The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Сынтаслы туралы толғау

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by saretbalausa, 2023-11-20 07:56:41

сынтаслы туралы толғау

Сынтаслы туралы толғау

көрсететіні – қорлық-зорлық, халыққа да істейтіні сол Сондай адам кімге керек, ә? Онан да өлгені қолайлы да! Ішкіштерді емдейтін ауруханаға бар дейміз, ұнатпайды. Зорлап апара алмаймыз. Әйелінің денесінде сау жері жоқ, милицияға тапсыр дейміз, біраз өзі де, әйелі де тыншыр еді, бірақ әйелі оған бармайды, ұят көреді. Бірдеңеге сене ме екен? Сенетіндей де ештеңе қалған жоқ. Ұят болса да ауылда жүріп жатырмын. Сол құрып қалғыр арақты өмірімде бір-екі-ақ рет ұрттаған едім, онда да соғыста жүргенде. Ондағы сылтауымыз орынды ғой. Дұшпанды шекарадан қуып шығып, жеңіс күніне жеткенде іштім. Ал ауылда ішіп, есіріп жүрген адамдарды жақтырмайтын едім, тіпті көрмей де кететінмін. Ақыры, өз балам басымды қайғыға салып қойды, – деп, Найманов көзін сүртті. – Иә, бұл нағыз қайғы, үлкен қайғы, – деді Қара жаны ашығанын білдіріп. – Дұрыс айтасың, арағы құрғыр – үлкен қайғы келтіреді. Адам онсыз да аз, арақ ішсе не болар еді?! Халқымыздың жартысы мүгедек емес пе? Зиянын өздеріне ғана келтіріп қоймай, балаларына, туыстарына да тигізеді ғой! – деді Мұхамед. – Ата-бабаларымыз ғой арақтың не екенін білмеуші еді! Неге ғана сол құрғырды біржолата жойып жібермейді екен? – деп, басын шайқады Пата. Сонымен мылжың қарттар біраз тынып, үндемей отырды. Олар Наймановты аяп, ұрлана қарайды. – Жарайды, – деді Мұхамед бірдеңеге разы болғандай, өңі қашқан Наймановқа қарап. – Мен сіздерге өзім туралы айтайын. “Ал, мына Шеркеш жығылса да берілмес” деп, ноғайдың айтқаны өте дұрыс. Ал, тыңдаңыз!... – деп ол, арқасына жастықты қойып, жөнделіп отырып, әңгімесін бастады. – Азамат соғысы кезіндегі оқиға туралы айтамын. Ол кезде менің жасым жиырма төртте еді, үлкен ағайым үйленбеген соң, мен де үйленбей жүргем. Қызыл әскермен бірге соғыста жүрсе, қайдан үйленсін ағайым. Үйде малды қарайсың деп, әкем мені соғысқа жібермеді.


Бір күні аулымызға ақтар келді ме, мені айдап, Невинномыскідегі басшыларына алып барды. Олар менімен сейлескен де жоқ, екі казак аяғымдағы етігімді шешіп алып, қыс күнінде жалаң аяқ айдады. Сықырлаған аязда сөмпеңдеп жүріп келем. Өзім орысша түсінбесем де, бір жаққа әкеле жатқанын жүрегім сезді. Әрі суықтан, әрі алдымда күткен ажалдан қалт-қалт етемін. Адымдаған сайын, әзірейілдің суық қылышын көз алдыма елестетем, сөйте тұра амалдан қалай құтылудың жолын да ойлаймын. Темір жолдан өту керек болды. Темір жолға жақындап калғанда қарасам, пойыз келе жатыр екен. Казактар пойыздың өтіп кетуін күтіп, тоқтады. Көз алдымнан пышылдап паровоз да өтті. Вагондар да бірінен соң бірі зуылдап жатыр. Жүрегім алыпұшып барады. Баяғыда әкем екеуіміздің ұн сатып алуға барып, пойызбен (қыдырғанымыз есіме түсті. Сонда біз жүріп бара жатқан пойыздың артынан жүгіріп барып отырған едік. “Жалғыз амал осы” деп ойладым. Күштің қайдан келгенін білмеймін, әйтеуір құстай ұшып барып, соңғы вагонның басқышына аяғым тиді. Шын айтам! Казактар естерін жиып, пойыздың артынан жүгіріп, мылтықтарын атып жатты. Қайдан жетсін! Вагоным алыстап кеткен еді. Жалаң аяқпын, шекпенім де жыртық, ызғарлы жел соғып, тоңып, темірдің үстінде отырмын, әйтеуір тірі қалдым, өлмей тірі қалғаным бойыма жылу құятындай болып, қуанып келем. Енді жығылдым, біттім деп едім, бірақ тұрдым, берілмедім! – деп, Мұхамед қарттарға жоғарыдан қарады. – Пойыз әлі кетіп барады, ал мен қатып қалдым, үситінімді сезіп, қорқайын дедім. Пойыз бір стансадан өткенде, шыдай алмай, секіріп түстім. Түсерімді түстім-ау, бірақ қай жаққа қарай жүрерімді білмеймін. Уайым басып кетті. Пойызбен жүре берсем қайда барар едім? Сонымен, коп ойлануға шама жоқ, құбыла жақты беттеп, тауға қарай жүре бердім. Аш, жалаңаш қанша жүргенімді де білмеймін, тек алғашқыда ажалдан құтылдым деп, қызуланып жүріппін. Кейін әлсіреп, күшім қалмай, аяғымнан жан кетті. Кешке қарай тағатым біткен кезде, бір үйілген шөп көрдім, соған жетіп жығылдым, шептің ішіне үңгірлеп кіріп, аяғымды уқалап отырып, ұйықтап кетіппін. Қалай тірі қалғанымды өзім де білмеймін! Таңертең біреудің иығымнан жұлқылағанынан ояндым. Казактар екен деп, жүрегім тас төбеме шықты. Көзімді ашып, орнымнан атып тұрдым. Таң


атқан, жап-жарық. Алдымда бір еркек тұр. “Сен кімсің?” – деді ноғай тілінде сөйлеп. Аздап ноғай тілін білетінім бар еді. Әкем үйреткен болатын. Әкем кезінде көпті көрген адам еді, ноғайлар арасында темірші болып істеген, ауылға қайтқанда, өзімен бірге бір ноғайды ертіп әкелген болатын. Онымен ылғи ноғай тілінде сөйлейтін. Сол кезде мен де үйреніп жүрдім, қай тілді білсең де, өзіңе пайда. Әлгі бейтаныс адам менен сұрайды кеп, ал мен болсам жауап беруге қорқамын. Қауіпті заман ғой, мүмкін, қашқаным жан-жаққа тарап, мені іздей бастаған болар, кім білсін деп те күдіктендім... – Ештеңе емес. Ноғай адамы қиыншылық көргендерді сатпайды, – деді Найманов. – Күдіктенуімнің мәні бар еді, мен есімді әлі де жия алмай тұрған едім, – деп, Мұхамед түсіндірмек болып, сөзін жалғай берді. – Белгісіз де есімді жия алмай тұрғанымды сезіп, жеңімнен тартқылап, кім екенімді сұрады. Мен тағы да жауап бермедім. Сол кезде ол ештеңе де айтпай, арбасына қарай жүре берді. Кететін болды. Сол кезде мен шыдай алмай: – “Тоқта! Тұра тұршы, аға!” – дедім. Ол жалт бұрылып қайтып келді, таныстық. Қонған жерім Орақ ауылына жақын екен, әлгі кісі де сол ауылдан көрінеді... – Орақ ауылы дейсің бе? – деп, Сәти орнынан ұшып тұрды. – Ол менің ауылым ғой. Қазір оны Еркін Жұрт деп атайды. – Дұрыс айтасың. Бұрын оның атын Орақ мырзаның атына қойған, енді еркіндік туғаннан кейін оны Еркін Жұрт деп атап кеткен. Сен сол ауылда туғансың ба? – деді көңілденген Мұхамед, алақанын шапаттап. – Мүмкін, сен Әлимырза Есенеевтердің ұлдарын білетін боларсың? – Білемін, – деді Сәти біраз қипақтап тұрып. – Бекмырза Әлимырзаұлы менің оқытушым, ол мені мектепте оқытқан. Сөйдеді де, ол қызарып кетті. Өйткені, мұғалімінің түрін есіне түсіре алмады. Әке-шешесі өлгеннен кейін ол ауылдағы балалық шағын еске түсірмеуге тырысатын еді. Себебі, әкесі мен шешесін есіне алса, ескі жараның аузы ашылып, ол қатты уайымдайтын. Қазір де Бекмырза Әлимырзаұлы дегенде, оның есіне ең алдымен әке-шешесі түсті, тағы да жүрегі лүп ете қалды. Оның көз алдына ең жақындарынан


айырылып, жетім қалған кездегі балалық шағы келді. Ауылға сирек барса да, бір рет болған кезінде ол Бекмырза Әлимырзаұлымен кездесіп қалған еді. Сәти танымағансып өте беріп еді, бірақ оқытушысы оны тоқтатып, жағдайын сұрады, өзінің мұны оқытқанын есіне салды. Сол жолғы кездескені ойына оралса, ұялатын еді, қызарып кеткені де сондықтан. – Бәрі де дұрыс. Бекмырза деген ұлы бар болатын, – деді тағы да шеркеш қарт қуанып. – Онан соңғы туған ұлына Шахимгерей деп ат қойды. Мені шөптің арасынан тауып алған кісі – сол Әлимырза болатын. Ол мені тамаққа тойғызып, ауыл толған ақтар екендігін айтты. Күт деді. Өзі үйіне барып, киім, тамақ әкеп берді. Жолды да көрсетті. Сөйтіп, мен өмір мен өлімнің арасында қалып, екінші рет туған адам едім, тағы да өлмей қалдым. Өздеріңіз де байқап отырсыздар, бұл жолы ноғай дос көмек беріп, өлімнен аман алып қалды. – О-о! Ондай дос туыстан да жақын болуға тиіс, – деді Қара таң қалып. – Ағамдай болды! – деді Мұхамед, сонан соң біраз қайғырғандай болып: – Үлкен ағамды ақтар өлтірді. Жүрегімнің түбінде жатқан ағамның орнын Әлимырза басты. Ағамның қаза тапқанына бір жыл толғанда, әкем мені үйлендірді. Тойдан соң үлкен қошқарды атыма өңгеріп алдым да, Орақ ауіылыша бардым. Әлимырза мен әйелін үйге алып келдім. Үш күн біздікінде болды. Бір-бірімізбен достасуға серт бердік. Әлимырзаның Шахимгерейі туғанда, әйелім екеуміз олардікіне бардық, ал біздің ұлымыз туғанда, ол да әйелімен екеуі біздікіне келді... Әлимырза досым екінші соғыстан қайтпады. Содан бастап, Орақ ауылына бармайтын болдым... Адал досымды соғыс жалмады, – деді даусын қатты шығарып, қайғыра сөйлеген шеркеш қарт. Есік ашылды да, медбике дәлізде тұрған Пациенконы палатаға кіргізді. – Мылжыңдар! Сендер үшін Пациенко дәлізде жүрмек пе? – деді ол. – Жастарың келген адамсыңдар, ал ешкімге жандарың ашымайды... – деді қабағын түйген медбике қаттырақ сөйлеп. – Жоқ, жоқ, – деп шошығандай қарады оған ақ шашты жігіт. – Олардың ешбір кінәсі жоқ. Жатудан жалықтым. Біраз жүрейін деп шыққан едім... – деді ол қарттарға сөз келмесін деп қысылып.


– Ештеңе емес, сізді кешікпей басқа палатаға ауыстырады, сонда тынышырақ болады, – деді оған медбике. Пациенконы төсегіне жатқызып, жастығын түзеп, өзін қымтады, палатадан кетіп бара жатып, тағы да шалдарға қабағын түйе бір қарап, шығып кетті. Сәти шығып бара жатқан әйелмен көзім ұшырасып қалмасын дегендей, көзін жұмып, сол арада Мұхамед айтқан әңгімелер жайында ойланды. Ауылда оқытқан мұғалімі көз алдына елестеді. “Қараңызшы, тағдырдың кездестіруін. Оқытушымның әкесі Мұхамедті ажалдан алып қалған. Ғажап емес пе?” – деді ішінен ойланып. Кенет көз алдына балалық шағы елестеді. Тағы да әкесі мен анасы тірі жүргендей болып көрінді. Кішкентай, қамыс төбелі үй, шиелі бақ, қара ит, далада асыр салып, бірге ойнаған балалар көз алдынан тізіліп өтіп жатты... Өткенді есіне түсірсе-ақ болды, әке-шешесін көргендей, жүрегі сыздап, қайғыратын. Осының бәрін есіне түсіргеніне Сәтидің өзі де ренжіп ызаланатын. Қарттар үндемей жатты. Кешкі асты да үнсіз отырып ішті. Кешкі тамақтан соң, палатаға кезекші дәрігер мен медбике келіп, басқаларға қарамастан, Пациенконы орнынан тұрғызып, ертіп әкетті. Сонан соң үйді жиыстыратын санитарка әйел келіп, оның тумбочкасының ішіндегісін түгел алып кетті. Найманов қарттарға көзін қысып, әйелдің артынан іле шықты да, кешікпей қайта кірді. Өңі өзгеріп, бойы да кішірейгендей, құнысып келіп, төсегіне отыра қалды. Қарттар жүректері лүпілдеп, не екенін білуге асығып, Наймамовқа қарады. Ол да көп шыдай алмай, ақ шашты жігітті өмір сүруі неғайбылдар жататын, оңаша палатаға көшіргендігін айтты. – Ауруханадан шығайын десе, алатын жақын туғандары жоқ көрінеді, – деді ол даусын бәсеңдетіп. – Сіз оның өлетінін қайдан білесіз? Оны ешкім айта алмайды ғой? – деді Сәти тартына сөйлеп. – Үйді жинайтын санитарка әйелдің аты – Батым. Ол менің аулымнан, жақсы адам, осында болып жатқан жағдайдың бәрін де біледі, – деді қарт беліндегі бөтелкесін төсегіне байлап жатып.


