– Жарайды, ал, жарайды, қамамай-ақ қояйын, – деді әкесі. Зұлқарнай бірден жылағанын қойып, көз жасын жұдырығымен сүртті. – Көрдің бе, мынаны! Бірдеңе болғандай-ақ, жылаумен қорқытады, – деді аудан орталығында тұратын Кериме. – Алсен, келін, – деп Алтыншаш Әссирей жаққа бұрылды, – ақшаны бала көретін жерге неге қоясың?! – Қайдан білейін, апай-ау, оның шифоньерден тауып алатынын?! – деді Әссирей. Күйеуі ашуын әйелінен алды: – Ақшаның қандай қиындықпен табылатынын қайдан білсін! – Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеймін, ал тапқан ақшам талауға түседі... Бұл сөзге Теңіз ішінен ғана күлді. Зұлқарнайдың өзінің жолын қуатын адам екенін ол бүгін байқады. “Енді туған-туыстардың кім үшін жиналатыны белгілі”, – деп ойлады ішінен. Үлкендердің де кінәлайтын адамы бар. Үйдегі басқа балаларға ондай сенімсіздік жоқ еді. Олар айтқанды тыңдайтын еді. Қарасақал Сүлеймен “кеңес” біткенде, қарттардың ортасына баруға асықты. Орталық көшедегі ауланың жанында ұзын тақтайдан отырғыш жасалып қойылған еді. Сол жерге күнде кешке таяқтарына сүйенген қарттар жиналатын. Сүлеймен келгенде, қарттар бүгінгі болған оқиғаны айтып отыр еді. Ол амандасып, қастарына отырған. – Көрдің бе, балалардың қандай екенін! Осының бәрін кітаптан үйренеді... – деді Абдолла қарт. Абдолланы қарттар мазақтап “контр” дейтін. Ол жігіт кезінде байқамай, сынтаслылық мырзалардың бандасына кірген. Содан соң амалдап қызылдар жаққа өткен болса да, оның сол бірінші ағаттық ісін қарттар ұмытпайтын. Сөзге келіспей қалғанда оған “контр” деп айтпай қалмайтын. Абдолла оқудан залал көретін еді. Оның ойынша көп оқыған әдет-ғұрыпты ұмытады, қыздар ештеңеден ұялмай, қысқа белдемшелер киеді, бастарына жаулық салмайды, балалар ата-
аналарын тыңдамайды. Бүгінгі болған оқиғаны да Абдолла осының салдары деп ойлады. – Мен бала кезімде ақша дегеннің не екенін білмейтінмін. Әкем ескі бөркін ки деп берсе, ең бақытты бала мен болатынмын... – деді ол – Әлбетте, әлбетте, – деп қарттар сөзін қостады. – Әлбетте, -деді екінші бір қарт. – Иә, балам көрерсің әлі, жұрттың бәрі де ақ нан жейтін заман болады, әрі сол заманда құтыратындар да болады, – деп айтатын еді менің әкем. – Ал біз, жеті бірдей аш бала, қара нанды да көрмейтінбіз, ақ нан туралы естігенде, сенбейтін едік. Абдолла оның сөзіне разы болып: – Міне, өзіңіз көріп отырсыз, құтырып кеткен. Ақша үлестіреді. Қарадавтың орнында мен болсам, оның таяқпен жон терісін сыдырар едім!.. – Мүмкін, кім біледі оны, – деді жаңа келген Сүлеймен, – мына Зұлқарнайдай балалар келешекте ақшаны бір-бірлеріне тегін беретін болар. – Е, ондай кезді коммунизм деп айтады, – деді Абдолла Сүлейменнің сөзін бөліп, – оған дейін кім бар, кім жоқ! – Әй “контр”, сонда сен де коммунизмге дейін өмір сүрмексің бе? Сенің сүйегің де жетпес онда! – деп келемеждеді Сүлеймен. Қарттар қарқылдай күлді. Олар әңгімелерінің соңында, Зұлқарнай жаңа, келешек өмірдің, коммунизмнің адамы деген тұжырымға келді. Осы жағдайдан соң Теңіздің өмірінде мәнді бір өзгеріс болды. Сенбі күні Зұлқарнай шатырға көтеріліп: – Үйге балық әкелейік, Теңіз, – деп жалынды. – Кеше Сұлтангерей осындай балық ұстаған, – деп бала қолын кең етіп жайды. – Менде қармақ бар, Сүлеймен берген... Ақыры Теңіз балыққа баруға келіскен еді.
