The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Сынтаслы туралы толғау

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by saretbalausa, 2023-11-20 07:56:41

сынтаслы туралы толғау

Сынтаслы туралы толғау

Иса Қапаев Сынтаслы туралы толғау Повестер Ноғай тілінен аударған Күланда Ұзақбаева Белгілі ноғай жазушысы Иса Қапаевтың қазақ тілінде екінші рет шыққалы отырған бұл кітабына төрт повесі енген. Автор адамдардың бойындағы биік адамгершілік қасиеттерін дәріптеп жағымсыз қылықтарын әшкерелейді. Жастардың өмірге талпынысын, арманмұратын, кейбір қалт басқан қадамын сөз етеді. Сондай-ақ, бұл кітап арқылы ноғай халқының тұрмыс-салтымен, жаңа өмірімен танысасыздар. СӘЛЕМ, МИХАИЛ АНДРЕЕВИЧ БІРІНШІ ТАРАУ Мұхтар таң ағара бастағанда оянды. Сіркіреп жауған жаңбыр терезенің алдындағы қаңылтырға тиіп, тоқтаусыз тысырлайды. Әйнектен көрінген қара қошқыл аспан да көңілге күңгірттік әкелгендей.


“Демалыс күніміздің мәнісі кететін болды ғой”, – деп ойлады Мұхтар. Өткен күндердегідей тағы да оны бір түрлі жабырқаулық билеп алды. Көңілсіз күйден қалай арыларын білмеген Мұхтар әлдебір сеніммен әйеліне қарады. Өлмесхан басын бүркеп, ірге жаққа қарап, ұйықтап жатыр. Қара шашы жастыққа жайылып, іш көйлегінен иығы көрінген әйеліне қарай бұрылып, денесіне денесін тигізіп еді, бір жылылық сезінгендей болды. – Бері қарап жатшы! – деді қолын әйелінің етіне тигізіп, сыбырлай сөйлеген ол – Қойшы! – деді ұйқылы-ояу сөйлеген Өлмесхан, – балаларды оятасың. Ол ерінің қолын кейін ысырып тастады. Мұхтар ауыр күрсінгенмен, қайтып мазасын алмады. Ол басын көтерді де, бір кереуетте жатқан екі қызына қарады. Кіші қызы тәтті ұйқыда, ал алты жасар үлкен қызына салқын тиген бе, тынысы тарылғандай ауыр дем алып, енді-енді оянып кетердей дөңбекшиді. Мұхтар шалқасынан аударылып жатты. Жаңбыр бірдеңе деп сыбырлағандай, қабырғадағы сағат та тырс-тырс соғып, минуттарды санайды. Оның бір қалыпты дыбысы көңілін тыныштандырып, жұбатқандай болды. Үйдегі тыныштықты сырттан естілген жаңбыр дыбысы да бұзып тұрғандай. Оның басына әр түрлі ойлар келе бастады. Көңілі көрші бөлмеде ұйықтап жатқан ұлдарына ауды: тұңғышы Әлидің биыл әскерге баратыны, қайтып келген соң үйленіп, немере сүйдіретіні жайында армандады. Осындай тәтті қиялға шомған Мұхтар, болашақ немерелерін көз алдына елестетпек болды. Бірақ, оның орнына кейінгі кезде ойына жиі орала беретін өзінің балалық шағы түсті. * * * ...Ол мектептен келіп, оқу құралдарын салған көнетоз кенеп сөмкесін үстел үстіне қойды да, тамақ ішпегендіктен өзегі талып, басы айналып, аяғын әрең басып тұрғанын сезді. Шешесі жатқан ағаш төсектің


жанына келіп, жерге отыра кетті. Сырқаттанып жатқанына жарты жылдай болған анасы оның жүдеген жүзіне, бадырайған көзіне жаны аши қарап, күлімсіремек те болды. – Тұр жерден, балам, суық тиеді! – демекші еді, бірақ жөтел қысып, сөзін айта алмады. Мұхтар ұшып тұрып, оның еті қашқан әлсіз қолын ұстап, алақанымен сипады. – Күнің не болар екен, құлыншағым? – деді ентіге тыныстаған шешесі ернін әрең жыбырлатып. – Жалғыз қаласың-ау! Сенерім – жалғыз сіңлім Шайдат қана. Мен өлсем, соған барарсың. – Қойшы, апа, айтпашы қайдағы-жоқты! – Мұхтар қайғыдан булығып, сөйлей алмай тұрды да: – Айтпашы ондайды, апашым?! – деп қайталады. Жылап жібермейін дегендей ернін жымқырып тістей қойды. – Айтпайын, балам, айтпайын. Мүмкін, жазылармын да. Қазір, шүкір, жақсымын... – деп ол басын көтермек болды, бірақ әлі жоқ еді. – Бірдеңе пісіріп берейін саған, қарның ашты ғой, – деп күрсіне, ауыр дем алды. – Жата бер, апатайым, жата бер! – деп Мұхтар оны тұрғызбады. – Мен өзім-ақ пісіремін. Алдыңғы күні Шайдат әкеп берген жүгері ұнының қалғанынан пісірілген кеспені жылытты. Көрші ауылда тұратын нағашы апасы анда-санда жүгерінің дәнін, азын-аулақ картоп әкеліп беретін, бұл жолы бір табақ ұн да әкеліпті. Енді соның өзі де таусылып қалды. – Іш, балам, менің тамақ ішкім келмейді, – деп апасы оның ас құйып әкелген ыдысын жанына жуытпады. – Мен тоқпын, – деді Мұхтар даусын нықтап шығарып. – Сен, Әскердің тамағының жартысын маған бөліп беретінін өзің білесің ғой, бүгін де бөліп берді, – деп, өзегі талғанын білдірмеуге тырысып, шешесінің көзіне жігерлене қарады.


Әскер Мұхтарға еш уақытта бір үзім нан берген емес. Онысын қойшы, тіпті немере бауырына “қайыршы, тіленшек” деп бүкіл кластас балалардың алдында мазақтап күлген болатын. Бір күні Мұхтар туысым ғой деп олардың үйіне барған... Шешесі төсек тартып қалған кезде, сатылған сиырдың ақшасы бітіп, үйде талшық қылатын ештеңе болмаған соң, Мұхтар ұятты қойып, шешесіне де айтпай, амалсыздан әкесінің інісінікіне барады. Кешкі астың үстіне келген баланың сәлемдескенін ешкім елемейді де: үй иесі оған ала көзімен қарап, алдындағы ішіп отырған асына одан сайын тұқырая түседі. Әскер де үндемей, ыржиып күлімсірейді, тіпті пештің жанында күйбіңдеп жүрген әйел де балаға аянышпен қарайды да қояды. Қаймақ қатқан шайдың хош иісінен Мұхтардың басы айналады. Ол есікке сүйеніп, сілекейін жұтып, дастарқанға шақырар деп күтіп тұрады да, болмаған соң: – Бізге кішкене нан беріңізші! – дейді өзінің қызарып кеткенін сезіп, сөзін бөліп сөйлеп. – Апам тәуір болған соң қайтарармыз. Үйде талшық ететін ештеңеміз жоқ. Немере ағасы отырған жерінде тұтыға жөтеліп, тамағын қырнап, мұрнын пысылдата басын шайқап: – Тамақ ішейін деп жатқанда, қайдан жетіп келіп едің, иттен туған неме? Шашалып қалдым ғой! – деді ол қақырынып, қолын балағына сүртіп. – Тамақ үлестіретін үйміз бе? Сенің шешеңе беретін нанымыз жоқ. Солай деп айта бар, түсіндің бе? – деді де, шайын іше берді. Бала бүрсиіп, тысқа атып шықты. Жәбірленіп, қорланғаннан тамағына әлдене тығылып, көзінің жасы ытқып кетті. Енді ол бұл үйдің табалдырығын еш уақытта да аттамасқа, туысым деп санамасқа ант етті. Мұхтар өз шешесін олардың жаратпайтынын білетін, дегенмен, бастарына қиыншылық түскенде, далада қалдырмас деп ойлаған-ды. Бірақ ең жақын деген осы адамдар әкесі өлген күнгі шешесінің өздеріне айтқан қарғысын ұмытпайды екен. Мұхтар әкесін білмейді де. * * * ...Ол ұлының төрт жасар кезінде қаза тауыпты. Әкесі туралы шешесі айтып берген. Соғыстан бұрынғы жылдарда құрғақшылық болып, егін


шықпай, шөптер күйіп кетеді. Ауыл ашаршылыққа ұшырайды. Қарттар, бала-шағалар қырылып қалады. Осындай қатерлі шақта әкесі өз заттарын, әр түрлі үй мүліктерін, киім-кешектерді қарашайларға апарып, астыққа айырбастамақ болады. Жалғыз ол емес, барлық ноғай ауылы сөйтеді екен. Сол кезде “алтын-күміс – тас екен, арпа-бидай – “ас екен” деген мақал сөз де шығады. Мұның әкесі әлуетті, ер жүрек адам болыпты, ауылдастары оны сыйлайды екен. Темір жолда жұмыс істейтіндіктен бе, оны көпті көрген тәжірибелі деп санап, айтқанына келіседі. Олар құмандарын, қазандарын, алтын-күмістен жасалған заттарын беріп, Әлімгерей Қарамовты сәтті сапарға шығарып салады. Айтқанындай, ол бірнеше күннен соң астық әкеліп, ауылдастарына түгел бөліп береді. Бірақ, әкеліп бергендеріне разы болмаған жұрт бұған қуанбады, біреулерге аз болып көрінеді. Неге десеңіз, жылдап жинаған заттарын артық бағалаған олар астықты көбірек аламыз деген сенімде болған. “Әлімгерей қарашайлардан әкелген астықты түгел үлестірген жоқ, көбін өзінде қалдырды” деген қаңқу сөздер үйді-үйге тарап кетті. Жақын-жуықтары Әлімгерейді жазғыруға батылы бармай, “әкелген астықтың көбін жасырып алып қалған” деп, әйелін кінәлайды. Тау жақтан әкелген астықты ауылдастары тез тауысады. Тағы да қиын жағдайға ұшырайды. Енді туыстары мен таныстары Қарамовтың үйіне өздері келе бастайды, әйелдері мен қарындастарының, шешелерінің күміс білезіктерін, жүзіктерін, тана-түймелерін, қымбат дүниелерін әкеліп беріп, басқа жаққа апарып, астыққа ауыстыруын өтінеді. Әлімгерей өзіне жала жауып, сенімсіздік тудырғандары үшін ызаланып, алғашында ешқайда баруға көнбейді, бірақ ойлана келіп, “жұрттың қалай да өмір сүруі керек қой” дегенді түсініп, баруға келіседі. Жолға шығады. Ел қазынасын астыққа айырбастап, ауылға қайтып келе жатқан жолда бұны қарақшылар тонап, арбасындағыны тартып алып, өзін өлтіріп кетеді. Бірнеше күннен кейін Әлімгерейдің денесін ауылға алып келеді. Қайғыдан қан жұтып, ақылы ауысуға шақ қалған Мұхтардың шешесі күйеуінің жақын туыстарын қарғайды. “Менің ерімнің өліміне себепкер болған тойымсыздар құдайдан тапсын! Мұндай күнді оның басына тудырғандардың аяқтары көктен келсін, іштері шұрқырап, аштан өлсін, құдай жазасын берсін!” – деп ел естімеген қарғыстарды үйіп-төккен болатын.


Жақын деген адамдары да қарғыстан сескеніп, үндемей қалмады. Күйеуі бірінші рет әкелген астықтың біразын жасырып тыққанын айтып, Әлімгерейдің өлуіне оның да кінәлі екенін ашықтан-ашық бетіне басты. * * * ...Мұхтар тісін шықырлатып, үйдің төбесіне қарады, аппақ төбе сарғылт тартып, тап бір кебін жайылып келе жатқандай боп көрінді. Ол көзін тарс жұма қойды. Бастан кешкендері көз алдына елестеп, қауіп төнгендей болды. Баяғыда әкесінің інісінен қорланып қайтқаны есіне түсті. Сол күні түнде, нағашы ағасының әйелі есікті қағып үйге кірді де, оралған бір түйіншекті үн-түнсіз Мұхтардың қолына ұстата салып, шығып кетті. Сондықтан да анасы “Мұхтарға Әскер тамағынан бөліп беріп жүр екен ғой” деп сенді. “О, уақыт! Уақыттың жазбайтын жарасы жоқ қой! Әскермен туыстығымды үзермін деп едім, ал қазір онымен ағалы-інілідей сөйлесемін. Оның үйіне қонаққа да барамын, өз үйіме келсе, ең қымбат адамымдай қарсы аламын. Міне, енді Жақыптың өзін де кешіргендеймін...” Жақыптың, көршісінің кесірінен Мұхтар өмір бойына ақсақ болып қалды. Ол бір қиын кезең еді ғой. Ашыққан адам не істемейді. Мұхтар көршісінің ауласына қарай өте бергенде, көршісі мұны көріп қалып, таяқты лақтырып жібереді. Таяқ Мұхтардың аяғына тиеді. Бала қалай қашып келгенін өзі де білмей, басы айналып, үйге әрең жетіп, әкесінің жерде жатқан тонына құлай кетеді. Аяғының ауырғаны сонша, таң атқанша солқылдап жылап шығады. Азап шегіп жатқаны сол бір ұрлықтың кесірі емес пе? Мұхтар бірнеше күннен бері көршісінің бақшасына кіріп, бір түптен қазып алған үш-төрт картопты шешесімен екеуі талшық етіп жүрген. Енді қайтпек? * * * ...Мұхтар бүгілмейтін аяғын қимылдатып көріп, күрсінді. Осы кемістіктің салдарынан оны әскерге де алмады, әрі дұрыс өмір сүруіне де көп кедергі болды. “Бақытыма қарай әйтеуір Оғұрлы кездесті ғой” деген жарқын ой өткен-кеткенді ұмыттырғандай еді. “Сол үшін ғана шүкіршілік етемін”, – деді ол.


