The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.
Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by kkralaj5, 2022-11-13 06:23:55

21362

21362

түсірейік. Мына қолымдағы қоңырау шылдыр еткенде,
көздеріңізді ашып, айта бастайсыздар.

Бикештер тынышталып, ойлануға кірісті. Осылардың есін
білген азғантай өмірінен елеулі оқиға шығар ма екен деген
күдікпен қараймын. Кейбірінің есіне, шынында, ештеңе түсер
емес. Көзін ашып, «ештеңе таппадым» дегендей, басын шайқап,
белгі беріп жатыр. Қалғандарының ішінен иығы бүлкілдеп,
күлген дауыстар естіле бастады.

Сыңғыр, сыңғыр… Мұндай «күлкілі» әңгімелерді өмірі
естімеппін. Біреуінің көршісі тайып құлап қалыпты, екіншісі
тауықты қуамын деп етегін жыртып алыпты, үшінші бір ақкөңіл
қоштасам деп жүріп, автобустан қалыпты. Бірнеше тәп-тәуір
көркем әңгімелер туды. Баланы сөйлете берсең, сөзшең болады,
жаздыра берсең, жазушы шығуы әбден мүмкін.

ҰЛ МЕН ҚЫЗ

Өздерінің ұл мен қыз айырмашылықтарын сезінуі балаларда
бесінші сыныпта анық байқалады. Ұл мен қыздың бір-біріне
көңіл аударуы шашынан тарту, түртіп кету, бір нәрсесін тартып
алып жылату, сөмкесін тығып қоюдан көрінеді. Осы жағдайларда
жазғыруға асықпай, түсіністікпен қабылдасаң, өзінен-өзі орнына
келеді. Бірақ олардың бір-біріне деген сый-құрметін осы кезден
тәрбиелеу дұрыс. Байқасақ, оны балалардың өздері-ақ сездіреді
екен.

Біздің сыныпта соңғы кезде киім кию, отырыс-тұрыстан
сылбырлық байқалып жүрді. Әнеу күні бір әдемі қыз екі-үш күн
қонаққа келгенде бір өзгешелік байқалып еді. Қазір қуанышты
ештеңе қалмағандай, жинақылық жоқ. Бір кезде Мұрат мырза
айтты:

– Алма бибі, қыздармен бірге отырайықшы, – деді. Келіспей
қала ма деген оймен: «Сөйлеспей отырамыз!» – дегенді қосып
қойды.

– Кіммен бірге отырғыңыз келеді?
– Данамен отырайын.

204


Бір риза болғаным, «О,о, қызбен отырамын» дейді, – деп
мазақтаған ешкім болған жоқ. Аздан соң жеңіл шу болып кетті.
Тағы біреу ол да қызбен отырғысы келетінін білдірді. Қыздар аса
қарсы болған жоқ, тек қызға тән сыпайлықпен: «Онда кімнің-
кіммен отыратынын өзіңіз айтыңыз», – деп рұқсат берді.

Мен мырзаларға бір шарт қойдым: Қыздар ірге жақта,
жігіттер шет жақтан отырсын. Қыздарға әрқандай жағдайда
көмекке келуге дайын болсын. Қаламы түсіп кете ме, тақта сүрту
керек бола ма, сырт киімін ілу ме? Қыздардың сырт киімін
ілгішке апарып іліп келсін. Кезекшілігі болса, шүберегін сулап
бере салсын т.б. Қыз балаға бет-аузын айғыздап жылаған
жараспайды, бірақ алда-жалда көңіл күйі бұзыла қалса, халін
сұрап, көмекке келсін, тағы-тағылар.

Жігіттер өз міндетін шуласа анықтап алған соң, қыз бен ұл
болып бірлесіп отырды. Сабақ үстінде байқалды, бір-екі түсіп
кеткен қаламды жігіттер көтеріп, әперіп жатты. Қуақы біреуі:
«қасы-қабағыңды бағып отырмын» дегендей, қасындағы
бикештің бетінен көз алмай қарап қалып еді, бикешіміз қып-
қызыл болып кетіп: «Әрі отыршы», – деп қояды. Сабақтың
соңына дейін қыздар, байқатпай ғана, біртіндеп сырт киімдерін
тастап, шаштарын жөндеп, сипаланып шыға келді. Жігіттер де
үлкен жауапкершілікке ие болып, маңғаздау, салмақты күйге
түсті. Отбасын, бала-шағасының жауапкершілігін қайыспай
көтеретін, жарын сыйлайтын жігіттерді осылай тәрбиелеу керек
шығар.

ҰРЛЫҚ

Мектебіміздің ашылған алғашқы күні, 1993 жылғы
қыркүйектің 6-сында, сылдыр үнімен балаларды қуантып,
дүниеге жаңа бір мектептің келгенін хабарлаған – мыс қоңырау.
Бұл қоңырау ғасырымыздың басында жасаған нағашы атамыз
Ысқақ молданың ұстап-тұтқан заты екен. Сары ала сандықтың
түбінде жатқан осы қоңыраудың даусы аталардың үніндей
естіліп, ырым көрдік. Балалар қызығып, қолдан-қолға тигізбей,

205


сылдыратып жүруші еді. Бір күні ғайып болды. Сабақтың
басталғанына бір-ақ ай өткен.

Бұл – біздің мектебіміздегі бірінші ұрлық. Алғашқы ойға
келгені: сырттан келген біреу алды дедік. Бұл көңілсіз жағдайды
балаларға хабарладық. Қоңыраудың жоғалғанын жаман ырымға
жорығысы келмесе де, мұғалімдер мұңайып қалды. Жайсыз хабар
оқушылар арқылы үйден-үйге тарап кетті. Мақтаған мектебі осы
ма дегендей, пенделіктің де жылжи жорғалап жүрмесіне кім
кепіл? Жаңа мектепке сыншы көп.

«Жығылған үстіне жұдырық», екі-үш күн өткен соң, бір
оқушының шешесі келді: «Бұрын 300 баланың ішінде
жоғалмайтын кепкі жоғалды», – дейді. Қоңыраудың жоғалғанын
естіп келген сияқты. Мұғалімнен оқушылардың сөмкесін
қарауды талап етіпті.

Бұл оқиға көп уақыт өткен соң еске алуға оңай болғанымен,
әжептәуір есеңгіретіп тастады. Бүкіл үмітімізді жоққа
шығарғандай. Мұғалімдер «Шынында, ішімізде ұры жоқ па
екен?» дегендей сескене қарап қалғанда, есін жиған Ләйла бике
болды.

– Қой, сөмке қарау деген не сұмдық?
Әңгімені ары қарай өрбітпедік, сол жерде қала берді. Тағы екі-
үш күн өткен соң, жоғалған кепкіні кітап сөрелерінің үстінен
тауып, Фарида бикенің қуанышы қойнына сыймады.

БІЗДІҢ ОЛЖАС

Бір күні «қоңырау табылды!» деп шу ете түсті. Оқиға
былай болған екен: Біздің Олжас мектептен шығып бара жатса,
көшеден сыңғырлаған дауысты естиді. Қараса, бір бала
қоңырауды шанасына тағып алып сырғанап жүр екен. Олжас әлгі
баланы ұстап алып, нұқып-нұқып қоңырауды тартып алыпты.
Ұрлаған ол емес, біреулер берсе керек.

Олжастың жүректілігіне, адалдығына риза болдық. Қуанышта
шек жоқ. Мұғалімдер мен балалар бір-бірінен сүйінші сұрасып
жүр. Бәрі де көңілді күлімсірейді. Айдарбек мырза айтты:

206


– Алма бибі, бүгін бір керемет қуанышты күн болды ғой.
Расында да, қуаныш болғанда қандай!
Қуанып жүріп ұрлықшы баланы жазалауды ұмытып кеттік.
Балаларымыздың арына дақ түспегені үлкен олжа еді.

ЖЕҢІС

Өзім жақсы көретін баланың әкесі келді: «Баламның оқуына
пенсиямнан жырып беріп отырмын. Кеше сынақ кітапшасына
қарасам, екі тоқсанда екілері бар, сөйтіп, те оқу бола ма?» – дейді.
Көзіне жас алды.

Мен, керісінше, қуануға болатынын айттым. Бірнеше
сабақтан жақсы баға алды. Әсіресе әдебиеттен сөйлейтін болды.
Ептеп өлең жазатынды шығарды. Ал есептен… бұрын ешбір
түсінбестен сыныптан-сыныпқа көше берген болса, 3-4 айда
оның бәрін қайдан меңгере қойсын. Оның үстіне осы сабаққа
ықыласы аз. Мұны естіген Рақым мырза айтты: «Тіпті пайғамбар
болса да, осы аз уақытта бәрінен керемет боп кетуге ерте ғой», –
деді.

Жеңістің де түр-түрі бар ғой. Соның ең қиыны – адамның
өзін-өзі жеңуі. Өз қорқынышын, еріншектігін жеңу, өз
әлсіздігімен алысудан асқан ауыр жұмыс жоқ. Ол – көрінбейтін
еңбек. Әкесі қиналып отырған біздің баламыздың еңбегі осындай
еңбек, елеусіз болса да, үлкен еңбек. Бұрын орнынан тұрып
сөйлей бермейтін, көзге ілінбей келген баланың бүгін сөзге
қосылып, пікірін айтып отыратын жағдайға жетуі өзінше жеңісі
деп ойладым. Баланы осы жеңісімен құттықтадым.

АҒАШ БАСЫНДА БАЛА ОТЫР

Мұғалімдерге мынандай сұрақ қойдық:
– Ағаш басында бала отыр. Ұрыспай-ұрмай қалай түсіріп
алар едіңіз?
Қалжыңға сүйей айтылғандықтан, олар да образға кіре қалып,
таңдап алған рөлі бойынша сөйлеп жатыр.

207


– Өй, мен ағашқа жақсы өрмелеймін, артынан өзім де өрмелеп
шығып, екеуміз бірге түсеміз.

– Сізді көріп, бала одан сайын жоғарылай берсе, қайтесіз?
– Ағаштың да биіктігінің шегі бар шығар, тоқтар.
– Ойынға қызған бала қауіпті ойламайды, құлап кетпесін?
Мұғалім иегін барынша жоғары көтеріп, терезеден көрініп
тұрған биік ағаштың ұшар басына қарайды. Жер мен екі араны
ойша есептеп, шынында, қауіпті екен дегендей басын шайқайды.
Екінші мұғалім:
– Ал мен бикелер, жерде тұрып, сникерс көрсетемін. Түссең,
беремін! – деймін.
– Ол ағаш басынан шырт түкіріп, басын шайқап, бес саусағын
көрсетсе қайтесіз? Онысы – сникерстің саны бесеу болсын
дегені.
– Әкеп беремін деп алдаймын ғой…
Айтушы өзі де күліп жатыр.
Кей баланың бойындағы ерекше күшті тәртіпке бағындыру
қиын. Олар тынымсыздау келеді. Бойындағы тегеурінді айқаймен
басып тастағың келген сайын, балада қарама-қарсы әрекет
күшейеді. Олар көбіне арқасы бар, бір нәрсеге қабілетті балалар.
Осы балалардың қайда қоярға білмеген күшін үлкенді-кішілі
сатылар, қуыс-қуыс темір жолдар, папуас болып атысатын,
Қобыланды мен Қазанның Қырлы-Сырлы қаласындағы
батырларды елестететін, дулыға, сауыттар, ойын алаңына
жіберіп, жарыстырып қояр ма еді деп армандаймын. Жасауға
болар еді, мынау қатыгездіктің ортасында бір түннен артық
тұрмайтынын ойлап, тұйыққа тірелесің. Біз оқитын үйдің
айналасы да қоршалмаған.
Айқай мен ұрысудың қадірі жоқ мектепте жұмыс істеудің
қиындығын ойлаймын. Мына жап-жас мұғалімдердің алдында
ондай мектеп үлгісі жоқ.
Үшінші мұғалім сөзге араласты:
– Мен жерде тұрып ақыл айтамын. «Құлап қалсаң, аяғың
сынады, сосын мамаң қиналады ғой», – деймін. Сосын ептеп-

208


септеп жерге түсіріп алған соң, енді қайтып шықпайтындай
қыламын ғой.

Төртінші мұғалім сәл дүдәмалдау:
– Бірдеңеге қызықтыру керек қой. Мүмкін, ойын
ұйымдастыру ма? Тіпті қиналсам, сынып жетекшісін шақырып
аламын.
Бұл да тапқан ақыл сияқты. Өйткені бірінші жылдықтың
баласы үшін ең беделді адам – қабылдап алған мұғалімі. Оның
беделімен директор да, басқа да таласа алмайды.
Бесінші мұғалім:
– Бір рет қызық болды. Үзілісте майда балалар мәшина
жүретін көшеде сырғанақ теуіпті. Шақырып ем, келе қоймады.
Сосын бір балаға айтым: «Мен саған сонаның ызыңын
көрсетейін бе?» Сөйтіп, ызыңдауға кірістім. Әлгі баланың
қызыққаны сонша – дереу басқаларды шақыра бастады. Сонымен
он минөттей ызыңдадым-ау.
Бұл кісінің, шынымен, ызыңдап, ысқырып, әр түрлі жәндіктің
даусын салатын өнері бәрімізге мәлім. Мұғалім үшін жеті өнер
де аздық етпес.
Алпысты алқымдаған, бір әулеттің апасы болып, солардың
баршасына мейірім-шуағын аямай төгетін бір қарапайым әйелдің
айтқан әңгімесі есімде қалыпты: «Біздің пәлен абысынның
баласы жасында тентек болатын. Білмеймін, қайдан шыққанын,
әлгі пәлен қайнағаның есігінің алдындағы биік ағаштың басына
шығып алыпты. Жерден бәрі ұрысып жатыр. Әлгі шешек
тыңдайтын емес. Одан сайын жұлқынады. Құлап кетер ме екен
дедім. Болмағасын жұрт кетіп қалды. Содан тұрып жалынайын:
«Қарағым-ау, түсе ғой. Жарығым, күнім!» Әрең түсті.
Осы әңгімені айтып отырғанда, өзін әлекке салған ағаш
басындағы балаға деген зәредей өкпесі болсайшы. Сондай
кешірімшіл, кеңпейіл, тек мұғалім болу үшін туған жандай.

АҚ БАНТИКТІ АПАЙ

209


Мұғалімдер күні болатын. Бұл күнгі алты сағат көрген түстей
әсерлі болды. Ол күні сабақты оқушылар беретінін хабарлап,
балаларды дайындасақ та, осы қарбаласымыздан не шығарын
ешкім білген жоқ. Мұғалімдердің қандай рөлде болуы анық емес
еді.

