— Олар шынында да Анголаны Боливия деп білді. Сондай-ақ
Диктің өзі де Тристан д'Акунья аралын Пасхи аралы деп алжасқан.
— Оның орнында басқа біреу болса, бәрібір, осылай қателесер
еді.
— Білемін, Гэррис, әрине, Диктің қателескенін пайдаландым.
Соның арқасында миссис Уэлдон мен оның жолдастары
жағалаудан жүз миль жерде, Экваторлық Африкада, түк панасы
жоқ ашық далада қонып жатыр.
— Бірақ енді олар өздерінің қайда екенін білді ғой.
— Біле берсін, білгенде қайтеді? — деп даурықты Негоро.
— Сен бұларды қайтпексің? — деп сұрады Гэррис.
— Қалағанымды істеймін,— деді Негоро.— Ал сен маған
мынаны айтшы, біздің қожайын Альвец мырзаның жайы қалай? Ол
қартты көрмегеніме екі жылдан асып бара жатыр.
— О, ол талайды көрген кәрі тарлан ғой, тұрмысы өте жақсы! —
деді Гэррис.— Сені көрсе қатты қуанады.
— Ол бұрынғысынша Бихода тұра ма? — деп сұрады Негоро.
— Жоқ, достым, ол өзінің «конторын» Казондеге көшіргеніне
бір жыл болды.
— Жағдайы жақсы ма?
— О, айтарың бар ма! Ол ант соққанның жағдайы жақсы ғой,—
деді Гэррис дауысын көтере сөйлеп.— Дегенмен құл саудасын
жүргізу әсіресе осы жағалауда күннен күнге қиындап барады.
Португалия үкіметі бір жағынан, ағылшынның күзетші кемелері
тағы бір жағынан,— құл жеткізу ісіне барынша кедергі жасауда.
Тек қана бір жерде — Анголаның оңтүстік жағында, Массамедес
маңында қара товарларды жайбарақат тией беруге болады.
Сондықтан қазіргі уақытта бүкіл барақ біткен еріксіздерге лық
тола, оларды Испания отарларына жөнелту үшін кеме күтудеміз.
Бенгуэлла мен Сан-Паоло де-Лоанд арқылы жүк жөнелтуге
болмайды деседі. Губернатор мен чиновниктер бұл жөнде
тыңдағысы да келмейтін көрінеді. Альвец қарт Африканың ішкі
аймақтарына барып орналасуды ойластырып жүр. Енді
жөнелтілетін керуенді Танганьика ауданында жабдықтамақ. Ол ара
тоқыма товарларды құл мен піл сүйегіне айырбастауға өте тиімді.
Жоғарғы Египетпен, Мозамбикпен саудамыз әзірге жаман емес,
онда сатылатын еріксіздер Мадагаскардан келтіріледі. Бірақ жуық
арада құл саудагерлеріне істейтін жұмыс қалмайды-ау деп қорқам.
Африканың ішкi аудандарына ағылшындар күн құрғатпай келіп
бекініп жатыр. Жасыл соққыр Ливингстон!—Үлкен Көл өлкесін
зерттеп болды, енді оның Анголаға бару ойында бар. Лейтенант
Камерон деген біреу шығыстан батысқа қарай бүкіл материкті кесіп
өтпекші деседі. Американ Стенли деген де оның істегенін істемек
дегенді тағы естідім. Негоро, бұл зерттеушілер бізге зиянын қатты
тигізеді. Егер де біздер өз мақсатымызды жақсы түсіне білсек,
шақырусыз келген меймандардың бірде-бірін Европаға қайта
оралып, орталық Африкадағы өздерінің көрген-білгендерін
оттамайтын етер едік.
Егер Гэррис пен Негороның кеңесін көлденең біреу естісе, мына
құрметті саудагерлер бір аса маңызды іс жөнінде пікір алысып отыр
екен дер еді. Бұл екеуі бір таймақта немесе бір қап кофе туралы
емес, «тірі товар» жөнінде келісіп отыр екен деп кім ойлай қойсын?
Бұл «саудагерлер» әділеттікті әділетсіздіктен айырмайтын адамдар.
Бұларда ар-намыс, ұят және басқа адамгершілік белгілері бір
заманда болды да, бірақ құл саудасының жан түршігерлік
қаталдығына қатыса жүріп, әлгі қасиетті әлдеқашан жоғалтқан.
Гэррис, құл саудагері Альвецтің бұрынғы агенті Негороны екі
жыл шетте жүрсе де өзгермеген екен деп сүйінді. Негоро
бұрынғысынша қылмыстың нендей түрі болса да істей беруге әзір
еді. «Пилигримде» апатқа ұшырағандардың келешектегі тағдыры
туралы жолдасының пікірі қандай, Гэрристің біле алмай отырғаны
тек қана осы. Сондықтан:
— Ал енді сен маған мынаны айтшы,— деп сұрады Гэррис,:—
өзіңнің бұрынғы жолдастарыңнан қалай құтылмақсың?
Негоро көп ойланып тұрған жоқ, жауапты тез қайырды.
Шамасы, бұл жөндегі жоба оның ойында көптен-ақ қайнап піскен
тәрізді.
— Біреулерін құлдыққа сатамын, қалғандарын...
Португал айта бастаған сөзін аяқтамады, бірақ оның түнеріп
кеткен беті, жаңағы сөзінің жалғасын ауызбен айтылған сөзден де
анығырақ білдіріп тұрды.
— Олардың кімдерін сатпақшысың? — деп сұрады Гэррис.
— Миссис Уэлдонға еріп жүрген негрлерді,— деді Негоро.—
Том кәрі ғой, оған көп алып болмас, бірақ ана төртеуі қылшылдаған
жастар, Казонде базарында оларға жақсы баға алуға болады.
— Дұрыс айтасың, Негоро!—деді Гэррис.— Ол төртеуі тым ірі
де жұмысқа шыдамды негрлер ғой, ішкі Африкадан келтірілген
«хайуандар» сияқты емес. Олардың тиімді бағаға өтетіні өзінен өзі
белгілі. Америкада туған негр, Ангола базарында сирек кездесетін
товар. Бірақ,— деп ол сөзін жалғастыра берді,— сен маған мынаны
айтуды ұмытып барасың: «Пилигримде» нақтылы ақша бар ма еді?
— Ауыз жарырлық түк те жоқ! Қалтама түсіре алғаным небары
бірнеше жүз доллар. Сәті түссе, менің көп ақшалы болатын басқа да
товарларым бар...
— Достым, оларың қандай товарлар? —деп сұрады Гэррис
білуге құмартып.
— Түрліше, — деп Негоро шорт қайырды.
Шамасы, ол өзінің артық сөйлеп жібергеніне өкініп қалса керек.
— Демек, ендігі қалғаны, бұл қымбат товарды қолға түсіру
ғана? — деді Гэррис.
— Қолға түсіру соншалықты қиын болып па тәйірі? — деді
Негоро.
— Жоқ, достым. Осы арадан он шақты миль теңіз жағалауында
араб Ибн-Хамис бастаған еріксіздер керуенінің лагері бар. Олар
Казондеге жүру үшін менің қайтуымды ғана күтіп жатыр. Керуенді
айдап келе жатқан жергілікті халықтан алынған солдаттар тым көп,
бала капитанды жолдастарымен қоса тұтқынға алатын күш
артығымен жетіп жатыр. Егер менің «жас достым» Куанза өзеніне
қарай жол тартуға ниеттенсе...
— Егер ниеттенбесе қайтер едің? — деп Негоро Гэрристің сөзін
бөлді.
— Әрекеттенер деймін! — деді Гэррис.— Ол ақылды бала ғой,
және ол жақтан өзіне қауіп төнеді деп ойламайды да. Дик Сэнд
жағалауға қайта оралғанда біз жүрген жолмен жүрмейді. Орман
аралап жүрсе, адасудан көз ашпайтынын өзі де жақсы біледі.
Мұхитқа құятын бірер өзенге жетуге тырысады ол, сосын салмен
төмен ағуға қамданады. Бұдан басқа оның аман құтылатын жолы
жоқ. Мен ол баланы әбден сынап білдім, ол тап осыны істейді.
— Иә... сөйтуі де ықтимал,— деді Негоро шамалы ойлана түсіп.
— «Ықтимал» демей-ақ, «сөзсіз солай етеді» десең де болады,—
деді Гэррис дауысын көтере сөйлеп.— Мен бұған «жас
достымның» өзі Куанза жағалауында менімен кездесетін боп сөз
байласқандай-ақ сенер едім.
— Демек, кідірмей жүруіміз керек болды ғой,— деді Негоро.—
Ол баланы мен де жақсы білемін. Бір сағат уақытты бекерге
өткізбейді, біз одан айламызды асыруымыз керек.
Несі бар, жүру керек болса, жүрейік!
Гэррис пен Негоро жүргелі жатыр еді, папирустың қалың
жерінен, португалды абыржытқан манағы сезікті сыбдыр қайта
естілді.
Негоро тұрған жерінде қалшиып қатты да қалды.
Сол сәтте иттің маңқылдап үрген дауысы естілді, ізінше қалың
қаудың арасынан өзі де шыға келді. Ит орасан ірі екен, арқа
қылшығын тікірейтіп, ауызын арандай ашқан, өздеріне шапқалы
келе жатыр.
— Динго! — деп айқайлады Гэррис.
— О, бұл төбет енді аман құтыла алмас! —деді Негоро.
Ит португалға қарай ұмтыла берген сәтте, Негоро Гэрристің
мылтығын жұлып алды да, кезене беріп басып қалды.
Иттің қаңсылаған аянышты дауысы тоғайды жаңғыртты, Динго
өзен жиегін көмкерген қалың бұтаға кіріп ғайып болды. Негоро
жүгіре басып өзен жағасына дейін барды.
Папирус сабақтарының бірнешеуіне қан тиіпті, жағалаудағы
малта тастардың үстінде жосыла аққан қанның ізі жатыр.
— Бұл қарғыс атқан төбетпен ақыры есептесіп болдым,— деп
айқайлады Негоро.
Гэррис тырс үндемей бұл екеуінің шайқасына қарады да тұрды.
— Байқап тұрмын, Негоро,— деді Гэррис,— бұл иттің тісі саған
көптен-ақ қайраулы екен.
— Айтарың бар ма! Бірақ ақыры бұл оңбағаннан құтылдым ғой!
— Бұл төбет сені соншама неге жек көреді?
— Иә, ол екеуміздікі ескіден келе жатқан басараздық қой,— дей
салды Негоро.
— Ескі бас араздық?—деді Гэррис оның сөзін қайталап.
Негоро әріптесінің бұл сауалына жауап қайырған жоқ. Мына
сұм португал өткендегі бір ісін менен жасырып отыр екен деп
ойлады Гэррис, бірақ ежелеп сұрай беруді өз басына лайық
көрмеді.
Бірнеше минуттан соң сыбайластар жылғаны бойлай жүріп
Куанзаға қарай тартты.
Үшінші тарау
ЖАҒАЛАУДАН ЖҮЗ МИЛЬ
ҚАШЫҚТА
«Африка!.. Экваторлық Африка!..» Бұл үрейлі сөз Диктің
құлағында өнебойы ызыңдады да тұрды.
Өткен жұманың ішінде болған уақиғаларды есіне түсіріп бала
жігіт сол сұрақтардың жауабын іздестірді. «Пилигримді» осы
үрейлі жағалауға келтірген нендей себеп? Оның Горн мүйісін
айналып, бір мұхиттан екінші мұхитқа өтуіне не себеп болды?
«Пилигрим» өзінің жүруге тиісті мөлшерлі жолынан екі есе артық
жүрді, оның үстіне орасан тез жүрді ғой, сонда да болса көпке дейін
жер қарасын көре алмадық, бұл қалай? Диктің ендігі жерде өзіне
өзінің беретін сауалы осы ғана.
«Африка!.. Африка!..» деп қайталады Дик Сэнд.
Жұмбақты сапардың кезінде бірінің артынан бірі кезіккен күллі
уақиғаны Дик Сэнд есіне түсірді. Қосалқы компастың қалай
сынғанын, лагтың арқаны үзіліп су түбіне кету себебін де ойлады.
Сол арада оған бір кенет шешім сап ете қалды: компасты бір суық
қол сындырған шығар?
«Кемеде болғаны жалғыз-ақ компас қалып еді ғой,—деп ойлады
ол.— Оның көрсеткен бағытын тексеретін басқа түрлі құрал жоқ.
Бір түні ұйықтап жатып Том қарттың айқайымен оянып кеттім
ғой... Кеме кормосында жүрген Негороны көрдім... Ол шегіне
бергенде сүрініп құлап нактоузға соқтықты... Әлде компас содан
бұзылған болар?»
