тұрғанында, кемпір, жантая тұрайын деп, төсегіне қарай жылжып бара жатып: – Мыстанның қызы, адамға қарағаны жаман, үйімізді жұтатар! – деді тағы да. Қазандағы тамақты араластырып тұрған қасығын тастай салған Нұрхан киінді де үн-түнсіз шығып, Сейдалының үйіне кетті. Қасай тағы да жалынып-жалпайып, кешке әйелін үйіне ертіп келді. Жүрегі алып-ұшып отырған қайын енесі ұлы мен келінінің алдында жылпылдап: – Мен, қызым, үйіміздегі тым-тырыстыққа шыдай алмай, көп сөйлеп кетемін. Бір мезгіл гармоныңды алып, күңгірт көңілсіздіктен арылтып, ойнап жіберсейші! – деді. Қайын енесі өтірік жылпылдап тұрса да, Нұрхан оның солай дегеніне қатты қуанды. Ауыр өмірін серпілтетін гармонды қайта қолына алатын болғанына ол сондай сүйінді. Кемпір гармонь жайында шын айтты ма, жоқ әлде жай атты ма, Нұрхан оны білген жоқ, гармонын ойнап, үйінің ішін қуанышқа толтырмақ болды, құрысқан денесін жазатын ем тапты. Гармонын жұмысына да алып барды, звеноларындағылар жұмысқа бара жатқанда да, қайтып келе жатқанда, тамаққа отырған кезде де гармонын сызылта тартып, бәрінің көңілін көтеретін, сол үшін әйелдер Нұрханды жақсы көрді, өздері де жырға қосылып, гармоньшының көңілін аулады. Әсіресе, үйдегі жағдайдан іші пысып, одан тез құтылуға асыққан жас келіншектің жанына жұмыс істеу қуаныш болды. Жұмыста өткізген уақыты оған мейрам сияқты еді. Жұрттың оған жақсы қарағаны, басына бостандық алғаны, құлағын сарсытқан ұсақ-түйек сөздерден құтылғаны, ұрыс-керістен аулақ болғаны қандай жақсы! Нұрхан жұмысына тойға баратындай жарқылдап күліп кетеді. Күйеуі де, қайын енесі де, қайын атасы да оның сондай өзгергеніне таң қалды. Оған себеп болған гармонь екенін олар аңдамады. Не себепті көңілді боп кеткенін біле алмай, бастарына неше түрлі ой келіп, қиналды. Ал
Қасайдың қызғанышы онан сайын күшейе түсті, тағы да соңынан жүріп, аңдитын болды... Кешікпей, ауылға содан соң күллі аймаққа Нұрханның асқан гармоншы екені туралы әңгіме таралды. Ең алдымен өзімен бірге істеген әйелдер оны өздерінің қуаныштарына шақырды, үйлену тойларына, туған күн кештеріне, ұлдарын әскер қатарына шығарып салғанда, әскерден келгендерін қарсы алу қуаныштарына гармонь ойнауға шақырып жатты. Күйеуінің рұқсатын алған ауылдастар Нұрханды қолды-аяққа тұрғызбай, тойларға шақырып әкетеді. Қасайдың өзі де, шешесі де бірге барып жүрді, Нұрханның соңынан қалмады, барған жерінде сыйқұрмет көрді, араққа тойып алып, есіретін болды. Аяғынан басып тұра алмай қалғанда, әйелі үйіне сүйреп әкелді. Түні бойы Қасай әйелінің миын шұқып: “Ана еркек сенен көзін алмады, өзің де оған күле қарадың” – деп қоймады. Бір мезгілде Нұрхансыз өмірінің жоқтығын айтып, тастап кетпеші деп жалынды, көз жасын төгіп, басын әйелінің кеудесіне басып, ұйықтап кетеді. Сүймейтін күйеуінің таусылмас әңгімесіне әйел әрең шыдады. Осындай адаммен мағынасыз өмір сүріп, күндерін өткізіп жатқанына жүрегі қысылып, қатты қиналды. Осындай амалсыз жүрген ауыр өмірден қайткен күнде де босап шығуы керек еді. Уақыттың тез өтуін тілеп жүріп, Нұрханның өмірі өте берді. Сол күндердің бәрі де мағынасыз өмірінің соңы шығар деп күтті. Қасай бірте-бірте араққа әуестенді. Тойдан басқа да, жұмыста да ішіп, арақты үйге де әкеле бастады. Нұрханды да өзімен бірге ішуге зорлады, үйретпек болды, бірақ жас келіншек аузына да алмады, күйеуінің ішетіні ойына да кіріп шықпады. Қайын енесі бар кінәні Нұрханға аударып қойды, баяғысынша тілін тартпады, келінінің миын шұқып, мүжи берді. “Гармоншы Нұрхан ұлымның өмірін қорлады” деген әңгіме көршілерге де жайылды. Нұрхан сол сөздерді есітіп, қайткенде бұл үйден кету керек, бірақ қалай, қайда кету керек. Бүйтіп өмір сүру қиын! Сейдалыға барып, бір жылдай тұрып, өзіне үй салып немесе әжесінің үйін жөндеп, сонда жалғыз өзі тұрса ма екен? Ағасын аяды, олардың да жағдайларының қиын екенін көріп жүр. Нұрхан Қасайдың үйінде өзін өмірге керексіз адам деп санады. Соңғы кезде сары шашты Кемат та жиі-жиі есіне түсіп жүрді. Жігітпен
танысқаны, онымен қырманда кездескені, жиын-тойларда ақ ат жегілген жеңіл арбаға отырғызып алып, желдей ескендері көз алдына келіп, тойдағы айтылған әндер құлағына шалынып, жігітпен бірге ойнаған ойындары ұмытылмады, күндіз-түні есінен шықпай, мазасы кетті. Жиын-той болсын-болмасын сол кезде осының бәрі өз өмірінің бір қуанышы, бақыты деп санады. Бірақ Қасайдың үйінде ғана оның саусақтары қимылдамады. Еркіндікті сезбей, жүрегі қысылған жағдайда қалай ғана ән айтсын? Қасай күнде ішіп келетін болды, тілі күрмеліп, Нұрханға айтайын дегенін айта алмай, аузынан шыққан иіс үйдің ішін мүңкітіп жібереді, әрең дегенде ұйықтайды. Уйықтағанымен, басын әйелінің кеудесіне салмаса, төсегінде тыныш жата алмайды. Нұрханның арақтың иісіне тұншығып, түнімен кірпік қақпай шығатын күндері көп болды. Егер кеудесінен басын түсіріп, ыңғайланып жатайын десе, күйеуі сол сәтте оянып, кенедей жабысып, баяғысынша басын келіншегінің омырауына тығады. Сондай түндерді ұйқысыз өткізіп, әр нәрсені көп ойлағандықтан, басы ауырды. Нұрханның көз алдына неше түрлі бәлелер көрініп, содан сескеніп, қорқатын болды. Үш-төрт күндей кірпік қақпай шықты. Сондай түннің бірінде таңға жуық көзі ілініп кеткен екен, бастығырылып, тұншыға жаздады. Түсінде күйеуінің басын кеудесінен алайын десе, сұп-суық жиіркенішті, қап-қара бірдеңеге қолы тигендей болып, жүрегі зу ете қалады. – Қара жылан! – деп айқайлап, төсектен секіріп түседі. Үй іші түгел оянып, шам жағылады. Нұрхан іш көйлекшең орындықта отырып, үйдегілерге үстінде өрмелеп жүрген қара жылан жайында айтады. – Мен сенің қасыңда едім ғой, – деп ернін әрең жыбырлатады Қасай. – Көзіңе бірдеңе елестеген шығар. Қырсыз адамның түсі де жаман, түсіндің бе? – деді қайын енесі шымшып. – Жоқ, өз көзіммен көрдім, – деп болмайды Нұрхан. Қайын енесі шамды сөндіріп, “түн ортасында қайдағыны айтып, ұйқымызды бұзғаны несі?” деп келініне ашуланып, бұрқылдай сөйлеп,
өз бөлмесіне кетеді. – Жат, сен де! – деп күйеуі де жантайды. Бірақ Нұрхан жатуға қорқып, түнімен төсекте отырып шықты. Келесі күні түсінде тағы да сондай жылан көрді. – Қара жылан! – деп Нұрхан бастығырылып, айқайлап үйдегілердің бәрін тағы да оятты. Бұл үйден мазасы кеткен ол, Сейдалынікіне барды. Қасай әйелін қайтармақ боп, соңынан екі рет келді. Нұрханның кетіп қалғанына Қасай тағы да жүдеп, жүрегі тыншымай, көзі шүңірейіп кетті. Ол ақылы ауысқан адамша шоқайып отыра қалып, қолымен, басымен еденді төпелеп, “қайтпасаң, асылып өлемін” деп, Нұрханды қорқытты. Екінші рет келгенде, қалтасы толы ақшаны үнсіз отырған Нұрханның алдында шашып тастады. Нұрхан отырған қалпынан қозғалған жоқ. Ері бар жақсы сөзін үйіп-төгіп айта берді: – Мына ақша сенікі. Бұл аз болмас саған? Кассадан барып, бәрін де алдым. Сенікі осының бәрі – үй де, барлық шаруашылық пен қоражай да сенікі! – деп, Нұрханға қолын созып, дыбысын шығармай, аяғына жығылғандай отыра берді, созылған қолын түсірмеді. Сол кезде үйге кіріп келген Сейдалы: – Жи, ақшаңды! – деп бұйрық берді. – Оған не жетпейді, не жетпейді?.. – деп сөйлей жүріп, өң-түсі бұзылған Қасай біресе Сейдалыға, біресе Нұрханға қарап, шашылған ақшаны жиып жатты. Қасай ақшаны жинап болған соң, Сейдалы былай деді: – Қасай, сен енді бұл үйге келме! Байқаймын, Нұрхан сенімен өмір сүре алмайды... Бір-біріңе тең емес шығарсыңдар. Тағдырларың солай болса, амал не? – деді. – Тең емеспіз бе? Тағдыр солай дейсің бе? – деп Қасай Сейдалының сөздерін қайталап, сасқалақтаған адамша көзін біресе оған, біресе әйеліне тастап, орнынан тұрды. Тағы да әлгі сөздерді қайталап, – иә, тең емеспіз... – деді де жылыстап үйден шығып кетті.
Сонымен ол алғашқы әйелін баласымен қайта алып, арағын да қойып, өмір сүріп жатты. Қасайдың анасы бұрын сыйыспаған келініне аузын ашпай, енді ұлының айтқанынан шықпай, не істесе де мақұл көрді. Бір жылдан соң Нұрхан Сейдалының көмегімен жаңа үй салып, сонда жалғыз өзі тұра бастады. Жаңа өмірі басталды. Тойлардан, қуаныштардан қалмайтын, атақты гармонышы болды. * * * Қор болды-ау, қайран үнім, Боранды болды-ау, жаз күнім. Ей, ей-гей-ей, ей-гей-ей, Ей, ей-гей-ей, ей-гей-ей. Нұрхан жырды бірнеше рет қайталап, әуенімен де, жырымен де жиналғандарды таң қалдырды. Сыңғырлаған жіңішке даусы өзен толқынындай, әр жүрекке жол тауып, көңілдерін көтеріп жіберді. Жырдың ғажап әуеніне, Нұрхан даусының құдіретіне бойсұнған адамдар оның өмірінің өмір болмағанын, бақытын таба алмағанын түсінді, сонымен қатар жырда айтылғанды өз өмірлерімен салыстырып, соның көбінің дәл екенін байқады. Жырда гармонышының азаппен өтіп жатқан жастық шағы – өмірінің боранды күндері дегеніне ешкім де күмәнданбады. Гармонышы жырын бітірген кезде, көбінің көзінен жас көрінді. Тыңдаушылар терең ойға шомып, тағы да гармонышыдан бірдеңе күткендей, үндемей тұрды. Соны сезген Нұрхан гармонын кең жайып, басқа әнге көшті. Желдей есіп, көңілді үн шықты гармонынан. Ол қуанышты дауыспен сызылта жөнелді: Уа, той керек, той керек, Той болмаса не керек? Бізге, қыздар, жыр керек!
