The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Роман
"Пилигрим" шхунасы Сан-Францискоға бағыт алды. Бірақ күтпеген жерден китпен кездесуі қайғылы жағдайға ұласады. Енді кеме штурвалында он бес жасар матрос Дик Сэнд. Оның қолында - дауылдың билігінде қалған адамдардың өмірі. Бірақ табиғаттың дүлей күшінен қауіптірек тек қана соққы жасау үшін ыңғайлы сәтті күткен кемеде жасырынған сатқыншы ғана болуы мүмкін…

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by Бахыт Мырзамуратова, 2022-12-01 10:39:12

Он бес жасар капитан Жюль Верн

Роман
"Пилигрим" шхунасы Сан-Францискоға бағыт алды. Бірақ күтпеген жерден китпен кездесуі қайғылы жағдайға ұласады. Енді кеме штурвалында он бес жасар матрос Дик Сэнд. Оның қолында - дауылдың билігінде қалған адамдардың өмірі. Бірақ табиғаттың дүлей күшінен қауіптірек тек қана соққы жасау үшін ыңғайлы сәтті күткен кемеде жасырынған сатқыншы ғана болуы мүмкін…

«С», «В».

Геркулес ескегін бар пәрменімен есіп, қайықты жағаға қарай
бұрды. Бір жақсы жері, өзен ағысы әлі де болса екпіндей қоймаған-
ды, өйткені өзен арнасы бірден құлдилап кетпей, құламаның дәл
өзіне жеткенше бір қалыпты еңкеулеп барады екен.

Өзеннің сол жақ беті қарауытып тұрған орман. Орманның басын
бүркеген қалың жапырақ күн сәулесін түбіне түсірмей қалқалап
тұр. Дик Сэнд бұл араның адам жеушілер мекені екенін білді де,
жерге мұңая қарады. Жолаушылар енді өзен жағалап жаяу жүрулері
керек, әйтпесе қайықты сүйреп су құламасынан айналып өту
мүмкін емес. Бұлай етуге кішкене отрядтың шамасы да келмес еді.

Өзен сағасына орналасқан Португалия еліне бүгін бе, ертең бе
жетеміз деп дәмеленіп, әбден қажып біткен адамдарға бұл не деген
ауыр соққы десеңізші! Қайық сол жақ жағалауға таяп қалды. Жерге
жақындаған сайын Дингоның мазасы кетіп, қыңсылай берді.

Дик Сэнд әрдайым сақ келе жатқан, өйтпеске де лажы жоқ-ты.
Жан-жақтан төніп тұрған қауіп бар. Дик иттен көзін алмай қарап
тұр, бұл қалай, орманның қалың жерінде жабайы адамдар
жасырынып тұр ма, әлде жыртқыш аң бар ма екен? — деп ойлады.
Бірақ Дингоның неліктен тынышы кеткені кешікпей-ақ мәлім
болды.

— Динго жылап үре ме, қайтеді? — деді кішкентай Джек.

Бала кішкентай қолымен есті төбетті мойнынан құшақтады.

Бірақ Динго баланың қолынан жұлқынып шығып, секіріп барып
суға қойып кетті. Қайық жағаға тірелгенше, төбет судан шығып
биік шөптің арасына кіріп жоқ болды.

Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд иттің бұл қылығын қалай жоруға
білмей біріне бірі қарап қалды. Бірнеше секундтан соң қайықтың

тұмсығы су өсімдігінің жасыл көбігін жайымен жара барып тоқтай
қалды. Бұлардан үріккен бірнеше балшықшылар, қардай аппақ
аққұтандар құлақты жара шулап ауаға көтерілді. Геркулес суға
төніп тұрған мангфир ағашына қайықты мықтап байлап,
жолаушылар жерге түсті.

Орман арасында ең болмаса жалғызаяқ жол жоқ, әйтседе кей
жерлердің шөбі жапырылып қалған, бұл жуық арада адам немесе аң
жүріп өткенінің белгісі еді.

Диктің қолында оқтаулы мылтық, Геркулес беліне балта
қыстырып алған, бұл екеуі отрядтың алдында келе жатыр. Бұлар он
қадам жүрмей-ақ Дингоның үстінен түсті. Ақылды төбет жер
иіскелеп, оқтын-оқтын маңқ ете түсіп, із кесіп жүр. Ол әлдекімнің
ізімен өзен жағасына келді де, қайтадан орман қойнына еніп кетті.