Бұл күнгі кеште ешкім ләм деп ауыз ашпады. Бірақ Мұхамед Артурға шеркешше бірдеңелерді сыбырлап айтып жатты: баланы шошытып алмайын деп, оның көңілін басқа жаққа аударып, тыныштандырмақ болды. Сәти мызғып кетіп еді, түсіне анасы енді. Ол Сәтидің үйінің қараңғы бұрышында ернін жымқырып, көзін кең ашып, алға тесіле қарап отыр. Анасының жүзі альбомда сақталған суреттегідей ойлы да қатал. Анасы кенет аузын ашпай, ыммен “Артур өлді” дегендей болады. Қорыққаннан селк етіп, Сәти оянып кетті. Патаның ыңқылына құлақ салып, қараңғы палатаның ішін көзімен шолып өтті. Палатада жатқанын, көргені түс екенін біліп, өзін-өзі тыныштандырды да, тағы көзін жұмды. Ол тағы да анасын түсінде көргісі келді. Шынымен көрді де, баяғы үйде, баяғыша отыр. Оның жүрегі лүпілдеп, алқынғандай болады. Біреулер оны тоқтатпақ, бірақ бұл олардан әрең құтылып, үйге қарай қашады. Міне, көп қатарлы үй де, қап-қараңғы подъезд де көрінді. Жүрегі дүрс-дүрс соғып, анасына жету үшін, қараңғы подъезге ене берді. Сол сәтте көзге түрткісіз қараңғылықта оны аңдыған бұзақылар бас салып, алыса түседі. Алысып бірін-бірі жұлқылап, әнеміне қашып құтыламын деп жүргенде, әлгі бұзықтардың біреуінің қолынан пышақты көріп, үрейі ұшады. Қараңғыда пышақ жалт етіп, беліне кіреді... Шошып оянған Сәти белінің ауырғанын сезінді, бірақ, осының бәрі түсі екеніне қуанып, тынышталғанмен, көзін жұмып, бұрынғысындай ұйықтай алмады. “Мұражайдан кетемін, геолог боламын, жүрмеген, баспаған жерлерді кезіп, жұртқа пайда келтіремін. Үнемі ізденіп, күтпеген, ойға кірмеген заттарды тауып, жаңалықтар ашамын. Өзім өмір бойы геолог болуды арман еткен едім ғой!” – деген ойлар келді басына. Кенет әйелінің жақтырмаған жүзі көз алдына елестеді. “Ол геологтық жұмысты үйлі-күйлі адамға қол емес деп санайды. Оны тыңдасаң, өз басыңа өзің ие болып, өз ақылыңмен бір адым да жүре алмайсың. Еркек үй күшігі, үй құсы болуы керек деп есептейді ол”, – деп иегін көтерді. “Ең болмаса баламыз болса екен. Жоқ, оларды да керек қылмайды. Қарасақ ақша деген жететін сияқты! Жоқ! Жастық шақта ауыртпалықты


көтермейді, қиындыққа барғысы келмейді. Ал егер қарттық келе қалса ше? Сонда бұл дүниеден бала сүймей-ақ кеткеніміз бе?.. Сонда кім үшін өмір сүрмекпіз? Тек өзін ғана ұнататын, өзімшіл ит қой! – деп, ол ішінен әйелін сөкті. Бірақ сол арада-ақ есін жиып: – Ол менің осындай ойларымды білсе, бірден айырылысамыз дер еді... – деп, Сәти әйелімен айырылысқан жағдайда не болатыны туралы ойлады. “Жоқ, біздің айырылысуымызға болмайды” – деген шешімге келді ақыры. -“Басымызда үйіміз, әйелім де ақымақ емес, түр десең түрі бар, келбеті қандай! Өзін-өзі ұстай біледі. Отырған жерінде адамды жалықтырмай, күлдіріп, көңілдендіреді. Ең бастысы – адал жар. Қазіргі кезде көп адамдар әйелдерінің адал болмағандығынан айырылысып жатады”, – деп, кеше біреудің әйелі үшін өзін-өзі өлтіргені жайында Наймановтың айтқаны есіне түсіп, ауыр күрсінді. – Бірақ ол не десе о десін, менің геолог болуым керек. Кенет, жалын шарпығандай болды. “Ал егер ол менен кетіп қалса ше? Өзі бір беткей адам, олай ету оның қолынан келеді”. Ол шошып, өзін жалғыз қалғандай сезініп, қатты қиналды. Ойлап қараса, өмірдегі ең жақын адамы – әйелі ғана екен. “Егер ол болмаса, бұ дүниеде қалай өмір сүрер ем?” – деген ой жүрегін сыздатты. Палатаның іші жап-жарық. Терезенің ар жағынан күздің қара желі ұлып тұр. Шеркеш қарттың электр ұстарасының ызылдаған дыбысы палатаның ішіндегі тыныштықты бұзды. Басқаларының оянғаноянбағанын кім білсін, әйтеуір, бастарын көрпеден шығармай, бүркеніп жатыр. Шеркеш қарты алақанымен басын сипап, бері қарай бұрылып жатқан Сәтиге қарап күлімсіреді. – Қатты ұйықтайсың. Жарайсың, кеше де жақсы ұйықтадың, – деп мақтады ол. Сәти жауап беріп үлгірмеді. Палатаға медбике кіріп келіп, сәлемдесті де: – Сізді Петр Иванович күтіп отыр, – деді ол Сәтиге қарап. Неге екені белгісіз өзін кінәлі санап, сасқалақтаған Сәти тез орнынан тұрып, халатты жамыла салып, палатадан асыға шықты.


Дәрігердің кабинетінің жанында тұрған әйелін көріп, таң қалды. Ол бірдеңеге риза болғандай, бұған әдемі шырайымен күлімсірей қарап, бас бармағын көрсетіп: – Бәрі де жақсы! – деп, Сәтиді құшақтап, бөлмеге кіргізіп жіберді де, өзі сыртта қалды. Сәти ештеңені сезбей, әйелінің не жайында айтқанын да білмей, кабинетке күлімдей кірді. – Байқаймын, сіздің көңіл-күйіңіз жаман емес сияқты, – деп, Петр Иванович оның өңіне қарады. – Дұрыс істегенсіз. Денсаулықты жақсартудың бірінші шарты сол болады. Анализдерді, сырқатыңыздың деректерін біз тексеріп қарадық, – деп, дәрігер үстел үстінде жатқан бір топ қағаздарды көрсетті. Сіз ауруханаға сырқатыңызды асқындармай, дәл мерзімінде келгенсіз. Сырқатыңызды біз тоқтаттық, енді біз берген дәрі-дәрмектерді ішіңіз, әрі емхана дәрігерлерінің айтқандарын бұлжытпай орындап, олардың жазып берген жөн-жосықтарын бұзбаңыз, – деді ол күлімсіреп: – Сізді біз енді бұл жерден көрмейтін болатынымызға сенімім күшті. Мұнда бір жұмадай жатып қалдыңыз. Жүйкеңізді де біраз шаршатқан болар. Әсіресе сіз жатқан палатағылардың сөзі көптеу. – Жоқ, неге шаршайын, көршілерім жақсы, – деп тартына сөйледі ол. – Иә, иә, қарттар ғажап адамдар, – деді Петр Иванович оны қостап. – Ауруханада жатқандарға көп ой да салған болар... Дегенмен, мұнда түспеген абзал, ә? – деп, Петр Иванович Сәтиге жылы шыраймен қарады. – Оныңыз дұрыс, – деді Сәти күліп. – Өте жақсы. Сау болыңыз, өзіңізді күтіңіз. Мен әйеліңізге бар жағдайды, не істеу керек екенін айттым, сондықтан әйеліңіздің сөзін тыңдаңыз. Жақсылықпен көрісейік! – Сіз де сау болыңыз, дәрігер. Аман-есен көрісейік!.. – деді Сәти ойланып, – бірақ мұнда емес, – деп күліп қойды. Петр Иванович та күліп, үнсіз барып үстел үстіндегі қағаздарға еңкейіп, жұмысын істей берді.


Көңілденген Сәти киімдерін тез киінді де, оны біреу қайта қайтаратындай-ақ, асыға-үсіге әйелімен бірге ауруханадан шығып кетті. Өңменіңнен өтетіндей суық жел ағаштардың сидиған бұтақтарын шайқап, қалған бірен-саран жапырақтарын үзіп, жан-жаққа ұшырып әкетіп жатыр. Әйелі алдында жүріп келеді. Сәти ұзын бойлы, сымбатты әйелдің сыртынан сүйсіне қарап келе жатып, өзінің оны сағынғанын сезінді. Әйелінің үн-түнсіз, аяғын нықтай басып бара жатқанына қарап, оның да өзін сағынғанын байқады. Сәти, тіпті, ескен желдің – шайқалған ағаш бұтақтарының арасынан әйелінің қобалжи дем алғанын да естігендей болды. Үйге барған соң әйелінің оны қалай, қандай мейіріммен қарайтынын көз алдына келтіріп, күлімсіреді. Кенет, ол бірдеңеге сүрінгендей, кілт тоқтай қалды. Есіне қарттар түсіп, олармен қош айтысуды ұмытқаны үшін, өзінен-өзі ұялып, қызарып кетті. Палатаның терезесіне қарады. Терезеден ешкім көрінбесе де, палатадағылар оның артынан қарап тұрғандай болды. Ол ақырын қолын бұлғады, дәл бір қарттардың көзқарастарын сезінгендей қысылып, көзін тайдырып әкетті. Жел күшейіп, ағаштардың бұтақтарын сырт-сырт сындырып жатыр, бірақ ол емен ағашының құшаққа сыймайтын мықты діңін қимылдата алмайды. Сәти ағаштарға қарап: “Жерге берік орнаған, тамырлары тереңге жайылған, – деп жоғарыға қарады, ағаштардың бастары шарбы бұлттарға тіреліп кеткенін байқап: – Аспан да оларға дәл бір туыстай... Әне, көрдің бе, аспанды ұстап тұрған сияқты”. Сол арада оған аяқ астынан бір ой келе қалды. “Менің қарттарым да дәл осы ағаштардай. Олардың да тамырлары тереңге жайылған. Өмірдің ащы-тұщысын бастарынан өткізген. Ондай адамдар жер үстінде мықты тұрады. Сүйсініп қарайтын адамдар әлі де бар...” – деп ол артына бұрылып қарап, қарттармен қош айтыспақ болды. – Қымбаттым, – деп ойын әйелінің ойнақы даусы бөліп жіберді. – Осы сен таза ауадан басың айналып, мас болып тұрғаннан саусың ба?! Әйелі Сәтидің қасына барды да, қолтығынан ұстап, қуана күліп, күйеуін өзіне қарай тартты. Сәти қарттармен қоштаспағанына


қайғырып, артына қарай-қарай, аурухана үйінен алыстай берді. Біраздан соң палатаның терезелері ағаштан көрінбей қалды... СЫНТАСЛЫ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ


БІРІНШІ ТАРАУ Кіріспе сез Оқиға былай болған еді... Мүмкін, тіпті, болмаған да шығар... Олай болмаған болса, онда қалай болды екен?.. Сонымен, ертеде бір мырза өмір сүріпті. Мырзаның сұлу әйелі болыпты. Мырзаның өзі шіріген бай екен. Олардың байлығы ешкімге де керек емес және әйелінің сұлулығы кімге керек дейсің? Жарасты ғұмырына көз тимей тұра берсін де. Олардың қол астында бір кедей қызмет етті. Оның кедейлігін де сөз қылмайық. Неге десең, кедей-кедей дегенмен ол байымайды. Бұл кедей бишараның бір ерекшелігі – таңертеңнен кешке дейін қырда жұмыс істесе де, аулада жұмыс істесе де, қайда жүрсе де аузын жаппай, өлең айта береді екен. Бір күні таңертең әлгі батырақ мырзаның малын қорасынан шығарып бара жатып, шыбыртқысын үйіре, бар даусымен: О-ла-ла-лай, ола-ла-лай, О-ла-ла-лай, ола-ла-лай... – деп әндете жөнеледі. Осы кезде терезеден мырза мен оның сұлу әйелі аула ішіне қарап тұр екен. – Ғажап! – дейді мырзаның әйелі. – Бұл батырақ сорлы неге сонша таңертеңнен кешке дейін бұлбұлша сайрайды екен? – Басқа істейтін ісі болмаса қайтеді? – дейді мырза мырс етіп. – Ал сен, мырзам, өлең айтпайсың, сенің істейтін ісің де көп емес қой? Ал ол болса тура аспанға ұшатын адамдай жұртты өзіне еріксіз қаратып, шаттана жырлайды. Неге олай екен? – деп мырзаның әйелі таңданады.


– Егер оның жырлағанын қойғызсам, тіпті жырдың әнін де мүлдем ұмыттырсам қайтеді, ә? – дейді мырза әйелінен қулана сұрап. – Иә, ол өлейін деп жатса да, жырлауын қоймайтын шығар, – дейді әйелі оның сөзіне сенбей. – Қазір көресің, – деп, мырза қолын шапалақтап, қызметшісін шақырады. Қызметшісі жүгіріп келіп, басын иіп: – Мырзам, не бұйырасыз? – деп сұрайды. Мырза күлімдеп, сандықты ашып, ішінен алтын тайтұяқты шығарады. Бұрын тайдың тұяқ белгісімен алтын кесек құйылатын болған. Соны мырза қызметшісіне беріп жатып: – Аулада біздің әнші-батырақтан басқа ешкім қалмасын. Сыртта ешкім жоқ кезде, мына тайтұяқты білдірмей ғана қораның кіре берісіне тастай сал да, көзіңді кедейден алмай, қарап жүр! Түсіндің бе? – деп, мырза бұйрық береді. – Түсіндім, мырзам, – деді де қызметшісі қожасының бұйрығын орындамақ боп, шығып кетеді. – Кедейіңнің жырлайтын, жырламайтынын әлі-ақ көресің, – дейді мырза әйеліне. Қызметші екінші қызметшіге айтып, мырзаның бұйрығын орындауға асығады. Олар аулада ешкімді қалдырмай, ешкімге сездірмей, алтынды батырақтың жүретін жолына тастайды да, өздері батырақ не істер екен деп, жасырынып тұрып аңдиды. Ал батырақ: Ола-лай, о-о-ла-ла-лай, Олалай, о-о-о-ла-ла-лай, – деп жырлай береді. Малдарды айдап жіберіп, мал қораға жақындап келіп, соңғы рет:


Олалай, о-о-ола-ла-лай, – деп жан-жағына қарайды да, кілт тоқтай қалады. Қора-жайдың айналасында ешкімнің жоқтығын байқап, жерде жатқан алтынды алып, жан-жағына тағы да қарайды да, қойнына тыға салады. Қораның ар жағында оның артынан аңдып тұрған қызметшілерді көрмейді. Батырақ көшеге шығып ауыл ішімен бар пәрменімен жүгіре жөнеледі. Қызметшілер де көз жазбай, оны аңдып келеді. Батырақ ауылдың шетіне жетіп, біраз тоқтап дем алады. Бір тасқа отырып, ауыл жаққа көз тастап, тайтұяқты не істейтінін білмей, ойланады. Батырақ көп толғанып отырады да, ақыры алтынды тастың астына тығады. Осы кезде ауыл жақтан арбамен келе жатқан бір қартты көреді де, қайта бұрылып келіп, тайтұяқты қойнына тыға салып, ауылға қарай асыға жөнеледі. Ауылға келіп, тайтұяғын қайда қоярын білмейді. Ақыры, аулаға кіріп, қалай болса солай тастай салған айырын жерден көтеріп, мал қораға кіреді. Ойлана-ойлана келіп, алтынды мал қораға тығады. Қызметшілер батырақтың алтынды қай жерге тыққанын көреді. Батырақ алтыпды жасырып болып: – О-ла-ла-лай! – деп жеңілденгендей жырлап жібереді. Бірақ жырын бірден тоқтата қояды. – Мен мисыз не істеп жүрмін осы? – деп алтының қайғысынан басы мең-зең болады. – Көрдің бе, әйелім, жігіттің жырлауын қойғанын, – дейді мырза, әйеліне күлімдей қарап. – Ол бүгін ғана қойып тұр, ертең жырын қайтадан жырлайтынына сөз жоқ, – дейді әйелі күйеуінен жеңілгісі келмей. – Иә, жырлағанын көрерсің! – дейді мырза. – Ертең де, бүрсігүні де, жұма да, ай да өтеді, ал батырақ үнін де шығармайды, алды-артына қаранып, жиі-жиі қораға тыққан байлығын аңдумен болады. Бір күні, сол баяғысынша мырза мен әйелі терезеден кедейді көреді.


