Тез бұралған сүмбі бір минутта қабырғаны тесіп өтті, қалың
лайдың астынан тесіп шыққан ауа суды бұрқылдатып көтереді ғой,
нақ сол сияқты бұрқылдаған дыбыс естілді. Іштегі ауа пәрменімен
тысқа теуіп, едендегі су қапыл көтеріліп кетті.
Тесік тыстағы судың астынан шыққан болды...
— Енді жоғарырақтан тағы тесіп көрейік! — деді Дик Сэнд
асып-саспай, жайымен. Жалма-жан тесіктің аузын бір уыс
балшықпен тығындай салды ол.
Судың көтерілуі тоқтады, бірақ әп-сәтте су сегіз дюймдей
көтеріліп қалған еді. Енді іштегі ауа да осы мөлшерде кеміп қалды.
Адамдардың дем алуы қиындала түсті, өйткені ауадағы кислород
мүлдем азайып қалған. Фонарьдің жалыны қызарып жанып,
жарығы да кеми берді.
Дик Сэнд алғашқы тескен тесігінен бір фут жоғары тағы тесе
бастады. Егер бұл әрекетінен тағы нәтиже шықпаса, іштегі су қайта
көтеріле түседі... Бірақ тәуекел ету керек болды.
Дик Сэнд екінші тесікті тесіп жатқанда, Бенедикт ағайдың
даусы естілді:
— Ә... солай екен бұл! Енді бәрі мәлім болды!
Сол сәтте Геркулес фонарь жарығын Бенедикт ағайға қарай
бұрып еді, ғалымның қуанышы қойнына сыймай, мәз-мейрам
болып екі езуі құлағына жетіпті.
— Бұл есті жәндіктердің өз үйлерінен безу себебін енді білдім!
— деді Бенедикт мырза.— Олар осы ойпатты сел басатынын алдын
ала білген. О, мұны білдірген оларға ішкі сезім ғой, достарым, ішкі
сезім деймін! Термиттер бізден гөрі ақылдырақ! Анағұрлым
ақылды.
Бенедикт ағай уақиғаға байланысты өз пікірін айтып болды да
үнін өшірді.
Осы сәтте Дик Сэнд екінші рет тескен сүмбіні суырып еді,
алдыңғы бұрқылдаған дыбыс қайта естілді.— Іштегі су тағы
көтеріле түсті... Бұл тесік те тыстағы судың астынан шыққан болды.
Жағдай шынында да жан түршігерлік түрге айналды. Су
текшеде жатқан Джектің аяғына жақындап қалды, миссис Уэлдон
бөбегін көтеріп қолына алды. Көлемі тар күмбез ішіндегі
адамдардың тынысы тарылып тұншыға бастады, құлақтары
шуылдап, жүрек соғуы жиілене түсті. Шамның жарығы мүлдем
көрінбей кетті.
— Шынымен-ақ күмбездің су астында қалғаны ма? деп
күбірледі Дик Сэнд.
Бұл жағдайды анықтау үшін үшінші тесікті тағы тесіп көру
керек. Бұлардың ең ақырғы әрекетінен де алдыңғысындай нәтиже
шықса, ендігі қалғаны тұншығып өлу, іштегі ауаның қалдығы
далаға шығады да, күмбездің ішін түгелдей су басады.
— Миссис Уэлдон,— деді Дик Сэнд,— біздің қандай халде
екенімізді білесіз бе? Енді сәлден соң бізге ауа жетпейді. Ақырғы
әрекетіміз де сәтсіз болып аяқталса, күмбез ішіне су толады. Егер
күмбездің төбесі судан шығып тұрса ғана жан сақтай аламыз. Мен
тәуекел етсек деймін... Сіз оған қосыласыз ба?
— Қосыламын, Дик,— дей салды жас келіншек.
Осы сәтте кислород таусылғандықтан фонарь да сөніп қалды.
Жолаушылар енді тас-түнек қараңғыда қалды.
Геркулес қабырғадағы текшелердің біріне шықты. Оның судан
басы ғана қылтиып тұр. Дик Сэнд алып негрдің иығына шығып
күмбездің қақ төбесін сүмбімен тесе бастады Бұл араның балшығы
қатты да қалың екен. Қатып қалған балшыққа сүмбі әрең батты.
Дик Сэнд сүмбіні жан ұшырғандай өте шапшаң бұрады. Оның тұла
бойын жан түршігерлік қорқыныш кернеген, бірнеше секундтан соң
ине жасуындай саңлаудан күмбез ішіне таза ауа кіреді, ауа кірсе,
онымен бірге өмір келеді деген сөз, егер су кірсе, өлім.
Кенеттен жыланша ысқырған ащы дыбыс естілді. Күмбез
ішіндегі қысылып тұрған ауа далаға атылды... ізінше тесіктен
жылтыраған сәуле көрінді. Іштегі су тағы да сегіз фут жоғары
көтерілді де, одан жоғары аспай тоқтап қалды. Шамасы, тыстағы су
мен іштегі су деңгейлескен болды.
Сөйтіп, күмбез төбесі судан жоғары екен. Енді жолаушылар
өлім тырнағынан жырылып шықты.
Күмбез ішінде «уралаған» ұран көтерілді, әсіресе көп дауыстың
ішінен Геркулестің даусы күндей күркіреп epекше бөлініп естілді.
Сол сәтте балта мен пышақтар іске қосылды. Күмбез төбесіндегі
тесік лездің арасында кеңейтілді, ішке кірген таза ауамен бірге
жаңа көтерілген күннің сәулесі де енді.
Дик Сэнд бірінші болып тесіктен басын тысқа шығарды. Сол
сәтте оның кеудесін кернеген айқайы да бірге атылды. Айқайға
ілесе зуылдаған дыбыстар да естіле бастады, бұл садақ оғының
зуылы еді, мұны бұрын Африкада болғандар жақсы біледі.
Дик Сэнд басын төмен тартып алды. Бірақ ол термиттер
қаласынан бірнеше жүз метр жерден жергілікті халықтардың
лагерін көріп қалды.
Күмбез төңірегіндегі су басқан көлтабанда ұзын-ұзын пирогтар
(қайықтар) жүзіп жүр. Олардың үстінде жергілікті халықтың
солдаттары отыр. Жасөспірімнің басы күмбез төбесіндегі тесіктен
қылт еткен кезде, оған оқ жаудырған осы қайықтағылардың
біріндегі әскерлер болатын.
Дик Сэнд көрген-білгендерінің бәрін жолдастарына екі ауыз
сөзбен айтып түсіндірді. Дик Сэнд, Геркулес, Актеон, Бат төртеуі
мылтықтарын алып, тесіктен бастарын қылтитып қайықтағыларға
оқ жаудырды.
Жергілікті солдаттардың бірнешеуі оққа ұшты. Бұлардың бір
дүркін оғына олар да мылтық атып, улап-шулап жауап қайырды.
Бірақ айнала төңіректен қамап алған жүздеген жауынгерлерге
үркердей ғана аз адам қарсы тұрғанымен не бітірмекші?
Күмбез тікелей шабуылмен алынды. Жергілікті солдаттар
миссис Уэлдонды баласымен қоса, Бенедикт ағайды ұстап алып
қайықтарының біріне атып ұрды. Айрылысып бара жатқан
жолдастарымен қол алысып қоштасуға да шамасын келтірмеді.
Оларды мінгізген қайық лагерге қарай кетіп бара жатқанын Дик
Сэнд көріп қалды.
Диктің өзін, Том қартты, Нанды тағы басқаларын және бір
қайыққа мінгізіп басқа жаққа алып кетті.
Бұл қайықта жиырма жергілікті жауынгер бар-ды, тағы үлкен-
үлкен бес қайық бұлардың соңынан келе жатты. Мұндай жағдайда
қарсыласудың ақыры жамандыққа апарып ұрындыратыны анық,
сонда да болса тұтқындар арпалыса берді. Олар жергілікті
жауынгерлердің бірнешеуін жаралады, егер бұл адамдарды тірі
жеткізілсін деген әмір болмаса, жауынгерлер қайсар
жолаушыларды өлтіріп тастайтын еді.
Қайық бірнеше минутта құрғақ жерге жетті. Су жиегіне жетіп
жерге тірелісімен, Геркулес өзін ұстап отырған екі солдатты итеріп
жіберіп, қайықтан секіріп жерге түсті. Оған екі жауынгер тап беріп
еді, алып негр бір солдаттың қолындағы мылтығын жұлып алып
дүмімен қойып-қойып жібергенде екеуінің де бас сүйегі қақ
айрылып сылқ ете түсті.
Бір минуттан соң Геркулес бұршақтай бораған оқтан аман
құтылып, тоғайға кіріп ғайып болды.
Дикті жолдастарымен бірге жағаға шығарып, кәдімгі құл
сияқтандырып кісендеп тастады...
Жетінші тарау
КУАНЗА ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ
ЛАГЕРЬ
Термиттер қаласы тұрған ойпат су астында қалып, көлге
айналған соң, маңайдағы жер адам танығысыз боп өзгеріп кеткен
еді. Су басқан алапта тек бірнеше күмбездің төбесі ғана қылтиып
көрінеді.
Түнімен сабалап жауған нөсер Куанза өзеніне құятын
салалардың бәрін тасытып, өзеннің өзін де кемерінен шығарып
жіберіпті.
Куанза — Анголадағы үлкен өзендердің бірі, бұл «Пилигрим»
қираған жерден жүз миль шамасы қашықтан барып Атлант
мұхитына құяды.
Диктің кеме жүзе алатын өзенді солтүстіктен іздеуі өте дұрыс
еді. Отряд жағалап келе жатқан сала тіп-тіке барып Куанзаға құяды
екен. Егер Дик Сэнд жергілікті халықтың қапыл шабуылына
кезікпесе, термиттер қаласынан бір миль ұзамай-ақ сол өзенді
табатыны сөзсіз. Отряд қиналмай-ақ сал жасап алып, сонымен
өзенді төмен ағып сағадағы португал еліне аман-есен жетер еді. Ол
араға пароходтар да жиі тоқталып өтеді және жолаушылар үшін
қауіпсіз жер.
Бірақ тағдыр жолаушыларды көздеген мақсаттарына жеткізбеді.
Дик Сэнд өздеріне мола бола жаздаған термиттер күмбезінің
төбесінен басын қылтитып қарағанда, сол маңайдағы қырқада
тұрған жергілікті халықтардың бір лагерін байқап қалған еді.
Қырқаның шоқысында зәулім биік бір анжир ағашы өскен. Оның
айнала тарамданған бұтақтарының саясына бес жүз адам еркін
сиярлық. Африканың алып ағаштарын көрмеген адам, бұл ағаштың
соншалықты ірілігіне сенбеуі мүмкін. Анжир ағашының жасыл
көлеңкесіне Гэрристің Негороға айтқан еріксіздер керуені
орналасқан еді. Құл саудагері Альвецтің агенттері құл саудасының
орталық базары Казондеге тұтқындар жөнелтіп жатты. Казондеге
жеткен сорлылар батыс жағалаудағы немесе Үлкен Көл өлкесіндегі
Ньянгве лагерлеріне жөнелтілетін: Ньянгвеге жеткен соң
солтүстікке—Египетке қарай немесе шығысқа Занзибарға қарай
жөнелту үшін жаңадан керуен құрылады.
Лагердегілер жергілікті халықтан алынған тұтқындарға қандай
қараса, қолға жаңа түскен жолаушыларға да сондай қарады. Кәрі
Нанды, Том ақсақалды, шалдың баласы Батты, Остин мен
Актеонды екеу-екеуден қосақтап мойындарына ұзындығы алты фут
ағаш бұғау кигізді: бұғаудың екі басында (V) рим цифрына ұқсаған
ойық бар. Ойықтың мойынға кигізетін жеріне темір құрсау
салынған. Қаныпезер сұмдар сорлары қайнаған еріксіздерді не оңға,
не солға бұрылдырмай бірінің соңынан бірін қаздай шұбыртып
жүргізеді. Ағаш бұғауға қосымша сорлыларды ауыр шынжырмен
белінен тағы қосақтайды. Сөйтіп еріксіздердің қолы мен аяғын ғана
матамай бос қалдырады. Қолын бос қоятын себебі, оның жүк
көтеріп жүруі керек, ал аяғын бос қойғанда, ұзақ жолға өзі жүріп
жетсін дейді. Әрине, аяқ — қашу үшін бос қойылмайды... Мінеки,
тұтқынға алынған сорлылар күннің шыжып тұрған кезінде
хавильдарлар (айдаушылар) шыбыртқысы жондарын тілгілеп жан
төзгісіз жағдайлармен жүздеген миль жол жүреді.
