The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Сынтаслы туралы толғау

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by saretbalausa, 2023-11-20 07:56:41

сынтаслы туралы толғау

Сынтаслы туралы толғау

Бұл оқиға ауылға түгел жайылды. Оған болған-болмаған әңгімелер де қосылды. “Ауылдың шетінде тұратын Шомат қарт алжыған” дейді біреулер. Енді біреулері: “Минаттың қамыс үйін көршісі өртемек болыпты” деп те шығарды. “Шомат қарт Минаттың тауық, қаздарын қырып тастапты, енді Минат оны сотқа бермек болып жүр екен” деген де сөз тарады... “Бір ауыз сөзден жүз ауыз әңгіме туады” деген осы ғой. Әне, сөйтіп, Сынтаслы ауылында бір әтештің кесірінен үлкен сөз шығып, жайылған үстіне жайыла берді. Шомат кеткеннен кейін Минат асыға басып, Жақып деген көршісіне барды. Ол әтешті сойып берді, Минаттың үйінде ер адам жоқ, кемпір Зарема деген қызымен тұратын. Заремасы да ер балаға бергісіз, анаға одан артық не керек? Шоматтың ұлы Мырзабек пен Зарема екеуінің арасы жақсы екенін ауыл түгел білетін. Ал әтеш жайындағы әңгімені естігенде, “енді бұлар араздасты, Шоматтың үйіне келін түспейтін болды” – деді жұрт. Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, сол кеште Минаттың үйінде қара қазанда қара әтештің еті қайнап жатты... Минат аула ішіндегі бұрқылдап жатқан қазанға қарап, көпке дейін ойға шомып отырды. Шомат қарт қора-жайын қарап шығып, қақпаны бекітіп, байлаулы тұрған итті босатып жіберді, содан соң ас үйге кіріп, бір тал шылым алып шықты да, аласа орындыққа жайғасып, болған оқиғаға ой жүгіртті. Ас үйде кемпірі де жүрген. Ол өзі әр уақытта әдептен озбайтын, шалының жұмысына кіріспейтін, өз ісін ғана білетін адам. Оның үстіне мұқият, бірдеңемен шұғылданбаса, отыра алмайды. Қазір де ол жіп иіріп отыр. Шомат та үн-түнсіз түтінін бұрқыратып, шылымын шеге берді... Ал енді Зарема мен жігіттің жағдайына келейік. Әтештің еті қайнай тұрсын. Ол піскенше, басқа жағдайларды байқап көрейік... ... Ауылдың шетіндегі үйілген сабанның қасында жігіт пен қыз сөйлесіп отыр. Олар ауыл жақтан естіліп жатқан дауыстарды да, шырылдаған шегірткенің үнін де естімеді. Екеуі біріне-бірі тығыла түсіп, тек жүрек лүпілін ғана тыңдайды.


– Шалдар да әбден алжыған екен! – деді қыз, көйлегінің етегіне жабысқан сабанды қағып тастап. – Кемпірлер де олардан кем түспейді! – деді жігіт те күлімсіреп. – Неге олай дейсің? Кемпірде не жұмысы бар? Біреудің әтешін неге ұрады? Сол әтеш, тіпті біздікі болмай-ақ қойсын, бәрібір дұрыс емес! – деп, Зарема қыза түсті. – Қойшы, соны, Зарема! Шалдікі де өзінше дұрыс, – деді Мырзабек. Содан соң жұлдызы жымыңдаған аспанға қарады. – Иә-ә! Қойсаң, өзің қой! – деп, қыз жігіттің құшағынан босанып, оның бетіне қарады. – Шалды неге жақтайсың? Онсыз да жұртқа сөз болдық. – Неге жақтайсың дейсің бе? Жақтаймын. Сенің сол қара әтешіңнен қанша азап шектім десеңші! Күн сайын ауладан қуалаймын да жүремін, пиязымызды шоқып, әлегімізді шығарды. Ол өзі жалғыз кірсе екен, соңынан көшеде жүрген барлық тауық еріп кіреді... Қояйықшы енді сол ұсақ сөздерді. Басқа сөйлейтін ештеңе таппағандай болдық қой. Ал, жұртқа неменеге күлкі боламыз? Күлкісі келіп бара жатса, күле берсін. Бізде не жұмысы бар олардың? – деді жігіт, сабанға шынтақтай жатып. – Енді, міне сөз екеумізге де жетті, – деді қыз уайымдап. – Үлкендер ұрсысып қалған болса, бізге де жақсы емес. Осындай ұсақ сөзден таудай бәленің шығып жатқанын өзің көрдің ғой. “Енді Минат Заремасын өлсе де бермейді Шоматтың ұлына” дейді ғой жұрт. – Сен жұртты тыңдама! Олар сөйлей береді. Күз түсіп, астықты жинап болған соң, ешкімнен де сұрамаймын... – деп, жігіт қызды құшақтады. – Күз болғанда не істемексің? – Қыз ештеңені сезбеген кісіше оған жалт қарады. Айтатынымды айттым ғой дегендей, жігіт үндемеді. – Ешкімнен де сұрамайсың ба? Үлкендерді қайда қоясың? Олар татуласпаса, өмірі жалғыз өтсем де, саған тимеймін... – Сенен сұрайды деп ойлайсың ба? Алып қашамын, – деді жігіт күлімсіреп.


– Е, қарай гөр, қалай-қалай сөйлей бастағанын! Олай болса ана біздің қара әтешті мертіктіріп өлтіргендей етіп, анам да сені мертіктірер, – деді қыз жұдырығын түйіп. Жігіт күліп, тағы да қызды құшақтап еді, ол ашуланып, жігіттің құшағынан босанбақ болды. Бірақ қатты құшақтап алған жігіт босатпады. – Жібер! – деді, амалын таппаған Зарема өтініп. – Қазірдің өзінде мынадаймыз, кейін қалай өмір сүрмекпіз? – деді қыз қайғырған түрде. – Бекер сенімен байланысқанмын... – Мүмкін,басқа біреуді іздейтін шығарсың, ә? Ондай болса, сен туралы өлең шығарып, ауылға жаямын... – деді Мырзабек әзілдеп. – Қандай өлең шығармақсың? – Қандай!.. Қандай болсын, күйеуге тимей тұрғанда менімен... деп, – Мырзабек тағы да қатты күлді. – Бар, шығара бер өлеңіңді! Қазір-ақ шығар! – деп қыз, жігітті итеріп жіберіп, ұшып тұрды. – Қарай гөр, мұның айтып тұрған сөзін! Сендейлер толып жатыр. Жүргізушілігіңе мақтанасың ба?! Мырзабек күлкісін тыйып, бірден шырайын өзгерте қойды. – Сабыр ет, ашуланба! – деп, қыздың қолынан ұстап, сабанға отырғызды. Олар біраз уақыт үнсіз қалды. Сонан соң жігіт даусын жұмсартып: – Қояйықшы, соны! Маған да оңай деп ойлайсың ба? Біздің шал тіпті күн көрсетпейді. Дегенмен, оның жүрегі жұмсақ, ешкімге жамандық ойламайды. Сөйлеп-сөйлеп алады да, сонан соң айтқанын ұмытып кетеді. “Үлкен ағаларыңнан үлгі ал, еріншексің, үйде ештеңеге қолыңды тигізбейсің” деп, миымды шұқиды. Қарсы сөйлесең, өкпелеп қалады. Жұрт олардың айтқанын үнемі тыңдай бермейді. Ал оның айтқанын тыңдап қана отырсаң, жұрт не демейді, оған да шыдауға болады. Екі жұма болды: “бір жерден кенеп тап, ауланы тойға әзірлеу үшін кенеп керек” – деп, қайта-қайта айтып, миыңды шұқи береді... – Дұрыс айтады, – деді қыз, жігіттің сөзіне мән бермей.


– Дұрысы, дұрыс-ау, мен қарсыласпаймын. Кенепті жердің астынан қазып табамын ба, көшеде жатқан жоқ қой. “Міне кенеп” деп ешкім әкеліп бермейді де! Осы сөзден соң екеуі де тынды. Ренжіскендерін де ұмытып, біраз ойланып отырды. Міне, өздеріңіз байқап отырсыздар, екі жастың арасына сол бір қара әтеш онша көп жаңалық енгізбеді. Олар бірден қызынып, ұрсыса жаздап барып, сонан соң ілезде суынып, қайтадан жараса қалды. Жастар ойланып отыра берсін. Кедергі жасамайық. Онан да осы кезде ауылда не болып жатқанын байқайық... ...Минат пештің алдында шымшуырмен отты қағыстырып отыр. Кемпірдің Шоматқа деген ашуы қайтпай, не істерін білмей, ызаланды. Әтештің сорпасының иісі Бике кемпірдің мұрнына барды. Ол қалт-құлт етіп, ауылдың бір шетінен Минаттың үйіне зырылдап жетті. Қақпа алдына тоқтап, демін алды. Қақпаның сығырлағанына Минат көңілін де аудармады. Пеште жанған оттың сәулесінен, оның түнерген қабағы анық көрінді. Бике піскен астың үстіне дәл келгенін бірден түсінді. – Әй, Минат, қайғыңа ортақ болуға келдім, – деді кемпір үйге кіреркірместен. Минат басын да көтермей, ойланып, жанып жатқан отқа қарап отыр еді. Бике кемпір пештің жанына барып, еңкейіп, қазанды иіскеді. – Сенбісің, Бике? – деді Минат бір кезде басын көтеріп. – Минат-ау, әтешті пісіріп жатырсың ба? – деді Бике таңданып. Минат оның сұрағына жауап бермей, күрсінді де қойды. – Минат әпке, – деді Бике, Минаттың оған туыстығы болмаса да солай атады. – Сенің орныңда мен болсам, әтешті сол берекесіз шалдың құдығына апарып тастар едім! – Иә, Бике, қайтейін енді, мен олай істей алмадым, – деді үй иесі жыламсырап. – Минат, сен кенже қызыңды Шоматтың ұлына бермек болыпты деген сөз тарапты ауылда. Сол шын ба? – деп сұрады кемпір оны сынамақ


оймен. – Жай сөз. Қызымның төбесін де көрсетпеспін ұятсыздарға! – деді Минат. Бикеге керегі де сол еді, өзінің ойындағысын айтып салды: – Иә, Минат, мен де солай болар деп ойлап едім. “Ондай жаман жерге Минат өзінің жібектей қызын қайдан берсін. Бүкіл Сынтаслы ауылында болмаған мұндай оңбағанға қызын қия ма?!” – дедім. – Ана көшеге шықшы, олардың үйіне қарауға жүрегің айниды, қора-жайларына кіріп болмайды. Қысқасы, адам емес қой! – деп, Бике одан сайын өршелене сөйледі. Енді оны оқпен атсаң да тоқтату мүмкін емес. Ол “бәленшекең-түгеншекең” деп, Шоматтың бүкіл үрім-бұтағының осалдығын, ата-бабаларынан бастап, бүгінге дейін өмір сүріп жатқан күллі әулетін түгін қалдырмай жамандады. Минат аузын ашып, қарап қалыпты. Ол Бикенің айтқандарының бірін де қаншама жыл Шоматпен көрші болып тұрса да, естіген емес еді. – Бір кездерде Шоматтың анасының арғы атасы Сынтаслы ауылында кісі өлтіріп, Түркияға қашқан екен. Ал бір бабасының атасының шешесі бір заманда Сынтаслы ауылында жүргіштікке салыныпты. Шоматтың әкесі болса, соғыс кезінде бандиттермен ауыз жаласқан көрінеді. Ал оның бір ағасы алыпсатарлықпен айналысып, машина сатып алып, қазір қалада тұрады екен. Екінші бір ағасы өкпесін құрт жеп, содан өлген. Ал әйелінің ағасы машинасымен кісі басып, қазір түрмеде отырған көрінеді... – Болды жетер, – деп, Минат Бикенің таусылмас сөзін бөліп жіберді. “Ой, сен де бір қырсык, екенсің”, – деді ішінен Бике, Минаттың өз сөзін соңына дейін тыңдамағанына ашуланып. – Рахмет, Бике! Осы уақытқа дейін соқыр болып келіппін, бүгін сен менің көзімді аштың, құдай өміріңді ұзақ қылсын. Ертең келерсің, сорпа ішерміз, – деді Минат сөзден жалығып, Бике ішінен тағы да ашуланды. “Сенің құдайы сорпаң керек еді, маған! Мені не үшін келді деп ойлайсың? Сол сорпадан ішуге немесе әтештің етінен жеуге келді дейсің бе? Құдай өміріңді ұзақ қылсын деп, құтылмақ боласың, құдай


сенсіз де жасайтынын жасайды” деп ойлады Бике. Жаным ашып айтып отырсам, мынаның мені қуғанын қара! Ертең десе, ертең-ақ жерміз деп, Бике кетуге әзірленді. Бүкіл Сынтаслыда ешқашан болмаған оқиғалар жайында Бике айтарын айтып кетті. Минаттың ашуы бойына сыймай отырды. Бір кезде оның інісі – Ұзын Қарайдар мектепте төменгі сыныптарға сабақ берді. Бойына қарап жұрт оны “ұзын” деп атайтын. Ол ешкіммен байланыспайтын, ерегеспейтін, ештеңеге қарсыласпайтын, сыпайы да сабырлы адам болатын. Ұзын Қарайдар болған жағдайды естіп, ешкімнің көзіне түспеу үшін түнделетіп, Минаттікіне келді. Қақпаның жанына келгенде, біреу ауладан шығып келе жатты. Кім екенін таныған Ұзын Қарайдар сескеніп, “Мына өсекші кемпір мені көрсе, сөзге араласты деп ауылға жайып жүрер”, – деп ойлады. Басындағы ақ қалпағын түзетіп қойды да, кемпірге амандаспай өте шықты. Басын имеген адамға кемпір де үндемеді. Бірақ ішінен “ақылсыз” дегенді айтпай да қалмады. Аулаға кірген Ұзын Қарайдар: – Амансың ба, әпке? – деді. Минат бұрылып қарап, бауырын көрді де, жанып жатқан пештегі отты көсей берді: – Неге ренжіп отырсың, әпке? – деді Ұзын Қарайдар Минаттың көңілсіз екенін көріп. Минат тағы да үндемеді. – Түсінсем бұйырмасын. Не болды саған, ә? – Не, не дейсің... – деді өкпелеген Минат. – Мен жалғызбын, жұрағат жоқ менде, ал сен болсаң мынау жүргенің жайбарақат. – Жалғыз адамды жәбірлейді! – деп ол кемсеңдеп қоя берді. Жалғыздың шаңы шықпас дегендей, сонша мені неге қорлайды екен. Иә, бүйтіп өмір сүрудің де керегі жоқ, қыздар күйеуге тиіп өз беттерімен кетті, кенже қызып ғана қалды қолда, оған да, маған да күн көрсетпейді! – деп, Минат көз жасын көл қылып жылай берді.


