The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.
Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by Тогжан Жумалы, 2023-12-15 05:12:19

ӘЛ-УӘФИ

ӘЛ-УӘФИ

201 Мұсылман бұл үкімді қуанышпен және бойсұнумен қабылдауы тиіс. Өйткені Аллаһ тағала: «(Мұхаммед!) Раббыңа серт! Олар өзара таласқан істерінде сені төреші қылып, сонан соң шығарған үкіміңнен көңілдерінде қаяу таппай толық бойсұнғанға дейін мүмін бола алмайды»1 , – деген. 5. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мұғжизасы Уабиса (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбардың (с.а.с.) ұлы кереметі туралы айтылған. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) Уабисаға не ниетпен келгенін оның өзі айтудан бұрын хабарлады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Сен игілік пен күнәкарлық туралы сұрауға келдің ғой?» – деген болатын. Уабиса: «(Кезінде) мен Аллаһ елшісіне (с.а.с.) игілік пен күнәкарлық туралы ешнәрсені (тыс) қалдырмай мәселені түгелдей сұрау ниетімен келдім. Мен (оған) жақындай бастағанда (адамдар): «Ей, Уабиса! Аллаһ елшісіне (с.а.с.) тыныштық бер», – деді. Мен (оларға): «Менің оған жақын баруыма мүмкіндік беріңдер, өйткені шын мәнінде барлық адамдардан гөрі оған менің жақын барғым келеді», – дедім. Сол кезде (Пайғамбар (с.а.с.)): «Жақын кел, ей, Уабиса!» – деді. Мен оған соншалық жақын бардым, тіпті тізелеріміз бір-біріне тиісіп қалды. Осыдан кейін ол (с.а.с.): «Ей, Уабиса! Сенің нендей мәселемен келгеніңді айтайын ба?» – деді. Мен: «Айтшы, уа, Аллаһтың елшісі!» – дедім. Пайғамбар (с.а.с.): «Сен менен игілік пен күнәкарлық туралы сұрауға келдің», – деді. Мен: «Иә», – дедім. Сол кезде (Пайғамбар (с.а.с.)) саусақтарын біріктірді де менің көкірегіме саусақтарымен түртіп: «Ей, Уабиса! Жаныңнан сұра, жүрегіңнен сұра! Игілік деген ол жаныңа және жүрегіңе сенімділік береді, ал күнәкарлық жаныңа тыныштық бермей көңіліңде қобалжу тудырады, тіпті адамдар саған (талай рет «сенікі дұрыс») десе де», – деді», – деген2 . 6. Әр адамға өзіне лайықты орын беру Пайғамбарымыз (с.а.с.) Уабисаға, оның жан дүниесінің қабілетмүмкіндігін білгендіктен, сұраған мәселесі туралы жүрегімен ұғуы тиіс екендігін айтты, өйткені мұндайды тек жүрегі нұрға бөленген өте парасатты да ақылды адам ғана түсіне алады. Ал табиғатында дөрекі және ұғыну қабілеті нашар адамдар бұлай жауап ала алмайды, мұндай тәсілдерді оларға қолданғанымен еш нәтиже бермейді және мұндай адамдар өздеріне қатысты шариғат үкімдері егжей-тегжейлі түсіндірілгенде ғана жауап ала алады. Бұл келтірілген мысал Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өз сахабаларымен олардың әрқайсысының қабілет-мүмкіндігіне қарай әңгімелесіп, оларды 1 «Ниса» сүресі, 65-аят. 2 Әбу Нуғайм, «Хилйә».


202 қалай тәрбиелегенін көрсетеді және ол адамдарға олардың дәрежелеріне сәйкес орын беруді бұйырады. 7. Ең жақсы мінез-құлық Расында, Аллаһ елшісі (с.а.с.) мінез-құлқы ең жақсы, ең қадірлі, үлкен құрметке лайық, өйткені ол шариғатта көрсетілген мінез-құлыққа ие еді және ол (с.а.с.) Аллаһ тағаланың бұйрықтары мен нұсқау-ережелерін бұлжытпай орындаудың ең үздік үлгісі болды. Міне, сондықтан да Аллаһ тағала: «Шын мәнінде, сен, әлбетте ұлы мінезге иесің»1 , – деп Өзінің мейірбан да мәртебелі елшісін мақтаған. Ал Айша (Аллаһ оған разы болсын): «Оның мінез-құлқы – Құран еді», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Құран нұсқауларын басшылыққа алды, оның бұйрықтарын орындады, ол неден қайтарған болса, содан аулақ болды, нәтижесінде Құран бұйрықтарын бұлжытпай орындау оның туа бітті бойына сіңген қасиетіне әрі табиғи болмысына айналды. 8. Бұл хадис адамдарды ең жақсы мінез-құлықты қабылдауға бағыттайды, өйткені жақсы мінез игіліктің ең маңызды қасиеттерінің бірі болып саналады. 9. Бұл хадис Исламда жүректің қаншалықты жоғары бағаланатынын көрсетеді және мұнда бір іске кірісуден бұрын жүрегімен кеңесіп алу керектігі туралы айтылған. 10. Дін – ішкі бақылаушы және іштей тежеп, тоқтатушы. Ал адамдар орнатқан заңдар мәселенің сыртқы көрінісін ғана бақылап, тыйым салушы. 11. Дін адамды күнә істерден қайтарады, өйткені дін адам жанын оның Тәңірі Аллаһ тағаламен бірге бақылауға үйретеді, ал заң-үкімдер адамға қатысты тек олардың сыртқы көріністеріне қарап қорытынды жасайды. Бұл жіті бақылауды қажет етеді, өйткені адам әрқилы айламен заңдық үкімдерден құтылып кетуі немесе бұған қарсы қандай да бір қулық әрекеттер пайдалануы мүмкін және сол сияқты т.б. 1 «Қалам» сүресі, 4-аят.


203 ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ХАДИС СҮННЕТТІ ҚАЛТҚЫСЫЗ ҰСТАНУ ЖӘНЕ БИДҒАТТАН АУЛАҚ БОЛУ Әбу Нажих Ирбад ибн Сария (Аллаһ оған разы болсын): «(Бір күні) Аллаһ елшісі (с.а.с.) біздің жүрегімізге қорқыныш үрей әкелген, көзімізден жас ағызған уағыз-насихат айта бастады, сонда біз: «Уа, Аллаһтың елшісі! Бұл қоштасып тұрған (адамның)1 уағыз-насихатына ұқсайды, ендеше бізге өсиет айт», – дедік. Ол (с.а.с.): «Сендерге өсиетім: аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтан қорқыңдар, басшыларың құл болса да оны тыңдаңдар және бағыныңдар. Сендерден кім (ұзағырақ) өмір сүрсе, ол көптеген таластартыстың куәсі болады, сондықтан сендер менің сүннетімнен және тура жолдағы шыншыл халифалардың2 сүннетінен айырылмаңдар3 және жаңалықтардан4 аулақ болыңдар, өйткені әрбір бидғат5 – адасушылық6 », – деді», – деген7 . Хадистің маңыздылығы Бұл хадисте Аллаһ елшісінің (с.а.с.) өз сахабаларына және олардан кейін өмір сүретін барлық мұсылмандарға арнаған өсиеті бар. Бұл өсиет аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтан қорқуды және мұсылман басшыларды тыңдау мен бойсұнуды, сол арқылы дүниеде және Ақыретте бақытқа жетуді қамтиды. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.а.с.) егер үмбеті сүннеттен айырылмай тура жолмен жүріп, адасулар мен бидғаттардан аулақ болса, олардың құтылу мен тура басшылыққа жететіні күмәнсіз екені туралы өсиет берді. 1 Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұлардың көңіліне қорқыныш ұялатып, қатты ескертуге әрекет жасап, ерекше бір толғаныспен сөйлегеніне қарап сахабалар оның қайтыс болар уақытының жақын екенін түсінді, өйткені тек өмірден өтер уақыты жақындаған қоштасушы адам ғана осылайша сөйлейтін. 2 Шыншыл (рашид), бұл – ақиқатты танып-біліп соған ілескен адам. 3 Сөзбе-сөз айтқанда: тістеп айырылмау (ән-нәуәжиз) – адамның ақылға ие болғанын көрсететін азу тістер; Сүннеттен тістеп айырылмауға берілген бұйрық оған еш алаңсыз, бұлтартпай ілесуді білдіреді. 4 Дініміздегі шариғат негіздеріне ешқандай қатысы жоқ жаңалықтар, сондықтан да олар теріске шығарылған. 5 «Бидғат» сөзі жаңадан ойлап табылған қандай да бір нәрсені білдіреді; ал шариғатта айтылатын «бидға», бұл – шариғат заңдары мен үкімдеріне қайшы келетін жаңалық. 6 Яғни ақиқаттан алыстау. Ал ақиқат дегеніміз – шариғатпен келген бұйрықтар. Шариғатқа қатысы жоқтардың бәрі де жаңалық және адасу болып табылады. 7 Әбу Дауд, әт-Тирмизи.


204 Хадисті және оның неге жөн сілтейтінін түсіну 1. Әсерлі өсиеттің сипаттары Өсиет – ізгі кеңес және істің ақыры, яғни зардап-салдары туралы ескерту. Өсиет әсерлі де ұтымды болып, жүректерге жетіп, жан-дүниеге ықпал етуі үшін, мына талаптарды қанағаттандыруы қажет: а) Тақырыпты таңдай білу. Адамдарға өсиет айтып, үгіт-насихат жүргізу, оларға құлшылық және тіршілік істерінде пайдалы нұсқаулар мен ескертулер жасау, оларды үкімжазалармен таныстырып қана қоймай, осы өмірге жарамды болатын амалдар туралы әңгіме тақырыбын парасатпен әрі даналықпен таңдай білу керек. Жұма күнгі немесе айт мерекелерінде айтылатын құтбалармен шектелу әдеті көптеген мұсылмандардың діндерінің хақиқи мән-мағынасынан, даңқ рухынан және өз нәпсілерімен күрестен бет бұруларына ықпал жасауы күмәнсіз. Сондықтан құтпа-уағыз үшін адамдардың жан дүниесіне бойлай енетін жалынды сөздер таңдап, мұсылмандардың белсенділігін арттыратын әрі Ислам және шынайы өмір мен осы заманғы өзекті мәселелердің арасын жалғайтын тақырыптарды жандандыру қажет. Егер біз бұл істе табысқа жетуді қаласақ, Пайғамбарымыздан (с.а.с.) үлгі алуымыз керек. Ол өз сахабаларына тек қана белгіленген құтпа-уағыз1 кезінде ғана емес, Аллаһ тағаланың: «(Адамдарды) Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр»2 , – деген бұйрығына сай сәті туған кездің барлығында жалынды да әсерлі уағыздар айтатын еді. ә) Шешендікпен уағыз айту. Мақсат тұтылған мән-мағынаны түсіндіріп, оны тыңдаушылардың жүрегіне көркем түрде, құлаққа жағымды, жүрекке барынша әсерлі сөздермен жеткізу үшін шешендік керек. Аллаһ тағала: «Оларға үгіт жаса да, жандарына жететін (шешен) сөз сөйле»3 , – деген. Осы хадистің басқа риуаятында Әбу Нажих (Аллаһ оған разы болсын): «(Бір күні) Аллаһ елшісі (с.а.с.) бізге шешен тілмен уағыз-насихат айтты», – деген4 . ә) Уағыз-насихатты созбау. Бас-аяғы ұзаққа созылған уағыз бен өсиет тыңдаушыларын жалықтырып, оның пайдасын жоғалтады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) уағызы мен өсиеті қысқа да нұсқа, әсерлі болатын. Жәбир ибн Самура (Аллаһ оған разы 1 Мәселен, жұма мен мереке күндерінде. 2 «Нахл» сүресі, 125-аят. 3 «Ниса» сүресі, 63-аят. 4 Ахмад, Әбу Дауд және әт-Тирмизи.


205 болсын): «Мен Пайғамбармен (с.а.с.) бірге (жиі) намаз оқитынмын. Оның намазы да, уағызы да бірыңғай орташа болатын», – деген1 . Бір хадисте: «Аллаһ елшісі (с.а.с.) жұма құтпасын еш уақытта созбайтын, (ондағы уағызы) аз ғана сөзден тұратын еді», – делінген2 . в) Қолайлы жағдай мен ыңғайлы уақытты таңдау. Осындай пікірді басшылыққа алған Пайғамбарымыз (с.а.с.) үнемі уағыз айта бермейтін, уақыт сәтіне қарайтын еді. Әбу Уаил: «Әдетте Абдуллаһ ибн Масғуд бізге әр бейсенбіде уағыз айтатын еді, оған бір адам: «Ей, Әбу Абдур-Рахман! Шынында да, біз сенің әңгімеңді ұнатамыз және оған ынтықпыз, бізге әр күні уағыз айтқаныңды қалар едік», – деді. Сонда ол: «Сендерге күн сайын уағыз айтуыма жалықтырып қоям ба деген ой кедергі жасайды. Расында, Аллаһтың елшісі (с.а.с.) біздің жалықпауымыз үшін анда-санда ғана уағыз айтатын», – деді», – деген3 . 2. Табысқа жететін дағуатшының қасиеттері Адамдардың немқұрайды бейғам көңілдері мен жан дүниесін, ұйқыдағы ар-ұятын оятатын әсерлі уағыз табысқа жете алатын дағуатшыдан шығады. Мұндай дағуатшының жеке басы, сөздері мен жүріс-тұрыс, мінез-құлқы мына шарттарды қанағаттандыруы керек: а) Тыңдаушылар оның сөздеріне толық сенуі үшін ол өз сөзіне өзі жантәнімен сенген болуы керек және сөздерін тыңдаушыларға жеткізуге өте ықыласты болуы қажет. Оның шын ықыласы мен берік сенімі дауыс ырғағынан, ішкі дүниесінің толқуынан және бет-бейнесінің өзгеріп тұруынан көрініп тұруы керек. Мұның бәрі уағыз кезінде жан дүние жағдайы өзгеріп тұратын Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне сай келеді. Жәбир ибн Абдуллаһ (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) адамдарға уағыз айтып, Қиямет күні туралы сөйлеген кезде: «Ертелі-кеш дұшпандардың шабуылын күтіңдер», – дегендей дауысын көтеріп, жанарлары қызарып, қатты қаһарланатын», – деген. ә) Оның жүрегі жақсылыққа бастаушы, таза да сау-саламат, барлық нәжіс-ластықтан пәк және әр сөзі шын жүректен шығып басқалардың да жүрегіне жететін болуы қажет. Ал жүрегі мен ішкі дүниесі жасырын дертке шалдыққан адамның сөзі басқа адамдардың бір құлағынан кіріп екінші құлағынан шығып кететіндей әсерсіз, тіл ұшынан ғана шығады. Бірде Хасан әл-Басри Басра мешітінде уағыз айтып тұрған адамның сөздерін тыңдап, өзіне ешқандай әсері болмағанын сезініп, адамдар кеткен соң, әлгі адамға: 1 Муслим. 2 Әбу Дауд. 3 Әл-Бұхари, Муслим.


206 «Ей, бері қара, не сенің жүрегіңде дерт бар, не менің жүрегімде дерт бар», – деген екен. в) Дағуатшының сөздері оның іс-амалдарына сәйкес келуі тиіс, өйткені оның шешен сөздерін ұнатқан адамдар оның іс-амалдарына қарайтын болады. Егер оның сөздері іс-амалына сай болса, онда олар оған еліктеп ілесетін, үлгі алатын болады, ал егер оның сөздері іс-амалдарына қарамақайшы болса немесе өз айтқандарын немқұрайды орындайтын болса, адамдар арасында ол туралы теріс пікір қалыптасып, олар сырт айналатын болады. Бір кісі: «Кім сөзбен уағыз жасаса, (онысы) зая кетеді, ал кім іс-амалымен уағыз жасаса, ол жеңіске (табысқа) жетеді», – деген екен. Адамды адасудан сақтап қалу үшін Аллаһ тағаланың сөздеріне жүгіну жеткілікті. Өйткені Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Өздерің істемейтін іс амалдарды неге айтасыңдар? Істемейтін істеріңді айтуларың Аллаһ алдында үлкен ашуға себеп болады»1 , – делінген. 3. Сахабалардың қасиеттері мен жүректерінің ізгілігі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өсиетін тыңдаған кезде сахабалардың жүректерін қорқыныш билеп, көздерінен жас ағуы олардың ізгілігі мен қасиеттерінің және олардың тура жолға бастаушы хақиқи жұлдыздар болып, имандарының биік дәрежеге жеткендіктерінің, сондай-ақ өздерінің ұстазы Пайғамбардың (с.а.с.) және аса Құдіретті де Ұлы Жаратушының мақтауына лайық болғандарының айғағы еді. Аллаһ тағала: «Олар пайғамбарға түсірілгенді (Құранды) тыңдаған кезде, ақиқатты танығандықтарынан көздерінің жасқа толғанын көресің»2 , – деген. Ал барлық мұсылман-мүміндерге Аллаһ тағала мақтау айтып: «Нағыз мүміндер – Аллаһ еске алынса жүректері қобалжитын, оларға Оның аяттары оқылса имандары көбейіп, Раббыларына тәуекел қылушылар»3 , – деді. 4. Тақуалықты ұстануға өсиет Тақуалық шариғат бұйрықтарын орындау мен оның салған тыйымдарынан аулақ болу арқылы көрінеді. Тақуалықты ұстану туралы айтылған өсиет-уағыз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мұсылмандарға деген қамқорлығының көрінісі болып табылады, өйткені тұрақты тақуалық дүние және Ақыретте бақытқа жеткізеді. Дәл осындай уағыз-өсиетті Аллаһ тағала: «Сендерден бұрынғы кітап берілгендерге де, сендерге де: «Аллаһтан 1 «Саф» сүресі, 2-3 аяттар. 2 «Мәида» сүресі, 83-аят. 3 «Әнфал» сүресі, 2-аят.


