The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Сынтаслы туралы толғау

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by saretbalausa, 2023-11-20 07:56:41

сынтаслы туралы толғау

Сынтаслы туралы толғау

Белгісіз көшеге шыққанда, жүзін желпіген самал жел бойын сергітті. Ол жағалай терек өскен аллеяға өтіп, таңертең келген жолымен адымдай басып жүріп кетті. Кеш батып келеді. Биік үйлердің арасынан көрінген күннің соңғы сәулесі құрғақ асфальт үстіне теректердің көлеңкесін түсіріп тұр. Жігіттің күні бойы ұстап жүрген ауыр сөмкесі қарын талдырып, бір қолынан екінші қолына ауыстырды. “Хайуанды да ұмытпаған!” – деген Кемалдың сөзін есіне түсіріп, жігіт артына қарап еді, сақал-шашы үрпиген Кемал соңынан ілесіп келе жатыр екен. “Мынау маған неге сонша өшікті?” – деп ойлаған Белгісіз тоқтай қалды. Көзін алмай қарап келе жатқан Кемал жігіттің қасына жуықтады. Белгісіз жұдырығын түйіп алып, оның не айтатынын күтті. – Жағымпаз!.. – деп сыбырлай сөйледі анау. Жігіт шыдай алмай, Кемалдың қолынан шап беріп, ұстай алды да, өзіне қарай бұрды. – Сен де Сынтаслыдан емессің бе? – деді жігіт ашулы дауыспен. – Мен Сынтаслыны жек көремін! – деді Кемал басын жоғары көтеріп. – Ол сенің туған жерің емес пе? – деді Белгісіз оның қолын әлі де жібермей. – Туған жерім деп санамаймын. Сынтаслы күлкішілердің, босқа күлетіндердің ауылы. Менің туған жерім жоқ, себебі мен өмірі күлмейтін адаммын, – деп әкіреңдеген Кемал қолын сілкіп тартып алды. – Дегенмен, сен Сынтаслыда туып, сонда өстің ғой? – деді жігіт. – Өмірге күліп қарау керек емес пе? – деген сөздің аузынан қалай шыққанын өзі де білмеді. – Сынтаслы – бос күлкінің жері. Сынтаслы жоқ. Сынтаслыда тек өмірді мазақ ететін күлкі бар. Сынтаслы жер астына түсіп кетсе де, тап сол жерде күн күркірегендей болып, күлкі естіліп тұрғаны!.. Жігіт ойланып қалды. Сынтаслыда күнде таңертең естіліп жататын күлкі есіне түсті... Кемал сөзін әрі қарай жалғай берді. – Ондай күлкі тек амалсыздықтан, осалдықтан ғана туады! Амалсыздықтан, осалдықтан деп, даусын көтере сөйледі ол


– Мен саған күлкінің амалсыздықтан емес екенін көрсетермін! – деп, Белгісіз де жігерлене дауыстады. Бірақ, сондай сөздерді қайдан шығарып айтқанын өзі де білмей қалды. Ойға батқан жігіт таң қалып, кетіп бара жатқан Кемалдың соңынан қарап тұрды. – Күлкі амалсыздықтан емес, ол өмірді ұзартады! – деп, Кемалдың артынан айқайлаған жігіт өз аузынан мұндай сөздердің қалай шыққанын аңдамады. Белгісіз орнынан қозғалды. Сақалы өскен, ұзын бойлы Кемалдың ашулы, отты көзі оның ойынан кетпеді. “Оңбаған-ақ адам екен! Еш нәрсе ұнамайды өзіне! Сөйтуге бола ма? Сынтаслыдағы күлкі туралы қайдан біледі десеңізші?! Әлде, білмесе де ойынан шығарып айта салды ма? Ауылымызды ол неге жек көреді?” – деп өзі-өзіне сауал қойған жігіт үнсіз қалды. Сәлден соң әлгінде кабинеттерде кездескен адамдар есіне түсті, өз ауылы туралы ойлады. Үйін сағынғанын сезді, өз үйіндегілердің бүгін кездескен адамдарға мүлде ұқсамайтынына таң қалды. Төрт қатарлы үйдің жанынан өтіп бара жатып, ойы бөлініп кетті. Ашық терезеден радионың даусы естілді : – Қазір қымбатты жолдастар, микрофонды журналдың редакторы Мырзақан Пашевичке береміз, – деді диктор әйел. Белгісіз тоқтады. – Жолдастар, әдебиетіміз бүгінгі күні даму үстінде. Жазушыларымыздың шығармалары тек өзіміздің кішкене облысымызға ғана емес, одан тысқары жерлерге де белгілі болғаны қуантады бізді. Әдебиетіміздің ауқымы кеңейіп келеді. Шағын әдебиетіміз үлкен ойлар көтере бастады десек те болады, – деп Мырзақан сөзін жалғай берді. “Шағын әдебиетіміз үлкен ойлар көтере бастады” деген сөзді ішінен қайталап айтқан Белгісіз адымдап жүріп келеді. Ол қалай да сол сөздердің мағынасын түсінуге тырысты.


“Шағын әдебиетіміз үлкен ойлар көтере бастады...” Бұл өзі дұрыс айтылған сөз сияқты деп ойға қалғанмен, Белгісіз оның мағынасын терең түсіне алмады. Сағатына қарап еді, жеті екен. Бұл кезде Сынтаслыға қарай жүретін соңғы автобус та кетіп қалған. Жігіт оған қайғырмады. Сынтаслыға қарай баратын тас жолға шығып, жолшыбай машина ұстармын деп ойлады. Түн ортасына дейін ешбір машина кездеспей, жаяу жүріп кетуіне тура келді. Қаладағы әпкесіне барғысы келмеді, жеңгелеріне керек заттар алуды ұмытып кетіпті. Сөйтіп, сөмкесін иығына асынған Белгісіз Сынтаслыға жаяу тартты. Аспандағы тарыдай бытыраған жұлдыздар жымың қағып, жылт-жылт етеді. Сарғыш ай да Теңізбен бірге жылжып келеді. Жігіт бірнеше рет айдан қашуға тырысты, бірақ ай да оның соңынан көзін қысып: “Әй, сені ме қуым, құтыла алмассың менен...” – дегендей болды. Теңіз түнгі салқын ауамен терең тыныстап, алға жылжи берді. Қараңғыда қорықпас үшін, арасында әндетіп те қояды. Ән жан-жаққа жайылып, асфальтты жағалай отырғызылған ағаш жапырақтарының сусылына қосылды. Таң ата Сынтаслыға жеткен ол бірінші үйдің жанына кеп тоқтады. Айнала тып-тыныш. Бозғылт аспанда ағарған жұлдыздар бір-бірлеп сөне бастады. Ай да жіңішкеріп, әйнектей мөлдіреп тұр. Сынтаслы тым-тырыс ұйқы құшағында. Баяғы уақыт жақындап келе жатқандай... Теңіз Кемалдың сөзін есіне түсірді... Аспаннан да, жер астынан да бір мезгілде естілген құлаң жаратындай қатты күлкі дүр ете қалды. Екі қолымен құлағын басып алған Теңіз айналадағы үйлердің, ағаштардың, бағандардың ойыншық тәрізді дірілдеп тұрғанын көрді. Бойын қорқыныш билеп, көзін жұмып алған ол сол күйінде күлкі біткенше тұрды. Бір кезде көзін ашып, қолын түсіріп еді, жан-жақтан жаппай шақырған әтештердің даусы Сынтаслыны шуылдатып жіберді. Есін жиып, жігіт үйіне қарай жүгіре жөнелді, ешкімнің көзіне түспей, ешбір сыбыс білдірмей, шатырға шығып, өзінің бүктемелі төсегіне жата қалды...


Үшінші тарауга кіріспе Баяғыда бір хан өмір сүріпті. Бұл ханның ай десе аузы, күн десе көзі, дүниеде екеу болса — соның бірі, біреу болса жалғыз өзі — сондай сұлу қызы бар екен. Қызы бой жетіп, күйеуге шығатын мезгіл жеткенде, әкесі: – Кім маған қырық өтірік айтып берсе, сол кісіге қызымды беремін, – деп жар салады. – Айтқан өтірігі, – дейді хан, – нағыз өтірік болсын, олардың бірі екіншісіне ұқсамасын, бірі екіншісінен қызықты, әрі адам сенбейтіндей болсын. Бұл хабарды естіген жігіттер ханның қызынан дәмеленіп, білген өтіріктерін айта бастайды, Келушілердің бірі де ханның ойынан шықпайды. Бір өтірігі екіншісіне жанаспай, қисыны кете береді. Ашуланған хан олардың бәрін де дарға астырады. Осыдан соң ханға ешбір жан жоламайды, сонымен көп уақыт өтеді. Бір күні хан алтын сарайда, жібек көрпенің үстінде, ақ жастықты шынтақтап, не істерін білмей ерігіп, есінеп жатқанда, алдына бір жігіт келеді. Хан мұны көріп, қабағын түйіп, ашуланған кейіппен: – Не керек саған, қаңғыбас? – деп ақырады. – Жоқ, тақсыр, мен қаңғыбас емеспін, жылқышымын, қырық өтірік айтуға келдім, – деп жауап береді жігіт. Хан оған шамданып: – Тастай қатқыр, көзіме көрінбей жоғал әрі! Сенен білгір адамдар да тауып айта алмай, тілін тістеген. Сенің де дарға асылғың келе ме? Аман-есен тұрғаныңда жөнел! – деп айқайлайды.


– Жоқ, хан-ием, сен мені дарға аспассың, қырық өтірікті қисындырып айтсам, қызыңды берерсің, – дейді анау да. Хан жігіттің өткірлігіне таңданып: – Айт ендеше, тыңдайын! – дейді. Сол кезде жылқышы жігіт сөзін былай деп бастайды: – Мен әкемнен бұрын туып, атамның жылқысын, бақтым. Жылқы өте көп еді. Жылқыны жатқанда құлағынан, тұрғанда аяғынан санайтынмын. Бір күні ерте тұрсам, жылқының бәрі жатыр екен, құлағынан ұстап санадым. Ішінде бір буаз бие бар еді, сол жоқ боп шықты. Жылқыны тұрғыздым да, аяғынан санадым, – баяғы буаз бием тағы да жоқ боп шықты. Арт жақта биік жар бар еді, жүгіріп барып сол жарқабақтан қарасам, ештеңе көрінбеді. Содан соң құрығымның жуан басын жерге шаншып, жіңішке басына мініп қарадым. Сол жерде не істерімді білмедім. “Бие құлындап далада қалған болса, қасқыр жеп қойып жүрмегей еді” деген қорқынышты оймен екі көзім жасқа толып, қолымнан сыртқа қарай шығатын үш тарау жолға түсіп, жүріп кеттім. Сол жолмен ұзай бергенімде, алдымнан жылқының жарты тезегі көрінді. Үйтіп-бүйтіп, терлеп-тепшіп, тырмысып, қарманып, әбден әуреге түсіп, әйтеуір, аттың жарты тезегінің үстіне шықтым-ау! Жылқының жарты тезегінің үстінде тұрып, дүниенің төрт бұрышына көз жіберіп қарасам, әлгі бием Еділдің арғы жағына шығып, желге қарап желіндеп, ыққа қарап құлындап тұр екен. Қуанып кетіп жарты тезектің үстінен қарғып түсіп, Еділге қарай жүгіре жөнелдім. Құрығымды су үстіне өткел етіп, жүгіріп, ар жағына шықтым. Биені ілезде ұстап алып, Еділге түстім. Еділдің тап ортасына келгенде қарасам, бие жүзе алмай батып, мен де суға кетіп бара жатыр екенмін. Сол арада жалма-жан құлынды ерттеп міндім де, биені алдыма өңгеріп алдым.


Еділден шығып, суды жағалап бара жатыр едім, бір бұтаның астынан қоян зыта жөнелді. Құрыққа мініп қуып жеттім де, құлынмен соғып алдым. Шынында да жылқышы жігіттің біріне-бірі ұксамайтын өтірікті қиыстыра алатынын біліп: – Қоян дегенің, көжек шығар? – деп, хан оны шатастырмақ болды. – Болса, болар. Бірақ, ортан жілігі сенің ордаңа тіреуішке жарайды, – деді жылқышы. – Орда дегенің кигіз үй болар? – Кигіз үй болса, кигіз үй шығар. Бірақ, оны қырық атан түйе әрең сүйреп келетін, – деді. – Қырық атан дегенің, қырық тайлақ болар? – Болса, болар. Бірақ, қырық құлаш қарағайдың басын шалып, оттап жүретін, – дейді анау. – Қырық құлаш қарағай дегенің қырық құмырсқа емес пе? – Болса болар. Бірақ, жоғары қараған қарттардың бөрігі жерге түсетін, – дейді жігіт. – Ол заманның қарттары ергежейлі ғой тегі? – Болса, болар. Бірақ, олар қырық құлаш құдықтың түбінен еңкейіп су ішетін. – Ол заманның құдықтары шұқанақ шығар? – Шұқанақ болса, болар. Бірақ, құдыққа таңертең тастаған көн шелек, оның түбіне кешке барып жетеді екен. – Ол заманның күні қысқа болар? – Қысқа болса, болар. Бірақ таңертең бұқаға келіп кеткен құнажын сиыр өрісте бұзаулап, кешке таяу дөнежін өгізге айналып, арбаға жегіп, орманнан ағаш әкелетін.


