназия, лицейдің бірі емес пе деген тосын ойдың
болғаны да жасырын емес. Мектеп бітіріп, университетке түскен
жастың ой санасында орын тепкен Алма Қыраубаеваның
рухани биіктікте тәрбиелер тағылымды сабақтары енді білім
ордасындағы бүлдіршіндерге де бағытталғандығына қатты
қуандық. Ол кісінің атқарар шаруасы да аз болмасы белгілі. Біз
мүмкіндікті пайдаланып, оны әңгімеге тартқан едік.

– Қазір жыл сайын жаңадан мектептер ашылып, ана
тіліндегі білім ұялары көбейіп отырған шақта сіздің лицейдің
атқарар қызметі, мақсаты қандай болмақ?

– Шындығы керек, біз ата-бабаларымызды надан, қараңғы
етіп, жас ұрпақтың санасына құйып келгеніміз жасырын емес.
Баланың өсіп, ізгілікті азамат болып қалыптасуына көп жағдайда
мән бере бермейміз. Оқушы білім ордасынан бастап жеке тұлға
болып қалыптасады. Осы кездегі алған терең білім мен тәрбие
ғана оның кейінгі өміріне іргетас болып қаланады. Жас ұрпақтың
буынының бекіп саналы азамат болып өсуіне білім ұясының
көмегі орасан зор.

Тарихы тереңде жатқан әдебиетіміз бен мәдениетіміздің іргелі
бастаулары бұған дейін дұрыс оқытылмай келді. Еліміз көне
мәдени мұралардың ошағы болғанын оқушы санасына
қалыптастырып, мақтаныш сезімін оятуымыз керек. Иманды ұл
мен ибалы қыз тәрбиелеп, қайраткер азамат болып өсуіне жәрдем
жасау - біздің бағытымыз. Туған жердің, Отанның, елдің
тарихына жастайынан қастерлеп өсіру - басты мақсатымыз.
Сондықтан мектеп ашқанда мен ұлттық білім ордасы қандай болу
керек деген ойымды іске асырсам деп ойладым. Бұл өмір бойғы
арманым еді. Мұны бір жағынан ұлттық мектептің жаңа моделі
десе де болады.

– Ал сіздің мектептің басқалардан қандай
артықшылықтары мен өзгешеліктері бар?

– Осы білім ұясын ашу барысында көп нәрселерге көзім
жетті. Біз шындығы керек, баланы оқыта білмейді екенбіз. Егер
зейін қойып, оған жан-дүниеңдегі барыңды бере білсең, баланың

358


мүмкіндіктері өте шексіз. Біздің оқушылардың басқа
мектептердің білім дәрежесінен артық екендігінде сөз жоқ.
Кейбір жоғары оқу орындағы студенттермен де білім таластыра
алады.

Мектепте ағылшын тілінің оқытылуында көп
артықшылықтар бар. Біз осы тілді баланың меңгеруін қазақи
көзқарасты қалыптастыру арқылы тәрбиелейміз. Ақырында
оқушы шет тілін білгенімен жаны да, жүрегі де қазақ болып
шығады. Әр азамат өз дінін терең түсініп, қастерлеу парыз. Мұны
бала жастай бойына сіңірсе пайдасы өте зор. Сондықтан мектепте
ислам мәдениеті тарихы оқытылады. Оқушылар арабтың төте
жазуымен, орхон-енисей жазбаларымен танысады.

Тағы бір артықшылығы, ұлдар мен қыздарды бөліп оқытатын
арнайы сабақтар бар. Отбасының ұйытқысы ретінде болашақ ана
болар қыздарымызға тамақ пісіру, іс тігу, ата-енені сыйлау
бағытында сабақ өткізіліп, әңгіме жүргізіледі. Ал ұлдарға атты
баптау, оның әбзелдері, қол өнерге үйрену тұрғысында сабақ
түсіндіріледі.

– Осы орайда сіздерге қол ұшын беріп, көмектесіп жатқан
азаматтар бар ма?

– Ең алдымен Бөбек қорының президенті Сара Алпысқызы
апамызға көп рахмет айтқым келеді. Осындай мектеп барын
естіп, арнайы сапармен келіп, қонақ болып қайтты. Оқушыларға
сыйлық тапсырды. Қол ұшын беріп, сүйеу болғанның өзі үлкен
қуаныш емес пе? Осындайда ойға келеді. Біздің кәсіпкерлер шет
елден эстрада әншілерін шақырып, абырой алғанша рухани ұяға
неге бет бұрмайды? Өскелең ұрпақтың ертеңгі елдік болашағы да
бүгіннен басталады ғой.

Егер қаражат табылып жатса, мектептің мүмкіндіктері мол
болмақ. Асыра айтқаным емес, ағылшын, американ
мектептерінен кем түспейді. Жұрттың назарын аудару
мақсатында ашылған ұлттық ұяның өз концепциясы, көзқарасы
бар. Астанамыздан да білім ордасының филиалын ашу керек.
Әзір оған мүмкіндіктер жоқ. Бірақ ол - болашақтың ісі. Тек

359


мемлекеттік тұрғыда мән беріліп, қолдау көрсетілсе, басқа
мектептерден көш ілгері кететіні сөзсіз.

– Сіздерде ұстаздардың қамтамасыз етілу жағы қалай,
толық жеткілікті ме?

– Әрине, бұл мәселеде кемшін түсіп тұрған жеріміз жоқ.
Ауылдан тәжірибелі, астанадан білікті ұстаздар келіп сабақ
береді. Әзірге 1-2-6-7-8-кластар ғана бар. Мұғалімдер
мемлекеттік мектептегі ұстаздардан төмен жалақы алғандарына
қарамастан сабақ өте жоғары деңгейде өтеді.

Тағы бір айтатын нәрсе, мен мектеп ашқанда байлық алайын
деп отырғаным жоқ. Қайта бар мүмкіндіктерімді, рухани
байлығымды шәкірттердің жан дүниесіне арнасам деймін.
Олардың бойына ізгілік нұрын сепкім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет.
(Әңгімелескен – Ғ.Жүндібаев, Н.Мауытов)

ҰРПАҚ ЖАНАШЫРЫ

Егеменді елдің ертеңі – жас бүлдіршіндердің болашағы
алаңдатушылық тудыруда. Рухани азығымыздан гөрі жеке
бастың тіршілігін күйттеген бүгінгі нарықтық заманда ұлт
болашағына үңіліп, көз жіберу тым таязданған тәрізді. Қолынан
іс келетін кәсіпкерлеріміздің өзі-өзіне пайда түсер істі
қаузағаннан ары бармайды. «Елім» деп еңіреп, жарғақ құлағы
жастыққа тимей, қайтсем халық игілігіне айналам, олардың
ертеңгі күні гүлденуіне қалай септігімді тигізем деуші саналы
азаматтар да аз емес. Олардың қарлығаштың қанатымен су
тасығандай, азды- көпті еңбектері елеулі үлес болып табылмас.
Сондай азаматтарымыздың бірі – филология ғылымдарының
кандидаты Алма Қыраубаевамен жолығып сұхбаттасқан едік.

– Алма апай, әуелі сізді халықаралық әйелдер күні – 8
Наурыз мерекеңізбен құттықтай отырып, өзіңіз жайлы аздап
мағлұмат бере кетсеңіз?

360


– Менің мектеп бітіріп, оқуға түскеннен кейінгі бүкіл
саналы ғұмырым Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың
қабырғасында өтті. 1965 жылы мектеп бітірісімен, бұл
университеттің филология факультетіне оқуға түстім де, ары
қарайғы еңбек жолымды бастадым. Оқу бітіргеннен кейін
аспирантура, кандидаттық диссертациялар қорғау – барлығы да
осы шаңырақтан басталды.

Қазір «Қазақ қисса-дастандары» туралы докторлық
диссертация жазу үстіндемін. Мектеп оқушыларына арнап 7-6-
жылдығына «Қазақ әдебиетінің тарихы» оқулығын, мұғалімдерге
арналған педагогикалық оқулықтар жаздым. Мұның бәрі кеңес
жүйесіндегі әміршіл педагогикадан өзгеше, баланың ынтасын
арттырар қызықты оқулықтар.

Қағаздың жоқтығынан «Жалын» баспасында жылдан артық
жатып қалды. Егер демеуші болып, шығарам дейтін кәсіпкерлер
болса, құлағына алтыннан сырға.

– Санасы биік ұрпақ тәрбиелеу үшін, тұрқы бөлек,
бағдарламасы жаңа мектеп өмірге келді деген хабар
құлағымызды елең еткізді. Оның өмірге келуі сіздің
есіміңізбен байланысты екен. Осы мектеп ашу себебіңіз
жайлы не айтасыз?

– Көп адамдар мектеп ашу себебін де түсіне алмайды.
Бәлкім, атақ қуып, даңқ жолына түсті дер. Бәлкім, осы мектеп
арқылы байлықты көздер дейді. Алайда ел ойлағандай емес, бұл
– әлдеқайда терең, саналы іс.

Қазір оқу-ағарту жүйесінде «жаңа ұлттық мектептің нобайы
(моделі) қандай болмақ?» деген сұрақ тұр. Ол жөнінде қағаз
жүзінде жазылып та, айтылып та жатқан мәселелер көп. Бірақ іс
жүзінде қолға алынған шара жоқтың қасы.

Ал бұрынғы әміршіл жүйенің әміршіл педагогикасы
ескірген. Әрі қарай жүре беруге болмай қалды.

Қазір мектепте «Атамекен» айдарымен ұлттық
педагогиканы орнықтыру етек ала бастады. Бірақ кейбіреулер тар
мағынада түсінеді. Онда тек халықтық сипат, ұлттық дәстүрді
үйретумен шектеледі. Бұл мәселенің бір жағы ғана. Бала өз ұлтын

361


шын жүрегімен, адал ниетімен сүюі үшін оның жүрегін қазақша
тәрбиелеу керек. Сонымен қатар жас бүлдіршін ХХІ ғасыр
жеткіншегіне сай болсын. Ол үшін адамдық дәрежедегі біліммен,
ғылыммен, мәдениетпен сусындауы керек.

Осы ойларымды жинақтап «Педагогикалық» кітап жазған
едім. Алайда онымен шектелуге де болмайды. Бұл ойларды
кішкентай шағын мектептің дәрежесінде іске асырғым келді. Бұл
мектеп таза ұлттық мектеп болмақ.

– Бұл мектебіңіз қазіргі басқа мектептерден қандай
өзгешеліктерімен ерекшеленеді?

– Ең бірінші, мұғалім мен оқушы арсындағы қарым-
қатынастарды жөндеу. Бұл – адамгершілік қарым-қатынас.
Балаға ұрсып-зекуге, жанына тиер сөз айтуға болмайды. Олай
жасаған күнде жүрегі қайтқан баладан дұрыс азамат шықпайды.
Баланы зорлықпен емес, қызықтыру арқылы жүрегіне жол табу
керек. Оның мәдениет деңгейін өсіру керек. Ол сонда ғана өзін-
өзі игере алатын дәрежеге жетеді.

Балалардың сәлемдесуінен бастап ерекше қарым-қатынас
орнауда. Балалар бір-біріне, мұғалімдерге «мырза, бике» деп
қатынасады.

Бұл мектептің бағдарламасында, жалпы мектептердегі
сабақтар жүріледі. Сапасына көңіл бөлінеді.

Қосымша сабақ ретінде университет бірінші курсында
оқылатын сабақтар 6-7-жылдықта оқитын балалардың оқу
бағдарламасына кірген. Мұнда баса назар аударатын пән –
«Ежелгі дәуір әдебиеті». Жалпы адамды өз ұлтын шын сүйетін
нағыз азамат етіп тәрбиелеу үшін халықтың тарихын, әдеби-
мәдени мұраларын балабақшадағы кезінен бастап-ақ үйрету
керек.

Тағы бір айта кететін мәселе – біздің мектептерімізде
қолданатын термин сөздерді әкеле бастауымыз, атап айтсақ,
«класс» сөзін «жылдық» деп атау. Кейбір мектептерде «класс»
сөзін «сынып» деген араб сөзімен ауыстыруда. Ал «жылдық»
деген дайын сөз тұрғанда, басқа елден сөз іздеп неміз бар?

362


Ислам мәдениетін дін ретінде емес, әлемдік мәдениеттің бір
бұтағы ретінде оқытамыз. Құран оқуды білетін, ислам
парыздарын орындайтын, иманды азамат тәрбиелеу – басты
мақсатымыз.