207 қорқыңдар!» – деп өсиет еткенбіз»1 , – деп алғашқылар мен кейінгілерге айтқан-ды. 5. Тыңдау және бойсұнуға өсиет Аллаһ тағала Өз Кітабында шариғат құптаған істерде мұсылман билеушілерге бойсұнуды мұсылман-мүміндерге парыз етті: «Ей, мүміндер! Аллаһқа бойсұныңдар, Пайғамбарға бойсұныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне (бағыныңдар)» 2 . Міне, осы себепті де Пайғамбарымыз (с.а.с.) бойсұну тақуалықтың құрамдас бөлігі бола тұрса да, бойсұнудың қажеттілігі туралы арнайы өсиет еткен. Мұнда ол бойсұнудың аса маңызды екендігін көрсету үшін оны жалпыдан жекелеп ажыратып алған. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл ниетінің мұсылмандар тарапынан бұлжытпай орындалуы оларды бұл дүниеде бақытқа жеткізеді, олардың өмірдегі тіршілік тілектерін қамтамасыз етеді, олардың бірлігінің күш-қуатын арттырады және олардың Тәңіріне құлшылық етуіне мүмкіндік береді, сондай-ақ Аллаһ тағаланың бұйрықтарын орындауға мүмкіндік береді. Әли ибн Әбу Талиб (Аллаһ оған разы болсын): «Тақуа болсын мейлі, күнәкар болсын мейлі, (қалай болғанда да) билеушіден басқа ешкім адамдардың жағдайын тәртіпке келтіре алмайды. Егер ол күнәкар болса, онда мұсылман-мүмін өзінің Тәңіріне бойсұнуы керек және (Аллаһ тағала тарапынан) белгіленген уақытқа дейін мұндай билеушінің басқаруына төзу керек», – деген. Сонымен қатар мұсылмандардың өз билеушілеріне бағынбауы мен бетімен кетушілікке және бойсұнбауға бейімді болуы оларды әлсіретіп, күшқуатын кемітеді. Мінеки, бұлар орасан зор қайшылықтар мен бүліктердің пайда болуына, түрлі топтардың туындауына, сондай-ақ өз шақуат-сезіміне берілу, күнәкарлық және күпірліктің тарауына итермелейді. Пайғамбар (с.а.с.): «Егер сендерге құлды басшы етіп қойса да...», – деген. Әнәс (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Сендерге мейіздей (ғана) басы бар эфиопиялық құлды (басшы етіп) қойса да құлақ асып бағыныңдар», – деді», – деген3 . Ғұламалар бұл сөзге екі түрлі түсініктеме жасайды. Кейбіреулері «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл сөзі болашақта мұсылмандар өмірінде кездесетін ауытқулар мен шариғат үкімдерін орындамаудың нәтижесінде билік лайықты емес адамдардың қолына көшетін жағдайларды меңзеген астарлы хабар» деп есептеген. 1 «Ниса» сүресі, 131-аят. 2 «Ниса» сүресі, 59-аят. 3 Әл-Бұхари.


208 Мұндай жағдайда бойсұнуға бұйыруды екі зұлымдықтың жеңілірегін таңдау деп түсіну керек, өйткені бүлік шығарудан гөрі, басқаруы заңсыз болса да, құлдың билігіне бойсұну жақсырақ. Ал басқалары «бұл – хақиқи өмірге қатысы жоқ, тек ой-пікір ретінде айтылған мысал ғана» деп есептеген, өйткені құлдың билік етуіне жол берілмейтіні анық. Осыған ұқсас бір хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім құрдың (өз жұмыртқаларын тастау үшін жерді қазып дайындаған) шұңқырындай болса да мешіт тұрғызса, Аллаһ тағала оған жаннаттан үй тұрғызады», – дейді1 . Бірақ құрдың шұңқырындай мешіт болуы мүмкін емес. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.) кей сөздерді жанамалай (тікелей емес) мысал ретінде айтып кеткен. 6. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) және шыншыл халифалардың сүннетін бұлжытпай ұстанудың қажеттілігі Сүннет – ілесу жолы, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен шыншыл халифаларға ілесу, олардың өміржолын басшылыққа алу деген сөз. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз сүннетіне шыншыл халифалар сүннетін байланыстырды, өйткені олардың Құран мен сүннетке негізделген іс жүргізу тәсілдері қатесіз болатынын білген еді. Барлық ғұламалар «тура жолдағы шыншыл халифалар» деген теңеудің төрт халифаға: Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әлилерге (Аллаһ оларға разы болсын) қатысты айтылғаны туралы бірдей пікірге келген. Ең ұлы Пайғамбардың (с.а.с.) сүннетін және одан кейін билік жүргізген төрт халифаның сүннетін бұлжытпай орындаудың жеңіс пен құтылуға жеткізетініне ешбір күмән жоқ. Әсіресе Пайғамбарымыздың (с.а.с.) және халифалардың сүннетін басшылыққа алу алуан түрлі қайшылықтар мен алауыздықтар көбейген кезеңде өте маңызды. 7. Бидғаттан сақтандыру Мұндай ескерту басқа бір арнайы хадисте де келтірілген. Онда Пайғамбар (с.а.с.): «Кім біздің ісімізге2 оған еш қатысы жоқ жаңалық (бидғат) енгізсе, ол қабылданбайды», – деген. Түсіндірме барысында бұл хадис дініміздің негізі екенін білгенбіз. Негізінде кімде-кім дінімізге ешқандай қатысы болмаған іс-амалды жаңалық ретінде енгізетін болса, ол кері қайтарылады. Мұндай жаңалық дінімізге ешқандай қатысы жоқ, теріске шығарылған әрі қате жаңалық болып табылады. 1 Ахмад. 2 «Біздің ісіміз» дегені – шариғат.


209 «Бидғат» деген сөздің екі мағынасы бар: шариғи және кәдімгі. Шариғаттағы мағынасы Аллаһ тағала мен Пайғамбардың (с.а.с.) бұйрықтарына, олардың жеке де жалпы нұсқауларына қарсы дінімізге ендірілетін «жаңалықты» білдіреді. Пайғамбар (с.а.с.): «Әрбір жаңалық – адасу», – дегенде дінімізге ендірілген қате жаңалықтарды ескертіп, осындайлардан сақтандырған. Ал «бидғат» сөзінің жай ғана қолданудағы мағынасы «теңдесі жоқ (ойлап табылған) жаңалық» дегенді білдіреді. Бұл кейбір сахабалар (Аллаһ оларға разы болсын) енгізген жаңалықтарды түсіндіруге мүмкіндік береді. Мәселен, Омардың (Аллаһ оған разы болсын) ораза кезінде оқылатын нәпіл намазды (салатут-тарауих) бір жерге жиналып, имамға ұйып жамағат боп оқуға бұйырған сөзін алуға болады. Өзі мешітке келіп, олардың тарауих намазды бірігіп оқып жатқанын көріп: «Бұл қандай жақсы жаңалық!» – деді. Оған Убәй ибн Кағб (Аллаһ оған разы болсын): «Расында, мұндай болмаған еді», – дегенде, Омар (Аллаһ оған разы болсын): «Білемін, бірақ бұл жақсы», – деп жауап берген. Ол мұндай істің бұрын болмағанын білетінін, бірақ бұл негізінде шариғатқа сай келетінін айтқан. Сол сияқты Әбу Бәкірдің (Аллаһ оған разы болсын) өз тұсында Құран аяттарын жинастырғаны, зекет төлеуден бас тартқандарға соғыс жариялауы, Османның (Аллаһ оған разы болсын) адамдарды Құранның бірегей нұсқасына топтастырғаны, Құранның бірдей әсіл нұсқаларын түрлі елдерге жібергені және де басқа сахабалар сүннеттен негіз тапқандықтан дұрыс деп санаған жаңалықтарға да бұл айтылғанның қатысы бар. 8. Бұл хадис фәни тірлікпен қоштасар кезде Ақыретте бақытқа жеткізетін пайдалы өсиет айту сүннет екендігін білдіреді. 9. Бұл хадис тиісті негізі болмаған жаңалықтарды дінімізге ендіруге тыйым салады.


210 ЖИЫРМА СЕГІЗІНШІ ХАДИС ИГІЛІК ҚАҚПАЛАРЫ ЖӘНЕ ТУРАЛЫҚ ЖОЛДАРЫ Муғаз ибн Жәбәл (Аллаһ оған разы болсын): «(Бір күні) мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! Мені жаннатқа кіргізетін және тозақтан алыстататын амал (туралы) хабар бер», – дедім. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Сен ұлы мәселе туралы сұрадың. Ақиқатында, Аллаһ тағала кімге нені жеңілдеткен болса, ол үшін сол жеңіл болады: Аллаһқа құлшылық қыл және Оған ешнәрсені серік қоспа, намаз оқы, зекет бер, рамазан уақытында ораза тұт және Үйге (Қағбаға) қажылық жаса», – деді. Сонан соң ол (с.а.с.): «Саған игілік қақпаларының (қайда екенін) айтайын ба? Ораза – қалқан1 , садақа, отты өшіретін су сияқты күнәларыңды өшіреді және адамның түн ортасындағы намазы», – деді. Осыдан кейін: «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап (түнде ұйқыдан тұрып), Раббыларына қорқаүміттене жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Және ешкім істеген амалдары үшін өздеріне қандай жасырын сақтаулы қуанышты сыйлық (бар екенін) білмейді»2 (деген аяттарды) оқыды. Сонан соң ол (с.а.с.): «Саған бұл істің басы мен тірегі және шыңы туралы хабар берейін бе?» – деді. Мен: «Әрине, уа, Аллаһтың елшісі!» – дедім. Ол (с.а.с.): «Бұл істің басы – Ислам, тірегі – намаз, ал шыңы – жиһад», – деді. Сонан соң ол (с.а.с.): «Осының бәрінің басты (негізгі) бөлігі туралы хабар берейін бе?» – деді. Мен: «Әрине, уа, Аллаһтың елшісі!» – дедім. Сол кезде ол өзінің тілін көрсетті де: «Саған мынаны тыю керек!» – деді. Мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! Айтқан сөздеріміз үшін шынымен жауап береміз бе?» – дедім. Ол: «Анаң артыңда қалсын3 , адамдарды өсек-аяң сөздерінен4 басқа нәрсе үшін жүздерін (немесе танауларын) отқа қаратып тозаққа тастаушы ма еді?!» – деді», – деген5 . Хадистің маңыздылығы Бұл хадисте аса маңызды іс, яғни жаннатқа кіруге және тозақтан құтылуға мүмкіндік беретін ізгі амалдар туралы айтылған. Өйткені Аллаһ тағала адамдарға олардың жаннатқа кіруі және тозақтан құтылуы үшін 1 Ораза оттан қорғайтын қалқан болады. 2 «Сәжде» сүресі, 16-17 аяттар. 3 Бұл арабтарда қалыптасқан, таңғалуды білдіретін тіркес. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Муғаздың аңқаулығына таңырқап, оны сақтандыру үшін айтқан. 4 Яғни тілмен айтылатын барлық күнәлі сөздер. 5 Әт-Тирмизи.


211 пайғамбарлар жіберіп, Өз Кітаптарын түсірген. Міне, сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.с.) Муғазға: «Сен ұлы мәселе туралы сұрадың», – деді. Дәл осындай сұрақ берген басқа бір адамға Пайғамбар (с.а.с.): «Сенің сұрағың қысқа болғанымен, өте маңызды, сондықтан ол сұрақ ұзақ жауапты қажет етеді», – деген. Хадисті және оның неге жөн сілтейтінін түсіну 1. Муғаздың (Аллаһ оған разы болсын) ізгі амалдарға деген зор ықыласы Муғаздың (Аллаһ оған разы болсын) сұрағы оның ізгі амалдарға қаншалықты үлкен ықыласпен көңіл аударғанын, сондай-ақ оның Аллаһтың елшісінен (с.а.с.) ізгі амалдар туралы сұрап білгісі келгенін айғақтайды әрі оның шешендігін білдіреді, өйткені сұрақ қысқа да нұсқа еді. Ал Пайғамбар (с.а.с.) оны осы сұрағы үшін мақтады әрі оның шешендігіне сүйсініп: «Сен ұлы мәселе туралы сұрадың», – деген. Бұл сөздердің мағынасы жаннатқа кіру мен тозақтан құтылу мүмкіндігінің аса маңызды екенін, оны іске асыру үшін барлық бұйрықтарды орындау мен барлық тыйым салынғандардан бас тартудың қажеттілігін білдіреді. Шын мәнінде, Муғаз (Аллаһ оған разы болсын) осы мәселе туралы сұраған еді. 2. Амалдар жаннатқа кіруге мүмкіндік беретін себептердің бірі Бұған дәлел Муғаздың (Аллаһ оған разы болсын): «Мені жаннатқа кіргізетін амал туралы хабар бер», – деген сөзі. Аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың Кітабында: «Міне, амалдарың себепті мұрагері болған жұмақтарың – осы»1 , – делінген. Ал Пайғамбардың (с.а.с.): «Сендерден ешкім тек амалдары арқылы жаннатқа кіре алмайды»2 , – деген сөзіне келсек, бұл сөз ешбір адам тек амалы нәтижесінде жаннатқа кіре алмайтындығын нұсқайды. Өйткені амалдар қабыл болуы шарт, ал амалдардың қабыл болуы Аллаһ тағаланың Өз құлдарына қатысты мейірімділігі мен аса қамқорлығына байланысты ғана іске асады. Адамдар ізгі амалдар жасауға тек қана Аллаһ тағаланың жәрдемімен келеді және Аллаһ тағала кімнің тура жолмен жүруін оңайлатса, сонда ғана адам тура жолға түседі де, ізгі амалдар жасауды бастайды. Ал Ол кімнің тура жолмен жүруін жеңілдетпесе, ол адам жолдан таяды да, ешқандай ізгі амал жасамайды. Аллаһ тағала: «Ал енді кім (Аллаһ жолында) берсе3 , тақуалық қылса, жақсылықты дұрыс деп білсе1 , сонда 1 «Ағраф» сүресі, 43-аят. 2 Әл-Бұхари, Муслим. 3 Мұндағы (Аллаһ жолында) беру деген сөз кең ауқымда қолданылады. Аллаһ тағалаға құлшылық етудің барлық түрлеріне, сондай-ақ дүние-мүлік жұмсауға (зекет


212 оның жолын жеңілдікке оңайластырамыз2 . Ал кім сараңдық істесе3 , елемесе4 , жақсылықты жалғанға шығарса, сонда оның ауырлыққа ұшырауын оңайластырамыз5 » 6 , – деді. 3. Ислам тіректерінің орындалуы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Муғаздың (Аллаһ оған разы болсын) сұрағына берген жауабы бойынша, мұсылмандардың Аллаһ тағаланың мейірімділігі және аса қамқорлығымен жұмаққа кіруінің себебі болатын ізгі амалдар – аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың таухиді мен намаз, зекет, ораза және қажылық сияқты Исламның парыз міндеттерін орындау. Екінші және үшінші хадистердің түсіндірмесінде жоғарыда аталған бес амал Исламның тірегі екендігі және дініміздің осыған негізделгендігі туралы айтылған-ды. 4. Игілік қақпасы Бұл хадистің басқа бір риуаятында жұмақ қақпалары туралы айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Муғазға (Аллаһ оған разы болсын) парыз амалдарды толығымен орындағаннан кейін Аллаһ тағаланың сүйіспеншілігіне жету үшін қосымша нәпілдерді де орындау керектігін айтқан. Пайғамбар (с.а.с.) аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың: «Маған жақын болу үшін құлымның істеген амалдарының Мен үшін ең сүйкімдісі оған парыз еткендерім және құлым Маған жақын болу үшін Мен оны жақсы көргенімше, қосымша нәпіл амалдарды7 орындайды», – дегенін жеткізді8 . а) Ораза – қалқан. Мұнда рамазан айындағы парыз ораза туралы емес, нәпіл ораза туралы айтылған, демек, нәпіл ораза мәңгілік өмірде оттан сақтайтын қалқан беру, кембағалдарға көмек көрсету, т.с.с.) да қатысты Аллаһ тағаланың бұйрықтарын орындау дегенді білдіреді. 1 Аллаһтан басқа ешбір құдай жоқ екені туралы куәліктің ақиқаттығына, салих амалдар жасағандар Аллаһ тағаланың уәде еткен сыйлығын алатынына сену. 2 Бұл жерде адамның барлық жағдайын жеңілдету мен оған жаннатқа апаратын барлық игі істерді, салих амалдарды жасау және барлық жаман істен бас тарту мүмкіндігін жеңілдету туралы айтылған. 3 Яғни Аллаһ тағаланың оған берген несібесінен өз игілігі үшін де, басқалар үшін де жұмсамаған және Аллаһқа өз дәрежесінде құлшылық жасамаған. 4 Басқаша айтқанда, дүние байлығын жеткілікті деп есептеп, Аллаһ тағаланың қамқорлығын қажет етпеген. 5 Яғни Аллаһ тағала ол үшін барлық игі істерді істеуді қиындатады және оның жолын тозаққа апаратын күнә әрекеттерді істеуге жеңілдетеді. 6 «Ләйл» сүресі, 5-10 аяттар. 7 Яғни қосымша намаздар, ораза және тақуа адамның өз еркімен орындайтын басқа да салих амалдары. 8 Әл-Бұхари, Муслим.


213 болады, өйткені ораза кезінде мұсылман Аллаһ тағаланың бұйрықтарына бағынып, өзінің көңіл қалауларын қанағаттандырудан бас тартады. Ораза тұту пендені белгіленген межелерді сақтауға үйретеді және тақуалыққа жақындатады. Мұның мәнісі – Аллаһ бұйырғандарды орындау және Аллаһ тыйым салғандардан бас тарту. Аллаһтың бұйрығына сәйкес тіршілік қалауларынан өз еркімен бас тарту адамдағы шақуат талабын әлсіретеді және ол адамға өз билігін жүргізе алмайтын болады. Сөйтіп ораза тұту арқылы адам тақуалық дәрежелерге жетеді де, күнәларынан арылады. ә) Садақа күнәларды өшіреді. Мұнда да садақа деп парыз етілген зекет жайлы айтылып отырған жоқ. Сондай-ақ садақа арқылы өшетін және жойылатын күнәлар деп Аллаһ тағаланың алдындағы ұсақ кішкентай күнәлар туралы айтылған, ал ауыр да үлкен күнәларды тек тәубеге келу өшіреді. Ал жеке адамға зиян келтірген күнәлар тек сол адамнан кешірім сұрап, кешірімін алу арқылы ғана жуылады. Міне, осы үшін де басқаларға пайдасы тиетін садақа беру белгіленген. Әнәс (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Садақа Раббыңның ашуын өшіреді және жаман өлімді қайтарады», – деді», – деген1 . Күнәлардың өшірілуі арқылы үміт артады, жүрек нұрланады және амалдар тазарады, нәтижесінде садақа басқа да ізгі амалдардың ұлы қақпасына айналады. б) Түнгі намаз (таһажжуд). Таһажжуд намазы – ұйықтағаннан кейінгі түнде орындалатын нәпіл намаз. Бұл хадисте тек ер кісілер ғана емес, шариғат үкімдерін орындауға міндетті кез келген мұсылман баласы туралы айтыған. Түнгі намаздың ұлы артықшылығы туралы айтылған аяттар мен хадистер өте көп. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған дәлел ретінде «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, Раббыларына қорқа-үміттене жалбарынады»2 , – деген аятты келтіреді және өзінің игілікті сөздерін түнгі намаздың және қаржы-қаражатты игі амалдарға жұмсаудың ерекшеліктері туралы айтылған аса Қамқор Аллаһ тағаланың осы аяттағы сөздерімен дәлелдейді. Аллаһ тағала: «Шәксіз тақуалар бақшаларда және бұлақтарда болады. Олар өздеріне Раббыларының бергенін алады. Өйткені олар бұдан бұрын жақсылық істеуші еді. Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді және таңсәрілерде кешірім тілеуші еді»3 , – деген. 1 Әт-Тирмизи, Ибн Хиббан. 2 «Сәжде» сүресі, 16-аят. 3 «Зәрият» сүресі, 15-18 аяттар.