Ештеңе айта алмаған хан осы арада тоқтайды. Жылқышы жігіт ханға қарап: – Ал енді әрі қарай тыңда, хан ием, көргендерімді әлі айтып біткенім жоқ, – дейді. – Баяғы қоянды қосыма әкеліп, терісін сыдырдым. Ішін жарып едім, бір пұт май шықты. Етін қазанға асып, майын етігіме жақтым. Әлгі май етігімнің біреуіне жетіп, екіншісіне жетпеді. Етін жеп алып, жатып қалдым. Бір кезде у-шудан ояна келсем, екі етігім төбелесіп жатыр екен. – Саған май жақты, маған май жаққан жоқ, – деп айқайлайды бір етік. – Маған май жақты, саған май жаққан жоқ, – деп екінші етік те қояр емес. Тұрып бардым да екеуін екі жаққа айырып, май жаққан етігімді басыма жастанып, май жақпаған етігімді аяғымның астына басып, ұйықтап қалдым. Таңертең тұрып қарасам, май жақпаған етігім: “Маған май жаққан жоқ” – деп өкпелеп, кетіп қалыпты. Екі аяғымды бір етікке тығып, соңынан қуа жөнелдім. Қуып жетіп қарасам, етігім бір үлкен тойда қызметші болып, қонақтарға табақ тасып жүр екен. Мені көріп, өңі бұзылып кетті. “Неге қаштың?” деп ұрсатынымнан қорыққан болу керек. Сол жерде мен етігіме көзімді қыстым, ол да маған көзін қысып, табақ-табақ ет тасумен болды, мен жей бердім. Он бес табақ етті жеп болған соң, шөлдегенімнен бөшкелердегі суды түгел ішіп бітірдім. Бірақ, шөлім қанбады. Қой, онанда Еділге барып су ішіп, сусынымды қандырайын деген оймен етігімді шақырдым, ол маған басын бұрып, бәлдене қарайды. Келгісі келмейді. Оны сол жерде қалдырып, екі аяғымды тағы сол бір етікке сұғып, сыртқа жүгіріп шықтым. Барсам, жаздың ыстық күнінде Еділ қатып қалыпты. Белімде үлкен балтам бар еді, сонымен мұзды шауып көрдім, мұз бұзылмады. Балтаны лақтырып тастап, бөркімді шешіп, басыммен ұрып, мұзды


ойдым. Су ішіп, шөлімді қандырып, кетіп бара жатыр едім, қоршауы жоқ арбаға қапсыз тары тиеген ауылдастарым келе жатыр екен. Олар маған қарап: – Не көрдің? Не көрдің? – деп айқайлады. Мен оларға: – Қоршауы жоқ арбаға қапсыз тары тиеген сіздерді көрдім, – дедім. Содан соң өзім олардан: “Сіздер не көрдіңіздер?” – деп сұрадым. Олар маған: – Жарты шекесі жоқ сені көрдік, – деді. Басымды ұстап қарасам, баяғы мұзды бұзған жерде шекемнің жартысы қалып қойыпты. Сол жерге қайтып барып, жарты шекемді алып, орнына салдым. – Өтірік айтасың! – деп хан айқайлап жібереді. – Асықпаңыз, хан ием, қырық өтірік айтқан кісіге қызын береді деп естіп, алдыңа келдім. – Қырық өтірік! – деп хан ашуланады. – Міне, менің көргендерім, хан ием. Бұның бәрі де басымнан кешкен жағдайлар. Ал егер барлық естігендерімді айтатын болсам, мен өлгенде де бітпес еді. – Қырық өтірігің, өтірік! – деп, хан тағы да ақырады. Содан соң есін жиып, қызын бермесе болмайтынын түсініп, мүлде мұңайып қалады. Жылқышы жігіт оны сезіп: – Хан сөзінен қайтпас, қара кісі деп айтпас, – деп әңгімесін бітіреді. Сонымен, хан үлкен той жасап, қызын жылқышы жігітке береді. Жылқышы жігіт ханның қызын алып, бауыр болып батып, өкпе болып қалқып, өсіп-өніп, өмір сүреді.


ҮШІНШІ ТАРАУ “Жырдай ақсын бұл. өмір” (Халық жыры) Ауылдың айналасында тау болмаса да, сынтаслылықтар тау халқы деп саналады. Сынтаслы буырқана аққан Кубаньның бойына орналасқан. Ауылдан құбыла жаққа қарасаң, көгілдір таулардың басы күмістей жарқырап жатады. Күміс шынжырдай тізілгіен таулардың арасында асқақ тұрған ақ басты Эльбрус әсіресе таңертеңгіі мезгіілде көзді қызықтырады. Сынтаслы халқының екі жаны – екі сенімі болған. Бір жаны құбылаға телміреді. Себебі, олар намаз оқығанда, басын құбыла жаққа бұратын. Өйтетін себебі – құбылада таулар болғандықтан емес, алыста, таулардың ар жағында, дінгіе сенушілердің үміт артқан мекені Мекке шаһары орналасқандықтан. Сынтаслылықтар мал сойса да, соны күнә деп, Меккедегіі қажылар кешіру үшін, малдың басын да құбылаға бұрып, іштерінен “бісмілласын” айтып сояды. Бір жаны осылайша құбылаға қарағанмен, екінші жаны Солтүстікке ұмтылады. Ол жақтағы кең даладан желмен біргіе жусанның күшті иісі келіп, мүлгііп жатқан халықты ұйқысынан оятты. Сол иіс сынтаслылықтарды кеңдікке, еркіндікке шақырды, есіне жылқының кісінегіенін, көпіршігіен қымыздың бұрқыраған иісін, тек ертегіілерде кездесетін ақ сарайларды, ер жүрек батырларды түсіреді. Сол екінші жанын – екінші сенімін олар бәрінен жасыратын еді: өзінен де, туыстарынан да, көршілес ауылдардан да. Бұрынғы заманда сынтаслылықтар басына елтірі бөрік, үстіне шекпен киіп, беліне қанжар тағып жүретін. Сынтаслы халқы қару-жарақты ерекше қастерлегіен. Оларға мылтыққылыш болса, одан артық ештеңенің керегіі жоқ еді. Сынтаслылықтар әдет-ғұрыпты да берік ұстаған. Көшеден қарт адамның келе жатқанын көрсе, алдын кесіп өтпейтін, әкесін “сен” деп айтпайтын, олардың көзінше арақ ішіп, темекі тартпайтын, жасы үлкендерді сыйлап, олармен қос қолдап амандасатын.


* * * Ерте заманда Батырбек дегіен бір кедей өмір сүріпті. Оның жарық дүниеде жалғыз қарындасынан басқа ешкімі жоқ екен. Батырбек көпке дейін үйлене алмай жүреді. Дүниеде жақсы қыздар көп болғанмен, Батырбектің қалың мал беріп, қыз алатындай жағдайы жоқ еді. Бір күні қарындасы ағасына: – Өлмес ханның Сөйлемес деген қызы бар екен. “Сол қызды кім сөйлетсе, соған берем депті хан”, – деген хабар айтады. Батырбек бұл сөзді естіп, ханның Сөйлемес қызын сөйлетпекке бекінеді. Ол ханға жолығуға рұқсат сұрайды. Хан рұқсатын берген соң, Батырбек оның алдына жүгініп: – Ассалаумағалейкүм, хан ием, мен сізге жақсы ниетпен келдім. Қызыңызды кім сөйлетсе, соған береді деп естіп едім. Рұқсат етсеңіз, қызыңызды мен сөйлетейін, – дейді ол Хан Батырбекке қарап: – Иә, қызымды кім сөйлетсе, соған беремін, ал егер сөйлете алмаса, басын кесемін. Сендейлердің нешеуінің басы кесілген, сен де шейт болайын деп тұрған шығарсың, балам, – дейді. Ал Батырбектің сыртқы тұлғасын, әрі оның өзіне сенімді екенін көргенде, хан оған уәзірлерін қосып, қызының үйіне жібереді. Қасындағы екі уәзір қыздың сөйлегенін естімек болып, қыз үйінің терезесінің алдында жасырынып қалады. Батырбек қарындасымен сөйлесіп, екеуі үйге бірге кіреді. Қарындасы тонының ішіне жасырынады. Ханның сөйлемес қызы Батырбектің алдынан шығып, төрге жайғасады. Батырбек үйдің ішіндегі ілгішке ілінген тонды қолындағы шыбығымен соғып: – Өлмес ханның сөйлемес қызы, сөйле! – дейді. Тонның ішінде тұрған қарындасы ханның қызына көрінбей: – Естігенімді айтайын ба, жоқ әлде көргенімді айтайын ба? – дейді. Батырбек тонға қарап: – Естігенге сену жарамас, көргеніңді айт! – дейді. Тон сөйлейді:


– Мен бір ауылдан ағайынды үш жігітті көрдім. Олардың азын-аулақ қойы болыпты. Сол қойларын үшеуі кезекпен бағады екен. Үшеуінің ең үлкені – ағаш ұстасы көрінеді. Ол құрал-саймандарын ылғи да өзімен бірге алып жүреді екен. Бір күні ол тоғайда қойын бағып жүріп, еріккеннен тірі адамның кейпінен айнытпай, ағаштан мүсін жасайды. Түнде қайтарда, қыздың мүсінін бір жерге отырғызып кетеді. Екінші күні ағайынды жігіттердің ортаншысының кезегі келіп, қойын бағуға тоғайға барғанда, ағаштың түбінде отырған адамды көреді. Жанына барып қараса, адам емес, ағаштан ойылған қыздың мүсіні болып шығады. “Мұны біреу ерінбей-ақ жасаған екен, ә? Киім кигізіп қойса, нағыз қыз болғалы тұр” – деп, аулына барып, дүкеннен бастанаяқ қыз киімін сатып алып келеді де, мүсінді киіндіреді. Кешке қыз мүсінін сол орнында қалдырып, қойын айдап, үйіне қайтады. Үшінші күні қой бағудың кезегі ең кенжесіне келеді. Ол да сол баяғы ағалары қой жайған тоғайға барады. Сәлден соң ағаштың жанында тұрған қызды көріп, қойын қалдырып, аяңдап қасына барса, қыз емес, ағаштан жасалып киіндірілген мүсін екен. Сол арада ол ойға қалады: “Мұны біреу әдемілеп жасап, жақсылап киіндіріпті. Бірақ жан бітіре алмаған екен. Мен бұған тоқсан тоғыз түрлі шөптен жасалған дәрідәрмегімді бүркейін” – деп, қыздың мүсініне дәрісін бүркіп жібереді. Сол-ақ екен мүсін жанданып, оң қолын көтеріп, керіліп алақанымен уқалап, көзін ашады. Жігіт қыз мүсінінің тірі адамға айналғанына қуанып, кешке үйге қайтарда қызды өзімен бірге ала кетеді. Ағалары бұдан қызды қайдан тапқанын сұрайды. Жігіт оны қалай тапқанын, дәрі сеуіп, қалай жандандырғанын айтады. Сонда үлкен ағасы тұрып: – Бұл қыздың мүсінін жасаған менмін. Мүсін жасалмаса, сен нені жандандырар едің? Бұл қыз маған тиісті! – дейді. Ортаншысы: – Сен оны жасауын жасағанмен, киім кигізілмесе ешбір жан оған көңіл бөлмей, қасынан өтіп жүре берер еді. Оны киіндіріп, адам сипатына келтірген мен. Сондықтан, бұл қыз маған тиісті! – дейді. Ең кенжесі:


– Ағалар-ау, біріңіз жасап, екіншіңіз киіндірсеңіз де, далада қалдырған кейпінде, қыз мүсін күйінде тұра берер еді. Жаны болмаса, ол кімге керек? Мүсінге дәрі-дәрмек бүркіп, жан кіргізген мына маған тиісті емес пе? – дейді. – Ал, жігіт болсаң, ағайынды үшеуіне төрелік ет, қызды бұлардың қайсысына берер едің? – деп сұрайды Батырбектің қарындасы. Батырбек ойланбай-ақ: – Ағашты тірілтіп, жан кіргізген кенжесіне тиіс-ті! – дейді. Ханның Сөйлемес қызы Батырбектің қате шешіміне шыдай алмай: – Батырбек, сен төрелікті дұрыс айтпадың: Ата-бабаларымыздың салты бойынша, үлкен ағасы тұрғанда, інісі үйленбейді. Оның үстіне құр ағаштан қыз сипатын келтіріп, ойып жасамаса, кішкене інісі нені тірілтер еді? Сондықтан, ата-бабамыздың ғұрып, салтына жүгінсек, ол қыз үлкеніне тиісті! – дейді. Батырбек хан қызының сөйлегеніне қуанып: – Егер ол қыз үлкеніне тиісті болса, онда сен маған тиістісің, – дейді. Осыдан соң қуанып, қыздың үйінен шығып, ханға барып: – Хан ием, сөйлемес қызыңды сөйлеттім, – деген екен... * * * Осылайша бұрынғы ертегілер әдет-ғұрыптың беріктігі жайында әңгімелейді. Әдет-ғұрыпты сақтау үшін, тіпті сөйлемес қыздың өзі сарнап жөнелгені таң қаларлық емес пе?.. Сынтаслылықтар да әдет-ғұрыпты берік ұстаған. Бұрынғы заманда олар аллаға сеніп, дінге қатты берілген. Діншіл болғандықтан, тозақ та, жұмақ та бар деп ойлаған. Олар жұмаққа кірсек деп тілеп, бар өмірін дінге бағыштаған. Жұмаққа кіру үшін күнәкар болудан қорқады. Өмірлерінің басты мәні – балалары болған. Олар балаларын өсіріп, аяғынан тұрғызып, өздері өмірден кете барған. Балалары да өз әулетін өсіріп, ажал жеткенде көз жұмған. Олардың ұрпақтары да бала тәрбиелеуге өмірлерін бағыштап, баяғыша тірліктен күдер үзген.


Сөйтіп, сынтаслылық туып, жер үстінде жүреді де, өлгенде сол жердің астына кетеді... Қазір сынтаслылықтардың көбі дінге сенбейді, өздеріне сенеді. Бірақ олар қазір де өмірге келіп, өмірден кетіп жатады. Сынтаслылықтар енді жақсы өмірді жер бетінен іздейді, ал өлетін кезде, өздерінің жақсы өмір туралы қиялдарын жер бетінде қалатын балаларына өсиеттейді. Сынтаслылықтардың сенімі мен өмірі өзгерсе де, тіршілік еткен жері сол күйінде қалады. Сынтаслылықтардың жарық дүниеде ең жақсы көретіні де, көкірек кере мақтан тұтатыны да өздері сүйген жері. “Туған жерім – алтын бесігім” – дейді олар. * * * Ауылдың дәл ортасында зират бар. Ерте заманда бұл жер ауылдың шеті болған екен. Есеней мен Найман рулары өлген адамдарын осы араға жерлейтін. Зираттың айналасы сым темірмен қоршалған. Қоршауды жағалай жапырақтары сусылдаған ақ қайыңдар өскен. Ал зираттың тап ортасында, құлпытастардың арасында томпайып бір төбе жатады. Шөп шабатын кез келгенде, пішеншілер рұқсат алып, зират ішіндегі қалың шөпке шалғы салады. Зираттың қарауылшысы ақсақ Мақсұт та осы жерден шөп шабады. Оның тұратын үйі зиратқа жақын болғандықтан, шапқан шөбін жинап, моланың ортасына үйеді. Мақсұттың бұзауы да үнемі сонда жайылады екен. Бір күні зираттың ортасындағы төбеге шығып, қатты мөңіреген бұзаудың даусы жақын жердегі кеңсеге естіледі. Кеңсенің маңында отырған еркектер әңгімелерін қоя қойып, бұзау мөңіреген жаққа қарайды. – Мөңіреп жатқан тағы да сол бұзау. Кешікпей, Мақсұт оны сатып, өзіне “Волга” немесе “Жигули” алатын шығар! – дейді біреуі. Қара бұзау жан-жағына мағынасыз қарап қойып, иен шөпті жеп, тойып алады да, ауылдастарының ызасын келтіреді. Ол ауылдастарының ашуланғанын елемей, төбеден түспейді, ара-арасында мөңіреп қойып, жайыла береді. Зираттың иен шөбін жегізіп, асыраған оныншы бұзауының жұрттың қытығына тиетінін, біліп, ақсақ Мақсұт кірпіктерін жыпылықтатып, ақсаңдай басып төбеге шығады да, бұзауды төменге, көрінбейтін жерге айдайды.


