301 жауларын жасқағандай шайқақтатты, ақыры аяғында қарққарқ күлкіден ішек-сілесі қатты. Жас жігіт мосқалға жақтырмай қарады, әсіресе оны ананың тырбық сақалы ашуландырып тұрғандай көрінді. Олар тағы да қатар тұра қалысты, сөйтіп бірін-бірі көз тастасумен өлшей бастады. Жастың жанарында күлкінің ұшқыны ұшып кетті де, ашу мен жиіркеніш қалып қойды; ал мосқалда болса –өзі бозбаладан көңілі қалғандай ғана жұмсақ өкініш қылауытты. – Шырағым, – деп бастады шал. Ол тыныстап алды да және жалғады: – Шырағым! Менің ғаламат таңғалуыма орай сіз жастардың мазасын мүлде алмауға тиісті жағдаяттар жайлы айтып тұрсыз. Ұялсаңыз нетті! Сіз алдыңызда – иә, сіз өзі алдыңызда кім тұрғанын білесіз бе? Менің атыжөнім Сакариас Габриельссон. Сіз арғы-бергіде Сакариас Габриельссон турасында ештеңе естіп пе едіңіз, өзі? Байқауымша, таза түстей алмай тұрсыз. Егер сізде тіпті титтей ғана тірлік түйіні болса, мені білген болар едіңіз. Мен солтүстік елдердегі күллі жолдарды ерсең-қарсаң жаяу аралап шыққан адаммын. Ал сіз тіршілік есігін қаққанға дейінгі талай жылдар бұрын мен Алманияның да, Голландияның да, Бельгияның да, Францияның да, Испанияның да сорапты жолдарында қыдырып баққам! Біздің ауқымда менің атымды құрметпен атайды. Мен қайдағы бір сумақай емеспін. Менің сумақай еместігімді киім киісімнен-ақ аңғарарсыз. Менің жағам тап-таза, оны айырбастар жаңа біреуі түйіншегімде жатыр. Рас, тап қазір менің аяқкиімім бабында болмай тұр, бірақ оны мен өзімнің бір мезгілгі салақтығымнан ғана көремін. Менің пәлтем бүп-бүтін әрі жып-жылы – мен құдайы садақа дегеніңізді тек қана ең жоғарғы қоғамдық топ өкілдерінен ғана сұраймын және мына пәлте бұрындары камергердің – дәулетті жер иесінің иығын жапқан. Мен маскүнем емеспін. Қолыма тәуір сигара түскенде ғана тартамын.Алсіз менен қайдағы бірдеңені суыртпақтағанды жөн көріп тұрсыз... – Шиырлата бермеңізші, – деді жас жігіт, – мен сіздің
302 қайда ойыстырып бара жатқаныңызды түсінбедім. Анығында сіз де мендей қаңғыбас емессіз бе, бұл жерде тамыздықтай беретін несі бар? Свеннің сұрғылт жүзі шамалы қызараң тартты; ол өзінің ызасын жасырып қалғысы келді және сөздерді тергіштеумен болды. Мына шалды ұрсып-сөккеннен не пайда? Өзіңді байқа. Ол күрт бұрылды да жүріп кетті. Бірақ Сакариас соңынан қалмады. – Сіз қалайша мені қорлағаныңызды түсінбейсіз? – Сандырақ та бос сөз, – дей салды Свен бұрылмастан. – Сізге енді екі ауыз сөз айтуға пәрмен беріңіз. Свен кідірістеді. – Қане айтыңыз, әрі тезірек, әйтпесе мына жерде ұзақты күн тұруға ынтызарым жоқ. – Айтқандайын, біз бірге жүре аламыз, өйткені маған қайда барсам да бәрібір ғой, – деді Сакариас, өзінің дауыс екпіні басыңқылау шықты. – Мен сізбен сөйлесуге тиістімін, әрі сізді аяқ басқалы тұрған тіршілік тұрғысынан шамалы хабардар еткім келеді. Аңдайсыз ба, мен сізді мүлде ана сүті аузынан кетпеген балғын жас деп санаймын. Сондықтан мен, жөнін айтқанда, сізге пәлендей ашулана да алмаймын. Бірақ мен, иә, енді... Мені сіздің қайда бара жатқандығыңыз еш алаңдатпайды. Біз жай ғана тек ілгері жүреміз, өз басым ылғи сөйтетінмін. Көп ұзамай біз маған таныс бір кішкене кентке жетеміз. Егер мен шатыспасам, бізге сол жерден тағам мен баспана да бұйырып қалар. Свен қолдарын қалталарына одан сайын сүңгітті де, иығын қиқаң еткізді. Өзі шамалы тоңазып та қалып еді. Әрі қадамын жеделдетуге тым шаршап қалды. Ызалануға да шамасы жетпеді. – Білесіз бе, – деді Сакариас, – бүгіндегі жастарыңыз баяғыдай емес. Мұны мен сізге турасын айтып тұрмын. Жұмыс іздеу! Сіздің қасыңызда тумысында жұмыс іздемеген адам келе жатыр. Және мен шындығында да оны іздеген емеспін. – Онда сіздің есіңіз шалағайлау болған ғой, – деп Свен
303 күбір ете қалды. Тап сол кезде жұмыс дегеніңіз болып бақты ғой! – Немене? Шалықтап кеткенсіз бе? Мен сізге бір жайды айтайын, ал сіз мендей ғұмыр көрген пендеге құлақ түріңіз. Мен ешқашанда жұмыс іздемегенімді мақтан етемін. Сөйтіп, міне көрдіңіз ғой, тірі қалдым; әрі дәйім басым бостандықта болды. – Олай болса, сіз ғұмыр бойы өзгелердің арқасында күн көргенсіз, – деді Свен. Сакариас тоқтай қалып өз пантомималарының бірін ойнап бергісі келіп еді, бірақ Свен оған еш назар аудармастан адымдай берді. Үнсіздік орнады. Кең жазықты суық жел кеулеп кетті. Бұлардың тұсынан жүк мәшинесі салдырлап өте шықты. Свен қолын көтермекке оңтайланып еді, онысынан ештеңе шықпайтындығы есіне түсті: олардың барар жерге қашан жеткенінде тұрған не айырма бар? Қайда екені беймәлім. Оның үстіне жүргізуші жол үстіндегілерге көз қиығын салған да жоқ. Свеннің құлақтарында мына сөз ғана сартылдап тұрды: жұмыс, жұмыс, жұмыс. – Аңғарсаңыз, – деді Сакариас, – адам өзінің бостандығын әздектеуі керек. Адам өзінің өзіндік қасиетін қастерлеуі керек. Әрине сондай мінезі бар адамды айтып тұрмын. Әйтпесе бұл қасиет көпшіліктің бәрінде жоқ қой. Мен осы елде сондай қасиеті барлардың бірімін. – Оныңыз көрініп тұр, – деді Свен шаршаңқы қалыпта. Шалмен ұрсысқаннан не мән табасың? Бұл шаршаңқылықты шал мейірбандылық деп қабылдады да, ағынан ақтарылды. Ол жас жігітті өз әлемінде ұстап тұрғысы келгендей қолынан қаусырып алды; оның дауысы іштартуға шақырғандай бәсеңсіп жымы білінбей бара жатты. – Аңғарсаңыз, – деді ол, – мені осынау ұзақ жолға өз тағдырым айдап әкелді. Свен үн қатқан жоқ; оның құлақтарында әлі де жұмыс, жұмыс, жұмыс деген сөз ғана сартылдап тұрды. – Мені ұзақ жолға тағдыр айдап әкелді, – деп қайталады Сакариас. – Мен де бір кезде тап өзіңіздей жап-жас
304 болғанмын, әрі бұл жалғанда және бір қыз ғұмыр кешті... Түсінесіз бе, менің қолым жетпей кеткен бір қыз... – Солай ма, – деді Свен, – яғни енді шын хикаят дейтінге кезек келеді ғой? – Иә, шын хикаят, оған күмәніңіз болмасын. Ол дәулетті, мен жұтаң едім. – Мұндай хикаяттарды мен де оқығанмын, – деді Свен. – Әлгі қыз қолыңызға түспеді, сіздер әуелі асылып өлгілеріңіз келді, сонсоң асылмадыңыздар, ал сонсоң... – Ол иығын қусырды. Бірақ шал жалғастыра берді: – Міне, мен жолдарда қаңғыруды сонда бастадым. Мен небәрі он сегіз жаста едім. Сөйтіп мен өзіме өзім азат құс, жиһанкез боламын, содан түптің түбінде оның үйіне бір келермін деп ант бердім... – Сөйтіп сіз оның табалдырығына келіп отырасыз, әрі бұл шоқындыру тойына тура келеді, содан екеуіңіз жан тапсырасыз да, енеңіз қастерлеп жер қойынына береді, – деді Свен жиіркеніштен бет-ауызы қисалаңдап кеткенін жасыра алмай. Шал басын төмен түсірді; оның мына қалпы деген қайғышерге толы еді. – Тура солай, – деді ол. – Сіз менің дәл осылай арман еткенімді қалай дөп бастыңыз, ә? Байқаймын, сіз де тәуір адамсыз. Сіз қайырымды балғын жігітсіз. Және менің күмәнім жоқ – сіз де басыңыздан әр жағдай өткергенге ұқсайсыз. Свен тоқтады да, қолын босатып алды. Ол тағы ызаланып кетті. – Бөстіре бергенді доғарыңыз! Сіз немене, мен өз рахатыма қаңғырып жүр деп ойлайсыз ба? Әлде қайдағы бір шүйкебас үшін бе? Қалайша сіз егер адам басына күн тумаса қыз үшін қаңғыбастыққа ұрынар деп ойлайсыз? Мен ондайлардан емеспін. Мен айттым ғой – мен жұмыс іздеп жүрмін. Түсінікті ме? Қандай болса, ондай болсын, әйтеуір жұмыс болса болғаны.
305 – Жарайды, жарайды! Сакариас аспанның заңғарлығын көрсеткісі келгендей қолдарын жайғысы келді; оның биіктігі мен пәктігін көрсеткісі келді; немесе серіктесінің назарын аспан шырақтарының мәңгілікке тартқан жолдарына аударып, сонысымен мына жердегі тіршілік дейтіннің мағынасыздығын түсіндіргісі келді; бірақ осының бәрінің текке керегі жоқтығын ұғынды ма, қолдарын сылқ түсірді. – Сіз нешедесіз, жас досым? – Он тоғыздамын. – Сонда қыдырыстап жүргеніңізге қанша болды? – Екі жыл, – деді Свен. Деді де, ол қайта адымдады, Сакариас соңынан кетті: жолсерігің жағдайлы болса, одан айырылмау керек. – Ал оған дейін не істедіңіз? – деді ақырында Сакариас білгісі келіп. – Ештеңе де. – Ештеңе де? – Менде ешқашанда тұрақты кәсіп болған жоқ, – деді Свен. – Әуелде хабар жеткізетін шабарман болып едім, кейін шығарып тастады. Міне, сонда атышулы Сакариас Габриельссон үнсіз қалды да, ойға шомды. Екеуі де жолдарын үнсіз жалғастырды. Мосқалы әдемі пәлте мен цилиндр киген күйде күйкілеу көрінсе де маңызды мырзаға ұқсап бақты, ол жауырынын қайқайтып алып нық адыммен ұзай берді, ал жас жігіт болса қалпағы қисайған қалыпта қойқалақтап қалды, қолдарын қалталарына терең сұққандығы соншама – тіпті ол оларын енді қайтып ешқашан суырып ала алмастай көрінді. ДЕГБІРДІ КЕТІРГЕН СОЛ КҮНДЕР Ёранссон Евгениямен кәдуескідей некелескен соң, тіпті онымен жүзік алмасқаннан кейін ол жібі түзу дерлік адамға айналса, ал Евгения өз тарапынан банкіден несие
306 алып, ішкиімдер дүңгіршегін ашты. Осы кезде ол қайсыбір еркектер өзімен сәлемдескенде әрі оған әрқилы құйтұрқы белгілер аңғартқанда таза жауап қатпайтын ізгілікті әйел санатында бой көрсетті. Тек ішкиімдердүңгіршегінің иегері аталған соң, ол тағы да өзгеріп сала берді – оның дөңгелек бет-бейнесі жылы шырайлы әдемі әжімдерге жинақталды, сөйтіп өзі әдеттегіден әрман бас изеуге кірісті. Ол тіпті сержанттың, стансалық хатшы мен журналистің де сәлемдеріне тек иек қағатын болды, ал ана мырзалар абдырап қалып, одан Евгенияны тәп-тәуір білетіндіктері жайлы жағымды ойлармен өздерін тағы да алдандыра бастады. Бұл бикеш енді оларға үміт үзіктерін және тастады, ол, Евгения, әлгілердің бойдақ кездеріндегі тірліктерінің жасырын ләззаты ретінде пәлен жыл бойы қызмет етсе, енді ол кез, әрине, ғайып болды ғой, тек оларға бұл бикешбұрынғы қалпына қайта оралғандай көрінді. Түсініспектік туындады, оның тереңдеп кеткендігі сонша, күндердің күнінде Евгения өзіне: «Жетер, олармен амандасуды доғару керек, әйтпесе өсектен басыңды арашалай алмай қаласың» деуге мәжбүр болды. Қалада өсектің өріп жүретіндігі – кәдуескі жадағай құбылыс. Қала өсек үшін жаратылған, үйлер адамдардың бір-бірінің кездесіп өсектесуіне орай тығыздатыла салынған, қалаңыздың өкпесі өсексіз өшіп қалады. Келіп-кетушілер Евгенияға тікелей: «Е-е, мынау осылай ма еді?» дейтін болды – оларында керемет зәрлі мысқылды ырғақ жататын – қалай түсінсең солай түсін. Олар: «Е-е, мынау солай ма еді, ал мен болсам, мына әйел қаншама ұмтылыстан кейін көздегеніне ақыры қол жеткізген екен ғой деп ойлаушы едім! Бәлкім, ол онша ұмтылмаған да шығар? Өйткені оның бір ашынасы мұнда, екіншісі анда, үшіншісі Америкада ғой – солай емес пе?» деп нығарлайтын. Евгенияның бет-әлпеті бұзылыңқылау ма, әлде ол жымиып отыр ма – онда ешкімнің шаруасы жоқ-ты. Ешкім Евгенияның күмбір күлкісі ішкиімдердің өтуіне жол ашатынын қаперлеріне алмайтын, бәрі де жағдайды, әрине, арам ниетке апарып жығатын, сөйтіп Евгения маскүнем сылақшы Ёранссонмен қол ұстасып жүргенге дейін саябыр