Оны үйренумен ғана тұрмай, басқа біреулерге үйретіп,
сауабын алса, сонысы үшін өзіндік сабақ ретінде баға қоямыз.

Ағылшын тілін тереңдетіп оқытамыз. Қазірдің өзінде
оқушыларымыз жеңіл-желпі сөйлей алады.

Екінші оқу жылынан екінші шет тілі ретінде араб тілін
үйретеміз.

Қазір А.Байтұрсынұлы бабамыздың төл әліппесі –төте
жазуды үйретудеміз. Оны Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың
шығыстану факультетінің мұғалімі Р.Айып жүргізеді. Оны
тәжірибе жүзінде оқу үшін «Шалқар» газетін алып, оқып тұрады.

Қысқасы, бұл үйретіп жатқандарымыз – әрбір мәдениетті
қазақтың білуге тиісті нәрселері.

– Сіздің мектеп ашу ниетіңізді сезгенде, қол ұшын созған
саналы азаматтар болды ма?

– Мектеп ашыларда республикалық «Қонаев қоры»,
«Жалын» басапсының директоры Б.Нұржекеев, «Мектеп»
баспасының директоры Ж.Нұсқабаевтар материалдық көмек
көрсетті. Моральдық жағынан қамқорлық көрсеткен адам –
халықаралық «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы
Назарбаева. Мұндай мектептің ашылғанын естісімен, осы
мектепте болып, балаларға сый-сияпат үлестірді. Балалар
болашағына көңіл бөліп, аз да болса өз үлестерін тигізуші
азаматтарға мың да бір алғысымды айтамын.

Ал дәл қазіргі сәтте ешқандай көмек жоқ. Мұғалімдердің
жалақысын ауылдағы ата-аналарының төлеуінен аламыз. Әр
балаға – үш жүз теңгеден, ол өте төмен. Оны бере алатындар да,
бере алмайтындар да бар.

– Сіздің мектептің ұстаздары кімдер болуы керек?
– Ұстаздарды таңдағанда, шамамыздың келгенінше, арақ
ішпейтін, темекі тартпайтын, жүрегі мейірімді адамдарды
таңдамақпыз. Баланың жанын жаралайтын, оқушылармен тіл

363


табыса алмайтын мұғалім қаншалықты білімді бола тұра оқушы
жүрегіне жол таба алмайды.

– Қазір ата-аналар балаларын ағылшын, түрік
мектептеріне беруге ынталы. Сіз осыған қалай қарайсыз?

– Менің ойымша, баланы ұлттық мектебінде оқытып,
тәрбиелеу керек. Жаны, жүрегі қазақ болмаған бала ертең бәрібір
ұлтына қайыр жасай алмайды. 6-7 жасынан Еуропа үлгісімен
тәрбиеленген баладан қандай қазақтық күтеміз?

Бұл жағдайдан аузымыз күйген ұлтпыз. 70 жыл бойы
орысша тәрбиеленген ұрпақ, енді ағылшынша тәрбиеленсе, бұдан
өткен масқаралық бар ма? Жерді сатып, бөліп беру керек деп
даурығушылар – осындай тәрбиенің жемісі. Сондықтан бала өз
ұлтының азаматы болып тәрбеленсін, кейін шет тілдерін үйреніп,
әлемдік мәдениеттен тәлім алсын.

Ағылшын, түрік мектебіне бергеннен гөрі балаларын бізге
берсін. Біздің мектебіміз де олардан кем түспейді.

Жақында ғана бізде қонақта болған американдық
педагогтер бұл мектептің әдіс-тәсілдерімен таныса отырып, өз
мектептерімен ұқсас жақтарының көптігіне таңғалды.

Біздің мектеп олардың мектептері сияқты, атап айтсақ,
«Мадейра» мектебі, өзеннің жағасында, орман- тоғайлы, қала
шуынан сырт жерде орналасқан. Кейбір сабақтарды табиғат
аясында өткіземіз.

Жалпы, біздің қазақ халқы бала тағдырына селсоқ қарайды.
Мектеп бітірген соң көреміз деген жайбасарлығын әлі де қоймай
келеді. Бұл – өте қате. Бала тағдырына балабақшадан бастап көңіл
бөлу керек. Сондықтан бала тағдырына алаңдаушы ата-аналар
болса, бізбен байланысуға шақырамыз.

Біздің мектептегі ұстаздар ұжымына да көңіл толарлық
құрамда жиналған. Әр ұстаз өз жұмысына шынайы берілген.
Жалақының аз-көбіне қарамастан, халық үшін жұмыс жасап
жүргендер. Олардың ішінде өз аспиранттарым да бар. Бала
жанына жол тапқан мұғалімдерді арнайы атап өтіп, оларға зор
ризашылығымды білдіргім келеді. Олар: Бекболат мырза
(Байтіков), Айсұлу бике (Қасымбекова), Айхан бике, Нұрсұлтан

364


мырза, Гүлмира бике, Бақытжан бике, Ардақ бике, Гүлжан
бикелер. Кейбіреулері – Әл-Фараби университетінің және де
басқа институттардың мұғалімдері.

– Әңгімеңізге рақмет айта отырып, келе жатқан Наурыз
мерекесіне орай әйелдерге қандай тілек тілейтініңізді айта
кетсеңіз.

– Қазақ қыздарының өзінің халқының атына кір
келтірмейтін ибалы, білімді, әдепті болуын қалаймын. От басы
аман болсын, тыныштық болсын демекпін.

– Әумин, айтқаныңыз келсін!
(Сұхбаттасқан – Есенкүл Кәпқызы)

ЕЛДІК ҮШІН БЕСІГІМІЗДІ ТҮЗЕЙІК

Экономикалық дағдарыс сансыратқан елімізде мектептер
мен арнаулы оқу орындарының жастарға білім беру
шаралары да тығырыққа тіреліп тұр. Содан шығудың
жолдарын іздеп, ұрпақ үшін жаны күйінген ұстаздар мен
мұғалімдер қажырлылықпен қажымай еңбек етіп жүр. Сондай
табанды ұстаздардың бірі – Алма Қыраубаева. Тілшіміз осы
кісімен мектептегі сабақ, білім беру мәселелері төңірегінде
әңгімелескен еді.

– Алма апай, бүгінгі күнде ұрпақ тәрбиелеу – өзекті
мәселе. Елдің ертеңі – бүгінгі балауса буын, осы төңіректе
сізді қандай проблема толғандырады?

– Бірінші мәселе – білім саласында істеп жүрген
адамдардың жағдайы. Мектеп мұғалімінен, университетте 22
жыл істеген менен троллейбус жүргізушісі төрт есе артық жалақы
алады. Бала-шағасын асырау үшін мұғалімдер троллейбус айдау
керек пе? Өзін нағыз ұстаз сезінетін мамандар жұмысынан қол
үзген жоқ, шыдап бағуда. Бесігімізді түзеу үшін сол тал бесікті
аялайтын, сол үшін күш-қайратын аямайтын мұғалімнің көңіл
күйі дұрыс болмайынша, білімнің өркендеуі қиял ғана болып
қалады.

365


Десе де, ізденіс тоқтаған жоқ. Өзім де ұстаз ретінде қазақ
баласы әлемдік білімді игеріп, көрікті болса екен деген оймен
жарғақ құлағым жастыққа тимейді.

– Әр түрлі әлеуметтік ортада өсіп, тәрбиеленген
балалардың психологиялық даму деңгейі мен мақсат-
мүдделерінің ұқсамайтындығы жайында не айтар едіңіз?

– Қазақ балаларының тәрбиесінде екі түрлі жағдай бар.
Біріншісі – қазақ ортасында тәрбиеленгендер. Бұлардың өз
ұлтын сүю сезімі бар, ұлттық дәстүрге берік. Бірақ әлемдік
мәдеиетті игеру жайы жетімсіздеу. Оның үстіне бұйығы
жасықтау. Ал екінші бағытта тәрбие алған балалар орысша жетік.
Абайдан гөрі Пушкинді, Әл- Фарабиден гөрі «Игорь полкі туралы
сөзді» жақсы біледі. Рухани тұғырын ұлттық негізде емес, өзге
тілде қалыптастырған. Бұлардың ұлтқа деген сезімі сұйықтау.
Қазақ жайын білгісі келгенімен, орнын толтыруы қиын.
Сондықтан осы екі түрлі тәрбие аясындағы балалардың бәрі
өздерін сенімсіз сезінеді.

Ұстаз ретіндегі ойым – қазақ балаларын қазіргі өркениет
әлеміне сай, өзіне сенімді етіп баулу керек. Олардың өзіне-өзі
сенімді болуы үшін қазақты ұлт ретінде қалыптастырған рухани
негізді жан-жақты түсіндіруге міндеттіміз. Соған әлем
мәдениетін, өркениет тарихын, батыс пен шығыс тілдерін білуі
керек. Қарым-қатынас жүйесіне дәстүрлі тәрбиені этикамен
ұштастыруға тиіспіз. Баланы қалай тәрбиелейміз, қандай әдіспен
оқытамыз? Мұғалімнің жан-дүниесі қандай болуы керек?
Баламен қалай қатынас жасауға тиіс? Бұлар – да келелі
мәселелер.

– Бала тәрбиесіне орай өзіңізді алаңдататын,
жабырқататын жайлар қандай?

– Қазіргі балаларымызды мексикалық фильмдер
тәрбиелеп жатыр. Әкесімен ұрысатын қыздар, бірінің көзіне бірі
шөп салатын, көрсеқызар ерлі-зайыптылар, ақша үшін бәрін де
сатып жіберетін саудагерлер. Бала бұлардан қандай үлгі алады?
Ата-аналары осы жайды да ойлауы қажет-ақ. Киноның бұл әдісі
адам санасын зорламай бағындырады. Осы комерциялық

366


фильмдерге қарсы қоятын қазақты өзіне-өзі ғашық ететін
фильмдер бізде жоқ. Біз есімізді жиып, сондай фильмдер
жасағанша, тұтас бір ұрпақтың санасын әлгі әдістің уыты жайлап
алары сөзсіз. Бұл ұрпақтан адам өлімінен өкінбейтін, ақшаны
атасындай көретін, әкесі өлсе де жыламайтын безбүйректер
шығарады. Оны байқап та жүрміз. Осы проблема көзі ашық
адамдардың түйткіл. Рухани әлемнің қадірлі мемлекет
деңгейінде қаралмайынша, шешілуі қиын.

Біздің қолымыздан келері – жинаған рухани
байлығымызды балалармен бөлісу ғана. Қазіргі жағдайда
мектепке баруға, қазақ баласын тәрбиелеуге атсалысуға
міндеттіміз. Осы жағынан біраз жұмыс атқарып жүрген
сияқтымын. Университетте істей жүріп, мектеп аштым. «Сенім»
бағдарламасын жасап, сол бойынша оқып жүрміз. Оның мақсаты
– білім бергеннің үстіне жанын тәрбиелеу, болашаққа дайындау.
Парасаттылықты, салауаттылықты бірінші орынға шығару.
Білімді жалпы мәдениеттің бір бөлігі сипатында бала бойына
сіңіреміз. Нақты іс арқылы баланың жанын ойдағыдай
тәрбиелеуге болатындығына осы мектептегі жұмыс дәлел.

Біздің бұл жұмысымызға Түркия азаматы, Президенттің
экономикалық кеңесшісі, доктор Шәкір демеушілік жасап отыр.
Бұған қоса «Бөбек» қоры да демеушілік көрсетуде. Бұл кісілердің
пейіліне шексіз разымын.

Болашақта да осы тәрбие жұмысын өрістете бермек
ойдамын. Біздің мектепті бітірген балалар парасатты адамдар
болып шығатынына сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!
(Әңгімелескен – Гүлбану Құлпейісова)

НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН НЕГЕ ЕШКІМ АЛҒАН ЖОҚ?
(Сұхбат)

– Қазақстанның тәуелсіздік алғанына да, міне, бес жыл
толып отыр. Өркениетке ұмтылып, ел болу, мемлекет құру

367


да оңай емес. Бұл жолда ағарту майданы, оның ішінде мектеп
салмақты орын алса, осы аз уақыт ішінде мектептің игерген
табысы қайсы, жіберіп алған кемшілігі неде, ұстаздар
қауымы не күйде деген мәселеде бір топ мамандармен
жүргізген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Әбілақұлы Әбжаппар, қыздар педагогикалық
институтының профессоры, филология ғылымдарының
докторы:

– Кеңес дәуірлерінде мұғалімдер мен дәрігерлерге деген
көзқарас жұртшылық тарапынан жоғары болды. Мұндай үрдіс,
дағды өткен уақыттан үзілмей келген еді деп есептеймін. Бұл
мамандық иелері халық тарапынан бағасын алып үлгерген-ді.
Оның өзіндік себебі бар: олар адам тәрбиелейді, оқытады. Тіпті
мұғалімдерді аупарткомнан жоғары қойған кездері де болды, мен
соның куәсі болдым.

