Кембағалдықтан құтылудың жолы біреу-ақ – әрбір қазақ
баласы ұлт мәдениетін түбегейлі меңгеріп, ұлттық құндылықтар
негізінде оқуы керек.
Еуропа өркениетінің ортасында отырып, айналасын
Франция, Германия, Голландия сияқты іргелі елдер қоршаған
кішкентай Люксембургтың көшелерінде: «Біз өзіміз қандай
болсақ, солай болып қалғымыз келеді!» – деп жазып қойған
(Ш.Айтматов). Жапонияға барған кісі онда Еуропада бар
нәрсенің бәрі бар, бірақ ешкімге ұқсамайтын ел болып қалғанын
көріп, қайран қалады (Р. Ғамзатов). Міне, үлгі керек болса.
Қорыта келе, қазақ мектебіне өзінің ұлттық моделін жасаудан
абыройлы іс жоқ екенін уақыт көрсетіп отыр.
ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП МОДЕЛІН ЖАСАУ
МӘСЕЛЕСІНЕ КӨЗҚАРАС
Бізге қазір батыстың «гүлденген» өмірі келіп жетті де, әсіресе
жастар санасында батыстық утопия пайда болды. Бірақ
ақиқаттың бәрі батыста ма? Күні кеше «ақиқатты» орыстан іздеп
келген жоқ па едік? Аяғы не болды? Осы мәселені көтерген қазақ
зиялылары кезінде қуғынға ұшырады.
Батыс пен шығыстың ежелден өзіне ғана тән өмір сүру салты
бар. «Парагматикалық батыс», «дана шығыс» дейді. Рухани азып-
тозуға көбірек ұшыраған батыс шығысқа қызыға қарайды.
Қазақ өмір тіршілігі сан ғасырлық түркілік, шығыстық
дүниетаным аясында қалыптасады. Тәрбие мектебі болып
табылатын қазақ мақал-мәтелдері мен аңыз-әңгімелеріндегі
дүниелік тәжірибе бүгінгі батыстық ұғымдармен көп жағдайда
кереғар: Қазақ айтады: «Жаным – арымның садағасы», «Дүние
– қолдың кірі». Ал батыста арыңды сатсаң да, дүние табу ұят
емес. Негізгі құндылық – ақша. Ақшадан басқа дос жоқ. Абайдың
«Есектің артын жусаң да, мал тап» дегені капитализммен көрші
қонудың ықпалы болатын. Қазақ «Ат қоссаң ауылыңмен», «Өле
жегенше, бөле же» десе, батыс жүрегіңе сұқ саусағын қадап: «Бұл
– сенің мәселең. Онда менің шаруам жоқ!» – дейді. Адамды
254
жалғыздыққа, ешкімге сенбеуге, мейірімсіздікке үйретеді. Тіпті
әке мен бала арасындағы қатынастардың өзі суық қалыптасып,
ер мен әйел сүйіспеншілігін, таза сезімді сыртқы мүдделер
қақтығысына дейін арзандатады. Осыдан кейін «өмір –
қасқырлар ортасы, адам өмірге қасқыр болып кіру керек» деген
ой қалыптасады.
Қазақи дүниетанымның өзегі – адамшылық. «Пышақты кісіге
салмас бұрын өзіңе салып байқа», «Дүниенің қызығы – сіз бен
біз» ұғымдарымен өскен адамнан кісілік иісі аңқып тұрады.
«Туған елім болмаса, тумай-ақ қойсын күн мен ай», «Кісі елінде
сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», – деп, еліне деген іңкәрлік
сезімін қалыптастырады.
Халықтық тәрбие өз дәстүрін дінмен бекіте отырып, адам
қалыптастырудың қайталанбас мектебін жасаған. Сұлтанмахмұт
Торайғыров қазақи пәлсапаны құрайтын он бір мақалды келтіре
отырып: «Байқасаң қазақтықтың өзінде бар, Дүниенің генийлігі,
пайғамбары», – деген.
Біздің батысқа қошаметшілдігіміз орысқа қошаметшілдіктің
екінші бір қыры екені даусыз. Осы бетімізбен кете берсек, біз
тағы да рухани мүдделер дағдарысына ұшырауымыз мүмкін.
Хомейнидің 11.10.1987 жылы М.С. Горбачевке жазған хатында:
«Сізді марксистік қиялдың бұлдыр ғимаратын бұза отырып,
батыс пен ұлы шайтанның тұтқынына түсіп қалмауға табанды
түрде шақырамын... Үстем де алпауыт мемлекеттердің алдында
Иранды қол жетпейтін жартасқа айналдырған дін, сірә, халық
үшін апиын ба? (Қазақ елі. 1997, 7 қараша)», – деуінде үлкен мән
бар екені даусыз. Бұл елдің іс-әрекетін батысқа жұтылып
кетпеудің, ұлттық мүддесін сақтап қалудың өзіндік бір жолы
ретінде қарасақ, жоғарыдағы сөздердің мағынасы әбден түсінікті
болады.
Күннен-күнге әлемді жаулап келе жатқан американдық өмір
салты әдепкіде қай елді, қай адамды болмасын, қызықтыратыны
рас. Көрші қытай елі әуелі «батысқа еліктеу» теориясын алға
шығарып, одан кейін «қайта ойлану», сонында «түпкі тамырға
оралуды» дұрыс деп тауыпты. Ал Жапонияны жоғары өркениетке
255
көтерген алғышарт – өзіндік ұлттық болмысы мен намысын
сақтай отырып әлемге шығу екені аян. Бүгінгі күнде Франция
сияқты елдердің өзі де американдық үлгіге аса сақтықпен
қарайды.
Жатқа еліктеу – өзін-өзін қор санау. Бұл ұлттық сана
жетілмеген елде болатын көрініс (Еліктеуге берілу салдарынан
рухани тәуелділік қамытын кию мен экономикалық-мәдени
байланыстардың жөні әр бөлек). Өзінің ұлттық
құндылықтарынан болашағы жоқ деген түсінікті қалыптасуы –
адамның жан дүниесін аздыратын қатердің бірі. Оның жастар
арасында, бала сенімінде ұялауына жол беріп қоюға болмайды.
Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіз еліміздің ұлттық мектебі қандай
болу керек деген мәселе толғақтылығымен ерекшеленеді. Жастар
арасында Тәттімбеттің кім екенін білмей, Майкл Джексонға
құлдық ұру, Қорқыттың философиясын ұқпай жатып, Фрейдке
таңғалу, тасқа жазылған ата сөзін оқымай тұрып, Куликово
шайқасын білгішсіну ауруы бар. Оның өзі ауыл баласы мен қала
баласы болып бөлінуіне, бірін-бірі менсінбеуге әкеледі. Қазіргі
ұрпақ құндылықтың қайда екенін біле алмай, адасу дәуірін қайта
бастан кешіп отыр.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда шетел мектебін ашқысы
келгендер лап қойды. Олардың әрқайсысының артында өз
мемлекеттерінің мүддесі тұрды. Тіпті діни мүдделер тартысы да
жүріп жатты. Қазақ балаларын конкурстан өткізіп, қаймақтарын
таңдап алып, өз тілдерінде оқытып жатыр.
Қай тіл жетекші болса, баланың жаны сол тілде сөйлейді. Өз
туған елінің құндылықтарын меңгеріп алмаған, 5-6-сыныптарға
жаңа келген баланың жаны ол мектептерде қалай қалыптасады?
«Қазақ және ... » деп ат қойып алған шетел мектептері мен
лицейлерінің оқу бағдарламасын сырт көзге дұрыс сияқты
болғанымен, шын мәнінде қазақ тілі – әдебиеті, тарихы сабақтары
бірінші қатардағы маңызды пәндер санатында назар
аударылмайды. Шетел мектебін бітірген балалардың ағылшын
тілінде сөйлегенін қайтерсің, Әуезовтің бір де бір шығармасын
256
талдап бере алмайды. Бұл көңіл аударуға тұрмайтын құбылыстар
ма?
Енді бір орыстілді мектептерде: «Біз үш тілді бірден оқытып
жатырмыз», – дейді. Онысы – орыс, ағылшын, қазақ тілдері. Бұл
жерде жетекші тіл орыс тілі болғандықтан, қазақ тілі ана тіл
ретінде қабылданбайды, ойлау тілі, жан тілі бола алмайды. Бала
тілінің қалыптасуы үшін ана тілі мәйек болып табылмайды.
Рухани жан дүние мәйегі қай тіл болса, бала сонікі екенін
ескерсек, өзге тілді мектепте оқыған баланың қазақ тілі – шет
тілін меңгеру сияқты әрекет болып қалады.
Елімізде 3,5 мыңдай қазақ мектебі, 2,5 мыңдай аралас мектеп
бар. Бірі математиканы, екіншісі – химия-биология, үшіншісі –-
қазақ тілі – әдебиеті, енді бірі музыканы тереңдетіп оқытып,
ағылшын тілі мен компьютерге ықылас аударылуда. Ұлттық
тамырларға да көңіл аударатын сияқты. Бірақ ол бала
тәрбиесіндегі тұтас бір кешенді жүйеге бағынған түрде емес,
жеке үзік түрінде жүргізілуде, жекелеген мектеп, ұстаздардың өз
күшімен жасалып жатқан дүние деуге болады. Ұлттық мектептің
ішкі мазмұны мен түрі, өзіндік философиясын анықтап алмай,
оны өмірге ендірмей отыруымыз болашаққа қиянат.
Біздің ойымызша, ұлттық мектептің моделін жасау
барысында қоғамдық пікірде қалыптасқан екі түрлі көзқарасты
есепке алған жөн. Бірі – дәстүршілдік, екіншісі – маргиналдық.
Дәстүршілдікті қолданушылар кейде жаңа заман ағымын есепке
алғысы келмейді, ал маргиналдық көзқарастағылар дәстүрге
заман дамуына кедергі болатын фактор ретінде ғана қарайды.
Дұрысы дәстүрдің бұрынғысы мен бүгінгісін саралай ала
отырып, жаңа заманға қарай бағыт түзеу болса керек. Ұлттық
мектептің үлгісін жасау ұлттық сана мен қазақи кісілікті жан
дүние қалыптастыру арқылы әлемдік өркениетке кірудің тұтас
жүйесін жасау деп білеміз. Әлемдік өркениет бұл ғасырда
мәдениеттердің бір-біріне кірігуі арқылы ғана емес, әр халық
мәдениетінің өз болмысын сақтап қалуға ынта-ықыласымен
белгіленуі тиіс. Әр халықтың өзін іздеуі мен тануы – оның
өркениетті елдер арасында тең дәрежеде болуының кепілі. Ойды
257
қорыта кетсек, ұлттық мектебіміздің философиясы дәстүрлі
түркілік өркениет пен қазақ әлемі негізінде жасалып, әлемдік
өркениетпен сұхбат қарым-қатынасында болуы қажет.
Мектепте баланың тарыдай болып кірген күнінен – таудай
болып шыққанға дейінгі аралығында жан дүниесінің ұлттық
рухта қалыптасып, әлемге ізгілік көзқарасының орнығуы үшін,
қазақ мәдениетінің қатпарларына үңіліп, ол туралы тұтас,
кешенді ұғым түзілуін басты мақсат ету ләзім. Мысалы,
Қазақстан тарихынан бала жанының ерлікке ұмтылғыш
талаптарын қанағаттандыратын көріністер бақшада – бастауышта
әңгіме түрінде беріліп, орта және жоғары сыныптарда жүйелі
негізі қаланады. Тарихымызды 5-сыныптан бастау өте кеш қалу
деп түсінеміз. Сондай-ақ түркі әлеміне ортақ ежелгі әдеби
мұраларды балабақшадан сіңіру. Тұмар патшайым, Мөденің,
Білге қаған, Құлтегін, Оғыздың ерліктері – қай жастағы баланың
болсын ұғымына сыятын дүниелер. Жоғары сыныптарда Қорқыт
пен Баласағұни, Ясауи ойшылдығының негіздері мен
дүниетанымы талданады. Жыраулық поэзияны оқытуға кең орын
беріледі.
Қазақ өнерінің жұлдыздары, кешегісі мен бүгінгісі әр буында
оқытылады. Олардың үні үзбей бала құлағында естіліп тұрады.
Мақсаты – ұлттық-эстетикалық талғам қалыптастыру, санаға
сіңіру, жүрекке жеткізу. Жүрекке сіңгенді жат дүниенің көбігі
өшіре алмайды.
Діни сенім рухани сананың негізін қалайды. Ислам
дүниетанымы мен тарихы, әлемдік мәдениетке қосқан үлесі
«Ислам мәдениеті» сабағы арқылы оқытылады. Бата беру, құран
оқи білуді кішкентайдан үйретуді тек ата-анаға ысырып қою
аздық етеді. (Ата-анасыз 80 мың бала барын ескерейік). Оны әдеп
– имандылық сабақтарына қосқан абзал.
Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Халықты тану
үшін қызын көр. Қыз баланың қылығы мен әдебін қазіргі жоғарғы
талаптар деңгейінен мәдениет деңгейіне көтеру арқылы үйретсе,
тұрпайы еліктеуге орын қалмас еді.
