Ливингстонның ендігі көздеген мақсаты біреу-ақ — Танганьикадан
солтүстікке қарай өрлеп, Ниль өзенінің басын іздеу. 21 сентябрьде
Луалаба өзенінің жағасындағы Бамбарға жетті. Бұл ара Конго
өзенінің басы екенін Стенли бұрын анықтаған-ды. Саяхатшымыз
Мамогалге келгесін қайта сырқаттанып сексен күн төсек тартып
жатқан. Сол уақытта оның қасында бар болғаны үш-ақ қызметкері
қалыпты. Ақырында 1871 жылы 21 июльде Танганьикаға қайта
баруға оның шамасы келмей қалды. Ол октябрьдің жиырма үшінде
Уджиджиге жеткен. Науқасы меңдетіп әбден жүдегендіктен оның
саудырап құр сүйегі ғана қалып еді.
Содан кейін Ливингстон көпке дейін ешқандай хабарсыз кетті.
Мүмкін, Европадағылар оны өлді дейтін болар, олардың
жәрдемінен саяхатшының өзі де күдерін үзген еді.
Ливингстон Уджиджиге келген соң он бір күннен кейін көл
маңынан ширек миль жерден мылтық атылды. Ливингстон қосынан
жүгіре шыққанда, оған бір ақ адам қарсы келді де:
— Сіз доктор Ливингстон боларсыз, солай емес пе? — деп
сұрады әлгі кісі.
— Ие, солай,— деді саяхатшы.
Олар бірінің қолын бірі қатты қысып амандасып жатыр.
— Мен сізді тапқаным үшін өзімді аса бақытты санаймын.
— Сізді көргеніме мен де зор қуаныштымын,— деді
Ливингстон.
Жаңа келген адам Стенли деген американ еді. Ол «Нью-Йорк
Геральд» газетінде репортер болып қызмет ететін-ді, оған
Ливингстонды іздетіп жіберген сол газеттің редакторы еді.
Стенли Занзибар жағалауына баратын кемеге Бомбейде мінген.
Ол Занзибар жағалауынан тура Уджиджиге жөнелген екен.
Ливингстон мен Стенли екеуі бірлесіп тағы бір экспедиция
құрып, Магала мүйісіне дейін барды да, сол араны әбден зерттеп
болғанның соңында, Луалаба тарауларының бірі Танганьика көліне
құятын болар деген қортынды шығарды. (Бірнеше жылдан соң
Камерон мен Стенлидің өзі бұл жорамалдың дұрыс екенін
анықтады.) 12 декабрьде Ливингстон серігімен бірге Уджиджиге
қайтып келген.
Стенли елге қайтпақ болады. Екі дос сегіз тәулік сумен жүзіп 27
декабрьде Урембаға келеді. Сөйтіп, жолаушыларымыз келесі жылы
февральдің 13 күні Куихараға жетеді.
Олар марттың 23 күні қош айтысып айрылысатын болған.
— Көп адамдардың тәуекелі жетпейтін іс істеп тастадыңыз,—
деді Ливингстон, Стенлиге.— Сізге өте ризамын.
— Сізді есен-сау тап осы қалпыңызда, өз отанымыз Англияда
тағы көрермін деген сенімім мол,— деді Стенли оның қолын қатты
қысып тұрып.— Қош бола тұрыңыз. Көріскенше күн жақсы
болсын!
— Қош! — Ливингстон да даусы қалтырай жауап қатты.
Стенли 1872 жылы 12 июль күні Францияның Марсель
портынан барып түсті.
Ливингстон өзінің зерттеу жұмысын жүргізе берді. Ол
Куихарада бес ай демалып, 25 августа Танганьика көлінің оңтүстік
жағалауына зерттеу жүргізгелі кетті. Бұл жолы саяхатшының
қасында Сузи, Шума, Амоде деген үш қара қызметкері, Стенли
қалдырып кеткен Яков Уэнрайт және жергілікті халықтан құралған
қырық салтатты адам бар-ды.
Керуен жолға шығып бір айдан соң Мурға жетті. Ауа райы
құрғақ болғандықтан жаңбыр шақырған дауыл ұдайы зіркілдей
берді де, соңынан жаңбыр жауа бастады. Цеце шыбыны шағып жүк
артқан көліктер қырылып қалды. Жергілікті халық қастандық
ниетте болды. Сонда да болса Ливингстонның отряды 1873 жылы
13 январьда Чигункуэге келді. 27 апрельде саяхатшымыз Бангвеола
көлінің шығыс жағын айналып өтіп, Читамбо қыстағына қарай
беттеді.
Бұл арада құл саудагерлерінің бірнешеуі, Ливингстонның
келгенін өз көздерімен көрді. Олар Ливингстонның келгендігі
жайлы Альвец пен оның уджиджилік, «құрметті жемтіктестеріне»
хабарлаған. Ливингстон Танганьиканың оңтүстік жағалауын
зерттеп болып, енді Казонде мен Анголаға келеді деп шамалауға
олардың дәлелі толық еді.
Миссис Уэлдон ұлы саяхатшыны жуық арада келіп қалар деп
дұрыс шамалаған, өйткені оны Бангвеоло көлінің оңтүстігінде
көріпті дегенге екі айдан асып кетті.
Бірақ 13 июнь күні Негороның жүз мың доллар олжа дәмеленіп
миссис Уэлдоннан хат алғалы келер қарсаңында Альвец пен тағы
басқа құл саудагерлерін қатты қуантатын хабар Казонде қаласына
таралып та үлгірді.
Доктор Ливингстон 1873 жылы 1 май күні таң алдында қайтыс
болыпты!
Мына сорды қараңызшы, бұл шындық хабар еді!
Ливингстонның кішкене отряды Читамбо қыстағына жетеді. Онда
саяхатшыны зембілмен көтеріп жеткізген екен. Отызыншы
апрельге қараған түнде науқасы ауырлай түсіп, демалысы нашарлай
береді де, артынан есінен танып қалған.
Бір сағаттан соң есін жиып, өзінің қызметкері Сузиді шақырады
да, маған пәлен дәріні тауып берші деп өтініпті. Сосын әлсіз үнмен:
— Жарайды! Енді бара беруіңе болады! — депті.
Ертеңгі сағат төрттің кезінде Сузи мен эенордт құрамындағы
бес адам саяхатшы жатқан қосқа кіріпті.
Дэвид Ливингстон өзінің төсегі жанында тізерлеп отыр екен.
Сузи саяхатшының бетіне ақырын ғана қолын тигізіп еді, денесі
мұздап қалыпты.
Дэвид Ливингстон жансыз еді...
Адал ниетті қызметкерлері саяхатшының денесін теңіз
жағалауына зембілмен көтеріп жеткізіпті. Олардың сапары ұзақ та
қиын болған, бірақ жол азабының бәріне төтеп бере он ай дегенде
Ливингстонның жансыз денесін Занзибарға апарыпты.
1874 жылы 12 апрельде Ливингстонның денесі, Виет-
министрлік аббаттағы Англияның бұрынғы өткен атақты адамдары
арасына жерленеді.
Он бесінші тарау
МАНТИКОРА ҚАЙДА АПАРМАҚ
Суға кеткен тал қармайды. Өлім жазасына кесілген адамға
иненің жасуындай ғана үміт сәулесінің өзі айтарлықтай зор, мол
жұбаныш боп көрінеді ғой.
Миссис Уэлдонның да үміті сол сияқты. Бангвеола
жағасындағы кішкене негр қыстағында доктор Ливингстонның
қайтыс болғанын Альвецтің өз аузынан естігенде, миссис Уэлдон
жұбайы өлгеннен бетер қатты күйзелген-ді. Ол өзін өзі жапан түзде
жалғыз қалған сорлыдай сезінді. Оның мәдениетті дүниемен
байланысып тұрған қылдай ғана үміті үзіліп кетті. Жандалбасалап
жармасқан тал шыбығынан айрылып қалды, жанарындағы үміт
сәулесі өшті. Жолдас негрлерін Казондеден Үлкен Көлге айдап
әкетті. Геркулестен әлі күнге хабар жоқ. Өзіне жәрдемге келетін
ешкім қалмағанын миссис Уэлдон жақсы білді... Ендігі қалғаны
істің сәтті аяқталуын қамтамасыз етерліктей шарт енгізіп,
Негороның ұсынысын қабылдау ғана.
14 июнь, белгіленген мерзімді күні Негоро миссис Уэлдонның
лашығына келді.
Португал өзін өзі іскер адам сияқты ұстаған. Ол бәрінен бұрын
айтылған сомадан соқыр тиын кемітпейтінін мәлімдеді. Дегенмен,
бұл жөнінде миссис Уэлдон да одан қалысқан жоқ, ол былай деп
бастады:
— Егер сіз келісім жасалсын десеңіз, қабылдауға болмайтын
шартты енгізбеңіз. Сіздің талап еткен сомаңызды төлеуге ризамын,
бірақ қоятын шартым бар: менің ерім бұл елге келмейтін болсын.
Оның мұнда келуіне менің ешқандай ризалығым жоқ.
Негоро бірсыпыра қобалжып тұрды да, келіншектің ұсынысын
қабыл алды. Олар былай келісті: Джемс Уэлдон Африканың қауіп-
қатерлі алыс түкпіріне келмейтін болды. Ол Анголаның оңтүстік
жағалауындағы құл саудагерлерінің кемесі жиі соғып өтетін
Моссамедес деген кішкене портқа келеді. Негоро бұл портты жақсы
біледі екен. Ол мистер Уэлдонды сонда әкелетін болды. Мерзімді
күні Альвецтің агенттері миссис Уэлдонды баласымен, Бенедикт
ағайды қоса уәделі жерге, Моссамедес портына жеткізеді. Мистер
Уэлдон кесімді ақшасын төлейді, сосын тұтқындар бостандық
алады да, миссис Уэлдонның «адал қызметкері» Негоро жайына
кетеді.
Казонде мен Моссамедес арасының қашықтығынан миссис
Уэлдон қорыққан жоқ. Егер мына 600 мильдік ұзақ жолда, өзінің
Казондеге келген сапарындағыдай жағдай болса, оншалықты
қиындығы жоқ. Мұның үстіне жүз мың доллардан үлес алатын
болғандықтан, тұтқындарды уәделі жерге аман-есен, қажытпай
жеткізуге Альвец те көңіл аударуға тиіс.
Барлық жағдайдың қауіпсіз жағын қамтып Негоромен сөз
байласып миссис Уэлдон еріне хат жазды. Негоро олардың
тұтқыннан қашып шығуына жәрдем еткен адал ниетті дос болып
көрінді. Джемс Уэлдон бұл хатты алған бойда, әрине, қобалжымай-
ақ Негороға еріп Моссамедеске қарай жол тартады.
Негоро хатты алды да, 20 негр эскорт ертіп, келесі күні
солтүстікке қарай тартып кетті. Оның бұл жаққа қарай жүруінің
себебі не? Ол әлде Конго сағасына келетін бірер кеменің
жолаушысы болмақ па? Немесе оның бұл маршрутты таңдауының
себебі, өткен кездерде үкімет орындарымен сүйкімсіз жағдайда
болған Португалия қалаларына соқпай өтуді көздеді ме? Болса,
болар. Әйтеуір, ол Альвецке нақ осылай түсіндірді.
Миссис Уэлдонның ендігі бітірері, қалған күнге қажырлы
шыдап, Негороның қайтып оралуын күту ғана. Негоро Сан-
Францискоға дейін үш ай жол жүруі керек. Ал оның қайта
оралуына да сонша уақыт қажет.
Миссис Уэлдон Альвецтің факториясынан кетуді ойлаған да
жоқ. Бұл ара әзірге оның өзі үшін де, бөбегі мен ағасы үшін де
қауіпсіз еді. Халиманың қамқорлығы мен сақтығы арқасында
кішкентай Джек өздерінің қамауда екенін естіген де жоқ.
Тұтқындарды факториядан шығарып жіберуге құл саудагерінің өзі
де көне қоймас еді. Ол өз қалтасына түскелі тұрған зор пайданы
есінде тұтып, қамаудағыларға қатал күзет қоюға бұйырды.
Альвецтің бұл іске аса зор мән бергендігі сонша, тіптен өзінің Вихе
мен Кассангодағы факториясына да бармай қалды. Бейбіт елді
шабуға жіберілген жаңа экспедицияның бастығы болып Коимбра
аттанды.
Негоро жүрер алдында миссис Уэлдон туралы Альвецке
нақтылы мәлімет қалдырды. Әйелді қырағы бақылау керек деді ол,
өйткені оған Геркулестің тағдыры әлі күнге мәлімсіз еді. Егер
алып-негр жыныс орманда арыстан-қабыланға жем болмаса, ол
Альвецтің қолынан тұтқындарды босатып алуға сөзсіз қамданады.
Мол олжадан қол жазып қалмау үшін қандай шара қолдану
керектігін құл саудагері жақсы түсінді. Ол миссис Уэлдонды
кассадағы ақшамдай сақтармын деген.
