The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Сынтаслы туралы толғау

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by saretbalausa, 2023-11-20 07:56:41

сынтаслы туралы толғау

Сынтаслы туралы толғау

біреуге тағылған ат өмір бойы сақталып, құлақ үйреніп кетеді. Сонымен Мәруаға да “тәуіп кемпір” деген ат жабысты да айырылмады. Қазір кемпірдің емі керек болмай да қалды. Ауылда емдеу орны, ауруханалар бар. Дегенмен ауылдың қарттары оған баруын қоймады. Біреудің басы ауырады, енді біреу үшкіртуге келеді, тағы біреулер “шөптен дәрі істеп бер” деп өтінеді. Кейбіреулер жылы сөздер естіп, жанын тыныштандыруды іздейді. “Ем жасаумен айналысқым келмейді. Бірақ жұрт жалыныпжалбарынып келген соң, бетін қайтара алмаймын. Бір күні Әбидат деген құрбым “басым ауырады” деп келді. Мен оған: “Дәрігерге бар, дәрі-дәрмек берер” – деймін. Ал ол болса: “Жоқ, сен ғана емдейсің. Сен болмасаң, ешкім емдей алмайды” – деп өз сөзін айта береді. – Сөйтіп отырған кемпірді қалай қайтарып жібермексің?! Амал жоқ. Олай-былай ойланып-толғанып ойыма келген бірдеңелерді айтамын, басын сипаймын. Сол арада ашуланып тұрған Әбидатым өзімді таң қалдырып: “Рахмет, құрбым, басымның ауырғаны жазылып кетті. Рахмет, жеңілейіп қалдым ғой!” – дегені бар емес пе. Мен күлдім, өйткені ешқандай ем істеген жоқпын. Менің атам сөйтіп емдеуші еді, мен де содан көргенімді жасаймын. Бірақ атам тоқсан тоғыз түрлі дәрідәрмек істей білген, білімді адам болған. Оның қасында мен кіммін? Екеуміздің біліміміздің арасы жер мен көктей, – деп Мәруа кемпір жұрттың алдында өзін ақтайтын еді. Бірақ жұрт оған сенбеді, сескеніп те жүрді “жын-шайтанмен сөйлеседі” деп те шығарды. Біреуден бірдеңе естісе болды, әрі қарай көбейтіп әкететін әдеті ғой жұрттың. Нұрханның күннен-күнге сөзі азайып, көңілінің бәсең тартқанын сезген Мәруа байғұс оған қандай көмек етерін білмей, қиналды. Клубтан мұңайып келген қыз сағаттап айнаға қарап тұрады. Бұны көрген кемпір ештеңе айта алмайды, себебі қыздың неге мұңаятынын білмеді... Әжесі көзден тайған кезде, қыз солқылдап жылады-ай кеп. Қыз жүрегін махаббат оты жандырып еді. Алғашқыда оны өзі де сезбеді, ал қарт әжесі қайдан білсін? Дегенмен қыздың жүрегінде махаббаттың оянғанын сезді, бірақ бұрыс жолға түсіп кетпесе жарар еді деп, күйгелектеніп, қайғырды.


Расында да қыздың жүрегінде үлкен сезім пайда болған еді, оның қалай, қайтіп тұтанып кеткенін қыздың өзі де білмей қалды, кемпір де байқамапты... Жазда Нұрхан қырманда жұмыс істеді. Астық жинау кезінде, қырманға келген машинаның үстіне әйелдермен бірге Нұрхан да астық төгісті. Машибортын ашқан сары шашты жүргізуші жігіт шеткерірек барып, су толы бөшкенің қасындағы орындықта машинасының босағанын күтіп отырды. Сол кезде жүргізуші жігіттің көзі Нұрханға түсті. Басына аппақ, шаршы орамал байлаған, шалбарының үстінен көк түсті шыт көйлек киген қыз ешкімге де қарамай, қабағын түйіп, ағаш күрекпен бидайды құлатып жатыр. Басқа ауылдың жігіті бейтаныс қыздың қимылына сүйсіне қарап, есінде қалдыруға тырысты. Бірақ жұмысқа берілген Нұрхан бірге істеп жүрген әйелдердің даусын да естімей, ешкімді де көзге ілмей, күрегін тоқтаусыз сермеп, жұмысты қызу істеуде. Нұрханға көз алмастан қарап тұрған жүргізуші жігіт машина босаған кезде кузовтың қасына келіп: – Секір! – деді Нұрханға қолын созып, күлімсіреп. Нұрхан ұялып, машинаның екінші шетіне барып, сол жақтан секірмек болды. Жігіт те лып етіп, со жаққа жүгіріп барып, қолын соза қойды. – Секірсейші! – деді әйелдер де күліп. Қыз секіріп түсті де, екі қолымен жігітті итеріп жібергенде, ол шалқасынан құлай жаздады. Әйелдер жігіттің жығылуға шақ қалғанын көріп, ішек-сілелері қата күлді. Нұрхан да күлкісін әрең тыйып, ернін жымқырып, әйелдер жаққа бұрылып кетті. – Қарай гөр, өзін! – деп жігіт сары кекілін алақанымен сипап қойды. – Иә, сонша неге таң қалдың? – деді қыз көзін жалт-жұлт еткізіп. – Келші, қарлығашым құшақтайын! – деді жігіт, қыздың көзінен көзін алмай, жігерлене қолын созып.


Қыз да көп ойланбастан жігіттің қолын сарт еткізді де, басындағы орамалын түзетіп, “жігіт болсаң тағы да жақындашы” дегендей, оған ашулана бір қарап, әрі қарай жүріп кетті. – Қолының жүйрігін қарашы, – деді баяғысынша кекілін сипап қойып, ызалана сөйлеген жігіт. – Сендейлердің басын да жарып жібереді ол, – деді дауыстай, кекете сөйлеген әйелдердің бірі. – Рас па? – деді кекесін сөзді байқаған жігіт, күлім қағып. – Иә, иә, – деді әйел Сасқалақтаған жігіт машинасына мініп, саусағын безеп, үнсіз қалды. Бетін тыжырайтып, тілін шығарған Нұрхан әйелдерді күлдірді. Бәрін де байқап тұрған жүргізуші жігіт, машинасын тез от алдырып, жүріп кетті... Нұрхан жұмыстан қайтып келе жатқанда, қасына машина тоқтады. Қараса, кабинадан манағы жігіт қарап тұр екен. Ол қасына келіп: – Кел отыр, жақсы қыз, үйіңе дейін апарып салайын! – деді. – Бар әрі! – деп қыз тойтарып тастады. Жүргізуші жігіт қыздың алдына шығып, жолын кес-кестеп: – Машинаға отырсаңшы! – деп оны бөгей берді. Қыз жауап қатпады. Жігіт те артынан қалмай, қуып: – Тоқтасайшы! – деп оның қолынан ұстай алды. – Жібер! – деп қыз қолын тартып алып, асыға басып жүріп кетті. Жігіт тағы да жетіп барып, екінші қолынан мықтап ұстады: – Тоқтасайшы, жаным-ау, неге сонша бәлсінесің? – деді. Нұрхан қолын босата алмайтынын сезіп: – Жібер, біреулер көріп қалар, – деп жалынды. Жігіт қыздың енді қашпайтынын байқап, қолын босатты. – Атыңды айтшы? – деді жігіт.


– Нұрхан. – Ал, менің атым – Кемат. Кел, отыр, машинамен жеткізіп салайын. – Басқа ештеңе айтпайсың ба? – деп күлімдеді қыз. – Айтамын. Бүгін киноға барайық! Келесің бе? Қыз үндемеді. – Мен күтейін, – деді Кемат қыздың үнсіздігін өзінше түсініп. Нұрхан асыға басып кетті, жүргізуші жігіт машина кабинасынан басын шығарып, қыздың жүрген жүрісіне таңдана қарап тұрды. Кешке Нұрхан киноға бармақ болып, әзірленіп, киініп алды да, басына неше түрлі ойлар келіп, үйден еш жаққа шықпады, түні бойы кірпік те ілмеді. Ертеңіне де жігіт қырманға бидай тасыды, келген сайын қыздың айналасынан шықпай, оны киноға шақырды, қыз да келісті, бірақ тағы да бармай қалды. Үшінші күні жігіт оны көре салып, қасына жетіп барды да, қолын мықтап ұстап алып: – Сен мені неге алдайсың?! Баламын ба, саған? – деп қыздың көзіне тесіле қарады. Жігіт жанарының жарқылдаған оты қыздың жанын өртеп жібергендей, жандырып, жүрегі атша тулады. – Мен сені алдамаймын, – деді қыз, жігіттің өз ойына берік екенін байқап. Өзімен кездескісі келгенін ішінен ұнатқан ол: – Бүгін барамын, – деді жұмсақ үнмен. Осынау үн мен жылы көзқарас жігіттің жүрегіне майдай жағып, кештің батуын асыға күтті. Машинасын клубтың қасына қойып, киноға кірді. Қараңғыда кино көріп отырған Нұрханнан көзін алмады. Кинодан соң қызды үйіне дейін шығарып салды. Қыздың қолынан ұстамақ болып бірнеше рет ұмтылып еді, қыз жолатпады. Қолын иығына салып, құшақтамақ та болды, бірақ қыз қолын сілкіп тастады. Үйге жеткенде, жігіт қыздың қолынан ұстап, даусы қалтырап: – Білесің бе, Нұрхан, сені бір көргеннен-ақ ұнаттым. Ертерек неге кездеспедің екен, ә?! – деп әлекке түсті ол қыздың көзіне қадала қарап.


Оның қыпша белінен ұстап, жүрегінен шыққан ең асыл сөздерін айтты. – Сендей аруды бұрын қалай көрмегенмін, қандай сұлу едің! – деп қыза сөйледі. Нұрхан осындай сөздерге майдай еріп, нәзік саусақтары оның алақанына тиді. Жылы сөзге жібіп, алданып тұрғанын пайдаланған жігіт қолының кеудесіне дейін барғанын сезіп, бірден есін жиып, жігітті өзінен итерді. Дегенмен осынау жақындық жүрегіне жылы тиіп, сол жылу денесіне түгел жайылды. Жігіт екінші рет ұмтылғанда құшақтағанына қарсы болмады. Өзі де оның құшағына тығыла түсті. ЬІстық қан денесіне жайылғандай болды. Қыз қалтырап жігіттің қолын өзі ұстады. Кемат өзі де оттай жанып, қалтыраған ернін қыз ерніне тигізіп, сүйіп тұрып: – Нұрхан, сүйемін сені. Дүниеде жалғыз сені ғана, Нұрхан! Сен ше? Бірдеңе деші, тек бірдеңе айтшы!.. – деді. Нұрханның сөйлеуге шамасы келмей, жігіттің айтқан жылы сөздеріне елтігеннен құшағына еніп, осы уақытқа дейін еркектің жақындығын сезіп көрмеген денесі қалтырап кетті. Жігіт айт-айт деп тұрып, қыздың арқасын сипалап, құшақтай берді. Қыздың жүрегінде де бір ерекше сезім пайда болып, жігіттің шашын, иығын сипағысы келді, бірақ ұялып, қызарып кетті, сол сәтте есін жиып, жігітті итеріп тастап, жүгіріп барып, үйіне кіріп кетті де, шықпай қойды. Ұйықтап жатқан әжесін оятып алмайын деп, жарықты жақпай, қараңғыда терезеден қарап, қора түбінде кетпей тұрған Кематты көрді. Жігіт үйдің айналасында көп жүрді, бір-екі рет ысқырып та қойды. Нұрхан оның ысқырғанын естіді, бірақ әжесіне білдірмеді. Ертеңінде кешке таман Кемат машинасымен қыздың үйінің қасына кеп тоқтады. Үйден бүкірейген кішкентай кемпір шығып, оған қарады да: – Шырағым, саған кім керек еді? – деп сұрады. – Әже, мұнда картоп сататын адам жоқ па? Бір таныс дайындаушы біле келерсің деп өтінген еді. Егер болса, ертең келеміз, – деп жылпылдады Кемат, ал өзі қыз көрінбес пе екен деп, терезелерге қараумен болды.


Мәруа жігіттің өтірік айтып тұрғанын сезді де, жауап бермеді, әрі оны сынап, шақырылмаған қонақтың аяғынан басына дейін шолып шықты. Кемат та кемпірдің жауап бермегенінен сескеніп, өзінің ішкі ойын білдірмеу үшін отырғыштың астынан шелекті шығарып, көзін терезеден алмай, машинасынан түсті. Мәруа да шарбаққа сүйеніп, жігітке шұқшия қарап тұрды. Кемат шашын сипай беріп, көзін үй жаққа тігіп, алаңдағы бұлаққа қарай адымдай жөнелді. Мәруа жігіттің жан-жағына қарағыштай бергенін көріп, одан көзін алмады. Кемат шелегін толтыра су алып келе жатқанда, оның көзі Мәруаның абыржыған, қызарған көзімен ұшырасып қалды. Машинасының капотын ашып, толы болса да, суын төгіп-шашып, радиаторға құйды. Кемпір жігіттің әрбір қимылынан көз алмады. – Балам, сен қай жақтансың, бұрын көрмеген сияқтымын, біздің ауылданбысың? – деп сұрады одан Мәруа. – Жоқ, көрші ауылдан келіп, совхоздың бидайын тасимын, – деген Кемат тағы да шашын сипап қойды. Кемпір жауабын бір құлақтан кіргізіп, екінші құлақтан шығарып, айтатыныңды тез айт дегендей, оған үнсіз қараумен болды. – Нұрхан сіздің немереңіз бе? – деді сыпайы сөйлеп, жүрек еркіне бағынған Кемат. – Иә, немерем. Оны қайтейін деп ең, ә? – деді ашулы көзімен қараған Мәруа. – Бірге жұмыс істеуші едік. Мендей күйеу балаңыз болғанын қаламайсыз ба? – дел әзілдегенмен кемпірдің оқты көзін көріп, албыраған жүзі өзгере қалды. – Ұятсыз жігіт екенсің, тексіз біреуге қызымды, күндей көрген жалғызымды қалай бермекпін? – деп даусын көтерген Мәруа таңдайын қақты. – Тексіз дейсіз? – Мен Қыпшақ тұқымынанмын, естіп пе едіңіз? – деп нығыздай сөйледі Кемат қарт адамдарша.


– Білемін мен, сендей қыпшақтарды. Олар өтірікті қаппен толтырып алып жүреді, сенің де бір сөзіңе сенуге болмайды, – деп Мәруа қолын сермеді. – Әже сенсеңіз сеніңіз, сенбесеңіз қойыңыз. Ал бірақ мендей жігітті іздесеңіз де таппайсыз, – деп Кемат сөзін тағы да қалжыңға айпалдырды. – Қарай гөр мынаның сөзін! Нағыз қыпшақ! – деп кемпір басын шайқады. Осы кезде Нұрхан келе жатыр еді, Кемат оны көре салып, кемпірмен сөйлесіп тұрғанын да ұмытып, қызға жалт қарады. Қап-қара қолаң шашы желкесіне түйілген, үстіндегі гүлді шыт көйлегі желпілдеп, көзі жайнаңдап, күнге тотыққан аяғын ақырын басып, басын шалқайта ұстап, асықпай келе жатыр еді. Ол күлімсіреп, машинаның қасына тоқтады. – Міне, Нұрхан, – деп жігіт біресе кемпірге, біресе қызға қарады. Сонан соң қызға қолын созып: – Жұмыстан жаңа келе жатырсың ба? – деп сұрады. – Иә, – деп Нұрхан да қолын ұсынды. Мәруа қыздың қолын бергенін көрмегенсіп, үйіне қарай асықты. Кемпір үйіне ‘кіріп кеткеннен кейін де, Кемат қыздың қолын жібермей тұра берді. – Нұрхан, бүгін кеште сені қыдыртайын, жарай ма? Әжеңе киноға барамын дерсің, ал мен жардың үстінде күтіп тұрармын. Түн сондай жақсы болады! – деп жігіт көзін қыздан алмай, жалбарынды. – Жақсы, – деп қыз кірпіктерін жыпылықтата қағып, сенімді түрде қарады жігітке. – Бірақ тезірек шық, жарай ма? Мен бұл арадан кетейін, жұрт бірдеңе ойлап жүрер, – деп Кемат қыздың қолын жіберіп, машинасына қарай жүрді. Нұрхан үйге кіргенде: – Алдайды ол сені! – деді Мәруа, қыз кірер-кірместен-ақ. – Әже, сен не туралы айтып тұрсың? – деді Нұрхан.