Күн қызған, төңірек аптап. Өзеннің күміс толқындары көтеріліп, сылдырап ағып жатыр. Қармаққа көбіне шабақ балықтар ілінеді. Зұлқарнай гүлдің сабағына ұстаған балықтарын тізе бастады. Балықшылар бір орында тұрмай, безектеп жүргені. Ағынмен қалқып бара жатқан қалтқының соңынан еріп жүре береді. Теңіз де, қаздың қанатынан істелген қалтқыдан көз жазбай, аңдып жүре береді. Зұлқарнай киімдерін алып, Теңіздің соңынан әрең еріп келеді. Олар өзенді бойлай отырып, Нәсіпхан тұратын көшеге қалай жеткендерін де білмей қалады. – Жауын құртын әкел! – дейді Теңіз. – Қазір, қазір ағатай, – деді Зұлқарнай, қалбырдан жауын құртын шығарып жатып. – Күс! күс! Бір балық түс! – деп Теңіз құртты алақанына салып, екінші қолымен оны қармаққа ілді. Кенет Зұлқарнай Теңіздің бүйірінен түртіп: – Әне, келе жатыр! – деді. Бала аузын ашып, иін ағашпен суға келе жатқан Нәсіпханға қарап тұр еді. Басындағы кекжите байлаған жаулығы желпілдеп, Нәсіпхан балықшыларға тіпті көңіл аудармай, өз жолымен келеді. Теңіз бұрылып, енді қарағанда, Зұлқарнай Нәсіпханға қарай тұра жүгірді. Баланы көрген Нәсіпхан: – Бәлі, Қарабала қалай өсіп кеткенсің! – деді іш тарта сөйлеп. – Аға екеуміз балық аулап жүрміз, – деген Зұлқарнай қолындағы балықты көрсетіп мақтана бастады. – Осының бәрін өзің бе ұстаған? – деп сұрады Нәсіпхан шелектерін жерге қойып жатып, Теңізді көрмеген адамша. – Теңіз екеуміз! – деп бала тағы да мақтанды. Теңіз әйелімен сөйлесіп, қайта жарасуға бұдан ұтымды сәт болмас деген ойға келді де, бірақ не деп сөйлесерін білмей, сасқалақтап, аузына сөз де түспеді.
– Бар, тағы да ұста. Бар, Қарабала! – деп Нәсіпхан оның тақыр басынан сипады. Нәсіпхан, иінағашын көтеріп, шелектерін даңғыратып, басқа жерден су алуға кетті. Шелектерін шайқап болған соң, қайта-қайта су іліп еді, бірақ су ілінбей осы жерден үйіне тез қайтқысы келді. Зұлқарнай Теңіздің қолынан қармақсапты алғанда, су ішінде құрттың жоқтығы көзіне ілінбеді, толқындарды тіліп өткен жіпті көргенде ғана құрттың судың ішінде екенін байқап: – Қара, қуып жатыр! – деп Зұлқарнай айқайлап жіберді. Теңіз баланың қолынан қармақсапты алып, тартып еді, бірақ қармақсап майысып қалды. – Мүмкін, тасқа қапқан болар, құрып қалғыр! – деп ашуланып, Теңіз бар күшімен қармақсапты тартып қалды. Жіптің ұшында үлкен, қара бірдеңе жылтырап көрінді. – Жылан! – деді де, Зұлқарнай Теңіздің қасынан қаша жөнелді. – Ойбай-ай! – деп әріде тұрған Нәсіпхан да айқайлап жіберді. Көгалға бір үлкен балық сылп ете түсті. Жүгіріп келіп Теңіз оны ұстайын деп еді, бірақ балық қолынан жылпылдап шыға берді. Ақыры, Теңіз екі қолымен қызыл теңбілді, үлкен балықты мықтап ұстап: – Ей, – деп Зұлқарнайға айқайлады, – көр, қандай жылан екенін. Бала көзін бадырайтып, оған қарауға да, жақын баруға да қорықты. Нәсіпхан қорыққан баланың қасына барып, оны құшақтап, өздеріне қарай балық алып келе жатқан Теңізге таңырқай қарады. – Біздің өзеннен мұндай үлкен балықты ұстаймын деп өмірі ойлаған жоқпын, – деді Теңіз Нәсіпханға қарап. Ұзындығы Теңіздің шынтағына дейін жететін балық еді. Қорқынышы тарқамаған Зұлқарнай балыққа қолын тигізуге де батпады. – Ұста, ал ұстап көрсейші! – дей беріп, Нәсіпхан балықты сипалай бастады.