Бір мұғалім айтты:
– Әр мұғалім өз сабағына кірсін де қойсын. Басқа сабақтың
мұғалімдері қоса кірсе, балалар ұялып-қысылады.
Мәселе мұғалімнің қандай пиғылмен кіруінде болатын. Егер
тексерушінің ролінде болсақ, онда баланы уайымдатқаннан басқа
пайдасы болмас. Ал жанашар болып кірсек ше? Бала өзін-өзі
көрсетуге құмар. Оның осы қажеттілігін қанағаттандыратын орта
жасауға болады. Бірақ оны қалай жасайтынымыз белгісіз еді.
Сонымен, барлық мұғалім таңертеңгі сағат 8-де мектепте
болдық. Көзімізге жарқ етіп Айсұлу бике түсті. Бір шекесіне ақ
бантикті көбелектей қылып қондырып алыпты. Оқушыға айнала
қалған қазақ тілі мұғалімінің бетіне күлмей қарай алмайсың. Тап
осы жерден біздің рөліміз айқындалды. Қуанып кеттік. «Алақай,
біз – бүгін оқушымыз!» Айсұлу бикенің ақ бантигін көрген
мұғалімнің бәрі бірден балаға айналып жүре берді.
Жарыса жағырапия сабағына кірдік. Айдарбек мырза (оқушы
– мұғалім) үстелді тықылдатып, тәртіпке шақырды. Сабақ
басталды. Біз тұратын Жандосов ауылы қоңыржай белдіктің
үстінде екен. Айхан бике (жағырапия мұғалімі) тақтаға шығып
сабақ айтып еді, Гүлмира бикеш Айхан – оқушының
қателескенін ескертті. Мұғалімге әдейі қателесу де керек.
Алдымда Бақытжан мен Зиба «оқушылар» отыр. Мектеп
ашылған күннен ыстық-суығын бірге көріп келе жатқан екі бике
бірі арық, бірі толық екі оқушы қыздай жараса қалыпты.
Айдарбек мырзаның көзін ала беріп артына бұрылып, қылмия
қарап, жас қыздың қылығымен маған мінез көрсетіп қояды. Екі
ауыз сөз жазып, екеуінің ортасына тастадым: «Енді он жылда
осы сабақта болар ма едік! Бақытжанның немересі тоғыз жасқа
келеді. Зиба қалада оқып жүрген қыздарын ойлап отырады».

210


Аздан кейін қағазым өзіме қайтып келді: «Айтқаныңыз
құдайдың құлағына шалынсын, әумин!» Жиегіне: «Осы қағазды
сол күні көрсетеміз. 30.09.94» деп қосыпты. Лайым тілегімізге
жеткейміз! Бір жапырақ қағаз архив өмірін бастан кешуге беттеп,
екі бүктеліп, дәптердің арасына түсті.

Бір кезде Айсұлу бике қағаз ұшақ жасап алып, парталардың
арасына шыға келіп, әуелетіп жіберді. Ұшақ ұшып барып, екі
баланың алдына түсті. Екеуі шүпірлесіп, Айсұлу жазған әдемі
тілектерді оқып, қарық болып жатыр. Зиба:

– Айдарбек мырза, қараңызшы, мына Айсұлу бикеш тыныш
отырмайды!

Айдарбек:
– Айсұлу бикеш, алдыңғы жаққа келіп отырыңызшы.
Айсұлу мен Зиба бірінің үстінен бірі шағымданып жатып,
ақыры, бантигі жалбырап алдыңғы жаққа барып отырды.
Оқушылар өз қылығын көргендей, таңдана қарайды. Бір кезде
Айдарбек мырза Айсұлу бикештің тағы бір қылығын көріп
қойды:
– Айсұлу бикеш, ауызыңыздағы сағызды тастаңызшы. Ол
мәдениетті кісінің тірлігі емес (Сабақ үстінде сағыз шайнауды
қалай қойдырамыз деп біздің де талай басымыз қатқан. Бұл
жағдайды балалардың өзі қалай шешетіні қызық еді).
Айсұлу сағызын шарт еткізіп, орнынан сырбаздана тұрды да,
бантигін еркелей бір бұлғап, әлгі бәлені шелекке тастауға кетті.
Балалар қыран-топан.
Осыдан былай «Жаным садаға» деп аталатын бірінші
кітабымдағы сүйікті кейіпкерім Айсұлу (Айжан) студент бұл
кітапта мұғалім болып жалғасты.
Университеттің филология факультетінің бір топ студенттері
мен Алма апай отырып, армандаушы едік: «Осы оқуымыз біткен
соң, бәріміз бір мектепке барып жұмыс істер ме едік!»
– Сендер бірге боларсыңдар-ау, мен қайда барамын…
Көзге бала-шаға, орныққан қызмет елестейтін. Құдайдың
мұнысына шүкір, айналдырып әкеп арманды тоғыстырған.

211


Айсұлу екеуміз біргеміз. Қалдыгүл, Қосай, Сара, Рухат, Ербақыт,
Аманжол, Дүйсенкүл, Зәмзәгүлдер қайда екен?

МҰХИТ – МҰҒАЛІМ

Оқушы мұғалімнің қылығын қайталайды. Мұхит мырзаның
сабақты бастасынан-ақ бір сыпайлықты көріп, риза болдық.

– Мырзалар мен бикештер, бүгін сіздердің сабақты жақсы
біліп, мені қуантатындарыңызға сенемін, – деді. Дайындалмаған
бір балаға:

– Сіздің ісіңіз ренжітіп тұр, – деді. Бір кезде бәрі «Қорқыт ата
кітабындағы» «Дерсехан ұлы Бұқаш туралы жырды» ойнауға
кірісті.

Марал бикеш:
– «Баяғы заманда Байындыр деген хан болыпты. Ұлан-асыр
той жасап, ақ отау, қара отау, қызыл отау тіктіріпті. Ұлы барлар
– ақ отауға, қызы барлар – қызыл отауға, не ұлы жоқ, не қызы
жоқ қу бастар қара отауға кірсін», – депті. Тойға келген Дерсехан
не күй кешті? Ол байғұста не ұл, не қыз жоқ еді. Дерсеханды қара
отауға кіргізіп, астына қара киіз төсетіп, алдына қара қойдың
басын тартты.
Дерсехан үйіне қара күйедей түтеп келді… Осы кезде Дәнияр
мырза қайғылы Дерсеханды көрсету үшін, бір қолымен басын
ұстап, екінші қолында кішкене көрпешесі бар, ортаға шықты.
Көрпені астына басып отыра қалды да, алдыдағы Дина бикешке:
– Ай, хан қызы, құдай бізге не ұл, не қыз бермеді. Неліктен
құдайдың қаһарына ұшырадық! Бұған кінәлі кім? – деді.
– Көтер басыңды, Дерсехан! Қойдан – қошқар, түйеден – үлек,
жылқыдан айғыр сойдыр. Ашты тойындыр, кедейді киіндір.
Құдайдан бала сұрайық, тілегімізді берер!
Марал бикеш: «Сонымен, тойға жиналған көпшілік аспанға
қол жайып, «Дерсеханға бір ұл бере гөр!» – деп тілейді. Көптің
тілегі қабыл болып, көп ұзамай, Дерсехан бір ұлды болады.
Қабырғаң болса жүрерсің, шеміршек болса нығаяр. Бала өсе
береді.

212


Байындыр ханның бір тажал үлегі мен құрсауланған қызыл
көз бұқасы бар еді. Аулада үш баламен топай ойнап жүрген
Дерсеханның ұлын сынау үшін, бұқаны босатып жібереді.

Сахнаға екі саусағымен өгіздің мүйізін бейнелей, ақырып
Алмас мырза шықты. Дерсеханның ұлын ойнаған Мәди мырза
онымен тіресіп тұрып жіберіп қалып еді, Алмас сюжетке сәйкес
омақаса құлады. Мәдидің айтуынша, батыр бала былай деп
ойлапты: «Үй дуалын баған ұстайды, ол – үйге тірек, бұқаның
маңдайына несіне тіреуіш боламын?"

Мәди мырза қылышын суырып алып, бұқаның басын кескен
белгісін жасады. Содан Қорқыт ата балаға Бұқаш деп ат
қойыпты».

Сабақтың қызығы алда болды. Бұқаштың рөлін ойнаған Мәди
мырза қырық қарақшынының айдап салуымен әкесінің атқан
оғынан жараланып жатпай ма? Анасы боп Дина бикеш келіп,
жасын төгіп жылайды.

Қасы-көзің қиылып,
Жатырмысың, құлыным!
Аш көзіңді бір мезгіл,
Кеудеңде болса шыбының!
Он екі мүшең мұз болып,
Тынды ма аққан бұлағың!
Тәтті өмірің үзіліп,
Сөнді мен жанған шырағың! Шырағым…

Бәріміздің сай-сүйегіміз сырқырап, көзге жас келіп қалды.
Биыл біраз қиындықты бастан өткізген Кәмила бике білдірмей
бетін басып, көзін сүртіп жатыр. Шығарманы оқудан былай,
ойнап көрудің баланың бұғып жатқан көп сезімдерін іске
қосатынын байқауға болады. Тіл де жаттығады.

Ендігі кезекте Мәди: «О, кейуана, ханым анам!» – деп сөзін
бастау керек еді. Жараланып жатқан жерінен басын көтерді де,
көзі бақырайып, жалынышты дауыспен: «Сөзімді жаттаған
жоқпын», – демесі бар ма?

213


Мұнда күлмегенде, қайда күлесің? Желке жақтан математик
Дәулетбек мырза қарқылдайды, Мұхит мырза сахнадан шіңк-
шіңк. Көрермендер ішін басып, қарқ-қарқ, шиқ-шиқ етіп,
қойылымды көпке дейін жалғастыра алмады.

Бір кезде есін жиған Мұхит мырзаның: «Қойыңыздар енді...»
– деген дауысын естідік.

Мұхит мырза балаларға бағасын қойып бола бергенде,
фойеден Нұрлан Өнербаевтың әні естілді. Қоңыраудың болғаны
белгілі болды.

Мұхит мырза Мәдиге қарап: «Сіз мені ренжіттіңіз», – деді.
Бірақ шындап ренжіген жоқ қой деймін, артынан Мәдидің
арқасынан қағып, әңгімелесіп шығып бара жатты.

ПРЕСС-КОНФЕРЕНЦИЯ

Мұғалімдер күні пресс-конференциямен аяқталды. Ұстаздар
үшін мынадай хабарландыру ілінді:

«Пікір алмасуға шақырамыз. Сұрақтар:
– Бүгін мектепте қандай көңіл-күйде болдыңыз?
– Оқушы мен мұғалімнің орын алмасқан рөлі көңілден
шықты ма?
– Бала – мұғалімдер несімен ұнады?
– «Мұғалімдер күні» қайталанса не істер едіңіз?
– Бала – мұғалімге қандай сұрақтарыңыз бар"?
Ұстаздар журналистер болып келді. Әр елдің өкілі болып, сол
елдің киімін киді. Давлетбиеки – Пекиннен, Зебо ханум –
Өзбекстан, госпожа Айна – Ресей, Вахытчан – шешен қызы,
Шахбанучечек – Қарақалпақстан, Айхан ханум – Туркия, Мадина
сан – Жапониядан.
Әр елден келген журналист балаларға микрофон ұсынып,
сұрақтар қойды. Мұхит мырзадан мынандай сұрақтарға жауап
сұрап жатты:
– Сабаққа кіргенде қандай көңіл күйде болдыңыз?
– Өзіңізге көңіліңіз толды ма?

214


КЕШ

Арнайы үлкен дайындық жасаған жоқпыз. Ардақтарын еске
алған отбасындағыдай қарапайым болсыншы дедік. Мұхит,
Бағлан, Димаш шығарма жазып келіпті. Гүлшат өлең жазыпты.
Биболат ойдан өлең шығарыпты. Мөлдір, Әлия «Желтоқсан
желі» әніне дайындалыпты.

Әңгімені Айнаш бике бастады. Алаңда көзбен көргенін
айтады:

– Күн суық. Адамдар тарамағаннан кейін суық су шашты.
Киім дегенің сақырлап қалды. Мәшине, мәшине ғып сауытпен,
резеңке таяқпен қаруланған солдаттарды түсіріп жатқанда ғана
«совет өкіметінде адамға тек жақсылық ойлайды» деп өскен
басым, жүрегім су ете түсті. Оған дейін «жастардың
наразылығын бастықтар дұрыс түсінбей жатыр, түсінсе бәрі
орнына келеді», – деп ойлаппын. Бір қызды жығып салып, екі
аяғын қолмен тартып тұрып, керзі етікпен теуіп жатқанын көз
көрді... Содан кейін барлық жерде тексеру басталды ғой.
Студенттерді ондап, жүздеп оқудан шығарды. Менің жанымды
бір жас мұғалім алып қалды. «Бұл алаңға барған жоқ, ылғи менің
қасымда болды», – деп тұрып алды.

Гүлмира бике де алаңда болған екен. Этика сабағын оқытатын
мұғалімі сол күнгі Республика музейіне баруды жоспарлапты
(Кейін «әдейі ұйымдастырдың» деп ол мұғалімді де қудаласа
керек). Музейге бара жатып, алаңдағы лекке араласып кетеді.

Милиция, солдаттар жастарды бері қуады, жастар кішкене
күш жиып алып, оларды үкімет үйінің іргесіне қарай қайта
тықсырады. Биік өкше киіп барған қыздардың топырлаған
адамның арасында жығылып қалып, аяққа басылып, ыңырсып
жатқандары қаншама. Онда жаманшылықты ойлап бармаған ғой.
«Араларыңда медик бар ма?» – деп айқайлап еді, медицина
институтының екі студенті келіп көмектесіп жатты.

Бір кезде солдаттар жастарды топырлатып қуып беріп еді, бір
әйелдің: «Неге қашасыңдар! Қайт кейін!» – деген даусы естілді.
Сол әйелдің даусы әлі құлағымда. Не деген батыр әйел деп

215


ойлаймын. Жастарға әлгі дауыс қуат бергендей болды. Бәрі
естерін жиып алып, қалт тура қалды. Жиылып, солдаттарды
үкімет үйінің баспалдағына дейін қуды-ау.

Жатақханаға әрең жетіп құладық. Ертеңіне жатақханадан
шығармай қойды. Студенттерді алдандыру үшін концерт қойды
ма, кеш ұйымдастырды ма, не керек қамап отырды.

Гүлмира домбырамен «Қара бауыр қасқалдақты» айтты. Одан
соң Динара бикеш Қайрат Рысқұлбековтің түрмеде жазған
«Өкініш» өлеңін оқыды. Жанында отырған Зибаш көзінен
домалаған жасына ие бола алмай, орамалының ұшымен кезек-
кезек сүртеді. Оған дейін мықты тұрған жүрегі құрғырды жібітіп
барады.

Мұхит шығып, шығармасының бір-екі дәмді жерін ауызша
айтты. Соңғы сөйлемі бір ерекше болып көрінді. «Аналар
ботасынан айырылған інгендей боздады», – деді.

Биболаттың өзі шығарған өлеңі жатық екен. Шашы тіп-тік
қайратты, көз тимесін, денесі шымыр. Ортамызға келіп қалған
желтоқсан жігіттерінің біреуі сияқты. Өлеңін сұрап алдым.

