201 иемденген болсам, мен Дублинде Сорри мырзаның өмірі мен өлімі, қайыршылығы мен байлығы және атақ-даңқы жайлы бәрін де біліп алған болар едім. Кімнен не жайында сұрасам да, мен бәріне де біркелкі «Сорри» деген жауап алып отырдым.Және мен таңертеңгі жеті мен онның арасындағы уақыт ирландтықтардың біркелкілікке оңтайлы тұратын кезі екенін білмесем де, қобалауға болар еді. Сондықтан мен өзімнің тілдегі шамалы білетіндерімді пайдаланбайын деп шештім және уайымнан мен өзімді Амстердамдағы шебердің көмекшісіндей тым аңғал емеспін ғой деген оймен жұбаттым. Ал қаншалықты сұрағым келді дейсіз: «Айлақта тұрған мына үлкен кемелер кімдікі?» – «Сорри». – «Ал таңғы тұманның ортасында биік тұғырда тұрған мынау кім?» – «Сорри». – «Ал мына жұлым-жұлым, жалаң аяқ балақайлар кімдікі?» – «Сорри». – «Ал автобустың арт жағында тұрған, автоматтың жеделатысына өте ұқсас, так-так-так –деп тақылдап тұрған мына құпия жас адам кім?» – «Сорри». – «Ал таңғы мұнарда сұрғылт цилиндрімен және ұзын да жіңішке таяғымен кім шауып келеді?» – «Сорри». Мен өз тілім мен өзге құлаққа ғана емес, өз көздерім мен маңдайша жазуларына соншалықты иек артуға бекіндім. Сонда мына барлық Джойстар мен Йитстер, Мак-Карти мен Моллоилер, О′Нилдер мен О′Коннорлар менің алдымда есепшілер, трактиршілер, ләпкешілер санатында бой көрсетіп тұра қалды. Тіпті Джекки Куганның іздері осылай қарай әкелді, сөйтіп мен ақыры өзінің тұғырында әлі жекедара тұрып, таңғы салқын желде мүлде Сорри емес, Нельсон деп атайтындығы жөнінде шешім қабылдауға, мойындауға мәжбүр болдым. Мен «Айриш дайджест» деп аталатын гәзитті, дәлірек айтқанда, жұрналды сатып алдым, мен ізінше өзім: «Қисынды кереует және қисынды таңғы дәм» деп аудардым да, мен алдымен тамақтанып алайын деп ұйғардым. Егер шай құрлықта пошта аудармасының сарғыш тартқан бланкін еске түсірсе, Остендтен батысқа қарайғы мына аралдарда шай алтынмен апталған орыс иконаларының қою
202 бояуларын еске түсіреді, оны сүтпен ағартқанша сөйтеді, ал сонда ол асыра тамақтандырылған емшектегі сәби терісінің түсін қабылдайды. Құрлықта шайды сұйық демдейді, есесіне қымбат кәрлен кеселерге құйып береді; мұнда шетелдіктің мейірін қандыруға нағыз құдайы сусынды имиген қаңылтыр шәйнектерден жуан жанан (фаянс) шәшкелерге тегін дерлік тұрғыда құяды. Таңғы дәм тіл үйірді, шай өзінің даңқына сай болды, ал тіске басарға шай құйып берген жас ирланд қызының тегін жымиысын алдық. Мен гәзитті жайдым да, бірден Нельсонның мүсінін оның биік тұғырынан аударып тастап, құдай ананың ескерткішімен айырбастауды талап еткен оқырман хатына киліктім. Нельсонды төңкеруді өтінген және бір хат, және бір хат болды. Сағат сегізді соқты, кенет осы жерде ирландтықтар әңгімеге кірісті, әрі мені өздерімен қоса ала кетті. Мен сөз тасқынының астында қалдым, олардың біреуін: Germany дегенді ғана түсіндім. Сонда мен достық пейілмен, бірақ олардың өз қаруы – «сорри» деген сөзбен сабаласып құтылуға әрі шашын тарамаған шайдың жебеушісінің тегін жымиысымен рахаттанып отырмақ едім, бірақ кенет шыққан қатты гүрсіл – мен оны тіпті күннің күркілі дер едім– менің зәремді алды. Осынау ғажайып аралда пойыздар нежолы сонша көп? Күркіреудің тыншығар сыңайы көрінбеді, ол жекелеген дыбыстарға бөлшектеніп кетті, «Tantum Ergo» -ға қуатты кіріспе «Sacramentum – veneremur cernui» сөздерінің соңғы буынына дейін әулие Андрей атындағы көрші шіркеуден бүкіл Уэстленд-Роудың үстіне жайылды. Алғашқы шәшке шай секілді және маған алға тасталған кірлі жерлерде, мейманханалар мен алауошақтар маңында ішуге тура келген көптеген шайлар «Tantum Ergo»-дан кейін іле Уэстленд-Роуды толықтырған баршаны қамтитын құдайыгершіліктен алынған әсер де ұмытылмайтын болды, бізде сонша халықтың шіркеуден шығып келе жатқанын тек пасха мен рождествода ғана аңғаруға болады. Дегенмен мен
203 қатаң қырынан көрінетін құдайсыз қыздың тәубеге келген ғибадатын ұмытқан жоқпын. Әлі небәрі сағат таңғы сегіз болатын және жексенбі – мені шақырған адамды оятуға тым ерте – бірақ шай суып кетті, ал кафеде қошқар майының иісі шықты, келушілер өздерінің қағаз қораптары мен шабадандарын алып, автобустарға ұмтылысты. Мен «Айриш дайджесті»самарқау парақтап жаттым, мақалалар мен жазбалардың алғашқы жолдарын аударуға талаптандым, бір кезде жиырма үшінші бетте жарияланған әлдекімнің даналығы менің назарымды аударды. Мен бұл нақыл сөздің мағынасын аударып үлгергеннен бірталай бұрын түсіндім; аударылмаған, немісшесі білдірілмеген, бірақ түсіндірілген ол, аудармадан кейіннен гөрі де, мықты әсер білдірді. «Зираттар әлем оларсыз жол таба алмайтын адамдарға лықа толған». Маған тап осы сөз орамы үшін Дублинге сапар шегуге тұратындай болып көрінді, сөйтіп егер мен өзім жайлы кісімси қалғандай болсам, мен оны жүрегімнің түбіне жасыра тұруға бел шештім. (Кейін ол маған өзіме жиі қақтығысуға тура келген ынтызарлық пен енжарлылықтың, ғаламат шаршағандық пен әсіре немқұрайдылықтың фанатизммен қосылғандағы түрін түсінуге көмектесетін кілт іспетті қызмет көрсетті). Салқын жайлы ауқымды виллалар аса құнды ағаштар – родендрондар, пальмалар мен олеандрлардың қойынына жасырынған, сөйтіп мен, уақыттың тым ертелігіне қарамастан, ақыры өз қожайынымды оятуға ұйғардым. Алыста ендігі таулар мен ағаштардың ұзақ қатарлары көріне бастады. Небәрі әлдебір сегіз сағаттан кейін, менің бір отандасым маған үзілді-кесілді сипатта мәлімдеме жасайды: «Мұнда бәрі лас, бәрі қымбат, әрі қандай ақшаға болмасын нағыз карбонадты тауып ала алмайсың» дейді, ал мен онда он-ақ сағат өткізсем де – оның өзінің бес сағатында ұйықтадым, бір сағат ваннада отырдым, бір сағат шіркеуде тұрдым және бір сағаты жоғарыда аталған отандасыммен
204 дауласуға жұмсалды, ал ол менің он сағатыма тұтастай алты айды қарсы қойды. Мен Ирландияны ынтызарлықпен қорғалақтадым. Мен шаймен, «Tantum Ergo-мен», Джойспен және Йитспен бірге карбонадқа – мен үшін аса қауіпті қаруға қарсы шайқастым, ол жайлы түсінігім болмаса да, менің жауым әлдебір ет тағамы екенін шамалы жобаладым. (Тек кейін үйге оралғанда және Дуденнің сөздігіне үңілгенде, мен карбонад – қуырылған, қақталған төс еті екенін аңғардым). Алайда мен текке күресіппін: шетелге сапар шеккен адам, өз елінің барлық олқылықтарын елінде қалдырғанды тәуірірек көреді – о, осынау күнделікті күйбең-ай! – бірақ оның карбонадын өзімен ала жүргенді жөн санайды. Тура осылай Римде шай ішуге болмайтыны тәрізді, оны итальяндық аспаз қайнатқандықтан Ирландияда кофені жазасыз ішуге болмайтын сияқты көрінді. Мен қаруымды тастадым да, автобусқа отырып жөнеп кеттім, жол-жөнекей мұндағы толып жатқан кинотеатрлардың алдындағы таусылмайтын шіреттерге қызығумен болдым. Таңертең, деп ойладым мен, халық шіркеулердің алдында, ал кешқұрым кинотеатрлардың алдында топталады. Мені тағы да жас ирланд қызының жымиысы бағындырып алған жасыл гәзит киоскісі мен гәзиттер, темекі, шоколад сатып алдым. Және осы кезде менің жанарым кітапшалардың арасында жоғалып кетуге айналған бір кітапқа түсті. Оның қызыл жиекті ақ мұқабасы ендігі едәуір кірлеп қалыпты; бұл көне дүние бір шиллингке бағаланыпты, мен оны сатып алдым. Бұл Гончаровтың ағылшын тіліндегі «Обломовы» болатын. Мен Обломовтың Ирландиядан төрт мың шақырым қашықтықта жатқан жерлердің бірінен екендігін білетінмін, сөйтсе дағы мен оған ең оңтайлы мекен ерте тұрғанды сонша ұнатпайтын осынау елде болуы керек деп ойладым. МАЙКЛ О′НИЛДІҢ ӘРУАҒЫНА ҒИБАДАТ ЕТКЕЙСІҢ Свифттің зиратында мен жүрегіме суық тигізіп алдым
205 – әулие Патриктің соборында (христиан дінінің ең үлкен шіркеуі. – Ауд.) соншалықты мұнтаздай таза, әрі еш адамсыз болатын, онда соншалықты отаншыл мәрмәр мүсіндер тұратын, оның салқын тастарының тереңінде собордың қаһарлы бастығы және оның қасында жұбайы – Стелла жай тапқан еді. Неміс әйелі үй иесінің қолынан шыққан дерлік жалтылдата сүртілген екі төртбұрышты мыс жадымалдың үлкені – Свифттің үстінде, кішкентайлауы – Стелланың үстінде ілулі тұрды. Менің мұнда тұтқыр, бұталы да сирақты ошағанды және беденнің бірнеше бұтағын, тікенексіз гүлдердің бір-екеуін – бұлар ақжұпар немесе бөріжидек бола ма – ала келгенім жөн болар еді. Бірақ менің қолдарым осынау шіркеу тәрізді бос, сол сияқты салқын да таза болды. Қабырғалардан әскерлердің байрақтары төмен түсірірулі тұрды. Олардан шындығында оқ-дәрінің иісі шыға ма? Олардың түріне қарағанда, солай болуы керек еді, бірақ мұнда бірнеше ғасырлардан бері шайыр қайнатпайтын шіркеулердегідей тек шіріктің иісі ғана шығып тұрды. Маған мені мұздай инелермен атқылап жатқандай болып көрінді, мен қаша жөнелдім және тек кіреберісте ғана шіркеуде бір адам – үй сыпырушы әйелдің сондағы есікті сақармен жуып, онсыз да жарқыраған жерді одан әрман тазалап жатқанын аңғардым. Собордың алдында маған алдымен жолыққан адам – қайыршы ирландтық тұрды. Мұндайлар тек оңтүстік елдерде ғана болады, бірақ оңтүстікте күн жарқырап тұрады, ал мұнда, солтүстік ендіктің елу үшінші градусынан солтүстікке қарай ескі-құсқы мен жалба-жұлба отызыншы градустан оңтүстікке қарайғыдан шамалы өзгеше болып көрінеді, мұнда қайыршылықты жаңбыр жуындырады, ал ластық ең түзетілмейтін нәзіктікті сүйетін эстеттің өзіне көркем болып көрінбейді, мұндағы қайыршылық әулие Патриктің айналасындағы қараңғы түпкірлерге, тұйық көшелер мен үйлерге тығылады, Свифттің өзі тура 1743 жылы суреттегендей көрініс туындайды. Қайыршы күртесінің бос жеңдері – жоқ қолдарға
206 арналған кір-кір тысқаптар құр салбырап тұрды. Оның бет-бейнесінен қояншық дірілі әрлі-берлі жүгірді, бірақ оның қараторы жүдеу түрі менің жазба кітапшамда емес, өзге кітапшадан көрінетін әдемілікпен көзге ұрып тұрды. Мен жағылған сигаретті оның ауызына тікелей қыстыруға, ақшаны тура қалтасына салып беруге тиісті болдым. Маған мен садақаны тап бірген өлген адамға бергендей болып көріндім. Қараңғылық Дублиннің үстінен төніп тұрды: ақ пен қараның арасындағы сұрғылт түрдің барлық реңктері аспаннан өздеріне бір-бір бұлттан таңдап алыпты; аспан сұрғылттықтың сансыз қауырсындарымен себіліп тасталғанды – ирландтық көкөністің бір түйірі де, бір жолағы да жоқ болатын. Осы аспанның астында қайыршы баяу ғана діріл қағып, әулие Патриктің паркінен өзінің қараңғы түкпірлеріне қарай сүмеңдеп кете барды. Бұл түкпірлердегі ластық терезе шыныларын қара үлпектермен жапқан – оларды әдейі ластықпен көміп тастаған сияқты, бұл үшін тұрбалардан, өзектерден суырып алған сияқты, негізі, мұнда шамалы нәрсе әдейі жасалады әрі қай нәрсе болсын, өздігінен жасалады. Мұнда ішімдік ішу, махаббат, ғибадат жасау және ұрыс-керіс жүзеге асырылады, мұнда құдайды жалындай сүйеді әрі соншалықты да жек көретін шығар. Ендігі Свифттің де жанары көрген қараңғы албарларда ондаған жылдар, ғасырлар бойы уақыттың қанайтын шөгіндісін – ластықты кейінге қалдырып келді. Ескіқұсқыны жинаушы ләпкесінің терезесінде адам айтқысыз әлекей-шүлекей үйіліп жатыр, ал сәл әртаман мен өз саяхатымның мақсаттарының біріне киліктім – ол тері перделермен бөлінген трактир болатын. Мұнда маскүнем өзін ат қамағандай, өзінің вискиімен және өзінің қайғысымен, сенімімен және сенімсіздігімен оңаша қалу үшін өзін-өзі қамайды; ол өз уақытының түбіне, енжарлықтың кессондық камерасына түседі де, қашан ақшасы таусылғанша және уақыттың бетіне тағы да көтерілгенінше әрі амалсыздан әлсіз қимылдар жасап, ескекпен жұмыс істегенінше