– Үлкен төбеден басқа жер таппадың ба, ақымақ?! – деп, Мақсұт бұзауына ұрсып та қояды. Бұл төбелер сынтаслылықтардың айтуына қарағанда “Ескі мола” деп аталады екен. Бұл төбеде хандар мен би, сұлтандар, ноғайдың өзге де құрметті адамдары жерленген. Бірақ, сол ертегілерге, аңыздарға қазір сынтаслылықтар онша көңіл бөлмейді. Ертегілер де, аңыздар да Сынтаслыда өте көп. Сол ертегі мен аңыздарда айтылған жерлерді ауыл халқы өмірі естімеген де, көрмеген. Ертегілер мен бұрынғы жырлар бірлі-жарым емес, тіпті көп-ақ. Ауылдың әрбір кемпір-шалы жырды қап-қабымен жатқа біледі десек, бір өтірігі жоқ. Бұдан отыз жыл бұрын бір ғалым адам Сынтаслыдан төрт қап ертегі мен аңыз, жырлар жазып әкеткені де ауылдастардың есінде. Сол адам сынтаслылықтардың ертегі, аңыздарымен байып, содан бүкіл облысқа аты жайылған көрінеді. Бірақ сол ғалымға берілген ертегілерінің тағдыры не болғанын сынтаслылықтар өздері де білмейді. Сондықтан, олар ендігәрі ертегі, аңыздарын, жырларын бөгде адамдарға айтпайтын болыпты. “Мүмкін, өзімізге керек болар”, – деп ойлайды. Балаларын да, балаларының балаларын да соған үйретеді. Бірақ, сынтаслылықтардың өздері де ертегіге, аңызға сенбейтін. Өзіңіз ойланып қараңызшы: ертегінің бірінде айтылған, аспанға дейін тірелген қоршауы бар, жердүниеде жоқ Шын деген елдің барлығына сынтаслылықтар қалай сенбек? Тағы бір ертегіде: “сынтаслылықтар пілге мініп соғысқан” дейді. Ал олар пілді өмірі көрмесе, оған қалай сенуге болады? Немесе бабалары ақ мәрмәр тастан жасалған сарайда тұрған дегеніне, ауласында жеміс баулары болғанына, онда тотықұстар өмір сүргеніне нануға бола ма? Қарасақал Сүлеймен күн төбеден асқан шақта, әсіресе теледидардан жақсы кино көрсетпейтін болса, көрші үйдің балаларын жанына жиып алып, әңгіме, ертегілер айтады. Клубтағы кино біткенше, балалар оның әңгімесін тыңдайды. Олар шалдың әңгімесін зейін қойып қызыға тыңдаса да, айтқандарының бәріне бірдей сене қоймайтын.


– Ә-ә! – деді қарттың әңгімесін соңына дейін тыңдап болып, ішіндегі ең жігерлі бала қолын сілтеп: – Бір қап өтірік айттың, Сүлеймен ата! – деді де, балаларды ертіп әкетті. Ертегілерге, бұрынғының әңгімесіне сыптаслылықтар онша сене қоймайтын. Әсіресе, “Ескі мола” жайыпдағы әңгімелерге сенбейтін. Ол әңгіменің мағынасыз немесе қызықсыз болғапдығынан емес, бұрын таңғаларлық заттарды қариялардың ауыздарыпап ғана еститін еді, қазір радио, теледидар, кино, кітаптан... Сынтаслылықтар енді естігенге, оқығанға, көргенге таң қалып қана қоймайды, хабарлардың әр түрлі әдіспен түрлендіре берілетіндігіне таң қалады. Сол түрленістердің ешқайсысына да адамның ақылы жетіп болмайды. Сынтаслылықтар тракторды алғаш көргенде: – Ойбай! – деп зәрелері ұшып, жан-жаққа қашып, жасырынған болатын. Бір қарт алғаш киноға барғанда, экраннан оған қарай келе жатқан пойызды көріп: – Ей, жамағат, таптап кетеді, қашыңыз! – деп, екі қолымен бетін жауып, айқайлапты. Ал ауылда пайда болған алғашқы мотоциклды сынтаслылықтар атпен жарыстырып, бәйгеге қосатын. Сондай тамашалар ауылда бола беретін. Ал қазір ондай-мұндайға таң қалмайтын болды. Машина, мотоцикл дегендер әркімде бар. Сындырып та, жөндеп те, кейбір бөлшектерін ауыстырып та жатады. Осындай таң қаларлық заттар енді жұртқа таңсық емес. Ертегілер туралы түсінік те сондай болар енді?! Тек адам ғана таңғажайып сырлы күйінде қала береді. Адам қай заманда солай болған. Адам жаны – түпсіз теңіз... Басқа ауылдардағы сияқты, Сынтаслыда да тамаша адамдар аз емес, Теңіз солар жайында жазған еді. Ол қалаға барып, редакцияға кіріп шыққалы бері де бір жыл өтті. Өзі әлі бұрынғы орнында қоймада жұмыс істейді. Кеште шатырға шығып алып, түнімен кітап оқиды, өмір туралы ойланып, аздап жазып тұрады, өз ауылының тамаша адамдары


туралы әңгімелерді ол редакцияға бармай тұрған кезде-ақ жазған. Қазір де солар туралы жазады. Нұрғиса Нұрғиса кітапханашы Әлиманың жиі келіп тұратын қонағы еді. Ол Сынтаслы Мәдениет үйінің көркем өнерпаздар үйірмесін басқаратын. Кеш сайын ол Әлиманың үйіне келіп, терезенің түбіне отыра қалып, аяғын айқастыра салып, адамның көңіліне жылылық енгізіп, жымия қарап отыратын. Әлима оның жиі келетініне әбден үйреніп кеткен. Сондай күндердің бірінде, ол бұрынғы әдетінше қонағына онша көңіл бөлмей, ас үйге барып, тамақ дайындауға кірісті. Ас үйдің есігінен ішкі бөлмеде отырған Нұрғиса жаққа жалт қарағанда, Әлиманың көзі өзіне қарап, күлімсірей берген Нұрғисаның көзіне түсіп кетіп, бұл да жымиып қойды. Әйел көзін тайдырып жібергенде, Нұрғиса қалтасынан тарағын алып, қою, қара шашын тарау үшін айнаның алдына барды. Нұрғиса шашын сылап-сипап, ерекше күтетін. Ауылдастары оны “әйел сияқты” деп, ұнатпайтын. Оның қалтасында үнемі бет орамал, киім тазалайтын шетке, кішкентай, дөңгелек айна жүреді, ауылдастарының ызасын келтіріп, олардан ерекше көрініп, мойнына галстук тағып алатын. Нұрғисаның жасы қырыққа таяп қалған. “Қазір галстукті жасөспірімдер мен студенттер тағады. Қырыққа келген оған галстуктың керегі не?! Совхоз директорының өзі де галстукты мейрамдарда ғана тағады. Ал мына Нұрғисаға не жоқ?! Оның жымиып, күлгенінің өзі шын емес. Өзін-өзі тым жақсы көргендіктен майдай еріп барады. Оның жымиюы нағыз еркектің қылығына ұқсамайды. Мүмкін, ол бұл жымисты Ираннан сатып алған шығар?!” дейді ауылдастары. Әне, сол аты әйгілі Нұрғиса күлейін деп те күлмей, өз-өзінен қуанып, көше бойлап бара жатады. Оның бұжыр бетті басын оң жаққа қисайтып жүретіні, қайғысыз бейқамдығы ауылдастарын таң қалдыратын. Сол кезде олар Иран нәсілі туралы ұмытып, барлық еркектерде болатын


күнәны түгел соған жабыстырады, “әтеш, теке тұқымынан” деп мазақ етеді. Көшемен кетіп бара жатқан Нұрғисаның соңынан әйелдер ұзақ қарап тұратын. Содан соң аулаларынан шығып, көшедегі сөзшең, өсекші әйелдерге қарай жүгіре жөнелетін. Ал ондай, ойларында жүрген сөздерін айтпай қалмайтын әйелдер әр көшеде тұрады. – Әне, қызметке кетіп барады, – деп күлкісін тыя алмаған бірі екіншісіне жүгіріп барып, айтып жатыр. Өзгелері де оның күлкісіне қосыла кетіп, мойнындағы жаулықтарын галстукше байлап, оны қайта-қайта түзетіп, тап бір айна ұстағандай, алақанын алдына тосады. Оған әйелдердің бәрі күледі келіп. – Несіне күлесіңдер, сол байғұсқа? – дейді әйелдердің бірі. – Күйеуіңнен айырыл да, Нұрғисамен апалы-сіңлідей өмір сүр... Өзара сөйлескенде: “оның анадайы бар, мынадайы бар” дейсіңдер. Әне, сондай керемет байың болсын! – деп, енді бірі келемеждей сөйледі. Әйелдер оның еркектігіне күмәнданатын. Ауылда бұрын қызтекелер болған. Олардың кейбіреуі іс тігумен айналысса, енді бірі сырнай тартатын, кейбіреулері тіпті әйелдерден еш именбей, өзенге бірге шомыла беретін. Сынтаслылықтарды еркектігіне күмәндандырумен Нұрғиса, міне, қырық жыл өмір сүріп келеді. Ол клубқа балаларды жинап алып, ән-би үйретіп, музыкалық аспаптарда ойнауға баулитын. Әлима картоп тазалап отыр. Басқа бөлмедегі Нұрғиса көзінің астымен айнаға қарап, қолын ауық-ауық тараққа қарай созады. – Әлима, сен мүмкін шаршаған боларсың? – деп сұрайды ол өзінше жігерленіп. – Жоқ, Нұрғиса. Неге олай деп сұрадың? – Жай, өзім... – Қалай өзім? Аяйсың ғой мені, солай ма?


Нұрғиса үндемейді. – Өзім деп болмайсың, ә? – деп жымия береді Әлима. – Сұрағым келген соң, сұрадым. – Е-е... Сен мүмкін, балалармен әуреленіп, өзің шаршаған шығарсың? – деп, Әлима оның сөзін қайталайды. – Иә, солай, Әлима. Бүгін оларды мақтадым. “Польканы” өздері билеп үйренді... Сонымен сөз бітеді. Әлиманың ас үйде ыдыс-аяқ жуғаны естіледі. Содан соң ол қолын алжапқышына сүртіп, бөлмеге кіреді. Нұрғиса отырған орнында қыпылықтап, қозғалмақ болады да, үйреншікті күлкісімен тағы да әйелге қарайды. Нұрғиса Әлиманың жақын келгенінен именіп, өзінің салалы, жіңішке саусақтарын сытырлата бастайды. Әлима – орта бойлы, сымбатты, желкесіне түйілген тоқпақтай қара бұрымы бар, дөңгелек жүзді, ақ құба, жасы Нұрғиса құралыптас, баласы болмаған, жас кезінде күйеуінен айырылып кеткен, өзінің жалғыздығына әбден үйренген әйел Алғашқыда ол басқа әйелдер сияқты, Нұрғисаны бір түрлі оғаш адам деп санайтын. Бірақ, жақын білгеннен бері ол ойынан қайтты. Нұрғиса Әлиманың өмірін онша өзгерткен жоқ, өзінің жиі келуімен оны қашықтатпады да. Әйел оған үйренді. Нұрғиса келмей қалса, Әлиманың мазасы кетеді. Бір күні, қыста Нұрғиса келмей қалып еді, Әлима қайғырып, отыруға орын таппай, еркектің үйіне барып, терезесінен көріп, жүрегі тынышталды. Мінекей, Нұрғисаның осылай келіп жүргеніне бірнеше жыл болды. Ол үйінен тағам, пластинка ала келеді. Екеуі отырып, музыка тыңдайды, ұсақ-түйек жайында әңгімелеседі. Мұндай тыныш кештер, жылы әңгімелер олардың екеуіне де ұнайды. Әлима оны әбден танып түсінген соң, ауылдастарының ішінен мұндай ақылды еркекті көрмегенін мойындады. Нүрғисаның тіпті ұялшақ адам екенін білді. Сол ұялшақтығын Нұрғиса өзі ұнататын жымиюымен білдірмейтін еді, ал оны ауылдастары байқамайтын да.


Әлима үстелдің екінші жағынан келіп, жағын таянып отырып, еркекке сүйсіне қарайды. Нұрғиса ернін жымқырып күлімсірейді, беті шұңқырланып, көзінде сүйініш белгісі білінгенмен, ол қатты ұялып, төмен қарады. – Сен қандай жақсы адамсың... Өміріңде ешкімге жаман сөз айтпаған боларсың? – деді әйел оған жылыұшырай қарап. – Неге үйленбейсің, ә? – деп, бұрын да неше рет қойған сұрағын қайталады. – Енді оның маған керегі не? – деді Нұрғиса ұяла жауап беріп. – Өмірің өтіп барады ғой, Нұрғиса... Нұрғиса үндемеді. Бір кезде жігерленіп: – Мен немене, мен?.. – деді Әлима байқамаған адамша күлімсіреп. Нұрғиса да күлімсіреді. Әлима ас үйге барып, пісіп жатқан картопты қарады. Нұрғиса ол келгенше қалтасынан тарағын алып, шашын тарамақ болып, айнаға барды. Сөйтіп, бұлар кеш бойы отырады. Тамақ ішеді, бір-біріне күлімсірей қарап, музыка тыңдайды, анда-санда сөйлесіп те қояды. Әбден шаршаған кезде, Нұрғиса қоштасып, өзінің үйіне кетеді. Әлима өз үйінде жалғыз қалады. Бірақ екеуі де ертеңгі күннің тез келуін күтіп, асығады. Ауылдастар Нұрғисаға баяғысынша күледі. Бірақ Әлиманың көзінше күлмейді. Әлимаға олар күдіктене қарайды, ананы-мынаны сұрап, Нұрғисамен қандай байланысының барын білгісі келеді. Әлима әйелдер күдігін қойсын деп, Нұрғиса жайында білген шындығын айтпай, ауылдастарының сөзін құптап: – Кетсін әрі! Не еркек, не әйел емес! – деп, жұртты күлдіреді: – келеді де, кеш бойы өзіне-өзі таңданумен отырады, – дейді. Теңіз адамдары туғаннан оғаш мінезді болғаны үшін емес, олардың қылықтары басқалардың өмір сүруіне кедергідей көрінетіндіктен ғана оғаш болып тұрады. Сынтаслыда әлі де ондай өмір сүретін адамдар


бар. Олар нақұрыс немесе халық айтқандай жарыместер, бұдан да анығырақ айтсақ, ақылы ауысқандар. Бұндай ақылы ауысқандар әр ауылда бар. Сынтаслы үлкен ауыл ғой, сондықтан, мұнда нақұрыс көбірек болуға тиісті... Сынтаслыда екі нақұрыс адам өмір сүрген. Былайша алып қарасаң, оларды халық сыйлайды. Халық ертегісінен классикалық әдебиетке дейін ақылсыздар көбінесе басты кейіпкер ғой. Ал халық арасында оларға қалай қарайды? Біріншіден, басына қиын жағдайлар түскен деп, оларды аяйды. Үлкен мейрамдарға, тойларға оларды шақырмай қалмайды. Әрі сауап болады деп садақа да береді. Оларға тиісетін тәртіпсіз балаларды ұрсып, сөгеді. Ақылсыз адамдары болмаған ауылды халық арасында “бақытсыз” деп те айтады екен. Сынтаслының айтқанымыздай, екі нақұрыс адамы бар еді. Сөзіміз Ақылбек деген бір нақұрыс туралы. Екінші біреуінің аты – Ярой еді. Ол туралы айтатындай көп ештеңе жоқ, ол ауылдың жоғарғы жағында тұрады, әрі өзі кино көруді ұнатады. Басына көрші милиционер сыйлаған фуражканы киіп алады. Ол “ақылды”, яғни зиянсыз еді. Бірақ... Гүлқыз деген бір жесір әйел оны бақытты еткісі келіп, Яройды үйіне қамап, ауласындағы итін шынжырдан босатып жібереді де, оны бір жұмадай зорлықпен үйіне қамап ұстайды. Бүкіл ауыл Яройды іздеп, аяғынан таусылады. Содан бері Ярой көшеден жесір әйел – Гүлқызды көрсе болды, өрттен қорыққандай, қаша жөнеледі. Халық та өзінің ортақ адамы деп санаған Яройдың қорғанышы болмағандықтан, Гүлқыз жесірге ашулы еді... Яройдың анасы өлер алдында жұртты жинап алып, ұлын жындыханаға беріп қоймасын деп: – Мына байғұсты сақта! Бұл біздің ауылға бақыт әкеледі. Төраға, мынаған көз қырыңды салып жүр, өтінемін. Жастық астында жинаған ақшам бар, соны алып, жазықсыз сорлыны ыстық тамақсыз қалдырмаңыз! – депті. Ауылдастары әйелдің өсиетін ұмытпады. Бәрі де оның ұлынан қолдарынан келген жақсылықтарын аяған да жоқ. Ал Ақылбек туралы әңгіме ұзақ. Ол да Ярой сияқты зиянсыз нақұрыс болған. Бірақ оның бір ғажап қасиеті бар еді. Ол ауылдың төменгі


