Казонде базарына піл сүйектері Орталық Африкадағы
акториялардың бәрінен келтіріліп, сол арадан Хартумға,
Занзибарға, Натальға жөнелтіледі.
Европа базарларын, әсіресе Англияның базарларын қамтамасыз
етуге жыл сайын бес жүз мың килограмм піл сүйегі керек, оны табу
үшін қанша піл өлтірілетінін көз алдыңа елестетуге дәтің
шыдамайды.
Тек бір ғана Англияның өндіріс орындарын қанағаттандыру
үшін жыл сайын қырық мың піл94 өлтіруді керек қылады.
Орта есеппен алғанда пілдің бір жұп азу тісі жиырма сегіз
қадақ, алайда жүз алпыс қадақ, тіптен одан да басым келетін кейбір
ірілері де болады.
Сатушылар мен алушылар саудаласып өзара келісімге келгенде,
қалай есеп айырысады? Олар ақшаның қай түрін пайдаланады? Ал
құл саудагерлерінің бірден-бір бағалы заты құл екені мәлім.
Жергілікті халықтар Венеция фабрикасында істеліп шығатын
шыны моншақты ақша орнына пайдаланады, олар ақ моншақты —
качоколо, қара моншақты — бұлбұл, қызыл моншақты —
сикундереч деп атайды. Он қатар моншақтан жасалған алқаны
фундо дейді. Олардың фундо дегені баға жеткісіз мол қазына.
Ливингстон, Камерон мен Стенли Африканың алыс түкпірін
зерттеуге баpa жатып моншақ ақшадан көп алып кеткен.
Сондай-ақ шыны моншақтармен қатар Африка базарларында
виуанга — шығыс жағалауларында болатын ұлудың қабыршағы да
ақша орнына жүреді. Бұлар ұсақ ақша ретінде пайдаланылады.
Адам жейтін рулар үшін адамның тісі де бағалы зат. Казонде
базарынан адам тісінен алқа таққан сол жақтың кейбір адамдарын
да көруге болады, бұл адам мойнына таққан тістің иесін өзі жеген
деп ұғыну керек. Соңғы жылдары ақшаның бұл түрі пайдаланудан
қала бастады.
Жәрмеңке күндеріндегі базар алаңының түрі осындай. Түс
әлетінде айқай-шу әдеттен тыс күшейіп, жалпы толқушылық
басталады. Товарларын өткізе алмай сатушылар безектесе, қымбат
сұрайсың деп алушылар да бажылдайды. Даурыққан тобырдың әр
жерінен төбелес шығады, бірақ бұларды ешкім арашалап
айырмайды.
Түстен кейін Альвец өзінің базарға салатын еріксіздерін алаңға
шығаруға бұйырды. Топырлап жүрген базар халқына бірден екі
мыңға жуық адам қосылды. Бұл тірі товарлардың көпшілігі бірнеше
ай барактарда қамаулы жатқан сорлылар еді. Көп уақыт тыныш
жатқан демалыс пен қанағаттана ішіп-жеген ас бұл топтағы
«товарлардың» ажарын кіргізіп, өздерінің базардағы бағасын
жоғары көтертті. Жаңа келгендердің халі басқаша еді. Бұлар ұзақ
сапардан әбден шалдығып болдырған, реңдері аурудан тұрған
сияқты. Егер Альвец жаңа келген еріксіздер тобын тағы бірер ай
бақса, оларды жоғары бағаға сататынында сөз жоқ. Бірақ құл
алушы адамдар соншама көп болғандықтан, құл саудагері бұларды
асырап шығынданбай-ақ сол күйінде сатып жіберуге ұйғарды.
Бұл жағдай Том мен оның үш жолдасы үшін барып тұрған
бақытсыздық болды. Бұларды хавильдарлар айдап әкеліп базардағы
толып тұрған еріксіздер тобына қосты.
Төртеуі де бұрынғысынша шынжырлаулы болатын, бірақ
олардың қанадан шыға ызалы екендігі көз қарастарынан-ақ белгілі
еді.
— Дик қайда екен, ол мұнда жоқ қой! — деді Бат алаңды
көзімен айнала бір шолып шығып.
— Мәселе түсінікті! — деді Актеон.— Оны құлдыққа сата
алмайды.
— Бірақ оны өлтіре алады, сөз жоқ өлтіреді де! — деді Том.—
Ал біздің бәрімізді бір құл саудагері алса екен деп тілейік. Ең
болмаса бірге болар едік!
— Аһ, көкежан-ай, менен сені бөліп әкетеді деп айтудың өзі
қандай қасірет!.. Сен байғұс қартайған шағыңда құл боламысың...—
деп Бат өксіп-өксіп өкіріп қоя берді.
— Жоқ,— деп жауап қатты Том.— Жоқ, олар бізді айырып
сатпайды. Мүмкін, бізге бірер жағдай...
— Бізбен бірге Геркулес болар ма еді! — деді Актеон.
Бірақ алып негр хабар-ошарсыз кетті. Ол Дикке хат жіберген
күннен бастап зым-зия жоқ. Геркулестің өмірі кісі қызығуға
тұрарлық па? Ол бостандықта өлсе де, өз басын қорғай жүріп өледі
ғой. Ол құлдықтың шынжырлы азабын көрген жоқ.
Енді сауда да басталды. Альвецтің агенттері еріксіздің тобына
кіріп аралап жүр, сатылатын адамдардың ішінде еркек те, әйел де,
бала да бар. Ері әйелінен айрыла ма, әкесі баласынан айрыла ма
немесе анасы қызынан айрыла ма оныңмен құл саудагерлерінің ісі
жоқ. Бұл адамдар үшін еріксіздер өздерінің асыранды малы
сияқты...
Томды жолдастарымен қоса саудагерден саудагерге көрсетіп
базар қыдыртты. Бұлардың алдына түсіп бастап жүрген агент
Альвецтің бұл төртеуіне қойған бағасын айқайлап жар салып
келеді. Орталық өлкелерден келген құл алушы арабтар немесе
будандар жақынырақ келіп «товарды» бастан-аяқ көріп жатыр. Құл
алушылар Замбези мен Луалаба жағалауынан айдалып келген
негрлерден Томның жас жолдастарының түрі мүлдем басқа екенін
байқап таң қалысты, бұлар күш-қуат жағынан да, дене
құрылысынан да басқа құлдардан анағұрлым шоқтығы биік еді.
Сондықтан да бұларға жоғары баға қойылған-ды. Алыпсатарлар
еріксіздердің бұлшық еттерін қысып, ауыздарын ашып қарап шыр
айнала көріп жүр, мұндағылардың жәрмеңкедегі жылқы алып
сататын жалдаптан бірде-бір айырмасы жоқ. Олар сатылатын
адамның жүрдек немесе шабан екендігін байқау үшін таяқты
лақтырып жібереді де, оның артынан саудаға түскен еріксізді
жүгіртіп сынайды. Құл алушылар саудалаған еріксіздерінің бәрін
осылай тексеріп жатыр. Мына қорлықтан сатылушылардың
ешқайсысы құтылмады. Еріксіз сорлылар бұл кемсітуді елемеді,
оларға ешқандай әсер етпеді деп шамалауға болмайды. Мәселе
мүлдем басқаша! Өздерінің адамгершілік қасиетінің қорланғанын
сезерлік сезім оларда да бар, кім де болса мұндай қорлыққа
намыстанады, ұялады, өздерін қалай қорлап жатқанға тек балалар
ғана түсінбейді.
Бұл аз болғандай еріксіздерді ұрып-соғып балағаттап жатыр.
Дүмбілез мас Коимбра мен Альвецтің агенттері базарға салынған
құлдарға өздерінің ең жек көретін малындай қарайды. Құл
сорлылар өмірдің барып тұрған ащы қорлығын, өздерін піл
сүйегіне, матаға, моншаққа сатып алған жаңа қожайынынан көруі
де мүмкін.
Құл саудагерлері бірінен бірі айрылып бара жатқан
жұбайларды, баласынан айрылып бара жатқан аналарды бірімен
бірін қоштастырмады да. Ол сорлылар бірін-бірі базар алаңында
көрді де, мәңгі айрылысты.
Әдетте құл алып сататын саудагерлер әйелдерді байымен қоса
сатып алмайды. Оның мәнісі былай: Шығыс мұсылмандарында көп
қатын алатын салт бар, әйелдерді соларға апарып сататын
саудагерлер ғана алады. Сондықтан күңдікке сатылатын әйелдер
Африканың солтүстігіне жөнелтіледі. Ал еркектер Испан
отарларына, Маскат пен Мадагаскарға апарып ауыр жұмыстарға
пайдаланылады. Соның үшін еркектер батысқа немесе шығыс
жағалаудағы факторияларға жөнелтіледі. Ерлі-зайыпты
жұбайлардың бірінен бірі айрылысардағы қоштасуы жан
түршігерлік аянышты көрініс, өйткені олар мәңгілік айрылысып
бара жатыр, олар өлетінін, бірін бірі енді қайтып көрмейтінін
біледі.
Томдардың тілегі қабыл болды. Олардың төртеуі де бір қолға
сатылды. Бұл базарда осы төртеуіне алушы көбейіп еді.
Уджиджилік бірнеше саудагерлер бұларға таласып керісіп те
қалды. Хозе-Антонио Альвец бұған қуанып алақанын уқалаған.
Американдардың бағасы көтерілді. Бұдан бұрын Казонде
базарынан ұшырамаған мұндай қайратты құлдарға бірсыпыра
саудагерлер таласып тіптен төбелесіп қала жаздады. Альвец
бұларды қайдан түсіріп алғанын әрине, айтқан жоқ, американдық
төрт негр жергілікті тілді білмегендіктен ешнәрсе түсіндіріп айта да
алмаған.
Ақырында бұларды бір бай араб саудагері сатып алды. Жаңа
қожайын бұларды бірнеше күннен соң Танганьика көліне
жөнелтпек болған, саудагердің көздеген мақсаты, ол жерден
Занзибар факториясына аттандыру еді.
Бұлар межелеген жерге тірі жете ала ма? Өйткені Томдар
Орталық Африканың бықып жатқан аурулы да ең қатерлі өлкелерін
аралап мың жарым миль жол жүрулері керек.
Мұндай ұзақ жолға кәрі Томның халі жетер ме екен немесе бұл
азапты көтере алмай, Нан сияқтанып жолда өле ме?..
Дегенмен, төрт дос бірінен бірі айрылмады. Осы қуаныштың
арқасында белдерін басқан ауыр шынжыр жеңілейіп кеткендей
болды.
Бұлардың жаңа қожайыны — араб өзінің сатып алған
еріксіздерін бөлек баракқа апарып қаматты. Ол Занзибар базарына
сатып мол пайда түсіремін деп үміттенген «товарларын» аман
сақтаудың қамын жасады.
Томды, Батты, Остин мен Актеонды сол сағатында базар
алаңынан алып кетті. Сондықтан да бұлар Казонде жәрмеңкесінің
күтпеген уақиғамен аяқталғанын көрген жоқ және білмеді де.
Он бірінші тарау
КОРОЛЬ ПУНШАСЫ95
Түстен кейін сағат төрттің кезінде үлкен көшенің арғы басынан
гүмпілдеген барабанның, сылдырлаған цимбалдың, тағы басқа
африкалық музыка құралдарының үні естіле бастады. Бұл уақыт
базардың әбден қызып болған кезі еді. Саудаға әбден елігіп алған
саудагерлердің шаңқылдаған ащы дауыстары жарым күндік
таласқа, төбелес пен айқай-шуға қарлығар емес, жалығатын да түрі
жоқ.
Алушы жағы әбден қызып алған, бағаны бірінен бірі асырып
беріп, құлдарды топ-тобымен алып жатыр. Қарап тұрсаң Лондон
биржасының қызған күндеріндегі жалдаптар саудасынан ешбір
айырмасы жоқ.
Бірақ әлгі кенет естілген дөрекі концерттің үні аяқталмаған
сауда келісімінің бәрін кейінге қалдыртты, айқайшылардың да
үндері өшіп тыныстай қалды.
Казонде королі Ұлы мәртебелі Муани-Лунга базарды аралап
көргісі келіпті. Оның қасында өзінің әйелдері мен «мемлекет
чиновниктерінен», солдаттар мен құлдардан құралған нөкерлері
болыпты. Альвец пен тағы басқа құл саудагерлері асығып-үсігіп
Муани-Лунганың алдынан шықты. Маскүнем патшаның жарамсақ
сөздерді жаны сүйетінін құл саудагерлері жақсы білетін-ді,
сондықтан да олар патшасынан тәтті сөздерді аяған жоқ.
Король китандасы базар алаңының ортасына келіп тоқтады, сол
сәтте оншақты қызметкер қолтықтап мәртебелі корольге жер
бастырды.