ЖЕЛТОҚСАН

Міне, бүгін желтоқсанның он алтыншы жұлдызы,
Еліміздің азаттығын алған күн деп біл мұны.
Мен таңертең жатқан кезде тәтті ұйқымды қия алмай,
Құлағыма естіледі құрбандардың мұңлы үні.

Сол күндерде талай адам жазықсыздан қан кешті,
Рысқұлбеков ағамыз бар іштерінде жанкешті.
Біз ешқашан жібермейміз жат пиғылды біреуге,
Абылайдай ата-баба сақтап келген намысты.

Қазақ атам бұрынғыдан сөзге шешен, ер еді,
Ақкөңілді, кішіпейіл, аққан білім кемесі.
Болса егер батыр бабам Қабанбай мен Бөгенбай,
Азғындарды кісі өлтірген жөргегінде жер еді.

Біз біреуге талай жылдар бодан болдық, алдандық,
Үгітке ердік, арақ пенен темекіге арбалдық.

216


Бұдан былай алданбайық, арбалмайық ешкімге,
Десең егер, болмасыншы желтоқсандай құрбандық.

Биболат өлеңін оқып болған соң, «Мұхтар Шахановтың
мынадай бір өлеңі бар...» – дей беріп едім, Гүлшат: «Мен сол
өлеңді оқып берейінші», – деп сұранды.

Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның,
Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның...

Бірінші жолын ғана оқып үлгірді-ау. Әрі қарай даусы
дірілдеп, іштей егіліп тұрып қалды. Демін алып, қайта кірісіп еді,
оқи алмады. Жүректер жылай бастады. Болмайтын болған соң,
Гүлшат орнына отырды. Өзімді тоқтатып, ар жағын оқып
аяқтадым:

Жә, не деген нүктесі көп, бүкпесі көп өмір ең...
Төрт жыл өтті шындық күліп шыққанынша көгінен.
Оқ бойы озып тұрыпсың-ау сол аумалы кезеңде-ақ
Пышаққа сап бола алмайтын әкімдердің көбінен.
Өсер ұлдың қай сәтте де бүлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

Өзімді іштей қайрай отырып, әрең дірілдей оқып шықтым.
– Алаңда «Менің Қазақстанымды» айтып едік. Сол өлеңді
еске алайықшы, – деді Айсұлу.
Бәріміз қосылып сол өлеңді және «Желтоқсан желін» айттық.
Соңында 7-жылдықтағы Айдарбек мырза желтоқсанда құрбан
болғандардың әруағына бағыштап құран оқыды. Бетімізді сипап
отырып қалдық. Сөз қорытар ма екен деп Рақымның бетіне қарап
едім, көзі жасаурап, басын шайқады.
– Ал желтоқсан құрбандарын еске алу жиынын аяқтаймыз.
Олардың жасамаған өмірін сендерге берсін, көрмеген қызығын
сендер көріңдер...

217


Бұл әлсіздік дегенді қойсаңызшы. Дауыс дірілдеп кетіп
барады. Көмек іздегендей мұғалімдерге қараймын. Балаларға
қарама-қарсы отырып алған екенбіз. Көздері қып-қызыл. Зал
толы бала-шаға қылп етпей қарап қапты. Тым-тырыс. Әншейінде
тыныштандыру қиын болар еді.

Қатыгездікті көп үйренген қазіргі жас баланың жүрек мұзын
жібітетін нәрсе – мұғалімнің жылы жүрегі. Жасандылық әсер
етпейді.

Жиынымыз: үлкендері аруақты еске алып, көздерін сулап
отырып әңгіме айтқан, кішілері беріліп тыңдаған, жаңа бір әсерге
бөленген тәрбиелі отбасының тірлігіндей болып шықты. Соған
қуандым.

Осы ауылда желтоқсанға қатысқаны үшін бес жылға
сотталған ағалы-қарындасты екі кісі бар дейді. Кейін ақталып
шығыпты. Қарындасы камерада ұзақ уақыт цементтің үстіне
отырғандықтан, денсаулығынан айырылған көрінеді. Құдай
амандық берсе, келесі бір ретте сол кісілердің әңгімесін тыңдату
керек екен деп ойладым.

МҰҒАЛІМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Өз шығармашылығын тоқтатқан мұғалім баладан
шығармашылық күте алмаса керек. Өзінің шығармашылық қуаты
бар мұғалім баланы қуатттандырады.

Бір күні төте жазуды үйреткенде, әр балаға арабша екі-үш
шумақтан өлең ұстаттық:

– Шәмшігүл халқына бір гүл болады,
Ақыл, білік қосылса нұр болады.
Қызыл гүлім, шешіп бер жұмбағымды, –
Парасатты кісілер кім болады?

– Гүлмира, ақылың бар жас баласың,
Кісілікті меңгерсең бас боларсың.
Ер Қабанбай, Бөгенбай кімдер еді, –
Қазақтың қорғап қалған астанасын?

218


– Серігім, анаңның шын серігі бол,
Жігіттің жасығы емес, берігі бол.
Сұрағыма ізденіп жауап берші,
Абайдың не себептен қайғысы мол?

– Салауат, ер қазақтың ұрпағысың,
Сен-дағы көк жүзіне шырқа құсым.
Хан Абылай кім еді, айтып берші,
Болса егер оқып білген бұл танысың?

– Кәмшаттың мен білетін жаны таза,
Ылайым алыс болсын пәле-жала.
Қырмызым, жұмбағымның шешуін айт,
Заманынан жан бар ма туған оза? –

деген сияқты, ақындық шыбыттан туа қоймаса да, бала жүрегін
қозғауға жарады-ау деймін, ұзамай, қайыра өлеңмен жауап ала
бастадық.

Сабақтың ережедегідей қатып қалғаннан гөрі,
шығармашылыққа итермелейтін түрлерін тапқан мұғалімдердің
еңбегі еленетін еді. Айсұлу бике дыбыстарды түсіндірудің жаңа
бір әдісін ойлап тапты. Ал бастауыш балаларына: «Дыбыстар»
тақырыбын қорытындылаймыз», – демейді, «Дыбыстар әлемі
туралы ертегі айтып беремін», – дейді. Содан ертегі басталады:

– Баяғы заманда дыбыстар елінде Қатал атты патша болыпты.
Ол өз қарамағына бірнеше дыбысты алып, өзгелеріне әлімжеттік
көрсетсе керек. Осы оқиғадан кейін дыбыстар жан-жаққа
бөлініп, кетіпті. Еркіндікті ұнататын әнші дыбыстар бір бөлек,
таңбалар бір бөлек тарапты. Бір күні оларға Қатал патша
ашуланып, қол астындағы дыбыстарды «Тастөбе» зынданына
қамап, сиқырлап тастапты деген суық хабар жетті. Ұялшақ
бауырлар: «Ұямыз бір бауырымыз еді ғой, қиындықта іздемесек,
көмектеспек, ұят қой», – деп, жолға шығыпты. 8 түйені жолға
жабдықтап, 8 батыр да шығыпты.

– Ал, балалар, 8 түйеге қандай батыр мінді?

219


Керуен күн бата жолға шығып, таң ата құр сүлдерлері жүрген,
үндемейтін екі батырға жолықты. Олардың тағы үш бауыры бар
екен. Сөйлей қалса, қос дыбыс айтады екен.

– Таңбалар: ь, ъ және я, ю, ё.
Керуен екі тәуліктей жол жүріп, бір ауылға келді. Бұл ауылда
12 әнші бар екен. Оның біреуі тілді еркін меңгермеген, шеттен
келген әнші екен. Ол кім? Жергілікті 11 әншінің дауыстары әр
түрлі естіледі екен. Ішінде өте бір қу дыбыстар бар екен.
– Неге дыбыстар әр түрлі?
– Өйткені жуан, жіңішке сөйлейтіндер бар.
– Қай дыбыс қу?
– У, өзі қу. Жуан да, жіңішке де, дауысты да, дауыссыз да
бола алады.
Демін алған керуен дереу жолға шықты. Ұзақ жол бұларды
белгісіз өлкедегі ауылға әкеп тіреді. Ондағы елдің үні қызық екен.
Біреулері ырылдап, біреулері ыңылдап, біреулері ымдап
сөйлеседі екен. Тұрғындарының жалпы саны жетеу екен.
– Бұлар кімдер, қалай аталады?
Оқушылар үнді дыбыстары екенін айтып, атап санап шығады.
Жөн сұрасып, жағдайды айтып, бұлар осы маңда ысылдап,
пысылдап, ышқынып, күрсініп жататын 11 тас төбешік барын
естіп, бел шешіп, дем алмастан, тас төбелерді бетке ұстай
қозғалады. Тас төбелерге келген соң, әркім өз бауырының атын
атап, дауыстайды.
– Қай дыбыс қандай дыбыстарды шақырады?
Балалар ұяң дыбыстардың жұптарын атай келіп, одан соң
қалған қатаң дыбыстарды анықтайды.
Сөйтсе, сиқырды жеңудің басты шарты Мейірімді келтірмеу
керек екен. Бірақ осы оқиғадан кейін мейірім әр дыбыстың
жүрегінен орын алып, бауырларды табыстырған екен. Табысқан
бауырлар бұдан кейін тату тұрыпты.
Сонымен балалар сурет салады. Динараның суретінде:
Бастауыш, Баяндауыш, Толықтауыш, Пысықтауыш, Анықтауыш
деген балақайлар әрқайсысы өзінің сипатына сай қимылдауда:
Бастауыш машинаның рөлінде отырып жатыр. Баяндауыш

220


артындағыларға жағдайды түсіндіріп, баяндап тұр. Ілесіп
Толықтауыш келе жатыр. Пысықтауыш соңындағы Анықтауыш
деген бикешке бірдемені пысықтап айтып беруде. Анықтауыш
бикештің бастауыштың қасында тұрмағаны болмаса, суреттен-ақ
баланың тақырыпты меңгергені көрініп тұрды.

Айсұлу бике осы сабағымен және еркін әрі тартымды
сөйлеуімен, әртістік қабілетімен республикалық мұғалімдер
байқауында бірінші орын алды. Басқа мұғалімдеріміз Айсұлу
бикенің «оқушылары» болып қатысып, рөлге кіріп, ойнап
отырды.

Сабақтарды ойын түрінде жүргізуге көп мән берілді. «Ежелгі
әдебиет» сабағында тақырыпты өтіп болған соң, сценарий
құрастырылып, рөлдер белгіленіп, оны жылдық оқушылары
алдында ойнайды. Жақсы шыққандарын бүкіл мектепке көрсетіп
отырдық. Бұл тақырыпты есте сақтаудың, бала
шығармашылығын дамытудың, бұйығылықтан құтқарудың
жолдары еді.

Кей тақырыптарды синхронды оқытуды ойластырдық.
Бірнеше мұғалім әрқайсысы өзінше, бірақ бірін-бірі оқи отырып,
сабақ жоспарын жасады. Бір ғана «Әл-Фараби» тақырыбын
әдебиетші, тарихшы, музыка, сурет пәнінің мұғалімдері бірігіп
өткізген күндеріміз болды.

Әдебиеттен сабақты түсіндіріп тұрып, мазмұнына қарай
шағын бөліктен соң, айтылған әңгіме бойынша таяныш (тірек
белгі) жазуды ұсынамыз. Бұл тәсіл, біріншіден, оқушының
сабақты көңіл бөліп тыңдамаса, таяныш жаза алмайтындығын
есінде ұстауына, екіншіден, үй тапсырмасына дайындалғанда,
жұмысын жеңілдетуге көмектесетін еді. Бұл сабақтан оқулық
шығып үлгірмеген кездің өзінде таяныш жазу арқылы өтілген
сабақты еске сақтап, талдаудан еш қиналған жоқпыз.

Сабақ барысын ойластырғанда, балаға қайтсем көмек
беремін, қалай жұмысын жеңілдете аламын деп ойлану керек.
Жол таба алмайтын қиындыққа, тұйыққа тіреп қоюға болмайды.
Өйтсе, баланың ықыласы өледі.

221


ТҮРКІ ӘДЕБИЕТІН ИНТЕГРАЦИЯЛАЙ ОҚЫТУ

Дүниедегі 6 млрд халықтың 200 млн-дайы түркі – түрк жұрты.
Қырдағы – қазақ, ортадағы – өзбек, таудағы – қырғыз, Сібірдегі –
саха, тоба, хақастар, Қапқаз жайлаған – ноғай, балқар, қарашай,
әзірбайжан, көне Қазан хандығының ошағын үрлеген татар,
башқыр; мына жағы – Балқан тау, ондағы түрік ағайындар –
барлығымыз түпкі тарихымыз бір, тіліміз, дініміз бір елміз.
Жанымыздағы Ташкент – Мұхтар Әуезовтің оқыған жері, Тұрар
Рысқұловтың, талай марқасқа азаматтарымыздың бас қосып,
Түркістанды құрған жері.

Тарихтың арғы жағына бойласақ, қазақ-өзбектің бірінен-бірі
бөліп ала-алмайтын сәттері шығады. ХІV ғасырда Шығысында –
Қара Ертіспен, түстігінде – Балқаш, батысында – Түркістан,
Ташкентпен, Қашқар арасын билеген Моғолстан мемлекетінің
қазақ хандығын құрудағы орны ерекше болды. Моғолстанның
әміршісі Жүніс ханның екі қызы (Михр Нигор ханым мен Хұб
Нигор ханым) ХІV ғасырдағы екі елге ортақ тарихшы Мұхаммед
Хайдар Дулати мен Мұхаммед Бабырдың аналары еді. Кейін
Қашқардың, Кашмирдің билеушісі болған, сол тұстағы қазақ-
өзбек тарихын, «Тарихи Рашиди» кітабында жазып кеткен.
Мұхаммед Хайдар Дулати 1499 жылы Ташкент шаһарында
дүниеге келген.

1626 жылдан бастап, отыз жыл бойы Самарқанның әміршісі
болған алшын Жалаңтөс Баһадүр 1576 жылы Сыр өңірінде
Сейітқұл деген кісінің шаңырағында туған еді. Оның 1643 жылы
Жетісуды Салқам Жәңгір билеп тұрған кезінде, басып кірген
жоңғарлармен шайқаста 20 мың қолмен көмекке келгендігін А.И.
Левшин өзінің «Описание Казахских Орд и степей» деген
кітабында жазған. Жалаңтөс Баһадүр өзбек жұртына Абдул
керим деген лақап атпен танымал болған-ды. Ол салдырған
«Тіллә-қари», «Ширдар» медреселері әлі күнге Самарқанға көрік
беріп тұр.

Бұл айтылғандардың сыртында ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ
ғасырдың бас кезіндегі Сыр бойы, Жетісу өлкесіндегі Қоқан,

222


Хиуа хандықтары да біздің сылып алып тастай алмайтын
тарихымыз.

