The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.
Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by Тогжан Жумалы, 2023-12-15 05:12:19

ӘЛ-УӘФИ

ӘЛ-УӘФИ

251 ОТЫЗ ЕКІНШІ ХАДИС ИСЛАМДАҒЫ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУ НЕГІЗДЕРІ Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Егер адамдарға (тек қана) олардың талап етуі негізінде1 берілетін болса, онда олардың кейбіреуі басқалардың дүние-мүлкі мен өміріне міндетті түрде қастандық жасайды2 , (сондықтан) талап етуші 3 дәлел4 келтіруі керек, ал теріске шығарушы5 ант ішуі керек6 », – деді», – деген7 . Пайғамбар (с.а.с.): «Егер адамдарға (тек қана олардың) талаптары (негізінде) берілетін болса, онда кейбір адамдар міндетті түрде басқалардың жаны мен дүние-мүлкіне қастандық жасайтын болады, (сондықтан) айыпталушы (ешқандай дәлел жоқ болса) ант ішуі тиіс», – деген8 . Осы хадистің басқа риуаятында Пайғамбар (с.а.с.): «...және ондай жағдайда адамдардың өмірі мен дүние-мүлкі міндетті түрде құрдымға түседі», – деген9 . Осы хадистің екі «Сахихта» келтірілген риуаятында Пайғамбардың (с.а.с.) (дәлелсіз) айыпталған адамның ант ішуін талап еткендігі келтірілген. Хадистің маңыздылығы Ән-Нәуәуи (Аллаһ оған рақым етсін): «Бұл хадис негізгі шариғат заңдары қағидаларының ішіндегі ең маңызды қағида», – деген. Ал ғұлама Ибн Дақиқ әл-Ғид: «Бұл хадис – заң негіздерінің бірі және пікірталас, айтыс-тартыс туындаған кезде жүгінетін ең маңызды қайнар көз (құжат)», – деді. 1 Яғни олардың жалаң сөз бен талаптары негізінде. 2 Демек, кейбір адамдар, мұндай құқығы болмаса да, міндетті түрде біреуді өлтіреді және басқа адамдардың дүние-мүлкін алуға ұмтылады. 3 Яғни арызданушы. 4 Дәлел дегеніміз – куәлік. Мысалы, куәлардың көрсетулері, жауапкердің мойындауы және арызданушының растауы. 5 Бұл жерде арызданушының талаптарын теріске шығарушы, яғни сотқа тартылған адам туралы айтылған. 6 Яғни арызданушы өзінің дүние-мүліктік талаптары немесе айыптауларының растығына дәлелдер келтіре алмаған жағдайда айыпталушы өзінің күнәсіз екендігіне ант беруі тиіс. 7 Әл-Бәйһақи. 8 Муслим. 9 Әл-Бұхари.


252 Хадисті және оның неге жөн сілтейтінін түсіну 1. Ислам заңдарының ұлылығы Ислам – құрамдас бөліктері кіршіксіз ақида, шын ықыласты құлшылық, қадір-қасиетті адамгершілік пен адам құқығының сақталуын қамтамасыз ететін және өмірі мен дүние-мүлкін, ар-намысын қорғайтын жоғары дәрежелі заңдар болып табылатын мүлтіксіз өмір жолы. Әрі ол адам құқығы, дау-дамайды шешу мен айтыс-тартысты тоқтатудың негізгі әрі бастау алар қайнар көзі және мұндай құқыққа ие адамдардың құқығын анықтайтын, сондай-ақ олардың сақталуын қамтамасыз ететін ақырғы да ақтық заң болып табылады. Сондықтан Исламда жан-дүниесінде дерті бар, ауру жанды адамдарға өздігінше билеп-төстеуге, басқаларға (дүние-мүлкі мен өміріне) озбырлық жасауға жол бермейтін, құқықты аяқ асты ету мен түрлі қысым көрсетуден қоғамды қорғайтын тиісті қағидалар (қауаъид) мен ережелер (дауабит) дайындалған. Арызданушының талабының заңды екендігін дәлелдейтін айғақ келтіруді қажетті шарт ретінде ұстанатын және арызданушы үшін ненің қабылдауға тұратын қолайлы айғақ болып есептелетінін, соларға сәйкес үкім шығару барысында заңды құқықтарды анықтауға әрекеттенгенде сот неге, қандай дәлелдерге сүйене алатынын анықтайтын бұл тараудағы қарастырылып отырған хадис мұның ең жақсы үлгісі бола алады. 2. Дәлел және оның түрлері Барлық ғұламалар дәлел деп куәлікті есептеуге келіскен. Куәгер көп жағдайда ақиқатты анықтап және арызданушының талабының қаншалықты растығын дәлелдеп береді. Куәгер көзбен көрген және өзі қатысқан жағдайға негізделетіндіктен осындай анықтау мен дәлелдердің тәсілі ретінде пайдаланылады. Дәлелдер (мұнда да куәгер есте тұтылады) талап етілген нәрсе мен оның мүмкін болған зардап-салдарына байланысты бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін. Аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың шариғатында куәліктің төрт түрі жайлы айтылады: а) Зинақорлықтың (ойнастықтың) жасалуына қатысты куәлік. Мұндай жағдайда төрт ер кісінің куәлігі қажетті шарт болып есептеледі, ал әйелдің куәлігі қабылданбайды. Аллаһ тағала: «Сондай әйелдеріңнен зина қылғандар, оларға өздеріңнен төрт айғақ келтіріңдер»1 ; «Сондай абыройлы әйелдерге зина жаласын жауып, кейін төрт айғақ келтіре алмағандар болса, оларға сексен дүре соғыңдар»2 , – деді. 1 «Ниса» сүресі, 15-аят. 2 «Нұр» сүресі, 4-аят.


253 ә) Кісі өлтіру және зинадан басқа шариғатта жаза белгіленген (худуд) қылмыстардың кез келгенінің жасалғанына қатысты куәлік. Мәселен, ұрлық жасау, маскүнемдік және жала жабу т.с.с. Бұл қылмыстардың бәрі фиқһ ғылымында «худуд» деп аталады. Мұндай жағдайда екі еркектің куәлігі қажетті шарт болады, мұнда да әйелдің куәлігі қабылданбайды. Аллаһ тағала: «Сондай-ақ өздеріңнен екі әділ кісіні куә етіңдер»1 , – деген. Кейбір фақиһтер, мәселен, шафиғилықтар бұл топтағыларға меншік құқығына қатысы жоқ куәлікті де жатқызады. Мысалы, некелесу немесе ажырасуға (талаққа) қатысты және соған ұқсас жағдайлар. Олар: «Мәселе анықталды деп есептеу үшін міндетті түрде екі ер кісінің куәлігі керек», – дейді. б) Сауда-саттыққа, қарызға, жалға беруге және сол сияқты жағдайларға қатысты дүние-мүліктік құқықты анықтау мақсатындағы куәлік. Мұндай жағдайда екі еркектің немесе бір еркек және екі әйелдің куәлігі қабылданады. Қарыз туралы аятта Аллаһ тағала: «Еркектеріңнен екі кісіні куә етіп алыңдар. Егер екі ер кісі болмаса, онда өздерің разы болған айғақтардан2 бір еркек, екі әйел болады»3 , – деген. Бұған сүйенген кейбір фақиһтер, мәселен, ханафилер «худудқа» және қысасқа (кек қайтаруға) қатысы жоқ жағдайлардың бәрінде осындай куәлікті қабылдауға болады деп есептейді. в) Еркектерге белгілі болмаған, мәселен, бала туу, қыздық белгісінің болуы, емізу тағы сол секілді, әйелдердің істері туралы куәлік. Мұндай жағдайларда олардың қасында еркек болмағанның өзінде әйелдердің куәлігі қабылданады. Ханафилердің айтуынша, кейбір жағдайларда бір әйелдің куәлігі де қабылдануы мүмкін. Хадисте: «Уқба (Аллаһ оған разы болсын), Әбу Иһаб ибн Әзиздің қызына үйленгенде, бір әйел келіп оған: «Ақиқатында, мен Уқбаны да, ол үйленген әйелді де емізген едім» 4 , – деген. (Сонда) оған Уқба: «Мені емізгенің туралы мен білмедім және (бұл туралы бұрын) маған сен айтқан жоқсың», – деді. Осыдан кейін ол (Уқба) көлікке мініп, Мәдинадағы Пайғамбарға (с.а.с.) жол тартты. (Уқба Меккеде тұратын еді) және (осы мәселе туралы) Пайғамбарға (с.а.с.) сұрақ берді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Қалай (ол сенің әйелің болады), егер (саған ол емшектес қарындас екені) айтылған болса?!» – деді. (Осыдан кейін) Уқба әйелімен ажырасты, ал ол әйел басқа біреуге 1 «Талақ» сүресі, 2-аят. 2 Бұл жерде өздерінің әділдігімен белгілі болған адамдар туралы айтылған. 3 «Бақара» сүресі, 282-аят. 4 Сөйтіп бұл әйел Уқбаға сүт қарындасына үйленгенін хабарлады, ал Исламда мұндай некеге рұқсат берілмейтіні белгілі.


254 күйеуге шықты. Және сол бір әйелден басқа бір де бір әйел бұл туралы Уқбаға айтқан емес», – делінген. Ханафи мазһабындағылардан басқалар «Уқба титтей күмәнді нәрседен аулақ жүретін аса тақуа кісі болғандықтан әйелімен ажырасты, (әйтпесе) әйелдердің куәлігі қабылдануы үшін бір емес бірнеше әйел болуы керек», – дейді. Сондай-ақ, олар: «Расында, Аллаһ тағаланың елшісі (с.а.с.) оған бұны бұйырған жоқ», – деді. 3. Дәлел – айыптаушының айғағы, ал ант – айыпталушының айғағы Мұсылман соты айыптаушы не айыпталушының қайсысының айғақдәлелі рас болса, соның пайдасына үкім шығаруға міндетті. Парасатты, дана шариғат дәлел келтіруді айыптаушының айғағы етті, егер айыптаушы дәлел келтірсе, талабы орындалады. Дәл солайша шариғат ант ішуді дәлелсіз айыпталушының айғағы етті, егер ол ант ішсе, айыпталған ісінен ақталып шыққан кінәсіз болып саналады. Бұл хадистің басқа риуаяттарында бұған тікелей нұсқаулар да бар. Онда Пайғамбар (с.а.с.): «...арызданушы (яки, айыптаушы) дәлел келтіруі керек, ал айыпталушы ант ішуі керек», – деген1 . Бір күні Пайғамбар (с.а.с.) айыптаушыға: «Сенің екі куәгерің немесе оның анты (қажет)», – деген2 . Бұлайша бөлудің мәнісі айыптаушы қандай да бір құпия істі талап етеді, сондықтан оны әшкерелеу үшін ол сенімді дәлел келтіруі тиіс. Дәлел сенімді де салмақты айғақ болып табылады, өйткені дәлел – бақталас емес адамның куәлігі. Сондықтан да дәлел арызданушының пайдасына қабылданады. Ал ант ішу мұндай күшке ие емес, себебі ант – екі бәсекелестің біреуінің арызы. Сонымен қатар айыпталушы қандай да бір құпия іс болды деп мәлімдемейді, оған қатысты кінәлі деп айыптамау қағидасы қолданылады және ол ешқандай өзгерістерге ұмтылмайды, сондықтан оның пайдасына қабылдану үшін аса күшті айғақ болып саналмайтын ант ішу де жеткілікті болады. 4. Айыптаушының дәлелі айыпталушының дәлелінен бұрын қарастырылады Егер арыз сот ісінің барлық қажетті талаптарын қанағаттандырса, қазы оны тыңдайды. Сонан соң ол айыпталушыға арызда айтылған мәселе бойынша сұрақтар береді, егер ол айтылған істі растаса, мәселе айыптаушының пайдасына шешіледі. Себебі айыпталушының мойындауы айғақ болып саналады. Егер айыпталушы өзіне тағылған айыптауды теріске 1 Әт-Тирмизи. 2 Муслим.


255 шығарса, қазы айыптаушыдан қажет болған дәлелдер келтіруді талап етуге міндетті. Ондай дәлелдер келтірілген жағдайда қазы оның пайдасына шешім қабылдайды, айыпталушы қандай қорқынышты ант ішсе де, оның теріске шығарған сөздері мен басқа да айтқандарына назар аудармайды. Ал егер айыптаушы қажетті дәлелдер келтіре алмаса және айыпталушының ант беруін талап етсе, сот айыпталушыдан ант алуы керек, егер ол ант ішсе, кінәсіз болып есептеледі де, іс жабылады. Бұған дәлел Пайғамбардың (с.а.с.) бір күні өзіне арыз айта келген адамға: «Сенде дәлел бар ма?» – деп айтқан сөзі. Ол: «Жоқ», – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Онда сен одан1 ант алуың керек», – деді2 . Яғни Пайғамбарымыз (с.а.с.) айыптаушыдан алдымен дәлел туралы сұраған, оның дәлелі жоқ екені анықталған соң, айыпталушының ант ішуі қажет екендігіне нұсқау берген. Демек, тәртіп бойынша арызданушының дәлелін айыпталушының жауабынан бұрын тыңдау керек. 5. Антты айыптаушыға қайтару Егер айыпталушыдан ант ішу талап етілгенде, ол бас тартып, өз кезегінде соттан айыптаушының ант ішуін және ант ішсе талап еткен мүлкін алуына болатынын айтса, оның мұндай талабын қабылдауға бола ма? Кейбір фақиһтер, оның ішінде шафиғилер мұндай талапты қабылдауға болады деп есептейді. Өйткені айыпталушының ант ішуге, сөйтіп ақталып шығуына құқығы бар, ал егер қарсы жақтың антына байланысты өзі туралы үкім шығаруға келіссе, өзіне-өзі үкім шығарған болады. Сондай-ақ кейбір фақиһтер, мәселен, ханафилер антты айыптаушыға қайтару керек емес деп есептейді, өйткені өзіне арыздана келген адамға Пайғамбар (с.а.с.): «Сенің екі куәгерің немесе оның анты (қажет), ал одан басқа (одан) ешнәрсе тиісті емес», – деген3 . Демек, бұдан айыптаушының ант беруі негізінде оның пайдасына шешім шығару мүмкін еместігі туралы тұжырым шығады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) біріне-бірі айып тағушы екі жақтың келтіре алатын айғақтарын бөліп бере отырып: «...айыптаушы дәлел келтіруі қажет, ал айыпталушы ант беруі керек», – деген4 . Осылайша Пайғамбарымыз (с.а.с.) айыпталушының ант беруі мен оған ұқсас мәлімдемесін оның дәлелі деп жариялаған, ал ант берудің тек айыпталушыға ғана қатыстылығын көрсеткен. Егер ант айыптаушыдан да талап етілсе, ол айыпталушының құқын бұзу болып табылады әрі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) айтқан сөзі мен белгілеуіне қайшы келеді. 1 Яғни айыпталушыдан. 2 Муслим. 3 Әл-Бұхари, Муслим. 4 Әт-Тирмизи.


256 6. Бас тартып, бұлтартқан жағдайдағы шешім Егер айыпталушыдан ант ішу талап етілгенде, ол бас тартса, ханафилер мен ханбалилердің айтуынша, айыптаушының талабына сай шешім қабылдануы тиіс. Олар мұндай шешімнің қандай жағдайда қабылданатынын және қандай жағдайда қабылданбайтынын егжей-тегжейлі қарастырып, Пайғамбардың (с.а.с.): «...теріске шығарушы ант ішуі керек», – деген сөзін дәлел етеді. Мұнда «теріске шығарушы» деп айыпталушы айтылған және бұл бұйрық орындалуы шарт. Парасатты да діншіл адам өз міндеттерін орындаудан бас тартпайды, ал оның ант ішуден бас тартуы айыптаушының талап еткендерімен келіскенін немесе құқығын басқа адамға беруге келіскенін көрсетеді. Өйткені дені сау адам өз құқығындағыны басқа адамға бере алады және соның негізінде оған қарсы шешім қабылданады. Имам Мәлик және имам Шафиғи мазһабындағылар «Ант беруден бас тартуы себепті оған қарсы шешім шығаруға болмайды, тек антты айыптаушыға қайтару керек. Егер ол ант ішсе, ол талап еткенін алуы қажет, ал олай болмаған жағдайда айыптаушының пайдасына үкім шығаруға болмайды», – деп есептейді. Себебі олар айыпталушының кінәлі еместігі туралы қағиданы басшылыққа алып, айыпталушыны басқа біреудің құқығын бұзғандығы туралы нұсқау-дәлел пайда болмайынша ешнәрсеге мәжбүрлеуге болмайды деп есептейді. Бас тартып бұлтартуға келсек, ол нұсқау-дәлел боп есептелмейді. Өйткені бас тарту өзін жалған ант беруден сақтандыру шарасы және шын ант ішуден қорыққандығының айғағы болуы мүмкін. Ендеше, жорамал-болжаулар негізінде шешім қабылдау әділ үкімдікке жатпайды. 7. Айыпталушы қай уақытта ант беруі тиіс? Үш имам Әбу Ханифа, Шафиғи және Ахмадтың (Аллаһ оларға рақым етсін) айтуларынша, әрбір айыпталушы одан ант ішу талап етілген сәтте бірден ант беруі тиіс және мұндай жағдайда айыпталушы ма, басқа адам ба бәрібір, оларға бірдей талап қойылады. Бұл жерде олар айыпталушының ант ішуінің қажеттілігі туралы айтылған хадистердің барлық жағдайға жауап беретін әмбебап қасиеттеріне сүйенген. Имам Мәлик (Аллаһ оған рақым етсін): «Егер оларды (яғни айыптаушы мен айыпталушыны) бірімен-бірін іскерлік қатынастар, борыштық міндеттемелер және соған ұқсас жағдайлар байланыстырған немесе егер айыпталушы өзіне қарсы осыған ұқсас айыптауларды тағуға әбден мүмкін адамдар қатарына жататыны анықталған болса ғана ант ішуге міндеттеледі», – деген. Имам Мәликтің түсіндіруінше, адамдардың өз арыз-шағымдарын басқаларға зиян келтіру құралына айналдыруына жол берместен, ортақ


257 мүдде туралы ойлау қажет. Олай етпегенде адамдар кез келген адамды ешқандай негізсіз сотқа беруге дағдыланар еді. Сондай-ақ ар-ұяты аз арсыздардың қадірлі зиялы адамдарды өздері секілділердің көмегіне сүйеніп, сотқа шақырумен мазалауына немесе олардың дүние-мүлкін заңсыз иемденіп, жәбірлеп қастандық жасауына да жол бермеу керек. 8. Ант ішу қалай орындалады? Егер соттың істі қарау процесіне қатысушылардың біреуінің ант беруі қажет болса, сот оның мұсылман не мұсылман еместігіне қарамастан Аллаһпен ант беруіне міндеттеуі тиіс. Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, Аллаһ сендерге өз атабабаларыңмен ант етуге тыйым салады. Сондықтан егер сендерден біреу ант етуі керек болса, Аллаһпен ант етсін немесе үндемесін», – деді», – деген1 . Сот ант берушіден аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың сипаттарымен байсалды да байыпты, қатаң да сұсты ант беруін талап етуі тиіс. Мәселен, ол: «Ешқандай серігі жоқ, жасырынды да, әшкере-жарияны да Білуші, аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһпен ант етемін», деп айт» деуі керек. Сондай-ақ Аллаһтың басқа да сипаттарын айтуды талап етуі қажет. Бұлай ету ант берушіні өз антына үлкен құрметпен қарауға және өзінің жалған айтып тұрғанын білген адам болса, бас тартуына мәжбүр етеді. Егер мұсылман болса, Құранды әкеліп, Аллаһтың Кітабымен ант берудің қажетті шарттарын сақтай отырып, Құранды ұстап ант беруін талап етуге де болады. Мысалы, егер ант беруші адам яһуди болса, Мұсаға (аләйһис-сәләм) Тауратты түсірген Аллаһ тағаламен, егер ол адам христиан болса, Исаға (аләйһис-сәләм) Інжілді түсірген Аллаһ тағаламен, егер ол адам пұтқа табынушы болса, адамды жаратып, оған кескін-келбет берген Аллаһ тағаламен ант беруін талап етуге болады. 9. Ант беру ережесі Егер сот немесе басқа бір адам келесі бір адамнан ант беруді талап еткісі келсе, алдымен оған уағыз-насихат айтып жалған ант беруден сақтандырғаны жөн. Сондай-ақ Құран аяттары мен хадистерден оқып беріп, жалған ант берудің күнә болатынын ескерткені лазым. Екі әйелдің бір үйде тігінмен айналысып отырғанда біреуі инемен өз қолын жаралап алып, екінші әйелді кінәлайды. Осы іс бойынша ол Ибн Аббасқа (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) жүгінеді, сонда ол: «Оның есіне Аллаһ тағаланы салыңыз да, оған мына сөздерді оқып беріңіз: «Сондай 1 Әл-Бұхари, Муслим.