Муани-Лунганың жасы әлі елуге жетпеген, бірақ түріне
қарағанда оны сексенде деуге боларлық еді. Корольдің басында
қабылан тырнағын қадап, бір уыс ақ жүн жапсырған бөрік сияқты
бірдеңе бар. Бұл Казонде әміршісінің «тәжі» еді. Беліне бөкен
терісінен тігіп, інжумен кестелеген екі белдемше байлапты.
Корольдің төсі шым-шытырық мәнерлермен кестеленген. Бұл,
тұқым қуалаған корольдіктің белгісі еді. Егер бұл куәлікке
иланатын болсақ, Муани-Лунганың ата-бабасынан қалған қара
шаңырағы талай ғасырдың шаңын жұтқан. Корольдің жіліншігінде,
білегінде жезден жасалған білезіктер қозғалса болды, сылдыр
қағады. Аяғында қонышының аузын сарымен көмкерген лакейлер
киетін етік. Альвец бұл етікті корольге бұдан жиырма жыл бұрын
сыйлыққа берген-ді. Корольдің сол қолында тұтқасын күміспен
қаптаған таяқ, оң қолында сабын инжумен өрнектеген желпуіш.
Әміршінің сәнді киімінің түрі: итальян майрампаздарының
шалбары сияқты, қырық құрау түрлі түсті матадан тігілген шұп-
шұбар қолшатыр көтерген, мойнында Бенедикт сорлының
үлкейткіш әйнегі салақтап жүр, мұрнының ұшына қойып жүретін
көзілдірігін де киіп алған, бар болғаны осы-ақ. Үлкейткіш әйнек
пен көзілдірік Баттың қалтасынан табылып, бұл заттарды Альвец
ұлы мәртебелі корольге сыйлық етіп еді.
Айнала төңірегі жүз миль келетін тұтас бір аймақ елді жалғыз
билеп отырған негр патшасының түр-сипаты міне осындай.
Муани-Лунга өзінің корольдік дәрежеге ие болуын тұп-тура
құдайдың өзі берген бақыт деп түсінетін. Қарамағындағы
бұқарасының бұған шек келтіруге батылдық еткендері болса,
мұның шындығын құдайдың өзінен барып сұраңдар дейтұғын.
Муани-Лунга өзін құдай тектес адаммын деп жариялап, қарапайым
адамдардың өмір сүрулеріне қажетті заттардан аулақпын дейтұғын.
Ол, ас жемей-ақ қояр едім, ұнатқандықтан жеймін, ішімдікті де
ішпес едім, халықтың өздері әкеліп береді, олардың ықласын халас
ету, әрине ұят қой, сондықтан амалсыз ішемін, дейтұғын жарықтық.
Расын айтсақ, мәртебелі тақсырдың арақтан аузы құрғамайтын,
оның ішкеніндей пенде баласы ішіп көрмеген шығар. Корольдік
министрлер мүлдем ем қонбайтын маскүнем болғанымен,
әміршісіне қарағанда, олар анағұрлым айық адамдар сияқты. Ұлы
мәртебелі король тырнағына дейін спирттеліп қалған кісі. Ол күн
сайын помбе сырасын, әсіресе арзан бағалы «ямай ромын»
сімірумен болатын, ал корольдік қоймадағы ішімдік қорының
ортайып қалған олқысын Альвец толтырып тұратын-ды.
Муани-Лунганың гаремінде кәрі-жасы аралас түрлі дәрежедегі
сан алуан әйелдері тұратұғын. Солардың көпшілігі корольге еріп
бір күні базар алаңына келеді. Ханым атағына ие болған король
бәйбішесі Муана қырықты орталаған қартаң әйел. Оның басында
тор көзді шұбар орамал, үстінде шөптен тоқыған белдемшесі бар,
онысын моншақ қадап сәндеген болыпты. Сирағы, мойны мен
білегі сіресіп тұрған моншақ алқа, сыйғанынша білезік кигізіпті.
Таспалап өрген сансыз бұрымсымағы бала мысықтың құйрығындай
селтеңдеп құртымдай ғана шүршиген бетін көмкеріп тұр. Қысқасы,
король ханымын нақ албастының өзі десе болар еді. Ұлы мәртебелі
тақсырдың басқа әйелдері патшасының әмірін күтіп, міндеттерін
дереу орындауға әзірленіп бәйбішенің артында келе жатыр. Егер
король отыратын болса, әйелдерінің біреуі төрт тағандап тұра
қалады да, корольге жанды орындық бола қалады, енді біреуі жерге
жата кетіп аяғының астына төселген кілем бола кетеді.
Король әйелдерінен кейінгі қатарда Муани-Лунганың
министрлері, әскер бастықтары мен сиқыршылары келе жатыр,
өздерінің әміршісі сияқты олар да мас, аяқ басуға шамалары жоқ.
Бұл жабайылардың бірден көзге түсерлік белгілері бар, бәрінің де
бір-бір дене мүшелері кеміс: біреуінің бір құлағы жоқ — шұнақ,
біреуінің мұрны пұшық, енді біреуінің қолы шолақ, тағы біреулері
соқыр. Олардың ішінде он екі мүшесі түгел бірде-біреуі жоқ.
Мұның мәнісі, Казонденің заң шығарушысы жазалаудың екі-ақ
түрін біледі екен. Біреуі өлім жазасы да, екіншісі дене мүшелерінің
бірін жою, алайда жазаның түрі Муани-Лунганың көңіл-күйіне
байланысты көрінеді.
Корольдің қызмет жөніндегі жақын адамдары болмашы ғана
кінәсі үшін кеміс болып денесіне мәңгілік дақ түсіріп алады екен.
Аудан басшылары тегісінен қызыл көкірекше киеді Бастарына
зебра терісінен қалпақ киіп, қолдарына өз өкіметінің белгісі —
ұзын бамбук таяқ ұстайды.
Солдаттары өткір қайралған пышақ, садақ, әдемі оюлаған
пальма сойылдарымен қаруланған, олардың шабуылға да,
қорғанысқа да қолданатын бірден-бір қарулары осы ғана. Мундир
дегеніңіз атымен жоқ, ұлы мәртебелі королі солдат мундиріңе
шығынданғысы келмесе керек.
Салтанатпен келе жатқан корольдің екі жағын сарай
сиқыршылары мен музыканттар қоршаған. (Олардың сиқыршы
дегені — бақсы, құшнаштар.) Ол кезде емшілік міндетін
сиқыршылар атқарады екен. Африкалық жабайылар
сиқыршылардың күп-сүбін керемет деп иланатын. Дегенмен басқа
сарай адамдары сияқты сиқыршылардың да көпшілігі майып.
Шамасы олардың берген дәрісінен ешқандай шипа болмаған соң,
корольдің қаһары келіп, сиқыршыларына да өзі білетін жазаны
қолданса керек.
Музыканттар — еркек, әйелі аралас — барабан соғып,
дарылдауық тартып шу көтерді. Барабан соғатын таяқтарының бір
басына кішігірім қауақ байлап алған. Қысқасы, у-шудан құлақ
тұнарлық.
Король нөкерлері корольдік ту көтеріп келе жатыр.
Жауынгерлер, Муани-Лунгадан жеңілген іргелес елдердің
рәсемдерінің бас сүйектерін найзаға шаншып алған. Корольді базар
алаңындағылар жаппай шуласа құттықтап қарсы алды. Керуен
күзетіп келген солдаттар мылтықтарын аспанға атып құрмет
көрсетті, бірақ мылтық даусы ызаланған топтың айқай-шуына сіңіп
жоқ болды. Хавильдарлар корольдің аяғына жығылып жатыр.
Альвец алға шығып, корольге үлкен қалбыр темекі ұсынды,
Казондеде темекіні «рахат шөбі» деп атайды. Альвецтің бұл
сыйлығы дәл уақытында берілген тарту болды, өйткені сол кезде
Муани-Лунга не де болса құмар тарқататын бірдеңеге зауқы
шауып, ертеден бері көңілі көтерілмей, тұла бойы құрыстап жүрген.
Альвецтің артынан Коимбра, Ибн-Хамис тағы басқа құл
саудагерлері Казонденің құдіретті әміршісіне шын берілгендіктерін
білдіріп сәлем берді.
«Мархаба!»—деп айқайлады арабтар, алақанымен беттерін
сипап, сосын екі қолын төсіне айқастырып бастарын иді. Орталық
Африканың жергілікті арабтарының тілінде «мархаба» — «хош
келдіңіз» деген мағынада. Уджиджилік будандар қол шапалақтап,
бастары жерге жеткенше иіліп құлдық ұрды.
Бірақ Муани-Лунга өзінің алдында жер өбіп жалпылдап
жүргендерге қараған да жоқ. Басқан жерін ойып жіберердей-ақ,
аяғын алшаңдай басып жүре берді. Сол қалпымен базар алаңын бір
айналып, базарға салынған құлдарды көріп шықты. Мынаны
сарайға апарыңдар деп көңіліне ұнаған кейбір құлдарды меншіктей
сала ма деп құл саудагерлері корольден қорықса, мына қанішер
жауыздың қолына түсіп қалмағай едік деп құлдар одан да бетер
қорқуда еді.
Негоро Альвецтен бір адым қалмай еріп, король алдына құл
саудагерімен бірге барды. Олар жергілікті тілде сөйлесіп келе
жатыр, сөйлесті деген тек құр аты ғана, король сиырша мөңірей
адам түсінгісіз әлденені былдырлай береді. Казонде әміршісі бар
арағын сол күні ішіп сарыққан еді, енді соның орнын толтыра гөр
деп Альвецке жалынған сөздеріне ғана түсінуге болады.
— Король Лунга Казонде базарының сый қонағы ғой!— деп
даурықты Альвец.
— Кеңірдегім кеуіп барады! — деп жұлқынды король.
- Жәрмеңке пайдасынан король өз үлесін алады! — деп үстеді
Альвец.
— О, шіркін, жұтатын бірдеңе болар ма еді! — деп тамсанып
король арманын міңгірлей берді.
— Достым Негоро ұзақ уақыт жоғалып кетіп, ақырында аман-
есен корольмен дүз көріскеніне аса қуанышты!..
— Жұтатын бірдеңе бересіңдер ме, жоқ па? — деп ақырды
маскүнем патша, оның аузынан былай да арақ исі мүңкіп тұрған.
— Помбе берейік пе, әлде бал шарабын келтірейік пе, король
қайсысын ұнатар екен? — деп сұрады Муани-Лунганың қандай
арақты сүйсініп ішетінін жақсы білетін жәдігөй саудагер.
— Жоқ... жоқ! — Король айқайлап жіберді.— Отты су беріңдер!
Отты судың әрбір тамшысы үшін мен достым Альвецке...
— Ақ адамның бір-бір тамшы қанын береді! —деп Негоро
корольдің сөзін жалғап жіберді де, Альвецке қарап астыртын ым
қағып еді, құл саудагері оған түсіне қалғандай басын изеді.
— Ақ адамның қаны деймісің? Сонда ақ адамды өлтіру керек
пе? — Муани-Лунга қайталап сұрады. Бұл ұсынысты естігенде
оның жабайы сезіміне жан еніп бірден жадырап сала берді.
— Ақ адам Альвецтің бір аяулы агентін өлтірді,— деп португал
сөзін жалғап қойды.
— Гэрристі өлтірді,— деп Альвец те үстеді.— Біз одан кек
алуымыз керек.
— Олай болса ол қанішерді Заирдың жоғарғы жағындағы
Массонго корольге жөнелту керек. Ассуаның жауынгерлері оны
тірідей турап жейді. Олар адам етінің дәмін әлі ұмытқан жоқ,—
деді Муани-Лунга.
Корольдің бұл айтқаны рас еді. Орталық Африкадағы
бірсыпыра руларда адам етін жейтін әдет әлі бар-ды. Ливингстон
өзінің жол дәптеріне, Луалаба жағалауын мекендейтін маньем
рулары соғыста өлген адамдардың етін жегені былай тұрсын, тіптен
сойып жеу үшін әдейі құл сатып алады екен деп жазған болатын.
Муэне-бугга деген адам жегіш руларға Камерон да кездесіпті, ал
Стенли адам жегіштерді Оукустың тұрғын халықтарынан көрген
екен.
Бірақ та корольдің Дикке ойлап тапқан жазасы қаншама жан
түршігерлік ауыр болса да, Негороға ұнамады, оның ойы Дикті өз
уысынан шығармау еді.
— Бұл ақ адам біздің досымыз Гэрристі Казонде қаласының
өзінде өлтірді ғой,— деді Негоро.
— Ол осы арада өлуге тиіс,— деп үстеді Альвец.
— Альвец, сен оны қалаған жеріңе апарып өлтіре бер,— деп
жауап қатты король.— Тек қана уәдеңді жұта көрме, ақ адамның
әрбір тамшы қанына сонша тамшы отты су бересің маған.
— Тиісті отты суыңызды аласыз, король! — деді құл
саудагері.— Сіздің алатыныңыз жалыны шықпай жанатын су!
