The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Роман
"Пилигрим" шхунасы Сан-Францискоға бағыт алды. Бірақ күтпеген жерден китпен кездесуі қайғылы жағдайға ұласады. Енді кеме штурвалында он бес жасар матрос Дик Сэнд. Оның қолында - дауылдың билігінде қалған адамдардың өмірі. Бірақ табиғаттың дүлей күшінен қауіптірек тек қана соққы жасау үшін ыңғайлы сәтті күткен кемеде жасырынған сатқыншы ғана болуы мүмкін…

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by Бахыт Мырзамуратова, 2022-12-01 10:39:12

Он бес жасар капитан Жюль Верн

Роман
"Пилигрим" шхунасы Сан-Францискоға бағыт алды. Бірақ күтпеген жерден китпен кездесуі қайғылы жағдайға ұласады. Енді кеме штурвалында он бес жасар матрос Дик Сэнд. Оның қолында - дауылдың билігінде қалған адамдардың өмірі. Бірақ табиғаттың дүлей күшінен қауіптірек тек қана соққы жасау үшін ыңғайлы сәтті күткен кемеде жасырынған сатқыншы ғана болуы мүмкін…

КЕЙІНГІ ТӨРТ КҮН

Сөйтіп, Дик Сэнд «Пилигримге» капитан болды. Ол уақыт
оздырмай желкен көтеруге ұйғарды.

Жолаушылардың тілегі жалғыз-ақ: қайтсе де тезірек
Вальпарайсоға жету немесе Оңтүстік Америка жағалауының бірер
портына іліну. Дик Сэнд өздерінің бет алған бағыты мен
«Пилигримнің» жүрген жүрісінің тездігін бақылап, жүрістің орташа
тездігін есептеп шығарып, күнделікті жүрген жолының мөлшерін
картаға түсіріп отыруға ұйғарды. Мұны орындау үшін компас пен
лаг болса жетіп жатыр.

Кемеде винтпен айналып жұмыс істейтін патент-лаг бар-ды. Бұл
құралдың циферблатындағы тілі, белгілі бір уақыттың арасында
кеменің жүріс тездігін көрсетіп отырады. Патент-лаг зор қызмет
атқара алады; құралдың құрылысы оп-оңай, мұны пайдаланудың
әдісін үйрену, «Пилигримге» жаңа келген тәжірибесіз матросқа да
қиын емес.

Бірақ мұның есептен жаңылдыратын бір жері бар — ол теңіз
ағысы.

Лаг та, компас та ағыс күшін есептей алмайды. Ашық теңізде
кеменің дәл қай жерде екендігін тек қана астрономиялық
бақылаумен шамалауға мүмкіндік бар. Бірақ олардың сорына,
астрономиялық бақылау жүргізуді жас капитан біліңкіремейтін-ді.

Алғашқыда Дик Сэнд «Пилигримді» Жаңа Зеландия
жағалауына қарай кері әкетуге ниеттенген еді. Бұл жол төте де
жақын болатын. Егер өнебойы кеменің алдынан соғып тұрған жел,
кенет бұлардың ыңғайына бұрылмаса, жас капитан алғашқы ниетін
орындаған болар еді. Жел бет алған бағытқа бұрылған соң,
Америкаға қарай жүре беру оңайырақ көрінді.

Жел ыңғайы 180° шамасы бұрылды да, енді солтүстік-батыстан
соғып, екпіні күшейе түскен тәрізденді. Мүмкіндігі болғанынша
ілгері басу үшін ыңғай соққан желді пайдаланып қалу керек.

Дик Сэнд барынша бакштагпен39 жүруге ұйғарды.

«Пилигримнің» фок-мачтадағы тік желкені төртеу болатын:
мачтаның төменгі иініндегі фок, стенга марселі, брамстенгадағы
брамсель және бом-брамстенгадағы бомбрамсель.

Грот-мачтаға кішірек желкендер қойылады: төменгі иінде грот
болады да, оның үстінде топсель тұрады.40

Бұл екі мачтаның аралығындағы штангаларға (бұлар грот-
мачтаның алдыңғы жағына бекітіледі) тағы да көлбеу стаксель
желкендердің үш қатарын қоюға болады.

Кеме тұмсығындағы бушпритке — көлбеу мачтаға сыртқы, ішкі
және бом-кливер — барлығы үш кливер қояды.

Кливерді, стакселді, көлбеу гротты рейге шықпай-ақ палубада
тұрып оп-оңай көтеріп немесе түсіріп қоюға мүмкіндік бар. Бірақ
желкенді фок-мачтаға орнату үшін, теңіз ісіне жетік болу керек.
Бұл желкендермен бірер маневр жасау үшін вантпен41 өрмелеп
стенгаға, брамстенгаға немесе бомбрамстенгаға шығу қажет.
Мачтаға тек желкен көтеру үшін ғана шықпайды, жел кернеген
желкеннің аумағын азайту үшін де шығады, теңізшілер бұл
маневрді «риф алу» деп атайды. Сондықтан да матростар рейға
салбыратып байланған арқанмен өрмелеп шығып, бір қолымен
арқаннан ұстап тұрып, енді бір қолымен жұмыс істей білулері шарт.
Бұл маневр, әсіресе, әдеттенбеген адамға өте қауіпті: кеме
бортының қырындай шайқалуын, матрос мачтаны өрмелеп
жоғарылаған сайын мачтаның әдеттегіден тыс қатты
шайқалатынын айтпағанның өзінде, оқтын-оқтын ішін тартып
соққан жел екпіні желкенді бірден кернеп, мачта басында тұрған
матросты борттан ұшырып түсіруі ықтимал.

Бақытқа қарай жел екпіні бір қалыптан айнымады. Теңіз
толқыны етек ала қойған жоқ, кеме де онша қатты шайқалмады.

Дик Сэнд капитан Гульдің вымпел көтерген белгісімен
«Пилигримді» апат болған жерге апарғанда, кеменің көлбеу гроты,
кливері, фок пен марселі көтерулі еді. Сөйтіп, кемені барынша
бакштагпен жүргізу үшін енді брамсельді, бом-брамсельді, топсель
мен стаксельді көтерсе, жетіп жатыр.

— Достарым,— деді жас капитан өзінің жәрдемшілеріне
қарап,— менің бұйрығымды дәл орындасаңдар болғаны,
жұмыстарың ойдағыдай алға басады.

Дик Сэнд штурвалда тұрып команда берді.

— Том, травить шток!

— Травит?

Том оның командасына толық түсіне алмады, не істерін білмей
арқанға жармасты.

— Ие деймін, травить! — Штокты босат деген сөз!

— Aha, енді түсіндім!

— Бат, сіз енді Томның істегенін істеңіз! Солай, жақсы Енді
шерттіре тартыңыз! Ие, шерттіре тартыңыз!

— Осылай ма?

— Солай, солай! Өте жақсы! Геркулес, енді сіздің кезегіңіз!
Кәне, шіреніп көріңізші, бұл арада күш керек!

Геркулеске шіреніп көр деу, ойланбағандық еді: алып негр бар
күшін салып тартқанда, арқан үзіліп кете жаздады.

— Оншама қатты тартпаңыз,— деп айқайлады Дик Сэнд күле
сөйлеп.— Сіз бүйтіп тартсаңыз, мачтаны түбінен жұлып
құлатарсыз!

— Бұл менің ақырын тартқаным ғой,— деп ақталды Геркулес.

— Мұның аты «ақырын» болса,.. Геркулес, сіз былай етіңіз:
арқанды шындап тартпай, тек қана тартқан болыңыз, Сөйтіңіз,
істелетін жұмысты дәл орындаған болыңыз. Қане, досым! Тағы да...
Босатыңыз!.. Солай... Швартуйте! Ие, швартуйте деймін!..
Түсінбеді! Байлаңдар. Солай, солай. Жақсы!..

Фоктың барлық желкені жайыменен бұрыла берді.

Желкенді жел кернеп, кеме алға ұмтылды.

Бұдан соң Дик Сэнд кливердің шкотын босатуға бұйырды.

— Достарым, өте жақсы істелді! — деп Дик Сэнд жаңа
матростарды мақтап қойды.— Енді грот-мачтаны үйреніп көрейік.
Бірақ сен, Геркулес абайла, тағы да бірдеңені үзіп алма!

Бұл маневрді матростар оңай істеді. Көлбеу грот тиісті бұрышқа
қойылып еді, дереу жел кернеп, алдыңғы желкеннің күшіне күш
қосылды. Одан соң көлбеу гроттың үстіне топсель көтерді, оны
істеу оңай, гитовидің42 үстінен алып, арқандарын босатып, қайта
байлай салса болғаны. Бірақ Геркулес пен Актеон, кішкентай Джек
үшеуі бар күшін сала шкотты басып еді, гордель үзіліп кетіп, үшеуі
бірдей шалқасынан түсті, бір жақсы жері, ешқайсысы зақымданып,
еш жерлері жараланған жоқ. Бала мәз боп қалды.

— Оқасы жоқ, оқасы жоқ! — деп айқайлады жас капитан.—
Үзігін жалғап жіберіп қайтадан тартыңдар, бірақ қара күшке сала
көрмеңдер!

Ақырында желкендер тиісінше керіліп байланып та болды, Дик
Сэнд штурвалдан қозғалған жоқ. «Пилигрим» шығысқа қарай

тартып келеді, ендігі қалған жұмыс, кеменің алған бағытынан
аумауын бақылау ғана. Мұны орындау оңай, өйткені, жел бір
қалыпты соғып тұрса, кеме өз бетімен лағып «қаңғымайды».

— Достарым, тамаша болды бұл,— деді Дик Сэнд.— Сіздер
кешікпей-ақ тәжірибелі матрос боласыздар.

— Тырысып бағамыз, капитан Дик,— деп Том қарт өзінің
жолдастары үшін жауап қайырды.

Талапты матростарды миссис Уэлдон да мақтап қойды.
Мақтаудың да пайдасы тиді, кішкентай Джек тыным таппай жұмыс
істеді.

— Джек, мына арқанды сен үздің-ау деймін,— деді Геркулес
күле сөйлеп.— Өзің сонша күшті екенсің ғой! Сен болмасаң қайтер
едік!

Бала мақтанғанынан құлағына дейін қызарып, досының қолын
ұстап қатты қысты да қатты-қатты сілкіп қойды.

Әйтсе де, «Пилигримде» әлі де болса көтерілмеген желкендер
бар-ды. Брамсель, бом-брамсель және стаксель көтерілмеген
болатын. Алайда бакштагпен жүзгенде бұл желкендер де көтерулі
болса, «Пилигримнің» жүрісі недәуір тездеген болар еді.

Дик Сэнд бұл желкендерді де көтеруге ұйғарды.

Стаксельді кеме палубасында тұрып, оншалықты қиналмай-ақ
көтеруге болады, ал фок-мачтаның тік желкендерін палубада тұрып
көтеруге мүмкін емес: оларды көтеру үшін рейге шығу керек. Дик
Сэнд өзінің тәжірибесіз командасын тәуекелге жібергісі келмей,
бұл жұмыспен өзі айналысты.

Ол штурвалды Томға тапсырып, кемені қалай бағыттаудың
әдісін дәл көрсетті. Сосын Геркулесті, Батты, Актеон мен Остинді

бом-брамсель мен брамсельдің горденіне қойып, мачтаға өзі
шықты.

Жас капитан шапшаң да епті болатын, лездің арасында брам-
рейдің пертасына43 өрмелеп шығып, брамсельді тартқан шкоттың
түйінін шешті.

Одан соң бом-брам-рейге44 шығып, оның да шкотын шешті. Ол
жұмысын аяқтап, штирборт фордунының45 бірімен сырғанап
палубаға түсті.

Жаңа матростар жас капитанның көрсетуімен желкен керіп,
оның етегін рейдің астыңғы жағындағы нокке46 тартып байлады.

Бұдан соң грот-мачта мен фок-мачтаның арасына стаксель
көтерді, сонымен, желкен көтеру жұмысы сәтті аяқталды.

Геркулес арқан тартқанда қара күшке салмай, жайлап тартатын
болды, сондықтан ешнәрсені үзіп бүлдірген жоқ.

Қазір «Пилигрим» бар желкенін түгел көтеріп, заулап келеді.

Диктің лисельді47 де көтеруге мүмкіндігі бар-ды, бірақ бұл
жағдайда оны көтерудің қиын екенін есепке алмағанның өзінде,
дауыл бола қалса, оны тез жинап алу аса қиын болар еді.
Сондықтан жас капитан көтерілген желкендермен қанағат етуге
ұйғарды.