...Ертеңіне аяғының ісігі қайтып, ауырғаны басылғанда, Мұхтар ақсаңдап, колхоз басқармасына барды. Ол таяқпен кіруге ұялып, сыртқа қалдырып, аяғының ауырғанына да қарамай, басқарма бастығы отырған бөлмеге енді. Біреумен сөйлесіп отырған бастық баланың кіргенін жақтырмай, оған қабағын түйіп қарады. – Маған жұмыс тауып беріңіз, – деді ол басқарманың алдына талап қойғандай сөйлеп. Бастық баланың сөзін құлағына да ілмей, қызыл шырайлы, мұртты кісімен сөйлесе берді. Бір кезде бұрылып қарағанда, көз алдында тұрған бала күлкісін келтірді. – Жұмыс деймісің? Әкең сені асырай алмай ма? Кімнің баласысың? – Әлімгерей Қарамовтың баласымын. Ол кісі өліп қалған. Мен жалғыз шешеммен тұрамын. – Ә-ә, Қарамов Әлімгерейдің де... Білемін, білемін, – деді басқарма оны аяғансып. Сол кезде оның өңі тағы да өзгеріп, сұрлана қалды. – Бірақ сенің әкең колхозшы емес еді ғой. Алғашқы жиылыста Әлімгерейдің айтқан сөзі есіңде ме, Оғұрлы? “Ағайын ағайынды түсінбейді, ал сіз ғой, бөтен адамдардың тату-тәтті ынтымақпен бір кісідей жұмылып, өмір сүруін тілейсіз. Сіздің күшіңізден қорыққандықтан жұрт колхозға кіреді”, – деген болатын. Тартып алама деп ойлап өгіздерін өзі әкеліп тапсырды да, темір жолға барып жұмысқа орналасты. Көпшілікке қарсы тұрып, ауылдастарына тіл тигізді... – Баланың көзінше мұныңыз не? – деді мұртты кісі оның сөзін бөліп. – Өткенді айтып, не керек еді? Әкесі туралы айтылған сөз жүрегіне оқтай қадалған Мұхтардың көзі қарауытып, ерні-ерніне тимей, дірілдеп кетті. – Менің жұмыс істегім келеді! – деп айқайлап жіберді ол, қарлыққан дауыспен. – Тамағымды тауып, күн көруім керек емес пе? – деді қабырғаға таяна беріп. – Саған беретін жұмыс жоқ менде, – деп басқарма бастығы жауабын кесіп айтты. – Сен жеке меншікті жақтайтын адамның ұлысың,


сондықтан колхозға мүше бола алмайсың. Қысқасы – әлі кішкентайсың, сенің жұмысың – мектепте. Оқы, бала! Мұхтардың дәрменсіздіктен басы айналып, құлап кетердей тәлтіректеп тұрды. Әкесінің жауларының алдында құлап қалмайын деп, намысқа тырысып, ілезде есіктен жып беріп, далаға атып шықты. Колхоз басқармасының жанындағы ақ терекке әрең жетіп, жерге құлап түсті... Біраздан соң: – Саған не болды, бала? – деген дауыстан есін жиды. Басын көтеріп қараса, алдында мана басқарма бастығы Оғұрлы деп атаған, қызыл шырайлы кісі тұр екен. – Апам екеуміздің ішетін асымыз жоқ. Аузымызға салатын бір түйір дән табылмай, аштан өлмекпіз бе? – деді Мұхтар көзінің жасын тыйып. Тұрайын деп еді, тізесі қалтырап, ыңқылдап барып, бір жамбасына құлады. – Ауыра ма? – деді мұртты кісі баланың аяғына қарап. Мұхтар тағы да тұрмақ болды. Оғұрлы ұмтылып келіп, оның қолтығынан демеп, орнынан тұрғызды. Бала оның шұға гимнастеркасынан мықтап ұстап алыпты, қолын босатса, жығылып кететін сияқты. – Аяғыңа не болған? – деді әлгі кісі оны аяған кейіппен. Мұхтар оның жаны ашып сұрағанына таң қалып, мейірімді адамға тесіле қарады да: – Жығылып, ауыртқапмып, – деді сәлден соң төмен қарап. Оғұрлы күлімсіреп, байлаулы тұрған атына баланы мінгізді де, жүгенін босатып, тап бір жас адамдай ерге қарғып мінді. Мұхтарды өзіне тартып, қыса ұстап, ауыл емшісіне қарай ала жөнелді. Емші кемпір баланың ауырған тізесіне шөптен жасалған, иісі бұрқыраған бір дәріні жақты да, шүберекпен таңып тастады. Жасыл түсті, қою дәрі құйылған құтыны Оғұрлыға беріп, баланың аяғына осыны жағып тұру керектігін айтты. Оғұрлы оны атқа мінгізіп, үйіне


алып келді. Қақпа алдына жеткенде, аттан түсіріп жатып, тақыр басынан сипады. – Аяғыңның ауырғаны басылған кезде, Қоян-Жылғаға келерсің, – деп қоржынының аузын шешті де, ішінен нан мен үлкен бір кесек ірімшікті алып, баланың қолына ұстатты. – Маған қой бағуға көмектесесің. Бастықпен өзім сөйлесемін, – деді Оғұрлы мұртын ширатып тұрып. Содан соң: – Ал, тез жазылып, дәу жігіт бол, балам! – деп шаңды бұрқыратып шаба жөнелді. Кешке қарай Оғұрлының қызы иінағашқа іліп, бір шелек ұн мен бір шелек айран әкеп берді. Қарамовтардың үйіне кірген бұл бір үлкен байлық еді. Бір жұмадан соң, Мұхтар аяғының сыздап ауырғанына қарамай, Оғұрлының қосына келді. Сөйтіп, ол қойшының көмекшісі болды. Бұл оның ұзаққа созылмаған балалық шағының ең бір бақытты кезеңі еді – шуақты күн, кең дала, Оғұрлының сыбызғысы, жұлдызды аспан астындағы алаулап жанған от, қойшының өмір жайлы әңгімелері, ал ең бастысы – мол тамақ: дәмді көже, сүт қатқан шай, шөп арасынан тауып, ыстық күлге пісірген жұмыртқа. Көңілге ұялап қалған осының бәрін қалай ұмытарсың? “...Оғұрлы болмаса ғой, мен бұл күнге жетпес едім, бұндай жақсы өмірді көрмес те едім. Бұл жайында балаларым да білсін. Әкелері үшін Оғұрлының қандай адам болғанын олар білуге тиісті. Оғұрлының өзі дүниеден қайтса да, атын ұмытпасын, естерінде сақтап, оның ұрпақтарын іш тартып жүрсін деп, ылғи да қайталап отырамын”, – деген сөздерді Мұхтардың айтуы бірінші рет емес. Көп жылдан бері осыны қайта-қайта айта беретін. Қазір де ойға берілген ол: – Топырағы торқа болсын! – деді күбірлей сөйлеп. – Сен не деп күбірлеп отырсың? – деген Өлмесхан есінеп, терезеге қарады. – Жаңбырдың құйып тұрғанын көрдің бе?.. Мына күнге не болған десеңші! Өлмесхан төсегінен тұрып, үн-түнсіз киінді де, сиыр саууға кетті. Қайтып келсе, Мұхтар трактордың жанында тұр екен. Өлмесхан күйеуін “таңдаулы механизатор, еңбек ардагері” деп, бастықтардың


жиналыста айтқанын мақтан тұтатын, бастықтар оған тракторын үйінің қасына қоюға да рұқсат еткен. Мұхтар қолы босай қалса болды, “темір тұлпарын” тазалап, майлайды, моторын жөндейді. Жұмыстағылар оны сыйлайды. Себебі, Қарамов қашан да бірінші орында – ыстық демейді, суық демейді, жаңбырлы күндерде де тапсырылған жұмысты тапжылтпай орындайды, ешкіммен ерегіспейді, ұрсыспайды, шағым да айтпайды. Таң атар-атпастан-ақ көгілдір “Беларусын” дүрілдетіп, ауладан шығып та кететін. “Әтештің таң алдында шақырғанын естімейтін ұйқышылдар жұмыс күнінің басталғанын Қарамовтың тракторының тырылынан біледі” деген әзіл де тараған ауылдастар арасында. Демалыс болсын, мейрам күндері де, жай күндері де Мұхтардың әдеті: таңғы асын ішпестен бұрын, алдымен тракторын қарап, тексеріп шығатын. Ал бүгін моторын тексеретін түрі жоқ: маймай күпәйкесін киіп алып, тракторына үн-түнсіз қарап тұрды. Бірақ анда-санда бетіне жаңбыр тие қалса, тітіркене ме, әлде тынышсыздана ма, иығын көтеріп, құныстана қалады. Өлмесхан сәл таңданғандай болды да, қоя салды. Онсыз да жұмысы жетіп жатыр: балаларды қарау, қазан-ошақпен айналысу, кір жуу, үй жинастыру. Осының бәріне үлгеруім керек деп, күйеуіне аса мән бермей, ол үйге кірді. Әйелінің соңынан есіктің тарс етіп жабылғанын естігенде, Мұхтар артына бұрылып, дәл бір жаңа көргендей, ауланың ішін шолып өтті. Алыстан естілген бақташының даусы малды өріске шығару керектігін еске салғандай, аяғындағы керзі етігін былғамас үшін, шалшықты баспай, айналып өтіп, сиыры мен тайыншасын қорадан шығарып, айдап жіберді. Ұзағырақ айдап тастауға, жаңбырға суланғысы келмеді. Көршілердің сиырлары, тайыншалары мен бұзаулары да қораларынан шығып, ауылдың сыртына қарай, көшені бойлап кетіп бара жатыр. Мұхтар мал соңынан қарап, көшенің басында едәуір тұрып қалды. Бір кезде жан-жағына қарап еді, ешкім көрінбеді, сөйлесетін де адам жоқ. – Әй, жаңбырды-ай! – деп күрсінді ол – Демалыс күні де осынша жауады екен, ә? Сөйтіп ол жаңбырды да елемей, көше бойлап кетіп бара жатқан табынға қарап, біраз тұрды да, содан соң барып үйіне кірді. * * *


Өлмесхан аласа, дөңгелек үстелге шай жасап, күйеуін күтіп, газ плитаның жанындағы кішкентай орындықта отыр еді, Мұхтар әйеліне қараған да жоқ, жайғасып алып, ағаш қасықпен қоп-қою ноғай шайын ұрттай бастады. Әйелі бұрынғының әдетін сақтап, ер адам көрмесін дегендей теріс қарап, қолындағы кесесін тізесіне тірей ұстап, шайын ішті. Таңғы ас ішіліп болған соң, етегіне түскен нанның ұсағын алақанына жиып, орнынан тұрды. – Мұратты қайтсем екен! – деді ол шағынып, – картопты қазғысы келмейді. – Не болған оған? – деді Мұхар таң қалғаннан қасығын аузына да апарып үлгермей. – Неге? – Емтиханға әзірленуім керек дейді. Тіпті туған бала деп айтуға болмайды! – деп жамандады кіші ұлын шешесі. – Емтихан ойыншық емес! – деді Мұхтар. – Анау-мынауға жұмсап, оның мазасын алма. Мүмкін, біздің ұлымыз Қарамовтардың ұрпағында бұрын кездеспеген үлкен бір оқымысты адам болып шығар. Оның жалтылдаған қара көзі күлімдеп, мұрты жыбырлап, біркелкі, мықты, сарғыш тістерін көрсете жымиды. – Оқымысты дейсің бе? – Өлмесхан аузын қолымен жауып, күліп жіберді. – Ол сылтауратып, жұмыстан қашып, күні бойы велосипед тепкісі келеді. – Велосипедті қораға тығып қояйын, – деді Мұхтар қатал сөйлеп. – Ал бақшаның жұмысын Әли істесін, – деп әкесі ұлының үлкенін атады. – Онсыз да Әли бақшаның жартысын қазып шыққан. Совхоздың қызылшасын жинасуға маған да көмектескен. Шеберхананың жұмысынан да шаршайды, өзі болса биыл әскерге кетеді, біраз дем алғаны да дұрыс қой, – деп Өлмесхан разы болмаған кейіпте күйеуіне қарады да, ернін жымқырды. – Сен онан да Мұратты бір жөнге салып берсеңші! Тіпті ол әбден ағасына сеніп кеткен, бәрін соған аудара салады. – Әлің жетсе, өзің жөнге сал, – деп Мұхтар күлді де, сол сәтте сұстана қалды. – Мен балаларға қол көтерген емеспін, көтермеймін де!


Оның күнге күйіп, тотыққан жүзінің қатулана қалғанын көрген әйелі, енді онымен бұл жөнінде әрі қарай сөйлеудің қажеті жоқ екенін түсінді. Алжапқышын жөндеп, күйеуінің тамақ ішіп болуын күтіп, үн-түнсіз тұрып қалды. – Мынандай жаңбырда Апас поштаны таратар ма екен? – деді Мұхтар өзінен-өзі сұрағандай болып. – Жаңбырдан несіне қорқады? – деп Өлмесхан күйеуінің сұрағына таңырқай жауап берді. – Апас жұмысына тыңғылықты адам, газеттеріңді аларсың, қайда кетер дейсің? – Е-е, газеттер... – деп Мұхтар қолын сілікті. – Саған енді не керек еді?! – деп таң қалды Өлмесхан ернін дүрдите күлімсіреп. – Әлі де хат күтіп жүрсің бе? – Ештеңе де күтпеймін! – деді Мұхтар ашуланып. – Сенімен бұлай сөйлесуге болмай ма? – деп, есікті тарс еткізіп, шығып кетті. Мал қораны тазалайын деп келе жатып, орта жолдан қайта ойланып, қысқы сарайға қарай бұрылды. Қызыл кірпіштен қаланған сарайдың ішінде ол ағаштан түрлі заттар істейтін. Құрал-саймандары да сонда сақталатын. Кішкене терезенің пердесін ысырып, жан-жағына қарады. Ол қабырғаға ілінген, тақта үстінде жатқан қол ара, сүргі, қашауларды көзімен шолып өтті. Осы заттарын көргенде, көңілі көтеріліп қалды. Мұхтар бұрышқа жиналған тақтайларды қолымен сипап көрді. Оларды кеше Парисби әкеліп, бір танысына терезенің жақтауын жасап беруін өтінген болатын. Тақтайлары бірнеше жақтау жасауға жететіндей еді, Парисби оған артығын өзіңе қалдыр дегенді айтты. Ағаштан бұйым жасауды жақсы көретін Мұхтардың тақтайлары болмай жүретін, сондықтан да ол досының өтінішіне қуанып кетті. Қалыңырақ тақтайды таңдап алып, енді іске кіріспек болғанда, оның көзіне көптен жатқан теректің кесілген бұтақтары түсті. Мұны ол сыбызғы істемек оймен жинаған еді. Міне, бірнеше жылдан бері Мұхтар сыбызғысын қолынан тастамайтын болды. Егістіктен шаршап-шалдығып, денесі дел-сал болып, басы


ауырып қайтқан кезде ол қолына сыбызғысын алып, сызылта жөнелсе, бұлттардың арасынан күн шығып, самал жел соққандай болады, күңгірт ойлардан арылып, көңілі жарқырап шыға келеді. Сыбызғы үнін естігендердің де жүздері құбылып, бір-біріне көңілдене қарап, құлпырып кетеді... Сыбызғы тартуды Мұхтар Оғұрлыдан үйренген. Бұл сыбызғымен байланысты әр оқиға оның әлі есінде. Оның балалық шағы, кең байтақ далада шаршап-шалдығып, от жанында Оғұрлымен бірге отырғаны да көз алдынан әлі күнге дейін кетпейді. Қойшының сыбызғысынан сызылып шыққан ноғай әндері жүректі толқытып, көңілді көтереді. Ертоқымын алып, жүгеннен босатылған аттар да тыпыршып кісінейді, қойлар қараңғыда қыбырлап, үйіріліп тұр, қазанда қайнаған сорпаның бүлкілі естіледі және піскен еттің бұрқыраған иісі мен тезектің көк түтіні араласады. Бәрі де жақсы, бәрі де тату-тәтті өмір сүретіндей, әрі адамды жарқын мейрам күткендей боп көрінеді... Мұхтар байланған бұтақтың ішінен жіңішкерегін алып, саусағымен шертіп, тексеріп көрді. Терезе жақтауының ағашын былай алып қойды да, әлгіден сыбызғы жасай бастады. Кеше Парисбидің тақтайларын сарайға кіргіземін деп жүргенде, байқаусызда ескі сыбызғысын сындырып алған еді. Жаңбыр басылмады, ағаштың жапырақтарына тырс-тырс тиіп, шалшық суларды шалпылдата құйып тұр. Осындай біркелкі шыққан мазасыз дыбыстар Мұхтардың өткен өмірін тағы да көз алдына әкелгендей болды... ...Оғұрлы дүние салғанда, Мұхтардың отыздан асқан кезі. Ол қарттың иесіз қалған үйіне келгенде, жүрегін қайғы билеп, шыдай алмай, жылап жіберді. Оғұрлы Мұхтардың әкесіндей болған адам еді. Мұның шешесі өлгенде, қойшы қарт Шайдатқа келіп, баланы өзіне беруін өтінеді, ешкімнен кем қылмай, тәрбиелеп өсіретінін айтады. – Атай мені өлімнен құтқарған. Мен ол үшін өмірімді берер едім, – деп Мұхтар көз жасын бұлап, аталап жылаған өкіл бауырларын – Оғұрлының ұлдарын құшақтап, дауыс салып тұрып жылады. – Енді қалай өмір сүрер екенбіз? Күніміз не болар? Қуанышымыз бен қайғымызды кімге барып айтамыз? Атайымды қалай ұмытармын? Өлді деуге қалай сенемін?