Хозе-Антонио Альвец бүгін корольді пуншамен сыйлайды!
Маскүнем король Альвецтің алақанына құлаштап тұрып шарт
еткізді. Қуанғанынан есі шығып, не болғанын өзі де білмей қалды.
Жабайылар отты судың қалай жанатынын ешқашан көрмеген-ді,
отты суды лаулап жанып тұрған күйінде ішеді деп шамалайтын.
Соры қайнаған Дик! Оған азаптың қандай жан түршігерлік
түрін дайындап қойды екен! Егер мас болса, мәдениетті адамдар да
естерінен танып адам сиқынан айрылады ғой. Ал жабайылар мас
болса, үмітіңді үзе бер!
Ақ адамға берілетін азап тек бұрыннан бас араздығы бap
Негороның қалауынша ғана емес, Альвецтің де, Коимбраның да,
тағы басқа құл саудагерлерінің де қалауымен орындалатын болды.
Әне-міне дегенше болмай күн батып, қаракөлеңке түспей-ақ түн
болды.
Альвецтің ұлы мәртебелі корольге ішімдіктің жаңа түрін
ұсынуы шынында таптырмайтын ақыл еді. Соңғы кездерде Муани-
Лунга, отты су өзінің даңқты атағын ақтамады деп ойлай бастаған-
ды. Ақыл сезімінен айрылып былдырлап қалған корольдің тіліне
отты судың шипа болуы ықтимал.
Сөйтіп, ол күнгі кештің программасына бірінші кезек пунша
қайнату, екіншісі ақ адамды азаптап өлтіру мәселесі енгізілді.
Дик Сэнд жападан-жалғыз қамауда жатыр, бұл арадан тек өлім
жазасын тарту үшін ғана шығуы керек. Базарға салынған
еріксіздердің өтпей қалғандарын айдап апарып баракқа қайта
қамады. Кең алаңда тек қана король, мемлекет қызметкерлері, құл
саудагерлері мен хавильдарлар қалды. Бұлар король мен сарай
адамдарынан аз-мұздан сарқыт қала қойса, пуншадан ауыз тиерміз
деп дәмеленіп еді.
Хозе-Антонио Альвец Негороның мәслихатымен пуншаға
керекті заттардың бәрін жеткізді. Құл саудагерінің әмірі бойынша
алаң ортасына кем дегенде екі жүз пента96 су сыйғандай бақыр қазан
әкеліп қойды. Оған кішігірім екі-үш кеспек ең төмен сапалы спирт
құйды. Бұл спирт төмен сапалы болғанымен аса күшті еді. Оның
үстіне бұрыш тағы басқа сол сияқты ащы заттар қосты, өзі ащы
арақ енді бұрынғысынан бетер құтыра түсуге тиіс.
Ішкілік мәжілісіне қатысқандар корольді айнала қоршай
отырысты. Муани-Лунга аяғын тәлтіректей басып қазанға барды.
Қайнап жатқан арақ корольді өзіне қарай магнитше тартып бара
жатыр. Король ошақ басына барды да, сүңгіп кеткелі тұрғандай-ақ
қазанға үңіле қалды.
Альвец маскүнем патшаны сүйемелдеп тұрып қолына білте
ұстатты да, ұшына от тигізді.
— От! —деп айқайлады ол сиқырлы күлкімен.
— От! — деді де Муани-Лунга жанып тұрған білтені қазандағы
спиртке тигізді. Спирт от алған бойда қазанның бетінде көгілдір
жалын ойнады. Ішімдік күшейген үстіне күшейе түссін деп Альвец
қазанға бір уыс теңіз тұзын таптап жіберді. Қазанды айнала
қоршаған адамдарға, жанған спирттің көгілдір сәулесі түскенде,
елес сияқтанып көрінді. Жабайылар арақты ұрттамай жатып-ақ
қайнап жатқан спирттің исіне де мас боп қалды, қол ұстасып би
билеп Казонде королін шыр айнала өкіріп-бақырып базар алаңын
басына көтерді.
Құл саудагері ұзын сапты ожауын қолына алып қазандағы
пуншаны сапырып тұр.
Мәртебелі король қазанға төніп барды да, Альвецтің қолындағы
ожауды жұлып алып, жалындап жатқан пуншаға бір көсіп жіберді
де, толы ожауды сіміріп салып шыңғырып жіберді.
Жастайынан-ақ спиртпен ысталып қалған мәртебелі король, от
алған бензиндей лап етіп тұтанды да кетті. Король денесі алаулап
жанбаса да, сөнбестен күлгірлеп жана берді. Аяқ астынан тап бола
кеткен бұл көңілсіз уақиға сауықшылардың көңіл-қошын быт-шыт
қылды.
Корольдің бір министрі әміршісінің денесін қаулаған отты
сөндіруге қамданып қожайынына жақындай беріп еді, өкінішке
орай, король сияқты, ол да тірілей-ақ спирттеліп қалған екен, сол
сәтте-ақ жана бастады.
Мына үрейлі өлім корольдің сарай адамдарын түгелдей
қаусатып жіберді. Өйткені, министрлердің бәрі түп-түгел маскүнем
болатұғын.
Альвец пен Негоро жанып жатқан корольдің отын сөндіруге
батылдық ете алмады. Өйткені, олардың өздері тірілей спиртпен
ысталған жандар еді. Король әйелдерінің үрейі ұшып бет-бетіне
қаша жөнелді. Ал, Коимбра корольге жақындаса-ақ болды, отқа
бензин тамызғандай-ақ, лап ете қалатынын біліп әлдеқашан зытып
тұрған.
Король мен министр күйген терідей құрысып әлі шыңғырып,
күйіп жатыр.
Алкоголь еттің майлы тарамына әбден сіңіп алса, жанған
кезінде майлы денеден болмашы ғана көгілдір жалын көрінеді, оны
сумен сөндіру мүмкін емес. Спирт сіңген жанды организм жанса,
оны сөндірудің ешқандай амалы жоқ...
Бірнеше минуттан соң корольдің өзі де, министрі де тіршілікпен
мәңгілік қош айтысты. Бірақ, олардың өлі денесі сөнбестен жана
берді. Кешікпей-ақ пунша толтырылған қазан басында бір уыс
күлмен, жанып бітпеген саудыраған сүйектер ғана қалды.
Казонде королі мен оның бас министрінен қалған жұрнақ міне
осы ғана.
Он екінші тарау
КОРОЛЬДІ ЖЕРЛЕУ
Ертеңіне, майдың жиырма тоғызы күні Казонде қаласы адам
танығысыз түрге айналды. Жергілікті халықтар көшеге шығуға
қорқып үйді-үйлеріне тығылысты. Құдай тектес король мен
министрдің өліміндей жантүршігерлік өлімді олар ешқашан көрген
емес. Жергілікті халықтардың арасында кейбіреулері, қарттары
ғана жай адамдардың етін отқа қақтап көргендері бар-ды.
Африканың өткен замандағы адам сойып өткізетін мерекесіне
алдын ала зор дайындық керек, өйткені адам еті оңайлықпен
қуырыла қоймайтынын сол дәуірдің кәрі көздері жақсы біледі. Ал
король мен министрдің денесі қураған тамызықтай-ақ оп-оңай
жанып кетті. Мұнда бір құпия сыр болуы мүмкін...
Хозе-Антонио Альвец те үйінен шықпай жатып алды. Ол, мына
уақиғаның жауапкерлігін жұрт өзіне аудара сала ма деп қорыққан
еді. Негоро оған король өлімінің себебін түсіндіріп, өзің де сақ бол
деп ескертті.
Егер корольдің өлімі құл саудагеріне аударылса, Альвец
бейшараның халі нашарға айналар еді. Бұл бәледен көп шығынсыз
құтыла алмайтыны айдан анық. Бірақ Негороға бір тамаша ой сап
ете қалды. Сөйтіп, португалдың мәслихатымен халық арасына
мынадай лақап таратылды: Казонде королінің әдеттен тыс жағдайда
қаза болуы — Ұлы Маниттің ерекше рақымы деп ұғыну керек,
жаббар иенің мұндай өлімді сирек пендесіне ғана береді.
Не болса соған илана беретін надан халықтар мына жасанды қол
дұзаққа іліне кетеді. Король мен министрдің денесін жалмаған
қасиетті от деп жарияланды. Ендігі қалғаны дәрежесін құдай
көтерген адамдарға лайықты құрмет көрсетіп жерлеу ғана.
Жерлеу мәселесіне, анығырақ айтқанда айырықша салтанатпен
жерлеу мәселесіне байланысты, Негороның Дикпен есеп
айырысуына мүмкіндік болды.
Егер Орталық Африканы зерттеген бірнеше ғалымдардың,
соның ішінде Камеронның өз көзімен көріп жазып қалдырған хаты
болмаса, Муани-Лунга сияқты негр патшасын жерлеу кезінде
қаншама қан төгілгеніне ешкім сенбес еді.
Корольдік таққа корольдің бәйбішесі Муана ханым мұрагер
болуға тиіс. Муана ханым корольдік правоны қолына түсіруге
асықты. Өлген корольді кешіктірмей жерлеу мәселесіне әзірлік
жасауға әмір беріп те қойды. Осы әмірімен өзінің жоғары дәрежелі
правосын жариялап, басқа да дәмеленушілердің де, әсіресе Оукус
корольдің алдын орап үлгірді. Муана мемлекет басқарушысы
болып алды да, өлген корольдің басқа әйелдерінің өзіне деген
күндестік әрекетінен құтылды. Корольдің бәйбішесі еді ғой Муана
ханым, басқаларынан жасы да үлкен, енді өзіне талай рет жәбір
көрсеткен кіші күндестерінен де құтылатын болды. Сондықтан
өлген корольдің денесін жерлеуге тиісті ғұрыптардың бәрі
сақталады, өлік келесі күні кешкісін жерленеді деп жар шақыртты.
Жаңа болған ханым патшаның әміріне сарай адамдары болсын,
бұқарасы болсын, ешқандай наразылық білдірмеді, Муана
ханымның таққа отырып патша болуына Альвец тағы басқа құл
саудагерлері де қуанбаса ренжіген жоқ. Олар жаңа королеваға
сыйлықтар беріп, жағымпаздануларының арқасында оны оп-оңай өз
ықпалдарына көндіріп алатындарына шектенбеді.
Сөйтіп, өлген корольдің тақ мирасы әп-сәтте бейбіт шешілді.
Тек король марқұмның әйелдері ғана қатты қайғыда қалды. Әрине,
мұның себебі де бар-ды.
Өлікті жерлеу дайындығы сол күннен-ақ басталды. Куанго
өзенінің суы мол, ағысы қатты бір тарауы Казонденің үлкен
көшелерінің бас жағынан ағып өтетін-ді. Жаңа королева қабірді осы
өзеннің табанынан қазуға әмір берді. Мұның үшін өзен ағысын
уақытша бұра тұру керек қой. Жергілікті халықтар өзенге бөгет
соғып ағысқа тосқауыл жасай бастады. Жерлеу салтанаты
аяқталысымен бөгетті бұзып суды ескі арнасына түсіруі керек.
Негоро король қабірінің басына әкеліп шалатын
құрбандықтардың қатарына Дикті де қосуға ұйғарды. Миссис
Уэлдон мен кішкентай Джекті өлді деп естігенде Диктің қандайлық
күйінгенін Негоро өз көзімен көрген. Егер Дик бостандықта болса,
су жүрек Негоро оның қасына баруға да қорқар еді. Бірақ қазір
Диктің қол-аяғы бұғауда болғандықтан португал оны дәрменсіз
көрді де, қастасымен жүздесуге ұйғарды.
Бұл оңбаған құрбандығына қорлық көрсетіп, әбден жәбірлемесе
көңілі көншімейтін барып тұрған қаныпезердің өзі еді. Құрбан
болатын адам азап шексе, оның қиналғанын көріп жаны сүйінетін
ол ғалымның.
Негоро бір күні хавильдар күзетіп тұрған сарайға келді, онда
Дик Сэнд қол-аяғы байлаулы, сыз жерде қамауда жатқан. Кейінгі
күндері оған мүлдем нәр татырмай қойып еді. Басқа түскен ауыр
қайғы, байлаулы арқанның денені қиған азабынан әбден әлсіреген
Дик, бұл қасіреттен тек өлім ғана құтқарар деп ойлаған-ды.
Бірақ ол Негороны көрген бойда бірден сергіп кетті. Бұлқынып
бұғауды үзіп опасыз сұмды бассалып өлтіргісі де келді. Бірақ
қаншама бұлқынғанымен Дик түгіл Геркулес сияқты алып та үзе
алмастай, арқан тым жуан еді.
Дик Сэнд күрестің аяқталмағанын, бірақ күрес түрінің
өзгергенін байқады. Ол Негороның көзіне тайсалмай тік қарады.