– Қойсайшы, әпке. Біздің тұқымымызды ешкім де қорлаған жоқ! – деп, Ұзын Қарайдар Минатты жұбатпақ болды. – Неге қой дейсің? – деп ашуланды әпкесі. – Қой демегенде не деймін, – деді Ұзын Қарайдар. Ал Минат болса тоқтамай, жылай берді. – Ал маған не істе дейсің, әпке? Қолымнан келгенді істейін, – деді Ұзын Қарайдар, не дерін білмей, сасқалақтап. – Иә, бауырым, не істейтініңді білмей тұрсың ба? – деді Минат солқылдай жылап. – Қой дедік қой, әпкетай! – деп ақырып жіберді Қарайдар. – Қазір мен ол хайуанға барып, быт-шытын шығарайын! – деп айқайлады Сынтаслы ауылындағы ең сабырлы адам. – Қазір барып әлек-шәлектерін шығарып, қарттың үйін өртейін, өзіне пышақ салайын! – Ойпырым-ай, Қарайдар-ай! – деп, Минат отырған жерінен ұшып тұрды да, інісін тоқтатпақ болып, білегінен ұстай алды. – Жоқ, әпке! Мен ол хайуанды тұншықтырмасам, адам болмай кетейін! – деп, қаһарлана түсті Қарайдар. – Құдай үшін, Қарайдар, өтінемін, – деп, Минат бауырының қолынан жібермеді. – Оның соңы немен тынатынын ойла, бауырым. Біреуді өлтіремін деп, бар өміріңді қор қыларсың. Балаларыңды, әйеліңді ойла! Ұзын Қарайдар әйелің дегенді естіп, тоқталды. “Иә, әйелім миымды шірітуін шірітеді”, – деп ойлады ол ішінен. Осы кезде қақпа ашылып, аулаға жүгіріп біреу кірді. Бұл баяғы айлакер Бике кемпір еді. Минаттың қасына барып, құлағына бірдеңе деп сыбырлады. – Қай жерде? -деп, Минат кенет сасқалақтап қалды. Бике тағы да бірдеңе деп құлағына сыбырлады.


– Мені күте тұрыңыз! – деп, Минат үйге кіріп, шәлісін жамылып шықты. Минат шығып кетті. Аула ішінде бүкіл ауылға өз ерекшеліктерімен белгілі, біріне-бірі мүлде қарама-қарсы екі адам қалды. Бірі – өсекші кемпір Бике де, екіншісі – Минаттың бауыры Ұзын Қарайдар. – Сынтаслының ең сабырлы адамы. * * * Түн тыныштығын біреудің аяқ дыбысы бұзды. Қыз сескеніп, жігітке жақындап, оның қолынан мықтап ұстап алды. Қараңғыда әлдекім келе жатқандай көрінді. Адам ба, мал ма, не екенін олар айыра алмады. Тек сабанға жақындағанда ғана адам екенін білді. Қыз бен жігіт көрінбеу үшін, демін ішінен алып, сабанға көміліп, тығыла қалды. – Астапыралла! Қайда жоқ болып кетті екен?.. – деп біреу өз-өзінен сөйлеп жүр. Жігіт кім екенін тани алмағанмен, оның қолындағы шыбықты көріп: “Сиыры табыннан қайтпаған біреу болар, соны іздеп жүрген шығар”, – деп ойлады. Әлгі адам қатты ашуланып, тура сабанға төніп келді. Жігіттің жүрегі “дүрс-дүрс” етті. Қыз бірдеңе деп сыбырлап еді, жігіт оның не айтқанын естімеді. – Әй, ұятсыздар! Мені қартайған, көзі көрмейді деп ойладыңдар ғой? Міне, таптым сендерді! – деп айқайлады Минат, қолындағы шыбығымен жасқап. – Тұр, ұятсыз! Сенің қандай киноға баратыныңды енді білдім. Бике аман болсын! Оңбағыр, шешеңді көзі тірісінде масқаралайын дегенің ғой! Сүмелектермен байланысып... Тұр деймін мен саған!.. – деп, есі кеткен әйел тымық кешті жаңғырта айқайлады. Минат қызын дәл бір табыннан қайтпаған жас бұзауды айдағандай алдына салып айдап келеді. Олар жұрт көрмесін деп, дуалдарға жанаса жүріп, үйлеріне асықты. Олардың соңынан жігіт те селбірейіп кетіп бара жатты.


Минат шыбығын үйіріп, өз-өзінен күбірлеп сөйлеп қояды: – Менің қызымды келін етпек екен ғой?! Күйеуге тимей қалса да, ондай жерге бермеспін!.. * * * Қара әтештің еті мен сорпасын қонақтардың алдына қойып, Минат кемпір бәйек болды. – Жұртқа бүгін ет жегізген Шомат қарттың жолы болсын! Күн ұзаққа иегім қышып еді. – Менің де иегім қышып еді, – деп қостады Бике де буы шығып тұрған сорпаға сілекейі шұбыра қарап. Ұзын Қарайдар үндемей ғана аласа үстелдің жанында отыр еді. Осы кезде сықырлап қақпа ашылды да, таяғын тықылдатып, Шомат қарт кіріп келді. Пештің жанында отырған үш адам не айтарын білмей, ауыздарын ашып, қарап қалды. – Міне, әтешіңізді тірілттім, Минат. Сізге өзіңіздікіндей қара әтеш бермесем, ұнатпайсыз ғой?! Өзі де түйе құстай үлкен екен, – деп, қарт аяғы байланған үлкен қара әтешті жерге тастады. Минат кемпір сасқалақтап, біресе қартқа, біресе отырған кісілерге қарады... – Жоқ, Шомат... – деп үйдің иесі тұтыға сөйледі. – Жоқ дегенің не? – деп Бике Минаттың көзіне қарады. – Ал деймін саған, өзіңе керек болмаса, басқа біреуге берерсің. – Дұрыс, Минат, – деді Шомат та. – Ал жарайды, қайырлы кеш болсын, мен кетейін, – деп ол бұрыла берді. Минат есін жиып: – Не ғып тұрмын, есалаң әйелдей... Кел, Шомат, асқа отыр! Әтештің еті жақсы пісіпті. Ауыз тиіп кет, отыр! – деді. – Не дейсің? – деп таң қалды Шомат қарт.


– Қара әтештің төсінің басы мынау. Же, Шомат, қазір сорпасын да құямын... Бүгін күні бойы соншама дабырлаған адамдар, кеште жайдарылана отырып, қара әтештің етін жеп, сорпасын ішті. Үстел басынан тұрып жатып: – Қонақ асың тойға ұлассын! – деді Шомат кемпірге. – Саған да солай болсын! – деді Минат. – Сен солай еткің келсе, орындалады ғой, Минат. – Неге солай етпейін, Шомат? Үйдің есігінен сығалап қарап тұрған Зарема шал мен кемпірдің сөздерін естіп, жүрегі дүрсілдеп, қуанып кетті. Қара әтеш жайындағы әңгіме осы. “Мұны неге айтты? Қандай себебі бар?” дерсіз, бәлкім. Себебі бар! Ноғайлар сөзді қадірлеген халық. Бұл жақсы қасиет. “Басы қылдай, аяғы таудай!” “Сөзің сау болса, басың тау болар”, немесе “Мағыналы сөз малдан артық” – дейді халық. Одан да жақсы мәтел бар біздің халықта: “Көп сөздің азы жақсы, аз сөздің өзі жақсы!” Дәл айтылған ба?! Дәл Аз сөздің өзі жақсы. Иә, сол екі жастың тағдыры не болды екен деп, сұрарсыз. Мырзабек пен Зарема бірге жұмыс істейді. Олар тату, бақытты. Біздің әрқайсымызға да жақсылық, татулық тілейді. Шомат та, бұрынғысындай Минат кемпірдің әтештерін ұрмайды. Андасанда кемпірдің өзі-ақ сойғызады оларға... Мен сол әтешпен байланысты бірінші прозалық шығармамды қинала отырып жазып шықтым. Бұл әңгімеден соң, басыма тағы да жаңа ойлар келді. Соған жетсем деп, тырыстым. Жазғандарыма қуанып жүрдім. Ол аз болғандай, менде әңгімелерім баспасөз бетінде жарық көргендей сезім пайда болды. “Ауылдастарым басылып шыққан әңгімемді көрсе, қалай қуанар еді, өзіме үлкен абырой болар еді”, – деп қанша рет ойландым. Әлбетте, менің ауылдастарым Сынтаслы ауылының қолында талай дүние тұрғандай сезініп, көрші ауылға да өздерін жоғары көрсетеді. Менің


өздері жайында жазғанымды көрсе, олардың төбесі көкке жеткендей болатынын түсінем. “Біздің ауылдан жақсы ауыл дүниеде болмас! Біздің өмірден жақсы өмір жоқ. Сынтаслы жазушысы Теңіздей жазушы жер бетінде жоқ!” – деп айтар олар. Дүние жүзіне біздің ауылдың жағдайын біз туралы айтатын жазушы Теңізіміз тұрғанда, бізге енді теледидардың керегі не!” – деп те көкірегін керіп, мақтанғандарын еститін сияқтымын. Бұның бәрі тек қиялдарым, үмітім ғана. Шіркін, осының бәрі шындыққа асса, қандай болар еді!.. Мен еш нәрсені жасыра білмейтін адаммын. Ойыма не келсе де бүкпелемей айта беремін. Сол мінезім кіші жеңгеме ұқсап кетеді. “Жүрек әркімге таптататын төсеніш емес!” – дейді менің ағаларым. Бізде бәрін жасырады. Ағаларым әйелдерінен, жеңгелерім өзара бірбірінен және балаларынан жасырады. Бар сырымыз ең үлкен әпкеме ғана мәлім, оның аузы берік, құлыптай, ешкімге ештеңе айтпайды! – Боқтық сөзді сыртқа шығармаңдар! – деп те сол кісі айтады. Үлкен ағам өте тұйық мінезді. Ол тіпті, айтқысы келгендерін де айтпайды. Бойы ұзын, кең жауырынды, әлуетті. Шаруашылыққа тыңғылықты адам. Оның үстіне өте малжанды. Өз басым қора-жайды қарап жүрсем де, әлі күнге дейін бізде қанша қой бар екенін білмеймін. Ал ол жұмыстан ерте келіп қалса, қолына шыбық алып, өзен жақтағы жайылып жүрген қойларды өзі айдап келеді. Олардың бірен-сараны аурулы болып, жүре алмай қалса, өзі қарайды, ешкімге сенбейді. Өзі қырқады, қозыларды өзі өсіреді, ет керек болса, өзі сояды. Ақыр айтқан соң мен ол туралы ешкім білмейтін бір жайтты айтайын. Бір қошқарды ағамның өзі қозы кезінен асырады. Енесі қозысын емізбей, жуытпай қойып еді, ағам оны тонға орап, өзі асырап-бақты. Қозыға еміздікпен сүт ішкізіп, жылы пештің жанында ұстап өсірді. Оның қолға үйреніп кеткені сонша, тіпті үйден қуып шығара алмайтын болдық. Бірде ағам аудан орталығына барып, үйге айналы шифоньер әкеліп қойды. Қолға үйренген қошқар бөлмеге кіріп, айнадан өзі сияқты қошқарды көреді. Оған айнадағы қошқар сүзісуге әзірленіп тұрғандай көрініп, ызаланады. Сөйтіп, өзі де сүзісуге дайындалады. Айнадағы


бейнесі де мүйізін шайқайды. Мынау ашуланып, шауып барып, бар күшімен түйіп кеп қалғанда, айнаның күлпаршасы шығады. – Шығын, шығын! -дегеннен басқа ештеңе айта алмайды. Сонан соң ол қошқарды көршісімен басқа қойға айырбастап алды. Ағам оқығанды жақсы көреді. Газет те, журнал да, кітап та оқиды. Бірақ менен кітап сұрап көрген емес. Сұраса, мені де өзінен бірдеңе сұрар деп қорқады. Кітапқа сондай ұқыпты. Әдебиеттерді ауылдың кітапханасынан алады. Қайда қоятынын бірнеше рет байқағым келсе де біле алмадым. Бір күні Франсуа Рабленің “Гаргантюа және Пантагрюэль” деген кітабын қолынан көріп, оқуға сұрадым. Ол маған: – Мен оқып болған соң, кітапханаға менімен бірге барып, өзіңнің атыңа жаздырып аларсың, – деді. “Жарайды, қызғаншақ”, – дедім мен ішімнен, бірақ онымен сөз таластырмадым. Айтқаныма қосатыным – ол жер-дүниеде болып жатқан оқиғаларды мүлде естіп-білмеген адамша жүре береді. Бір күні жүгіріп келіп: – Космонавтар айға ұшыпты! – дедім. – Иә, не болып қалыпты? Құлағымды жарып жібере жаздадың ғой? Марсқа да ұшады, сонда қайтпексің? – деді асықпай, жайбарақат қана. Бір рет ақшамда тағы да жүгіріп келіп: – Иранның шахиншахы біздің жаққа қонаққа келіпті! – дедім. – Басқаларды қайтесің? Өз жайыңды ойласайшы! – деді ол төмен қарап. Бірде ол омартамен айналыспақ болып, сол ойын әйеліне айтады. – Құдай сақтасын! – деп әйелі бажылдап жіберді. – Ара ұстаймын деп, балаларыңды, бәрімізді араға шаққызбақпысың?!