— Сақ болыңдар!—деді Дик Сэнд.— Миссис Уэлдон, сіз
Джекті қолынан ұстап жүріңіз. Бенедикт мырза, сіз қалып қоя
көрмеңіз! Геркулес, сен сақ болғайсың!

Динго қайта-қайта артына қарап қойып, бейне бір тезірек
жүріңдер дегендей, мазасыздана қыңсылап бара жатты. Ол
кешікпей-ақ кәрі анжир ағашының түбіне барып тоқтады.

Онда анжирге жапсыра салынған, бір жағына қисайып қаусап
біткен лашық тұр.

— Әй, кім бар мұнда? — деп айқайлады Дик Сэнд. Ешқандай
жауап қайтпаған соң лашыққа кірді. Миссис Уэлдон мен басқалары
да ере кірді.

Лашықтың еденінде қурап ағарып кеткен сүйектер шашылып
жатыр.

— Мұнда адам өліпті! —деді миссис Уэлдон.

— Бұл адамды Динго таниды екен! — деп қостады Дик Сэнд.—
Сірә бұл адам иттің қожасы болар. Ана қараңызшы!

Дик Сэнд лашықтың бір қабырғасын тұтас алып тұрған анжир
ағашына қарай қолын шошайтты.

Ағаштың қабығы аршылған жерінен, оның өше бастаған үлкен
екі қызыл әріп көрініп тұр.

Динго бұл әріптерді жолаушыларға көрсеткен сияқтанып аяғын
ағашқа тіреп тұрған.

— «С» «В»! — деп Дик айқайлап жіберді.— Бүкіл алфавит
арасынан Дингоның өзі танитын екі әріп қой мынау! Оның
қарғыбауына ойып жазылған екі әріп осы!

Дик кенет тына қалды. Ол бұрышқа таман барды да еңкейіп
жерден бір кішкене қобдиша алды, қобдиша көгеріп шіри бастаған.
Дик Сэнд қобдишаны аша бергенде, ішінен бір жапырақ қағаз
жерге түсті. Қағазда мына сөздер жазылған екен:

«Мұхит жағалауынан 120 миль Заир жағалауында, осы жерде,
өзімнің жолбасшым Негоро мені ауыр жаралап, тонап кетті.

С. Вернон.

3 декабрь, 1871 жыл».

Жазылған хат уақиғаны түгел түсіндірді. Самоэль Вернон
Негороны жолбасшылыққа алып Орталық Африканы зерттеуге
шығады. Саяхатшының қалтасындағы көп ақша жауыз Негороның
көзін қызықтырып өзін қылмысқа итермелейді. Ол қайтсе де
ақшаны қолына түсірудің қамын ойлаған. Самоэль Вернон Конго
жағасына жеткен соң, осы лашықта түнеп жатқанында оны Негоро
өлімше етіп жаралап, ақшаны алған да Португалияға — өз жеріне
қашып барған. Бірақ құл саудагері Альвецтің агенті екендігі
анықталып, оны қамауға алады. Негоро Сан-Паоло де-Лоандта

сотталып, өмірлік каторга жазасы беріліп, бұл жазаны отар
елдердің біріндегі түрмеде өтеуге үкім шығарылады. Одан бергісі
оқушыларға мәлім. Ол есебін тауып каторгадан қашады да, Жаңа
Зеландияға барып, сол арада «Пилигрим» кемесіне аспаз болып
қызметке орналасады.

Бірақ адам өлімінің соңында бұл лашықта нендей уақиға болды?
Оны шамалап білу қиын емес. Бақытсыз Вернон өлер алдында өзін
өлтірушіні әшкерелейтін хат жазып үлгірген. Бұл хатты ішіндегі
ақшасын Негоро әкетіп бос қалған қобдиға салады. Ол ақырғы
күшін салып жандәрмен дегенде өзінің аты мен фамилиясының бас
әріптерін ойып жазып өз қанымен бояған Шамасы Динго бұл екі
әріптің алдында аз отырмаған, бүкіл алфавит арасынан осы екі
әріпті ажырата білу себебі де содан болуы керек. Ақырында Динго
қожасының енді қайтып бас көтермесін біледі де, мұхит жағалауын
кезіп қаңғып кетеді, сөйтіп жүргенінде оны «Вальдектің» капитаны
тауып асыраған. Динго «Пилигрим» үстінде Негоромен қайта
кездеседі.