Диктің ойы өрістеп қиялы ұлғая түсті. Ол көп ойланып, құпия
сырдың түйінін тапты. Негороның қылығы сондайлық күдікті
болғанын енді түсіне бастады. Ең басында «Пилигримнің» шыңға
килігіп қирауына, ал қазір кеменің барлық жолаушыларына қауіп
төнуіне себепші болған сан алуан кездескен кесел, кездейсоқ
қырсықтардың бәрі Негородан болғанын сезді.
Ол оңбаған кім еді? Ешқашан теңізші болып көргенім жоқ деп
ант-су ішіп еді ғой, онысы дұрыс па? Бұларды Африка жағалауына
келтіретін пасық жобаны ойлап табу және оны жүзеге асыру тек
қана тәжірибелі теңізшінің қолынан келмек.
Әйтсе де өткен шақтарда кейбір жағдайлар анықталмай
қалғанымен, қазіргі уақытта бәрі де мәлім болды. Жасөспірім
өздерінің Экваторлық Африкада екендерін, оның өте үрейлі жері,
теңіз жағалауынан жүз миль қашық Анголада екенін анық білді...
Гэрристің барып тұрған опасыз екендігіне оның ешбір күмәні
қалған жоқ. Демек, американ мен португал бірін-бірі көптен-ақ
біледі екен, кездейсоқ жағдай ол екеуін осы жағалауда
жолықтырыпты. «Пилигрим» жолаушыларына деген қастандықты
бұл екі сұм бірлесіп жасаған...
Бұл арада тек бір ғана мәселе түсініксіз. Ол оңбағандардың
көздеген мақсаты не? Томды жолдастарымен қоса құлдыққа сату
үшін тұтқынға алудан Негоро тайынбайды деуге болады.
Португалдың Диктен кек алғысы келетіні де мәлім. Бұны да ақылға
сиярлық мәселе делік. Ал енді миссис Уэлдон мен кішкентай
Джектің не жазығы бар?.. Ол оңбағанға панасыз әйел мен нәресте
не жазыпты?
Егер Дик Сэнд орайы келіп Гэррис пен Негороның тоғай
арасындағы кеңесін естіген болса, миссис Уэлдон мен қасындағы
бес негрге және оның өзіне нендей қауіп-қатер төніп тұрғанын, бұл
жөнде ойлану керек екенін білер еді.
Жағдай жан түршігерлік. Сонда да болса бала жігіт қажыған
жоқ. Ол теңіз бетінде капитан болып еді, құрғақта да капитан
болды. Оның міндеті, миссис Уэлдонды, нәресте Джекті, тағдыры
өз қолында тұрған басқа адамдарды да құтқару еді. Ол тек қана өз
борышын орындауға кірісті. Орындайды да.
Дик Сэнд алдағы күндердегі кездесетін жақсылық пен
жамандықты таразыға тартып, ақылға салып ұдайы екі-үш сағат
ойланып еді, көрешек жамандығы басым көрінді. Сосын ақырғы
шешімге келді де, тағдырына бойсұнып, асып-саспай түрегелді.
Жаңа шашырап келе жатқан күн сәулесі ағаш бастарын аймалай
түсті. Дик Сэнд пен Том қарттан басқалары тегісінен тәтті ұйқыда
жатыр.
Жас капитан қарт негрге таяу келіп:
— Том,— деді ақырын ғана,— сіз арыстанның ақырғанын
естідіңіз, құл саудагерінің шынжыры мен ағаш бұғауын көрдіңіз,
демек, сіз Орталық Африкада жүргенімізді білетін болдыңыз ғой?
— Иә, капитан, білемін.
— Олай болса, бұл туралы миссис Уэлдонға және өзіңнің
жолдастарыңа тіс жарып үндей көрме! Бұны екеумізден басқа
ешкім білуге тиіс емес. Бұл жағдайды дабыра қылып адамдардың
үрейін алмауымыз керек.
— Иә... сіз дұрыс айтасыз, Дик...— деді қарт негр.
— Том,—деп ол сөзін жалғастыра берді,—біз бұрынғымыздан
екі есе сақ болуымыз керек. Біздер дұшпан еліндеміз. Бұл аса
қорқынышты ел, дұшпанымыз да сондай қауіпті...
Жолдастарымызға,— Гэррис бізге опасыздық етті десек,— олардың
сақ болуына соның өзі-ақ жетіп жатыр Олар жергілікті халықтың
шабуыл жасауы мүмкін екен деп ойласын.
— Дик, менің жолдастарым сізге шын берілген адал дос
екендігіне сенуіңізге болатынын білесіз бе?
— Білемін. Сіздің адал пікіріңіз бен тұрмыстағы тәжірибеңізге
арқа сүйей алатынымды да білемін. Том, сіздер маған жәрдем
етуден тартынбассыздар деймін?
— Әрқашан және қай жағынан болса да дайынбыз, капитан.
Дик Сэнд өз пікірін Томға түсіндірді. Бір жақсы жері, Гэрристің
опасыздығы, өзінің пасық ниетін жүзеге асырудан бұрын
әшкереленді, сондықтан Диктің өзіне және оның жолдастарына да
қазіргі уақытта тікелей төніп тұрған қауіп жоқ-ты. Қашқан құлдың
тастап кеткен шынжыры мен ағаш бұғауының ойда жоқта табыла
қалуы, сосын арыстанның ақырған дауысы — осының бәрі
американның арам ниетте екендігін уақытынан бұрын әйгіледі.
Гэррис өзінің пасық ниеті әшкереленіп қалғанын білді де.
сыбайластары күтіп жатқан жерге отрядты жеткізбей-ак қашып
кетті. Соңғы күндерде Негоро өзінің ескі жолдасының ізімен келе
жатқанын Дингоның қылығы да дәлелдеп еді. Негоро Гэрриспенен
ендігі кездескен де болар, сөйтіп келешектегі қолданатын
әрекеттерінің жобасын екеуі бірігіп жасап та қойған шығар.
Болашақ шабуыл бірнеше сағат өтпей болмайды деп шамалады
Дик, сондықтан осы уақытты пайдаланып қалуға ұйғарды ол.
Олардың ақырғы көздеген мақсаты, мүмкіндігі болғанынша тезірек
теңіз жағалауына қайта оралу еді. Сол арадан мұхит жағалауын
бойлай жүріп (олар үшін солтүстікке немесе оңтүстікке қарай
жүрудің де айырмасы жоқ-ты) жағалау маңындағы елге жетеміз деп
шамалады Дик. Сонда барып өзінің туып-өскен еліне жететін
мүмкіндікті күтуге тиіс.
Бірақ олар жағалауға қай жолмен барулары керек? Өздерінің
келген жолымен кері жүрулері керек пе? Дик Сэнд бұл жолмен
жүруді тиімсіз деп шамалады. Жасөспірім жолдың жақынын
ұнатып төтелеп жүрер деп сенген еді Гэррис, құл саудагері өзінің
бұл жобасынан алжаспады.
Шынында да, орман аралап өздерінің келген жолымен кері жүру
бір жағынан мүлдем ойланбағандық болса, екінші жағынан,
алғашқы шыққан жеріне қайта барар еді. Негоро да өзінің
сыбайласын ертіп олардың соңынан барады. Ендігі қолданатын
бірден-бір шара, із білдірмей өзенмен ағып кету ғана. Мұның тағы
бір тиімді жағы жыртқыш аңдардан да қауіпсіз болады, бұл аңдар
күні бүгінге дейін жолаушыларға маңдаспаған-ды. Салға мініп өзен
бетімен төмен ақса, жабайы адамдардан да оншалықты қорқа
қоймайды. Жақсы қаруланған жолаушылар берік байланған салдың
үстінде дізе қосып, жергілікті халықтардың шабуылы тойтарыс
бере алады. Үшіншіден, жол жүрудің бұл әдісі, жол азабынан
жүдеп әбден титығы жеткен миссис Уэлдонға және оның кішкентай
бөбегіне де аса жайлы болар еді. Егер миссис Уэлдонның жүруге
шамасы келмесе, талдан зембіл тоқу қиын емес, әрине, оны көтеріп
жүретін адамдар да табылады. Бірақ бес негрдің зембіл көтерумен
екеуінің қолы байланады, ал Диктің есебінше ойда жоқта тап бола
кететін шабуылға тойтарыс беру үшін жолдастарының қолдары бос
болуы керек.
Сөйтіп, салға мініп өзенді төмен ақса, су үсті теңізшіге өз
үйіндей ғой, жас жігіттің көңілі тыншаяр еді.
Ендігі мәселе, жақын маңайда кеме жүзе алатын өзеннің бар
жоғын білу. Дик Сэнд ойлана келіп, сол маңайда өзен барлығын
мына жағдайдан аңғарды. Мұхиттың шеті батыс жақта қалды.
Шығыс жақтағы көкжиек тауға барып ұштасқан. Сөйтіп,
«Пилигрим» апатқа ұшыраған жердің маңайынан барып Атлант
мұхитына құятын өзеннің басы таудан шыққан немесе арна тауға
жетпей-ақ оңтүстікке қарай кілт бұрылып кетсе керек. Қалай
болғанда да кішкене отряд жақын маңнан өзен табуға тиіс, өзеннің
өзі табылмағанымен, оның бірер тарауы табылады.
Бұл жобаға сенерлік Диктің дәлелі толық-ты. Енді жер ыңғайы
өзгере бастады. Жол тауды бөктерлей тартты. Жер қыртысы
дымқылдана түсіп, әр жерден шөп арасымен жыланша ирелеңдеп
ағып жатқан бұлақтар көрінді. Шамасы бұл араның жер асты суы
өте мол болса керек. Сапардың соңғы күндерінде отряд әлгі
бұлақтардың бірін жағалап ұзақ жүрді. Керек бола қалса оны қайта
іздеп табу қиын емес. Әрине, арнасы тар суы тапшы бұлақ суына
сал ағызудың мүмкіндігі жоқ-ты. Бірақ сай-саланың бәрі қашан да
болса өзенге барып құяды ғой, отряд сол бұлақты жағалай берсе,
ағыспен бірге өзенге де барып жетер еді.
Том қартпен ақылдаса келіп, осы саланы жағалай берейік деген
тоқтамға келді Дик Сэнд.
Күн көтерілісімен жолаушылар ұйқыдан оянып бірінен соң бірі
бастарын көтере бастады. Миссис Уэлдон кішкентай Джекті
ұйықтап жатқан күйі оятпастан Нанға ұстатты. Безгегі ұстап
басылған соң баланың бордай бозарған өңі, көрген кісінің жаны
ашырлық еді.
Миссис Уэлдон Дикке таяу келіп:
— Дик,— деді ол айналаға қарап алып,— Гэррис қайда кеткен?
Көрінбейді ғой.
Жасөспірім Негоро мен Гэрристің қайда кеткенін жолдастарына
айтпай-ақ қоюға ұйғарып еді. Бірақ американның опасыздығын
жасырайын деген ойы жоқ-ты. Сондықтан ол қобалжымай-ақ:
— Гэррис мұнда жоқ,— деді.
— Әлде ілгері озып кетті ме? — деп сұрады миссис Уэлдон.
- Қашып кеткен,— деді Дик Сэнд.— Гэррис опасыз екен. Ол
оңбаған Негоромен бірлесіп бізді осы араға келтіруге сөз
байласқан.
— Оның сондағы көздеген мақсаты не екен? — деп сұрады
миссис Уэлдон.
— Білмедім,— деді Дик Сэнд.— Бірақ менің бір білетінім,
тезінен мұхит жағалауына қайта оралуымыз керек.
— Ол адам... опасыз,— деп күбірледі миссис Уэлдон.— Мен
мұны сезген сияқты едім! Сен оны Негоромен сөз байласқан деп
шамалайсың ба?
— Иә, миссис Уэлдон. Негоро өнебойы біздің ізімізбен келе
жатты. Ол екі сұрқияны кездейсоқ жағдай кездестірсе керек.
Және...
— Қашан қолға түскенде ғана болмаса, ол залымдар біздің
соңымыздан қалмайтынын мен де білемін,— деді Геркулес сөзге
араласып.— Мен ол екеуінің басын жарамын! — деп үстелді алып,
шоқпардай жұдырығын түйе түсіп.
— Бірақ Джекті қайтер екенбіз?—деді миссис Уэлдон жұлып
алғандай.— Сан-Феличедегі гациендке жетуге асығып-ақ едім.
Балаға күтім керек қой!..
— Жағалауға жетсек болғаны, Джек бірден жазылып кетеді, ол
араның ауасы таза,— деді Том қарт.