258
«Әдеп» сабағы барлық сыныптарда жүрсе. Оның әр
сыныптағы мақсаты бар. Бастауышта «Әдеп әліппесі», 5-7-
сыныпта «Қазақтың дәстүрлі әдебі» оқытылып, жоғары
сыныптарда ұл-қыз әдебі бөлек өтуі тиіс. Себебі тек ұлға немесе
қызға ғана тән мәселелердің басын ашып айту керек-ақ. Мысалы,
қыздар үшін мына сияқты мәселелердің маңызын кім жоққа
шығарады:
Сезім құпиясы. Жақсы көру. Ұнатып қалғанның бәрі махаббат
па? Мектептегі жігіт. Адам өміріндегі әр уақыттың өз мақсаты
бар. Қыздың күші – нәзіктігінде. Мінез. Бой күту сырлары.
Жастықтың өз бояуы. Қылықтың сиқырлы күші. Табиғылықтың
тартымдылығы. Қыз қадірі неден? Қыз бойындағы түрлі
өзгерістер. Жұқпалы аурулар. Лас сезімдерден қорғау т.б.
(Бағдарламада берілген). Сонымен бірге «Отбасындағы қарым-
қатынас мәдениеті», «Мектеп жасына дейінгі баланың жан
дүниесі мен тәрбиесі», «Еуропа және шығыс этикеті»
сабақтарының мақсаты болашақ өмірге қажетті дағдыларға
дайындау болып табылмақ.
Өз ана тілінің сырын меңгеріп үлгірмеген балаға өзге тілді
қосақтауға болмайды. Орыс тілінің өзін 1-сыныптан қосарлау
кеңестік жүйенің айла-шарғысы болатын.
Баланы жасытпай оқуға мән беріліп, мектеп өмірінде орын
алған әміршілдік қарым-қатынасқа орын қалдырмайтын іс-
тәсілдерді жинақтау, бағаны жаза ретінде қолданбау амалдары
(мысалы, рейтингті пайдалану), өз пәні бойынша ақпаратты
жақсы айтып беруші мұғалімнен гөрі, баланы рухтандырушы
ұстаздың еңбегін бағалау мектептің беделін көтереді.
Ұлттық мектептің қарым-қатынас атрибуттары да маңызды
мәселе.
«Сенім» бағдарламасының мақсаты: баланың ұлттық
санасы мен болмысын қалыптастыру негізінде өркениетке
шығару. Жасытпай оқыту, кембағалдықтан құтқару.
Мәдениеттерді меңгерту. Сенімді азамат ету.
Іске асырудың алғышарттары: Шәкіртпен кісілік-
демократиялық қарым-қатынас орнату. Шәкірттің ынта-
259
ықыласын оятып-дамыту арқылы оқыту. Адамшылық қарым-
қатынасқа итермелейтін тетіктерді іске қосу. Бағдарламада бұл
тетіктер мүмкіндгінше қарастырылған.
«Сенім» ұғымының мақсаты: Шәкірт мүмкіндігіне сену,
шәкірттің өз мүмкіндігіне сенуі.
Шәкірт моделі:
– ұлттық санасы мен болмысы қалыптасқан, мәдениеттерді
меңгерген;
– өзіне сенімді. Еңбектенуге үйренген, білім іздеудің жолын
игерген;
– өзін ортада ұстай біледі, пікірін еркін айта алады;
– адамға құрмет сезімінде тәрбиеленген, адамдардың
тұрмысында әр түрлі екенін мойындайтын және сыйлайтын адам.
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
Баламен тең сөйлесу қажет. Қарым-қатынаста «Сіз» деу,
қандай қиын жағдайда да арына тимеу, адамдығын таптамау,
кешіріммен қарау.
– Сіз үй тапсырмасын орындай алдыңыз ба?
Балаға «Сіз» деу – кісілік, сыйластықтың белгісі. Оның жұрт
алдындағы беделін бағалау.
Тағы бір қажетті сөздер: «мырза», «бикеш», «бике». Дәстүрлі
тәрбиемізде кішкентай балаға да «мырза» деп сөйлеген. Осы
әдемі салтымызды жандандырудан неге үркеміз? Кеңес
заманында салт-дәстүрдегі ғасырлар бойы қалыптасқан қатынас
ұғымдардың сүйкімсіз стеоротипі қалыптасты. Мысалы, «бикеш»
сөзі туралы осыны айтуға болады.
Бұл сөздердің мектеп өміріне енуі ешқандай қолайсыздық
тудырмайтынын ашқан мектебімізде тәжірибеден өткіздік.
Әсіресе ұстаздар тарапынан дұрыс түсіністікпен қолданған
жағдайда тез-ақ үйреніп кетуге болады. Мысалы:
– Марат мырза (Сәуле бикеш), сіз үй тапсырмасын орындай
алдыңыз ба?
Шәкірт жас ұстазға:
260
– Иә, Күлпәш бике, тапсырманы орындадым.
Жасамыс ұстазға:
– Иә, Шапиға бибі (немесе ханым), тапсырманы орындадым.
Қарым-қатынасты шәкірттердің жан дүниесіне қарай
бағыттау қажет. Адамшылық – мектеп өмірінің өзегі. Бұл жайлар
«Жиырма тоқтамда» (төртінші қосымша) жинақталған. «Сенім»
бағдарламасымен жұмыс істейтін мектептегі ұстаз «Жиырма
тоқтамды» талдап, дамып-жетіліп отырғаны дұрыс. Мектеп
басшылығы мен ұстаздар арасында адамгершілік қатынас,
түсіністік жасалады.
Ұзақ уақыт көрген қорлық адамды қатыгез қылады. Бала
ұстазын досым деп қабылдайтындай болуы қажет. Мейірім
шуағына көбірек шомылсын.
Адам – баласын өз жан дүниесінен жасап шығарады. Ақылды
болса – парасатты бала өседі. Сараңнан – ызақор, жалқаудан –
бұзық, зордан жалтақ шығады. Мектеп те ата-ана сияқты, оның
тәрбиесі ақылды, мейірімді болсын.
Мұғалімнің түпкі мұраты: баланың рухани өсуіне
басшылық жасау. Рухани өсіру дегеніміз –
– кісілік қасиетін дамыту;
– шығармашылық қабілетін дамыту;
– дүниетанымын кеңейту т.б.
Мұғалімге қажетті қасиеттер:
– жылылық;
– түсінгіштік;
– сезімталдық;
– баланы шабыттандыра білу;
– балаға адам ретінде қадірлі болу;
– сабағының қызықты әрі пайдалы болуы;
– шығармашылық ізденісі.
Мұғалімнің жұмыс нәтижесі
Шәкірттің:
– өзін еркін сезінуі;
– сабаққа қызығуы;
– білімі;
261
– адамшылық қарым-қатынасы;
– мәдениеттілігімен бағаланады.
Мұғалім еңбегінің саралануы
Әр тоқсан сайын шәкірттерге сауалдамалар беріліп,
қорытындыланып отырады. (Екінші қосымшаны қараңыз.)
Мұғалімді қызметке қабылдау кезінде ауызша және жазбаша
сауалдамалар қолданылады. (Үшінші қосымшаны қараңыз.)
Мектепке қабылданған мұғалімге жиырма тоқтамнан тұратын
нұсқау беріледі. (Төртінші қосымшаны қараңыз.)
Мұғалімде күнтізбе жоспары және шығармашылық ізденіс
дәптері болуы қажет. Жаттанды сабақ жоспарының трафереті
міндет емес.
СӘЛЕМДЕСУ
Ұлттық мектептің келбеті сәлемдесуден бастап көрінеді. Қай
бір тарихи көркем шығармаларды қарасаңыз да, халықтық аңыз-
әңгіме шежірелеріне көзіңіз түссе де, бұрынғы қазақтың екі
қолын кеудесіне қойып амандасқанын аңғарасыз. Бұл салт әлгі
күнге сақталған, бірақ мектепке дәстүр болып енбей қалған.
Шәкірт пен ұстаз, шәкірт пен шәкірт былай амандасуы керек.
Ұлдар (мырзалар):
– Ассалаумалейкім. Оң қолын көкірегінің жүрек тұсына
қояды.
Ал алыстан келген, көптен көріспеген кісімен, жасы да, жолы
да үлкен қадірлі қонақпен екі қолын кеудесіне айқастырып
амандасуға болады.
Қыздар (бикештер):
– Есенсіз бе? (Сәлеметсіз бе?) Оң қолын жүрек тұсын
ишарат етіп, сәл жоғары қояды.
Ұлдар қыздарға:
– Сәлеметсіз бе?
– Есенсіз бе?
262
Жүрек басып амандасудың мәнісі: Адамдар бір-бірін
шынайы ізгілікке шақырады. Жан дүниесін нұрландырып, шуақ
шашады.
ҮЗІЛІС
Үзілістің өзі баланың ұлттық мәдениетке енуіне көмектесуі
керек. Музыка пәнін үйрететін ұстаз арнайы «Үзіліс»
бағдарламасын жасайды. Онда баланың естіген сазын есте
сақтау, үйрену мерзімін ойлай отырып, қазақ ән-күйлерін үзіліс
сайын, қоңырау орнына, беріп отырады. Шарылдаған қоңырау
шошытады. Жайлап айтыла бастаған ән мен күй жанға жылы
тиеді. Бірнеше рет қайталанғаннан кейін балалардың ыңылдап
үйрене бастағаны аңғарылады. Осылайша құлағында қалып,
көкірегіне сіңе береді. Мектептегі шәкірт көптеген әнді біліп-
айтып немесе күйді айырып тарта білетін болуы керек.
Музыка, әйтеуір, оқыту емес, үйрену мақсатын алға қояды.
САБАҚТАҒЫ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРГЕ ТҮСІНІК
Баланың ұлттық болмысы ұлт мәдениетін терең біліп өсуіне
байланысты қалыптасады. Мәдениет өнерге ғана қатысты емес.
Оның аясы кең. Адамзат өркениетке мәдениетті дамыту арқылы
жетті. Қазақ халқының да сан ғасырлық мәдениет тәжірбиесі оны
ұлт ретінде қалыптастырады.
Біздің бағдарламамыз жалпы ортақ білім базасының
мазмұнына қосымша сабақтарды енгізуді ұсынады. Сонымен
бірге халық тәрбиесінде болған, бірақ қазіргі қалыптасқан жүйеде
кездесе бермейтін «дәстүрлі емес» әдіс-тәсілдерді қолдануды
қажет деп есептейді. Ол әдіс-тәсілдер баланың өзіне деген сенімін
арттыруға игі әсерін тигізеді. Баланың «Мен»-ін сыйлау,
құрметпен қарау – басты назарда.
Тереңдетілген сабақтардың уақыт жағынан сыйымдылығын
жан-жақты ойластырып шешуге болады. Мысалы: бастауыштағы
сабақтардың 30 минуттан өткізу мүмкіндігін қарастыру. Толық
263
жүктемеге жеткізу. Факультатив түрінде ұйымдастыру. «Дене
мәдениеті» (дене шынықтыру) пәнін үйірме түрінде түстен
кейінге шығару т.б.
Ең негізгісі – сабақта жанға жайлы орта жасау. Шаршатпау.
Сабақ қызық әрі пайдалы болуы қажет. Осы екі шарттың бірі
орындалмаса, сабақтың толық мәні болмағаны.
БАҒДАРЛАМА БОЙЫНША ҚОЛДАНЫЛАТЫН
ӘДІС-ТӘСІЛДЕР
Хат жазысу. Шәкірт пен ұстаз, шәкірт пен шәкірт арасында
терең байланыс орнатуға, түсіністікке, достық қарым-қатынасқа
тәрбиелейді. Баланың креативті-шығармашылық мүмкіндіктерін
ашады. Бұл – бұрынғы қазақ өмірінде адамның адамға деген
сезімін, сағынышын, сыйластығын, парасатын жариялаудың бір
формасы ретінде кеңінен орын алған дәстүр болғанымен, қазіргі
жастар ортасында ұмытып бара жатқан өнер.
Практикалық-бейнелеу. Әсіресе әдебиет сабақтарында
көркем мәтінді сахналандырып отыру. Бұл әдіс сандық түсініктен
сапалы түсінікке әкеледі. Көркемөнерге, шығармашылыққа
тәрбиелейді. Көркем бейнелер арқылы оқыту бала қиялын
дамытады. Жан сезіміне әсер етіп, рухтандырады. Бұл сабақтарға:
пән мұғалімі, драма жетекшісі, музыка, қол өнері мен бейнелеу
өнері мұғалімдері бірдей қатысады.
Музыка – мектеп өмірінде негізгі мәнге ие. Үзіліс,
практикалық-бейнелеу сабақтары, жалпы сабақтар музыкамен
тығыз байланыста болады. Баланың ашылуына көмектеседі.
Мектеп бала шығармашылығын дәріптейді. Шәкірттің
өлеңі, сурет, қөлөнері т.б. шығармашылығы көп алдына
күнделікті шығарылып отырады.