Қамаудағы көңілсіз күндер бір қалыпты өте берді.
Факториядағы тұрмыстың негр қаласындағыдан ешқандай
айырмасы жоқ-ты. Альвец өз үйінде Казонденің жергілікті әдет-
ғұрпын берік сақтайтұғын. Қоршау ішіндегі әйелдер өздерінің
қаладағы апа-сіңлілері не істесе соны істейтін-ді. Олар сорго мен
маниок егетін, келіге түйіп күріш ақтайтын, маисті қол-диірменге
тартып үн жасайтын, мпафуды сығып зәйтүн майы сияқты май
шығаратын, ас пісіріп, помбе және малафу сияқты ішімдіктер
әзірлейтін, жіп иіріп мата тоқитын, үй хайуандары мен үй құстарын
күтіп бағатын, қысқасы үй шаруасының барлық салмағы солардың
мойнында болатын-ды.
Әйелдер сондайлық ауыр жұмыстар атқарып жүргенде,
еркектер шылым, наша тартып текке жататын-ды. Олар піл аулауға
немесе бейбіт елді шауып еріксіздер әкелуге аттанғанда ғана
болмаса, әлгі кәсіптерінен қолдары босамайтын.
Миссис Уэлдон Альвецтің факториясында серуендеп жүріп,
оқта-текте жұмыс істеп жатқан күндердің қасына кідіріп, олардың
бір қалыпты қол қимылдарына көз салатын. Олар ақ әйелді
барынша жек көргендік тұр көрсетіп, бет-аузын тыржита қоятын-
ды. Миссис Уэлдонның тұтқын екенін біле тұрса да олар ақ адамды
жек көретін, оған жандары ашымайтын да. Тек Халима ғана іш
тартатын-ды. Миссис Уэлдон жергілікті тілдің бірнеше сөзін
жаттап алып, кешікпей-ақ еріксіз әйелдермен тілдесе бастады.
Кішкентай Джек әдетте анасымен бірге қыдырыстайтын. Бақ
ішінде қызғылықты нәрселер бар-ды: биік өскен баобаб
ағаштарының басында қураған бұтақтардан тоқып салған марабу99
ұялары көрінеді, бұл құстардың түрі қара фрак100 пен тырсылдап
тұрған тар шалбар киген қасқа бас кәрі чиновниктен айнымайды.
Ағаш бұтақтарында күрең түсті, арқа жүні қызғылт-қоңыр
құртымдай ғана торғайлар қонып отыр. Бұлар ұя салуға
шеберлігімен даңқы шыққан амарант тоқымашылары деп аталатын
торғайлар еді. Шөп арасына шашылған дәнді теріп, шыбын-шіркей
аулап секеңдеп жүрген жесір торғайлар да бар. Зор дауысты калао
дейтін құстар үн қосқанда аспан әлемін жаңғырықтырады.
Жергілікті халықтың «роус» деп атайтын қызыл құйрық
тотылардың шаңқылдаған ащы дауыстары құлақты жарады.
Бұтақтан бұтаққа секіріп, шыбын-шіркей қағып қоректенетін
шырша торғай сияқты торғайлар да бар, бірақ олардың тұмсығы
қызыл болады. Бұталардың басында ұйлығып ұшқан алуан түрлі
көбелектер, әсіресе олардың көп жері фактория қоршауының
ішінен ағып өтетін бұлақ маңы. Бенедикт, ағай үнемі солардың
маңында болды, бірақ кішкентай Джек көбелектерден тез зерігіп
кетті. Бала фактория қоршауының сыртына шыққысы келеді. Ол
өзінің аса көңілді де тапқыр досы Дикті сағынып, оны көбірек
ойлайтын болды. Екеуі «Пилигрим» мачтасына бірге шығатын-ды.
О, егер Дик Сэнд осында болса, Джек екеуі ең биік баобабтың
басына шығар еді-ау!
Бенедикт ағайдың маңында шыбын-шіркей болса болғаны, оған
басқа ешнәрсенің керегі жоқ, көңілі көтеріңкі, мәз-мәйрам болады
да жүреді. Ол фактория қоршауының ішінен құртымдай ғана бал
арасы мен тоғышар сары ара тауып қатты қуанды. Жұмыртқасын
басқа құстың ұясына тастап кететін көкек сияқты, тоғышар аралар
да өз ұрығын басқа бір жәндіктің ұясына жапсыра салады екен.
Ғалым бұл жәндіктерді мүмкіндігі болғанынша көзілдіріксіз,
лупасыз қарап тексерді.
Фактория қоршауының ішінде, әсіресе бұлақ маңында ұсақ көк
шыбындар көп еді. Бір күні әлгі шыбындар бейшара ғалымды есін
тандыра талап тастапты. Оның өзін өзі шыбынға талатып адам
танығысыз халге жеткеніне миссис Уэлдон ұрса бастап еді, ғалым
өз денесін қаны шыққанша қасып тұрып:
— Қайтесің, немере қарындас, олардың ішкі сезімі сондай ғой.
Көк шыбындардың бұл қылығына ренжуге болмайды,— деді
ғалым.
Бір күні— 17 июньде — Бенедикт ағай дүние жүзіндегі
энтомологтардың ішінде ең бақыттысы боп қала жаздады.
Бұл уақиға ойда жоқ істердің тууына себепші болғандықтан
толығырақ әңгімелеу керек болар.
Сағат ертеңгі он бірдің шамасы еді. Ми қайната шыжым алған
күн фактория адамдарын лашыққа қуып тықты. Казонде
көшелерінде қыбыр еткен жан жоқ. Миссис Уэлдон тәтті ұйқыда
жатқан бөбегінің қасында жалғыз отырған.
Тропиктік аңызақ тіптен Бенедикт ағайға да әсер етіп, ғалым
әлсірейін деді, ол өзінің кезекті серуеніне де шыға алмады. Турасын
айтқанда, бұл жолы ол амалсыздан шыға алмай қалған, бірақ
шығуы керек еді. Өйткені, күн тас төбеге келіп шыжып тұрған
кезде, шыбын-шіркейге ауа толып, әлем жүзі быжынап кетеді.
Бенедикт ағай лашығының ішінде бірсыпыра сенделіп жүрді де,
төсегіне барып жата кетті. Бірақ ол ұйықтап кете қоймай, ұйқылы-
ояу жатыр еді, бір кезде ғалымның құлағына біртүрлі ызың
шалынғандай болды. Жәндіктің кәдімгі қанат қаққанда адамның
төбе құйқасын шымырлататын ысыңы бұл.
— Жәндік! Алты аяқты! — Бенедикт ағай айқайлап жіберді.
Ғалымның ұйқысы шайдай ашылды. Сұлап жатқан жерінен
дереу ұшып тұра келді. Ызыңдаған дыбыс бірер жәндіктің қанат
қаққанынан шыққан ызың екенінде күмән жоқ.
Бенедикт ағай жақыннан ғана болмаса алыстан көре алмайтын-
ды. Бірақ оның есту сезімі әдеттен тыс: жәндіктің қай түрі екенін
ызыңынан айыра білетұғын. Дегенмен, бұл ызың Бенедикт ағайға
таныс жәндіктің қанатынан шыққан ызың емес еді.
«Бұл алты аяқтының қай түрі болды екен?» —деді ол өзіне өзі.
Ызыңның шыққан жерін анықтағысы келіп кезін адырайта
қарады ол. Оның бөлмесіне ұшып кірген жәндік қандай да болса
бұрыннан өзіне таныстары емес, жәндіктердің ішіндегі әйгілісі
екенін Бенедикт ағайдың энтомологтық сезімі білдірген-ді.
Бенедикт ағай есікке жүгіріп барып тырп етпестен сілейіп тұрып
бар ықыласын ызыңға аударды. Күн сәулесі дамылсыз
түскендіктен, лашық ішін қара көлеңке басқан еді. Ұзақ іздеп
ақырында ауада айналып ұшқан бір қаралтым нүктеге ғалымның
көзі түсті. Бірақ бұл жәндік ғалымның недәуір қашықта, ол бейшара
қаншама тесіліп қараса да әлгі жәндікті анықтап көре алмай-ақ
қойды.
Бенедикт ағай демін ішіне тартып тұра қалды. Егер бейтаныс
мейман өзін шағып жатса да тырп етпестен тұра беретін түрі бар.
Өйткені қапыл қимылдан сескеніп әлгі жәндіктің қашып кетуі
мүмкін.
Бұл жәндік бірнеше қайтара айналып ұшып, ақырында қыбыр
етпей сілейіп тұрған ғалымның басына келіп қонды. Бенедикт ағай
күлімсірей ыржиғанда, екі езуі құлағына жетті. Ол әлгі жәндіктің
білінер-білінбес боп шашында жорғалап бара жатқанын сезді.
Ғалымның қолы ырық бермей басына таман созыла беріп еді, бірақ
ұшып кетер деп қауіптеніп қолын төмен түсіріп жіберді.
«Жоқ, жоқ! — деп ойлады Бенедикт ағай,— қолға түспей кетуі
мүмкін, немесе жазым қылып алсам, қатты өкініш сол болар. Сабыр
ете тұрайын, төменірек түссін. Жорғалағаны қандай тамаша!
Титімдей ғана аяқтарын төбе құйқама қадай басқанын да сезіп
тұрмын. Бұл сірә орасан ірі жәндік болса керек. О, егер бұл
төмендеп мұрнымның дәл ұшына келсе, көзімнің қиығымен қарап,
қай семьяға және қай топқа жататынын анықтар едім-ау!»
Бенедикт ағай осылай ойлады. Бірақ оның шоп-шошақ төбесі
мен салбыраған ұзын мұрнының ұшына дейінгі екі ара недәуір жер,
мұндай ұзақ сапарға кербез жәндіктің жүргісі келер ме екен, кім
біліпті? Немесе ыз етіп ұша жөнеліп ғалымның қараңғы лашығынан
шығып, күннің ыстық нұрында құжынап ұшқан өзінің туыстарына
қосылып кетер ме?
Мұның ұшып кетуі ықтимал деп Бенедикт ағайдың зәресі
қалмады. Энтомолог ешуақытта да тап мұндай қысылмаған еді.
Оның төбесінде жүрген жәндік әлі өзіне мәлім емес Африкалық
алты аяқтылардың бір түрі немесе солар сияқты бір жәндік болар.
Оның түрін анықтайтын ғалымның бірден-бір жағдайы, жәндік
ғалымның көз алдына бір дюйм жақындауы керек.
Ол жәндік ғалымның жабайы ескен бұта сияқтанып ұйпаланып
қалған шашын аралап, жайымен маңдайына таман жылжып,
кеңсірігіне қарай беттеді. Бенедикт ағайдың шыдамы таусылды,
жәндік тау шоқысында тұрғандай, енді ол етекке таман қайтіп қана
түспес екен?
«Мен болсам, бұлданбай-ақ төмен түсер едім!» — деді ғалым
өзіне өзі.
Бенедикт ағайдың орнында басқа біреу болса, сөз жоқ, өз
маңдайын шапалақпен шарт еткізіп, мазасын кетірген жәндікті
жайрата салар, немесе үркітіп жіберер еді. Жәндіктің жыбырлай
жорғалап денесін қытықтауына ғалым тырп етпей шыдап, шағып
алады деп те сескенбеуі айта қаларлық ерлік еді. Денесін түлкі
жұлмалап жатқанда ыңқ етпеген спартандық пен жанып тұрған
қып-қызыл шоқты жалаңаш қолымен ұстаған римдіктің
шыдамдылығы Бенедикт ағайдың шыдамынан артық емес.
Энтомолог-ғалым мына екі ердің даусыз ұрпағы деуге тұрарлық
еді.
Жәндік ғалымның маңдайын шарлап болып, енді кеңсірікке
келіп тыныстады. Бенедикт ағайдың жүрегіндегі барлық қаны кері
тепті: Жәндік қайтадан жоғары өрлеп қасқа таман бұрыла ма,
немесе төмен түсіп мұрнының ұшына барар ма екен?..
Жәндік төмен түсті. Бенедикт ағай мұрнының қырында жәндік
аяқтарының білінер-білінбес қыбырлағанын сезді. Жәндік оңға да,
солға да бұрылған жоқ, көзілдірік батып ояң түсірген (бұл
оптикалық құрал қазір бейшара ғалымда жоқ еді) кеңсірік үстіндегі
ойпатқа келіп бір секундтай кідірді де, сосын тіп-тіке төмен түсіп
мұрнының дәл ұшына жетіп тоқтады.
Жәндік бұдан артық қолайлы орынды таппаған тәрізді.
Бенедикт ағай екі көзінің жанарын бір нүктеге түйістіріп, енді лупа
арқылы қарағандай-ақ, жәндікті көре алатын болды.
— Ойпырмой,—деп Бенедикт ағай қуанғанынан есі шығып
айқайлап жіберді, — күржік мантикораның өзі ғой мынау!