Бұл арада Негоро не айтса да, оған жауап қайыруды өзіне ар
көрген-ді.
— Мен, өзімнің бала капитанымды, — деп бастады Негоро,—
ақырғы рет көріп кетуді, оның «Пилигрим» бортындағы жүргізген
әмірін бұл арада жүргізуден жұрдай болғанына көңіл айтуды
өзімнің борышым деп білдім.
Диктен жауап қайтпаған соң Негоро сөзін сабақтай түсті.
— Капитан, сіз шынымен-ақ өзіңіздің бұрынғы аспаныңызды
танымай тұрсыз ба? Мен сізден бұйрық алуға асыққан едім. Ертеңгі
асқа не дайындайын, соны бұйырыңызшы?
Жер еденде ұзынынан түсіп жатқан жас жігітті Негоро керіліп
тұрып теуіп қалды.
— Капитан, сізге тағы бір сауал берудің реті келіп қалды. Сіз
Оңтүстік Америка жағалауына барғалы аттанып, Анголадан бір-ақ
шыққаныңыз қалай, оның себебін білесіз бе?
Дик Сэнд өз болжалының дұрыс екенін, «Пилигрим» компасын
опасыз кок бұзғанын айтпаса да сезетін-ді. Негороның мазақ
сауалы бұл істі бұлтармай-ақ мойындағандық болды.
Дик ешқандай жауап қайырған жоқ. Оның жақ ашып үндемеуі
Негороның зығырданын қайната бастады.
— «Пилигрим» бортында, — Негоро сөзін сабақтай түсті,—
теңізші болуы, теңізші болғанда да тәжірибелі теңізші болуы сіз
үшін зор бақыт болғанын мойындаңыз, капитан! Егер ол болмаса,
сіз кемені мұхиттың қай аралындағы құзға киліктіріп бізді кемемен
бірге жоқ қылар едіңіз! Ондай сұмдықты ойлаудың өзі қандай
үрейлі! Бірақ кемедегі белгісіз теңізшінің арқасында «Пилигрим»
жолаушылары өздеріне достықпен қолын созған ақ ниет
адамдардың қоғамына, меймандос жерге жетіп қалды. Көріп тұрсыз
ба, жігітім, сондай теңізшіні көзге ілмеймін деп оңбай
қателескеніңізді!
Негоро байсалды адамша сөйлеген болды, бірақ бұған бар
жігерін салды. Ол сөзін аяқтады да, еңкейіп Диктің көзіне адырая
қарады. Зәр шаша үңілгенде португалдың беті қисайып, біртүрлі
зұлымдықтың нышаны байқалды. Ол осы сәтте Дикті қауып алғалы
тұрған ит сияқты еді. Көмейіне тығылған ашулы ызаны лақ еткізіп
құса салды.
— Дүние кезек деген осы, жігітім! — Ол еліре ақырды.— Бүгін
мен капитан! Мен қожа! Сапары қырсыққан күшік теңізші сенің
тағдырың мына менің қолымда!
— Сен мені бүйтіп қорқыта алмайсың. Өлімнен қорқатын кісің
мен емес,— дей салды Дик самарқау үнмен.
— Ол батырлығыңды әлі-ақ көрерміз! — деп құтырынды
Негоро.— Сен әлде тағы біреулердің жәрдемінен үміткер
шығарсың? Бұл жерді Казонде дейді, Альвец аман тұрғанда, менің
ақ дегенім ақ та, қара дегенім қара. Ақымақ! Сенің жолдастарың
Том тағы басқа негрлер әлдеқашан сатылып кеткен, олар осы күні
Занзибар жолында кетіп бара жатыр... Жолдастарыңның сенімен ісі
де жоқ, өз бастары мен өздері қайғы.
— Олар тұтқында болғанымен Геркулес бостандықта, оны
қайда қоясың?— деді Дик.
— Геркулес! — деп күжілдеді Негоро жер тебініп.— Арқа сүйер
негірің арыстан мен қабланның әлдеқашан жемі болған. Одан кек
ала алмай қалдым, менің бар өкінішім осы!
— Егер Геркулес өлсе, Динго тірі,— деді Дик Сэнд.— Сендей
пасықты жайғастыруға төбеттің де шамасы келеді. Мен сенің іші-
сыртыңды әлдеқашан көріп білгенмін. Негоро, сен сужүрексің,
Динго әлі де болса сені іздеп табады, кездестің-ақ, ісім бітті дей
бер!
— Оңбаған неме! — Португал құтырына айқайлады.— Оңбаған!
Сенің Дингоңды өз қолыммен атып тастағамын! Миссис Уэлдон
мен бөбек Джектің барған жеріне төбетің де кеткен. Сол, оңбаған
төбет сияқтанып «Пилигрим» бортында болғандардың бәрі де
қырылып қалады!..
— Солар сияқты сен де құрисың,— деді Дик.— Бірақ бұрын
құрисың.
Жасөспірімнің салмақты үні мен батыл көз қарасы Негороның
зығырданын қайнатты. Ол не болғанын білмей, сөзден гөрі тікелей
күшке көшуге, қорғаныссыз тұтқынды өз қолымен өлтіріп тынуға
ыңғайланды. Ол атылып барып Диктің үстіне қона қалды да,
жұлмалап, кеңірдегінен ала түсті... бірақ қолын дереу тартып алды.
«Дикті осы қазір-ақ өлтіріп тастау, өзінің қас дұшпанын
дайындаған азаптан құтқару деген» деп ойлады ол лезде.
Дикті босатып жіберді де, тұтқынды көз айырмай қадағалап
күзет деп хавильдарға қатаң тапсырып, барактан шыға жөнелді.
Бұл жанжал Дикті мойытпағаны былай тұрсын, қайта рухын
көтеріп, жігерлендіре түсті. Өзіне кенеттен күш пайда болғанын
сезді ол. Негоро келгенге дейін оның арқанмен таңылған аяқ-қолы
қозғалмай сіресіп қалған-ды, енді қозғалуға болатын сияқты.
Мүмкін, оның бұғауын жұлмалап жүріп Негороның өзі босатып
алған болар? Енді оншалықты зорланбай-ақ қолымды босатып
алармын деп ойлады Дик. Бұл тек өзін өзі жұбату ғана. Мына тас
қамауда көз айырмай қасында күзетші тұрғанда, Диктің шеттен
күтетін жәрдемнен үміті де жоқ-ты. Бірақ адам өмірінде жағдайдың
болмашы ғана оңала бастауы аса зор бақыт боп көрінетін
минуттары болады. Босанудан үміт күтудің енді ешбір нышаны
қалған жоқ. Оны құтқаратын көмек тек қана тыстан келе алады.
Бірақ оған кім жәрдем етпек? Ешкім де! Енді тірі жүріп өмір
сүрудің қанша қажеттігі бар? Ол өзінен озып өлім сапарына
кеткендерді есіне түсірді. Гэрристің: миссис Уэлдон мен кішкентай
Джек тірі емес деген сөзін Негоро қайталап айтты. Аттаған сайын
аңдып жүрген ажал Геркулесті де жұтуы ықтимал. Том да, оның
жолдастары да құлдыққа сатылып кеткен. Олар ендігі алыста
жүрген болар. Дик олардан енді мәңгі айрылды.
Кездейсоқ бір сәтті жағдай күтудің мүлде ыңғайы жоқ. Бірақ
Дик Сэнд өлімді тайсалмай қарсы алады.
Уақыт өте берді. Кеш те жақын. Төбедегі саңылаудан түскен
күндізгі жарықтың әлсіз сәулесі бірте-бірте сөніп бара жатыр. Базар
алаңы да тыншыды, кешегі азан-қазан, айқай-шуға қарағанда, бүгін
әжептәуір тыныш еді. Тар қапаста қамаулы жатқан Диктің
көлеңкесі қарауытып барып жоқ болды, енді түрме ішін түнек
басты. Казонде қаласы тым-тырыс.
Дик Сэнд екі сағаттай мызғып алды. Ол енді тынығып, рухы
көтеріліп, сергіп қалған еді. Сәті түсіп, бір қолын босатып алды да,
құрысып қалған қарын рахаттана созып, керіліп жатыр.
Шамасы түн ортасы ауып кетсе керек. Хавильдар елімен тең,
ұйықтап жатыр. Ол кешкісін бір шөлмек арақты тамшысын
қалдырмай жалғыз қылғып ыдысын босатқан-ды, оның құрысқан
саусақтары түсінде де бутылка мойнын қылғындырып жатқан.
Дик Сэнд қаша қалсам керегі болар деп өзін бағып жатқан
түрмешінің мылтығын алғысы келді. Бірақ сол сәтте түрменің
сыртқы босағасының іргесін тырналаған тысыр естілді. Дик бос
қолына таянып, хавильдарды оятпай есікке жылжып жетті.
Дик Сэнд қателеспеген. Шынында да қабырға сыртындағы
тысыр анығырақ естіле түсті, біреу есік табалдырығының астын
қазып жатқан тәрізді. Бірақ бұл кім болды екен?
Адам ба, әлде тышқан ба?
— Әттең, бұл Геркулес болса!.. - деп күбірледі жасөспірім.
Ол түрмешісіне қарады, хавильдар қозғалар емес, қорғасындай
ауыр ұйқы оның денесін құрсаулап тастаған. Дик Сэнд табалдырық
үстіндегі жарыққа аузын тақап, даусын бәсең шығарып,
«Геркулес!» деп сыбырлады. Оған жауап ретінде иттің ақырын ғана
қыңсылағаны естілді.
«Бұл Геркулес емес, Динго екен!—деп ойлады жасөспірім.—
Ақылды төбет мені түрмеден де іздеп тапты-ау! Ол Геркулестен
тағы да хат әкелген болар? Егер Динго тірі болса, Негороның сөзі
шылғи өтірік! Демек...»
Осы сәтте табалдырық астынан иттің аяғы көрінді. Дик аяқты
ұстап қарап, таныс төбеттің аяғы екенін тани кетті. Егер менің төрт
аяқты опалы досым маған хат әкелсе, онысы қарғыбауында
байлаулы болар. Не істеу керек? Әлде Дингоның басы сиярлықтай
етіп тесікті кеңіту керек пе? Қол қусырып тектен-тек отыра беруге
болмайды, бірер шара қолдану керек.
Дик Сэнд енді ғана қолымен жер қаза бастап еді, алаң жақтан
иттердің шулап үргені естілді. Жергілікті иттер бөтен иттің
келгенін біліп қалған. Динго қаша жөнелді. Бірнеше дүркін мылтық
атылды. Күзетші хавильдар қозғала түсті де, тісін қарш-қарш
қайрап жата берді. Дик Сэнд қашу ниетінен айнып орнына қайта
барып жатты. Бірнеше сағаттан соң, — Дикке бүгінгі түн ұшы-
қиыры жоқ ұзақ көрінді,— таң білініп, кешікпей-ақ күн шықты. Бұл
Дик өмірінің ақырғы күні.
Королева Муананың бірінші министрі бастаған жергілікті
халықтар жанталаса қимылдап күні бойы бөгет соғумен әуре. Бұл
жұмыс белгіленген мерзімінде бітуге тиіс, әйтпесе ынтасыз
қызметкерге мәңгілік майып болу қаупі төніп тұр. Жаңа әмірші
әйел өзінің өлген ерінің барлық өнегесін қолданатын түрі бар.
Өзен суын басқа арнаға түсірген соң, арнаның құрғап қалған
табанынан ұзындығын елу фут, ені мен тереңдігін он футтан етіп
үлкен шұңқыр қаздырды.
Әлгі шұңқырды кешке таман Муани-Лунганың күң әйелдерімен
толтыра бастады. Әдетте өлген патшаның күң әйелдерін ерінің
көріне тірідей көметін-ді. Бірақ Муани-Лунганың қасиетті елімнің
құрметі үшін жерлеу салтанатын бірсыпыра өзгертуге ұйғарылып,
әлгі сорлылар корольдің өлі денесімен бірге суға
тұншықтырылатын болды.
Ғұрып бойынша өлген адамды ең жақсы киімін кигізіп жерлеу
қажет. Дегенмен корольдің көмірге айналған сүйектері ғана
қалғандықтан, бұл жолы басқаша істеу керек болды. Тал шыбықтан
тоқып адам сүлдесі сияқты бірдеңе істетіп еді, мұнысы корольдің
тірі бейнесінен де әдемі шықты. Сүлденің ішіне корольдің күйіп
бітпеген қара-қожалақ сүйектері мен бірер уыс күлін тығып,
сыртына марқұмның салтанатты киімдерін киіндірді. Бенедикт
ағайдың көзілдірігі де сонда кетті. Бұл масқара бір жағынан күлкі
болса, екінші жағынан үрейлі еді.
Салтанатты жерлеу ғұрпы от жарығымен түнде өткізілетін
болды. Ханымның әмірі бойынша корольдің денесін жерлеуге
Казонде халқы түгел қатысуға міндетті.