207 отырады, өйткені әрбір қайық, қайткенде де Стикстің (Стикс – көне грек мифологиясындағы алғашқы құбыжықты жанды зат бейнесінде көрсету. – Ауд.)қараңғы суларына қайтсе де жақындай береді. Әйелдер үшін, біздің планетаның осынау еңбеккер ұрғашылары үшін, мұндай кабактардан орын тимейтіндігіне таң қаларлық ештеңе де жоқ; еркек бұл жерде – отбасы, кәсіп, ар-абырой, қоғам деп аталатын шаруалардан оңаша қалады. Виски ащы да қайырлы, ал батысқа және кей жерде шығысқа қарай төрт мың шақырым жерде, екі теңізден әрі іс-әрекетке және алға басуға сенетін адамдар бар. Иә, виски тәрізді ащы да қайырлы адамдар бар. Бұқа желкелі қожайын бағанаға кезекті стақанды тықпалап жатыр. Қожайынның жанарлары салауатты, көздері – көгілддір әрі ол өзін байытып жатқан адамдардың сенбейтініне сенеді. Ағаш қалқалар, көмкермелер, қабырғалар қалжыңдар мен қарғыстарға, үміттер мен мінәжаттарға әбден қаныққан. Онда олар қаншама?! Ендігі жекебасты маскүнемдерге арналған кессондық камера барған сайын балықтардан және суға батқан кемелерден аулақ уақыттың қараңғы табанына бата түсуде, бірақ, мұнда, төменде де сүңгуірлер өз құралдарын жетілдіргеннен былай қарай еш маза жоқ. Ал сондықтан – бір сүңгіп шығып, ауаны өкпеге барынша жинап алып, сүңгуірлер кессонды қазбалап тастағанша, тағы да – отбасы, кәсіп, арабырой, қоғам деп аталатын шаруаларменайналысуы керек! «Қанша?»Қожайынның қасаң жанарларына шақа тиындар, көптеген шақа тиындар тасталды. Мен өзге шіркеуге бет алғанымда, аспан бұрынғыша сұрғылт түстің барлық реңктерімен керілген болатын, бұрынғыша ирландтық көкөністің реңктерінің біреуі де көрінбеді. Тым шамалы ғана уақыт өтті: шіркеуге кіреберісте манағы қайыршы тұрды, әрі әлдебір оқушы оның ауызынан мен салған сигаретті алып жатты. Балақай темекінің титтей де ұнтағы жоғалмас үшін оны ықтиятты түрде өшірді және темекі тұқылын қайыршының қалтасына ұқыптылап
208 жасырды, сонсоң ол басынан бөрігін алды: оның екі қолы жоқ болса да, бөрігін алмай, құдайдың ғибадатханасына кіруге батылы қалай барады? Ол үшін есікті кідірістетіп тұрды, бос жеңдер есік жақтауын сипап өтті, дымқыл да кірленген жеңдерды ағынды жырашыққа матырып алған сыңайлы көрді, – бірақ онда, шіркеуде, ластықта ешкімнің шаруасы жоқ-ты. Әулие Патриктің соборы қаншалықты таза, әдемі де кісісіз болса, мына шіркеуде адамдар көп және алабажақ әшекейлер мол болды, әрі ол лас қана емес, жөнсіз бетімен жіберілген екен – әдетте көп балалы отбасылардағы бөлмелер осындай болады. Кейбір кісілер – олардың арасында Ирландияда неміс мәдениетінің жетістіктерін таратып жүрген бір неміс те бар көрінеді – ол керішмүсіндер өндірумен бірталай ақша табады екен: алайда шалағай дүниелерге деген ашу, олардың өнімдері алдында тізе бүгетіндерді көргенде әлсірейді: олар қаншалықты алабажақ болған сайын соншалықты жақсы бағаға ие болады; егер «тура тірі тәрізді!» болса да, солай (байқаңыз, діншіл пенде: тірі – «тірі тәрізді» дегенге мүлде қабыспайды!) Қоңыр шашты сұлу қыз – қор болған періштенің кейпінде – Магдалинаның мүсіні алдында ғибадат етуде; оның бейнесінде – жасыл тартқандай бозалыңқылық, оның ойлары мен дұғалары маған таныс емес кітапқа жазылуда. Оқушылар керлинг ойынына арналған доптаяқтарын қолтықтарына қысқан күйі жазалаудан құтқаруды жалбарына өтінуде; қараңғы бұрыштарда Христ жүрегінің алдында, Little Flower -дің алдында, әулие Антонийдің алдында, әулие Францискінің алдында шамдалдар жанып тұр: мұнда діннен бәрін түбіне дейін сарқып алады. Әлгі қайыршы соңғы орындықта жайғасып, өзінің талма аурудан діріл қаққан бетін хош иіс ағынының астына тосады. Құдайшылық индустриясының мұндағы жаңалықтары назар аударуға тұрарлық: Мария бикештің басының айналасындағы неон сәуле, қасиетті ыдыстағы фосфорша жарқырайтын кіреш – ол шіркеудің бұлыңғырлылығын
209 қызғылт сәулемен ажарландырып тұр. Мына татымсыз дүниелерге ғибадат еткендер мен Италияда фра Анджеликоның фрескаларына мінәжат жасағандар Кітапқа бөлек жазыла ма? Жасылдау бояуда бозарған сұлу қыз әлі Магдалинадан көзін алар емес, қайыршының беті бұрынғыша діріл қағуда, сол дірілден оның қалтасындағы шақалар зыңғырлайды. Доптаяқты балалар, шамасы, қайыршыны білетін сияқты, оның бетінің дірілі мен баяу міңгірлеуін де түсінетін тәрізді; олардың бірі қайыршының қалтасына қол салды, баланың кір алақанында төрт шақа – екі пенни, бір алты пенстік және бір үш пенстік пайда болды. Бір пенни мен үш пенстік баланың алақанында қалды да, қалғандары сыңғыр қағып, шіркеудің саптаяғына түсті. Міне, математиканың, психологияның – деген немесе шамалы дәлме-дәл ғылымдардың шекаралары осы жерден өтеді, – олар бір-біріне беттің діріл қаққан жағдайындай бір-біріне жабысады: оған сенейін десең, негізі тым әлсіз жатыр. Бірақ, менің жүрегімде Свифттің зиратынан бірге келген салқындық әлі бой көрсетуде: тазалық, адамдардың жоқтығы, мәрмәр мүсіндер, әскерлерлің байрақтары және онсыз да айтарлықтай таза болып тұрған жерді әспеттеп жатқан әйел... Әулие Патриктіңсоборы ғажайып болатын, ал мына шіркеу сұрықсыз еді, бірақ онда ғибадат ететін және мен орындықтардан Ирландияның көптеген шіркеулерінен іздегенімді – дұға жасауға шақырған эмальданған кішкентай кестелерді таптым: «17.01. 1933 жылы, 60 жасында қайтыс болған Майкл О′Нилдің әруағына мінәжат еткейсің». « 1945 жылғы 9 мамырда, 18 жасында қайтыс болған Мэри Кигеннің әруағына мінәжат еткейсің». Қандай тақуалық және епті мәжбүр ету десеңізші: өлгендер тіріледі, олардың өлген даталары кестені оқығандардың ойларымен, оның сол күндегі, сол айдағы, сол жылдағы күйзелістерімен байланыстырылады. Мұнда алпыс жасар Майкл О′Нил өлгенде, Гитлер діріл қаққан бетпен билікке келуді тосты; ал Алмания тізе бүккенде, мұнда он сегіз жасар Мэри Киген қайтыс болған. Мен «20.12.1930 жылы он үш
210 жасында қайтыс болған Кевин Кессидидің әруағына мінәжат еткейсің» деп оқыдым да, өзімді тап бір электр тогы соғып өткендей күй кештім, өйткені 1930 жылдың желтоқсанында менің өзім он үште болатынмын: ауқатты да кірісті үйдің заңғардай қараңғы пәтерінде – 1908 жылы оларды әлі солай деп атайтын – Кельннің оң жақ бөлігінде, мен рождестволық табельді ұстаған қалыпта отырдым: каникулдер басталды және мен қоңыр шымылдықтың арасынан қар басқан көшеге қараумен болдым. Көше оны тап бір нағыз емес, бутафорлық қанмен боялған сыңайлы көрінді: күртік қар да, қаланың үстіндегі аспан да қызғылт, тіпті айналымдағы трамвайдың сықырлағаны да қызғылт болып көзге ұрды. Алайда, мен шымылдықтар арасындағы жіктен зер салғанымда бәрін тура өз қалыптарындағыдай: қар төбешіктердің қоңыр бояумен боялғандай жайын, қара асфальтты, көптен тазартылмаған тістердің түсі сияқты трамвайды, ал трамвай айналымда бұрылғанда, оның сықырлағаны ашық-жасыл сияқты көрінді – әлдебір улы жасыл өсімдік ағаштардың жалаңаш бұтақтарына себелеп тұрғандай болды. Сонымен, бұл күні Дублинде менің құрдасым, он үш жасар Кевин Кессиди қайтыс болды; мұнда табыт қойылды, хорлардан «Dies irae, dies illf» -нің дыбыстары келіп жатты, зәрелері ұшып кеткен кластастар орындықтарды толтырды: шайыр иісі, шырағдан ыстығы, қара жамылғының күміс шашақтары; ал мен бұл кезде табельді жасырдым да, қорадан шананы алып, тебуге шықтым, мен латын тілінен төрт алдым, ал Кевиннің табыты қабірге түсірілді. Сонсоң мен шіркеуді тастап көшемен кеткенде, Кевин Кессиди менен қалмай бірге келе жатқандай болып көрінді, менімен тұстас жастағыдай әсер етті, ал мен өзімді бірнеше минөтке отыз жеті жастағы Кевин Кессидидей сезіндім – ол үш баланың әкесі болатын, әулие Патрик соборының әр жағындағы лас түкпірлерде тұратын, виски ащы болды, қымбат әрі суық көрінді, Свифттің зираты оны мұз жебелерге көміп тастады, оның қара шашты әйелінің бетінде жасыл
211 қуқыл тартқандық көрініп тұрды, оның қарыздары бар еді, Лондондағыдай мыңдаған үйшіктердің бірі онда да болатын: екі қабатты, кедейқолды дегендей... (осындай үйдің бірінде Джеймс Джойс, екіншісінде – Шон О′Кейси туған-ды). Кевиннің көлеңкесінің жақын болғандығы сондай, мен трактирге оралғанда мен екі вискиге тапсырыс бердім. Бірақ көлеңке стақанды еріндеріне тақалтқан жоқ, содан мен 20.12.1930-да қайтыс болған Кевин Кессиди үшін екіншісін – оның орнына, және ол үшін – өзім ішіп салдым. МЕЙО – ИӘ, ҚҰДАЙ БІЗГЕ ЖАР БОЛСЫН! Ирландияның орталығы Атлонда, егер жеделімен жүрсеңіз, Дублиннен екі жарым сағат жүрістегі жерде, пойызды екіге бөледі. Вагон-рестораны бар тәуір бөлігі әрі қарай Голуэйге кетеді де, біз қалған жүдеулеу бөлігі Уэстпортқа бет алады. Егер бізде ағылшындық немесе ирландтық ақша болып, ол бірінші ме, әйтпесе екінші ме, таңғы дәмге төлеуге жараса, қазір екінші таңғы дәмді жайып жатқан вагон-ресторанмен ажырасу одан әрман күйінішті болар еді. Енді, пароходтың келуі мен пойыздың жөнелуі арасында бізде небәрі жарты-ақ сағат болғандықтан, – ал Дублиндегі банкілер тек он жарымда ашылады – бізде Алманияның банкілері басатын жеңіл, бірақ мұнда қажетсіз ақша белгілері ғана қалды; Фуггердің бейнесі орталық Ирландияда онша бағаланбайды. Мен осы уақытқа дейін Дублинде айырбастау пунктін іздеп вокзалдан жүгіріп шығып кеткенімде, өзінде анық шығарылған свастикадан өзге әшекейі жоқ отты қызыл фургонның өзімді басып кете жаздағанын әлі ұмытқан жоқпын. Әлдекім Ирландияда «Фёлькишер беобахтердің» фургонын сатқан ба, әлде «Фелькишер беобахтердің» мұнда бөлімшесі сақталған ба, кім білсін... Мәшинелер, менің есімде қалғандай, мәшинелер тап осындай болып көрінді, бірақ, жүргізуші өзін кірешпен жебеп, маған ізетпен жол ұсынды, сөйтіп тиянақтылау үңіліп, мен бәрін де түсіндім:
212 бұл бар болғаны «Свастика»кірханасының мәшинесі еді және фирманың негізі қаланған датасы – 1912 жыл – свастиканың астынан айқын көрініп тұрды, бірақ бұл сол автокөліктердің бірі болуы кәдік деген жәй ойдың өзінен менің тынысым тарылып қалды. Барлық банкілер жабық болатын, сөйтіп, берекем кеткен мен, Уэстпортқа баратын бүгінгі пойызды өткізуге бекініп, вокзалға оралдым, өйткені билеттерге төлейтін ештеңем жоқ еді. Бізде таңдау мүмкіндігі қалды: не ертеңге дейін мейманханадан нөмір алу және ертеңгі пойызбен кету (кешкі пойыз біздің автобустың кестесімен сәйкес келмейтін), әйтпесе жақындағы пойызбен билетсіз кетудің әлдебір жолын табу еді. Әлдебір жол табылды: біз несиемен кеттік. Стансаның нәшәндігі, ұйықтамаған үш сәбидің, мұңайған екі әйелдің аянышты кейіптерін көріп (оның осыдан екі-ақ минөт бұрын свастикалы мәшиненің астына түсіп қала жаздағанын ұмытпаңыз), мейманханадағы бір түн Уэстпортқа баратын сапармен бірдей тұратынын есептеп шығарды. Ол менің есімімді, «несиемен апарылатын адамдардаң санын» жазып алды да, менің қолымды ырзашылықпен қысып, жүруге белгі берді. Сөйтіп біз осынау ерекше аралда бұған дейін пайдаланылмаған және пайдалануға тырыспаған несиенің бірден-бір түрін: темір жолдағы несиенің өзіне ұқсадық. Бірақ – әттең! – вагон-ресторан несиеге таңғы тамақ ұсынбайды екен және оны алудың жолы түспеді. Фуггердің бейнесі қандай тамаша қағазға басылса да, аға даяшыға әсер етпеді. Біз күрсініспен соңғы фунтты ұсаттық та, бір термос шай мен бутербродтардың пәшкесіне тапсырыс бердік. Ал жолсеріктердің еншісіне өз кітапшаларына біздің ерекше аты-жөндерімізді жазып қою ғана қалды. Бір рет, екінші рет, үшінші рет жазып қойды, сөйтіп біз мазасыздана бастадық: сонда қалай, бізге мынау өз тұрғысындағы жалғыз несиемізді бір рет, екінші рет, үшінші рет төлеуге тура келе ме? Атлонда жолсерік айырбасталды, жаңасы келді – жирен, ықтиятты ғана жас жігіт екен. Мен оған біздің билетсіз келе
213 жатқанымызды мойындағанымда, оның бет-жүзі соншалықты түсінгендік шыраймен арайланды: шамасы, оған біз жайлы хабарлаған болуға керек, телеграф стансасынан біздің атыжөнімізді және «несиемен апарылатын адамдардаң санын» бергенге ұқсайды. Атлоннан кейін, бөлінгеннен соң жолаушылар пойызына айналған біздің көлігіміз барған сайын өте шағын, барған сайын батыстық болған стансалардың маңайынан тағы да төрт сағат ирелеңдеп баяу жылжумен болды. Атлон (тоғыз мың тұрғын) мен жағалаудың арасындағы көзге ілігерлік аялдамалар мынадай: Роскоммон және Клэрморрис – әрқайсысындағы тұрғындар саны қаладағы ірі үш үйдікіндей ғана. Каслбарда – Мейо графтығының астанасында – төрт мың және Уэстпортта үш мың халық тұрады; Кёльннен Майндағы Франкфуртқа дейінгі аралықтағыдай дерлік жолдың бөлігінде жұрттың тығыздығы бірте-бірте бәсеңдей береді, сонсоң ұланғайыр мұхит басталады, ал одан кейін – Нью-Йорк бой көтерген, онда бүкіл Ирландия Азат Мемлекетіндегіден үш есе көп халық және Атлонның ар жағындағы үш ирланд графтығындағыдан үш есе көп ирландтықтар тұрады. Мұндағы вокзалдар кішкентай ғана, стансалық құрылыстар – ашық-жасыл түсті, шарбақтары – ақшаңқан қардай әппақ, ал перронда анасынан алған жайпақ табақ пен қайыс белбеуден далба дүкеншік жасап алған балақай тұрады, оның «ләпкесінде» үш шоколад, екі алма, жұмарланған табанан, резеңке сағыз және бір комикс жатады. Осы балақайлардың біріне біз соңғы күміс шиллингімізді сеніп тапсырайық деп едік, бірақ не таңдарымызды білмей қиналдық: әйелдер жағы алмалар мен нанға ойысса, балалардың сағыз бен комикске көңілдері ауды. Ақыры біз мәмілеге келдік те, резеңке сағыз бен комиксті сатып алдық. Комикстің тақырыбы әжептәуір екен: «Жарғанат адам» дейді, оның мұқабасында үйдің қабырғасымен өрмелеп бара жатқан маскалы кісінің суретін ажыратуға болады. Батпақтардың арасындағы кішкентай вокзалда күлімдеген
214 балақай жападан-жалғыз қала берді. Тікенді бекіш гүлдеді, фуксиялардағы (үйге әдемілік үшін қойылатын қызыл гүлді өсімдіктер) бүршіктер ісінді; адам аяғы баспаған жап-жасыл төбелер, шымтезектің үйінділері; иә, Ирландия жасыл, өте жасыл, бірақ оның жасылдығы – тек қана шалғындардың жасылкөгі емес, сондай-ақ тым болмағанда Роскоммоннан Мейоға дейін оған қоса мүктердің де жасылкөгі, ал мүк – кері кету мен күтімсіздіктің өсімдігі. Жер иесіз қалған, ол бірте-бірте, бірақ тұрақты түрде адамсыз қала береді; біз Ирландияның батысындағы бір жерде жалдаған үйде – біздің ешқайсымыз Ирландияның бұл бұрышын көрген емеспіз – бұл үйде әлі болмаған біздің дегбіріміз кетіп қалды; маған серіктес әйелдер жолдың екі жағынан да картоп алқаптарын немесе бау-бақшаларды көре алмай-ақ қойды, салаттың әйтпесе бұршақтың жасылкөгін болса-болмаса ұшыратқан жоқ. Біз шоколад плиткасын бөлістік те, комикспен тыныстауға талаптандық, бірақ «Жарқанат адам» бәрінен бұрын жаман адам болып шықты, мұқабада айтылғандай, оның сүйікті ойындарының бірі ұйықтап жатқан әйелдерді қорқыту болған, сонымен қатар ол, пәлтесінің етектерін жайып жіберіп, ауада қалықтап ұшуды білген, ол миллиондаған долларларды ұрлаған, әрі оның басынан кешкендері құрылықтағы мектептерде де, Англияның мектептерінде де, не Ирландияның мектептерінде де оқып-тоқылмайтын ағылшын тілінде суреттелген. Ол өте әлуетті, өте әділетті адам болған, ал әділетсіздерге келгенде қайырымсыз тіпті мейірімсіз мінез көрсеткен. Ол оңтайы келгенде әлдекімнің тісін қағып түсіретін болған және бұл әрекетке ере жүретін дыбысқа «хрясь» деп қол қойыла суреттелген. Жоқ, «Жарқанат адам» бізді жұбатпады. Десе дағы, біздің өзге жұбанышымыз қалды: жирен жолсерігіміз пайда болды да, күлімсіреген күйі біздің атыжөнімізді бесінші рет қайталап жазды. Ақыры осы тұста осынау қайта-қайта жазудың құпиясы ашылды: біз кезекті графтықтың шекарасын қиып өттік те, Мейоға келіп жеттік. Ирландықтардың қызықты бір әдеті бар: әрдайым, Мейо
215 графтығының атауын атағанда (мақтаумен, кінәлаумен, немесе жай ғана атаса да бәрібір), қысқасы, әр жолы, «Мейо» деген сөз айтылғанда «God help us!» дегенді қосады, бұл «Жасаған, бізді кеше гөр!» деген құлшылық етумен ұйқас келеді. Жолсерік енді бізді қайталап жазбайтынын айтып, салтанатты түрде сендірді де, қарасын батырды, ал пойыз болса, кезекті кәішкентай стансаға тоқтады. Мұнда да барлық жердегідей тек сигарет салған теңдарді түсірді. Біз ендігі теңдердің көлеміне қарай стансаның іргесіндегі ауданның ауқымын болжауды үйрендік; картамен тексергенде, бұл тәсілдің дұрыс екендігіне көз жеткіздік. Мен пойыздың бойымен жүк вагонына қарай өтіп, енді сигарет салған қанша тең қалғанын көргім келді. Онда бір кішкентай және бір үлкен тең жатты – осылайша мен енді бізге қанша станса қалғанын аңғардым. Пойыз кісі қорқарлықтай босап қалды. Мен оның басынан аяғына дейін он сегіз адам ғана санап шықтым, ал біздің өзіміз ә дегенде алтау едік қой және біздің көзімізге осы уақытқа дейін бір рет те салаттың жасыл шөбі, бұршақтың қою шөбі, не картоп сабағының ащы пәлегі түспесе де, біз шымтезек үйінділері мен батпақтардың қасынан талайдан бері келе жатқандай көріндік. «Мейо, – деп күбірледік біз, – Жасаған, бізге жар болғай!» Пойыз тоқтады да, сигареттердің үлкен теңін түсірді, ал платформа бойындағы ақшаңқан шарбақтың үстінен бізге, шамасы, бүкіл автоколоннаны күзетіп келе жатқан, қоңырқай беттерін күнқағарлармен қақпалаған еркектер қарап тұрды. Маған ендігі өзге стансаларда да автокөліктер мен олардың қасындағы еркектер көзіме ұрып тұрған-ды, бірақ мен тек осы жерде ғана оларды қаншалықты жиі көргенімді есіме түсірдім. Мен сигарет нығарлаған соңғы теңге біздің жирен дос жайғасқан жүк вагонына өттім. Ағылшын сөздерін барынша сақтана қолданып – нәйәті, өнерін жаңа бастап жүрген жонглер тәрелкелерімен солай айналысатын шығар – мен одан ана күнқағарлы адамдар кімдер және олардағы автокөліктер неге қажет деп сұрадым; мен жауапқа жаңа
216 заманға әкелінген әлдебір фольклорлы түсіндірмелерді – ұрлықшылар, қарақшылар жайлы – естуді тосып едім, жоқ, таңғаларлықтай жадағай ғана жауап алдым. – Бұлар, – таксилер, – деді жолсерік, сөйтіп мен жеңілдене күрсіндім. Демек, мұнда сигареттер сияқты таксилер де бар екенау. Жолсерік, шамасы, менің уайымымды түсінген болуы керек: ол маған сигарет ұсынды, мен оны рахаттана алдым, ол менің темекімді тұтатты да, көп үміт күттірерліктей баяу күлкімен: – Біз он минөттен кейін барар жерімізге жетеміз, – деді. Он минөттен кейін, тура кестеге сай, біз Уэстпортқа келдік. Мұнда бізді салтанатпен қарсы алды. Вокзал нәшәндігінің өзі – бойшаң да, тұлғалы мосқал мырза –жайдары түрде жымиып, бізді вагонның қасында тосып тұрды және құрмет көрсету рәсімі ретінде өзінің абыройлылығының белгісі санатындағы жез таяқшаны фуражкесіне апарды. Ол ханымдарға шығуға көмектесті, балаларға шығуға көмектесті, жүк көтерушіні шақырды, ол нысаналы түрде, бірақ сездірмей мені өз кабинетіне бейімдеп жіберді, менің аты-жөнімді, менің ирландтық мекенжайымды жазып алды және маған Уэстпортта ақшаны айырбастап аламын деп үміттенбе деген әкелік ақылын айтты. Мен оған Фуггердің суретін көрсеткенімде, ол Фуггерді саусағымен түртіп, одан сайын кеңінен күлімдеді, сонсоң мені тыныштандыру үшін: – А niceman, a very nice mаn . Бұл асығыс емес,рас асығыс емес, бір орайы келгенде төлерсіз. Құдай үшін, алаңдамаңыз. Мен оған тағы да батысгермандық марканы айырбастау өлшемін айттым, бірақ көзкөрім тұлғалы қария құр өзінің таяқшасын шайқады да: – Сіздің орныңызда мен болсам, еш алаңдап жатпас едім, – деді (I should not worry.) (Алайда плакаттар бізді табанды түрде алаңдауға шақырып тұрса да: «Өз болашағыңыз жайлы ойланыңыз!», «Бәрінен бұрын – сенімділік!», «Өз балаларыңызды қамтамасыз етіңіз!») дегендейін... Бірақ мен сонда да алаңдадым. Несие осы жерге дейін
217 жетті, ал ол одан арғыға – Уэстпортта екі сағат тосуға және екі жарым сағат Мейо графтығында жүріп-тұруға жете ме – бір құдайым бізге жар болсын! Маған телефон қоңырауымен банк директорын үйінен шығарып алудың сәті түсті; ол қабағын жоғары көтерді, өйткені ол үшін жұмыс күні аяқталған-ды; маған оны өз жағдайымның салыстырмалы түрде тығырыққа тірелгендігіне сендірудің орайы келді – ақша бар, ал қалтамда соқыр тиын да жоқ, – сонда оның қастары төмен қарай жылжыды! Алайда маған оны Фуггердің бейнесі салынған қағаздардың нағыз құндылығына сендірудің жолы болмайақ қойды... Ол, бәлкім, шығыс және батыс маркасының бар екендігі жайлы әлдене естіген болар, екі валютаның арасындағы айырмашылық турасында да білетін шығар, ал мен оған тап Фуггердің суретінің астындағы «Франкфурт» деген сөзді көрсеткенімде, ол – оның жағрапиядан алған бағасы бестік болуға керек – «Алманияның екінші бөлігінде де Франкфурт бар» деді. Бұл жерде маған Майн мен Одерді салыстырғаннан басқа – мойындасам, мен өйткенді ұнатпаймын – бірақ, жағрапияда жай бестігі болғаны көзге ұрып тұрды, ал summa cum laude ,емес және осы боларболмас өзгешеліктер, тіпті ресми айырбастау курсының өзі болғанда да, оған айтарлықтай несие беру үшін жеткіліксіз негіздеме болып көрінді. – Мен сіздің ақшаларыңызды Дублинге жөнелтуге тиістімін, – деді ол. – Ақшаларды? – мен қайыра сұрадым. – Мына қағаздарды ма? – Әрине, – деді ол, – ал бұл жерде мен олармен не істемекпін? – Ал сіз жауап алғанша қанша уақыт кетеді? – Төрт күн, – деді ол. – Төрт күн, – дедім мен. – God help us! – Мен тым болмағанда осыны игердім. Бірақ ол сонда менің ақшаларымның кепілдігіне маған шамалы несие бере алмас па екен? Ол Фуггерге, Франкфуртқа,
