The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Роман
"Пилигрим" шхунасы Сан-Францискоға бағыт алды. Бірақ күтпеген жерден китпен кездесуі қайғылы жағдайға ұласады. Енді кеме штурвалында он бес жасар матрос Дик Сэнд. Оның қолында - дауылдың билігінде қалған адамдардың өмірі. Бірақ табиғаттың дүлей күшінен қауіптірек тек қана соққы жасау үшін ыңғайлы сәтті күткен кемеде жасырынған сатқыншы ғана болуы мүмкін…

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by Бахыт Мырзамуратова, 2022-12-01 10:39:12

Он бес жасар капитан Жюль Верн

Роман
"Пилигрим" шхунасы Сан-Францискоға бағыт алды. Бірақ күтпеген жерден китпен кездесуі қайғылы жағдайға ұласады. Енді кеме штурвалында он бес жасар матрос Дик Сэнд. Оның қолында - дауылдың билігінде қалған адамдардың өмірі. Бірақ табиғаттың дүлей күшінен қауіптірек тек қана соққы жасау үшін ыңғайлы сәтті күткен кемеде жасырынған сатқыншы ғана болуы мүмкін…

Теңіз беті толқынсыз үнемі тынық болды, бірақ баяу ескен жел,
кеме желкенін әлсіз керіп, «Пилигримнің» шығысқа қарай жүзуі
мандымады. Капитан Гуль кеменің жел жақсы соғатын аймаққа
енуін асыға күтті.

Бенедикт ағай энтомологияның жасырын сырын Дикке
түсіндірмек болып әрекеттенгенін айта кетуіміз керек. Бірақ
жасөспірім оның бұл құрметіне көңіл бөліңкіремей, жалтара берді,
сондықтан ғалым лекцияны негрлерге оқи бастады. Ақырында
шыбын-шіркей туралы әңгімеден олар да тойып, қашқалақтай
берді. Бенедикт ағай палубада көрінсе-ақ болды, негрлер команда
бөлмесіне кіріп тығылатын болды. Құрметті энтомолог енді
лекцияны бір ғана тыңдаушыға — тек Геркулеске ғана оқып
қанағат етуіне тура келді; ол Геркулестің бит-бүргеден
жарғаққанаттыларды ажырата аларлықтай қабілеті барлығын білген
еді.

Алып негр енді қоңыздар арасында болды, олардың ішінде
ызылдауық қоңыз, шелкундар, мүйізді қоңыздар, ұзынтұмсық
қоңыздар, шұбар қоңыздар, қабық кемірушілер, дән жеушілер, тағы
басқалар бар. Геркулес Бенедикт ағайдың коллекциясын
аударыстырып көре берді; Бенедикт ағай өзінің кеудіреп тұрған
құрт-құмырсқаларын Геркулестің жұп-жуан қышқаштай қатты
қолдарымен дөрекі ұстағанын көргенде, қиратады деп қорқып,
зәресі қалмады. Бірақ есейіп қалған оқушы лекцияны аса зейін қоя
тыңдайтын-ды. Сондықтан да профессор өз байлығын алыптың
қолына беруге тәуекел етті.

Бенедикт ағай Геркулеске сабақ беріп жүрген кезде, миссис
Уэлдон да кішкентай Джекке жазу жаздырып, хат танытты, ал Дик
Сэнд оған есеп бастамасын үйретті.

Үйретілген сабақ қызғылықты ойын сияқты болғандықтан, бес
жacap сәби оқуды оңай меңгеріп кетті. Миссис Уэлдон, кішкентай
Джекке оқу үйреткенде, әліппе қолданбай, қызыл бояумен үлкен

етіп әріптің таңбасы салынған ағаш ойыншық қолданды. Кейде ол
әріптерден бірер сөз құрастыратын да, араластырып жіберіп, әлгі
сөзді қайтадан құрастыртатын-ды.

Бұл ойын балаға аса ұнады. Ол біресе әріптерден сөз құрап,
біресе барлық әріптерді араластырып жіберіп, әлгі сөзді қайтадан
құрап, каютада немесе палубада күн сайын ұзақ уақыт әуреленетін
болды.

Бұл ойын дәріптеп айтуға тұрарлық, сондай ғажап, ойда жоқ бір
оқиғаның пайда болуына себепші болған еді.

Бұл уақиға тоғызыншы февраль күні ертеңгісін болды.

Джек текшеден бірер сөз құрастырып палубада отыр, сөз
құрастырылған текшені Джек араластырып жіберген соң, Том қарт
әлгі сөзді жаңадан өзі құрауға тиіс. Ол Джектің нендей сөз
құрастырғанын көрмеу үшін, көзін қолымен басып, ойын тәртібін
сақтап, бір шетте отыр.

Онда бас әріптер мен жол әріптерден басқа, цифрлар жазылған
текшелер де бар-ды. Сөйтіп бұл ойын оқып үйрену үшін ғана емес,
есеп үйрену құралы да болды.

Джек текшелерді қатарынан тізіп қойды да, қабағын түйе түсіп,
ішінен өзіне керекті әріпті алды. Ауыр жұмысқа баланың беріліп
кеткендігі сонша, тіптен өзінің қасында жүрген Дингоны да
байқаған жоқ.

Ит ойда-жоқта бір әріпке көзін қадап, тұрған орнында сіресті де
қалды. Оң жақ алдыңғы аяғын көтеріп, құйрығын бұлаңдатты.
Сосын текшені тістеп алып, бірнеше қадам арырақ апарып палубаға
қойды.

Бұл текшеде «С» әрпі жазылған еді.

— Бер, Динго! — деп айқайлады Джек, текшені Динго жеп
қоятындай көріп.

Динго қайтып келді де, тағы бір әріпті тістеп алып ана әріптің
қатарына апарып қойды.

Екінші текшеде «В» әрпі бар-ды.

Джек айқайлап жіберді.

Оның айқайына палубада жүрген миссис Уэлдон, капитан Гуль
және Дик Сэнд — бәрі жүгіріп келді.

Джек оларға иттің таңғажайып қылығын баяндады.

Динго әріп таниды екен! Мұны кішкентай Джек өз көзімен
көрген.

Дик Сэнд текшені Джекке әкеліп бергелі итке барып еді, Динго
оны ырылдап қарсы алды.

Сонда да болса жасөспірім текшені иттің алдынан алып,
қалбырдағы текшелерге әкеліп қосты. Динго жүгіріп келіп, әлгі екі
әріпті қалбырдан қайта аралап тауып алды да, бір шетке апарып
қойды. Әріптің үстіне аяғын салып, ешкімге бермеймін деген
сияқты кейіп көрсетіп, тұрған адамдарға алара қарады. Әліппенің
басқа әріптеріне қараған да жоқ, оған бөтен әріптер мүлдем
керексіз сияқты.

— Нендей ғажап! — деп дауыстады миссис Уэлдон.

— Шынында да өте ғажап,— деді капитан, текшеге тесіле
қарап.

— С, В,— деп оқыды миссис Уэлдон.

— С, В,— деп капитан Гуль де қайталады.— Дингоның қарғы
бауындағы әріптер де осы!

Сосын ол қарт негрге кенет бұрылып:

— Сіз бұл итті «Вальдек» капитаны жуырда асырап алды
дедіңіз білем? — деп сұрады.

— Ие, Дингоның «Вальдекке» келгеніне небәрі екі-ақ жыл
шамасы ғана.

«Вальдектің» капитаны бұл итті Африканың батыс жағалауынан
тауып алып па еді?

— Ие, Конго жағасынан тапқан. Бұл туралы «Вальдек»
капитанының бір емес, әлденеше рет айтқанын естігенім бар.

— Сөйтіп, Дингоның бұрынғы иесінің кім екенін және оның
Африкаға қалай барып қалғанын ешкім білмеді ме?

— Ол жағы ешкімге мәлім емес, капитан. Иттің тағдыры тастап
кеткен нәрестеден де жаман ғой: өйткені, оның ешқандай
документі, айтуға тілі жоқ.

Капитан Гуль ойға қалды.

— Сіз, бұл екі әріптен бірдеңе түсіндіңіз бе? — деп сұрады
миссис Уэлдон.

— Ие, миссис Уэлдон, бұл әріптер мені ойға қалдырып тұр...
Дегенмен, мүмкін, әлдеқалай дөп келе қалған болар.

- Қалайша?

- Бұл екі әріпте мән болуы мүмкін, бұлар бір ержүрек
саяхатшының тағдырын анықтауға жәрдем етер деймін.

- Сіздің не айтқалы тұрғаныңызға түсіне алмадым.

- Миссис Уэлдон, сабыр етіңіз, қазір айтам: 1871 жылы, дәлірек
айтқанда, бұдан екі жыл бұрын, бір саяхатшы континентті батыстан

шығысқа қарай кесіп өтпек болып, Францияның географиялық
қоғамынан тапсырма алып, Африкаға жөнелген. Оның
экспедициясының аттанған жері дәл Конго өзенінің жағасы
болатын. Барып тірелетін ақырғы пункті Ровум өзенінің
сағасындағы Дельгадо мүйісі; саяхатшылар Ровум өзенін жағалап
төмен ағуға ниеттенген. Ол Самюэль Верной деген адам еді.

- Самюэль Вернон?! — деп қайталады миссис Уэлдон.

- Ие, Самюэль Вернон. Байқайсыз ба, ол кісінің аты мен
фамилиясы Дингоның алфавит ішінен аралап алған әріптерінен
басталады, және ол әріптер оның қарғы бауына ойылып жазылған.

— Шынында да сәйкес екен,— деді миссис Уэлдон.— Ал
сонымен ол саяхатшы не болды?

— Ол кісі экспедицияға аттанып кеткен,— деп жауап қатты
капитан Гуль,— сол күннен бері одан ешқандай хабар жоқ.

— Мүлдем хабарсыз кетті ме? — деп сұрады Дик Сэнд.

— Ие, мүлдем хабарсыз,— деді капитан Гуль.

— Бұдан нендей қорытынды шығармақсыз?—деп сұрады
миссис Уэлдон.

— Демек, бұл ит...

— Бұл ит, Самюэль Вернонның иті болса керек. Бірақ егер
менің болжалым әділетті болса, Динго қожасынан гөрі бақыттырақ:
ол өзін «Вальдектің» капитаны тауып алған жерге, Конго өзенінің
сағасына кері оралып жетуіне мүмкіндік болды.

— Капитан, сіз мынаны айтыңызшы, француз саяхатшыға ит
еріп шыққанына сеніміңіз бар ма, әлде бұл сіздің тек жорамалыңыз
ба?

— Жоқ, миссис Уэлдон, бұл менің тек жорамалым ғана,— деп
жауап қатты капитан Гуль.— Дегенмен, Дингоның бүкіл алфавит
арасынан «С» пен «В» әрпін ажырата білуі, Самюэль Вернонның
иті екендігіне талассыз дәлел бола алады. Әрине, иттің жиырма
алты әріптен құралған алфавит арасынан екі әріпті ажырата білуді
қайдан және қалай үйреніп жүргенін айта алмаймын. Әйтеуір сол
екі әріпті Дингоның білетіні анық, ана қараңызшы, оның
текшелерді аяғымен ысырып қоюы, мынаны оқыңыз деп бізге
жалынған сияқты емес пе?

Шынында да Дингоның қылығын басқаша пайымдауға
болмайтын еді.

— Бұл қиын экспедицияға Самюэль Вернон жалғыз шыққан ба?
— деп сұрады Дик Сэнд.

— Білмеймін,— деді капитан Гуль.— Бірақ жергілікті халықтан
жүк көтеруші отряд алуы ықтимал.