Кешкісін жерлеу салтанатына жиналған халықтың алды
корольдің ақырғы мекені — қабіріне жеткенде, арты базар
алаңында шұбатылды. Халықтың сап түзеп өтетін жолындағы
үлкен көшеде ғұрыптық билеу, айқай-шу, сиқыршылардың зікір
салып ұлығаны, музыка құралдарының сыңси сарнап,
барабандардың гүмпілдеген үні, ескі мушкет мылтықтардан үсті-
үстіне атылған гүрсіл бір минут тынған емес.
Жерлеу салтанатына Хозе-Антонио Альвец, Коимбра, құл
саудагері арабтар мен хавильдарлар да қатысты. Королева Муана
қашан король денесі жерленіп болғанға дейін шеттен келгендердің
базар алаңынан шығуына тыйым салған, олар бұйрыққа бойсұнып
қалада қала берді. Ел басқару ісін жаңа үйрене бастаған әмірші
әйелдің бұйрығын орындамау аса қауіпті екенін олар да білетін-ді.
Король денесінің күлін салтанатты жүрістің соңғы қатарында
әкеле жатты. Корольдің талдан тоқылған сүлдесі салынған зембіл-
табытты марқұмның екінші дәрежелі әйелдері қоршаған. Олардың
кейбіреулері өз әміршісі әрі ерімен бірге «ана дүниеге дейін»
баруға тиіс еді. Королеваның өзі табыттың артында келе жатыр.
Жерлеуге жиналған халықтың соңы өзен жағасына жетпей-ақ түн
болды, бірақ шырышты ағаштардан жағылған шырақтардың
самсаған қызарыңқы жарығы қараңғылықты сейілтіп жіберді.
Құрғап қалған өзен арнасының табанынан қазылған шұңқыр от
жарығымен анық көрініп тұр. Шұңқыр қара денелермен лық толған.
Жерге қазық қағып шынжырлап тасталған адам денелері әлі тірі,
бейшаралар тыпырлап жатыр. Елу шақты жас күң өлім күтіп көр
аузында тұр.
Бұлардың кейбіреулері тағдырына құлдық ұрып үндемейді, енді
біреулері аласұрып, ауыз жаппай сарнап тұр.
Королева топ арасынан әдемі киінген әйелдерді өзі таңдап алды,
бұлар көп күңдердің жан түршігерлік тағдырларымен ортақтасуға
тиіс.
Құрбандыққа арналған әйелдердің біреуіне, яғни корольдің
екінші әйеліне тізерлеп екі қолымен жер тіреп төрт тағандап тұруға
бұйырылды. Бұл әйел корольдің тірі күнінде отыратын орындығы
болған, енді өлгенде де оған орындық болуы керек. Корольдің аяғы
астына төсеніш болуы үшін тағы да екі әйелін шұңқырға итеріп
құлатты.
Табыттың қарсы алдында, шұңқырдың арғы бетінде қызылмен
боялған бағана тұр. Бір-ақ адамды сүйреп әкеліп әлгі бағанаға
тікесінен тұрғызып арқанмен таңып қойды.
Бұл Дик Сэнд еді. Жас жігіттің белінен жоғарғы жалаңаш денесі
айғыз-айғыз. Бұл Негороның бұйрығымен соғылған дүренің
таңбасы болатын. Жақсылықтан үмітін үзген Дик енді өзін өзі
байсалды ұстап, өлім бетіне тайсалмастан тік қарады.
Муана королева белгі берісімен, Казонде жендеттері король
әйелдерінің біреуін алып ұрып бауыздап та жіберді. Бұл қырғын
қасаптың басталу белгісі еді. Елу күң аяусыз бауыздалып, қандары
сарқырап шұңқырға құйылды. Құрбандықтардың ызалана зарлаған
айқайы гуілдеген топқа сіңіп өшіп жатты.
Халықтың толқуы басыла бергенде, Муана королева тағы да
белгі берді, сол сәтте жергілікті халықтың бәрі жабылып бөгетті
бұза бастады. Жан түршігерлік қаталдықты соза түсу үшін бөгетті
бірден құлатып жібермей суды ескі арнаға сыздықтап қана ағызды.
Су алдымен шұңқыр түбінде жатқан күңдердің денесін басты.
Олардың арасындағы әлі де болса тірі жатқан кейбіреулері суға
тұншығып жатыр. Су Диктің тізесіне жеткен кезде, өзін бағанаға
таңып қойған арқанды үзбек болып ақырғы күшін салып бұлқынды.
Су үздіксіз көтеріле берді. Ескі арна суға толған сайын күңдер
де суға көміліп бірінен соң бірі жоғала берді.
Казонде королін құрметтеп көму салтанаты әлденеше адамның
басын жұтып, ақырында өзен табанынан қазылған көрдің бірнеше
минуттан соң ізі де қалмады.
Он үшінші тарау
ФАКТОРИЯ
Миссис Уэлдон мен Джекті өлді деп Гэррис те, Негоро да өтірік
айтқан. Аналы-балалы екеуі де, Бенедикт ағай да аман-есен
Казондеде еді. Термит илеуі тікелей шабуылмен алынған соң,
жергілікті солдаттардан күзетші қойып, тұтқындарды Куанза
жағалауынан көшіріп Казондеге жөнелткен-ді. Бұл кішкене
отрядты Гэррис пен Негоро бастап кеткен.
Миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті жабық зембілге
отырғызып құлдарға көтертіп әкеткен-ді. Негоро қапелімде
неліктен мұншама қамқорси қалды екен? Мұның мәнісіне миссис
Уэлдон түсіне алмады.
Куанна мен Казонде арасындағы жол әдеттегіге қарағанда өте
тез өтті. Бұл сапар тұтқындарды қажытпады да. Бенедикт ағай
асқан желаяқтың өзі болып шықты. Үйткені, оның жол бойындағы
бұта арасын тінтіп шыбын-шіркей іздеуіне ешкім тосқауыл болмап
еді. Ол жарықтық өз тағдыры жайлы уайымдап ойланған да емес.
Кішкене отряд Казонде қаласына Ибн-Хамистың керуенінен
сегіз күн бұрын жетті. Миссис Уэлдон мен кішкентай Джек,
Бенедикт ағай үшеуін Альвецтің факториясына орналастырды.
Джектің денсаулығы да анағұрлым түзелді. Баланың безгек боп
ауырған жерінен кетісімен-ақ безгегі қайталап ұстаған жоқ, аздап
оңала бастап еді, енді мүлдем жазылып кетті.
Бұлар еріксіздер керуеніне еріп жаяу жүрсе, ондай қиын сапарға
бөбегі де, анасы да төзе алмас еді. Бірақ жабық зембілмен жол жүру
екеуіне де жайлы болды. Бұл сапарда олар тұтқындарына жайлы
жағдайлар жасап, тіптен жақсы қарағандарын да айта кетуге
болады.
Миссис Уэлдон өз жолдастарының хал-ахуалы жайлы ешбір
хабарсыз қалды. Ол Геркулестің қайықтан секіріп түсіп орманға
кіріп кеткенін көріп қалған, бірақ оның одан ары не болғанын
білмейтін-ді. Гэррис пен Негоро керуенде болса, Дикке аяушылық
етпес еді, бірақ ақ нәсілді адамды зәбірлеуге жабайылардың батылы
бармас деген үмітпен өзін өзі жұбатқан болды. Әйтсе де төрт негр
мен кәрі Нанның халі нашар болатынын жақсы білді, өйткені олар
негр ғой, олармен ешкім санасып жатпайды. Бұл сорлылардың
тағдыры жас әйелді қатты қынжылтты.
Ибн-Хамис керуенінің Казондеге келгенін миссис Уэлдон
білген де жоқ.
Жәрмеңке ашылған күнгі сауданың қызғын айқай-шуын ол
естіген болатын, бірақ оның мәнісін оған ешкім түсіндірмеген-ді.
Ол Том бастаған негрлерді уджиджилік құл саудагерінің сатып
алғанын да, оларды жуырда ғана Казондеден әкеткенін де
білмейтұғын. Гэрристің өлгенінен де, Муани-Лунга корольдің қаза
тапқанынан да, оны салтанатты түрде жерлегелі жатқанынан да,
оған шалынатын құрбандықтың бірі етіп Дикті белгілегенінен де
ешқандай хабарсыз еді. Елден оқшау қалған бейшара әйел құл
саудагері мен Негороның бүтіндей билігінде болды. Жас әйелдің
бұл залымдардан өліп құтылудың шарасын іздеуге де мүмкіндігі
жоқ, өйткені оның өзімен бірге баласы бар ғой.
Миссис Уэлдон өзінің келешек тағдыры жөнінде де ешнәрсе
біле алмады. Жолда бірнеше күн бірге келе жатып Гэррис пен
Негоро да оған бір ауыз тіл қатпаған. Казондеге келген соң олар
оған қатынасуды қойды, ал миссис Уэлдонның факториядан далаға
шығуына тыйым салынған.
Сақалды сәби — Бенедикт ағайдың миссис Уэлдонға ешқандай
жәрдем ете алмайтынын әңгіме етудің қажеттігі болмас.
Бұл ғалым өзінің Африкада екенін білген соң да, мұнда қай
себеппен келіп қалғанын біреу-міреуден сұрап білгісі де келмепті
ғой. Тек бір нәрседен тауы қайтып, үнемі ренжи берді. Ол
оқымысты ғалымдардың арасында бірінші болып цеце деген
шыбын мен жауынгер термитті Америкадан тапқан өзім деп
шынымен-ақ мақтанып жүрген, бірақ бұл мақтанышы ойда жоқта
бекерге шықты, оның тауып жүргені кәдімгі африкалық жәндіктер,
ғалымдар оны бұдан бұрын тауып сипаттап әлденеше рет жазған
болатын. Ғалымның, осы табысыммен даңқымды шығарамын деген
үміті жоққа шықты. Натуралист Бенедикттің Африкадан африкалық
жәндіктер коллекциясын әкелуі кімге таң болғандай?
Бірақ торығудың бастапқы күйігі басылған соң, Бенедикт ағай:
«Бұл жәндіктер жері — ол Африканы осылай атаған-ды —
энтомологтар үшін сарқылмас қазына ғой»,— деген болатын. Ол
«янкилер жеріне» келудің орнына Африкадан бір-ақ шыққанына
өкінген жоқ. Ұтылған да жоқ, қайта ұтып шықты.
— Ызыңдауық мантикор қоңыздардың,— деді ол өзіне өзі, бұл
сөзді тек қана өзіне емес, оның сөзіне құлақ салмай отырған миссис
Уэлдонға да қайталап айтқан еді,— ызыңдауық мантикор
қоңыздардың өсіп-өнетін жері тек қана осы ара деуге болады, ол
қоңыздардың аяқтары ұзын да жүндес, қанат қабығы сүйірлеу
келеді, жағы да орасан үлкен! Олардың ішіндегі ең әдемісі, әрине,
бүкір мантикор. Қызыл денелі ызыңдауықтың, гвинейлік пен
габондық голиаф ызыңдауықтарының да өсіп-өнетін жері осы,
бұлардың аяқтарында тікенегі болады; анжид деген шұбар араның
да өнетін мекені осы, олар жұмыртқасын шаянның қабығына
салады, скарабай деген әулие жәндіктер де осында. Ауларды ескі
египеттіктер құдайдай сыйлайды екен. Бұл жер «өлі бас» — сфинкс
деген көбелектің ордасы ғой, бұл көбелектер қазіргі уақытта бүкіл
Европаға таралып кетті. «Бигот масасы» деген шыбындардың
қайнаған жері осы, оның шаққанынан сенегалдықтар жаман
қорқады. Бұл жерден таң қаларлық жаңалықтар ашуға болатыны
сөзсіз, мен ол жаңалықты ашамын да, тек мына мейірбан адамдар
менің ізденуіме рұқсат етсе болғаны! — Сақалды сәбидің тілегін
қараңызшы!
Бұл «мейірбан адамдардың» кімдер екені түсінікті. Бірақ оларға
ренжірліктей Бенедикт ағайдың дәлелі де жоқ-ты. Негоро мен
Гэррис энтомолог-ғалымға бірсыпыра ерік берді. Мұхит жағалауы
мен Куанза өзені арасындағы жолда Дик Сэнд оның орман аралап
экскурсия жасауына үзілді-кесілді тыйым салған. Аңқау ғалым бұл
сияқты мейірімсіздікке аса налыған болатын-ды.
Егер кездейсоқ тағы бір қырсық кездеспегенде, Бенедикт ағай
дүние жүзіндегі ең атақты энтомолог болар еді: оның жинақ
салатын қаңылтыр қалбыры бұрынғысынша иығында ілулі жүрген.
Енді мұрнының ұшына түсіре киіп жүретін бұрынғы көзілдірігі,
омырауында салақтап жүретін үлкейткіш әйнегі де жоқ.
