— Бірақ бұл орманда жолбарыс пен арыстан болмаса да, қасқыр
болатын шығар,— деп бала сөзін жалғады.
— Болғанымен нағыз қасқырдың өзі емес,— деп жауап қатты
американ,— орман иті. Оларды гугуар деп атайды.
— Ал гугуарлар кісі қаба ма? — деп сұрады Джек.
— Сіздің Динго ең ірі гугуарды бір-ақ қылғып жұта салады.
— Әйтсе де,—деп Джек аузын кере есінеді,—бұл гугуар
дегендеріңіз қасқыр ғой, болмаса оларды қасқыр деп неге атаған?!
Бала осы сөзді айтты да, арқасын ағашқа тіреп отырған кәрі
Нанның құшағында жатып ұйқыға кетті. Миссис Уэлдон ұйықтап
жатқан бөбегінің бетінен бір сүйді де, қатарына жатып, кешікпей-ақ
оның да көзі ұйқыға кетті.
Бұдан соң бірнеше минуттан кейін Геркулес Бенедикт ағайды
қосқа әкелді, ол жалтырауық қоңыз аулауға тағы кеткелі жүр екен,
осы қоңызбен үндістердің кербез әйелдері шаштарын безейді. Бұл
жәндіктің арқасындағы екі дақтан көгілдір сәуле шашырайды,
мұндай қоңыздар Оңтүстік Америкада өте көп болады. Бенедикт
ағай осы қоңыздардың талайын ұстаймын деп үміттенген болатын,
бірақ оның бүл үмітіне Геркулес кедергі жасап, ғалымның
наразылығына қарамастан қосқа еріксіз әкелді. Геркулес тәртіпті
адам еді, өзіне тапсырылған істі әскери тәртіппен дәл орындады.
Сөйтіп, алып-негр энтомолог-ғалымның қаңылтыр қалбырына
қамалудан қоңыздардың талайын құтқарды.
Көп кешікпей, күзетте тұрған Геркулестен басқа отряд
адамдары тегісінен ұйқыға кетті.
Он жетінші тарау
ОН КҮНДЕ БІР ЖҮЗ МИЛЬ
Әдетте, тропикалық орман арасында ашық ауада қонып жатқан
саяхатшылар мен аңшыларды таңертең құлақ тұндырарлық концерт
оятады. Бұл музыканың ішінен шошқаша қорсылдаған,
қарқылдаған, адам күлерліктей міңгірлеген неше түрлі дауыстар
естіледі.
Жаңа шығып келе жатқан күнді маймылдар осылай қарсы
алады. Тропиктік ормандардан кішкентай «мирикина», сапажу, сұр
«моно» аңдарын кездестіруге болады, үндістер бұлардың терісінен
мылтыққа қап жасайды, маймылдардың бұлардан басқа төрт
қолдылар тобына қосылатын толып жатқан түрлері бар.
Олардың ішінде ең қызғылықтысы жылауық маймыл. Бұлардың
басы сопақтау, тайқы маңдай, тұмсығы ұзын болады. Бұлардың
ұзын құйрықтары жүріп-тұруларына да жәрдемдеседі.
Жылауық маймылдардың үйір бастығы күн батысымен бір
қалыпты ұзақ әуенге басады. Бұл—баритоны — жуан дауыстысы,
оның соңынан ертеңгі симфонияны тенорлары— жіңішке дауысты
жастары жалғастырып, айнала бірнеше километр жерге естіледі.
Бірақ бүгінгі таңда, не себепті екенін кім білсін, жылауық
маймылдар да, басқалары да күн сайын таңертең беретін
концерттерін бермеді.
Маймылдар концертінің тына қалуына үндістер қатты ренжиді.
Олар маймылдың көп дауыспен концерт беретін түрін жақсы
көргендіктен ренжиді емес, мұнда мән бар. Үндістер маймылдарды
жаны сүйіп аулайды, олар бұл жануарлардың етін аса қымбат
бағалайды, маймыл еті шынында да дәмді болады, әсіресе кептіріп
ысталғаны аса дәмді.
Бірақ Диктің өзі де, оның жолдастары да жылауық
маймылдардың сырынан ешқандай хабарсыз болатын, әйтпесе олар
маймылдар концертінің тына қалуын ескерер еді.
Жолаушылар бірінен соң бірі ояна бастады. Түн тыныш өтті,
адамдар бірнеше сағат жатып демалғанның өзінде-ақ, күш жинап
тынығып қалған.
Алдымен оянғандардың бірі кішкентай Джек. Ол көзін
тырналап ашысымен Геркулесті көріп, сен түнде қасқыр жемедің бе
деп сұрады. Бірақ түн ішінде бұлардың қонып шыққан жеріне
қасқырлардың бірде-бірі жуымапты, сонымен, Геркулес қасқыр
жемегесін өзінің қарны ашып, ішінің ұлып бара жатқанын айтып,
Джекке шағынды.
Басқа жолаушылар да аш еді, кәрі Нан тұрып ас әзірлей
бастады.
Жолаушылар кеше кешкісін жеген тамағындай, бүгін де құрғақ
нан мен кептірілген ет жеп қанағат етті. Бірақ ертеңгі таза ауа
бәрінің де аранын ашты, жолаушылар қайсысы болса да талғампаз
адамдар емес еді. Күндізгі ұзақ жол адамды қажытады ғой, күш
жинап дайындық жасау керек, бұл жағдай жолаушыларға мәлім еді,
сондықтан өнебойы жеп ығыр болған бір ыңғай асты бүгін де
құныға жеді. Тіптен ішіп-жемнің өмір үшін пайдалы екенін және
парықсыз еместігін, бәлки өз өмірінде біліп тұрғаны осы болар,
Бенедикт ағай асты сүйсіне жеді. Ол жұртқа естірте: «Бұл жаққа екі
қолды қалтаға салып серуендеу үшін келгеніміз жоқ» дегенді
айтты.— Егер Геркулес,— деп ол сөзін жалғастыра берді,—менің
жарқырауық қоңыз, тағы басқа қоңыздар аулауыма кедергі жасауын
қоймаса, сазайын тартатынын біліп қойсын!
Бенедикт ағайдың қорқытқаны алыпқа оншалықты ой
түсірмеген сияқты. Бірақ жас келіншек Геркулесті оңаша шығарып
алып, мына сақалды сәбидің көзден таса болмай, алысқа ұзамай
ойнауына лұқсат етерсің, деп ескертті.
— Бенедикт ағай егде адам,— деді миссис Уэлдон,— сонда да
болса шыбын-шіркей аулауды ар көрмейді, керісінше, қызық
көреді, өзіне қажетті қызығынан мақұрым етудің керегі жоқ.
Кешегі жол жүру тәртібін сақтай, кішкене отряд ертеңгі сағат
жетіде шығысқа қарай тағы жүріп кетті.
Жол орман аралай жүрді. Ыстық ауа мен қандыра жауған
жаңбыр өзі тусырап жатқан жерді одан сайын маңыздандырып
жіберген. Тау қырқалары тропиктік ендікке жақын орналасқан. Жаз
айларында күн бұл жерге тіп-тіке төбеден түседі. Дымқыл жер
қыртысының астыңғы қабатына түскен кезде, үстіңгі қабаты
жылуды мол жинап алады. Сондықтан ол өлкенің қалың орманды
болуы таң қаларлық жағдай емес.
Гэрристің айтуына қарағанда, кішкене отряд пампастар тауында
жүр, Дик Сэнд бұл жағдайды ғажап қайшылық деп шамалайды.
«Пампа» үндістер тілінде «жазық» деген сөз.
Дик өз қатеріне онша сене бермейді, сонда да болса, пампас
деген жер — жылдың жаңбырлы шақтарында түгел тікен басып
кететін, ағашы жоқ, сусыз шөл дала деген сөз оның есінде болатын.
Жылдың ыстық кезінде әлгі түйетікендер ағаш сияқты бойлап
өсіп, ит мұрны өткісіз қалың жынысқа айналып кетеді. Пампаста
тырбық өсетін ергежейлі, тікенекті ағаштар да болады.
Диктің көріп келе жатқан жері пампасқа ешқандай ұқсамайды.
Оның көрген жерлері ит мұрны өткісіз, бір шеті сонау көкжиекке
барып енген жыныс орман. Жоқ, жасөспірімнің есебінше,
пампастар бұл сияқты болмауға тиіс. Бірақ Гэрристің, Атакама
тауының қырқалары кереметтей жақсы жер деп мақтауы шын
болар. Атакама туралы Дик не білетін еді? Атакама — мұхит
жағалауынан Анд тауының етегіне дейін көсіліп жатқан Оңтүстік
Американың байтақ далаларының бірі, оның Атакама туралы
білетіні тек осы ғана.
Сол күні Дик Сэнд американға пампастың бұлай көрінуіне
өзінің таң қалғанын айтып еді, бірақ Гэррис оның күдікті ойын
таратып жіберді. Ол Боливияның осы бөлегі туралы толып жатқан
түсініктер айта келіп, бұл жақты өзінің жақсы білетіндігін
аңғартты.
— Сіз дұрыс айтасыз, жас достым,— деді ол Дикке,— нағыз
пампастар, шынында да сіздің кітапта оқығаныңызға сәйкес. Бұл
құнарсыз жазықта жол жүру өте қиын. Пампастар біздің Оңтүстік
Америка саванналарына бірсыпыра ұқсаңқырайды, бұл екеуінің
арасындағы айырма, саванналар көбінесе батпақты болады. Ие,
Рио-Колорадо да, кендірлі Ориноко мен Венецуэл да нақ осы
сияқты. Бірақ біздің тап болған жеріміздің түрі тіптен мені де таң
қалдырып келеді. Дұрысын айтқанда, мен Атакама тауының
қырқаларымен төтелеп алғаш рет асып келем, әдетте бұл тауды
айналып жүретінмін. Бірақ мен бұл жерде бұрын болып көргенім
жоқ. Атакама тауы пампастарға мүлдем ұқсамайды дегенді
естігенім бар. Пампастарға бару үшін тауды бөктерлей асу керек:
пампастар Атлант мұхитының нақ өзіне дейін созылып материктің
шығыс бөлегін алып жатыр.
— Біз Анд тауынан асамыз ба? — деді Дик Сэнд жұлып
алғандай.
— Жоқ, жас достым,— американ күлімсірей жауап қатты.—
Мен, «асу керек» дедім ғой, «таудан асамыз» дегенім жоқ. Қам
жемеңіз, тау қырқаларынан ұзамаймыз, мұның ең биік шоқысы мың
жарым фут. Қолда бар көлікпен Анд тауынан асуға дәмелену, таза
ақымақтық болар еді. Маған салса, ол жолмен жүруге ешқашан
көнбес едім.
— Теңіз жағалап жүру анағұрлым артық болар еді,— деді Дик
Сэнд.
— О, айтарың бар ма, жүз есе артық,— Гэррис оның сөзін
қостаған болды.— Бірақ Сан-Феличедегі гациенд Анд тауының
бергі бетінде ғой. Сондықтан мегзеген жерімізге жеткенше кездесе
қоятын елеулі кедергі жоқ.
— Ал сіз орман арасымен жүргенде, адасу жағынан
қауіптенбейсіз бе? — деп сұрады Дик Сэнд.— Өйткені сіз бұл
арамен алғаш рет жүріп келесіз ғой.
— Жоқ, қауіптенбеймін,—деп жауап қайырды Гэррис.— Бұл
орман ұшы-қиыры жоқ шалқып жатқан теңіз сияқты, тіптен түбі
жоқ терең теңіздерде жөн таппай сандалатын теңізшілер де болады,
бұның дәл соған ұқсайтынын да жақсы білемін. Бірақ мен орман
кезіп әдеттеніп қалған адаммын ғой, сондықтан бұл орманнан жол
тауып жүре алатыныма сенімім мол. Мұның үстіне кейбір
ағаштардың бұтақ бітісінен бағдар аламын, оның жапырақтары
маған жөн сілтейді, жер қыртысының қосындысы мен жер бетінің
ой-шұқырынан да және сіз байқамайтын мыңдаған болымсыз
заттардан да бағдар алуыма болады. Қам жемеңіз, сізді және сіздің
жолдастарыңызды межелі жерге тура бастап апара аламын.
Гэррис бұл сөздерді өзіне өзі толық сенетін кісіше айтты.