307 тапқандай болған қаңқу сөз енді қайыра дүр етіп көтеріліп, үй атаулыға ентелей кіріп, көпшіліктің әсіре әңгімесіне айналып кетті. Евгения селт етсе болды, басына пәле шақырды, қысқасы, өсек өрістей берді. Ёранссонның, міне, ішуді қойғанына екі айдай дерлік болды және оның ар жағында тіршілікке байыппен қарап, әлденеше маңызды шешім қабылдаған еді. Әр сенбіде түскі дәмнен кейін ол Евгенияға тапқан-таянғанының көбін қалдырып отырды және жай күндері сыраханалардан сырттап жүретін болды. Екеуі сенбі сайын кешкісін киноға барып, жексенбі күндері сейілге шығатынды шығарды, сөйтіп олардың қарым-қатынастары сырт көзге мығым, тіпті ерлі-зайыптылардікіндей болып көрінді, әрі Ёранссон осындай ахуалға бойын үйрете бастағанда, мұндай тіршілік өзіне ұнады да. Болашақ оған кішкентай ғана жанға жайлы ішкиімдер ләпкесі болып қол бұлғады; міне, ол арт жақтағы бөлмеде есеп-қисап жүргізіп, әйтпесе жұмысынан демалып отыр немесе құйтақандай балдырғандармен ойнайды, ал бұл кезде Евгения сөреде тұрып сатып алушыларға ізетпен қызмет көрсетіп, ақшаңызды күреп тауып жатады. Бұлар жүзеге аспаған арман-тілектер, әйтпесе мына жалғанның балағына жармасып, тым көбірек қарпып қалуға ұмтылыстан туындаған тоғышарлық ой емес, жоқ, бұл жастықтың көп жылғы шырғалаңдары мен ұзақ уақыт бойғы маскүнемдіктен кейінгі тынышталу, ат басын тарту және баяу бақытты аңсаған момын ғана арман еді. Ёранссон шынтуайтында сабырлы да парасатты адамға айнала бастады. Иә, ол Евгения жайлы қаңқу сөздерді естіген-ді. Және оларға назар аудармауға ойысқан: ол сүйікті әйелін таныпбілерлік болды ғой, сақина айырбастасқанға дейін екі жыл қол ұстасып жүрді емес пе? Өтер іс өтті деп пайымдап, ақылға жүгінді ол; және Евгения бұрын жеңілтек жүрісті болса, бұл өзі де әулие болған жоқ. Ең бастысы, жағдай жақсарып, ішкиімдер ләпкесі табыс әкеле бастады. Ол серіктесі Юханссонмен бірге тұратын; бірде анау жанамалап келіп, стансалық хатшы тұрғысында бір-екі ауыз сөз тастады. – Шайтан алсын, – деді Ёранссон, – сен, жігітім,
308 мұндайыңды доғар қане! Оның соншалық зілмен шегелей айтқандығы сондай, Юханссон тілін тістей қалды. Бірақ, әрине, өсегіңіз жайылды да кетті, өйткені оның мың сан аяқ-сирағы мен әдемілеп іліп қойған мың тілі бар. Әлдекім: «Жөнел, өсек, жолың болсын, ұзақ жолға аттанғайсың!» десе-ақ болды, өсегіңіз басын изеңдетіп, жортақтай жөнеп кете барады. Бұл жолғы өсектің көпе-көрінеу көзі былайша пәктіктің үлгісі дерлік жайынжамбас фру Блюм ханым болатын; ал оның әлі күнәға килікпеген періште дерлік қызы тәп-тәуір тігінші еді, әрі ол да ішкиім тауарларының дүкенін ашуға ойысып еді. – Аңғардың ба, Ёранссон, – деді бірде Евгения қынжылған сыңаймен, – мыналардың қайда қол сілтеп жатқанын аңғардың ба? – Ал сен бар ғой, Евгения, – деп Ёранссон ақыл айтты, – сен оларға түкір де таста. – Өйткені мен де сөйтемін – олар мен тұрғанда жақтарын ашып көрсінші, қане! Бірақ, қалай дегенмен, қашанда жағын ашып, әлдебір зәрлі сөзді ыс-ыс етіп тастай салатын пенде табылып бағады. Өзі тікелей ештеңе білмейді, бірақ тұспалға шебер: – Сен білесің бе, Ёран, ана сержант бар ғой, сұмдық қатынқұмар. Әйтпесе: – Сіз естідіңіз бе, Ёранссон, журналист Андерссон тамақ ішуге өзге ресторанға барыпты ғой. Бес жыл бойына вокзал маңайында жүріп еді, енді кенет жаңа мейрамханаға көшіпті. Ёранссон бұл мейрамхананың Евгенияның ләпкесінің тура қарсысында екенін жақсы білетін, бірақ жауап берудің орнына күлкіге кезек беретін: – Шайтан алсын, мұның маған керегі не, түсінбеймін! Ол тек өзі қажет еткендей: сабырлы, естияр, парасатты қалпын бұзбай тұратын. Ақырында Евгенияның өзі де мына пыс-пыс күйбеңге пысқырып та қарамайтын болды, өсек өрлеп өріп жүрсе де, өзінің саудасын баптай берді. Ол былай деді: – Ёран, көктемде сен екеуіміз үйленеміз, сонда қара да тұр, мына күбір сөздер кілт тоқтайды. – Сөзің алтын падишам, – деді сылақшы. – Мен сенің
309 еркектердің соңынан жүгіруді қойғаныңды былай да білемін, ал мына қаладағы жолы болмағандар енді сенің соңыңнан жүгіріп жүр. Евгенияның мығымдығына күмән жоқ еді. Бірде ол журналист Андерссонмен кездесіп қалғанда, әлгі баяғыдағы дағдысымен тұрпайы түрде әңгіме жібін ағыта бастады: – Евгения, еркетайым менің, бабың қалай? Білесің бе, мен дәйім сенің дәл қарсы алдыңда тамақтанып жүрмін. Саған түскі дәмнің алдында баз-базда соғып кетіп жүрсем қайтеді? Ал Евгения оның мұнысына: – Андерссон мырза, сіз егер өзіңізге көңіл көтерерлік бикеш іздеп жүрсеңіз, мұнда адасып келдіңіз. Сау тұрғайсыз, – деп мұздай дауыспен жауап қайырды. Әйелдермен қарым-қатынас жасауға әбден әдістеніп алған сержант та, әрине, ол да ілмек тастады: – Мына қара, Енни, сен дүкен ашыпсың ғой! Мен айтсам, мұның енді ақылмен шешкен жөн шаруа, өте жөн болған. Мен бұл күнде Кунгсатанда, унтер-офицер Каллиннің үйінде тұрамын. Маңайдан өтіп бара жатқандай болсаң, бас сұға кетсеңші, қалқажан! – Ұялсаң нетті, – деді Евгения жай ғана. Енді бірде ләпкеге стансалық хатшы салтанатты түрде кіріп келді де, жан-жағына қарағыштап, ащы мысқылмен күлімсіреді: – Мына қара, сүйікті Енни, сенің мынадай қырыңнан көрінетініңді еш күтпеп едім. Маскүнем сылақшы һәм ішкиімдер ләпкесі! Бірақ сен білесің ғой: сен басыңа күн туса, маған сүйене аласың. – Сіз – тура бетпақсыз, ал егер сізге менің ләпкем ұнамаса, міне – Құдай, әне – табалдырық, – деді Евгения тістене, – ал мына ләпкені Ёранссон екеуміз-ақ бірдеңе етерміз, әрман жүріңіз әрман-әрі! Сөйтіп Евгенияның бетін өздеріне қайтадан қаратқысы келген бұрынғы ашыналарының амалдары біржола күйреді. Әрине, ол періште емес-ті, сөйтсе дағы ол өзім үшін арағын тастаған Ёранссон екеуі қалған ғұмырларының соңына дейін қол ұстасып, бейбіт өтуге құқығымыз бар деп есептейтін. Бірақ бірде әлдекім қып-қысқа жалғыз ауыз сөзді тастай
310 салды, онысы Евгенияның жүрегін ұшқындайын тіліп өтті. Ол сөз адамның есімі болатын. Эмиль. Бұл сөзді ләпкеге жиектеме бау аламын деп жүгіріп келген әлдебір әйел әдейі кектеніп емес, қатты асыққаннан құдай аманаты ойланбай жай айта салған-ды. Қалай болғанда да сөз дегеніңіз жарқ ете қалған ұшқын іспеттес, егер сөнбей қалса, лаулай беретіні бар ғой, сондай-ақ Евгенияның саудадан және қаладағы бостекі өсектен кебірсіген жүрегіне тиіп кетуі мұң екен, нағыз өртше лаулап қоя берді. Эмиль. Эмиль Смитт. Баяғыда ол екеуі Қалалық және Халықтық, өзге де саябақтардың жастық шақтағы жалғыз аяқ жолдарымен ұзақ қыдырыстайтын. Эмиль өте әлді әрі мейірбанды жігіт еді, ал ол Америкаға кеткенде, ел айтқандай, мұндағы үйіне, Смитт шалға ақша қаражат жіберіп тұрды. Жалпы ол жайлы әрқилы әңгімелер көп айтылатын. Сонсоң ұзақ жылдар бойына Эмильден мүлде хабар болмай кетті, ал Смитт шалдың шаруасы жүре бастады. Қайғы мен төзімділіктен әбден бүктетіліп қалған ол, енді Салауаттылық қоғамының үйінде күзетші, әрі жаңа кинотеатрда от жағушы болып жұмыс істей бастады және Евгениямен көшеде ұшырасып қалғанда ләм-мим демейтін, тек қышқыл мысқылмен жымиятын да қоятын. Бірде оның қиыстай өтіп бара жатқанын аңғарып қалған Евгения шыдай алмай есікті айқара ашып жіберді. Сөйтті де, бірден бас салды: – Эмиль Америкадан қайтып келеді екен деген сөз рас па, өзі? Шал жөткірінді де, бұрыла бере түкірініп тастады; ол бүкшиіп, порымы аянышты болып көрінді. Сонсоң төменнен жоғарыға қарай Евгенияға тікелей көз тастады: – Иә, Енни, дәл солай, ол баяғы туған жерін еске алыпты. Мұнысы күйінішті естілді. Бірақ шалдың сөз сөйлеу мәнері де осындай еді. Ол одан сайын бүкшиді де, ақсаңдап кете барды: оның бір аяғы екіншісінен шолақ болатын. Евгенияның жүрегіне дегбірсіздік енді, ал бет-бейнесінен шамалы ғана абыржушылық сезіліп тұрды. Ол сатып алушыларға мынадай уәж айтты:
311 – Иә, мен өзімді тамаша сезінемін, тіпті ғаламат тамаша сезінемін, тек мына ауа райынан баз-базда әлсіздік жайлайды, әйтпесе мен өзімді ғаламат тамаша сезінемін. Келген жұрт оны білімдар адам санатында сындарлы сөйлейді деп есептейтін, бірақ ешкім де, тіпті Евгенияның өзі де оның айқын ақиқатты айтып тұрғанын аңдай қоймайтын. Эмиль. Түн түндігін түсіргенде ол Эмиль жайлы ойға бататын, және мұнысына ешкімді кедергі келтірмейтін, өйткені өзінің ізгілікке ден қойғандығы сондай, жоғарыда айтылғандай, Ёранссонға бөлек тұруға тура келді. Біз үйленгенше сен мұнда түнемейсің деп кесіп тастады Евгения, сөйтіп арақ қоюмен бірге жоғары парасаттылыққа қол жеткізген Ёранссон бұл бұйрыққа лә деген жоқ. Сонымен ләпкесінің қасында қалған Евгения түн баласында Эмильді армандаумен азапқа малтықты. Ол қараңғылықтан бой көрсетіп, сөз тастап, сауал қойып жатты: Евгения, Енни! Сенің мынауың не? Енді не істемек ойың бар? Бұл түстер түгесілмей қоятын, сөйтіп Евгения қараңғылыққа жауап беретін болды: – Амал қане, барар жер, басар тау қалмады. Қандай едім, сондаймын, ал періште болмағаным және анық. Шындығын айтқанда, Евгения сонымен қоса Эмильдің жуан жұдырықтарынан қатты қорқатын. Бірақ бір ауыз сөз мауыққан қаншық сияқты әр жерден қылаң беріп қаланы кезіп кетті. Сіз естідіңіз бе, Эмиль, Эмиль Смитт ше, сол елге оралып келе жатқан көрінеді, оның қалтасы қалың дейді, ол мол ақша тауыпты, енді шал әкесіне тағы да еңсесін көтеруге көмек бермек. Эмиль бабында, тіпті өзі жайлы ұзақ жылдар бойы хабар бермей кетсе де, ол дәйім бабында болған! Үйлері үйіліп, суық пен қараңғылықтан сығылысып жатқан кішкентай қалашық енді күтумен болды. Эмиль келмей қойды, бірақ жұрт: ол көп ұзамай келеді десті. Ал әлгі сөз жанары жайнаған, бүркіт мұрынды алып ноян, махаббаты үшін ащыны татып алмауға айналған ерен еркек, кәнігі сылақшы Ёранссонға келіп жетті. Ол сөз қашандағыдай жер бауырлап жақындады: ол қожайыны қанша сабаса да қайта айналып келе беретін сужүрек қаншық, ілмиген ит
312 іспеттес қой, өйткені оның өзге ешкімі де жоқ. – Ёран, Эмиль Смитт оралып келе жатыр деседі. – Эмиль Смитт деген кім еді? – Е, айтқандайын, сен оны білмейсің ғой. – Ал ол кім? – Әне көрдің бе, сен дәнеңе де білмейсің. – Ей, шайтан алғыр, айтшы өзің, кім өзі мына Эмиль дегенің? – Сонша білгің келсе айтайын онда. Ол кезінде сенің қалыңдығың Сундстрём фрёкенмен1 әмпей болған. Иә, сен оны білетіндей болған жоқсың. Қысқасы, ол енді Америкадан оралатын болыпты, ол жақта тасы өрге домалап тұрыпты – әйтеуір солай деседі. Керемет жігіт еді, рас, кейде көтеріліп кететін, десе дағы аңқылдаған ақкөйлек болатын. Міне солай, – сен бұл турасында ештеңе білмейтінсің. Ёранссон ойланып қалды. Мына жаңалық, неге екені белгісіз, оған жайсыздау тиді – ол өзінің Евгениясы тағы алдайды-ау деген ойға бір сәтке болса да жол берген еместі. Бірақ әлгі сөз аяғын жалағандай болды, ол оны теуіп кеп жіберді, сөйтсе де анау орала берді: Эмиль... Енді Ёранссонның түні бойы кірпік қақпайтын кезегі келді. Ол ұрылардан қорқатын адамша ұйықтай алмайтын әдет шығарды. Ондай кісіге әлдекім ұрлана баспалап келе жатқандай болып көрінеді, содан оның жүрегі ойнақтап кетеді. Адал жұмыскер, шебер сылақшының бейбақ жүрегіау, не болды саған? Міне, тағы да әлсіреп қалды әне. Ашуыңның есігі сықырлаған жоқ па, ептеп ашылған жоқ па? Өй, оңбағандар, демдерін іштеріне тартып, қайдағы бір Эмиль дейтінді көлденеңдетпей қоя тұрса қайтеді екен, ә? Мен әлемдегі күллі Эмиль атаулылардың баршасына түкірмеймін де; Эмиль, тьфу, атының сиқын қарашы, біздің мына зиялы қоғамда еншісіне тиген есімінің түрін қарашы! Ал енді мен ұйқыға кеттім. Ұйықтаймын! Қаладағы жұрттың бәрі қаңғып жүріп аузына келгенді оттай бермес, елдің бәрі Америкадан оралып жағын ашып, алтын тістерін жарқылдатып, ақшаларын мақтан ете бермес. Өзгелерге де нәпақа бұйырмай ма? Өзі күшті дей ме? Болса қайтейін, ондайларыңыздың талайларының танауларын маңдайларына