Осы минутта Негоро палубаға шыға келді. Алғашқыда оның
келгенін ешкім байқаған жоқ, және «С» пен «В» әрпін
бұрынғысынша аяғымен басып тұрған итке португалдың отты
көзімен қарағанын да ешкім сезбесе керек. Бірақ Динго кеме
аспазын көрісімен, тісін ақситып ызалана ырылдады.

Негоро сол сағатында кері бұрылып өзінің каютасына кіріп
кетті, бірақ оның итке қарап өткен отты көзінде ешқандай
жақсылықтың нышаны жоғы айқын еді.

— Мұнда бір құпия сыр бар екен,— деп күбірледі капитан Гуль.

— Иттің алфавит ажыратуды үйренуі ғажап емес пе? — деді
Дик Сэнд.

— Жоқ, жоқ! — деп айқайлады кішкентай Джек.— Мамам оқи
да, жаза да білетін иттің әңгімесін маған талай айтқан. Ол иттер
тіптен мектеп мұғалімі сияқты домино ойнауды да біледі екен.

— О, қарашығым,— деді миссис Уэлдон күлімсірей сөйлеп,—
мен саған Мунито деген итті әңгіме еткенмін, ол ит мүлде сенің
айтқаныңдай білімді емес. Егер менің естігеніме сенетін болсаң,
Мунито өзінің сөз құрастырған әріптерін бірінен бірін ажырата да
білмейді, оның «білгірлігіндегі» күллі жасырын сыр, — есту
органының аса сезгіштігінде екен. Оның иесі бір пысық американ
болған, ол Мунитоның бұл қасиетін біліп, итті үйрете бастайды,
сөйтіп, ақырында таң қаларлық нәтиже шығарған.

— Миссис Уэлдон, ол адам Мунитоны қалай үйретті екен? —
деп сұрады, жас әйелдің әңгімесіне Джектен де бетер қызыққан
Дик.

— Ол былай, достым! Мунито жиналған жұртқа «ойын»
көрсетерде, стол үстіне мына текшелер сияқты әріп таңбасы
салынған текшелер қойылады. Ит құрастырылуға тиісті сөзді
халықтың айтуын күтіп стол үстінде әрілі-берілі жүре береді.
Айтылған сөзді ит иесінің білуі шарт.

— Демек, иесі қасында болмаса...— дей беріп еді Дик.

— ...Ит өздігінен түк те істей алмас еді,— деп миссис Уэлдон
Диктің сөзін жалғастырып әкетті.— Әріп таңбалары жазылған
текшелердің стол үстінде жаюлы жатқанын жаңа ғана айтып өттім,
Мунито ол әріптердің жанына келіп әрілі-берілі жүре береді.
Құрастыратын сөзге керекті әріптің тұсына келеді де, қалт тұра
қалады, бірақ ол өзіне керекті әріпті танығандықтан тоқтайды емес,
иесінің қалтасындағы тіс шұқуыш қауырсынның шырт еткен
дыбысын естіп тоқтайды, қауырсынның шырт еткенін басқа
адамдар аңғармай қалады. Болмашы дыбыс иттің әлгі текшені
алып, басқа текшелердің қатарына апарып қоюына берілген белгі
еді.

— Мұндағы жасырын сыр бар болғаны осы-ақ па? — деді Дик
Сэнд.

— Ие, бар болғаны осы, жасырын сырдың ешқандай қиындығы
жоғын байқаған боларсың,—деп жауап қатты миссис Уэлдон.—
Дегенмен, циркте көрсетілетін басқа да фокустердің көпшілігі осы
сияқты оңай болады. Иесі жанында болмаса, Мунито «талантты
білгірлігін» өздігінен істей алмас еді. Ал енді мына Динго Самюэль
Вернонның жоғында-ақ,— егер мұның иесі шынында да сол
болса,— мына екі әріпті тани білді, мен бәрінен бұрын осыған
таңданып тұрмын.

— Расында да бұл таңданарлық уақиға,— деді капитан Гуль:—
Дегенмен, бұл арада Динго жұрттың қалауымен сөз құрастырып
тұрған жоқ: оның аралап алатыны тек қана екі әріп, сол әріптен

жаңылып жаза баспайтыны ғажап. Бір ит қайыршыларға үлестіруге
арналған қалдық астан ас сұрап монастырь есігіндегі қоңырауды
шылдыратуды үйренген екен, сол ит ет қақтайтын істік темірді
күнара аударып тұруға тиіс бопты, осы жұмысын кезексіз күндері
істемей жүріпті. Мүмкін, ол иттер біздің Дингодан анағұрлым
зейіндірек болар. Бірақ әңгіме онда болып тұрған жоқ. Біздің
алдымызда талассыз екі факты тұр: Динго, текше алфавитының
ішінен тек қана «С» пен «В» әрпін аралап алады. Шамасы, ол басқа
әріптерді танымайтын шығар. Бұдан бір ғана қорытынды шығаруға
болады: осы екі әріп иттің есінің қалмастай бір уақиғаға себеп
болған.

— Ах, капитан Гуль,— деп күрсінді Дик Сэнд,— Дингоның тілі
болса, мына екі әріпті қайдан білетінін және аспазға неліктен тісін
қайрайтынын айтып берер еді!

— Tic болғаныңа! — деп күлді капитан Гуль, Динго есінегенде
оның ақсиған өткір тісін көрсетіп.

Алтыншы тарау

КӨКЖИЕКТЕН КӨРІНГЕН КИТ

Дингоның адам таңқаларлық қылығы капитан Гульдің, миссис
Уэлдонның және Диктің кеме кормосындағы әңгімелеріне
әлденеше рет тақырып болғанын аңғару қиын емес. Кеме
аспазының мінезі әзірге бұрынғысындай қалтқысыз бола тұра, жас
матрос іштей Негороға сенімсіз қарады.

Бақтағы команда бөлмесінде болған әңгімеде, оқи білетін
иттердің арасында Динго білімдірек, тіпті кейбір жаман-жәутік
матростардан жақсырақ жаза алады деген сөздер айтылды. Егер ол
әзір адамша сөйлемесе, оның құпия сырды сақтай тұруға
байланысты бірер себебі бар шығар.

— Бір сәтті күні,— деп шешенси кетті рульші Болтон, — бұл
төбеттің маған келіп: «Болтон, біз бүгін қай жаққа қарай бет алып
бара жатырмыз? Норд-вестке31 ме, болмаса вест-полунордқа ма?»
деп сұрағанын әлі-ақ көрерсіздер. Әрине, сонда мен оған жауап
қайырамын ғой.

— Тіл білетін хайуандар аз емес,—деді екінші матрос,—
мысалы, сауысқандар, тотылар!.. Олар сөйлей білгенде, ит неге
сөйлемеске? Ауызбен сөйлеуден гөрі, тұмсықпен сөйлеу анағұрлым
қиынырақ болар.

— Дұрыс қой,— деді боцман Говик,— дегенмен, адамша
сөйлейтін ит ешқашан болған емес.

Дүниеде адамша сөйлей алатын ит бар екенін «Пилигрим»
командасы білсе, қайран қалар еді. Бір дотчан ғалымның жиырма
сөзді анық айта алатын иті болыпты. Бірақ иттің сөзі мен мағыналы
сөздің арасы жер мен көктей алшақ жатыр. Дотчан ғалымның
итінің үн шығаратын мүшесі, дауысты анық шығара алатын болып
ерекше жаралған. Бірақ ол ит айтылған сөздің мазмұнына, тотыдан

немесе шықылдақ торғайдан артық түсінбеген. Сөйлей білетін
хайуандар үшін бұл сөздер ән мен айқайдың бір түрі сияқты.

Қанша айтқанмен, әйтеуір «Пилигрим» бортында Динго ең
қадірлі хайуан болды. Иттің осы ерекшелікті мақтан етіп
мардамсымағанын айта кету керек. Капитан Гуль ағаш текшелерді
иттің алдына бірнеше қайтара жайып тастап байқау жасады, бірақ
Динго жаңылып не болмаса қобалжымастан «С» мен «В» әрпінің
таңбасы салынған текшені ғана ала берді. Алфавиттің басқа
әріптеріне қараған да жоқ.

Капитан Гуль осы тәжірибесін Бенедикт ағайдың алдында
бірнеше рет қайталап жасады. Бірақ ғалымның бар ықыласы
жәндікте болып, Дингоның қылығына ешқандай қызықпады.

Бұл сияқты қабілеттілік тек итке ғана тән деп ойлауға
болмайды,— деді: ол бір күні.— Басқа да толып жатқан ақылды
хайуандар бар. Бірақ олар да ит сияқты, ішкі сезімге бағынады.
Дегенмен, кеменің апатқа ұшырап талқаны шығатынын алдын ала
сезіп кемеден қашатын егеуқұйрықты мысалға алсақ та болады.
Құндызды еске түсіріңіз, олар өзен суы көтерілер алдында
өздерінің бөгеттерін биіктетіп алады, есектің қатері деген қатер
тіптен тамаша; өлген иесін жоқтап, соның қайғысынан ақырында
өзі де өлген атты да айта кетуге болады. Үйретілген кұстың
үйретушісіне ілесіп бір сөйлем сөз сөйлегені де белгілі. Біз бір
бөлмедегі қонақтың есебін дәл санап шығаратын тотыны да білеміз,
оның бұл данышпандығын астраномия обсерваториясының
есепшісі де күндер еді. Құмырсқалар үлкен қалаларымыздың
құрылысшыларын үйрете алады. Мен титімдей ғана жәндіктердің
де ақыл-сезімінің өрістегеніне шексіз мақтанамын. Бір
кардиналдың (католик дінбасыларының бірі) тотысы туралы әңгіме
бар, ол тоты бүкіл дұғаны мүдірмей қатарынан оқып шығатын
болыпты; тоты бұл еңбегі үшін жылына жүз алтын ақша алып
тұрыпты деседі. Физика заңын білмейтін су өрмекшісі су түбіне ау

күмбезін орнатады, бүргелер желгіш ат сияқты арба сүйрейді, олар
сапта тұрып жаттығу ісін карабинерлерден кем орындамайды,
олардың зеңбірек атуы, Вест-Пойнтты32 бітіріп диплом алған
зеңбірекшілерден ешбір кем емес. Жоқ, Динго сіздердің
мақтауларыңызға лайық емес. Ал енді ол әліппеге жетік болса,
онысы өз еңбегі боп табылмайды, бұл әлі де біз білмеген «сayатты
иттер» тұқымынан шыққан болуы ықтимал.

Бірақ, көпшілік пікірінше, күншіл энтомологтың бұл сияқты
сөздері Дингоның беделін ешбір кеміте алмады, ол туралы және
иттер дүниесіндегі адам таң қаларлық уақиғалар жайындағы
әңгімелер бақта бұрынғысынша өтіп жатты.

Итті мақтаған қызу әңгімеге жалғыз-ақ Негоро қатысқан жоқ.
Әлде ол оны өте-мөте ақылды деп ойлайтын болар.

Дингоның кеме аспазына деген өштігі өзгерместен бұрынғы
күйінше қала берді. Егер Динго, біріншіден, өзін өзі қорғауға
қабілетсіз ит болса, екіншіден, оны бүкіл экипаж жақсы көріп
қадірлемесе, Негоро Дингоның сыбағасын берер де еді.

Негоро енді бұрынғыдай емес, Дингоның көзінен аулақ жүретін
болды. Текше алфавитінен кейін адам мен иттің арасындағы
өшпенділік өршіп бара жатқанын Диктің байқауына, Негороның
бұл қашқалақтауы кедергі бола алмады. Ол екеуінің арасындағы
бұл сияқты өшпенділік мүлдем түсініксіз мәселе еді.