Отряд алдында қатарласа жүріп келе жатқан Дик пен американ
бұл сияқты мәселелерді жиі талқылаумен болды, бұл екеуінің
әңгімесіне басқа ешкім қатысқан жоқ. Жасөспірімнің ойындағы
кейбір күмәнді пікірлерді таратуға американның шамасы келмей
қалса, ондайларды әзірше ішке сақтай тұруды мақұл көрді Дик
Сэнд.
Апрельдің 8, 9, 10, 11 және 12-сі күндері ешқандай уақиғасыз
өтті. Отрядтың орта есеппен он екі сағатта жүрген жолы сегіз — он
мильден асқан жоқ. Қалған уақыттары кідіріп тамақтану мен түнгі
демалысқа кетті. Жолаушылар өздерінің кәдімгідей қаржалып
қалғандарын сезді, бірақ ауру-сырқаудан тегіс аман еді.
Бір сарынмен орман кезіп жүре беру кішкентай Джекті әбден
қалжыратып жіберді. Мұның үстіне үлкендер де өз уәделерін
орындамады. «Резинка ағаштар» да, шыбын-торғайлар да үнемі
кейінге қалдырыла берді. Дүниедегі ең әдемі тоты осы орманда
болуға тиіс. Бірақ көк құйрықты алқызыл арарауынның өсіп-өнетін
жері осы еді ғой, олар қайда кеткен? Кемпірқосақ тәрізді түрлі
түспен безенген ұзын құйрықты араканглер қайда? Әсіресе
тропиктік алаптарда көп болатын жасыл тотылар қайда құрыған?
Олардың былдырлағаны жойылып кеткен халықтың тілі екен дейді
үнділердің аңыз әңгімелерінде.
Осыншама көп тотылардан үлкендердің Джекке көрсеткені тек
жако деген қызыл құйрық сұр тотылар ғана. Бұлар ағаш
жапырағының араларында қаптап жүр. Бірақ кішкентай Джек
жаконы бұрын да көрген. Оларды дүниенің түкпір-түкпіріне
апарады. Тотының бұл түрі үйлесімсіз былдырлап екі континенттегі
адамдардың құлақтарын тұндырған. Майда тілді тотылардың
бәрінен адам тілін жако жақсы біледі.
Егер Джек наразы болса, Бенедикт ағайдың да қуанарлықтай
дәлелі жоқтығын айта кету керек. Расын айтқанда, енді оның ағаш
арасын тіміскілеуіне ешкім кедергі болмады. Әйтсе де күні бүгінге
дейін коллекциясынан көрнекті орын аларлықтай бірде-бір жәндік
іздеп тапқан емес. Бұл ара жарқырауық қоңыздардың ордасы
болуға тиіс еді, алайда олардың жалғыз-жарымы болса да отряд
жүрген жерден кездеспей-ақ қойды, бұл жағдай ғалымның ісіне
әдейі қастандық жасаған тәрізді еді. Сорлаған ғалымды табиғат
мазақтаған тәрізді болды. Бенедикт ағайдың өнебойы жабығыңқы
жүруі таң қаларлық уақиға емес.
Отряд соңғы төрт күнді де оңтүстік-шығысқа қарай жүрумен
өткізді. Олар апрельдің он алтысына дейін мұхит жағалауынан кем
дегенде жүз миль ұзап кеткен. Егер Гэррис адаспаған болса,
бұлардың бүгінгі қонып шыққан жерінен Сан-Феличедегі гациенд
жиырма мильден артық емес. Демек, ең ары болса қырық сегіз
сағатта жолаушылар меймандас гациендтің қонағы болуға тиіс!
Отряд Атакама қырқаларының бір шетінен түсіп, бір шетінен
шықты деуге болады, сонда да болса соншама ұзаққа созылған
жолда жергілікті халықтардың бірде-бірі кездеспеді.
Дик Сэнд «Пилигримнің» басқа бір жерде апат болмағанына
қатты өкінді. Егер «Пилигрим» екі-үш градус оңтүстікке немесе
солтүстікке таман қираса, миссис Уэлдон жолдастарымен бірге
плантацияға, қыстаққа немесе бірер қалаға әлдеқашан жетер еді.
Бірақ бұл өлкенің халқы жерін тастап ауып кеткен деуге
болады, соңғы күндердің ішінде отрядтың алдынан жиі-жиі
хайуандар кездесе бастады. Кешкісін әлдеқайда алыстап белгісіз
бір аңның созып ұлыған даусы естіле берді. Бұл ұлып жатқан
жалқау маймыл ғой деп түсіндірді Гэррис.
Он алтыншы апрель күні отряд түскі демалысқа тоқтаған кезде
ауаны жара ысқырған бір түрлі ащы дыбыс естілді. Бұл ысқырық
миссис Уэлдонға тіптен жат сезілді.
— Бұл не? — деп сұрады ол, сасқалақтап ұшып тұра келіп.
— Жылан! — деп айқайлады Джек.
Дик Сэнд мылтығын ала салып, миссис Уэлдонды қалқалай
берді. Шынында да осы маңайдағы қалың шөптің арасымен
жылжып келе жатқан бауырымен жорғалаушылар тобының бір түрі
болар. Алып жылан — айдаһар болуы да мүмкін, олардың кей
біреулерінің ұзындығы жиырма футқа жететін-ді.
Бірақ миссис Уэлдонды Гэррис тыншайтып қойды. Қорқып
қалған әйелге жәрдем еткелі ұмтылған Дик пен негрлерге де
отырыңыздар дегенді айтты.
— Бұл айдаһар емес, айдаһар ысқырмайды,— деді американ.—
Тынышталыңыз,— деп үстеді ол,— зиянсыз хайуанды үркітпеңіз.
— Бірақ бұл нендей хайуан? — деп сұрады Дик Сэнд, ол кезі
келіп қалған жағдайды пайдаланып қалуды көздеп, бұл жақтың
сыр-сыпатын американнан анығырақ сұрап білгісі келді. Американ
да жалындырып тұрмай айта берді
— Бұл бөкен ғой, жас достым,— деп жауап қатты американ.
— О, оны мен де көрейінші!—деп айқайлады кішкентай Джек.
— Оны көру тым қиын, балам,- деді Гэррис,— өте қиын.
— Сонда да болса бұл ысқырғыш бөкендерге, мүмкін,
жақындай алармын? — деп сұрады Дик Сэнд.
— Сіз үш аттап та үлгірмейсіз,— американ басын шайқады,—
олар үйірімен қаша жөнеледі. Босқа азаптануыңыз орынсыз болар.
Бірақ Дик Сэнд өзінің ептілігі мен мергендігіне сеніп еді.
Мылтығын ала салып, қалың шөптің арасымен еңбектеп жөнелді.
Бұл уақытта кішкентай мүйіздері біздей өткір, көркем денелі
бірнеше бөкен құйындата зымырап әлдеқайда алыстап кеткен-ді.
Олардың жирен жүндеріндегі күрең дақ, ағаштардың қара
көлеңкесінде жылтылдап бара жатты.
— Мінеки, көрдіңіз бе, сізге айтып едім ғой! — деді Гэррис, жас
жігіт қосқа қайтып келген соң.
Бөкендер әп-сәтте ғайып болды, тіптен оларды анықтап көре де
алмай қалды. Отряд сол күні тағы бір үйір ғажап хайуандар көрді.
Бірақ өте алыстан көрінгенмен, бұл жолы ол хайуандарды Дик
анықтап қалды. Бұлардың көрінуі Гэррис пен басқа
жолаушылардың арасында недәуір қызғылықты таластар туғызды.
Түстен кейін сағат төрттің кезінде, кішкене отряд орман алаңына
кідіріп шамалы уақыт дем алды. Сол кезде бұлардан бірнеше жүз
қадам қашықтағы орман арасынан өзге түрлі бір үйір ірі хайуандар
көрінді де, бірден қаша жөнелді.
Дик Сэнд американның сан рет ескерткеніне қарамастан,
иығына асулы мылтығын ала салып, кезей берді. Бірақ шаппаны
шаптыра бергенде, Гэррис мылтықтың ұңғысын жалма-жан итеріп
жіберді, Дик Сэнд асқан мерген болса да, бұл жолғы оғы дарымай
мүлт кетті.
- Атпаңыз! Атпаңыз! — деп міңгірледі Гэррис.
— Бұл — керік екен!—деп айқайлады американның ескертуіне
құлақ аспаған Дик.
— Керік! — деп қайталады кішкентай Джек.— Маған керікті
көрсетіңдерші!
— Керік деймісің! — деп қайталап сұрады миссис Уэлдон.—
Шырағым Дик, сен қателесіп тұрсың. Оңтүстік Америкада керік
болмайды ғой.
— Әрине, бұл жақта керік болуы мүмкін емес!—деді Гэррис
ренжіген пішінмен.
— Әйтпесе бұлар нендей хайуан?
— Не деп жоруға өзім де білмей тұрмын,— деп жауап қатты
Гэррис.— Сіздің көзіңіз алданып қалған жоқ па, жас достым?
Мүмкін, бұл түйеқұс болар?
— Түйеқұс? — миссис Уэлдон мен Дик қосарлана қайталады.
Екеуі де аң-таң болып біріне бірі қарап қалған.
— Ие, ие, кәдімгі түйеқұс,— деп өзеленеді Гэррис.
Бірақ түйеқұстың нәсілі — құс қой, — деді Дик,— ендеше, олар
екі аяқты...
— Нақ соның өзі,— деп Гэррис оның сөзін бөлді,— менің де
көзім соны шалып қалды, зымырап бара жатқан екі аяқты
хайуандар.
— Екі аяқты? — деп қайталады жасөспірім.
— Ал маған төрт аяқты болып көрінді,— деді Том қарт.
— Бізге де, бізге де! — деп жамырасты Бат, Актеон мен Остин.
— Төрт аяқты түйеқұс болады екен-ау! — Гэррис қарқылдап
тұрып күлді.— Табиғаттың мазағы деп міне осыны айт!
— Сондықтан да біз мұны түйеқұс емес, керік деп
шамалаймыз,— деді Дик жеңістік бергісі келмей.
— Жоқ, жас достым, жоқ! — деп Гэррис кесіп айтты.— Сіз
оларды анықтап қарамағансыз. Мұның осылай көріну себебі,
түйеқұстардың аса тез жүгіріп кеткендігінен. Мұндай жағдайларда
аса тәжірибелі аңшылар да жаңыла береді.
Американның айтқаны шындыққа жуық еді. Алыстан көрінген
ірі түйеқұсты керіктің кішкенесі екен деп шамалауға бола береді.
Керіктің де, түйеқұстың да мойны ұзын, басы шалқақ келеді.
Түйеқұс артқы аяғын шауып тастаған керіктен айнымайды.
Зымырап бара жатқан түйеқұс пен керікті бірінен бірін айыра алмай
шатысу қиын емес. Оңтүстік Америкада керік болмайды, миссис
Уэлдон мен басқа жолаушылардың қателесуіне ең басты себеп осы
еді.
— Егер қателеспесем, Америкада түйеқұстар да болмайды,—
деді Дик Сэнд.
— Қателесіп тұрсыз, жас достым,— деді Гэррис оған бой бергісі
келмей,— Оңтүстік Америкада түйеқұспен тұқымдас дәл түйеқұс
сияқты нанду деген болады. Біздің көргеніміз сол — нанду.
Гэррис дұрыс айтқан.
Нанду — Оңтүстік Америка жазығының тұрғылықты аңы. Бұл
— биіктігі екі метрге шамалас, түзу тұмсықты ірі құс; нанду —
көгілдір қанатты, мақпалдай құлпырған мамық жүнді аң. Аяғы үш
тармақ, башпайының арасын қосып тұрған қысқалау жарғақ
болады. Жас нандулардың еті аса дәмді келеді.
Нандуды жақсы білетін Гэррис, Дикпен толық та дәл пікір
алысты. Миссис Уэлдон мен басқа жолаушылар өздерінің
қателескендіктерін амалсыз мойындады.
— Мүмкін, біз түйеқұстардың тағы бір тобына кездесерміз,—
деді Гэррис.—Екі аяқты құсты төрт аяқты хайуан деп тағы
қателеспеу үшін оларды әбден анықтап қарауға тырысыңыздар. Ал,
жас достым, ең абзалы, менің мәслихатымды ұмыта көрмеңіз,
хайуанның нендей түріне кездессеңіз де, шарасыздың күнінде ғана
болмаса, ата көрмеңіз. Азыққа бола аң аулаудың керегі жоқ,
азығымыз жетерлік, мен мылтық даусын шығарып, өзіміздің
осында екенімізді білдірмеу керек деп баста ескерткенмін, сол
сөзімді тағы қайталаймын.