Сансыз баптың мекені ғана емес, ар-ұят пен парасаттың, дін
мен салттың дәстүрлі мекені болған 40 қақпалы Сайрам мен
Түмен баптың тәрбиесін алған, үлкен Түркістанның өзегі кіші
Түркістан, Сығанақ, Жент, Ташкент арасы бір жағы Баласағұн,
Талас, Шу – Ұлы Жібек жолының сан тарам байланыстары
ежелден қалыптасқан ақиқат.

Төле би бабамыздың Ташкентте мәңгілік мекен табуы да осы
тарихи ортақтастық белгісі деуге болады.

Қазақ-өзбек ақын-жазушыларының достығы мен парасаты екі
елге бірдей аңыз болған.

Өзбек жазушысы Насыр Фазыловтың «Мейірім» деген
естелігінде Айбек пен Сәбит Мұқановтың арасындағы қимас
достықтың биік кісілікке ұласқанын суреттейді. Соның куәсіндей
боп Алматыдағы Медеу шатқалында бір тас жатыр. Онда былай
деп жазылған: «Бұл жұмыр тасты бауырым Мұса Айбекке сыйға
тарттым. Сәбит Мұқанұлы. 3.06.1962 жыл».

Сонымен, түбі бір түркілер болып есептелетін қазақ-өзбектің
бай тарихы мен мәдениетінде ортақтықтар мол екен. Ендігі
мәселе: осыны ұрпақтар санасына қалай сіңіреміз? Мектепте
қалай оқытамыз? Олар тарихтан нені алуы керек? Халқымыздың
рухын көтеретін бұл тарихтар кеңестік идеология кезінде мектеп
оқулықтарына кірген жоқ. Тәуелсіздігіміздің сегіз жылында енді-
енді оқытыла бастады. Жаңа буын оқулықтарына енгізілуде.
Бұрынғы ғылыми еңбектерде зерттеушілер ежелгі әдебиетімізді
әрқайсысы халқына бейімдеу ыңғайын танытты. Әркім «көрпені
өзіне қарай тартқысы келгені», өзіне икемдегісі келгені бүгінде
жасырын емес. Соның ішінде түркі мәдениетінің түркі тілдес
халықтарға ортақ мұра екендігін талмай айтып, терең
зерттеулерін осы бағытта жүргізген Әмір Нажип сияқты
түркітанушылардың еңбегі зор болды. Бүгінде болашақ
ұрпағымыздың санасына осылай сіңіруіміз ләзім.

Қазақ-өзбекке ортақ әдебиеті мен тілінің тарихы, арысы, сақ,
ғұн заманынан, берісі, V-VІІІ ғасырлардағы архаикалық Түркі

223


империясы кезінен басталады. Ежелгі әдебиетті өзінше бір әлем
ретінде бейнелеген, оның шығысында Қашқари мен Баласағұни,
орта тұсында Йасауи, батысында Қорқыт ата жатыр. Соның
бәрінде де түркі халықтары тарихының дүниетаным үрдісі,
ахылағы, адами құндылықтары, салт-санасы айқын көрінеді.

Түркі әдебиеті туралы сөз болған кезде ұрпақтар санасында
талай жазудың ауысқанын, кирилл, латын, араб жазуынан бұрын
26 әріптен тұратын жазуы болғандығын айтуымыз керек. Оның
дәлелі – Есік қаласынан табылған Алтын Бекзаданың жанындағы
күміс тостағандағы жазу. Ол біздің з.д. V ғасыр болатын. Ал VІІІ
ғасырда осы таңбалармен тасқа сызып, тұтас жыр жазған
болатын. Ұзындығы 2,5 –3 метр, ені – 1,5-2 метрге дейінгі алып
тастардың екі беті мен екі қырына жыр мәтінін жазып шығу үшін
қанша уақыт керек болды екен? Моңғұлияда тұратын қазақ
зерттеушісі Қаржаубай Сартқожұлының деректері бойынша,
әуелі, тасқа әріптердің ізін сызып алған, орнына ерітінді құйған.
Біраздан соң ерітіндінің ізі үгіліп қалатын болған. Қазақ
руларының тасқа басып жүрген таңбалары осы жазудың
жекелеген әріптері еді.

«Орхон ескерткіштері» аталатын бұл жырда айналада жау
анталап тұрған кездің өзінде ұзын найза, өткір қылыш, жүйрік
атпен кең жайылған түркі жұртын біріктірген Білге қаған,
Құлтегіндей әскербасы, Тоңұқұқтай ақылшы жыраулардың
еңбегін ардақтайды.

Аңдаусыз тауғаш деген елдің уысына түсіп қалып,
тәуелсіздігінен айырылған жылдарын түркі тарихының ең қаралы
беттері ретінде бағалайды. Інісінің ағасындай бола
алмағандығын, ағаның орнын басқан хандардың жалтақтығын,
бегі мен халқының ымырасыздығын сынап, бодандықтың
себептерін ашады. Одан соң түркі халқының бақытына Көк
тәңірі мен Ұмай ананың қолдауымен, Елтеріс атты ер туғанын,
Елтерістің шашылғанды жинап, қайтадан тәуелсіздік тізгінін
қолға алғанын жазады. Ой-мұраты бүгінгі күнмен үндескен бұл
жырдың жас ұрпаққа берер танымы мен тағылымы мол екендігі
даусыз.

224


VІІІ-ІХ ғасырлардағы оғыздар билігі заманына жеткен
сарындар «Қорқыт ата кітабы» мен «Оғыз қаған жырында»
сақталған. Биыл Қорқыт атаның өмір сүрген уақытына 1300 жыл
толып отыр. Қорқыттың түркілер тарихындағы орнын, қазақтың
жыраулық, күйшілік, бақсылық өнерінің атасы екендігін
сіңіруіміз керек. Қорқыт тартқан күйлер, Қорқыт айтты деген
нақыл сөздер бүгінгі тіліміздегі қолданыста сол қалпында
сақталған: «Күл төбе болмас, Қара есекке жүген салсаң да, тұлпар
болмас. Күңге қамқа тон жапсаң да, ханым болмас. Ескі қамыс біз
болмас. Ежелгі дұшпан дос болмас. Қыз анадан көрмейінше,
өнеге алмас. Ұл атадан көрмейінше, сапар шекпес» деген нақыл
сөздердің баламасы мақал-мәтелдерімізде түркі жұртына кең
тараған «Алпамыс батыр» жырының түркі желісі «Алып
бамсыда», көнеден жеткен «Қорқыт ата кітабының» ішінде.

Х-ХІІ ғасырлар әдебиетінен Әбунасыр әл-Фараби бабамыз
дүниеге келген Отырар, Отырардың қазақ мәдениетіндегі орны,
Фарабидің Орта ғасырдағы Ояну дәуіріндегі алып тұлғаларының
бірі екенін айту. Математика, музыка, философия, поэзия
саласындағы еңбектерін түсіндіру; Ахмет Ясауи, оның сопылық
ілімі «Хикметтер» кітабының мазмұнын талдау, мағынасын ашу
қажетті. Бұл дәуірдің әдебиетінен кеңірек тоқталуды тілейтін
Баласағұнидің «Құтты білігі» мен Қашқари «Сөздігі» бар.

13 мың жылдан тұратын «Құтты білік» кітабына ХІ ғасырдағы
түркілердің әлеуметтік, саяси, ахылақ, адамгершілік мәселелері
көтерілген. Оны жазған адамның өз заманының ойшылы екендігі
хақ. Кітапта Платон мен әл-Фарабиден бастау алып, әл- Ғаззали
еңбегінде талданған, Фирдоуси, Низамидің көркем
шығармаларынан көрініс тапқан, одан Сұлтанмахмұт, Абайға
дейін келген кемел адам, кемел қоғам мәселелері көтеріледі.
Баласағұни өзінен бұрынғы «Саясатнама», «Қабуснама»,
«Тарихи масуой» сияқты дидактикалық сарындағы
кітаптарындағы ойлары түркілік мұраттар тұрғысынан дамытты.

Түркілерден шыққан ірі филолог-ғалым Махмұт Қашқаридың
«Сөздігінде» бүгінгі жастар білуге тиіс мағлұмат-деректер мол.
ХІ ғасырдағы түркі даласын өз көзімен аралап көріп, жазылған

225


еңбектердің құндылығын парықтаған адам, одан фольклор
үлгілерін, жағрапиясын, тарихи деректерін табар еді. Қашқаридің
бұл кітапты жазудағы мақсаты ислам дәуірінде үстем болған
араб тілінен түркі тілінің ешқандай кем еместігін дәлелдеу болса
керек. Кіргізілген 262 мақал-мәтелдің 60-тан астамы қазіргі қазақ
тілінде ешбір өзгеріссіз, сол қалпында қолданылады.

Түркі әдебиетін қалыптастыруда Алтын Орда дәуірінің рөлі
зор. Ол кезден жеткен он шақты жазба ескерткіштер назира
әдебиеттің діни ағартушылықтың дамуына әсер етті. Алдыңғы
дәуір әдебиетінің сопылық поэзия үрдісі жаңа бір мазмұнда
жалғасты. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр
басындағы қазақ әдебиетіндегі қисса-дастан жанрының дамуына
да Алтын Орда кезіндегі әдеби дәстүрінің ықпалы зор болды.

Осы мұраларды төкпей-шашпай, өзбек – оны тек өзбектікі
демей, қазақ – оны тек қазақтікі демей, ортақ жәдігерлік ретінде
оқуымыз керек. Сонда ғана рухымыз рухтана түседі. «Ортадағы
үй кең болмай, шеткі үй ел болмайды» деген бар. Кіндік Азия,
Орта Азия елдігін көрсетуі – парыз.

ХV ғасырдан бастап, түркілер әдебиеті өзінің ортақ
ошағынан шығып, жеке-жеке даму үрдісін бастайды. Қазақ
әдебиеті болса, Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет,
Жиембет, Бұхарға дейінгі өр рухқа толы әдебиет көшін бастайды.
Жыраулық поэзия дамиды. Өзбек әдебиеті Сақақи, Лутфи,
Әлішер Науайы, Тұрды, Гүльхани болып, Мұқими, Фуркатқа
дейін жалғасады.

Қазақ мектебі жалпы түркілік әдебиеттің, қазақтың кейінгі
төл әдебиетіндегі іздерін, әсіресе Х-ХІХ ғасыр басындағы
әдебиеттегі ежелгі әдебиет дәстүріне, сабақтастық жағына
назар аудартуы керек. Бүгінгі егемендікке қол жеткізген
уақытымызда бұрынғымызды жасқанбай көрсетіп, осыған
дейінгі оқулықтардағы: «Қазақ әдебиеті Бұхар жыраудан
басталады» деген мүлде қате тұжырымды жөндеуіміз керек. Енді
ұрпағымыз қазақ мәдениетінің түп тамыры тереңде екенін біліп,
туған еліне деген мақтаныш сезімі қалыптасып өсуі керек.

226


Түркі тарихы әлеуметтік жағдайларға байланысты, қолдан
ұйымдастырылған геноцид, қызыл-қырғын салдарынан 5 млн
қазақ шетелде жүр. Соның қомақты бөлігі – Өзбекстанда. Оның
ішінде ата-бабасынан бері сол жерді мекендеп отырғандары да,
жоғарыдағы себептерге байланысты кейін көшіп барғандары да
бар. Қазіргі ақпарат деректері бойынша, Өзбекстан ұлттық-
демократиялық ел болуды ойлап отырған сияқты. Бұл тәуелсіз
болуға ұмтылған әрбір халықтың арманы болса керек. Бірақ осы
жағдайды өзбек ұлтының өзекжарды мүддесінің тасасына қазақ
ұрпақтарының өзінің ұлттық сипатын сақтауға деген мүддесі
қалып қоймауы керек. Оған сенеміз де. Ол жақтағы
бауырларымыздың жағдайы бүгінгі күнде салт-дәстүрін, тілін
сақтауы жөнінен бізден төмен деп айта алмаймыз.

Қазақ тілі – біртұтас, монолитті тіл, дүниенің қай түкпірінде
болмасын, ол бір-ақ тілде түсініседі. Бірақ күндердің-күнінде
Кемал Ататүріктің: «Түркия Республикасын құрған түрік халқы,
түрік ұлты. Түрік ұлты деген сөз – түрік тілі деген сөз» , – деп
ұран тастағанындай, заман мүлде келмейді деу де қиын.
Сондықтан бұл жағдайға ондағы қазақ қауымының,
зиялыларының ұлт ретіндегі өзіндік болмысын сақтап қалуға
деген талпынысы мен жігері зор рухани күш бола алады.

Осы сияқты, дінде де бірлік керек бізге. Христиан сербтер
мен мұсылман босниялықтар, Армения мен Әзербайжан
арасындағы соғыстардың сыры белгілі. Қазір арамыздаға
сынадай қағылғысы келіп жүрген әр түрлі діни ағымдарға қарсы
тұрудың бір амалы – балаларды мектептен ұлттық рухта
тәрбиелеу.

«Бөрікті бөрік ішінде басы бар адам ғана сақтайды. Өз есімін
жүрегінде оты бар адам ғана сақтайды», – деген Расул
Ғамзатовтың сөзі есімізде. Жүрегінде оты бар ұрпақ керек.

1997 жылдың 5 желтоқсаны күнгі «Егемен Қазақстандағы»
«Тәлім мен тәрбие біртұтас талаптан туындайды» деген
мақаласында Қырымбек Елеуұлы Көшербаев: «Өз басым білім
беру ісінде этнопедагогика, ұлттық білім беру моделі тәрізді
сұрақтарды бүгінгі күннің өзекті мәселесі дер едім», – деген еді.

227


Шындығында да, көбіміздің көкейімізде жүргеніндей, ұлттық
мектептің моделін жасау – бүгінгі күндегі ең зәру мәселердің
бірі болып отыр. Біздің мектебіміз алдымен ұлттық
мәдениетімізді меңгерту, содан соң ғана өзге мәдениеттерді
таныту негізінде құрылуға тиіс екенін қазіргі жастар арасындағы
өзге мәдениетке құлдық ұру үрдісінің күшеюі көрсетуде. Қазіргі
жағдайда қазақ тілін аттап өтіп, ағылшын тілін білу бірінші
орынға шығып барады. Мектепті орыс тілінде оқып, Еуропаға
барып, ағылшынша университет бітірген балалар ертең біздің
саяси элитамыз болмақ. Осы балалардың ұлттық мүддемізді
ойлайтын азаматтар шығуы екіталай. Өйткені, өзге тілде
сөйлеген болса, өзге тілде ойлауы, өмірді қабылдауы,
құндылықтары өзгеше болады. «Тіл – болмыстың түрі» деп бекер
айтылмаған.

Сол кездегі мектебіміздің тынысын елестетуге септігі тиер
деген мақсатпен аудандық оқу бөліміне арнап жазылған «Түсінік
хатты» қоса кетуді жөн көрдік.

ГУМАНИТАРЛЫҚ ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ МЕКТЕП-
ЛИЦЕЙІ

1993 жылдың 2 тамызында Каскелең аудандық
әкімшілігінде (№451) тіркелген.