Ғалым қуанамын деп орасан зор қателік жасап алды. Бірден
айқай салмай-ақ, ішінен ғана ойлап қойса да болар еді. Бірақ та
энтомологтар арасындағы ең ынталы энтомологтан мұндай
шыдамдылықты талап етуіміз артық болар. Егер өзіңіз энтомолог
болсаңыз, ызыңдауықтар семьясына жататын қанат қабығы жалпақ
күржік мантикора мұрныңыздың дәл ұшында отырса,
қуанғаныңыздан айқайлап жібермей қайтіп қана шыдар едіңіз? Бұл
тек қана Африкада өсіп-өнетін мантикоралардың, сирек кездесетін
түрі ғой, Бенедикт ағай жинағының ішінде бұдан қадірлісі
болмайды!
Мұндай ірі табыс кезінде айқайламағанда қайда айқайларсың?..
Бірақ қырсық деген жексұрын жалғыз келмейді екен. Бенедикт
ағай айқайлап қана қойған жоқ, түшкіріп те жіберді. Айқай —
мантикораның «құлағын» тұндырып, түшкірік — аяғын тайдырып
жіберді. Ғалым дереу қолын көтеріп, саусақтарын тістене жұмды,
қайтерсің, ол байғұс тек мұрнының ұшын ғана ұстап қалды.
Мантикора ұшып кеткен!
— Қарғыс атсын! — деп ғалым тағы айқайлады.
Бірақ ендігі жерде ұшқалақтанбай, салмақты да салқын қанды
бол деп ұрысты ғалым өзіне өзі.
Бенедикт ағай мантикораның ұзап ұшпайтынын, тек қана бір
жерден бір жерге секіріп түскен сияқты жақынға ұшып қонатынын,
кейде шарықтап та ұшатынын білетін-ді. Ол кешікпей-ақ мұрнынан
он дюймдей жерде күн нұрымен жылтың қағып жорғалап бара
жатқан қаралтым нүктені қайта көрді.
Енді мұны ұстау керек,—деді Бенедикт ағай өзіне өзі, —
ұстаймын деп жаншып тастауға да болады. Жоқ, мен мұның
соңынан еңбектеп ере берейін. Мұның мінезін табиғи түрінде
тексеруім керек. Әбден тамашалайыншы өзін. Ұстау ешқайда қаша
қоймас.
Бенедикт ағайдың пікірі дұрыс емес пе? Әрине бұл сұраққа
жауап қайыра қою оңай емес. Не болса ол болсын, бірақ Бенедикт
ағай мантикораның артынан мұрнымен жер сүзе еңбектеп ере берді.
Ол лезде лашығынан шығып тал түстегі шақырайған күннің
аптабымен қызған шөптің үстімен жорғалап фактория қоршауына
қарай тіке тартты. Бірнеше минуттан соң қоршаудың іргесіне барып
жетті.
Мантикора қайтер екен? Өзінің ізімен келе жатқан әуесқой
ғалымды жайына қалдырып ауаға көтерілмесе, сосын қоршаудан
асып кетпесе жарар еді-ау? Жоқ, ондай әдет мантикорада
болмайды, Бенедикт ағай ызыңдауық қоңыздардың мінезін жақсы
біледі.
Ол, қоршауды бойлай тез жылжып бара жатқан үлкен қоңырқай
нүктеден көз айырмай қарап, кесіртке сияқты төртаяқтап жорғалай
берді.
Қоршаудың дәл іргесінен қазған көртышқанның үлкен іні
кездесіп, мантикораның жолын бөгеді. Бірақ бұл арада ызыңдауық
ойланып тұрған да жоқ, қуысқа кіріп өз жөніне кете берді. Бенедикт
ағай айрылып қалдым ба деп жаман састы. Бірақ энтомологтың
бақытына қарай, көртышқан іні екі футтай кең көрінді. Өзі қатпа
арық ғалым бұған қысылмай-ақ сыйып кете алатын түрі бар. Ол
мантикораның соңынан ере інге кірді. Қуғынның қызығына түсіп
тіптен фактория қоршауының астынан шығып бара жатқанын өзі де
сезбей қалды. Көртышқан інінің бір аузы қорғанның сыртында
екен. Жарты минуттан соң Бенедикт ағай факториядан далаға —
бостандыққа шықты. Бірақ ғалым мұны ойына да алған жоқ: оның
есі-дерті өзі еріп бара жатқан әдемі жәндікте болды.
Шамасы, мантикора жаяу жүруден жалықса керек, қанат
қабығын жазып, жұқа қанатын жайды. Ғалым қорқайын деді,
жәндікті бас салғалы қолын соза беріп еді, кенет ыз ете түссе болар
ма! Сөйтіп мантикора ұшты да кетті.
Бенедикт ағайдың сондағы күйінгенін көрсеңіз! Бірақ
мантикора ұзап ұша қоймапты. Ғалым ұшып тұра келіп, екі қолын
алдына қарай созып, мантикораның соңынан жүгірді.
Мантикора ауада, ғалымның төбесінде ызыңдап айнала ұшып
жүрген. Көзге ілінер-ілінбес құртымдай ғана қоңырқай нүкте оның
көз алдында көлбеңдеді де жүрді. Бенедикт ағай жәндікті өзінің
үрпек шашына қайта қонар деген үмітпен тұрған жерінде сілейді де
қалды.
Бірақ аңғал ғалымның сорына, Альвец факториясы Казонденің
солтүстік шетінде болатын, факторияның бір жағы ұзындығы
бірнеше мильге созылатын қалың орманмен ұштасатын-ды. Егер
мантикора ағаш саясында ұша қалса, бұтақтан бұтаққа ұшып
қонады да жүреді. Оны қаңылтыр қалбырға қамап коллекциямды
көркейтем деген үміттен біздің ғалым біржола күдер үзетін болар.
Амал нешік! Ақыры солай болды! Мантикора ауада айналып
жүрді, жүрді де жерге қонды. Ойламаған жерден энтомологтың
жолы бола қалды: жәндіктің қонған жерін көріп қалды да, дереу
жерге үңілді. Бірақ мантикора қайтып ұшуға қамданған жоқ, бір
жерден бір жерге секіріп түсіп жүре берді.
Бенедикт ағай мантикораны еңбектеп қуып үсті-басын шиедей
қан қылды, қолдарын шөп жырып әбден азап шекті, сонда да болса
қоңыздың соңынан қалар емес, еңбектеп бара жатыр. Біресе оң
жағына, біресе сол жағына бұлталақтап, біресе жығылып қайта
тұрады да, көз алдында жорғалап бара жатқан қоңырқай нүктені
ұстау үмітімен екі қолын үнемі алдына қарай соза берді.
Ақырында есіл еңбек босқа кетті-ау! Оның қолы жер сипап
қалды. Қоңырқай жәндік қас пен көздің арасында ғалымнан ұзап
сала берді. Сөйтіп, көгілдір орманның қалың жеріне жетті де,
аспандай көтеріліп, қош боп тұр, дегендей, ғалымды ызыңдай келіп
бір қағып өтті де ғайып болды.
— Қарғыс атсын! — деп Бенедикт ағай енді еркін айқайлады.—
Жоқ боп кеттің-ау... мейірімсіз шіркін!.. Мен саған өз
коллекциямнан құрметті орын белгілеп едім! Жоқ, мен сенің
соңыңнан қалмай, қайтсем де ұстаймын!
Ызаға булыққан энтомолог мұрнынан арыдағыны көрмейтіні
есінде жоқ, мантикораны көк шөп арасынан іздеудің бекер
әурешілік екенін мүлдем ұмытты. Бірақ ол өзін өзі билей алмай
қалған еді. ЬІза мен намыс қабаттасып ғалымның жанын жегідей
жеді. Сәтсіздікке ұшырауына оның өзі себепкер. Ол егер әлгі
қоңызды, «мінезін табиғи түрінде тексеремін демей-ақ бас салып
ұстап алса, түк те жоқ, таңғажайып экспонатты боп қалар еді.
Бенедикт ағай не қыларын білмей тұйыққа қамалды. Тіптен
мантикораның соңынан еріп Альвец факториясынан далаға шығып
кеткенін, осы сәтте өзінің бостандықта жүргенін де сезген жоқ.
Оның мантикорасы осы күні мына қалың орманның бір жерінде
ызыңдап жүр ғой.
Қайткенде де оны ұстауы керек.
Энтомолог ендігі істейтін ісін ойланбай-ақ ну орманды кезіп
жүгіре берді. Оның көзіне айнала төңіректің бәрінен әлгі бір асыл
жәндік елестей берді. Қолын алдына созып, оңды-солды сермеп ауа
қармады. Бұл әурешілік оны қайда апарып ұрындырар екен,
факторияға қайтадан жолын таба ала ма, мұнда оның жұмысы жоқ
сияқты.
Сөйтіп, Бенедикт ағай орманға кіріп кем дегенде бір миль
шамасы ұзап кетті.
Қайдан тап бола кеткенін кім білсін, ағаш арасынан бір алып
адам шыға келді де, ғалымды бір қолымен жағасынан, екінші
қолымен ышқырынан ұстап көтерді де иығына салып, есін
жиғызбастан, орманның жыныс жеріне қарай ала жөнелді.
Бейшара болған ғалым-ай! Жер шарының бес континентіндегі
энтомологтардың ең көрнектісі болатын мүмкіндіктен дәл бүгін
біржола айрылып қалды!
Он алтыншы тарау
МГАННГА (БАҚСЫ)
Бенедикт ағай түскі асқа қайтпағасын, миссис Уэлдонның
тынышы қаша бастады. Сақалды сәби қайда жоғалып кетті екен?
Миссис Уэлдон оны факториядан шығып қашады дегенді ойына да
алған жоқ-ты. Ол немере ағасының сырына қанық. Егер ол қаша
қалған күнде қаңылтыр қалбырындағы коллекциясы артында
қалатын болса, бостандықтан үзілді-кесілді бас тартуында сөз жоқ.
Бірақ ғалымның Африкадан жинаған табыстарын салған қаңылтыр
қалбырына ешкім тимеген-ді. Бенедикт ағай өз ықтиярымен өзінің
энтомолог қазынасынан айрылмақ емес, және бұлай ойлаудың өзі
орынсыз.
Әйтсе де Бенедикт ағай Альвец факториясында жоқ боп шықты.
Миссис Уэлдон сол күні, 17 июльде, ұзақты күн түкпір-түкпірді
тінтіп немере ағасын іздеумен болды. Кішкентай Джек те, Халима
да іздесіп жүр. Бірақ олардың бұл іздеуі бекер әурешілік еді.
Миссис Уэлдон, Бенедикт ағайды құл саудагерінің бұйрығымен
факториядан шығарып басқа жаққа әкеткен болар деген
қорытындыға келді. Альвецтің мұнысы қалай? Ол Бенедикт ағайды
қайтпек екен? Мүмкін, оны базардағы барактардың біріне апарып
қаматқан шығар? Ғалымның кенет жоғалуы мүлдем түсініксіз
уақиға. Негоромен жасасқан шартта, Альвецтің Мосамедеске
апарып Джемс Уэлдонға өткізіп, жүз мың доллар ақша алатын
тұтқындарының біреуі Бенедикт ағай еді ғой.
Егер, Бенедикт ағайдың жоғалғанын Альвец естіп оның қандай
күйінгенін миссис Уэлдон көрсе, бұл іске құл саудагерінің
ешқандай қатысы жоқтығына түсінер еді. Бірақ Бенедикт ағай
факториядан өзі қашқан болса, ол өз сырын немере қарындасына
неліктен айтпады екен?
Альвецтің өзі де, оның қызметкерлері де уақиғаны тексере
келіп, фактория ауласының іргесінен орманға шығатын үңгір —
жол бар екенін анықтады. Құл саудагері «шыбын-шіркей
аңшысының» әлгі тар үңгірден шығып қашқанына көзі жетті.
Бенедикт ағайдың қашуына өзі жауапты екенін, тиесілі үлесінің
кемитінін ойлағанда, құл саудагерінің ызаға булығып жын ұрғандай
қалшылдағанын көрсең!
«Ол әумесердің өзі соқыр тиынға да тұрмайды, бірақ оның үшін
пәлен мың доллар үлесім кемитін болды-ау! Ол оңбаған менің
қолыма қайта түссінші, сонда көрермін оның әуселесін!» — деп
кіжінді құл саудагері.
Бірақ фактория ішін, орман арасын қанша тінтіп іздесе де
қашқынның ізін де таба алмады. Миссис Уэлдон ғалым ағасын шын
жоғалды деп ұйғарды. Ал Альвец, өзі келіп тұрған олжадан
қағылдым-ау, деп санын соқты. Бенедикт ағайдың сырт біреумен
байланыс жасауы мүлдем мүмкін емес. Сондықтан да оны әлгі
үңгірге кездейсоқ кездесіп, жолдастарын да есінен шығарып,
бостандыққа шығуға ұмтылған екен деп шамалауға тура келді.