– Әне, тап сол сары шашты алдайды сені, көзі жыпылықтап тұрған бір қу көрінеді, қыпшақтар өмір бойы өтірік айтумен келеді, – деп кемпір қызына жаны аши сөйледі. Нұрхан әжесімен қарсыласпады, кешкі асын тез-тез ішіп, Кематпен кездесуге асықты. Кемат машинаны жүргізіп келе жатып, өзінің өмірі жайында көп әңгіме айтып, мақтанды. Өзінің жігітшілігі, көшедегі құрбыларымен төбелескені, күрескені туралы әңгімеледі. Сонан соң сөзін қалаға бұрып, ондағы мейрамханада уақытын қалай өткізгенін айтып, мақтанды. Нұрхан оның әр сөзін зейін қойып тыңдады. Жігіттің әдемі даусы, мәнерлеп шебер сөйлегені ұнады. – Суретімді берейін бе саған? – деп Кемат ақ көйлегінің қалтасынан суретін шығарып, Нұрханға ұсынды. Ертеңінде екеуі машинамен қыдырды. Нұрхан кешеден бері Кемат жайында көп ойлады, кішкентай бет орамалына орап, суретін қойнына тықты. Жұмыс кезінде аздаған үзіліс бола қалса, Нұрхан суретті алып, біреу-міреу көрмесін дегендей, жан-жағына қарап, ақ құба, сары шашты, қыр мұрынды жігітке көз алмай қарайды. Онымен қыдырған кештері есіне түседі. Онымен ойша сөйлесіп, сүйсінеді, суретті сүйіп қуанады, әдемілеп орап, тағы тығып қояды. Кемат астық тасуды қойған еді, енді олар тек кеште ғана кездесіп жүрді. Күн сайын қас қарайғанға дейін машинамен қыдырады. Кемат іс сапарға кетіп, бірнеше күн кездеспегенде, қыздың ұнжырғасы түсіп, үйден шықпай, бір бұрышқа тығылып, қайғырып, әжесі жоқта суретті қолына алып, сүйгенінің бейнесінен көзін алмай отырады. Сондай күндердің бірінде әжесі әлде не сезіп: – Қызым, киноға неге бармайсың? Үйден тіпті шықпайсың ғой? – деді оған тексерген адамша сөз тарта қарап. Нұрхан жауап бермей, иығын көтерді де қойды. Кемпір күліп: – Алдады ма? Мен оның сондай екенін алақтаған көзінен байқаған едім. Ондайлар сендей қыздардың нешеуінің басын айналдырмады дейсің? – деп кемпір немересіне тиісті.


Әжесі солай дегенде де, Нұрхан оның сөздеріне құлақ қоймады. Әжеме тілім тиіп кетіп жүрмесін деген оймен киноға барам деп үйден шығып кетті де, бақша ішінде жасырынып, Кематты қараңғы түскенше күтіп отырды. Жігіт келгенде, Нұрхан қасына жүгіріп барып, жүрек қуанышын жасырмады, моншақтай жылтыраған жанарын қадап тұрып, жігіттің қолынан мықтап ұстап, көкірегіне басты. – Көп кешіктің ғой? – деді қыз нәзік үнмен. – Краснодарға машина бөлшектерін алуға барғамыз, – деді жігіт те даусы қалтырап, сағыныш толы көзімен оған үзіле қарап. Кемат сол күні кеште де келді. Қолтығында қағазға ораған заты бар. Қараңғы түскен кез болатын. Олар көшенің ортасымен жүріп, жарға шығып, одан төменірек ойлау жерге, су жиегіне түсті. Аспандағы қауынның тіліміндей жарты ай баяу қалқиды. Тоқтаусыз гүрілдеп аққан судың дыбысы естіліп жатыр. Тарыдай бытыраған жұлдыздар аспан күмбезінде жымың-жымың етеді. Қол ұстасып келе жатқан жастар аспанға қарап, оның осындай шексіз екендігін айтып таңданды. Көк шөптің иісі мен өзеннен соққан салқын леп жаныңды серпіп, көңіліңді көтереді. Жастар шық басқан шөптің үстімен келе жатып, еңкейіп шөпті қолымен жапырып көріп, отыратын ыңғайлы жер іздестіріп жүрді. Одан әрі іздеуді қойып, суға жақынырақ жерге тоқтады. – Бүгін біз, менің келгенімді жуайық! – деді Кемат бешпентін шөпке төсеп жатып. Қолтығына қысқаны бір бөтелке шарап пен кәмпит екен. Бұлттың арасынан шыққан ай жастардың отырған жеріне сәуле шашқандай. Жігіт қыздың қолын алақанына салып: – Сені сондай сағындым! – деді. Қыз үндемей, басын төмен иген күйі жауап бермеді. Кемат та үндемеді, екеуі біраз уақыт үнсіз отырып қалды.


Тастарды жалай аққан судың сарылдаған дыбысы алысқа кетіп жатыр. Жан-жақтарында бүргеннің тікенек бұтақтары қимылдайды. Қараңғы түсіп, өзеннің бойы салқындап, шөпке шық түсе бастады. Жар басынан әлі ұйықтамаған ауылдың оттары жылтырап көрінеді. Әр жерден үрген иттің даусы естіледі, тас жолмен зымырап өтіп жатқан машина гүрілі тыныштықты бұзады. Аспандағы жұлдыздар ғашық жандардың шаттығын құптағандай, үнсіз жымыңдасады. Түн ғажап! Таза ауа көкіректі керіп, жастарды жандандыра түседі. Олардың жүрегі жалындаған сезімге толып, бір-біріне не айтарын білмей, жан-жаққа қарап, күрсіне береді. Кемат қызға бұрылып, иығынан құшақтады... Содан соң еңкейіп, қыздың дірілдеген ыстық ернінен сүйіп алды. Қыз әлі де есін жиюға тырысқанымен, бойын билей алмай, қолын созып, жігіттің шашынан сипады. – Жалғызымсың, сен менің! – деп сыбырлады жігіт. – Кематым, мейірімдім, – деді қыз да ернін жыбырлатып. – Жалғызым, – деп Кемат қызды құшақтап, көтеріп алып, бешпентінің үстіне жатқызды да, оның көзінен, мойнынан, ернінен сүйді. – Қой деймін, мұның не? – деп оның құшағынан қыз бұлқынып, босанбақ болып еді, жүрегін билеп алған сезімнен дәрмені таусылып, көзін жұма берді де: – Қой деймін, болмайды! – деп ерні ғана жыбырлады. Ол тек судың ғана тоқтаусыз сарылдап ағып жатқанын білді, сол сарылмен бірге өзі де алысқа ұзап, сол ағынға түсіп кеткендей сезінді. Жұлдызды аспан, ағып жатқан су, дүниенің бәрі көз алдында төңкеріліп, астан-кестең болды. Ал жігіт қызды аймалап сүйе берді... Ол көк майсаның үстінде басын тізесіне қойып, көпке дейін есін жия алмай отырды. Кемат бешпентін қағып, тазалап: – Кеш болып кетті. Үйге қайту керек, әжең ұрсып жүрер, – деді ол қызға бір түрлі өкінгендей, бөтен дауыспен.


Нұрхан орнынан тұрып, қабағының астымен жігітке қарады. Ал ол қызға бұрылмай, өзен жаққа қарай адымдай басып барды да, қол-аяғын суға малып, киімін тазалай берді. Қыздың көзінен жас тамшылап, ернін тістелеп: “Не істедім мен, не істедім?” – деп үнсіз егіліп жылай берді... Жігіт үстін тазалап болып: – Жүр! – деді. Қыз баяғы отырған күйінде басын тізесіне қойып, жылай берді. Ол екеуінің арасы әп-сәтте жер мен көктей өзгергенін сезіп, сондай масқара жағдайға тап болғаны үшін қан жұтып, қайғырды. Кемат қасына келіп отырды. Қолымен мойнынан сипап: – Нұрхан, не болды саған, айтшы? – деді. – Кемат, неге екенін білмеймін, арамыз келіспейтін сияқты көрінеді, жүрегім бірдеңені сезгендей, – деді ол. – Бәлі, ақымақ екенсің ғой, қайдағы жоқты айтасың, бәрі де жақсы болады, жыламашы, – деп жігіт қыздың арқасынан қақты. Нұрхан тағы да суық, жат дауысты естігендей сезінді. – Жоқ, мен жылап тұрған жоқпын, бір түрлі басым ауырып, құлап кететіндей болып тұрмын, – деп теңселе берді қыз. – Ақылың жоқ екен, – деп жігіт қыздың қолынан тарта көтеріп: – Жүр, кетейік! – деді. Нұрхан қолымен көз жасын сүртіп, жігітке жабысып, басын оның кеудесіне қойды. – Сен бір бөтен адам сияқты болып тұрсың, мені тастап кетпейсің бе? Бір-бірімізді жоғалтпаймыз ба, ә? – деді ол жігітке қарап. – Жоқ, Нұрхан, неге бір-бірімізді жоғалтуға тиіспіз, – деді ол асыға сөйлеп. Кемат күнде келіп жүрді. Олар түн ортасына дейін судың жағасында оңаша отырып, бір-біріне көздері тоймай, махаббаттың еркіне беріледі.


Мәруа кемпірдің жүрегі мүлде толқып, жаны күйзеліп, қыздың жұмыстан келуін күтті. Бірақ Нұрхан келгенде, оған аузын ашып ештеңе айта алмады. Қыз тамағын ішуге отырғанда да, әдеміленіп киініп-жасанып, шығуға жиналғанда да кемпір жүрегіндегісін аша алмады. Ол ұйықтамай, түн ортасы ауғанша қызды күтумен болды. Міне, қыздың аяғының дыбысы да естілді, шамды жақпай, жалаң аяқ, ақырын төсектің қасына келіп шешінді де, көрпенің астына енді, әжесінің қаусаған, жіп-жіңішке аяғын құшақтап, ұйықтауға кіріскенде: – О, ұятсыз қыз, басыңа бәле жапсырдың ғой! Сенің де анаң сияқты маңдайыңа жазылғаны осы болса, мен байғұс не істейін? Сенің анаң сондай жүрексіз еркекке тиді. Анадан баланы айырған адам оқушы ма еді? Ол кезде еркек кіндік те аз болатын. Сондықтан тиді ол Ал сен ше, сорлы-ау?! Не істедің, ә? Қазір еркектен көп не бар? Сендей бүлінгенді ешкімнің алмайтынын білесің бе? Тұқымың құрғыр, ана сарыны ма? Сенен де жақсыларды тастаған ол... Нұрхан демін ішінен алып, дыбысын шығаруға қорқып, әжесінің сөзін үнсіз тыңдады. – Иә, біз, байғұс әйелдер нашармыз, махаббат оты тұтанса, күйіпжанып басымызды жоғалтамыз, – деп кемпір күрсініп, жылауға дейін барды. – Мұндай өмірді көргеннен көрмегенім дұрыс еді. Ал сенің сорлы анаң бұл өмірден не жақсылық көрді? Өзінің анасын, тапқан баласын тастап кеткен өмірі өмір бола ма? Бақыттың соңынан қуып кетті, бірақ соны тапты дейсің бе? Артында қалған баласын ойлай ма екен, жоқ. Ол ешкімді де ойламайды, өзін де ойламайды. Дүниеге келгеніне өкінеді... Нұрхан алғашқыда әжесінің бірден-бірге көшіп, анасынан өзіне сөзді аударып, сөйлеуінің түп мағынасын түсінбеді, сонан кейін кемпірдің сөзінің мәнісін білмек болып: – Әже, осы сен, бұл сөздерді неге қозғадың? – деп сұрады. – Мен бүгін бал ашқан едім... – деп кемпір қараңғыда басын көтерді, қыздың түрін көрмек болып еді, бірақ көре алмай, басын жастыққа салды да, көрпенің астынан Нұрханның қолын тауып алып, ұстады. –


Бал ашқанында, саған бір қырсықтың келгенін түсіндім, сен бір пәлеге ұшырағансың... Нұрхан жып-жылы алақанымен кемпірдің етсіз қолын сипап, қысып қойды. – Мен не үшін өмір сүреді дейсің? Сенің бақытты болуыңды тілеймін. Сендей кішкентай жалғызымды, балапанымды қалдырып кетпекпін бе?.. – деп кемпір жүрегі елжіреп, ақырын жылады. Нұрхан да әжесін аяп, жылап жіберді де, кемпірдің қолын қайта-қайта сүйе берді. – Қыршынынана қиылғырдың аты кім? – деп сұрады кемпір есін жиып. – Әже-ау! Неге өзіңді сонша қинайсың? Ол мені сүйеді... сүйеді!.. – деп жұлып алғандай дауыстап жіберді Нұрхан. Кемпір басқа ештеңе айтпай, қыздың қолын сипап, тыныштандырды. Нұрхан ертеңіне бет орамалға оралған суретті ұмытып, көйлегінің қалтасында қалдырады. Немересі жұмысқа кеткен соң, әжесі үйді жиыстырып жүріп, көйлекті алған кезде, қалтасынан түскен бет орамалдың арасынан сурет шығады. Кемпір біраз уақыт Кематтың суретіне қарап: – Қандай қайғыға түсірдің сен менің сүйікті қызымды. Өзіңді де алдайсың, басқаны да алдап жүрсің. Сендейлердің тағдыры солай болмауы керек еді. Мүмкін сен мейірімді де, адал боларсың, бірақ өтірікпен өмір сүресің, – деп Мәруа қабырғадағы кішкентай жастыққа шаншулы тұрған инені алып: – Бізге сенің келмегенің дұрыс, – деп суреттегі жігіттің маңдайына инені сұғып алды. – Бізді көрмегенің дұрыс, – деп инені көзіне сұқты. Сенің қулық сөздеріңді қызым естімесін, алдау кірмесін бұл үйге, – деп аузын түрткілеп, инесін сындырып алды. – Сенің жүрегің қызымды ойлап тыныштық көрмесін, – деп кеудесінің жүрек тұрған жағына сынық инені сұқты, бірақ сынған иненің тұқыл ұшы суретті теспей, ойып жіберді. Кемпір оған көңіл бөлмей, өзінің іс-әрекеті жайында ойлады, мұндайды ешкімнен көрген де, естіген де жоқ еді.