Бізге, жастар, жыр керек! Осылай жырлап-жырлап келіп, әнді бірнеше рет қайталады, отырғандардың кейбіреуі жырға қосылып кетер деп ойлады. Бірақ ешкім де аузын ашпай, көздерін жыпылықтатып, жырды тағы да оның өзінен күтті. Жырла, жырла, дейсіңдер, Жыршы жігіт мен емен, Егер жырлай бастасам, Жыршылардан кем емен. Осылай деп жырлап, Нұрхан гармонымен әнді тағы да қайталады, тағы да басқалар қосылар деп күтті. Бірақ бәрі баяғысынша жұмған ауыздарын ашпады. Орта жастағылар жырлай білсе де, олар екі ойлы болып, жастардың алдында ұялды. Жігіттердің жырлауға ынтасы болғанымен, халық жырларын білмейтін. Нұрхан тағы да отырғандарға сеніммен қарап, гармонына қосыла кетті. Жырлар едім сол кезде, Тербеп жүрек кеткендей. Ауылымды мақтасам Күллі әлемге жеткендей. Бірақ әлі де ешкім жырға қосылмады. Нұрхан тағы да бірнеше рет әнді қайталап тартып тоқтады да, отырғандарды көзімен шолып өтіп, гармонын Надюшаға созды. Той басқарып отырған Әскер қолындары бокалды көтеріп: – Құйыңыздар, бәріне де! – деп, сәл кідіріп барып, тілек айтты. – Қымбатты, жолдастар! Бүгінгідей қуанышты күні жігітіміз бен қызымызға арнап айтылған, сыңғырлаған ноғай жырын
тыңдадыңыздар. Келіңіздер, осындай тамаша жыр үшін, халқымыздың қазынасы үшін алып қоялық! Отырғандардың бәрі көңілденіп, асабаның айтқан сөздерін қош алып, бокалдарын соғыстырып жатты. Нұрхан ішкісі келмей отырды. Исмаил оған күлімсірей қарап, шынтағымен гармоньшыны түртіп: – Біздің халқымыз үшін! Жырларымыз үшін! Әндеріміз үшін! – деді. Нұрхан жігітке тесірейе қарады. Исмаил оның көз-қарасынан сасып қалып, тағы да ыржиып күлді. Бұйра шашты Надюша да алға шығып, ыңғайсыз жағдайды білдірмеу үшін, гармоншыға бокалын соғыстыруға қолын созды: – Нұрхан, кел, сенің денсаулығың үшін, әнің үшін, талантың үшін көтерейік! – деді. Нұрхан бокалын көтергенмен, соғыстырмады, қолының сыртын ерніне тигізіп, күрсініп дем алды. Исмаил мен Надюша да бокалдарын көтерді. Надюша аузын бұртитып Нұрханға бұрылды. – Нұрхан, саған не болған? Бүгін көңілсізсің ғой! – деді. – Түлкісің сен, Надюша, – деді Нұрхан оның көзіне тесіле қарап. – Қыздар, тек сендер ұрыспаңдаршы! – деп араларына Исмаил түсті. – Не болған саған, бірдеңе болған ғой? – деп араларындағы іліністі жұмсартпақ болып, жалынып, күлімсіреді Надюша. – Түлкісің сен! – деді тағы да қатал сөйлеген Нұрхан. – Жақсы, жақсы. Мен – түлкімін, сен – ақылдысың, – деп ренжіді Надюша, орнына отырып жатып. – Қыздар, ілініспеңдер, неге керек сондай сөз? – деді Исмаил, саусақтарын тарбита қолын көтеріп. – Өтінемін, тек ілініспеңдер! – Жарайды, ренжіме, Надюша, мен жай ғана... Бір түрлі, жаман болып тұрғаным. – Нұрхан бір сәт қиналғандай қипақтап тұрды, көзі адам таң қаларлықтай, бақырайып қарады. Сол кезде ол тағы да үкінің аянышты
уһілдеген даусын естіді. “Уһ-уһ,” – деп құстың уһілегені миын шұқығандай шаншып кетті. Отырғандардың ешбіреуі де құстың даусын естіген жоқ. Олар бір-біріне әзіл айтып отыра берді. Исмаил тойдан соң не істейтіндерін ойлап, жанындағы жұптарына махаббат сөзін төгіп, лепіре сөйлейді. Графинды шанышқымен қағып, тыныштыққа шақырған Әскерге күлімсірей қарады, әркім өз-өздерімен болып отыр. Жас жұбайлар осы жиынның соңы тез бітсе екен деп тілеп, бір-біріне қарап қояды. Қолымен самайын сипай берген Нұрхан үрейі ұшып, артына жалт қарады: – Үкі шақырады, – деп ернін жыбырлатып, біраздан соң даусын көтеріп: – Шақырады! – деді қайталап. – Нұрхан, не болды? – деді Исмаил гармоньшыға бұрылып. Нұрхан ешкімге үндемей, самайын ысқылай берді, көзінің жанары кетіп, әлсірегендей болды. – Үкі шақырады! – деп ол тағы да отырғандарды таң қалдырды. – Нұрхан! – деп айқайлап, Надюша жетіп келді де гармоньшының иығынан ұстады. – Дем алу керек саған, Нұрхан, дем алу керек, – деп жалбарынды. – Үкі, үкі! – деп Нұрхан күбір-күбір сөйлегенін қоймады. Отырған адамдар бастарын бұрып, гармоньшыға қарады. – Неге көздеріңді тіге қалдыңдар? Неге қарайсыңдар, сонша! Біреу қиналып отырса... Ойын-сауықтарыңды жалғастыра беріңдер! – деп Надюша қолын сілтеп, Нұрханға еңкейді. – Басың ауырып тұр ма? – деп құрбысының жанында шыр көбелек айналып, көгілдір кеудешесін сипай берді. – Жаным-ау, не болды саған, неге қиналып отырсың? – Саған жату керек, біраз жатсаң, бәрі де оңалады, бәрі де кетеді, көрерсің өзің де, жаным, – деген жанашыр сөздерін айтып, Нұрханды ас үйге алып кетті. Ас үйдегі әйелдерді шығарып жіберіп, Нұрханды диванға жатқызды. Ол жатқанда да: – Үкі шақырады, үкі шақырады мені, – деп күбірлеумен болды.
– Сәулешім-ай, қазір, қазір кетеді ол. Не болса соны алмашы ойыңа! – деп Надюша жас баланы жұбатқандай жұбатты оны. – Ойламашы ештеңені, – деп тағы да құрбысының қасына отырып, оның маңдайын сипап, бетінен, мұрнынан сүйді. “Уһ-уһ”, – деп үкінің уһілеген даусы гармоньшының бар денесін құрыстырып, жүрегін сыздатты. Шіркін, бәрін де ұмытып, о дүниенің рақатына, тыныштығына кетсе екен сол кезде Нұрхан. Осындай азапты өмірдің керегі не? Мұндай қиыншылықтарды көру байғұс Нұрханның бір басына аз болды ма?.. Үкінің үһілі мені о дүниеге шақырады деп ойлады ол. Бірақ бұл шақыру тіпті қорқынышты еді. Егер ол шынымен о дүниеге барса, оны биік жардан құлататындай, быт-шыты шығып шашылатындай қауіптенді. Бұл дүниеге сыймайсың, онан да басқа дүниеге жүр деп шақырды оны бұл дыбыс. Бірақ сол шақыруға ықтиярлықты беру де, бермеу де қиын еді... Үкі тағы үһіледі. – Надюша, қорқамын, қорқамын! – деді Нұрхан ернін жыбырлатып. – Әлі-ақ, қорқынышың кетер, сауығарсың, – деп Надюша тағы да сүйе берді досын. – Әжем, Кемат және бір бала түсіме енген еді осы түнде. Ал енді мына үкі маған маза берер емес... – Ешбір үкі жоқ. Саған солай көрінген болар. – Неге олай дейсің? – деді Нұрхан таңданып. – Естіп тұрған жоқсың ба? Алақ-жұлақ етіп, ол есік жаққа қарады. Әне, тағы да... Енді күледі. Естисің бе?.. Оған менің жаным керек. Менің жанымды алғаннан соң, тынышталады ол... – Не деп жатырсың осы сен? Өзің сондай әдемісің, мейірімдісің, жассың, саған тек өмір сүру керек, – деді Надюша толқып. – Жоқ, ол мені шақырып тұр. Менің жақсы көретін адамдарым сонда. Әжем, Кематым... Адам жарық дүниеде біреуді өзі сүйсе немесе өзін
біреу сүйсе ғана өмір сүреді, ал сүю болмаған жерде өмір азап шегумен өтеді... – Сабыр ет, жаным тынышталшы! Сені бәрі де жақсы көреді! Мына мен де жанымдай жақсы көремін. – Жоқ, мені жақсы көруге болмайды, мен өмірден тойғанмын, – деді Нұрхан ызаланып. Сонан соң үндемей жатты да, ұйықтап кетті. Надюша жаны ашып, әйелдің әдемі жүзін, маңдайын сипап, қасында отырды. Аулада магнитофон ойналып, жастар биге кірісіп кетті. Бөлме іші қара көлеңке. Ас үйден шығып кеткен әйелдер есіктен қарап, гармоньшыны сұрағансып, бастарын шайқайды. Надюша келіншектің халінің тәуірленгенін айтып, біраз шыдаңдар қыздар деген тілек білдірді. Ауладағы магнитофонның қатты шыққан даусына көк жаулық байлаған әйел шыдай алмай, ас үйге кірді. – Баяғы ұятсыз билерін бастады. Бөкселерін былқылдатып, мықындарын қозғалтып билемесе қайтеді екен нәлеттер?! Тіфу! – деп кіріп келген келіншек аласа орындықты алып, Надюшаның қасына отырды. Келіншектің аты – Нәсіпхан. Ол Нұрханның күйеуімен тұрған кездегі көршісі еді. Келіншек Нұрханның жүзіне қарап, сұқтана қалды. – Шіркін-ай! Қандай сұлу еді, ә! – деді гармоншының тамырын ұстап көріп, қан тамырының соғысы жақсы, дем алысы да бір қалыпты. Нәсіпханның соңынан басқа әйелдер де біртіндеп кіре бастады. Олар аласа отырғыштарды алып, орналасып жатты. Отырғыш таппағандары іргеге сүйеніп, түрегеліп тұрды. Шуал үйде от жағылмайтын еді, әйелдер мұнда түрлі-түрлі салат жасап, нан илеп, картоп тазалап отырған болатын. Тамақтар үйдің арт жағындағы жазғы асхананың ішінде әзірленіп жатқан. Одан басқа астына от жағылып, ошаққа орнатылған үлкен тай қазандар бүлкілдеп қайнауда. Сол жақтан піскен тамақтарды әйелдер үйге алып келіп, оларды табақтарға салып, жігіттерге беріп тұр, ал олар үстелге тізіп қойып жүр. Мұнда, ас үйде
жұмыс та қайнайды, сөз де тоқтамайды. Олар өткен-кеткенді айтып, әңгіме шертеді. Қызған жұмыстың тыныстаған кезінде, олар өздері де тамақ ішуге отырып, бәрі бірге тойдың қошаметіне бөленеді. Ноғайдың шайы, бал мен майы, бауырсақ пен шелпегі, жұқа нан сияқты халқымызға белгілі түрлі-түрлі тағамдардан ішіп-жеп жатты. Арақ деген мұнда мүлде жоқ. Ауыздарына арақ алғандар басқалардан – ішпейтіндерден тартынып, ол жайында сөз де қозғамады. Мына бөлмеде бұрынғы ноғай тойының ерекшелігі сақталған: тойдың қызығын көріп, бір-біріне қолғабыс етіп, жәрдемдесіп, сөзбен, қалжыңмен жұбанып, асқа үлкен мән берілетін. Мұндайда мейрамды арақсыз да өткізуге болатынын сезесің. Екі аспазшы әйелден басқа бүгінгі тойдың ең үлкені екі жастың анасы еді. Үстіне көкшіл гүлді көйлек киген, басына оқалы орамал байлаған, әдемі, толықша келген Айбике әйелдерге түрлі-түрлі бұйрық беріп, босаған кезінде үстел басына отырғызады, әйелдерді қолпаштап, көңілдерін көтереді. Өзі төр жақта отырып, бәрін де байқайды. – Түу, шіркін-ай, қандай сұлу қыз еді? Жолы болмағыр анасы көрсе ғой қызының қандай әдемі боп өскенін, – деп Нәсіпхан күрсініп, көзін жұмып жатқан Нұрханның қолын кеудесіне басты. – Мұның басынан кетпей жүрген үкісі не осы? Түсінбей-ақ қойдым! – деді Нұрханның бас жағында отырған әйелдердің бірі. – Мен де соны білмеймін, – деді Надюша. Қабырғаға сүйеніп, түрегеп тұрған, көп жайды білетін Кенжехан атты әйел жатқан Нұрханға ойлы көзбен қарап: – Қарттардың айтуына қарағанда, алла өзіне алғысы келмеген жаман адамның жаны үкіде болады екен. Бұл құс ұшып жүріп, өзінің күнәкар жанын қарғыстан тазарту үшін, біреуді құрбандыққа шалып, жанын алуды іздеп жүреді екен. Сондықтан бұл құс жайында жаман айтып та, жақсы айтып та керегі жоқ, егер үйіңе жақын қонса қумау керек, – деді. – Әрине, бұның бәрі ертегі ғой.
– Неге керек екен, үкіге бұл байғұстың жаны, ә? – деп тағы да күрсініп, маңдайының әжімдерін сипап қойды Нәсіпхан. – Онан да қара ниет, мейрімсіз адамның жанын алсашы! Мысалы, мұның бұрынғы күйеуі Қасайдың... – Жо-жо-жоқ, – деп кірісе кетті Кенжехан. – Үкі өз жанын тазарту үшін, о дүниеге де жаны таза, күнәсіз, ең сұлу адамның жанын алады дейді. Бұл құсқа “обыр” деген ат таққаны сондықтан болар! – А, онда түсінікті. Нұрхан жаңағы сипатқа келеді, – деп келісті Нәсіпхан. – Масқара, не пәлені айтып отырсыңдар? – деді тітіркеніп Надюша. – Енді “басыңды айналып үкі ұшып жүрген жоқ па?” – деп алды-артыңа жалтақтап қара да жүр. – Жарайды, жарайды, сен одан қорықпай-ақ қой, – деп қолын немқұрайды сілтеді Кенжехан. – Неге олай дейсің? – деді таң қалған Надюша. – “Обыр құс” адамның таза да, нәзік жанын таңдайды, – деді Кенжехан кекете сөйлеп. – Ал сен арақты стақандап ішесің. – Нұрхан да ішеді ғой, – деді Надюша түсіне алмай, көзін жыпылықтатып. – Оның менен несі артық? – Е, жоқ, қызым, оны өзіңмен салыстырма! – деп сөзге араласты Нәсіпхан. – Ол гармоншы, амалсыздан ішеді. Оны гармонь ойнағаны үшін сыйлайды, сыйлап берген адамның көңілін қайтара алмайды. Ал сен болсаң – өз еркіңмен соларға ұнау үшін жігіттермен бірдей ішесің. – Егер сондай тойларда жүрсең, сен де ішерсің, одан басқа гармоншы да жоқ, – деді Кенжехан, әйелдің айтқанын жаратпай, Нұрханды жақтап. – Әне, Надюшамыз, тойда гармонь тартпаса да, шараптан шет қағылмайды, – деді қызынып, жиылғандардың арасында ең сыйлы болып отырған Айбике. – Мен бе! – деп Надюша күліп, әйелдермен сөйлесуге көңілі кетіп, сыңғырлай жөнелді. – Не демексің? Еркектер ішкенде, біз олардан
кембіз бе? – Қарай гөр, өзінің еркектерді сөз қылуын? Сен солар сияқты жұмыс істесең, қайтер едің? – деп онан сайын қыза түсті Айбике. – Жұмыс істемеймін бе? Қызылшада мен олардан кем істеген жоқпын, ақшаны да аз таппадым, – деді Надюша. – Мен ол жұмыс жайында айтып тұрған жоқпын, үй жұмысы жайында, – деді сөзіне үлкен мән беріп Айбике. – Үйдің жұмысы да аз емес, – деп Надюша қызулана сөйлегенін аңдамай қалды. – Мен басқа жұмыс туралы... Әйелдер Айбикенің сөзін қостап, бастарын төмен иді, күлкілерін тыя алмады. – Сен неге қызды ұялтасың, бұның жөн емес, – деп Нәсіпхан өзі күліп отырса да, Айбикені мұқатты. Бірақ Надюша: “Жұмыста да кімнің-кім екенін көріп жүрміз!” – деп әйелдердің ішек-сілелерін қатыра күлдірді. – Қой, тоқтат! – деп Нәсіпхан күлкісін тыя алмай, алақанымен аузын басып, бір қолымен Надюшаның жеңінен тартты. Әйелдер қуанып, сөз төркіні көңілге қонып, Нәсіпханның беттетпегенін естеріне де алмай, енді Айбике не айтар екен деп, ауыздарын ашып, күтіп отырды. Бірақ Нәсіпхан Нұрханның қолын ұстап, қан тамырының соғуын тыңдады. Ал басқалары гармоншы жайында мүлде ұмытқандай, әңгімеге қызықты. – Иә, жастардан не тілемексің? – деп Айбике сөзін жалғады. – Ана қарттар мен кемпірлердің өздері естері кетіп, лепіріп, ішкен кезде, жас адамдар қайтпек? Әлгі Әнуар әпенді сексен төрт жасында он тоғыз жасар қызға бала тапқызған. Осы ақылға сыя ма? – Мұндайды айту ұят болса да, – деп Нәсіпхан қызарып, Надюша жаққа қарады. – Қойыңыз, ол өтірік. Қартқа жала жапқандары ғой. “Ол еш нәрсеге жарамайды” деген дәрігердің анықтама қағазы бар, қарт сол
қағазды ауыл-советтің бастығына берген екен, ондағылар жоғалтып қойыпты... Мен солай деп естідім. – Сен жай естігенсің, ал мен газетте жазылғанын оқыдым. Тіпті ұятсыз қарт! Оның анықтама қағазын мен не қылайын? Әпендіде ақша көп, қандай қағазды болса да сатып ала алады... Әпендінің үйін жиыстырып жүрген жас қызды алдап тұрғанын көзімізбен көргенбіз, – деп сөзге кірісті Кенжехан. Надюша алды-артын ойламай: – Ол өзі сондай сұлу қарт! Бурыл шашты, сымбатты, ал күлімсірегенін көрсең, сондай тамаша, ылғи қарап тұрғың келеді! – деді. Үйдің иесіне керегі де сол еді: – Егер ол саған да көңілін аударса, байқаймын, кетәрі емессің-ау, деймін? – деді білгісі келген Айбике. Әйелдер күлкіден ішек-сілелері қатты. Надюша ондай қажау сөзді естимін деп ойламаған еді, сасқанынан қып-қызыл болып кетті де, әйелдер күліп жатқан соң, өзі де күліп жіберді. – Қойыңдар, оңбағандар! Кішкентай қыздың жанына тимеңдер! Ол өз теңдерің емес қой, – деді Нәсіпхан оларды ұялтып. Әйелдер естерін жиып, күлкілерін тыя қойды. Айбике де күлгенін қойып: – Нәсіпхан дұрыс айтады. Анықтама қағазының шынында да болуы мүмкін. Әйелі, Гүлхан алпыстан асқан, ол да жасын жасырады. Әнуар әпенді аңқау халыққа тазалық туралы, күнәкарлық жайында уағыз айтып жүреді, ал өзінің әйелі ғой міне он бес жылдан бері көршісі Мәулітпен... – деп Айбике қайтадан әйелдерді күлдіріп, алақанын алақанына соғып, ысқылады. – Зердесіз емей, немене, ә? Неке қиыларда немесе біреуді жерлегенде уағыздар оқиды, сол кезде Мәуліт сынған сүт машинасын жөндегенсіп, әпендінің үйінде жүреді... – Пай, пай, бетсіздер-ай, нені ойлап шығармайды десеңші! – деп Нәсіпхан да күлді. – Иә, кемпір-шалдардың өздері есірген соң, бізден не сұрауға болады! – деді Надюша.