Қарттың ұлдары мен туыстары: “Ер адам бұлай жыламас болар” деп, Мұхтарға басу айтқанмен, өздері еңіреп жібере жаздап, әзер тұрды. Мұхтар бір жұмадай демалыс алып, жетісін өткізгенше, Оғұрлының үйінде болды: марқұмның үлкен ұлымен екеуі табыттың алдын көтеріп жүрді, көңіл айта келген ауылдастарын қарсы алып, шығарып салды, шаруашылыққа да көмектесті, тіпті тал бұтап, ағаш жарып та берді. Ал қырқына ол өзінің ең семіз қойын әкеліп сойды. Сол күннің ертеңінде жартастың басында отырып, қайғы-қасіретімен оңаша қалып, асырапбаққан атасымен қоштасты, балалық шағымен байланысты сүйікті әндерін алғаш рет тартты. Бұл әндерді ол есіне түсіруге бұрын ешқашан тырыспаған. Енді міне оны ұмытпағанына өзі таң қалды. Қолындағысы өзі сыйлайтын қадірлі қарттың сыбызғысы еді. Оғұрлы өліп, туыстары киімдерін үлестірген кезде, бұл оның сыбызғысын қалады. Тап осындай жүректі тілгілеген қайғыны ол тек анасы өлгенде ғана сезген еді. * * * ...Қазір ол қолындағы шыбығын қабығынан әдемі етіп тазалап, олай бір, былай бір айналдырып көріп, саусақпен басатын тесіктердің орнын белгіледі. Электр дәнекерлегішпен темір істікті қыздырып, әлгі тазалаған шыбықтың белгіленген орнына апарып, күйдіргенде, қапқара тесік пайда болды. Көгілдір түтін шыққанда, ол түсінде түтін арасынан шешесінің көгерген ернін көргендей болды... – Қазір мен өлемін, балам, – деп сыбырлады әлсіреп жатқан анасы. – Бірақ сен қорықпа да, жылама да, алланың жазғаны солай болған соң қайтпексің? Өлмейтін адам жоқ, балам! Шешесі қолын созып, басын сипаған кезде, ол қорқып, шошып кетті – анасының қолы сұп-суық еді. – Көршілерді шақыр! Шайдат апайыңды шақыр! Бұл менің саған айтатын соңғы тілегім, соңғы өсиетім – деді де, анасының даусы үзіліп, мейірімді жүзі жансызданып, қолы сылқ етіп түсіп кетті. Ол бір нәрсені жібергісі келмегендей жіп-жіңішке, ұзын саусақтарын бір сәт қатты қысып алды да, қолын кілт жазып жіберді. Жансыз бес саусақ...


Сасқанынан анасының кеудесін құшақтай жығылған Мұхтар бәрін де сезді. Сұм ажал!.. – Апа-а! – деп ол түпсіз түнекке түскендей, ышқына айқайлап жіберді. Есі кіріп, көзін ашқанда, анасының денесі тастай қатып қалған еді. – Апатайым-ау, апам-ау!.. – деп ол көз жасын бұлап, жалбарынып, анасын шақырды. ...Мұхтар ағаштан жонып, істік жасап, оны зімпара қағазға орады да, сонымен сыбызғыны ысқылай бастады. Оның ішін жылтырағанша тазаласа, сонда ғана дыбысы әдемі шығады. Жұмысқа жаныңды салып, беріле істесең мұратыңа жетесің. Мұхтар қолға алған ісін ылайым да солай істейтін. Қазір де істің қызығына түсіп, беріліп кетіпті. Сыбызғысының тесігіне үңіліп еді, баяғы өткен өміріндегі бастан кешкендері дүрбімен қарағандай көз алдына келіп жатты... ...Міне ол, сыздап ауырған аяғын сүйретіп, тастақ жолмен қырға көтеріліп, соның ар жағында тұратын Шайдат апайына келе жатыр, шаң борап, адам тұншығарлықтай қапырык, күн айналаны жандырыпкүйдіріп барады. Көз жасын тыя алмай әрі терге малшынып, ыстықтан ерні кеберсіп, тынысы тарылған Мұхтар ыстық ауаны қармай жұтынып, булыға жылап келеді. Бір кезде ол ауыратын аяғымен тасқа сүрініп, басымен ыстық құмға көміле құлады. Бұл бірінші құлауы емес еді. Бұдан бұрын бір жығылғанында оның құлағына: “Шайдат апайыңды шақыр!..” деген анасының сөздері шалынып, Мұхтарды жебеп, жерден тұрғызып жібергендей, алға қарай жүріп кеткен еді. Ал қазір ол тіпті қимылдағысы да келмеді, жатқан жерінен тұрмай өлгісі келді, о дүниеге кетіп, анасымен жолығып, бірге болғысы келді. “Шіркін, өле қалар ма едім...” – деп қайғыланды ол. Сол сәтте тағы да: “Шайдатты... шақыр! Бұл менің соңғы өтінішім”, – деген сөздері құлағының түбінен айтылғандай, анық естілді. Гүрілдеп, өрге қарай жайлап көтеріліп келе жатқан машинаның моторы: “Шайдат!.. Шайдат!” – деп ызыңдағандай, Мұхтар тұрды да, жүк машинасына қарай ышқына жүгіріп, артына жабысты – мінуге шамасы келмеді. Машина үстіндегі адамдар оның қолынан тартып мінгізді... Машина өрден көтеріліп барып, тоқтады. Кабинадан шыққан жүргізуші көзін


алайтып, ашу кернеп, машинаның үстіне лып етіп мінді де: – Сұраусыз неге отырасың машинаға? Қане, түс қазір! – деп әкіреңдеп, балаға тұра ұмтылды. Қорқып кеткен Мұхтардың шекесіне қатты тиген жұдырық оның құлағын шыңылдатып, басын ауыртып, көзін бұлдыратып жіберді... Біреу оны жағасынан қылқындыра ұстап, көтергендей болды, содан соң төменге қарай домалап барып түскенін сезді. Есі кіргенде ол апайының үйінде еді. Сол машинада отырған бір орыс жігіті жүргізушіні итеріп жіберіп, кузовтан секіріп түскен кезде, машина жүріп те кетеді. Ол баланы көтеріп, ауылға алып келеді. Ауылдан ентіге басып, жүгіріп келген Шайдат қарсы жолығады. Баланың осындай жағдайға ұшырағанын оған машинада отырғандар айтыпты. Мұны Мұхтар кейін білген. Өзіне араша түскен кісіні көп жылдар бойы ұмытпайды, іздеп тапқысы келеді, не пайда, оның атыжөнін де білмейді. * * * ...Сыбызғының соңғы ойылған тесігін тазалап болып, Мұхтар аузына тақап, кеудесіндегі қайғы-қасіретті қуғандай үрлеп жіберді. Сыбызғыдан шыққан үн тауды жаңғырықтырғандай, ауаға жайылды. Жүректегі жараны жазып, қуанышыңды да ұмыттырып, өмір де алға қарай тоқтаусыз зымырап барады. Уақыт-ай, десеңші! Жүрегіңде тастай болып қатқан зорлық-зомбылықтар да естелікке айналып, қала берді. Сары шашты жүргізушіні есіне түсіргенде, қорыққаннан оның денесі түршікпейді, қара терге де түспейді. Ал белгісіз орыс жігітінің істеген жақсылығын өтей алмады. Оны тауып алып сыйлы қонақ етіп, жақын таныспақ ойы болған еді Мұхтардың. Қиындық көре жүріп Мұхтар Шайдат апайымен бірге өз үйіне келсе, көршілері мәйітті кебінге орап, үстін жауып, анасын соңғы сапарға әзірлеп қойған екен. Анасының кіп-кішкентай, қушиған денесін көргенде мұңайып, өзі кінәлі адамдай боп көрінді. Сол кезде оның жүрегін ең ауыр сезім – жалғыздық сезімі билеп алды. Бірақ сол ауыр сезімнің өзін жазбай қоймайтындай сезінді Мұхтар. Уақыттың құдіреті сонда... * * *


Сыбызғыдан бұрьшғының қоштасу әні сызылып шығып жатты. Мұңды ән адамның дауыс айтып жылағанындай біресе жоғары көтеріледі, біресе даусы қарлыққандай ақырын шығады. Мұхтар ақ қыштан салынған, төрт бөлмелі, үлкен үйінің ашық тұрған есігіне қарап еді, оның көз алдына бұрын осы жерде тұрған кезінде анасының денесі жатқан балшық үй елестеді. – Ассалаумағалайкүм, Мұхтар! – деп сәлемдескен дауыс оның ойын бөліп жіберді. Үлкендерше сәлем берген жас бала есік алдында тұр еді. – Ә, Жүсіп, уағалейкүмассаләм! – деп Мұхтар да баламен кәдімгідей мән беріп амандасты да, күлімсірей тұрып: – Кір, қонағым бол! – деді. Толық денелі, икемсіздеу Жүсіпті Мұхтар көрші балалардың бәрінен жақсы көретін. Ескі керзі етік киген ол аяғын сүйрей басып, үстіндегі кірлеген балон күртесінің күлә-парасын ысырып қойып, асықпай, сарайға кірді. Етігі де, күртесі де бұған ағасынан ауысқан болса керек. – Сыбызғының үнін естіп келдім, – деп мұрнын бір тартып қойды ол – Маған ағаш ат істедің бе? – Әрине! Мә, ұста! – деді Мұхтар, аттың басы ойылып жасалған таяқты ұсына беріп. – Оһо, керемет екен! Елдардікінен да жақсы! – деп Жүсіптің сол сәттеақ маңғаздығы жайына қалып, қуанышы қойнына сыймай қутыңдап кетті. Бала таяқты атша мініп алды да, қолын бұлғалақтатып, тұрған орнында айнала секірді. Мұхтар күлді. Ол балаларға әр түрлі ойыншықтар жасауды ұнататын: ағаш арба, диірмен, тапанша, қылыш, ат, ит, қораз, ысқырық дейсің бе... Алғашқы ойыншықтарды ол Әли мен Мұрат қаз-қаз басып жүрген кезде, соларға арнап жасаған еді. Сонан соң туыстары мен таныстарының балаларын да қуантты. Кешікпей, ауыл балалары түгел өтініштерін айтып, шұбап келіп жатты. Ешкімнің бетін қайтармайтын ол сөйтіп, көп жылдан бері балаларды өзінің әлеміштерімен қуантып келеді.


– Ал шапқыла, атыңа мініп! – деп Мұхтар Жүсіптің бетінен сипап, дем беріп қойды. Дүниенің бар қуанышы басына орнағандай, Жүсіп ауыр етігін әрең көтеріп, атын шапқылата жөнелді. Есіктің босағасына сүйеніп тұрған Мұхтар кішкентай шабандозға күлімсірей қараумен болды. Баланың бұдан бес жыл бұрын өлген атасы – Жақып есіне түсіп: “Өмірдің өтіп бара жатқаны-ай!” – деп ойлады ол. Жаңбыр әлі жауып тұр. Мұхтар ойға шомып, біраз тұрып қалды. Өмір деген не? Ол мына жаңбырдай жауып, желдей есетін құбылыс па, әлде мәңгі қозғалмайтын аспан, тау сияқты ма? Күн шықты деп адам тұрады, күн батты деп жатады, ал өмірдің басы, соңы бар екенін ойламайды. Өмірдің не екенін білген адам уақытты, күнді, жылдарды санап, өмірдің мөлшермен берілетінін сезіп, азап шегумен өтеді. Тоқтаусыз жауып тұрған жаңбырға қарап, басына келген ойлармен арпалысты ол. Үйдің іргесінде жатқан үш дөңгелекті велосипедке көзі түсіп: – Кішкентай балалар қалдырған ғой, таңертең де соны көрдім, неге кіргізбедім екен? – деп ойынан біраз арылмақ болды. Бұл жай әрекет еді, өмір жайлы баяғы ой тағы да басын қатырды. Содан мұңайып, еңсесі түскен ол ауыр ойлардан мүлде құтылмақ болып, үйіне қарады. Үйінің жалтыраған темір шатырына, жасыл қақпасына, өрнектеліп қаланған қабырғасына көз салды. Үйін ішінен мақтан тұтатын ол, қазір де масаттана қарап тұр. Жасыл сырмен сырланған су ағардан бөшкелерге құйылған жаңбыр суының шалпылдаған дыбысын тыңдап тұрды да, көңілінің сәл көтерілгенін сезді. Ол алғашында “үйді сала аламыз ба, жоқ па?” деп, көпке дейін толқып жүрді. Одан балалар өсіп ер жетті, әке-шешесінен қалған үй тар болды, оның үстіне ақ кірпіштен әп-әдемі етіп үй салып алған көршілерінен де ұялды. Сонымен Мұхтар үй салмақ болып, алдыңғы жылы көктемде ас үйге көшті. Бір қой, он шақты тауық сойып, туған-туыстары мен көршіқолаңдарын, таныстарын шақырып, асар жасады. Балалардың қуанышты у-шуымен жүріп, олар Мұхтардың ескі үйін бұзып, орнын тазалады. Жаңа салынатын үйдің орнын қазып, Кубань бойынан


