The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.
Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by Zere Sabit, 2023-12-15 02:11:00

Мазасыз күндер

Мұқият оқыңыз!

Марал ХАСЕН МАЗАСЫЗ КҮНДЕР Алматы 2014


УДК 821. 512.122 ББК 84 (5 Қаз) Х 23 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша шығарылды ХАСЕН М. МАЗАСЫЗ КҮНДЕР: аудармалар Хасен М.– Алматы: ХанТәңірі, 2014.–380 б. ISBN 978-601-03-0245-7 Сөзі мірдің оғындай, ақиқатшыл қаламгер, дәуір үнін дөп басқан ділмар публицист. қос тілдің тізгінін тең ұстаған аптал аудармашы Марал Хасеннің бұл жинағына әр түрлі жанрдағы мақалалары, әңгімелері және әлем әдебиеті өкілдерінің таңдамалы шығармаларының аудармалары еніп отыр. УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз) ISBN 978-601-03-0245-7 © «Хан Тәңірі», 2014 Х-23


І БӨЛІМ ӘР ЖАНРДА ЖАЗЫЛҒАН ТУЫНДЫЛАРДАН


4 ӨМІРДІҢ МӘНІ ҚҰШТАРЛЫҚТА! Сұхбат Алдында ыңғайын білмекке қоңырау шалғанымда Ақаң ақсақал: ”Жарайды, шырақ, сағат онда жолығысайық” деп бірден ықылас білдірген-ді. Енді міне, біресе өзімді, біресе қаланың осындай қысталаңда қайраңдап қалатын көліктерін жеріне жеткенше жазғырып, өкпемді қолыма алып, ентелеп келе жатқан түрім мынау – ”Уһ!” деп мейманхананың төртінші қабатындағы 14-ші бөлменің қоңырауына да жеттім-ау. Есікті келбетінен көрік табы әлі де тая қоймаған нұрлы жүзді байсалды қазақ әйелі ашты. Мен асығып-аптығып жөнімді айтып бастырмалатыңқырап кетсем керек, ол кісі жымиды да: – Ағаңыз сұхбатын бастап та кеткен, әнеки, дауысы осы жерге дейін естіліп тұр ғой, – деп холл жақты нұсқады. Дем арасында жүгіре басып келсем, Ақаң кең орындыққа жайғасқан күйінде әңгіменің керуенін жолға салып жіберген екен… – Ассалаумағалейкум, Ақа! Бақуатты барсыз ба? Кешегі телефон соққан жігіт мен едім. Аздап кешігіп қалып ғафу еткейсіз Қарағандыға хош келіпсіз! – деуім мұң екен, әлгінде ғана бас изесіп амандасқан көрші газеттегі әріптесім сол арада өкпелеп қалғаны: –Жоқ, мұныңыз болмайды, сұрақты қазақша бермеңіз! – Кешіріңіз, мен сауал қойып жатқаным жоқ, Ақаңмен амандасып жатырмын ғой, – деппін сасып қалып. Осы тұста Ақаң шек сілесі қатқанша күлді. Сексеннің сеңгіріне шыққан адамның дәл осындай жас балаша мәз бола, саңқылдап күлгенін әсте көрмеген едім. Енді бәріміз қосыла күлдік. Әңгіме тиегі жайымен ағытыла берді, ағытыла берді, тап бір лықсып аққан тұма бұлақ па дерсің...


5 Оқырманға айтып қояр бір жайт тағы бар – сол естен кетпес сұхбат өткелі біраз уақыт болды. Үш сағаттың беделінде бір қойын кітапшаны толтырған едім, сол жазбаларымды күнде столға алып соғып қарап отырамын, отырам да ойға батам – өйткені Ақаңның сол айтқандарын жай ғана тізбелей берсем, бір газеттің ауқымы жетпейтін түрі бар. Қай тұсынан бастасам ләзім, қай қырынан келсем ұтам? Осы ойдың ұшпағына жете алмай дал болам, ақыры қаламды қолға алмастан тұрып кетем… Жалпы, ауызекі сөзде ”Орайы келген әңгіме” деп жатамыз ғой. Меніңше, сұхбаттың төрт құбыласы сай болсын десең, алдымен ол адамды жақсы білуің шарт. Сонсоң, әңгіменің көрігін қыздырып, ой өрбіту үшін ол адаммен оқығантоқығаның деңгейлес жатпаса, онда міндетің тек оқта-текте сауал қоюдың тар шеңберінде қалмақ. Мен де сөйттім… …Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың мәшһүр атына бұрыннан сырттай қанық болсам да, кездесуге барардың алдында энциклопедияға бір көз жүгіртіп алғанның зияны болмас деп түйдім. Сараң тілмен жазылатын шағын мақаладағы мәліметтер де қысқа-қысқа екен: …1906 жылдың күзінде Қарқаралы ауданының қазіргі Нұркен атындағы совхозының территориясында дүниеге келіпті. Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондентмүшесі. Қазақстандағы геомеханика ілімінің негізін қалаушылардың бірі. әл-Фарабидің ғылыми мұраларын алғаш зерттеуші… Шынында, осындай там-тұм сөйлемдер ғасырымыздың куәгері, тағдырдың сан бұралаң соқпақтарынан бүгінге бүгілмей, сүрінбей жеткен ғұлама ағамыздың жан сарайына үңілуге кілт бола алар ма? Білмеймін, әйтсе де әңгіменің бір ыңғайында оған алғашқы сауалымды жүрексіне отырып қойғаным анық: – Ақа, сіз геологсыз, былай қарағанда мәдениет пен тарихты зерттейтін ғалымдардан іргеңіз аулақтау сияқты. Сөйте тұра, фарабитануға қалай келдіңіз? – Бір ауыз сөзбен қайырсам, намыс әкелді дер едім.


6 Ат жалын тартып, жан-жағыңа бажайлай көз салған кезеңде мені мынадай бір ой азапқа салған-ды: «Құдай-ау, өз ағамыз өзбекте Ұлықбек, әл-Хорезми, әл-Бируни бар, тәжік ағайында Әбу Әли ибн-Сина бар, мына туысымыз әзірбайжандағы жалғыз Насреддин ат-Тусидің өзі не тұрады? Сонда мыңдаған жылғы мәдениеті, әдебиеті, ғылымы бар түркі халықтардың ішінде шетқақпай қалған жалғыз қазақ жұрты болғаны ма? Бұл қай тұрғыдан алсаң да әділдік емес қой! Сөйтсек, өз топырағымызда осыдан он ғасыр бұрын біздің арғы бабаларымыздың ежелгі қаласы Фарабта туған Әбунасыр заңғарымызды естімей, білмей жүре беріппіз ғой. Шығыс ”әл-Муғаллим әс-Сали”, ал Батысыңыз ”Адамзаттың ұстазы”, ”Екінші Аристотель” атап кеткен әл-Фараби елімізде социалистік қоғам орнап, ғылым мен мәдениет қатар гүлдеп жатқан кезеңде де қалтарыста қалып қойыпты. Мен алғаш әл-Фараби есімін соғыс кезінде Қазақстанға эвакуацияға келген ғалымдардан естіген едім. Міне, содан бастап менен маза кетті. Бірақ, не қилы кедергілерге кездестім. Түпнұсқаларды ақтарайын десем, дені араб тілінде. Араб әліппесімен жүгіртіп оқығаным болмаса, бұл ұлы тілді жете білмеуші едім. Москва, Ленинград, Бұхара, Ташкент, Баку – бәрін араладым. Ақыры араб тілін қайтсем үйренемін деп алдыма мақсат қойдым. Жас қырықтан асып, бел қатайып кетсе де соңынан қалмадым. Неге десең, қазынаның бәрі сонда, ал сандықтың аузын ашатын кілт – тіл емес пе? Ақыры, арабша ел қатарлы сөйлейтін халге де жеттім. Оның жемісін де тататын кез келді – мына Машанов ағаң әл-Фарабидің ізі сайрап жатқан Таяу Шығыс елдеріне еркін баратын дәрежеге ие болды. Қатар жүрген ғалымдар ”Ақжан, сен осы жынданғаннан саусың ба?” деп тиісті. Орыс достарымның ”Аха, ты что, с ума сошел?” дегені әлі жадымда. Сонда мен былай деп жауап қайырған едім: ”Слава Аллаху, я рад, что хоть есть с чего сойти!” Содан өз қаражатыма сапар шегіп Ливан бардым, Иордания бардым, ақыры Сириядан бір-ақ шықтым. Әзиз


7 бабам жүрген соқпақтарды қуалай келе Шам (Дамаск) аэропортынан түскендегі толғанысым естен әсте кетер ме?! Бағыма қарай ол кезде бұл елдегі елші Нұриддин Әкрамұлы Мұхитдинов болатын. Жазығы не, жолыққан бетте оң қабақ танытып, астыма көлік бергені, сондағы ғалымдармен табыстырғаны әйбат болды. Не керек, әл-Фараби жерленген зиратты таптым ғой ақыры! – Ақа, ғафу етіңіз, сонда ұлы бабаның топырақ бұйырған жеріне жеткен сәтте, қандай күй кештіңіз? – Көз жасыма ие бола алмадым. Қабіріне бас иіп тұрып, бір шөкім топырағын орамалымның шетіне түйіп алдым. ”О, ұлы бабам, арада ғасырлар өтіп, аруағыңа мінәжат етіп тағы бір ұрпағың келіп тұр, қабыл алғайсың дұғамды”, деп күбірледім, құранның өзім білетін сүрелерінің біреуін ағытып қоя бердім. Бұл – осыдан 22 жыл бұрын болған оқиға, қарағым. – Дамаск дегеніңіз арабтың үлкен қаласы ғой, зиратты табу да оңайға түспеген шығар? – Оның рас, бағзы заманда зират қаланың шетінде болған екен. Баб әс-Сағир (”Кіші қақпа” деген сөз) деп аталатын бұл зираттан тек халифалар, ғұламалар, қолбасшылар ғана орын тебеді екен. Ол тұста Шамды Сәйф әд-Дәула деген әмір билеген көрінеді... әл-Фараби өмірінің соңғы жылдарын ғылым мен мәдениетке қатты қамқор болған осы билеушінің қол астында өткізген ғой, әрі музыка туралы атақты еңбегін сол ұлықтың қолқалауымен жазғаны хақ. – әл-Фарабидің әлгі еңбегі қалай аталады? –”Китаб әл-музыка әл-кабир”, орысшаласақ ”Большая книга о музыке” дегенге келеді. Бұл кітапты тауып алуымның өзі бір хикая. Ливанға барғанымда көп тілмаштардың ішінен Ольга Вячеславовна Галуани деген әйелмен етене таныстым. Әкесі – патша армиясының офицері екен, азамат соғысы кезіндегі дүрбелеңде Қиыр Шығыстан Қытайға өтіп, одан жиһан кезіп жүріп ат басын ақыры Ливанға тірегенге ұқсайды. Қызы осында арабқа тұрмысқа шығып, мұсылман дініне еніпті. Әлгі кітапты осы


8 кісінің көмегімен таптым. Жасыратын несі бар, осы еңбегі үшін елшілік арқылы азын-аулақ сый жіберіп едім, оның жауап хаты кейін бәйбішемнің қолына түсіп, ептеп сөгіс алғаным да бар. – Сонымен, әл-Фараби өз Отанымен қауышты ғой! – Иә, көп жылғы мехнатым зая кеткен жоқ. ЮНЕСКОның шешімі бойынша әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толу мерекесі Алматыда өткені өздеріңізге мәлім. Алдында Мәскеуде әл-Фараби туындыларын зерттеушілердің халықаралық симпозиумында баяндама жасадым. Бұл еңбегіме Батыс Германиядан келген атақты шығыстанушы, профессор Вульф жоғары баға берді, ал оның пікірі зиялы ғалымдар қауымы арасында салмақты екен . –Апыр-ай, араб тілін білген қандай ғанибет десеңізші! –Бұған бір-ақ мысал айтайын, – атақты Иоганн Кеплер «Аспан музыкасы» деген еңбек жазыпты. Қарап, салыстыра келсем, айтайын деген ойларының бәрі дерлік әл- Фарабидің музыка жайлы кітабынан алынған екен. Осы ойымды Кувейтте шығатын «Әл-Фараби» бұқаралық журналында жарияланған «Әл-әфсана Ғали әл-жәмил фей белади Мәураннаһар» деген мақаламда дәлелдеп шықтым. – Ғафу етіңіз, мақалаңыздың қазақша аты қалай болмақ? – «Орта Азияның мәдениет шамшырақтары» деген сөзғой. Жаңағы мақаланың соңынан түсініктеме берген Кувейт ғалымы «Әл-Машани мырза бұл пікірін толық дәлелдеді» деп жазған. Ол түсініктеменің фотокөшірмесі мынау, – деп Ақаң алдыма бір жапырақ қағаз тастай берді. – Немене, сен де араб әліппесін білмеуші ме едің? – Мен ұялып төмен қарадым. Расында, біздің қатарымыз бұл рухани байлықтан мақұрым қалды ғой... Әуелі араб жазуынан латыншаға, одан іле кириллицаға көштік. Көштік те, өткенімізбен ғасырлар бойы жалғастырып келген алтын арқауды үзіп алдық. әл-Фарабимен кешеуілдеп қауышуымыздың да төркіні де осында жатыр емес пе? Қипақтап та, қызарақтап та отырғанымды сезе қойған