– Айтқаның рас болды, мырза. Жырдың әнін де ұмыттырдың ғой сорлыға?! – дейді әйелі батырақты аяп. – Иә, ұмытты. Қайтадан жырласын десең, айтқызайын ба тағы да? – дейді мырза қуана күлімдеп. – Қой, мырзам, енді оны жырлата алмассың, – дейді әйелі сеніңкіремей... – Ендеше, көріп тұр! – деп мырза, қолын шапалақтап, бас қызметшісін шақырады. – Мырзам, не бұйырасыз? -дейді жүгіріп келген бас қызметші. – Бар да, батырақтың тығып қойған жерінен тайтұяқты алып кел! – деп бұйырады мырза. – Қазір! – деп қызметші үйден шығып кетеді де, көп кешікпей-ақ, ілезде бұйрықты орындайды. Ертеңінде, таңертең батырақ қораның ішіне кіреді. Онда біраз уақыт тұрады да, содан соң еңсесі түсіп, сыртқа шығады. Біраздан соң батырақ көңілдене баяғы қалпына келіп, ауаны қақ жарғандай шыбыртқысымен шарт еткізді де, бар даусымен: Олалай, о-о-о-ла-ла-лай, Олалай, о-о-о-ла-ла-лай, – деп жырлай жөнеледі. – Бұл не деген ғажап еді! – дейді мырзаның әйелі. – Мен де таңертеңнен кешке дейін жырлар едім, егер... Егер батырақ сияқты еркін жүрсем, мынадай алаңдайтын байлығым болмаса, мен де жыр жырлағаннан басқа ештеңені білмес едім, – дейді мырза қулана күліп...


Ауыл әңгімесі Жас болғандықтан ба, менің өмірімде ешбір трагедия кездескен емес. Мүмкін, олай да емес шығар? Бәлкім, біздің бүгінгі сәулетті өмірімізде трагедияға орын жоқтығынан ба екен? Сонда, трагедия дегеннің өзі не? Меніңше, жамандық пен жақсылықтың, арамдық пен адалдықтың өзара күресі сияқты. Сол екі күштің бірі жеңіліп, бірі жеңеді. Кейде екеуі де жеңілуі мүмкін. Ал менің өз аулымда арамдық қайдан шықпақ? Байлар, мырзалар дегеннің әлде қашан көзі құрыған. Ал молдалармен әдебиетшілеріміз, атеистеріміз баяғыда-ақ есеп айырысқан. Қалғаны болса, тарихи романдарда әлі де шенеліп келеді. Біздің ауылда ылғи ақжарқын, адал жандар өмір сүреді. Сондықтан “трагедияға” орын жоқ деп есептеймін. Ал осы туралы неге соншама қазбалап айта бердім? Әлде шынымен-ақ жастығым кінәлі ме? Біреулер “трагедия” саған неге керек? – дейді. Сөйтіп те сұрай ма екен? Мен одан өзіме жұбаныш іздеп жүрген жоқпын. Оны сіздер түсінуге тиіссіздер. Мен әдебиетке қарап ой тұжырамын. Мына жағдайға назар бөліңіз: “Бір қойшы басындағы бөркін жоғалтқан. Ол бөркінен ғана айырылып қоймай, сонымен бірге намысын да жоғалтқан” – дейді жазушы. Оған біреулер: “Шәмил Әлиевич, сенің жазғаның трагедия емес, жазушы олай жазбайды” – дейді. Шәмил Әлиевич өзінің дұрыстығын дәлелдеу үшін, ерегесіп, былай дейді: “Басқа бір үлкен әдебиетте повестің кейіпкері шинелін ұрлатқанда, “оған адамның “трагедиясы” кінәлі” деген. Ал менің жазғанымды олай деуге неге болмайды? Сонымен ол өзінің жазғанының дұрыс екенін көрсетпек болады. Ал ондай “трагедия” маған керек емес. Маған басқа “трагедия” керек, бірақ таба алмаймын. Мен оны үйілген пішеннің ішінен ине іздеген адамдай болдым... Бір кітапта он үш жасар Әсиятты бір қартқа күйеуге береді. Сол бір қарттың есімі Аслангерей болу керек деймін, ол бір ат, жиырма шақты қара мал, ақша беріп, жап-жас қыздың өмірін әлекке салады. Қазір, сол кітапты кемпірлерге оқысаң, жылайды. Ал менің қалыңдығым, құдайға шүкір, он үште емес, жиырма жасқа келген, оған қалың мал да


бермеймін... Ол мені өзі сүйіп тиді. Ал солай болғанда “трагедия” қайдан шығады? Тұра тұрыңыз, саспаңыз! Бәрін де мен сізге асықпай, ретімен тізіп айтамын. Сіз, тек ерінбей тыңдаңыз! Өзім шатырда тұрамын. Менің баспанам жоқ деп ойламаңыз. Онда мен тыныштық үшін, әрі оқуға ешкімнің кедергісі болмасын деп шықтым. Шатырда жинамалы кереуетім, кітаптарым, кішкентай үстелім бар. Ішім пысса, төменге түсіп, теледидар қараймын. Төменде, екі ағамда да теледидар бар. Екеуінде де болғанмен, бәрі де теледидарды үлкен ағамның бөлмесінде отырып қарайды. Себебі ауылда теледидарды жиналып келіп қарау әдет болып кеткен. Көрші қарттар, кемпірлер орындықтарын алып келіп, шылымдарын түтіндетіп отырады. Көршілердің, ағамның балалары еденге жайғасып, көздерін бадырайта көгілдір экранға тесіле қараумен болады. Кейде отырған жерінде қалғып, ұйықтап та кетеді. Бәрі де теледидар қарайтын бөлмеде әңгімелесіп, күліп-ойнап, мәз болады. Егер теледидар бұзылып, көрсетпей қалса, немесе олай бір, былай бір жыпылықтап кетсе, қара сақалды Сүлеймен қарт “мынаны жөнде” деп, мені шақырады. Төмен түсіп жөндеймін де, өз бөлмеме қайта кетемін. Олар қайтадан қарай бастайды. Шатырдың терезесі ашық. Терезеден түскен жарыққа түнгі көбелектер мен ұшып жүрген шыбын-шіркейлер жиылады. Қаракөлеңкеленген жұлдызды аспан төмен төніп келіп, жатқан бөлмемді жұтып жіберуге дайын тұрғандай болып көрінеді. Ал дөңгелек ай “электрдің тоғын босқа кетіресің” деп, налитын сияқтанады. Мен уақытты да, тоқты да босқа кетірмеймін, оқимын. Кітаптарды біртіндеп жинадым. Менде беттері әлі ашылмаған, баспахананың бояуының иісі де кеппеген, ноғай жазушыларының жап-жаңа кітаптары бар. Оларды кітапқа құмар болғандықтан алғанмын. Мұнда көп ұсталып, суреттері де жыртылып, әбден жырым-жырым болған кітаптар да бар. Оларды комбайншылардан, жүргізушілерден жинадым. Кітапты қайдан алып, жинамадым десейші! Бір кітапты Әбидат деген кемпірден алдым. Бір жұмысым болып, Әбидат әжейдікіне барсам, әжей пештің түбінде бірдеңені түйіп отыр екен. Қолында келсап, келінің ішінде қызыл


бұрыш. Келіні кітаптың үстіне қойыпты. Сол сәтте кемпірді тоқтата қойып, келінің астынан кітапты суырып алып, шаңын үріп жіберіп қарасам... “Иә, аста-пыралла!..” – деп таңқалдым. “Байғұс Әбидат адам кейпіне енетін қорқынышты Вий2 сияқты шайтандар жайында білетін болса, әй, есі ауысып кетер-ақ еді...” – дедім ішімнен кемпірге қарап. Кітап оқуды жақсы көремін. Әрі оқығанымды өз өміріммен салыстырып отыруға тырысамын. Иә... Не болмады дейсің. ...Мескумен тіл табыса алмағаным үшін жеңгелерім құлағымның етін жейді: – Бүкіл Сынтаслы ауылынан ондай қызды таппайсың! Қарашы өзің, қандай келбетті, қандай нәзік, қандай сыпайы!.. Хор қызындай. Саған тап сондай қыз керек. Аузыңды ашып, отырып қалып жүрме! Сөйлес, сөйлес! Дұрыс. Мен де аузымды ашып отырып қалмауға тырыстым. Кеш сайын клубқа шақырамын, көшеде тағат таппай, күтіп тұрамын, достарыммен жолықса болды, алданып кетіп қалар ма екен деп, күдіктеніп, қасымнан жібермеймін. Ойым да, есіл-дертім де тек сол болды. Сұлулығы, нәзіктігі үшін бе, хор қызы деп келіншектердің неге айтқанын білмеймін, ал жүрісі қандай әдемі десейші! Үндемейтін, көп сөйлемейтін еді Меску... Оған кездессем болды, менің де тілім байланып, аузым жабылады. Тартынамын ба, әлде не?.. Кездескен сайын: – Сәлем! – деймін мен оған. – Сәлем! – дейді ол маған. – Уақытты қалай өткізіп жатырсың? – деймін мен қысылып. – Жақсы. Өзің ше? – дейді ол да ұялшақтап. – Мен де жаман өткізіп жүрген жоқпын. Осылай клубқа да жетеміз, киноны да үн-түнсіз көреміз. Клубта сөйлесуге болмайды ғой. Отырғандардың бәрі сөйлей бастаса, кино көру мүмкін емес. Шыққанда сөйлесермін деп ойлаймын, қас қылғандай, сол кезде бір әйел кедергі жасайды. Сол бір әйел Мескуды қарауылша аңдып тұрады.


Аты – Қайырхан. Пошташы болып жұмыс істейтін оны бүкіл ауыл таниды. Ол Мескуді құшақтап, жылы-жылы сөздер айтып, үйіне қарай ала жөнеледі. Ал мен олардың соңынан желе басып, еріп отырамын. Ашулан, ашуланба, не істемексің. Қайырханның Москвада студент бауыры бар еді. Мескуді ол соған таныстырғысы келеді екен. Сондықтан жігіттер жабысып жүрмесін деп, ол қызды қорғаштап жүретін көрінеді. Менің ренжігенім ештеңе емес қой, жеңгелерімді айтсайшы!.. – Мен ол әйелдің көзін шұқырмын! – дейді үлкен жеңгем, қатты ашуланып. – Өзіңді еркекше ұстасаңшы! Қыздар жігерсіз адамды ұнатпайды. Ана ағаң қыз кезімде маған тыныштық бермеді, тіпті артымнан қалмай, желімдей жабысты да қалды.. – деп үйретеді ол мені. Ал менің ағамды неке сарайына әкеткен өзі екенін жақсы білемін. Сөйте тұра ол “сенің ағаң жігерлі еді, сондай еді” дейді. – Теңіз, Теңіз, Меску суға бара жатыр! – деп қыздың шелектерін алып, ойға түсіп бара жатқанын көре салып, кіші жеңгем жүгіріп келеді. Ол да өзінше маған қызбен қалай сөйлесуді, өзімді қалай ұстауым керектігін үйрете бастайды. Үлкен жеңгемнің үйреткені ештеңе емес, ол үлкен, айтуына болады, ал мына кіші жеңгеме не жоқ? Оған мен кәдімгідей ашуланып: – Үйретпей-ақ қой! Мен үшін уайымдама! Онан да күйеуіңе, өзіңе қара, менің ісіме кіріспе! – деймін. – Ей, сен ынжықсың! Ашық ауызсың, – деп кіші жеңгем өзінің шіңкілдек даусымен үйдің ішін жаңғыртып жібереді. – Иә, өзіңе қарасаңшы! Еріншексің, үйде де ештеңе істемейсің. Қораны да мен тазалаймын, сиырды да мен қараймын, тек иінағашты ала сап, Мескудің соңынан жүгіртпек екенсің ғой? – деп мен де айқайлап, оған тиісе кеттім... – Жарайды, енді қойдық. Аяймын сені, – деп кіші жеңгем көңілі қалған адамша сөйледі. Оның даусы шіңкілдек болса да, денесі толық. Бірақ


қимылы ширақ. Ол менің қасымнан тез бұрылып кетуге асықса да енді мен оның жынына тигім келіп: – Өзіңді өзің ая! Менің ағам сені алдайды. Оның соңынан қыздардың шұбап жүретінін білмейсің! Оның жігіт екенін ұмытпа! – деймін. – Нағылет, тоқта, тоқтай тұр, бәлем! Ағаңа айтып, сазайыңды тартқызармын, – деп, дардай жеңгем, жұдырығын түйіп, менің қасыма келеді. Ашуландырып алғанымды біліп, одан қаша жөнелдім. Енді ағамнан көресімді де көремін. Кіші жеңгем айтқанымның бәрін күйеуіне жеткізген көрінеді. – Тіліңді тый! – Екіншілей ондай сөзді айтушы болма! – деп ағам ашуланып, бір рет жағымнан тартып жіберді. Ағамның жүріс-тұрысын бүкіл ауыл біледі. Сынтаслы үлкен ауыл – онда жеті жүз үй бар. Солар түгел білсе де, әйелі сезбейді, сезсе де білмеген кісіше жүре береді. Сол себепті, ол мені ашуландырса, мен де оның жынына тиемін. Жеңгеме жақсылық істейін деп айтсам, ағам мені төмпештейді. Кім білсін? Мүмкін, кіші жеңгем күйеуі жайында білетін де болар, бірақ сыр білдірмеуге тырысады... Қой, олардың арасына кіріспей-ақ қояйын, әйтпесе әңгіме үлкен ағама жетіп жүрер. Орыс халқы “Боқтық сөзді үйден шығарма!” – дейді. Ал ноғайда: “Түтін түтеткен жеріңді жамандама, өзің де жаман атанарсың!” – деген сөз бар. Кіші жеңгем туралы айтқанда, үлкен жеңгем туралы неге айтпаймын? Айта бастаған сөзіңді бөліп жібергеннен жаманы жоқ... Үлкен жеңгемнің хал-жайы, қайғысы басқа... Оның күйеуі, менің үлкен ағам тәртіпті адам. Бірде кіші жеңгем түс кезінде жұмыс істейтін жеріме тамақ әкеп берген еді. – Теңіз! Теңіз! – деп айқайлаған даусын ұйықтап жатып естідім. Көзімді уқалап, жеңгемнің алдынан шықтым. – Бәлі, ұйықтап жатырсың ба?! – деп ұялтты ол мені.