Сөйте тұра мектептердегі қазақ тілін оқыту жайы төмен
болды. Қазақстанда орыс тілі бір саты жоғары тұрды да, ал қазақ
тілі соның көлеңкесінде қалып қойды. Орыс мектептерінде қазақ
тілі сабақ кестесінің соңында тұрды. Кадр дайындауда бір
жақтылыққа жол берілді. Аспирантураны бітірген адам ғылыми
жұмысын орысша жазып, орысша қорғады.

Дегенмен бұрынғы мектептер де проблемасыз болды деп
ойламаймын. Қазақ тілінің маңызын көтеруде базистік жоспар
болмады, оқулық жазуда белгілі ғалымдар ғана қатыстырылды,
олар қатып-семіп қалған ережелерді тықпалап, білім мен ұғымды
күңгірттендірді. Баса көрсететін ерекше жағдай, баламалы
оқулық деген атымен болмады, бұдан келіп қасаңдық туды.

– Институттарда да пара бар деседі...
– «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан». Қазір емтихан
түгелдей теске көшті, от басқаша шалқиды...
Қыраубайқызы Алма, ғалым-ұстаз, Әл-Фараби
атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті:
– Кешегі кеңестік қоғамның мектебі өзіне сай авторитарлық
мектеп болды. Оның жүйесі қаталдыққа, адамды ашса –
алақанында, жұмса – жұдырығында ұстауға, көнбістікке

368


дайындауға арналды. Сол жүйені меңгерген, одан шыға алмай
жүрген жекелеген мұғалімдердің болатыны да жасырын емес.
Баламен қарым-қатынаста тым дөрекі. Оны мектепте «қатал
мұғалім» деп атайды. Ол туралы К.Г.Житомирский (1863-1918)
жазып, сипаттаған екен.

Ұлттық дәстүрін берік сақтап отырған елдер – ислам елдері
болар. Ал біздің жағдайымызда таразының екі басына кезек
салмақтауға тура келеді. Бала тәрбиесі теледидардың,
видеофильмдердің ықпалында кетіп барады. Рухани-интелектілік
деңгейі орташа ғана көрерменге арналған бұл кинобейнелер
зорлық, тобырлық жан дүниеге тәрбиелейді. Отбасында берік
рухани негіз қалыптасқан балаға үлкен қауіп бола қоймас. Ал
мектеп болса, ойлы да жүйелі тәрбие жүргізуі тиіс.

Мұратханқызы Райхан, Алматы қаласындағы №161
гимназия директорының орынбасары, Білім беру ісінің озық
қызметкері:

– Жаппай орта білім беру дәуірін бәріміз басымыздан
өткердік. Бір кезде нашар оқушыларды бір сыныпта екі жыл
отырғызуға немесе мектептен шығарып жіберуге болатын еді.
Мұның бәріне кейін тыйым салынды. Жоғары жақтан келетін
өктем нұсқаудан қорыққан мектеп аттестаттары шәкірттің бәріне
берілетін болды. Бұл шара 20-жылдардағы ликбезден
айырмашылығы шамалы ғана еді. Сол жылдары Үкімет
қателескен үстіне қателесе береді. Аттестаттағы пәндердің орта
бағасы оқуға түскен кезде қоса есептеу дегенді ойлап тапты. Бұл
жағдай білімнің емес, мұғалімнің «беделін» өсірді. Сол секілді
медальдар мен мақтау қағаздары да сан алуан «құйтырқыларды»
өмірге алып келді. Әйтеуір, сол дәуірдегі білім алған жастардан
Нобель сыйлығын алған ешкім болмады, ал басқаларының бәрі
қолдан жасалды. Міне, осындай салдардан құтылу үшін қазіргі
күннің талабына сай арнаулы мектептер, лицейлер, гимназиялар
ашылды. Мұнда негізінен саралап оқыту алынып, әр баланың
дара ерекшелігі ескеріледі, өз қабілетіне қарай білім алу
мүмкіндігі туып отыр.

369


– Қазіргі оқудан нені аламыз, нені жоғалттық, оң-теріс
бағыттар қайсы?

Әбілақұлы Әбжаппар:
– Қазіргі таңдағы оқыту мәселесінде балалардың ынтасын
көтеру болып отыр. Озат оқушыларды материалдық жағынан
көтермелеу керек. Егер мұғалім өз кәсібін толық меңгерсе,
оқушыны өзіне тарта білсе, сабақ сапалы болар еді де, сол маман
нағыз айтулы ұстазға айналар еді. Бүгінгі студент ертеңгі
мұғалім ғой. Бізде тест деген ойлап табылды. Оның жетістігі,
біріншіден, емтиханды соза бермей, бір мезгілде уақыт ұттырмай
бітіру мәселесі. Кемшілігі – мұғалімнің жеке көзқарасы түсіп
қалады, балалардың терең, кең ойлауына белгілі дәрежеде тұсау
салады, бұл тұста жауаптағы кездейсоқтық та рөл атқарады.
– Алматы қаласында үш бірдей білім жетілдіру
институты жұмыс істейді, осыны біріктірсе қайтеді?
– Облыстағы білім жетілдіру институттарын қысқартып,
аймақтық етіп қайта құрған дұрыс. Ал Алматыдағы үш бірдей
институт қазір керек емес, үшеуінің басын біріктіру керек-ақ.
Одан түсер қыруар қаржыны мектепке беру мәселесі келіп
шығады.
А. Қыраубайқызы:
– Біздің мектептер, негізінен, ақпараттық мектеп. Баланың
жан дүниесіне үңілетін, оның өмірге келуінің өзін ғажайып
құбылыс деп түсіндіретін, онымен адам ретінде сыйластықты,
қарым-қатынасты бірінші орынға қоятын мектептер көп емес.
Бірінші орында баланың талап-тілегі тұратын болса, мектеп бала
үшін қызмет етсе, жақсы мектеп сол дер едік.
– Он мың мектептің үш миллион шәкіртінің арасынан
біреуі де Атланта олимпиадасына қатыспады, себебін айта
аласыз ба? Оқу жүйесін жетілдіру жоғарыдан төмен қарай
жүруі керек болар, сірә...
Р.Мұратханқызы:
– Біз орыс еліне 300 жылдай бодан болдық. Халқымыздың
әдет-ғұрып, тілі, діні, салт-санасы жан-жақты өзгерістерге
ұшырады. Қазір теледидар түрлі бейнефильмдерді шексіз

370


таратуда. Бұған кімнің шамасы келеді, білмеймін... Мұғалімдер
айлығын уақытында алмаса, профессордың жалақысы
коммерсанттың бір-екі күндік табысына да жетпесе, сонда
олардан қандай сапалы оқу сұрауға болады? Білім сапасының
барлық оқу орындарында төмендеуіне үкіметтің бүгінгі күнгі
саясаты – ұстаздарға деген қамқорлықтың жоқтығы себепкер.

– Оқулықтың жағдайы алаңдатпай ма?
– Әрине, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету төменгі
дәрежеде. Қағаз жоқ, қаражат жоқ. «Рауан» баспасынан шығып
жатқан оқулықтар сапасы нашар, ол бір-ақ жылға ғана төзеді.
«Мемлекет және құқ негіздері», «Адам және қоғам» пәндерінен
оқулық жоқ.
– Болашақтағы ағарту жайы, сіздіңше, қандай болуы
мүмкін?

Ә.Әбілақұлы:
– Оқу процесін төмендетуден, ғылымды құлдыратудан
қоғам алға баспайды. Оқушы бұрын бір сыныпта 20-25 бала
болса, қазір ол 35-40-қа дейін көтерілген, студенттерге де
қамқорлық аз. Студенттердің бұзылуы, ауру-сырқауға
шалдығудың бір себебі – осында жатқан жоқ па екен?
Ауылдарда мектепке бара алмай отырған оқушылар
қаншама: аяқ киімі жоқ, кітабы жоқ. Ал көмектесетін ата-
анасының халі төмен. Егер біз білімге, ағартуға көңіл бөлмесек,
сауатсыз ел боламыз да шығамыз. Мектеп үшін мұғалім – алтын
тұлға, оған қамқорлық қажет. Оқушы қараңғы болса, мемлекет те
қараңғы. Балалар бақшасын жаппау керек.
– Бір жұмыстың орайы келіп тұр. Мектебі бар, жоғары
оқу орны бар, жалпы ағарту майданында отыз төрт жыл
еңбек еттіңіз, жасыңыз да алпысқа келіп отыр, ел ағасы
атануыңызбен құттықтай қойсақ деп едік...
– Рақмет.
А.Қыраубайқызы:
– Өз халқын сүю үшін оған деген мақтаныш сезімін бала
кезден қалыптастыру керек. Қазақ мәдениетінің тарихы біздің

371


дәуіріміздің арғы жағынан басталады. Сақ, ғұн, түрік тарихы –
біздің тарихымыз. VІІІ ғасырда тасқа тұтас жазған халықтың
ұрпағымыз. Білге қаған, Күлтегін жазулары, «Қорқыт ата
кітабы», Фараби, Ясауи, Баласағұни туралы кеңес дәуіріндегі
мектеп оқулықтарында ештеңе айтылмайды. «Ежелгі әдебиет»
атты оқулық жаздым, елдік мәні бар шаруаға қосқан аздаған
үлесім деп білемін.

Кейбір ата-аналар қазақи тәрбие қазіргі заманға жарамсыз
деп ойлайды, бұл, негізінен, дұрыс емес. Сондықтан болашақ
мектеп ұлттық дәстүрде өмір сүруі керек деп есептеймін.

Р.Мұратханқызы:
– Қазіргі мақсат – өз бетімен ойлай, тұжырым, қорытынды
жасай алатын азаматтық дүниетанымы қалыптасқан дара тұлға
әзірлеу. Оқушылардың дара ерекшеліктерін анықтай отырып,
соған икемдей оқытудың жаңа технологиясын меңгере білген,
ынталандыра оқытумен жұмыс істей алатын ұстаздар ұжымы
ауадай қажет. Міне, осындай айқындама біздің гимназияда
қалыптасып келе жатыр деп айтуға болады. Болашақ мектеп
қандай болса, мемлекет те сондай болмақ.
– Бір қуанышты жағдай – қазақ-түрік лицейлерінің
шәкірттері Киев, Анкара қаласында химия, математика
пәндерінен Олимпиадалық жарыста бірнеше алтын, күміс,
қола медальдарды жеңіп алды...
– Оған біз де қуаныштымыз. Шетелге бару да оңай емес.
Мүмкін Білім министрлігі солай ұйымдастырған болар... Иә, оңай
еш нәрсе жоқ, бәрі қиын. Бірақ сол қиындықтың көбісін қолдан
жасап жүрген жоқ па екенбіз...
Әлемге аты жайылған бір данадан: «Әй, кемеңгер, сен
тұрсаң да, жүрсең де ақыл айтасың, ал өзің сиықсыз үйде
тұрасың, оның себебі неде? – деп сұрағанда, ол: – Оны менен
сұрама, патшамыздан сұра», – депті. Мұғалім біткеннің бәрі ұстаз
қатарына жата бермейді. Олардың ішінде ұстаса –қолың күйіп,
ұстамасаң – мойның күйіп қалатын «ыссы ошақтары» сеңдей
соғылысады... Ал ыссы ошақтың мәнісі – өз кәсібін жете
меңгермеген, жан дүниесі жадау, жылына бір көркем әдебиет

372


оқымайтын, театрдың есігін ашпайтын, білімі оқулық көлемімен
шектелген, тіпті сол мұғалімің пара арқылы оқу бітірсе, әйтеуір,
бір тірі жан болғаны да...

