– Әзілдестік, жетеді, – деді Маша сабырлы үнмен. – Шынында да, не деп, не қойғанымызды өзіміз де білмей қалыппыз, – деді Нина құптап. Бірақ Иван Харитоновичтың қуаныштан көзі жайнап, әйелдерге өз ойын айта берді. Мейрамханаға шақырғанның несі айып? “Көрдің бе, оның қалай жайнап кеткенін?” – деп ойлады Мұхтар таң қалып, – Мүмкін, ол ылғи осындай көңілді жүретін адам болар, тек мына менімен ғана... Міне, қазір де бірер ауыз сөз қыстырып, досымды қолдай алмай, мылқиып отырмын. Алғашында түсін суытып тұрған әйелдер көп бәлсінбеді, келісті. Мария Алексеевна мен Нина Михайловна Свердловск қаласында экономист болып, бір заводта істейді екен. Бірнеше жылдан бері оңтүстік курорттарына бірге келіп, бірге дем алатын көрінеді. Екеуі де күйеулерінен ерте айырылған, бір-бір балалары бар. Мария Алексеевнада – ұл, Нина Михайловнада – қыз. Кешке қарай төртеуі “Сочи” мейрамханасында, екінші қабаттың ашық верандасында бір үстелді алып отырды. Ондайға пысық Иван Харитонович үстел жайында күндіз барып, сөйлесіп қойған. Аспанның қараңғылығымен теңіздің тұтасқандығынан ба, әлде төбеге жарықтың күңгірттене шашырап түскендігінен бе, үлкен зал ала көлеңкеленіп тұрды. Үстелдің үстінде жеміс салынған құтылар, бөтелкелер, тамақ ішетін ыдыс-аяқтар жалтырайды. Даяшылар әрліберлі жүгіріп жүр. Гүжілдеген дауыстардың ішінен қатты күлкілер шығып, ойнауға дайындалып жатқан оркестр аспаптарының шиқылдаған дыбыстары естілді. Орындықтың шетінде бүрсиіп отырған Мұхтар төңірегін көзінің астымен шолып өтті. Мейрамханаға бірінші рет келгенмен, ол жайында бұрын көп естіген. Жұмыстағы жолдастары қаладан келгенде, мейрамханада болғандарын қызықтыра әңгімелеп беретін. Олар бір кештің өзінде елу сом, жүз сомнан шығаратындарын айтып, мақтанатын. Мұхтар бұған қатты таң қалатын. “Қалайша олар бір тамақ пен ішімдік ішуге жарты еңбек ақысын жұмсайды?” – деп ойлайтын.
Мұндай бір ерекше жағдайларда өзінің қандай боларын сынап көргісі келген Мұхтар, бірде облыс орталығына озаттардың үш күндік семинарына барғанда, мейрамхананың есігінен қарап, ар жағында билеп жүрген жастарды көріп, ұялып ішке кірмей кеткен. – Сізге ұнамай ма? Өзіңіз бір терең ойдасыз ғой, тіпті үндемейсіз, – деді оған қасында отырған Мария Алексеевна. Мұхтар әйелдің үнінен өкпелі наз байқағандай болды. “Көңіл бөлгісі келмей отыр деп түсінді-ау!” деген ой келді Мұхтардың басына. Ол көршісіне көзінің астымен қарады. Көк көйлегінің кең ойындысынан көрініп тұрған көкірегіне көзі түсті. Тура сол жерге қарағанынан ұялып, қып-қызыл боялған ерніне, опаланған бетіне, кішкентай қайқы мұрнына, бетіндегі әжімдеріне назар аударды. – Жоқ, ұнайды, мейрамхана жақсы екен! – деді Мұхтар кеудесін көтеріп, мұртын ширатып. – Үндемейтін себебім, мінезім сондай, аз сөйлеймін. Нина Михайловнамен қызу әңгімелесіп отырған Иван Харитонович әзілдеп: – Мария Алексеевна, біліп қойыңыз, Михаил Андреевич ауыр мінезді, анау-мынауға елікпейтін адам, – деді. Әйел күлімдеп, енді жауап берейін дегенде, үстелдің қасына даяшы жетіп келді. Иван Харитонович ернін жымқырып, даяшының дастарқанды әзірлеп жатқанын байқап: – Не ішеміз? – деп сұрады әйелдерден. – Бізге жеңіл шарап, – Нина Михайловна ілезде жауап берді. – Ал Михаил Андреевич, бізге де шарап па? – деді Иван Харитонович, досына қарап. – Әлде... Мұхтар жайбарақат қана иығын қозғап қойды. Оған бәрібір еді. Ол өте аз мөлшерде әрі сирек ішетін – тойға барғанда, мейрамдарда, немесе өз үйіне қонақ шақырғанда ғана ішетін. Ішуден ол ешқандай ләззат
алмайтын. Сондықтан да ол демалыста, жай күндері ішіп жүретіндерді, жұмысқа ішіп келетіндерді мүлде ұнатпайтын. Мұхтар даяшы әйелдің жүріс-тұрысына, қимылына қарап отырып, аяқ астынан баж ете қалған оркестрдің даусынан селк ете түсті. Отырғандардың бәрі оркестрге бұрылды. Әуелі Мұхтар музыканттарға жайбарақат, күлімсірей қарады, “құлақ жаратындай неге қатты ойнайды екен?” деп ойлады. Сол арада оның көңілін ерекше бір көрініс бөлді: алдыңғы жаққа ұзын қара сыбызғысын көтеріп, бір жас жігіт шықты да, көктемдегі сылдырап аққан бұлақтың суындай сызылта жөнелді. Мұхтар бұл үнді таңдана, қызыға тыңдады. Оғұрлының сыбызғысы, оны өзінің келістіре тартып, көңіл көтергені есіне түсті. Тағы да даяшы әйел келіп, үстел үстіне графинді қойып, шығып кетті. Иван Харитонович Нина Михайловнаның құлағына бірдеңелерді сыбырлап отырды, әйел күле берді. Мария Алексеевна болса, андасанда еңкейіп, сөзге араласып қояды, кешірім сұрағандай Мұхтарға қарайды. Ал оның бар көңілі оркестрде, басқа ештеңені сезбей де, көрмей де отыр. – Жақсы ойнайды, – деді ол музыка тоқтаған кезде. – Бүкіл кеш бойы ойға беріліп отырған оның сарғайған тістерін көрсетіп, езу тартқан кезінде, жүзінен бір қуаныштың лебі ескендей болды. – Міне, Михаил Андреевич те көңілденді! – деп мәз болды Иван Харитонович. – Сол үшін. Сонымен бірге танысқанымыз үшін де... Оркестр тағы да ойнай жөнелгенде, залды желпілдеген жеңіл әуен кернеп кетті. Мұхтар ет шаншылған шанышқысын үстел үстіне қоя сап, музыканттарға бұрылып қарады да, таңданғандай сілейіп қатып қалды. Қып-қысқа, көгілдір көйлек киген, жап-жас қыздар тізелерін жоғары көтеріп, сахнаға жүгіріп шықты. Иван Харитонович күліп, қолын соза, досының иығынан түртіп қалды да, өзі бар денесімен сахнаға бұрылды. Мария Алексеевна мен Нина Михайловна да көздерін сахнадан алмай, қызыға қарап отыр. Биші қыздардың бойлары да, денелері де бірдей, қолдарында ақ қолғап, бастарында ақ қалпақтары бар. Олар бір-бірін түсіне кететін, бір
анадан туған апалы-сіңлілі қыздардай ұқсас еді: бәрі аяқтарын бірдей бір мезетте бастарынан асыра, қолдарын да бірдей көтереді, біркелкі бұрылып, қысылмайды. Мұхтар ұялғаннан бір қызарып, бір терлеп, тыпыршып отыра алмады. Ол ыңғайсызданып, көзінің астымен қасындағы әйелдерге қарап, таң қалды. Олар жайбарақат, сүйсіне ұнатып, күлімдеп отыр еді. Мұхтар бишілерді көрмеу үшін, көзін жұмып отырайын деп еді, айналасындағылар өзін мазақ етер деп ойлады, өйткені бәрі де шын көңілдерімен тамашалап отыр ғой. “Мынадайды көрсететінін білгенде, келмес едім. Мұнысы ұнамсыз, тіпті ұят екен”... – деді ол қорланып. Осындайларды үйде теледидардан көрсеткенде, Мұхтар қолма-қол басқа каналға ауыстыра қоятын. Не болса соны көре берудің қажеті қанша? Ал мұнда жап-жас қыздар тап қасында тұрып, еркектердің алдында мынандай киіммен қайдағы жоқты көрсетеді. “Егер мыналарды қызықтап, осылай отырғанымды әйелім көрсе қайтер еді?! Ал егер қыздарым көрсе ше?! Осындай ойдан басына қан құйылғандай беті қызарып, дуылдап кетті. Бұлардың отырған үстелі эстрадаға жақын еді. Биші қыздар билеп жүріп, үстелдің тап қасына келіп, аяқтарын көтергенде, Мұхтар құлап түсуге шақ қалды. Қыздардың іш киімдерінің ақ жолақтары тура көз алдына келді, қыздар болса оны мазақтап, теуіп жіберетіндей, бірақ аяқтары жетпегендей боп көрінді. Мария Алексеевна күлімсіреп, оған тақай отырды. Әйелдің көмейі бүлкілдеп, қылымсыған күлкісінен, оның жақындағанынан Мұхтардың бетінен тер бұрқ ете түсті. Сол арада ол Иван Харитоновичтің шиқылдап күлгенін, Нина Михайловнаның мырс еткенін естіді, бірақ осындай ұятты жерге өзінің келуіне солар кінәлі болса да, оларға қарауға батылы бармады. Кірпіктерін қақпай тістеніп, бишілерге қараумен болды, кенет Мұхтар бұл қыздардың қып-қызыл еріндеріндегі ешкімге білінбейтін жымиюды байқады. Бұның бәрі Мұхтарды таңдандырды – мұндағы қуаныштың шындығы жоқ, қыздар өздерінің биінен ешбір ләззат алмайды, олар тек жиналғандардың көңілін аулау үшін жүргендерін, ал олардың аса бір мән беріп отырмағанын да аңдамайды. “Кету керек, – деген шешімге
келді Мұхтар. – Кету керек”. Қыздардың қолдары, аяқтары ербеңдеп, көйлектерінің етектері желпілдеп, іш киімдері көрініп, төстері дірілдей берді, оның үстіне оркестр де жын қаққандай ызылдап, гүжілдеп кетті... Көзінің алдынан бұлдырап көрінгендері бір жаққа кеткендей, құлақтан шуыл да тынып, сондай бір созылған мұңды әннің үні басылғандай, Мұхтар орнынан тұрды да, сылти басып, залдан шығып жүре берді. Ол арт жағынан мазасызданған үрейлі дауыстарды естігендей болды. – Михаил Андреевич, сен қайда кеттің? – деген Иван Харитоновичтың даусын естіді. – Не болды оған? Мазасы кетті ме әлде? – деген дауыс Мария Алексеевнанікі еді. – Мүмкін, ауырып қалған шығар? Иван Харитонович, сіз неғып отырсыз? – деді Нина Михайловна сабырсызданып. – Ештеңе де болған жоқ, келер. Бір жерге баруға шыққан шығар, – деді тағы да Иван Харитонович, әйелдерді тыныштандырып. Мұхтар артына бұрылмады. Сол кезде: “Жолдастар! Біздің бағдарламамыз бір сағат жиырма минутқа созылады. Орындарыңыздан тұрмаңыздар, әрлі-берлі жүруді тоқтатуларыңызды өтінеміз!” – деп микрофоннан бұйыра сөйлеген дауыс естілді. Мұхтар бір сәтке басын бұрды. Сол кезде, жылтырауық бешпент киген біреудің өзіне ашулы түрде қарап тұрғанын көрді, жанында қызғылт спорт киімін киген талдырмаш қыз, бұлшық еті тырсиған қызғылт киімді жігіттің қолында майысып тұр еді. Мұхтар қолын сілкіді де, баспалдақпен төмен қарай түсіп кетті. Тас баспалдақта тақылдаған өкшелер тура басына келіп тигендей болды. – Шаршадым, – деді ол күлімсіреп, таң қала тесіліп қараған швейцарға. Таза ауа мен самал жел, оның жүзін желпіп, басын қысқан құрсауды босатқандай болды. Тек жоғарыда, мейрамхананың екінші қабатында оркестрдің гүжілі онан сайын күшейіп, гүрсілі теңіз толқынының дыбысына қосылып, тағы да шекесін солқылдатты. Көз алдына жаңағы аяғын көкке көтерген қыздар елестеді: қолғаптары, қалпақтары, күлімдеген көздері, көкпен бояған қабақтары, ақ тістері... Мұхтар тез-
тез ақсаңдай басып, демалыс үйіне жетіп, палатасына кірді де, төсегіне құлай кетті. Жатар-жатпастан ұйықтап, түс көрді. Түсінде әйнектей жылтыраған үстел үстінде дөңгелектеніп тізілген алты бақаны көрді. Осындай арам жәндікті көре қалса, Мұхтар жиіркенгенінен оның қасынан айналып өтетін еді. Ал мұнда – алтауы бірдей жатыр, шарасынан шығып, жылтыраған көздерін жыпылықтатып, ауыздарын ашады – жиі-жиі дем алғандықтан қыртыстанған терілері жиырыла түседі. Бір ғажабы – Мұхтар бұлардан қорыққан да, жиіркенген де жоқ, қайта оны рақат бір сезім баурап алды. Біреу оны иығынан түртіп оятты. Көзін ашса да, арам жәндіктің түсіне енгенін ойынан шығара алмады. Бақалардан сескенбегендігіне таң қалды, алдында шайқалақтап тұрған күңгірт көлеңкеге абыржып, тесіле қарап қалды. – Достым, Михаил Андреевич, жаным-ау, сен мені неге тастап кеттің? – деді қараңғыда Иван Харитонович. – Неге қашып кеттің? Неге? Мұхтар шынтағын таянып, түрегеп отырды. – Белім ауырды, сондықтан кеттім, – деп сылтауратты, бірақ досы оны әрі қарай сөйлетпеді. – А, а ояндың ба? – деп ол Мұхтардың қасына келіп отырды. – Жақсы адамсың, Михаил Андреевич... Бірақ білесің бе, ауырғаныңа сенбеймін! Сен мені әдейі жалғыз тастап кеттің. – Табылды ма? – деген Нина Михайловнаның даусы естілді даладан. Иван Харитонович ұшып тұрып, балконға шықты: – Иә, мұнда ол! – деп айқай салды басын шығарып. – Еш нәрсе болмағандай-ақ жатыр ғой. – Шүкіршілік екен, олай болса. Бізден сәлем айтыңыз! – деп әйелдер бірімен-бірі жарыса сөйледі. – Жақсы жатып, жайлы тұрыңыз! – деді де күлді олар. Иван Харитонович сөзін жалғастыра беріп, орындыққа келіп отырды да: – Мен сенің неге кеткеніңді білмейді дейсің бе? Білемін. Сен қалтқысыз тура, бірбеткей адамсың, досым. Бірақ бұл істегенің ұят-ақ,