Томды штурвалдан босатты да Дик өз орнына барып тұрды.

Желге жан ене бастады. «Пилигрим» оң жағына таман қисая
түсіп, мұхит бетімен сырғи жөнелді. Оның артқа тастап бара
жатқан жалпақ ізі, кеменің сапалы жүрісіне куә еді.

— Міне, біз енді дұрыс бағытқа түстік, миссис Уэлдон,— деді
Дик Сэнд.— Тек қана ыңғайымыздан соққан жел айни көрмесін деп
тілейік!

Миссис Уэлдон жасөспірімнің қолын алып қатты қысты. Соңғы
сағаттардағы жан түршігерлік уақиғаның уайым-қайғысына өзінің
шаршағандығы қабаттасып қиналғанын сезе қойды да, өз
каютасына келіп, есеңгіреген кісіше, төсегіне барып құлай кетті.

Кеменің жаңа командасы палубада болды. Матрос негрлер
жұмыстың нендей түрі болса да орындау үшін, Диктің бір ауыз
сөзін күтіп, кеме тұмсығындағы вахтада тұрды. Бірақ әзірге желдің
күші бәсеңсіп немесе басқа жаққа ауыса қоятын нышаны жоқ,
сондықтан команданың істей қоятын жұмысы да жоқ-ты.

Бенедикт ағай өз жұмысымен аса шұғылдануда еді. Ол
тіміскілеп жүріп «Пилигрим» бортынан тапқан бір жәндігін
лупамен қарап зерттеп жатқан. Бұнысы тік қанатты әшейін бір
шіркей; басы ішіне кіріп кеткен, мұрты тарам-тарам ұзын, алдыңғы
қанаты жарғақ тәрізді, бірақ қанат қабығына айналған.

Бұл олжа Бенедикт ағайдың талайына қарай, камбуздан
табылған-ды. Үсті-басы шаң-тозаңға былғанып жарық біткенді
сығалап жүрген ғалымға Негороның ашуы келіп, аса бағалы
жәндікті тапап тастағалы аяғын апара бергенде ғана Бенедикт ағай
әлгі жәндікке жармаса кеткен. Оның ашуланғанын кеме аспазы
елеген де жоқ.

Капитан Гуль мен бес матростың жолақжон китті аулауға кетіп,
сәтсіздікке ұшырағанын, оның соңында нендей уақиғалар болғанын
Бенедикт ағай білді ме? Әрине, білді. Білгені сол, «Пилигрим»
қырғын болған жерге жетіп, қираған қайықтың сынық тақтайлары
су бетінде қалқып жүрген кезде Бенедикт ағай палубада тұрған.
Демек, кеменің экипажы оның көз алдында қаза тапты деген сөз.

Бұл қайғылы уақиғаға Бенедикт ағай қынжылмады десек, оны
мейрімсіз деп айыптаған болар едік. Бейшара аңшыларды оның
аяғандығы жөнінде күмандануға болмайды. Ол немере қарындасы
миссис Уэлдонның ауыр халде қалғандығын да ойлап қынжылды.

Тіптен ол миссис Уэлдонға келіп: «Қорықпа! Сендердің қасыңда
мен бар емеспін бе? Мен тұрғанда сізге келер бәле жоқ!» деп еді.

Сосын өзінің каютасына кіріп кеткен. Бәлки, бұл қайғылы
уақиғаның ақыры немен тынарын болжағалы, шешуші әрекеттің
жобасын белгілеуді оңаша отырып кеңінен ойланғысы келген
болар.

Бірақ жолда келе жатып, жоғарыда айтылып өткен тарақанға
тап болып, сол жәндік оның бүкіл ой-пікірін бүтіндей өзіне тартып
алған. Көз ашып жұмғанша болмай, дүниеде «Пилигрим» атты
кеме, оны Гуль деген капитан басқарғанын, ол бейшараның бүкіл
экипажымен бірге қаза тапқанын Бенедикт ағай есінен шығарды.
Бұл жиіркеніш жәндікті сирек кездесетін алтын қоңыздай көрді де,
әлгі тарақанмен әуре болып қала берді.

Алты адамның басын жұтқан жан түршігерлік апат
жолаушылардың есінен кетпестей уақиға еді, сонда да болса
борттағы тұрмыс бұрынғы қалпына қайта түсті.

Дик Сэнд алғашқы күндері күллі жұмысты бір өзі атқарып, жан-
жаққа жарылғандай болды. Кемені толық тәртіпке келтіріп,
күтпеген кездейсоқ жағдайларға қарсы әзір тұрарлық шараларды
қарастырды. Негр матростар жас капитанның әрбір ишара еткен
бұйрығын қалт жібермей орындап тұрды. Кешке таман «Пилигрим»
бортында көрнекті тәртіп орнады. Бұған қарағанда күллі іс бұдан
былай да оңға басады деп сенуге боларлық еді.

Негоро он бес жасар капитанның беделін түсіруге енді қайтып
қамданбады. Дикті бастық деп таныды. Ол көп уақытын бұрынғы
әдетінше өзінің тар камбузында өткізіп, палубаға сирек шығатын
болды.

Негоро тәртіп бұзуға болмашы ғана әрекет етсе, Дик Сэнд оны
құрылыққа жеткенше қамауда ұстауға бел байлады. Жас капитан
ым қақса болғаны, Геркулес кеме аспазын желкесінен алып трюмге

апарып тыға салуға әзір. Алыпқа бұл істі орындаудың ешқандай
қиындығы жоқ. Кәрі Нан тамаша аспаз, Негороның орнын сол
басар еді. Негоро өзінің қымбат адам еместігін және ізі аңдулы
екенін де сезсе керек, сыр білдірмей тыныш жүрді.

Жел күшейген үстіне күшейе берді, бірақ бастапқы ыңғайынан
ауған жоқ, түн болғанша желкен де ауыстырылмады. Мачталар
темірмен бекітілген, мығым, кеменің жалпы жағдайы айтарлықтай
жақсы — осының бәрі тіптен жел бұдан ары күшейе түссе де,
желкенді барынша желге кернетуге мүмкіндік береді.

Әдетте, кемелердің көбісі түн болысымен көтерулі
желкендердің көлемін азайтады, ең алдымен жоғарғы желкендерді
— бом-брамсельді, тағы басқаларын төмен түсіреді. Осы шаралар
түгел орындалса, кенет соққан дауыл кеме үшін қауіпті емес. Бірақ
Дик Сэнд бұл сияқты алдын ала сақтану шараларын қолданған жоқ.
Өйткені ауа райына қарағанда ешқандай күтілмеген қолайсыз
жағдайдың бола қоярлықтай түрі жоқ-ты. Ол мұхиттың осы иесіз
бөлегінен шыққанша кеменің жүрісін кеміткісі келмеді. Мұның
үстіне бірінші түнгі вахтада жас капитанның өзі тұрып, бәрін де өзі
бақылауға ұйғарып еді.

«Пилигримнің» жүріп өткен жолының мөлшерін шамалау үшін
Дик Сэндтің бірден-бір қолданатын құралы компас пен лаг
екендігін жоғарыда айтып өттік.

Жас капитан әрбір жарты сағат сайын суға лаг тастатып,
құралдың көрсеткен мөлшерін өз қолымен теңіз журналына жазып
отырды.

«Пилигримде» екі компас бар-ды. Оның біреуі штурвал
үйшігіне, рульшінің нақ алдына орнатылған. Компастың беті —
картасы, күн мен түннің қай минуты болса да, кеменің бара жатқан
бағытын көрсетіп отырады. Түн болса компастың екі жағына
шырақ қойып бетіне жарық түсіріледі. Екінші компас, бұрын

капитан Гуль тұрған каютаның қабырғасына ілінген. Бұл компас,
капитанның каютада отырып-ақ, рульшінің кемені тапсырылған
бағдармен дәл жүргізіп бара жатқанын немесе тәжірибесіздіктің,
салақтықтың салдарынан кеме басқа жаққа қарай қаңғып бара
жатқанын бақылауына мүмкіндік беретін.

Әдетте, алыс сапарға шыққан кемелердің компасы кем дегенде
екеуден болады, оның үстіне кемінде екі хронометр алады. Бұл
құралдардың бұзық, түзігін анықтау үшін көрсеткен бағдарын
ауық-ауық салыстырып отыру керек.

Дик Сэнд өзіне қажетті екі компасты аса сақтықпен
пайдалануды экипажына мұқият тапсырды.

Бірақ февральдың он екісінен он үшіне қараған түні,
жасөспірімнің өзі вахтада тұрған кезде, капитан каютасындағы
компас жазым болды. Компастың шегеге ілінген жез шығыршығы
сыныпты да, еденге түсіпті. Бұл уақиға ертеңгісін мәлім болды.

Шығыршық қалайша сынған?

Бұл бақытсыздық нендей себеппен болғанын ешкім шеше
алмады. Ақырында шығыршықтың үзілуін, тот жеп, шайқалудан
шеге қажаған, сөйтіп шығыршық жіңішкеріп үзілген деп
шамаланды. Бірақ жағдай солай болды ма, әлде басқаша ма, әйтеуір
екінші компас сынып, оңдауға келмейтін боп істен шықты.

Дик Сэнд қатты қынжылды. Ол ендігі жерде қолында қалған
жалғыз компасқа сеніп, кемені соның көрсеткен бағдарымен
жүргізуі керек. Екінші компастың бүлінуіне ешкім жауапты емес,
дегенмен мұның ақыры қолайсыз жағдайға соқтыруы ықтимал.

Диктің ендігі істейтін шарасы қолда қалған жалғыз компасты
кездейсоқ қырсықтан сақтау ғана.

Компас уақиғасы болмаса, «Пилигрим» үстіндегі жағдайдың
бәрі соңғы уақытқа шейін оңды болып келген еді.

Кемедегі істелетін қызмет уақытын бөлгенде, Дик Сэнд өзінің
штурвал вахтасында тұратын кезегін түнге келтірді. Ол күндіз бес-
алты сағат жатып дем алады, осы қысқа мерзімді демалыстың
ішінде әл жинап тынығып алатын. Капитан дем алып жатқан кезде,
штурвал вахтасында Том мен оның баласы Бат тұратын болды.
Диктің дұрыс басшылығы арқасында бұл екеуі аздап болса да
жарамды рульші болып алды.

Миссис Уэлдон Дикпен жиі кеңесетін. Батыл да, ақылды
әйелдің кеңесін жас капитан аса бағалады. «Пилигримнің» өткен
күнгі жүрген жолының картасын күн сайын әйелге көрсетіп
отырды. Диктің картаға негізгі түсіретіні, кеменің бара жатқан
бағыты мен жүріс тездігінің орташа есебі еді.

— Көріп тұрсыз ба, миссис Уэлдон,— деді жас капитан әйелге
қарап,— мына ыңғай соққан желді пайдаланып, кешікпей-ақ
Оңтүстік Америка жағалауына жақындап қаламыз. Әрине, кесіп
айту қиын, бірақ бізге алдымен көрінетін жағалау Вальпарайсоға
іргелес болар деймін.

Миссис Уэлдон «Пилигримнің» дұрыс бағытта келе жатқанына
және солтүстік-батыстан ыңғай соққан желдің межелеген жерге
жеткізіп тастайтынына күмәнданған жоқ. Бірақ бұл меже оған
соншалықты алыс көрінді! Кеменің құрғаққа баратын жолын
астыртын аңдыған қаншама қауіп-қатер бар, ауа райы бұзылып,
жаңбыр жауа қалса, теңіз бетінде толқын көтерілуі мүмкін! Аспан
да, теңіз де бірдей қатер.

Өзі қатарлы балалар сияқты, Джек те уақытын палубада әрлі-
берлі жүгіріп, Дингомен ойнап өткізетін. Соңғы күндерде Дик Сэнд
балаға уақытын аз бөлетін болды, әрине, бұл жағдайды бала да
сезген еді, бірақ Дикті жұмысынан қалдырмау керек екенін жас

әйел бөбегіне ұғындыра білді, тіл алғыш бала енді қайтып «капитан
Диктің» мазасын алып қыңқылдауды қойды.

«Пилигрим» бортындағы өмір осындай жағдайда өте берді.
Негрлер өздерінің жаңа кәсібі — матростыққа аз-аздап көндіге
бастады. Том қарт боцман қызметінің міндетін атқарды. Жас
капитан дем алған сағаттарда, күндізгі кезектің вахта бастығы Том
болды. Онымен бірге Бат пен Остин тұратын. Дик бастаған екінші
вахта кезегінде Геркулес мен Актеон тұрады. Сөйтіп, біреуі
штурвалда тұрып кемені басқарады да, қалған екеуі тұмсықтағы
вахтада тұрады.