— Дик,— деді миссис Уэлдон,— Гэрристің бізге опасыздық
еткеніне көзің жете ме?
— Иә,— жасөспірім жауапты қысқа қайырды, бұл тақырыпта
сөз көбейтіп жатуды ұнатпаған еді ол.
Бала жігіт қарт негрге бір қарап алды да:
— Гэрристің опасыздығын Том екеуміз бүгін түнде
әшкереледік. Егер қашып кетпегенде, өзін жайрататын едім.
— Демек, гациенд...
— Бұл маңайда ешқандай гациенд, ферма, тіптен қыстақ та жоқ!
— деді Дик Сэнд.— Қайталап айтамын, миссис Уэлдон, кідірмей
мұхит жағалауына жетуіміз керек.
— Келген жолымызбен бе?
- Жоқ, миссис Уэлдон. Біздер салға мініп өзен бойымен төмен
ағамыз. Ағыс бізді теңізге апарады. Бұл жағдай бізді шаршатпайды
және қауіпсіз сапар. Біз әлде де болса бірнеше миль жаяу жүреміз,
ендігі қалған аз ғана уақытқа сізді шыдар деп...
- О, Дик, мен әлі тыңмын! —деді миссис Уэлдон көтеріңкі
үнмен, өзін өзі көңілді де ширақ көрсетуге тырысып. Менің жүруге
шамам келеді. Мен бөбегімді де көтеріп жүре аламын...
— Миссис Уэлдон, біздер ше, біздер не бітірмекпіз? — деді Бат
ренжіген пішінмен.— Біздер екеуіңізді де көтеріп жүреміз!
— Иә, иә,— деп Остин іле түсті.— Екі ұзын сырғауылға екі
таяқты көлденең таңып зембіл жасаймыз да, үстіне жапырақ
төсейміз...
— Рақмет сіздерге, достарым,— деді миссис Уэлдон,— бірақ
мен жаяу жүруді жақсы көремін... Жүремін де! Қане, жүрейік!
— Жүрейік! —деп Дик Сэнд жас келіншектің сөзін қайталады.
— Джекті маған беріңізші,— деді Геркулес.— Жүк көтеріп
жүрмесем, тез шаршаймын.
Алып негр ұйықтап жатқан баланы ақырын ғана көтеріп алды,
бала тіптен оянған да жоқ.
Мылтықтар тегіс оқтаулы, басқа қару-жарақтар да дайын.
Қалған азық-түлік бір тай етіп буылған еді. Мұны Актеон арқалап
алды; сөйтіп бәрінің де қолдары бос болды.
Бенедикт ағайдың арбиған ұзын аяғы болдыру дегенді
білмейтін-ді, ол бүгінгі сапарға елден бұрын дайын болды.
Гэрристің ғайып болғанын біле ме ол? Біледі деп айта салу
ұшқалақтық болар. Бенедикт ағайдың әсіресе қазіргі уақытта
Гэрриспен тіпті де ісі жоқ-ты, өйткені ол орасан зор қазаға ұшырап
мүлдем қаусап қалған; көзілдірігі мен үлкейтіп көрсететін әйнегін
бірдей жоғалтып сорлап еді.
Бенедикт ағайдың барынша қымбат санайтын екі құралын
қонған жерде шөп арасынан Бат тауып алған, бірақ бұл жағдайды
ғалым білмейтін-ді. Диктің маслихатымен Бат өзінің бұл
құралдарды тауып алғанын Бенедикт ағайға айтқан жоқ-ты.
Сақалды сәбидің бұдан былай тыныш жүретініне Диктің көзі жетті.
Өйткені ол бейшара көзілдіріксіз көзінің алдындағыдан арыдағыны
көрмейтін сау соқырдың өзі еді. Ғалымды Актеонның қатарына
әкеліп тұрғызды да, оның қасынан бір қадам аттап шығушы болма
деп нықыртты. Есінен айрылып еңсесі түскен ғалым қарсылық
білдіруді есіне де алған жоқ, дегенге көніп, жетекке ерген соқыр
сияқтанып, жолдастарына ілесіп жүре берді.
Кішкене отряд қонған жерінен он бес қадамдай ұзап шыға
бергенде қарт негр тоқтай қалды.
— Динго қайда? — деп айқайлады ол.
— Бәсе, Динго қайда? — деді Геркулес.
Ол қайта-қайта қатты айқайлап итті шақырды... Сыбыс жоқ.
Дик Сэнд иттің жоғалып кеткеніне қатты қынжылды, Динго
отрядқа төнген қатерді қашан да болса ескертіп тұратын сенімді
күзетші еді.
— Динго Гэрриске еріп кетпеді ме екен? — деп сұрады Том.
— Гэрриске деймісіз? Жоқ... оған ермейді,— деп жауап қатты
Дик Сэнд.— Бірақ ол Негороның ізіне тап болуы мүмкін:
португалдың біздің ізімізбен келе жатқанын қашаннан берлі сезіп
жүрді ол.
— Қарғыс атқан көк Дингоны көрсе-ақ болды, шамасы келсе
өлтіріп тастайды, деп айқайлады Геркулес.
— Негоро Дингоны өлтірем дегенше, біздің төбет оның өзін
өлтіріп тастамаса қайтсін,— деп Бат оған қарсы болды.
— Бұлай болуы да мүмкін,— деді Дик Сэнд.— Бірақ итке бола
жолдан қала алмаймыз ғой. Егер Динго тірі болса бізді өзі іздеп
табады, ол сондай ақылды төбет. Жүріңдер, достарым!
Күннің шыжығаны сонша, аспан айналып жерге түскендей.
Таңертеңнен бастап-ақ көкжиекті қара бұлт торлап алған. Нөсер
құйып келе жатыр. Күннің нөсерлеп жаумай ашыла қоятын түрі
жоқ. Бір жақсы жері, ағаш арасы біркелкі салқын еді.
Қалың орманның сирей бастағаны байқалады. Әр жердей биік
те қатты шөп басқан кең алаң көріне бастады. Осы алаңдардағы
күрең тартқан орхидейлер, гүлдеп тұрған сарысы-көгі аралас
имбирлер, үлпілдеген жайып тастаған жап-жасыл кілем сияқтанып
көрінеді
Енді орман арасы адам өткісіз қалың емес, бірақ онда таң
қаларлық алуан түрлі өсімдіктер бар. Мұнда аса бағалы май
шығаратын пальма ағашы өскен, биіктігі сегіз — он фут келетін
табиғи қоршау сияқты мақта бұталары да бар. Кейбір ағаштардың
қабығын құрт тескен тесіктерден хош иісті шырыш ағып тұр.
Айнала төңіректің бәріне жабайы лимон мен анар ағаштары, пальма
мен делеб, баобаб, акация, мимоза ағаштары өскен. Тоғай арасында
адамның мұрнын жарарлықтай бір хош иіс бар, бірақ бұл нендей
өсімдіктің исі екенін ажырату қиын еді.
Жылдың жаңбырсыз құрғақ болатын маусымы еді, сонда да
болса құнарлы жер сирек жауған жаңбырдан нәр алып ағаш
біткеннің бәрі көздің жауын аларлықтай жап-жасыл боп жайқалып
тұр.
Безгек ауруының құтырып тұрған кезі еді. Бірақ безгек болып
ауырған адам, безгекті жұқтырған жерінен кетсе, жазылады депті
Ливингстон. Ұлы саяхатшының бұл пайымдауын Дик Сэнд білетін-
ді. Джектің безгегі ұстайтын мерзімді сағаты өтіп кетті, ал бала
Геркулестің қолында тыныш жатып ұйықтай берді,—Дик Сэнд
өзінің бұл үмітін миссис Уэлдонға айтты.
Отряд сақтана жүріп ілгері басты, әр жерде жаңа жүріп өткен
адамның немесе аңның ізі жатыр. Бұта арасындағы жыланша
ирелеңдеген жалғызаяқ жол бар жерлерде, жолаушылардың жүрісі
өніп-ақ қалады. Бірақ толып жатқан кедергілерді жеңу үшін жолды
саяхатшылардың өздері салуына тура келді. Кішкене отрядтың
тасбақа аяңымен алға басуы Диктің жанын қинады. Шырмауық
оралған ағаштардың түрі, такелажы оралып қалған кеме
мачтасынан айнымайды. Көне заманның қайқы қылышы құсап
кейбір ағаштардың бұтақтары иіліп қалған, оның қылыштан
айырмасы тек қана дүзінде біздей өткір тікенек өскен.
Анголаның бұл бөлегін мекендейтін айуандар мен құстар неше
түрлі өсімдігі сияқты сан алуан. Калың ағаштың төбені бүркеген
көгілдір күмбезі астында ұшып-қонып жүрген құстардың есебі жоқ.
Бірақ орман арасынан мүмкіндігі болғанынша білінбей неғұрлым
тезірек өтуге тырысқан кішкене отрядтың құс атып мылтық
дауысын шығаруға мүмкіндігі жоқ-ты. Бір жақсы жері, Африканың
тағы аңдары соншама қауіпті болса да, жолаушыларға бірде-бірі
ұшыраспады.
Керік тағы да көрінді, бірақ ол жүйрік жануарлар мына тоғайға
сирек келетін адамдарды көрген бойда үркіп қаша жөнелді де,
лездің арасында ғайып болды; сол күні көкжиектен бұлт сияқтанып
аспанға қайта-қайта қою шаң көтеріле берді, бұл ауыр жүк тиелген
арбаның сықырлай жылжығандағысы сияқты, буйволдардың топ-
тобымен жөңкіле шыққандағы шаңы еді.
Дик Сэнд кішкене отрядты жылға бойлай жүргізіп, суы мол бір
өзенге жеткізуге асықты. Отряд ешбір қолайсыз жағдайға кезікпей,
түске шейін үш миль жол жүрді. Гэррис пен Негоро хабар-ошарсыз
кетті. Динго да зым-зия жоғалды.
Отряд бамбук ағашының жыныс жеріне жетті де, тамақтанып
дем алғалы тоқтады Ас ішіп отырғанда ешкім тіс жарып үндеген
жоқ. Миссис Уэлдон кішкентай Джекті қайтадан өзі алып бөбегіне
көз айырмай қызарумен болды. Оның асқа да мейлі шаппады.
— Миссис Уэлдон, сіз ас жеуіңіз керек,— деп Дик Сэнд қайта-
қайта қиыла берді.— Ас жемей әлсіреп қалсаңыз қайтеміз? Жеу
керек! Қазір тағы жүреміз, өзенге жетіп алсақ болғаны, сосын
қиналмай-ақ төмен мұхитқа қарай ағамыз.
Дик Сэнд бұл сөздерді айтқанда, миссис Уэлдон тіп-тіке оның
көзіне қарап отырды. Жасөспірімнің көзінде жеңімпаздық жігер
мен ерліктің оты жанып тұрған. Миссис Уэлдон оған және шын
берілген тіл алғыш бес негрге қарап, әлі де болса торықпау керек
екендігін байқады. Иә, ол неге үміт үзе қойсын? Американың
меймандос жеріндемін деп ойлайды ғой. Гэрристің опасыздығынан
миссис Уэлдон қорыққан жоқ, өйткені алдағы уақытта одан келетін
кесірді білмеген еді ол.
Жас келіншектің ойындағысына Дик Сэнд түсіне қойды да,
оның қадала қараған көзіне кірпік қақпастан о да қарап, айтқан
сөзінің шын екендігін байқатты.
Төртінші тарау
АНГОЛАНЫҢ ҚИЫН ЖОЛЫНДА
Сол сәтте кішкентай Джек оянып кетті де, титімдей қолдарымен
анасының мойнынан құшақтады. Баланың көз жанары жайнап тұр.
Безгегі қайталап ұстамады.
— Тәуірмісің, қарашығым?—деп сұрады миссис Уэлдон бөбегін
бауырына қысып.
— Иә, мама,— деді Джек.— Бірақ шөлдеп қалыппын, сусын
берші.
Салқын судан басқа оған анасының берері де жоқ еді.
— Менің Дик достым қайда? — деп сұрады бала бірнеше
жұтым су жұтып таңдайын жібіткен соң.
— Мен мұндамын, Джек,— деді де Дик Сэнд баланың қасына
келіп қолын ұстады.
— Ал менің Геркулес достым ше?
— Геркулес мұнда,— деп алып негр Джекке күлімсіреп жауап
қатты.
- Ал, ат қайда? — деп ол сұрағын сабақтай берді.
- Ат жоқ, Джек! Қашып кетіпті! Саған енді мен ат боламын.
Маған мініп жүргің келмей ме?