9 Ақаң жұбатқандай уәж айтты: – Шырағым, үйренем десең әлі де кеш емес. Жалпы, адам баласы үшін қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда ұдайы оқумен, үйренумен өтсе, өмірдің мәні сонда дер едім... – Енді бір сұрақ, Ақа. Осы жасыңызда ондаған адамды ғылымның қиын да қызықты сүрлеуіне түсірген өзіңізді кезінде кім оқытты екен деп таң-тамаша қалып отырмын. – Бұл сауалыңа жауап қайтармақ үшін әртаман барайын. Бабамыз Машан Жамантай төренің тұсында кеңес берген биі болыпты, атақты Ағыбай батырмен дос болған – бұл турасында Ілиястың «Қаһарында» жазылған ғой. Өз әкем Жақсыбек момын, орта шаруа болды. Десем де көзі ашық, хатты жақсы танитын, құранға жүйрік адам еді. Бір есімдегісі, ”Айқап” журналын жаздырып алып оқитын. Осының әсері болар, алдымен молданың алдынан өтіп қара таныдым. Сөйтіп жүргенде Кеңес үкіметі келді. 1924 жылы Қарқаралыда атақты Әлімхан Ермеков негізін қалаған педагогикалық техникумға түстім. Алашорданың белді қайраткері Әлекеңнің ол тұста атақ-абыройы шалқып тұрған кезі, техникумға мұғалімдікке сонау Мәскеу, Петербор, Орынбордан жер аударылып келген өңкей ғұламаларды тартты. Солардың ішінде әсіресе Вячеслав Павлович Колтыкин жадымда сақталып қалыпты. Өзі өте діндар адам еді, жарықтық. Кейін Әлекең Семейге кетті де, орнын Рахымбай Сапақов деген кісі басты. Ахмет Байтұрсынұлының оқу, тіл құралдарынан, Міржақыптың есеп құралынан сусындадық. 1929 жылы техникумды тәмамдап Абралы ауданында мұғалім болдым, біраз Семейде облонода қызмет атқарғаным да бар. Жалпы тағдыр маған ғалымдардың небір қасқа мен жайсаңдарынан дәріс тыңдауды сыйлаған екен. Академиктер Вернадский мен Обручевтердің әрқайсысы өз алдына асқар шың емес пе? Олар нағыз энциклопедист ғалымдар болатын, бәлкім ғылымның әр саласына ат салысуыма солардың тағылымы да әсер еткен болар.


10 – Көне түркі халықтарының мәдениеті, ғылымы жайлы бірер сөз айтсаңыз… – Қарағым, бұл тақырып таусылмайтын кеніш іспетті. Көне түркі тілінің ізі құранның өзінде де сайрап жатыр. Мен осыдан мыңдаған жылдар бұрын қазіргі Қазақстан аймағында ұлы цивилизация болған деген болжамды сенімді түрде қорғай аламын. Мүшел қайыруды кейін гректер пайдаланған ғой. Ал, қазақ календарын ежелгі майя халқының жыл қайыруымен салыстырайықшы. Алпыс жыл бойына ұмыт болған Наурыз мерекесін қайта қызықтап жатырмыз. Сол «наурыз» деген сөз парсы тілінде «жаңа күн» деген ұғымды білдіреді. Ал жаңа айтқан майя календарында жыл басы «Яни кун» деп аталады екен. Мүшел жылдарының атаулары екі тілде де тұспа-тұс келіп отырады. Соған қарағанда, біздің дәуірімізден мыңдаған жылдар бұрын халықтар Беринг бұғазы арқылы Америка континентіне барып қоныстанғанау деп ойлайсың. – Қарағандыға келген сапарыңыз кеншілердің ереуіліне тұспа-тұс келді. Бұл тосын оқиғаға қандай баға берер едіңіз? – Сталинизм жайлы айтудай-ақ айтылып жатыр ғой. Бірақ, содан кейінгі Хрущев, Брежнев ел тізгінін ұстаған кезеңдердің де қалдырған «іздері» сайрап жатыр. Бәрі де сол солақай саясаттың кесірі! Мәселен, «Тың көтереміз!» деп сайын даланы айғыз-айғыз етіп жыртып тастамады ма? Енді қараңыз, қазақтың кең байтақ жерінде мал жаятын өріс жоқтың қасы. Табиғат – ана адамның суық қол жүгірткенін кешірмейді. Осыны ұмытпайық дер едім. – Ақа, әңгімеңіздің бір парасында Қарқаралыға барамын дедіңіз. Бұл туған жерге барып аунап-қунап қайту ма, жоқ әлде... – Қалқам, мен кейінгі кезде әл-Фараби мен Абай арасындағы рухани үндестік пен үйлесім жайын зерттеп жүрмін, «Әл-Фараби және Абай» деген шығарма да дүниеге келді. Мені әл-Фарабиге жетектеп әкелген көпір Абай дер едім. Мұхтар Әуезов ағамыздың Абай даналығының үш бастауы бар дегені есімізде. Олар – қазақ халқының


11 көнеден келе жатқан мәдениеті, араб мәдениеті және орыс, Батыс мәдениеті. Қазақ халқының ғасырлар бойы толғатып туатын әл-Фараби мен Абай сынды біртуар ойшылдарының молынан сусындайтын ортақ бұлағы – араб, яғни Шығыс мәдениеті. Мәселен, әл-Фарабидің «табиғат-мәтбуғат» қағидалары. Абай шығармаларында кеңінен жырланады. Абай «Мутакалим мантик ум, бекер басқа өзе дүр” дейді. Ал, әлФарабише мантик-логика – екі түрге бөлінеді: 1) мантики қаллами - формальді, сөздік логика, 2) мантики мәсбути — дәлелді, яки математикалық логика. әл-Фараби логиканың осы екі түрін де дамытқан, Абайдың жаңағы айтып отырғаны – сөздік логика турасында. Абай: «Хаклия-нақлия, ғылым-құдірет, жүрек таразысы – ынсап, өмірдің өзі – шындық» демей ме? Әр затқа есімін беріп, есебін айту керек, сонда ғана сен – адамсың, дүниені танымасаң сен – надансың» дейді. Оның қара сөздері тұнып тұрған пәлсапа емес пе? Енді әл-Фарабиді тыңдалық: Ғақли көзбен қарасаң, Дүние ғажап, сен – есім. Жаһли көзбен қарасаң, Дүние қоқыс, сен – мешін. Осыған Абай қалай үн қосады деңіз: Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар, қалан! Солай, шырақ. Қазақ топырағында туған қос алып, араларына ғасырлар салып, осылайша сыр шертіседі. 1995 жылы Абайдың туғанына 150 жыл толады ғой. Соған дайындықты осы бастан жүргізген абзал. Сахара халқында кеңқолтықтау, бойкүйездеу бір мінез бар емес пе? Қарқарылада Құнанбай салдырған, арасында Абай келіп


12 сәждеге басын иген мешіт бар еді, соның жағдайы қалай екен деп білгелі келдім. Абайдың бұл мүшел тойын ЮНЕСКОның шешімімен тойлауға қол жетсе, дүниенің төрт тарабынан оқымыстылар, ақын-жазушылар қауымы түгел ағылар еді. Сол кезде ұялып қалмауымыз керек, қайталап айтамын, осы бастан қамдана берген жөн. Ақаң ”тағы нең бар?” дегендей көзілдірігінің үстінен әм қарады. – Қандай адамдарды жақсы, ал жек көретіндеріңіз кімдер? – Ілгеріде айттым ғой, өмір бойы үйренумен, болсам екен деп талпынумен өтетін жандарды ұнатамын. Ал, суқаным сүймейтіндер… Ақаң кенет алқынып, булығып қалды. Әлгінде ғана мейірімді шуағын молынан төгіп тұрған жанарынан заматта ызғарлы ұшқындар шашырап кетті: – Суқаным сүймейтіндер – арақ ішетіндер! Олардың һәммасы санқилы сұрқиялыққа оң иығын беріп тұрады. Өтірік айтатындар да солар, пәтуасыз, берекесіздер де солар, мынау жалғанның ең қымбат қазына – уақытты текке өткізіп, айналасына зәрлі уытын жаятындар! – Ақа, соңғы сауал: қазақтың ғылымды сүйер, мәдениетін қадірлей білер жас толқынына қандай бата берер едіңіз! – Өршіл болса екен деймін, еліміздің ерлігін баянды етіп, ілгеріге апарар жолда табандылық, қайсарлық тілеймін. – Ақа, сұхбатыңызға мың рахмет, көріскенше күн жақсы! …Осы тұста, жайшылықта суретті түсіре салысымен жылжып жүре беретін Юрий Михайлович Хейфиц те орнынан тұрып Ақаңның қолын қысып, ыстық ықыласын білдірді: – Ақсақал, бағанадан бері сіздің әңгімеңізге тәнті болдым, бір жағынан сізге қарап өзімнің әлі де қаншалықты аз білетінімді байқағандаймын. – Жасың нешеде бауырым? – Алпыс алтыдамын, – деді Юрий Михайлович. – Еһе, ты еще пацан, впереди у тебя – целая жизнь, так что не горюй! «Орталық Қазақстан», 29 август, 1989 ж.


13 СӘЙАҒАҢ ҚАЙТЫП КЕЛГЕН КҮН Тілші материалы «Халық депутаттары Қарағанды облыстық Советі атқару комитетінің жуырда қабылданған шешімі бойынша облысымыздың Нұра ауданындағы Захаровка селосының орта мектебіне белгілі қалам қайраткері - жазушы, оқымысты, аудармашы, қарағандылықтардың жерлесі Сәйділ Омарұлы Талжановтың аты берілді». Осы бір сөйлем қаламгер ағамыз Жайық Бектұровтың біздің газетте бір жарым ай бұрын жарияланған шағын, шағын да болса Сәйағаңның өмір жолынан, оның өскен ортасынан құнды мағлұматтарды молынан қамтыған мақаласынан келтіріліп отыр. Тұла бойы тұнған тарих, жетпістің биігіне шықса да зердесіне сызат түспеген Жәкеңнің өзімен әрі замандас, әрі тағдырлас адам жайлы жалт еткен жаңалықты оқырман қауымға өзгелерден бұрын жеткізген шалт қимылына қалайша разы болмассың? Кейін сол мектепке аты еліне мәшһүр жерлесіміздің есімі берілуіне арналған салтанатқа қатыстық та. Тағы да ең алдымен Жәкең жетті тойға. Сол бір қалың жұртшылық қатысқан мәжілісте Жәкең тебірене, дүйім халықты толқыта, жанарларына жас үйірте сөйледі. Ауылдастарына да рахмет, жайшылықта ресмилеу өтетін осындай рәсім мерейлі мерекеге айналды. Сонау астанадан ғалымның жұбайы Зура шешеміз, тұңғышы Эмиль Талжанов келіпті. Бір кездегі бала Сәйділмен қара Нұраның құмына аунап, суына шомылған тұстастары да осында. Тағдырдың қыспағына қанша түссе де жомарт жүрегін ызғар шалмаған мейірбан ұстаздан дәріс алғандар да осында. Бірде ауыл қариялары есте қалғандарын айтса, енді бір тұста қызыл галстукты балдырған Сәкеннің алғаш орыс тіліне Сәйділ