Сөйлеу және қарым-қатынас мәдениетін үйрену.
Пікірталастар, баяндамалар жасау, реферат, шағын ғылыми
жұмыстар қорғау – негізгі мәнге ие. «Сөйлеу мәдениеті» сабағы
осы мақсатқа қызмет етеді. Баланың аузына сөз салуға мән
беріледі. Әдеп сабағы да осы мақсатқа қызмет етеді.
264
Шығармашылық және «Би мәдениеті» кештерінде бала
тек көрермен ретінде қалмауы қажет. Өзін ортада қымсынбай,
еркін ұстап, үйренуіне қолайлы орта жасалады.
Киіну мәдениетін қалыптастыру. Талғаммен киіне білу –
адамның өзіне сенімді болуының кепілі. Әдеп сабағында бұған
көбірек мән берілуі қажет.
Дене мәдениеті, ырғақ, би мәдениеті сабақтары баланың
денесін игере алмаудан туған сенімсіздігін жояды.
Бала және табиғат. Жекелеген сабақтардың табиғат
ортасында өтуі жоспарланады. Бір күні түгелімен табиғат
аясында өтетін «Көшпелі сабақтар» болады. Мектеп ауласы – тек
үзілісте уақыт өткізетін орын ғана емес, баланың табиғатпен
етене араласуына қызмет ететін орын. Аула – шағын өсімдік және
хайуанат әлемінің рөлін атқарады.
Топтық басқару. Онда әр түрлі жастағы шәкірт қызығуы,
психологиялық сыйымдылығы, мінез ерекшеліктеріне қарай
бөлініп, аға-інілік қарым-қатынаспен жұмыс істейді. Бұл ұялшақ,
әлсіз балаларға өзін сенімді сезінуіне көмектеседі. Басқарып
үйренуге, маңындағы жасы кішілермен санасуға, үлкенге –
құрмет, кішіге – ізет мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі.
Топтағы балалар белгілі бір мерзімде орын ауыстырып отырады.
Субъективті қатынастарға көп мән беріледі.
Мектеп – тәрбиелі отбасының моделі. Мектеп ішінде
тәрбиелі отбасындағы қатынастар моделі жасалады. Отбасының
тәжірибелі басшысы бар. Отбасы сол басшылыққа жүгінеді.
Сыйластықты, жылы ұя. Ұяның әр мүшесі өз жұмысын біледі.
Әрқайсысы отбасының тыныштығын сақтауға мүдделі болады.
Бала еңбегінің бағалануы. Бала еңбегін бағалауға рейтинг
жүйесі қолданылады. Ол демократиялық қатынастар орнатуға
қызмет етеді. Мақсаты: бірінші орында баланың еңбектенуі
тұратындығында. Тынымсыз еңбек қабілетті дамытады. Рейтингі
жүйесі бойынша:
1) сабаққа қатысуы; 2) даярлығы; 3) үй тапсырмасын
орындауы; 4) өзіндік жұмысы; 5) ынтасы; 6) сабақтағы жауабы,
ескерілуі.
265
«Екі» деген баға болмайды (Бірінші қосымшаға назар
аударыңыз)
ТЕРЕҢДЕТІЛГЕН САБАҚТАРҒА ТҮСІНІК
«Әлем және мен» бағдарламасы (бастауышта)
Мақсаты: баланың дүниетанымын кеңейту, заман және
тарих ұғымын қалыптастыру, ел – жер – әлем, ондағы өз орнын
белгілеу. Білу мен сенімділік жан дүниесін жасауға арналады.
Төрт бағдарламаның басын біріктіреді:
Тілашар.
Елтану.
Әлемтану.
Әдеп.
«Тілашар»: 1-2-сыныптарда – ертегі, мысалдар, жаңылтпаш,
жұмбақ, мақал-мәтелдер, 3-4-сыныптарда аңыздар, Құран
сүрелері арқылы ақылақ, әлеуметтік қарым-қатынас, жауыздық
пен әділет ұғымы қалыптасады.
Бұл ұғымдар 5-6-сыныптарда Грек-Рим, Шығыс
мифологиясын оқыту және одан жоғары сыныптарда ұлы
адамдар өмірінен алынған хикаялармен таныстыру арқылы
жалғасады.
«Елтану» – қазақ тарихының әліппесі;
«Әлемтану» – дүние-жаратылыс әліппесі;
«Әдеп» – ақылақ әліппесі. Адамдармен қарым-қатынас,
ортадағы өз орнын белгілеудің алғышарттары.
Бастауыш сынып баласы білгеніне қарай емес, қолынан не
нәрсе келгеніне қуанады. Сол себептен «Тілашар» сабағындағы
сюжеттер интеграция арқылы сурет, қолөнер, театр
сабақтарымен бірге жүреді. Образдың суретін салып, қолымен
жасап, ойнап көреді. Осы практикалық-бейнелеу сабағында әр
жеке тұлға өз дәрежесінде нәтижелерге жетуі керек.
«Ислам мәдениеті». Ислам дінін үлкен мәдениеттің көрінісі
ретінде таныту. Ислам тарихымен, пайғамбарлар өміріне
қатысты аңыздармен таныстыру. Құран сүрелерін талдау.
266
Мұсылманның қырық парызын үйрету. Жекелеген сүрелерінің
мән-мағынасын түсіндіре жаттату. Дінді имандылыққа
тәрбиелеудің жолы ретінде оқыту.
«ЕЖЕЛГІ ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ»:
Ежелгі тарихы және дүниетанымы;
Ежелгі әдебиеті;
Ежелгі жазулары (орхон-араб жазуы).
«Ежелгі қазақ әдебиеті» – біздің заманымыздан бұрынғы
сақ, ғұн, үйсін, көк түрктер, Түрк қағанаты, Оғыз, Қарахан,
Алтын Орда мемлекеттері тұсындағы әдеби ескерткіштерді
оқытады. Текст – мәтінімен таныстырады.
«Шығыс мәдениеті». Бұл сабақта Қытай, Иран, Араб, Жапон
және Үнді елдерінің мәдениетімен танысады. Қазақ
мәдениетімен сабақтастықта қарастырады.
«ЕУРОПА МӘДЕНИЕТІ».
«АМЕРИКА МӘДЕНИЕТІ».
«ГРЕКИЯ МӘДЕНИЕТІ».
«Сөйлеу мәдениеті». Бұл сабақтың мақсаты – шәкіртті
тартымды сөйлеуге үйрету.
«Әдеп» сабағы І-ХІ жылдықтар арасын түгел қамтиды. Оның
ішінде:
Әдеп әліппесі (1-4-сынып).
Қазақтың дәстүрлі әдебі ( 5-7-сынып).
Қазіргі қарым-қатынас мәдениеті (8-сынып).
«Ұл-қыз әдебі» (9-сынып). (Ұл-қыз бөлек оқытылады).
Отбасындағы бүлдіршіннің жан дүниесі және тәрбиесі (11-
сынып)
Қазақ заңдары
«Қол өнері»: ҰЛ САБАҒЫ ЖӘНЕ ҚЫЗ САБАҒЫ.
Сабақтың мақсаты – болашақ өмірге қажетті дағдыларды
үйрету. Ұл дағдысы отбасындағы ер адамға жүктелетін
жұмыстарды үйретуге негізделсе, қыз бала үй шаруасына
қатысты еңбек дағдысын біледі. Қыз балаға көзқарас: оған
267
қайраткер дайындау тұрғысынан емес, болашақ Ана ретінде
қарау.
Бейіміне қарай оқыту.
Шәкірттер жоғары жылдықта бейім-қабілетіне, қызығуына
қарай бөлініп, жекелеген пәндер тобын тереңдей оқиды. Мысалы:
Қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы, шет тілі (Филология,
журналистика, тарих мамандықтары бойынша).
Тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, география, шет тілі (Заң,
шығыстану мамандықтары бойынша).
Шет тілі, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, география,
(халықаралық қатынас, халықаралық заң, халықаралық
журналистика мамандығы бойынша).
Өнер: Саз өнері;
Драма – Кино;
Қолөнер-сурет (Актерлық, әнші-күйшілік, суретші, қолөнер
мамандықтары бойынша).
Спорт түрлері.
«Алғадай» тобы.
Ата-анасы жоқ балалардан іріктеліп алынады. Қазақ және
шығыс жекпе-жегінің философиясы мен техникасын үйретеді.
Дене тәрбиесі мен жан тәрбиесі жалпы мәдениет тәрбиесінің
компоненттері ретінде ұйымдастырылады.
ҚОСЫМШАЛАР
Бірінші қосымша
Рейтинг кестесі
№ Шәкірттің аты-жөні күні
1 2 3 4 5 67
1 Алмас мырза 4 1 2 5 5 1 18
2 Сәуле бикеш к 1 1 3 4 1 10
3 Сабыр мырза 4 1 - - - 16
268
1. Сабаққа қатысы 2. Даярлығы 3. Үй тапсырмасын орындауы.
4. Өзіндік жұмысы. 5. Ынтасы. 6. Сабақтағы жауабы. Жақсы
еңбектенген оқушы бір күнде әр сабақтан 18 балға дейін
жинайды. Тоқсанның соңында көркем әдебиет оқығаны үшін
қосымша балл беріледі.
«К» – «кешікті» деген белгі. Сабаққа келмесе, «жоқ» немесе
«сырқат» деген белгілер қойылады.
Даярлығы. Жинаған балын ата-анасына көрсетіп, күнделікке
қол қойдырып келуі, керекті құрал-жабдықтарының болуы.
Рейтинг қорытындысы екі немесе үш апта сайын шығарылып
отырады. Ең жоғары балдың жартысынан төмен алған жағдайда
тапсыра алмаған болып есептеледі. Балын толықтыру үшін
«минус» тұрған тақырыптарын ізінше тапсыруға, өзіндік жұмыс
жасап, балл жинауға толық мүмкіндік беріледі. Әр екі-үш
аптаның қорытындысынан тоқсандық балл шығады.
«5»-тен басқа бағалар қарындашпен қойылады. Оны
шәкірттің тоқсан аралығындағы кез келген уақытта жөндеуге
құқы бар.
Баға жаза ретінде қойылмайды, баланың еңбектенуінің
көрінісі ғана.
Журнал бетінде «минустың» аз болуы мұғалімнің
шәкірттерімен жеткілікті жұмыс істеуінің көрсеткіші болып
есептеледі.
Шәкірттің сабаққа келмеуі себепті болса да, балл
қосылмайды. Тоқсан соңында сынақ апталығы болып, қосымша
балл жинауға мүмкіндік беріледі. Жылына екі немесе үш рет
емтихандар қоюға да болады. Ол баланың білімін жинақтауға
өзін жақсы жағынан көрсетуіне көмектесу мақсатында
ұйымдастырылады. Емтихандарды сынақты тест түрінде де,
әңгімелесу түрінде де алуға болады.
Екінші қосымша
Шәкірттерге арналған сауалдама
269
№ 1. Сізді қай сабақтардың оқыту тәсілі қызықтырады?
(Тұсына «+» таңбасын қойыңыз.)
№ 2. Қай сабақтарда дұрыс бағаланбай қаламын деп
қорықпайсыз?
№ 3. Қай сабақтарда мұғалімнен қорықпай сұрақ қоя аласыз?
№ 4. Сізді қай сабақтардың мұғалімі түсіне біледі деп
ойлайсыз?
№ 5. Қай сабақтарда уақытыңыз пайдалы әрі қызықты өтеді
деп ойлайсыз?
№ 6. Қай сабақтар көп бола берсе деп ойлайсыз?
№ 7. Сіздің ең жақсы көретін сабағыңыз?
Пәндердің аты 1 2 3 4 5 6 7
1 Қазақ тілі
2 Қазақ әдебиеті
3 Ислам мәдениеті
т.б.
Үшінші қосымша
Мұғалімге арналған сауалдама
1. Аты-жөніңіз?
2. Мұғалімдік стажыңыз?
3. Мамандығыңыз қандай? Қай оқу орнын, қай жылы
бітірдіңіз?
4. Тәрбиелеу дегенді қалай түсінесіз:
– тәртіпке салу,
– қатал талап қою,
– т.б.
5. Баланың рухани өсуіне басшылық жасау деген не?
270
6. Баланы рухани өсіру үшін мұғалім не істеу керек?
7. Сіздіңше ең жақсы мұғалім кім:
– өз пәні бойынша ақпаратты жақсы айтып беруші мұғалім;
– дайын әдістемелерге сүйеніп, сабақты өткізе алушы
мұғалім;
– рухтандырушы мұғалім;
– тағы кім?
Таңдауыңызды дәлелдей кетіңіз.
– Қатал мұғалім жақсы мұғалім бе?
8. Өз сабағыңызды өнермен байланыстыру қажет деп
есептейсіз бе?
(Иә, жоқ, себебі?)
9. Бала не себептен тентек болады деп ойлайсыз? Тентек
бала неліктен жаман бала?