бізге бұл жараспайды. Жарайды енді, болары болды. Әрі қарай сөйлеудің қажеті не? Заман жаңа, әдет-ғұрып та жаңа. Жарайды енді, ұйықтайық, тынығайық! – деп ол Мұхтарды құшақтап, көзіне жас алды... ...Мұхтар шалқасынан аунап, әйелінің пысылдап ұйықтап жатқанына құлақ салды. “Шүкір, Өлмесхан Свердловскіден келген әйелдер жайында да, қыздардың ұятсыз билері туралы да еш нәрсе сезбейді” деп ойлады. * * * ...Мейрамханада болған күннің ертеңіне достар демалыс үйімен, Ялтамен, бір-бірімен қоштасты. – Иван Харитонович, бізге қонаққа кел! Ең сыйлы қонағым боласың. Әкем кішкентай кезімде өлген, білмеймін де, сені әкемдей қарсы аламын, – деп Мұхтар шын көңілімен жалбалақтап жатты. – Сен де Михаил Андреевич, Донецкіде болсаң, біздікіне кел! Мейманханада жатамын деп ойлама! Мейманхана дегенді қой, әйтпесе өкпелеймін! – деді Иван Харитонович та. – Одан да сен кел, Иван Харитонович, – деді Мұхтар, өзінің Донецкіге барар-бармасына сенбей. Екеуі бір-біріне мекен-жайларын берісті, қолдарын қысып, бір-бірімен құшақтасып сүйісті. Ноғайда еркектер арасында мұндай әдет мүлде жоқ, сөйтсе де бұдан Мұхтар именбеді, орыс досының бетінен өзі де сүйді. Мұхтар досына әбден үйренген еді, оны енді қайтып көрмейтініне шын қайғырды, жүрегі сыздады. Бір-бірімен жақсы достасып кеткен екеуінің ажырасуы қиын болды. Олар біріне-бірі көздерін тігіп, көпке дейін не айтарын білмей, қарап тұрды. ...Өлмесхан терең тыныстап, күрсінгендей болды да, аударылып жатты. Оған көз қиығын тастаған Мұхтар да күрсінді. “Сен маған келсең етті, ә?! – деп Иван Харитоновичпен іштей сөйлесті ол Әйелім менің жақсы адам, бәрін де түсінеді, сені өз туғанындай қарсы алар еді. Менің қалай тұратынымды көрер едің. Қалай
тұратыным сенің көз алдыңа елестемейтін де шығар... Әрине, келмейсің сен. Дүниеде Михаил Андреевич дегеннің барын да ұмытқан боларсың. Сен ғой курортқа жыл сайын барасың, жыл сайын жаңа таныстар пайда болады. Солардың бәрін есте сақтау мүмкін бе? Оның үстіне бәрімен бірдей жақын достасу да мүмкін емес. Ал өз басым сенімен жақын дос болғым келіп еді, өте жақсы адамсың, бір рет ренжітіп, көңілімді қалдырмадың. Маған жаның ашып, көп жерде ақыл-кеңес беріп, жақсылығыңды аямадың. Келемеждеп, шет қалдырып кетуіңе де болар еді, былай қарағанда мен саған неменеге керекпін?! Өзімше мен де жаман адам емеспін, ешкімге ешқандай жаманшылық жасап көргенім жоқ. Қайта, ауылымның балалары айналсоқтап, менің жанымнан шықпайды. Бірақ бір кемшілігім бар – тұйықпын. Өзіммен өзім боп жүре беретінім жұртты жалықтырып жібереді-ау деймін. Қалайша екенін кім білсін, сен жалығу дегеннің бәрін ұмыттырдың. Қайтейін, өмірім ауыр болды, жетім өстім. Бала күнімнен нан табудың ғана қамын ойладым. Жұмыстан басқа ештеңе көрмедім. Еңбекпен айналысып, үн-түнсіз жүре бердім, сөйлесетіндей адам да болған жоқ: туыстарым мені үйленіп, адам болған кезде ғана тани бастады. Үнсіз жұмыс істей жүріп, көп ойларға берілетінмін: өзім туралы, ел туралы, өмір туралы ойлайтынмын... Ауылдастарым ғой мені бақытты адам деп санайды, дүниесі түгел, бәрі де сай, төрт бала тәрбиелеп отыр, тату отбасы, істеген жерінде де сыйлы дейді. Бірақ олар қателеседі. Маған әлдене жетіспей, әлдене мазалайтын сияқты, бірақ не екенін өзім де білмеймін. Келсең, сөйлесер едік. Сен көп жайтты білесің. Соның бәрін маған айтып түсіндірер едің, білмегенімді білдірер едің. Мен өзім саған бара алмаймын. Шынын айтсам, баруға болар еді, бірақ ыңғайсыз көремін. Егер саған барлық таныстарың бара беретін болса, онда өмірің тек – “Сәлематсыз ба? – Сау болыңыз!” деген сөздерден ғана құралар еді. Ал егер бір жұмыспен, Донецкіге бара қалсам, онда саған қалайда кіріп шығам ғой. Әй, сен өзің келмейсің ғой? Келмейсің. Келетін адамға ұқсамайсың, тіпті хат та жазбадың...” Сол түн Мұхтардың түсіне әкесі енді. Ол бір қараңғы бөлмеде әрліберлі жүр екен. Мұхтардың әлі нәресте кезі сияқты, ақ көйлекті әкесінің кең жауырынын ғана көріп қалады. Сонымен бірге әкесінің
бет-әлпетін көз алдына елестетеді. Паспорттың суретіндей кішкентай суреттен үлкейтілген, туған-туыстарымен, отбасымен түскен, қабырғада ілулі тұрған суретті көреді. Бұл суреттен әкесінің бетәлпетін анық көргендей болады. Әкесі тақыр басты, кең маңдайлы, қысық көзді, бүркіт мұрынды, ұзын мұртты екен. Әкесі бір жаққа кеткелі жатқан сияқты, Мұхтар оны айқайлап шақырғысы келіп еді, бірақ даусы шықпады. Ал әкесінің бет-жүзі тастай қатқан, тек көзі ғана жылтылдап, баласына қадала қарайды. Әкесін тоқтатайын деп, айқай салғанда, ол оянып кетті. “Түсіме қалайша бүйтіп әкем енді екен?” деп ойланды ол. Бұрын бала кезінде де, әке-шешесі түсіне жиі-жиі енетін еді. Бірақ бұл көрген түстерін ұмытып қалатын, ұйқысы қатты болғандықтан ба, күнделікті жұмыстың, тұрмыстың әуресінен бе? Мұхтар кеудесін кере ауа жұтты да, сәл кідіріп, қайта шығарды. Оянып, түсінің бөлінгеніне, әкесінің жоқ болып кеткеніне өкінді. Әрі ойламаған жерден осындай түс көргеніне таң қалды. ҮШІНШІ ТАРАУ ...Мұхтар отырған орнынан тұрып, сыбызғысын сөреге қойып, есік жаққа қараумен болды. Сонан соң терезенің жақтауын сүргілеуге кірісті. Таңертеңнен бері, хат тасушыны күткен еді. Өзінің есебі бойынша, бүгін хат келуге тиісті. Курорттан қайтқалы бері кеш сайын жұмыстан оралған бойда пошта жәшігін қарайды. Сақау Апасты көре қалса: “Дос Донецкіден маған еш нәрсе жоқ па?” – деп сұрайды. Апас пошташы бәрін де түсінетін, бірақ сөйлей алмайтын. Жас кезінде оны ит талаған. Сол қорқыныштан тілі байланып қалған. Сондықтан да кінәлі адамша міңгірлеп, басын изей беретін. Бүгінде оның хат тасумен айналысып жүргені аздаған жазусызуы болғандықтан еді. Ал бүгін Апас міндетті түрде хат әкелуі керек. Сөзсіз!
Шалшық суларға сырын шерткендей, жаңбыр тоқтаусыз себелеп тұр. Мұхтар көңілденіп, жұмысын бар жан-тәнімен істеді, кейде тап бір қуаныш күткендей, жүзі жайраңдап кетеді. Анда-санда басын көтеріп, бірдеңені ойлағандай қозғалмай тұрып қалады. Сабырсызданып күткен уақыты да жетті. Қадамен қоршалған қораның ар жағынан су-су плащы жылтырап келе жатқан пошташы атының тықыры естілді. Мұхтар саймандарын былай қоя салып, алақанымен үсті-басын сілкіп, апыл-құпыл қақпаға қарай жөнелді. Қақпаны ашып, дауыстап: – Ассалаумағалайкүм, Апас дос! – деп амандасты. Апас басын изеп, сәлемдескенін білдірді. – Туысым, жылы хабар бар ма? – деп Мұхтар қыпылықтап, пошташының алдынан шықты. Брезент плащының етегіне оратылып, пошташының атынан асығыс түсуіне қарағанда, бір хабардың барлығын сезді. Апас плащының күләпарасынан басын шығарып бұрылды да, қуаныштан жүзі нұрланып күлді. Ол қанжығасына байланған дорбадан газет шығарып, сонан соң қойнына қолын тығып жіберіп, хатты суырып алды. Конвертті денесімен қалқалап, суға тигізбей, Мұхтардың қалтасына тыға салды. Мынау сенің Донецкіден күткен хатың дегенді өзінше түсіндіріп, көңілдене міңгірледі. Мұхтар түсінгендігін білдіріп, басын изеді де, пошташының қолын ұстап, оның алақанына бұрын дайындап қойған бір сомды ұстата салды. Апасқа бұл ұнамады, ренжіп қолын бір-ақ сілтеді. – Бұл саған берген сүйіншім, – деп күлді Мұхтар. Еңкейіп, жерге түсіп қалған ақшаны алып, тағы да пошташының қалтасына тықты. Оны байқамай қалған Апас бұл кезде атына да мінген еді. Өмірі күлмейтін адамның кенеттен қарқылдап күлгеніне Мұхтар таң қалды. “Мына мылқауымыз аяқ астынан сөйлеп кетпеді ме екен” деп, Мұхтар аузы аңқиып оған қарай берді. Апас қолымен бірдеңе жазғандай қулана күлімдеп, Мұхтарды түртіп қалды. Сонаң соң қолын алысқа сілтеп, жотасын көрсетіп, көңілдене басын шайқады. Онан соң қолына бір затты қысқандай болып, соны үрлеп, таңба басқандай жұдырығымен
алақанына соқты. Мұхтар бәрібір түсінбей, “мұнысы не екен?” деп ойлады. Ал анау болса атының басын бұрып, күлімсіреп артына қарағыштап, келесі үйлерге қарай жүріп кетті. * * * Мұхтар қақпаны жауып, пошташының күлгеніне таңданып, үйіне қарай беттеді. Үйде демалыс күндері ылғи әр түрлі дәмді тағамдар дайындалатын. Бүгін майлы еттерді асып, нанын жайып, дастарқан жасап жүрген әйелі Мұхтар кіріп келгенде, сарымсақ қосып, тұздық әзірлеп тұрған. Қыздары да көңілденіп, шешесінің айналасында тамақ қашан дайын болар екен деп, қарындарының ашқанын білдіріп, үстел үстіндегі жайылған нанды шұқылап қояды. Екінші бөлмеде Мұрат әлденелерді Әлиге айтып, дәлелдеп жатыр, ал Әли болса інісінің айтқандарын қостамай тұрған сияқты. Өлмесхан кіріп келген күйеуіне қарады да, істеп тұрған жұмысын қоя салып, бойын түзеп тұра қалды, сол сәтте оның өңі де өзгеріп кетті. Қыздар да шуылдағанын қойып, әкесіне тіксіне қарады. Мұхтардың бойын ерекше бір сезім билеп алғандай еді, ол басын шалқайта ұстап, үйдегілерді тексергендей, қайта-қайта қарады. Сонан соң кіре берістегі ілулі тұрған орамалды алды да, бетін, мойнын сүртті, асықпай етігін шешті. Содан кейін барып қана қалтасындағы хатты алып: – Иван Харитоновичтан! – деді сөзіне ерекше мән беріп. – Қойшы? Келді ме, әйтеуір! – деп күлімсіреген Өлмесхан, тамағын дайындай берді. – Сені ұмытпай жүрген ол бір жақсы адам екен, өмірі ұзақ болғай!.. Ас үйдегі тыныштықты сезіп, тамақ дайын шығар деп, балалары есіктен жылт-жылт қарап қояды. Мұхтар терезе алдына ыңғайланып отырып алып, конвертті ашты. – Не жазыпты? Естірте оқысайшы! – деді Өлмесхан жайма нанын қазанға салып жатып.
Мұхтар біраз ойланып отырды. Алғашында ол үй іші түгел жиналған кезде оқып берейін деп ойлаған еді, бірақ сол арада-ақ өйтудің қажеті жоқ екенін түсінді. Ешкім оны дұрыстап тыңдай да қоймас, тыңдаған күнде де, тамақ үстінде көңіл бөле қоймас, сондықтан ол хатты ішінен оқи бастады. Оқып отырып басын шайқады, қасын керді. Әйелінің көңілін аудару үшін таңдайын да қағып қойды. Үй-іші түгел жиналып, тамақ ішуге отырғанда, “енді оқуға болады” деп шешті. “Сәләм, Михаил Андреевич! – деп хатты көңілдене оқуға кіріскен ол отырғандарға асқақтай қарады. Әли асты енді іше беріп еді, басын көтеріп алып: – Михаил Андреевичі несі? – деп таң қалды ол – Бүркеніш ат қой! – деді Мұрат аузын кере сөйлеп. Әкесі оған ала көзімен қарап еді, күлкісін тыя қойды. Мұхтар сол сәтте бұл туралы айтып, түсіндірмек болды. – Иван Харитонович менің атымды Мұхтар Әлімгереевич деп атауды қиынсынды, сол себепті ол атымды орысшалап айтуға рұқсат сұрады. Мен келістім, – деді. – Мұхтар деген есімді тек иттің аты ғана деп білген шығар: “Ко мне, Мұхтар!” деген фильм бар ғой! – деп Мұрат тағы да қойып қалды. Інісін желкесінен түйіп жіберген Әли: – Итті Мұхтар деп атау, шынында да жақсы емес, бірақ біз өзіміз де кінәліміз, өзіміздің әдемі аттарды қоймаймыз, одан ұялатын сияқты боламыз. Мысалы, БАМ-да жұмыс істейтін Володя Иштереков қызының атын Әбидат деп атағысы келіп, әкесінен рұқсат сұрап, хат жазыпты, алпыстағы Мұхамет ағайға бұл ұнамапты. Ол немересінің атын Олеся қойсам деп арман еткен көрінеді... – Балалар әр уақытта да ата-анасын сөзсіз тыңдауы керек, – деп Мұхтар бұған жауап беруден тайынды. – Біздің кезімізде жастар үлкендерге, ата-аналарына қарсы сөз айтпаған. – Ол, әрине, жақсы әдет, – деді Әли келісіп, бірақ тағы бір сұрағым бар: Сіздің Михаил Андреевич болғаныңызға әкеңіз қалай қарар еді?