Кеменің жүріп келе жатқан жері мұхиттың иесіз бөлегі еді, бұл
шамадан қарсы келе жатқан кемеге жазатайым соқтығысу қаупін
ойламаса да болады. Әйтсе де, жас капитан вахтада тұрғандардан
өте сақ болып, қырағы бақылауды талап етті. Ол кеш болысымен
белгі фонарьларды (кеменің оң жақ бортына көк фонарь, сол жақ
бортына қызыл фонарь іледі) жағып қоюды тапсырды.

Дик Сэнд штурвалда тұрып түн артынан түн өткізді. Кей
уақыттарда өзінің әлі құрып әбден шаршағанын сезетін, өзінің қолы
штурвал дөңгелегін ұстап тұрғанын да сезбейтін-ді.

Бұл оның әбден шаршап қажығандығының салдары еді, бірақ
мұны ешкімге айтып шағынбайтын.

Сонда да болса ол февральдың он үшінен он төртіне қараған
түні әбден дымы құрып амалсыздан бірнеше сағат дем алуға
мәжбүр болды. Оның орнына — штурвалға Том барып тұрды.

Аспанды қалың бұлт құрсаған. Түннің қараңғылығы сонша,
палубадан қарағанда жоғарғы желкен көрінбейді. Актеон мен
Геркулес тұмсықтағы вахтада тұр.

Кормодағы нактоуздың48 болымсыз жарығы штурвал
дөңгелегінің теміріне түсіп көмескі жылтыраған болады. Жоғарыда,

мачта басында белгі фонарьлары жанып тұр, кеменің палубасын
бүтіндей қараңғылық басқан.

Ұзақ уақыт вахтада тұрып қажыған Том, түнгі сағат үштің
шамасында тік тұрған күйі қалғып кетті. Ол бірер көлеңкенің
палубада жылжып бара жатқанын байқамай қалды.

Бұл Негоро еді.

Кеме аспазы компасқа білінбей келіп, бір ауыр затты нактоуз
астына қоя салды.

Ол нактоуздың жарығы түскен компас бетіне бірнеше минут
қарап тұрды да, дыбыс шығармай тайып тұрды.

Мұны Том да, вахтада тұрған басқа матростар да көрмей қалған.

Егер, Негороның нактоуз астына қойып кеткен ауыр затын,
ертеңгісін Томды ауыстырған Диктің өзі көрсе де, ойланбай-ақ
алып тастар еді, өйткені Негороның компас астына қойып кеткен
ауыр заты — бір жалпақ темір болатын.

Темір, компастың магнитті тілін өзіне қарай тартады.

Компас тілі магнитті полюсті, яғни солтүстікті көрсетудің
орнына, төрт румбаға49 барып тоқтап, енді солтүстік-шығысты
көрсетті.

Көп кешікпей Том да оянды. Ояна салып компасқа қарады...—
Оған «Пилигрим» бұрынғы бағытынан ауған сияқтанды.

Том кемені шығысқа қарай бағыттау үшін штурвал дөңгелегін
айналдыра берді.

Бірақ компас тілінің де бұрылғанын вахта рульшісі байқамаған
еді. Кеме тұмсығы тіп-тіке оңтүстік-шығысқа қарай бұрылды.

Сөйтіп, «Пилигрим» алғашқы бағытынан 45° бұрылып,
бұрынғы шапшаңдығымен алға қарай жүйтки берді.

Он бірінші тарау

ДАУЫЛ

Келесі жетінің ішінде, яғни февральдың он төртінен жиырма
біріне дейін, кеме үстінде айта қаларлықтай ештеңе болған жоқ.
Солтүстік-шығыстан соққан жел күшейе түсіп, «Пилигрим» орта
есеппен тәулігіне бір жүз сексен миль жол жүріп алға қарай аға
берді.

Екі жарты шардың арасындағы жолаушылар таситын
трансокеандық пароходтар жүретін судан «Пилигрим» оншалықты
қашық болмауы керек, деп есептеді Дик Сэнд.

Жасөспірім осы пароходтардың бірі кездесер деп сенген еді.
Кездескен пароходпен «Пилигримдегі» жолаушыларды жөнелтуге,
немесе оның капитанымен келісіп кемеге бірнеше матростар, тіптен
мүмкіндігі болса офицер алуға ұйғарды. Ол талмастан қиырға көз
жіберумен болды, бірақ бір де бір кеме ұшыраспады. Теңіз баяғы
құлазыған қалпынан өзгерген жоқ.

Бұл жағдай жас капитанды ойға қалдырды. Ол поляр теңізінде
үш рет болып, мұхиттың қазіргі «Пилигрим» жүзіп жүрген бөлегін
бірнеше рет кесіп өткен. Сол сапарында Горн мүйісінен экваторға
қарай, немесе американ континентінің осы оңтүстік шеткі шегіне
қарай кетіп бара жатқан американ немесе ағылшын кемелерінің
талайына кездескен-ді.

Бірақ Дик Сэнд мұхиттың сол бөліміне жеттім ғой деп
шамалаған жерінен «Пилигримнің» әлдеқайда алыста, оңтүстікке
таман екенін білмеді, тіптен күдіктенбеді де. Мұның екі түрлі
себебі бар-ды.

Біріншісі — ағыс. Дик Сэнд ағыс тездігін нашар білетін. Бірақ
бұл арадағы ағыс күшті еді, жай қарағанда байқалмағанымен,
кемені бет алған жағынан бұрып басқа жаққа әкете берді.

Екіншісі — арам ниетті Негороның қолы бүлдіріп теріс бағыт
көрсеткен компас. Қосалқы компас сынып істен шыққан, соның
нәтижесінде қолда қалған компасты Дик Сэнд тексере алмады.

Жас капитан кемені тура шығысқа қарай жүргізуге тырысты,
бірақ іс жүзінде оңтүстік-шығысқа қарай алып кетті!

Компас әрқашан оның көз алдында. Әрбір отыз минут сайын
үнемі лаг тастатып отырады. Осы екі құрал кеменің жүрген жолын
мөлшерлеп есебін шығаруға, кемені бағытқа қарай тура алып
жүруіне мүмкіндік береді. Бірақ осы сияқты мөлшер есеппен
қанағаттануға бола ма? Әрине болмайды!

Кейде күнілгері үрейленіп мазасы кететін миссис Уэлдонды
тыншайтудың қамын қарастырып Дик Сэнд барынша тырысып
бақты.

— Бір жеті ерте, бір жеті кеш,— деді ол қайталап,— әйтеуір
американ жағалауына жетуіміз анық. Қай жер болса, ол жер
болсын... Ең қажеттісі, әйтеуір жерге жетеміз!

— Дик, мен бұған күмәнданбаймын!

— Түсінікті ғой, миссис Уэлдон, егер «Пилигрим» бортында сіз
болмасаңыз, маған анағұрлым жеңіл болар еді, егер мен тек қана
экипажға жауапты болсам, бірақ...

— Бірақ, егер кездейсоқ жағдай сіздерге бізді, апатқа ұшыраған
негрлерді кезіктірмесе, балам, саған екеуден-екеу — Негоромен
қалуға тура келер еді... Сен сонда қайтер едің? Сенің оған
сенбейтініңді білемін.

- Ең алдымен,— деді жас капитан тұжыра сөйлеп,— Негороны
өзіме зиян келтіре алмайтын етер едім...

- Сонда сен кемені жалғыз басқарар ма едің?

— Ие, жалғыз!

Бала жігіттің қатал да тұжырымды үні миссис Уэлдонның
көңілін орнықтырды.

Дегенмен, әйелдің көзі өзінің бөбегіне түсіп, мазасыздық
сезімнен арыла алмады. Ержүрек саяхатшы әйел өзінің
мазасызданғанын сездірмеуге тырысты, әйтсе де оның көңілі өзінен
өзі қобалжып жай таппады.

Жас капитан навигация теориясын астрономия жолымен
анықтауды жеткіліксіз білетін-ді, бірақ онда «ауа райына» қарап
келешекті болжайтын қасиет бар-ды. Біріншіден, аспан мен теңіздің
құбылысы; екіншіден, барометрдегі сынап бағанасының төмендеуі;
осы екі сезім оның көз алдында күтілмеген болашақты көрсетіп
отырады.

Капитан Гуль ауа райын алдын ала болжауға озат кісі еді. Ол,
барометрдің көрсеткенін қалай ажыратып түсінуді Дикке үйреткен
болатын. Біз бұл тамаша құралды қалай пайдаланудың жайын
қысқаша айтып өтейік.50

«1. Ауа райы ұзақ уақыт жақсы болған кезде, барометр бірден
тоқтаусыз төмендей берсе, бұл ақиқат жаңбырдың белгісі. Сөйтсе
де ауа райы өте ұзақ уақыт ашық болған жағдайда да сынап
бағанасы екі-үш күн қатарынан төмендесе, ауа райында нендей де
болса елеулі өзгеріс болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сынап
бағанасының төмендеуімен жаңбырдың басталуы арасындағы
уақыт неғұрлым ұзаққа созылса, жаңбыр да ұзақ жауып, соңы ақ
жауынға айналады.

2. Жаңбыр ұзаққа созылған кездерде, барометр сынабы
жайыменен тоқтаусыз жоғарылай берсе, ауа райы қайтадан
жақсарады деп сенімді түрде шамалауға болады. Алғашқы шуақ
күн мен сынап бағанасының жоғарылауы арасындағы уақыт

неғұрлым ұзақ болса, ауа райының жақсы болуы да солғұрлым
ұзаққа созылады.

3. Бұл екі жағдайдың екеуінде де, яғни сынап бағанасы
көтерілгеннің немесе төмен түскеннің артынша өзгерген ауа райы,
сол күйінде ұзақ тұрмайды.

4. Егер барометр сынабы жайымен, бірақ тоқтаусыз екі-үш күн,
одан да артығырақ уақыт көтеріле берсе, тіптен бұл күндері
тоқтаусыз жаңбыр құйып тұрса да, бұл ауа райының түзеліп
кететіндігінің белгісі.51 Бірақ барометр жаңбырлы күндері көтеріліп,
күн ашылып жадырасымен төмендей бастаса, жадыраған ауа райы
ұзаққа созылмайды.52

5. Көктемде және күздің күні барометрдің бірден төмендеп
кетуі, ауа райының желді болуын білдіреді. Жаздың ми қайнатқан
ыстық күндерінде барометрдің бірден төмен түсуi, дауылдатқан
нөсер құятындығының нышаны. Қыстың күні, әсіресе ұзаққа
созылған аяздан кейін сынап бағанасының тез төмендеуі, күн
жылынып, жаңбыр жауып, жел ыңғайының басқа жаққа
ауысатындығының белгісі. Керісінше, ұзаққа созылған аяз күндері
сынап бағанасының жоғары көтерілуі, қар жауатындығын
хабарлайды.

6. Сынап бағанасының бір жоғары көтеріліп, бір төмен түсіп
қобалжуы, ауа райының ұзаққа созылатын құрғақ немесе жаңбырлы
мерзімінің таянғандық белгісі деп жоруға мүлдем болмайды. Тек
сынап бағанасы жайыменен бірте-бірте төмендесе немесе жоғары
көтерілсе, ауа райы ұзақ уақыт бір қалыпта тұрады деп болжалдауға
болады.

7. Күздің ақырында, ұзаққа созылған желді де жаңбырлы
мерзімдерден кейін барометрдің сынабы көтеріле бастаса,
солтүстіктен жел тұрып аяз болуының нышаны».

Дик Сэнд барометр ерекшелігін жақсы білетін. Ол теңдесі жоқ
және әрбір теңізшінің жәрдемшісі болған осы құралдың болжалдап
көрсеткенінің дұрыс екендігін талай рет көзімен көріп сенген еді.
Ол қапелімде ауа райының өзгеруіне кезігіп қалмау үшін,
барометрмен күн сайын кеңесіп тұратын-ды.

Жас капитан барометрге қайта-қайта келіп жүрді, бірақ
февральдың жиырмасы күні сынап бағанасының бұрынғы
қалпынан өзгере қалғанын байқады. Барометр жайыменен
тоқтаусыз төмендеп бара жатыр. Бұл жауын-шашынның белгісі
болатын. Сынап бағанасы төмендеген үстіне төмендей берді, әйтсе
де жауын-шашын бола қоймаған соң, лайсаңды ауа ұзаққа
созылады екен деп шамалады Дик.