- Мінгенде қандай,— деді бала.— Бірақ сені жүргізе алар ма
екем? Сенің жүгенің жоқ қой.
- Қысылатын түк те жоқ, маған жүген кигіз де, ауыздықтап
алып,— Геркулес аузын аңырайта ашты,— дізгінін тартқылап
шаужаулай бер.
— Жоқ, мен ақырын тартармын.
— Аямай-ақ қой! Менің аузым мықты.
— Ал, мистер Гэрристің фермасы қайда? — деп сұрады бала.
— Қашық емес, қазір-ақ жетеміз;—деді миссис Уэлдон.— Иә,
қазір-ақ... қазір-ақ...
— Жүруге рұқсат па? — деп сұрады Дик Сэнд, бұл әңгімені
қысқартқысы келіп.
— Ықтиярың білсін, Дик,— деп жауап қатты миссис Уэлдон.
Отряд қауырт жиналды да, бұрынғы тәртібімен жолға шықты.
Жылға жағалауынан ұзап кетпеу үшін орманның қалың жерлеріне
кіре жүретін болды. Бір кезде бұл арада жол болыпты, бірақ оны
шөп-шырмауық басып енді оның жол аты жоғалған. Отряд бір
мильдей жердің қалың бұтасын жарып өтті, жол салып өту үшін,
сол бір мильдің өзіне ғана үш сағаттай уақыт кетті. Негрлер
тынбастан жұмыс істеп жол салуға тура келді. Геркулес кішкентай
Джекті Нанға ұстата салып, о да жұмысқа кірісті; ырс-ырс етіп,
балтасын оңды-солды сермеп, тоғай ішінің астаң-кестеңін
шығарды, қалың бұтаны жарып жалғыз аяқ жол салды.
Бір жақсы жері, жолаушылар кешікпей-ақ бұл сияқты
қажытарлық жұмыстан құтылды. Орман арасынан бір жалпақ жол
кездесті, жол сүйірлене барып жылғаға тіреліпті де, одан ары жылға
жағалауын бойлап кете беріпті. Бұл шұбырған пілдердің жолы екен.
Шамасы осы жылға, бірнеше жүз пілдің топ-тобымен шұбырып
келіп су ішіп жүрген суаты болса керек. Борпас жерлерде алып
денелі, қалың терілі хайуандардың жуан аяқтарының кіріп кеткен
терең іздері жатыр. Бірақ бұл жолмен жүрген тек қана пілдер емес,
басқалардың да жүргендері көп кешікпей мәлім болды. Бұл жолмен
талай рет адамдар да шұбырған, бірақ олар өз ықтиярларымен
шұбырмаған: ол адамдарды таяқтың астына алып, қасапқа апаратын
малша айдап шұбыртқан. Көп жерлерде жабайы аңдар мүжіп
тастаған адам сүйектері шашылып жатыр. Олардың арасында
шынжырымен жатқан сүйектер де бар.
Орталық Африкадағы ұзын жолдардың бойы адам сүйегінен
қарақшы тұрғызылған секілді, ол жақта мұндай жолдар аз емес. Кей
кездерде еріксіздер керуені әлденеше жүз миль жол жүреді. Бағы
ашылмай сорлары қайнаған құлдар қатал хавилдардың
шыбыртқысы астында адам төзгісіз жағдайда шалдығып
болдырудан, ауырып-сырқаудан жолшыбай мыңдап қырылады. Ал
енді керуенге тамақ жетіспей қалады-ау деген қауіпті жағдай бола
қалса, айдаушылардың қырып тастайтын адамдары не сан! Иә,
солай! Мұның таң қаларлық түгі де жоқ. Егер де құлдарды
асырарлық азық болмай қалса, қалай болса солай атып тастайды,
пышақпен жарып немесе қылышпен шауып өлтіреді... Бұл сияқты
айуандықпен қан төгетін кезеңдер сирек кездесетін жағдай емес.
Бұл еріксіздер керуенінің жолы еді. Диктің өзі де, оның
жолдастары да аттаған сайын дерлік адам сүйегінің үйіндісіне
кездесе берді. Адам сыбдырының жақындағанынан үркіп ірі-ірі
ешкіемерлер қаша жөнеледі. Жерден шабан көтеріліп ұшқан қара
құстар ауада қалықтап жол бойын айналып жүрді.
Миссис Уэлдон жан-жаққа көз тастап келе жатыр, бірақ
ешнәрсе көрмеген кісі сияқты. Гэрристің опасыздығымен
Африканың алыс түкпіріне келіп кірген кішкене отрядтың халін
жолдастарына айтып шындықты мойындамай, бала жігіттің мұхит
жағалауына қайта қайтқандағы көздеген мақсаты не, миссис
Уэлдон осының мәнісін сұрап қала ма деген ой Диктің мазасын
кетірді. Бір жақсы жері, маңайдағы болып жатқан уақиғалармен
жас келіншектің ісі болмады. Ұйықтап келе жатқан бөбегін өзі
алып аналық мейірбанын нәрестеге аударды ол. Нан оның
қатарында келе жатты, бір жақсы жері, кәрі негр әйелі болсын, жас
келіншектің өзі болсын, Диктің тынышын кетіретін сауал жөнінде
ешқайсысы жақ ашып үндеген жоқ.
Том қарт басын жерге салып төмен қарап келе жатты, жол
бойындағы адам сүйегінің шашылып жату себебін ол жақсы
білетін-ді.
Томның жолдастары айналаға таңдана қарап келе жатты. Олар
жер сілкінудің салдарынан аударылып қалған ұшы-қиыры жоқ көп
моланың арасымен жүріп келе жатқан сияқты еді. Бірақ мұның
мәнісін Диктен ешқайсысы сұраған да жоқ.
Осы арада жылға арнасы кеңейіп, суының да недәуір тереңдей
түскені байқалды. Ағысы да шабандай бастаған еді. Көп кешікпей
осы жылғаның өзі кеме жүзе алатын өзенге айналады немесе
Атлант мұхитының өзіне барып құятын үлкен өзеннің біріне
қосылады деп үміттенуге боларлық еді.
Жас капитан отрядқа кездесетін не-не ауыр халдерді елең
қылмастан жылғаны жағалап жүре беруге бел байлады. Сондықтан
да судан бұрылып басқа жаққа кеткен жолдардың ешқайсысына
түспей жылға жағалап жүруге ұйғарып еді.
Кішкене отряд қалың бұтаны тағы жарып өтетін болды.
Шырмауық оралып қалған ит мұрны өткісіз қалың бұталарды
аттаған сайын балтамен кесіп жол салу керек. Бірақ бұл орман
мұхит жағалауының адам өткісіз жыныс орманына ұқсамайды:
мұнда ірі ағаштар сирек өскен. Оқта-текте биік ағаштардың
арасынан ерекше сорайып тұрған бамбуктер кездеседі.
Жолаушылар бірінен бірі айрылып адаспау үшін ербең ете қалған
кейбір қурайларды, анда-санда қылт ете түскен Геркулестің басын
межеге алатын-ды.
Күндізгі сағат үштің шамасында отряд ақыры тоғайдан
құтылды. Жер бейнесі кенет өзгеріп кетті. Жолаушылардың
алдында, жылдың жаңбырлы маусымында жаңбыр суымен тасыған
өзен тасқыны басып кеткен ұшы-қиыры жоқ жазық дала жатыр.
Батпақ жерлерге қалың-қалың мүк өскен. Табиғаттың өзі тоқып
төсеген жасыл кілемнің әр жерінде жайқалып тұрған ірі-ірі
папоротниктер көрінеді.
Ливингстон кітабындағы бұл сияқты жазық далалар туралы
жазылған сөздер Диктің есіне дәл уақытында түсе қалды. Аяқ
астынан тап бола кететін бәлелерге ержүрек зерттеуші талай рет
кездескен болатын, мұндай жерлерде батпаққа батып қалмау үшін
аттаған сайын аяқты аңдап басу керек болды.
— Менің сөзіме құлақ салыңдар, жолдастарым! — деп
айқайлады отряд алдында келе жатқан Дик Сэнд кенет тоқтай
қалып.— Аяқ баспас бұрын, басатын жерлеріңді байқап алыңдар!
— Не деген сұмдық! — деді Том қарт.— Соңғы күндерде күн
ашық болып еді ғой, сонда да болса мына ара жуырда ғана жаңбыр
жауып өткен жер сияқты.
— Нөсер құйып келе жатыр,— деді Бат.
— Олай болса тездете жүруіміз керек,— деді Дик Сэнд.—
Нөсер құймай тұрып, мына батпақтан өтіп кетейік. Геркулес, сен
Джекті көтер! Бат, Остин екеуіңіз миссис Уэлдонға
жәрдемдесіңіздер! Ал сіз, Бенедикт мырза... Ay, Бенедикт мырза,
сізге не болды?
— Мен бе, мен батып бара жатырмын,— деді ол жайбарақат.
Шынында да ол аяғының асты қапыл ойылып кеткен сияқты,
зымырап жерге сіңіп бара жатыр еді. Актеон қолын беріп ғалымды
батпақтан тартып шығарды, үсті-басы адам жиренерлік лас болып
қалса да ренжіген жоқ, өзінің ең қымбат қазынасы —
энтомологиялық жинақтар салынған қаңылтыр жәшігінің бүлінбей
аман қалғанына қатты қуанды. Дик Сэнд мына санасыз ғалымды
Актеонға тапсырды да, оны қасыңнан шығарма деп ескертті.
Бенедикт ағай батып шыққан шұңқырдың бір жағымсыз жері
болды. Ғалымды шұңқырдан суырып алғанда, ізінше бұрқылдап
отауланған сасық газ көтерілді. Бұл сияқты батпақтарға Ливингстон
талай рет кеңірдегінен келе батып шыққан. Асты кеуектеліп қалған
қара топырақты жерден аттаған сайын қайнап су атылады. Мұндай
борпылдақ жерлер жаяу жүруге аса қауіпті деген еді Ливингстон.
Жолаушылар былқылдақтың үстімен жарым миль шамасындай
жол жүрді. Бір жерде миссис Уэлдон тізесіне дейін батпаққа батты.
Сосын Геркулес, Бат, Актеон үшеуі бамбук ағашынан зембіл жасап
миссис Уэлдонды зембілге отырыңыз деп үгіттеді. Жас келіншек
кішкентай Джекті алдына алып зембілге отырған соң, бұл қауіпті
жерден тезірек өтіп кетуге асығып, отряд алға қарай тағы жүріп
кетті.
Жолаушылардың аяқ басқан жері өздерімен бірге солқылдап,
жүрістері өнбеді. Актеон өнебойы Бенедикт ағайды сүйемелдеп
жүрді. Том кәрі Нанды жетеледі, егер оған Том қараспаса,
кемпірдің батпаққа батып кетуі сөзсіз еді. Басқа негрлер зембіл
көтеріп жүрді. Дик Сэнд жол бастап отрядтың алдында келе жатыр.
Жол бастау оңай міндет емес еді. Ең дұрысы батпақты жағалап
шөптің қалың өскен жерімен жүрулері керек. Бірақ бұл араның да
аяқ тірерлік шөкелектері былқылдай беретін, аяқ тізеге дейін кіріп
кете берді.
Ақырында кешкі сағат бестің кезінде жолаушылар бұл батпақты
да артқа салды. Адамдар енді ширақ жерге аяқ басты, әйтсе де
қатты жердің жұқа қабаты астында батпақ барлығы білінеді.
Тегістік жер іргелес өзеннің табанынан төмен болғандықтан, өзен
суын борпылдақ жердің жұтып жатқандығы байқалады.
Күннің шыжығаны сонша, аспан айналып жерге түскендей. Егep
шақырайған күн мен жердің аралығын нөсерлі бұлт қаптамаса
ыстыққа жан төзіп болмас еді. Алыстан найзағай ойнап, күннің
күркірегені естіле бастады. Нөсер минут сайын жақындай түсті.
Нөсерлеп құйған жаңбыр, тамыры терең әлді ағаштарды құлата
алатын құйынды дауыл, үздіксіз жарқылдаған найзағай — міне
африкалық нөсердің түрі осындай үрейлі болатын. Диктің мұндай
нөсерден бұрын да хабары бар-ды, енді ол тіптен мазасыздана
берді. Отряд ашық далада қона алмайды, өйткені жазықты су басуы
мүмкін. Бірақ Дик Сэнд тасқыннан бас қорғарлықтай алдыңғы
жағынан бірде-бір төбешік көре алмады.
Жалғыз түп ағашы жоқ, тіптен бұта өспеген құлазып жатқан қу
медиен жазық даланың қай жерінен баспана іздеп табуға болар?
