Ең қызығы, адал адамды осыншалық аянышты күйге
жеткізген партиялық аппараттың, қылмыс пен сұмдықты өздері
жасап жатқанынан хабарсыз едік.
ОЙЛАНДЫРҒАН БІР ӨЛЕҢ
Сабақ барысында мектепте болсын, жоғарғы оқуда болсын,
көркем шығарманың тексін оқытуға мән бермейтінімізге көзім
жетті. Біздің оқуымызда шолушылық, сипаттаушылық басым.
Студенттер жүздеген шығарманың атын естігенімен, нақты біліп
шыға алмайды. Ұлы Науаиді өсірген ескі мектеп дәстүрінде
мұғалімнің бір ғана шәкіртпен отырып оқитын сабағы болады
екен. Шәкірт бала тізесіне кітабын ашып қойып, оның әр жолын,
әр бетін қалай түсінгенін талдамақ. Қазіргі оқуымыздағы
жетпейтіні – осы. Сабағымыз жекеге, оның дара қасиетін
дамытуға емес, орташа көпшілікке (топқа, курсқа) арналған. Тіпті
«Абай жолы» туралы небір әдемі тұжырымдарды айтып бере
алатындардың ішінде әлі сол кітапты қолына ұстап көрмегені
бар. Бұған кімді кінәлайсың, өйткені өзім оқытатын «Қазақ
әдебиетінің ежелгі дәуірі» курсына бөлінген 30-40 сағат міндетті
лекция мен 20 шақты сағат семинар әдебиетіміздің мың жылдан
астам тарихының бойымен жүгіріп өтуге ғана жарайды. Өлеңге
шұқшиып отыруға уақыт жетпейді. Студенттің мамандығына
тікелей қатысты емес сабақтарды азайтып, оның есебіне өз
мамандығын терең оқытуға мүмкіндік берсе ғой.
Өлеңнің тексімен жұмыс істеуге ой салған студенттердің өзі
болды. Қазіргі жастардың біразы:
Алаштан байтақ озбаса,
Арабыдан атты сайлап мінбен-ді!
Күлікке тастай болып тимесе,
Үстіме көбе сайлап кимен-ді!
деген жолдарды толық ұға алмайды. «Алаш», «арабы», «күлік»
сөздерінің мағынасы түсініксіз. Мысалы: алаш – алты алаш,
арабы – араб тектес асыл тұқымды ат, күлік – тұлпар, сайгүлік,
54
көлік, күлік сөздерінің арғы мағынасы бір екенін біле бермейді.
Осындайда өлеңнің тексін талдаудың екі жақты пайдасы барын
білдім. Бірі – бүгінгі қазақтың ұғымынан шығып кеткен ескі
сөздерді үйренеді. Екіншісі – талдаушының өз пікірін айтуға
мүмкіндігі бар.
Бір жолы Шәлгез жыраудың мына бір толғауының мағынасын
бір ауыз сөзбен айтып беруді мақсат еттік.
Шағырмақ бұлт жай тастар,
Ағытқан қойды жол бастар,
Ақ желкенді жел бастар,
Ғадыл төре ел бастар,
Батыр жігіт жау бастар,
Аға жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар.
Құсты жисаң, бүркіт жи,
Қыс тоныңды түлкі етер.
Бір жақсымен дос болсаң,
Азбас-тозбас мүлік етер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Күндердің күні болғанда,
Жұмла ғаламға күлкі етер.
Бұл өлеңде кітапта дұрыс берілмеген екі сөз бар екен, оларды
түзеттік: «Мүлік етер» сөз тіркесі естілуі бойынша, «мүлкі етер»
болып жазылып, мағынасын көмескілеп тұр. Екінші, «жұмла
ғалам» – «жімле ғалам» болып жазылыпты. Дұрысы – арабтық
«жұмла» сөзі, «барлық», «түгел» деген мағынаны білдіреді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мәтелдегі осы сөз.
Сонымен өлеңнің мәнін ашуға он бес минөт уақыт алып,
жазуға кірістік. Талап маған да ортақ. Себебі мұғалімнің қосыла
жұмыс істеуі шәкірттерге шабыт беретіндіктен, өзім де қосыла
жазып жатырмын. Аздан соң ақ қағазға мынандай жолдар түсті:
«Өмірде әр нәрсенің өз заңдылығы бар. Әр қозғалыстың бір
себебі бар. Табиғат пен адам мінезі үйлеседі. Ірілік ой-санасы ірі
адамның қолынан келеді. Жақсылық жақсының қолынан келеді.
Жақсы мен жаманды айыра біл...»
55
Он бес минөт өтіп, алдыма шағын философиялық туындылар
жинала бастады. Көз жүгіртіп өткен соң, қызықтыларын оқып
шықтық (Өз жазғанымды да жасырып қала алмадым).
Сағындықтың шағын шығармашылығы:
«Меніңше, өлеңнің ой түйіні жыраулық өмір тәжірибесінде
жатыр. Бас-аяғы он төрт жол өлеңде бүкіл өмір тұр. Үлкен өнер
теңізінде желкенін жел кернеген Шалекеңнің артына қайырыла
бір қараған сәті ме, тағдырынан тахит жеп, күрсінген кезі ме, әлде
ұрпағына үрке қарап айтқан уәзинасы ма – ол оқырманның
өрелігінде!»
Бақыт:
«Жел қуған бір әншейін желөкпе бұлт болғанша, жердің
шөлін қандырып, шатырлатып жай тастар шағырмақ бұлт
болыңыз. Алға шығар серкелері болмаса, көк біріге жолығар
көптің бірі болғанша, көк серкесі болыңыз, Ақ желкендей
желбіреп жеке шыққан үмітке алға апарар не пайда, ебінің желі
болмаса. Аласармауын арманның, үзілмеуін үміттің тілек етіп,
жел болып ақ желкенді үрлесек, артыңдағы ел қоштар. Әділ
болсаң, ел баста; ел бастасаң, әділ бол, елің жамандық көрмес.
Тыныштығыңды бұзып, ел шетіне жау келсе, қаруыңды алып қол
баста, намысыңды таптатып, тегін олжа болмасқа. Құсты жисаң,
бүркіт жи, көп қарғадан не пайда? Қауқылдаған көп жаманнан
қалың досың болғанша, басына іс түскенде табылатын қасыңнан-
жалғыз досың жетеді, сүйеу болып қалмаққа!»
Шәміл:
«Мына әлемді қылаусыз пейіл ұстап тұрғанын,
Жырау баба, сен адал ниетіңмен жырладың.
Өлең сырын түсінем деп кергу де далбаса,.
Шырқап салар ішіңнен өз өлеңің болмаса.
Әркімге бір таңданып, әркімге бір көз қадап,
Тұрлаусыздық танытсақ, ойда нәр жоқ, сөз – салақ.
Сөздің дәмін саналы жандар ғана ұқпаса,
Біз айтқан сөз белгілі болмайтыны мықты аса,
Арлы ұлдардың ішінде лауламаса алаулар,
Көтерілмес еді ғой жеңіс үшін жалаулар.
Өлім келіп ақырын өшіргенде сананы,
56
Жақсы болсам деген тек ниет қана қалады.
* **
Ұрпақтарға мұра сол – аталардан қалған сөз!»
Гүлсара:
«Әрбір жолы терең ой-мағынаға толы неткен жыр
шумақтары».
Сәния:
«Шәлгездің бұл толғауын оқып отырып: «Жыраудың айтайын
деген ойы – мынау», – деп түю қиынның-қиыны. Қайта-қайта
оқып шығып, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» таба алмау
– менің ғана осалдығым емес-ау...»
Иманғалиев Б:
«Шәлгез жырау бұл ағытпа данышпандық толғауында
жақсылық пен жамандықтың, достық пен батырлықтың, ерліктің,
әділдіктің бағасын таразылап, ұрпаққа өсиет-нақыл ретінде
айтқан».
Ысрайыл:
«Өресі биік, зерделі адамның аузынан шыққан, айтары мол
өлең жолдары. Әр жол өзінше бір ой айтып тұр. Құтты бір мақал
іспеттес. Сонымен бірге әр жол бір жаңа өлеңнің тақырыбындай
әсер береді. Қалай десек те, аталы сөз екені анық».
Сабақ өтіп жатты. Бірақ осы тәсілімнің дұрыстығына анық
сенімім болмай, «бұл өзі мектепті қайталау болып кеткен жоқ
па?» – деп, екі ойлы болып жүргенде, «Останкинодағы он бес
кездесу» атты кітаптан Д. Лихачевтың мына сөздерін оқыдым:
«Бір кездері университетте Л.В. Щерба студенттермен баяу оқу
дейтін сабақ өткізетін, оны басқа оқытушыларға да ұсыныс
ететін.
Яғни бір шығарманы әр жолына түсініктемелер бере оқып,
тереңдей талдайды... Осылайша біз де «Мыс салт аттыны» оқып
шықтық, бір жылда бірнеше жолын ғана талдап үлгірдік.
Осындай сабақтар әдебиеттің мәнін түсінуге, әдебиетті сүюге
үйретеді».
57
Бұл пікірдің өз ойыммен қабысқаны сондай – енді күдіксіз,
күмәнсіз текст оқуға мән беретін болдым. Шәлгездің бір
толғауын талдауға жіберілген уақытқа өкінбеймін.
БАТА
Өмірімізге жаңадан орнай бастаған демократия заманынан
бұрынғы уақыттарда студенттерге ескілікті салт-сана,
мұсылманшылық туралы еркін айтуға мұғалімдердің батылы
бара бермейтін. Сонда да болса ғылыммен, адамшылықпен
байланысты ой тастайтын пікірлер есебін тауып жеткізіліп
жатады. Әдебиеттің, тілдің тарихын оқытатын мұғалімдер ол
мәселеге бармай тұра алмайды.
Тарихымыздан гөрі көз алдымыздағының оңайлығына
қызығып, содан жеген арзан жемісімізге мәз болған
адамшылыққа кереғар кездер еді ғой. Заманның барысын тез
ұғатындарымыз пышақтың жүзіндей қылпылдаған тарих
тереңінен қашқақтап, үй іргесінен ұзап шықпай, ұзасақ, көршідегі
көк ауылмен дос болғанымызды, содан үйренгенімізді айтып
мақтануды сіңірдік. Жастар жағы салт-дәстүр дегеннің не екенін
білуден қалып бара жатты. Сөйтсе де: «Өз тарихың бар, көне
дәстүрің бар», – дегенге құлағын тігіп, ұғып алуға тырысушылар
да болушы еді. 60-70 жылдардағы студенттердің көңіл-санасын
оятқан профессор Б. Кенжебаев, профессор Т. Қәкішев, 3.
Қабдолов, X. Сүйіншәлиев, М. Жолдасбеков, Р. Нұрғалиев
сияқты адал ұстаздарымыздың батырлығының арқасында біздің
ұрпақ өсті, ендігі кейінгі жастардың көкірегіне рухани ұлттық
сананы сіңіру сол ұрпақтың міндеті болып қалды. Репрессияны
көзбен көрмегендіктен еркіндеу болған шығармыз, өз ұлтын кем
тұту тәрбиесімен өскен жасқа сол халықтың даналығын
ұқтыруды сабақтың мақсатына айналдыруға тырыстық. Мысалы,
«Денсаулық үшін алып қояйық!» дегеннен басқа тілек айтуға
шорқақ кей жастарымызға қазақтың Батасы ескіліктің
қалдығындай көрінетін. Батаның астарында қаншалықты
даналық, кісілік жатқанын ұқтыру қиын еді. Ал Батаның
58
мазмұнына үңіліп қарасақ, қазақ баласы атам заманнан бір-біріне
жақсы тілек айтып келген ғой. «Жақсы сөз – жарым ырыс»
дегендей, оның сылтаулары көп: дастарқан қайырса да, баласы
атқа мінсе де, келін түсіріп, қыз берсе де, біреуі алыс сапарға
шықса да, бата беріп жатады. Және ойдан құрап, қиыстырып
айтуға қандай шебер! Қазақтың ақсақалының аузынан шыққан
батасы өзіне лайық, өзі батасына лайық бола білген. Жазушы Б.
Нұржекеевтің «Жау жағадан алғанда» романының кейіпкері
Кебекбай мынандай бата береді:
Тақыр жерде тайғақ бар,
Тәңірім содан сақтасын!
Бату бар жерде бәле бар,
Машайық содан сақтасып!
Шұқыр жерде сайтан бар,
Сақтаушы содан сақтасын!
Ойнақтаған оң қолың
Ақ білекте қарыссын!
Қимылдаған екі аяқ
Табаныңда қарыссын!
Аузыңдағы отыз тіс
Таңдайыңда қарыссын!
Құдай қосқан қосағың
Біргелесіп қарыссын!
Басың жерге жетпей жамандық
көрме, жаным!
Дәулетің зияда болсын!
Дұшпаның пияда болсын!
Ұлың ұяда болсын!
Қызың қияда болсын!
Адамның жаласынан,
Бұлттың аласынан, бәлесінен
Көрінер-көрінбес мың да бір бәлесінен
Патша құдайым өзі сақтасын! Әумин!
Бұл батаның шағын түрі М.-Жүсіп Көпеевтің жазбаларында
кездеседі екен. Атам қазақ жазбай, жадында сақтаса да, еш
нәрсесін селкеулетпей, ұрпағына жеткізіп отырған ғой. Әлгі
сөздердің неше жүз жылдық тарихы бар екенін ажырату оңай
59
емес. Ал осындай баталар бүгінгі күні де әр үйде айтылып жатса,
артық болар ма еді?
Батаның өзі айтушының кісілігін, ой-өрісін, білім-парасаттын
танытатын кішігірім шығармашылықтың бір түрі деуге болады.
Бата беру салты VIII ғасырларда Сыр бойында өмір сүрген
Қорқыт бабамыздың заманында бар екен (арғы тарихы оның ар
жағында жатқанына күмәніміз жоқ). Қорқыт бабаның айтқан
баталары ғасырдан-ғасыр қуып бізге жетіпті. Кейінірек хатқа
түсіп кеңдіктен, өз дәуірінен асып келіп, бүкіл ортағасырлық
философияның адамшылық, ар-ұят өлшемдерін баяндайды.