Үстіне үлкен шәліні жамыла сап, Мәруа кемпір үйден шықты. Жаңбыр себелеп тұр еді. Кемпір калошымен батпақты шашырата басып, өзен жаққа қарай адымдай жөнелді. Өзенге жеткен кезде, тұманданған аспанға қарады, суға арқасын беріп, қолындағы мыж-мыж болған суретті сол иығынан суға лақтырып жіберді. Суретке қарағысы да келмей, ол ешқайда бұрылмастан, үйіне қарай адымдады. Жол бойы ерні жыбырлап: “Суға кетсін, суға кеткір, антұрған!” – деп қарғап келе жатты. Ол суретке не істегенін өзі де байқамады. Суреттегі жігіттің келгенін ұнатпай, оны жоғалтпақ болды. Бірақ сол суретті неге сонша инемен тескілегенін өзі де білмеді. Қатты ашуланған болар. Кемпір үйге келіп, өзінің іс-әрекеті жайында ойланып, таң қалды. “Осы істегенім дұрыс па, әлде бұрыс па?” деп қиналды ол. Кешке үсті-басы су-су болып, жылағаннан көзі ісіп, Нұрхан үйге келді. Су болған шашы жан-жаққа жайылып, көзіне дейін түскен, шыт көйлегі денесіне жабысқан, ал өзі тоңғаннан дір-дір етеді. Ол жанжағына көзін жүгіртіп, үйдің ортасына тоқтады. – Балапаным, не болған саған? – деп кемпір жағын ұстап, қайғыра сұрады. Нұрхан әжесін құшақтай алып, басын кемпірдің кеудесіне сүйеп, солқылдап жылады. – Жалғызым, аяулым, не болды? Айтсайшы, қинамай? – деп Мәруа қыздың су-су арқасынан сипады. – “Бүгін тойы болады” – деп, жұмыстағы қыздар айтты. Қандай бақытсыз едім! – Не істедім мен оған, не жамандық көрді ол менен? Сөйтіп алдайтындай! Айтшы, әжетайым! Не істедім, не үшін ол мені соншама жазалады? Әжетай-а-ау! – деп ботадай боздап, жылай берді. – Қызым, қоя ғой! – Жүрегіңді елжіретпе, тыныштал, балапаным, тынышталшы! Неге сонша өзіңді қинайсың, ол ұмытылар әлі-ақ. Алғаш көргенде-ақ оның суайт, алаяқ екенін білдім ғой. Көрдің бе, әжеңнің сөздерінің дұрысқа шыққанын! – Әжетай-ау, мен оған сендім ғой! Сенсіз өмірім жоқ дедім ғой! Ол өзі де солай деген. Өмір сүргім келмейді, келмейді, – деп ол әлсірегендей,


тізерлеп, кемпірге асыла құлады. – Ақымақ болдың ба? Немене? Неге өмір сүргің келмейді, ә?! Ана оңбаған өмір сүрмесін! Ал саған әлі-ақ өзі жақсы, өзі әдемі, ақылды да адал жігіт кездеседі. Ол саған сондай арамдық істеген екен, енді ол туралы ойлама да, өмір сүрмеймін деп айтпа! – Жоқ, жоқ! Онсыз өмір сүру қиын. Онсыз өмір, өмір емес! Оны атаанасы зорлап үйлендірген. Олар... – Иә, балапаным, солай-ақ болсын!... – Оларды мен білемін. Біз солтүстікке кетпек болып едік, бірақ мен сені жалғыз қалдыра алмадым, әже, – деп Нұрхан кемпірді құшақтады. – Солай да болар, балапаным. Мені жалғыз қалдырмағаның үшін рахмет! Тыныштал, өзіңді-өзің ұсташы. Қайғыратындай ештеңе жоқ... Қазір киіміңді ауыстырайын, тоңып, қалшылдап кеттің ғой, – деп кемпір қызды тұрғызып, төсекке отырғызды. Қыз солқылдап жылай берді, тісі-тісіне тимей, қалтырап барады. – Қыздар сені алдаған болса ше? – деп Мәруа немересінің көңілін ауламақ болды. Нұрхан сол сәтте басын көтеріп алды, өңінде үміт оты ұшқындап кетті, көзі жайнап, кемпірге қарады да, солқылдап жылағанын әрең-әрең тоқтатты. – Қыздар қалжыңдап айтқан болар! – деп Мәруа немересіне ұнағанын байқап сөзін қайталай берді. – Шешіне ғой, қазір құрғақ киім берейін. Мынамен сүртін, – деп кемпір орамал ұсынды. – Қалжыңдады ма екен, әлде? – деп қыз да өзі-өзінен сұрап, көгілдір көзі шарасынан шыға таңданып, бір орында тастай қатып қалды. Әжесі сандықты ашып, ішінен құрғақ киімдер іздестірді, Нұрхан болса қолындағы орамалды төсекке тастай салып, сол таңданған күйі бір жерге тесіле қарап, ептеп есік жаққа қарай жылжығанын өзі де аңғармай қалды.


– Қалжыңдаған болар! – деп әжесіне қарады да, есікке қарай жүгіре жөнелді. – Қызым не болды саған? – деп қолындағы киімдерімен кемпір оның соңынан жүгіріп шықты. – Қалжыңдап айтқан болар, әже-ау! – деп ауыз үйге шықты да, сыртқы есікті ашып, құйып тұрған жаңбырдың астында көрінбей кетті. Қатты соққан жел мен жаңбыр үйге лап берді. – Балапаным, қайда кеттің? – деген Мәруа жүрегі жарылып кете жаздап, есіктен атылып шықты. Тыстағы кішкентай қақпаның сарт етіп жабылғанын, қыздың суды шалпылдата басып бара жатқанын естіп, кемпір тұрған жерінде үнтүнсіз қатты да қалды. Кемпір сасқалақтап, не істерін білмей тұрды да, сонан соң есін жиып, қақпаға қарай жүгірді. Дала қараңғы еді. Жаңбыр да күшейіп, шымылдықтай тұтасып, кемпірдің көзін көлегейледі. – Қызым, Нұрхан, қайт! – деген дауыс кемпірдің жүрегін қақ жара шығып, тамағы қарлыққанша айқайлады. Кемпір тұрған жерінде зырылдауықша айналып, не істерін, қайда барарын білмей, Нұрханның жүгіріп кеткен жағына көзін тігіп тұрды. – Құдайым-ай! Бұл не болды өзі, қайда ғана жүгіріп кетті екен? Балапанымның үсті-басы онсыз да су еді, бұл жаңбырда өледі ғой! – деп ол су болған белдемшесін қолымен ұрғылай жылады. Бірден есін жиып, үйіне жүгіріп кіріп, басына жаулығын орай салып шықты да, баяғысынша сөйлей жылап: – Аллам-ау! Қайдан іздеймін, мен сені? – деп жолға түсті. Дүниенің азабын шегіп, әбден қартайған кемпір одан сайын бүкірейіп, Нұрхан кеткен көшені бойлап, бір шетінен бір шетіне шықты. Нұрхан жоқ еді. Мәруаның дәрмені кетіп, шаршап, әбден әлсіреді. Тізесіне дейін батпақ болып, не істерін білмей сасып, ол көпке дейін көшені кезді де жүрді. Содан соң Нұрханмен жұмыс істейтіндерді Сейдалы табар деген ойға тоқталып, асыға басып ауылдың бір шетіндегі інісінікіне қарай жүрді. “Әлде Нұрхан жолдастарының айтқан сөзінің


өтірік-шынын білмек боп, соларға барған болар!” – деген ойға келді. Орталық көшеге шығып, жүріп келе жатқан машинаның жарығынан көзін жұмды. Дөңгелектен шашыраған батпақ кемпірдің үсті-басын түгел былғады. Ол жол шетіне әрең қашып шықты. – Жолың болмағыр, күл-паршаң шығып, аударылып түскір! – деп қарғай беріп, Мәруа бетіне шашыраған батпақты сүртіп, жұдырығын түйді. Кеудесі аянышқа, қайғыға толып, көмейіне тығылып, көзінен парлап аққан көз жасы Мәруаның бетіндегі батпақты жуды, демін әрең алып, інісі тұратын жаққа қарай ілби берді. Оған көмектесетін жалғыз адамы – сол еді. Мәруаға батпақ шашыратқан машина Кематтікі. Бірақ кемпір оны қайдан білсін!.. Тойға дайындалған ақ көйлек пен қара костюм киіп, рульді олай бір, былай бір қатты бұрып бара жатқан Кемат болатын. Ол Нұрханға жетуге асығып бара жатқан. Кеше кездескенінде Нұрханға бәрін айтып түсіндірмек болған еді, бірақ айтуға батылы бармай, өзінөзі лағынеттеді. Той бүгін кеште болмақ. Үйленетін қызымен Кемат бала күнінен Нұрханды білмей тұрған кезден таныс. Кематтың ата-анасы ауылдың беделді адамдары. Олардың төрт бөлмелі еңселі үйі, малы, басқа да байлықтары бар еді. Кемат үйленсе әкесі оған машинасын сыйламақ болған. Сол үйленетін қызын көріп, ата-анасы қалыңдықты ұнатады. Қыз да ауылдың беделді бір отбасынан, жақсы тектен еді. Қыздың мінезін, ақылын байқап көріп, мін таппаған соң, жігіттің әке-шешесі қыздың туыстарымен сөйлесіп, құда түсіп қояды. Жыл бойы тойға дайындалумен болады. Кемат Нұрханмен таныспай тұрып, қыздың мінезін, оның киноға жалғыз баратынын, ұяңдығын, еңбекшілдігін байқады. Нұрханмен кездеспеген болса, тойды да тез жасатар еді. Нұрханмен танысып, жүрегінде бұрын болып көрмеген ғашықтың оты тұтанып кеткенінде, ол үйленуге әзірленген қалыңдығынан қол үзіп, Нұрханға үйленбек ойын айтпақ болды ата-анасына. Бір жағынан Нұрханның тұрмысы, тәрбиеленген отбасы дұрыс болса, ол ешбір қиналмай-ақ үй-ішіне айтар еді. Ал онда мұның бірі де жоқ. Туған анасы тастап, қыздың кедей кемпірдің қолында жетім өскені, кемпірдің


ауылға “тәуіп” атанғанын айтса, ондай адаммен ата-анасының жақындаспайтыны айдан анық. “Қыз құрыды ма?” – деп ұрып-соғуға дейін барады, сондықтан ол аузын ашпады. Ата-ана тәрбиесінде өскен жігіт өзі де күдіктеніп, қиналды: тең емес адамға үйленсем, ауыл арасында жүруге бет болмас деп ойлады. “Біреудің тастап кеткен баласынан басқа қыз құрыды ма, саған?” – деген жолдастарының сөзі де құлағында тұрды. Бірақ Нұрханмен байланысын үзуге әлі жетпеді. Күндіз-түні қыз бейнесі көз алдынан кетпей қойды. Оны көрсе тап бір жұмаққа кіргендей көңілденіп, қуанады. Сол кезде бар өмірін аямай, соған арнайтындай сезінеді. Кей кездерде ол қыздың сұлулығына таңдана қарап, есін жаңа ғана жиғандай тұрып қалатын. Соншама сұлу екеніне қыздың өзі де сенбей жүрді. Сонымен бірде ол үйдегілердің зорлап үйлендірмек болғанын айтып қалды. Нұрханды білмей тұрғанда, сол қызбен кездескенін айтты. Бірақ Нұрханнан айырылғысы келмей, ана қызбен кездесетінін, көп ұзамай тойы болатынын жасырды. Жігіт не істерін білмей, көп ойланды да, бір амал іздестіріп көрді: әуелі ата-анасының ал деген қызына үйленіп, сонан соң айырылыспақ болды, ал әйелден айырылысу оңайырақ, сол кезде ол Нұрханды аламын деген ойға да тоқтады. Нұрханның өзіне сенетінін байқап, Кемат соның бәрін соңғы жолыққандарында айтпақ та болған еді, бірақ айта алмады, оның қулығын қыз да аңғармады әрі қызды шошытып алармын деп қорықты. Сондықтан ол оған солтүстікке кетейік, – деді. Қыздың қарт әжесін тастамайтынын сезді, өзінің намысқой екендігін білдіру үшін, әжесін алып кететінін де айтты. Егер айттырған қызына үйленетін болса, онда ол солтүстікке кетейік деп айттым ғой, оған көнбедің деп, қызға ақталмақ болды. Әлі де жігіт сол халден арылудың амалын таппай, қатты қиналды. Атаанасы үшін де жаны ауырды, Нұрханнан айырылып қалармын деп те қорықты. Оған білдірмей, той жасатуға намыстанды, сол той жайында біліп қаларын сезіп, онан да тезірек барып өзім айтайын, өзімнен естісе, мүмкін, менің ойымды дұрыс түсінер деп ойлап, той болатын күнгі кеште осыған тәуекел етті. Жарты сағаттай ол терең ойға беріліп, жігіттермен бірге болды. Ойын сездіруді ол өзіне борыш деп санады да, жігіттерге қазір келемін деп, сыртқа шығып кетті. Жауып тұрған жаңбырға да, жердің мибатпағына да қарамай, машина тұрған


совхоздың қорасына қарай жүгірді. Машинаны жүргізіп, алдынан жүгіріп шыққан қарауылшыға: “Былай тұр, жолдан!” – деп айқайлады да, қолын бұлғалақтатып тұрған кісінің үсті-басына батпақты шашырата машинасын ентелете айдап, қорадан шығады. Уақыт тығыз еді, сондықтан да ол машинаны бар күшін салып, жоғары жылдамдықпен айдады. Шелектеп құйып тұрған жаңбыр машинаның әйнегіне сартылдап тоқтаусыз құйылып жатты, тіпті әйнек тазалағыш ысырып үлгірмеді. Кематтың көзі тұманданып, жолды әрең көріп келеді. Машина Нұрханның ауылының шетіне зырылдап кеп жеткенде, Кемат бірден көңілдене қалды. Не де болса, әйтеуір сезімі жетелеген жаққа келді. Нұрханға істеген қиянаты, ата-анасы алдындағы борышы барар жеріне тез жетуге асықтырды. Сүйген адамыма неге сонша қиянат еттім екен?! Қазір оны машинаға отырғызып, басым ауған жаққа алып кетейін, солай болғаны дұрыс!” – деген ойға келіп, жүрегінің лүпілін басты. “Солай етейін!” Орталық көшеде машинасымен соғып кетуге аз-ақ қалған кемпірдің Мәруа екенін білген жоқ. Ал Нұрханның үйінде осындай қайғы болар деген ойына да келмеді. Орталық көшенің асфальт жолынан машина Нұрхан тұратын көшеге қарай бұрылды. Жол жаңбырдан әбден бұзылған, машина жүре алмай, шоқақтап келеді. Кемат маңдайын әйнекке қатты соғып, ауыртып та алды, бірақ ауырғанына да көңіл бөлмей, ол қыздың үйіне жетуге асықты. Үйге жақындағанда, машина жүрісін бәсеңдетіп келіп тоқтады. Жүрегі алып-ұшып, кабинадан секіріп түсті. Есігі ашық қалып, жарығы жанып тұрған үйге жүгіріп кірді. Үйдің ішінде ешкім де жоқ еді. Үй иесі, мүмкін, қорада жүрген болар деп, жігіт бұрылып, есіктен басын шығарып: – Нұрхан! Нұрхан, мен сені әкетуге келдім! Тез! Қайдасың?! – деп айқайлады. Ешкім жауап бермеді. Жаңбыр әлі құйып тұр. Жігіт үсті-басын малмандай су қып, қора-жайды түгел айналып, қарап шықты. Сонан соң іздеуін қойып, жаңбырдан да тасаланбай, басқышқа отырып алып, үйдің иелерін күтті. Онша таныс емес ауылдың қай жерінен іздеуді білмеді. “Не істеймін, ә? Не істеймін?” – деп өзіне-өзі сұрақ беріп, құйып тұрған жаңбырды да елемей, отыра берді. Алыста, қараңғы