Бұл уақыттарда саяхатшының сүйегі Африка орманында қурап,
өзінің сенімді итінен өзгенің бәрі оны ұмытады.

Дик Сэнд уақиғаны осылай болуға тиіс деп шамалады,
шынында да бұл болжалдың қисыны бар-ды.

Дик Сэнд сапары қырсыққан саяхатшының сүйегін жерлеуге
кірісіп еді, Динго кенет өршелене абалап лашықтан шыға жүгірді.

Соның ізінше тыстан шыңғырған дауыс естілді, шамасы, Динго
кімге де болса біреуге бас салған.

Геркулес Дингоның соңынан жүгірді. Дик Сэнд, тағы басқалары
далаға жүгіре шығып, кеңірдегінен алған итпен арпалысып
жығылып жатқан бір адамды көрді.

Бұл адам Негоро еді.

Ол Америкаға баратын пароходқа мініп кетпекші болып Конго
сағасына келеді де, қасындағы эскортын сонда қалдырып, баяғы
Вернонды өлтірген жеріне жалғыз келеді.

Бірақ оның бұл араға қайта келуінде бір себеп бар-ды. Анжир
ағашының түбінен жаңа қазылған шұңқырдан бірнеше уыс француз
ақшасын көргенде, жолаушылар Негороның мұнда келу себебіне
түсіне қалды.

Негоро Самоэль Вернонды өлтірген соң, одан талап алған
ақшаны, бір кезде қайта оралып алармын деп үміттеніп сол жерге
көміп кетеді. Бірақ өз қылмысының жемісінен пайдаланбақ болып
келген қарсаңында, Динго оның кеңірдегінен ала түскен.

Бұл екі арада Негоро да белбеуінен пышағын суырып үлгіреді
де иттің сүбесіне бар пәрменімен бойлатып жібереді. Геркулестің
де айқайлап жеткені сол еді.

— Ах, оңбаған-ай! Сені ақыры өз қолыммен буындырып өлтіре
алмадым-ау!

Бірақ бұл арада Геркулестің қатысуынсыз-ақ жұмыс бітіп еді.
Динго қаны сорғалаған күйі жағын ақырғы рет қысып еді,
португалдың тынысы бітті. Одан соң иесіне адал қызмет еткен
төбет, Самоэль Вернон өлген жерге сүйретіліп барып, сол арада өзі
де өлді.

Геркулес саяхатшының сүйегін жерледі, бәрі де жыламсықтап
Дингоны да сол молаға қоса көмді.

Негоро оралмастай алыс сапарға кетті. Бірақ оған Казондеден
еріп шыққан адамдар сол маңайдан қашықта болмауға тиіс.
Португал қайтып оралмаған соң олар Негороны өзен жағалауынан
іздейтіндері сөзсіз. Бұл жағдай жолаушылар үшін зор қауіп болды.

Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд ендігі жерде істейтін істерін
кеңесті. Бір минут уақытты бекерге өткізбей тезірек әрекет жасау
керек.

Самоэль Вернонның жазып қалдырған хатында,
жолаушылардың қайықпен төмен аққан өзені Заир немесе Конго
екені және бұл арадан мұхит жағалауы жүз жиырма миль делінген.
Бір жаман жері, бұдан былай қайықпен жүзуге болмайды, қандай
мықты қайық болса да сарқырамадан аман өте алмайды. Сірә бұл
Нтамо сарқырамасы болса керек деп қорытты Дик Сэнд.

Сарқырамадан өтіп, тағы да төмен қарай ағу үшін сал буып алу
қажет, мұның үшін өзен жағалап бір-екі миль жаяу жүретін болды.

— Бұдан былай өзеннің қай жақ бетімен жүрсек екен, осыны
шешіп алайықшы,—деді Дик Сэнд.— Осы өзіміз тұрған сол жақ
бетімен жүре береміз бе, әлде оң жаққа өтеміз бе? Мұның екеуі де
қауіпсіз емес,— жабайылардан қауіптенуге тура келеді. Сонда да
болса менің ойымша өзеннің арғы бетімен жүргеніміз дұрыс
сияқты. Егер өзеннің оң жағына өтіп алсақ, тым болмаса
Негороның эскортына кезікпес едік.