Адамдарды мезі қылып, «Пилигримді» бір орыннан
тапжылдырмай февральдың онына дейін созылған тымырсық,
солтүстік-шығыстан қарсы соққан желге ауысты. Бірақ сол күні
норд-осттың желі бірсыпыра бәсеңдей түсті, енді капитан Гуль тез
арада жел ыңғайы ауысады деп үміттене бастаған-ды. Солтүстік-
батыстан жел соқса, кеме желкендерін түгел көтеруге мүмкіндік
болады, капитанның үміттенгені де осы еді. «Пилигримнің» Окленд
портынан шыққанына небәрі он тоғыз күн. Кідіріс көп емес, жел

ыңғай соқса, жақсы жабдықталған кеме, бос өткен күндердің есесін
оп-оңай толтырар еді. Бірақ жел әлі ауысқан жоқ. Мұны бірнеше
күн күту керек болды.

Мұхит беті бұрынғысындай құлазыған күйі. Оңтүстік полюс
теңіздерінде кит аулап жүрген аушылар елдеріне қайтуды әлі
ойлаған да жоқ. Сондықтан да, ерекше жағдайдың қысымымен кит
аулау кәсібін уақытынан бұрын тоқтатып, аушылық орнын тастап
кеткен «Пилигрим», тропикке қарай Козерогқа бара жатқан бірер
кеме кездесер деп үміттенген.

Жоғарыда айтылып өткен Америка мен Австралия арасында
қатынап тұратын трансокеандық пакетботтар өте төмен ендікпен
жүретін-ді.

Алайда теңіз беті иесіз жатқан кездерде айнала төңіректі
шолмай бейқам отыруға болмайды. Теңіз беті ілтипатсыз теңізшіге
біркелкі өзгеріссіз көрінгенмен, нағыз теңізші оның құбылып, алуан
түске еніп тұрғанын көре алады.

Теңіздің көз тойғысыз көркем көрінісі, теңіз сүйетін адамдарды
рақатқа бөлейді. Міне, бір уыс теңіз шөбі қалқып келеді, ұзын-ұзын
теңіз өсімдігінің теңіз бетінде болмашы ғана ізі қалып барады; ана
бір жақта тақтай сынығы көрінеді; ол сынықта не-не қызық
жұмбақты жағдайлар болуы мүмкін. Осынау шексіз көк айдын адам
қиялына қаншама азық десеңізші! Бірде бу болып бұлтқа ұшып,
бірде жаңбыр болып теңізге құйған осы бір су тамшыларының
әрқайсысында әлдене бір апаттың құпия сыры жоқ деймісіз!

Мұхиттың құпия сырын алдыңа жайып сала білетін адамдардың
сол бір алғыр ақылы жан сүйсінерлік нәрсе-ау!

Судың бетінде де, түбінде де — қайда қарасаң да қайнаған өмір.
«Пилигрим» жолаушылары, қыс болып суық түсер қарсаңында
поляр жақтан қайтып бара жатқан құстардың ұсақ балықтарды
аулап жүргенін тамашалап келе жатты. Дик Сэнд аңшы мылтығына

да, алты атарға да — екеуіне бірдей мерген болатын: жас жігіт
ұшып бара жатқан құстардың бірнешеуін атып түсірді.

Ақ дауылпаздар аспанда қалықтап айналып жүр. Сонау шырқау
биікте, аспан айдынына шарықтай өрлеп, алып шағалалар
қалықтайды. Судан алатын азығын көргенде, біресе ол жағына,
біресе бұл жағына төңкеріліп, төмен қарай құйылғаны-ақ тамаша!
Балықты іліп алған кейбір алып шағалалар, толқын жалын жалай
ұшып, аспандайды.

Теңіз бетінің осылай үздіксіз құбылуы кереметтей көркем
көрініс. Тек табиғат құбылысына немқұрайды салқын қарайтын
кейбір адамдарға ғана теңіздің бірқалыпты көрінуі ықтимал.

Февральдың оны күні миссис Уэлдон «Пилигрим» палубасында
серуендеп жүріп, теңіз бетінің кенет қызғылт тартып бара
жатқанын байқап қалды. Су қанмен боялған тәрізді боп көрінді.
Осы жұмбақ қызыл алқап көз жетерлік жерге тегіс жайылған.

Миссис Уэлдон, палубада кішкентай Джекпен ойнап жүрген
Дикке қарап:

— Дик, ана қарашы, теңіз беті нендей ғажап. Мына қызыл бояу
қайдан пайда бола қалды? Бұл әлде бір түрлі теңіз шөбі болар ма?
— деді.

— Жоқ, миссис Уэлдон,— деді бала жігіт,— теңіз суын бояп
тұрған миллиондаған құмдай ұсақ шаяндар, бұл жәндіктер теңіздің
сүт қоректі алып хайуандарының азығы. Балықшылар бұларды «кит
көжесі» дейді.

— Ұсақ шаяндар! — деді миссис Уэлдон таңданып.— Тіптен
құртымдай екен, өздерін теңіз жәндіктері десе де болады! Бенедикт
ағай бұларды коллекциясына қуана-қуана қосатын болар.

Сөйдеді де, миссис Уэлдон айқайлап Бенедикт ағайды
шақырды.

— Бенедикт ағай, мұнда келіңізші...

Бенедикт ағай мен капитан Гуль каюталарынан қатар шықты.

Бенедикт ағай, ана қараңызшы! Теңіз бетіндегі құжынаған
қызыл дақты көресіз бе? — деп сұрады миссис Уэлдон.

— Ие, көрдім,— деп дауыстады капитан Гуль.— Кит көжесі
ғой! Мінеки, Бенедикт мырза, шаянсымақтарды зерттейтін
болсаңыз, өте қолайлы жағдайыңыз келді.

— Түк те емес! — деді энтомолог.

— Түк емесі қалай? — деп таңданды капитан.—Бұларға сіздің
көңіл бөлмей, немқұрайды қарауға хақыңыз жоқ! Егер
жаңылмасам, бұл шаянсымақтар — буынды жәндіктер тобына
қосылады, және сапа жағынан да...

— Түк те емес! — деді Бенедикт ағай басын шайқай түсіп.

— Япырай! Энтомологтың бұл сияқты немқұрайдылығы...

— Капитан Гуль,— деп Бенедикт ағай оның сөзін бөлді,— сіз
менің жәндік зерттеуші екенімді ұмытпаңыз.

— Демек, Бенедикт мырза, сіз бұл шаянсымақтарға
қызықпайтын болдыңыз ғой? Егер сіздің кит құрсағындай
құрсағыңыз болса, мына тойға қандай қуанар едіңіз! Миссис
Уэлдон, біздер кит аулаушылар теңізде жүріп бұл сияқты
шаянсымақтарға кездесе қалса, гарпун мен қайықтарымызды
әзірлеп қоюға асығатынбыз. Мұндай жағдай ұшырасса, олжаның
жуық екеніне күмәнданбауға болады...

— Бірақ мына құртымдай ғана шаянсымақтарға кемедей үлкен
кит тоя қоя ма? — деп сұрады Джек.

— Ей, балапаным, мұның таңданарлық несі бар? — деді капитан
Гуль.— Астың ең дәмдісін жарма мен майда тартылған ұннан
пісіреді ғой. Киттер бұл сияқты шаянсымақтар тобына кезіге қалса,
мұны оның үшін жаюлы тұрған дастарқан дей бер. Оның
кеңірдегінен келгенше көжеге тоюы үшін тек қана аузын ашса,
болғаны. Мың-мыңдаған шаянсымақтарды асап алады да аузын
жабады. Оның таңдайындағы щетка сияқтанып салбырап тұрған
«кит мұрты» деп аталатын мүйіз талшықтар сүзекі болып балықшы
ауының міндетін атқарады. Сөйтіп, оның аузына түскен
шаянсымақтар құтылып кете алмайды, сенің жұтқан көжең қарныңа
қарай қалай жылжыса, мың-мыңдаған шаянсымақтар да киттің
орасан кең құрсағына солай жылжи береді.

— Джек, сен кит мырзаның шаянсымақтарды бір-бірлеп
қабығын аршып уақыт оздырмайтынын біліп қой! — деп үстеді
Дик.

— Алып мешкей көжемен жеңсігін басып жатқан кезде,— деп
капитан Гуль сөзін жайғастыра берді,—оны шошытпастан кеменің
мүлдем таяу барып қалуы да ықтимал. Кит аулаушылар осындай
жағдаймен...

Осы сәтте, капитан Гульдің сөзін қостағандай, вахтада тұрған
матрос айқайлап жіберді:

— Кит! Алдыңғы жағымызда, сол жақ бортқа таман!

Капитан Гуль ұшып тұра келді де:

— Кит! — деп айқайлады. Ол кенет аңшылық делебесі қозып,
тұмсыққа қарай тұра жүгірді.

Оның соңынан миссис Уэлдон, Джек, Дик Сэнд, Бенедикт ағай
да бара жатыр.

Төрт миль шамасы ық жақта теңіз беті қайнап жатқан тәрізді.

Тәжірибелі кит аңшысы қателеспепті: теңіздің сүт қоректі алып
хайуаны шаянсымақтар тобының арасында жылжып жүр екен. Бұл
хайуанның қай түрлі кит екендігін анықтауға екі ара орасан алшақ
еді.

Бұл, бәлкім, солтүстік теңізде жүретін аңшылардың көбірек
аулайтын нағыз киттерінің бір түрі болар? Нағыз китте арқа қанат
болмайды. Олардың жарғақ қанаты тым жалпақ та, кесіп алғандай
моп-молтақ, ал мүйіз талшықтары— кит мұрты — аса ұзын да көп
болады. Әйтсе де нағыз киттің ұзындығы он екі метрден он алты
метрге шейін келеді, некен-саяқ жиырма метрге жететіндері де,
тіптен одан артық келетіндері кездеседі, тері астындағы май қабаты
жарты метрге жетеді. Бұл сияқты алып киттің бір өзінен ғана үш
жүз гектолитрге тарта май алуға болады.

Бұл әлде жолақ жон немесе бүкіш кит болар? Бүкіш киттің
бауыр ескегі ұзын, қанат сияқты болады, ұзындығы үш метрге таяу.
Бүкіш киттер, киттің ішіндегі ең жуаны да ебедейсіз, ең ойыншылы
болады: ол дәйімі су бетіне ыршып шыға береді.

Мына көрінген кит ірі жолақжон болуы да ықтимал.
Жолақжондар ірілік жағынан нағыз киттерден қалыспайды,
салмағы да бір мың екі жүз центнерге жуық.

Әзірге бұл көрінген қай тұқымды кит екенін ажыратудың
мүмкіндігі болмады.

Капитан Гульдің өзі және «Пилигримнің» бүкіл экипажы сүт
қоректі хайуандарға сұқтана қараумен болды.

Егер сағат шебері әлдеқалай басқа бір бөлмеде ілулі тұрған
сағатты көрсе, оған сағаттың бұрауы таусылған, бұрау керек сияқты
көрінеді, ал енді кит аулайтын аңшы теңіз бетінде жатқан китті
көрсе қайтер еді? Ұсақ аң аулаушыларға қарағанда, ірі аң аулайтын
аңшылар, өз кәсібіне көбірек көңіл бөледі деседі. Егер ірі аңның
желігі де күшті болса, онда піл мен кит аулаушылар қайтпек?

