The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.
Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by nagashbay.kuralay, 2023-11-24 04:53:53

Шұғаның белгісі

Шұғаның белгісі

51 Темірбек ҚОЖАКЕЕВ АЛЫПТАРДЫ АРАЛАҒАНДА Бейібет Майлин 1931жылы өзінің біржазған мақаласында былай деген еді. «Менің бұл күнге дейін жазған тақырыбым ауыл туралы ғана болып келді. Өндіріс өмірін суреттеуге мен əлі күнге дейін кірісе алғаным жоқ. Өйткені əзірге өндіріс өмірімен таныстығым жоқ. Жазушылық қызметімдегі басты кемшілігімнің бірі осы деп білемін. Ендігі бір ойым – осы кемшіліктерді жоюға күш салу». Жазушының өзі сезген осы кемшілігін əдебиет сыны да кезінде аңғартқан еді. Тіпті кейбіреулер асыра сілтеп, мұны жазушыға үлкен кінə етіп те таққан. Əрине, қандай тақырыпқа қалам тартамын десе жазушының өз еркі ғой. Өндіріс тақырыбына Б.Майлин бұрын да қырын қарамайтын. Бірақ оған бірден бел шешіп кірісіп кетуге өзін дайын емеспін деп есептейтін. Енді соның уақыты жеткендей болды. Бір жағынан жоғары да айтылған сын-ескертпелерге құлақ асу мақсатымен Б.Майлпн 1933 жылы алыптарды аралауға жолға шықты. Ол февраль айының басында Шымкентке келді. Қыстың лайсаң күндерінің бірі еді, қорғасын заводына шанамен саз кешіп зорға жетті. Жазушы марттың аяғына дейін осы завод өмірімен, оның адамдарымен танысып, көптеген өлең, əңгіме, очерк, суреттемелер жариялады. Ол «Қорғасын заводында» деген очеркінде Шымкентке келген бетте аңғарғандары жайында былай деп жазды: «Қаладан шыға темір жолды бойладық. Бұдан бірер жыл бұрын осынау маңнан əрі жалпақ дала басталатын сияқты еді. Қазір созылып кеткен қала. Қала болғанда қабат-қабат боп салынып кеткен жаңа үйлер, көкке созылған түйе мойын трубалар». Сүйікті жазушымыздың бұл жолдарынан оның өсіп, көркейген өмірімізге деген қуаныш сүйініш сезімі білінеді, социалистік құрылыстағы ілгері басқан қадамымызға риза болған үні естіледі.


52 «Ынтығып келген заводымның есігін аттағанда екінші дүниеге кіргендей болдым, – дейді Бейімбет – Мына құрылыс, мынау еңбек тілсіз сақауға тіл, шабытсыз қаламға шабыт бітіреді екен... Осындай құрылыстарды поездың терезесінен сығалап көре сап «түтін будақтатып, мыс құстырып жүргенімізді-ай» деп ренжігені де бар. Əйгілі қорғасын заводындағы жаңа салт, жаңа қарымқатынас, еңбекке деген жаңа көзқарас жазушыға қатты əсер еткен. Заводқа қазақтың ауылдағы қара домалақ ұлқыздарының келіп жатуы оны ерекше толқытқан. Əсіресе, ол бұрын жүн шүйкелеп, шекпен тоқыған саусақтардың қорғасын қорытуға бейімделіп кеткеніне қуанған. Осыны жырлауға тың тыныс, соны серпінмен қалам тербеген. Мысалы, «Социалды Қазақстан» газетінің сол жылғы 8 марттағы номерінде жарияланған «Бибігүл деген қарындас» атты өлеңінде ақын бұрынғы ұршық иіріп отырған қазақ қызының заводта от көсеп, қорғасын балқытып жүргенін құлшына жырлайды. Бибіше жұмыс бастады. Абыржып-асып саспады. Қою шашын көміп тұр, Былғары кепка бастағы. Бір тал шаш бетке түсіп ед, Ысырып кейін тастады, – деп қазақ қызын еңбек процесіне, іс үстінде көрсетіп, келісті сурет-көрініс жасайды. Мұнан соң Бейімбет завод орнап, еңбек дабылына бөленген советтік Қазақстан даласын ерекше шабытпен жырлайды: Бұл қай дала деп тұрсам, Қазақстан жері екен. Бұл қай қала деп тұрсам, Қазақстан кені екен. Маңдай тері шұбырған Қазақстан ері екен.


53 Сүйеп, баулып демеген Пролетариат белі екен. Бұл қорғасын заводы. Азық берген Ащысай Кім елікпес далаңда, Бұл еңбекке қосылмай. Алып заводта оны қуантқан тағы бір жай – халықтар достығының нығая түсуі. Ол «Қиын емес, үйренеміз» деген очеркінде қазақ жұмысшыларының қол өнеріне төселе бастауын, оған орыс бауырларының қалтқысыз көмегі, көргенді үйренуге талпынып жатқан ел құлшынысын жылы да əсерлі суреттеген. Осы құлшыныс, осы өрлеу Бейімбет қаламынан «Міне қарқын« («Оңтүстік Қазақстан», 16 март 1930 жыл) атты жыр болып та құйылды. Ол қорғасын заводындағы құрылыс екпінділерінің жыры деп аталды. Онда кешегі қара табан жалшы қазақ: Салдыр-салақ өскен жан ем Шарлап дала тау-тасын. Мен екпінді, көрсін əлем Қорытамын қорғасын – деп шаттанады. Шымкент сапарында Бейімбет жазған басқа өлең, əңгіме, очерктерде де осы жаңа құрылыс, осы жаңа тұрмыс жырланады. Мысалы, «Біздің жастар» өлеңінде автор жас жұмысшылардың, жас жұбайлардың жарастықты өмірін көрсетсе, «Қарасұр келін» əңгімесінде кешегі екі еркектің басы қосылған жерге бара алмайтын қазақ əйелінің бүгін алып завод екпіндісі екенін паш етеді. «Əбіжан» атты балладасында («Оңтүстік Қазақстан», 21 март, 1933 ж.) қошқар тұмсық қара жігіттің хикаяларын, заводқа келуін, қазіргі еңбегін əңгімелесе, «Сəлемдемем – қорғасын» атты өлеңінде қаракөз келіншектің əскердегі сүйген жарына жазған хат сырымен таныстырады. «Ленгір», «Алып завод ерлері егіске


54 аттанды» суреттемелерінде қала мен дала байланысын, біріне-бірінің көрсеткен көмегін айтады. Жазушы бұл сапарында табысқа шаттанып, қол шапалақтап қуанып қана қайтпаған. Кей жайларды сынап, кейбіреулеріне ренжіп қайтқан. Завод адамдары жазушы – журналисті құшақ жая қарсы алып, шүйіркелесе сырласып, өз ішіндегі кемшіліктерді де ашып айтқан. Сондықтан Бейімбет бір сəттерде «өндірісжұмысын өзімсініп кетпеген», сол құрылыс, сол алыптың маңызын біліп толыспаған адамдарды шеней жазған. Буыны босап, ұнжырғасы түскен, жайын сұрасаң, мүсəпірси қалып, толып жатқан арыз ағытатын алаяқтарды келемеж еткен. Жас жұмысшылар арасында тəрбие жұмысы жеткіліксіз екенін де сынаған. Сол 1933 жылы 26 мартта завод тұңғыш рет қорғасын қорытып шығарды. Бұл зор оқиғаға, үлкен мерекеге айналды. Жанжақтан рапорт, құттықтаулар жауып жатты. Мың телефон сылдырап, Мың телефон арқылы Мың кұлақтар сөз тыңдап, Мың құлақтар тыңдаса, Мың екпінді жыр жырлап, – жатқан шақта Бейімбет те сонда болды. Б.Майлин апрель айының басында Алматыға қайтады. Бірақ іле-шала көмірлі Қарағандыға жүріп кетеді. Бұл жөнінде ол кейін былай деп жазды: «Алматыға қайтқан соң жазуға кірісу қиын соқты. Кемшілігім бар екен. Сондықтан Қарағандыға аттандым. Онда барған соң геройларым кеңейді, материалым толықты» («Содциалды Қазақстан», 3 ноябрь; 1933 жыл). Б.Майлин Қарағандыға келісімен, оныншы апрель күні «Қарағанды пролетариаты» газетінің редакциясында қаладағы жазушылардың жиналысын өткізіп, жазушылар ұйымының секциясын құрады. «Қарағанды пролетариаты» 17 апрель күнгі номерінде əдебиет бетін берді. Дəл осыкүні көміршілердің орталық клу-


55 бында əдебиет кеші өткізілді. Онда «Кеңес жазушыларының міндеттері туралы» Бейімбет баяндама жасайды. Əдебиетте ескі өмір мен жаңа өмірді көрсетудің əдістерін айта келіп, ол алдағы нақты міндеттерді аңғартады. Келесі күні жазушы сол кезде артта қалған №1 шахтаға түседі. Ондағы еңбек процесін өз көзімен көреді. Əрине, ол кезде жер астында жұмыс істеу оңай емес еді. Сол ауырлық, сол қиындықты жеңіп жатқан қажымас, ерінбес ерлермен танысады. Осы бақылау, зерттеудің нəтижесінде Бейімбет бірнеше очерк, əңгіме жазып тастайды. Көмірлі қаланың өмірінен Бейімбеттің алғашқы жариялағаны. «Қарағанды» атты очерк болды. Автор мұнда Қызылжар-Қарағанды арасы аз уақыт ішінде мүлде өзгергенін. Көкшенің тауы мен Бурабай нуының, бұрынғы керіліп жатқан кер даланың ерекше түлегенін сүйсіне жазады. Қарағандының алып құрылыстарына қаланатын кірпіш тиелген поездарды, көмегін көрсетем деп ағылған Донбасс жұмысшыларының достық ниетін көргендегі қуаныш сезімін жыр етеді. Мұнан кейін автор Қарағанды келбетінен елес береді. «Түйе мойын турбалар көкке созылып, керіліп қара қошқыл түтіні «мұнда кел» деп қол бұлғағандай... Əрбір рудник отауын тігіп, тобын құрған секілді, бөлшек-бөлшек салаланып кеткен қала...» дейді жазушы. Жазушы Қарағандыда апрель, май айларында болып, кейін Қостанай жағына шығып кеткен. Ол жақтан да көптеген очерк, əңгімелер жазып, октябрь айының аяғында Алматыға оралады. 30 октябрь күні «Социалды Қазақстан» редакциясы Бейімбеттің жазу командировкасынан оралу құрметіне арнап үлкен кеш ұйымдастырды. «Редакция Бейімбеттің ұзақ жүріп, міндетін игере біліп қайтқан қадамы үшін осындай бас қосқан мəжілісті өткізуді керек деп тапты», («Социалды Қазақстан» 3 ноябрь, 1933»). Бұл мəжілісте Б.Майлин творчестволық сапарынан есеп берді. «Мен соңғы кезде іздене бастадым. Бұрын «түтін», «машина» дейтін едік. Ол жетпейді екен. Көп сөйлесу, көп араласу керек екен. Мен Шымкентте алғашқы 10 – 15 күнде


кілең цифр құшақтап жүрдім. Одан түк шықпады. Сонан соң Қонысбек бригадасын бөлек алдым. Қонысбекпен құрдас шығып, «киімнің ішкі бауындай сырласып араластым»,– деп жазушыларды өмірден үйренуге, еңбек адамдарымен қоянқолтық араласуға шақырды. Сонда ғана сəтті дүние туатынын ол баса ескертті. Сөзінің соңында Бейімбет осы сапарда жинаған материалдары негізінде «Қызыл жалау» атты роман жазып, онда кешегі дала қазағының өндіріске келгенін, оның жаңа еңбек өмірін суреттемек ниеті бар екенін айтты. Осы мəжіліс – кеште «Бейімбеттің биылғы өндіріс, колхоздардан жазған очерктерін бөлек кітап етіп басып, өзіне демалып, бой көтеруі үшін 1000 сом сыйлық берілсін» деген қаулы алынды. Сол қаулы бойынша келесі, 1934 жылы жазушыныңəңгіме, очерк, өлеңдері «Алыптардыаралағанда» деген атпен жинақ болып шықты. «Социалистік Қазақстан» газ., 1965 ж., 24 қазан.


57 Қажым ЖҰМАЛИЕВ ТАЛАНТ ƏР АЛУАН Талант əр алуан. Оның қыры мен сырын жарқ еткізіп аша салу – кімге де болса қиын. Əсіресе, бұл ұлы жазушы, ірі таланттарға қас сипат. Сондай – əрқилы сыры көп талант иесі жазушының бірі – Б.Майлин. 1913 жыл мен 1933 жылдың арасындағы жазушының творчестволық жолына көз тіксек, онан өнімді еңбек берген жазушы қазақ əдебиеті тарихында жоқ. Қазіргі тоғыз томға мөлшерлеп шығарған Майлин еңбектері, оның қаламынан туған туындыларды толық қамти алмайды. Əлі жиналмаған, қолға түспеген шығармалары талай томдық екені талассыз. Əдебиеттің үш түрліжанрында қатаржазып, əрқайсысында мазмұнына түрі сай шығармалар берген Майлиннің қара сөздері мен драматургиясын əдебиетшілеріміз жақсы зерттеп жүр. Бірнеше диссертациялар да қорғалды. Ал оның ақындық творчествосы – поэзиясы жайлы біз С.Мұқанов пен Қ.Жармағамбетов жолдастарды ғана атай аламыз. Күлкісіз өмір жоқ. Өмірдің кемшілік жағын көрсету үшін оқығанда күлкі шақырарлық сөз, сөйлем, сөз тіркестерін шебер қолдануды кейбір жазушылар негізгі əдістерінің бірі етеді. Осытопқажататынжазушының бірі – Б.Майлин. Оның көптеген əңгіме, фельетон, оқшаулары, өлеңдері юморлық əдіспен жазылған. Казақ халқының табиғатына тəн əдеби нұсқаларында ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан əзіл, əжуа, күлдіргі əдіс Майлин туындыларынан өзінің өрісін тауып, өрлеген биігіне жетті. Бейімбет шығармаларында, əсіресе, өлендерінде күлкі шақырмайтын өлеңдер аз кездеседі. Мысалы, «Құдық басында» атты өлеңін алсақ, қалада бір-екі жыл оқып, еліне оралған Дəмештің киім-киіс, жүрістұрысы өмірге ескілік көзқарас тұрғысынан қарайтын ауыл əйелдеріне ерсі. Дəмешке «азған», ата-анасына күйікке біткен бала деп қарайды.