Гэрриске Дик Сэнд ешқандай жауап қайырмай терең ойға
шомды: оның ескі күдігі қайта қозды...
Ертеңіне апрельдің он жетісі күні отряд ерте тұрып жолға
шықты. Гэррис жолаушыларды ең ары кетсе жиырма төрт сағатта
Сан-Феличедегі гациендте боласыздар деп сендірген-ді.
— Миссис Уэлдон,— деді ол,—сізді онда құрметтеп қарсы
алады. Бірнеше күн жатып дем алып, тынығып күш жиып аласыз.
Сіздің Сан-Францискодағы әдеттеніп қалған сән-салтанатыңыз ол
жерде түп-түгел табылмауы мүмкін, әйтсе де бұл жақтың қараңғы
түкпіріндегі гациендте бірсыпыра жақсы тұрмыс бар екенін өз
көзіңізбен көре аласыз Біздер кісі сенбестей жабайылар емеспіз ғой.
— Мистер Гэррис,— деп жауап қатты миссис Уэлдон,— біздің
бізге істеген жақсылығыңыздың шегі жоқ, оны өзіміз де жақсы
білеміз. Бір өкінішті жері, сіздің жақсылығыңызды қалай қайырар
екенбіз, мұның шын ықыласпен айтылған сөз екендігіне сеніңіз!
Ие, межелеген жерімізге жетіп тыншаятын мезгіл болды білем!..
— Миссис Уэлдон, сіз өте шаршадыңыз-ау деймін?
— Әңгіме мен туралы болып тұрған жоқ қой,— деп жауап
қатты әйел.— Менің бөбегім күннен күнге жүдеп барады. Оның
күн сайын белгілі сағатта безгегі ұстайды.
— Бұл арадағы тау қырқаларының ауа райы жаман емес, таза
деседі,— деді Гэррис,— бірақ март, апрель айларында адамдардың
сары безгек болып ауыратындары болады дегенді естігенім бар.
— Біздің бағымызға,— деп үн қатты Дик Сэнд,— табиғат алдын
ала ескеріп, удың емін өзімен бірге өсіріпті...
— Сонымен, жас достым, не айтқыңыз келіп еді? — деп сұрады
американ.
— Мұнда хин ағашы болмай ма? — деді жас жігіт.
— Ах, ие, ие,— деді Гэррис,— сіз әбден дұрыс айтасыз. Хин
ағашы осында өседі, оның қабығында ыстық қайыратын тамаша
қасиеті бар.
— Расын айтқанда, біз күні бүгінге дейін бірде-бір хин
көргеніміз жоқ, мен осыған таңданамын,— деп үстеді Дик Сэнд.
— Хин ағашын бірден тани қою оңай емес,— деді Гэррис,— бар
гәп сонда, жас достым. Ол ірі жапырақты, хош иісі аңқып тұрған
алқызыл гүлді биік ағаш. Бірақ хин ағашы, әдетте өз алдына бөлек
өспейді, жеке-жеке, басқа ағаштармен араласа өседі. Хин
ағашының қабығын жинаумен шұғылданған үнділер тек оның мәңгі
көгеріп тұратын жапырағынан ғана таниды.
— Мистер Гэррис, егер ондай ағаш сіздің көзіңізге түсе қалса,
тәңір жарылқасын, маған көрсетіңізші,— деп өтінді миссис Уэлдон.
— Әлбетте, миссис Уэлдон, бірақ сіз күкірт қышқылды хинның
нағыз өзін Сан-Феличедегі гациендтен таба аласыз, бұл дәрі
әншейін хин ағашының қабығынан гөрі безгекті тез тоқтататын
бірден-бір шара.
Сапардың ақырғы күні ешқандай уақиғасыз өтті. Күн кеш
болып, кішкене отряд бұрынғы әдетінше қонуға тоқтады. Ауа райы
өнебойы құрғақ та ашық болған еді, бірақ бүгін жаңбыр жауатын
тәрізді.
Жерден жылы бу көтеріліп, орманды қалың тұман басты.
Бұл күтілмеген жағдай емес, өйткені жылдың жаңбырлы
маусымы басталып қалған. Кішкене отрядтың бақытына қарай, енді
гациенд те онша қашық емес, жақын еді. Ендігі қалғаны тек
бірнеше сағат шыдау ғана.
Гэрристің шамамен айтқан есебіне қарағанда, отрядтың тұрған
жері мен Сан-Феличедегі гациендтің арасы алты мильден артық
емес. Сонда да болса түнге қарай қолданылып келе жатқан
бұрынғы сақтық шараларының бәрі бүгінгі түнде де қолданылды:
Том мен оның жолдастары кезектесіп күзетте тұруға тиіс. Дик Сэнд
осы тәртіпті қайтсе де бұзбауға тырысты. Әйтеуір ол қайткен күнде
де сақ болғысы келді. Үрейлі күдік оның ойынан кетпеді, бірақ бұл
сезік шынға шықпай тұрып, алдын ала дабыралағысы келмеп еді.
Отряд биік орманның іргесіндегі қалың бұтаның арасына келіп
тоқтады. Ұзақ жүрістен шаршап қажыған миссис Уэлдон мен оның
жолдастары жатысымен ұйықтап қалған, бірақ оларды біреудің
кенет бақырған даусы оятып жіберді.
— Айқайлаған кім? —деп сұрады Дик Сэнд, бәрінен бұрын
ұшып тұра келіп.
— Мен... мен ғой айқайлаған! — деп жауап қатты Бенедикт
ағай.
— Не болды?
— Мені бірдеме шағып алды...
— Жылан ба? — деп сұрады миссис Уэлдон шошынып.
— Жоқ, жоқ, жылан емес, жәндіктердің біреуі,— деді Бенедикт
ағай.— Тоқтай тұрыңдаршы, мен оны ұстадым, міне!
— Ендеше, оны аяғыңызбен жаншып тастаңыз да, біздің
ұйқымызға маза беріңіз,— деді Геркулес ашуланып.
— Жәндікті жаншып тастауға ма? — деп айқайлады Бенедикт
ағай,— қой, оныңыз болмас! Жоқ, мен оны көруім керек!
— Түкке тұрғысыз бір шіркей шығар,— деді Гэррис иығын бір
қозғап қойып.
— Жоқ,— деді Бенедикт ағай,— бұл шыбын... Шыбын болғанда
да аса қызғылықты шыбын.
Дик Сэнд өзінің қол фонарын жақты да, Бенедикт ағайдың
қасына барды.
— Жасаған-ау, мен не көріп тұрмын! — деп ғалым айқайлап
жіберді.— Қаншама еңбек зая кетті деп қатты ренжіген едім,
әйтеуір бәрінің есесі ақыры қайтты-ау! Мен аса зор жаңалық
аштым!
Табысына масаттанған ғалым жөтеліп шашалып та қалды.
Ұстап алған шыбынына сұқтанып қайта-қайта қарай береді. Тіптен
шыбынды сүйіп алғалы тұр.
— Немене бұл? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Бұл қос қанатты жәндік, қараңызшы өзін, қандай тамаша?..
Бенедикт ағай, бауырында сары сызығы бар ұзын тұмсықты ірі
шыбынды жұрттың бәріне тегіс көрсетіп шықты.
— Мұныңыз улы шыбын емес пе? — деп сұрады миссис
Уэлдон.
— Жоқ, қарындас, мұның адамға зияны жоқ. Бірақ бұл
хайуандарға, әсіресе бөкен, буйвол, тіптен пілге де аса қатерлі
дұшпан! Шіркін! Қандай сүйкімді өзі. Қандай әдемі шыбын!
— Бұл нендей шыбын, айтыңызшы бізге? — деп айқайлады Дик
Сэнд.
— Бұл шыбын,— деді энтомолог,— бұл менің қолыма ұстап
тұрған сүйкімді шыбын
— Бұл цеце.74 Бұл шыбын жөнінде осы күнге дейін тек бір ғана
континент мақтана алады! Ғалымдардың бірде-бірі цецені Америка
жерінен әлі күнге көрген емес!
Бұл қарғыс атқан шыбын бұған дейін дүниенің қай бөлегінде
болғанын Бенедикт ағайдан сұрауға Диктің батылы бармады.
Мына уақиғаның кесірінен ұйқылары бұзылған жолаушылар,
қайтадан жатып ұйқыға кірісті, бірақ Дик Сэнд қатты қажыса да,
таң атқанша кірпік ілмеді.
Он сегізінші тарау
СУЫҚ СӨЗ
Межелі жерге жететін уақыт болды. Миссис Уэлдон әбден
шаршап, бұдан ары жүре алмастай халге жетті. Баласының да түрі
көрген адамның жаны ашырлықтай. Безгегі ұстаған кезде Джектің
беті жалындай албырап, басылған соң бордай бозарып қалатын-ды.
Анасының мазасы кетті, тіптен кәрі Нанға да сенбей, баланы
қолынан түсірмей өзі бақты.
Ие, бұлар мегзеген жерге әлде қашан жетулері керек еді! Егер
американның сөзі рас болса, сол күні көптен қалмай, он сегізінші
апрельде кішкене отряд Сан-Феличедегі гациендтің қорасына
кіреді...
Миссис Уэлдон қажырлы әйел еді, сонда да болса тропиктік
орманды кезіп сандалған он екі күн, ашық далада қонып өткізген он
екі түн оны аса қажытты. Мұның үстіне кішкентай Джектің
ауырған қайғысы мен оны емдейтін дәрінің табылмауы қосаметкей
болды. Бұл халде қаншама қажырлы ана болса да күйзелер еді.
Дик Сэнд, Том және басқа негрлер жол азабына
шыдамдылықпен төзді. Азық қоры таусылуға айналған еді, бірақ
отряд соңғы күнге дейін ешнәрседен мұқтаждық көрген жоқ.
Соның нәтижесінде еркектердің денсаулығы барынша жақсы
болды.
Гэррис ит мұрны өткісіз ормандарды ұзақ кезуге әдейі
жаралған, шаршап қажу дегенді білмейтін адам сияқты.
Бірақ Дик Сэнд гациендке жақындаған сайын Гэрристің
бұрынғыдай емес, аз сөйлесіп, өз-өзінен қамдана бастағанын сезді.
Американның пиғылы жақсылықта емес, керісінше болуға тиіс деп
ойлап, оның Гэрриске деген сенімі күннен-күнге кеми беріп еді.
Дик бір ғана жағдайға түсіне алмай жүр: Гэрристің жолаушыларды
алдағанда көздеген мақсаты не? Бұл сауалға бала жігіт жауап
таппаған-ды. Бірақ ол американның ізін қырағы бақылауға
ұйғарған.
Шамасы, Диктің өзінен күдіктенгенін Гэррис те сезсе керек.
«Жас досының» сезіктенуіне, американның өзінен өзі қуыстануы
мен көңілсіздене түсуі себеп болған шығар.
Апрельдің он сегізі күні күн көтерілісімен отряд тағы жолға
шықты. Орман сирей бастады. Ит мұрны өткісіз қалың ну ара-
арасында кең алаңды ашығы бар үйірім-үйірім тоғайға айналды.
Бұл әлде Гэррис айтқан нағыз пампастың кіреберіс есігі болар ма?
Сапардың бастапқы кезінде Диктің мазасыздануына тізгін
боларлықтай ешнәрсе байқалмаған. Бірақ ол екі жағдайға таң
қалды. Бұл екі жағдайдың өз алдына ерекше маңызы жоқ-ты.
Жолаушылар мұндай ауыр халде тұрғанда, тіптен болмашы
нәрселерді де елемей қалдыруға болмайтын еді.
Дик Сэнд Дингоның ерекше қылығына көңіл бөлді. Ит соңғы
күндері тұмсығын төмен салып, бұта біткенді, шөп-шөңгені
иіскелеп, өнебойы жүгірумен болды. Кейде өз өзінен түнеріп,
аянышты үнмен жер жаңғырта ұлитын болды, оның ұлуы бір жері
ауырған немесе бір нәрсеге күйінгеннен ұлығанға ұқсамайды. Бірақ
иттің бүгінгі ұлуы, кенет ызаланған ұлу, тіптен ауық-ауық
өршелене абалайды. Динго бұрын, каютадан шығып «Пилигрим»
палубасына көтерілген Негороны көргендегі абалағанындай
абалайды.