14 аударған «Қызыл атынан» жыр жолдарын төгеді. Ауық-ауық Арқаның әуезді әндері аспанды шарлайды. Мектептің кіре берісіндегі қос қапталға «Сәйділ Талжанов атындағы орта мектеп» деген жазуы бар төрткүл шыны орнатылған соң көпшілік ішке енді. Осындағы педагогтар қауымы жақсы іс тындырған екен – ғалымның қоғамдық негіздегі музейін ұйымдастырыпты. Баршамызга түсінік беріп зыр жүгіріп жүрген музей меңгерушісі, оқытушы Сағат Түсіпбекованың еңбегі өз алдына дерлік. Маған Сәйағаңның қолдан салынған портреті қатты әсер етті. (Сірә, осыдан он жыл бұрын «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Өткен күндер сөйлейді» дейтін соңғы туындысындағы суреттен көшірме болуға керек). Ғалымның мына бейнесі қияға қараған қыран дерсің. Осы кезде мана сөйлегендердің ішінен бүгінде құрметті демалыстағы тіләдебиет пәнінің мұғалімі Әния Әкімбекованың айтқаны ойға орала кетті: – Сәйділ аға 1964 жылы Сәкеннің 70 жылдық мүшел тойында ақиық ақынды «Қияның қызыл сұңқары, қырдың асау тұлпары, желмаядай жүйткіген экспресс, өзі де әдемі, кестелі кесек сөзі де әдемі, томағасын тартқан долы бүркіттей қиырға қырынан қарайтын, сара жолынан таймайтын адамзаттың адал ұлы Сәкен аға!» деп сипаттап еді. Бүгінгі осынау қуанышты күні ғалымның сол сөзін, сол бағасын Сәйділ ағаның өзіне арнағым келіп тұр. Құрметті қауым, бүгін Сәйағаң қайта оралған күн! Рас, Сәйділ Талжанов ірге тасын Сәкен мен Мұхтар, Ілияс пен Бейімбет қалаған жаңа дәуір әдебиетінің хас түлектерінің бірі еді. Жаңа мәдениеттің, советтік интеллигенцияның алғашқы легінен жұлқына шыққандардың бірі еді. Не керек, отыз жетінші жылдың ойраны өзгелермен бірге оны да орға құлатпады ма? Байқасақ, Сәйділ Талжанов жайлы аз білмейтін тәріздіміз. Оның рухани мұрасы әдебиет сүйгіш әр азаматтың үйінен табылады. Жақында ғана Сәйағаның соңғы кітабын зейін қойып қайта оқып шықтым. Ғұлама ғалым, жүйрік жазушы, ақпа аудармашы – бәрі де сол Сәйділ Омарұлы екені осы


15 шығармасынан-ақ атойлап тұр. Ал, Сәкеңнің басынан кешкендері жайлы өткен жылдың мартында әріптесіміз Әлия Бөпежанованың «Қазақ әдебиетінде» «Өткен күндер сөйлейді» (С. Талжановтың кітабының аты текке қойылмаған ғой) деген очеркі жарияланды. Жайық Кәгенұлы да бірталай сыр шертіп еді. Үстіміздегі наурыз айының ортасында Захаровкадағы мектепке ғалымның аты берілуіне байланысты арнайы келіп жүрген Зура шешеймен де емін-еркін сұхбаттасқаным бар. Кейінгі жолы Эмиль Сәйділұлымен де көп әңгімелестім. Сондай отырыстардың бірінде қисынсыздан Сәйағаңның соңғы сағаттары жайлы сөз шығып кетті. – Айналайын, ағаларың ауырмай-сырқамай жұмыс үстінде жүріп кетті ғой, – деді Зурекең күрсініп. – 1972 жылдың 10 декабрі болатын, қалай ұмытайын ол күнді... Енді мына қараңыз: Сәкең соңғы туындысын реттеп, баспаға дайындаған да, «Оқырман дос!» деген арнау сөзін сол қайтыс болатын күні, 10 декабрьде жазыпты. Ақтық демі біткенше қаламын қолдан түсірмей серт ұстап өткен қайраткер ағаның аруағына қалай бас имессің? Содан осы кітап алты жылдан кейін жарық көріп, ел игілігіне айналды-ау ақыры. Оның алдындағы докторлық диссертациясын қорғаудағы тоғыз жылғы әуре-сарсаң ше? 1937-1956 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін ше? Не деген қайсарлық, не деген өмірге құштарлық десеңізші! Қайран қалам, қайран қалам да, өзіме-өзім сұрақ қоям: егер осы Зурекең Сәкең алғашқы ұсталғанда он жыл бойы зарыға күтпесе, одан соң жетіжыл бойы ерінің етегінен ұстап Сібір аумаса не болар еді? Сәйділ Талжанов айдаудан оралар ма еді, оралған күнде тап осындай биікке көтерілер ме еді? ...Мектептің жаңаша аталу салтанаты әлдеқашан тараған. Түннің бір уағы болса да, әңгіме-дүкен таусылар емес. Алдында қошеметшіл қауым Зурекеңе ән салдырған. Дауысы ашық, әрі нақышына келтіріп айтады екен. Тым толғанғандық шығар, алғашқы әннің екі-ақ шумағын


16 ойына түсірді. Әуені де, сөзі де Арқада естілмеген ән тәрізді. Шіркін нота білмейміз, әйтпесе қағазға түсіріп алса қандай тамаша: Қиядан қиын-қиын қияладым, Басына биік шыңның ұяладым. Алақтап аш бөрідей жүргенімде, Таппадым қу өмірдің тиянағын. Хат жаздым осылай деп жан жолдасқа, Бұл заман тура келді біздің жасқа. Атадан канша жақсы тусаң-дағы, Дариға, бір кемшілік келер басқа. Мен осынау жұдырықтай ғана әйелдің қайтпас қайратына қайран қаламын. Үйленіп, үй болғандарына жылдан сәл ғана асқанда ұсталған Сәйділ: «Зура, мен ұзаққа кетіп барамын. Жассың ғой, бағыңды байлама» дегенде ешқайда мойын бұрмаған осы Зурекең. «Халық жауының әйелі» деген атағынан ағайын да, туғантуыс та безіп кеткенде тас-түйін бекінген де осы Зурекең. Шындықты айтамын деп сан рет жұмыстан қуылып, біресе ауылды сағалап, біресе Қарағанды, одан Жезқазғанға шығандап кетсе де шыдап баққан осы Зурекең. Сонау тайгадан 1954 жылы оралса да, паспортсыз екі жыл жүрген Сәкеңнің соңғы сергелдеңінде сүйеніш болған да осы Зурекең. Кейін өмір түзелді-ау, әйтсе де өткен белгі бермей қоймайды екен. Сібірде дүниеге келген, әкесі үміт артқан Жәннаты ауыр науқастың зардабын жылдар бойы тартып, 36 жасында көз жұмды. Бұл қайғыны да қасқая қарсы алған осы Зурекең.......................... Сұхбаттың бір орайында: «Зуреке, әңгімеңізде айтқандай, ағайды өте жақсы көрген екенсіз. Ал енді өзіңіз қай туған боласыз?» деген сауал қойдым. «Е, шырағым, ағаларыңды мақтан еткен орынды ғой, ал реті келгенде мен де айтып қалайын - шешелеріңді де осал деме, біз Шоқан Уәлихановтардың әулетінен тараймыз» деп баяу жымиды.


17 Жоғарыдағы өлеңнің соңғы екі жолының мағынасына енді бойлағандай болдым. Зурекеңнің тағы бір таңқалдырған жері бағанағы жиында, сөз бергенде «Ағайын, мені енді Сәйділден құтқарыңдаршы, әбден шаршадым» дегені еді. Сөйтсем, 14-15 жылдан бері Сәйағаң атын өзі туған өңірдегі мектепке алып беремін деп әуре-сарсаңға түскенін мегзегені екен. Иә, бұл әңгіменің шыққанына сонша уақыт болған. Әрине, ауылдағылар да құр қарап жатпаған ғой. Сөйтсе де, жүктің ауыры тағы да Зурекеңнің иығына түскеніне көзім жетті. Ғалымның атын мектепке беру үшін республика Ғылым академиясынан, Жазушылар одағынан, совет органдарынан жинаған қағаздарының өзі бір құшақ деуге болады. Оның бер жағында Қарағанды мен Нұраға осы шаруамен табаны таусылып неше дүркін келген десеңізші. Эмиль Сәйділұлы екеуміз мақпал түннің құшағына шықтық. Ғалымның алғаш ұсталатын жылы туған ұлы бұл күнде Қазақ ССР Автотранспорт министрлігінің бас технологы. Әдебиеттен аулақтау болса да өнерден кенде емес - бір кездегі республикаға аты танымал шахматшы, бірнеше жылдар бойы Қазақстанның құрама командасын жаттықтырған екен. – Шынымды айтсам, бүгін менің 52-ге келген ғұмырымдағы ең қуанышты күнім дер едім, - дейді Эмиль жадырай сөйлеп. – Қазақта «Қорыққан меи қуанған бірдей» деген сөз бар. Әлдеқалай қатты қорыққан бір сәтіңізді есіңізге түсіріңізші? – О-о-о, ол күнді мен өлгенше ұмытармын ба?! 1949 жылдың 8 январында әкемді қайта ұстады. Үш адам пәтерге кіріп келді де, оны тұрғызып қойып тінтті. Қағазкітаптардың бәрін шашып әңкі-тәңкісін шығарды. Қайтақайта тапаншаларын кезенеді. Сондағы шошығаным... Одан қайтып әкемді 1954 жылдың жазына дейін көргем жоқ... Мен «әттеген-ай, қайдағы жоқ сұрақты қайдан беріп


18 едім» деп өкіндім. ...Міне, қоштасар сәт те жақындады… Мен Зурекеңе кешегі айтқан екінші әнінің сөзін жазып алуға қолқа салдым. – 1957 жылы ағаларың жүрегінен қатты ауырып бәрімізді састырғаны бар. Бірде екі бүктелген қағазды қолыма ұстата берді. «Зураға» деп бастапты: Аяйтын малым да жоқ, басым да жоқ, Жанашыр, дос-туысқан, қасым да жоқ. Құлазып, құба жонда құр сандалдым, Алдымда даяр тұрған асым да жоқ. Сол күнде сүйенгенім, жаным сенсің, Таяныш, тиянағым, барым сенсің. Сібірде сергелдеңде жүрген шақта, Артымнан іздеп тапқан жарым сенсің, Мен сені ұмытпаспын өлгенде де, Апарып қу молаға көмгенде де. Баламның анасына тиме дермін, Сұм ажал маған төніп келгенде де. Көрдің ғой талай-талай замандарды, Өсекші, жауыз, пасық, жамандарды. Сұрапыл сол тозақтан құтылдың да, Түзеліп көрдің тағы жаңарғанды. Байлық та, кедейлік те қолдың кірі, Өтер де, ұмытылар жүрсең тірі. Өлмеген адам бар ма өмірге кеп, Біз де сол сонау өткен көптің бірі. Жәннатым, Өрім, Эмиль болсын аман, Едігенің көр қызығын бердім саған. Ренжітпе, Жәннатымды ерекше ұста, Жұлдызым, жолаушы ғой оқшау туған. Ойлама бұл сөзімді құр байбалам, Әйтеуір, осы күні көңіл алаң. Телміріп төніп тұрған ажал да жоқ, Білмеймін неге екенін көп ойланам.


19 Пәле де айтқан жерден жүрер аулақ. Ажал да ала қоймас қазір жаулап, Кеп қалса тұтқиылдан шошып жүрме, Ескерттім алдын ала көңіліңді аулап. Сәйділ. 15 сентябрь, 1957 жыл. Алматы. – Ағаларың осы ауырғаннан кейін 15 жыл өмір сүрді. Бара-бара бұл өлеңге етіміз үйреніп, әнге салып айтып жүретін болдым, – дейді Зурекең. Тозақтың қаншама орамынан тайсалмай өткен Зура шешемізге Сәйағаңның қысылғанда жүрегін жарып шыққан осы өлеңі де көп жайды аңғартпай ма? «Орталық Қазақстан», 1989 жыл


20 ШЕГІРТКЕНІҢ ТОРСЫҒЫ НЕШЕУ? Фельетон Қызық та, қыңыр сұрақ дейсіз ғой, ә, қадірменді оқырман? Онда былай келісейік: егер қолыңыз бос болса, сіз боп, біз боп бірауық викторина ойнасақ қайтеді? Мен сұрақ қоямын, сіз жауап қайтарасыз. Пәтуа ма? Ендеше кеттік: 1. Саранша деген не? Саран қаласының маңайындағы поселке ме, әлде... (Шешсеңіз – 3 ұпай аласыз). 2. Шегірткенің торсығы нешеу һәм сол торсықта не бар? – 5 ұпай. 3.Селлефон дегенді естідіңіз бе? Селекторлы телефон ба?– 4 ұпай. 4. Мұз бетіне салынған әйнектен не білесіз? – 2 ұпай. 5. Қайсыбір малға, қайсыбір жағдайда ақ желең кигізіп қояды екен. Неге? – 3,5 ұпай. 6. Волейбол ойнағанда допты торға түсіру керек пе, жоқ па? – 1,5 . 7. Адам бойының ұзын-қысқалығы еңбексүйгіштікке әсерін тигізе ме? – 1 ұпай. Міне осы сауалдардың бәріне дәйекті де дәлелді жауап қайтарсаңыз, бақандай 20 ұпай аласыз, мұндай білгірлікпен Орталық телевизияның «Не? Қайда? Қашан?» деген аламан бәйгесіне бір бүйірден бүйідей тиюге құқыңыз әбден бар. Ал, ойланыңыз, толғаныңыз... Уақыттан тежемеймін. Кәне, нешеуін шештіңіз? Пәлі, осы ма бар болғаныңыз? Болмас, онда ағайынға ептеп қол ұшын берейік. Кәне, мына бір үзінділерге зейін аударыңызшы: 1-2. «...САРАНШАНЫҢ әр түрінің жетілуіне 25-45 күн керек. ШЕГІРТКЕНІҢ ТОРСЫҒЫНДА жұмыртқа көп болады. Мысалы, ең үлкен италия шегірткесінің торсығында 50 жұмыртқа болады екен. 1988 жылғы күзгі тексерісте әрбір