Көзілдіріксіз әрі лупасыз ғалым-энтомолог болады дегенді кім
естіген! Қанша айтса да бұл оптикалық құралдар Бенедикт ағайға
енді қайтып оралмайтын болды. Олар өзен түбіне, Муани-
Лунганың елігімен бірге көмілген-ді.
Енді бейшара ғалым ұстаған жәндіктерінің түр-сипатын
ажырату үшін бәрін де бір-бірлеп көзіне тақауы керек. Бұл жағдай
Бенедикт ағайдың өнебойы ренжіп, кіржиіп жүруіне себеп болды.
Егер көзіне сәйкес көзілдірік табылса, ақша аямай-ақ сатып алар
еді-ау, бірақ оның сорына бұл заттар Казондеден табылмайды.
Бенедикт ағайға Хозе-Антонио Альвецтің факториясын түгел
аралап кезуіне рұқсат берілді. Өйткені, оның қашу дегенді ойына да
алмайтынын олар жақсы білетін-ді. Және факторияның айналасы
биік қоршаулармен қоршаулы, ғалым-энтомолог мұндай биік
қоршаудан, бәрібір, асып түсе де алмас еді. Қоршаудың ол шеті мен
бұл шеті тұтас бір миль. Кең қоршаудың ішінде жайқалып тұрған
көкпеңбек ағаштар, бұталар, әр жерде ағып жатқан бұлақтар да бар,
жаппалар мен үйсымақтар да, барактар да бар-ды. Қысқасы, бұл ара
шыбын-шіркей, жәндік іздеушілерге өте қолайлы. Бұл іске
Бенедикт ағайдың өзі де бүтіндей беріліп кеткен-ді. Ұстап алған
алты аяқты жәндіктерін көзілдіріксіз-ақ бар жігерін салып сығырая
қарап тексеретін еді, ол бейшара жәндіктерге тесіле қараймын деп
көр-соқыр боп қала жаздаған. Оның коллекциясы недәуір байып та
қалған, мұның үстіне африкалық жәндіктер туралы күрделі еңбегін
жалпы жобалап нұсқасын да жасап үлгірген-ді. Егер сәті түсіп тағы
да жаңа бірер жәндік таба қалса, бұл табысына өзінің атын қойып,
Бенедикт ағайымыз дүние жүзіндегі ең бақытты да даңқты адам
болар еді-ау.
Фактория ауласын емін-еркін аралауына кішкентай Джекке де
рұқсат етілді. Бірақ Джектің жасындағы жергілікті балалар
жастасының көңілін аулап еліктіре алмады Джек анасынан
ұзамайтын. Бөбегін анасы да жалғыз жібермейтін. Бала кездейсоқ
бірдеңеге ұшырап қала ма деп қорқатұғын.
Джек соңғы кездерде әкесін көбірек айта беретін болды.
Анасынан Нанды, Том қартты, өзінің досы Геркулесті, Батты,
Актеон мен Остинді сұрайтын-ды. Динго мені мүлдем ұмытып
кетті ғой деп ренжитін ол. Әсіресе Дикті көбірек жоқтайтын болды.
Бөбегінің барлық сұрауына анасының қайтаратын жауабы біреу-ақ:
кішкентайын бауырына қысып тек болғаны сүйе беретін-ді.
Бөбегіне көз жасын көрсетпеу үшін адам айтқысыз жігер жұмсауы
керек қой оған.
Куанза мен Казонде арасындағы жолда болсын, неміс Альвецтің
факториясында болсын, өзіне нашар қарады деп миссис Уэлдонның
ренжірліктей дәлелі жоқ-ты. Шамасы құл саудагері оған арнаған
ескі ниетінен танбаған тәрізді.
Факторияда тек құл саудагерінің өзіне ғана қызмет ететін
еріксіздер тұратын-ды. Басқа еріксіздер «товар» — заң есебінде
барактарда болатын, құл алушылар оларды осы арадан әкететін-ді.
Факториядағы қоймалар кезекте сатылатын кездеме, піл сүйектері
тағы басқа заттарға лық тола. Альвец Африканың ішкі өлкелеріне
кездемелер апарып, оны еріксіздерге айырбастайтын, ал піл
сүйектерін Европаға жөнелтіп тұратын.
Факторияда азғантай ғана халық тұрушы еді. Миссис Уэлдон
мен Бенедикт ағайға дербес лашық берілді. Олар асты бірге отырып
ішетін болды. Бұларға ет, овощ, маниок, сорго тағы басқа жеміс
беріп тоқ күтті.
Халима деген бір күңді миссис Уэлдонға дербес қызметші етіп
қойды. Бұл әйел жас келіншекке үйір болып, шамасы келгенінше
беріле қызмет етті. Тұтқындар Альвецтің басқа қызметкерлерімен
мүлде ұшыраспады.
Факторияның ең үлкен үйінде тұратын құл саудагерінің өзін
миссис Уэлдон анда-санда бір-ақ көріп қалатын-ды. Негоро
факторияда тұрмайтын, оны миссис Уэлдон Казондеге келгелі
көрген емес. Негороның көрінбеуі мүлде түсініксіз, бұл жағдай
келіншекке алғашқыда таң көрініп, кейінірек күдікке айнала
бастады.
«Оның көздеген мақсаты не? — деп сұрады келіншек өзінен
өзі.— He күтіп жүр? Бізді Казондеге неге әкелді екен?»
Ибн-Хамистың керуені Казондеге келгенге дейінгі сегіз күн осы
сияқты үрейлі мазасыз ойлармен өтті.
Миссис Уэлдон өз басының қам-қайғысы жетерлік болса да,
ерінің де шегетін қайғы-қасіреті мен тартатын азабын жиі
ойлайтын-ды.
Мистер Уэлдон да семьясының жағдайын білсе, қатты күйзелер
еді. Ол әйелін «Пилигриммен» жолға шығады деп ойламаған болар.
Оны «Трансокеан компаниясы» пароходтарының бірімен келеді деп
шамаласа керек. Ол пароходтар Сан-Франциско портына әрқашан
межелі мерзімінде келетұғын, бірақ бұл портқа келген
пароходтармен миссис Уэлдон да, Бенедикт ағай да — оның күткен
адамдарының бірде-бірі келмеді.
«Пилигримнің» Сан-Франциско портына келетін мерзімі өтіп
кетті. Джемс Уэлдон капитан Гульден ешқандай хабар ала алмаған
соң, мұны хабарсыз кеткен кемелердің тізіміне ендігі енгізіп те
қойған болар.
Бірақ миссис Уэлдонның Жаңа Зеландиядан «Пилигриммен»
жолға шыққан хабарын оклендтік тілшіден естіген күні, мистер
Уэлдон басына қара күн тууында сөз жоқ, енді мистер Уэлдон
қандай шара қолданар екен? Әрине әйелі мен баласын хабарсыз
кетеді деп ешқашан ойламайды да. Бірақ оларды қайдан іздемек?
Әрине Тынық мұхит аралдарынан іздейді ғой, Оңтүстік Америка
жағалауларынан іздеуі де ықтимал. Қайдан іздесе одан іздесін,
бірақ Анголадан іздемейді. Баласы мен әйелі Африкаға барып
қалады деген ой оның түсіне де кірмейді. Миссис Уэлдон осы
жағдайды ойлап еді. Оның қолынан не келеді? Қашу ма? Қалай
қаша алады? Оның әрбір қимылы аңдулы. Tiптен сәті түсіп қаша
қалған күннің өзінде де, мыңдаған қауіп-қатердің арасымен, ну
орманды аралап екі жүз миль жол жүру керек болар еді.
Егер өз басына бостандық алудың басқа түрлі ешқандай
мүмкіндігі болмаған күнде, миссис Уэлдон бұған да тәуекел етуге
әзір. Бірақ мұндай нар тәуекелге бел байлаудан бұрын, Негороның
нендей пікірде екенін білгісі келді.
Ақырында, бұл адамның не ойлап жүргенін білетін күн де жетті.
Муани-Лунга корольді жерлеген соң келесі күні, июньнің
алтысында Негоро факторияға келді де, тіп-тіке миссис Уэлдон
тұратын лашыққа қарай жүрді.
Миссис Уэлдон жалғыз отырған-ды. Бенедикт ағай өзінің
кезектегі ғылыми серуеніне шығып кеткен. Кішкентай Джек
Халиманың қасында фактория қоршауының ішінде ойнап жүрген.
Негоро есікті итеріп ашты да ішке кіріп, амандық, саулық жоқ:
— Миссис Уэлдон! Том бастаған төрт негр уджиджилік құл
саудагеріне сатылды,— деді.
Миссис Уэлдон үн қатпай көзінің жасын сықты.
— Нан жолда өлді. Дик Сэнд құрыған...
— Нан өлді дейсіз бе? Дик те!—деп жас келіншек айқайлап
жіберді.
— Ие,— деді Негоро.— Сіздің он бес жасар капитаныңыз
Гэрристі өлтіргені үшін әділетті үкім бойынша өз басымен жауап
берді. Миссис Уэлдон, сіз Казондеде жалғыз қалдыңыз, мүлде
жалғызсыз, және сіз «Пилигримнің» бұрынғы аспазының бүтіндей
билігіндесіз. Түсіндіңіз бе?
Негоро шынын айтты. Том баласымен, Актеон, Остин - төртеуі
уджиджилік құл саудагерінің керуенімен алдыңғы күні Казондеден
жолға шыққан. Олар тіптен миссис Уэлдонның Казондеде, Альвец
факториясында тұратынын білген жоқ-ты. Білгенде қайтсін, бәрібір
онымен көрісіп қоштасуға рұқсат етпеген болар еді. Бұл кезде Том
қартты Үлкен Көлге қарай беттеп бара жатқан. Олардың алдында
жүздеген миль ұзақ жол жатыр. Бұл жолдың өлмей-жітпей ұшына
шығатын адамдар да аз. Ал аман-сау қайта оралып үйіріне
қосылатындары бұдан да аз...
— Сізге енді не керек? — деп күбірледі миссис Уэлдон тepic
қараған күйі.
— Миссис Уэлдон,— деді португал үзіп-үзіп сөйлеп,—
«Пилигримде» көрген зәбірімнің барлық әжірін сізден алар едім.
Бірақ мен Диктің өлімімен қанағаттануға ұйғардым. Мен енді
қайтадан саудагер боламын, менің сізге естіртейін дегенім осы...
Миссис Уэлдон үндеместен Негороның бетіне тік қарады.
— Сіз де,— деп Негоро сөзін сабақтады,— сіздің балаңыз да,
мына шыбын қуалап жүрген әумесер де жоғары бағаға өтетін
товарсыздар. Сіздерді пайдама жаратып олжа табуым керек!
Қысқасы, сіздерді сатуға ниеттендім!
— Мен еркін адаммын! — деді миссис Уэлдон қатулана сөйлеп.
— Егер мен тілесем, сіз күң боласыз!
— Ақ әйелді сатып алуға кімнің батылы барады?
— Сұрағанымды беріп алатын кісі бар.
Миссис Уэлдон сәл уақыт үндемей төмен қарап қалды. Мына
сұмпайы елде бәрі де болуы мүмкін екенін түсіне қойды.
— Сіз менің сөзіме түсіндіңіз бе?—деп сұрады Негоро.
— Мені сатып алатын кім? — деді миссис Уэлдон.
— Сізді сатып алатын кім дейсіз бе? — португал мысқылдай
жымиды.
— Аты кім ол кісінің? — миссис Уэлдон ежелей сұрады.
— Оның аты... Джемс Уэлдон. Кәдімгі өзіңіздің еріңіз, мистер
Уэлдон.
— Менің ерім дейсіз бе? — миссис Уэлдон өз құлағына өзі
сенбей қайталап сұрады.
— Ие, нақ соның өзі, миссис Уэлдон, сіздің еріңіз! Мен оған
әйелі мен баласын босқа қайырып бергелі тұрғаным жоқ, сатқалы
тұрмын, сендерге үстеме есебінде ақысыз-пұлсыз мына есуас
ағаңды да қоса берем!
Бұл оңбаған мені қақпанға түсіргелі тұрған жоқ па? — деп
сұрады келіншек өзінен өзі. Жоқ, сірә бұл ойындағысын айтып
тұрған болар. Бұл оңбағанның күрделі пайда түсіріп қалатын кезеңі
келіп қалған шығар. Ондай жағдайда Негоро сияқты жауыздар
шынын айтуға тиіс. Ашық саудадан ондайлардың қыруар пайда
түсіріп қалатыны сөзсіз.
— Бұл жайлы келісімді қашан жасағыңыз келеді? — деп сұрады
миссис Уэлдон.
— Мүмкіндігі болса неғұрлым тезірек жасауым керек.
— Қай жерде?
— Осында. Мистер Уэлдон баласын құлдықтан, әйелін
күңдіктен құтқару үшін Казондеге келуден қорықпас деймін?