Мұрат тағы да ыржиып еді, бұл жолы Әлиден таяқ жеді. Мұхтар ұлының сұрағына не дерін білмей, сасқанынан екі терезенің арасында ілулі тұрған суретке, онан соң айыптай сөйлеген Әлиге қарады. Мұны байқаған баласы қысылғанынан басын көтермеді. – Әрі қарай оқимын, – деп Мұхтар тамағын қырнады. “Сәлематсың ба, Михаил Андреевич! Мен сені ұмытқан жоқпын, тек хат жазуға мұршам келмеді. Демалыстан кейін жұмыстар көбейіп кетіпті. Үндемей жатқаныма кешір! Денсаулығың қалай, белің ауырмай ма? Ауа райының өзгеруіне қарай белім қатты сырқырайды деуші едің ғой, арқаңды талай рет уқалап бергенім есіңде шығар? Әйеліңнің саушылығы қандай? Балаларың ауру-сырқаудан аман ба? Тіліңді ала ма? Екеуміздің таңдап алған базарлықтарымыз ұнады ма оларға? Туыстарың, көрші-қолаңдарың, жұмыстағы жолдастарың аман ба? Қалай тұрып жатыр? Үй-іштеріңе, немерең – Әскерге, Шайдат апаңа, көршілерің Жақыпқа және Парисби мен оның әйеліне менен көп-көп сәлем айт. Сенің айтқан әңгімелеріңнен мен оларды байырғы таныстарымдай көріп кеткенмін.” Балалары мен әйелінің таңданып тыңдағанына Мұхтар масайрай қарады. Әли үн-түнсіз тыңдап отырды, ал Мұрат болса қайта-қайта терезеге қараумен болды. Қыздар бірін-бірі түрткілеп, тартқылағанын қойып, ауыздарын ашып қалыпты. Қыздарды таңдандырған әкесінің оқып отырған хаты емес, тамағын ішпей, бар зейінімен оқығандығы еді. Тек Өлмесхан ғана шынтағын үстелге тіреп, күйеуіне телміріп қалыпты. Мұхтарға бұл түсінікті еді: себебі, бұлар өмірінде ешкімнен ешбір хат алып көрмеген. Хатты кім жазсын оларға? Көрші ауылдағы туыстары ма? Несіне жазады, жақын жерден өздері-ақ келмей ме? Ал мына хат болса, тап бір ертегідегідей, алыстағы Донецк қаласынан келіп отыр. Өлмесханның осы хаттың кімнен келетіндігін тынышсыздана күткенін Мұхтар білмеген еді. Хаттың Иван Харитоновичтан келуі Өлмесханның біраздан бергі арам ойын жоққа шығарды. Өмір баяғысынша орнына түсіп, көңілі тынды. “Мәссаған, шынымен-ақ хат! Курорттан көңілі көтеріліп, жайраңдап келуінің себебі де осы екен ғой!” – деп ойланды Өлмесхан. Бір ай бойы мынадай білімді, үлкен адаммен бірге тұрған онымен бізге теңесу қайда?” Сонымен қатар Өлмесханда бір масаттану сезімі де пайда болды: – “Менің жұбайым ешкімнен кем емес. Тек өте тұйық адам, әйтпесе аты
күллі ауылға белгілі, жұмыста алдыңғы қатарда, құдайға шүкір! Ешкімге артық сөз айтпайды. Сондықтан да оның адал жүректі адам екенін басқалар сезбейді... Міне, осының бәрі хатта жазылыпты ғой!” – деп әйелі күйеуін ішінен мақтан тұтты. Осы кезде Мұхтар хатты әрі қарай оқи берді. “...Екеуміздің бірге дем алғанымызды еш уақытта ұмытпаймын, өзіңді де ұмытпаймын. Сенің мәдениеттілігіңді, әдептілігіңді, маған деген ілтипатыңды жиі-жиі есіме аламын. Сен туралы жолдастарыма, бас инженеріме көп әңгімеледім. Сені өзіммен бірге ертіп келмегеніме ренжіді олар. “Біздің де сондай жақсы адаммен танысқымыз келеді” дейді. Мен оларға: “Михаил Андреевичтің демалысы бітті, жұмысқа шығатын уақыты болып қалды” десем, онда олар: “Құрметті Михаил Андреевич үй-ішімен біржолата біз жаққа көшіп келіп, жұмыс істесін, біз оны қарсы аламыз. Бар жағдайды жасап, үй де алып береміз, балалары қаладағы мектептен оқиды, одан соң әрі қарай оқуларын жалғастырып, үлкен бастық та болып кетер...” – дейді. Мұхтар хатты оқу үстінде Өлмесханның басын изеп, көзін бір ашып, бір жұмып, құптап отырғанын байқады. Әли сенімсіздікпен қарады, ал Мұрат болса, күлкісін қалай тыярын білмей, теріс айналды. Олардың зейін сала тыңдап отырғандарына сүйсінген Мұхтар, хатты әрі қарай оқи берді. “...Біздегі адамдар Кавказ халықтарын жақсы көреді, ноғайлар жайында да “адал, намысқой халық” деп естігенбіз. Егер бәрі де Михаил Андреевичтей болса, халық шынымен жақсы шығар деп, мен де олардың сөзін құптадым. Ал, сені, Михаил Андреевич, мен өте құрметтеймін, себебі, сен арамдығы жоқ, еңбекқор, инабатты жансың. Өзіңе және достарыңа да көп-көп сәлем! Себебі, сен сияқты адамның достары да ізгі жандар болуға тиісті, Донецкідегі досың, Иван Харитонович, сенің қолыңды қатты қысады.” Мұхтар хатты төрт бүктеді де, риза көңілмен бала-шағасын бір шолып өтті. – Сен немене, шынымен-ақ көшпекпісің? – деді әйелі ақырын сөйлеп.
– Несі бар? – деді Мұрат қарқылдап күліп. – Қалада тұратын боламыз. Жақсы емес пе? Қыздары әке-шешесінің арасында нендей әңгіме болып жатқанын түсінбей, олардың бет-әлпетіне жаутаңдап қарап, кемсеңдеп, жылап жібере жаздады. Үй іші сөзді басқа жаққа бұрмалайды-ау деп күтпеген еді Мұхтар. – Иван Харитонович екеуміздің арамызда көшіп-қону туралы ешбір әңгіме болған емес. Мені шақырған оның жолдастары ғой, бірақ ешқайда барайын деп отырған мен жоқ, – деді ол сасқалақтап сөйлеп. – Онда дұрыс! – деді Өлмесхан көңілденіп. – Мен әйтпесе қорқып қалып едім. – Қандай жақсы хат, досың да жақсы кісі екен. Иван Харитоновичыңның өмір жасы ұзақ болсын! – Жауап жазу керек оған, әке! – деді Әли шын көңілімен. – Олар сені өзіне шақырып отыр, жауап қайтармасаң, ұят болады. – Әрине, дұрыс айтасың, ұлым, – деп Мұхтар оған ойлана көз тастады да, басын басқа жаққа бұрды. – Иван Харитоновичқа, оның достарына бізден көп сәлем жолдауды ұмытпа! – деп Әли орнынан тұрды. – Мен клубқа дайындыққа кеттім... Мұрат та орнынан тұрып, үстіне күртесін киіп, есікке қарай жөнелді. Даладан ойынға енді кіріскен жолдастарының дауыстары естіліп тұр еді. Өлмесхан үстел үстін жинастыра бастады. Диванда тымпиып отырған қыздары бірін-бірі итергіштеп, қытықтап, сықылықтап күледі. Үлкені кішісін диванға жықты да, өзі сыртқа қарай қаша жөнелді, кішісі де оның соңынан жүгіріп кетті. Сәлден соң екеуі де су-су болып, тоңып, дірілдеп, қол-аяқтары батпақ-батпақ болып үйге қайта кірді. Үлкені шешесінен таяқ жеп, бақырып жылап жіберді. Кішісі де қоса жылады. Секпіл бетті кішкене қыз Өлмесханның бала күнін еске салатын. Мұхтар қызын құшақтап, алдына алды. Ол хатқа тиісті баға бермегені үшін, әйеліне ашулы еді, сондықтан балаларға тиіскенін сылтауратып:
– Балаларды ұрма! – деп өкіреңдеді Өлмесханға. Әйелінің көңілі қалып, үстелдің үстін сүртіп, аяқ-табақтарды жуды да, басқа бөлмеге шығып кетті. “Бұларды еш нәрсе де қызықтырмайды, түк болмағандай бұрылды да кетті, – деп қызының жұмсақ шашын сипай отырып, ашуын тарқатты. Осы күнге ол көптен бері дайындалған еді. “Әйелі мен балалары курорт жағдайын, Иван Харитонович туралы сұрастырып, қызыға ма” деп ойлаған. Ал іс жүзінде бәрі керісінше шықты. Жарайды, Өлмесханның жағдайы басқа, ол ауылдан ұзап шығып, еш нәрсе көрген жоқ. Донецк жайында естігенде, сасқалақтап қалды. Ал ұлдарға не болған? Анасындай оқымаған, қараңғы емес қой, Әли он класты бітірді, Мұрат та жетіп қалды. “Осының бәрі оларды қалайша қызықтырмайды, әкесінің қуанышын неге құптамайды?” Осындай ойларға берілген Мұхтар көпке дейін қапаланып отырды. * * * – Менімен бірге Әртуге құтты болсын айтуға бармайсың ба? – деді әйелі жалынышты үнмен. Ол кінәлі адамша, Мұхтармен татуласудың жолын іздеді. Мұхтар ойдан сергіп, басын көтерді. Әйелі өзі әкеліп берген жасыл кремплиннен тігілген жаңа көйлегін киіп, Мұхтарға ұяла, қымсына қарап тұр еді. Мұхтар әйелін бастан аяқ бір шолып: – Жақсы тіккенсің, жарасады, жарайсың, – деді. – Бұндай матадан не тіксең де, жарасады, – деді Өлмесхан күйеуінің көңілін аулау үшін, әрі оның жүрегінің жұмсарғанына қуанып. – Әртуге сыйлыққа төсек жапқыш пен көйлектік мата сатып алдым. Төсек жапқышты сенің базарлығың дерміз. Кішкене қызына жұмсақ матадан киімдер әзірлеп қойғанмын... – деді ол аузы-аузына тимей жылпылдап. – Жақып марқұмның келіні Әртуды кеше ғана перзентханадан шығарып алыпты, көршімізге кіріп, кішкентай нәрестесіне құтты болсын айтып шығайық!
– Өзің бара бер, – деп зіркілдеді Мұхтар қабағын түйіп. – Менің барғым келмейді. Өлмесхан күйеуін басқаша түсінді. – Әрине, Жақып тірі болса, мен де бармас едім. Біз аяғанға о дүниеде жатқан жері жайлы болар деймісің? – Атасының күнәсі үшін балалары күймейді, баласының не жазығы бар? Көршіміз ғой! Жақсы көрші туысқаннан да артық, оны өзің де білесің. – Қарай гөр, мынаны! Жақыптың балаларына мені өкпелі деп кім айтты саған? – деп Мұхтар көзін алартты. – Олармен тату тұрамыз. Тойларына бардық, өзіміз жаңа үйге кіргенде де шақырдық. Бұның бәрін сен қайдан ойлап таптың?.. Мен Жақыпқа баяғыдан-ақ өкпелі емеспін. Ол жылдарда мен өзім де бақшамды қолыма таяқ ұстап, күзеткен болар едім, – деді ол Өлмесхан оған бадырая қарады. Мұндай жағдайда құтты болсын айтуға еркектің бармайтыны есіне түсіп, әйел абыржып қалды. Мұхтар мұны білетіндіктен тартынып еді. Хатқа тиісті көңіл бөлмегені үшін барғысы келмегенін айтып керегі не!.. – Адамға көңіл аударып, оларды түсіне білу керек. Күйеуің болса да... – деді Мұхтар даусын көтеріңкіреп. – Бар, көршілік борышыңнан құтыл, әйтпесе бармағаным-ай деп, қиналып жүрерсің, – деді тіктеу сөйлеп. – Ал сен қиналмайсың ба? – деп шағып алды Өлмесхан да. Күйеуі жауап бермеді. Теледидарды қосты да, қолын қусырып алып, көруге кірісті. Қыздары да орындықтарын алып келіп, әкесінің қасына отырып, экранға тесіле қарады. Теледидардан көрсетіліп жатқан хабарды кішкентай балалар түгіл, үлкендердің де түсінуі қиын еді. Физика, атом құрылысы туралы фильм. Жылтырауық домалақтар бірбіріне соғылып, кішкентай бөлшектерге бөлініп, біресе бірігіп, біресе ажырасып жатты. Мұхтар теледидарға тесіліп қарап отырғанымен, ештеңені көрмеді де, естімеді де. Оның көз алдында сарғылт тұман қаптай, қызғылт-сары түйіршіктер тап бір Кубань толқынының иіріміндей айналды, батып бара жатқан күннің сәулесіне оранған ауыр бұлттай болып, шоғырланып көрінді. Осы сары зат ақырын жылжып, көзді бұлдырата бастағанда, әдеттегідей, бұл жолы да жүрегі қысылып, тынысы тарылды, көңілі жабырқау тартты.
* * * Өлмесхан қонаққа барып, қайтып келсе, Мұхтар теледидардың алдында әлі отыр екен. Келе сала, киімін шешіп жатып, көрген-білгенін әңгімелеп, Әртудың сүйкімді, топ-томпақ қызын айта бастады. Өзінің барғанына олардың қуанғанын, қай жерге отырғызарын білмей, сасқанын, апарған сыйлықтарының да ұнағанын айтты. Сенің бармағаның ыңғайсыз болды. “Неге келмеді?” деп өкпеледі деді Өлмесхан. – Апарған базарлығың ұнаған екен ғой? – деді Мұхтар сөзін бөліп. – Сенің төсек жапқышың мен матаң керек еді оларға! – деп айтып қалды да, “көршімнің өшін әйелімнен неге алып отырмын?” – деп өз сөзіне өзі ұялғандай болды. – Олай деуің, дұрыс емес, адамдар туралы жаман ойлауға бола ма? – деді Өлмесхан көңілі қалып. Плащын ілгішке іле салып, үстіндегі таза киімін де шешпей, бұрын ондай әдеті жоқ Өлмесхан ыдыс-аяқтарды салдыр-гүлдір еткізді. – Сенің ойыңша бір Иваннан, қалай еді әлгі Харитоновичыңнан басқа жақсы адам жоқ, – деді ол даусын бәсеңдетіп. Әрі қарай күйеуін ашуландырып алудан қорықты. – Неге ренжитініңді білемін. Тағы да Ялтаңды есіңе алған боларсың, курорттағы өміріңді сағынған шығарсың... – деп бұрқылдап сөйлей берді. – Парисбиге барып келейін, – деп Мұхтар әйелінің сөзін жаратпай, орнынан тұрды. – Терезенің жақтауын істеп берем деген едім, соның жөн-жобасын білейін, тағы да бір сұрайтын жағдайлар бар еді. Өлмесхан басын изеді, тек көзінен өкпелі наз көрінді. “Әртуге құтты болсын айтуға бармап еді, Парисбиге кетіп бара жатқанын қарашы!” деген ой келді басына. Мұхтар ілгіштегі бөркін алып киіп, плащын иығына арта салып, шығып кетті. Бұл кезде қатты жаңбыр тоқтап, тек себелеп қана жауып тұрған. Ол шалшық сулардан айналып өтіп, адымдай басып кетіп барады. Жел қағып ағаштардан түскен тамшылардан жасқанып, бірдеңеге
күлімсірегендей болды. “Иван Харитоновичтың хатына Парисби қалай қарар екен?” деп ойлады. Неге десең Парисби командировкаға көп шығатын, жан-жақтан хатты да көп алатын. Сондықтан да “көршім мұндай хатты бағалайтын болар” деп ойлады Мұхтар ішінен. Мұхтар Парисбидің үйіне барған сайын көршісі оған өзіне келген хаттарды оқып беруші еді, ал Мұхтар болса қызығатын. Ол хаттарда жылы-жылы сөздер, достық сезімдер жазылатын. Онда әйеліне, туған-туыстарына, көршілеріне дейін сәлем жолдайтын. Парисби еш пайдасы болмаса да, хат жазып, хат алысуды жақсы көретін. Ал оған Мұхтар таң қалушы еді. Көршісі ақ жарқын, көңілшек, дастарқаны мол, кең пейілді адам. Ол аудандағылардың бәрін танитын, кездескен кісілермен көңілді амандасатын, үйіне қонақты көп шақыратын. Өйткені, олардың бәрі де Парисбиге керек адамдар. Бұлардың біреуін де Парисби досым деп санамайтын, олар да мұны досым демейтін. Тек өзінің пайдасы үшін ғана шақыратын. Мұхтар көршісіне хат жазатын адамдар туралы көп ойланатын. “Олардың ешқайсысы да Парисбидің кім екенін білмесе де тап бір жанашыр туыстары сияқты жазады, кеңес береді, өздері кеңес сұрайды. Сондықтан Парисби жауап хат жазуға мәжбүр болады. Оларды байланыстыратын жұмыс жағдайы да бірдей емес. Бұл түсініп болмайтын жағдай”. Мүмкін, оның да мен сияқты жанашыры жоқ болар? Білмеймін. Парисби болса, шынында да мақтанатын еді, мұны Мұхтар өз құлағымен естіген. Сондықтан болар Мұхтар да тым болмаса бір адамнан хат алуды армандайтын. “Қандай жаңалықтар әкелер екен сондай хат? Жүрегінді қозғайтын туған-туыстардың көзқарасы өзгерер ме екен?” деген сұраулар онын ойынан шықпайтын. Мұхтардың денсаулығы, көңіл-күйі, жұмысы жайында сұрап, хат жазатын бірде-бір жанашыры жоқ еді. Тек Иван Харитоновичпен кездескен күннен бастап, Мұхтар оны адал дос санады. Не туыстық жақтан, не көршілік жақтан байланысы болмаса да, оның ең жақын, бауырмал досқа айналатындығына сенді. * * * Мұхтар үйден шығып келе жатқан көршісін көрмегенсіп, есік түбіндегі қырғышқа етігін тазалап тұра берді.