– Жоқ, олар сондай момын. Тимесе болды, ешкімді де шақпайды, жарымес қатын-ау, олар бал береді. Балға кенелеміз, – деді ағайым бәсең дауыспен. Бал жайында естігенде, әйелі аузын жұма қойды. Менің үлкен ағам сондай адам. Кіші ағамның мінезі мүлде басқаша. Ол ауылдың қыз-келіншектерінің басын айналдыруымен жүреді. Мұны жұрттың бәрі де біледі. Әйелі шалбарын күнде тазалап, күнде үтіктейді, аяқ киімдеріне крем жағып, жалтыратып тазалайды, көйлегін аппақ шатырдай қып жуады, күнде таңертең етіне, басына иіс су бүркеді. Кейде тіпті оның сақалын алып тұрғанын да көресің. Бір күні кешке, шай ішіп отырғанымда, ағам жұмыстан келді. Ол да шай ішуге отырды. Мен тұрғанша, кіші жеңгем сөзді өзі бастап: – Сүйіктім, сен кеше түні бойы кино туралы айттың, бірақ кинодан соң не істегеніңді сұрауды ұмытыппын, – деді ол – Не істегені несі?.. – деп оған ашуланған болды ағам даусын көтеріп: – Қыдырдым! – деп жауап берді ашуланып. – Қайда қыдырдың, сонша кешігетіндей? – деді күйеуінің сұсты түрінен тартына сұраған әйелі. – Сүйтеді мынау, – деді ағам қатты күрсініп, басын шайқап. – Киноның қандай қорқынышты болғанын, айтып бердім ғой өзіңе. Онда шпион туралы да, толып жатқан кісі өлтірулер де болды. Кинодан шыққанда басым ауырып жүрмесін деп, біраз жүргім келді. Көшеде кезіп жүргенімді біреу-міреу көрсе, бірдеңе ойлап жүрер деп, су жағасына бардым. Сонда біраз отырып қалыппын, үйге кеш келгенім сол. – Түсіндің бе? – деді ол көзімен шын айтатынын білдіргендей болып. Шын айтқан, айтпағанын кім біледі. Бірақ көзіне қарап, сенбеуге ылаж жоқ. Сонда да кіші жеңгем оған сенбеді.


Біздің әйелдер сондай. Сыр білдірмей, өмір сүре береді. Дегенмен, мен өзімнің ағаларымды да, әпкелерімді де, жеңгелерімді де жақсы көремін, неге десеңіз олар менің туғандарым, жанашырларым. Ішкі сырларын білдіргісі келмесе де бәрібір, оларды жақсы көремін. Мен өзім олардай емес, ашық адаммын. Кіші жеңгем сияқты жүрегімде толған ойларымды айтып қоямын. Ол мақтанарлық қасиет емес. Кіші жеңгеме ат қойғандай, мені де “тауықбас” деп жүруі мүмкін ғой!.. Соңғы күндерде мен де өзімді сырын жасырып жүретін адамдай сезіндім. Жаза бастағанымды ешкімге де білдірмедім. Түсінбейтін адамға айта алмадым, түсінетіндер Сынтаслыда аз. Жазудың не екенін түсінетіндер көп еді, бірақ олар Сынтаслыда қалмай, қалаға көшіп кеткен. Жазғанымды жасыратын адам екенімді өзім білгеніммен, басқалар да байқап, сезе бастады. Үйдегілер әлі де ештеңе сезбейтін. Кеңшарымыздың дүкеншісі Мәжит қалың дәптерлер алатыныма ілезде көңіл аударды. Дүкенге кірсем болды, ол қарнын қампитып, кеңсе бұйымдары тұратын бөлім жаққа бара қояды. – Мәжит, ана қағаздың бір бумасын берші! – деп өтіндім бірде одан. – Інім, – деді ол қағазды алып беріп жатып, көзіме қадала қарап: – Мұнда жүз парақ, бірдеңе орау үшін керек болса, басқа қағаз берейін, – деді ол қағазды не үшін алатынымды білмек болып. Мен үн-түнсіз қағазды алып, бұрылып кете бердім. Мәжит таң қалып, қолын сермеп, артымнан сөйлеп қалды. – Мұндай қағазды Қаражан мен екеуі ғана алады. Ал, Қаражанға не үшін керек екенін ауыл түгел біледі. Ал мына балаға неменеге керек екен? – деп дүкенші басын шайқады. Қаражан – ауылға аты белгілі жалақор, болар-болмасқа шағым жазғыш адам. Бір көршісі жайында “жиырма қойы бар” деп шағым жазыпты, екінші көршісі туралы “таңертеңнен кешке дейін пластинка ойнатады” деп жазыпты. Ал Басқарманы күні бойы “Волгамен” қыдырады да жүреді деп жамандапты. Мектептің күзетшісіне “жұмыста ішеді” деп жала жауыпты. Қаражан барлығының үстінен осы сияқты шағым


жазып, газетке, басқа жаққа да жібереді. Мен сияқты ол да дүкеннен қағаз алады екен. Сөйтіп, мен дүкенші Мәжитті үлкен ойға қалдырдым. Қара сақалды Сүлеймен де бірдеңе сезіп жүрді. Ол бізге теледидар көруге келетін. Теледидар бұзылып қалғанда, жөндету үшін мені шақыруға шатырға көтерілетін. Бірде менің жазып отырғанымды көріп қалды. – Теңіз, – деп ол қасыма келді. Мен асыға-үсіге қағаздарымды үстелден жинай қойдым. – Еһе-ей! – деді қарт күлімсіреп. – Алыс жақта туысың жоқ сияқты еді ғой, кімге хат жазып отырсың? – Сүлеймен аға-ау, бұл хат емес, – дедім мен. – Иә, онда бұл немене? – Жай бірдеңе, – дей салдым айтқым келмей. – Жарайды, жарайды... Ешкімге ештеңе айтпаймын, – деді ол күлімсіреп, тап мені бір бәледен сақтап қалатындай сөйлеп. – Жігіт кезімде мен де біреуге жазып тұратынмын, – деді Сүлеймен көзін қысып. Мен күліп жібердім. – Иә, иә, – деді қарт, көзін қысқанын қоймай, сирек тістерін көрсете күліп. Енді Сүлейменге кездескен сайын, ол ең алдымен, біреу-міреу жоқ па екен деп, жан-жағына қарап алады да: “Жазып жатырсың ба?” – деп сұрайды. Мен оған түсіндірмек боламын. Оның түсінгісі де келмейді. Өзі көп білетін адамдай болып, сақалын сипап қойып: “Мен де жас кезімде жазатын едім”, – дейді ол сол бір сөздерін қайталап. Сөйтіп, жұрт менің бірдеңелерді жасыратынымды сезе бастады. Енді Сүлеймен қарт маған кездескенде жан-жағына қарап қойып, ешкім естімесін дегендей сыбырлап: “Жазасың ба?” – деп күліп қана қоятын болды.


“Әтеш” туралы жазғанда мен Ұзын Қарайдар туралы айтқан едім ғой. Әне, сол Қарайдар менің не жайында жазғанымды бірінші білген. Қарайдар бір кездерде өзі де жазумен айналысыпты. Сынтаслыдағы барлық ақын, жазушыны біледі екен. Бірде оның есінен кетпейтіндей жағдай болыпты. Бір жылдарда Шарапутдин деген туысы облыстық газеттің поэзия бөлімінде жұмыс істеген. Қарайдар біраз уақыт оның міндетін атқарып жүріпті. Ол бүкіл ауылға белгілі еді. Қарайдардың өзі үндемейтін, сабырлы адам болса да әйелі мүлдем басқаша. Әйелі күйеуінің қалада үлкен қызметте екенін ауылдастарына айтып мақтанады. Шарапутдиндей құрметті туысының бар екенін айтып та бөсіпті. Ауылдастары Қарайдардың қалада жұмыс істегеніне басқаша көзқараспен қарайды. “Шарапутдин оқуға кетерінде орнына басқа біреуді алып қояр деп сақтанып, өзінің туысын әкеліп отырғызған” дейді Сынтаслының адамдары. Бірақ әйелі ондай сөзді тыңдағысы да келмей, күйеуінің қабілеттілігіне шек келтірмей, мақтана береді. Менің жазатынымды ауыл ішінде бірінші болып білген Қарайдардың әйелі еді. Бір күні кешке мен Қарайдардікіне бардым. Асықпай отырып, оған бәрін де айттым. Ол бар назарымен тыңдады. Әйелі тесірейіп, аузын қисайтып, маған қайта-қайта қарай берді. Өлеңдерімді оқи бастағанда, Қарайдар таң қалып, көзін бадырайтып, есі кете тыңдады. Оқып болғаннан соң: – Мен қазір поэзия бөлімінің бастығы болсам, сенің өлеңіңді бірден-ақ жариялатар едім, – деді қулана сөйлеп. Әйелі күйеуінің сөзін жаратпай, тағы да аузын қисайтып, Қарайдарға қарады. – Балам, сен қалаға барып, менің туысым – Шарапутдинге өлеңдеріңді беруің керек. Сенен ақын шығады, – деді Қарайдар. – Не деп тұрсың сен? Шарапутдинның балалармен сөйлесетін уақыты бар деймісің? Ол ауылға, туыстарына келіп-кетуге де уақыт таппайды, ал сен оған балаларға қамқорлық жаса демексің, – деп әйелі ашуланды.


– Неге олай дейсің? Баланың өлеңдері өте жақсы, мұндай дүниелер баспадан жарыққа шығуы керек! – деп, Қарайдар даусын бәсеңдетіп, мені мақтағанын қоймады. Өзі қуанғаннан көзі жасаурап, қолы қалтырап, көзін сүрте берді. – Мен де бір кезде өлең жазғанмын. Қандай өлеңдер десейші! Ең жақсы деген өлеңдерімді ешкімге де көрсетпейтін едім. Өлеңдерім жақсы еді, шын айтам. Өлеңдерімнің біразын әйеліме арнап ем, бірақ ол түсінбей, отқа жағып жіберді. Бес баламды ертіп келіп, солардың көзінше: “Міне саған өлең, онан да мыналардың тағдырын ойласайшы!” – деп, жағып жіберді ғой... Көрдің бе, істің қандай болғанын! Үйленбе, үйленбе ұлым, ақындарды әйелдері құртады, – деп, Қарайдар өмірдің басқа жағын айта бастады. Осыған дейін мен мүлде басқаша ойлайтын едім. – Өмірімді өксітіп өткізді ол... – деп Қарайдар әйелін нұсқай берді. – Менімен күнде ұрсысады, бетіңе шап ете түседі. Ал енді менің жанған отым әбден сөнгенде барып, тынышталды. Әйелі иненің үстінде отырғандай жыбырлап, алақанымен бетін сипады, содан соң басын шайқап: – Иә, бейбақ! Кімге жалынып, кімнің алдында көз жасыңды төгіп отырсың? Ол бала емес пе? Сен мені далаға шығармайды деп, шағымданасың. Сені шығарсаң, бүкіл ауылға өзіңді жамандап келесің, жұрт күлкіге айналдырады! – деп, әйел оның мінін бетіне салық қып айта берді. Содан соң ол маған қарап: – Сен, балам, осында естігендеріңді ешкімге айтушы болма. Әйтпесе адамдарды білесің, үлкен сөз қылып таратып жібереді... – деді өтініп. – Жоқ, жоқ. Олай ойламаңыз, – дедім мен ыңғайсызданып. – Ал Шарапутдинге бар, ұлым, – деді әйел. – Барғанда, құр қол барып жүрме, бірдеңе ала бар. Ол ауылдың тамағын жақсы көреді... – деді... Қарайдар басын қос қолдап ұстап, үстелге жапқан дастарқанға одан бір нәрсе көріп отырғандай, тесіліп қарап қалыпты. Әйелі маған бұрылып:


– Өсіп, үлкен адам болсаң, бізді ұмытпа! Өзіңе жақсылық істеген адамдарды ұмытпа! Біздің балаларға да көмек етерсің. Ал мынадан не күтесің? – деді ол кекеген пішінмен күйеуін көрсетіп. Қарайдар басын көтеріп, әйеліне қарады. Әйелі тағы да сөйлей берді: – Мүмкін, біздің балалар институтқа түсетін болса, сен ақылды жігітсің ғой, қолыңнан келген жақсылығыңды істерсің, иә? – деді әйел тағы да өтініп. – Жапсайшы аузыңды сен осы! – деп сабырлы да, момын адам шыдай алмай, айқайлап жіберді. – Бәлі, мынаны қара! – деп, күйеуінің айқайлағанына әйелі таң қалды. Мен орнымнан тұрдым. Біреудің ұрысқанын естіп отыру жақсы емес. Үзын Қарайдар да орнынан тұрды. Қарайдар, неге екенін білмеймін, денесі қалтырап, мені есікке дейін шығарып салды. Есік жабылғанда, ар жағынан: – Қымбаттым, байқаусызда аузымнан шығып кетті, бұдан былай олай істемеспін, кешір мені, жаным, – деп Қарайдардың әйеліне жалбарынып өтінгені құлағыма шалынды. Есікті жауып, кетіп қалдым. Көңілім суып, әр түрлі ойға келдім... Ғажап! Тек Сынтаслыда ғана көресің осындайларды. Әне, көрдіңіз ғой, ең сабырлы да, момын адамның әйелінің айтқанынан шыға алмайтынын, қалай жалбарынады десейші! Дала да қараңғы, көңілім де жабырқау. Менің көңілімнің бұзылғаны, сол тату отбасының ұрсыса жаздағынан болар. Далада ауа жұтып біраз жүрдім. Әр жерде жанған фонарьлардың жарығына көбелектер мен шіркейлер топталып алыпты. Түнге қарай осылар қайдан шығады екен деші?! Жұлдыздар жарқырап тұр. Қараңғы аспанды қақ жарып құс жолы созылып жатыр. “Ғажап-ақ. Сонымен бір жүрсе”, – деп қиялдаймын ішімнен. Алыстан үрген иттердің даусы естіледі. “Тағы да аспандағы айға үретін болар”, – дедім өзімнен өзім. Неге олар айға үреді екен?..


Сөйтіп келе жатып Нәсіпханның үйіне қалай келіп қалғанымды да байқамаппын. Терезесі жарық еді. Оның терезесінің маңында да баяғы көбелектер, шіркейлер айнала ұшып жүр. – Солай, – деп өзіме берген сұрауыма өзім жауап қайырдым, – адамның өзі жарыққа қарай ұмтылса, бейшара көбелектер мен шіркейлер қайда бармақшы? Нәсіпхан кітап оқып отыр екен. “Менің кітабымды ол қалай оқыр еді?” деген ойдан көңілім толқып кетті. Сол-ақ екен, Нәсіпхан орнынан тұрды да, шамды сөндірді. Қараңғыда мені біреу-міреу көріп қалар деп, терезесінің алдынан кетуге асықтым. Аяғымның астында бірдеңе сытыр ете қалғанда, көрші үйдің қорасынан ит үрді. Оның үргеніне барлық көшенің иттері қосылды. Мен бұл көшеден қаштым. Түнде иттер үрмей тұра алмайды екен. Сонымен тағы бір сұрауға жауап табылды. Жарға шығып, үй жаққа беттедім. Судың шуылы естілді, иттер де үргенін қойды. Әрең дегенде үйге жетіп, бүктемелі төсегіме жатқанда: – Оңбаған-ау, сен осы үйге жатасың ба, жоқ па? – деген үлкен жеңгемнің күйеуіне айқайлаған даусы естілді. Көз алдыма күйеуін оның қалай сүйреп, ас үйден өз бөлмесіне қалай әкеткені елестеді, сөйтіп жатып ұйықтап кеттім. Ертеңінде үйге үлкен әпкеміз келді. Мен жұмыстан қайтып жуынуға да, ас ішуге де үлгірген жоқ едім, ол үлкен әңгіме бастады. Әуелі күлімдеп, көзімен ымдап көрсетіп, орындыққа отырғызды. Ол үндемесе де, үлкен сөздің болатынын көзқарасынан-ақ білдім. – Иә, Теңіз, сенің ағаларыңдай іскер, ақылды, білімді адамдарды бүкіл ауылдан таппайсың. Ал сен ше? Кімге тартқансың! Бір ата, бір анадан туғансыңдар. Бір жақсысы жұмыс істейсің, ал жұмыс істемесең ғой, мүлдем құрыр едің. Қояр да қоймай жүріп, үйленем дедің. Қарсы болмадық. Үйлендің. Ал онымен адам сияқты өмір сүргенің қайсы? Тіпті күйік болдың ғой, өзің?! Бұл не тәлкек айтшы?! – деді әпкем даусын қатты шығарып.