әкелінген тастардан үйдің ірге тасын қалады. Өлмесхан, Шайдат апай және немере ағасы Әскердің әйелі Фатималар тамақтың түр-түрін пісіріп, жұмыстың бітуін күтіп отырады. Мұхтардың өзі де ауылдастарының асарына көп қатысқан еді. Сондықтан ақшаны да аямай шығарды. Неге десеңіз, жұмыстан соң бәрі бас қоса отырып, қуаныштарын бөлісіп, көңіл көтергісі келеді. Бірлесіп істеген жұмыс қиын емес, үлкен бір мейрам сияқты... Үйдің іргесін Мұхтардың өзі қаламақ еді. Бірақ әдетте мұндай жұмысқа шеберлерді шақыратын. Алғашқыда Мұхтар да Парисбиге айтып, мың сомға қалаушыларды жалдамақ болды. Ұзыидығы он екі метр, көлденеңі тоғыз метр үйді қалау, әлбетте, оңайға түспейді. Сөйтсе де олар қалаушыларды шақырмайтын болып келісті. Бір жағынан ақшаны бөтен біреулерге қимады. Ең бастысы – өз үйін бөтен адамдардың салғанын жаратпады. Мұхтар ойланыпойланып, аудан орталығына барып, қалаушылардың істеген жұмыстарын байқап көрді. Сонымен үй қалауды өзі бастады. Әуелгіде жұмысы өнбеді, кейінірек бір кезде құрылыс бригадасында істеген немере ағасы Әскер үй қалаудың біраз әдістерін айтып көрсеткен соң ғана ісі оңға басты. Жаз бойы ыстыққа да, жауынға да қарамай, Мұхтар үйін салумен айналысты: кезекті демалыс кезінде де таңның атысы, күннің батысына дейін, жұмыс күндерінде жұмыстан соң қара терге түсіп, тынбай істейтін болды, Өлмесхан мен Әли балшық езіп, кірпіш тасып беріп тұрды. Бәрі де шыдамы таусылып, әбден шаршады. Ал Мұхтар үйдің қабырғасының сыртқы ернеулерін салып біткен кезде, олар қандай қуанды десейші! Ол ақ кірпіш пен қызыл кірпішті қатарластырып, терезелердің аралықтарын да төрт бұрышты қызыл қиықшалармен келістіре өрнектеп қалады. Бұл өрнектерді өзі ойлап тапқанына бір жағынан мақтанып та жүрді. Күзде ол халықты тағы да асарға шақырып, діңгектерін қойып, шатырын көтеріп, үйдің төбесін, сыртын балшықпен сылады. Сөйтіп, суық түскенше үйдің шатырын жауып та үлгірді, қыста балташылық жұмысымен шұғылданды. Көктемде, үй әбден біткен кезде, еденін төседі, өзі жасаған есіктері мен терезелерін салды. Жазда қоныс тойын


жасады. Сонымен бұл да бір біткен іс болды. Үй иесінің қуанышына ортақтасқан ауылдастары сыйлықтарын алып келіп жатты: жұмыстағы достары – қабырға сағатын, Жақыптың балалары – орындықтар, Әскер әйелімен – үстел, Парисби көршісі – жерге төсейтін киіз, Шайдат апасы – дастарқан әкелді. Басқа қонақтар да құр қол емес, әдет бойынша біреу он сом, біреу он бес сом беріп жатты – жаңа үйге кіргендерге бұл да жәрдем... “Әли әскерден келгенде үйленер, екі бөлмеде сол тұрар” – деп ойлады Мұхтар баяғысынша. “Дегенмен де үлкен ұлдың бөлек тұрғаны дұрыс қой, үйленсе де ата-анасымен тұратын кіші ұл болуға тиісті” деп тағы ойлады. Денсаулық болып, күш жетсе, Әлиге бұдан жақсы үй салып беремін, ал егер сала алмасам ше?.. Несі бар, Әлидің өзі салады. Мұраттай емес, оның қолынан келмейтіні жоқ, жұмысқа тыңғылықты. Мұхтар қабағын түйді: әйелімен екі арада болған бүгінгі әңгіме есіне түсті. “Кімге тартқан өзі? – деп ойлайды кіші ұлы жайында. – Ешбір ойсыз жүрген, бір бейқам бала. Не айтсаң да күледі де қояды, өзін аңқау, аңқылдақ етіп көрсетеді. Біз оны тым еркелетіп жібердік-ау деймін”. * * * Ол көпіршіктенген шалшық суларға, жаңбырдың астында жалғызсырағандай боп тұрған тракторға, алшаның салбыраған бұтағына, қара брезенттің астындағы өткен жылдан қалған бір шөмеле шөпке қарады, басын көтерді – күңгірттенген аспаннан тоқтаусыз құйып тұрған жаңбыр алыстан қарағанда, тұтасып кеткен жамылғы сияқты. – Мына жауынды-ай! – деп күрсінді Мұхтар. – Жанды жабырқатып, адамды зеріктіріп жіберді ғой. Өзіңді қоярға жер таппайсың. Ол есік жаққа барып, орындыққа бүкшиіп отыра кетті де, сыбызғыны ерніне апарды. Мұндай көңілсіз жай бұрын да болған еді. “Еңсені езген бұл неткен мұң?” деп бұган өзі де таң қалады. Үй іші де, жұмысы да – бәрі орнында, бәрі жақсы, бірақ әлденеге алаңдағандай боп, ештеңеге қолы бармайды: өмір оған мәнсіз де, көңілсіз болып көрінеді, қандай да бір жаңалықтың болуын күтеді, ал нендей жаңалық екенін өзі де


білмейді. Осындай сәтте ол адамдардан шеттеп, оңаша ойға шомып, бәкімен қолына түскен таяқты жона бастайды немесе ештеңеге мән бермей, алысқа қарап, қолына түскен тасты қақпақылдап отырады... Мұхтар сыбызғымен жан тебірентер сызылған үн шығарды, соғыстан кейін жұмыс қолы жетпегендіктен, жас кезінен-ақ соқаның құлағын ұстағаны есіне түсті: қатпар-қатпар боп аударылған бороздадан көзі бұлдырап, басы айналғандай болады. “Қалғып кетіп соқаның астына түсіп қалармын” деген ой басынан кетпейді. Тұңғыш егіз баланың – ұл мен қыздың – туа сала шетінегені, қайғыдан әйелінің қартайып, өзгеріп кеткені де есіне түсті. Сол арада-ақ Өлмесханның жас кезі, қара торы әдемі жүзінің секпілі көз алдына келе қалды... Қыз күнде таңертең суға барғанда, Шайдат апайдың үйінің жанынан өтетін. Сол кезде Мұхтар жуынып-таранып, ақ көйлегін киіп алатын да, ағаш түбіне жасырынып тұрып, қыздан көзін алмай аңдитын. Содан соң жүрегі лүпілдеп, қыз судан қайтқанша тұра беретін. Иінағашқа ілген шелектердің салмағынан еңкіштеніп жүріп бара жатқан, белі бір уыс, талдырмаш қызды көргенде, Мұхтардың есі кетіп, бәрін ұмытатын. Қыздың соңынан көрінбей кеткенше қарап тұратын да, артынан киімін ауыстырып, жұмысына кететін. Көктемде оны совхоздың екінші бөлімшесіне ауыстырды. Өз ауылынан біраз уақытқа болса да мұнда келгеніне Мұхтар қуанды. Бірақ ол өзін әскерге алмағанына қатты қайғырды. Өйткені әскерге бармай қалғандарға ауылдағылар жаратпай қарайтын. Мұхтар бұдан бұрын да аяғының ақсақтығына қорланатын. Ол енді өзін мүлдем бақытсыз санады: құрбыларымен бірге жүруге қымсынды, ал қыздарға қарауға тіпті батылы бармады. Мінезі сондай тұйықтанып, жұрттан шеттеп қалды. Астыртын қайғысын ұмыту үшін, қандай істі болсын әбден тындырып, ешқайда асықпай, жұмыстан соң да қалып істейтін. “Осы жігіт үшін жүрегіміз ауырады, – дейтін өзара ауылдастары. – Таңертеңнен кешке дейін бір тынбайды, өмірінде бір қуаныш көрмейді. ЬІлғи жападанжалғыз жүргені”. Нағашы апасының тұратын ауылында Мұхтардың таныстары жоқ еді, сондықтан да оның бойында бір жігер оянып, өмірге де көңілдене қарайтын болды. Ал Өлмесханды көргенде, қайғықасіретін мүлде ұмытып кететін. Рас, қызбен сөйлесуге немесе кездейсоқ кездесіп қалуға да оның батылы жетпейтін. Дегенмен, күнде


таңертең Өлмесханды сыртынан көріп қалудың өзі оған сондай қуаныш еді. “Шіркін, ол маған жар болуға разылығын берсе ғой!” -деп армандады Мұхтар. Шайдат апасының өзіне қулана күлімсірей қарағанын да сезбеді. Бір күні Мұхтар, әдетінше, ағаш түбінде тұр еді, суға бара жатқан Өлмесханды Шайдат апасы тоқтатып: – Өлмесхан, қалқам-ау, біздің жігітімізді неге сонша қинайсың? – дегенін естіп қалды Мұхтар. – Не айтып тұрғапыңызды түсінбедім, Шайдат апа! – деді Өлмесхан даусын әрең шығарып. Мұхтар үстінен біреу ыстық су құйып жібергендей, кірерге тесік таппай, ағаш түбіне бүрісіп отыра кетті. – Байқадың ба? – деп Шайдат күлімсіреді. – Анау жерде ағараңдаған кімнің көйлегі екенін де білмеймісің? Шық, жиенім, шық бері, жасырынғаның болмайды! – деп Мұхтарға дауыстады. Бірақ Мұхтар көзін тарс жұмып алып, орнынан жылжымады. – Апатай, неге олай дейсіз?.. Керек емес, шақырмаңыз! – деп өтінді қыз, ұялғаннан үні әрең шығып тұрғаны байқалады. – О не дегенің? Керек болғанда қандай! Көрдің бе, қызарып кеттің, өзің де теріс көрмейсің-ау... Кешікпей құда түсуге барамыз! – деп Шайдат сөзін жалғастыра берді. Мұхтар жеңінен біреу тартып қалғанда барып, көзін ашып қараса, жанында нағашы апасы – Шайдат күлімсіреп тұр екен. – Көзің жақсы қызға түскен екен. Өзі сұлу, өзі ісмер, – деп мақтады оны. – Өлмесхан менің келінім, сенің әйелің болады әлі. Бұны орындамай тынбаспын. Сонан соң өзі қыздың шешесіне жиі баратын болды: – Менің жиенім, өңсіз де емес, қолынан келмейтіні жоқ, – деп Шайдат Мұхтарды мақтайды келіп. – Совхозда оның іскерлігін бағалайды, сондықтан да оны осында көмекке жіберген. Даңғарадай машинаны


жүргізіп жүргенін керген боларсың? Оның машинасының гүрілі Кубаньның арғы жағасынан естіледі... Мұхтардың сыйлы, іскер жігіт екендігіне көзі жетіп тұрса да, Өлмесханның шешесі шешімді жауабын бермей: “Қызымның өзі не айтар екен?” – деді. – Қызыңыздың жақсы екендігінде сөз жоқ, әлбетте, күйеуді өзіне-өзі таңдап алуына да болады, – деп сөзін нықтай сөйледі Шайдат ернін жымқыра түсіп, – тек байқаңыз, қызыңыз отырып қалып жүрмесін, – деп қорқытып та қойды... Соңғы барғанында, өз ойын турасынан айтып салды: – Қызыңыз жақсы жерге түседі. Мұны жанашырлықпен айтып тұрмын. Мен айтпасам да өзіңіз-ақ көріп отырсыз: жұмысқа салып қоятын атаенесі жоқ... Өзі би, өзі қожа болады. Шынын айтқаныма ренжімеңіз, – деп Шайдат жасырмай, бар ойын жеткізе, істің мәнін жан-жақты түсіндірді. Сөйтіп ақыры сендірді де... Ертеңіне құдалар келді. Келінді алып қашу әдетке айналып кетсе де, Мұхтар Өлмесханды алып қашпайтын болып келісті. Неге десеңіз, Өлмесханның әкесі қызының өз үйінен салтанатпен ұзатылуын қалады. ...Сыбызғының сызылған үні көктемгі бұлақ суындай сылдырлай естіліп жатты, бұл әнде бір түрлі бір ұяңдық, тартына қысылу әрі қуаныш та бар сияқты. Бұл – жастық жайында, таңдай таза, мөлдір жастық жайындағы ән еді... ...Той тарқаған соң күйеу баланы бұрыштағы шымылдық артында отырған қалыңдықтың қасына, төргі бөлмеге алып барды. Кеш бойы есі шығып, ауру-сауын білмей отырған Мұхтарды достары әзілмен әбден қарытты. Шайдат апасының өзі де: “Қорықпа, жиенім!” – деп жігерлендіріп қояды. Күйеу бала қалыңдығының қасында оңаша қалған кезде, отырған орнынан қозғалмай, үн-түнсіз қатты да қалды. Ол бір қызарып, бір қуарып, көзінің астымен еш дыбыс шықпаған шымылдыққа қарайды. Мұхтар сол бойы терезе жақтан жастардың даусы шыққанша отырды. Бір кезде ол ұшып тұрып, терезенің пердесін жауып, сырқат аяғын сүйрете басып, шымылдыққа тақап барды да, ақырын ашып қойды. “Қыздың қарсыласуы мүмкін” дегенді еске алып, оның қасына жылжып кеп отырды. Бірақ Өлмесхан ыстық қолын оған


өзі созды, орнынан тұрып, төмен қараған күйі төсекке қарай барды. Бір-біріне қарамастан, жас жұбайлар тастай қатып, түні бойы төсектің шетінде отырып шықты. Таң атып келе жатқан кезде, Өлмесхан дауысын әрең шығарып: – Сен ерте кетесің ғой, жатып тынықсайшы!.. – деді. Осындай жанға жайлы да, мейірімді, жүректі жібіткен жұмсақ дауыстан Мұхтардың тынысы тарылды. Сонымен бірге бірден солай сөйлегеніне бір түрлі секемдене қалды. “Бәлкім, ол, қыз емес шығар? Әп-әдемі қыз осы уақытқа дейін неге күйеуге шықпай отырған? Мүмкін, кінәлі болар, өз ауылдастарының біріне бермегені сондықтан шығар. Ал мен болсам ақсақпын. “Оған сол да жарайды деп ойлады ма екен!.. – деген ойларынан Мұхтар өзі ұялды. – Осы маған не болған, шатысайын дегенмін бе? Мынау Өлмесхан ғой!” Ол оны құшақтаған кезде денесі балқып, көз алды тұманданып кетті... Бақытты Мұхтар ала көлеңкеде әрең көрінген келіншегінің жүзін, жұмған көзін, қасын, күлімсіреген ернін қолымен ақырын ғана сипады. – Өлмесхан, сүйіктім... Әдет бойынша Мұхтар он күн бойы үлкендердің көзіне түспей, қалыңдықтың қасында қозғалмай отыруға тиісті еді. Әйелімен сөйлеспеуі де керек. Жүрегі қуанышқа толғаннан шыдамсызданып: “Өлмесхан, сүйіктім...” – деген екі ауыз сөзбен бар сүйіспеншілігін, қуанышын білдірді ол. Күздің күні, совхоздың екінші бөліміндегі маусымды жұмысын бітірген соң Мұхтар әйелін дүние-мүлкімен көшіріп, өзінің әкешешесінен қалған, бос тұрған үйіне алып келді. Үлкен той жасауға жағдайы жоқ еді, қолында барын дастарқанға қойып, біраз қатарлары мен Оғұрлыны ауылына шақырып, қуанышын атап өтті. Сөйтіп, Өлмесхан екеуі өмір сүре бастады. Қаншама жыл өтсе де, бұның бәрі кеше ғана болғандай. Уақыт, уақыт дейміз ғой. Бірақ үлкен қуаныш, игілікті іс еш уақытта ұмытылмайды, оларды естен шығаруға уақыттың да күші жетпейді екен... * * *


...Мұхтар сыбызғы ойнауын тоқтатты, тұтаса жауған ақ жаңбырдың арасынан үй жаққа қарады. “Өлмесхан бұрқылдай сөйлеп, балаларға тамақ беріп жатқан шығар” деп ойлады да, өзінің Мұратпен қатал түрде сөйлесуі керек екенін есіне түсірді. Әйелі мен екеуі тіл табысып, тату тұрды. Әрқашан бірін-бірі сыйлап, қайғыны да, қуанышты да бөлісіп өмір сүріп жатты. “Біздің өміріміз – бір арнаға тоғысқан екі ағындай. Өлмесхан екеуіміз тағдырлас болдық” – деп ойлады Мұхтар. Әсіресе, мұндай татулықты Мұхтар әйелімен бір айдай көріспеген кезде өте-мөте сезінді, үйіне келе жатып, әйелін қатты сағынғанын байқады, көргенше асыққаны сонша, тіпті жас адамдай жүрегі аттай тулап кетті. Мұхтар еріксіз күлімсіреді. Өткен жылы Ялтаға дем алуға барғанын, Иван Харитоновичты есіне түсірді...