Осы кезде Нұрхан көзін ашып, қайда жатқанын білмей, жан-жағына қарады. Надюша әйелдерге қолын сілтеп, олардың сөздерін тоқтатты. – Нұрхан, халің қалай? – деді ол – Жат, байғұс бала, жат! – деп қолымен Нұрханның бетін сипады Нәсіпхан. – Жоқ! Жоқ, менің ана жаққа баруым керек, – деп Нұрхан сыртқа қолын сілтеді, сонан соң көтеріліп: – Мен қайда жатырмын осы? – деп сұрады. – Сен тойдасың, сұлуым. Айбикелердің үйіндесің, Мұратының тойы болып жатыр, – деп Нәсіпхан гармоншының есін жимақ болып, бәрін айтып берді. – Қандай той? Қайсы той? ...Үлкен, бұрын болмаған той! Жеңіл арбалар, ақ боз аттар, желбіреген тулар, қаракөл бөріктер, мылтықтың тарсылы... Ғажап үнді әндер! – деп, ешкім естімеген сөздерді айтып, басын жастыққа салды. – Басы ауырып жатыр ғой! – деді әйелдердің бірі. – Арағы бар болғыр сөйлетпей қоя ма? – деді Кенжехан. – Жат, сұлуым, жатсаң дұрыс болады, – деді Нәсіпхан. – Жоқ! Мен тұрайын. Менің ана жаққа баруым керек, – деп қиналды Нұрхан, басы ауырғаннан көз алдындағыны көрмей, басын ұстай берді. – Надюша, сыртқа шығуға жәрдем етші! – деп өтінді. Аула ішінде жастар “шейкті” билеп жүр еді. Үстерінде джинси, ақшыл түсті көйлектер, бірдей киінген, ұзын шашты жігіттер мен қыздар селкілдеп билеп жүр. Кештің салқын ауасын кеудесін кере жұтқан Нұрхан есін жиғандай болды да: – Жақсы билеп жүр! – деді. Әрі өзі Надюшаның қолынан босанып шығып, басын екі қолымен ұстап, гармонь тұрған орындыққа қарай асыға жүрді. Гармонын қолына алып, орындыққа отырды да, билегендерге сескене қарады.
– У-у-у-уһ! У-у-у-уһ! – деп ауылдың бір шетінде үкінің шақырғаны Нұрханның өзегіне дейін түсіп, құлағын жарып жібере жаздады. Бұған шыдай алмаған ол: – Хах-ха-ха-ха! – деп басын шалқалатып күлді. Ауладағы жиылған халықтың бәрі күлкіге ілесіп, “шейк” биін биледі. Гармонь сызылып, қоңыраулар сыңғырлай соғылып жатыр. Билеушілер ноғайдың “ұзын” деген ұлттық биіне дөңгеленіп тұра қалды. Ерлер бастарын кекжите ұстап, біресе оңға, біресе солға бұрып, кейде тұра қап, әйелдердің төңірегінде шыр айналады. Әйелдер, қыздар қолдарын кең жайып, денелерін дірілдете, музыкаға қосылып, дауыстай билеген еркектерді қызықтырып, соңдарынан еріксіз ерте жөнелді. Нұрханның көкшіл көзі көкшіл кеудешесімен шағылысып, жалт-жұлт етті. – Хах-ха-ха-ха! – деп тағы да күлген Нұрханның қатты даусы музыканы басып жіберді. Ал адамдар селкілдеп, “шейк” биін билей жөнелді. Содан соң естен тандырғандай зарлы ән ойналды... Ән ауыздан ауызға тарап, төңіректі түгел жандандырып, жайылып кетіп жатты. Әнді естіген шалдар, кемпірлер, балалар шыдай алмай, тұрған жерінде билей бастады. Қара костюм, ақ көйлек киген еркектер, ұзын ақ көйлек киген қалыңдық, джинси, ши барқыт шалбар киген жастар, бастарына түрлітүсті жаулықтар байлап, тізелерінен төмен түсіре көйлек киген әйелдер, бастарына қаракөл бөрік киіп, белдері буылған, ұзын бешпентті қарттардың бәрі де көздері жайнаң қағып, бар күштерін салып, биге құлшына кірісуде... Шаттықтың, қуаныштың биі еді бұл! Нұрханның көз алдынан желдей есіп, ақбоз аттар құйғытып барады. Қасында Кемат отыр, қыз оның желпілдеген сары шашына, күлімдеген көзіне, жымиып күлгеніне қарап, гармоньмен мұңды бір әнді тарта береді. Дәл баяғыдай жеңіл арбада қолдарына түрлі-түсті жалаулар мен сеңсең бөрік ұстаған адамдар отыр. Атылған мылтықтың даусы естіледі, арбалар бірін-бірі баса озып, қуаныштары қойнына сыймай барады. Жүйрік аттар желдей еседі. Жігіт пен қыз өмірі болмаған
бақытқа кенеліп, бір-біріне тоймай қарайды. Желмен желпілдеген Кематтың сары шашы, оның қуаныштан жайнаған көзі, күлкісі Нұрханды бақытқа кенелткендей, себебі ол енді Кематпен өмір бақи бірге болатынын білді... Сол кезде үкі ағаш басынан ұшып, қанаттарының қағылғанын да естіртпегендей, аула ішіндегі жыпырлаған адамдарды көріп, ұшып жүрді. Қуаныштан билеген жұрт ауланың үстінде қанаттарын кең жайып, қалықтап ұшқан үкіні байқамады... Біреудің жанын алуға әзірленген үкі болса, қораның үстінде шыр көбелек айналып, ұша берді...
“МЫЛЖЫҢДАР” НЕМЕСЕ БІР ЖҰМА ІШІНДЕГІ ОЙЛАР Жапырақтарды сусылдатып, теректердің басын шайқап, ептеп жел есіп тұр. Қызғылт-сары жапырақтар желдің күшіне төтеп бере алмай, желпілдеп, бұтақтардан үзіліп, жерге түсіп жатты. Олар сарғайып тапталған шөптің үстіне, алаңдағы гүлге де төгіліп жатыр. Түсіп жатқан жапырақтарға Сәти жабырқай қарап тұрды. Жүрегі де өзөзінен сыздап, еш нәрсеге көңіл хошы болмады. Міне, оның ауруханада, бүйрек ауруы бөлімшесінде жатқанына бір жұма. Мұнда келген бірінші күнінен-ақ ол өзінің бүйрегінің ауыратынын біліп, қорқып қалды. Сол қорқыныш сезімі әлі де ойына ұялап, басынан шықпай қойды. Сәти еш уақытта ауырып көрген емес, ауру туралы ойлаған да емес еді. Тіпті тұмаумен ауырғанда да дәрі ішіп, жатып көрген адам емес, аяғынан тұрып жүріп-ақ өткізетін. Сондықтан да белінің ауырғанына көңіл аудармай, он шақты күн жүріп қалды. Ауырып, мазасызданып жүрсе де, дүйсенбі күні сағат тоғыздан қалмай, жұмысына келді. Сәти көп жылдан бері мұражайда істеуші еді. Бөлім бастығы Сәтиді көріп, оның халінің онша емес екенін бірден-ақ байқады. Сәти мұражайдағы жиналған заттарды картотекаға тізіп, халін сұрағанға көңіл бөлмей, өз жұмысын істей берді. Бірақ жағдайының болмай отырғанын да бірден сезді: басы айналды, денесі түршігіп, еш нәрсеге зауқы соқпай, дел-сал күй кешті. Түскі тамақ уақытында мазасызданып, айнаға қарап еді, өзін көріп таң қалды. Қабағы ісіп, беті сарғайып, көзінің асты көлкілдеп кеткенінен шошынды. Осыдан соң ол тыныш таппады, ішіндегі сезімін сыртқа шығара алмады, бірге отырған қызметтестеріне де сездірмей, шыдап бақты. Дәл сағат алтыда жұмысын бітіріп, қызметтестерімен қоштасып, далаға шықты. Аспан ашық, күн жадырап, теректердің жапырағы күн көзіне шағылысып, жылтырап тұрғанмен, Сәтидің белінің ауырғаны, содан көңілінің жабырқау тартып, жүрегіне ұялаған үрейлі сезімнен бүгінгі күн оған ауыр өткен сияқтанды. Көз алды қарауытып кетті. Бірінші рет ол өмірде ажалдың бар екенін сезді. Мына тұрған теректердің, күннің, аспанның, таңғажайып табиғаттың бірден жоқ болып кететіндігі жанын қинады. Осының бәрін түнімен ойлап шығып, ертеңіне емханаға барды.
Сол күні ол ауруханаға түсті. Міне, содан бері жеті күн өтті, дәрігердің берген дәрілерін ішіп, уколдарын алып, жата берді. Белінің сыздап ауырғаны біраз басылайын деді, бірақ анда-санда шаншып ауырып қояды. Сонда да ажал бар деген ой басынан шықпай тұрды. Сәтидің төсегі терезенің алдында еді, ол терезеге қарап, палатадағы көршілерінің бар-жоғын да керек қылмай, өз ойымен өзі болып жататын. Сөйтіп жатып, ауруханадағы алғашқы екі күнді есіне түсірді. Үлкен, жарық бөлме тап сол кезде оған қараңғы, тар болып көрінген еді. Медбике мұны сол бөлмеге қолтықтап ертіп келіп, төсегіне отырғызды. Біраз отырған соң, ол абайлап жан-жағына қарады. Палатада сегіз төсек тұр екен. Жиналмай жатқан бір төсек бос тұр. Бөлменің екінші терезесінің алдында әбден қалжыраған, ақ шашты бір жігіт жатыр. Ол көзін жұмып, тістеніп, тістерін шықырлатып, ыңқылдап қояды. Оның қасындағы төсекте отырған он төрттер шамасындағы бала оған таңырқай қарайды. Сары шашты, дөңес мұрынды бұл бала бадырайған көзін қылилата қарап, құлағы қалқиып, қорыққан бұғының бұзауына ұқсап отыр еді. Оның көзі Сәтиге түскенде, бала ұялып, қызарып төмен қарады да, терезеге бұрылды. Басқа төсектерде жатқан ересек адамдар еді. Біреуі – ағарған ұзын мұртты, тақыр басында қарашайлардың ақ қалпағы. Екіншісі – жарқын жүзді, көзі күлімдеген кісі. Үшінші қарттың ноғай екенін Сәти бірден білді. Ол қара торы, жалпақ бетті, қалың қара шашты, қара көзді адам. Төртіншісі – сақалы жып-жылмағай қырылған, тіпті қасы да қырылғандай жып-жылтыр, басын шалмаға ұқсатып, сүлгімен орап алған, қартаң кісі. Сәти олардың бәрін көзімен шолып өтті. Жас бала мен Сәтиден басқаларының бәрінің халаттарының астынан резеңке түтіктер көрініп тұрды. Түтіктердің кейбіреулері жаңа, қызыл түсті, кейбіреулері ескірген. Солардың әрқайсысы аурулардың беліне байланған. Іштен шыққан зәр сол түтіктен шишаға құйылады. Осындай азап шегіп жатқан адамдарды көрген Сәтидің ұнжырғасы түсіп кетті. Сәти шишаға жиылған сап-сары сұйықты көргенде, алғашында не екенін білмей, таң қалды, білген кезде жүрегі айнып, басын төмен иіп,
көзін тарс жұмып алды. Беліне шиша тағылып, өзі де сондай күйге ұшыраса, қайтпек? Бір сәт ол өлген адамды көз алдына елестетті. Қапелімде, өзін өліп қалғандай көрді: міне, өлген адамды салатын табытта, ақ кебінге оранып жатыр, әйелінің туған-туыстары қоршап алған сияқты. Әйелі солқылдап жылап тұр... Ол әйелінің қалай жалғыз қалатынын көз алдына келтіре алмады. Дүниенің бәрі өшіп-сөнеді деген ой оның ақылына сыймады. Сәти “аяқтарым жүрмей қалады-ау, қолдарым қимылдамай, жүрегім соқпай қалады-ау!” деп ойламас еді. Ал ажалмен бірге ойлаудың тоқталуына, ақыл-сананың жоғалуына нанғысы келмеді. Ол өзінің өлімі жайында мынандай ойда еді: топырақ астында қабірде жатып, жер үстінде, жоғарыда өмірге не тастадым деп ойланады. Сөйтіп ол адамның шіріп, жоқ болатындығына сенбеді. – Достым, қара, терезеден қарашы! Патаның туыстары келіп тұрған жоқ па екен? – деп бұйыра сөйлеген дауыс естілді, көзін жұмып жатқан Сәтиге. Сөйлеген сөзіне қарап, олардың шеркеш екенін Сәти бірден аңғарды. Көзін ашса, басына шалма ораған қарт қасындағы сымбатты қартқа қарап, бұйыра сөйлеп тұр екен. Екінші қарт орнынан тұрып, төсектегі байлаулы тұрған бөтелкесін шешіп алды да, қолына қысып, терезеге қарай беттеді. – Күтіп тұр. Біз жаққа телміре қарап тұр, бишаралар, – деді күрсініп Қара қарт. Бала да орнынан көтеріліп, терезеге қарады. Ол да сүйкімді жүзін қартқа бұрып, басын иіп, даладағылардың тұрғанын білдірді, бірақ даусын шығарып айтуға үлкендерден именді. – Пата тез арада келіп те қалар, – деді шеркеш қарт алақанымен иегін сипап, қозғалмай тұрып қалды. Қара терезе алдынан төсегіне келіп отырды. Палата іші тып-тыныш. Осы тыныштықты бөліп, терезе алдындағы төсекте жатқан ақ шашты жігіттің тісін шықырлатқаны естілді. – Міне, мұндай өмірді маймыл өмірі деп айтуға болады, – деп, жаңа оянғандай болып, ұзын мұртты қарт күрсінді, сонан соң қарашай
тілінде жаман сөздер айтып: – О, әкеңді!.. – деді. – Маймыл өмірі деген ол қандай өмір еді? – деп күлімсіреді Қара, өзі қарашай болса да, орысша сұрап. Мұртты қарашай қарт сұрауына жауап бермеді, бірақ аузын қисаңдатып, жастығын жөндеп, өзіне ыңғайлы жағдай іздегендей аударылып-төңкеріліп, өз-өзінен сөйлеп кетті. – Осындай қиыншылықтың не керегі бар? Неге?! – деді ол Пата қарттың бос жатқан төсегіне қарап. – Өмірден аларымды алдым. Жасарымды жасадым... Енді мына маймыл өмірдің не керегі бар? – деп ол тағы да баяғы сөздерін қайталап, балағаттады. – Е-ей, сен немене өзің “маймыл өмірі”, “маймыл өмірі”, деп қоймайсың?! – деді қолын сермеп, қарашай қарт жаққа қарап, оның сөздерін құптамаған шеркеш қарт. Содан соң күлімсірей даусын шығарып: – Адамда бір ғана өмір бар, ол өмірді хайуанның өмірімен салыстыруға болмайды, достым, – деді. Қарашай қарт жалт қарады да, басындағы қалпағын түзетіп, мұртын ширатып, бірдеңені есіне түсіргендей, жатқан адамдардың көңілін өзіне аударып, бір әңгіме бастады. – Мен сіздерге бір аңыз әңгіме айтайын, – деді ол даусын бәсеңдетіп. – Ноғай аңызы. Оның мәні мынандай: құдай тағала аңдарды, құстарды, балықты, адамды жаратқанда, әрқайсысына жер бетінде өмір сүруге отыз жылдан ғана беріпті. Адам оны ұнатпаған, мақұлдамаған. Оған бұл өмір аз көрініп, өздерінің разы емес екендігін құдайға білдірген. Құдай ойлайды да: – Егер, өзге жанды заттардың кейбірі өмірлерінің біраз жылынан бас тартса, онда соны саған берермін, – депті. Ол алдымен есекті шақырып: – Міне, саған отыз жыл беремін, өмірді қалай сүрсең, солай сүр, – депті оған. Есек оны естіп қайғырады.