– Үйықтамағанда не істеймін? Үш-төрт машина жүкті түсіріп, қоймаға кіргізіп қойғанмын, енді дем алып жатырмын. Жүкті түсіріп, қоймаға кіргізу оңай жұмыс емес, әр машинада үш-төрт тонна жүк бар, – деймін өзімді ақтамақ болып. Әкелген тамағын ішіп-жеп алып, жеңгемнің әңгімесін тыңдаймын. – Кино, тура кино олардың қылығы, – деп әңгіме бастайды ол. Мен аузымды ашып тыңдаймын. – Білесің бе, ол өзі ас үйде жатады, ал әйелі балаларымен үйде жатады. Әйелі оны күнде кешке құлағынан тартқандай етіп, үйге жат деп сүйрейді, ал ол сіресіп болмайды. – Е-е, қайнағаң туралы солай деуге ұялмайсың ба? – деп, оның сөзін жаратпай, шамдандым, сонда да әңгімесін тыңдағым келіп барады. – Жарайды, қойдым, көңіліңе алма! – деп жеңгем күлімсірейді. – Екеумізден басқа ешкім естімесін. Өзің білесің ғой, үлкен ағаң – агроном. Бірақ оны агроном деп кім айтады? Әлгі бухгалтерлер совхоздан ананы алады, мынаны алады. Ал сенің ағаң қойды да өз ақшасына сатып алып жейді. Сондай да адам бола ма екен?.. – Оның қандай адам екенін мен сенсіз-ақ жақсы білемін. Одан да не айтқың келді, соған көш, – деймін тағы да оның сөзін жаратпай. – Иә, бұл жағдайды маған Рабият айтты. Ол айтса, ауыл түгел біледі деп сана. Ал біз ғой ештеңе білмейміз, көрдің бе?! – деп, кіші жеңгем тағы да сөйлей жөнелді. – Алдымен не болғанын айтсайшы! – дедім, ауылға қандай сөздің тарағанын тез естігім келіп. – Не болған дейсің бе? Әлгі жаңа дүкеншіні білесің ғой? Өзі күйеуінен айырылған әйел екен. Сол тойсымақ жасап, бастықтарды түгел қонаққа шақырыпты. Отырыс бітіп, жұрттың бәрі тарағанда, жолдастары сол жалғыз басты әйелмен үлкен ағаңды қалдырып кетеді. Ең қызығын қазір естисің... – деп кіші жеңгем күліп жіберді. – Айт, айт! – мен шыдамсыздана асықтырдым оны.


– Үйге қайтам, үйге қайтам! – дейді екен ағаң. – Кино, нағыз кинодағыдай ғой! Ас үйге асығады?.. – деп томпақ жеңгем рақаттана күледі. Мен де күлдім. – Менің күйеуім сылтау табылса болды, ондай дүкеншілердің қалпағын айпалдырып жіберер еді. Нағыз еркек қой! – деп жеңгем күйеуін мақтады. – Сенің жасыңда ол менен басқа тағы да үш қызға ғашық еді. Соны біле тұра оған тидім. Теңіз, ағаң сияқты бол! Ондайларды қыздар өте жақсы көреді, – деп, жеңгем тағы да ақыл үйретті. Осылайша күйеуі туралы, өзі туралы ештеңені бүкпей, ашық сөйлеген адамдарды біздің ауылда “жалаңтөс” дейді. Кіші жеңгем ақ көңіл, аңқылдақ, ішкі сырларын айтып беретін. Кейде мен оны аяймын да. Сондықтан да ағамның басқа біреумен суық ісін оған айтып қоятынмын. Ондайда жеңгем маған ашуланады... Кім білсін оларды?.. Мен кейде өзімді-өзім де түсінбей қаламын, ал жеңгемнің ойын қалай аңдамақпын... Екі жеңгемнің бірін-бірі онша ұнатпайтынын жақсы білуші едім. Екеуі кезек-кезек үлкен әпкемізге: “Анау олай деді, мынау былай деді” – деп жағынатын. Үлкен әпкеміз бізбен бірге емес, басқа көшеде, өзінің отбасымен тұрады. Ауылдағы екі қатарлы ең үлкен, еңселі үй солардыкі болатын. Әпкеміздің он бес баласы бар. Ал біздің үй олардікіндей кең болмаса да, бір қатарлы, бөлмелеріміз де баршылық. Ауламызда жаңғақ ағашы өсетін үлкен бақ бар. Ал ондай бақ ауылда ешкімде жоқ деуге болады. Сонымен, айтайын дегенім, жеңгелерім туралы... Үлкен жеңгем үлкен әпкеме келіп: – Ана, кіші келінің таңертеңнен кешке дейін ешбір іссіз қорада сенделеді де жүреді. Сыпырғышты қолына да алмайды, терезенің қақпағын бояу керек еді, оны да сырламайды, жерқоймаға түсуге тышқаннан қорқады. Еш нәрсеге жарамайды, семіз денесін көтере алмай, дөңкиіп қалған бірдеңе! – деп шағынады.


Үлкен абысынымнан менің қай жерім кем деп, семіз келін де әпкеме барып: – Агрономның балаларының түрлері анау мұрындарынан боғы ағып, кір-кір болады да жүреді. Абысыным олардың да, күйеуінің де үстібасына қарамайды, өзі де бір бейшара адамша, алба-жұлба болады да жүреді, – деп іііағіынадіы. Үлкен әпкеміз осының бәрін бізге айтады. Бұл айтылған сөздерді күйеулері әйелдеріне жеткізеді. Жеңгелерім қырылысып ұрсысуға кіріседі. Ал мен болсам, үндемей, ішімнен күлемін де қоямын. Осыдан кейін үлкен жеңгем әпкемізге келіп: – Қарай гөр өзін, сізге келіп бір қапшық өтірік айтып кетіпті, – деп шағынады. Осыларды естіп, біз ағайынды үшеуміз екі абысын мен әпкемізге күлеміз-ай кеп... Осы әңгіменің бәрі пошташы Қайырханның істерінен шығып кеткен еді. Міне, сол пошташы Қайырханның маған қарсы әрекетін білген соң, екі жеңгем өзара тіл табысты. Бір адамның тілі – жай тіл, ал екі адамның тілі – үлкен күш... Біз сол кезде хатсыз, газетсіз қала жаздадық. Пошташы біздің әйелдерді қорадан көре қалса, көздеріне түспей кетуге тырысатын болды. Жасыл сырмен боялған қақпамызға пошташы жақындай берсе-ақ, жеңгелеріміз еш нәрседен тайынбай, айтатынын айтып салатын. “Шығыстың қаналған әйелдері” – дегенді естігенде, таң қаламын мен. Егер менің үлкен жеңгемнің қандай екенін білсеңіздер, онда ондай сөзді айтпас едіңіздер. Үлкен жеңгеміз пошташыны көргенде, екі қолын бүйіріне таянып, басын шалқайтып, алдынан шығады да: – Кел, кел, ұялмай-ақ қасыма жақын келші, қымбаттым! – деп әдемі, жылы сөздерді айтып, қасына шақырады. – Ана ауыр сөмкеңді көтеріп, шаршаған боларсың, ә? Кел отырайық, біраз сөйлесейік. Жас кезімізді есімізге түсірейік!


Содан соң ол сөзді басқа жаққа бұрып, шындығын айтады: – Осы сен, неге түнделетіп жүресің? Әлде күйеу іздеп жүрсің бе? Жақсы күйеуің бар еді, ол сені неғып тастап кетті? Сеземін, сеземін... Онымен бірге тұрған кезіңде суық жүрісің болған ғой?! Тыңда мені... Қазір Совет заңы! Заңды сен де, мен де жақсы білеміз! Жастардың арасына кірісу саған неге керек, ә? Айтшы, жаным! – деп, зығырданы қайнап, қабағын түйіп, үлкен жеңгемнің даусы қатты шыға бастайды. – Сенің сол сілімтік туысың Москвада оқыса да, кім ол соншама? Керек болса, қыздың соңынан өзі жүрсін! Ал, сен болсаң, бауырыңның орнына қыздарға өзің сөз айтасың. Егер біздің ауылда сондай әдет шыққаны рас болса, сақтан, мен сенімен табан тіресе айқасармын! Мына, онсыз да сирек шашыңды жұлып, қолыңа берермін! – деп, қорыққаннан зымырап бара жатқан пошташы әйелдің соңынан қолын бұлғап айқайлайды. Кіші жеңгем пошташымен сыпайылау сөйлесетін. Неге десеңіз, ол үлкен жеңгемдей тым бейпіл ауыз емес еді. Пошташының өзі де семіз жеңгемнен онша сескене қоймайтын. Бірақ, үлкен жеңгем аулада жалғыз жүрген кезде, Қайырхан одан қорқып, қақпа алдына тасаланып келіп, жәшікке хатты, газетті тастай салып, ілезде кетіп қалатын. Ал кіші жеңгем үлкен ағамның әйелінен кем болғысы келмейді. Пошташының келе жатқанын көргенде, ол да алдынан шығып, тоқтататын: – Қайырхан, өкпелеме! Өзің білесің ғой абысынымның мінезін. Менің саған айтатын бір ақылым... – деп, кіші жеңгем пошташының қасына жақындап барып, күлімсірейді: – Мескудің көшесіндегі иттер мені таниды деп мақтанба! Күндіз олар сені таниды, ал түнде танымай қалып, балтырыңды жаралап жүрер, – деп кекете сөйледі... – Иә-иә! Опырымай-ай, мына албастылардың мені сыбауын-ай! Аяғында пошташы болғаныма өкінуге айналдым, не кінәм бар менің? Жігіттерің қызбен сөйлесіп, қыдыра білмесе, мен кінәлімін бе оған? Бауырым – болашақ инженер. Оған жақсы, әдемі ноғай қызы керек,


бауырыма мен көмектеспесем, кім көмектеседі?.. Өй, жолдарың болмағырлар! – деп, пошташы өзін ақтау үшін қарғап та алады. Семіз болғанмен, кіші жеңгем үлкен жеңгемдей емес. Сондықтан пошташы Қайырхан қақпаны ашып, оған бірдеңелерді айтып, түсіндірмек болады. Содан соң екі жеңгем де үлкен әпкемізге барып, мақтанады. Бірақ, әпкеміз әлі күнге дейін менің үйленуім туралы сөз қозғап, араласқан емес. Ол барлық жағдайды әбден тексермей, өзінің ойын айтпайтын адам. Енді біздің бүкіл отбасымыз жайында түгел айтайын. Үлкен әпкеміздің күйеуі қырда күзетші болып істейді. Оның екі аты, арбасы бар. Бір атының түсі – боз, екіншісі – күрең. Сол күрең ат ылғи сүріне беретін, ал ол сүрінсе, оның соңынан екінші ат та сүрініп барып жерге құлайтын. Бірнеше рет аттың делбесін шешіп, жерден тұрғызатынбыз. Жездеміздің атының сүрініп жерге аунағанынан басқа да өз басының бір кемшілігі бар. Арбаның үстінде ол бірден ұйықтап кететін де, мүштегінен түтін будақтап шығып жататын. Аттар оны үйге өздері алып келеді. Шынын айту керек, біз жездемізді өртеніп кете ме деп қорқатынбыз. Үлкен әпкемізден басқа тағы да екі әпкеміз бар. Олардың бірі аудан орталығында, екіншісі қалада. Бізден алыс тұратындықтан, өзіміз де сирек қатынасамыз. Сонда да сағынған кезде екеуі де тез-ақ жетіп келетін. Біздің осындай үлкен отбасымызға ақыл айтып, басымызды қосатын үлкен әпкеміз еді. Бізге келіп теледидар көретін қара сақалды Сүлеймен үлкен әпкемізге “ауылсовет”, аудан орталығындағы әпкемізге “аудан”, қалада тұратын әпкемізге “облыс” деп ат қойып алған. Бір күні бәрі біздің үйге жиналды. Оған себепкер мен болдым. Үлкен әпкеміз, “облыс”, “аудан”, екі жеңгем және нағашыларым жақтан Медихан мен немере әпкем бәрі отырды. Еркектер отбасы жиынына кіріспей, түні бойы төр үйде отырады. Ең үлкен әпкеміз сөзін ең соңында айтатын, оның айтқаны бәрімізге де сабақ. Бұл жолы да ол үндемей, төсек үстінде жиналғандарды тыңдап, құмалақ ашып отыра берді. Қырық бір құмалақты шашып жіберіп, көпке дейін күйген екі


құмалақтың жерге қалай түсіп, қалай жатқанына тесіле қарайды. Мен сол құмалақтың жерге қалай түскенін байқамайтынмын, себебі үлкен әпкем құмалақты жинап ала қоятын. Сол күні қаладан келген әпкем басымнан сипап: – Бүгін бізбен бірге отырасың, – деді. Жиында жасы үлкендер сөйлеп болғаннан соң, кішілерге сөз берді. Үлкен әпкеміз үндемей отырды. Алғашқыда кезек-кезек ауылдың, ауданның, қаланың жаңалықтарын айтты. Әрқайсысы да “соғыс болмасын, тыныштығын берсін”, – деп тіледі. Содан соң біраз үндемей отырды да, бір-біріне қарап, сонан соң бәрі мен жаққа бұрылды. Қаладан келген әпкем сөз бастады: – Көшемен үйге жеткенше асығып келе жатыр едім. Тағдырдың кездестіруін қарашы!.. (Әпкем аузын ашып, таңданғанын бізге көрсетпек болды). Сонда маған кім кездесті десеңдерші?! Қарасам, Мескудің анасы – Мәрліханның өзі келе жатыр. Мен одан денсаулығын, хал-жағдайын сұрадым, екеуміз құшақтасып амандастық. Ол да басын иіп: – Шүкір, бәрі де жақсы, – деді. Ал өзім ішімнен “Қазір қызын сұрастыратындай қолайлы жағдай туып тұр, туыс болу туралы айтайын” деп ойландым. “Біздің тұқымдар ертеден тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бір-бірімізді білеміз. Біздің марқұм шешеміз де, жатқан жері торқа болғыр, сіздің тұқымыңызбен жақындасуды мұрат еткен еді. Ұзын сөздің қысқасы, қызыңыз өсті, ұзататын уақыты жетті” – деп қалдым... (Әпкем басын көтеріп, маған қарады)... Мәрліхан, әрине, менің тұспалдап сөйлегенімді түсінді. Өзі сондай инабатты екен, менен ұялғандай, әдет-ғұрыпты сақтап: – “Қызға кім сөз айтпайды, қымызды кім ішпейді”, – деді. Өте бір инабатты, ұяң адам болса керек, айтатынын айта алмай кетті, – деп, қалада тұратын әпкем қолымен маңдайын, бетін сипап, қуанышын жасыра алмай, маған қарады. Басқаларының да назары менде. – Ал маған бүгін тағдыр айдап, Мескудің өзін кездестірді. Сондай нәзік, әдемі екен. Басын көтеруге ұялады, адамның көзіне қарамайды, “жақсымысыз” дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Сондай сұлу, инабатты! – деді аудан орталығында тұратын әпкем де.