ЕКІНШІ ТАРАУ Көктемдегі қыр жұмыстарынан босаған соң, Мұхтарға сыйлық ретінде, демалыс үйіне жолдама берді. Ә дегенде ол таң қалды, содан соң: “Курорт? Курорттың маған керегі не? Күнге қыздырынуға ма? Күннің нұры өзімізде де жетеді. Теңіз? Кубань суынан артық суды қайдан табасыз? Жоқ, жоқ, бармаймын”, – деді ол ұнатпай. Жұмыстағы жолдастары да, көршілері мен туыстары да дем алу дегеннің ғаламатын айтып, түсіндіріп жатты. “Теңіз жағасында қыздырынып жатасың, ештеңе істемейсің, ештеңені уайымдамайсың дейсіңдер ғой? Ештеңе істемей, ойламай жататын мен бе? Ол маған жараспайды, жатып ішер бола алмаймын”, – деп олардың сөздерін күлімсірей тыңдап, маңына жолатпады. Бірақ оны Өлмесхан көндірді. – Сені жіберуге де қорқамын, – деді ол, – үлкен қалада адасып, басымыз пәлеге қалар, ондайдан сақтасын, бірақ бару керек, адамның жасаған жақсылығына немқұрайды қарауға болмайды. – Сыйлап берген жолдамадан бас тартқан адамды көрдің бе? Сыйымызды місе тұтпай, бізді ыңғайсыз жағдайда қалдыруың дұрыс емес, – дегенді басшылар да айтты. Мұхтар ойланып қалды да, ақыры айтқандарына көніп, барғанды мақұл көрді. Екі күннен соң Ялтада болды. Жолдағы адамның көптігінен және көрген жаңа әсерлерден шаршап, демалыс үйін тауып, орналасқанша күйгелектеніп бітті. Қолына кілтті алғаннан кейін де келгеніне өзіненөзі ренжіді. Екі адамға арналған шағын бөлмеге көңілі толмады. Әрі мұндағы мұнтаздай тазалықтан, қабырғаға ілінген суреттерден, орындыққа, төсекке жабылған ақ жапқыштардан жүрексінді. Үстел үстіндегі су құйып қойған графин де оған бір түрлі сес көрсеткендей боп көрінді. Дем алғысы-ақ келіп еді, бірақ тап-тұйнақтай қып жиналған төсекке жатуға батылы бармады. Әрі күндіз ұйықтауға болатын-болмайтынын да білмеді. Чемоданын ашқысы келмей, орындықтың шетіне ғана ілініп, тізе бүкті. “Үйреншікті заттың өзі жай болып көрінсе, бұл қандай демалыс болмақ?” – деп ол көңілсіздене


ойға қалды. “Ал өз үйімде ғой, жаныма не жақса, соны істеп, бір мезгіл мызғып та алар едім. Мыналары несі? Қолыңды тигізуге де қорқасың” – деген ол не істерін білмеді. Бұдан әрі жабырқап, мұңая бермеу үшін, тысқа шықты. Есік алдында біраз тұрды, содан кейін айналаны басына көтеріп, қарқылдап күліп кетіп бара жатқан қыздардың соңынан жүріп отырып, баспалдақпен төмен түсті. Бұл қыздарды мана қағаздарын тіркетіп жатқанда көрген. “Осылар не істесе, соны істейін, – деген ойға келді Мұхтар. – Бұлардың мұндай жерге келгені бірінші рет емес шығар!”. Айнала жыпырлаған адам: демалушылардың біразы далаға беттеп, біразы жоғары көтеріліп, ерсілі-қарсылы сапырылысып жүр. Мұхтар олардың қуанышты жүзіне қарап, өзінің жабырқаған көңілінің сәл серги бастағанын сезді. Қыздардың соңынан еріп, теңіз жағасына келгенде, жан– дүниесінде бір ғажап серпіліс оянып, тынысы кеңіп жүре берді. Көз алдында толқынданып теңіз жатыр. Оның шет-шегі көрінбейді, бейне көкжиекпен астасып кеткендей. Сол күңгірт жасыл кеңістік алыстаған сайын көгілдір түске айналып, жоғарылап барып, тап бір жер үстіне ілініп қалғандай әсер береді. Мұхтар теңізді теледидардан талай көрген. Ялтаға келе жатқанда да автобустың терезесінен байқап отырған. Сонда ол “жұрт пайдаланатын жағажайы бар көл ғой” деп ойлаған. Енді сол теңіздің жағасында тұрғанда да оның шет-шегінің барлығына тағы күмән келтірді. Теңіз оған табиғаттың ғажап күшін сақтап тұрғандай болып көрінді. Алыстан баяу жылжып кеме келе жатты. “Жырақ жерден келе жатқан шығар-ау!”, – деп кемедегі адамдар жайында ойлады. Содан соң теңіздер, сулар бөліп тұрған қалаларды, елдерді көз алдына елестетуге тырысты. Әлбетте, жер-дүниенің үлкендігін, онда көптеген адамдар мен мемлекеттердің барлығын ол бұрын да білетін. Бірақ сол білгендері Мұхтардың өзіне де, өмірден алатын орны туралы түсінігіне де ешбір жаңалық қосқан емес. Сонда да болса ол айналадағының бәрімен өзінің айырғысыз бірлігін сезінетін сияқты: теңізбен де, аспанмен де, осынау зәулім теректермен де, кемемен де. Дүниедегі барлық заттың бір-бірімен байланысты екендігі оның көзін жаңа ашқандай болды. Және сол біртұтас дүниенің өзі де бір бөлшегі екенін ұққандай еді... Ол жағаға ұрған толқындардан шегініп, бірде олардың артынан ергендей адымдай басып, теңіз


жағасын ұзақ кезді. Ара-арасында күлімсіреп те қояды. Сөйтіп, демалыс үйіне көңілі көтеріліп қайтты. Сол күлімсіреген бойымен орындыққа отырып, терезеден үңіліп, алысқа көз тастады. Содан соң теңіз жағасында санасын оятқан жаңалықтың мәнісіне жетіп, өмірдегі өзінің орнын біліп, түсінуге тырысты. Есік шалқасынан ашылып, бөлмеге сұр костюм киген, орта бойлы, тығыршықтай кісі кірді. “Үлкен орында істейтін бір бастық болар” – деп ойлады Мұхтар, оның қызғылт түсті галстугына, қымбат бағалы сары чемоданына қарап. Сөйтті де орнынан тұрды. – Танысып қоялық, көрші! – деді тәмпіш мұрынды қонақ жүзі жайнаң қағып. – Менің есімім – Иван Харитонович. Донецкіден келдім, шахтермін. – Михаил... Андреевич, – деп қолын ала берген Мұхтар өзінің есімін орысша атағанына ыңғайсызданып қалды. Бірақ сәл ойланып тұрды да, ұялғанын жасырмақ болып: – Мен Кавказдан келдім, кең профильді механизатормын, – деді. Сөйтті де өзі қызарып кетті: совхоздың берген қағазында жазылған мамандығының толық атын бірінші рет айтып отыр. Неге десең, бөгде адамның алдында өзін еті тірі, еркін етіп көрсетпек еді. “Бастық болса қайтейін, мен одан кеммін бе!”, – деп ойлады ішінен. Ал оның шахтермін дегеніне сенбеді. Иван Харитоновичтің көкшіл көзінен күлімсіреген нышан көрінді. – Кең профильді дейсің бе? – Бұл сөзге айырықша мән бергендей, бармағын жоғары көтеріп, күлімсіреді. – Атың неге орысша? Бөгде адамның бұл сұрағынан Мұхтар сасқалақтап қалды. “Есімімді өзгертіп айтқанымды қалай білді екен ол, енді не десем екен?” – Менің есімім, дұрысын айтсам, Мұхтар, ал әкемнің атын қосқанда – Әлімгерейұлымын, – деп Мұхтар тағы да қызарып кетіп, өзінің түпкі ойын білдірді. – Орысшалап айтсам, есіңізде сақтарсыз деп ойладым.


– Мұхтар Әлімгерейұлы десең де есімде қалады ғой, – деді көршісі оның сөзін бөліп, бірақ әкесінің есімін айтқанда, тілінің сәл күрмелгені байқалды. – Онан да Михаил Андреевич дұрыс! – деді Мұхтар өз сөзінде берік тұрғысы келіп. “Орысша атпен де бір ай өмір сүрейін де. Бұның өзі бір жағынан қызық қой”, – деп өзін-өзі ақтауға тырысты. Есімін өзгерткен жалғыз бұл емес. Оның ауылындағы кейбір жігіттер, әсіресе, аудан орталығында, немесе стансада таныстары барлар есімдерін өзгертіп атағанды ұнататын. Мысалы, Хасанды – Николай, Юсуфты – Иосиф, Магомедті – Миша дейтіндер бар. Мұхтарға бұл ерсі боп көрінсе де, бір түрлі қызық сияқтанатын. Сондықтан да ол өзін Михаил дегенді жөн көрді. Әлбетте, ауылда Мұхтарды орысша есіммен атау ешкімнің ойына да келмеген. Ал бұның өзі солай деп атауға ауылдастарынан ұялды, күлкіге айналдырар деп қорықты. Мұнда ол бөтен адамның алдында өзін өктем, батыл етіп көрсеткісі келді, әрі сіздерде бар есім бізде де бар деп ескерткені еді. – Жарайды, Михаил Андреевич болса, Михаил Андреевич болсын, – деп иығын қозғап қойды Иван Харитонович. – Мен сенің қарапайым адам екеніңді көріп тұрмын. Ол тамаша, екеуміз енді бір ай бірге тұрамыз, сондықтан бірден-ақ “сенге” көшкенің дұрыс болды. – Мұның өзін қалай айтқанымды да аңдамай қалдым, – деді Мұхтар таңдайын қағып. Ноғайлар сыңар адамды “сіз” демейді, құрдасын “дос” дейді, ал сен сияқты егделеу адамды “ағай” дейді. – Олай болса сен мені “ағай” дегеніңді қоя тұр да, “дос” деп ата, – деп күлді Иван Харитонович. Иван Харитонович сөзуар адам боп шықты. Өмірі жайында көп әңгіме айтты. Ол өзінің бала кезінен соғысқа қатысып, тұтқынға түскенін, онан қашып шығып, Францияда партизан болғанын, соғыстан кейін көп жыл бойы көмір қазумен айналысқанын, зейнетке жасы толса да шахтада диспетчер болып істеп жүргенін айтты. Қарындасымен бірге


тұрады, әйелінің өлгеніне жиырма екі жыл болыпты, өз әйеліндей адам кездеспегеннен кейін, екінші рет үйленбеген. Мұнысы бір ойдан дұрыс та болған сияқты, неге десеңіз, қарындасының екі баласын өсіруге көмектескен. Қарындасы жыл сайын демалысында балаларымен қыдырады екен, ал Иван Харитонович он бес жылдан бері өз демалысын осында, Ялтада өткізеді. – Сондықтан, қымбатты Михаил Андреевич, бұл қаланы мен өте жақсы білемін. Саған бәрін де көрсетуіме болады. Қалай қарайсың? – деп Иван Харитонович бірден оған достық пейілін білдірді. – Көру керек. Рахмет! – деді Мұхтар оның сөзіне риза болып. Келесі күні таңертең екеуі теңіз жағасына қарай жөнелді. Күн ашық, жылы еді. Теңіз суы гранитке толқындана соғылып жатыр, шағалалардың шаңқылы әдемі киінген, ештеңеге алаңы жоқ демалушылардың күлкісі мен әзіл сөздері айналаға естіліп жатты. Иван Харитонович тағы да өзі туралы, шахта, қарындасы және оның балалары жайында әңгімеледі. Кейде ол бірден тоқтап, үндемей ғана бешпентінің етегін серпіп тастап, көзін шүңірейтіп: – Қандай жақсы, ә! Ауа да тамаша екен! Ұнай ма! Тамаша ғой ауа, сезесің бе? – дейді. – Иә, иә, – деді Мұхтар разы болып. Ол қасынан өткендердің мұның басындағы қаракөл бөркіне, креммен жалтыратып тазаланған былғары етігіне, қара көк мәутіден тігілген кителі мен ғалифе шалбарына таңдана қарап бара жатқанын байқады. Келіссіз киінгенін Мұхтардың өзі де сезе бастаған сияқты. Ол қалай киіну керектігін бұрын еш уақытта ойламаған еді, ал қазір ыңғайсыз сезініп, Иван Харитоновичке таңдана қарады. Жаңа танысының өзінен тоғыз жас үлкендігін білгенде, онан сайын қызыға қарады. “Көрдің бе, жақсы киінудің қандай мәні бар екенін? – деп ойлады Мұхтар. “Адам көркі шүберек” деген ғой, әдемі киіну адамды жасартады, оған басқалар сыйлы көзбен қарайтын болады. Ал менің киіміме жұрт күлерліктей... Ертеңнен қалмай ақшыл түсті бешпент пен ақшыл түсті шалбар алармын-ау! Қалпақ та қараймын. Несі бар екен!”