Мен оның неге келгенін, неге сонша ызаланып сөйлесуінің себебін білмей отырдым. Әйеліммен айырылысқаным үшін мені кінәлап, күнде ұрсады. Одан басқа себеппен ашуланса да, менің атымды атамай, сөйлемейтін еді. Сондықтан “қазір тағы да не айтар екен?!” деп, үндемей тыңдай бердім. – Әйеліңнен айырылысып, қайдағы бір оңбағанға кездесіп, бүкіл ауылға атымызды жайып, қара бет қылдың. Ал жарайды оны бұрын да айтқанбыз, әлі де айтамыз. Ал сенің қазіргі істеп жүргенің не өзі?! – деп, үлкен әпкем көзін бадырайтты. – Бүгін дүкенге кіріп едім, бүкіл ауылға белгілі, адал, жаны жұмсақ, ақылы мен айтқан сөзін ауыл түгел тыңдайтын Мәжит дүкенші маған күліп: “Осы сіздің кенже бауырыңыз ақша “басып” жатыр-ау деймін, ай сайын менен жүз парақтап қағаз алады”, – деп тұр. Жаңағы сөзді естігенде, сол жерде тесік болса, кіріп кетер едім. Ол аз болса бүгін осында келе жатып... – деп үлкен әпкем көзін бадырайтып, маған сынай қарады. – Әлгі байғұс Қарайдардың шидей арық, қисық аяқ, маңқа әйелі тілін безеп, жұрттың бәріне біз туралы сөз жайып жүр деп естідім... – Әпке, – деп мен оның сөзін бөлдім. Бұл әңгіменің неден шыққанын ішім сезіп тұр. – Әпке қойшы соны, әрі қарай бәрін де білемін... – Мен сені түк білмейтін шығар деп ойлап едім, – әпкем кекете сөйледі. – Сол жаманның бүкіл Сынтаслыға белгілі, сыйлы отбасы, мына біз жайында сөйлеуін көрдің бе? Оған мұндай “право” берген кім? Үлкен әпкем “право” дегенде машина айдауға берілетін “правоның” мағынасында айтты). Тап бір біз олардың Шарапутдинімен таныстыруды өтініп барғандай болуын көрдің бе? Біз оның Шарапутдинін білмейміз, білгіміз де келмейді. Онымен танысамыз деп, басымызға пәле тілеп алмақпыз ба? Не жұмысымыз бар? Айтшы, бауырым. Шарапутдиннің керегі не бізге?! – деп, даусын көтере сөйледі. Енді оның ашуы басылатынын мен сезе қойдым. Үлкен әпкем айқай шығаруға ертерек кірісті. Дегенмен, ол біреуге айқайлап, бажылдапшажылдағанмен, ашуы тез қайтатын. Сонымен ол ұрысқанын доғарды да, даусын бәсеңдетіп:


– Әлгі, тілі ұзын, қатын сені “өлең жазады” деп шатпақтап жүр... “Қалай жазылса да Шарапутдин оны бәрібір басады” дейді. – Сен әбден күйік болдың ғой бізге?! – деп, көзі жасаурап, көңілі босаған әпкем: – Өлең жазуды саған кім үйретті? – деп сұрады. Содан соң орамалының ұшымен көзін сүртіп: – Бауырым, егер өлеңдеріңді газетке бастырсаң, қандай жақсы болар еді? – деді жадырап. – Теңіз, тек Шарапутдинсіз-ақ шығар, әйтпесе, ана жаман қатын қыр соңымыздан қалмас. Не істеу керек екенін ойластырайықшы! – деп, үлкен әпкем кідіріп қалды. Мен оның бет-әлпетінің бір түрлі өзгеріп кеткенін байқадым. – Жас кезімде маған бір кісі ғашық болған еді. Қазір ол ақын, аты – Мәметби... Сондай жалынды, ақылды адам. ЬІлғи маған арнап жыр жазатын. – “Алтыншаштай қыз қайда?” – деп мақтайтын келіп. (Үлкен әпкемнің аты – Алтыншаш еді.) Міне, енді алтын шашым да қалмады, сүймеген адамыма шықтым, – деп, ол сәл кідіріп, күрсініп қойды. – Тыңда, Теңіз, – деді ол, – Шарапутдиніңнен сол Мәметби дұрыс болар, оған менің атымды айтсаң, көмектесер деп ойлаймын. Сол күннен бастап, Сынтаслыда жас ақын пайда болды. “Шарапутдин оның өлеңін басатын болды” деген хабарды бір жағынан Үзын Қарайдардың әйелі жайып жіберсе, екінші жағынан “Шарапутдинді білмейміз, Мәметби танысымыз көмектеседі” деген сөзді үлкен әпкем таратты. Мұны естіп, қуанған ауылдастарым менің жазушы болатыныма күмән келтірмеді. Қарасақал Сүлеймен кездескен сайын: – Жазып жүрсің бе? – деп сұрайды. – Иә, – деймін мен. – Жаз, жаз. Бірақ, анау-мынауды жазғаныңды қой. Жазғаны үшін ақша беретінін білген болсам, мына Сүлеймен қазір таяққа сүйенбей, жеңіл машинамен жүрер еді ғой? Жаз, жаз, ұлым... – деп жігерлендірді ол мені. Кетіп бара жатқанымда, қарт өзіне-өзі:


– Ақылды жастардың шыға бастағанын көрдің бе? – деді. Үйдегілердің де маған деген көзқарастары өзгерді. Кіші жеңгем де жылы сөйлеп, тамақ ішуге өзі кеп шақыратын болды. Үлкен жеңгем де маған жалбақтай бастады. Бір күні бөлмесіне кірсем, баласын шомылдырып отыр екен. Менің кіргенімді көріп, бар даусымен бақырып жылап жатқан кішкене ұлына: – Әне, қарашы ағаңа, сенің ағаң жазушы болады, содан үлгі ал, сондай болып өс! – деді. Бала жылауын қойып, әлдебір жабайы аңды көргендей болып қарады маған. Дегенмен, тентектігі де сап тыйылды. Ағаларым да енді мені өмірден өз орнын тапқан адамдардың қатарына қоса бастады. Ұрысқанды мүлдем қойды. Мен болсам олардың көзқарастарының өзгергеніне үйрене алмай жүрдім. Ашулануды қойған, маған ештеңе де істетпейді, ақыл да үйретпейді. Ондай өмірге үйрене алмай, бір күні кіші жеңгем ашулансын деп, жуып жатқан еденін таптап кеттім. Ол ренжудің орнына таптаған ізімді түгел сүртіп шықты да, бетіме күлімсірей қарады. Көп кешікпей, отбасымызда кезекті жиын болды. Қаладан, аудан орталығынан екі әпкем, көрші көшеден үлкен әпкем, жиынның бастығы-“ауылсовет” келді. Жиын мені қалаға жіберуге тоқталды. Жеңгелерім де өздерінің мұқтажын, керек-жарағын тапсырып, “маған ананы-мынаны аларсың, балаларға кәмпит әкелерсің!” деген тілектерін айтып жатыр. Балалардың ауылдың кәмпитін неге жаратпайтынын білмеймін, ал сондай кәмпитті қаладан әкеліп берсең, оны “балдай тәтті” деп бас салады. Автобус аялдамасына бара жатқанымызда, қарасақал Сүлеймен кездесті. “Қайда” деп сұрамады, олай десем, жол болмай қалар деп ойлаған шығар. – Жазасың ба? – деді баяғысынша. Мен қалаға кетіп бара жатқанымды айттым. Ол неге бара жатқанымды түсініп:


– Жолың болсын! Аман-сау барып кел! – деді. Мен оның қолын қос қолдап қыстым. Қарт та өзіне керегін ұмытпады: – Ал, ұлым, менің мүштігім ескірген, көре қалсаң, аларсың, – деді. Екінші тарауга кіріспе Бір кедей адам сиырын сатпақ болып, демалыс күні таңертең базарға айдап апарады. Бұны білген төрт өтірікші кедей бейшараны алдамақ болады. Олардың бірі базарға келе жатқан жолында кедейге кездеседі. – Ей, жігітім, ешкіңді сатуға апара жатырсың ба? – деп сұрайды ол. – Қайдағы ешкі, менде ешкі жоқ, сиыр, – дейді кедей. – Мынауың сиыр ма? Сиырға ұқсаған ешбір жері жоқ қой? – деп, алаяқ мырс етіп күледі. – Басымды қатырмашы! – деп, кедей оның сөзін тыңдамай, сиырын айдап жүре береді. Біраз жол жүргеннен кейін, оған тағы бір алаяқ кездеседі. – Мейірімді адам, ешкіңді қайда алып бара жатырсың? – деп сұрайды ол – Көздерің шыққырлар-ау! Бұл ешкі емес, сиыр ғой, көрмей тұрсың ба? – деп, кедей қатты ашуланып, сиырын асыға айдай жөнеледі. Біраз уақыт жүргеннен соң, кедейдің алдынан үшінші бір алаяқ шырады. – Ей, жақсы адам, ешкіңнің қу сүйегі ғана қалған ба? – дейді ол – Үйден шыққанда сиыр еді, енді оның ешкі болғаны ма? – деп, кедей бейшара сиырына таңданып қарайды. – Жоқ, бұл сиыр, ешкі емес! – деген кедей өзін-өзі жұбатып, сиырын әрі қарай айдай жөнеледі.


Оған тағы бір алаяқ кездеседі. – Сатуға әкеле жатырсың ба ешкіңді? – деп сұрайды. Осыдан соң кедейдің өзіне де үйінен алып шыққан сиыры ешкі болып көрінеді де, ұятқа қалмайын деп: – Сатамын ешкімді, – дейді. Олар бір-бірімен қол алысады. Кедей сиырды ешкінің бағасымен сатады.


ЕКІНШІ ТАРАУ “Айтайын ба, айтпайын ба деп күйіндім”. (Халық жыры) Белгісіз ауыл адамы болғандықтан ба, у-шулы қала өзін суық қарсы алғандай көрінді. Алғашқыда Белгісіз өзін қалаға керексіз адам екенмін деп ойлады. Бірақ мұнда көп болмайтынын есіне алғанда ғана жүрегі тынышталды. Ол сапаржайда өзі сияқты, қаланы онша ұната қоймаған адамдармен кездескенде, тіпті көңілденіп кетті. Белгісіздің бірінші көргені – сапаржайдың маңдайшасындағы: “Азаматтар, жолаушылар таситын машиналардың қызметін пайдаланыңыздар!” – деген жарнама еді. Содан соң арт жағынан Кубань бойы казактарының өзара сөйлескен әңгімесін естіді. Қызыл жолақты, галифе шалбар киген казактар мұның сөмкесіне таңданып келе жатыр еді. Белгісіздің сөмкесі шынында да сөз етуге тұратындай-ақ. Себебі, оның ішіне талай зат сиятындай орасан үлкен еді. Казактардың соған көзі түсті. – Пах, пах, нағыз дорбаның өзі ғой мынау? – деді біреуі. – Керемет-ақ! Бұл жігіт оның ішіне не зат салады екен? – деді екіншісі. – Не зат салғаны қалай? – Картоп та, шошқаның майын да салады. Чемодан орнына да ұстауға болады, – деп білгішсінді біріншісі. – Шошқа майын салуға болмайды, – деді екіншісі. – Неге? – деп таң қалды біріншісі. – Ол мұсылман, шошқа етін жемейді. Екеуі күліп, бір-бірінің иығынан қақты. Белгісіз жиырмалар шамасындағы орта бойлы, қара торы, қара көзді, қара шашты, құс мұрынды жігіт еді. Үстінде ақ нейлон көйлек, қыры сындырылған қара шалбар, аяғында қара туфли. Бір көргеннен адамды


өзіне тартып әкететін ашық мінезді жігіттің адалдығы да көрініп тұр. Оның есімі бар. Бірақ қала жұртшылығына аты белгісіз. Оның үстіне бұрын көрмеген, білмеген адамдармен кездесетіндіктен, әрі өзі де оларға таныс болмағандықтан “Белгісіз” деп алдық. Базар маңына орналасқан сапаржайдың шағын алаңында он шақты кемпір аласа үстелдердің үстіне тегештерін тізіп қойып, шекілдеуік сатып отыр. Олардың бірі-біріне егіздердей ұқсастығы сонша, айырып танудың өзі қиын. Жаздың ыстық күнінде үстеріне қоңырқай түсті сырма киіп, түбіт шәлі жамылған, аяқтарында жылы пима. Бәрінің де бетіне әжім түскен, бірақ жүздері жарқын, көзқарастары сондай мейірімді. Әрқайсысының алдындағы үстелде ақ тегешке салынған қара қожалақ, майлы шекілдеуік, әрқайсысында шағын дорба бар. Бір дорбаға – күміс тиындарды, екіншісіне – бақыр тиындарды салады. Ал қойынындағы былғары әмиянға қағаз ақшаларын тыққыштап, өздері жан-жағына маңғаздана қарап отырады. Белгісіз оларға көз тоқтатып қарап еді, олар да бұған сезіктенгендей үрке қарады. Соны байқаған жігіт тез кетуге асықты. Алаңның бір бұрышында, базарға кіре берісте “Дыбыс жазу” деген белгісі бар үйшік тұр екен. Оның маңдайшасына: “Жыр бізге өмір сүруге жәрдем етеді” – деп жазылған плакат ілініпті. Үйшіктің ішінен Сынтаслының “Орайда” әні естіледі: “Қырға шығып барамын, Шыбын-шіркей қоймайды. Өзім сүйген аруға Қарап көзім тоймайды... Базардың ішіндегі шайханалар мен жеңіл асханалар, шашлық пісіріп сататын жерлерде құмырсқадай құжынаған халық. Базар қоршауының түбінде тізіліп тұрған арбалар, машиналар, мотоциклдер. Қарапайым ауыл адамдары басына бөрік, аяғына етік киген, ал ауыл зиялылары Еуропа үлгісімен бешпент, қалпақ киіп алған. Әйелдердің қолында