Қорқыт баба былай депті:
«Өміріңше асқар тауың құламасын! Көлеңкелі дарағын,
солып, қуармасын! Ақ сақалды әкенің барар жері жұмақ болсын,
ақ шашты анаңның жүрген жері саялы тау болсын! Сені құдай
ұлыңнан, туғандарыңнан айырмасын! Өзіңе кең жайлау болған
Қаратау күйремесін! Көлеңкелі биік дарағың көктеп, көгере
берсін! Тасып аққан өзендерің шөлге айналмасын! Жаманның
сөзіне ерме! Қабырғаң болса жүрерсің, шеміршек болса нығаяр.
Ажал сағаты сорып, ашық көзің жұмылғанша сені құдай өз
дініңнен айырмасын!» (Ә. Қоңыратбаев аударған «Қорқыт ата»
кітабынан).
Сабақта Қорқыттың батасын әрі оқып-бері оқып: «бұл батаны
аудиторияның бір көрнекті жеріне ірі әріппен жазып, іліп қояр ма
еді!» – деген ойға келеміз. Айналамызға қарасақ, М. Горький
айтқан ұлы сөздер ілулі тұр. Қорқыт сөздерін ойша қасына қойып
көрсек, айырмасы жер мен көктей. Қандай-қандай заманға тап
келерін Қорқыт баба қайдан білсін!
Қиял жүйрік қой, енді өзімізге бата-тілек айтудың реті келсе,
не дер едік деген ой келеді. Алдымыздағы ақ қағазға өз
өміріміздегі бірінші батамызды жаза бастадық.
Гүлнар берген бата:
«Өмірдің шеті де жоқ, шегі де жоқ, толассыз зулап жатады.
Осы өмірде, ең алдымен, ақ сүт беріп аймалаған анаңды сыйла,
асқар тау боп күш-қуат берген әкеңді сыйла! Өзің адам деген
ардақты атқа ие болған соң, өмірді тек қана адалдық жүрегіммен,
60
адамдық сезіміңмен түсін! Адамгершілік деген ұлылықты дарыта
біл!»
Құралай берген бата:
«Дүниеде бәрі де болады: қуаныш та, қайғы да. Басыңа бақ
қонған бақытты, шадыман шағыңда өмірде қайғы барын ұмытпа!
Төбеңе қара бұлт үйіріліп, түңілген шағыңда өмірде қуаныш
барын ұмытпа!»
Марал берген бата:
«Жан дүниеме тыным бермей
Көп тілектің тұрғаны-ай,
Ақ қағазға түспей жатып,
Жамырап кетті-ау бұл қалай?
***
Өмірде байыдым деп қуанбашы,
Қымбат, әсем мүлікке уанбашы.
Адамды затқа теңей көрме, жаным,
Адалдық болсын сенің ар-иманың!»
Айман берген бата:
«Қазағымыздың қара шаңырағының уықтарын қадаса білейік!
Шаңырағы түсіп кетпей, күлдіреуіштері босап кетпестей етейік!
Өзіміз ардақтаған тілімізді ала-құлалықтан тазарта білейік!
Қазақтың салтын ұмытпай, салиқалы ана бол! Ана – әрқашанда
болашақтың жолы!»
***
Осы батаны берген дөңгелек көзді, ер мінезді әдемі қыз
Айман дипломын алғалы жүргенде, кенеттен бала үстінде қайтыс
болып кетті. Қыршынның соңғы батасы екенін білсемші!
ЖЫЛЫНУ
61
– Өркениетті елдерде мыңдаған адамдардың күнделікті
қаптаған тіршілігінен уақыт тауып, дінді уағыздаушының алдына
жиналып, оның айтқан сөзін жалықпай тыңдауының себебі неде
екен?
– Уағызшының кісілік тұлғасы, мәдениеті, терең біліміне қоса
мына сөздері ғой деймін: «Құдай сіздердің әрқайсыңызды сүйеді!
Мен сіздерді сүйемін!»
Аудитория маңайында бірінші курстағы Сәуле кездесіп
қалды. Кекілі жалбырап, жиі-жиі ақсия күлгенімен, ар жағында
бір қобалжушылық бар. Мінезі жұмсақ баланың бірінші курстағы
жаңа ортада кездескен қиыншылықтардан, тез-ақ жасқанып
қалатын кездері болатын еді ғой. Осы жерде анасынан ажырап
қалған еліктің лағындай болып жаутаңдап тұрған кекілді қызды
сондай жақсы көріп кеттім. Қолым еріксіз өрулі қысқа бұрымына
қарай барып, шашынан сипадым. Көзіне көзім ұшырасты.
Саусағым бір жылу қуатын алғандай, денем де жылып кетті.
Қызымның да бет ұшы қызара қалып, бір-бірімізге жылына
қарадық. Іштей:
– Маған көңіл аударшы. Менің жақсы болғым келеді.
– Сен жақсы баласың. Сені жақсы көремін, – деген диалогтер
жүріп жатқандай.
Әрбір адам жылы сөзге, тіпті маңдайынан сипағанға зәру.
Өмірде жылы сөзді аз еститін балалар ызалы болады. Мейірім
көрмеген адам қатал болады дейді. Үйінен бірінші рет ұзап
шыққан қыз анасының алақанын аңсамас дейсің бе?..
ЭТЮДТЕР
Бір оқытушы аудиториядағы студенттерге:
– Немене, бәрің бірдей ғалым, жазушы болам деп отырсыңдар
ма? Ауылға барып, көп мұғалімнің бірі боласыңдар! – деді.
Беделді ауыздан мұны естіген студенттің ойында: «Түк
шықпаса, мұғалім болады екенмін ғой», – деген көңілсіздік
қалды.
Бұдан былайғы бірінші курстағы сабақты:
62
– Дүниедегі ең тамаша мамандықты қалап алғандарыңызбен
құттықтаймын! – деп бастағым келіп тұрады. – Мұғалім көп.
Бірақ жақсы мұғалім қашанда аз. Бала аңсаған ұстаз болшы!
***
Мұғалімнің еңбегі журналға оның өзі қойған көтеріңкі
бағалармен есептеліп келе жатыр. Ұстазының қандай екенін
шәкірттің өзінен артық кім біледі? Баланың еркіне салса, кейбір
апайы мен ағайының сабағына кіргісі келмес еді. Міне, біздің әділ
бағамыз – осында! Ал қорқыту мен міндеттеу арқылы оқытатын
мектепте қатал мұғалімнің бағы жанбақ. Осындайда бала болып
кетіп: «Қайдасың, қызық са-ба-а-ақ!» – дегің келеді.
***
Өскен елдер ендігі 20-30 жылда мемлекеттің қандай
болатыны бүгінгі жеті жасар балаға бөлінген көңілге байланысты
деп есептейді.
***
Мектеп педагогикасын зерттеушілердің айтуынша, 5-6-
класқа барған оқушылардың 80 процентінің жүйкесі бұзылған.
Он төрт жастағы әрбір үшінші баланың ілінбелі ауруға ұшырай
бастағаны байқалса, бітіретін баланың жартысының көзі алыстан
дұрыс көрмейді. 30-40 процентінің жүрек тамырының қалыпты
жұмысы бұзылған, 20-30 процентінің жүйкесі нашар. Көп ұзамай,
осы баланың біразы класты аудиторияға ауыстырып, студент
орындығына келіп жайғасады. Күнделікті 6-8 сағат
аудиториялық сабақтан, мамандығы үшін қажеттілігі шамалы
пәндерден, есепсіз тапсырмадан шаршап, мезгілімен дұрыс
тамақтанбаудан әлгі проценттердің қаншаға өсетінін айтпаса да
түсінікті. Бесінші курстан дені сау студентті таба алмаймыз ба
деп қорқамыз.
***
63
«Тапсырманы көп берсем, көп біліп шығады» – дейтін әдістің
білімге білім қосары шамалы. Студенттің кінәсін оңай есептеп,
мұғалімнің жұмысын жеңілдететін, ізденуден «сақтайтын» оңай
жол. Бұл да – оқудағы өктемдік тәсілдің бірі. Ал кейбір емтиханда
еске сақтауға оқиғаның болған күндерін жатқа сұрап, шәкірттің
сабақты білген-білмегенін соған қарап анықтайтын мұғалімнің
мақсаты тіпті түсініксіз. Қажет болғанда, анықтама кітапшалар
бар емес пе?
* **
Адамдық қасиетінен айнымайтын үлкен жүректі ұстаз еш
уақытта студенттің арына тимейді. Мақтауменен бала өседі.
Семинардағы бір ауыз пікіріміз үшін көкке көтере мақтаған
ұстаздың қанатты сөзінен кейін биіктеп, қиялмен қалықтап,
жұпыны жатақхананың алдына жеткенде ғана жерге түсуші едік.
Сол ұстаз берген кішкентай қанат таң атпай кітапханаға қарай
алып ұшатын. Қауырсын қалам беріп, небір «ұлы ойды» қағаз
бетіне шимайлататын.
Самайы күмістенген сол ұстаздардың айналасында өңшең бір
талантты балалар жүреді. Енді ойлап қарасам, талаптыдан талант
ашқан ұстаздың өзі екен.
***
Студенттің жалқаулығын айтып ренжіп отыратын мұғалімге:
«Балаңызды мақтайсыз ба?» – дегің келеді.
С.Н. Лысенкова былай деп жазыпты: «Сабағыңның нәтижелі
болуы класта жанға жайлы жағдай жасай алуыңа, адал ниетіңе,
көмектесуге әзір тұрушылығыңа байланысты. Ондайда
балаңыздың жүзі жарқын, өзі еркін, ынталы және ықыласты.
Өйткені мұғалімнің назары олардың кемшілігі мен қатесін аңдуға
емес, кішкентай ғана жетістігі мен жеңісін байқауға
бағытталған».
– Бұл сөздің бізге қатысы жоқ, онда мектеп туралы айтылған,
ал біз жоғарғы оқу орнымыз, – деп, сұқ саусағын төбеге қарай
көтеруі мүмкін біреудің.
64
Қайдам? Әр уақытта Мағжан «Педагогикасын», Ш.
Амонашвилиді, С.Н. Лысенкованы оқыған сайын күшейтілген
тоққобдидай шабыт аламын.
Жоғарғы оқу орнында оқытушының мүмкіндігін студенттер
жазған анкетамен анықтауға талаптанған кездер болды. Мұндай
науқандық шара оқу сапасына өзгеріс әкеле алған жоқ. Себебі әр
мұғалім өз жауапкершілігін өзі ойлап, өзіне-өзі анкета жүргізіп
отыруға жетпесе, еш нәрсе өзгермесі анық. Мұғалімнің сабақтағы
шығармашылығы жазушының шығармашылығы сияқты, жан-
жүректің ізденісін қажет етеді.
***
Студенттің өмірі стреске толы. Соның бірі – емтихан.
Емтихан қабылдаудың көпшілікке таныс қалпын еске алайықшы:
Емтихан алушы мұғалім студентпен ара қашықтықтың
неғұрлым алшақ болуын естен шығармайды. Қатаң тәртіп,
«жалған ұстанымға» мықты болуға тырысады.
Мұның өзі жауап берушінің беймәлім қорқынышын
туғызатынын білсек те, сыр бермей, сұстана қалатынымыз бар.
Содан емтиханның маңызы арта түсетін сияқты. Әсіресе сабаққа
келмегендерге: «Көрейінші бәлем-ді!» – деген ашу түрімізден
оқылады. Жүйкесі әлсіз балалар есіктің аузында екі шекесін тас
қылып қысып-алып, көзі бақырайып, аузы жыбырлап, кіруге бата
алмай тұрады. Сабақ жаттағаны, иә болмаса, құдайға
жалбарынғаны белгісіз. Алдыңа келгенде, білгенін айтып та
жеткізе алмайды.
Осы көріністі бақылаудан кейін дәптеріме «Өзіме талап»
деген тақырып жазылып, асты сызылды:
«Студент – өзімдей адам. Ертең-ақ маман болып шығады.
Әзір білім-тәжірибесі аздығына кінәлі емес. Аз білгеніне, тіпті
білмегеніне таңғалма. Оған көмек керек, айтқаныңа қызықтыр».
Ғалым болумен бірге педагогтің құдіретін сіңіре алған
ұстаздың шәкірттері бақытты ғой. Педагогтің тамаша қасиеті
65
алдындағы адамның жанын түсінушілігі дер едік. Кез келген
ғалымның педагог бола алмайтыны сондықтан болар.
Мұғалім білімді баланың жаны мен жүрегіне жеткізу үшін өз
жүрегінің сыр сандығын ашады.
***
Ұстаздың да өз ұстазы бар. Біздің ұстаздарымыз Мұхтар
ағайын, Есмағамбет ағайын айтып, тәнті болады. Ал біздің көз
алдымызда: мейірімді жүрегі талапты баланы іздеген Бейсембай
ағайдың, әр лекциясы кісілік сабағындай Зейнолла ағайдың,
айтқанынан «Мен – адалдық» деген азаматтық үн естілетін
Тұрсынбек ағайдың келбеті тұрады.
– Олардай болу қайда? – дейтін шәкіртіме:
– Анау аспанға қарашы, жұлдыздың бірінен-бірі жарық. Сенің
де өз жұлдызың табылғай», – деп тілеймін.
***
– Мұғалімнің бақыты неде? – дейді студенттер. Ойымша,
алдыңда кеше ғана отырған ұялшақ баланы көп жылдан кейін
кездестіріп, адам болғанын көріп қуану.
Көз алдыма жетпісінші жылдары оқыған Айнаш келеді.
Бриджит Бардоға ұқсап, кекілін қасын айналдыра кесіп қойған
ойнақы қыз еді. Қалалы жерде өскен, ойындағысын айта салатын
ерке. Кекілінің астынан қиғаш көздері секіріп кеткелі тұратын.
Айнашты он шақты жылдан кейін көрдім.
– Сен бе, басқа ма? – деймін, Бриджит Бардоны тани алмай.
Шашын артқа жабыстыра қайырып, желкесіне үйіпті. Екі-үш
баланың анасы болып толысыпты.
– Мектепте мұғаліммін. Күйеуім де – мұғалім. Түркістанда
тұрамыз, – дейді. Сөзі салмақты. – Сабақ бергенде, сіздерді еске
аламын. «Мұғалімге рақат қой, сабақ оқымайды» деуші едім, –
деп күледі.
...Педагогтің бақыты осы шығар.
66
Нофелет деген кім?
Оқушының кейбір сұрағы оның балалық мінезінен, мұғалімге
еркелеуден (ол да мүмкін), не болмаса өзін-өзі көрсетуге
тырысудан да туады.
Бір мектепке жаңа келген тарихшы мұғалім қызға оқушы:
– Нофелет деген ғалым туралы не білесіз? – деп сұрақ
қойыпты.