258 Аллаһқа берген серттерін сататындар»1 , – дейді. Осыдан кейін оған уағыз айтылғанда ол әйел өз жаласын мойындайды2 . Өзінің жалған айтып тұрғанын білетін адамнан ант беру талап етілгенде, ол тиістіні мойындап, Аллаһ тағаланың ашуына ұшырап, Оның мейірімінен мақұрым қалмау үшін ант беруден сақтанғаны жөн. Абдуллаһ ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Кім ант берсе және сол ант негізінде сот үкімі шығарылса, осындай жолмен мұсылманның дүние-мүлкін алу үшін (осылай етсе), Аллаһ оны ашулы қарсы алады», – деді», – деген3 . Егер ол өзінің шын айтып тұрғанын білсе, оның ант бергені дұрыс, тіпті бұл ол үшін міндетті болуы да мүмкін. Әрбір мұсылман өз дүние-мүлкін сақтап қалуы үшін және ар-ұяттан безген арсыз адамдар сот істерін басқалардың дүние-мүлкін заңсыз иемдену құралына айналдырмауы үшін, сондай-ақ мұсылмандардың ант беруден сақтанатынын білген залымдар оларға (мұсылмандарға) заңсыз талаптар қоймауы үшін, нәтижесінде ондай адамдарға олардың талап еткендері берілуінен сақтандырып Аллаһ тағала ант беру рәсімін заңдастырды. 10. Бір куә мен ант негізінде шешім қабылдау Егер айыптаушы бір ғана куә әкеліп, өз дәлелдерін толық бере алмаса және оның талабы тек екі куә болған жағдайда ғана негізді, дәлелді деп табылатын болса, екінші куәгердің орнына оның өзінің антын қабылдауға және оның пайдасына шешім шығаруға бола ма? Ханафилер «Әрбір талап бойынша толыққанды дәлел келтіру міндетті болғандықтан бір куә мен ант негізінде қандай жағдай болғанда да шешім шығаруға болмайды» деп есептейді. Олай болмаған жағдайда, айыптаушы еш уақытта ант бермейді, ал айыпталушының ант беруі міндетті іс. Ханафиліктер Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Сенің екі куәгерің немесе оның анты (қажет), ал одан басқа (одан) ешнәрсе тиісті емес»4 , – деген сөздеріне және оның (с.а.с.): «...ал айыпталушы ант беруі керек» деген нұсқауының мол мағыналылығына сілтеме жасайды. Бұның мән-мағынасы туралы бұрын түсіндіргенбіз. Имам Мәлик, Шафиғи және Ахмад ибн Ханбал мазһабындағылар «Егер мәселе дүние-мүлік, құқық және ақшаға байланыстының бәріне қатысты болғанда бір куә мен айыптаушының анты бойынша шешім қабылдауға болады» дейді. Бұған дәлел ретінде олар Муслим келтірген хадисті пайдаланады, онда Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): 1 «Әлі Имран» сүресі, 77-аят. 2 Әл-Бұхари, Муслим. 3 Әл-Бұхари, Муслим. 4 Әл-Бұхари, Муслим.


259 «Пайғамбар (с.а.с.) бір күні бір куә мен ант негізінде шешім шығарған», – деген. 11. Куәлардың ант беруін талап ету Айыптаушының айғағы – дәлел. Егер айыптаушы дәлел келтірсе, онда қазы оның талабы бойынша оның пайдасына шешім шығарады. Имам Ахмад (Аллаһ оған рақым етсін): «Қазы айыптаушыдан оның куәларының, егер ол куәлар қазы көңілінде күдік туғызса куәлік көрсетулерінің рас екендігі туралы ант беруін талап етуі керек», – деген. «Жамиъул-улум уәл-хикәмда» ханбалилік Ибн Ражаб бір күні имам Ахмадқа (Аллаһ оған рақым етсін) осы туралы сұрақ берілгенде, оның: «Әли осылай еткен», – дегені жайлы хабар береді. Сұрақ берген адам: «Ал бұл дұрыс па?» – деп сұрады. Ол тағы да: «Әли осылай еткен», – деп жауап берді. Яғни егер Әли осылай еткен болса, ол қалайша дұрыс болмауы мүмкін деген сөз. Демек, Әли (Аллаһ оған разы болсын) осы пікірді ұстанған. Сонымен қатар мұндай жағдайларда қазы куәгерлердің куәліктерін бекіте түсуге және күдік-күмәнді жою үшін куәлардың да ант беруін талап етуге құқылы. 12. Қазының өз білімі негізінде шешім қабылдауы Егер қазы өзіне берілген талаптың мән-жайынан хабардар болса, өз білімі негізінде шешім шығара алмайды. Ол айыптаушы мен айыпталушының, олардың дәлелдері бұған (яғни қазыға) белгілі мағлұматтарға қарама-қайшы болса да, берген анық айғақтары негізінде ғана шешім шығаруға міндетті. Бұған Умму Сәләмә (Аллаһ оған разы болсын) айтқан хадистегі Пайғамбардың (с.а.с.): «Расында, мен – адам ғанамын, ал сендер маған өз дау-дамайларыңмен келесіңдер және сендердің бағзы біреулерің басқаңа қарағанда өз құжат-дәлелдеріңде сенімдірек болуларың мүмкін, сонда мен естігендерім негізінде оның пайдасына шешім қабылдаймын»1 , – деген сөзін дәлел етуге болады. Хадисте Аллаһ елшісі (с.а.с.) өзінің білгеніне сүйенбей, сот ісінде тыңдаған оқиғалары негізінде үкім шығаратыны анық айтылған. Бұл сөздердің мәнісі – әділетсіздік пен зарар жеткізуді болдырмау, әділ емес соттарды өзінің білгенінше билеп-төстеу және «маған бәрі белгілі» (яғни істің мән-жайынан толық хабарым бар) деп өзінің жорамал-болжамы негізінде адамдарды жазалау мүмкіндігінен айыру. Егер тартысушы тараптардың талап-тілектеріне соттың шешімі сай келмеген болса және олар қазыны пара алу, бір жақты шешім қабылдау, тағы сол сияқтыларда 1 Әл-Бұхари, Муслим.


260 айыптайтын болса, барлық күмәнді істер мен айыптаулардың ықпалынан сот ісін алыстату керек. Фиқһ ғылымының жалпы ережелері осындай. 13. Сот шешімі харамды рұқсат етпеуі және халалға тыйым салмауы тиіс Егер қазының қолында дәлелдер және ант сияқты анық айғақтарға ұқсас айыптауды растайтын немесе теріске шығаратын деректер болса, ол осы мәліметтерді негіз етіп шешім шығарады. Өйткені қазы өзіне дәлелдірек, көңілге қонымды нұсқауларды басшылыққа алуы қажет. Ал шешім кімге қатысты қабылданған болса, сол адам шешімді орындауға міндетті. Солай болғанмен де кейде шешім шын мәнінде заңға қайшы болып шығуы мүмкін, мәселен, айыптаушының екі жалған куә әкелуі, ал айыпталушының жалған ант беруі орын алған жағдайларда. Мұндайда шешім кімнің пайдасына қабылданған болса, оның мұны пайдалануына, егер ол өзі бұған (яғни мұндай шешімге) құқылы еместігін білсе, рұқсат етілмейді. Дәл осы айтылған мәселе (сот ісінде) ұтылған адамға да тиісті. Егер ол өзіндегінің оған халал екенін және оған өзінің құқылы екенін білетін болса, харам болмайды. Екі куәнің бір әйелді талақ қылынды деп жалған куәлік беруі және күйеуінің әйелімен ажырасқаны туралы олардың көрсеткендерін растаудан бас тартуы, алайда соттың бұларды ажырату қажет деп шешім шығаруы бұған мысал бола алады. Мұндай жағдайда әйелдің өзінің бірінші күйеуінен басқаға тұрмысқа шығуына рұқсат етілмейді, өйткені аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың шариғаты бойынша ол әйел әлі өз күйеуінің әйелі болып қалады. Дәл солай, әйелі онымен шын мәнінде ажыраспағандықтан оның күйеуіне әйелімен ерлі-зайыптық қатынас жасауына тыйым салынбайды. Бұған дәлел – Умму Сәләмә келтірген жоғарыда айтылған хадис. Онда Пайғамбардың (с.а.с.): «Мен кімге өзінің бауырына тиесілі нәрседен бірдеңе үкім етсем, ол оны алмасын, өйткені расында, оған тозақ отының бір бөлігі берілген (болады)» 1 , – деген сөзі. Міне, осылайша Аллаһ елшісі (с.а.с.) өз пайдасына сот шешімі шығарылған адамның өзіне сот әперген пайданы, егер оған құқылы еместігі өзіне мәлім болса, пайдалануына тыйым салды және ол мүліктің тозақ отының бір бөлігі екенін ескертті. Пайғамбар (с.а.с.) егер адамға бір мүлікті не пайданы сот әперсе, ол оған халал болмайды, ал оның қарсыласы үшін харам болмайды деп ескертті. Бұл шешімді Исламның барлық төрт мазһабы да басшылыққа алады. 1 Әт-Тирмизи.


261 14. Әділ антты марапаттау Соттың міндеті оқиғамен барлық жағынан, барынша ұқыптылықпен мұқият танысып, өзінің ізденулері нәтижесінде дұрыс та заңды деп санаған тұжырымына сәйкес шешім қабылдау болып табылады. Умму Сәләмә (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен Пайғамбардың (с.а.с.): «...ол рас айтты деп есептеймін және осыны негіз етіп оның пайдасына шешім қабылдаймын»1 , – деген сөздерін басшылыққа алу керек. Егер қазы терең ізденулердің нәтижесінде үкім шығарса, оның шешімі әділ болады және ол дұрыс шешім шығарды ма әлде қателесті ме, бәрібір, ол өз іс-амалдары үшін сыйлық алады. Өйткені ол ақиқатқа жету үшін қажеттінің бәрін орындады әрі анық айғақтарға сүйеніп және өзінің міндеттеріне сәйкес шешім шығарды. Амр ибн әл-Ас (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Егер әкім (басшы) ынта-жігермен (яғни өзінің бар білімін пайдаланып) шешім шығарса2 және (оның шешімі) дұрыс болса3 оған екі сауап (тиесілі), ал егер ол ынта-жігермен шешім қабылдаса және қателескен болса, онда оған бір сауап (тиесілі болады)», – дегенін естідім», – деген4 . 15. Бір сот жаннатта болса, екі (сот) тозақта болады Сот қызметін атқару үшін орындалуы тиіс шарттардың бірі – аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың шариғаты бойынша халал мен харамды айыра білу, Ислам заңдары бойынша түп-деректермен жұмыс істей білу қабілеті және оған келіп түсетін істерге қолданылатын шариғат заңдарын таңдап тауып ала білу. Сот қызметкері шешім іздеуде барлық күш-жігерін жұмсап, дұрысына ұмтылуға және дұрыс деп санаған ісі негізінде осы шешімдерді қабылдауға міндетті. Егер оқиға жайлы анық мағлұматсыз және тиісті күшжігерін жұмсамастан немесе аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың шариғатына сүйенбей үкім шығарған қазы, шығарған шешімі тіпті шындыққа сәйкес келсе де, күнә істеген болады. Себебі бұл кездейсоқ сәйкестік және ол бір рет бір істе сәйкестікпен дұрыс үкім шығарса, басқа барлық жағдайларда қателікке жол береді. Сондай-ақ шындықты білгені мен түкке тұрмайтын мына дүниенің қандай да бір игілігі үшін немесе кек алу яки әділетсіздік істеу мақсатымен өзінің жеке басы қалауының ықпалымен шешім шығаратын соттардың келешегі қараңғы түнек болмақ. Пайғамбар (с.а.с.): «Соттар үш түрлі: біреуі – жаннатта болса, екеуі – тозақта. Жаннатта болатыны ақиқатты біледі және (ақиқат) 1 Әл-Бұхари. 2 Яғни шешім шығару барысында өзіндегі бар білімін пайдаланса. 3 Демек Аллаһ тағала мен Оның елшісінің (с.а.с.) шешіміне сай келетіндей. 4 Әл-Бұхари, Муслим.


262 бойынша қазылық етеді. Ақиқатты білетін, бірақ әділетсіз шешім шығаратын адам тозақта болады және өзі жәһіл (надан) бола тұрып, адамдарды соттайтын адам да тозақта болады», – деген1 . 1 Әбу Дауд.


263 ОТЫЗ ҮШІНШІ ХАДИС ТЕРІС ІСТЕРДЕН (МУНКАРДАН) ҚАЙТАРУ – ИСЛАМИ МІНДЕТ Әбу Сағид әл-Худри (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісінің (с.а.с.): «Сендерден кім1 теріс істі2 көрсе, оны қолымен өзгертсін3 , егер ол бұлай ете алмаса, тілімен (өзгертсін), ал егер мұны да істей алмаса, онда жүрегімен (өзгертсін, алайда) бұл – ең әлсіз иманның (көрінісі болады)», – дегенін естідім», – деген4 . Хадисті және оның неге жөн сілтейтінін түсіну 1. Бұл хадисті Әбу Сағид әл-Худри не себептен жеткізді? Тариқ ибн Шиһаб (Аллаһ оған разы болсын): «Айтты5 уағызбен ең алғаш бастаған Маруан ибн Хакам еді, (осы уақиға болған кезде) оған бір адам келді де: «Уағыздың алдында намаз (оқу керек)», – деді. (Маруан): «Ол өз жайына қалған» 6 , – деді. Сонда Әбу Сағид: «Жаңағы адам өз міндетін орындады»7 , – деді де, одан кейін «Мен естідім...», – деп бастап, жоғарыда келтірілген хадисті айтты», – деген8 . Әбу Сағид әл-Худри Маруанның қолынан ұстап тартқан және олардың арасында жоғарыдағы әңгіме болған. Ендеше, алғашқы адам Маруанды сөзбен қайтарған болуы мүмкін, одан кейін Әбу Сағид (Аллаһ оған разы болсын) мункарды өз қолымен өзгертуге әрекет жасаған болуы мүмкін. Бұл жайт тек бір Аллаһқа мәлім. 2. Жалғанды жақтаушылармен күрес Адам баласы өмірге келгелі ақиқат пен жалған бірінен – бірі ажырамай келеді және адамдардың жан жүрегінде иман жалыны сөне бастаған кездің барлығында аса Құдіретті де Ұлы Аллаһ ол жалынды тазартып, қайта жанғыртатын адамды әр уақытта жіберіп отырды. Аллаһ тағала ақиқатты 1 Яғни шариғат үкімдерін орындауға міндетті дені сау, ақыл-есі бүтін мұсылмандар. 2 Қандай да бір парызды орындаудан бас тартуды немесе қандай кішкентай болса да тыйым салынған амалды орындауды көрсе. 3 Егер қолмен өзгертуге мүмкін болса, оны тоқтатсын, мәселен, арақты төгіп тастау, көңіл көтеретін нәрселерді сындыру, зорлықшының соққысынан сақтап қалу, т.с.с. 4 Муслим. 5 Бұл жерде ораза және құрбан айты туралы айтылған. 6 Яғни саған белгілі болған мереке кездерінде уағыз алдында намаз оқу тәртібінен бас тартқанбыз. 7 Яғни Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне қарсы амалдарды теріске шығарып, ол өз міндеттерін орындады. 8 Муслим.