аспанды жарық қып, найзағай жарқылдап, күн күркіреп тұр. Бүгінгі кеште тойдың болатыны оның есіне жаңа түсті. Баяғысынша бір-біріне қарама қарсы ойлар басын мең-зең етті. Нұрханмен екеуінің арасында болған жағдайды бір түрлі жек көре еске алды. “Ғашық жарын тастайтындар жалғыз мен бе екенмін? Толып жатыр ондайлар” деген жеңіл ойға келіп, орнынан тұрып, машинаға барды. Машинасына отырғанда: “Шынында өзім ғой зорлаған, оның еш кінәсі жоқ...” – деген ой жанына тиіп, қиналған еді, сәлден соң оны миынан шығара қойды. “Еркекпін бе, жоқ па? Өтті, кетті!” – деді де, машинасына от алдырып, жүріп кетті. Ауылдан шыға бергенде, нөсерлеп жауып тұрған жаңбырдың астында басына қалпақ, үстіне плащ, аяғына етік киген ер кісінің жол шетімен кетіп бара жатқанын көрді. Бұл адам да осы түнде Нұрханды іздеп жүрген Кемат сияқты, Нұрханға не болғанын білгісі келіп, тағат таппағандардың бірі еді. Басындағы ойлардан арыла алмаған Кемат машинасын тағы да қатты айдады, стрелка жүздің үстіне шығып, дір-дір етіп тұрды. Көз алдына тойға келген қонақтар, туыстары, құрбылары, ата-анасының күйгелектеніп, тойдың басталуын кешіктіргені үшін ренжігені елестеді. Қалай асықса да, ойлары Нұрханға келіп тіреледі. “Өзі кінәлі, бір жерде қаңғып жүр ғой... Осы мен неге басымды ауыртамын? Тағдырдың жазғаны болады да!” – деп ауыр ойларды басынан шығаруға тырысты, машинаның жүрісін одан әрі тездете түсті. Аулына бес шақырымдай жер қалғанда, оны бір қорқыныш билеп, кеңірдегінен әлдене қысып тұрғандай болды. Жігіт нөсерлеп құйған жаңбырдан әйнекке еңкейе тесіліп қарағанмен, жол анық көрінбеді. Алғашында ол қасында біреу отырғандай сезінді де, жалт қарады. Ешкімнің жоқ екенін көрсе де, қорқыныш сезімінен арылмады. Машина тайғанақтап, тез жүрудің өзі қауіпті болғандықтан, жолдан көзін алмау керек еді. Енді оған сол жағында, кабинаның басқышында біреудің аппақ сүлдесі тұрғандай болды. Ол тағы басын бұрып қарады, ешкім жоқ. Біраздан соң тағы да кабинаның ішінде біреу отырғандай сезінді. Одан сайын үрейі ұшқан Кемат алдына қарап, машинасын зуылдатып айдай берді. Ал жанында біреу отыр деген ой басынан


шықпай қойды. Қанша тырысқанмен, тыныштала алмады. Қалтырауық ауру тигендей, дірілдеп, қалшылдап алдыға қарай тесіліп қараумен болды. Жан-жаққа қараймын деп отырып, маңдайын әйнекке соғып та алды. Сол кезде әйнектен аққан жаңбырдың астынан әлдекімнің ақ жүзі көзіне шалынды. Тап бір безгегі ұстағандай денесі қалтырап, маңдайын әйнектен тартып алғанда, рульді ұстаған қолдары босап кетті. Кенет қараңғы түнде алдынан күн шыққандай жарқ етіп, бүкірейген Мәруа кемпір Нұрханды жетелеп, машинаның жолын бөгеп, оған “кейін қайт!” деп тұрғандай көрініп кетті. Ол рульді оң жаққа қарай кілт бұрып жібергенде, көз алдында дүниенің бәрі астан-кестең болып, аударылып түсті... ...Нұрхан көрші ауылға баратын асфальт жолмен жүрмей, су-су болған күйімен жолды қысқартып, Кематты көруге асыққан еді. “Той болады” деген хабарды естіп, оның өтірік-шынын білмек оймен жүгіре жөнелген. Төпелеп жауған жауынға да, малмандай су болғанына да, батпаққа батқанына да қарамай, аяғындағы шәркейінің тайғанай бергенін де елемей, жүгіріп келеді. Есі шығып, жолдың соңына да жете алмай келеді. Әжесінің “осындай түндерде су перісі шығады” дегенінен де қорықпай, жан ұшырып жігіттің аулына қарай асығып барады. “Қыздар алдаған болар!” – деген жанын тыныштандырған ой басынан шықпай қойды. – Өз көзіммен көріп, сөйлесейін, егер өтірік болса, аяғына жығылып сүйермін. Шын болса, онда суға құлармын. Мұндай өмірдің маған керегі не? – деп сөйлеп барады. Баяғысынша жүрегі лүпілдеп, алға қарай ентелесе де, аяқтары ырқына көнбей, баяу ілбиді. Әбден тоңып, сүйегінен өткен суық бойын қалтыратып, тісін-тісіне тигізбеді. Жолдың жартысынан өтпей-ақ, қалжырады, жығылып жатып, қолымен жерді тырналады. Сол арада қараңғы аспанның астындағы бұғының қайқиған мүйізіндей ұзын, көк ала түсті бір ғажапты көріп, көзін бадырайтып қатып қалды. “Жаңбырлы түнде аспанда найзағай жарқылдап, күн перісі ойнап, жалғыз жүрген жолаушыларға жасын түсіріп, өлтіреді” деп әжесінің айтқан әңгімесі есіне түсіп, зәре-құты қалмады. Қыз орнынан көтеріліп, өзінің мүлде әлсіз екенін байқап, сасқалақтап, жан-жағына қарады. Жардың төмен жағында сылдырап су ағып жатыр, басқа еш нәрсе көрінбейді. Енді қыз ештеңені де аңғармай,


ешбір затты көрмей, судың жағасынан әрірек кетті. Жолы түскен жағында жаны жай табатындай, сеніммен бара жатыр. Біраз жүргеннен соң, ол жақын жерден қарайған үйді көріп, соған жетуді ойлады. Бірақ аяғын баса алмады, сонда да ол соған қарай еңбектеп жылжи берді. Онда жеткенше көп уақыт өтті. Әрең жетіп, бар күшін жиып, басқыштан ұстап, ілбіп үйге кірді... Күн шыққан... Қыз үстіне күміс түймелі көк көйлек киген, басында жұп-жұқа, ақ жібек орамал. Кематтың да үстіне киген көк түсті шапаны, басындағы қаракөл бөрігі өзіне жарасып тұр. Кемат қыздың қолынан ұстап алған. Олар ақбоз ат жеккен жеңіл арбамен құйғытып барады. Қыздың ақ орамалы желп-желп етеді. Олар бір-біріне сүйсіне күліп қарайды. Әлі күнге дейін естімеген бір ғажап ән айналаны жаңғырықтырып тұр. Ақбоз аттар жегілген жеңіл арбаларда адамдар отыр, олар Кемат пен Нұрханның арбасын басып-озбақ болады, бірақ жете алмайды. Жаңағы адамдар да тап Кемат пен Нұрхан сияқты киінген. Олардың да жүздері қуанышты. Ерлердің қолында түрлі-түсті тулар, қаракөл бөріктер, енді біреулердің қолында мылтықтар, олар анда-санда атып та қояды. Көшірлер қолын бұлғақтатып, аттарды асықтыра қуады. Ал Кемат делбені сәл ғана тартып, өздерін басыпозбақ болғандарға таңдана қарайды. Өз аттары желдей есіп, басқалардан алда кетіп барады. Бүгін олардың тойлары өтетін ең бір қуанышты күн. Қуаныштарын жасыра алмай, жүздері жайнап келеді. Естіліп тұрған ән ше? Жан-жаққа тарап, баяу естілген ән күшейе түсіп, бірте-бірте жақындай берді. Алдыңғы жақтан Кематтың ауылы көрінеді. Қырда тұрған адамдар қолын бұлғап, келе жатқан жеңіл арбаны қуана қарсы алды. Құйғытып отырып, ауыл ішіне кірген арба орталық көшемен зулап барады. Нұрхан таңданып, жан-жағына қарайды. Көшенің екі жағында танымайтын үйлер тізіліп тұр. Олардың қабырғалары аппақ етіп сыланған, терезелерінің қақпақтары мен үйдің шатыры көк сырмен боялған, верандалары гүлмен көмкерілген. Жеңіл арба Кематтың үйінің қорасына кеп кірді, аттар да кілт тоқтай қалды. Бастарын шұлғып, пысқырып, тұяқтарымен жер тарпып, Нұрханға достық пейілмен қарағандай болды. Ән де айтылып жатыр. Арттағы арбалардан мылтықтың атылған даусы естілді. Қолдарындағы туларын, қаракөл бөріктерін бұлғап, ерлер аттарын асыға айдап келеді. Аулаға


жақын кеп тоқтаған Кемат арбадан түсіп, Нұрханды көтеріп алып, ішке кірді. Жиналып тұрғандар жарылып, жол берді. Қолдарын шапалақтап, ән шырқай жөнелді, көңілді ән айналаны шаттыққа бөледі. Кемат ортаға кеп, қызды жерге түсіріп, қолын жайып, ойын бастады. Оны көріп, айналаны қоршап тұрғандар да кірісіп кетті. Бақытқа бөленген Нұрхан да қанатын жайған тоты құстай қолын жайып, жігітпен бірге билей жөнеледі. Сонымен Кемат шапан киген өзге еркектермен де көңілдене билейді. Ол ноғай биіне де, шейк биіне де ұқсап кетеді. Мұндай биді көрген Нұрхан таңданып, өзі де еркін биледі. Ән де тоқтаусыз айтыла берді. Ноғай ойыны тоқтатылып, шейк биіне көшті. Бірақ ән онан сайын асқақтап, ноғай ойынына ауып кетіп жатты. Нұрхан билегендерге таңдана қарап, ән тартқан гармоншыны көзімен іздейді. Жұрт оның не іздеп тұрғанын байқап, араларын ашып, гармоншыны көрсетеді. Гармоншы есіктің алдында, орындықта отыр. Үстіне шие түсті көйлек киіп, мойнына күміс алқа таққан, басына сары жібек орамал байлаған әйелдің қолында жалт-жұлт еткен әдемі гармонь. Нұрхан оның боп-боз бетіне қарап, өзіне таныс екенін көрді, бірақ қайдан көргенін есіне түсіре алмай тұрды. Әжесінің де, анасының да келбетіне ұқсап кетеді, дегенмен қыз оның кім екенін білуге тырысып бақты. Гармоншы гармонын сызылта тартады да, араарасында басын кегжите артқа тастап: “Ха-ха-ха-лап” қатты күліп жібереді. Осы кезде билеушілер шейк биіне көшеді. Бұл бидің де, әннің де соңы жоқ сияқты. Ең соңында Кемат пен Нұрхан да шаршап, жығылды... ...Ертеңінде, Кематтың машинасы аударылып, қаза тапқаны жайындағы хабар ауылға жайылды. Аузы-басы қисайып, ес-түссіз жатқан Нұрханды жардың жиегіндегі су тартқыш насос тұрған үйдің ішінен тауып алады. Сейдалы жолдастарымен Нұрханды арбаға салып алып келеді. Әжесі немересін көріп, шошына айқайлап:


– Ойбай, пері соққан! – деп жылап жібереді. Көпке дейін Нұрхан есін жыя алмады. Мәруа кемпір шөптен түрлі-түрлі дәрілер істеп, мойнын, денесін, басын уқалап, үшкіріп, гармонымен дем бермек боп, әр түрлі ән тартып, қызды аяғынан тұрғызуға тырысты. Бетінің қисайғаны түзелген кезде есі кірді. Қыз қасынан кетпей отырған Сейдалыны, әжесін таныды, ептеп сөйлей бастады. Тәуір бола бастаған күні: – Кемат қайда? – деп сұрады олардан. Сейдалы мен әжесі не айтарын білмей, төмен қарады. – Келген жоқ па ол? – деп сұрады Нұрхан бәсең даусымен қинала сөйлеп. – Жатқан жері торқа болсын! Машинасы ағашқа соғылып, аударылыпты. Мас болған дейді... – Қайдағы мас, – деді Сейдалы түксиіп. – Машинаны өлген-тірілгеніне қарамай айдаған дейді. Мен өзім де көрдім, – деп, басын шайқап қойды. – Жауын-шашында сүйтіп айдай ма екен! – Өлгені қалай? – деп Нұрхан басын көтеріп, әжесіне қарап күлді де: – Біздің тойымыз болды ғой!.. – деді. – Қайдағы той? – Қыз шатасқан болар деп кемпір шошып кетті. – Үлкен той болды. Солардың аулында. Ол мені жеңіл арбамен алып қашқан. Ерлер шапандарын киіп, қыздар көйлектерін киіп, әдеміленген. Бәрі де сенің өзің айтқандай, баяғыдағы үйлену тойларындағыдай болып, ақбоз аттар жегілген жеңіл арбаға тиеліп алған. Ал сен неге мені ол жерден алып кеттің? Онда жақсы еді ғой... – Ой-бу, қызым, сен олардың бәрін де ұмыт! Есіңе де түсірме! Не болса соны айта берме! Оның бәрі де бекер. Ешқандай Кемат та, той да болған жоқ, түсіндің бе? Сен сандырақтап жатырсың. Кемат машинасымен аударылған, сол күні тойы екен, бірақ жазым болып мұратына жетпеді, ертеңіне оны жерледі... Жоқ ол енді... Ұмыт оны!.. Қайтеміз, ажал айтып келмейді. Жоқ енді ол! Түсіңде көргендей бол да, қой! – деп әжесі қасына жақындай отырып, басынан сипады.


– Иә, түсімде көрген болармын, – деп қыз іргеге бұрылды да, біраздан соң ұйықтап кетті. Ауруынан көпке дейін айықпай, төсек тартып жатты. Сол бір тойы құрғыр жайында қайта-қайта айта берді. Әжесіне де, Сейдалыға да, жұмысынан келген әйелдерге де сол бір той шын болғандай етіп әңгімеледі. Өзінің айтқанына сендірмек болып, қолына гармонь алып, тойда айтылған ән деп тартуға да талпынды, саусақтары жүрмеді, қимылдамады... * * * Ішкен шараптан Нұрханның басы айналып, көз алды қарауытып кетті. Үстел оған әне-міне аударылатындай болып көрінді де, гармоньшы басын ұстап, көзін жұмды. Кетуі керек екенін байқағанымен, тойдың қызып жатқан кезінде суырылып шыға алмай, қиналып отырды. У-шу жалықтырып жіберді. Мұндай тойдың қаншасын өткізді десеңші ол! Бәрі бірдей, бірін-бірінен айырып болмайтын қуанышсыз, қызықсыз. “Адамдар неге шынайы қуанбайды? Өмірлерін неге қызықты өткізбейді?” деген ойлар оны көптен мұңайтып, қинайтын. Сол бір баяғыдағы “жиын-тойда” көргеніндей қуаныш қайда? Осындай қызығы жоқ, сүреңсіз тойларды көрген сайын ол: “Шіркін, сол бір әнді еске түсірсем қалай көңілдену керек екенін көрсетер едім отырғандарға” – деп өзегінен суырып алғандай, үмітін үзбейтін еді. Бірақ қанша тырысса да, сол ән есіне түспеді. Есіне түспеген сайын тынышсыздана берді. “Өмірде не болмайды десейші! Күнделікті тіршіліктен, күнделікті қуаныштардан әлдеқайда жоғары тұратын істер бар емес пе! Әрине бар! Ақылмен ойлап істейтін істер де бар ғой! Бар! Бар!..” – деген ойлар оның жүрегінің түбінде ұялап, жанын қинайды. Сүйгені қаза тапқан түннен соң ол өмірден мүлдем түңілген еді. Тек өзегін өртеп тұрған үміті – жүрегінің түбінде қалған ойлар. Тап бір ағып жатқан судай оның өмірі де аға берді. Өміріне тек сол үміт, күш береді. Өзіне ажалдың қашан келетінін қайдан білсін! Баяғы түннен аман қалғанда да, әжесі өлгенде де, өзі сүймей, күйеуге тиіп шыққанында да асылып өлуіне болар еді. Бірақ алдағы өмірден қуаныш күткен үміті оны өмірден айырмады. “Уақыт әлі жеткен жоқ” – дегендей болады...