Мұғалім сасып қалыпты, білмейтінін жасыра алмай, кешірім
сұрап, келесі жолы айтып беруге уәде беріпті.
Үйіне келе ақтармаған энциклопедиясы, қарамаған кітабы
қалмайды. Ондай ғалым жоқ. Өзінің білімсіздігіне жыларман боп,
келесі сабақта біліп келуге тағы уәде береді. Сөйтіп, екі-үш сабақ
өтеді.
Мұғалімнің қиналғанын, тіпті ұяттан жүдеп кеткенін көрген
бала келіп, кешірім сұрапты. Сөйтсе, Нофелет деген ғалым жоқ.
«Телефонды» теріс қарата салған екен.
Шығайбайдың қызы мен қазы
Шығарма жазып отыр едік, шығып кетіп, қайта кірсем, біразы
кітапты сурып алып, қарай қалған екен, партаның астына тыға
қойды. Әуелі үп-үлкен жігіттердің сондай ұсақтыққа барғанына
өкпелеп, бір реніш келе қалды да, есіме, көп жасағыр,
Алдаркөсенің оқиғасы түсе кеткені. Дауыстап айта бастадым:
«Бір күні Алдаркөсе Шық бермес Шығайбайдың есігінің
жабығынан сығаласа, бәйбішесі бас үйітіп, тоқалы қаздың жүнін
жұлып, қызы қазы айналдырып отыр екен. Ассалаумағалейкүм! –
деп кіріп келгенде, Ас... с-ын айтып үлгірмей, қаз да, қазы да жоқ
болыпты».
Сол-ақ екен, балалар өз істеріне өздері күліп жіберді.
Басталғалы тұрған реніш тарап кетті.
Қиял
67
Далаға қоқыс төгуге кеткен бала біраздан кейін абыржып
қайтып келді. Шелегінің бірі төгілген, бірі төгілмеген.
– Екі шелектің біреуін ұмытып, төкпей әкеліппін, – деді.
– Неге? – дедік таңғалып.
– Ойланам деп жүргенде...
– Ай, қиялиым-ай. Бұл сенің ғана қолыңнан келеді ғой. –
Шыдай алмай, күлдік.
Сөйтсек, жолда бұрыннан таныс бала кезігіпті. Үстіндегі
киімі ескі-құсқы, қаршылдаған қарда резеңке етік киіпті. Қолғабы
да жоқ. Қолғап сұрапты.
Бәріміз қолғапты беру керек деп шештік.
Бала қуанып, тымағының құлағы салпаңдап, төгілмеген
шелегін алып, тағы кетті.
ҚАЖЫҒАН СТУДЕНТ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
«Осы күнгі студент жалқау. Түк оқымайды, түк білмейді», –
деген кезде, көз алдыма Бейбіт, Нұрсұлу, Бибігүл, Қадиша келеді.
Ау, осыларды жалқау деуге ауыз бара ма? Дайындық бөліміндегі
ынта-ықыласы қандай еді? Енді осы балалардың көзіне үш жыл
өткеннен кейін үңілсем, шаршаған, қажыған, баяғы ықыласы
кеміген. «Баяғыдай емеспіз», – дегендей, ұялып төмен қарайды.
Нұрила айтады:
– Тапсырма өте көп. Шындап оқысақ, ешқайсысын да үлгере
алмаймыз. Мысалы, мына курс жұмысын мен жаздым. Қорғауым
керек. Бірақ осыдан біліміме білім қосылды деп айта алмаймын.
Себебі оны жазу үшін бір күн сабақтан қалуыма тура келді.
Тақырып бойынша алты-жеті кітапты жиып алдым да, керек
жерін белгілеп қойып көшірдім.
Бақыт:
– Бізде бар уақытымызды босқа алатын сабақтар бар.
Мысалы, шет тілі болатын күні басқа сабақ оқуға мұрша жоқ.
Күніне 4-5 сағат уақытты бір өзі алады. Мыңдаған белгі
тапсырамыз, текст аударамыз, сонда да шет тілін біліп шыға
алатын емеспіз. Мектепті қосқанда, оқығанымызға 8-9 жыл болса
68
да, әлі еркін сөйлесе алмаймыз. Шет тілін оқу-оқымау әркімнің өз
еркінде болса. Оның орнына негізгі мамандықты көбірек оқысақ.
Шет тілін тапсыра алмағаны үшін оқудан шығып кеткен тәп-тәуір
әдебиетшілерді білемін.
Оспан:
– Біздің шетел әдебиетін де жақсы білгіміз келеді. Бірақ оған
мектептен қызықтырған ешкім болмапты. «Дон Кихотты» бір ай
оқып, зорға бітірдім. Басқа да сабақтар бар. Қалай үлгірерімді
білмеймін. Осыған мектеп те кінәлі ғой деп ойлаймын. Мектепте
классикалық шығармаларды оқып білген болсақ, бұлай қиналмас
едік. Біздің кезімізде шығарманың өзін оқуға мән берілмепті.
Анар:
– Саны көп сабақ, бірақ біреуін де негіздеп, терең біліп шыға
алмай жүргеніміз сияқты, біздің тәрбиемізбен жекелеп, тереңдеп
айналысуға оқытушылардың да қолы тимейтін болуы керек...
Иә, Герценнің «Өткендер мен ойдағылар» кітабында
гимназистер Еуропа пәлсәфашыларының көзқарасын талдап,
таласып жатады. Қазіргі студенттен оны талап ету қиын. Науаи
заманында мұғалімнің бір шәкіртпен бетпе-бет сағаттап сабақ
оқып отыратын кездері болған. Шәкірт қолындағы кітапты
егжей-тегжейлі біліп шықпайынша, білді деп есептемеген.
Қазіргі оқуда оқытушының сабағы көпке, топқа арналады.
«Менің оқытып жүрген шәкіртім», – демейді, «Менің оқытып
жүрген тобым», – дейді. Мектептен терең білім алып шықпаған
бала, ннститутта екі есе тер төгуіне тура келеді.
Мәселенің ұшы-қиыры әріде. Біздің оқу жүйеміз жетілдіруді
тілейді.
МҰҒАЛІМНІҢ ҮШ ҚАСИЕТІ
Өмірдің негізгі мақсаты –
өзіңді- өзің жетілдіру
(Н.К.Рерих)
69
Тәуіптің көзі
Балалық кездегі мұғалімнің бейнесі қасиетті әулиедей әсер
ететін. Төлеген ағайдың үйіне барып келген апам: «Барсам,
Төлеген отыр екен үстелдегі қағаздарына үңіліп, басын дәу
сүлгімен шарт түйіп алған, есепті шығара-шығара басы ауырады-
ау, байғұстың», – деп таңғалатын. Ағайымыздың есептен әбден
шаршап басын байлап алғанын елестетіп, аяушы едік.
Төлеген ағай аулымыздағы Орджоникидзе мектебінің ең қарт
мұғалімі болатын. Тіпті біздің әке-шешелерімізді оқытыпты.
Мектеп бітіріп, одан қызметке кіріскен кезімізде де ауылға
барсақ, әлі баяғыша кітаптарын қолтықтап, мектепке бара
жатқанын көруші едік. Ол кісінің әкесі Тайман тәуіптің бала
кезден жүрегімде қалған бейнесі – тамырыңды ұстап отырып,
қызғылт көзімен-көзіңе терең назарын салып қарайтыны. Сонда
ішкі құрылысыңды түгел көріп-біліп отырғандай арқаңды
шымырлатады.
Тәуіптің ауруды емдемес бұрын оның көзіне үңілуі мұғалімге
керек қасиет екен.
Мұғалімге дауыс керек пе?
Көп жылғы мектеп өмірінің тәжірибесінде мұғалімнің сабаққа
дайындығын білу үшін жұмыс жоспары тексеріледі. Бұл
жоспарды жазып шыруға сабақтан тыс барлық уақыты, ұйқысыз
түндері кетеді. Неғұрлым көлемі көп болса, сабаққа жақсы
дайындалған болып есептеледі. Ал, шындығында, егжей-
тегжейлі жоспар оны орындаушының бір-ақ қырын –
орындаушылық ұқыптылығын ғана көрсетеді. Сабақ үстінде
түрлі импровизацияға бара алатын мұғалімдер үшін күнделікті –
жазып отыру босқа кеткен уақытпен бірдей. Тексеруге ғана
қолайлы қағаз. Мүмкін, қызметін жаңа бастаған мұғалімге
белгілі бір уақытта өзін сенімді сезіну үшін керек те шығар, бірақ
жалпыдан талап етудің артық екенін өмірдің өзі көрсетуде. Оның
70
орнына мұғалімнің, өзіне қажетті ізденістен туатын
Шығармашылық дәптерінің пайдасы көп болар-ау.
Жоспар тексерудің әсері жоғарғы оқуда да болмай қалған
жоқ. Тексеруге келгендер үшін 20-25 бет машинкаға басылған
лекцияны алып жүру міндетті сияқты. Оның есесіне әлгі қағазын
былай ысырып қойып, өзінше сөйлеп кеткенде, 90 минут бойы
ғажайып бір әлемге кіргізіп алатын ұстаздарды көрдік. Нағыз
мұғалімнің аузынан шыққан сөзін, дауыс өзгерістерін, қол
қимылы - көз қиығын, бет құбылысының сиқырлы әсерін ешбір
көрнекі құралмен айырбастай алмайсың. Егер әдебиетші
мұғалімде осы қасиеттер болса, басқадай әрлендіргіш
құралдардың керегі болмас.
Педагогикаға қатысты дидаскология деп аталатын ғылым
бар. Бұл ғылым мұғалімге педагогиканың техникасын үйрете
алады. Яғни оқушылар алдында өзінің жақсы қасиеттерін
жарқыратып аша білуге, өзін-өзі сырт көзбен бағалай алуға,
балаға тартымды болуға жағдай жасайды. Мүмкін алдағы
уақытта дидаскология біздің педагогикалық жоғарғы оқу
орындарымызда сабақ ретінде жүріп, пайдасын тигізер. Ал әзірге
мұғалімнің техникалық кемшіліктерін өзінен басқа ешкім түзете
алмайды. Мысалы, мына сұраққа әділін айтып, жауап берейікші.
– Біздің алдымызда отырған шәкірттеріміз күнделікті не
көріп, не естиді?
– Қажыған түрімізді, орашолақ қимылымызды, ренішті
жүзімізді көреді. Сабақ айтқанда сөзіміз анық естілмейді,
даусымыз ұйқыға шақырғандай бір қалыпты. Ескертуіміз баланы
мезі еткендей, бір-біріне ұқсас.
Бір мұғалім бар, айқайлап сөйлейтіні сондай, тыңдаушыны
тез шаршатады. Енді біреуінің даусы шықпайды, балалар еріксіз:
«Не дейді, не дейді» – деп сұрауға мәжбүр болады.
Кейбіреуіміздің үніміздің нашарлығынан сөздер бір-біріне ұқсап,
күңгірлеп кетеді.
Осы ретте ауызекі әңгіменің шебері Ираклий
Андронниковтың «Шаляпиннің тамағы» туралы айтқаны еске
түседі:
71
Әңгімеші бір жолы Отеллоны шебер ойнаушы атақты әртіс
Остужевпен бірге ауруханада жатады. Остужевтің ерлігі,
Отеллоның рөлін екі құлағы бірдей естімей қалғанда ойнаған
екен. Серіктесінің айтқан сөзін естімейтіндіктен, пьесаны түгел
жаттауға мәжбүр болған.
Ауруханадағы әртіс күнде айнаны алдына қойып, әр түрлі
дауыспен айқайлап, тамағын кенеп, бет әлпетін сан құбылтып,
өзімен-өзі жаттығады. Даусы зор, әр дыбысы тайға таңба
басқандай анық, құлақты тербейді. Осындай даусы бар кісінің
тамағы қандай болды екен деп аузына үңілгенде, әңгімеші
таңғажайып бір ғимарат көреді. Адамның тамағы емес, бір зәулім
сарай секілді: ұясы кең, таңдайы биік күмбездің төбесіне барып
жабысқандай. Ортасында кішкене тілі дір-дір етеді.
Мұндай ғажапты бұрын көрмеген әңгімеші Остужевтан қалай
бұл дәрежеге жеткенін сұрайды. Сонда Остужев бір кезде
Шаляпиннің тамағын көріп, қайран қалғанын, содан бері сөзді
анық айту мәнерін жетілдіру үшін үзбей жаттығып келе
жатқанын баяндапты.
– Мұғалім әртіс емес, оған дауыспен айналысудың қажеті
қанша? – дейді.
Бірақ мұғалім мен әртістің арасындағы ұқсастықты елемеу
мүмкін емес. Екеуінің де мақсаты – тыңдаушыға әсерлі бола білу.
Бір заманда орысша сауатсыздықтың кезінде мұғалімді сауатты
адам ретінде-ақ сыйлайтын. Ал қазіргі жағдайда орта қолды
мұғалімнің білетінін әркім-ақ білер. Сондықтан басындағы
білімді айтып беріп қана үйретпекші болу мұғалім беделін
оншалықты көтере қоймас. Білім белгілі уақытта ескіріп те
отырады. Олай болса, ендігі мақсат шәкіртке өмір дейтін күрделі
құбылысты түсінудің жолдарын үйрету, бағытын аңғарту болар.
Өмірдің түрлі суреттерін сезіне, түсіне алуға, өзінше ойлап,
сөйлей білуге, адамшылық сеніміне келуге бағыттау. Баяндап
беру аз, әсерлі жеткізгенді айтсайшы.
Мұнымен біреу келісер, біреу келіспес, жас талап мұғалімнен
ой табар мүмкін. Жас талапқа айтар ақыл: әр дыбысты, сөзді анық
айтуға тырыс. Айнаға қарап сөйлеп үйрен. Айнадағы мұғалім
72
өзіңе ұнаса, кластағы жиырма бес айнаға да солай көрінесің.
Даусың құлаққа жағымды болсын. Әуелі өз құлағыңа жаға ма,
оңашада айтып көр.
Ән айта білесің бе?