— Әрине, қорықпайды. Бірақ оған бұл жағдайды кім
хабарлайды?
— Мен. Сіздің еріңізбен жолығысу үшін Сан-Францискоға
барамын. Жолға жетерлік қаржым бар.
— «Пилигримнен» ұрлап алған ақшаңыз ба?
— Ие, ие... Одан басқа да ақшам жетерлік,— деді Негоро
шімірікпестен.— Есіңізде болсын, сізді тез өткізуіммен қатар,
қымбатқа сатқым келеді, арзанға бермеймін. Еріңіз сізге қалыңмал
үшін жүз мың долларды аямас деймін?..
— Аямас қой, егер оның сіз талап еткен мөлшерге жетерлік
қаржысы болса,— миссис Уэлдон жауапты самарқау қайырды.—
Сіз менің еріме, әйеліңіз Орталық Африкада тұтқында жатыр дейсіз
ғой?
— Әрине.
— Бірақ менен бірер белгі апармасаңыз, сіздің құрғақ сөзіңізге
сенбейді ғой. Сіздің дәлелсіз сылдыр сөзіңізге иланып көз жұмып
Казондеге келе қоймайды ол.
— Сіз оған жағдайды баяндап хат жазасыз. Хатта өзіңізді
жабайылардан құтқарып қалған адал ниетті қызметкеріңіз етіп мені
көрсетесіз, сол хатты оған апарып тапсырсам, мистер Уэлдон мұнда
қанат байлап ұшса да жетеді.
— Мен оған мұндай арсыздық хатты жазудан үзілді-кесілді бас
тартамын! — деді келіншек тартынбастан.
— Сіз хат жазудан бас тартады екенсіз ғой?
— Үзілді-кесілді!
Бұл жас келіншек Орталық Африкаға келуге тәуекел етудің
қаншалықты қауіпті екенін білетін-ді.
Португалдың уәдесіне сенуге болмайды, ақшаны қолына түсіріп
алса-ақ болды, ол залым мистер Уэлдонды Казондеде ұстап қалуы
қиын емес, деп ойлады әйел. Осы пікірлердің бәрі қосылып
Негороның ұсынысын ойланбай-ақ қабылдамауға оны мәжбүр етті.
Бірақ ол бейшара бұл сәтте өзінің жалғыз емес, қасында бөбегі
барын ұмытқан еді.
— Алайда, сіз ол хатты жазарсыз деймін! — деді Негоро.
— Жоқ, жазбаймын! — миссис Уэлдон қатулана жауап қатты.
— Абайлаңыз! — португал әкіреңдей түсті.— Сіз мұнда жалғыз
емессіз! Өзімізбен бірге бөбегіңіз де менің билігімде! Айтқанымдай
етіп сізге хат жаздырудың амалын табамын!
Миссис Уэлдон қауіп-қатердің қандай түрі төнсе де өзінің бет
алған жағынан қайтпайтынын кесіп айтқысы келіп ақ еді, бірақ
жүрегі аузына тығылып үн қатуға шамасы
келмей әлсіреп қалды.
— Миссис Уэлдон,— Негоро сөзін қорытуға кірісті. - сіз менің
ұсынысымды ойланып көріңіз. Бір жетіден соң сізден мистер
Джеймс Уэлдонға жазылған хатты алуым керек, егер менің
айтқанымды істемесеңіз, қайсарлығыңыз үшін қатты өкінетін
боласыз!
Португал осы сөздерді айтты да, тез-тез аттап шығып кетті. Құл
саудагері бұл жолы ашуға ерік бермей өзін өзі берік ұстағысы келіп
еді. Бірақ миссис Уэлдонды дегеніне көндіру үшін қиянаттың
қандай түрін болса да тайынбастан қолданатыны мәлім оның.
Он төртінші таpay
ДОКТОР ЛИВИНГСТОН TУPАЛЫ
ХАБАР
Негоро кеткен соң, миссис Уэлдон лашығында жалғыз қалды,
бұл арада ең алдымен Негоро өз ұсынысының жауабын алуға бір
жетісіз келмейтінін есіне түсірді ол. Осы мерзімнің ішінде нендей
де болса бірер тіршілік істеу керек. Негороның ар-намысына сенуге
болмайды, бірақ оның дүниеқор ашкөздігін пайдаланудың
артықтығы болмас.
Миссис Уэлдон өзінің түрмешісі үшін «сауда жөнінде» бағалы
болды. Ендеше, осы «бағалылық» оны бірнеше күнге әртүрлі жаңа
қауіп-қатерден қорғауға тиіс. Егер осы уақыттың ішінде, мүмкін,
өзінің Сан-Францискоға қайтуы үшін мистер Уэлдонның Казондеге
келуін керек қылмайтын бірер жаңа жоба табылып қалар.
Джемс Уэлдон әйелінің хатын алған бойда, сапардың қаншама
қиындығына қарамастан Африкаға қарай тартып тұратынына жас
әйелдің күмәні жоқ-ты. Бірақ жүз мың доллар ақша Негороның
қолына түскеннің соңында, оның әйелі мен баласын Бенедикт
ағайды алып, ешқандай кедергісіз Казондеден кетуіне рұқсат
етілетініне кім кепіл?
Американдарды Казондеде ұстап қалу үшін Муана королеваның
аяқ астымен қырсықтана қалуының өзі-ақ жетіп жатыр.
Егер «товарды» өткізу мен оның бағасын төлеу ісі мұхит
жағалауының бір жерінде жүргізілсе қайтер еді, осы дұрыс болмас
па? Бұлай етілсе, қауіпті сапарға аттанып Африканың ішкі
өлкелеріне барудан мистер Уэлдонды құтқарар еді, және ақша
төленіп болған соң тұтқындағылар мына оңбағандардың қолынан
ақиқат құтылуларына мүмкіндік болады.
Миссис Уэлдон осы жөнінде көп ойланды. Оның Негоро
ұсынған шартты қабылдаудан үзілді-кесілді бас тарту себебі де осы
еді. Ойлануға бір жеті мерзімді Негороның неліктен бергенін білді
ол, өйткені жолға дайындалу үшін Негороға да бір жеті уақыт
керек.
— Ол оңбаған Джекті менен бөліп әкетуге шынымен-ақ
ниеттенді ме екен? — деп күбірледі миссис Уэлдон.
Осы сәтте Джек лашыққа кіріп келді. Анасы оны көтеріп алып
құшырлана бауырына басты; оған, Негоро келіп баласын әкеткелі
тұрғандай көрінген-ді.
— Мама, сен бірдеңеге ренжідің ғой? — деп сұрады бөбегі.
— Жоқ, қарашығым, жоқ! — деді анасы.— Сенің папаң есіме
түсіп еді. Сен оны сағындың ба?
— Ие, мама, өте сағындым. Ол мұнда келе ме?
— Жоқ, жоқ, айта көрме, қарашығым!.. Келмейді...
— Ендеше оған өзіміз барамыз ба?
— Ие, ие, өзіміз барамыз...
— Дик те, Геркулес те, Том атай да бара ма?
— Ие... ие...
Миссис Уэлдон бөбегіне көз жасын көрсеткісі келмей теріс
айналып төмен қарады.
— Сен папамнан хат алдың ба? — деп сұрады бала.
— Жоқ, қарашығым.
— Әлде оған өзін хат жазайын деп пе едің?
— Ие... мүмкін, жазармын,— деді анасы.
Джек мамасының жан жарасын тырнап алғанын байқаған жоқ.
Бұл сауалды тоқтату үшін анасы бөбегін құшақтап сүйе берді.
Ойламаған жерден Негороның кедергісі жайына қалып, ерінің
көмегінсіз-ақ құтылып кетермін деген үміт миссис Уэлдонға
елестей қалғанын айта кетейік. Ол кездейсоқ, бірнеше ауыз сөз
естіп үзілген үміті қайта жалғанғандай болды.
Бұдан бес күн бұрын миссис Уэлдон тұрған үйдің жанындағы
бак ішінде Альвец пен уджиджилік метист екеуі әңгіме соғып
отырған. Әңгіме тақырыбы, әрине өз кәсіптеpi — құл саудасы
жайлы болды. Олар өз істерін және оның келешегі оңбайтын жаққа
бет бұруы мүмкін екендігі жайлы сөйлесіп отыр.
Хозе-Антонио Альвец, ішкі Африкаға ғылыми зерттеу жүргізуге
және оның географиялық жағдайларын ашуға келген көптеген
саяхатшылар құл саудасының бостандығына орасан зор зиянын
тигізеді деп шамалады. Оның бұл пікіріне әріптесі де түгелдей
қосылды және келген ғалымдар мен саяхатшыларды оқпен қарсы
алған жөн болар еді деп үстеді.
Бірсыпыра ғалымдар бұрын да осылай қабылдаған-ды.
Бірақ құрметті саудагерлердің сорына, әуесқой саяхатшыны
өлтірісімен ізінше тағы әлденеше саяхатшылар келе берген.
Альвецтің айтуынша, ол адамдар еліне барып, онсыз да беделі
түскен құл саудасының сұмдығы туралы хабарды көптіре таратып,
құл саудасына зиянын тигізбек.
Бұдан оның сөзін қостаумен қатар, әсіресе Няньгве, Уджиджи,
Занзибар базарларында құл саудасының сәтті болмағанын айтты:
Онда Спик, Грант, Ливингстон, Стенли — бірінің соңынан бірі
барған еді. Мұны құл саудасына тікелей шабуыл десе болады.
Ұзамай-ақ Англия мен Америка түгелдей көшіп барып Африканың
ішкі өлкелеріне орналасатын болар.
Альвец те әріптесінің пікірін қостап, батыс Африканың
анағұрлым бақытты екенін айта келіп, бұл тыңшылар осы күнге
дейін ол жақты көрмеген шығар. Дегенмен бұл індет батыс
Африканы да қамти бастады. Әзірше Казондеге төніп тұрған қауіп
жоқ. Бірақ Кассанго мен Вихоға — Альвецтің факториясы онда да
бар-ды — тікелей қауіп төніп тұр, — деп сөзін қорытты.
Құл саудагерінің қауіптенуі орынды еді. Біздің жазып
отырғанымыздан бірнеше жыл кейін батыс Африканың
зерттелмеген провинцияларының Камерон оңтүстігіне, Стенли
солтүстігіне барғандығы мәлім, олар құл саудагерлерінің құлақ
естімеген қаталдығы мен жексұрын кәсіпке кейбір европалық
төрелердің де қамқорлық жасап сатылып жүргенін әшкерелеп еді.
Стенли мен Камеронның аты Альвецке болсын, уджиджилік
метиске болсын, әзірше белгісіз еді. Олар бұл екеуін білмегенімен
доктор Ливингстонның атын жақсы білетін-ді. Құл саудагерлері
Ливингстонның атын атағанда, миссис Уэлдонның көңілінде зор
қобалжу пайда болып, енді Негороның талабына көнбеуге бел
байлады. Ливингстон өзінің эскорттарымен97 жуық арада Казондеге
келіп қалуы ықтимал!
Бұл саяхатшы Африкаға орасан беделді адам, Ангола өкіметі
оған жәрдем етуге міндетті еді. Мұны білген миссис Уэлдон
Ливингстонның жәрдемі арқасында, Альвец пен Негороның
қарсылығы жайына қалып, өз басына, жақын адамдарына да
бостандық тиеді деп үміттенді.
Дэвид Ливингстон 1813 жылы 13 мартта туған, оның әкесі
шаймен сауда ететін ұсақ саудагер болатын-ды. Дэвид
Ливингстонның туған отаны Англия, Лэнарк графтығы, Блентайр
деревнясы. Ливингстон Лондонның миссионерлік қоғамында аз
уақыт қызмет еткеннен кейін, миссионер және дәрігер деген атақ
алып, 1840 жылы Капштадқа келеді. Ол Оңтүстік Африка
миссиясын басқарушы миссионер Моффатқа қосылуға тиіс болған.
Болашақ саяхатшы Капштадтан шығып бечуан руының жеріне
қарай сапар шекті. Осы өлкені бірінші болып зерттеген ақ нәсілді
адам Ливингстон болатын. Ол Куруманға қайтып келіп,
Моффаттың қызына үйленеді де, 1843 жылы Маботс алқабына
миссия негізін салады.
Арада төрт жыл өткен соң, Ливингстон Куруманның
солтүстігіне таман 225 миль Бечуаналендегі Колобенгіге көшіп
барған.
Ливингстон ол жерде екі жыл тұрып, 1849 жылы Колобенгден
тағы кетеді, ол өзінің әйелін, үш баласын және екі досын — Осуэлл
мен Мерриді бірге ала кетеді. Сол жылдың бірінші авгусында
Нгами көлін ашып, Цуга өзенін төмен ағып Колобенгіге қайта
оралды. Бұл саяхаттың кезінде Ливингстонның Нгами көлінің
аржағындағы елді зерттеуіне жабайылардың дұшпандығы кедергі
жасады.