21 шаршы метрде 12,5 торсық, жиі деген жерлерде 14 торсыққа дейін кездесіп қалады». 3-4. «...Қайта керісінше, бәрі де бір кісідей СЕЛЕФОННАН жасалған палаткаларға (немесе күркешелерге) жасырынып алды. Барлығының назары – мөлдір судың тереңінде. Әрбір ойдым МҰЗ БЕТІНЕ САЛЫНҒАН ӘЙНЕК СИЯҚТЫ». 5. «...Олар ТАЗА АҚ ЖЕЛЕҢ КИІП ОТЫРҒАН ТҮРЛІ МАЛДЫ қолдан ұрықтандыратын техниктердің лабораториясынан гөрі басқа бір салмақтылау орынға ұқсайды». 6. «...Сөйтіп ойыншы В.И. Кияшконың белсенділігінің арқасында есеп 2:2 болды. Бұл шебер ОЙЫНШЫ ДОППЕН БІРГЕ ЖОҒАРЫ ЫРШЫҒАНДА доп түсетін торға дейін жетіп отырды». 7. «...БОЙЫ ҰЗЫН, ДЕНЕЛІ АДАМ. Еңбексүйгіштігі оның алақандарынан-ақ сезіліп тұр... Оның әйелі де еңбексүйгіш, өте бір инабатты жан. ОЛ БОЙЫНЫҢ АЛАСАЛЫҒЫ МЕН НӘЗІКТІГІНЕ ҚАРАМАСТАН еңбекке келгенде алдына кісі салмайды». Қадірлі оқырман, қалай, жалығып кеткен жоқсыз ба? Онда доғарайын. Дегенмен осынау үзінділер әлгі викторинаның құлыбын ашатын кілт іспетті екенін аңғару қиын емес. Сонда мына алқам-салқам, сақау сөйлемдер қайдан шыққан демейсіз бе? Фельетоншы осының өзін викторинаға сегізінші сұрақ етіп іліктіргісі бар еді, тек «Орталық Қазақстанның» Нұра бойындағы оқырмандары ду ете қалатынын сезіп, ол райынан қайтуға мәжбүр болды. «Жасыратыны жоқ, Жанұзақ өліпті» дегендей, енді бүркемелейтіндей ештеңесі де қалған жоқ – бұл «цитаталар» қазақ тілінде шығатын «Нұра диқаны» газетінің апрельдегі екі-үш қана санынан алынды. Дәлін айтқанда Т. Әбілжановтың «Шегірткеге қарсы күрес», Н. Хамзиннің «Әуесқой балықшылардың жарысы», Б. Бековтың «Технологияны сақтай отырып», З. Қабдұловтың «Батыр атындағы жүлде», З. Шевченконың «Еңбек сүйгіш семья» деген ұзынды-қысқалы, ірілі-уақты материалдарынан


22 келтірілді. Шынтуайтында, біраздан бері «Нұра диқанын» үңіліп оқуға орайым келмей жүретін. Көкек айы туысымен аудан шаруашылықтарын біраз шарлап оралсам, шолатын газетжурналдар едәуір текшеленіп қалыпты. Кезек «Нұра диқанына» келгенде, күлкімді тыя алсамшы! Жатып ап күлем, жантайып ап күлем, көзімнен жас аққанша күлем. Бірақ, қашанғы күле бересің, әрі-беріден соң оның ауылы алыстап, енді ыза буа бастады. Дереу қолыма қалам алғаным да сол. * * * ...Өткен жылдың тамыз айынан бастап қазақ тілінде газет шыға бастағанда нұралықтар елең ете қалысты. Жыл ортасы ауып кетсе де, жаңа басылымға жұрт жапа-тармағай жазыла бастады. Алғашқы тиражы 700-дей ғана болса, биыл екі есе өсті. Бірақ, амал не, көпшіліктің көңілі көп ұзамай селқос тартты. Гәп неде? Гәбі сол – газеттің тілі қазақша емес, кәдуескі қойыртпақтың дәл өзі. Ол үшін қиянға шаппайақ былтырдан бері шыққан жүз нөмірдің жүзіне зейін салып, көз жүгіртсеңіз болғаны. Қайда қарасаңыз да, басы жарылып, көзі шығып жатқан сөз орамдары, тәлтіректеген тіркестер, сүрініп-қабынған сөйлемдер. Ал, әріп қателері дегеніңіз – ғапу еткейсіздер... – күпінің битіндей өріп жүр. Мұндай газет кімге қажет сонда?! Әрине, бұл тұста редакция, оның шығарушылар алқасы не бағып отыр деген заңды сұрақ туындайды. Бұған жауап бермес бұрын, менде бір сауал бар: осы «Нұра диқанының» нағыз иесі кім өзі? Неге десеңіз, негізгі газет «Нуринский хлеборобтың» материалдарының баршасы Киевкада орысша жазылып, өңделіп, Қарағандыға жіберіледі. Ал оларда қазақшалау толайымен «Фараби» аудармашылар кооперативінің үлесінде. Тоқетерін айтқанда, ондағылар ойына келгенін істейді. Өйткені, кооператив редакцияға тәуелді емес, «дербес мемлекет». Бұл – бір. Енді мына жайды қараңыз. Мәселен, қазақ автор аудандық


23 газетке өз тілінде мақала жазды делік. Оны алдымен әлгіндей орысшаға аударып, Қарағандыға жөнелтеді. Одан кейін «Фарабидегілер» әлгі дүниені қайыра қазақшалайды. Сөйтіп, Киевкадан кеткенде көйлек киген дүние, қалаға жеткенде кимешек іліп шыға келеді. Сонымен не керек, «Нұра диқанының» осындай хал кешкеніне міне, сегіз айдың жүзі болды. Жасыратыны жоқ, оқырман қауым арасында күңкіл көбейіп, наразылық күшейе түсуде. Әйтпесе, жаңа газеттің тиражын 4-5 мың данаға қиналмай жеткізуге болар еді-ау. Газеттің сиқы әлгіндей болған соң, «жазылмадың» деп кімді жазғыра берерсің? Рас, аудандық партия комитеті бұл жайтты көрмей, білмей отырған жоқ. Егер осы «Нұра диқанының» сапасын саралап, бағасын бағдарлайтын, оның болашағына жаны ауыратын партия қызметкері жоқ десем, әсте әбестік болар еді. Әйткенмен, аупарткомның хатшысы В.И. Швецова жетекшілік етіп отырған идеология бөлімінде бір де бір қазақтың болмауын қалай түсіндіруге болады? Ендеше, «Нұра диқаны» жетімсіремегенде қайтеді, айтыңыздаршы?.. * * * ...Құшақ-құшақ газет оқығаннан дел-сал боп, бір сәтке көзім ілініп кетсе керек. Түсім екен, Қарағандының кең көшесінде көктемнің майда желіне кеудемді ашып тастап алаңсыз келе жатыр екем деймін. Кенет облатком үйінің қапталындағы орамнан әлдебір жігіттің ойбайлап атып шықпасы бар ма?! Мойнына ілген төрткүл қытырлақ қағазы бұлғаң-бұлғаң етеді. Ойбайлайтын жөні де бар – астына ақбоз ат мінген, қарқарадай ақшаңқан сәлделі, күміс сақалы күнге шағылысқан қария, әлгі бейбақты өкшелей тықсырып, қамшының астына алып келеді екен. Қатарласа келе тани кеттім, әзиз бабамыз Әбунасыр әл-Фарабидің дәл өзі! Атылып барып шаужайына орала кеттім: – Ататай-ай, бір жолғы ашуыңызды қия көріңізші, бұл да адамның баласы ғой, сауға, сауға!


24 Абырой болғанда ғұлама баба атының басын ірке бергені: – Хайыр шырағым, бердім тілегіңді... Тек анау тілі тұтыққан тілмашыңа айт – егер менің атымды иемденіп, тілімізді тағы шұбарлайтын болса, менің аруағым әсте тыныш жатпайды, соны ұғынсын. Әттең, бас тәржімәшы қолыма түспеді, біраз құлағын бұрайтын!.. Жапақтаған жанарымен жер шұқыған жігіттің кеудесіндегі қағазына көз салсам, «Фараби» аудармашылар кооперативінің мүшесі Пәленбай Түгенбаев» деп тұр! Осы сәтте қызық киноның таспасы тарс үзілгендей, ақбоз атты қас қағымда ғайып болды, мен де оянып кеттім. Марал ХАСЕНОВ, КСРО Журналистер одағының мүшесі Нұра ауданы, «Орталық Қазақстан» № 90, 18.04.89.


25 ДОМБЫРА ҮНІ НЕГЕ БУЛЫҒЫП ШЫҒАДЫ? Жаңғырық «Бабамыздың көзі еді ғой, домбыра» деген проблемалық мақаласында әріптесіміз Айтбай Сәулебеков дұрыс мәселе көтерген екен. Бұл жағдаят мені де көптен толғандырып жүруші еді. Осыған орай Айтбай «музыка маманы емеспін» деп ақталғандай болса да, көпшілік көкейінде жүрген жабырқаулау күйдің пернесін көп жағдайда дөп басқан дер едім. Зады, әр ұрпақтың өз әуені, өз сарыны (музыкасы) бола ма деймін. Ол үшін тереңдігі теңіздей өткенге бойламай-ақ, өзіміз сияқты қырықтың қырқасына шыққандардың қатары куә болған жайттарды ғана тілге тиек етсек те жарап жатырау... Сонау біз мектеп табалдырығынан аттаған елуінші жылдардың басынан бері-ақ қазақ музыкасының өзі қаншама белестен өтті, қаншама биікке көтерілді. Тіпті ызы-қиқы, ұрда-соқ рок музыкаға да етіміз үйреніп қалыпы. Ғасырлар қойнауынан бабалар аманаты, ұрпақтар үніндей болып жеткен халық музыкасы, классикалық музыка ше? Олардың жөні бір бөлек қой. Бірақ, соқпа-соқпада теледидарды сөндіріп, радионы өшіріп, тылсым тыныштықта домбыраны қолға алып серпіп-серпіп, шертіп-шертіп жібергенде көңілің шайдай ашылып жүре бермей ме? Енді өйте қояйын десең қазір домбыраға қол соғатын қазақ атаулыға сол аспаптың өзі мұң. Мұны мен өз басымнан білемін. Осыдан 7-8 жыл бұрын алған домбырам кейінде сыр бере бастаған-ды. Жол түсіп қай жаққа барсам да әуелі құнттайтыным – домбыра. Расында, Айтбай айтса айтқандай, соңғы кезде домбыралардың (оның ішінде Осакаровкада шығатындары) сапасы күрт төмендеп кеткені рас. Осындайда танымал әнші Жәнібек Кәрменовтің теледидардағы бір әңгімеде «Осакаровканың домбырасы


26 самауыр жағуға да келмейді!» деп күйіне айтқанына лажсыз мойын ұсынасыз. А. Сәулебековтің мақаласында бір жігіт «төрінде домбыра ілулі тұрмаған қазақты көрсем, өзегіме өрт түскендей күй кешемін» депті. Сөзінде жан бар, ал бірақ жоғарыда айтқандай, төріне ілетін домбыра таба алмай жүрген қазақ қаншама дегенге қалай қарайсыздар? Мақалада біраз орайлы ұсыныстар айтылған екен, соларға қосыла келе қосарым - музыкалық цехты Қарағандыға әкеліп дербес кәсіпорын етіп ұйымдастырса. Ол кооператив бола ма, әлде мемлекеттік өндіріс орны бола ма, оны проблеманың ыңғайына қарай шешкен дұрыс болар. Айтылмыш мақаладан менің бір анық аңғармай қалғаным – осы музыкалық цех республиканың өзінде сеңдей соғылысқан министрліктердің қайсысына бағынышты екенін бажайлай алмадым. Дәуде болса Орман шаруашылығы министрлігінің аясында шығар. Олай болса, болашақта музыкалық аспаптар шығаратын арнайы кәсіпорын Қарағандыдан орын тепкен жағдайда оның Алматыдағы «қожасы» Мәдениет министрлігі, облыс орталығындағы қамқоршысы облыстық мәдениет жөніндегі комитет болуға керек. Осындай дербестік, осындай салалық бағыныштылық болғанда ғана іс оңға баспақ. (Домбыраның сүйегі әйтеуір ағаш екен деп Орман шаруашылығы министрлігінің «қарауында» болып келгенінен көгерген көсегесін көрдік қой). Сонда домбыра болсын, басқа музыкалық аспап болсын, олардың жасалу процесіне көзі ашық мамандар қолғабыс тигізеді деп ой қорытамын. Бұл сайып келгенде бұйымның сапасын жақсартады, оған деген сұранымды арттырады. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» мынау: егер осы жазған, көтерген проблемадан түбі пайда шығатын болса, қарағандылық жаңаша жасалған домбыралардың алғашқы партиясы ЦУМ-ға түсті деген күні «музыка маманы емес» Айтбайға солардың ең бір үндісін шанағынан шертіп жүріп таңдап берер ем. Тек сол қуанышты шаққа тезірек жеткізгей...