264 жеткізетін, оны қорғайтын адамдарды еш уақытта тоқтатқан емес, ал жалғанды жақтаушылар үнемі қор болып қалатын. Алайда қолайлы сәттерге орай олар жер бетіне зұлымдық дәнін себу үшін қайтадан белсенді қимыл жасауға кіріседі. Ондайда жүректері иман қуанышын сезіп-білген адамдардың алдында өз амалдары мен сөздері, жан дүниесінің ашу-ызасы және жүрегінің өшпенділігі жәрдемімен шешетін қиын міндеттер пайда болады. Тоңмойын, өркөкірек қысым көрсетушілердің озбырлық істеріне жүрегіндегі иман нұры өшіп жоғалған адамдар ғана келіседі де, бас ұрып бағынады. Олар – өздерін бұл дүниеде қорлық, Ақыретте қорлаушы азап күтіп тұрғанына көнгендер. Ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Аллаһ маған дейін қай халыққа қандай елші жіберсе де, міндетті түрде халық арасында оның сүннетіне ілесіп, бұйрықтарын орындайтын жәрдемшілері мен сахабалары болған, ал оларды өздері істемеген істі айтатындар және өздеріне бұйрық етілмеген амалдарды (орындаушылар) алмастырған. Бұларға қарсы қолдарымен күрескендер – мүміндер, тілдерімен күрескендер – мүміндер, сондай-ақ жүрегімен күрескендер – мүміндер, ал одан басқаларда атқонақтың1 дәніндей де иман жоқ!» – деді», – деген2 . 3. Мункарды қайтару Мұсылман үмбетінің барлық мүшесі теріс істен қайтарудың парыздығы жөнінде бірдей пікірде. Әрбір мұсылман өз мүмкіндігіне қарай тыйым салынған іс-әрекетке келіспейтінін өз ісімен немесе сөзімен, қолымен, тілімен я жүрегімен білдіруі тиіс. а) Жүрегімен қайтару. Шариғат құптаған амал мен шариғат қайтарғанды білу және жүрек теріске шығарғанды теріске шығару, бұлар – орындалуы әрбір мұсылманға жүктелген міндеттер (парыз айн). Бұл міндеттерден қандай жағдайда да ешкім босатылмайды. Кімде-кім шариғат құптаған мен шариғат теріске шығарғанды жүрегімен танып білмесе, ол қор болады. Егер кімде-кім теріске шығарылғанды өз жүрегімен теріске шығармаса, оның жүрегі иманын жоғалтады. Әли (Аллаһ оған разы болсын): «Жиһад туралы айтар болсақ, сендер әуелі өз қолдарыңмен іске асырылатын жиһадтан бас тартасыңдар, сонан соң өз тілдеріңмен іске асырылатын жиһадтан бас тартасыңдар, онан кейін өз жүректеріңмен іске асырылатын жиһадтан бас тартасыңдар, ал жүрек (шариғатпен) құпталғанды білмеген кезде және теріске шығарылғанды теріске шығармағанда аударылады да түбімен төңкеріліп түседі», – деген. 1 Шоғырлана өсетін, сабағы биік көпжылдық екпе шөп. 2 Муслим.


265 Ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын) бір адамның: «Кім (шариғат) құптағанға шақырмаса және теріске шығарылған істен қайтармаса, ол қор болады», – дегенін естігенде, ол: «Кім жүрегімен (шариғат) құптағанды және мункарды танып-білмесе, ол құрыды», – деген. ә) Шарасыз жағдайда жүрекпен қайтару. Мұсылман қолымен не тілімен өзінің ұнатпайтынын білдіруге шамасы жетпеген жағдайда жүрегімен қайтаруы, оны мойнындағы жауапкершіліктен құтқарады. Ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын): «Кім (ұзақ) өмір сүрсе, ол теріске шығарылған қандай да бір іс-амалды көргенде ешнәрсе (істей) алмайтын жағдайға өте жақын болады және оның жүрегіне бұның жек көрінішті амал екені тек Аллаһқа ғана белгілі болады», – деген. Шамасы жетпейтін шарасыз жағдай деп бір адамның өзіне немесе дүниемүлкіне ол шыдас бере алмайтындай зарар жете ме деп қорыққан жағдайын айтады. Егер ол өзінің мұндай жағдайға тап болатынына толық сенімді болмаса, онда жүрекпен жек көру ғана оны міндетінен (парызынан) босата алмайды. Шариғат теріске шығарғанға қарсылығын ол өз мүмкіндігіне қарай қолымен не тілімен міндетті түрде жүзеге асыруы керек. Әбу Сағид әл-Худри (Аллаһ оған разы болсын): «Мен Пайғамбардың (с.а.с.): «Расында, Қиямет күні Аллаһ құлына міндетті түрде: «Мункарды көргеніңде оны теріске шығаруыңа не кедергі болды?» деп сұрақ береді. Егер Аллаһ құлына (ол айта алатынды) дәлел ретінде айтуды үйретсе, ол: «Уа, Аллаһым! Сенен мен үміт еттім және адамдардан қорықтым», – дейді», – дегенін естідім», – деген1 . Яғни мен Сенің кешірімің мен қамқорлығыңнан үміт еттім және адамдар өзіме немесе дүние-мүлкіме зарар жеткізе ме деп қорықтым. б) Күнәға келісу – үлкен күнә. Қандай да бір іс-әрекеттің күнә екенін біле тұрып, оны теріске шығармаған адам үлкен күнә жасаған болады. Ол өз көзімен көргенкөрмегеніне қарамастан тыйым салынған амалдардың ең жиреніштісін жасаған болады. Оның күнәсі көзімен көрген және өзінің теріске шығаруын іске асырмаған адамның күнәсімен тең саналады. Әл-Урс ибн Умайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Жер бетінде күнә амалға асқанда кім оны көріп, оған қатысты жиреніш сезінсе (ал бірде ол (с.а.с.): «...оған жиреніш білдірсе...», – деген), ол бұл жерде болмағанмен бірдей, ал кім бұл жерде болмаса, бірақ онымен келіссе, ол сол жерде болғанмен бірдей», – деді», – деген2 . Себебі күнәмен келісу оны жүрекпен теріске шығарудан бас тарту болып табылады. Мұндай теріске шығарудың барлық адам үшін міндетті екені 1 Ахмад, Ибн Хиббан. 2 Әбу Дауд.


266 белгілі, ал кім бұл міндетін орындамаса үлкен күнәға ұрынады. Пайғамбар (с.а.с.): «...кім оны көргенде жиреніш сезінсе, ол бұл жерде болмағанмен бірдей», – деген1 . Демек, оның мойнында күнә жоқ. Мұның өзі ол адам күнәні қолымен не тілімен теріске шығаруға ешқандай шамасы болмаған жағдайда ғана іске асуы мүмкін. в) Қолмен немесе тілмен қайтаруды білдіру жайлы екі пікір. – Қабілетіне сәйкес міндет (парыз кифая). Егер мункарды бір немесе бірнеше мұсылман көрсе немесе ол туралы естісе, олардың бәрі қарсылықтарын білдіруге және оны өзгертуге міндетті. Мұны бірнеше мұсылман не тіпті бір ғана мұсылман теріске шығарса, басқалары бұл міндеттен босатылады. Егер мүмкіндіктері бола тұрып, яғни ешқандай дәлелді себеп не қорқыныш жоқ болған жағдайда теріске шығарумен ешқайсысы айналыспаса, олардың барлығы да күнәлі болады. Жоғарыда айтылған мүмкіндігіне қарай амал жасаудың міндеттілігіне Аллаһ тағаланың: «Сендерден жақсылыққа шақыратын, сондай-ақ дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тыятын бір топ болсын»2 . Мұндағы «бір топ» («үмбет») деп мұсылмандардың бір бөлігін айтады. – Барлық адамға тиісті міндет (парыз айн). Егер кез келген мұсылман мункарды көрсе немесе ол туралы естісе және оған деген өзінің жиренішін білдіруге мүмкіндігі болса, бұл оған парыз болады. Бұл айтылғанның мункарды көрген және ол туралы естіп-білген бір топ адамға да қатысы бар. Олар мункарды қайтаруға мүмкіндігі болған жағдайда өз қарсылықтарын білдіруге міндетті, олай етпесе, күнәлі болады. Бұған Пайғамбардың (с.а.с.) барлық жағдайға сәйкесетін: «Кім мункарды көрсе...», – деген сөздері дәлел. Яғни сендерден кейбіреуің көрмей, ал басқа біреуің көрген болса деген мағынада. Бұл мункар туралы естіп-білген немесе оған қарсы қандай да бір амал істеуге мүмкіндік болған жағдайларға да қатысты. 4. Мункарды жоюға мүмкіндігі бола тұрып, оны жоюдан бас тартудың салдарлары Адам баласы мункардан қайтару мүмкіндігін елемесе жер бетінде зұлымдық, бойсұнбау және азғындық белең алады. Азғын, бұзық адамдар көбейеді де, кезінде бұларды тоқтату мүмкіндігін пайдаланбағандықтан жақсы адамдарды өздеріне бағындырады, сөйтіп оларды теріс істерден қайтаруға ешкімнің шамасы келмейтін болады. Нәтижесінде ізгіліктің ізі өшіп, бұзықтық атаулы мейлінше өркен жаяды. Сол кезде барлық адамдар 1 Әбу Дауд. 2 «Әлі Имран» сүресі, 104-аят.


267 Аллаһ тағаланың ашу-ызасына, Оның қорлауы мен кек алуына лайық болады. Аллаһ тағала: «Сондай Исраил ұрпақтарынан қарсы болғандарға 1 Дәуіт және Мәриямұлы Исаның тілі арқылы лағынет етілген. Ол қарсы келулері, шектен шығуларының салдарынан. Олар бір-бірлерін істеген жамандықтарынан тыймайтын болған. Расында, олардың істегендері нендей жаман»2 , – деген. Көптеген хадистерде де осы туралы айтылған. Әбу Бәкір (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Қандай қауым болса да, араларында күнә істеліп, олар (етек алған бұзықтықтарды) өзгертуге мүмкіндіктері бола тұрып, өзгертпесе, Аллаһтың азабына ұшырауға жақын жағдайда тұрады», – деді», – деген3 . Басқа риуаятта: «Қандай қауым болмасын араларында күнә істелсе, олар сан жағынан күнә жасаушылардан көп болады», – делінген. Сонымен қатар, Жарир (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Егер қандай да бір күнә жасаушы басқа адамдардың арасында өмір сүрсе және бұл адамдар ол істеген күнәларды тоқтатуға мүмкіндіктері бола тұрып, оған тыйым салмаса, Аллаһ олар өлмей тұрып-ақ (бұл дүниеде) міндетті түрде азаптайды», – деді», – деген4 . Басқа риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Қандай қауымның арасында күнә істелсе, ал олар күш-қуат пен сан жағынан күнә істеушілерден артық бола тұрып (күнәкарларға) тыйым салмаса, Аллаһ міндетті түрде оларды жазалайды», – деген5 . Мұны түсіну үшін Аллаһтың елшісі (с.а.с.) баяндаған осы ойды өте жақсы білдіретін әрі анықтап беретін тамаша мысалды келтіруге болады: «Аллаһ белгілеген межені6 мызғымауын жанын салып қорғаушылар мен ол межені бұзушыларды кемеден (орын алу) үшін жеребе алысқан адамдарға ұқсатуға болады, біреулер кеменің жоғарғы жағына, ал басқалары төменгі жағына орналасқан. Төменге орналасқандар су алғысы келгенде, олар жоғарыда (палубада) орналасқандардың арасынан өтуге (мәжбүр болған), сөйтіп олар (ақыр соңында): «Жоғарыда орналасқандардың мазасын алмай, су алу үшін кеменің (түбінен) тесік істесек қайтеді?» – дейді. Егер жоғарыдағылар төмендегілерді еркіне қоя берсе және олардың жоспарларына кедергі жасамаса, онда бәрі опат болады, ал егер олардың қолдарын қағып (жоспарларын іске асыртпаса), өздерін де, өзгелерді де аман сақтап қалады»7 . 1 Аллаһ тағалаға бойсұнбай, Ол орнатқан заңдарды бұзғаны үшін. 2 «Мәида» сүресі, 78-79 аяттар. 3 Әбу Дауд. 4 Әбу Дауд. 5 Ахмад. 6 Бұл жерде барлық харамдар жайлы айтылған. 7 Әл-Бұхари.


268 «Аллаһтың межесінің мызғымауын жанын салып қорғайтындар» – Аллаһ тағала тыйым салған амалдарды теріске шығарушылар, оларды қайтарып, жою үшін бар күш-жігерін жұмсаушылар. Ал «қолдарын қағып» сөзінің мағынасы кемені теспек болған жоспарларын іске асыруларына кедергі жасап, оларды тоқтату дегенді білдіреді. Бұл хадис қоғамдағы жеке бір адамның жасаған мункар ісінің сол қоғамдағы қауіпсіздікті бұзатынын көрсетеді. 5. Қате түсініктерді түзету Көптеген мұсылмандар мункарды құптамауының көрінісіне қатысты ісамалда өздерінің жеңілгендерін және жіберген олқылықтарын ақтау мақсатында қателіктерге ұрынады. Осы тұста Аллаһ тағаланың: «Ей, иман келтіргендер! Сендер өздеріңді түзетіп алыңдар. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқан біреу сендерге зиян тигізе алмайды»1 , – дегенін ескеру жеткілікті. Бұл аят мункарды теріске шығаруымызды міндеттейді. Бір күні Әбу Бәкір (Аллаһ оған разы болсын): «Ей, адамдар! Расында, сендер осы аятты оқисыңдар, бірақ оны дұрыс түсінбейсіңдер. (Аллаһ тағала): «Сендер өздеріңді түзетулерің керек. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқан біреу сендерге зиян тигізе алмайды», – деген, ал біз Пайғамбардың (с.а.с.): «Расында, егер адамдар қысым жасаушыны көргенде оның қолын қақпаса, олардың барлығы Аллаһтың азабына ұшырауы мүмкін», – дегенін естігенбіз», – деген2 . Муслимнің «Сахихына» берген түсініктемесінде ән-Нәуәуи (Аллаһ оған рақым етсін): «Ғұламалардың көпшілігі бұл аятқа мынадай түсініктеме береді: негізінде, адамдар өздеріне жүктелген міндетті орындап жүрсе басқалардың қатесі оларға зарар жеткізе алмайды. Бұған Аллаһ тағаланың мына сөздері дәлел: «Біреудің күнәсін біреу көтермейді»3 . Міндеттер қатарына дұрыстыққа шақыру мен бұрыстықтан қайтару да жататынын ескеру керек. Ал бұл міндет орындалған жағдайда ескерту айтылған адам құлақ аспаса, міндетін орындаушыны ешқандай кінәлауға болмайды. Өйткені ол өз міндетін орындады, ол қалайда оны көндіруге емес, дұрыстыққа шақыруға, бұрыстықтан тоқтатуға тырысуға ғана міндетті. Ақиқатын Аллаһ тағала жақсы біледі», – деген. 6. Зияны тиеді деп қорыққаны үшін мункарды тоқтатудан бас тарту Егер мұсылман өзі көрген немесе естіп білген теріс істі құптамайтынын білдіруге мүмкіндігі болса, бірақ мұның соңы зарарлы әрі мұның орнына 1 «Мәида» сүресі, 105-аят. 2 Әбу Дауд. 3 «Әнғам» сүресі, 164-аят.


269 бұдан да үлкенірек бұзықтық келуі мүмкін деп есептесе, фиқһ ғылымының: «Қажет кезінде үлкен зарарды болдырмау үшін азырақ зарар жеткізетін амалды істеуге болады» деген қағидасына сай оның мойнынан мункардан қайтару міндеті түседі. Бірақ мұсылман мункардан қайтару міндетінен болмашы күдіктер мен жорамалдарға беріліп емес, оның зарар алып келеріне күмәні басым болғанда ғана босатылатынын ескеру керек. Көп жағдайда көптеген мұсылмандар аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың шариғаты жүктеген өте маңызды міндетін (парызын) орындамағанына осы болмашы күмәнкүдіктерді алға тартып ақталып жатады. 7. Уағызды тыңдамайтыны белгілі адамды шариғат құптаған істерге қызықтыру және оны теріс істерден қайтаруға әрекет жасау Ғұламалар «Аллаһ тағаланың алдына барғанда ақталу үшін уағыз тыңдамайтыны мен оны қабылдамайтыны белгілі адамды да игі істерге қызықтырып, теріс істерден қайтаруға әрекет жасау керек» деп есептейді. Мұның міндеттілігінің тағы бір себебі, мұсылманнан уағызының қабыл болуы емес, мункардан қайтару міндетін орындау талап етілетіндігінде. Бұл туралы ән-Нәуәуидің (Аллаһ оған рақым етсін) жоғарыдағы сөздерінде анық айтылған, өйткені Аллаһ тағала: «(Мұхаммед!) Ал енді ескерт, негізінен сен бір ескертуші ғанасың»1 ; «Саған жеткізу ғана міндет»2 ; «Үгітте! Өйткені үгіт мүміндерге пайда береді»3 , – деді. «Мұндай адам туралы айтар болсақ, ол өзіне жүктелген міндетті орындады», – дегенде, Әбу Сағид (Аллаһ оған разы болсын) осыны мақсат тұтқан. Ал Аллаһ тағала сенбіге4 қатысты тыйымды сақтамағандарға өздерінің уағыздары да, мункардан қайтарған сөздері де пайда бермейтінін біле тұрса да, оларды қайтарған адамдар туралы: «Сол уақытта олардың бір тобы: «Аллаһ жоқ ететін немесе қатты азаппен азаптайтын елді не үшін үгіттейсіңдер?» – деді. (Үгіттеушілер): «Раббыларыңа ақталуымыз болсын, бәлки, олар сақтанар», – деді»5 , – деген. Бұл сөздерде өздері үгіт айтудан және мункардан қайтарудан қорқу былай тұрсын, «Әуре болмай-ақ қой, таста бұл істі, мұндай сөздерден пайда жоқ», – деп басқаларға кедергі жасайтын адамдарға анық жауап бар. Олардың 1 «Ғашия» сүресі, 21-аят. 2 «Шура» сүресі, 48-аят. 3 «Зәрият» сүресі, 55-аят. 4 Сенбіде балық аулауға тыйым салынғанда яһудилер қулық істеп бұл тәртіпке бағынбаған. 5 «Ағраф» сүресі, 164-аят.