Миссис Уэлдон да уақиғаның шындығы осылай болар деп
есептеді. Бірақ не істегенің өзі де білмейтін бейшара ғалымға
ренжіген жоқ.
«Бейшара-ай! Нендей халге ұшырады екен?» — деді келіншек
өзіне өзі.
Қоршау астындағы үңгір сол күні-ақ бітелді. Қалған
тұтқындарға үстеме күзетші қойылды.
Сол күннен бастап миссис Уэлдон мен бөбегі Джектің тұрмысы
бұрынғысынан анағұрлым көңілсіз өте бастады.
Жылдың мазика деп аталатын жаңбырлы маусымы апрельдің
ақырында аяқталған, бірақ 19 июньде жаңбыр қайта жауды. Аспан
әлемін қара бұлт торлап, үздіксіз құйған нөсерден сел пайда болып,
бүкіл Казонде өлкесін су басты. Жылдың бұл уақытында мұндай
лайсаң Орталық Африкада өте сирек кездеседі.
Саябырламай жауған жаңбыр миссис Уэлдонның діңкесіне тиді,
өйткені оның күн сайынғы аулаға шығатын серуеніне кедергі
жасап, үйде отырып қалды. Ал жергілікті халыққа бұл көріне
келген апат, қырсық боп тиді. Пісуі жетіп оруды ғана күтіп тұрған
ойпат жерлердегі егін біткеннің бәрін тасқын басып кетті. Қапыл
киліккен апаттың салдарынан еңбектері зая болып, егісінен
айрылған халыққа ашаршылық қаупі төнді. Королева Муана мен
оның министрлері төніп тұрған қатерден қалай құтылудың амалын
таппай естері шықты.
Олар, сиқыршылар мен бақсы-балгерлер мына апатқа қарсы
бірер амал табар, деп үміттенді. Бірақ жергілікті бақсы-
құшнаштардың әрекеті үшкіріп, ұшықтап ауру емдеуден арыға
бармайтын-ды, сондықтан олардың қолынан түк келмейтіні айдан
анық. Мұндай жойқын апатты тоқтату тек жаңбыр шақырып, жай
түсіріп, торлап тұрған бұлтты таратып жібере алатын адуын
сиқыршының ғана қолынан келеді.
Жергілікті бақсы-балгерлер мен сиқыршылар апаттың бетін
қайыруға әрекеттеніп аласұра сарнап, қоңырауларын гүлдірлетіп,
сылдырмақтарын сылдыратты. Аспанға қарай адам түсінгісіз
бірдеңелерді айтып әупілдеген болды. Би билеп, сарай төрелерінің
бетіне үшкіріп, неше алуан ырым істесе де, табиғат өз ісінен танар
емес. Бұлтқа орнап алған «жын-перілерді» айдап шығарудың
ешқандай мүмкіндігі табылмай-ақ қойды. Әлгі бақсы-
құшнаштардың күллі әрекеті бостан-бос әурешілік болды.
Жағдай күннен күнге нашарлай түсіп, тіптен жаманға айнала
бастады. Муана королева Солтүстік Анголадағы бір атақты
сиқыршы-бақсыны шақырыңдар деп бұйырды министрлеріне. Ол
құшнашты Казонде халқы бұрын-соңды көрген емес, сондықтан
оған деген сенімі мол. Ол нені де болса дуалай алатын әйгілі
сиқыршы еді.
Атақты бақсы 25 июнь күні таңертең салтанатпен Казондеге
кірді. Бірінің үніне бірі қосылған ұсақ қоңыраулар шылдыры
бақсының қалаға келгенін хабарлады. Ол тұп-тура базар алаңына
қарай тартып еді, сол сәтте оны жергілікті халықтар тобы қоршап
алды. Сол күні бұлт оншалықты қою емес, жел ыңғайы өзгергелі
тұрған тәрізді. Мына жақсылық ырым сиқыршының келу
қарсаңына тұстас келіп, бақсының керемет иесі адам екендігі
жайлы лақап әңгімелер тарала бастады, сөйтіп оған жергілікті
халық құдайдай сеніп қалған.
Сиқыршының сырт пішіні көз тартарлықтай ірі еді. Өзі аса
қайратты болғандай, тұлғалы, биіктігі алты фут келетін, екі иығына
екі кісі мінгендей, таза қанды негр болатын.
Жаңа бақсының асқақы келбеті бірден-ақ жұртты таң қалдырып,
оны құрметтей бастады.
Басқа бақсылар әдетте үшеу, төртеу болып, толып жатқан
жәрдемшілерін ерте келетін-ді. Ал мына бақсы қасында қоқыр-
соқыры жоқ, жалғыз келді. Оның төсі ақ балшықпен жолақ-жолақ
кесте салынып шұбарланып қалған. Бөксе жағы шөптен тоқылған
белдемшемен қымтаулы. Мойнында әртүрлі құстың бас сүйегінен
жасалған алқа, басында құс қауырсынын қадаған киіз қалпақ,
белінде бірнеше ұсақ қоңырау қадаған жалпақ қайыс белдігі бар.
Бұл қоңыраулар, испан қашырының ер-тұрманы сияқты, аттаған
сайын сылдыр қағады. Африкалық бақсылардың жиынға киіп
баратын салтанатты киімдерінің түрі осындай-ды.
Оның бақсылық өнеріне қажетті басқа да толып жатқан бөлек-
салақ заттарын — ұлу қабықтары, тұмарлар, ағаштан ойып
жасалған неше түрлі бейнелер, буддалар табынатын тағы
бірдеңелер, домалақтаған қи, осы сияқты қоқыр-соқырлар үлкен
кәрзеңкеге толтырулы еді.
Жиналған топ кешікпей-ақ жаңа бақсының тағы бір ерекшелігін
байқады. Әулиеміз сақау екен. Бірақ алып бақсының сақаулығы
жабайылардың өзіне көрсете бастаған құрметін арттыра түсті. Ол
ешқандай мазмұны жоқ, сиырдың мөңірегені сияқты біртүрлі ғажап
үн шығарады. Жергілікті халықтар бұл парықсыз үнді, сиқырдың
сәтті болуына себебі тиеді деп жоритын-ды.
Бақсы өзінің сиқырын, алдымен базар алаңын біртүрлі
салтанатты би билеп шығудан бастады. Бақсы құтырына
зіркілдегенде, беліндегі қоңыраулары да қатты сылдырлап үн
қосады. Жиналған топ бақсының әрбір қимылына еліктеп,
басшысының соңынан шұбырған маймылдар сияқты, оның
соңынан ере берді. Бақсы кенет базар алаңынан шығып Казонденің
үлкен көшесіне бұрылды да, королева сарайына қарай тартты.
Мана королева жаңа бақсының келіп қалған хабарын естіп
барлық сарай адамдарын ілестіре сиқыршының алдынан шықты.
Жаңа бақсы басы жерге жеткенше иіліп королеваға тәжім етті
де, иығын керіп сіресе қалды. Ол тез жылжып бара жатқан
аспандағы бұлтқа қарай қолын созды. Батысқа таман көшіп бара
жатқан бұлтты көрсетіп, шығыс жақтан қайта оралып келеді
дегендей, қолымен алыстан орап, тез-тез ымдап королеваға
түсіндірген болды. Бұлттың айналып көшуін ешқандай күш тоқтата
алмайды.
Жаңа бақсы мөлиіп тұрған барлық қала халқы мен сарай
адамдарын кенет таң қалдырып, Казонденің құдіретті әміршісінің
білегінен шап беріп ұстай алды. Бұл сияқты шеннен шыққан
сорақылыққа сарай адамдарының бірсыпырасы кедергі жасағылары
келіп еді, бірақ алып бақсы өзіне жақындауға батылдық еткен
батылсымақты желкесінен алып жоғары көтерді де бір жақ шетке
атып жіберіп еді, әлгі бейшара он бес қадамдай шеткері барып тарс
ете түсті.
Бақсының мына ісін ұнатып қалғандай түр білдіріп королева
бетін тыржитты. Оның мұнысы сыпайы күлкісінің белгісі еді. Бірақ
королеваның ізгілікке бейімделген ықыласына бақсы ілтипат етіп
қараған да жоқ, оны жетектей жөнелді. Топталған жұрт дүрлігіп
олардың соңынан ерді.
Бақсы тез-тез аттап Альвецтің факториясына қарай беттеді.
Кешікпей-ақ қоршау қақпасына жетіп еді, қақпа жабық екен. Бақсы
күшке салмай-ақ қақпаны иығымен қағып жібергенде, топсасы
жұлынып, екі қанаты шалқасынан түсті. Бақсының күшіне
сүйсінген королева фактория ауласына онымен бірге кірді.
Құл саудагерінің өзі де, оның солдаттары мен құлдары да қақпа
ашуды күтпей сындырып кірген озбыр бақсыға бас салғалы
ыңғайлана бастап еді, бірақ сиқыршыға королеваның өзі еріп келе
жатқанын көріп, құрмет көрсеткен боп мүләйімси қалды.
Түкке тұрғысыз бір жындыға соншалықты құрмет көрсетуге
королева неліктен мәжбүр болғанын құл саудагері сұрайын деп еді,
бірақ оған бақсы мұрша бермеді. Сиқыршы топырлаған халықты
бір жаққа ығыстырып ортаны кеңітті де, бұрынғысынан бетер
тездете ымдай берді. Бақсы бұлтқа қарай жұдырығын түйіп, сиқыр
оқыған болды. Бұлтты күшпен тоқтатып тұрғандай түр көрсетіп,
ұртын томпайтып пәрменімен аспанға қарай үріп кеп жіберді. Оның
түріне қарағанда, аспандағы су буын өзінің демімен таратып
жіберуге шамасы келетін сияқты еді.
Талантты актердың тамаша атқарған роліне еліктеген не болса
соған илана беретін надан королева бақсы не істесе соны қайталай
берді. Сақаудың мыңқылдап, міңгірлегені, айқайлап сарнағаны
жиналған жұрттың құлағын тұндырды.
Сақау сиқыршының мұнысынан не өнер екен, бұлт ыдырап
аспан жадырады ма? Оның сиқыры бұлтты түріп алысқа айдап
жібере алды ма? Жоқ, керісінше болды. Королева мен жиналған
жұрт: жын-пері жеңілді, — деп тұрған минутта, аспанның қабағы
бұрынғыдан бетер түйіле түсті, жел айдан қаңғыртқан жаңбыр
тамшылары тама бастады.
Манадан бері үміттеніп тұрған халықтың көңілі лездің арасында
қайтайын деді. Жаңа бақсының бұрынғы бақсылардан артықтығы
болмады. Топырлаған жұрт оған ызалана қарап тұр. Королева
қабағын тыржитты — бұл бақсыға төнген қатердің белгісі, бақсы ең
аз дегенде екі құлағынан бірдей айрылуы мүмкін. Жергілікті
халықтар бақсыны айнала қоршап алды. Түйілген жұдырықтар
жоғары көтерілген. Енді болмағанда бақсыға бір тықыр таянып еді,
бірақ тосын пайда болған бір уақиға халықтың ыза толқынын басқа
арнаға аударып жіберді.
Бақсының басы топырлаған тобырдан анағұрлым жоғары тұр,
қолын кенет аспанға көтеріп, Альвец факториясының ішіне қарай
созды. Оның бұл ымдауы халыққа әсер еткені сонша, бәрі де
фактория жаққа бұрыла қалды.
Миссис Уэлдон жұрттың айқай-шуын естиді де бөбегін ертіп
тысқа шығады. Оларды көрген сиқыршы сол қолын соларға қарай
сілтеп, оң қолын көкке көтерді.
Апатқа себепші болған күнәһар адамдар табылды! Күнәһарлар
ақ нәсілді әйел мен оның баласы! Күллі пәле осылардан таралған!
Өздерінің тұманды жерінен бұлт шақырып, Казендо жеріне апат,
ашаршылық келтірген осылар!
Бақсы ләм деп тіл қатпады, бірақ оның айтайын дегенін
жұрттың бәрі түсініп тұр.
Муана королева миссис Уэлдон жаққа ызғарлана қарап қолын
созды. Топырлаған тобыр ашына шулап, тұтқындарға тап берді.
Миссис Уэлдон өлетін сағатым жетті деді ішінен. Кішкентай
Джекті бауырына қысып, ескерткіш бейне сияқтанып құтырынған
тобырдың алдында қыбырлауға шамасы келмей сілейді де қалды.
Бақсы әйелге қарай жүріп еді, жабайылар ығысып оған жол
берді. Олар бақсыны, апаттың себепшісін тапқаны былай тұрсын,
тіптен оның емін де тапты деп түсінді. Мыңдаған ақша болғалы
тұрған тұтқынының өмірін ойлап не істерін білмей сасып қалған
Альвец те оған қарай бірнеше аттап ілгері жүрді.