«Пилигрим» экипажы кеменің жүгін толтырмай елге
қайтқандарына наразы еді, өйткені бұл жағдай матростардың
табысын азайтқан-ды.

Капитан Гуль теңіз бетіне қараумен болды. Кит әлі алыста,
көмескі көрінеді, бірақ танау тесігінен шаншылып аспанға атылған
суға қарап, оның қай түрлі кит екенін шамалауға болатын еді.

— Бұл нағыз кит емес! — деді капитан Гуль.— Нағыз киттің
фонтанынан мынаның фонтаны биігірек. Бүкіш те емес!
Фонтанның шуылы, алыстан естілген зеңбірек гүріліндей боп
шықса, бүкіш екен дей бер. Мына киттің шуылы мүлдем өзгеше.
Дик, сен бұған қалай дейсің? — деді капитан Гуль бала жігітке
қарап.

— Мен мұны жолақжон кит болар деймін,— деп жауап қатты
Дик Сэнд.— Фонтанының күштісін қараңызшы. Егер жаңылмасам,
бұл ерекшелік тек жолақжон киттерге ғана тән?

— Дұрыс айтасың, Дик! — деді капитан Гуль.— Ана қызыл
судың ішінде жүзіп жүрген жолақжон екендігінде күмән жоқ.

— Қандай тамаша! — деп айқайлады кішкентай Джек.

— Ие, балақайым, ол алып хайуан жайбарақат көжесін
сылқытып жүр, тіптен өзін кит аулаушылардың бақылап тұрғанын
да сезер емес!

— Меніңше,— деді Дик Сэнд салмақты пішінмен,— бұл
жолақжонның ең ірісі болса керек.

— Күмән жоқ! — деп жауап қатты капитан Гуль көзі жайнап.—
Оның ұзындығы кем дегенде жиырма екі—жиырма үш метр.

— Тамаша! — деді боцман.— Осындай киттің алтауы болса,
«Пилигримнің» жүгі жетіп жатыр.

— Ие...— деп күрсінді капитан Гуль.

Китті анықтап көру үшін бушпритке шықты ол.

— Егер біз осы китті соғып алсақ,— деп боцман оның сөзін
жалғады,— бос тұрған кеспектердің кем дегенде жарымын майға
толтырар едік-ау...

— Ие... шынында да... не! — деп күбірледі капитан Гуль.

— Бұл, ақиқат,— деді Дик Сэнд,— бірақ бұл алып жолақжонға
шабуыл жасау — қауіпсіз де емес, қиын. Жолақжонның құйрығы
сұмдық күшті болады, бұған сақтанып бару керек. Ең мықты деген
қайықты, мұндай жолақжонның құйрығы бір соққаннан қалдырмай
быт-шыт қылады. Бірақ бұл еңбекке тұрарлық олжа.

— Бұл жолақжон бізге аз олжа емес!— деді матростардың бірі.

— Бұл жолақжонмен тілдеспей өтіп кете берудің өзі өкінішті!
— деп даурықты үшіншісі.

Осы жолақжонды аулауға бүкіл команданың көңілі кетті. Су
бетінде жүзіп жүрген денеде жүз кеспек май бар. Тек кеспектердің
аузын тосса болғаны — май өзінен-өзі сорғалап құйылғалы тұр.

Матростар бизан-мачтаның рейіне шығып, киттің әрбір
қимылына сұқтана қарасып тұрды.

Капитан Гуль үндеген жоқ. Ойланып тырнағын тістей берді.

Мына жолақжон, аса қуатты магнит сияқты, бүкіл экипажымен
«Пилигримді» өзіне қарай тартты.

— Мама! Мама! — деп кішкентай Джек кенет айқайлап
жіберді.— Киттің түрін көргім келеді!

— Ах, балақайым, китті жақыннан көргің келді ме? Несі бар,
сенің құмарыңды неге қандырмасқа? Рас емес пе, достарым? — деп
капитан Гуль матростарға қарады, ол аңшылық желігімен бұдан
былай қарыса алмады.— Бізде адам кемістеу... Дегенмен, қайтсек
те амалдармыз деймін...

— Амалдаймыз, амалдаймыз! — деп матростар бір дауыспен
айқайлап жіберді.

— Мен гарпуншылық міндетін бірінші рет атқарғалы тұрғаным
жоқ, ұмытып қалмадым ба екен, байқап көрейін...

— Ура! Ура! Ура! —деп экипаж бір ауыздан жауап қайырды.

Жетінші тарау

АУҒА ДАЙЫНДАЛУ

Сүтқоректі алыптың көрінуі «Пилигрим» экипажына неліктен
бұл сияқты қозғау салуы, әрине түсінікті мәселе. Теңіз бетінде
қызыл алаптың ортасында жүзіп жүрген кит орасан ірі көрінді.

Бұл китті соғып алып кеме трюмін толтырсақ деген үміт —
олқы құмарлық емес! Аңшылар бұл сияқты ұтыры келіп тұрған
жағдайдан қайтып қана құр алақан қала алсын?

Миссис Уэлдон капитан Гульден:

— Бұл китке шабуыл жасау қауіпті емес пе? — деп сұрады.

— Жоқ, миссис Уэлдон,— деп жауап қатты капитан Гуль —
Ешқандай қауіп жоқ... Китті жалғыз қайықпен әлденеше рет
аулағаным бар, көздеген мақсатыма жетпей қайтқан сапарым
болған емес. Қайталап айтамын, бізге төніп тұрған ешқандай қауіп
жоқ, ендеше, сізге де қауіп жоқ.

Миссис Уэлдонның көңілі орныққандай болды, ол басқа жағын
қайтып сұрамады да.

Капитан Гуль сол сағатында жолақжонды аулауға керекті
дайындықтар жасауға бұйырды. Ол осы жолғы аушылықтың
қиынға соғатынын жақсы білді, сондықтан да сақтануға қажетті
барлық шараларды қолдануға ұйғарды. Кит аулауға үш қайық
баруы керек еді, капитан Гуль сол үш қайықтың орнына болғаны
жалғыз-ақ қайық жібере алатын болды. Кит аулау маусымында
«Пилигримнің» тұрақты командасына жәрдемдесу үшін Жаңа
Зеландиядан матростар мен гарпуншылар алғанын жоғарыда айтып
өттік. Қазіргі кезеңде ол жәрдемші команда жоқ, енді
«Пилигримнің» ауға шығара алатыны тек болғаны бес-ақ матрос,
былай айтқанда бір қайықты басқаруға қанша адам керек болса,
сонша адам шығара алады. Өз еңбектерін асыға ұсынған бес

негрдің жәрдемін капитан Гуль қабылдамады: өйткені, кит аулауда
қайықты басқару тек қана тәжірибелі теңізшінің қолынан келеді.
Китке шабуыл жасаған кезде рульдің епсіз қимылы немесе ескектің
мезгілсіз есілуі қайықты апатқа ұшыратуы ықтимал.

Тағы бір қиын мәселе, капитан Гуль кемеде ең болмаса бір
тәжірибелі матрос қалдырмай кете алмайды, дүние деген
алмағайып нәрсе ғой.

Бірақ кит аулайтын қайыққа адамның әлдісі керек, капитан
амалсыздан кемені Дикке тапсыратын болды.

— Дик,—деді ол, — ауға кеткен уақытымда, сені өзімнің
орынбасарым етіп қалдырамын. Аушылық ұзаққа созылмас деймін.

— Құп болады, капитан!—деп жауап қатты жасөспірім.

Диктің өзі де кит аулау ісіне қатысқысы келіп еді, бірақ ол,
қайық үстінде тәжірибелі кит аулаушы пайдалырақ екенін және
«Пилигримде» капитан Гульдің орнын өзі ғана баса алатынын
ескерді. Сондықтан да ол сөз қайырмай капитанның бұйрығына
бағынды.

Сөйтіп, «Пилигрим» командасы түгелдей ауға аттанды Төрт
матрос ескек есуге отырды, ал боцман Говик өзінің үйреніп қалған
жұмысы рульді артқы есікті ұстады. Руль тез маневр жасауға
мүмкіндік бермейді. Егер китке шабуыл жасаған кезде ескек
күректер жазатайым сынып қалса, шебер теңізші жалғыз артқы
күректің өзімен-ақ, жараланып жан ұшырған хайуанға қайықты
соқтырмай аман әкете алады.

Капитан Гуль гарпуншы орнында тұрады, бұл міндет оның
бірінші рет атқарғалы тұрған ісі емес, осы орында тұрып талай
китті гарпундаған болатын. Оның атқаратын міндеті — китке
гарпун лақтыру, гарпун сабына байланған ұзын арқанның

тарқатылуын қадағалау және жараланған китті мұхит бетінде жүзіп
жүргенінде шанышқылап өлтіру еді.

Кейде кит аулау кәсібіне дәрімен атылатын зеңбірек сияқты
қарулар да қолданылатын. Кеме бортына немесе қайықтың
тұмсығына ерекше жасалған зеңбірек орнатады да, жарылатын
снаряд немесе сабына арқан байлаған гарпун атады. Бірақ
«Пилигримде» бұл сияқты құралдар жоқ-ты. Дұрысын айтқанда
теңізшілер мұндай жаңа әдістер қымбатқа түседі және оның тетігін
кім көрінген біле бермейді деп жаратыңқырамайтын, сондықтан да
өздерінің үйреніп қалған қарапайым құралы — гарпунды
қолданатын-ды. Сөйтіп, капитан Гуль өзінің ескілікті қаруымен
ғана ауға аттанды. Жолақжон «Пилигримнен» бес миль шамасы
қашықта еді.

Ауа райы да аңшыларға кесірін тигізбей жәрдем еткісі келген
тәрізді. Теңіз де тыныш, бұл жағдай қайықты басқару ісіне жеңілдік
береді. Жел жоқтың қасында, экипаж ауда жүргенде «Пилигримді»
бір жаққа жел айдап әкетеді деп қауіптенудің орны жоқ.

Штирборттағы қайық суға түсірілді, төрт матрос қайыққа түсіп
өз орындарына отырды.

Боцман Говик оларға екі гарпун және ұшына өткір ұштық
қадаған бірнеше шанышқы әкеліп берді. Шабуылға керекті бұл
құралдардың үстіне, әрқайсысының ұзындығы алты жүз футтан
келетін бес шумақ сым арқан алды. Бір шумақ арқан тарқатылып
жатқанда, матростар оның ұшына екінші шумақты жалғайды, одан
соң үшіншісін, төртіншісін жалғай береді. Бірақ кейде үш мың фут
арқанның да жетпей қалатын кездері болады.

Гарпундар, шанышқылар мен арқандар — кит аулауға керекті
жабдықтар — тәртібімен түп-түгел қайықтың тұмсығына қойылды.
Говик өз орнына тұрды да, қайықты шешіп арқанның ұшын бер

деген бұйрық күтті. Енді қайықтың ішінде бір ғана бос орын
қалды,— бұған капитан Гульдің өзі тұруға тиіс.

Бұлар ауға аттанар алдында кемені дрейфке тоқтатқан-ды,
басқаша айтқанда, желкендердің біреуі ілгері тартқанда, екіншісі
қарсы итеретін етіп қойылған. Желкендердің қарама-қарсы
әрекетінің нәтижесінде «Пилигримді» бір орыннан қозғалмайды
деп сенуге болатын-ды.

Қайыққа түсер алдында капитан Гуль ақырғы рет мачтаға көзін
салды. Желкендер нық бекітілген, арқандары берік тартулы. Дик
Сэнд кемеде жалғыз қалатын болды, мүмкін, оның жалғыз болуы
бірсыпыра уақытқа созылар. Капитан желкендерді ауыстыру
әурешілігінен Дикті құтқарудың әрекетін ойлап еді.