– Қазір ақылы оқу керек пе?
Ә.Әбілақұлы:
– Кім көрінгеннің қолы жетпей, ат төбеліндей адам ғана
баласын оқыта алады.
А. Қыраубайқызы:
– Ақылы оқудың пайдасы бар. Ол мемлекеттік оқу
орындарымен бәсекеге түсе алады.
Р. Мұратханқызы:
– Мемлекеттік мектептердің барлық тиісті баптарын
қаржыландырып отырса, онда ақылы оқытудың қажеті жоқ, бұл
– тек амалсыздықтан туындаған әрекет.
– Дәрігерлер анты (Гиппократ) сияқты қазіргі таңда
біздің егеменді еліміздің мұғалімдеріне де ант керек емес пе
екен?
Ә. Әбілақұлы:
– Мектепке кездейсоқ мұғалім келмес еді. Бүкіл мектептегі
сапасыздық осыдан туындайды. Мұғалім – салмағы бар ерекше
тұлға. Сондықтан, Гиппоркаттың антындай мұғалімге де ант
қабылдау керек болып отыр, ол – дәуір талабы.
А. Қыраубайқызы:
– Абай айтқан «нұрлы ақыл, жылы жүректе». Ішкі сенім мен
парасаты бар адам ғана берген антын орындайтыны анық.
Р. Мұратханқызы:
– «Бір сыныпта оқушылардың санын көбейтіп, мұғалімдердің
апталық жүктемесін арттырудан не ұтамыз» деп үкімет алдына
қойсақ... Антты қабылдауды сосын көреміз.

(Сұхбаттасқан – Шаймерден Төлегенұлы)

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ АЛАТЫН ОРНЫ
ТУРАЛЫ ОЙЛАР

373


Алма Қыраубаева, филология ғылымдарының докторы
ҚазМҰУ-дың профессоры:

– Білімділік коэффициенті жағынан әйелдер ерлерден кем
түспейді. Әлемде Нобель сыйлығын алған 3 әйел бар. Мария
Киури, Сельма Лагерфельд, Габриела Мистирал. Бір күндері осы
қатардан қазақ әйелінің де орын аларын сенемін. Өйткені біздің
әйелдер парасаттылық құшағында тәрбиеленген. Біліктілік коды
тегінде бар, тек соны дамыту ғана қалып тұр. «Қалай, қайдан?!»
– деп заманның түріне қарай саусақпен нұқитын жұқарған
жүйкелерге сабыр тілеймін. Құдай бойына талант берген қыз
қайдан да тесіп шығады. Ерлер қатарына қаймықпай тұрып,
ғылымда, мәдениетте, әдебиетте өз қолтаңбасын айқын
қалдыратын да – солар.

Бірақ табиғаттың әр адамға берген өз ерекшелігіне қарай
әйелдің де бәрі бірдей жұмсақ иығын ерлер басымдылық
көрсететін майданға тоса беруі шарт емес. Әйелдің негізгі міндеті
– басқада. Әр әйел бауырындағы баласының дұрыс адам болып
өсуіне жауапты. Біз осы негізгі міндетімізді қоғамдық
қайраткерлікке айырбастап алудан көп зардап шектік.

Менің бүгінгі қоғамда қыздарға айтпағым – барлық іске де
ең алдымен табиғи қабілет керек. Одан да гөрі отанасы бола
білген артық шығар.

Қазіргі қыздардың қайраткерлікке ұмтылуында ерлерге
деген сенімсіздік те бар сияқты. Иығына сүйенуге тұратын
жігіттер көп болған сайын, қыздар нәзік бола түседі. Қыздар нәзік
болған сайын, ер балалар қайраттана түседі. Табиғаттың өзі
сыйлаған осы үйлесім орнында болса, отбасы да берік боларына
сенім мол.

Әйелдердің күнкөріс белсенділігіне қиындықтан шыға
алмай жатқан қоғамымыздың өзі итермелеп отыр. Дұрыс,
қоғамда адамның күнкөріс деңгейі оның білім- білігіне қарай
өсуге мүмкін болса, бізде, керісінше. Рухани ахуалды төмендетіп
жібереді. Нағыз қасиет аяққа басылуда.

Бірақ мұны уақытша қиындық деймін. Бәрі де орнына
келетін күнді көруге жазсын!

374


«АЙНАЛАЙЫН, ТҮСІНІК...»

Адамның жан қуаттарының бірі түсінік туралы сөз қылуды
ниет еткендегі мақсатымыз – кәдімгі түсінік жайындағы...
ұғымымыз қандай? Түсінік деген не? Неге ол адамдардың бәрінде
бірдей емес? Адамның құбылысты я айтылғанды түсінуі, түйсінуі,
қабылдауы, қорытуы, ең соңында оны іске асыруы қалай жүзеге
аспақ деп келетін сауалдарға жауап іздеу болатын.

Өкінішке қарай, осы орайдағы әңгімеге шақырған кісілеріміз
қашқақтай берді. Тіпті, тап осыны әуелгі сөйлескен маман түстеп
айтқанда, психологтің өзі «түсіндіріп» бере алмады. Біз ол
жауапты жарамсыз болған соң жарияламадық. Бір
байқағанымыз, жоғары я орта немесе арнаулы оқу орындарында
сабақ беретін психологтер адаммен жұмыс істемейді.

Олар керекті сабағын «қырық жылғы» кітап тілімен
өткізе беретін көрінеді. Содан кейін кімге ренжиміз.
Кейбіреулердің «түсінік деген – түсінік» дейтін келемеж-жауабы да
орынды сияқты. Жұмекен ақынша айтсақ, «Айналайын, түсінік...
Біреулерді қор еткен, біреулерді зор еткен...»

Төменде оқытушы мен психолог пікірлерін ұсына
отырып, осы тақырыпта ой бөліскісі келетіндер болса, қуана
қарсы алатындығымызды ескерткіміз келеді.

Алма Қыраубайқызы – Әбу Насыр әл-Фараби
атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті филология
факультетінің оқытушысы:

– Жалпы, кез келген лектор, кез келген мұғалімнің бірінші
мәселесі, әрине, білім; интеллект өз алдына ғой. Көпшіліктің
алдында жұмыс істейтін адамға және отбасында да басты
мәселе – түсіністік. Адамдардың бірін-бірі түсіне білуі. Ал енді
қалай түсіну керек? Баланы қалай түсіну керек? Өз
айтқаныңның нәтижесі қандай, балаға түсіндіріп жеткізе аласың
ба? Ол түсіне ме, оны орындай ма?

375


Егер аудиториямен түсіністік болмаса немесе
отбасындағы, айналаңдағы адамдармен, қызметте де солай,
түсіністік болмаса, сен өзіңді де көрсете алмайсың, жұртты да
тани алмайсың. Және өзіңнің айтайын деген ойыңды жеріне
жеткізіп түсіндіре алмайсың. Мен осыған көп мән беремін. Ол
үшін адамның жан дүниесін білуің қажет. Әрбір мұғалім, тіпті
ата-ана да білуі керек. Өз басым, мысалы, психология
мәселесіне көңіл бөліп, сол жайындағы кітаптарды көбірек
оқуға тырысамын. Алдыңда отырған студент я оқушы ол да —
тірі адам. Кей мұғалімдердің қателігі осында, ол алдындағы
адамға жоғарыдан қарайды. Мен не айтсам да еріктімін, қалай
өткізсем де еріктімін, олар не айтсам да тыңдауға, бағынуға
тиісті, қысқасы, бағынышты көзқараспен қарайды. Негізі бұл
балаға кері есер етеді. Біздің қазақ балаларының жасық болуы,
ойын айта алмауы, көзқарас-пікірін соңына дейін білдіре
алмауының барлығы да мектептен қалыптасқан әлгіндей
әміршілдік жан дүниеге байланысты.

Ал енді балаға ойын еркін айтуға мүмкіндік бермеу,
олардың дәл осы сәттегі жан дүниесі қандай, соған назар
аудармаудың қателігі балалардың бойынан көрініп қалады.
Сондықтан мен сабағымда бала мен мұғалім тең дәрежеде деп
түсінемін. Тең дәрежеде болған жағдайда екеуінің де құқы
бірдей деп түсінемін. Әрине, мұғалім тәжірибелірек,
білімдірек, бірақ екеуінің адам ретіндегі құқы бірдей. Баланы
өзіңмен қатар қоя білу керек. Ол не ойлап тұр? Мысалы, оқушы,
студент сабаққа дайындалмай келді дейік, мұғалім әдетте не
істейді, оны кінәлаудан бастайды. Оның жан дүниесін
түсінуден бастаса, кәнеки. Неге дайындалмай келді?
Дайындалмай келсе, оның жағдайы болмаған шығар, мәселен,
ол жас адам, жігітпен қыдырған шығар, қызбен қыдырған
шығар. Сондай жағдай болып қалды, сол үшін оның жер-
жебіріне жетудің қажеті жоқ. Оны тек солай деп түсінуіміз
керек. Ал егер тұрақты түрде дайындалмай келетін болса, оның
себебін анықтаса, онда да жұрттың алдында оның беделін

376


түсіру, зеку емес, сол баланың көзіне, жанына үңілу керек. Не
болды оған?

Қолыңнан келетін болса, көмек бер.
Мен әр лекциямды бастарда, сөйлеп тұрған кездерде тыңдап
отырған балалардың көзіне қарағым келеді. Осылар бүгін сабаққа
дайын ба? Олар қалай қабылдайын деп отыр, шаршап отыр ма? Ауа-
райы әсер етті ме немесе бір үлкен іс, жағдай болып, түнімен олар
ұйықтамай келді ме, осының бәріне 1-2 минут болса да көңіл бөлуге
тырысамын. Содан кейін барып, егер де олар қатты шаршаңқы болса,
қабылдауға бір түрлі кедергілер болса, соған қатысты әңгіме айтып
жіберу керек шығар, я көңіл көтеретін бірдеңе айту керек шығар, не
болмаса әңгімелесуді солардың көңіл-күйінен бастау керек шығар.
Содан соң бастағанда олардың қабылдауы басқаша болады.
Оларға лекция оқыған кезде, тапсырма бергенде кей кісілер
ғылыми терминдерді көп, орынды-орынсыз қолданып, қиындатып,
сол арқылы өзінің білігін көрсеткісі келеді. Мен оны қолдамаймын.
Қандай қиын тапсырманы да, мәселені де түсінікті етіп айтуға
тырысқан жөн. Қазір бізде терминге қызығушылық басым.
Плюрализм дейді, менталитет дейді, толып жатқан терминдерді
қолданады. Кейде өзіміз де қолданамыз. Бірақ соны тыңдап отырған
аудиторияның дайындығына қарай қолдану керек, Мүмкіндігінше,
қазақы ұғымға сай айтсақ, түсінікті болмақ. Мүмкіндігінше, кез
келген қиын ойды қарапайым, түсінікті етіп айтса, бала соны ұғады,
түсінеді. Тапсырманы нақты беру керек. Мысалы, мұғалімнің қателігі
мынада, тапсырманы неғұрлым көп берсе, соғұрлым баланы көп
оқытамын, соғұрлым оның жауапкершілігін арттырам дейді. Ол қате
пікір. Тапсырманы нақты, баланың дайындалуға мүмкіндігі
жететіндей беру керек. Баланың сенің сабағыңнан басқа да
сабақтары бар, проблемасы бар. Соның бәрін ескеріп, нақты
тапсырма беруге тырысамын, дайындалу мүмкіндігін ескерем. Содан
кейін тапсырманы қабылдаған уақытта сол баланың нәтижесі
жаңағылардан тұрады, сенің түсіндіруіңнен, оның қабылдауынан
тұрады. Тапсырма түсінікті берілсе, түсінбей қалдық деген сирек
кездеседі. Түсінбей қалса, сұрауына болады, оған да мүмкіндік,
еркіндік беремін.

377


Тағы да қайталап айтам, әр қиын сәтте баланың жан дүниесіне
қараған жөн. Жалпы, бала мұғалімнің кейде аздау білгенін де
кешіреді, білмей қалғанын да кешіреді. Бірақ балаға адам көзімен
қарамағанды кешірмейді. Адам көзімен қарау керек. Отбасында да
осы. Бәрі өмірде ұқсас. Мысалы, балаңды сен түкке тұрмайтын адам,
ол менің айтқанымнан шықпауы, бәрін тыңдауға тиісті деп қарайтын
болсаң, сол жерде отбасындағы рухани байланыс үзіледі. Түсіністік
деген сол, айналып келгенде, адамның жан дүниесін білу, жалпы,
адам ортада өмір сүрген уақытта бизнесмен болсын, саудагер
болсын, мұғалім болсын, журналист болсын, ең бірінші адамның жан
дүниесін ұғына алса. Бізде осы жағы көп болған жоқ. Психологиядан
оқыдық, бірақ нақты ештеңе үйреткен жоқ деп айта аламын. Мысалы,
біздің ұрпақтың уақыты өтіп кетті. Жаңа ұрпақ келді. Осылардың
жан дүниесін түсінуіміз керек.