Жоғарғы оқу мұғалімдерінің жұмыс жоспарында сабақтан
тыс орындауға тиісті «Коммунистік тәрбие» дейтін міндеті бар
болатын. Мұғалімдер осы міндетін орындау үшін кезек-кезегімен
түстен кейін жатақханаға бет алады. Алты сабақтан шаршаған
студенттер енді коммунистік тәрбиені қабылдауға шамасы
жетпей, тығылып жатып қалатын не мұғалімнің бақылауынан
қашып, қыдырып кететін. Мұның бәрі студентті тұрақты
қадағалауға арналған шара екені түсінікті еді. Оны ұққан кейбір
мұғалімдер студенттің мазасын алмай, қол қойып кетіп қалады,
кейбірі шай ішіп, әңгімелесіп отырады. Әйтеуір арнайы
«коммунистік тәрбиемен» айналысқан ешкімді көргеніміз жоқ.
Кейде түрлі кештер, кездесулер өткізіп жататын.
Біздің студенттік кездерімізден Темірғали ағайымыздың
(Нұртазин) жатақханаға келетіні есте қалыпты. Бір-екі ауыз хал-
жай сұрасымен: «Ән айта аласың ба?» – дейтін. Ол жерден «әнші»
табылмаса, жатақхананың ұзын дәлізін жағалап, кездескен
студенттен «Ән айтатының бар ма?» – деп сұрап жүретін. Ән
тыңдағанда, алдында тап бір халық әртісі тұрғандай екі көзін тарс
жұмып, жатақхананың жаман орындығында тербеліп отырып:
«Па, шіркін!» – деп қояды. Үлкен кісінің мына қылығы
студенттерге балалық болып көрінуші еді.
Өлең айтқан адам әнімен бірге жан-жүрегін жайып салады.
Көздері сәулеленіп, сұлуланып кетеді. Сондай-ақ өнерді
жанымен түсінетін адамнан бір ерекше жылылық сезіледі. Әнді
тереңнен сабақтап, ұға білетін адамның бала жанын түсінгіш
болмауы мүмкін емес. Аңғарғанға, әр бала да – бірін-бірі
қайталамайтын ғажайып ән. Болашақ мұғалім студенттеріме: «Ән
айта білесің бе?» – деп жиі сұрақ қоямын.
73
Жігіт пен қыз
«ЕКІ ЖАҚСЫ ҚОСЫЛАР КҮН ҚАЙДА БАР!»
Үзілістен кейін аудиторияға кірсем, бір ағайымыз
студенттердің алдында өлең айтып тұр екен. Олар үлкен кісінің
74
балалығына күле қарап отыр. Оқытушы бір кезде өлеңін тоқтатты
да:
– Осында неше бала барсыңдар? Жиырма бес пе? Жиырма
бесің де үйленерсіңдер, бірақ шын бақытыңды тапсаң, екі-
үшеуің-ақ табарсыңдар! – деді.
«Жүрегімде орын жоқ сүюден бос», – дейтін Сұлтанмахмұт
жасындағы қыз-жігіттерде «бақытты болмаймын» – деген ой бар
дейсің бе? Бұл жастарда бақыт деген қазір ғана алдыңда күтіп
тұрғандай ғой. Олар оқытушыны күлумен шығарып салды. Бірақ
мен бұл әңгімені ойымнан шығара алмадым: адамның бәрі бұл
өмірге бақытты болсам деп келеді. Ал бақыт неге өлшеулі?
Бақыттың ең шамшырағы – отбасының бақыты. Өмірін жаңа
бастағалы тұрған жас жігіт пен қызға: «Бақытты бол!» – деп
айтумен бірге, оларға бақыттың жолын сілтеуге бола ма? Жоқ,
әлде «не көрсең де – тағдырыңнан», – деп қоя салу керек пе?
Басқа мұғалімдер қалай ойлайтынын қайдам, меніңше, бағыт
сілтеуге болатын секілді.
***
Жанып сүюдің рақатын сезіне алмаған адамға махаббат мәңгі
Арман болып қалады деседі жантанушылар.
Оны басынан өткізбегендер ұлы арманын кітаптан, кинодан
іздеп, кейіпкердің басында болған ғажайып махаббатты өз
өміріне үйлестіріп, қиялданады. Жүрегіндегі бос қалған сүю
сезімінің орнын қиялмен толықтырады дейді. Сүйіспеншілік
жайлы киноларға көпшіліктің құмарлығы содан болса керек.
Жас адам үлкендердей емес қой, шын сырын аса жасыра
алмайды. Махаббат туралы әңгіме болса, үйленген-үйленбегені
бар, құлақ тіге қалады. Жүрек түкпірінде бәрі де ақсаулы.
– Қосыла алмаған махаббат қана – шын махаббат, – дейді
біреуі.
– Қосылғаннан кейін ол махаббат қайда кетеді?
Бақыттыларды көрер ме едік, шіркін! – деп қоямын. Бақыттының
75
бар екеніне сенгендіктен айтамын. – Мен бақыттымын! – деді бір
күні сырттан оқитын қарапайым ғана келіншек.
«Құдайдың бере салғанын-ай» дегендей қарай қалыппыз.
Аяғы ауыр, қара торы ғана, қоңырқай киінген келіншектің
сондағы айтқаны: «Өзім поштада істеймін. Жігітім поштаға келіп
жүреді екен, содан таныстық. Институт бітірген, тарихшы. Менің
де оқуға түсуіме себепші болды. «Оқып ал, оқымасақ, қарайып
қаласың, балаларды бағуға өзім болысамын, қорықпа», – деді. Екі
балалы болғаннан кейін түстім оқуға. Өзім ризамын күйеуіме.
Жас баламен, кісі есігінде, шаршап жүресің ғой, түнде бала
жылағанда менімен бірге тұрып: «Шаршадың ғой, жата тұр, мен
қарайын біраз», – деп жатқызып қояды. Туыстарымның да
қуаныш-қайғысына бірдей араласады.
Күйеуімді бәрі жақсы көріп, сыйлайды. Мен де оның
туыстарына қызмет етуден аянбаймын. Әлі бір-бірімізге қатты
сөйлеп көрген жоқпыз».
Келіншек «сырымды айтамын деп, шынымды айтып қойдым
ба?» дегендей, ұяла күлімсіреп қойды. Бәріміз келіншектің
бақытына риза болып, күншуаққа жылынғандай рақат күйде
отырып қалдық. (Тіпті осыны еске алып, жазып отырғанның
өзінде бір рақат күй кешемін). «Бақытты болу үшін көп нәрсе
керек емес екен ғой» деген таңданыс та бар.
Бірақ бұл қарапайым келіншектің бақыттылығында құпия бар
ма деп қалдым. Құпиясы: жаны таза, қанағатшыл адам екен. Аз
ғана әңгімелескеннің өзінде жан тазалығына иланып, жұмсақ
даусынан шыққан жылуына еріксіз тартылып, айтқан сөзіне
риясыз сеніп, жақсы көріп қалдық. Бұл әйелдің жанында жүрген
еркектің, шынында, бақыты бар екен. «Әйелдің еркек алдындағы
мықты қаруы – нәзіктігі» деген сөз бекер айтылмаған ғой.
Жастардың қосылмаған махаббат – шын махаббат деуінің де
жаны бар шығар. Өйткені қосылмағандардың бір-біріне деген
сезімі отбасы тіршілігінің кем-кетіктерінен туатын ренішпен
лайланбай, таза күйінде қалады ғой. Екі адамның өзара жақсы
көруі қатып қалған зат емес. Қосылғаннан кейін екі жақты аялап,
мәпелеп отырмаса, махаббаттың баянсыз болатынын өмір өзі
76
күнде-күнде дәлелдеп жатыр. Ұнатып қосылу әркімде де болар,
ал сүйгенін өмір бойы сыйлап өтетін азамат болу және сол
азаматтың қадірін білетін әйел болу үшін үлкен мәдениет керек.
Сыйластық бар жерде барлығы бар. Отбасы парасатын Төле
бидің жанында жүрген Жанкелді ақыннан артық айта алмаспыз:
Тобылғының түбінде торғай да бар,
Бір жаман мен бір жақсы әрқайда бар,
Екі жаман қосылса күнде керіс –
Екі жақсы қосылар күн қайда бар?
Жаман қатын, жаман ат, жаман тазы,
Мұңайтады жігітті малдың азы.
Бейнет болар жігітке – өмір сауда
Көлдің сәйкес келмесе қоңыр қазы.
Әйел-еркек әр істі дана қылар,
Іс болар ма жаманға шара қылар.
Қандай еркек ақылды болғанменен
Бір-ақ әйел өмірін ада қылар.
Жігіттер ренжімесе, соңғы екі жолын:
Қанша ақылды болса да әйел байғұс,
Бір-ақ еркек өмірін ада қылар.
деп қосса да теріс болмас.
БАҒЫҢ АШЫЛСЫН
Тұрмыста жолы болмаған бір әйелдің былай дегені есімде:
«Үйде де, мектепте де жар таңдау, үй болу туралы ештеңе
айтпапты. Шешеміз ол туралы айтуды ұят көретін. Міне, түк
білмегеннің арқасында «күйеуге шыққан осы екен» деп кете
беріппіз. Одан «тас түскен жеріне ауыр» деп, тағы байландық.
Сонымен жер ортасы жасқа келіп, жан-жағыма қарасам, босқа
өмір сүргендеймін».
Бір-бір үйдің аялаған қыздары ауылынан алыста, Алматыда
жүр. Түрлі жұмыста, оқуда дегендей. Бұрынғыдай сырласатын
апа-жеңгесі жанында жоқ, басына түскен тағдыр ауыртпалығын
77
өздері шеше алмай, іштей күйзеліп, өмірден түңілетін кездері де
болып жатады. Мұндайда білікті де мәдениетті жантанушы –
психолог жақын жерден табылса жақсы. Ал жоққа жүйрік
жетпейді. Қиналған жас үлкендерден қурайдай болса да, пана
іздейді.
Оқудағы қыз баланың өміріндегі ең бір күрделі кезең – 4-5-
курстар деген қорытындыға келемін. «Студент қыздардың ойы
тек оқуда» десеңіз, қателесесіз. Тіпті оқудан да гөрі маңыздырақ
нәрсе бар. Ол – өмірдің қажеттілігі: сүю, сүйікті болу. Кинодан
көргеніндей, кітаптан оқығанындай, махаббат сөзімін бастан
кешуді әрбір қыз армандайды. Бірақ ата-ананың бауырынан
қазақи тәрбиемен келген ұяң қыздардың біразы қыз қылығын аша
алмай жүріп қалады. Сүйсе, құлай сүйеді, құдайдай сенеді.
Өмірдің күрделілігі сол емес пе, бір-бірінің көңілінен шығатын
екі адамның кездесуі сондай сирек.
Студент өмірінің оқуға арналған бес жылын жан дүниесі
тұрғысынан былайша бөлер едім: 1-курс – танысу қызықтары, 2-
3-курс – қалыптасу жылдары, 4-5-курс – өзін-өзі іздеу жылдары.
Соңғы курстарда өмірдегі өз орнын іздеп қана қоймайды, отбасы
бақытын да іздейтін кезі. Бұл уақытқа дейін қыздардың біразы
тұрмыс құрып үлгереді. Бір таңғалатыным, ақылды, оқуға
зейінді, әдемі қыздар қалып қояды. Осы уақыттар - әлгі
қыздарымның өміріндегі бір сынақ уақыты. Қатарынан қалып
қойғанға асыққандай, көбелектей отқа кеп түсетіндері бар. Кейде
әп-әдемі қыздың асығамын деп көзге ілінген біреудің етегінен
ұстай салып, ақыл-парасаты өзіне сай емес, қуыс кеудеге қор
болғанын көргенде, күйінесің. Қазақ «тең-теңімен, тезек
қабымен» деп текке айтпаған ғой. Қоғамдағы адамдарды қанша
теңестіремін дегенмен, тең болмайды екен. Әсіресе азаматтық-
кісілік бес жыл оқып алған дипломға да қарамайды. Тұқым
қуалау, үй тәрбиесі, орта әсері, білім т.б. құрамдас бөліктерден
жинақталатын күрделі үрдіс. Әрине, жігіттердің де жарын дұрыс
таңдай алмай, күйініште жүргендері бар шығар, бірақ азаматына
арқа сүйеуге жаратылған нәзік гүлдің теңін таппай қор болғаны
тіпті аянышты.
78
Бесінші курста қара көзін мұң басып, ашық-жарқын әңгімеден
қашқақтай бастаған қызыма: «Уақытты асықтырмашы. Әр
нәрсенің сәті бар», - дегенді жеткізуге тырысамын. Қолдан
итергенмен, сәтті күні келмейінше, еш нәрсе орындалмайды.
Аңсаған арманыңды бұл жерден іздеп жүргенде, ауылдағы бір
мектепте күтіп отырған шығар. Өзімізбен бірге бітірген бір қыз
кетерінде: «Қыздар, жалғыз аттанып барамын, жалғыз қалғаным
қалған шығар», – деп күліп еді. Жарты жыл өтпей, тойға
шақырған қағаз келді. Барса, мектептің деректірі жалғыз басты,
салиқалы бойдақ жігіт екен, екеуі жарасып, жұлдызы бірге
жаныпты. Енді бір мұғалім қыз жалғыздықтан өмірден түңілген
соң, көңілін аулау үшін автобуспен саяхатқа шығады. Сөйтсе,
аңсаған адамы сол жерден табылыпты. Өзі сияқты түңілген бір
жігіт, ол да саяхатқа шықса керек. Айта берсек, кездейсоқ
табылатын армандар аз ба? «Бірақ осындай ашық әңгімеге
мұғалімнің барғаны дұрыс па?» деген күдік болуы мүмкін. Бірақ
әңгіме айту-айтпауда емес, жан пернесін сезімталдықпен басуда
ғой. Ақылдасып, сырын айта алатын үлкен кісіні жастар әр уақыт
іздеп тұрады. Қыздарым келіп көмек сұрап тұрса, оны мұғалімі –
мен түсінбесем, кім түсінеді?
Ақылды да сүйкімді Сәбира деген қыз болды (аты өзгертіліп
алынды). Ата-ананың мейірімінен басқа ештеңе көрмеген, адал
бала екені аңғарылып тұратын. Осындай қыздар теңін тауып,
бақытты болса, қандай қуаныш болар еді? Бірақ сырт көз сыншы
ғой, келіп жүрген жігітінің сұйықтау екенін, ренжітетінін басқа
қыздар байқапты. Өз көңілім де екеуін қуаттай қоймайды. Сөйтіп
жүргенде жыл өтіп, жігіті әскерге кететін болды. Кететін кезі
жақындаған сайын «Осының аяғы бір өкініш қалдырмай ма?»