– Көршім, досым, мені айыпқа бұйырма! – деп дауыстады Парисби. Майкішең, қампиған қарнынан төмен түсіп тұрған іш киімімен шыққан Парисби Мұхтарға жоғарыдан қарап: – Сен немене, ханның сарайына келіп пе едің? Көшедегі батпақтың бәрін жиып әкелсең де, саған ренжімейтінімді өзің білесің ғой! – деді. Мұхтар оған көзінің астымен қарап, күлімсіреді. Себебі сөзінің шын жүректен шықпайтынын сезетін. Ал қазір кірген бетте-ақ Парисбидің әйелі батпақ түгіл, жердің құрғақ күнінде де алдымен аяғына қарайтынын білетін. Тек сыйлы қонақтар – ауыл басшылары мен ауданнан келген адамдарды ғана жайнаң қағып, күліп қарсы алады. Мұхтарға бұл әйелдің ондай мінезі бұрыннан мәлім. Мұхтарды ол қонақ деп санамайды, жай ғана көршісі. – Мен баяғы терезенің жақтауы жайында... – деп бастады сөзін Мұхтар, етігін баяғыша тазалай тұрып. Ол көршісіне, әлбетте, сылтаусыз да кіруіне болар еді, бірақ өзін-өзі ақтау үшін сылтау айтты. – Е-е, не деп тұрсың, сен өзің! Қашан істейсің, қайтіп істейсің – ол сенің жұмысың. Алдын ала ризашылығымды айтамын, – деп Парисби есікті ашып, оны алдымен кіргізді. – Ассалаумағалайкүм! Бала-шағаларыңыз аман ба? – деді Мұхтар даусын көтере сәлемдесіп. Толық денелі әйел, ас үйден сығалап қарап, үнсіз кіріп кетті де, қолын орамалға сүрте шығып : – Сау-сәлематсыз ба? – деп Мұхтардың аяғына қарап, тағы да ас үйге сып берді. Мұхтар аяғын ұшынан басып, бөлмеге кірді де, есік түбіндегі орындықтың жанына кеп тұрды. Сол кезде Парисби көршісінің иығынан құшақтап: – Сен не қылған адамсың өзің! Қашан келсең де өстіп тұрғаның, – деп күлді. – Кел, мұнда, диванға отыр! – Осы жерден теледидар жақсы көрінеді... – дей беріп еді, бірақ Парисби қолын сермеп:
– Бос сөзді қой, қай жерден болса да көрінеді, – деп қоймады. Бұл екеуі бала кезінде бір мектепте оқып, жаз бойы Кубань бойында бірге қыздырынып, суға бірге түсіп жүрген қимас дос болатын. Мұхтар тіпті Парисбиді қолпаштап, қорғап, ауыл балалары тиіссе, оған араша түсетін еді. Оларды әсіресе туыстай жақындастырған екеуінің ортақ жұмысы. Күндіз-түні трактордың темір отырғышына жайғасып алып, жер жыртып жүрген кезде бұлар қалғып та кететін. Осылайша күнітүні бір бітпейтін жұмыстары әрі қиын, әрі қауіпті еді. Әлбетте, сол қиын күндердегі ауыр жағдайлар олардың естерінде қалды. Екеуі де жетім өсті. Парисбидің әкесі майданда өлген. Бір жыл туған құрдас, бір жерде жұмыс істеді, сондықтан ойлары да, сана-сезімдері де мөлшерлес еді. Өз бетімен нан тауып, жұмыс істегендерін, сынып қала беретін ескі “СТЗ” – ны жөндеуге үлкендерге жәрдемдескендерін олар мақтан тұтатын. Ауылдастары да оларды үлкен санап, сәлемдесіп, әңгімелесіп жүретін. Ерте кезде жерді өгізбен жыртатындықтан, техникамен байланысты жұмыс істейтін адамдарды ерекше сыйлайтын. Бала кезінде Мұхтар өзінің әлжуаз арықтығына, аяғын сылтып басатынына қарамай, Парисбиден қалыспайтын, жұмысты одан кем істемейтін. Әрі шыдамды, берік болды. Жұмыс арасында сәл дем алып, үзіліс жасағанда, үлкендер екі жасты көңілдендіру үшін күрестіретін. Сонда Мұхтар досын жеңіп кететін. Ойынның шарты бойынша ол Парисбидің жеңілгендігін мойындатып, шалқасынан түсіріп, үстіне мініп алып, ұстап отыратын. Досының күштілігін, төзімділігін Парисби жақсы білді. Мұхтар одан гөрі техниканы да тез игерді: моторды өзі жөндеп, тіпті тракторды да жүргізе алатын. Ол замандар өтті-кетті. Мұхтар механизатор болды, ал Парисби әйтеуір бір техникумды бітіріп келіп, ауданда бастық қатарында істеп жүрді, бір кездері элеватордың директорлық қызметін де атқарды. Бірақ ол бір жерде орнықты істемеді – біресе жұмысында олқылық болды, біресе қызмет бабын пайдаланып, қол астындағыларға қысым жасап, жұмысты ақсатып, олармен ортақ тіл таба білмеді, сөйтіп ол бір орында тұрақтай алмады. Кейінгі он жылдан бері кірпіш заводында экспедитор болып істейді. Өмірінде, жұмысына қанағаттанғандай болғанмен, кейде ол: “Шіркін, баяғыдағыдай қанатты кең жаю қайда, жаятындай да ештеңе жоқ! Осы да жұмыс болып па?” – деп жыланып отыратын.
Қызметі айтарлықтай жаман болмаса да, Мұхтар балалық кезден бірге жасасып келе жатқан досының алдында ылғи тартынатын. Себебі, Парисби әйелі мен екеуі даңғарадай үлкен үйде тұрады. Жалғыз қызы дәрігерлік институтты бітіріп, күйеуге шығып, қалада тұрып қалды. Парисбидің су жаңа “Волгасы”, үй ішінің жиһаздары: кілемге, хрустальға толған бөлмелері адамды тартпай қоймайды. Оның қонақтары қашанда өктем сөйлеп, сұғанақ көздерімен жан-жақтарын тіміскілей қарап кететін. Ондай қонақтары келген кезде, Мұхтар көршісінің көзіне түспеуге тырысатын, ыңғайсызданып, тартыншақтайтын. Көршісін ыңғайсыз жағдайда қалдырам ба деп қорқатын. “Мен сияқты қара жұмысшы, ондай адамдарға қалай көрінеді? ” – деп ойлайтын ол Мұхтардың көңілінде көре алмау, қызғану деген болған емес. Бірақ көршісінің адал еңбекпен тұрмайтынын да сезетін. Сонда да Мұхтардың осы үйге келгісі келіп тұратын: мүмкін көрсеқызарлықтан шығар немесе өзін-өзі тежеу үшін болар. Әлде адам басындағы бақыт ақшада емес, дүниеде де емес екендігін дәлелдеу үшін бе? Мұхтардың мұндай жиһаздары болмаса да, оның өмірі Парисбидің өмірінен бірдебір кем емес, мүмкін, керісінше, артық та шығар. Ал бүгінгі келісі ерекше еді. – Халің қалай, досым? – деп Парисби диванға ыңғайланып отырып, қампиған қарнын алақанымен сипалады. – Менің халім қалай болушы еді! Жоспар, жоспар... Жоспарды орындасаң – сыйлық, орындай алмасаң – ұят! – деп Мұхтар өзі де байқамай Парисбиге еліктеп, бірақ өзінің оған ұқсайтын қарнының, көкірегінің жоқтығын сезіп, бірден түзеле қалды. Тамағын қырнады. – Түсінікті. Жоспардың соңына жете алмайсың? – деп Парисби алтын тістеріп ақситып, күлімдеді. – Ал үйде не жаңалық бар? – Үйде де жоспар орындап жатырмыз, – деп күлді Мұхтар. – Бәрі де жоспармен жүреді ғой. Жақын арада балам әскерге кетеді. Соған соятын тайыншаны семіртіп, қой, тауықтарды баптап жатырмыз. Қысқасы, Әлиді жақсылап аттандырамыз...
– Құптамаймын! – деді Парисби досының сөзін бөліп, әрі өзін үлкен санап, білгішсініп. – Оны институтқа жіберу керек еді. Әскерден келгенше мектептегі білгенін ұмытып қалады ғой. “Кезінде бастаған кезінде тындырар” деп халық бекер айтпаған! – деді ол өзіне разы болғандай селкілдеп күліп. Қатты күлгеннен оның қарны дірілдеп, отырған диваны тербетіліп кетті. – Әр нәрсенің өз мезгілі болады. Алма жерге піскеннен соң түседі, – деп Мұхтар да мақалдап, одан қалыспады. – Әскерге бару керек деген ақылды ұлыма өзім бердім. Жер көрсін, адам танысын, басқа өмірдің дәмін татсын. Әскерге барған жастар есейіп, өмір жолын өздері сайлап, өздері табады. – Бұл дұрыс, – деп мақұлдады Парисби. – Әскерде жүрген кезімде мен көп нәрсені байқап білдім. Мұхтар жымиғанын көрсеткісі келмей, басын төмен иді. Парисби майданнан адам танымастай өзгеріп келді. Ол бәріне менсінбей қарады, құрбы-құрдастарымен амандаспады, өзінің ана тілін ұмытқан адамша, шірене сөйледі. Басқа түгіл, сол кезде көзі тірі шешесімен де орысша сөйлесуші еді. Парисби сияқты әскерден келген басқа жігіттер де өз ауылдастарымен өктемси сөйлесестін. Ауыл адамдарының арасында шын ба, әлде өтірік пе, ұзақ уақытқа дейін лақап әңгімелер тарап жүрді. Әскерден қайтқан біреу келе жатып, аулада жатқан тырнауыштың сабын байқаусызда басып қалғанда, басы маңдайына сарт етіп тиген екен, сонда: “Ой, алла, бұл тырнауышты бұл жерге кім тастады екен!” – деп таза ноғай тілінде айғай салыпты. Мұны естіген шешесі қуанғанынан тауық сойып, ұлының есі кіргеніне садақа беріп, молда шақырып, дұға оқытыпты... Сөйтіп, Парисби де өзінің туған ауылында ешкім білмейтін бөтен адамдай болып жүріпті. Әскерден қайтқан күні-ақ ол Кубаньның жағасында Мұхтармен кездескенде, оны састырып: “Эй, парень, ты чей? Как тебя зовут?” – деп баса-көктеп орысша сұрапты. “Ей, сен не деп былдырап тұрсың?” – дед Мұхтар бала кезден бірге өскен досына таң қалып, оған қарай жүгірмек болады. Бірақ ол: “Не понимай, ничего не понимай!” – деп Парисби, құлағының түбінен түтінді бұрқыратып, досының бетіне үріп: “Ты кто такой?” – деген сұрақ қояды. “Вот я кто?!” – деп Мұхтар
айқайлап бар күшімен оны суға итеріп жібереді. Жаңа әскери киімі мен жалтыратып тазаланған етігі жалт ете қалады. “Мынау қалжыңды түсінбейді екен ғой”, – дейді Парисби ноғайша сөйлеп, су ішінде қақалып-шашалып, ағынмен қалқып бара жатқан фуражкасын ұстауға тырмысып. Осы сөзді айтып үлгіргенше болмай, фуражкасы көрінбей де кетеді... Мұхтардың әлгінде күлімсіреуінің мәнісі осында еді.... – Әли әскерден келген соң, менің қызым сияқты, институтқа түсе алмас, ал техникумға түсуге тырысу керек, ә, – деген ойларын айтты Парисби. – Мен де, техникумды майданнан келгеннен кейін бітірдім ғой. Кім біледі, сенің ұлың менен де жақсы өмір сүрер, – деді ол көршісіне. – Алдын ала болжап қайтеміз, кезінде көрерміз, – деді Мұхтар жайбарақат қана. – Оқығысы келсе – оқысын, жұмыс істегісі келсе – жұмыс істесін. Оны өзі біледі. Парисби таласпады, айтқанын құптағандай басын изеді. * * * Мұхтар теледидар қарап отырғанмен ойы басқа жақта болды. Көрсетіліп жатқан фильм махаббат жайында болғандықтан Мұхтарды аса қызықтырмады. Мұхтар бұрын, үйленбей тұрған кезінде клубқа жиі баратын. Ол кездегі кинолар басқаша болушы еді. Бірақ Мұхтар оны өзінше сезінетін. Экраннан көзін алмай, тесіліп қараса да, киноның мазмұнын ұмытып қалатын. Есінде тек қатерлі соғыс немесе бір ойынның күлкілі жерлері ғана, әлдебір елеусіз оқиғалар ғана қалатын. Оның жас кезінде көргендерінен есінде сақтағаны “Чапаев” фильмі. Оның мазмұнын өмір бақи ұмытпайды, тіпті қазір айтып бер десең де басынан аяғына дейін қайталауға дайын. Бұл кино Мұхтарға қатты ұнайтын. Қорқуды, жасырынуды білмейтін ер жүрек қызыл командир де, оның көмекшісі Петька да, пулеметші Анка да, комиссар да, “Митька ухи просит” деп аталып кеткен сақалды казак, тіпті ақтардың тақыр бас полковнигінің өзі де ұнайтын. Клубқа ол үйленгеннен соң да, сирек болса да барып жүрді. Бірақ “Бекер уақытымды кетірдім, осы да кино ма? Міне “Чапаев” нағыз кино, бәрі де түсінікті”, – дейтін ол Өлмесханға. Теледидар шыққан кезде Мұхтар ауылдастары сияқты, бос
кезінде теледидардың алдынан шықпай, тапжылмай отыратын. Сол кезде де өз өмірін көз алдына елестетіп, ойға қалушы еді. Теледидарды Парисби де өзінше көреді. Ол көбінесе қалғып отырып, шетел фильмдерін немесе қарақшылар, ұрылар жайындағы оқиғаларды көргенді ұнатады. Ал Мұхтар келгенде басқа әңгімесі болмаса, Парисби көрген фильмдерін айта бастайтын. “Жақында ауданға барып, Италияның бір киносын көрдім. Онда қандай адамдар өмір сүреді десейші! Және де бір адам туралы кино көрдім. Оһ, дүниеде жақсы өмір сүретін адамдар болады екен ғой! Бір өзінде миллиондаған ақша, әне, чемодан толы ақшамен ұсталды. Бостан босқа ұсталып қалғанын аяйсың. Бәрін ойланып-толғанып істеген кісі ұсақ-түйектен сүрінді. Қандай аянышты”, – деді жаны ашып. Сондай оқиғалар көрсетілмесе, Парисби, әдетінше, теледидарды қарап жатып, ұйықтап қалатын. Қазір де экранға қарап отырып, бала-шаға, жұмыс, ауылдағы жаңалықтар туралы көңілсіздеу әңгімелесіп отырды. Өйткені, Парисбидің ұйқысы келіп, қалғып-мүлги бастап еді. Оқтын-оқтын қазан-ошақ жақтан ыдыс-аяқтың, шынылардың сылдыры шықса, экрандағы адамдардың шақ-шұқ сөйлеген даусы естілсе, ол көзін ашып, жан-жағына қарап, ұйықтап кеткеніне ұялғандай, көршісіне “кешір” дегендей иығынан қағып, мағынасыз бір сұрақ беріп, тағы да қалғып кетті. Мұхтар күлімсіреп сұрағына жауап бергенмен, өз ойымен әуре еді. Ол көңіліндегі қуанышын айтпақ болып, қалтасындағы конвертті бірнеше рет шығарды, бірақ айта алмады. Сонымен өзін ‘кінәлі санағандай күлімсіреп, тағы да бір кездескенде айтармын деп ойлады... Парисби оның бірін де сезген жоқ. * * * Парисбидің әйелі болмаса, Мұхтар қандай ниетпен келгенін айта алмай кеткен де болар еді. Толық денелі, аққұба әйел Мұхтар отырған бөлмеге кербездене кіріп келіп: – Не жаңалық бар, көршім? – деп сұрады да, көз қиығын теледидарға тастады. Мұхтар кеудесін көріп, мұртын сипап, қалтасынан төрт бүктелген хатты шығарды. – Міне, досымнан келді. Донецкіден! – деді масаттанған Мұхтар.