214 Пайғамбар (с.а.с.): «Парыз намазынан кейінгі ең жақсы намаз – түнгі намаз», – деген1 . Біләл (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Түнде намаз оқыңдар, өйткені ақиқатында, түнгі намаз сендерге дейін өмір сүрген игілердің әдеті еді. Және, ақиқатында, түнгі намаз Аллаһқа жақын ететін амал және ол күнәлардан сақтайды, жаман істерді өшіреді, тәннен дерттерді шығарады», – деді», – деген2 . Түнгі нәпіл намазды орындаудың ең жақсы уақыты түннің ортасы, өйткені Пайғамбар (с.а.с.): «...және адамның түн ортасындағы намазы», – деді. Бұл жерде түннің ортасына жақын кез келген уақыт туралы айтылған. 5. Ислам дінінің басы және оның тіректері мен шыңы Ұлы ұстаз болған Пайғамбарымыз (с.а.с.) Муғаздың (Аллаһ оған разы болсын) көзінен оның әлі де тереңірек білім алғысы келгенін сезгендей, теңеулер және мысалдар жәрдемімен оған анық та айқын ілімді қоса айтты. Алайда Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған бұл ілімді жеткізуден бұрын, оған: «Саған хабар берейін бе?» – деп сұрақ қойған. Бұл тәрбиелеудің ең бір тиімді әдісі, сұрақ беру әдісі үйренушінің назар-ықыласын арттырады әрі тек тыңдаумен, қабылдаумен ғана шектелмей, үйренушінің жауап алуға ұмтылып, сұрақ беретіндей жағдайда болуына мәжбүр етеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жеткізген ілімде мыналар қамтылған еді: а) Бұл істің бастысы – Ислам. Бұл сөздің түсініктемесі Муғаз (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген басқа хадисте келтірілген. Онда Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, бұл істің ең бастысы «Аллаһтан басқа ешбір құдай жоқ, Оның серігі жоқ және Мұхаммед – Оның құлы әрі елшісі» екендігіне куәлік беруің», – дейді3 . Демек, бұл діндегі ең басты ұғым осы екі куәлік, егер пенде осыны іштей де сырттай да мойындамаса, оның Исламға ешқандай қатысы жоқ. Өйткені куәлік пен Исламның қалған тіректері діннің ең басты негіздері. ә) Оның тірегі – намаз. Демек, намаз – діннің тірегі, дін намаз арқылы өмір сүреді. Тіреу ұстындары шатырды көтеріп тұратынындай намазшыны намаз Аллаһ тағалаға жақын ететін биіктерге шығарады, сондай-ақ әлсіз де әлжуаз құлды аса Құдіретті, Рақымды және Мейірімді Жаратушысымен байланыс теңізіне шомуға дайындап, дінді жоғары көтереді және оны ашық айдын көрінетіндей етеді. 1 Муслим. 2 Әт-Тирмизи. 3 Ахмад.


215 б) Оның шыңы – дін үшін жиһад1 . Демек, Исламдағы амалдардың ең биік шыңы – жиһад. Жиһад арқылы Аллаһ тағаланың сөзі жоғары көтеріледі, Ислам басқа діндерден үстем болады. Ислам дінінің үстемділігіне құлшылықтың басқа түрлерімен жету мүмкін емес, сондықтан да жиһад ең жоғарғы шың болып табылады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көптеген хадистерінде барлық парыз амалдарды орындағаннан кейінгі ең жақсы амал жиһад екені айтылған. Мәселен, Әбу Зарр (Аллаһ оған разы болсын): «(Бір күні) мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! Қандай амал ең жақсы амал болып саналады?» – деп сұрадым. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Аллаһқа иман келтіру, сонан соң Аллаһ жолында күресу», – деді», – деген2 . Пайғамбарымыз (с.а.с.) жиһадты түйенің өркешіне теңестірген. Түйенің өркешін жиһадқа теңестірудің мәнісі, арабтар үшін сол кезде түйелердің ең бағалы байлық боп саналатындығында еді. 6. Ең бастысы – тілге абай болу Пайғамбарымыз (с.а.с.) Муғазға (Аллаһ оған разы болсын) айтқан өсиетін осы барлық істерді басқаратын, реттейтін және оларды жетілдіретін амал ретінде – өз тіліне абай болу және оны түрлі жамандықтан сақтап, тізгіндеп ұстау керектігін түсіндірумен тәмәмдаған. Мұның қаншалықты маңыздылығы Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаһқа және Ақырет күніне сенетін болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін»3 , – деген сөздері келтірілген хадистің түсіндірмесінде айтылған-ды. Әбул-Йуср (Аллаһ оған разы болсын): «Бір адам: «Уа, Аллаһтың елшісі! Мені жаннатқа кіргізетін амал туралы айт», – деп өтінді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Мынаған сақ бол», – деп тілін көрсетті. Әлгі кісі сұрағын қайталады. Сонда (Пайғамбар (с.а.с.) таңғалғанын білдіріп): «Анаң артыңда қалсын! Адамдарды өсек-аяң сөздерінен басқа нәрсе үшін жүздерін (немесе танауларын) отқа қаратып тозаққа тастаушы ма еді?!» – деді», – деген4 . Ибн Ражаб: «Өсек-аяң сөздердің жемісі деп харам сөздердің қарымтасы мен сол сөздер үшін жазаға тартылуды айтады. Өйткені, ақиқатында, адам өз сөздерімен жақсылықты да, жамандықты да себеді, ал Қиямет күні не сепкен болса, соның жемісін жинайды. Жақсылық сепкен және жақсы амал істеген адам құрметке ие болса, жаман амал істеп, жамандық сепкен адам өкінішке тап болады», – деген. Муғазға (Аллаһ оған разы болсын) айтылған хадистің мағынасынан адамдар көп жағдайда тозаққа өз сөздері себепті түсетіні аңғарылады. Ондай 1 Бұл жерде тек қарулы соғыс туралы айтылмаған. 2 Әл-Бұхари, Муслим. 3 Әл-Бұхари, Муслим. 4 Әл-Баззар.


216 күнәлі сөздердің бірі – көпқұдайшылдық (Аллаһ тағалаға серік қосу), ал бұл – аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың алдында өте үлкен күнә. Мұндай сөздердің қатарына көпқұдайшылдыққа үнемі байланысты болатын білімсіздікпен айтылған Аллаһ тағала туралы сөздер және аса Құдіретті де Ұлы Аллаһқа серік қосуға тең болып есептелетін жалған куәлік беру, сондай-ақ ауыр және ұсақ күнәларға жататын өсек-аяң, сиқыр мен дуалау, жала жабу, ғайбаттау, жалған айту сияқты сөздер кіреді. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Көп жағдайда адамдар тозаққа екі нәрсе – тіл және жыныс мүшелері (себебінен) түседі», – деді», – деген1 . Зәйд ибн Аслам әкесінен риуаят еткен хадисте: «Бір күні Омар Әбу Бәкірдің (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) үйіне кіріп, оның өз тілін қолымен ұстап алып тартып отырғанын көріп: «Аллаһ сені кешірсін, тоқтат!» – деген. Сонда Әбу Бәкір: «Мені апатқа ұшырататын осы», – депті2 . Ибн Бурайда: «Мен бір күні Ибн Аббастың (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) өз тілін ұстап тұрып: «Ей, сорың құрғыр, жақсы сөзді айт, сонда табысқа жетесің немесе жаман сөзді айтпа, сонда аман қаласың, біліп қой, ал басқаша болғанда өкінетін боласың», – дегенін көрдім. (Сонда одан): «Ей, Ибн Аббас! Не себептен бұлай деп айттың?» – деп сұрасты. Ол: «Қиямет күні адам өз дене мүшелері ішінде, егер ол жақсы сөз айтпаған болса, өз тілінен басқа ешбір мүшесіне соншалықты қатты ашуланбайтыны туралы естігенім бар», – деп айтты», – деген. Ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын) ешбір серігі болмаған Аллаһпен жиі ант беріп, жер бетінде тұтқында болуды қажет ететін тілден басқа ешнәрсе жоқ екені туралы айтқан. Хасан әл-Басри: «Тіл – тәннің билеушісі, егер ол тәннің басқа мүшелеріне қарсы қылмыс жасаса, олар да сол қылмысты жасайды. Ал ол ұстамдылық жасаса, олар да ұстамдылық жасайды», – деген. 7. Діни міндеттерден кейінгі тақуалықтың ең жақсы амалдары Мәлик және Әбу Ханифа парыздардан кейінгі тақуалықтың (ізгіліктің) ең жақсы амалы ілім, содан кейін жиһад деп есептейді. Ал Шафиғи: «Ең жақсы амал: мейлі парыз болсын, мейлі нәпіл болсын, ол – намаз», – дейді, ал имам Ахмад: «Аллаһ жолында күрес жүргізу», – деген. Қандай амалдың жақсы екендігі жайлы Пайғамбардан (с.а.с.) сахабаларының бірнеше рет сұрағаны белгілі. Пайғамбар (с.а.с.) бірде: «Өз уақытында оқылған намаз», – деп жауап берген, енді бірде: «Жиһад», – деген. Енді бірде: «Ата-анаға игі болу», – деген. Жауаптардың бұлай әркелкі болуы, сұрақтардың түрлі уақытта, түрлі жағдайда берілуіне байланысты еді. 1 Ахмад, әт-Тирмизи. 2 Мәлик.


217 8. Бұл шарапатты хадисте сахабалардың Пайғамбардан (с.а.с.) ақыл-кеңес сұрағаны және оның үгіт-насихат, өсиет айтқаны туралы хабар етіледі. Сонымен қатар Аллаһтың құлының жұмаққа кіруіне және тозақтан алыс болуына мүмкіндік беретін бес уақыт намазды орындау керектігі жайлы нұсқау бар. 9. Бұл хадисте тілдің қаншалықты қатерлі екені және адамдар амалдарына байланысты сұраққа тартылатыны, жаман істердің пендені тозаққа апаратыны жайлы айтылған.


218 ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ ХАДИС АЛЛАҺ ТАҒАЛАНЫҢ МЕЖЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТЫЙЫМДАРЫ Әбу Сағлаба әл-Хушани Журсум ибн Нәшир (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Ақиқатында, Аллаһ тағала парыздар (діни міндеттер) жүктеді, ендеше оларды елеусіз қалдырмаңдар1 және межелер белгіледі, ендеше олардың шегінен шықпаңдар және кейбір амаләрекеттерді харам етті, (оларды) бұзбаңдар және кейбір істер туралы ұмытқандығынан емес, Өз құлдарына мейірімділігі себепті айтпады2 , ендеше олар туралы қазбаламаңдар», – деді», – деген3 . Хадистің маңыздылығы Бұл хадис қысқа да нұсқа, терең мағыналы хадистердің қатарына жатады. Аллаһ тағала біздің Пайғамбарымызға (с.а.с.) осылай сөйлейтін қабілет берген. Хадис өте қысқа әрі маңызды, тіпті: «Діннің барлық басты мәселелері мен тармақтарын түгелдей қамтыған осы хадиске ұқсайтын басқа бір де бір хадис жоқ, өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһ тағаланың үкім-заңдарын төрт бөлікке бөлді. Олар: міндеттілер (фараид), тыйымдар (махарим), межелер (худуд) және айтылмағандар (мәскут ъанһу)», – деген де пікір айтылған. Ибн Самғани: «Кім осы хадиске сәйкес амал істесе, ол сыйлық-сауапқа ие болады әрі жазалаудан аман қалады, өйткені міндетті болған іс-амалдарды орындайтын, тыйым салынғаннан аулақ болатын, межеде тоқтайтын, сондай-ақ құпия болғандарды іздестіруден бас тартатын адам барлық жақсылықты ұстанған әрі барлық діни міндеттерді орындаған болады, өйткені шариғат үкімдері осы хадисте айтылған түрлердің шегінен шықпайды», – деген. Хадисті және оның неге жөн сілтейтінін түсіну 1. Діни парыздарды бұлжытпай орындаудың міндеттілігі Аллаһ тағала Өз құлдарына нені міндеттеп, нені орындауды бұйырған болса, солар парыз амалдар болып табылады. Мәселен, намаз, зекет, ораза және қажылық осы айтылғанға мысал бола алады. 1 Яғни оларды қалдырып қоймаңдар немесе орындау уақыты өтіп кеткенше ескерусіз қалдырмаңдар, керісінше оларды Аллаһ тағала сендерге жүктегеніндей етіп өз дәрежесінде орындаңдар. 2 Яғни ол істердің рұқсат етілетіндігі немесе тыйым салынғандығы туралы үкім шығарылмаған, сондықтан бұлар шариғат бойынша халал деп саналады. 3 Әд-Дәрақутни.


219 Міндетті болған парыздың екі түрі бар: а) Әрбір есі дұрыс, дені сау мұсылманға міндетті болған парыздар (фараид аъйан), мәселен, бес уақыт намаз, зекет пен ораза, т.б. ә) Қайсыбір мұсылмандар орындаса, басқалардың мойнынан түсетін парыздар (фараид кифая). Егер кифая парыздарды ешкім орындамаса, бәрі күнәлі болады, мәселен, жаназа намазына қатысу, сәлемге жауап беру, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару т.с.с. 2. Аллаһ тағаланың белгілеген межелерінде тоқтау «Межелер» (худуд) дегенде ойнастық жасау, ұрлық істеу және арақ ішу үшін берілетін жазалар секілді тыйым салынған амал-әрекеттерді орындаудан адамдарды қайтаратын шариғатта белгіленген жазалар туралы айтылған. Меккені қолға алған жылы Усама ибн Зәйд (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) Аллаһ елшісіне (с.а.с.) ұрлық жасаған бәну махзум руынан шыққан бір әйел үшін араша түспек болып өтініш айта барғанда, ұрлық істеушінің қолы кесілуі тиіс болғандықтан Пайғамбардың (с.а.с.): «Аллаһ белгілеген жазалардың біріне тиісті мәселеге сен қалайша араша сұрайсың?»1 – дегені Ислам тарихынан белгілі. Бұл – Жаратушы Аллаһ тағала белгілеген жаза. Демек, Ол белгілеген межелерді ешнәрсені кемітпей, ешнәрсені қоспай қатаң ұстану керек. Егер арақ ішкені үшін берілетін жазаны күшейту мәселесіне келсек, ол жаза қырық пен сексен дүре арасында белгіленгендіктен, жазаны күшейтіп пайдалануға тыйым салынбайды. Пайғамбар (с.а.с.) мен Әбу Бәкір (Аллаһ оған разы болсын) мұндай жағдайларда қырық дүре ұрғызумен шектелген. Дүре санының сексенге дейін көбеюінің себебі Омардың (Аллаһ оған разы болсын) кезінде арақ ішетіндердің саны көбейіп кеткендіктен, амалға сәйкес жаза мен сауап берілетіндіктен, жазалауды күшейткен. Жазаны күшейту Омардың (Аллаһ оған разы болсын) дұрыс та дәлелді, шариғат заңына негізделген ижтиһады2 нәтижесінде іске асырылды, сондықтан да Әли ибн Әбу Талиб (Аллаһ оған разы болсын): «Күшейту де және одан бас тарту да сүннетке сәйкес келеді», – деген. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) ерекше жағдайларда Омардан (Аллаһ оған разы болсын) үлгі алуды бұйырып: «Менен кейін (басшылық ететін) екеуге – Әбу Бәкір мен Омарға ілессін», – деген3 . Сондай-ақ Пайғамбардың (с.а.с.): «Менің сүннетімді және тура жолмен жүруші шыншыл халифалардың сүннетін ұстаныңдар»4 , – деген бұдан гөрі кеңірек мағынада айтылған бұйрығы да белгілі. 1 Әл-Бұхари, Муслим. 2 Діни-құқықтық мәселелер бойынша белгілі ғұламалардың Құран мен сүннетке сүйене отырып, өз бетінше шешім қабылдауы. 3 Әт-Тирмизи. 4 Ибн Мәжәһ.


220 Омардың (Аллаһ оған разы болсын) жоғарыда айтылған жазаны күшейтуін барлық сахабалар қуана қабылдап, бірауыздан мақұлдаған, ал Әли Омарға (Аллаһ ол екеуіне разы болсын): «Уа, мүміндердің әмірі! Арақ ішкен адам ақылға сыймайтын жөнсіз сөздерді сөйлейді, жөнсіз сөз сөйлеуші жалалы өсек, ғайбат айтады, ал жала жауып, ғайбат айтушының жазасы Аллаһтың Кітабында сексен дүре деп белгіленген. Өйткені Аллаһ тағала: «Сондай абыройлы әйелдерге зина жаласын жапқандар, кейін төрт куә1 келтіре алмаса, онда оларға сексен дүре соғыңдар. Және олардың куәліктерін ешқашан қабыл етпеңдер. Міне, солар пасықтар»2 , – деп айтқан», – деді. 3. Харам заттарды пайдалануға және харам істерді істеуге тыйым Мұнда Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетінде анық нұсқау берілген тыйымдар туралы айтылған. Аллаһ тағала ондайларға жақындауға да, оларды істеуге де тыйым салып, оларды харам етті. Бұған жалған куәлік беру, жетімнің мал-дүниесін иемдену, сондай-ақ өсім алу т.б. жатады. Аллаһ тағала: «Күдіксіз Раббым, арсыздықтарды, оның әшкере және жасырын болғанын харам қылды» де»3 , – десе, Пайғамбар (с.а.с.): «Барлық мас қылатын – харам»4 ; «Шындығында, сендердің өмірлерің, сендердің дүние-мүліктерің және сендердің ар-намыстарың сендер үшін харам»5 , – деп айтқан. Аллаһ тағала белгілеп, Пайғамбарымыз (с.а.с.) жеткізген осынау тыйымдарды кімде-кім байыппен қарап сараласа, ондай харамдардың көп еместігіне және олардың жиреніштілігіне көздері жетіп, ал басқа рұқсат етілгендердің халал әрі игі екенін көрер еді. Аллаһ тағала: «Ей, иман келтіргендер! Аллаһ сендерге халал еткен жақсы нәрселерді харам етпеңдер»6 , – деді. 4. Аллаһ тағаланың Өз құлдарына мейірімділік көрсетуі Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһ тағаланың кейбір іс-амалдар туралы айтпастан, олардың парыз екендігіне де, халал екендігіне де, тыйым салынған екендігіне де нұсқау бермей қалдыруы Оның Өз құлдарына деген қамқорлығы мен мейірімділігінің көрінісі болып табылатынын анық айтты. Осы сөздері арқылы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұндай істерді істесе де немесе істеуден бас тартса да күнәлі болмайтынын, олардың кешірімді екенін 1 Әділдігімен елге белгілі болған төрт ер кісі. 2 «Нұр» сүресі, 4-аят. 3 «Ағраф» сүресі, 33-аят. 4 Әл-Бұхари, Муслим. 5 Әл-Бұхари, Муслим. 6 «Мәида» сүресі, 87-аят.