218 маған ойлана қарады да, сейфін ашып, екі фунт берді. Мен үнсіз қалдым, бір түбіртекке қол қойдым, одан екіншісін алдым да, банкті тастап шықтым. Көшеде, болсаболмаса, жаңбыр жауып тұрды, ал менің реорІе – үй-ішім, үмітке толы күйде, мені автобус аялдамасында тосып тұрды. Аштық маған зарыққан жанарымен, көмек күткен халде қараумен болды – оның өзінде еркектік, әкелік көмекті тосты, сөйтіп мен қажырлылыққа негізделген дақпырттық істеуге бекіндім: мен қоқан-лоқы көрсетуге ойыстым. Мен жұртты кең қозғалыспен сүрленген еті, жұмыртқалары және салаты бар шайға шақырдым. Ал есеп айырысқаннан кейін және жарты крона қалғанда да мен өте бақытты едім. Мен ол кезде бір жайды әлі білген жоқ едім, ал ол турасында төрт сағат өткенде аңғардым: шайлық ақшаның өзін несиеге беруге болады екен. Бірақ, біз мақсатқа аяқ басысымен-ақ, Мейоның шет жағында, Акилл-Хед мүйісінің алдында, одан Нью-Йоркқа дейін судан басқа ештеңе де жоқ, несиеміз гүл жайнап қоя берді: үй қардан да әппақ екен, терезе жақтаулары – теңіз бояуына малынған, алауошақта от жанып тұрды. Салтанатты түскі аста біздің құрметімізге қызыл балық тартылды. Теңіз толқындары жағалауға соққанда ашық-жасыл бояуда, қолтық ортасына дейін – қоюкөк бояуда, ал олар Клэр аралына соғылғанда, жіңішке, өте ақ жиек көрінді. Ал кешке біз бәріне қоса қолда бар ақшадан кем емес дүниеге киліктік: дүкеннің қожайынынан несие кітабын алдық. Кітап сексен бетке тақау, қалың екен, шамасы, нығыздала сафьян тысқа түптелген, шамасы ғасырларға жетерліктей есеппен жасалған болуға керек. Сонымен, біз мақсатқа жеттік, біз Мейодамыз – бір құдай бізге жар болсын! АДАМ ТҰРАҒЫНЫҢ ҚАҢҚАСЫ Ойда жоқта, біз таң шыңына көтерілген кезімізде,ең жақын беткейден тасталған деревняның қаңқасы көрініс
219 берді. Ол жайында бізге ешкім айтқан жоқ, ешкім алдын ала ескерткен жоқ; негізі, Ирландияда тастанды деревнялар өте көп. Бізге шіркеуді, теңізге апарар ең төте жолды, шай, май және сигарет сататын ләпкені, гәзит киоскісін, поштаны және кішкентай кемежайды да көрсетті. Онда судың қайтар кезінде балдырлы жағалауда сүңгімен өлтірілген қатырандар жатады, егер тек су көтерілген кездегі соңғы толқын олардың ақ қарынын жоғары қаратып тастамаса (әрі бауырлары кесіп алынса), олар төңкерілген қайықтарды еске түсіріп, қара арқаларын жоғары қаратып жата береді. Сұрғылт та біркелкі тас фронтондар (ғимарат қасбетіндегі үшкіл маңдайшалар) әуелде бізге жобасыз, елестері бар орашолақ қойылған әспеттер тәрізді көрінді. Демімізді ішімізге тартып, біз оларды санай бастадық, қырыққа жеткен соң есептен жаңылдық, ал олардың ұзын-ырғасы жүзден кем емес-ті. Жолдың келесі бұрылысынан кейін деревня біздің алдымыздан өзге қырынан, енді біз оны басқа жағынан көрдік: сұрғылт тас қабырғалар, үйлердің тұлғалары әлі де болса, балташының қолын күтіп тұрған сыңайлы, терезелердің қараңғы ойындылары, бір кесек те ағаш жоқ, шүйкедей шүберек те жоқ, алабажақ ештеңе де жоқ – шаштары мен жанарларынан, тәні мен қанынан айырылған жан сияқты; құрылыстың айқын қатаңдықтағы деревняның бейнесі мінеки: міне, басты көше, кішкене дөңгелек алаңда трактир тұруға керек. Міне, тұйық көше, міне – екіншісі. Тастан салынбағанның баршасын жаңбыр, күн, жел және уақыт жеміріп қойған – ол тәулігіне уақыттың жиырма төрт тамшысы іспеттес шыдамды да қажырлы түрде – әлемдегінің бәріне бойсұну сияқты жегідей жей беретін қышқыл іспеттес... Егер әлдекім осының бәрін – бұдан жүз жыл бұрын, бәлкім, бес жүз кісі тұрған адам тұрағының қаңқа сүйегін бейнелеп салуға талпынатын болса: таудың жасылсұрғылт беткейіндегі өңкей сұрғылт үшбұрыштар мен төртбұрыштарды суреттесе, егер ол өз картинасына басты көшемен бір кәрзеңке шымтезекпен келе жатқан, қызыл
220 жейде киген қыз баланы іліктіре алса, әрі осылардың бәріне үйлердің тұлғалары арасында биттер секілді таралып жатқан ақ қойларды қосса, бұл суретшіні есуас деп санар еді: мұндағы болмыс соншалықты дерексіз ұғым болып көрінер еді. Тастан жасалмағанның баршасы желмен, күнмен, жаңбырмен және уақытпен желініп-жемірілген; түнерген беткейде, анатомиялық көрнекі құрал іспеттес, деревняның көркем қаңқасы жайылып жатыр – «ана жерде, тура омыртқа желісі сияқты», – бас көше көрінеді, ол тіпті ауыр жұмысқа әбден көндіккен адамның омыртқасындай шамалы қисайыпты; барлық сүйектері аман-есен: қолдары да орнында және аяқтары да – бұлар тар көшелер, әрі бір жағына қарай шамалы бұрылған бас – бұл шіркеу, өзгелерден сәл үлкендеу сұрғылт үшбұрыш. Сол аяқ – шығысқа қарай бет алған, беткеймен жоғары өрлеген көше; оң аяқ – аңғарға қарай кеткен көше, ол шамалы қысқалау, ақсап қалған мақұлықаттың сүлбесі. Егер ол жер қойнауында ана төрт арық сиырды жайылымға баяу ғана айдаған мына адам сияқты үш жүз жыл жатса, осындай болып көрінер еді – ол өз қожайынын осылайша зілсіз алдануға қалдырар еді. Оның оң аяғы қайғылы оқиғадан соң қысқалау болып қалған, арқасы ауыр шымтезек өндіргеннен майысқан және басы да адамды жер қойнына бергенде, бір жағына қисаюы кәдік. Ол енді бізді басып озды да, «Nice day» , деп күңк етті, ал біз оған жауап қайтаруға, не болмаса, мына деревня жайлы сұрастыруға күш жинап үлгермедік. Бомбаланған қалалар, снарядтармен қиратылған деревнялар тап мынадай болып көрінбес, сірә. Бомбалар мен снарядтар – адамдар олардың көмегімен қирататын және талқандайтын, ұзартылған томагавктер, балталар, балғалар ғана, бірақ бұл жерде күш жұмсаудың ешқандай іздері көрінбейді: уақыт пен апат тас еместен басқаның барлығын да ұшы-қиырсыз шыдамдылықпен күйретіп тастаған, ал жер бауырынан мүк пен шөп қаулап жатыр, ал оларда тап бір жәдігерлер іспеттес сүйектер тыныс тапқан. Мұнда ешкім үйлердің қабырғаларын құлатып тастауға
221 немесе иесіз қалған үйді отынға талауға, мұнда әйтсе де отындар айтарлықтай құнды болып табылса да (бізде бұл «қотарып тастау» деп аталады, бірақ мұнда ешкім де үйлерді «қотармайды») әкетуге тырыспаған. Тіпті кеш сайын малды жоғары жаққа жаятын балалар да, тасталған деревняның қасынан өткенде, қабырғаны құлатып немесе есікті шығарып тастауға ұмтылмайды. Ал біздің балалар біз деревняға келмей жатып, әлденені жермен жексен етуге оңтайланады. Мұнда ешкім де ештеңені жермен жексен етпейді, тасталған тұрақтардың әлжуаз бөліктері жел мен жаңбырдың, күн мен уақыттың ырқына беріледі, сөйтіп, алпыс, жетпіс немесе жүз жыл өткеннен кейін әлгілерден тас тұлғалар ғана қалады және мұнда бір де бір балташы ешқашан да құрылыстың аяқталғанын атап өтпейді. Міне, адам өзі өлгеннен кейінгі тыныш қалдырғанмекеннің сиқы осындай болады. Біз одан әрі жүрегіміз ауырған күйде басты көшемен жалаңаш қасбеттерді баяу араладық, тұйық көшелерге бұрылдық, сөйтіп, ауырған халіміз бірте-бірте басылды: жолдар бойында шөп өсіп жатты, мүк қабырғалар мен картоп даласын толтырып, қабырғалармен жоғары өрмелеген: сылақтан айырылған қасбеттің тастары ендігі не кесек тас емес, не кірпіш емес халге келген, есесіне тау бұлақтары аңғарға жуып әкелетін тастақ шөгіндіге айналған; бір кезде алауошақ тұрған жердегі қабырғалардан ербиіп тұрған тас плиталар – иықтың кең сүйектеріндей көрінді: оларда шойын қазанға арналған шынжыр ілулі тұрған әрі бозаң суда қуқыл тартқан картоп қайнатылған. Біз үйден үйге азық-түлік тасушылар ретінде жүріп отырдық және әр жолы табалдырықтан аттаған сайын бізге көгілдір аспанның шаршы ұялы бөлігі – ауқатты адамдар болса – ауқымдылау, кедейлер болса – кішірек болып төгіліп тұрды. Тек көгілдір шаршы ұяның көлемі ғана адамдар арасындағы айырмашылықтарды және бір еске салған сыңайлы көрінді, талай бөлмелерде ендігі мүк өсіп тұрды, көптеген табалдырықтар бозаң судың астына жасырыныпты; алғы қабырғалардан кезінде шынжыр байлаған бұқаның
222 сүйектері, кей жерде малға деген ілмектер көрініп тұрды. – Мына жерде ошақ болған! – Ана жерде – кереует! – Мына жерде, алауошақтың үстінде икона ілулі тұрған. Онда қабырға шкафы – екі тік тас тілімдер тұр, ал олардың арасында екі көлденеңі қыстырылған. Бұл шкафтан балалардың біреуі темір сына тауып алды, ол біз оны тауып алысымен қолымызда үгітіліп қалды, сөйтіп, шегеден жуан емес өзегі ғана қалды, мен оны балалардың өтініші бойынша ескерткішке қалтама салып алдым. Біз бұл деревняда бес сағат өткіздік және ештеңе болмағандықтан, уақыт та тез өтті. Біз тек бірнеше құстарды ғана үркіттік,жалғыз қой, ашық терезе ойындысынан беткейден төмен қарай бізден қаша жөнелді. Фуксияның қатайып кеткен бұталарынан қан түстес гүлдері салбырап тұрды. Гүлі солып бара жатқан бекіште тап бір кірлеуіт мыс бақырлар іспеттес сарғылт жапырақтар ілулі тұр; кварц кристалдары сүйекке ұқсайды, мүктер өсіп жатыр; көшелерде қоқыр-соқыр, өзектерде тастандылар жоқ, ауада еш дыбыс естілмейді. Бәлкім, біздің жай ғана қызыл жейде киген және қоңыр шымтезек салған кәрзеңкелі қыз баланы тағы да көргіміз келген шығар, бірақ ол сол бетінде оралмай кетті. Мен қайтар жолда темір өзекке тағы да бір рет қарау үшін қолымды қалтама салғанымда, менің қолым, біздің жолдың оң және сол жағындағы қызғылт-сұр топырақ түсіне ұқсас үгіндіге ғана ілікті; мен оны соған, батпаққа төге салдым. Деревняның қашан және неге тасталғанын бізге дәлдеп ешкім айта алмады; Ирландияда тасталған үйлер өте көп; қайда барсаң да, екі сағат серуендегеніңнің өзінде-ақ мұндайлардың бірнешеуі алдыңнан шығады: мынауысы бұдан – жиырма, ал анау – елу немесе сексен жыл бұрын тасталған; сондай-ақ, есік-терезелеріне қағылған тақтайлар шіріп үлгермеген, әлі не жаңбыр, не жел кіре қоймаған үйлер де баршылық. Көрші үйде тұратын кемпір де деревняның қашан
223 тасталғаны жайлы жарытып ештеңе айта алмады; 1880 жылы, өзінің қыз бала кезінде, деревняда ендігі ешкім тұрмаған. Оның алты баласының екеуі ғана Ирландияда қалған; екеуі Манчестерде тұрып еңбек етеді; екеуі – АҚШ-та. Бір қызы осында, деревняда тұрмысқа шыққан (бұл қыздың да алты баласы бар және олардың екеуі, шамасы, Англияға, ал екеуі Америкаға кететін шығар). Онымен ең үлкен ұлы ғана қалды; ол малды жайылымнан айдап келе жатқанда, оны алыстан он алты жасар жеткіншекке балап қаласың, ал деревня көшесіне ойысқанда оған отыз бестен артықты бере алмайсың, ал именшек жымиыспен терезеңізге үйілгенде, оған кемінде елу жас дейсіз. – Оның үйленгісі келмейді, – дейді оның анасы, – мұнысы ұят емес пе? Әрине, ұят. Ол сондай еңбекқор және дәйім таза жүреді; ол есіктерін және шарбақтағы тас бүршіктерін – қызыл бояуға, жасыл күдері шатыр астындағы терезелердің ойықтарын көк бояуға бояған; оның жанарларына қашан да күлкі қонақтап жүреді және өз есегін шоқтығынан мейірлене қақпалаумен болады. Кешқұрым, біз одан сүт алғанымызда, тасталған деревня туралы сұрап едік, бірақ ол да мандытып ештеңе айта алмады. Жалпы алғанда дым демеді. Ол онда ешқашан болмаған, ол жақта жайылымдары жоқ, шымтезек шұңқырлары да оңтүстікке қарай, 1799 жылы дарға тартылған ирланд отаншылына қойылған ескерткішке жақын жерде жатыр. – Сіздер ендігі оны көрдіңіздер ғой? Иә, біз оны және елуге келген Тониді де көрдік, бірақ ол бұрышта отыз жасарға айналады, ал жоғарырақ, есекті шоқтығынан сипақтаған биікте- он алты жасарға, фуксиялардан жасалған тірідей қоршаудың арғы жағына бір сәтке бой жасырардан бұрын, ол кенет бір кезде өзі болған балақайға ұқсас болып көрінді.