10. Сабақ үстіне баланың тыныш отырмауы неліктен? Қалай
тыныш ұстауға болады?
11. Мұғалімге қандай қасиет керек деп ойлайсыз?
12. Өзіңізде қайсысы бар деп ойлайсыз?
13. Қандай өнеріңіз бар?
14. Қандай шығармашылық еңбектеріңіз бар? (Басылғаны
немесе қолжазба күйіндегісі)
15. Өз сабағыңызда қолданып жүрген қандай қызықты әдіс-
тәсілдеріңіз бар?
16. Ішімдікке көзқарасыңыз?
17. Қандай ортада жұмыс істегіңіз келеді?
Төртінші қосымша
Жиырма тоқтам
– Бала мектеп үшін емес, мектеп бала үшін жұмыс істейді.
– Баға құнды емес, бала құнды.
– Ұстаз қызметінің мақсаты – өз пәнін жақсы үйретуден
гөрі тереңіректе: Ол – адамды жасаушы адам.
– Сабақ – ұстаз бен шәкірттің адами қарым-қатынасы.
271
– Сабақтың мақсаты – баланың басқаға ұқсамайтын
қасиетін аша білу.
– Кісі екеніне күмәнмен қараған баладан кісі шықпайды.
- Мұғалімнің өз сабағын білуі жеткіліксіз, оған қоса бала
жанын ұға білсін.
– Әр баланың өмір тіршілігі – өзінше бір тағдыр. Баланың
тағдырына ойланып қара. Сабаққа келмесе, себебіне үңіл.
Сабағына қызықпаса, себебіне үңіл. Тентек болса, себебіне үңіл.
Себебін алдымен өзіңнен ізде.
– Баланың ықыласын оята біл, қолынан келетініне сендіре
біл.
– Мұғалім мен баланың қарым-қатынасы қуанышты әрі
пайдалы болсын.
– Мұғалімнің сөзі мен ісі жасанды емес, шынайы болуы
шарт.
– Баланы таңғалдыруды ұмытпа: «Даналыққа ұмтылу
таңғалудан басталады».
– Шәкірттің кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің.
Жеңісін ізде.
– Балаға сыйлы боламын десең, баланы өзің сыйла.
– Көптің көзінше баланың кемшілігін бетіне баспа. Сеніп
айтқан сырын шашпа.
– Сабақ үстіндегі тыныштыққа көп ізденіспен, еңбекпен
ғана жетуге болады.
– Қиын тақырыпты түсіндіре салып, сұрауға асықпа, келесі
сабақты қайта түсіндіруден баста.
– Импровизация – сабақтың жаны.
– Баланы сабақтың негізгі кейіпкері ете біл.
– Әр бала – табиғаттың ғажайып құбылысы. Оны сол үшін-
ақ сыйлауға тұрады.
Бесінші – сегізінші қосымшалар
«ӘЛЕМ ЖӘНЕ МЕН»
(Бастауышқа арналған бағдарлама)
272
Тілашар. Бірінші сынып
«Ай көрдім, аман көрдім». Жаңа ай туғанда айтылатын тілек
өлеңінің мағынасы. Жаңа ай, жарты ай, толған ай. Қырынан,
шалқасынан, етпетінен туған айдың мәнісі.
Жаңа киім кигенде не айтамыз?
«Дастарқаның тоқ болсын!» Бата үйрету.
Бейсенбі-жұма – аруақтарды еске алатын күн. Құран оқудың
мәнісі. «Ықылас» сүресін үйрену.
Кім қалай дауыстайды? Аңдар мен құстардың даусын
ажырату.
Наурызға тілек. «Наурыз» жырын үйрену.
Жаңа сөздер үйрену: Киіз үй. Кереге. Шаңырақ. Уық. Білезік.
Бөрік. Сырға. Шолпы. Алқа. Сақина.
Бес қару. Жақ-садақ. Айбалта. Найза. Шоқпар. Дойыр қамшы.
Дулыға. Балпанақ қайда өмір сүреді? Балпанаққа байланысты
сөздер.
Жұмбақтар үйрену.
Жаңылтпаштар үйрену.
Мақал-мәтелдер үйрену.
Ертегілер: («Мысық пен ит неге араз?»).
Не дәмді? («Не дәмді?» ертегісі бойынша).
Жалқау түлкі. («Түлкі, тасбақа және кене» ертегісі бойынша).
Менің қойым ақылды. («Қой мен қасқыр» ертегісі). Әтеш неге
шақыра береді?
(«Әтеш пен тоты» ертегісі). «Айлакер қоян» ертегісі.
Арыстан мен маймылды қорқытқан түлкі. «Арыстан» ертегісі.
Көкек неге ұя салмайды? Еріншек көкек. «Сауысқан мен көкек»
ертегісі бойынша.
Ең үлкен алып кім? «Жеті алып» ертегісі бойынша.
Ойдан ертегі шығарамын. «Менің ертегім» (Шәкірт
шығармашылығы).
Екінші сынып
Бата – тілек үйрену.
273
Құран оқуды үйрену. «Фатиха» сүресі.
Құлаққа су кіргенде не айтады?
Күн шыққанда не айтады?
Малды қалай шақырады? Малдың төлін қалай атайды? Оған
байланысты өлеңдер.
Жаңа сөздерді үйрену. Жеті ата, оны талдау.
Құстар, аңдар: Лашын. Тұрымтай. Ұлар. Керік. Қолтырауын
т.б.
Үй жануарларының аттары: Құлыншақ. Бие. Тұлпар.
Сәйгүлік. Буыршын. Атан т.б.
Жұмбақ үйрену.
Мақал-мәтел үйрену.
Ертегілер: «Түлкі, қараторғай және қарға».
Үш жалқаудың оқиғасы. «Үш жалқау» ертегісі бойынша.
Торғайдың екі өсиеті. «Торғай мен адам» ертегісі. Аңқау
есек. Мұсылман аңызы бойынша.
Кірпішешеннің оқиғасы. «Кірпішешен» ертегісі.
Бес ешкі қасқырдан қалай құтылды? «Бес ешкі» ертегісі.
Алдар Көсе әңгімелерімен таныстыру.
«Түлкіден өткен қу қаз» ертегісі.
«Бұлдыр мерген» ертегісі.
«Бөгелек» ертегісі.
«Сүлеймен патша мен байғыз» ертегісі.
Абай ата туралы әңгімелеу. Өлеңдерінен үзінді жаттау.
Қорқыт ата қобызының сыры.
Қорқыт ата әңгімелері: «Төбекөзді өлтірген Бисат батыр».
Үшінші сынып
Қорқыт ата өлімді қалай жеңді? Қорқыт ата мен Әзірейілдің
оқиғасы.
«Зергердің Әзірейілді алдағаны». Аңыз.
Қасиетті көк бөрі. «Көк бөрі» аңызы.
Оғыз батыр. Аю кеуделі, бұлғын жауырынды бала. Қатпен
соғысы. Оқу іздеген бала. Әл-Фарабидің Бағдадқа сапары.
Түркістанда – Қожа Ахмет Ясауи баба.
Айла мен адалдық. Лұқпан хакімнің әңгімесі.
274
Сараң мырзалар. Мұсылман аңызы.
Асан ата желмаяға мініп не іздеді?
Қожанасыр айтыпты…
Абай ата айтыпты: Аристотель мен Ескендір оқиғасы.
Жамбылдың жолбарысы.
Шахерезада. «Мың бір түн» кейіпкерлерімен танысу.
Қаңғыбас Сандыбадтың оқиғасы. «Мың бір түн» кітабынан.
Мұхаммед пайғамбар. Таныстыру.
Мұсылманның бес парызы.
Ойдан ертегі шығарамын. (Шәкірт шығармашылығы).
Жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар.
Төртінші сынып
Құран Кәріммен таныстыру. Құран оқиғалары.
Жиренше шешен аңыздары.
Қожанасыр айтыпты.
Домалақ ене аңызы.
Ертегілер: «Алтын сақа».
«Ер Төстік» ертегісі.
Самұрық құс пен Залдың оқиғасы. «Шаһнамадан».
Зохках қалай жылан патша болды? «Шаһнама» оқиғасы.
Қобыланды батырдың Тайбурылы.
Алпамыс пен Қаражан батырдың достығы.
Мұңлық пен Зарлықтың оқиғасы.
Бұхар жырау айтыпты. Толғауынан үзінді жаттау.
Махамбет айтыпты. Толғауынан үзінді жаттау.
Абай ата айтыпты. Өлеңін жаттау.
Ыбырай Алтынсарин кім? Өлең-әңгімесімен таныстыру.
Сұлтанмахмұт кім? Өлең-әңгімесімен таныстыру.
Ахмет Байтұрсынов кім? Өлеңінен үзінді жаттау.
Ақ кемені іздеген бала. Ш. Айтматовтың «Ақ кемесі»
бойынша.
Құрмаш пен Көксерек оқиғасы. М. Әуезовтің «Көксерек»
әңгімесі.
275
«ЕЛТАНУ»
Үшінші сынып
Карта деген не? Ол ненің суретін сызады?
Менің Отаным Қазақстан елі. Картадан көріп, танысу.
Қазақстан Президенті.
Қазақ тілі қандай тіл? Түркі тілдес елдерге саяхат.
Мұсылман елдеріне саяхат.
Алғашқы адамдар қалай өмір сүрген? Үңгірдегі адамдар.
Киіз үйлі, шошақ бөрікті сақтар.
Тұмар патшаның оқиғасы.
Күн адамдары. Ғұн тайпасы туралы әңгіме.
Мөде – ғұн патшасы.
Білге қаған мен Күлтегіннің ерліктері.
Абылай хан кім? Ол қандай ерлік істеген?
Кенесары – Наурызбай батырдың ерліктері.
Бөгенбай батырдың ерліктері.
Қабанбайдың басынан кешкендері.
Сырым батырдың ерліктері.
Өтеген батырдың ерліктері.
Қараш батыр.
Қазақстан мейрамдары: Республика күні, тәуелсіздік деген
не?
Тәуелсіздік алған күн.
Кел, Жаңа жыл, Наурыз! Наурыз мейрамын тойлау салты.
Аналар күні. Апама жыр сыйлаймын.
Отыз күн Оразаның мағынасы.
Құрбан айт.
Төртінші сынып
Қазақ елі – бай өлке. Мағлұмат.
Қазақстанның ежелгі қалалары туралы әңгімелер. Түркістан.
Ер Түріктің бесігі.
Қорқыт ата мекені – Жанкент.
Отырар – әл-Фараби туған жер.
Ежелгі Тараз – Әулиеата – Жамбыл.
276
Ұлы Жібек жолы туралы мағлұмат.
Би- шешендер өмірінен әңгімелер: Төле би.
Қазыбек би.
Әйтеке би.
Өнер адамдары өмірінен әңгімелер: Қобызшы Ықылас ата.
Құрманғазы өмірінен әңгіме.
Тәттімбет өмірінен әңгіме.
Ақан сері өмірінен әңгіме.
Біржан салдың өмірінен әңгіме.
Күй анасы – Дина туралы әңгіме.
Бұлбұл Күләш.
Қос Роза өнері.
Бибігүл.
Әлемді жеңген Қажымұқан.
Бауыржанның батырлығынан сыр.
Әлия мен Мәншүктің жанқиярлығы.
Жер – ананың сырын тапқан Қаныш аға.
Әлемге қазақты танытқан жазушы – Мұхтар Әуезов.
«ӘЛЕМТАНУ»
Бірінші сынып
Жер – біздің үйіміз. Табиғат ана және оның балалары. Аңдар,
құстар, өсімдіктер, жәндіктер және біз.
Мен қайда тұрамын? Қазақ жері – атажұрт. Астана, облыс,
аудан, ауыл. Мектеп.
Қазақ жерін бізге кім сыйлады? Біздің бабаларымыз. Мен
оларды мақтан етемін.
Астана – жүрек. Ол неге керек? Онда кімдер тұрады?
Республика астанасы. Астаналар жайлы әңгіме.
Менің Лицейім (мектебім). Лицейдегі оқу және ол нені
үйретеді? Пушкин оқыған Лицей және одан кімдер шыққан?
Тіл, жер, дін, шежіре.
Адамдар әлемі. Олар неге әр түсті? Жер шарындағы балалар
маған ұқсай ма? Менің шетелдік достарым қандай?
277
Аспан. Ол неге көк түсті? Күн мен түн. Түнгі аспандағы
жұлдыздар. Ғарышкер. Зымыран.
Менің жұлдызым. 12 шоқ жұлдыз. Жұлдызым жоғары. Өмір.
Ол туралы ақындар не айтқан? Өмірді қалай сүру керек? Ұлы
адамдар өмірі.
Екінші сынып
Сәлем, табиғат! Қайырлы таң, Күн! Ай неге әр түрлі?
Ағаштар, гүлдер, шөптермен сырласу. Құстармен сөйлесуге бола
ма? Тастар мен суларды сөйлетсек...
Қазақ – менің ата-тегім. Тектілік деген не? Абылай – Уәлихан
– Шыңғыс – Шоқан.