– О-о-о! – деді әйел таңданып. Алтын жүзікті, топ-толық, ақ саусақтарын алжапқышына сүртті де, хатты қолына алды. Күйеуінің қасына отыра қап, иығымен оны итеріп: – Бері қара! – деді! – Не, не болды? – деп Парисби сасып қалды. Ұйқысын аша алмай, біресе әйеліне, біресе Мұхтарға қарады. – Еш нәрсе де болған жоқ. Міне, – деп әйелі хатты көрсетті. – Біздің көршіміз Донецкіден хат алыпты, – деді ол – Е-е, хат па? – деп, Парисби есінеп, керілді. – Мен мызғып кетіппін ғой... Кәне, берші! – деп ол хатты қолына алып, оқи бастады. “Сәлем, Михаил Андреевич!” дегенін оқығанда, таңырқап бірден тоқтап қалды. Михаил Андреевич дегені маған түсінікті, өзімді де кейде Борис Семенович дейді, бірақ “сәлемі” несі? Біздің “сәлемімізді” орыс досыңа өзің үйреткен боларсың? – деп күдіктене қарады ол Мұхтарға. Мұхтар да мақұлдағандай басын изеді. – Бірақ “сәлем” деп айтылғаны дұрыс емес, орысша келіспейді. “Күн жақсы болсын!” немесе “аман-есенсіз бе?” десе бір сәрі, – деп білгішсіді Парисби. Сонан соң ол хатты әрі қарай мүдірмей оқи берді. Ұнаған жерін мәнерлеп, дауыстап оқып, тіпті қолын да сермеп қояды. Әсіресе өзі туралы айтылған жері қатты ұнады. – “...Көршілерің Жақып пен Парисбиге, оның әйеліне менен көп сәлем айт! Сенің айтқандарыңнан мен оларды бұрыннан білетін адамдардай көріп, сыйлап кеттім”, – деген жерін тағы да қайталап оқыды. Сонан соң: – Жарайсың, досым, бізді ұмытпай жүреді екенсің, – деп ол әйеліне бұрылып, басын шайқап, тағы да Мұхтарға бұрылды: – Рахмет, достым, жауап жазсаң, бізден сәлем жолдауды ұмытпа, біздің де оны сыйлайтынымызды айтарсың. Қарсы болмасаң досыңның мекенжайын алайын. Кім біледі, алда-жалда Донецкіге бара қалсам, досыңа кіріп шығармын. Мұхтар қысылыңқырап, хатты жайбарақат бүктеп, конвертке салды. – Беремін, неге бермеске? – деп қалды сасқалақтап. – Бірақ білмей тұрмын, таныс емес кісіге біреудің барғаны келісе ме?
– Е-е, не айтып тұрсың? – деп Парисби диванға шалқая түсіп, тағы да көзін жұмды. – Таныс болмасам, танысамын, қиын емес қой! – Иваның кім болып істейді өзі?.. Қалай еді, әлгі... Харитонович па еді? – деп сөзге Парисбидің әйелі де кірісті. – Шахтада істейді, – деп досы үшін паңдана сөйледі Мұхтар. – Шахтер ма? – деп жақтырмаған кейіппен сөйледі әйел, бірақ көршісін ренжітіп аламын ба деп, сөз төркінін басқа жаққа бұрды, – иә, шахтерлердің табысы көп болады, – деді де, теледидарға бұрылып, қолын қусырып, тұрып қалды. “Оларға бәрі де талғаусыз. Қарай гөр, мекен-жайын сұрайды! Адамгершілік қасиет жоқ бұларда. Жер жүзінде осындай адамдар да өмір сүреді-ау! Иә, Иван Харитонович болса, мүлгіп-қалғымас еді, айналаңда зыр жүгіріп, түсінбегеніңді түсіндіріп, білмегеніңді білдіріп, ақыл айтар еді”, – деген ойлар келді Мұхтардың басына. Ол орнынан тұрып, қоштасты да, адымдай басып шығып кетті. Әйел бұрылып басын изеді, үй иесі ұйқысынан оянған да жоқ, баяғысынша қорылдай берді. * * * Мұхтар далаға шыққанда самал жел есіп, жаңбырдан кейінгі хош иіс жанын рақатқа бөледі. Жар басында шеккидоп ойнап жүрген балалардың айқай-шулары естіліп жатты. Ақшам ауа бастаған кез. Бірақ алыста, күн батар алдында бұлттардың арасынан күннің қызғылт қиғаш сәулесі көрінді де, біраздан соң жоқ болды. Мұхтар аспандағы қызғылт шапақтың жоғалғанын байқап: “Міне, менің көңілім де дәл осындай, бір қуанышым бар еді, жылт етті де, сөніп қалды”, – деді ол өзінің өмірін табиғат құбылысымен, күннің батуымен салыстырып. Мұхтар өз үйінің алдына тоқтап, су болған қоршауды ұстай алып, басын төмен иді. Есіне өткен жұмадағы оқиға түсті. Бір апта бойы ол жұмыстан соң бригададағы адамдардың үйлеріне қайтқанын күтіп, вагонда жалғыз өзі қалып, Иван Харитоновичтың атынан хат жазумен
болды. Сөйтіп ол үлкен азапқа түсті. Неше рет өшіріп, неше рет жыртты. Қайтадан жазды, сонда да орыстың жазғанына ұқсамайтын сияқтанды. Бұл хатты оқыған немесе тыңдаған адам Донецкідегі досының оған мұны шын пейілімен жазғанына сене қоймайтындай көрінді. Хат әбден жақсы боп шықты-ау дегенше, бір-екі дәптерді жыртып бітірді. Үш күннен кейін “аудан орталығынан трактордың бөлшектерін аламын” деп сылтауратып, поштаға баруға асықты. Мұнда ол үстелдің жанында жеделхат жазып отырған, басына қалпақ киген көзілдірікті, ақ сақалды, қарт орысты көріп, қуанып кетті. Оның қасына барып, қолындағы хатты көрсетіп, басқа қолмен көшіру керек екенін айтып, ұялса да жалынып-жалбарынып өтінді. Қарт Мұхтардың айтқанына таңырқаған да жоқ, қайта ол хатты оқып, тексеріп, кейбір сөзін сызып, кейбір жерлерін қосып әдемілеп көшіріп берді. Конверттің сыртына мекен-жайын да жазды. Мұхтар қуанғаннан разылығын білдіргісі келіп, қартты мейрамханаға да, үйіне де шақырды. Бірақ қарт жүрегі, асқазаны ауыратындығын, ішімдік ішуге әйелінің қарсы екендігін айтып, Мұхтардың құрметінен бас тартты. “Жақсы ойлап таптым, – деп Мұхтар өзіне-өзі разы болып, күлімдеді. – Білсін, менде де достың бар екенін. Дос болғанда қандай дос!.. Бәрін де дұрыс істедім, хат үшін ешкім де күмәнданбайды”. Бірақ кенет оның есіне Апастың күлімдеген жүзі, хатты қалай ұсынғаны түсті, қолымен бірдеңені ымдап, суреттеп көрсеткені көз алдына келді. “Неменеге күлді екен сол сақау, ә?!” – “Мен байғұс ешкімнен де хат алып көрген емеспін ғой, қайдан білейін ондайды?” – деп Мұхтар хатты анықтап қарағанда, оның Донецкіден емес, аудан орталығынан екені беп-белгілі болып тұрды. – Мейлі, біліне берсін! – деп, күбірледі ол. Мылқау Апас ешкімге айта алмас. Бұл хат маған да, басқаға да досымнан келген болып есептеледі. Сонымен бұл Иван Харитоновичтан келген хат деп өзімді-өзім сендіремін. Ол еңкейіп, аула ішімен сарайға қарай беттеді. “Аһ, Иван Харитонович, – деп досына өкпелегендей болды. – Хат жазу соншама қиын ба? Сенен хат келсе, қандай қуанар едім десеңші? Мақтанып, ауылды түгел айналып шығар едім ғой. Мүмкін, сен бірінші боп жазуға ұялатын
шығарсың, ә? Ұяласың, солай а?! Мен де ұяламын. Екеуміз бірбірімізге анда-санда хат жазып тұрсақ, қандай жақсы болар еді! “Сәлем, Михаил Андреевич?” – деп сен жазсаң, “Сәлем, Иван Харитонұлы!” – деп мен жазсам қандай тамаша болар еді!” * * * Көпке дейін түн ортасы ауғанша Мұхтар Қарамовтың ауласынан сыбызғының ойлы да мұңды үні естіліп жатты.
ГАРМОНЬШЫ ҚЫЗ Шер буғанда шарқ ұрады көп ойлар: 1 Менсіз енді той жасайды ноғайлар. Қар жамылған дәмін татып шалғайдың, Махаббат пен сағыныштан сарғайдым. Кадрия Қуаныш пен қайғымыз бір құраған. Пәкпіз және арылмаған күнәдан: Дүние – айна мың құбылған бұл адам. Байғұс та сол, алып та жоқ сірә одан. Омар Хайям Үкі адамнан аяушылық тілегендей “уһ-уһ” деп жүректі сыздатып, уһілейді кеп. Жұрт оны жамандық шақырады деп, ашық тұрған терезелердің қақпақтарын жауып, жүректі сыздатқан сол бір дыбысты естігісі келмейді. Жартастың басынан шыққан үкінің даусы ауылға түгел естіліп тұрады. Тап сол кезде ауылдың екінші шетінде үйлену тойы өтіп жатқан. Тойдың әбден қызған кезі еді. Жымыңдаған жұлдызды аспан астындағы ауланы үйден шығарылған электр шамы жарқыратып тұр. Аула іші толған адам. Брезентпен жабылған лапастың астына ұзыннан-ұзақ үстелдер қойылған. Лапастың төр жағында ақ киінген қалыңдық, қасында қара костюмді күйеу бала, олардың екі жағында енесі мен “атасы” отыр. Асфальт төселген ауланың ортасындағы акация ағашының астында, орындыққа ыңғайланып орналасқан адам гармонын тартып отыр, айналада ойын болып жатыр. Үстіне жарасымды киімдерін киіп, әдеміленіп келген адамдардың бәрінің де көңілі көтеріңкі, басқа ойыншылардың да даусы жарқынжарқын естіледі, ауаны қақ жарып, шартылдақтар да шартылдап жатыр. Гармонь тоқтаусыз ойналып, ойындар бірінен соң бірі жалғаса берді.
Гармоншы тек бұл ауылға ғана емес, Кубань бойында тұратын барлық ауылға аты әйгілі – Нұрхан еді. Бұл жақта той, ал басқа жақтан үкінің уһілеген аянышты даусы шығады. Бірақ бұл дауысты гармоншыдан басқа ешкім естімеді. Нұрханның мұңды көзі жаңа түскен шықтай жылтырайды. Үстіне көкшіл кеудеше мен қара түсті, ұзын белдемше киген ол басын сәл еңкейтіп, гармонь үніне құлақ тосып, басын қайта көтереді, сүйір саусақтарымен гармонь тілін шебер басып, құлашын соза тартқан кезде, төңірекке таралған сазды үн үсті-үстіне құйылып жатты. Мұндайда Нұрхан шаршау дегенді әсте білмейді. Ойын ұзаққа созылады, бір ойын, бір ойынға ұласып, үнемі қол шапалақтаудан ерлердің алақаны қызып, жаны кеткендей болады, ойынға шыққан бір топты екінші топ ауыстырып, тарс-тұрс билеуден шаршап та қалған секілді. Шаршамаған тек Нұрхан ғана. Оның гармонынан шыққан ән таусылатын емес. Уақыт түн ортасынан ауған. Бұл төңіректе тұратын кемпір-шалдар тойлы ауылмен қатынаспағандықтан ба, әлде саулықтары жетпеді ме, әйтеуір, тойға келе алмады. Бірақ олар ұйқыға ертерек жатқанмен, гармонь үнінен көздері ілінбеді. – “Пай-пай, құйқылжытуын қарашы!” – деп таң қалған біреулердің жас кезі естеріне түсті. “Ақшаны күреп табады ғой!” – деп ернін жымқырды екінші біреулер. “Әй, бақытсыз сорлы-ай, өмірі бір түзелмей-ақ қойды-ау!” деп, үшінші біреулері гармоншыны аяп та қойды. Бірақ осылардың ешқайсысы да үкінің уһілдеген үнін естімеді. Тіпті, бірінің сөзін бірі еститін де халдері жоқ еді. Жалғыз гармоншы ғана у-шудың қайнаған ортасынан құстың шақылдаған даусын естіп отырды. Сол сәтте ол гармонын кілт тоқтатты, әлденеден сескенгендей болып, басын үкінің даусы шыққан жаққа қарай бұрды. Бет-әлпеті өзгеріп, әлгі дауысқа құлағын түрді. Жұрт гармонның тоқтағанын байқамай, қол соғып, ойындарын жалғастыра берді, ал гармоншы есін жиып, гармонын тарта жөнелгенде, олар көздерін жыпылықтатып, таңданысып қалды. Соңғы кезде Нұрхан гармонь тартқан сайын сол уһілдеген дауысты естіп отырғандай болады. Қыстың суық күндерінің өзінде, үйдің ішінде
отырып, түннің бір уағында да сол дауысты естиді. Гармонды қолына алайын десе болғаны, сол сәтте-ақ құлағына үкінің даусы шалыиады да, қолы дірілдеп, өңі қашып, біразға дейін гармонына қарап, үнсіз қалады. Басқалар оның бұл жағдайын түсінбей, “бәлсініп отыр” деп, тіпті оған іштерінен күлетін де. Ал Нұрханның бойын сол сәтте өзі де байқамайтын, жанын қатты қинайтын бір қорқыныш билеп алады, содан оның үрейі ұшады, жүрегі тулайды, сондай сезімнен құтылмақ боп, гармонын қолына алады да, жігерлене тартады, содан шыққан әуен оның қиналған жанын жылытып, жүрегін жібітеді. Қорқыныштың қоршауына түспеу үшін жанын сала ойнайтын Нұрханның бар ойы соған беріліп, нәзік саусақтары гармонь тілінде жорғалап кетеді. – Нағыз шеберлікпен тартылған ән ғой мынау! – деген сөзді естіп қалады ол, ерлердің сартылдата соққан алақан дыбыстарының арасынан. – Шынымен-ақ мынаны пері соққан ғой, әйтпесе бүйтіп тартар ма?! – деп ерлерден бөлек отырған ауыз үйдегі әйелдер де өзара күбірлесіп қояды. Оның гармонынан бір керемет ән естіліп жатты... Бірақ бұл сандырақ тарту емес, жын-пері тойында айтылатын ән де емес еді. Жұрттың осылай айтатын әнін ол есіне түсіре алмай, көп жылдар бойы қиналып жүрді, есіне қанша түсіргісі келгенмен, ештеңе шықпады, саусақтары гармонь тілін икемге келтіре алмады. Бірнеше жыл... Бірнеше жыл Нұрхан сол әуенді жұртқа естіртуге тырысты, бірақ бұл ойының бәрі босқа кетті... Пері соқсын, соқпасын, ал Нұрхан нағыз шебер гармоншы, ондай шебер гармоншы біз жақта көптен бері туған жоқ еді... Ауылда бір жылдан артық төсек тартып, сал болып орнынан тұра алмай жатқан Махмуд деген қарт бар еді. Сол кісі үш күн бойы есінен айырылып, әне-міне көз жұмады деп, туыстары күзетіп отырған. Әйелдер сұңқылдай жылап, молданы шақыртып, иман айтқызып та қойған. Бірақ оған ажал келмеді. Бұған себепші болған Нұрханның гармоны еді. Тап сол кезде ауру қарттың көршісі, таяуда ғана әйелімен айырылысқан Әлімтай екі күндей үйінде болмағандықтан қарттың
ауыр халде жатқанын білмей, үйіне қонақ шақырып, гармоншыны алғызып, көңіл көтеріп жатқан. “Білмеген у ішеді” деген сол. Ауру адамның жанында отырғандар Әлімтайды сыбап, басына әңгір таяқ ойнатты. Көршісі о дүниеге әне-міне кетеді деп отырғанда, Әлімтайдың үйінде ойын-сауық қызып, гармонь үні сызылып, сөйлеген дауыстар айналаны жаңғырықтырып жатты. Ал гармоньшыны кім дейсіз ғой? Ол – ауыл түгіл, Кубань бойына аты әйгілі Нұрхан еді. Махмудтың жағдайына қайғыланған әйелдер орамалының ұшымен көздерін сүртіп отырғанда, аяқ астынан күн күркірегендей болып, аулада Нұрханның гармонының даусы жаңғырып кетті. Ол аз болса, гармоньшының өзінің әндеткені де естілді. – Ақылынан адасқан ба, бұл Әлімтай! – деп әйелдер көрші, аула жаққа ала көздерімен қарады. – Уа, мынау әлгі сиқыршы Мәруаның гармоны ғой! Қарашы, бетсізді. Тыным таппағыр, гармонын сұңқылдатуын! – деп сөкті біреу. – Өршеленуін, тағы да бір еркектің басын айналдырар! – деді екіншісі. – Тыныш өлуге де мүмкіндік бермейді! Сөйтіп, жиналған жұрт айқайласып-шуласып, не амал істерін білмей, біраз тұрып қалды. Сол сәтте о дүниеден қайтқандай болып, іш киімімен ұзын бойлы Махмуд таяққа сүйеніп, есіктен көрінгенде, аулада отырғандардың таң қалғаннан көздері шарасынан шығып кете жаздады. – Құдай-ау сақтай гөр! – деп әйелдер өз көздеріне өздері сенбей, алақандарымен бетін жапты. – Махмуд досым, саған тұруға болмайды ғой! – деп иман айтып, дұға оқыған молданың зәре-құты ұшты, – енді әзірейілдің құлы болуың керек, – деді ол қарттың құлағына қалтыраған дауыспен. Махмуд өзіне жабыса берген молданы қолымен итеріп, аузын қисайтып: – Ал сіз мұнда неғып отырсыз? Бұл аулаға аяғыңызды баспаңыз, жоғалыңыз! – деп қарт гармонь даусы шыққан жаққа елеңдей құлақ түрді.