224 САЯСАТТАН ШЫҚҚАН ҚЫДЫРМА ДАНТИСТ – Сен арыңа жүгініп айтшы маған, – деп өтінді Патрик менен сыраның бесінші күрешкесінен кейін, – сен күллі ирландтықтарды шамалы ауысқандар деп ойлайсың ба? – Жоқ, – деп жауап қайырдым мен, – мен ирландтықтардың тек жартысын ғана ауысқандар деп ойлаймын. – Саған дипломат болу керек еді! – деді де, Патрик алтыншы күрешкеге тапсырыс берді. – Ал енді сен маған арыңа әбден бағынып айтшы: сен ирландтықтарды бақытты халық деп есептейсің бе? – Мен сендер өздерің сезінгеннен гөрі бақыттырақсыңдар, – деп есептеймін, – дедім мен, – ал егер сендер өздеріңнің қандай бақытты екендіктеріңді сезінсеңдер, онда бақытсыз болудың әлдебір жолын табар едіңдер. Сендердің өздеріңді бақытсыз сезінудің көп себептері бар, бірақ ең бастысы – сендер бақытсыздықтың ғажайып көркем елін сүйесіңдер. Сенің денсаулығың үшін! Біз тағы да іштік, сөйтіп тек алтыншы күрешкеден кейін ғана Патрик ақыры менен көптен бері сұрауға оқталып жүрген жағдаяты жайлы сауал қоюға бел буды. – Ал айтшы, – деп ақырын ғана сұрады ол, – негізі Гитлер – менің ойлайтыным – тым жаман адам болмаған – тек ол – менің ойлайтыным – тым алысқа кеткен. Менің әйелім демеген сыңайлы маған иек қақты. – Ал қане, – деді ол немісше жай ғана, – именбе, оның осынау тісін жұлып ал! – Мен тіс дәрігері емеспін, – дедім мен де жай ғана, – және мені әр кеш сайын барға бару зықымды шығарды; әр жолы бірыңғай тістерді жұлып алуға тиістімін, жетер ендігі... – Мына шаруа бәсіңе тұрады, – деді маған әйелім. – Жарайды, Патрик, тыңда, – дедім мен көтеріңкі күйде, – біз Гитлердің қаншалықты қиырға шығандап кеткенін анық білеміз: ол миллиондаған еврейлер мен бала-шағаның өліктерін жаншып өтті. Патриктің бет-ауызы ауырсынғаннан қиқаң етті. Ол
225 жетінші күрешкені әкелуге бұйрық берді де, мұңды дауыспен: – Эх, сенің де ағылшын насихатының қармағына ілінгенің өкінішті, өте өкінішті, – деді. Мен өз сырама тиіскенім жоқ. – Жарайды, – дедім мен, – кел, сенің мына тісіңді жұлып алайын; бәлкім, шамалы ауырсынарсың, бірақ өзгедей жол жоқ. Тек осыдан кейін сен мынау деген тамаша жігітке айналасың. Олай болса, қане, мен сенің жақ сүйегіңді ретке келтірейін; мен бәрібір өзімді көптен бері қыдырыстап жүрген дантист деп есептеймін... – Гитлер мынадай болған... – деп бастадым да, мен бәрін айтып бердім. Мен ендігі әдістеніп алғам-ды, білікті дәрігерге айналғам-ды, ал енді қаралушың өзіңе ұнап тұрса, әдеттегідей, міндетпен жұмыс істегеннен гөрі байқап қимылдайсың. – Гитлер анадай болған... Гитлер мынаны істеген... Гитлер ананы айтқан... Патриктің бет-ауызы барған сайын қозғалақтай түсті, бірақ мен вискиге тапсырыс бердім де, оның денсаулығы үшін ішіп салдым, сәл шашалып ол да ішті. – Ал қалай, қатты ауырды ма? – деп сұрадым мен байқастап қана. – Иә, – деді ол, – қатты ауырды, – әрі бар іріңі ағып біткенше, бірнеше күн өтеді. – Ауызыңды дәйім шайып отыруды ұмытпа, ал егер ауыратын болса, маған кел, сен менің қайда тұратынымды білесің. – Мен сенің қайда тұратыныңды білемін, – деді Патрик, – және мен қайтсем де барамын, өйткені не қылса да, ауыратын түрі бар. – Десе дағы, – дедім мен, – тістің жұлып алынғаны жақсы болды. Бірақ Патрик үнсіз қалды. – Және бірден ішеміз бе? – деп мұңая сұрады ол. – Иә, – дедім мен. – Гитлер сондай болған... – Доғаршы, – деді Патрик, – доғаршы, құдай ақына, ана жақта – ашық жүйке.
226 – Міне, тамаша, – дедім мен, – яғни көп ұзамай ол жүйке өледі, яғни бұл және бір күрешкеден ішуге болады деген сөз. – Сенің тісіңді жұлып алғанда, сен не жолы мұңаймайсың? – деп сұрады Патрик шаршаған күйде. – Ә дегенде мұңаямын, – дедім мен, – ал сонсоң, енді одан әрі іріңдемесе, қуана бастаймын. – Ал ең ақымақтығы, – деді Патрик, – мен қазір немістердің маған несімен ұнайтындықтарын мүлде білмеймін. – Олар, – дедім мен жай ғана, – олар саған Гитлердің арқасында емес, оған қарамастан ұнауы тиіс. Егер әлдекім саған деген ілтипатты, сенің пікіріңше, күмәнді деген дереккөзден қаузайтын болса, одан қиямет ештеңе жоқ. Айталық, сенің атаң шапқыншы болған екен делік, және сен әлдекіммен сенімен тек сенің атаңның шапқыншы болғандығынан сүйсінгеннен ғана таныссаң, саған бері алғанда ауыр тиеді; өзгелер өз тұсынан саған сенің шапқыншы болмағаныңнан ғана сүйсінеді, ал бірақ сен олардың сен тіпті шапқыншы болып кетсең де, саған сүйсінгенін жаратар едің. Сегізінші күрешке сыра да келді – оған жыл сайын демалысын осында өткізетін Генри деген ағылшын тапсырыс берді. Ол бізге жанаса отырды да, қинала басын шайқады. – Білмеймін, – деді ол, – неге мен жыл сайын Ирландияға сапар шегетінімді білмеймін; мен сіздерге талай рет айтқанымдай, не Кромвельді, не Пемброкты көтермелеген емеспін және олармен ешқандай туыстықта болған жоқпын, мен небәрі өзіне екі апталық демалыс тиісті және оны теңіз жағалауында өткізуді армандайтын Лондоннан келген төменгі буынды қызметкермін; мен неге осында жыл сайын тек қана мен жақсымын, ал өзге ағылшындардың баршасы неге нашар дегенді естуге келемін, мұның өзі өте шаршатады... Ал Гитлерге келер болсақ... – деді Генри. – Құдай үшін, – деді Патрик, – ол жайында айта көрмеші. Мен енді бұл есімді ести алар емеспін. Тым болмағанда, қазір емес... Мүмкін, әртамандау... – Тамаша, – деді маған Генри, – сен, шамасы, тәп-тәуір жұмыс істеген сияқтысың.
227 – Әркімнің өзіндік атаққұмарлығы болады, – дедім мен сыпайы ғана, – ал мен, көріп тұрсың ғой, әр кеш сайын бір тістен жұлып алуға үйренгенмін; мен ендігі оның қайда екенін нақты білемін; мен саяси стоматологияны да аңғара бастадым, мен табанды түрде және наркозсыз-ақ жұлып аламын... – Құдайға мәлім, – деді Патрик, – бірақ біз ештеңеге қарамастан тамаша адамдар емеспіз бе? – Иә, сіздер барлықтарыңыз да, тамаша адамдарсыздар, – дестік біз үшеуміз де бір мезгілде: менің жұбайым, Генри және мен. – Шындығында сіздер тамаша адамдарсыздар, бірақ мұны сіздер, өздеріңіз де бізсіз-ақ ғажап білесіздер. – Енді бір-бірден ішейік, – деді Патрик, – ғажайып түстер үшін! – Жол болсын! – деп алайық. – Мысық үшін де алайық! – дедім мен. – Күшік үшін де бір рөмке!.. Біз ішіп салдық, ал сағаттың тілдері – осыдан үш апта бұрынғыдай – он жарымды көрсетіп тұрды. Он жарым – жазғы кезеңде селолық кабактар үшін полицей сағаты, бірақ туристер, шетелдіктер көнбейтін уақытты айтарлықтай көнбіс етеді. Жаз күшіне кіргенде, қожайындар саймандарын алады да, сағаттың тілдерін сақитып тастайды, ал кейбіреулері ағаш тілдері бар ойыншық сағаттарды сатып алады – өйткені оларды шегелеп тастауға болады. Сонда уақыт тоқтайды, сонда қара сыраның ағыны түнде де, күндіз де тоқтамай, жаз бойына заулайды, ал полицейлер болса, тақуалардың ұйқысымен тырқиып жатады.
228 Мәліметке ілікпеген М А Х А Б Б А Т Олар менің аяқтарымды өйтіп-бүйтіп ілдебайлап жамапжасқады да, отырып атқаруға болатын жұмысқа – жаңа көпірден өтетін жүргіншілерді санауға белгіледі. Менің қожайындарыма өздерінің іскерлігін өңкей дәлелдеп отыру қажет еді. Олар цифр тәрізді бостекі нәрседен еш дегбірлері қалмайтын, сондықтан болар, мен салтанатты түрде жария ету үшін сағат механизмі іспеттес күбірлеумен болатынмын, мен нәтижені айтқанда, әсіресе неғұрлым көп цифр жарияласам, қуанғандарынан гүл жайнап сала беретін. Расында, олардың күн сайын разы күйге бөлене түсулеріне негіз жеткілікті еді – өйткені олардың жаңа көпірлерінен мыңдаған адамдар өтеді ғой... Бірақ, сайып келгенде олардың осынау санақстатистикалары түкке де тұрмайтын. Маған өкінішті, әйтсе де ақиқаты солай. Шынын айтсам, мен оларға ең тәуір жағымнан көрінгеніммен, сенімге тым берік ие емес едім. Мен кейде олардан бірнеше өткіншіні жасырып қалғаныма мәз болатынмын, ал баз-базда ондайлардың санын бірден онға жеткізетінмін. Менің езуіме күлкі үйірілген күйде қалғуға да орайым келетін, өйткені олардың жаңа көпірлерінен күніне мыңдаған адамдар өтеді ғой... Төтелетіп айтсам, олардың бақыты менің қолымда. Мен әлденеге абдырасам, не болмаса темекісіз қалсам, санауды мүлде доғарамын да, кешке қарай орташадан төменгі әлдебір цифрды айта саламын. Ал көңілкүйім жеңіл, көтеріңкі халде болсам, бес орынды санды айтудан да тайынбаймын! Олар мәліметті дем арасында менің қолымнан жұлып алып, көздері жайнап, ырза болған кейіпте бір-бірлерін және мені иықтан қақпалай бастайды. Олардың ештеңені қаперлеріне алмайтынын айтсаңызшы! Тіпті табан астында әлгі сандарды пайызға шағып, оларды
229 бөліп, көбейтуге кірісетінін қайтерсіз? Олар көпірден минөт бойына, одан он жыл барысында қанша адам өтетіндіктерін есептеп шығарады. Олар алыс болашақты сүйеді, сол мұңды болғандығымен олардың барлық есептері ештеңе тұрмайды дерлік... Ал көпірден Ол өткен кезде (бұл сәт күніне екі рет қайталанады) менің ішімде бірдеңе үзіліп кеткен сыңайлы болады. Ол аллеяға бұрылғанға дейін жүрегім таза тоқтап қалады дей беріңіз. Әрине, осы тұста қасымнан өткендердің баршасы менің мәліметіме кірмейді. Осынау екі минөт маған, тек маған ғана тиесілі, мен оларды ешкімнің тартып алуына ерік бермеймін. Ол кешке қарай өзінің балмұздақ сататын кафесінен оралған кезде (мен оның сондай кафеде істейтінін біліп алған едім) менің цифрларды тынымсыз күбірлеуге тиісті еріндеріме қарамастан өтіп бара жатқанында Ол көзден таса болған кезде ғана есепке қайта кірісетінмін. Осынау орайлары келген барлық еркектер мен әйелдер статистикалық мәңгіліктің бұлдыр көлеңкелі порымдары іспеттес деуге әбден болады. Мен Оны сүйемін, анығы осы. Бірақ Ол бұл турасында ештеңе білмейді, мен де оның сезбегенін қалар едім. Оның бұл тұрғыда ештеңе білмегені абзал. Ол ештеңе сезбейақ өзінің кафесіне барып-келе берсін, жеңіл ғана адымдап, бетінен талшық түспес шашын бір серпіп тастап, қолы ырзыққа кенелгей... Мен Оны сүйемін. Иә, айдан анығы осы – мен Оны сүйемін. Жақында қожайындар мені тексерді де... Көпірдің екінші басында отырып өткен-кеткен мәшинелерді санайтын балаң жігіт мені дер кезінде ескертіп, екеуміз де тас түйін отырдық. Мен тіпті электр есептегіштен де ширақ қимылдадым білем... Аға есептеушінің өзі көпірдің ана басына барып өткіншілерді санауға кірісті, сонсоң арада бір сағат өткеннен кейін өз санауының қорытындыларын менікімен салыстырды. Менің нәтижем бойынша оның цифрларынан бір-ақ сан кем шықты. Тап осы кезде көпірден Ол өтіп бара жатқан еді, ал мен болсам, Оны ешқашан да қайдағы
230 бір пайыздардан көрініс беретін әлденеге айналғанына жол бермес едім. Менің Оның соңынан қарап, есепке ала алмайтындығымның өзінен жүрегім қанға бөккендей әсерде отырғаным санайтын бозбаланың ескерту жасағанына ұланғайыр ырзашылық білдіруге тиісті екенім және жөн ғой... Сайып келгенде, менің тағдырым қыл үстінде емес пе еді? Аға есептеуші мені иығымнан қақты да, маған сенімді қызметкер әрі тамаша жігіт деген баға берді. – Бір сағаттың ішінде бір-ақ адамға қателесу дегеніңіз түкке де тұрмайды, – деді ол. – Біз бәріміз де барша есептеулерді белгілі бір түзетулермен жүргіземіз ғой. Мен сізді көлік-арба жағын санауға ауыстыруға сұрап көрейін. Арбаларды санау жұмыстың оңайы емес пе? Бұл турасында мен армандап та көрген жоқ едім. Көпірден ұзақты күнге жиырма-жиырма бестен артық арба өтпейді. Бұл дегеніңіз әр жарты сағат жобасында ойша келесі цифрды айтып қойып жайыңа отыра беруге болады деген сөз емес пе? Бұдан артық не рахат керек?! Не айтары бар, арбаларға ауысу ғажап болар еді-ау. Оның үстіне ондай көлікке сағат төрт пен сегіз аралығында жалпы рұқсат жоқтығын және ескерсек, көшеде әрі-бері қыдырыстап немесе әлгі кафеге барып Оған көз сүзіп отыруға мол мүмкіндік алар едім-ау. Бәлкім, Ол үйіне оралғанда шығарып та саламын ғой. Менің мәліметтеріме түспеген махаббатым-ай..!