58 Дəмеш кəдімгі – бұрынғы Дəмеш! Бұрынғы деуге сияр да емес: Біз өкшелі бірдеме киген, Сыртында жылтыр əміркен галош... Қасын қырқыпты байталдай күзеп, Ой алдай, десейші, тəп-тəуір қыз ед.. Қауғадай бірдеме «шлап» дейме, Киеді өңдеп, өзінше түзеп. Ұн жаққан бетке, ерінде бояу Азған адамға амал да жоқ-ау..» Жай ғана диалогқа құрылған соң үзіндінің өзінен-ақ оқымаған ауыл əйелдеріне, дұрысырағын айтсақ, əйел халқының көпшілігіне тəн мінез-құлықтарды өте шебер түрде күлкі етеді. Ондай кісі күлерлік мінезден Дəмештің өзі де құр емес. Ақынның қырағы көзінен ол да қаға берісте қалып қоймайды. Дəмеш: «Уа, дариға, қашан теңелер! Мəдениет орнап қашан кенелер!» Бетіне ұнын бір жағып алып, Бір болар, – деді, – көне бер!». Қандай тамаша поэтикалық контраст? Алдыңғы екі жолдағы үлкен мақсат, аңсаған арман, жақсы ниеттерді, соңғы екі жолдағы мещандық əрекет пен салқын төзімділік оның алғашқы сөздерін жоққа шығарады. Бұл эпизодтардың екеуіне де күлмей қала алмайсың. «Өнеге» атты өлеңін алсақ, еңбек сүймейтін, жұмыс жасауға кежегесі кейін тартып, мода қуалауды ғана білетіндерді шенейді. Майлиннің «Желдербай Жындыбаев» дейтін фельетонын оқыған адам лажсыз күледі. Саяси сауатсыз, өркеуде, мақтаншақ, шолақ белсенді, қаладан елге келген өкіл мінепшенеледі. Майлин поэзиялық туындыларын жалпы алғанда, үздік образ, шешендік сөздер, не жаңаша құрылған сөз тіркестер


59 сирек кездеседі. Ол қандай өмір құбылысын көрсетпек болса да, қарапайым тілмен, мейлінше қысқа, тұжырымды етіп беруге тырысады. «Аз сөзге көп мағына сиғызу» – оның негізгі əдісі. Б.Майлиннің атын атағанда, оның шығармаларымен таныс оқырмандардың ең алдымен естеріне түсетін, өткен кездердің күйкілі күндерін көзге елестетіп, көңілге қаяу салатын да, жаңа заманды көз алдыңа келтіріп қабағыңды жадырататын да, оқып отырғанда зілсіз, риялы күлкі шақыратын да Мырқынбай образы. Қазақ совет əдебиеті үшін Мырқымбайдың мəні зор. Майлинді халыққа алғашқы танытқан да, оны жұртшылыққа сүйгізген де, əдебиетімізге өз беті, өз мəнері бар, жаңа бір ірі талант, үлкен жазушының келгенін сыншы – əдебиетшілерімізге мойындатқан да – Мырқымбай. Бізше, Мырқымбайдың төркіні, ақынның 1918 жылы жазылған «Əкесінен хат» өлеңінде жатыр. Февраль революциясынан кейін құралған қазақтың бай – феодалдарының үкіметсымағы «Алашорда» отрядында болған, жалған «Бостандық», «Теңдік» ұранымен жалпы дүрмекке еріп, алданып жүрген, ол кезде аты жоқ, жалпы есіммен аталатын кедей баласы – Мырқымбайдың прообразы. «Қарағым-ау, қарағым, «Ордаңды қой», үйге қайт. Адасқан сендей бар болса, Олар да қайтсын, сəлем айт!..» Бұл өлеңінде ақын көп нəрсені аңғартады. Сол бір кезеңдерде адасу тек оқымаған, шаруа баққан жай адамдарда ғана емес, көзі ашық кейбір демократтық бағыттағы оқымыстылар, ақын, жазушыларда да бар. Өлең осындайлардың бəріне ортақ жайтты түйіндейді. Жағдай мен мезгіл адасушылардың қателіктерін өздеріне мойындатты. Олардың бір қатары «Ордадан» іргесін бөлектеп, өзінің шаруасына оралса, енді біреулері революцияның солдаты, ақындары жаңа заманның жыршысына айналды.


60 Он сегізінші жылы адасушы жалпы есім – кедей баласы, енді жалқы есім – Мырқымбай атына ие болды. Бұл кездейсоқ емес, ақынның ой – санасының өрістеуі, таптық көзқарасының айқындалуымен байланысты еді. 1922 жылыжазған «Кедей» өлеңінде ақын айналасындағы өмір құбылыстарына, тап тартысына өз пікірін ашық айтты. Сенің зарың – зарлайтыным өмірге, Сенің арың – арлайтыным өмірге. Сен не көрсең, мен де соны көремін, Белді буған – ауырға да, жеңілге. Сен жыласаң – көзден жасым тамшылар, Сен қуансаң – қайғы шерім аршылар, Айт өлеңді ен даланы жаңғыртып, Қойшы-қолаң, кеше жүрген малшылар. Бұл өлеңді Майлиннің барлық шығармаларының лейтмотиві десек, қателеспейміз. Өзінің болашақ қаһармандарына берген уəдесі, жазушының бар туындыларында қамшының өзегінше тартылады. Өлеңі де, қара сөздері де, драмалары да бұл пікірден қаға берісте қалған жоқ Əйтсе де, қазақ кедейінің алғашқы кесек тұлғасы оның поэзиясында. Бір өлеңінде бала, екіншілерінде жігіт, үшіншілерінде шал кескінінде бейнеленетін кедейлердің бəрі де Мырқымбайдың өз тарихы, өсу жолы бар. Əкесі байдың жерін қорғаймын деп Қарасордың басында өлгенде, жеті жаста қалған бала – Мырқымбай да, бейнет қамытын мойнына іліп «жұлығынан шұлығы шыққан» кедейлердің бір сапында өмір сүреді. Совет үкіметінің алғашқы кезінде бай тепкісінен құтылып, өз бетімен күн көруге кіріседі. Бай тоқпағынан құтылса да, Мырқымбайлар ескілік тоқпағынан құтыла алмайды. Ауылдағы кеңес жұмысына араласып кеткен алаяқ – қулар əлі де болса «түйені түгімен, биені бүгімен жұтып», үкімет тарапынан кедей шаруаларға арналған көмектерді өздері пайдаланады. Ауылнаймен ауыз жаласып, кешегі атқамінерлер ел ішінде əр алуан сұрқиялық істер жасайды. Сол кездегі ел ішіндегі жағымсыз іс-əрекеттер


61 əсіресе, «Кедейдің кейістігі» (1922 ж.) өлеңінде тамаша суреттелінеді. «Кедейдің кейістігі» сюжетті, қысқаша өлең. Əйтсе де ол бір поэма, кіші-гірім повестің мазмұнын қамтып, жұмысын атқаратынға ұқсайды. Жай ғана қарапайым сөздерден құралатын монолог арқылы өмір құбылыстары мен адамдар арасындағы қарым-қатынастарды əрі шындыққа дəл, əрі қысқа, əрі аянышты, əрі күлдіргі етіп бере білушілік Бейімбет қаламына ғана тəн. Осы əдісті тап Би-ағаңдай меңгерген ақын қазақта аз. Өлең қысқалығына қарамастан, сол кездегі қазақ даласындағы ескі феодалдықтың қалдығы, сұм-сұрқиялардың «қатын сату, қыз айыру», пара алу, үкімет тарапынан халыққа берілген жəрдемді өздері пайдалану тəрізді азғындық мінез-құлықтарды əшкерелеп, оларды жоюға ат салысуда бұл өлеңнің мəні зор. Өлең монолог түрінде, Өлеңде кедей өміріне тəн тұрмыс-салт та өз шындығында суреттеледі. Өлең 1923 жылы жазылған. Бұл тек қазақ даласы емес, бүкіл Совет Одағында қиын жылдардың бірі болды. Əлемді таңырқатқан азамат соғысының зардабын басынан өткізіп, ақтардың кесепаттарына тойтара соққы беріп, халық шаруашылығын сабасына келтіру кезеңінде көп жеріміз жұттың кесепатына кездесті. Халық аштыққа ұшырады. Бұл жағдай, əсіресе, Қазақстанда айырықша орын алды. Ауыртпалық ең алдымен кедей шаруалардың басына түсті. Соғыс салдары, жұт, ашаршылық талайлардың титығына жетті. Сол жағдайларды өз көзімен көрген оларға жаны ашыған ақын өмір құбылыстарының бүтінін емес, бөлшектерін қарт Мырқымбайдың айналасына жинақтап, солар арқылы көрсетті. Сонымен қатар, кедейлер осындай халде болса, ел ішіндегі атқа-мінер, алаяқ қулардың астықты өздері бөліп алып, «қатын сатып, қыз айырып» бірді-бірге соқтырып, өз құлқындарын тауып жүргендіктерін ана ауыр халге қарсыма-қарсы қою – шендестіру арқылы сол кез шындығының айқын көріністерін жасайды. Жəне ол осы екі түрлі өмір құбылысын, шебер құрылған қаһарманының монологі арқылы əрі нанымды, əрі əсерлі етіп оқырмандарының


62 ой-санасына жеткізіп отырады. Əр кездесуінде қаһарманының айналасындағы өмір құбылыстарына көзқарастары əр басқа. – Е, Мырқымбай, қалайсың, Есендік пе мал, жаның? – Шүкір, шүкір, отырмыз, Тілеуін тілеп қарғаның. Екі-ақ сөйлем. Бірақ осының өзінде кедейлікке көніп, өзін тағдырға түгел тапсырған, лажсыз жан – бар тұрғсымен көз алдыңа келеді. Бұл жолда қаһарманының таптық санасы саңылаусыз. Өз шаруасын кейінге қалдырып бай жұмысын істегеніне мəз. Бай, – деп... Тума жақын ғой Тамағын беріп қарасад. Ойнап-күліп бір жүрген Бүтіндікке жарасад. Бұл Мырқымбайдың 16-жылға шейінгі ұғымы. 1926 жылдары біз мүлде басқа Мырқымбайды көреміз. «Жиылыс басы Мырқымбай, Салық жайын кеңесед. – Байлар үшін күюші ек, Онда еркіндік емес ед. Қорғамаймын жақын деп, Боқбасарға мың сом сал! Не қылмады ол бұрын, Байды аяман малы бар», – дейді ол. Əрине, оны мұндай ұғымға жеткізген алдымен өмір соққысы. Асырап отырған жалғыз баласы 16-жылы солдатқа алынып, «өліп кетерлік» халге келсе, 1921 жылдар аштыққа ұшырайды, үй-ішімен қайыршылық халге жетеді. Бай аға-


йындары қараспай, оларды қаңғыртып жібереді. Осы жағдайлар Мырқымбайға кейін ой салады. Ақын тек ұнамды қаһармандар ғана емес, ұнамсыз қаһармандардың бейнелерін де тамашашебержасайды. Шын мініскерлер – алтын мен жез, мыс пен күміске бірдей ұста дегендей, Майлин қаламынан туған жағымсыз образдарда қысқа монолог, диалогтар арқылы оп-оңай-ақ жəне көркем жасалына салады. Жұртқа қазір кеңінен таныс «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» өлеңінде айырықша суреттеу де, үздік сөз образы, теңеу-метафора, не фигуралық сөз тіркестері де жоқ. Бəрі де жəй қарапайым-ақ сөздер. Əйтсе де, Ыбырайдың кешегісі мен бүгінгісі көз алдыңда тұрады. Оның болып тұрған кезіндегі менмендігі де, күні озып, ері мойнына кеткен кезіндегі сүмірейген сүдіні де айқын танылады. Өлеңді оқығанда ақынның ұсталығна еріксіз сүйінесіз. Себебі не? Бізше ақын орынсыз қолданылатын, ойға азық болар нəрі жоқ, немесе сезімге əсеретерəріжоқ, сылдырсөз, шұбалыңқы сөйлем, көпірмеліктен аулақ. Ақын өз ойын беруге ең керекті сөздерді ғана алуы жəне ол сөздер қаһарманның бір қырын көрсетуі, əрі қарапайым, əрі жинақы, жайнақы болуы. Сонымен қатар ол сөздерде ирония, сарказмдік, күлкі шақырарлық бір қасиет – міндетті түрде араласа жүруі. Нəзік юмор – Б.Майлиннің негізгі стиль ерекшелігі. Мұны біз оның барлық жанр, барлық жанрдың түрлерінен де кездестіреміз. «Лениншіл жас» газ., 1965 ж., 18 қараша.