Нұрханның жүрегі алып-ұшып, үстел жанынан шығып, қайта отырды. Ол отырғандарға тексергендей қарап шықты да: “Ауыздарын ашқанымен, не бір тілек, не бір жақсы сөз сөйлей білмейді, ойынға да жоқ, билеуді де білмейді, жырды да мәнісіне келтіріп, жырлай алмайды, неғылған адамдар бұлар? Тек қарындарын тойдырып, тамақ ішкеннен басқаны білмейді. Неге сүйтеді екен, ә?!” – деп ойлады. Содан соң ойы толқып: “Мен бір жырлап берейін де сендерге!” – деп, енді есін жиғандай басын досы жаққа бұрды да: – Надюша, гармонымды берші, бір жырлап жіберейін! – деді. – Жырлаймын дегенің жақсы ғой! – деді қоштай кеткен Исмаил отырған жерінен ұшып тұрып. – Жақсы болды ғой! – деп Надюша да гармонды тез әперді. – Иә, естідің бе, Әскер? – деп Исмаил асаба жаққа қолын сермей сөйледі. – Қазір жыр жырлайды! Әскер қолындағы стақанын көтеріп: – Қадірлі жолдастар! Қолдарыңыздағыны көтеріңіздер, содан соң біздің ноғай жырын тыңдайсыздар... Алып, ішіпжеп отырыңыздар! – деді. Отырған меймандар да шуласып, бір-бірімен ішсін-ішпесін стақан соғыстырып жатыр. Нұрхан гармонын қолына алып, тыныштық сақтауды өтінді, бірақ қызып алған жұрт шуылдауын қоймады. – Өздері жырламаса да, басқаларды тыңдаса екен! – деді Надюша ызаланып. – Сөзді қойыңыздар, тыңдасаңыздаршы! – деп Исмаил да қолын көтеріп, айқайлады. Біразы тыңдады, біразы өздерінен басқа ешкімді естімей, күбір-күбір сөйлеуін қоймады. Нұрхан тыныштықтың болмағанына қарамай, гармонын құлаштай созып, саусақтарымен тілін бір-екі басып, керек әуенін тапты да, әжесі үйреткен ескі ноғай жырын нәшіне келтіре жырлады. Нұрханның даусы шырқаған сайын еркіндік тілеген құстай қанаттарын кең жайып, аспан кеңістігінде самғап ұшты. Сол еркін


құстың самғағанындай дауыс өзіне ұқсас еркін тізілген сөздерге қанат берді: Е-ей, ей-гей, ей-гей, ей, Ей, би Темір, би Темір, Қыр иесі сен едің, Жыр иесі мен едім. Қырды жырдан айырдың Омыртқамды қайырдың. Өй, ей-гей-ей, ей-гей, ей, Ақ киік болдым, шөлі жоқ. Аққу болдым көлі жоқ, Гармонь болдым үні жоқ. Қайғылы болды-ау саз үнім,


Боранды болды-ау жаз күнім. Жұрт тастатты жаламен Қазаққа шығып барамын. Қайран да болып қаламын... Ей, ей-гей-ей, ей-гей, ей... Бұдан бұрын ешкім естімеген сөздері, ғажап жырларды жырлап, жиылғандарды таң қалдырды. – Темір дегені кім екен? – деді жырды тыңдап болған соң ауыз үйге шыққан әйелдердің бірі. – Неге оны қарғайды екен? – деді басқалары да таңданып. Ноғайша жақсы білмейтіндер жырдың мағынасын түсінбегенмен, әуеніне таң қалып, бар пейілмен тыңдады. – Гармонсыз елдің күні жоқ! Қалай айтылған сөз десеңші?! Жыр болмаса, өмірдің мағынасы да жоқ қой?! – деді таңдай қаққан ересектер жағы. Нұрхан бұрынғылардың жырын жырлауымен қатар, өз өмірінің де тұрақсыз екенін сезбей қалатын. Бұл жырды оған үйреткен әжесі де, өзі де сүйсініп жырлағанымен, жырдың түп мағынасын онша білмейтін. Ноғай Ордасының ешкімді аямаған, бүкіл жұртқа от шашып, қылышпен жазалап, халықты дінге бағындырған қатал басшы Темір жайындағы осы сөздерді орта ғасырдың атақты жырауы Шалкиіз Тіленшіұлының шығарғанынан хабары жоқ еді. Түп иесін білмесе де, Нұрхан жырды жан-тәнімен ұнатып, оны алғаш рет күйеуінен ажыраған кезде жырлады. Бес жыл бойы ол күйеуімен тап бір құдыққа түскен құстай болып, тұтқын азабында өмір сүрді. Ол өзін шыдап баққан өмірінде “көлсіз аққудай, шөлсіз киіктей” сезінді. Сондықтан да бұл жыр оның жанына жайлы тиіп, көңілін тыныштандырды... Гармонь болдым үні жоқ, Гармоньсыз елдің күні жоқ...


Бұл сөздер айналаға түгел тарап, естіген әр адамның жүрегін сыздатты... Нұрхан Қасаймен әжесінің тірі кезінде танысқан еді. Қыз ауруынан айығып, жұмысына да барып жүрген. Бірақ әжесі төсек тартып, қыс бойы жатып қалды. Сол жылы қыс та қатты болды. Ауылдың басқа да қарттары сияқты Нұрханның әжесі де көшеге шыға алмай қалды. Оның аяғының қан тамырлары мен буындары зақымдалған еді. Жүре алмай қалған соң кемпір өзіне ажалдың жуықтағанын сезіп, тыныштық таппай, жаны ашыған Сейдалы мен Нұрханның жақсы дәрігер іздемек болғанын тіпті де мақұл көрмеді. Ауруханаға жатуды мүлде ұнатпады. Дегенмен Нұрхан қаладан дәрі-дәрмек әкеліп, ауылдағы дәрігер әйелді үйге шақырып, емдетіп жүрді. Әжесін жақсы қарады, қолынан тамақ ішкізіп, суға түсірді, көңілін көтермек болып, ұнататын әндерін тартты, жыр жырлады, ауылда болып жатқан жаңалықтарды айтып отырды. Сондықтан жұмысынан да ертерек шығатын. Ал Мәруа мүлдем әлсіреген кезде, демалысын алып, әжесінің қасынан шықпады. Соңғы айда әжесі аз сөйлеп, тынысы тарылып, әзер дем алып жатты. Ауылдың дәрігері Нұрханға әжесінің ұзаққа бармайтынын айтса да, ол сенбеді, бір ғажайып күш келіп, аяғынан тұрғызатындай үмітін үзбеді. Бірақ кемпір күннен-күнге нашарлай берді, оны көрген Нұрхан дәрігерлердің айтқаны келетін болды ғой деп, көз жасын төгіп-төгіп алатын. Әжесі қыздың жасырын жылайтынын байқап: – Қызым, жаныңды қинама да, жылама, бұған ештеңе жасай алмайсың, – дед ернін жыбырлататын. Дүниеде әділдік жоқ қой деп өкініп, туган әжесінен қалай, қайтіп айырылуға болатынын ақылына сыйдыра алмай, амалсыз қоштасуға тура келетінін мойындаған Нұрхан көз жасын көл етіп, әжесінің қолын сүйіп, солқылдап жылай берді. Әжесі аз сөйлеп жатса да, арасында ақылын айтты: – Жыла, қызым, жыла! Қайғыңды ішіңе жимай, сыртқа шығар, жаныңды қинама! Бір рет жақсылап жылап алсаң, жеңілдейесің. Маған шашылып, дұға жасатпа! Бір тауық сойып, көршілерді шақырарсың. 0


дүниеде өмірдің бар екеніне мен сенбеймін. Жердің астында шірігеннен басқа ештеңе болмайды. Бірақ өзің мені есіңе сақтай жүрсең болды, сонда ғана жаным тыныш табады. Жақсы жігіт кездессе, қызым, – деп жаны күйзеліп, немересінің қолын жармаса ұстап, бар сырын төкті, – соған бар, балаларың болар, оларға мен туралы айтарсың, жырларыңды жырла. Күйеуге тимесең де қиналма, қайғырма! Жазу солай болған соң қайтесің енді! Құдай тағала әдеміліктен де көп сұрайды екен. Ал сен – әдемісің. Тек өмір сүргеніңе қуана біл! Өзіңді-өзің кінәлама! Өтінемін, мен кететін жаққа асықпа! Онда кету оңай. Міне, менің де өмір сүргім келеді, бірақ амал қанша, жазмыштан артық ештеңе жоқ, – деп кемпір әзер дем алып, көзін жұмып, тағы да сөйледі. – Ана біреуді ұмыт! Жатқан жері жайлы болсын, сен оны ұмыт! Есіңе алма! 0л үшін қиналушы болма! 0ның алдында сенің тырнақтай да кінәң жоқ. 0ның тағдыры солай болды. – Сенің бақытың басқаша. – Әдемілігіңе кінәлі емессің. Әдемілік адамның көзін тойдырады. Сен де бұл дүниеге сол үшін жаратылғансың. Жұрт сен жайында сөйлеуі мүмкін. Сол үшін оларға тіл берілген, бірақ олар қанша сөз қылса да, іштерінен жек көрмейді. Табиғат сені сондай келбетті етіп жаратқан. Мен өмірімде көпті көрдім, көпті білемін. Әр тұқымда бір рет болса да сұлу адам тууы мүмкін ғой. Ондай сұлу халыққа ортақ болады, бірақ оның өмірі жеңіл емес. Міне, сен де біздің әйел тұқымының ішінде сондай жаралған жансың... – деп әжесі Нұрханның жүдеу көңілін көтермек болып, соңғы сөздерін бірнеше рет қайталап айтты. Нұрхан қаладан дәрі әкелуге барғанда, автобуста Қасаймен танысқан еді. Содан кейін үйдің қасында, көшеде сөйлесуге ұмтылған оны, Нұрхан тіпті көрмеген кісіше жүрді. Қасай Нұрханның ағасы Сейдалымен бірге жеміс базасында қоймашы боп істейтін еді. Нұрхан жоғалған түні Сейдалымен бірге қызды іздеп, тауып әкелген жолдастарының ішінде ол да бар еді. Есінен танып жатқан қызды көріп, Қасай оның сұлулығына көзі түсіп, іштей қуанып, жол бойы оның әдемілігінен көзін айырмай, жүрегі лүпіл қағып, қарап келгенді. Бар жанын салып, Сейдалыға көмектеседі, қызды үйге де бірге кіргізеді. Ол әйелін сүймей алғандықтан тату тұрмайтын. Нұрханды көргенде, жүрегінде бұрын ешқашан сезбеген от тұтанып кетті де, бар пейілі


қызға ауды. Нұрхан тәуір болып аяғынан тұрғанда, онымен кездесуге талпынып, әр жерде қыздың көзіне түсуге тырысты. Өзі де көп сөйлемейтін жас қыздан ересектігінен де тартынып, көп уақытқа дейін оған жақындауға жігері бармады. Ал жетім қыздың өзіне үндемейтінін сезіп, қыздан көзін таса қылмай, соңынан аңдып жүрді. – Мен сені Сейдалымен бірге арбамен әкелген едім. Жақсы болып кеттің бе? – деп сұрады ол автобуста қыздың қасына отырып. – Иә, – деді Нұрхан оған көзінің қиығымен қарап. Араларында жақындық болар-ау деген ойына да келген жоқ. – Қалаға бара жатырсың ба, Нұрхан? – деп Қасай қаздың басындай кішкене басын еңкейтіп, қыз жаққа қарауға имене, ақырын сыбырлап сұрады. – Иә. Дәрілер әкелмекпін. Әжем ауырады, – деп жауап берді Нұрхан, өзінен үлкен еркекке теңіндей сөйлегеніне ұялып. Қасай бұны бірден сезіп: – Мен Сейдалымен бірге істеймін, біз доспыз, сондықтан сұрап отырмын... – деді. Нұрхан құптағандай басын изеді де, еркектің өзіне жақындағысы келгенін сезіп, терезе жаққа қарай жылысты. Ұялғанынан қызарып та кетті. – Бүгін күн жақсы екен! – деді Қасай, сөзді үзбей сөйлегісі келіп. Нұрхан үндемей, басын изеді. – Бұл автобус қалаға қанша уақытта барар екен, ә? – Білмеймін, – деп жауап берді Нұрхан. – Тез барар, бір жарым сағаттан соң жетерміз, ә? – деп қызға сынағандай көз тастап, сөйлесуге сылтау іздеді. – Білмеймін. Жарты сағатта жетерміз. – Егер автобус жақсы жүрсе, жарты сағатта да жетуге болатынына ешбір күмән жоқ, – деп Қасай қыздың сөйлегісі келмегенін байқап,


ауыр күрсінді. Сонан соң өзі де аузын ашпады, үнсіз отырып, қалаға да жетті. Қасай Нұрханмен бірге автобустан түсіп, дәріханаға бірге барды, дәрілерін алған соң, Қасай қызды өзімен бірге дүкенге жүріп, оны-мұны, керекжарақ заттарды алуға көмектесуін өтінді. Қыз оның өтінішіне қарсы болмады. Ауылға бірге қайтты, қоштасарда Қасай қыздың көзіне тесіле қарап, қолын қысып қалғанда, Нұрхан ұялып кетті. Оның сол бір тесіліп қарағаны көпке дейін қыздың есінде қалды, еркектің сондай қылығы туралы ойлануға да болар еді, бірақ әжесінің аурулығы, үйдегі толып жатқан жұмыстары оған ешбір көңіл бөлдірмеді. Әжесі қайтыс болардан бір күн бұрын Нұрханға айна әкелуін өтінді. Айнаны қолына алып, көпке дейін тесіліп қарады. – Қызым мен ертеңгі күні о дүниелік боламын. Сен қорықпа: ерте ме, кеш пе солай болуға тиісті ғой, – деп ернін жыбырлатты қарт ана. – Неге олай дейсің? – деп жыламсырады Нұрхан. – Сонда сен Сейдалыны, көршілерді шақыр. Сандықтың ішінде керек заттардың бәрі бар: ақыреттік бөз, жабатын бұл, жіп пен ине де бар, ешқайда барып қиналмайсың. Кешке Сейдалы келді. Нұрхан екеуі кешеден бері аузын ашпай жатқан Мәруаның қасында кезектесіп, түнімен күзетіп шықты. Таңертең әбден шаршаған Нұрхан жантайғанда, мызғып кетіпті. Сейдалының көз алдында кемпір жан тапсырыпты. Ол қызды аяп, оятпапты, қолымен басын ұстап, қайғыға көміліп, жан тапсырған Мәруаның қасында дыбыс бермей, солқылдап жылап отырыпты. Нұрхан оянғанда Сейдалы көзін сүртіп, қыздың қасына барып, оны құшақтап, дауыстап жылады. Олар құшақтасып, ағыл-тегіл жылады. – Қайран Мәруа, Мәруа! – деп қайта-қайта айта берді Сейдалы. – Әжетайым-ай, сүйіктім-ай, ғазиз жаным-ай! Сендей ананы қайдан табармын? – деп әжесін құшақтап, ботадай боздады Нұрхан. Сейдалы қыздың қолынан ұстап, әжесінің жатқан төсегінен әрірек әкетіп, еркін жылауына ерік берді. Қыз ағыл-тегіл жылап болған кезде, Сейдалы оған көршілерге білдіру керектігін айтты. Нұрхан суыққа да