Диктің көңіліне күңгірт күдік елестеді. Бұл күдікті Том қарттың
мына сөздері шынға айналдырды:
— Дик, мына ғажапты қара! Динго соңғы күндердегісіндей шөп
біткенді иіскелемейді. Көріп тұрсыз ба, тұмсығын жел жаққа
көтереді, жүні тікірейіп кеткен, өзі аса әбігерленулі, бірдеңені
сезген деуге болады.
— Негороны сезген болар, солай ма? — деді Дик бірден.
Бала жігіт қарт негрдің қолынан ұстай алып, ақырын сөйле
дегендей белгі білдірді.
— Ие, Негоро. Менің ойымша, ол біздің ізімізбен келе жатыр...
— Өзім де солай шамалаймын, Том. Ол мүмкін бізге таяу келе
жатқан шығар.
— Ол неге бүйтеді? — деп сұрады Том.
— Мүмкін, Негоро бұл жерді білмейтін шығар,— деп жауап
қатты Дик Сэнд.— Олай болса оның бізді өкшелеп келе жатуы
әбден түсінікті. Немесе...
— Немесе? — деп Том қобалжыған пішінмен Дикке қарады.
— Немесе ол керісінше, жергілікті жерге жақсы таныс болғаны,
олай болса...
— Бірақ Негоро бұл елді бұрын-соңды көрген емес қой. Бұл
жақты қалай біле алады?
— Оны бұл елде болып көрген емес деймісің?...— деп күбірледі
Дик.— Ай, білмеймін. Дегенмен Дингоның қылығынан аңғаратын
бір ғана даусыз нәрсе, төбеттің жек көретін адамы осы маңда,
бізбен қатар келе жатқан сияқты.
Ол кенет сөзін үзді де, итті шақырды.
Динго сүйретіле басып жас жігіттің қасына келді.
— Айтақ! Айт!—деді Дик.— Негоро, Негоро, Динго! Айт, айт!
Ит өршелене абалады. Кеме аспазының аты итке кәдімгідей әсер
етті, ол Негороны жақын маңдағы бұталардың біріне жасырынып
жатқанын сезген тәрізденіп ілгері қарай жүгіре жөнелді.
Гэррис бұл көріністі алыстан байқап тұрған. Ол жасөспірімге
таяу келіп:
— Сіз Дингоға не айттыңыз? — деп сұрады тістене сөйлеп.
— Жай, елеулі түк те жоқ,— деді Том қарт қалжыңдаған
пішінмен.— Кемеде бірге болған бір жолдасымыз жоғалып кеткен
еді, Дингодан соның хабарын сұрадық.
— Ә,— деді американ,— ол әлгі өзіңіз айтқан кеме аспазы
болар?
— Ие,— деп жауап қатты Том қарт.— Дингоның қылығына
қарағанда, ол алыста емес, осы маңда болуға тиіс.
— Ол мұнда қалай келе алады? — деп сұрады Гэррис.- Оны
Боливияда бұрын-соңды болып көрген емес дедіңіз білем?
— Мүмкін, ол арасын бізден жасырған болар,— деді Том қарт.
— Жасырып қайтеді? — деді Гэррис.— Бұта түптерін тінтіп
қарауға болады. Мүмкін, ол бейшараға жәрдем керек болар? Әлде
бірер бәлеге ұшырап қалса!..
— Жоқ, ол кісі жәрдемге мұқтаж емес,— деді Дик Сэнд.— Егер
Негоро бұл араға жалғыз келе алған болса, ұшырасқан бәледен де
біздің жәрдемімізсіз-ақ құтыла алады.
— Ықтиярыңыз білсін,— дей салды Гэррис.
— Өшір үніңді, Динго! — деп ақырды итке Дик Сэнд,
Жағымсыз әңгімені тоқтатқысы келіп.
Бала жігіттің тағы бір тәжірибе етіп байқағаны, американ
атының қылығы жайлы еді.
Аттың қылығына қарағанда, жақын маңда «атқораның исі» жоқ
тәрізді. Ат ауаны ішіне тартып, жүрісін жеделдетпейді,
оқыранбайды да, қысқасы, ұзақ сапардың шегіне жетіп, дем алатын
уақыттың таянғанын сезіп асыға жүретін жылқыға тән мінездердің
бірде-бірін білдірмеді. Гэрристің аты гациендте әлденеше рет
болған, аттың қылығына қарағанда гациенд әлі алыста, жүз
мильден астам арыда жатқан сияқты.
«Жоқ, егер аттың қылығын тәжірибеге алсақ, жолымыздың шеті
көрінер емес» деп ойлады жасөспірім.
Гэррис сол күні ертеңгісін, енді гациендке небары алты-ақ миль
қалды деп сендірген болатын, бұл алты мильдің түстен кейін сағат
беске дейін кем дегенде төрт миль алынды. Дегенмен, әлі
атқораның исін сезген аттың түрі көрінбейді және айнала
төңіректегі жер, Сан-Феличедегі сондай ірі плантацияның жақын
маңындағы жерге ұқсамайды.
Тіптен өнебойы бөбегінің қамын ойлаумен болған миссис
Уэлдон да жер жағдайының түрі бұрынғы иесіз дала түрінен
ешқандай өзгермегенін байқап таң қалды. Гациенді енді қашық
болмағанымен, оның қызметкерлерінен бірде-бірі әлі күнге
кездеспеді, ең болмаса жергілікті халықтардың да ешқайсысы
көрінбеді. Гэррис адаспады ма екен? Миссис Уэлдон бұл ойдан
аулақ болғысы келді: адасып басқа жаққа кетіп, жол тағы ұзара
түсетін болса, науқастанып келе жатқан кішкентай Джектің өміріне
қауіп төнгені...
Гэррис бұрынғысынша отрядтың алдында келе жатыр. Бірақ ол
өзіне өзі сенбеген кісі сияқтанып, біресе орманның алыстағы
қараңғы түкпіріне, біресе оң жағына, біресе сол жағына, біресе өзі
жүріп келе жатқан жолға қараумен болды.
Миссис Уэлдон Гэрристің бұл ісін көргісі келмей көзін жұмды.
Енді бір миль келетін тегістіктің аржағында тағы орман көрінді,
бірақ ол батыс жақтағы орман сияқты қалың емес, отряд биік
ағаштардың саясына қайта енді.
Жолаушылар кешкі сағат алтының кезінде қалың бұта өскен
жерге келді, мұнда бұтаны бойлай жүрген бір түрлі ірі хайуанның
ізі жатыр, шамасы, жуырда ғана жүріп өтсе керек.
Дик Сэнд әлгі ізге үңіле қарады.
Бұтаның кісі бойынан жоғарырақ жеріндегі бұтақтары қирап
қалыпты, шөптер жапырылған, кейбір дымқыл жерлерде алып
аяқтың ізі жатыр, бұл ягуардың да, кугуардың да ізі емес. Ненің ізі
болды екен?
Бұтаны жапырып көсілте жол салып, дымқыл жерде бұл сияқты
із қалдыруға тек пілдің ғана шамасы келеді. Бірақ Оңтүстік
Америкада піл жоқ. Демек, бұл пілдің ізі болуы тиіс деген ақылға
сыйғысыз жорамалдан аулақ болу керек екен.
Дик Сэнд мына жұмбақты ізді көрген соң, бұл туралы өзінің
ойына келген пікірін айтып, ешкіммен ақылдаспады. Ол тіптен
американнан да сұраған жоқ. Әрине, керікті түйеқұс деп
түсіндірген адамнан не үміт, не қайыр? Гэрри тағы бір қайдағы
жоқты ойлап табар, бірақ бұдан отрядқа келер пайда не?
Қалай да, Дик Сэнд Гэррис туралы өзінің белгілі пікірін
қорытты. Ол американды барып тұрған опасыздың өзі деп таныды.
Дик оның бет пердесін сыпырар жағдайды ғана күтті, жолшыбай
кездескен жаңалықтар бұл сырды ұзаққа жібермей ашады деп
сенген еді.
Бірақ Гэрристің көздеген қандай құпия мақсаты болуы тиіс? Ол
өзіне сенген адамдарды қандай бәлеге ұшыратқалы жүр?
Дик Сэнд өзіне ерген жолдастарының тағдырына әлі
жауаптымын деп ойлады. «Пилигрим» апатының нәтижесінен осы
жағалауға шығып қалған адамдарды аман сақтап қалу, қашан да
болса Диктің міндеті. Мына жас ананы, оның кішкентай бөбегін,
негрлерді, Бенедикт ағайды—қысқасы жолдастарының бәрін
ажалдан арашалап қалатын тек қана жалғыз өзі. Дик Сэнд өз
алдында орасан зор қауіп тұрғанын, оны жеңуге өзінің күші
жететінін алдын ала болжаған еді, бірақ бұл қатерге қарсы
қолданарлық жас жігіттің қандай шарасы бар? Үрейлі күдік бірден
бірге анықталып шындыққа айнала түсті, мұның алдында Дик Сэнд
көз жұмып тізе бүгуге тиіс емес. «Пилигримнің» он бес жасар
капитаны, қауіпті жағдай төнген минутта басшылықтың қиын
міндетін өз мойнына тағы алуы керек болды. Бірақ Дик Сэнд
кішкентай Джектің бейшара анасын күні бұрын абыржытқысы
келмеді, уақиға шындыққа шыққан кезде оған бәрін де айтып
үлгерермін деп ойлады. Ол тіптен сай ішінен кішкене отрядтың
жолын бөгеген орасан ірі бірнеше хайуандар көргенін де айтпаған.
Ол «Гиппопотам! Гиппопотам»75 — деп айқайлағысы келген еді.
Бірақ үндеген жоқ. Дик Сэнд жүз қадамдай отрядтың алдында келе
жатқан. Бұл мыртық аяқты, үлкен басты, ауызы орасан үлкен,
ақсиған тістерінің ұзындығы бір фут келетін дембелше хайуанды
бұл арада Диктен басқа ешкім көрмеген-ді.
Америкада гиппопотам болғаны ма?!
Отряд кешке шейін алға басумен болды. Ең төзімді дегендер де
қалжырайын деді. Мегзеген жерге жететін уақыт болды! Немесе
тоқтап қону керек.
Барлық ынта-жігері кішкентай Джектің қамында болып, миссис
Уэлдон өзінің шаршағанын да сезбесе керек, бірақ әбден қалжырап
біткен еді. Басқа жолаушылардың да халдері онша мақтарлық емес.
Мойығандыққа бойсұнбаған тек жалғыз Дик қана, бар жігерін, бар
қайратын өз борышын өтеуге сарықты.
Түстен кейін сағат алтының кезінде, Том қарт шөп арасынан бір
түрлі өрескел зат тауып алды. Бұл жалпақ соғылған, түрі жаман,
қайқы жүзді, піл сүйегінен жасалған жуан сабына тұрпайы өрнек
салынған селебе пышақ еді.
Том қарт пышақты алып, Дикке әкеліп көрсетті. Бұл олжаны
жасөспірім мұқият көріп болды да, сосын американға берді.
— Сірә, жергілікті халықтар алыс болмаса керек,— деді ол.
— Шынында да,— деп жауап қатты Гэррис.— Бірақ...
— Бірақ?—деп Сэнд тіп-тіке Гэрристің көзіне қадала қарап,
оның сөзін қайталады.
— Біз ендігі гациендке жетуіміз керек еді,— деді Гэррис
қипақтай сөйлеп.— Бірақ мен жерді жете таныңқырамай тұрмын...
— Сіз әлде адасқан боларсыз? — деді Дик жұлып алғандай.
— Адасу? Жоқ. Гациенд үш мильден әрі болмауға тиіс. Жолды
қысқарту үшін мен орман аралап төтелеп жүрдім ғой... Мен
жаңылған екенмін...
— Ықтимал,— деді Дик Сэнд.
— Мен жалғыз барып алдыңғы жақты шолып келсем деймін, ең
дұрысы осы болар,— деді Гэррис.
— Жоқ, мистер Гэррис,— деп Дик Сэнд кесіп айтты,
бөлінбеуіміз керек.
— Ықтиярыңыз білсін,— деді американ.— Бірақ есіңізде
болсын, мен түн ішінде жол таба алмаймын.
— Несі бар! — деді Дик Сэнд.— Бүгінше осы араға қона
кетерміз. Бір түн ашық ауада жатып шығуға миссис Уэлдон да
қарсылық ете қоймас, ертең күн шығысымен жүріп кетерміз. Ендігі
қалған екі-үш мильді бір сағатта алуға болады.
— Мақұл,— деді Гэррис.
Нақ осы сәтте Динго өршелене абалап қоя берді.