Тағы бір мәселе, алдыңдағы балалар сенің сөзіңді түсіну
үшін сөз анық болуы керек. Мен осыған мән беремін. Сөз,
дыбыс анық болуы керек. Егер сенің сөзің анық болмаса,
өзіңнің айтып тұрған сөзің айналаңнан 2 метр әріге жетпейтін
болса, онда балаға ұрсудан гөрі, өзіңді тәрбиелеуің қажет.

Өзіме қойып алған бірнеше шарттарым: бірінші,
аудиторияның жан дүниесін білу; екінші, анық сөйлеу,
тапсырманы нақты беру, олардың шамасы келетін деңгейде
беру.

Міне, осыдан кейін барып, мұғалім мен бала, бала мен
мұғалім өзара бір-бірін түсінеді, қабылдайды, жарқын әрекет
жасай алады деп ұғынамын.

(Сұхбаттасқан – Күлпара Жұмағали)

ӘЙЕЛ – ҚОҒАМДЫҚ КҮШ

Затым әйел болғандықтан ғана емес, халқымыздың
тағдырына жаны ауыратын қоғам азаматының бірі ретінде
Президент Жолдауындағы әйелдерге арналған жетінші буыны
көптен қордаланған мәселенің бетін ашқан деп білемін. Әйел –

378


үйдің ғана емес, елдің берекесі, ынтымағы. Қазір әйелдің халін
көргіңіз келсе, Алматыдан – Аралға дейін пойызбен барып қайт,
базар арала. Жол жағалап, шырылдап жүргендердің біразы –
мұғалімдер. Әйелдердің негізгі кәсібінің бірі болып табылатын
мұғалімдік мамандықтың қадірі көтерілсе, әйел жағдайы өз-
өзінен қалыпқа келер еді. Бұл арқылы әрі білімді көркейтеміз.
Сондықтан әйелдердің салмақты бір бөлігінің жағдайының
жақсаруы үшін мұғалімдердің жағдайын жақсарту керек. Әрбір
өркениетті қоғамның негізгі өзегін құрайтын орта дәулетті
отбасылардың санының көбеюі де, біздің жағдайымызда, әйелдер
айналысатын кәсіптің материалдық қайтарымдылығының
жоғары болуында.

Қазіргі кезде жұмыссыздықтың, ішімдік, зорлық-
зомбылықтың бел алуына байланысты қоғамның әлсіз бөлігі
әйелдер көп зардап шегуде. Қай заманда да қыз балаға қол тигізу,
әйелді зәбірлеу кешірілмес күнә болып есептелген. Оны далалық
рухани мектептер арқылы бала күннен жүрекке сіңіріп отырған.
«Қарындасына башпайы тиіп кетіпті, содан бір башпайы моладан
шығып жатады екен», – деп, балаларға үлгі қылып отырған.
Жаугершілікте жеңген елдің жеңілген елге көрсеткен
қорлығының үлкені әйелін ат артына мінгізіп алып кету болған.
Осындай дәстүрі мықты халқымыздың азаматтары қазірде
қыздарын қорлыққа бермейді деп сенеміз. Әйелге зорлық
жасаған кісінің жазасын арттыру өте орынды. Өзінен әлсізге қол
жұмсаған, көшеде сөмкесін тартып әкетіп, тағы басқа зорлық
түрлерін жасаған адамның қылмысы екі есе ауыр. Мұндай
жағдайда суицидологиялық орталық арқылы жан дүниесі
тапталған қыздарға психологиялық көмек беру де қажет.

Иә, әйелдер мәселесі арнайы көңіл бөлуге өте зәру.
Сондықтан ел-елдегі жағдайды көзімен көріп, оған қолдануға
болатын шаралар мен ұсыныстарды белгілеп, Парламентке
жеткізіп, шешімін табу жолдарын іздестіретін арнаулы комиссия
құру керек-ақ. Тіпті іскер әйелдерге берілетін несие, жағдайы
төмен әйелдерге жәрдем беру, босанғаннан кейін баратын жері
жоқ жас келіншектерді бес-алты айға дейін жатқызып,

379


медициналық көмек көрсететін орталық ашу сияқты тағы басқа
мәселелермен айналысуға құқы бар, қоры бар орталығы болса.
Әйтпесе жиналыс өткізумен ғана айналысудың пайдасы бар ма?

Әйелдерге қатысты тағы бір үлкен мәселе – дін. Қазір
қоғамымыздағы тыныштық ахуалы бәрімізді қуантады. Бірақ
білдірмей жайлап келе жатқан қауіпті де көрмеу мүмкін емес.

Қазақстанда қалыптасқан іргелі діндерден тыс сырт
елдерден келіп, ішімізде іріткі салып жатқан бұл ағымдардың
әсері күшейе бастады. «Иегова куәгерлері», пресвитериандық
топтар – христиан, баптистер, вахабистер т.б. діни ағымдарға
кіріп кетіп жатқан қазақ қыздары өте көп. Оған итермелейтін
себептің бірі – доллармен қызықтыру. Олардың кейбірінің
гипнозды пайдаланатыны да күмән туғызбайды. «Осы жағдай
сіздің елде болды ма, олармен қалай күрестіңіздер?» деп, Ришат
Генш, Махмут Бей сияқты түріктің беделді ғалымдарынан
сұрағанымызда, бұл жағдайдың Түркияда да болғандығын айтып,
әлгі дін таратушыларды елдің ынтымағына қауіп төндіретін
зиянды ағымдар ретінде мемлекет аумағынан шығарылып
жіберілгендігін айтты.

Ең қауіптісі – біздің республикамыз үшін дәстүрлі емес, өзге
дінді қабылдаған азаматтардың бір күні билікті орындарға
келуінде. Сондықтан дәстүрлі дінімізге қысым көрсетіп жатқан
діни ағымдарға байланысты тиімді заң актілерінің шығуын
тездетсе деген ұсынысымыз бар.

Сөзіміздің соңында биліктің барлық буындарында
әйелдердің өкілдігін арттыру қажет деген тоқтамға
қосылатындығымызды айтқымыз келеді.

МАТРИАРХАТТАН СӘЛЕМ

Адамзат баласы үңгірде өмір сүрген кезінде матриархат
болыпты. Барша тіршіліктің көзі жылу десек, үңгірдегі отты
күндіз-түні өшірмей, адамға өмір сыйлаған Әйел ерікті түрде
билікке ие болған. Өндіргіш күштер дамымаған, табиғаттан

380


дайын нәпақаны теріп жеп, күн көрген кез ғой. Әйел ошақты
демімен үрлеп отырып, адамзатты мәдениетке жеткізді.

Әйелдің рөлін осыдан артық айтып беру қиын, сөзімізді
доғарсақ та болар еді, бірақ...

Әйелдің қолынан не келерін қиналғанда білерсің. Кешегі
атың өшкір соғыс кезінде бір малшының әйелі күйеуін бес жыл
бойы кебежеге салып алып, көшіп жүріпті деседі.

Біздің заманымыздан бұрынғы алтыншы ғасырда сақ
даласында патша болған Тұмар деген апамыз баса көктеп,
иемденуге келген Кир патшаның басын шауып алып: «Аңсағаның
қан еді, мә, іш, ендеше!» – деп, сығырайған жансыз басты местегі
қанға батырып, дарияға лақтырған.

Одан бір ғасыр кейін өмір сүрген Алтын патшайым (оны
парсылардың Зарина деп атағанын Әбілғазы шежіресі жазады.
ХVІІ ғ.) өзіне ғашық болған Мидия ханзадасына: «Сені ғана
сүйерім рас. Бірақ екеуміз қосылсақ, сен – билеуші, мен ханымың
болармын. Маған сенген артымдағы елімді қайтермін? Ол саған
бағынышты болады ғой. Мен сүйгеніме қосылып, бақытымды
тапқаныммен, елім тәуелсіздігінен айырылып, бақытсыз болады.
Мен үшін елімнің еркіндігінен артық ештеңе жоқ. Қош!» – деп
қайтарған екен. Осындай аңыздармен халқымыз ел намысын
ешбір байлыққа айырбастамайтын ұрпақты тәрбиелеп келеді.

Өткен ғасырда қазақ жерінде болған орыс және шетел
саяхатшылары қазақтың әйелдері жау келіп қалғанда, бала-
шағасын үйге кіргізіп жіберіп, өздері қолына бір-бір бақанды
алып, үйді айнала тұра қалып қорғанатынын жазған. «Әйел
қырық шырақты» деп тегін айтқан ба?

Бірде Түркістан маңындағы археологиялық жұмыстарын
көргеніміз бар. Жігіттер қолымызға тастан қырнап, пышақтың
жүзіндей жұқартқан, көлемі қыздардың тырнағындай, осыдан
500 мың – 1млн жыл бұрынғы адамдардың тұрағынан табылған
тас құралды ұстатты. Бұл – еркектің қолынан шыққан дүние.
«Адамзат мәдениеті тас қолданған дәуірден басталады»
(А.Машанов).

381


Уақыт өтіп жатты. Әйелдің отбасының жылылығын
сақтаушылық рөлі кеміген жоқ, бірақ өндіргіш күштер дамыған
сайын Ата билігі арта берді. Адамзат тәжірибесі отбасының
матриархалдық жауапкершілігі мен ұйымдастыруын От Ағасына
(отағасы) берді.

Қазақ әйелінің санасында сан ғасыр қалыптасқан осындай
ұғымдардың бұзылуына кеңестік идеалдар мұрындық болды.
«Әйелдің құқығын қорғау, қоғамдық қызметке араласуына
мүмкіндік беру, білім алуын заңдастыру» сияқты әдемі идеяны
көтерді де, жаппай кедейшілік пен жетіспеушілік салдарынан
әйелді қара күшке айналдырып алды. Сол арқылы отбасының
қалыптасқан заңдарына соққы берілді.

«Еркек пен әйел – тең» деген ұғым туа бастады. Ақыр аяғы
бала емізген әйелдер: «Әкел бері, әлгі қараң қалғырды», – деп,
еркектен оза, қағып салатын көріністер өрістеді.

Қазақтың қыздары ағасының қолындағы темекіге
жармасты, аузындағы арағын алды, орындығын алды. Бас ие өз
орнында болса, оның орындығын кім тартып алар еді, өз орнында
болмай шығады ғой. Кім өмірге бейімдірек, сол басқарады. Ол –
өмірдің заңы.

Біздің қыздар биіктеп, өсіп кеткен. Бір ғана ғылым
саласының өзінен соңғы екі-үш жылда 18 ғылым докторы шықты.
Әйелден! Өссін. Анасы ақылман болса, баласы дара туады. Ау,
бірақ жігіттер қайда? Олар алдыға түсіп, игеріп-меңгеріп жатса,
әйелдердің жанына не зор келеді? Барлық жерде ерлерді аузына
қаратып, әйелдердің суырылып шыға бастауы жақсылық емес.
Әйелдің күші – нәзіктігінде. Әйелдерді қайраткерлікке итермелей
берсе, ұрпақ қараусыз қалады. Бала бетімен кетеді. Абайды Абай
қылған Зере мен Ұлжан аналардың тәрбиесі еді. Ана баласының
қасында көбірек болуы керек. Әйелдер отырмайын демейді, үйде
жұмыссыз сұлап жатқан еркекті көру – ауыр.

«Бас мүлгісе, аяқ сүрінер» деген бар. Қыздардың өзге дінге
кіруі, көрінгеннің қолтығына кетуі көбейді. Өзің сүйеу болмасаң,
құшағыңдағың кетеді. «Өмір сүру керек» дейді. Жастарда
ұмтылыс зор. Заң оқу орындарында сығылысқан қыздар,

382


халықаралық қатынас мамандығында – қыздар. Мамандығына
қарай мінез де өзгереді. Теледидарды ашып қалсаң: «Зауыттан бір
миллион алашағым бар, бермей отыр. Бала-шағам аш, енді
өлуден басқа ештеңе қалмады», – деп зарлаған ерлерді көресің.
Сейфуллин көшесімен жүріп қалсаң, «мені кім жалдайды?» – жол
бойы картамен уақыт өткізіп, шоқиып отырған жұмыссыз
жігіттер. Қазақтың қажырлы жігіттері соншама қауқарсыз
болғаны қалай? Құдай басты не үшін берді? Басшысы бар,
басқасы бар, тығырықтан шығар жолды қалайынша таппайды?
Қара бастың қамынан аса алмай жатыр ма?