Бәрі де дұрыс, орын-орнында екеніне көзі жеткен соң, капитан,
жасөспірімді шақырып алып, былай деді:

— Дик, мен сені жалғыз қалдырып бара жатырмын. Бекем, сақ
бол! Егер ойдағымыз болмай шықса, «Пилигрим» біздің
алдымыздан шығатын болар, Том қарт пен оның жолдастары саған
желкендерді ауыстырып қоюға көмектесер. Не істеу керек екенін
оларға өзің жақсылап түсіндірерсің, оларды қолынан іс келетін
адамдар деп сенемін.

— Капитан Гуль,— деді Том қарт,—Дикке өзіміз де қуана-қуана
көмектесеміз.

— Ол тек қана жұмыс бұйырсын! — деді Бат.— Біз оған
жұмысты қалай істейтінімізді көрсетеміз!

— Нені тарту керек? — деп сұрады Геркулес, білегін сыбана
түсіп.

— Қазір тарта қоятын түк те жоқ,— деп күлді жасөспірім.

— Мен әзірмін! — деді алып.

— Бүгінгі ауа райы аса жақсы,— деп капитан Гуль сөзін
жалғастырды,— жел де ауыса қоймас деймін. Дик, нендей қиын
уақиға болса да қайықты суға түсіруші болма және ешуақытта да
кемені иесіз тастап кетпе!

— Құп болады, капитан!

— Біздер китті қуып бір жаққа ұзап кете қалсақ, «Пилигрим»
біздің артымыздан келетін болсын, мен багорге байлап вымпел33
көтеріп белгі берермін.

— Ол жағынан қам жемей-ақ қойыңыз, капитан. Мен сіздің
қайықтан көзімді айырмаймын,— деп жауап қатты Дик Сэнд.

— Әбден жақсы,— деді капитан Гуль.— Аса пайымды да,
батыр бол, сен енді капитанның орынбасары болдың. Абайла,
атағыңа дақ түсіріп алма! Сенің жасыңда әлі күнге шейін бұл
дәрежеге ешкім ие болып көрген емес.

Дик Сэнд оған жауап қайырған жоқ, тек қана қызарып
күлімсірей берді. Капитан Гуль оның қызаруы мен күлімсіреуінің
мәнісіне түсіне қалды.

«Қандай сүйкімді бала! — деп ойлады ол.— Кішіпейілділік пен
батылдық — Диктің күллі мінезі осы екі сөздің ішінде!»

Капитан Гульдің қоштасардағы тапсырмалары мен өсиет
сөздеріне қарағанда, ол ұзақ уақытқа кетіп бара жатпаса да,
ешқандай қауіп-қатер байқалмаса да, оның кемені амалсыз
қалдырып бара жатқанын оңай түсінуге боларлық еді.

Теңіз бетінің толқынсыз тыныш болуы, кит аулау сапарын
оңайлататын тәрізденді. Аңшылық құмарының ыстық сезімі мен
кеме жүгін толтырсам деген ашкөздік үміт капитанды итермелеп
еркіне қоймады. Капитанның командасы да, оның өзі де өздерін
итермелеген ішкі сезімге қарсы тұра алмады. Мұның үстіне ауға

керекті жабдықтар дайын еді, сондықтан капитанның соңғы ой-
пікірі өзінің бойындағы барлық сезімдердің бәрінен басым болды.

Ол батыл аттап қайыққа түсірілген арқан басқышқа барды.

— Жолдарың болсын! — деді миссис Уэлдон тілеу тілеп.

— Рақмет! Айтқаныңыз келсін!

— Капитан Гуль, ол бейшара китті қатты ұра көрмеңіз! —деп
айқайлады кішкентай Джек.

— Есте болар, балапаным! — деп жауап қатты капитан.

— Оны қатты ұстамаңыз!..

— Ие... ие... қолыма қолғап киермін!

— Кейде бұл сүтқоректілердің арқасында қызғылықты
жәндіктер де болатын,— деді Бенедикт ағай.

— Несі бар, Бенедикт мырза,— деді капитан Гуль күліп,—
жолақжонды желкелеп әкеліп «Пилигрим» бортына шығарсақ,
оның үстін тінтуіңізге ешкім кедергі жасай қоймас!

Сосын Томға қарап:

— Том, біздер китті соғып ала алсақ, сіздер оны союға
жәрдемдесер деп сенемін...— деді.

— Қызметіңізге дайынбыз, капитан мырза!

— Рақмет! — деді капитан Гуль.— Дик, біздер ауда
жүргенімізде, мына мейірбан адамдар бос кеспектерді палубаға
шығарып қоюға жәрдемдесер. Біздер қайтып оралған қарсаңға бәрі
де дайын тұрсын, жұмыстың қарқынды жүруіне себеп болар.

— Құп болады, капитан! Бәрі де істеледі!

Капитан Гуль борттан асып, арқан басқышпен қайықтың
тұмсығына түсті.

Миссис Уэлдон, Джек, Бенедикт ағай, Том және оның
жолдастары капитанға жолын болсын деп ақырғы рет тілеу тіледі.

Тіптен Динго да, екі артқы аяғымен тік тұрып басын борттан
шығарып экипажбен қоштасқан сияқтанды.

Бұдан соң «Пилигрим» жолаушылары қатерлі аңшылықты
анықтаңқырап байқау үшін кеменің тұмсығына жиналды.

Арқанның ұшы кемеден шешіліп қайықтағыларға тасталды,
қайық тең ескен төрт ескектің айдауымен «Пилигримнен» ұзап та
кетті.

— Дик, мен саған сенемін! — деп айқайлады капитан Гуль
жасөспірімге ақырғы рет.

— Құп болады, капитан!

— Бір көзің кемеде болсын да, енді бір көзін қайықта болсын.
Осыны ұмытпа!

Жеңіл қайық «Пилигримнен» бірнеше фут ұзап та кеткен еді.
Капитан Гуль қайықтың тұмсығында тұрған-ды. Ол әлі де болса
бірдеңелер айтып дауыстап бара жатты, бірақ оның дауысы
естілмей кетті, тек қана капитанның қолын сермеп тапсырмалар
беріп бара жатқанын Дик анық білді.

Динго осы сәтте борттан кетпей, аянышты түрде ұли берді.
Миссис Уэлдон не болса соған илана беретін ырымшыл әйел емес
еді, сонда да болса оның денесі түршігейін деді.

— Өшір үніңді, Динго! — деді ол.— Ұялсайшы! Аңға кетіп бара
жатқан досына осылай тілеу тілей ме екен? Қане, арсалаңдап үрші!

Динго тына қалды да, кертеден аяғын алып, жайыменен миссис
Уэлдонға келіп, қолын жалады.

— Динго құйрығын бұлаңдатып көңілденбейді,— деп
күңкілдеді Том.— Жаман ырым! Жаман ырым!

Динго кенет арқа жүнін тікірейтіп ырылдап қоя берді. Миссис
Уэлдон бұрылып оның ырылдаған жағына қарады. Негоро
каютадан шыққан екен. Аңшылық оны да еліктірген сияқты.

Динго кеме аспазына дүрсе қоя берді. Ызаға булыққан ит қалш-
қалш етеді. Оның неліктен үйтетіні әлі күнге түсініксіз еді.

Негоро палубада жатқан қолшығырдың келдек тұтқасын алып
қорғана бастады.

Ит оның кеңірдегінен алуға ыңғайланды.

— Динго, кейін! —деп айқайлады Дик Сэнд.

Кетіп бара жатқан қайықты қадағалап тұрған Дик, кеме
кормосына қарай тұра жүгірді. Миссис Уэлдон да Heгороны иттен
арашалай бастады. Динго амалсыз көнді. Ырылдай түсіп, жайымен
бала жігітке қарай бұрылды.

Негоро тіс жарып үндеген жоқ. Бірақ ол өте сұрланып кеткен
еді. Қолындағы келдек ағашты палубаға тастады да, кеpi бұрылып
каютасына кіріп кетті.

— Геркулес,— деді Дик Сэнд,— осы кісіні бақылап жүруді сізге
тапсырсам деймін!

— Орындалады,— деп жайбарақат жауап қайырды алып,
шоқпардай үлкен жұдырығын түйе түсіп.

Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд кемеден тез ұзап бара жатқан
қайыққа көздерін қайта тікті.

Бұл уақытта қайық шексіз теңіздің ортасында кішкене ғана
нүктедей боп кетіп бара жатыр еді.

Сегізінші тарау

ЖОЛАҚЖОН КИТ

Капитан Гуль кит аулау ісінде тәжірибесі мол аңшы еді, ол осы
жолғы сапарын қайырлы болады деп болжаған жоқ. Жолақжон
китті аулау — оңай емес, сақтану шараларының нендей түрі болса
да артық емес. Капитан Гуль керекті шаралардың бірде-бірін
қалдырмай түгел қамтитын-ды.

Ең алдымен ол рульшіге, китке ық жағынан бар деп бұйырды,
ондағы ойы, аңшының жақындағанын кит сезбесін деген.

Говик қайықты кит жүзіп жүрген қызыл алаңның жиегін орай
жүргізді. Сөйтіп, жел жақтағы аңшылар енді киттің ық жағына
өтулері керек болды.

Боцман, тәжірибесі мол қарт теңізші және ерекше салқын қанды
адам еді. Капитан Гуль рульшіге толық сенуге болатынын білетін-
ді. Өйткені ол шешуші кезеңдерде асып-саспай, және керекті
маневрді тез де дәл орындайтын.

- Говик! — деді капитан Гуль.— Жолақжонды абайсызда бас
салып көрейік. Гарпун атуға болатын шамаға білдірмей жетуге
тырысып бақ.

- Құп болады, капитан! — деді Говик.— Егер қызыл алаңды
жиектей жүрсек, өнебойы желге қарсы жүземіз.

- Дұрыс! — деді капитан.

Матростарға қарап:

- Жігіттер, шалпылдатпай есіңдер!—деп үстеді ол. Ескектер
суға ақырын ғана сүңги берді.

Боцман қайықты шебер басқара отырып, шаянсымақтардың
қызыл алаңына жеткізді. Оң жақтағы ескек әлі де болса көгілдір

тартқан мөлдір суға батып келе жатқанда, сол жақ ескектен қан
сияқты қызғылт сұйықша тамып жатты.

— Әрі шарап, әрі су,— деді матростардың біреуі.

— Ие,— деп жауап қатты капитан Гуль,— бірақ бұл су болып
сусыныңды қандырмайды, шарап болып мас қылмайды! Қане,
достарым, енді әңгімені доғарыңдар!

Қайықтың жылжуы, май бетінде жүзгендей, шылп етіп дыбыс
шықпайды. Жолақжонда да түк қимыл жоқ, келе жатқан кішкене
қайықты елемеген сияқты.

Қайықтың алыстан орағытып, иін жасай «Пилигримнен» ұзап
кеткенін жоғарыда айтып өттік. Ескектер сілтенген сайын, кеменің
қарасы кішірейген үстіне кішірейе берді.

Теңіз бетіндегі заттардың бәрі ұзаған сайын әдеттегі көлемінен
бірте-бірте кішірейіп көрінеді. Бұл көрініс, төңкеріп көрсететін
подзор дүрбіден қараған сияқты, адамға бір түрлі әсер береді. Бұл
сияқты көз алдану ұшы-қиыры жоқ шалқып жатқан теңіз бетіндегі
алыстап бара жатқан заттың көлемін ешбір затпен салыстыруға
болмайтындығын дәлелдейді.