27 Қалай дегенде де сағағынан Құрманғазы мен Тәттімбет, Сүгір мен Сайдалы Сары Тоқа күй төккен, Біржан мен Мұхит, Ақан мен Әсет, бүгінде Дәнеш пен Қайрат әндерін нөсерлеткен қайран домбыраның қайраңға соққан балықтай болған мына халі мұңайтады. «Ештен кеш жақсы» деген, қолға алса, домбыра үні булықпай, тұма бұлақтай бұлқынып шығатын шақ алыс емес. Тек тізе қосып қимылдайық, өнер сүйетін зиялы қауым, қолда барын қастерлейтін ағайын! «Орталық Қазақстан», 25.06.1989 ж.


28 ШАҒАЛАДАЙ ШАЙ ҚАСЫҚ Очерк ...Мен оны аялдамаға шығарып салдым. Әбүйір болғанда қаланың екінші шалғайындағы мекеніне жеткізетін жедел көлік келе қалып, ол кісі кідірмей жөнеп кетті. Әйтпесе биылғы сәуірдің мына суық жаңбыры және тосын мінез көрсетер ме еді, қайтер еді? Тіл-аузым – тасқа, Секең сексеннің сеңгіріне қол созса да, Аллаға шүкір, тың екен. Өзгені білмеймін, өзімнің және бір ғажап қалатыным – алдыңғы толқын өкілдері зерделерінің мықтылығы. Мәселен, Секең соңғы зеңбірегі тоқтағанына елу алты жыл толғалы тұрған сонау алапат соғыстың қай парағын ақтарса да, абдырап қажетті қағаз іздеп қалтасына қол салған жоқ, дерек атаулыны табиғат сыйлаған «компьютерінен» төкті де тастады. Қайта мен әңгіме арқауынан адасып қалмасқа амал іздеп, қарындашымды әзірледім. Өмірдің өкпек желі өтіндегі селеу іспеттес қатарлары күн санап сиреп бара жатқан ардагер ақсақал мінген автобус көше айналып кеткенше тұрып қалсам керек, тұла бойым тоңазығанын аңғардым... Таныс болғайсыздар – Сембай Рысмағамбетов, Ұлы Отан соғысына қатысушы, екінші топтағы мүгедек. 1921 жылы Жаңаарқа ауданында туған. Соғысқа жиырма жасында шақырылып, Кеңес Одағын Еуропадан көктей өтіп, Манчжуриядан елге 1946 жылдың тамызында бір-ақ оралған. Бейбіт тіршіліктегі мамандығы – экономист. Бәйбішесі Бикеш Жәкешқызы екеуінің Қарағандыда ұлдарын – ұяға, қыздарын – қияға қондырып тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жайлары бар. Қысқаша қайырғанда – осы. Тоқсаныншы жылдары түсірілген мына суреттен сол


29 сұрапыл соғыстың миллиондаған сарбаздарының бірі Сембай Рысмағамбетұлы ойға батқан кейіпте өзіңізге үңіледі. Назар тоқтатқан адамға қарт жауынгердің жанарына тұнған мұңды аңғару қиын емес... - Соғысқа шақырылған кезде өз құрбыларымызбен жүріп, ауылдағы біраз оқуды түгескен сияқты едік, - деп бастады Секең әңгімесін, - сөйтсек, орысшамыз оралымсыздау екен. Ә дегенде көзі қарақты, білімі бар деген біз қатарлы балаң жігіттерді Семейдегі офицерлер даярлайтын училищеге апарып салып еді, 1941 жылдың ноябрь-декабрь айларында қанша күш салғанмен мән шықпады-ау деймін, ауданнан бірге аттанған үш призывник ауылға қайтып келдік – пәбеске барғанша жатыңдар деп қоя берді. Содан не керек, кезекті шақыру қағазы 1942 жылдың май-июнь айларының жапсарында келіп фронттан бірақ шықтық қой... Айтқандайын, алдында Свердловскіге әкеліп, санинструкторлардың жеделдетілген курсынан өткізді. Соғыс алды-артқа қарататын емес, едәуір курсты бас-аяғы бір аптаның ішінде уқан-суқан етуге тура келді. Одан әуелі Мәскеудің түбіне әкелді, сонан Балтық бойына, Калининградқа, Волхов өзенінің жағалауына бекіндік. Ноябрьдің тоғызында сол өзенді көктей өтуге бұйрық келді. Понтонға мініп, ажалы жоқтар арғы жағалауға іліктік-ау ақыры... Калининградпен іргелес Слищины деген қалашық бар. Сондағы көше ұрыстарына да қатыстық. Жалпы біз елден барған оншақты ауылдас жауынгер жұбымыз жазылмай бірге жүретінбіз. Қабылда Жақыпов, Икен Шайхин деген жігіттер болды. Біздің рота командирі Григорьев (аты-жөнін ұмытыппын) ғажап адам еді – қазақ солаттарын алалау былай тұрсын, туған ағамыздай алақанында аялады десем, артық айтқандық болмас сірә. Бәлкім, өйтуіне біздің тәртіптілігіміз, қандай тапсырма болсын орындауға ұмтылып тұратындығымыз, жай-жағдай таңдамайтындығымыз да әсер еткен болар деп ойлаймын. Бірде, алғы шепте ұрыс қызып жатқан кезде,


30 бізді – санинструкторларды гранаттар жеткізуге жұмсады. Тапсырмадан оралып келе жатқанда аяғымнан оқ тиіп ауыр жарақаттандым. Қабылда да бірге барған еді, қайтарда оның маңайына граната жарылыпты. Менің госпитальға түсіп бір жарым-екі ай бойы емделуіме тура келді. Бөлімшеме қайта оралып едім, басқа батальонға жіберетін болды. Григорьевке жолығып, алдымен Қабылданы сұрадым. Тағдырға не дауа – жан досымың қаза тапқанын сол Григорьев жеткізді. Көзімнен жастың атып кеткенін өзім де аңдамай қалдым... Ардагер аға тағы бір сәт үнсіз қалды, тыныштықты бұзбай мен де отырмын. ...Көп ұзамай әңгіме желісін Секеңнің өзі жалғастырды: –Көз жасы дегеннен шығады, шырағым Марал, қуаныштың да көз жасын көрген ғой бұл ағаң. Енді соны баян етсем қайтеді? Айтпақшы, бұл оқиғаның саған да қатысы бар... Не дейді-ау?! Менің қатысым бар дейді? «Апырай, не жазығым бар екен?» дегендей үнсіз сауалмен Секеңе қарадым. Ол кідірген жоқ: –Ұмытпасам, 1943 жылдың орта мұғдары болуға керек. Соғыстың беті түзелген кез, Ленинград блокадасы ашылған, біз болсақ Калининград бағытында жатырмыз. Елден майданға күнде-күнде сәлем-сауқат келіп жатады, ол посылкаларды бөлімшелерге бөліп береді. Біз, жауынгерлер дегеніңіз әділ халық қой, әлгі сәлем-сауқатты қылдай бөліп аламыз да, күнделікті тіршілік жағдайымен жайымызға кете барамыз ғой баяғы... Бірде сондай посылкадан маған кәдімгі шай қасық тиді. Мен оған пәлендей мән бергенім жоқ, тиесілімді алдым да, өз орныма кеттім. Іле «Сембай, Сембай, вернись!» деген дауыс шықты. «Что такое?» дедім доғалдау орысшама салып. Посылка таратып жүрген орыс жауынгерінің асығысүсігіс айтқанынан ұққаным – әлгі сәлемдеме Қазақстаннан көрінеді, ішінен қазақша жазылған хат шығыпты, соны оқысын дегені екен. «Кең байтақ қазақ жерінің бір қиырынан


31 келген хабар ғой, оқысам, оқиын» деп кіріспеймін бе... Былайша хаттың өзгелерден өзгешелігі шамалы: неміс-фашист басқыншыларының бетін қайырған Совет Армиясына жеңіс тілейді, мына хатты майдандағы қазақ жауынгерлері оқып жүрегіне бассын деп ана тілінде, жазып отырмыз депті. Жарайды деп, хатқа қол қойғандарға көз жүгіртсем – Марал-ау, нанасың ба, нанбайсың ба – өзімнің туған ауылым Атасу селсоветінің председателі Әлкен Оспанова, секретары Сейфолла Оспанов деп тұр!!! – Не дейсіз-ау, Секе, рас па? – Сыртына «Действующая армия» деген жалғыз-ақ ауыз әдріс жазылатын посылканың қиямет қайымдағы Калининград батпағында жатқан менің қолыма тиюін қарасаңшы?! Әдейілеп жазып, шегелеп жіберсең жетер ме? Бұл жазмышты қойыңыз... Көзімнен жас атып кетті – ал өзімді-өзім баса алсамшы! – Апырай, ә...- мен де абдырап отырып қалсам керек, тыныштықты тағы да Секең бұзды: – Солай, Марал шырағым... Хатқа қол қойған сенің анаң Әлкен Оспанова да, хатшысы – кейін республикаға кеңінен танымал болған журналист, «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Сейфолла Оспанов... Мен сол хатты жүрегімнің түбіне басып, туған елдің төскейінен Балтық теңізіне қанаты талмай жеткен шағаладай әсер еткен сол шай қасықты сан сұрапылдан алып шығып, бойтұмардай сақтап елге оралған болатынмын. Әттең бертін келе хаттан айырылып қалдым, ал қасық болса, Күлпан деген баламның үйінде әлі сақтаулы тұр. Сонда, хатты алғаш оқыған сәтте, сабын тесіп оқшантайыма қыстырып алған едім. – Ғафу етіңіз, Секе, екеуміздің қайсыбір оқырманымыз «Секең бұл әңгімені бұған дейін неге айтпаған?» деп жүрмей ме? Секеңнің дауысы қатқылдау шықты: – Шырағым, сол сұрапыл соғыста қанын төгіп, жанын пида еткен біздің қатар өлтірсең де өтірік дегенді білмейді! Бұл – бір. Екіншіден, кезінде өзге ардагерлерден менің


32 нем артық, Отан үшін отқа түскендер қатарындағы міндетпарызымды өтегеніме төлем сұрағандай болармын дейтінмін. Бақсам, бір қинайтыны – жылдар жылжып өткен сайын ардагерлер шеренгасы селкеу тарта беретіні екен. Мәселен, осы Қарағандыға көшіп келген бетте бір кварталда отызға жуық ветеран тұратын едік, енді содан екі-ақ шал қалыппыз. Тым болмаса жылына бір оралатын Жеңіс күні жауынгер достарды еске алайықшы деген ізгі ниет қой біздікі. Ардагер ағамен құрған әңгіме-дүкеннің бір парасына осы тұста нүкте қойдық та, сәуірдің салқын жаңбыры себездеп тұрған көшеге бет алдық.