— Жақсы, ендеше оң жақ жағаға өтейік,— деді миссис Уэлдон.

— Бірақ арғы бетте жол бар ма екен?—деді Дик Сэнд ойлана
қалып.— Негороның бергі бетпен келуіне қарағанда, бұл жақ өзен
сағасына қатынауға қолайлы деп шамалауға болады. Дегенмен
тексеріп көру керек. Аржаққа бәріміз бірден өтпей тұрып алдымен
біреуіміз барып көріп қайтқанымыз дұрыс болар. Мен барып
қайтайын.

Дик Сэнд дереу жүріп кетті.

Өзен енінің жалпақ жері, зерттеуші француз лашығының тұсы,
төрт жүз футтан аспайтұғын, Дик қиналмай-ақ арғы бетке өте
шығады. Миссис Уэлдон, Джек пен Бенедикт ағай қашан Дик Сэнд

қайтып оралғанша өзеннің осы бетінде, Геркулестің бақылауында
қалды.

Дик Сэнд қайыққа отырып, жүзе жөнелуге ыңғайлана
бергенінде, оған миссис Уэлдон:

— Дик, өзен ағысы қайықты сарқырамаға тартып әкетпей ме? —
деді.

— Жоқ, миссис Уэлдон. Сарқырама әлі төрт жүз футтан қашық
қой. Қорықпай-ақ қойыңыз.

— Ал, арғы бетте...

— Егер қауіпті бірдеңе сезіле қалса, жағаға шықпаймын.

— Мылтық ала кет!..

— Жақсы, алайын. Бірақ мен үшін қам жемеңдерші.

— Әйтсе де біздің бөлінбегеніміз жақсы болар еді,— деп
қынжылды миссис Уэлдон. Ол алдағы кездесетін пәле-жәлені
алдын-ала сезіп, соның салдары еңсесін басқан сияқты еді.

— Жоқ, миссис Уэлдон, мен жалғыз баруым керек,— Дик
жауапты қысқа қайырды.— Менің жалғыз баруым — бәріміздің
қауіп-қатерден аулақ болуымыз үшін қажет. Мен бір сағат болмай-
ақ қайтып ораламын. Геркулес, сақ бола гөр!

Сосын Дик Сэнд қайықты итеріп жіберіп өзі қарғып мінді де,
жағалаудан алыстай берді.

Миссис Уэлдон мен Геркулес папирус арасына тығылып,
Диктен көздерін айырмай қарап тұрған.

Дик Сэнд өзен ортасына жетті. Ол араның ағысы тым қатты
екен. Төменгі жағында төрт жүз футтай биіктен құлаған судың
астаң-кестеңі шығып күркілдеп жатыр, судың шаңытқан көбігін

батыстан ескен жел іліп әкетіп, Диктің қайығы жүзіп бара жатқан
жерге жеткізді.

Өткен түні Дик ұйықтап қалған болса, қайық сарқырамаға
сүңгіп, тастан тасқа соғылып, мылжа-мылжасы шыққан бес өлік
әлдеқашан жағаға шығып қалар еді. Жас капитан бұл көріністі
ойлағанда денесі түршікті.

Бірақ қазіргі сағат ол сияқты қауіпті емес, қайық өзенді тура
кесіп өтті.

Ширек сағаттан соң Дик Сэнд Заирдың оң жақ бетіне шықты.
Бірақ жағаға шығып үлгірмей-ақ, құлақ тұндырарлық айқай шығып
оншақты жабайы адам қайыққа тұра ұмтылды. Бұлар анадағы су
үстін мекендеген лашықтардың адамдары еді. Өзеннің оң жақ бетін
жағалап жолаушыларды ұдайы сегіз күн аңдыған екен олар.
Жабайылар көшпелі аралдың үстінде адам барын біліп, бұлардың
соңына түскен. Олар сарқыраманың қайық жолын бөгегенін көріп,
бұл олжа ешқайда қашып құтыла алмайды деп cеніскен-ді.
Қашқындар сарқырамаға жеткен соң, бәрібір амалсыз жағаға
шығады деп шамалаған олар.