Әйел байғұс тырысып бағуда. Ақ қар, көк мұздың үстінде
табанынан сыз өтіп, шемішке сатады. Қап арқалайды. Еркектің
күші қоғамға қажетсіз. Өйткені өндіріс орындары жұмыссыз
тоқтап тұр. Өндіргіш күштер әлсіреді. Еркектер қайтадан үңгірге
кірді.

Матриархатқа оралмасақ жарар еді.

СТУДЕНТТЕРДІ МАМАНДЫҒЫНА БЕЙІМДЕУГЕ
БАҒЫТТАЛҒАН ОЙЫН САБАҒЫ

Бұл сабақтың тиімділігі мынада:
1. Студенттің өз ойының шеңберінде ғана қалмай,
басқалардың пікірімен салыстырып, ақылдаса отырып жауап
беруіне мүмкіндік туады.
2. Ең ұяң шәкірттің өзі ашылып сөйлей алады. "Ұжымдық
мүдде үшін сөйлеймін", – деген ой жан дүниесін
тыныштандырады, ой қозғауға итермеші болады.
3. Бәсекелестік жарыс адам бойындағы мүмкіндіктерінің
ашылуына себепші болады, селсоқтыққа орын қалмайды.
4. Сабақтың пайдалы жағымен бірге қызықтылығы артады.
Эмоционалдық әсерлер іске қосылады.
5. Әр студент мұғалім болудың дәмін татады. Шәкірттерін
ұйымдастыра білудің, топты басқарудың, ішкі қарым-
қатынасты жауапты бағалаудың түрлі жағдаяттарын сезеді.

383


6. Мәселені талқылау, пікірлесу мәдениетін үйренеді.
Ең әуелі, кемінде бір апта бұрын топты екіге бөліп,

әрқайсысына мұғалім белгіленеді. Әсіресе алғашқы сабақтарда
ұйымдастырушылық қабілеті жоғары балалар болуы қажет.
Берілетін тақырып екі топқа да ортақ, негізгі және қосымша
әдебиеттер көрсетіледі. Дайындықтың түрін студенттердің өз
қалауына қалдырамыз: топ болып бірігіп дайындала ма, әлде
жеке-жеке тапсырма алып, өз бетінше іздене ме, оны жетекші
"мұғалім" өзі шешеді. Дайындық кезінде қарсы топқа
қойылатын сұрақтарға дейін дайындалып келеді. Тіпті, кімдер
қай мәселе бойынша сөйлейтінін де жоспарлауына болады. Әр
топтың жарыс сабағына тиянақты дайындалуы, қарсы жақты
жеңіп шығудың, стратегиясы мен тактикасын (шұғыл және
түпкі мақсаттары) дұрыс ойластыра білуде белгіленген
жетекші мұғалімнің рөлі үлкен.

Сонымен екі топ та хал-қадарынша дайындалып,
сабаққа келді. Әр топ өзінше ұйысып немесе шеңбер
сияқтанып, бір-бірімен еркін пікірлесе алатындай қалыпта
орналасады. Топтағы бала саны көп болған жағдайда
жетекшінің немесе баланың орнынан тұрып барып сөйлесуі,
тіпті, көңілді күлкісі бүгінгі жұмыс төңерегінде еркін
әңгімелесуі қалыпты жағдай ретінде қабылданып, ұстаздың
өзі де ретімен араласып кетіп, орынды қалжың қосақтап
отырса, сабақтың жақсы өтуіне әсер етеді. Ұстаз тексеруші не
сырттай қатал бақылаушы ғана болып қалса, оқушылар
ашылып сөйлей алмайды.

Енді екі минут уақыт беріп, бір-бір сұрақ дайындауына
мүмкіндік жасаймыз. Күні бұрын дайындалып келсе де,
ақылдасқан артық болмайды. Содан соң бірінші топ екіншіге
сұрақ қояды. Екінші топ ойлануға 5 минут алады. Олар осы
берілген уақыт ішінде жауабын ақылдасып, әркім білгенін
ортаға сала бастайды, одан соң, тұрып сөйлейді. Қанша кісі
сөйлесе де шек қойылмайды, тек орынсыз ой қайталау болып
кетсе ғана ескерту жасалып, тоқтатылады. Сұраққа жауапты
өз білгенінше толық айтып болған соң, мұқият тыңдап

384


отырған бірінші топ жауаптың дұрыс-бұрысы мен кем-кетігін
айтып талдайды. Бірінің сөзін бірі тосу, сөйлеу мәдениетін
сақтай білу, пікірлесудің жөн-жосығын үйренуге мән беріледі.

Бір топ екіншінің жауабын саралап болған соң, екіншіге
қайыра сөз беріліп, қарсы пікірлермен келісіп-келіспейтінін
дәлелдей түседі.

Екі жақ та сөйлеп болған соң, ұстаз өз шешімін
дәлелдеп, плюс-минус белгілерін қояды. Осындай ойын
сабағына біраз жаттығып алғаннан кейін қазылар алқасын да
сайлап қоюға болады.

Сабаққа біраз дайындықпен келген жағдайда уақыт
қызықты әрі тез өтіп кетеді. Соңында қай топтың плюсі көп
болса, орнынан тұрып пікір айтып, сөйлеген кісі саны көп
болса, сол жақ жеңеді. Әдетте бұл сабақта бостан-босқа отыру
қиын, сондықтан студенттер дайындалып келуге тырысады.

Егер де студенттер қойған сұрақта тақырыпқа
байланысты өзекті мәселелер көтерілмей қалса, ұстаз өз
сұрақтарын қосуына болады.

Ойын сабағында өзіне жетекшілік қызметті қабылдап
алған оқушы қарамағындағы шәкірттерін жеңіске
ұйымдастыра білуі керек. Сабаққа дайындалу сатысынан
бастап, сабақ барысындағы түрлі жағдайды жолға қоя білу,
орынды әдіс-тәсіл таба білу жетекшіге байланысты. Тіпті,
топтағы шәкірттердің жеке мүмкіндігін, дайындығын есепке
алу, жан дүниесін білу, кімнен кейін кім сөйлейтіндігін, кімнің
қай мәселеге тоқталуы, жалпы мақсатты бағдарлай білуге
дағды қалыптастырады. Кедергі-қиыншылықты жеңе білуге
деген ұмтылысы да әсер етеді.

Ұстаз белгіленген жетекші мұғаліммен алдын ала жеке
әңгімелесіп, қажетті көмегін береді. Сабақ барысының жобасын
жасап әкеліп, ақылдасуына болады.

Ұстаз бір күнде қалыптаспайды. Оның ертеңі бүгіннен
басталады. Сондықтан болашақ мамандығына дайындау
дағдыларын да естен шығармауымыз қажет. Көп жылғы
тәжірибемізде біз талдап отырған ойын сабағы өзінің тиімді тәсіл

385


екендігін дәлелдеді. Студенттердің өзі "Пікірлестер мен
қарсыластар" деп ат қойған еді. Бұл тәсілді бұрынғы
студенттеріміз ұстаздық тәжірибелерінде жалғастырып жүр.

ТЫЙЫМ САЛУМЕН ҒАНА ШЕКТЕЛУ –
БІЛІМСІЗДІКТЕН

Жыныстық тәрбиені тек «төсек» айналасынан ғана іздеу
мәселені тым тарылтып жібереді. Қоғамдағы әртүрлі топтарға
айналған тәрбие бөлек. Некеге тұрмаған жастарға, тіпті жоғары
сыныптағы ерте есейетін бозбала мен бойжеткендерге арналған
тәрбиенің жүруі – дұрыс нәрсе. Одан қашсақ, жақсылыққа
апармайды.

Бұл мәселенің бұрынғы дәстүрлі тәрбиеде қалыптасқан
жөн-жосығы болған. ХІ ғасырда өмір сүрген Баласағұн айтады:
«қыз баланы өзінің иесіне тапсырғанша, бөтен кісіге көрсетпей
өсір. Ертерек күйеуге берген, жігітті ертерек үйлендірген –
сауап», – дейді. Жасынан ыңғайлы жерге айттырылып қойған
қыздың тәрбиесімен шешелер, әжелер, жеңгелер айналысқан.
Жеңгелер институты өмірлік тәжірибеден туған, тәрбиені қызға
сыпайы сезімталдықпен жеткізіп отырған. Жас қосылған
жұбайларға екі жақты қамқорлық жасалған. «Ұрын келу»
салтының да өзіндік мән-мағынасы бар. Ағайын-туғандардың
жанашырлығының арқасында жастардың ертерек жұптасуы
көптеген кездейсоқтықтардан сақтап отырған.

Қазіргі күнде жастардың кеш үйленуі табиғи қажеттілікті
тежеуде. Еркін қатынастарды дәріптейтін ақпараттың көп болуы,
дәстүрлі салт-сананың әлсіреуі кейінгі кезде біраз мәселенің
басын ашуда. Бұл жағдайда тіпті жоғары сынып оқушыларының
өзіне «Отбасы психологиясы» сабағының ішінде жыныстық
тәрбиеге көп көңіл бөлінуі керек. Ол пәк қыздар мен жігіттерді
кездейсоқ қылықтардан сақтайды. Алғашқы сезім, жақсы көрген
кісінің тағдырына жауапкершілікпен қарау, үйленудің қызығы
мен қиындығы, лас сезімге кірленіп қалмау, көшедегі

386


танымайтын еркектің оғаш қылықтары – осының бәріне
бойжеткен дайын болуы керек. СПИД қалай пайда болады?
Кездейсоқ зорлыққа ұшырап қалғанда, не істеу керек? Қыз
бойындағы өзгерістер, күтпеген сәби. Сезім тұрақтылығы не
үшін қажет? Жеңіл жүрістен не ұтады, неден ұтылады? Отбасы
бақыты, қыз қылығы, жар таңдай білу, оған ұнай білу тағы басқа
толып жатқан мәселелерді білімді, сыпайы, жан дүниені жақсы
түсінетін мұғалім жеткізе алса, жақсы болар еді. Ата-ана да бала
тәрбиесіне немқұрайды болмағаны жөн. Жастар арасындағы
кейбір бақытсыздықтар жыныстық тәрбиенің жоқтығынан болып
отыр. Тыйым салумен ғана шектелуге болмайды, ол – білімсіздік.
Жастарды біз тәрбиелемесек, көше тәрбиелейді. Ал көше
тәрбиесінің қандай екенін өздерің білесіңдер. Шетел фильмдерін
телевизиядағылар көп тықпалайды. Онда дұрыс бағыт жоқ.
Жыныстық тәрбие жөнінен ана тілімізде сауатты кітаптар
жазылуы керек.

ҰЛТҚА ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ҚАЖЕТ

Алма Қыраубаева – Әл-Фараби атындағы Қазақ
мемлекеттік университетінде дәріс береді. Филология
ғылымдарының докторы, профессор. Жуықта қалалық білім
беру басқармасының шақыруымен Астанада болып, қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арнайы әдістемелік лекциялар
оқыды. Сол күндері ғалым апаймен кездесіп, әңгімелесудің сәті
түскен еді.

– Сізді мемлекеттік білім беру жүйесі жайлы нақты
ойлар айтып, анық қадамдар жасап жүрген ұстаз ретінде
білеміз. Сондағы жаңашыл пікірлеріңіз жайлы тереңірек
білгіміз келеді?

– Мемлекеттік білім беру саласына жүйелі түрде ежелгі
дәуір әдебиетін оқытуды кіргіздім. Менің айтып отырғаным –
XІІІ-XIV ғасыр әдебиеті. Енді осыны қалай оқыту жөнінен
астаналық отыз шақты мұғалімге лекция өткіздім. Меніңше,

387


ежелгі әдебиетті орыс сыныпта оқитын қазақ балаларына да
оқыту керек. Олар Пушкинді, Толстойды, Лермонтовты жақсы
біледі. Қазақстан білді дегенің өзінде Абайды естуі мүмкін.
Сондықтан да қазақтың баласы орыс болып кетті деп әлемнің
рухани қазынасы ортайып қалмайды. Ол – тек қазақ үшін, сол
халықтың ұрпағы үшін қажет дүние. Бүгінгі таңда оқулықтан тыс
сабақ үйрететін мұғалім шамалы. Құр босқа «Мен қазақпын»
дегеннен ештене шықпайды. Ежелгі әдебиетті, мәдениетті
жаңғырта отырып, сол кездегі әлемдік туындылармен салыстыру
арқылы бүгінгі уақытпен қабыстыру керек. Осылай баланың
қызығушылығын оятуға болады.