Лицейді ашқан – қазақ әдебиетінің ежелгі тарихын
зерттеуші ғалым, Әл-Фараби атындағы Қазақтың
мемлекеттік ұлттық университетінің доценті Алма
Қыраубайқызы.

Лицейді ашудағы мақсаты – ауыл балаларының білім
деңгейін көтеруге өз үлесін қосу және өз бағдарламасы бойынша
жаңаша оқыту жүйесін іске асыру.

Лицейде гуманитарлық қазақ мәдениетінің бірнеше саласы
тереңдетіліп оқылады. Атап айтқанда: Ежелгі әдебиет, Қазақ
мәдениетінің тарихы, Шығыс мәдениеті (Ислам мәдениеті), Көне

228


жазу, Әдеп (Қазақтың дәстүрлі тәрбиесі және тұрмыс-салты).
Қазақстан тарихымен танысу 1-сыныптан басталады.
Бастауышта «Тілашар» сабағы жүріп отырады. Осы оқытылып
жатқан сабақтардан жақсы нәтиже жеткен. Біздің жыл
санауымызға дейінгі көне сақ, ғүн, түрік дәуірлеріндегі аңыздар
мен орта ғасырдағы жазба ескерткіштерден жақсы хабары бар.
Осы сабақты 6, 7, 8- сыныптарда оқытатын ұстаз А. Қыраубаева
университеттің 1-курсының бағдарламасы бойынша жүргізуде.
Оқушылар қазір Орхон ескерткіштерін, «Қорқыт ата кітабын»,
«Оғыз қаған жыры», «Құтты білік», әл-Фараби еңбектері сияқты
тарих қойнауына сақталған құнды мұралардың мазмұнын тәуір
біледі. Араб әліппесімен жазылған кітаптарды, «Шалқар»
газетін оқи алатын дәрежеге жеткен. Жоғарғы сыныпқа барғанда
Орхон жазуын үйренбекші. Яғни «Көне жазу» сабағы қазақ
тарихындағы ең көне әліппелермен таныстырады, үйретеді.

«Шығыс мәдениеті» сабағы бірнеше курстарға бөлінген.
Соның алғашқысы – Ислам мәдениеті. Бұл сабақтың мақсаты –
Исламды мәдениет ретінде таныту. Оның тарихымен,
пайғамбарлар жөніндегі аңыз әңгімелермен, Құранның
мазмұнымен таныстыру, әдеп-парыздарды түсіндіру,
имандылыққа тәрбиелеу. «Шығыс мәдениетінің» келесі
курстарында «Қытай мәдениеті», «Парсы мәдениеті» сабақтары
жоспарланған. Балаларды имандылыққа тәрбиелеуге «Тілашар»
сабағы да бағытталған.

Лицейде қыз балалардың «Қол өнері» сабағына үлкен мән
беріледі. Болашақ өміріне қажетті дағдыларды үйретуге
тырысады. Түрлі тағамдар, оның ішінде үлттық тағамдардың
дайындалу әдістерін көзбе-көз жасап үйретеді. «Өттім-біттім»
емес, нақты үйреніп шыққанын қадағалайды. Тоқу, тігу, пішуді
үйретеді.

Оқушылардың парасаттылық тәрбиесіне көп мән беріледі.
Әдеп сабағын 1-сыныптан бастап жылма-жыл оқыту
жоспарланған. Сәлемдесу әдебінен басталған сабақ жоғарылаған
сайын мазмұны тереңдей түседі. Жоғарғы класта отбасы қарым-

229


қатынасына ұласады. Шығыс және Еуропалық этикетке де көңіл
бөлінеді.

Лицейдің мақсаты – қазақ баласын әлем сахнасына қазақ
құбылысы етіп шығару. Қазақ мәдениетін әлемдік мәдениеттің
бір бөлшегі деп қарайды. Өз мәдениетін терең білумен әлемдік
мәдениетті білдіру көзделген. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі
оқытылады. Балалар ағылшын тілінде диалогтер сөйлесу
дәрежесіне жеткен.

Лицей оқушылардың емін-еркін пікір алысуына қатты мән
береді. Оқытудың демократиялық жолдарын ұсынады. Сабақ
үстіндегі ұстаз бен оқушының еркін пікірлесуінің куәсі болдық.
«Пікірім дұрыс бола ма, болмай ма?» – деген жасқанушылық
байқалмайды. Пікірлесу мәдениетін едәуір меңгергені көрінеді.
Лицейдегі оқудың ең бір жетістігі деп осыны айтуға болады.

Лицейде рейтинг жүйесі жолға қойылған. Балалардың сабаққа
қатысуынан бастап ынтасына дейін ескерілген рейтинг жүйесі
жақсы нәтиже берген. Оқушылар ауырғанда болмаса, сабақтан
қалмауға тырысады. Оқуға аса ықыласты. Оның себебі
оқушының қызығушылығын оята білгенінде.

Лицейдің бүкіл құрылымы адамгершілік, бір-біріне деген
сенім негізінде жүргізіледі. Ұстаздар мен директор, ұстаз бен
ұстаз, ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас өте сыпайы,
әлеуметтік мінез-құлықтың кішіпейілділікке құрылған белгілері
танылады. Амандасу әдебі, қарым-қатынас мәдениетін
еңбектенуде қалыптастыру үшін, оқушыға өте сыйластықпен
қарайды.

Алдын ала ескертусіз сауалнама жүргізілгенде оқушылардың
өз мектебін аса қадірлейтіні анық аңғарылды. Аты-жөні
көрсетілмеген бір оқушы: «Бұл мектепте әр адам өз жұмысын
біледі», – деп жазған. Мұнда ұстаздан оқушыға дейін өз
жауапкершілігін тиянақты орындауына мән беріледі. Оқушылар
өздерін еркін сезінеді. Айқай-шу, қатыгездіктеп аулақтаған.

Ұстаздарға қойылатын талабы ерекше. Жиырма шақты
тоқтамнан тұратын талап адаамгершілік педагогикасына
негізделген. Онда: «Баға құнды емес, бала құнды. Әр бала –

230


өзінше қайталанбайтын ғажайып құбылыс», – деген жолдар бар.
Ең негізгі мән беретіні – баланы жасытпай оқыту.

Лицейде 5 сынып бар: 1, 2, 6, 7, 8. Он бес мұғалім оқытады.
Оның бесеуі – әл-Фараби университетінен, біреуі – Әлем тілдері
университетінен, бірі – Қыздар педагогикалық институтынан:
ғылым кандидаты, аспиранттар, университет ұстаздары,
таңдалып алынған мектеп мұғалімдері. Ауыл ата-аналарының
жағдайы төмендігіне байланысты өте аз төлемақы алып отырса
да (айына 300 теңге), қайырымдылық жұмыс жүргізуде.
Қиыншылықтарға қарамастан, ұлттық мектептің деңгейін
көтеруге өз үлестерін қосуда.

Сабақтан тыс жұмыстары да оқушылардың көпшілік алдында
еркін сөйлей алу, өзін сабырмен, еркін ұстау мәдениетін
қалыптастыруға бағытталған. «Зерде», «Жырау және жыраулық
дәстүр», «Әсемдік әлемі» факультативтері мен үйірмелері,
тұрақты «Би мәдениеті» және басқа кештер, кездесулер жиі
болады. Лицей оқушылар ғана емес, бүкіл ауыл өміріндегі ұлттық
мәдени орталық рөлін атқарып отыр. Ондағы өткізілген
айтыстарға, Абай күндеріне, Жамбылдың туған күніне арналған
кештерге, Лицей күшімен ұйымдастырылған концерттерге ауыл
адамдары, ата-аналар ықыласпен келеді. Ата-аналар қазақ
мәдениетінің көп ұмытылған тұстарын Лицейде оқитын
балаларынан үйренетіндігін айтады.

Қазақ мәдениетін оқып-білуге басқа ұлт өкілдері де құштар.
Бірнеше балқар, түрік балалары, орыс мектептерінен келген
балалар да оқиды. Олар қазір қазақ тілін едәуір меңгерген.

Бұл мектеп-лицейдің құндылығы: Ескі авторитарлық
педагогикадан шығып, баламен қарым-қатынастың адамшылық
негізіне бет бұрған.

Сабақтың қалыптасқан түрлерімен бірге, лекция-диалог,
лекция-практикалық сабақтар қолданылады. Оқушылар толық
түсінбеген тақырып қайталай өтіліп, одан да түсінбегендерді
түстен кейінгі «жетілдіру сабағына» жібереді. Оқушыны мақтау-
қолдау тәсілдері жақсы нәтиже береді. Қалыптастыру кезеңі үшке
бөлінеді:

231


1. Өз мүмкіндігіне сендіру кезеңі (бірінші жылы).
Бұл кезде бағалар көтеріңкі қойылады.
2. Күнделікті еңбек етуге дағдыландыру кезеңі (екінші
жылы). Баға еңбегіне қарай бағалана бастайды.
3. Нақты нәтижесі бойынша бағалау.
Рейтингте жинаған балының қорытындысы апта сайын
шығарылып отырады.
Оқушылар алғашқы кездегі салғырттықтан, қатыгездіктен,
жалқаулықтан арыла бастады. Өз пікірін жалтақтамай айтатын
дәрежеге жетті. Қызығушылығы жоғары.
«Ежелгі әдебиет», «Ислам мәдениеті» сабағынан
А.Қыраубаеваның өзі ойластырған «Шиыршық» тәсілі
қолданады. Ол бір ауқымды мәселеге (тақырыпқа) бірнеше рет
қайта оралуға негізделген. Және таяныштар арқылы да айтылған
тақырыпты баланың есінде қалдыруға көп мән береді.
Лицей жетекшісі А. Қыраубайқызы Лицейдің 6-7-
сыныптарына арналған «Ежелгі әдебиет» атты оқулық жазып
бітірген (Кітап кейін басылып шықты. – А.Қ.). Болашақта
Лицейге университет профессорларын көбірек тарту
жоспарланған.
Бұл мектеп-лицей Жандосов ауылының балалары үшін үлкен
жұмыстар істеп жатыр. Тіпті Алматыдан, басқа облыстан келіп
оқитындар бар.
Биылғы оқу жылында Білім министрлігі экспериментті
мектеп ретінде мемлекеттік бюджетте алу жөнінде шешім
шығарған. Бірақ жергілікті бюджетке қаражат жоқтығына
байланысты, Қаскелең ауданы ала алмаған. Лицей мемлекеттік
мектеп болудан қашпайды. Осы мектепті кеңейтсек деген тілегі
бар. Өйткені Алматыдан келіп оқуға тілек білдірушілерді
сыйғыза алмай отыр.
Гуманитарлық қазақ мәдениеті мектеп-лицейі – ұлттық білім
беру реформасына алғаш қадам басқан қазақ мектебі деп
шамалауға болады. Оның тәжірибесіне мән берілуін сұрар едік.

КІШКЕНТАЙ ПРОФЕССОРЛАР

232


Мектептің ашылуы мен үшін өмірге өлең келгендей еді. Бар
ғұмырыңды ұстаздықпен өткізіп келе жатқан соң, басыңа түрлі
ой келеді. Әр түрлі идея мен мұндалайды. Көп жылғы
идеямыздың құлы болдық. Жақсы идеяға жол ашық деп
сенгендік. Күйкі жандардың да болатынын, олардың: «Мынау
қайдан келген адам өзі, біздің ортамыздан неге мектеп ашады?»
дейтінін есептемедік, ойламадық.

Бастап қойған докторлық диссертациядан да маңыздырақ
көрініп еді бұл іс. Мұрнын сүрте алмай жүрген ауылдың қара
домалағын алақанмен көтеріп апарып, әлемге шығармақшы
болдық. Фанатизмге, донкихотшылдыққа берілдік. «Адам
бойындағы ең жақсы қасиет – елден ерек бір нәрсені істеуге
талпыныс» дейді ғой. Соған қанағат етеміз.

Жақсы ісіміз заманның қиындығына тура келді. «Бізде бұдан
да гөрі маңыздырақ істер бар» деп менменсігендерден қолдау
көре алмады. Көрмегендей болған ортаның қысымына шыдау
қайда, өз инерциясымен келіп жабылды. Ең алдымен «шатыр»
керек екен, «шатырдың» астындағы жайлы жерден бюжетке
кіріп, одан соң кредит алып бастағанда, әлдеқандай болар еді.
Мұның бәрі де біз үшін аспандағы айдан да алыс еді. Ел
байысын, заман түзелсін деп күтіп отыра берсек, бұл жұмысты
қай уақыттта бастар едік. Енді он жылдан кейін бе? Қынаптағы
қылышты дер кезінде суырмаса, тот басады. Әдемі ойды
жарыққа шығармаса, тұншығып өледі. Ой өзімізбен бірге өлер
еді. Жарыққа шықты. Өкініш жоқ.

Егер біреу менен: «Ашқан мектебінің жетістігі не сонда?» –
десе, былай дер ем.

«Рейтингтен ең жоғары балл жинағандарыңды Алматыға
апарып, өзім қыдыртамын», – дедім бірде балаларға. Тоқсанның
қорытындысы жарияланды, үлкен параққа жазылған балл саны
фойеге ілінді. Алдына барып, бәріміз үңіліп тұрмыз. Күні бұрын
білсем де, у да шу балалардың арасында тұрып, жаңа көргендей
болған қандай қызық! Бір кезде суырылып Айдарбек шықты.

233


Динара алақанын шарт еткізді, қызара күлімдеді. Мұхиттың екі
езуі екі құлағында.

– Ура! Алма бибі, уәдеңізді ұмытқан жоқсыз ғой.
Ертеңіне университетте сабағым бар еді. Соны да
пайдаланып, балалардың естерінде қаларлықтай бір мейрам
жасағым келді. Таңертең ақ «Жигулиді» жалтыратып жуып,
рульге отырдым. Әдемі киіндім. Мектеп алдында күтіп тұрған
балаларды «ах!» дегізіп, мінгізіп алып, қара жолмен зымырап,
Алматыға жеттік. Университеттің ішін аралатып, лифтімен ең
жоғарғы 15-қабатына шықтық. Алатаудың басында қар жатыр.
Төменде құмырсқадай жыбырлаған адамдар көрінеді. Заңғар
биікті бірінші көріп тұрған балаларыма:
– Естеріңде болсын, сіздер осы университетте оқитын
боласыздар. Сол кезде 15-қабатқа шығып, осылай қарап
тұрасыздар, – дедім. Балалар елпілдеп жүгіріп, ентігіп ойнаған
жоқ, сабырлы қалыппен алысқа қарап тұрып, бас изеді.
Одан шығып, сабаққа келдік. Аудиторияның арт жағында
сымға тізілген торғайдай болып, «кішкентай профессорларым»
отыр. Алдыңғы жағында – 1-курс студенттері. Мектепті жаңа
бітіріп келген балалар. Әдебиет тарихының бірінші сабағы.
– Бұхар жырауға дейін жазба әдебиет болған ба? – деймін.
Үндемейді. Білмейді. Білмеуі заңды, өйткені мектепте ол жағы
оқытылмаған. Осы кезде шыдай алмай кетті ғой деймін:
– Алма бибі, мен айтайыншы, – деп шіңкілдеген «кішкентай
профессорларым» қол көтере бастады.
Алдарындағы 1-курс түгел бұрылып, артқа қарады. Көптің
назар аударуы олардың мысын баса алған жоқ. Айдарбек
тайсалмай, елу студеттің алдына шықты. Тоқталмай 15 минут
сөйледі. Жазба әдебиеттің тарихы V-VІІІ ғасырдан
басталатынын, Орхон жазулары, Қорқыт ата бар екенін,
Баласағұни, Ясауи кітаптарын шолып өтті. Тұмар патша мен
Заринаны, сақ аңыздарын да ұмытқан жоқ.
Студенттер таңғалғанын жасыра алмай, қадала қарап
қалыпты. Кейбіреулері ұялғанынан, алдындағы қағазды
сызғылай бастады. Мен қуаныштан өзіме әрең ие болдым.