жағында бір кезде мектепте тарихтан сабақ берген ағасы – Сарзаманмен бірге, кішкентай үйде тұратын. Ақылбек отыздар шамасындағы, ұзын бойлы, дөңгелек жүзді, кішкентай аузынан сілекейі шұбырып, көздері күлімдеп, теңселіп жүретін адам. Ақылбектің ешкімге ұқсамайтын, басқа нақұрыстарда болмаған бір әдеті бар еді. Көшеде Ақылбек ылғи қолына қабырға сағатын ұстап жүретін. Оны жұртқа көрсетіп, сағатты баладай әлдилеп, тербететін. Сағаттың бетіне салынған мысықтың суретін Ақылбек тірі мысықтай көріп, тербейді деп ойлайтын жұрт. Бірақ Ақылбекке кездескен адам оның қасына тоқтаса болды, ол мысықтың суретін сипалай тербетіп: – Ұйықтайды бұл, уақытында ұйықтайды, ұйықтайды уақытында... – деп, даусын ақырын шығарып, күбірлеп, жұртқа жазықты адамша мұңая қарайтын. – Неге осы сағатпен әуреленесің де жүресің? – деп біреулер оның бұнысын жаратпай сұраса ол: – Тс-с, – деп, саусағын ерніне апарып, ол ұйықтап жатыр дейтін. – Әй, бақытсыз-ай, осы сағатты көтеріп жүріп-ақ алжырсың! – деп те ренжитін кейбіреулер. Сол кезде Ақылбектің көзқарасы өзгеріп, сағатына тесіле қарап, оның тілін айналдырып, бозарып кеткен жүзіне қорқыныш еніп, есерлене: – Жүреді бұл, жүреді! Өмір бойы жүреді! – деп бақырып жіберетін. Жұрт одан сескеніп, үндемейді де, тимейді де. Ақылбек те өз жөнімен кетіп, баяғы сағатын тағы сипалап, ауыл ішінде жүреді де қояды. Ақылбек сондай нақұрыс еді. Ақылбектің Сарзаман деген ағасы болды. Ол зейнетке шықса да інісін өзі қарады. Бала көтермеген әйелі бірнеше жыл бұрын дүниеден қайтқан. Сарзаман інісі мен екеуі үш бөлмелі, шағын үйде тұратын. Ол шие ағаштарын өсіріп, аулаға картоп егіп, сиыр, бірнеше қой ұстап, қора-жайға қарап, өмір сүріп жатқан адам. Сарзаман зейнеткерлікке шықпай тұрған кезде, мектепте тарихтан сабақ беретін.


Соңғы кезде сынтаслылықтар Сарзаманнан таңғаларлық сөздер естіп жүрді. “Қарттың ақылы ауысқан болар, інісі Ақылбектен жұққан ғой!” дейтін болды жұрт. – “Ескі моланы” қазу керек! – деді ол бір күні халықты таңғалдырып. – Бұл төбеде халықтың, яғни біздің ауылдың бұрынғы байлығы, тарихы көмілген. – Ол жерге тиюге болмайды, онда қабірлер бар! – деп, қарттар Сарзаманның сөзіне сенбей, оны сөкті. – Білгішсің сен, Сарзаман! – деді сенбеген қарттар күліп. – Бұл жерден не зат таппақсың? Қазына іздейтін болсаң, өзіңнің аулаңнан ізде! Бірақ, Сарзаман бұл сөздерге құлақ қоймай, өзінің ойын айта берді. Күнде совхоздың директорына барып “Ескі моланы” қазу керек, бульдозер, экскаватор бер” деп қоймады. – Ағай, құрметті ағай, ақылыңыз өзіңізге. Сіз айтқан заттар “Ескі молада” көмілген болса да, бізге сол неге керек? Жол салудың өзіне машина жетпей жатыр. Біз бүгінгі өмірімізге қажетті заттармен айналысуымыз керек. Өткенді көксеп қайтеміз? Халыққа қазір керек заттар аз ба? Ал сіздің ертегілеріңізге балалар да сенбейді, – деп директор оның сөзін жаратпады. Сарзаман қалаға барып, ғылыми-зерттеу институтына өз ойларын айтты. – Сынтаслыда көмілген заттар бар дегеніңізге сенуге болмайды. Ондайды сіз түгіл, біз де айта алмаймыз. Біздің жерімізде ескі заманнан қалған заттар зерттелген, зерттеліп те жатыр. Ал Сынтаслыда ондай заттар бар дегенге ешкім де сенбейді. Сіздің тіліңізге еріп, жұрттың уақытын ала алмаймыз, шығынға да ұшарата алмаймыз! – деп жауап берді оған. Сынтаслыда төртінші ғасырдан қалған грек құмырасы болмаса, ескіден ешбір зат табылмаған еді. Бұдан бірер жыл бұрын бір сынтаслылық су жағасында балық аулап жүріп, құмыра тапқан. Сол құмыраның Сынтаслы жерінен табылғанына облыстағылар таңғалған. Қу сынтаслылықтар “тарихы жоқ” деп айттырмауға тырысып, құмыраны


бір жақтан әкеліп көмгенде, содан соң қазып шығарып: “міне біздің ескі заманымыздан қалған ескерткіш” деп, жұртты жалған жолға салған дегендей, оқымыстылар бұған күдіктене қараған. Сондықтан да бұл құмыра жайы үнсіз қалып, ұмытуға да айналған. Бірақ бірнеше жыл өткеннен соң, Москваның бір ғалымы сол жайында мақала жазып, баспа бетіне шығарады. Сол кезде бүкіл облыс болып, құмыра жөнінде тағы әңгіме қозғайды. Мақала мынандай еді... Өткен заманда бір сынтаслылық грек құмырасын судың жағасына көмген екен. Оның қолына бұл ыдыс бірден-бірге ауысып келген болса керек. Ол сынтаслы тұқымының өте құнды заты болып саналғанын байқау қиын емес. Құмыра бірінші сынтаслылықтың қолына қалай түсті екен? Мұндай сұрауға да ғалым жауап берген. “Құмыраның алғашқы иесі Грецияға барған, қайтарда құмыраны өзімен бірге ала келген” деген болжам айтады ол? Сонымен, Сынтаслы тарихи жағынан облыс ғалымдарын ештеңесімен таңдандыра қоймаған. Неге десеңіз, ғалымдардың айтуына қарағанда, сынтаслылықтар қазіргі тұрған жеріне бұдан екі жүз жыл бұрын ғана келген. Бұл былай қарағанда әжептәуір уақыт болғанымен, тарихпен салыстырғанда көп емес. Сол себепті де олар Сынтаслыға аса мән бермейтін. Ғалымдардың ойынша, Сынтаслының бұрынғы тарихы Дон бойы мен Каспий теңізінің арасындағы кең қырларда қалған. Сынтаслылықтардың өз ертегілері мен әңгімелерінде де сол қырларды бабаларымыздың жерлері деп, көп айтады. Сондықтан, облыстық ғылыми-зерттеу институты Сынтаслыға онша көңіл белмеген. Ал сынтаслылықтардың өздері: “Өткенді қайтарып ала алмаспыз, бізге керегі сол бір тарих па, басым аман болсын”, – деп, өз бастарын алып қашып жүр. Сарзаман болса сынтаслылықтардың түсіне енбеген сөздерді айтады. “Сынтаслылықтар бүкіл тарихты өздерімен бірге ала келіп, “Ескі молаға” көмді” – дейді ол. Ал ауылдастары оны күлкіге айналдырады. – Қашан қаза бастаймыз? – деп жиналған қарттар Сарзаманды келеке етеді. Сарзаман олардың күліп айтқан сөздерін шын көріп:


– Қаласаңыз бүгін немесе ертең таңертең, – деп жауап береді. Сынтаслылықтар, әсіресе қарттар мұғалімдерді қанша сыйласа да, Сарзаманның сөзін бәрібір құптамай, әңгімені басқа жаққа бұрды. Дегенмен, Сынтаслыда Сарзаманды тыңдайтын да адам бар еді. Ол – зираттың күзетшісі ақсақ Мақсұт. Ақсақ Мақсұт жұрт арасында өзін саңырау етіп көрсетуге тырысса да, дүниенің бар қулығын білетін, ауылдастары ақша туралы әңгімеге күзетшінің құлағының сақ екенін ертеден білетін. Сарзаман болса, Мақсұттың онысын байқамай, үйіне қонаққа келіп отырып, жанына бататын ойларын айтып, мұңын төгеді. Күзетші де үнін шығармай, сөзін бөлмей қарттың әңгімесін тыңдайды. Мақсұттың әйелі – Зорымхан күйеуінің ауыратынын, мазасы жоғын Сарзаманға білдірсе де, зейнеткерлікке шыққан оқытушы оған көңіл аудармай, кету ойына да келмей, түннің бір уағына дейін отырады. Мақсұт оны қонақ етпесе де болар еді, бірақ оларды қызықтыратын жайт – Сарзаманның “Ескі мола” туралы әңгімесі. Сарзаман келгенде, Зорымхан аласа үстелді шығарып, қамыр илей бастайды. Мақсұт кірпігін жыпылықтатып, қартқа тесіліп, әңгімесін тыңдай береді. Әйел де қамырын илеп тұрып, бір сөзін де желге ұшырмай, тыңдайды. Оның нан илегені қонақ кеткенше аяқталмайды. Сарзаманды шығарып салғанда, ол өкініш білдіріп: “Қонақ асықты, тамақты қазанға да сала алмадым!”, – дейді. Сарзаман әңгіме үстінде бар қайғысын Мақсұтқа айтып салады. Сынтаслының тарихын да, ертедегі даңқы шыққан батырлары, қол басшылары туралы, “Ескі молаға” көмілген бай қазына жайында да айтады. Бұл қазынаны халықтың қазып алуы керектігін айтқан кезде, Мақсұт терлеп-тепшіп, қалтырап, дірілдей отырып тыңдайды. Ол тарихтар, өткен ғасырлар, өтіп кеткен соғыстар, ұлы жорықтар, дүниеден шейіт болып кеткен жас жігіттер, осының бәрі – қара баспақ пен жаңа туған бұзауға қарағанда, Мақсұтқа түк емес, қажетсіз бірдеңе боп көрінді. Соңғы кезде Мақсұт аяғының ақсақтығын ойлап, “Москвич” алуды армандап жүрген. Сарзаман “Ескі моланың” ішіндегі көмілген заттар жайында ойласа, Мақсұт оның шөбіне тойып жүрген малдарын ойлап, тынышсызданады. Баспақтары да осы жерге әбден


үйреніп алған соң, Мақсұт бұл төбенің оған бақыт әкелгеніне ешбір күмәнданбай, оны жақсы ырымға санайтын еді. “Мына ақылшы халықты көтеріп, төбені қаза бастаса, сол кезде оның тарихы менің аяғымды көктен келтіріп жүрер”, – деді Мақсұт әйеліне Сарзаман кеткенде. – Қойшы, Мақсұт, оның қалжың сөзіне сенетінің не? Өзің ойласаңшы, неше жыл бойына білім берем деп мектептегі балалармен алысқан адам шаршамас па? Шаршаған, соның бәрі енді келіп оның басына шыққан, інісін көрмейсің бе, одан да бірдеңе жұққан болар!...” деп, Зорымхан сөздеріне ешбір күмән келтірмейтіндей шегелеп, күйеуін көңілдендіріп қойды. * * * “Ескі моланың” Сарзаман үшін қандай мәні барына, Мақсұтқа қандай пайда әкелетініне қарамастан, баяғысынша Найман, Есеней руларының өлген адамдарын көметін жері болып қала берді. Зираттың жері жылдан-жылға кеңейеді, сынтаслылықтар қосыла береді. Атабабалардың жатқан жерінің топырағын сынтаслылықтар қатты сыйлаған. Алыс жақта өлгендердің сүйектерін қазып алып келіп, ауыл зиратына көмген. Бұл – ата-баба аруағын соншама қадірлеп, қастерлеудің белгісі еді. Өмір өзінің кезегімен өтіп жатады. Өмірге нәресте келеді, қарттар өледі, зиратқа сынтаслылықтар қосылып жатады. Зират үстінде шөп өседі: сол шөпке Мақсұттың баспақтары жайылады. Баспақтар семіреді, әр жаз сайын малдың бағасы өскенде, Мақсұт денсаулығына шағынып, құнажындарды базарға апарып сатады. Ал жаңа туған бұзау қабір үстіндегі шөптерге тойып алып, алдыңғы өсіп-өнген бұзаулар сияқты, біртіндеп ескі моланың төбесіне шығып, мөңіреп, ауылдастардың мазасын кетіреді. Биыл зираттың шөбін шабу Мақсұт пен Теңіздің үлесіне тиіп еді. Теңіз Есеней әулетінен еді. Оның екі ағасы бар, бұлар әлі күнге дейін қазаношақтарын бөліспей, бір үйде тұрады. Үш әпкесі бар – Алтыншаш, Кәрима, Күмісхан. Бұлар күйеуге шығып, өз алдына бір-бір үй боп тұрады.