Сол кезде Зұлқарнай да балыққа саусақтарын тигізді де, бірден қолын тартып алды. – Ей, қорқақ! – деді Теңіз. – Қорқақ емеспін! – деп Зұлқарнай балықты қолына алған еді, бірақ балық қолынан суси түсіп, шорши бастады. Зұлқарнай да жерге жата қалып, шоршыған балықты кеудесімен басып, содан соң қос қолдап ұстады. Ал Теңіз сол арада Нәсіпханның қолын қатты қыса ұстап, оған телміре қараған еді. Нәсіпхан үнсіз төмен қарады. Осы кезде Зұлқарнайдың қолындағы балық тағы да сусып түсті, ол тізерлеп отыра қалып, оны қайтадан ұстамақ болды. – Қараңдар, тағы да суға қашты, – деді Нәсіпхан қатты күліп. – Татуласайық! – деді Теңіз, балықпен алысып жүрген балаға қарамай, Нәсіпханның көзінен көзін алмай. – Қара, қарасайшы, – деді Нәсіпхан, алдаусыратып, сұраққа жауап бермей. Зұлқарнай ақыры балықты ұстап алып, айырылмай, Теңіздің жанына келді. – Ой, қандай үлкен еді! – деп бала тамсанып отыр. Теңіз көгалда жатқан Зұлқарнайдың көк шалбарын алып, балағына балықты салды да, екі жағынан байлады. – Балықты ал да, тез үйге қайт! – деді Теңіз. Зұлқарнай қуанып, жиекпен үйіне қарай тұра жөнелді. Өздері оңаша қалғанда: – Екеуміздің арамызда бір түсінбестік болды, – деді Теңіз сыбырлап. Нәсіпхан үндемеді. – Солай ма? -деді Теңіз, жауап күтіп. Нәсіпхан жауап бермеді, көзін төмен түсіріп, аяқ астына қарай берді. – Бүлінетіндей ештеңе болған жоқ қой... Айтшы, солай емес пе? – деп тағы да сұрады Теңіз.
– Сурат ше? – деді Нәсіпхан. – Сурат? Ол кім, сенің қасыңда? Сен оны Нәсіпхан неге өзіңмен теңестіресің?! – деді Теңіз. – Жоқ, мен оны өзіммен теңестірмеймін, – деді Нәсіпхан даусын әрең шығарып. – Мен тіпті де... – деді Теңіз көңілдене сөйлеп. – Білмеймін... – деді Нәсіпхан. Теңіздің үлкен әпкесі Алтыншаш пен екі жеңгесі кешке Нәсіпханды үйге ертіп келді. Ертеңіне бар дүниесін машинамен әкеліп, Теңіздің бөлмесіне жинады. Үшінші күні Сұлтангерей Нәсіпханға деп Норильскіден алып келген сый-сияпаттарын берді. Сыйға – қызыл етік, қызыл шұға көйлек алғаннан соң, Нәсіпхан қайын ағасының қасында сөйлеуіне болатын еді. Қарадав пен Арун келінді әдет бойынша сөйлетпейтін. Шөп шабу мезгілі де біткен еді. Ауыл тұрғындары таң атар-атпастан шалғыларын алып, мотоциклдеріне отырып, өздеріне берілген үлес жерге кетеді. Істеген жұмыстарына разы болып үйлеріне қараңғы түскенде қайтады. Теңіздің үй-іші шөпті зират ішінен шабатын болған. “Алысқа бармаймыз, жап-жақын, шөп таситын трактордың да керегі жоқ... арбамен де тасуға болады”, – деп Теңіз қуанып қалды. Шөп шабуға барар алдында ол шалғысын қайрап, Нәсіпханға сусын мен азық дайында деп тапсырды да, ертерек жатып қалды. Теңіз таң алдында сықылықтаған күлкіден оянды. Ашық тұрған терезеге барып, сыртқа қарағанда, күлкі басыла қалған еді. Тылсым тыныштықты Кубань суының гүрілі бұзды. Теңіз терезе алдында біраз тұрды. Күлгін түсті аспанда жұлдыздар сөне бастапты. Таңертеңгі суық ауа сезіледі. Әрбір оқыс дыбыс, тіпті қанаттарын қаққан кішкентай торғайларға шейін тыныштықты бұзды. Теңіз сырттан соққан салқын самалға кеудесін тосып, терең тыныс алды. Ол ас үйден азығын және ілулі тұрған киіз қалпағын алып, ауладан шыққан. Теңіз зират қоршауына жеткенде, күннің қызарған шеті енді көріне бастаған еді. Ертеңгі ауа райы әлі салқын. Теңіздің мұрнына шөп иісі