Басқалары да қуанды. Әпкелерімнің қуанғандарына сенемін-ау, ал жеңгелерімнің қуанғанына қалай екенін білмеймін, сенгім келмейді. Әсіресе, кіші жеңгемнің жүзінен қуанышты байқамадым, қайта оның көзінен бір жымысқылық байқалатын сияқты. – Меску менімен бірге істейді, сондай бір іскер, жұмысына мұқият қыз... – деді Медихан да маған қарап. – Біз саған бір бөлмені босатып қойғанбыз, – деп, үлкен жеңгем маған емес, әпкелеріме қарады. Бұл жолы кіші жеңгем үндемеді. Пошташы жайында ешкім ештеңе айтпады. Ол туралы әпкелерімнің естімегеніне қатты қуандым. Маған жақсылық тілеп, қуантып, енді шыға тұруыма рұқсат берді, ал өздері әңгімелесіп, түн ортасына дейін отырды. Мен көшені кезіп, жерге нұрын төккен көктегі айға қарап, жүрдім де қойдым. Ай да маған: “Жігерлі бол, жігітім!” – дегендей, көзін қысып қарайды. Дегенмен, әлдене мені қобалжытатын еді. Сол пошташы Қайырхан қайдан ғана шыға қалып еді?! Соның қырсығынан Мескумен сөйлесе алмадым. Сонымен, Қайырханның Москвада оқитын інісі жазғы каникулға шығып, ауылға келді. Аты – Әмет еді. Ол кәдімгі жігіттердей қарапайым, мақтайтындай да, үркетіндей де ештеңесі жоқ. Қысқасын айтқанда, көз тартып, таңдандыратындай өзгерісі болмай шықты. Мен оны институтқа түспей тұрғанда-ақ білетінмін, әлі де сол бұрынғы қалпы. Жолыққанда, қол алысып, анау-мынауларды айтып, әңгімелестік. Екеуміздің ойымызда да бір қыз тұрғанмен, Меску жайында сөз қозғамадық. Екеуміз де бірімізге біріміз қарап, күлімсіредік те, жақсы ниетпен тарадық. Жалған ойлап қайтеміз? Біз әйел емес, еркекпіз ғой. Еркектер өз ісін сөзбен емес, іспен көрсетеді. Дұрыс қой? Мескудің көршілері, менің бақытыма ма, әлде сорыма ма, кім біледі, әйтеуір келін түсіріп, той жасап жатты. Иә, бізде тойдың қандай болатынын өзіңіз білесіз, “Той ма, әлде сауықкеш пе?” деп аталып,


жақында біздің газетте шыққан мақаланы оқысаңыз, қандай тойлардың болатынын білерсіз. Ұлан-асыр тойлар кейін сауық-кешке айналып кетті десең де, өтірікші болмайсың. Дегенмен, шүкір, бұрынғы тойлардан қалғаны – келін түскен жерде ойын болады. Ол, әрине, жақсылық. Келін түсірсе – ойын болады, ойын болса – жігіттер жиналады, жігіттер жиналған жерге – қыздар да барады. Қыздармен бірге Меску де келеді. Ал, Меску келсе, Әмет пен екеуіміз де баруға тиістіміз... Сол күні жұмыстан ерте келдім. Үлкен жеңгем тойда киесің деп, аудан орталығына барып, ақ нейлон көйлек алып келді. – Сен сол жаман пошташының інісінен кембісің?! Ки, ерке жігіт, нағыз жігіт екеніңді көрсет! – деді жеңгем. Ол мені осылай атайтын. Ноғайда жеңгелері қайныларының атын атамайтын әдет бар. Кіші жеңгем де үлкен жеңгемнен қалыспады, ол да қолынан келгенін істеп, шалбарымды үтіктеді, үстіме иіс су бүрікті. Бардым... Жолда келе жатып, шапанымды ала шықпағаныма өкіндім. Көңілім өрекпіп: “Мескуді шапаныма орап алып қашар ма едім!” деген ой да келді. Гармонның даусы, жігіттердің сарт-сұрт соққан шапалақтары да алыстан естіледі. Келе сала секіре басып, биге кірісіп кеттім. Бір биді де өткізбей, ылғи Мескумен билермін деп, өзіме-өзім жолда серт бергем... Аула ішінде электр шамы жарқырап тұр. Қыздар бір бөлек, жігіттер бір бөлек тұр екен, мен Мескуді бірден көрдім. Қалай дегенмен, оның көздері жалт-жұлт етіп, маған қуана қарағандай болып көрінді. Менің келгеніме қуанған шығар деп ойладым. Осы кезде Әметті көріп, қол алысып амандастық. Оған ешбір жол бермейтіндігімді білдіріп, қол алысқанда, қатты қысып жібердім. Мүмкін, Әмет те солай ойлаған болар, ол да менің қолымды қатты қысты. Сылдырап аққан ағын судай, гармонның да үні тоқталмады. Жігіттер қолдарын сарт-сұрт соғып жатыр. Әмет біраз үндемей тұрып:


– Қыздар аз ғой? – деді. – Иә, – дедім мен де. Тағы да үндемей, қол соғып тұра бердік. – Қарашы, қандай сұлу қыз?! – деп, Әмет Мескудің қасында, басына қызыл орамал байлап тұрған қызды көрсетті. Оның сынап айтқанын біліп, мен де оған Мескудің екінші жағында тұрған, көк орамал байлаған Нәсіпхан дейтін қызды көрсеттім. Гармонь үні тоқтаусыз шалқи берді, ал біз, Әмет екеуміз қолымызды сарт-сұрт соғып, тұрдық та қойдық. Міне, үшінші биде ой жақта тұратын Нәзір Мескуді биге шақырды. Біз, Әмет екеуміз оларға қарап, қол соғуды да қойдық. Нәзір маңғазданып, қыздың жанында шыркөбелек айналып, билеумен болды. Қыз да көздерін жалт-жұлт еткізіп, жігітке қылымсып қарайды. Адамның көзіне тура қарамайтын Мескуге бүгін не болғанын біз білмей қалдық... Би біткен кезде, Нәзір қызды білегінен ұстап, жұрттың көзінен таса жаққа әкетті. – “Біттік”, – дедім мен өзіме-өзім. Әметтің иығы түсіп кетті. “Бейшара, Қайырхан”, – деп мен неге екені белгісіз, жігіттің пошташы әпкесін аяп кеттім. Менің құлағыма жеңгелерімнің шамдана сөйлеген дауыстары естілгендей болды. Не істемексің? Амал жоқ. Жылпостығына, жүріс-тұрысына қарағанда, Нәзір менің кіші жеңгемнің күйеуіне ұқсайтын еді, ал ондай адамдарды қыздар ұнатады. Мен тағы да Әметке қарадым. “Жылаймыз ба, сонша?.. Ерлігімізді көрсетуіміз керек қой!” – деп ішімнен өзімді-өзім тыныштандырмақ болдым. Әмет Мескудің оң жағында тұрған қызыл орамалды қызды жұптасып билейтін биге шақырды. Мен де барып, өзіме ұнаған көк орамалды Нәсіпханды биге шақырдым. Басына орамал байлаған қыздарды біздің ауылда әдепті деп санайды. Нәсіпханды қолтығынан алып, жұптаса жүріп, бір айналғанда-ақ, оны биге шақырғаныма өкіндім. Оның сондай күлегеш екенін қайдан


білейін? – Жігіттер иіс суды сонша неге құяды екен? – деп күлді-ай кеп. Мен бірден тоқтай қалдым. Нәсіпхан күліп, менің қолымнан босап шығып кетті. Есімді жиып қарасам, Нәсіпхан қыздардың арасында ішегі қатып, күліп тұр екен. “Ей, нағылет! Күлкің құрғыр, түнімен ұйқы көрмегір!” – деп оны ішімнен әйелдерше қарғадым... Ертеңіне таңертең жұмысқа бара жатқанымда біреу артымнан қуып жетіп, тоқтатты. Кім екен деп қарасам, Нәсіпхан екен. Ұятсызын-ай! – деп ойладым бірден. Ол тіпті менің аузымды аштырмады: – Теңіз, кешегіме өкпелеме, көңіліңе алып қалған болсаң, кешір мені!... – деді ол өтініп ерні кемсеңдеп. Мен оған не айтарымды да білмей, қолымды сілкідім де, өз жөніммен жүре бердім. Екінші күні оны кеңсенің жанындағы қырманнан тағы да көрдім. Ағаш күрекпен бидайды ұшырып тұр еді. Нәсіпхан мені көріп, басын изеп, күлімсіреді. Мен де басымды изедім. Үшінші күні кездескенде: – Бүгін клубта жақсы кино болады екен, – деді. Төртінші күні ол маған: – Сен жақсы жігітсің! – деді. Бесінші күні мен де оған: сен де жаман қыз емессің, – дедім. Алтыншы күні екеуміз аудан орталығындағы саябаққа бірге бардық, себебі біздің ауылда қыдыратын саябақ жоқ қой. Жетінші күні, саябақтың жоқтығына өкінбей-ақ, өзіміздің өзен жағасына барып қыдырдық. Содан кейін бәрі де ұршықтай айналып кетті. Нәсіпхан мені айналдырды ма, немесе мен оны айналдырдым ба? Ол жағы әлі күнге


дейін белгісіз. Біз ұялмай, ештеңе демей-ақ, енді қалай өмір сүру жайында сөйлесе бастадық. – Қалай өмір сүрмекпіз? – деді ол – Қайдан білейін... – деп жауап бердім мен. – Неге соза бересің! Мен сенің жағдайыңды білемін, сен де менің жағдайымды білген сияқтысың, – деп, Нәсіпхан үйленуге асықтырды. Тек достарым: – Үйленуге, торға түсуге асықпа! – дейді. Үлкен әпкеміз: – Күйеуге тиюге асығатын қызды алуға болмайды, – деп айтса да, Нәсіпханды “жақсы, еңбекқор қыз” деп мақтайды. Енді ойлап көр. Нәсіпханның күйеуге асығатынын тек мен ғана білемін, ал үлкен әпкеміз оны мақтауын қоймайды. Ойлан, ойланба, енді үйленуім керек. “Арқанның ұзыны жақсы, әңгіменің қысқасы жақсы” деп, бекер айтпаған. Мен де әңгімемді қысқартып, басқалардың тағдыры қалай болғанын айтайын. Меску Нәзірге күйеуге тиді. Әмет өзінің қызымен хат алысып, қуанды. Менің жеңгелерім Қайырхан пошташымен татуласты. Үлкен жеңгем енді бүйірін таянып, басын кекжитпейтін болды. Кіші жеңгем де, онсыз да семіз байғұс оның үстіне аяғы ауырлап, пошташының алдынан күлімсіреп, әрең шығатын болды. – Қайырхан, сен газетті көп оқисың. Осы Сынтаслы жайында не жазады екен? – деді татуласқысы келген үлкен жеңгем сөзге араласып. – Кімге керек, сенің Сынтаслың? – деді кіші жеңгем де одан қалыспай. Қайырхан не дерін білмей, дорбасынан газеттерді шығарып, қақпа алдындағы пошта жәшігіне тыға салды. – Ауылда бір жаңалық бар деп естиміз, – деді үлкен жеңгем. Ол жаңалық Мескудің тойы еді. – Қойыңызшы, сіз осы. Мен сізден көп оқымаймын ғой?! Саясатта не жұмысым бар, үйімнің жұмысын тындырсам болды... Үйлену тойына


дайындалу оңай дейсің бе? Ана Әметім үйленбек – менің жаңалығым сол... – деді пошташы әйел – Біздің Теңізіміз де кешікпей, қалыңдығын үйге әкелмек. Ол қыздарды таңдай-таңдай, басымызды қатырды. Шүкір, енді бір қызбен жарасыпты деп естіп жүрміз, – деді үлкен жеңгем, мені мақтап. – Жігіт адамдарды түсінбейсің. Ана Әметіміздің басын Мескуден әрең құтқардық. Қазір қыздарды да біліп болмайды, өз ақылдарымен жүреді, – деп, Қайырхан өзінің бұрынғы істегендерінің мәнісін түсіндірмек болды. – Дұрыс айтасың, Қайырхан, біз де басын айналдырған сол бір қыздан жігітімізді әрең айырдық. Сенімен де ұрсысып қалдық, – деді, үлкен жеңгем жылы шыраймен пошташыға қарап. – Иә, білмедік, қой, – деді Қайырхан да ақырын сөйлеп. Сонымен олар татуласты. Әмет жақсы көретін қызымен хат жазысады. Мен де кешікпей, үйленбекшімін. Әңгімем де бітті. “Трагедия қайда?” Жоқ. Кім біледі, үйленгеннен кейін “трагедия” болып жүрмесе, әзір білмейміз. Екі ағамның өмірі соншама керемет болмаса да, маған үлгі. Мен сол баяғы шатырда, өзіме жеке бөлме жасап тұратын боламын. Үлкен ағам ас үйде жатады. Түн ортасында: “Ей, мәжін, осы сен үйге жатасың ба, жоқ па?” – деген үлкен жеңгемнің даусы естіледі. Екінші ағам олардың айқайынан кейін келеді үйге. Семіз жеңгем үндемейді. Үлкен әпкеміз он алтыншы баласын туды. Бұл тамаша хабар емес пе? “Трагедия” жоқ. Жаным да тыныш, көңіл-күйім де жақсы. “Айт десеңіз, айтайын” (Халық өлеңі)


Сынтаслының таңы сарғайып атып келеді. Жұрт әлі таң алдындағы тәтті ұйқы құшағында. Аспанда жұлдыздар жарқырайды, ай да ағараңдап көрінеді. Міне, сол жапырақтың, шөптің қимылдағаны естілетіндей тып-тыныш мезгілде күн күркірегендей дыбыс шықты. Ауыл үсті күлкіге бөленді. Аспан да, жер де шайқалып кетті. Адамның күлкісіндей дыбыс шықты да, біраздан соң тынды. Көп кешікпей, Сынтаслының әтештері де шақыра бастады. Олардан соң жұрттың оянатын мезгілі де болды. Күннің сәулесі ауылды жарқылдатып жіберді. Сиырлар сауылып, мал өріске айдалып, тракторлар, машиналар гүрілдеп, жұрттың бәрі жұмысына асығып, Сынтаслы ауылы жаңадан күндегі тіршілігіне көшті. “Жығылатын жерімді білсем, табан тірер едім”, – дейді халық мақалы. “Суға жетпей, етікті шешпе”, – дейді халықтың тағы бір мақалы. “Тауық жұмыртқаламай, қыт-қыттамайды”, – деген де сөз бар. Мен де қай жерде жығылатынымды білмей қалдым, суға жетпей аяқ киімімді шештім, оның үстіне бостан-босқа қытқыттадым. Менің өз кінәм аз. Өмірім кінәлі. “Өмірде неше түрлі күтпеген оқиғалар болады, қай жерде, нендей жағдай болатынын білмейсің” деген екен ерте заманда бір ақсақал. Білген болсам, өмірімде трагедия жоқ деп, ауылды түгел тойға шақырып, “кыт-қыттамас” едім. Ауылдастарым той жасады. Тойым ешкімдікінен кем де, артық та болмай, халық түгел жиігалды. Үш күн бойы жұрт аста-төк тамақ ішіп, үш күн ойын-сауық тоқтамай, жақсы-жақсы тілектер айтылды, үш күн құрметті орында отырдым, үш күн келін шымылдық ішінде отырды. Үш күн гармонь тартылып, ноғайдың дөңгелене секіріп билейтін “ұзын биі” сарт-сұрт естіліп жатты. Сол кезде мен алды-артыма қарамағанымды білдім. Бұрын үйленгендердің қайсысына қарайсың. Ағаларымның әйелдеріне ме? Олардың әйелдерінен сақтасын?! Сонда кімге қарауым керек?... Бұрын жұрттың қалай өмір сүргенін білмеймін. Бірақ қарттардың айтуына қарағанда, жаман болмаған. Дегенмен, өмірдің оңай еместігін қарттардың өздері де жиі айтады. Мына Сүлейменнің айтқанын тыңдап көрейік...