221 ұқтырды. Бұлай айтылмай қалудың себебі Аллаһ тағала тарапынан қателік немесе ұмытқандық емес. Аллаһ тағала ондайлардан әлбетте жоғары. Аллаһ тағала: «Сондай-ақ Раббың ұмытпайды»1 ; «Раббым жаңылмайды да, ұмытпайды»2 , – деген. 5. Қазбалап ізденуге және қажетсіз көп сұрақтар беруге тыйым салынады Мүмкін осы хадистегі қазбалап көп сұрақ беруге тыйым салу туралы мәселе Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмір сүрген уақытына ғана қатысты болуы ықтимал. Өйткені Аллаһ тағала айтпай қалдырған іс-амалдар туралы берілетін көптеген сұрақтар шамадан тыс ауыртпалықтың артуына себеп болуы ықтимал еді, яғни тағы бір жаңа парыз жүктеліп немесе жаңа тыйымдардың белгіленуіне әкеп соғуы мүмкін еді. Аллаһ тағала: «Ей, иман келтіргендер! Егер айқындалса, сендерге жаман болатын нәрселерді сұрамаңдар»3 , – деген. Бәлкім, айтылып отырған тыйым дінде тым тереңдеп кетуден туындаған әрекеттерге қатысты болуы да мүмкін. Пайғамбар (с.а.с.): «Мен не туралы айтпаған болсам, ол туралы сұрамаңдар! Ақиқатында, сендерге дейін өмір сүргендерді олардың көп сұрақтар беруі және өз пайғамбарларымен келіспеуі опат етті»4 ; «Қазбалап ізденгендер опат болды»5 , – деген. «Қазбалап ізденгендер» (мутанаттиъун) деген сөздің мағынасы өзіне қатысы жоқ жайтты қазбалап сұраушылар немесе негізгі мәселеден туындайтын барлық тармақ-тарамдарды талдап, зерттеп қарастырумен айналысушылар дегенді білдіреді. Абдуллаһ ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын): «Еш уақытта қазбалап сұрамаңдар және тереңдемеңдер, нені білесіңдер соны ұстаныңдар», – деген. Бұл жерде сахабалардың (Аллаһ оларға разы болсын) (басшылыққа алған) іс-әрекеттері туралы айтылып отыр. Мұндағы «тереңдеу» сөзінің мағынасы ақылға сыятын межеден асып, шектен тыс бір жайттар туралы сұрауда қасарысып, дегенінен қайтпау дегенді білдіреді. Сахабалар Пайғамбарымызға (с.а.с.) көп сұрақ беруді тоқтатқан еді және олар бәдәуилердің келгенін, олардың Пайғамбарымызға (с.а.с.) сұрақтар бергенін қалайтын. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға жауап беретін, ал сахабалар оның сөзін рақаттана тыңдар еді. 1 «Мәриям» сүресі, 64-аят. 2 «Таһа» сүресі, 52-аят. 3 «Мәида» сүресі, 101-аят. 4 Муслим. 5 Муслим.


222 Өзіңе қатысы жоқты анықтаумен айналысу жасырын (ғайып) жайлы қазбалап сұрау деген сөз. Рас, ғайыпқа сену (иман келтіру) бізге бұйырылған, бірақ оны анықтау үшін қазбалап іздену бізді абыржуға және күмәндануға апарады, тіпті имансыздыққа (күпірлікке) жеткізуі де мүмкін. Ибн Исхақ: «Адамдардың ешқайсысының өздері естімегенді пайдаланып, Жаратушы туралы да, жаратылғандар туралы да ойларға баруына рұқсат етілмейді. Мәселен, Аллаһ тағаланың: «Оған тәсбих айтып, оны мадақтамайтын ешнәрсе жоқ»1 , – дегеніне қатысты «Жансыз заттар Оны қалай мадақтайды?!» деп айтпау керек. Себебі Аллаһ тағала бұл туралы бізге ескертті және Ол қалай қаласа, солай ретке келтіреді», – деген. Пайғамбар (с.а.с.): «Шайтан пендеге келіп: «Мынаны кім жаратқан? Мынаны кім жаратқан?» – дейді. Тіпті, «Раббыңды кім жаратқан» деуге дейін (барады). Егер пенде осыған (дейін) жетсе, Аллаһтан пана сұрап, тоқтасын», – деген2 . 6. Бұл хадисте парыздарды орындау, белгіленген межені сақтау, тыйым салынғандардан аулақ болу және Аллаһ тағаланың адамдарға деген қамқорлығы нәтижесінде айтпай қалғандары туралы тереңдемеу жайлы бұйрық бар. 1 «Исра» сүресі, 44-аят. 2 Әл-Бұхари.


223 ОТЫЗЫНШЫ ХАДИС ДҮНИЕНІ ТӘРК ЕТУДІҢ ХАҚИҚИ МӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖЕМІСТЕРІ Әбул-Аббас Сәһл ибн Сағд әс-Сағиди (Аллаһ оған разы болсын): «(Бірде) Пайғамбарға (с.а.с.) бір адам келді де: «Уа, Аллаһтың елшісі! Маған оны орындасам мені Аллаһ сүйетін және адамдар жақсы көретін1 бір амалды айтшы», – деді. (Сонда Пайғамбар (с.а.с.)): «Мына дүниеден баз кеш2 , сонда сені Аллаһ жақсы көреді3 және адамдардың қолындағыға қызықпа, сонда сені адамдар жақсы көреді», – деді», – деген4 . Хадистің маңыздылығы Хадис Пайғамбарымыздың (с.а.с.) екі өсиетін қамтыған: Біріншісі: фәни дүниеден баз кешу. Бұл Аллаһ тағаланың Өз құлын жақсы көруінің себебіне айналады. Екіншісі: адамдардың қолындағыға қызықпау. Бұл адамдардың жақсы көруі мен құрметтеуіне себепші болады. Исламдағы даусыз бір нәрсе сол, адам баласы мынау өткінші дүниеден Ақыретті артық көру арқылы Аллаһ тағаланың сүйіспеншілігіне бөленеді де, дүние және Ақыретте бақытқа кенеліп табысқа жеткендердің қатарында болады. Ендеше, ол сүйіспеншілікке пенде адамдардың қолындағыларына қызықпаған жағдайда және жемісі мәңгілік ізгі істер жасауға ұмтылып, арибасымен дүниеден үстем келгенде ғана жете алады. Бұл ізгі амалдардың жемісі Ақыретте игі де тұрақты болып қалмақ. Сондықтан да Ибн Хажар әл- 1 Яғни Аллаһ тағала мені марапаттау мен маған қамқорлық жасауды жақсы көрсе адамдар да маған бейімделуді сезініп, жақсы көреді. Өйткені, олардың жақсы көруі Аллаһ тағаланың жақсы көруінің нәтижесі. Аллаһ тағала біреуді жақсы көрсе, онда Ол оған деген жақсы көру сезімін адамдардың жүрегіне ұялатады. Аллаһ тағала: «Күдіксіз иман келтіріп, ізгі амал жасағандарға Аллаһ сүйіспеншілік береді», – деген (Мәриям, 96). 2 «Баз кеш» (изһад), бұл «зуһд» сөзінен туындаған, бұның мағынасы «қандай да бір нәрсені жек көру арқылы одан бас тарту», ал «заһидтің» мағынасы: «болмашы». Шариғат термині ретінде «зуһд» сөзі «халалдығына толық сенімділік болған нәрсені қажетінше пайдалану» дегенді білдіреді. «Бұл дүниеден баз кешу» деген сөз бұл дүниенің маңыздылығын төмендету және оны елемеу, өйткені Аллаһ тағала оның маңыздылығын жоққа шығарады, оны төмендетеді және оған беріліп кетуден сақтандырады. Аллаһ тағала: «Сондықтан сендерді дүние тіршілігі әсте алдамасын» (Лұқман, 33); «Біліңдер! Шын мәнінде дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән және өзара мақтанысу, сондай-ақ малдарды, балаларды көбейту ғана», – деген (Хадид, 20). 3 Аллаһ тағаланың Өз құлын жақсы көруі оған разы болуында және оған қамқорлық жасауында көрініс табады. Өйткені жақсы көру дегеніміз сезімдік бейімділіктен басқа ештеңе емес, ал оны Аллаһ тағалаға қатысты қолдануға болмайды. 4 Ибн Мәжәһ.


224 Һайтами осы хадис туралы: «Бұл – Исламның негізін құрайтын төрт хадистің бірі», – деген. Хадисті және оның неге жөн сілтейтінін түсіну 1. «Тәркідүниелік» (зуһд) сөзінің мағынасы «Тәркідүниелік» ұғымын біздің бұрынғы өткен шыншылдарымыз бен ғұламаларымыз және олардан кейінгі ғұламалардың барлығы да түсіндіріп кеткен. Олардың бәрінің де түйіні мынадай хабарға тіреледі. Әбу Идрис әлХауләни (Аллаһ оған разы болсын): «(Адамдар) дүниеден баз кешулікке (тәркідүниелікке) халалға тыйым салу немесе дүние-мүлікті сарп ету жолымен жетпейді. Тәркідүниелік жағдайындағы пенде өз қолындағыға емес, Аллаһ тағаланың қолындағыға көбірек сенеді, ал егер оған бақытсыздық жетсе, жоғалтқанының (қолдан шығарып алғанының) өзінде қалуын қалаудан гөрі, осы бақытсыздық себепті (сабыр сақтаған жағдайда) берілетін сауапты көбірек қалайды және (оның Ақыретте керек болатын) қазына 1 болуын қалайды», – дейді2 . Бұл пікірде тәркідүниеліктің үш құрамды бөліктен тұратындығы түсіндірілген және соның бәрі жүрек істеріне қатысты. Сондықтан Әбу Сүлеймен әд-Дарани: «Ешбір адам туралы ол тәркідүниелікке жетті деп айтушы болма, өйткені тәркідүниелік жүректегі нәрсе», – деген. Жоғарыда аталған үш құрамды бөліктер мыналар: а) Адамның өз қолындағысына емес, Аллаһ тағаланың қолындағыға көбірек сенуі. Бұл сенімнің қайнар көзі – құлдарына Аллаһ тағала уәде еткен ризықтың берілетініне деген кәміл сенім. Аллаһ тағала: «Жер бетіндегі әр жәндіктің қорегі Аллаһқа ғана тән»3 ; «Ризықтарың және сендерге уәде етілгендер көкте»4 , – деді. ә) Пендеге қандай да бір бақытсыздық келгенде, мәселен, байлығынан немесе баласынан айрылуы, оның жоғалтқан бұл дүниелік игіліктерін сақтап қалуды қалауынан гөрі Аллаһ тағаланың сыйлығын көбірек қалауы. Мұның да қайнар көзі кәміл сенім (кәміл иман) және ол оның тәркідүниелігінің, сондай-ақ бұл дүниеге деген өте аз ғана ұмтылысының айғағы болады. Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) Аллаһ тағалаға дұға қылғанда: «Уа, Аллаһ! Бізге Сені тыңдамай кетуден қайтаратын қорқыныш бере гөр және бізді Өз жаннатыңа кіргізетіндей 1 Яғни Аллаһтың тағдыр еткеніне разы болып сабыр етушіге Аллаһ тағала сауап уәде еткен. Демек, сабырлы болу адам үшін Ақыретте қордаланған қазына болады. 2 Ахмад. 3 «Һуд» сүресі, 6-аят. 4 «Зәрият» сүресі, 22-аят.


225 бойсұну нәсіп ете көр, сондай-ақ бұл дүниедегі қайғы-қасіретті жеңіл ететін берік сенім бере көр! (Аллаһуммақсим ләнә мин хашиятикә мә яхулу бәйнәнә уә бәйнә мәъасикә, уә мин таъатикә мә тубәллиғунә биһи жәннатәкә, уә минәл-яқийни мә туһәууину биһи ъаләйнә мусибатиддуня)», – деп жиі айтатын», – деген1 . б) Пенденің ақиқатқа қатысты өзін мақтаған адамды өзін ұялтып тұрған адаммен тең санайтын жағдайы. Міне, бұл – тәркідүниеліктің және дүниені жек көрудің, сондай-ақ осы дүниеге тән құмарлықтарға ұмтылудың аздығының айғақ-белгісі. Ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын): «Иман дегеніміз – Аллаһ тағаланың ашу-ызасын келтіретін іс-амал арқылы адамдарға жағымпаздық жасамау», – деген. «Тәркідүниелік» деген ұғымды түсіндіруге қатысы бар пікірлерге Хасан әл-Басридің: «Кез келген адамды көргенде: «Ол менен жақсы», – дейтін адамды тәркідүниелік жасаушы адам деуге болады», – деген сөздерін қосуға болады. Уаһаб ибн әл-Уард (Аллаһ оған рақым етсін): «Тәркідүниелік дегеніміз – қолдан шығып кеткен дүние (байлық) үшін күйінбеу және өзіңе келген дүние (байлық) үшін қуанбау», – деген. Тәркідүниелік туралы сұраққа ғалым әз-Зуһри: «Егер кімде харам дүние оның сабырлылығынан үстем түсе алмаса және халал дүние оны алғыс айтудан жаңылдырмаса, сол адам дүниені тәрк етуші боп саналады», – деп жауап берген. Суфиян ибн Уйайна: «Дүниені тәркі етуші деп оған жақсылық жасалғанда алғысын білдіретін және сын-сынаққа кезіккенде сабыр ететін адамды айтамыз», – деген. Рабиғи: «Тәркідүниеліктің негізі бәрін тиісті жолмен тауып, бәрін тиісті жолмен сарп етуде», – деген. Суфиян әс-Сәуридің: «Тәркідүниелік дегеніміз – (болашаққа) үлкен үміттің болмауы, ол сүйкімсіз тамақ ішу мен өрескел шапан кию емес», – деген сөзі де осы мазмұнда. Имам Ахмад: «Тәркідүниелік – (болашаққа) үлкен үміттің болмауы және басқа адамдарға тиесіліден (басқа адамдардың меншігі болғаннан) бүтіндей бас тарту», – деген. 2. Тәркідүниеліктің құрамдас бөліктері Бұрынғы өткен ғұламаларымыз тәркідүниелікті үш құрамдас бөлікке бөлген: а) Көпқұдайшылдықтан және Аллаһтан басқаға табынудан бас тарту. ә) Барлық харамнан бас тарту. 1 Әт-Тирмизи.


226 б) Халалдан бас тарту. Бұлардың біріншісі мен екіншісі парыз. Ал үшіншісі міндетті болып саналмайды. Ибн әл-Мубарак: «Муәллә ибн Әбу Мутиғ: «Тәркідүниеліктің үш түсінігі бар: Оның біріншісі – не істеп, не сөйлесе де ешқандай осы дүниелік мақсатты көздемей, тек қана аса Құдіретті де Ұлы Аллаһ үшін амал қылу мен сөйлеу. Екіншісі – ізгілігі жоқ амалдан бас тартып, ізгілікті іс-әрекеттермен айналысу. Ал, үшіншісі аса маңызды емес, ол – халалдан бас тарту, бұл ерікті амалға жатады», – деп айтқан», – дейді. Ибраһим ибн Әдһам: «Тәркідүниелік үш түрлі: парыз болған тәркідүниелік, қадірлі болған тәркідүниелік және құтылуға жетелейтін тәркідүниелік. Парыз болған тәркідүниелік дегеніміз – харамнан бас тарту, ал қадірлі тәркідүниелік – халалдан бас тарту, ал құтылуға жетелейтін тәркідүниелік – күмәндіден бас тарту», – деген. Имам Ахмад та тәркідүниелікті үшке бөлген: Біріншісі – барлық адамға тиісті тәркідүниелік, ол – харамнан бас тарту. Екіншісі – таңдаулылардың тәркідүниелігі, ол – артықша болған халалдан бас тарту. Үшіншісі – Аллаһтан көңілін алыстататын іс-әрекеттің барлығынан бас тарту, бұл – танып-білгендердің баз кешуі. 3. Тәркідүниелікке апарар жол Тәркідүниелікке апаратын бірқатар амал-әрекеттер бар, олар: а) Ақыретте және Қиямет күні өзінің Жаратушысының алдына барғанда есеп беру, жаза мен жарылқау болатынын көз алдына келтіруге әрекеттену, соның арқасында пенде шайтаннан және өзінің шақуат секілді түрлі нәпсі қалауларынан үстем бола алады және бұл дүниенің рақаты мен өткінші ләззаттарынан өзін қорғай алады. Осы айтылғандардың бәріне Харисаның (Аллаһ оған разы болсын) хабары дәлел бола алады. Ол Пайғамбарға (с.а.с.): «Мен шынайы мүмін болдым», – деген. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Әрбір шынайы мүмінде хақиқи мән-мағына бар, сенің иманыңның хақиқи мән-мағынасы неде?» – деді. Ол (Хариса): «Мен өз жанымды мына дүниеден аулақтаттым, енді мен үшін бұл дүниенің тасы мен балшығында айырма жоқ және мен Тәңірімнің аршын және рақатқа бөленген жаннаттағыларды, сондай-ақ отта азапталып жатқан тозақтағыларды көзіммен көріп тұрғандаймын!» – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Ей, Хариса! Сен (толық) танып-біліпсің, енді (бұдан) еш уақытта шегінбе», – деді1 . 1 Әл-Хайсами.