Дик пен оның жолдастары алысумен жүріп әлсіреді, сондықтан
ендігі жерде қарсыласа берудің пайдасыз екендігін аңғарды да,
арпалысуды тоқтатты. Бұлар неғып қана Геркулес құсап қашып
құтыла алмады екен? Геркулес қаншама қайратты болғанымен егер
қолға түсе қалса, мына қатыгез елде оның халі не болар еді?
Алдында аранын ашқан аштық пен жабайы аңдар, аңнан да жаман
жергілікті халықтар тұрғанда, сорлы қашқын неге сенді екен? Көп
кешікпей өзінің тұтқынға түскен жолдастарының тағдырына
қызығуы да мүмкін.
Дегенмен тұтқынға түскен жолаушылардың керуен басылардан
жақсылық көреміз деген ешқандай үміттері жоқ-ты. Керуенді
басқарып жүрген арабтар мен португалдар өзара басқа түрлі тілмен
сөйлесетін де, еріксіздермен тек қана ақырып, қорқытып. күш
көрсетіп ымдап «сөйлесетін».
Дик Сэнд ақ нәсілді адам болғандықтан құл саудагерлері
басқаларға істегенін бұған да істеуге батылы бармады. Жас жігіттің
қаруын тартып алды, бірақ шынжырлаған жоқ. Оның есесіне Дикті
арнаулы хавильдарға бақтырып қойды, бақташы Диктен көз
айырмауы керек.
Дик Сэнд, Негоро мен Гэрристің біреуі көрінбес пе деп айналаға
көз жүгіртті, бірақ ешқайсысы көрінген жоқ. Ол екеуі. керуенде
жоқ болғанымен, отряд адамдарын тұтқынға алуда сол
оңбағандардың тікелей қатысы барлығынан Дик Сэнд
күмәнданбаған.
Американның немесе португалдың бұйрығы бойынша миссис
Уэлдонды, кішкентай Джек пен Бенедикт ағайды басқа
тұтқындардан бөлген болар деп шамалады Дик Сэнд. Бұлар лагерде
көрінбеген соң, сыбайластар ол бейшараларды басқа жаққа айдап
әкеткен екен деді жас жігіт өзіне өзі. Олар миссис Уэлдонды қайда
апарады? Оған не істер екен? Бұл мазасыз ой Диктің тынышын
алып, өз басының қайғы қасіретін есінен шығарды.
Зәулім биік анжир ағашының түбіне көлеңкелеп иіріліп жатқан
керуеннің кем дегенде сегіз жүздей адамы бар-ды. Олардың ішінде
еркегі, әйелі — екі жыныс аралас бес жүзге тарта еріксіздер, екі
жүздей жергілікті солдаттар, жүз шамалы жүк көтерушілер мен
хавильдарлар және құл саудагерінің агенттері бар.
Хавильдарлар араб немесе португал болатын. Бұл адамдардың
еріксіздерге істеген қаталдығын ауызбен айтып жеткізу мүмкін
емес. Олар еріксіздерді болмашы нәрсе үшін ұрып-соғып өлтіре
қинайтын, таяқ көтере алмай ауырғандардың кейбіреулерін
пышақпен жарып өлтіреді немесе атып тастайды, өйткені ондайлар
енді сатуға жарамайды. Керуендегі тәртіп адам төзгісіз қатал еді.
Бұл сияқты ауыр жағдайдың нәтижесінде керуендегі «тірі
товардың» мегзеген жерге жарымы ғана тірі жететін. Басқаларының
сүйегі Африканың ішкі өлкелерінен Мұхит жағалауына баратын
керуен жолында шашылып қалатын-ды.
Еріксіздер керуенін бастап жүрген құл саудагерінің европалық-
португалиялық агенттерінің адамгершіліктен жұрдай болған
ұсқынын тану қиын емес. Бұлар қоғамнан аласталып, елінен
қуылған, каторгадан қашқан, ұры-қары азғындар болатын. Негоро
мен Гэррис те осы азғындардың бірі еді. Бұл екеуі ірі құл саудагері
Хозе-Антонио Альвецке қызмет ететін-ді, бұл жөнінде Камеронның
талай-талай қызғылықты мәліметтері де бар.
Құл саудагерлері құл керуенін айдау үшін күзетші солдаттар
жалдағанда, көпшілігін жергілікті халықтардан алады. Адам аулау
кәсібі тек қана құл саудагерлерінің еншісіне тиген нәрсе емес.
Жергілікті негр көсемдері де адам аулау мақсатымен іргелес
ұруларға қырғын шабуыл жасайды. Жеңген жағы тұтқынға түскен
әйел, еркектер мен балаларды құл саудагерлеріне әкеліп сатады.
Олардың сондағы алатыны бірнеше метр шыт, бір уыс мылтық
дәрісі, мылтық, қызыл-жасыл ала моншақ, ал ашаршылық жылдары
адамды бір уыс жүгеріге де сатып жібереді деп жазыпты
Линвингстон.
Альвецтің еріксіздер керуенін күзетіп жүрген отрядтың түрі
африкалық жалдамалы армиядан айнымайтын. Бұлар ұзын ұңғылы
білтелі мылтықпен қаруланған, жартылай жалаңаш, қарақшылар
тобының жиынтығы еді. Күзет отрядының мұндай түрімен істес
болу құл саудагерінің агенттеріне жеңіл соқпайтын-ды. Ол
қарақшылар қашан да болса бұйрықты жүре тыңдап, онша құлақ
аса қоймайтын. Олар демалыс пен жол жүру мерзімін өздері
белгілейтін. Қит етсе, керуенді тастап жөнімізге кетеміз деп,
ырыққа көнбеген қарыспа агенттерді оп-оңай жуасытып ала
қоятын-ды.
Керуеннің ауыр жүктерін тұтқынға түскен еркек-әйелдердің
өздері көтеріп жүреді. Сонда да болса құл саудагерлері бірнеше
адам жүк көтерушілер жалдайды. Бұларды сенімді көріп, қымбат
бағалы, әсіресе, піл сүйегі буылған тайларды көтертетін. Кейде екі
кісілеп көтеруді керек қылатын піл тістерінің небір ірісі буылған
тай жүктер де кездеседі.
Жағалаудағы факториялардан піл сүйектерін Хартум, Занзибар
мен Наталь базарларына жөнелтіп тұрады. Жүк көтерушілердің
еңбегін уәделі жерге жеткен соң ғана төлейді, оларға берілетін
ақының сиқы, мақтадан тоқылған бірнеше метр мата немесе бір уыс
қауыр (Африкадағы ұсақ ақша орнына жүретін металл), мылтық
дәрісі, жіп, моншақ сияқты түкке тұрғысыз заттар, егер құл
саудагерінің мұндай бағалы заттары болмаса, бұлдап сата алмайтын
кейбір тұтқынын да бере салады.
Альвец керуеніндегі бес жүз еріксіздер қатарында егде тартқан
еріксіздер тым аз еді. Әдетте қирап, өртеніп жатқан қыстаққа
шабуыл жасаған кезде жасы қырықтан асқан еркектерді қырып
тастайтын-ды. Өйткені базардағы өтімді «товар» жас, дені cay
еріксіздер мен жас балалар еді. Мұндай қырғыннан кейін қыстақ
адамдарының оннан бірі ғана тірі қалатын. Экваторлық Африкада
тұтас бір өлкенің қаңырап иесіз қалу себебі осындай жан
түршігерлік қырғынның нәтижесі.
Малша иірілген адамдар тобына қарауға жүзің шыдамайды!
Еріксіздер жартылай жалаңаш, ағаш торқасынан дөрекі тоқылған
сылымтырмен денесін жапқан болыпты Арқасындағы шыбыртқы
айғыздаған жаралары іріңдеп кеткен әйелдер, терісі сүйегіне
жабысқан арық, борбайы шидей, үсті басы қан-қан балалар, өз
басын алып жүруге шамасы келмесе де баласын көтеріп
сүйретілген бейшара аналар, мойындарында ағаш қамыт, мұнысы
аз болғандай ауыр шынжыр белдерін басқан адамдар!
Күні біткен құр сүлде мына сорлыларды, Линвингстонша
айтқанда «қара ағаштан жасалған адам сүйектерін» көргенде,
бұларға адам түгіл жыртқыш аңдар да аяушылық етер еді. Бірақ бұл
көрініс хавильдар-арабтардың ойына да кіріп шығар емес.
Камеронның сөзімен айтқанда, хавильдар-арабтар португалдардан
да қатал еді.88
Қонып түстенген кезде болсын, жол үстінде болсын,
тұтқындарды барынша қатал бақылап күзететін-ді. Дик Сэнд қашу
дегенді ойламаса да болады екен деді өзіне өзі. Оның мазасын
кетірген тек қана миссис Уэлдонның тағдыры. Жас әйелді
нәрестесімен қоса тұтқынға алуда Негороның тікелей қатысы
барлығы айдан анық. «Пилигрим» апат болған соң португалдың
нендей мақсатпен отрядтан бөлініп кеткенін Дик Сэнд әлі күнге
білген жоқ-ты. Бірақ қылмыстың нендей түрі болса да Негоро
жиіркенбейді, оның
қолынан бәрі де келеді, миссис Уэлдонға төнетін қауіп-қатерді
ойлап жасөспірім қатты қынжылды.
— «Әттегене-ай!— деп өкінді Дик Сэнд.— Ол оңбағандардың
екеуін де атып тастауға мүмкіндігім бар еді, бекер-ақ атпаған
екенмін!»
Мазасыз ойлар жас жігіттің жанын жегідей жеді. Миссис
Уэлдон мен кішкентай Джектің сүйенер ешкімі жоқ тұлдыр жетім
баладай боп қорғанышсыз қалды. Бенедикт ағай оларға сүйеу бола
алмайды. Ол өз қара басын аман алып жүрсе де жарағаны. Олардың
үшеуін де Анголаның жырақ бір түкпіріне ендігі жөнелткен де
болар. Бірақ ауру баланы жолда кім көтеріп жүреді!
«Анасы көтереді ғой,— деді Дик өзіне өзі,— анасы көтереді!
Джекті анасы ғана көтеріп жүруге тиіс. Бейшара әйел нәрестесінің
халі бітіп жығылғанша көтеріп жүреді... Күң сорлылар не істесе, о
да соны істейді... Ақырында сол күңдер құсап о да жолда өледі.
Әттегене-ай, бізді осыншалық қорлыққа салған жендеттермен
көзбе-көз кездесер ме едім!».
Бірақ Диктің өзі де тұтқын. Африканың алыс түкпіріне айдалып
бара жатқан «бір қора» адамдар тобының Дик те біpi болып кетіп
бара жатыр. Тек миссис Уэлдон сорлыға Геркулес қана жәрдем ете
алады.
Суға кеткен тал қармайды дегендей, Дик Сэнд осы сенімге
жармасты. Ол Геркулестің сырына әбден қанық, оған сенуге
болады. Геркулестің басы бос, алып негр жолдастарын құтқару
үшін, әсіресе миссис Уэлдонды құтқару үшін адам баласының күші
жетерлік істің бәрін де істейді, деді Дик өзіне өзі. Геркулес ендігі
тұтқын әйелдің соңынан кеткен болар, амалын тауып жәрдемнің
жуық екенін оған білдірген де шығар. Ол әлде алдымен Диктің өзін
құтқарып, сосын екеулеп миссис Уэлдонды құтқаруды қарастыруы
да ғажап емес!
Дик лездің арасында көз алдына мыналарды елестетті: Геркулес
түн ішінде білінбей келіп еріксіздер керуеніне кіреді де құлдар
тобына араласады. Күзетшілер оның бөтен адам екенін білмей
қалады, өйткені басқа құлдар сияқты ол да қара, оны қараңғыда
бірден тани қою қиын. Ол мінеки еңбектеп Дикке келеді де,
шығарып алып орманға ертіп әкетеді... Енді екеуі де бостандықта!..
Миссис Уэлдонды құтқару үшін бұлар қолынан келгенін аямас еді-
ау!
Сөйтіп, ол торығуды қойып енді үмітке көшті. Жас жігіт
сарыуайымға салынбады, жігерлі жас күрессіз берілуді өз басына ар
көрді. Ол ұтыры келіп қалған кішкентай ғана мүмкіндіктер болса да
пайдаланып қалуға бел байлады.
Бәрінен бұрын еріксіздер керуенінің қайда бара жатқанын білу
керек. Егер керуеннің барып тоқтайтын жері Ангола факториясы
болса, оған жету үшін небары бірнеше күндік қана жол қалды.