Дик Сэнд енді құтылмасын білді. Өзімді өзім құрбан етіп
жабайыларға жемтік болсам, жолдастарым аман құтыла ала ма? —
деп ойлады ол. Дик байсалды қалпынан айнымады, мүлде
жайбарақат қайықтың тұмсығында тұр. Жабайыларды мылтығымен
жасқап өзіне жолатпады.

Бұл кезде жабайылар қайық үстіндегі шөп қалқаны жұлып
тастаған-ды. Олар қайықта көп адам бар деп үміттенген, ал қазір
онда болғаны жалғыз-ақ адам барын көріп, әбден ызаға булықты.
Сегіз күнгі еңбегіміз босқа кетті деп итше ұлыды. Бірақ олардың
біреуі өзеннің сол жағына қарай қолын созып миссис Уэлдон мен
Геркулестерді көрсетті.

Ол бейшаралар арғы беттегі болып жатқан уақиғаны көріп не
істерін білмей естері шыға қорқып папирус арасынан жүгіре шығып
еді. Дик Сэнд өз басының тағдырын мүлде есінен шығарып,
жолдастарын аман құтқарудың амалын ғана ойлады.

Жабайылар қайықтың ар жағынан келіп үске шықты да,
қайықты суға итеріп жіберді. Диктің қолында мылтығы
болғандықтан жабайылар бірден бас салып шабуыл жасауға
батылдық ете алмады. Жабайылардың біреуі ескекті ала салып,
қайықты ағысқа көлденең жүргізді.

— Қашыңдар! — деп айқайлады Дик Сэнд жолдастарына.—
Қашыңдар!

Бірақ миссис Уэлдон да, Геркулес те қыбыр етіп қозғалған жоқ,
тұрған жерінде тұра берді.

Қашу керек? Бірақ қашқаннан түсер пайда бар ма? Бір сағаттан
соң бәрібір жабайылар оларға қуып жетеді...

Дик Сэнд бұл жағдайды жақсы білді. Әйтсе де ол өзінің дос
адамдарын құтқарудың амалын тапты. Дик мүлдем қобалжыған
жоқ. Мылтығын төмен түсірді де көздеп тұрып атып жіберді.
Жалғыз оқ күрек сабын жарып өтіп еді, ескек ортасынан қақ
бөлінді.

Жабайылар зәресі ұшып өкіріп-бақырып азан-қазан болды.
Басқарусыз бетімен кеткен қайық сарқырамаға қарай тұп-тура
зымырап бара жатыр. Қайық әп-сәтте су құламасына жетті, көз
ашып жұмғанша болмай қайық пен астаң-кестеңі шығып күркілдеп
жатқан түпсіз шыңыраудың арасы небары жүз футтай-ақ жер
қалды.

Миссис Уэлдон мен Геркулес Диктің не ойлағанын түсіне
қалды. Ол өз басын құрбан етіп, жолдастарын ажалдан құтқару
үшін қайықты түпсіз шыңырауға сүңгітіп жабайыларды

тұншықтырып қыруға бел байлаған. Бірақ олармен бірге өзі де
құриды.

Миссис Уэлдон мен кішкентай Джек Дикпен қош айтысып қол
бұлғады. Ашынып, амалы құрыған Геркулес оған қарай қолын
созды.

Осы сәтте жабайылар суға секірді, шамасы, олар сол жақ
жағалауға жүзіп шығамыз деп үміттенсе керек.

Диктің көз алдында аранын ашып өлім төніп тұр, сонда да болса
ол асып-сасқан жоқ. Қайықтың түбі үске қарай аударылып кетуі
оған жан сауғалаудың үмітін сездірді.

Қатты ағыс қайықты су құламасына іліп әкеткен кезде, Диктің
алдында екі түрлі қауіп төніп тұрған: біреуі, көз ілескісіз тездікпен
төмен құлап бара жатқанда қарсы соққан ауаға тұншығу; екіншісі,
су жұту. Егер ол аударылған қайықтың астына түссе, мына екі
қауіптің екеуінен де аман құтылар еді. Сондықтан оның әлі де
болса өмірден үміті бар.

Өлім мен өмір арпалысып Диктің көз алдынан әп-сәтте елестеп
етті. Ол сүңгіп кетіп қайықтың астына түсті де отырғышқа
жармасып, қараңғы түнекте басын судан шығарды. Көз ашып-
жұмғанша болған жоқ, күшті ағыстың қайықты шыңырауға қарай
зымыратып бара жатқанын сезді.