...Он жеті жасымда әкем мені таяқпен қорқытып, үйлендірді. Әйелім Асылхан – он төрт жаста еді. Ол маған он бесінде ұл тауып берді. Он сегізге толғанда екінші ұлды туды. Жиырмасында – үшіншісін тапты. Сүйіп алды деп ойлайсыз ба? Әкемнің жез таяғын ешқашан ұмытпаймын. Үйрендім. Үшінші баладан соң, тіпті, жақсы көріп кеттім. Ал, қазіргілер не боп кетті өзі?.. Қарттар бүгінгі өмірді ұнатпаса, бұрынғыны еске алады. Ал әйелдерімен қалай өмір сүргендерін сұрап, айт десең де айтпайды. Бірақ, бүгінгі өмірмен таласу үшін мысал етіп, бұрынғы өткендерді айтады. Соған себепкер болған Сүлеймен де: – Қазір не болып кетті өзі?.. Үйленгені бүгін, ертеңіне “іс сапар” (Сүлеймен жаңа сөздер қосып сөйлеуді ұнататын кісі) деп, әйелін төркініне жібереді. Басқаны алады, тағы да “іс сапар”. Бірге тұрса да, бір-екі баладан артық болмайды. Бұл не өмір? Нағыз өмір сүргендер – көп балалы болғандар, немере сүйгендер, – дейді Сүлеймен таңданғаннан таңдайын қағып. – Балалы үй базар, баласыз үй мазар! – дейді ол, халықтың мақалын айтып. Жастар, бұрынғы өткендерге онша көңіл бөлмейді. Оларға өткен өмір қызықсыз боп көрінеді. Көз алдыңа келтіру де қиын. Қарттар әңгіме қып айтқанда, бәрі дұрыс сияқты. Тағы да... Ерлі-зайыптылар тату тұрса, ондай отбасыны байқамайды. Ал егер біреулердің жетіспеген жағы болса, оны бірден-ақ естиді. Менің де көзіме сондай адамдардың өмірлері елестейді. Өзім үшін қайғырмаймын. Мына, жас әйелім үшін қиналамын. Ол кімнен үлгі алуы керек? Клубтың бастығы анау Әкім таздың әйелінен бе? Құдай сақтасын, ондай албастыдан. Өзі әлеуетті-ақ, жұдырығы диірменнің тасындай, барып тұрған бір ұр да жық. Оған қарап, Әкімді күйеуі деп те, клуб бастығы деп те айту қиын. Жұрт клубқа кіргенде, оның әйеліне тура қарай алмайды, именеді. Оттай жанған қара көзінен қорқады. Немесе көгілдір көзді, сұлу Сапияттан ба? Ол – бухгалтер Мұсаның әйелі. Сұлулығына баға жоқ, аққу мойын, ақ тамақ. Ертегінің өзінде


ондай сұлу жоқ шығар-ау. Бірақ оған ақша жеткізе алмайсың. Бір жылдың ішінде алған қабат-қабат сәнді киімдері мен алтын сырға, білезік, жүзіктерінде сан жоқ. Оның үстіне байлығын көрсету үшін көршілеріне сыйлық жасайды. Бұл аз шығын ба? Ал Камайдың әйелі ше? Ол – үн-түнсіз жүретін, үндеместің өзі. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді. Үйді біресе балшықпен сылайды, біресе ақтайды, бақшадағы жүгеріні жинайды. Бүкіл ауланың да, үйдің де жұмысы оның мойнында. Жұрт оны “сор маңдай” дейді. Бір күні жалғыз өзі жерқойма қазып жатқанын көршілері көріп, шыдай алмай: – Сорлы-ау, өзіңе мола қазып жатырсың ба? – депті ызаланып. Ол үндемей, жұмысын істей беріпті. Күйеуі де оған ұрысады, бірде тіпті ашуланып, оған курортқа жолдама да алып келген көрінеді. Міне, сонда ғана үндемес әйелдің үні шығыпты: – Камай-ау, ақылыңнан адастың ба?! Тауықтар, үйректер не болады? Олар менсіз өліп қалады ғой! – деп, өмірі ашуланбаған әйелі күйеуіне қарсы сөйлепті. Камай күліп, амалсыздан жолдаманы кері қайтарып береді. Міне, қандай әйелдердің бар екенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Сонымен, кімге қараймыз, кімнен үлгі аламыз? Мен енді осының бәрін өмірдің өзі көрсетер деген шешімге келдім... Өзім туралы емес, Нәсіпхан туралы ойладым. Дұрысырағы әйелімнің қандай болуы керектігі жайында. Ал Нәсіпхан бәрінен де бұрын, “күйеуім үлгілі болса екен” деп ойлауы мүмкін. Оған үйдегілер: “еріңнен көз жазба!” – деген болар. Алғашқыда менің аяғымды қия бастырмады, бір жаққа барайын десем: – Қайда жиналып жатырсың? – деп сұрайды. Ешқайда жиналып жатқаным жоқ. Баратын жерлер толып жатыр ғой... Бір күні Нәсіпхан менің шатырға шығып, жоқ болып кеткеніме ренжіді. Оның шатырға шығуына болар еді, бірақ көтерілуге ұялатын. Сондықтан ол үйдегілерге үнін де шығармайтын. Дегенмен, бір күні шатырға шықты. Менің кітап оқып, бүктемелі кереуетте жатқанымды


көріп, жылап жіберді. Мен оны көпке дейін қалай жұбатарымды білмедім. Тіпті болмаған соң, төменге түсіп, күні бойы қасында болдым. Ал ертеңінде шатырға шықсам, төсегім орнында жоқ. Төменге қайта түскенімде: – Осында оқысайшы, жаным кітабыңды?! Мен саған кедергі жасамаймын. Егер бүктемелі кереуетіңді ұнатсаң, онда біз оны бөлменің мына бұрышына қояйық, – деді. Мен күлдім. Ол да ренжімей, істеген ісіне риза болып, өзі де күлді. Жаман әйел емес, адал, ақ жүрек. Тек үйленгелі бері күлкісін аз еститін болдым. Үлкендерден ұяла ма, немесе жаңа өмірге үйрене алмай жүр ме? Білмеймін... Ойламаған жерден қателік болды. “Жырылатын жерімді білсем, табан тірер едім”, – деп осындайда айтады екен ғой. Оның қалай болғанын да білмей қалдым. Тағы да екі жеңгем кірісті. Олар кіріскен жерде жақсылық болмайтыны бұрыннан-ақ белгілі. Алғашқыда олар Нәсіпханға өте жақсы қарады. Сегіз бөлмені жинау, бүкіл үй жұмысын да істеп, өз жұмысына да барып, сексен сом ақшасын да әкеліп тұрған келінге жақсы қарап қана қоймай, алақанға салу керек еді. Біз жарты жылдан артық бірге тұрдық. Жаз келді. Жұрт суға шомыла бастады. Мен де бір демалыс күні суға түсуге бардым. Күйеуінен айырылған әйелдер Сынтаслыда көп-ақ. Сондай әйелдің біреуі біз жақта тұратын еді. Оның аты – Сурат. Жаздың ауасы жалғыз басты әйелге әсер ететін, әсіресе күйеуінен айырылған әйелдерге. Олар осындай кезде өзен жағасына барып, күні бойы таза ауада көңілдерін көтеріп отырады. – Айтайын дегенім, демалыс күні тынығайын деп, өзен жағасына бардым. Әйелдер жатқан жерден әрірек кетіп, шешініп, күнге қыздырындым. Күн шуағын мол төгіп, жарқырап тұр. Мен іш киіммен ғана жүрмін, табиғатқа тамашалай қараймын. Таза ауа, шуылдаған өзен, айнала жап-жасыл, көңілім сондай көтеріңкі. Жаға тік, жардың төменгі жағынан өткен жылы әйелдер су алатын еді, ал биыл басқа жерге көшкен. Жардың шетіне жуық келіп, төмен


қарадым. Сурат жеңін түріп, көйлегінің етегін беліне қыстырып, кір жуып тұр екен. Тесіліп, қарап қалыппын. Ол да мені байқап, күлімсіреді. Жартылай жалаңаш екенімді де ұмытып, төменге түстім. Біреулер көріп қалар-ау деп ойламай, онымен сөйлесе бастадым. Жұрт сенің күннің тамашалырын айтып сөйлескеніңді, немесе ауылда болып жатқан соңғы жаңалықтар жайында, жаңа кино туралы айтқандарыңды білмей, мүлде басқаша ойлайды. “Неге жар астына жасырынған, көшеде сөйлесуге болмай ма?” деп соғады. Кездейсоқ ұшырасқанымызға күмәнданады. Ал Сурат болса сөйлеген сайын көзі жалт-жұлт етеді. Онымен бір кезде бірге оқығанымды жасырмай-ақ айтамын. Осы айтқандарымды ешкім естімеген де, көрмеген шығар деп, басымды көтеріп, жоғары қарасам, кіші жеңгем жар басынан қарап тұр. Отырған тастан ұшып түсердей болып, сасқанымнан атып тұрдым. – Ерке жігіт, суға түстің бе? – деп, кіші жеңгем қуақылана күлімсіреп, маған да, Суратқа да қарады. – Иә, жеңге, – дедім әрең сөйлеп. Жеңгем кетіп қалды. – Бұдан былай көп көрінбе. Үйдегілер сөз етеді. Мен сенің жұмысыңа барармын, Теңіз, – деді Сурат жалынғандай сөйлеп. – Неге келесің? – дедім таңданып. Сурат аузын қолымен басып, қатты күлді. “Қарай гөр, оның өжетін, жұмысыма келмек” деп ішімнен ашуланып, Сураттың күлкісіне де қарамай, суға түсуді де ұмытып, киіне салып, үйге қарай асықтым. Сол күннен бері кіші жеңгем маған бір түрлі сынағандай көзқараспен күлімсірей қарайтын болды. Үлкен жеңгем де күлімдеп қарап қояды. Кінәм болмаса да, Нәсіпханнан ұялдым. Не болғанын айта алмай жүрдім. Айтатын да ештеңе жоқ қой. Айтқаныммен, ол дұрыс түсінсе жақсы, ал түсінбесе, ол мені ақталып тұр деп ойлауы мүмкін. Ештеңе болмаса, неге айтасың дер. Өзін алдағандай көрер. Сонымен қиын халге түстім. Не істерімді білмедім. Ешбір кінәмнің жоғын ешкімге білдіре алмадым, сөйтіп күмәнді адам болдым да қалдым. Сурат айтқан сөзінен танбады. Бір-екі күннен соң жұмысыма келді. Мен мүлде сасып қалдым. Ол кешке, қоймада қарауылшыдан басқа ешкімнің жоқ кезінде келді. Үстіне ақ нейлон кеудеше, көк белдемше


киіп, дәл бір тойға баратын адамдай әдеміленіп, бетіне опа, үстіне иіс май жағып келіпті. Тап бір сурет пе деп қалғандай, жайнап тұр. Ал менің үстімде жұмыс киімі. Содан қысылдым да, ол жақындаған сайын, тайсақтай бердім. Сонда да ол менің киімімнен қашпады, қасыма таяп, ұялмай-ақ, көзіме қадала қарады. Жүн үйілген жерге келіп тоқтадым. Ол қасыма жақындай беріп: – Теңіз, мен сені сондай сағындым, – деді. Оның сөзінен ұялғанымнан қызарып кеттім. Сурат қолын созып, мойныма асылып, өліп-өшіп барады. Сол кезде дүние аударылса, аударылсын деп, мен де оны құшақтадым. Үйге кеш қайттым. Сол бір антұрған Сураттың кездескеніне өкіндім. Нәсіпханға не айтатынымды ойлаумен көңілім бұзылып, әрең дегенде үйге келдім. Қақпаның алдында кіші жеңгем кездесті. Тағы да күлімсіреп қарады. Жақтырмай, үн-түнсіз өтіп кетіп қалдым, бірақ ол бірінші сөйлеп: – Саған жұмысыңда иіс су бүріккен бе? Еркектер, бәрің де бірдей екенсіңдер? – деді. – Өзіңе қарасайшы... – дедім оны сөгіп. Баспалдақпен көтеріліп, үйге кіріп келе жатқанымда, алдымнан үлкен жеңгем қарсы шығып: – Әй, ақымақ екенсің! – деп, ол басындағы жаулығының ұшымен бетімді сүртіп, жаулығын жарыққа созып, ерінге жаққан помаданың дағын көрсетті. – Өй, оңбаған, қыдырымпаз, басың жұмыс істемейді, тез бар да бетіңді сабындап жу, – деп ұрысты ол Түні бойы әйелімнің қасында үндемей отырдым. Оған еш уақытта да өтірік айтып көрген жоқ едім, өзім де өтірік айтуды жек көремін. Үялғаннан оның көзіне қарай алмадым. Ол мені ауырып қалған екен деп, түрлі шөптерді қайнатып, дәрі етіп, суын ішкізбек болды. Мен оны ішпедім. Нәсіпхан қиналды. Денімнің сау екенін айтып ем, сенбеді. Ашуланып, қатты сөйлеп ем, жылады. Сол кезде, көңілін аулап, қайнатқан дәрісін іштім.