Теңіздің үлкен ағасы – Қарадав пен жеңгесі – Әссирейден төрт бала бар. Биыл ол алдын ала жоспарлап, ата жұртынан бөлініп шығуға әзірленді. Екінші ағасы – Арун мен жеңгесі – Инжиханда бір қыз бар. Үнді елінің басшысы болған Индира Гандидың құрметіне олар қызына Индира деп ат қойған. Арун ата жұртынан бөлініп шығуды әлі ойланған жоқ. Теңіз болса, әйелсіз, жалғыз тұрып жатыр. Ол Нәсіпханнан айырылып қалғанына қайғырады. Сынтаслыда отбасы берік, айырылысу өте сирек. Отбасын бұзу жақсылық емес. Отбасы деген адамның өмір сүретін, өсіп-өнетін жылы ұясы. Айырылысқандардың екінші рет әйел алуы қиын. Себебі, айырылысқан еркектің де, әйелдің де аты шығып, ел арасында қадірі кетеді. Дегенмен, Теңіз: “бәрі де орнына түсер, әйелім үйге қайтып келер”, – деген үмітпен жүрді. Үлкен әпкелері жастарды татуластырмақ болып, бір рет қыздың үйіне барғаннан ештеңе шықпаған соң, екінші рет тағы да жалынғысы келмеді. Енді олар: “Жастардың өздері білсін, жарасса да, жараспаса да – жол өздерінікі”, – деп қойды. Теңіз клубқа барған сайын, Нәсіпханды көреді, бірақ, онымен сөйлесуге батылы бармайды. Кездескенде, олар көзінің қиығымен қарап, бір-бірінің жанынан үндемей өтіп кететін. Екі жеңгесі бұған кінәлі Сурат екенін білсе де, отқа май құюдан қорқып, үндемеді. Теңіздің өмірі туралы әр түрлі сөздер де шықты. Әлбетте, бақытты, тыныш өмір сүріп жатқан отбасылар жайында ешкім сөйлемейді ғой. Ал міні бар отбасы – қаңқу сөзден бас көтере алмайды. Бірақ Теңіз ешбір сөзге көңіл бөлмеді. Ол көп оқып, халықтың өмірі туралы не түрлі ойларға берілумен күн кешті. Ауылдастары оның жазғандарының баспа бетіне тез арада шығуын күтті, бірақ ол туралы Теңіздің өзінен сұрауға батпады. Ал Теңіздің мақтанатындай ештеңесі жоқ еді. Қой қырқу науқаны басталды. Теңіз істейтін қоймада жұмыстың қайнаған кезі. Қырқу орны дәл қойманың жанына орналасқан... Жаз бойы ол қойма жұмысшыларымен бірге қырқу орнын дайындау қамымен айналысты. Мұнда стеллаждар қойылып, электромашинкалар


тексеріліп түзетілді, транспортер құрастырылып, демалатын бөлмелер дайындалды, креолинді ванналар және уақытша қой қамайтын қоршаулар жасалды. Ертеңнен кешке дейін қойлардың маңырағаны, машинкалардың, транспортердің ызың-шуы, төңіректі жаңғырықтырып, әдеттегіше жаздың алғашқы жұмаларында-ақ қой қырқу басталған еді. Ертегіаңыздарда айтылғандай, қой үстіне боз торғай ұя салған дегендей... Түгін тартса майы шыққан қойлар қырықтықшылардың қолынан жеңілденіп шыға бастады. Әйелдер жүнді айырып, текшелейтін бригадалар құрылған. Ал жұмысшылардың арасында зыр жүгірген есепшілер қырқылған қойлардың санын тақтаға бормен жазып жүр. Қырықтықшылар бригадасы он бес адамнан құралған. Олар – әр мамандықтың адамдары. Үшеуі – жүргізуші жастар. Сарзаман, қарасақал Сүлеймен – зейнеткер, Теңіздің үлкен ағасы Қарадав – агроном және сол сияқты тағы басқалары да бар. Жүн бастырумен айналысып жүрген бес әйел – көп балалы болып, кезінде үйлерінде отырып қалған еді, ал қазір оларға ауылдастары көз қырын салатын. Осы бригадада Теңіздің үлкен әпкесі Алтыншаш та жүр, ал мұндай іске сирек араласатын ауыл кітапханашысы Әлима да осында. Қойларды жетектеп жеткізіп тұратын қойшылар қойманың екі жұмысшысымен жүн жуу фабрикасына қатынайтын машиналарға жүктерді тиеп жүр. Қырықтықшылар жұмысқа қызу кіріскен. Бірінші күні үш жүргізуші әрқайсысы алпыс бестен қой қырқып, елдің бәрін таң қалдырды. Электрмашинканы суқаны сүймейтін қарасақал Сүлеймен жастардан озбақ болып, екінші күні жетпіс қой қырықты. Әр қойдан бес килограмм жүн деп есептегенде, Сүлеймен үш жүз елу килограмм жүн берді. Содан оның стеллажында қызыл жалау үш күн бойы желбіреді де тұрды. Содан ойламаған жерде, мектепте бұрын мұғалім болған зейнеткер Сарзаман мен Теңіздің үлкен ағасы -агроном Қарадав алға шықты. Қара жұмыс істеп көрмеген адамдардың озат шығуы өзгелерді таңқалдырған. Олардың әрқайсысы сексеннен қой қырқып, төрт жүз


килограмнан жүн тапсырды. Қырықтықшылар бір костюмға қанша жүннің керек екенін де анықтап, Сарзаман мен Қарадав бір күнде екі жүз жиырма костюмның жүнін қырықты деген сөз тарады. Күн ысып кеткен соң, жұмысшылар демалу бөлмесіне жиналып, өткенкеткен әңгімелер айтып, теледидар көріп отырған. Қашанда мұндай әңгімені озат жұмысшылар бастайды және олардың ойларын бәрі де мақұлдайды. Озаттар орын ауыстырғанда сый да, құрмет те ауысады. “Кімнің арбасында болсаң, соның жырын жырла” деп, сынтаслылықтар бекер айтпаған. Әуелі алғаш озат атанған жүргізушілерді тыңдады. – Біз, шоферлар, қандай істе болсақ та өзімізді көрсете білеміз, – деді қара торы жігіт Таһир мақтанып. – Керек кезінде басқа жұмысқа жарамды екенімізді де көрсететін боламыз, – деп Шоматтың ұлы Мырзабек те оны қостады. – Шоферлар – әлем қастерлейтін халық. Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер бүкіл дүние жүзінің шоферлары жұмыстарын тоқтатса, не болар еді? – деді, барлық затты дүниежүзілік масштабтағы мөлшермен есептейтін, үшінші бір жігіт – Әйдемір. – Арба ше?.. – деді Сүлеймен. Бөлмеде отырғандар қарт сұрағын жаратпай қалды, себебі қарттарды сыйласақ та, олардың өмірге деген ескі көзқарастары сынтаслылықтарды артқа тартады деп бәрі шу ете түсті. Бірақ ертеңіне жүргізуші жігіттер үнсіз қалды. Себебі бөлмеде отырғандардың екі көзі қарттарда еді. Сүлеймен, бүгінгі әңгімесін аяқтаған соң, бұрынғы өмірінен хикая шертті. – Замандар болған... – деді қарасақал Сүлеймен теледидарда көрінген сары шашты диктор әйелге сығырая қарап. – Замандар болған... Қойлары тайыншадай болып, жүндері күмістей жарқырап тұратын. Кемпірлер таңертеңнен кешке дейін отырып алып, жүн түтіп, оны иіріп, тоқушы еді...


Демалыс бөлмесінде отырғандар тесіліп, жас диктор әйелден көз алар емес, көз астымен Сүлейменге де қарап, бастарын изеп, қартқа ишарат білдіреді. Үш күн бойы Сүлеймен қырықтықшыларға, жүн жинаған әйелдерге, қойма жұмысшыларына сынтаслылықтардың бұрынғы өмірін айтып берді. Ол киізді қалай басып, кілемді қалай тоқитындарын, аяққа киетін байпақ пен иыққа жабатын жамылғыштардың, киіз бөріктердің қалай істелетіні жайында әңгімеледі. Үш күннің ішінде Сүлеймен өз әңгімесін тыңдаушыларды жалықтырды. Төртінші күні қырқу пунктіне автолавка келгенде, этнография жайында әңгіме доғарылды. Сол күні қой қырқудың жаңа рекорды анықталған еді. Агроном Қарадав пен бұрынғы мұғалім Сарзаман сексеннен қой қырықты. Агроном ел естімеген “Орынбор” әдісімен қырқыпты. Ол қойды отырғызып, алдыңғы аяқтарынан бір қолымен ұстап, екінші қолындағы машинкасымен қойлардың күміс жүнін сыпырып алды. Ал Сарзаман болса, ата-бабаларының әдетінше қырықтықпен қырықты. Сөйтіп, автолавка келгенше, олардың әрқайсысының қолынан сексен қой жеңілденіп шығып жатты. Автолавканың есігі ашылғанда, жұрттың көзін қызықтырып жіберді. Агроном Қарадав Теңізді үйіне жұмсап, ақша алдырды. Содан еңбек жеңісінің құрметіне өзіне автолавкадан әдемі итальян костюмін сатып алды. Бұл күні демалу бөлмесінде ерекше көңілді еді. Ерлер мен әйелдер агрономның алған костюмына құтты болсын айтып, оны қолдарымен ұстап көріп, мақтап жатты. Қой қырқудағы қолданған “орынбор” әдісін де мақтады. Бұрын мектепте тарих сабағының мұғалімі болған, қазір зейнеткер Сарзаман да маңғазданып, жібек қол орамалымен қызарған желкесін сүртіп, жұрттың сабыр етуін күтіп, әңгіме айтуға кірісті. Содан соң барлық жұмысшылар оған құлақ тосты, Қарадав көп сөйлемейтін адам еді, сондықтан, ол сөз кезегін Сарзаманға берген. – Өзіңнің қандай адам екеніңді білмек болсаң, өткен өмір тарихыңды білуің керек, – деп бұрынғы тарих мұғалімі Сарзаман кісілердің бетіне қарады, – білуіміз керек! Халықтың, біздің халқымыздың қайдан, қалай пайда болғанын білуіміз керек емес пе?..


– Иә, иә! – деп отырғандар ризалық білдірді. – “Біз Сынтаслыданбыз, біз сынтаслылықтармыз!” – деп мақтанып, кеудемізді соғамыз. – Ал біз кімбіз?.. Білмейміз... Бөлмеде отырған Теңіз тіксіне қалды: мына мұғалімнің сөзі оның соңғы кезде көкейінде ұялаған ойларымен бірдей шығып еді. Киелі топырақ жайында Сарзаманның айтқандарын Теңіз, қарт оқытушы бұл сөздерді еріккеннен айтады деп ойлап, кезінде аса мән бермейтін еді. – Ал біз тарихқа көңіл аудармаймыз, – деп Сарзаман әңгімесін жалғастырды. – Біз өткен тарихқа күлеміз. Ал тарих бізге күледі, бүкіл жер-суымызды қалтыратады... – Күлгенін естідіңіз бе? – деп Теңіз онан сайын таң қалды, себебі оның есіне таң алдындағы күлкі түскен еді. Отырғандар бұған мәз болды. – Білемін! – деді Сарзаман даусын көтеріп. – Білемін, өткеннің бізге күлетінін. Біз өткенімізді білсек, күлкі де тыйылатын болады. – Ол үшін не істеуіміз керек? – деді Теңіз іле-шала. – Не істеу керек дейсің бе?... Киелі моланы қазу керек! Онда біздің бүкіл қазынамыз, тарихымыз көмілген... Бөлмеде отырғандар күлкілерін жасырмақ болып, беттерін теледидарға қарай бұра қойды. – Осы теледидарды сендіріңдерші, – деді Сарзаман сөзіне елдің көңіл аудармағанын сезіп. Сонда да оның айтқанын отырғандар естімегендей сыңай танытып, теледидарға үнсіз тесіліп, “Саяхатшылар клубын” қарап отыра берді. Бұлардың өз сөзіне көңіл аудармағандарына ренжіп, Сарзаман күрсінді де, қалтасынан бет орамалын алып, желкесін сүртті. – Біздің бүкіл қазынамыз сонда жер астына қалай түсіп кеткен? – деді Теңіз үнсіздікті бұзып.


– Қалай түскен деп сұрайсың сен, ә? Ол өзі түсіп кеткен және оны сынтаслылықтар қазып шығармаса, оның қандай екенін де, онда қалай түскенін де білмей қала береміз. – Біздің өткен өміріміз қандай еді? – деп Теңіз қартқа күлімсірей қарады. – Не болған саған, қарт адамға үсті-үсті сұрау бере бересің? Демін алдырсаңшы, адамның!.. – деп ашуланды Теңіздің әпкесі Алтыншаш. Қарадав бауырының озып шыққанына Алтыншаш сол күні қатты қуанған еді. Ол сонда отырған адамдарға жылы шыраймен күлімсірей қарап, көңілді отырды. Бірақ Теңіздің сұрақтары, сөзі оның көңілін бұзды. – Алтыншаш шырағым, бүлінетіндей ештеңе болған жоқ, бұл бала маған орынды сұрақтар беріп, дұрыс сөйлесті. Оның адам болатын түрі бар, – деп, бұрынғы оқытушысы оны мақтай жөнелді. – Рас па? – деп Алтыншаш қайта жайдарылана түсті. Содан соң ол орнынан тұрып, Теңіздің қасына барды да, басынан сипады: – Сен бұл ақылды қайдан үйреніп жүрсің?! – деп жылы сөзбен оған разылығын білдіріп, отырғандармен қоштасып, үйден шықты. Алтыншаш кеткен соң басқалары да бір-бірлерімен қоштасып, сөйлесіп отырған қарт пен жігітті оңаша қалдырғандарына іштей сүйсініп, үйлеріне қайтқан: Сарзаман телелидарлы сөндірді де, Теңіздің қасына келіп: – Өткен өмірдің қандай екенін, тарихымыздың бар-жоғын өзім де білмеймін, – деп бастады сөзін тарих оқытушысы. – Оны мына біздің тұрған жеріміз біледі. Оның қойнауында көне кітаптар, заттар болуға тиіс, бабаларымыз пайдаланған сауыт-саймандар да көп нәрседен хабардар етер. Не болса да бүкіл сыр – біздің жерімізде. “Сырың да, жырың да – өмір сүрген жеріңде”, деп халқымыз бекер айтпаған, жігітім... – деп Сарзаман сөзін аяқтады. Әңгімесін біреу естіп қоймасын дегендей, ол жан-жағына жалтақтай қарады да, ешкімнің жоқ екенін көріп, тыныши қалды... Содан Теңіз жаққа еңкейе беріп, ақырын сөйледі:


– Білесің бе, мен онда тірі пенде бар деп ойлаймын! Тірі пенде, – деді ол. Теңіз қартқа шошына қарады, қарттың жайбарақат түрін көріп, қалай дегенмен оның сөзінен қорқайын деді. – Қалай, қайтіп?.. – Тірі пенде жер астында өмір сүре алушы ма еді? – деді Теңіз сыбырлап. – Өмір сүреді, иә, олар сонда өмір сүреді, – деп қарт, қабағын түксите қарады. – Иә, өмір сүреді, – деді қайталап. Теңіз үн-түнсіз жаутаңдап, қартқа қарай берді. Сарзаманның түрі өзгеріп, танауы желпілдеп, жігітке қадала қарады. “Ақылы ауысқан болар”, – деп ойлады Теңіз ішінен. Сол арада қарт тағы да: – Мен бұл туралы осы уақытқа дейін ешкімге айтпаған едім: айтқанмен де маған кім сенеді?! “Алжыған” деп айтады ғой, – деді ол. – Жүр, Ноғайдың3 қырық уәзірлерімен сөйлескенін тыңдайық барып. Сарзаман орнынан тұрып, Теңізге жазықты адамша қарады. Ал Теңіздің орнынан тұрғысы келер емес. Сарзаман аяғын ақырын басып, бөлмеден шықты. Теңіз де үнсіздікті бұзуға қорқып, аяғын ептеп басып, бөлменің шамын сөндірді де, қарттың соңынан ерді. Қараңғы түскен мезгіл еді. Жұлдыздар жарқырап тұр. Жаңа туған ай алтын сырғадай жалтырайды. Үй терезелерінен қараңғы көшеге көмескі жарық түсіп тұр. Ауылдың бір шетінен сырнай үні естіледі. – Бір күні кешке, – деп Сарзаман Теңіздің қасына кеп тоқтады, – мен Киелі молаға барып, Ноғайдың қырық уәзірлерімен киіз үйде әңгімелесіп отырғандарын көрдім. Сол қырық уәзірдің ішінде Едіге 4 ғажайып замандар жайында сөйлеп отырды. Олармен бірге Орақ пен Мамай5 да, Ер-Тарғын6 мен Ер-Досмамбет7 те, Шора8 және басқа белгілі адамдар бар еді... Мынау не деп “сандырақтайды” деп, Теңіз іштей қатты таңданды.