64 Темірбек ҚОЖАКЕЕВ БЕЙІМБЕТІҢ САТИРАСЫ Қазақ совет əдебиетінде сатира жанрын, оның ішінде фельетон жанрын қалыптастырып, дамытуға атсалысқандардың бірі – Бейімбет Майлин. Бейімбет – таланты көп қырлы жазушы. Ол қысқа өлең, очерк, əңгімеден бастап, поэма, повесть, пьеса, романға дейін жазған. Оның жазушылық өнері, əдісі əсіресе, қарасөз жазушыларға үлкен үлгі, өнеге болған. Сонымен бірге ол сын-сықақ, əзіл-оспақ, фельетондарды да мол тудырып, сатира саласында да үлкен мұра қалдырған. Демек, Бейімбет – келелі ой мен философиялық қиялдың, лирикалық сезім мен жеңіл юмордың, оған қоса ащы сатираның жызушысы. Б.Майлин сықақты жастайынан-ақ сүйіп жазған. Оның елінде Көмек деген ақын болыпты. Ол біреуді кекетуге, мысқылдап тəлкек етуге, əжуалап өлең шығаруға шебер болады. Сол Көмек бір айтысқан адамына былай деп дүрсе қоя беріпті: Əкеңнің құны бар ма арбасқандай, Итерсем, тұра салып жармасқандай. Құрбыңнан кем туғызған құдайдан гөр Ортасын мұрыныңның Мен басқандай. Бейімбет хат таныған соң Көмектің осындай күлкілі өлеңдерін жинап алып, жаттайды. Өзі де сондай тапқыр, тілмəр болуды аңсайды, соған талпынады. Сөйтіп жүріп өз ауылындағы байларды мақтап, ат мініп, шапан киюді əдетіне айналдырған Əржікей деген ақынды сынап, сықақ өлең жазады. Оның бұл өлеңі жұртқа ұнайды. Ауыл адамдары оны жаттап алып айтып жүреді. Бұл 1910 жыл шамасы екен. Сөйтіп, Бейімбет сатираны 16 жасынан жаза бастаған. Революцияға дейінгі сықақ өлеңдерінде ел ішіндегі, жеке


65 адамдар басындағы ұнамсыздықты, діншілдікті, салт-санадағы жөн-жосықсыздықты, сынап-мінеп тұырады. 1913 жылы жазған «Мұсылмандық белгісі» атты өлеңінде қожамолдалардың жұмақты сырттай иемденіп, сырттай бөлісіп алып жүргенін күлкі етеді. «Жұмақтан бəріңе орын əперемін» деп елді алдап жүрген оларды: Езгілікке өсек сөздер ермесін, Көп жауыздар жұмақты былғап кірмесін. Барлық қазақ иемденіп жұмақты, Басқаларға орын қалмай жүрмесін, – деп кекетеді. Сөйтіп, Б.Майлин өзінің сатириктік жолын бірден таптық тенденциядан бастаған. Езілген тап атынан сөйлеп, үстем тап өкілдерін – бай-манап, қожа-молдаларды əшкерелеуден, олардың сөзін сөйлеушілерді сынаудан бастаған. «Қарынға» атты сықақты өлеңінде «аузынан өткен күннің дəмі кетпей», əлі де «елбилеуден», «тізгін ұстаудан» дəмесі бар жуан қарын, шоң шүйде байларды əшкереледі. Сен, қарын, қампидым, – деп тасқындайсың, Жіңішке, нашарларды басқандайсың. Той болса, төрден орын аламын, – деп, Көтеріп өзіңді өзің аспандайсың, – деген шумақпен олардың іс-əрекет, психологиясын дəл береді. Ақын қалың малдың жойылуына байланысты 1921 жылы «Шал мен Қыз» сықақ өлеңін жазады. Мұнда алпыстағы ақбас шал мал бергем, енді аламын деп бұрын қалың малын өткізіп қойған қызға келеді. Бірақ Қыз «қайтып ал малыңды, тимеймін, Еркі бар өзімді билеймін» деп шалға барудан үзілді-кесілді бас тартады. Күйеу бала мен қалыңдық арасында сөз қақтығысы болып қалады. Əлгі тойтарысты естіген шал:


66 Не дейсің? «Шатаспаң» – қай сөзің? Соншама кім едің сен өзің. Шалдықтың белгісін берейін, Берірек қасыма кел өзің, – деп қызға тап береді. Сонда қыз: «Балаңдай адамға сөз айтып, аппақ боп сақалың, ұялмай» деп «бозбала» шалды жерге кіргізе сөгеді. Автордың бұл өлеңінің əшкерелеуші күші, ықпал-əсері өз кезінде күшті болған. Тіпті оның бұл қасиеті əлі де жойылған жоқ. Б.Майлин 1923 жылдың аяғында Қостанайға барады. Сондағы губерниялық «Ауыл» газетіне қызметке орналасады. Осы ұста ол сатираны жиірек жаза бастайды. Бұрынғыдай тек сықақ өлеңдер ғана емес, оқшау, фельетондарды да көп жазады. Сын объектіні ірірек, қомақтырақ етіп алуға бейімделеді. Кемшілік, дерттерді өткірірек, зілдірек етіп сынайтын болады. Ол «Ауыл» газетінде Малай деген бүркеншік атпен «Өңгелбай», «Ақырзаман», «Құлақ», «Сахарда», «Кəрім молда», т.б. оқшау, фельетондарын жариялайды. Бұл тұстағы фельетондарында автор сол кезде күн тəртібінде тұрған үлкен бір мəселені – дінге қарсы күрес мəселесін көбірек сөз етеді. «Ертең ақырзаман болады, құдайы беріңдер, барларыңды ішіп-жеңдер, қатын-баламен қоштасып қалыңдар» деп біүтін бір ауылды дүрліктірген əулие-əмбиелерді, аңқау елге барып, арамза молда болған дүмшелерді, құдайға құлшылық қылғыш, оразашыл, намазшыл діндарларды қатты əшкерелейді. Солардың іс–əрекетін тереңдеп, дəлдеп суреттейді. Дін иелерінің əртүрлі өтірікөсек, жалған лақабының сырын, мəнін ашуға тырысады. Бейімбет сатириктік жолының осы кезеңінде фельетонистік шеберлігін көтере бастайды. Өмірлік, проблемалық мəселелерді қозғауға, ұзақ уақыт күресуді қажет ететін, жаны сірі дерттерді таба білуге бейімделеді. 1925 жылы Бейімбет Қызылордаға – орталыққа ауысады. «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке орналасады. Содан


67 1933 жылға дейін əртүрлі газет, журналдарда қызмет істейді. Бұл тұста ол социалистік мəдениет орнатуға, қазақ жазушыларының жаңа ұйымын құрып, оны нығайтуға, жас жазушы, журналистерді тəрбиелепөсіруге белсене қатысады. Осы аралықта ол «Ауыл тілі», «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», «Жұмысшы» газеттерінде фельетон, оқшау, сын заметкаларын өте көп жариялайды. Күшті фельетонист ретінде танылады. Бейімбеттің орталыққа келгеннен кейінгі алғашқы екі жылдажазған сықақтарын «Еңбекші қазақ» газеті 1928 жылы «Сойқанды содырлар» деген атпен жеке жинақ етіп шығарды. Кейбіреулердің айтып жүргеніндей бұл түгелдей фельетондар жинағы емес. Оған көбінесе Бейімбеттің бұрын газетте жарияланған сын заметкалары мен корреспонденциялары енгізілген. Олзр кезінде тілшілер хатына, нақтылы адреске негізделіп жазылған. Мысалы, осы жинақтағы «Газет қоры» атты сын заметкасында автор Қостанай губерниясындағы Арақарағай болысының келген газеттерді 5 – 6 ай бойы таратпай, кеңсенің бір жағына үйіп қойып отырғанын сынайды. Ескеретін бір нəрсе, афтордың бұл жинағына енген осындай жеке бір кемшіліктерді сынауға арналған заметкалары мен корреспонденциялары фельетон элемекттерімен, сықақ приемдарымен жазылған. Сондықтанда олар сықақ жинағына енгізілген. Келесі, 1929 жылы Б.Майлиннің ұсақ оқшаулары «Кесінділер» деген атпен бөлек жинақ болып шықты. Оған қалыңмал алушыларды («Салқамбай тоба қылды»), əйелді қорлаушыларды («Сен де солай ма едің», «Айшаның қайраты»), пəтуəсіз діндəрларды («Ақбаланың тоқтысы», «Қарасы батты», «Жұмақ билеті») əшкерелейтін 13 фельетоны енді. Олар сипаты, құрылысы, баяндалуы жағынан фельетон – новелла еді. Алайда, 1935 жылы жазушы бұл жанрға қайта оралған. «Бейімбет», «Малай», «Мереке» депқолқойып, көптегенфельетондар жазып тастаған. Сол жылы тек «Социалды Қазақстан» газетінің өзінде оннан аса фельетонын жариялаған.


68 * * * Бейімбеттің бүкіл творчествосындағы сияқты, сатирасынан да оның ұлттық тұрмыс-тіршілікті, салт-сананы, əдет-ғұрыпты, елге сіңген психологиялық дағдыны терең білетіндігі, дəл суреттейтіндігі еркін байқалады. Ол қазақ халқының ғылымдық, кітəптық философиясына да, күнделікті тұрмыстың философиясына да (Белинский) жетік болған. Бұған оның өскен ортасы жағдай жасаған. Б.Майлин – қазақтың езілген табының өкілі. Жасында тұрмыстың ащы тақсіретін көп тартқан. Жалаңаяқ, жалаңбас мал соңында көп жүрген. Өзі де «мен ауылда өскен адаммын. Егін салып, шөп шауып, мал соңында салпақтаған Мырқымбайдың бірімін» деп жазған. Кейіннен жарлы шəкірт, жай мұғалім болған. Келе-келе коммунист, журналист – жазушы дəрежесіне дейін өскен. Осы өмір сапарында ол Қазақстанның көп жерін аралап, үнемі ел ішінде, халықпен тығыз байланыста жүрген. Əр кезеңдегі дəуір тынысын жіті аңғарып отырған. Сондықтан да Б.Майлин сатирасындағы ең басты бір ерекшелік – оперативтілік. Ол өзі – өмірге өкшелеп ілесіп отыратын сезімтал, аңғарғыш жазушы. Ол бүгінгі таңның, бүгінгі күннің міндет, талабын үнемі біліп отырады. Сол міндет-талап жөнінде партия мен үкімет нұсқауын, саясатын көркем бейнемен көпшілікке жеткізе қояды. Яғни, автор əр жылдың, əр кезеңнің ұранына үн қоспай, соны насихаттамай қала алмайды. Бейімбет шығармаларын, оның ішінде фельетондарын оқығанда қазақ өмірі мен қазақ дағдысын, қазақ табиғатымен қазақ адамын айна қатесіз көресің... Оның кейіпкерлерімен танысып отырып өз қасыңнан, өз еліңнен соларға ісі ұқсас, əрекеті ұқсас адамдарды айтып, атап отырасың. Өйткені автор өз кейіпкерлерін типтік дəрежеге көтере суреттейді. Ұлттық кескін, түр, қимыл, əрекетті сөзбен дөп түсіреді. Көз алдыңа өмір құбылысын бұзбай, өз қалпында көлденең тартады. Сондықтан ол құбылыстар оқушыға етене, таныс болып, тартып тұрады.


69 Бұл – Бейімбет фельетондарының екінші бір ерекшелігі. Сатирик – жазушы жалпы шығармаларын, оның ішінде фельетон, сықақтарын, көбінесе, қазақ жұртының отбасы, ошақ қасындағы тұрмыс – тіршілік оқиғаларына құрып жазған. Өз ұлтының салт-дағдысындағы кейбір жарамсыз, ұнамсызжəйттерді сынап-мінеп тастап отырған. Тұрмыстағы талай оңбағандықты, талай жиренішті жайларды əрі кейіп, əрі қайғырып отырып суреттеген. Бұл пікірден Бейімбет отбасы, ошақ қасы оқиғаларының, тұрмыстық, үйіштік ұсақ-түйектің жазушысы екен, ол іріірі саяси əлеуметтік тақырыптарға бара алмаған екен деген қорытынды шықпауға керек. Шебер ұлттық жазушы күрделі саяси мəселелерді сол тұрмыстық ұсақ-түйектің төңірегінде көтеріп отырған. Ел өміріндегі, халық психологиясындағы өзгеріс, құбылыстарды сол тұрмыстағы жаңалықтар арқылы аңғартып тастайтын болған. Мысалы, Бейімбет «Сахарда» атты фельетонының бас жағында дінге уланғанадамдардыңбұрынғысанасынаңғарту үшін олардың өмір-тіршілігінен мынадай елес береді: «Нағима... бір нəрсесі ұмыт қалғандай асығыс тұрып, беті-қолын жуды, дəрет алды. Түнгі астан аяққа салып алып қойған орта тостаған суынған бөртпе мен бір аяқ қара көжені жеп «сахар» ішуге кірісті. ...Нағима «сахарын» ішіп жиып, кешке дейін ораза екендігіне ниет істеп бетін сипады. Бұл ниеті – патшалардың заңзаконынан да қатты, өліп бара жатса да тамақ ішуге болмайтын ант аралас ниет... Нағима ойдан сергіліп, дəретінің барында таза ниетпен таң намазын оқып алмақшыболды. Байының қара бөкебайын жайнамаз ғып жайып, білген дұға-сүрелрін оқып, намазға кірісті. Нағима намазды бітіріп, бата қылды, қолын жоғары көтерді. Бəрін де тіледі, бəрінде сұрады»1 . Өстіп жүрген Нағима санасында үлкен өзгеріс болады. Сықақ соңында ол ниетін өзгертеді. «Құдай, құдай! Қанша құлдық қып жалбарынсам да, ішуге тамақ, киюге киім таба 1 Б.Майлин, Таңдамалы шғармалар, 1958 ж., 311-б.