313 жапсырғанбыз кезінде. Ал мен ұйықтаймын... Бірақ Ёранссоннан ұйқы қашты. Тіпті тұрып алып әрліберлі жүргіштеп, көршісін оятатынды шығарды. – Сен не, ауырып қалғансың ба? Жатсаңшы, шайтан алғыр! Күндіз Ёранссон сабасына түскендей болатын және әдеттегіден қаттырақ ысқырып, жалған мақамға салып, бостекі сөйлеуге кірісті. Онымен қоймай бүккен саусақтарының күшін көрсетті, қане, жазып көріңдер! – Құдай-ау, саусақтарың не деген күшті, – Ёран-ау! – Біз ондайларды көріп баққанбыз, сене беріңдер! Ал қане, енді қол майыстырысайық. – Сен өзің қол майыстырудың жүлдегерісің ғой! Сен бұл әдісті қайдан үйреніп жүрсің – мұндағы мәселе тек күште ғана емес қой? – Әдіс? Сен бұған әлдебір әдістер керек деп ойлайсың ба? Жоға! Тек сүйектерің мығым болса болғаны. Ал келіңдер – кім кімнің жауырынын жер жалатар екен? – Әй, мынауың не шалдуарлық? Тек сен бар ғой, тым кеудемсоқтана берме, жарқыным! – Немене? Кеудемсоқ дейсің бе? Ей, мырза, сіз мына сөзді қай жерден іліп алып жүрсіз? Мен танауымды көтеріп жүрмін дегің келе ме, төтесінен айт. Ал әнің үшін мә, саған! Маңдайдан періп кеп жіберді. Қысқасы, төбелес шықты. – Әй, Ёран, саған не болған, шалықтап кеткеннен саумысың өзің? – Шалықтап кетіппін бе? Мә, саған! Және періп кеп жіберді. Іштеріндегі әлдебіреуі келіп, жүр, сыраханаға барайық, сонда тыныстап, пәтуаға келейік деуіне тура келді. Ёран, есалаңданба, нағыз жолдас екеніңді дәлелде. Сендер жұмыс істескелі екі жыл болды, сендер кәсіптегі серіктессіңдер ғой, солай емес пе? – ал сен болсаң таза дүлейленіп кеттің. Ёранссон ақыры сабасына түсті де, жиналғандармен бірге кетті, әрі ол күні енді ешқандай жұмыс жоқ еді. Олар естерінен танғанша сілтеп ішті, мұндай әрекет тек өзі онсыз да өрекпіп, тиісерге қара таба алмай жүрген сылақшының
314 қолынан ғана келетін шығар сірә. Кейбіреуі қожайын тығып сататын, дәмі жексұрын шарап спиртімен күресемін деп күресінге құлады. Енді біреулерінің жүректері айқара ашылып, өздерін жігерлі, ақылды, сымбатты да қушыкеш сезінді. Ёранссонның бертінде қабылдаған оң шешімдері дуалдың шіріген діңгектеріндей пәршек-пәршегі шықты, енді оның рухының албарында көрінген мал емін-еркін жайылатын болды. Сол күні түн ортасында Ёранссонның Евгениянікіне жетіп келіп, дабырлатқаны сондай, айнала көршілердің баршасы оянып кетіп, құлақтарын тоса қойысты. – Астапыралла, мұның не? Ёранссон, Ёранссон, – деді Евгения ұйқылы-ояу. – Евгения, аш есігіңді! Сенімен сөйлесейін деп едім! – Не боп қалды өзі? Ёранссон бері аттады, орындыққа отырды да, тоңазып қалып, көрпесін тұмсығына дейін қымтап алған Евгенияға состия үңілді. – Құдай ақына, Ёран, айтшы, не болып қалды? Зәремді жаман кетірдің ғой! Ёранссонның жүрегі жылынып қоя берді, ойлары болса милығып кетті, одан орындығын кереуетке қарай жақындатты: – Бір сүйші, қане мені, құйтақаным сол... Евгения көрпеден танауын шығарды да, көздерін жұмды – бірақ ізінше ойынның шартына сай көздерін жұмып жүрген, тек кенет сүрініп кеткенін аңдап қалған адамдай жанарын кеңінен ашты. – Құдай соқсын, сен өзі арақ сасып тұрсың ғой! Ёранссон, сен маспысың? Евгения оған шегелей қарағандығы сондай, анау енді орындығын кейін сырғытты. Ол абдырап, әрі созалаңдатып жауап қайырды – өз жанын алдын ала қотармалап, одан көп лас дүние тапқандай сыңай танытты. – Е, иә, ол солай ғой, тек сен ақылға сыйғызып әлдене деші, мен сол сәтте-ақ қарамды батырайын. Евгения расында ақылды ғой: ол Ёранссон орнынан үнтүнсіз тұрып шығып кеткенше оған үнсіз көз тікті де жатты:
315 мінеки, тағы да естен тана ішіс басталды. Шындығында мынаның дені дұрыс емес шығар өзі? Ал Эмиль болса, оның мұндай жағдаятта жәбірленіп, құр үміттеніп, текке кеткенін көз алдына елестетуге болар ма еді тегі? Эмиль тап мынадай тепкіге түскен итке ұқсас болар ма еді? Жоға, ешқашанда! Өзімен өзі болған осынау үнсіз әңгімеден кейін ол шамды сөндіріп, ұйықтауға ден қойды. Бірақ, Ёранссон да өзінің мына қылығына қатты қапаланды. Өзінің Евгенияның алдында бүгежектеп қалғандығынан емес, жоқ, әсте одан емес – осынша сілейе ішкеніне ұялып, бетін басты. Енді ілгеріде мұндай шаруа қайталанбайды деп шешті ол. Мына қарашы – түн ортасында Евгенияға басып кіріп, оның Эмиль жайында не ойлайтынын білмек болған сиқын! Шайтан алғыр-ау, онда сенің не жұмысың бар, ол өз шаруасын өзі діттесін, ал мен Евгения екеуіміздің жоғымызды жоқтаймын, сонымен есептесіп бітісеміз! Бірақ сол бір қырсық сөз мұның сирағын тағы да жалап өтті. Ол төбені ақтап, екі ағаш отырғыштың арасына қойылған тақтайдың арасында теңгеріліп тұр еді, қатардағы бөлмеден оның аса қадірменді бір серіктесі екінші бір аса қадірменді тұстасына сөз тастады: – Сенбі күні кешкісін Эмиль Смитт Америкадан оралатын көрінеді – оның әкесі ана шал маған осылай деді. Стансаға барып жолығайын, өзі мені таныр ма екен, жоқ па екен? Сылақшының бояу жаққышы қорғасын құйғандай зілмауыр тартты. Ол Ёранссонды өзімен бірге ала кетті, отырғыштар қисалаң ете түсті, тұрған тақтай аунап түсіп, Ёранссон секіріп кетті. Құдай оңдап, бабымен түсті, сөйтсе дағы ол еденге отырған күйі тағы ойға батты. – Не боп қалды, бауырым? – аса қадірменді әріптестері. – Құдай соққан текелердің тұқымы өңкей, – деді Ёранссон, –осынау сөзге ағаш тұғырларды да, өзінің серіктестерін де, тұтас жалғанның баршасын да сыйғызып. Ол топсасы босаған кезде шишаның алдында тағы шыдас бере алмай қалды да, сыраханадағы өткен жолғы тарих қайыра жалғасты: аса қадірменді әріптестерінің ең жасын жасырын сататын саудакешке спиртке жіберісті. Бірақ бұл жолы Ёранссон төбелестің орнына әнге басты, тек көңілді
316 у-дудың белең алған кезінде дауысы үзіліп кетті, ықылыққа килікті, бір боқтап жіберді, сонсоң танауын үстелге тіреп, еңіреп қоя берді. – Өй, сен өзің ішудің мәнісін білмейді екенсің ғой, – десті жолдастары. – Ал мынау судан күші сәл ғана артық, әбден сұйылтылған іріткі емес пе? Бұл екі арада Ёранссон жатағына қайтты да, ұйқысын әбден қандырып алды. Оның Евгенияға өзі арақ сасып тұрғанда жетіп бармауға ақылы жетті, бірақ кешқұрым қол жуатын шылапшынға ауызын тіске жағатын сықпамен шайғыштап, қалыңдығына тартып кетті. Бірақ, оның бұл әрекеті өзінен бұрын жеткен екен, Евгения дауысын қатайтыңқырап қарсы алды: – Иә, мырза, ұйқыңыз қанған сияқты ғой. Енді сіз жұмыс жаққа барасыз ба, жоқ әлде ол жақты таза қоясыз ба? Бәлкім сіз бар уақытыңызды сыраханалардағы аңырама жолдастарыңызбен бірге өткізетін шығарсыз? Мен болсам, өзімнің ерім ішпейтін еркек деп жүрмін, ал сендей маскүнем доңыздың маған текке керегі жоқ! – Евгения... – Ёранссон қыстырыла кетуге әрекет етті. – Тоқтат әрі! – Евгения... – Немене, «Евгения, Евгения» деп тақылдай бересің! Айт қане: сен өстіп өкірте бересің бе, жоқ әлде тыйыласың ба, өзі? – Евгения, – деді Ёранссон, – менің ақиқатты білгім келеді. Сенімен ана бір Эгон дей ме, жоқ Эфраим дей ме, әйтеуір Америкадан оралмақшы Абель Смитт дейтінмен екеуіңнің араларыңда не болған? Евгения бұған тек неғайбіл көз тастаумен ғана жауап қайырды. Және оған қоса ащы мысқылмен күлімсіреді, ал мұнысы белгілі бір дәрежеде Ёранссонның көңілін жайластырғандай да болды; бірақ әйелдің өз жүрегі ауырсынғаннан тура жұлма-жұлмасы шығардай болып тұр еді. Жарар, енді арақты біржолата доғарар кез келді деп өзіне дауыстай уағда беріп, шешім қабылдағандай болғанына қарамастан, Ёранссон бір литрлік бөтелкені сатып алды
317 да, сенбі күнгі жұмыстың алдындағы таңертеңгілік оған бір жамбастап жақындай бастады. Жүрегі аунап кетті, ішек-қарыны ойран-асыр болды, одан басына сақ ете түсті, аяғында миы шекесінен бір-ақ шықты. Енді не істеу керек деп алдына міндет қойған Ёранссонға оның ара жігін ашу үшін және қосуға тура келді, ал мұнысы істерін істегенде, оның миында мүлде соны және өрескел ой ойнақтады: күллі шешімдерге қарсы және тәндегі салқындық пен суық ауа райына орай үшінші рет аттың басын қоя беру керек. Сағат жеті жарымды соқты, сөйтіп оның серіктесі Юханссон: –Ал, Ёран, мен кеттім, – деді. – Мен соңыңнан барам, – деп өтірік соға салды Ёранссон. Сағат тоғызды, одан соң онды соқты, ақыры он бірде мас та аш Ёранссон асханаға қарай сүйретілді, онда оған тағам дайын емес, енді жарты сағаттан кейін келіңіз десті. Міне, сонда Ёранссон алысқа бет алып, қаңғуға кірісті. Ол көшенің бойымен арадағы жол даңғылға айналғанша әрең дегенде қаңғалақтап, қаланың шетіне шықты-ау әйтеуір. Ол орта ғасырдағы сезімтал жүрегі бар, тек әбден қарыны ашқан, сілесі қатқан шебердің көмекшісі және тігерге тұяғы жоқ, ілгеріден үп еткен үміті жоқ шәкірт құсап сөлбеңдей берді. Ми болса, шаруа мен ой атаулыны қотарып, әлемді бөшкедегі құрылыс ерітіндісіндей етіп араластырумен болды: бәрі де біресе шәт-шәлекей шатасып, біресе жоғалып кетті, сонсоң қайтадан дөңгеленіп отырды. Жол алысқа ілгерілей берді, башмақтардың астындағы қар сықыр-сықыр етеді, ал Ёранссон жүре берді. Қайда қаңғып барасың, сорлы сылақшы-ау?! Күн суық болса да, ол терге малынып кетті. Жасанды қаракөлден тігілген бөркін шешіп еді, дымқыл шаштарының арасынан бу бұрқ ете қалды – сөйтіп Ёранссон есінен танған бу мәшинесін еске түсірді. Ми шаруа мен жағдаяттарды қопарумен болды. Маған соншалықты салынып ішпеу керек еді. Осы пендеңіз арақты неге ішеді осы, ә? Неге ол енді ішкенді доғарайыншы деген шешімін балтамен шапқандай болған рөмкені аузына апарды? Сол рөмке өзіндегі ең қымбатты деген сезімді отап түсірді емес пе? Ми шаруа мен жағдаяттарды қопарумен болды. Әрине адам дегеніңіздің өзіне сай боларлықтай
318 құқығы болуға тиісті ғой. Сондай-ақ мен де сондай құқыққа ие болдым ба – жасарымды да жасадым, жұмысты да істедім! Ал ми болса шаруа мен жағдаяттарды механикалық араластырғыштың жылдамдығымен зырылдатты. Міне, Эмиль бүлк етіп бір сәтке шыға келді, сөйтті де, құрылыс ерітіндісінің быламығына тастай батты да, және қайыра атып шықты. Эмильдің бет-бейнесі таза байқалған жоқ, өйткені Ёранссон оны ешқашан да көрген емес-ті; Эмиль – адамның есімі, жақын арада жүзеге асатын оқиға, алдын ала сезілген кейіпсіз жәйт еді. Ёранссон ақыры қайдағы бір қойнаудағы деревняға жетіп жығылғанша сүмеңдеп жүре берді, жүре берді. Мұздақ жол алысқа кетті, ал Ёранссон оның үстімен ұп-ұзын ағаш аяқтарға айналып кеткен сирақтарын әрең созғыштап, ақсаңдай басып итшілеумен болды. Тер бұршақша жауды, ал бу Ёранссоннан зіл жүк тартар аттыкіндей бұрқылдады – оу, жасанды қаракөлден тігілген бөркің қайда кеткен? Уақыт өте берді, Ёранссонның шашын қалың қырау құрсап тастады. Көп ұзамай мидағы құрылыс ерітіндісі қоюланады, көп ұзамай біз жаңа шешім қабылдаймыз. Ерітіндінің ең түбіне жасырынған жөн мағына енді қайтадан бой көрсете бастады, сонсоң мүлде беткейге қарай шықты: ей, Ёранссон, жалаңбас жалбаңдама, орал, бөркіңді тауып ал! Және шамалы адымдап еді, құрылыс ерітіндісінің қоюланғандығы сондай, тіпті бұлғауыштың жағы қарысып қалды. Ол тоқтады, сөйтіп тұтқыр қоспада жөн мағына және шешімділік аталатын қос тас жарқырап тұрды. Міне, сонда Ёранссон қайыра кетті, өзінің бөркін тауып алды да, жаңа жуған шыныдай әлекедей жаланып, есін емен-жарқын жиып алып, үйіне қарай тартты; келе кереуетке жатты, бірақ, дөңбекшумен әлегі қашты: танауынан саулап кетті – ол ауыр тұмаудың құрсауына түсті. Ёранссон ойланды: әркімнің салқын тигеннен дәрі қабылдауға құқығы бар емес пе? Ол орнынан тұрды да ыдысқа арақ құйды, тартып жіберді де және құйды. Енді ол бұқаның етін тұтастай опырып, оған қоса төрт бөшке жылымық сыраны төңкере саларлықтай адуын ахуалға келді. Енді ешқандай алапат күш бұлғауышты қайыра іске қоса алмайтындай болды, оны түсінген оның жаны мүлде