деген күдік пайда болды. Ата-анасы алыста, өздері жатақханада
емін-еркін жүрген жастарда қызушылық болып қалмаса екен
деген ниетпен, бір күні үзілісте кездейсоқ кезіккен болып,
Сәбираға:
– Мұраттар әскерге кеткелі жүр ғой деймін, сабаққа келмейтін
болды, – дедім.
Сәбира көзін төмен түсіріп, ұялған дауыспен:
79
– Иә... – деді.
– Сәбира, Мұраттың сені ыңғайлап жүргенін сезетінімізді
білесің. Өз көңіліңнен шықса, жақсы көрсең, ешбір сөз жоқ. Ал
көңіліңнен шықпайтындай болса, ұрынып қалмашы. Жігіттің
әскерге кетерде бір желікпесі болатыны бар еді. Дәл осы күндерде
сабырлы бол. Араға уақыт салып көр. Шын ұнатсаңдар, хат-
хабармен түсінісесіңдер ғой...– дедім.
Сәбира – сөздің ағымын аңғаратын парасатты қыз.
Айтылғанды түгел ұқты.
– Иә, иә, рақмет, – деп ішке кіріп кетті. Өз көңілінде де екі
ойлы сұраудың бар екені аңғарылды.
Бұл оқиғаға да біраз жыл өтті. Ол жігіт әскерден келіп, басқа
бір қызға үйленді. Сәбира да оқуын бітірген, қадірін білетін
теңіне күйеуге шығыпты деп есітемін. Балалары бар дейді.
Ішімнен ол қызымның өмірі дұрыс басталғанын қуаныш етемін.
ЗОРЛЫҚ ПЕН ҚОРЛЫҚ
Қыжым деген қызым сабақтан бірге шықты. Айта алмай
қиналған жайы бар екенін сезген соң, әңгіменің бағытын өзіне
қарай бейімдеуге тырысып келемін. Бір кезде:
– Апай, ешкімге айта алмаған сырым бар еді. Уайымсыз
күнім жоқ. Не істеймін...– деп жылап жіберді.
– Айт, өзіңе жеңіл болады. Ақылдасайық. Қыжым көзінің
жасын сүртіп қойып, сөйлеп кетті:
«Ол кезде мен 7-класта оқитын едім. Қойшының қызымын.
Қылдырықтай арық, әлжуаз кезім. Жазда каникулда қой бағып
жүрсем, салт атпен бір кісі тоқтады. Аттан түсіп, әңгімелескен
болып, шап беріп ұстап алды... Одан ары не болғанымды
білмеймін. Еңіреп жылап-жылап жатып, өлейін десем, өле
алмадым...»
Жылаған қызға жаным ашып, өз ішімдегі билікшіл біреу:
«Соттату керек еді ол оңбағанды», – деп жатыр. Билікшінің
аузыма салған сөзі ме:
– Айтпадың ба, туысқандарыңа? – деп қалдым.
80
– Қайдам, бір адамға айтпадым. Ұялдым. Енді ер кісіден
қорқамын. Кімге керекпін деп ойлаймын. Тіпті тұрмыс құрсам,
бала да болмайтын шығар...
– Бұл жерде сенің ешқандай кінәң жоқ, Қыжым. Жанымен
сүйген адамға сенің қарақан басыңнан басқа ештеңең керек емес.
Өзіңді-өзің жеп, уайымдама. Көңіліңді басқа бір нәрсеге бұр.
Болған іс болды. Сондықтан ол қайғылы күндерді өміріңнен сыз
да, ұмыт, алдағы күнге талпын. Өткенді қаза берген кісі ауру
болады. Жеңілдеудің бір жолы «басқалардың басында да
қиыншылық көп» деп ойлау. Шүкіршілік ету. «Шүкір» деген
сөздің адам жанын тыныштандыратын бір қасиеті бар. Д.
Карнегидің «Қалай уайымдауды қойып, жаңаша өмір сүруге
болады?» деген кітабында бар емес пе: «Дұрыс өмір сүргің келсе,
уайымыңды тере берме, жеңісіңді жиі еске ал! – деген.
Менің бір таныс құрбы әйелім бар. Сол әйелдің басынан өткен
қайғысын естігенде, өз қиындықтарыма шүкіршілік ететін
болдым. Аты – Бәтес. Бір қыз, бір ұлы бар. Көркіне көз тойғандай,
қарақат көз сұлу келіншек. Ұлын босанғанда, дәрігерлердің
шалағайлығынан қанға ауру кеткен. Ессіз-түссіз сандырақтап
жатқан әйелді жындыханаға да жібермекші болыпты: «Бір күні
көзімді ашсам, мұрныма бір жаман иіс келеді. Аяқ жағымдағы
көрпем ашылып қалған екен, аяғымның басы қырқыла сарғайып
кетіпті. Өзімнің мамандығым медбике болған соң, бір
жаманшылықты ішім сезді. Жұқпалы ауру қанға тараған екен
(сепсис). Екі аяқты алдымен басынан, одан кейін тізеден төмен
кесіп тастады. Ауруханадан бір жылдан соң шықтым. Адам
болады деп ешкім ойлаған жоқ. Үшінші қабаттағы үйге күйеуім
көтеріп әкелді. Терезеден қарап жатып: «Екі аяғын басып жүрген
адамда арман бар ма екен?» – деймін.
Екі дәптер өлең жаздым. Есімде қалғаны мынау:
Ашиды удай өзегім,
Түсірсем еске жайымды.
О, тағдыр, неткен сұм едің
Аямаған жанымды.
81
Сол күндерімді ұмытқым келді ме, кейін жыртып тастадым
ғой бәрін.
Үйге келген соң, бір жылға дейін әуелі еңбектеп, одан
тізерлеп жүретін болдым. Баяғы балалық кезіме қайта түстім.
Ақыры, армандай күткен протезім де дайын болып, аяғыма
кидім-ау. Ағаш аяққа үйрену қиын екен, біраз екі балдақпен,
содан кейін таяқпен жүріп, ақыры, «атыма» міндім.
Бір күні бұрынғы киімдерімді реттемекші болып,
аударыстырып жатсам, аяқ киімдерім шықты. Жастықпен
қызығып ала бергенбіз ғой, шетелдік аяқ киімнің түр-түрін
көргенде, шыдай алмай кеттім. Менің сорыма аяқ киім кінәлідей-
ақ, қасымда тұрған әжеме (енеме): «Әжетай, мыналарды көзіме
күйік қылмай, далаға апарып тастаңызшы», – деп еңіреп
жібердім де, қапқа атып ұрып тыға бердім. Менің көңілімді
қимаған әжем екі қап аяқ киімді қоқыс төгетін жерге апарып
тастап келді. Күйеуім болса, бізді асыраудың соңында танертең
кетіп, кеш келеді. Күнде нанға кетіп бара жатқан бүкшиген
әжемнің соңынан қарап тұрып: «Құдайға не жазып едім...», – деп
жылаймын. Күйеуіме айттым: «Жасың отызға да толған жоқ,
менің түрім болса – мынау, біреуді алам десең, рұқсат, екі
баламды алып елге кетермін, өлмеспін», – дедім.
Жаңа туған баламды жағдай әлгіндей болған соң, уақытша
балалар үйіне бергізгенмін. Екі жылдан соң, қолға алдық. Екі
жастан асқан бала әлі жөндеп жүре алмайды екен. Алдына тамақ
қойсақ, бір қолымен басып отырып жейді. Тағы салып берейін
десем, тәрелкенің шетінен шырылдап айырылмайды. Мұны көру
де күйік болды. Қойшы, әйтеуір, өтті ғой талай күндер».
Бұл тауқыметті басынан кешкен Бәтес жақында қызын
күйеуге беріп, немерелі болды. Ұлы әскерге кетті. Қиыншылықта
жанына жар болған енесін арулап атқарып, өзі де әже болып отыр.
Немересін көтеріп, ағаш аяғын тық-тық еткізіп, төменге түсіп
бара жатқанын көремін. Сырттағы адам өзі айтпаса, екі беті
шұқырайған, қарақат көзді сұлу әйелдің екі аяғы жоқ деп
ойламайды.
82
Бұл – менің Қыжымға айтқан әңгімем. Қыздың көзінің жасы
құрғап, салқын тартты. Ол да, мен де жеңілденгендей болдық.
Қыжымның қайғысы біздің педагогикада әлі жолға
қойылмаған екі түрлі мәселе туралы ойлануға мәжбүр етті:
Германияда балалардың сабақтан басқа уақыттағы
тәрбиесімен айналысатын әлеуметтік ұстаздар (социальный
педагог) бар. Олар жантанушылармен бірігіп, «Мен көнгенмін,
қорлыққа да төзгенмін» («Кроткой я была, горько было мне»)
деген кітап шығарған. Кітапта педагогикада тыйым салынған,
бірақ балалар өмірінде жиі кездесетін қиындықтың бір түрі
талқыланады. Ол – балаларға ересектер тарапынан көрсетілетін
зорлық, зорлау. Зорлыққа ұшыраған жасөспірім қыз балалардың
жан дүниесіндегі жарақатты жеңілдету мәселесіне арналған.
Германияда қыз баланың қорыққаннан, ұяттан ешкімге айта
алмаған бұл сырын бала бақшада, мектепте тестер арқылы, салған
суреттері арқылы анықтап, дер кезінде психолог, дәрігерлер
көмекке келеді. Бұл жағынан біз әзірге өте төменгі сатыдамыз.
Ересектер тарапынан зорлық көрген балалар бізде жоқ па?
Тек әшейін жабулы қазанның жабулы күйінде жатқанын көңілге
тоқ санап жүрген болармыз. Әйтпесе қайғы жарасын ондаған
жылдар бойы жүрегіне салмақ қылып сақтап келген Қыжым
сияқты қыз балалардың жанына ертерек сеп болуымыз керек еді
ғой. Өзін дүниедегі ең сорлы адам деп есептеп, өмірден түңілген
баланы ересек адамның сенімді де жылы сөзі түрлі
жағдайсыздықтан құтқарып қалмақ.
Екінші ойландырған мәселе – Қыжымның әңгімесінен 25-ке
келіп қалған қыздың осы жасына дейін геникология дәрігерінің
есігін көрмегендігін байқадым. Бала көтергенше, геникологтің
креслосына қай жағынан келерін білмеген қыздардың жанын
жүздеген сұрақтың қинайтынын болжағанның өзінде жаның
ашиды. Ол сұрақтардың жауабын кімнен білуі керек? Бұл да
біздің үндемей «тәрбиелеп» келген – мәселеміздің бірі. Білмеген
болғанмен өмір өз заңылығымен жүріп жатыр ғой. Жас қыздың
өз бойындағы түрлі өзгерістерді түсіне алмай қорқуы, мезгілсіз
аяғы ауырлап, жаңа туған шаранасын өлтіруі не өзін өлімге қиюы
83
ересектердің «білмеген болуынан» шығады. Анасының тәрбиесі
«бұзылып кетпе!» – деген бұйрықпен шектелсе, мұғалімдер
үндемей құтылса, айналадағы адамдар кінәлауды ғана білсе, жас
қыздың жанына кім пана болады?
Біздегі «мылқау тәрбиенің» еркіне жіберіп қойған мәселенің
тағы бірі – эротика мен рок музыка. «Мына пәлекетті әрі тарт!» –
деп, көзімізді қолымызбен көлегейлесек, жастар эротиканы
көрмей ме? Жастар өміріне қатысты нәрсенің ешқайсысын
назардан тыс қалдыру жөн емес. Эротиканы әңгіме қылудан қашу
бұл мәселеге жауапты батыстық ақпараттан іздеуге мәжбүр етеді
де, батыстық рухани билігі жастардың жан дүниесін ұлттық
психологиядан аулақтата түседі. Эротикалық тәрбиені
коммерциялық қысымның ықпалына жібермей, ұлттық мәдениет
аясында жүргізуді ойластыру қажет. Оны «батыстан келіп жатқан
бұзықтық», – деп жоққа шығара салмай, эротиканың ең әуелі көне
шығыста тарағандығын, адамзат өмірінің аса бір құпия да өзекті
мәселесі екенін мойындамай болмайды. Осы тақырыпты ұлттық
мораль мен ар-ұят арнасында сезімталдықпен сөз ете алатын
білікті психолог, ұстаздар қажет-ақ.
Еуропа елдерінде халықтық ән дәстүрін жұтып жатқан рок-
музыка – ол да бір өзінше әлем. Өз философиясы бар өнер. Бар
адамның табиғаты әсерлі ырғақ пен әуенге құмар. Бірақ дәстүрлі
саз өнерін не халық әндерін үйреніп айтуға, оны түсініп тыңдауға
ерекше қабілет керек. Сондықтан дене қимылынан басқаны көп
талап етпейтін жеңіл музыка – көпшіліктікі. Олардың қажетін
сыйламауға болмайды. Сыйламау – арадағы түсініспеушілікті
ұлғайтады.
Ырғақты музыка туралы балалар алдында әйтеуір жек
көргеннің жөні осы деп, жаратпай сөйлеуге болмайды, біліп айту
қажет. Оқушының құр қиқаңдауы ойлы, мәдениетті түсінікке
ұлассын. Батыстық нарыққа қарсы жастардың еліктегіш
көңілінен шығатындай, ұлттық мәдениетпен ұштасқан талантты
шығарма ғана төтеп береді. Құр жамандау әлсіздіктің белгісі
екені аян.
84
БОСАҒАНЫ КҮЙІНІШПЕН АТТАМА
Өзін-өзі жөндей алмай, жеңілтектеніп жүрген қыз болса, е-е,
– деп түсінуге болар еді, пәк те адал қыздың өмірі дұрыс
басталмаса, өкініш екен.
Күнімжан алыс ауданнан келген, өз еңбегімен тырмысып
оқып жүрді. Біраз жыл түсе алмай, қадірі өткендікі ме екен,
партаның ең алдына отырып, мұғалімнің аузынан шыққанын
ұқыптап жазып алатын. Тиянақтылықты талап ететін жұмысты
мүлтіксіз орындайды. Бетінен иманы төгілген, ісінен ибасы
білінген момын еді. Таныса келе білгенім: әкесі жақында қайтыс
болыпты. Кәрі анасы, бауырлары бар, қарапайым тіршілігімен
күн көрген жандар екен.