234


Мейрамды олар маған жасады. Бір үзілістен соң, Самал
мырзаның құзырына тапсырып, сабақ біткенше қыдырыстай
тұруға жіберіп, қайта кіргенімде, студенттердің сұрағы:

– Нешінші сыныпта оқиды? – болды.
– Сегізінші сыныпта.
Әсіресе таңғалдырғаны «кішкене профессорлардың» ауыл
баласына тән бұйығылықтан ада, үлкен кісідей сабырлылығы,
ішкі сезімінің мықтылығы еді.
Бұл талай таңғалдырулардың біреуі ғана.
Үш жылғы еңбектің жемісі осылар деп білемін.

ҚОШ, АУРОБИНДО!

1996 жылдың қысын өте ауыр өткіздік. Орталық жылу
жүйесінен мектебімізді кесіп тастады. Көрші мектепте бар, бізде
жоқ. Трубалар жарылып кететін болған соң, суды ағызып
жіберуге мәжбүр болдық. Аядай оқу бөлмелеріне электр
пештерін қойдық. Сыртқы есіктен бірден лап берген суық фойеде
тек сырт киіммен жүруге мәжбүр ететін. Балалардың тамағы
ауыра бастағаны байқалды. Аудандық әкімшілікке, жылу
бөліміне сан рет барып, мәселе көтеріп бақтық. Жекеменшік
мектеп жылуға өзі төлесін дегеннен басқа ештеңе ести алмадық.
Ауыл күннен-күнге құлдырай түсті. Баланы бір ай оқытқанымыз
үшін 400 теңге төлеудің өзі қиынға соқты. Қазақ мырзалардан
қайран болмады. Сонымен мектептің алдағы жылы жұмыс істей
алмасы мәлім болды.

Индияда бір Ауробиндо дейтін ауыл бар. Оған дүниенің
түпкір-түпкірінен адамшылық іздегендер келеді. Айналадағы
бәрін ақшамен өлшейтін азған тіршіліктен безгендер, сол ауылға
мүше болып кіру үшін хат жазып, кезекке тұрады. Алғаш үш ай
сынақтан өтеді, оған шыдағандар бір жылға қалдырылады.
Кейбір романтика іздегендер шыдас бере алмай қайтып та кетеді.

Ауробиндода өмір ауыр. Бәрін тек адал еңбекпен, өз қолымен
жасайсың. Жер жыртасың, дән себесің. Бәрі алақандағыдай.
Біреуді біреу қорлауға, алдауға тыйым салынған. Еңбексіз төбеге

235


шығуға жол жоқ. Онда тұру қайнаған алдамшы өмірден «адамдық
аралына» кету сияқты. Адамдық аралын бұрын-соңды талай
данышпандар іздеген. Асан қайғының «Жер үйегі», Платон,
Фараби, Кампанелланың «Кемел мемлекеті», Сұлтанмахмұттың
«Адасқан өмірдегі» әділетті қоғамы соған саяды. Онда:

Ол өмірде бірді-бір алдау болмас,
Арды ақшаға жағынып жалдау болмас,–

демеуші ме еді. Тіпті «коммунизм» идеясы да осыдан шыққан
ғой дейміз. Қысқасы, адам кемелдікті аңсаумен келеді. Бүкіл
қоғамды, ондағы бар адамды бірден жөндей алмайсың. Бір
тамаша ағаш өсіріп, оның кемел жемісінен таңырқата татқызсаң
да аз емес.

Біздің мектебіміз де оқудағы әміршілдіктен ығыр болған
жандардың Ауробиндосы еді. Бала үшін де, мұғалім үшін де,
жанға жайлы орта жасамақ болдық: Мың күнге татитын аз күн
тіршілік бар. «Мың күніме татиды өзіңмен өткен бір күнім», –
дейді халық өлеңінде. Мектебіміздің 3 жылдық өмірін өз
ғұмырымның ең бір мағыналы күндеріне балаймын. Біздің ең
үлкен қателігіміз – ауыл үшін қайырымдылық мектеп жасаймыз
дегеніміз. Ауылдың қүрт құлдырап кетуі, керексіз болып қалуы
бұл мақсатты күл-талқан етті. Бәлкім, уақыттан ерте туған
шығармыз.

Қош, Ауробиндо! Мүмкін, бір кезде күнкөріс кіріне көкірек
толып кетсе айналып, саяңа келермін.

КҮНДЕЛІКТЕН ҮЗІНДІЛЕР

1. Бүгін Жандосов мектебінде бірінші сабағым болады.
Таңертеңнен көп ойланудамын. Мектеп оқушысы студент емес.
Қызықтыра алмасаң, ұялтып тыныштандыра алмайсың. Онда бір-
ақ жол қалды: Олардың күнделікті өмірін қажытқан – ұрысу. Сол
деңгейге түсетін болсақ, несіне әуре болып жүрмін. Жаңа
мектеп ашамын дегендегі ойым да ұлттық мектеп өміріне жаңа
бір тамшылар қосу емес пе?

236


Бірінші сабағымның атын «Адырна және Әліпби» деп
қойдым. Қызыққан мұғалімдер, ата-аналар да қатыспақшы.
Халқымыздың азып-тозғаны сондай – өзіне өз ұлтының
мәдениетін оқыту керек. «Адырна» деген сөздің мағынасын да
білетін қарапайым қазақ аз қалды ғой.

2. Үйге осы ауылдың мектебінде оқитын Ғ. деген бала
келіпті. Оның өзі әдейілеп келгенін көргенде, әкем келгендей
қуандым.

Кешкі ымыртта терезе тырс-тырс етеді. Қарай қойсам, біреу
терезені ұрады да, еңкейіп тығыла қалады. «Бұ несі?» – деп
Бұланды жібердім, артынан өзім шықсам, Ғ. екен.

Бұл баланың аты ауылға белгілі: «жынды», «ең нашар
оқушы». Мұғалімдер ұрысып та жатады, балалар ұрып та
жатады, әбден қадірі кеткен. Егер интеллектісі жоғары бала
болса, мұндай қорлауды көтере алмай, өліп те кетер ме еді! Ғ.
болса, өз тіршілігін мойындап, көніп алған. Сөйлеуі төменгі
сынып оқушысының дәрежесінде, ой-өрісі дұрыс тәрбие
болмағандықтан өспей қалған. Барақ, естуімше, жақсы қасиеттері
бар: адал, жасырын домбыра тартады, су толтырылған шелекті
көтеріп жаттығады. Өз бетінше кісіге тиіспейді, бірақ балалардың
мазағынан мезі болғанда, оларды қосақтап ұрып жібереді. Бір
орнында екі жыл қалған. Байғұс бала қатарынан ересектеу
мұғалім ұрып жатқанда, қайырып қойған шашының
жатықтығын бұзып алмайын деп, қолымен қайырмалап сипалап
жатады. Оның әбден қорланған адамдық келбетінен өзіне
қалғаны сулап, тарап жүретін осы шашы ғана.

...................................................................................................

Бүгін, міне, 1995 жылдың 4 мамыры. Күнделікті бастаған
1992 жылдан бергі аласапыран үш жыл өтіпті. Бүгін бір көңілде
сенім пайда болған, ісім нәтиже берген күн. Ал үш жыл бұрын
не боларына анық көзім жеткен жоқ еді.

Алғаш бір жыл бойы жанымдағы мемлекеттік мектепте
«Қазақ мәдениеті» деген сабақты аптасына төрт сағат тегін
оқыттым. Қандай талапты балалар бар екенін, қандай жақсы

237


мұғалім бар екенін білдім. Мектептің ішкі өмірі қандай екенін
елестеттім. Бұл да бір пайдалы уақыт болды. Келесі жылы, яғни
1993 жылы көктемде аудандық әкімшілікке барып мектеп ашу
туралы ұсынысымды айтқанда, артымнан: «Бұл кісі кім өзі?
Ақыл-есі түгел ме?» – деген пікірлер айтылыпты. Жалпы, ақыл-
есіме деген күмән көпке дейін сақталып келді. Олардың түсіне
алмайтыны – материалдық пайдасы жоқ жұмысты істеймін
дегенім. Мүмкін, Алматыда университеттен қуып жіберген
шығар деп те ойлайды. Ол жақта қадірлі болса, ауылға келіп неге
мектеп ашпақшы? – дейді. Әйтеуір, себебін түсіне алмай,
бастары қатты.

Енді, құдайға шүкір, сол арпалысқан екі жыл артта қалып,
біраз нәтижеге жеттік.

Бүгін оқып отырсам, М.П.Щетинин де былай жазыпты:
"Жұрттың өзіңді дұрыс түсінуінің қандай қиынға түсетінін мен
сол жылдары тұңғыш рет сезіндім" (Педагог жазбалары. А.:
Мектеп, 1985. 13-б).

6 қазан 1995 жыл
Бүгін бір жас мұғаліміз сабақтан жылап шықты: «Енді сабақ
бермеймін, мұғалім болмаймын!» – дейді. Себебі, оқушылар
берген тапсырманы орындамай келіпті. Шындап келгенде, өз
әлсіздігіне ренжулі, қолынан келмейтіндігіне «сенім» пайда
болған.
Осы мұғалімнің бір жылап келуі мүмкін екенін сезгеніме бір
ай өтті. Қайта біраз шыдап көрді. «Жарайсың!» – деймін іштей.
Жас мұғалімді оқушылар алғаш жақсы қабылдайды. Бәрінен де
өздері шамалас адаммен тез тіл табысамыз деп ойлайды.
Олардың алғашқы қызығушылығы мен жылы қабағына елтіп
қалған жас мұғалім қаннен-қаперсіз риза болып жүргенінде,
балалар тарапынан ойынға айналдыру басталады. Үдей келе
игере алмайтынына көзі жете бастаған мұғалімнің өкініш
жасымен аяқталады. Бұл жағдай әлемде қаншама мұғалімнің
басынан өтпеді дейсіз?!

238


Жылап болған соң, осы әңгімелерді айта отырып, балалардың
сабақ оқымай келу себебін анықтадық: аударылуға тиісті
мәтінде (текст) таныс емес сөз көп екен. Сөздік жоқ. Сонымен,
тапсырма орындалмаған. Үйге тапсырманы берерде әуелі өзі он
ойланып, жүз толғануы керек еді. Сабақ көңіл күй мен
оқушылардың ырқында кеткен.

Соңынан келесі сабақтың жоспарын жасадық. Минуттарға
бөлдік, есептедік. Оқушыларға қайтадан кіріп, келесі жолғы
сабаққа не дайындап келуі керек екенін айтып шығуын өтіндім.
Оқушылар үйіне мұғалімнің жеңілісіне мәз болып қайтпауы
керек.

Ең соңында не қылдық дейсіз ғой, бүгінгі 6 қазан күнін қойын
кітапшама белгілеп алдым да, келесі жылы осы күнді күле еске
алып, атап өтетінімізді айттым. Айсұлу бике ол күнге ат қойып
та жіберді: Математика – «Бір өкініш, бір үміт». Мұғалім Гүлжан
күледі, «былтырғы мен жылап шыққан күнді белгілеп алмадыңыз
ғой», – деп. Былтыр тура осы оқиға оның да басынан өткен-ді.

Сонымен, келесі жылдан бастап, 6 қазан лицейдің жас
мұғалімдеріне арналған күн болып белгіленді.

6 қазан 1995 жыл
Бүгін Айсұлу екеуміз тағы бір жаңалық аштық. Орыс тілін
қазақ тілімен салыстыра оқытса, өте түсінікті болмақ екен. Оны
мұғаліміміз ескермепті. Орыстың мақалы бар ғой: «Все что
делается, делается к лучшему». Мұғалімнің болмай қалғанын
пайдаланып, «Атаулы сөйлем» деген тақырыпты үйреттік қой.
«Назывные предложенияны» аса ұға алмай отырған балалар
жайнап қоя берді.

13 қазан 1995 жыл
Адам баласының бойындағы, әсіресе еркектің бойындағы, ең
жек көретін қасиетім – қарақан басынан аса алмайтын пасықтық.
«Жігіттің жақсысы ел ағасы болар» деген қандай жақсы сөз! Бір
қатын-баласы мен қазанның күйкі тірлігін ғана ойлағанына мәз
өресі тарлар көп қой. Олар ел қамын ойлағанды «ақымақ»

239


санайды. Әйел болсам да, сондайлардан жоғары болғаныма көңіл
тоқ. Олар мені қаншама ақылсыз санаса да, өзім шыққан рухани
деңгейден түспейін деймін.

16 қараша 1995 жыл
Төрт шәкіртімді әл-Фараби университетіне алып бардым.
Көрген таныстарым күледі: «Бәрі өз балаларыңыз ба?» – деп. «Өз
балаларыма ұқсай ма?» – деймін.
– Бір-екеуі ұқсайтын сияқты, – дейді. Лифтіге мініп алып, ең
жоғарғы 14-қабатқа көтерілдік те, шығып алып төменде
жыбырлаған адамдарға, төбе-төбе болып, төменде көрінген
тауларға қараттым. Баланың ықыласы неге ауса, соған ұқсағысы
келеді ғой. Мүмкін, болашақта бір-бір тауға айналар. Өзім
университетке әкемнің бір ауыз сөзімен келгенмін. 5-сынып
оқып жүргенде айтатыны: «Алматыда университет бар, онда
журналистика факультеті бар», – деп. Сол миға берілген
бағдарламамен мектепті бітірісімен, басқаға бұрылмастан, сонда
бір-ақ келгенмін. Құдайдың бұйырығы шығар, журналист емес,
мұғалім болғаным.» "Журналистикаға қыздарды алмаймыз» –
деп, құжаттарымды қабылдамай қойған. Соған қазір қуанамын.
Әйтпесе бір «тәуір» мұғалім өлмекші екен.
Бүгін шәкірттерімді әкеліп тұрмын. Әл-Фараби бабаның
мүсіні бар төменде. "Е, бабаның аруағы, қолдай гөр, мына
құртақандай балаларды. Мұхит, Пернебек, Ләйлә, Динараларға
білім шапағатыңнан шашқайсың. Бұлар да осы қасиетті
университеттің студенті болғай!"
14-қабаттан төмен қарап тұрып осыны ойладым. Өздеріне
тілек айттым.
Лифтімен зымырап астына түстік. Факультетті аралап, бір
кезде Бисекең басқарған, қазір Тұрсынбек ағайдың маңғаз
маңдайы жарқырап кіріп-шығып жүрген кафедраға да кірдік.
– Алматыдағы жұмыс орным осы жерде, – дедім. Біраз
таңғалысты. Самал мырза жүр екен. Ол ілестіріп алып
консерваторияға алып кетті. Онда да біраз күй кешіп, күй тыңдап,
рақаттанып жүрген жерінен барып алдым. Мәшинеме мінгізіп,

240


өзім айдап, қаладан шықтық. Ауыл қайдасың деп, тартып
отырдық.