33 Дипломат Қуаныш СҰЛТАНОВ Саяси портрет Еліміз егемендік алғалы бері Қазақстанның саясиэкономикалық қарым-қатынастарымен қоса дипломатиялық өрісі де кеңейе түскені мәлім. «Жұмыр жер» арнаулы бетінің бірінде сөз алған республикамыздың бас елшісі, сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев мәлім еткендей, бұл күнде Қазақстанның елшіліктері әлемнің түкпір-түкпіріндегі жиырмадан астам мемлекетте ашылған. Алдымен Қуаныш Сұлтановтан бастауымның екі себебі бар. Ол Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып жақында ғана тағайындалса да, Елбасымыз Н. Назарбаевтың осы мемлекетке жасаған ресми сапарын әзірлеу тұрғысында елеулі еңбек сіңірді. Екіншіден, СОКП-ның туы жығылмай тұрған кезде Қ. Сұлтанов біраз уақыт Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы болын қызмет атқарды да, мен оның қарауында жұмыс істедім. Сол тұста-ақ оның дииломатияға оңтайлы екенін аңғарған едім. Ол кейбір лауазым иелерінше кердеңдемей, айтатын тапсырмасын жоғары қабаттан түсіп, қол астындағы қызметкердің жұпыны бөлмесіне келіп барып жеткізетін-ді. Мәселен, жай ғана жымиып: «Мәке, мына бір екі-үш парақ қағазды сіз аудармасаңыз, менің әлім келетін емес» дегенінің өзі не тұрады? Содан болар, Сұлтанов Қытайға елші болып кетті дегенде пәлендей таңқала қойғаным жоқ... «Жұмыр жердің» шығарушысы Қуаныш Сұлтановтың Алматыда шығатып «Столичное


34 обозрение» апталығының арнаулы тілшісі Татьяна Костинаның қойған сауалдарына жауаптары: –Қазақстан комсомолының басшысы, партия Орталық Комитетінің үш бірдей бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Халық бірлігі Одағының жетекшісі... Сіз осы тізімнен ештеңе сызып тастағыңыз келмей ме? –Жоқ. Бұл жол – менің тарихым, тағдырым. Менде жасырын жағдай жоқ. Сол кездегі қоғамда және жүйеде бұл едәуір жетістік болатын. Не қорқатыны бар? Социализм тұсында бәріміз бірге өмір сүрдік емес пе? Мен тарихқа, болған іске күйе жаққым келмейді, әрі оның бәрін сыпырғышпен сырып тастап, қоқыс шелекке тығындау да жөн емес. –Ал, Сізге республиканың саяси сахнасынан кету қиынға соққан жоқ па? –Мен өзімді Қазақстанның саяси болмысынан сырт кеттім деп есептемеймін. Маған бұрынғыдан да жауапты тапсырма жүктеліп отыр. –Кейбір ортада Сіздің бұл тағайындалуыңызды «құрметті жер аудару» деп бағалап жүр. Тіпті кейбір ақпарат құралдары осы тұрғыда жазды да. –Мен бұл пікірге қосыла алмаймын. Қытайға елші болып бару ұсақ-түйек шаруа болып па? Оның үстіне Азия, әсіресе Қытай мәселелеріне атүсті қарау жөн емес дер едім. – Сіз сенім грамотаңызды Қытайға барғаннан кейін тоғыз күннен кейін тапсырдыңыз, әрі Сізді Қытайдың төрағасы Цзян Цзэминнің өзі қабылдады. Әдетте мұндайда жаңа елшіні қабылдайтын мемлекеттегі басшылар тым асыға қоймаушы еді ғой? –Рас. Менімен бірге Оңтүстік Америкадағы елдердің бірінен келген дипломат та сенім грамотасын тапсырды. Ол осы сәтті тура бір ай тосыпты. Менімен болған жағдайды сондағы дипломатиялық корпустың дуайені (дуайені дегеніміз – бір елдегі жан-жақтан барған елшілердің биресми жетекшісі, әдетте бұл орынды сол мемлекетте өзгелерден көбірек уақыт елші болған дипломат иемденеді. – М.X.),


35 Мадагаскардың Қытайдағы елшісі Жан Як Морис ерекше атап өтті. Сонсоң мемлекет басшысының қабылдауында болған кезімде Цзян Цзэминнің Қазақстандағы жағдайға жанжақты қанық екеніне назар аудардым. Ол біздің еліміз, Президентіміз жайлы жылы лебіз білдірді. -–Қазақстан дипломатиясының Қытайдағы түбегейлі мүдделері жайлы не айтар едіңіз? –Қытай – Қазақстан, сондай-ақ Қазақстан – Ресей қарымқатынастары әлемдік саясат жағдайында қашанда жоғары орын алып келді, әрі солай бола береді де. Тек Қытаймеи екі арадағы шекара 1700 километрге жетеді екен. Осының өзі-ақ стратегиялық және тактикалық жағдаяттарды айқындайды. Оның үстіне Қытайдағы экономикалық реформалар өздеріне тән бағытпен өрістеуде. Бәрін қойғанда, бір жарым миллиард халыққа жұмыс, баспана, тамақ пен киім тауып беру оңай ма? –Президентіміздің Қытайға қыркүйектегі сапары, сөз жоқ, екі ел арасындағы байланыстарға тың серпін берері хақ. Сіздің пікіріңіз? –Өзгесін айтпағанда бізді көлік қатынасы толғандырады. Темір жолдың екінші желісінің іске қосылуы көп түйткілді шешетін сыңайы бар. Сондай-ақ, біздің теміржолшылар Жапониядан Алматыға жүк жеткізгенде Ресей желісінен гөрі 17 тәулік ұтуға болады екен. Ал бұл дегеніңіз Еуропаға Қазақстан арқылы өту Қытай үшін де, бүкіл Азия үшін де өте тиімді деген сөз. Жалпы Азияның өте күрт дамып келе жатқанын естен шығаруға болмайды. – Енді Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы өзара сенімділік және жан-жақты даму жөніндегі кеңес өткізу туралы бастамасы Қытай жағынан қолдау тауып отыр ма дегенге келейік... – Бұл бастамаға Қытай үлкен ықылас білдіруде. Бұл үрдістің келешегі қандай боларын алдағы уақыт көрсетер. – Сіз қытай тілін білмейсіз, әрі қытайтанушы да емессіз. Ешқашан дипломатия саласында қызмет істеген жоқсыз.


36 Енді қалай, қиын ба? – Әрине. Бірақ, қытайтанушылардың, ғұмыр бойы Қытаймен айналысқан ғалымдардың өзі бұл елді біліптанып болдым дей алмайды екен... Мен Пекинге келгелі шамалы ғана уақыт болды ғой. Өз басым жұмыстан қолым сәл босаса-ақ қаланың тарихи жерлерін аралай бастаймын. –Бізге Қытай жағы Іле мен Сырдарияның бастауларын жауып тастауды ойластырып жатқан көрінеді деген алыпқашпа әңгіме көбейіп кетті. Сөйтіп, біздің ел сусыз қалып жүрмей ме? – Иә, су дегеніңіз – өзекті мәселе. Бізге келіссөз үстеліне отырып, бұл жағдайды шешу қажет. – Олжас Сүлейменов Италияға елші болын барғаннан соң кітап жазамын деп уәде беріпті ғой. Бір кезде Шыңғыс Айтматов Люксембургке барғанда сөйтем деп еді... – Әрине, олар қолдарына алса жазады ғой. Ал маған келсек, уақыт көрсетер. Жуырда менің де саясаттану, мәдениет жөніндегі мақалаларым жинақталған кітабым жарық көрмек. – Ал, Қазақстан дипломатиясы туралы кітап ше? Кейбіреулер бұл үрдісті біздің ел егемендік алған кезден ғана бастап жүр ғой. Алмағайып заман мен тарих қойнауына көз жіберсек ше? – Өкінішке орай бұл тақырып әлі өз зерттеушілерін таппай келеді. Тек ХVII-ХVIII ғасырларды еске түсірейікші. Ол тұста Абылай хан Қытаймен байланыс жасауға өз елшілерін жіберген ғой. Сондай-ақ, Қазыбек пен Төле, Әйтекелер би-шешендіктері өз алдына, олар алдымен нағыз дипломат болған ғой. Қысқасы, бұл тұрғыда өткеннен кәдеге жарайтын тәжірибе жетіп артылады… Ескерту: Қ. Сұлтановтың сұхбаты ықшамдалып аударылды.


37 «САМБИСТ» Юмореска Сағындық кейіп отыр: – Тым құрыса бетінен бір сүйе алмағаның ба? Үш айдың жүзінде азын-аулақ стипендияңды балмұздаққа құртқаннан басқа бітіргеніңді айтшы-ей кәне?! Мойныма су кетіп мен отырмын. Кенет Әли: – Идея! – деп қолын шошайтты. Елең ете қалдық. Әлекең бәлсініп біраз отырды да, ашық саудаға көшті: – Ал, ақысына не бересің? «Шахтердің» бүгінгі ойынына кіретін билетіңді алақаныма сал! – Ойбай, мә билетің, Қарлығаш үшін жан пида! – Ал, жігіттер! Осы операцияны жүзеге асырсақ, қыз өзі «Мысықжан» деп мойныңа асыла кетеді. Ылайым, оң сапар болғай, әмин! – деп Әли орнынан тұрды. * * * Сам жамыраған кез. Саялы бақтың ішінде келе жатырмыз. Кең аспанның астында Қарлығаш екеумізден басқа пенде жоқ тәрізді. Қызыл тіліме ерік бердім. Индонезиядағы жағдайдан бастап «Венера-3» станциясының құрылысына дейін бажайлап айтып шықтым. Қарлығаш әнтек жымиып қойып тыңдап келеді. Осынысының өзі жұдырықтай жүрегіме нұр құйғандай. «Құдай ақы «кет әрі» емес. Значит, мені жақсы көргені ғой, ә? Значит...» – Тоқта! – Түстері суық еңгезердей екі жігіт көлденеңдей берді. – Шешініңдер тез! – деп алдыңғысы қойнынан сала құлаш селебесін суырып алды. Қарлығаш шоқ басып алғандай менің тасама ыршып түсті. Мен сасқам жоқ:


38 –Аһа, мә саған! – пышақ кезеп тұрған сұр қалпақтының жүндес оң қолына шап ете қалдым. Әп-сәтте білегін омырамомыра, бұлтиған кеңірдегінен алақанның қырымен салып жібергенімде әлгі өкіре құлады. – Көкеңді көрмей жүр екенсің! – деп екіншісіне ұмтылсам, байғұсың қалың ағашқа сіңіп-ақ кетіпті... * * * Бөлмеге енгенім сол еді, Әли дүрсе қоя берді: – Әй! «Қорқыт дегенде өстіп қорқыт деп пе ем» дегендей, сенің манағың нең? «Жайырақ ұр» дегенім қайда? Мойным бұрылтпай қалды ғой. Сағындық болса сылқ-сылқ күледі: – Өзі бір әумесер көрінеді. Сонда қолына түссем, шикідей жеп қоятын тіпті! * * * Алакеуім. Миуа бақтың ішінде келе жатырмыз. Кең аспанның астында Қарлығаш екеумізден басқа пенде жоқ тәрізді. Астапыралда, олай емес екен. Әне дыңдай екі жігіт бір қызға қожаңдап тұр. Тағы да сұр қалпақ! Жалма-жан қолына шап ете қалдым. Алақанның қырымен... ...Көзімді ашсам, Қарлығаш бетіме су бүркіп отыр. Әлдекім шек-қарнымның жартысын кесіп әкеткендей. Қарлығаш маңдайымды, шашымды сипайды. Тіпті бірдеңе деп күбірлегендей. – Не дедің, Қарлығаш, айтшы... Айтшы, жаным! * * * – Ал, «самбист», тәуір болсаң тұр, шай іш, – деп дауыстады Сағындық. Керенау созылып үстел басына келдім. Әли үйреншікті лекциясын бастады: – Мысықбай, сен екіншіләй әлің келмеске ұмтылма! Кешегі сұр қалпақ, рас бандит болып шықты. Табанда жарқыратып жарып кетсе не істейсің? – Қалпағына қарап сен екен десем...


39 – О, көкем! – деді Әли көсемсіп сөйлеп – Шырағым Мысықбай! Жалғыз матанализ сені мұратқа жеткізбейді. Спортпен айналысқан жөн. Әрине төбелес үшін, өш алу үшін емес, денің сау болуы үшін керек дүние бұл. Айтпақшы, көйлегіңді жуып па едің, Қарлығаш келем деген. Шалбарыңның қырын сындырып қой сосын... Ау, батырларау, мені сөйлетіп қойып бар шайды ішіп қойғандарың қалай?! Атасу кенті, 1969 жыл «ҚИССА ӘЛ-ҚАЗАҒИЯ» Сықақ әңгіме Мен шығармашылық жолымды әзіл, сықақ әңгімелер жазудан бастадым. Расын айтсам, бұл сапар олжасыз да болған жоқпын: сонау 1966 жылы республикалық «Ара» жорналы ұйымдастырған бәйгеде атақты Оспанхан Әубәкіровпен үзеңгі қағысып келіп, бірінші орынды бөлісу бақытына ие болып, әрі Осекеңнің батасын алған едім. Аудандық газеттің қызметкеріне бұдан артық не қошемет керек?! Мынау – сондағы бәйгеден келген «Қисса әл-қазағия» деген әңгімем. Сіздің үйді қайдам, ал біздің үй қыс түссе-ақ Шортанкөлдегі шоқтай ауылды соғымның алды деп сортсортымен шақыра бастайды. Биыл да сөйттік. Оның үстіне армия қатарынан Тайбектің оралуы бұл дәстүрді тездете түсті, апам осы тұста бір оқпен екі қоян атып алу саясатын қолданып-ақ жіберді. Алдымен кім-кімдерді шақырамыз дескенде, мен қағазқарындашты алып жайдақ үстелге етпеттеп жата кеткем: – Ал, айта беріңіз... – Шу перуайдан Молберген молдаға хабарла, әйтпесе ұстатпай кетеді. Өзі жаман қатындарша өкпешіл неме. –Апа-ау, Молекең де молдалар қауымына енген бе? – деп Тайбек таң-тамаша қалды. –Қызық екен, – деп ағай тамсанып қойды... Сегізге екі сағат қалғанда «Ассалаумағалейкумды»