231 Кэндзабуро ОЭ ҚАРТТЫҚТЫ ҚАДІРЛЕУ АПТАЛЫҒЫ Әңгіме Кэндзабуро ОЭ (1935 ж.т.) – жапонның қазіргі заманғы аса атақты гуманист жазушысы, ондаған романдар мен повестердің, топ-топ әңгімелер мен толып жатқан эсселердің авторы. Өз шығармаларында Кэндзабуро ОЭ, оның пікірінше Екінші әлемдік соғыс кезінде өзінің шырқау шегіне жеткен адамның көзқамандығынан (нигилизм), жауапсыздығынан және жатсынушылығынан асып түсуге талаптанады. Кэндзабуро ОЭ өз шығармалары үшін бірталай ең жоғары және халықаралық әдеби марапаттарға ие болған. Олардың ішінде 1994 жылы берілген Нобель сыйлығының орны ерекше тұрады. Бұл сыйлық не үшін берілген деген сауал туа қалғандай болса, оны сыйлық беру жөніндегі Комитеттің мына пайымдамасынан табуға болады: «Ақындық жігермен көз алдына елестетер әлемді жасайды, онда ақиқат пен аңыз бірлесе отырып қазіргі адамзаттық ауыртпашылықтардың мазасыз суреттемесін алға тартады». Науқасты күтуші әйел қосымша ақша тауып жүрген үш студентті енгізген үлкен бөлменің қараңғылығы сондай, сыртқы дүниеден ауыр шымылдықтармен бөлінген оған не жарық, не дыбыс бармайды. Оның жиһазбен нығарланып тасталғанынан көп сақталған заттарды сататын орынды еске түсіреді. Студенттер күнге малынып жатқан көгал алаңмен жүріп келіп, ауланың түбіндегі жеке бөлмеге жарықтан
232 жыпылықтап, арасында жиһазға сүріншектеп, өздеріне көрсетілген орындықтарға жетіп, жеңілдене күрсінді. Олар шамалы қорқып та қалды, тіпті қаша жөнелуге де әзір еді. Олар орманға, ағаштың орнына ескі, ешкімге қажеті жоқ жиһазға киліккендей болды. Енді науқасты күтуші әйел, суқараңғыда еркін қозғалатын түнгі аң іспеттес олардың орындықтарына қарсы тұрған биік торшердегі ажыратқыштың жаққышын тартып қалғанда, күңгірт сары жарық үшеуінің бетәлпетін сәулелендіріп жіберді. Студенттер өз жүздерінде жасырынған құпияны іздегендей сәл сәтке бір-біріне қарап тұрды, бірақ сол мезетте-ақ жанарларын алып кетісті. Олардың орындықтары ашық жасыл барқыт жапқышпен қымтаулы тұрған-ды. Кереуеттің бұрышынан, ойда жоқта басын көтеріп, оларға тап бір аққалақ (сусар тұқымдас аң) сияқты қария үңіле қарап отырды. Ешқандай өзгешелігі жоқ – кішкентай ғана басы бар, қысқа қырқылған ақ шашты шал, тек көздері ғана өткір, қаршығаның жанарындай дерлік. – Бұлар – студенттер, бір апта бойына сізге әлемде не болып жатқанын айтып отыратын болады. Бірақ сіз қайткенде де шаршамауға тиістісіз, маған күніне жарты сағаттан артық тыңдауға болмайды, – деп қарсылық білдіруге көнбейтіндей қарияға жөнін айтты күтуші әйел. – Маған келгендеріңізге әсте ризамын. Мен аса көптен бері осынау төрт қабырғаның ішінде қамалып жатырмын. Енді қазір, өлерімнің алдында, кенет менің мына ғаламда не болып жатқанын естіп-білгім келді. Мен, міне, он жылдан бері газеттер мен радиосыз тірлік етіп келемін. Бір ғажабы, олар не күйге ұшырады екен? – деп қария дамылсыз жөтел мен қырылға басты. – Және теледидарсыз деңіз, – деп қосты күтуші әйел. – Бәрінен бұрын, мені осы жерге жауып тастағаннан бергі сіздер мұнда сырттан келген алғашқы адамсыздар. Сондықтан, маған жұмсақтық көрсететін шығарсыздар деп үміттенемін. Сіздердің әңгімелеріңізді қандай рахаттаныспен тыңдайтындығымды күнібұрын сезіп отырмын, – деді көтеріңкі күйде қария.
233 – Мынау – филология факультетінің студенті, анау – биологиялық факультеттен, ал мен – педагогикалық бөлімненмін. Бүгінге сізге танысумен шектелген де жетер! Сіз тым толғанып отырсыз, – деді әйел. Ол да жасы елуден асқан, мосқал кісі еді. Оның жақтары терең, тыртық сияқты қатпарлы әжімдермен «өрнектелген-ді», мұның өзі оған ашулы, тіпті мейірімсіз дерлік кейіп беріп тұратын. – Жарайды, келісейін. Мына әйел де, тура мен сияқты, әлемде не болып жатқанынан білмейді. Одан не жайында сұрасаң да, жауапқа мардымды ештеңе ала алмайсың, – деді қария, баяу ғана күлімсіреп. Оның жымиысы тап бір ауаны тартып жатқандай, әлдебір ысқырықты еске түсірді. – Ал қане, сіздерден сұраймын. – Студенттерді шығарып салып жатып, күтуші әйел айырғыштың жаққышына қол созды. Әлдеқайда төменнен, қараңғыдан, қарияның қырылдаған дауысы келіп жетті: – Сәл сәтке, сәл сәтке, сіздер кетерлеріңізден бұрын маған тек бір жағдайды ғана айтыңыздаршы: әлемде, жалпы пікір бойынша, бәрі жақсы жүріп жатыр ма? Мен тыныш өле аламын ба? – Бәрі жақсы, бәрі тамаша, – деді филолог оны әурелеген мазасыздықты жасыруға тырысып. Студенттер елдің бәрі тастап кеткен байғұс қариядан есік алдына шықты, сөйтіп, оларды тағы да талтүстегі күн сәулелендірді. Олар иыққа иық тіресіп адымдады, беттері нарттай болып қызарды да, ал көздері жайнаған жарықтан моңғолдардың жанарларындай тарылып кетті. Үшеуі де жеңілдікпен тыныстады және ешқайсысының да аула түбіндегі қосалқы бөлмеге – флигельге қарағылары келмеді. Олар тоқсан жастағы қария бекітіліп тасталған жалғыздық қамалынан көгал алаңмен адымдарын бірте-бірте тездетіп бері шықты, оларды буындыруға әзір тұрған өлім рухы соңдарынан түскендей көрінді. Күтуші әйел күнге табынушы сияқты қолдарын төбесіне қойып, әлде күн сәулелерінен қорғанғандай, студенттермен
234 қатар жүрді, ал олар едәуір алысқа ұзап кеткенде, соңдарынан тез қуып жетіп: – Мен сіздерден әу бастан оған әлем қазір бақытқа молынан шомылған деп айтуды сұрай бастадым. Және сондықтан сіздердің біреуіңіз бәрі жақсы, бәрі тамаша жүріп жатыр дегендеріңізде, қалған екеуіңіз оған қосылуларыңыз қажет еді, сонда ол айтарлықтай сенімді көрінер еді, – деді. Биолог пен студент қыз келіскен сыңайда бастарын изесті. Шындығында оларға филологты әлдеқалай қолдаған жөн болар еді-ау. Оларды сайып келгенде өлімге бет алған қарияның алдынан нақты әлемнің жарқыраған, бұлдырлы суретін жайып тастау үшін жалдады емес пе? Студенттер қақпа алдында күтуші әйелмен қоштасты, олардың алғашқы жұмыс күні осылай аяқталды. Ауладан шығып, олар әрліберлі қазылып тасталған төселмелі жолдағы жырадан қарғып кетті де, метроның стансасына бет алды. Олардың беттерінен тер парлап тұрды. – Менің өмірімде тап мұндай жеңіл жұмыс болған емес, – деді биолог мұңайған күйде. – Тоқсан жас... Мен болсам, ол одан да кәрі және ендігі ештеңе түйсінбейтін шығар деп ойлап едім, ал ол бір таңғаларлығы, әлі ақыл-есі орнында сияқты, солай емес пе? – Жоға, қалай десе де, ол әбден қаусаған. Күтуші әйел ол осы жаздың аяғына дейін жете қояр ма екен деді ғой, – дегенді айтты студент қыз. – Ал біле-білсең, ол әлемде бәрі жақсы жүріп жатыр ма деп өз сауалын қойғанда, сен бәрі жақсы, бәрі тамаша деп жауап қайтарғаныңда, менде қарсылық сезімі көтерілді, – деді биолог. – Сондықтан мен үндемей қалдым, сені қолдамадым. – Ал сен менің орнымда болсаң, оған не деп жауап берер едің? Егер күтуші әйелге берген уағданы ұмытсақ та, – деп кінәлай қарсы шықты филолог. – Бәрібір, өлімнің аузында тұрған қарияға әлемде не болып жатқаны жайлы шындықты айту қатыгездік емес пе, онда ол толайымен күдер үзумен өледі ғой!
235 – Мәселе онда емес. Тек менің ойлайтыным, бүкіл әлемде мұндай сауалға тиянақтап, нақты жауап бере алатын адам табылмайды. Әлемдегі ахуалдың қандай екендігіне көз жеткізе жауап беру тек қана жалғыз құдайдың пәрменінен келеді. Қарапайым адамға оның қарты жетпейді. – Сен жөн айтасың. Қазіргі болмыста болып жатқанға жөн баға беруге ешкімнің халі келмейді. Алайда бұл мен күтуші әйел сұрағандай көрінген сандырақты мылжыңдау деген сөз емес. Тіпті біздің әңгімелесушіміз – он жыл бойына бөлмесінен тысқары жерде не болып жатқаннан титтей де түсінігі жоқ өлім алдындағы қария болса да, маған бәрібір осынша өтірік соғуға арым бармайды. Мен сондықтан оған қиялдағы болашақты, ілгерідегі жиырма жылды қалай көретіндігім жайлы айту керек деп шештім. Дәлірек айтқанда, әңгіме тап бүгін өтіп жатқандай баяндамақпын. Ол оп-оңай – тек осы шақтың етістіктерін қолданса жарап жатыр, – деді филолог. – Яғни, сенің сексенінші жылдарыңдағы әлеміңде бәрі де тамаша болмақ қой? Негізі солай болғаны өзімізге де керек еді, – деді шүбәлі қалыпта биолог. Ол үшеуінің ішінде филологтың бастамашы болғанын жақтырмай тұрды. – Бәрібір сендер қайткен күнде де мен түскен арнаға түсуге талпынуларың керек. Әйтпесе біз бұл қарияны дұрыс ойдан тайдырамыз. Біз бүгінгі күннің қиялы жайлы айтып жатқанымызды анық түсіндіруіміз қажет, ал қария оны бүгінгі болмыс ретінде қабылдайтын болады. – Жарайды, мен арнаға түсуге тырысайын. Бірақ, сені ескертіп қояйын – мұндай тым жылы қамқорлықтың базбазда ыңғайсыздықтар әкелетіні де ақиқат. – Қалай болғанда да, сендердің міндеттерің – маған көмектесу. Бүгін мен түнімен ең жарқын болашақ жайлы ойлап шығатын боламын. Рас, мен өзім табиғатымнан күйректеумін. Бірақ мына шал маған ұнап келеді. – Мен де арнаға түсуге тырысайын. Алайда өтінерім, тым жарқын қиялға салып жүрме. Маған салса, бізге апта бойғы тыныш жұмысымызға тиісті ақшамызды алатын болсақ,
236 мен айтарлықтай қанағаттанар едім, – деп шын жүректен мойындады ыспадияр студент қыз. Әрқайсысына он мың йеннен сыйақы, – осынау мейірімді жас адамдарға қаусаған шалға күніне отыз минөттен қызмет еткендеріне көлденең табыс таппақшы болған студенттер үшін ғаламат жоғары пайда болатын, сондықтан, университетте жарнама пайда болғанда, бұған келгісі келгендердің көп болғандығы сондай, тіпті жеребе тартуға тура келді – содан осы үшеуінің жұлдызы жанды. Міне сондықтан олардың рухтары жоғары болып, бірімен бірі оп-оңай келісіп отырды. Ажырасар алдында олар метроның платформасында жазғы демалыс кезіндегі туристік сапардың маршрутын талқылады. Олардың әрқайсысы жиырма жастатын, сондықтан олардың зерделерінен қараңғы бөлмеде қалған тоқсандағы қарияға ентелеп келген өлім рухы мүлде дерлік ұмыт болғандай еді. Сейсенбі күні қария шаршағандай болып көрінді және студенттерді басын көтермей тура аққалақ сияқты қозғалмай арқасында жатқан қалпында қарсы алды – оның титтей денесін жеңіл көрпе ғана үрпитіп тұрды. Күтуші әйел студенттерді әлденеше рет қарияны толқытпауларын ескертіп барып бөлмеден шыққанда, қария бөгделердің қасында сергек болып көрінуге тырысып, сауал қойды: – Қазіргі заманда әлемде туатын балалар бақытты ма? – Бақытты. Рас, кемтар, жарымжан нәрестелердің де туатыны болады, – деп қойып қалды парықсыз студент қыз. Филологты былай қойғанда, биолог та осындай абайсыздық жіберіп қойған қызға кінәлай қарады. Өзінің аңғалдығын енді аңғарған ол, құлақтарының ұшына дейін қызарып кетті. – Мұндай жағдай олардың аналары көрінген дәрілерді ішетіндіктен туындай ма? – деп шал адам таңғаларлықтай қағылездікпен қыздың сөзін қақпалап әкетті. – Иә, ұйықтататын дәрі, – деп жауап қайырды студент қыз, жердің астына кіріп кетердей. – Әйелдер неге аяқтары ауырлағанда қуанбайды, ал
237 ұйықтататын дәрі ішеді? Қазір олардың көбісі қорқынышты бастан кешіргеннен емес пе?.. Филолог қартты жылдам бөліп жіберді: – Бірақ, кеміс туғандар да өз алдарына бақытты. Олар үшін тамаша жабдықталған арнайы клиникалар бар. Жақында гәзитте жұмысқа түсіп үйленген жасөспірімнің суреті жарияланды. – Жарымжандарға арналған клиникалар жайлы қиялды ол соңғы минөтте ойлап тапқан болуы керек. – Қылтамақтан ауырып өлетін адамдар бұрынғыша көп пе? – деп қария жаңа сауал қойды. – Жоқ, олардың саны күрт азайып келеді. Қылтамақ қазір, бейнелеп айтқанда, бағындырылған науқас. Мысалы, туберкулез сияқты, – деді филолог көтеріңкі ахуалда. – Осының арқасында жапондықтардың өмірінің орташа ұзақтығы айтарлықтай жоғарылады. – Яғни, Гиндза (Токионың басты көшесі) және өзге көшелер шалдарға толып кеткен ғой? Және солардың арасында жарымжан жасөспірім жұбайын қолынан алып, айтқандайын, ол кемтар болса, қолынан ұстай алмайды екен ғой, бәрібір бақытты түрде қыдырыстайды. Қазір осындайды көруге бола ма? – деп сұрады қария ақкөңіл күйде. Студенттер оған күдікпен қарады да, үнсіз қалды. Сұрғылт-сары жазғы көрпенің астынан керілген қараторы бұғаналар мен өлген адамдікінен еш өзгешелігі жоқ шалдың жұдырықтай басы көрінді. Мына қақталған жұқалаң ет түстес еріндердің не айтатындығы маңызды емес, бірақ осы қаусаған дененің иесінде мына үш жасты қалжақ етерліктей қуат қайдан қалды десеңізші?! – Ал, автокөлк апаттары қалай? – деп сұрады қария сабырлы да салтанатты дауыспен. – Олар дәйім азайып келеді, – деп нығыз жауап қайырды филолог. – Яғни, автокөліктердің саны онша өсе қоймаған ғой? – Керісінше, олардың саны өте жылдам өсе түсуде. Қалалықтардың барлығы дерлік өз мәшинелерінде жүреді, оларды «автомобильшілер» деп атайды. Жан басына
238 шаққандағы біздегі автокөліктер саны Америкадағы осыдан он жыл бұрынғы деңгейге жетті. – Сонда автокөлік апаттарының саны неге өспейтіндігі түсініксіз. Бұл автомобильшілердің өзі таңғажайып халық қой: тап бір ұлулар тәрізді, олардың тас-талқанын шығарғанша, не қылсаң да, өздерінің автокөліктерінен шықпайды ғой. – Жолдар жақсара түсті. Бұл тұрғыда әсіресе Токио ерекше биікке шықты, – деп қарияны сендіруге тырысты қызарақтаған филолог. – Ах, міне мәселе қайда жатыр? Онда автокөліктер апаттарының неге азайғаны түсінікті. Обырдан өлгендердің саны кеміді, автокөліктер апатынан өлгендердің де саны азайды – сонда ең көп таралған өлімнің себебі қайсы? Егер Жапониядағы халық саны аса көп болмаса, онда бұл шамасы, дегенмен адамдардың өлімі жалғасып жатқандығынан шығар? – Жалпы алғанда, солай... – Сонда олар қандай сырқаттан өліп жатыр? Бәлкім, рактың орнына басқадай қорқынышты ауру келген шығар? – деп қария тықақтап сұрай берді. Студенттер шамалы уақыт не деп жауап қайтарарларын білмей, үнсіз қалды. Олар ойлады: жиырма жылдан кейін жапондықтар құдай берген мына әлемде қазіргідей өлетін болады. Сонда ажалдың себебі не болмақ? – А-а, әрине, солай. – Қария тап өзі ойда жоқта дұрыс жауап тапқандай сыңай танытты да, жастықтағы шүйкедей басын күштеп бұрып, қаршыға көздерін жарқ еткізді: – Бәрінен бұрын, шамасы, өзін-өзі өлтірушілік тым көп болуға тиісті. Бәрі түгелдей қатарынан өзін-өзі өлтіріп жатады ғой, міне, мәселе қайда жатыр, солай емес пе? Сәрсенбі күні әбден қалжырауға айналған шал бәрінен бұрын: биік мәртебелі мұрагер шаһзада үйленді ме деп сұрады. Студенттер абыржып бір-біріне қарасты. Егер мына қария деген монархист болып шықса ше? Қазіргі ханзада үйленген кезде көптеген ақсақалдар оның таңдауына