Бірақ керуен Экваторлық Африканың ішкі өлкелерін аралап келе
жатса, онда әлде де болса бұлардың алдында бірнеше жүз миль жол
бар. Құл базарының ең зоры Үлкен Көл өлкесіндегі Ньянгведе
болатын.
Ньянгве - Африканы екіге бөліп тұрған меридианның нақ
үстінде. Бірақ Куанза жағалауындағы лагерден Ньянгвеге дейін өте
алыс, онда жету үшін бірнеше ай жол жүру керек.
Керуеннің қайда бара жатқанын білуге Диктің құмартуы тегін
емес, өйткені Ньянгведе қашам дегенді ойға алудың да қажеттігі
жоқ. Бұлардың қай-қайсысы болса да сәті түсіп қаша қалғанымен,
Үлкен Көл өлкесі мен мұхит жағалауының арасында, мегзеген
жерлеріне жете алмай, бәрібір жолда өлер еді.
Бірақ Дик Сэнд кешікпей-ақ білгісі келген мәліметті біліп
тынды. Ол керуенбасылардың өзара сөйлескен бұралқы тілдеріне
түсіне алмады, олар африкан тілдерінің бірімен будандас араб
тілінде сөйлесетін, әйтсе де керуенбасылардың жергілікті
еріксіздер базарының бірін жиі-жиі айта бергенін байқады. Әңгіме
Казонде туралы еді, бұл жер Анголадағы құлдар базарының
орталығы болатын, жас жігіт мұны анық түсінді. Айдалып келе
жатқан барлық тұтқындардың тағдыры Казондеде шешіледі екен
деп шамалады Дик, жас жігіт бұл жөнде қателеспеді.
Лоанд пен Казонденің арасы төрт жүз мильден аспайтыны
Диктің есінде бар-ды, өйткені жас жігіт географияны барынша
жақсы білетұғын. Ендеше Куанзадағы лагерден орталық құлдар
базары екі жүз елу мильден аспаса керек. Жайшылықта мұндай
жолды он, он екі күнде алуға болады. Бірақ еріксіздер керуені ұзақ
жолда жүріп әбден қажып болдырған еді, Дик Сэнд осы жағдайды
ескеріп, Казондеге жету үшін кем дегенде үш жеті уақыт керек деп
есептеді.
Дик Сэнд өзінің бұл мөлшерлеуі жөнінде Том қартпен және
басқа жолдастарымен пікір алысқысы келді. Жан құтылмас
Экваторлық Африкаға құлдар керуенінің бармайтынын білсе ол
сорлылар қандай қуанар еді. Бірақ бұл жақсылық хабарды оларға
қалай жеткізуге болады?
Тұтқынға алынған төрт негр лагердің оң жақ қанатында еді.
Олар екеу-екеуден, Актеон Остинмен, Том баласы Батпен
қосақталып шынжырмен бұғауланған болатын. Оларға айрықша
хавильдар белгілеп, оншақты солдат қарауыл қойылған-ды.
Дик Сэнд бұғаусыз, қол-аяғы бос болатын, өзінен елу қадамдай
жерде отырған жолдастарына жолығайын деп, хавильдарлардың
кезін ала беріп оларға жақындай түсті.
Шамасы, Диктің ниетін Том қарт та білсе керек, жолдастарына
бірдеңе деп күңк ете қалып еді, негрлер сөйлесіп отырған сөзін
тоқтатып, назарларын Дикке аударды. Бейшара тұтқындардың
отырған жерінен қозғалуға мүмкіндігі жоқ, бірақ құлақ түріп сөз
тыңдауға, мойын бұрып қарауға ғана шамасы бар.
Дик көзге түспей елеусіз жылжып жарым жолға жетті. Оның
енді құлдар керуенінің бара жатқан қаласының атын атап, онда
жету үшін қанша уақыт керек екендігін Томға айқайлап айтуға
мүмкіндігі бар. Бірақ жолдастарымен кездесіп, жол бойындағы
мәселелер жайлы бір-екі ауыз тіл қатысқысы келді. Сондықтан
хавильдарлардың кезін ала беріп ілгері қарай жылжи берді. Оның
жүрегі тайдай тулап кеудесіне сияр емес, енді бірнеше қадам аттаса
болғаны, межелі жеріне жетеді... Бірақ хавильдар Диктің ниетін
біліп қалған сияқты, жас жігіттің алдын кес-кестеп ақыра ұмтылды.
Хавильдардың айқайы жайбарақат отырған солдаттардың шырқын
бұзды, солдаттар жүгіріп келіп Дикті итеріп жіберді, сол сәтте
Томды жолдастарымен бірге түйгіштеп лагердің басқа жағына
қарай айдап әкетті.
Дик Сэнд ызаға булығып есі-түсін білмей хавильдарға
бассалды. Оның қолындағы мылтығын тартып алғысы келді,
мылтықтың құндағы хавильдардың қолында қалды да, ұңғысын
Дик жұлып әкетті. Бірақ солдаттар шуласа жабылып жас жігітті
жерге жықты. Егер керуен басылардың біреуі — бетінен
зұлымдықтың оты шашырап тұрған ұзын бойлы араб келіп араға
түспегенде, ызаланған солдаттар Дикті бұтарлап тастайтын еді. Бұл
кәдімгі Гэрристің анадағы Негороға айтқан Ибн-Хамис деген арабы
болатын.
Араб бар болғаны бірнеше ауыз тіл қатты, әрине Дик оның
түгіне де түсінген жоқ, бірақ солдаттар өлтіргелі тұрған адамын
жайына қалдырып өздері бір жақ шетке ығысып кетті. Шамасы,
бұларды біріне бірін жолықтырмайтын болса керек. Бірақ Дикті
аман сақтау күзетшілерге нық тапсырылған. Бұл тапсырманы
Гэррис пен Негородан басқа кім беруші еді?
Осы сәтте керней тартылып барабан соғылды. Бұл — жолға
шығудың белгісі еді. Лагерді жығып жинады. Лездің арасында
керуенбасылар да, солдаттар да, жүк көтерушілер де, айдалып бара
жатқан құлдар да аяқтарын тік басты. Еріксіздер тайлап буылған
жүктерді көтеріп сапқа тізілді, ең алда шұбар туды желбіретіп бір
хавильдар тұр.
Сосын жол тартуға белгі берілді.
Ыңырсып айтылған ән естілді. Бірақ ән салған қанаушылар
емес, қаналушылар еді. Бұл әннің ішінен жендеттерге тігілген қаһар
мен келешектің игілігіне балаша иланған үн естіледі.
«Сіздер мені құлдыққа айдап бара жатырсыздар, күш сіздер
жақта. Бірақ мен жуырда өлемін. Өліп жатсам да, қайтып келіп
сендерді өлтіремін!»
Сегізінші тарау
ДИК СЭНДТІҢ ЖАЗУ ДӘПТЕРІНЕН
Нөсерлі жаңбыр құйып өтті, бірақ аспан әлемі әлі ашылған жоқ,
түнеріп тұр. Экваторлық Африкада «мазика» деп аталатын жылдың
жаңбырлы маусымының екінші кезеңі апрель айында басталады.
Бұл кезде жауған жаңбыр екі жетіге, кейде тіптен үш жетіге
созылып, көбінесе түнде жауады. Еріксіздер керуені үшін бұл да
қосымша ауыр жағдай болды.
Керуен таңертеңгі бұлыңғыр тұманға араласа көшіп, Куанза
өзенінен алыстап, тіп-тіке шығысқа қарай тартты.
Керуеннің алдында елу солдат, шамалысы екі жақ қанатта,
ендігі қалған елу солдат артта келе жатыр. Мұндай жағдайда қол-
аяғы бұғаудан бос адамның да қашып құтыла қоюы екі талай.
Еріксіздер қатары араласып кетті. Әйелдер, ересектер, үлкен кісілер
мен жас балалар араласа жүрді, ал айдаушылар еріксіздерді ұрып
соғуға ерінер емес, шыбыртқымен жондап тықсыра түсті. Топ
ішінде емшектегі баласын қолына көтерген бірнеше әйелдер бар-
ды. Олардың кей біреулері әбден болдырып титығы жеткендіктен,
бұдан былай бөбегін көтеріп жүруге дәрмені жетпей, жалаңаяқ,
жалаңбас нәрестесін сүйрелеп келе жатты.
Керуенбасы араб, Диктің хавильдарлармен соқтығысып қалған
кезіндегі ара түскен кешегі Ибн-Хамис өзінің малша айдап келе
жатқан адамдарын барынша қырағы бақылап жүрді. Ол керуеннің
біресе алдына шығып, біресе соңына түсті. Жүк көтерушілердің
көрген азабы Ибн-Хамистің де, оның жәрдемшілерінің де ойларына
да кіріп шығар емес, бірақ бұлар «өз адамдарының» жағдайымен
санаспай тұра алмайтын-ды: солдаттар біресе азығымызды көбейт
деп, біресе көбірек кідіріп дем алуды талап етіп өнебойы лаң
шығара берді. Осы жағдайлардың арқасында жиі-жиі жанжалдар
болып тұрды. Хавильдарлар ашуының өшін сорлаған еріксіздерден
алатын. Солдаттар мен жүк көтерушілердің хавильдарларға деген
наразылығы, қаһарын тігіп сөгіп балағаттауы, азап көріп қиналған
еріксіз бейшаралардың бақырып шыңғырғаны бүкіл жол бойында
бір сәт тынбайтын-ды. Керуеннің соңында жүрген адамдар
алдағылардың қанымен боялған жерді басып келе жатты.
Сөйтіп, Дик Сэнд өзінің негр жолдастарымен тілдесе алмай
қалды, өйткені оларға ерекше күзетші қойылған және өздері
керуеннің алдыңғы қатарында келе жатыр. Оларды екеу-екеуден
ағаш бұғаумен мойындарынан қосақтап қойған, жан-жағына мойын
бұрып қарауларына ешқандай мүмкіндік жоқ, бірінің соңынан бірі
шұбырып барады.
Айдаушылардың шыбыртқысынан бұлардың жон терілеpi
айғыз-айғыз болып тілініп қалған, басқа еріксіздердің де арқалары
дәл осындай.
Бат әкесімен қосақталып керуеннің алдыңғы қатарында келе
жатыр, ол ағаш бұғауды оқыс итеріп қалып әкесінің бір жерін
ауыртып алмайын деп аяғын абайлап басады. Хавильдарға даусы
естілместей қашықтаған кезде ауық-ауық сыбырлап қарттың
көңілін аулап дем беруге тырысатын. Әкесінің шаршағанын сезсе,
жүрісін баяулата түсетін-ді. Бейшара баланың артына бұрылып
әкесінің бетіне қарауға да мүмкіндігі жоқ. Том қарттың баласы көз
алдында, оған бұл да жұбаныш еді, бірақ қарттың бұл жұбанышын
жиі-жиі қайғы шайып кететін-ді: айдаушылардың шыбыртқысы
баласының арқасын осып талаураған із қалдырғанын көргенде,
Томның іші удай ашып, бұл таңбаның өз арқама түскені жақсы
еді,— деп зарланатын-ды қарт негр.
Бұлардан бірнеше қадам кейін Актеон мен Остин келе жатыр.
Олар да аталы-балалы екеуі сияқты мойындарынан қосақтаулы,
олардың көрген азабын бұлар да көрді. Олар Геркулестің өмірін
арман етті, мына құлазып жатқан жер оған қаншама қатерлі
болғанымен, ол өз өмірін қорғау үшін күресе алады және
бостандықта жүр!
Қарт негр жолдастарына шындық жағдайды өздерін тұтқынға
алған кезде-ақ айтып түсіндірген. Оның үш жолдасы өздерінің
Африкада жүргендерін біліп қайран қалды: олар өздерін тұтқынға
алған адамдардан былай айтқанда құл саудагерлерінен ешқандай
рақым күтпеуге тиіс екендерін ұқты, сонымен қатар Гэррис пен
Негоро құл саудагерлерінің сыбайластары, опасыздар екенін енді
ғана білді.
Айдаушылар басқа тұтқындарға көрсеткен қорлықты кәрі Нанға
да көрсетті. Негр кемпірі керуеннің орта шенінде, күндікке
сатылатын әйелдер тобының қатарында келе жатыр. Оны екі
балалы бір жас әйелге шынжырмен қосақтап қойған, бейшара
әйелдің жаңа ғана апыл-тапыл басып жүрген үш жасар ұлы мен
емшектен шықпаған бір нәрестесі бар. Үш жасар баланы кәрі Нан
қамқорлығына алды.