Жануарлар әлемі. «Қызыл кітапқа» кімдер кіреді?
Жыл мезгілдері неге байланысты ауысады? Жыл мезгілдері
барлық жерде бірдей ме? Жердің күнді айналуы. Тәулік, күн, түн.
Ғарыштан қарағанда жер қандай? Ғарыштағы планеталар.
Олардың қазақша атаулары. Құйрықты жұлдыздар. Метеориттер.
Ғарышкерлер. Жұлдыздар әр адамның өмірінде. Жұлдызың
жансын! Жұлдыздың орналасуы арқылы бағыт пен уақытты
анықтау.
Заман. Жыл аттары, ай аттары, апта аттарының шығу тарихы.
Менің заманым. Бақытты бол, замандас!
Үшінші сынып
«Мен де бір кірпіш дүниеге...» Жер, Жұлдыз, Адам – үшкілі.
Мүшел. Жыл қайыру. Мүшелдегі хайуанаттар аты.
Уақыт. Адамдар уақытты қалай айырған? Қазақтың уақыт
атаулары: қас қағым сәт, етпісірім, биесауым, сүтпісірім т.б.
Аспан сағаты. Күн сағаты. Құм сағаты. Жұлдыздар сағаты.
Аспан әлемін зерттеген Шығыс ғұламалары. Әбу Райхан
Бируни, Ұлықбек обсерваториясы.
Күнтізбе. Шығыс күнтізбесі. Григориан күнтізбесі. Хижра
жыл санауы. Кішкене Дионисий. Ай циклі.
278
Дүние – сыры мол жұмбақ. Жердің жаралуы: ғылым тілінде.
Жаратылыс аңыздары. Ғарыш және оның ауа қабаттары. Өзге
планетада тіршілік бар ма? БҰО – беймәлім ұшқыш объектілер.
Жер бетіндегі өзгерістер. Тоңдардың еруі. Жер сілкінісі.
Жер – тірі шар. Ішкі қабатында не бар? Таулар, қыраттар,
ойпаттар, тегістіктер, сулы аңғарлар деген не? Ауада су айнала
ма?
Әлемде талай қызық бар. Каникул – менің өз кереметім.
Төртінші сынып
Жүрегімде – Жұмыр жер. Жер – ғарыш – Адам. Адам қиялы
қалай шарықтады. Ұлы саяхатшылар.
Қарлы өлкеге барған саяхатшылар.
Американы кім ашты? Колумб па? Америкадағы тайпалар
мен біздің аталарымыз – түріктер арасындағы ұқсастық.
Жерде белбеу бар ма? Экватор. Меридиана. Мемлекеттер.
Олар қандай құрлықтарға орналасқан?
Европа. Жер бедері. Жануарлары. Адамдары қандай?
Байлығы.
Шығыс Табиғат әлемі. Жануарлары.
О, Африка! «Чунга-Чанга - ғажайып арал». Экватор. Халық.
Жануарлар әлемі.
Хелло, Америка! Солтүстік Америка. Оңтүстік Америка. Жері
қандай? Суық па, ыстық па? Адамдары. Жануарлар әлемі.
Таңғажайып Австралия! Онда кімдер тұрады? Кенгуру өлкесі.
Мұхиттар терең бе? Ең терең қазаншұңқыр. Балықтары. Інжу
– маржандары. Өсімдік әлемі.
Әлемдегі 7 және 37 керемет.
Жердегі кереметтердің аспанмен байланысы. Жерге
планеталардың әсері. Айдың адамға әсері.
Ғарышпен байланыстар. Біз және Болашақ!
«ӘДЕП»
Бірінші сынып
279
Мәдениетпен достасу. Сүйкімді бала қандай бала? Жақсы
қасиеттермен танысу. Қарым-қатынастағы сиқырлы сөздердің
құдіреті: «Кешіріңіз», «Мүмкін болса...» Мейірім. Мейірімнің
достары. Жақсылық жасау.
«Тұра тұр, бәлем!» Сөз таластыру.
Сөз жекпе-жегі және қол жекпе-жегі. «Білекті бірді жығады,
білімді мыңды жығады».
Сұлу боламын десең, таза бол. Сабын – сумен достасу.
Мырза мен Бикеш арасындағы сыйласым. Кешірімділік.
Көтерме сөз. Игі тілек айту. Сүйкімді және ізетті сөйлесу.
Еркелеудің де жөні бар. Бата алу. Кішіге қамқорлық. Жүріс-
тұрыстың жөнді болғаны дұрыс.
Ортада өзін-өзі ұстау. Үлкеннің сөзін орынсыз бөлмеу. Әдемі
жүріп-тұру сырлары. Сурет және жазу әдемілігі. Әріппен шын
дос бол. Жазу не үшін керек?
Әдемі киінген сұлу көрінеді. Киімің жараса ма? Киіміңнің
түсі үйлесе ме?
Көшедегі танысыңды көріп сұқ саусақты беземеудің себебі.
Дауыс көтеріп, адамды алаңдатпау. Жол ережесін сақтау.
Отбасы. Мен кімді жақсы көремін? Қалай сыйлаймын? Жақсы
көргенді қалай жеткізеді?
Қонақ келді, алақай! «Қонақ кеткенше, мен құтырамын.
Қонақ кеткен соң апам құтырады». Қонаққа сәлем беру, төрге
шығару, құрмет көрсету.
Біз қонақтармыз. Құдайы қонақ. Арнайы қонақ. «Сыйға –
сый». Сыйлық таңдау.
Қонаққа барғандағы ізеттілік әліппесі. «Қыздың жолы
жіңішке».
Мақтанған дұрыс па, мақтаған дұрыс па? Ең нашар қасиет.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын!»
Пышақ, шанышқы, қасық. «Біздің орнымыз бар. Дұрыс
ұстамаса, түсіп қаламыз». Сенің досың – орамал.
Дос қандай болу керек? Дос таңдау. «Шын дос шыңға
шығарар».
280
Реніш. Өкпе. Кешірім. Реніш, өкпе – жақсылықтың жауы.
«Жақсы адамның өкпесі – жібек орамал кепкенше».
Хат жаза білу – өнер. Хат – хабаршы. Хатты жаза білу – сіздің
әдемілігіңізге қосылған бір ұпай.
Екінші сынып
Адамгершіліктің алтын қағидасы.
1. Аналарды сыйлау. 2. Әкелерді құрметтеу. 3. Үлкенге ізет
көрсету. 4. Кішіні көтермелеу. 5. Таза, әдемі жүру. 6. Үйде,
ортада өзін жақсы ұстау.
Біздің достарымыз кімдер? Ақыл, шындық, әділет, намыс,
батылдық. Олар қандай кезде көмекке келеді?
Отбасындағы қарым-қатынас. Үлкен кісіге көмек бері.
Тетелестің аты төбелес емес. Өзің кіші болсаң да, жүрегің үлкен
болсын.
Мырза мен Бикеш. Қол жүгін көтерісу. Орайы келгенде
айтылар көтерме сөздер.
Киіне білеміз бе? Қонаққа не киіп барамын? Қуыршақтың
көмегі.
Дастарқан басындағы әдеп. Пышақ, шанышқы, қасық, сусын
және тамақ құюға арналған ыдыстардың қойылу тәртібі. Бикешке
қызмет көрсету. Тағамды төкпей-шашпай алып үйрену. Шай,
кофе ішу. Лимон, қант салу тәртібі. Шай ыдыстары қалай
тұрады?
Көтерме сөздердің айтылу орны, айтылу интонациясы.
«Бес нәрседен қашық болу». Жақсы мен жаманды айыра білу.
Мен қандай боламын? Тест сұрақтарымен жұмыс. Кемшіліктер.
Оны жою үшін тапсырмалар.
Үшінші сынып
Әдемілік сыры – әдептілікте. Әдептің жақын достары: ақыл,
білім, іздену.
Отбасындағы әдептілік. Сіз ата-анаңызды сыйлайсыз ба?
Әлде қорқасыз ба? Қорқудан құтылуға бола ма?
281
Әңгіме – дүкен құру. Қандай жағдайда қандай әңгіме айтуға
болады? Әдемі сөйлеу. Ойды түйіп ұстау. Қимыл-қозғалыс
арқылы ажарландыру. Диалог.
«Сіз өте әдемісіз!» Шынында, солай ма? Бикештің дене
бітіміне, өз жүрісіне, ибалылығына назар аудару.
Қазақ қызы. «Қыз өзін үкідей қызғануы керек». Ол қасиет
менде бар ма? Бикешке нәзіктік керек. Ержүректілік пен өжеттік
ше? Есті бикеш – ең сұлу бикеш.
Сегіз қырлы, бір сырлы мырза. Жігітке қажет қасиет – намыс.
Дөңгелек үстел басындағы сұхбат: асыл қасиеттерді қалай
түсінемін. Сәнді киіну керек пе? Мектеп, оқу және сәнді киім.
Ұлттық үлгі.
Адамдарды түсіне білу. Жағдайға қарау, жанын түсіну.
Жанына батса, жәрдемдес; қуаныш болса, ортақтас.
«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер».
Сыйлық. Ең бағалы сыйлық - өз қолыңмен жасалған бұйым,
кітап, гүл.
Сіз ресторанға бардыңыз. Құрал-жабдықтарды пайдалану.
Салфетканы пайдалану.
Мен қандай адаммын? Тест сұрақтарымен жұмыс.
Олқылықтардың орнын толтыру.
Төртінші сынып
Мәдениеттілік неге қажет? Адам өмірінде мәдениеттіліктің
орны.
Қазақ халқының әдеп әлемі. Ата мен бала. Ананың орны.
Әкелер жолын сыйлау. Бала мәдениеті.
Еуропа – ертеректе. Ағылшындар мен немістер бойындағы
тамаша қасиеттер.
Орыс мәдениеті. Өзіне тән ерекшеліктері.
Еліктеу. Қарапайым Мария мен Қыз Жібек. Пір тұту. Менің
пірім... Бидегі Бикеш пен Мырза.
Туған күн. Қонақ шақыру және сый қабылдау.
Концерт залында күлкілі көрінбеу.
282
Менің серіктерім: «Өтінемін», «Ғафу етіңіз», «Қапа
болмаңыз!»...
Сұхбат, әңгіме-дүкендегі орным. Қисынсыз қыстырма
сөздерден арылу. Күнделікті киім және сәнді киім. Ұлттық киім.
Оны қазіргі заманға үйлестіруге бола ма? Киім, сөмке, әшекей
заттардың үйлесімі. Бикеш және Мырза. Сыртқы келбеті. Мінезін
сынау.
Тоғызыншы сынып
«Ислам мәдениеті» (6-7 сынып)
Ислам тарихына шолу.
Мұсылман елдеріне саяхат.
Құран Кәрім. Түсінік.
Астан кейін құран оқудың мәнісі.
Құран сүрелерінің мағынасы, айтылуы, жаттау.
Адам Ата мен Хауа Ана туралы мұсылман аңыздары.
Қабыл мен Абыл оқиғасы.
Сезім мен ақыл туралы Құранда не айтылған?
Қызғаныш не нәрсе?
Адамдарды жауыздықтан құтқару үшін Салих пайғамбар не
істеді?
Сенімі жоқтар қалай жазаланады?
Періштелерге түсінік: Жәбірейіл, Мекайыл, Исрафыл, Әзірейіл.
Әзірейілді зергер қалай алдады?
Зәмзам суы. Сымайыл.
Ибраһим пайғамбар, Сымайыл және Құрбан айт.
Босаға. Екі келін оқиғасы.
Жүсіп пайғамбардың оқиғасы.
Мұса пайғамбардың хикметтері.
Қарынды жер жұтқаны.
Дәуіт пайғамбардың хикаясы.
Сүлеймен пайғамбардың оқиғасы.
Ғұзайырдың өліп-тірілуі.
Иехуза мен Гутерустың оқиғасы.
283
Мәриям ана. Иса пайғамбардың дүниеге келуі.
Лұқпан хакім.
Қайталау.
Пайғамбарларға түсінік.
Мұсылманның бес парызының мағынасы.
Шаһадат айту.
Бес уақыт намаз.
Зекет беру.
Оразаның мән-мағынасы. Үш шарты. Ораза тұтпауға болатын
бес жағдай. Ораза ниетін жаттау.
«Ауыз ашар» батасын жаттау. Қажылық жасаудың мән-мағынасы
мен жөн-жосығы.
Мұсылманның қырық парызы.
Қиямет-қайымға түсінік.
Исламның шарттары.
Оныншы қосымша
Ежелгі әдебиет (6-7-сыныптар)
Сіз ұлы халықтың ұрпағысыз! Кіріспе.
Скиф – сақтар мәдениеті. Тарғытай аңызы.
«Тұмар патша» аңызы.
«Зарина сұлу» аңызы.
Афрасияб – Тұран көсемі. «Алып Ер Тұңғаны жоқтау».
Көкбөрі туралы екі аңыз: Елжау би. Ашина.
Ғұндар. Мөде батырдың көршілеріне жауабы.