– Сіз баспасөз беттерінде «ұлттық мектеп» деген пікірді
жаңғыртып жүрсіз. Ұлттық мектеп пен қазақ мектебінің
айырмасы қандай?

– Бізде қазақ мектебі бар, бірақ ұлттық мектеп жасалған
жоқ. Ол үшін уақыт керек. Әрі бір адамның мүмкіндігі жетпейді.
Бір мектепті ұлттық мектеп ретінде жасауға неге болмасын.
Барлық мектепте бір уақытта іске асатын шаруа емес – бұл. Ең
бастысы, мемлекеттік қолдау қажет. Әйтпегенде бүкіл ұлт
мүддесін, ел тағдырын бір шенеунік ұйқылы-ояу отырып, шеше
салуы мүмкін. Мысалы, айтайын: үлкен психолог, доктор,
педагог Құбықұл Жарықбаев орта мектептерге әдеп сабағын
еңгізе алмай жүр... Қазір бізде тәжірибе жасаушылар көп. Әркім
әрқалай ізденуде. Сөйте тұра ұлттық мектептің тұтас жүйесін
жасаумен айналысып жүрген жанашырды білмедім.

– Сізде осындай идея болды ғой?
– Бұл тұрғыдан айтар болсам, мен өз идеямды,
идеологиямды мемлекеттік жүйеге тықпалаудан аулақпын.
Дегенмен жан дүниемде пісіп-жетілген пікірлерімді жүзеге
асыруға ниет еттім. 1993 жылы Алматы облысы Қарасай ауданы
Жандосов ауылында Гуманитарлық қазақ мәдениеті мектебін
аштым. Үш жыл жұмыс істеді. Міне, осы арқылы өз идеямды іске
асыруға ұмтылдым. Менің бағдарламада: 1-сыныптан бастап 11-
сыныпты аяқтаған қазақ баласы қандай болу керек деген мақсат
тұрды. Ең бастысы, қазақ баласын жасықтықтан құтқару керек.

388


Оны құтқаратын кез – мектеп жасы. Жасық болып өскен адам
елін, Отанын, отбасын, тіпті өзін қорғай алмайды. Бұны кешегі
отарлау саясаты пайда болдырды. Және пайдаланды.

– Сонда қазақты «жасықтықтан» құтқаратын мектеп
пе, әлде ұстаз ба?

– Жасықтық, қорғаншақтық әлі күнге жалғасып келеді.
Мемлекеттік педагогика одан құтқара алмайды. Өйткені ол –
авторитарлық педагогика. Менің пайымдауымша, құтқаратын –
мұғалім. Оның үш түрі бар, Олар:

1) өз сабағын білетін, сол арқылы балаға білдіретін;
2) баланы қызықтыра алатын, соңынан ерте алатын;
3) рухтандырушы мұғалім.
Ұлттық мектепке «рухтандырушы» мұғалім қажет. Қазіргі
оқу системасы талантты мұғалімдердің ашқан жаңалықтарын
қажет ете бермейді. Тек система іштен, сырттан келетін тексеруге
«оқушыны дұрыс көрсете білетін» мұғалімді жақсы көреді.
Мұндағы барлық шаруа – көзбояушылықтың үлгісі.
Шындығында, бала (оқушы) үшін емес, тексеретін комиссия
үшін жасалады. Сол арқылы осылай тәртіп қалыптасқан мектеп
бала үшін емес, бала мектеп үшін жұмыс істейді. Сондықтан да
қазіргі мұғалімдер сол мектептердің «жалған» абыройы үшін
жүргендер. Бұл үшін оларды кінәлау да қиын. Осының бәрін
жүйелетін жаңаша білім беретін, тәрбие беретін мектеп керек.
– Жаңа мектеп үлгісін дәл осы Астанада жасауға
болатын шығар?
– Жаңа мектеп үлгісін Астанада іске асыруға толық
мүмкіндік бар. Себебі жаңа жерде жаңа дүниенің қалыптасуы
қиын емес. Ұлттық мектептің идеясын іске асыруға болады.
Ұлттық мектеп дегеңіміз – ұлттық рухта тәрбие беретін орын.
Қазақ мектептерінде осы жетіспейді. Қазақ мектебі дегеңіміз –
қазақ тілінде оқытатын, бірақ ұлттық сананы, рухты
қалыптастырмайтын мектеп. Жуықта Ақтау қаласында болып
лекция оқыдым. Сонда бір педагог: «Мен 11 жыл қазақ
мектебінде оқыдым, бірақ ол ұлттық мектеп емес, миссионерлік
мектептің ізі болатын», – деген еді. Бұл – рас сөз.

389


– Егерде Астанада сіз ойлаған мектеп ашылып, оған
басшылық етуді ұсынса, қандай шешім қабылдар едіңіз?

– Ондай күн туса, мен бүгін келуге әзірмін. Сол мектептен
бір бөлме тисе жетіп жатыр. Сонда тұрып-ақ жұмыс істер едім.
Мен үшін бәрінен қымбат дүние – қазақ баласының ұлттық
болмысын, мәдениетін, менталитетін қалыптастыратын жүйелі
білім беру тәсілін іске асыру. Өзімнің осы ұлттық мектеп туралы
жеке бағдарламам бар. Шының айтқанда, жаман педагог емеспін.
Қазіргі мектеп директорлары ұстаз емес, шенеуніктерге айналып
барады.

- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттан соңғы сыр

Қазір Астанада жалпы білім беретін 38 мектеп бар
екен. Онда 2155 мұғалім жұмыс істеп, 41793 бала оқитын
көрінеді. Бұлардың 18260-ы – орыс, 15488-і – қазақ, 8045-і –
басқа ұлт өкілдері. Осындағы 16 мыңға жуық қазақ баласының
маңдайына жазылған жалғыз қазақ мектебі бар. Оның
жобалық қуаты 689 орындық. Шүкір, жаңадан тағы бір қазақ
мектебі келесі оқу жылында ашылады деп күтіп жүрміз.

Десек те, батпандап кірген аурудың мысқалдап
шығатын түрі бар. Бұған дейін бұл топырақтағы ұлттық
менталитеттің тамырына нәр берілмегені соншалық – дәл
бұгін қазақ мектебінде оқитын бала орысша сөйлейді.
Ассимиляцияландырудың қою түтіні бүркеген бұл өлкенің
тұманы әлі сөйлегенше талай қара шашқа қырау түсер.

Дегенмен жатқанды жарылқайтын құдай жоқ.
«Жүргенге ғана жөргем ілінеді». Ендеше, осы Астанаға
жоғарыда айтылған «ұлттық» мектептің іргетасын неге
қаламасқа? Осыдан қазақ пайда көрмесе, зиян шекпесі кәміл.
Ел не айтады? Ағалар қалай қарайды? Оқырман, сен не
дейсің?

(Сұхбаттасқан – Бекен Қайратұлы)

390


ЕЖЕЛГІ ӘДЕБИЕТТІ ОҚЫТУ

Әдебиет тарихын оқу жазба мұралардың мазмұнымен танысу
десек, мақсатты тым жадағай түсінген болар едік. Әдебиет –
әлемді түсіну, айналадағы өмірді зерттеу, адамды тану. Оқушы
әдебиет тарихын оқыған кезде одан өзін толғандырған өмірлік
мәселелерге жауап іздейді. Әдебиет проблемалылығымен
қызықты.

Егерде ежелгі әдебиетті оқыту «тақырыпты өту» дейтін
үстірт ұғымға айналып кетсе, онда әдебиет тарихы бір жақта,
оқушы өмір сүріп жатқан уақыт қажеттілігі бір жақта қалмақ.
Әдеби шығарманың жазылған уақытын тарихи зерттеп оқыту,
сабақта проблемалық жағдай туғыза отыру арқылы оқушы
көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап бере алсақ, сонда ғана
мақсат орындалды десек болар еді.

Ежелгі әдебиетті өмірге енді кіре бастаған жас буынды
толғандыратын мәселелермен қалай байланыстыруға болады? Ол
үшін баланың жан дүниесі қандай сұрақтарға жауап іздейтінін
ұғуымыз керек. Өмір қандай мәңгілік болса, өмірді сүре білу
мәселелері де сондай – мәңгілік. Ендеше, бүгінгі оқушыны
мынадай сұрақтар қызықтырмауы мүмкін бе? Мысалы, өмірдегі
негізгі құндылық не? Дүние байлығы ма, рухани байлық па?
Дүние жию айып па? Біздің қоғамда рухани байлық жиған
адамның кедей болатыны несі? Ол уақытша ма? Адам қайтсе,
бақытты болады? Кісі өз бақытын ел бақытынан таба ала ма? Өз
бақытын ел бақыты үшін айырбастай ала ма? Туған-туыс, жора-
жолдас, көрші-қолаң, ағайын-жегжатпен бөлісу қажет па? Әркім
тек өзі үшін өмір сүрсін дейтін макиавелизмге көзқарасың
қандай? Адамның қадір-қасиеті неде? Мен кіммін? Нені жақсы
көріп, нені жек көремін? Өмірге не үшін келдім?

Оқушы белгілі дәрежеде осы сияқты өмірлік мәнді
сұрақтарға жауап алып отырғаны жөн. Ежелгі әдебиеттің
көтерген мәселелерін тарихи уақыт контексінде қарай отырып,
қазіргі кезең мен кеше ғана басымыздан өткен тарихи

391


оқиғалармен үндесер тұстарын тауып алу қажет. Ретіне қарай осы
жағына көбірек назар аударылғанын қалар едік. Оның тәрбиелік
мәні де зор екені дау тудырмайды.

(Қолжазбадан)

ТҮСІНІКТЕР

1. «Жаным садаға». Деректі әңгімелер. «Жалын» баспасынан
1995 жылы жарық көрген.

2. «Ұлттық мектеп: тәжірибе». 2000 жылы баспаға
дайындалған. Үзінділері 1999 жылы «Ұлт тағылымы»
журналының №№1-2-сандарында, 2007 жылы «Мәдениет»
журналының №№6-9-нөмірлерінде жарияланған. Шығарманың
толық нұсқасы алғаш рет осы жинақта беріліп отыр.

3. «Көк бөрі». «Өнер» баспасынан «Сақ әңгімелері», «Сұлтан
Бейбарыс», «Тарғытай, Ширақ батыр» деген атпен жеке-жеке
суретті кітапшалар болып шыққан.

4. Мақалалар:
«Міндет – оқыту, үйрету». «Қазақ әдебиеті» газетінің 1980
жылғы 12 желтоқсандағы санында жарияланған.
«Студенттік коллективті қалыптастырудың жолдары».
Мақала “Қазақ университеті” газетінің 1986 жылғы 11 маусымдағы №
10 (1248) санында жарияланған.

«Қазақ лицейіне қамқорлық керек» (Сұхбат). «Заман
жаршысы» газетінде 1994 жылы 3 желтоқсанда басылған.
Әңгімелескен – Айгүл Айдаралиева.

«Ұлттық мектеп өрісіміз». «Қазақстан мұғалімі» газетінің
1995 жылғы 24 қаңтардағы санында жарық көрген.

«Бүгінгі ұлттық мектеп». «Егеменді Қазақстан» газетінің
1995 жылғы 12 мамырдағы санында жарық көрген нұсқасынан
алынды.

«Жас ұрпақ: бүгін және ертең». «Егеменді Қазақстан»
газетінде 1997 жылы 30 желтоқсанда жарияланған.

«Баланы басқаша оқытпасақ...» (Сұхбат). «Егеменді
Қазақстан» газетінің 1994 жылғы 3 қыркүйектегі нөмірінде

392


шыққан. Әңгімелескен – Серік Жұмабекұлы.
«Шәкірт мүмкіндігі шексіз...» (Сұхбат). «Жас алаш»

газетінің 1995 жылғы 11 ақпандағы санында жарық көрген.
Әңгімелескендер: Ғ. Жүндібаев, Н.Мауытов.

«Ұрпақ жанашыры» (Сұхбат). «Шалқар» газетінің 1995
жылғы наурыздағы санында жарық көрген. Сұхбаттасқан –
Есенкүл Кәпқызы.

«Елдік үшін бесігімізді түзейік» (Сұхбат). «Шалқар»
газетінің 1996 жылғы 23 ақпандағы №3 нөмірінде жарияланған.
Әңгімелескен – Гүлбану Құлпейісова

«Нобель сыйлығын неге ешкім алған жоқ?» (Сұхбат).
«Заман-Қазақстан» газетінде 1996 жылғы 25 қазанда
жарияланған. Сұхбаттасқан – Шаймерден Төлегенұлы.