Бейшара ана кәрі кемпірге алғыс айтуға да шамасы келмей, тек
болғаны жасы мөлдіреген қара көздерін Нанға қарай төңкере берді.
Бала, әрине үлкендерге ілесе алмайды ғой, сірә мына ұзақ сапар
баланың түбіне жететін болар. Нан жас баланы көтеріп алды. Бала
болғанымен өзі кәрі адамға ауыр жүк қой, көп кешікпей-ақ халден
таярмын деп қорықты кемпір.
Нан нәресте негрді көтеріп келе жатып титімдейінен қолында
өскен кішкентай Джекті есіне түсірді. Оған Джекті анасы көтеріп
бара жатқан сияқты боп көрінді. Бейшара анаға қандай қиын!..
Науқасының салдарынан байғұс бала әбден жүдеп қаңбақтай боп
қалған еді ғой, қаншама жеңіл болғанымен бала да болса өзі нәзік
адамға недәуір жүк. Ол қазір қайда жүр екен? «Нендей халде?
Бейшара баланы кәрі күтушісінің көретін күні болар ма?
Дикті керуеннің соңына салды. Жас жігіт Томды да, оның
жолдастарын да, кәрі Нанды да көре алмады, олар шұбатылған
ұзын тізбектің алдыңғы қатарында кетіп бара жатқан...
Дик Сэнд жолда бара жатып түпсіз шыңырау қиялға шомды,
оның ойын айдаушылардың ақырып-бақырған айқайы бөліп жібере
берді. Ол өз қара басының қамы туралы да, жолда кездесетін
қиыншылықтарды да, өзіне дайындап қойған Негороның азабын да
ойлаған жоқ. Оның бар ойлағаны миссис Уэлдонның қамы еді.
Дик жерден көзін алмай төмен қарап келе жатты: әрбір
жапырылып қалған шөпке, әрбір сынған бұтаға тесіле қарайды,
оның бар іздегені миссис Уэлдонның ізі еді.
Куанзадан Казондеге баратын басқа жолдың жоқ екенін Дик
Сэнд жақсы білетін-ді. Демек, миссис Уэлдонды да Казондеге
жөнелткен болды, бұл болжал шынында да дұрыс, миссис Уэлдон,
сөз жоқ, осы арамен жүруге тиіс. Оның тағдырын хабарлап
«сүйінші» деген кісіге, жас жігіт не сұраса да аямас еді.
Сөйтіп, Дик Сэнд өзінің негр жолдастарымен бірге Казонде
жолында кетіп бара жатыр. Бұлардың өз тағдыры қаншама қатерлі,
көрген зәбірлері қаншама ауыр болса да, өздерімен бірге кетіп бара
жатқан еріксіз сорлылардың көрген қорлығына дәті шыдамай
жандары ашыды, айдаушылардың адамгершіліктен тыс қаталдығын
көргенде, бұлардың бойын ыза кернеді. Бір өкінішті жері, бұлардың
мына сорлыларға жәрдем тигізетін дәрмені жоқ, ал ана
қаніпезерлермен қарсыласа да алмайды.
Куанзадан шығысқа қарай көсіліп жатқан жалпақ орманның
ұзындығы жиырма мильден астам. Мұндағы ағаштар теңіз
жағалауы маңындағы тоғайлар сияқты қалың емес, жаңа өніп
қылтия бастаған ағаш шыбықтарын пілдер тапап кететін болар
немесе сан жеткісіз жәндіктердің ұрығы жойып жіберуі де мүмкін.
Ертеңгі мезгілде жол бірсыпыра тәуір болды. Бұта басып кеткен
қалыңның арасымен жүргеннен гөрі, сирек орманды аралап жүру
анағұрлым оңай. Бірақ жол кей жерлерде қалың жынысқа еніп,
керуен мүлдем көрінбей кететін күндері де болды. Бамбук
сияқтанып бойлап өскен қамыстың сабағының жуандығы бір
дюймнен кем келмейтін биік шөптің арасымен адаспай жүру үшін
жергілікті жермен жақсы таныс болу керек.
Керуен таң біліне жолға шығып, түс болғанша кідірместен тарта
берді. Шаңқай түсте бір сағат қана тоқталып дем алды. Сол жерде
хавильдарлар тайлап буылған жүктердің біреуін шешіп еріксіздерге
бір уыстан маниок89 ұнын үлестірді. Егер солдаттар жолшыбай бірер
қыстақты талай қойса, мына жарытымсыз асқа екі — үш батат90
немесе бір жапырақ ет қосылады.
Бірақ түнгі демалыс өте қысқа болатын, ал ми қайнатқан
күндізгі ыстықта жүріп әбден титықтаған еріксіздердің көпшілігі
асқа тәбеті тартпайтын-ды. Керуеннің Куанза жағалауынан
шыққанына бір жұма болмай-ақ еріксіздерден жиырма адам қаза
тауып, олардың денесі керуеннің ізіне түсіп келе жатқан жыртқыш
аңдарға жем болды. Арыстан мен қабыландар жем іздеп керуен
маңайында шарық ұрады, күн сайын кешкісін лагердің дәл
іргесінен азулы аңдардың ақырғаны естіліп жатады. Оларды
керуенге әне бас салады, міне бас салады деп адамдардың жаны
тырнағының ұшында.
Жыртқыш аңдардың түн қараңғысын жара ақырған үндері
адамдардың үрейін алды, бұл дауыстарға Дик Сэнд құлағын түріп,
тропиктік орманда жалғыз жүрген Геркулеске төнетін қауіп-қатерді
ойлап үрейі ұшты. Дегенмен, Диктің қашып құтыларлық мүмкіндігі
болса, ойланбай-ақ тәуекелге бел байлар еді-ау.
Біз бұл арада Диктің жазу дәптерінен кейбір үзінділер аламыз.
Дик мұны Куанза мен Казонде арасындағы жолда бара жатып
жазған еді.
«25—26 апрель. Биіктігі сегіз — тоғыз фут келетін бұта мен
айнала қоршалған бір қыстақтың жанынан өттік. Eгістік жерлерге
майыс, бұршақ етіп тастаған. Тұрғын халықтардың екеуін ұстап
мойындарына ағаш бұғау кигізді. Он бес адам табанда өлтірілді.
27-апрель. Ағысы қатты недәуір жалпақ бір өзеннен өттік.
Жұмыр ағаштарды шырмауықпен байлап көпір салыпты. Кей
жерлерінің тіреуі жоқ. Ағаш бұғаумен қосақтаулы екі әйел сүрініп
кетіп суға құлады. Біреуінің қолында көтерген баласы бар-ды.
Құлаған сәтте су бұрқылдап қайнады да, қан бояған судың беті
қызарып кетті. Әдетте мұндай көпірлердің астында крокодилдер
тығылып жатады екен, аяғыңды жазым бассаң болды, суға құлап
тұп-тура крокодилдің аузына түсесің.
28-апрель. Орман аралап келеміз. Ол арада зәулім өскен баугин
ағаштары көп. Португалдар бұл ағашты «темір ағаш» деп атайды.
Жаңбыр құйып тұр. Жер батпақ. Жол өте ауыр. Керуеннің орта
шенінде кетіп бара жатқан кәрі Нанды көзім шалды. Ол бейшара өз
қара басын алып жүруге шамасы келмесе де, бөбек негрді көтеріп
бара жатыр. Онымен бірге қосақтаулы еріксіз әйел аяғын ақсаңдай
басады, шыбыртқы тілген жонынан қан сорғалап тұр.
Түн болған соң жасыл жапырақты ақ гүлді зәулім өскен бір
баобаб ағашының түбіне келіп қондық.
Арыстандар мен қабыландар түні бойы ақырумен болды.
Солдаттар бір қабыланды атып өлтірді. Геркулестің халі нешік
екен?
29—30 апрель. Африка «қысының» алғашқы хабаршысы да
келіп жетті. Шөп біткеннің бәрі малынған шық. Жылдың жаңбырлы
маусымы ноябрьде басталады да, апрель айының ақырғы
күндерінде аяқталады. Тегістік жерлердің бәрін су басқан.
Шығыстан соққан желге ілесіп батпақты жердің безгегі де келіп
жетті.
Миссис Уэлдон қайда болды екен? Бенедикт ағай қайда жүр?
Ешқандай хабар-ошар жоқ, із-түзсіз ғайып болды. Оларды тек қана
Казондеге жөнелте алады! Біз жүріп келе жатқан жолмен олар да
жүрген болар, бірақ біздің алдымызға түссе керек. Менің жанымды
үрейлі қауіп-қатер жегідей кеміріп барады. Мына кесел ұялаған
жерде кішкентай Джектің безгегі қайта ұстаған шығар. Бейшара
баланың өзі тірі ме екен?..
1-6 май. Біздер батпағы құрғамаған, әлі қақ ұялап жатқан
көгалмен бірнеше күн ұдайы жүрдік. Айналаның бәрі қаптаған су,
кей жерлердің суы белуардан келеді... Мыңдаған сүлік денеңе
жабысып қаныңды судай ағызады. Сонда да болса жүру керек.
Судан қылтиып тұрған кейбір шөкелектерге папирустар өскен.
Жапырағы капуста сияқты ірі батпаққа өскен бір түрлі су
өсімдіктері бар. Адамдар оның тамырына аяқтары оралып жығыла
берді. Аяқ алып жүру өте қиын, қонып түстенерлік құрғақ жер
табылмай қалатын уақыттар жиі кездеседі. Айнала төңіректегі көз
жетерлік жазықтың бәрін су басып кеткен. Қараңғы болса да жүру
керек. Бұл азаптың ақырына қашан жетер екенбіз? Адамдар
жығылады да, аяғын тік басып қайта тұрады. Heге? Су түбінде
бірнеше секунд болса жетіп жатыр, азаптан біржолата құтылар еді
ғой!... Ал миссис Уэлдон мен кішкентай Джектің халі нешік?
Оларды тастап кетуге менің хақым жоқ еді ғой. Мен азаптың
қандайы болса да шыдаймын. Бұл менің ардақты борышым!
Бұл жан түршігерлік неткен дауыс!
Солдаттар шайырлы ағаштарды сындырып от жақты. От
жарығы қараңғыда адамдарды күңгірт көрсетті.
Жаңағы жан түршіктірген айқайдың мәнісі былай екен:
керуенге крокодил шауыпты. Үрейлі айдаһарлардың он-он бесі
қараңғыны жарып шыға келіпті де, бірнеше бала мен әйелді тістеп
алып суға қарай сүйрей жөнеліпті. Крокодил өзімді қағып өткенде
қабыршағы аяғымның терісін сыдырып кетті. Бірақ менің
қасымдағы қосақтаулы екі баланың мойнындағы ағаш бұғауын
ортасынан қақ бөліп біреуін жұлып әкетті. Бейшара баланың
бақырғанын көрсең! Оның шыңғырғанынан жаным түршікті.
Сорлы баланың сондағы үні әлі күнге құлағымнан кетер емес...
7—8 май. Өткен күнгі шығын есепке алынғанда, жиырма адам
кем шықты. Таң атысымен Томды және басқа жолдас негрлерімді
іздеп айналама көз жүгірттім. Олардың амандығын білсем маған
қандай зop қуаныш болар еді-ау! Бірақ мұның несі қуаныш? Азап
біткеннің бәрінен біржолата құтыла салу анағұрлым артық емес пе?
Том қарт керуеннің алдыңғы қатарында бара жатыр. Жолдың
бұрыла берісінде қарт негр мойнындағы ағаш бұғауды қолымен
көтеріп бір сәт артына қарауға мүмкіндік тапты. Осы сәтте бірімізді
біріміз көріп қалдық. Кәрі Нанды көзіммен бекер іздеппін. Ол
байғұс өткен түні-ақ тыншайған шығар?..
Ақырында су қаптаған жазықты да артқа салдық. Біздер ұдайы
жиырма төрт сағат суда жүрдік. Лагерь енді қырқаға шығып
тоқтады, су болған киімдерімізді күнге жайып кептірдік. Азын-
аулақ ас ішіп жүрек жалғаған болдық. Соншама ұзақ та азапты
жолдан кейін ішкен асымыздың түрі мынадай: бірнеше түйір
майыс, бір уыс маниок ұны бар болғаны осы-ақ. Осы сияқты
жарытымсыз ауқатпен жан сақтап жол жүріп көр! Су болса лай әрі
лас. Әбден қалжырап дымы құрыған мына құры сүлде
сорлылардың аяқтарын тік басып жүруге қаншасының шамасы
келер екен?
Миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті бұл сияқты азапты
сапарға зорлап айдауы мүмкін емес! Жоқ, оларды Казондеге басқа
жолмен әкеткен болар. Бейшара ана мұндай азапты көтере алмайды
ғой!
Керуеннің бірнеше адамы «желшешек» болып ауырды.
Аурулардың өздігінен жүруге шамасы жоқ. Оларды қайтер екен?
Шынымен-ақ жолға тастап кете ме?
9-май. Ерте тұрып жолға шықтық. Жұртта қалғандар көрінбейді.
Ауырғандар мен әлсіреген адамдарды хавильдарлар шыбыртқылап
тұрғызды. Құл дегендер адам емес — жанды товар, сылдырап
тұрған ақша. Қаны әбден суып, денесінде тіршіліктің нышаны
біткенше хавильдарлар шыбыртқылап айдай береді.
Жан-жағымның бәрі өңшең ғана жанды сүлде. Тіптен олардың
үн шығарып ыңқылдауға да шамасы жоқ.
Ақырында кәрі Нанды да көрдім. Ол бейшараға қараудың өзі
аянышты! Кешегі көтеріп келе жатқан баласы да, өзімен бірге
қосақтаулы әйел де жоқ, Нан енді жалғыз келе жатыр. Оған ағаш
бұғаусыз жүру оншалықты қиын емес. Бірақ беліндегі шынжыры
әлі сүйретіліп жүр. Шынжырдың бос ұшын иығынан асыра
салыпты.
Қапысын тауып кемпірге жақындадым. Бұған не болған? Мені
танымай ма? Шынымен-ақ адам танымастай өзгеріп кеткемін бе?
— Нан!—деп дауыстадым.
— Сіз Диксіз бе? Мен... Мен... кешікпей-ақ. ана дүниеге...
— Жоқ, жоқ... мойымаңыз, шыдаңыз,— дедім.
Бейшара кемпір әбден жүдеп әлсіреген, тіптен түрінен кісі
қорқарлық.
— Мен көп ұзамай өлетінімді білемін... Мен енді қайтып
өзімнің қадірлі ием — миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті көре
алмаспын... Жәрдем ете гөр маған...
Кемпірді сүйемелдейін дедім, қомыт киімінің ішінде әлсіз дене
қалтырап тұр. Егер мені оған қосақтаса, ренжімей-ақ, қайта қуанар
едім, өйткені оның жанындағы «товар» қаза тапқан соң, Нанның
жалғыз өзі көтеріп келе жатқан ауыр шынжырдың жарым салмағы
маған ауар еді.
Бірақ бір қажырлы қол мені шетке қарай итеріп жіберді де, Нан
сорлыны шыбыртқының астына алып қайтадан еріксіздер қатарына
тықты. Өзіме қол көтеріп зәбір көрсеткен хавильдарға бас салуға
ыңғайландым, бірақ қайдан майда бола қалғанын өзім де білмей
қалдым, Ибн-Хамис тап бола кетті. Ләм деп тіл қатпастан
қолымнан ұстап, керуен адамдарының бәрі тегіс өтіп болғанша
тұрды да қойды. Сосын мені керуеннің соңындағы өзімнің бұрынғы
орныма қайта тұрғызды да:
— Негоро!—деді.
Негоро? Менің сорлаған жолдастарыма көрсеткен қорлықты
маған да көрсетпей, мені өзгеше ұстауы, Негороның талабы екен
ғой!
Ол оңбаған португал маған не дайындап қойды екен?
10-май. Өртеніп жатқан бір қыстақты жанай өттік. Онда түтіні
будақтай аспанға көтеріліп талай-талай лашықтар жанып жатыр.
Ағаш бұтақтарына адам өліктері асулы тұр. Қыстақ халқы қашып
кеткен. Eгіс даласы қаңырап жатыр. Қыстақ шапқыншылыққа
ұшыраған. Қыстақтың екі жүз адамы қаза тауыпты, бірақ құл
саудагерлері оншақты адамын тұтқынға алған көрінеді...
Күн кешке айналып, керуен қонуға тоқтады. Лагерь ірі
ағаштардың арасына орналасты. Орман шеті тырбық өскен.
Бұтамен, биік-биік шөптермен көмкерілген.
Кеше түнде ағаш бұғауларын сындырып бірнеше тұтқын қашып
кеткен еді. Қашқындарды ұстап әкеліп адам айтқысыз қаталдықпен
жазалады. Бүгін хавильдарлар да, солдаттар да өте қатал күзетіп
тұр.
Күн кешке тартты. Айнала төңіректе арыстандар ақырып,
қорқау қасқырлар ұлиды. Арырақта гиппопотамдардың ысылдап-
пысылдағандары естіледі.
Шамасы, ол жақта көл немесе бірер өзен бар. Өлердей боп
шаршасам да ұйықтай алмадым. Биік шөптердің арасымен әлде не
жылжып келе жатқан тәрізді. Сірә жыртқыш аңдардың бірі болар.
Ол оңбаған лагерге шабайын дегені ме?
Құлағымды сыбдырға қарай түріп тыңдап жатырмын. Түк те
жоқ. Енді қамыстан өтіп бір хайуан келе жатыр. Менде қару жоқ,
бірақ қорғануым керек! Аттан салайын.
Менің тіршілігім миссис Уэлдон мен өзімнің жолдастарыма
қажет қой!
Қараңғы түнекке көзімді тігіп қарап жатырмын. Бүгінгі түн
айсыз, тастай қараңғы. Бір кезде папирус арасынан екі шырақ жылт
ете қалды, бұл қабыланның немесе қорқау қасқырдың көзі. Әлгі
шырақ бір кезде көрінбей кетті... Қайта көрінді.
Шөп қайта сыбдырлады. Бүл жабайы жыртқыш маған бас
салады ғой. Аттан салайын дедім.
Сәті түскенін қараңызшы, өзімді өзім тоқтата қойдым.
Өз көзіме өзім сенбедім! Қасыма Динго келіп тұр! Meнің
қасымда тұрған кәдімгі өзіміздің Динго! Сүйкімді Динго! Ол мені
қалай тапты екен? Оны бастап маған келтірген нендей күшті сезім.
Жоқ, мұндай кереметті басқаруға бір ғана ішкі сезімнің шамасы
келмейді... Динго менің қолымды жалады. О, сүйкімді төбет, менің
бірден-бір досым сенсің ғой! Демек, ана залымдар сені өлтіре
алмаған екен!
Дингоның басын сипадым. Төбет арс ете қалғалы тұр, бірақ мен
оның басын сипап алдарқатып қойдым. Иттің мұнда келгенін ешкім
білмеуі керек. Жаман айтпай, жақсы жоқ, мүмкін... Ау, Динго менің
қолыма мойнын неге үйкей береді? Маған: «мынаны қарашы!» деп
тұрған тәрізді ол. Мен оның мойнын сипалап, қарғыбауына
байланған бір зат барын байқадым... Қарасам, әлгі зат
қарғыбауының доғасына өткізілген бір жіңішке ғана қамыс екен,
қамысқа ойып жазылған «С», «В» деген екі жұмбақты әріп бар.
Қамысты ақырын ғана алдым да, сындырып қарадым.
Қамыстың қуысында хат бар екен! Әрине, мен оны тастай
қараңғыда оқи алмадым. Таң атып жарық болуын күту керек...
Дингоны қайырып жібермей-ақ алып қалайын деп ем, бірақ
сүйкімді төбеттің кеткісі келіп қыңсылай берді. Төбет өзіне
жүктелген тапсырманың орындалғанын білсе керек.
Итті қайырып жібердім, ол бір секіріп түсті де, қалың шөптің
арасына кіріп ғайып болды. Қайран төбет арыстан мен қорқау
қасқырлардың аузына түспей аман-есен иесіне жетсе жарар еді-ау!
Динго аман болса, өзін жұмсаған адамға қайта оралатыны
сөзсіз.
Хатты қараңғыда оқу мүмкін емес, хат қолымды күйдіріп бара
жатқан тәрізді.
Бұл хатты кім жазды екен? Миссис Уэлдон ба? Әлде Геркулес
жазған болар?
Ит — опа дейді ғой, Динго бұлармен қалай ұшырасты екен? Біз
оны өлдіге санап едік-ау!
Бұл хатта не жазылған? Жан төзгісіз мына азаптан қашып
құтылудың амалы айтылған ба? Әлде қадірлі достардың тек қана
амандық хабары ма екен?
Не болса ол болсын, бірақ мына уақиға мені қуанышқа бөледі.
Бірақ мұның ақыры адам айтқысыз ауыр қайғы-қасіретпен тынуы
да ықтимал!
Мен аспанның көкжиекпен ұштасқан жеріне тесіле қараймын,
сондағы аңдығаным, таң қылаңы. Көзім ілінбейді. Жытқыш
аңдардың ақырғаны бұрынғысынша жырақтан естіліп жатыр.
Бейшара Динго, бұларға кездеспей аулағырақ кете алдың ба екен?
Сарғая күткен таң да білінді. Тропикте түн қысқа болады.
Жарық болысымен ешкімге білдірмей оқиын деп хатты
шиыршықтап бүктеп қойдым.
Оқып көрейінші...
Әлі қараңғы, түк те көрінбейді.
Сарғая күтіп, ақыры оқыдым-ау. Хатты Геркулес жазған екен.
Бір жапырақ қағазға қарындашпен бірнеше жол сөз жазыпты,
онда:
«Миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті китандаға мінгізіп
Гэррис пен Негоро бастап әкетті. Бенедикт мырза да солармен
бірге. Олар керуеннен озып, үш-төрт күндік алда бара жатыр.
Олармен тілдесерлік мүмкіндігім болмады. Мен Дингоны таптым.
Оны біреу мылтықпен атып жарадар етіпті, бірақ қазір жазылып
кетті. Менің бар ойлайтыным сендердің тағдырларың, мен
қашқанда, сіздерге жәрдем ету үшін ғана қаштым.
Геркулес».
Демек, миссис Уэлдон да, кішкентай Джек те тірі екен. Олардың
бізбен бірге болмағаны қандай жақсы: жарық дүниенің мына
дозақтай азабына төзе алмас еді олар.
Китанда дегені талдан тоқылған зембіл, мұны екі адам иығына
салып көтеріп жүреді. Үстіне жұқа матадан көлеңке етіп масахана
құрып қояды.
Сөйтіп, миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті китандаға
мінгізіп әкетіпті. Бұлар Гэррис пен Негороның несіне қажет болды
екен? Шамасы ол оңбағандар Казондеге бет алған. Ие, ие, әрине,
ешқандай күмәні жоқ. Оларды сол арадан іздеймін! Дингоның
маған хабар әкелгені не деген қуаныш! Осы қуаныштың арқасында
соңғы күндердегі көрген қорлықтарымды түгелдей ұмытып та
кеттім.
11—15 май. Керуен ұдайы алға баса берді. Тұтқындағылардың
халі күннен күнге нашарлай түсті... Көбінің қаны судай сорғалап
жерді қып-қызыл қып бояп бара жатыр. Казондеге жету үшін әлі
кем дегенде он рет көшіп қону керек деп шамаладым. Межелі жерге
жеткенше қанша адам өліп азаптан мәңгі құтылар екен? Бірақ мен
онда тірі жетуге тиіспін! Жетемін! Жетемін де!
Сұмдық қой бұл! Құлдар керуенінде бүкіл денесін жара басып
қаны сорғалап тұрған сорлылар бар. Терісі сыдырылып қалған
жалаңаш етке шынжыр батып кеткен.
Бір әйел аштан кеше өліп қалған баласының өлі денесін әлі
көтеріп келе жатыр. Баласының сүйегін көзі қиып тастағысы
келмейді.
Артта қалып бара жатқан жолдың үсті адам өлігінен көрінбейді
десе де болады. «Желшешек» індеті ұлғая түсті.
Түбінде бірнеше адамның өлігі жатқан бір ағаштың қасынан
өттік. Өліктер ағашқа шынжырлаулы жатыр. Бұлар бірер кінәсі
үшін жазаға ұшыраған, аштан өлсін деп ағашқа шынжырмен байлап
кеткен еріксіздердің өлігі еді.
16—24 май. Дымым құрып жығылудың аз-ақ алдында келе
жатырмын, бірақ босаңдыққа ерік бермеуім керек. Мен жетем деген
жеріме жетіп жығылуға тиіспін. Жаңбыр басылып күн шайдай
ашылып кетті. Шыжып тұрған ыссыда жүру күннен күнге қиындай
берді. Айдаушылар үсті-үстіме шыбыртқы салып, жол тіп-тіке өрге
қарай тырмысып бара жатыр.