қарамай көйлекшең, басына орамал байлауды да ұмытып, көршілерге жүгірді. Біраздан кейін үйдің іші адамға толып кетті. Әйелдер дауыс салып, ерлер қолдарымен көзін басып, үн шығарып жылады. Бәрі келіп, көңіл айтып, Нұрхан мен Сейдалыны құшақтап, көрісіп жатыр... Сол күні түстен кейін Нұрханның әжесін жерледі. Үйдегілер жанын көп қинамасын деп, ноғайларда тез жерлеуге асығады. Есіне түскен сайын өксігін баса алмай жылаған Нұрханның қасынан әйелдер кетпеді, жылы-жылы сөздер айтып, қайғысын ұмыттыруға тырысты. Сейдалы әйелімен екеуі жеті күн бойы күндіз-түні қайғылы үйден шықпады. Марқұмға көңіл айтып келгендерді қарсы алып, қазан асты, жалғыз қалған қыздың көңілін аулап, қайғы-қасіретін жеңілдетуге тырысты. Сейдалы мен әйелі балаларын да ұмытып, аруақты сыйлаудың әдетін ақ жүрегімен күтті. Марқұмның жетісіне Сейдалы қой сойды, ал қырқына деп Қасайдың қой әкелгені оны таң қалдырды. Қасай өмірі жолдастарымен жұмыртқа бөліспеген адам болса, қалай таң қалмасын?! Бірақ амал қанша, қойды иығына салып көтеріп келген соң, қалай кері қайтарасың? Не үшін өйткенін сұрау да ыңғайсыз. Сейдалы мен Қасай екеуі аралас-құралас болмаса да, бұны ол адамгершілікпен істеді деп ойлады. Әсіресе, қырқына дейін ең жақын адамындай, Қасайдың қайғы бөлісіп, үйдегілермен бірге араласып жүргенін көрсең, Сейдалының шынымен адал досы екен деп ойлайсың. Басына қара телпек киген, қара көзді еркек ұзын мойнын созып, аз сөйлеп, әңгіме айтқандарға бір-екі ауыз сөзбен ғана жауап беріп, қолын тізесіне қойып, бір жерден тұрмай, өлік шыққан үйден түн ортасына дейін шықпай отырды. Оның мұндай мінезін Сейдалы бұрын көрмеген еді. Сондықтан таң қалды. Бірақ таң қалғанына қарай оның бұған сонша мән беріп, ойлануға мұршасы болған жоқ. Оның Нұрханға жылтыңдап қарағанын көрмеді, ойына да келмеді. Бірақ кемпірдің қырқы өткен соң, Сейдалы Қасайдың қыздың үйіне бірнеше рет келгенін көріп, онымен сөйлесуге ынтызар екенін сезіп, бәрін де байқады. Осындай ыңғайсыз кезде өз бақытын ойлаған еркек үшін ұялып, жалғыз тұрған қызға келуін ұнатпай, ашуланды. – Қасай, сен мені тыңдашы, жалғыз тұратын қыздың үйіне келу жақсы емес, ол да сенен ұялады, жұрт не ойлайды? Онсыз да Нұрхан үлкен


қайғыдан есін жия алмай жүр, – деді Сейдалы досына қатты-қатты сөйлеп. – Мен жаман оймен келген жоқпын! – деді Қасай оның көзіне тура қарай алмай, ақырын сөйлеп. – Мен сезіп жүрмін, – деді даусы қатты шыққан Сейдалы. Қасай біраз үндемей тұрды да, содан соң қабағын көтеріп, бәсең үнмен, тап өзін-өзі аяғандай болып: – Мен жалғызбын ғой, байқайсың ба? Ата-анам да қарт, оларға да қиын, – деп өзінің қызға баруының түп мәнісін сездіргендей болды. Ал Сейдалы оның сөзін бөліп: – Түсінемін Ол жайында ешкімнің ештеңе айтуы мүмкін емес. Мәруаның жылы болмай... Нұрханның өзімен сөйлесіп көрермін. Оның да алдағы өмірі жайыпда ойлауы керек, өз ойы да бар шығар, жас адамның ішіндегісін қайдан білеміз? – деді. – Менің ниетім дұрыс, – деп, Қасай тағы да өзін-өзі ақтауға тырысты. – Түсінемін. Жылы өтсін, – деп, Сейдалы сөзді созғысы келмеді. Нұрхан да алғашқыда Қасайдың жи-жиі келуін ақыл айтуын, ағасының адал досы болғандықтан деп ойлады. Бірақ кейде еркектің отты көзімен көзі ұшырасып қалғанда, қыз қайда кірерін білмей қалады. Ол үйге келсе болды, қыз үндемей отыруға тырысады немесе басқа бөлмеге кетуге ыңғайланып, одан өзін аулақ ұстағысы келеді. Бірақ Сейдалымен сөйлескеннен бері Қасай қыздың үйіне келуді қойды. Ол күнде кешке совхоздың қорасының алдына тоқтап, қыздың жұмыстан шығуып аңдитын еді. – Сәлем, Нұрхан! Қал қалай? – деп, ол қызды тоқтатып, сөйлеспек болады. – Сәлем! Жақсы бәрі де... – деп, қыз тоқтамай, үйіне асығады. Мәруаның жылы болардың алдында, күн сайын келетін Сейдалы Нұрханнан алдағы өмірі туралы қандай ойы бар екенін сұрады.


– Нұрхан, жаныңның қиналып жүргенін байқаймын, бірақ енді әжең қайтып келмейді. Өз өміріңді де ойлауың керек. Міне, енді бой жеттің, өмір бойы жалғыз жүрмекпісің? – деп сұрады оған сынай қарап. Нұрхан пешке отын салып жатып, сұраққа басын көтермей, не деп жауап берерін ойлап тұрды. Сейдалы қыздың жауап бере алмағанын түсініп, сөзді өзі жалғады. – Менің ойымша, Қасай жаман адам емес. Менімен бірге істейді, оның теріс мінезін еш уақытта көргем жоқ. Өзінің адалдығын бізге көрсеткенін білесің. Әжеңнің қырқында қой әкелді. Сен ауырғанда да аз көмек берген жоқ. Рас, мен онымен көп араласқан емеспін. Бірақ бірінші әйелімен өмір сүре алмаған, ал қазіргі заманда ондайлар кездесіп жатады... Қасай тұрақты адам, ондай адаммен бас қосуға болады деп ойлаймын... Нұрханның жүрегі қатты соғып кетті, осындай сөздің боларын ол ертеден-ақ сезіп тұр еді. Ағасына қалай жауап берерін білмей, амалсыздан: – Аға, оның жасы менен көп үлкен ғой?! – деді. – Иә, сенің де көздеген біреуің бар шығар, – деді Сейдалы қыздың жауабын жаратпай. – Жоқ. Ешкімнің де керегі жоқ, жалғыз-ақ өмір сүре беруіме болады. – Жоқ, олай деме! Әжең маған: “Немереме көмек ет, бас-көз бол” деп тапсырып кеткен. Сен жалғыз қалсаң, мен кінәлі боламын. Сенің тұрмыс құруың керек. Жассың, көрген адамды тартатындай көріктісің. Қасайдың сенен үлкен екені рас, дегенмен, өмірді біліп, дәмін татқан адам, ондайлар жақсы тірек болады. Жұмысы жақсы, үлкен үйі бар, ата-анасы бүкіл ауылға белгілі жақсы адамдар көрінеді, олар жайында ешкім жаман сөз айтпайды. Саған онан артық не керек? Айтқанын істе, тыңда, ата-анасына қарсы тұрма! Күйеумен бірге өмір сүру үшін, онша көп ақылдың да керегі жоқ... – Аға, саған не айтарымды білмеймін? Маған қазір ешкімнің де керегі жоқ.


– Байқа, әрине, өзің білесің. Қазір керек болмаса, кейін ойланарсың. Жалғыз өмір сүру қиын болғандықтан, күйеуге тиіп, айырылысып кеткен әйелдер де жалғыз тұрмайды, олар да тұрмыс құруды ойлайды. Ал сен болсаң, әлі жас қызсың... – деді Сейдалы. Мәруаның жылы берілетін күні Қасай осы үйдің ең жақын адамындай бар жұмысты істеп жүрді. Келген адамдарды қарсы алып, шығарып салды. Ағаш жарып, қазан асысып, табақ тасып, күні бойы аяғынан тік тұрды. Кеште түн ортасына дейін Сейдалымен отырып, көңілін аулады. Кетуге ыңғайланып, өзімен бірге шыққан Сейдалыға жүрегіндегі сырын айтты. Нұрханды өз үйіне келін етіп түсіріп, мұратына жетуді армандайтынын білдірді. Ертеңіне екеуі Нұрхандікіне бірге келді. Нұрхан шәлісін иығына жамылып, төсегінде ауыл кітапханасынан алған кітабын оқып отыр еді. Нағашы ағасымен бірге Қасайдың келгенін көріп, орнынан тұрып, орындық ұсынып, үй ішін жиыстыра бастады. Жүрегі бірдеңені сезгендей, неге сонша лүпіл қағып, соққанын өзі де аңдамады. Қонақтар киімдерін де шешпей, қыздың үйін жиыстырып болғанын күтіп тұрды. – Нұрхан, мені тыңда! Сенің бір ойдан шықпай, тыртысып тұрғаның жақсы емес, – деп бастады Сейдалы сөзін. – Мен сол баяғы айтқаным жайында әңгімелесейін деп келдім. Нұрхан оған оқтала қарағанда, – әлбетте, сенің разылығың болмаса, зорламаймын, ешкімге қорлатпаймын да. Ондай болған жағдайда маған өлім ғой. Мен Мәруаның туған бауырымын, одан кейінгі ең жақын адамым сенсің. Қасайдың ниеті түзу, адал, біз сенен разылығыңды сұрау үшін келдік, – деп, қыздың жауабын күтті. Нұрхан қонақтардан теріс бұрылып, иығындағы шәлісінің ұшын қолымен умаждап, үндемеді. Қасай иненің үстінде отырғандай, қыздың жауабын шыдамсыздана күтті. Ұялғаннан Нұрханның жүзі оттай жанып, не айтатынын білмей, қолымен шәлісінің ұшын умаждай берді. – Нұрхан, үндемейсің, разысың ғой онда? – деп Сейдалы орнынан түрегелді.


Қасай да орнынан тұрмақ еді, бірақ Сейдалы оның иығынан басып қайта отырғызды. – Оңаша сөйлесіңдер, менсіз сөйлескендерің ыңғайлы болар, – деп сыртқа шығып кетті. – Нұрхан, разымысың? Бірден солай сұраудың келіссіз екенін мен де жақсы білемін. Бірақ, менің жасымда сенімен түнде кездесіп, киноға барып жүру келіспейді, саған да менімен бірге көшеде жүру ыңғайсыз. Әжеңнің жылының толғаны жаңа, мен де үйленіп, әйел жіберген кісімін, – деді Қасай ернін жалағыштап, сілекейін жұтынып. – Қасай, сіз менен үлкен екеніңізді өзіңіз айтып тұрсыз, ал мен басқа адамды сүйгенмін... – деп Нұрхан отырған жерінде қатып, жауап күткен Қасайға қарады. – Кім еді ол? – деді қинала сұраған Қасай. – Ол енді жоқ, былтыр өлген, – деді көңілсіздеу жауап берген Нұрхан. – Иә, дұрыс-ақ. Менде әйел, сенде жігіт болыпты. Екеуміздің бас қосуымызға әбден болады, – деп Қасай жылы ұшырай күлді. – Жоқ, мен күйеу іздеп жүргем жоқ, күйеуге тигім де келмейді. Көп қиындық көргенмін, көп нәрсені ұмыта алмаймын, – деді Нұрхан, Кематты сүйгенін, оны ешбір ұмыта алмайтыны жайында Қасайға айта алмай, қиналып. – Иә, сонымен өмір бойы жалғыз тұрмақпысың? Сейдалы жайында да ойлан, сен үшін жаны қиналып, уайымдайды. – Иә, иә, Сейдалы аға болмаса, – деп күрсініп қойды қыз. Қасай қыздың бұл сөзін естіп, оның разылығын білдіргені ғой деп сезініп, қуанып кетті. – Нұрхан үлкен той болмас, шуылдатып қайтеміз? – деді Қасай ішінен сүйсініп. Осы кезде сықырлап есік ашылып, Сейдалы кірді, ол басын шайқап: – Айт, айт, Қасай! Мен кіріп келе жатып, соңғы сөздеріңді естіп қалдым. Дұрыс, үлкен той жасамаспыз, мақтанатындай ештеңе жоқ, тек өздерің бақытты болыңдар! – деді Қасайдың сөзін құптап.


Нұрхан бұл сөздерден қатты ұялып, басқа бөлмеге шығып кетті. Сонымен Қасаймен екеуара болған сөзді ағасы естіп, қыз разылығын берген екен деп түйгені Нұрханды тіпті састырды. Әрі Нұрхан бармағын тістелеп, не істерін білмей, күйгелектеніп қалды. Қыз қорыққанымен, екеуара айтылған сол сөздер ең мәнді сөз болып шықты. Қыз да қайғылы, еркек те екінші рет үйленетіндіктен, үлкен той істемеуге келісті. Сейдалы мен Қасай тойдың болатын күнін белгілеп, енді әзірленуді ойлады. Анау-мынау әдеттерді қойып, үйлену жоралғысынсыз-ақ некені қиып, кішкентай той-томалақ істемек болды. Сейдалы Нұрханға киім-кешек алып, тойдың бар шығынын өзі көтерді. Нұрхан енді келісіліп қойған жағдайға қарсы шыға алмай, қарап тұрды да қалды. Үйлену тойы қуанышсыз, көңілсіз өтті. Қалыңдық сондай қайғылы, қам көңілді халде еді. Қонақтар оны Нұрханның жақында ғана болған қаралы қайғысынан шығар деп ойлады да, ішерін ішіп, жерін жеп, біраз билеп, жаңа үйленгендерді оңаша қалдырып кетті. Кеш бойы Нұрхан әрең отырды, қонақтардың ерте кеткеніне қатты өкінді. Қасай болса, жүрегі толқып, қуаныш сезімін ішіне бүге алмай, қызбен оңаша қалғанша асығып, қонақтардың кетуін тағатсыздана күтті. Нұрхан таңертең ерте оянды, жас келін болғандықтан, үйдің ішін жиыстырып, ас әзірледі. Ыдыс-аяқтарды жуып, жүрегі тыныш таппай, Қасайдың оянғанын күтті. Қасай оянғанда, түсі бұзылып кеткен еді. Ол киінбей, ішкі киімімен төсектегі төсенішті уыстап алды да, күлімсіреп келіп, Нұрханның алдына тосты: – Кім? – деп сұрады ашуланып. Қорыққанынан Нұрхан селк ете түсті. “Мен саған айтқанмын, ғашық жарымның болғанын!” – деп ол да айқайламақ еді, бірақ үйдегі ата-енесін оятып алармын деп, өзін-өзі ұстап қалды. Әлі де өң-түсі кетіп, жұлқынған Қасайға есі шыға қарап қалды. – Кім еді?! – деп тағы да қайталап сұрады Қасай. – Мен кетейін, – деді Нұрхан жыбырлап сөйлеп.