Қазірде де дәл осы жағдай еді. «Пилигримнің» қарасы минут
сайын кішірейе берді, қайықтағыларға, «Пилигрим» қалған жерінен
анағұрлым алыста тұрған сияқты боп көрінді.

Капитан Гуль мен оның жолдастары кемеден кеткен соң, жарты
сағаттан кейін, қайық китті айналып өтті. Кит енді «Пилигрим» мен
қайықтың арасында, жел жақта тұр. Жолақжонға жақындай түсетін
мезгіл жетті. Бірақ дыбыс шығармай бару керек. Кит аулаушылар
кейде тақалып барып гарпунды тіптен жақыннан ататын уақыттары
да болады.

— Жігіттер, ақырын!— деп капитан Гуль ескекшілерге
сыбырлап қана команда берді.

— Мына балық әлденені сезген сияқты-ау деймін,—деді
Говик.— Оның нақ, қазіргі дем алған шуылы, бұрынғысындай емес.

— Ақырын! Ақырын! — деп қайталады капитан Гуль.

Бес минуттан соң аңшылар мен киттің арасы болғаны бір-ақ
кабельтов қалды.

Боцман Говик кормода тік тұрған күйі, қайықты киттің сол жақ
бүйіріне қарай туралады, бірақ оның қатерлі құйрығынан біршама
қашық болуға тырысты.

Капитан Гуль қайықтың тұмсығында тұрып, құлап кетпеу үшін
аяғын алшағырақ тіреп, қолына гарпун алды.

Бес шумақ сым арқанның бір шумағы капитанның жанындағы
ағаш шелекте жатыр, арқанның бір ұшы гарпун сабына нық
байланған. Егер кит тереңге сүңгитін болса, арқандарды бірінен соң
бірін кідіріссіз жалғай беру үшін, қалған төрт шумақ арқан да
аяғының астында, оңайда жатқан.

— Әзірленіңдер! — деп сыбырлады капитан.

— Құп болады, капитан! — деді Говик, руль-ескекті тірей
ұстап.

— Жақында!

Боцман, капитанның айтқанын орындап, қайықты жолақжонға
қапталдата түсті. Қайық пен киттің арасы енді он-ақ фут.

Кит қозғалған жоқ, ұйықтап жатыр екен. Китті ұйықтап
жатқанында шанышқылау, аңшыға аса қолайлы болады. Кейде бір
ұрғанда-ақ киттің жұмысын бітіреді.

«Ғажап!—деп ойлады капитан Гуль.— Бұл қу ұйықтап жата
қойды ма екен... жоқ, мұнда басқа бір мән бар!»

Бұл пікір боцман Говиктің де ойында елестеген еді, ол киттің
арғы жақ қабырғасын көруге әрекеттенді, бірақ қаншама қадалып
қараса да, көре алмай-ақ қойды!

Ойланып тұратын уақыт жоқ: әрекет ететін мезгіл жетті.
Капитан Гуль гарпунды ортан белінен ұстап жоғары көтерген күйі,
көздеп тұрып, бірнеше рет толғады да, керіле беріп, жолақжонға
туралап бар пәрменімен сілтеп кеп жіберді.

— Кейін! Кейін! —деп айқайлады капитан сол сәтте. Матростар
ескекті еңкейе сермеп, жаралы хайуанның құйрығына қайықты
соқтырмай аулақ әкетуге жанталасты.

Осы сәтте жолақжонның ұзақ уақыт қимылдамай жатуының
құпия сырын боцманның айқайы анықтады.

- Баласы бар екен ғой! — деп дауыстады Говик.

Жараланған ана кит жиырыла түсіп, ырши жөнелді. Осы сәтте
оның баласын теңізшілер де көріп қалды. Кит баласын емізіп
жатқанда, оған гарпун қадалған еді.

Киттің баласы қасында болса, оны аулау өте қауіпті екенін
капитан Гуль жақсы білетін-ді. Ана кит өзін ғана қорғай қоймай,
«кішкентайын» да қорғауы керек, сондықтан оның ызасы өрши
түсетінінде сөз жоқ; кит баласының ұзындығы алты метрден астам
келеді, олай болса, кит баласын «кішкентай» деп атауға сияр ма
екен!

Әйтсе де, жағдай капитан Гульдің қауіптенгеніндей емес,
керісінше болды, жолақжон бірден қайыққа ұмтылмады, ызаланған
киттен қашып құтылу үшін, кей кездерде гарпунға байланған

арқанды қиып жібереді; бұл арада олай етудің де қажеттігі
болмады.

Жолақжон бірден тереңге сүңгіп, сосын атылып үске шықты да,
пәрменімен зымырап, жүзе жөнелді. Оның соңынан баласы да ере
кетті.

Капитан Гуль мен боцман Говик кит суға сүңгігенше шамалап,
лайықты бағасын да мөлшерлеп үлгірген еді. Бұл жолақжон кит
ұзындығы жиырма бес метр шамасы келетін орасан ірі хайуан екен.
Оның сары-қоңыр терісі қарауытқан теңбілдермен шұбарланған.

Істің басы сәтті болды, ендігі жерде бұл сияқты мол олжадан
бас тартып құр алақан қалу, әрине өкінішті болар еді. Аңшылар
китке ілесіп кете берді. Ескегі көтерілген қайық толқынды сүйкей
атылған оқша зымырады. Жаралы хайуан аласұрып бір олай, бір
бұлай бұлтарса да, Говик қайықты киттің ізіне салудан жаңылмады.

Капитан Гуль олжадан көз айырмай:

— Байқа, Говик! Байқа, Говик! — деп үздіксіз айқайлаумен
болды.

Бірақ, боцман оның ескертуінсіз-ақ сақтануда еді.

Қайық киттен гөрі бәсең жүзіп келе жатты, ал сым арқанның
тарқатылуы соншалықты тез, қайықтың қапталына ысылған сым
арқан өзінен өзі тұтанып жанып кете ме деп қауіптенді капитан.
Сондықтан ол арқан салынған астауға жалма-жан су толтырды.

Жолақжонның тоқтайын деген немесе жүрісін бәсеңдетейін
деген ойы жоқ сияқты. Капитан Гуль екінші арқанды жалғады.
Бірақ бұл арқан да көпке жетпей-ақ таусылды. Бес минуттан соң
арқанның үшіншісін жалғауға тура келді, о да тезінен суға батып
жоқ болды.

Жолақжон судың түбіне батып, бұрынғысынша алға қарай
зымырай берді. Шамасы, гарпун оның жанды жерінен қадалмаса
керек. Арқанның төмен қарай тұңқиғанына қарағанда, кит су бетіне
шығуды ойламайтын тәрізді, керісінше, тереңдеп бара жатыр десе
де боларлық еді.

— Пері соқсын!—деп айқайлады капитан Гуль.— Мына
оңбаған арқанның бесеуін де жұтатын болды-ау!

— Бізді «Пилигримнен» алыстатып әкетті,— деп үстеді боцман
Говик.

— Дегенмен, бұл қарғыс атқан дем алу үшін су бетіне шығуы
керек,— деді капитан.— Кит балық емес қой, адамға ауа қандай
керек болса, оған да соншалықты қажет.

— Ол шапшаң жүзу үшін демін ішіне тартып барады,— деп
күлді матростардың біреуі.

Шынында да, арқанның тарқалу тездігі алғашқы қарқынынан
әлі кеміген жоқ-ты. Көп кешікпей үшінші арқанға төртінші шумақ
жалғанды.

Киттен түсетін пайдадан өзіне тиетін үлесті ойша есептеп
қойған матростар енді торыға бастады.

— Мына қарғыс атқан хайуанды-ай! — деп күбірледі капитан
Гуль.— Мұндайды өзім өз болғалы көрген емен.

Ақырында бесінші шумақ арқанды да жалғау керек болды. Бұл
арқанның жарымына жуығы тарқатылған кезде, шертіле тартылған
арқан бірден босап кетті.

— Ура!—деп айқайлады капитан Гуль.— Арқан іркіліп қалды,
демек жолақжон болдырды деген сөз!

Осы кезде қайық «Пилигримнен» бес миль қашықтап кеткен-ді.

Капитан Гуль багордың сабына вымпел байлап жоғары көтеріп,
«Пилигримге» жақында деп белгі берді.

Көз ашып жұмғанша болған жоқ, «Пилигрим» желкенінің желге
кернеліп, рейдің желге қарсы бұрылғанын байқады капитан. Дик
Сэнд бұл маневрді Томның және басқа негрлердің жәрдемі
арқасында тез де, дәл істеді.

Бірақ жел өте әлсіз еді, баяу ғана соққан болды да, ізінше
басылып қалды. Бұл жағдайда «Пилигримнің» қайыққа жетуі тым-
ақ қиын.

Сол арада капитан Гульдің болжағанындай, жолақжон
демалғалы теңіз бетіне шықты. Бүйіріне қадалған гарпун
бұрынғысынша сорайып тұр. Жаралы хайуан су бетіне шығып
бірсыпыра уақыт қимылдамай сұлық жатты, жара ашуымен жан
ұшыра қашқан уақытта қалып қойған баласын күтіп жатса керек.

Капитан ескекшілерге есіңдер деп бұйырды, қайық көп
кешікпей жолақжонға тағы жақындады.

Капитанның бұйрығымен екі матрос ескектерін қойып, жаралы
китті шанышқылап өлтіру үшін қолдарына ұзын сапты сүңгі алды.

Говик сақтанып әзір тұрды. Бұл өте қауіпті минут еді, өйткені
киттің бұларға тап беруі ықтимал, сол сәтте қайықты қатерлі
жағдайдан тез алыстатып әкетуге дайын тұрулары керек.

- Әзірленіңдер! — деп айқайлады капитан Гуль.— Дәлдеп
көздеңдер, жігіттер, қапы жібермей ұрыңдар! Говик, сен
дайынбысың?

- Мен дайынмын ғой, капитан,— деп жауап қатты боцман,—
бірақ есі кеткен сүргіннен кейін мына қарғыс атқан жолақжонның
су бетінде бөрене құсап қимылсыз жатуы мені таңдандырып тұр!

— Мен де күмәнданып тұрмын.

— Сақтану керек!

— Ие. Дегенмен, әрекет етпей, тастап кетуге болмайды ғой!
Ілгері бас!

Капитан Гульдің қаны қайнап, ызасы келді.

Қайық китке жақындады, бұрынғысынша тапжылмастан бір
орында әлі жатыр. Баласы да көрінбейді.

Жолақжон құйрық қанатын сермеп жіберіп отыз футтай ілгері
жүзіп кетті.

Ол тағы қашқалы бара жатыр ма? Ұшы-қиыры жоқ сүргін тағы
басталатын болар ма?

— Сақтаныңдар!—деп айқайлады капитан Гуль.— Жолақжон
қазір екпінімен келіп бізге шабады! Бұра бер, қайықты, Говик, бұра
бер!

Шынында да, жолақжон қайыққа қарай бұрылып алды да, бар
күшін сала, қанаттарымен су сабалап, адамдарға қарай тұра
ұмтылды.

Боцман, киттің келе жатқан маңдай алдын дәл байқады да бір
жақ шетке жанталаса жалтарды, екпіндеп келе жатқан кит қайыққа
соқпай өтіп кетті. Капитан Гуль мен екі матрос киттің жанай өткен
кезеңін пайдаланып, оның бүйіріне сүңгі салып үлгірді.

Жолақжон бірнеше фут ұзап барып тоқтағанда, қан аралас екі
фонтан тіп-тіке аспанға шапшып жатты, кит бұрыла салып тағы да
қайыққа қарай ұмтылды.