Бірақ жылдың бұл маусымында жауған жаңбырмен қабаттаса
күшті жел де тұруға тиіс, шынында да солай болды. Бір күннен соң
желге жан еніп күшейе түсті, оның еліргендігі сонша, жел
ағысының көшуі сағатына алпыс километргe жетті.53

Жел екпіні «Пилигримнің» желкендерін жыртып, мачталарын
қиратып кетпеу үшін, кейбір сақтық шараларын қолдану керек
болды.

Жас капитан, бом-брамсельді, топсель мен сыртқы кливерді
түсіріп қоюға бұйырды. Бірақ бұл шаралар жеткіліксіз тәрізді. Ол
тағы брамсельді түсіруге, марсельді екі риф жиырып, аумағын
азайтуға бұйырды.

Соңғы маневрді жаңа келген тәжірибесіз экипажбен орындау
қиын еді. Бірақ қиыншылыққа тізе бүгіп тоқтап қалуға болмайды,
шынында да бұл қиыншылықтар ешкімге бөгеу бола алмады.

Жас капитан Бат пен Остинді ертіп рейге шықты да, брамсельді
түсірді, бұл маневрді жасау үшін шынында да аз қиналған жоқ.
Егер де барометрдің төмендеуі соншалықты қауіпті болмаса, екі
рейді де алмай мачтада қалдырар еді. Бірақ жел құйынға айналып

кетсе, желкендерді азайтумен ғана қанағаттанбай, мачтаның да
жүгін жеңілдету керек: жүгі жеңіл болса, мачта қатты
шайқалмайды. Сондықтан Дик Сэнд екі рейдің екеуін де палубаға
түсіртті.

Бұл жұмыс аяқталған соң (мұны орындау үшін екі сағат
шамасындай уақыт кетті), Дик Сэнд жәрдемшілерінің көмегімен
марсель желкенінің аумағын кішірейтуге кірісті. Басқа кемелердің
көбісінде болатын екі қабат марсель «Пилигримде» жоқ болатын.
Сондықтан «Пилигрим» экипажы ескі заманның әдісін қолданып,
рей үстімен жүріп, жел екпінімен желпілдеп тұрған желкеннің
етегін тартып линьмен нығыта байлап қоюлары қажет. Бұл өте
қиын, ұзақ уақыт алатын жұмыс. Сонда да болса марсель
желкенінің аумағы кішірейтілді. Енді кеме біртегіс жүріске басты.

Мачта басында жұмыс істеп жүрген Дик Сэнд пен негр
матростар аса күшті таза жел (құрылықтағы дауыл деп аталатын
атмосфера жағдайын теңізшілер осылай атайды) соғып тұрғанда да
жүзе алатын етіп «Пилигримді» әбден дайындап болып, палубаға
түсті.

Келесі үш күннің ішінде — 20, 21 және 22 февраль күндері —
желдің күші де, ыңғай соғуы да өзгерген жоқ. Барометр үздіксіз
төмендеп барып, 22 февраль күні жиырма жеті де, жеті ондық
дюймге54 барып тоқтады.

Енді таяу күндердің ішінде барометрді жоғары көтеріледі деп
үміттенуге болмай қалды. Аспан әлемі қабағын тастай түйіп алған,
жел құлақ жара ысқырып тұр. Теңіз бетін тұтасымен тұман басып
жатыр. Көк жүзін қара бұлт құсап, күннің қай жақтан шығып, қай
жаққа бататынын да ажыратып болар емес.

Диктің мазасы кете бастады. Ол аттап шықпастан үнемі капитан
мінбесінде болды, жөнді ұйықтаған да жоқ. Сонда да болса сыр
білдірмей тыныш қалпында жүре берді.

23 февраль күні ертеңгісін жел аздап бәсеңдеген тәрізденді:
Бірақ Диктің ауа райы түзеліп кете қояды деген үміті жоқ-ты.
Шынында да оның шамалауы дұрысқа шықты: түстен кейін жел
қайта күшейіп, теңіз бетінде күшті толқын пайда болды.

Камбузынан сирек шығатын Негоро, күндізгі сағат төрттің
шамасында палубаға көтерілді. Динго кеменің бір түкпірінде
ұйықтап жатса керек, бұл жолы кеме аспазына абалаған жоқ.

Негоро қашан да болса өзінің үндемейтін тұйық әдетінше,
көкжиекке көзін қадап жарты сағаттай палубада тұрды.

Мұхит бетінде жал-жал толқындар сырғып жатты. Олар бірін-
бірі қуып кимелей түседі, бірақ біріне бірі әлі соқтығысқан жоқ.
Жайшылықтағы толқыннан мына толқын биіктеу. Бұған қарағанда
онша қашықта емес, батыс жақтың бір жерінде күшті дауыл соғып
тұр, көп кешікпей кемені қуып жетеді деп шамалауға дәлел бар-ды.

Негоро теңіз ісінен мүлдем хабары жоқ, немесе теңіз ізімен бір
шолып өтті де, сосын өзінің қобалжымайтын суық көзін көкке
қарай аударды.

Аспан реңі үрейлі еді.

Бұлттың үстіңгі қабаты, астыңғы қабатынан анағұрлым тез
көшіп жатыр. Аспан биігіндегі ауа ағысы жуық арада төмендеп,
теңіз бетін басқалы тұрғандай. Олай болса «тап-таза» жел
сұрапылға айналады...

Негоро теңізі ісінен мүлдем хабары жоқ, немесе теңіз апатынан
сескене білмейтін жансыз болуы керек. Оның, жүзінде абыржу
дегеннің аз да болса нышаны жоқ. Оған үстеме зұлымдана
күлімсіреп ернін қисайта түсетінін қайтерсің. Мұнысына қарағанда
ауа райының казіргі түрі оны қорқыту былай тұрсын, қайта қуанта
түсетін сияқты.

Негоро бушпритке атша мініп алып, ұшына қарай өрмеледі.
Сыңайы көкжиектен әлденені көруге тырысқан тәрізді. Сосын
палубаға түсіп, бір ауыз тіл қатпастан каютасына кіріп кетті.

Соғып тұрған желдің құйынды дауылға айналып кетуі мен
нөсерлеп жаңбыр жаууы сияқты әбігерлі нышанның арасында
«Пилигрим» үшін бір ғана. қолайлы жағдай болды; бұл жел өтінің
бірыңғай соғуынан айнымауы еді. Жел неғұрлым күшейіп құйынға
айналып кетсе, кеме де солғұрлым тез жүзіп американ жағалауына
тез жететіндерін «Пилигрим» бортындағылар тегіс білді. Барынша
берік жасалған кемеге желдің құтырына соғуы әзірге ешқандай
қауіп төндірген жоқ, бірақ бейтаныс жағалауға барып тіреле қалса,
шын қауіп сонда төнеді.

Бұл ой Дикті аса абыржытты. Егер сол жағалауды жақсы білетін
боцман табылмайтын иесіз жағалауға барып қалса, бұлар нендей
шара қолданбақ? Егер ауа райы лайсаңға айналып, белгісіз
жағалаудың бірер түкпірінен баспана іздеуге мәжбүр болса, жас
капитанның қолданатын шарасы қандай болмақ? Қазір бұл сияқты
қиялдармен бас қатыратын уақыт емес, бірақ ерте ме, кеш пе,
әйтеуір, бұл мәселенің болатыны сөзсіз, сол уақытта тезінен бір
шара қолдану керек болады.

Сасатын түк те жоқ, Дик Сэнд бұл шараларды уақытында
қолдана жатар!

Соңғы он үш күн бойы 24 февральдан 9 мартқа дейін ауа райы
өзгермеді деуге болады. Көк әлемін бұрынғысынша қара бұлт
құрсап алған. Жел ара-тұра шамалы уақыт бәсеңсіген болады, бірақ
бірнеше сағаттан соң баяғы қалпынша қайта ұли бастайды.
Барометрдің сынап бағанасы бір-екі рет аздап жоғарылаған болды,
бірақ бірнеше сызық көтеріліп барып қайта төмендеді. Атмосфера
қысымы кенет қобалжыды, бұған қарағанда жуық күндердің ішінде
ауа райының түзеле қоятын түрі жоқ.

Бірнеше рет көк жарылғандай боп күн күркіреді, бұл жағдай жас
капитанды қатты абыржытты. Кемеден небары бір кабельтов
жерден суға жасыл түсіп жатты. Ара-тұра нөсерлеп жаңбыр құйып
өтті, «Пилигрим» енді қалың тұманның ортасында қалды.
Көкжиекті бақылап вахтада тұрған адам, ұдайы бір сағат бойы
ешнәрсе көре алмай, кеменің беталды бағдарлап тартқан кездері
болды.

Кеме теңіз толқынына ойдағыдай төтеп берді, әйтсе де толқын
қатты шайқады. Бір жақсы жері, миссис Уэлдон теңіз ауруына
шалдыққан жоқ. Бірақ Джек бейшара науқастанып қатты қиналды,
анасы жанынан аттап шықпай күзетіп отырды.

Уақытының бәрін шыбын-шіркейлер арасында өткізген
Бенедикт ағайдың кеме шайқалуынан көрген азабы американ
тарақанының азабынан артық емес. Ғалым өзінің Сан-
Францискодағы ың-жыңсыз тыныш кабинетінде отырған тәрізді,
ұзақты күн коллекциясын зерттеумен болды.

Бір жақсы жері, Том және оның жолдастары теңіз науқасына
шалдықпады, жас капитанның басшылығымен жұмысты
бұрынғысынша атқара берді. Капитанның өзі кеме шайқалуына
көптен көндігіп қалған бала еді.

«Пилигрим» көтерілген желкенінің аздығына қарамастан алға
қарай тез ұмтылуда. Дик Сэнд қалған желкендерді әлде де болса
азайта түсу керек болар деп шамалады. Дегенмен, тікелей төніп
тұрған қауіп болмаған соң, бұл іске кірісе қоюға асыққан жоқ.

Диктің есебінше, кеме құрғақ жерге жақындап қалған. Ол вахта
бақылаушысына сақ бол деп мұқият тапсырды. Бірақ жас капитан,
тәжірибесіз матростар жерді алыстан көре қояды деп сенбеді.
Көкжиектен күңгірттеніп көрінетін жер бейнесін ажырату үшін көз
жанарының өткір болуы жеткіліксіз. Сондықтан да Диктің өзі
мачтаға шығып көкжиекке ұзақ уақыт көз жіберіп тұратын-ды.

Бірақ американ жағалауы әлі көрінер емес.

Бұл жағдай жас капитанды ойға қалдырды, ол өз күдігін миссис
Уэлдоннан жасырған жоқ.

Тоғызыншы март күні Дик Сэнд кеменің тұмсығында тұр еді.
Ол біресе теңізге, біресе жел екпінімен иіліп-бүгіліп тұрған
«Пилигримнің» мачтасына көз тастады.

— Дик, ешнәрсе көрінбей ме? — деп сұрады миссис Уэлдон
бала жігіт көзін подзор дүрбіден алған кезде.

— Түк те көрінбейді, миссис Уэлдон, түк те... жел әлде де болса
күшейе түскен тәрізді, теңіз бетіндегі тұманды таратып жіберді...

— Алайда сен бұрынғысынша американ жағалауы қашық
болмауға тиіс деп шамалайсың ба?

— Күмән жоқ, миссис Уэлдон. Бірақ ол жағалаудың әлі күнге
көрінбеуіне таңым бар.

— Кеме үнемі бағытқа қарай дұрыс жүріп келе жатты ма?

— Сөз бар дейсіз бе! Жел солтүстік-батыстан тұрғалы бір
бағытта келе жатыр,— деді Дик.— Есіңізде болар деймін, капитан
Гуль мен «Пилигрим» экипажы түгелдей қаза тапқан қайырсыз күні
жел сол жағымыздан тұрған еді, сол ыңғайынан әлі ауған жоқ.
Бүгін марттың тоғызы, оныншы февральдан бері жиырма жеті күн
уақыт өтті!

— Ол кезде біз материктен қанша қашықта едік? — деп сұрады
миссис Уэлдон.

— Төрт мың бес жүз миль шамасы, миссис Уэлдон. Бұл есеп
дәл болмаса да соған жуық. Есептегі қатенің айырмасы жиырма
миль не артық, не кем, одан ары болуы мүмкін емес.

— Ал кеменің жүріс тездігі қанша еді?

— Желдің күшейген күнінен бастап орта есеппен күніне бір жүз
сексен миль жол жүрдік. Сондықтан да жердің әлі күнге
көрінбеуіне таңым бар. Тағы бір ерекше таң қаларлық нәрсе, бұл
араның суында кеме көп жүруші еді, бізге бірде-бір кеме кездеспеді
ғой.