227 ә) Бұл дүниенің рақаты жүректі Аллаһ тағаладан алыстататынын, Оның алдында адамның жағдайын төмен ететінін және осынау ауырлығы көп Күні осы дүниедегі рақаты үшін айтуы тиіс алғысы жайлы міндетті түрде сұраққа тартылатыны себепті ұзақ уақыт ұсталып тұратынын көз алдына келтіруге әрекеттену. Аллаһ тағала: «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар»1 , – деген. б) Дүние байлығы мен игілігін иемдену жолындағы қиындықтар мен қорлау, намысына тиюлердің көптігі, бұл өмірде алдау-арбаудың кең таралғандығы, фәни дүниедегі жиған-тергеннің өзгеруі, жоғалып кетуінің тездігі мен байлық, билік секілділеріне жан салып ұмтылатын арам ниетті төмен адамдардың көптігі, жалған өмірдің Аллаһ тағаланың алдында түкке тұрмайтындығы. Сәһл ибн Сағд әс-Сағиди (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Егер бұл дүниенің Аллаһ қасында масаның қанатындай құны болғанда, онда Ол кәпірге бір жұтым су да бермес еді», – деді», – деген2 . в) Ибн Мәжәһ келтірген тамаша хадисте айтылғандай, бұл дүниені лағынет етілген деп есептеуге әрекеттену. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «(Бұл) дүние лағынеттелген және ондағы Аллаһ тағаланың зікірінен және соған бейімдейтін нәрседен, сондай-ақ ғұлама мен ілім үйренушіден басқаның бәрі лағынеттелген», – деді», – деген3 . Демек, Аллаһ тағаланы тануға, Оған жақындауға жол көрсететін пайдалы ілімнен, Оны зікір етуден және Жаратушыға жақындататын, Оны зікір етуге жәрдемдесетін амалдардың барлығынан басқа мына дүние мен ондағылардың бәрі Аллаһ тағаладан алыстатылған. 4. Бұл дүниеге бейтарап, селқос қарау және оған беріліп кетуден сақтану Бұл дүниеден баз кешкен адамның тәркідүниелігі аса Құдіретті Ұлы Тәңірінің аяттары мен Оның елшісінің (с.а.с.) хадистерін оқығанда, олардан бұл дүниені менсінбеу мен оның жалғандығын оқып-біліп және оған алданып, беріліп кетуден сақтану қажеттігін ұғып, осы жалған дүниеге деген теріс көзқарасы арта түседі. Аллаһ тағала: «Бірақ сендер дүние тіршілігін артық көресіңдер. Ал Ақырет болса қайырлы да тұрақты»4 ; 1 «Тәкәсур» сүресі, 8-аят. 2 Әт-Тирмизи. 3 Әт-Тирмизи. 4 «Ағла» сүресі, 16-17 аяттар.


228 «(Мұхаммед! Оларға): «Дүниенің пайдасы аз ғана. Тақуалық қылғандар үшін Ақырет жақсы» деп айт»1 ; «Сондықтан сендерді дүние тіршілігі әсте алдамасын. Сондай-ақ (яғни Аллаһ кешіреді деп) алдаушы (шайтан да) сендерді Аллаһ турасында алдамасын»2 ; «Олар дүние тіршілігіне мәз болады. Негізінде дүние тіршілігі Ақыреттің жанында тек қана бір күнкөріс»3 , – деді. Жәбир ибн Абдуллаһ (Аллаһ оған разы болсын): «(Бір күні) Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларының ортасында базарда кетіп бара жатып, құлағы кесілген өліп қалған лақтың қасына жеткенде, оны көтеріп, құлағынан ұстап: «Сендерден кім осыны бір дирһамға (сатып алады)?» – деп сұрады. (Сахабалар): «Біз оны (ешқандай теңгеге де сатып) алмаймыз, оны не қыламыз?» – деді. Пайғамбар (с.а.с.): «Мұның сендерге тиесілі болуын қалайсыңдар ма?» – деді. Олар: «Аллаһпен ант етейік! Ол тіпті тірі болғанның өзінде біз оны алмас едік, өйткені оның құлағы кесілген. Ал өліп қалған (лақтың) не керегі бар?» – деді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Аллаһпен ант етейін! Сендер үшін бұл лақ қаншалықты түкке тұрғысыз болса, Аллаһ үшін бұл дүние одан да бетер түкке тұрғысыз», – деді», – деген4 . Мустаурид әл-Фахри: «Пайғамбар (с.а.с.): «Аллаһпен ант етейін! Бұл дүниенің Ақыретпен салыстырғанда қандай екенін (білу үшін) сендердің кез келгенің теңізге саусағын батырсын да қанша су алып шыққанына қарасын»5 , – деді», – деген6 . 5. Бұл дүниені жек көру белгілі бір уақытқа немесе мекенге тәуелсіз Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетінде айтылған бұл дүниені жек көру уақытқа, яғни Қиямет күніне дейін бірін-бірі алмастырып отыратын күндіз бен түнге тәуелді емес. Себебі Аллаһ тағала оларды Аллаһты еске алып зікір етушілер мен Оған алғысын білдірушілер үшін бірінен кейін бірі жүретін етіп қойған. Сондай-ақ бұл дүниеден жеру белгілі бір мекенге, яғни Аллаһ тағала адамдарға төсек және баспана етіп жаратқан жерге де ешқандай қатысты емес. Жек көрушілік Аллаһ тағала өсірген егістіктер мен ағаштарға да, Аллаһ тағала жер бетіне таратқан тірі жан-жануарларға да қатысты емес. Бұлардың барлығы Аллаһ тағаланың Өз құлдарына көрсеткен игілікнығметтері. Бұл игілік-нығметтер пайда келтіріп қана қоймайды, сонымен 1 «Ниса» сүресі, 77-аят. 2 «Лұқман» сүресі, 33-аят. 3 «Рағд» сүресі, 26-аят. 4 Муслим. 5 Яғни бұл дүние Ақыретпен салыстырғанда теңізге салып алғандағы саусаққа ілінген ылғалдай ғана. 6 Муслим.


229 бірге аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың теңдессіз құдіреттілігінің және Оның бар екендігінің дәлелі. Адамдардың басым көпшілігі пайғамбарлардың әкелген іс-әрекеттеріне қарсы келіп, өздерінің Ақыретіне пайдасыз зиянды істермен айналысатындықтан, жек көру сезімінің бұл дүниеде адамдардың жасаған амалдарына ғана қатысы болады. Аллаһ тағала дүние тәркілігі жайлы: «Шын мәнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән және өзара мақтанысу, сондай-ақ малдарды, балаларды көбейту ғана. Бұның теңеуі: өсірген өсімдігі диқандарды таңырқатқан жаңбыр сияқты. Кейін ол қурайды да, одан соң сарғайып, үгіндіге айналғанын көресің»1 , – деген. Ибн Ражаб (Аллаһ оны рақым етсін): «Бұл дүниеде адамдар екі топқа бөлінеді: Бірінші топқа Аллаһтың құлдары үшін бұл дүниеден кейін сый мен жаза берілетін Ақыреттің келетінін теріске шығарғандар кіреді. Олар туралы Аллаһ тағала: «Расында, сондай Бізге жолығуларын үміт етпегендер2 және дүние тіршілігіне мәз болып, сонымен көңілдері жай тапқандар, міне, солар аяттарымыздан хабарсыз. Осылардың істеген күнәлары себепті орындары тозақ»3 , – деген. Мұндай адамдар ажалы жеткенге дейін бұл дүниенің рақаттарын алып, бұл дүниені пайдаланып қалуға ұмтылады. Аллаһ тағала тағы да: «Ал кәпір болғандар, (дүние тіршілігінен аз ғана) пайдаланып, хайуандар тәрізді жей береді. Олардың орны тозақ оты»4 , – деп айтқан. Адамдардың арасында бұл дүниенің байлығы мен игілігін көбейтуге ұмтылу өкініш пен қайғы-қасіретке жеткізетінін түйсініп, басқаларды бұл дүниеден бас тартуға үндейтіндер де бар. Олардың айтатыны: «Бұл дүниеге неғұрлым көбірек байлаулы болсаң, өлім сәтінде онымен қоштасуың да (айрылуың) соғұрлым жаныңа қиын болады», – дейді, олардың тәркідүниелігі осындай ғана. Екінші топқа өлгеннен кейін адамдардың сыйлық және жазалау берілетін бақилық дүниеге тап болатынына анық сенген адамдар кіреді және бұлар пайғамбарлар белгілеген діни заңдарға бағынады. Ондай адамдардың өзі үш топқа бөлінеді: өзіне зиян, зұлымдық жасаушылар (яғни өздеріне-өздері әділетсіздік жасаушылар), біркелкі орташалар және Аллаһтың рұқсат, қалауымен игі істерде басқалардан алға озғандар», – деген. Бірінші топқа адамдардың көпшілігі кіреді. Олар рұқсат етілмеген жолмен дүние-байлық тауып, рұқсат етілмеген жолмен жұмсап, осы дүниенің сән-салтанатына ұмтылады, сөйтіп олардың ең басты арман-тілегі 1 «Хадид» сүресі, 20-аят. 2 Яғни өлген соң қайта тірілмейміз және өз амалдарымыз үшін жауап бермейміз дейтіндер. 3 «Юнус» сүресі, 7-8 аяттар. 4 «Мұхаммед» сүресі, 12-аят.


230 дүние қызығына бағытталады. Мұндай адамдар ойын-сауық, көңіл көтеру, мақтану мен бәсеке, баюға ұмтылумен айналысады және олардың ешқайсысы жалпы ұғымы мен сенімі бола тұрса да, бұл өмірдің не үшін берілгенін, бұл өмір тек қана үлкен жол-сапардағы болашақтағы мәңгілік баспана үшін қор жинайтын аялдама ғана екенін білмейді. Екінші топқа дүние байлығы мен игілігін рұқсат етілген жолмен табатындар кіреді, бірақ олар сол рұқсат етілгендерге шектен тыс беріліп кетеді. Мәселен, рұқсат етілген жолмен құмарлығын, шақуат талабын қанағаттандыруда. Бұл үшін адам Ақыретте жазаланбағанымен бұл өмірдің қызығына қаншалықты беріліп кеткеніне орай, соншалықты дәрежеде оның жағдайы төмен болады. Ибн Омардың (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Бұл өмірде адам неге қол жеткізген болса, (сол) оның Ақыретте Аллаһтың алдындағы дәрежесін төмендетеді. Тіпті Аллаһ тағала оған қатысты жомарттық жасағанда да», – дегені белгілі. Қатада ибн Нуғман (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Егер Аллаһ Өз құлын жақсы көрсе, оны дүниеден, сендердің әрқайсыларың өз ауруын судан сақтағандай сақтайды», – деді», – деген1 . Ескерту: Бұл жерде ауру адамға судың зиянды әсері болатын жағдай туралы айтылып отыр. Абдуллаһ ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Бұл дүние – мүмін үшін түрме, кәпір үшін жаннат», – деді», – деген2 . Үшінші топқа бұл өмірдің не үшін жаратылғанын түсінгендер кіреді. Олар Аллаһ тағаланың бұл дүниеге Өз құлдарын орналастырғанын және бірнеше аяттарда айтылғандай, олардың қайсысы өз амалдары жағынан жақсы болар екен деп сынау үшін бұл дүниенің рақаты мен оның ғажап тамашаларын оларға көрсеткенін түсінеді. Біздің бұрынғы шыншылдарымыздың бірі: «Мұнда бұл дүниеден теріс айналып, Ақыретке ұмтылғандар туралы айтылған. Аллаһ тағала адамдардың қайсысы жақсы амалдар жасайтынын сынау үшін жерді жаратқанын, сонымен бірге мұның бәрі таусылып аяқталатынын да, тоқтайтынын да түсіндіріп: «Күдіксіз, Біз (жер жүзін), әлбетте, мүлдем шөл топырақ ете аламыз»3 , – деген», – деп айтқан. Дүниенің соңы, міне, осылай бітетінін түсінген адамның бар уайыммақсаты сол мәңгілік өмір үшін қор жинау болады және Пайғамбардың (с.а.с.): «Бұл дүние мен үшін не? Ақиқатында, мен бұл дүниеде ағаштың көлеңкесінде (сәл ғана) аялдап, сонан соң оны тастап (әрі қарай) кететін 1 Әт-Тирмизи. 2 Муслим. 3 «Кәһф» сүресі, 8-аят.


231 жолаушы сияқтымын»1 , – деп айтқанындай бұл дүниеден жолаушы үшін не қажет болса, сонымен ғана қанағаттанады. Сондай-ақ бұл топқа бұл дүниеден өмірге қажеттіні ғана алумен қанағаттанғандар кіреді. Дүниеден баз кешкендердің көпшілігі осылай еткен және олардың арасында белсенді жұмыс істеу және жан-дүниесі берік те бекем болуы үшін рұқсат етілген халалдардың кейбірін ғана пайдаланғандары болды. Пайғамбар (с.а.с.): «Бұл дүниеден маған дарығаны әйелдер мен хош иіске деген сүйіспеншілік болды», – деген2 . Айша (Аллаһ оған разы болсын): «Бұл өмірден (Пайғамбар (с.а.с.)) әйелдерді, хош иісті және тағамды жақсы көрді, оған әйелдер мен хош иіс нәсіп болды, ал тағам жетіспеді», – деген3 . Құлшылықты орындау үшін күш-қуатты бекіту мақсатында халал түрде көңіл қалауларын қанағаттандыру бойсұну болып табылады, демек, бұның бұл дүниеге ешқандай қатысы жоқ. Пайғамбар (с.а.с.): «Аса Құдіретті және Ұлы Тәңірінің ризалығы үшін бұл дүниеде Ақыретке қор жинайтын адам үшін бұл дүние қандай жақсы, ал бұл дүние кімді Ақыреттен бетін бұрғызып және оның Тәңірінің разылығына жетуіне мүмкіндік бермесе, бұл дүние соншалық жаман», – деген4 . 6. Аллаһ тағаланың сүйіспеншілігіне қалай жете аламыз? Аллаһ тағаланың сүйіспеншілігіне біздер фәни дүниеден баз кешу арқылы жете аламыз, өйткені Ол Өзіне бойсұнғандарды жақсы көреді. Оның сүйіспеншілігі, көптеген аяттар мен хадистерде және адамзат тәжірибесі көрсеткендей, бұл дүниеге деген сүйіспеншілікпен сыйыспайды. Фәни жалған – ермек және ойын, ал Аллаһ тағала күнәларды және оларды жасаушыларды жек көргеніндей ойын мен ермекті де жек көреді. Бұл дүниеге қатысты тыйым салынған сүйіспеншілік пенденің өз көңіл қалауын қанағаттандыруында, ләззат алуында және Аллаһ тағаладан алыстататын іс-амалдармен шұғылдануында көрініс табады. Дүние тіршілігінің игіліктерін тек жақсылықтар жасау және солар арқылы Аллаһ тағалаға жақын болу мақсатында жақсы көру мақтауға лайық. Бұған байланысты хадистердің бірінде Пайғамбардың (с.а.с.): «Ізгі адам үшін туыстық қатынасын жалғап, жақсылық жасайтын ізгі байлық қандай жақсы!»5 – дегені келген. 1 Әт-Тирмизи. 2 Ахмад, ән-Нәсәи. 3 Ахмад. 4 Әл-Хаким. 5 Ахмад.


232 7. Адамдардың сүйіспеншілігіне қалай жете аламыз? Бұл хадис адамдардың сүйіспеншілігіне қалай жетуге болатынын үйретеді. Ол үшін адамдардың қолындағылардан баз кешуі керек, өйткені олардың жақсы көретіндерін өздерінде қалдырсақ, олар бізді жақсы көреді. Себебі олардың көпшілігінің жүрегінде осы дүниенің байлығына деген махаббат бар. Егер бір адам басқа біреудің жақсы көретін оған қатысты мүлкін алуға әрекет жасаса, онда оның көңілінде реніш пайда болады да мұны жек көретін болады. Егер біреу бұл туралы онымен пікір таластырмаса, онда ол мұны жақсы көреді әрі оны құрметтейтін болады. Хасан әл-Басри: «Адам баласы басқа адамдармен олардағы дүние-мүлікті алғысы келмейінше жақсы қатынаста қалады, егер бұлай болмағанда олар оған мән берместен елеусіз қатынас жасай бастайды және оның өзін де, сөзін де жек көретін болады», – деген. Бір бәдәуи Басра тұрғындарынан: «Сендердің басшыларың кім?» – деп сұрағанда, олар: «Хасан», – деп жауап береді. Бәдәуи: «Ол ненің көмегімен сендерге билік жүргізеді?» – дейді. Олар: «Адамдар оның біліміне мұқтаж, ал ол олардағы бұл дүниелік байлықтарына мұқтаж емес», – деп жауап береді. Сонда бәдәуи: «Бұл қандай тамаша!» – депті. Мұндай қасиеттердің билеушілер мен ғұламаларда болуы өте жақсы. Билік басындағылар дүниеден баз кешсе, адамдар оларды жақсы көреді және оларға еліктеп, ілеседі. Ал ғұламалар бұл дүние игілігінен баз кешсе, бұларды да адамдар жақсы көреді, олардың сөздеріне құрметпен қарайды. Олардың уағызына құлақ қойып, ұстанған жолына ілесе бастайды. Бір күні Ибн Сәләм, Омар (Аллаһ оған разы болсын) қатысып отырған жерде Кағбтан (Аллаһ оған разы болсын): «Ғұламалар ғылымды игеріп, оны сақтауға кіріскен кезде сол ғылымды олардың жүрегінен жойып жіберетін не?» – деп сұрайды. Ол: «Оны жоятын іс – ашкөзділік, жан-дүниесінің сараңдығы және басқалардың қолындағыға көз аларту», – дейді. Сонда Омар (Аллаһ оған разы болсын): «Сен шындықты айттың», – депті. 8. Аллаһтың елшісі (с.а.с.) мен оның сахабаларының тәркідүниелігі Тәркідүниеліктің өмірдегі айшықты үлгісі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ісамалдары мен мінез-құлықтарынан нақты көрінеді. Ең бірінші көрінісі – оның өз үмбетіне берген ақыл-кеңес өсиеттері мен айтқан сөздері. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мәңгілік дүниенің игілік, жақсылықтарын артық санағанын айғақтайтын сөздері мен амалдары аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың тәрбиесінің нәтижесі еді. Аллаһ тағала: «Біз олардың кейбіреуіне сынау үшін берген дүние тіршілігінің ғана сәні түріндегі дүниелерге көзіңді сүзбе. Раббыңның ризығы қайырлы да тұрақты»1 , – деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударғанға дейін және одан 1 «Таһа» сүресі, 131-аят.