Бөлмеге қайтып келгенде, көршісі жағасында ақ жолағы бар, көк түсті спорт костюмін киіп алды. Бұл көрініс Мұхтарды онан сайын таң қалдырды. Тап осындай спорт киімімен Әли жаттығуға барушы еді. Әли болса жас, ал мына қартты айтсайшы! Бір жағынан ол Иван Харитоновичтің киімге көп көңіл аударатынын құптап та отыр. Түнде шамды сөндіріп, жатқан кезде Мұхтар қараңғыда оның жүзін көрмейтініне разы болып, немқұрайдылау сұрақ қойды: – Сен қаланы жақсы білем дедің ғой, Иван Харитонович, дүкендерді де жақсы білесің бе? – деді. – Иә, – деді анау ұйқысыраған адамдай. – Киім сатылатын дүкендерді ертең көрсетемін. Жақсы жатып, жайлы тұр! – Сен де жақсы ұйықта, жақсы түстер көр! – деп Мұхтар да ізгі тілегін айтты, ал өзі болса: “Маған киім керегін ол қайдан білді екен?” – деп ойлады. Мана теңіз жағасында жүргені, өзіне елдің бәрінің қарағаны есіне түсті. Мұның киімінің ерсі екенін білсе де, сыпайылық сақтап, ештеңе демеді. “Жақсы адам екен!” – деп ойлады Мұхтар. Көпке дейін ұйықтай алмады ол. Бүгінгі күннің әрбір оқиғасы оның көз алдынан кетпеді: демалыс үйі, қала – бұлардың бәрі де ауыл өміріне ұқсамайды екен. * * * Ертеңіне Иван Харитонович Мұхтарды киім-кешек сататын дүкенге ертіп барды. Олар ілулі тұрған костюмдердің ішінен өздеріне керегін қарап жүрді. Иван Харитонович қолына алғанын олай бір, былай бір қарап, одан іші-сыртына тағы үңіліп, әйтеуір көзге ілінер-ілінбес жолағы бар, өзінікіне ұқсас сұр костюмді таңдап алды да, Мұхтарға көрсетіп, “жарай ма?” деп сұрады. Мұхтар ұнатып, басын изеді. Иван Харитонович костюмді өлшеп көретін кішкентай бөлмені нұсқады. Танысының артынан қалмай жүрген Мұхтар ұялса да, жарайды деп күлімдеп, бөлмеге жалғыз өзі кірді де, пердені жапты. Тез шешініп, костюмді киіп, айнаға қарады. Өзіне дәлдеп тіккендей шап-шақ костюм денесінің арықтығын да білдірмей, қайта оны сымбатты етіп көрсетті. Жаңа киіммен ол өзіне-


өзі ұнады, жасарғандай қала адамына ұқсағандай боп көрінді. Иван Харитонович оны киім өлшейтін бөлмеден бері шығарып, сын көзбен шыр айналдыра қарады. – Сен өзің, Михаил Андреевич, әп-әдемі жігіт екенсің ғой! – деді ол таң қалып. – Солай емес пе, қызым? – деп дүкенші қыздан да сұрады. Дүкенші жас қыз Мұхтарға қарады да күлімсіреп: – Сіз тура кино артисінен аумай қалдыңыз, – деді. Мұхтар шынында да шырайлы адам еді: жалт-жұлт еткен көзі, қап-қара мұрты, самайына дейін түсіріп киген бөркі де өзіне жарасып, ажарын ашып тұр. Әсіресе, мына жаңа киімнің қона кеткенін айтсаңшы?! Мақтау сөздерден Мұхтар біраз ыңғайсызданып та қалды, бір жағынан қуанды да. Ол тағы бір рет айнаға қарады. – Аласыз ба? Жазайын ба? – деп сұрады дүкенші қолындағы қарындашын дайындап. – Әрине. Міндетті түрде! – деп Иван Харитонович танысын басынан аяғына дейін тағы бір қарап шықты да, кенет қарқылдап күліп жіберді. Сонда ғана Мұхтар өзінің жалаң аяқ екенін көріп, ұялғаныпап қызарып, киім өлшейтін бөлмеге зып берді. Асыға-үсіге етігін киіп алып, тастай қатып, үн-түнсіз тұрып қалды. – Шалбарымды не істеуім керек? Балағымды сыртына шығарайын ба? Әлде етіктің ішіне салайын ба? – деді сасқалақтаған Мұхтар Иван Харитоновичке қарап. Ол сәл ойланып тұрды да: – Меніңше, олай да, былай да ету жарамайды... Сенің аяғыңның өлшемі қандай? – деп сұрады ол – Қырық бірінші. – Мені осы жерде күте тұр! – деп Иван Харитонович кішкене бөлмеден жүгіріп шығып кетті. Ол он-он бес минуттан соң келсе, Мұхтар ақшасын төлеп, дүкенші орап берген ескі киімдерін қолына ұстап, тынышсыздана күтіп түр


екен. – Ұста! – деп Иван Харитонович Мұхтардың қолына жып-жылтыр, қоңыр туфлиді ұстата салды. – Ал мынаған етігіңді салайық, – деді ол үлкен қағаз қорапты жоғары көтеріп. – Рахмет, достым! – деді Мұхтар көңілденіп, іші бір түрлі жылып сала берді. Мұнысын білдірмеу үшін ол сәл бұрылып, ақша алмақ боп қалтасына қолын салды. – Асықпа, сонан соң берерсің, – деп Иван Харитонович оның қолын ұстай қойдіы. – Сенің тағы да бірдеңелер алғың келер: жетпей жүрмесін! – дегенінде, досының ренжігенін байқап, туфлиді көрсетіп: “Әуелі киіп көр, дәл келмей қалса, айырбастап алуға тура келеді”, – деді. Бірақ туфли аяғына шап-шақ келді. Тек бір қиыны: жаңа туфли киген Мұхтардың ақсайтыны көбірек білінді. Иван Харитонович бұны сезіп, демалыс үйіне артынып-тартынып келе жатып, жолшыбай аяқ киім жөндейтін шеберхананың жанына тоқтады. – Бір етігінің өкшесі биіктеу көрініп еді ғой, – деді Иван Харитонович өзіне-өзі. – Мүмкін, туфлиіңді де солай істеу керек шығар? – деді ол Мұхтарға қарап. Мынадай жанашырлық пен қамқорлықтан Мұхтар тіптен ыңғайсызданып та қалды. Әрі жаңа танысына бір түрлі мүләйім көзқараспен қарады. – Мен барып етікшімен сөйлесіп келейін, – деп, Иван Харитонович қуанып, ішке жып етіп кіріп кетті. Көп кешікпей ол туфлиге өкше қақтырып шықты. Мұхтар оны аяғына киіп алды, екі дос демалыс үйіне қарай жүрді. Бөлмесіне түйіншектері мен қораптарын тастап, екеуі теңіз жағасына баруға асықты. Мұхтардың үстінде жаңа костюм, көгілдір түсті жаңа көйлек, мойнында алабажақ галстук, басында кең жиекті қалпақ. Енді ол өткенкеткендерге ұялмай, паңдана қарады. Басқа демалушылардан ешбір айырмасы жоқ екеніне қуанды. Киім адамды құлпыртып жібереді ғой.


Бұдан бұрын, үйінде жүргенде, жиналысқа және мейрам күндері киетін костюм алуды қалай ойламаған десеңші! Бір айдың ішінде ол өзінің жаңа киіміне әбден үйренген еді, тек курорттан қайтып, аулына келгенде, Өлмесханның таңданған түрін байқап, сасып қалды. Әйелі тауыққа жем беріп тұр еді, күйеуін көргенде, аузын ашып, аңырайып тұрып қалды. – Не болды саған, бәйбішем-ау? – деп қойды ол. Үйін, әйелін сағынған Мұхтар, басқадай жылы сөздер айтуға әзірленіп келіп еді, айта алмады. Тап бір бөтен кісіні көргендей, әйелінің шұқшия қарағаны ызаландырды оны. – Танымай тұрсың ба, немене? – деді ол даусын көтере сөйлеп. – Ойпырым-ай! Сен шынымен Мұхтар екенсің ғой! Өз көзіме өзім сенбей тұрмын, – деп Өлмесхан жүгіріп барып, чемоданын үйге кіргізді. Бұрылып артына қарады да, сықылықтап тұрып күлді. – Қартайғанда әдеміленіп кетіпсің ғой! – Енді жаңаша өмір сүреміз, – деді Мұхтар үй ішінде олай-бұлай жүріп. – Саған да сәнді көйлек сатып аламыз. – Қашан мен көйлек сатып алып едім? – деп таң қалды Өлмесхан. – Мата болса, өзім-ақ тігіп алмаймын ба? – Мата бар, бар, – деді Мұхтар шыдамсыздана, қатты сағынғанын білдіргісі келіп, әйелінің иығынан қақты. – Мен саған көйлектік мата әкелдім, тек оны қала үлгісімен тігерсің. Әйелі өкпелегендей болып басын шайқады. – Мен сені тани алмай тұрмын. Әйелдердің киімін сөз ету еркекке жараспайды ғой, – десе де өзі: “қала үлгісімен” деп неге айтты екен, менің өнерімді ұнатпағаны ма? ” – деп іштей айыптады оны. Балалары да әкесін жатырқап, сескенгендей болып, бөтен адамдай үрке қарады. Ол балаларын еркелетіп, қолына алып, басынан асыра көтерді. Бірақ қыздары әдеттегіше, шуылдамады, күлмеді де. Мұхтар чемоданынан қуыршақтар мен кәмпиттерді шығарып бергенде ғана көздері жайнап, қуанып кетті. Қыздары әкесінің базарлығын жасқана


алды, ептеп өз төсектерінің жанына жылысып барып, сыбыр-сыбыр сөйлеп, сықылықтап күлді. – Әкем, әкем келді! – деген қуанышты дауыс шықты даладан. Мұрат үйге жүгіріп кірді де, адымдай келіп, кілт тоқтай қалды. – Бәлі, әке, қатып алыпсың ғой! – деді таңырқап, даусын соза түсіп. – Сәнқой боп қайтқансың ба? Маңдайына түскен шашын қолымен артқа сипап қойып, күлімсірей құшақтады әкесін, Мұхтар оған космонавтар жайындағы кітап пен алдында шет тілінде жазылған жазуы бар, мотоциклшінің суреті салынған майка берді. “Кішкене ұлыңды мектепте өте жақсы оқиды деп едің, бәлкім, ғалым шығар одан” деп, кітапты Иван Харитонович бір жерден тауып әкеліп берген еді. Мұрат болса, кітапқа аса қызықпады, беттерін ашып көрді де қойды, ал майкаға қуанды. Сонан соң ол әйеліне көйлектікке алған жасыл кремплинді берді, “біреулерді ұмытып кетпедім бе екен” деп, басқа базарлықтарын да қарап шықты. Шайдат апасына гүлді жаулық, немере ағасы Әскерге өзінікі сияқты көгілдір көйлек, оның әйеліне шарф, Жақыптың ұлына, көршісі Парисби мен оның әйеліне қорапқа салынған кішкентай стақандар алған еді. Базарлықтарын тағы бір қарап шығып, чемоданының қақпағын жауып қойды. Кеудесін кере алға ұмсынып, қолымен тізесін таяна отырып, ауылдағы жаңалықтарды, үй-ішінің жағдайларын сұрады. Өлмесхан дастарқан жасап жүріп, әңгімесін айта берді, бірақ бір айдың ішінде ауылда, үйде ешбір өзгеріс бола қойған жоқ екен. Бұл жағдай Мұхтарды таң қалдырды. Ол басқа өмірге барып қайтты деуге болады, соншама дүние танып, көріп, біліп келді. Ал мұнда бәрі де баяғысынша, өзгеріс те жоқ, жаңалық та жоқ, тап бір өзі ешбір жаққа бармағандай, тек бір сағат мызғып кеткенде, түсінде өзге жерлердің түрлі қызықтары мен адамдарын көргендей болды, ояна келсе бәрі де орнында, еш жаққа да бармаған секілді: баяғы үй, баяғы жұмыс, ауыл, Мұхтар сол кезде ғана бірінші рет уақыттың не екені жайында ойланды. Уақыт дегеннің өзі зымырап өте береді екен ғой, бірақ сол уақыттың білінбей әрең жылжуы да мүмкін ғой.


– Келдің бе, әке? Қалай дем алдың? – деп Әли кіріп келіп, күлімсіреп, әкесіне қолын беріп амандасты. – Мені бригадир жіберді. Сені келді деп оған кеңседен телефон соғыпты, – деп Мұхтардың сұраулы көзқарасына жауап беруге асықты ол. Үйде жүрсе де, әскерге барса да, әр уақытта жанында болсын деп, Мұхтар Әлиге базарлыққа әдемі, жылтырауық шақпақ әкелген еді. Үлы сыйлығына разы болды. Қасына отырып, көзінің қиығымен әкесінің киіміне қарап, ұнатқанын білдірді: – Баяғыдан-ақ осылай киінбейсің бе, қырқыншы жылдардағы бастықтардай болып жүруші едің! – деді. – Енді бәрі де өзгереді, – деді Мұхтар ұлының мақтағанына сүйсініп. Үстел үстіне түскі асқа деп дайындалған сорпа, пәрәмаш қойған. Мұхтар бұрылып қарады да: – Бұдан былай күнде борщ ішетін боламыз! Өте жақсы тамақ, витаминдері көп, – деді. Мына сөздерді естіген әйелінің қолынан ыдысы түсіп кете жаздады. – Борщ деген тамақты мен өмірімде пісіріп көргенім жоқ қой! – деді ол. – Үйренесің! – деді Мұхтар өктем үнмен. Ол еш уақытта дәл бұлай қатаң сөйлеген емес еді. – Жақсы, жақсы. Көршілерден сұрармын, асханаға барып білермін, – деді Өлмесхан қулана сөйлеп. Осы бір айдың ішінде қайғырып, Өлмесханның мазасы кетті. Түсіне қайдағы бір нәрселер еніп, “күйеуіме бірдеңе болған шығар, неге ғана сондай ұзақ жолға жібердім екен!” – деп уайымдады. Сол күндері Өлмесхан өзін майданнан күйеуін күткен әйелдей сезініп, азап шеккен, қиналған Мұхтарды қарсы алуға әзірленді. “Бірдеңеге ұшырап қалмағай еді!” – деп те Мұхтар үшін жаны күйзелді. Оған жәрдем керек боп, жеделхат келіп қалар деп те күтіп жүрді. “Көрмеген-білмеген Ялтаға қалай барам онда!” деп те ойлады. Сондықтан да Мұхтардың аман-есен келгеніне Өлмесханның қуанғаны сонша, тіпті өз көзіне өзі