— Кеменің жүріс тездігін есептеуден жаңылған жоқсың ба? —
деп сұрады миссис Уэлдон.

— Жоқ, миссис Уэлдон. Бұл жөнінде менің ешқандай күдігім
жоқ. Ағаттық болуы мүмкін емес. Әрбір жарты сағат сайын лаг
тастап, лагтың көрсеткенін өз қолыммен үнемі жазып отырдым.
Тілесеңіз мен қазір лаг тастайын, сағатына он миль, яғни тәулігіне
екі жүз мильден астамырақ тездікте жол жүріп келе жатқанымызды
өз көзіңізбен көріңіз!

Дик Сэнд Томды шақырып алып, лаг тастауға бұйырды. Қарт
негр бұл операцияны жақсы орындайтын болып жаттығып алған
еді. Ол лагтың арқанға байланған жерін тексеріп қарады да
лақтырып суға түсірді. лаг байланған арқанды жиырма бес ярд55
шамасы тарқатқан кезде, арқан суға батпай салбырады да қалды.

— Ах, капитан! — деп айқайлап жіберді қарт негр.

— Не болды, Том?

— Арқан үзіліп кетті!

— Арқан үзілді? — деп айқайлады Дик.—Демек, лаг құрыды
десейші!

Қарт негр жауап қайырудың орнына, қолында қалған арқанның
үзігін көрсетті.

Том бұл жөнінде айыпты емес. Лаг берік байланған болатын,
арқан қақ ортасынан үзіліп кетіпті. Арқан маниль торқасының
сапалы сортынан есілген-ді. Оның бір жері әбден қажалып
қырқылғанда ғана болмаса, үзілуге тиіс емес. Шынында да солай
болып шықты. Мұның анығына Дик Сэнд арқанның үзігін қолына
алып қарағанда ғана сенді. Бірақ арқан неліктен қажалған?

Жасөспірім бұл сұраққа жауап таппады.

Қалай болса да, лагтың қарасы өшті, Диктің ендігі жерде кеме
жүрісінің тездігін өлшейтін мүмкіндігі жоқ. Оның бұдан былай
пайдаланатын бірден-бір құралы — компас.

Бірақ бұл компастың теріс бағыт көрсететінін Дик Сэнд білген
жоқ-ты...

Миссис Уэлдон бұл уақиғаның Дикті аса қатты күйзелткенін
көрді де, қайтып ешнәрсе сұрамады. Жүрегін қайғы кернеп өз
каютасына кетті.

Бірақ кеме жүрісінің кемімегенін компассыз-ақ байқауға
болатын еді.

Ертеңіне, марттың оны күні, барометр төмендеп жиырма сегіз
де оннан екі дюймге56 жетті. Барометрдің бұл төмендеуі сағатына
жүз километр тездіктегі құйынды желдің таянғандығының нышаны
еді.

Кемені қауіптен сақтандыру үшін, көтерулі желкендерді тезінен
тағы да азайту керек болды.

Дик Сэнд марсель мен фокты да түсіруге, тек қана бом-
кливермен, көлбеу гротпен жүзуге ұйғарды.

Ол Том бастаған негр матростарды палубаға шақырып алып,
бұл қиын маневр бүкіл экипаж болып бірлесіп істесе ғана
орындалатынын айтты. Мұның бір жаман жері, желкендерді түсіру

үшін көп уақыт кететін болды, ал дауыл минут сайын бірден-бірге
үдеп барады.

Дик Сэнд, Остин мен Актеон, Бат төртеуі рейге өрмеледі. Том
штурвалда қалды. Геркулес керек болған кезде шкотты тарту үшін
палубада тұр.

Бұлар ұзақ әуреленіп, ақырында марсель мен фокты түсірді.
Мачталардың ерсілі-қарсылы шайқалуы, желдің құтырына соғуы
ержүрек матростарды жазым ете жаздады. Олар әлде неше рет
жығылып кетудің аз-ақ алдында қалды, сонда да болса тәуекелге
бел байлап, ақырында көлбеу гроттың желкенін жиырды. Ең
соңында ішкі кливерді де түсірді, кеме енді тек көлбеу гротпен,
бом-кливермен ғана жүзді.

«Пилигрим» желкен аумағының аздығына қарамастан, толқын
бетімен бұрынғысынша алға қарай тез зымырауда еді.

12 март күні ауа райы бұрынғысынан да бетер нашарлай түсті.
Сол күні Дик Сэнд барометрге қарап, қорыққанынан денесі мұздап
қоя берді: барометрдің сынап бағанасы төмендеп жиырма жеті де
оннан тоғыз дюймге57 жеткен екен.

Бұл белгі өте күшті құйынның нышаны еді. «Пилигримге»
ендігі қалған аз желкеннің де қажеттігі қалмады.

Жел көлбеу грот желкенінің парша-паршасын шығарып
жыртатын болды. Дик Сэнд мұның солай боларын біліп, оны да
түсіруге бұйырды.

Бірақ кешірек бұйырып қалды. Кенет соққан құйынды дауыл
кемеге килігіп, көз ашып жұмғанша болмай желкенді жұлып әкетті.
Брам-рейдің үстінде тұрған Остинді жел үйіріп апарып брам-
стенгіге ұрды. Остин үсті-басы қан-қан болып палубаға азар түсті.

Диктің денесін қорқынышты абыржушылық биледі: оның
есебінше, осы қазір ғана жер көрінуге тиіс, жас капитанның
абыржитын себебі, бар екпінімен заулап келе жатқан кеме, жағалау
маңындағы су асты құздарының біріне барып ұрынуы мүмкін.

Ол жүгіріп тұмсыққа барды да, алысқа көз жіберді. Бірақ
алдыңғы жақтан жер қарасының ешқандай нышаны көрінбеді.

Дик Сэнд қайтадан штурвалға келді. Сосын бір минуттан соң,
Негоро палубаға шықты. Ол өзін өзі зорлаған тәрізденіп,
көкжиектің бір шетіне қарай қолын созды. Оны қалың тұманның
арасынан бір биік жағалау көрген екен деуге боларлық еді...

Португалдың бетінде зымияндық күлкі тағы ойнады. Негоро
жақ ашып, тіл қатпастан камбузына қайта кіріп кетті...

Он екінші тарау

КӨКЖИЕКТЕГІ АРАЛ

Бұл күні «таза жел» дауылға айналды. Оңтүстік-батыстан
соққан ауа ағысының тездігі сағатына жүз километрге жақындады.

Бұл дауыл — якор тастап портта тұрған кемелерді допша атып
жағаға шығарып тастайтын, үйлердің шатырын жұлып әкететін,
фабрик-заводтардың биік трубаларын жермен жексен қылатын
барып тұрған күшті дауылдың бірі еді.

1825 жылы 23 июньде Гваделупта жиырма төрт сантиметрлік58
ауыр зеңбірек желдің екпінімен лафетінен аударылып қалған. Олай
болса зіркілдеген толқыннан басқа ешқандай таянышы жоқ кемені
мына дауылдың асықтай шүйіріп жіберетіні айдан анық.

Бірақ кеменің аман қалуына бірден-бір сенім, оның осы қатты
жүрісіне байланысты. Кеме құтырына соққан дауылға қарсы тұра
алмай ыға береді, егер оның құрылысы жақсы болса, не-не күшті
дауылға да төтеп бере алады, «Пилигрим» де осы сияқты берік
кемелердің бірі еді.

Көлбеу гротты жел жұлып әкеткен соң бірнеше минуттан кейін,
ішін тартып қайта соққан дауыл бром-кливердің парша-паршасын
шығарды. Дик Сэнд тіптен стаксельді де қоя алмады, бұл бір
жапырақ кенеп болса да, кемені басқару ісін недәуір оңайлататын
еді.

«Пилигримнің» барлық желкені түсіріліп қойылды, сонда да
болса жел екпіні кеменің корпусына соғып, пәрменімен сырғытып
айдай берді. Кейде толқыннан жоғары көтеріліп, табаны суға тиер-
тимес сырғып бара жатқан тәрізденді.

Тау-тау толқындар кемені қақпақылдап әкетті.

Мұның үстіне толқынның кемені артынан дүре соғу қаупі төнді,
себебі, жүйткіген толқын «Пилигримнен» әлдеқайда шапшаң еді.

Арттан екінші толқын қуып жеткен кезде, кеменің кормосы тез
көтеріліп толқын жалына іліне алмай қалса, толқынның астында
қалып, кеменің суға батуы мүмкін. Дауылдан қашқан кемеге ең
қауіпті жағдай осы.

Бұл қауіппен қалай күресу керек? «Пилигримнің» жүрісін
тездетуге де мүмкіндік жоқ, өйткені оның барлық желкені алынып
қойылған. Ендігі қолданар жалғыз-ақ амал,— рульдің күшімен
кеменің тұмсығын толқынға қарсы ұстау, бірақ кеме рульге
бағынбай, өз бетімен лағып кете берді.

Дик Сэнд штурвалдан аттап та шыққан жоқ. Ол кездейсоқ бірер
долы толқын теңізге жұлып әкетер деп қауіптеніп, өзін өзі
арқанмен байлап қойды. Сол сияқты Том мен Бат та өздерін-өздері
байлап, жас капитанға жәрдем ету үшін қасыңда әзір тұрды.
Геркулес пен Актеон битенгіге59 жабысып тұмсықтағы вахтада
болды.

Жас капитанның бұйрығымен, миссис Уэлдон, кішкентай Джек,
кәрі Нан, Бенедикт ағай палубаға шыққан каютада отырды. Миссис
Уэлдон палубада болғысы келіп еді, бірақ Дик Сэнд орынсыз
тәуекел етіп жазым табуға болмайтынын айтып, әйелдің бұл
пікіріне үзілді-кесілді қарсы болды.

Люк біткеннің бәрі су кірместей етіліп жабулы еді. Жазатайым
кеменің үстін толқын басып кетсе де, люктің қақпағы су салмағына
төтеп бере алады деп сенді жас капитан. Егер де люк қақпағы су
салмағына шыдамы опырылып кете қалса, күн қараң: кеме ішіне су
толады да, қалқып жүретін қабілетінен айрылып, су түбіне кетеді.
Бір жақсы жері, «Пилигримнің» жүгі дұрыс тең тиелген және кеме
қаншама қатты шайқалса да, трюмдегі жүк бір орыннан
қозғалмады.

Дик ұйықтап жарытқан жоқ. Тіптен миссис Уэлдон оны
шалдығып ауырып қала ма деп қорқа бастады. Дикке аз да болса
жатып мызғып ал, деп жалына берді ол.

Марттың он үшінен он төртіне қараған түнде, Дик Сэнд дем
алып жатқанда, мынадай бір уақиға болды:

Том мен Бат штурвал вахтасында еді. Жайшылықта кеме
кормосына сирек келетін Негоро, ойламаған жерде штурвал
вахтасына келді, тіптен вахтада тұрғандармен әңгімелесуге де ойы
кетті. Бірақ қарт негрдің өзі де, оның баласы да оған ешбір жауап
қайырмады.

Сол арада кеме бір жақ бортына таман қапыл қисайып кетіп еді,
Негоро ұшып түсті. Егер Нактоузға жармасып үлгірмесе, теңізге
құлауында сөз жоқ еді.

Том айқайлап жіберді, ол компасты қиратты деп қорыққан-ды.

Дик Том қарттың айқайын ұйқыда жатып есітіп, көз ашып
жұмғанша болмай палубаға жүгіре шықты да кормоға қарай
ұмтылды.

Негоро бұл уақытта тұрып та үлгірген еді. Оның қолында
нактоуз астынан суырып алған жалпақ темір бар-ды. Кеме аспазы
жас капитанға сездірмей, әлгі темірді суға тастап жіберді.

Демек, Негоро компастың тілін бұрынғы қалпына түсіріп,
кемені алғашқы бағдарына салғалы келген болар ма?

Шамасы, кемені алға қарай айдаған оңтүстік-батыстың желі,
оның құпия мақсатына қызмет еткен болды.

— Не боп қалды? — деп сұрады жасөспірім.

— Мына оңбаған көк60 компастың үстіне жығылды! — деді қарт
негр.

Бұл сөзден зәресі қалмай қорыққан Дик, асығып-үсігіп
нактоузға үңілді. Компас бүлінбеген, оның бетіне фонарьдың
жарығы түсіп, көрсеткіш тілі бұрынғы қалпында тұр.

Жас капитан ауыр жүгі жеңілгендей, уһ деп демін алды. Егер
ақырғы компас та бұзылса, қайтып келеге келмейтін қырсыққа
ұшыраған болар еді.