70 алмай отырып, ғибадатыңды істесем де, əлі бір тілегімді қабылдап көрген жоқсың» деп өзінің дінге, құдайға деген наразылығын білдіреді. «Ораза, намазды байларға-ақ бердім. Жұмаққа солар-ақ кірсін. Салатын тамұғына мені сала берсін!» – деп құдайға құлшылық қылудан бас тартады. Сонда ғана Нағима үстінен ауыр жүкті алып тастағандай боп, сергек сезінеді. Тезірек ниетін бұзып, шай қойып ішуге кіріседі. Міне, осында автор бір əйелдің ораза ұстап, намаз оқудан бастартуы арқылы совет тұсында болған үлкен бір саяси, əлеуметтік мəні бар жаңалықты көрсеткен. Бұрынғы қарапайым халықтың сана-сезімі ояна бастағанын, дінге деген сенімсіздігі күшейгенін, ескі идеологияға қарсы тұруға бет алғанын бейнелеген. Советтік идеяның, коммунистік тəрбиенің өз нəтижесін бере бастағанын көркем образбен суреттеген. Б.Майлин оқшау, фельетондарды өлеңмен де, қарасөзбен де жазған. Оның проза түрінде жазғандары формасы, композициялық құрылысы жағынан əңгіме, очеркке тым ұқсап жатады. Бұл – оның фельетондарының тағы бір ерекшелігі. Əңгімеге шектесіп жататын себебі – оның фельетондары көбіне шартты түрде жазылады. Адам аттары ойдан алынып, оқиға болған жер айтылмай-ақ өмірге тəн бір дерт көркем образбен, сюжетпен баяндалады. Баяндалу формасы, тілі, стилі дəл əңгімедегідей болып келеді. Бірақ онда фельетонға тəн өткірлік, зілділік, кекесін, мұқасын бастан аяқ қалмай ілесіп отырады. Бейімбет фельетондарының көбі дерлік дөңгелек келген, тұп-тұтас, шағын сюжетті, əдемі суретті, қысқа ғана болып келеді. Соның өзінде кейіпкерлеріне нақты мінездеме беріліп, іс-əрекет айқын да жанды шығып үлгереді. Күрделі ой да айтылып болады. Біздіңше, мұның бəрі – Чеховтық принцип, Бейімбет Чехов əсерінде көп болған. Ұлы жазушыдан творчестволық тұрғыда көп үйренген. Ал, Бейімбеттің кейбір нақтылы фактіге жазылған фельетондарының очеркке ұқсайтын себебі – ол онда өмірдің бір болған оқиғасын алып, соны өз реті, өз жүйесімен очеркше баяндайды. Өмірдің бір пұшпағының, болмысының кар-


71 тинасын жасайды. Қажетті жерінде очеркке тəн элементтерді – табиғат суреттерін, публицистикалық баяндауларды мол қолданады. Мысалы, автор «Үгітші мен қыз»1 фельетонында Ғали Мүсəлімұлы дегеннін Жаңарқа ауданына өлкеден үгітші өкіл болып барып, қымыз қуып, серілікке салынып кеткенін сынайды. Бір ретте Ғали өкіл Ақылсара деген қыздың үйіне қонып отырып, оның ағасын ертіп далаға шығады. Осы жерде автор мынадай табиғат суретін береді: «Ауыл үсті қалың шалғын, отырсаң беліңнен көмілесің. Аспан жиегін көзіңнен тасалап тұрған Алматының ағашы жоқ. Бəрі алақаныңда тұрған секілді. Маужыраған түн бойыңды елжіретіп, жүрегіңді тасқындатқан тəрізденемеау... Əлде қайдан біреулердің шалқытып салған əні тынық түнді сілкіндіріп жіберген секілденіп, еріксіз құлағыңды түргізгендей болады». Міне, бұлай суреттеу əңгіме, очеркке тəн, сол жанрларға тəн прием. Кейде автор табиғат құбылысын, табиғат суретін сатира нормасына ыңғайлап та беріп жіберіп отырады. Көп ретте мұндай табиғат суреттерін сықақ кейіпкерінің көңіл күйін айқынырақ аңғарту үшін қолданады. Ері тастап кеткен Дəмеш пешке арқасын сүйеп, батсайы күпісінің өңірімен тізесін қымтай түсіп жылап отырғандағы табиғат құбылысы мынадай: «Күн ызғырық боран... терезеден енген жел үйді ысқаяқтандырып, танапты қуырып барады». Осында долданып, булығып отырған Дəмештің көңілкүйіне желдің ысқырып, сарнап тұруы үйлесіп, үндесіп жатыр. Содан барып кейіпкердің тұрмысының, көңіл күйінің жадаулығы айқынырақ сезіліп тұр. Бейімбет фельетонды үнемі əңгіме, очерк түрінде жазғанмен, олар баяндалу əдісі жағынан бір-біріне мүлде ұқсамайды. Ол жазудың əралуан приемдарын қолданады. Автор бір фельетонын «Күндердің бірінде Қазақстанның аудандық қызметкерлерінен екі прокурор, бір судья, бір аудандық кеңес ағасы жарысқа түсіпті дейді» деп ертегіше баяндайды. Бір фельетонын сынап отырған адамына қарай 1 Социалды Қазақстан, 24 август, 1935 ж.


72 сайлеп, соның былық-шылығының басы-қасында өзі болып, енді соны мойнына қойып отырғандай болып жазады... Бейімбет фельетондарды əңгіме, очерк түрінде оқиға, сюжетке құрылып жазылғандықтан оларда əдемі суреттер, көріктікөріністер, қызықтыіс-əрекеттермолкездаседі. Автор өмір суреттерін жасауға, болмыс, құбылысты қонымды, дəл беруге, табиғат суреттерін айнытпай түсіруге ұста-ақ. Оның фельетондары қазақтың неше алуан бейнелері мен типтеріне, қазақ даласының пейзаждары мен қазақ өмірінің картиналарына тым бай. Б.Майлин сатиралық кейіпкерінің бейнесін беруге де шебер. Ол оны əртүрлі əдістермен жасайды. Оның фельетондары сюжетке құрылатындықтан ондағы кейіпкерлер кейпі, көбіне, оқиға барысындағы өздерінің іс-əрекет, мінезқылығынан аңғарылып отырады. Бейімбет – психолог жазушы. Ол кейіпкерінің сырт пішінін ғана емес, оның ішкі сарайын, ой-арманын, есілдертін де ашып тастап отырады. Осы үшін ол оқиғаны өз атынан баяндап келе жатып кейіпкердің ой тұрғысынан баяндауға ауыса қойып отырады. Мысалы, автор «Беднота» газетінде «Арабстанда Сейт дейтін ұжмаққа кіретін билет істеп шығарыпты, оның бəсі 500 сомнан, 20 мың сомға дейін» деген хабар шыққанын, оны естіген бір молда ұжмақ билетін зар қағып іздегенін өз атынан баяндап келеді де, соңынан молдоның ой-ниетін ашу үшін оған ішкі монолог бере қояды. «Мың билет алсам, билет басына 100 сомнан салып сатсам, 100 мың сом пайда қылады екем... 100 мың сомға жүздеген жылқы, мыңдаған қой, əдемі үй алып, салтанат құрар едім...»1 деп молданың ой тұрғысы болып баяндалып кетеді. Сол сияқты «Директор – сиыр»2 фельетонында да автор оқиғаны өз атынан баяндап отырып, жоғалған екі сиырын іздеп келе жатқан Ұлдаштың ішкі ой-арманын соның өзіне айтқызуға ауыса қояды: 1 Кесінділер, 1929 ж. 36-бет. 2 Социалды Қазақстан, 17 август, 1935 ж.


73 «Екі сиырымды аман есен үйіме апарсам. Бабын келтіріп күтсем бірер жылда төлдеп, төлі өсіп, үйімнің маңы мүйізге толса... қарын-қарын май түйресем... – Ау, мынау қай жеңгей? – дегендерге. – Бұл үлгілі шаруа құрған Ұлдаш жеңгей деп өткенкеткендер дəріптепжатса»... дейді кейіпкер өзіне-өзі. Баяндау соның ойтұрғысына ауысады. Сөйтіп барып кейіпкердің ішкі сарайы ашылады. Максим Горький Антон Чехов туралы мақаласында былай деп жазған еді: «Ол (Чехов – Т.Қ.) өзі бір түрлі мүлəйім мінезді адам еді. Ол жұртқа «Жөндем бол!...» деп, ашық, тіке, қатты айтуды сүймейтін еді. Ол ишаратпен айтсам, жөндем болудың өте қажет екенін жұрттың өзі де сезер деп білетін еді. Ол пасықтықты ит етінен жек көрер еді. Сонда да ол өмірдегі оңбағандықты ақынша сыпайы сөзбен суреттер еді, əзілкешше əшейін əзіл етер еді. Оның əңгімелерінің сырты сұлу, сыпайы келер еді. Сондықтан олардың ішкі терең мəні, ішкі ащы зілі болар-болмас қана байқалар еді»1 . Ұлы жазушының – Чехов туралы бұл пікірінің Бейімбет сатирасына да тура қатысы бар. Оның фельетондары жөнінде де дəл осыны айтуға болады. Бейімбет фельетоны да сыпайы, сырлы келеді. Онда күлдіру үшін қолданылған оғаш сөз, оғаш суреттер көп кездеспейді. Оның сықақтары салмақпен астарлы мысқылмен, жасырынып, ұрланып тұрған юмормен, кекесінмен жазылады. Онда тілдеу, ауыр сөздермен масқаралау, жəбірлеу тіпті болмайды. Сондықтан да кейбіреулер «Бейімбет фельетондары өткір, əсерлі, күлкілі емес» деген пікір айтады. Бұл, əрине, автор стилін, сықақшылдық ерекшелігін түсінбегендік. Б.Майлин фельетондарының тіліндегі тағы бір ерекшелік – ол сөздің жазба түрінде сұлулығын көп қумайды. Ол сөйлесу тіліндегі сөз жүйелерін мол қолданып жаза береді. Сондықтан да оның тілі ашық, түсінікті, жеңіл болып келеді. Оны қандай оқушы болса да қиналмай түсіне алады. 1 Коммунизм таңы, 29 январь, 1960 ж.


74 Автордың көп сөз, сөйлемдері халық көкейіне тез қонады да ұзақ сақталады, нақыл сөз болып сіңіп кетеді. Əдетте фельетонда факті, сыналатын объекті көп болмауға тиіс, онда фельетон көлемі шұбалаң, өткірлігі төмен болып шығады дейміз. Бейімбет осы ережеге кейде құлшылық қылмаған. Ол бірде əр жердегі ұқсас фактілерді, типтес кемшіліктерді жинап алып, оның бəрін бір фельетонға ендіріп, кезек-кезек жарыстыра да баяндай береді. Қатар қойып көрсету арқылы сол сорақылықтардың бірінен-бірі өтетінін дəлелдейді. Мысалы, автор «Қос прокурор, бір судья» фельетонында заң бұзып, қос əйел алған Ақсу, Қармақшы аудандарының прокурорлары Ұмбетайұлын, Тəтібайұлын, Бостандық аудандық халық соты Баймұратовты, Алакөл аудандық атком ағасы Елеуұлы Əйкелді бірдей сынайды. Төртеуін де сын объектісі етіп алады. Өйткені, бұлардың бəрі де қылмысты, бəрі де сыналу керек. Олардың іс, қылмысыда бір түрлі, бір тектес. Сондықтан автор əрқайсысына бір-бір фельетон арнап жазудың қажеті жоқ деп қараған. Бір-ақ фельетонда олардың бəрін топтап əшкерелеп тастауды жөн көрген. Сол мақсатты автор шебер орындап та шыға алған. Б.Майлиннің фельетон жазудағы тағы бір ерекшелігі – ол барлық мəселе, барлық тақырыпқа бірдей ұрына бермеген. Рас, ол басқа жанрларда көп тақырыпты қозғайды. Өз тұсындағы қазақ өмірінің Бейімбет қозғап сөз етпеген, жазбаған мəселесі жоқ десе де болады. Ал, сатиралық творчествосында ақын екі мəселені ғана – əйел теңдігі жəне діншілдік мəселесін көп те ашына жазған. Яғни, ол бір топ фельетондарында əйел теңдігі мəселесін түсінбейтіндерді – қостап, үштеп əйел алушыларды, əйел алып, əйел жіберуді кебіс ауыстырып кигенмен, ат ауыстырып мінгенмен бірдей көрушілерді, «қалың мал», «бесік құда», «белқұда» сықылды тағылық салттың шашпауын көтерушілерді əшкерелеген. Екінші топ фельетондарында діннің құлдарын – «көп дəрет борбай жағын-ақ жем еткен» хажы-молдаларды,


75 əулие-əмбиелерді, олардың алдамшы, жалған іс-қылықтарын сынап-мінеген. Демек, Бейімбет ауыл шаруашылығындағы, өнеркəсіптегі, сауда-саттық ісіндегі кемкіліктерге фельетон жазбаған. Бұдан шаруашылық тақырыптарына сатира жазу оның қолынан келмеген деген қорытынды шықпауға тиіс. Ол «Селедка, шұлық, құйысқан»1 деген сияқты жекелеген фэльетондарымен бұл тақырыптарға да тамаша шығармалар жаза алатындығын көрсеткен. Автор аталған фельетонында Қостанай тұтыну қоғамының заттарды аудандардың қажетіне, тұтыну талаптарына қарамай бөлетінін сынаған. Автор осы фактінің негізінде сюжет құрып, сурет жасап шебер баяндаған. «Селедка Қостанай потребсоюзынан күнге қақталып, селедка атына ие болып жолға шықты. Кездескендер «ау, жол болсын» десе, «ауыл арасы Меңдіқара, Көкарал дүкендеріне бет түзеп барам дер еді». Селедка бұрын өтпей тұрған шұлық, құйысқан қатарынан барып орын алады. Бірақ, ол құйысқан, шұлықтай емес, шілденің ыстық күніне төзімсіздеу келеді. Жерін жерсінбейді, бұзылуға айналады. Мұны көрген сауда орнының бастықтары, автордың айтуынша, «Бір алар, қазақ та мəдениеттеніп ел қатарына қосылар, арақ ішетін болар. Сонда закускаға өзі үшін-ақ алар» деп бірін-бірі жұбататын көрінеді. Байқап отырсыздар, мұнда да автор айтар ойының шебер де көркем шешімін таба алған. Сөйтсе де Бейімбет шаруашылықтағы кемшіліктерге қарсы фельетонды көп жазбаған. Өйткені, ол əрбір сатириктің ерекше сүйіп жазатын, көбірек жазатын, көп ойландырып, көп толғандыратын белгілі бір тақырыбы болғаны жөн деп білген. Сонда, ғана əрбір сатирик, фельетонист өз тақырыбын мейлінше жақсы игеріп, шебер жазатындығымен тез танылатындығын жақсы түсінген. Сөйтіп, Б.Майлиннің фельетонистік творчествосында осындай үйренерлік, еліктерлік кейбір ерекшеліктер бар. 1 Еңбекші қазақ, 3 апрель, 1929 ж.