Арада жылдар өтті. Күнімжан бұрынғыдай көзге түспейтін
болды. Алдыңғы партаны артқа ауыстырып, бұрышта көңілсіз
отырады. «Қай қыздың басынан өтпеген нәрсе, бір махаббат
кездескен болар», – деп қойдым ішімнен. Көп ұзамай, өзіндей бір
студент жігітпен бір жүргенін жиі көретін болдық. Адам жаны
қуанғанда жалт-жұлт етіп күлімдеп, жайнап кетуші еді,
Күнімжанды күннен-күнге көңілсіздік басқанын байқадық.
Асарын асап, жасарын жасаған адамдай, селт етпейді. Оңашада
сұрастырып едім: «Өз елімнің баласы, жаман емес, жай әшейін...»
– деді де қойды.
Бір жылдан кейін өзі келді. Айтқаны мынау: «Ұят та болса,
қайтейін, екіқабатпын. Ал жігітім өзгеріп жүр. Тойды, әне
жасаймыз, міне жасаймыз деп бірге тұрғанымызға біраз болған.
Содан үй жағдайына байланысты 4-5 айдай еліне кетті. Бұрын
бірге тұрғанда, неге екенін білмеймін, көтермей жүргенмін. Ол
кеткен соң екі айдан кейін жалғызсырадым ба, шайтан түртті ме,
артынан барып қайттым... Енді «бала – менікі емес» дегенді
айтады. Құдай куә, өзім ақпын, бірақ оны қалай дәлелдеймін?»
Күнімжанның ақшыл беті түтігіп, күйзелгеннен даусы
дірілдеп кетті:
– Енді ешкімге керек емес осы бәлені түсіріп құртсам ба
деймін.
85
– Жігіттің бұрын жаман мінезін байқамадың ба?
– Қызғанады. Кешеде жан-жағыма қарасам да, «кімге көзің
түсті?» – деп тынышымды алады. Осы күні өте басылып кеттім.
Кісіге тура қараудан қорқатын болдым. Қыздар: «Қызғанғаны –
жақсы көргені», – дейді, қайдан білейін.
– Күнімжан, шектен асқан қызғаныш парасатты адамға тән
емес. Әйелін үстіндегі киімі, қолындағы заты сияқты меншігім
деп қарайтын кісі шығар. Өзіне жар еткісі келмесе, сені жақсы
көргені ме?
Он шақты жыл бұрын да осындай бір оқиға болған еді. Аяғы
ауырлап қалған қыз қуынып, жігітті оқудан шығаратын болған
сон, амалсыз еліне алып кеткен. Ақыры, кикілжіңмен дұрыс өмір
сүре алмай, ажырасып тыныпты. Екі адамның қосылған
қуанышты күндері шырғалаңмен басталса, аяғын болжау қиын
ғой. Күнімжанға қандай ақыл айтарсың?
Ең әуелі баланы алдыру туралы ойынан қайтару керек болды.
«Менің бұл жағдайымды естісе, шешем өледі. Ағаларыма қара
бет боламын», – дейді.
– Сол жігітке шықпай-ақ қойсаң қайтеді? Еліңе баруға ұялсаң,
оқуды бітірген соң басқа облысқа кетесің бе? – деп көріп едім,
оған:
– Жігітіме ақтығымды дәлелдемесем, өмір сүрмеймін, – деп
келіспеді. Тығырыққа тірелсе, өзіне-өзі қол жұмсау да ойында бар
секілді. Ақыры, сұрастырып келіп, жігіттің өзі апарып
таныстырған мұғалім апасы бар екен, солай қарай хат жазудан
басқа амалын таппадым. Сол апасы себеп болды ма, білмеймін,
Күнімжан жігітіне қосылды. Босанып, ұлды болды. Оқуды
бітіріп, еліне де кетті. Сырт қарағанда жағдайы орнына келген
сияқты. Бірақ «сол қыздың тағдыры не болды екен?» – деп жиі
ойлаймын. Әйтеуір, намысқа тыртысамын деп, өмірін қор
қылмаса болды да. Тіл табысып кетсе, кәнеки.
МАХАББАТ ЖӘНЕ МІНЕЗ
86
«Менің жарым осындай болсайшы» дейтіндей ақылды да
әдемі қыздардың тұрмыс құра алмай жүріп қалатыны
таңғалдырады. Оған әлгі қыздардың мінез-талғамының
жігіттердің көпшілігінің жар таңдауымен сәйкес келмейтіндігі
әсер етеді-ау деймін. Қыздарға осының себебін түсіндіруге
септігі тиер деген ниетпен мынандай салыстыру жүргізіп көрейік.
Жігіттің жар таңдауы: Қыз мінезі:
1 2
87
(Өздерінің айтуы бойынша)
1. Менің жарым өмірінің 1. Өз өмірінің мағынасын
қызметпен және отбасымен
мағынасын отбасымен байланыстырады. Ізденгіш,
зерек.
байланыстырса.
2. Отбасындағы қарым-
2. Екеуара қарым-
қатынас екеуара сыйластыққа
қатынаста ер адамды жоғары құрылуын тілейді.
тұтса.
3. Өз жағдайын барынша
3. Қылықты қыз болса. оқуға бейімдеп алғандықтан,
жігіттермен қарым-қатынаста
4. Шаруаға бейім болса.
тәжірибесіз, салқын. Қылық
5. Басқарғыш мінезінің аша алмаған.
қажеті жоқ.
4. Өмірдің қарапайым
6. Ақ көңіл болса. тіршілік жақтарына, шаруаға
бейім емес.
7. Ата-анамды, жора-жол-
дастарымды сыйласа. 5. Басқарушылық қабілеті
жоғары.
8. Адал болса.
9. Ажарлы болса. 6. Өз мінезін тежеп ұс-
тайды, тұйық.
10. Қарапайым киінсе.
7. Ата-енені, жора-жол-
дасты сыйлауды дұрыс деп
есептейді.
8. Адалдыққа тырысады.
9. Әдемі, бойын күтуге мән
береді.
10. Талғаммен киінуге,
киімінің өзінің ішкі мазмұнын
аша түсуіне мән береді.
Осы шағын салыстырудың өзінен жігіт тілегі мен қыз
мінезінде қиыспайтын нүктелердің бар екені байқалып тұр.
88
Білікті, талапты қыздардың тұрмыс құра алмай қалу себебінің
бірі содан емес пе екен?
Әр адам – өзінше философия. Мәселе – екі мінездің үндесе
алуында ғой. Десе де, жоғарыда сипатталған мінезді алайық:
ақылды, талапты, мәдениетті. Сонда көпшілік жігіттердің
көңілінен шыға алмай тұр. Бұл жерде екі жақты кемшілік
аңғарылады: Бірінші, жігіттер талабы өзімшілдеу ме, қалай?
Екінші, қыздың тәрбиесі бір жақтылау, қоғамдық белсенділікке
жақын, нақты өмір талаптарынан алшақ. Айналасындағы
адамдармен қарым-қатынас мәдениеті, яғни өзін ортада сүйкімді
ұстай біліп, жағымды көріну жағы жетіспейді. Өкінішке қарай,
жігіттер үшін қыз бойындағы аса тартымды қасиеті осы екен.
Белсенділік те емес, аса ұстамдылық та емес, тіпті оқуға зеректік
те емес. Сондықтан оқу мәселесінде құрметті қыздар қалып
қойып, оқуда елеусіз болғанмен, тіршілік тынысын дәл түсінетін
қылықты қыздар өз орнын тез тауып кетсе, оған таңдануға
болмайды.
Қыз-жігіттерге қолына қағаз беріп, «Қалыңдығымның
(жігітімнің) қандай адам болғанын қалаймын?» деген сұраққа
жауап беруін өтінсек, бір бетті тез-ақ толтырып тастайды. Енді
екінші бетіне «Өзің қандай болуың керек?» – дегенді жазуға
келгенде, онша ықыласты емес. Яғни болашақ жарына қоятын
талабы күшті де, өзіне талап қоймайды.
Американың тележурналисі Фил Донахьюдың бір сөзі қатты
әсер етті. «Алдағы мақсатыңыз не?» – деген сұраққа: «Әке
ретінде, жар-жолдас ретінде, азамат ретінде жетіле түсуді
қалаймын», – деді. Өзіне-өзі сын көзбен қарап, жақсы бола түсуге
тырысқан азаматтың отбасы бақытты болар-ау.
Ер-азамат – отбасының жетекшісі, басшысы. Бірақ басшы
болуды бастық болу деп түсінетін жігіттер бар. Өз міндетін әйел,
бала-шағасын жұмсап қойып, көбірек қыдыруға айналдырған
немесе «басшы болған – осы екен», – деп, ақырып-зекіріп
үстемдік құрған еркектің үйіндегі ауа райы дұрыс деуге
болмайды.
89
Бақытты үйлердегі күйеуі мен әйеліне назар салайықшы:
Күйеуі ретін тауып әйелін көтермелеп, мақтап отырады.
Отбасының негізгі ауыртпалығы өз мойнында екенін,
жауапкершілігін мықты сезінеді. Әйелін қолтығынан демеп,
рухани өсіріп отырады, жарына адал. Ал әйел күйеуіне арқа
сүйеп, отағасын бала-шағасына қадірлетіп отырады. Күйеуімен
жарысуды мақсат етпейді, бірлесіп-жалғасуды мақсат етеді.
Қайырымды, адал, мәдениетті.
Әйелін жұрт алдында «жерлеген» жігіт, әуелі өз қадірін
түсіріп тұр. Кісінің кемшілігін теру үшін аса таланттың керегі
жоқ (кемшіліксіз адам бола ма?), кісінің жақсылығын көре
білгенді айт. Бақытты үйлердегі әйел-еркек бір-біріне сенеді.
Сексендегі қарт Хайролла жырау айтып еді: «Әйелді баладай
маңдайынан сипаған еркектің әйелі – әйел болады», – деп.
Жоғары оқуы жоқ қазақтың қара шалының осы сөзінде қаншама
ой жатыр.
Жас қыздардың бүкіл өмірін бұзатын, өкінішке қалдыратын
бір себеп жігіт таңдай алмауында. Өзіне қандай адам жағатынын
біле алмайды. Осы жағынан пайдасы тиер деп Клиф
Олбритонның «Қалай тұрмыс құрып, отбасын сақтай алуға
болады?» деген кітабымен танысып едік, сөйтсек, назар
аудармайтын нәрсеміз көп екен. Мысалы, сонымен сіз бір
шешімге келейін деп тұрсыз. Осы адамға тұрмысқа шығамын,
қалған өмірімді сонымен бірге өткіземін, балаларымның әкесі
болады дейсіз. Сонда бір асықпай ойланыңызшы. Мына
нәрселерді ескердіңіз бе?
– Тұрмыс құрғанда бақытты боламын десеңіз, өзіңізге сол
тұрған қалпында жаққан адамға ғана шығыңыз. Ол адамды
өзгертіп аламын деп ойламаңыз. Бірін-бірі түзеп, өзгертемін
деген отбасында тыныштық болмайды.
– Күйеу жігіттің бұрын араласып жүрген ортасымен
қарым-қатынасы қандай? (Сізді кездестірісімен жақсы
болып, өзгеріп кетеді деп ойлауға болмайды).
– Сізбен танысқанға дейінгі жолдастары қандай құлықты
адамдар?
90
– Күйеу жігіт қызба, дөкір ме немесе жұмсақ мінезді ме?
– Түрлі отырыс-жиында өзін қалай ұстайды?
– Не нәрсеге қызығады, немен айналысады?
– Тәрбиелі отбасында өскен бе?
– Жомарт па, сараң ба, шашпа-төк пе?
– Әйелге көзқарасы қандай? Анасын сыйлай ма?
– Туған-туыстарына қалай қарайды?
– Туыстарына жаулық мінезі жоқ па? Бауырмал ма, әлде
қалай болса, солай қарай ма?
– Әйелдің қызмет істеуін жақтыра ма, жоқ па?
– Балаға көзқарасы қандай?
– Басқа кісілер туралы пікірі қандай?
– Кісімен қарым-қатынасы уақытша ма, тұрақты ма?
Ұзақ уақыт сыйласқан жора-жолдастары бар ма?
– Өмірге және айналасындағыларға ызалана қарай ма,
жоқ әлде жасампаз өмір тіршілігі қуанта ма?
Әр адамның өмірдегі өз өрнегі (стилі) оның қалыптасқан
әдеттерінен құралады. Қосылатын екі адамның өмір өрнегінде
ортақ ұқсастықтар неғұрлым көп болса, оларға бірге тұру
оңайырақ болады екен.
** *
Қыздардың отбасылық өмірде жолы болмауының бір себебі
өз мінезін тани білмеуінен. Шәкірттерімнің тағдырына көз сала
жүріп, мынандай қорытындыларға келдім:
Мінезінде кісіге деген аяушылық басым, ұяң жан болсаң,
дұрыс тәрбие алмағандықтан, өмірін дұрыс құра алмайтын,
сондықтан жолы болмайтын жігітке тек аяғандықтан
күйеуге шығудан сақтан. Сен өзіңнің ұяң мінезіңмен оны
«жөндеп алуың» екіталай. Іштей қайғырумен өзіңді
жоғалтуың мүмкін.
Оқуда да, күнделікті өмірде де қиындықтарды
алғырлығыңмен, табандылығыңмен жеңіп үйренген болсаң,
ұнаған жігітті өз белсенділігіңнің арқасында тез игеріп
алудан сақтан. Өйткені алғырлықпен мұнда да «жеңіске»
91
жетуің мүмкін. Бірақ күн өте келе жігіт жағынан шынайы
сезімді көре алмай, опық жеп қалма. Үйленбей жатып тілі
тиетін, қолы тиетін адам үйленген соң бұрынғысынан жақсы
болып кете қоймайды.
Кінәні өзіңнен іздеп қиналма. Ішкі мәдениеті жоғары адам
– барлық жерде мәдениетті.
Мінезіңде қиялшылдық бар болса, бір көрген кісіге елп
ете қалудан сақтан. Қиялыңдағы жігітің осы екен деп, сырын
білмей аһ ұрма. Уақыт – сыншы, асықпа қиялшылдықтың
табиғат сыйлаған тамаша шығармашылық қасиетімен бірге
үлкен бір кемшілігі де бар. Ондай адам тіршілік
құйтырқыларын шеше білуге шорқақ келеді.
Мінезің ашық, кез келген кісімен тіл тауып кететін ақ
көңіл болсаң, махаббат мәселесіне келгенде ұстамдырақ
болуға тырыс. Жұрттың бәрін өзіңдей көріп, лапылдай
беруден сақ бол. Кей жігіттер қыздың ақ жүрек, ашықтығын
үйленгенше ғана тәуір кереді.