— Кейін, Динго, кейін! — деп айқайлады Дик Сэнд.- Маңайда
ешкім жоғын өзің де жақсы білесің, біз елсіз жердеміз ғой!
Сөйтіп, ақырғы кешті тоғай ішіне түнеп өткізуге ұйғарылды.
Миссис Уэлдон қай жерге қонудың билігін жолдастарына
тапсырды да, өзі тіс жарып үндеген жоқ. Безгегі басылған соң
ұйықтап қалған Джек анасының қолында жатыр еді. Жолаушылар
қос тігетін жұрт іздей бастады.
Дик Сэнд қолайлы болар деп шоғырлана өскен бірнеше ірі
ағаштарды көрсетті. Том қарт соған қарай жүре түсті де, кенет
айқайлап жіберді.
— Мынаны қара! Мынаны қарашы.
— Немене, Том? — деп сұрады Дик байсалды үнмен, төтеннен
тап бола кеткен нендей жағдай болса да қарсы тұруға әзір кісіше.
— Ана жерде, ана жерде...— деп міңгірледі Том,— қанның дағы
бар... кесілген қол...
Дик Сэнд Том көрсеткен ағашқа қарай тұра жүгірді. Томның
көрген затын көрді де, қайтып келіп:
— Үніңді шығара көрме, Том! Ешкімге айтушы болма!..— деді.
Жерде адамның кесіп тастаған қолдары, оның қасында
шынжырдың үзігі мен сынып қалған ағаш бұғау жатыр екен.76
Бір жақсы жері, мына сұмдық көріністі миссис Уэлдон көрмей
қалған еді.
Гэррис бір жақ шетте тұрған. Егер осы сәтте американның түрін
көлденең біреу көрсе, оның кенет өзгеріп кеткендігіне таң қалар
еді: Гэрристің бетінен мейрімсіз қаталдықтың жалыны шашырап
тұрған.
Динго қан мен сүйек жатқан жерге барып ызалана ырылдады.
Итті жасөспірім әрең қуып жіберді. Том қарт тырп етпестен
сілейіп тұр, оның аяғы жерге жабысып қалған тәрізді. Жерде
жатқан шынжыр мен бұғаудан көз айырмай, түсініксіз бірдеңелерді
айтып міңгірлей береді.
— Мен мұны көргенмін... білемін... бала шағымда... шынжырды
көргенмін... ағаш бұғауды да...
— Үндей көрмеңіз, Том! — деді Дик Сэнд.— Миссис Уэлдон
үшін үндей көрмеңіз!..
Бала жігіт, қарт негрді бір жақ шетке әкетуге асықты.
Отрядты басқа жерге көшіріп қондырды. Кәрі Нан ас әкеліп еді,
бірақ адамдардың шаршап қажығандығы аштықтан басым болып,
ешқайсысы асқа қол созбады. Аяқ астынан тап бола кететін үрейлі
лаңның жуықтап қалғанын сезген тәрізді, бәрінің де дегбірі кете
бастады.
Іңір қараңғысы тез қоюланып, көп кешікпей түн болды
Нөсердің қалың қара бұлты аспанды торлап, батыс жақтан,
көкжиектің қиыр шетіндегі найзағайдың жарқылдаған жарығы
төбені бүркеп тұрған ағаш бұтағының саңлауынан жылтылдап
көрінеді. Жел де басылған, ағаш жапырақтарының бірде-бірі желп
етпейді. Күндізгі шаң-шұң тыныштыққа ауысқан. Қою ауа
электрмен суарылып дыбыс өткізбестей зілдене түскен тәрізді.
Дик Сэнд, Бат пен Остин — үшеуі бірдей күзетте тұрды. Олар
ешбір сезікті сыбыстарды қапы жібермеу үшін құлақтарын түріп,
көздері талғанша қараңғылыққа тесіле қарасты. Бірақ түн
тыныштығы мен түн қараңғылығын ешнәрсе бұзған жоқ.
Том қарт күзеттен бос еді, сонда да болса ұйықтамады. Басын
төмен салып, тырп етпестен қалың ойға шомып, өткен күндерін
есіне түсіріп отыр. Ойда жоқта төбеден тиген соққыдан қарт негр
әлі айыға алмаған сияқты.
Миссис Уэлдонның бар ойы тек қана бөбегінде болып баласын
тербетті де отырды.
Бұлардың ішінде тыныш ұйықтаған тек қана Бенедикт ағай.
Ешқандай жамандық деген оның ойына кіріп те шықпайды.
Түнгі сағат он бірдің кезінде, алыстан соза өкірген бір қаһарлы
дауыс естілді, іле-шала ұлыған жіңішке дауыс тағы шықты.
Том қарт ұшып тұра келді де, өздерінің қонып жатқан жерінен
бір мильдей қашықтағы қалың жынысқа қарай қолын созды.
Дик Сэнд қарт негрдің қолын ұстай алды, бірақ Томның
айқайлап жіберуіне кедергі жасауға үлгірмеді.
— Арыстан! Арыстан!
Қарт негр өзінің жас кезінде арыстанның ақырғанын талай рет
естіген болатын, өзінің бұрынғы естіген дауысын қазір де танып
тұр...
— Арыстан! — деп қайталады ол.
Диктің шыдамы таусылды. Пышағын суырып алып Гэррис
жатқан жаққа қарай тұра жүгірді.
Американ жатқан жерінде жоқ боп шықты. Өзімен бірге оның
аты да ғайып болған.
Дик Сэнд өзінің Гэрриске деген сезікті ойының шынға
айналғанын біле қойды...
Отряд мүлдем басқа жерде!
«Пилигрим» Оңтүстік Америка жағалауында қирамаған!
«Пилигримнің» мұхит ортасындағы жанай өткен арал, Пасхи
аралы емес! Басқа арал!
Компас дұрыс бағыт көрсетпеген, бұзылған болды.
Кеме дауылдың ықпалына беріліп, бет алған бағытынан адасып
басқа жаққа лағып кеткен...
«Пилигрим» Горн мүйісін айналып өтіп, Тынық мұхиттан
Атлант мұхитына келіп түсіпті.
«Пилигримнің» жүріс тездігі қате есептелген, өйткені оның
жүрісін дауыл екі есеге жеткізген еді.
Сөйтіп, теңіз жағалауынан немесе орман арасынан
жолаушыларға хин ағашы, не каучук ағашы кездеспеу себебі де осы
еді. Хин ағашы Оңтүстік Америкада болады, бірақ жолаушылардың
қазіргі жүрген жері Атакама сахарасы да, Боливия пампастары да
емес, мүлде басқа жер.
Диктің көргені түйеқұс емес, керік екенінде күмән жоқ! Бұта
арасындағы жол, пілдер жүріп өткен сүрлеу болатын! Ықтың жыра
ішінен көргені гиппопотам. Бенедикт ағайдың ұстаған шыбыны
Африкада болатын цеце деген аса қауіпті улы шыбын, оның
шаққанынан бір керуен түйе тұтас қырылады.
Түн қараңғысын жара ақырған арыстан болатын!
Ал, ағаш бұғау, шынжыр, түрі жаман пышақ — құл
саудагерлерінің қаруы еді. Кесіліп қалған қол еріксіз қара
адамдардың қолы.
Португал Негоро мен американ Гэррис — бұл екеуі сыбайлас
адамдар болатын!
Ақырында Диктің жорамалдауы шынға айналып, оның аузынан
жан түршігерлік сөз шықты:
— Африка! Экваторлық Африка! Құл саудасы мен еріксіздер
елі!
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Бірінші тарау
ҚҰЛ САУДАСЫ
Құл саудасы! Бұл үрейлі сөздің не сөз екендігі және оның
адамзат тілінде орны болмауға тиістігі жұртқа мәлім!
Мұхиттың ар жағында отар елдері бар европалық ұлттар, мына
сияқты масқаралық адам саудасынан мол пайда түсіріп, бұл
саудамен ұзақ уақыт шұғылдануда. Құл саудасына тыйым
салынғанына көп болды, дегенмен көп жерлерде етек алып, әсіресе
Орталық Африкада күні бүгінге дейін77 дәуір сүруде.
Оның үстіне XIX ғасырдың орта кезінде өздерін мәдениеттіміз
деп атайтын кейбір мемлекеттер адам саудасына тыйым салу
жөніндегі актіге қолдарын қоюдан бас тартты.
Көп адамдар, құл саудасына, былай айтқанда адамды сатуға
немесе сатып алуға әлдеқашан тыйым салынған деп шамалайды.
Дұрыс емес! Біздің заманымызда, жер шарының бір бөлегін
қаңыратып елсіз қалдыру қаупін төндіріп адам аулау ісінің қалай
жүргізілгенін осы кітаптың екінші бөлімінде әңгіме етеміз.
Бірсыпыра отар елдерге тегін жұмыскер күшін жеткізу үшін нендей
айуандық шабуылдар жасалғанын, шапқыншылық кезінде бір
қыстақтың түгелдей өртеніп күлі көкке ұшқанын, қаншама қан
төгілгенін және одан пайда түсіргенін оқушылар нақты түсіне
алады.
Негрлерден адам ұстап алып соларды сатып сауда ету XV
ғасырда басталған. Ол сұмдық мына жағдайдан шыққан:
Испаниядан қуғын көрген маврлар бұғаздың78 арғы бетіне —
Африка жағалауына барып мекендейді. Ол уақытта бұл жағалауды
португалдар билейтін-ді, олар қашып барған маврларға орасан
қатты қысым көрсеткен. Қудалаушылар қашқындардың
бірсыпырасын қолға түсіріп, Португалияға қайта апарған.
Тұтқындар құлға айналады. Бұлар біздің жыл санауымыз басталған
соң Батыс Европадағы алғашқы африкандық құлдар еді.
Бірақ тұтқын маврлардың көпшілігі ауқатты адамдарды,
бұлардың дәулетті туыстары өздерінің тұтқын бауырларын сатып
алуға әрекет жасап, португалдарға толып жатқан алтындар
тыққылайды. Бірақ португалдар шетел алтындарын қайда апармақ?
Оларға, жаңа өсіп келе жатқан отар елдерінде жұмыс істеу үшін
жұмыскер күші керек. Қысқасын айтқанда, Португалияға алтын
емес, құл керек болды.
Тұтқындағы туыстарын сатып ала алмасына көздері жеткен
маврлар, енді африкалық негрлерге айырбас жасауды ұсынады,
маврлар үшін негрлерді қолға түсіру қиын емес, бір тұтқын маврға
бірнеше негр берулері керек. Бұл ұсыныс португалдарға тиімді еді,
сондықтан олар бұл ұсынысты қабылдады. Сөйтіп, Европадағы құл
саудасының басы осылай басталған.
XVI ғасырдың ақырында бұл жексұрын сауда орасан зор етек
алды. Тіптен сол уақыттағы әулиесінген адамдардың өздері де бұл
істі күнә деп есептемейді. Өздерінің Жаңа дүниедегі шалғай жатқан
иеліктерін отарға тез айналдырудың бірден-бір құралы екенін біліп,
бүкіл мемлекет болып құл саудасына қамқорлық жасады.
Европалықтар көндіге алмай мың-мыңдап қырылып жатқан
тропиктік ыстықтарға төзіп қара құлдар жұмыс істеді. Сондықтан
да арнаулы кемелер үздіксіз қатынап, американ отарларына топ-
тобымен негр — құлдар тасумен болды. Халықаралық адам
саудасы ұлғая түсті, көп кешікпей африкалық жағалауларда
агенттер пайда болды. «Товар» өз жерінде өте арзан және қыруар
пайда келтірді.
Адал ниетті адамдардың көбісі адам саудасына наразылық
жариялап, үн көтерді. Олар европалық үкіметтерден негр саудасына
тыйым салатын заң шығаруды адамгершілік атынан талап етті.
1751 жылғы аболиционистік79 қозғалысты квакерлер80 бастады.
Бұл уақиға Солтүстік Американың өзінде, Оңтүстікті Солтүстік
американ одағынан бөлу жөніндегі көтерілген соғыстан жүз жыл
кейін болған, негрлерге бостандық беру мәселесі де ол соғыстың
басталуына сылтау болып еді.
Американың солтүстігіндегі төрт штаты — Виргиния,
Коннектикут, Массачузетс, Пенсильвания — құлдық жойылды деп
жариялап, өздерінің қара нәсілді еріксіздеріне бостандық берді.