– Ондай ұзақ өмір маған неге керек? Отыз жыл азап шегу, арқамның терісін сыдырып, ауыр жүк тасып, сондай қиын өмір сүрудің қажеті не? Ол маған көп. Жартысын берсең де болады, – деген тілегін айтады есек. – Жарайды, – деп келіседі алла тағала. Есекке он бес жыл қалдырады да, қалған он бесін адамға береді... – Түсінемін, түсінемін, – деп басын изеді Қара, әңгіме айтып отырған қарттың қасына келіп. – Дұрыс, ағай. Адамның өзі де отыз жасқа дейін адамша өмір сүреді, ал одан кейін есекше жұмыс істейді. – Иә, солай, – деді қарашай қарт мұртын ширатып, әңгімесін әрі қарай жалғастыра беріп. Содан соң алла тағала итті шақырады: – Мә, саған да отыз жыл өмір беремін, – дейді. Ит оны естіп қайғырады. – Отыз жылдың керегі не маған? Сонша өмірді біреудің байлығын, мал-мүлкін қорғаймын деп, суыққа тоңып қыңсылап, қарнымды ашығып, не болса соған үріп, даусымды қарлықтырып қайтем, онан да маған жартысын бер, – дейді ол да. Алла тағала оның да тілегін қабылдап, иттің он бес жылын адамға қосады... – Сонда не болғаны? Адамның қырық бестен соңғы өмірі иттің өмірі сияқты болғаны ма? – деді күлімсіреген қысық көз ноғай қарты басын шайқап. – Солай болғаны да, – деді әңгіме айтып отырған қарашай қарты. Сөйтті де Сәтиге қарап: – Сонымен адам қанша жыл өмір сүретін болды? – деп сұрады одан. – Алпыс, – деді сасқалақтаған Сәти. – Алпыс, – деді қарашай қарт сарғайған бармағын көтеріп, – сонда да бұл адамға аз болып көрінеді. Сонда алла тағала маймылды шақырып, оған да отыз жыл өмір беретіндігін айтады. Маймыл оны естігенде, жүрегі жарылып кете жаздады.
– Отыз жыл бойы арсалаңдап, қарғып-секіріп, ешбір мағынасыз өмір сүру неге керек? Маған он бес жыл да жетеді, – дейді. Маймылдың он бес жылын алла тағала адамға тағы да қосып береді. Міне, сөйтіп адам алпыстан асқан соң өмірді маймылша сүреді, – деп күлімсіреген қарт әңгімесін бітіреді. – Солай, солай болады де, – деп сөзін соза сөйледі. Қара, оның әрдайым күлімсіреп тұратын жүзі бірден байсалдана қалды. Сәти одан күлкілі әңгіме айтар деп күткен еді, сондықтан да таң қалып: – Есекше? Итше өмір ме?.. – деп қосты. – Бұл әңгімені неге айттың, түсінбедім. Біздің өмірді маймыл өмірімен салыстырғың келді ғой? – деп ноғай қарты разы болмағанын білдіріп, желкесін қасып, басын шайқады. – Айтқаның тіпті де дұрыс емес, – деп шеркеш қарты бұрқ ете қалды да, мысық көзін жалт еткізіп, әңгімешіге бұрды. – Сенің айтуыңша, адам отыз жылын ғана адамша өмір сүреді ғой? Ал сол отыз жылдың ішінде ол жұмыс істемей ме, қиналмай ма?! Жоқ, олай емес, адам он жасында да, жиырма жасында да, қырық жасында да, тіпті өмірінің ақырына дейін жұмыс істейді. Бірақ оны есек, ит... өмірімен салыстыруға бола ма? Кей адамдар отыз жасында да маймылша, итше ғұмыр кешеді. Жоқ, сен айтқандай адам өмірін олармен салыстыруға болмайды, – деді ол қарашай қартқа шамдана қарап. – Жарайды ендеше, – деді де, әңгімеші қарт ірге жаққа аударылып жатты. – Неге жарайды дейсің?! – деп ашуланды шеркеш қарт. – Өмір сәбиге қалай тәтті болса, алпыста да, жетпісте де сондай тәтті, – деп қарт жас баланың басынан сипап, арқасынан қақты. – Міне, мынандай жас жігітке қарап, алпысқа келгеніңді ұмытып, жүзге дейін өмір сүргің келеді. Өмір сүру жақсы ғой! Мінекей, түтікпен жүргеніміз мынау, – деп қарт қызыл түтікті нұқып көрсетті. – Мұндай науқаспен өзіңе де, дәрігерлерге де, басқаларға да масыл боласың. Бірақ көзіңді жұмсақ-ақ, түрлі ойлар келеді: пішен шауып жүргенің, мал баққаның, табиғаттың таза ауасын жұтқаныңды еске алып, “сенен кеткім келмейді, қалай ғана мәңгі қоштасармын?!” дейсің. Операция жасарда мен қорықтым, өліп
қалатындай сезіндім... Енді жарық дүниені көрмеспін деп қайғырғанымды білсеңіз, – деп қарт қолын терезе жаққа нұсқады. – Айтыңдаршы, қалайша бұл жарық дүниені қиып тастап кетесің! Сен, достым, өмірден ерте түңіліпсің. Өмір берген екен, тіршілік ет, ал ана жаққа әкетуді сенен сұрамайды. Ал бізді де, өзіңді де есек, ит өмірімен шатастырма! Өмірдің аты өмір! Әңгіме айтқан қарт: – Сен данышпандыққа салынба, бәрібір маймыл өмір! – деді сөзін қайталап, қолымен кеудесін баса күлімсіреп. Палатадағылар тым-тырыс бола қалды. Қарттар енді таласпады. Бәрі ойға батқан еді. Тіпті, ақ шашты, жас жігіт те тістерін шықырлатуын қойып, көзін ашып, жоғары қарады. Сәти оған қарап, маңдайындағы қатпар-қатпар әжімдерін көріп, таң қалды. “Менен әлдеқайда жас, ал түріне қарасаң, үлкен секілді”, – деп ойлады Сәти. Дәліз жақтан келе жатқан адамдардың аяқ басқан тықыры, сөйлеген сөздері естілді. Есік ашылды да, медбике ауруларды таситын дөңгелекті арбаны палатаға кіргізді. Арбаның үстінде өңі сап-сары, аяқ жағы бүркелген қарт жатыр еді. Ол ерінін жымқыра тістеніп, андасанда ыңқылдап, даусын әрең шығарып, су сұрап жатты. Арабаның артынан ақ халат киген, ұзын бойлы, еңгезердей үш жігіт кіріп, медбикемен бірге науқасты төсегіне жатқызып, арбаны алып кетті. Медбике науқастың үстіндегі ақ жамылғыштың астынан шығып тұрған жап-жаңа түтіктің ұшын шишаға тығып, шишаны төсектің жақтауына байлады. – Мылжыңдар, неғып тыныштала қалдыңдар? – деп күлімсіреді әйел, қарттарға қарап. – Міне, Паталарыңыз да келді. Операция жақсы өтті... – деді ол ауру адамның ернін суланған мақтамен сүртіп отырып. Сонан соң ол қарттардың ішінен біреуді көзімен іздеп шақырып: – Найманов, – деді. – Немене, қалқам? – деп дөңгелек жүзді ноғай қарты әйелдің қасына жақындап келіп, науқастың аяқ жағына отырды.
– Ағай, анда-санда аурудың ернін былай етіп сулаңыз! – деді әйел қолындағы мақтаны қарттың ерніне тигізіп. Бірақ су беріп қоймаңыз! Неге болмайтынын өзіңіз де білесіз, – деді де, ол орнынан тұрды. Уайымдап тұрған үш жігіт пен кішкентай, ап-арық кемпірді палатадан шығарып жіберді. – Шығыңыз, шығыңыздар! Бәрі де жақсы. Операция сәтті өтті, бір жұмадан соң тұрып, жүретін болады. Ертең келерсіздер. Бүгін тынықсын... Үш жігіт мойындарын созып, көздерін қарт жақтан алмай, палатадан әрең шықты. “Ұлдары болар”, – деп ойлады Сәти. – Бұлар ұлдары, – деді оның ойын білгендей шеркеш қарт. Операциядан шыққан адам көзін ептеп ашып, есіктің ар жағында тұрған жігіттерге басын көтермей-ақ көз қырын тастады. Медбике оларды қуып, арттарынан есікті жауып қойды. Есік жабылғанда, қарт сарғайған қолдарымен төсектің басынан ұстады. Жарасының ауырғаны тыжырынған өңінен байқалып тұр еді. Найманов өзінің беліне байланған шишаны бір қолына ұстап, жатқан қарттың бас жағына отырып, екінші қолымен оның бетін, басын сипады. – Пата достым, шыда, шыда. Қозғалма, қозғалмағаның өзіңе де жақсы. Аллаға шүкір, операция сәтті өтіпті, тез айығып кетесің. Шыда, достым, шыда!.. – деді ноғай қарт. Сәти іргеге бұрылып жатты. Белінің ауырғаны басылмады, анда-санда шаншып кетеді. Шаршағанын сезінді, ұйқысы келді. Ауруынан шошыған оның ойына неше түрлі қорқыныш келді. Әсіресе соңғы күндерде толып жатқан ойлар келетін еді. “Маймыл өмірі, – деп Сәти өз-өзінен қарашай қарттың сөздерін есіне алып. – Ал менде әлі есек өмір”, – деп ол күлімсіреп, өзінің өмірін тергей бастады. Сәтидің балалық шағы, бәрі есте қаларлықтай жаста емес еді. Әкешешесі жол апатынан қаза тапқаны да күңгірттене көз алдына келеді. Сол қайғы-қасіреттен жүрегінде ұмытылмастай із де қалды. Түні бойы басын жастыққа көміп жатып, көз жасын көл етіп жылайтын. Кімді
кінәларын да, қайғысына қандай ем табарын да білмеді. Ішінен тынып, күндіз-түні қайғыға түсіп, өз қатарластарымен де араласпай, жападан жалғыз өсті. Әке-шешесінің тірі кезінде ол ауылда тұратын. Содан соң шешесінің ағаларында тұрды, мектепті қаладағы интернаттан бітірді. Содан кейін институтқа оқуға түсіп, диплом алды. Әскерде болды. Әскерден соң осы уақытқа дейін муражайда істеп келді. Сәти сол жылдарды есіне түсірді. “Отыздан астым. Өмірдің жартысы өтіп кетті деуге болады. Бірақ өмір сүрмегендеймін. Өмірім әлі алдымда деп жүрсем, ол да өтіп барады екен! Бұл не ғажап?”. Өмірінде болған бір жарқын мәнді өзгерісті есіне алмақ болды, бірақ еш нәрсе есіне түспеді. Бар қызық жұмыста болар деп ойлап еді, одан да ешбір ләззат ала алмаған сияқты. Ертеден қара кешке дейін карточка толтырумен шұғылдану еркек адамға жұмыс па? Кімге керек бұл? Кімге? Кейінгі ұрпақтарға ма? Өзіме ме? Жоқ... Белгісіз, кішкентай адаммын. Егер менің өзімді көрмеге апарып қойса деп күлімдеп, өзін-өзі көз алдына елестетті. Онда да ешкім маған көңіл аудармас еді. Көңіл аударатындай кіммін мен? Ғұмырым осылай өтетін шығар!.. Сонда не үшін өмір сүремін? – деп Сәти өз өміріне көңілінің толмағанын сезді. – Жоқ, кетуім керек сол мұражайдан, – деген шешімге келді. – Кету керек. Өсудің орнына өшесің, алға ұмтылудың орнына кейін шегінесің... Институтта жүргенде ғой, геолог болуды мақсат етіп едім. Ол өзінің институттағы практикасын есіне алды. Шөлде, төбелерде шұңқыр қазып, ізденіп жүргені көз алдына келіп, күлімсіреді, сөйтіп, жатып ұйықтап кетті... Біраз ұйықтап оянғанда, әуелі Сәти өзінің қай жерде жатқанын аңдамай қалды. – Апа-ау, апа, – деп жыламсыраған дауыс естіліп, құлағын түре қалды. – Өмір сүргім келеді, бір жыл болса да, ең болмаса жарты жыл... – деген дауыс естіле берді. Сәти бұрылып қарады. Ақ шашты жігіт ыңқылдап, тынысы тарылып, сандырақтап жатыр екен. – Апа-ау, кешір мені, кешір! Өлгім келмейді. Басқаша өмір сүремін, өмірімді өзгертемін, сенің айтқаныңның бәрін істеймін, сөзіңді
тыңдаймын... Арақты енді аузыма алмаспын! – деп, жас жігіт жыламсырап жатты да, кенет даусын қатты шығарып, айқайлады: – Өлтіріңіз, өлтіріңіз! Міне, сол ауру келді. Рак, рак! Өлтіріңізші соны. Ішімнен кесіп алып тастаңдаршы!.. Шыдай алмай жатырмын! – деді. Сәти ауруды тыныштандырайын деп, орнынан тұрып еді, бірақ жанындағы төсектен тұрған адамды көрді де, тоқталды. Жас бала аурудың төсегіне жанасып келіп, оның иығына қолын салған еді..Ал ол кісі әлденелерді айтып сандырақтап жатты. Сәти де баяғысынша көзін жұмып, тағы да өмір жайында ойлана бастады. Бағанағы ойлары қайтадан келді. Өзін геолог ретінде елестетті. Геологтардай сақал-мұрт жіберіп, ыстық-суыққа қарамай, арқасына рюкзак байлап, қалың тоғайларда, биік тауларда, көмір, мұнай, асыл тас сияқты табиғат байлықтарын іздеп, тауып жүргенін көріп, өзін бақытты адамдай сезінді. Сол ойлармен ол тағы да ұйықтап кетті де, бір ғажайып түс көрді. Түсінде ашуға булығып, не істерін білмей, тынысы тарылып, ол бір биік жартастың шетінде тұр екен. Қолында үлкен шиша. Енді-енді жартастан құлап кетер ме екем деген ой оның жүрегіне қорқыныш сезімін төндірді. Қолындағы шишаның ішінен жылан сияқты жиырылып, қызыл түтік шыға береді, ал ол оны шығармаймын деп шишаның ішіне қайта тығады, шиша қолынан жылысып шығып кете ме деп, жардан ұшып түсер ме екем деп қорқады. Кенет, аяғы сырғанап кетіп, Сәти осы кезде айғай сап оянады... Көзін ашса, палатада жатыр екен, айналасындағыларға көзінің қиығымен қарады. Палатаның іші жап-жарық еді. Тыныштықты бұзып, бірдеңе тоқтаусыз ызылдайды. Сәти басын көтеріп, ызың шыққан жаққа қарады. Шеркеш қарт төсегінде малдасын құрып алып, электр ұстарамен онсыз да тап-таза, жалтыр басын әрліберлі ысқылап қырып, қолындағы кішкене айнаға қарап қояды. Қарт Сәтидің қарағанын сезіп, күлімдеді. Сәти де оған қарап жымиып қойды. – Қатты ұйықтайсың, жігітім! Жарайсың! – деп мақтады оны қарт.