Солтүстіктен қатарланған аласалау төбешіктер көрінеді. Бұл
төбешіктер орманның ашық жақ қабырғасы сияқты. Көкжиек пен
нөсер бұлтының арасын бөліп көлденең түскен ашық сәуледен
бірнеше ағаштың бейнесі қарауытты.
Ол төбешіктерге барғанымен нөсерден қорғанарлық пана табар-
таппасына Диктің көзі жетпеді. Жолаушылар ең болмаса сонда
жетіп үлгірсе, тасқыннан қауіпсіз болар еді.
— Алға, достарым, алға! — деп айқайлады бала жігіт.— Бары-
жоғы үш-ақ миль жер жүрсек, мына қазан шұңқырдан құтыламыз!
Бұл қажырлы адам жолдастарының бәрін мойнына мінгізіп
қатерлі батпақтан қуана-қуана алып шығуға әзір еді.
Диктің сөзі жолаушыларға дем берді, адамдар арып-талғанына
қарамастан тез-тез аттап алға басты.
Нөсер төніп қалған кезде отряд мегзеген жерлеріне екі-ақ миль
жетпеген-ді. Бір жақсы жері, найзағай жарқылдап, түнерген қара
бұлт зәрлене төнгенімен, жаңбыр бірден құя алмай, біраздан соң
барып жауды.. Күн әлі бата қоймаған-ды, сонда да болса айнала
төңірек тастай қараңғы боп кетті. Өркеш-өркеш бұлттар жерге гүрс
етіп құлай кететін сияқтанып жайыменен төмен шөгіп келе жатыр.
Қызылды-жасыл найзағай аспан әлемінде айғыз-айғыз жол сызып,
әлгі қазан шұңқыр жазықты отпен сызбайлап торлап алды.
Кішкене отрядтың төбесінде әлсін-әлі жасыл ойнап, ажал төнді.
Бір топ жолаушы бүкіл аспан электрін өзіне тартып, жалғыз түп
ағашы жоқ жапан далада панасыз қалды.
Күннің күркірегенінен шошып оянған Джек басын Геркулестің
қолтығына тыға түсті. Бейшара бала аспан күркілінен қатты
шошыған еді, бірақ анасын ренжіткісі келмей, қорқып қалғанын
жасыруға тырысты. Геркулес сажен жерді бір-ақ аттап, қолынан
келгенінше баланы тыншайтуға әрекет етті.
— Қорықпа, Джек, қорықпа! — деп қайталады ол.—
Найзағайдың бізден дәмесі болса жақындап көрсін, мен оны бір
қолыммен екі бөліп тастайын. Мен найзағайдан күштірекпін ғой!
Қамқоршысының құдіретті екенін сезген бала лездің арасында
тыншая қалды.
Сәлден соң жаңбыр жаууға тиіс, сосын төменгі қабаттағы бұлт
сел болып жерге құйылады. Ал нөсер құйғанша қорғанарлық
баспана табылмаса, миссис Уэлдон мен кішкентай Джектің көрер
күні не болмақ?
Дик Сэнд Том қарттың қасына келіп:
— Не істеуіміз керек? — деп сұрады.
— Ілгері жүруіміз қажет,— деді қарт.— Жаңбыр мына ойпатты
суға толтырып, адам өткісіз шалқар көлге айналдырады. Бұл арада
кідіруге болмайды.
— Бұл жағы белгілі ғой, Том, белгілі! Бірақ қандай да болса
бірер баспана табу керек. Ең құрыса бір күрке табылса да жарар
еді...
Дик Сэнд кенет кідіріп тына қалды.
— Көз шағылта жарқылдаған найзағай ен даланың ол шеті мен
бұл шетін күндізгідей жарық қып жіберді.
— Жарым миль жерден шоғырланған бір қара көрініп қалды, ол
не болды екен? — деп айқайлады Дик.
— Мен де бірдеңе көргендей болдым,— деп жауап қатты қарт
негр.
— Лагерь шығар? Рас емес пе?
— Ие, лагерь.,.. Бірақ жергілікті халықтың мекені болар
демеймін.
Найзағай екінші қайтара жарқ ете түскенде, лагерь анық көрініп
қалды. Жазықтың орта шенінде көше-көше етіп салынған, биіктігі
он екі футтан он бес футқа дейін келетін жүзге тарта шатыр тұр.
Бірақ бұл лагерь иесіз сияқты. Адамдары қайда кетті екен? Егер де
лагерьдің халқы жаңбырдан қашып шатырға қорғаласа, соғып
тұрған күшті дауылды елең қылмай кішкене отряд басқа жаққа
қашулары керек. Егер адамдары лагерьді тастап кетіп қалса иесіз
қалған шатыр жолаушыларға баспана болар еді-ау.
«Мен мұның не екенін білейін» — деді Сэнд өзіне өзі. Ол Том
қартқа қарап:
- Мен келгенше қозғалмаңдар! — Мына лагерьді шолып
қайтайын,— деді.
- Сізге біреуіміз ере барайық, рұқсат етіңіз,— деп өтінді қарт
негр.
- Жоқ, Том, мен жалғыз барамын. Лагерьге білінбей бару керек,
мені осы арада күтіңдер!
Дик Сэнд пен Том қарт бастап келе жатқан кішкене отряд сол
арада тоқтап қалды. Найзағай жалт ете қалған кезде жасөспірім
бұқпалай жүгіріп, қараңғылыққа шомып ғайып болды.
Жаңбырдың алғашқы ірі тамшылары біртіндеп тама бастады.
— Дик қайда кетті?—деп сұрады миссис Уэлдон қарт негрге
келіп.
— Біздер осы маңайдан лагерь сияқты бірдеңе көрдік, миссис
Уэлдон,— деп жауап қатты Том.— Әлде оның қыстақ болуы да
ықтимал. Біздің капитан адамдарды онда тұп-туpa бастап апарудан
бұрын, алдын ала барлап қайтуға кетті.
Миссис Уэлдон бұл жауапқа қанағат етті.
Бірнеше минуттан соң Дик қайтып келді.
— Жүріңдер,— деп ол қуанған кісіше айқайлап жіберді.
— Лагерьде адам жоқ па? — деп сұрады Том.
— Бұл өзі лагерь де емес, қыстақ та емес,— деді жасөспірім.—
Құмырсқаның кәдімгі илеуі екен.
— Құмырсқаның илеуі?—деп айқайлады Бенедикт ағай, ол
бірден жадырап сала берді.
— Ие, Бенедикт мырза, бірақ илеу болғанда да биіктігі кемінде
он екі фут келетін үлкен илеу. Сонда барып паналайық.
— Олай болса, бұл тропиктік илеуі болуға тиіс. Олар ақылды
жәндіктер, архитекторлардың қандайы болса да сала алмайтын, сол
шеберлердің намысына тиіп ызасын келтіретін өте зор да сәулетті
құрылыстар сала біледі.
— Бенедикт мырза, мейлі, термиттер болсын, мейлі басқа
жәндіктер болсын, қуып шығып, орнын өзіміз басуымыз керек.
— Олар бізді жеп қояды! Әрине, олардікі заң.
— Жүріңдер! —деп айқайлады Дик Сэнд.
— Ay, тоқтай тұрыңдаршы! — деп кес-кестей берді Бенедикт
ағай.— Бұл сияқты термит илеулері тек қана Африкада болады деп
шамалайтын едім.
— Жүріңдер! — деп Дик Сэнд ашулана айқайлады.
Миссис Уэлдон энтомолог-ғалымның жат сөздеріне көңіл
аударуы мүмкін деп қорыққан еді Дик.
Кішкене отряд асыға басып Диктің соңынан жөнелді. Осы арада
жел бірден күшейіп кетті. Жаңбырдың ірі тамшылары тырсылдап
жерге тамып жатты. Дауыл енді құтырына соғып зіркілдей жөнелді.
Жолаушылар кешікпей-ақ шеткері тұрған бір термит илеуіне
жетті. Бұлардың алдында тұрған мәселе: мәмілеге келсе,
термиттермен келісіп қоңсы қону, немесе өздерін айдап шығып,
термиттердің орнына өздері орналасу еді.
Күмбез тәріздес етіп салынған құрылыстың астыңғы жағынан,
қызғылт балшық жапсырылған жерінен кішігірім тесік көрінді.
Геркулес тесікті жалма-жан пышағымен ойып, адам сиярлықтай
етіп кеңіте бастады.
Бұл илеулерді жүз мыңдаған термиттер мекендейтін, ал қазіргі
уақытта олардың бір де бірінің көрінбеуі Бенедикт ағайды таң
қалдырды. Бұл қалашықтың иелері шынымен-ақ мекенін тастап
кетіп қалғаны ма?
Геркулес тесікті үлкейтіп болған соң, жолаушылар бірінің
соңынан бірі еңбектеп күмбездің ішіне кіріп жатыр. Геркулес
бәрінің соңынан кірді. Сол минутта найзағайды өшіруге
өршеленгендей, жаңбыр да төге салды.
Жолаушылар күмбездің ішіне кіріп алған соң, тыстағы
дауылдың долдана ұлығанынан қауіптенбеді. ІІІатырдан да артық,
жергілікті халықтардың үңгірінен анағұрлым берік баспанаға
бұларды кездейсоқ бақыт айдап келтірген-ді.
Лейтенант Камерон, титімдей ғана жәндіктердің шамасы келіп
соншалықты ірі құрылыс тұрғыза алғандарына ғажаптанып: —
ертедегі египет халқының пирамида салған шеберлігін
термиттермен салыстырып қарағанда, мына жәндіктердің шеберлігі
таңдануға татырлық өнер,— деген.
— Адамдар термиттерге теңелу үшін,— деген еді ол,— кем
дегенде Эверест86 тауындай тау тұрғызулары керек!
Бесінші тарау
ТЕРМИТ ҰЯСЫНДА ТЕРМИТТЕР
ТУРАЛЫ ЛЕКЦИЯ
Бұл баспананың ойда жоқта табыла қалуы жолаушылар үшін
үлкен бақыт еді. Бірнеше минуттан соң кәдімгі айта беретін
тропиктік нөсер басталды.
Жаңбыр тамшылап қана қоймай, тура шелектеп құйды. Кей-
кейде көктен құйылған тасқын су құламасындай боп сарылдап
ақты. Көк әлемінің ұшы-қиырсыз су қоймасы үсті астына қарай
аударылып кетіп, барлық суы лақ етіп жерге құйылған сияқтанды.
Мұндай сел лездің арасында жазық жерді көлге, жыраны өзенге
айналдырып жібере алады, өзендер арнасынан шығып жазық
даланың талай жерін су басады. Африкада нөсерлі жаңбыр ұдайы
бірнеше күн тынбай жауады, жылы белдеуден Африканың
айырмасы осы.
Бір жақсы жері, термит күмбезінің қабырғасы су өтпейтін қалың
екен. Күмбездің төбесінен Ниагар өзенінің суы тұтас ақтарылса да
ішіне бір тамшы су өтер емес.
Жолаушылар термит илеуіне кірген бойда, бәрінен бұрын
күмбездің құрылысымен танысып шықты. Фонарь жарығымен
қарап байқағаны, күмбездің төбесін бүріп әкеліп бітеген, биіктігі он
екі фут, табанынан алғанда айнала ішкі шеңбері он бір фут. Ал
қабырғасының қалыңдығы бір фут екен.
Күмбездің ішкі қабырғасына бөлме-бөлме етіп текше
жапсырылған.
Титімдей ғана жәндіктер тобының осы тамаша құрылыс
орнатуы адам сенгісіз іс болып көрінуі мүмкін, бірақ термит
қаласының бар екені талассыз, ондай қалалар Африканың ішкі
өлкелерінде жиі кездеседі. Голландия саяхатшысы Смитмен деген
осы сияқты бір күмбездің төбесіне қасындағы төрт жолдасы мен өзі
— бес адам сыйып тұрғанын жазған екен. Ливингстон биіктігі он
бес фут, тіптен одан да биік — жиырма фут келетін қызыл
балшықтан соғылған термит күмбездерін Лундэде көрдім деп
жазыпты. Лейтенант Камерон бұл сияқты шоғырланған көп
құрылысты алыстан көргенде, соғыс лагері екен деп талай рет
алданыпты. Ньянгведе биіктігі жиырма фут қана емес, қырық, тіпті
елу футқа жететін зәулім биік термит күмбездерін көрген. Жанында
шіркеу мұнарасы сияқты етіп жапсыра салған қосымша жіңішке
құрылысы бар орасан ірі күмбез еді депті ол.
— Мұндай тамаша құрылыс тұрғызуға термиттердің қай түрі
шебер екен?