Тап сол күннің кешінде қарттың жақын-жуықтары Нұрханды да, Әлімтайды да шақырып, құдайы асқа деп арналған қойды сойып, Махмудтың аман-есен қалғанына қуанып, той жасайды. Орнынан тұрмай жатқан қарт ойынға, дүниенің қуанышына араласып, айналадағы адамдарды таң қалдырды... Нұрхан әжесінен үйренген әндерді тартады. Тізесінен жоғары қыпқысқа белдемше киген қыздың төңірегінде тап бір зырылдауықша айналып жүрген кісілерді көрсең, шеңбер жасап тұрғандар қолдарын шарт-шұрт соғып, айқайлайды кеп. Нұрхан ойын ойнап жүргендерге мұңды көзімен қарап, әрі басын иіп, гармонь тартуын бұрынғыдан да күшейте түседі. Г армонь тілін басқан Нұрханның шебер саусақтарынан бір ғажап әуен төгіліп жатыр. Сыңғырлаған үнді естіген бишілер әуенге еріп, мың бұрала билейді, қадала қарап тұрған кісілер кейбір тұста басын шайқайды, қыз да басын шайқап, тал шыбықтай иіліп, мойнын соза түседі. Сенек пен ас үйден сығалай қарап тұрған әйелдер өздері де ойынға атылып шығатындай, бастарын шайқап, бишілерге қызыға қарайды. – Гармонды қандай шебер ойнайды десейші! – дейді олар жас кезінде Кубань мен Илиншик бойларында талай керемет гармоньшының ойнағанын көрсе де. Жас жігіттер ойыннан оқшаулау тұр. Олардың біразы ноғай ойынын біле де бермейді, ал білетіндері ойыншыларға жақындауға тартынатын сияқты. Ноғайдың би өнері көрсетіліп жатыр. Жастар “шейк”, халық арасында “прижим ойыны” деп аталатын тангоны билеуге ғана әуес, вальсті сирек билейді. Ал қырықтың қырқасына шыққандар өз кезіндегі билерді ұнатады, сондықтан олар вальске де әуес, жастардың биінен де тасаланып, қашпайды. Бойында жігері қайнап тұрады. Ал жастар жағы тартыншақ та, жігерсіз. Неге десең, олар бұрынғы билерді білмейді. Биден әбден қалжырап, шаршағандар шеңберден сытылып шыға бастайды. Сол кезде гармоньшы да тоқтап, сәл тынығады да, жаңа әуенге көшеді.
– Жастар, билеңіздер! – деп айнала қоршап тұрған ересектер шеткерірек тұрған қыз-жігіттерге дауыстады. Жастар естімегенсіп, бір-бірімен әңгімелесіп тұра берді, бір кезде әлдене болғандай ішек-сілелері қата күліп жібереді. Гармонь тартылып, өлең айтыла берді... – Билеңіздер деймін, мен сіздерге! – деп кексе кісі жастардың қасына жақындады. – Бізге магнитофон ойнатса екен! “I Ірижимды” билер едік, – деді біреу, жолдастарының артына тығылып. Жастарға кенедей жабысқан еркек бірінен соң бірін ұстап, биге сүйреп шығармақ болады. – Ой, Мухамет ағай, бұныңыз не? Мен билей білмеймін, – деп олар тартынады келіп. Бірақ анау оларды зорлағандай етіп, шеңберге сүйреп шығарды. Ұялғаннан қоршаған шеңберден шыға алмай қалған ол енді қолын бұлғалақтатып, шайқалып, ортада айналып жүріп, өзімен билейтін қыз іздейді. Ұнатқан қызды тауып, оған басын иіп биге шақырады. Қыз да асқақтай басып, биге шығады. Жігіттің шынымен-ақ билей білмейтінін ол сол сәтте-ақ сезеді де, аяғына қарап күлімсірейді. Жігіттің билей білмейтінін көрген гармоньшы оған көмектескісі келгендей, әуеннің жылдамдығын бәсеңдете түсті. Жігіт аяғын ептеп басып, әнге ілесе қимылдады. Сол кезде Нұрхан жігіттің биге беріліп, машықтана бастағанын байқап, гармонь тартуын күшейте түсті. Қол соғу да күшейді, біреу тіпті ысқырып та жіберді, кейбіреулер ата қаздай ысылдап та қояды. Билей білмеген жастардың көңілдері суып, адымдары түзелмеді. Олар би билеп, көңіл көтерген жұртқа сүйсіне қарады. Өздерінің кинодан немесе сахнадан көргендеріндей ме, әйтеуір көңілдерінің көтерілгендігі соншалықты, тіпті қызып кетеді. Дағыстанның бишілеріндей қарғып-секіріп билейді. Кубань билеріне ұқсаған бір жері жоқ, сондықтан тамашалап тұрғандар қысыла күлімсірейді. Бірақ таңдана қол соғуларын да қоймайды. Бұл биді жақсы меңгерген қыз жігітке жақындаған сайын ол қашқақтай
береді. Қыз болса қалайда өзіне бағындырмақ болып, жігітті өз соңынан еріксіз ілестіреді. Дегенмен бидің өзіне тән ерекшелігін білмейтін жігіт ойына, оңтайына келген қимылдарды жасап, қарғыпсекіре береді. Айнала қоршап тұрғандар қалталарынан ақша шығарып, бишілерге қарай лақтырды. Тойларда Нұрханмен бірге жүретін құрбысы Надюша ортаға шығып, ақшаны жиып, алжапқышының қалтасына тығады. Нұрхан ыңғайсызданып, бишіге, ақшаларды жинаған Надюшаға тесіле қарап, қолын кеудесіне қойып, жұртқа өзінің разылығын білдіреді, бірақ сол разылығы көпке созылса екен деп тынышсызданды. Жүрегі лүпілдеп, бір кезде лап етіп жанған махаббатының сөнгеніне қайғырып, гармонь үні де соған қосыла еңіреп, жылағандай болады... Бірақ би тоқтамады, қол соғу да тыйылмады, халық гармоньның тоқтағанын да, үкінің уһілдегенін де сезбеді. Үкінің даусы шыққан жаққа қараған гармоньшының жүзіне қорқыныш енді, жүрегі шымшылап ауырғандай болды. Сол енжар күйден құтылу үшін оған күш-жігер керек еді. Ол гармонь тілін бар күшімен басып, кере тартып жіберді. Бір кезде оған үкінің уһілі тап бір қуғыншыдай болып көрінетін. Соны есіне түсірмеу үшін тойларда ептеп шарап та ішті. Дәл осындай тойда әйелдерді қыстап ішкізетіндер де бар ғой. Тойдың нағыз қызған кезі еді. Ұзыннан-ұзақ қойылған үстелдердің үстінде шарап құйылған графиндер тұр. Ал қалыңдық пен күйеудің алдына түрлі-түрлі тағамдар қойылған. Үстел үсті толған табақ-табақ тамақтар, вазаларда алмалар, алмұрттар, жүзімдер, сілекейіңді шұбыртқан қып-қызыл қарбыз бен торт, кәмпиттер, күміс түсті қағазбен жылтыраған ұзын мойын шампандар. Өзге үстелдердегі тамақтар, әсіресе мол етіп, еттен жасалған тағам, үлкен табақтарға салынған салат та біраз желінген, графиндерге құйылған компот та ішілген. Қазіргі тойларда жұрт тамаққа аса сұғынбайды, бірақ дастарқанды бәсекемен әзірлейді. Жастар отырған үстелдің той басқарушысы үстіне ақ нейлон көйлек, қара костюм, басына қалпақ киген Әскер гармоньшының қасына келіп, қолымен гармонды баса қойды. Нұрхан да сол сәтте тартуын кілт тоқтатты.
– Жолдастар, келіңіздер, отырыңыздар, қуанышымызды жалғастырайық! – деп гүжілдеді ол жұртты отыруға шақырып. Өзі гармоншыға еңкейіп, көзіне-көзін қадап: – Тойдан соң біз, Исмаил екеуіміз сіздікіне барамыз, – деді. Оның сөзін ұнатпаған Нұрхан жігітке жақтырмай қарады. Кел, келме деп тура айтпағанмен, басын шайқады. Әскер оның разылығын естімесе де, үндемегені келіскені деп санап, көңілденіп, қыздың иығынан сипады да, қолын уқалап, үстел басындағы өз міндетін атқаруға кетті. Сол арада Нұрханның қасына Надюша жүгіріп келді, еңкейіп құрбысының көзіне тесіле қарап: – Әскер не деді саған, ә? – деп сұрады ол қадалып. – Ештеңе де деген жоқ, – Нұрхан да досына сынай қарады. – Айтсайшы, ол саған бірдеңе деді ғой! – Ойнақылана күліп, кенедей жабысты Надюша. – Не жайында сөйлесті, ә? Нұрхан жауап бергісі келмей, құрбысынан теріс айналды. – Нұрхан, саған не болған? – деді Надюша жаны ашығансып. – Ештеңе де болған жоқ. – Онда дұрыс! – Надюша даусын жұмсарта сөйлеп, қолымен гармоньшының тізесін басып, алдына шоқайып отыра кетті де: – Исмаил да болатын шығар, ә? Исмаил жақсы жігіт қой, солай емес пе? – деп сөзін Нұрханға құптатып қойды. – Иә, жақсы-ау, – деп ернін шүршитіп, құрбысының көзіне мысқылдай күліп қарады ол – Осы саған не болған, айтшы? Менімен жөнді сөйлескің келмейді, – деді Надюша өкпелегенсіп, бірақ сол сәтте-ақ күліп, өзгере қалды. – Сен білесің бе, бүгін қанша ақша түскенін? Міне, көрші, ылғи қызыл ақшалар, арасында бір жиырма бес сомдық та бар, он жібек орамал да, – деп тоқтаусыз сөйлеп, алжапқышының қалтасын қақты. Нұрхан қабағының астымен тексере қарады да, байқамағансып, басын иді.