270 Аллаһ тағаланың: «(Мұхаммед!) Расында, сен жақсы көргеніңді тура жолға сала алмайсың»1 , – деген сөзіне сілтеме жасаулары қате. Олар бұл аятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) үнемі үгіт жүргізіп, теріс ісамалдардан қайтару үшін Исламға шақырса да, өзі ұстанатын көпқұдайшылдығынан бас тартпаған қалпы өлген Әбу Талиб туралы ғана айтылғанын білмейді. Бұл аят Пайғамбарымызға (с.а.с.) үнемі қамқоршы болып, оған жәрдем берген көкесінің қайғысымен қапалыққа түскен Пайғамбарымызды (с.а.с.) жұбату үшін түсірілген еді. Бұл аятта өзі жақсы көрген кісінің жүрегіне туралықты салу Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қолынан келетін іс емес екендігі түсіндірілген болатын. Бірақ бұны ол үгіттемеуі және теріс істен қайтармауы қажет деп қорытындылауға болмайды. Басқаша қалай болуы мүмкін!? Аллаһ тағала: «Расында, сен тура жолға бастайсың»2 ; «Өзіңе берілген бұйрықты атқаруға әрекет қыл»3 , – деді. 8. Ақиқат сөздерін айтуда қорықпау Мұсылман кімді үгіт-насихат айтып теріс жолдан қайтарғысы келсе, оның қоғамдағы орнына немесе байлығына қарамастан, оған үгіт айтуға және теріс істерден қайтаруға міндетті. Ол өзін адамдардың даттайтынына, оған келтіретін кедергілері мен оны уағыз айтудан қайтармақ болған әрекеттеріне мойымауы қажет. Мүмкіндігінше, ол өзіне байлық-дүние жағынан да, адамгершілік, ар-ождан жағынан да нұқсан келетініне назар бөлмеуі қажет. Және де ол әр іске ақылдылықпен, парасатпен кірісіп, әр адамның жағдайына сай дұрыс әрекет жасауы керек. Әбу Сағид (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) уағызнасихаттарының бірінде: «Расында, егер біреу ақиқатты білетін болса, оның ақиқатты айтуына қорқынышы кедергі болмауы тиіс», – деді», – деген. Пайғамбардың (с.а.с.) бұл сөздерін еске алған Әбу Сағид (Аллаһ оған разы болсын) жылап тұрып: «Аллаһпен ант етейін! (Теріске шығарылуы тиіс) істерді біз көрдік, бірақ қорықтық қой», – деген екен4 . Бұл хадисті имам Ахмад та келтірген. Оның риуаятында Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, (адамның) ақиқат сөзін айтуы және маңызды істі уағыздауы ажал мезгілін жақындатпайды және сыбаға-үлесті алыстатпайды»5 , – деген. 1 «Қасас» сүресі, 56-аят. 2 «Шура» сүресі, 52-аят. 3 «Хижр» сүресі, 94-аят. 4 Әт-Тирмизи, Ибн Мәжәһ. 5 Яғни өмірін қысқартпайды және оны алдын ала белгіленген несібесін алу мүмкіндігінен де айырмайды.


271 Ғұламалардың айтуынша, бұл хадисте өзінің қарсылығын білдіруге мункар істі істеушіге деген құрмет сезімі кедергі болатын жағдай туралы айтылып отыр. Оның мойнындағы парызды тек қатты қорқу сезімі ғана түсіре алады. Мұндағы бұрын айтылған іс-әрекетке сілтеме жасалған, яғни іске асырған жағдайда бұдан үлкен бұзықтық (яки жамандық) болуы мүмкіндігінен қауіптену немесе өзі шыдас бере алмайтындай өзіне я дүниемүлкіне зарар келе ме деп қорқуы туралы айтылған. 9. Мәселе билеуші басшыларға қатысты болғанда, оларға уағыз айту, дұрыстыққа шақыру және мункардан қайтаруға әрекеттену Дұрыстыққа шақыру және теріске шығарылған іс-амалдан қайтару биліктегі немесе бағынышты мұсылман үмбетінің әрі құқығы, әрі міндеті. Әкімдер өздеріне бағыныштыларға қалай бұйрық беріп, тыйым салатын болса, қоғам да өз әкімдерін дұрыстыққа шақыруға және теріс істерден қайтаруға, сөйтіп өз борышы мен міндетін орындауға міндетті. Сағид ибн Жубайр: «Бір күні мен Ибн Аббастан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Менің әкімді үгіттеуім және теріс істерден қайтаруым керек пе?» – деп сұрадым. Ол: «Егер ол өзіңді өлтіреді деп қорықсаң, онда керек емес», – деді. Содан соң мен оған осы сұрақты тағы айттым, ол сол жауапты қайталады, сонан соң сұрақ тағы қайталанды, ол сол жауапты айтты. Бірақ бұл жолы: «Егер мұны міндетті түрде орындауың қажет болса, онда бұл екеуіңнің (ғана) араңда қалсын», – дегенді қосты», – деген. Тауус: «Біреу Ибн Аббасқа (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) келді де: «Мен әкімді дұрыстыққа шақыруым және теріс әрекеттен қайтаруым керек пе?» – деп сұрады. Ол: «Оның жазалауына ұшырап қалма», – деді. (Бұл адам): «Ал егер ол менің Аллаһқа бойсұнбауымды бұйырса, не істеуім керек екендігін айт», – деді. Ол: «Сен (осы туралы) білгің келе ме? Онда еркек бола біл», – деп жауап берді», – деген. Қос Харамның имамы: «Егер әкім (бағыныштыларына) ашық қысым көрсетсе және оны уағыз сөздері жамандық жасаудан қайтара алмаса, зиялы адамдар оны қызметінен ауыстыру туралы келісулері керек», – дейді. Ән-Нәуәуи: «Егер бұлай істегенде одан да үлкен зиян тиетініне қауіптенуге негіз жоқ болса, бұл кеңесті басшылыққа алуға болады», – деген. Халифа болған кезінде билеушілердің де, бағыныштылардың да істерін тәртіпке келтіруге мүмкіндік берген, тура жолды анықтау үшін барлық қажетті амалдарды іске асырған Әбу Бәкірге Аллаһ тағала разы болсын! Әбу Бәкір (Аллаһ оған разы болсын): «Мен сендердің ең жақсыларың болмасам да, мені басшы етіп (сайладыңдар). Егер менің істерім жақсы болса, маған жәрдемдесіңдер, ал егер жаман болса, онда мені түзетіңдер. Сендерге қатысты істе Аллаһқа бағынған кезімде, маған бағыныңдар, ал егер мен Оған бойсұнбаған кезімде, маған бойсұнбауларың керек», – деген.


272 Бағыныштылардың билеуші әмірлерге ақыл-кеңес беруін және билеуші әкімдердің осы ақыл-кеңестерді қабылдауын міндетті еткен Омар ибн әлХаттабқа Аллаһ тағала разы болсын! Бір күні бір адам оған: «Уа, Омар! Аллаһтан қорық», – деген және оған дөрекілік көрсеткен. Сонда қатысып отырғандардың біреуі: «Мүміндердің әміріне қатты айтпа», – деді. Сонда Омар (Аллаһ оған разы болсын) адал ақыл-кеңестің қажеттілігін ескертіп: «Егер осыны айтпасаңдар, сендерге игілік жоқ», – деді және «Егер (мұндай ақыл-кеңесті) қабылдамасақ, бізде (яғни билеуші әмірлерде) игілік жоқ», – деді. Мұсылман елдерінің билеуші басшыларына осы бір асыл жанды халифалардың үлгісін басшылыққа алуды Аллаһ тағала нәсіп еткей! 10. Адал ақыл-кеңес беру, бүлікке жол бермеу Мұсылмандарды қанға бөктіріп, қасірет-қайғыға апаратын қару жұмсау арқылы мункардан қайтаруға болмайды. Дініміздің хақиқи мән-мағынасы болып табылатын жоғарыда келтірілген екі шыншыл халифалардың сөздерінен белгілі болғанындай, барлығымызға қажеті шын, адал пиғылды ақыл-кеңес болып табылады. Бір күні Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Дін – насихат», – деді. (Адамдар): «Уа, Аллаһтың елшісі! Кімге қатысты?» – деді. Ол (с.а.с.): «Аллаһқа және Оның Кітабына және Оның елшісіне және мұсылмандардың басшыларына және жалпы барлық мұсылмандарға қатысты», – деді1 . Аллаһ тағаланың Кітабына қатысты адалдықтың көрініс табуы – ондағы заңдар мен бұйрықтарға сай амал қылу. Аллаһтың елшісіне (с.а.с.) қатысты адалдықтың көрініс табуы – оның сүннетіне ілесу. Ал мұсылмандардың басшыларына және жалпы барлық мұсылмандарға қатысты адалдықтың көрініс табуы – олардың бір-бірін (шариғатта) құпталған істерге шақырып, бір-бірін теріс әрекеттерден қайтаруы. Аллаһ тағала: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне қамқоршы. Олар жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыяды және намазды толық орындап, зекет береді. Олар Аллаһқа және Оның елшісіне бойсұнады. Міне, Аллаһ осыларды мейіріміне бөлейді»2 , – дейді. 11. Дұрыстыққа шақыру мен бұрыстықтан қайтарудағы қатаңдық пен биязылық Жақсылыққа бұйыру және жамандықтан қайтару кезінде, яғни дұрыстыққа шақыру және бұрыстықтан қайтару кезінде, Аллаһ тағаланың: 1 Муслим. 2 «Тәубе» сүресі, 71-аят.


273 «(Адамдарды) Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр»1 , – деген бұйрығына сай даналықпен амал қылу керек. Даналықтың көрініс табуы дұрыстыққа шақырылатын немесе бұрыстықтан қайтарылатын адамның көңіл күйіне және де басқа жағдайына, неге шақыратынына немесе неден қайтаратынына, сондай-ақ қандай ісамалдың көбірек пайдалы әрі әсерлі болатынына байланысты түрліше болуы мүмкін. Сондықтан кей кездерде жұмсақ сөздер мен сыпайы, биязы сөйлеу қажет, ал кей кездерде уағыз-насихат қатты сөздер мен қаталдықты көбірек керек етеді. Аллаһ тағала Мұса (аләйһис-сәләм) мен Һарунға (аләйһиссәләм): «Екеуің Перғауынға барыңдар, өйткені ол шектен шыққан. Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін ол үгіт алар немесе қорқатын болар»2 ; «Ей, Пайғамбар! Кәпірлер және мұнафықтармен күрес әрі оларға қатал бол»3 ; «Өзіңе берілген бұйрықты атқаруға әрекет қыл»4 , – деген. Міне, сол себепті де, дұрыстыққа шақырушы немесе бұрыстықтан қайтаруға ұмтылушы адамның өзі белгілі бір қасиеттерге, олардың ішінде мейірімділік, биязылық, әділдік және білімділік қасиеттеріне ие болуы керек. Суфиян әс-Сәури: «Мына үш қасиетке ие адам ғана жақсылыққа шақырушы және жамандықтан қайтарушы болуы керек: қандай да бір іске шақырғанда мейірімді болған және қандай да бір істен қайтарғанда мейірімділік көрсеткен адам, қандай да бір іске шақырғанда әділ болған және қандай да бір амалдан қайтарғанда әділдік көрсеткен адам, сондай-ақ өзі не әрекетке шақыратынын және неден қайтаратынын білген адам», – деді. Имам Ахмад (Аллаһ оған рақым етсін): «Егер жамандыққа толығымен берілген, құрмет көрсетуге лайық емес адам болмаса, басқа адамдар дұрыстыққа сыпайылықпен, әдептілікпен және мейірімділікпен, дөрекі мінез көрсетпей шақыруды керек етеді»; «Адамдарды шақырғанда мейірімділік пен биязылық көрсеткен дұрыс. Егер олар дұрыстыққа шақырушыға оған ұнамайтын теріс сөздер айтса, ол өзін өзі жеңуге әрекеттеніп, ашу-ызасына жол бермей, ұстамдылық жасауы қажет»; «Ибн Масғудтың (Аллаһ оған разы болсын) жолдастары өздері ұнатпайтын іспен айналысып жатқан адамдардың қасынан өткенде: «Аллаһ сендерді рақымына алсын, жайырақ Аллаһ сендерді рақымына алсын, жайырақ», – дейтін», – деген. 1 «Нахл» сүресі, 125-аят. 2 «Таһа» сүресі, 43-44 аяттар. 3 «Тәубе» сүресі, 73-аят. 4 «Хижр» сүресі, 94-аят.


274 12. Төзімділік көрсету және жақсылыққа бұйыру мен жамандықтан қайтару кезіндегі зәбір-жапаға шыдамды болу Аллаһ тағала: «Жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тый. Басыңа келген қиындыққа сабыр ет»1 , – деген. Егер адам жаман сөздер мен балағаттау, масқаралаудан қорықса, бұл оны шариғат құптамаған істі теріске шығару міндетінен босатпайды. 13. Абырой қорлық емес Жақсылыққа бұйыру және жамандықтан қайтару кезінде мұсылманға жеткен жәбір-жапа оны қор ете алмайды, керісінше оны дүние-ақыретте құрмет, абырой мен жоғары дәрежеге жеткізеді. Бір күні имам Ахмадқа біреу: «Пайғамбар (с.а.с.): «Мұсылман өзін кемсітпеуі, қорлатпауы керек», – деп айтпап па еді?» – деді2 . Имам Ахмад: «Бір істің екінші бір іске қатысы жоқ», – деген. Мұнда жәбір-жапаға төзе алмайтынын және шыдамдылық көрсетуге шамасы келмейтінін білетін және мұндай зәбір-жапаға шыдай алатынын білетін адам туралы айтылған. Біріншісі өзінің жек көрушілігін жүрегімен білдіреді де, аман-сау қалады. Бірақ ол жек көрушілігін қолымен білдіргенде абзал болар еді. Имам Ахмадтың айтқанының дұрыстығына Әбу Сағидтың (Аллаһ оған разы болсын) сөзінен алынған риуаяттағы хадис дәлел бола алады. Онда Пайғамбар (с.а.с.): «Жиһадтың ең абзалы – әділетсіз сұлтанның алдында айтылған әділ сөз», – деген3 . Сондай-ақ Жәбир (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Дін үшін өлген шәһидтердің мырзасы – Хамза ибн Абдулмутталиб4 және әділетсіз басшыға барып, оны дұрыстыққа шақырып, жамандықтан қайтарып, оның қолынан өлген адам», – деді», – деген5 . Әбу Убайда ибн Жаррах (Аллаһ оған разы болсын): «(Бір күні) мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! Жәбір көрушілерден кім Аллаһтың қасында ең жоғары құрметке ие болады?» – дедім. Ол (с.а.с.): «Әділетсіз имамға (басқарушыға) барып, оны жақсылыққа бұйырып және жамандықтан қайтарып, оның қолынан өлген адам», – деді», – деген6 . 1 «Лұқман» сүресі, 17-аят. 2 Яғни өзі шыдай алмайтын сынаққа өзін душар етпесін. 3 Әбу Дауд, әт-Тирмизи және Ибн Мәжәһ. 4 «Дін үшін өлген шәһидтердің мырзасы – Хамза» деген сөз оның ең үлкен сыйлық алғанын және Аллаһ тағалаға барынша жақын екенін білдіреді. 5 Әл-Хаким. 6 Әл-Баззар.


275 14. Құпия немесе жорамалды іс-әрекетті аңду емес, анық немесе жалпыға белгілі теріс істен қайтару Мұсылман өз көзімен көрген немесе анық мункарға қатысты жек көрушілігін білдіруге міндетті. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Сендерден кім мункарды көрсе...», – дегені дәлел. Егер жасырын болуы себепті қандай да бір адамның мункарды істегеніне толық сенімділігі болмаса, оған килігуі және оны тексеруге әрекет жасауы дұрыс емес. Бұлай ету тыйым салынған аңду амалдарының бір түріне жатады. Мункар істің болғанына көзі жетсе және қай жерде болғанын да білетін болса, бұл адамның білуі көзімен көргенге тең болады. Мәселен, қандай да бір мункар істің болғаны жайлы сенімді адам хабар берсе немесе оның жүзеге асқаны жайлы ойға жетелейтін жанама дәлелдерді көрсе, оны тоқтататын және қоғамдағы зұлымдық пен арсыздықты, ұждансыздықты түбірімен жоятын дәрежеде өзінің жеккөрушілігін білдіруге (яғни әрекет етуге) міндетті. Бірақ ол үшін шарбаққа шығып немесе күтпеген жерден үйлерге барып, іздеу салып, анықтаумен айналысуы керек пе? Ол жағдайға қарай әрекет жасауы керек. Егер тыйым салынған харам істерге байланысты қандай да бір істің орын алуы мүмкін деп есептесе, мәселен, зина не кісі өлтіру сияқты кешіккен жағдайда қылмыскерлерді қылмыс үстінде ұстау мүмкін болмайтын тұстарда, оның жедел әрі сақтықпен қимылдауы арқылы кедергі жасауына болады. Мұндай дерттің зиянкестері зұлымдық ошағы болып тұрған жерде белсенділік танытып, зұлымдықтың белең алып кетпеуі үшін күдікті әрі күмәнді жерлерді бақылауға алып, аңдуға құқылы болады. Ал мункар іс бұл айтылғандарға жатпаса, бұлай етуге ешкімнің құқығы жоқ. 15. Бір амал жайлы әртүрлі пікірлер болса, оны теріске шығару қажетсіз Ғұламалар «Тыйым салынғандығына қатысты мұсылмандар бірдей пікірде болған амалдарды ғана немесе жалпы пікір бойынша міндетті болған істерден бас тартқан жағдайларды теріске шығару керек» деп шешкен. Мысалы, маскүнемдік, өсімқорлық, бөтен еркектердің арасында әйелдердің хижабсыз жүруі және сол сияқты істер немесе намаз оқудан, ораза тұтудан бас тарту секілді істер. Егер қандай да бір әрекеттің тыйым салынғандығы немесе міндеттілігі туралы ғұламаларда бірауызды пікір болмаса, ондай істің болғанына жек көрушілік білдіру немесе одан бас тартудың қажеті жоқ. Бірақ пікір білдірушілер Ислам әлеміне белгілі ғұламалар болуы шарт және бұл туралы белгілі бір анық дәлел болуы қажет. Егер пікірталас бидғатшылар және амалдары сүннетке қайшы келетін топтар арасында кездессе, олардың пікірі есепке алынбайды. Дәл осылайша дәлелдері әлсіз және қарсысында сенімді дәлел-нұсқаулар бар істі де есепке алмау қажет.