Қайық сарқыраманың түбіндегі терең иірімге сүңгіп кетті де
шыр көбелек айналып, қайтадан үске қалқып шықты.

Дик Сэнд асқан жүзгіш болатұғын, ендігі жерде аман қалудың
бар сенімі өзінің қол күшінде екенін білді. Ол ширек сағат ағыспен
арпалысып сол жақ жағаға жүзіп шықты. Кешікпей-ақ миссис
Уэлдон мен Геркулес те келіп оны құшақтап сүйіп жатты.

Бірақ астаң-кестеңі шығып құтырынған тасқын жабайыларды
тегіс жұтты. Ешқандай қорғанышы жоқ сорлылар шыңырау түбіне
жетпей-ақ құлап бара жатып жолда өліп болды. Зіркілдеген тасқын
олардың өлімтігін пышақтай өткір құздарға апарып соқты.

Жиырмасыншы тарау

СОҢҒЫ СӨЗ

Жолаушылар екі күннен соң 20 июльде Конго сағасындағы
Бумға бара жатқан керуенге кезікті. Бұл құл саудагерінің керуені
емес, Европаға піл сүйегін апара жатқан Португалия саудагерлері
еді. Олар қашқындарды аса құрметпен қарсы алды. Жолаушылар
жолдың ендігі қалған үлесін қиналмай жақсы өткізді.

Саудагер керуенінің кездесуі қашқындар үшін зор бақыт болды.
Өзен сағасына салмен жетеміз деген Диктің үміті жайына қалды.
Стенли осы өзенді бойлай жүзген кезінде, Нтамодан бастап Иеллаға
жеткенше жетпіс екі жерде сарқырама барын анықтаған. Бұл
сарқырамалардан қайықтың қандай мықтысы болса да аман өте
алмас еді.

Августың он бірі күні миссис Уэлдон, кішкентай Джек, Дик
Сэнд, Геркулес пен Бенедикт ағай — бәрі аман-есен Бомға жетті,
олар бұл жерде шын ықыласпен қарсы алынды. Мұнда Панама
бұғазына баратын американ пароходы бар екен, жолаушылар сол
пароходтың жүргелі жатқан қарсаңына дәл ілінді. Миссис Уэлдон
жолдастарымен бірге сол пароходқа мініп, аман-есен Америкаға
жетті.

Сол күні Сан-Францискоға жіберілген телеграмма, күтпеген
жерден әйелі мен баласының өз еліне қайтып оралғаны жайлы
мистер Джемс Уэлдонға қуанышты хабар жеткізді.

Ақырында жолаушылар августың жиырма бесі күні
Калифорнияның бас қаласына келді. Шіркін, Том бастаған ана
негрлер де бұлармен бірге болар ма еді!..

Дик пен Геркулестің ендігі тағдыры туралы не айтуға болады?
Уэлдон семьясының біреуі баласы, біреуі досы болды.

Джемс Уэлдон бала капитан мен Геркулеске сан жеткісіз
борышты екенін өзі айтып өзі мойындады.

Негороның Сан-Францискоға жетіп үлгірмегені өте оңды
болды. Әйелі мен баласын тұтқыннан сатып алу үшін мистер
Уэлдонның бар байлығын аямайтыны өзінен езі түсінікті. Ол әйелі
мен баласының хабарын естіген сағатта-ақ Орталық Африкаға жол
тартатыны сөзсіз еді, бірақ оның ол жақтан аман-есен өз еліне
қайтып оралуы екіталай.

Бенедикт ағай туралы бірнеше сөз айта кетуге тура келер. Ол
Сан-Францискоға қайтып келген күні Джемс Уэлдонның қолын
қысып асығыс амандасты да, өзінің кабинетіне кіріп кетті.
«Бенедикттің алты аяқтысы» «hexapodes Веnedictus» туралы
энтомологиялық ғылымға бір жаңалық енгізуге тиісті зор еңбегін
жазуға асыққан еді.