Ол электр ұстарасын розеткадан шығарып, шишасын төсектен шешіп алып, есікке қарай беттеді. – Қайран, жастық өмір-ай! Сендей болсам, мен де сөйтіп ұйықтар едім. Ал қазір ұйқың келсе де, ұйықтай алмайсың, – деді ол есік жаққа барып, ұстарасын щеткамен тазалап жатып. – Неге, ағай? Ұйықтай алмай қиналасыз ба, ауыруыңыз қатты ма? – Жоқ, одан емес. Қартайғандық қой! Сондай ауруым бар... – Е-е, – деді Сәти түсінгендей болып. – Жігітім, сен қай туғансың? – деп сұрады қарт. – Ноғаймын. – Е-е! Ноғаймысың?! – қарт таңданғандай болып, есік жақта жатқан ноғай қартқа қарады да, – тағы бір ноғай қосылды, Найманов! Солай емес пе, ә? – деп күлді. Ноғай қарт тұрып, Сәтидің қасына келіп отырып, қайратты шашын сипалап, жігіттің жүзіне қарады да: – Қалай жігітім, үйренейін дедің бе? – деді көңілдене көзін жыпылықтатып. Сәти ұялғансып, басын изеді. Дөңгелек жүзді, жалпақ мұрынды қарттың қара көздері жалт-жұлт етті. Ол біраз үнсіз отырып, тағы да жанашырлықпен ақыл айтты. – Сен, жігітім, ауру туралы ойлама! Ұмыт оны. Ауруды ойлаған сайын, жабыса береді. Мұндағы дәрігерлер жақсы, жатқан адамдар да жақсы. Саған ешкім де жамандық тілемейді. Жамандық тілейтіндей негіз де жоқ. Сен өзің тез сауығуды ойла. Көрерсің өзің де, менің айтқаным келеді, – деді ноғай қарт. – Жақсы айттың, дұрыс айтасың, – деп қостады шеркеш қарт, ұстарасын тазалап болып. Ол төсегіне келіп отырды да, тумбочкасынан иіс су алып қолына, бетіне жақты.
Иіс судың иісі палатаның ішіне жайылды. Шеркеш қарт алақанымен бетін уқалап тұрып: – Иә, ноғайлар сөзге шебер халық! – деп, ол ноғай қартқа көзін қысып, қарап қойды. – Дегенмен, шеркештерге жету қайда? Рас па, Найманов? – деді ол тақылдап. – Тағы да мақтадың ба, өзіңді? – деп ол Сәтиге қарап көзін қысты, сонсоң шеркеш қартқа бұрылып: – Түу, Мұхамед, бір мақтансаң қоймайды екенсің, – деп қалды. – Шын болса, неге мақтамайын. Міне, өзіңіз тыңдаңызшы! – деп, ол кеудесін көтере, басын шайқап, әңгімесін бастады. – Ауылымызда бір қарт бар. Сөйлейді-ай кеп, сөйлейді. Оның ділмәр екеніне сөз жоқ! Ауыл халқы әңгімесін тыңдауға түгел жиналады. Бірде мынадай бір жағдай болды. Ол әңгімесін айта бастағанда, қазан асып, пияз турап тұрған бір әйел, қарттың сөзін қызыға тыңдаймын деп, саусағын кесіп алғанын да байқамай қалған екен. Отағаны былай тұрсын, тіпті ауырғанын да, қан аққанын да әңгіме біткенше сезбеген. Міне, бізде қандай әңгімешілер бар? – деп, Мұхамед мақтана қолын көтеріп, иіс суын әуелі Сәтидің маңдайына, сонан соң қарттың басына септі. Ноғай қарт иіс су себілген шашын қолымен сипап тұрып, шеркеш қарттың оны бәсекеге шақырғанын байқап, күлімсіреді. – Сіз бізде әңгімеші қарт бар дейсіз, ал атын айтпайсыз, олай болса, кім екенін білмегесін, айтқаныңа ешкімнің сенбеуіне де болады. Мына бізде Қажы ЬІсқақ деген бір сыйлы адамымыз бар. Сол кісі қырқынан шығар-шықпастан-ақ сөйлей бастапты. Ол адам бір сөйлеп кетсе, тауық жұмыртқа басып, балапан шығарғанша тоқтамайды... Түсіндің бе?! – деп, қарт маңғаздана күлді. – Е-е, сіздің Қажы Ьсқағыңыз ба! Мына бізде... – деп, шеркеш қарт менсінбегендей қолын сілтеді. Сөзге Қара да кірісті: – Ноғайлар да, шеркештер де жақсы адамдар, – деген ол екеуінің арасына түсіп, қарттардың сөзін өзінше мақұлдады.
Оның ниетін байқаған Мұхамед пен Найманов бір-біріне күлімсірей қарап, көз қысысты. Қара ештеңені аңғармай, сарғайған тістерін көрсетіп, екеуіне де жауап бергендей күлімсіреді. Содан соң түнеукүнгі операция жасалған қартқа бұрылып: – Абаза халқы да жақсы. Дұрыс па айтқаным, Пата? – деді ол Төсегінде жатқан Пата жарасының ауырғанына шыдап бақты, төсектің басынан ұстап, сұрауға жауап бере алмаса да, бетін тыжырайтып, көзін тарс жұмып алып, басын басқа жаққа бұрды. – Мына Патадай адамдардың жақсы екені білініп тұр, – деді Қара. – Адамдардың бәрі де жақсы. Дүниеде жақсылар көп қой! – деді Пата жаққа аянышпен қарап, орнынан тұрмай жатқан мұртты қарашай қарт та. – Дүниедегі жақсылардың бәрі ер! – деді жас бала сөзге қосылып. Қарттар күлді. Баланың мақтанғаннан құлақтарының қимылдап кеткенін көрген Сәти де күліп жіберді. – Жарайсың, балам, жарайсың! – деді Мұхамед оны еркелетіп. Оны қасына шақырып, құшақтады да, қарттарға көзін қысты: – Міне, естідіңдер ме, нағыз еркектің сөзін? – Дәрігер сені сүндетке босқа отыртпаған екен! – деді. Палатадағылар күліп алды. Ақ шашты жігіт ыңқылын қойып, тамағын қырнады. Пата да күрсініп, жатқандарға бұрылып қарап, жүзі жадырап, көңілі көтерілді. Сәти ғана неге күлгендерін байқамай қалып, шеркеш қартқа қарады. Мұхамед баланың басынан сипап: – Біздің жігітті дәрігер сүндетке отырғызған, – деді. Бала қызарып кетіп, қарттың қолынан босап шығуға тырысты. Сәти баланың ұялғанын сезіп, сөзді басқа жаққа бұрды. – Есімің кім сенің? – деп сұрады. – Артур, – деді бала мақтанған дауыспен Сәтиге қарап.
– Есімің жақсы екен. Менің есімім Сәтемір, қысқартып Сәти дейді. Нешінші сыныпта оқисың! – Алтыншы сыныпта, – деп жауап берді бала, тағы да қарттың қолынан босануға тырысып. Мұхамед оны жібермей, Сәтиге қарап: – Әдемі-ақ жігіт! – деді. – Әде-е-мі, – деп созды сөзін Сәти, – Иә, Жүсіп пайғамбардай сұлу, – деді Найманов та баланың иығынан сипап. Артур өзін сұлу деп айтқанына ұялып, шеркеш қарттың қолынан сытылып шығып, есік жаққа қарай қашты. – Жүсіп емеспін мен! Менің атым – Артур! – деп, палатадан қашып кетейін деп ойлады да, тоқтай қалды. Өйткені, ертеңгі асты алып келген еді. Ақ халат киген әйелдер тамақ салған арбаларын сүйретіп, палатаға кіріп, әр төсектің жанындағы тумбочкалардың үстіне тамақтарын қойды. Сәти тамақты тәбетсіз ішті, артынан қант салған шай ұрттап отырып, күлімдеп, Артур жаққа қараумен болды. “Жақсы бала көрінеді”, – деп ойлады ішінен. Өзінде баланың жоқтығы, “өмірімізге қиыншылық келтіреді” деп, әйелінің жас кезінде баладан безіп, сылтауратқаны есіне түсті. “Өз басымызға өзіміз, жайнаған жастық өмірімізге қиындық тудырып, баланың бейнетін көрудің керегі не?” – деп, әйелі жас кезінде ұнатпады. Сәти осы жайында әйелімен көп кеңесті, баланың керектігін қанша айтып, түсіндіруге тырысса да, қалада өскен, еркін тәрбиеленген қыз оның сөзін құлағына да ілмеді. Сонан соң Сәти де бұл жайында айтудың бос екенін байқап, әйеліне аузын ашпады. Ал қазір, әлі де Артурға көзін қысып: “Мынандай ұлың болса, өмірдің қуанышы ғой. Мынандай баланы ұнатпаған әйел нағыз ит екен!” – деп ішінен сөгіп те алды Сәти. Сөйдеді де, ол арқасын іргеге тіреп, баланың істеген әрекетіне көз тігіп, өз өмірі жайында да, әйелі
жайында да ойланып отырды, тек дәрігер палатадағыларды көруге келгенде ғана ойы бөлінді. – Сәлематсыздар ма, әңгімешілер! Хал-жағдайларыңыз қалай? – деді, палатаның ортасына тоқтаған – толық денелі, қызыл шырайлы дәрігер. Сонан соң ол Сәтидің жанына келіп: – Бүгін қан тапсырасыз. Басқасын түгел қарап шықтым, – деді ауруға. – Біздің ауруханаға сіз меніңше, жаңылыс түскен сияқтысыз. Сәти бірден қуанып кетті. Дәрігер аурудың сол сәтте қуанған жүзін көріп: – Көрерміз, көрерміз. Қаныңызды тексереміз. Қай жеріңіз ауырады өзі? – деді. – Анда-санда мына жерім шаншып кетеді, бірақ бұрынғыдай ауырмайды. Менің, шынында да, ауруханадан шығуым керек шығар? – деді Сәти жүрегі лүпілдеп. – Оны көрерміз, – деді дәрігер, медбикеге бұрылып: – Егер ауырғаны басылмаса, анальгин саларсыз, – деді де, өзі Патаға қарай бұрылды. Қарттың төсегінің жанына барып, аурудың көзіне қарап: – Ағай, қалайсыз? Тәуірсіз бе? – деп сұрады. Пата үндеген жоқ, тек басын изеп, ризашылық білдірді. Петр Иванович еңкейіп, төсекке байланған шишаны алды да, оны терезенің жарығына ұстап: – Жақсы. Өте жақсы. Жақында тұрып та кетесіз. Бірақ менің айтқанымды тыңдаңыз! Аз-аздап қимылдаңыз, берген дәрілерді ішіңіз, – содан соң тағы да медбикеге бұрылып: – дәріні өз көзіңізше ішсін, – деп қадағалап қойды. Сөйдеді де, басқа қарттарды да қарады, оларға да керекті дәрілердің атын медбикеге жаздыртты, біреуінің жағдайын, басқасының өңін мақтап, аурулардың көңілін көтерді. Артурдың қасына тоқтап, оның басынан сипап:
– Сені бір-екі күннің ішінде шығарамыз! – деді. Ең соңында дәрігер ақ шашты жігіттің қасына келді. – Петр Иванович, – деп ол, дәрігердің сөйлегеніне де қарамай, ыңыранып, өзі сөйлей бастады. – Қалай жата беремін, әлім жоқ, шыдамым таусылды. Бірдеңе істеңізші, ауырмайтындай! Сол ауруды басатындай бір дәрі-дәрмегіңіз бар ма, қандай болса да... Аурудың жаныма батқандығы соншалықты, тіпті шыдай алмай, айқайлап жіберемін, – деп ол, шүңірейген көзімен кінәлі жандай жалына қарады дәрігерге. – Біраз шыда, Пациенко. Ауруды тоқтату үшін, дәрілерді белгілі мөлшерден артық беруге қақымыз жоқ. Одан артық берсек, наркоман болып кетуің ғажап емес, – деді оған шырайын суыта қараған Петр Иванович. – Мейлі, наркоман болсам, – деп айқайлады Пациенко. – Сегіз айдан бері осылай ауырып, жанымды қоярға жер таппаймын. Мына жерімді жегідей-жеп барады, – деп, – ауру ішін ұстады. – Тіпті болмаса, мені өлтіре салыңызшы... Неге керек бұндай қиналу? – Кешікпей тәуір боласың. Шыда, – деп, дәрігер оның маңдайын ұстап көрді де, медбикеге қарап: - Кешке оған... – деп ол латын тілінде бір дәрінің атын айтты. Палатадан шығып бара жатқан дәрігер артына бұрылмастан: – Найманов! Бүгін сізге қан құямыз. Әзірленіңіз! – деді. Ноғай қарт ауыр күрсініп, ақ шашын ойлана сипап қойды. Содан соң орнынан тұрып, шишасын беліндегі дәкеге байлады, халаттың алдын жауып, бүкшеңдеп, палатадан шығып кетті. – Қазір біреудің қаны біздің ноғай қартымызға жаңа күш береді, – деді Мұхамед төсегінен тұрып жатып. – Медицина бәрін де біледі... – Адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ, – деді Қара алдыңғы сөйлеген кісінің сөзін түзеткендей болып. Содан соң терезе жаққа басын шұлғыды. – Біреулер біздің өмірімізді ұзарту үшін өздерінің қандарын аямай береді, ә? – деді таң қалған дауыспен.