— Бұл жауынгер термиттердің жұмысы,— деді Бенедикт ағай,
құрылыстың материалдарымен танысып болысымен көп ойланып
тұрмай-ақ.
Күмбез кішкене отрядқа баспана болуға жарады, бірақ оның
ортасындағы бос алаңнан жолаушылар түгел сиярлықтай бос орын
табылмады. Әйтсе де текше мен бөлменің аралығына ықшам денелі
адам еркін сыюға болатын еді. Күмбездің ішкі қабырғасы бөлмелері
бар үлкен шкафқа немесе тартпаларын ашып қойған комодқа
ұқсайтын. Ол тартпалар миллиондаған титімдей ғана ұяларға
бөлінген, тартпалар пароход каютасының сәкісі сияқты, бірінің
үстіне бірі саты-саты болып орналасқан. Үстіңгі «сәкіге» миссис
Уэлдон, кішкентай Джек, Нан мен Бенедикт ағай шығып жатты.
Остин, Бат, Актеон үшеуі астыңғы «сәкіге» орналасты. Дик Сэнд,
Геркулес пен Том қарт еденде қалды.
— Достарым,— деді жасөспірім, екі негрге қарап, еденге су
жайыла бастады. Топырақ төгіп еденді биіктетсек деймін. Бірақ
тесік бітеліп қалмайтын болсын, егер тесік бітелсе, ішке ауа кірмей
тұншығып өлеміз!
— Біз мұнда тек бір-ақ түн түнеп шығамыз ғой,— деп Том
еденді биіктетуге қарсы болды.
— Бір түн болса да тыныш жатып дем алуымыз керек қой. Сәтті
жағдайды пайдаланып қалайық. Өткен он күннің ішінде қалқа
астында қонғалы тұрғанымыз осы бүгін ғана!
— Ие, біз он күнді ашық далада жатып өткіздік,- деді Том, енді
Диктің пікіріне қосылып.
— Оның үстіне,— деп Дик сөзін жалғастыра берді,— біз мұнда
тағы бірер күн кідіріп қалуымыз мүмкін, термит илеуі бізге сенімді
баспана бола алатын түрі бар. Мен уақытты пайдаланып өзіміз
іздеген өзеннің алыс-жақынын анықтаймын. Мүмкін, біз мұнда
қашан сал буып болғанға дейін тұрып қалармыз, мұнда болсақ,
бізге ауа лайсаңы қорқыныш емес. Қане, достарым, жұмысқа
кірісейік, топырақ төгіп үйіміздің ішін құрғақ сақтайық.
Диктің ұсынысы сол сағатында орындалды. Геркулес бөлменің
астыңғы қабатын балталап бұзды да, еденге құлатып жайып
тастады. Сөйтіп, еден бір фут шамасы жоғары көтерілді. Дик Сэнд
күмбез ішіне ауа-кіретін тесіктің бітеліп қалмауын бақылады.
Термиттердің үйін тастап кеткеніне жолаушылар шүкірлік
етісті. Егер мұнда термиттердің шамалы тобы қалса да адамдар
күмбезге кіріп жайласа алмас еді.
Термиттердің шаруашылығын тастап кеткеніне қанша болған?
Бұл жәндіктердің мекенін тастап кетуі, Бенедикт ағайды қатты
таңдандырды, сөйтіп ол осы мәселені анықтауға кірісті.
Ғалым текшеден еденге түсіп қолына фонарь алды да, күмбездің
түкпір-түкпірін қарай бастады. Сөйтіп, ол еңбексүйгіш
жәндіктердің азық қорын сақтайтын «бас қоймасын» тапты.
Қойма астыңғы қабатта екен. Бенедикт ағай ол жердегі әлі
қатып болмаған бірнеше тамшы ағаш шайырын тапты, демек,
термиттер қоймаға мұны жуырда ғана әкелген.
— Жоқ, жоқ!—деп айқайлады ғалым, бейне бір қарсы алдында
тұрған біреумен керісіп жатқандай-ақ.— Жоқ, бұл құрылысты
жуырда ғана тастап кеткен!
— Бенедикт мырза, сіз кіммен керісіп жатырсыз? — деп сұрады
Дик Сэнд.— Термиттер бұл арадан бүгін кетті ме немесе бұдан бір
жыл бұрын кетті ме, қашан кетсе де мейлі, ол арасының бізге
қажеттігі жоқ, біз үшін ең керектісі — үйін бізге қалдырып
кеткендігі.
— Жоқ,— деп өзеуренді ғалым,— термиттердің бұл арадан кету
себебін анықтау өте маңызды мәселе. Бұл тор қанатты сұмдар кеше
ғана немесе бүгін таңертең осында болған: мінеки, көрдіңіздер ме,
ағаш шайырлары тіптен қатып та үлгірмеген...
— Бенедикт мырза, оның бізге қанша қажеттігі бар? — деп
сұрады Дик Сэнд.
— Термиттерді өз мекенін тастап кетуге тек ішкі сезім ғана
зорлап көндіре алады. Көріп тұрсыздар ма, илеуде бірде-бір термит
қалмаған! Олар ең алдымен жұмыртқаларының бірін қалдырмай
тасып әкетуге тырысқан. Солай ол, мен тағы да қайталап айтамын,
ол сезімтал жәндіктер нендей де болса бірер қатердің таянып
келгенін сезген.
— Әлде олар күмбездеріне біздің кіретінімізді сезген шығар? —
деп Геркулес қалжыңдай күлді.
— Айтып отырғаныңның бәрі құр шатпақ! — деді Бенедикт
ағай негрдің қалжыңына шамданып.— Шынымен-ақ осы жауынгер
жәндіктерден өзіңізді күшті санайсыз ба? Егер олар сіздің өлігіңізге
кезіге қалса, термиттердің бірнеше мыңы жабылып қас қаққанша
болмай саудыратып сүйегіңізді ғана қалдырар еді.
— Өлі дененің сүйегін мүжу де жұмыс болып па! — деді
Геркулес жеңілгісі келмей.— Мен жүз мыңдаған термиттеріңді оп-
оңай тапап өлтіре аламын!..
— Екі жүз мың, бес жүз мың, миллион,— деп Бенедикт ағай
өзеурене түсті,— бірақ миллиард бола қоймас! Ал миллиард
термит, мейлі өлі бол, мейлі тірі бол, бақайшағыңа дейін
қалдырмай мүжіп тастайды.
Бұл талас алғашқыда Дикке қызық көрінсе де, кейін оны ойға
қалдырды. Бенедикт ағайдың айтқан сөздері оған үлкен әсер етті.
Жәндіктердің сырын жақсы білетін
ғалымның болжауынан жаңылмағанына жасөспірім
күмәнданбады. Егер де қаласын тастап кетуге термиттерді ішкі
сезім зорлаған болса, демек, бірер қауіп-қатердің төнгенін
шынында да олардың сезуі анық.
Бірақ күн күркіреп жаңбыр құйып тұрғанда бұл баспанадан кету
дегенді ойлаудың да қажеттігі жоқ, Дик енді мына ұғымсыз
мәселеге бас қатырғысы келмеді, тек қана:
— Бенедикт мырза, термиттер өздерінің азық-түліктерін
қоймада қалдырып кетіпті дедіңіз білем? Біздің де азық-түлігімізді
ала жүргеніміз сіздің сөзіңізден есіме түсті. Енді тамақтанып алсақ
та болады. Келешектегі істейтін ісімізді ертең, жаңбыр ашылған
соң ойласа жатармыз,— деді.
Нан кешкі ас әзірледі. Жолаушылар қаншама шаршағанмен
тамақтанудан тартынбады. Әлі де болса екі күнге жетерліктей
консервтер бар-ды, адамдар асқа арандарын аша килігіп, қалған
консервтерді сол кештің өзінде-ақ ада қылды. Жаңбыр тиіп су бола
қоймаған сухарилер қажырлы азулардың қыспағына түсіп ұдайы
бірнеше минут күтірлеумен болды. Ал Геркулестің жағы қатқан
нанды диірменсіз ұнтады.
Бірақ миссис Уэлдон асқа қолын әрең созды, егер оны Дик
зорламаса, ештеңе татып та алмас еді. Бүл ержүрек әйел әлде ненің
қамын ойлануда және өткен күндерге қарағанда қайғысы да
басымырақ-ау деп шамалады жасөспірім. Бірақ кішкентай Джектің
денсаулығы түзеле бастады. Безгегі де қайтып ұстаған жоқ, тыныш
жатып ұйықтайтын болды. Дик Сэнд жас әйелдің ендігі қайғысы не
екенін біле алмады.
Бенедикт ағай өзіне тиісті асты ішіп-жеуінде сөз жоқ, бұл әрине,
түсінікті мәселе. Бірақ жұтқыншағынан өткен ас аз ба, көп пе, дәмді
ме, дәмсіз бе, бұл жөнінде ғалымның ісі болды деп шамалаудың
қажеттігі де жоқ. Ол өзінің не ішіп-жегенін білмей де қалды. Тек
қана ас үстінде ұтыры келіп жолдастарына лекция оқығанына мәз
болды. Әттең, иесіз қалған құрылыста термиттердің ең болмаса
біреуі ғана қалмағанын айтсаңызшы!..
— Бұл тамаша жәндіктер,— деп бастады ол, әрине, өзінің
әңгімесін жолдастарының тыңдаған-тыңдамағанымен оның
жұмысы жоқ-ты,— тор қанаттылар тобына қосылады. Бұл топқа
қосылатын жәндіктер бес түрлі. Шаян шыбындар, арыстан
құмырсқалар, алтын қоңыздар, веснянка мен термиттер. Біз
отырған үйдің иесі жоғарыда аталып өткен жәндіктердің соңғы
тобына, яғни термиттер тобына қосылатынында ешқандай талас
жоқ. Олардың үйін басып алуымыз мүлдем орынсыз шығар деймін!
Дик Сэнд Бенедикт ағайдың лекциясын зейін сала тыңдай
бастады.
Бенедикт ағай өздерінің Африкада жүргендерін термиттер
қаласынан-ақ білмей ме екен? Білмеуі де мүмкін, өйткені бұл ғалым
өздерін бір материктен екінші материкке әкеліп тастаған қандай
қатерлі кездейсоқ жағдай екеніне түсіне қоюы екі талай. Сондықтан
да Дик Сэнд оның лекциясын мазасыздана тыңдады.
Ал Бенедикт ағай өзінің сүйікті шоқырағына басып желіге
сөйледі.
— Термиттердің,— деп ол әңгімесін соза түсті,— сегіз бөлімнен
құралған отыз бір талды қысқалау ғана мұрты болады: мұрттың
ауызға жақын бөлімі кеміргіш тіс орнына жұмсалады. Термиттерді
көбінесе «ақ құмырсқа» деп атайды, бірақ бұлай атау дұрыстыққа
жатпайды. Өйткені термиттердің құмырсқа нәсіліне ешқандай
жуықтығы жоқ. Олардың құмырсқамен нәсілдес деудің себебі, олар
құмырсқа сияқты бір илеуде көп болып ұйымдасып тұрады, істері
де құмырсқаға ұқсайды. Бір илеуде тұратын термиттердің көпшілігі
өсім бермейтін қанатсыз жұмыскер термиттер. Бұлардың басы
үлкен, жағы орасан күшті болады, олар «солдат» аталады.
Термиттердің арасында ата және ана термиттері болады. Жас
шағында бұлардың қанаты болады, ұша да алады, бірақ «тойдан»
кейін қанаты түсіп, ұша алмай қалады. Бұл жұбайлар «патша»,
«ханым» аталып кетеді, өйткені олардың кәсібі тек қана тұқым
өсіру.
— Ал мына күмбезді термиттердің қай түрі жасаған?— деп
сұрады Геркулес.
— Әрине, ғылым жолымен анықталған «жауынгер термиттер»
деп аталатын түрі жасаған,— деп жауап қатты Бенедикт ағай,
жауынгерлігімен даңқы шыққан Македон немесе көне замандағы
басқа нәсілдер туралы айтып отырған кісінің үніне салып.
— Жауынгер термиттер әдетте қай жерде өсіп-өнетін еді? —
деп сұрады Геркулес.
— Африкада,— деп жауап қатты ғалым.— Орталық Африкада
болады, әсіресе оның оңтүстік өлкелерінде өсіп-өнеді. Африка
деген шыбын-шіркей сияқты жәндіктерге өте бай, даңқы шыққан
жер ғой. Ливингстонның құмырсқалар туралы соңғы жазған
мақаласы оқуға тұрарлық қызғылықты еңбек, бұл мақаланы Стенли
әкелген-ді. Ол саяхатшы теңдесі жоқ, менен анағұрлым бақытты
адам: қызыл құмырсқалар мен қара құмырсқалар армиясының өзара
қырғын соғысын өз көзімен көрген ол. Шайқаста қара құмырсқалар
жағы жеңген, бұларды жергілікті халық «сирафу» деп атайды.