әмиян, тор сөмкелер. Белгісіз жігіт көргендеріне таң қалды. Әлбетте, сынтаслылық жігіт қаланың жайын осы базардан-ақ көруіне болатын еді, қала тап алақандағыдай. Циркті көргің келсе – көр. Ол базардың тап ортасына орналасқан. Сиырыңды мотоциклге ауыстырғың келсе, ол да қиын емес. Әндете билеп жүрген цығандарды көргің келсе – оларды да осы жерден табасың. Олардан кетпен сияқты құрал-сайман сатып алуға да болады. Ауылдан келгендерге базар – мейраммен бірдей. Осындағы адамдармен араласып, оларға қарап жүрудің өзі – қандай қуаныш десейші!.. “Құс сүті” деп жазылған жазуы бар бидон ұстап тұрған сүт сатушы да жүр мұнда. Бұл қалада мұндай жазулар толып жатыр. Айтпақшы, балалар саябағында бүлдіршіндерді қара ат жегілген жеңіл арбамен қыдыртады. Арбада “Антилопа гну” деген жазу жазылған. Бұл базарда жүк таситын бір машинаның ернеуіне “Тас жол – космос емес, сенімің болмаса, алдыңдағыны басып озам деме!” – деп жазылыпты. Сонымен Белгісіз базарды айналып отырып, құбыла жағынан келіп шықты. Құмырсқадай құжынаған базар артта қалды. Бірақ сол жаққа қарай ағылған, қолына керек-жарақ салатын тор сөмке ұстаған әйелдердің легі таусылар емес. Ақырында біртіндеп гүріл де, у-шу да басылып, қала тып-тыныш бола қалды. Күн жарқырай шығып келеді. Таңғы ауа тап-таза. Алыстан Эльбрустың қос шыңы күмістей жарқырап, қалаға көрініп тұр. Белгісіз жол бойына егілген жасыл теректердің көлеңкесімен келе жатты, оған анда-санда таңертеңгі таза ауамен дем алуға шыққан қарттар, қызметкерлер кездесіп қалады. Олардың көбі қолдарын арттарына ұстап, сабырлы, бейқам қалыппен қыдырып жүр. Базардың у-шуынан соң бұл бір керемет тыныштық болып көрінді. Жүріп өткен адамның аяқ дыбысы да, ақ теректің жапырақтарының сусылдағаны да анық естіледі. Кенет жақындау жерден пионер сырнайының сызылта тартылған үні, барабанның тоқылдаған даусы естілді. Содан соң тағы да тыныштық орнады.


Белгісіз асфальт жолмен жүріп келеді. Жол таңертеңгі шықтан әлі кеппеген. Белгісіздей ауыл адамына асфальт жолы кереметтей болып көрінеді. Маңғаздана адымдап келе жатқан оның есіне ауылдастары түсті. Туған ауылы оған жазушы болады деп сенім артып отыр. Сондықтан, ол өзін ақынмын деп сезінеді. Ауылдастарыпып қоштасқаны ойына оралады: таңертеңгілікте сиыр айдауға шыққан балалардып өзін автобусқа дейін шығарып салғаны, қарасақал Сүлейменнің тілегі, үлкен әпкесімен сөйлескені, үлкен ағасының “сөмкені былғама!” – деп тапсырғанына дейін еске алды. Белгісіз мұнда, қалада, өз ауылдастары мен туғапдарыпып сенімін ақтауы керек еді. Ол балалар бақшасының қасынан өтті. Ауланың жанында тұрған толық, әйелдің ар жағындағы ақ халат киген тәрбиеші әйелдер өзара қызу әңгіме үстінде. Балалар аула ішіндегі құм төбеде ойнап жүр. Олар құмды үйіп, бірдеңе жасамақ болады, бірақ онысынан ештеңе шығара алмайды. Құм төбенің бір шетіне көк көзді, сары шашты, өңсіздеу бір бала бір аяғының үстіне екінші аяғын салып, сандалының табанын шұқылап отыр. Аузын томпайтып, өкпелі екенін білдіргендей, толық әйелге анда-санда қарап қояды. Тәрбиешімен сөйлесіп тұрған толық әйел сөзін бөліп, балаға: – Сайтанның баласы, сандалыңды шұқылай берме! – деді. Мына сөздің Белгісізге ұнағаны сонша, ол өзін-өзі ұстай алмай, күліп жіберді. Біздің байқауымызша, Белгісіз әрі көңілді, әрі ешкімді жатсынбайтын, адамға үйір жігіт. Ауыл адамдары әсіресе сынтаслылықтар, адамдарды танысын-танымасын, олармен сәлемдесіп, қошаметтеп, сөзге кірісіп жүре береді. Әр нәрсені білуге құмарланып тұратын әдеттері де бар. Әйел Белгісізге таң қала қарады. Белгісіз күлкісін тыя қойды. Ал “сайтан бала” анасының сөзін естіп, алара қарағанын көріп, жылап жіберді. “Біздің ауылдың балаларын бір сөзбен немесе алара қараумен жылата алмайсың”, – деген ой келді Белгісізге. – Оның қасына барып,


құйрықтан шапалақпен тартып жібермей немесе “қараңғы қорада сайтан бар” деп қорқытпай, ауыл баласы жыламас. Шынында да қала баласында не жұбаныш бар? Бала бақшада құммен ойнағаннан басқа ермектері жоқ, зерікпей қайтсін! Ауыл балаларының өмірі мүлде басқа. Олар таңертеңнен дала кезіп, тау-тасты аралап кетеді, содан қараңғы түсе қарыны ашып, сүрініп-жығылып әрең жетеді. Олар қойнықонышын толтырып, алма, алмұрт әкелгендеріне сондай қуанышты. Ал қаланың балалары тек қана құм төбелі аулада, ағаштың саясында тәрбиешілердің кітаптан оқып берген ертегілерін тыңдайды. Ауыл балалары күресіп те, асық атып та ойнайды, есекке мініп те қыдырады. Қайсыбірін айтасың? Ауылды жерде балалар үшін ермек жетеді. Сөйтіп, ойланып келе жатып, Белгісіз анықтама бюросына жетті. Одан өзіне керек жерлерді сұрап алып, аяғын жігерлене басып: “Баспа үйіне” қарай жөнелді. Өнер дүниесімен бейтаныс адамдар, әдетте өнер қайраткерлерін қатты сыйлайды. Белгісізде бүгін солай ойлап, Олимпте отырған адамдарды немесе Парнастың тұрғындарын көретіндей-ақ, жүрегі лүпілдеп келеді. Дүниеге келген тамаша туындылармен танысу, тек танысып қана қоймай, жазған адамдарды көру қандай ғанибет десеңші!.. Оларды қалағаныңша мақтауыңа да, даттауыңа да болады. Ол – өз ісің. Жазушылармен танысып көрмеген адамдар көбінесе олардың алдында өзін қалтыратып жіберетін бір ерек сезім толқынына көміліп кетеді. “Парнасқа” жақындағанда, Белгісізді сондай бір сезім билеп алды. Міне, ол бес қатарлы, бетон қабырғалы, бір жағы тұтас шынымен қапталған, биік үйдің алдынан шыға келді. Бетоннан істелген басқыштардың жоғарғы жағында балкон бар. Балконның астында, басқыштардың екі жақ жанында тоғыз Парнас музасының тас тұлғалары тізілген. Қалаларда мүсіншілер көп болады ғой. Соған байланысты ма, қаланың әр жерінен ескерткіштер кездеседі. Дегенмен Белгісізге баспа үйінің алдындағы тоғыз тас тұлға жарасып тұрған сияқты болып көрінді. Әйткенмен, ол тас тұлғалардың тоғызының да жүздері, бойлары, киім үлгілері де бірдей екенін байқады. Белгісіз таң қалды. Осындай ұқсастықтың бір түрлі қызық әсер қалдырғаны сонша, күлкісі келді.


Белгісіз фойеге кірді. Мұнда Ресейдің бірінші кітап басып шығарушысы Иван Федоровқа арналған қара түсті ескерткіш тұр еді. Фойеде тып-тыныш. Есіктің сол жағындағы үлкен үстелдің жанында ұзын мұртты, қаракөл бөрік киген, телефон трубкасын маңғаздана ұстаған вахтер отыр екен. Ол Белгісізге көзін сығырайта қарады. – Журналдың, поэзия бөліміне қалай баруға болады? – деп сұрады одан Белгісіз. Вахтер жауап бермеді. Сол кезде Белгісіз сынтаслылықша сұрап еді, бәрібір жауап болмады. Сөйтіп, оны бірінші қадамынан түсінбеді. Бірақ қарт оған ұнады. Қалалы жерде сирек кездесетін осындай керемет қартты көргеніне аңтаң. Оның өзін асқақ ұстауы Белгісізді қызықтырды. Қарт бірдеңе деп күбірлеп еді, сол кезде Белгісіз оның орысша да, ноғайша да білетінін аңдап қалды. Қабырғада ілулі тұрған жазудан редакциялар мен бөлімдердің орналасу тәртібін оқыды. Өзіне керек журнал редакциясы бесінші қабатта екен. ...Белгісіз ұзын, сап-салқын дәлізге имене кірді. Бесінші қабатқа көтерілгенше, оның жігерінің мүлдем басылғаны байқалды. Басқыштары тік екен, аздап шаршап та қалды, ал шаршау деген әдетте адамның көңіл-күйіне әсер етеді. Оның үстіне жолжөнекей “алдымда қандай жағдайлар болар екен” деп ойлаумен келе жатты. Толып жатқан күдікті ойлардан адамның жігері мұқалмай қайтсін!.. Дәліздің түкпір жағында сақалды адам тұр екен. Облыс жазушыларының жинағынан оның суретін көргені бар. Сондықтан бірден таныды. Оны танымау мүмкін де емес, себебі, сақал қойған жалғыз жазушы сол, аты – Кемал. “Әрине, ол мені қайдан танысын, бірақ өзін танығанымды сол сәтте-ақ түсінді”, – деп ойлады Белгісіз. Кемал осы кезде кеудесін кере мүштігін сорып, келе жатқан адамға көзінің астымен қарады.


Мүштігі тамаша еді. Сынтаслы мектебінің су тасушысының мүштігі де осындай. “Бұл не ғажап, – деп ойлады Белгісіз, – шылым шегетіндердің бәрі де мүштігін тістерінен шығармайды.” Кемал өзін бірдеңе ойлап тұрғандай, ешкімді байқамайтын адамдай етіп көрсетуге тырысты. Белгісіз де сезіп, мұнысын қулық деп ойлады. Кемал жұқа ернін жыбырлатып, кенеттен: – “Маған суық та, жуық та...” деп күбірледі. “Поэзия бөлімі” деп жазылған есікке кіруге батпай, Белгісіз тоқтап қалды. – Мұңды да, қайғылы да... – деп ұйқастар іздеп, сөйлеп тұрған Кемалдың күрсінгені естілді. Белгісіз ақырын басын бұрды. Кемал әлі сол күйі, мүштігінен Сынтаслы мектебінің су тасушысы сияқты түтінді бұрқыратып, ойланып тұр еді. Бұл оны тағы да Сынтаслы мектебінің су тасушысымен салыстырды. “Кім кімнен үйренді екен!” – деп ойлады ішінен. Кемалдың шабыттанып, ұйқастар іздеуі мұның ойын бөлді. – Қуанамын мен, сағынамын мен... – Мынау поэзия бөлімі ме? – деп сұрады Белгісіз одан сасқанынан есікте анық жазылған жазуды көріп тұрса да. – Жоқ, бұл проза бөлімі, – деді маңғазданған ол, сөзіне үлкен мән беріп. – Мұнда “Поэзия бөлімі” деп жазылған ғой? – деді Белгісіз түсінбей қалып. – Жоқ, жігітім, онда “сиырға шөп” деп жазылған. Ха! Ха! Ха! – деп кекете күлді Кемал. – Кешіріңіз! – деді ұяла сөйлеген Белгісіз. – Маған осы бөлімнен біреу керек еді. Мен өлең жазатын едім... – Ха! – деп Кемал күлкісін тоқтата қойды. – Өлең жазасың ба, әлде проза ма? – деді әдейі сөзін соза сөйлеп. Кемал оны мысқылдап, қажай берді. Арасында ұйқастарын да айтпай қоймады.


– Танысым менің, қимасым менің... “Мазақ етіп тұр-ау, мені!”, – деп ойлаған Белгісіз одан әрі үндемеуге тырысты. Ақын болса: – Сізге кім және не керек еді, жас жігіт? – деді ол қоймай, сөзін соза сөйлеп. – Маған кім болса да... – деп тартына жауап берді Белгісіз. – Ал мен сізге “кімнің біреуі” емеспін бе? Не шаруаңыз бар еді? – деді енді ол сөзін анықтай сұрап, ал өзі бәрін алдын ала білетін адамдай, көзі күлімдеп тұр. – Мен өлең жазамын... – деді Белгісіз. – Сынтаслыдан келген едім. – Сынтаслыда әлі де өлең жаза ма? – деп Кемал тағы да мысқылдай сұрады, жауабын күтпей-ақ: – Сіз туралы біз естігенбіз, сізді ана жақта күтіп отыр! – деп, көп мәнді сөздер айтқан ол Белгісізге оны күтіп отырған бөлменің есігін көрсетті. Өзін осында күтіп отыр дегенге әрі ұялып, әрі таң қалған Белгісіз кабинетке кірді. Онда ешкім жоқ екен. Бөлмеде тұрған үстелдің біреуінің үстінде үйілген қағаздар. Ешкімнің жоқтығына таң қалып, енді шығып кетпекші болып тұрғанда, қағаздар үйілген үстел жақтан сыртылдаған дыбыс естілді. Белгісіздің ауыл дүкенінен сатып алатын қағазы да дәл осы үстел үстіндегідей еді. Ол енді не де болса сыртылдаған дыбыстың не екенін білуге құмартты. Сөйтсе, жазып жатқан қаламның сыртылы екен. Белгісіз тамағын керней жөтеліп, өзінің кіргенін байқатты. Сол сәтте үйілген қағаздың ар жағынан бір әйелдің басы қылтиды. Ол кабинеттегі адамды көргенде, Белгісізден де бетер таң қалды. Қара торы өңді, арықша келген әйел көзіне қара мүйіз сапты көзілдірік киіпті. Белгісіз біраз шегініп барып: – Сәлематсыз ба?... – деді. – Сәлем-а-ат! – деді әйел кербездене жауап беріп. – Төрге шығыңыз, отырыңыз! Белгісіз алға қарай жүріп, оның үстелінің жанына тоқтады. – Отырыңыз, отырыңыз! – деді әйел жұмсақ дауыспен.