Квакерлер бастаған қозғалыс Жаңа дүниенің солтүстік бірнеше
штаттарын қамтып қана қоймай, Атлант мұхитының арғы бетіне де
әсерін тигізді, әсіресе Англия мен Францияда құлдықты
жақтаушыларға қарсы шабуыл күшейді.
1807 жылы Англия өз отарларына құл саудасына тыйым салды.
Франция Англиядан үлгі алып, 1814 жылы құл саудасын жойып заң
шығарды. Құдіретті екі ұлт өзара келісіп шарт жасасып оны Жүз
күн дәурен81 кезінде Наполеон бекіткен-ді.
Бірақ та бұл шарт орындалған жоқ. Құл саудагерлерінің
кемелері теңіз бетін тоқтаусыз шарлап қатынай берді, олар «қара
ағаш» деп аталған жүктерін апарып отар елдердің порттарына
түсіре берді.
Бұл зұлымдықты жеңу үшін басқаша бір шешуші шара қолдану
керек болды. Құрама Штаттар 1820 жылы, Англия 1824 жылы құл
саудасын пираттыққа теңеп, пираттарға қолданылған жаза құл
саудасымен шұғылданған саудагерлерге де қолданылады деп
жариялады. Демек құл саудасымен қолға түскендер тоқтаусыз өлім
жазасына тартылады деген сөз. Бұл шартқа көп кешікпей Франция
да қосылды. Бірақ оңтүстік американ штаттарының, Испания мен
Португалияның отарлары құл саудасын тыю жөніндегі шартқа қол
қоюдан бас тартты. Олар кемелерді «бақылау правосы»
халықаралық право болып танылғанына қарамастан, қара нәсілді
еріксіздер саудасын тоқтатпай жүргізе берді. Демек, бұл
бақылаудың бітіретін жұмысы, әдеттегіше, сезікті кемелердің
документтерін тексеруден әрі аспайтын болды.
Жаңа заңның күші тек жаңадан құл иемденушілерге ғана жетті.
Өйткені жаңа заң жаңадан құл иемденуді ғана тыйды, ал бұрынғы
құлдарға бостандық бермеген-ді. Ескі құлдар бұрынғы құл күйінде
қала берді.
Ақырында Британияға қарасты отар елдердегі бүкіл негр
біткенді азат ету туралы 1833 жылы 14 майда заң шығарылды,
сөйтіп 1838 жылдың август айында алты жүз жетпіс мың қара
нәсілді еріксіздер бостандық алды.
Арада он жыл өткен соң 1848 жылы француз республикасы
өзіне қарасты отар елдердегі негрлерге азаттық беріп, небәрі екі
жүз алпыс мың құл азат болды.
Америка Құрама Штаттарының президенті Линкольн 1862
жылы барлық жердегі негрлерге бостандық беру туралы заң
шығарды, оңтүстіктегілер арасындағы соғыс аяқталған соң,
Солтүстік Америкадағы бүкіл негрлер азаттық алып, еркін халық
қатарына қосылды.
Құл саудасы осы күні Испания мен Португалияға қарасты отар
елдерде, шығыста, түрік пен арапта ғана82 бар. Бразилия өзінің ескі
құлдарына азаттық бермеді, бірақ жаңадан құл сатып алып
иемденуге тыйым салды, құл негрлерден ендігі туған балалар азат
болып, еркін халық қатарына енетін болды.
Африканың ішкі өлкелерінде қан төгіскен соғыс тоқтаған емес.
Жергілікті халықтың көсемдері адам аулау кәсібін тоқтатпастан
жүргізе берді, өзара соғыстың нәтижесінде бүтіндей бір рулы ел
құлдыққа айналып жүрді.
Еріксіздер тиелген кеме керуені екі жаққа бірдей ұдайы ерсілі-
қарсылы ағылды да жатты. Бірінші керуеннің жолы батысқа,
Португалия отары Анголға қарай бет алса, екінші керуеннің жолы
шығысқа, Мозамбикке қарай тартатын. Керуеннің жетіп тоқтайтын
жеріне бақытсыздыққа ұшыраған еріксіздердің шамалы ғана тобы
тірі жетіп жүрді. Ол арасын еріксіздердің кейбіреулерін Куба
аралына, біреулерін Мадагаскарға, енді біреулерін арабтың немесе
түріктің Азиядағы провинциясы Меккеге немесе Маскатқа
жөнелтіп тұрды.
Күзетші кемелер бұл саудаға кедергі бола алмады: ұзыннан-ұзақ
көсіліп жатқан теңіз жағалауын қырағы бақылауды жолға қою
қиынға соқты.
Адамның аза бойы тік тұратын амад экспорты саудасының өрісі
соншалықты кең болғаны ма? — деген сауал туады.
Ие, өте кең! Шағындап айтқанда жағалауға ең кемі сексен мың
құл түсіріледі, бұларды тек ұрып-соғудан тірі қалған оннан бір
бөлегі ғана деуге болады.
Жан түршігерлік адам қасабы болған жерде тапталып қыртысы
айналған жермен, қирап, өртеніп түтіні аспанға будақтап жатқан
иесіз қыстақты ғана көресіз. Адам денелері өзен бетінде қалқып
ағып бара жатады, иесіз қалған жерді жабайы аңдар иеленеді.
Ливингстон, қан төгіп адам аулаушылардың ізімен келе жатып,
бұдан бірнеше ай бұрын өзі келіп кеткен провинцияны танымай
қалыпты. Оның бұл көргендерін басқа саяхатшылар да дұрыстайды.
Орталық Африканың орманды тауларындағы адам аулаудың бас
аренасы болған аудандарды аралаған Грант, Спик, Бертон, Камерон
мен Стенли де осындай сұмдықтарды өз көздерімен көрген.
Үлкен Көл өлкесіндегі аудандардың да сиқы осындай, құлдыққа
сату үшін адам аулап шапқыншылық жасап қырып-жоюдың
нәтижесінде кең байтақ өлкенің адамы таусылып, қаңырап қалған
аудандары да бар, онда көз тартарлық бірде бір қыстақ жоқ, бұл
өлке Занзибар базарына, Кук пен Феццанға, оңтүстіктегі Ньяссаға,
Замбези жағалауларына, батыстағы Заирдың жоғарғы аудандарына
«қара товарлар» жеткізіп тұрады. Стенли бұл жерлерден талай рет
жүріп өткен болатын-ды.
Құл саудасы, Африкада қара нәсілдер тұқымы біткенде ғана
жойыла ма? Австралияның жергілікті халқы83 душар болған
тағдырға, шынымен-ақ африкалық негрлер де ұшырай ма?
Үстіміздегі он тоғызыншы ғасырдың төрттен үш бөлегі өткен
шақта да адам саудасы кеміген жоқ, қайта өрши түсуде.
Африкада адам саудасына бүйрегі бұрып, жол беріп отырған
ондағы Европа мемлекеттері өкілдерінің арсыздығы туралы
үндемей отыра беру мүмкін емес. Олар бұл сұмдықты ашықтан-
ашық өздері жасап отыр. Бақылаушы кемелер Атлант мұхиты мен
Индия мұхитының африкалық жағалауын ұзына бойға кезіп
жүргенде ел ішіндегі адам саудасы европалық чиновниктердің көз
алдында емін-еркін өрістей берді. Бұл жерден еріксіздер тиелген
кеме керуендері бірінің соңынан бірі ағылып кетіп жатады, адам
қасабы алдын ала белгіленген мерзім бойынша жүргізіліп, қырғын
үстінде әрбір он негрдің біреуін құлдыққа көндіру үшін тоғызы
өлтіріледі.
Бұл жағдай Африкада осы күні де бар.
Енді Диктің соншама үрейлене айқайлап:
— Африка! Экваторлық Африка! Африка құл саудасы мен
еріксіздер елі! — деп неліктен айтқаны толығынан түсінікті болар.
Бала жігіт қателескен жоқ-ты.
Бұл жер шынында да Диктің өзіне де, оның жолдастарына да
сан жеткісіз қауіп-қатер төндірген үрейлі Африка еді.
Бірақ та жұмбақ жағдай бұларды осы континенттің қай бөлегіне
әкеліп тастады? Батыс жағы екендігінде күмән жоқ, жағдай қиынға
айналды. «Пилигримнің» апатқа ұшыраған жері Ангола жағалауы,
экваторлық Африканың ішкі өлкелерінен шыққан құл
саудагерлерінің керуендері осы арадан өтеді.
Шынында да бұл Ангола жағалауы, бірнеше жылды сарп етіп
Камерон оңтүстікке, Стенли солтүстікке қарай адам айтқысыз
қиыншылықпен өткен Африканың ең қайырсыз жері еді.
Бенгуэлли, Конго, Ангола — үш провинцияны қамтыған бұл байтақ
жердің ол кезде зерттелгені тек теңіз жағалауы ғана. Бұл алқаптың
оңтүстік жағы Кунен өзенінен басталып, солтүстік жағы Заирға
барып ұштасатын. Бұл жағалауда халық мекендеген аса маңызды
екі-ақ пункт бар, бұлар кеме тоқтайтын порт болып саналады.
Мұның бірі Бенгуэлла, екіншісі Сан-Паоло де-Лоанд. Соңғысы
Португалияға тәуелді отар елдің астанасы. Материктің экваторлық
бөлімінің ішкі өлкелері ол кезде зерттелмеді деуге боларлық еді.
Бұл араның ішкі аудандарына баруға тәуекел еткен саяхатшылар
кем де кем. Ол әрі сыз, әрі ыстық, безгек ауруының етек алған жері;
онда сол жақтың жабайы халықтары мекендейді, бұлардың
бірсыпырасы осы күнге дейін кісі етін жейді, ондағы өзара ру
соғысы ешқашан тыйылған емес, Экваторлық Африканың аса
қауіпті өлкелерінің бірі Анголаның түрі міне осындай-ды.
Тюккей деген бір саяхатшы 1816 жылы Иеллала
сарқырамасының аржағындағы Конго өзенін жоғары өрлеп жүрген.
Бірақ ол екі жүз мильден әрі бара алмаған. Бұл шағын
экспедицияның ол елді әбден зерттеуге мүмкіндігі болмады, оның
үстіне бұл сапарда көп адамдарынан айрылды.
Содан кейін отыз жеті жылдан соң доктор Ливингстон Ізгі Үміт
мүйісінен шығып Замбези өзенінің басына дейін барыпты. 1853
жылы ноябрь айында ол арадан шығып, ешкімнің қолынан
келмейтін асқан батылдық етіп, Африканы оңтүстігінен солтүстік
батысына қарай кесіп өткен, сөйтіп Конго өзенінің бір тарауы
Куанго өзенінен өтіп, 1854 жылы 31 майда Сан-Паоло де-Лоандка
келген. Португалия отарының кең байтақ зерттелмеген жеріне
Ливингстон алғаш рет қадам басты.
Арада он сегіз жыл өткен соң екі ержүрек саяхатшы Африканы
шығыстан батысқа қарай кесіп өткен. Олар құлақ естіп көз
көрмеген кедергілерді жеңе отырып, екеуі де Ангола жағалауына
шыққан (біреуі Анголаның оңтүстігінен, екіншісі солтүстігінен).
Бұл арамен тұңғыш рет ағылшын флотының лейтенанты Верней
Камерон жүріп өткен. 1872 жылы Ливингстонды іздете жіберілген
американ Стенлидің отряды Үлкен Көл өлкесінде апат болыпты
деген болжал хабар таралады. Лейтенант Камерон, Стенлидің
соңынан барамын деп өзі тілек білдіреді. Оның тілегі қабыл
алынған. Камерон Занлибардан шығып жол тартады.
Доктор Дильон, лейтенант Сесиль Мерфи, Ливингстонның
Роберт Моффа деген бір немересі Камеронмен бірге аттанады.
Угогодан өте бергенде, Ливингстонның сүйегін әкеле жатқан
адамдар бұларға қарсы ұшырайды, өзінің адал ниетті қызметкерлері
Ливингстонның сүйегін шығыс жағалауға әкеле жатыр екен.
Сонда да болса Камерон бет алған сапарынан қайтпай ілгері
қарай жүре берген. Оның көздеген мақсаты, қайткен күнде де
мұхиттан мұхитқа бару үшін материкті кесіп өту еді. Унианслиб,
Угунда арқылы жүріп Какуэлге жетіп, Ливингстонның күнделік
дәптерін тауыпты.