Сонымен бірге оның фельетондары жекелеген кемшіліктерден де құр емес. Жазушы «Директор – сиыр», «Бəйбіше байда, тоқал қайда» деген сияқты фельетондарында артық деталь, қажетсіз көрініс, эпизодтарға бой ұрады. Фактіге көркем сюжет беріп баяндаудың орнына оқиға жүйесін сүреңсіз жай баяндап шығу байқалады. Кейде фактінің, оқиғаның суретін ғана түсіріп береді. Оның төңірегінде ой айту, пікір түйіндеу, қорытындылау болмай қалады. Тағы бірде фактіге, сын обьектісіне автордың қатысы (отношениесі) белгісіз болып шығады. Мұндай кемшіліктеріне қарамастан Бейімбет фельетондары оның санқырлы əдеби мұрасының бағалы бір саласы болып саналады. Қазақ Совет əдебиетіндегі сатира қорына салмақты үлес болып қосылатын құнды мұра болып табылады. «Жұлдыз» жур. 1965 ж., №11


77 З.С.КЕДРИНА ҰМЫТЫЛМАС ЕСІМ Бейімбет Майлин совет адамдарының екі дəуірді бірдей көрген аға буынына жатады. Бұл ұрпақтың үлесіне қанаушылық пен зұлымдық дүниесін – күні өткен көне дүниені талқандап социалистік жаңа қоғам орнату абыройы тиген болатын. Бейімбет «тілсіздерге тіл бітіріп» ғасырлар бойы азап бұғауында езіліп-жаншылған момын халықтың дүниені жаңғыртқан алып үнін, еркіндік ұранын, «тағдырыма əміршімін» деп жар салғап азат халықтың, күрескер күштің құдыретті дабылын революцияның алғашқы күндерінен бастап туғып жоғары көтерген ардагерлеріміздің бірі еді. Халыққа болмыстың айнасынан өзінің өр тұлғасын, батыл да парасатты, қажырлы да жігерлі ерлік бейнесін айқын көрсетіп, ақырына дейін күресіп, жеңіп шығуға батырлығы жететініне көзін жеткізіп, белін бекем буғызу қажет болды. Қазақстанның тұңғыш совет жазушылары бұл жұмысты əрқайсысы өзінше атқарды, революция дабылшысының биік тұғырына əрқайсысы əр-түрлі жолмен келді: Сəкен Сейфуллин бұл биікке большевиктік астыртын жұмыстан, революциялық шайқастардан, атаман Анненковтың ажал вагонынан, советтік басшы қайраткер жолынан өтіп барып көтерілді. Ал, Жансүгіров пен Майлин жаңа тұрпаттағы ағартушы жолымен жетті. Ауыл мұғалімдері газет, журнал редакторлары, баспа қызметкерлері арасынан жаңа идеологияның жаршылары, жаңа қоғамның жаңа əдебиеттің негізін салушылар шықты сол кезде. Бəрі де ағартушылық қызметтен бастады. Сəкен Сейфуллин де мұғалім болды. Қазақ совет жазушыларының аға буыны ұстаздық дəстүрінен өмір бойы айныған жоқ. Сəкен Сейфуллин басшы қайраткер болған кезінің өзінде де студенттерінен қол үзбеген. Бірақ солардың ішінде, əсіресе, Бейімбет Майлин өмір бойы тапжылмай ағартушы – коммунист болып өтті.


78 Сəкеннің көбік атқан көк толқынның үстінде асыр салған альбатросының күміс кернейінің асқақ үнімен. Ілиястың жан-жүйеңді баурап алатын əуенімен қосыла, Бейімбеттің күңгірлеген қоңыр даусы естілетін. Маяковскийдің тел өскен туысы – «Советстан» қаһарманымен, ғажайып шабыт иесі «Күйшімен» қол ұстаса, қазақ аулының «үлкен жүрегі бар кішкене адамы», момын кедей Мырқымбай жүретін. Бейімбет оны өмірдің өз ортасынан тауып, əдебиетке өз қолымен жетелеп əкелді. Мырқымбай əр қазақтың жүрегіне тым ыстық жан жылуын, дарқан даланың жанға жайлы гүл бояуын, кіндік кесіп, кіржуған Қарасайдың көктемгі көкорай шалғынының жұпар иісін əлі де жоғалтқан жоқ. Казақ халқы Мырқымбайды жаңа өмір шабыт беріп, қайратын тасытқан, ежелден жұртқа мəлім өз тұлғам деп қарсы алды. Жыл санап жаңара түскен ауылдың алға басқан ізін өкшелей жазып келген Мырқымбай туралы өлеңдермен бірге, Мырқымбай да өсіп «мейірімді» байдың екі айтқызбас жалшысынан советтің еңбекқор колхозшысы дəрежесіне жетіп, енді қан сорғыш аталасынан салықты үш есе артық төлеуді талап етеді. Тепсе темір үзетін жігерлі жанына байсалды ақыл, мінезі серік болған, ақ жарқын осынау адамның ашық жүзінен үндемей отырып-ақ өз дегеніне жететін ақыл кені, мызғымас сенім иесі, жұмыстан бас алмай, үдере, өндірте істейтін ғажап бейнетқор Бейімбеттің өзін көргендей боламыз. Міне, ол достарының ортасында отыр. Алдында бір пияла қоп-қою қара шайы тұр. Толқынды қара шашын сұқ қолымен бұралай ширатып, бір нүктеге қадала қарап, ойланып отыр екен? Əне, өз-өзінен жымиып күліп қояды. Кіммен сырласып отыр? Бəлкім ол өзінің Мырқымбайы немесе Раушан – коммунисі болар. Əлде Əліш молданың қитұрқылығына күліп отыр ма екен. Достарының ортасынан шыққан соң ол өз үйіне барады, жаңа əңгіме, не жаңа пьеса, əлде романның бір тарауын жазып тастай ма – кім білсін? Оны жұрт «Қазақтың Горькийі» деуші еді. Бірақ ол ондай сөздерді жаратпай қалатын. Асыра мақтағанды бөсер


79 байлық немесе тіпті жарамсақтық деп есептейтін. Ол Бейімбет еді ғой, өз ауылының отымен кірім, күлімен шығатын қызметшісі, рухани көш басшысы еді ғой. Ол əсіре мақтанды не қылсын. Ол тынымсыз жазатын, көп жазатын, шындықты шынайы, табиғи қалпында жазатын. Адам тынысы тоқтаса өліп қалады ғой. Ал Бейімбет жазбай отыра алмайтын. Егер ауылда, не өлкеде, немесе күллі елімізде маңызды бір оқиға болып қалса (ал ондай тынымсыз, албырт жас республикамызда күнде болып тұратын), ондай кезде Бейімбет үн қоспай қалмаушы еді. Оның қаламынан өлеңдер, əңгімелер, очерктер, повестер, романдар мен пьесалар, көлемді кесек драмадан, опера либреттосынан бастап, жас өнерпаздар үйірмелеріне қажет сатиралық комедияға, бір актылы пьесаға, скетчке дейін туындап өрбіп жататын. Бейімбет үшіп əдебиетте мынау ірі, мынау майда жұмыс деген болмайтын, ол шығармаларды ең қажетті, керек нəрсе деп қана сұрыптайтын. Ол осы дəстүрінен таймайтын. Халық ақындары тəрізді, ол да халықтың қуанышына да, қайғысына да əр уақыт ортақ болатын, адал да тура, жалынды сөзімен жұртқа дем беріп, жұбатып, қуантып, жігер беріп отыратын. Халық өмірімен біте қайнасу Бейімбет үшін проблема емес еді. Ол əрдайым өз халқының ортасында болатын: Раушан, Берен, Қожалақ, Əпен, Мырқымбай, Зейнептермен бірге жүріп, бірлесе жұмыс атқаратын. Егер өз халқына қиын-қыстау күн туса, кейбір түсініксіз, бұлыңғыр жəйттер болса, егер өгіздей өрге сүйреп, қауырт ұмтылыс жасайтын кез келсе, Бейімбет өз көршісін қолынан жетектеп, əдебиет сахнасына шығаратын да, мынау адамның тұрмысы қалай, жұмысы қалай, қиын түйіндерді қалай шешеді, көрдіңдер ме? – деп үлгі етіп алға тартатын. Майлиннің өлеңдері мен əңгімелерін оқып отырғаныңда кейіпкердің ар жағында ізгі де ақылды бір адам: «Саспа, Раушан! Мырқымбай, батылырақ қимылда, жұмысың сонда өнеді!» деп арқасынан қағып, дем беріп тұрған тəрізді. Немесе ол колхоздағы ауылдастарының арасынан менменсігенТалтаңбайсияқтылардыкөзішалыпқаладыда, оның


баспа төре «ңұсқауларын» оқып, желкесінен сүйреп, ортаға шығарады: «Қараңдар, мынау дандайсыған төресымақты! Сақ болыңдар мұндайдан, əйтпесе, бүлдіреді» деп көп арасында күлкі етеді. Халық өмірінің ең ауыр, ең жауапты күндерінде Бейімбет өз оқырмандарынан ел басына түскен қиындықты да, асыра сілтеушілікті де, жалған белсенділікті де жасырмай, шынын, нағыз əділ ақиқатын айтып отырды. Бейімбет өзінің бүкіл саналы өмірі бойына еңбекші халықтың үні болып қызмет атқарды. Біз Бейімбетті ұмытқан жоқпыз, халық ешуақытта адал ұлын ұмытпақ емес. «Қазақ əдебиеті» газ., 1965 ж., 19 қараша.


81 Жақан СЫЗДЫҚОВ ОТЫРСЫҢ ЕЛДІҢ ТӨРІНДЕ Қияға ұшып, Бұлт шүйген Елімнің өрен саңлағы, Құрметтеп саған бас иген Əйеттің құба талдары. Толқынды Тобыл аңғарын Көркейтті орнап жас қала. Аспанға бойлап самғады, Тұрағың болған Қостана. Сапардан бүгін келіпсің, Аралап ауыл, қаланы. Ғажайып өмір көріпсің, – Гүлденген байтақ даланы, Жадыма алып жырыңды, Сөзіңнен алқа тағамыз Тойладың бүгін тойыңды, Бейімбет! Асыл ағамыз! ...Келіпті қайта перзентім Өзінің туған еліне. Толықсып туған, келбетің Отырсың бүгін төрімде.