Үлкен сөмкесін тізесіне қойып, Белгісіз орындыққа жайғасты. – Сіз қайдан келген едіңіз? – деп сұрады әйел. – Сынтаслыдан. – А-а, Сынтаслыдан ба? Мен онда болмағалы қай заман! Бір он жылдай өткен шығар. Шүкір, анам айына бір рет келіп кетеді. Біздің ауылда не жаңалық бар? – деді ол көңілдене, күлімсірей қарап. Белгісіз бір түрлі ыңғайсыздана тартынып, қалай деп жауап берерін білмей, сасқалақтап: – Онша жаңалық та жоқ, – деді. – Жарайды, – деді әйел, – сіз жас ақынсыз, өлең жазасыз, солай емес пе? Белгісіз “иә” деп айтпақ болды да, бірақ “ақын” деген сөзден ұялды. Әйел болса, басын оң иығына қарай қисайтып, жауапты күтпей-ақ, сөзін жалғастыра берді: – Жазу деген қиын ғой. Жазуын жазамыз-ақ, бірақ жазғанымызды жұрт оқи ма? Оқи қалса түсіне ме? Түсінбейді... Оларға халық жырларын бер, оны жақсы түсінеді. Демек, оқырманның көңіліне қону үшін солай жазу керек. Біздің қайғымыз – жазғанымызды халықтың түсінбегені. Жазу керек, жазу керек! Қазір мен қайнарын халық туындыларынан алып жазамын... Соның бәрін халқым үшін жазамын. Біздің ауылымыздың тарихын ел-жұрт білсін деп ойлаймын. Кешіріңіз, мен сізге өзімді таныстырмаған екем ғой. Атым – Мәриям, – деді әйел қолын созып. – Теңіз, – деді Белгісіз өз қолында оның алақан жылуын сезініп. Белгісіз атын айтқанмен, бәрібір бейтаныс адам ретінде қалды, себебі сол сәтте-ақ Мәриям оның атын да ұмытады, өзін де ұмытады. Онсыз да жұмысы басынан асып жатыр, ауыл жастарына қамқорлық ететіндей уақыты да жоқ. Бірақ сынтаслылықтарға тән бір қасиет – танысы болсын, болмасын жатсынбай сөйлесе береді. Сол әдет бойынша ол да жігітпен тілдесіп, жөн сұрады.


Москваның газет-журналдарында өлеңдері басылып жүрген әйгілі ақын әйел екенін Белгісіз таныды. Әйел өз өлеңдерінде тауларды, ондағы тас үйлерді мадақтап, сеңсең бөрік киген, ұзын мұртты еркектер жайында жазады. “Кіммен танысқанымды сынтаслылықтар білсе ғой!” – деп ойлады Белгісіз. Сынтаслыда мүлде болмаған таулар жайында, ауылдастарының есінде қалмаған, түсіне де енбеген қанжар жайында, туғандары да, өзі де ешқашан тұрып көрмеген қамыс үйлер жайында жазатын Мәрияммен танысқан еді Белгісіз. Бір өлең Белгісіздің есінде де қалған еді: О, Сынтаслым, туған жерім! Айналайын тастан берік еріңнен, Аруларың кер маралдай керілген. Жігіттерің қанжар байлап беліне, Ел намысын қорғайды олар сеніммен. Дұшпан аяқ басар болса арысың, Семсерлерін сертке соғып, жанысын! Қыздарың да жан аямас ел үшін, Құласа да құздан бермес намысын! О, Сынтаслым, туған жерім! Сынтаслылықтар осындай өлеңдерді орталық газеттерден оқып, өздерінің Мәриямын мақтан тұтатын, осы өлеңді оқығанда, қарасақал Сүлейменнің айтқаны Белгісіздің есінде: “Біздің еркектер тауда тұратындардан, әрине, мықты. Шіркін, жас кезіңді еске алсаң... қандай сұлулар бар еді! Әлгі қыздарды теңестіретін жануардың аты қалай еді?” – деп сұрады Сүлеймен Белгісізден. Бұл да орысша “косуля” деп жауап берді. “Қойшы әрі, қыздарды қайдағы бір ешкімен салыстырура бола ма? Ішкенде тамағынан өткен су көрінетін нәзік сұлулар бар емес пе”... – деп, ол жастық кезін еске түсіріп, ойға шомды. Содан соң қарт: “Оллаһи, бұл Мәриямың ер екен!” – деді.


“Солай деп мақтаған Мәрияммен танысқанымды білсе ғой олар...” – деген ой Белгісізді көңілдендіріп жіберді. – Жолдас... Кешіріңіз, Теңіз, – деп сөзін жалғады ол жігіттің есімін есіне түсіргеніне қуанып. – Жазу оңай емес. Ал сөзбе-сөз аударудың да қиындығы жетеді. Күйеуім мен екеуміз күндіз-түні сонымен айналысамыз... Жұмыс деген көп-ақ. Москваға бару керек, онда баспадан-баспаға жүгіресің, аудармашылармен кездесесің. Менің сізге айтатын ақылым: сөзбе-сөз аударумен айналысу керек. Москваға, Москваға бару керек! Тек Москвада ғана, Теңіз, жол ашық. Ол жақта танылсаңыз, мұнда да біледі. Онда білсе – дүние жүзі білетін болады! Өмір сүру оңай емес, достым. Шіркін, уақыттың тарлығы-ай! Радиоға бару керек еді, – деп, ол сөзін доғарып, үстелдің үстінен қағаздарын жиыстыра бастады. Белгісіз үн-түнсіз тұрып қалды. Мұндай қайратты еңбекшіл әйелді ол бұрын көрген емес еді. “Оның кітаптарын бекер жек көріп жүр екенмін, – деп ойлады Белгісіз. – Елуге жуық кітап жазып шығару оңай ма? Кітаптарына қарап, жазушы жайында жаман ойлауға болмайды екен...” Әйел кішкентай қолын соза қоштасып, кетуге асықты. Белгісіз жалғыз қалды. Белгісіз біраз уақыт тұрып, бөтен біреудің кабинетінде жалғыз қалғаным дұрыс болмас деп, дәлізге шықты. Терезенің алдында әлі тұрған Кемалды көріп, оның көзіне түспейін деп, тез адымдай жөнелді. Бірақ Кемал оны көрмей қоймады, соны байқаған Белгісіз жүрісін баяулатты. – Тағы бір сынтаслылық. Жиырма ақыны аз болғандай, енді жиырма біріншісі де келген. Білімсіз, қараңғы ауылдан сонша ақын қалай шықпақ? Сынтаслылықты ұнатпаймын, жаным сүймейді оларды! – деген сөзі жас жігіттің құлағынан кетпей тұрды. Осы сөздерді естіген соң, Белгісіздің арқасынан тер бұрқ етіп, үстінен мұздай су құйып жібергендей сезінді.


Егер Кемал басқа ауылдан болса, оның жасының үлкендігіне қарамай, жігіт жауап берер еді. Бірақ сол сөздерді Сынтаслыдан шыққан адамның айтуы оның ашуын келтірді. Белгісіз ішінен Кемалды кешіре алмай, оның сөзін естімеген адамша, дәлізбен жүре берді. Кенет, ол дерматинмен қапталған есіктегі “Поэзия бөлімінің бастығы Шарапутдинов” деген жазуды көріп, тоқтады. Артынан ұнатпай қарап тұрған Кемалдың көзқарасын елегісі де келмей, Белгісіз “Шарапутдин деген адаммен кездеспе” деген үлкен әпкесінің сөздерін де ұмытып, есікті қақты. – Кіріңіз! – деген дауысты естігенде, жігіт сасып қалды. Ү стел үстіне қолын қойып, Үзын Қарайдардың туысы отыр еді. Оның бет пішіні, өңі Қарайдарға ұқсайды екен. Екеуі де дөңгелек жүзді, қыр мұрынды, еріндері жұп-жұқа. Мына кісінің Қарайдардан өзгешелігі – ағарған сирек мұрты ғана еді. Шарапутдиннің үстелінің үстінде көк түсті, әдемі шайнек, шай қасық пен шынаяқ, варенье салынған екі сауыт тұр. Көйлегінің жеңі былғанбасын деп, білектеріне білек қап киіп, оны резеңкемен қысып қойыпты. Мойнында қара галстук. – Ассалаумағалейкүм! – деді Белгісіз. – Уағалейкүмассалам! – деді кабинетте отырған кісі басын да көтермей. – Мен Сынтаслыдан келіп едім, – деді Белгісіз. Шарапутдин шынаяғын жиыстырып, жігітке жылы ұшырай қарады. – Қарайдар ағай сізге сәлем айтты, – деді Белгісіз. – А-а! – деп Шарапутдин көңілдене қалды. – Саламат болсын! Сәлеміне менен де мың сәлем жолдарсың! Былай шығып отыр. Отыр, қалқам, отыр! – деп, Шарапутдин орнынан тұрып, жігітті төрге шығармақ болды. Теңіздің жүрексінуі, тартыншақтауы біраздан соң тарқап та кетті. Шарапутдин қонақжайлық танытып, ауылдың өмірін, туыстарының жағдайын сұрастырды. Белгісіздің кім екенін сұрап білген соң, өзіне туыстығы бар екенін айтып, жігітті мүлде қуантты, көңілін көтерді.


Шай іше отырып, әңгімелесіп, олар әбден танысты. Белгісіз “осының бәрі түсім емес пе екен?” – деп ойлап, өзінің қолын шымшып алды, ауырғанын сезіп, түс емес екеніне сенді. “Қарайдардың әйелі бұл кісіні неге соншама асқақтата көрсетті екен, мынау мүлдем қарапайым, инабатты, ақжарқын адам ғой” – деп ойлаған Белгісізге Шарапутдиннің мінезі ұнады. Әңгіме үстінде ол Шарапутдиннің ауыл жайында, жолдастары туралы қойған сұрақтарына білгенінше жауап қайтарып отырды. Бірақ әдебиет жайында әңгіме басталмады. Шарапутдин өлең жазатын, әрі журналда үлкен орны бар адам. Поэзия бөлімін басқарып отырғанмен, әдебиет жайында сөйлесуге зауқы болмады. Ол өзі жастық шағында, әдебиет алғаш қалыптаса бастаған кезде, ана тілінен өлеңнің тез құралатынын сезіп, ұйқастыруды үйреніп, жазушы болды. Не жайында жазу керектігін басқа жазушылардан оқып көріп, олардың тақырыптарын алып, өз сөзімен ұйқастырып, өлеңдерін бастырды. Егде тартқан кезде, жасы үлкенді сыйлайтын әдет бойынша оны бөлім бастығы етіп тағайындады. Әдебиет туралы сөйлесуден қашқақтайтыны, ештеңе білмейтіндігінен, ештеңе түсінбейтіндігінен емес, онымен сөйлескен адам өз білімінің одан артық екенін көрсетіп жүрер деп, именгендіктен. Басқа адамның ақылдылығы оның шымбайына бататын. Екеуінің де сұраулары біткенде олар не туралы сөйлесерін де білмеді. Белгісіз есіне Кемалды түсіріп, оның Сынтаслы ақындарын жамандағанын айтты. Шарапутдин, жігітке сенбей, көзіне күдіктене қарап, тынышсыздана тыңдады. Әдебиет жайында сөйлегісі келмеген Шарапутдин ұнатса да, ұнатпаса да, жігіт өзінің келген жұмысын айтпақ болды. Сол бір Кемал туралы сөз етуді құптамай, Шарапутдин басын шайқап: – Жігітім, ол адамның тіршілігіндей өмірдің қажеті жоқ. Ол тек Сынтаслыны ғана жамандап қоймайды, бәрімізді де жамандайды. Солай өмір сүруге бола ма? Біз оны сыйлаймыз, ал ол бізді бір тиындай да көрмейді. Жаман жазбайды, білеміз, жазғандарында ой бар. Бірақ барлық адамға бірдей күйе жақпау керек қой! Міне, өзің байқашы! Мәриямға – “графоманка”, Хамзатқа – халық жырларынан өлең


құрастырушы, өзі шығарған ертегілерді халықтікі деп атаушы, ал Урлавбекке – плагиат деген есім берген. Көрдің бе қалай сөйлейтінін?! Бәріне де адамның ойына келмейтін есімдер таққан. Мына мені, жігітім, мендей ақ шашты қартты құсқа теңеген! Ал айтшы өзің, сөйтіп өмір сүруге бола ма? Ол үшін Мәриям да, Хамзат та, басқалар да, мен де – бәріміз де жаманбыз. Сонда кім жақсы? Мен балалы-шағалы, өкіметтің жұмысын істеп отырған адаммын. Соған қарамай, маған “бұлбұл” деген ат тағыпты, – деп Шарапутдин ашуланып, қалтасынан бет орамалын алып, қызарған жүзін, маңдайын, желкесін, құлағын көзіне дейін сүртіп, сөзін жалғастырды. – Күндейді ол! Күншіл! Иттен жаратылған! Менің орнымды күндейді. Мәриямды – аты белгілі, жақсы жазушы болғандығы үшін, Хамзатты – өзінен артық жазатыны үшін көре алмайды. Енді біреуге “хайуан” деп те ат қойған. Ол да өзінен талантты болғандықтан жамандайды. “Күншілдің күні қара” деп халық босқа айтпаған ғой! Оның бір күні күншілдіктен сарғайып өлгенін өзің-ақ көрерсің. Қазір ол өзімен-өзі сөйлесетін болған, себебі тілдесетін адамы жоқ. Сөйлескенді, ой бөліскенді кім ұнатпайды? Сөз көңілді жұбатады. Өз басым біреумен сөйлессем болды, жалыққаным бірден тарап кетеді. Жалығудың емі – сөз. Әйелдер еркектерден көп сөйлейтін себепті, олардан көп жасайды. Бұл жөнінде ғалымдар да жазған. Ал Кемалдың жақсы көретін адамы жоқ. Мен де біреулерді ұнатпауым мүмкін, бірақ ондайды басқа біреуге айтпай, бетпе-бет көзіне айтқан дұрыс. Әлбетте, ол басқаларды жамандаса, мен ішімнен ұнататын да болармын, бірақ өзім ешкімді жамандамаймын. Адамдардың көбі өзін өте дұрыс ұстайтынын байқаймын. Жаман сөз айтсам, мені де Кемал дейтінін білемін. Шынын айтсам, бір жағынан мен оның тура айтатынын құптар да едім. Бірақ... Маған... “құс” дегені... Адамның ақ қарасын айыра білетін мен туралы келіспеген сөз болды. Сондайы ренжітеді. Білемін, оның сөзін қайталап, біреулердің “торғай” деп атайтынына да күмәнім жоқ. “Торғай” дегенді естігенде, жігіт шыдай алмай, күліп жіберді. – Міне, көрдің бе, сен де күлесің. Сен туралы Кемал: “Қураған бақта сайрайтын бұлбұл құс” дейді деп, жұрт күліп айтқандарында, кірерге тесік таппадым. Сонда да сенбей: “Сондай сөздер, мүмкін менің