40 сырнайша созып Молберген молда кірді. Шешіндіреміз бе деп едік, көнбестен асай-мұсайымен төрге тартты. Кең бөлмеде теңкиіп-теңкиіп жатқан жастықтардың ең семізіне тұмсығын бір-ақ тіреді. Анадайдан аттандап тұрған қызыл пүліш түлкі тымағын шешіп, томпитып топысын киді. Аузымызды енді аша бергенде есіктен Иманжан шал бастаған қариялар сатыр-сұтыр кіре бастады. Ағайынды екеуіз тиісті қызметімізді атқара бастадық. Шай ішілді. Ет желінді. Екеуміз сорпа тасып жүрміз. Осы кезде Молекеңнің дауысы шықты: – Әнипа, әй Әнипа, бері кел, дәмнен дәме қылған аруақтарға құран оқимын. – Онысы да бітіп «Әумин!» деп жамырасып, тыныш жатқан аруақтарды да бір серпілтіп тастадық. Содан кейін: – Ал Молеке, шариғат айтыңыз! – деп Имекең тілек салды. – Балалар да тыңдай отырсын, ғибрат болады. – Даусынан ащы әжуа, кекесін сезіліп-ақ тұр. Өзім де қауіп еткендей, шарт-шұрт шатақ шариғаттың бір тармағынан шықты. Жұрттың бәрі у-шу болып жамырап кетті. –Сабыр, сәл аялдай тұрыңдар, Құран былай деп тұр. Осы кезде Молберген қойынынан көк сақтиянмен қапталған кітапты алып, аттың басын қоя берді! Арабша ма, ауғанша ма, ол жерін кім бажайлаған, әйтеуір ақсақалдар ұйып отыр. Тек Имекең: – Ал, Молеке, енді осының перуатын айтыңыз, – деп қолқа салды. Молекең қазақшаның ауылына қайтып келіп, тағы шатаса бастады. Аналар жат-та кеп талассын тағы... –Бұл құран өтірік айтпайды. Қашқынбай қажының тура өзінен мирасқа қалған, – деді Молберген. Имекең сәл жымиып: – Қай құран өтірік айтушы еді? Гәп перуатта, тек перуатта жатыр ғой! Осындай от шығайын деп тұрған сәтте Тайбектің кірісе кеткені:


41 –Молеке, рұқсат болса, құран кітабыңызды көрейінші? Шалдар шу ете қалысты: – Дәретің бар ма еді, қарағым? – Бісміллә деп ал! –Қашекеңнің қасиетті қолы тиген мүлік қой бұл... –Тәйт, мүлігің не, мүлгіген ит! Алла тағаланың китабы емес пе?! Қойыңызшы не керек, сонымен «китабыңыз» Тайбекке тиді. Имекең қопаң-қопаң етеді: – Шырағым, тіл білесің ғой, сен перуаттап жіберші! Тайбек кітапқа көз жүгіртті де, селкілдеп күле бастады. Шек сілесі қатты. Шалдар бір уыс болып: «Мынаны қасиетті «китаптың» киесі соғып кетті ме?» дескендей. Осы кезде ағай: –Ал, ардақты ақсақалдар, оның перуаты мынау, – деп заулата жөнелді. – «Қисса әл-қазағия, Қозы Көрпеш һәм Баян Сұлу», Қазан баспасы, Яруллиндер баспаханасы, 1903 жыл». Шалдар шәт-шәлекей болып шалқалап жатыр. Молекең ақырып жіберді. –Тәйт, найсап! Құранның ғазиз атын қорламай қайтар өзіме! Тайбек селт еткен жоқ, әрі оқыды: –Кіріспе сөз. «Бұл – махаббат дастаны. Әгәр ел арасындағы небір дәнекүс дүмше молдасымақтар осы кітапты құран ретінде пайдаланса, сыбағасы ол жалғанда алдынан тосулы». «Шығарушылар». Шалдар жағы «Астапыралла» деп жамырай түрегеліп, апыл-ғұпыл киініп жатыр. Ал, Молекеңнің шыға жөнелгенін ешкім де аңғармады. * * * Ауыз үй жақтан ренжи сөйлеген апама басалқы айтып жатқан Имекеңнің дауысы естіледі. – Ау аға, мынауың құран ба, қисса ма, не боп кетті? – деймін мен бауырыма. –Екеуі де емес, 1903 жылы шыққан «Қазан шаһарының жылнамасы» аталатын өте сирек те құнды кітап. Міне, көктен сұрағанымды жерден тауып отырмын. Ха-ха-ха!


42 САЯСИ ШОЛУ Есен-аман барсыздар ма, қадірменді радиотыңдаушы қауым?! Шынымды айтсам, дәм жазып облыстық телерадиокомпанияға қызметке келгелі бері эфирге тұңғыш шықпас бұрын, біраз толғандым да. Оның үстіне біздің сөзіміз алдымен ақпарат нөпіріне әбден қаныққан қаладағы қандастармен қатар өз өңіріміздің алыстағы түкпір-түкпірлерінде тұратын ағайындарға арналғандықтан айтарымды қалай жүйелеуім керек деген сауал туындатты. Осы тұста «Орталық Қазақстанда» жүргенде шолушы ретінде оқырманға жол тапқаным ойыма түсті. Орайы келгенде айта кетейін, ондағы жігіттер сол тұста жария болған «Саяси күнделік», «Әлемде не әңгіме?», «Саясаткер келбеті» деген айдарлармен берілетін материалдар желісін әлі үзбей келе жатқандарына қуаныштымын, ризамын. Екінші жағынан мынадай шындық және бар. Еліміз егемендік алғалы бері ақпарат құралдарының кеңістігі шапшаң қарқынмен кеңігенімен, бір қызықты факті де дау туғызбайды. Алысқа бармай-ақ, өз облысымызды алайықшы: қаншама биресми газеттер, жарнамалық басылымдар пайда болды? Бір өкініштісі, осы байлық ауылдағы ағайынның баршасына жете бермейді. Оның үстіне қазіргі жағдайда әр отбасының бұрынғыдай бума-бума газет-журнал жаздырып алуға әлдері келмегендіктен, радиоқабылдағыш пен теледидардың түймелерін жиі басатыны сол. Сондықтан мен мынадай шешімге келдім: әуелі тыңдармандарға қолдары жете бермейтін ақпараттық басылымдарға шолу ұсынып көрейін. Кейінірек ақыл қоса келе тілдесудің басқа да түрлерін іздестіріп табармыз да. Оған уақыт таразы болсын делік. Сонымен газет киоскілерін жағалап шығып, тек


43 Қарағандыда шығатын тәуелсіз басылымдарды бір қарап өтіп, жинап алдым. Обалы нешік, назар аударарлық дүниелер жетерлік. Тек көңілге қобалжу әкелетін бір жәйт – осылардың бәрі баяғыша айтқанда «ұлы» орыс тілінде. Сонда мемлекеттік тіл деген лауазымы бар қазақ тіліндегі газеттер қайда? Амалсыз Алматы мен қазіргі бас қала Астана жаққа көз тастайсың. Сөйтсең де назарыңа биылғы жылдың 15 сәуірінен шыға бастаған «Дат» апталығынан басқа ештеңе іліге қоймайды. «Дат, тақсыр, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген аталы сөзді ту етіп желбіреткен осы бір газеттің өзін ондағы жігіттер Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің Рубцовск қаласының баспаханасынан шығарады екен. Жалпы газет шығару оңай іс емес екенін ескерсек, ар жағы түсінікті болар. Ресми басылымдарды да құр қалдырған жоқпын. Соның ішінде «Казахстанская правданың» /тағы да орыс тілінде/ жуырдағы нөмірлерінің бірінде жарияланған Алматыдағы тіл маманы, филология ғылымдарының докторы Бақытжан Хасановтың «Нарық мемлекеттік тілде сөйлеуі керек!» деген мақаласына көзім түсті. «Пікір» деген айдармен берілсе де, туған тілдің тағдырына алаңдаған азаматтың жан айқайы екені көрініп-ақ тұр. Автор қазақ тілінің осы лауазымды алғанына тоғыз жыл болса да, көсегесі көгеріп тұрғаны шамалы екенін ашық айтты, бұлтартпас мысалдар келтіріпті. Ол сөз арасында жалпы республикамызда қабылданған заңдардың, оның ішінде тілдер туралы заңның орындалмай жатқанына кейиді. Ақпарат құралдарының өзін-өзі асыраудың бірден-бір жолы – жарнама жариялау екені белгілі. Бұл тұрғыда да мемлекеттік тілде шығатын басылымдардың жетісіп тұрғаны шамалы. Бұған орай мен де бір факт келтірейін: осы біздің облыста өз тілімізде шығатын жарнамалық бірде-бір дүние жоқ. Ал орыс тілінде ше? Оны қойып көшеге шығайық. Алаңдардағы, зәулім үйлердің қабырғаларындағы, тіпті автобустардағы жарнамаларға көз салыңыздаршы: мемлекеттік тілдегісін таптық дегендерге сүйіншісін мен берейін!


44 Бақытжан Хасанов мынадан қауіптенеді. Алдағы уақытта жоғары деңгейде жарнама жайлы арнайы заң қабылданады екен. Сол заң да жаңағы айтқан мемлекеттік тіл жөніндегі заңның аяғын құшпасына кім кепіл? – дейді ғалым. Несі бар, дұрыс айтады. Шынында өз тілімізде жарнама аста-төк болып жатса, айталық, кезінде аптасына алты рет шығып, республикалық басылымдармен иық тіресіп келген өзіміздің «Орталық Қазақстан» қазіргідей күйкі хал кешер ме еді?! Қашанда жалақысы мен қаламақысына ғана сеніп тіршілік ететін ондаған журналистер азын-аулақ тиын-тебендерін алмағандарына үш ай болыпты. Ал алда не тосып тұр? Ол жағы және бұлыңғыр... Енді өз еліміздегі өткен аптадағы басты оқиғаларға соқсақ, Елбасының өзіне тән іскерлікпен біраз істің басын қайырып, Ресейдегі әріптесі Ельцин құсап демалысқа кететіні белгілі болды. Ол кісі демалыста да жай жатпай жаңа кітабын аяқтайды екен. Не дейміз, жолы болсын, әрине! Және бір штрих: Елбасы Шолпан-Атадағы басқосудан оралған соң Алматы облысындағы Райымбек ауданына барып ондағы елдің, әсіресе малшы қауымның жай-күйімен танысты. Әрине, нөкерлері нашар жерге апарушы ма еді?! Тек, «шіркін-ай, Президент Швейцариядан Астанаға оралған соң баяғы өзі түлеп ұшқан біздің облыстың аудандарын да өстіп бір араласа ғой!» дейсің де қоясың... Соңғы штрих: сөйткен бұрынғы астана түбіндегі ауданда электр қуатының жоқтығынан теле- және радиохабарлары тоқтап қалыпты дегенге сенесіз бе? Тек бұл ахуал бара-бара сіз бен біздің басымызға да түсіп жүрмесін деген үмітпен бүгінгі сөзімді аяқтауға рұқсат етіңіздер. Баршаңызға түсінікті болсын деп, әдейі жадағай да жатық тілмен сөйледім, ілгеріде де сөйтпекпін. Негізінде микрофон мен қаламсап екі түрлі нәрсе ғой, айтқанымның кедір-бұдыр тұстары болса, ғафу айлағайсыздар! 17.07.1998 ж


45 ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ Саясат Әлқисса, неден бастаймыз? Әрине, оқырманға жеткізер ойыңды сабақтау үшін алдымен тарихты шамалы шоласың да, қайтесің... Қазақтың қазіргі қарымды қаламгерлерінің бірі Төлен Әбдікұлы жөн айтады: “Шынайы да парасатты патриотизм – бүкіл адамзатты жаныңмен жақсы көруге жеткізетін жалғыз жол”. “Өз ата-анаңды жақсы көрмей, өзге ата-аналарды жақсы көру мүмкін емес. “Өз отанын сүймеген ештеңені де сүйе алмайды”, – дейді Байрон. Бірақ, қазір патриотизмді айтсаң, жұрттың біразы тіксініп шыға келеді. Неге? Иә, себепсіз құбылыс жоқ. Т. Әбдікұлы айтқандай, өткен ғасырларға көз жүгіртіп қарасаңыз, қырғын соғыстар мен неше түрлі зорлық-зомбылықтарға әлгі жұртты қорқытатын “патриотизмнің” қатысы бар екені рас. Алдымен ел қорғаудан басталған елжандылық “ең жақсы қорғаныс – шабуыл” деген қағидаға көшіп, өзге елдерді басып алу, қырып-жою секілді әрекетке ұласып, патриотизм шовинистік, басқыншылық сипатқа ие болды. Тарихты және бір парақтасақ, XIX және XX ғасырлардың жапсарында Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ және Жапония сияқты ноян державалар (бәрін бір шотқа салғанда) 236,8 милли¬он тұрғыны бар 22,2 миллион шаршы километр аумақты жаулап алған екен. Сонда олармен тең болмасақ, кем емеспіз деп елеуреп жүрген Ресей жан-жағына айбалта сілтеп айбарын көрсетпей “жын соғып па”? Ол да көштен қалмай бүкіл Кавказ, Орта Азия, Қазақстан жерлеріне басып кірді. Сөйтіп әлемдік отарлау саясаты, яғни бөтен елдің есебінен мемлекеттің аумағын кеңейту халықаралық саяси нормаға айналды. Ал шапқыншылық саясатын жүзеге асырған қандықол қолбасшылар, тіпті белгілі қарақшылар ұлттық қаһарман атанды. Генералдар Ермолов пен Черняевті еске түсірсек те болар. Оның бер жағында дүние жүзіндегі