келді. Дорбасын жерге қойып, Теңіз шиқылдатып қақпаны ашты. Зират ішіндегі шөптен күзетші Мақсұт өз үлесін шауып алған екен. Теңіз азық салған дорбасы мен шалғысын алып, зираттың ішіне кірді. Жасыл шөп басқан, жан-жаққа еңкейіп тұрған құлпытастар көңілге мұң ұялатады. Сол тастардың астына адамдар көмілген. Теңіздің басына не түрлі ойлар келді: “Қалай өмір сүрді екен олар? Олар бізге қандай бағалы заттар қалдырды екен? Оны қалай білеміз? Мына жер қаншама адамдардың қайғы-қуанышын жұтты. Және ешбір адам олар жайында бізге ештеңе де айтпайды. Міне, көрдіңіз бе, олардың бәрі де бірдей болған... Ал олардың қуаныш-қайғылары біздің басымызға туатын болса ше? Олардың әрекеттері де бізбен бірге, өмір сүрсе ше? Олардың арасында мейірімділер де, мейірімсіздер де, ер жүректілер де, қорқақтар да бар болар және сайқымазақтар мен әзілқойлардан да құр алақан емес шығар... Олар да бір кезде біз сияқты өмір сүрген. Олар туралы бізге кім айтады? Кім баяндайды? Біреуге біреудің жеткізуі керек қой! Кім? Біз кеткенде ше?!” Теңіз күні бойы шөп шапты. Бұрын шөп шауып көрмегендіктен, бүкіл денесі қозғалтар емес. Шөп шабу қиын еді. Тас көп болатын. Оған шалғы тисе, шалғының бүлінетінін ойлап, Теңіз қайта-қайта еңкейіп, тастарды алысқа лақтыруы керек болды. Сөйтіп қиналғанына да қарамай, ол құлпытастардың айналасындағы шөпті де шапты. Осының бәрі оған қиын тиген еді. Ол қайта-қайта тоқтап, шөппен шалғысын сүртіп, оны қайрап, дем алмақ болды. Түске таман Теңіз мүлде шаршаған. Ол киіз қалпағын тастап, көйлегін шешіп, терлеген денесін сүртіп, қақпаның жанында отырған. Өз үлесінің жартысын шауып та бітірген еді. Теңіз дорбасынан шөлмегін шығарып, айранды ішіп болған соң, жеңілденіп, көйлегін төсеп, жантая кетті. Айнала жым-жырт еді. Көкпеңбек аспанға қараған сайын, тынысы кеңіп кетеді. Теңіз көзін жұмып, еш нәрсені де ойлағысы келмей, көпке дейін қимылсыз жатты. Кенет оған: – Теңіз! – деген дауыс естілді.
Ол басын көтеріп, жан-жағына қарады, бірақ зиратта ешкім де жоқ еді. “Мүмкін жаңсақ естіген болармын”, – деп ойлады Теңіз. Осы дауыс бір кездегі дауысқа ұқсайтын еді, оны анасы сондай дауыспен шақыратын еді... https://t.me/kzkitap
Notes [←1] Өлеңдерін аударған Тортай Садуақасов.
[←2] Вий – Н. В. Гогольдің шығармасында.
[←3] Ноғай – XIII ғасырда Алтынордада өмір сүрген.
[←4] Едіге – Ноғай ордасын құрушы. XV ғасыр.
[←5] Орақ пен Мамай – Едіге әулетінің батырлары.
[←6] Ер Тарғын – Х\7-Х\ПІ ғасырларда өмір сүрген халық батырлары.
[←7] Ер-Досмамбет – батыр-жырау, XVI ғасырда өмір сүрген.
[←8] Шора – халық батыры. XVI ғасырда өмір сүрген.
[←9] Урым – Греция
[←10] Ескендір Зұлқарнай – Александр Македонскийді ноғайлар осылай атаған.