Бірақ нактоуз астына қойылған жалпақ темір алынған соң,
компас тілі бұрынғы қалпына барып, тұп-тура магнитті полюсті
көрсеткенін Дик Сэнд байқамай қалды.

Егер Негороны компасқа құладың деп айыптауға болмағанымен
(бұл сияқты байқаусыз уақиға бола береді ғой), оның мезгілсіз
уақытта кеме кормосында жүруіне жас капитан ғажаптанып,
сезіктенуі де орынды.

— Сіз мұнда неғып жүрсіз? — деп сұрады ол.

— Жүргім келген соң, жүрмін,— деп жауап қатты Негоро.

— Сіз не айтып тұрсыз? —деп Дик Сэнд ашулана ақырды.

— Кормода жүруге тиым салынған тәртіп жоқ деп тұрмын,—
деді кеме аспазы жайбарақат үнмен.

— Мұндай тәртіптің болмағаны рас, бірақ қазіргі сағаттан
бастап осы тәртіпті мен шығарамын,— деді Дик Сэнд.— Сіздің
кеме кормосына баруыңызға тиым саламын!

— Қарай гөр мұны! — деп айқайлады Негоро.

Бұл адам өзінің ежелден дағдыланып қалған үрейлі қимылын
жасады.

Жас капитан қалтасынан алты атарын суырып алып тіп-тіке
кеме аспазына қарай көздеді.

— Негоро, — деді ол,— сіз менің ешқашан алты атарсыз
жүрмейтінімді біліп қойыңыз, егер бұдан былай да тәртіп
бұзғандығыңызды көрсем, атып тастаймын!

Негоро, өзін бір алып күштің кенет палубаға қарай еңкейтіп
бара жатқанын сезді.

Бұл күш оның иығынан бүркітше бүрген Геркулестің салмақты
қолы еді.

— Капитан Сэнд,—деді ол,— бұл оңбағанды борттан лақтырып
тастауға рұқсат етіңіз! Балықтар да бір тойып қалсын! Олар жақсы-
жаманды талғамайды ғой.

— Жоқ, Геркулес, әлі ертерек,— деп жауап қатты жас капитан.

Алып өзінің салмақты қолын кеме аспазының иығынан қалған
соң, Негоро еңсесін тік көтерді. Геркулестің жанынан өтіп бара
жатып:

— Тоқтай тұр, қарғыс атқан негр, сен бұл қылығың үшін
сазайыңды тартарсың,— деп күңкілдеді.

Компастың тілі бірден төрт румбаға барып тоқтапты, жел
ыңғайы өзгерген екен,— деп ойлады Дик Сэнд компасқа қарап.
Теңіз бетінде желдің бұл сияқты қапыл өзгеруіне жасөспірім ғажап
қалды.

Кеме бұрынғы бағытына қайта түсті, бірақ толқын кеменің арт
жағынан соғудың орнына, енді сол жақ бортын қиғаштай соқты.
Бұл жағдай аса қауіпті еді, сондықтан Дик Сэнд кеме бағытын төрт
румба өзгертуге мәжбүр болды.

Қатерлі ой жас капитанның мазасын алды. Негороның бүгінгі
абайсыз жығылуы, алдыңғы компастың сынуына байланысты емес
пе, мұнда біріне бірі ұштасып жатқан бірер жасырын сыр жоқ па
екен, деп сұрады ол өзінен өзі. Кеме аспазы кормоға неге барды?

Мүмкін, ол екінші компастың да істен шығуына тілектес болар?
Компас біткен істен шыққанда, оған түсері не? Дик Сэнд бұл
жұмбаққа түсіне алмай-ақ қойды. Негоро американ жағалауына
тезірек жетуді басқалардан кем тілемесе керек. Дик Сэнд болған
уақиғаны миссис Уэлдонға айтқанда, ол да Негороға сенбейтінін,
алайда навигация приборларын сол бұзды дегенге ешқандай негіз
жоқтығын айтты.

Дик Сэнд, Негороны өнебойы бақылап жүру керек деп ұйғарды.
Ол бұған да қанағат етпей, Дингоны кормаға орналастырды. Кеме
аспазының иттен аулақ жүретінін Дик білетін-ді. Бірақ Негоро
өзінің кеме кормасына баруына капитанның тыйым салғанын есіне
сақтап, енді қайтып кормоға бармайтын болды және оның енді ол
жерде жұмысы да жоқ-ты.

Құйынды дауыл бұрынғысынша ұдайы бір жеті кәрлене
зіркілдеумен болды. Барометр әлі төмендеуде. Марттың он
төртінен жиырма алтысына дейін бір минут тынбай соққан күшті
желдің алдына түсіп, желкен көтеруге мүмкіндігі болмаған кеме
алға қарай ытқи берді.

«Пилигрим» тәулігіне екі жүз миль шамасы тездікпен солтүстік-
шығысқа қарай тартып келеді. Жер әлі көрінер емес. Бұлардың
жетеміз деп бет алған жері—американ континенті — Тынық мұхит
пен Атлант мұхитының аралығында жүз жиырма градусқа шамалас
созылып жатқан бөгет — барьер.

Дик Сэнд өзінен өзі, мен осы есімнен танбадым да, әлде есептен
жаңылып оңбағандай бірер қате болмады ма, соның нәтижесінде
«Пилигрим» көп күндер теріс бағытпен ақпады ма, деп сұрады.
Жоқ, ол оншалықты қателеспеуі керек. Аспанды бұлт басқанымен,
күн өнебойы кеменің алдыңғы жағынан шығып, арт жағынан батып
отырды. Олай болса, кеме соғылып қирайды деп қорқып жүрген
жер қайда? Мұнда болмағанда, ол Америка қайда құрып кетті?
Мына сияқты қиыр-шиыр жүрістің үстінде «Пилигрим» Оңтүстік

немесе Солтүстік Америкаға жетуі керек еді ғой. Осы үрейлі
сұрапыл дауылдың кезінде нендей уақиғалар болып өтті? Жетеміз
деп үміттенген жағалау, кеменің не бақытына, немесе сорына болса
да бұлардың алдынан әлі күнге көрінбеуіне нендей жағдай болды!
Әлде компастың көрсетуі теріс деп шамалау керек пе? Бірінші
компас бұзылып істен шыққан соң, қалған жалғыз компасты
салыстырып тексерерлік Диктің мүмкіндігі болған жоқ! Бұл
жорамалдың бәрі Диктің көңіліне берік орнады, өйткені бұл жағдай
жер шарының тұтас бір континенті үшті-күйді жоғалып кетуіне
байланысты.

Дик Сэнд штурвалдан қолы босаған кездерде, аса зер салып
картаны тексерумен болды. Қаншама ақтарса да, оған карта
ешқандай түсінік бере алмады.

Марттың жиырма алтысы күні ертеңгі сағат сегіздің шамасында
аса маңызды бір уақиға болды.

Геркулес вахтада тұр еді, ол кенет:

— Жер! Жер! —деп айқайлап жіберді.

Дик Сэнд ентелей басып тұмсыққа қарай жүгірді. Геркулес
теңізші емес. Мүмкін, оның көзі алданған болар!

— Жер қайда? —деп айқайлады жас капитан.

— Ана жақта!—деп жауап қатты Геркулес, көкжиектің
солтүстік-шығыс жақ бөлегінде болар-болмас қарауытып көрінген
нүктеге қарай қолын шошайтып.

Желдің уілі мен жалданған толқынның біріне бірі шарт-шарт
соққан шалпылы арасынан Геркулестің даусы әрең естілді.

— Сіз жерді көріп тұрсыз ба? — деп жас капитан қайталап
сұрады.

— Ие, көріп тұрмын!—деді Геркулес басын изеп.

Ол солтүстік-шығысты көрсетіп тағы қолын шошайтты. Дик
алысқа қарай көзін тікті... Бірақ ешнәрсе көре алмады.

Сол минутта Геркулестің айқайын ести сала, миссис Уэлдон
Дикке берген уәдесін бұзып палубаға жүгіре шықты.

— Миссис Уэлдон! — деп айқайлады Дик.

Жас әйелдің уәдемен ісі болған жоқ, негр көрген жерді көруге
әрекеттенді. Оның бар әмірі сонда тұрған тәрізді.

Бірақ Геркулестің қолы дұрыс бағытты көрсетпесе керек,
өйткені миссис Уэлдон да, Дик те қаншама тесіліп қарағанмен,
көкжиектен ешнәрсе көре алмады.

Осы арада Дик те қолын шошайтып:

— Ие! Ие! Жер!— деп айқайлады.

Бұлттың саңлауланған жыртығы арасынан тау шоқысына ұқсас
әлденені оның көзі шалды. Бала жігіттің «теңізге үйренген көзі»
қателескен жоқ: ол нағыз жердің өзін көрген еді.

— Ақыры, әйтеуір, ақыры көрінді-ау!—деп қуанғанынан бір
айтқан сөзін қайталай берді.

Миссис Уэлдон көруден әлдеқашан күдерін үзген жерді тұтқаға
жармасып тұрып көз айырмай қараумен болды.

Жағалау «Пилигримнен» он миль жерде, сол жақ бортта, ық
жақта еді. Бұлттың жыртығы үлкейіп, бір жапырақ аспан көгі
көрінді. Енді таудың биік шоқысын анық көруге болады. Бұл
көрінген американ континентінің бірер мүйісі екенінде дау жоқ!

Желкені түсірілген жалаңаш мачталы «Пилигрим» мүйіске
қарай дұрыс бағыт алып жүре алмады. Бірақ жерге еріксіз баруы

керек,— бұл бірнеше сағаттың ішінде шешілетін мәселе. Қазір
сағат сегіз, түс болғанша «Пилигрим» жағалаудың өзіне жетеді
деген сөз.

Диктің иек қаққан белгісімен, Геркулес миссис Уэлдонды
жетелеп кейін каютасына алып кетті, ол өздігінен палубада жүре де
алмас еді.

Жас капитан кеме тұмсығында тағы бірсыпыра тұрып, сосын
штурвалға қайтып барды, бұл кезде штурвалды Том қарт басқарып
тұрған.

Дик шыдамы таусылып ынтыға күткен жерді де көрді!
Қуанудың орнына неге қорықты ол? Өйткені жер ық жақтан,
екпіндей заулап қатты келе жатқан «Пилигримнің» алдыңғы
жағынан көрінді, мұның ақыры кеменің апат болып, жан
түршігерлік жамандыққа айналуы ықтимал...

Бұдан кейін екі сағат уақыт өтті. Таулы мүйіс кеменің бұрынғы
бет алған бағыты емес, бір бүйірден көрінді.

Осы арада Негоро тағы палубаға шықты. Жерге тесіле қарап,
оның білгенін басқа кісі білмейтін кісіше басын изей түсті де,
камбузына қайта кіріп кетті.

Дик Сэнд мүйістің төменгі жағалауын анықтап көруге тырысты.

Екінші сағаттың ақырында мүйіс кеменің арт жағында қалды,
бірақ жердің өзі әлі көрінген жоқ.

Бұл екі арада көкжиектің бұлты ыдырап тұман ашылды, енді
Анд тауы жиектеген американ жағалауының биігі жиырма миль
жерден көрінуге тиіс.

Дик Сэнд подзор дүрбісін алды да ақырын жылжытып
көкжиекті шолып өтті.

Көрініп тұрған жер жоқ.

Ертеңгісін көрінген мүйіс, түстен кейін сағат екінің кезінде
артта қалып қойды.

Алдыңғы жақтан не биік, не аласа жер подзор дүрбіге ілінбеген
соң, Дик Сэнд қатты айқайлап жіберді де, басқышпен төмен түсіп
миссис Уэлдон, кішкентай Джек пен Бенедикт ағайлар тұратын
каютаға қарай жүгірді.

— Бұл көрінген арал екен!—деп айқайлады ол.—Тек қана арал!

— Арал деймісің, Дик? — деп сұрады миссис Уэлдон.— Қандай
арал?

— Қазір картадан қараймыз! — деп жауап қатты жас капитан.
Ол өз каютасына барып карта алып келді.

— Міне, миссис Уэлдон, міне!—деді ол картаны жауып.— Біз
көрген жер, Тынық мұхиттың картаға түспей қалған бір нүктесі
болса керек. Бұл Пасхи аралы. Бұл арада одан басқа арал жоқ.

— Олай болса; жер біздің артымызда қалғаны ма? — деп
сұрады миссис Уэлдон.

— Ие, ол арал қазір көрінбей кетті...

Миссис Уэлдон нүктедей боп әрең көрінген Пасхи аралына
қадала қарады.

— Бұл арал американ жағалауынан қанша қашық?

— Отыз бес градуста.

— Ол неше миль болады?