– Келесі күні түнде мен тағы да бардым Киелі молаға, – деп Сарзаман әңгімесін жалғастырды. – Бірақ о жолы жалғыз Ноғайдан басқа ешкім болмады. Ноғаймен қатар отырған қарт маған сондай ұқсас еді. Түрі де, даусы да, сөзі де – дәл өзім сияқты екен. Ол мені қасына шақырып алып, былай деді: егер барлық сынтаслылықтар зиратқа келіп, Киелі моланы қазбаса, сынтаслылықтар өздерінің өткен өмірлерін өмір бойы білмей кетеді. Сол кезде Ноғай әлгі екеумізге “ақымақтар, ақылсыздар” деді. Ол аз болса, ақымақтығы үшін, әлгі қартты өзі-ақ дарға асатынын айтты, ал маған, ақылым үшін, және мына жарық дүниеде жүргенім үшін дарға асылмайды деді. Қарт екеуміз осы жайында сөйлестік: ол маған өткен өмірді білгісі келетін адамды ертіп келуді өтінді, ал өзі болса, өз адамдарының арасынан келешекте болатын заттарды білуге ынтыққан жандарды әкелермін деді. Оның бұлай дейтін мәнісі бар еді, ол мені дарға асса, өткенді білгісі келген адамдар болмас деп қорқады... “Мынау қайдағы жоқ нәрселер туралы айтса да, оның сөзінен ақиқаттың бір ұшқыны бар екенін сезінесің”, – деп ойлады Теңіз ішінен. – Иә, – деп Сарзаман әңгімесін жалғастыра берді, – ол қарт менің сүлдерім, ол – менің өзім. Мен өзімнің бір кездерде өмір сүргенімді білемін және өлсем де, бір кездерде қайтадан жарық дүниеге келетініме де сенемін... Сарзаман әңгімесін бітірді. Екеуі де үнсіз зират басына келді. Сарзаман шиқылдатып, қақпаны ашты. Қараңғыда ескен желдің лебі Теңіздің бетін өпті. Сарзаман тоқтай қалған жігітті асықтыра бастады. Жігіт алдыңғы жақты тексере қарап, бірдеңеге сүрініп қалмайын дегендей, асықпай қарттың соңына ерді. Қарт, ескерткіштердің арасындағы соқпақпен әккі адамдай-ақ еш нәрсеге ұрынбастан, аяғын нық басып, алда келеді. Теңіз “түнде зиратта жын-шайтандар, өлгендер тіріліп жүреді” дегенді бала күнінде естігенін есіне алып, тітіркеніп кетті. Бір ескерткіштің жанында бірдеңе қимылдағандай болды да, бір дыбыс құлаққа келіп еді, жігіттің есі шығып, тоқтай қалды. Дыбыс кенет тына қалғанда, Теңіз жан-жағына қарамастан, Сарзаманның соңынан жүгіре жөнелді. Олар әрең дегенде бір төбеге келіп жетті.


– Міне, Киелі мола! – деді Сарзаман сыбырлап, қолын Теңіздің иығына салды. Қарттың суық қолынан Теңіз сескеніп қалды. Қараңғы түнде зиратқа келіп, алжыған қартқа еріп жүргеніне Теңіз бір жағынан өкінді. – Кел, біраз отырайық, – деп Сарзаман ернін жыбырлатып, ақырын сөйледі. Олар отырды. – Біраз отыра тұрайық, олар өздері-ақ бастайды, – деді Сарзаман. Олар қанша отырып, күткенімен, ешкім көрінбеді де, ештеңе естілмеді. Сарзаман шыдамсызданып, орнында қозғалақтап қойды. – Мүмкін оны дарға асқан болар! – деді қарт өкінгендей болып, саусақтарын шыртылдатып. – Жолыға алмадық. Егер ертең сынтаслылықтар Киелі моланы қаза бастамаса, мен де өлемін. Жігітім, сен ертең келесің бе? – деді Сарзаман. – Менің жұмысқа баруым керек қой, – деп жауап берді Теңіз. – Бұл сенің жұмысыңнан да маңыздырақ қой... – деді Сарзаман жыламсырап. – Иә, көрермін, – деді Теңіз. Түн ортасында олар қош айтысып, зираттан шықты... Таңертең Теңіз сол баяғы күлкіден оянды. Бұрын болмаған мұндай қатты күлкі бүкіл аймаққа жайылды. Ол күлкіден үйлер шайқалып, үйлердің қаңылтыр шатырлары құйын соққандай зыңғырлады. Алыстағы төбешіктер де шыдай алмай, сілкінгендей боп көрінді. Қатты күлген дауыс жер астынан гүрілдей шыққан сияқты. Теңіз басын терезеден шығарып, сыртқа қарағанда, есіктің алдындағы иттің аунап ойнап жатқанын көрді. Күлкі бірден тынған. Айнала жым-жырт. Аспандағы жұлдыздар бірте-бірте сөне берді, жарқыраған ай да тұманды аспаннан көрінер емес. Тауық шақырды. Оның соңынан басқалары да әндетіп, ауылды басына көтерді.


“Бұ не ғажап еді? Ақылым дұрыс па, осы менің? Неғылған күлкі бұл?” – деп таңырқаған Теңіз өзіне-өзі сұрақ қойды. Бірақ оған жауап таппай, өткен түнді есіне түсірді. “Алжыған жарықтық! Ол бұдан жүз жылдар бұрын өлген адамдарды қалай көрді екен? Оның кеше қайдағыны айтып, сандырақтағаны несі? Қойшы, соны, жұмысыма барайын”, – деді Теңіз. Таңертең “Сарзаман Киелі моланы қаза бастапты” деген хабар бүкіл ауылға тарады. Бұл хабар бір ауылдан бір ауылға, бір қорадан бір қораға, бір үйден екінші үйге, бір көшеден екінші көшеге, ауылсовет мекемесіне, қырманнан қырдағы бригадаларға, тіпті аудан орталығына дейін жайылды. Мұны естіп, бүкіл ауыл зиратқа жиналды. Қарттар, кемпірлер, жас жігіттер, әйелдер, еркектер, жас келіншектер, балалар да келді. Шұғадан тігілген кең галифе шалбар, белін қайыс белбеумен буынып, көк көйлегін сыртқа шығарып қойған, аяғына керзі етік киген Сарзаман қолындағы күрегімен төмпешікті бір шетінен бастап қазып жатыр еді. – Қария-ау, не істеп жатырсыз? – деп жұрт оны тоқтатпақ болды. Сарзаман жұмысын тоқтатпай: – Сендер үшін жұмыс істеп жатырмын! – деп жауап берді. Зират қақпасының алдына “Волгамен” ауылсоветтің бастығы мен совхоздың директоры келіп тоқтады. Жұрттың гүжілдеген дауыстары онан сайын күшейе түсті. Ауылсоветтің бастығы төбешікке шығып, қолын көтеріп еді, жұрттың шақ-шұқ даусы бірте-бірте басылды. Ал Сарзаман ешкімге де көңіл аудармастан, жерді қаза берді. – Жамағат! – деп бастады сөзін ауылсоветтің бастығы. Сөзіне құлақ аспаған Сарзаманға бұрылып: – Сен де тыңда, оқытушы... – деді. Сарзаман жұмысын тоқтатып, күректің сабына таянып, көзін сүзе сөйлеушіге қарады. – Жамағат! – деді тағы да, ауылсоветтің бастығы тамағын қырнап, – ауылдың жерін не үшін қазасыз деп, сіздер мына қарттан сұрадыңыздар ма? Немесе, қарт ауылдың жерін қазуға болатын-болмайтыны туралы бізден рұқсат алды ма екен?


– Жо-оқ! – деп шуылдады жұрт. – Моланы бұзуға бола ма, а? – деп Советтің бастығы жұртқа қарады. – Маған сөйлеуге бола ма? – деді Сарзаман, Советтің бастығының алдына барып, қолын көтеріп. Ол жиналып тұрған жұртқа бағдарлай қарап, бөркін шешті де, ақ шашты басын көрсетіп, сөзін бастады: – Жамағат! Мен Киелі моланы қазу керек екендігі жайында баяғыдан айтып келемін. Міне, сіздер бүгін түгел жиналыпсыздар, енді әрқайсымыз қолымызға күрек алып, төбешікті бүгін аударып тастайық. Топырлаған жұрттың арасына күлкі жайылып кетті. – Ақ киіз үйде Ноғайды және оның қырық төресін көргеннен бері... – деп сөзін әрі жалғастырайын деген кезде, оның сөзін біреу бөліп жіберді: – Қайдағы ақ киіз үй мен Ноғайды айтасыз? Төменгі бетте туратын Ноғай ма?... Жұрт тағы күлді. – Жоқ, – деп Сарзаман тағы да сөзін жалғады. – Мен бұдан бес ғасыр бұрын өмір сүрген адамдарды көргемін... – Бәлі! – деп таң қалды жиналып тұрған адамдар. – Әй, бақытсыз-ай! – деп кемпірлер күбірлесе бастады. Ақсақалдар таңдайларын қағып, оған аянышты көзбен қарады. Жігіттер мен қыздар қарттың ақылы ауысқанына шұбаланбастан, оған таңырқай қарап, көз тікті. – Жоқ, сіздер мені ақылынан ауысты деп ойламаңыздар, – деді Сарзаман. – Әй, бишара-ай, өзін саумын деп ойлайды ғой? Ауысқан адам өзін олай деп өмірінде айтпайды, – деді кемпірлер бір-бірлеріне сыбырлап. Жиналған халық тіпті шуылдап кетті. Оларға Сарзаман сасқалақтап қарады. Советтің бастығы қолын көтеріп, шаң-шұңға тыйым салды.


– Қысқасын айтқанда, сен аруақтардың моласын неге бұзасың? – деді ол Сарзаманға қарап. – Өзіңді ақтау үшін не айтпақсың?.. Ақсақалдар бастықтың сөзін бөліп, оны өз қастарына шақырып алып, ақылдаса бастады. Сол арада: – Жолдастар! – деген Сарзаманның қатты даусы шықты. – Мен Едіге мырзаны көргемін, Шора батырды... Мен сол замандарда өмір сүрген өз сүлдеріммен сөйлескенмін... – Ой-бу-у! Мынау не айтып тұр өзі?! – деді ақсақалдардың арасында тұрған Сүлеймен таңырқап. – Бишара, бишара-ай! – деп топырлаған жастар мен қарттар да шуылдасып қалды. – Егер сынтаслылықтар Киелі моланы қазбаса, өткенді ол мүлде білмей қалады деп айтқан менің аруағым... Жұрт оны енді тыңдамады: – Кеше қой қырқуда озат болғаны басына тиген болар, мүмкін, – деп жұрт күлкілерін тыймай, зират басынан кете бастады. Кешікпей зират қақпасының алдына “Жедел жәрдем” машинасы келіп тоқтады. Оның ішінен шыққан ақ халатты екі еркек төбешікке қарай асыға басты. Олар ештеңені сезбей тұрған Сарзаманның екі жағынан қолтықтап ала жөнеліп, сары машинаға отырғызды. Содан машина аудан орталығына қарай құйғыта жөнелген. * * * Ауыл біраз уақыт тынышталды. Сарзаманмен болған жағдайдан соң, оның інісі Ақылбекке сынтаслылықтардың көзқарасы өзгерді. Сағаттың стрелкаларын айііалдырғанііаіі басқа, одан теріс мінез көрінбеді және оны ағасына қарағанда адам деп санады. Сарзаманмен болған осындай жағдайлардан кейін біраз уақыт өткен соң, Теңіздікіне алыстағы Норильскіден емшектес ағасы Сұлтангерей Есенеев келді. Теңізге оның қалай туысатыны туралы айта кетейік. Сұлтангерейдің әкесі бүкіл халыққа аты шулы жылқы ұрлайтын ұры болған, ол жайлы қазір тап бір ертегідегідей әңгімелейді. Оның ұрлаған


жирен, қарасұр, құла, бурыл аттары қарттардың есінен әлі күнге дейін кетпейді. Сұлтангерейдің әкесін ағайындары өлтіреді, себебі алғашқы қан төккен сол еді. Сұлтангерей әкесі өлген жылы туған. Босқа қан төгіс, өш алу деген болмасын деп, халық екі тұқымды жарастырмақ болған. Халық шешімімен Сұлтангерейді Теңіздің әкесі асырап алып, Теңіздің анасының емшегін емізіп, анасындай болған. Сұлтангерейдің анасы күйеуі өлгеннен кейін бір-екі жылдан соң дүние салады. Содан Сұлтангерей мүлде Есенейлердің баласы болып қалған. Әскерден кейін Сұлтангерей Сынтаслыға қайтпады. Институтқа түсіп, оны бітіріп инженер болып, алыстағы Норильск қаласына қызметке кетеді. Онда ол үйленеді және жыл сайын ауылға, інілеріне қонаққа келіп тұрады. Өзімен бірге орыс әйелі Катясы мен жалғыз қызы Анджелла да келеді. Келгенде ол құр қол емес, аға-інілеріне сәлем-сауқаттар әкелетін, әрі ешқайсысын да ұмытпайтын. Қарадав та Сұлтангерейді қуана қарсы алатын, қой сойып, халықты жиып, ағасын әр уақытта сыйлайтын. Бір күні таңертең Теңіз үйінің алдына жасыл такси келіп тоқтады. Оның ішінен үстіне күлгін түсті жылтырауық костюм, басына қалпақ киген, қара торы өңді, бүркіт мұрын, көзі қарақаттай еркек шықты. Таксидің екінші есігінен толық денелі әйел түсті. Оның соңынан асыға шыққан сары шашты қыз жан-жағына қуана қарайды. Қыз бес-алты жасар еді. Оның көгілдір көзі анасына ұқсапты, көзінің күлімсірегені әкесінен айнымай қалған. Қыз бала алақанын жайып: – Тағы да курортқа келдік пе? Қандай жақсы еді! – деп айнала берді ол жіңішке даусы қоңыраудай сыңғырлап. – Сабыр ет! Ұстамды болсайшы! Еркелікті қой! – деді анасы қызына. Үйдің ашық терезелерінен қос жеңгенің төбесі көрінді. Олар не істерін білмей, сасқандарынан келген қонақтарға жалтақ-жалтақ қарай берді. Қонақты қарсы алуға күлімдеп Қарадав шықты. Оның соңында Арун мен Теңіз. – Қош келдіңіздер! Қош келдіңіздер! – деп Қарадав екі қайтара айтып, Сұлтангерейді құшақтады.