Түнімен ұйықтай алмай шықтым. Басым мең-зең боп, жұмысыма бардым. Кешке Сурат тағы да келді. Алғашында мен оған ренжіп, қоймадан қумақ болдым. Әйел кетпей жылап, маған ғашық екенін айтты. Мен оны аяп кеттім, біреу жыласа, шыдай алмаймын. Сол түні үйге қайтпадым. Сурат екеуміз қоймада қондық. Нәсіпхан менің келуімді күтпей, оны-мұнысын жиып, төркініне кетіп қалыпты. Мен туралы “бұзылды” деген лақап ауылға тез жайылды. Бір жұмадай үйге бармай, Сураттікінде тұрдым. Үйде ағаларым келуімді күткен көрінеді. Ал мен олардың сөздерінен қорқып, бір жұмадай қайтпадым. Кеш сайын Суратқа Нәсіпханның адалдығы, жақсы әйел екенін айта бердім. Сурат та мені жұбатпақ болып: “Нәсіпхан қайтып келеді” – деп сендірді. “Қайтпаса, менімен тұрасың” – дейді. Бейне, онымен бірге тұрсам, маған жеңілдік болатындай сөйлеп. Солай дегенде оған мен кәдімгідей шамдандым. Ал Сурат жылап, мені ешқайда жібермеймін дейді. Ал енді не істемексің? Трагедия. Нәсіпханның бір туысы жұдырығын түйіп, қорқытты да. Ағам көшеде кездесіп, жағымнан екі рет тартып жіберді. “Екіншілей біз жаққа аттамассың”, – деді. Үйге мүлде қайтпадым. Бір күні үлкен ағам жұмысыма келіп, зорлап үйге алып барды. Әйелдердің басы қосылған екен. Үлкен әкпелерім: “ауылсовет”, “аудан”, “облыстың” бәрі де осында отыр. – Ей, нағылет! – деп сөзді қалада тұратын әпкем бастады. – Біз бұның тойын жасап, үйлендіргенде, істеп жүргенін қарашы!.. – Оны аяп, “кенжетай” деп, тым еркелетіп жібергенбіз! – деді аудан орталығында тұратын әпкем. – Дандайсып кеткен әбден! – деді жауырыныма пышақ сұққандай көзіме тура қарап сөйлеген үлкен жеңгем. – Иә, – деп, үлкен жеңгемнің сөзін кіші жеңгем де құптап, ол да менің көзіме тесіле қарады. Үлкен әпкем ғана үндемей, әрбір сөзге мән беріп, ойланып, тыңдап отырды. Туыстарымның жақтырмай қарағанынан жылап жіберуге аз-ақ қалдым.


Ақыры шыдай алмай: – Жақсы, Нәсіпханды алып келіңдер! – дедім. Солай дегенімде бәрі де күлімдеп, маған жылы шыраймен қарады. Сол түні сөйлесіп, Нәсіпханды алып келуге әйелдерді жібермек боп тоқтасты. Делегацияның құрамына үлкен әпкем мен екі жеңгем енді. “Екі жеңгем жүрген жерде сәтті нәтиже бола қояр ма екен?” – деп ойлап едім, айтқаным келді. Делегациямыздың жолы болмай, кешікпей қайтып келді. Нәсіпханың үйге қайтуынан үмітім үзілді. Ондай жағдай трагедиядан да жаман ғой. Менің әйелім күйеуден айырылған жас жесір болмақ па? Ал Нәсіпхан Сураттан үш жас кіші еді. Енді ол жұрттың бетіне қалай қарамақ? Сураттай әйелдер жесірлікке үйренгендер. Нәсіпханның жас жүрегі ондайды көтере алмас. Жесірлер де әр түрлі болады. Бике кемпір өмір бойы жалғыз тұрған, күйеуге де тимеген, сонда да оны жесір дейтін. Айташ деген әйел жас кезінде ғашық жарына “сенен басқа ешкімге тимеймін” деп ант еткен екен, міне күйеуге тимегеніне отыз жыл болды, сонда да оны жесір дейді. Екінші бір Айшат, ана Айшаттың көршісі, күйеуге тимесе де, бес бала тапқан. Шын жесірлер туралы әңгімелейтін болсақ, күйеуі соғыста немесе аурудан қайтыс болған, күйеуі тастап кетіп, жалғыз қалған әйелдер жайында айтуымыз керек. Солардың біразы күйеуінен қылықтары, мінездері келіспегені үшін айырылысады. Анау, мысалы “загот-скот” бастығы Әмит әйелі Зумрудпен жиырма жыл тұрып, оның мінезінің жамандығын жаңа ғана біліпті. Асанби деген бірде-бір тойды құр жібермейтін жыршы жігіт. Оның өзі бес әйел алып, бесеуін де жіберген. Сөйтіп, жесірлердің қатарына Асанбидің бір өзі бес әйелді қосқан. Сонда да әйелдер Асанбидің бурыл шашына әлі көздерін тігумен жүр. Олардың не ойлайтынын кім білсін? Кәртеміс жесірлердің қайта күйеуге тиюі өте қиын. Егде әйелді жіберген еркек жас жесірді алады. Жас жесірге жеңіл Ал әйелінен ажырасқан жас адамға екінші рет үйлену өте қиын. Күйеуден шыққан жас әйел ондай адамға тимейді. Себебі, “аузы күйген үріп ішеді”. Әлі


күйеуге шықпаған қыз, әлбетте, әйел жіберген жігітке тиюден қашады. Сондай хал менің де басыма түскен еді. Бірақ жесірлерге де жеңіл тиеді деп ойламаңыз. Күйеуге тие алмай қалатындары да көп. Біздің жас жесірлерді Тбилисиде, Ташкентте, Ашхабадта көрсеңіз, таңданбаңыз. Солар сияқты бақытын іздеп, Сынтаслыдан еркектер де кетеді. Олар да өз тамырларын алысқа жаяды. Екі жеңгем маған аянышпен қараса да, іштерінен ішек-сілелері қатып күлетіндерін сеземін. Делегацияны бастап барған үлкен әпкем ашуланып: – Мен оны, Нәсіпханды табалдырықтан да аттатпаспын! – деді. Мен оған қатты қайғырдым. Үйіне барайын десем, туыстарым маңайлатпады. Онымен кездеспек болып, жаңа салынған қант заводындағы жұмысына бардым. Есік алдында оны ұзын бойлы жігіт күтіп тұр екен. Бұл маған ұнамады, іштей қатты қызғандым. Жігіт Бәшір деген студент. Осы кезде есіме Меску үшін таласатын Әмет түсті. Сондықтан Сынтаслының барлық студенттерін жек көріп кеттім. Неге десеңіз, басқа жақта бес жыл жүріп, оқуын бітіріп келгеннен кейін ауылдағы жігіттердің қыздарын айналдырып алады. Нәсіпханмен әлгі жігіт бір жерге тоқтап, сөйлесіп тұрды. Мен де тұрған жерімнен қозғалмадым. Мені көрген Нәсіпхан қабағын түйін, қасыма келді де: – Жесірлермен қыдырған жүрісің жетпеген болар, енді менімен жүретін кезегің болар ұятсыз, – деп, бұрылып кете берді. – Нәсіпхан! – деп жыламсыраған даусым әрең шықты. – Немене? – деді ол тоқтап. – Ештеңе емес... – дедім не айтарымды білмей. Ол әдейі жігіттің қолтығынан ұстап, жүре берді. Жігіт қолын босатпақ болады, ал Нәсіпхан маған ерегесіп, оның қолын жібермей, алыстап кетті. Мен жалғыз қалдым.


Бүктемелі кереуетімді қайтадан шатырға алып шықтым. Болған жағдайға өкініп, жападан-жалғыз қалдым. Осы кезде қолыма қалам алып, өлең жаза бастадым. Оларым, әрине, махаббат жайында еді. Кімде-кімнің махаббаты сәтсіз болса немесе өмірінде жаңадан махаббат басталса, сол адам өлең жазады. Ол белгілі нәрсе. Сөйтіп, Сынтаслыда өлең жазатындар көп еді. Олардың біразы белгілі жазушы болды. Басқалары ешкімге, туыстарына да білдірмей, жан сырын қағазға түсіріп жүрді. Әрине, жазбайтындар да бар. Ондайлар өлеңді ойында сақтап, ешкімге де оқымай, сол өлеңдерін іштей қайталап, өзін-өзі жұбатады. Мен екі қалың дәптерді жазып, толтырдым, ешкіммен қатынаспай, жалғыз жүрдім. Киноға баруды да қойдым. Соңғы күндері болған оқиғаларды қағазға түсіріп, сонымен сырластым. Сурат жұмыста да артымнан қалмай, көшеде де бірнеше рет алдымнан шығып жүрді. Мен енді оны маңайыма жуытпадым. Нәсіпхан жайында еш хабар-ошар жоқ. Түнделетіп үйінің жанына барып, терезесінен сығалаймын. Оның кітап оқығанына, киімдерін үтіктегеніне, көйлектерін тазалағанына қарап, бірге тұрған кезімізді еске аламын. Онымен алғаш танысқанда киноға баратынымызды, кеш бойы су жағасында отыратынымызды көз алдыма елестетіп, сызылған жіңішке даусы, күлкісі құлағыма шалынғандай болады. Сөйтіп, көзімді терезесіне қадаумен, уақытымды босқа өткізем. Ол да мені көріп тұрған болар деп сенем. Бірақ, Несіпхан мені қараңғыда қайдан көрсін, өз жұмысымен айналысып, жарықты сөндіріп, ұйықтауға жатып қалады. Басым салбырап, қараңғы көшемен үйге қайтамын. Аулаға кірісімен көңілім бұзылады. Үйдің қараңғы қабырғалары, жапырайған сарайлар, кішкентай тауық фермасына ұқсаған тауық қоралар мүлде мұңайтып жібереді. Ит те алдымнан еркелей қыңсылап, есімді шығарады. Осының бәрінен де беземін, барлығы да көңілімді суытып жібереді. Тек шатырға шығып, астроном адамдай жұлдыздарға қарап, әлемдегі ұйқыға шомған миллиондаған адамдар жайында ойласам ғана аздап тынышталамын. Содан соң қолға қалам алып, дәптерді ашып, жаза бастаймын:


Терезеңнен күңгірт тартқан : Көрдім сені, сүйіктім! Жұлдыздар тек жарқыл қаққан, Қараңғыда ұйып түн. Жер мен судан көзін алмас Телміреді ай жырақта. Жалқы жанға назар салмас – Ол да сендей бірақта. Терезеңнің өшіп шамы, Жұлдыз бен ай сырласар. Сен келмесең, кетіп сәні – Ғашық жанды мұң басар. Бар ойлайтыным Нәсіпхан. Оның жүзін айдың бетінен де, жұлдыздардың арасынан да көремін. Жазудан қолым босаса, өлеңді жаттауға кірісем. Жазудың ең қиыны – ақиқатты тура айтып, өз сезіміңді жеткізе білу. Ондай қасиет менде бар сияқты. Сезімді айта да, жаза да білемін. Сөйтіп жүріп, қызғаныш туралы поэма да жаздым. Айдаһардың бейнесіне қыздарды ұрлаған ала аяқ студенттерді салдым. Соған басымнан кешкен сезімімді кірістірдім. Поэма романтикалы болып шықты. Жазғандарым өмірмен байланысып жатты. Себебі, көбінесе оқиғаларды өзімнің өмірімнен алдым. Қапелімде маған “жазғандарымды бастырсам, қайтер еді?” деген ой келді. Өлең кітаптарым шығып, суретім журнал мен газет беттерінде басылып шыққандай сезіндім. Ол аз болғандай өлең оқы деп, халық гуілдесіп қол соғып, трибунаға шақырғаны, содан соң пошташы Қайырханның оқырманның жазған хаттарын әкеліп беріп жатқаны да көз алдыма елестеді. Кітабымды оқығандар қолтаңба сұрайды, жеңгелерім де, ағаларым да, қонақтарды қуана қарсы алып, шығарып салып жатқан тәрізді. Менің кітабымды Нәсіпхан да оқиды екен деймін. Көзінен жасы тамшылап, өкінгендей болады, бірақ бәрібір оқиды. Мен оның


шам жанып тұрған терезесінен қараймын. “Ие, сүйіктім, жүр кетейік, мен сені ұмытты деп ойлайсың ба, жоқ ұмытқан жоқпын”, – деп өтінемін. Ол терезенің ар жағында, ештеңе де естімейді, ал мен болсам оның үйіне кіруге батылым бармайды. Даусымды әкесі естіп, сыртқа шығып: “Ей, берекесіз! Біздің үйге қарай аяғыңды басушы болма! Қызымды тағы да қорламақсың ба?!” – деп айқай салады. Мен үнсіз кетемін. Әкелер сондай, деттері берік. Оларға адамгершілік керек. Біз, жастар, ол жайында ойламаймыз ғой... Бір күні түсімде Нәсіпхан туралы өлең жазыппын. Оянысымен қолыма қалам алып, оны дәптерге түсірдім. Сол кезде мен “әлі күнге дейін үлкен ақын да, не белгілі жазушы да түсінде ештеңе жазбаған болар!” деп ойладым. Сондай ойларым үшін ұялып, қызарып та кеттім. Енді басқа нәрселер жайында ойланбақ боламын. Бірақ өзімді сондай үлкен адамдармен қатар қойған қиялым есімнен кетпеді. Сөйтіп, ұзақ түндерде, кейде таң атқанша қағаз жазумен отырамын... Қоңыраулы сағаттың шырылынан оянып, есімді жиямын. Жұмысқа жиналу керек. Төменде шылапшынның салдырлағанын, үлкен жеңгемнің: – Мына антұрған бала тағы да төсекті шылқытты, – деп жылаған балаға айқайлаған даусын естимін. Сол сөздерді естісем болды, тіпті дірілдеп кетемін. Түні бойы бақыт, тағдыр туралы қиялдап, тамаша ойларға берілген адамға қайдағы бір “шылқыту” туралы тыңдау жаман әсер етеді екен. Үлкен ағамның кішкентай ұлының жылағаны құлағымды жарғандай болып, шатырдан төмен жаққа айқайлаймын. Менің даусымды естіп, бала жылағанын қояды, менен қорқады. – Сен ақылсыз, неге баланы ұрып жылатасың? – деп, үлкен жеңгеме ұрсамын. – Сенің не жұмысың бар, ұрсам өз балам. Өзің “ақылсызсың”, – деп ол да маған айқайлады. – Бұ не қылған айқай! – деген үлкен ағамның даусы естілді.