— Екі мың мильге тарта.

— Олай болса, «Пилигрим» бір орыннан жылжымаған болғаны
ғой! Біздің әлі күнге дейін жерден соншалықты қашық
болуымыздың себебі қалай?

— Миссис Уэлдон...— деп бастады Дик. Ол өзіне ой түсіргісі
келіп қолымен маңдайын сипады.— Мен біле алмай тұрмын...
Мұның мәнісін қалай түсіндіруге білмеймін. Әлде компас бұзылды
ма?.. Бұл тек қана Пасхи аралы болуы керек — жел бізді өне бойы
солтүстік-шығысқа қарай айдады ғой... Ие, бұл Пасхи аралы, біз
енді мұхиттың қай жерінде екенімізді білдік, жолымыз болса керек.
Біз жағалаудан екі мың миль қашықта екенбіз! Оның есесіне мен
енді бізді дауылдың қайда айдап апарып тастағанын білдім! Дауыл
басылған соң, біз аман-есен түп-түгел американ жағалауына
жетеміз!

Жас капитанның сеніммен айтқан сөзі жұрттың бәрін
көңілдендіріп жіберді. Тіптен миссис Уэлдонның да көңілі
көтеріліп қалды. Соры қалың жолаушыларға да, қауіп-қатер біткен
кейін қалып, «Пилигрим» енді қауіпсіз портқа жақын жерде, портқа
кіру үшін тек қана судың көтерілуін күтіп тұрған сияқты боп
көрінді.

Пасхи аралы 1722 жылы ашылған, оның шын аты Вайгу, Ваяху
немесе Рапануи. Ол 27° оңтүстік ендік пен 112° шығыс бойлықта
жатыр. Сөйтіп, «Пилигрим», өз бағытынан бүтіндей он бес градус
ауып кеткені анықталды. Дик Сэнд кеменің жолдан бұлайша
адасуының себебін, өздерін оңтүстік-шығысқа қарай айдаған
дауылдан көрді.

Сөйтіп, «Пилигрим» жерден әлі де екі мың миль қашықта болып
шықты. Егер жел осы құйындатқан қалпынан айнымай соға берсе,
кеме бұл екі мың миль жолды небәрі он күнде басып өте алады.
Бірақ осы уақыттың ішінде ауа райы неғып қана түзеле қоймайды?
Тіптен «Пилигрим» жер қарасына жақындаған кезде де
желкендерін көтеруге болмайтын бола ма?

Диктің есебінше, ұдайы бірнеше күн тынбай соққан дауыл жуық
арада басылуға тиіс. Жас капитан Пасхи аралының кездесуін жақсы
ырым деп жорыды: өйткені ол «Пилигримнің» қазіргі уақытта
мұхиттың қай жерінде екенін анық білді. Бұл жағдай оның өзіне
өзінің сенімін нығайтты және саяхаттың аман-есен аяқталуына да
сенім туғызды.

«Пилигрим» берік соғылған және жақсы жабдықталған кеме еді,
соның нәтижесінде дауылдың қатты қысымынан бүлінбеді деуге
болады. Ол тек көлбеу гроты мен бом-кливерінен ғана айрылды.
Бірақ бұл жараны емдеп жазу оншалықты қиын емес. Оның
қиюлары кендір торқасымен жақсы тығындалған, сондықтан кеме
ішіне бір тамшы су өткен жоқ. Су төгетін помпа ақаусыз, дайын
тұр.

Бұл жөнінде «Пилигримге» төнетін ешқандай қауіп жоқ.

Бірақ дауыл әлі зіркілдеуде, оның екпінін ешқандай күш кеміте
алмайтын сияқты. Жас капитан «Пилигримді» дауылмен күресуге
дайындап еді, бірақ желді тындыру, толқынды тоқтату, ауа райын
жақсарту оның қолынан келмейтін іс...

Он үшінші тарау

«ЖЕР! ЖЕР!»

Диктің үміті жүзеге асатын сияқты.

Марттың жиырма жетісі күні барометрдің сынап бағанасы
жоғары өрледі, бірақ бұл өрлеу — жарытымсыз, небәрі бірнеше
сызыққа ғана жеткен еді. Атмосфера қысымының жоғарылауы
болымсыз, дегенмен оның тұрақты болатын түрі бар. Теңіз беті
алай-түлей болғанымен, сірә, дауыл басылуға бет алса керек, жел де
бәсеңси бастап, батысқа қарай бұрылды.

Әйтсе де, желкен көтеруге болмайтынын Дик жақсы білді. Жел
тіптен алақандай кенеп көтерсе де жұлып әкетер еді. Сонда да
болса жиырма төрт сағаттың ішінде ең болмаса стаксельдердің
бірін көтеруге мүмкіндік болар деп сенді жас капитан.

Шынында да солай болды: дауыл түн ішінде бәсеңси бастады,
кеменің шайқалуы да бұрынғыдай емес. Желдің кешегі екпіні
кемені быт-шыт қылып қиратып тастарлықтай үрейлі еді.

Жолаушылар ертеңгісін палубаға шыға бастады. Кенет соққан
толқын кеме бортынан өздерін жұлып әкетер деп енді қорықпады.
Дауылдың алғашқы күнінен бастап күні бүгінге дейін қамауда
отырған миссис Уэлдон бүгін жұрттан бұрын каютасынан шығып,
палубаға көтерілді де Диктің қасына келді.

Жас жігіттің адам айтқысыз жігері, құлақ естіп көз көрмеген
қиындықтарға төтеп беріп, бәрін де жеңіп шықты. Оның беті жел
қағып тотыққан, реңі бозарып жүдеген. Ол буыны әбден бекіп,
бұғанасы қатып болмаған жас еді, оған бәрінен гөрі түнгі ұйқы
ауырлау тисе керек. Диктің басынан кешірген осы қиыншылықтар,
бір кезде денсаулығына зиянын да тигізетін болар. Бірақ қазір бұл
сияқты жағдайлармен санасатын уақыт емес. Оның бүгін де
бұрынғысындай жігерлі екенін миссис Уэлдон байқап қалды. Бала
жігіттің ерлікке лайық, жігері қиыншылықтың бәріне де шыдады.

Мұның үстіне өз әрекетіне берік сенді, ал сенім деген нәрсе күшке
күш қосады.

— Шырағым, қымбатты капитаным менің! — деді миссис
Уэлдон жас капитанға қолын созып.

— Ах, миссис Уэлдон, — деді күлімсіреп,— менің өтінішімді
орындамай палубаға шығыпсыз ғой.

— И, сенің бұйрығыңды орындамадым,— деп мойындады
миссис Уэлдон,— бірақ маған дауыл басылған сияқты көрінді.

— Шынында да, миссис Уэлдон, ауа райы түзеліп келеді,— деп
жауап қатты жасөспірім.— Сіз қателескен жоқсыз. Кешеден бері
барометрдің сынабы жоғарылап барады. Жел де басылайын деді, ал
енді жағдайдың ең қиын жерін артқа салдық деп шамалаймын.

— Олай болса жақсы-ақ, болар еді-ау! Бірақ байғұс бала,
көрмеген азабын қалмады ғой! Сен өзіңді өзің қалай ұстарыңды
білемісің...

— Мен тек қана өз міндетімді атқардым ғой, миссис Уэлдон.

— Енді саған дем алу керек.

- Дем алу?! — деді жасөспірім бұл ұсынысқа қарсы болып.—
Мен дем алуға мұқтаж емеспін, миссис Уэлдон. Мен өзімді өте тың
деп білемін және бұл сапардың ақырына дейін шыдаймын деген
сенімім мол. Сіз мені «Пилигримнің» капитаны етіп белгіледіңіз,
мен бұл атақты «Пилигрим» жолаушылары қашан қауіпсіз
жағдайға жеткенше сақтауға міндеттімін!

— Дик,— деді миссис Уэлдон,— сенің істеген қызметіңді мен
де, менің күйеуім де — екеуміз де ұмытпаймыз!

— Ол не дегеніңіз... миссис Уэлдон! — деп күбірледі бала жігіт.

— Балам, қайталап айтамын, сен өзіңді өзің кәдімгі ересек
адамша ұстай білдің. Сен білімді кеме командиріне лайық екеніңді
көрсеттің. Оқуыңды бітірген соң, ұзамай Джемс Уэлдонның
кемелерінің біріне капитан боласың.

— Мен... мен...— дей беріп еді, Диктің көзі жасаурап қоя берді.

— Дик,— деп миссис Уэлдон сөзін жалғастыра берді,— сен
маған бала болдың! Сен менің, өзіңнің інің Джектің де
құтқарушысысың! Қымбатты Дик, бері келші, бетіннен сүйейін!

Жас әйел өзінің толқыған көңілін тоқтатып тұра алмады.
Жасөспірімді құшақтап бетінен сүйгенде, жүрегі аузына тығылып
көзіне жас іркілді. Ал Дикті толқытқан сезімнің қаншалықты күшті
болғанын айтпаса да белгілі.

Бұл әңгімеден кейін Дикке жаңадан күш қосылғандай болды.
Кемені қауіпсіз портқа жеткізіп, жолаушыларды қатерден құтқарып
қала алатынына күманданбады. Тек қана соғып тұрған дауылдың
күші ең болмаса желкен көтеруге боларлықтай бәсеңдесе екен!

29 март күні жел бәсеңдеген үстіне бәсеңси түсті. Дик грот пен
фокты көтеруге ұйғарды.

— Достарым,— деді ол матростарға қарап, сол күні таңертең
палубаға шығып,— маған сіздердің жәрдеміңіз керек.

— Қызметіңізге әзірміз, капитан Сэнд,— деді Том қарт бәрі
үшін жауап қайырып.

— Бізге сеніңіз,— деп Геркулес те үстеп қойды,— дауыл соққан
кезде істейтін жұмыс болмай, қолымызды қусырып қарап отырдық
қой, мен тотыға бастадым.

— Сен үлкен аузыңды керіп, желкенді үрлесең болар еді,—деді
кішкентай Джек.— Сенің үрлегенің соққан желден кем болмас
деймін.

— Джек, мұның табылған ақыл, қандай тамаша! — деп күлді
Дик Сэнд.— Штиль бола қалса, желкенді желге кернете гөр деп
Геркулеске жалынармыз.

— Тек қана бұйырып көріңіз,— деді алып, екі ұртын Борейше61
желге толтырып.

— Достарым,— деді Дик Сэнд,— біз жұмысты жел жұлып
әкеткен гроттың орнына жаңа грот орнатудан бастаймыз. Бұл оңай
жұмыс емес, бірақ істеу керек.

— Істейміз,— деп жауап қатты Актеон..

— Ал, мен ше, мен сіздерге жәрдемдесе алмаймын ба?— деп
сұрады қашан да болса еңбекке дайын тұратын кішкентай Джек.

— Әрине, жәрдемдесе аласың, Джек, — деді жас капитан.—
Сен біздің Бат доспен бірге штурвал дөңгелегін айналдырып
жәрдемдесесің.

Әрине, кішкентай Джек өзінің рульшіге орынбасарлық жаңа
қызметін мақтанышпен қабыл алды.

— Ал, қане, іске кірісейік! — Дик Сэнд сөзін жалғастырды.—
Естеріңде болсын, достарым, аса қажетті болмаса, қауіпті іске
орынсыз тәуекел ете көрмеңдер!

Матростар жас капитанның басшылығымен іске жігерлене
кірісті. Шиыршықтап бүктелген желкендерді мачтаға көтеріп, рейге
байлау керек. Дик Сэнд аса тапқырлықпен жұмысқа басшылық етті,
ал матростар оның істе дегенін тапжылдырмай шын
ықыластарымең орындап, бір сағат уақыттың ішінде желкендер
көтеріліп, оларды екі риф жиырып та қойылды.

Команда желдің күштілігіне қарамастан, дауыл соғардың
алдында түсіріп қойылған желкендерді оншалықты қиналмай-ақ
мачтаға көтеріп қойды, сөйтіп ертеңгі сағат ондардың кезінде

«Пилигрим» фоктың, көлбеу гроттың және бір кливердің
итермелеуімен алға қарай заулап бара жатты.

Дик Сэнд сақтық жағын ескеріп, басқа желкендерді көгермеді.
Кеменің тәуліктік жүріс тездігін артығымен екі жүз мильге жеткізу
үшін осы көтерілген желкендердің өзі-ақ қамтамасыз ете алатын
болды, он күнге жетпей-ақ американ жеріне жету үшін осы
көтерілген желкендердің өзі-ақ жетіп жатыр.