276 Мәселен, уақытша некені (никах әл-мутъаны)1 алайық. Мұндай некеге тұру ойнастық жасаған деп есептеліп, тиісті жазаға (хадд) лайық болады. Сондықтан қайсыбір мұсылман топтарының өкілдері мұндай некенің пайдасына пікір білдірсе де, әрбір адам бұған өзінің қарсылығын білдіріп қана қоймай, қолмен де қайтаруы тиіс. Өйткені мұның харамдығы туралы тікелей нұсқаулар мен анық дәлелдер бар. 16. Ұжымдық және жеке жауапкершілік Жақсылыққа бұйыру және жамандықтан қайтару мұсылман қоғамының ортақ парызы болып табылады. Сондықтан теріске шығарылған мункар істің бар екенін білген және оны қайтаруға мүмкіндігі бар әрбір мұсылман жоғарыда аталған әдіс-тәсілдердің бірімен оны теріске шығаруы тиіс және бұл арада басшы мен бағыныштының, ғұлама мен қарапайым адамның арасында ешқандай айырма болмайды. Аллаһ тағала: «Сендер адамдарға жақсылық бұйырып, жамандықтан тыятын, сондай-ақ Аллаһқа иман келтіретін қайырлы бір үмбет болып шығарылдыңдар»2 ; «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне сүйеу. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады»3 , – деді. Бұл екі аяттағы айтылған сөздер барлық мұсылман үмбетіне арналған. Сүннетті құрайтын хадистердің көпшілігі де барлық мұсылман қауымына бағытталған. Мәселен, Пайғамбар (с.а.с.): «Сендер міндетті түрде жақсылыққа бұйыруларың және міндетті түрде жамандықтан қайтаруларың керек»4 ; «Сендерден кім мункарды көрсе, оны өзгертсін...», – деген. Мұндай жауапкершілік адамдардың екі тобына (ғұламалар мен билік басындағыларға) қатысты арта түседі. а) Ғұламаларға мұндай жауапкершіліктің жүктелуінің себебі: Аллаһ тағаланың шариғатынан олар мұсылман қауымының басқа мүшелері білмейтін қағидаларды біледі. Адамдардың жан-дүниесі бұларды қадірлеуге, ал жүректері құрметтеп, сыйлауға бейім болғандықтан, олардың сөздеріне адамдар тезірек құлақ қояды. Сонымен қатар, Аллаһ тағала оларға даналық дарытып, басқаларды жақсы үгіттеуге қабілет берген. Аллаһ тағала: «Аллаһ сендерден сондай иман келтіргендердің және ғылым бергендердің дәрежелерін биік қылады»5 , – деді. 1 Уақытша некеге тұру «никах әл-мутъа» деп аталады. Ол «ләззат некесі» деген мағынаны береді. 2 «Әлі Имран» сүресі, 110-аят. 3 «Тәубе» сүресі, 71-аят. 4 Ахмад. 5 «Мужәдәлә» сүресі, 11-аят.


277 Бұл үмбеттің ғұламалары өздеріне Аллаһ тағала сеніп тапсырған істе тиісті дәрежеде көңіл бөлмейтін болса, қауіпті жағдай қалыптасатын болады. ә) Биліктегілердің, патшалардың мойнына мұнан да үлкен жауапкершілік жүктелген. Жақсылыққа бұйыру және жамандықтан қайтаруды іске асыруға қатысты олардың жіберген қателіктері мен кемшіліктері бұл үмбетке өте зор қауіп төндіреді. Өйткені билік солардың қолында әрі олар нендей әрекетке шақырып, неден қайтарғысы келсе, оны іске асыруға және өз бұйрықтарын орындатуға мүмкіндіктері бар. Олар адамдарды теріс жолдан қайтаруда ешнәрседен қорықпауына болады, өйткені қару-жарақ, билік пен күш-қуат (әскер) солардың басқаруында, ал адамдар басшының бұйрықтары және тыйымдарымен мәжбүрлі түрде санасатын болады. Міне, осы себептен Пайғамбар (с.а.с.): «Сұлтанның қайтарғаны Құранның қайтарғанынан көбірек болады», – деген1 . Демек, белгілі бір адамдарға уағыз-насихат хақиқи шындыққа бағынып, шариғат заңдарын бұзуын тоқтататын дәрежеде ықпал ете алмайды, бірақ олар патшаның жазалауынан қорқып мұндай істерді істеуден тартынады. Патшаның бұл істе босаңсуы күнәкар әрі азғын адамдардың шариғатты құрметтемей жер әлемде зұлымдық пен бұзықтық жаюына жағдай жасайды. Сондықтан да, Аллаһ тағаланың қолдауы мен жәрдеміне, оның билігін нығайтып, тура бағыт көрсетуіне ие болған билеушінің негізгі қасиеттерінің бірі – жақсылыққа бұйыру және жамандықтан қайтара білу. Аллаһ тағала: «(Аллаһ жолына) жәрдем еткенге2 , Аллаһтың Өзі жәрдем етеді. Шәксіз Аллаһ аса Күшті, өте Үстем. Егер оларды жер жүзіне орналастырсақ3 , олар намазды орындап, зекет береді, сондай-ақ жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыяды. Негізінде (істердің) соңы Аллаһқа тән»4 , – деген. Егер билеушілер осы ұлы міндетті елемесе, онда олар өздеріне Аллаһ тағаладан көрсетілген сенімді ақтамайды. Сөйтіп, олар өз үмбетін үлкен опатқа ұшыратады. Мұсылман басшыларының ұрыс-талас, жанжалға белшесінен батып, басқалардың шын пейілді дұрыс ақыл-кеңестеріне құлақ аспауы дұрыс емес. Егер олар шариғат заңдарын іс жүзіне асыру, адамдарды оң істерге және олардың қалыптасуына белсенді араласуға шақыру, халықты теріс істерден қайтару, бұзықтықты қоғам өмірінен жою үшін Жаратқаннан жалбарынып жәрдем сұрап, аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың шариғатын танып-біліп, үйренуге ұмтылудың орнына жамандыққа бұйырып, жақсылыққа тыйым салуға кіріссе, бұл одан сорақы. Олардың Аллаһ тағала айтқан мына адамдардың тізіміне қосылып қалудан сақтанулары лазым: «Оларды 1 Ибн Асир, ән-Ниһая. 2 Жер бетінде Аллаһ тағаланың дініне жәрдем берушіге. 3 Оларға билік пен үстемдік сыйласақ. 4 «Хаж» сүресі, 40-41 аяттар.


278 тозаққа шақыратын басшы еттік. Қиямет күні оларға жәрдем көрсетілмейді»1 . 17. Дұрыстыққа қосушы мен бұрыстықтан тосушының ұстануы керек әдептері туралы Ол өзінің сөзі басқаларға өтімді болуы және іс-амалдарын аса Құдіретті де Ұлы Аллаһ тағаланың қабыл етуі, сондай-ақ оның іс-амалдары Қиямет күні тозақ отына кіргізілуіне себепші болатын өзіне қарсы дәлелге айналмауы үшін, ең алдымен, басқаларды шақырып отырған амалды өзі орындауы керек және басқаларды неден қайтаратын болса, өзі сол істі істемеуі керек. Аллаһ тағала: «Ей, иман келтіргендер! Өздерің істемейтін істеріңді неге айтасыңдар? Істемейтін істеріңді айтуларың Аллаһ алдында үлкен ашуға себеп болады»2 , – деген. Усама ибн Зәйд (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Мен Пайғамбардың (с.а.с.): «Қиямет күні бір адамды әкеледі де, тозаққа тастайды, (сонда) оның ішек-қарны сыртқа ақтарылып, диірмен тасын айналдырғандай ішек-қарны қасында шыр айналып жүреді. Сонда тозақтағылар оның қасына жиналып: «Ей, пәленше! Саған не болған? Сен (бізді) дұрыстыққа шақырмаушы ма едің және бұрыстықтан қайтармаушы ма едің?» – дейді. (Сонда) ол: «Рас, мен (сендерді) дұрыстыққа шақырған едім, бірақ өзім дұрыстықты істемейтін едім, (сендерді) бұрыстықтан қайтарған едім, бірақ өзім бұрыстықты істейтін едім», – дейді», – дегенін естідім», – деген3 . 18. Имани қасиеттер туралы Дұрыстыққа шақыру және бұрыстықтан қайтаруға әдеттену – имани қасиеттердің бірі, ал шақырушы мен қайтарушының қадір-қасиетінің дәрежесі адамның бұл істі қалай атқарғандығына қарай анықталады. Мәселен, мункарды тілімен өзгерткен (жойған) адамнан гөрі оны қолымен өзгерткен адам жақсырақ, ал мункарды ұнатпайтынын жүрегімен ғана білдірген адамнан гөрі оны тілімен өзгерткен адам жақсырақ. Бұған Пайғамбардың (с.а.с.): «...бұл иманның ең әлсіз көрінісі болады»; «Қуатты мүмін Аллаһтың қасында әлсіз мүміннен жақсырақ және сүйкімдірек, сондай-ақ олардың әрқайсысында игілік бар»4 , – деген сөздері дәлел. 1 «Қасас» сүресі, 41-аят. 2 «Саф» сүресі, 2-3 аяттар. 3 Әл-Бұхари, Муслим. 4 Муслим.


279 19. Шақыру мен қайтарудың ниеті мен мақсаты Дұрыстыққа шақыру мен бұрыстықтан қайтарудың мақсаты атақ-даңққа, осы дүниелік мақсаттарға жету мен өз дәрежесінің көтерілуі болмай, Аллаһ тағаланың разылығына жету және Оның бұйрығын орындау болуы шарт. Мұсылман-мүмін Аллаһ тағаланың тыйым салған іс-амалдары бұзылған тұста Аллаһ тағала үшін ашу-ызаға булығып мұсылмандарға игі кеңес бергісі келеді. Олардың Аллаһ тағаланың ашуын келтіретін және дүние мен Ақыретте Оның жазасына ұшырататын істерге бой ұрғанының куәсі болған кезде оларды аяйды. Олар күнәлі істер мен өздерінің нәпсі қалауы және шақуат талабын қанағаттандырудың терең иіріміне белшесінен батқан кезде оларды қайғы-қасірет пен бақытсыздықтардың залалынан құтқару үшін дұрыстыққа шақырып және терістерден қайтарады. Бұл арқылы мүмінмұсылман Аллаһ тағаланың разылығына ұмтылады, өзін жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындамаған, дұрыстыққа шақырмаған және бұрыстықтан қайтармаған жағдайда күтіп тұратын тозақ отынан қорғайды. Жарир ибн Абдуллаһ әл-Бажали (Аллаһ оған разы болсын): «Мен Аллаһ елшісіне (с.а.с.) намазды орындауға, зекет беруге және әрбір мұсылманға шын жүрекпен қатынас жасауға 1 ант бердім», – деген2 . 20. Хақиқи құлшылық Мұсылман-мүмінді жақсылыққа бұйыру және жамандықтан қайтаруды іске асыруға, оның Аллаһтың ұлылығын барынша құрметтеуі, Аллаһқа қарсылық орнына бағыну керектігі, Оның алғыс айтуға лайық екендігі, Оған қатысты жақсылық орнына көргенсіздік істеуге болмайтыны мәжбүр ету керек. Мінеки, бұлар оның жүрегіне орнығатын және адамдардың тамырларын қуалап тарайтын қан тәрізді бүкіл тәніне дарып, жан-дүниесін түгелдей қамтып алатын Аллаһқа деген шын мәніндегі махаббаттың ұлғаюына жеткізеді. Мұндайда барлық адамдардың туралықты ұстанып3 , Аллаһ тағалаға бойсұнудан шықпауын қалайтын, осы үшін барлық құнды мүліктерін құрбан етуге және өзіне келетін зиян мен жәбір-жапаға төзуге дайын, өзіне жамандық істеген адамдарды кешіруін өтініп, оларды тура жолға салуын сұрай Аллаһ тағалаға жиі жалбарынатын адам дайын болады. Мұндай дәрежеге аса Құдіретті де Ұлы Аллаһқа шын ықыласымен құлшылық етуге іштей сынақтардан сүрінбей өткен адам ғана жетеді. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне руластарының көрсеткен зәбіріне, олардың 1 Мұндағы «шын жүрекпен қатынас жасау» деген сөз адамдарды дұрыстыққа шақыру және бұрыстықтан қайтару мағынасында. 2 Әл-Бұхари, Муслим. 3 Яғни Аллаһ тағаланың бұйрықтарын орындап, Ол тыйым салған істерді орындаудан аулақ болып.


280 кейбіреулерінің жұмсаған соққысына қарамастан, бетіндегі қанды сүртіп тұрып: «Уа, Аллаһ! Менің руластарымды кешіре гөр, расында, олар білмей жүр», – деген еді. Бұрынғы өткен ғұламалардың бірі: «Мен (сол үшін) тәнімді қайшымен тілгілейтін (болса да) барлық адамдардың Аллаһқа бойсұнуларын қалар едім», – депті. Абдуллаһ ибн Омар әкесі Омар ибн Абдул-Азизге: «Аллаһ тағала үшін сені мен мені қазанда пісіргенін қалар едім»1 , – деген екен. Міне, мұның барлығы адамның өзіне қалағанын басқаға да қалауы оның иманының кемелдігіне айғақ болуымен түсіндіріледі. 21. Имам ән-Нәуәуидің нұсқау-өсиеттері Имам ән-Нәуәуи (Аллаһ оған рақым етсін) былай деп жазған: «Амалдардың бұл түрі дұрыстыққа шақыру мен бұрыстықтан қайтару екендігі туралы айтып тұрғанымды біліңіз. Негізінде, бұл көптен бері ескерілмей келеді және біздің кезімізде оның болмашы жұрнағы ғана қалған. Алайда, бұл – Исламның негізі және маңызды бөлігін құрайтын іс. Өйткені азғындық асқынған тұста жазаға ізгілер де, қараниеттілер де лайықты болады, ал егер ешкім қысым жасаушының қолын қақпаса, онда Аллаһ тағала бәрін жазалайды. Аллаһ тағала: «Сондықтан оның әміріне2 қарсы келгендер өздеріне бір апат жетуінен немесе жан түршігерлік азап келуінен сақтансын»3 , – деген. Сондықтан аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың мейірімі мен шапағатына лайық болуды көздейтін және Ақыретке ұмтылатын адам бұл мәселеге шын ықыласпен көңіл бөлуі қажет. Расында, мұның басым бөлігі өткен күндерде қалғанын ескерсек, бұл ұлы жетістікке жеткізеді. Бұл үшін жоғарыда отырған билік иесінің қырына іліккен адам ешқандай қорқынышқа берілмесін. Аллаһ тағала: «(Аллаһ жолына) жәрдем еткенге Аллаһ жәрдем етеді4 » 5 ; «Кім Аллаһқа жабысса, әрине, оның тура жолға түскені»6 ; «Сондай жолымызда күрескендерді, әлбетте, тура жолға7 саламыз»8 ; «Адамдар «Иман келтірдік» деумен сыналмай қойылатындықтарын ойлай ма? Рас, олардан бұрынғыларды да сынаған едік. Сондай-ақ 1 Бұл сөзі арқылы Абдуллаһ Аллаһ жолында өзін құрбан етуге дайын екендігін білдірген. 2 Яғни Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әміріне. 3 «Нұр» сүресі, 63-аят. 4 Бұл жерде жер бетінде Аллаһ тағаланың дініне жәрдем беру туралы айтылып отыр. 5 «Хаж» сүресі, 40-аят. 6 «Әлі Имран» сүресі, 101-аят. 7 Яғни Бізге әкелетін жолға. 8 «Анкабут» сүресі, 69-аят.


281 Аллаһ әлбетте шыншылдарды да біледі, өтірікшілерді де біледі1 » 2 , – деді. Берілетін сыйлықтың жұмсалған күш-қайратқа сай болатынын пайымдаңыз. Басқалармен дос-жаран болғаны, махаббаты, біреудің көңілін табу және адамдардың құрметтеуінен айырылып қалуынан қорыққаны себепті әрбір адам осы міндетті атқарудан бас тартпасын. Өйткені оның достығы мен сүйіспеншілік-махаббаты өзіне деген құрметті тудыруы тиіс және өзіне белгілі бір құқық беруі керек. Сондай-ақ ол досын Ақыретте пайда беретін және ол жақта зияннан сақтайтын амал-әрекетке бағыттай отырып, оған шын ықыласты ақыл-кеңестер беруге құқылы әрі міндетті. Бұл дүниеде өзі қандай да бір шығынға ұшыраса да, досының Ақыреттегі өмірін бақытты етуді қалайтын адам, міне, ол – шын сүйетін нағыз дос адам. Ал бұл дүниеде қандай бір пайдаға, байлыққа кенелсе де, досының Ақыретте ауыр азап, жазаға және кемтар-кедейлік, жоқшылыққа ұшырауын қалайтын адам, міне, сол – нағыз дұшпан адам. Демек, осы себепті Ібіліс (оған Аллаһтың лағынеті болсын) – біздің дұшпанымыз, ал Пайғамбар (с.а.с.) – мұсылман-мүміндердің досы. Өйткені Пайғамбар (с.а.с.) мүміндердің бәрін Ақыреттегі өмірлерінің мүддесіне сәйкес келетін амалдарға ұмтылдырған және осыған бастаған, өз кезегімізде ең Жомарт Аллаһтан бізді, біз сүйген адамдарды және барлық мұсылман-мүміндерді Өзінің мейіріммахаббатымен жарылқауын, сондай-ақ бізге қатысты Өзінің жомарттығы мен мейірбандылығын көрсетуін жалбарынып сұраймыз, барлығы тек Аллаһ тағалаға ғана аян». Имам ән-Нәуәуи: «Мақсатына жетуге жақын болу үшін дұрыстыққа шақырып, бұрыстықтан қайтарушы адам мейірімді болуы қажет», – деген. Ал имам Шафиғи (Аллаһ оған рақым етсін): «Өз бауырын жасырын уағыздаушы (дұрыстыққа шақырып, бұрыстықтан қайтарушы) оған қатысты адалдық көрсеткен және әспеттеген3 болады, ал оны әшкере уағыздаушы оны масқаралап қаралаушы болады», – деді. Көп жағдайда адамдар бір адамның кемшілік-нұқсаны бар затты сатып тұрғанына қатысты көңіл бөлмейді, бұл үшін оны бетке басып ұялтпайды және сатып алушыға сатылатын мүліктің кемістігін айтып ескертпейді. Бұл – нағыз қателік. Ғұламалар «Мұндай сәттерде заттың кемшілігін білуші адам сатушының бетіне ашық ескертіп, бұл туралы сатып алушыны хабардар етуі қажет» деп есептейді. 1 Бұл сөз Аллаһ тағала бұл туралы алдын ала білмеді дегенді білдірмейді. Мұнда кімнің иманы кәміл, ал кім иманын тек сөз жүзінде ғана жариялады, міне, осылар адамдардың іс-амалдарынан тұратыны айтылуда. 2 «Анкабут» сүресі, 2-3 аяттар. 3 Яғни оған кемшіліктерден арылуға көмектескен және оны басқалардың құрмет тұтуын қалаған.