Содан соң үйдің іші тым-тырыс бола қалды. Мен киіне бердім. Өзінің бөлмесінен сөйлей шыққан кіші жеңгем де маған тиісіп, тыныштықты бұзды: – Өзіңнің балаң болғанда, көреміз не істегеніңді? – деді ол мені сөйлетпек оймен. Мен үндемей, басқыштан түсіп келе жатып, оған тілімді көрсетіп: – Пойыз кетіп, чемодандар қалып қалды, – деп оны қажай сөйледім. – Қандай пойыз, қандай чемодандар? – деп ештеңені түсінбеген кіші жеңгем, маған үрейлене қарады. – Қандай чемодан? – деді үлкен жеңгем де бөлмесінен шығып. Мен үн-түнсіз қастарынан өтіп, қол жуғышқа қарай жүрдім. Жеңгелерім ештеңені де түсінбей, не жайында сөйлегенімді білгілері келіп, артымнан қалмады. – Қандай чемодан. Айтсайшы? – деп тағы да үлкен жеңгем сұрап болмады. Мен үндемей, жуына бердім. Олар да маған қарап тұр. Кіші жеңгем шыдай алмай, саусағымен шекесін түртіп, “мынаның есі ауысқан шығар” деп, үлкен жеңгеме ым қақты. Мен де оны көріп, басымды шайқап: – Иә, иә... – деймін, бетімді жуып жатып. Олар таң қалып, иықтарын қозғады да, кетіп қалды. Өмірде не көп, “проза” көп. Сен түні бойы терең ойларға шомып, талаптанасың, жоғарыға ұмтыласың. Ал өмірде толып жатқан бос айқай, бос сөздер, балалардың жылаған даусы, сапырылысып жүрген адамдар. Осының бірін естігім де, көргім де келмейді. Екі ағам маған түсін суытып, бұйрықтарын береді, одан соң бәріміз түгел үндемей, дөңгелек, аласа үстелді айнала отырып, ас ішеміз. Кешке тағы да осы үстелге жиналамыз: жеңгелерім жұртты неше саққа жүгіртіп, өсек айтады. Содан кейін бәрі де теледидар көруге кетеді. Мен жалғыз қаламын. Не істеу керектігін ойланбасаң, өмірдің не қызығы бар?


Олардікіндей өмір – әлі де “проза”. Ал өзің үлкен дүниелер жайында ойлан да тебірен... Өмірдің прозасы... Сол кезден бері, яғни өлең жаза бастағаннан бері “проза жазып көрсем қайтеді?” деген де ой келді. Менің төңірегімде тағы да қайталап айтамын, проза өте көп еді. Сүйгенімнен айырылғанда, өлең жаза бастадым. Ал проза жазу үшін, нені жоғалтуым керек екен? Жоқ, ештеңе де жоғалтудың қажеті болмас. Ал егер дұрысын айтсам, ештеңеге уайымдамасам, сол кезде проза өзіненөзі-ақ жазылар деп те толғанамын. Дұрысын айтсам, ит емес, әтеш туралы жаздым. Қазір қалай болғанын айтайын. Қора-жайға мен қараймын. Менен басқа еркектер болғанмен де, ең кішісімін ғой. Мен де ағаларым сияқты жұмыстан үйге қайтып, жолдастарыма барар едім, онда бірақ, қора-жайды кім қарайды? Сол күні жұмысым онша көп емес еді. Қақпаны жөндеудің, шұңқыр қазудың керегі жоқ болатын. Тек сүрлем әкеліп, қораны тазалап, қойларға жем салу, сиырға жүгерінің сабағын беріп, бұзауын айыру керек еді. Осындай өз міндеттерімді істеп болғаннан кейін, қызып кетіп, жеңгемнің де жұмысын істеуге кірістім. Үлкен жеңгем балаларға сүт ішкізіп тұрғанда, тауық қораға тауықтар мен күрке тауықтарды кіргізе бастадым. Құстарды санап едім, түгел екен, тек бір шұбар әтеш жоқ болып шықты. Аула ішін түгел қарадым. Содан соң көшеге шығып, әтешше дауыстап та көрдім. Шұбар әтеш жоқ. Оның есесіне сүт ішіп тұрған балалар жүгіріп келіп: – Теңіз, тағы да әтешше шақыршы! – деп өтінді. – Ку-ка-ре-ку-у! – дедім мен тағы да. – О, жүгермек, не болды саған? – деп үлкен жеңгем шықты. – Шұбар әтеш жоқ. – Ойбой, машина басып кеткен ғой!.. – деп ол жағын ұстады. – Әлде мына оңбаған перілер, – деп ол қарындарын жалтыратып тұрған балаларын нұсқады. – Таспен ұрып өлтіріп, орға лақтырып жіберді ме екен?! – Ей, оңбағандар, сендерді ме, бәлем! -деп айқайлады жеңгем оларды қорқытпақ оймен.


– Біз көрген жоқпыз! – деп, балалар қосарлана шуылдады. – Сенбеймін сендерге, – деп, жеңгем басындағы орамалын түзеп, көшеге шықты, балалар да оның соңынан ере жөнелді. Дала қараңғылана бастаған еді, кешікпей олар әтешті таппай, қайтып келді. Үлкен жеңгем кеш бойы мені қасынан жібермеді. Жыламсырап, арқасын іргеге сүйеп отырып сөйлей берді. – Тауықтар өле бастаған соң, кеше мал дәрігерін шақырған едім, бәріне укол салды. Сол байғұс әтеш те ауырып, бір жерде өліп қалды ма, кім білсін?! – Өлсе, өлген болар. Табиғат, өзі жаратты, өзі қайтарып алған шығар, – деймін мен. – Әлде көшеден біреу-міреу ұстап алып кетті ме екен? – дейді тағы да жеңгем. – Кімге керек сенің сол жаман әтешің? – дедім, оның сонша ойланғанына ашуланып. – Мүмкін Лұқпанның құдығына түсіп кеткен болар? – деп, тағы жыныма тиді ол – Түссе, түсіп кеткен шығар, онда не қыл дейсің? Лұқпанның сиыры су ішпес, – деп жауап бердім. – Теңіз, қай жерде жүр екен бар болғыр әтеш? – деп, жеңгем қоймады. – Әтештер жүзе біле ме? – деп сұрады жіңішке даусын шіңкілдетіп, шешесінің қасында тұрған кішкентай ұл – Әтештер тек сүңгиді! – деп жауап бердім мен оған. – Шібилер де сүңги ме? – деп тағы да бала артымнан қалмады. – Шібилер қайықша жүзеді, – дедім. Бірақ бала бәрібір артымнан қалмай: – Қайықты неден жасайды? – деді. – Сабаннан, – дедім мен соңына дейін шыдамақ болып.


– Еһе, – деді бала. Енді қойған болар деп, тынышталмақшы едім, ол тағы да: – Мына шамдағы жарық қайдан келеді? – деді көзін шүңірейтіп. Мен жанған шамға қарап тұрып, енді оның сұрауының шегі болмас деп ойландым да, ол сөзін қойсын деп: – Шайтан жағады, – дедім. – Шайтан бар ма? – деді ол тағы да. Менің әбден жыным келді. – Болды енді! – дедім ашуланып. – Қоймасаң, қазір сені сол шайтанға беремін. Бала аузын жаба қойды. Шайтаннан да, менің айқайымнан да қатты қорқатын. Былтыр ол электр ұстараның неге ызылдайтынын білмек оймен, таспен ұрып сындырған болатын. Сонысы үшін әрі екінші ондай істемесін деп, мен оны сарайға қамадым да, өзім үстіме тонды айналдырып киіп, “шайтан электр ұстарадан шыққан” деп қорқытқан едім. Содан бері ол менен де, шайтан деген сөзден де оттан бетер қорқады. – Ойпырым-ай, әтешіміз қайда екен? – деп, тағы да үлкен жеңгем сұрауын қоймады. Бұл жолы мен қатты ашуландым. – Жарымес-ау, Шомат келіп, таяқпен ұрып өлтірген! – дедім ызаланып. – Сен неге менімен бұлай сөйлесесің? – деді үлкен жеңгем өкпелеп. – Құрдасыңмын ба? Бір жақсылық істе деп өтінген едім, ондай нәрсе сендейлердің қолынан келе ме? – деді ол көңілі қалғандай сөйлеп. – Теңіз, Шомат шайтанның жолдасы ма? Неге ол таяқпен жүрді? – деді сөзге тағы да бала кірісіп. – Саған не жоқ?! – деп шешесі ашуланып, баланың құйрығынан тартып жіберді. Мен де ашуландым. Шатырға шықтым да, өзімнің алғашқы әңгімемді жазуға кірістім. Әңгіме әтеш жайында еді. Бірақ біздің әтеш туралы


емес, ауылымыздағы басқа бір әтеш туралы. Ал біздің әтеш ертеңінде өзі келді. Қайда болғанын ешкім осы уақытқа дейін білмейді. Әтештер қыдырып жүре береді, оның қайда қыдырып кеткенін кім біледі? Қалай болғанда да бұл әңгіменің жазылуына сол әтештің себі тиді. Әтеш Тал шыбықтан тоқылған қоршаудың астынан бір бас көрінді. Ғажап! Өзі қимылдайтын сияқты. Бәлі, әтештің басы екен ғой! Кеудесін жасыратындай саңылау іздеп, топырақты бұрқыратып, аяғымен жерді тырналап жатыр. Сол арада шаң-шаң болып, үлкен, қара әтеш қораға атылып кірді. Басын қайқайтып, қанатын жайып, бірнеше рет шыр көбелек айналып, барып тоқтады. Оның көзіне бірдеңе көрінген болу керек. Соған қарай ұшпақ болып, желпініп, қанатын жайды. Бірақ осы кезде атылып келіп тиген таяқ оны жалп еткізді. Әтеш шаңды бұрқырата қанатын қаққылап, жан ұшыра тыпырлады. Үйілген тезектің артынан, тап бір жыртқыш қасқырды ұрып жыққандай, Шомат қарт қопаңдап шықты да, бөркін түзеп, ағарған мұртын сипап қойып, тыпырлап жатқан әтештің қасына келіп, еңкейе қарады: – Еһе, түстің бе, қолға! “Үрлық түбі қорлық” деген, ұсталдың ба, бәлем? Бұдан былай енді менің қызыл әтештерімді шоқымассың, тырнауышпен тырнағандай ауладағы картоптарымды да қопармассың! Тауықтарыма да қыдырып келіп, таң атпай шақырмассың?.. Қарт, тап бір адаммен тілдескендей, жерде жатқан қара әтешпен сөйлесті. Содан соң еңкейді де, әлсіреген әтешті жерден көтеріп, демін әрең алып, қақпадан шығып кетті. Көшенің арғы жағындағы өз үйінің ауласында шаруамен айналысып жүрген Минат кемпір Шоматтың қолындағысын көріп, көзі шарасынан шығып кетердей, тесіле қарады. Бейне, ұясынан қуылған жұмыртқалайтын тауықтай қытқылдап, кемпір де бір орнында тұра


алмай, күбір-күбір сөйлеп, үйдің жанында жүріп алды. Отқа қойған тамағын да ұмытып, қора жаққа қарай асыға жөнелді. Қарттың қолынан өзінің қара әтешін көргенде, кемпірдің үрейі ұшып кетті. – Мә! – деп, Шомат әтешті қақпаның ар жарынан лақтырып тастады. – Қарап жүр дегенім қайда? Бар күшіммен таяқты лақтырып қалып едім, тие кеткені. Әлі де жаны шыққан жоқ, адал деуге болады. Шал, әйел не дер екен дегендей, көзін сығырайтып, оған тесіле қарады. – Оңбағансың-ау, Шомат, есіңнен тандың ба?! – деп кемпір сасқалақтап, жерге топ ете түскен әтешке ұмтылды. Қанатынан ұстай, көтеріп, деміне құлағын тосты. Әтештің қызыл кекілі салбырап жатты. Кемпір оның аузын ашып, тіліне қарады да: – Демі жоқ. Өлтіріпсің, – деп, еріні жыбырлап, күрсінді де, көйлегінің жеңімен маңдайының терін сүртті. Шомат үн-түнсіз, қазықтай сіресіп, ауланың ар жағында тұра берді. – Уа, жамағат, мына алжыған қартқа қараңдар!.. – деп, Минат айқайлап жіберді. Оның даусы жан-жаққа түгел естілді. – Нағылет шал! Өмірің қысқа болғыр! Жазықсыз құстың обалына қалған сені алла мұратыңа жеткізбесін! Ұрған қолың солып қалсын. Ар-ұяттан айырылған шал! – деп, қолындағы әтешті аспанға көтеріп, айқайлай берді Минат. Қарт жан-жағына жалтақтап, қораның ар жағынан бастарын қылтитып қараған әйелдерді көрді. Олардың айқайлаған дауысты естіп шыққаны белгілі болды. Қарт ұялғанынан жерге кіріп кете жаздап, Минатқа айқайлап, зекірді: – Жап аузыңды, алжыған кемпір! Ауылды түгел жиярсың. Бір әтеш үшін сонша айқайлағаның не? Тағы да екі шұбар әтешің бар ғой, олар да менің қорамнан шықпайды. Ал енді аузыңды жап, өтінемін, халықты жима! – деді. – Бәлі! Естідіңіздер ме, мынаның не айтып тұрғанын? Ақылсыз қарт тауық қорама су құймақ болып тұр. Құдай тағала маған мұндай көршіні


қайдан ғана кездестірді екен?! Алла жазасын бергір! – деп, кемпір үстіүстіне сөйлей берді. – Былтыр қораның жанынан өліп жатқан күрке тауықты тауып алдым... Бір құдай білсін кім өлтіргенін... Сендей көршіден көресімізді көрерміз әлі... Анау зердесіз Мырзабек жаз сайын алма ағашты сындырумен келеді, ал мына милау қарт құстарымды түгел қырып бітіретін болды. Иә, алла, неге ғана мені осындай көршіге кездестірдің екен! – деп, кемпір тыныш таппады. – Тоқта! – деп, Шомат айқайлап, бөркін көзіне түсірді, содан соң тұтығып: – Ұзын сөздің қысқасы, болар іс болды, – деді. – Бітті – кетті. Әдейі өлтірген жоқпын. Таяқты лақтырып жіберіп едім, соған тие қалғаны. Қайдан білейін өйтіп бірден... Онан да жаны шықпай тұрып, біреуге сойғыз. Кемпір қарттың не айтқанын байқамай, оған ойлана қарады. Онан соң есін жиып, қолындағы әтешті Шоматқа созды да: – Иә, Шомат, мә, өзің соя ғой онда, – деді даусын жұмсартқан кемпір мүлде ұрыспаған кісідей болып. Шомат қулана күліп, кемпірге қарады, оның ашуының тарқағанын байқап: – Жоқ! – деді. – Менің сойғаным жарамас, онан да басқа біреуге сойғыз. – Неге? – Неге дейді! Еркектің сөзі берік болу керек. Сен маған айқайлап ұрсып жатсаң, ал мен сенің айтқаныңды қыңқ етпей, орындай берсем ғой! Жоқ! Менің сөзімнің қандай берік екенін көрерсің, – деп, Шомат үйіне қарай беттеді. – Өй, нағылет! Өмірің қысқа болғыр! Бұдан былай Мырзабегіңді үйіме жақын жуытпаймын. Кемпіріңе де айт, сепараторға сүт тартуға келмесін. Ал қызым туралы ешбір сөздеріңді құлағыма аспаймын, қан жауғырлар! – деп, Минат кетіп бара жатқан Шоматтың артынан айқайлап қалды...


Click to View FlipBook Version