өлеңдерімде бар шығар” – деп те жүрдім. “Жоқ, ол сен туралы солай деп айтқан”, – деп жауларым қуанды. Ал оған не демексің? Үндемедім. Үрсуға да болар еді, бірақ ондай адаммен шатасудың қажеті не? Одан соң басыңды арашалай алмассың. Үндемедім, – деп Шарапутдин тоқтады да, есіне бірдеңе түскендей, ернін жымқырып, білегіндегі сағатына қарады. – Ой, жігітім, көп сөйлесіп қалыппыз. Сағат бірде асхана ашылады, үлгіру керек, әйтпесе кісі көбейіп кетеді, – деді. Шарапутдин тұрып, қолынан білек қабын шешті. Содан соң жидек вареньесінің қақпағын жауып, терезе алдына шынаяқты қойды да, үстелдің суырмасына шай салынған темір қорапты қойып жатып: – Цейлон шайы, өте жақсы шай, – деді. – Мұнда табылмайды, былтыр Москвада демалыста болғанда, жиырма будасын алған едім. Иісі де, дәмі де керемет! Тек табылмайды, – деп қорапты тығып, суырманы жапты. Шарапутдин бешпентін киіп, көзі күлімдеп, жігіттің неге келгенін де сұрамай, қоштасуға қолын созды. – Келіп тұр, жерлесім! Ауылыңа көп сәлем айтарсың! – деп ол жігіттің қолын қатты қысты. Есікке таяған кезде, Теңіз сөмкесін есіне түсіріп, қайта кірді. Шарапутдин оған жол беріп, жігітті алдыға жіберіп, екеуі бөлмеден шықты. * * * Дәлізде олар екі қолын қалтасына салып, әрлі-берлі жүрген, орта бойлы, ақ шашты еркекті көрді. Еркек алақанымен дөңес мұрнын сипап қойып, көзін шүңірейте, күлімсірей тұрып, әуелі Белгісізге, содан соң Шарапутдинге, тағы да Белгісізге қарады. Содан соң тағы да алақанымен дөңес мұрнын сипады. Шарапутдин оны жігітпен таныстырды: – Хамзат, біздің ауылдың жігіті, Сынтаслыдан, жақсы жігіт, танысыңыз! – деді де, Шарапутдин асығып, кетіп қалды.


Хамзат жылы шыраймен қолын созды. Белгісіз жасы үлкен адамды сыйлап, қос қолдап амандасты. – Қол қолды жуар, екі қол бетті жуар, сынтаслылық сынтаслылықты сыйлар, әлі де туған ауылды жер-көкке сыйғызбай, бүкіл облысқа мақтар, солай емес пе, бауырым? – деп тез сөйледі Хамзат. – Иә, – деді Белгісіз ұялыңқырап. – Ал сен, жігітім, Сынталының не екенін білесің бе? – деді тағы да тез сөйлеген ол – Сынтаслы деген не? – деп, жігіт байқамай сұрап қалды да, бірден ойына түсіп: – Сынтаслы біздің ауыл ғой! – деді. – Дұрыс айтасың, – деді Хамзат алтын тістерін жарқыратып. – Ал Сынтас деген сөздің мағынасын білесің бе? – Иә. Сынтас – ескерткіш, өлген адамның бейітіне қоятын құлпытас, – деп, жігіт Хамзаттың не айтқысы келгенін аңдамай тұрды. – Дұрыс, дұрыс айтқаның! Сынтаслы жайындағы аңызды естідің бе? – Жоқ, естіген емеспін. – Сен, жігітім, көп нәрсені әлі естіген жоқсың. Хамзат айтса түсінесің менің поэмамды оқысаң, бәрін де ұғасың. Хамзат жаман адам емес қой, солай емес пе, бауырым? – Иә, – дей салды жігіт. Бірақ, басында “жақсы-жаманыңды” қайдан білейін деген ой тұрды. – Аңыздың бірнеше түрі бар... Ерлік жайындағысын айтар болсақ, ерте кезде соғыста оққа ұшқан батырларға арнап, халық тап сол жерге сынтас орнатқан. Сол себепті ауылға “Сынтаслы” деп ат қойған. Екінші бір аңызда сүйіспеншілік жайы сөз болады. Мұнда бір қыз сүйгеніне қосыла алмай, өзін-өзі өлімге қиып, соңына махаббат жайында ескерткіш қалдырған. Халық арасында осындай аңыздардың түр-түрі бар. Халық дегеніміз кім? Халық дегеніміз мына – біз. Дұрыс айттым ба?! – деп, Хамзат жігітке тағы да күлімсіреп қарады. – Иә, біз халықпыз, – деді жігіт.


– Есіңде болсын, қазір әдебиет майданында күрес. Әрбір жазушы жеңіп шығуға тырысады. Меніңше, “ештеңеге қарамай, халықты жеңіп, жерді көбірек жаулап алу керек, содан кейін дұрыс-бұрысын заң дәлелдей жатар” дегенді Наполеон айтқан болу керек. Наполеон күшті адам болған! – деп, Хамзат ернін дүрдитті. – Әдебиет майданында да әрбір жазушы жеңіске жетуге әрекет жасауы қажет. Ал әділдік содан соң шешіле жатар: кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін содан соң анықтар. Түсіндің бе, жігітім? – деп, Хамзат қулана көзін қысты. Белгісіз үндемеді, мұндай ойлар оған түсініксіз еді. – Егер сенен біреу “сондай аңыз халықта бар ма?” – деп сұраса, бар де. Әйтпесе, біреулер менің соңымнан қалмай, қазбалап сұрай бастайды. Оған басқалар көмектесіп, адамды жардан құлатуға дайын тұрады! – деген Хамзаттың түрінен бір түрлі абыржу байқалды. “Қазбалап сұрайтын Кемал болар, соны есіне түсірген шығар”, – деп, жігіт Хамзатты аяп кетті. Оның сол арада құбыла қалғанына жігіт аң-таң. Біраз ойланып тұрып, кенет Хамзат ширай түсті, бірақ даусын шығармай, сыбырлай сөйледі: – Шынын айтсам, сен де, мен де, халық аңыздарын білеміз бе? Сынтаслы туралы сондай аңыз халық арасында бар болса да, білмейміз. Жайлауда қой бағатын қойшы білуі мүмкін, ал біз білмейміз. Сынтаслының тарихын кім білген? Ешкім де білмеген! “Төртінші ғасырда Сынтаслы өзенінің жағасынан гректің бір құмырасын тауып алған” дейді. Міне саған сынтаслы тарихы керек болса! Не айтып, не демеді десейші! Біреу “сынтаслылық бір адам Троян соғысына қатысыпты” дегенді айтады. Қатысқан болса, оның несі бар екен? Мүмкін, ол Троянға ағаш атқа мініп кірген шығар? Бұл тіпті қызық қой? Аңызда ондай бола береді. Өз басым бір аңыз ойлап шығарсам, соған өзім де сеніп, оны халықтікі деп есептеп, халықтың атынан айтамын. Ал халықтың атымен шықса, оқушысын сендіре түседі, түсіндің бе?! – деп, Хамзат тағы да көзін қысты. – Иә, – деп Белгісіз түсінгенін білдірді.


– Кемал! – деді ернін жыбырлатқан Хамзат кабинеттен шыққан ұзын бойлы, сақалды, шашы кірпінің инесіндей тікірейген еркекті нұсқап. Хамзат сасқалақтап, жігітпен танысқанын да, сөйлескенін де білдіргісі келмей, Кемал естісін деп, даусын шығара: – Мәметби өзінде болар, есігі анау, кір, қонақ жігіт, кір! – деп, бір кабинеттің есігін ашып, итеріп кіргізіп жіберді де, өзі дәлізде қалды. Үстел жанында арықша келген, қызыл шырайлы, асқабақтай басының екі шекесіне екі тал шашы түскен, жирен мұртты еркек отыр екен. Ол көзін жалт-жұлт еткізіп, жігітке күлімсірей қарады. – Отырыңыз! – деп Мәметби қолымен бос орындықты нұсқады. Отыра берген Белгісіз амандаспағанын есіне түсіріп, ұялып қалды. Қолымен иегін тіреп отырған Мәметби көзін Белгісізден алмай: – Жазамыз ғой, солай ма? – деп сұрады. – Иә, – деді Белгісіз ұяла сөйлеп. – Болады... – деді Мәметби. Жігіт “болады” дегеннің қай мағынада айтылғанын түсінбеді. – Ондай болады, алғашында көбі жазады да, кейін тастап кетеді. Біз олардың жазғанын басамыз, жазушы болатынына сенеміз, ал олар үмітімізді ақтамайды, біздің жазғандарымызды оқымайды да... Болады... – деп, Мәметби ақыл айтқансып, көзін жыпылықтатып, тағы да күлімсіреді. Белгісіз үнсіз отырды. – Болады... – деді тағы да Мәметби, – кітаптарымызды да дүкеннен сатып алмайды, кейде кітабымыз туралы пікір жазса, онысын ешқайда басуға жібермейді. – Кітап жайында жылы сөзіңді біздің журналға жаздың ба? – деді ол жігітке қарап. – Жоқ, – деп Белгісіз қызарып кетті. – Көрдің бе? – деп Мәметби таңдайын қақты. – Мына сен жазасың, ал кітаптарыңды ешкімнің оқымайтынын білсең, қалай болар еді? Ұнай ма? Айтшы, бауырым?


– Жоқ, – деді Белгісіз. – Ал өзіңнің бізге оқысын деп әкелген бірденең бар шығар, оқиын, – деп Мәметби жігітке қолын созды! Мәметби проза бөлімінің бастығы еді. Белгісіз сөмкесін ашып, ішінен “Қораз” деген әңгімесін алып берді. Мәметби көзіне көзілдірігін киіп, қолжазбаға қарап, мырс етіп күліп жіберді. – Шырағым, мынауың аспазға немесе құс асыраушыға арналған болар? – деді. Жігіт оның күлкісінің астарын түсінбей, таңдана қарады. – Жай әзіл ғой. Көңіліңе алма, қалжыңдап айтамын, – деді Мәметби. Сөйдеді де, ол көңілдене оқи бастады. Белгісіз де қобалжып отырды. “Мәметби әңгімені оқымай тұрып, “Кубань қарлы таудан басталады” деген романы жайында сұрап қалмас па екен?” деген ой келді оған. Романды толық есіне түсірмек болып, қанша қиналса да, біраз жері ғана ойында қалыпты. Романның бүгінгі ауылдың өмірі туралы екені, халықтың шебер тілі газет тіліне айналып кеткені, романға колхоз жиналыстарының үш жүзге жуық мәжіліс хаты енгізілгені және бас кейіпкері – қойшы жігіт екені болмаса, қалғаны есінде жоқ. Романға пікір айтқандардың мақтағанын біледі. Содан соң өз әңгімесі үшін қайғырып, тынышсыздана бастады. Мәметби “Қоразды” оқып, авторға ойлана қарап, сылқылдап кеп күлді. Жігіт әлі де ештеңені сезбеді. Содан соң күлгенін қойған Мәметби: – Жоқ, құс асыраушыға да, аспазға да бұл жарамайды екен, – деп, тағы да ішегі қатқанша күлді. Күлкісін қойып, қалтасынан бет орамалын шығарып, қатты сіңбірді, содан соң орамалын төрт бүктеп, қайтадан қалтасына салды. – Біздің Сынтаслының адамдары мейірімсіз екен. Жігітім, Шомат деген адам маған туыс болады, сен ана мыстан кемпірдің өсегіне ерме! Ондай құрметті қарт туралы жаман сөздер айту келіспейді, естуге де жақсы емес. Ең бастысы оның маған кісі өлтіретіні ұнамайды, – деді Мәметби.