«Әйелдердің қоғамдағы алатын орны туралы ойлар».
«Шалқар» газетінде 1998 жылдың 13 наурызында жарық көрген.

«Айналайын, түсінік...» (Сұхбат). «Заман Қазақстан»
газетінің 1998 жылғы 27 наурыздағы санында жарияланған.
Сұхбаттасқан – Күлпара Жұмағали.

«Әйел – қоғамдық күш». «Егемен Қазақстан» газетінде 1998
жылы 17 қазанда жарық көрген.

«Матриархаттан сәлем». «Отан» қоғамдық-патриоттық
журналының 1999 жылғы №1 нөмірінде жарық көрген.

«Студенттерді мамандығына бейімдеуге арналған ойын
сабағы». ҚазМУ хабаршысының (филология сериясы) 1999 жылғы
№ 2-санының 15-16 беттерінде жарияланған.

«Тыйым салумен ғана шектелу – білімсіздіктен». «Жас
алаш» газетінің 1999 жылғы 26 маусымдағы санында
жарияланған.

«Ұлтқа ұлттық мектеп қажет». «Астана ақшамы» газетінде
1999 жылы 27 шілдеде жарық көрген. Сұхбаттасқан – Бекен
Қайратұлы.

«Ежелгі әдебиетті оқыту» (Қолжазбадан).

393


МАЗМҰНЫ

ЖАНЫМ САДАҒА

Жанның «мені»

Таланттар .................................................................................................. 4
Күтпеген оқиға ......................................................................................... 5
Сендім саған ............................................................................................ 8
Қатал мүғалім – жақсы мұғалім бе? ..................................................... 12
Жасөспірім өмірін неге қиды? ................................................................ 18
Ата-аналар жиналысы .......................................................................... 28
Хан талапай ............................................................................................. 31
Бірінші сабақ бәрінен қиын .................................................................. 34
Үш сенім .................................................................................................. 35
Жаным садаға ......................................................................................... 37
Пікірлестер мен қарсыластар ............................................................... 39
Баланың әңгімесі ..................................................................................... 42
Айжан ....................................................................................................... 43
Таңғалдыруға арналған жеті минут ..................................................... 45
Медитация ............................................................................................... 47
Төрт түрлі әйел ........................................................................................ 49
Ақ гүл мен қара гүл.................................................................................. 51
Шәкірттен үйрену .................................................................................... 53
Ойландырған бір өлең ............................................................................. 55
Бата ............................................................................................................ 59
Жылыну ..................................................................................................... 63
Этюдтер ..................................................................................................... 64
Қажыған студент қайдан шықты ............................................................ 69
Мұғалімнің үш қасиеті ............................................................................ 71

Жігіт пен Қыз

«Екі жақсы қосылар күн қайда бар» ...................................................... 76
Бағың ашылсын ........................................................................................ 79
Зорлық пен қорлық ................................................................................... 82
Босағаны күйінішпен аттама ................................................................... 86

394


Махаббат және мінез ................................................................................ 88
Махаббат бар ма? ...................................................................................... 93
Бозбала-ай, жан сезімін қозғама-ай ........................................................ 94
Ғашық болдым мен саған ........................................................................ 96
Қыз қадірі неден? ...................................................................................... 100
Жәкеңнің келіндері .................................................................................. 103

Мағжан мен Мария Монтессори

Саясат және сабақ ................................................................................. 118
Керемет пен көз байлаудың айырмасы не? ......................................... 121
Көріпкел .................................................................................................. 123
Кезбе әулие (Көппайқызы Әлимаш) ................................................... 125
«Менің білетінім – түк білмейтінім» ................................................... 132
Кремльде намаз оқыған кісі ................................................................. 135
Жамбылдың немересі – Атагелді ........................................................ 138
Ел тізгінін кім ұстар? (Ұлттық мектептің келешегіне көзқарас) ...... 143
Рухани жүдеу және түлеу ..................................................................... 151
Халықтық тәрбие .................................................................................. 155
Ақылшым – өзіңсің .............................................................................. 161
Арман – сабақ ....................................................................................... 162
«Студенттен сәлем» ............................................................................. 163
Студентті сағыну .................................................................................. 165
Егер мен мұғалім болсам ...................................................................... 166
Шығармашылық дәптерінен ............................................................... 169

ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП: ТӘЖІРИБЕ

Ұлттық мектеп: тәжірибе ………………………………....……........ 177
Қаражат ………………………………………………………………. 183
Сара апайдың қонаққа келгені …………………………………….. 183
Кітапхана …………………………………………………………….. 185
Қарым-қатынас ……………………………………………………… 186
«Сіз кереметсіз» ……………………………………………………... 187
Сену тәрбиесі
Адамшылдық педагогикасы – баланың және мұғалімнің 188
мүмкіндігіне сену …………………………………………………… 189
Би мәдениеті ………………………………………………………… 192
Хат жазу мәдениеті …………………………………………………. 194
Сурет-жария …………………………………………………………. 194
Лездеме тақта ……………………………………………………….. 195
Сазды үзіліс ………………………………………………………….

395


Төбелес ………………………………………………………………. 195
Даладағы сабақ ……………………………………………………… 197
Жиырма тоқтам ……………………………………………………... 198
Рейтинг жүйесін қалай енгіздік? ………………………………….. 200
Билер: Төбе би, Төтенше би ……………………………………….. 200
Жарапазан …………………………………………………………... 201
Концерт ………………………………………………………………... 203
Көңілсіздік пен күлкі …………………………………………………. 205
Ұл мен қыз …………………………………………………………….. 207
Ұрлық ………………………………………………………………….. 208
Біздің Олжас …………………………………………………………... 209
Жеңіс …………………………………………………………………... 209
Ағаш басында бала отыр ……………………………………………... 210
Ақ бантикті апай ……………………………………………………… 212
Мұхит – мұғалім ……………………………………………………… 214
Пресс-конференция …………………………………………………… 217
Кеш ……………………………………………………………………... 217
Мұғалім шығармашылығы ………………………………………........ 221
Түркі әдебиетін интеграциялай оқыту …………............................ 224
Аудандық оқу бөліміне «Түсінік хат» ……………………………..... 231
Кішкентай профессорлар ……………………………………………... 235
Қош, Ауробиндо! …………………………………………………….... 238
Күнделіктен үзінділер ………………………………………………... 239
Сөз соңы ……………………………………………………………….. 245

СЕНІМ БАҒДАРЛАМАСЫ

Бағдарламаның апробациядан өтуі ………………………………….. 251
Тұжырымдамасы: Бізге қандай оқу керек? ………………………… 254
Ұлттық мектеп моделін жасау мәселесіне көзқарас …….............. 257
«Қарым-қатынас мәдениеті мен рәсімі» деп нені түсінеміз? .......... 263
Сәлемдесу ………………………………………………………….….. 265
Үзіліс ………………………………………………………………….. 266
Сабақтағы әдіс-тәсілдер мен тереңдетілген сабақтар
мазмұнына түсінік ………………………….................................... 266
Бағдарлама бойынша қолданылатын әдіс – тәсілдер ……………..... 267
Тереңдетілген сабақтарға түсінік …………………………………... 269
«Әлем және мен» бағдарламасы ………………………….............. 269
«Тілашар»…………………………………………………………........ 269
«Елтану» ……………………………………………………………..... 269
«Әдеп»………………………………………………………………..... 269
Ислам мәдениеті …………………………………………………........ 269

396


Ежелгі қазақ мәдениеті ………………………………………………. 270
Ежелгі тарихы мен дүниетанымы …..…………………………….... 270
Ежелгі әдебиеті ……………………………………………………….. 270
Ежелгі жазулары ……………………………………………………… 270
Шығыс мәдениеті …………………………………………………….. 270
Американ мәдениеті …………………………………………………. 270
Грекия мәдениеті ……………………………………………………... 270
Сөйлеу мәдениеті …………………………………………………….. 270
«Әдеп» сабағы …..……………………………………………………. 270
Әдеп әліппесі (1- 4-сыныптар) ……………………………………... 270
Қазақтың дәстүрлі әдебі (5-7-сыныптар) ……………………..…… 270
Қазіргі қарым-қатынас мәдениеті (8-сынып) …………………. ….. 270
Ұл-қыз әдебі (9 сынып) …………………………………….……….. 270
Отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті (10-сынып) ..................... 270
Отбасындағы бүлдіршіннің жан дүниесі және
тәрбиесі (11-сынып) ............................................................................ 270
Қазақ заңдары ……………………………………………………….. 270
Қолөнері: Ұл сабағы мен қыз сабағы ……………………………… 270
Бейіміне қарай оқыту ……………………………………………….. 270
Қосымшалар
1. Рейтинг кестесі …………………………………………………… 271
2. Шәкірттерге арналған сауалдама ………………………………. 273
3. Мұғалімге арналған сауалдама .. ………………………………… 273
Жиырма тоқтам ……………………………………………………… 275
5-8-сынып. «Әлем және мен» бағдарламасының жоспары ...... 276
Тілашар (1-4-сынып) …………………. ……………………………. 276
Елтану (3-4-сынып) ……………………………………….………… 279
Әлемтану (1-4-сынып) ……………………………………………… 280
Әдеп (1-4-сынып) …………………………………………………… 283
«Ислам мәдениеті» (6-7-сынып) ……………………………………. 286
Ежелгі әдебиет (6-7-сынып) ………………………………………... 287
Қыз әдебі (9-сынып) ………………………………………………… 288
Сөз соңы ……………………………………………………………... 290

КӨКБӨРІ 294
295
. 296
САҚ ӘҢГІМЕЛЕРІ 297

Тарғытай ………………………………………………………………
Тұмар патшайым ……………………………………………………..
Ширақ батыр …………………………………………………………
Мөде батыр …………………………………………………………...

397


ТҮРКІ ӘҢГІМЕЛЕРІ 299
Көк Бөрі ……………………………………………………………… 300
Білге қаған өсиеті …………………………………………………… 301
Қорқыт бабаның қобызы …………………………………………… 302
Төбекөз дәу ………………………………………………………….. 304
Оғыз батыр …………………………………………………………... 305
Фараби ата …………………………………………………………... 307
Сұлтан Бейбарыс ……………………………………………………

ИМАНДЫЛЫҚ ӘҢГІМЕЛЕРІ 309
Ахмет Ясауи ………………………………………………………… 309
Құрма ………………………………………………………………... 311
Сараңдық ……………………………………………………………. 311
Қарынбай ……………………………………………………………. 312
Нұх пайғамбардың кемесі ………………………………………….. 313
Жылан мен қарлығаш ………………………………………………. 314
Мұса пайғамбардың аса таяғы …………………………………….. 315
Жануардың тілі ……………………………………………………... 316
Мұхаммед пайғамбардың туған күні ……………………………... 317
Ай көрдім, аман көрдім ……………………………………………. 318
Жарты ай ……………………………………………………………. 319
Құран ................................................................................................... 320
Пайғамбардың қызы – Фатима ………………………………………... 321
Бес парыз …………………………………………………………….

МАҚАЛАЛАР 317
329
Міндет – оқыту, үйрету ...................................................................... 331
Студенттік коллективті қалыптастырудың жолдары ........................... 336
Қазақ лицейіне қамқорлық керек ..................................................... 340
Ұлттық мектеп – өрісіміз ................................................................... 345
Бүгінгі ұлттық мектеп ....................................................................... 356
Жас ұрпақ: бүгін және ертең ............................................................ 362
Баланы басқаша оқытпасақ… ........................................................... 364
Шәкірт мүмкіндігі шексіз... .............................................................. 369
Ұрпақ жанашыры ............................................................................... 372
Елдік үшін бесігімізді түзейік ........................................................ 378
Нобель сыйлығын неге ешкім алған жоқ? ....................................... 379
Әйелдердің қоғамдағы алатын орны туралы ойлар ....................... 383
Айналайын, түсінік... ......................................................................... 385
Әйел – қоғамдық күш ..........................................................................
Матриархаттан сәлем ..........................................................................
Студенттерді мамандығына бейімдеуге арналған

398


ойын сабағы .......................................................................................... 388
Тыйым салумен ғана шектелу – білімсіздіктен ................................ 390
Ұлтқа ұлттық мектеп қажет ................................................................. 392
Ежелгі әдебиетті оқыту ....................................................................... 395
ТҮСІНІКТЕР ...................................................................................... 397

399


Click to View FlipBook Version