– Асыл сөздер, қымбаттым, – деп шеркеш қарт айтылған сөздерді мақұлдады. – Ақылды сөздер: – “Адамның қолынан бәрі де келеді” дегенің дұрыс! – деп, ол шишасын қолына алып, Артур жаққа бұрылып: – Жүр, менімен, жігітім, – деп, баланың келуін күтті, ол қасына келгенде, иығына қолын салды. Тап осы сәтте Қара Сәти жаққа қарап, сөйлеп тұр еді. Күлімдегеннен қарттың қысық көзі әжімдерінің арасынан көрінбей кеткендей болды. – Біздің палатадағыларды жұрттың не деп атағанын білесің бе? – деп сұрады ол Сәтиден. Сұраған сауалдан хабары жоқ Сәти, иығын қозғады да қойды. – “Гранат лақтырушылар”, – деп, кеңкілдеп күлді қарт. Сәти де күлкісін тоқтата алмай, ішек-сілесі қатты. Егде болғанмен, шеркеш қарт құдіретті адамдай көрінетін еді, қолына ұстап тұрғанда, тап бір гранат лақтыруға дайындалғандай боп көрінді. Мұхамед жаңа келген науқастың күлгенін бірінші рет көріп қуанды, шалма етіп байлап алған басын шайқап, өзі де күлді. – “Гранат лақтырушылар!” – деп қалай дұрыс айтылған, – деді қарт маңғазданып, Артурды алдыға шығарып: – Алға, жігіт! Біз әлі оларға “гранат лақтырушыларды” көрсетерміз! Сөйтіп шыға бергенде, есіктің алдында медбикемен кездесіп қалды. – Жолдастар, ақырын сөйлеуге болмай ма? Осы палатада қарттар жатады деп кім айтады? Науқас та сіздерді қинамайды, ауыз жаппай сөйлейсіздер. Шынымен-ақ “мылжыңдардың” тап өзі екенсіздер. Байсалдылық керек қой, жолдастар, байсалдылық! – деп, әйел басын шайқап, бұларға реніш білдірді. Мұхамед пен Артур тездетіп есіктен шығуға асықты. Медбике Сәтидің қасындағы орындыққа отырды. Содан соң қолындағы шыны түтіктерді көрсетіп: – Қазір, жігітім, қан аламын! – деді. – Қай жерімнен? – деп сұраған Сәти қолын созды.
– Саусақтан, – деді әйел, халатының қалтасынан мақта алып, оны спиртке малып жатып. Сәти қолын ұсынды. Сәти саусағына инені тығатыны туралы ойлап, тітіркеніп кетті, сол-ақ екен, медбике ұстап тұрған саусағын шертіп қалып, шыққан қанды түтікпен сорғызып алды. Қара оның қасына тақап барып, бетіне қарады да, өзінің қанын алғандай тыржиып, Сәтидің қанын толтырған түтікке қарады. Бозарып кеткен түріне қарап, қанды Сәтиден емес, соның өзінен алған екен деп қалғандайсың. Медбике кеткенде, қарт тынышталып, өз орнына отырды да, кішкентай балаға ұқсап: – Ауыртты ма, жігітім! – деп сұрады да, жауабын күтпей-ақ: – Ноғайлар, жақсы халық, – деді. – Бізде, Марадада ноғайлар тұрады. Мен өзім Жоғарғы Марада жеріненмін, – деп түсіндірді ол – Бишесін, Тоқтамыслы деген жерлерде де ертеде ноғайлар тұрған... – Сен қарашайсың ғой, – деді ұзын мұртты қарт сөзді бөліп. – Қарашайлардың тұқымының Қырымнан екендігін білесің бе? – деп сұрады ол, басындағы киіз қалпағын түзете киіп. – Жоқ, білмеймін, – деді Қара. – Олай болса, біліп қой! – деп, бір үлкен маңызды сөз айтқандай, қолын қусырып, Қараға қулана қарады. – Жарайды, енді біле жүремін, – деді Қара разы болып, тағы да Сәти жаққа қарады. – Біздің бабамыз да ноғайдан шыққан дейді. Әңгімені сол үшін бастап отырмын. Бабамыздың тұқымы – Кіші-Мурзаев еді, өзі Қарамырзай деген ауылдан. Бар ма сондай ауыл? – Бар. Орысша Карамурзинский деп аталады. Қара ойланғандай болып, терезеге қарап үнсіз тұрды. – Сол бабамыз жақсы адам болған көрінеді, – деді ол мақтаныш сезімін жасырмай. – Ол көзінің тірісінде-ақ, өрнек салғызып, өзіне ағаштан ескерткіш жасатқан екен. Сол ескерткіш осы уақытқа дейін сол күйінде. Шірімейді, күймейді, тіпті, балтамен айғыздау мүмкін емес. Оның жанындағы тастан жасалған ескерткіштердің жазулары өшіп,
мүк басқан, ал мына ағаш ескерткіш жап-жаңа қалпында тұр. Жақсы адамның ескерткіші солай тұруы мүмкін-ау, ә? – деп, қарт терең ойға кетіп, бір түрлі мұңая күлімсіреді. – Мұхамед пен Артур қайда кетті екен? – деді Сәти қарттың көңілін басқа жаққа аударғысы келіп. – Е-е, біздің шеркештеріміз күнде таңертең бірге жоқ болады. Қарт өзі суық сумен жуынады, баланы да соған үйретеді. Жүз жасқа дейін өмір сүремін дейді Мұхамед. – Ал ауруы асқынған. Бір жылдан артық өмір сүрер-сүрмесі неғайбыл, тіпті өзінің неге сонша қоразданатынын біліп болмайды, – деді Пациенко мұңайып, ренжігені әлде таңданғаны белгісіз, әйтеуір даусы қатты шығып кетті, өзі орнынан әрең көтеріліп, шишасын қолына алып, ешкімге қарамай, есік жаққа адымдай жөнелді. Палата ішін тыныштық биледі. – Бұл адамды ауру әбден қажытты, – деді ұзын мұртты қарашай қарт ақ шашты жігіт шығып кеткен кезде. – Өмірден әбден түңілген. Ер адамға өмірден бүйтіп түңілу келіспейді. – Жалғыз басты. Өмірден ештеңе көрмеген. Сондықтан да өлімнен қорқады, – деп, сөзге кірісті Қара. – Өмірде бір із қалдырмай кету... Сол болар оны қинайтын. Оны да түсінген жөн. – Ол жалғыз емес, – деді мұңды дауыспен басын шайқап, ұзын мұртты қарт. Бір жерде қарт анасы бар... қалай еді, Пензада тұрады-ау деймін. Түні бойы жылайтынын өзіңіз естідіңіз ғой! Анасын аяйды. Өзін де аяйды. “Өмірді босқа сүргем” деп өкінеді. – Әңгімелеріңіз не жайында, достар? – деп, суық сумен жуыпғаііііаіі жүзі күреңіткен Мұхамед есіктен кіріп келді. Ол қолымен бетін көңілдене уқалап, әңгімеге құлақ салып, Пациенко жайында екенін біліп, мұңайып қалды. – Аяйсың жігітті. Ішкілікке салынып, мағынасыз өмір сүрсе де, аяйсың. Жас қой, жас... – деп, шеркеш қарт тумбочкасының жанына келді де,
одан иіс суын алып, маңдайына, мойнына жақты. Содан соң Сәтидің қарсысына кеп тоқтады: – Оған келіп жатқан ешкім де жоқ. Бес рет үйленген дейді. Сонда да келген ешкімді көрген емеспіз. Жаман адам болар... Ауруы ұстап, ауыр халде әкелген еді. Асқазанында жара бар деп ойлап, операция жасап қараса – рак болып шығады. Асқынып кеткен көрінеді. Енді арақ ішіп, желіккеніне өкінеді. Түні бойы құдайға жалбарынып, өмір сұрайды. Кім оған жаңа өмір берсін, өмір біреу-ақ қой. Әй, аяйсың-ау оны, әлі жас емес пе. Енді ғана өмір сүре бастайтын кезі ғой!.. – деді Мұхамед. – Иә, иә, – деді мұңды дауыспен ұзын мұртты қарт басын шайқап. – Ал өзінің рак екенін білгені жаман. – Рас, рас білгені жаман-ақ, – деп күрсінді Қара біраз ойланып тұрып. – Онан да білмегені дұрыс еді! – Несі дұрыс оның? Неге жақсы болады? – деді Мұхамед мақұлдамай, қолын сілки сөйлеп. Қолындағы иіс суы сусып жерге түсіп кеткенін де білмей қалды. –Білесің ғой, неге жаман екенін? Мына сіздерде, – деп қарт Сәтиге бұрылды. – “Жығылған шеркеш мойымас, мойыса да берілмес”, – дейді екен ғой. Сәти жауап беріп үлгірмеді. Есік ашылып, кеудесіне жемістер мен компот құйған ыдысын қысып, бір түрлі абыржығандай боп Артур кіріп келді. – О-о! Қазір менің де адамдарым келеді, – деп күлімсіреді Қара, біраз ойланып тұрып. – Бүгін... бүгін екінші ұлым мен келінім келуге тиіс, – деді де, асығыс төсегіне жата қалып, жүзіне реніш кіргендей үндемеді. Бірақ бірінші боп Сәтидің әйелі келді. Ол әуелі жүзі жарқырап, күлімсіреп кіріп еді. Бөлмедегілерді көзімен шолып өтіп, назарын шишалар мен түтікке аударып, өңі өзгере қалды. Сумкасынан оралған тағамдарды, бір бөтелке айранды, алмаларды шығарып, тумбочканың үстіне қойды. Сәтидің қасына отырып, оның жүзіне барлай қарап, көтеріңкі дауыспен сөйлей бастады. Сәтидің жұмыстастарының сұрап жатқанын, сәлемін жеткізді. Өзінің дәрігерлермен сөйлескенін, анализдерінің жақсы екендігін айтты. Расында оның енді қанын
тексеру керек, бірақ бәрібір Сәтиді мұнда көп ұстамайды, тіпті операция жайында сөз болуы да мүмкін емес. Осы жағдайларды айтып, күйеуінің құлағына құйып жатты. Сонан соң әйел Сәтидің қолын ұстап: – Бірдеңелер керек пе? – деп мейірлене үн қатты. – Жоқ, еш нәрсе де керек емес. Өзің қалайсың? Жұмысыңда не жаңалық бар? – деді Сәти көңілсіздеу. – Оның несін сұрайсың? Түнеукүнгі екі сызбаны өткіздім. Тапсырмалар көп-ақ. Әлгі, мектепте бірге оқыған жолдасым “осындай сызба сызып бер” деп өтінді. Енді соны сызуым керек. – Өзіңді неге сонша қинайсың? – деді Сәти әдетінше. Әйелі жобалау институтында істейтін. Өз жұмысына ұқыпты кісі. Жұмыстан кеш қайтатын, үйге шаршап-шалдығып келсе де іс машинасына отыра қалып, іс тігіп, тоқу тоқитын. Сондықтан жолдастарының өтініші аз болмайды. Бұндай ақша табатын жұмыс алғанын күйеуі жақтырмайтын. – Оның керегі не саған? Одан да дем ал, теледидар қара, кітап оқы. – Қиналған ештеңем жоқ. Міне, жақсы болып шықсаң, жазда теңізге барамыз. Ақша артық бола ма, оған демалысыңыздың ақшасын қоссақ, бізге киімге де, дем алуға да жетеді, – деп мақтанды да, не айтар екен деп, Сәтиге қарады. Бірақ Сәти әйелінің мақтасын дегенін сезсе де, сөзін қоштамады, естімегенсіп, есік жаққа карап, Пациенко туралы ойлады. “Мына жігіт менімен құрдас екен, кандай жаман ауруға шалдыққан, байғұс. Айтуға қорқынышты!” – деп, Сәти дүкен мен асхананың айналасында жүретін маскүнемдерді көз алдына елестетті. Олардың арасында ақ шашты жігіт Пациенко да жүрген сияқты боп көрінді. Сол маскүнемдерге өзі жиіркене қарайтын еді, сол сияқты мына Пациенкоға да солай қарайтын. Бірақ енді оған ондай жиренішті көзбен қарамады. “Сондай жігітке неге ажал келуі керек” деген ой оның басын шырмады. Өз өмірін өзі қор еткен. Адамның өмірге келіп, адамша өмір сүруі, ол бір бақыт, куаныш қой. Ал, осындай жағдайға түскен адамды не деуге болады? Тіпті, өмір сүрмеген адам сияқты. Ол кенет шошып кетті. Мен
өзім ше? Мен де есте қаларлықтай, айтарлықтай не істедім. “Мынаны араққор қылды, ал менің өмірім карточка толтырумен өтті” – деген ойлар басына келіп жатты, сондықтан да әйелінің сөзіне мән бермей, жауапсыз қалдырды. Әйелі өкпелеген жоқ: – Саған костюм, маған жаңа туфли алармыз, ал қалған ақшаны Лазеревскіге барғанда ұстармыз. Баяғыда теңізде дем алғанымыз осы күнге дейін есімнен кетпейді, қандай жақсы болып еді, – деп, өзінің әңгімесін айтты. Палатаға Патаның кешегі келген туыстары кірді. Бұлармен бірге жас келіншекті қолтықтап, зор денелі, шырайлы еркек кірді: олар Патаның төсегінің жанынан өтіп барып, Қараның қасына тоқтады. Қараның ауруы жанына қатты батып, қолымен басын ұстап, қиналып жатты. Пациенко сол кеткеннен, палатаға қайтпады. “Ал мен ше? Өлім алдында немді есіме түсірем?” деген ой оның басынан шықпады... Сонан соң қиналған адамдай, әйелінің жүзіне, әдемі етіп таралған шашына, өзіне жарасып тұрған көйлегіне қарады. – Не, жағдайың болмай тұр ма? – деп тынышсызданды әйелі. – Жоқ, жоқ, – деді Сәти күлімсіреп, әйелінің қолынан сипап. – Кешір, мені! Енді жүре бер үйге. Басыма әр түрлі ойлар келеді. Кешір! – деді. – Қандай ойлар? – Ойлар емес-ау, шаршағандық қой. – Иә, байқап отырмын. Жарайды, ертең келем. Не тамақ әкелейін? – Ештеңенің де керегі жоқ, – деп, Сәти әйелінің іііырайынан оның ренжігендігін байқады, бірақ ештеңе демеді. Әйелі ренжігенін білдіргісі келмей, қулана күлімсіреп, әдетінше, кетерінде күйеуінің бетінен сүйгісі кеп еді, палатадағы қарттардан ұялып, Сәтидің қолын қысып, қоштасты. Сәти де әйелін шығарып салмады, көзін сығырайтып, оның палатадан шыққанын байқап жатты. Мұның әйелінен кейін Қараның ұлы мен келіні де шығып кетті. Патаның зор денелі үш баласы шешесін қолтықтап, палатадан шыққан кезде, ақ шашты жігіт кірді. Бүкірейіп, екі қолымен ішін басып,