Кеше биік те қатты шөп өскен жермен жүрген едік. Шөптің
сабағы бетімді тырнап, дәнді тікенектері үстімдегі қомытымнан
өтіп денеме қадалғанда жанымды қоярға жер таппадым.
Бір жақсы жері, менің көн етігім мықты, тозатын емес.
Хавильдарлар, ауырып, әлсіреген нашар адамдарды керуеннен
бөліп қалдыра бастады: өйткені адамдарға азық жетпеу қаупі
төнген. Егер солдаттар мен жүк көтерушілердің үлесті азығы
азайтылып еріксіздерге беретін болса, олар жанжалдың зорын
шығарады. Керуенбасылар жетіспей қалған азықтың есесін
еріксіздердің есебіне жатқызатын-ды.
— Мейлі, бірінің етін бірі жесін! — дейтін керуенбасылар.
Дені сау жап-жас кейбір еріксіздер жүріп келе жатып бірден
жығыла кетеді де, табанда жан тапсырады. Мұндай жағдайды
Ливингстонның да жазғаны есімде бар-ды. «Ол сорлылар,—деп
жазып кеткен Ливингстон,—қапелімде жүрегім ауырып бара жатыр
дейтін. Жүрегін қолымен басып жығылады да өледі. Мен оларды
жүрегі жарылып өлетін болар деп шамалаймын. Бұл сияқты қапыл
өлімді еркін жүріп, сосын бірден құлдыққа айналған адамдардан
көбірек көрдім. Олар тағдырдың мұндай сұмдық азабына
көндікпеген адамдар».
Бүгін хавильдарлар әлсіреп керуенге ере алмаған еріксіздердің
жиырма шақтысын балтамен шауып тастады. Ибн-Хамис мына
қасапты өз көзімен көріп тұрса да, оған тыйым салып, тіл қатпады.
Бұл барып тұрған сұмдық, жан түршігерлік көрініс қой!
Бас сүйегі қақ айрылып кәрі Нан да жығылып қалды. Мен оның
өлі денесіне сүрініп жығылдым. Тіптен марқұмды жерлей де
алмадым.
Бұл кәрі кемпір апатқа ұшыраған «Пилигрим»
жолаушыларынан шыққан алғашқы шығын.
Ой, бейшара Нан!..
Түн болса Дингоны күтетін болдым. Бірақ жанашыр төбет енді
қайтып оралмады. Ол тағы бір бәлеге ұшырамады ма екен? Мүмкін,
Геркулес бір қатерге кездесіп қалған болар? Жоқ... жоқ! Бұған
менің иланғым келмейді! Геркулестің хабарласпау себебі: оның
білдіретін жаңалық хабары жоқ шығар. Бұған қосымша, ол өте сақ
жүруі керек, нәтижесіз тәуекелге көз жұмып ұмтылуға болмайды...»
Тоғызыншы тарау
КАЗОНДЕ
Майдың жиырма алтысы күні құлдар керуені Казонде қаласына
жетіп тоқтады. Тұтқынға алынып құлдыққа сатылатындардың тең
жарымы жолда қырылған-ды. Сонда да болса құл саудагерлері көп
пайда табамыз деген зор үмітпен келді: құл алушылар әлі азайған
жоқ-ты, Африка базарларында құлдың бағасы көтеріңкі еді.
Ол кезде негр саудасының ең зорын Ангола жүргізіп жатқан.
Португалияның Сан-Паоло де-Лоанд пен Бенгуэлладағы жергілікті
үкіметтері қырсыз, босаң болғандықтан еріксіздер керуені
материктің ішкі өлкелеріндегі ит мұрны өткісіз қалың ормандары
арасымен жөнелтіліп жатты.
Жағалаудағы барактар қара тұтқындарға лық тола. Африка
жағалауын күзетіп жүрген Португалия кемелеріне соқпай аман өтіп
жүрген еріксіздер тиелген кемелердің шағын тобы Испания
отарларына жөнелтуге арналған «қара товарлардың» бәрін түгел
әкетуге мүмкіндігі жоқ-ты.
Куанза өзенінің сағасынан үш жүз миль қашықтағы Казонде
қаласы Анголадағы негр құлдар сатылатын ең ірі базарлардың бірі
болып саналады. Әдетте адам сату мен сатып алу ісі қаланың бас
алаңында жүргізілетін. Бұл арада «товар көрмесі» бар. Үлкен Көлге
жөнелтілетін керуені де сонда жасақталып, сол жерден аттанады.
Орталық Африканың басқа қалалары сияқты Казонде қаласы да
екі бөлімге бөлінген. Қаланың сауда бөлімінде жергілікті халық,
арабтар мен португал саудагерлерінің үйлері бар, еріксіздер
барактары да сонда, екінші бөлімінде жергілікті халықтың патша
сарайы орналасқан. Бұл патша қанішер қаталдықтың, ұрып-
соғудың күшімен өкімін жүргізіп, құл саудагерлерінен түскен
түсіммен күн көруші тұрған маскүнемнің өзі болатын.
Ол кезде Казонде қаласының сауда кварталы тұтасымен Хозе-
Антонио Альвец деген бір құл саудагеріне қарайтын-ды. Гэррис
пен Негоро сол Хозе-Антонио Альвецтің агенті болатын.
Альвец өзінің бас конторын Казондеге орнатып, контордың
бөлімшелерін Вихо мен Кассангодан ашып еді. Айтылып өткен
уақиғадан соң арада бірнеше жыл өткеннен кейін Камерон Альвец
конторының Кассангодағы бөлімшесінде болып, сондағы жағдайды
суреттепті.
Казондедегі сауда кварталының үлкен көшелерінің екі бетіне
бірдей ұзына бойға бір қатар жалпақ төбелі үйлер салынған,
балшықтан соғылған төрт бұрышты ауланың ішкі жағында малдары
тұрады. Үлкен көшенің бір жақ басында еріксіздер барагімен
айнала қоршалған үлкен алаң бар. Үйден әлденеше есе биік көкке
мойнын созып тұрған тамаша анжир ағаштары, көшенің ұзына
бойына желпуіш тәрізденіп пальмалар өскен, бұл өсімдіктер
тікесінен қойған сібірткіден айнымайды. Көше шаңының арасында
қаланың тазалық сақтау қызметін атқарып үймелеп жатқан
күшігендерді көресің. Мінеки Казонденің сауда кварталының
ұсқыны осындай болатын.
Конгоның бір тарауы — Лухи өзені базар алаңының іргесінен
ағып өтеді.
Казонденің сауда кварталына тірей король сарайы орналасқан,
оның тұрған жері тұтас бір шаршы миль жерді қамтыпты, үйлерінің
түрі үйме-жүйме салынған лашықтар тобына ұқсайды. Кейбір
лашықтардың айналасын қамыспен қоршаған болыпты, енді
біреулерін жас анжир ағаштарын жиі егіп қоршапты,
бірсыпыраларының ешқандай қоршауы жоқ. Маниок плантациясы
мен папирус сабағынан ерекше тоқылған шарбақ қоршау
аралығында король құлдарының лашықтары, король әйелдерінің
гаремасы91 бар, король «тембесі» де сол жерде, ол басқа
лашықтардан аз-кем ғана биіктеу де кеңірек. Мінеки король
сарайының болмысы осы ғана.
Казонде королі Муани-Лунга елуді қусырған адам, оның
қоластындағы бұқарасы бұрынғы корольдің тұсында да күйзелген
еді, енді жаңа корольдің дәуірінде мүлдем титықтап қалды.
Португалиялықтың құл саудагерлері пайдаланып жүрген жалдама
солдаттарының саны жиырма мыңға жеткенде, корольдің қазіргі
уақытта небары төрт мыңдай-ақ әскері бар. Сондықтан қазір
Казонде королінің күн сайын жиырма бес-отыз құлдан құдайға
құрбан шалып тұратын бұрынғы дәурені жоқ.
Маскүнемдіктің салдары оны зұлымдық пен қиянатқа айдап
салды, әлі де болса кәрілік еңсесін баса қоймаған орта жастағы
адамды мезгілінен бұрын кеудіретіп, ақылынан алжастырып,
ашушаң, қияли етіп жіберді Ол өзінің қыңырлығын істеп
құлдарының денесіне өмірлік дақ салып жарымжан етті,
әскербасылары мен министрлерінің біреуінің мұрнын кесіп пұшық,
біреуінің құлағын кесіп шұнақ еттi, тағы біреуінің қолын кесіп
шолақ, біреулерінің аяғын кесіп ақсақ етіп тастады. Бағынышты
адамдары королінің өлуін асыға күтуде еді...
Бүкіл Казонде халқының ішінде Муани-Лунганың өлімі тек
болғаны жалғыз-ақ адамды — Хозе-Антонио Альвецті ғана
күйзелте алады. Құл саудагері маскүнем әкімнің көңілін аулап,
бүкіл өлкені билеп алған. Король өлген соң тәж бен таққа корольдің
бәйбішесі Муана ханым ие болуға тиіс. Халық әйелді әкім екен деп
елемейді, лаң шығарады, көршілес елдің патшасы Оукус деген кісі
Казонде елінің ішкі бүлігін пайдаланып Муани-Лунгаға шабуыл
жасауы мүмкін деп қауіптенді Альвец. Оукус маскүнем патшадан
гөрі жас та жігерлі адам еді, және ол Альвецтің бәсекелесі, құл
саудагерлерінің ішіндегі ең ірісі Типо-Типо деген арабпен сыбайлас
болатын.
Хозе-Антонио Альвецті сол африкалық мемлекеттің королі
деуге болады, ол залым есінен айрылып ақымақ болған үкімет
басқарушысын ішімдікке дәндетіп, өзіне мүлдем бағындырып алды
да оның топастығын пайдаланды.
Альвецтің өзі тоқтасқан адам, ақ денелілерге жақындығы жоқ.
Оның есімі ғана португалдық, о да болса сауда iсіне байланысты,
қосалқы аты еді. Альвецтің негізі негр, шын аты Кенделе болатын.
Ол Куанза өзенінің жағасындағы Дондода туып, мансапты ісін негр
саудасының қарапайым агенттігінен бастаған-ды. Енді бұл
жексұрын қақбас ірі құл саудагерлерінің бірі болып алды.
Альвецтің өзіне лейтенант Камерон 1874 жылы Килвибода
кездескен. Камерон соның керуеніне ілесіп Вихоға дейін жеті жүз
мильден астам жол жүріпті.
Қазіргі келген керуенде небары екі жүз елудей-ақ құл бар.
Әбден әлсіреп аяқ басып тұруға әрең шамасы келетін шала өлікке
ұқсаған тұтқындарды Казонде көшесімен малша айдап әкеліп ит
байласа тұрғысыз баракқа қамай салды. Мың жарым шамасындай
құлдар барактарда жәрмеңке күтіп жатыр. Жәрмеңке енді екі
күннен соң ашылуға тиіс.
Бұрынғылардың үстіне жаңадан адамдар қосылып барак адам
айналғысыз тығыздалып кетті. Жаңа келгендердің мойнындағы
ағаш бұғауларын алып қойды, бірақ шынжырдан босатқан жоқ.
Жүк көтерушілер алаңға тоқтап,әкелген жүктерін жерге үйді де,
еңбек ақыларына бірнеше метр шыт немесе басқа түрлі заттар
алып, тағы да жалдану үшін басқа бір керуен іздеп кетті.
Баракқа келген соң Том қарт пен оның жолдастары бес жұма
бойы азапқа салған мойындарындағы ағаш бұғаудай құтылды. Бат
ақырында әкесін құшақтап аймалай бастады. Еріктерінен
айырылған сорлылар қол алысып көрісті де. Бірнеше ауыз сөз
айтып тіл қатысып үндерін өшірді. Бұлар басқа не шаруа жайлы
сөйлессін? Тағдырына назаланып зарлануы керек пе? Бат, Актеон
мен Остин денелері ауыр еңбекке көндігіп қалған жас адамдар ғой,
олардың жол азабы қажыта алмады. Бірақ Том қарт әбден әлсірей
халден тайған. Егер керуен тағы бір-екі күн жолда жүрсе, Нанның
өлігі сияқтанып Том да жолда қалар еді...
Төртеуін де айдап апарып бір кішкене сарайға қамады да есігіне
құлып салып сыртынан бекітті.