239 таңғалған болатын. Ал мына қария қалайша ілтипат білдірмек? Студенттер таза абыржып қалды. Ақырында олардың ішіндегі ең шешімдісі – студент қыз былай деді: – Иә, ол үйленген. Тіпті нәрестесі де бар. – Жұбайы, әрине, ол да ханшайым ғой? – деп сұрады қария. Филолог та, биолог та өз порымдарынан біз құтылдық деген сыңайды көрсетіп, енді қақпанға түскендей болған студент қызға қарады. Қыз олардың мұнысына ыза болып кетті, әрі шалға соққы бергісі келгендей, ащы түрде лоқ еткізді: – Жоқ, ол императорлық отбасына ешқандай қатысы жоқ қарапайым қызға үйленді. Студенттер шал қайтер екен дегендей, оның құбылысын ынталана күтті, бірақ ол кірпігін де қаққан жоқ: – Тамаша! Мұндай жағдайлар бағзы замандарда болған. Зерделерің де ме, «Манъесюде» мынадай өлең бар: Атыңды айтшы маған, үйіңді білгім келеді! Осынау қыратта шөп теріп жүрген балапан, Әдемі қолыңда сенің күрекше бар, күрекше, Ах, әдемі қолыңда сенің себетше бар, себетше Студенттер бәрі жайымен өткенін көріп, жеңілдене күрсіністі. Алайда қария шабуылға көшті: –Императордың үйі бұрынғыша жапондықтардың жүректерін билеп тұратын болар? – Иә, солай сияқты, – деп жауап қайтарды студент қыз. – Қысқасын айтқанда, билік бұрынғыша консерваторлар партиясының қолында ма? Жауап берерден бұрын, қыз филологқа көз тастады. Болашақ әлемнің өкілі оған немқұрайды бас изеді. «Иә, тура дәлі осы, енді жиырма жылдан кейін де билік бұрынғыша консерваторлар партиясының қолында болады» деуге тиісті болса да, ол қызға басын изеді. Содан студент қыз: – Иә, тура дәлі осы, – деді.
240 – Жолдар айтарлықтай жақсара түсіпті, бірақ, бәлкім, ол үшін салықтарды одан әрі ұлғайтуға тура келген шығар. Он жылдың ауқымында, әлде одан да көп уақыт бойы билік басында консерваторлық партия болды, бірақ оның салықтарды көтеруі мұң-ақ екен, халық толқулары табан астында әр жерден бой көрсетті ғой. Қазір қалай, мұндай толқулар болып тұра ма? – Жоқ, болмайды, – деп енді филологтың өзі көмекке келді. – Яғни, жапон халқының арасында наразылар жоқ қой? – Егер наразылар көп болатын болса, онда консервативтік партия сайлауларда жеңіліс тапқан болар еді. – Сіз шындығында солай деп ойлайсыз ба? – деді қария, филологты қызаруға мәжбүр етіп. Бірақ, құдай қаққанда, ол бұл тақырыпты соза беруге жиналмаған сыңайлы. – Ал, жарайды, сіздер осынау қалыптасқан жағдай орайлы деп ойлайсыздар ма? Осы он жыл барысында басқа бір жерде – Кореяда немесе, айталық, Тайваньда жапондықтар көлденең пайда табарлықтай соғыс болған жоқ па? – Соғыс болған жоқ, және, шамасы, ешқашан да болмайтын шығар, – деді филолог. – Сіз, бәлкім, соғыс неге ешқашанда болмайды деп сұрайтын шығарсыз? Егер соғыс тыңнан туындап кеткендей болса, ол міндетті түрде ядролық соғыс болар еді – міне, соғыстың енді неге мағынасыз екендігі осында жатыр. – Филолог көздерін жарқ еткізіп, өзінің ақиқатшылдығына масаттанып кетті. – Яғни мен мына жерде өзге адамдармен бірге ядролық соғыста қаза таппай, жайыммен кәріліктен өлетін үмітім бар екен ғой, – деді қария жеңіл ғана өкінішпен. – Жоқ, жер шарының барлық адамдарын бірден құртатындай ядролық соғыс болмайды. Бұл мүлде бұлжымайтын фактіге айналды. Ядролық қаруды іске қосатын түймелерге бақылау жасау жүйесі жасалды, сөйтіп біз соғысты шақыруы мүмкін кез келген кездейсоқтықтан сақтандырулымыз, – деді филолог.
241 – Не жолы ұлы державалар барлық мәселелер бойынша бейбіт келісіп қойды? – Жоқ, әрине, бірақ есесіне ядролық қаруы бар елдердің арасында қауіптіліктің нығыз тепе-теңдігі орын алған. – Өзара мелшиіс пе? Бірақ тіпті егер ядролық державалар қауіптілік тепе-теңдігінің батпағына батып жатса да, ойдымойдым соғыстар жүріп жатқан жоқ па? Былайша айтуға мүмкін болса, өзара айырбастайтын соғыстар жоқ па? – Иә, ондай соғыстар кезінде Вьетнамда және Лаоста жүргізілгені рас. Бірақ, бұл алыстағы өткеннің шаруасы, – деп мәлімдеді филолог өзінің құрғақ қиялына бұрынғыдан да терең бойлай түсіп. Ол қарияның жанына бейбітшілік пен тыныштық ұялатуға талаптанды және өзі ең ізгі ниеттерге толы еді... – Онда да қауіптілік тепе-теңдігі орнықтырылды ма? Мәселе вьетнамдықтардың ядролық қаруға қол жеткізгенінде болуы керек. Жалпы алғанда, әлем шапшаң дамып келеді. Бірақ бұл соғыстардың орнына тайпалардың арасындағы айырбастағыш соғыстар басталып кеткен жоқ па? Рас, мұндай соғыстардың қирату күші шамалы ғана, әйткенмен, десе дағы... – Жоқ-жоқ, – деп тез киіп кетті филолог, бар күшімен қиын ахуалдан шығуға тырмысып. – Тайпалар арасында да бейбітшілік... – Тағы да қауіптілік тепе-теңдігі ме? Не жолы Лаостағы тайпалардың көсемдері кішкентай атом бомбаларын иемденген? Мұндай жағдайда айырбастайтын соғыстар жекелеген адамдардың арасында өтеді. Не жолы қауіптілік тепе-теңдігінің көптеген қабырғаларымен қоршалған жердегі адамдар ойрандалғандық пен жекебастылықты бастарынан кеше бастамаған? – деп сұрады қатты таңғалған қария. – Сөйтсе дағы, бүкіл жер шарындағы соғыс жойылған, – деді филолог салтанатты түрде, бірақ дірілдеген дауыспен. – Бір сөзбен айтқанда, жерде жұмақ орнады. Бірақ егер қазір адамзатқа жекелеген адамдар арасындағы соғыстар
242 лайық болса, онда жақынға деген махаббат, адамды сүю қайткенде де жойылмай ма? – Уақыт өте келе, сонсоң олар тағы да пайда болады. –Қауіптіліқ тепе-теңдігінің өткізбес қамалдарын қиратпай, бұған қол жеткізу мүмкін бе? – Бір кезде қайткенде де... – Бір кезде қайткенде де? Сонда қашан? Филолог басын төмен түсірді де, жабырқаңқы күйде үнсіз қалды. Оның миында қалыптасқан құрғақ қиял жеке адамдар арасындағы соғыстың уына қанықты да, енді нашар иіс шығара бастады. – Бұл бір кезде қайткенде де жүзеге асады, – деп, жиһаздармен ыбырсыған сарай тәрізді ауқымды бөлмеге лып етіп кіріп кеткен кішкене аң тәрізді, бұрынғысынша жеңіл қарлыққан, бірақ қазір әзілмен шираған дауыспен сөз қосты қария. – Бұл марстықтар Жерге жақындап кеп жүзеге асады. Адамдар өзара келісімге келеді, достар мен пікірлестерге айналады, тіпті тайпалар арасында одақтар құрылатын болады, барлық елдер алауыздықтың еш мағынасыздығын түсінеді және Мәскеу мен Вашингтон бірбірден өкіл бөліп, әрі оның бірі Жерді қорғау армиясының бас қолбасшысы болып тағайындалғанда, жалғанда оған ешкім қарсы келмейтін болады. Бірақ бұл – марстықтармен соғыс басталғанда ғана мүмкін болатын жағдаят. Мұның үстіне бірер сағаттық барысында біздің планета біржола жойылуы кәдік. Сөйтіп, қария, сырқат нәрестеше жіп-жіңішке дауыспен шиқылдап күлді. Үш студент күшке киліккен бет-бейнелерін төмен салып бұйығып қалды. Бәрінен бұрын филолог күйгелектенді – оның толқығаннан сіңірлері тартылып, жақ сүйектері тырысты. Ол шалды өзі бейнелеген болашақтың суретінен алып шығуға бекер талаптанды. Кім білсін, ал бұл бопсалы суреті – өзі сепкен улы дәндерден ойда жоқта қанат жайған зәрлі гүл шығар? Өлгелі жатқан қарияның көз алдынан тозақтың жарнамалық ролигін айналдырып өзі де ғаламат қатыгездік көрсеткен жоқ па? Бірте-бірте
243 филологты қамти бастаған қорқыныш енді биолог пен қызға да көше бастады. Тек қана ашық-жасыл пердемен жартылай қараңғыланған кереуетте жатқан кеуіп қалған көне шалдың, білуге құмарлық пен қанықтырылған ширақтыққа толы болуы, көңіл күйінің жоғарылығы сондай, оны тек өзінің шексіз аңғырттығымен түсіндіруге болар еді. Рас, оларға қайсыбір сәтте, қарияның қаршығанікіндей қара көздерінің түбінде олар қанағаттанғандық білдірсе де, терең торығудың ұшқындары да бой көрсеткендей болатын... Бейсенбі және жұма күндері филолог бастаған студенттер қолдан жіберілгеннің орнын толтыруға және өлгелі жатқан қарияға бүгінгі болмыспен келтіріп, тамаша болашақтың суретін бейнелеуге тағы да талаптанды; бірақ олар өз жұмысын қаншалықты абыроймен орындаған сайын қарияның алдынан торығу тұңғиығы терең ашылды – бұл студенттерді өздеріне деген сенімділіктен біржола айырып, олар әбден абдырап қалды. Қарияның қандай ғаламат күйзеліске ұшырайтынын ойлаған биолог пен студент қыз филологтан қалмай, оны қандай тәсілмен болса да, бұл ахуалдан шығарып алуға тырысты. Оларға өз ақыл-ойында туындаған қиялдарды алып, бұл жайлы қарияға жеткізгілері, өздерінің нақты тіршілігі ретінде айтқылары келді. Бірақ студенттер қария қойған сұрақтарға жауап бергендерінше, олардың сөздері мағынасын жоғалтып отырды – жалпы айтқанда, нәтиже бұлар көздегеннен мүлде қарамақарсы болды. Күнделікті жарты сағаттық әңгімелерден кейін, кереуеттен тұрмай жатқан шалдың не сезінгеніне қарамастан, студенттер өздерінің әбден шаршағандығын, көңілсіз әлсірегендігін түйсінді және осындай шиыршық атқан ахуалдан құтыла алмай қойды. Ақыры олар жұма күні соңғы рет әңгімелесті. Қарияның қазіргі кездегі жастар қандай идеялық бағыттар ұстанады деген сауалына, биолог: – Олар, шамасы, осыдан он жыл бұрынғыдайғы қалпында қалған сияқты, – солшылдар да бар, консерваторлар да бар. Бір сөзбен айтқанда біз, идеялық келісе алмаушылықты
244 жеңіп, ізгі достықты қалпына келтірдік, – деп жауап қайтарды. Биолог жауап беруге асықты, өйткені күн сайын үндемеуге бет алып келе жатқан филологқа сенім артуға болмайтын болды, ал ол өзі, керісінше, өзінің алғашқы сенімсіздігін серпіп тастап, бар күшімен соңғы күндерін өткеріп жатқан қарияға жан тыныштығын табуға көмектесуге ұмтылды. – Бірақ, әлемнің барлық елдері қауіптілік тепе-теңдігінің бетон тастақ шытырманында бой тасалап жатып алды ғой. Және барлық жапон жастары, олардың ішінде солшылдар да бар, дәйім консерваторлардың билігі астында тіршілік етуге мәжбүр болды емес пе? Бұл жерде ізгі достықтың еш қатысы жоқ, тек жастар тіпті әрқилы көзқарастар туындағанда да күресуге деген еріктерін жоғалтқан болуы тиіс. Өзге сөздермен айтқанда, олар азып-тозуға бет алған болар? – Бәлкім, ол сыртқарғы түрде ғана азып-тозғанға ұқсайтын шығар және келісімпаздыққа оң иығын беріп тұратын болар, бірақ бұл жағдай бір көрмеге ғана солай, – деп биолог оны шапшаң сендірді. – Ах, міне солай ма? Алайда, сіздің өзіңіз жекелеген адамдардың арасындағы соғыстар әлі бар деп сендірдіңіз ғой. Әрі жатқан жеккөрушілік ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір бұрқ етеді де, сонда студенттер мен жас полицайлардың арасында қанды қақтығыстар болуы ғажап емес. Ал сіздерде ондай болжамдар жоқ па? – Әрине, жоқ. Болашақ бізге молырақ үміт күттіретіндей болып көрінеді, – деді биолог, көзбояушылықпен барынша қатты сөйлеуге тырысып. Бірақ мұнысы сенімсіз айтылғаны сондай, оның жауабы тіпті жалынышты шықты. – Жарайды, сендер ертең маған соңғы рет келесіздер, сонсоң біз сендердің жиырма бірінші ғасырға қандай үміт артатындарың жайлы әңгіме қозғайтын боламыз. Мен жуырда өлемін, ал сендер жиырма бірінші ғасырға дейін ғұмыр сүретін болатындықтан, шамасы, оның бейнесі қаңдай болатындығы жайлы ойланған боларсыңдар. Ең жарқын жүзді болашақ сендерге қандай болып көрінеді,
245 маған соны айтыңдар. Сендерді рахаттана тыңдаймын, дәл шыным, керемет рахаттана тыңдаймын, – деді қария, сөйтті де көздерін жұмды. Студенттер қосалқы үйден шыққанда, филолог жолдастарынан өзін шамалы тоса тұруды өтінді де, өзі басты үйге бет алды, сөйтіп күтуші әйелмен ақырын әңгімелесіп отырды. Биолог пен қыз үнсіз мұңайып тосып қалды, мектепке барғаннан бері ең ауыр үй тапсырмасын алғандай сезімде болды. Ақыры жүгіріп келген филологтың беттері нарттай боп жанып, көздері алың-бұлың жүгіріп тұрды. Олар дарбазаның сыртына шыққан бетте, филолог: – Мен ертең мұнда келмеймін! Маған ендігі бес күн үшін төледі, – деп ойда жоқта төге салды. Биолог пен студент қыз оған ызалана әрі абдырай қарады. – Бірақ мынауың иттік қой! Шындықтың орнына ұсынылып отырған жалғандық, – сенің өнертабысың! Ал сен қазір сужүрек сияқты, ертеңгі жағдайсыз жұмысты бізге аударып тастап, өзің қашып кетпексің! – деп айғай салды бозарып кеткен биолог оған ентелеп келіп және зығырданы қайнағандықтан қалш-қалш етіп. Филолог та дірілдеп тұрды. Алайда ол бастан кешпей қоймайтын ұяттан ғана, ал биолог оны салып жіберуден өзін күшпен әрең ірікті. – Мен қатты қорқамын. Мен осынау қариямен енді шамалы ғана сөйлессем, оны қуанышсыз ойлардың әлеміне біржола батырып жіберемін деп жасқанамын. Оның үстіне, мен өзім болмысымда күйреуік адаммын, сондықтан болашақты мен өзіме бұдан әрман бұлыңғыр күйде елестету мүлде мүмкін емес. Және мұның бәрі шалмен болған қарғыс атқыр әңгімелердің кесірінен! Мен бәрі осылай айналып келеді деп ойлаған да жоқпын! – деп зарлап қоя берді филолог, жолдастарына үрке де жалбарына қарап. – Бәлкім, біздің бүгінгі күнге дейін айтқанымыз өтірік екенін мойындасақ және бүгінде шын мәнінде болып жатқанды еш көлденең бояусыз баяндасақ жөн болатын шығар? – деп ұсыныс жасады студент қыз.