82 Есмағамбет ЫСМАЙЛОВ ХАЛЫҚ ӨМІРІНІҢ ЗЕРЕК ЖЫРШЫСЫ Өнімді де күрделі творчестволық қызметімен қазақ совет əдебиетінің қалыптасуына орасан зор үлес қосқан аса көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің жасы жетпіске толды. Халық поэзиясының асыл қазынасынан нəр алған Бейімбет өз өлеңдерін қалың бұқараның көкейіне қонымды етіп, оңай оқып жаттауына, қызығып тыңдауына лайықтап, қарапайым көркем тілмен жазады. Бұл шығармаларда сурет пен сюжет қатар жүреді. Ақын лирикалық кейіпкердің басынан кешетін бір жайды əңгімелеп отырып нақты бір портрет, мінездеме жасайды, кейде екі кейіпкердің диалогі арқылы да шебер суреттер мүсіндейді. Ақын еңбек адамының жан күйін ғана емес, сол еңбек дүниесінің сырын, қимыл, əрекетін поэзия ырғағымен елестетуге тырысады. Мұның өзі Бейімбет поэзиясының прозаға бейімделген жақсы бір көркемдік сырын танытатын сияқты. Бейімбеттің суреткер жазушылық жолы, əсіресе, проза жанрында қалыптасып, кемелдене түсті, Ең алғашқы «Шұғаның белгісі» атты повесінен бастап 1935 жылы жарияланған «Азамат Азаматыч» атты романға дейін Бейімбет қазақ əдебиетіндегі реализмдерді меңгеру тəжірибелерін үлкен бір белеске көтерді. Қазақ əдебиетіндегі жас жанр прозада қазақ өмірінің, шындығын жан-жақты нақты, қатқабат ішкі сырларымен ашып көрсетуде Бейімбет көп жазушыдан озық жəне жаңашыл болды. Бейімбеттің прозасы тақырыбы жағынан да, ішкі жанр ерекшелігі жағынан да əр алуан: бірінен-бірі қызықты, бірін-бірі толықтырып отырады жəне жазушының поэзиядағы идеялық көркемдік принциптерін дамытады. Бейімбет прозасында кеңестік дəуірде туып, тəрбиеленіп қалыптасқан жаңа адам образы көбірек көрініп отырады. Мырқымбай сияқты жалшы кедейлердің жағымды тұлғасымен қатар қазақ əйелінің жаңа типтік бейнесін, қазақ аулындағы жағымды бейнелерін жасауда да Бейімбеттің


83 творчестволықбатылізденулеріайрықшамағыналыдаүлгілі. «Күлтай болыс», «Раушан коммунист» атты шығармаларда патриархалды-феодалдық ауылдың ескілігін жеңіп əлеумет ісіне белсене араласқан қазақ əйелінің жағымды образын жасауы – Бейімбеттің қазақ əдебиетіне əкелген зор жаңалығы еді. Раушан өзінің əлеуметшіл күрес жолына белсене беріледі, замандастарын да, ерін де коммунистік дұрыс жолға бастайды. Раушанның жеңісі – ескі қазақ аулындағы əйел бостандығы үшін болған күрестің жеңісін бейнелейді. Бейімбеттің жағымды образ жасауда өзінің белгілі бір творчестволық нысанасымен дамытып кемелдендірген тəжірибесі өте-мөте үлгілі. Ол жағымды кейіпкерлерді қарапайым момын адамдардан алып, оларды өсу жолымен, қат-қабат қайшылығымен көрсете біледі. Бұл əсіресе «Көктеректің бауырында» атты повесі мен «Азамат Азаматыч» романында айқын көрінеді. Уақиғалар мен адам тағдырлары өмірдің өзінен алынып, қарапайым, нанымды суреттелетіндігі, кейіпкерлер тілінің халықтың сөйлеу тілімен астасып жатуы, табиғат пен адам мінездерін, өмірдің құбылысын айнытпай дəл елестетуі, əсіресе, ауылдағы еңбек адамының өзіне тəн мінез құлықтарын аша білуі Бейімбет прозасына ерекше өң, өзгеше нақыш береді. Бейімбеттің суреттеу тəсілдері өте қарапайым. Бірақ сол қарапайымдылықтың өзінде шеберлік, тапқырлық, жинақылық өте күшті. Жазушы жағымды-жағымсыз құбылысқа сəйкес көркемдік құралдарды тауып, шеге қаққандай орнымен қоя біледі. Бейімбет, біз жоғарыда талдап көрсеткеніміздей, халық өмірінің тамашажыршысы, сол халықтытебірентіп, толғанта білген жаңа шығармалар тудырушы, жаңашыл суреткер. Бейімбет өмірдің қазақ əдебиетінде ешкім қозғамаған тың сырларын ашқан, Мырқымбай, Раушан, Азамат, Жалбыр сияқты соны, типтік образдар жасаған жаңашыл жазушы. Əдетте Бейімбеттің қазақ өлеңіне қосқан жаңалығын ескермейміз. Өлеңмен əңгімелесу, өлеңмен еркін тақпақ


айту, диалогты өлең – бəрі де Бейімбет қосқан жаңалықтар. Бейімбет халық поэзиясының да, Абайдың да жақсы үлгісін дамытып пайдалана отырып, сөйлеуге лайықты еркін ырғақ, еркін ұйқастарды жарасымға келтіреді. Мұны жаңашылдық емей не дейміз?! Қазақ прозасын жасау поэзияны дамытудан анағұрлым қиын жағдайда өтті, ұлттық көркем прозаның дəстүрі қалыптаспағандығы, орыстық озық көркем прозасына тікелей келудің ауырлығы, бірқатар прозаик жазушылардың жаңа тақырыпқа тереңдей бара алмауы, бəрі де жаңа көркем прозаны қалыптастыру жолындағы қамалдар, бөгеттер еді. Бейімбет қазақ совет прозасында осы қамалды бұзып тыңнан жол салды. Ол халықты тебірентіп, толғандыра алған жаңа шығармалар жазды, халықпен біте қайнасып кеткен, бұрын туған əдебиетімізде болмаған соны, типтік бейнелер тудырды. Осындай озық шығармалар, өміршең образдар тудырған Бейімбет шынында да нағыз халықтық жазушы, халық өмірінің жыршысы. «Қазақ əдебиеті» газ., 1965 ж., 19 қараша.


85 Тұрсынбек КƏКІШЕВ ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ Бейімбет Майлин творчествосын зерттеушілер аз емес. Бірақ əлі күнге дейін ауыз толтырып айтатын монографиялық еңбек шыққан жоқ. Əлі күнге дейін газет, журнал мақалалары дəрежесінен аса алмай келеміз. Тіпті Бейімбет қаламынан туып, газет-журнал бетінде жарияланған шығармалардың өзі түгелдей қайтадан жарық көре алмай келе жатқанын өкіншпен айтпасқа болмайды. Б.Майлин шығармаларының алты томдығына енген енбектердің бəрі Бейімбеттің өзі баспаға дайындаған кітаптардан, журналдардан алынып жариялануда. Ал республиканың мерзімді баспасөз орындарында бір рет жарияланып қайтадан жарық көрмеген шығармаларды жабулы күйінде қалдырмауымыз керек. Бейімбеттің творчестволық мұрасы жөнінде Жазушылар одағы жанынан құрылған комиссия халықтық қазынаның шашау болмауына ыждаһат жасағаны өте жөн болар еді. А.Затаевичтің 1922 жылы Бейімбет аузынан жазып алған 18 əні «Тоғжан ақын», «Зайкүн», «Айгөк», «Қалқаш», «Ақсаусақ» т.б. жəне олардың əр қайсысына берген түсіндірмелері де (Қазақ ССР Мемлекеттік Орталық архивы, фонд 693, опись I, ед. ар 54,7. 133 – 137 беттер) атаусыз қалатын еңбек емес. 1934 жылы Бейімбет Қазақтың көркем əдебиет баспасының басшысы жəне «Қазақ əдебиеті» газетінің редакторы қызыметін атқарып жүріп, өзі баспаға дайындаған кітаптарға қысқаша аннотация жазып отырған. Мұндай аннотацияларды да ескерусіз қалдыруға болмайды. Сонымен бірге, архивтік жəне тарихи деректерден Бейімбеттің əлеуметтік еңбегінде қалың көпшілік жасаған ілтипат пен қошамет те тасада қалмауға тиіс, Мұндай материалдар өте көп. Мысалы, 1934 жылы Қазақстан жазушыларының бірінші съезі болып жатқанда Қазақстан баспасы көп жазушыны қонаққа шақырып, өздерінің жұмысына əр кезде белсене қатысып, жəрдем көрсетіп отырған Сəкен,


Бейімбет, Ілияс, Сəбит төртеуіне заттай сыйлық берген. «Оқу кітаптарын жазды. Томдары басылды. Казиздатта шығатын журналдарға редактор боп келді. Көп еңбек сіңірді. Қазақтың көркем əдебнетінде орны үлкен. Əсіресе соңғы жылдары қара сөзден үлгі аларлық шығармалар жазып келеді («Қазақ қызы», «Алыптарды аралағанда» т. б.). Казиздат коллективіне жəрдемдесіп отырды. «Пайда келтірді» деп, Бейімбетке «Қазақстан жазушылары» атты альбом мен велосипед сыйлаған. Жұртшылықтың ыстық ықыласын көрсететін осындай мінездемелерден де жазушының абыройы аңғарылып қалмай ма! Басылайын деп жатқан жəне басылып шыққан кітаптарға жабық рецензиялар жазылып тұратыны белгілі. Мəселен, 1934 жылы Ғ.Мүсіреповтың «Шұғла», Б.Майлннің «Қырман басында», Р.Жаманқұловтың «Төте жол» атты əңгімелері орыс тіліне аударылып шыққанда Н.Никнтин деген əдебиетшінің баспа орнына жазған рецензиясы (фонд. 929, опись 3, д. 61, 7 – 9 беттер) бар. Онда Бейімбет əңгімесінің жетістігі де, кемшілігі де орынды сөз болған. Бейімбеттің өнерпаздығын зерттеген уақытта мұндай қосалқы материалдар мен орынды пікірлер де ұқыпты тексерілуі шарт. Дүниеге келгеніне 70 жыл толып отырған дарынды жазушының қаламынан туған шығармаларлың жəне ол жайында айтылғандардың бəрі де бүгінгі мəдениеті өскен оқушы көпшіліктің көз алдында болуына зер салу қажет. «Қазақ əдебиеті» газ., 1965 ж., 3 желтоқсан.


87 Бисенғали НАУРЫЗБАЕВ «ЖАҢА ЖАНР ЖАЛЫНДА» АТТЫ ЗЕРТТЕУ ЕҢБЕГІНЕН Бейімбет əңгіме, очерк, фельетон, мақалаларының еңбекші елге түсінікті болуын көздеген. Бұл жауынгерлік жанрларда өндірте жазды. Өйткені,оларды мерзімді баспасөз беттерінде дер кезінде жариялап оқушы жұртшылыққа тез жеткізуге ыңғайлы еді. Себебі о жасаған өмір мазмұнды істерге бай, оқиғаларға толы еді. Соларды тез жария етіп, өмір құбылыстарын дереу түсіндіріп, жұртқа бағыт көрсетіп, жаршысы болу үшін сол жауынгер жанрларды мейлінше пайдаландыол. Баспасөз беттерінде тіпті өлеңмен де, көркем шығармалармен де қалам ізін суытпай, сиясын кептірмей-ақ үн қосып отырды. Оның шығармалары ел арасында ілезде тарап, насишатшылық зор роль атқарғаны белгілі... Тарихи дамудың алып қарқынын кейін қалмау үшін де, жаңа өмірге тəн қаулаған жаңалықты дер кезінде байқап, өмірдің көркем шежіресін жасау үшін де əңгіме жанырының оңтайлылығы Бейімбетті қатты қызықтырды. Оның əңгіме жанрында өнікті жазуының бар себебі осында деп білеміз... Революция алдында, ревалюция жылдарында мерзімді баспасөз беттерінде Бейімбеттің шағын хабарлама, суреттеме, оқшау сөздер жазып тұрғаны мəлім... Ел тұрмысын жіті білетін жазушы бірқатар əңгімелерінде бұрынғы ауылдағы күйкі көріністерді, үй-ішілік ұсақ құбылыстарды да қаламына іледі... Жолаушылап кележатып көрген-естігенін баяндау формасында жазылған бұл туындыларында Бейімбет ел тұрмысындағы ескі əдет-ғұрыпқа, салақтық-ластыққа жоққа сенушілікке қарсы шағады... Жаңа бір құбылыстар, жаңа нышанды журналист басқадан бұрын естиді, бұрын көреді, жұртқа бұрын жеткізеді. Оның жаны сергек келеді...


88 Ол ел аралағанда көреген-түйгенін жазғанда «Жолдан», «Елден» деген бұрыштама қойып, жедел жазып, газеттерде жариялап отырған... Автордың тек түйінді ойлары ғана алынды. Бұл зерттеушіде шағын жанрларды, газеттік мақалаларда Б.Майлиннің жазғандары кеңірек талданады. Бұл зерттеу «Жанр жəне шеберлік» деген кітапқа енгізілген болатын. 1968 ж. * * * Б.Майлиннің «Майдан» пьесасы колхоздасу дəуірінің алғашқы кездеріндегі екі таптық күштің өткір тартысын бейнелейді. Бірақ автор пьеса атын тек күрес майданын ғана емес, колхозшылардың қызу еңбек майданын да ескере қойған. Пьесаның ұнамды кейіпкерлері Досан, Орынбай, Зəуре, тағы басқалар тап жауларының əрекеттеріне қарсы шыға отырып, көктемгі егісті мезгілінде сарпалы аяқтау жөнінде үкіметке берген сертті орындау жолында күреседі. Осы екі майдан көп адамдарды ысылдырып, əділет пен күрес жолын түсінуге əкеле жатқанын көреміз. Əліштің, Пүліштің, Қалампырдың бейнелерінде осы шындықтың белгілері мол. Бейімбеттің үлкен табысы – ұнамды типтермен бірге Мамық, Көдебай сияқты үстемтаптың озбыр да сиқырлы адамдарыныңжарқын образынжасаумен байланысты. Автор сол дəуір шындығын бейнелейтін нақты бояу мен тіл таба білген. М.Əуезовтың Қазақстан жазушыларының бірінші съезінде «Майданды» «бүгінгі драмалық ірі серпіннің басы» деп атауы да осыдан. «Талтаңбайдың тəртібі» комедиясында Бейімбет асыра сілтеу кезінің геройларын өткір сатиралық бейнеде көрсетті. Онда дəуірдің міндеттерін түсініп жетпеген, моральдық бейнесі əбден кірленген, тоғышар «белсенділердің» типі өлтіре сыналады. Бейімбет қазақ халқының қалың ортасында – еңбекші бұқараның арасында өскен, кедей, жалшы өмірімен біте