– Бүгін түсім мол құндыз бөрік алмағаныңды көрейін енді! Наймановтардың тойы аста-төк болады демедім бе саған! Ал сен келгің келмей, әрең көндің, – деп Надюша Нұрханның қасынан жылжып, бұдан бір-екі күн бұрын кешті бірге өткізген, өзі ұнатқан малшы Исмаилды көзімен іздеп тауып, қолын бұлғады. Жігіт те оны көріп, мәз болды, бірақ ештеңені байқамағансып, қолын уқалады... Бұрынғы отырыстарды ұйымдастырған сияқты, қазір де еркектерді үйге шақырған Надюша екенін Нұрхан бірден сезді. Исмаил мен Әскер совхоздың шошқа фермасында істейтін. Екеуі де бірнеше баланың әкесі, отбасылы. Өздері айырылмас достар, қайда барса да бірге жүреді. Оларды бір-бірімен байланыстыратын жағдайлар көп-ақ. Соның ең бастысы жұмысты бірге істейтіндігі. Оның үстіне бұлар жасырып шошқа сойып, қалаға апарып сатумен де айналысады. Ауылда шошқаның етін ешкім жемейді. Өздеріңізге белгілі, өмірде аттас адамдар көп қой. Соларды бірінен-бірін айыру үшін, қосалқы ат тағып қояды. Сөйтіп екі достың аттарына да “шошқа” деген қосалқы есім тағылған болатын. Біреуін: “Шошқа Әскер”, екіншісін “Шошқа Исмаил” деп кеткен. Бір күні Надюшаның қуанышы қойнына сыймай, жүзі жайнап, Нұрханның үйіне жүгіріп келді. – Қаладан кіммен бірге келгенімді білесің бе? – деді мақтана сөйлеп. – Иә, кіммен? – деді сол күні көңілі көтеріңкі Нұрхан. – Қандай жігіт десейші! Ақылды да өңді, сөйлесе, ішегіңді қатырады, тіпті жалығу дегеннің не екенін ұмытып кетесің. “Жигулидің” ішінде күлкімді тыя алмай, масайрап келдім. Сен де оны жақсы танисың, шошқа фермасында істейтін Исмаил. Кешке Әскер екеуіміз соғып кетерміз деді. – Бізге сол шошқа фермасының адамдары жетіспей тұр еді. Оларға шошқаның иісі сіңіп, сасып кеткен болар! – деп Нұрхан досын қажай жөнелді. – Есің ауысқан ба, сенің? Қандай жігіттер! Бойлары сырықтай, мұрттары ширатылған, оларды мисыз біреулер деп ойлама! Шошқа
десең де, шошқа етін жемейді. Оны қалаға апарып сатып, ақша қылады. Өмір сүре біледі!.. – Сенің жігіттеріңде неше бала бар екенін білесің бе? Алдымен соны ойласаңшы! – деп күліп, Нұрхан жолдасының сөзін бөлді. – Уа-ай! Не деп тұрсың? Олардың баласының санында шаруамыз не? Әйелдері итше күшіктейді, оған басымызды ауыртып қайтеміз?.. – Бұның қызық екен? – деп Нұрхан оған тағы да таңдана қарады. – Отбасын бұзсаң, заң алдында да, ар алдында да жауапкер боласың ғой! – Жауапкер?! Ал менің отбасым үшін кім жауап береді? – деді Надюша ашуға булығып. – Кім?! Мүмкін әлгі, менің күйеуімді азғырып алып кеткен әйел шығар. Жібектей тап-таза едім. Біреудің бетіне қарадым ба? Айтқанын екі етпей орындайтынмын Ал ол болса бір салдақыпың соңынан еріп, қалаға кетті де қалды. Әйтпесе мұндай халге жетер ме едім? Әр еркекке көзіңді саласың! “Мүмкін, жылы жүзбен қарар, бәлкім ұнатар” деп те жүрегің лүпіл қағады. Осындай жағдайда қалғаным үшін, біреу жауапты болды ма, ә? Ал сенің өміріңе кім жауап береді? Сен сондай ақылдысың, сондай сезімталсың?! – Менде жұмысың болмасын! – деп Нұрхан оның сөзін бөліп, қабағын түйді. – Өз өміріме өзім кінәлімін, өзіме-өзім жауап беремін, – деді Нұрхан өкінішті үнмен. – Жарайды, Надюша, сол қабандар келетін болса, дұрыстап қарсы алайық, ә? – деді. Сөйтіп, олар үйдің ішін тазалап, әбігерлене бастады. Надюша қазан асты. Нұрхан үй ішін жинастырды, еден жуды, қонақтар отыратын бөлмеге ауладан гүл әкеліп қойды. Қабырғада ілулі тұрған кілемнің түсін жайната гүлдерді тізіп, төсектің ақ жібек жапқышына қызыл раушан гүлдерді шашып тастады да, әрірек барып, қарап, сүйсінді... Содан соң өздері таранып-сыланды: шаштарына лак бүркіп, жылтыратты, қасы-көздерін бояп, кірпіктерін қайқайтты. Нұрхан өзінің жақсы көретін көгілдір кофтасын киіп, үйінің әдемі жиыстырылғанына сүйсініп, өзіне-өзі таң қалып, айнаның алдында ұзақ тұрды. Надюшаның бойы Нұрханнан аласалау болса да, киімдері бір-біріне шақ келе беретін. Сондықтан Надюша жап-жақын жердегі үйіне
бармай, үстіне Нұрханның түбіттен тоқылған үлпілдек жәкетін киді, бетіне опа, ерніне қызыл далап жақты. Онсыз да өмірде жеңілтек, ақжарқын әйелдің жылтыраған қара көздері жайнаң қағып кетті. Келетін қонақтар тап бір оның өмірін бақытты ететіндей қуанды. Кешке олар мереке күнгідей жасалған дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып отырды. Тоқтаусыз сақылдап күле берген Надюша Исмаилға қараумен болды. Еркектер де сөздеріне үлкен мән бергенсіп, тілектер айтты, қыздардың денсаулығы үшін, әдемілігі үшін, мінездерінің жайдарылығы үшін тост көтерді. Нұрхан да ауыр ойдан арылмақ боп, олармен бірге күліп отырды. Әзілдесіп көп тілектер айтты, қонақтардың мақтау сөздеріне орай олар да мақтау сөздермен жауап беріп, құйылған шараптан аздап ішіп отырды. Сөз арасында қолына гармонын алып, өзі бірге жырлап отырғандардың көңілін көтерді. Дүниедегінің бәрін ұмытқысы келгендей, сол кешті қыз көңілді өткізді. Сөйтіп отырып ол Исмаил мен Надюшаның басқа бөлмеге кіріп кеткенін де байқамай қалды. Сонда да баяғысынша жырлап, Әскермен қалжыңдасып, ара-арасында көңілдендіріп отырды. Біраз уақыт өткен соң, ол құрбысының қонақтарының біреуімен жоқ болып кеткенін есіне түсіріп, бірден тына қалды, еркекпен жалғыз қалғанына ішінен ызаланды, енді бұдан әрі не істеу керек екенін ойланды. Әскер жас әйелдің ойлы қалпын байқап жақындап иығынан сипады, жанына отырып, құшақтамақ болды. Нұрхан сарт еткізіп қолын қағып жіберіп, итеріп қалды. – Шошқа! – деді айқайлап жіберген Нұрхан мең-зең болған басын ұстап. Гармоньшының сөздерін шынға санамай, күлкіге айналдырмақ болып, үлкен ақ тістерін ақсита қарқылдады анау. – Жоқ, сен шынымен-ақ шошқасың! – деді Нұрхан оған тесіле қарап. Әскердің күлімдеген дөңгелек көздері тікенектей қадалып, от шашты да, ойланбастан-ақ әйелдің жағынан шапалақпен шарт еткізді. Нұрхан жағын ұстап, біраз басын төмен иіп отырды да:
– Бұған шыдармын, бірақ менің бәріңнен артық екенімді біліп қой, қабан! – деді Нұрхан сөздеріне үлкен мән беріп. Сөйтті де орнынан тұрды. Нұрхан басы айналғаннан екі қолымен желкесін ұстап, төсекке қарай жүрді де, гүл шашылған ақ төсек жапқышқа етбетінен құлай кетті. ЬІзаланған Әскер әйелдің артынан қарап, не істеу керек екенін ойлап тұрды. Екінші бөлмеден төсектің шықырлағаны естілгенде, еркек күлімсіреп, ойлаған ойына тоқтады. Нұрхан жатқан төсекке келіп, оны аударып жатқызды. Масайған әйелдің көзі жұмылып, еріндері жыбырлап, бірдеңе айтқандай болды. Әскер шамды да сөндірмей, әйелдің киімін шешті. Әйел дыбысын да шығармады. Гүлдердің үстінде жатқан әйелдің қоңырқай денесі жылтырайды, қара шашы жүзінің жартысын жауып, жұп-жұмыр денесіне, иығына жібектей төгіліп жатыр. Егер сол арада қыздың бақайының қимылдағанын көрмесе, әдемілігіне қарап тұра берер ме еді қайтер еді! “Бұл тіпті де ұйықтап жатқан жоқ, қулық жасап жатыр” деген ойға тоқтап, Әскер асыға-үсіге шамды сөндірді... Тойдың қонақтары дастарқан басына отыра бастады. Исмаилдың жұмсауымен бір жігіт келіп, Надюшаны үстелге шақырды. Надюша керіліп, бәлсініп, барғысы келмегенсіді, бірақ қасында Нұрхан болса отыратындығын айтты. Сонымен Нұрханды да шақыруға кісі кетті. Нұрхан гармонын орындыққа қойып, басын шалқайта ұстап, үстелге қарай жүрді. Исмаил орнынан тұрып, гармоньшыны Надюшаның қасына отырғызды да, өзі де жайғасты. – Неге сонша көп құясың? – деп досы сықылықтап күліп, өзі еңкейіп Нұрханның көңіл-күйін білу үшін, көзіне сынай қарады. Нұрхан досының жүзіне суық көзбен қарады. Надюша тағы да бірдеңе айтпақ болды да, оның көзқарасынан жасқанып, аузын жаба қойды. – Келіңіздер, жас жұбайлар үшін алып қояйық! Мұрат пен Жұлдыздың өмірі балдан тәтті болсын! – деп, Исмаил қолындағы стақанын әйелдермен соғыстыруға ұмтылды. Нұрханмен қағыстырарда, оның
көзіне қарап: – Бірін-бірі мәңгі сүйіп өтсін, бір-біріне демеу болсын! Махаббат үшін! – деді. Бір жұмысы бардай-ақ, Әскер орнынан тұрып, Исмаил мен Нұрхан екеуінің арасынан келіп, күлімсіреді де, еңкейіп құлақтарына сыбырлады: – Іше бермеңіздер, тойдан соң оңаша отырамыз, – деді де, жан-жағына қаранып, қасында отырғандарға естірте, даусын көтеріп: – Сен осы күйеуден айырылған әйелдерді неге айналдырасың? Байқа, әйеліңе айтамын! – деп қалжыңдады Исмаилға. Исмаил шашалып, ыңғайсызданып күлді, оған Надюша да қосылып күлді. Әскер жолдасының арқасынан қағып, енді Нұрханның арқасынан сыйпамақ болған еді, бірақ қолы тиер-тиместен-ақ гармоньшы тап бір тоқ соққандай бұлқынып қалған кезде, Әскер қолын тарта қойды. – Сен тамақ жеші! – деді Исмаил жаңа әкеліп қойған табақтағы еттен бір түйірін алып, гармоньшыға ұсынды. Нұрхан етті алды да, бірақ оны жеген де жоқ, алдындағы табаққа сала салды. – Компоттан құйшы! – деді ол Исмаил орнынан тұрып, графинді алып, кесеге қызыл түсті компоттан толтырып құйды. Жүзіне күлкі жайылған Надюша көзін жыпылықжыпылық жұмып, компот ішіп жатқанын көрсетіп, кесесін көтерді. – Сен дем алсаң, – деп Исмаил әйелдің беліне ақырын қолын созып, біреу-міреу көріп қалмасын дегендей, тез ұстай алды. Шараптан басы айналып, жүрегі лобыған Нұрхан, отырғандардан бұрылып, қолымен басын ұстай берді, көзінің алды бұлдырап кетті. Нұрханның таңертеңнен бері халі онша емес еді. Өткен кеш оған ауыр тиді. Түні бойы азап шегіп, көз алдына қайдағы-жайдағы бірдеңелер келіп, жаны қиналды. “Соның бәрі түс пе, өңімде көрген бірдеңе ме?” – деп мәнісін біле алмай, түнімен дөңбекшіп шықты. Оянса, түсі екен, тынышталмақ болып еді, бірақ әлгі көргендері ойынан кетпей, бойын
қорқыныш билеп алды. Анық айыра алмаған көріністер, алыстан адамдардың бұлдыраған елестері ғана ербеңдейді, өздері көрінбейді, сөйлеген сөздерін де айырып болмайды, гүж-гүж еткен біреулер. Өліп қалған әжесін бірінші рет көрді, бірақ өзін емес, елесін ғана. Қараңғы үйде отырып сөйлейді, не жайында сөйлегенін түсіне де алмайды, не дегенін есіне түсіре де алмайды. Ақыры, тұманның кесірінен апат жасап, қапылыста қаза тапқан алғашқы ғашық жары Кематтың бейнесі елестеп кетеді. Қайта-қайта жиын-тойларда жүрді. Жүрегі сыздап, түсінде бір жылады, бір қысылды, айқайлады. Ал оянса, көзі құпқұрғақ бірақ түсіндегідей жүрегі сыздап, шымшылап ауырып тұр екен... Сөйтіп жатып таңертең ұйықтап кетсе, тағы бір ғажап түс көріпті, бірақ бұл түс алдындағы көрген түсіндей өміріне ұқсастығы болмаса да есінде жақсы сақталды... Аспанда күн сөнгендей, жер бетін қараңғылық басқан. Нұрхан алдындағы жолды айырмай, бір жаққа кетіп барады. Жол бойы оның жан-жағынан мылқау адамдар қол созып, тоқтатпақ болады, оған жабысып, жүргізбейді. Бұл олардан әрең құтылып, итеріп тастап, жөніне жүре береді. Бірақ аналар одан сайын еліріп, қолдарын соза береді. Нұрхан оларды итермелеп, арпалысамын деп әбден шаршайды, өкінішін білдіргісі кеп, айқайламақ та болады. Бірақ, тап бір сол мылқаулар сияқты, өзінің де даусы шықпайды. Аузын ашқан сайын, ауаны жұта береді. Сөйтіп, ол тастан қашалғандай сол мылқау адамдардан қалай босанарын білмей, сасады. Ақырында, алдынан бір ағаш көрінеді. Сол ағашқа жасырынып, мына адамдардан құтылудың ретін ойлап, соған қарай асығады. Есікті ашып, үйге кіргендей болады, өзінің еркіндігін сезіп, жеңілденгендей тыныс алады. Үйдің іші тыптыныш. Бұл үйге қалай келгеніне Нұрхан таң қалып, қуанып та кетеді. Үй оған таныс боп көрінеді, балалық шағын еске түсіреді. Бұл үй әжесінің үйіне ұқсайтын еді. Жер еден, төр жақ іргедегі темір төсек, үйдің ортасында аласа үстел, қазан-ошақ, қабырғаларда ілулі тұрған елеуіш, жүн тарайтын тарақ, ағаш ожаулар. Қарны ашқан Нұрханның тамақ ішкісі келеді. Қалған-құтқан бірдеңелер болар деп, үйдің ішін көзімен шолып өтеді. Жейтін ештеңені көрмеген соң өкінеді. Сол кезде тыныштықты бұзып, баланың даусы шығады:
– Орамалдың астында нан, кішкене қазанда сүт бар, – дейді ол. – На-а-н, – деп баланың жіңішке даусына таң қалып, әйел қайталап сөйлейді және сөйлегеніне қуанғандай болады. Себебі ол өзін мылқау болып қалғандай сезінген еді ғой... “Бұл жіңішке дауыс қайдан шығып тұр екен?” – деп ол үйдің ішін көзімен тегіс шолып шығады. Бөлменің төр жағындағы, өрнектеп айдың бейнесін салған әдемі бесікті көріп, үйге кіргенде оны неғып байқамағанына таң қалады. Бесіктің ішінде аппақ жөргекке оранған бала жатыр еді. – Орамал астында нан бар, кішкене қазанда сүт бар, – деді бала жіңішке дауыспен. – На-а-н, – деп Нұрхан даусын шығарып, қуана қайталады. Өзінің адамша сөйлегеніне және адам сөзін құлағымен естігеніне қуанды. – Иә, иә, – деді бала. Нұрхан күмәнданып отырмасын дегендей. Нұрхан баланың сөзін құптады да еңкейіп тағы да қарады. Бесікте маңдайы жарқырап, гүл жайнаған әп-әдемі бала жатыр еді. Нұрхан оның әдемілігін көріп, сүйсініп, қолын жаяды. Бала оны көріп, күлімсірейді де, жіңішке үнмен: – Же! – дейді. – Же-е-е, – деген сөзді құлағы еш уақытта естімегендей болып, баланың сөзін қайталайды Нұрхан. Нұрхан қарнының ашқанын да ұмытып, тесіле қарап, баланың бесігінің жанында тұрып қалады, оның аузынан шыққан әр сөзді зейін сала тыңдап, соған көңілденіп, өзі де қайталайды. Ана тілін жаңа үйреніп жүргендей болып, әр сөзге таңданады... Оянғанда, ол өзін тап сол бесікте жатып тұрғандай сезінді, түсіндегі бала даусымен сөйлегендей болып: – Аспан... жер... су... өмір... – деп қайталайды ол. Сол таңертеңгі түсінде Нұрхан өзінің жетім боп өскен балалық шағын да, асыраған әжесін де,