МАХАББАТ БАР МА?
Қыз-жігіттерде махаббатқа сенуден гөрі күдікті күрсініс
көбірек естіледі. «Сейфүлмәлік – Жамалдай бейнетіңе көнсем-ау,
«Қозы Көрпеш – Баяндай бір молада өлсем-ау», – дейтін бұлар
емес.
– Махаббат жоқ қой қазір. Махабаттың өзі есепке құрылады,
– дейді Сәулет.
Оған таңғалған адам жоқ, бұл пікір өзара әңгімеде үйреншікті
болса керек.
– Өй, кеше бір кинода көрсетті ғой махаббатты, – деді Сәбит.
Тек ақын жанды қыз Күләш қана жігіттерді жақтырмай қалды:
– Өзің де есеппен үйленетіннің бірі шығарсың, – деді
Сәулетке қарап.
Жасыратын не бар, осындай сөздерді естігенде, өзім де
тіксініп қаламын. Сонда жастарды тәрбиелеп жатырмыз
дегендегі келген нәтижеміз осы ма? Бірақ кінәламаймын
92
балаларды, аяймын. Мұрты жаңа тебіндеген жас жігіттің өмірдегі
қызықтары әлі алда ғой. Қинайтыны сол, «Махаббат жоқ!» деп
жиырылған жігіттерге қарсы «Махаббат бар!» деп дірілдей
шыққан дауыстар естілмейді. Көпшілігі «әй, білмеймін...»
дегендей томпия қалады. Көзі жайнаған біреуі бар ма деп
үміттенесің. Сондай кезде уақыттың жылдам қадамдары 10-15
жылды артқа тастай салып, шын сүйгенін тапқан, жанымен де,
жүрегімен де жарасқан Сәулеттер қайтып айналып алдыма келе
қалар ма еді. Сүйіспеншілікке өздері сенбейтін болашақ
мұғалімдерім ертең мектептегі оқушысын қалай сендірер екен?
– Махаббат туралы айту үшін оның бар екеніне өзің сенуің
керек. Ал соған мен өзім де сенбеймін...
Мұны айтқан – тағы да Сәулет. Қыздар жағы «Осы жігіт
қандай өзі?» дегендей жақтырмай, қарап қойды.
Бүгінгідей пікірталастардың адамды аша түсетінін ұнатамын.
Бірақ Сәулеттің сөзі соңғы сөз болса, ұстаздық қасиетімнің құны
қандай?
– Шіркін, махаббатты аңсамайтын адам бар дейсің бе? Бірақ
ол – әркімге келе беретін арзан нәрсе емес. Жанынан жаны сая
тапқан адамына жолыға алмай-ақ өмірден өтіп кететіндер көп.
Біреуге ғашық болып көрмеген адамды кінәлауға бола ма? Аяу
керек. Себебі шын махаббат та адам талғайды. Ол да бір өзінше
талант шығар. Махаббатың баянды болуы сүюден ғана емес,
сүйгеннің қадіріне жетуден дейді. Сол бақыт Сәулеттің басына
кеп қонсын.
Күні бойғы сөздерің үшін «қарғысым» – осы.
БОЗБАЛА-АЙ, ЖАН СЕЗІМІН ҚОЗҒАМА-АЙ...
Он төртінші ғасырда жазылған «Махаббатнама» дастанында
ақын сүйген қызына: «Сенің көшеңнің иттерімен достасу –
арманым», «Басқан ізіңе басымды қойсам, бақыттымын», – деп
жазыпты. Мұны оқыған кезде студенттер ортағасырлық әдеби
дәстүр мен бүгінгі өмірдің арасындағы жер мен көктей
айырмашылықты көріп, таңғалады. «Бүгінде ондай жігіттер
93
қайда?..» – деп қояды қыздар. Күнде жігіттердің көз алдында
жүргеннен кейін қадірі кетіп қалды ма екен?
Ғашығын суреттеуге тең таппаған ортағасырлық ақын: «Ал
қызыл бетіңдегі қара меңің гүлзар ішіндегі негр баласындай»,
«Кірпігің түрік мергенінің оғындай», «Көзің – Кашмир
сиқыршысы», – дейді. Қызға сөз айту, сезімін хатпен жеткізу де
үлкен мәдениет қой. Оның небір әдемі үлгілері өткен ғасырда
дамыған. Ал қазіргі адамның табиғаттан қашықтаған, сол
себептен одан алатын биоөрісі азайып, сезімі құрғаған заманда не
дер екен? Кей бозбала қызға: «Менімен жүресің бе?», – деп
айтады дейді. Атқа мініп көрмеген, жабайы шөпті сипамаған,
дала құсын бағдарламаған қала баласының сезімі қандай болды
екен? «Көзің Жигулидің шамындай» деп жүрмесін. Бір жақсысы,
махаббатқа адал көзбен қарайтын жастар көп. Оны өз
жазғандарынан аңғарамын:
«Махаббат ең алдымен өзің өскен кішкене ғана төрт қанат
үйден басталады деп ойлаймын. Хорезми мен Данте ғашықтық
жырларында өзі сүйген адамын қол жетпес жұлдыз санап, соған
табынып өткен. Ал қазір махаббатты құрметтеу осындай
дәрежеде деп айта алмаймын. Теңдік құқығына сүйеніп, ең асыл
қасиетті жоғалтып алғандаймыз. Дегенмен Махаббаттың биік
шыңын аласартпай, оған сенетін адамдарды жоқ деуге болмайды.
Ал сенбейтіндер – махаббат сезімі мен жай қызығушылықты
ажырата білмегендер. Ұлы сезімді сыйламағандықтан, қоғамда
келеңсіздіктер көбейді» (Гүлбағиза).
«Махаббатты сақтау адамның өзіне байланысты. Ерлі-
зайыптылар бір-біріне деген сыйластығын сақтап, жан сырына
үңіліп, түсіне білсе, махаббаты мәңгілік болады. Егер сен
жолдасыңды сүйетін болсаң, ата-енеңді сыйлауың керек. Ене мен
келіннің арасындағы қайшылықтың себебін түсінуге тырысып,
ененің айқайын кешіре біл. Мысалы, менің әпкемнің енесі жалғыз
ұлын келінінен қызғанып, әпкемнің төбе шашын жүлып алған еді.
Осыдан кейін әпкем мен жездем бөлек шықты. Кейіннен енесі өз
қателігін түсініп, әпкемнен шаңырақты ұстап қалуын өтінді.
Қазір олардың төрт баласы бар, тату. Ананың ұлына деген
94
махаббаты қызғанышқа апарды. Жалғыз ұлының көңілінің өзге
жанға ауғанына ренжіді. Осыны әпкем түсінді де, кешірді»
(Рахима).
«Жатақханаға келген, өтіп бара жатқан жігіттерді біздің
бөлмеге кіріп кет», – деп шақырып тұратын қыздарды көріп
жиіркенемін» (Айша).
«Бізде бір қыз бар. Оған күнде әр түрлі жігіттер келіп тұрады.
«Осы сенің жігітің қайсы?» – десек, «Менде жігіт жоқ. Біреуінің
түрі ұнамайды, біреуінің бойы аласа, фигурасы жаман», – дейді.
«Сен неге олармен жүресің?» – десек, «Уақыт өткіземін», – дейді.
Мен өзім «қыз бен жігіт арасындағы махаббат – бір-бірінің
адалдығына бас ию», – деп ойлаймын (Бибатпа).
ҒАШЫҚ БОЛДЫМ МЕН САҒАН
Ғашықтық сырын баян қылып отырған бұл кісінің жасы
алпыстың екеуінде. «Қырық жыл қойдың соңында жүріп адам
тағы болып кеткен. Кісі алдында суырылып сөз ұстай алмайды,
көптің жиналған жеріне келмейді, өзінше бір жүрген адам», –
десетін ағайындары ренжіп.
– Қарағым, бұл сырымды естіп ап күліп жүрме. Адам сырын
түсінгенге айтады. Тұйық жүре берсең, жарыласың бір күні.
Өзіңе-өзің зақым қыласың. Оқыған көп білімім де жоқ.
Бұрынырақ ат үстінде жүріп жазған бірдемелерімді кемпірім:
«Алжыған шал, саған өлең не керек?» – деп отқа жағып
жіберген», – деді қария.
Әңгімесін жымия отырып айтуға тырысқанымен, көзінде мұң
бар. Ара-арасында қос жанарына жас толып қарағанда, жанында
тұрған шамның жарығынен екі көзі жалтырап кетеді. Аяғаннан
төмен қараймын. Сол бір күндерін еске алғанда, алғашқы
махаббатына кез болған жас жігіттей дірілдеп, онысынан өзі
ұялып, күліп кояды.
– Жасымнан жетімдік пен жоқшылықты көріп өстім. Ертерек
адам болсын деп жастай үйлендірді. Жеті-сегіз балам барын өзің
білесің. Жарты өмірім мал соңында өтті. Кемпірім ауылда
95
балалармен отырды, жұмыс істеген жоқ. Қой бағып жүріп қолдан
айран ұйытып ішіп, күнімді көрдім. Тіпті келіндерім:
«Қайнағаның айраны тәтті», – деп ұйытқы алатын. Жиын-тойға,
көпшілікке араласпадым. Мал соңында жүрген бір жаман адам
едім. Кейде отырып, «Пәленшенің баласы дейтіндей осы
өмірімде не бітірдім?» – деп ойлаймын.
Кемпіріміз екеуміз өмірімізде түсініспей өтіп келе жатырмыз.
Бар тірлігін істеп отырсам да, кейбір кемістіктерім үшін
жанымды жаралайды... Шыдамым таусылған соң, бір күні үйден
шықтым да, кетіп қалдым. Біраздан соң қайтып барып едім,
айқайлап үйге кіргізбеді. Азғантай миымның тыныштығын
қалап, кіші баламмен тұрып жатырмын. Бірақ екі үйдің тірлігін
де өзім істеймін. Одан қашпаймын. Ендігі арманым - осы
баламды үйлендірсем. Баламда бір ерлік мінез бар, сонысына
ішім жылиды. Өтірік сөйлеуді, өсекті жек көреді.
Қария нұрланып, төс қалтасына қолын салып, қызыл қойын
кітапша шығарды. «Осы күні түнгі тыныштықта ойыма түскен
сөзді түртіп қоятын болып жүрмін, әйтеуір – бір ермек».
Ашылған бетте «31 қаңтар» деген жазу тұр.
«Баламыз екеуміз жұпыны үйде өмір сүріп жатырмыз. Мұны
өкінгеннен айтып отырғаным жоқ. Алдағы өміріміз бақытты
болса деп, келешектен үміт күтемін. Бүгін туған күнім еді. Екі
тоқтының бірін дайындадым. Бір-екі бөтелке алдым. Қаладағы
балаларымды көп күттім. Келмеді. Мені сыйламайды ғой деген
ой келді. Екі көршім: Садық пен Құрамыс келді. Адам баласы
өмірінің өткенін қартайғанда ойлайды. Өмірде тозбайтын бір-ақ
нәрсе бар. Ол – сезім күші. Еш уақытта өлмейді, өшпейді».
– Жақында балама: «Барып шешеңді шақырып кел», – дедім,
ұялғанның күнінен. «Бармаймын!» – деп, ұрсып, қуып шығыпты.
Зейнеткер болғанмен қарап отыра алмаймын. Кейде атпен
жұмыстан қайтып келе жатып, қырық жыл өмірім өткен үйімнің
тұсына келгенде, жүрегім бүріп кетеді. Сұп-суық болған өз
үйімнен өзім қорқамын. Ит екеш итім мені көре сап қуанып,
шапқылап: «Кірмейсің бе?» – дегендей қиылады.
96
Күнде таңертең 3-4 шақырымға жүгіріп жүрмін. Кір
көтеремін. «Жақсы болсаң, бір жаныңа болыс» деген...
– Менің ендігі қалған өмірім арман болған бір жанды жалғыз
рет көруге арналған. Жүздеспей тұрып өліп қалмайын деймін.
Оны күнде көріп жүрген бақытты кезімнің артта қалғанына аттай
23 жыл болды. Ол кезде ол да, мен де бір ауруханада емделіп
жаттық...
– Сұлу ма еді?
– Ай, қарағым-ай, көкірегің ұнатқан соң, сұлу да. Ән де
айтатын. Сүп-сүйкімді еді өзі. Кетерде қаланың шетіне дейін
шығарып салдым. Қасында алып кетуге келген күйеуі бар,
күйеуінен қызғандым. Сасқалақтап жүріп орамалын жоғалтып
алыпты. Кетіп бара жатып артына жалтақ-жалтақ қарайды.
Екеуміз жолыққанға дейін үш-төрт баласы бар екен. Сол
балаларды жылатуға болмайтын болды. Ауылға, үйге келгенде,
көне алмай жүрдім. «Іздеп барам», – деп серт етіп едім, сол
сертіме жете алмадым. Бақыткүл болып екі-үш рет хат жаздым.
Хат танымаушы еді. Екі рет жауап алдым. Кім білсін, өмір қандай
талқыға салғанын. Ендігі тірі ме, білмеймін. Тірі болса, бір
көрсем... Онымен болған кез пейіштің төрі сияқты. Сондай
мейірден екі арадан бір әйгілі бала туар еді. «Көп жортқан қасқыр
қақпанға түседі, көп жортқан жігіт қалыңдығынан айырылады»
деген, қайдам, аман болса екен қарағым. Балам болуы керек онда.
Ендігі әскерге барып келді. Аты – Бақыт.
– Көрдіңіз бе, қайдан білесіз ұл екенін?
– Ұл, – деді қария сеніммен. Түсімде екі кісілік ер алғанмын.
«Ұл болса да, қыз болса да атын Бақыт қоямын – өзіне әкесінің
кім екенін айтып кетемін», – деген, жарығым. Тірі болды ма екен,
а? – деді әлсіз дауыспен бір көмек сұрағандай жан-жағына қарап.
– Әрине, тірі, – дедім мен. Қарияның жүзіне қызғылт шырай
кірді.
– Бақытыма арнап терезенің түбінен өрік ағашын тіккенмін.
Басқа қураса да, ол қураған жоқ. Гүлдеп тұр... Мына біреу
сағынғанда жазған өлеңім еді. Қазір өлеңнің бәрі өшіп қалған ғой.
Қозғағанмен көп шықпайды.
97
Қарияның кішкентай блокнотындағы, кейде қаламның, кейде
сияның ізімен ұқыпты түсіргенге көнбей, дірілдеп тұрған
әріптерге көз салдым. «Сағыныш» екен өлеңнің аты:
Қырдың қызыл гүлі – сенсің,
Жайқалып көктеп өндің бе?