Қызыл құмырсқалар жағы жауымен табан тіресе соғысқанның
соңында жеңіліс тауып, соғыс майданын тастап кетуге мәжбүр
болған. Бірақ олар жұмыртқаларын тастамай өздерімен бірге ала,
толық тәртіппен шегінген. Адам болсын, айуан болсын, бұл сияқты
жауынгерлікті ешқашан көрсете алған емес дейді Ливингстон.
Тіптен сирафудың шаққанынан жолбарыс та, піл де қорқады.
Құмырсқа армиясының шабуылына ешнәрсе кедергі бола алмайды,
оның жолында ағаш кездессе оп-оңай өрмелеп басына шығып
кетеді, суы бар жылға кездессе, бірнеше құмырсқалар бірінің
аяғынан бірі ұстап өз денелерінен аспалы көпір жасайды да,
басқалары жанды көпірдің үстімен жүріп өтеді. Құмырсқаның
жауынгер қолы өте көп! Африканы зерттеуге барған Дю-Шайю
деген тағы бір саяхатшы қара құмырсқалардың ұдайы он екі сағат
үздіксіз шұбырғанын көріпті. Дегенмен құмырсқалардың есепсіз
қолын саяхатшының көруі таң қаларлық уақиға ма? Африка
жәндіктері ғажап өсімтал келеді, мысалға жауынгер термиттің
ұрғашысын алуға болады: олар күніне алпыс мың жұмыртқа туады.
Жергілікті халық бұл жәндіктерді жейді де. Айтарың бар ма,
достарым, пісірілген термиттен дәмді ас жоқ шығар деймін!
— Бенедикт мырза, сіз оны жеп көргеніңіз бар ма? — деп
сұрады Геркулес.
— Әзірге жеп көргенім жоқ. Бірақ жеймін!
— Қайдан жейсіз?
— Осы арадан!
— Бірақ біздер Африкада емеспіз ғой! — деді Том қарт асыға
сөйлеп.
— Жоқ... жоқ...— деп жауап қатты Бенедикт ағай.— Дегенмен
ғалымдар осы күнге дейін жауынгер термиттерді тек африкалық
жағалауларда ғана кездестірген. Ох, ол саяхатшылар ма, олар іздей
білмейді! Дегенмен, цеце деген шыбынды мен Америкадан таптым.
Енді менің даңқым бұрынғыдан да гөрі көтеріле түседі, өйткені мен
бірінші болып Жауынгер термитті де Америкадан тауып отырмын.
Бұл, оқыған жұртты таң қалдыратын мақала жазу үшін не деген
қымбат материал десеңізші! Мақала деген не, тәйірі, ішінде жақсы
қағазға басылып жапсырылған кестелері мен түрлі түсті суреттері
бар қалың том жазып шығаруға болатын материал ғой бұл!
Европаның ғылым дүниесін бір сілкінтіп тастайтын еңбек қой бұл!
Жағдайдың нашар халде екенін Бенедикт ағайдың сезбегені
анық болды. Бейшара ғалымның өзі болсын және оның қасындағы
Дик пен Том қарттан басқа жолдастары болсын өздерін
Америкадамыз деп сенген еді.
Бұл сенімдерінің қате екеніне көздерін жеткізу, айырықша бір
уақиға болмайынша мүмкін емес.
Бенедикт ағай әңгімесін аяқтағанда уақыт кешкі сағат тоғыздың
шамасы болып қалған еді. Энтомологиялық әңгімені маужырап
тыңдаушылардың көпшілігі ұйықтап кеткенін ғалым байқады ма
екен? Сірә, байқамаған шығар. Бірақ Бенедикт ағайға
тыңдаушының да керегі жоқ-ты. Ол тек қана өзі үшін айтып
отырған. Геркулес басқалардан гөрі ұйқымен көбірек тіресті, бірақ
жол азабынан қажып әбден шаршаған алып кешікпей-ақ көзін
жұмып ешнәрсені естімеді.
Егер ұйқы жеңбегенде, Бенедикт ағай әлде де болса мылжыңдап
беталды лаға берер еді, бірақ ақырында өзінің таңдап алған «үстіңгі
текшесіне» шығып ұйқыға кірді.
Күмбез іші тым-тырыс, бірақ далада күн күркіреп, найзағай
жарқылдап, дауыл әлі соғып тұр. Жуық арада жел басылып, күн
ашылады дерлік үміт жоқ.
Фонарь өшіп күмбез ішін қараңғылық басты.
Жолаушылардың бәрі қатып ұйықтап жатқан тәрізді. Бірақ
қаншама шаршап қажыса да Диктің ұйқысы келер емес, оның
еңсесін ауыр ой басқан. Бар ойлағаны қайткен күнде де
жолдастарын аман алып қалудың амалы еді. Жолаушылардың бар
қайғы-қасіреті «Пилигримнің» апатқа ұшырауы ғана емес-ті. Егер
олар жергілікті халықтың қолына түсе қалса, жаңа қайғыға, өте-
мөте ауыр қайғыға ұшырайды.
Бірақ өздеріне төнген көп қауіптің ішіндегі ең қатерлісі мұхит
жағалауына баратын жолда кездесетін бәле-бәтерден кішкене
отрядты қалай аман алып қалу керек? Гэррис пен Негоро
жолаушыларды Анголаға тегіннен-тегін әкелмеген. Бірақ оңбаған
португал бұдан не пайда тапты? Ол сұмырай соншама неге және
кімге өшікті? Негоро тек жалғыз мені ғана жек көріп, мені ғана
күндейді деп Дик өзін өзі сендіруге тырысты. «Пилигриммен»
теңізде жүрген шағында кездескен уақиғаларды қайта-қайта ойлап
апатқа ұшыраған «Вальдекке» кездескенін, кит аулап жүріп
капитан Гульдің барлық командасымен бірге қаза тапқанын тағы
есіне түсірді... Дик Сэнд өзі он бес жаста бола тұрса да капитан
болғанын, Негоромен керісіп қалғанда капитандық өкімді
пайдаланып португалды капитан әміріне — өзіне бағындырғанын,
кісендеймін, тіптен атып тастаймын деп қорқытқанын есіне түсірді.
Әттегене-ай, ол залымды сонда-ақ неге ғана жайратпады екен? Егер
Дик Сэнд сол кезде Негороны теңізге тастаған болса, бұл сияқты
жан түршігерлік қайғылы уақиға болмас та еді!..
Бала жігіт осы уақиғаларды есіне түсірді.
Ол «Пилигримнің» апатқа ұшырағанын ойлады. Бейбіт жатқан
Боливия жері деп шамалағаны бірте-бірте Анголаға, безгегі кісі
өлтіретін, жабайы адамы жабайы аңнан да жаман, үрейлі Анголаға
айналып бара жатқанын ойлады! Ат төбеліндей отряд мұхитқа
баратын жолда бұл сияқты қауіп-қатердің қай-қайсысына болса да
кездеспей кете алар ма екен? Мұхитқа салмен жетеміз деген
жобасын Дик Сэнд жүзеге асыра ала ма? Жол жүрудің бұл әдісі
құрғақпен жаяу жүргеннен гөрі адамды мойытпайтын, қатерсіз
сенімді әдіс деп шамалауға бола ма?
Дик Сэнд алдағы жүретін жүз мильдік жана сапарға миссис
Уэлдонның өзі де, кішкентай Джек те шыдай алмайтынын жақсы
білді.
«Бір жақсы жері,— деп ойлады ол,— халіміздің өте нашар
жағдайда екендігін миссис Уэлдон да және басқалардың да
ешқайсысы сезген жоқ! Негороның кемені Африкаға келтіргенін,
оның сыбайласы Гэррис бізді адастырып елдің алыс түкпірі
Анголаға әкелгенін Том қартпен екеуміз ғана білеміз!»
Әлдекімнің жылы лебі Диктің маңдайына тигендей болды.
Талдырмаш нәзік қол жасөспірімнің иығына асылды. Алқынған бір
дыбыс оның құлағына сыбырлады:
— Байғұс бала, мен бәрін де білемін!
Алтыншы тарау
СҮҢГУІРЛЕР КҮМБЕЗІ
Күтпеген жерден мойындауға тура келіп, Дик Сэнд жас
келіншекке жауап қайыратын сөз таппады. Бірақ миссис Уэлдон да
одан жауап күтіп тұрмаған-ды. Жас әйел кері бұрылып,
тоқтатқанша болмай, өз орнына, бөбегінің қасына барды.
Сөйтіп, миссис Уэлдон бәрін де біледі екен.
Шамасы, соңғы күндердегі уақиғалар келіншектің көңіліне
күдік салып, мұның шындыққа айналуына Бенедикт ағайдың
«Африка» деген жалғыз ауыз сөзінің өзі-ақ жеткілікті болған.
«Миссис Уэлдон бәрін де біледі екен! — деді Дик өзіне өзі.—
Біле берсін, қайта білгені жақсы. Білсе де көңілі жабығып еңсесі
түскен түрі жоқ, демек, менің уайымдауым бекер болған».
Дик енді таң атып күн шыққанын асыға күтті. Ол таң шапағы
білінісімен маңайды шолып, кішкене отрядты Атлант мұхитына
жеткізетін өзенді іздемекші: Дик өзінің іздеген өзенін оншалықты
алыста емес, жуық маңда болуы керек деп шамалаған. Ендігі ең
маңызды мәселе, жергілікті халыққа ұшырамаудың шарасын
қарастыру, бірақ Гэррис пен Негоро сол жақтың адамдарын
жолаушылардың ізіне салып та қоюы ықтимал.
Таң атуға әлі біраз уақыт бар. Күмбез ішіне түскен ине
жасуындай да сәуле жоқ, тастай қараңғы. Күмбездің қалың
қабырғасы арқылы әрең естіліп жатқан күннің күркірегені нөсердің
басылмай әлі құйып тұрғанын дәлелдейді. Дик Сэнд даладағы
дыбысты тыңдап күннің ашылмағанын білді. Бірақ жаңбырдың
ауыр тамшылары қатты жерге тырсылдап тамбай шылпылдап, суға
түсіп жатты. Бұл дыбыстан Диктің шығарған қорытындысы,
маңайды тегісінен су басқан екен деді.
Уақыт кешкі сағат он бірдің шамасы. Дик Сэнд бойын ұйқы
билеп бара жатқанын сезді. Шамалы көз іліндіріп тынығып алса да
теріс болмас еді, бірақ еденге төселген топыраққа су өтіп күмбездің
ішіне кіретін таза ауаның жолын бекітіп тастауы мүмкін, ақырында
тар күмбезде жатқан он адамның тұншығып өлуі де қиын емес
деген күдікті ой оның көз алдынан елестей қалды.
Дик Сэнд еденге сырғып түсті, қабырғадан құлатылған астыңғы
қабаттың топырағы еденді бір фут биіктеткен болатын. Топырақ
төселген еден әзірше құрғақ еді. Күмбез ішіне кіретін ауаның жолы
ашық, ішке кірген ауамен бірге үздіксіз жарқылдаған найзағайдың
жарығы да, күннің күркірегені де қоса еніп жатты. Жаңбыр
нөсерлете құйса да, күннің күркіреуі әлі басылмаған.
Бәрі де жақсы жайғасып жатқан. Термиттер илеуіне орналасқан
адамдарға төніп тұрған қауіп-қатер жоқ сияқты. Сондықтан да Дик
Сэнд бірнеше сағат дем алуға ұйғарды, бірақ сақтық ойлап тесіктің
кіре беріс аузына — еденге жатты. Бұл жер кездейсоқ қатер бола
қалса, елден бұрын дабыл қағып өзгелерге хабар беруге ыңғайлы
еді, және алғаш түскен күн сәулесімен оянып барлауға жөнеледі.
Дик мылтығын қатарына қойды да, қабырғаға басын сүйеп
лездің арасында тәтті ұйқыға енді.
Денесіне әлденендей бір суық зат тигендей боп оянып кетті ол.
Жатқан жерінен ұшып тұра келіп, күмбез еденін басып бара жатқан
суды көргенде, төбе шашы тік тұрды. Ішке кіріп жатқан су тез
көтеріліп, бірнеше секундтың ішінде Геркулес пен Том жатқан
төменгі текшеге жетті.
Дик жолдастарын оятып тұрғызды да, төніп келе жатқан жаңа
қатерді айтты.