қиналғаннан бет-әлпеті өзгеріп, үн-түнсіз төсегіне жетіп, теріс қарап жатып қалды. Сәти басын көтеріп, бәрін байқап отырды. Қара үйден келген тамақтарының көбін Пациенконың тумбочкасына салды. Жігіт оған бұрылған да жоқ, теріс қарап жата берді. – Не ойлап жатырсың? – деген сұрау Сәтидің ойын бұзып жіберді. Ол басын көтергенде, Патаның көзімен ұшырасып қалды. Қарт алғашында, операциядан кейінгі күндері қандай қатты қиналса да, білдірмеуге тырысты. Бірақ түнімен ыңқылдап, аһылап-уһілеп шығатын. Бірте-бірте тәуірленіп, беті бері қараған сияқтанды, тіпті қарттардың әңгімесіне де құлақ салатын болды. Қазір бірінші рет Сәтимен әңгімеге кірісті. Сәти оған қуанып күлімсіреді. – Балалар жайында ойлап жатқан боларсың? Балаларың бар ма? – деп сұрады тағы Пата қарт. – Балаларым жоқ, – деп Сәти кінәлі адамдай болып, қолын жайды. – Әлі болар, қайғырма. Бізге жасағандай операцияны саған жасамайды. Сондықтан қорықпа, әлі-ақ балаларың болар, – деді оған қарт сендіріп. Сәти ұялғаннан көзін қарттан тайдырып әкетті. Ол қарттың операциядан кейін әлінің жоқтығын байқады. – Баласы барлар да қайғырады, баласы жоқтар да қайғырады – деп күрсінді Пата. – Балалар біздің өмірімізді жалғастыратын келешегіміз. Бірақ олар өскен сайын бізден алыстай береді, тіпті жат болып та кетеді. Олардың өз өмірлері өзімен. Ойларымен ұмтылыста болады. Біз оларға керек те болмай қаламыз кейде, – деп қарт сөзін доғарды. Осы сөзден кейін Қара қызуланып кетті. Сәтидің төсегінің жанындағы орындыққа келіп отырды. Сәти Патаның бетіне қарап, тағы да не айтар екен деп күтті. Басқа қарттар да қозғалып, Пата жаққа бұрылды. Ал Пата болса тек өз ойларымен болып, өзгелердің орындарынан қозғалып, әңгімеге қызыққанын сезбеді. – Ерте заманда бізде бір ноғай қарты өмір сүрген екен, – деп, шыдамсыздана сөйлей жөнелді Қара. – Есімі – Бегім атай екен...
– Ол қарт неге сіздерде ғана өмір сүрген? Бегім атай тіпті ерте заманда өмір сүрген. “Бегім атай айтқан” деп, біз де оның сөздерін ұмытпаймыз, – деді Найманов әңгімені бөліп. – Солай-ақ болсын, – деді Қара разы болып. – Сол Бегім атай айтқан екен: “Балалары әкелерінен де ақылды болса, әкелері айдалада қалады” – деп. Міне, сол заман келді. – Шүкір, күлкіге қалып көрген жоқпын, – деді денесі құрыстап отырған Пата сөзін қайталап. – Әкем мен үшін өмірімдегі ең қымбатты, ең керекті адам еді. Жұмыста жүрсем де, үйде отырсам да, әскерде жүрсем де, қайда жүрмейін – әкем ылғи да менің жүрегімде сақтаулы. Әрдайым оның көзқарасын бірден сезетінмін. Бір нәрсе істеу үшін алдын ала, әкем не айтар екен деп ойланатынмын. Қазір де әкеммен ақылдасқандаймын, әкем о дүниелік болып кетсе де, ылғи жанымда бірге жүргендей көремін... – Дұрыс айтасың, Пата, – деді қарашай қарт дауыстап. – Менде бала жоқ, сондықтан қазіргі балалардың ақылы туралы ештеңе айта алмаймын. Ал өзім сен сияқты әкемді сыйлаушы едім. Міне, қазір де оған тап сен айтқандай қараймын. Әкем ылғи жүрегімде. Айтқаның дұрыс, Пата! – Иә, әкеміз біз үшін ең адал адам, – деп қайталап айтты Пата, – Ал қазір ше? Менің ержеткен үш балам бар. Оларды өздерің көрдіңдер. Балаларым жұмыста жақсы, оларды мақтайды, елге жұғымды, үйлерінде әйелдерімен де тату тұрады, келіндерім өзара тіл табысады, ал мына мен болсам оларды түсінбеймін, олар мені түсінбейді. Менің оқуым көп болмаған соң менсінбей ме екен? Мектепті бітірсін, одан әрі қарай оқып, білімдерін көбейте берсін-ақ! Бірақ мен әкемнің қасында отырып, оның әрбір сөзіне құлақ салғанымдай олар да менің қасымда отыруына болады ғой. Өз басым әкемнің не ойлап отырғанын бірден білетінмін. Ал мыналар неге білмейді? Жарайды, мен оқымысты болмай-ақ қояйын. Бірақ, олар менімен бірге отырып, білмеген, түсінбегенімді түсіндіріп, өздерінің ойларын, реніштері мен қуаныштарын айтып бөлісуіне болмай ма? Одан басқаның маған керегі де жоқ. Сол кезде мен олар туралы бірдеңе білер едім, сонда жүрегім орнына түсіп, жеңілденіп қалар едім. Өзімді қинаған жайттар туралы
айтар едім. Олардың көмегінің керегі жоқ маған, бірақ өзімді тыңдап, шындарын айтатын адам керек. Ал, қазір, қарап тұрсаңыз, тап бір бөтен адамдардаймыз... – деді Пата ренішті үнмен. – Дұрыс айтасың! – деп Қара дауыстап, отырған орнынан атып тұрып, қолын сермеді. – Мына менде бес ұл, екі қыз бар. Бәрі де институт бітірді, бәрі де білімді, қалада жұмыстарын істеп, өмір сүріп жатыр. Мені өздерімен тұруға шақырады, барғым келмей, ауылда қалдым... – Туған жеріңді тастап кету, әлбетте, жақсы емес, – деп кесіп айтты Мұхамед. – Дұрыс айтасың, жақсы емес, – деді мақұлдаған Қара. – Ол әкемнің жұрты, атамекенім, ондай әрбір мүйіс, әрбір зат маған қымбат. Ал енді ойлап қарасаңыз, ата-аналарының туып өскен жерін біздің балалар бағаламайды... Әй! – деп Қара қолын бір-ақ сілікті. – Жақсы, мен осы үйімді тастап, қалаға, балаларыма көшіп-ақ кетейін. – Пата, сен айтқандай балаларымның не ойлайтыны маған жұмбақ. Мен, пақыр, білмеймін олардың не туралы ойлайтындарын, білгім келсе де айтпайды. Күнәлі болсам, алла кешірсін, олардың жүрегі тастай суық, – деді қиналып сөйлеген Қара. – Тура, тура! – деді тісін қышырлатып, ыңқылдаған Пата бұрылып. – Мен де балаларыма көшіп бармадым. Бірнеше рет шақырды, бармаймын. Олардың келгені үлкен қуаныш та. Жақсы сөздер айтып, көңіліңді көтереді, денсаулығымызды сұрайды, қымбат сыйлықтар әкеледі, ақша да бермек болады, бірақ мен ақшаны алмаймын, сыйлықтарын да алмас едім, көңілдерін қимаймын. Ал ол сыйлықтарының керегі не маған? – деп қарт күлімсіреді. – Мен соғыстан әкеме темекі әкелген едім, сөйтсем ол сол кезде шылым тартуын қойған екен... Мәселе сыйлықта ма? Олардың бірдеңе әкелгенін де қаламаймын. Менде бәрі де бар, бәрі де жетеді. Құдайға шүкір зейнетақым, қоражайым, сиырым бар... Жетеді. Әкелгілері келсе, әкеле берсін. Оған мен ештеңе де айтпаймын. Бірақ әкелерінің үйіне қонаққа келгендей сезінбей, өздерінің үйі екенін білсе болды да!
– Жарайсың, Пата! Өмірлі бол, Пата! – деді Қара сүйеніп отырған орнынан ұшып тұрып, қарттың қасына барып, оның қолын қос қолдап қысып. – Айтқаныңның бәрі де дұрыс! Мен де тап сондаймын! – Қалай дегенмен де, бала деген жақсы ғой! Бала бар жерде – бақыт бар. Ал олардың балалары – балдан тәтті. Мынадай жігіттердің бар болғаны жаман ба? – деп, шеркеш қарт қолын нұсқап, Артурды көрсетті. – Ол да дұрыс. Бала – бақыт екені рас, – деді Қара сүйсініп. – Немерелер балдан да тәтті! – деді Пата оның сөзін құптап. – Ал мына менде бала да жоқ, немере де жоқ... – деді шеркеш қарт жұмырығын аузына апарып, тамағын қырнай жөтеліп. Қараның түсі өзгеріп кетті. Пата Мұхамедке сенімсіздеу қарады. – Қазір балам жоқ, – деді шеркеш қарт. – Төрт ұлым болған еді, – деп ол біраз ойланып тұрды да, сонан соң: – Қазір біреуі де жоқ. Тұңғышым жиырма жасында соғысқа кетіп, жаудың қолынан қаза тапты. Екінші ұлым – он алтыға толғанда, суға кетіп өлді, үшінші ұлым да алтыға толған еді, өкпесіне дерт жабысып, содан жазылмай, қайтыс болды. Ал төртіншім тіпті кішкентай еді. Әйелім оны бесікте қалдырып, өзі бақшада жұмыс істеп жүреді. Баланың жыламағанына мәз болып, ұйықтап жатыр ғой деп, жұмысын істей берген. Бір кезде келіп қараса, балаға күн өтіп кеткен. Сөйтіп, кішкентай ұлымнан да айырылып қалдым. Сонымен, кемпірім екеуміз ғана қалдық. Не істейсің, өлгеннің артынан өліп кетпейді екенсің. Бірақ қайғы өзінің ізін қалдырмай қоймады. Төртінші баладан соң әйелім өз-өзінен сөйлейтін болды. Балаларының қайғысы оның басына шықты: балаларының атын атап, шақырады да жүреді. Қазір енді көз жасын көл қылып жылағаннан, қатты қайғыдан көзі де көрмей қалды. Міне, менің өмірім сондай, білгілеріңіз келсе, – деді ол даусы қалтырап, сонан соң өзін-өзі мықты ұстап, көңілін көтергендей боп: – Әлі де өмір сүреміз. Өмір сүремін, көріп тұрсыздар ғой. Тағы да кеп тұратын боламын... Туған-туыстар келеді, өздерімен бірге мына Артур сияқты балаларын ертіп келеді. Олар маған келіп: “Ата, ананы істеп берші, мынаны істеп берші” – деп
маза бермейді. Осыдан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Жоқ, жүз жасқа дейін өмір сүруім керек, – деді ол. – Жетер енді! – деп қынжылды Пациенко қарттарға қарап. – Бір сәт үндемеуге болмай ма? Басымыз даңғырап кетті, ал сіздер: “Ата, немере, жүз жас”, – деп сөйлей бересіз. Сіздердің ешқайсыларыңыз да жүзге дейін өмір сүрмейсіздер. Екі аяғыңыздың бірі көрде тұрғанын байқамайсыздар ма? – деді мұңды дауыспен асықпай сөйлеген ақ шашты жігіт. – Міне, көрдіңіз бе? – жастардың қарттармен қалай сөйлесетінін? – деді Пата айыпты кісідей Пациенко жаққа қарап. – Иә, маймыл өмірі деген осы! – деп қарашай қарт күлімсіреді. Қара Пациенко жатқан тесекке қарай жүрді де, кілт тоқтай қалып, қайта бұрылып барып төсегіне жантайды. Палатаның іші тып-тыныш бола қалды. Бірақ Пациенконың ыңқылдаған дыбысы мен тағы біреудің төсегінің сықыры ғана естіліп тұрды. Бірақ шеркеш қарт үндемей жата алмады. – Естідің бе, ноғай? – деді ол Сәтиге сыбырлап. – Сіз шеркештерге не деп ат қойып едіңіз? Неге екенін білесіз бе? – деді ол жігітке қулана қарап. Сәти күлімсіреп, әрі қымсынып, білгенін әңгімелеп айтты. – Ерте заманда, сабантойда бір шеркеш жігіті ноғай жігітімен күресіпті. Ноғай жігіті шеркеш жігітін жыға беріпті. Шеркеш жігіті қанша жығылса да, жеңілгенін мойындамапты... – Ол осал жігіт болды ғой, жығыла берсе, – деді Мұхамед оның сөзін бөліп. – Солай да болар, – деп Сәти қарсыласпады. – Сол кезде жиналған адамдар мынандай ақыл айтыпты: “Егер жеңілгенін мойындамаса, басына қара май жағыңдар” – депті. Күресушілер де тап солай етеді, жеңілген қарсыласының басын қара маймен майлайды...