Тұтқындар жарытымсыз аспен жүректерін жалғады құл
саудагерлерінің бастығын күтіп жата берді. Альвец бұлардың
американ азаматтары екендігін білген соң, өздерін босатады деп
балаша иланды бұлар.
Дикті алаңда жалғыз қалдырып оған хавильдардан күзетші
қойды.
Дик Сэнд ақырында Казондеге де жетті! Ол миссис Уэлдонды,
кішкентай Джекті, Бенедикт ағайды әлдеқашан осында деп
шамалаған. Оларды өздері жүріп өткен көшелердің екі бетіндегі
базар алаңдарына, аула қақпаларына көзін қадап іздеумен болды.
Бірақ миссис Уэлдон еш жерден көрінбеді.
«Шынымен-ақ оны Казондеге әкелмегені ме? — деп сұрады Дик
өзінен өзі.— Мұнда жоқ болса, ол қайда болады? Жоқ, Геркулес
қателесуге тиіс емес! Гэррис пен Негороның жобасы қандай, бұл
жағы маған мәлім емес, бірақ бұл қаніпезерлердің оны осында
әкелгендігіне сенімім кәміл. Дегенмен ол оңбағандардың мұнда
өздері де көрінбейді ғой...»
Диктің тұла бойын қорқыныш билеп әкетті. Миссис Уэлдонды
қамауда ұстаған болды, оны Диктің көре алмау себебі де осыдан.
Бірақ Гэррис қайда, Негоро қайда? Енді біздің күллі тағдырымыз
сол екеуінің қолында ғой, олар, әсіресе португал жас капитанмен
жүздесуді кейінге қалдырып, істі кешіктірмес еді. Жоқ, олар
өздерінің жеңісін мақтаныш етіп Дикті қорлап мазақтау үшін,
азаптап, ақырында одан кек алу үшін осы сәтте-ақ келіп жетулері
керек еді. Бұлар неғып көрінбейді? Шынымен-ақ олардың
Казондеде жоқ болғаны ма? Олай болса миссис Уэлдон да
Казондеде емес, Орталық Африканың басқа бірер пунктінде
болғаны ғой?
Геркулестің хатын әкеліп тапсырғаннан бері Динго да
қатынаспай кетті. Сөйтіп Диктің дайындап қойған жауап хаты да
тиісті адамына тапсырылмайтын болды. Дик Сэнд бұл хатта миссис
Уэлдонды бақылап жүр, адасып қалма деп Геркулеске әдейілеп
тапсырған-ды.
Динго бір кезде лагерге кіріп еді ғой, Геркулес оны екінші
қайтара неге жұмсамайды? Бірақ, мүмкін, сенімді төбет оның
тапсырмасын орындаймын деп жүріп өзі құрыған болар? Немесе
миссис Уэлдонды жырақтағы орманды қырқалардың алыс түкпіріне
әкеткен шығар, Геркулес те, Динго да соның соңынан кеткен
болар?
Осы сияқты әбігерлі болжалдар. Диктің ойынан шықпай-ақ
қойды.
Егер миссис Уэлдонның өзі де, оны әкелушілердің де бұл қалада
жоқ екендігі анық болса, не істеу керек?
Дик Сэнд миссис Уэлдонды қайткенде де Казондеден
кездестіремін деп үміттенген еді, енді ол үміті жоққа шыққалы тұр.
«Жақсы көретін адамыңа тар жол, тайғақ кешуде қол ұшын
беріп жәрдем ете алмасаң,— деп ойлады Дик,— тірі жүріп өмір
сүрудің қажеттігі қанша? Жоқ, итшілеп күнелткеннен гөрі өлген
артық...»
Бірақ та Диктің бұл пікірі қате еді. Басқа түскен ауыр күндер
жас баланы бірден ересектер қатарына қосты. Дик сияқты қажырлы
адамдардың торыға қалуы тек қана қажығандықтың уақытша еткен
әсерінен еді.
Айқай-шу мен тартылған фанфар дауысы бос жатқан алаңды
бірден күңірентіп жіберді. Дик Сэнд қайғыға шомып шаңдақ
құмның үстінде отыр еді, қас қаққанша болмай ұшып тұра келді.
Әрбір жаңалық оған іздеген адамының ізін сілтейтіндей болатұғын.
Оның бір сәт иығын басқан босаңдық лездің арасында таралып,
күреске қайта дайындалды.
— Альвец! Альвец! — деп айқайлайды алаңға ағылып келіп
жатқан солдаттар мен жергілікті халықтар.
Ақырында еріксіздер Альвецті де көрді-ау. Тұтқынға түскен
соншама көп адамдардың тағдыры тек қана осының қолында еді.
Гэррис пен Негоро оны қошаметтеп келе жатқан болар. Он бес
жасар капитан көздерін адырайта ашып, танауын делдите, тартқан
сымдай ширатылып тікесінен тік тұр, егер ана екі опасыз оның
алдына келе қалса, Дик олардың бетіне тайсалмастан тіке қарауға
әзір, «Пилигрим» капитаны өзінің бұрынғы аспазы алдында
қалтырамайды.
Үлкен көшенің арғы басынан зембіл көтерген адамдар көрінді,
оның үстіндегі арзан матадан құрылған масаханасы оңып дал-дұлы
шығып жыртылып қалған. Зембілден шығып бір кәрі негр жерге
түсті.
Хозе-Антонио Альвец деген құл саудагері осы болатын.
Бірнеше қызметкерлер жүгіріп барып, басы жерге жеткенше
иіліп оған тәжім етті.
Альвецтің соңынан құл саудагерінің португал досы Коимбра да
зембілден түсті, бұл үкімет бастығы майор Вихенің баласы еді.
Лейтенант Камеронның айтуынша, Альвецтің досы, бүкіл
Африкадағы барып тұрған оңбағанның өзі. Бұл, бадырақ көз,
сарғылт беті ісіңкілеу келген, қалың бұйра шашты, кекілі
шудаланып қалған, бір жексұрын жігіт еді. Оның жүзінде адам
қарағысыз біртүрлі жиіркеніш нышан бар. Үстінде жыртық көйлегі,
шөптен тоқылған белдемшесі, басында тозығы жеткен сабан
қалпағы бар, түріне қарасаң, мүгедек кәрі албастыдан аумайды.
Коимбра Альвецтің серігі де сенімді адамы болатын, ол бейбіт
қыстақтарға шапқыншылық жасауды ұйымдастырушы, сонымен
қатар құл саудагеріне қызмет ететін талаушы армияның өзіне
лайықты көсемі еді.
Құл саудагерінің өзі қасындағы қимас досынан гөрі келбеттірек
болатын.
Альвецтің нөкері ішінде Гэррис пен Негороның болмауы Дикті
бірден торықтырып тастады.
Бұл арада керуенбасы Ибн-Хамис келіп Альвецпен,
Коимбрамен қол алысып амандасты. Олар керуенбасының жолы
болып олжалы қайтқанын қызу құттықтады. Алайда керуендегі
еріксіздердің тең жарымы шығын болғанын естігенде Альвец
кіржиіп ренжігендік пішін көрсетті. Бірақ жалпы алғанда жағдай
жаман емес, құл саудагерінің барактағы бағулы жатқан «қара
товарларына» жаңа келтірілген еріксіздерді қосса, ішкі
базарлардың құл алушыларын қанағаттандыруға молынан жетіп
жатыр. Құлға айырбастап қанша піл сүйегі мен бақыр алуға
болатынын ойша есептеп, тіптен көңілденіп те қалды.
Құл саудагері айдаушыларға алғыс айтып, сол сағатында жүк
көтерушілермен есеп айырысуға әмір берді.
Хозе-Антонио Альвец пен Коимбра португал тілі мен африкан
тілдері араласқан біртүрлі будан тілде өзара сөйлесіп тұр, бұл тілге
Лиссабонда туған адамдардың түсінбейтіні мәлім, бұған Диктің де
түсінбейтіні белгілі. Бірақ «құрметті құл саудагерлерінің» әңгімесі
Диктің өзі және оның жолдастары туралы болып жатқанын
жасөспірім шамалап білді. Ибн-Хамистің иек қаққан белгісі
бойынша хавильдарлардың біреуі Том, Бат, Остин мен Актеон
қамаулы жатқан сарайға қарай бет алғанын көріп, Дик өзінің ойша
болжалдауының дұрыс екенін білді.
Дик Сэнд байқаусызда жолдастарының қасына жақындап
барды.
Бұлшық еттеріне қол батқысыз қайратты негрлердің бір жерге
топтана қалғанын көргенде Хозе-Антонионың беті күрең тартып
күлім қақты. Бірнеше күнгі демалыс пен тол жеген ас қажыған
адамға өң кіргізіп ширатуға тиіс еді. Құл саудагері Томға тек
үстіртін қарап өтті, өйткені оның қартаң тартқан жасы, кәрі негрдің
бағасын түсірді. Бірақ оның есесін басқа үш негрден шығарып
алуға болады.
Кәрі саудагер американ Гэрристен үйренген бірнеше ауыз
ағылшын сөздерін есіне түсіріп, жәдігөйлене, өзінің жаңа келген
құлдарының аман-сау жеткендігін мысқылдай құттықтады.
Том қарт Альвецке таман бір аттап басты да, өзінің үш жолдасы
мен өзін көрсетіп:
— Біздер ерікті адамдармыз... Құрама Штаттардың
азаматтарымыз! — деді.
Шамасы, Альвец оның сөзіне түсінсе керек. Көңілдене
күлімсіреп бетін тыржитты да, басын изей түсіп жауап қатты:
— Ие... ие... Американдар, жақсы келгенсіздер! Хош
келдіңіздер!
Ол сөйдеді де Остиннің қасына барып, оның иығын, арқасын
сипап, бұлшық еттерін қысып көрді, мұны басқа біреулер көрсе,
жәрмеңкеден ат сатып алғалы жүрген алып сатар екен дер еді.
Коимбра сеньор Остиннің аузын ашып қарап тістерін түгендей
бергенде, негрдің салмақты жұдырығы оның аузына сарт ете түсті.
Мұндай «дәмді» жұдырықты бұған дейін ешбір майордың баласы
татып көрмеген болар.
Альвецтің досы он қадамдай бір жақ шетке ұшып түсті.
Коимбраның аузында бар болғаны алты-ақ тісі бар-ды, Альвецтің
қадірлі досы, осы арада сол алты тістің екеуінен айрылды, құл
саудагері мұны көріп шек-сілесі қатқанша қарқылдап күлді.
Бірнеше солдат Остинге тап берді, егер Альвец ара түсін
тоқтатпағанда, Остин бұл ерлігіне лайықты сыбағасын алар еді, құл
саудагері өзінің қымбат санайтын «товарын» солдаттарға
бүлдірткісі келмеген-ді.
Альвец ызаға булыққан Коимбраға тоқтау айтып тыншайтқан
болды. Коимбра жығылған жерінен зорға тұрып құл саудагерінің
қасына келді де, Остинге жұдырығын түйіп қаһар көрсеткен болды.
Осы арада хавильдарлар Дикті итермелеп Альвецтің алдына
алып келді. Жасөспірімнің кім екенін, оның Анголаға қалай келіп
қалғанын және Ибн-Хамис керуеніне қай ретпен тұтқын болғанын
құл саудагері алдын ала естіп білсе керек. Түсін суытып ызғарлы
көзімен Дикке қарады да ағылшынша былдырлап әлденені айтқан
болды:
— Aha, кішкентай янки!92
— Ие, янки,— деп жауап қатты Дик.— Сіздер мені және менің
жолдастарымды не қылмақсыздар?
— Янки, янки! Кішкентай янки,— деп қайталады құл саудагері.
Ол Диктің сұрағына түсінбеді немесе түсіне тұрса да түсінгісі
келмеді. Дик тағы қайталап сұрады. Құл саудагері жауап
қайырғысы келмегенін білген соң, Коимбраны европалық болар деп
шамалап, соған қарай бұрылды. Коимбра түюлі жұдырығын бір
сілтеді де, арақтан ісініп кеткен ұсқынсыз бетін теріс қарай бұрды.
Осы кезде Альвец пен Ибн-Хамис арасында қызғын әңгіме
жүріп жатқан. Шамасы, ол екеуінің әңгімесі Диктің өзі мен оның
жолдастары туралы болса керек. «Альвецтің қандай пікірде екенін
кім біліпті? — деп ойлады жасөспірім.— Ендігәрі достарыммен
тағы бір көрісіп бір-екі ауыз тіл қатысуға мүмкіндік бола ма жоқ
па!»