«Оғыз қаған жырының» мазмұны.
Қорқыт ата аңыздары. Өліммен күрес.
«Қорқыт ата» кітабы: «Темірұл». «Төбекөз дәуді өлтірген Бисат
батыр».
«Бұқаш туралы жыр», «Алып Бамсы». Нақыл сөздері.
Орхон ескерткіштері. Түрік қағанатының мән-жайы. Білге қаған,
Күлтегін, Тоныкөк бейнесі. Тәуелсіздік туралы ойлары.
Ислам дәуірі. Әл-Фараби. Қысқаша өмірбаяны, еңбектері,
көзқарасы. Өлеңдері.
284
Махмұт Қашқари. «Түрікше сөздік». Өлеңдері, мақал-мәтелдері,
жұмбақтары.
Жүсіп Баласағұн. Қысқаша өмірбаяны. «Құтты біліктің» қысқаша
мазмұны.
Ахмет Ясауи. Өмірі. «Хикметтеріне» түсінік.
Ахмед Иүгінекидің өмірі. «Ақиқат сыйы» кітабына түсінік.
Алтын Орда мемлекетінің мәдениеті. Шолу.
«Махаббат намаға» түсінік.
«Қисас – ул әнбия» кітабына түсінік.
«Жұмжұма сұлтан» кітабына түсінік.
Сәйф Сараи ақын. «Гүлстан».
Қазақ хандығы дәуіріне түсінік. Жыраулар поэзиясына шолу.
Сыпыра жырау. Асан қайғы. Өмірі, өлеңдері.
Қазтуған жырау.
Шалкиіз жырау.
Қайталау.
Он бірінші қосымша
«Қыз әдебі»
ҚЫЗ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМА
(9 жылдық)
Сезім құпиясы. Жақсы көру. Ұнатып қалғанның бәрі махаббат
па? Сезімге жарнама жүрмейді. Мектептегі жігіт. Махаббат
уақыт талғайды. Адам өміріндегі әр уақыттың өз мақсаты бар.
Ол және Мен. Жар таңдау – жауапты жұмыс. Менің жарым
қандай болсын? Таңдаудың тоғыз шарты.
Ақылдасу. Үлкендермен ақылдасқан дұрыс па? Кіммен
ақылдаса аламын? Анам. Жеңгем. Құрбым. Ұстазым. Қайсысы?
Мария ма, Қыз Жібек пе? Тағы кім? Қазіргі қазақ қызының
образы қандай?
Сезімді сыпайы жеткізудің жолдары: хат мәдениеті, сұхбат
мәдениеті т.б. Маған хат келді. Ұнатпасам, не істеймін?
Хаттар, хаттар. Қыз хаты. Қамар сұлудың Әбдірахманға,
Татьянаның Онегинге хаттары.
285
Қыздың күші – нәзіктігінде. «Ер-азамат атаулының жек
көретіні – еркек сияқты қыздар».
Адам мінезіндегі сәйкестіктер. «Жұлдызы жарасты»,
«Жұлдызы қарсы» сөздерінің мағынасы. Он екі жұлдыз.
Мінездегі сәйкестік дұрыс па, қарама-қарсылық дұрыс па? Өзіңді
тани біл. Өзгені тани біл!
Қыз өтімділігі. Мінез. Бой күту сырлары. Тазалықтың рөлі.
Бояну дұрыс па, әлде жастықтың өз бояуы бар ма?
Қылықты қыз қандай қыз? Қылықтың сиқырлы күші: жүріс-
тұрыс, көзқарас, «флирт» «Табиғилықтың» магниті.
Кеудесі ашық көйлекті неге киген? Қазір кию айып па?
Мұсылмандар неге қыздарын қымтай ұстаған? Заман мен
дәстүрдің үндестігі мен қайшылықтары. Батыс және шығыс
әдебіндегі ерекшеліктер. Сезімнің құлы болу – әлсіздік. «Мен –
мықтымын. Мен – сабырлымын. Мен – мейірімдімін». Сабыр
және жауапкершілік. Оның тағдырын ая!
Кісінің даналығы – әр істің аяғы немен тынарын болжай
білуде. Махаббат традегиясы: махаббатын қорғап құрбан
болғандар. Өзін-өзі құрбан еткендер. Көзқарас.
Қыз қадірі неде? «Қыдыруға қыз жақсы, үйленуге жар
жақсы». «Айтпай да болмас әлгі, айтып та болмас әлгі». «Жүз рет
өлшеп, бір рет кескен ұтады».
«Асығыс арты – өкініш». Жұқпалы аурулар. СПИД-тен тірі
қалу жоқ! Қыз бойындағы түрлі өзгерістер. Не істеу керек?
«Сізбен танысқым келеді». Таныстық: көшеде, қонақта,
мектепте. Қыздың іс-әрекеті. Сөзі.
Көшеде кездескен жігіт. Пиғылы қандай? Дөрекілікке не
жауап? Сөз – үлкен қару. Қорғаныс қимылдары.
«Қызға жігіт құмар-ай». Кездейсоқ кісінің көз сүзуі қауіп
әкеледі. Не істеген дұрыс?
Ер адамда кездесетін лас сезімдер. Одан қорғану.
Зорлық. Жан жарасы жазылады. Алдын алған бәрінен жақсы.
Отбасын қай жаста құрған дұрыс? Отырып қалған бойжеткен.
«Көкек махаббат» мәңгілік пе? Махаббаттан кейін махаббат бола
ма? Сезім тұрақтылығы не үшін қажет?
286
Жеңіл жүріс. Оған себеп? «Пайдасы» мен «зияны».
Отбасы бақыты деген не? Тұрақты қарым-қатынас отбасын
бақытты қылады. Бала уайымы неден?
Сөз соңы
Қазіргі қазақ баласының бойындағы бір кемшілігі – өзіне
сенімсіздік, кембағалдық мінез. Баяғы Қазтуған мен Шалкиіз
заманындағы қазақ мінезінен өзін «буыршынның бұта шайнар
азуы» деп сезінген өрлік пен өр рухты көреміз. Сенімсіздікті
қалыптастырған екі ғасырлық құлдық психология мен әміршіл
жүйе болатын. Енді дәстүрлі қазақы тәрбиеміздің өміршең
үрдістерін қазіргі заман ағымына үйлестіре алмай жатырмыз.
Дәстүр құндылығы бір басқа да, уақыт құндылығы бір басқа.
Бала санасында қазіргі қазақ азаматының рухани моделі
қалыптаспағандықтан, сенімсіздікке ұшырайды.
Ал өзге тілде тәрбие алған балада ұлттық мәдениетін
білмеуден туған сенімсіздік бар. Сондықтан ендігі тәрбиенің
алдында тұрған зәру мәселе – қазіргі қазақ азаматының мінезін
қалыптастыру. Өркениет әлеміне Қазақ құбылысы болып кіретін
азамат дайындау. Ол, ең әуелі, өзіне сенімді адам. Өркениет
әлеміне шығуға дайын адам ғана өзіне сенімді бола алады.
Біздің бағдарламамыз хал-қадарынша осы мақсатқа қызмет етеді.
Бұл бағдарлама бойынша, тәрбие ұлттық негізде жүреді. Ұлт
ретінде қалыптастырған жақсы қасиеттерімізді сіңіріп, оны
заманға қарай дамыту. Бірақ ұлттық шеңберден қамал соғып алу
емес. Мектебіміздің оқытудағы ескі авторитарлық қалыптардан
шығатын кезі келді. Ол үшін мектептің ішкі жүйесі мен мазмұны
өктем қатынастарды қажет етпейтіндей болып құрылуы керек.
Сонда нағыз еңбекқор мұғалімнің жұмысы жарқырай түспек.
Біздің бағдарламаның бағыты: «Мен сенің жақсы болуыңа
көмектесемін».
«Мектептің жақсы жұмыс істейтіндігінің белгісі – баланың
ықыласы» деп білеміз. Шәкірт пен ұстаз арасындағы қарым-
қатынас адамгершілікке құралады.
287
«Сенім» бағдарламасы бойынша мұғалімге көзқарас.
Мұғалім – тергеуші емес, үйретуші. Тәртіпке салып қоюшы
емес, рухани өсіруші. Баланы қызықтыру арқылы ерте білетін
адам балаға нені үйреткісі келсе, соны өзі көрсетеді. Баланың
қазақ деген ұлы халықтың ұрпағы екеніне, қазақ жерінде
тұратындығына мақтаныш сезімін қалыптастыру – мұғалімнің
абыройлы ісі.
Шәкірттің ой-өрісі мен сезімін тәрбиелеуде ертегі-аңыз, ән-
күй, хаттың рөліне үлкен мән беріледі:
– ертегі-аңыздарды толассыз құлаққа ұйып отыратын
арнайы сабақтар болады: «Тілашар», «Елтану», грек-рим
мифологиясы, қазақ аңыздары, ұлы адамдар өмірі;
– сабақ, үзілісте ән-күй, жыр, әлемдік музыка кеңінен
қолданылады;
– ұстаз бен шәкірт арасында «Үшбу хат» жазылады.
Тәрбиенің негізі үш саладан тұрады:
1. Еңбектенуге үйрету;
2. Жауапкершілікке үйрету;
3. Ой-қиялын шарықтату.
Адамның бүкіл өмірі – еңбектену. Тіпті демалғанда да
еңбектенеді. Алдағы еңбекке күш жинау үшін еңбектенеді.
Баланы еңбектенуге үйрету – тәрбиенің өзегі. Бағдарламадағы
рейтинг жүйесі осыны көздейді. Қазіргі бағамыз бала еңбегін
толық бағалай алмайды деген ойдамыз. Ол алға ұмтылдырудан
гөрі, сын мен қорқыныш таразысына салады.
Әлбетте, бұл бағдарламада ұлттық мектептің барлық мәселесі
түгелімен қамтылды деуге болмайды. Жетілдіретін, көптеген
ғалымдар мен ұстаздар бірлесіп толықтыратын жайлары бар
болуы заңды. Біздің мақсатымыз – ұлттық мектеп үлгісін жасау
мәселесіне өз көзқарасымызды білдіру.
288
289
КӨКБӨРІ
(Бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына арналады)
САҚ ӘҢГІМЕЛЕРІ
Бәріміз бір Сақтанбыз,
Сақ деген құрсақтанбыз.
(Қадыр Мырза Әлі)
– Балам, түп атаңның кім екенін білесің бе? – деді әкесі
Данабекке.
– Баламның түп атасы – сақтар, – деді анасы. Данабек:
– Сақ, сақ, – деп ойланып қалды.
Әкесі баланың асықтарының ішінен дәу сақаны алып
шықты.
– Бұл не?
290
– Сақа.
– «Сақ-а» деген сөздің түбі – «сақ». Сақтар осы дәу сақадай
шымыр, жауынгер болған. Бие сауып, қымыз ашытқан. Бір
жылқының еті тұтас сыятын қазандарға ет асып, ас берген, той
жасаған.
Айбегім Данабектен үлкендігін білдіріп, «сақ» сөзіне ұқсас
сөздерді тауып ала қойды:
– «Сақ-сақ күлді» десем ше? Құдай «Сақтанғанды
сақтаймын» деген.
Әкесі күліп жіберді.
– Е, менің қызым естігенін ұмытпапты. Данабек, мектепке
барғанда сен де Айбегім сияқты көп білетін боласың, – деді.–
Енді сендерге сақтар туралы әңгіме айтып берейін.
Әке баласын тізесіне отырғызды. Қызы апасының иығына
басын қойды. Әңгіме тыңдауға кірісті.
ТАРҒЫТАЙ
Тарғытайдың әкесі – Көк Тәңірі. «Көк тәңірі» –«Көктегі
жаратушы» деген сөз. Ал шешесі су перісі екен. Тарғытайдың үш
ұлы болған. Олар: Арпоқсай, Ылпоқсай, Қолоқсай. Ол кезде «қол
– әскер, оқ – ел, сай – патша» дегенді білдіреді.
Бір күні Көк Тәңірінің бұйрығымен аспаннан алтын заттар
түседі. Қараса: түрен, мойынтұрық, балта, шөміш екен.
Тарғытайдың үлкен екі ұлы бұл заттарды алайын деп жақындаса,
жалын күшейе түседі. Кенже ұлы Қолоқсай келгенде ғана жалын
тыншиды. Заттарды кенже ұл иемденеді. Содан былай
шаңырақтың иесі – кенже ұл болып саналады.
– Сен – біздің кенжемізсің, – деді әкесі Данабекке. – Сен
өскенде, біздің шаңырақтың иесі боласың. Шаңырақты
шайқалтпай ұстау үшін ақыл, білім жинауың керек. Денің сау,
мықты болып өс!
– Әке, түрен, мойынтұрық, балта, шөміш деген немене?
291
– Ол – аспандағы жұлдызды айтқаны. Жұлдыздарға қарасақ,
әлгі заттарға ұқсас. Мысалы, шөміш – Жетіқарақшы жұлдызын
бейнелегені.
Баланың есіне апасының сорпа құятын шөміші түсті.