Том қарт фонарь жағып күмбез ішіне жарық түсірді:
Судың тереңдігі бес футқа жетті де, одан жоғары көтерілмей
сол күйінде тұрып қалды.
- Не боп қалды, Дик? — деп сұрады миссис Уэлдон бұлардың
дабырымен оянып.
— Түк те жоқ,— деді бала жігіт.— Күмбездің астыңғы текшесін
су басыпты. Жаңбыр суымен тасыған өзен арнасынан шығып
маңайындағы тегістікке жайылса керек.
— Өте жақсы! — деп Геркулес айқайлап жіберді.— Бұл жағдай
шынында да өзеннің жақын екендігінің нышаны болса керек.
— Ие,— деді Сэнд,— осы өзенді төмен ағып мұхит жағалауына
жетеміз. Миссис Уэлдон, сіз абыржымаңыз, су бұдан жоғары
көтерілмейді, сіз жатқан текшеге су жетпейді, құрғақ болады.
Миссис Уэлдон үндеген жоқ. Ал Бенедикт ағай өз илеуінде
жатқан термиттер сияқтанып қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр.
Бес негрдің бесеуі де фонарь жарығы түскен суға үңіліп Диктің
сөзін күтіп тұр.
— Қалған азық-түлік пен мылтықтарды үстіңгі текшеге
жинаңдар, су тиіп бүлінетін болмасын,— деп бұйырды Дик Сэнд.
Енді ол күмбез ішіне кірген судың жоғары көтерілгенін бақылап
тырс үндемей қарады да тұрды.
— Су есіктен кірді ме екен? — деп сұрады Том қарт.
— Ие,— деп жауап қатты Дик Сэнд,— су енді тыстан кіретін
ауаның жолын бөгейтін болды.
— Олай болса, күмбездің су жеткен деңгейінен жоғарырақ жаңа
тесік тесейік,— дегенді айтты қарт негр.
— Жоқ... Том, олай еткеніміз дұрыс болмас деймін, мұнда
жиналған судың тереңдігі тек бес фут болғанда, тыстағы су бұдан
жоғары емес деп жорудың қисыны жоқ... Даладағы судың тереңдігі
жеті — сегіз фут, тіптен одан да терең болуы мүмкін.
— Дик, сіз солай деп шамалайсыз ба?
— Күмбездің ішіне кірген су іштегі ауаны қысып, қысылған ауа
суды төмен басып, оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермей
тұрса керек деп шамалаймын. Егер жаңадан тесік тессек, суды
қысып жібермей тұрған іштегі ауа тысқа тебеді де, судың ішке
кіруіне жол ашылады, сөйтіп іштегі су мен тыстағы судың деңгейі
іштегі судан жоғары болса, қашан ауа қысып тоқтатқанша іштегі су
үздіксіз көтеріле береді. Біздер қазіргі уақытта бұл күмбездің
ішінде суға сүңгушілер күмбезінің ішіндегі жұмыскерлер
сияқтымыз.
— Енді не істеуіміз керек? — деп сұрады Том.
— Ең алдымен жақсылап ойлану керек, содан кейін іске
кірісеміз,— деді Дик Сэнд.— Сақтанбай істеген іс түбімізге жетуі
мүмкін.
Бұл өте дұрыс пікір еді. Диктің, су басқан термиттер күмбезін
сүңгуірлер күмбезімен теңеуі де орынды. Бірақ сүңгуірлер
күмбезінің ішіндегі ауа арнаулы насоспен әлсін әлі жаңартылып
тұрады. Ондағы адам су астында жүріп емін-еркін дем алады, ауа
жағынан ешқандай кемтарлық көрмейді, өзін ауасы тығыз құрылыс
ішіндегі жұмыскердей сезеді. Термиттер күмбезі ішіндегі ауа
бірден бірге бұзылып бара жатыр, құрылыстың үштен бір бөлегін
су қамтыған, енді қабырғаның бір жерінен жаңа тесік тесілсе
болғаны бұзылған ауаның тысқа шығып, таза ауаның ішке кіруіне
жол ашылады. Бірақ құр тәуекелге сеніп жаңадан тесік тесудің
ақыры, Дик Сэнд айтқандай, жағдайды нашарлатып жіберуі
ықтимал.
Күмбез ішіндегі су әзірше бұрынғы деңгейінен асқан жоқ.
Іштегі су екі түрлі жағдаймен ғана көтерілуге тиіс: біріншісі,
күмбездің бүйірінен тесік шығарылса және тыстағы судың деңгейі
іштегі судан жоғары тұрса; екіншісі, өзен тасқынының деңгейі әлде
де көтеріле түссе. Бұл екі жағдай күмбез ішіндегі суды өсіріп, ауа
сиярлық шамалы ғана орын қалдырады, кислороды таусылып
бұзылған ауа қысылған үстіне қысыла түседі.
Тасқын күмбезді көшіріп әкетуі мүмкін деп ойлады Дик Сэнд.
Бірақ ойлана келіп бұл пікірін өзі теріске шығарды, өйткені
термиттер күмбезі өте нық салынған-ды.
Сөйтіп, нөсердің ұзаққа созылатын түрі байқалды. Жаңбыр
үздіксіз жауа берсе, тасқынның да күшейіп кетуі мүмкін, бәрінен
гөрі осыдан қауіптену керек. Егер бүкіл ойпатқа иірілген судың
тереңдігі отыз футқа жетсе, былай айтқанда күмбездің төбесінен он
сегіз фут жоғары көтерілсе, іштегі ауа бір атмосфера87 қысылады.
Дегенмен тасқынның күшейіп кетуі ықтимал деп Диктің
қауіптенуі орынды еді. Шынында да судың көтерілуі нөсерлетіп
жауған жаңбырдан ғана емес, жақын маңдағы бірер өзен арнасынан
шығып ойпатты түгелдей басып кетуінен болуы да мүмкін. Олай
болған жағдайда күмбез бүтіндей су астында қалды деуге болады.
Егер термиттер қаласы мүлдем су астында қалса, оның төбесін
тесіп шыққанмен, селден аман құтылудың мүмкіндігі жоқ.
Бұл кезде Дик Сэнд тағдырдың ақырын тосуға ма, әлде бірер
әрекет ету керек пе деген мазасыз ойда еді.
Түн ортасы ауып сағат үштің шамасы болды. Жолаушылар
қозғалмай отырып тыстан талып естілген күннің күркірегеніне
құлақтарын түрді. Тоқталмастан гүрілдеп сарылдаған дыбыс
тыстағы лайсаңның әлі басылмағанын дәлелдеп тұр.
Том қарт іштегі судың көтеріле түскенін байқаған еді.
— Мұны мен де байқап тұрмын,— деді Дик Сэнд.— Демек,
тыстағы су да көтеріле түскен, әйтпесе іштегі су көтерілмес еді.
— Бір жақсы жері, судың көтерілуі өте шабан,— деді Том.
— Бірақ мұның қашан тоқтайтыны мәлімсіз ғой,— деп жауап
қатты Дик.
— Капитан Дик,— деді Бат, егер қаласаңыз, күмбезден тысқа
шығуға әрекет етіп көрейін. Суға сүңгимін де, тесік арқылы тысқа
шығамын...
— Осыны өзім істесем деп тұрмын,— деді Дик оған.
— Жоқ, жоқ! — деп Том қызулана сөзге араласты,— рұқсат
етіңіз, менің балам сүңгісін. Оған сенуіңізге болады. Егер ол
қайтып орала алмаса... сіз тағы бірер амал ойлап табарсыз...— Қарт
оның құлағына сыбырлап: — Сіз миссис Уэлдон мен кішкентай
Джекке керек екеніңізді ұмытпаңыз!..— деп үстеді.
— Жақсы,— деді Дик.— Бара ғой, Бат. Егер күмбез бүтіндей су
астында қалған болса, мұнда қайтамын деп әуреленбей-ақ қой. Сен
шыққан тесіктен далаға шығудың амалын қарастырармыз. Бірақ
балта ала кет, егер күмбездің төбесі судан шығып тұрса, төбені
тықылдатып бізге хабар беp. Сосын төбені ішкі жағынан өзіміз
тесерміз, түсіндің бе?
— Түсіндім,— деп жауап қатты Бат.
— Жөнел, балам,— деді Том, Баттың қолын қысып.
Бат өкпесін ауаға толтырып алды да, сүңгіп кетті. Күмбез
ішіндегі судың тереңдігі бес футтан астам еді. Баттың алдында
тұрған міндет оңай жұмыс емес, су басып қалған тесікті табу, сосын
тесіктен өтіп үске көтерілу. Осының бәрін бірнеше секундтың
ішінде істеп үлгеруі керек.
Жарты минут уақыт өтті. Дик сүңгіп кеткен негрді ашық ауаға
шыққан болар деп үміттенген еді, осы арада cyдан Баттың басы
көрінді.
— Қане, айтшы, не болған екен? — деп сұрады Дик Сэнд.
— Тесіктің аузын лай басып қалыпты,— деді Бат демін алқына
алып.
— Тесікті лай басыпты деймісің!—деп қайталады қарт негр.
— Ие,— деді Бат,— ауыздағы топырақты су жуып әкетсе керек,
қабырғаны айнала сипалап тесікті таба алмадым.
Дик Сэнд басын шайқады. Кішкене отряд су басқан күмбездің
ішінде ешбір тыныссыз тастай қараңғыда қалып тұншығатын
болды.
— Мұның бұрынғы тесігі табылмаса, жаңадан тесік тесу
керек,— деді Геркулес.
— Сабыр ет! — деп айқайлады Дик, қолына балта алып суңгуге
ыңғайланып тұрған Геркулесті қолынан ұстап.
Бала жігіт терең ойға шомды, ұзақ уақыт үндемей тұрып,
ақырында:
— Жоқ, біз басқа әдіс қолданамыз. Күмбезді төбесіне шейін су
басқан ба, жоқ па? Мінеки күллі мәселе осыған байланысты. Төбені
бұрғылап тессек, мұны оңай білеміз Бірақ күмбез бүтіндей су
астында қалған болса, ауа бірден далаға атылады да күмбездің бос
тұрған жері суға толады, сосын біздің жұмысымыз бітеді деген сөз.
Бұл арада өте сақ болу керек.
— Бірақ кешіге берудің жөні жоқ,— деп ескертті Том қарт.
Шынында да күмбез ішіндегі су бірден-бірге көтеріліп бара
жатқан. Судың тереңдігі алты футқа жетті. Миссис Уэлдон, Джек,
Бенедикт ағай мен Нан — төртеуі әлі су жете қоймаған жоғарғы
құрғақ текшеге шықты, бірақ еденде қалғандар белуарынан келіп
суда тұр.
Диктің айтқанын тезірек істеп байқау керек болды. Іштегі судан
бір фут жоғары, былай айтқанда күмбездің табанынан жеті фут
жоғарыдан бұрғылап тесік тесу керек, бала жігіт осылай байқауға
ұйғарды. Егер тесіктен ішке ауа кірсе, күмбездің төбесі судан
шығып тұрғаны. Ал керісінше, яғни тесік тыстағы судың астынан
тесілсе, іштегі су көтеріле бастауға тиіс. Олай болса тесікті тезінен
тығындап тастап, бір фут жоғарыдан қайта тесу керек. Егер төбеден
тескен тесіктен де ауаның хабары болмаса, табандағы судың
тереңдігі он бес футтан жоғары болып, термиттер қаласы тегісінен
су астында қалғаны. Онда Диктің өзі де жолдастары да өлімнің ең
ауырына ұшырап, тұншығып, аз-ақ уақыт қиналып өлер еді...
Дик Сэнд бұл жағдайды жақсы білді, алайда байсалды да өзін-
өзі сабырлы ұстады. Ол істейміз деген ісінің болашақ мүмкіндігін
ерте бастан-ақ ескерген болатын. Бірақ мойнына су кеткен кісіше
ешқандай әрекет етпей қараптан-қарап тұра беру — жігіттік емес,
өте қауіпті, онсыз да іштегі ауа бұзылып болған, адамдар тұншыға
бастаған-ды.
Дик Сэнд күмбез қабырғасын тесу үшін ұшында бұрандасы бар
мылтық сүмбісінің біреуін суырып алды. Шапшаң бұралған сүмбі
балшық қабырғаны оп-оңай тесіп өтуге тиіс. Тесіктің кеңдігі сүмбі
жуандығынан бірнеше миллиметр ғана кеңдеу еді, бірақ осы
болмашы тесіктің өзі де ішке ауа кіруге жол бола алады.
Геркулес фонарь көтеріп Дикке жарық түсірді. Актеонның
қалтасында тағы бірнеше балауыз бар-ды, бірақ мұны ақтай берудің
де қажеттігі қалмаған.