233 кейінгі жақсы-жаман, қиын-қыстау кезде де бұл дүниенің рақат-ләззатынан бас тартқан, Ақыретке ұмтылып, барынша құлшылықпен айналысқан. Пайғамбарымыздың (с.а.с.), дүниені тәрк еткендердің ең жақсыларынан болған, құрметті сахабалары Пайғамбарымызға (с.а.с.) еліктейтін-ді. Бір күні Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) бір адамның: «Бұл дүниеден баз кешіп Ақыретті қалаушылар қайда?» – дегенін естіп, Пайғамбар (с.а.с.), Әбу Бәкір және Омардың (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) қабірлерін көрсетіп: «Сен осылар туралы сұрап тұрсың ба?» – деген. Ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын) бір күні өзінің серіктеріне: «Сендер Мұхаммедтің (с.а.с.) сахабаларынан намазды көп оқисыңдар, оразаны да көп тұтасыңдар, жиһадқа да көп қатысасыңдар, алайда сендерге қарағанда оларда игілік көп еді», – деді. Олар: «Қалайша?» – деп сұрады. Ол: «Олар бұл дүниеден, сендерге қарағанда, көбірек бас тартты, Ақыретті сендерден көбірек қалады. Бұл дүние оларға халал байлықтарымен келді, олар Аллаһ тағалаға жақын болу үшін байлықтарды алды және Оның дініне қызмет етіп, Оның сөздері үстем болу үшін жұмсады», – деді. Әбу Сүлеймен: «Осман және Абдур-Рахман ибн Ауф (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) Аллаһқа бағынып, мал сарп еткен Аллаһтың жер бетіндегі қазыналарынан еді», – дейді. 9. Аскетизм және тәркідүниелік Тәркідүниеліктің Исламдағы мән-мағынасы жайлы жоғарыда түсіндірілді. Ал аскетизм дегеніміз – Аллаһ тағаланың нығметтерінен бүтіндей бас тарту, оларға менменси қарау және олардың кез келгенінен өздерін мақрұм ету. Қайсы бір мұсылмандар аскетизмнің ықпалына беріліп, аббасилер мемлекетінің әлсіреген тұсында да, одан кейін де қырық жамау киімге оранған, тіршілік әрекетінен бас тартқан, өмір сүруге қажетті нәпақа табуға ұмтылмайтын, тек басқалардың берген қайыр-садақаларымен өмір сүрген. Сондай-ақ Ислам мұндай аса қатерлі дәлелсіз амалдар мен түсініктерді, қорлық пен әрекетсіздікті мүлдем теріске шығарса да, өздерін дүниені тәрк етушілер деп атайтын адамдар пайда бола бастады. Бүгінгі күндері мұсылмандар мұндай келеңсіз теріс ақыл-ой ақымақтығынан арылды. Мұсылмандар рұқсат етілген амалдарға, рұқсат етілген нәпақа-ризыққа ұмтылуда. Олар жер бетін гүлдендіруге және қосымша табыс табуда бірімен-бірі жарысуда, тіпті бұл жарыстың ауқымының кеңейгені сонша, Ақыретті ұмытып кетер ме екен деген де қауіп туындап отыр. Олардың Аллаһ тағаланы еске алуына, сөйтіп тәркідүниелікке, дүниеге тым беріліп кетпеуге шақыратын, дүние жарысындағы белсенділікті бәсеңдететін, бізді шайтанның торына түсіп қалудан сақтайтын, сондай-ақ бұл дүниенің рақат-ләззатына алданып қалмауға жәрдемдесетін амалдарды қарастырудамыз.


234 ОТЫЗ БІРІНШІ ХАДИС ИСЛАМДА ЗАРАРДЫ ТЕРІСКЕ ШЫҒАРУ Әбу Сағид Сағд ибн Синан әл-Худри (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісі (с.а.с.): «(Себепсіз де) зарар жеткізуге болмайды, (жауап ретінде де) зарар жеткізуге болмайды»1 , – деді», – деген2 . Хадистің маңыздылығы Әбу Дауд бұл хадис туралы: «Расында, бұл хадис фиқһ ғылымын қамтыған хадистерге жатады», – деп айтқан. Хадисті және оның неге жөн сілтейтінін түсіну 1. Зарар тигізуге тыйым салынады, бірақ жазалау мен қысас (кісі өлтіргенді өлтіру) теріске шығарылмайды Бұл хадисте зарар деп заңсыз істелген істі айтады. Ал жазаға лайық болғанға зарар жеткізу, мәселен, Аллаһ тағала белгілеген межеден аттаған адам қылмысы үшін жазаланады немесе біреуге қысым көрсеткен адамға әділетті үкім шығарылады не зұлымдығы үшін жазаланады, т.б. осыған ұқсас жағдайлар бұл хадиске кірмейді. Ал қысас алуды аса Құдіретті де Ұлы Аллаһ заңдастырған және оны адамдар өмірінің хақиқи мәні еткен. Аллаһ тағала: «Сендер үшін қысаста (кісі өлтіргенді өлтіруде) тіршілік бар. Ей, ақыл иелері!»3 – деді. Қылмыскерді қылмысы үшін жазалау, кінәліні жауапқа тарту зарарды теріске шығару тәсілдерінен болып табылады. Өйткені бұлай ету жеке адамдарға, сондай-ақ бүкіл қоғамға тиетін өте үлкен зарардың алдын алады. 1 Осы хадисте келтірілген «дарар» мен «дирар» сөздері бір мағынада ма, әлде араларында айырмашылық бар ма деген мәселеде ғұламалар пікірлері бірдей емес. Көпшілігінің айтуынша, бұлардың арасында айырма бар, бірақ бұл туралы да түрліше пікірлер айтылған. Алайда бұл пікірлердің ішінде «дарар» сөзі өзін ешқандай ренжітпеген адамға зиян тигізу дегенді білдіреді, ал «дирар» сөзі өзін бірінші болып ешқандай себепсіз ренжіткен адамға зиян келтіру дегенді білдіреді деген пікір дұрысырақ секілді. Аллаһ тағаланың шариғаты бойынша жоғарыда келтірілген сөздің екі мағынасында да зиян тигізуге тыйым салынады және ондай амалға жол жоқ. 2 Ибн Мәжәһ, әд-Дәрақутни. 3 «Бақара» сүресі, 179-аят.


235 2. Ислам діні зиян (зарар) келтіретінді парыз етпейді және пайдалыға тыйым салмайды Аллаһ тағала Өз құлдарына еш уақытта пайда келтіретінге тыйым салмағанындай еш уақытта зарар жеткізетінді парыз еткен жоқ. Оның парыз еткен бұйрықтарында адамдардың дүние тіршілігі мен дінінің игілікжақсылықтары бар, ал Оның тыйым салғандарында дүние және Ақыретте зиянды нәрселер бар. Аллаһ тағала: «(Мұхаммед!) «Раббым әділдікті бұйырды» де»1 ; «Күдіксіз Раббым, арсыздықтарды, оның көрнеу-көмесін харам қылды» де»2 , – деді. Туралықтың барлық игілік пен пайданы, арсыздықтың барлық кесапат пен бұзықтықты қамтитыны күмәнсіз. Аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың шариғатына көз жүгірткен әрбір саналы да парасатты жан Аллаһ тағала адамдардың денсаулығына зиян келтіретін және олардың қабілеті мен сезімдерін бұзып өзгеріске ұшырататын зарарлы істер мен тағамдарды харам етіп, олардың денсаулығы мен ақылпарасатының сау-саламаттығын қамтамасыз ететіндердің бәрін халал еткенін айдан анық түсінетін болады. Аллаһ тағала: «(Мұхаммед!) «Аллаһтың құлдарына көрік етіп шығарғанын (киімін) және берген жақсы несібелерін3 кім харам етті?» де. «Бұл (несібе) дүние тіршілігінде иман келтіргендер үшін. (Алайда кәпірлер де ортақ, ал) Қиямет күні (мүміндерге ғана) тиісті», – де»4 , – деген. Демек, бұл дүниенің зейнеттерін және нығмет-игіліктерін тек мұсылманмүміндер ғана пайдаланбайды, басқалар да (яғни иманға келмеген кәпірлер де) пайдаланады, алайда Ақырет игіліктерін мұсылман-мүміндерден басқа ешкім көре алмайды. Аллаһ тағала: «(Мұхаммед!) «Маған уахи етілгендерде тамақтанатын кісіге жеуге харам болғанды таппадым. Бірақ (харам етілгендер мыналар): өлексе, аққан қан, шошқа еті (өйткені ол нәжіс) және күнә ретінде Аллаһтан басқаның атымен бауыздалған мал»5 , – деді. 3. Қиындықтарды жою Дені сау, қабілетті мұсылман адам парыз етілген амалдарды орындау кезінде әдеттенбеген қиындықтарға кездескенде, оның жағдайының жеңілдетілуі және қиындықтардан құтқарылуы – Исламда зарардың теріске 1 «Ағраф» сүресі, 29-аят. 2 «Ағраф» сүресі, 33-аят. 3 Яғни ішіп-жейтін азықтардың жақсыларын. 4 «Ағраф» сүресі, 32-аят. 5 «Әнғам» сүресі, 145-аят.


236 шығарылатынының анық айғағы. Себебі Ислам діні – жеңілдік діні. Аллаһ тағала: «Сендерге дінде Ол (Аллаһ) қиындық жасаған емес»1 ; «Аллаһ кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді»2 , – деген. Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Бір күні Аллаһ елшісінен (с.а.с.): «Аллаһқа ең сүйікті қандай дін?» – деп сұралды. Ол (с.а.с.): «Қиындықсыз таза таухид діні», – деп жауап берді», – деген3 . Демек, ең жақсы дін қиындығы да, қаталдығы да жоқ таза таухид болғаны. Егер жағдайлар мен мүмкіндіктердің өзгергеніне қарамастан міндеттерді орындаудың шарттылығы өзгеріссіз қалар болса, діни міндеттерді орындауда мұсылманға үлкен зарар жеткен болар еді. Қиындықтар туындаған жағдайларда мұсылманның міндеттерін жеңілдетудің мынадай мысалдарын келтірейік: а) Ауру немесе су табуға қиналған адамға топырақпен тазалануға (тәяммумға) мүмкіндік берілуі. Аллаһ тағала: «Ей, мүміндер! Қашан намазға тұрсаңдар, (тұрарда) жүздеріңді және шынтақтарға дейін қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар (сипаңдар) да екі тобыққа дейін аяқтарыңды (жуыңдар). Егер де жүніп (бой дәретсіз) болсаңдар, толық тазаланыңдар (шомылыңдар). Егер науқас не сапарда болсаңдар немесе сендерден біреу түзге отырып келсе не әйелге жақындассаңдар4 , сонда су таба алмасаңдар таза жерге тәяммум соғыңдар, сонымен беті-қолдарыңа мәсіх тартып сипаңдар. Өйткені Аллаһ сендерге қиындық қаламайды. Бірақ сендерді тазартуды, сондайақ шүкірлік етулерің үшін сендерге нығметтерін тәмәмдауды қалайды»5 , – деген. Мұндағы «таза жер» дегенді таза топырақ, құм т.с.с деп түсіну керек. ә) Ауру немесе сапардағы адамның ораза тұтпауына рұқсат етілуі. Аллаһ тағала: «Рамазан айы сондай (бір ай), ол (айда) адамдарға тура жол және (ақ пен қараны) айыратын ашық дәлелдер түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім (рамазан) айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, (ұстамаған күндердің) санын басқа күндерде толтырсын. Аллаһ сендерге жеңілдік қалайды, қиындық қаламайды»6 , – деді. б) Тыйым салынған амалдарды бұлжытпай орындауда қиын жағдайға тап болғандарға ихрамдағы кезінде тыйым салынған істі істегені үшін Ислам күнә жазбайды. Аллаһ тағала: «Қажылық пен умраны Аллаһ үшін толық 1 «Хаж» сүресі, 78-аят. 2 «Бақара» сүресі, 286-аят. 3 Әл-Бұхари, Ахмад. 4 Яғни әйелге шақуат талабын қанағаттандыру ниетімен жақындау. 5 «Мәида» сүресі, 6-аят. 6 «Бақара» сүресі, 185-аят.


237 орындаңдар. Егер (ауырып немесе қарақшылар себебінен жолда) тосылып қалсаңдар, шамаларың келген «һәдиді» (құрбандық қылыңдар). Құрбандық өз орнына жетпегенше1 , шаштарыңды алдырмаңдар. Сендерден кім науқас немесе басында дерті болса (шашын алуға2 рұқсат етіледі, алайда бұл үшін) ораза3 немесе садақа4 яки құрбандық тәрізді фидия беруі (тиіс)5 » 6 , – деген. в) Қиын жағдайда қалған қарыздар адамға қосымша уақыт беру. Егер адам дұрыс, рұқсат етілген, халал жолмен қарыз алып, өз уақытында қайтара алмаса, оның жағдайы жақсарғанша қарыз беруші оған қосымша уақыт беруі қажет. Аллаһ тағала: «Егер (борышты), ауыр жағдайда болса, (жағдайы) жақсарғанша күту керек»7 , – деген. Осыған орай фиқһ ғылымының білгірлері (фақиһтер) қарыздар адамды борышын төлей алмаса, оны өте қажет бұйымдарын, мысалы, киім, үй-жайы немесе қызметкері сияқты олардан айрылғанда оған зиян жететін қажеттіліктерін беруге мәжбүр етпеу керек деген пәтуаға тоқталған. Сол сияқты бала-шағасын және өзін асырап отырған сауда-саттық мәселесіне де осы айтылғанның қатысы бар. г) Кімде-кім қажылыққа жаяу баруға ант ішсе, оның есінде болсын, бұл ол үшін міндет болып табылмайды. Әнәс (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) екі баласының сүйемелдеуімен жаяу келе жатқан қартты көріп: «Бұған не болған?» – деп сұрайды. (Адамдар): «Ол (қажылыққа) жаяу баруға ант еткен», – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Расында, Аллаһ (бұл адамның) өзін азапқа салуына мұқтаж емес», – деп оған көлікке мінуін бұйырды», – деген8 . Уқба ибн Амир (Аллаһ оған разы болсын): «(Кезінде) менің қарындасым Аллаһтың Үйіне дейін жаяу баруға ант етті де, бұл туралы Пайғамбар (с.а.с.) не дейтінін сұрап келуді тапсырды, мен (сол мәселе жайлы) одан сұрадым. Ол (с.а.с.): «Көлікпен де, жаяу да бара берсін», – деді», – деген9 . Адамдардың осылайша ант ішіп уәде берген жағдайда не істеу керектігі жайлы ғұламалардың пікірлері әр қилы. 1 Қажылық өтеуші зул-хижжа айының 10-күнінен бастап үш күн ішінде құрбандық малын шалғанша шаш алдырмауы керек. 2 Яғни осыған байланысты құрбандық шалғанға дейін шашын алдырса. 3 Бұл жағдайда үш күн ораза тұтады. 4 Яғни алты кедейді тамақтандырады. 5 Құрбандыққа қой сою керек болады. 6 «Бақара» сүресі, 196-аят. 7 «Бақара» сүресі, 280-аят. 8 Әл-Бұхари, Муслим. 9 Әл-Бұхари, Муслим.


238 Имам Ахмад (Аллаһ оған рақым етсін): «Оған жаяу жүрудің қажеті жоқ, қалай болғанда да ол көлікпен баруы керек және уәдесін орындамағаны үшін оған бір нәрсе істеудің қажеті шамалы»; «Ол үш күн ораза тұтуы керек»; «Ол өз антын бұзғанын өтеуі керек»1 , – деген. Мәлик (Аллаһ оған рақым етсін): «Көлікпен бару оған жеткіліксіз. Егер ол көлікке мінсе, жаяу жүрген жерін көлікпен өтіп, ал көлікпен өткен жерін жаяу жүріп өз қажылығын өтеуі керек. Ал жолдың көп бөлігін көлікпен өткен болса, ол антын құрбандық шалып өтеуі тиіс», – деген. Кеңірек таралған пікір бойынша, ол шамасы келгенінше жаяу баруы керек, ал шамасы келмесе, көлікке мінуі қажет және ол өтем ретінде бұдан өзге тағы бір амал жасауға міндетті емес. Бұл пікір Шафиғиға (Аллаһ оған рақым етсін) ілесушілерге тиесілі. 4. Зарардың көрініс табуы Зарар жеткізуге ұмтылу іс-әрекеттің екі түрінде көрініс табады: – Адамның басқаға зарар жеткізуден өзге ешқандай мақсаты болмаған жағдайда. Мұндай іс-амалдың жиренішті де, тыйым салынғандығына еш күмән жоқ. – Адамның әрекетінде мақсаты дұрыс әрі заңды болады, бірақ оның мақсатты іске асыруында басқаға тікелей зияны тиеді немесе зарар осы әрекеттердің салдарынан болады. Бұл іс-әрекеттердің бірінші түрі: шариғатта тек қана зарар жеткізу мақсатында болатын көптеген амалдарға тыйым салынады. Мәселен: а) Сауда-саттық, яғни сату кезінде басқаларға зиян тигізу мынадай түрде болуы мүмкін: – Мәжбүр болған адамға сату. Бұл жерде ақшасы жоқ біреу қандай да бір затқа өте мұқтаж болып, сатушыдан ол затты шамадан тыс қымбатқа, мысалы, өзінің лайықты бағасынан екі есе қымбат бағаға сатып алатыны туралы айтылған. Мұндай іс-амалға тыйым салынған. Бір күні Әли (Аллаһ оған разы болсын) адамдарға: «Адамдар үшін барлық зорлық-зомбылық және әділетсіздік уақыты келеді, (ол кезде) байдәулетті адамдар, Аллаһ тағала: «Сондай-ақ араларыңда кеңшілікті ұмытпаңдар»2 , – деп бұйырса да, өзіндегі бар дүние-байлыққа жабысып айырылмайды. Сөйтіп мұқтаж болғандар өздерін анық қайыршылық күйге түсіретін сауда-саттық келісімін жасайтын болады. Ал Аллаһтың елшісі (с.а.с.) мұқтаж болғандарға сатуға тыйым салған», – деп уағыз айтқан3 . 1 Бұзылған антты өтеу мәселесі бойынша «Мәида» сүресінің 89-аятын қараңыз. 2 «Бақара» сүресі, 237-аят. 3 Әбу Дауд.