– Ал түренмен тың жерді жыртады. Ол – аспандағы Кіші
жетіқарақшы жұлдызын бейнелегені. Мойынтұрық – Қарақұрт
жұлдызы. Оны басқа елдер Кассиопея дейді. Аспанға қарасаң,
балтаға ұқсас та жұлдыз табасың. Қазақта Тарғытай әңгімесін
суреттейтін мынандай жұмбақ бар:
Жапанда жайнап тұрған бір бәйтерек,
Заты бар бұтақ сайын жанға керек.
Балта, шөміш, түрен мен мойынтұрық,
Төртеуін таңдап алдым ерекшелеп.
Әңгіме аяқталған соң, Данабек терезеден аспанға көз салды.
Жетіқарақшы жұлдызы оған жымың-жымың еткендей болды.
ТҰМАР ПАТШАЙЫМ
– Балам, Сақ елін бір заманда Тұмар деген патша әйел
билеген. Өзі жауынгер болыпты. Ат үстінде қорықпай, жауға
қарсы шауып, қылыштасатын. Әскерін бастап, елін қорғайтын
еді.
Сол кезде сақ даласын басып алғысы келіп қызыққан талай
патшалар болды. Соның бірі – Кир патша.
Кир патша мол әскерімен баса көктеп, Сырдарияның
жағасына дейін келеді. Сол жерде Тұмар патшайым қарсы тұрып,
соғысады.
Бір күні Тұмар патшайымның ұлы соңындағы жасағымен
Кирдің қолына түсіп қалады. Тұмар Кир патшаға:
– «Баламды босат та, еліңе қайт!» – дейді.
Масаттанған Кир патша:
– Сақтарды басып алмай, қайтпаймын! – деп күш көрсетеді.
Тұмардың баласы намысқа шыдамай, өзін-өзі өлтіреді.
292
Баласының Кир қолында қаза тапқанына қайғырып,
намыстанған Тұмар патшайым:
– Сақ даласын ешкім басып ала алмайды! – деген ұран тастап,
бүкіл әскерін жиып алады. Неше күн, неше түн соғыстан соң,
Кирдің өзі қолға түседі.
Тұмар патшайым:
– Сенің аңсағаның ажал еді! Мен сені арманыңа жеткізейін! –
депті. Кирдің басын кесіп, меске салып, дарияға ағызып
жіберіпті. Сөйтіп, сақ даласын жаудан сақтап қалыпты.
ШИРАҚ БАТЫР
– Балам, Кир патша сақ даласын басып ала алмады. Оның
арманын іске асырғысы келіп, тағы бір Дарий деген патша
сақтарға қарсы соғыс ашады. Ел күтпеген жерден тиіскен жау
әскеріне қарсы тұра алмайды. Бет-бетіне қашады. Сонда Ширақ
деген бір батыр жігіт:
– Бәріміз қырылмайық. Одан да біріміз құрбан болайық.
Сендер алға озыңдар. Мен жауды жалғыз қарсы аламын! – дейді.
Елі-жұрты онымен жылап қоштасады.
Ширақ батыр өзінің құлақ-мұрнын қылышпен шауып
тастайды. Әйтпесе оған жау сенбейтін еді. Күтіп тұрады. Сол
кезде артынан жау әскері келіп жетеді. Әскербасы:
– Сен неғылған адамсың? – дейді Ширақ батырға. Ширақ
батыр:
– Мен сендерді сақтарға апарамын. Оларда кегім бар, – дейді.
Жаудың әскербасы Ширақ батырдың сөзіне сеніп қалады.
Ширақ жау әскерін бастап жүріп кетеді. Бір күн жүреді. Бір апта
жүреді. Он күн жүреді. Ақыр аяғында, шегі жоқ қалың құмға
әкеледі.
Жаздың қайнаған ыстық күні болатын. Ыстық құмның
үстінен ұшқан құстың қанаты күйіп қалатын. Жаудың әскері
шаршап құлайды. Астындағы аттары шөлдеп өледі. Ширақ
батырдың мақсатын енді түсінген жаудың әскербасы:
– Айт шыныңды, сен кімсің ? – дейді Шираққа.
293
Сонда Ширақ батыр:
– Мен мақсатыма жеттім. Елімді жаудан құтқардым. Енді өзің
біл! – дейді.
Ашуланған жау Ширақ батырдың басын шауып түсіреді.
Бірақ өздері қырылып, еліне жете алмайды. Әскербасы қолын
жайып, Жаратушыға жалбарынады:
– О, Жаратушым! Осы жолы құтқар! Енді қайтып сақ
даласына келмеспін! – дейді.
Сол кезде аспаннан жаңбыр жауады. Жаудың азғантай тобы
аман қалады. Еліне қашады. Енді қайтып сақ даласына аяқ
баспайтын болады.
МӨДЕ БАТЫР
Әкесі Данабекке:
– Балам, сенің ойыншық садағың бар еді ғой. Соны бері
әкелші, – деді.
Данабек садағын әкелді.
– Сен садақтың бөліктерін не дейтінін ұмытып қалған жоқсың
ба? Мына имек бөлігін не дейді? – деп сұрады әкесі Данабектен.
– Ол – адырна.
– Ал мына тартылған жібек жіпті не дейді?
– Ол – кірісі. Ал мынау – оғы.
– Жақсы айттың. Бұрынғы заманда оқтың бірнеше түрі
болған. Мысалы, атып жібергенде ысқыра жөнелетін оқ. Оны
«ысқырық оқ» дейді.
Мен саған бір қызық әңгіме айтайын:
Мөде деген батырдың ысқырық оғы болыпты. Оқтың
ысқырған даусы естілгенде, жаулар қорқады екен. Мөденің оғы
қай жаққа қарай ұшса, бүкіл әскері солай қарай ататын болған.
Бір күні көрші елдің ханы Мөде батырға күш көрсетеді.
Қорқытқысы келеді.
– Сен бізге әкеңнен қалған тұлпарыңды бер! – дейді.
Мөде билерімен ақылдасады. Олар: «Тұлпарды бермеңіз. Ол
әкеден қалған ескерткіш қой», – дейді.
294
Мөде ел тыныштығын ойлайды. Билердің ақылын алмайды.
Тұлпарды беріп жібереді.
Бір күні көрші хан тағы сұрайды:
– Сен бізге сұлу ханымыңды бер! – дейді.
Мөде билерімен ақылдасады. Олар: «Не деген сұмдық!
Ханымыңызды бермеңіз!» – дейді.
Мөде ел тыныштығын ойлайды. Билердің ақылын алмайды.
Бір сұлу ханымын беріп жібереді.
Біраз уақыт өткен соң көрші хан тағы сұрайды:
– Сен бізге бос жатқан жеріңді бер! Әйтпесе, соғысамын! –
дейді.
Билер: «Сұрағаны жер болса, берейік. Ақыры, бос жатқан жер
ғой», – дейді. Сонда Мөде:
– Тұлпарымды берсем, ол – менің мүлкім. Ханымымды
берсем, ол – менің ханымым. Ал жерді бермеймін. Жер – менің
мүлкім емес. Жер – халықтың мүлкі, – деп бермей қояды.
Сөйтіп, Мөде батыр әскерін жияды. Жаумен соғысып, жеңеді.
Мөденің ысқырық оғы олардың зәресін алады. Бұдан кейін
Мөдеден ештеңе сұрамайтын болады. Жерді сақтап қалғанына
ел-жұрт риза болады. Рақметін айтады.
– Балам, жер кімдікі екен?
– Жер – халықтікі, әке.
– Рас. Кең байтақ Қазақстан жері – сол жерді ежелден
мекендеген қазақ халқынікі. Оны ұмытпа, балам!
ТҮРКІ ӘҢГІМЕЛЕРІ
КӨК БӨРІ
– Балам, қазақ «бөрі» деп нені айтады, білесің бе? – деді әкесі
Данабектен. Ол ойланып қалды. Айбегім бірден:
– «Бөрі» деп қасқырды айтқан, – деді.
– Дұрыс.
295
Баяғы сақтар кейін бір заманда «түркілер» атанады. Түркілер
де – біздің атамыз. Сол түркілер кезінде болған бір оқиғаны
айтып берейін:
Бір жаугершілікте түркілердің бәрі қырылады. Жалғыз ғана
бала жараланып, шөптің арасында қалып қояды. Жарасы
ауырады. Қарны ашады. Жылап жатқанда, бір Көк Бөрі қасына
келеді. Баланы иіскеп көреді. Тілімен жалап, жарасын жазады.
Емізеді.
Бала өсіп, жігіт болады. Түркі Бек атанады. Себебі ол күшті,
батыл болып өседі. Түркі Бектің балалары да Көк Бөріні
анасындай көріп кетеді. «Түркілер Көк Бөріден тараған» деген
әңгіме содан қалған.
Түркілер бұрын өз байрағына Көк Бөрінің суретін салып
қоятын.
Жамбыл атаның ұстазы Сүйімбай былай дейді:
Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көрінсе,
Қозады қай-қайдағым!
Бұл өлеңді ести салып, Айбегім қайталап айтып берді. Жаттап
алды. Данабек те айтты. Айбегім әкесінен сұрады:
– Сонда мен Көк Бөрі ұрпағымын ғой, ә!
– Иә, қызым, біз Көк Бөрі ұрпағымыз! – деді әкесі.
БІЛГЕ ҚАҒАН ӨСИЕТІ
– Балам, түркі халқы – батыр халық. Түркі халқы – арыстандай
ер халық.
– Әке, «түркі» деген кім? – деп сұрады Данабек әкесінен.
– Біздің тегіміз – Түркі. Дініміз – Ислам. Түркі атаның
балалары: Қазақ, Қырғыз, Қарақалпақ, Өзбек, Ұйғыр, Татар,
Башқыр, Түрікпен, Әзірбайжан, Түрік, Қарашай, Құмық. Олар
тарихта сақтардан кейін өмір сүрген.
Білге қаған деген көсемі болыпты. Білімді, ақылды адамды
«Білге» деген. Білге елінің қамын ойлаған. Түнде ұйықтамаған.
296
Күндіз отырмаған. Жауларымен арыстандай алысқан. Жаужүрек
інісі Құлтегін екеуі елді біріктірген. Ол заманда түркілерді
айналадағы көршілерінің бәрі сыйлаған.Түркі тілін үйренген.
Бір күні Білге басынан өткен барлық оқиғаларын есіне
түсіреді. Балаларына айтатын өсиетін алып тасқа жазып
қалдырады. Сонда Білге қаған былай деп жазыпты:
«Аспан айналып түспейінше, жер ойылмайынша, түркілердің
мемлекеті мен салт-дәстүрі жойылмайды! Ешкімге құл
болмайды!»
Данабек:
– Құл болу деген не, әке? – деді.
Әкесі:
– Құл болу – ана тіліңді ұмыту. Ата салтыңды білмеу. Өз
есіміңді басқа біреудің атына айырбастау.
– Мен Данабек есімімді ешкімге айырбастамаймын! – деді
бала.
– Мен де Айбегім атымды ешкімге айырбастамаймын! – деді
қыз.
Данабек Айбегімге қолын шошайтып күлді:
– Иә, иә, сені көрші қыз Айя деп жүр ғой.
Айбегім айтты:
– Мен оған атым Айя емес, Айбегім деп түсіндірдім. Енді
дұрыс атайды. Ал, дұрыс атамаса, шақырғанына бармай қоямын!
Әкесі екеуінің де басынан сипады:
– Дүниеде ең қымбат – өз есімің, өз тілің. Оны еш нәрсеге
айырбастауға болмайды.
ҚОРҚЫТ БАБАНЫҢ ҚОБЫЗЫ
Айбегім музыка мектебінде қобыз тартуды үйреніп жүр еді.
Әкесі қызынан:
– Қобызды ең алғаш кім жасап тартқанын білесің бе? – деді.
Айбегім оны білмейтін еді. Әкесі қобызды қолына алды:
– Мынау қасиетті қобызды алғаш тартқан адам – Қорқыт ата,
– деді. – Қорқыт ата:
297
Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым,
Қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым,-
дейді екен. Кәне, екеуің бірге айтыңдаршы:
Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым,
Қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым!
Данабек пен Айбегім бірнеше рет қайталап айтты. Әкесі
әңгімесін жалғастырды:
Қорқыт ата дарияның үстіне кілемін жаяды. Отырып қобызын
тартады екен.
Бір күні оның жанын алмақшы болып Әзірейіл келіпті.
Қорқыт ата тартқан қобыз біресе түйеге ұқсап боздайды. Біресе
аққу сияқтанып қанатын қағады. Сұңқылдаған үн шығарады.
Мұны есіткен Әзірейіл неге келгенін ұмытып қалады. Қалт
тұрып, күй тыңдайды.
Бір сәт Қорқыт ата шаршап, қалғып кетеді. Сол кезде Әзірейіл
есін жияды. Қорқыттың жанын алмақшы болып ұмтылады.
Қорқыт ата оянып кетеді. Қайтадан қобызын аңырата жөнеледі.