— Достарым,— деді ол дауысын бәсең шығарып, өзімен өзі
сөйлесіп тұрған кісі сияқтанып,— менің сөзімді тыңдаңдар.
Геркулес маған Динго арқылы хат жіберіпті. Ол біздің ізімізбен
келе жатыр екен. Гэррис пен Негоро миссис Уэлдонды, кішкентай
Джек пен Бенедикт мырзаны өздері алып кетіпті. Қайда
әкеткендерін білмеймін. Мүмкін, олар Казондеге келген шығар.
Сабыр етіңдер, шыдап бағыңдар— ең абзалы, сәл ғана мүмкіндік
болса да пайдаланып қалу жағын қарастырыңдар!
— Нан қайда екен? — деп сұрады Том қарт.
— Нан өлген.
— Бірінші құрбандық...
— Ең ақырғы құрбандық, — деп жауап қатты Дик Сэнд,—
Біздің қолымыздан...
Осы сәтте бір салмақты қол Диктің иығын басты, өзіне жақсы
таныс бір үн естілді.
— Aha, егер қателеспесем, сіз өзімнің жас достым боларсыз?
Сізді аман көргеніме аса қуаныштымын!
Дик Сэнд жалт қарады. Оның алдында өзінің ескі досы —
Гэррис тұр еді.
— Миссис Уэлдонды қайда жібердің? — деп айқайлады Дик.
— Қайран келіншек,— деп жауап қатты Гэррис күйінген кісі
сияқтанып,— бейшара ана! Жол азабына қайдан төзсін...
— Өлді ме? — деп айқайлады Дик. Ал оның баласы қайда?
— Бейшара бала,— деп жауап қатты Гэррис әлгі әуеніне
салып,— ол байғұс жол азабын көтере алмады...
Диктің жанындай жақсы көретін адамдары өлген...
Жасөспірімнің сол сәттегі күйіп-піскенін айтып жеткізу мүмкін
емес. Ызалы кек оның бойын кернеді, американның белбеуіне
қыстырулы тұрған пышақты бас салып жұлып алды да, сабына
дейін бойлатып Гэрристің кеудесіне сұғып жіберді.
— Қарғыс атсын!..— деп айқайлады Гэррис құлап бара жатып.
Бұл Гэрристің ақырғы сөзі еді. Адамдар оның қасына келгенше
американ ана дүниеге аттанып та кетті.
Оныншы тарау
ЖӘРМЕҢКЕ
Диктің шалт қимылдағаны сонша, айнала қамап тұрған адамдар
оған ара түсуге үлгірмей қалды. Бірақ сол сәтте жергілікті
халықтың бірнешеуі жасөспірімге жабылып кетті. Егер Негоро
келіп үлгірмегенде Дикті сөзсіз өлтіретін еді.
Португал оларға, тимеңдер дегендей белгі беріп еді, Дикті қоя
берді. Сосын олар Гэрристің өлігін көтеріп әкетті. Альвец пен
Коимбра Дикті сол жерде өлтіріп жіберуге қамданып еді, бірақ
Негоро оларға сыбырлап, егер өлтіруді бірсыпыра уақыт кейінге
қалдыра тұрса, одан келер-кетері жоқ екенін айтты. Сосын
жасөспірімді оңаша қамап, көз айырмай күзетіп тұрыңдар деп
хавильдарға қатты тапсырды.
Кішкене отряд теңіз жағалауынан кеткелі бері Дик Сэнд
Негороны көрмеген еді. «Пилигримнің» апатқа ұшырауына бірден-
бір себепші Негоро екенін жасөспірім білетін-ді. Дик Сэнд оның
сыбайласын қандай жек көрсе, Негороны одан да бетер жек көруге
тиіс. Бірақ ол өзінің бұрынғы аспазынан жиіркенген түрмен теріс
айналып, оған бір ауыз тіл қатуды өзіне ар көрді.
Гэррис миссис Уэлдонды да, кішкене Джекті де өлді деп еді ғой.
Енді оның қайғыратын түгі де жоқ. Тіптен ол өз басының қамын да
ойламады. Оны хавильдарлар сүйреп әкетті. Қайда апара жатыр?
Қайда апарса онда апарсын, Дикке бәрібір...
Жасөспірімді қол аяғын байлады да, саңылауы жоқ бір тар
сарайға апарып қамап тастады. Бұл сарай бүлік шығарып немесе
басқа бірер қылмыс жасаған еріксіздерді өлім жазасына бұйырып
қамайтын Альвецтің түрмесі еді. Енді Дик қараңғы түнекке түсіп
бүтін дүниеден бөлініп қалды. Бірақ ол бұған өкінген жоқ. Ол
өзінің жақсы көретін адамының өшін алды, енді оны өлімнің
қандайы болса да қорқыта алмайды.
Дикті Негороның жергілікті халықтардың азаптап өлтіруінен
арашалап қалуының себебін шамалау қиын емес, оның мәнісі, өлер
алдында Негоро жасөспірімді өз қолымен әбден қинап азаптау еді.
Енді он бес жасар капитан бүтіндей кеме аспазының билігінде
қалды. Негороның кегі қайтып болу үшін енді Геркулес қана
жетпей тұр.
Екі күннен соң 28 майда жәрмеңке ашылып, оған ішкі
Африкадағы барлық факториялардан93 құл саудагерлері келді,
Анголамен іргелес өлкелерден де толып жатқан халықтар жиналды.
Жәрмеңкеде құл саудасы ғана болып қойған жоқ, адам саудасымен
бірге Африканың құнарлы жерлерінде өсетін әртүрлі азық-
түліктердің де базары болды. Таңертеңнен бастап-ақ базар алаңына
ел тола бастады. Хозе-Антонио Альвецтің құлдарын қоспағанда
(мұның ішінде жолдастарымен бірге Том да бар), базар алаңындағы
сенделіп жүрген адамдардың саны төрт-бес мыңға жетеді. Альвец
базардың аса маңызды адамы болып саналады. Ол өзінің досы
Коимбрамен бірге базар алаңында жүріп, ішкі өлкелерден келген
құл саудагерлеріне топ-тобымен еріксіздерді көрсетті. Құл
алушылардың арасында бірсыпыра жергілікті халықтар да бар.
Үлкен Көл өлкесінің сауда саттық жөніндегі бас қаласы
Уджиджилік будандар мен бірнеше араб саудагерлері бар.
Европаның үлкен қалаларындағы базардың ең зоры, тіптен
жылында бір рет болып тұратын жәрмеңке де Африканың тап осы
адам саудасындай қызбайтын шығар. Жергілікті халықтар үшін
базар—үлкен мейрам болып саналады, олар осы мейрамның
құрметі үшін барын киініп «жасанып» шығады десе орынсыз болар,
әйтсе де салтанатпен шығады. Жергілікті сәнқой еркектер мен
әйелдердің сәнденіп киінуі шаштарын тарап өру. Кейбір еркектер
шашына басқа біреудің шашын қосып өріп тас төбесіне
қоқырайтып түйіп қойған. Енді біреулері шашын егеуқұйрық
тышқанның құйрығы сияқтандырып таспалап өріп омырауына
салбыратқан да, төбесіне қызыл қауырсыннан үлпілдетіп үкі
қадаған. Үшінші біреулері шашынан кішкентай-кішкентай бірнеше
мүйіз шығарып, тарқатылып кетпесін десе керек, қызыл балшықпен
сыбап тастаған да, сыртынан қалың қылып май жаққан.
Сәндеп өрілген өз шаштары мен жалған шаштардың бәрін
темірден, сүйектен жасалған түйреуіштермен және таяқшалармен
түйреген. Кейбір сәнқойлар мұндай безенуге көңілі көншімей,
шашын түрлі түсті моншақтармен бунақтап, қақ ортасына оюлаған
сүйек сапты пышақ шаншып қойған. Әйелдері шаштарын
безегенде, ширатып өріп, толып жатқан тұлым, кекіл шығарады.
Олардың арасында шаштары арқасына түсіп немесе маңдайын
жауып кетпеу үшін артқа қарай қайырып тарай салған бірсыпыра
сүйкімді жас әйелдер де бар. Жергілікті халықтың еркек-әйелдері
шаштарын тегісінен қою балшықпен, сандал ағашының
шайырымен жалтыратып сылап тастайды, алыстан қарағанда
жергілікті сәнқойлардың басын қабыршақпен қаптаулы екен
дейсің.
Бірақ бұл кербездердің сәнденуі тек шаштарын әшекейлеумен
ғана тынады екен деп ойламаңдар. Адамда құлақ деген мүше бар
ғой, оған ағаштан жасалған таяқша,— әдемі оюлы бақыр сырға,
маис сабағынан өрілген шұбыртпа салуға немесе шақша орнына
қолданатын қабақтың кішігірім қауашақтарын іліп қоюға жарамаса,
құлақтың қажеттігі қанша? Соншама көп жүктің салмағымен
құлақтың сырғалығы созылып иыққа жетеді, мұны сәнқойлар елең
қылмайды.
Африканың жабайы адамдары қалта дегенді білмейді,
сондықтан пышақ, темекі тартатын трубка, шақша сияқты
мәдениетті елдердің қалтаға салып жүретін ұсақ-түйек заттардың
бәрін олар құлақтарына іліп жүреді.
Мойын, білек, балтыр, жіліншік сияқты адамның дене
бөлшектері жабайылардың пікірінше, бақырдан немесе қоладан
жасалған білезіктер мен сақина, әртүрлі моншақтардан
құрастырылған алқа салу үшін табиғаттың өзі әдейі жаратқан.
Адамның терісін де нақ солай сәндеу керек, ол да жаратылыстың
әмірі көрінеді. Олар терісіне инемен шабақтап ағаштың, құстың,
айдың суреттерін немесе иректеп мәнер-қал салады. Бұл мәнерлер
ертедегі египет халқының суреттеріне ұқсастығы бар депті
Ливингстон. Терісіндегі мәнерлерге қарап адамдардың қай рудан
екенін білуге болады. Егер сіз өз еліңіздің таңбасын салатын
күймелі арбаңыз болмаса, төсіңізге салуыңыз керек.
Еркектерінің киімі қарадүрсін, белінен тізесіне түсетін бөкен
терісінен тігілген алжапқыш немесе шөптен тоқыған белдемше.
Әйелдері де бірыңғай киінеді: түрлі түсті жібекпен кестелеп
маржан қадаған көк белдемше киеді, белін моншақ қосып өрген
белбеумен буады. Кейбір әйелдер белдемше орнына шөптен
тоқыған алжапқыш байлап алған, мұны тоқыма ламба деп атайды,
оны көк, сары немесе қараға бояйды...
Бірақ әдемі киімді олардың байлары ғана киеді. Ал жүк
көтерушілер мен еріксіздер жалаңаштың аз-ақ алдында.
Ол елде күллі ауыртпалық әйелдерге түседі. Жәрмеңкеге келген
әйелдер талдан тоқылған үлкен кәрзеңке арқалап базар алаңына
келіп товарын түсіреді де, босаған кәрзеңкелерін қасына қойып
ішіне өздері кіріп отырады.
Құнарлы жерден алынған ең жақсы деген азық-түліктердің бәрі
багарға салынған. Онда күріш те сатылады. ол жақта күріштен аса
мол өнім алады. Майыс өсімдігін жеті-сегіз айда үш орады, жерге
бір дән сепсе, екі жүз дән өнім алады, бұл базада маис та, әйгілі
кайен бұрышынан да ащы бұрыштар бар, маниок пен пальма майы
да сонда. Mал базарының кең алаңына жүздеген ешкі, шошқа,
жүнсіз тұқымды қой айдап әкелген, мұнда сойылғаны, тірісі аралас
толып жатқан құстар мен балық келтірілген. Балшықтан күйдіріп
жасалған әртүрлі заттардың жалтыраған бояуын көз шағылады.
Базар алаңында әртүрлі ішімдіктердің аттарын айқайлап айтып
шырылдап жүрген балалар да бар. Олар банан шарабын, помбе
тұндырмасы деп аталатын күшті шарап пен малафу—банан мен
балды судан жасаған сыра тәрізді ішімдіктер сатады.
Бірақ Казонде базарындағы ең басты товар піл сүйегі мен мата
еді; матаның түрлері, Массачузеттегі Салемскин фабрикасында
тоқылатын боялмаған меткаль, мақтадай тоқылған мерикен және
каник деген көк мата, солғын-көк, кереге көз сохар, қызыл жиекті
мата, Сурат жібегі диули - бұлар жасыл, қызыл, сары түсті болады,
кейде алтын зер мен кестелеген жібектер де кездеседі.