Камерон Танганьика көлін кесіп өтіп, Бамбар тауынан асып
Луалаба өзенінен де өткен. Сосын ол жуықта ғана болып кеткен құл
саудагерлерінің шабуылы нәтижесінде, адамдары қырылып иесіз
қалған Килембу, Уруа, Ломанның жоғарғы жағы, Улуд пен Ловал
өлкелеріне барды. Гэрристің Дик Сэнд пен оның жолдастарың
адастырып апарған Куанзаның ит мұрны өткісіз қалың орманын да
кесіп өтті ол. Сөйтіп, жігерлі лейтенант ақырында Атлант
мұхитының толқынын да көрді. Занзибардан шығып Бенгуэлладағы
Сан-Филиппеге жету үшін үш жыл төрт айға созылған ұзақ сапар
Камеронның екі жолдасы — доктор Дильон мен Роберт Маффаның
басын жұтты.
Американ Генри Стенли көп кешікпей жаңалық ашуды
ағылшын Камеронның орнын басты. Ливингстонды іздеп шыққан
Американың «Нью-Йорк Геральд» газетінің бұл ержүрек тілшісі
іздеген адамын 1871 жылы 30 октябрьде Танганьика көлінің
жағалауындағы Уджуджиден тапқаны мәлім. Стенли Луалаба
жағалауын толық зерттеуді бірнеше жыл кейінге қалдыруға
ұйғарып, бұл сапарында тек үстіртін ғана танысып өтуіне тура
келді. Стенли 1874 жылы Багамодан шығып, шығыс жағалауға енді
ғана бет алған кезде, Камерон Орталық Африканың ну
ормандарының бірсыпырасын аралап та үлгірген-ді. Сосын бір жыл
тоғыз айдан кейін 1876 жылы 24 августа, халқы шешектен
қырылып иесіз қалған Уджуджиден шығып, жетпіс төрт күн жол
жүрген соң, өзінен бұрын Ливингстон мен Камерон соғып өткен
жерге, еріксіздер базарының ең зоры Ньянгвиге жеткен.
Стенли Ньянгвиде болған кезінде Занзибар сұлтанының отряды
Марунгу мен Маниуэм өлкелеріне жасаған қырғын
шапқыншылығын өз көзімен көрген.
Стенли осы арадан Луалаба өзенінің жағалауын зерттеп, өзеннің
сағасына дейін баруға ұйғарған. Стенлидің экспедициясында
Ньянгвиден жалдап алған 140 адам жүк көтеруші және он тоғыз
қайық барды. Оның отряды қадам басып шығысымен-ақ Оугусудың
адам жегіш жабайыларымен шайқасып қалған. Өзеннің адам өте
алмайтын жерлерінен айналып өтетін шақтарда қайықтарын сүйреп
жүрген. Экваторда, Луалабаның солтүстік-шығысқа қарай
бұрылған жерінде, елу төрт қайыққа лық тола тиелген жергілікті
халықтар Стенлидің кішкене флотына бас салып шабуыл жасайды.
Бірақ ержүрек зерттеуші дұшпанының шабуылына тойтарыс беріп,
оларды қашуға мәжбүр еткен.
Сосын Стенли солтүстік ендіктің екінші градусына дейін өрлеп,
Луалаба — Заирдың бас жағы, былай айтқанда Конго сияқты өзен
екенін, Луалабаны бойлай жүрсе мұхитқа шығуға болатынын
анықтайды. Стенли осы жолды өзі қалап алды. Оған жолшыбай күн
сайын дерлік, жағалау халқының шабуылына тойтарыс беріп
отыруына тура келді. 1877 жылы июньнің үші күні Массастың екі
беті шың таспен қыспақталған жерлерден өткен кезде, Стенлидің
бір жолдасы қаза тапты. Июньнің он сегізі күні Стенлидің қайығын
ағыс айдап апарып тұп-тура Мбело сарқырамасына түсіреді,
Стенлидің өзі өлім тырнағынан әрең құтылған.
Генри Стенли ақырында августың алтысы күні мұхит
жағалауынан төрт күндік жердегі Ни-Санд қыстағына жетеді. Ол
екі күннен соң Банца-Мбукске барған. Бұл арада экспедицияға
жіберілген азық-түлік, қару-жарақтар күтіп жатқан-ды. Ақыр
соңында Стенлидің экспедициясы теңіз жағалауындағы Бома деген
бір кішкене ғана қаласымаққа тоқтап дем алуға ұйғарады. Африка
материгін кесіп өту сапарындағы қиыншылық уылжыған жас
жігітті жасына жеткізбей-ақ қартайтып жіберді (ол әлі отыз беске
де жетпеген-ді). Бұл сапар Стенлидің екі жыл тоғыз ай уақытын
алды, бірақ Луалаба өзенін сағасына дейін зерттеп шықты. Енді
Африканың солтүстігіндегі бас күре тамыры Ниль дариясымен,
шығыс жағындағы суының молдығы мен арна кеңдігі жағынан
дүние жүзінде екінші орын алатын ұзындығы төрт мың екі жүз
километр Луалаба өзені барлығы анықталды. Бұл өзен жер
ыңғайына қарай Луалаба, Заир, Конго деп түрліше аталады да,
Үлкен Көл аймағын Атлант мұхитымен ұштастырады.
Стенли мен Камеронның экспедициясы Анголаның солтүстігі
мен оңтүстік шекарасын бойлай жүрді. «Пилигрим» мұхитқа
ұшыраған уақытта, яғни 1873 жылы бұл өлкенің жері әлі
зерттелмеді деуге боларлық еді. Бар болғаны батыс жақтағы
еріксіздер базарының ең үлкені Ангола, құл саудасының
орталықтары Вихо, Кассанго мен Казонде ғана екені мәлім болған.
Сөйтіп, американ Гэррис Дикті және қиын жағдайға
көндікпеген жас әйелді, бейшара ананың безгектен өлгелі жүрген
бөбегін көрген бойда-ақ құл саудагерінің ашкөздік аранын ашатын
бес негрді мұхит жағалауынан жүз миль алыстатып, үңірейген
көрдей боп қурап жатқан жерге адастырып әкелген-ді.
Иә, бұл Оңтүстік Америка емес, Африка, егер апатқа
ұшырағандар Оңтүстік Америкада болса, оларға жергілікті
халықтар да, жабайы аңдар да тіптен ayа райы да қорқынышты
қауіп төндіре алмас еді, мұхит жағалауы мен Анд бөктерінің
аралығында сансыз халық орналасқан шұрайлы жер жұмағы бар,
оған кез болған әрбір саяхатшы тоқтап дем аларлық жай таба
алады. Апатқа ұшырағандар Перу мен Боливияның бұл сияқты
тамаша жерінен өте алыстап кетті, егер арам ниетті сұмның қолы
кеме бағытын басқа жаққа бұрмаған болса, «Пилигримді» дауыл
айдап сол меймандос жерге апарып тастауы сөзсіз еді.
Бірақ «Пилигримнің» келіп жығылған жері Африка. Бұл нағыз
үрейлі Анголаның өзі, оның қараңғы түкпіріне, құл
айдаушылардың шыбыртқылары шартылдап құлдар керуені
шұбырып жатқан үрейлі жеріне, тіптен Португалия өкіметінің
отаршылдары да барып көрмеген.
Негороның опасыздығы еріксіз айдап келтірген бұл жер туралы
Дик Сэнд не біледі? Оның білетіні өте аз. Ол XVI— XVII
ғасырлардағы миссионерлердің84 жазып қалдырғандарын оқыған,
Сан-Паоло де-Лоандтан шығып Заирды бойлай жүрген португал
саудагерлерінің саяхаттары туралы оқыған. Ақырында доктор
Ливингстонның 1853 жылғы зерттеу сапарына жазған есепті
баяндамасымен танысқан. Жүрексіз қорқақ адамдардың үрейін
алуға осы сияқты аз мәліметтің өзі-ақ жеткілікті.
Шынында да жағдай өте нашар еді.
Екінші тарау
ГЭРРИС ПЕН НЕГОРО
Дик Сэнд бастаған кішкене отрядтың қонып жатқан жерінен үш
мильдей қашық тоғай ішінде екі адам кездесе кетті. Олар — Гэррис
пен Негоро қалың өскен папирус өсімдігінің арасымен бұраңдай
аққан ағысы қатты бір жыраның кемеріндегі жуан ағаштың түбіне
келіп отырды.
Бұл екеуі біріне бірінің кездесіп тұрғаны осы ғана, енді олар
соңғы шақтардағы бастарынан кешірген уақиғаларын әңгіме ете
бастады.
— Сөйтіп Гэррис,— деді Негоро,— «капитан» Сэндтің отрядын
әлде де болса Анголаның алыс түкпіріне таман алыстата түсуіңе
мүмкіндік болмады ма? Өздері сол он бес жасар баланы осылай
атайды ғой.
— Жоқ, достым,— деп жауап қатты Гэррис.— Оларды амалдап
жағалаудан кем дегенде жүз миль алыстатып әкеттім, бұған да
шүкірлік ету керек! Соңғы күндерде менің «жас достым» Дик Сэнд
менен көзін айырмайтын болды. Оның маған деген күдігі ақиқатқа
айнала бастады. Рас айтам!..
— Енді бір жүз миль жүрсе болғаны,— деп Негоро Гэрристің
сөзін бөлді,— бұл адамдар біздің қолға түсуінде сөз жоқ еді.
Дегенмен бұлардан айрылып қалмауға былай да тырысып
бағармыз.
Гэррис иығын қозғап бүлк еткізді.
— Олар қайда барар дейсің? — деді ол.— Негоро, мен өз қара
басымды олардың арасынан зорға алып шықтым, нені атып
тастағысы келгенін «жас достымның» көз қарасынан әлде неше рет
ұққаным бар, ал енді мылтық дүкеніндегі бір фунт ақшаға он екі
түйірден берілетін алша сүйегі менің ішіме жақпайтынын айта
кетуім керек.
— Түсінікті,— деді Негоро.— Ол жігітпен менің де бір
есептесуім керек.
— Қайтсін, сенің енді қай жағынан болса да толық етіп тіптен
өсімімен төлей алатын мүмкіндігің бар ғой! Сапардың алғашқы
күндерінде Анголаны Атакама даласы деп сендіру маған
оншалықты қиынға соқпады. Өйткені, бір кезде менің ол жерде
болғаным бар-ды. Сосын кішкентай Джек «резинка ағашы» мен
шыбын торғайды көрсет деп әлек салды, оның шешесіне хин ағашы
керек болды, ал енді әлгі ұзынтұра ағайына бар керегі жалтырауық
қоңыз ғана. Шынымды айтайын, бар тапқырлығымды аямай сарып
қылдым. Бip күні керікті түйеқұс деп ем, иланды да қойды, керікті
түйеқұс деп нандырған соң, бұдан ары нендей қулық ойлап табуды
өзім де білмедім. Иә, айтпақшы піл ізіне кездескеннен былай «жас
достым» менің сөзіме иланбауға бейімденді. Қайдан пайда
болғанын кім білсін, мұның үстіне гиппопотам тап болмасы бар ма?
Адал адамдардың Бенгуэлладағы каторға түрмесінде жатуы қандай
орынсыз болса, Америкада гиппопотам мен піл болады деу сондай
өрескел, Негоро, сен бұған түсінесің ғой. Бұдан соң қарт негр бір
ағаштың түбінен шынжыр мен ағаш бұғау тауып алды, шамасы оны
қашқан еріксіздердің бірі қалдырып кетсе керек. Ақырында жақын
маңайдан арыстанның ақырған даусы естілді. Арыстанның
ақырғанын, мысықтың мияулағаны деп айта алмайтыныма өзің де
қосылатын боларсың! Менің ендігі бітірерім атқа міне салып қашу
ғана.
— Түсініп отырмын,— деді Негоро.— Дегенмен әлде де болса
бір жүз миль ілгері таман жүре түскені жақсы болар еді.
— Ей, достым, мен қолымнан келгенінің бәрін істеп болдым,—
деп Гэррис қабағын шытты. —Бір жақсы жері, сен бізден недәуір
қашық жүрдің. Сенің сол маңайда жүргеніңді олар сезген сияқты.
Онда Динго деген бір төбет бар... Сені оншалықты сүймейтін
сияқты. Сен оған не жамандық істеп едің?
Әзірге түк те істегенім жоқ,— деді Негоро,— бірақ мен оның
көп кешікпей сыбағасын беремін!
— Оқ жетерлік жақындасаң, сені Диктің өзі де сау жібере
қоймас деймін; расын айту керек қой, менің «жас достым» асқан
мерген. Өз қатарына қарағанда ол нағыз азамат.