246 – Болмайды. Егер біз өйтсек, қария ақиқатында миына қан құйылып қаза табады. Шындығында ол біздің өтіріктерімізді тыңдап алып, олардың негізінде сол баяғы тозақ жататындығын түсінетін адамға ұқсас па? Ол жарымжан нәрестені өлтірген ананы соттың ақтағанын естігенде, рақ ауруханалары аузы-мұрнынан шығып жатқандығын оқығанда, Лаоста лас соғыс тоқтамай қойғанын жария еткенде, ол жүрегі жарылып өлмей қалмайды деп қалайша ойламайсың? – дегендей үрке сұрады филолог. – Ал егер біз оған айтқанымыздан бас тартпасақ, онда қария Гиндзада жарымжандар тоқтамайтын ағынмен қозғалады және жердегі бүкіл адамдар бір-бірлерін жек көреді әрі өзара соғысумен болады деп ойлайды, бүгінгі болмысты көз алдына осылай елестетеді және сонда ол тура терең торығудан өледі, – деп қарсылық білдірді қыз. Қазып тасталған көшеден ыстық желдің лебімен жоғары көтерілген шаң студенттерді аяусыз орап алды. Маңайдан гүрсілдеп өткен бульдозер жүргізушісінің орындығында мақұлықтық күлкімен мардымсып отырған жас жұмысшы олардың мұңлы да қамкөңіл қалыптарына таңғала қарады. – Бірақ сонда да біз мына өлгелі жатқан шалмен не істейміз? – деп ыңырсыды филолог. Оның жүдеу, шаң басқан жақтары мен кір іздерін айғыздап көз жастары жүгіріп жатты. – Менің ертең келгім келмейтіндігіне маған ұрыспаңдар. Мен тек қорқамын. Егер қажет етсеңдер – менің үлесімді алып, тыңқия тоюларыңа болады! – Жоқ, ешқашанда! – деп қиқу салды қыз, оның қолын итермелеп. Биолог та, филологқа жаны ашығанына қарамастан бас тартты және ешкімге назар аудармастан мұңая сөйледі: – Жексұрын шал. Адам тоқсанға келді, ал ол әлі әлемде не болып жатқанымен әлектеніп жатыр! Өзінің қараңғы да тыныш бөлмесінде жайымен жатып өлмей ме түге! Әлемдегі ең бақытты қария болып өтер еді ғой! Не айтсаң да, жексұрын шал.
247 Сенбі күні әдеттегіден бір сағат кешірек күтуші әйел (ол әлі студенттерді тосып отырды) қария жатқан күңгірт бөлмеге енді. Оның беті әдетте студенттерді бастап кіргендегі ширақтығын жоғалтты, түрі мұңайған, шаршаған қалыпта еді. – Студенттер ақыры келмеді. Ақшаны оларға университет мекенжайына жіберуге тура келеді, – деп баяндады ол қарияға. Ол кереуетте жатқан қалпы арықша иықтарын қушитты. Ол бұл жайға анық ренжулі еді. – Не болып қалды, тағы баяғы сол ма ?! – деді ашулана күңкілдеп. – Сіз студенттерге тым жоғары талаптар қоясыз, олардың жас мөлшерін ұмытасыз! – деп күтуші әйел қарияға ренжи қарады. Қария жауап қайтармады, ол кереуеттен еппен маймылша секіріп түсіп, ақшыл-жасыл пердені тартып қалды. Оның ар жағынан көгал алаңға ашылатын, жазғы күннің жарық сәулесі төгілген қазіргі бөлме ашылды. Онда теледидар, стереофониялық комбайн, жаңа гәзиттер мен апталықтар шашылып жатқан үстел тұрды. Қария шамасы өз үйін небір жаңа дүниелермен толтыруға тырысатындардың қатарына жататындар сияқты көрінді. Ол теледидарды қосты да, бейнелер көрінгенше уақытты бос жібергісі келмейтін кісіше, қарттарға арналған ең жаңа гимнастиканы жасай бастады. Ол жылдам да тура маймылша жіті қимылдап, өзінің кішкене ғана шымыр денесін шыр көбелек айналдырды. Мойынға арналған жаттығуларға ауыса беріп ол: – Мені қазіргі студенттердің көз алдарына елестету кедейлігі қапаландырады! Бәлкім, келесі жолы олардан гөрі жастауларын шақыруға тура келетін шығар? Сонша көп айтып жүрген қазіргі жастардың түсініктері қандай екен өзі? – деді. 16.09.12. тәржімаланды
248 Михаил ЗОЩЕНКО АҚСҮЙЕК БИКЕШ Жалпы орыс әдебиеті өте бай әдебиет, әрі бізді өзге әдебиеттермен байланыстырып тұратын көпір іспеттес қой. «Әлем әдебиетінен» деген айдарға орыс әдебиетінен кімді аламын деп әуреге түскім келмеді, «кадрлар» құдайға шүкір, жетіп артылады ғой. Көп ойланып жатпай, екі ғасырдың үдесіндегі өзім жақсы көретін Михаил Зощенко мен Константин Паустовскийге тоқтадым. Григорий Иванович шуылдата күрсінді, иегін жеңімен сүртті де, әңгімесін бастады: – Мен, бауырларым менің, телпекше киген қатындарды жақтырмаймын. Егер қатын телпек кисе, ілгені алабажақ шұлық болса, әйтпесе қолына қондырғаны құйттай күшік болып, алтын түсі жарқырап тұрса, онда ондай ақсүйек мен үшін жалпы қатын емес, жадағай жер іспеттес. Ал мен өз кезімде, әрине, бір ақсүйек бикешке әуес болдым. Онымен бірге қыдырыстап, театрға да бардым. Бәрі де сол театрдан шықты. Театрда ол өз идеологиясын бар ауқымында жайып салды емес пе? Негізі мен онымен үйіміздің ауласында ұшырастым. Жиналыс үстінде. Қараймын, әлдеқандай кербез келіншек тұр. Ілгендері – шұлықтар, алтындаған тіс дегендей. – Сен, азаматша, – деймін, – қайдансың? Қай нөмірденсің? – Мен, – дейді, – жетіншіденмін. – Мархабат, – деймін,–тұра бергейсіз. Және бар ғой, ол маған бірден ғаламат ұнап кетті. Мен оған, жетінші нөмірге баруды жиілеттім. Баз-базда ресми тұлға санатында да барамын. Су құбыры мен әжетхана бұзылу тұрғысынан алғанда қандай? Бабында ма деймін. – Иә, – деп жауап қатады, – бабында.
249 Және өзі мамық орамалына орана түседі, артық ләм-мимге бармайды. Тек жанарымен ғана жайлайды. Әрі аузында алтын тісі жарқылдайды. Мен оған ай бойы барып жүрдім – үйрендім. Ықтияттылау жауап бере бастады. Су құбыры істеп тұр, рахмет сізге, Григорий Иванович деген секілді. Одан әрі молайттық, біз енді көшелерде қыдыратын болдық. Көшеге шығамыз, ал ол өзін қолтықтап жүруге бұйырады. Оны қолтықтаймын да, шортан тәрізді ілесемін де отырамын. Не айтарымды білмеймін, жұрт алдында да ұяттау сиқатты. Ал бірде ол маған былай демесі бар ма? – Сіз, немене, – дейді, – мені ылғи көшелермен жүргізе бересіз? Тіпті басым айналатын болды. Сіз, - дейді, – билік басындағы тұлға немесе кавалер ретінде, айталық, театрға алып бармайсыз ба? – Әйтсек – әйтейік, – деймін. Ертесіне көменестік ұяның операға билеттер жіберуі тура келді. Бір билетті мен алдым, ал екіншісін маған Васькаслесарь құрбан етті. Мен билеттерге қараған жоқпын, ал олардың әрқилы екендігіонсыз да көрініп тұр. Менікі төменде отыратын, ал Васьканікі – сонау қиыр шетте. Осылайша біз кеттік. Театрға барып отырдық. Ол - менің билетімдегі, мен – Васьканың билетіндегі орынға жайғастық. Жоғары жақта отырсам да түк көрмеймін. Ал егер белдемеден еңкейсем, онда нашар болса да оны көремін. Менің ішім олай пысты, былай пысты, төменге түстім. Қараймын - үзіліс беріпті. Ал ол үзілісте әрі-бері жүргіштеп жүр. – Сәламатсыз ба? – деймін. – Сәламатсыз. – Қызық, – деймін, – мұндағы су құбыры істей ме екен? – Білмеймін,– дейді. Деді де, өзі буфетке беттеді. Мен соңынан ердім. Ол буфетті аралап, жаймаға қарайды. Ал онда – ыдыс, ыдыста самсалар жатыр. Мен оның жанында қаздиған қаздай, әлдебір әлуетті
250 буржуй іспеттес айналақтап, ұсыныс жасадым: – Егер, – деймін, – сіз бір самса жегіңіз келгендей болса, онда қысылмаңыз. Мен төлеймін. – Жарайды,– дейді. Кенет ол алшаңдай басып ыдысқа жетіп келіп, тағамды ту-талақай жей бастады. Ал менің ақшам болса, мысық дәулетіндей, әрі кетсе үш самсаға ғана жетерлік. Ол жеп жатыр, ал мен болсам, әбігерсізденіп қалталарымды қармай, қанша ақшам барын байқастап жатырмын. Сайып келгенде – ақша дегеніңіз шамалы. Ол екінші самсаны жеп алды. Мен тағы жөткіріндім. Және үндемеймін. Мені қайдағы бір буржуйлық ұятшылдық билеп алды. Кавалермін дейсің, сонда ақшаң қайда, дегендей. Мен оның айналасында қоразданып шоқақтап жүрмін, ал ол болса қарқылдап күліп марапат сөз естуге ыңғайланып жатыр. Мен: – Біз театрға отыратын уақыт келді емес пе? Қоңырау соғылған шығар бәлкім, – дедім. – Ал ол: – Жоқ, – деді. Деді де, үшінші самсаны алды. Мен: – Аш қарынға тым көп емес пе? Құсық шақыруы мүмкін, – деймін. Ал ол: – Жоқ, біз үйренгенбіз, – дейді. Деді де, төртінші самсаны алды. Осы сәтте менің басыма қан шапты. – Қайтар кейін, – деймін,– мынаны! Ол болса, қорқып кетті. Аузын ашты, аузында алтын тісі жарқ етті. Ал маған, тура құйрығымның астына божы түсіп кеткендей болды. Бәрібір мен енді онымен қыдырмаймын деп ойлаймын.