Ызаланған алыптың жолында тұрып ажал қармағына ілінбеу
үшін асқан ерлік керек болды. Сөйтіп, Говик қайықты китке
соққызбай тағы да бір жақ шетке қарай бұрып үлгірді.

Жолақжон қайықты жанай өткен мезетте, аңшылар оған тағы да
үш жерінен ойсырата: жара салды. Кит өзінің сұмдық күшті
құйрығымен суды пәрменінше қойып жібергенде, теңіз бетінде
таудай толқын пайда болды. Қайық аударылмай шақ қалды.
Жоталанған толқын борттан асып, ішке құйылған су қайықтың
ортан белінен келді.

— Шелек әкел! Шелек! - деп айқайлады капитан.

Матростар ескекті тастай беріп, жандарын сала қайықтағы суды
төгіп жатыр. Осы арада капитан Гуль гарпунға байланған арқанды
қиып жіберді, өйткені бұдан былай арқанның пайдасы жоқ-ты, жара
ашуы жанға батып есі кеткен хайуан, бұдан былай қашуды қойған
еді. Адамдарға енді кит өз кезегімен шабуыл жасай берді, оның
өлім аласы өте үрейлі болды.

Жолақжон қайыққа қарай үшінші рет бұрылды. Бірақ ішіне су
толып ауырлаған қайық, жүрісін мандыта алмады, енді не кейін
қашуға, немесе шабуыл жасаған киттің маңдай алдынан бір жақ
шетке жалтарып кетуге мүмкіндік болмады.

Матростар қаншама күш салып ессе де, жолақжон қанатын тағы
бірнеше сермесе болғаны, қайыққа жететіні сөзсіз.

Ендігі жерде шабуылды қойып бас сауғалау керек. Капитан
Гуль бұл жағдайды жақсы ұқты.

Киттің үшінші шабуылында боцман Говик қайықты
жолақжоннан сәл алыстатуға ғана шамасы келді, бірақ алыптан
құтыла алмады. Жолақжон қайықты арқа қанатымен қағып өтті.
Оның қатты соққаны сонша, қайық, басқарып тікесінен тұрған
Говик ұшып түсті.

Киттің бұл жолғы соғуы, үш найзагердің дәлдеп көздеуіне
кедергі болып, атқан сүңгілерін тигізе алмады.

— Говик! Говик! — деп айқайлады капитан Гуль, өзі аяғын
зорға басып тұрып.

— Мен мұндамын, капитан! — деп боцман жауап қатты да,
жатқан жерінен ұшып тұрып өз орнына қайта барды.

Бірақ боцманның қолындағы руль-ескек қақ ортасынан
омырылып қалған еді. Ол үндеместен қолында қалған ескектің
сынығын көрсетті.

— Басқасын ал!

— Құп болады!

Осы сәтте қайық маңынан су үйірілгендей болды да, теңіз
бетінде киттің баласы көрінді.

Жолақжон баласын көре сала, оған қарай бар пәрменімен жүзе
жөнелді.

Жолақжон енді қазірден бастап баласы үшін де, өзі үшін де
арпалысуға тиіс. Ендігі арпалыс өте-мөте күшті болмақ.

Капитан «Пилигрим» жаққа көз тастап, багорге байланған
вымпелды көтеріп жанталаса бұлғай берді.

Дик Сэнд капитан Гульдің алғашқы берген белгісін көрісімен-ақ
қолынан келгенінің бәрін істеп үлгірген болатын. Бірақ
аңшылардың ажалына қарай, кеменің жүрісін тездетерлік басқа
түрлі лаж жоқ. Дик енді не істеуі керек? Тағы бір қайықты суға
түсіріп, негрлердің жәрдемімен тезінен капитанға жәрдемге жетуі
керек пе? Бірақ ескек есіп қайықпен оларға жету үшін кемінде бір
сағат уақыт керек, суға қайық түсіріп жолдастарына жәрдемге
барайын десе, нендей жағдай болса да, кемені тастап кетуші болма
деп, жасөспірімнің кемеден кетуіне капитанның өзі тиым салып
кеткен.

Сонда да болса Дик Сэнд кормодағы қайықты суға түсіріп,
кеменің артына тіркеді, ондағы ойы, егер қажетті жағдай бола
қалса, апатқа ұшыраған адамдар пайдаланар деген еді.

Осы уақытта жолақжон баласын денесімен қалқалап тіп-тіке
аңшыларға қарай тағы ұмтылды.

- Сақтан, Говик! — деп капитан Гуль ақырғы рет айқайлады.

Бірақ рульші құралсыз қалған еді. Ұзын сапты руль ескектің
орнына, оның жұмсайтыны кәдімгі қысқа сапты ескек. Онымен тез
маневр жасау мүмкін емес.

Ол, қайықты бұруға әрекеттенді. Бірақ мұнысы жүзеге аспады.

Матростар өздерінің апат болатындарына көздері жетті.
Барлығы тік тұрып шулап қоя берді. Мүмкін, бұлардың дауысы
«Пилигримдегілерге» жететін де болар...

Кит құйрығының кереметтей күшпен соғылған екпіні қайықты
шүйіріп аспанға атып жіберді. Қайық үшке бөлініп, кит
құйрығының екпінімен пайда болған иірімге келіп түсті.

Матростардың бәрі жараланды, сонда да болса ол
бейшаралардың су бетінде қалқып уақытша жан сақтай тұрарлық
әлдері бар-ды. Боцман Говиктың қайық сынығына жармасып, оған
капитан Гульдің жәрдемдесіп жүргенін «Пилигримдегілер» көріп
тұрды...

Бірақ, кит ақырғы рет жиырыла түсіп құйрығымен су сабалады.
Құйынша үйірілген толқын бірнеше минутқа созылып, шашыраған
су мен көбіктен басқа ешнәрсе көрінбей кетті. Дик Сэнд негрлерді
қайыққа мінгізіп апат болғандарға жәрдем еткелі жөнелді,
аңшылардан тірі қалған ешкім жоқ, су бетінде қанмен боялған
қайықтың сынықтары ғана қалқып жүрген.34

Тоғызыншы тарау

КАПИТАН СЭНД

Адам айтқысыз мына апат «Пилигрим» жолаушыларының есін
алып, жанын түршіктірді. Капитан Гуль мен бес матростың қазасы
жүйке құртқандай аса ауыр әсер қалдырды.

Үрейлі апатты көзбен көріп, өлім тырнағындағы жолдастарға
жәрдем ете алмаудан қиын не бар! Тіптен Диктің өзі мен
жолдастары да жаралыларды судан шығаруға жетісе алмай қалды.

Апат болған жерге «Пилигрим» жүзіп жеткен кезде капитан
Гуль мен бес матрос қайтпас сапарға кеткен еді.

Миссис Уэлдон, Бенедикт ағай және бес негр көз жастарын
көлдетіп құлазып жатқан теңіз бетіне тұнжырай қарасып қалды...

Жақын маңдағы құрғақ жерден мың миль шамасы қашықта,
ұшы-қиыры жоқ тынық мұхиттың қақ ортасында, капитаны мен
матростарынан айрылған кеменің ендігі тағдыры бейшаралыққа
түсіп жел мен ағыстың ойыншығы болу ғана.

Бұл жолақжонды «Пилигримге» душар еткен қандай ғана
қырсық тағдыр екен? Капитан қашан да болса алдағысын болжай
жүретін сақ адам еді, оны осы жолғы қайырсыз кәсіпке итермелеген
қай зұлым тағдыр?

Кит аулау кәсібінің тарихында, бір қайық экипажымен түгелдей
жойылып кету өте сирек кездесетін уақиға.

Қалай да капитан Гуль мен бес матростың қазасы жан
түршігерлік апат! «Пилигримнің» негізгі командасынан ешкім
қалған жоқ, айтпақшы біреуі қалған; ол, Дик Сэнд... Бірақ Дик он
бес жасар балғын жас, әлі бала ғой. Осы бала енді капитанның да,
боцманның да, бүкіл экипаждың да орнын басып бәрінің жұмысын
атқаруға тиіс.

«Пилигрим» үстіндегі жұмысқа жарарлық адамдарды санасақ,
тағы бес негр бар, олар ержүрек адал адамдар болғанымен теңіз
кәсібінен түк хабарлары жоқ.

Дик Сэнд қозғалмастан палубада ұзақ тұрды. Ол екі қолын
көкірегіне айқастыра ұстап, өзінің әкесіндей жақсы көретін адамы
— капитан Гульді жұтқан суға қарады.

Сосын көкжиекті көзімен айнала бір шолып өтті. Жәрдем
сұрауға, немесе, ең болмаса миссис Уэлдонды паналатарлықтай
бірер кеме көрінер ме деп үміттенген-ді. Ол «Пилигримнен» кетуді
ойлаған да жоқ, айта көрмеңіз! Кемені жақын маңдағы бірер портқа
жеткізудің барлық амалын істейді ол. Бірақ миссис Уэлдон мен
оның бөбегі басқа кемеде болса, қауіп-қатерден аулақ және бұл
екеуінің өмірін ойлап Диктің мазасы кетпес еді.

Мұхит бетінде жанды қара көрінбейді. Жолақжон ғайып
болғаннан кейін «Пилигрим» маңында тек аспан мен судан басқа
түк те жоқ.

Сауда кемелерінің әдеттегі жүретін жолынан «Пилигримнің»
шеткері екенін және жылдың бұл маусымында кит аулаушы
флоттардың бәрі оңтүстік жақта, алыста жүргендерін Дик Сэнд
жақсы білетін-ді.

Ол қауіп-қатердің бетіне тайсалмай тіке қарау керек екенін де
жақсы ұғынды.

«Енді не істеу керек?» — деп сұрады ол өзінен өзі.

Осы сәтте кеме аспазы палубаға шықты.

Негоро қырсықты аңшылықтың күллі жағдайына аса зер сала
қарады, бірақ тіс жарып бір ауыз сөз айтпады, ешқандай қимыл да
жасаған жоқ. Орны толғысыз қазаның оған қандай пікір туғызғаны
ешкімге мәлім емес.

Дик Сэнд кормода тұр еді, Негоро енді жайлап басып соған
қарай жүрді де, жасөспірімге үш қадамдай таяу барып тоқтады.

— Сіз маған бірдеңе айтайын деп пе едіңіз? — деп сұрады Дик
Сэнд.

— Жоқ, — деп аспаз жауапты салқын қайырды. —Мен капитан
Гульмен немесе боцман Говикпен сөйлесейін деп ем.

— Сіз олардың қаза тапқанын білесіз ғой,— деп айқайлады Дик.

— Енді кеменің командирі кім? — деді ол беті бүлк етпестен.

— Мен!— деді жасөспірім қобалжымастан.

— Сіз?! — деп Негоро иығын қозғап қойды.— Он бес жасар
капитан?!

— Ие, он бес жасар капитан! — деп Дик Сэнд аспазға қарай бір
аттады.

Негоро ығыса бастады.

— «Пилигримде» капитан бар,— деді миссис Уэлдон.— Ол —
Дик Сэнд. Жаңа капитанның әркімді орны-орнына қоя білетінін
ұғынып алуларың теріс болмас.

Негоро тәжім етті, сосын мыңқылдап сықақтай бірнеше ауыз
сөз айтқан болды да, камбузына тайып тұрды, оның не айтқанына
ешкім түсінген жоқ.

Сөйтіп, Дик Сэнд тәуекелге бел байлады.

Осы кезде жел де жандана бастап, кеме «кит көжесінің» қызыл
алаңын артқа салды.