– Катя, қош келдің! – деп Қарадав ағасының әйеліне қарай бұрылып, қолын созды. – Анджелла, қош келдің! – деп ол қызды көтеріп алып, маңдайынан сүйді. Арун мен Теңіз де Сұлтангереймен, оның әйелімен амандасты. – Анджелла Сұлтангереевна! – деді қалжыңдаған Арун қызды аспанға көтеріп. Сұлтангерей Теңізбен құшақтаса тұрып, қатты қуанып: – Кешегі тентекті көрдің бе, қандай жігіт болған! Ал сенің үйлену тойыңа келе алмадық, жұмыс, әрі жол да алыс... – деп күлімсіреді. – Келін құтты болсын! – деп Сұлтангерейдің әйелі қолын созды. – Кәне, келінді көрсет?! Тезірек, көрейік те... – деді. Теңіз қызарып басын тұқшитып, оларға не дерін білмеді. – Ол жаңа әдетті сақтайды. Үйленді де айырылысып кетті, – деп Арун Теңіз үшін асыға жауап берді. – Қалайша? Айырылып кеттің бе? – деді Сұлтангерей, содан соң күлімсіреп, Теңіздің иығынан қақты. Қарадавтың балалары қонақтарға көзінің астымен қарап тұрды. Олардың екі көзі сары шашты Анджеллада еді. Қыздың алдыңғы жылы келгені балалардың естерінде болатын, бірақ о кезде Анджелла кішкентай болғандықтан ба, немесе ауыл балаларының тілін білмегендіктен бе, әйтеуір бір-бірлерімен аса жақын таныспаған еді. Қарадав қонақтарды үйге шақырды, ал Арун мен Теңіз таксидің ішіндегі заттарды алып, үйге кіргізді. Сәнді киінген жеңгелері де аула ішінде Сұлтангерейді қарсы алып, құшақ жая амандасты. Сұлтангерейдің әйелі оларды көргенде қуанып, екеуін бірге құшақтады. – Қандай жақсы болып кеткенсің, Әссирей! – деді ол үлкен келіннің бетінен сүйіп. – Сен де Инжихан өте әдемі болып кеткенсің! – деп кіші келіннің де бетінен сүйіп алды.


Екі келін де қонақ келіншекті қосарлана мақтай жөнелді: – Сен де, Катюша, хорошо! – деді. Қонақтарды үлкен бөлмеге кіргізіп, үстелге дастарқан жайды. Теңіз Қарадавтың балаларын қораның бұрыш-бұрышына қойып, былтыр жоғалып кеткен қоразды жан-жақтан қамалай бастады. Теңізге алғашқы әңгімені осы әтеш жазғызған еді. Балалар ауланы бастарына көтеріп, әтешті әбден қуды. Жанталаса қашқан әтеш, қораның ашық тұрған есігінен ішіне жүгіріп кірген. Әтешті қуалағандарға да керегі осы еді. Есікті жаба қойып, Теңіз де қораның ішіне кірді де, аздан соң әтештің аяғынан ұстап, тысқа алып шықты. Кіші жеңге ас үйден пышақ пен құман, орамал ала шыққан. Теңіз бір аяғымен әтештің қанатын, екінші аяғымен әтештің аяғын басып, басын құбылаға қаратып, тілін шығарып, қолындағы пышағымен әтештің тамағын орып жіберді. Әтеш соңғы рет сілкінді, алқымынан сыздықтап қан ақты. Жеңгесі әтешке сескене қарады да, теріс айналып кетті. Әтештің жаны әбден шыққанда, Теңіз былайырақ барып, жеңгесінен су сұрады. Әуелі пышақты, содан соң қолын жуып тұрып: – Оның жаны қайда ұшып кетті екен, ә? – деді ол күлімсіреп кіші жеңгесіне. – Қайда ұшса да, енді оған бәрібір! – деп жеңгесі әтештің аяғынан ұстап, ас үйге алып кетті. Қонақтар әңгіме-дүкен құрып, бал, май мен ірімшікті араластырып жеп, ыстық шай ішті. Анджелла бір тәртіпсіздік жасап қоймасын деп, Катя қызына қарай береді. Ол қолын балға созғанда, алдын ала: – Анджелла, көйлегіңді бүлдіріп алма! – деп ескертіп қояды. – Дядя Арун, а мед вот таким и растет? – деді Анджелла саусағын жалап, орыс тілінде сөйлеп. – Жоқ, оны бұндай етіп аралар жасайды, Анджелла Сұлтангереевна, – дейді Арун, қыздың басынан сипап. – Аралар? Бр-р-р... – деп қыз шіміркеніп иығын қиқаң еткізді.


Тамақ ішіп болған соң, Сұлтангерей әкелген сәлем-сауқаттарын үлестіре бастады. Осы кезде, үлкен әпкесі Алтыншаш та келді, ол Сұлтангереймен де, Катямен де құшақтаса амандасты. Келген қонақтың құрметіне кешке той жасады. Қарадав қарасақал Сүлейменді шақырды, ал ол Сұлтангерейге деп арналған қойды соймақ боп, ұстап тұрған еді. Аулаға от жағып, тай қазанды етке толтырды. Ет піскен кезде, әйелдер кесегімен салынған тегеш-тегеш етті, ыстық сорпа құйылған тегенелерді үйге тасыды. Сұлтангерей орнынан тұрып, сыртқа шыққанда, Теңіз де ілесе шыққан. Сұлтангерей жігіттің иығына қолын салып, ақырын қағып қойды да: – Жігітсің, нағыз жігітсің! – деді оны мақтап. Таза ауаға шыққанда, Сұлтангерей неге екені белгісіз, тыныс алып, терең күрсінеді. Төңірекке көз тоймады. Көк төсінде самсаған жұлдыздар жымыңдап, ай сәулесі төгіліп тұр. Тыныштықты бұзып, алыстан аптыға аққан су сарыны естіледі. Түннің самал желі ғажап-ақ! Қараңғыда ағаш сүлдері адам таң қаларлықтай болып көрінеді, олар түн тыныштығына құлақ салғандай, тыныс алуда. Қорадағы сүрлемнің қышқылтым иісі мұрынға келеді. Жер де түнгі суықтан дымқылданып тұр. Қора жанында қойлар жөтеліп, тыныштықты бұзып жатыр. – Біздің ауыл қандай тамаша! Қандай ғажап! – деді Сұлтангерей жанжағына көз салып. Мұндағы заттың бәрі де Сұлтангерейге таныс, жүрегіне жылы тиеді, өткен балалық шағын есіне түсіреді, көңілін көтереді. Ол мұнда туған жерін көріп, туған жерінің тынысын сезу үшін, балалық шағын есіне алу үшін мыңдаған шақырым жерден келді. – Ұнатам, ұнатам, Сынтаслыны! Қандай ұнатам десейші, туған жерімді! – деп Сұлтангерей Теңіздің иығынан қыса ұстап, сағынышын сыртқа шығарды. – Бауырым-ау, бұл жерді менің қалай сағынатынымды, аңсайтынымды білесің бе сен? Кейде жұмысымды да, сүйген жарымды, жалғыз қызымды да тастап, ауылға қайтсам ба екен деген ойға да келемін. Туғандарымның


жанында тұрғым келеді, Сүлеймендей қарттардың әңгімесін тыңдағым келеді, тұп-тұнық, көкпеңбек аспанға сүйсіне қарағым келеді, қарлығаштардың шырылдаған дауыстарын естігім келеді, гүрілдеп аққан Кубаньға шомылып шыққым келеді... – деді Сұлтангерей көңілі босап. Күнде таңертең Сұлтангерей әйелі мен Анджелланы алып, өзенге кетеді. Ауылдан алысырақ барып, олар күнге қыздырынып, балық аулап күн өткізетін. Ауылдастары бұрын өзен жиегінде демалып жатқандарды көрсе күлетін, енді қолына қармақ ұстаған Катяны көрсе, тіпті күледі. Сондықтан Сұлтангерей оларды әрірек алып кетуге тырысатын... Теңіз баяғысынша шатырда тұратын еді: түн ортасына дейін кітап оқиды, қолындағы кітабымен ұйықтап та кетеді, таң алдындағы сиқырлы дыбыстан оянып, мазасызданады. Сарзаманның сөздері мен тағдыры оның тынышын алды. “Өзіңді білу үшін өткенді білуің керек, өзіңді білсең өткенді білесің, өткенді білсең, ауылыңның қандай екендігін танисың... Егер өткеніңді білмесең, өзіңнің кім екеніңді және не үшін жаратылғаныңды да білмейсің. Ал егер өзіңді білмесең, өткеннің неге керек екенін біле алмайсың... Әр адамның тарихы бар” – деген ойға шомып, өзі-өзіне сұраулар беріп, жауаптар тауып, өмір сүрді Теңіз... Сұлтангерейдің сөзі де оның жүрегіне оқтай қадалып, жанын қинады. Теңіз де туған жерін жақсы көрді және осы жерде завод, фабрикалар ашылып, Сұлтангерейдей адамдар басқа жаққа кетпей, осында қалса екен деп армандады. Теңіз Сынтаслы жайында үлкен кітап жазуды армандайтын еді. Өзінің айналасында ғажап өмірдің болатынын ол сезді, бірақ сол өмірдің дәл мағынасына жете түсінбеді. Үстелге отырып, қолына қалам алып жазайын десе, ауылдастары оған бір-біріне ұқсас көрінеді, бір сынтаслылықтық мінез-құлқын екіншісінен айыра алмайды. Бірақ Нұрғисадай адамдардың мінезін ол өте жақсы білетін еді. Ал олар Сынтаслының өзі емес екенін Теңіз түсінді. Сол себепті де оның қолындағы қалам жүрмеді.


Сонымен жазудың соңына түсе алмай, Теңіз кітап оқуға кіріседі. Енді ол тек классиктердің ғана кітаптарын қызыға оқиды. Гомерді оқыған сайын құныға түсті. Оның көз алдына көне Ұрым9 келеді, теңіз жағасында отырып, өлең шығаратын соқыр қарт көрінеді. Гоголь шығармаларын да оқыды. Көз алдына оның аласа бойлы, ұзын мұрын, ұзын шашты, адам таңғаларлықтай бейнесі келеді. Әсіресе осы адамның жазғандары көзге елестейді. Әр кездің өмір сүрген адамдары, әсіресе үрейіңді ұшыратын Вий немесе айлакер Хлестаковтар тізіліп өтіп жатады. Таңертең дене шынықтыру жасап болып, Теңіз төмен түседі. Арун бөлмесінде “мама” деп жылаудың орнына, “папа” деп Индира бақырады. Басына әкесінің қалпағын киген, өзі жалаңаш, кішкентай велосипедтің дөңгелегін машинаның рулін ұстағандай қозғап, ұстап отырған Қарадавтың кенже ұлы тысқа беттеген Теңіздің алдынан жүгіріп шықты Теңіз ақырын ғана алақанымен оның құйрығынан қағып, жуынуға кетті. Жуынып болғаннан соң, тамағын ішуге барды. Таңертеңгі тамақтан соң, ағалары оған не істеу керек екендігін тапсырып, жұмыстарына кетті. Кіші жеңгесі қолындағы Индирасымен Арунды қақпаға дейін шығарып салып, күйеуіне ертерек келерсің деп өтінді. Үлкен жеңгесі ұлының басындағы күйеуінің қалпағын көріп, оған ашуланып, қалпақты жұлып алды да, ұқыпсыз күйеуінің соңынан көшеге жүгіре шықты. Екі ағасы кеткеннен соң Теңіз де үйден шыққан. Шыға бергенде анасынан таяқ жеген інісін жұбатып, жылап отырған Индираның да бетінен сүйді. Ертеңгі күн шуағына шомған жол бойы көңіліңді бір демеп тастайды, көкпеңбек көк төсінде шарықтап қарлығаштар жүр. Жұмысқа он бес минут ерте келіп, Теңіз жолдастарымен алдағы іс жайында әңгімелесті. Содан кейін күні бойғы уақытын қоймада өткізді. Қырықтықшылар машинкаларын майлап, келесі жазға дейін сақтау үшін, жәшіктерге салды. Жүн таситын машиналарға жүк тиеді, машина кеткен соң қойманы жиыстырды, үстіндегі көк халатты кешке бір-ақ шешті. Содан өзінің бүгінгі істеген жұмысына риза болып үйіне қайтты. Үйге келген соң, аула ішін тазалап, қол арбамен қи шығарды. Сиыр сауған үлкен жеңгесіне қолқабыс тигізді.


Үлкен жеңге сүтті сыр-сыр еткізіп, қолы-қолына тиер емес, ал оның ең кенжесі, сиырдың құйрығын ұстап тұр. Теңіз оған таңырқап қарады. Сиыр сауылып болған соң, ол малға жем берді. Содан соң сүлгі алып, суға түсуге кетті. Одан қайтқан соң, жаңа сауылған сүттен бір аяғын сіміріп алып, әйелдер отырған ас үйге кіріп, кешкі тамағын ішті де, шатырға шықты. Мұнда оның ешкімге белгісіз өмірі басталған еді. Жалғыздық ғажайып нәрсе. Жалғыз зат естелікті тудырады. Жалғызды жақсы көресің, аяйсың, кейде ұнатпай қаласың. Бірақ біркелкі, бірінебірі ұқсайтын заттарға аса жаның ашымайды, тек қайыры болсын деп тұрасың. Сынтаслыда бір адам бір адамға ұқсамайды. Бірақ бәрі де өмірдің шартын бірдей ұстанады, “Адамның қолындағы бес саусақ бірдей емес – ол сондықтан адамдар сияқты, ал қол – өмір”, – дейді ауылдастар. Адам табиғаты да қызық қой, неге десең әрбір адам ерекше, бір-біріне ұқсайтын адамдар жоқ және болған да емес. Өмір де – жалғыз, ол да қызық. Өмір де әр адамға өлшеммен беріледі, ешкімге ұқсамаған өмір болады. Ұзын ба, қысқа ма, бақытты ма, бақытсыз ба – о жағын өзі біледі. Адамдар сырласып, сыйласып өмір сүру үшін бір шарт болады. Сынтаслылықтарда өмір шарты әдетке айналған. Бірақ әр ауылдың адамдары әдетке өздерінше икемделеді. Себебі әдет біреу, ал адамдардың мінез-құлықтары әр түрлі. Әдет пен мінез-құлық, мінезқұлық пен әдет...” Жаздың аптап күндері басталған. Балалар таңертеңнен кешке дейін Кубань жағасында. Күн сәулесін жерге мол төгіп тұр. Балалар асыр салып ойнап, күнге күйеді. Олар ағыны қатты суда балықтай жүзеді, тіпті олардың айқай-шуынан Кубань өзенінің күркіреген гүрілі де естілмейді. Түсте үйлеріне барып, тамақтарын ішіп, немесе қолдарына нан ала салып, судың жағасына қайта келеді. Сол баяғы жұмыр тастардан төсеген жантайма төсекке жатып, күнге күйеді, суға түседі, асыр салып ойнайды, күледі, қысқасы дүниенің қызығын көреді. Ауыл тып-тыныш. Тыныштықтан ыстық ауаның демін де сезесің. Тыныштықты кейде үйдің тебесіндегі көгершіннің күбірі, немесе тауықтардың ауладағы күлге аунап, қытқыттағаны, көлеңке іздеп жүрген иттің қыңсылағаны бұзады. Бұл кездерде адамның даусы аз естіледі. Адамдар егіс даласында, фабрикаларда, заводта және