282 ОТЫЗ ТӨРТІНШІ ХАДИС ИСЛАМДАҒЫ ТУЫСТЫҚ ЖӘНЕ МҰСЫЛМАННЫҢ ҚҰҚЫҒЫ Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Біріңдібірің күндемеңдер1 , бағаны көтермеңдер 2 , өшпенділікте болмаңдар3 , біріңе-бірің теріс қарамаңдар4 , бір-біріңнің саудаларыңды бұзбаңдар5 . Ей, Аллаһтың құлдары! Біріңе-бірің туысқан болыңдар, өйткені мұсылман мұсылманға бауыр; ол (мұсылман) оған (мұсылман бауырына) зұлымдық істемейді, алдамайды, қорламайды, ал тақуалық осында. (Аллаһ елшісі (с.а.с.) өз көкірегін үш рет (қолымен) көрсетті). Мұсылман өз мұсылман бауырын қорлауы жеткілікті болатын6 , мұсылманның қаны, дүние мүлкі және ар-намысы келесі мұсылман үшін харам», – деді», – деген7 . Хадистің маңыздылығы Мейірбан Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандар үшін туыстықты ұран ретінде жариялай отырып, Исламдағы туыстық идеясын көтерумен шектелген жоқ. Ол идеяны мұсылман үмбетінің барлық мүшелері үшін нақты көзге түсетін шындыққа айналатындай етіп, белгілі бір бұйрықтыйымдармен тиянақтады. Бұл хадис ислами бауырластықтың өмірде әсерықпалсыз тек адамдардың санасындағы қияли армандар мен бос сөзге айналмауы үшін осынау өте қадірлі де қастерлі мақсатқа жетуді және оны кез келген кемістік-ақаудан сақтауды оңтайластыратын көптеген заңдар мен ұлы нұсқауларды бұйырған. Сондықтан ән-Нәуәуи өзінің «әл-Әзкар» атты кітабында осы бір хадис туралы: «Оның пайдасы соншалықты мол және ол соншалықты мол мағынаны қамтыған», – деп жазды. Ибн Хажар әл-Һайтами: «Бұл хадис көп мағынаны қамтумен ғана шектелмей, ұлы мақсаттар мен қағидаларды нұсқайды. Өйткені оның мәнмағынасы туралы ойлану мен оның маңызын түсіну Исламның барлық 1 Демек, сендерден ешкім басқаға зиян тигізуді ойламасын. 2 Бір адам өзі сатып алмаса да басқаға шығын келтіру мақсатында заттың базарда немесе басқа жерде жарияланған бағасын көтеру туралы жасаған ұсынысы туралы айтылған. 3 Бір-біріңді жаулыққа бастайтын істі істемеңдер. 4 Араларыңдағы қарым-қатынасты үзіп, бір-біріңнің алдарыңдағы мұсылмандық міндеттеріңді орындаудан бас тартпаңдар. 5 Бұл жерде алушы мен сатушы саудаласып тұрған кезде үшінші біреудің сатушының рұқсатынсыз дәл сондай тауарды арзан бағамен ұсынуы немесе сол баға үшін тәуірірек зат ұсынуы туралы айтылуда. 6 Яғни бұл мұндай күнәні істеген адамды жазалауға жеткілікті болатын өте үлкен зұлымдық. 7 Муслим.


283 заңдары мен оның барлық әдептілік нормаларын осы сөздің тікелей және астарлы мағынасында қамтитынын көрсетеді», – деген. Хадисті және оның неге жөн сілтейтінін түсіну 1. Күншілдікке (әл-хасад) тыйым салу а) Күншілдіктің анықтамасы: Бұл сөздің әдеттегі және шариғат термині ретіндегі мағынасы «бір адамға игілігінен (дүние-мүлкі, жұмысы, мансабы т.с.с.) айырылып қалуын және сол игіліктің күндеген адамның өзіне немесе басқа біреуге ауысуын қалайтын адамның тілегі». Күншілдік – теріске шығарылуы тиіс адамзат табиғатына ғана тән жағымсыз қасиет. Адам баласына өзіне ұқсас адамның қадір-қасиет жағынан асып түскені еш ұнамайды. ә) Күншілдіктің үкімі. Барлық мұсылмандар секілді шариғат білгірлері күншілдіктің жиренішті де тыйым салынған амал екендігі туралы бірдей пікірде. Мұны растайтын аяттар мен хадистер де аз емес. Мәселен, яһудилерді айыптап Аллаһ тағала: «Кітап иелерінің көбі, өз күншілдіктерінен сендерді иманнан кейін күпірге қайтаруды қалайды»1 ; «Немесе олар2 Аллаһтың өз кеңшілігімен адамдарға бергенін қызғана ма?3 » 4 – деді. Зубайр ибн Аууам (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Сендерге дейін өмір сүрген үмбеттердің дерті (болған) күншілдік пен өшпенділік сендерге де енеді, өшпенділік (туралы айтар болсақ), ол ұстараға (ұқсайды), бірақ ол шашты қырықпайды, дінді қырқады (жояды). Мұхаммедтің жаны қолында болған (Аллаһ)пен ант етейін! Біріңді бірің сүймейінше сендер (хақиқи) иманға келмейсіңдер, ал егер орындайтын болсаңдар, сендерді өзара сүйіспеншілікке не амал жеткізетіні туралы хабар берейін бе? Өз араларыңда сәлемдесуді5 таратыңдар», – деді», – деген6 . Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) бір күні: «Менің үмбетімді міндетті түрде (басқа) үмбеттердің ауру-дерті зақымдайды», – деген. (Адамдар): «Уа, Аллаһтың елшісі! Ол үмбеттердің 1 «Бақара» сүресі, 109-аят. 2 Бұл жерде яһудилер туралы айтылып отыр. 3 Яғни Пайғамбар (с.а.с.) мен сахабаларды күндей ме? 4 «Ниса» сүресі, 54-аят. 5 «Сәлем» – бейбітшілік; сәлемдесу. Осылайша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандар арасында бейбітшілікті сақтау қажеттігін ескертеді, ал бейбітшілікті сақтауға адамдардың бір-бірімен сәлемдесуі септігін тигізеді. 6 Ахмад, әт-Тирмизи.


284 дерті не еді?» – дейді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Менсінбеушілік пен менмендік, артықшылыққа ұмтылу мен дүние игілігі үшін бақталасу және өзара өшпенділік пен өзара күндестік (олар кең тарауымен) әділетсіздікке, сонан соң кісі өлтіруге жеткізеді», – деді», – деген1 . б) Күншілдікті харам қылудың себебі. Күншілдікке тыйым салудың себебін ол адамға Өз мейірімділігін көрсеткен Аллаһ тағалаға қарсылық көрсету болып табылатындығымен түсіндіруге болады. Сонымен бірге күншіл адамның Аллаһ тағаланың екінші адамға деген мейірімі мен мейірбандылығын, оған Аллаһ тағаланың бұйыртқан несібесін жоймақ болған әрекетімен де түсіндіріледі. Әбу Таиб: «Жер бетінде өмір сүрушілердің ең әділетсізі – өз бақытымен өзі рақаттанып жүрген адамды күндеген адам», – деген. Күншілдік кісіні келесі бір адамға оның жаны сүймейтінді тілеуге мәжбүр етеді, бұл күншілдіктің әділетсіздігінің дәлелі болады. Ал күнделуші адамның жақсылықтан айрылуды жаны қаламайды, демек, күншіл күндеу арқылы басқа адамның ақысына қол сұққан болады. Сонымен қатар күншілдік пайдасыз қалжырау мен жан-дүниенің уайымына апарады және ол бұл жағдайға тыйым салған жолмен жетеді, ал бұлай ету – ақымақтық әрі жамандық. в) Күншілдердің түрлері. Кейбір адамдар өздері күндейтін адамға әділетсіздік істеу немесе әділетсіз сөздер айту арқылы ол адамды өз игілігінен, өзіндегі бар беделден не мүліктен т.с.с. айыру үшін әрекеттенеді. Олардың арасында басқаның қолындағының өзіне өтуі үшін әрекеттенетіндер бар және басқаның қолындағының бұған өтсін-өтпесін, әйтеуір анау адам меншігіндегі дүниебайлықтан немесе атақ-абыройдан айрылса болды деп әрекет жасайтындар бар, күншілдіктің бұл түрі ең сорақы және ең жиренішті. Күншілдердің келесі түріне жататындар өздерін күншілдіктің дерті баурап алған кезде, өзі күндеген адамына қатысты қандай да бір әділетсіз сөз айтып немесе әділетсіз іс, амал-айла жасамайды. Хасан әл-Басри мұндай жағдайда ешқандай күнә жоқ деп есептеген. Бұл күншілдік екі түрлі болады: Бірінші: Адам күншілдік сезімінен арыла алмайды, бірақ оған беріліп ешқандай әрекетке бармайды. Мұндайда ол адамда күнә жоқ. Екінші: Басқалардың қолдағы барынан (игілік, дүние-байлық немесе билігінен) айрылып қалуын іштей тілеу арқылы жаны тыныштық табады, олар – күншілдікті әдейі қолдан жасап және сол күншілдігіне үнемі қайта оралып отыратын адамдар. Бұл күнә істемек болған берік байламға ұқсайды, ал мұндайды жазалауға қатысты айтылған пікірлер әртүрлі. Күншіл адам өзі күндеп отырған адамға қатысты әділетсіз сөз айтудан тартынып қалуы 1 Әл-Хаким.


285 екіталай, сондықтан ол күнәлі іс істеп басқа біреудің меншігін иемденгісі келеді. Бұл туралы Аллаһ тағала: «Дүние тіршілігін қалағандар: «Әттең! Бізге де Һарунға берілген тәрізді болса...», – деді»1 , – деген. Діни артықшылық туралы армандаған жақсы, өйткені Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі иман үшін өлгісі келген. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Екі адамнан басқаны күндемеу керек: Аллаһ тағала байлық берген, ал ол оны күндіз-түні (игі істерге) жұмсаған адамды, сондай-ақ Аллаһ тағала Құран берген2 , ал ол күндіз-түні онымен шұғылданған адамды», – деген3 . Арабтарда «ғибта» деп аталатын, әсілінде күндеу мен қызғанышқа ешқандай қатысы жоқ, қара ниеттен аулақ қызығу туралы сөз айтылған. Оны Пайғамбарымыз (с.а.с.) теңеу ретінде «әл-хасад», яғни «күндеу» деп пайдаланған. Күншілдердің үшінші түріне бойында күншілдік пайда болған сәтте-ақ одан дереу арылғысы келетін адамдар жатады және мұндай адамдар өзі күндеген адамдарына жақсылық істеп, ол үшін Аллаһ тағалаға жалбарынып, оған қайырлы істер жасай бастайды. Оның жақсы қасиеттері туралы басқаларға айтып, өзіндегі күншілдік дертінен құтылуға жан-тәнімен әрекет жасап, ақыр соңында ол адамның өзінен де жақсы мұсылман болуын қалайтын дәрежеге жетеді. Бұл иманның ең биік дәрежесінің көрінісі болады. Мұндай әрекетке бара білген адам – нағыз мұсылман-мүмін, өйткені ол өзіне қалағанды мұсылман бауырына да қалайды. 2. Бағаны қымбаттатуға тыйым салынады а) Бұл хадисте бағаны қымбаттатуға қатысты тыйым бар. Мұнда тауарды алуға ниеті болмағанмен, басқаларға зарар жеткізу үшін ғана базарда немесе басқа бір жерде сатуға шығарылған тауарға жоғары баға ұсынатын адам туралы айтылған. ә) Үкімі: Жалпы пікір бойынша, сатушымен келісім арқылы не келіспей істелгеніне қарамастан, бұл істің тыйым салынған іс екенін білетін адам үшін бұл харам болып табылады. Мұндай әрекет шын мәнінде біреуді алдау немесе алаяқтық жасау болып саналады әрі мұның екеуі де тыйым салынған амалдарға жатады. Және бұл басқа мұсылмандарға қатысты парыз болған адалдық көрсетуден бас тартудың айғағы болады. Пайғамбар (с.а.с.): «Бізді алдаған (адам) бізден емес», – деген. Бұл хадистің басқа риуаятында Пайғамбар (с.а.с.): «...алдаушы4 ...», – деген1 . 1 «Қасас» сүресі, 79-аят. 2 Яғни Құран білімі мен оның бұйрықтарын бұлжытпай орындау мүмкіндігін берген. 3 Әл- Бұхари, Муслим. 4 Яғни тек мұсылманды ғана емес, кез келген адамды алдаушы.


286 Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) бағаны қымбаттатуға тыйым салған», – деген2 . Ибн Әбу Ауф: «Бағаны қымбаттатушының өсімқор мен алдаушыдан айырмашылығы жоқ», – деген. Ибн Абдул-Барр: «Жалпы пікір бойынша, егер оған бұл істің харам екені белгілі болса, онда мұндай істі істеуші адам Аллаһ тағалаға бойсұнбаған болады», – деді. б) Бағаны өсірген жағдайда сауда-саттық келісімін бұзу туралы пікір. Бұл туралы түрлі пікірлер айтылған. Бағзы біреулер: «Мұндай келісім дұрыс емес», – деген. «Мұндай пікірді имам Ахмад айтты», – деген де хабар бар және бұл пікірді оған ілесушілер басшылыққа алған. Ал басқалар: «Егер бағаны қымбаттатқан адам сатушының өзі болса немесе онымен бағаны өсіруге келісім жасаған адам болса, онда мұндай келісім дұрыс болмайды», – деген, өйткені мұндайда тыйым келісім жасаған адамға қатысты болады, ал олай болмаған жағдайда келісім дұрыс саналады. Себебі мұндағы бағаны қымбаттату басқа біреудің әрекетінің салдары. Имам Шафиғи «Егер сатушы бағаны өсірмеген болса, мұндай саудасаттық келісімін дұрыс» деп есептеген. Ал басқа фақиһтер сауда-саттық келісімі кез келген жағдайда дұрыс деген пікірді ұстанған. Әбу Ханифа, Мәлик, Шафиғи және Ахмадтар да осы туралы айтқан. Оған имам Ахмадтың айтқан пікірі дәлел. Бірақ Мәлик пен Ахмад, егер сатып алушы мәселенің анығын білмесе және алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда оған таңдау құқығын қалдырған. Имам Мәлик пен имам Ахмадтың кейбір ізбасарлары: «Егер сатып алушыдан әдеттегі бағаның үштен бірін артық алған жағдайда сатып алушы келісімді бұзуды қаласа, ол бұған құқылы, ал егер затты (тауарды) өзінде қалдыруды қаласа, қаншаға алданған болса, бағаны соншаға төмендету керек», – деген. в) «Бағаны өсіру» (немесе «қымбаттату») ұғымын тереңдей талдау. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл хадисінде айтылған «қымбаттату» деген ұғымды бұрынғы айтылғандарға қарағанда кеңірек мағынада түсіндіруге болады. Өйткені «нажш» (яғни «бағаны өсіру» немесе «қымбаттату») сөзінің бір мағынасы «қулық-сұмдық және алдау арқылы қандай да бір нәрсеге жету үшін жағдай жасау» дегенді білдіреді. Мұндайда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өсиетін «Біріңді-бірің алдамаңдар, сендерден ешкім біріне-бірі қулық-сұмдық істемесін және зарар жеткізбесін» мағынасында түсіну керек. Аллаһ тағала: «Негізінде, айлакерліктің кесірі иесіне ғана тиеді»3 , – деген. 1 Муслим. 2 Әл-Бұхари, Муслим. 3 «Фатыр» сүресі, 43-аят.


287 Пайғамбар (с.а.с.): «Қулық пен алдау – тозақта», – деп айтқан1 . Бағаны өсіруге салынған тыйым алдау, арбау және т.с.с іс-амалдармен байланысты қарым-қатынас түрлерінің біріне қатысты. Мәселен, тауардың кемшілігін жасыру, жақсы затқа жаман затты араластырып сату, т.б. Бұл туралы Әбул-Атаһия: «Дін дегеніміз – дін. Ал ол үлкен адамгершілік қасиеттерден басқа ештеңе емес. Расында, қулық-сұмдықтың орны тозақта. Бұл екі қасиет мұнафықтарға тән», – деп өте тамаша айтқан. Қулықты рұқсат етілгенге ғана қатысты қолдануға болады, мәселен, соғыс кезінде дұшпанға қарсы. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Соғыс, бұл – алдау»2 , – дегені бар. 3. Өзара өшпенділіктің (табағуд) харамдығы а) Анықтамасы. Өшпенділік (буғд) дегеніміз – кез келген мүліктің не іс-амалдың белгілі бір қасиетін жексұрын деп есептеген адамның соған деген жиреніші. Бұл сөздің баламасы – «караһа» сөзі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) егер бұл өшпенділік яки жек көрушіліктің себепшісі Аллаһ тағала үшін болмаса, мұсылмандардың бір-бірін жек көруіне тыйым салған. Шариғат бойынша адамдардың жан-дүниесін билеп алатын әуесқойлық, құмарлық секілді сезімдердің әсерімен мұсылмандардың бірін-бірі жек көруіне жол жоқ. Өйткені олар бір-бірін жанындай жақсы көретін бауырлар. Аллаһ тағала: «Шын мәнінде, мүміндер туыс қой»3 , – деген. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Жаным қолында болған (Аллаһ)пен ант етемін! Сендер иманға келмейінше жаннатқа кірмейсіңдер, ал біріңді-бірің жақсы көрмейінше иманға келмейсіңдер», – деп айтқан4 . ә) Өзара өшпенділіктің үкімі. Өзара өшпенділік, яғни бірін-бірі жек көрушілік екі адамнан бірдей немесе біреуінен шығады. Егер жек көрушілік Аллаһ тағала үшін болмаса, оған рұқсат етілмейді. Аллаһ тағала үшін пайда болған өшпенділік пендеге міндетті (парыз) саналады. Аллаһ тағала: «Менің дұшпандарымды да, өз дұшпандарыңды да дос тұтпаңдар»5 , – деген. Ал Пайғамбар (с.а.с.): «Аллаһ үшін жақсы көруші, Аллаһ үшін жек көруші және Аллаһ үшін беруші кәміл иманға ие», – деді6 . 1 Ибн Хиббан. 2 Әл-Бұхари, Муслим. 3 «Хужурат» сүресі, 10-аят. 4 Әт-Тирмизи. 5 «Мумтахина» сүресі, 1-аят. 6 Әбу Дауд.