– Ол ешкімді де өлтірген жоқ қой!.. – деп Белгісіз сасып қалды. – Қораздарды ше?.. – деді Мәметби. – Қазір әдебиетте қораз болсын, ат болсын – бәрі де адам жайында ойландырады, адамның іс-әрекетін көрсетеді. Ертеде біздің Сынтаслының бір ақылды қарты “адамдар – есектер!” деген екен. Оның қай заманнан бері белгілі екенін көрдің бе? Бұрын осының бәрін ауызбен ғана айтатын, ал қазір ол туралы жазушылар көркем шығармаларында суреттеп көрсетеді. Өзің оқыған менің романымда адамды қандай бейне арқылы көрсететінімді білесің ғой? – деп сұрады ол “Жағдайым қиындады...” – деп Белгісіз ішінен уайымдай бастады. Бірақ ойлағанмен не пайда? Қойшы жігіт пен бір отар қойдан басқа романнан ешбір жан есіне түспеді. – Білмеймін, – деп жігіт қызарып кетті. – Түу-түу, – деп Мәметби таңдайын қақты. – Бүркіт... Эльбрустың басында ұшатын бүркіт ше? Бүркіт дегенім – халық. Халқымыз бүркіттей күшті! Ал сенің қоразың халық емес. Қоразда идея болуы керек, ол мұнда жоқ. Болуы керек, түсінесің бе? – деп, ол көзін бадырайта қарады. – Жоқ, түсінбеймін, – деді жігіт. – Қоразда идея жоқ, қоразың идеясыз, – деп, Мәметби түсіндірмек болды. – Ал егер сол қоразға беретін идея өмірде болмаса ше? – деп таңдана сұрады жігіт. – Жақсы, керіспейік! Сен маған сенесің ғой!? – Иә, – деді жігіт. – Әңгімеде де, қоразда да идея болу керек. Сонда ғана шындық, сонда ғана өмір болады. Тек, сен ренжіме! – деді Мәметби күлімсіреп. – Жоқ, жоқ, ренжімеймін, – деді Белгісіз. – Егер қоразыңа идея кіргізсең, әңгіме шығайын деп тұр, қайткенде де бірдеңе шығады. Сен, жігітім, ерінбе, жаз ерінбей! Мен өзімнің


романымды ерінбей, бір жылдай жазғанмын. Толстой бір романды он жыл жазатын болған. Жаз, ерінбе! – деп, қолжазбаны жігіттің қолына ұстатты. Белгісіз қолжазбаны алып, сөмкесіне салды. – Әңгімеңізде көршілердің татуласқаны дұрыс. Жұрт тыныштықты ұнатады. Жұрттың тату-тәтті өмір сүрулері керек. Сондықтан жұрт арасына татулық кірсе, тыныш өмір сүру қиын емес. Ал мына Қарайдар мұғалімді бекер мейірімсіз етіп көрсеткенсің. “Адам өлтірді” деген сөз мұғалімнің ойында да, сөзінде де болмауы керек. Мен оны танимын да, ауылдары ең сабырлы адам, ал сенің Қарайдарың “Бауыздаймын!” деп айқайлайды. Сенің бұл әңгімеңді Шарапутдин оқи көрмесін. Оның туысын әңгімеңе кіргізгеніңді естісе, онша ұнай қоймас. Ал сен өзің оған кірдің бе? – деді Мәметби. – Иә. – Әңгімеңді оқыдың ба? – Жоқ. Ол кісіге көрсетуге сылтау таба алмадым... – Көрсете көрме, естімесін де... – деп, Мәметби қолымен аузын басты. – Онсыз да оған “бұлбұл” деген ат таққан, ол енді барлық құстардан сескенеді. Егер мұны Кемал білсе, “қораз” деген ат қоюы ғажап емес. Бейшара қарттың жүрегін жараларсың! Хи-хи-хи! – деп, Мәметби күледі. – Кемалды танисың ба? – деп сұрады ол біраздан соң. – Көргенмін... бірақ таныс емеспін, – деді жігіт. – Жақсы... Болады, – деп ол біраз ойланып, жігіттің жазған әңгімесіне қайта оралды. – Саған айтатын ақылым... Енді шібилер туралы жазсаң да, адамдарды ұмытпа! Түсіндің бе? – деп қадап айтты. – Түсіндім, – деді жігіт те күлімсіреп. Осыдан соң Мәметби жалыға бастады. Әуелі екі көзі жыпылықжыпылық етіп, содан соң саусақтарымен домбыра шерткендей үстелді тырс-тырс еткізді. Бұны да қойып, екі қолын үстелге тіреп, жағын


таянып, үндемей отырды. Енді бұдан әрі айтатын ештеңе қалмағанын сезді ол Мұны Белгісіз де байқады. Бірақ, қалай тұрып кетерін білмеді. Мәметби жігіттің ұялып отырғанын сезіп, өзі тұрды. – Сен Айуанға кірсең қайтеді? Оның кабинеті менің есігімнің оң жағында. – Кірсем кірейін, – деп жауап берді жігіт те, өзінің оған не үшін кіретінін білмей. Жігіт Мәметбидің қолын алып, қоштасып, кабинеттен шықты.Шыққаннан соң “Мәметбиге өзінің жас кезін есіне түсірерсің” деген үлкен әпкесінің тілегі ойына түсті, бірақ кері қайтпады. Белгісіз ойда жоқта көрші кабинетке кірді. Мұнда отырған адам қатты жөтелді. Жөтелдің күштілігінен үйдің қабырғасы қозғалғандай болды, кірген жігіт те селк етіп, сескеніп қалды. Кабинеттің қабырғасына ұзыннан-ұзақ экономикалық карта ілінген. Бөлменің іші жап-жасыл. Үстел жанында басы қазандай, қою қара шашты, қасы да қап-қара, дөңестене біткен ұзын мұрнының ұшы ерніне тиіп тұрған, бұғағы салбыраған, қара торы, еңгезердей кісі отыр еді. Ол Белгісізге сұсты көзбен түйіле қарады. Семіздіктен мойны көрінбей, басымен тұтасып кеткен. Ол өгізге ме, әлде бұқаға ма, әйтеуір қандай да болсын бір “хайуанға” ұқсайтын еді. Төбелеске әзірленгендей үстел үстінде жатқан қос жұдырығы, Белгісізді мүлдем сескендірді. – Кім керек? – деді ол гүжілдеген дауыспен. “Хайуан” десе “хайуан” екен деген ой келді Белгісізге. Жігіт не айтарын білмеді, шығып та кете алмай, кабинетте қалғысы да келмей, састы. “Хайуан” жауапты да күтпей, жігіттің сөмкесінен шеті шығып тұрған қолжазбаны көріп: – Өлеңдер ме? – деп сұрады. – Өлеңдер де бар?.. – деп жауап берді Белгісіз даусын әрең шығарып. – Кәне, әкелші бері! – деп кабинет иесі қолын созды.


Белгісіз сөмкесінен екі дәптер алып берді. Кабинет иесі ешбір мән бермей, дәптерлерді қарап шықты. – Бәрін де өзің жаздың ба? – Иә, – деді жігіт. – Ха-ха-ха! – деп күліп, бірден тоқтады да: – Сен жаздың ба? – деп қайта сұрады. – Мен, – деді жігіт сасқалақтап. – Ха-ха-ха! – деп тағы күлді ол. Есіне бірдеңе түскендей күле отырып тына қалды да: – Баяғыда институтта менімен бірге бос белбеу, ерке бір жігіт оқыған еді, соның саған ұқсайтын жерлері бар екен. Бірақ ол өзін Достоевскийдей етіп көрсететін, – деп, хайуан тамағын қырнап, жігітке үнсіз қарады. – Ал сен өзіңді кімге ұқсатқың келеді! – деді дауысын көтере сөйлеп. – Ешкімге де! – деді Белгісіз. – Жоқ, өтірік айтасың! Сенбеймін. Бір сөзіңе де сенбеймін. Мені алдай алмайсың. Жалпы, мен ешкімге де сенбеймін. Сол әлгі менің ерке курстасым өзінше Достоевский болғысы келіп жазатын. Ол тіпті тыным таппай, қашан көрсең де жазатын да отыратын. Қазір ол Достоевскийдің отыз томын кітаптан көшіріп болыпты. Отыз томды көшіріп, қағазға түсіру оңай емес, бір кезде қолы ұйып, сіңірі тартылып, сал боп қалыпты дейді. Оның қалай Достоевский болғысы келгенін көрдің бе? – деп, хайуан әңгімесін тамамдап, жігітке бадырайып қарайды. – Сол сияқты сен де біреуден көшіріп жазған жоқсың ба? – деп ол тағы да даусын өзгерте сөйледі. – Жоқ, – деді мұндай сөзден қорыққан жігіт дәптерлерін қайтып алуға асығып. – Сен өзің қай жақтансың? – деп сұрады еркек, – Сынтаслы ауылынанмын, – деді Белгісіз. Бірақ оның сөзінде өзгеріс бола қояды-ау деп ойлаған да жоқ.


– Бәлі, манадан бері солай деп айтсаң ғой, сенімен бұлай сөйлеспес едім. Ауылдастарымды көрмегелі қанша уақыт болды десейші?! – деп, қуанып қалды ол. – Ауылдастарымды, аулымды жақсы көремін. Атым – Арыстан, – деп қолын созды. – Менің атым – Теңіз, – деді Белгісіз оның қолын алып, оның ілезде өзгере қалғанына сенбей. – Шынын айтқанда осы кабинет дегенді жаратпаймын, – деп, Арыстан қабырдағы картаны көрсетті. – Табиғатты сағынамын. Кең, жазық далада сәйгүлік мініп шапқылағым келеді, құрбыларыммен күреске түсіп, ән салып, қой жайғым келеді. Мүмкін, сол кезде өлең де жазған болар ма едім! – деп, Арыстан өкінген жайын айтты. Содан соң көздері жылтырап: – Кел, күш сынасайық, кім-кімді жеңер екен? – деп, Арыстан шынтағын үстелге тіреп, қолын созды. Белгісіз журнал қызметкерінен мұндай балалықты күтпеген еді. – Қойыңызшы, сіз мені жеңесіз! – деді жігіт күлімсіреп. – Жо-жоқ. Әкел қолыңды! – деп, Арыстан жігерленіп, білегінің бұлшық еттерін ойнайтып, жігіттің қол беруін күтті. Белгісіз де шынтағын үстелге тіреді, екеуі қолдаса кетті. – Бастық, – деді Арыстан бар күшін салып. Жігіт аса күшін сарқып әуреленбеді. Арыстан оның қолын ілезде қайырып жіберді. – Көрдің бе? – деді Арыстан. – Күш бар, бірақ оны қайда жібереріңді білмейсің... – Ұнамайтын болса, мұнда неге отырсыз? Ауылда тұруыңызға болады ғой?! – деді Белгісіз жеңісіне мақтанып тұрған Арыстанға қарап. – Еһе-һе, “ауылда тұрмайсыз ба?” деу оңай. Мен ауылдан ақын, жазушы болып аттанғанмын, бірақ қалалық болып кеттім, енді қай бетіммен барамын? Ауыл маған сенім артқан еді, оны ойымнан шығармай да жүрдім. Енді ауылға барудың қисыны жоқ. Онда мені кім қарсы алады, кімге керекпін? Одан да “Арыстан хабар-ошарсыз жоқ болды” десін. Жұрттың бетіне көрінбегенім дұрыс. Біздің ноғайға


сылтау табылса болды, сөз қылып, күліп, көзіңді шұқып, масқараңды шығарады. “Ақын келіпті! Біздің ауылда ақын жүрген көрінеді?” деп келеке етіп күлер. Біздің адамдар қатал, қолыңа алған істі ақырына дейін орындамасаң, оңбаған да сенсің, сондықтан өзіңді мықтап ұста! – деді Арыстан қайғыра сөйлеп. – Иә, сонда не істеуіңіз керек? – деді Белгісіз жаны ашып. – Не істеу керек? – деп, Арыстан иығын қопаң еткізді. – Білмеймін. Қызмет істеу керек. Қызметіңді ұнатпасаң да, ұнатқандай болып көрінуің керек. Тілшілер совхоз жайында мақалалар әкеледі, ферма жұмысшыларының өздері де хат жазып жібереді. Мақалалар жазамын, жазғандардың мақалаларын түзетіп, номерге әзірлеймін. Енді, мен үшін елең – сиырдан сүт сауу, егіннен астық бастыру. Өлең жазбасам, ермек етіп жазатындай басқа тақырыптар табылады. Редакцияға келген қонақтармен әңгімелесіп, әзілдесіп, көңіл көтереміз. Шарапутдин, Хамзат, Мәметбилермен доспын, кейде олар келіп, көңіліңді көтеріп кетеді. Бұл адамдар мейірімді, адал жандар... – Кемал ше? – деп Белгісіз оның сөзін бөлді. – Кемал ма? – деп Арыстан ойланып қалды. – Жоқ, ол бізді ұнатпайды, ал біз де оны!.. Ол бізді мүлде жоққа шығарғысы келеді. Адамды жоққа санауға болмайды ғой. Біз жоқ болғанда, өзі не істемек? Біз бармыз, мен де, Хамзат та, Шарапутдин де, Мәметби де – бәріміз де бармыз, жоғалмаймыз да. Сап-сау адамдармыз, қалай жоқ болмақпыз? Ол біздің ауылдас бола тұрып, Сынтаслыны да жоққа шығарғысы келеді. Жолдастарым одан қорқады, ал мен оны көрсем, күлемін. Сол адам күлкі үшін жаратылған болар-ау, сірә?! Несін айтамыз, біз бәріміз де күлкі үшін туған шығармыз?! – деп, Арыстан селкілдеп күлді. – Қаласаң, мен саған сол туралы бір қызық айтайын. Каласаң да, қаламасаң да айтайын, тыңда!.. ... Бір күні түнде Қожанасыр шелек алып, суға барады. Құдыққа үңіледі де, түбіндегі айды көріп: – Күнәкәрім-ай, сен мұның ішіне қалай түсіп кеткенсің? – деп, аң-таң болады. – Не істейін, енді не істеймін?! – деп, есі шығады.


Ол шелекті ілмекке іліп, айды алып шықпақ болады. Шелекті батырған сайын ай жоқ болады да, шелекті шығарса, құдық ішінде ай қайта пайда болады. Сөйтіп, Қожа бірнеше рет шелекті батырып, суды алады, бірақ ай құдықтан шықпайды. Ақыры, шелегі ауырлаған сияқтанады да, бар күшін салып тартады. Бір тартады, екі тартады, үшінші рет тартқанда арқан үзіліп, шалқасынан түседі. Басын сипап, аспанға қараса, ай аспанда тұр. Ол қатты қуанғаннан шелегін де, суын да ұмытып, үйіне жүгіре жөнеледі. Әйелі ерінің су әкелмегенін көріп, қайран қалады. – Мен құдықтан айды аспанға шығардым. Әйтпесе, біз айсыз қалай өмір сүрер едік?! – дейді Қожа... Әңгімесін бітірген Арыстан өз айтқанынан оның не түсінгенін білгісі келіп, Белгісізге тесіле қарады: – Міне, сөйтіп біздің Кемал да Қожаға ұқсап, құдықтың ішінен айды шығармақ болады, ал біз айдың аспанда екенін жақсы білеміз. Ха-хаха! – деп Арыстан күлді. – Міне, сондай жағдайлар, ауылдасым. Сынтаслыға менен үлкен сәлем айта бар! Арыстанның аман-есен екенін, әлі де баяғысынша ақын екенін айт! – деп, Арыстан Белгісізге қолын созды. * * * Төменде, баспа үйінен шығатын жерде, есік алдында Кемал шылым тартып тұр екен, күлімдеп, Белгісізге қарады. Өсіп кеткен сақалы, үрпиген ұзын шашы оның мына ұсқынына лайық сияқты. Белгісіз қасынан өте бергенде, Кемал оған тесіле қарады. Жігіт оның көзқарасынан бір түрлі қысылғандай болғанмен, сонысын білдіргісі келмей, басын маңғаздана жоғары көтеріп, қасынан өтіп кетті. Сол сәтте Кемалдың жақтырмай сөйлеген сөзін естіп қалды: – Жағымпаз неме, бәріне кіріп үлгерді... Хайуанды да ұмытпаған! Сынтаслылық екені беп-белгілі! – деп, ол ауылды да жамандады. “Сынтаслылық екені беп-белгілі” дегенде, Белгісіздің жүрегі мұздай болып кетті. “Журналдағы ең жаман, арамза адам – осы Кемал шығарау!” – деп ішінен ойлаған Белгісіз Баспа үйінен ұзай берді.


Click to View FlipBook Version