Дик Сэнд жел мен толқыннан келетін кесірден «Пилигримді»
ада-жүдә құтылды деп шамалады. Кеме қанағаттанарлық тездікпен
дұрыс бағытқа қарай бет алып заулап бара жатыр.

Жас капитан штурвалға қайта келіп, рульшінің жәрдемшісі
кішкентай Джекке алғыс айтты да өз орнына тұрды.

Оның кемесі енді толқынның ойыншығы емес, өзінің дұрыс
бағытымен келе жатыр. Диктің бұл уақыттағы қуанышына тек теңіз
ісімен таныс адам ғана түсіне алады.

Келесі күні кенет бұлт шығып көк жүзін тағы торлап алды,
бірақ бұлттың ара-арасындағы кең алаңқыдан түскен күн көзі
мұхит бетін алтынға малғандай жарқыратып тұр. «Пилигрим»
ауық-ауық теңіз бетінің күн сәулесі түскен жерлеріне кездесіп, сол
жерлерді бойлай жүзіп келе жатты. Жанды-жансызға дәрмен
беретін бұл жарық — не деген бақыт! Кейде ұшпа бұлт кездесіп
көлегейлей береді, бірақ жел оны шығысқа қарай айдап әкетті де,
күн көзі қайта көрініп, жарқыраған нұрын тағы төкті. Ауа райы
түзелді.

Кеме бөлмелерін жел қақтыру үшін люк біткенді тегіс аштырып
тастады. Трюмге, кеменің астыңғы қабатындағы команда бөлмесіне
және кают-компанияға теңіздің тұзды таза ауасы толды. Су болған
желкендерді кептіру үшін ростр62 үстіне жайып тастады. Палубаны
мұқият тазалау жұмысы басталды. Жас капитан «Пилигримді»
әбден тазаламай лас күйінде портқа кіргізгісі келмеген-ді. Кемені

көрнекті тәртіпке келтіру үшін экипажды шаршатпай-ақ күн сайын
бірнеше сағат жұмыс істеудің өзі-ақ жеткілікті болды.

Дик Сэнд кеменің жүріс тездігін артта қалып бара жатқан ізінен
ғана өлшеп шамалады. Бұл әдіс дәл емес еді, сонда да болса
кеменің жеті күннен әрі кетпей жер қарасын көретініне
күманданбады. Ол «Пилигримнің» қазіргі келе жатқан жерін
картадан көрсетіп, сол сенімімен миссис Уэлдонды да сендіре алды.

— Жақсы, Дик,— деді миссис Уэлдон.— Сен енді маған
мынаны айтшы, біз американ жағалауының қай жеріне ілінеміз?

— Міне, мына араға,— деп жауап қатты Дик Сэнд, Перуден
Чилиге дейін созылып жатқан ұзын жағалауды картадан сұқ
қолымен шұқып көрсетіп.— Бірақ дәл осы ара деп айта алмаймын.
Қараңызшы, мынау Пасхи аралы. Соңғы күндердің ішінде жел
ыңғайы ауысқан жоқ, ендеше біз жерді осы маңнан, шығыстан
көруіміз керек. Осы жағалауды бойлай салынған порт аз емес, қай
порттың жақын екенін, «Пилигримнің» жерге қашан жететінін
сенімді түрде айта алмаймын.

— Мейлі, қайсысы болса онысы болсын... қайткен күнде де
бірер портқа жетсек болғаны!

— Әбден жетеміз, миссис Уэлдон. Біз қайда тоқтасақ та, сіз
Сан-Францискоға жете аласыз. «Тынық мұхиттың теңіз
компаниясы» бұл жағалауда жақсы қызмет атқарады. Оның
пароходтары батыс порттардың бәріне де тоқтайды, ол арадан
Калифорнияға жету оңай.

— «Пилигримді» Сан-Францискоға апарғың келмей ме? — деп
сұрады миссис Уэлдон.

— Әрине апарамын, миссис Уэлдон! Алайда сізді жолаушылар
таситын кемелердің біріне мінгізсем деп ем, сосын «Пилигримді»
Сан-Францискоға өзім апарар едім. Егер капитан мен команда

алуымызға мүмкіндік болса, кит майын өткізу үшін Вальпарайсоға
жөнелеміз,— капитан Гульдің өзі болса да сөзсіз осылай етер еді.
Біз Вальпарайсодан Сан-Францискоға барамыз. Бірақ бұл жүріс
сізді ұзақ кідіртіп, уақытыңызды алар еді. Сізден бөлініп кету маған
қаншалықты қиын болса да...

— Жақсы, Дик,— деп миссис Уэлдон оның сөзін бөлді.— Бұл
туралы біз тағы бір сөйлесерміз. Бірақ маған мынаны айтшы, сен
бұрын жат жағалауға жақын баруға қорқатын сияқты едің ғой?

— Мен қазір де қорқамын,— деп мойындады жасөспірім.—
Бірақ мен жағалау маңынан бірер кеме кездесер деп сенемін. Расын
айтқанда, менің өте таңданатыным, әлі күнге шейін бірде-бір кеме
кездеспеуі... О, ең болмаса бірер кеме кездессе екен! Біз
«Пилигримнің» дәл қай жерде екенін білер едік те, сосын ешқандай
қауіптенбей-ақ жағаға тоқтауымызға болар еді.

— Бұл жерлерде кемені гаванға бастап апаратын лоцман болмай
ма? — деп сұрады миссис Уэлдон.

— Болатын шығар,— деді Дик Сэнд.— Бірақ олар жағалаудың
өзінде ғана жүреді. Сондықтан да біз мүмкіндігі болғанынша жерге
жақынырақ баруға тырысуымыз керек.

— Ал, егер лоцман таппасақ қайтеміз? — деп сұрады миссис
Уэлдон.

Жас капитанның әр түрлі кездейсоқ жағдайларға дайындығы
бар ма немесе алаңсыз ба, жас келіншек осы жағын анықтағысы
келіп ежелей сұраған еді.

— Миссис Уэлдон, бұл сияқты жағдай кездесіп... егер ауа райы
жақсы, жел бәсең болса, қауіптенбей-ақ, тоқтайтын орын қашан
табылғанша кемені жағалау бойлай ерсілі-қарсылы жүргізе берер
едім. Егер жел тағы күшейіп кетсе...

— Онда қайтер едің?

— Егер жел «Пилигримді» жерге соқтыратын болса...

— Онда ше?.— деп сұрады миссис Уэлдон.

— Онда кемені амалсыздан жағаға шығарып тастаймын ғой, —
деп тұнжырады жасөспірім.— Бірақ бұл шарасыздың күнінде ғана
істеледі. Бұл сияқты ақырғы шараға бара қоймаспыз. Сіз босқа
әбігерленбеңіз, миссис Уэлдон, сірә ауа райы түзелетін болар.
Жағалау маңынан бірде-бір кеме немесе лоцман қатерлерінің
кездеспеуі мүмкін емес, «Пилигримнің» өзі де тұп-тура жерге қарай
келе жатыр, сарыла күткен жерді көп кешікпей-ақ көрерміз деп
сенуге болады.

Кемені жағаға шығарып тастаймын дейді! Мұндай ақырғы
шараға, тіптен ең батыл теңізші болса да қорықпай тәуекел ете
алмас еді. Диктің де бұл ақырғы шараға барғысы келмейтіні таң
қаларлық іс емес, өйткені оның жақсылықтан әлі үміті бар.

Келесі күні ауа райы құбыла бастады, бұл жағдай жас
капитанды әбігерге салды. Жел бәсеңдемеді, барометрдің сынап
бағанасы төмендеп, жаңа дауылдың нышанын көрсетті.

Дик Сэнд желкен біткенді қайта түсіріп, тағы дауылдың
қуғынына түсетін боламыз ба деп қауіптене бастады. Ең болмаса
бір желкенді қалдыра тұру жас капитанға соншалықты қажет,
сондықтан әзірше фокты түсірмей орнында қалдырды.

Дик Сэнд мачтаны бекіту үшін фордунды тартуға бұйырды, бұл
іс сақтанудың ең басты шарасы болатын: Егер «Пилигрим»
рангоуттан63 айрылса, аса қауіпті жағдайға ұшырар еді.

Соңғы күндердің ішінде барометр бір-екі рет жоғары секіріп,
жел ыңғайының кенет өзгеру қаупін туғызды. Егер жел кеменің
қарсы алдынан соқса, не істеу керек? Ерсілі-қарсылы жүзе бере ме?

Жағдай оны ерсілі-қарсылы жүзуге зорласа бұл тәуекелдің ақыры
тағы ашық теңізге шығып қалып, қаншама кедергіге соқтырады.

Бір жақсы жері, жас капитанның бұл қауіптенуі негізсіз болды.
Жел бірнеше күнге шейін солтүстіктен оңтүстікке қарай ауысумен
болды, бірақ ақырында батысқа бұрылып алды.

Апрельдің бесі. «Пилигримнің» Жаңа Зеландиядан шыққанына
екі жарым айдан асып барады. Алғашқы жиырма күннің ішінде
қарсы соққан желмен теңіз штилі кеме жүрісіне кедергі жасаған-ды.
Одан соң жел ыңғайдан тұрып, «Пилигрим» құрғақ жерге тез-ақ
жақындап қалған. Әсіресе желдің құйындатып соққан шақтарында
кеме орасан қатты жүзіп, орташа есеппен тәуліктік жүрісі екі жүз
мильден кем емес деп есептеді Дик Сэнд. Олай болса, бүгінге шейін
жағалауға неғып қана жете алмады? Бұл арасы түсініксіз жұмбақ
мәселе!

Матростардың біреуі бом-брам-рейге64 шығып құрлықты
бақылап тұрған. Диктің өзі де жиі-жиі мачтаға шығып қараумен
болды. Қайдан да болса бірер таудың шеңбері бұлт арасынан
қарауытпас па екен деп дүрбімен ұзақ қарады. Анд65 тауының
тізбектелген биік шоқыларын өте алыстан, көкжиектегі бұлт
арасынан іздеу керек еді.

Том да, оның жолдастары да алыстан көрінген кейбір өзге түсті
бұлтты құрғақ жер деп шамалап талай рет алданып қалған. Олар
жер көрдік деп өршеленіп, көрдік деген жері бұлт арасына кіріп
жоғалғанда ғана өздерінің қателескендерін мойындаған уақыттары
болды.

Бірақ апрельдің алтысы күні күдікке орын қалмады.

Ертеңгі сағат сегіздің кезі еді, Диктің рейге шыққаны сол ғана.
Алғашқы түскен күн нұры мұхит бетіндегі тұманды ыдыратып,
көкжиек кәдімгідей анық көрінді.

Көптен бері зарыға күткен сөз Диктің аузынан бүгін шықты:

— Жер! Алдымызда жер! —деп айқайлады ол.

Бұл сөзді естіген бойда жолаушылар палубаға жүгіре шықты.
Не болса соған әуестене қалатын бала біткеннің әдеті ғой,
кішкентай Джек те, көрген азабының бәрін құрлық арылтады деп
үміттенген миссис Уэлдон да, өз жеріне аяқ басуды аңсай күткен
Том мен оның жолдастары да, тіптен жаңа жәндіктермен
коллекциясын байытуды көздеген Бенедикт ағай да палубаға
шықты.

Палубаға шықпай қалған жалғыз-ақ Негоро.

Жерді бәрі көрді: олардың арасындағы көз жанары өткір
біреулері жерді анықтап ажыратты, ал жер сағынған біреулер
мүлдем басқа жақтан жер көрген сияқтанады.

Жасөспірім тәжірибелі теңізші еді, ол қателеспеді. Бұл жолғы
үміттің алдамағандығы бір сағат болмай-ақ бәріне де мәлім болды.

Шығыс жақтан жағалау ойпатының бейнесі көрінді, шынында
да бұл көрінген жағалау — жер еді. Теңіз жағасына таяу көсіліп
жатқан Анд тауының тізбегін төменгі бұлт қалқалап, анықтап
көруге мүмкіндік бермеді.

Жер минут сайын молая көрініп, бірден бірге жақындай берді,
«Пилигрим» құрғақ жерге қарай тіке тартып келеді.

Екі сағаттан соң кеме мен құрлық жердің арасы үш миль
шамасы жақындады. Жағалау солтүстік жақтағы биік мүйіске
барып айқасқан, оның негізі бейнебір ашық рейд66 сияқтанып
көрінеді. Шығыс жақтағы жер ойпаттау, сүйірлене келіп мұхитқа
енген.

Жағалаудың үстіңгі жағы қатпарланған тұмсық, тұмсықтың
беткейіне аласалау ағаш өскен, жер ыңғайына қарағанда бұл


Click to View FlipBook Version