288 Мұсылман адам өзіне қатысты істе адал болып, ашу-ыза, достық, әдет секілді амалдардың әсерінен туындайтын өшпенділік, жек көрушіліктен сақтануы тиіс. Себебі бұл адамды Аллаһ тағала үшін өшігу немесе жек көру мүмкіндігінен айырып, тыйым салынған өшпенділікке итермелейді. б) Өшпенділік пен дұшпандыққа жетелейтін істің бәріне қатысты тыйым салынғандығы. Аллаһ тағала мұсылмандарға олардың арасында ашу, араздық пен дұшпандық тудыратын, мәселен, ішімдік ішу пен құмар ойынын ойнау (майсир)1 сияқты әрекеттердің бәрін харам етті. Аллаһ тағала: «Негізінен, шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі өшпенділік салып, Аллаһты еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Сонда да тыйылмайсыңдар ма?» 2 – деді. Аллаһ тағала өсек айтуға тыйым салады, өйткені бұл дұшпандық пен өшпенділікке апарады. Бірақ адамдарды татуластыру үшін, татуласуға ынталандыратын, сөйтіп алауыздық-араздықты жою үшін өтірік айтуға рұқсат етеді. Аллаһ тағала: «Олардың өзара күңкілдерінің көбінде қайыр жоқ. Бірақ кім бір садақаны не бір игілікті немесе адамдардың арасын жарастыруды әмір етсе, (сол қайырлы)» 3 , – деген. в) Ұнатудың Исламдағы мағынасы. Аллаһ тағала Өз құлдарына ұнату мен жақсы көру, сүйіспеншілік секілді сезімдерді нәсіп еткен және Ол: «Сондай-ақ өздеріңе Аллаһтың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, Ол болса жүректеріңнің арасын жарастырды да, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар»4 ; «Ол сондай (Аллаһ) сені өз жәрдемі және мүміндер арқылы қолдады. Және олардың жүректерінің арасын жарастырды. Егер сен, жер жүзіндегінің барлығын жұмсасаң да олардың жүректерін жарастыра алмас едің. Бірақ Аллаһ олардың араларын жарастырды. Расында, Ол өте Үстем, аса Дана», – деген5 . 4. Мұсылмандардың бір-бірінен теріс айналуының (тәдәбур) харамдығы «Тәдәбур» сөзі «ара-қатынасты үзу, тоқтату» деген мағынаны білдіреді. Мұнда адамның өз жолдасынан теріс айналып кетуі басқаша айтқанда, қатынасты үзуі туралы айтылған. Егер де бұлайша бет көріспей кету осы 1 «Майсир» – жәһилдік дәуірде Арабияда кең тараған құмар ойыны. 2 «Мәида» сүресі, 91-аят. 3 «Ниса» сүресі, 114-аят. 4 «Әлі Имран» сүресі, 103-аят. 5 «Әнфал» сүресі, 62-63 аяттар.


289 дүниенің байлығы мен тіршілігі үшін істелсе, оған рұқсат жоқ, ол тыйым салынғанға, харамға жатады. Әбу Айюб (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Мұсылмандар үшін өз бауырымен кездескенде бірі-бірінен теріс бұрылып, ара-қатынасын үзуінің үш күннен артуына рұқсат етілмейді. Ал бұлардың жақсысы – (екіншісіне) бұрын сәлем бергені», – деді», – деген1 . Әбу Харраш әс-Суләми (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Кім туысымен алты күн қатыспаса, оның қанын төккенмен тең», – деді», – деген2 . Біреумен арақатынасты үзу дін үшін істелсе, үш күннен артық уақытқа созуға болады. Бұл жайлы имам Ахмад пікір білдірген. Мәселен, бұған «Табук» жорығына қатыспай Мәдинада қалып қойған үш адамға сабақ болуы үшін және олардың екіжүзділікке ұрынуынан қауіптенген Пайғамбарымыз (с.а.с.) барлық мұсылмандарға олармен сөйлеспеуге, арақатынасты үзуге бұйырғаны және ол уақыттың елу күнге созылғаны туралы оқиға дәлел бола алады3 . Сонымен қатар, сүннетке анық қайшы келетін бидғаттарды жақтаушылармен, өзінің талап-тілегі мен шақуат құмарлығына берілуге шақырушылармен және қате қағиданы басшылыққа алғандармен де қатынасты үзуге болады. Ал әл-Хутаби «Әкенің баласымен, күйеуінің әйелімен және сол сияқты тәрбиелеу мақсатында үш күннен артық сөйлеспей қоюына болады, өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) әйелдерін толық бір айға тастап қойған еді» дейді. 5. Бір-бірінің саудасын бұзуға тыйым салынады Мұндай әрекетке тыйым салынғандығы туралы көптеген хадистерде айтылған. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Мұсылманға бауырының саудасын бұзуға рұқсат етілмейді», – деді», – деген4 . 1 Әл-Бұхари, Муслим. 2 Әбу Дауд. 3 Бұл жерде Кағб ибн Мәлик, Һиләл ибн Умәйя және Мурара ибн Рабиғ туралы айтылған. Олар ешқандай себепсіз «Табук» жорығына қатыспайды, бірақ бұлар басқалардай жалған айтпай, өздерінің ешбір себепсіз қалып қойғанын, бұл үшін ақталмайтындықтарын мойындайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинада қалып қойғандардың бәрінің түсініктемелерін тыңдайды да, мұсылмандарға осы үш адаммен сөйлеспеуді бұйырады. Осыдан соң елу күн өткенде «Тәуба» сүресінің 118- аяты түсіріліп, онда Аллаһ тағала Пайғамбарға (с.а.с.) бұлардың тәубесін қабыл еткенін хабарлаған. 4 Әл-Бұхари, Муслим.


290 Мұнда сауда-саттық шарттарын келісіп немесе оны талқылап жатқан кезде үшінші адамның затты сатып алушыға: «Саудаңды бұз, осы бағаға бұдан жақсы зат сатамын немесе дәл осындай тауарды арзанға берем» дейтін жағдай туралы айтылып отыр. Біреу сатушыға: «Саудаңды бұз, осы (затың) үшін мен көбірек беремін», – дейтін кез де осы айтылғанға жатады. Ғұламалар «бұл екі жағдайдың екеуіне де тыйым салынған» деген пікірге келген. Ән-Нәуәуи: «Сату немесе сатып алу кезінде бұлай етуге тыйым салынған әрі ол күнә, алайда кейбір адамдар осылайша сатып немесе сатып алып мұндай іске баратын болса, онда шафиғилер мен Әбу Ханифаның пікірі бойынша, сату немесе сатып алу келісімін түзуге болады», – деген. Сауданы бұзудың басқа да түрлері кездеседі. Мәселен, тауар иесі мен сатып алушы затты сату туралы келіседі, бірақ олар келісімшарт жасасқанға дейін үшінші біреу тауардың иесіне: «Мен саған затың үшін көбірек беремін», – деп немесе затты сатып алатын адамға: «Саған бұдан жақсы тауарды арзандау сатамын», – деп райларынан қайтарады. Жоғарыда айтылғандай, бұл да тыйым салынған харам іс, себебі мұнда кәпір мен мұсылманның арасында еш айырмашылық қалмайды. Өйткені мәселе өз сөзіне адалдық пен келісімшарттарын сақтау туралы болып отыр. Мұндай істерге тыйым салудың себебі олар зарар жеткізуге және зиян келтіруге әкеледі. Тауарды аукцион арқылы сатуға тыйым салынбайды, өйткені аукционда белгілі бір келісім жария түрде, әркімнің өз қалауымен түзілгенге дейін саудаласады. Бұған бір күні Пайғамбардың (с.а.с.) сатуға зат шығарып: «Кім көбірек (төлейді)?»1 – деп айтқанын дәлел етеміз. 6. Бауырластық қатынасты дамыту туралы бұйрық Пайғамбар (с.а.с.): «...ей, Аллаһтың құлдары! Туысқан болыңдар», – деп, мұсылмандар арасында бауырластықты кең таратуды бұйырған. Бұл – «өзара өшпенділіктен, бір-біріңе күншілдік етуден, бағаны өсіруден, араларыңдағы қатынасты үзуден және бір-біріңнің саудаларыңды бұзудан бас тартып, өздеріңді бір-біріңе туысқан бауыр ететін істі істеңдер, араларыңдағы туысқандық қатынасты сақтаңдар, бір-бірлеріңе сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен, қамқорлықпен, есіркеу-аяумен қатынас жасаңдар да, бір-біріңе шын жүректен жәрдем беріңдер» деген сөз. Сондайақ өздеріңнің Аллаһтың құлдары екендеріңді ұмытпаңдар, ал құлдардың ерекшеліктерінің бірі – өздерінің Қожайынының бұйрығына бағынуы. Сендер Аллаһ тағаланың дінін қуаттап-қорғауда, Ол орнатқан рәсімдерді орындауда біріне-бірі көмектесетін туыс бауырлардай болыңдар деген бұл бұйрықты жүректердің бірлігі мен берік ынтымақсыз орындау мүмкін емес. Аллаһ тағала: «Ол сондай (Аллаһ) сені Өз жәрдемі және мүміндер 1 Әбу Дауд.


291 арқылы қолдады. Және олардың жүректерінің арасын жарастырды»1 , – деді. Бауырмалдық қарым-қатынасты орнату үшін әрбір мұсылман басқаға қажетті деңгейде құрмет көрсетуі керек. Мысалы, сәлем беру, түшкірген кезде жақсылық тілеу, ауырған кезінде көңілін сұрау, шақырса бару, адал кеңес беру және соңғы сапарға шығарып салу. Сый-сияпат жасау, қол алысып амандасу бауырмалдық қарым-қатынасты өзара жақсы көру мен ұнатуға ұластырады. Пайғамбар (с.а.с.): «Біріңе-бірің тарту жасаңдар, біріңді-бірің жақсы көретін боласыңдар»2 ; «Қол алысып амандасыңдар, өйткені ол жек көрушілікті жояды және бір-біріңе тарту жасаңдар», – деген3 . Хасан әл-Басри: «Қол алысып амандасу өзара сүйіспеншілікті арттырады», – деп айтқан. 7. Мұсылманның өз бауырына қатысты міндеттері Мұсылманға Исламдағы бауырларымен өзара татулық пен жүректердің бірлігіне жеткізетін қарым-қатынасты үзбеу бұйырылған. Аллаһ тағала: «Шын мәнінде, мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар»4 , – деген. Дінімізде өзара жек көрушілік пен жүректердің келіспеушілігіне себеп болатынның бәріне тыйым салынады. Мұндай халге көпшілік жағдайда төрт іс себепші болады: қысым көрсету, көмектеспеу, өтірік пен сенімсіздік және жек көру. Оның үстіне мұсылман өзіне қалағанды Исламдағы бауырына да лайық көргенше Ислам дінін өз дәрежесінде ұстана да, кәміл иман дәрежесіне жете де алмайды. Сондықтан ол бауырына реніш келтіретін істерден аулақ болып, оны басқалардың зорлық-зомбылығынан қорғауы керек. Исламдағы ең жоғарғы адамгершілік қасиеттер туралы айтар болсақ, онда тек мұсылмандарға ғана емес, барлық адамдарға қатысты адамгершіліктің жоғары үлгілері көрсетілген, сондықтан да аталмыш төрт іс кімге қатысты болса да, тыйым салынады. а) Адамдарға қысым жасауға үзілді-кесілді тыйым салынған. Шариғатта белгіленген жағдайлардан басқа кездерде адам баласын қорлауға немесе оның дүние-мүлкіне яки дініне зарар жеткізуге болмайды. Бұл Исламдағы туыстық-бауырластыққа сыйыспайтын қысым көрсетуге және арақатынасты үзуге жатады. 1 «Әнфал» сүресі, 62-63 аяттар. 2 Әл-Бәйһақи. 3 Ибн Ражаб. 4 «Хужурат» сүресі, 10-аят.


292 ә) Адамды көмексіз қалдырып қоюдың тыйымы. Адам өте мұқтаж болғанда және қандай да бір істі істеуге мәжбүр болғанда мұсылманның оны көмексіз қалдырып қоюына кесімді тыйым салынған. Аллаһ тағала: «Егер олар, сендерден дін жайында бір жәрдем тілесе, сонда сендерге көмек ету міндет болады»1 , – деген. Пайғамбар (с.а.с.): «Мұсылманның дербес құқығы сақталмай, оның қадір-қасиеті кемсітіліп, қорланған кезде оған көмек көрсетпеген (кез келген мұсылманды) Аллаһ тағала Өзінің көмегіне зәру болған жерде көмексіз қалдырады»2 ; «Кімде-кім мүмкіндігі болғанда өз бауырына жасырын жәрдем етсе, оған Аллаһ дүниеде және Ақыретте жәрдем етеді», – деген3 . Тыйым салынған көмексіз қалдыру бұл дүниелік істерге де қатысты болуы мүмкін. Мәселен, кейде бір адам жәбірленушіге көмек көрсетуге және оны қысым көрсетушіден қорғауға мүмкіндігі бола тұра, оған көмектеспейді. Сол секілді бұл іс дінге де қатысты болуы мүмкін, мәселен, бір адам уағыз арқылы басқа бір адамға оны адасудан құтқаратын ақылкеңес беру мүмкіндігіне ие бола тұра, оған көмектеспейді. б) Басқаларға өтірік айтуға немесе оларға сенімсіздік көрсетуге қатысты тыйым. Бір мұсылман екінші мұсылманнан шындықты күтуге құқылы және одан естігеніне сенеді, ал Исламдағы өзара сенімді бұзатын әрекеттің бірі – басқаларға шындыққа сәйкеспейтін істі хабарлау, әсіресе екінші адам хабар жеткізушіге сенетін болса. Басқа біреудің жүрегін өзіне бұру немесе өзін яки дүние-мүлкін қорғау үшін айтылмаса, өтірік айту айлакерлік және сатқындық болмақ. в) Адамды жек көрудің харамдығы. Мұсылманға туысын қорлауға және оның қадір-қасиетін түсіруге ерекше тыйым салынған. Аллаһ тағала құлын жаратқан кезде оған Өзінің жек көрушілігін көрсетпеген, керісінше, оны құрметтеп, дәрежесін көтерген, оған тіл қатып белгілі міндеттер жүктеген. Сондықтан басқаларға қатысты жек көрушілікті білдіру адамның Тәңірі паңдығынан асқан паңдық, менмендік көрсетуінің айғағы болып табылады да, зор күнә саналады. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мұсылман бауырын жек көретін адам зиянда қалады, ал жек көру менмендіктен туындайды»; «Менмендік – ақиқатты қабылдамау және адамдарды менсінбеу»4 ; «Менмендік – ақиқатқа қатысты ұятсыздық көрсету және адамдарды менсінбеу»1 ; 1 «Әнфал» сүресі, 72-аят. 2 Әбу Дауд. 3 Әл-Баззар. 4 Муслим.


293 «...адамдармен санаспау және оларды мүлде елемеу», – деп айтқан. Себебі адам өзін әбден жетілгенмін деп есептейді де, басқалардың тек кемшіліктерін ғана көреді, уақыт өте келе оларды жек көріп, адам сияқты санаспайтын болады. Менмендік – зұлымдықтың негізгі ерекшеліктерінің бірі. Бұл қасиет адамды тозаққа жетелейді және жаннаттан алыстатады. Пайғамбар (с.а.с.): «Жүрегінде тозаңның салмағындай менмендік бар адам жаннатқа кірмейді», – дейді2 . Сонымен қатар Хариса ибн Уаһаб (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) бір күні адамдарға: «Сендерге кімнің жаннаттық екені туралы хабар берейін бе? (Ол) – әрбір әлсіз және ұнамсыз (кедейлігі үшін адамдар онымен санаспайтын жоқ-жітік, елеусіз) адам, ол егер (бір нәрсе туралы) ант етсе, Аллаһ міндетті түрде оның антын іс жүзіне асырады. Сендерге кімнің тозақтық екені туралы хабар берейін бе? (Ол) – әрбір дөрекі, сараң және менмен», – деді», – деп айтқан3 . 8. Тақуалық – адамдардың артықшылық белгісі және олар үшін өлшем Тақуалық – Аллаһ тағаланың бұйрығын орындап, Ол тыйым салған ісамалдардан бас тарту арқылы Оның жазасынан аман қалуға ұмтылу. Аллаһ тағала адамдарға оның кім болғанына немесе байлығына қарай емес, оның тақуалығына және бойсұнуына қарай құрмет көрсетеді. Өмірде адамдар біреулерді оның бұл дүниедегі үлесінің аздығы мен әлсіздігі үшін менсінбейтін кездер кездесіп жатады, Аллаһ тағала бұларды адамдардың алдамшы биік дәрежелері немесе басып алған билігі яки харам байлығы үшін құрмет тұтқан адамынан гөрі көбірек бағалауы мүмкін. Адамдар Аллаһ тағаланың алдында шыққан тегі, кескін-келбеті, терісінің ақ-қаралығына немесе байлығына қарай емес, істеген амалдары мен тақуалық дәрежелеріне сай ерекшеленеді. Аллаһ тағала: «Шынында, Аллаһтың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың»4 , – деген. Бір күні Пайғамбардан (с.а.с.) (адамдар): «Қандай адамдар ең ардақты?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Аллаһ тағаланың алдында ең тақуаларың», – депті5 . Тақуалықтың мекені – жүрек. Аллаһ тағала: «Кім Аллаһтың белгілерін ұлықтаса, күдіксіз, ол – жүректің тақуалығынан»6 , – деді. Пайғамбар (с.а.с.): «Шынында, Аллаһ сендердің денелеріңе де, кескін-келбеттеріңе де 1 Ахмад. 2 Муслим. 3 Әл-Бұхари, Муслим. 4 «Хужурат» сүресі, 13-аят. 5 Әл-Бұхари. 6 «Хаж» сүресі, 32-аят.


294 қарамайды, бірақ ол сендердің жүректеріңе назар салады», – деп өз көкірегін нұсқаған1 . Бірақ тақуалық жүректе болса, демек, оның хақиқи мәні мен мағынасы туралы Аллаһтан басқа ешкім білмейді. Ендеше сыртқы амалдарды орындау арқылы тақуалыққа жету мүмкін емес. Тақуалық – адамның Аллаһ тағаланың алдындағы ұлы қорқынышты сезінуі арқылы ғана және Аллаһ тағала өзін бақылап тұрғандығын білуі арқылы ғана жететін дәреже. Мұндағы Аллаһ тағаланың бақылауы – Оның жүректерде жасырынған және сыртқы көріністерге ешқандай қатысы болмаған ізгі амалдар мен істелген зұлымдықтарға сәйкес сый мен жаза беруі. Демек, сырт келбеті әдемі немесе байлығы бар яки билік басындағы жоғары дәрежеге ие болған адамдар бұл дүниеде тақуалықтан мүлдем мақрұм қалуы ықтимал. Керісінше, бұл айтылғандардың ешқайсысына ие емес адамның жүрегі тақуалыққа толы болуы, ал өзі Аллаһ тағаланың алдында басқаларға қарағанда жоғары дәрежені иеленуі мүмкін. Көпшілік жағдайларда дәл осылай болады. Адамды жек көру осы себептен үлкен күнә болып саналады. Өйткені бұл адамдардың бір-бірінен артық түсу өлшемінің бұзылуы, сыртқы көріністерге қарап бағалау арқылы туындайтын үлкен әділетсіздік және осы арқылы адамдар дәрежесін айқындайтын тақуалықты шетке ысыру болып табылады. 9. Мұсылманның дербес құқығы Мұсылманның өмірі, дүние мүлкі және ар-намысы қол сұғуға болмайтын дербес құқыққа ие. Пайғамбарымыз (с.а.с.) уағыз айтуға келгенде басқа мәселелермен қатар бұл туралы да баяндаған. Мәселен, қоштасу қажылығы кезінде, құрбандық күні, Арафатта тұру күні және ташриқ күндерінің екінші күні (яғни зул-хижжа айының он екісі күні) уағыздарында осы туралы айтқан. Пайғамбар (с.а.с.): «...шынында, сендердің қандарың, дүние-мүліктерің және ар-намыстарың сендер үшін осы қалада, осы айдағы осы күндерің қасиетті болғанындай қасиетті», – деген2 . Мұның бәрі мұсылмандар ешқандай ұры тимейтіндей және ешкім тартып алмайтындай өзінің мал-дүниесі үшін алаң болмайтын мұсылман қоғамы қауіпсіздігінің негізі болатын жалпы адам құқығына қатысты айтылған. Мұндай қоғам қалыптасқанда барша адам ар-намысына ешкімнің зияны тимейтіндей алаңсыз болады. Аллаһ тағала Пайғамбарымыз (с.а.с.) арқылы қалдырған бұл өсиеттің орындалуы қамтамасыз етілу үшін Аллаһ тағала жазықсыз кісі өлтіргенді өлтіру (қысас) немесе тигізген зақымына (мүгедек ету, мертігу) сай жазалау, ұрының қолын кесу, сондай-ақ зина жасағандарға тасборан қылу немесе дүрелеу жазаларын белгіледі. 1 Муслим. 2 Әл-Бұхари, Муслим.