Ол өзінің жәндіктер коллекциясымен лық толы кабинетіне
кірген бойда, бәрінен бұрын көзілдірік пен лупа іздеді. Бірақ өзінің
ұзақ саяхатта жүріп Африка жәндіктерінің бірден-бір уәкілі ретінде
әкелген жәндігін лупамен анықтап қарағанында, ғалымның
кеудесінен опық жалыны лап етіп тысқа тепті. «Әттегене-ай!» Тіпті
де алты аяқты емес екен! Кәдімгі өрмекшінің өзі! Жәндіктің
алдыңғы екі аяғы кем болатын, сондықтан оның сегіз аяғы болу
орнына алты аяғы ғана бар-ды. Ал оның екі аяғы кем болу себебі,
Геркулес өрмекшіні ұстаған кезде оның алдыңғы екі аяғын
байқамай жұлып алған-ды. Сөйтіп, ғылыми көзбен қарағанда
«Бенедикттің алты аяқтысының» ешқандай құны болмай қалды.
Бұл кез келген жерден табыла беретін кәдімгі өрмекші, олардың
ішіндегі әрі мүгедегі болып шықты. Бенедикт ағай бұл соққыны
көтере алмай қатты ауырып қалды. Бірақ сәті түсіп науқасынан тез
айықты.

Үш жылдан соң кішкентай Джек сегізге толды. Ол мектепке
барып оқи бастаған еді, Дик Сэнд өзінің міндетті сабағынан

уақытын бөліп, Джектің сабақ дайындауына жәрдемдесіп жүрді.
Дик Сэнд Сан-Францискоға келісімен бар ықыласын сала оқуға
кірісті. Адамға тән намыс пен ар-ұят оны да іштей жеп жүрген:
білімнің кемістігінен өзіне сеніп тапсырылған алғашқы кемені апат
еткені үшін қынжылып өзін өзі кінәлап жүрген.

«Ие,— деді ол өзіне өзі,— мен «Пилигримді» басқарған кезімде
нағыз теңізшінің біліміндей білімім болса, олардың барлық білгенін
мен де білсем, мұншалықты қауіп-қатер мен сәтсіздіктен аулақ
болар едік-ау!»

Дик Сэнд осылай ойлады. Оның он сегіз жасында теңіз мектебін
өте жақсы деген бағамен бітіріп, капитан атағы диплом алып
Джемс Уэлдонның бір кемесіне командир болып қызметке
орналасуы таң қаларлық іс емес.

Дик Сэнд толысып жетпеген жас болса да, өзін өзі жалпы көпке
таныта білді. Оның ерлігі мен батылдығы сыйлауға әбден лайық
еді.

Диктің қызметтен бос уақыты сирек болатұғын, қалт еткен
минуттарында құлдыққа сатылып кеткен Том қартты, Батты,
Актеон мен Остинді ойлап қамығушы еді. Олардың мұншалықты
бақытсыздыққа ұшырауына өзін кінәлі санайтын-ды.

Миссис Уэлдон да өзінің бұрынғы жолдастарының ауыр
халдерін оңдап, өнебойы қынжылумен жүрді. Олар өздерінің
сорлаған жолдастарын егер қолдарынан келсе жер мен көкті тұтас
шарлап іздеуге әзір еді. Ақырында Джемс Уэлдонның сауда
дүниесімен байланысты болуы арқасында төрт негрдің ізін табуға
мүмкіндік болды. Том қарт жолдастарымен бірге кешікпей-ақ
құлдық тәртібіне тыйым салынған Мадагаскардан табылды. Дик
Сэнд оларды құлдықтан сатып алу үшін өзінің тапқан-таянғанын
түгел бергісі келіп еді, бірақ Джемс Уэлдон өз қаражатын жұмсауға
ұйғарды. Сөйтіп, 1877 жылы он бесінші ноябрь күні қара өңді төрт

адам келіп Джемс Уэлдонның есігін қақты. Бұлар Бат, Том қарт,
Актеон мен Остин еді. Соншама қайғы қасірет пен азаптан аман
құтылған бұл ержүрек адамдардың алдында тағы бір қауіп тұрған.
Жоғалып табылып, сағынысып қалған достар көріскен кезде,
қорыққаннан қуанған жаман, жүректері жарылып кетпес пе екен?

Төрт негр келген күні Джемс Уэлдонның үйінде айта
қаларлықтай той болғаны өзінен өзі мәлім. Бәрінен гөрі «Он бес
жасар капитан» Дик Сэндтің құрметіне арнап миссис Уэлдонның
тост көтеруі жиналған жұртты шаттыққа бөледі.

с о ң ы.


Click to View FlipBook Version