319 жай тапты. Ол денедегі сырқатты жанынан да, тәнінен детермен қоса айдап шығу үшін басын көрпесімен тұмшалап алды,содан шамалы уақыттан кейін ойлары айқара ашылды да, мынадай шешімге келді: мен де платформаға барамын да, пойыздың келуін тосамын. Мен өзімді барынша әдепті ұстаймын, бірақ оны Евгения да қарсы алып, араларында келісім болғандай болса, онда мен ілгері шығамын да: «Уа, Смитт, әлде аты-жөніңіз қалай еді, сіз мына бикештің күйеу жігіті бар екенін білесіз бе? Сол күйеу жігіт – мына мен боламын» деймін. Егер ол білемін, бірақ мұндайға шырт түкірмеймін де десе, мен онда оны жақсылап тұрып маңдайға бір қонжитамын да тайып отырамын. Ал егер ол таңғалып, және: «Жоқ, білмейтін едім» десе, онда мен: «Мен әлдебір бұзақы емеспін, құдай ақы, олай болса мына қатынды қайтып ала беріңіз. Ол мені жай ғана қалқа үшін ұстаған ғой – қатындардың бәрі де сөйтеді. Мен бұзақы емеспін. Бірақ менің жүрегім айнып тұр. Мен бұдан сірә өле қоймаспын, тек өкпеледім, өйткені мен Евгенияға еркекті қалқаға ұстайтын әйел деп қарамаған едім. Қадірменді Смитт, мен өкпелімін, бірақ несі бар, бабыңыз білсін, ал мен бұзақы емеспін ғой...» деймін. Ал, ерте тұрып алған Евгения, ұзақты күнге дәнеңе бітірмей әбден дегбірі қашты. Көздерінің асты отыз бестегі іскер әйелге тән қарайып, күмпиіп кетті, бір көрмеге оның пәлендей артықшылығы жоқ та сияқты еді. Қолдары тоқсандағы кемпірдікіндей көсеу болып қалды, ойлары болса, әлдеқайда қалықтап жүрді. Мә, тылағым! – деп ол өз ойларына қатты зекіп тастады, бірақ олардың көнетін түрі көрінбеді, қайтадан өңмендеп пойыздың соңынан, жоқ, қарсы алдынан заулап бара жатты. Дөңгелектер, дөңгелектер, сегізбұрыш, төртбұрыш, үшбұрыштыларға айналып кетіңдер, бір-ақ гүрс етіп тас-талқандарың шықсын шеттеріңнен! Жоқ, ойбай, жоқ, мейірбанды дөңгелектер зырылдаңдар, заулаңдар қане бізге қарай! Осынау қысқы, осынау көктемнің қарсаң күнінде сендердің менің арманымдағы вокзалдың шатыра астына кіріп келгендеріңді естігім келеді менің. Аяғында келіп баянды тірлікке артқан үмітім бордай үгіліп кетті міне. Ей, бүгін мұнда келе жатқан
320 еркек, мен – сендікпін. Жоқ, жоқ, меніңләпкем мен тап-таза жүрегім бар. Ёранссон, ал сен болсаң, мен саған байландым, өзіңді сүймесем де, сен менің күйеуім боласың. О, ақымақ ой, мә, тылағым! Иә, бұл ақымақ ой еді. Бірақ мен сені, американдық Эмиль, бар жарқ-жұрқ еткен келбетіңде, алтын тісті, кең иықты, қыз мықынды кейпіңде, торлы көз, кең балақ шалбар киген күйіңде көргім келеді. Болашақ Евгения Ёранссон сені өз арманының шайтан алғыр вокзалында көргісі келеді. Ол бұқпантайлап платформаға шыға берісте сөдек тұратын болады. Жоқ, шайтан алсын, ол жасырынбайды! Ол, Магдалина – Евгения Сундстрём, жезөкше әйел, адамдар оның қорланғанын, немесе қамыққанын көрсінші деп ащы да тәтті жиған-тергенін жанарларының астындағы домбыққан қалташықтарға жинақтаған сорлы әйел, сені, ертегідегі ханзаданы, бұлыңғырланған жанарларымен көргісі келеді. О, жалған, сен не деген алапат апат едің! Тірлік, менің жанымдағы титтей ғана тірлік, ал ол ілгеріде иә еркекке, иә әйелге айналатынын білмейтін тірлік – маған десең бәрібір – өз әкем де білмейтін титтей тірлік, сен өзіңнің зілмауыр салмағыңмен езгілейсің, қол-аяғымды матайсың, жерге қарай тұқыртасың, ал мен – сенің әкеңнің мақтанышы, өзім үшін, өз арманым үшін мазаққа айналғанмын. Көз жастары тамшылай берді, көз жастары дүңгіршекті батырып жіберердей арқыраған ағын болып кетті. Ханым, мен жаман жаурап қалдым, танауым ие бермей кетті, кешіре көргейсіз енді. Көздің жасы тамшылайды, ағып жатыр, әне жерде таңба қалды, мына жерде тамшы қалды, ерінім дір-дір етеді, кеудем алып ұшады, ал уақытыңыз өтіп жатыр. Міне, кеш үйірілді, ал дөңгелектер әлі зырлап келеді. Семафор «қолын» заңғарға көтеріп, «хош келіпсіз!» дейді – ал теміржол формасының сыртынан тері тон киген қызылбет жалпақбас мырза перронда қолына панар, аузына ысқырғыш ілген күйі сілейіп тұр – ол осы стансаның нәшәндігі. Кішкене ергенек қақпашық көңілді немесе жабырқаңқы жолаушыларды бірінен соң бірін өткізіп жатты. Евгения ергенектің алдында тұрды, Ёранссон қайнаған дәу ошақтың
321 сыртынан оны көріп тұрды, ал келіншек мұны аңғарған жоқ. Ёранссон мас еді; Евгения да өзінше масаң еді. Қақпашық адамдарды шіреттен кассалық аппараттан чек тастағандай шекіп отырды. Евгения еркінен тыс санағыштай бастады: он бес, он алты, он жеті, он сегіз, о құдай, он тоғыз бен жиырмасыншыны байқамай қалыпты, ал одан кейін шал Смитт және... Бұл бір кісі аярлық, құр сүлдері ғана қалған сұрғылт бейне еді, бірақ күдіктенерлігі жоқ: Эмиль Смиттің өзі болатын. Тура өзі. Ол өз бетімен жүре алмайды екен, әкесінің оны сүйемелдеуіне тура келді, сөйтіп олар сәбіздері біткен қос шалға ұқсап кетті. Бірақ сырт көзге тіпті әкесі жастау көрінді. Эмиль еңкіш тартқан, сарғыш бет әрі тырық-ақ, киімі де жұлма-жұлма екен. Оның әкесі де еңкіш-ті, тек оның бет-бейнесі қасірет пен өкініштен сұрқай тартып тұрды, бірақ бір киерін киіп қарсы алуға шығыпты. Енді Евгения Эмильдің және өзінің таныстарының осы жерде таңғала үйіріліп тұрғандарын аңыстады. Ергенекке жете бергенде, Эмильді жөтел буындырып жіберді. Ол енді үш бүктетіліп кетті – оның ішіндегі әлсіз жүрегі ілулі тұратын ішекті әлдекім қатты бұрап тастағандай, өкпелері жүрегіне жапсырылып, оларды ажырата алмай қалғандай көрінді. Ол көздерін жұмды, сөйтіп Евгения оның ауадан тірек іздегендей, кір-кір әрі сыйдиған қолдарымен далбасалап қарманғанын байқады. Және ол Эмильдің қолындағы тап өзіндей өлім аузындағыларға ол жақтағы консулдық тегін қайтуға пәрмен беретін билетті аңғарып қалды да, бір сәтке жанарын жұма қойды. Көздерін қайта ашқанда, алдына оның бет-бейнесі келді – онысы құр қағаздай, әрі ағылған терден жылтырап тұрды, көздері бадырайып, таза көрмей қалуға айналыпты, иегі сорайып, еріндері сызылған сызықтай ғана боп тұр. Ергенектің қақпашығы әкесін, сонсоң ұлын жіберді, екеуі де платформадан бері өтті – Евгения алға бір қадам аттады да: – Елге жетуіңмен,Эмиль, – деді. Ол келіншекке аңтарыла қарады, зердесінен әлденені іздестіргендей болды, бірақ ештеңе таппады білем, содан
322 әкесіне көмектесуге тура келді – ол балаға сыбырлағандай: – Бұл Енни Сундстрём ғой, сен немене, танымай тұрсың ба? – деді. – Иә, иә, әрине, – деді Эмиль шаршаңқы күйде. – Рахмет. Қайырлы кеш. Ол шалды қолтығынан алды да, өзінің бар боқтығы сыйған, алқам-салқамы шыққан дорбаға қол созып еді, – бірақ әкесі алдын орап кетті. – Тиіспе, – деді ол өзінің шиқылдақ дауысымен, – мұныңды өзім-ақ жеткіземін. Мұның бәрін Ёранссон да көрді. Армандау дегеніміз не, осы? Адамның жүрегі дейтін не ғажап? Және осынау жүректегі өрт шыққанша отқа май құятын, одан сол өртіңіз ауа жетпегеннен жалп етіп сөніп жататын, тұқылында қап-қара ыс қана қалатын ынтызарлықтар ше... Ёранссонның жылағысы келіп кетті, біресе онысынан тыйылды; оның кеудесінде бірі – сілейе мас, екіншісі – шыныдай зыңғырлаған естияр жан қатар тұрғандай көрінді. Бет-бейне, кескін-кейіп пен дауысқа ие болған Эмиль – дауысы қандай солғын еді! – өзі сезбесе де, бәрін тарс ұмытқандығымен Ёранссонның құқықтарын мойындағандай сыңай танытты. Және нұрланған беттер мен көз астындағы домбыққан ісіктер араласқан тіршілікті мойындап тұрды. Әрі Эмиль сондай-ақ Ёранссонның ақиқатын бекітіп тұрды: зердеде тым көп есте сақтап та қажеті жоқ. О зерде, сен біздің мына кір-кір саусақтарымыздың арасынан құрғақ құм секілді заулайсың, біз сені ұстай алмақ боп ұмтылғанда, біздің тыныштығымызды әурелейтін тасты көлеңке жаққа лақтырып тастау үшін іздегенімізде, о зерде, сен біздің жүрегімізден гөрі әлдеқайда ақылдырақсың! Эмиль, сенікі жөн, ал сен де, Евгения Сундстрём, сенікі жөн болмаса да, сенікі жөн, – бірақ, бұрыл да, жұмған ауызыңды ашпа. Сен бұл жерде ойда жоқта пайда болдым, немесе өзіңнің баяғы таныстарыңның бірі бүгінде қандай болғанын жадағай әуесқұмарлықпен байқастай салғым келді дей салшы. Ол суық желдің өтінде Қираған Үміттер Вокзалының Арман атты платформасына түскен кезде...
323 Тілім менің, ешқашанда: «Мә, тылағым!» дегенді айтпайтын бол. Ит үреді, керуен көшеді, мына сөздер менің сылақшымның құлағына жете көрмесін. О, менің періште тұтқан Евгениям, сен данышпан әйелсің, қане, маған қолыңды ұсыншы, маған таяныш болшы, мендей сылақшының ұзын сирақтары өзімді әрең ұстап тұр, әрі өзім маспын, міне, енді біз селбесіп үйімізге барамыз да, өзіміздің болашағымыз жайлы сырлы сыр шертісеміз! Видиа С.НАЙПОЛ АРАЗДАСТЫҚ Әңгіме Видиадхар Смаджпрасад Найпол 1932 жылы Тринидад аралында Индиядан шыққандардың отбасында туған. Атышулы Оксфорд университетін тәмамдаған. Ағылшын тілінде жазады. Оның «Құпия уқалаушы» деген тұңғыш романы Ллевелин Райстың атындағы сыйлықты иемденген (1957), «Мигель көшесі» әңгімелер жинағы (1959) Сомерсет Моэм сыйлығын алған. Оның кейінгі шығармаларының арасында – «Мистер Бисвасқа арналған үй» (1961), «Тура нағыз еместер» (1967), «Құр іліккен ахуалда» (1971), «Партизандар»(1974) романдары, «Аралдың үстіндегі жалау» (1967) повестері мен әңгімелер жинағы бар. В. С. Найпол өзінің кейінгі қайсыбір кітаптарында «үшінші әлемде» болып жатқан үдерістерді біржақты бағаласа да, жалпы алғанда оның шығармашылығын әлеуметтік мәселелерге деген қызығушылық және өзіндік өткір қалжың ерекше көрсетіп тұрады. Видиа С. Найпол 201 жылы Нобель сыйлығына ие болды. Не үшін деген сауалға «Сұңғылалық баяндау мен өз шығармаларындағы тайынбас адалдығы үшін» деп жауап берілген. Мен анаммен дәйім араздастықта болдым. Ол мені
324 түсінбейтін, содан ол мені ұнатпайды деп шештім. Мен жалғыз бала болатынмын, содан ба, ол менің кесірімнен бір минөт те тыныштық таппайтын. Менің әкемді ол жек көретін, тіпті оның өлімінен кейін де ол жайлы естігісі келмейтін. – Оның үстіне менің басыма мына тілазарды берді ғой! – деп мені жазғыратын. – Тура әкесіне тартқан. Біздің ұрыс-керісіміз сонау деревняда, Мигель көшесінде орныққанға дейін басталған-ды. Анам сол кезде мені өзімен бірге алып, әкемнен өзінің туғандарына кетуге бел байлады. Бірақ мен кежірейе қалдым. Мен әкемді тастағым келмеді – ол төсектен тұрмай ауырып жататын және оны қатты аяйтынмын. Оның үстіне ол егер мен қалсам, бояулы қарындаштардың қорапшасын беремін деп уағда берді. Сонымен мен әкемнен және бояулы қарындаштардан айырылмауға бекіндім. Біз Кунупияда тұратынбыз. Әкем қант плантациясында қадағалаушы болып істейтін, және, оның қол астындағылар құлдар емес, бастары ерікті адамдар болса да, ол олармен өзін тура бір құлдары сияқты ұстайтын. Ол плантацияларды ебедейсіз сіресіп қалған қызыл атпен дамылсыз аралап, жұмыскерлерді қамшымен шықпыртып отырудан бір танбайтын. Мен өзім сенбейтінмін, әйтпесе ол оларды тепкілеп те қоятын десетін. Ал бұған сенбейтінім мынадан: әкем бар ғұмырын осы Кунупияда өткізді де, анық білетіні – мұндағы халықпен тәжікелесуге болмайды, оларға адамды өлтіре салу бірақ түкіргенмен пара-пар. Егер олар әлдекімді жек көретін болса, жылдар бойы оңтайлы жағдайды ерінбей тосып, ақыры тыраң еткізеді. Кунупия мен Тейбллендте баз-базда кісі өлтірулер орын алып, полицейлер жоғарылауға үлгермей жататын. Біз әуелде жалпы барақта тұрдық, бірақ әкем сонсоң оқшау ағаш үйге көшуді көкседі. – Немене, менменсіген сиқың ба? – деп салды анам зығырданы қайнап кетіп. – Ал сол үйіңде жападан жалғыз тұра бер.