295 Мұсылманның дербес құқығын қорғаудың жетілдірілгенінің айғағы оны, тіпті қалжыңдап қорқытуға да тыйым салынған. Бірде сахабалардың бірі екіншісінің арқанын алған кезде, ол қорқып қалған. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Мұсылманның мұсылманды қорқытуына рұқсат жоқ», – деп айтқан1 . Сондай-ақ Пайғамбар (с.а.с.): «Сендерден ешкім әзілдесе де, шындаса да2 бауырының таяғын да алмасын»3 : «Үшінші адамның қасында екі адам сыбырласпасын, өйткені бұл оны (үшіншіні) ренжітеді», – деген4 . Бұл хадистің басқа риуаятында: «...өйткені (бұлай ету) мұсылманды ренжітеді, ал Аллаһ тағала мұсылманды ренжітуді жақсы көрмейді», – делінген. 10. Бұл хадисте не туралы айтылады? а) Тек қана ақида мен құлшылық емес, белгілі бір адамгершілік қасиеттері мен адамдардың өзара қарым-қатынастары да Исламның құрамды бөліктеріне жатады. ә) Ислам шариғаты ұнамсыз қылықтарды Аллаһ тағалаға жек көрінішті іс және адамдар үшін қылмыс деп қарастырады. б) Ниет пен амалдар Аллаһ тағала Өз құлдарын таразыға тартатын және сол арқылы үкім шығаратын дәл өлшем болып табылады. в) Аллаһ тағаланың алдында қорқудың қайнар көзі жүректе. 1 Әбу Дауд. 2 Мұндағы «шындаса да» дегенде мұндай істі ұрлау мақсатында емес, ашуландыру немесе қорқыту яки зиян тигізу үшін де істеуге тыйым салынады. Өйткені бұлай істеу ұрлық ісінен онша алыс емес амалға жататындығын білдіреді. 3 Ахмад, Әбу Дауд және әт-Тирмизи. 4 Әл-Бұхари, Муслим.


296 ОТЫЗ БЕСІНШІ ХАДИС ИГІЛІКТІҢ ҚҰРАМЫ ТУРАЛЫ Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім мүмінді бұл дүниенің уайым-қайғыларының бірінен құтқарса, Аллаһ оны Қиямет күнгі уайым-қайғылардың1 бірінен құтқарады. Кім қарызынан құтыла алмайтын адамның жағдайын жеңілдетсе2 , Аллаһ оның жағдайын бұл дүниеде де, Ақыретте де жеңілдетеді. Кім мұсылманды жасырса (яғни бір мұсылманның шариғатқа қайшы іс істегенін көргенде басқаларға айтпаса), Аллаһ оны бұл дүниеде де, Ақыретте де жасырады3 және Аллаһ құлына ол өз бауырына жәрдем бергенін тоқтатқанша жәрдем береді. Кім білім іздеп бір жолға4 түссе, Аллаһ оның жаннатқа барар жолын оңайластырады5 . Ал адамдар Аллаһтың Кітабын бәрі бірге оқып-үйрену үшін Аллаһтың үйлерінің біріне жиналса6 , оларға міндетті міндетті түрде тыныштық түседі7 және оларды мейірім-шапағат орап орап алады8 , оларды періштелер қоршайды9 және Аллаһ оларды Өзінің 1 Мұнда айтарлықтай ауыр бақытсыздыққа ұшырау туралы айтылған. 2 Яғни қарыз беруші қарыздар адамның қарызын кешірсе немесе оған басқа біреудің қарызынан құтылу үшін көмектессе. 3 Яғни Аллаһ тағала оны бұл дүниеде қателіктерден сақтайды, ал егер ол қандай да бір кемшілік жасаса, онда Аллаһ тағала оны бұл дүниеде масқара қылмайды және Ақыретте жауапқа тартпайды. 4 «Жол» сөзі тікелей мағынасында біреудің адамдар білім үйренуге жиналатын жерге белгілі жол жүріп барғаны туралы айтылған немесе «жол» сөзінің ауыспалы мағынасында, көшіріп жазып алу, есте ұстау, оқу, талқылау және сол сияқты білімді үйренуге септігі тиетін тәсілдер туралы айтылған. 5 Яғни ол үшін һидаят жолын ашады, оның жаннатқа кіруін оңайлататын, оны соның жәрдемімен бұл дүниеде бойсұнуға апаратын амалдарға дайындайды және ол өзіне берілген сыйлық-сауаптың арқасында, басқалар бастан кешетін Қиямет күнін күтудегі қиындықтарға кездеспейді. 6 Демек, бұлардың әрқайсысы Құранның бір бөлігін зер салып, бойсұна отырып оқиды және мән-мағынасын түсінуге, оның неге арналғанын ұғынуға әрекеттенеді. 7 Яғни адамның жан-дүниесін, жүрегін тыныштандыратын нәрсе, қадір-қасиет, қорқу мен бойсұну сезімдері пайда болады. Құранда: «Ол сондай (Аллаһ) мүміндердің иманын арттыра түсу үшін олардың жүректеріне тыныштық түсірді», – деп айтылған (Фәтх, 4). 8 Аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың мейірімділігі, қамқорлығы және кешірімі. 9 Аллаһ тағаланы зікір етушілерді іздеп жүретін және жер бетіне береке-байлық, қуаныш-шаттық пен мейірім алып түсетін періштелер.


297 құзырындағыларға1 айтып мақтанады, ал кімнің2 амалдары баяу болса, оны шыққан тегі жылдамдата алмайды3 », – деді», – деген4 . Хадистің маңыздылығы Имам ән-Нәуәуи (Аллаһ оған рақым етсін) Муслимнің «Сахихына» жазған шархында: «Бұл – ілімнің алуан түрлерін, негізгі арқауы мен әдептілік өлшемдерін қамтыған хадис», – деген. Бұл айтылғанға Ибн Аллән мынаны қосады: «...адамгершілік, абырой, арнамыс, пайдалы іс-амалдар мен заңдарды (қамтыған)». Хадисті және оның неге жөн сілтейтінін түсіну 1. Мұсылмандар бір дене секілді Иман мен Исламға негізделген қоғамның мүшелері басқалардың қайғықасіреті мен қуанышын бірге бөлісетін бір дененің мүшелері іспетті. Олардың көңіл күй сезімдері денеге түгелімен таралып, әрқайсысы басқалардың қуанышы мен қайғысын бірге бөліседі. Басқалар қуанышқа бөленіп көңілдері шат-шадыман болғанда, бұлар да достықтары мен денсаулықтары, бақыттылығымен рақаттанып бірге қуанады, ал олар біреулерден жәбір көріп немесе ауруға ұшырап яки мұқтаждыққа душар болып, қайғы-қасірет шеккен сәтте бірге қайғырады. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Өздерінің сүйіспеншілігінде, мейірбандылығында және жанашырлығы мен есіркеуінде мұсылмандар (біртұтас) денеге ұқсайды, егер оның бөліктерінің бірі ауырса, онда бүкіл дене ұйқысыздық пен тән ысытпасына5 кезігіп жауап қатады6 », – деген7 . Сонымен мұсылманның Исламдағы туысына қатысты басты міндеттерінің бірі – туысының қайғықасіретін жеңілдету және оны тауқымет пен уайым-қайғыдан құтқаруға асығу. 1 Яғни Аллаһ тағала періштелерге мақтанады, мұндай адамдарды мақтайды, олардың амалдарын қабыл етеді және олардың дәрежелерін көтереді. 2 Ізгі амалдары аз және жеткіліксіз болғандықтан кемелдік дәрежесіне жете алмаған адам. 3 Қателіктері мен кемшіліктері көп адамның бекзаттың тегі болғаны оның дәрежесін көтермейді. 4 Муслим. Бұл хадистің бір бөлігін әл-Бұхари Ибн Омардан (Аллаһ әкесіне екеуіне разы болсын) риуаят еткен. 5 Ысытпалау – дене қызуының көтерілуі және қалшылдау сияқтылармен ұласатын ауру. 6 Жауап қатады, яғни дененің басқа бөліктері бірін-бірі осы болып жатқан іске араласуға шақырады. 7 Әл-Бұхари, Муслим.


298 2. Бұл дүниенің қайғысы өте көп, ал оларды жеңілдетудің жолы әр алуан Бұл өмір қиындық пен өкініштерге толы. Мұсылман өзін айтарлықтай қиындыққа түсіретін және басқа мұсылмандардың көмек көрсетуін талап ететін уайым-қайғы мен тіршіліктің қам-қарекеттері әкелетін әртүрлі қиын жағдайларға тап болады. Мәселен: а) Көмек беру және біреудің көрсеткен қысымынан құтқару. Мұсылман ешқашан өз бауырына қысым көрсетуі тиіс емес. Бірақ ол бауырына басқалардың тарапынан көрсетілген зорлық-зомбылық секілді қысымнан оны құтқару үшін бар күш-қайратын жұмсамаса, Аллаһ тағаланың мейіріміне лайық болуы жеткіліксіз дәрежеде болмақ. Пайғамбар (с.а.с.): «Мұсылман мұсылманға бауыр, ол оған қысым жасамауы да, оны сатпауы да керек», – деген1 . Бұл хадистің басқа риуаятында «...оны көмексіз қалдырмауы керек» делінген2 . Демек, ол оған қысым көрсетуі былай тұрсын, оны көмексіз қалдыруға да хақы жоқ. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір күні: «Бауырың залым немесе мазлұм (жәбірленуші) болса да оған жәрдемдес», – деген. Бір адам: «Уа, Аллаһтың елшісі! Мен егер ол жәбірленуші болса, жәрдем беремін, ал өзі залым болса, оған қалай жәрдем беремін?» – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Сен оның зұлымдық жасауын тоқтатасың (немесе ...оған кедергі жасайсың), міне сол, шын мәнінде, оған көрсетілген көмек», – деді3 . Мұндай көмек көрсету мұсылманға дініне байланысты кәпірлер мен діннен қайтқан бұзық арамзалар тарапынан зұлымдық жасалған тұстарға айрықша қатысты ескертілген. Аллаһ тағала: «...егер олар сендерден дін жайында бір жәрдем тілесе, сонда сендерге көмек ету міндет болады»4 , – – деген. Мұсылман бауырына ол қандай жағдайда болсын, зұлымдықтың қай түріне душар болмасын оған жәрдем көрсетуге міндетті. Мәселен, дүниемүлік тұрғысынан не ар-ождан, адамгершілік жағынан, кейде оның тәніне немесе намысына қатысты т.с.с. ә) Оны тұтқыннан босату. Егер бір мұсылман дұшпандар қолына тұтқынға түссе, барлық мұсылмандар оны кәпірлердің күнәлі қолдарынан тез құтқарып алуға әрекет етуі керек. Себебі, олар оны дінінен қайтару үшін ойларына келгеннің бәрін жасауы мүмкін. Әбу Мұса әл-Ашғари (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһтың 1 Әл-Бұхари, Муслим. 2 Муслим. 3 Әл-Бұхари, Муслим. 4 «Әнфал» сүресі, 72-аят.


299 елшісі (с.а.с.): «Ашты тойдырыңдар, ауруға барыңдар және тұтқынды босатыңдар», – деді», – деген1 . б) Ақшаға мұқтаж болса, оған қарыз беру. Мұсылман қаражат жағынан қиын жағдайға тап болуы мүмкін немесе өзінің азық-ауқат, үй-жай, емделу секілді негізгі мұқтаждығын қанағаттандыру үшін ақшаға зәру болады. Мұндай сәттерде адамдарды бірін-бірі қанап та, тонап та жататын, өсімқорлықты кең пайдаланатын қоғамдардағыдай біреудің мұқтаждығын өзінің байлығын арттыру үшін пайдаланып қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай кезде мұсылмандар, керісінше, басына іс түскен бауырына жәрдем көрсетуге асығуы тиіс. Ең азы, оған қарызға ақша бергені жөн. Аллаһ тағала: «...намазды толық орындап, зекет беріңдер және Аллаһқа көркем қарыз беріңдер2 », – деген3 . Осылай ету арқылы мұсылмандар кемелденген қоғам құра алады және Аллаһ тағаладан сыйлық алады. Бұл орайда Аллаһ тағала: «Аллаһқа «көркем қарыз» беретін (яғни мал-мүлкін Аллаһ жолында жұмсайтын), сөйтіп (бергені) оған көп есе4 етіп қайтарылған кім бар?» – деді5 . Пайғамбар (с.а.с.): «Кім мұсылманға бір дирһамнан екі рет қарыз берсе, ол оның біреуін садақа ретінде бергендей сауап алады», – деген6 . Қарызға ақша берудің сауабы садақа үшін берілетін сауаптан асып түсуі де мүмкін, бұл қарыз берілген адамның жағдайы мен садақа берілген адамның жағдайына байланысты анықталады. 3. Қиямет күнінің уайым-қайғысы мен олардан құтылу Қиямет күні адамдардың көп қасіретті бастан өткеруіне тура келеді. Ол күннің жан түршігерлік қорқынышы үрейлі де ауыр. Бұл Күні мұсылман өзін сәл де болса құтқаратын не аман қалуына мүмкіндік беретін және алдында тұрған жаннатқа жету жолын сәулелендіретін ізгі амалдарға қаншалықты мұқтаж болады десеңізші?! Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні Аллаһ әуелгілер мен ақырғыларды жаршы бәрін көре алатындай және бәріне айта алатындай (етіп) бір қырат үстіне жинайды. Күн (оларға) жақын келеді, олардың (бұған шыдауға) күш-қайраты да, төзімі де жетпей, сондай қайғы мен қасірет баурап алады, (сонда) олар (біріне- 1 Әл-Бұхари, Әбу Дауд. 2 Яғни мал-дүние, байлығыңды қайырлы іске жұмсаңдар, ол үшін Аллаһ тағала Ақыретте сендерді марапаттайды. 3 «Муззәммил» сүресі, 20-аят. 4 Басқаша айтқанда, Аллаһ тағала оның жұмсағанынан әлдеқайда көп етіп қайтарады. 5 «Бақара» сүресі, 245-аят. 6 Ибн Хиббан.


300 бірі): «Сендер қандай жағдайда екендеріңді көрмей тұрсыңдар ма? Қандай жағдайға жеткендеріңді көрмей тұрсыңдар ма? Аллаһтың алдында сендерге шапағатшы болатын адамды іздемейсіңдер ме?» деп айта бастайды», – деген1 . Айша (Аллаһ оған разы болсын): «Мен Аллаһ елшісінің (с.а.с.): «Қиямет күні адамдар жалаң аяқ, жалаңаш және сүндетке отырғызылмаған күйінде келтіріледі», – дегенін естідім. Мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! (Қалайша) еркектер мен әйелдер бірге (болады) және бір-біріне қарай ма?» – дедім. Ол (с.а.с.): «Ей, Айша! (Жағдай) олар бір-біріне қарауға шамасы келмейтіндей ауыр халде болады», – деді», – деген2 . Бұл хадистің әлБұхари келтірген риуаятында Пайғамбар (с.а.с.): «...олардың халі сондай ауыр болады, ондайды ойлауға мұршалары да келмейді», – деген. Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Аллаһ тағаланың: «Ол күні адамдар әлемдер Раббысының алдында тұрады»3 , – деген сөзі туралы Пайғамбар (с.а.с.): «Олардың кейбіреулері өз теріне құлақтарының ортасына дейін батады», – деп айтқан», – дейді4 . Осындай қорқыныштардың арасында тұрған мұсылман егер бұл дүниеде мұсылман-мүміндерді қайғы-қасіреттен құтқаруға ұмтылған болса, Аллаһ тағала оны сол амалдары үшін марапаттайды, өйткені Аллаһ тағала ол адамның бұл дүниеде басқалар үшін істеген жақсылықтарынан әлденеше есе артық жақсылық істейді. Ал Пайғамбар (с.а.с.): «Кім мүмінді бұл дүниенің уайым-қайғыларының бірінен құтқарса, Аллаһ оны Қиямет күнгі уайым-қайғылардың бірінен құтқарады», – деген. 4. Қиындыққа тап болған адамның жағдайын жеңілдету Әдетте қарызға батып, одан мерзімінде құтылуға мүмкіндігі жоқ адамның қиын жағдайда болатыны бәрімізге мәлім. Оның барлық уақытта қаражат жұмсауы қажет болады, бірақ ондай мүмкіндігі болмауы себепті жағдайы одан сайын ушыға түсуі мүмкін. Қалай болғанда да мұсылмандар тарапынан оған көмектесу, оның жағдайын жеңілдету талап етіледі және мұны екі жолмен орындауға болады. а) Қарыз берушінің қарыздар адам жағдайы түзеліп борышынан құтылу үшін жеткілікті ақша табуға мүмкіндігі жеткенге дейін уақыт беруі. Мұндайда жеңілдік беру міндетті (парыз) саналады. Аллаһ тағала: «Ал егер (борышты) ауыр жағдайда болса, жақсарғанша қарау керек»5 , – деген. 1 Әл-Бұхари, Муслим. 2 Әл-Бұхари, Муслим. 3 «Мутаффифин» сүресі, 6-аят. 4 Әл-Бұхари, Муслим. 5 «Бақара» сүресі, 280-аят.


Click to View FlipBook Version