89 қайнасқан жазушы. Сондықтан да ол халықтың оптимистік ақжарқын характерін, əзіл-оспақ, қуақы-күлдіргілік мінезін өз бойына молынан сіңіреді. Осыған орай суреткер қай жанрдағы көркем шығармаларында болсын сол көзі бітпес бұлақтан алған мол нəрін – халықтық юмордың орнын тауып, құлпырта қолдана біледі. Бастан-аяқ юморлық стильде жазылған шығармалар Бейімбетте көп емес, бірақ ол қандай тақырыпқа жазса да, шығармасына қандай сюжетті өзек етсе де, кейде тіпті трагедиялықжайлардысуреттегенде де, юмордан қол үзген емес. Юмор бірде шығармаға əсерін басым тигізіп, бірінші орынға қойылса, бірде шағын эпизод, штрих арқылы жалт етеді. Қалайда юмор оның жазу мəнерінде жиі байқалатын өрнек, байырғы бояу. Майлиннің юморы туралы там-там сөз болғанда, оның Гоголь мен Чеховтың юморына кейбір əдіс ұқсастығы айтылып жүр. Чехов əңгімелеріндегі өмірді юмористік тұрғыдан суреттеу тəсілдерінен Майлин шығармаларындағы өмірді юмористік бояумен суреттеу тəсілдері кей ретте алшақ кетпейтінін көреміз. Бұл қандай тəсілдер? Ол тəсілдер: шығармадағы характерлердің комизмі, сюжеттің комизмі, соған байланысты шығарманың кейіпкерлері кездесетін жағдайлардың, портреттердің күлкілігі сөйлеудегі күлкілік, адамның аты, фамилияларының күлкілік тұрғыда қойылуы, кейіпкерді қоршаған жағдайларды суреттеудегі күлкі. Чеховтағы комизмнің (күлкінің) осындай орындарда қолданылуын Бейімбет шығармаларынан да кездестіруге болады. Чеховта бір шығарманың шеңберінде-ақ аталған күлкілі жағдайлардың бірталайы ұшырасып қалады да, Бейімбетте олар көбіне əр шығармада шашыранды көрінеді. Айдарбек – күйгелек мінезді, күйіп-піскен тартымы қысқа, қайтуы да шапшаң адам. Оның осы характері күлкі болады. Ашуланғанда əйелін жұдырықпен бір түйып алып, кейін онымен татуласқанша асыққан құбылмалы мінезіне оқушы зілсіз күледі. Характеры Айдарбекке қарама-қарсы адам – Бəкен! «Раушан-коммунист» повесі.


90 Ол – шағын шаруасына мұқият, «қой аузынан шөп алмайтын» жуас, ешкімнің ыңғайын жықпайтын, əсіресе əйелінің бетіне жел болып келмейтін жұмсақ мінезді адам. Ол шындап ашулана да алмайды, ашуланған болып көрінгісі келсе де, артынша күлкісі таяу тұрады. Бəкен мінезіндегі осындай ерекшелікті жазушы қызықтап əзілдейді. Жаратылыстан жұмсақ мінезді Бəкеннің ашуға мінген кездегі қылығы күлкі боларлық. Бейімбет кей шығармаларында босбелбеу болбыр, жай басар жалқауды, көк езу, көбік ауыз мылжыңды келістіре əжуалайды. Адамның адамдық қасиеті еңбек үстінде сыналады. Болат білекті, қажырлы еңбек адамының ширақ, епсекті қимылына қызығып сүйсінсең, етегіне сүрінген, бір басуға ерінген, өнімсіз митыңмен ұзақ күнді бос өткізетін, еңбекке қырсыз адамның сыйқына күлесің де қынжыласың. «Əміржанның əңгімесіндегі» Қосыбай отағасы, «Қырманда» повесіндегі Тышқамбай мен Құтпандар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді ұнататын жандар. Жазушы бұлардың берекесіз істерін күлкі етеді... Майлиннің юморлық, сықақтық тұрғыдағы кейіпкерлерінің ішінде портртеті карикатуралық сипатта көріненетіндері аз, бірақ жазушы шығармаларындағы кейіпкерлер портретінің галереясына кіргенде, езу тартпай қала алмайсың. Шығармада кейіпкерлердің аты, не фамилиясын юморлық, сатиралық тұрғыдан таңдап алу, сол жалқы есімдердің мағынасын кейіпкерге төмен сипаттама беру үшін қолданудың алуан тəсілдерін орыстың ірі сатирик, юморист жазушылары М.Е.Салтыков-Щедрин, Н.В.Гоголь, А.П.Чехов т.б. көп кездестіреміз. Əсіресе, Чеховта ондай аттар əңгіме сайын бірінен-бірі күлкілі болып келіп отырады. Кейіпкердің атын сын-сипатына лайық қою Бейімбет шығармаларынан да ұшырасады. Ол мұндай атты сықақ етілетін кейіпкеріне қойғанда, қазақ тұрмысына келісті етіп алады. Белденбоқ молда, Итаяқ би, Тасболат сопылар ескі ауылдың рухани қанаушылары болса, Боқбасар, Қордабай, Ордабай, Шермек, Борсықбаев, Бұқабаевтар жуан, шонжар, атқамінер бұрын «ел жақсылары» болып атанғандар. «Мын


де шап», асыра сілтеуші, оспадар өкіл Талтаңбай, Желдірбай Жындыбаевтар бұл топты толқытыра түседі. Майлин қаламынан туған өлең, əңгіме повестердің қайқайсысы да өз оқушысын бірдей баурап, қызықтыра тартып əкетеді. Мұның сыры неде? Біздіңше, мұның сыры – автордың өмір құбылысын нағыз шыншылдықпен, сан қилы бояу бедерімен суреттей алуында. Көркем сөз суреткерінің қолындағы бояуы – сөз, тіл, бұл – жанды, құбылмалы бояу, мұның мүмкіншілігінің шегі жоқ. Қандай қанық бояуларды қолына берсең де олақ суретші тартымды картина салып шығара алмайды». «Дəуір суреттері» кітабынан. Алматы, Ғылым, 1969. – 262-264, 265, 269, 273б.


92 Файзолла ОРАЗАЕВ ОРТАҚ ТАҚЫРЫП – ӨЗГЕШЕ ШЕШІМ Бейімбет Майлиннің 20 жылдардағы шығармалары несімен құнды, жазушы қандай ерекшеліктерімен көзге түседі, ол жылдардағы қаламгер идеясы, шығармасының тақырыбы, өзіне тəн жазушылық əдіс-тəсілдері қандай болды? Шығармаларының ерекшелігі неде еді? Оның өзіндік стилі шығармашылық өнерінің қай қырынан анық көрінеді? Шеберлік пен ерекшеліктің шінара ұқсастығы мен елеулі айырмашылығын қалай байқауға болады? Майлин стилі ауызға алынғанда, қашанда оныңюмористік қабылеті алдымен айтылады. Бейімбет, əдетте, өмірдегі титтей де кереғарлықты назарынан тыс қалдырмайтын жазушы. Сондықтан оның юморының, сатиралық садағының көзделмеген тұсы кемде-кем. Мəселен, «Шұғаның белгісінде» Бейімбет өз бойында «қалғып» жүрген юмористік қабілетінің барын сездірген еді. Сол «қалғыған» қабілет «Шұғаның белгісінен» бергі əңгімелерінде, негізгі творчестволық əдісін түзді. Майлин новеллистика тарихында юморист ретінде атын қалдырды. Бірақоныңюмористігі, дүние танымыменидеясы, тұжырымды, қысқа баяндау əдіс-тəсілдері бірден қалыптаса салған жоқ. Ол шеберлік шыңына сатылап көтеріліп, стилін біртіндеп қалыптастырды. Майлин юморы əуелі 1918 жылы жазылған «Сексен сом» əңгімесінде айқын көрінеді. Бұл əңгіменің сюжеті қысқа, соған қарамастан, Егеубайдыңмінезі, тұрмыс халі өте нанымды шыққан. Əнгімеден ештеңенің парқына бара бермейтін ауыл кедейінің кейпін көз алдымызға елестетеміз. Бейімбет Егеубайды күлкілі халде көрсеткенмен, соған күле отырып бүйрегі бұрады. Сауатсыз, өз жауынан өзін қорғап қала алмайтын дəрменсіз, үйдегі шаруасын ғана білетін қарапайым адамға жазушының жаны ашып отырғаны сезіледі. Яғни Майлин халық өкілі жағында, халықтық позиця ұстаған. «Алашордашылардың» кедейдің жалғыз атын тартып ала-


93 тын зорлықшыл, қарақшы екендіктерін ашық айтуы да сондықтан. Майлиннің «Талақ» атты əңгімесі де юмористік сарында жазылған. Дегенмен, мұндағы юмор əдетте, көркем шығармада жиі ұшырасатындай, сөз ойнақылығында да, уақиғадағы шиеленіс, сюжет ойнақылығында да емес. Мұнда – кейіпкер мінезінде. Бейімбеттің бұл əңгімеде кейіпкер характеріне тереңірек үңіліп, ішкі сезімді шебер суреттегенін аңғарамыз. Мұнда да Зейнеп пен Айдарбекке автор күліп отыр. Оқушы да сілесі қата күледі. Бірақ жазушы да, оқушы да зілсіз күледі, кешіре күледі. Жалпы Майлин кедейлермен, қарапайым адамдармен зілсіз əзілдеседі, жақын адамдарындай шымшыма сөзбен қалжыңдасады. Мысалы, «Құрымбайдың жігітшілігіндегі» Құрымбайдың тегі кедей, аулында оны таз деген сөз қосып атайды екен, бірақ болыстық мнлиция болған соң Құреке атаныпты. Егер Құрымбай үстем таптың өкілі болып милициялық етсе, Бейімбет оған тілін сұғып-сұғып алып, орнынан тұрмастай етер еді. Оған құдіреті жетеді. Алайда ол кешегі Құрымбай таз, Майлиннің жанашыр кейіпкерлері. Сондықтан да оны қалжың етеді де қояды. «Құрымбайдың жігітшілігі» сияқты «жігітшілікті» Майлин замандастары да əңгімеге арқау еткен. Алайда сюжет желісінің ұқсастығы болмаса, əр жазушы өз үні, өз мəнерімен өзіндік əдіспен баяндаған. Айталық «Құрымбайдың жігітшілігінде» (1925) Майлин юморы оза көрініп, «мен мұндалап» тұрса, С.Сейфуллиннің «Омарында» (1927 ж.) кейіпкер психологиясы басымырақ екені аңғарылады. Майлин советтік дəуірдің алғашқы он жылында өзінің юмористік стилін қалыптастырып қана қойған жоқ. Ол революциядан бұрынғы поэзиясында көрінген сатириктік қабілетін прозада қолданып, оны жетілдіріп, ұштай түсті. Оның сатириктік мəнері, сатиралық баяндау əдістəсілдері, кекесінді тілі, əсіресе діннің шырмауын, дін уағыздаушылардың қара пейіл қылығын əшкерелеуге келгейде өте шебер шығады, «Ақбаланың тоқтысы», «Қадір түнгі керемет», «Зəкіржан молда», «Шариғат бұйрығы», «Əліштің пырағы» деген əңгімелерінде қожа-молда, дін


94 уағыздаушыларының халықты алдап-арбау мақсатының түп-төркіні неде екенін жазушы терең баяндап, өлтіре əжуалайды. Соның ішінде, əсіресе, молданың арам пиғылының шегіне жеткен жерін ол «Зəкіржан молда» əңгімесінде сатириктік шеберлікпен бейнелеген. Зəкіржан молда – нендей кірлі қылықтан бас тартпайтын адам. «Алла» деп жүріп алдайтын, «құдай» деп жүріп қулық қылатын алааяқ молдалардың характерін Майлин осы Зəкіржан бойына жинақтаған. Жинақтағанда ол үйіптөгіп молда деген осы деп қалай болса солай көрсете салған емес. Өйтсе, əрйне, образ нанымдылғына нұқсан келер еді. Зəкіржан ішмерез, əйдік алааяқ. Алдаса алдауға тілі жұмсақ, қуса құтқармайтын, қашса жеткізбейтін жорға мінезді кейіпте көрінеді. «Зəкіржан молда» əңгімесін ауызға алғанда, əдебиетті зерттеушілер кейде Мұхтар Əуезовтың «Қорғансыздың күні» атты əнгімесін қоса атайды. Бұл, əрине, тегін емес. Екі əңгімеде іштей үлкен үндестік бар. Ол – идеялық үндестік, сюжет ұқсастығы. Бірақ екеуінде үлкен алшақтық та бар. Ол жазу мəнерінің баяндау əдісінің өзгешелігінде. Яғни екі əңгіме оқиға ұқсастығына, идеялық үндестігіне қарамастан екі түрлі стильде жазылған. «Зəкіржан молдада» да, «Қорғансыздың күнінде» де жазушылар жəбірленген жайдарды, үстем таптың (молда да үстем тап) еріккен, тойынған таптың ойыншығы болған қыздарды көрсетеді. Екі əңгіменің екеуінде де сол үстем таптық қорғансыздарға зорлығы жүретінін баяндаған. Жəне екі əңгіменің жазылған мерзімі де алшақ емес. Бұларды салыстырудан екі алып прозаиктің 20- жылдардағы бүкіл шығармаларына тəн өзгешелікті, ерекшелікті айқын көреміз. М.Əуезов жетім-жесірді, əлсіз сорлыны, қайғы-мұң, қасіретті өмір тепкісінде келе жатқан бақытсыздарды суреттегенде барынша əсірелеп, қоңырқай бояуды молынан пайдаланады. Əуезовтың пейзажы да сол көңілсізбояудыонансайынқалыңдатып, оқиғаныонансайын аянышты етіп көрсетеді. М.Əуезов осы алғашқы əңгімесінің өзінен-ақ оқырманын «аямайтын» трагик ретінде көрніген.