325 Ол өзгелерден бөлек тұруға қорқатын, бірақ әкем алған бетінен қайтпады. Біз көштік, сол кезден сорларымыз да бел ала бастады. Бір күні күндіз жұмыскердің біреуі келді де: – Күйеуің алыста ма? – деп сұрады. – Білмеймін. Анау шимен тістерін шұқылап, түкіріп тастап: – Ештеңе етпес. Тосамын. Менің ешқайда асығарым жоқ, – деді. – Сенің жөніңмен кеткенің дұрыс болар, – деп абыржыды анам. – Сенің ойыңда не тұрғанын мен білемін. Қазір маған әпкем келеді, түсіндің бе? – Ал мен соншалықты не істеппін? – деп күлді жұмыскер. – Тек күйеуің қашан келеді деп сұрадым. Мен қорқып кетіп, жылап жібердім. – Өкіре түс тағы да! – деп зекіді анам. – Қара да тұр, жақсылап тұрып дүрелеймін! Мен өзге бөлмеге кеттім де, безек қаға жүгіріп, күбірлей бастадым: – Рама! Рама! Сита, Рама! Әкем осы сөздермен кез келген пәлені қуып тастауға болады деп отыратын. Терезеге қарадым. Күн жанып тұрды, ал маған айналада тек ағаштар мен бұталар ентелеп, өзімді тұтас әлемде жалғыз қалғандай көрдім. Осы сәтте мен тәтемді байқадым. Ол жолмен біздің үйге қарай келе жатты. – Сендерде бәрі бабында ма? – деп сұрады ол бөлмеге кіре беріп. – Үйде отырғанмын, кенет сендерде әлдененің жөнінде емес екендігін сезіп қалдым. Қой, барып қайтайын деп ойладым. – Ондай-ондай болады, – деді жұмыскер. Бұл минөтке дейін анам өзін-өзі табанды ұстап отыр еді, ал мына жерде кенет жылап қоя берді. Жұмыскер бізге құр қоқан-лоқы жасағысы келген-ді, ал біз шындығында қорқып қалдық. Осы оқиғадан кейін әкем мылтықтан айырылмайтын болса, шешем ылғи оңтайлы жерде өткір кетпенді ұстайтынды шығарды.
326 Түндер бойына бізге сан дауыстар дамыл бермейтін. Олар біресе жол жақтан, біресе үйдің сыртындағы бұталардан жетіп жататын. Әлдекім адасып кеттім деп от сұрайтын, ал енді біреу қант зауытында өрт шықты деп сендіретін, ал бірде дауыс әкеме ойда жоқта Дебада оның қарындасы өліп кетті деп хабарлады. Кейде әр жақтан екі, немесе үш дауыс бірдей естілетін. Біз қараңғы жамылып, дауыстар қашан тынады деп, ұйықтауға бата алмай тосумен болатынбыз. Ақыры тыныштық орнайтын, бірақ тіпті қорқыныштырақ бола түсетін. – Олар әлі сонда жүр, – деп сыбырлады әкем. – Біздің қашан шығып қарайтынымызды тосуда. Таң рауанда бұталардың арасынан алыстаған қадамдар естілді. Қараңғылық түскен кезден біз үйде бекініп алып, тосумен болатынбыз. Екі-үш күн қатарынан тыныштық орнады, ал сонсоң бәрі қайтадан басталды. Бір тамаша күні әкем үйге жалбыр жүнді төбетті алып келді. Біз оны Тарзан деп атадық. – Ал Тарзанды түнде өзімізге аламыз ба? – деп сұрадым кешкісін. Бірақ мамам қарсы болды, ол болса, ұзақ қыңсылап, есікті тырмалап жатты. Ол өте мейірімді болатын, одан шынжырға байлайтын ит шықпады. Мен тіпті оны мініп алып, серуендейтінмін. Тарзан көп өмір сүрмеді. Бірде таңертең біз оны баспалдақтарда өліп жатқан күйінде таптық. Ал түнде бәрі де тыныш болған сияқты еді ғой... Енді анам әкемді күн сайын қажалаумен болатын, ал онысы әкемнің ойына кіріп те шықпайтын. – Өзіңнің батырлығыңды көрсетпексің ғой, сірә? – деп қазбалайтын оны анам. – Бізді қырып салады – міне, сенің батырлығың осымен аяқталады. Тез арада кетуіміз керек! Рухымызды көтермелеу үшін әкем қабырғаларға «Бхагавадгитадағы» және Библиядағы үзінділерді іліп тастады, әрі өзі де бірнеше жазбалар ойлап тапты. Ол енді анама барған сайын жиі шаптығуды шығарды.
327 Тіпті ол бөлмеге кірсе-ақ болды, қолына не түссе, соны лақтыруға дейін жетті. Ақырында анам әбден шыдай алмай туыстарына кетті, сөйтіп әкем екеуміз ғана қалдық. Әкеме орнынан тұру қиынға соғатын, сондықтан мен әдетте оның қасына жайғасатынмын. Тірлігімізде тұңғыш рет ол екеуміз жүрекжарды әңгімеге кірістік. Міне, сонда ол маған үш даналықты үйретті. Біріншісіне мен былайша қол жеткіздім. – Білесің бе, – деп сұрады ол менен, – сенің әкең кім? – Сенсің. – Жоқ, олай емес. – Сонда жоғы қалай? – Яғни білмейсің ғой? Сенің әкең – Құдай. – Ал сен кімсің? – Мен бе? Мен айдаладағы, еш жақындығы жоқ, әлдебіреумін. Мен оның осы сөздерін зердемде нық сақтадым да, жиіжиі келекеге қалып жүрдім. Ал бірде әкемнің осы ілімімен анаммен бөлісемін деп, одан сыбағамды мықтап тұрып алғаным да бар. Сонсоң әкем маған жердің тартылысының не екенін ұғындырды. Біз кереуетте отырғанбыз, ол кенет сіріңке қорапшасын түсіріп алды. – Ал, түсіндірші, сіріңкелер неге құлайды? – деді ол. – Құлайды – бітті. Ал олар тағы қайтпек? Бөлмеде ұшып жүре ме, немене? – Олар жердің тартылу әсерінен құлайды. Сөйтіп ол сиқыр көрсете бастады: жарты шелек су құйып алды да, тас атқыш сақпан сияқты жедел-жедел айналдыра бастады. – Ал, көр де тұр, су төгілмейді. Бірақ су еденге және әкеме төгіліп кетті. – Ештеңе етпейді, – деді әкем. – Тек суды шамалылау құю керек. Қара қанеки. Екінші жолы сиқыры орындалды. Енді үшінші даналық – бояулар қалай араласады? Әкем
328 қайтарынан бірнеше күн бұрын мүлде қатты ауырып қалды: оны дәйім діріл соқты, ол әлденені танауының астынан міңгірледі, ал түн сайын түсінде ұзақ ыңырсумен болды. Мен күні-түні кереуеттің қасынан кеткенім жоқ. Кенет ол сауал қойды: – Сенің бояулы қарындаштарың қайда? Мен жастықтың астындағы қарындаштарды алдым. – Сиқырлайын, қалайсың ба? – деп ұсыныс жасады ол. – Сен не, сиқырлау білесің бе? Ол қарындашты алды да, төртбұрыш салып, оны сары бояумен бояды. – Қандай түс? – Сары. – Маған көк қарындаш бер де, көзіңді жұм. Және сығырайып қарағыштама. Мен көзімді ашқанда, ол сауал қойды: – Ал енді қандай түс? – Сен мені ақымақ етіп отырған шығарсың? Әкем күлді де, көк және сары түстен қалай жасыл түс алуға болатындығын көрсетті. – Яғни, егер ағаштан жапырақты жұлып алып, ықтияттап жусаң, ол сары немесе көк түсті қабылдай ма? – Жоқ. Түсінесің бе, жапырақтағы бояуларды құдай араластырады. Сенің әкең – Құдай. Мен оны қандай сиқырмен таң қалдырсам екен деп басымды ұзақ қатырдым. Ақыры біреуін есіме түсірдім: екі сіріңкені бастарымен түйістіріп жағу керек, сонда олар бірбіріне жабысады. Бірақ әкем бұл сиқырды білетін болып шықты. Сонда мен әкеме күмәнсіз мәлім емес және біреуін ойлап таптым. Бірақ ол ақыры оны көре алмай кетті: мен өз сиқырымды көрсетуге жинақталған кеште, ол қайтыс болды. Күн қапырық болды, кешке қарай аспанды көңілсіз бұлттар кернеп кетті. Әкем көрпеге оранып, шайқалма орындықта отырған-ды. Жаңбырдың ауыр тамшылары шатырда әлдекім оны жұдырығымен ұрғандай тарсылдады. Мүлде қараңғы тартты, мен шамды жағып, қатыгез рухтарды аластау үшін пілтеге түйреуіш тақтым. Кенет әкем орындықта шайқалуды доғарып, сыбырлады:
329 – Олар осында. Естисің бе? Естисің бе? Біз тынышталдық. Мен сақтандым, бірақ тек желдің ұлығаны мен жаңбырдың шуылын ғана естідім. Терезе қатты тарсылмен шалқасынан айқара ашылып кетті. Жел бөлмеге зу етіп кірді де, ірі тамшыларды бүркіпбүркіп жіберді. Әкем айғайға басты. Мен терезеге төніп келдім. Тылсым қараңғылықта жел буырқанып, жапырақтар жаңбырдың астында шуылдап тұрды. Біз бөгде, өшпенділік әлемінде оңаша қалдық. Мен терезені жабуға тырысып едім, шамам келмеді. Бар күшіммен итеріп қалған сәтте аспанды найзағайдың жарқылы қақ айырып өтті. Мен ашық терезенің алдына отырдым да, енді күннің күркіреуін тостым. Күннің күркүреуі шатырдан тура бу катогы сияқты домалап түсті. – Қорықпа, – деп сыбырлады әкем. – Есіңде ме, мен сені дұға жасауға үйретіп едім ғой? Міне, соларды оқи бер. Мен әкемнің орындығының қасына тіземді бүктім де, күбірлей бердім: – Рама! Рама! Сита, Рама! Әкем суық пен қорқыныштан бірдей дірдек қағып, маған әлінше қосылып отырды. Кенет ол кібіртіктеді де, қатты дауыстап жіберді: – Олар осында! Осында! Естисің бе үйдің жанындағы дауыстарды? Шуылды қара: қарақшылық жасаса да – ешкім естімейді! – Ештеңе етпейді, – деп тыныштандырдым мен оны. – Сенде мылтық, ал менде міне, кетпен бар. Бірақ әкем тек нығарлаумен болды: – Оһ, қандай қараңғы! Оһ, суқараңғылық-ай! Мен тұрдым да, шамға қол создым. Осы сәтте күннің ес тандыра жұлқынғаны сондай, тіпті тура шатырдың үстінен соққандай болды. Оның күркіреуі ұзаққа созылды. Терезе тағы ашылып кетті, шам сөніп қалды. Жел мен жаңбыр қараңғы үйге лап қойды. – Маған қорқынышты-ақ! – деп айғай салды әкем. Қараңғылық мені де шарпып өтті, содан мен де бақырдым.
330 Тек күркіреу тоқтап және қалың нөсер жеңіл сіркіреуге айырбасталғанда ғана тынышталдым. Бұл жерде әкеме сақтап қалған сиқырды қалай еске аларсың: қолыңды әбден сабындап, уқалайсың, уқалайсың, сонсоң қарасаң – сабын жоқ. Елдің бәрі деревнядан кетіп, пәлесінен аулақ деп Портоф-Спейнге қоныстануға кеңес беріп жатты. Ал енді мен өмір бойы әкемді – ол қорыққаннан өліп кетті ғой деген келекені тыңдауға мәжбүр боламын! Бірақ арада ай өтісіменақ мен әкем жайлы ойлауды да ұмыттым. Ол тап бір еш болмағандай – жоқ болған. Менің Порт-оф-Спейнде көргенім: өзге әкелер балаларын тәрбиелеп әуре болмайды екен, тәрбиелегеніңіз не – оларды жандарын шығара сабайтын көрінеді. Мен сонда марқұм әкемді ізгі сөзбен еске алдым. Анам ә дегенде мені қаусырмалады – әкемнің маған үйреткен жамандықтарын лақтырып тастауыма тырысты. Бірақ, ол онша күш салған жоқ, ал біраздан кейін маған қолын бір-ақ сермеді. Мен ұзақты күнге көшеде еш бақылаусыз жоғалып кететінмін. Анам болса, анда-санда мені есіне түсіріп, ұйпа-тұйпамды шығаратын. Кейде, ол расында, тағы да мені тәрбиелеуге кірісетін. Бірде ол мені мектепке жібермей қойды: – Сенің аяқ киіміңнің бауын байлауға бұдан әрі күшім жетпейді. Үйренгеніңше үйде отыр. Меніңше, ол маған бекерге ашуланбаған білем. Өйткені деревняда балалардың бәрі жалаң аяқ жүретін, ал мен бәтіңкеге үйренбегем-ді. Бірақ ол мені қаншалықты тоқпақтаса да, қайта-қайта бау байлауға мәжбүр етсе де, онымнан мән шықпай қойды. Айтуға ұят болса да, мен осындай боқтан оңай шаруаға үйренбей қойдым. Әйтеуір бәтіңкелерге қарсы мен айла таптым. Біз мәгәзінде бәтіңке таңдағанымызда, мен аяғым қысылып тұр дейтінмін, содан анам бір-екі өлшемі жоғары аяқ киім сатып беретін болды. Сатушы бауын байлап береді, содан мен не кигенде, не шешкенде ешқашанда ағытпаймын. Ал бәтіңкелер қолпылдамас үшін тұмсығына қағаз тығындап тастаймын.