Ол жаққа баруға ниеттенген екінші әрекеті де алғашқысы
сияқты сәтсіздікке ұшырады. Оның есесіне үшінші әрекеті
нәтижелі аяқталды. Бұдан соң Ливингстон солтүстікке жаңа саяхат
жасау үшін барлық семьясымен өзінің досы Омуэлді ала шығып,
Замбезидің бір саласы Хобе өзенін бойлай жүріп, камололдар
руының жеріне дейін барды. Жол адам айтқысыз қиын болды.
Азық-түлік пен тұщы судың кемтарлығынан Ливингстонның
балалары өлім тырнағына іліне жаздады. Сонда да болса 1851
жылы июнь айының аяғында Замбези өзеніне жетеді.
Осы арада саяхатшымыз семьясын өз еліне — Англияға
жөнелту үшін Капштадқа қайтып барған.
Ержүрек зерттеуші елдің алыс түкпіріне барып аса қауіпті жаңа
саяхат жасауға ниеттенген еді, сондықтан өзінің жақын
адамдарының өміріне қауіп төндіргісі келмеген-ді.
Жаңа саяхатының маршруты: Африканы оңтүстігінен түсіп
батысқа қарай кесіп өту, Капштадтан шығып Сан-Паоло де-
Лоандқа бару еді.
Ливингстон жергілікті халықтардың бірнешеуін ертіп 1852
жылы 3 июль күні жолға шықты. Куруманнан аттанып Калахари
сахарасын бойлай жүріп, батысқа қарай тартты. Декабрьдің 31 күні
Литубарубқа барып кірді. Ол бечуандар руының жерін Голланд
отаршылдарының нәсілі жаулап мүлдем талқандалып қалған
күйінде тапты. Ағылшындар басып алғанға дейін бұл отаршылдар
Каплендте бұрыннан орын тепкен болатын-ды.
Ливингстон Литубарубтан 1853 жылы 15 январь күні шыққан.
Ол бамангуаттар руының орталық өлкесіне барып, 23 майда
Линьятиге жетіп еді, макололдар руының жас королі Секелету
зерттеушіні аса құрметпен қарсы алды.
Ливингстон аса қатерлі безгекпен ауырып, бұл жерде бірсыпыра
кідіріп қалды. Бірақ саяхатшы өзінің науқастығына қарамастан сол
елдің әдет-ғұрпын зерттеді, Африкадағы құл саудасының жан
түршігерлік әдіспен елді қырып-жоятынын бірінші болып
анықтады.
Бір айдан соң Хобе өзенін төмен ағып, оның Замбезиге құйған
жеріне дейін барды. Ол Нальеге, Катонгеге, Либонтеге соғып,
ақырында Замбезидің Либамен қосылған жеріне жетті. Бұл арада
зерттеу жүргізуге ойы кетті де, осы өзенді жоғары өрлеп оның
батыс жағындағы Португалияға қарасты шегіне дейін барды.
Сөйтіп, тоғыз жұма жол шегіп, ендігі зерттеу жұмысына қажетті
дайындықтар жасап алу үшін Линьянтиге қайтып келді.
1853 жылы 11 ноябрь күні 27 макололден құралған отрядты
бастап зерттеушіміз аттанып кетті. 27 декабрьде Либа сағасына
жетіп, осы арадан өзенді жоғары өрлеп, Макондо өзенінің шығыс
жақтан ағып келіп Либаға құятын сағасындағы балонда руының
жеріне дейін барды.
Бұл өлкеге алғашқы келген ақ нәсілді адам Ливингстон еді.
1854 жылы 14 январьда Ливингстон балонда руының ең
құдіретті патшасы Шинтенің қабылдауында болды. Бұл жерде өзін
құрметпен қарсы ала тұрса да, онда бірнеше күн болып, қажымас
саяхатшы Либаның арғы бетіне өтіп, сол айдың жиырма алтысы
күні Катеме корольдің жеріне барып кірді. Оны мұнда да
меймандостықпен қарсы алды, әйтсе де зерттеушіміз ол арадан
кетіп, жиырмасыншы февральда Диололо көлінің жағасына жетіп
қос тікті.
Бұл жерге келген бойда сәтсіздік басталып, жерді аралау қиынға
айналды. Жергілікті халық зерттеушіге қастандық жасауға
бейімделді, оның үстіне Ливингстонның өз отряды бүлік шығарды.
Саяхатшыға ажал қаупі төнді. Жігерсіз біреулер болса бұл
қиыншылыққа қарсы тұра алмас еді. Бірақ доктор Ливингстон
мұндай сәтсіздікке мойыған жоқ. Ақыры апрельдің төрті күні
Куанго жағалауына жетті. Бұл өзен суы мол, Португалияға қарасты
жерді бойлай солтүстікке қарай ағып Заирға (Конго) құятын-ды.
Алты күннен соң саяхатшымыз Кассангода болып, майдың отыз
бірінде Сан-Паоло де-Лоандқа жетті. Екі жылға созылған бұл
саяхат осылай аяқталды. Осы уақыттың ішінде ол Африканы
оңтүстігінен шығысына қарай бірнеше рет кесіп өтті.
Дэвид Ливингстон сол жылдың 24 сентябрінде Сан-Паоло де-
Лоандтан шығып жол тартты. Ол Куанза өзенін, кәдімгі Дик Сэнд
пен оның жолдастарын қырсық қарсы алатын қайырсыз Куанзаның
оң жақ бетін жағалай жүріп, оның Ломбе өзенімен қосылатын
жеріне жетті. Жолшыбай әлденеше еріксіздер керуеніне ұшырасып,
Кассангоға екінші рет барды. Бұл арадан 20 февральда шығып,
Куанго өзенін кесіп өтіп, Замбези жағалауына жетті. Ол сегізінші
июльде Дилоло көлінің жағалауында тағы бір рет болып, сосын
Замбези өзенін төмен ағып Линьятиге қайта келді. Ондағы ойы
1855 жылы үшінші ноябрьде тағы да жолға шығудың қамын
қарастыру болған.
Бұл жолы Орталық Африканың батыс жағалауынан түсіп,
шығыс жақ шетіне дейін кесіп өтуі керек, тарихта бұл алғашқы
саяхат болғалы тұр.
Дэвид Ливингстон атақты Виктория сарқырамасына барып
Замбези жағалауынан солтүстік-шығысқа қарай тартты: Батока
өлкесін аралай өтіп, сол елдің құдіретті патшасы Семалембуэмен
кездесу, Кафуэден кесіп өту, тағы да Замбезиге оралу, король
Мбурумамен кездесу, Португалияның қирап қалған ескілікті қаласы
Зумбогға бару, 1856 жылы 17 январьда, сол уақытта
португалдармен соғысып жатқан Мпенд патшамен кездесу,
ақырында 2 мартта Замбези жағасындағы Тетеге оралу көрсетілген.
Бір заманда байлығымен даңқы шыққан жерден Ливингстон
апрельдің жиырма екісі күні кетіп, Капштадтан шыққанына төрт
жыл дегенде, майдың жиырмасы күні Замбезь атрауындағы
Калиманға келді.
Июль айының он екісі күні Морестен кемеге отырып жолға
шықты. Ливингстон алты жыл жоғалып кетіп, декабрьдің 22-сі күні
өз отаны — Англияға қайта оралды.
Мұнда атақты саяхатшыны қарсы алуға, Париж географиялық
қоғамының сыйлығы, Лондон географиялық қоғамының үлкен
медалі күтіп жатқан. Оның орнында басқа біреу болса, демалып
тынығуға тұрарлық қызмет еттім ғой деп мардамсыр еді, бірақ
Ливингстонның ойы басқада болды. 1858 жылы бірінші мартта ол
тағы да Африкаға жол тартып, май айында Мозамбик жағалауына
барып түсті. Ол зерттеу жұмысын Замбези бассейнінен бастауға
ниеттеніп еді.
Бұл жолы Ливингстонға өзінің тумасы Чарльз, капитал
Бединфилд, Тортон, Бейнс, доктор Кирк және Миллер ере шықты.
Бірақ олардың бәріне бірдей өз отанына аман қайтуға нәсіп
болмады.
«Ma-Роберт» деген шағын пароходпен зерттеушілер Ұлы өзенді
өрлей жүзіп, сентябрьдің сегізі күні Тетеге келді. Жаңа
экспедицияның алғашқы жылғы жұмысында мынадай елеулі
уақиғалар болды: 1859 жылы январь айында Замбезидің төменгі
жағы мен сол жағынан келіп құятын Шире деген бір тарауы
зерттелді. Сол жылы апрель айында Шируа көліне барды. Манганья
өлкесін зерттеп, Ньясса көлін тапты. 10 сентябрьде Виктория
сарқырамасына қайта аттанды. 1861 жылдың март айында
«Пионер» пароходымен Ровумды зерттеді. Сол жылы сентябрь
айында Ньясса көліне қайта келді. 1862 жылы 30 январьда «Дети
Ньясса» атты екінші пароходпен Дэвид Ливингстонның әйелі
миссис Ливингстон келіп еріне қосылды. 27 апрельде миссис
Ливингстон ерінің қолында қайтыс болды.
Сол жылы май айында Ливингстон Ровумды екінші рет
зерттеуге талаптанды. Ноябрь айының ақырында Замбезиге қайта
оралып, Шире өзенін жоғары өрледі. 1863 жылы апрель айында
оның жолдасы Торнтон қайтыс болды. Ливингстон, ауырып мүлде
жүдеген өзінің тумасы Чарльз бен доктор Киркті Европаға қайырып
жіберді де, өзі 10 ноябрьде үшінші рет Ньясса көліне барды.
Ондағы ойы ол көлдің географиялық жазуын бітіріп, өз жұмысын
аяқтау еді. Арада үш ай өткесін Замбези сағасына қайта оралып, ол
арадан Занзибарға жөнелді. Сөйтіп, 1864 жылы 10 июльде, арада
бес жыл өткесін, Лондонға қайта оралды. Онда келіп еңбектерін
баспаға өткізіп, оған «Замбезиді және оның тарауларын зерттеу»
деп ат қойды.
1866 жылы 28 январьда Ливингстон Занзибарға тағы барып
түсті. Оның бұл жаңа саяхаты есеп бойынша төртінші еді.
Ливингстон Занзибарға келгесін, құл саудасының елге орасан
зор зиян тигізетінін өз көзімен көріп, сенуіне тура келді. Ол
августың сегізінде Ньясса жағалауындағы Мокалаоске келді. Бұл
жолы қасында бірнеше сипаиден98 құралған азғана эскорт негрлер
ғана бар-ды. Алты жұмадан соң эскорттың көбісі қашып Занзибарға
барды да, Ливингстон өлді деген лақап таратты.
Бірақ ержүрек саяхатшы бет алған сапарынан бұл жолы да
қайтпады. Ол алдында тұрған белес-белес қиындықтарға
қарамастан, Ньясса көлі мен Танзаньика өзенінің аралығында
жатқан байтақ даланы зерттеу жұмысын жүргізе беруге бел
байлады. 10 декабрьде бірнеше жергілікті жолбасшыларының
жәрдемімен Лоангвэ өзенінен өтіп, 1867 жылы 2 апрельде Льеммба
көліне жеткен жерде ауырып қалды. Ол бір ай бойы хал үстінде
жатқан. Бірақ науқасынан құлан таза айықпай-ақ, 30 августа Маеро
көліне жетті де, оның солтүстік жағалауын зерттеп, 21 ноябрьде
Казембо қаласына келеді. Мұнда 40 күн тоқтап дем алады. Осы
уақыттың ішінде Маеро көліне екі рет барып та үлгеріп еді.
Ливингстон Казембо қаласынан шығып солтүстікке қарай кетті.
Ол Танганьика көлінің жағасындағы халқы көп ірі қыстақ
Уджиджиге барғысы келген. Бірақ өзеннің тасқыны жол бермейтін
болады. Жолбасшылары Ливингстонды тастап жайына кеткесін,
саяхатшымыз Казембоға амалсыз қайта оралды. Мұнда да дәйек
тұтып тұра алмай, оңтүстікке бет алуға асығыпты. Алты жұмадан
соң, июньнің алтысы күні Бангвеоло көліне жетеді. Мұнда екі ай
аялдап зерттеу жүргізген. 9 августа Танганьиканың солтүстігіне
бару әрекетін қайта бастайды.
Өте қиын, жан төзгісіз ауыр саяхат еді бұл! 1869 жылы январьда
ержүрек саяхатшы әбден әлсіреп, жүре алмастай халге жеткен соң,
жолдастары оны зембілмен көтеріп жүр-ді. Ол февраль айында
ақыры Танганьиканы көрген екен. Оған шығыстық қоғамның
Калькуттадан жіберген сәлемдемесін Уджиджиде алыпты ол.