бітпес жарадай ұмытылмас із қалдырған алғашқы махаббатын да түгел есіне түсіріп шықты... Нұрхан әжесінің қолында тәрбиеленді. Әке-шешесінің жоқтығын білдірмей, әжесі оны аялап өсірді. Әкесі трактормен ағаш көпірден өтіп бара жатып, көпір сынып, тракторымен бірге суға кетіп өлгенде, қыздың жасы бірге де толмаған еді. Жыл өтпей-ақ шешесі баласымен күйеуге тиіп кетті. Шешесі сұлу болса да, көптеген еркектердің оған көзі түссе де кімнің баласы кімге керек дейсің? Сонымен, екінші тиген күйеуі оны сүйе тұра, бала үшін күнде ұрыс шығаратын. Шешесі өз жайын өзі білетін тәрбиелі адам еді, сондықтан ұрыс-керіспен өмір сүру қиын болар деп, екеуі айырылысады. Қызы бес жасқа келгенше, ешкімнің бетіне қарамай, өмір сүре береді. Кейінірек мектепке келген бір мұғалім ұнатқанын айтып, сөз салғанда, көп ойланбай-ақ келісіп, соған тиеді де, қызын кемпір шешесіне тастап, онымен бірге қалаға көшіп кетеді. Алғашқыда қызы мен шешесіне жиі келіп, көріп кетіп жүретін еді, бірақ төрт балалы болған соң келуін сиретеді. Күйеуінен жасырып ақша жіберіп тұратын, кейін оны да қояды. Балаларына әпкесінің, әжесінің барын да айтпайды, ал олар алысқа, Сібір жаққа көшіп кеткенде, байланыс мүлдем үзіледі. Әжесі де, Нұрхан да оның қайда жүріп-жатқанын, амандығын да білмейді. Сонымен кемпір бишара қызын көрмей, о дүниеге аттанады. Бала асыраудың барлық қиындығы қарт ананың басына түседі. Жалғыз сиыры бар әжесі өкіметтен аздаған зейнетақы алса да, таршылықта өмір сүреді. Рас, аш та болған жоқ, бірақ киімге, үйге керек-жарақ алуға қаражаты жетпейтін. Міне, сондай жағдайда қарт адам қиыншылықпен күресе білді, ескі киімдерден қызға құрап-сұрап бірдеңелер тігіп беріп жүрді. Көршілеріне жіп иіруге көмектесіп, олардың көмек үшін берген жүндерінен балаға жылы киімдер – кеудеше, орамал, ұйық тоқып беретін. Әжесінің бауыры Сейдалы көп балалы болса да, қолынан келгенінше бұларға көмектесіп тұрды. Жазда сиырына шөп шауып беріп, кейде қыз балаға жаңа көйлек-көншек, базарлық та әкеп беріп жүретін. Қыз әжесін өте жақсы көрді. Әкесі есінде қалмаса да, әжесінің айтуы бойынша келбетін көз алдына келтіріп, оны да жақсы көрді. Ал
шешесіне ешбір жылы сезім тумады. Әжесі де ол жайында ештеңе демейтін. Бірақ, кейде кемпір күрсініп: – Бетсіз, алла сені кешірмес, – дейтін де, үндемей қалатын. Иә, сонда баласын, анасын тастап кеткен адам туралы не деуге болады? Әжесі түнімен қызық әңгімелер, ертегілер айтып, көңілдендіретін. Кейде ол жас кезінде жиын-тойда гармонды қалай тартқаны туралы әңгімелеуді ұнататын. Көңілденген кезде, қолына гармонын алып, ескі әндерді тартқанда, өзі қосыла жырлап, қызды да жырға, гармонға үйретті. Ананы сүюді, қартайған шағында асырау парыз екенін де қыз әжесінен естіп, бәрін содан үйреніп өсті. Кемпірдің айтқандарының бірін де жерге тастамай, сөздерін қағып алып, санасына құятын. Кішкентайынан үй шаруасына да қарап, өнерді де қоса үйренді. Әжесі белгілі бір молданың қызы бола тұрып, құдайға сенбеді, құранды аяттан білгенмен, оған онша берілмеді, намаз да оқымады, тіпті ондайды жаны жаратпады. Әкесінен үйренген аяттың бір-екі сүрелерін де білетін еді, кейбір ауруларды үшкіретіндей молдалығы болса да ондаймен тіпті айналыспады. Бірақ өмірде мүлде болмаған жыншайтан жайында әңгімелер айтуды ұнататын. Мұндай аңыздар қызлың мінезінің өзгеруіне ықпал етті. Сондықтан да ол болар-болмас затқа сеніп естігенін, көргенін көңіліне түйіп өсті. Нұрхан бойжеткен сайын, оны асырап-бағу әжесіне қиынға түсті. Ол бесінші кластан бастап, жаз бойы балалармен бірге совхозда жұмыс істеді. Үйлерінде әжесімен екеуі жататын ағаш төсек, іс тігетін қол машина, тақтайдан жасалған сөрелер, кішкентай аласа орындық пен үш аяқты, дөңгелек үстел, киімдерін салып қоятын үлкен төрт бұрышты сандық, ақ циферблатты, дөңгелек қабырға сағаты бар еді. Қыз мектептен келгеннен кейін, жаңағы аласа орындыққа отырып, аласа үстелдің үстінде сабақ қарайды. Кемпірдің қиындығын бөлісіп, оған жәрдемдесетіндей жанашыры жоқ. Ол ауылдық советтің көмегімен Нұрханды үшінші сыныптан бастап интернатқа береді, интернатта үш мезгіл тамағын ішеді, киімін киеді,
оқу құралдарымен де қамтамасыз етіледі. Әжесі – Мәруә кемпір алғашында разы болды, бала қиналмас деп ойлады. Бірақ немересі автобусқа отырып, бірнеше рет әжесіне қашып келді, бармаймын деп жылады. Амал жоқ, ауылдық совет қызды интернатқа қайтара-қайтара мезі болады, Мәруә да қызының көз жасын көріп, жүрегі елжіреді. Ауыл мектебінде Нұрхан ешкімнен қорықпады да, тайсалмады. Біреу бірдеңе деп, жағымсыз сөз айтса, не оның жетімдігіне тиісіп, анасының тастап кеткенін қозғаса, ол ызадан булығып, өзін-өзі өршелене қорғап, төбелесуге дейін барды. Үлдарға да бой бермей өсті, балалар бір рет те оны жеңе алмады. Бірақ бір бұзық бетіне тас лақтырып жіберіп, соның орны – көзінің астында үш тиынның үлкендігіндей дөңгелек із мәңгі тыртық болып қалды. Мектептегілер оған бас-көз болып, қамқорлық жасап жүрді: кітап, дәптер беріп, оқытушылар үйіне жиі барып, халжағдайын біліп тұрды. Бірақ Мәруаның адамға жалынып, шағынатын әдеті жоқ еді, бауыры – Сейдалыдан көмек сұрамаса, басқа ешкімге шағынбайтын. Сейдалы көп жәрдем тигізе алмағанмен, ескі қораларын бұзып, орнына ауылдық советтің бөлген ағаштарынан қора жасап берді, үйдің қамыс төбесін ауыстырып, есік-терезелерін сырлады, сиырға жем-шөп табу да оның жыл сайынғы міндеті. Алтыншы сыныпқа дейін Нұрхан бірге оқитын балалармен сыйыспай жүрді. Балалар оған менсінбей қарап, қызға өздері тиісетін еді, Нұрхан да жеңілмейтін, тілімен болсын, қолымен болсын жауап беріп, есесін жібермейтін. Сонымен, бір күні өшіккен балалардың жолы болып, Нұрханды алып соғып, шашынан тартқылап, ұрып-соғады. Нұрхан да өшін өзінше алды. Қыздардың шаштарынан тартқылап, сиямен беттерін бояды. Қыздар осы жайында шағынып, әжесіне айтса, оның ашуы біразға дейін басылмайтын. Бірақ қыздар тілін тыймады. “Әне, кетіп бара жатыр оңбаған!” – деген сөздер оның құлағына нешеме рет шалынды. Сондықтан да ол өзін құрбы қыздарынан аулақтау ұстады. Класқа кіргенде, сыбыр-сыбыр еткен қыздарды көріп, оларды ала көзімен ататын. Ілінісуге қара таппай, әлек болатын. Бір жағынан ол өзінің жетімдігіне қорланып, құрбыларының тыныш өміріне қызғана қарайтын.
Ол тек үйінде ғана тыныштық тапты. Мұнда ол өршеленген мінезінің қайда қалғанын да білмей, әжесінің айтқанын істеп, оның жастық шағы жайындағы қызықты әңгімелерін сағаттап тыңдайды. Әжесі небір керемет оқиғалар жайында әңгіме шертеді. Көркем де адал жігіттер туралы олардың сүйген қыздары үшін өмірін қиюға дейін баратын қасиеттерін айтып, немересін таңдандырды. Әсіресе, кемпірдің шалы Нұрханның атасы жайындағы әңгіме оның көңілінде керемет әсер қалдырды. Атасы жас кезінде көз қызықтырған сырықтай жігіт екен, мал дегеннен жалғыз аты болса да, бай молданың қызын зорлықпен алып қашуға жігерленеді. Өзін қалай алып-қашқанын айта бастағанда, әжесі тап сол бір күндерді қайта басынан кешіп отырғандай, мұңая қалады... Егер Нұрхан мектептен көңілсіз қайтса, үндемей гармонын қолына алады да, саусақтары жансызданып, талғанша гармонын тартып, жанына тыныштық іздейтін... Нұрхан он төрт жасқа толғанда, шырайланып бойжетіп қалды. Бойы сымбатты, әдемі қара шашы төгілген, тана көзді қыз кәдімгідей көзге түсе бастады. Оның сұлу болатындығы бірден-ақ белгілі еді. Кемпір де бірнеше рет: – Нұр қызым, әдеміленіп, өсіп келесің, тап өзіңнің ақылсыз анаңа ұқсап, сұлу болатын түрің бар! – деп әжесі басын шайқап, күрсінеді. – Әдемілігің жаманшылыққа ұрындырмаса жарар еді-ау!.. Бойы мен көзі – анасына, ал қайқы мұрны, өңінің қара торылығы әкесіне ұқсайтын. Төс алмасы білініп, кеудесі жұмырлана бастағанмен, әлі балалық сипаты байқалады. Өз қатарларынан шет қағылып жүргендіктен, оның адамдармен қарым-қатынасы қиындай берді. Ол көбінесе өзін-өзі жұбатты, өз ойымен өзі болып, жалғыз жүрді. Өзенге шомылуға барса да, балалардың жиналған жерінен аулақ кетіп, жалғыз түсетін, немесе ересек әйелдердің арасына барып шешінетін. Судың ар жағына өтіп, ағаштың ішін аралап, жалғыз жүруді ұнататын. Ағаш арасынан қара бүлдірген, қымыздық жинап, аяғына тікенек еніп, тілімтілім боп қайтатын. Бір күні судың ар жағында жүрген бозбалалар қызды ұстап алып, зорламақ болады. Нұрхан оларға бой бермей, әрең қашып құтылады.
Жұртқа жыртылған киімдерін көрсетпеу үшін, қараңғы түскенше ағаштың арасында жасырынып отырады. Көз байланған соң судан өтіп, жағада қалған киімдерін әрең тауып, жылағаннан көзі ісіп, үйіне жетеді. Кеште барлық жағдайды ең жақын адамына, әжесіне айтып береді. Ол мұның бәрін Сейдалыға жеткізеді. Ағасы ер балаларды ұстап алып, төбелеп сабайды, мектептің директорына шағынып, балаларды мектептен қудырады. Балалар болса, қыздың соңынан қалмай, оны көшеде ұстап алып қорқытпақ болады. Сол сәтте бұны көрген Сейдалы қолына шыбық алып, көшеде жүрген балаларды тымтырақай қуалайды. – Әкесіз болса, қорғайтын адамы жоқ деп ойлайсыңдар ма? Ендігәрі біреуің қасына жақындашы, мына айырды көріп тұрсыңдар ғой, – деп Сейдалы ауылға түгел естіртіп, балаларға зіркілдей ұрсады. Осыдан кейін қыздың маңына ешқайсысы жуымады. Қыз он алты жасқа толғанда, адам сүйсінерліктей бойжетіп, әдемі, нәзік қыз болды. Бұл шақта қыздардың махаббатқа бет бұратын кезі, бірақ Нұрханның қасына ешкім жоламады, өйткені Сейдалының айтқан сөздері естерінде еді. Сөйтіп, ол сегізінші класты бітіріп, совхозда жұмыс істегісі келетінін ағасына айтып, оның ризалығын сұрады. Әжесі қартайды, үп-үлкен қыздың масыл болып отыруы жарамайды. Сейдалы қызға сағат пен жылтыр туфли алып берді. Ойлана келе оның ұсынысын мақұлдап, совхозға барып, жұмыс жайында сөйлесті. Күндіз жұмыс істеп, кешке клубқа барып, үйде әжесіне көмектесіп, Нұрханның күндері осылай өтіп жатты. Бұрынғыдай әлі достары болмады, мектептегі қылықтарын ұмытпаған қыздар қашып жүрді. Басқалар жақындайын десе, ата-анасыз өскен қыздан қауіптенеді. Ондай анадан туған баланың дұрыстығына, адалдығына шек келтіреді. Бір жағынан “жетімнің қорғаушысы жоқ” дегендей, жалғыз жүрген қыздың атына түрлі-түрлі сөздер айтылып жатады. Оған себеп те бар еді. Нешеме рет қызды жастар клубтан үйіне гуілдесіп шығарып салып жүрді, тиісуге қорықса да, сөзбен қағытатын еді, кейбіреулері ойнағансып, құшақтай алатын да, Нұрхан олардан
үйге қашып келіп, түні бойы жылап шығатын. Бірақ бұрынғыдай ешкімге шағынбады. Өзі гүлдей жайнап, ауылдағы ең сұлу қыздың бірі болды. Әжесі оның шырайына қарап, қыздың ішкі ойларын өз алақанында жатқандай анық көрді. – Осы сен ауылдың еріккен жастарын артыңнан неге ертіп жүресің? Жақсы емес, саған олай жүру ерте, ұят болады, әлі ең болмаса, жанымау, он сегізге толсайшы! Мен сенің ішіңдегі жалыныңды басу үшін оттың үстінен қарғытармын. Сабырлы бол, алланың жаратқанын сақта! – деп кемпір шамданды. – Оһ, оһ! Аспандағы құдай сұлулықтан көп нәрсені талап етеді, – дейтін. Осындайларды кемпір қызды қорқыту үшін, естірте айтатын. Ол аула ішіне от жағып, немересін шыбықпен қуып, оттың үстінен секіртті. Нұрхан оған сенбей, ішегі қатып күлді. “Халықтың аузына қырық метр бөз жетпес” дегендей осыдан кейін кемпірге жұрт тәуіп деп қарады. Расында кемпір бірер білгенін ғана істеп еді. Сол үшін оны тәуіп, балгер санады. Ауылдастары оған қайғы-мұңын айтып, тілекпен келсе, олардың өтінішін орындамай қайтара алмады. Өзінше емдеген болды. Сөйтіп, ол біреу аяғын сындырып, қолын шығарып алса, орнына салды. Әйел толғатса, көмегін аямады, суық тисе, емін тауып, жәрдемдесті. Сөйтсе де ол мұндай іспен айналысқысы келмеді. Өмірден жас кеткен, кулактардың қолынан қаза тапқан коммунист күйеуі кезінде мұндайды ұнатпай, мүлде қарсы болған еді. Бірақ соғыс жылдарында ауылда дәрігер болмай, Мәруа жұрттың өтінішін қабыл алды, көп адамды аяғынан тұрғызды. Мейірімді адам еді, сол мейірімділігінен зиян да шекті. Бір кісінің сынған қолына істеген емі қонбай қалады. Сол үшін кемпірді нешеме рет ауылдық советке шақырады, тұтқындамақ та болады, бірақ халық оны аяп, соғыс кезінде көпті емдеп, аяғынан тік тұрғызғанын еске алып, оны жақтайды. Қолынан айырылған кісі де, оның ағайын-туғандары да ауыздарын көпіртіп, кемпірді кінәлайды, бірақ ауылдастары ара түседі. Бірнеше жылдан соң әлгі қолынан айырылған кісінің ұлы кенеттен қайтыс болғанда, оның туыстары “кемпірдің айласынан өлді” деп, жұртты сендіруге тырысады. Сол кезде Мәруаға “тәуіп кемпір” деген лақап ат тағады. Ауылды жерде