331 Анам, шамасы,мені ақылы шамалылау деп есептейді ғой деймін. Өзгелердің балалары бала сияқты – әрі ақылды, әрі тыңдайды. Бірі үйді бояуға көмектеседі. Ал екіншісі аяқ киімін өзі жөндейді. Үшіншісі небәрі он үш жаста, ол болса аптасына үйіне жиырма доллар кіріс кіргізеді. Мен болсам, жамбасымды сипалап, анамның берекесін алуды ғана білемін. Бірақ ол маған дәйім ашулана бермейтін. Бірде мен стақандарды сүртіп жаттым. Біреуі сусып кетті де, сынып қалды. Мен есімді жиғанша анам сауал қойды: – Сен қалайша өйттің? – Ұстай алмай қалдым. Ол тайғақ-тайғанақ. – Осы ыдыс-аяқты шыныдан жасауды кім ойлап тапты екен ә? – деп күрсінді анам. Арасында сынады да жатады. Және ол бұдан әрі ештеңе деген жоқ. Мен тіпті қорқып кеттім: мүмкін ауырып қалған шығар? Өзін қалай ғажап ұстайды: – не ашуланбайды, не соқтықпайды. Анам менің денсаулығыма байыппен қарайтын. Ол іш жүргізетін дәрінің басым мөлшері кез келген сырқаттан жазып шығарады деп, кәміл сенетін. Сондықтан мен оны тым болмаса айына бір рет қабылдауға тиісті болатынмын. Мен сол жексенбілерді қаншалықты жек көретін едім десеңізші! Егер сырқатым ол дәріге көнбейтін болса, онда анам мені Трагарет Роудтағы құдай атқан мекеме – амбулаторияға жіберетін. Жарты күн кіреберісінде шіретте отырасың. Ақырында кабинетке кіресің, қай жеріңнің ауыратынын айтып үлгермей жатып, дәрігер рецепті сүйкектетіп жаза бастайтын. Одан үш сағат дәрілерді тосасың. Күллі дәрілер бір-біріне қатты ұқсайтын: көбіктің түбіндегі қызғылт ұнтақты жадағай су ғана. – Онда дәрігерлер емес, қайда бір жылқыжығарлар отырады, – дейтін Жармасқыш. – Жалғыз сөзбен айтқанда – жылқыжығарлар. Анам мені амбулаторияға құлшына алып баратын. Мен оған таңертең барып, кешке қарай бір-ақ оралатынмын, анам болса, менің оның ұзақты күнге мазасын алмайтыныма қуанатын. Бұдан алған рахат жылына жиырма төрт цент тұратын.
332 Тегі, ол жылдары менің мінезім періштенікіндей болған екен деп ойлай көрмеңіздер. Кей кезде божы тура құйрығыма кіріп кеткендей күй кешетінмін: ондайда ешкімді, әсіресе анамды тыңдамайтынмын. Мен ондайда тыңдауды қорлық деп есептейтінмін. Былай да болатын: анам мені бауырына басқысы келетін, ал мен болсам, табан астында керги қалатынмын. Бірде мен доктардың қасындағы жайылмада шомылып жүргенде суға кетіп қала жаздадым. Мені Жармасқыш құтқарып алды. Ертеңіне біз «Мен теңізде бір күнімді қалай өткіздім» деген тақырыпта шығарма жаздық. Мұғалім, бәлкім, мұндай шығармаларды ешқашанда оқымаса керек. Мен суға қалай шашалғанымды, тақау өлімді сезініп, бірақ қорықпағанымды, ал тек: «Міне, бәрі де бітті» деп ойлағанымды суреттеп жаздым. Мұғалімге шығарма ұнады. – Өй, ақылдым, – деп мақтады да, ол маған төрттік баға қойды. – Ал маған шығармам үшін төрттік қойды, – деп мақтандым мен үйде. – Міне, ұятсыз! – деп анам маған тап берді. – Өтірік соқпа! Сабаймын! Бірақ мен оны әйтеуір сендірдім. Анам бірден жұмсарды, ол аспалы торға отырды да, мені қасына шақырды: – Кел, айналдым, қасыма отыршы. Осы кезде мен керіги қалдым. – Отырмаймын, – деп күңк еттім мен бостан-босқа. Анам күліп жіберді де, мені үгіттеуге кірісті. Бірақ мен ауыздығымды шайнап шыға келдім. Көп ұзамай анамның биязылығының ізі де қалмады. Біз кімді кім жеңер екен дегендей айқаса кеттік. Маған салса, жол беріп, ұятқа қалғанша, теңізге батып кеткенім көп жақсы болар еді. – Кімге айтып тұрмын: кел де отыр. – Отырмаймын. – Шеш белдігіңді. Мен белдігімді шештім де, шешеме ұсындым. Оның мені оңдырмай сабағандығы сондай, тіпті танауымнан қан кетті,
333 бірақ мен сонда да илікпедім. Мұндай минуттерде мен қызбалана айғайлайтынмын: – Әгәр әкем тірі болса, сен мені саусағыңмен де түртпес едің! Мен онымен осылайша жағаласып жүріп жаттым. Мен тезірек өсіп, үйден кетуді армандадым. Порт-оф-Спейндегі бүкіл жұрт жаңа жағдаятқа қарай ойысып жатты. Американдықтар долларларын аямады, ағылшындар үйлер салуға уағда берісті. Өзгерістер бәрінен де байқалып тұрды. Мәселен аулаларда әжетханалар біртіндеп жоғала бастады. Мен оларға шыдас бере алмайтынмын. Оларды түн сайын жүк мәшинесімен келетін адамдар тазалайтын, мен осындай жұмысқа келісім беретіндер кімдер өзі деп қиналатынмын. Және оның үстіне байқамай тесігіне түсіп кетуден де қорқатынмын. Жармасқыш елдің бәрінен бұрын дерлік жылы дәретхана салып алған еді. Біз оның оның ескі әжетханасын қиратқандағы айғай-шудың көптігін айтсаңызшы! Кішісі бар, үлкені бар күллі жұрт көмекке келді. Мен әлі тіпті кішкентай болатынмын, содан қатарда тұрып, құр қараумен ғана болдым. Көп ұзамай, әжетхананың бір ғана қабырғасы қалды. – Еңкейе итеріңдер! – деп нұсқау берді Жармасқыш. Ел жабыла кетті. Қабырға шайқалды да, сәл қисайды. Осы сәтте менің ақылым тайқығандай болды да, мен, өзімді-өзім ұмытқан кейіпте қабырғаны құтқаруға тұра ұмтылдым... ... Мен Порт-оф-Спейннен Пти Вэллиге жол тартқан жасыл автобуста шайқалақтап келемін. Айнала ала орамалдар тартынған кемпірлер отыр. Олардың кәрзеңкелерінде жейтін тамырлар, картоптар, тірі балапандар молынан салулы. Кенет кемпірлер жарыса шулап, балапандар шиқылға басты. Айғайдан басым сынып барады, мен айғайлайын десем, шамам келмейді, тек алыстан әлдеқайдан келіп жатқан шуылды ғана естимін... Мен колонканың түбінде жатырмын, бетіме су шапшып тұр. Менің айналамда жұрт жиналып қалыпты.
334 – Оянды, – деп дауыстады әлдебіреу. – Яғни, бәрі бабында. – Өзіңді қалай сезінудесің? – деді Жармасқыш. – Бабында, – деп мен күлуге тырмыстым. – Ауырсынып жатырсың ба? – деп еңкейді маған миссис Бхаку. Мен басымды шайқадым. Кенет бір оқыс ауырсыну бүкіл денемді оңдырмай осып өтті. Мен шамалы қозғалып едім – қолым ауырды. – Шамасы, мен қолымды сындырып алған сияқтымын. Орнымнан әрең тұрдым, сөйтіп, мені үйге алып келді. Анам келді. Ол маған сіресіп қалған қалыпта қарап тұрды, жылап тұрды. – Сенің анаңның мына қалпыңнан зәресі қалай ұшып кетті! – деді әлдекім. Оның көз жасын көріп, мен де өкіріп жібере жаздадым. Яғни, мен десе оның да жаны ауырады екен ғой, дегенмен мен оған қымбат екенмін ғой! Мен сол сәтте өзімнің индустық құдай еместігімді аяп кеттім, мен екі жүз қолдарының бәрін де қиратар едім – анам болса, жылап тұрар еді, ал мен болсам, қуанышқа бөленер едім...
335 Бинт әш-ШАТИ ТӘУБЕГЕ КЕЛГЕН КЕЛІНШЕК Осыдан ширек ғасыр бұрынның өзінде 150 миллионға жетіп жығылып, Батыс Азия мен Солтүстік Африканы нығарлай қоныстанған араб елдерінің көркемсөз шеберлері әлемдік өркениеттің білікті буыны екендігі еш күмән туғызбаса керек. Жасырары жоқ, Кеңес Одағының кемелді тұсында, әсіресе, Мысыр Араб Республикасын Ғамал Әбділ Насыр басқарған кезеңде (1956-1970 жж.), КСРО азаттық туын көтерген жас араб мемлекеттеріне қамқорлығын көрсетіп бақты ғой. Бұл үрдістің бір биігінде әдеби байланыстар болғаны анық. Мысырлық жазушы Бинт әш-Шатидің мына туындысы Мәскеудің «Издательство иностранной литературы» баспасынан 1957 шыққан «19 египетских рассказов» дейтін жинақтан алынды. Ол жадау-жүдеу жетім болатын, содан барып байлығы болмашы әпкесінің, яғни әкесінің баласыз қарындасының қақпалауында өскен еді. Олар Мәнзила көлінің сол жақ қабағын, шөлдеуіт жағын мекен етті. Әпкесінің күйеуі балықшы-тын, күн сайын ауларын алып, көлге кететін. Түсім көп болғанда үйге ырза кейіпте көңілді оралатын. Ол жеркепеге жақындап үлгергенше-ақ, Хаприяның жүзі қуаныштан нұр жайнап, қарсы ұмтылатын. Ауға іліккеннің бәрін ұсынатын ол – «Алла осынау титтей жетімнің несібесі үшін дәм-тұз жолдап отыр-ау», - деп сенім мен сезім құшағына бөленетін. Әпкесіне күйеуінің өзінен гөрі Хаприяға көбірек көңіл бөліп, ыстық ықылас аударатынын ылғи көріп отыру жағымсыз жағдаят болатын, бірақ, ол ренішін шамасы келгенше ауыздықтайтын. Жылдар бойына өз сәбиін аңсау
336 жегідей жеп келген ол, жұбайының өзінің селкеу тартпаған әкелік сезімін толайымен жетім қыз балаға тәрк етіп жатқандығын толғаныспен бағамдайтын. Ол өз күйеуі сияқты кішкентай сіңлісін қызым деп есептеуі керек еді – алдында солай болды да. Хаприяның атааналары қайтыс болғаннан кейін, өз тіршілігін соны мазмұнға толтырған және бұрындары ада болған аналық қуанышын берген қыз балаға жақындай түсті. Бірақ, күйеуінің балаға тым бауыр басып бара жатқандығын байқастаған ол, тұрақты абыржуға ұласқан бұлыңғыр мазасыздықты сезінді. Ол күйеуіндегі қалғып жатқан әкелік сезімдерді оятады, сөйтіп оған да тағдырдың жазуымен болмай келген өз балаларын дүниеге келтіргісі келеді деп алаңдады. Әйел кішкене сіңлісіне не амал қолданудың есебін таппады. Оның ойына неқилы нәрселер орағыштады: үйден қуып шыққысы да, айдалаға апарып, бас-көзсіз тастап кеткісі де келді. Бірақ, күйеуі тіпті өзі баспанасыз қалса да мұндай әрекетке келіспес еді. Ақыры тағдырдың өзі көмектесті. Ол осы маңайға шалғай, адам аяғы баспаған жерлерде дем алып, көңіл көтеретіндерді қаумалап әкелді. Олар және жағалау тұрғындары арасында таныстық һәм игі көршілік қарым-қатынастар өркен жайды. Балықшының әйелі келімсектер арасынан кішкентай қыз үшін жұмыс іздеуге кірісті. Жаз өтіп, күздің алғашқы белгілері бой көрсете бастағанда, дем алушылардың қыз баланы өздерімен ала кетуі үшін бар күш-жігерін, амалшарғысын жұмсап бақты, олар да қуана-қуана келісті. Баланы пойызға мінгізуге әкеліп тұрғанда, күйеуі қызына үнсіз қарады да тұрды. Әпкесі Хаприяға оның жол жүретіндігін бүгін таңертең ғана айтты. Мұндай оқыстық баланы есінен тандыра жаздады. Неге? Қашан? Қайда? Ізін ала оның тұла бойын зәре билеп алды. Ол балықшының киіміне жармасып, қатты да қалды. Хаприя соңғы сәтке дейін одан жұлып бөліп алғанша айырылмай қойды. Ол өзінің асырап алған әкесіне үздіге қарап, ішінен Алладан пойыздың бұзылып қалып, тым болмаса осынау қайырымды жанның
337 алақан жылуын бір сағат болса да сезіне тұруды сұрады. Бірақ, балықшы міз бақпаған күйі сіресіп тұра берді. Ол әйелінің үйге қайтпаққа итермелегенін де аңғармады. Содан болар, қыз бала діңкесі құрып, одан назарын аулақ салды. Кенет балықшы пойыз енді қозғала берген сәтте, вагоннан баланы қимылдың оқыстығынан естері жиып үлгере алмаған жолаушылардың көз алдында жұлып алап, жағалауға тұра ұмтылды, ал, оның соңынан ызадан тұншыққан әйелі сүрінеқабына жүгіріп бара жатты. Дереу дауыл көтерілді. Әйелінің жылдан жылға ауыздықтап келген ашу-ызасы шыдамдылық пен ұстамдылықты тасталқан етіп айналаны жайпады, жанартауша жалын атты. Ол күйеуінен қыз балаға деген іңкәрлігінің құпиясын ашуды талап етті, тіпті екеуінің бірін – не өзін, не сіңлісін таңдауды міндеттеді. Жігіттің де адамгершілігі мен тәкаппарлығы қатты қағажу көрді, сөйтіп, ол сайып келгенде баланы таңдап алды. Ол бұл қадамын жағалаудың тұрғындарына әйелінің қатыгез қылығына бола қылдай жазығы жоқ жетімді далаға тастай алмағандығынан жасағандығын шынайы көңілмен ашып айтты. Арада жыл өтті, қыз бала жайнап сұлу бойжеткенге айналды, ауылдың бозбалалары оған көз тастап төңіректейтінді шығарды. Бірақ, ол өзін тәрбиелеп, бағыпқаққан, сондайлық бағамен қуғын-сүргіні мол тіршілік тырнағынан құтқарып алған қамқоршысына ғана тұрмысқа шығамын деп нық шешімге бекініп алған болатын. Ол қыз бала оның өзіне деген құқығын мойындап, қарызын өтеуге талпынғаны деп ойлады. Ол оның өз жастық дәуренін осынау парызды атқару жолына сарп етуін қаламай, шамасы келгенше өзінен аулақ ұстап, қатарлас жасөспірімдердің біріне тұрмысқа беруге тырысты. Бірақ, Хаприя шын мәнісінде оны сүйді және одан бас тарта алмайтын әрі айырылмайтын ахуалға жетті. Ақыры бұл өңірде осынау неке жайлы көпшілік құлағдар болды. Әуелде ол жаңалық самарқау үнсіздікпен қабылданды,