95 Ал Бейімбет Майлин де жыртық жең, күс саусақ, жетімжесірдің тұрмысын баяндайды. Алайда оның жазу мəнері, суреткерлік əдісі өзгеше. Бірде ол өмір суретін ашық түспен салып көңілді бір серпілтіп, əзілдеп алады, ал енді бірде қарақоңыр түсті қоюлатып, мұңайтып алады. Айталық Зəкіржан молда мен мүритінің іс-əрекетіне бірауық күліп отырасың да, жылап қалған жандарды көргенде мұңайып, сорлылардың қайғылары жаныңа батады. Артынша түнгі «рахатын» жуып отырған екі залымды көріп ашу-ызаға булығасың, сəлден соң аузын ит жалап жатқаң молданы көріп «өзіне сол керек» деп табалап өшіңді қайырғандай жазушыға риза боласың. Майлин қай шығармасында болмасын табиғат суретіне сараң. Көбіне ол қала көріністерін, табиғат құбылыстарын атаулы сөйлемдермен қысқа қайырып, хабар береді де тікелей оқиғаны баяндауға кіріседі. «Қалампырдың жер ошаққа жаққан оты сөнді. Аспан қара көрпесін бетіне бүркенді. Самсап жұлдыз шықты. Түн тынып, маужырап мүлгіді де қалды. Ұзамай қара жолдың үстінде ат тұяғының дыбысы білінді», Міне, Майлин табиғатты көбінесе осылай суреттейді. Зəкіржан келердегі табиғат Ақан келердегідей емес. Əуезов түні тым ауыр, қаһарлы. Майлин түні онша əсіреленбеген, тынық түн, «маужырап», «мүлгіп» тұрады. Бейімбет түні Қалампыр мен Қаныш көңліне сай жайдары. Мұхтар түні жүрген жолына бұта бітірмес, алдында не кездесседе жұтып жіберуге əзір тұратын Ақан пейіліне сəйкес жұтты түн. Майлиннің Əуезовтен тағы бір айырмашылығы əңгімені бір сюжет, бір оқиғаға ғана құруынан. М.Əуезовтің 20 жылдардағы шығармаларынан жанр іздеуін, жазушы талантының əр салада, кеңістік, кең тыныс іздеп бұлқынып жүргенін аңғарамыз. Əуелде қысқа новелла етіп бастау ойында болғанмен, оқиға ,тарихын терең қамту, өткенін айтып, бүгінгісіне сонан соң келу ниеті бой бермей отырады. Ол, əрине, повесть, роман дүниесіне автбрды жақындататын жол. Бұл жақсы қасиетті «Қорғансыздың күнінен» де көреміз. Мұны Əуезов таланты ауқымының кеңдгі,


96 суреткерлік қабілетінің үлкен полотноны тілеп тұрғаны, соған қаламының жетектей бастағаны деп білеміз. Біз бұл жерде Майлин талантының алымы аз, жүдеу деген ұғым туғызғалы отырғанымыз жоқ. Жүзіктің көзіндегі меруертке бүкіл бір храмның суретін сиғызатын аздаған таланттардың бір үйдің қабырғасына екі-үш портретті солғын бояумен жаға салатын жүздеген суретшіден ерекше тұратыны белгілі. Майлин – сондай ювелир жазушы. Ілгеріде жазушының өзіне тəн стилі баяндау мəнерінен, тілдік түрлі əдіс-тəсілдерінен көрінбек дедік. Жазушының өзіндік ерекшелігін түзетін негізгі компоненттердің бірі шығарманың тілін талдамай жазушы шеберлігі мен ерекшелігін жан-жақты бағалау да мүмкін емес. Шығарма негізінен авторлық баяндау мен кейіпкер сөзінен тұрады. Авторлық баяндау табиғат құбылысын, адам портретін, кейіпкердік сезімін, қимыл-əрекеті, оқиға барысын айту үшін қолданылса, кейіпкер сөзіне де өзіне лайық міндет, мақсат жүктеледі. Сол негізгі функциясына қарай кейіпкер сөзі, диалог, монолог, полилог болып бөлінеді. Алайда бұлай болу бұл компоненттерді жеке-дара ажыратып бөлектеу емес. Олардың бірі болып, бірі болмаса көркем проза шын мəнінде көркем болып шыға бермейді. Өйткені осы компоненттердің қай-қайсысын алсақ та шығармада өзіне жүктелген жүгі, өзіне тікелей ролі, атқарар қызметі бар. Жəне бір шығырмада бəрінің бірдей ұшырасу, не бірінің көп, бірінің аз ұшырасуы мүмкін. Ол мүмкіндік жазушы қабілетіне тікелей байланысты. Баяндау тəсілдерді тəптіштеп зерттеп қай жазушының қай тəсілге идеялық жүкті арта білгенін айқындау оның ерекшелігінде екшеп көрсетуге жəрдем етеді. Міне, осы жерден келіп, шығармадағы баяндау əдістерінің қайсысына автордың идеялық жүкті баса артқанын анықтаудан келіп, жазушының тілдік ерекшелігі жəне сол арқылы стилі ашылмақ. Осы тұрғыдан келгенде Бейімбет Майлин де, Сəкен Сейфуллин де, Мұхтар Əуезов те бір-біріне ұқсамайтын əр стильдің авторлары деп айта аламыз. Бұл жазушылардың бірі авторлық баяндауға баса көңіл бөліп


97 пластиканы қалыңдату шеберлігімен көрінсе, екіншісі авторық баяндаудан гөрі кейіпкерді көбірек сөйлетіп, идеяны кейіпкер сөзімен, психологиясын кейіпкердің өз сөзімен жеткізуге машықтығымен, ал үшіншісі баяндаудың барлық түрлерін қатар қол данып, бір мақсатқа бағыттауды қолайттауымен көзге түседі. Майлин өз тұстастарымен салыстырғанда диалогке идеялық үлкен жүк артып, өзінің мақсат-мүддесін, шығарманың идеясын кейіпкер сөзі арқылы баяндау негізгі əдіс етіп алғандығымен ерекшеленеді. Бейімбет кейіпкерлері қашан да өзін-өзі өз сөзімен мінездеп, өзінің кім екенін оқырманға бірден танытуға бейім боп тұрады. Майлиннің суреткерлік ерекшелігін əңгіме еткенде оның диалогті күрделілендіріп, полилогке айналдырып жіберу арқылы оқиғаның композициялық шешімін оңай табатынын негізгі əдістерінің бірі деп айта кетуіміз керек. Диалог екі кісінің арасындағы бірі-бірінен туындап жататын логикалық байланысы бар репликалар десек полилог екі кісі емес, кем дегенде үш не одан да көп персонаждар арасындағы логикалық байланыста, бір нысанаға бағытталған репликалар. Əдетте театр, кино өнерінде полилог көпшілік атмосферасын жасауға қолданылады. Ал Майлин оны композитордың полифонияны өзекті мелодияның желісіне əр, рең беретін, тікелей мелодияны түзуші құрал ретінде қолданғанындай, өзінің негізгі идеясын беруге, басты кейіпкердің характерін ашуға пайдаланып жазушылық негізгі əдісінің бірі еткен. Майлиннің полилогке шеберлігіне «Ленин мектебі» (1929) атты əңгімесінен көз жеткізуге болады. Əңгіме бастан-аяқ полилогтік əдіспен баяндалған. Жұрттың көсемге деген, партияға деген ықыласы, көпшіліктің көсем өсиетіне деген ынтасы, жалпы жұрт қайғысы, бəр-бəрі кейіпкерлер сөзімен берілген. Майлин – кейіпкер тіліне өте мұқият қараған жазушы. Біз кейіпкерінің кім екенінен əлі хабардар болмасақ та бірер диалогін оқығаннан кейін сөйлеушінің характерін, қай таптың өкілі екенін түсіне бастаймыз. Кейде тіпті кейіпкер


тілінің характерге сəйкестігі сондай авторлық баяндаусызақ кім екенін біле қоямыз. Тағы бір айтарлығы кейіпкерлер сөзі де, авторлық баяндауы да халықтық тілге, ауызекі сөйлеу мəнеріне негізделген. Сотдықтан да оның əңгмелерін басқа жазушылардың шығармаларынан өзгеше интонациямен оқимыз. Əңгіменің дағдылы халықтық тілмен жазылғандығынан оқып отырғандай емес, тыңдап отырғандай рахат əсер аламыз. Сөйтіп, кейіпкер характерін ашуға жазушы полилог пен диалогті шебер қолдана білгенін аңғарамыз. Оның диалог құруға шеберленуінде əңгіме жанры бірден-бір шеберлік мектебі іспетті роль атқарған. Сол мектептен өткен новелист Майлин драматургия саласында да өзіндік үн-əуенімен, өзіне тəн стилімен көрінген. Біздіңше Майлин – драматургтің стильдік ерекшелігінің көзі əңгіме жанрында болса керек. Ол, əрине, өз алдына мəселе. «Қазақ əдебиеті» газ., 1969 ж., 15 қараша


99 Сырбай МƏУЛЕНОВ СӨЗ ҰСТАСЫ Уфада күнжауын. Оңтүстік Уралдың аспаны сіркіреп тұр. Сол аспанның астында Ақеділ жарқырап жатыр. Біз Сайфи ағай екеуміз Мəжит Ғафури музейінен шығып, қаланың шетіне қарай жүріп келеміз. Шет жақта ескі үйлер өз орнында сақталып қалыпты. Біз екі қабатты қызыл кірпіштен құйылған үйдің қарсы алдында тұрмыз. – Бұрынғы медресе Ғалия міне осы үй болады. Қазір бұл үй орта мектеп. Бұрын медреседе Мəжит Ғафури, Бейімбет оқыған, – дейді Сайфи ағай. – Сайфи ағай, сіз де осында оқыған жоқсыз ба? – деймін мен. – Ия, Бейімбет бəріміз бірге оқығанбыз. Қызыл кірпішті үйдің төрт қабырғасы бар. Екі қабырғасына осында Ғалымжан Ибрагимовтың сабақ бергенін, Мəжит Ғафуридің оқығанын жазып қойыпты. – Мұның сонау бос тұрған бір қабырғасына Бейімбеттің аты жазылса артық болмас еді, – деп мен Сайфи ағайға қараймын. Сайфи ағай мақұлдағандай басын изеп жымиып күле береді. Біз мектептің ішіне кіріп біраз аралап жүрдік. Ертеде шəкірттердің сабақ алатын орны да, жататын жері де осы үй болыпты. – Осы үйде Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» атты повесі жарыққа келген. Ол 1915 жылы осында шығатын қолжазба журналында жарияланған, – дейді Сайфи ағай. – «Шұғаның белгісі» қолжазба журналында жарияланса да осы күнге тасқа басылып шығып жатқан көптеген кітаптардан əлдеқайда биік тұр, – деймін Сайфи ағайға күле қарап. – «Шұғаның белгісін» Ғалымжан Ибрагимов бек қатты ұнатты. Бейімбеттің қуанышында шек болған жоқ. Сөйтіп қазақ əдебиетінің асыл қазыналарының бірі мына біздің


100 Уфамызда, Ақеділ жағасында туған, – деп даусын көтере сөйлейді Сайфи ағай. «Біз елден шыққанда күн де сəскелікке жақындап еді. Ұшпалы сұр бұлттар көшкен керуеп секілді тіркесіп, оңтүстікке қарай жылжып ұшып, күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырайлы нұрын шаша бастады». «Шұғаның белгісіндегі» осы бір суреттер осы үйде туды-ау деп ойға батып тұрмын мен. «Шұғаның белгісі» қазақ əйелдерінің бас бостандығы туралы туған тұңғыш шығармалардың бірі. Бұл шығарма қара сөзбен жазылған өлеңдей көп көңілдерде жатталып қалды, көп өмірлерге ортақтасты. Сүйген жігітіне қосыла алмай арманда өткен Шұғаның жай сыры балаң жігіттің қаламынан осы арада дүниеге келіп, келешек күндерге қанат қақты. «Шұғаның белгісі» əдебиетте де белгі болып қалды. Қазақ көркем сөзінің қаймағы болды. Мен «Шұғаның белгісімен» Уфа қаласында, Сайфи ағайдың қасында осылай жолыққан едім. Біз Масанчи көшесінде Бейімбеттің жұбайы Гүлжамал жеңгеймен көп жыл көрші тұрдық. Гүлжамал жеңгей əлі де сол Масанчи көшесінде балаларымен бірге өмір сүріп жатыр. Гүлжамал жеңгей Бейімбет ағай жөнінде көп естеліктер айтады. Кейде кеште біз жеңгейді қоршап алып, оның соншалықты қызық, соншалықты ақжарқын əңгімелерін тыңдаймыз. – Мен Бейімбетке қосылғанда ол Ақтөбе аулында мұғалім еді. Тұрмысымыз өте нашар болатын. Бірақ Бейімбет киген киімді, ішіп-жемді ескеріп, елемейтін ер көңілді жігіт еді. Өзі көп сөйлемейтін. Ел аузындағы ескі сөзді көп жинайтын. Əңгіме десе құлағын түріп, басқа дүниенің барлығын ұмытып, ұйып қалатын. Əсіресе, көпті көрген қарияларға үйір еді. Олардың айтқан сөздерін теріп жинап ерінбей жазып алыпжүретін. Ауылда ойын-сауық Бейімбетсіз өтпейтін. Бейімбет өнерге ебі бар қыз-жігіттерге өлең жаттатып, айтыс үйретіп, тыным таппайтын. Осы Елубайларды ел ортасына шығарып, оған əр түрлі адамның кейпін жасатып, күлдіргі сөздер жаттатып, ойнататын.


Click to View FlipBook Version