Бақсы кішкентай Джекті анасының қолынан жұлып алып,
аспанға көтерді. Баланы жерге ұрып быт-шытын шығарып, рухты
риза қылғалы тұрған бір қаныпезер жендет сияқты еді.
Миссис Уэлдон шыңғырып жіберді де, сылқ ете түсіп есінен
танды. Бақсы королеваға ымдап әлденелер айтқан болды да,—
оның айтайын дегенін королева түсіне қалса керек,— бейшара
әйелді көтеріп алып, баланы да қолтығына қысып жөнеле берді.
Зәресі ұшқан халық оның алдынан серпіле шегініп жол ашты.
Альвец жындана жаздады. Алдымен мыңдаған доллар ақша
болғалы тұрған тұтқындарының біреуінен айрылып еді, енді қалған
екеуінен, ең қымбаттысынан көзбе-көз айрылғалы тұр. Оның тегін
олжадан мол үлес алу үміті де осылармен бірге кеткені ме? Жоқ,
дүние жүзіне жаңадан топан қаптап Казонде қаласын бүтіндей су
басса да, Альвецтің бұл қорлыққа көнуі мүмкін емес.
Ол тұтқындарын айырып алғысы келіп еді, бірақ жұрттың
қаһары өзіне қарай ойысты. Альвецті ұстаңдар, деп бұйырды
сақшыларына королева. Бұл әрекетінің қымбатқа түсетінін
байқаған құл саудагері, бөгелектеген жылқыша шұлғып, момақанси
қалды. Бірақ ол, бастығы королеваның өзі болып бұқарасының бәрі
не болса соған илана беретін надандығын іштей сезіп, қатты
қынжылды.
Жабайылар шынында да ақ адамдардың ала келген жаңбырлы
бұлты өздерімен бірге кетеді деп сенген-ді. Сиқыршы, жын-
перілерді жат адамдардың қанымен риза етеді, халыққа
соншалықты әбігер келтірген Казонде үстіндегі жаңбырлы бұлтты
айдап жібереді деп иланған-ды олар.
Бұл кезде сиқыршы өзінің «құрбандығын» қолтығына қысып
әкетіп бара жатты, алып бақсы бала мен әйелді қаңбақ құрлым
ауырлайтын емес. Екі лақты қабат тістеп қашып бара жатқан
арыстан сияқты еді ол. Кішкентай Джек қорыққанынан жапырақтай
қалтырады, шешесі есін жия алмай әлі талып жатыр. Ақ адамдарға
қаһарын тіккен тобыр у-шу болып бақсының соңынан еріп бара
жатыр.
Сиқыршы факториядан шығып, Казондені кесіп өтіп,
бірқалыпты нық аттап үш мильден астамырақ жер жүрді де,
орманның қалыңдаған жеріне жетті. Соңынан ерген жабайылар
біртіндеп қала бастады. Ақырында бақсының жалғыз қалғысы
келгенін ұқса керек, ең соңғы жабайы да кейін қайтты.
Бақсы солтүстікке қарай ағып жатқан қатты ағысты өзеннің
сағасына жеткенше артына бұрылып қараған да жоқ, ілгері қарай
адымдаумен болды. Ол қойнаудың сүйірленген жеріне жетті де
қалың бұтаның арасынан үстін шөпшекпен жауып жасырын қойған
өзінің қайығын тапты.
Сақау сиқыршы қолтығына қысып әкелген екі «құрбандығын»
қайыққа түсірді де, қайықты итеріп жіберіп еді, қатты ағыс кішкене
қайықты ағызып ала жөнелгенде, сақауымыз самбырлап сөйлеп қоя
берді:
— Капитан Сэнд, миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті сізге
көрсетуіме рұқсат етіңіз! —деді ол.— Енді біз өз жөнімізге кете
берейік. Мейлі, әлем жүзіндегі барлық бұлт мына есерсоқтардың
төбесінен сел боп ақтарылсын!
Он жетінші тарау
ӨЗЕН АҒЫСЫНЫҢ БОЙЫМЕН
Әлгі сөздерді сиқыршы бейнесіне енген алып негр Геркулес
айтып еді. Жас жігіт қайық түбінде жатқан, әлі өте әлсіз, Бенедикт
ағайға сүйеніп басын көтеріп, жаңа келгендерді қарсы алып,
амандасуға әрең шамасы келді. Динго ғалымның аяқ жағында
шоңқайып отыр.
Миссис Уэлдон есін жиған соң әлсіз үнмен:
— Бұл сенбісің, Дик? Сенбісің?..— деді.
Дик тұрайын деп еді, бірақ миссис Уэлдон өзі барып оны
құшақтай алды. Кішкентай Джек те ағасын құшақтап шөпілдетіп
сүйіп жатыр.
— Қымбатты достым менің! Сүйіктім Дик! — деп бала қайталай
берді. Сосын Джек Геркулеске бұрылып: — Ал мен сені тіптен
танығаным жоқ!.. Тіптен...— деп үстеді.
— Маскарад жақсы орындалған шығар,— деп күлді Геркулес.
Сосын төсіндегі айбақ-сайбағын сүртіп жуып тастады.
— Түу, жаңа ғана өзіңнің ұсқының жаман еді!—деді сонда
кішкентай Джек.
— Таң қалатын не бар мұнда? Мен шайтан бейнесіне ендім ғой,
ал шайтан қашан да болса сұмпайы болады ғой.
— Геркулес мені де құтқарды,— деді Дик Сэнд. Бірақ алып негр
бұл туралы айтып мақтағанды жақтырмайтын тәрізді.
— Құтқару жөнінде айтуға әлі ерте! — деді Геркулес.— Миссис
Уэлдон, егер Бенедикт мырза маған ұшырап сіздің қайда екеніңізді
айтпағанда, біздің қолымыздан ешнәрсе келмес еді.
Ғалым шұбар қоңыздың соңына түсіп, орманның қалың жеріне
таман ұзай түскенде, Геркулес тап болып оны бас салып арқалай
жөнеледі. Егер Бенедикт ағай ұшыраспағанда, Дик пен Геркулес
құл саудагерінің миссис Уэлдонды қайда жасырып қойғанын білмес
еді, ендеше Геркулестің бақсы болып Казонде қаласына келетін
басқа жұмысы да жоқ-ты.
Қайық өзенді төмен бойлап аға берді. Геркулес өзінің Куанза
жағасындағы лагерден қашқан күнінен бергі басынан кешірген
уақиғаларының бәрін миссис Уэлдонға бастан-аяқ баян етті.
Миссис Уэлдонды бөбегімен көтеріп бара жатқан зембілдің соңына
түсіп астыртын торығанын, жараланған Дингоны қалай тапқанын,
Казондеге Дингомен бірге келгенін, Дикке Динго арқылы хат
жазып жібергенін, бұдан соң ойда жоқта Бенедикт ағайдың тап
бола қалғанын, қабат-қабат күзетші қойылған факторияға кіруге
әрекет еткенін, ақырында құл саудагерінен тұтқындарды құтқарып
алудың амалын тапқанын түгел баяндады.
Уақиға былай болған екен: Геркулес фактория қоршауына
кірудің ыңғайлы кезеңін аңдып, ондағы болып жатқан істерді
сырттан бақылап жүрген кезінде, оның жанынан бір бақсы өтіп
бара жатады. Бұл кәдімгі солтүстіктен келетін Казонде халқының
зарыға күткен бақсысы болатын. Бақсыға бас салу, үстіндегі киімі
мен әшекейлерін сыпырып алып оның түріне ену, бақсының өзін
шайтан да шеше алмастай етіп шырмап тастау, тағысын тағы осы
сияқты әрекеттердің бәрін Геркулес әп-сәтте істеп үлгіреді. Сосын
байлаулы жатқан бақсының түр-сипатындай етіп өз денесіне
бояумен өрнек-әшекей салады. Ендігі қалғаны тек жаңбырды
сиқырлайтын бақсының ролін атқару ғана. Жабайылардың сенімпаз
аңқаулығы арқасында оның бұл әрекеті өте сәтті аяқталған.
Геркулес өзінің бұл әңгімесі кезінде Дик туралы ләм деп тіл
қатпағанына миссис Уэлдон қайран қалды.
— Ал, Дик, сен қалай құтылдың? — деп сұрады ол.
— Миссис Уэлдон, мен бе,— деп жауап қатты Дик,— менің
сізге айтар түгім де жоқ. Мен өмірімнің ақырында сіз бен Джекті
ғана ойладым. Өзімді бағанаға байлаған арқанды үземін деп босқа
азаптандым... Қапыл көтерілген су әп-сәтте басымнан асты... Өзім
талып қалыппын... Есімді жиып көзімді ашсам, қалың папирустың
арасында жатыр екемін. Ал Геркулес менің басыма жастық, аузыма
сусын болып қасымда отыр...
— Бәлі деген! Сонда дәрігер де, білгір де, бақсы да, жәдігөй де,
болжаушы да — бәрі-бәрі де мен болғаным ба?
— Геркулес,— деді миссис Уэлдон,— сіз Дикті қалай
құтқардыңыз, соны айтыңызшы. Оныңызды мақтанға санамаспыз,
қорықпай-ақ қойыңыз.
— Мен құтқарыппын ба оны? — деді алып мақтанғысы
келмей.— Ескі арнасына құйылған судың екпінді ағысымен
омырылған бағана Дикті өзімен бірге ала кетті емес пе? Менің
ендігі атқаратын жұмысым оны судан шығарып алу ғана. Түн
қараңғысында жасырынып барып қабір қазылған өзен табанына
түсіп, бөгеттің бұзылғанын күту де жұмыс болып па? Сүңгіп барып
капитан байлаулы тұрған бағананы суырып жіберудің несі қиын?
Жоқ, мұның ешбір қиындығы жоқ. Бұл кімнің де болса қолынан
келетін іс. Тіптен мына Бенедикт мырза да... немесе Дингоның да...
Бұл шынында да Дингоның ісі шығар?..
Динго өзінің атын атағанда, көңілдене маңқ етті.
Джек кішкентай қолымен төбеттің қауғадай үлкен басын
құшақтап сөйлесе бастады:
— Динго, достымыз Дикті сен құтқардың ба?
Иттің басын біресе оң жағына, біресе сол жағына бұрды.
— «Жоқ, мен емеспін» деп тұр Динго,— деді Джек.— Геркулес,
Дикті құтқарушы Динго емес екенін көріп тұрсын ғой. Кәне, айтшы
Динго, капитан Дикті құтқарған Геркулес емес пе?
Джек енді иттің басын біресе төмен тұқыртып, біресе жоғары
көтеріп, бірнеше қайтара изеп қойды.
— Динго «солай» дейді! Ие, «солай» деп тұр,—деді бала.—
Міне, көріп тұрсың ба, Дикті құтқарған сен деп тұр!
— Әй-яй-яй, Динго,— деді Геркулес, итті еркелетіп.— Ұят емес
пе? Айтпаймын деген уәдең бар еді ғой!
Расын айту керек қой, басын өлімге байлап Дикті құтқарған
Геркулес болатын! Бұл ерлігін мақтаныш еткісі келмей
сыпайыгерлік сақтап көпке дейін мойындамай келген. Бұл істегенін
ерлікке балайын деген оның ешқандай ойы жоқ-ты. Менің орнымда
кім де болса солай істер еді деп білетін-ді ол.
Әрине, бұл әңгімеден соң Геркулестің құлдыққа сатылып кеткен
төрт жолдасы туралы сөз қозғалды. Ол бейшараларды осы күні
Үлкен Көл өлкесіне айдап бара жатыр. Геркулес оларды еріксіздер
керуенінде айдалып бара жатқанын көріпті. Ол керуеннің соңынан
бірсыпыра ерген екен, бірақ жолдастарымен тілдесудің ешбір
лажын таппапты. Бейшараларды айдап әкетіпті. Олардың халі
мүшкіл!
Геркулестің әлгіде ғана күлкі ойнаған көзін енді қайғы басып
жас жуып кетті. Үлкен кісінің жұрт алдында кеңкілдеп көз жасын
бұршақтатып отыруы көлденең кісіге ерсі көрінеді ғой, сонда да
болса жолдастарына жаны ашыған алып көз жасын тоқтата алмай
жылай берді.
— Жылама, достым,— деді миссис Уэлдон.— Сіз
жолдастарыңызға қосыласыз, бұған менің сенімім кәміл!
Миссис Уэлдон, Альвецтің факториясында болған жағдайды
бірнеше ауыз сөзбен Дикке айтып берді.
— Мүмкін,— деді ол сөзін қорыта келіп,— біздің Казондеде
қалғанымыз қауіпсіз болар ма еді, кім білсін...
— Демек, мен босқа әуреленген екем ғой. Сізді қатерлі жолға
шығарыппын...— деп ренжіді Геркулес.