— Әй, Гэррис-ай, ол қаншама ер болғанымен маған істеген
иттігінің сазайын тартпай қалмайды,— деді Негоро.
Португалдың өңі сұрланып бетінен қаталдықтың нышаны
көріне қалды.
Бір сәт үндемей отырысты, сосын американ тағы сөз бастады.
— Негоро,— деді ол,— кеме қираған жердің маңында біз
екеуміз ойламаған жерден кездесе кеттік қой, сондағы сенің маған
айтып үлгіргенің, мүмкіндігі болғанынша жолдастарымды
неғұрлым алысырақ әкете гөр деп өтінген едің. Бірақ сен соңғы екі
жыл ішінде өзіңнің не істеп, не қойғаның жайында тіс жарып
үндеген жоқсың. Ал екі жыл деген уақыт біздің өмірге аз мерзім
емес. Альвец қарттың еріксіздер керуенін бастап Кассангодан
кеткен күніңнен бері бүгінге дейін сен туралы ешбір хабар
естімедік. Расын айту керек қой, сені ағылшындардың күзетші
кемесіне ұшырап нашар жағдайға душар болды да, ақырында дарға
асылған шығар деп шамалаған едім.
— Гэррис достым, менің тағдырым осылай тынудың аз-ақ
алдында қалды.
— Оқасы жоқ, бәрібір, дардан өзің де қашып құтыла алмайсың
ғой.
— Рақмет!
— Қайтерсің,— деп жауап қатты Гэррис философиялай
сөйлеп.— Біздің кәсібіміз бұлтарғысыз бip тәуекел ғой. Африка
жағалауында құл саудасымен шұғылданушыларға өз
төсегінде жатып тыныш өлу бұйыра қоймас деймін, осыған
мойынсұну керек. Демек сен ұсталған екенсің ғой?
— Иә, ұсталып едім,
— Ағылшындарға ма?
— Жоқ, португалдарға.
— Жүкті өткізбей тұрып па, әлде өткізіп болған соң ба?
— Өткізіп болған соң,— деп жауап қатты Негоро шамалы
қобалжи түсіп.— Португалдар өздері құл саудасынан әбден байып
алып, енді оған қарсы болғанси қалыпты. Біреулер мені білдірсе
керек. Менің ізіме түсіп, ақыры ұстады.
— Сонымен, сені соттады ма?..
— Өмірлік каторга жазасын Сан-Паоло де-Лоанд түрмесінде
өтеуге үкім шығарды.
— Өңшең ғана жындар-ай! — деп айқайлады Гэррис.—
Каторга! Таза ауада еркін жүріп өмір сүруге әдеттеніп қалған
сенімен мен сияқтыларға бұдан артық сұмдық болар ма? Мен бұдан
гөрі дардың өзін-ақ артық көрер едім.
— Дарға асылған адам қаша алмайды ғой, ал енді каторгадан...
— Сен қашып құтылдың ба?
— Иә, Гэррис. Мені каторгаға апарған соң, дәл он бес күннен
кейін Жаңа Зеландиядағы Оклендке баратын ағылшын
пароходының трюміне кіріп тығылдым. Мен тұщы су құйылған
кеспектер мен консерв толтырылған ящиктер арасына жасырынған
едім, баратын жеріме жеткенше азық пен суға тарыққаным жоқ.
Жарық көрмей өнебойы қараңғы трюмде жата беру әбден діңкеме
тиді. Бірақ пароход ашық теңізде келе жатқанда палубаға шығу
дегенді ойлаудың да керегі жоқ. Басым трюмнен қылт етсе
болғаны, сол сәтте мені ұстап алып қайтадан қамап тастайтынын,
еркімнен айрылып тартатын азабымды тарта беретінімді жақсы
түсіндім. Оклендке барған соң олар мені ағылшын үкіметіне
тапсырады, сосын менің қол-аяғымды кісендеп Сан-Паоло де
Лоандқа кері қайырып жатпай-ақ дарға өздері де аса салады. Осы
жағдайлардың бәрін ескере келіп кісі көзіне түспей, аты-жөнімді
білдірмей қараңғы түнекте жата беруді дұрыс көрдім.
— Билет те алмадың ба? — Гэррис қарқылдай күлді.— Туу,
достым-ай, ұялмадың ба? Әрі ұрлап мініпсің, оның үстіне дайын
тамақ!
— Иә, алғаным жоқ,— Негоро күрсініп қойды,— отыз күн тар
трюмде қамалып жату...
— Бірақ, Негоро, оның бәрі енді өткен іс қой! Сөйтіп, Жаңа
Зеландияға, маврлар85 еліне бардың ба? Бірақ сен онда тұрып қалған
жоқсың ғой. Сен қалай қайтып келдің? Тағы да трюмде жасырынып
па?
— Жоқ, Гэррис. Мендегі бір ғана ой, Анголаға қайта оралып,
жаңадан құл саудасына кірісу болды.
— Иә,— деді Гэррис,— біз өз кәсібімізді жақсы көреміз ғой...
біз оған әдеттеніп қалдық...
— Ұдайы он сегіз ай...
Негоро осы арада әңгімесін кілт тоқтата қойды. Ол Гэрриске
үндеме дегендей белгі берді де, демін ішіне тартып, ағаш арасынан
шыққан сыбдырға құлақ түрді.
— Гэррис,— деп сыбырлады ол,— папирус арасынан әлдененің
сыбдыры естіледі.
— Білейік не екенін,— деді Гэррис, мылтығын кезене ұстап
бәсең үнмен.
Олар ұшып тұра келді де, сақтана қарап сыбдыр шыққан жаққа
қарай құлақтарын тікті.
— Ештеңе жоқ қой, қағыс естіген боларсың,— деді Гэррис.—
Жаңбыр артынан сай-саланың суы тасып әдеттегіден қатты ағатын
дағдысы ғой, сенің естігенің судың сылдыры болар. Достым, сен
өткен екі жылдың ішінде орман шуылын жатырқап қалсаң керек.
Бұның ешқандай оқасы жоқ, кешікпей-ақ қайта дағдыланып
кетерсің. Басыңнан кешірген уақиғаңды айта бер. Сосын
келешектегі істейтін ісімізді кеңесейік.
Негоро мен Гэррис анжир ағашының түбіне қайта отырысты,
португал өзінің үзіліп қалған әңгімесін жалғай берді.
— Ұдайы он сегіз ай Оклендте тұрып көңілсіз өмір өткіздім.
Сәті түсіп, кісі көзіне түспей трюмнен шығып жер бастым. Бірақ
қалтам көк тиынсыз бос болатын, оны айналдырып қараған кісі бір
доллар таппас еді. Аштан өлмеудің шарасын көздеп, жұмыстың
нендей түрі болса да істей беруіме тура келді...
— Демек, сен кәдімгі адал ниетті адамдар қатарында еңбек
істеген болдың ғой?
— Дәл үстінен түстің, Гэррис.
— Алда ғана бейшара-ай!
— Сол уақытта менің үнемі іздестіргенім сол қарғыс атқан
жерден құтылудың шарасы болды. Бірақ көпке дейін ыңғайы
болмады. Ақырында «Пилигрим» деген кит аулайтын кеме Окленд
портына келіп тоқтады.
— Кәдімгі Ангола жағалауында қирайтын кемені айтып
отырсың ба?
— Дәл соның өзі. Миссис Уэлдон өзінің кішкентай бөбегін
алып, қасына Бенедикт деген немере ағасын ертіп, жолаушылар
қатарында сол кемемен жолға шығатын болды. Сәті түсіп, әлгі
кемеге оп-оңай қызметке орналаса қалдым: өйткені мен еріксіздер
таситын кемеде капитанның екінші жәрдемшісі болып қызмет
істеген бұрынғы теңізшімін ғой «Пилигрим» капитанына барып,
өзімді қызметке алуын өтініп ем, оған матрос керек емес екен.
Менің бақытыма, кеменің аспазы қашып кетіпті. Ол ас пісіре
білмейтін нашар теңізші болған. Бұл жағдайды білген соң, мен
тәжірибелі кеме аспазы едім дегенді айттым. Менен жақсы аспаз
таппаған соң, капитан Гуль мені аспаздыққа жалдап алды Арада
бірнеше күн өткен соң «Пилигрим» Жаңа Зеландия жағалауынан
якор көтеріп жолға шықты...
— Бірақ,— деп Гэррис оның сөзін бөлді,— «жас достымның»
сөзінен менің ұққаным, «Пилигрим» Африка жағалауымен жүзуге
ұйғармаған. Ал кеме бұл араға қалай келіп қалды?
— Дик Сэнд бұл жағдайды күні бүгінге дейін білмейтін болса
керек,— деп жауап қатты Негоро,— мұның мәнісіне әлі де болса
түсіне қоюы екіталай. Бірақ, Гэррис, бұл уақиғаның қалай болғанын
саған айтып түсіндірейін, егер қаласаң, менің бұл әңгімемді өзіңнің
«жас достыңа» бір ұтыры келген кезде қайталап айтарсың.
— Неге айтпасқа! — деді Гэррис қарқылдай күліп.- Айта бер
достым, айта бер!
— «Пелигрим»,— деп Негоро әңгімесін сабақтады,-
Вальпарайсоға қарай бет алды. Менің аспаздыққа жалданғандағы
мақсатым, тек қана Чилиге жетіп қалу еді. Өйткені Чили Жаңа
Зеландия мен Анголаның жарым жолында ғой, онда жетсем,
Африканың батыс жағалауына бірнеше мың миль жақындап
қаламын. Бірақ жағдай жолда да өзгерді. Оклендтен шыққан соң,
үш жұмадан кейін кит аулап жүріп капитан Гуль мен бірге
матростары да түгелдей қаза тапты. Бұл күні «Пилигрим» бортында
бар болғаны екі-ақ теңізші қалды, оның біреуі жас матрос Дик
Сэнд, екіншісі — кок Негоро.
— Сөйтіп, сен кеменің капитаны болып алдың ба? —деп сауал
берді Гэррис.
— Алғашқыда бұл үміт менің бойымды билеп еді. Бірақ
басқалардың маған сенбейтінін байқадым. Бәрібір, мұндай
жағдайда кемедегілерге өкімімді жүргізе алмас едім. Сондықтан
ойлана келіп бұрынғы қызметім — «Пилигрим» аспазы күйімде
қала беруді мақұл көрдім.
— Демек, кеме Африка жағалауына кездейсоқ келіп қалған екен
ғой?
— «Жоқ, Гэррис,— деді Негоро,— біз «Пилигримнің» қираған
жерінде ойда жоқта кездестік қой, міне, кездейсоқ деп осыны
айтуға болады. Кеменің беталысын басқа жаққа бұрып, оны Ангола
жағалауына келтірген мына мен боламын! Сенің «жас достың»
теңіз ісіне аузынан ана сүті кетпеген шіп-шикі бала, ашық теңізде
кеменің қай жерде екенін компаспен, лагпен ғана шамалай алады.
Сөйтіп, бір сәті түскен күні лаг теңіз түбіне кетті. Тағы бір сәті
түскенде нактоуз астына бір қарыстай жалпақ темір қойып, компас
тілін басқа жаққа бұрдым, дауыл қуалап атқан оқтай зымыраған
«Пилигримнің» бағыты кенет өзгере қойды... Сапарымыздың
неліктен мұншалықты ұзаққа созылғанына Дик Сэнд түсіне
алмады. Әйтсе де оның орнында қаншама тәжірибелі басқа теңізші
болса да, бәрібір, тұйыққа қамалар еді. Горн мүйісін айналып
кеткенімізді бала білмей де қалды, бірақ бар ғой, Гэррис, мен сол
мүйісті тұман арасынан байқап қалдым. Бұдан соң көп кешікпей-ақ
нактоуз астына қойған темірді қайта алып, компас тілін бұрынғы
қалпына келтірдім. Құйындатқан дауылдың айдауымен зымырап
келе жатқан кеме, солтүстік-шығысқа беттеп тұп-тура Ангола
жағалауына қарай тартты.
— Дәл осы кезеңде,— деп Гэррис іле түсті,— сенімен кездессін,
сенің жолдастарың мен достарыңа басшылық етсін деп осы
жағалауға кездейсоқ жағдайдың мені айдап келтіре қойғанын
айтсайшы! Олар өздерін Америкадамыз деп күдіксіз сенген еді,
сондықтан да Анголаны төменгі Боливия деп оларды оңай
алдауыма мүмкіндік болды... Ол жердің расында да біріне бірінің
ұқсастығы бар.