338 бірақ, іле қызу талқылана бастады. Балықшыға жас әйелімен бірге бұл маңайды тастап, күнкөріс үшін Алланың кең жерін аралаудан басқа амал қалмады. Олар дәм-тұз іздейміз деп талай жерді шарлады, ақыры ат басын Исмаилиядағы ауылдардың біріне тіреді. Осы мекенде Хаприяның күйеуі желкенді кемешікке матрос болып жалданды. Мен де Хаприямен сол тұста танысқан едім. Мен оған ол бір топ әйелдермен дәрігерге егіншілер қоғамының жолдауымен арнайы тексерістен өтуге келгенде назар аудардым. Мен бірден ондағы шөлдің сол жағында тұратын тұрғындарға тән мінездің ұшқындарын байқап қалдым. Ол да ықылас білдіріп, аракідік маған соғып тұрды. Сонсоң Хаприя бұл өңірден жоғалып кетті, жұрт оны солтүстікке қайтып оралды десіп жүрді. Мен кейде оның қарапайымдылығын, биязылығын, жұмсақтығын еске алатынмын. Бірақ, бұл естеліктер бірте-бірте уақыт қойнауында біржола қалып қойды. Ал, сонсоң ол жайлы мәліметтерді біз мүлде күтпеген адам әкелді. Бұл өткен күздің басында болатын. Астанаға Мысыр тағынуға мәңгілік бас тартқан бұғауларды өз қолдарымен соққысы келмеген жұмысшылар топ-тобымен канал құрылысынан орала бастады. Олар халықтың құрметі мен махаббатына бөленіп қайтты. Бұл адамдар ертеңгі күн және олардың балалары аштық, жалаңаштыққа душар болады-ау деген ойларға беріліп жатпады. Олардың басты уайымы жеккөрініш пен мазақтан аулақтану және өз Отандарының бостандығын езіп-жаншып, жетпіс жылдың үрдісінде бар игіліктерді таптап, халықтың тіршілік ету құқығын жойғысы келгендерге көмектеспеу болды. Сол каналдан оралғандардың біреуі бізге Хаприя жайында әңгіме айтты. Ол оны уағдаларға әбден тойып, тіршілік жемістерін іздеп каналға барған кезінде көріпті. Бұл адам да жауланған аймаққа жұмысқа барып, арада
339 шамалы күн өтпей жатып, байып шыға келгендер жайлы толғандырарлық хикаяларды ести-ести аттанды. Ол көп жылдар бойы Калюбиядағы бір ірі помещикке малайлыққа жалданып, ақыры тойынып тамақ ішудің не екенін білмей кетті; оның балалары да бір рет те дәмді асқа жарымады, түзу киініп, бастарына баспана алған жоқ. Біраз уақыт ол каналға барайық дегендердің қызықтырма сөздеріне қарсы шығып бақты – себебі ағылшындарды жаны жек көретін. Бірақ, әзәзіл соңынан қалмай, өзі тәрізді жердің құлын күтіп тұрған бақытты тағдырдың толғандырарлық сәттерін суреттеді де тұрды. Маған Хаприя жайында айтқан адам оны онда кездестіремін деп қаперіне де алмапты. Оның күйеуі арабтар мен исламның жаулары – келімсектерді қатты жек көретін, содан болар, әйелі барға қанағат етіп, шамалыны кәдеге асыра біледі екен. Оның барша болмысы әзәзілге қарсы күресетін. Хаприя бұл жалғанда тек бір үзім нан үшін шайқасуды ғана білген. Бірақ, бұл адам оның тарихын естіген соң, бәрін де түсінген. Хаприяның күйеуі тырысқақ ауруы бұрқ еткенде өледі, артында үш сәбиі жетім қалады. Хаприя күнкөріс қамымен ұланғайыр аймақты аралап қаңғумен болады, ақыры аштық оны жаугерлердің тұрағына қуып тығады – оған бұл жерден басына баспана, өзі мен балаларына да жұмыс табылады. Ол жаугерлердің ішкі киімдерін жуады, үлкен ұлы сумен жүзетін қайық-баркасқа матрос болып орналасады, екіншісі қару-жарақ зауытына жұмысқа тұрады. Хаприя онда жылдан астам тұрып, қарны тоқ, киім-кешегі жөндем болды. Мысырлықтар арасында көптеген жылдар бойы буырқанған ашу-ыза лебі оған жете қоймайды. Ақыры ол кемерінен асып төгіліп, Хаприяны да, басқыншыларға еңбек еткен өзге де көптеген отандастарын оятты. Хаприяның зәресі зәр түбіне кетті. «Мен неғып өз елімнің жаугерлеріне қызмет еткенмін?» - деп қажалады ол өзінөзі. Ол дұшпандары ұсынған уланған дәмді сырып тастап,
340 қайтадан аш-жалаңаш, баспанасыз күйде жолға шықты, әр кездескен адамға мынадай сауал қоюмен болды: – Алла мені кешірер ме екен? Арада біраз күндер өтті, енді біз оның өз күнәсі мен айыбын ақтау үшін оқ жауып тұрған белеске барғанын білдік. Мысырлықтар өздерінің қасиетті жерлерін елдің абыройын төмендеткен жандардан тазарту үшін шарапат отын жаққан еді. Осы жолда Хаприя ең қымбат байлығы - өз өмірін қиды. Теодор ЛЯЧО М Е Й М А Н Кезінде Кеңес Одағы бастаған социалистік лагерь дейтіннің қатардағы мүшесі болған шоқтай ғана мемлекет біздің оқырман қауымға таныс болуға тиіс. Тіпті біз қатарлы буындағы балалардың кинодан көргенін істеп, білек күшін сынастырып, «Скандербег күресін» ұйымдастырып жататындары ойыма келді. Мына «Мейман» деген әңгіменің авторы 1936 ж. Албанияның Дарда қаласында туған. Бұл күнде өз әріптестері арасында өнімді де өтімді жазатын қаламгер. Бұл туындысын 1988 ж. Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Когда начинается другая жизнь» новеллалар жинағынан алынды. Мен үйден шығуға оқтала бергенім сол еді, кенет есіктегі қоңырау соғылғаны бар емес пе? Уақыт едәуір ерте болатын, бірақ елдің бәрі – жұмысқа баратындары жұмысқа, мектепке баратындары мектепке кетіп, үйлерде тек зейнеткер қариялар ғана қалған еді. Бұл болса тек төртінші қабаттағы Рубья кемпір болуы мүмкін. Ол күн-түн демей, тамағына шамалы дүние – жұмыртқа, әйтпесе қырыққабаттан әзірлеген самсасына маргарин, бұрыш, қалампыр, ақжелкек жетпей қалса жетіп келетін. Әйтеуір оған ылғи бірдеңе жетпей
341 жататын. Ол бірде бізді түн ортасында оятты. Оның күйеуі оған дейін танысқан (бәлкім, қызу күйде, кафеде танысқан болар деп болжаған болатынмын мен сонда) тамырын үйіне сүйретіп әкеліпті, тек қас қылғандай, тағы да бір рөмкеден жөнелтейін десе, ракиясы бар болғыр таусылып қалмай ма? Бір айтарлығы, Рубья қарыз алған адамдарын да, берешектерін де соңғы тиндаркасына дейін ұмытпайтын және сондықтан Жаңа жыл қарсаңында біздің кіреберістегі бар жұртқа арнап ғажап дәмді баклава дейтін дәм пісіретін – ондай асты өзге жерден өлсеңіз де таба алмайсыз. Мен оның келістеріне «оңтайлы» жылжыспен есік аштым. Дәлізде, әдеттегіден әртамандау жерде, етегінен жүні шығып тұрған қоңыр кеудеше мен хаки түстес шалбар киген бейтаныс еркек тұрды. Бәтіңкелері айғыз-айғыз, сатыдан көтерілер кезде қағазбен асығыс сүрткілегендей сыңай танытады. Бөтен кісі орта бойлы, әлсіз ғана жымиысы оның сирей бастаған тістерін сәл-пәл ашып көрсетіп тұрды. Мен өзім де шаруалардан шыққанмын – ауыл тұрғындарын қалалықтардан еш айырмалары жоқтай көрінсе де ажырата аламын. Мәселен, мына адамды алайық. Оның кім екенін анықтау үшін бәтіңкелеріне не істегенін көргенім жетіп жатты. Ол әуелі балалар жыл бойына доп қуалайтын үйлер арасындағы алаңқалайлардағы шалшық пен балшыққа онша назар аудармаған сыңайлы. Менің тұңғыш ұлым да сөйтеді – ол сабаз күн құрғақтың өзінде лайға малтығудың есебін тауып бағады. Әйелім байғұстың «Тап бір маған ерегіскендей, осынша лайды қайдан тауып аласың, жанымау?» деп күңкілдеп жүргені... Бірақ, менің мейманым кіреберіске енбес бұрын өзін-өзі бастан-аяқ шолып шыққан сияқты, тек сонсоң кішкентай ғана қағаз іздеп қалталарын қарманған ба, қалай? Еркек, біз ескі таныстардай, әрі мен содан оның мойнына асыла кететіндей кейіпте үнсіз жымиып тұра берді. Мен аңтарылып қалдым. Бәлкім біз бір жерде кездескен болармыз деп ойладым. Мен оның мейманы болып, тіпті үйіндегі дастарханы басында отырған да шығармын... Бір күрсініп қойдым да, зердемді шарлаған қалпымда: – Келіңіз! – деп үн қаттым.
342 Ол бері келді де, өкшесін нығарлай басып бәтеңкелерін шешті. Онысымен өзінің ауыл тұрғыны екендігін бекіте түсті. Мен оған диванды нұсқап едім, бірақ ол диванның қасындағы ең шеткі орындықты жөн көрді. Мейман өзін маған жақсы таныс адам сипатында ұстауын жалғастыра берді. Мен болсам, сөйлей алмай қалған пендеше қысылыпқымтырылумен болдым. Жалпы менің үйімде ешқашан бейтаныс жандар болған емес деуге жатпайды: маған андасанда шығармашылықты жаңа бастап жүрген жазушылар келіп-кетіп жүретін. Бірақ, олар өздерін оңтайсыз сезініп, қашан дерлік болсын тезірек кетуге ыңғайланып отыратын. Осыдан біраз жылдар бұрын әлдеқандай «жазғышбектің» жабыспасы бар емес пе?! Ол менен өзінің романын редакциялауымды өтінді. Сол «жазғышбек» жас жағынан мына шаруаға шамалас, әрі түрі де өте ұқсас сияқты көрінді. Тіпті бар ғой, аумайтындығы соншалық, егер анау «қаламгер» ылғи қара костюм мен қара галстук тағып жүрмесе (менің әйелім мына жазушың қашанда қара жамылып жүре ме деп қалжыңдайтын) оларды оп-оңай шатыстырып та алуға болар еді. Мен жылдар бойғы әдетке айналған әдіске жүгініп: «Ғафу етіңіз, біз бір жерде жолыққан сияқтымыз, бірақ, зерде дегеніңіз өзіңіз білесіз...» деп құтылуға ойысып едім... Бірақ, шаруа сол жымиған қалпы (өзі де шамалы ыңғайсыздықты сезінген болуға керек) кеудешесінің қалтасына қол сұқты да, уқаланыңқыраған кішкентай қағазды алып шығып маған ұсынды. Мен енді бұған дейін назарымнан тыс қалып келген көздеріне үңілдім. Мейманның ақшыл-сұрғылт көздері ширақ та ойнақы екен. Ал күлімсірегені соларға орай мүлде өзгеше боп көрінді: өзінен не қажет ететіндіктерін, дәлірек айтқанда үлкендердің не талап ететінін түсінбейтін сәбидің жымиысы дерсің. – Мен... міне сіздің ағайыныңыз – дәрігерден... Сәлем айт деп еді,– деді ол маған қағазды ұсынып жатып. Менің ағайыным Чомэ қияндағы таулы мекен Сопотта дәрігер болып еңбек ететін, содан міне, өзін әлденеше рет қонақтап қайтуға шағырғаныммен, оның есептеуінше «жазушылар үшін өте тартымды өлкемен» танысуға шығуға қолым бір тимей-ақ қойған еді. Енді мына мейман
343 сол аймақтан келсе, біз бір-бірімізді білуіміз мүмкін емес болатын. Менің тынысым дем арасында кеңігендей болды. Мен әйтеуір өзіңді бір кезде бағып-күткен адамды көріп, оған сый-сияпат көрсетпек тұрсын, әрең танығандай сезімнен құтылдым-ау... Туысымның сәлемхаты дәріқағаздың жол-жөнекей кездескен бланкісіне жедел жазылыпты: «Ардақты ағатай, мына кісі мен өзіңе айтқан Бесим Шкурти деген жолдасым болады. Баршаларыңа менен сәлем». Менің есіме ондағы ағайынымның ауруханаға жақын жерде бір шаруаның тұратындығы, өзінің соған әр кеш сайын теледидар көріп тұруға баратындығы жайлы айтқандары оралды. Мына жазбадан ештеңе аңғару мүмкін емес, бірақ мен бұл адамды әлдебір қажет жағдай итермелеп әкелгенін және оған менің туысымның ұсыныс хаты тез арада керек болғанына күмән келтірмедім. Сәлемхат апыл-ғұпыл, дем арасында жазылғаны уқаланған қағаздан-ақ атойлап тұр. Сонда мен бұл адамға неге қажет болдым екен? Мосқал тартқан, оның үстіне соғысты да, коллективтендіруді де өткерген шаруаны түсіну оңай дүние емес. Ол дегеніңіз қазірдің өзінде де қаланың алдында және ондағы тұрғындардың алдында осы күнге дейін бастарын иіп әлдебір төменшік жағдайда ұстайды емес пе өздерін?! Ол қалалық тұрғын дегеніңіз кез келген мәселені қажет етсе тындырады, тек оған мойындары жар беріңкіремейді, әрі ауылдағы ағайынға шекесінен қарайды деп есептейді. Ал ондай қалалық тұрғыныңыз мұның үстіне кітаптар жазатын болса, оның есімін газеттерден ұдайы оқып тұруға мүмкіндік туса ше? Мен әлгі сәлемхатты мұқият оқып жатқан сыңай көрсеткеніммен, осындай ойлардың шылауында болдым. Бірте-бірте мен де қызыға бастадым: ал мына кісі не өтінер екен? Бірақ, өзімді-өзім іріктім де, бір де бір сауал бергенім жоқ. Менің туысымның досы ретінде мейманымды шамам келгенінше көтеріңкі қарсы алуға тырыстым: бір рөмке ракия ұсындым, кәмпит бердім. Ол ракияға ернін тигізді де қойды. Кәмпитті алды да, оны не істерін білмегендей қолында қозғаштап, ақыры қалтасына салып алды. Мен бұл