— Жоқ, жоқ, Геркулес, миссис Уэлдон байқамай айтып
қалды,— деді Дик.— Адам саудасымен шұғылданған
оңбағандардың миссис Уэлдонды алдап қақпанға түсіруге
әрекеттенуіне күмән жоқ. Бәріміз бірге қашуға тиіспіз, және
Негороның Моссомедеске қайтып оралуынан бұрын теңіз
жағалауына жетіп үлгеруіміз керек. Онда жетіп алсақ бізді
Португалия үкіметі қамқорлығына алады, ал Альвец өзіне тиісті
жүз мың долларды алуға келген кезде...
— Ол оңбаған қақбас, жүз мың доллардың орнына жүз мың
сойыл жейді,— деді Геркулес қызулана сөйлеп.— Басқа ешкімді
қатыстырмай-ақ онымен есепті өзім айырысамын!..
Миссис Уэлдонның Казондеге қайта баруды ойына да алмайтын
болды. Ендеше, қайткенде де Негороның алдын орау керек. Қалай
да болса осы жобаны жүзеге асыруға Дик Сэнд бел буды.
Ақырында, өзенді төмен ағып мұхит жағалауына жетсек деген жас
капитанның арман үміті жүзеге асатын болды.
Өзен солтүстікке қарай ағып жатыр. Өзеннің ағыс ыңғайына
қарағанда оны Конгоға барып құяды-ау деп шамалауға дәлел бар.
Ендеше біздің қашқындар Сан-Паоло де-Лоандқа барудың орнына,
Конго сағасында болады. Олар енді өздерінің жолы болатынына
алаңсыз сенді, өйткені Сан Паоло де-Лоандтан күтетін жәрдемді
Гвиней орталығынан да күтуге болады.
Дик Сэнд бұл жолы су өсімдігінен құралған көшпелі
аралдарды101 пайдаланамыз деп шамалаған еді. Бірақ қашқындардың
бақытына қарай, Геркулес кезіп жүріп әлдеқалай бір қайықтың
үстінен шыққан. Кездейсоқ олжаның ойдағыдай пайдасы тиді.
Бұдан артықты тілеудің де қажеттігі жоқ. Бұл қайық жергілікті
халықтың өзенде жүзетін шағын қайығы емес, ұзындығы отыз фут
келетін кең қайық еді. Бұған жолаушылар еркін сыйды. Өзеннің
қатты ағысымен төмен аққан қайық шапқан аттай жүйткіп бара
жатыр. Ескек есіп қиналмаса да болады, басқару үшін бір ғана
артқы ескектің өзі-ақ жетіп жатыр.
Дик Сэнд алғашқыда жергілікті халықтардың көзіне түспеу
үшін тек қана түнде жүруге ұйғарып еді. Бірақ жиырма төрт
сағаттың тең жарымын ғана пайдаланатын болса, жол екі есе
ұзарады. Сондықтан Дикке мынадай бір ой келді: қайықтың үстіне
кісі көзіне түспейтін етіп шөппен жауып қос тігу керек. Сөйтіп,
қайықтың алды-артына құлаштай ашалы бақан орнатып, оның
үстіне ұзын сырғауыл тастап қос жасады да үстін шөппен жапты.
Қосқа жабылған шөп суға малынып тұрғандықтан, тіпті артқы
ескекті де жауып көрсетпей тұрды. Енді қоспен бүркелген қайық
кәдімгі көшпелі аралдың өзі болды да қалды. Сөйтіп, ешкімнің
көзіне түспей күндіз де ағуға болады. Қайықтың бүркеншігін
көшпелі арал екен деп тіптен құстар да алданып, қара жүнді, қызыл
тұмсық шағалалар «rhinngas» мен ақ және сұр түсті балықшылар да
жем іздеп қалқаға қонып жүрді.
Үстіне көк шөп жабылған қалқа қайықты жасырумен қатар
шыжып тұрған күннен қорғанарлық көлеңке де болды. Осындай
жайлы жағдайлармен сапар шеккендіктен адамдар оншалықты
қажыған жоқ, әйтсе де қауіпті еді.
Мұхитқа жеткенше әлі талай күндік жол бар, оның үшін
жолшыбай бес адамға азық табу қажет. Жолаушылар өзен
жағалауына шығып аң аулайтын болды, әйтпесе өңкей балық жеп
күнелту өте қиын. Диктің бар сенімі жалғыз ғана мылтық,—
Геркулестің баяғы қашқанда ала кеткен мылтығы,— оның да оқ-
дәрісі аз, сондықтан әрбір атылған оқ мүлт кетпеуі шарт.
Ағыс бойымен аққан қайық сағатына кем дегенде екі миль
жүзіп отырды. Тәулігіне елу миль жол жүреді екенбіз, деп
шамалады Дик Сэнд. Өзен ағысы өте қатты еді, су астының шың
тастары, қайық шөгіп қаларлық қайраң немесе ағаш түбірлері кезіге
қалса, ондайларға ұрынбай айналып кету керек, судың еңкеуге
қарай зымырай аққанына қарағанда, алдыңғы жақта сарқырама —
су құламасы болуы керек деп шамалауға болады. Бұл сияқты
сарқырамалар Африка өзендерінен жиі кездеседі.
Дик Сэнд жолдастарына қауышудың қуанышымен рухтанып,
басқару ісін өзі алды да қайықтың тұмсығына барып тұрды. Шөп
қалқаның саңылауынан сығалап қайықтың жүретін жолын бақылап,
арт жақтағы руль ұстап келе жатқан Геркулеске былай жүр, былай
бұр деп жөн сілтеп отырды.
Миссис Уэлдон кебу жапырақ төсеніп қайықтың табанында
жатыр. Бенедикт ағай кіржиіп ренішті күйінде екі қолын төсіне
айқастырып қайықтың ернеуінде отырған. Ол бұрын көзілдірігі
барында түсіп кетпесін деп пешенесін оқтын-оқтын көтеріп
қоятын-ды, қазірде де сол әдетін істеп, көзілдірігі жоғы есінде де
жоқ, қолын көзіне қайта-қайта апара береді. Ол Казондеде қалған
өзінің баға жеткісіз коллекциясы мен энтомологиялық жазуларын
есіне түсіріп мұңаюмен болды. Қаңылтыр қалбырдағы шыбын-
шіркейдің қандай бағалы қазына екенін жабайылар қайдан білсін!
Ғалымның көзі әлдеқалай Геркулеске түсе қалса, өзінен өзі ренжіп
кіржие қалатын-ды, ол мантикораны қуып бара жатқан жолынан
қалдырғаны үшін Геркулеске кешірімсіз қатты ренжіп еді.
Кішкентай Джек дыбыс шығаруға болмайтынын біледі, бірақ
оның қайық ішінде әрлі-берлі жүруін ешкім тыйған жоқ, сондықтан
ол өзінің досы Дингоға еліктеп төртаяқтап қайық ішін кезумен
болды.
Жолаушылар алғашқы екі күн бойы Геркулестің жолға
шығардағы жинаған азығымен қоректенді. Дик Сэнд бірнеше сағат
кідіріп демалу үшін қайықты тек қана түнде тоқтататын, бірақ өзі
жағаға шықпайтын-ды. Мұқтаждық зорламаса босқа тәуекел еткісі
келмейтұғын. Азық қорын үстеуге ғана болмаса құрғаққа шықпады.
Бұлар бейтаныс өзенді төмен ағып келе жатыр, бұл сапарда әзір
айтарлықтай жаңа уақиға болған жоқ. Орта есеппен өзеннің ені жүз
елу футтан аспайды. Ағыс ағызып бара жатқан бірнеше көшпелі
аралдар ұшырасты. Бірақ олардың аумағы қайықпен шамалас
болғандықтан Дик Сэнд соқтығысудан қауіптенбеді.
Өзен жағалауы елсіз. Казонде жерінің бұл жақ бөлегіне халық аз
қоныстанады. Өзеннің екі бетіне бірдей өскен ағаштардың
бұтақтары жайылып біріне бірі айқасып кеткен, қайық сол қалың
нудың ортасымен ағып келе жатыр. Ол өсімдіктердің арасында
шпанжик қызғалдақтары, бальзамин, қолшатыр сияқты өсімдіктер,
алоэ, папоротник пен папирустар да бар.
Өзен үстіне төніп тұрған қалың орман. Су бетін сығылысқан
қатты жапырақты акация ағаштары, «темір ағаш» деп аталатын
баугин, анжир ағаштары бүркеп тұр.
Биіктігі жүздеген фут ағаштардың мұнартқан басы біріне бірі
матасып, күмбездей шашақтары күн түсірмей өзен бетін жауып
кеткен. Кей жерлерде өзеннің екі бетіндегі лиан-шырмауықтар
біріне бірі айқасып өзенге салған аспалы көпірге ұқсайды.
27 июнь күні жолаушылар әлгідей аспалы көпірлердің бірімен
шұбырып өзеннен өтіп жатқан бір қора маймылдарды көрді. Олар,
шамасы, шырмауық көпір өздерінің салмағына шыдамай үзіліп
кетер деп қауіптенсе керек, бірінің құйрығынан бірі ұстап матасып
алыпты. Джек бұларды көріп мәз-мәйрам боп шек-сілесі қатқанша
күлді.
Сол күні кешке таман қайық кенеттен тоқтай қалды.
— Немене, не боп қалды? — деп сұрады үнемі артта руль ұстап
келе жатқан Геркулес.
— Бөгет! — деді Дик Сэнд.— Табиғи бөгет.
— Оны бұзсақ қайтеді? — деді Геркулес.
— Ие, Геркулес, балталап бұзамыз ғой. Бөгет мықты шығар,
көшпелі аралдардың бірнешеуі салмағын сала басса да былқ
етпеуін қараңызшы!
— Не тұрыс бар, капитан, іске кірісейік,— деді Геркулес
қайықтың тұмсығына барып,
«Тикатика» деген су өсімдігі ағып келіп бөгеліп қалыпты.
Өсімдіктің майысқақ талшықтары әбден ұйысып киіз боп қалған.
Бұл сияқты су өсімдігінен құралған бөгеттің үстімен кәдімгі
көпірден өткендей, өзеннен әрлі-берлі жайбарақат өтуге болады.
Бөгеттің үстіне көз қызықтыратын лотостар өскен.
Іңір қараңғысы қоюланып қалған кез еді, Геркулестің қайықтан
түсуіне мүмкіндігі бар. Ол балтасын оңтайлы сілтеп екі сағатқа
жеткізбей-ақ шырмалып қалған су есімдігін ортасынан қақ бөлді.
Бөлінген бөгетті өзен ағысы жайымен ысырып екі жақ жиекке
апарып жапсыра салды.
Қайық төмен қарай аққан кезде, ымырт жабылып қараңғылық
орнап еді.
Сақалды сәбидің мінездері әңгіме етуге арзыр ма екен? Қайық
бөгетке тірелген кезде, Геркулес бөгетті бұза алмайды, сонда
қайықтан түсіп шыбын-шіркей аулаймын деп үміттенген кісіге не
дерсін! Өзен ағысымен жүзу ғалымға жан төзгісіз жабығу болды.
Ол Альвецтің факториясын, ондағы өзінің пәтерін, қаңылтыр
қалбырында қалған баға жеткісіз коллекциясын есіне түсіріп
өкінумен болған. Оның мұншалықты сорлап қалуы бәріне де
аянышты болды. Шынында да байғұстың қолында бірде-бір жәндігі
қалмап еді.
Бенедикт ағай Геркулесті «шәкіртім» дейтұғын. Геркулес бөгет
үстінен бір жексұрын жәндік тауып алып оны ғалымға тарту
еткенде, жәндікті қолына алып тұрып ғалымның қандай қуанғанын
сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл арада бір таң қаларлық
нәрсе, Геркулес өзінің тартуын ғалымға беріп жатып әлденеден
қымсынғандай түр білдірген.
Бенедикт ағай жәндікті сұқ қолы мен бас бармағының арасына
ақырын ғана қысып ұстады да, дәл көзіне апарып тақады, осы сәтте
оның көзілдірігі мен лупасы есіне түсіп қамығайын деді. Әттен, нақ
қазіргі сағатта сол екі құралы түскір оның қолында болар ма еді!
Ғалым кенет айқайлап жіберді:
— Геркулес, а Геркулес! Сен маған кінәлі едің ғой, бірақ оны
түп-түгел кешірерліктей қызмет еттің. Уэлдон қарындас! Дик!
Мынау ерекше жәндік және африкалық жәндік екенінде талас жоқ!
Бұл алты аяқтыны менен алам деген кісінің қолында өлермін,
айрылмаймын, ешкімге бермеймін де!
— Демек, бұл расында да бағалы табыс болды ғой? — деді
миссис Уэлдон.