Барарда «Алпамыс» пен Робинзон Крузоны айтып барып едік,
қайтарда рульге өзім отырған соң, сөйлеуге мұрша болған жоқ.
Барғанша Алма апаймен бірге болып еді, қайтарда еуропалық бір
кино кейіпкерлерінің біріне ұқсаған әйелдің желке жағынан
жолға үңілумен келеді. Аздаған қорқыныш та болды-ау деймін.

4 желтоқсан 1995 жыл
Бүгін ауылға ауданнан өкілдер келген екен. Мен жылағандай
болып клуб үйінің суықтығын айттым. Кішкентай мектеп ашып
отырғанымызды, ондағы мақсат ауыл баласына азғантай да болса
көмегіміз тисін деген ой екенін түсіндірдік:
– Бізден екі түрлі пайда бар. Біріншісі, үкіметтің қалтасына
түспей, мұғалімдерге айлықты өзім тауып, осы ауылдың баласын
оқытып отырмын. Екінші, имандылық, зиялылыққа
тәрбиелейміз. Бірақ бүгінгі оқып жатқан баладан да дәл бүгін
қайтарым бола қоймайды. Қайтарым енді 10-15 жылда көрінеді.
Бізден тәлім алған 50-60 баладан маңдайалды азаматтар шықса,
сол қайтарымы емес пе? Суықта жөтеліп отырған балаларды аяп,
мектебімізге жылу жіберетін осы ауданнан азамат табыла ма? –
дедім.
Бір кезде:
– Мына Алма апай бізді неге қорлап тұр, а! – деген бір
пенденің даусы шықты.
Өз таныстары да, стол басындағылар да бірден тыйып
тастады. Теріс айналып кетті жігітіңіз. Ол жігіт өз өресін
көрсетіп үлгірді. Оған ренішім жоқ. Бірақ біздің мектеп
ашқанымызды өзін қорлау деп түсінетін өресіздіктің бұлтының
көзінен жарқ еткен найзағайды таныдым. Ол келіп, жүрегімді
күйдіріп кетті. Ол тек бір өресіздіктің найзағайы емес, оның
артында талай өресіздік жатпаса не қылсын!
Достоевский Ф. кемеңгер айтыпты дейді: «Бір мақсатты
көздеп үлкен жолға шыққанда саған үрген кез келген итке тұра

241


қап кесек ата берсең, онда еш уақытта көздеген мақсатыңа жете
алмайсың».

СӨЗ СОҢЫ

Мектеп жабылды. Бірақ идеясы өлген жоқ. Олай дейтінім, сол
бағдарламаға сүйеніп жұмыс істеп жатқан мектептер бар.
Республикалық конкурстарға қатысып кетіп жатады.
Бағдарламаның ұнаған жерін жазып алып, қабырғаға іліп қойған
мектептерді де көріп жүрміз. Әсіресе Маңғыстау облысындағы
Тұщықұдық ауылының Сәттіғұл Жанғабылов атындағы мектебі
мен Қызылорда облысы Жаңа Қазалыдағы № 226 мектеп –
гимназия өздері қалап, белсене жұмыс істеуде. Бұл – осы істі
уақыттың өзі қажет етіп отырғандығының көрінісі. Осы ретте
көзімізбен көріп қайтқан мына бір жайды баяндай кетейік:

1999 жылдың көктемінде Маңғыстау облысының
"Тұщықұдық" ауылындағы мектептің шақыруымен жол тарттық.

Өмірдің ащы-тұщысын көп көріп, жүн сабап, жіп ескен қарт
ананың күстенген күтімсіз алақанындай қуаң даланың үстінен
үзақ жылжып отырып, Хазар теңізінің жиегіне келіп қондық.
Әбіш ағамыздың «мігірсіз» даласын оның өзінен артық суреттеу
мүмкін еместей...

Терезеден көз салып, басындағы қалпағының жиегінен баса
ұстап, біресе саулап артқа желбіреп, біресе жалпылдап алға
ұмтылған етегіне ие бола алмай келе жатқан адамдарды көрдік.
Дауыл соғып тұр. Домаланған кішкентай баланы ұшырып
жіберердей аяғын әр жерден бір басады. Бас киімін артынан қуып
жүріп әрең ұстап әкелді.

Барған үйінің қойы егіз тапса екен деп тілейтін сезімтал
қазақпыз, даладағы дауылды ала келе жатқан қонақтың мінезіне
балай салмаса неғылсын деп, ыңғайсыздана түсіп едік, қарсы
алған кісілер: «Апыр-ай, адайлардың дауылы ма?» – деп келе
жатқан жоқсыз ба?» – деп серпілтіп тастады. Мінездің мәрттігін
таныдық.

Бұл ел, жалпы, өздерінің адай екендігін жасырмайды. Байтақ
Қазақстанның бір бүйіріндегі қасиетті жердің ұлы екендігіне

242


деген шексіз қуанышы мен махаббатын жариялай жүргенді
ұнатады екен.

Жол Форт-Шевченкоға 89 шақырым қалғанда Таушыққа
қарай бұрылды. Малшының жалғыз үйінен өте бере, қаусырына
киінген бір ақсақал қол көтерді. Қала адамы сияқты саусағын
қаздитып, қолын сілкілеп, қалай да тоқтауды талап етпейді. Дала
адамына тән бекзаттықпен ишара ғана жасады. Маң далада жол
бойындағы кісінің жанынан зу етіп өте шықпайды. Тоқтап,
мінгізіп алдық.

– Тұщықұдыққа бара жатырмын. Алматыдан кісі келеді
дейді. – Ұрпағымды қалай тәрбиелейтінін тыңдамақпын! – деді.
– Атым – Аңшыбай.

Маң даладағы құндылықтар басқа. Сөздің жүйесіне, мінездің
тегіне қарайды. Біз ақсақалды көбірек тыңдағанды жөн көрдік.

Алдымыздан жүгіре жөнелген қарабауыр құсты нұсқады.
– Бұл – қыр құсы, дуадақ тұқымдас. Дуадақ бірден ұшпайды,
жүгіңкіреп барып ұшады. Содан соң Әбіштен (Кекілбаев) 2 гіләс
бұрын оқығанын, Таушықта интернатта бірге жатқанын айтты.
– Сол кездің өзінде табиғи қабілеті бар еді. Саумалап
сөйлейді. Қайдан құйылатынын білмеймін, – деп, теңізге көз
тастай отырып, басын шайқады. Тағы маңызды нәрсе есіне түсті
ме:
– Биыл қар болған жоқ. Құс ұшты. Сәуірде кесіртке шықты.
Бұл бұрын болмаған. Теңіздің құрғауына байланысты. Теңіз
кейін кеткеннен кейін тозаңданып, тұз шығады. Аралдан келіп
жатыр.
– Мына ағылшындардың сөздік қоры аз екен ғой, – деді бір
кезде. Мұнайдың майын да «ойл», қойдың майын да «ойл» дейді.
Бұл не қылған сөзге тапшылық?
Артынан білдік, Аңшыбай ақсақал мал соңында ғана жүрген
кісі емес екен. Қойны-қонышы төгілген өлең, ескілікті сөздер
болып шықты. Жақында ғана теледидардан сөйлепті, шымшыма
өлең оқыпты.
Аңшыбай ақсақалды көргенде, мектеп деректірі Ордалы деген
жігіт қатты қуанып, қалған ақсақалдарын қайта-қайта түгендеп

243


жатты. Бұл жерде ақсақалдарсыз ештеңе жүрмейтінін аңғардық.
Ақсақал дегеніміз алпысты жаңа ғана алқымдаған, алпысыншы
жылдардың басындағы Алматының зиялы студенттері болып
шықты. Сол – баяғы әдебиетке адалдығын сақтап қалған, дүние
қумай, руханият қуған бекзат ағалар.

Ордалы:
– Шалдарыма ұнамаса, ондай сөздің иесін май жағып берсең
де қабылдамайды, қолды бір-ақ сілтейді, – деп қорқынышын
ескертіп қойды. Таңғалғанымыз – бұрын ұстаз болып, бейнеттен
баяғыда зейнетке шығып кеткен Жамбыл, Асқар, Оңдабай
ақсақалдар 3-4 күн бойы күйкі тіршіліктің бәрін тастап,
мұғалімдер әңгімесіне құлақ тосумен болды. Жастарға айтқан
әңгімесінен: «толғақтың сесі», «сынықтың шерті» болатынын,
«мондалақтың» – көсік екенін, «бөкірдің» қыста қауға тартқанда
етіктің сыртынан киетін қаптама етік екенін осы кісілердің
аузынан естідік. Мұндай ақсақалдар бар ауылда жастар
бейбастыққа бара алмайды.
Мектеп шәкірттері түгелімен қолын кеудесіне қойып
амандасады. Қазақи сөздің мәйегін құлағына құйып өскен,
қалжыңға да жүйрік. Ордалының өзі оқытатын сынып
оқушылары оның келіншегі Дәметкенді «жеңге» деп әзілдессе,
Дәметкен оқытатын сыныптың балалары Ордалыға «жезде» деп
қалжыңдайды. Ортаға тайсалмай шығуға, ойын еркін айтуға
үйретіпті. Баланы жасытпаудың басы Асқар ағайдың үйінің
төріне үлкен әріптермен жазып, іліп қойған жеңгейге арналған
нұсқаудан басталса керек: «Шапалақ – тәрбие құралы емес», –
деген онда.
Балалар Еуропаға кең тараған дебат ойындарына қатысып,
облыста бірінші орын алған. Ана тілінде сөздің жүйесін еркін
меңгерген балаға ол да қиын емес екен. Шешендік сөз сайысының
қасында түк емес. Міне, ұлттық мектептің моделін жасауға
дайын тұрған мектеп.
Облыстық мәслихаттың басшысы Айдарханов Тілеу айтады:
– Біздің балалар Тоқтамыстың әкесінің қай жерде жатқанын
білу керек. Ол анау … жерде, Ұлы Жібек жолының тармағында.

244


Гректермен осы жол арқылы байланысқан. Баланың елге, жерге
сүйіспеншілігін тәрбиелеу қажет.

Мұны шаруашылық маманы айтып отыр. Ұрпақ тәрбиесі
туралы әңгімені естігенде, ол кісі де шаруасын шөгеріп қойып,
пікірлесуге уақыт тапты. Сондықтан да болар, балалары
Тобанияз тарихын, Сәттіғұл мен Абылды әрқайсысы біледі.
Сондай жерде туып-өскеніне мақтана сөйлейді. Құлаққа жағатын
сөз есітсе, баяғы түркілердей: «Сау бол!» – дейді қуанып.

Светқали ақыны келіп, күркіреп өлең оқыды. Балалары әр
сөздің астарын бағып, түсініп тыңдайды.

Бабауратпас кімді арман,
Тыңда, далам, тыңда, арман.
Мен қамшымды жоғалттым,
Айғыр нардың мойнағынан тінді алған.
Өзегінде сұр қорғасын – мір қалған,
Сабы мыспен шырмалған,
Дырау еді кездеспейтін бұл маңнан.
Қолды болған тектінің,
Ізін іздеп өтті күн.
Білгеннен соң бес қаруым жоқтығын,
Теуіп ашып есікті,
Жын ойнақ қып мешітті,
Қымыз ішіп, қызды құшып, жар таңдап,
Мендік барлық шекараны талқандап.
Қазып біліп көрдегімді,
Азық қылып төрдегімді,
Жат тектілер жерімде жүр талтаңдап,
Мен жыласам, күледі олар аң-таң ғып.

Бұл мектептің 50-жылдардағы деректірі Ғайнибай деген кісі
балаларға тартқызып жүрген жыртық гармоны жоғалғанда,
жылаған екен. Содан қалыптасқан аталы дәстүр бар.

Аңшыбай ақсақал әңгімені былай қорытып еді:
– Байлық ыстық па, бала ыстық па? Байлық қолға ұстаған мұз
емес пе, бала арта қалған із емес пе!
Батыстың «антропология» деп жүргені – балаға Аңшыбайдың
көзқарасы. Азайып кеткен мейір-шапағаттың орнын

245


«антропологиямен» толтырғысы келеді. Ал біз оны тастай бере

парагматизмге ұмтыламыз. Қазақтың дәстүрлі тәрбиесі бар

тәрбиенің негізі болуға керек.

Біз көрген ауыл жалғыз емес. Жер-жерде жүріп жатқан

тәжірбиелерді жинақтау, жүйелеу, жариялау жағы жетіспейді.

Тікелей осы жұмыспен айналасуға тиісті орындар кейде өз

тәкаппарлығынан аса алмайтындай. Тіпті халықтық

педагогикадан кітап жазып шығарған Шәрелхан Әленов сияқты

ұстаздар да бар екен. Олардың жұмысы Республика көлемінде

жинақталып, таралуы тиіс. Осындай ізденістердің

Ордабасындағы, Шымкенттегі, Қазалыдағы т.б. мектептерде де

жүріп жатқандығын айтуға болады.

Сонымен өз халінің төмендігіне қарамастан, ауыл мектебінің

ұлттық мәдениетті санаға сіңіруге деген ынта-ықыласы зор.

Бірақ, ол талап қоғамдық сұранысқа ие ме? Әзірге, жоқ. Ауыл

баласы, ең болмағанда, тегін оқытатын конкурстарға да қатыса

алмайды. Себебі ағылшын тілінің ауылдағы жағдайы төмен.

Қалталы «элита» орыс, ағылшын мектептерінде, шетелде. Тіпті

Жамбылдың кім екенін білмейтіндер, Әуезовтің шығармаларын

атап бере алмайтындар елге тұтқа болып жарыта ма? Алматыда

60-тай жекеменшік мектеп бар екен, соның 9-ы ғана – қазақ

мектебі. Бұдан қоғамдағы ықпалды, жағдайлы топтардың қазақ

мектебін оншалықты қажет етпейтіні байқалады. Түптеп

келгенде, біздің болашақ элитамыз, іс басына келген

шіретерлеріміз – орыс-ағылшын тілді (жанды) шетелдік оқу

орындарының түлектері болмак.