Дик Сэнд желкенге қарап, сосын палубаны шолды. Жасөспірім
өз мойнына түскен жауапкерлік соншалықты зор болса да бас

тартуға хақы жоқ екенін сезді. Кемедегі барлық жолдастарының
назары өзіне ауғанын, бұл адамдарға сенуге болатынын олардың
көздерінен оқып білді, бұлар да маған сене алады деді ол өзіне өзі.

Дик өз күшін аса бағаламады. Том мен оның қасындағы төрт
негрдің жәрдемімен, қажетті жағдайға қарай желкендерді көтеріп
немесе түсіріп қоюға болады. Бірақ ол кеменің дәл қай жерде
тұрғандығын шамалауға өзінің білімі жетпейтінін мойындады.

Дик Сэнд төрт-бес жыл теңізде жүрсе, қиын да қызғылықты
теңіз мамандығын түгел үйреніп алар еді. Сол уақыттың ішінде,
капитан Гульдің күн сайын мұхиттың кеме тұрған ендігін
шамалайтын сектант құралын қалай пайдаланғанын да үйренер еді-
ау. Гринвич меридианының уақытын көрсететін хронометр35
капитан Гульге бойлықты білдіретін. Күн — оның сенімді
кеңесшісі болған. Ай мен жұлдыздар: «сенің кемең пәлен жерде
тұр!» — деп хабарлайтын. Оның мүлтіксіз де, қателеспейтін алып
сағатының циферблаты — аспан әлемі де, керсеткіш тілі —
жұлдыздар болатын. Бұлар кеменің жүрген жолының мөлшерін күн
сайын баяндап тұратын-ды. Астрономиялық бақылау
«Пилигримнің» тұрған жерінен баратын жерінің бір миліне шейін
дәл көрсететін-ді.

Ал Дик Сэнд кеменің тұрған жерін тек компас пен лагтың36
көрсетуімен ғана шамалай алады.

Сөйтсе де Дик Сэнд сасқан жоқ.

Миссис Уэлдон ержүрек баланың ішкі дүниесінде болып жатқан
құбылыстың бәрін білді.

— Рақмет, Дик! — деді ол салмақты үнмен.— Капитан Гуль
өлді. Онымен бірге бүкіл экипаж да қаза тапты. Енді кеменің
тағдыры сенің қолыңда. Кемені де, біздің бәрімізді де сен
құтқарады деп сенемін.

— Ие, миссис Уэлдон,— деді Дик,— мен бұл сенімді ақтауға
тырысып бағармын...

— Том да, оның жолдастары да адал адамдар. Сенің оларға
толық сенуіңе болады.

— Мен мұны білемін. Мен оларға теңіз ісін үйретемін, сөйтіп
кемені бірге басқарамыз. Ауа райы жақсы уақытта бұл оншалықты
қиын іс емес. Егер ауа райы бұзыла қалса... е, қайтуші еді, біз
қолайсыз ауаны да жеңеміз, миссис Уэлдон, сізді де, кішкентай
Джекті де, басқаларды да құтқарамыз! Мұны жүзеге асыруға күшім
жетеді деп сенемін!

— Сен қазір «Пилигримнің» қай жерде екенін білесің бе?— деп
сұрады миссис. Уэлдон.

— О, мұны білу оп-оңай,— деді Дик.— Картаны қарасақ
болғаны: кеше капитан Гуль біздің тұрған жерімізді картадан
белгілеп жатқан.

— Баратын жағымызға кемені алып бара аласың ба?

— Апара алармын деп сенемін. Біз американ жағалауындағы
елге жетуіміз керек, кемені соған қарай жүргіземін және сол
бағытқа бет түзеймін.

— Дик, сен мына апаттың салдарынан алғашқы бағытымызды
өзгертуге мәжбүр екенімізді білетін боларсың?

«Пилигримнің» Вальпарайсоға бармайтыны өзінен өзі түсінікті.
Жақын маңдағы американ портына жетуіміз керек - кемені
апаратын жерің сол!

— Тыңдап тұрмын, миссис Уэлдон,— деп жауап қатты Дик.—
Қысылмаңыз, американ континенті оңтүстіктің қиыр шетіне қарай
созылып жатыр. Біз қайтсек те оған соқпай кете алмаймыз.

— Ол қай жақта? — деп сұрады миссис Уэлдон.

— Ана жақта...— деп Дик шығысқа қарай қолын шошайтты.

— Сөйтіп, кеме Вальпарайсоға бара ма, немесе Американың
басқа бір портына бара ма, біз үшін бәрібір. Біздің бар мақсатымыз
— құрлыққа жету!

— Біз онда жетеміз, миссис Уэлдон! — деді жасөспірім сенімді
түрде. —Сізді қауіпсіз орынға жеткізуге кепілмін. Құрғақ жерге
жуық маңда каботаждық37 рейс жасап жүрген бірер кемеге
кездесерміз деген үмітім зор. Миссис Уэлдон, сіз байқайсыз ба,
солтүстік-батыстан жел соға бастады. Егер соққан ыңғайынан
айнымаса, жағалауға қалай жетіп қалғанымызды білмей де
қалармыз. Желкен біткенді тегіс көтерсек, атқан оқтай
зымыраймыз!

Жас матрос бұл сөздерді өз кемесін бағалай білетін және оны
нендей қиын-қыстау жағдайда болса да дегеніне көндіре алатынына
көзі жететін тәжірибелі, көпті көрген ескі теңізшілерше толық
сеніммен айтты.

Дик Сэнд енді желкен көтеріп штурвалға38 тұруға ыңғайланып
еді, миссис Уэлдон алдымен «Пилигримнің» қай жерде екендігін
анықтау қажет екенін ескертті.

Шынында да, бұл бірінші кезектегі мәселе еді. Дик Сэнд
капитан Гульдің каютасына барып, өткен күні кеменің қай жерде
болғандығы жайлы белгі салынған картаны тауып алды. Ол енді
миссис Уэлдонға «Пилигримнің» 43°35' оңтүстік ендік пен 114°13'
бойлықта болғандығын картадан көрсете алады. Өткен тәуліктің
ішінде кемені бір орыннан қозғалмады деуге боларлық еді.

Миссис Уэлдон картаға үңілді. Ол жер белгісі салынған
қоңырқай даққа қадала қарады. Бұл Тынық мұхит пен Атланд
мұхитының арасын бөліп тұрған Оңтүстік Америка жағалауы —

үлкен бөгет еді. Оңтүстік Америка жері ғана емес, тіптен шексіз
мұхит түгелдей сыйып тұрған картаға қарағанда, құрғақ жер өте
жақын және оған жету оншалықты қиынға соқпайтын сияқты
көрінді. Мұндай алдамшы әсер карта масштабына көзі үйреніп
әдеттенбеген адамдардың бәрінде де бола береді.

Миссис Уэлдон жерді бір табақ қағаздан көріп, нағыз жердің өзі
жақын және оған жетуге болады екен деп жорыды.

Егер дұрыс масштабымен «Пилигримнің» суреті осы бір табақ
қағазға түсірілсе, микроскоппен қарағанда ғана көрінетін тым ұсақ
жәндіктерден де кішкене боп көрінер еді. Көлемін біліп болмайтын
математикалық нүкте сияқтанып, ұшы-қиырсыз мұхит кеудесінде
жалғыз қалған «Пилигрим» де картаға түскенде көрінбей қалар еді.

Диктің пікірі, миссис Уэлдонның пікірінен мүлдем басқа болды.
Ол кеме мен құрғақ жердің арасы орасан алшақ, көптеген миль
екенін білді. Бірақ бұл жағдай оның қажырлы жігерін мұқата
алмады. «Пилигрим» үстіндегі адамдардың тағдырына
жауапкерлік, бала жігітті егде адам қатарына қосты.

Іске кірісіп әрекет ететін уақыт жетті. Солтүстік-батыстан жел
тұрып, сағат сайын күшейе түсті, бұлар енді ыңғай соққан желді
пайдаланып қалулары керек. Түпсіз аспанда қалқи көшкен селдір
бұлт бар, оған қарағанда жел жуық арада басыла қоймайтын тәрізді.

Дик Сэнд Том бастаған төрт негрді қасына шақырып алып:

— Достарым,— деді ол,— «Пилигримде» бізден басқа экипаж
жоқ. Сіздердің көмегіңізсіз ешбір маневр жасай алмаймын. Әрине,
сіздер теңізші емессіздер, бірақ сіздерде қарулы білек бар. Егер де
сіздер күш аямайтын болсаңыздар, біз «Пилигримді» басқара
аламыз. Біздің аман-есен жер басуымыз осыған байланысты.

— Капитан Дик,— деді Том,— менің жолдастарым және өзім де
сіздің матросыңыз болуға жан-тәнімізбен ризамыз. Күш-

қуатымызда мүлтік жоқ. Бес адам сіздің басшылығыңызбен
қолынан келгенінің бәрін істейді, істей алады да!

— Том қарт, тамаша айттыңыз! — деп айқайлады миссис
Уэлдон.

— Алайда, біз сақтық тәртібін сақтауға тиіспіз,— деді Дик
Сэнд.— Мен ешқандай орынсыз тәуекелге көз жұмып аяқ
баспаймын, желкен біткеннің бәрін көтермеймін де. Жай жүрсек,
аздаған уақыт ұттырармыз, бірақ оның есесіне қауіп-қатерден аулақ
боламыз. Жағдайдың жатқа қақсап бізге айтатыны осы тоқтам. Мен
сіздерге қазір міндетті орындарыңызды көрсетемін. Ал, өзім
әлімнің келгенінше штурвалда тұрам. Ара-тұра бірер сағат ұйықтап
та алармын. Бірақ менің демалысым соншалықты аз болса да,
штурвалды иесіз қалдыруға болмайды, сондықтан сіздердің
біреуіңіз менің орныма тұра тұруға тура келер. Том, қаласаңыз
штурвалды сізге үйретейін? Компастың көрсетуімен кемені бағытқа
қарай жүргізу оншалықты қиын емес. Талабыңыз болса, кемені
бағдарға туралап ұстауды оп-оңай үйреніп аласыз.

— Мен әзірмін, капитан Дик,— деп жауап қатты қарт негр.

— Жақсы,— деді жасөспірім.— Кешке шейін менімен бірге
штурвалда тұрыңыз, егер әлім құрып жығыла қалсам, сіз күні бүгін-
ақ менің орныма тұра алатын боласыз.

— Ал, мен ше? — деп сұрады кішкентай Джек.— Менің Дикке
тигізетін ешқандай пайдам жоқ па?

— Сенің оған пайдаң тиетіні сөзсіз ғой, бөбегім! — деді миссис
Уэлдон, баланы бауырына қыса түсіп.— Кеме басқаруды саған да
үйретеді, сен штурвалда тұрсаң, жел ыңғайдан соғатынына сенімім
кәміл.

— Әрине, мама, әрине! — деп бала қолын шапақтап айқайлап
жіберді.— Мен бұған уәде берем!

— Ие,— деді Дик Сэнд күліп,— жақсы юнга — кеменің ырысы,
ол жүрген жерде жел де ыңғайдан соғады дейді қарт теңізшілер.

Дик Томға және басқа негрлерге қарап:

— Достарым, іске кірісейік! Гротты көтеру керек. Сіздерге
істелетін істің жөнін көрсетейін, сіздер менің нұсқауымды мүлтіксіз
орындауға тиістісіздер,— деп үстеді, жас капитан.

— Бұйырыңыз, капитан Сэнд, біз дайынбыз,— деп жауап қатты
Том қарт.

Оныншы тарау


Click to View FlipBook Version