— Айтарын бар ма! Әлде сіздің бұған күмәніңіз бар шығар? —
Ғалым даурығып қоя берді.— Қатты қанаттылар тобына, тор
қанаттылар тобына немесе жарғақ қанаттылар тобына қосуға
болмайтын бұл жаңа жәндікке құн жетпейді!.. Жәндіктердің ғылым
жүзінде анықталған он шақты тобының бірде-біріне қосылмайтын
жәндік бұл... Кейбір надандар ойланбай-ақ мұны өрмекші тектес
жәндік дей салар еді. Шынында да мұның өзі өрмекшіге
ұқсаңқырайды. Егер бұл жәндіктің сегіз аяғы болса, ойланбай-ақ
өрмекші деуге болар еді, ал мұның тек қана алты аяғы бар ғой! Ах,
достым, мен мұндай бақытты күтіп пе едім? Ақырында менің атым
ғылым құрамына енетін болды! Бұл жәндіктің аты «hexapodes
Benedictus»102 болады. Ғалымның қуанғаны сонша, өткен кездердегі
көрген зәбір-жапасының бәрін әп-сәтте ұмытып, келешекте
кездесетін қиыншылықтарды есіне де алмастан, өзінің сүйікті
мылжыңына басып «көкшолағын» борбайлай берді. Миссис Уэлдон
мен Дик Сэнд ғалымның табысын шын ықластарымен құттықтаған
болды.
Бұл кезде қайың өзеннің қараңғы бетімен жылжып бара жатқан.
Түн тыныштығын тек қана гиппопотамның оспадарсыз жүрістері
мен жағалауда жорғалаған крокодилдердің сыбдыры ғана бұзып
тұр.
Он бесі толып биікке өрлеп бара жатқан айдың бұлтсыз түнгі
жарығы қамыс қалқаның саңылауынан сығалап, қайық ішін нұрға
бөлеп тұр.
Бір кезде өзеннің оң жақ жағалауынан, қатар қойылған бірнеше
насостың су тартқаны сияқты порылдаған көмескі дыбыс естілді.
Бұл кезде бір қора піл өзеннен су ішіп жатыр еді. Олардың
салбыраған өңеш мұрындары машина сияқтанып бірде жоғары
көтеріліп, бірде төмен түсіп жатқан. Алып жануарлар өзен арнасын
құрғатып кеткелі келген сияқты.
Он сегізінші тарау
ТҮРЛІ УАҚИҒАЛАР
Қайық ендігі сегіз тәулікті де ағысты қуалай ақты. Бұл күндерде
айтарлықтай уақиға бола қойған жоқ. Өзен көпке дейін жыныс
орманның ортасын аралап ақты. Сосын орман таусылып өзеннің екі
беті ұшы-қиыры жоқ балқашты қопаға айналды.
Бұл жер де құнарсыз екен. Дик бұған ренжіген жоқ, ренжігенде
қайтсін. Құнарсыз болғанымен қопаның арасы толып жүрген бөкен
екен. Бұл момақан жануарлар кеш болысымен мекенін арыстан мен
қабыланға қалдырып өздері ашық далаға шығып кететін көрінеді.
Қаншама көп болғанымен жолаушылар күні бүгінге дейін орманда
жыртқыштармен кездескен жоқ-ты.
Дик Сэнд күн сайын қайықты өзен жиегіне тоқтатып, түскі
тамақтың артынан құрылыққа шығып жүрді.
Кішкене отрядқа азық қорын жаңғыртып алу өте қажет.
Қаңырап жатқан бұл елсіз даладан түземдіктердің негізгі азығы
болып саналатын жеміс, не маниок, не сорго, не маис сияқты дән
табу мүмкін емес. Мұнда бұл азықтық өсімдіктердің бәрі де бар,
бірақ олар жабайы өскендіктен азықтыққа жарамайды. Мылтық
атып аң ауласа, біз мұндалап өздерін түземдіктерге білдіріп алады.
Әйтсе де Дик Сэнд аң аулауға мәжбүр болды.
Жолаушылар анжир ағашының қу бұтағын жарып, оның
қуысына таяқ тығып, таяқты ұршықша шапшаң айналдырып ұшқын
шығарып от жақты. Олар от жағудың бұл әдісін жабайылардан
үйренген-ді. Сөйтіп, бөкен етін отқа қақтап, бірнеше күнге жетерлік
қор жасап алды.
Июньнің төрті күні Дик Сэнд бір қаманы бір атқанда мұрттай
ұшырды. Қама — бөкеннің бір түрі, басы сопақтау, арқасына қарай
шалқая біткен кішкене ғана мүйізі болады. Алдынан қарағанда
қаманың мүйізі бестік (V) рим цифрына ұқсас. Қашқындар қаманың
етін жоғары сапалы деп бағалады.
Күн сайын түнгі демалыста тоқтап және күндіз аң аулауға
аялдағандықтан сегізінші июльге дейін жолаушылар небары, жүз
мильдей-ақ жол жүрді. Дегенмен Орталық Африка үшін жүз миль
деген аз жол емес. Мына өзен Дик Сэндке ұшы-қиыры жоқ ұзын
боп көрінді, мұны төмен аға берсе, өздерінің қай жерден барып
шығатынын ойлануы керек. Бұл өзенге бүгінге дейін бірнеше
тараулар келіп құйды. Сонда да болса өзен арнасы ешқандай
көбеймеген тәрізді.
Алғашқыда өзен тіп-тіке солтүстікке қарай ағып еді, енді
солтүстік-батысқа қарай бұрылды.
Жолаушылар өзеннен де азық алып тұрды. Олар ұзын
шырмауықтан қармақбау жасап, ұшына ілмешекті тікен байлады.
Сөйтіп, олар санджек деген еті аса дәмді ұсақ балықты, кептірілген
күйінде ұзаққа шыдайтын ұзақ деген балықты, сельд тәріздес
кішкене дағала балықтарын ұстап жүрді.
Июльдің тоғызы күні күндіз Дик Сэндтің аңшылық құмары өзін
жазымға ұшырата жаздады. Жасөспірім өзен жағасында жалғыз өзі
бұта арасындағы жыныштан мүйізі қылтиып көрінген бір қаманы
аңдып жүрген. Қаманы атып жіберген кезде, қайдан пайда бола
қалғанын сайтан біліп пе, өзінен отыз қадамдай жерден өте үрейлі
басқа бір аңшы шыға келді. Мүмкін, ол да үлес алғалы келген
болар. Шамасы ол өзінің аңдып жүрген аңын басқа біреуге бергісі
келмесе керек. Бұл аңы биіктігі кем легенде бес фут келетін бір
шомбал арыстан еді. Жыртқыш аң бір секіргенде, Диктің атып
құлатқан қамасының қасына барып түсті. Бейшара жануар
жыртқыштың салмақты табанының астында дірілдеп бүрісіп
жатыр.
Диктің мылтығында оқ жоқ. Қайта оқтайын деп қармана
бастағанда арыстан оны көріп қалды. Ендігі істейтін бірден-бір
амалы — тұрған жерінде қыбыр етпей тұрып қалу ғана. Бұлай етуге
Диктің сабыры жетті. Ол не қашуға, не мылтығын қайта оқтауға
қамданған жоқ.
Арыстанның екі көзі, қызыл көрген мысықтай боп қанталап
Диктен айрылмады. Жыртқыш өзінің алғы астында тыпырлап
жатқан дайын олжаға үңіле қарады да, қыбыр етпей сілейіп тұрған
екінші олжаға көзінің қиығын салды. Екеуінің қайсысы тиімді деп
безбендеп тұрған тәрізді еді.
Осы арбасумен екі минуттай уақыт өтті. Арыстан Дикке қадала
қарап қалған. Дик те оған кірпік қақпай қарап тұр.
Ақырында арыстан екі олжаның біреуін қалады. Ол өлген
қоянды тістеп әкетіп бара жатқан ит сияқты, қаманы тістеп алып
қалыңға сіңіп ғайып болды. Арыстан сабау құйрығымен бұтаны
сабалап, орманға кіріп бара жатқанда, Дик тұрған жерінде тұра
беріп еді.
Дик Сэнд сақтық етіп тағы да біраз тұрып, арыстанның
сыбдыры өшкен соң жолдастарына қайтып келді. Ол соншалықты
жан түршігерлік қауіптен қазір ғана құтылып келгендігін
жолдастарына айтқан жоқ-ты. Егер қашқындар өзенмен жүзбей
даламен немесе жыртқыш аңдары көп қалың орманды аралап
жүрсе, ендігі олардан ешкім тірі қалмаған болар еді.
Бұларға әлі күнге адамзат әулетінен ешкім кездескен емес. Өзен
жағалауында адам мекенінен түк те жоқ, қаңырап жатыр. Бірақ
адамы көрінбегенімен көшкен елдің ізі талай рет кездесіп еді. Егер
тәжірибелі саяхатшы болса, айналасына сүттіген өсіп кеткен адам
мекенінің қираған қалдығына, кең алқаптың ортасына жалғыз өскен
анжир ағашына көз салып, бір кездегі көп халықты қыстақтың
жұрты екенін, жалғыз анжирды түземдіктердің әулие ағашы екенін
бірден-ақ білер еді. Бір қыстақтың басшысы өлсе, оның халқы
мекен еткен жерін тастап жаңа қонысқа көшіп барып орналасатын
әдет-ғұрып африкалық рулардың бәрінде де бар.
Орталық Африканың басқа өлкелерінде үй салмай жертөле
қазып алып сонда тұра береді. Бұл жердің халқы да солардың
үлгісімен күнелтуі ықтимал. Жабайы халықтар адамзат дамуының
ең төменгі сатысында. Үңгірінен тек түнде шығатын жыртқыш
аңдар сияқты, бұлар да үйлерінен түнде шығады, жыртқыштармен
кездесу қандай үрейлі болса, бұлармен кездесу де сондай қауіпті.
Бұл жердің халқы адам жеушілер руынан екеніне Диктің күмәні
қалмады. Дик жағалауға шығып аң аулап жүрген кезінде адам
жеушілердің әлдеқалай тап бола қалуы ғажап емес. Сондықтан ол
мүмкіндігі болғанынша жағалауға сирек шығатын-ды, және қашан
да болса аңға кетерінде, болмашы ғана қауіптің белгісі білінсе,
маған қарайламаңдар, дереу қайықты өзеннің ортасына алып
кетіңдер, деп әсіресе Геркулеспен сөз байласатын. Геркулес оның
талабын орындауға уәде бере тұрса да, Дик жағалауда жүрген
кездерде ол өте абыржуда болатын. Өзінің бұл жағдайын миссис
Уэлдонға білдіргісі келмей тырысады-ақ, әйтсе де жас әйел мұның
бәрін де сезіп жүретін-ді.
10 июнь күні кешкісін Дик пен Геркулеске қорқынышты
минуттар кешуге тура келді. Алыстан өзеннің оң жақ жағасынан
бағана қағып, су үстіне салынған бірсыпыра құрылыстар көрінді,
оның үстінде отыз шақты лашық бар. Өзен ағысы қайықты тұп-тура
әлгі құрылысқа қарай айдап келе жатыр. Бір жақ жиекке таман
жалтарудың мүмкіндігі болмай қалды, өйткені өзеннің сол жақ
жиегінде қайық өтерліктей жол жоқ, судан сорайып шығып тұрған
тастар көрінеді.
Қыстақта адам болуға тиіс. Өзен бетін біртүрлі мұңды ән
тербегендей. Кейбір лашықтардан жылтыраған от көрінеді.
Жабайылардың бағаналар арасына ау құрып қоятын қашанғы
әдеті. Егер ескі әдеттерін істеп мұнда да ay құрып қойған болса,
жолаушылардың халі жаманға айналады. Өйткені қайық ауға
шырмалады, оны қашан жазып алғанша, қыстақ адамдары түгел
жиналып та болады.
Дик Сэнд тұмсықта, сыбырлап команда беріп тұрған. Түн айлы
жарық еді. Бұл жағдай қайықты басқару ісін оңайлатумен қатар оны
адам көзіне түсіретін болды.
Қорқынышты минут жетті. Көпір үстінде суға тақала үңіліп екі
түземдік отыр. Ағыстың ықпалына берілген қайық әлгі екеуінің
арасынан өтуге тиіс. Түземдіктердің қайықты байқамай қалуы
мүмкін емес. Олар аттан салса, қалай болады?
Түземдіктер әбігерлене бастаған кезде қайық пен бағананың
арасы небары жүз футтай-ақ жер қалған. Жабайылардың біреуі
ұшып тұра келіп қасындағы жолдасына ағып келе жатқан «көшпелі
аралды» көрсетті. Олардың шырмауықтан тоқылған ауды суға
салғаны сол-ақ еді, аудың парша-паршасы шығып бүліну қаупі
төнді.
Сол сәтте екеуі асығып-үсігіп ауды судан шығара бастады. Олар
өздерінің ауылдастарын жәрдемге шақырып аттандап жатыр.
Бірнеше жабайылар лашықтарынан жүгіре шығып көпірге келді де,
ауды судан шығаруға жанталаса кірісті.
Диктің сыбырлап берген командасы мен Геркулес ескегінің
болмашы шылпылынан басқа қайық ішінде дыбыс жоқ, тым-тырыс.