46 барлық отарлау жүйесі сынға алынып, тек Ресейге келгенде отаршылдық прогрессивті сипат алып, сол түста орысқа бо¬дан болмасақ таза қырылып қалатындай бір түсінікпен күн кешкеніміз жалған ба? Оған Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылды деген тарихи деректер және қабатталды. Иә, қағаз жүзінде солай болғанмен, бұл үрдіс ақиқатына келгенде шарасыздықтан, мәжбүрліктен туған саяси шарт еді ғой. Бұл келісімнің өзекті де үзілмес желісі сыртқы қатерден амандығын тиянақтайды. Сөйткен шартты Ресейдің өзі алдымен бірінші болып бұзды. Оны дәлелдеу үшін Т. Әбдікұлының мақаласынан бірақ мысал келтірейін. Кешегі жоңғарлардан қорғаймыз деп уағда берген мемлекет қазақ халқын атамекендерінен үдере ығыстырып, шетінен басып ала бастады. Патша әкімшілігі қазақтарға Жайық, Есіл өзендерінің маңына жақындамауға өкім шығарды. XIX ғасырда қазақ халқының ең сулы, шұрайлы 40 млн. десятина жері тартып алынып, қамалдар, форпостар салуға, қоныс аударған орыс-казактарға берілді, ал қазақтар сусыз, жайылымсыз шөлейт жерлерге қуылды. Ол аздай-ақ қазақ ауылдары орыстар тарапынан жасалған талау мен тонаудан, қанды шабуылдардан көз ашпады. Бірақ мұның бәрі Ресей патшалығына аз секілді көрінді. 1886-1891 жылдары империяның Қазақстанды билеу жөніндегі Қағидасы жарияланып, онда “көшпенді қырғыздардың (қазақтардың) жайлап отырған жері бұдан былай мемлекеттікі болып табылады” деп тайға таңба басқандай етіп жазылған еді. Сөйтіп, халқының үштен бірін құрбан етіп жоңғарлардан қорғаған қазақтардың атамекені аяқ астынан Ресей мемлекетінің меншігі болып шыға келді. Міне, осылай... “Солай, соқыр Миколай!” деуші ме еді? “Экс” КСРО-ға да экскурсия жасайық па? Сексен алтыншы жылғы Желтоқсан оқиғасының себепсалдарына тарихи тұрғыдан жөн баға беру үшін айтпай болмайды. Он бес терезесі тең, керегесі кең деп баға берілген, одақтас республикалардың бас штабы болған Мәскеудің тоқпағы ең алдымен Қазақстанға қатты тиіп келгені жалған ба, айтыңыздаршы?! Жиырмасыншы жылдардағы орнығу, жан-жақты қымтау


47 әбігершілігі, отызыншы жылдардағы алапат аштық (1930- 32 жылдары республикадағы 5,8 милли¬он қазақтың 1,8 миллионы қырылды), Ұлы Отан соғысы (сөз орайында айта кету керек – Қазақстанның қолына қару алған ұл-қыздары ерен ерліктің үлгісін көрсетіп бақты), елуінші жылдардағы тың көтеру науқаны, тағысын тағылар... Осындайда “біздің ел – Қазақстанды кімдер басқарып еді?” деген сауал алдан шығады. Бақсақ, 1919 жылдың шілдесі мен 1986 жылғы желтоқсан аралығындағы 67 жылдың ішінде артында еш із қалмаған. М. Мырзағалиев (20-шы жылдар) пен ұйғыр И. Юсуповты есептемегенде республиканың бас қызметінде екі-ақ қазақ - Ж. Шаяхметов (1946-1954 жж.) пен Д.А. Қонаев (1960-1962, 1964-1986 жж.) болған екен! Осының өзі-ақ Кремльдің Қазақстан жөнінде табанға салу саясатын үздіксіз жүргізгеніне дәлел емес пе? Ол ол ма, Республиканы Л.И. Брежнев пен И.Д. Яковлев билеген 1955-1957 жылдар аралығында тың көтеруді желеу еткен Мәскеудегі басшылар Қазақстанды өзге ұлттардан (алдымен орыстардан, әрине!) шыққан келімсектерге лық толтырды. Соның салдарынан еліміздегі этностық ара салмақ түбегейлі өзгеріп кетті де, қазақтар өз Отанында аз ұлтқа айналды. Брежнев болса, бұл саясатын “Қазақстан халықтар достығының лабораториясына айналды”, – деген ұранмен көлегейледі. Бірақ, байласаң уақыт тұрар ма, Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Д.А. Қонаев 1986 жылғы желтоқсанда орнынан босатылып, Орталық партия комитетінің суыт шақырылған пленумында Мәскеудің жаңа қожайыны Горбачевтің пәрменімен Қазақстанды жағрапиялық картадан ғана танитын, Ресейдің Уль-янов обкомпартының хатшысы Г.В. Колбин бірінші хатшы болып шыға келді. Ертесіне-ақ 17-ші желтоқсанда Алматыда көтеріліс бұрқ ете түсті. Олардың талаптары мынаған сайды: “Өзге одақтас республикалардың барлығында бірінші басшы өз ұлтының өкілі. Қазақстанда неге олай емес? Жарайды, орыс қойыла берсін, бірақ жағдайды білетін өз орысымыз неге қойылмайды?!” Қазақ десең, өзіңе тиеді...


48 Сөйткен Желтоқсан оқиғаларына 15 жыл толды. Ал, оның жұмбақтары түгелдей ашылып болды ма? Жоқ, әрине... “Рас, 1989 жылғы сәуірде баспасөзде осынау нәубетті оқиғаларды тексеру жөніндегі комиссияның құрамы жарияланды. Оның ішінде жазықсыз жазаға тартылған жастарға жаны ашитын Қадыр Мырзалиевтен басқа ешкім жоқ-ты. Сондықтан да комиссияның бастапқы кезеңде жұмысының басы таудай, аяғы қылдай болды. Оның дәйексіз ісінің себептерін сол комиссияға кірген кейбір жоғары лауазымды мекеме басшыларынан іздеуге тура келеді” деп еске алады кейін құрылған комиссияның мүшесі Мүбәрак Садықұлы. Шілденің 19-ы күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Мұхтар Шаханов шығып сөйлеп, Алматыдағы комиссияның құрамын қайта қарауды, оны негізінен Одақ депутаттарынан құруды талап етті. Мұхтардың осы дауысынан кейін Алматыдағы комиссияның құрамы өзгеріп, оның жанынан көптеген сарапшылар топтары құрылып, оған жүзден астам жұртшылық өкілдері қатысты. Осындайда Желтоқсан дүрбелеңі кезінде Республиканың қазақ басшылары өздерін қалай ұстады деген сауал және көлденеңдейді. Жобалап айтсақ, өсек айтқандай болармыз, сондықтан оқырман назарын мына бір ресми қүжатқа аударғанды мақұл көрдім. Алматы облыстық және қалалық партия активтері жиналысының ХАТТАМАСЫ Жиналысты Қазақстан Компартиясы Алматы обкомының бірінші хатшысы М. Меңдібаев ашты. Төралқа: Г. Колбин, 3. Камалиденов, М. Меңдібаев, С. Мұқашев, Н. Назарбаев, Ш. Құлмаханов, Б. Мирошник, О. Мирошхин. Мыналар сөз сөйледі: 3. Камалиденов: 17 желтоқсанның таңы атысымен қалада жастардың ұйымдасқан топтарының қозғалысы басталды. Күндізгі сағат 12-ге қарай демонстрацияға қатысушылар айғайлап, көшелерді кернеп кетті. Олар ұлтшылдық ұрандар тастады: “Қазақ басшысын беріңдер! Грузияда – грузин,


49 Өзбекстанда - өзбек, ал Қазақстанда - орыс”. Бүлікшілер онымен қоймай мәшинелерді өртеп, төңкеруге кірісті, милиция қызметкерлері мен курсанттарды соққыға жықты. Бұл жастар наша мен араққа уланып естерінен танған әсіре ұлтшыл тобырға айналды. М. Меңдібаев: Айтуға келмейтін масқара жағдай. Жетекшілер мен дүрбелеңді қолдаушыларды қайткенде табу керек. Жасақшыларға басшылық жасауды өз міндетіме аламын. Е. Разумов: (бұл Мәскеудің өкілі, СОКП Орталық Комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары). Мынау – ұлтшылдықтың ең асқынған түрі, оның масқара көрінісі... Қалайша жасақшылардың оларды ауыздықтауға әлі келмейді? Бар күшті жұмылдырыңыздар! Г. Колбин: Бүгін М.С. Горбачевпен бірнеше рет сөйлестім. Қақтығысқа менің жазығым жоқ, оның түп тамыры басқада жатыр. Тәртіп орнатуға осы активтен кейін іле кірісуіміз қажет. Жиналыстың қарары: “Жиналыс түбегейлі шаралар қабылдау және кінәлілер қатаң жауапқа тартылуы керек деп есептейді”. * * * Сонда менің түсінбейтінім мынандай жайт: ағайындарау, сол активтің төралқасы мен залында отырғандардың көпшілігі қазақтардың қасқалары мен жайсаңдары емес пе? Олар неге “лә” демейді? Әлде “үндемеген үйдей пәледен құтылады” деген қағиданы қымтанып алғандары ма? Кейінірек Республика Жоғарғы Кеңесінің Төралқа төрағасы С. Мұқашев Қайрат Рысқұлбековты ең жоғары жазаға бұйырылғандығын өзгертпеу жөнінде қаулыға қол қойғанын қалай ұмытарсың? Бұл жолы да кім араша түсті? Әне, қазақ десең өзіңе тиеді... Оның есесіне Республиканың ішкі істер министрі 1986 жылдың 22 желтоқсанына дейін (арада бір апта да өтіп болған жоқ!) ми¬лиция бөлімшелеріне демонстрацияларға қатысты деген күдікпен 2366 адам жеткізілгенін алақайлап


50 жария етті. Ал кезінде Желтоқсан оқиғаларының туындауына, кемерінен асып төгілуіне тікелей мұрындық болған Горбачевтың биылғы мамыр айында ұялмай-қызармай тайраңдап Қазақстанға келуін не деп түсіндіруге болады? Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп әңгіме-дүкен құрды; оған дейін де, одан кейін де, обалы нешік, сайрап бақты. “Кеңес Одағын құлатып, қабірге салған мен емес!” деді ол. Горбачев мырза сондай-ақ “желтоқсандағы оқиғаларды” шешуде сауатсыздық көрсеттіңіз деген айыптауларды да сырып тастады. Оның пайымдауынша, Мәскеу басшысын Қонаевтың өзі сүріндіріпті. Дінмұхамед Ахметұлы отставкаға кету жөнінде шешім қабылдағаннан кейін, Горбачевке республикада бірінші хатшы болатындай лайықты кадр жоқ; сондықтан ондай кісіні Орталықтан жіберуді ұсыныптымыс. Мен Димекеңнің айтқанын орындадым, өйткені екеуміз дос едік, өте жақын қарым-қатынаста болғанбыз, ал одан соң орын алған оқиғаларға жазығым жоқ” деп өрекпиді. Осыған да сенеміз бе? Әлде оның бұл сайрандауын қазақ деген халықтың кешірімшіл, кеңқолтық қасиеттеріне “списать” ете саламыз ба? Иә, қазақ десең өзіңе тиеді, одан ойда жоқта иығыңа артылған жүкті және өзің көтересің, амал қане? Тәуелсіздігіміздің тегеуірінді текпішегі Сөз жоқ, Желтоқсан –Тәуелсіздігіміздің дауылпазы іспеттес қой... Оның он жылдығын жақында ғана атап өтіп және ойланып отырған жай бар. Жас мемлекетіміздің іргетасы енді бекіп, алға көз тастап, бағыт-бағдарымызды бажайлау үстіндеміз. Бұл тұрғыда Елбасы тарапына айтылып жатқан сын да, өтініш те аз емес – мұны демократияның жемісі деп білеміз де... Сарапшылар оппозицияның баршылығына, бағдарламалары әрқилы партиялардың ісәрекетіне талдау жасап жатады. Ұзын сөздің қысқасы –ел басқару әсте оңай емес. Осы тұста мазалайтын және бір ой бар: ол былтыр жарық көрген “Бізді кімдер басқарып еді?” деген сараптамадан туындайды Жоғарыда айтылғандай, Қазақстанның Н.Ә. Назарбаевқа дейінгі 18 басшысының баршасының жетістік-кемшіліктер жан-жақты көрсетіледі


Click to View FlipBook Version