сенбеді. Тек оның ештеңе болмағандай, аман-сау күйінде келгеніне күдіктенді де. Киімі де көзге бір түрлі оғаш, сөйлеген сөздері де түсініксіз. Осының бәрі әйелін күдіктендірмей қоймады. Жолдан қарны ашып келген Мұхтар сорпаны ашқарақтана ішті. Курортта жүргенде, Өлмесханның сорпасын талай тамсанып еске алған. Ал қазір дәмін де байқамай соғып отыр, өйткені тағы да сол бір уақыт туралы ойлады. Өмірде есте қаларлықтай, немесе есіңде ізі де қалмайтындай күндер, апталар, айлар болуы мүмкін ғой. Осындай ойлар оның көңілін толқытқан еді. – Қалай екен, Ялта? Қызығарлықтай бірдеңелер көрдің бе? – деді Әли. – Көрдім, көрдім, – деп басын изеді Мұхтар. – Сталиннің американдықтармен, ағылшындармен кездескен сарайында болдым, – деп мақтанып та алды. Өлмесханның қасығы тәрелкесіне тиіп кетіп, сыңғыр етті. Дастарқан басында отырғандар тып-тыныш бола қалды. Мұхтар бұл жағдайды әуелде байқамады, бірақ көзінің қиығымен қарап, әйелі мен балаларының тастай қатып, үнсіз қалғанын сезді. * * * Мұхтар мен Иван Харитонович бірінші күннен-ақ бірін-бірі жатсынбай, бір ай бойы айырылмайтын достай боп кетті. – Топырлап жүретін экскурсиялардың бізге қажеті жоқ. Ондайға барып жүруді балалық деп санаймын, – деді Иван Харитонович нығыздай сөйлеп. – Мен мұндағы көрнекті жердің бәрін де білемін, өзім көрсетемін саған! Иван Харитоновичке Ливадия қатты ұнайтын еді, сондықтан достар оған тезірек бармақ болды. Мұнда олар соғыс жылдарында одақтас үкімет басшыларының кеңесі өткен Сарайды аралап көрді. Экскурсоводтар Күнгей деп аталатын соқпақпен жүруді қалады. Сол соқпаққа аяғы тиген кезде, Иван Харитонович иығын керіп, иегін көтерді, төңірекке паңдана қарады. “Күн сағатының қасында біраз уақыт отырды, жақын тұрған биік тауларға, кипарис ағашы қаптай өскен теңіз жағасына сүйсіне көз тастады. Мұхтар да оған ойлы көзбен,


көңілдене қарап, сағаттың қасында тұрды, ол да айналасын шолып өтті. Бірақ осы бір соқпақпен қыдырудың не қызығы барын түсіне алмады. Оған бұдан гөрі адамдары ығы-жығы теңіз жағасы ұнайтын еді. Жағадағы зәулім үйлер, әдемі, ақ кемелер, жүйткіп жүрген қайықтар көңілін көтеріп, жүрегін қуанышқа толтырады. Теңіз жағасында көңілдене дем алып жүрген адамдардың шаң-шұңын естіп, жағаға жұрттың жиналып қалғанын сезді, өзінің де олармен бірге дем алатынын қуана ойлады. Досымен бірге Ливадияға үн-түнсіз барып жүрген Мұхтар күн сайын мұңая берді. Иван Харитонович бұл жағдайды байқаған сияқты. – Байқаймын, Михаил Андреевич, “патша соқпағынан” безетін түрің бар ғой? – деп кінәлі кісіше сөйледі ол – Мені кешір. Бұл менің жақсы көретін жерім, ал басқа адамға мұның ұнамауы мүмкін екені туралы ойланбаппын да. – Патшаның соқпағы дейсің бе? – Мұхтар таңырқағандай сасқалақтап қалды. – Иә. Мен саған оның жайын айтпаған екенмін-ау! – деп Иван Харитонович та таңдана сөйледі. – Міне, мына жерде патша қыдырып жүрген, мына жерде дем алған, – деп ол саялы қалқаны көрсетті де, түрін өзгертіп, жан-жағына қарады: – Ал қазір мұнда Иван Харитонович Калягин қыдырып жүр, – деп кеудесін қақты. Мұхтар күлкісін әрең тыйды, досының өктем үнмен бөсіп сөйлегені ашықтан-ашық көрініп тұр. Ал Иван Харитонович болса, қолын көтеріп: – Михаил Андреевич, патшаның жүрген соқпағымен сен де жүрсің, бір заманда бұл жермен тек патша әулеті ғана жүруге хақылы болған, – деді. Бұл сөзге таң қалған Мұхтар енді Ливадияға қуана-қуана баратын болды, тауларға, төменнен көрінген кипарис ағаштарының биік басына, көгілдір теңізге көңілдене қарады. Тынысын терең алып: “Осындай жерді таңдап алған патша ақымақ емес, әрине”, – деген ойлар басына келді. Одан соң: “Бұрын мұнда


патша жүрсе, енді Мұхтар Қарамов жүр”, – деген ой оның көңілін асқақ бір сезімге толтырды. Қазір сол бір серуенді есіне түсіріп, өзіне-өзі таңданды. Неге десең, онда жүргенде не үйін, не жұмысын, не балаларын ойламаған екен. Бар көңілі табиғат тамашасына, жүрген ортасына ауып кетіпті. Бірге қыдырған кезде Иван Харитонович өз өмірі мен шахтадағы жұмысы жайында көп әңгімелер айтты. – Соғыстан соң Донбастағы барлық шахталарды су алып кеткен еді, – деген Иван Харитоновичтің даусы дәл қазір естілгендей болады оған. – Отанға көмір көп керек. Кеңірдекке дейін су кешіп, шахталарды тазалайтын едік. Шахтаның ана жері, мына жері опырылып құлап жатты. Содан да қорықпай, жұмыс істей бердік. Жол ашып, көмір шығара бастады. Ол кезде қазіргідей комбайн, техника жоқ. Сіңіріміз шыққанша, қара күшті аямай, балғамен ұрғыштап жұмыс істейміз. Айналасы газ, шахтерлар үн шығармайды, түтінге тұншығып, тыныстауға ауа жетпей жатады. Денсаулығы нашарлап, сырқаттанған болса да жүре береді. Саулығы бұзылған жалғыз мен ғана емес. Көптеген майдангер жолдастарым, әр жерден келген іскер шахтерлар денсаулықтарын осы шахтада құртты... Өзінің ауылдағы өмірін, егіншілікпен айналысатынын Иван Харитоновичке жіпке тізгендей етіп айтып бере алмағанына Мұхтар сондай өкінеді. Неге екенін кім білсін, әйтеуір бірдеңеден қысылады, қалай бастап, немен аяқтау керектігін білмейді. – Сіздерде, Кавказда әйелдер көп балалы болатынын естігем, – дейді Иван Харитонович. – Сенің неше балаң бар, Михаил Андреевич? – Төртеу, – деп күлімдеді Мұхтар. – Екеуі ұл, екеуі қыз. – Көрдің бе, тап бір өзің сұрап алғандай болыпты, – деген Иван Харитоновичтың көңілді жүзі кілт өзгеріп, әлденеге түнере қалды. – Менің екі ұлым бар еді, екеуі де соғыста өлді, онан соң әйелім Евдокияны да жерледім. Бәрін де бастан кешірдім, – деді ол бір түрлі қайғылы дауыспен.


Бұл туралы Иван Харитонович бірінші рет айтып тұр. Жүрегінде ауыр қайғысы бар екенін осы уақытқа дейін білдірмей жүргені үлкен ерлігі деп санады Мұхтар. Мұхтар өзінің досы жайында әйелі мен балаларына айту үшін осының бәрін ойланып алатын еді. Бірде ол үйді сағынбау үшін, көңілдене қалады, сонан соң тынығу дегенің еш уайымсыз, ойсыз, ешбір қамсыз болуы керек деп түйді. Мұндай жағдайды “жан тыныштық” деп айтады. Солай десе, солай-ақ болсын... * * * Үйіне келген күннің ертеңінде Мұхтар әйелінің ұнатпағанына қарамай, Ялтадан сатып алған костюмін киіп, галстугін тағып, кеңсеге қарай жөнелді. Жолшыбай ауылдастары оны тоқтатып, амандасып, Қырым жайында сұрады. Ал ол қастарынан өтіп кеткен кезде, артынан ұзақ қарап тұрып, таңдайларын қағысты. – Пай-пай, киім адамды қалай өзгертеді! – деп бастарын шайқады олар. Трактордың тоқсан тоғыз тетігін білетін Мұхтарды мынандай болады деп кім ойлаған? Мүлдем басқа, ауыл адамына ұқсамайды. Совхоздың директоры да Мұхтардың киіміне таңдана қарады, бірақ сездірмеуге тырысты. – Қош келдің, қош келдің қымбаттым! Аман-сау жетуіңмен! – деп ол Мұхтардың қолын қатты қысып, сілікті. – Жақсы дем алғаныңды көріп тұрмын: жасарыпсың, күш жинапсың, бірақ мына қалпағыңды киме, бұл жас жігіттерге ғана жарасады, – дегенді айтып салды. Мұхтар қысылып қалып, ақтала бастады: – Курорттағылардың бәрі де осылай киінеді, мен де... – Мұнда курорт емес, – деді директор ақылға салып, – о жақ басқа да, бұл жақ басқа. Кеңседен Мұхтар қалпағын шешіп, жалаң бас шықты, ауылдастарының көзіне қарауға ұялып келе жатты. Үйіне жетісімен төсек тұсындағы кілемде ілулі тұрған, мейрамда киетін бөркін алып, оның орнына қалпағын ілді. Бірақ, ол үй иесіне курортта болған қуанышты күндерін


есіне түсіретіндей, ұзақ ілініп тұрмады. Кішкене ұлы жолдастарының алдында сәнденіп, бой көрсеткісі келіп, қалпақты көздеп жүрді де, бірнеше рет сыртқа киіп те шықты. Қалпақты алып шығып жүргенін шешесі көріп, Мұратты сыпырғышпен де, шөмішпен де ұрып, қуды. Неге десеңіз: “Басындағы бөркі – еркектің көркі” – дегендей төрде ілулі тұрған бас киімді ырымдап, құрмет тұтатын Өлмесхан. Бір күні Өлмесхан ұлының әкесінің қалпағын тағы киіп алып, қоршап алған жолдастарының ортасында мақтанып тұрғанын көреді. Сол кезде ол қатты ашуланып, ұлының бұл қылығын тыю үшін, қолына қамшыны ала салып, ұрмақ болып, тұра жүгіреді. Бірақ осының бәрін естіп, тракторының жанында шоқайып отырған күйеуі оны тоқтатып: – Қой, тиме! Ұнатса кие берсін! – деді. Мұхтар демалысында алған костюмін де шифоньерге тығып қойған. “Кигісі келсе, клубта болатын кештерге Әли кисін” – деп, өзі ескі галифесі мен етігін киді. Өлмесхан бұған қатты қуанды. Өйткені, күйеуі өзінің бұрынғы Мұхтарына айналып еді. Күйеуі борщ пісір деуін де қойды. Асхананың таңдаулы асының бірі борщты күйеуі қалаға барғанда ішкен екен деп, үйде пісіруі керек пе? Алғашында ол “капуста, қызылша, томат жоқ” деп сылтауратты. Күйеуі өзі аудан орталығына барып, керек заттарды алып келгенінде де Өлмесхан оларды көрмегенсіді. Ал өзі ноғай тамақтарын пісіруін тоқтатпады. Мұхтар ақыры келісті. Күйеуінің оғаш сөздерін қойып, бұрынғы қалпына түскеніне Өлмесхан қуанғанмен, үй иесінің мінезі өзгергені айқын білінді. Күлмейді де, көңілін ашып, масайрап бір отырмайды, көпке дейін ойға шомып, үнсіз қалады. Не жайында ойлайды екен? Мұхтардың осындай сәттерде не туралы ойлайтынын Өлмесхан білмейтін еді. “Баяғысынша бір күнді екінші күннен айырып болмайды. Бүгін де кешегідей, кешегі – алдыңғы күндей. Зеріктіріп жіберді!” – деген ойлардан айналаның бәрі мұңайып-сарғыш тартқандай, үйдің ақ қабырғалары, жапырақтардың жасыл түсі, әңгімелескен адамдардың жүзі, ауыл үстіндегі көгілдір аспан – бәрі де көз алдыңда сарғайып кеткендей. “Тілім қышып, өзім ғой оны курортқа болмай жіберген, құрысын сол бір курорты” – деп өзін-өзі кіпәлады Өлмесхан. – Көпе-кернеу Басқа


адам болды да келді... “Кім біледі, әлдебір ұятсыз әйелмен жарасып қалды ма?!” Күйеуі жайында мұндай жаман ойда болғанына Өлмесхан өзі ұялды, бірақ жүрегі тыныш таппады. Бұдан бір-екі жыл бұрын шофер Қарамырзаның басынан өткен оқиға оның есінен шықпап еді. Қарамырза Қара теңізге барып, дем алып қайтқаннан кейін, екі жұмадан соң, оның артынан отыз жастар шамасындағы, сары шашты бір әйел жетіп келді. Қарамырза мұны естісімен, тура жұмыс басынан көрші ауылға қашып кетіп, сонда он күндей достарында жасырынып жүреді. Сөйтіп ол әйелінің ашуынан, өзінің үйінде қонақ боп жатқан, курортта достасқан әйелден қашқан еді. Өлмесхан, әрине, “курортта қайдағы бір әйелмен айналысып, Мұхтар өзін ұятқа қалдыруы мүмкін” деген ойдан аулақ еді. “Бірақ кім біледі, біреу кездескен болса ше?..” Пошташы Апасты асыға күтетіні де Өлмесханды күдіктендіреді. Көрдің бе, өміріне бір өзгеріс енгізетін хабар әкелетіндей, күйеуі пошташыға қыпылықтап жолығып жатады. Бір күні, түн ортасына дейін Мұхтар күрсініп, дөңбекшіп, тыным таппай жатты. Сол кезде әйелі шыдамы таусылып: – Осы сен, бір жақтан хабар күтіп жүрген жоқсың ба? – деп сұрады. – Күтіп жүрмін, күтіп жүрмін, – деп жауап берді Мұхтар. – Иван Харитоновичтан. Мен саған досым жайында айтып едім ғой... – Мүмкін, сенің досың белдемше киген біреу шығар? – деп оның шымбайына тие сөйледі Өлмесхан. – Қарамырзаның Сочиде дем алғаны есіңде ме? Әне, содан кейін ол ауылдағы Әскерге хат жазыпты, ұятсызын көрдің бе? Сенің күтетін хаттарың да соған ұқсамай ма? – деп қытығына тиген Өлмесхан тағы да қыза сөйледі. – Осы сен алжиын дегеннен саумысың? – Мұхтар әйелін тоқтатпақ болды. Сол арада Қарамырза туралы әңгіме де есіне түсті. Әскер дүкеннің жанында сондай хатты Қарамырзаның әйеліне оқып беріп, күліп тұрғанын ауылдың көп адамдары көріп, естіген еді. “Мен мұнда бір “Лада” көрдім. Әдемі, жеңіл машина, ондайды тек түсіңде ғана көресің, моторы – “восьмерка”, жарығы – көгілдір түсті, тап бір