«Көшпелі аралды» қайық деп сезерліктей белгі жоқ-ты. Кішкентай
Джек, абалап жібермесін деп кішкене қолымен Дингоның аузын
басып отыр. Су ақырын барып бағанаға соғылды. Көпір үсті
жабайылардың айқай-шуымен алай-түлей. Егер қайық, бағана
арасындағы ашыққа жеткенше, жабайылар ауды судан шығарып
үлгірсе, жағдайдың сәтті аяқталғаны. Егер олар ауды шығарып
үлгіре алмаса, қайық ауға тіреледі де, жолаушылар түп-түгел
жабайыларға тұтқын болып, құрып кету қаупі бар. Қайықты
тоқтатуға да, немесе басқа жаққа бұруға да Диктің мүмкіндігі
болмай қалды: қарсы алды қаз-қатар самсап тұрған бағана, екі жағы
күз, өзеннің осы арасы қысаң, ағысының қатты жері еді.
Қайық көпірдің дәл астына кіре берген сәтте,— бұл не деген
бақыт десеңізші! — жабайылар ақырғы күшін салып ауды судан
шығарып алды. Бірақ қайық үстіндегі шөп қалқа көпір ағаштарына
ілініп, сыпырылып қалды.
Жабайылардың біреуі шыңғырып жіберді. Ол оңбаған қалқа
астында жасырынған адам барын байқап қалған болар ма? Әлде
адам көргенін серіктеріне білдіргені шығар? Әрине солай болуы
мүмкін.
Не болса ол болсын, жолаушылар қол жетер жерден ұзап кетті.
Қатты ағыс қайықты алға қарай анталатып, бағана үстіндегі қыстақ
оттары әп-сәтте алыста қалды.
— Сол жақ жағаға таман тарт! — деп команда берді Дик Сэнд
әлденендей қауіпті ескеріп.— Ол жақта су астының тастары жоқ.
— Сол жақ жағаға!—деп Геркулес оның командасын қайталады
да, қайықты кілт бұрды.
Дик Сэнд қайықтың артына барып кейін қарай бұрылып тұрды
да, су бетіне түскен айдың жарығымен кейінгі жаққа тесіле қарады.
Бірақ қаншама қараса да күдікті қауіп көре алмады. Бұларды қуып
келе жатқан бірде-бір қайық жоқ. Шамасы жабайыларда қайық та
жоқ болғаны ғой.
Ертеңгі шақ. Күн шайдай ашық. Жабайылардан ешқандай дерек
жоқ. Айнала төңірек тым-тырыс.
Сонда да болса Дик Сэнд, сақтықта қорлық жоқ дегенді ескеріп,
қайықты өзеннің сол жақ жиегімен ағыза берді.
Июльдің он бірі күні жолаушылар жер түрінің мүлде өзгере
бастағанын байқады. Бұл арадан, Ливингстонның бір саяхатында
зерттеп кеткен Калахари сахарасы сияқты, өзеннің екі беті
тұтасымен көсіліп жатқан жазық дала басталды. Өзеннің бас
жағындағы құнарлы алқаптарға үйреніп қалған көзге мына шөл
дала өте-мөте жүдеу де түрсіз көрінді.
Ал өзеннің әлі де болса ұшы-қиыры көрінер емес, көк лента
сияқтанып шұбатылып бара жатыр...
Жемісі жоқ мына құнарсыз жердің бес адамға оңайлықпен азық
тауып бере алатын түрі жоқ. Ескі азық қоры ада-жұда таусылып
қалған. Балық аулау кәсібі жарытар емес. Басқа түрлі әрекеттің
ыңғайы жоқ. Бөкен, тағы сол сияқты шөп қоректі жануарлар бұл
жерде болмайды екен, мұнда олар коректенетін түк те жоқ. Шөп
қоректілер болмаған жерде жыртқыштар да болмайды. Сондықтан
бұрынғы құлақ үйреніп қалған арыстан, қабылан сияқты азулы
аңдардың бұл арада ақырып-бақырғаны түнге қарай естілмейтін
болды. Түн тыныштығын тек бақалардың жаппай бақылдаған
концерті ғана бұзатұғын.
Күн қақтап тастаған ормансыз жазық дала өзеннің екі бетін
бойлай көсіліп, шығыс пен батыстың көкжиегін ұштастырып
тұрған тауға барып тірелген. Бұл жазық далаға тек қана сүттіген
өскен, бірақ оның да азықтыққа жарайтын үн сияқты маңыз
шығаратын түрі емес, жарамсыз май шығаратын түрі еді.
Дик Сэнд азық мәселесін шешудің амалын таппай қатты
күйзелді. Геркулес, папоротниктің жас сүйрігі мен папирус
сабағының өзегін түземдіктердің азыққа пайдаланатынын Диктің
есіне салды. Миссис Уэлдонның ізіне түсіп, орманға кірген
кездерінде Геркулестің өзі де әлгі өсімдіктермен талай күндер
коректенген болатын. Бақытқа қарай, папоротник пен папирус
өсімдіктері өзеннің екі бетіне қалың өскен екен. Папирустың дәмді
өзегін жолаушылардың бәрі ұнатты, әсіресе кішкентай Джек
сүйсіне жеді.
Дегенмен бұл азық оншалықты нәрлі емес, егер Бенедикт
ағайдың жәрдемі болмаса, жолаушылардың халі мүшкілге айналар
еді. Бенедикт ағай «hexapodes Benedictus» деп өзінің атын өлместік
мәңгіге қалдырарлық табыс тапқалы бері қайтадан көңілденіп, рухы
көтеріліп қалған кезі еді. Ғалым ол жәндігін сенімді жерге —
қалпағының төбесіне қыстырып, өзінің зерттеу жұмысын жүргізе
беру үшін қайықтың әрбір тоқтағанын, пайдаланып жағаға
шығатұғын. Бір кезде ол қалың шөптің арасын тінтіп жүргенінде,
аяғы астынан бір құс қалбаң етіп ұша жөнелсе болар ма!
Дик Сэнд ол құсты атайын деп мылтығын кезене беріп еді,
ғалым ағай айқайлап жіберді:
— Атпаңыз, Дик! Ата көрмеңіз! Жалғыз торғайдың еті бәрімізге
болса да үнем болмайды.
— Ең болмаса Джекке үнем болар еді ғой,— Дик Сэнд оқ жетер
жерден ұзай қоймаған құсты атуға қайта кезеніп еді.
— Жоқ, жоқ!. Ата көрмеңіз! — деп Бенедикт ағай тағы да безек
қақты.— Атпаңыз оны, «Көзеуші торғай» деген осы. Ол бізге
балдың мол жерін көрсетеді.
Дик Сэнд көзеген мылтығын төмен түсірді. Бұларға бір
торғайдан гөрі бірнеше қадақ бал тиімді ғой. Дик пен Бенедикт ағай
бір жоғары көтеріліп, біресе төмен шүйіліп, адамдарды соңымнан
ер деп шақырғандай болған торғайға ілесіп жүре берді Олар
оншалықты ұзаған жоқ, сүттіген өсімдігінің арасынан іші кеуек бір
кәрі ағаштың түбірін көрді. Айнала төңірегі гүлдеп жатқан бал
арасы.
Бенедикт ағай бұл жарғақ қанаттыларды «өз еңбектерінің
мәуесінен» мақрұм еткісі келмеп еді, бірақ оның бұл пікіріне Дик
қарсы болды.Ол бір құшақ қурай жағып түтін түтетті де араларды
ұясынан айдап шығып бірсыпыра бал алды. Сосын араның жаңа
дамып келе жатқан ұрықтарын «көзеуші торғайдың» үлесіне
қалдырып Бенедикт ағай екеуі қайыққа қайтып келді.
Қайықтағылар балға аузының суы шұбыра килігіп жатыр, бірақ
бал әп-сәтте ада болды. Бұлар июльдің он екісі күні жағаға шығып,
төсеп тастаған кілем сияқты жер бетін жапқан қалың шегіртке
көрді. Жолаушылар бұған дейін аштықтың азабын әбден тартып
еді. Бұл арадағы шегірткелер миллиондап бар, орасан көп, кей
жерлердегі бұталар мен шөптерді екі қабат, тіптен үш қабаттан
орап алған. Сол сәтте шегірткені түземдіктердің азыққа
пайдаланатынын Бенедикт ағайдың есіне түсе қалды. Жолаушылар
осы арадан «аспан жармасынан» мол етіп қор жинап алды. Шоққа
қуырылған шегіртке жолаушыларға құнарлы азық болды, мұны
тіптен ашықпаған кісілер жесе де аса дәмді деп мақтар еді.
Бенедикт ағай шегірткені аяп күрсіне отырып әйтеуір жеді-ау, бірақ
күрсінсе де көп жеп қойды.
Әрі тән азабын, бір жағынан жан азабын тартқызған мына
қасірет тізбегі қашан аяқталар екен! Бірақ бұл сапар ағысы қатты
өзенді ағып қайықпен жүзу, орман аралап Гэрристің «гациендісін»
іздегендегідей адамдарды шаршатып қажытқан жоқ. Сонда да
болса күндіз аптап күйдіріп, кешкісін дымқыл тұман
тұншықтырып, түні бойы көк шыбын талап жолаушылардың әбден
зықысын шығарды.
Қашқындар ұзақ жүзді. Межелі жерге жететін уақыт болып еді
ғой! Дегенмен бұл саяхаттың шетін Дик Сэнд әлі көре алмай келеді.
Бұл сапар тағы да қаншаға созылар екен? Бір жетіге немесе бір
айға барар ма? Бұл жұмбақтың шешімін болжарлықтай ешбір белгі
жоқ.
Егер мына өзен шынында да Заир немесе Конго болып шықса,
оның ағысы жолаушыларды тұп-тура Португалия жеріне апарып
енгізер еді, өйткені ол ел өзеннің нақ құяр сағасына орналасқан.
Диктің болжалы да осы шама.
Июльдің 15, 16, 17 және 18 күндері қашқындар қайығы жалпақ
өзеннің күмістей жарқыраған бетімен төмен қарай аға берді. Өзен
жағалауы енді оншалықты мәуесіз емес. Бірақ Дик Сэнд әлі де
болса сақтанумен келеді. Шөптен жасалған қалқа бұрынғысынша
қайықты жасырып, өзен бойлай ағып келе жатқан қайық емес,
кішігірім көшпелі аралға ұқсады.
Тағы да бірнеше күн жол азабына төзсе болғаны, қайғы-
қасіретті артқа салатын күн жетеді.
Бұл уақыттың ішінде олардың әрқайсысының жанқиярлықтай
істеген ерлігі аз болған жоқ. Мұның ішінде ерліктің ең зоры Диктің
үлесіне тиген, бірақ онысын өзі ескермесе де жолдастары аса
бағалап еді.
Июльдің 19 күні түнде айта қаларлықтай зор уақиға болған.
Қайықтағылардың бәрі түп-түгел құрып кетудің аз-ақ алдында
қалды.
Түн ортасы ауып, сағат үштің кезінде, Дик Сэнд алыстан
шыққан біртүрлі күңгірт шуылдаған өрескел дыбыс естіді. Мұның
қайдан шыққан шуыл екенін ажырата алмай жас капитанның
тынышы кетті.
Түн желсіз тымық еді. Ауа жапырақ селт етпестей желсіз.
Миссис Уэлдон, кішкентай Джек, Бенедикт ағай тәтті ұйқыға
шомып қайықтың түбінде жатқан.
— Мынау жарға соққан теңіз толқынының шуылы! — деді
Геркулес.
Алыптың көзі қуанғанынан жайнап қоя берді.
— Жоқ,— деді Дик Сэнд басын шайқап,— бұл теңіз шуылы
емес сияқты.
— Теңіз болмағанда ненің шуылы? — деді Геркулес.
— Білерміз, таң атсын. Әзірге сақ болайық.
Геркулес өз орнына қайтып барды. Ал Дик Сэнд тұмсықта
тұрып бар ынтасын сала әлгі естілген шуылға құлақ түрді.
Таң білінісімен ілесе күн шықты. Өзеннің төменгі жағынан
жарты мильдей жерден бұлт сияқтанған буалдыр бірдеңе ауада
салбырап тұр. Тұман сияқты емес, түрі басқа. Күн көтерілісімен
өзенге көлденең тартылған әдемі кемпірқосақ пайда болды. Дик
Сэнд жаңағы шуылдың мәнісіне енді түсінді.
— Жағаға тарт, жағаға! — деп Дик Сэнд бар даусымен айқайлап
жіберді.— Алдымызда сарқырама — су құламасы бар екен! Ана
көрінген бұлт су «шаңынан» құралған! Геркулес, жағаға тарт!
Дик Сэнд қателеспепті. Өзен арнасы бірден жарланып, тереңдігі
жүз фут шамасы құлдилап төмен еңкейді. Өзен суы пәрменімен
зымырап барып құрдымға құлап жатыр. Бар-жоғы тағы да жарты
миль жүрсе болғаны, қайықтың шыңырау түбіне кетуінде сөз жоқ...
Он тоғызыншы тарау