Енді ол жыр айтады. Төбекөз дәудің оқиғасын жырлайды.
Әзірейіл тағы неге келгенін ұмытып, жыр тыңдайды. Өстіп, ол
неше күн Қорқыттың жанын ала алмай жүреді. Бір күні Қорқыт
ата әбден шаршап, ұйықтап кетеді. Сол жерде Әзірейіл жылан
болып келіп, шағып алады. Қорқыт ата өледі. Әзірейіл қуанады:
– Е, енді өзің өлдің. Күйің де өледі, – дейді. Бірақ Әзірейіл
қателесіпті. Қорқыт атаның тартқан күйін үйреніп алып, барлық
қазақ тартыпты. Міне, қызым, енді сен де тартасың, – деді әкесі
Айбегімге. – Қорқыттың өзі өлгенмен, өнері өлген жоқ.
– Өй, мен болсам, Әзірейілді басынан бір қоятын едім, – деді
Данабек.
– Әзірейіл көзге көрінбей келеді ғой, – деді Айбегім.
Данабек ойланып қалды да, әкесіне:
– Әке, «Төбекөз дәуді» айтып берші! – деді. Әкесі әңгімесін
жалғастырды.
298
ТӨБЕКӨЗ ДӘУ
– Балам, баяғы заманда жау қуған кезде Аруз деген кісінің
баласы қоржыннан түсіп қалыпты. Баланың түсіп қалғанын Аруз
білмейді. Атпен шауып кете береді.
Жерге, шөп арасына түскен бала бақырып жылайды. Оны
қамыс ішінде жүрген бір арыстан естиді. Балаға жақындап келіп,
емшегін тосады. Ол сылқылдатып еміп алады. Сөйтіп өсе береді.
Арыстандармен бірге төрт аяқтап шапқылайды. Күшті болады.
Бір күні арыстандардың ішінде жүрген баланы біреу көріп
қалады. Келіп Арузға айтады. Аруз өзінің жоғалған баласы екенін
сезеді. Нөкерлерін жіберіп, баланы ұстап әкеледі. Баланы танып,
қуанады. Оған Бисат деп ат қояды. Бисат батыр болып өседі.
Аруз бір күні аңға кетіп бара жатса, алдында жатқан месті
көреді. Таяқпен түртіп қалса, үлкейеді. Үлкейе-үлкейе жарылып
кетеді. Ішінде маңдайында жалғыз көзі бар бір бала жатыр екен.
Ол періден туған бала еді. Перінің түрі адам сияқты болғанымен,
аяқ жағы құс сияқты. Екі қанаты бар. Пырылдап ұшатын.
Аруз перінің баласын асырап алады. Бисатқа серік болсын
дейді. Ол кезде Бисат өсіп, жігіт болған. Еліне тыныштық
бермеген жаулармен соғысуға кеткен еді.
Төбекөз жыл санап емес, сағат санап өседі. Емізген әйелдің
сүтімен бірге, қанын сорып алады. Әйел өліп қалады. Төбекөз
біраздан соң, орнынан тұруға жарайды. Ол өте ашқарақ еді. Не
тамақ берсе де, тоймайды. Көзіне не көрінсе, соны жейді. Ақыр
аяғы, адамды ұстап жей бастайды.
Қорқыт ата келіп айтады:
– Біз сені бағып-өсіріп едік қой. Адамды жеме, аулақ кет, –
деп қуып жібереді.
Төбекөз ауылдың сыртындағы таудың үстіне барып жатады.
Оның алыптығы сондай, үйге сыймайды. Өткен-кеткен малды,
адамды ұстап алады. Ел қорлық көреді. Аналар жылайды.
Сол кезде Бисат оралады. Ауылдағы кісілер болған оқиғаны
айтады. Бисат елін Төбекөзден құтқару үшін оны іздеп шығады.
299
Барса, таудың баурайында күнге қыздырынып жатыр екен.
Арыстан емізген Бисат күшті еді. Төменде тұрып, садағын
қолына алады. Кірісіне оқты тіреп, атып қалады. Атқан оғы ала
өгіздей мөңіреп барып, Төбекөздің қарнына тиеді. Ол оны маса
шаққан құрлы көрмейді.
– Мына жердің масасы бар екен! – деп, тыр-тыр қасып жата
береді.
Бисат екінші рет атады. Төбекөз орнынан тұрып, төменге
қарайды.
– Әй, бұл кім, әй? – дейді гүрілдеп.
Бисат:
– Бұл – мен. Сенімен соғысуға келдім! – дейді.
Төбекөз қарқылдап күледі. Ол күлгенде тау селкілдеп кетеді.
Еңкейіп, Бисатты бір саусағымен жерден көтеріп алады. Көзіне
тақап қарайды:
– Сен бе менімен соғысатын?! – дейді.
Бисат:
– Иә, мен! – дейді.
– Онда мен сені кешкі тамақ қылайын. Әзір жата тұр! – деп,
етігінің қонышына салып қояды. Төбекөздің етігінің қонышы
Бисаттың бойынан биік еді.
Бисаттың белінде қанжары бар болатын. Төбекөз ұйықтаған
кезде қанжармен етіктің қонышын тіліп жібереді. Өзі сыртқа
шығады. Төбекөз бір ұйықтаса қатты ұйықтайтын.
Бисат бір темір қазықты алады да, әбден отқа қыздырады.
Сөйтіп, ұйықтап жатқан төбекөз дәудің жалғыз көзіне тығып
алады. Төбекөз орнынан атып тұрып, ойбайлап жылайды:
– О, жалғыз көзім-ай. Ақ шашты аналардың жалғыз баласын
жеп, жылатып ем-ай. Ақ сақалды қарттарды зарлатып ем-ай.
Ойбай-ай! – деп бақырады.
Бисат:
– Адам жегіш Төбекөз. Сенің ажалың келді! – деп басын
шауып алады.
Сөйтіп, ел Төбекөзден құтылыпты.
300
ОҒЫЗ БАТЫР
– Балам, баяғы бір заманда Айқаған деген анадан алып бала
туыпты. Бөрі белді, бұқа санды бала еді. Ол анадан туа салып
сөйлеп кетіпті. Анасының уызына тойып алған соң:
– Маған енді ет беріңдер! – депті. Ет берсе:
– Піскен ет жемеймін, шикі ет жеймін! – дейді.
Сөйтіп ол күн санап өседі. Бір айда бір жастағы баладай
болады. Бір жаста он жастағы баладай болады. Атқа мініп аң
аулауға шығып жүреді. Күшті, алып жігіт болады. Күші өгіздей
болған соң, Өгіз деп атайды. Кейін Оғыз болып кетеді.
Сол маңда бір қалың орман бар еді. Орманның ішінде тажал
аң пайда болады. Оның атын Қат дейді. Әкесі Данабекке:
– Қазақ тілінде «Қат» дегенге ұқсас сөз бар ма? – дейді.
– Қат...– деп ойланып тұрды да, – «Қатты» деген сөз бар! – деп
қуанып кетті.
– Дұрыс, балам. Күші қатты болған соң, ол аңды қысқартып
Қат атаған. Көрдіңдер ме, қанша заман өтсе де баяғы сөздер
тілімізде сақталған.
Содан әлгі Қат орманға барған малды да, адамды да жеп
қояды екен. Ел қорқа бастайды. Талай жігіттер барып, өлтіре
алмайды.
Мұны естіп, Оғыз беліне қылыш байлайды. Қолына садақ
алады. Тұлпарына мініп, орманға барды. Әуелі Қаттың күшінің
қандай екенін біліп алғысы келеді. Бір бұғыны атып алады. Жас
шыбықты кесіп, онымен бұғыны үлкен ағашқа байлайды. Өзі
кетіп қалады. Ертеңіне келіп қараса, бұғыны паршалап жеп
кетіпті.
Енді аю атып алады. Оны беліндегі алтын белбеуімен ағашқа
байлап кетеді. Ертеңіне келіп қараса, аюды да жеп кеткен екен.
Үшінші күні ағаштың түбіне өзі келіп тұрады. Бір кезде екі
көзі қып-қызыл, тырнақтары адырайған бір аң келеді. Келе,
мүйізімен Оғызды соғып өтеді. Оғыз қалқанын тосып қалады.
Қайта айналып ұмтылғанда, садағын атып жібереді. Тосылып
қалған кезде, қылышпен басын шауып түсіреді.
301
Сөйтіп, Оғыз батыр елді тажал аңнан құтқарады. Еліне қорған
болады. Елі қуанып, той жасайды.
ФАРАБИ АТА
– Балам, біздің қазақ жерінде Отырар деген ұлы қала болған.
Ол қаланың орны – Шымкент облысында. Сол Отырар қаласында
Әбунасыр деген ақылды бала болыпты. Ол кішкентайынан көп
оқиды. Ескілікті сөздерді көңіліне тоқиды. Араб, парсы тілдерін
үйренеді.
Ол кезде «Ұлы Жібек жолы» деген керуен жолы осы қаланы
басып өтетін. Қазақ жерінің о шеті мен бұ шетін жалғастыратын.
Әрі асып, Иранға, Арабияға жетеді. Әбунасыр 16 жасқа келгенде,
осы Ұлы Жібек жолымен қатынаған керуенге ілесіп, Арабияға
сапар шегеді. Оқу оқып, көп білім алғысы келеді.
Айлап жүріп, керуенмен Арабияға келеді. Танымайтын елде
өмір сүру қиын еді. Ол сонда да мойымайды. Күндіз бағбан болып
еңбек етеді. Күрекпен жер қазады. Ағаш суғарады. Одан алған
ақысына тамақ – киім сатып алады. Ал түнімен кітап оқиды. Жазу
жазады. Сөйтіп, жылдар өте береді.
Бір күні араб әкімі Әбунасырды көргісі келіп, шақырады.
Әбунасыр әкімнің жарқ-жұрқ еткен сарайына кіріп келеді. Сонда
әкім қасындағы уәзірлеріне өз тілінде:
– Мына жігіттің білімін сынап көрейік. Егер нашар болса,
есіктен қайтарып жіберіңдер! – дейді.
Әбунасыр ол тілді де білетін еді. Дереу жауап береді:
– Иә, білімі саяз кісі сіздің қасыңызда отыруға лайық емес, –
деді. Әкім таңғалып:
– Неше тіл білесің? – дегенде, Әбу-Насыр:
– Жетпіс тіл білемін! – деп жауап береді.
Әкім Әбунасырға өзінің оң жағынан орын беріп, қасына
отырғызады. Әбунасыр тоғыз ішекті домбыраны қолына алып,
күй тартады. Отырған адамдар тіпті таңғалады. Содан былай араб
әкімі Әбунасырға көмектеседі. Ғылыммен айналысуға жағдай
жасайды.
302
Әбунасыр бүкіл өмірін араб елінде өткізеді. Жүз елу кітап
жазады. Атағы дүние жүзіне жайылады. Оның туған қаласын
арабтар «Фараб» дейтін. Содан Әбунасыр әл-Фараби деген ат
алады. Бүгінде Фарабиды білмейтін ел жоқ. Ол – біздің ғұлама
атамыз.
Фараби Арабияда жүріп, туған елін сағынады. Тау-тасын
көргісі келеді. Гүлін иіскеуді армандайды. Бірақ жер алыс. Келе
алмайды. Содан мынандай өлең шығарады:
Қашықтасаң туған жер, қалың елім,
Небір жүйрік болдырып жарау деген.
Шаршадым мен, қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен.
Бұл өлеңді Айбегім тез жаттап алады. Данабек те қалыспай
қайталайды.
Әкесі екеуін тыңдап болған соң, ойланып былай деді:
– Фараби сексеннен асып өмірден өтіпті. Ғұмырын тек
ғылымға арнапты. Дүние жүзіне белгілі болыпты. Баяғы араб
әкімі өзі өлерінде: «Мені Фарабидің қасына жерлеңдер!» – деп
өсиет айтыпты. Фарабидің қасына жерленуін зор мәртебе көріпті.
Қазір араб елінде Шам шаһарында екеуінің бейіті қатар жатыр.
Айбегім әңгіменің тыңдап болған соң әкесіне:
– Әке, Фараби бабамның жатқан жерін картадан көрейінші! –
деді. Жүгіріп барып картаны алып келді. Әкесі картадан
Арабияны тауып берді. Айбегім Арабиядан Шам қаласын іздей
бастады. Әкесі айтты:
– Балам, Шам қаласы қазір Дамаск деп аталады, – деді.
Айбегім Дамаскіні іздеп тапты. Фараби тұрған Бағдад
қаласын да қолымен көрсетті. Одан соң Қазақстаннан Фарабидің
туған жері Отырарды іздеді. Әкесі:
– Қазір Отырар қаласының орны ғана бар. Ол Шымкент
облысында, – деді. Қазақстан картасынан Шымкентті тапты.
Данабек екеуіне кезек қарап:
– Өй, Отырар мен Бағдадтың арасы жап-жақын ғой! – деді.
Айбегім Данабекке қарап күлді:
303