қоймаларда жүреді. Ауылда кемпір-шал, қатын-балалар. Бірақ олар да үй терезелерінің қақпақтарын жауып, ішін салқындатып, көшеге шығуды ойына алмайды. Мектепті жаңа бітірген жастар да ауылда, олар да оңаша жер іздеп, ауладағы баудан салқын жер тауып, институтқа әзірленуде. Әсіресе бұндай күндерде кішкене балалардың қуанышында шек жоқ. Ыстық күн, суық су, ашық аспан, көгілдір өзен жиегі балаларға бүкіл дүниені ұмыттырып жібереді. Сөйтіп, табиғат кереметі сынтаслылықтардың қанына бала кезінен сіңеді. Балалар су жағасында жүріп, бір-біріне қызықты-қызықты әңгімелер айтады, біреулері қармақпен балық аулайды, енді біреулері жардан секіріп, толқынға қарсы атылады – әйтеуір оларға көңілді. Кішкентай балалар да қара қайыстай болып, жағадан ұзауға қорқып, судың таяздау тұсына түседі. Тоңып, қалтыраған кезде жағаға шығады. Ересек балалар асық ойнайды, маңына кішкентайларды жолатпайды. Себебі олар аяқтарына оралады, не асықты ала қашады. Ал, кішкентайлар ұрысып, ұрғанға да қарамай, асық ойнағандарға кедергі жасап, бедірейіп тұрып алады. Кішкентайлардың жасқаншақтары ересектерге жоламай, көздері бақырайып, асық ойынын алыстан бақылайды. Үлкендер: “Бүк, шік!” – деп асықтарын иіріп жатқан. Асық ұтқандар өктем болады, шетінен мақтаншақ келеді, ал ұтылғандарының жыламсырап тұрғаны. Агроном Қарадавтың кенже ұлы, Теңіздің немере інісінің істеген ісін туған-туыстары ортаға салып, әңгіме етеді. Осы баланың шын атын ешкім де атамайтын еді. Неге айтпайтынын ешкім білмейді. Ол сондай әдемі, аяулы бала еді. Туғанда, Теңіздің үлкен әпкесі Алтыншаш үй-іштерін жинап, құмалақ ашып: “Алланың берген мына нәрестесінің есімі Зұлқарнай болсын!” 10 – деген. Ол есім ауылсоветте берілетін қағазға да түсті. Ескендір Зұлқарнайға ұқсайтындай, балада әскери басшының бірде-бір қасиеті болмаса да, оған сондай даңқты есім берілген еді. Сонымен Есеней әулетіне тағы да бір ердің есімі қосылған. Бірақ оның есімін осы күнге дейін ешкім де атамайды. Теңіздің әпкелерінің үшеуі де оны “Кішкене бала” дейтін, әкесі Қарадав Әскер деп атады, кіші жеңгесі Инжихан баланың туған анасы Әссирей сияқты Қарабала деп атайтын еді. Теңіздің өзі “немере


інім” дейді. Ал қарасақал Сүлеймен оған “Шибжий” деп ат қойып, айдар тақты. Оның мәнісі “бұрыш” немесе “күйдіргі” деген сөз еді. Сондай даңқты есімі бола тұрса да, ол өз мінезімен есімін ақтай алмады. Бала бесікте жатып жыласа, ол қайратты да, қажырлы, өр кеуде болып өседі дейді. Ал Зұлқарнай бесікте қимылдамай, үнсіз жатты, ешбір еркекке тән ерекше қылық көрсетпеді. Кейде үлкен балалар оны жылатпақ болып, шымшыласа бала тілін шығарып, қоңыр көзі күлімдеп, тып-тыныш жата береді. Бір жасқа келгенде, оған той жасады, қарын шашын алды, оны сақтау үшін Алтыншаш тығып қойды. Қаз тұрып, жүретін кезі келсе де жүрмей, еңбектей берді. Тіпті кигізген киімді жақтырмады, іш киіміне дейін шешіп тастады. Оның қыстың көзі қырауда, тіпті аппақ қарда жалаңаш тұрғанын да көретінбіз. Бірақ ол суық тиіп, ауырған жоқ. Әрі өзінің тілі кеш шықты. Адам айыра алмайтын оның бірінші сөзі: “Бер, қарайым”, – деп қол сағатты жүргізбек болған анасына қарап сөйледі. Ол өскен сайын әкесіне ұқсағаны бірден белгілі болды. Біріншіден, ол әкесі сияқты жан-жануарларды жақсы көретін. Қойлардың, бұзаулардың үстіне мінгенді ұнататын, одан жығылса да жыламайды. Тауықтарды қуалаудан да жалықпады. Содан соң ол бақырып, жылағанды да үйренді. Себебі болсын, болмасын бақыра бастайды, егер оған кәмпит бермесең, тіпті жылағанын тоқтата алмайсың. Ол жылай бастаса, анасы басына орамалын байлай салып, ауыл дүкеніне қарай тұра жүгіретін еді. Ол дүкеннен келгенше, баланың даусы бір сембейді. Кәмпитті көрген бойда жылағанын пышақ кесті тыяды. Ол әлі күнге дейін сондай. Сол бір күні де өте ыстық еді. Ол таңертең басқалармен бірге оянды. Бірге отырып шай ішті. Үлкендер жұмысқа кеткен кезде, анасының қасында біраз отырды. Содан аула ішінде тауықтарды қуып, біршама ойнады. Күн көтеріле көшеден суға бара жатқан балалардың даусын естіген ол, тыр жалаңаш күйі ауладан атып шықты. Жалаң аяқ, жалаң бас Кубань өзеніне қарай тартты. Жолда, қоқыс төгілген шұңқырдың жанына тоқтап, оны шыбықпен түрткілеп, көңіл жұбанатындай бірдеңелерді іздейді, бірақ ештеңе таппай, жар жиегіндегі жолмен жүрмей, соқпақсыз жермен тікенекке де, тасқа да қарамай, қырды


бойлап, өзен жағасына қарай тартты. Жолда ақ көбелектерді көріп, оны да ұстамақ болып, тұра қуды, бірақ жете алмаған соң, жағада жүрген балаларға барды. Балалар дөңгеленіп, асық ойнап отыр екен. “Бүк! Бүк!..” – деген дауыстар бір сәт тынар емес. Зұлқарнай олардың аяқтарына оратылып еді, оны бұл жерден бірнеше рет қуалады, біреу оның тіпті шекесіне шертіп те қалды. Зұлқарнай көзіне жас келсе де жыламады, шертіп қалған жерін қасып, тісін ақситып күлді де қойды. Содан соң, суық суға шомылып, еріні көгеріп шыға келді. Дірілдеп, бүрісе отырып, күнге жылынды. Түсте ол үйіне келді. Анасы үйде жоқ екен, үлкен кастрюльдың қақпағын ашып, қасықпен сорпа ішті, бір кесек етті алып, қампиған қарнын соққылай жүріп, үйдің артындағы мал қораға барды. Бір-екі помидор алып, өзенге қайта кетпек болып еді, бірақ оны белгісіз бір күш үйге қарай сүйрелей берді. Қолындағы помидорын басқышқа қойды да, есікті шиқылдата ашып, салқын үйдің ішіне кірді. Ауыз үйден өтіп, едені жаңа сырланған бөлмеге кіріп, жан-жағына қарады. Бөлменің іші қараңғы еді, бірақ жабылған терезе қақпақтарының арасынан аздап жарық түсіп тұр. Зұлқарнай көп ойланбай-ақ, орындықтың үстіне шықты да, жиылған төсекке қарғып шықты. Төсектің берекесін кетіріп, орындықтан қайта секіргенде, аяғына түспей, торс етіп құйрығына отыра кетті. Суық еденде біраз отырған соң, шифоньердің жанына барды, оның төменгі тартпасын ашып, ішінен бірдеңе іздеді. Бірақ қолына тиген бір бума қағаз оны алаңдата бастады, содан оны жарыққа апарып қараса, бір бума ақша екен. “Ақша” – деп ол ‘күбір ете қалды жерден жеті қоян тапқандай, көп ойланбастан ақшаны ала салып, судың жағасына қарай тұра жүгірді... Ал су жағасында баяғы балалар әлі ойнап жүр еді. Зұлқарнай үлкен балалардың қасына келіп: – Аға, менде ақша бар! – деді мақтанып. Ойнап жүрген балалар селт етіп, бір бума ақшаға қарап тұрып қалды. Ақшаны көріп, кейбірінің көзі бағжиып кетіпті. Зұлқарнай балалардың ақшаны көргенде, естерінің шығып кеткенін көріп, көкірегін керіп, асықпай санай бастады. Өзі сан білмейтін еді,


бірақ әкесінің ақшаны қалай санайтыны есінде қалған ол, әкесіне ұқсап, саусақтарын түкіріктеп: – Бір, екі, жеті, жүз, сегіз, елу, – деп әрбір қағаздан соң ұнатқан сандарын айтты. Балалар ойындарын тоқтатып, сілекейлері шұбырып, Зұлқарнайдың қолындағы бес сомдық тұтас бумаға қарайды. – “Шибжий”, кел бізбен ойна, – деп ересек балалардың біреуі жалына бастады. Балалардың ақшаны көргенде, өзіне көзқарасы өзгергенін Зұлқарнай сезе қойды. Әсіресе жалынып тұрған бала әлгінде өзінің шекесін шерткен еді. Зұлқарнай бұлардың қасына келіп, әлгі балаға: – Иә, сен ала ғой! – деді. Екінші бір бала да сұрап еді, Зұлқарнай оған да берді. Басқалары сұраған соң, оған да Зұлқарнай бес сомдық көк қағазды ұсынды. Балалар екінші рет сұрап, асықтарына айырбастады. Сөйтіп, Зұлқарнай екі жүз елу сом ақшаны түгел үлестіріп шықты да, ал өзінің уысын асыққа толтырды. Зұлқарнай асыққа әбден қуанды: қашаннан бергі арманы да еді. Қашаннан бері ол асық ойнаған балалардың асықтарына телміріп, қызыға қарайтын, енді сол асықтар өзінің уысында тұр. Кешке ол үйіне қуанып қайтты, Әссирей баласының қолындағы асықтарды көріп: – Қарабала, асықты қайдан алғансың? Әкең берді ме, ә? – деді еркелете сөйлеп. – Жоқ! – деп бала тұра қашты. – Айт, қайдан алдың? – деп анасы қатқыл сөйлеп, зеки бастады. – Ақшаға айырбастадым, – деп бала тісін ақситып күлімсірей берді. – Қандай ақшаға? – деп анасының түрі өзгеріп кетті. – Әлгі әкем санайтын ақшаға, – деді бала. – Қашан санаған?


– Кө-өптен бері, – деп созды бала даусын. – Шифоньердің тартпасынан таптым... – Е-е! – деп дауыстап жіберді Әссирей. – Алла сақтасын, мынадай баладан! О, сорлы басым-ай! – деп жүрегі алып-ұшып ол дереу үйге жүгіре кірді. Шифоньердің тартпасын түгел ақтарып таба алмаған ол басын қос қолдай ұстап, үйден атып шықты. Баласының қолынан сілкілеп: – Ақылсыз, ақымақ, ақша қайда, қайда деймін?! Сенен сұрап тұрмын ғой, – деді. Бала қорқып, жаутаңдап анасына қарай берген. – Білмеймін, – деді ол міңгірлеп. – Қалайша білмейсің?! – деді айқайлап анасы. Көзі шатынап, еріні дірілдеп, айтарға сөз таппады әйел – Олар – Мұрат, Алик, Сәлім, Жақып... Олар... Олар... – деді еріні дірілдеп, жылауға аз-ақ тұрған ұлы. – Соларға бергенмін... – деді бала жыламсырап. – Тастай қатқыр! – деп айқайлады Әссирей. Содан соң ол көшені бойлап, аты аталған балаларды іздей жөнелді. Бұл әңгімені ауыл-аймақ түгел білді. Бақытына қарай Әссирей екі жүз қырық бес сом ақшаны жинап алды. “Аллаға шүкір, осының табылғанына да!” – деп бес сомға қайғырмады да. Сол күні баланы “ақылға салу үшін” жақын адамдарын жинаған еді. Теңіздің үлкен әпкесі Алтыншаш та, аудан орталығында тұратын, Сүлейменнің “аудан” деп ат таққан әпкесі Кериме де, Сүлейменнің өзі де сол жиынға келді. Бірақ қалада тұратын Күмісхан келген жоқ, өйткені оған бұл хабар алыста тұрғандықтан жетпеген еді. Қарадав қаталдығын көрсетпек болып, ұлына сұсты көзімен қарай берді. Баланың қарсыласқанына қарамай, жеңгелері зорлап, оның бұтына шалбар, аяғына шұлығын кигізді.


– Зұлқарнай?! Не істедің сен! – деді қабағын түйіп, сөз бастаған Қарадав. – Мен ол ақша үшін күнде өгіздей сүйретіліп жұмыс істеймін. Бәрі сен үшін. Сол ақшаға мен саған үй салғызбақпын. – Қашан салғызбақсың? – деді әкесінің шамданғанына әлі де сенбей, бала оның сөзін бөліп. Осындай ешбір ойсыз сұрауға бәрі де күліп алды. – Ұятсыз, – деді аудан орталығында тұратын Кериме, жүзіндегі күлкісін жасырып. – Зұлқарнай! – деді Қарадав сөзін жалғап. – Бұл қалай болғаны, сонда? Мен жұмыс істеймін, ақша табамын, ал сен жұмыс та істемейсің, ақша да таппайсың, тапқан ақшаны елге үлестіргенің не, ә? Ұрладың ғой. Алуға болатын-болмайтынын кімнен сұрадың? Ондайды істегендердің қолын кеседі... Бүгін мен сені қораға қамаймын! – деді әкесі ашуланып. – Қамамайсың, – деді ерні дірілдеп Зұлқарнай. – Көрдің бе, мынаны! Қамаймын! – деп, әкесі қарсы сөйлегені үшін ызаланып кетті. – Жоқ, қамамайсың! – деді бала сыбырлай сөйлеп. – Жоқ, қамаймын! – деп ақырды әкесі. – Жоқ! – деді ақырын ғана төрт жастағы Зұлқарнай жылап. Отырғандар тағы да күлді. Бірақ баланың табиғатын жақсы білетін анасы Әссирей баласының жылағанын тоқтату үшін дүкенге жүгіретінін есіне түсірді. Анасының босқа қорықпайтынын отырғандар да өз көздерімен көрді, құлақтарымен естіді. Зұлқарнай бақырып жылап, үйді басына көтерді. Бәрі құлақтарын басты. Анасы жағымды сөздер айтып, баласын жұбатпақ болды. Бірақ Зұлқарнай: “Апа-ау!” – деп бақырып, анасына жабысты. Теңіздің үлкен әпкесі Алтыншаш, баланың бақырған даусына шыдай алмай: – Жұбатсайшы, ананы! – деді Қарадавқа бұйырып.


Click to View FlipBook Version