Аспаннан саған нұр төгіп,
Сусындап, жаным, өстің бе?
***
Көруге болар ма екен қызыл гүлді,
Тамыры қыр гүлінің терең болды.
Су тартып, алыс жерден нәр алады
Солмайды өмір бойы жүзі нұрлы.
***
Ортада өшпес шырақ жанып еді,
Өшірмей сол шырақты жандыралы.
Өмірге жақсы келер осындайдан
Сағынышпен мейірді қандырғаннан.
***
Арманым едің бір кезгі,
Жүректен алған орынды.
Күдерді үзбей аңсадым,
Өмірімнің емі – сен.
Қария өлеңді оқып шыққанымды байқады ғой деймін сөзін
жалғады:
– Өмірімде сол адамды кезіктіргеніме бақыттымын. Қорланға
ғашық боп өткен Естайды естіп пе едің, қарағым... Шіркін, қимас
адам үшін от жағып жатсаң да қандай қызық. Ол көзінің
қиығымен қарап жатса...
Мен жиырма үш жыл бұрын көрген бір жанды дірілдей еске
алып отырған мына адамның жас жігіт емес екеніне сенгім
келмей, жүзіне көз салдым.
98
– Шіркін-ай, тірі екенін айтқан кісіге сүйінші берер едім,–
деді күрсініп.
– Іздейік! Мүмкін, көріп те қаларсыз.
Сөйтіп, қария жазып берген жиырма үш жыл бұрынғы әдірісті
алып кете бардым. Көп ұзамай тауып та алдық. Әттең-ай, бұл
өмірдің өкініші көп қой. Біз іздеген әйел бес жыл бұрын қайтыс
болып кетіпті. Енді бұл қайғыны қарияға қайтып жеткіземін,
жетектеген жалғыз үмітінен қалай айырамын?
Келесі жолы кезіккенімде, қария сездірмесе де бір жаңалық
әкелдің бе? – дегендей, үмітпен қарайлап қойды. Мен шын сырды
айта алмадым...
– Табылды. Алысқа күйеуге берген қызының ауылына кетіпті,
– дедім. Сосын көңілденгенін көріп ойын бөле түскім келіп:
– Аға, басқаға көңіл ауғанға құдай тағала қалай қарайды екен?
– дедім.
Қария мұңайып, суланған жанарымен алыстағы таулардың
қар басқан ұшар басына ұзақ қарап отырды:
– Шын сүйгенді құдай кешіреді. Өзім солай ойлаймын,
қарағым...
ҚЫЗ ҚАДІРІ НЕДЕН?
Баяғыда мектепте сабақты нашар оқыған бір қызға мұғалім
ағайы: «Сенен адам шықпайды!» – деп, ұрса берсе керек. Әбден
жанына тиген соң әлгі қыз: «Ой, ағай, жүрген шығар мен үшін
біреу мұрны шырқылдап оқып!» – депті. Қазіргі әйелдің ауыр
жүгін арқалаудан шаршаған кездерімде әлгі ақылды қыздың
сөздері талай рет еске түсті. Саусақтарын сақинаға толтырып,
балаларын айналасына жиып, аспай-саспай қымыз сапырып
отырған баяғы бәйбішелер елестейді. Қазіргі әйелді көріп,
аяймын. Кішкентай қол сөмкесін тісімен тістеп, екі жағына екі
қапшық көтерген, автобусқа тырмыса мініп, жүгіре басып бара
жатқан, жүйкесі жұқарған әйелдер – кеңес өкіметінің арқасында
теңдік алған менің замандастарым. Майлық-сулыққа бірдей
қоңыр-сұрқай киінген, қас-қабағы түйілген, не үйдегі баласының
99
бабы жоқ не өзінің жұмыста берекесі жоқ олардың. «Қорқыт
дегенде осылай қорқыт деп пе едім», – дегендей-ақ, теңдік
әпергенде, осылай болар деп пе едік.
Әйел-анаға теңдік беру – өскелең де мәдениетті елдерге тән
мінез. Шын теңдіктің тұтқасы әлеуметтік жетілуде жатыр.
Баласын қалай бағамын, қалай киіндіріп-оқытамын десе де,
алдында мол мүмкіндігі бар, бойын сылауға, рухани өсуге
жағдайы жеткілікті, қоғамдағы құқы мен беделі жоғары әйел ғана
шынайы теңдіктің иесі деуге лайық. Бірде Мәскеудегі Америка
елшісі Мэтлоктың жұбайынан журналист күйеуінің бұл
қызметтен кеткен кезінде өзінің немен айналысатынын
сұрағанда, жер ортасы жастағы әйел: «Күйеуімнің орнына елші
болғым келеді», – деп жауап берген. Өзінің 4-5 баласы бар екен.
Оның үстіне сурет салады, қоғамдық жұмыстармен айналысады.
Мен өз еліміздегі әйелдердің жағдайы тұрғысынан қарап, не
деген күш-қуаты мол, шаршамайтын кісі деп таңғалған едім. Ол
кезде Америка әйелінің орташа жылдық жалақысы 18 мың доллар
болатын. Кеңес әйелі ең көп дегенде, үш мыңның маңайында
табыс тапты. Киімі мен тамағы арзан, әр түрлі өрнекті мектептері
баласын бірінен-бірі асырып тәрбиелеуге дайын, бір өзінің екі-үш
көлігі бар әйелдің елші болмақ түгіл, ел басқаруға ұмтылуы да
таң емес, әрине. Тендік арқасында біздің әйелдеріміз де жан-
жақты талант көздерін ашып, халқына қадірлі болып жүргендері
көп. Бірақ олар көтерген екі есе тіршілік жүгі әйелге лайық жүк
емес. Сондықтан да болар, кеңес әйелдерінің шыдамдылығы
жөнінде неше түрлі күлкілі әзіл әңгімелер де шыққан.
Бұрынғы салт-дәстүрден хабары бар жігіттер: «Қыз Жібектей
қыздарымыз қайда кетті?» – деп күрсінеді. Кең қазақтың елінен
неге табылмасын, бар ғой Жібектей қыздарымыз. Бірақ оларды
кеңес қоғамы мен мектебі тәрбиелеп шығарған жоқ. Халықтық
тәрбиеден айырылмаған, бесігін жоғалтпаған ақылды ата-ананың
еңбегінің жемісі. Өкінішке қарай, бұл тәрбие күннен-күнге
құрдымға кетіп бара жатты.
Қоғамдағы адамдардың тәрбиесі сол қоғамның сұранымына,
кімді құрметтеп, қандай кісіні керек етуіне тікелей байланысты.
100
Біздің елде тракторшы, экскаваторшы, қойшы әйелдер
құрметтелді. Әрбір төртінші Социалистік Еңбек Ері әйелден
болды. Кеудесіне орден тағып, ақ қар, көк мұзда қойдың соңына
салып, керзі етік кигізіп, алып трактордың рөлін ұстаттық.
Отбасында баласын баққан әйелге ескіліктің сарқыншағындай
қарадық. «Бала тапқанша, қоғамға пайдалы жұмыс істемейсің
бе?» – деп кінәлағанды естіген кездер болыпты. Тіпті жас
босанған әйелдер осындай кемсітуден ұялғаннан, баласын емізіп
жарытпастан, жұмысқа шыққан. Кәйіпші де, араққұмар да, ауру
да осы ұрпақтан көбейді.
Қыздарды мектептен бастап ұлдармен бірдей жұмыс қолы
болуға баулығанбыз. Қоғамдық жұмысты көп атқаратын,
комсомолдық ұйымды басқаратын қыздарды мадақтадық.
Олардың тентек ұлдарды желкесінен алып лақтырып жіберетінін
айтып қуандық. Сабаққа тым алғыр болмаса да, ибалы, үй
шаруасына бейім қыздар елеусіз болып келді. Бірақ мектеп
тіршілігінде мақтаулы болған қыздардан гөрі әлгі «елеусіз»
топтағылар отбасында бақыттырақ, жігіттер арасында өтімді.
Себебі әлемдегі әрбір еркектің арманы - нәзік әйел деседі.
Психологтердің айтуынша, еркек мінезді әйелден жігіттер
қорқатын көрінеді. Өздері қу, ондай қыздармен жора-жолдас
болып, жүз грамды бөліп ішіп, темекіні бірге тартқанмен,
үйленуге келгенде, нәзік, ибалы қыздарды іздейді екен. Ал
қоғамдық тәрбие көптеген жылдар бойы теңдікті қыздардың
жігітпен барлық жағынан теңесуі деген пікір туғызып, әйелдің ең
бірінші бақыты – отбасы екенін ойлатпай, еркек шора, бақытсыз
қыздардың көбеюіне мұрындық болды. Оқу мен ғылым сирек
таланттың, табиғи бейімділіктің үлесі екенін мойындамай,
шамасы жетсін-жетпесін, ұмтылу дұрыс көрінді. Осының
нәтижесінде өмірдің шын мағынасын отыздан асқанда барып
түсінген қыздардың қайғысын тілмен айту қиын. Оған қыздар
кінәлі емес, қоғамның мінезі кінәлі, көзімізді жұмып, ырқына
берілген өзіміз кінәліміз. Өйткені ғасырлар тәжірибесінен өткен
өмір зандылықтары жасандылықты қабылдамайды. Яғни қолдан
жасалған қоғамдық баға адамдық бағаға сәйкес келмейді. Содан
101
уақыттың талап-тілегіне қарай қоғамдық қызметке белсенді
болып өсіп шыққан қыздар қарапайым тіршілік талабына сәйкес
келмей, алданғандай күйде қалады.
Әйелдің ата-анасын сыйлау, инабаттылық дейтін тамаша
қасиетіне ши жүгіртіп, дана табиғаттың үйлесіміне зорлықпен
араласу кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан-ақ басталған
екен. Сол кездегі «Кедей», «Еңбекші Қазақ» газеттерінің
бетіндегі бүкіл қазақ әйелдеріне үлгі қылған үгіт мақалаларды
оқи отырып, бүгінгі ұрпақтың қалай қалыптасқанын аңғару қиын
емес. 1927 жылғы «Кедей» газетінде былай деп жазылыпты:
«Қыз болсаң Шұлықтай бол!
...Шұлық Мұхаметжанқызы Қожалақ Аққазыұлына тапа-тал
түсте кетіп қалды. Ағалары жібермейін деп еді, қыз өңменінен
итеріп тастады. Қыздың анық кететінін білген соң, дүниелерін
жасырып алып қалып еді, қыз күйеуіне барып алған соң, арыз
беріп, нәрселерін санап отырып қолына алды».
Байқасаңыз, ата-анасын жылатып, ата-енесін ұратын
келіндерді осылай тәрбиелеп шығарған екенбіз. Әйел теңдігі
туралы үстірт түсініктен қыз тәрбиесінде үлкен қателіктер
жіберілді. Сол тәрбиенің жемісін енді көріп отырмыз. Бірін-бірі
бауырына басып, сүттей ұйыған абысын-ажындардың орнына,
әрқайсысы қалтасындағы дипломымен көкірегін қаққан,
маңайын түгел бағындырып ұстауға үйренген келіндер көбейді.
Атасымен болса да, ыстақан қағыстырудан именбейтін, ұлттық
психологиядан ада болған әйелдер шықты.
Енесай жағында Краснояр өлкесінің солтүстігінде баяғыдан
сол жерді мекендеген түріктерден қалған ұрпақ – кет тайпалары
тұрады. Қазір бар болғаны мың адам ғана қалған. Әйел-еркегі
түгел арақ ішіп, үйінен шығып, тіршілік жасауға жарамайтын
халге жеткен. Бүкіл бір ұрпақ құрып кетуге жақын. Ал сан
ғасырлар бойы елдігін сақтап келген ұрпақ аузына арақ алуды
білмеген анадан туған. Қыздарымыздың пәлен мыңының
күйеусіз жүруінің үлкен бір себебі де кеңес жылдарында
ұлтымыздың азып-тоза бастауынан ғой деймін. Отбасын
ұстайтын абзал азаматтардың қатарының ішімдіктің кесірінен өте
102
төмендеп кетуінен. Қыздың сынына толатын азаматы азайған ел
оңа ма? Сондықтан араққа жиіркенішпен қарайтын халге
жетуіміз керек. Жалпы, әйелдің қоғамдағы өз орнын дұрыс
бағдарлай білуі және отбасында бақытты болуы көп
мәселелердің жолға қойылуына байланысты:
1. Тәрбие. Үйдегі, мектептегі тәрбие ұл-қызымызға
жоғалтқан ұлттық мінез-құлықты қалыптастыруға
бағытталуы керек.
2. Ұлттың рухани түлеуі. Ішімдікке әуестік, отбасының
ертеңін ойламайтын жалқаулықтан арылу. Мәдениетті,
парасатты ұл-қыз өсіру әр ата-ананың ел алдындағы парызы
болу.
3. Бала культі, отбасының культін жасау.
4. Көп бала өсіріп, оны жақсы тәрбиелеген ананың
қоғамдағы беделінің және жағдайының жоғары болуы. Әйел
жағдайының жақсы болуы елдің экономикасының өсуіне,
отбасының табысы молаюына байланысты ғой. Егер
жағдайы болса, көп әйелдер бала-шағасын тастап, қызметке
ұмтылмас еді.
Енді, міне, жаңа заманға бет бұрдық. Мұғалім ретіндегі ойым
– мектептен бастап қыздарымыздың үй шаруасына икемділігін,
ибалылығын, қарым-қатынас мәдениетін сіңіре білгендігін
қолпаштауымыз керек. Жаппай қоғамдық қайраткер дайындауға
ұмтылған бұрынғы тәсілге өзгерістер ендіріп, әйелдің бірінші
парызы аналық қасиетін сақтау екенін ұқтыруға бейімделейік.
Болашақ өміріне көптен-көп қажетті дағдыларға үйретіп, жан
әлемін дұрыс байытатын қыздар мектептері ашылса, қандай
жарастықты болар еді!
Соңғы уақытта газет бетінде көп әйел алуды заңдандыру
туралы әңгіме шыға бастаған соң, бұл жайында студенттердің
пікірін білгім келіп сұраймын. Студенттерім жымың-жымың
етеді.
– Жігіттер жағы қуанып жүр, – дейді.
– Қыздар не дейді?
– Қыздар алдырмаймыз! – деп айқайлайды.
103