Президенттің «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып

жатқан балалардың дені – орыстілділер (қазақ тілінің мемлекеттік

деңгейде өрістеуінен қорқатындар). «Болашақ»

бағдарламасында ауыл баласының есесі кетуде. Жіберілген

есесінің ішінде ұлт мүддесі де бар. Сондықтан шет тілдерін

арнайы оқытатын факультеттердің жанынан ауыл мектебін

жақсы бітіргендер үшін тегін дайындық курстары ашылуы тиіс.

Екіншіден, «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға 70-80 пайызға

246


дейін ауыл мектебінен алу қажет. Ұлт қамы түбегейлі
айналасуды тілейді.

«СЕНІМ» БАҒДАРЛАМАСЫ

247


Бағдарламаның апробациядан өтуі

1. «Сенім» бағдарламасының жобасы 1996 жылы «Қазақстан
мектебі» журналының 4-санында жарық көрді.
Этнопедагогикамен айналысатын ұстаздар мен ғалымдардың
қызығушылығын туғызуының нәтижесінде, Алматыдағы Қазақ
әлем тілдері университетінен Э. Әбілованың «Этнопедагогика»
кітабында таңдаулы бағдарлама ретінде ұсынылды (1997).

2. Бағдарлама авторының өзі ашқан Алматы облысы Қарасай
ауданы Жандосов ауылындағы жекеменшік "Гуманитарлық
Қазақ мәдениеті мектебінде" 1993-1996 жылдары тәжірибеден
өтіп, оң нәтижесін берді.

3. Авторлық бағдарлама бойынша Маңғыстау облысының
орталығы Ақтау қаласында 1999 жылдың 1-7 сәуір аралығында
облыстық семинар өткізілді.

4. Маңғыстау облысы Тұщықұдық ауылындағы Сәттіғұл
Жанғабылов атындағы мектеп осы бағдарлама бойынша жұмыс
істеуде. Жасаған жұмысының нәтижесі бойынша, 1999 жылы 4-
5 қарашада ІІІ Республикалық семинар-панорамаға қатысып,
«Мақтау қағазын» алды.

5. Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы № 226
мектеп-гимназияда бағдарламаның жекелеген элементтері
алынып, жұмыс істелуде.

6. Бағдарлама авторының төмендегі еңбектері жарияланды:

Кітаптар

1) Жаным садаға. Педагогикалық публицистика. А.: Жалын,
1995.- 8 б.т.

2) Ежелгі әдебиет. Осы бағдарламаға енетін пән оқулығы.
Сорос қоры арқылы шыққан. Алматы: Әл-Фараби, 1996.

Мақалалар

248


1) Ұстаз – ұлылықпен егіз ұғым. – «Егемен Қазақстан», 1992,
4 қаңтар.

2) Мұғалім –мәртебелі мамандық. – «Жас алаш», 1992, 10
қаңтар.

3) Бабалар батасы үзілмесін. – «Ана тілі», 26 наурыз.
4) Жасөспірім өмірін неге қиды? – «Жас алаш», 1992, 24
сәуір.
5) Ұстаз жазбалары. – «Алматы ақшамы», 1992, 19 мамыр.
6) Қыз қадірі неден? – «Алматы ақшамы», 1992, 22 маусым.
7) Сенім құдіреті. – «Алматы ақшамы», 1992, 12 тамыз.
8) Ұлттық мектеп келешегімен биік. – «Алматы ақшамы»,
1992, 10 тамыз.
9) Болашақтың діңгегі. – «Қазақ әдебиеті», 1992, 14 тамыз.
10) Ұлттық мектеп өрісіміз. – «Қазақстан мұғалімі», 1995, 24
қаңтар.
11) Мектеп ашу – мансап емес. – «Қазақстан мұғалімі», 1995,
наурыз.
12) "Бүгінгі ұлттық мектеп" - "Егеменді Қазақстан", 1995, 12
мамыр.
13) Жаңа мектептің жақсылығы неде? – «Ұлағат» журналы,
1995, № 2 саны.
14) Жас ұрпақ: бүгін мен ертең. – «Егеменді Қазақстан», 1997,
30 желтоқсан.
15) Елдік рухты әдебиет қалыптастырады» – «Заман
Қазақстан», 1997, 9 мамыр.
16) Мұғалім күні» – «Қазақстан мұғалімі», 1997, 14 мамыр.
17) Айналайын, түсіністік – «Заман Қазақстан», 1988, 27
наурыз.
18) Өзімізді іздеу – «Ұлт тағылымы» журналы, 1998, №1.
19) Этнопедагогика-этнопсихология мәселелеріне арналған
конференция баяндамаларының тезисі: «Ұлттық мектептің
моделін жасау мәселесіне көзқарас» – Конференция
материалдары. – Алматы: Қазақ университеті, 1998.
20) «Гуманитарлық Қазақ мәдениеті мектебінің» тәжірибесі –
«Ұлт тағылымы» журналы, 1999, №2.

249


21) Тыйым салумен ғана шектелу – білімсіздіктен. – «Жас
алаш», 1999, 26 маусым.

22) Мұғалім – әмірші емес, ақылшы – «Ұлт тағылымы»
журналы, 1999, №3.

Жарияланған еңбектердің талқылаудан өтуі:
1. «Жаным садаға» кітабы бойынша Алматы мектептері
мұғалімдерімен 1995-96 жылдары бірнеше рет кездесу кештері
өтті.
2. Алматы қаласы М.Әуезов ауданындағы Ахмет Ясауи
атындағы мектепте 1997-98 оқу жылында «Ежелгі әдебиет – ата
мұрамыз, асыл қазынамыз» атты онкүндік өтті. Біздің
бағдарламадағы «Ежелгі әдебиет» оқулығы бойынша
факультатив сабағы жүреді.
3. 1995-96 жылдары Шымкент, Қызылорда қалаларында
өткен Қазақ мектептерінің мәселеріне арналған
конференцияларда баяндамалар жасалынды, секция
мәжілістерінде талқыланды.
4. Орталық мұғалімдер институтында республика
мұғалімдері үшін (қазақ әдебиеті) авторлық курс өткізілді. 25-28.

03. 1998.
5. Астана қаласындағы қазақ әдебиеті мен тілі пәнінің

мұғалімдері үшін авторлық курс оқылды. 28.06. – 02.07.1999.
6. Айдаралиева А. Қазақ лицейіне қамқорлық керек – «Заман

жаршысы» (Қаскелең), 1994, 3 желтоқсан.
7. Тымболатова А. Тәлімді туынды – «Заман Қазақстан»,

1997, 25 көкек.
8. Ежелгі әдебиет, – «Қазақ әдебиеті», 1997, 25 ақпан.
9. Пірімбетова М. Ежелгі әдебиет – тың оқулық – «Алматы

ақшамы», 1996, 4 қазан.
10. Тегінбайқызы Н. Сізді сағынып жүреміз, Алма апай. –

«Алматы ақшамы», 1996, 4 қазан.
11. Қалыбай Ж. Арбаған бізді бір сиқыр. – «Егемен

Қазақстан», 1997, 13 мамыр.

250


ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Бізге қандай оқу керек?

Бұл сұрақ қазақ халқының өткен ғасырдағы тарихында да сан
рет көтеріліп отырды. Ұлттың дәстүрлі тәрбиесіне қысым түсе
бастаған шақтарда күн тәртібіне қойылды. Біреу біліп, біреу біле
бермейтін жәдидтік оқу жүйесінің өзі отаршыл үкіметтің
орыстандыру саясатына қарсылық ретінде, қазақтың ұлттық
сипатын сақтай отырып өркениетке қосылу мұратын көздеген оқу
болатын.

Патшалық отаршылдықты кеңестік тоталитаризм ауыстыра
бастаған кезде бұл саясаттың ұлттық ерекшеліктерді жоюға
бағытталғандығын сезген қазақ зиялылары осы мәселені тағы да
көтерді. Мұхтар Әуезовтің жапон оқу үлгісінің бізге
жақындығын, онда ұлттық дәстүрге айрықша мән берілетіндігін
талдаған мақаласы, сондай-ақ Мағжанның, Жүсіпбектің
педагогикалық еңбектері, А.Байтұрсыновтың оқулықтар жазуы
халқымыздың тағдыры үшін оқу мәселесінің қаншалықты өткір
болғандығын аңғартады. Мектеп қандай болса, тәрбие сондай
болатынын көрегендікпен білген еді.

Өкінішке қарай, ұлттық мектеп мәселесі әлі шешілген жоқ.
Саяси тәуелсіздігімізді алғанмен, рухани тәуелсіздікке жету
оңай емес. Оған қазақ баласы жаппай қазақ мектебінде оқитын
күнге жеткенде ғана үміт артуымызға болады. Осы ұлы мақсат
үшін күрес бүгін де, ертең де тоқталмауы тиіс.

Қазіргі қоғамда әр түрлі ахуал қалыптасып отырғаны мәлім.
Оның негізгі себебі мектептің бүкіл тыныс-тіршілігі халықтық,
ұлттық рухқа негізделмегендігінен дер едік. Парижде қазақ күйін
күмбірлеткен күйші-журналист Сержан Шәкіратовтың бір сөзі
еске түседі: «Мен қазақ мектебінде оқыдым. Бірақ ол мектеп мені
қазақ қылып шығара алмады».

Әрине, негізгі мәселе оқулықта екені анық. Бұрын орысшадан
аударма болып келген оқулықтарымыздың мазмұны жаңа буынға
арналып жаңара бастауы қуанарлық жай. Алайда, оқулық

251


көлемін қанша қампайтқанмен, ұлттық тәрбиені толық қамти
алмайды. Ол қосымша бағдарламалармен толығуы тиіс.
Бастауыштан бастап ертегі аңыздар, ұлттық әдеп, қазақ елінің
арғы-бергі тарихынан қызықты оқиғалар, ұлт тұлғалары, ежелгі
әдебиет, ислам мәдениетінен мағлұматтар содан алынуы тиіс.
Ұл тәрбиесі мен қыз тәрбиесінің ерекшеліктерін ескере отырып,
бастауыштан мектеп бітіргенге дейін халық тәрбиесінің негізінде
жүргізу. Қыздарды отбасына бағыттау. Шешендік өнер тарихын
айтып берумен шектелмей, сөйлеу өнеріне дағдыландыру
(аузына сөз салу), қазақ өнерінің тарихын білумен бірге, оны
бойға сіңіру т.б. Мектептің бағыт-бағдары, мазмұны түгел қазақ
рухында болуы қажет.

Бізге басқалардың тәрбиесі өзімізден артық көрінетін бір
кембағалдық әдет бар. Басқа елдің тәжірибесін тұтастай енгізу
жақсылыққа әкелмейді. Оның ішінде ұлттық құндылықтарға
қабысатынын ғана пайдалануымыз керектігін ескере бермейміз.
Қандай бір озық дүние болса да, өз елінің мүддесі тұрғысынан
жасалады. Сырттан ендірген жат мүдделердің қажеттілікке
айнала алмайтыны сондықтан. Тамырсыз гүл өспейді.

Бір еврей мақалында «Дін құрыса – тіл ұстайды, тіл құрыса –
үн ұстайды, үн құрыса – діл ұстайды. Ал дін, тіл, діл – үшеуі
біріксе, ол халықты оқ та ала алмайды» дейді екен.

Қазақ деген халықтың жақсы қасиетін танытатын – ұлттық
мектебі. Мектеп – адамды қалыптастырушы, адамның жанын
жасаушы орта. «Өмірдегі өзгерістің ешқайсысы санадағы
өзгерістен маңызды болмайды», – деген Л. Толстой. «Білім –
құрал, бірақ мақсат емес», – дейді және. Білім деген сөздің аясына
тұтастай «үлкен тәрбиені» сыйыстыратын болсақ, ақпарат
жиынтығын меңгеру – білімнің көп компоненттерінің бірі ғана.
Әсіресе бодандық қамытын киіп келген, рухымыз тапталған,
дәстүрден қол үзуге бет алған біздің балаларымыздың
тәрбиесінде ақпаратты жақсы білуден өзге де көңіл аудартатын
мәселелері баршылық. Ол – ұлттық сананы қалыптастыру,
ұлттық жақсы қасиеттерін сіңіру. Ол өткенді ғана аңсау,

252


тұйықталу емес, өзіндегі бар дүниені дамыта отырып, әлемдік
өркениетке ұмтылыс деп түсінуіміз керек.

Республика Президенті Н.Назарбаев БАҚ өкілдерімен болған
сұхбатында: «Тәуелсіз Қазақстан деген біздің бәріміздің ұлттық
идеямыз болу керек», – деп еді. Ұлттық идеяның баянды болу
ұлттық идеологияға байланысты екені мәлім. Ұлттық идеология
жасалатын болса, оның мықты қазықтарының бірі ұлттық мектеп
болуға тиісті.

Ұлттық мәдениет Кісілікке тәрбиелейді. Мәдениет, бір
жағынан, материалды, екінші жағынан, рухани, сонымен бірге
федералды әрі локалды. Бұл терминдерді қарапайым ұғымға
қарай ұйыстырар болсақ, рухани мәдениеттің деңгейі, сонымен
бірге адамзаттық, әлемдік деңгейі бар. Соның ішінде аймақтық,
тіпті мектепшілік және жеке адам деңгейі де көрінеді. Жұмысты
ұйымдастыра білу мәдениетінен өзін-өзі қадірлей білу
мәдениетіне дейін – бәрі де мәдениет. Би, ән, сөйлеу, жазу, білім
жинау, киіну, тамақтану мәдениеті, қарым-қатынас, ұлт пен
ұлттық арақатынасы, тіл мәдениеті т.б. Нағыз азамат осы
мәдениеттерден хабардар болып, меңгеруі қажет. Бірақ бәрінің
іргетасы, алдымен ұлттық мәдениетті игеруде жатыр. Ұрпақтар
сабақтастығын сіңіріп алмай, әлемге қарай шығу адамның өзін-
өзі жоғалтуға әкеледі. Оның аяғы ұлттың жоғалуына ұласпақ.
Қазақ баласы әлем сахнасына «қазақ құбылысы» болып шығуы
керек.

Өзіңді қор, өзге ұлтты зор тұту – жасықтық, кембағалдық
сезім. Өз мәдениетіңді менсінбей, өзге ұлт мәдениетінің алдында
бас ию. Үш ғасырға жуық бодандық біздің жан дүниемізге
осындай кембағалдық сезімін орнатты. Күнге тайсалмай
қарайтын түркі ұрпағы бұйығы, бүгежек болуы жөн бе?
Тәуелсіздік алған соң бәрі орнына келер десең, жоқ, жан дүние
тез өзгере қоймайды екен. Өз дегенін жасауда. Бүгін
«ағылшыншылдық» қосылды. Өз ұлтының дәстүрлі
жетістіктеріне мақтаныш сезімі қалыптаспаған жерде осылай
жалғаса бермек.

253


Click to View FlipBook Version