– Жоқ, сен айтасың, менен бұрын кіммен болғаныңды?! – деді Қасай келесі бөлмедегі әкесі-шешесі естіп қалмасын дегендей даусын ақырын шығарып, қыздың бетін өзіне бұрып. – Мен саған айттым ғой, ол мерт болған... Қасай аузын қисайтып, әйелінің көзіне тесіп жіберердей қарады да, ашумен оның бетінен тартып жіберді. Аз сөйлейтін, момын, жұмысына тыңғылықты, қарапайым Қасайдың өз үйінде мінезінің қатал екенін Сейдалы да, жұмыстағы жолдастары да білмейтін. Зейнеткерлікке шыққан қарт әкесі ұлы үйде болғанда, оймен сөзге келіп қалмау үшін, қора жаққа шығып кетіп, аулада шаруашылықпен айналысып, бірдеңелерді шұқылап жүреді. Өйткені Қасай жұмыстан қайтқанда, үйдегілерді қуырып жіберетіндей бақырып-шақырып келеді. Әйелінен бастап анасына дейін тіл тигізіп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын. Әкесі ондайға шыдай алмай, құлағым естімесін дегендей, қашып кететін. Сөйтіп, ұлына тыйым сала алмады, өзіме қол тигізіп жүрер деп те қорықты. – Бишаралар! – деп Қасай анасына да бұрқылдап сөйлейтін. – Баяғы бір ескі әдетпен ғұмыр кешкеннен басқа өмірден не көрдің? Әне, елдің шешесі бөрік, кеудеше тігіп, кілем тоқып сатып, ұлдарына “Жигули” алып береді, ал сіздер ше? Не тігін тігу, не кілем тоқу білмейсіздер, құс та асырай алмайсыңдар. Басқалар үйінде отырып-ақ ақша табады. Үйге арып-шаршап келгеніңде, туған анаңның да жаны ашымайды. Сөз басталғаннан-ақ, әкесі құлағын басып, шығып кетуге асықты, анасы да ыңғайланды, бірақ олар көзден тайғанда, ұлы келінді ұрар деп қорқып, қорлаған сөздерін тыңдап тұрды. – Тамақ қайда? – деп Қасай әйеліне айқайлады. Нұрхан құрдай жүгіріп, үстелге тамақ әкелді. – Пысығын қара, тамақтың орнына сен у берерсің мүмкін! – деп тағы да айқайлап, ас ішуге отырды. – Балам, саған жамандық ойлайтын ешкім де жоқ мұнда, – деп анасы келінін қорғады.


– Сөйлей бермеші осы! Сенің маған қастық жасамайтыныңды білемін. Әне, анау істейді, жүрегім сезеді. Менің өлгенімді тілейді, – деді ол – Сенің өлгенің маған неге керек? – деді бәсең үнмен Нұрхан. – Жап аузыңды ит! Үйге қайтіп келгеніңді біл! Нұрхан алғашқыда сөз басталғанда-ақ, күйеуінен айырылып, үйіне кетпек болған. Бірақ Қасай жалынып-жалбарынып қалдырған. “Менің де әйелім болған, сенің де ғашық-жарың болыпты, сондықтан кешіремін”, – деп сөз берген ұлының мінезін жақсы білетін анасы да, сол кезде Нұрханға өз тілегін айтқан еді: – Қызым, сен онымен тату тұруға тырыс. Ол өзі былайша жаман адам емес, тек жұмыстан шаршап, көңілсіз келеді, қолын көтерсе де шыда. Сен оның әйелісің. Мен молдаға барып, некелеріңді қидырдым. Шыда қалқам. Жақсы әйел шыдамды болуға тиісті. Мен де өзімнің қартымнан аса көп жақсылық көргенім жоқ, бірақ шыдауға тура келді, үйреніп кеттім. Сен де үйренесің, сөзін тыңдап, айтқанын істей берсең, ол да саған жақсы қарайды, әлі-ақ көрерсің... Бірақ Қасай өзгермеді. Мінезі барған сайын дөрекілене түсті. Тиісуге сылтау таппаса: – Атаң да, әжең де, барлық тұқымың азғын болған, сен де сондайсың, ойыңда зиналық тұрады, ауылға түгел атың жайылған, – деп, сөзін ұлғайта барып тоқтайды. Нұрхан үндемей, шыдап бақты. Қасай одан әрі бұлқан-талқан болып: – Көрдің бе, үндемеуін?! Айтқаным шындық. Қарғыс атқыр, гармоншы! – деді. Нұрхан күнәнің бәрі гармоннан екен деп, оны ұмытып, біржола құтылған. Күйеуі ұрыс шығарғанда, сындырар деп оны Сейдалыныкіне апарып тастаған. Бара-бара Нұрхан күйеуінің балағаттаған сөздерінің бірін де естімегенсіп жүре берді, күндердің күнінде күйеуі өзінен безіп кетер деп ойлап, қайын енесінің айтқанын істеп, шыдап бақты. “Айқайлап-айқайлап қояр, жақсы өмір сүріп кетерміз” деп сеніп жүрді. Бірақ олай болмады. Қалайда тиісуге сылтау тауып, төпелеп ұрып, басы-көзін көгертті. Анасының жағаласуы да, қолдайтын ешкімі жоқ,


жас әйелдің көз жасы да оның құтыруын тоқтата алмады. Қолымен ұрғаны былай тұрсын, тіпті аяғымен тепкілейтінді шығарды. Төпелеп болғаннан соң, Қасай төсегіне жата қалып, даусын шығарып жылайды. Нұрханды қарғап, өз өмірінің өмір еместігіне жылады. Нұрхан қатты қиналды. Әсіресе, күйеуінің өзін неге сонша жазалайтынын түсінбей, қайғырып жүрді. Бұндай азаптың шегі болар-болмасына сенбеді. Сонымен Қасай осындай жағдайдан кейін бір жұмадай үйде ешкіммен сөйлеспей, ешкімге тиіспей жүреді. Содан кейін тағы да бастайды: ұрыс, төбелес, балағаттау. Мұндай өмір тіпті жалықтырып жіберді. Нұрхан еш жаққа бармады, тіпті киноға баруға да, бір затпен айналысуға да еркі жоқ. Қасайдың көңілі түссе, теледидар көрсетеді, әйтпесе ол да жоқ. Ол аз болғандай екінші жылы күйеуі оны жұмысқа жібермей қойды. – Барма жұмысқа! Ойнақы өмірің біткен. Жетер жан-жаққа көз салуың. Үйде отыр. Қарттарға көмектес. Дұрыс ниетті әйелдер солай істейді, – деп Қасай шорт кесті. Нұрхан қарсы сөз айта алмай, жұмысынан шықты. Совхоздағылар “жас әйелдің аяғы ауыр болар, қиналатын шығар” деп ойлап, көп сұрамай жұмыстан босатты. Ендігі өмірі одан бетер азапқа айналды. Жұмыстан Нұрхан күйеуінің бұйрығымен шықса да, енді Қасай бұрынғы айтатын балағат сөздерінің үстіне әйелін өзіне адал емессің деп кінәлады. Қасай тапқан-таянғанын түгелдей кассаға салатын. Үй іші тек қарттардың зейнетақысымен күн көріп жатты. Сондықтан қарт атасы да ақшаға қатты болды. Не кемпіріне, не келініне ақшаның ұшқынын да көрсетпеді. Үйдің ұсақ-түйек, керек-жарағын дүкенге өзі барып, өзі әкелетін. Олардың күнделікті асы тек сүт пен картоп болды. Нұрхан ақша ұстауды ұмытқалы қашан. Сейдалының үлкен ұлы үйленгенде де Нұрхан ештеңе сыйлай алмады, құтты болсын айтуға да жарамады. Сейдалы Қасайға аз жақсылық істеген жоқ қой. Бірақ намыссыз Қасай өзі бармағанымен қоймай, әйелін де жібермеді. Нұрхан екі беті оттай жанып, амалсыздан бармағын тістеп, нағашы ағасының бетіне қайтіп қарайтынын ойланып, қайғырды. Киімнен де ештеңе ала алмады, қыз кезіндегі киген киімдерін үстінен түсірмей, тоздырды. Енді ол киімімен көшеге шығуға да ұялды.


Дегенмен, шыдай алмаған Сейдалы бір күні өзі келді. Қасай мен Нұрханның тойға келмегеніне қатты өкпелесе де “Қасай Нұрханды малай етіп ұстайды екен” дегенді ауылдастарынан естіп, соны өз көзіммен көрейін деп, араларының жаман болуының мәнісін білу үшін жүрегі алып-ұшып келді. Қыздың басынан аяғына дейін қарап: – Жұмысқа неге бармай жүрсің? – деді. – Үйдегілер жұмыс істегенімді ұнатпайды, – деді Нұрхан. Осы сөзді естіген қайын енесі қыпылықтап Сейдалының қасына келді. – Неге олай дейсің, нағылет? Өзінің барғысы келмейді ғой? Біздің үйде бәрі де бар. Жұмыстың керегі не оған? Екі сиыр ұстаймыз, аллаға шүкір, бау-бақшамыздан көп жеміс түседі. Үлым да аз ақша таппайды, біздің зейнетақымыз да бар. Жастар ертең-бүрсігүні “Жигули” алайын деп жүр. Ешкімнен кем тұрмаймыз, – деп, кемпір қолын бұлғақтатып, тынышсызданып түсіндіріп жатты. – Жарайды, жарайды, – деп сенгенін білдіріп, тыныштандыруға тырысты Сейдалы. Сонан соң қарындасына бұрылып, – ал мен Нұрханды мұнда қанайды, қорлайды деп ойлаған едім, – деді. – Кім оны мұнда қорлайтын, мен қаусаған кемпір емеспін бе? – деп қайын енесі таңданғандай болып, жағын ұстады. – Жарайды, жарайды, – мен оның қалай тұрып жатқанын, халін білейін деп келдім, – деп Сейдалы көп сөйлемей, көңілінің қалғанын да айтпай, қорадан шығып кетті. Нұрхан нағашысына үйге кір деп те айтпады. Тойға неге бармағанын айтудың да реті келмеді. Артынан ерейін деп еді, кемпір қолынан ұстап тоқтатты. – Сен, қызым, күйеуіңмен тату бол! Енді осы үйдің қожасы өзіңсің. Сендер жанжалдассаңдар ол өз істерің, бірақ сен ондайларды сыртқа шығарма, бетімізді айдай қылма! Қарсы шықсаң, күйеуің тастап жүре береді. Оның тастаған әйелі мен баласы бар, соның қайтып келуі мүмкін ғой! – деп кемпір қолын сермей сөйледі.


– Сол қайтып келсе екен! Жіберсе екен мені, ешбір сөзге сенбеймін! – деп, шыдай алмай амалсыздан егіліп жылады келіншек. Кемпір Нұрханға аңқиып қарады да, келінінің ұлын сүймейтінін байқап, сол күннен бастап, оған көзқарасын өзгертті. Күйеуге тиіп, қорлық көргенше, күйеусіз жүргені артық еді ғой Нұрханның. Ол үйдегілердің айтқандарын істеп жүре берейін дегенді ойлап, тіпті еркінен айырылды. Енді Нұрхан күйеуге тигеннен бастап бастан кешкен өмірін шолып, Қасаймен бас қосуға разылығын бергенде, қақпанға түскенін енді байқады. Жақсы өмірден үміті үзілді. Алғашқыда “бақытымды байлаған бұл адамға үйренермін, тірек болар, дем берер, осындай қиын кезде жақтасып, көмектесер” деп ойлаған еді. Әсіресе, оның болашағы үшін қиналған Сейдалыны разы етпек болған еді. Шіркін-ай, мұнысы бекер болды. Өзінің ит қорлықта жүргенін байқай бастады Нұрхан. Енді ол шыдамның да шегі болатынын сезді. Міне, сол күн келіп жетсе, ешкім де тоқтата алмас. Өз тұқымында әйелдер өжет те, қатал екенін білетін. Сондықтан қорлыққа қарсы шығып, оны жеңу үшін, кеңірдектен алуы керек еді... Сондай еді олардың тұқымындағы әйелдер... – Міне, “Жигули” де алайық деп отырмыз, дүниені кейін ала жатармыз, – деп күйеуі машина алу ойының барын айтып, көңілі көтерілді бір кез. – Ел сияқты әр демалыс сайын қалаға барып тұрармыз, тіпті теңізге де тартып тұратын боламыз... – Барарсың! – деп ашуланды әйелі көзі оттай жанып, әрі солай сөйлегеніне таң қалып, сөзді бастаған соң тоқтай алмай: – Ешқайда да бармайсың сен! Саған машина қоймадан алма, жем ұрлап сату үшін ғана керек! – деді. Қасай тұрған жерінде үнсіз қатып қалды. Бұл сөзді естіген қайын енесі: – Сен немене, есіңнен айырылғаннан саусың ба? Оңбаған-ау, ондай сөзді қайдан таптың? Сонда немене, менің ұлым ұры болғаны ма? – Кемпір оны балағаттап: “Көзіңді шұқып, шашыңды жұлып қолыңа берейін” – деді.


– Бүйтіп тұра алмаймын мен бұл үйде! Сені көргім де келмейді, – деп Нұрхан ілгіштегі орамалын ала сап, үйден ата жөнелді. Қақпаны тарс еткізіп, ауладан шықты да, Сейдалы ағасының үйіне қарай жүгіре жөнелді. Әжесінің ескі үйінің есік-терезелері тақтаймен шегеленіп, құлауға аз-ақ тұр еді, сондықтан Нұрхан онда бармады. Бұрын бірге жұмыс істеген жолдастарына да соқпады, ұят болар деп ойлады. Ең жақын адамы – Сейдалы. Әжесімен тұрған кезде де, жалғыз қалғанда да қайғысын бөлісіп, қамқор боп, қолынан келген көмегін аямаған жақыны – осы Сейдалы. Алты баламен таршылықта өмір сүріп жатса да, Сейдалы Нұрханның тойына да, дүние-мүлік алуға да шығынданғанын бұл қалай ұмытсын? Жаман байының кесірінен сөйткен адамының қуанышына да бара алмай қалды. Сол үшін ұялып, жүрегі сыздап, қиналса да, Сейдалыныкіне баруды жөн көрді. Есікті Сейдалының өзі ашты. – Не болды, Нұрхан? – деді ол ентіге дем алған әйелді үйге кіргізіп жатып. – Мен ол үйде тұра алмаймын... Баратын жерім жоқ, тек сіз... – деді Нұрхан еңкілдей жылап, басын ағасының кеудесіне қойып. Сейдалы болғанның бәрін жасырмай түгел айтуды өтінді. Бірақ Нұрхан бәрін айта алмады. Қасайдың үйінде көрген азаптарын айтуға сөз де жетпеді, тілі де бармады. – Тұра алмаймын, ол иттерде тұра алмаймын, – деп солқылдап жылап, ештеңе дей алмады. Нұрхан айтпаса да, барған жерінің қызды қинайтынын, өмірінің қиын екендігі жайында ол ауылдастарынан естіген еді, сондықтан тәптіштеп сұрамады. Түн ортасында Нұрханның соңынан Қасай келді. Сейдалы ашуланып: – Егер қызымызбен адамша өмір сүрмесең, аяғыңды баспа бұл үйге! – деп оны итеріп шығарып, есікті жауып алды.