көгілдір оттай жанады. Дөңгелегі айналып, жүріп кететіндей болады” деп жазылған екен хатта. Оны тыңдап тұрған Қарамырзаның әйелі ештеңе түсінбепті. “Иә, несі бар екен, жазса? Біз көптен бері “Жигули” алайық деп жүрміз” – деп иығын қозғапты да қойыпты. Өлмесхан да алғашында хатта жазылғандарды түсінбеген еді, соңынан бір көршісі бәрін де түсіндіріп айтып беріпті. – Мүмкін, сен де дем алудың орнына көзіңді жеңіл машинаға тіккен боларсың? – деп сөзін жалғай берді Өлмесхан. – Сен де Қарамырзаға ұқсап, “жалғыз бастымын” деген шығарсың? Баяғы замандағыдай сенің жас тоқал алуыңды күтіп отыруым керек пе? – Қалай-қалай сөйлейсің осы сен? Тілің шығайын деген екен! – деп бұрқ етті де, Мұхтар әрі бұрылып кетті. Өлмесхан тілінің шыққанына ұялып, өзін-өзі кінәлады. “Неге ғана айттым екен солай деп? Ренжіп қалған болар?” – деп ойлап қайғырды. Біраз уақыт өткеннен кейін бәрін де ұмытып, Қарамырзаның хаттарын есіне алып, өздері шынымен-ақ Әли әскерден қайтып келгенде “Ладаны” сатып алмақ болғаны жайында ойлады. Өз машинасының болғанына Мұхтар, әрине, қарсы емес. Бірақ ол үшін ақшаны тамақтан, киімнен үнемдеп, базарға барып сүт, қаймақ, ет сатып, басқа жолмен ақша табуды ұнатпады. Өлмесханға да осыны айтты. Әйелі бұған келісті. Ойланып-ойланып, совхозға барып, қант қызылшасын егетін жер алды. Сонан бері міне төрт жыл өтті. Сөйтіп, ол бірінші рет жұмысқа шықты. Оған дейін балалары кішкентай болып, соларды қарап, шаруашылықпен айналысып, үйде отыратын. Өлмесханның аяқ астынан қант қызылшасын өсірумен айналыспақ болғанын Мұхтар жаратпай, ашуланды. “Ер адам әйелді қалайда асырауы керек” деп санайтын ол Сондықтан әйелінің жұмыс істеймін дегені намысына тиді. Күзде Өлмесхан еңбектеніп тапқан алты жүз сом ақшасын алды да, оның бір тиынына тимей, әскерден келген соң беремін деп, Әлидің атына жинақ кассасына салып қойды. Сол ойын күйеуіне айтқанда: “Мұның дұрыс екен, олай болса жұмыс істей бер”, – деп келісті Мұхтар. – Бірақ күйеуім мені асырай алмайды демесең болды. Сөйтіп,


Мұхтар бұрқылдап сөйлеуін қойды. Содан бері Өлмесхан жыл сайын совхоздың қызылша егістігінен жер алатын болды. Бірақ көршілері сөз қылмасын деп, ыңғайы келгенде: – Мұхтарым кеше жүз елу сом әкелген еді, мен оны қаттап, салып қойдым. Сонша ақшаны қайтпекпіз? – деп мақтанып та алатын еді. Көршілері оның әңгімесін күлімсірей тыңдайды. Неге десең: Мұхтар Қарамовтың шынында да табысы мол екенін олар білетін. Күйеуінің атына кір келтірмес үшін, Өлмесхан әр уақытта қаңқу сөзден аулақ жүретін. Үй шаруасымен де ол өзі айналысты, дүкеннен керекті заттарды, азық-түлік, киім-кешекті сатып алып, күйеуінің еңбек ақысынан жиырма-отыз сомын іркіп алып қалатын. Мұндай жиғантергені ауылда төтеннен кездесетін жағдайларға кетіп жатады. Мысалы жігіттерді әскерге жіберу, үйлену тойына сыйлық алу, немесе өлімжітім сияқты қиын жағдайға жұмсалады. Ондай ақшаны Өлмесхан дорбаға салып, шешесінен қалған құранмен бірге ағаш сандыққа тығып қоятын. Мұхтар оның бұндай жұмсағандарына кіріспейтін, бірақ айдың аяғында әйелі ақшаның біткенін айтқанда, таң қалатын. Сол кезде Мұхтар үнсіз ғана Өлмесханның көзіне қарайды. Бұл қалай болғаны? Бұрын алпыс, сексен сом алған кезде жететін еді, ал қазір сыйлықтарды қосқанда, екі жүзден, тіпті онан да артық алсақ жетпейді. “Онда балалар жас болды, енді олар өсті, жақсы киім кигісі келеді” – дейді Өлмесхан күйеуі басқа бірдеңе ойлап жүрмесін деп. Бұл жолы да осындай әңгіме болды. – Мұраттың шалбары отыз сомға түсті. – Қайта бұл арзан ғой. Әлиге джинси шалбар алғанда, екі жүз сом шығаруға тура келді, – деп күйеуіне қарап, сасқалақтап қалды. – Дәндетесің балаларды, джинси болса қайтейін, екі жүз сомға шалбар ала ма екен кісі? – деді Мұхтар сабырлы үнмен. – Енді не істемекпіз, жаным-ау! – деді Өлмесхан нықтап. – Біздің көшедегі жігіттердің бәрі де соны киіп жүр. Әлидің көрші балалардан несі кем? Оған алпыс сомға етік те алған едім, бірақ кішірек болып Мұрат киіп алды, шешкісі де келмейді...


– Өмір емес, бәсеке десейші! – деп Мұхтар жаратпай күрсінді. – Бұл әлі бәсекелесу емес. Кешікпей қыздарың да өседі, бәсекенің көкесін сонда көрерсің! – деп Өлмесхан күліп алды. – Көйлек-көншек, етік, туфли... қайсы бірін айтайын? – Иә, иә, – деді Мұхтар немқұрайлылау келісіп, – киетін киімдері болса, киіне берсін, болмаса – жоққа жүйрік жетпейді. Ең бастысы бұл емес... Өмірді біздің қалай бастағанымыз есіңде ме? Бұл Өлмесханның әрине, есінде. Күйеуінің үйіне келгенде, онда үйдің төрт қабырғасы мен төбесінен басқа ештеңе жоқ еді. Жас жұбайлардың бар байлығы – әйелдің әкелген мүлкі ғана болды. Өлмесхан бұған мұңаймады. Себебі оның Мұхтарға деген сүйіспеншілігі болмаса да, ол қуана-қуана барды. Қазіргі заманда қыздар өз сүйген адамын отыз жасқа дейін күтуіне болады, оған ешкім де таңданбайды. Ал ол заманда қыз он сегізден асса, “отырған қыз” деп атайтын. Мұхтар үйленемін дегенде Өлмесхан жиырма екі жаста еді. Кәрі қыз болып қалармын деп, өзі де қорықты. Ата-анасы да күйеуге шығатын уақытының жеткенін айтып, құлақ етін жей берді. Тұрмыс құрған күннен бастап, Өлмесхан іскер, айтқанды бұлжытпай орындайтын адал әйел болды. Алдымен Мұхтарды аяды, содан соң сүйді ме, сүймеді ме, бірақ онсыз өмірінің мәні жоқ екенін түсінді. Ол күйеуін, үй иесін, балаларының әкесін өте жақсы көріп, дүниедегі ең қымбатты адамым деп мақтанды: өзіне де, үй ішіне де ұят келтірмейтін, ақылды, мейірімді, күшті деп санады. Мұхтардың істеген істері әр уақытта дұрыс болатынына Өлмесхан сенетін, оған қарсы шықпайтын, онымен шекісу немесе оған ерегісіп бірдеңе айту ойына да келмейтін. Сондықтан да қазір күйеуі даусын көтеріп, бұрылып кеткенде, Өлмесханның есі шықты. Оны Қарамырзамен теңестіргені намысына тимеді ме екен деп уайымдады. * * * Мұхтардың да тынышы кетті. Ол тістеніп, көзін жұмды. Бастан кешкендері көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты. Күнде таңертең тамақтың алдында, олар Иван Харитоновичпен бірге теңізге баратын. Иван Харитонович суға түсетін, ал жаңа спорт


костюмін киген Мұхтар киімдердің жанында малдасын құрып, жанжағына күлімсірей қарап отыратын. Теңіз жағасында әр уақытта ығы-жығы халық – әйелдер, жас жігіттер мен қыздар жүреді. Мұхтардың олардың алында шешініп, жалаңаштануға батылы бармады. Үйде жүргенде де күннің ыстық кезінде жұмыстан соң, шаң мен кірден тазалану үшін, Кубаньның ешкім көрмейтін жеріне барып, шомылғанда да ұялып, әрең шешінетін. Суға тізесіне дейін кіріп, асыға-үсіге сабынданып, құлағы мен мұрнын басып алып, күмп беріп сүңгіп шығатын. Мұхтар шалпылдатып, жалдап, суға түсуді еріккеннің ісі, ол тек жас адамдарға келіседі деп санады. Иван Харитонович жастарға айқайлап, теңіз жағасына шықса, кеудесін шапалақтап, тіпті ұялмай, айналасына маңғаздана қарағанда, Мұхтар ұялып, көзін бұрып әкететін. – Табиғаттың өзі берген осындай керемет суға бекер түспейсің, – деп Мұхтарға қайта-қайта айта беретін досы. – Мұндай тұзды суға шомылу әрі пайдалы да. Мұның бәрін үндемей тыңдайтын Мұхтар: “Оның көлеңкесіндей, соңынан еремін де жүремін” – деп кейде көңілсізденіп, ойға қалатын. “Мүмкін, мен Иван Харитоновичқа масыл болып жүрген шығармын, сонда да ол өзінің адамгершілігінің көптігінен сыр білдірмейді. Ертең бармаймын теңіз жағасына!” дейді де, ертеңінде де, арғы күні де, одан кейін де барып жүрді. Күнге қыздырынған адамдармен ойы бір жерден шықпаса да, теңіз оны өзіне шақырып тұрғандай болады. – Су дегеніңіз әр түрлі болады, – дейтін Иван Харитонович. – Мен жас кезімде әкеммен шахтаға түскенде, шахтаның ішіндегі тап-таза су жылт-жылт етіп ағып жататын. Шөлдеген кезімде әлгі судан қолыммен алып ұрттайтынмын. Сол сәтте аузымның іші қуырылғандай болып, кеуіп кетеді, ернімді не аша алмай, не жаба алмай қаламын. Бұл суды ішуге болмайды “ауыр су” дейді шахтерлар, онда түрлі тау тастарының қоспалары жүреді екен. Ал сен теңіз суына бекер түспейсің, – деп әңгімесін тағы да теңізбен байланыстырып қояды. Иван Харитоновичтың әйелдерге тесіле қарағанын байқағанда, Мұхтар өзін кінәлі адамдай сезінетін. “Мен оған кедергі болып жүрмін-ау!” –


деп өңі бұзылып, ендігәрі бұл кісінің көңілін қалдырмайын, не айтса соны орындайын деп, өзіне-өзі сөз береді. Үйге қайтар алдында Иван Харитонович өте көңілді, сөзшең болып кетті. Таңертең жағажайға барар-бармастан Мұхтарды мазақтай бастады: – Сонымен, мен саған, Михаил Андреевич, қалай дем алуды үйрете алмадым. Бір рет шомылмай, қыздырынбай-ақ кетесің бе? Мына адамдарға қарасаңшы, біреуі алтындай жылтыр, екіншісі шоколад түстес қоңыр. Курортта болғандары бірден көзге түседі, сен секілді емес, – деп жағада тұрған орта жастағы екі әйелді көзімен нұсқады. Олардың бірі – қысқа сары шаштысы – тап бір суреттегідей екі бүйірін таянып, түрегеліп тұр еді, екіншісі – арықтау келгені – жерге төселген орамалдың үстінде басын артқа шалқайта, қоңырқай жүзін күнге тосып отырған. Түрегеліп тұрған әйел бұрынғы қалпын өзгертіп, күнге арқасын бұрды. Күлімсіреп, Мұхтарға тесіле қарады. Мұхтар болса, жалаңаш тұрған әйелден ұялып, төмен қарайын деп еді, бірақ көздері ұшырасып қалды. Иван Харитонович таңдайын қағып, оны бармағымен түртіп: – Әй, Михаил Андреевич-ай, сенің жасыңда болсам ғой! – деп басын шайқады. – Сіз де қартайып тұрған жоқсыз. Әлі тып-тыңсыз, – деп отырған әйел күлімсіреп, сөзге кірісіп кетті. Бетіне түскен қоңыр шашын жоғары серпіп, ол еркектерді бірін-біріне салыстырып, сынай қарады. – Кхе, кхе, кхе, – деп Иван Харитонович өзіне риза болғандай, қуыстана күрсінді. – Мен қартпын ғой, білсеңіз. Қартпын... – Өзіңізді неге ерте қартайтасыз? Солай емес пе, Маша? – деп әйел досына көз қиығын тастады. – Еркектің бәрі бірдей, – деді екіншісі. – Бұдан он жыл бұрын да өзіңізді қартқа санаған боларсыз? – деп күлімдеген ол Иван Харитоновичқа қарап, ал өзіңіз... – деп әзілдеп, саусағын безеді.


– Әлі де көкірегімізде жалын бар, – деді Иван Харитонович күліп, кеудесін керіп. – Солай ғой, Михаил Андреевич, – деп Мұхтардың иығынан қақты. Мұхтар басын қалай изегенін өзі де білмей қалды. – Ой, көкірек дейді ғой, – деді арықша келген әйел, басын тізесіне дейін иіп. Маша дегені күліп жібермес үшін, ерінін жымқырып, танауларын желбіретіп, көзін күлімдетті, сондықтан да бетінің әжімдері жаққан кремнің астынан айғызданып, анық көрінді. – Олай болғанда, сіздердің баптистерше біріңізге-біріңіз қосақтасып жүрулеріңіздің мәнісі не? Адам көрмей жүрсіздер ме? – деді Маша таң қалып. – Сіздер жайында біз бәрін де білеміз, дем алып жатқан жеріміз бір. Солай емес пе, Нина? Нина шашын артқа сілкіп тастап, қолын маңдайына апарып, құптай кетті: – Біздің бөлмеміз сіздердің бөлмелеріңіздің үстінде, – деді ол, басын шайқап қойып. – Ал сіздер ештеңені байқамайсыздар. Тек қана Ливадияға бару мен ұйқыдан басқаны білмейсіздер. Ең болмаса көршілеріңізді биге немесе мейрамханаға шақырмайсыздар да. – Нина! – деп, оның айтқанын жаратпай, досының сөзін тоқтатуға асықты Маша. – Немене, Нина? Мен мына өлмелі шалмен, – деді Мұхтарға қулана қарап, – немесе мынасымен – әлі де көкірегінде жалыны барымен бір кешті өткізер едім. – Нина! Ұятың қайда? – деді досы ашулана айқайлап. – Сөзіңе берік бол! – деп Иван Харитонович досына қарап көзін қысып қойды. – Қалай, Михаил Андреевич, келіншектерді мейрамханаға апарамыз ба? Анау-мынау емес, көршіміз ғой! Иван Харитонович досының мақұлдағанын көру үшін, оған жалт қарады. Мұхтар керіле күлімсіреп, не істеу керек екенін өзі де білмей, тағы да баяғыша басын шұлғыды.


Click to View FlipBook Version