239 Бұл айтылғанға әл-Исмағили Аллаһ елшісінің (с.а.с.): «Егер сенде қайырлы зат бар болса, оны өз бауырыңның пайдасына айналдыр, егер (сен бұлай етпесең) онда (тым болмаса) оның опатына опат қоспа», – деген сөздерін қосқан. Демек, мұндай жағдайда ол үшін артықша қиындық тудырғаннан гөрі оның мұқтаж болғанын оған тегін беру абзал. Абдуллаһ ибн Мағқил: «Мұқтаж қажет еткенде сату – өсімқорлық», – десе; Харб: «Бір күні сатып алуға мәжбүр болғанға сату туралы Ахмадтан сұрағанда, ол бұған қатысты өзінің жиренішін білдірді», – деген. – Несиеге алған затты нақты ақшаға кем бағаға сату. Нақты ақшаға мұқтаж адам сол ақшаға ие болу үшін, тиісті құнынан арзанырақ сату мақсатымен уәделескен мезгілде қайтаруға келісіп, затты белгілі бір бағамен сатып алатыны осыған мысал бола алады. Затты алғашқы сатқан адамнан басқаға сатқан адам туралы Ахмад: «Ол мәжбүрленуші болар деп қорқамын», – деген. Егер ол затты алғашқы сатқан адамға сатса, ғұламалардың ортақ пікірі бойынша, мұндай сауда харам, яғни тыйым салынған және бұл дұрыс сауда емес. Олар «Мұндай жағдай өсім пайызын алу үшін істелген айла-амал ғана» деп атаған. Бұл пікірді Мәлик, Ахмад және Әбу Ханифалар (Аллаһ оларға рақым етсін) білдірген. Өздерінің бұл пікіріне олар әд-Дәрақутнидің келтірген хабарын дәлел етеді. Ол хабарда бір әйел Айшаға (Аллаһ оған разы болсын) келіп: «Мен Зәйд ибн Арқамнан ақшасын кейінірек беруге келісіп, сегіз жүз дирһамға құлын сатып алдым. Бірақ артынша оған ақша аса қажет болды да, бұл құлды Зәйдтан, келісілген мерзім аяқталмай жатып алты жүз дирһамға (нақты ақшаға) сатып алдым», – деген. Сонда Айша: «Қандай жаман саудасаттық жасағансың! Зәйд ибн Арқамға айт: егер ол тәубеге келмесе оның Аллаһтың елшісімен (с.а.с.) бірге жасаған жиһадын да, қажылығын да Аллаһ тағала бекерге шығарады», – депті. Содан кейін Зәйд өзін ақтау үшін уәждерін айтып Айшаға келгенде, Айша Аллаһ тағаланың мына сөздерін оқыды: «Сонда кім Раббынан насихат келгенде тыйылса, өткені өтіп кетті»1 . Демек, ол ақша оның өзінде қалады. Бұл туралы имамдар: «(Айшаның (Аллаһ оған разы болсын)) сөздері мен Зәйдті бұл істен қайтарғаны, оның (Айшаның) мұны Аллаһтың елшісінен (с.а.с.) естігенін аңғартады», – деген. Шафиғи (Аллаһ оған рақым етсін) бұл үш имамның сөздеріне бір шартпен келіскен. Ол мынадай шарт еді: егер келісімде өсім алу мақсатында қулыққа баруға ұмтылыс көрініс тапса... Ал келісімде мұндай жайт байқалмаса, ол келісім дұрыс болады, өйткені бұл келісім барлық қажетті бөлшектері сақталған сауда-саттық келісімі болып табылады. Және де мұндай жағдайда оларды айыптауға болмайды. Олардың ниеттері жайлы есепті Аллаһ тағаланың өзі алады. 1 «Бақара» сүресі, 275-аят.


240 – Әділетсіз баға. Егер жақсы саудаласа білмейтін адам әділ бағаланбаған затты сатып алса, ол сатушының оған сатуға құқының жоқтығын білгені дұрыс. Имам Мәлик және Ахмад (Аллаһ оларға рақым етсін) мазһабтары бойынша, сатып алушы егер қаласа саудасын бұзуға (яғни затын қайтарып беруге) құқылы. Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Бір адам Пайғамбарға (с.а.с.) келіп, оны саудада алдайтыны жайлы айтады. (Сонда Пайғамбар (с.а.с.)): «Саудаласқанда «Алдау болмасын» деп айт», – деді», – деген1 . Бұл адам Хиббан ибн Мунқиз (Аллаһ оған разы болсын) еді. Имам Ахмад: «Әл-хиләбә» («алдау» деген сөз), бұл әдетте адамдардың бірін-бірі алдамайтын сәттерде алдауы. Мысалы, бір дирһам тұратын затты бес дирһамға сату», – деген. Имам Мәлик мазһабында: «Егер алдаумен сатылған баға заттың құнының үштен біріне жетсе, сауданы бұзуға болады», – делінген. ә) Өсиет. Өсиет арқылы зарар жеткізу екі түрлі: – Мирасқорлардың (мұрагерлердің) біріне, Аллаһ тағала оған беруге бұйырғаннан көп үлес бөлінсе, онда қалған мұрагерлерге зиян тигізілген болады. Сол себепті де шариғат басқа мұрагерлердің келісімінсіз бұлай етуге тыйым салады. Ал Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, әрбір (қандай да бір үлеске) құқы барға (мұрагерге) Аллаһ ол құқылы нәрсені әуелден-ақ берген, сондықтан мұрагерлердің қайсы біріне (айрықша) өсиет (қалдыру) дұрыс емес», – деді2 . – Бөтен бір адамға өсиет қалдыру. Мұндай жағдайда заңды мұрагерлердің құқық-мүддесіне қиянат жасалған болады. Заңды мұрагерлер келісім бермеген жағдайда бөтен бір адамға берілетін үлес мирасқа қалған мал-дүниенің үштен бірінен асатын болса, өсиет қалдырушының мұны басқаларға зарар жеткізу ниетімен істеген, істемегеніне қарамастан оның мұндай өсиет қалдыруына шариғат бойынша тыйым салынады. Пайғамбар (с.а.с.): «Үштен бірі және үштен бірі де көп», – деген3 . Пайғамбарымыз (с.а.с.) жауапкер мұсылман өзінің әртүрлі діни істерге, сондай-ақ түрлі қайырымдылыққа қатысты мал-дүние сарп етуге байланысты жіберген қателік-кемшіліктерін өтеуі үшін өз дүниебайлығының үштен бірін бөтен біреуге өсиет етіп қалдыруына рұқсат берген. Бірақ мұнда өз мұрагерлеріне зарар жеткізу ниеті болмауы тиіс. Ондай өсиет қалдыру аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың алдында күнә болады. 1 Әл-Бұхари, Муслим. 2 Әл-Бұхари. 3 Әл-Бұхари, Муслим.


241 Аллаһ тағала: «(Бұл үлестер) ешкімге зиянсыз жасалған өсиет немесе қарыздар (өтелгеннен) кейін (беріледі)» 1 , – деген. Өсиет қалдыру арқылы басқаларға зиян тигізу ол адамның амалдарын зая етуі де мүмкін және ол Аллаһ тағаланың сыйынан мақрұм қалады. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Шын мәнінде ер кісі мен әйел алпыс жыл Аллаһқа бағынып амал етеді. Сосын оларға өлім келеді де, өсиетте зарар істейді. Сөйтіп оларға тозақ тиесілі болады», – деді», – деген2 . Егер өсиет қалдырушының зарар жеткізу мақсаты болғаны анықталса, оны орындау немесе ол өсиеттің күшін жою туралы мәселе туындайды. Ғұламалардың көпшілігі «ондай өсиет орындалуы керек» дейді. Бірақ имам Мәлик бұған қарсы пікірді ұстанады. Ибн Ражаб: «Бұл (имам Мәликтің пікірі) имам Ахмад мазһабына қияс қылынған делінеді», – деген. б) Некеде қайтып алу. Мұнда идда3 уақытында өз әйелін қайтып алу туралы айтылған. Бұл әйел өз күйеуіне қайтарылуы мүмкін болатын талаққа қатысты. Аллаһ тағала: «Оларды дұрыстап ұстаңдар немесе дұрыстап (біржола) жіберіңдер. Оларға зиян шеккізіп, қинау үшін ұстамаңдар4 . Кім осыны істесе (яғни зиян келтіріп қинау үшін ұстаса), әлбетте өзіне зұлымдық қылған болады»5 ; «Егер жарасуды қаласа, (әйелдерін) қайта алуға өз ерлері лайығырақ»6 , – деген. Бұл жерде әйеліне зарар жеткізу үшін қайтарып алу жағдайы да қарастырылған, мұндай жағдайда еркек зор күнәға батады. Бұл мынадай сипатта болуы мүмкін: еркек өз әйелімен ажырасады және оны идда мезгілі (яғни үш етеккір мерзімі) өткенше тастайды, сосын әйелін қаламаса да оның біраз уақыт басқа күйеуге шығуына кедергі жасау мақсатында уақытты созу үшін қайтып алады және ол әйелмен ерлі-зайыптыларша қарым-қатынас жасамайды. Тіпті еркек мұндай ісін бірнеше рет қайталауы да мүмкін. Сол үшін имам Мәлик, егер еркек талақ қылған әйелін идда мерзімі бітуден бұрын қайтарып алса және зиян тигізу мақсатында әйелді біршама уақытқа басқа күйеуге шығуына бөгет жасау үшін онымен жыныстық қатынас жасамастан қайта талақ қылса, ол әйелге қайтадан идда мерзімін күтудің қажеті жоқ, тек алдыңғы идда мерзімінің санын толтырады. Яғни күйеуі 1 «Ниса» сүресі, 12-аят. 2 Әт-Тирмизи. 3 Идда – күйеуі өлген немесе ажырасқан әйелдің күйеуге шығуға құқысы болмайтын уақыт, ол үш етеккір мерзіміне тең. 4 Бұл жерде шариғат белгілеген уақытта идданы әдейі ұзарту туралы айтылып отыр. 5 «Бақара» сүресі, 231-аят. 6 «Бақара» сүресі, 228-аят.


242 нешінші күні қайтарып алды, содан ары қарай есептейді деген пікір білдірген. Ал имам Ахмад: «Күйеуінің зарар жеткізу ниеті болса да, болмаса да әйел қайтадан идда мерзімін күткені дұрыс», – деген. Ал кең таралған пікір бойынша, зарар жеткізу ниеті болған, болмағанына қарамастан идда мезгілін жаңарту қажет. Егер еркекте зиян тигізу ниеті болса, ер адам күнәкар болады. в) Әйеліне жақындамауға ант беру (илә) арқылы зарар жеткізу. Бұл жерде белгілі бір уақыт ішінде немесе еш уақытта әйелімен төсек қатынасында болмауға еркектің ант беруі туралы айтылған. Егер ол әйелімен жыныстық қатынаспауға ант берген уақытынан бастап төрт ай өтпестен әйелімен жақындасып қойса, онда ол әйелін қайтарып алды деп есептеледі. Мұндай жағдайда ол антын бұзғаны үшін тәубеге келуі және кәффәрат (айып) төлеуі шарт. Егер төрт айдан кейін де күйеуі әйеліне жақындаспаса, онда еркектің әйелін бұлай ұстауына кедергі жасалу керек. Аллаһ тағала: «Әйеліне жақындаспауға ант еткендер төрт ай күтеді. (Анттарынан) қайтса, шәксіз Аллаһ аса Кешірімшіл, өте Рақымды. Егер олар талақ ниет етсе (төрт айға дейін антын бұзбаса талақ болады). Расында, Аллаһ – бәрін Естуші, Білуші»1 , – деген. Мұндай жағдайда еркектің зарар жеткізуіне кедергі жасау мүмкіндігі туралы ғұламалар екі пікір білдірген. Кеңірек таралған пікір бойынша, мұндай адамды қазыға апарып оған ажырасуды, я қайта қосылуды бұйыру қажет. Егер ол бас тартса, қазы белгілі бір уақыттан кейін әйелін қайта алуға еркекте мүмкіндік болатындай етіп ажырастыру керек, бұл уақыт әйелдің үш етеккір мезгіліне тең. Ханафилер ант берілген күннен бастап төрт ай өтісімен біржола ажыратуды мақұлдайды. Төменде «иләға» (әйелімен жақындаспауға ант беру) ұқсас жағдайлар қарастырылады: – Егер еркек ешқандай ант берместен әйеліне зарар жеткізу мақсатымен өзінің ерлі-зайыптық міндетін атқарудан төрт ай бойы бас тартса, имам Ахмадтың пікірі негізінде, оның іс-амалдарын (илә) ант берген адамның ісамалына сәйкес келеді деп үкім шығару керек. – Ханбали мазһабы бойынша, төрт ай ішінде еркектің ең болмағанда әйелімен бір рет жыныстық қатынас жасауы міндетті деп есептеледі. Егер күйеуі ешқандай негізсіз әйеліне жақындасудан бас тартса, ал әйелі ажырасуды талап етсе, кейбір ханафи ғалымдардың пікірі бойынша, оларды ажырастыру керек. Бірақ мұндайда зарар жеткізу ниеті болған-болмағаны жайлы сұрақ туындайды. Бұған қатысты бірегей пікір жоқ. Имам Мәлик пен оған ілесушілер «Егер еркек себепсіз өзінің ерлізайыптық міндетін атқарудан бас тартса, әйелдің талабы бойынша неке 1 «Бақара» сүресі, 226-227 аяттар.


243 бұзылуы тиіс» деп есептейді. Бірақ оларда мерзімді белгілеуде пікір алшақтығы бар. – Егер еркектің сапары себепсіз созылып кетсе және әйелі оның оралуын талап етіп, күйеуі келуден бас тартса, имам Мәлик пен имам Ахмадтың пікірлерінше, оларды сот ажырастыруы керек. г) Емізуде зарар жеткізу. Аллаһ тағала: «Емізуді тәмәмдағысы келген кісі үшін; аналар балаларын толық екі жыл емізеді. Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне міндет1 . Әркімге шамасы келгені ғана жүктеледі. Өз баласы үшін ана және өз баласы үшін әке де зиян көрмесін»2 , – деген. Бұл аятта анаға да, әкеге де зиян жеткізуге тыйым салынған. Өз перзентін емізуге ана құқылы. Егер емізуші әйелдің күйеуі болса және күйеуі толық ләззаттану үшін әйелінің баласын емізуіне қарсы болса, оған (еркекке) рұқсат етіледі. Егер бұл арқылы әйелге зарар жеткізгісі келсе, оған рұқсат жоқ және ондай жағдайда бұл күнәлі іс болып табылатындықтан кедергі жасау қажет. Осы айтылғандар баланы анасынсыз да емізуге мүмкін болатын жағдайға ғана қатысты. Ал сәбиді анасынан басқа емізетін әйел болмаса немесе нәресте өз анасынан басқаны емуден бас тартса, анасына баласын емізуге кедергі жасауға рұқсат етілмейді. Бұлай ету балаға зиян келтіреді. Ажырасқан немесе жолдасы қайтыс болғанда, сәбиді емізуге басқалардан қарағанда өзінің туған анасының құқығы басым және ол өз сәбиін емізгені үшін ажырасқан күйеуінен (сәбидің әкесінен) немесе қайтыс болған күйеуінің мұрагерлерінен ақы талап етуіне болады. Егер ол әйел талап еткен құн аса қымбат болмаса, оның талабы орындалу керек. Ал баланың анасы шамадан біршама артық ақы талап етсе, оның талабына келісуге күйеуінің мұрагерлері міндетті болмайды. Мұндай талаптың мақсаты зиян тигізу деп табылады. Онда әкесі немесе мұрагері баланы белгілі мөлшердегі бағаға емізетін әйел іздеуі керек. Егер ондай әйел табылмаса балаға да, әкесіне де зарар тимеуі үшін баласын шамадағы бағамен емізуге оның өз анасын мәжбүр ету керек. Бұл – іс-әрекеттердің екінші түрі. Мұнда мақсаты дұрыс әрі заңды іс-әрекет туралы айтылған, бірақ мұндай амалдармен бірге басқаларға зиян келтіретін әрекеттер де ілесе жүруі мүмкін. Мәселен, өз меншігін біреуге зияны тиетіндей етіп пайдалану немесе біреуге өз мүлкін пайдалануға кедергі жасау арқылы оған зарар келтіру. Біріншіден, өз меншігін басқаларға зарар жеткізу арқылы пайдалану. Бұл екі түрлі болады: а) Адам әдеттегіден тыс, үйреншікті емес іс-әрекеттер жасайды. Ендеше, оның олай етуіне мүмкіндік бермеу керек. Дегенмен ол өз ойлағанын жасап, 1 Яғни ажырасқан жағдайда қамтамасыз ету. 2 «Бақара» сүресі, 233-аят.


244 басқаға зарар жеткізсе, келтірген зиянының орнын толтыру қажет. Мәселен, біреу желді күні өз жерінде от жағып, нәтижесінде өрт көршісіне ауысса, бұл қастандық деп есептеліп, келтірген шығынды төлеуі керек болады. ә) Адам ешқандай тосын емес, әдеттегі іс-әрекет жасайды, бірақ оның еркінен тыс келесі адамға зиян жетеді. Бұндай жағдайлар туралы фиқһ ғылымы білгірлерінің пікірлері әр түрлі: – Мәселен, бір адам құдық қазғанда көршісінің құдығындағы судың сарқылуы. Ахмад пен Мәлик (Аллаһ оларға рақым етсін) мұндай әрекетке жол жоқ, егер тіпті ол құдығын қазып қойса да қайта жауып тастауы керек деп есептейді. Пайғамбар (с.а.с.): «Құдық (қазу) арқылы бір-біріңе зарар жеткізбеңдер», – деген1 . – Терезе ашу және биік ғимарат тұрғызу. Біреудің көршісінің ауласына қарайтын терезе ашуына немесе көршісінің ауласы көрінетіндей және оның ауласына күн сәулесін түсірмейтіндей қоңсысының үйі жағына биік ғимарат тұрғызуына рұқсат етілмейді. Әсіресе, қазы бұл істің зарар жеткізу мақсатымен немесе басқа бір бұзық оймен істелгенін толық білген жағдайда анық тыйым салынады. Әл-Хараити көршіге қатысты айтылған Пайғамбардың (с.а.с.): «...және (көршісінің) рұқсатынсыз желді тосатын биік ғимарат тұрғызбасын», – деген сөздерін келтірген. Мұндай пікірді имам Ахмад (Аллаһ оған рақым етсін) ұстанады, және бұған кейбір шафиғи мазһабындағылар да келіседі. – Көршілеріне зарар жеткізетіндей етіп адамдардың өз меншігін пайдалануы. Мәселен, әлдебір затты сілкілеп, шаңын қағуына немесе тақылдатуына және осыған ұқсас іс-әрекеттер істеуіне, жаман иіс шығаратын әлденені көршісіне жақын жерге қоюына рұқсат етілмейді. Бұл пікір имам Мәлик және имам Ахмадтың (Аллаһ оларға рақым етсін) мазһабындағыларға тән. Ал имам Шафиғи (Аллаһ оны рақым етсін) мазһабындағылар: «Егер бұл басқаның дүние-мүлкіне зарар жеткізсе, бұл іске кедергі жасау керек», – дейді. – Зарар жеткізетін затты алмастыру жолымен жою мүмкін болса, оны жою. Мәселен, біреудің меншігінің бір бөлігінің екінші адамға тиесілі болуы. Айталық, бір үйдің бір бөлмесі не біреумен бірлесіп тұрғызған ортақ монша т.с.с. Мұндай меншікті пайдалану басқаға зарар жеткізетін болса, ол не өз құқығынан бас тарту керек, не басқаға зияны тимес үшін ақша алуы немесе басқа да келісімге келуі керек. Ансарлардан болған бір адамның бағында Самура ибн Жундубтың (Аллаһ оған разы болсын) құрма ағашы көшеттері болады және сол бақта 1 Әл-Бәйһақи.