– Ал не ойларың бар, не істемексіңдер? – деп сұрады Нұрханнан нағашы ағасы. – Аға, егер рұқсат берсең, мен әжемнің үйінде жалғыз-ақ тұра берер едім, – деді Нұрхан. – Жоқ, саған жаңа үй салу керек! Ол үй құлайын деп тұр, бір күні астында қаларсың. Біраз тұра тұрайық, қор жинап алған соң, біртіндеп саған да, ұлыма да үй тұрғызып беремін. Әуелі Сафарбиге, сонан соң саған, – деді. – Мейірімді сөздеріңе рахмет, аға! Істеген жақсылықтарыңды қалай өтер екенмін?.. – деп інісінің қуанышына келе алмағаны тағы да есіне түсіп, жүрегі қобалжып кетті. – Ол иттер маған көйлек те алып бермеді. Тіпті үйден аттап шығартпады ғой... – Қойшы, оны Нұрхан. Бәрін де білемін. Жамандық өз бастарынан кетпесін. Ондай екен деп ойламадым ғой мен. Мүмкін, олар өздерінің өктемдігін көрсеткісі келетін шығар, бәлкім сені сынап жүрген болар? – Жоқ, жоқ! Олай емес! Қай уақытқа дейін сынамақ? Тіпті де сенуге болмайды. – Жарайды. Бізде тұра бер, жұмыс істе. Қазір совхозда ақшаны көп табуға болады. Жаз бойы қызылшада істесең, алған ақшаңа керек заттарыңды аласың. Үйді бәріміз жабылып саламыз. – Иә, мен қандай жұмыстан болса да бас тартпаймын. Өз еркің болғаннан артық не бар? Сонымен әңгімелерін бітіріп, жатып қалды. Ертеңіне оянғанда, ағасының тар үйінде көп адамның сығылысып жатқанын көрді. Кешегі бар әңгімені естіген Сейдалының әйелі, бір төсекте екі қызымен бірге Нұрханның сығылысып жатқанын көріп, таңданбады да: – Қалай ұйықтадың? – деп онымен суық амандасты. Үйдің ішін жиыстырып жүріп, Нұрхан жаққа қарамады да. Нұрхан жеңгесі ештеңе айтпаса да, бұл үйде тұрмау керектігін түсінді. Таужан, – деді ол, – үйдің тарлығын көріп тұрмын. Мен сіздердікінде қала алмаспын.


– Иә, сонда қайда бармақсың? Тоғыз адам сыйған жерге, оныншы да сыяды. Мен зауалдан қорықпай, сені көшеге қуады дейсің бе? – деді көңілі қалған әйел – Мүмкін, қалаға кетермін... – деді Нұрхан екі-ұштылау сөйлеп. – Қалаға? Мамандықсыз, таныссыз ба? – деп Таужан басын шайқады. – Көшеде қаласың. Бізді кінәлі етпекпісің? – Иә, білмеймін, не істерімді? – деп, жас әйел күрсінді. Сол мезетте есік ашылып, қаз мойыны қылқиып, үйге Қасай кірді. Нұрханның жанын жегідей жейтін ашулы түрі де өзгеріп, бұрынғы қоразсынатыны да жойылып, қойдан жуас болып, өтінгендей кірді. Ол сағынғандай Нұрханға қарап: – Мен саған келдім, Нұрхан, – деді даусын жұмсартып. Нұрхан оның сөзін ести сала, бұрылып басқа бөлмеге кетті. – Адам емес екенсің, итсің, осындай қызды қандай халге жеткізгенсің?! – деп Таужан, ашулы сөздер айтып, еркекті жеп қоя жаздады. – Мен оған ештеңе де істегенім жоқ, жақсы өмір сүрдік, – деді Қасай, әлі де кінәсіз адамдай болып. – Жақсы дейсің бе? – деп таңданғаннан Таужан сөзіне шашалып қалды. – Үятсызсыңдар. Анаңда да, атаңда да ар жоқ, сенде тіпті де жоқ! Анадай, көркем, жібек мінезді, нағыз қаны қайнап тұрған шағындағы жас әйелді көшеге шығармау деген не сұмдық, ә? Үстіндегі киімі анау, адам қарағысыз, далаға қалай шықсын, ел-жұрттан ұят емес пе? Тура қайыршы сияқты. Қу сүйегі қалған. Ал егер ауырып-сырқап жатып қалса, кім қарайды оны? Сен бе? Сенен еш қайыр жоқ. Ал жұмыс істесе, оған тиісті қағаз беріп, ақша төлейді. – Мен ешбір қарсы емеспін. Жұмысын да істесін, көшеге де шықсын. Анам оған көйлек те алған, бірақ киіндіруге сылтау таба алмай жүр еді, – деп мүләйімсіп сабырлы, жуас бола қалды Қасай. – Гармонды неге тарттырмайсың?! Той-думандарда тартса не болады? – деп қабағын түйіп, жанына тигізе айтты Таужан.


– Жақсы, тартса тартсын, мен оған тартпа демеймін, – деді Қасай. – Солай ма, “тартсын” дейсің ғой! – деп Таужан оның иығынан ұстап, өзіне қарай бұрды. – Кешке кел, қымбатты туысым, кешке, күйеуім үйде болған кезде кел. Онсыз сенімен сөйлесудің де керегі жоқ. Қасай басына кепкасын киіп, Нұрхан жаққа бұрылды, бірақ ол терезеге қарап, тастай қатып қалған еді. – Нұрхан! – деп шақырды оны жеңгесі. Нұрхан келді. – Ол елдің көзінше сондай, – деді жас әйел. – Үйде де сондай болар, тек оны қолға мықтап алу керек. Ол сенің жұмсақтығыңды пайдаланып, есіріп кеткен... – деді Таужан, сенімділік білдіргендей болып. – Жоқ, мен онда тұра алмаймын. Ондай қу молада шыдай алмаймын да, өмір сүре де алмаймын, – деді Нұрхан жыламсырап. – Шыдарсың. Тек өзіңді жер қыла берме! Ол сені сүйеді. Сүйген күйеуді өзіңе тартқаның дұрыс. – Сүйеді дейсің бе? – деп Нұрхан ақырып қалды, – ал мен оны сүйем бе екен? – Ол сақылдап күлді. – Қасқыр қойды қалай жақсы көрсе, ол да солай жақсы көреді. – Неге күлесің, – деп Таужан ренжіп қалды. – Сүйеді дедім ғой. Бірденақ көрініп тұр. – Ой, сайтан, мейлі, сүйем десе сүйе берсін, – деп Нұрхан күлкісін тыя қойды. – Ал мен оны сүймеймін. – Ал мен сенің ағаңды сүйді деп ойлайсың ба? Ата-анам зорлап берген. Балалар туғаннан соң, еріксіз жақындасып кеттік. Сен де үйренерсің. Басты мәселе – сүю емес. Ең бастысы – өмірдің мәні – балалар болу керек. Міне, сендерге де бала керек! – Менің өзім де солай ойлаған едім. Үлым болса екен деп те күттім, бірақ оған жете алмадым, – деді Нұрхан күрсініп.


– Неге күрсінесің? Әлі жассың, табарсың. Немесе?.. – деп Таужан сұраулы көзқараспен Нұрханға қарады. Нұрхан оның қарағанына шыдап тұра алмай, көзін тайдырып, қолымен бетін басып бұрылып кетті. – Түсіріп тастадың ба? – деді Таужан жаны ашып. – Жоқ, – деді Нұрхан, – ол мені ұрған... – Ештеңе етпейді, ештеңе етпейді, ондайлар болады. Ауыр зат көтерсең де сондай болады. Жассың ғой әлі, – деп Таужан жұбатты. Амалсыздан, өмірім өзгерер деген үмітпен Нұрхан күйеуімен бірге үйіне қайтып келді. Тек енді Нұрхан мүлдем басқа мінезбен келді. Жалынып-жалпайып келген күйеуі аузынан бірде-бір жаман сөз шығармасқа, қолын көтермеске антын беріп, қайын енесінің беріп жібергені деп, Нұрханның үстіне жаңа көйлек кигізіп, әйелін үйіне ертіп келді. Нұрханның қайтып келгенін қайын енесі бұл жолы ұнатпады. Біріншіден, тыңдағыш, момын келіннің қайнап, үйден кеткені есінде. Екіншіден, ұлының оның артынан жалбарынып барғанын жаратпай, осының бәрін жамандыққа жорыды, әрі Нұрханның айтқан сөздері оның көңілін қатты қалдырды. Қасайдың бірінші әйелі қайын енесімен сыйыспай, күйеуін өзінің аулына әкетіп, бөлек тұруды ойлағаны үшін, кемпір оны ұлынан айырып, тілегіне жеткен еді. Бірақ қазір Қасайдың анасы екі келінді салыстырып байқағанда, бірінші келіннің бүкіл кемшіліктерін ұмытып, әсіресе баласы үшін оны Нұрханнан қолайлы көрді. Нұрханның бірді-екілі жігерлі іс-әрекетін көріп, одан сескенбей де қалмады. Нұрхан шығып кеткенде, анасы ұлының көзіне тура қарап: – Сен, Салимат пен Арыслантай немеремді алып кел, ана сиқыр кемпірдің қызын қой, ол сені бақытсыз етеді! – деп ойындағысын айтып салды. – Онымен тұрғанымда да саған ұнамады, енді мынаны да ұнатпайсың. Саған қарап, сөзіңді тыңдасам, өмір бойы жалғыз өтермін! – деп Қасай күйіп-пісті.


Бірінші әйелі тыныш жүре алмайтын, ұрысқақ еді, ішіндегісінің бәрі бетіне шығып, ұрысқақтығы көрініп тұратын. Сондықтан еркектің жүрегі тартпайтын оны. Қасай Нұрханды қанша қинағанымен әйелдің сұлулығы, сыртқы сымбаты, сүйкімділігі оның жүрегін қозғайтын. Нұрханды сүйетіндігін ол үйдегілерден де, жұрттан да жасырды. Қара жүрек адамдар сүйіспеншілігін көрсетуді ұнатпайды, ұят деп саиайлы. Ал Нұрхан одан кеткенде, тағдырлың бұйрығы солай болғанын ол бірден түсінді. Оның қара ниет жүрегіне мұндай сұлулықтың адасып келгенін ол Нұрханды алғанда-ақ сезген болатын. Енді одан айырылу бұған мүлдем қиын еді. Қолына өзі келіп қонған алтын құсты жоғалтқандай сезінді. Көзін сұқтандырып, жанын қуандырып тұрған әдемілік кетіп, үйдің ішін қараңғылық басқандай өкінді Қасай. Ол қайткен күнде де Нұрханды қайтарып әкелу керектігін ойлап, тыныш таппады. Нұрхан совхоздағы баяғы жұмысына орналасты. Енді күйеуі мүлдем өзгерді: ұрыспайтын да болды, сондай жуасып, түнде әйеліне биязы сөздер айтуға тырысады. Бірақ қанша мейірімін төксе де, Нұрхан оған жылымады... Өзі жұмыстан ерте келіп, әйелі кешіксе, орын таппай, уайымдап, күтумен отырады. Әдемі, жылы сөздерімен сүйетінін айтса болды, Нұрханның көзіне жас келіп, оның жан-тәнімен айтқан сөзі екен деп сезінді, бірақ сонда да жылымады. Алғашқыда Нұрхан күйеуінің мінезінің өзгергеніне де үйрене алмады. Қасай әйелінің суықтығын көріп, онан сайын қызғана бастады. Артынан аңдыды. Сөйтіп, ол қызылша өсетін қырға ойламаған жерден жетіп келетін болды, жұмыстан қайтқанда да артынан бақылап жүрді. Бір күні ол тағы да ескі әдетіне басып: – Сен қайда жүрсің, жылпосым? – деп жұдырығын түйіп, ақыра бастап еді. Нұрханның көзі шатынап, есіктің тұтқасынан ұстай бергенде, екі қолынан ұстай алып, жалбарынып өтінді: – Кешір мені, Нұрхан! Енді мұндай болмас, аузымнан қалай шыққанын өзім де байқамай қалдым... – деп ақталмақ болды.


– Тұр, шешең көріп қалар! – деп ол тыжырынып, Қасайды орнынан тұрғызды. – Күлкі болма елге! Қасай қызғанышын қоймады. Әркімнен сұрастырып, тіміскіленіп әйелін аңдып жүрді. Ал түнде ол баяғысынша жыламсырап, сүйетінін, Нұрхансыз өмір сүре алмайтынын айтты. Егер ол тағы да кетіп қалса, немесе өзін алдап, басқа біреумен суық жүріске түссе, онда өзін-өзі құрбандыққа шалатынын айтты. Бір мезет Нұрхан күйеуін аяп та кетті. Бірақ еріне қанша жібиін десе де, жіби алмады. Ерін көңілдендірейін деп, күлімсіреп, өңін жылытса да, қабағы түйіліп, ерні жыбырлай бастайды. Онысын білдірмеуге тырысып, күйеуінен бұрылып кетеді. Қасайды сүйгеннен гөрі қара тасты сүйгені жеңілірек еді... Қайын енесі келінін ұнатпады, ұлы жоқ кезде мінез көрсетіп жүрді. Не айтып, не қоймады десейші! Толқын су тасты мүжіп, оны құм еткендей, ол да Нұрханды мүжи беруді әдетке айналдырды. – Күш, жігер берсін, балама! Әне, етегіне жабысып, айырылмайды да. Әйелінен, баласынан айырғанды құдай кешірмес. Сақ бол, әзәзіл! – деп айтқаны кемпірдің ең басты сөзі болды. Бұл сөздерді кемпір Нұрханға тікелей айтпай, ішінен күбірлеп, өзінеөзі айтқандай болып, естіртіп сөйледі. Нұрхан үндемей шыдады, қарт адаммен керіскісі келмеді. Амал қанша, әлі де кетіп қалар еді. Кемпір ұлының көзінше аузын ашпады, ал ұлы жоқта жылатып, жанын ауыртты. Нұрхан жұмысқа кетіп бара жатып, кемпірдің қарғаған сөздерін де бірнеше рет естіді: – Қара адамның – жүрегі де қара. Барған жеріңде аяғың сынғыр! Үйге қайтпағыр! Төрт бүктеліп, далада қалғыр! – деген сөздеріне Нұрхан шыдай алмай, қарт әйелдің қасына барса, ол ештеңе айтпағандай болып, тына қояды. Баяғысын қояды екен десе, тағы да: – Қара бет, бала табушы ма еді? – деген ащы сөздерін ақырын айтып қалады. Нұрхан естімегенсіді, қайын енесі ондай сөздерін қояр деп сенді, бірақ кемпірдің сөзі бітпеді, айта берді. Нұрхан бір күні қазан асып


Click to View FlipBook Version