– Шеркештер ондай осал болмайтын еді ғой! – деп, Артур шіңкілдеген даусымен айқайлап жіберді. Қарттар оған күлді. Палатаға Найманов кірді. Оның ренішті түрін көріп, қарттар жым болды. Әр уақытта көңілді де жылпос ноғай қарты үн-түнсіз, халатының етегін көтеріп, қолындағы шишасын ішіне баса қысып, төсегіне келіп, жоғары қарап жатып қалды. – Үлкен ноғайымыз көңілсіз ғой, не болды екен? – деп күлімсіреді Мұхамед, бірақ Найманов ләм демеді. Сөйтіп, ол қимылдамай, үндемей, түске дейін жатты. Түскі тамағын да үн-түнсіз ішті, үй сыпырушы палатаны жиыстырып шыққанша да үндемей жатты. Қарттар бірдеңенің болғанын байқап, ноғай қартқа жиі-жиі көздерінің қиығымен қарады. Түскі тамақтан соң, аурулардың тынығу сәті кезінде, ол өз-өзімен сөйлескендей болып: – Бүгін бір науқасты әкелген екен, жан тапсырыпты, – деді. – Қалай? – деп Қара орнынан атып тұрды да, таң қалғандай көзін бақырайтып, ноғай қартқа қарады. – Неден өлген екен? – деді Пата да. – Өзін-өзі өлтірген. Әйелі басқа біреумен күйеуіндей тұрыпты дейді, ол соны білген де пышақты ішіне сұғып алған. – Харакири еткен екен! Жапондықтар солай ететін көрінеді ғой, – деп, Мұхамед сөзді күлкіге айналдырмақ болып еді, бірақ күлкінің ыңғайсыз екенін сезіп, сол сәтте тына қалды. – Жас адам ба екен? – деп сұрады Сәти. – Қырық жаста. – Ішіне пышақ салған ба? – деп, таңданғандай болды қарашай қарт. – Өзіне-өзі операция жасаған екен ғой? Көзсіз батыр, өжет жігіт екен. – Өжет емес, ақымақ ол! – деп, Пата күйіп-пісіп айқайлағаннан жөтеліп қалды. – Ондай әйелді тастау керек еді ғой. Ал енді осынысымен не көрсетті? Кімге? Неге?
– Мүмкін, ол онсыз өмір сүре алмайтындай әйелін өте жақсы көрген шығар? – деді Сәти. – Мүмкін, өмірінің бәрі сол әйелге байланысты шығар? Қарттар Сәтидің айтқан сөзін бар ынталарымен тыңдап, тына қалды. Неге десеңіз, тәрбиесі басқа бұл адамдар әйел туралы ондай сөздер айта алмас еді. “Барлық өмірін сол әйелге паш еткен болар, бәлкім, онсыз өмір сүре алмаймын” деген сөздер туралы әрқайсысы ойға қалып, іштерінен қайталап, мағынасын түсінуге тырысты. Ал Сәти болса, үйінде жалғыз қалған әйелін еске алып: “Мен сонда, әйелімді сүйгендіктен, өзімдіөзім өлтіруім керек пе?” – деп ойлады. Әйелінің өзіне адал екендігіне ол сенетін, бірақ аяқ астынан осындай жағдай бола қалса, Сәти өзінеөзі пышақ сала алар ма еді? Жоқ, жоқ, олай істей алмас едім. Айырылысар едік те, сонымен бітті деп, бірімізден-біріміз құтылар едік, – деп, ол өзіне-өзі жауап беріп, әйеліне асып бара жатқан сүйіспеншілігінің жоқ екенін сезінді. “Ондай шын сезім менде жоқ. Біздің арамыздағы сүйіспеншілік –бір-бірімізге үйренгендік қой. Жарты жыл таныс болып үйлене салған адамдарда қандай махаббат болсын? Оның күйеуге тиюі керек еді, мен де өмірімді жалғыз өткізбейін дедім, сондықтан да қосылдық. Махаббат жоқ. Махаббаты барларда бала болады, ал бізде бала түгіл, балшық та жоқ, тек бірбірімізге үйреніп кеткенбіз. Ал егер ол бірдеңе істесе, айырылысамын, себебі сүймеймін... Осындай мақсатсыз өмірден әбден тойдым, – деп, Сәти тап осы тұста өзін аяды, өзіне-өзі жаны ашыды. – Жоқ, ол тіпті жаман адам, – деді кенет мұртты қарашай. – Әйел үшін өзін-өзі өлтіру. Түсінбеймін! – деп жұдырығымен төсегін бір қойды. – Сондай махаббат болады, – деді шеркеш қарт байсалды түрде. – Сеніңіз маған, білемін. – Әрине, болады, – деді Пата оны құптап. – Бірақ өмір... Өмір дегенің сүйген әйелден қымбат. Өмір бір-ақ рет беріледі. Бір-ақ рет! Неге оны қадірлемеске?! Бар өмірін әйел үшін сарп еткен, ал онысы қазір өзінің
көңілдесімен бірге оны мазақ етіп күліп отырған болар. Арсыздардың өмірін жеңілдеткен, – деді Пата ашуланып. – Е, сіздер қандай махаббат жайында айтып отырсыздар? – деп, Найманов олардың айтқандарын мақұлдамай, ернін шүршитті. – Махаббат, махаббат! Қандай махаббат? Нағыз махаббат – адамгершілік. Әйел де, еркек те адамша өмір сүрсе, ондай қаза болмас еді? Ол әйел – шайтан. Сол шайтан әйелмен өмір сүрген еркек те еркек емес. Қайда қарап жүрген десейші? Шайтанмен шайтан болып жүре берген... Ондай мінез дұрыс адамда емес, былқ-сылқ етіп жүрген осал адамдарда ғана болады. Сондай ұятсыз әйел үшін өмірін қию деген масқара ғой! Біреумен жағаласып, төбелесіп жүріп, мерт болса, бір сәрі. Онда өзінің намысын қорғады деп түсінуге болар еді. Ал мынаны не деп атаймыз? Бірақ өлген адам туралы жаман сөйлеуге болмайды, әрине. Бір мысқал намысы болса, ол сөйтпес еді... – деп, қарт Артур мен Сәтиді нұсқады, – мына сіздерге де, жасы үлкендерге де қандай қызды сүю керектігі жайында бір әңгіме айтайын, – деді Найманов, есіне сол әңгіменің түскеніне қуанып, көңілді дауыспен бастап кетті. – Біздің ауылда Бақтияр деген жас жігіт өмір сүріпті. Бір күні ол өзенге суға түсуге барады. Сол күні судың жағасында күнге қыздырынып, табиғатқа таңданып, көп отырып қалады, – деп ноғай қарт сөзін созып, бір түрлі жырлап отырғандай әңгімеледі. – Басына неше түрлі ойлар келіп, кетіп жатады. Сөйтіп отырғанда, су үстінде қалқып келе жатқан алманы көреді. Жігіт суға түсіп, алманы ұстап алады. Жағаға шығып, әлгі алманы тістеп жейді. Алма тәтті екен. Алманың жартысын жеп болған кезде, кенет ойланып: “Кімдікі екен бұл? Өзенге қалай түскен?” – дейді. Осы судың жоғарғы жағында әулие деп саналатын бір қарттың тұратыны есіне түседі. Тап сол судың бойында қарттың үлкен бағы бар еді. Бақтың алмасын ешкім үзіп алып жемейтін, күнә деп санайтын. Бақтияр қайғырады. Қайғырғанмен не істейді, алманың жартысын жеп қойды. Сондықтан да Бақтияр істеген ағаттығын айту үшін, әлгі қартқа барады. Оған келіп: – Бағыңыздан бір алма суға үзіліп түскен екен, мен соны білмей, судан алып жеп қойдым. Кешіріңіз күнәмді, ата, – дейді.
Қарт мұны естіп қайғырып: – “Сен үлкен күнә жасағансың, менің бағымның алмасын тек болашақта күйеу бала болатын кісі ғана жеуге тиісті еді. Жалғыз қызым үшін елден жырақ тұрамын. Ол қызым соқыр, саңырау, мылқау, аяқ-қолы да жоқ. Егер сен оны келіншек етіп алсаң ғана күнәңді кешіремін”, – дейді ақсақал. – Көрдің бе, жігіттің қандай жағдайға түскенін?! – деп, Қара таң қалып, қарттың төсегінің басына кеудесімен асылып, аузын ашып тыңдап отырады. – Иә, солай, – деп басын иіп, әңгімеші сөзін жалғай берді. Бақтияр көп ойланып, әулие қарттың сөзін құптап, күйеу бала болуға келісімін береді. – Қызым соқыр, саңырау, мылқау, аяқ-қолы жоқ, – деп қарт қайталап айтады. – Үйленем деп айттым ба, үйленемін, екі сөйлемеймін! – деді Бақтияр ашуланып. Сол кезе әулие қарт жас жігітті қолынан ұстап, үйіне ертіп әкеледі. Олардың алдынан ай мен күндей бір сұлу қыз шыға келеді, қыз келгендермен сәлемдесіп, есікті ашады. – Міне, менің қызым. Енді ол сенікі, – деді қарт қызын көрсетіп. – Еһе, – деді Мұхамед, – қарашы қуын, әулие қарт та алдай біледі екен ғой! – Бақтиярдың да сіз сияқты көңілі қалады, – деп күлімсіреді Найманов. – Сіз “қызым соқыр, саңырау, мылқау, аяқ-қолы жоқ”, – деп едіңіз ғой, біз мұндай қыз туралы сөйлескеніміз жоқ еді ғой! – депті жігіт қартқа... Қарттар жағы күледі. – Басына ауру тілеп алған да, – дейді Мұхамед. – Сол кезде әулие қарт өз сөзіне жауап береді, – деді әңгімеші әңгімесін әрі қарай жалғап. – Мен, балам, шынын айттым. Соның бәрін түсіндірейін. Оны соқыр дегенім – бірде-бір жамандықты көрмейді, саңырау дегенім – жала жабушылардың сөзін, өсек-аяңын естімейді, мылқау дегенім – аузынан жаман сөз шығып көрген емес, аяғы жоқ
дегенім – тиіссіз жерлерде бей-берекет жүрмейді, – ал қолы жоқ дегенім – еш уақытта оның дем алғанын көрмейсің, ылғи да қолы жұмыстан босамайды, – деді әулие қарт. Бақтияр қуанып кетеді де, әулие қарттың қызына үйленіп, оның адал күйеу баласы болады... Мұны естіген Артур, балалығы ұстап, аузын қолымен жауып, өзін-өзі ұстай алмай, қарқылдап күліп жіберді. – Ондай келін үйге келсе, бақыт әкелеріне шек жоқ! – деп күлімдеді Қара мақтау сөздерін айтып. – Жақсы әңгіме, – деді Пата. – Мұндай әңгімені тыңдасаң, жүрегің жылып қалады, – деді қарашай қарт та мақұлдап. – Ертегі ғой – ол, – Мұхамед жақтырмағансыды, бірақ Артурдың көңілін көтеру үшін, сөзін басқа жаққа бұрды да: – Жақсы ертегі, иә, – деді. – Ал мен сіздерге ертегі емес, өз басымнан өткен оқиғаны айтқым келеді... – Тағы да басталды, – деп ыңқылдады Пациенко. – Қартайғанда ертегімен жұбанып, неге қуанатындарыңызды білмеймін, өңшең ашық ауыздар! – деп, ол қатты күрсінді де, есік жаққа қарай беттеді. Пациенко шығып кеткен кезде, Пата ойлы түрде: – Жағдайының ауырлығын білдірмейік деп, көңілін аулап, әңгіме айтамыз, ал оны ол түсінбеді, – деп, басын шайқап, есік жаққа қарады. – Әлгі өзін-өзі өлтірген адам осы адамның өмір сүргісі келетінін білген болса, қолына еш уақытта да пышақ алмас еді. – Жанына ауру әбден батты байғұстың. Өлімнен ол сондай қорқады, өмір сүргісі келеді, – деді Мұхамед ернін жымқырып. – Оған өмірдің керегі не? – деді кенеттен жаңа ғана күліп, жаңа ғана бәріміздің көңілімізді көтерген Найманов. – Меніңше, оның өлгені артық. Өзіне де жақсы, туыстарына да жақсы... Құдай сақтасын, мұндай ұл бергеннен бермегені артық, – деді ол ақырын ғана. Бір жағынан
қысылып, ілезде басын төмен салбыратып, қыпылықтап, тізесін сипалай берді. – Дұрыс айтасың, ноғай, – деп шеркеш қарт мақұлдағандай сөйлей жөнелді. – Біз сен жоқта оның жағдайы туралы сөйлеген едік. Ер кісіге келіспейді, өз бақытын қаралағаны. Оны қайғы әбден жеңген, аяқ астынан жыққан, соған ол шыдай алмайды. – Қой, сол пақырды, – деді Пата айтқан сөзді жаратпай. Қарттар тына қалды. Қара тыпыршып, Наймановқа қарады. – Ал, сенің ұлың бар ма? – деді. Найманов сасып қалып, бірден жауап беруге қиналып, қызарып кетті. – Бар, неге болмасын... Екі қызым бар. Екеуі де күйеуде. Немерелерім де бар. – Жерге қарап, біраз үндемей тұрды. – Ұлым да бар, бірақ бірге тұрмаймыз, – деді қарт қатты күрсініп. Қарадан басқалары ноғай қарттың балалары жайында айтқысы келмей тұрғанын байқап, жым болды. – Неге бірге тұрмайсың? – деді Қара аңқаусып. Қарттар оның сауалын ұнатпады, қабақтарын түйіп, Қараға қарады. – Жоқ, мен жай әншейін, – деді Қара сасқалақтап. – Айтқысы келмеген адамға “неге, неге?” деп болмайсың, – деді қарашай қарт. – Қой, қой, ұрыспа оған. Неге екенін айтайын одан да. Балалардың еш нәрсені түсінбейтіндігі жайында мына сіз өзіңіз де айттыңыз ғой. Менің де, достарым, басымда үлкен қайғым бар. Жалғыз ұлым ішкіш. Қартайған шағымда қорлық көріп келемін. Ішпесе жақсы-ақ. Одан не пайда? Ішпейтін күні болмайды. Аузынан бір жақсы сөз шықпайды, келіннің де өмірі өмір емес, балалары қорқып, маған қашып келеді, менде тұрады, ал өзін мен үйге жуытпаймын. Кім шығарды екен сол бір арағы құрғырды? Мына жатқан орыс жігітінің қалай қиналғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Мен оны аямаймын, ал өзімнің баламды тіпті аямаймын, ол нәлетті аяйтындай ештеңесі қалған жоқ. Өздеріңіз ойлаңыздаршы оның не істейтінін: қарт әкесіне, балаларына, әйеліне