344 кезде кофе қайнатып жаттым да, асүйдің қалқасынан оған қарағыштап тұрдым. Ал, кофені бұрындары баптай алмаушы едім, бұл сапар, оның ділгер дәмі бөлмеге кеңінен тарады. Бесим Шкурти бір көрмеге әбден сабырлы еді, бірақ, мен оның дегбірсіз халде екеніне күмән келтірмедім. «Аңғарымсыз адамға сен мүлде уайымсыз көрінесің, ал, бірақ, мына мені алдай алмайсың», - деп тұрғандай еді менің қушыкештеу көзқарасым. Бірақ менің мейманым өзінің келгендегі мақсатын айтуға бата алмай қойды, сондықтан онда мені созалаң да салқын қабылдады деген пікір қалыптаспас үшін әңгімені өзім бастауға тура келді. – Иә, сіздерде, Чомэдегі хал-ахуал қалай? – дедім мен. – Былайша бәрі жақсы сияқты. Биылғы жылы бірде-бір сәби шетінеген жоқ. Туысыңыз айтады: ол өңірде тек бір жасқа толмаған нәрестелердің өлгендеріне қарайды. Ол осы сөзді тек сәл сезілетін кекесінмен айтқандай болды. – Шаршайды ол... Түн ортасында келіп тұрғызатындарын қайтерсіз. Соның бәрі неге дейсіз ғой? Балалар болса, екіүш табақ бұршақтан жейді де, қарындары қампиып кетеді – содан барады да жаппай ауырады. Ал, бізде жетуі қиямет ауылдар қиянда қаншама десеңізші! Дегенмен оған арыз айту күнә дер едік... Ол жымиюын жалғастыра берді, тіпті оның бетбейнесінен мол рахат шашылып тұрғандай әсер қалдырды. – Ал, сізде қанша бала бар? – дедім мен. – Жетеу. Екі қызымды тұрмысқа бердім. Кішілері мектепке барады. Ал, үлкен ұлым студент. «Е-е, емтиханнан құлатқан, енді соның мұғалімімен қайта тапсыру жөнінде келісу керек шығар», - деп жобаладым мен оның келуінің негізгі мақсатын іздестіргенімді тоқтатпастан. Әйтпесе таңғы сағат сегізде бөгде үйге көрінген адам келе бермейді ғой! – Ал, ол қайда оқушы еді? – Гирокастрде дәріс алады. – Солай ма еді... Яғни мәселе ұлда емес болды. Ондағы институтта тіл және әдебиет бөлімшесі жоқ, яғни маған таныс оқытушылар
345 да жоқ. Оның үстіне ағымдағы сессия болса арта қалды. Құдай-ау, ендеше бұл адам осынау бір жапырақ қағазды беру үшін ғана келуі мүмкін емес қой! Әй, Чомэ, Чомэ! Не қажет екенін баппен жазып, хатқа салып жөнелтуге ерінгенің бе? Әрине, хат – шахмат емес, ал, шахмат тақтасы болса, ол оның қасында таң атқанша отырар еді-ау! – Ал, сіздің Тиранада ешкіміңіз бар ма еді? – Жоға, ешкімім де жоқ. Менің бар туыстарым ауылда. Ал, біздің селодан мұнда екі жігіт тұрады. Жылдар өткен сайын мен өз басым Тиранадан Албанияның кез келген аймағынан келген жанұяны табуға болады деген шешімге келген едім. Мәселен, мен туған Дарды селосынан екі адам кездессек, қас қаққанша үшінші ауылдас та пайда болатындығы сондан шығар. – Біздің өлке алыста жатыр ғой, ақсақалдардың қалаға әкелетін жолды білмегендіктері де содан шығар, – деп күлді ол, - нан да, өзге дәм де – бәрі өзіміздікі. Тіпті институттарда оқудың өзін кейін бастадық... Қазір болса, бәрі өзгеше. Біздің мұндағылардың арасында тіпті журналистер де бар. Ол халықаралық тақырыптарға жазатын бір жас жорналшының есімін атады. – Мүмкін, естіген шығарсыз? – Естігенмін, – дедім мен. – Сіз сөйтсе де, күн жылынып, жер-көк жасыл желекке оранғанда бізге келсеңіз ғой... Біз сізбен бірге тауларға шығар едік. Ол жақта көз тоймайтын көркем жерлер толып жатыр... Көк шөбіңіз тура белден келеді. Ал, екі ғажап көлшік ше? – Білем ғой, білгенде қандай? Менің туысым өткен жылдың өзінде шақырған, жолым түспей қойды... – Мен қолымды жайдым. – Әрине есімде. Мен сізді атпен тастақ көпірдің жанынан тоспақ болғанмын. Сонсоң келе алмайтындығыңызды айтқан тілгәрәм алдық... Енді орайы келсе, биыл көктемде келіңіз. Мен әуелде оның шақырғанына пәлендей мән бере қоймадым: әдетте сый-сияпат сарынымен шақыратын меймандарымыз аз ба? Мына шақырыстар талайдан бергі достардың бір-бірлерін мейман етуге ұмтылыстарына ұқсас еді, көптен кездеспеген достардың өститіндері өтірік
346 пе? Бірақ, арқа қағысып, уағдаласып тарасқаннан кейінгі жерде және ұмытып кететініміз де жалған емес қой. Менің мейманымның мына сөздерінен кейін оның шақыруы жай ғана сый емес екені анық болды. Мен тағы да өз туысымды ішімнен бұл адам жайлы соншалық аз айтқандығы үшін кінәладым. Сонсоң мен кенет оның менің қарындасымдікіне де кіріп шыққанын айтқанын есіме түсірдім. Ол да маған бірдеңе деп еді, бірақ мен онысын ұмытып қалыппын. Яғни, мейманымның шақырысы өзіндік аванс та, ал ол өтінішін әлі де айта алмай отыр ма? Қызық, неге олай екен? Бәлкім, ол көптен оқталған шығар, бірақ менің бет бейнем адам үркітердей соншалықты суық емес сияқты еді ғой? Менің болжамдарым осылайша күйреді де, мен енді басқаша ойлана бастадым. Сайып келгенде есімі Бесим Шкурти дейтін бейтаныстың алдап соғуы мүмкіндігіне мен онша ырзашылық білдіре алмаймын ғой. – Сіздің Тиранада әлдеқандай шаруаңыз бар ма, жоқ әлде жол-жөнекейсіз бе? – деп сұрадым. Бұл сауал менің оның ығына жығылғанымды білдіретін еді. – Менің бір туысымның жағдайы – ол менің туған бауырым іспеттес – ертең оны ауруханаға жатқызатын еді. – Операция жасай ма? Оған не болған? – Қайдан білейін, зәр қуығына бірдеңе болған ба қалай... Тас бар дей ме не? Ақыры не болары белгісіз, – деп күрсінді ол. – Е, бұл онша қауіпті емес қой,– деп жұбаттым мен оны. – Кім білсін, пышақтың астына барады ғой, әйтеуір. Осында бірер күн болсам ба деп едім... Қақпалап күте тұрсам... Оның әйелі келе алмайды – үйі толған бала. Мен мұнда мейманханаға орналастым, – бірақ, дәрігер ауруханаға да жайғасуыма болады деп еді. Ол қолдарын тізесіне тіреп, жайлап орнынан тұра бастады. – Мен шаруаңыздан алаңдаттым, оған ғафу етіңіз... – деді ол. – Бірақ, доктор Чомэ айтқаннан соң... Мен оны есікке дейін шығарып салдым. – Келемін, келемін, – деп күбірледім қоштасып тұрып.
347 Ойланған күйі басын изеген Бесим Шкурти сатымен түсті де, шалшықпен төтелей автобус аялдамасына қарай тартты. Мен тізе бүктім де, темекі тарттым. Оның туысының аты-жөнін сұрау керек еді деп ойладым мен, тағы да өзге жайттарды сұраған жөн еді, ал, мен болсам, сол бетпе-бет отырған жарты сағатты оған менен не қажет екенін анықтауға жұмсадым. Енді мен өзім үшін қатты ұялдым: өзіңді сан саладан білгір санап кеудең аяққаптай болып отырғанда, адамдар жайлы неге жөн ойламасқа, олардың кез келген қадамынан пайда мен табыс көздейді деп сезіктенуді қашан қоямыз осы? ...Мен ақыры өз туысыммен жолыққанда, сол таңғы кездесуден қалған ыңғайсыздық табы әлі кете қойған жоқ еді. –Сен маған қайдағы бір жұмбақ рецептерді жіберетінің не? – деп бастадым мен. – Сен не айтып тұрсың? – Ол түсінбегенін білдірді. – Ана Бесим Шкурти деген шаруаны айтамын. – А-а! Ол – менің досым. –Достар қонаққа түстен кейін, елдің бәрі үйге жиналғанда келеді. Сен менің тіпті кофені де жөндеп қайната алмайтынымды білесің ғой. Туысым күлімсіреді де, маған көзін қысты. – Ал, керек болса! Сөйткен сені де селоның білгірі санайтындарын қайтерсің! Сен немене, досына құрмет көрсеткісі келген шаруаның қонаққа барынша ерте келуге тырысатынын ұмыттың ба? – Қайдан білейін! Қай ауылды алсақ, өз әдет-ғұрпы бар емес пе, – деп мен оны үзіп тастадым, бірақ, өзім ұялған сезім және ренішті қалпымнан арыла алмадым. – Өзіңді жазғырма, сен оны жақсы қарсы алыпсың. – Әрине, әрине... – деп күмілжідім де: – Шахмат әкелейін бе? – Оны неге сұрайсың? Әрине, әрине – деп қатты дауыстап жіберді. Мүмкін, оның ой түйіндеулері мен пәлсапаға ойысуынан қашқақтаудың озық әдісі жоқ шығар? Оның ойларынан ба, жоқ, өзіміздікінен бе, кім білсін...
348 Әзиз НЕСИН М Е Т І Р К Е «Әлем әдебиеті» деген айдармен берілетін дүниелер қатарына түрік әдебиетінен өкілдер іздестіргенімде, сол мақсатпен өз кітапханамды қағып-сіліккенде назарыма Назым Хикмет, Әзиз Несин, Фахри Эрдинчтен өзге ешкім іліге қоймады. Бірақ, меніңше, бұған Түркия көсемсөзінің еш «жазығы» жоқ. Бәлкім, мұндай ахуалға Кеңес Одағының 70 жылдық тарихындағы екі мемлекет арасындағы тоңторыс қарым-қатынастар кінәлі ме, кім білсін? Әйтсе де Түркия Еуразиядағы жан-жақты дамыған, белді де беделді елдердің бірі екеніндігінде күмән бар ма? Түріктің аты әлемге әйгілі сатирик жазушысы Әзиз Несин биыл жетпіске толды. Оның шығармалары ондаған тілдерге аударылған. Прогресшіл қаламгердің есімі қазақ оқырмандарына да кеңінен мәшһүр. Кешқұрым достарыммен бірге ауылдағы кофеханаға кірдім. Шаруалар жапа-тармағай амандаса бастады: – Хош келіпсің. – Сәлематсыңдар ма? – Көргенімізге қуаныштымыз. – Ал, отыра қалыңдар! Біз олардың әрқайсысына иіліп-бүгіліп сәлем бердік. Бұл рәсімге аттай он минөт кетті. Ақыры абыр-дабыр басылып, шаруа әңгімесін жалғастырды: ...Сонымен Мәулет үйленді, көп ұзамай Алла оған ұл сыйлады. Әттең не керек, екі ай болмай әлгі нәресте шетінеп кетті. Жыл айналып Мәулеттің әйелі тағы босанды, амал бар ма, бала және тұрмады. – Үшіншісі де өститін болса, айырылысамын, – деді Мәулет. Бірақ, болмады, қанша бала туса да, өле берді. Мәулет төрт әйел айырбастады. Байғұстың бағы сөйтсе де ашылмады.
349 Ендігі перзент не іштен өлі туатын болды, әйтпесе дүниенің жарығын көре сап көзін жұма берді. Көпшілігі айға жетпей жұмаққа жөнеп кете барды. Жаңа туғандарды тіркеумен айналысатын ояздық шенеунік Мәулетке жолы болмай қойғанын былайша түсіндірді: – Сенің балапандарың метірке жаздырмағандықтан баудай түсіп жатқан болуға керек. Мәулет шенеуніктің айтқанына мойынсынып кезекті әйелі ұл тапқанда ең алдымен баласын тіркетіп алды. Метіркесі түскірді алуын алды-ау, тек шапағаты болмады – сәби өліп қалды. Мәулет қайғыдан қатты қажыды. Қубас кәріліктің ауылы төбе көрсетті. – Шынында тұқымымыз тоз-тоз болғаны ма? – деп күйзелді ол. – Бұл жалғаннан расында мұрагерсіз өткенім бе? Мәулеттегі жиналған метіркелер бір төбе болды. Олар шкафтың текшесін толайым сірестіріп тұратын еді. Мұның бәрі, әрине, өлгендердің метіркелері. Амалы құрыған Мәулет атышулы тәуіпке тағдырын айтып мұңын шақты. Сондағы тәуіптің берген ақылы: – Әйеліңе айт: күнәға батпаған жеті кәрі қызға жеті күн бойы таң алдында мақтадан арқан есуді тапсырсын. Мәулеттің әйелі айтқанды істеді. Арқан дайын болғанда тәуіп келіп онымен жолы болмай қойған ананың белін буды да: – Перзент көре қалсаңдар, Аллаға тапсырыңдар, атын Сатылмыш қойыңдар, - деді. Жыл өтті, Мәулеттің әйелі ұл туды. Бұл жолы бала өлетін көрінбеді. Мәулет оған метірке жаздыруды басы артық шаруа санады. – Ондайларың шкафта сыңсып тұр ғой,– деп шешті ол. – Өсер, өскен соң қалағанын алар. Мәулеттің шаруа-шақпыты бастан асып жататын. Үйде жұмыс жетеді, далаға да үлгеру керек, соқа соңынан кім жүреді? Шамалы тұяққа да бас-көз керек. Кісі жалдайын десе қымбатқа түседі, өзінің бар-жоғына жалғыз безектеп жүгіріп жүргені содан ғой. Уақыт өте берді. Ақыры Сатылмыш екіге
350 толды. Мәулет басы қатқанша ойланып-толғанып боқмұрын ұлын аяқтандыруға бекінді. Әрі-бері таңдап жүріп, қол-аяғы балғадай, отыздағы шаруа қызды көзі шалды. «Мынау біздің үйге енсе, жұмыстың көрігін көкесіне көрсетер» – деп ойлады Мәулет. Бірақ қалыңдықтың әкесі қарысты да қалды. – Неке ресми түрде тіркелуі қажет. Мәулеттің басындағы нәубетінен хабардар шал, егер күйеуі олай-бұлай боп кетсе, қызым мұрасыз қалар деп қорыққан еді. Мәулет тіпті азаматтық некеге де ықтияр болатын, бірақ Сатылмыштың еңбегі қатпай жатып қайдағы оңай неке? Мәулет адвокатпен ақыл қосуға бекінді. – Біз Сатылмыштың жасын ұлғайта саламыз, – деді адвокат. – Деді де, әкімдерге некеге рұқсат сұрап қағаз жолдады. Осы тұста Мәулеттің өлген ұлдарын әскер қатарына шақыратын мезгіл де жеткен еді. Бір күні таңсәріден үйге жандарм келді. – Әй, Мәулет, шығар ұлдарыңды бері қарай! Бесеуі бірінші рет тіркеуге төбелерін де көрсеткен жоқ, ал төрт ұлыңды әскерден қашқан деп іліктіріп қойдық. Әскерден қашқандарды бүркемелегендер қаттырақ жазаланатынын өзің де жақсы білесің. – Менде сонша ұл болса, армияны өзім-ақ құрып алар едім, – деп жауап берді Мәулет. – Барым мына бүргедей ғана бала. – Қане, оның метіркесін көрсете қойшы. – Мәулет шкафтан қолына іліккен метіркелердің бірін алып, жандармға ұсынды. Анау құжатты бір шолып өтіп, ойбай салды: – Мәулет аға, сенің ұлың қашқын екен! – Қайдағы? – Мәулет дүрсе қоя берді. – Мынадай шиборбай винтовка ұстай алушы ма еді? Қалай соғыспақ ол? Не ыдысын да шая алмайды, не шалбарын да жуа алмайды, титтей ғой әлі! Әйтіп-бүйтіп ақыры адвокатқа баратын болды тағы. – Ендеше біз Сатылмыштың жасын шегере саламыз, – деді әлгі. Сөйтті де, тағы бір қағазды сүйкеп жіберді.