245 ансар отбасымен тұратын. Самура ибн Жундуб өз құрмаларына барарда анау адамға ыңғайсыздық туғызып, оны қиын жағдайларда қалдырып өтетін. Бір күні анау адам Самура ибн Жундубтен құрма ағаштарын сатуды өтінеді, бірақ Самура құрма ағаштарын сатудан бас тартады. Сонда ол адам Самурадан құрмаларын басқа жердегі құрмаларға айырбастауын өтінеді, бірақ Самура бұған да көнбейді. Сонан соң ол адам Пайғамбарға (с.а.с.) барып бәрін түгел айтады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Самурадан құрма ағаштарын сатуды талап етеді, бірақ ол сатудан бас тартады. Содан соң ол Самурадан айырбасқа көнуді талап етеді, бірақ ол тағы да бас тартады. (Тіпті болмаған соң Пайғамбар (с.а.с.)) Самураның қалағандарын айтып: «Сен құрмаларыңды оған сыйға бер, ал саған мына нәрселер тиесілі болады», – дейді, бірақ Самура ибн Жундуб тағы да бас тартады. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Сен (оған) зарар жеткізесің!» – деді де, ансарға: «Бар да оның құрмаларын жұлып таста», – деді1 . Осы хадисті имам Ахмад қатысып отырған жерде оқығанда, имам Ахмад: «Зарар жеткізетін және осыған ұқсас істердің бәріне тыйым салынған. Егер ол көнсе, жақсы, сонымен іс тынады. Егер көнбесе, билік иесі оны көнуге мәжбүр етуі керек, өйткені оған пайда келтіретін іс оның бауырына зарар жеткізбеуі тиіс», – деді. Мұндай мәжбүрлеу әдісін басқа біреумен ортақ ғимараты болып, ол ғимараттан бас тартқан жағдайда серіктесіне зарар жеткізетін болса, бас тартқан адамға қатысты қолдануға болады. Бөлісу мүмкін емес ортақ мүлікті иелік етуші серіктестердің біреуі сатуды қаласа, сатуға екіншісін мәжбүрлеу керек. Мәселен, автокөлік және сол сияқты бөлшектеп пайдалануға болмайтын мүліктер. Екінші, басқа адамның өз меншігін пайдалануына мүмкіндік бермеу арқылы, оған зарар жеткізуі. Бұл жерде төмендегі мәселелер қарастырылуы қажет: а) Көршісіне өз мүлкін пайдалануға мүмкіндік бермеу. Егер біреу меншігін пайдаланғаны өзіне зиян әкелер болса, мұндай іске жол берілмейді. Мәселен, бұрынғы салмақты әрең көтеріп тұрған дуалға көршісі бөрене салмақ болса, оған жол бермеу керек. Егер оған зиян келмейтін болса, имам Шафиғи, Әбу Ханифа және Мәликтердің (Аллаһ оларға рақым етсін) айтуынша, мүлік иесі өзіне зиян жетуі мүмкін деп ойласа өзінің рұқсатынсыз оның пайдалануына кедергі жасауы тиіс. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Егер иесі ренжитін болса, мұсылманның өз бауырына тиісті таяқты да алуына рұқсат етілмейді»2 , – дегеніндей барлық іс мүлік иесінің рұқсатымен жүзеге асырылуы тиіс. Себебі, Аллаһ тағала мұсылманның басқа адамға тиісті затты иемденуіне тыйым салған. 1 Әбу Дауд. 2 Ибн Хиббан.


246 Сонымен қатар, имам Ахмад (Аллаһ оған рақым етсін): «Меншік иесінің (өз мүлкін пайдаланудан біреуді) қайтаруына болмайды», – деген және бұл айтылғанға кереғар амал істеушіні мәжбүрлеу ретінде екі риуаят келген. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Көршінің біреуіне екіншісінің дуалына ағаш қазық қағу (қажет болса), оған (көршісі) кедергі жасамасын», – деді», – деп, өзін тыңдап отырғандарға: «Неліктен сендер бұл айтылғанды орындамайсыңдар? Аллаһпен ант етейін! Сендерге қайталап айтуды мен тоқтатпаймын», – деген1 . Сондай-ақ Омар ибн әл-Хаттабтың (Аллаһ оған разы болсын) Мұхаммед ибн Мәсләмаға көршісінің суы мұның жерінен өтуіне рұқсат ететін үкім шығарғаны белгілі және (Мұхаммедке): «Егер ол су сенің қарныңның үстімен ағуы қажет болса, сол жерден ағады», – деген. ә) Су, шөп, тұз және от беруден бас тарту. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Судың артығын беруден бас тартуға, сол арқылы (хайуанның) шөп (жеуіне) кедергі келтіруге болмайды», – деді», – деген2 . Бұл жерде хайуандар су ішетін бұлақ арқылы ғана ортақ жайылымға бара алатын жағдай туралы айтылған. Яғни суды пайдалануға тыйым салу жайылымды пайдалануға тыйым салу болып табылады. Бір адам Пайғамбардан (с.а.с.): «Уа, Аллаһтың елшісі! (Басқаларға) нені бермеуге рұқсат етілмейді?» – деп сұраған. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Суды», – деді. (Ол адам тағы да): «Уа, Аллаһтың елшісі! (Басқаларға) нені бермеуге рұқсат етілмейді?» – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Тұзды», – деді. (Ол адам және): «Уа, Аллаһтың елшісі! (Басқаларға) нені бермеуге рұқсат етілмейді?» – деді. (Сонда Пайғамбар (с.а.с.)): «Сен үшін ең жақсысы игілік жасау», – деді3 . Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мұсылмандар үш нәрседе бірге иемденуші (ортақтас): шөп, су және от», – деген4 . Жоғарыдағы хадистер бойынша аталмыш төрт зат туралы пайымдау пікірлерді келтірелік: – Су. Әбу Ханифа мен Шафиғи (Аллаһ оларға рақым етсін): «Су бар жер тіпті біреудің меншігінде болсын-болмасын, ағын суы не бұлақ суы екендігіне қарамастан артық суды бермеуге болмайды. Ал егістікті суаруға суды тегін беруге ешкім міндетті емес», – деген. Имам Ахмад (Аллаһ оған рақым етсін): «Суды ішуге де, мал суаруға да, егістікті суаруға да тегін беру керек», – деген. 1 Әл-Бұхари, Муслим. 2 Әл-Бұхари, Муслим. 3 Әбу Дауд. 4 Әбу Дауд.


247 Имам Ахмадтың бұл сөзі су жайылымға жақын орналасқанда суды беруден бас тарту туралы айтылған. Өйткені мұндай жағдайда суды беруден бас тарту шөпті беруден бас тартумен тең болар еді. Мәлик (Аллаһ оған рақым етсін): «Кім бұлақ немесе ағын судың иесі болса, ол мұқтаж болғандардан басқа ешкімге су беруге міндетті емес, бірақ ешкімнің де меншігі болмаған артық суды беруге міндетті», – деп айтқан. – Шөп. Шафиғи (Аллаһ оған рақым етсін): «Өңделмеген жерге байланысты болмаған жағдайдың барлығында жеке меншіктегі жердің не шөптің артығын беруден бас тартуға әрқашан рұқсат етіледі», – деген. Ал Әбу Ханифа мен Ахмад (Аллаһ оларға рақым етсін): «Қандай жағдай болса да бермеуге құқығы жоқ», – деген. – Тұз. Егер тұз бейтарап жерде, яғни ешкімнің меншігінде болмаса және алуда ешқандай қиындық тумаған жағдайда оны пайдалануға ешқандай тыйым салынбайды. – От. Егер қажетінен артық мөлшерде болған жағдайда тағамнан және жылу мен жарықтан беруге бас тартуға болмайтыны сияқты, егер біреу от жағу үшін шоқ сұраса, ешбір адамға оны беруден бас тартуға болмайды. Егер от жағу құралы біреудің жеке меншігі болса, оны беруден бас тартуға құқы бар, бірақ бұлай етпегені өзіне жақсы. 5. Фиқһтың төрттен бірі Әс-Суюти өзінің «әл-Әшбаһ уән-Назаир» атты кітабында имам Шафиғи мазһабының төрт қағидаға сүйенетіні туралы жазады. Біріншісі: «Айқын нәрсе күмәнмен жойылмайды». Бұл әл-Бұхари мен Муслим келтірген хадиске негізделген. Онда бір адамның Пайғамбарға (с.а.с.) намаз кезінде ол әлденені сезінгендей1 болатынын айтып шағым жасағаны туралы баяндалған. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «(Ешкім) дыбысын естімесе немесе иісін сезбесе (намазды) тастамасын», – деді. Себебі, адам өзінің дәретті екеніне сенімді, алайда дәретінің бұзылғанбұзылмағанына қатысты кенеттен пайда болған күмәндану бұл сенімділікті жоя алмайды. Екіншісі: «Қиындық жеңілдікке әкеледі». Бұған Аллаһ тағаланың: «(Аллаһ) сендерге дінде қиындық қылған емес»2 , – деген сөзі дәлел. Үшінші: «Зарарды жою керек». Бұған Пайғамбардың (с.а.с.): «(Себепсіз де) зарар жеткізуге болмайды, (жауап ретінде де) зарар жеткізуге болмайды», – деп айтқан сөзі негіз болады. Төртінші: «Әдет-ғұрыпқа құқық беріледі». 1 Яғни оған жел шыққандай сезілген, бірақ ол анық сенімді емес. 2 «Хаж» сүресі, 78-аят.


248 Мұның негізіне: «Мұсылмандар нені жақсы деп есептесе, сол амал Аллаһтың алдында да жақсы», – деп келтірген Ибн Масғудтың (Аллаһ оған разы болсын) сөзі жатады. Жоғарыда айтылғандардан қарастырылып отырған хадисті Ислам фиқһының (Ислам заңдарының) төрттен бірі деп есептеуге болатындығы туралы қорытынды туындайды. Фиқһ ғылымының мамандары (фақиһтер) бұл хадисті фиқһ қағидаларының негізгісі деп есептеген және содан бірқатар тармақтар шығарған «зарарды жою керек» қағидасы солардың бірі болып табылады. Бұл қағидаларды мысалдар арқылы түсіндіріп, талдасақ: Негізгі қағида «(Себепсіз де) зарар жеткізуге болмайды, (жауап ретінде де) зарар жеткізуге болмайды». Бұл қағидаға қатысты фиқһ ғылымының тарам-тармақтарынан туындайтын қорытынды: егер біреу басқа біреудің мүлкін жойып жіберсе, ол үшін қарымта ретінде оның мүлкін жойып жіберуге болмайды. Өйткені мұндай әрекет ешкімге ешқандай пайда әкелмейтін зарардың көбеюіне апарады және қарымта зарар жеткізу белең алады. Сондықтан кінәлі адам тараптардың ешқайсысына зиян келмеу үшін мүлік иесіне жойылған заттың құнын төлеу міндеттеледі. Бұл қағидадан туындайтын ережелер а) Мүмкіндігінше зарар жеткізудің алдын алу қажеттігі. Демек, зарар жеткізу іске асқанға дейін, мүмкіндігінше зарар жетуіне тосқауыл жасау керек. Себебі зарарды жоюға қарағанда оның алдын алған жеңілірек, ауырып емделгенше аурудың алдын алған жақсырақ. Шариғат міндеттері адамдардың қабілет, мүмкіндіктеріне сәйкес келетінін естен шығармаған дұрыс. Бұл ережеге байланысты фиқһ тармақтарына өзінің көргенсіздігімен және азғындығымен белгілі болған адамдарды, олардың қандай да бір қылмыс жасағаны анықталмаса да, олар тәубеге келмейінше, тұтқынға алу қажеттігі де жатады. Мұндағы мақсат олардың қоғамға нұқсан келтіру мүмкіндігінің алдын алу болып табылады. ә) Зарарды жою керек. Бұл сөздің мағынасы келтірілген зарарды жою және оның зардабын түзеу дегенге саяды. Бұл ережеге байланысты фиқһ тармақтарына, егер біреу су ағатын құбырын өткен адамдарға кедергі келтіретіндей етіп көшеге шығарса, иесі ол құбырды алып тастауы керек, егер біреулерге ол құбырдың зияны тиген болса, иесі келген шығынның орнын толтыру қажет екендігі де жатады. б) Зарарды зарар жеткізу арқылы жоюға болмайтындығы. Демек, келген зарарды соған ұқсас немесе одан да жаман зарар жеткізу арқылы жоюға болмайды.


249 Бұл қағидаға байланысты фиқһ тармақтарына, егер ортақ меншік бөлуге келмейтін (бөлінуі мүмкін емес) мүлік болса және оны бөлісу оны бірге иемденудегі зарардан үлкен зарар келтіретін болған жағдайда серіктесті ортақ меншікті бөлісуге мәжбүрлеуге болмайтындығы да жатады. в) Үлкен зарарды кіші зарармен жоюға болады. Демек, егер үлкен зарардың алдын алуға болатын болса, онда одан кіші зарар келтіретін істі істеуге болады. Бұл ережеге қатысты фиқһ тармақтарына, әділетті мұсылман билеушісі байлардың байлығынан, кедейлердің мұқтаждығын қанағаттандыруға зекет ретінде алынатын алым жеткіліксіз болса, онда зекет ретінде берілуі тиіс мөлшерден көбірек алуына болатыны жатады. Өйткені байлардың дүниемүлкін еріксіз алудан келетін зарар кедейлерге келетін зарардан азырақ болады. Төмендегі екі ереже де осындай мағынаға ие: Біріншісі: «Екі зарардың азырағын таңдау керек». Екіншісі: «Екі жаман іске бірден тап болғанда, қайсысының зарары көп болатынына назар аудару керек». г) Барлығына кесірі тиетін зарардың алдын алу мақсатында жекелеген зарарға шыдау керектігі. Демек, егер бір мезгілде жекелей зияны тиетін жағдай мен бәріне бірдей зияны тиетін жағдай қатар кездескенде екіншісіне назар аударған жөн. Оның нәтижесінде кейбір адамдарға зияны тигенімен көпшілікке зарар келтіретін істі жою керек. Бұл қағидаға байланысты фиқһ тармақтарына, әділетті мұсылман билеушісіне саудагерлердің сатып алған мүліктерін олардың өздеріне шығын келтіретін болса да, оларды базар нарқымен сатуға мәжбүрлеуге рұқсат етілетіні, өйткені бұлай ету қоғамды қиын жағдайдан аман алып қалуға мүмкіндік беретіні жатады. д) Пайда келтіретін жағдайдан гөрі зарар, зиян келтіретінді жоюға басымдылық беріледі. Демек, бір мезгілде зиянды мен пайдалы қатар кездескенде, пайдалыдан айрылып қалуға тура келсе де, ең алдымен, зияндыны жою керек. Бұған қатысты фиқһ тармағына, қаншалықты мол экономикалық табыс әкелетін болса да, арақ-шарап және соған ұқсас заттармен және есірткі саудасымен айналысуға тыйым салу жатады. Өйткені бұл қоғамға, адамгершілік құндылықтарына, адамдардың денсаулығына үлкен мөлшерде зиян келтіреді.


250 е) Бір мезгілде тыйым салынуы керек іс-әрекет пен қандай да бір аса қажет амал қатар келгенде, тыйым салынғанға басымдылық беріледі. Демек, қандай да бір іске байланысты тыйым салуды талап ететін белгілі бір дәрежеде күдік пайда болса және аса қажеттілікте ол іске рұқсат етуге болатындай себеп бар болса, тыйым салуды қажеттіліктің алдында қарастыру керек. Бұл ережеге қатысты фиқһ тармақтарына, ортақ меншік иесінің серіктесіне зарар жеткізетіндей етіп ортақ меншікті пайдалануына жол берілмейтіні жатады. Өйткені бұл адамның құқығы дұрыс рұқсат етілген болса да, серіктесінің құқығы бұл үшін кедергі болады. ж) Келген шығын уақытпен шектелмейді. Демек, бұл жағдайда бұрын әлде жақында пайда болғанына қарамастан барлық зарарлы істер жойылуы тиіс. Ендеше, кез келген жағдай заңсыз жүзеге асса, ол зиян келтіретіндіктен оның пайда болған уақыты ескерілмейді. Бұл ережеге байланысты фиқһ тармақтарына, мәселен, бір адамның ешқандай құрылыс болмаған жер теліміне қаратып өз дуалынан терезе шығарған болса, бірақ кейіннен ол учаскеге құрылыс салынып, ондағы әйелдерді кездейсоқ болса да көріп қалатындай жағдай туындаса, бұл адам өз терезесін бұрыннан тұрғанына қарамастан жауып тастауға міндетті болатыны. Бұл ереже мына төмендегі қағида үшін шектеу ретінде қарастырылады: «Әуелгіні, бұрын қандай болса, сол қалпында өзгеріссіз қалдыру керек». Яғни адамдардың бұрыннан пайдалануындағы мүлік сол қалпында қалуы тиіс. Сөйтіп оларға тиісті еместігі туралы бұйрық-нұсқау болмаса, олардың иемденіп келуінің уақыт ұзақтығы, бұл мүліктің оларға заңды түрде тиесілі екендігін көрсетеді. Бұл қағидаға байланысты фиқһ тармақтарына, көршісінің дуалына салынған бөрене екіншісінің меншігі болған жағдай жатады. Мұндай жағдайда көршісінің бөренені алуына рұқсат берілмейді. Өйткені бөрененің онда бұрыннан тұрғандығы оның ол жерге заңды түрде қойылғанын айғақтайды жене ол үшін тиесілі төлем уақытында төленген. 5. Қарастырылып отырған хадис бойынша егер екі адам керісіп қалса, екеуінің бір-бірінен кек қайтаруы түрінде екеуін де жазалауға болмайды. Олардың әрқайсысы өз күнәларына сәйкес жазалануы тиіс. Ал қазы (яғни сот) кінәлілердің әрқайсысынан екіншісінің пайдасына тиесілі төлемді төлетеді.


Click to View FlipBook Version