251 – Кейін қайыр, – деймін мен, – шайтанның шешесі алғыр! Ол кейін қайырды. Ал мен қожайынға: – Жеген үш самсаңыз үшін қанша аласыз? – дедім. Қожайын болса ойына ештеңе кіріп-шығатын емес: – Сіздерден, – дейді, – жеген төрт самсаға пәлендей... – Қалайша, – деймін,– төртеу үшін?! Төртіншісі ыдыста жатыр да. – Жоқ, – дейді анау, – ол ыдыста болса да, тістелген және саусақпен жаншылған. – Қайдағы, – деймін, – тістелген, жөніңе көш! Бұл сенің күлкілі қиялдарың! Қожайын болса, сол қалпы – бет аузының алдына қолдарын апарып айналдырды. Әрине халық та жиналды. Сарапшылар баяғы ... Біреулері – тістелген, екіншілері – жоқ дейді. Мен болсам, қалталарымды сыртқа айналдырдым, әрине, сан-сапалақ боқтық еденге төгілмей ме – халықтың шекшілесі қатып жатыр. Ал менің күлерлік халім жоқ, тиынтебендерімді санаймын. Ақшаларымды санадым – тура төрт данаға жететіндей екен. Адал анашым-ай, текке дауласқан екенмін. Төледім. Бикешке қарай ойыстым: – Жеп болсаңыз, азаматша, – деймін. – Төленді. Ал бикеш болса қозғалатын емес. Жеп болуға да ыңғайсызданатын сияқты. Осы кезде қайдағы бір ағай араласа кетті. – Әкел, – дейді, – мен тауысайын. Деді де жеп тауысты, иттің баласы. Ақша болса менікі ғой. Біз театрға отырдық. Операны соңына дейін көрдік. Сонсоң үйімізге қайттық. Ал үйдің алдында ол өзінің буржуйлық кейпімен: – Сіздің тарапыңыздан көрсетілген шошқалық мінез жеткілікті,– де-е-п, қарап тұр. – Әлбетте, ақшасы жоқтар бикештермен жүрмегені абзал. Ал мен болсам:
252 – Азаматша, бақыт дегеніңіз ақшада емес. Лебізіме кешіргейсіз!– деймін. Біз осылайша онымен ажырастық. Маған ақсүйек бикештер ұнамайды ... Константин ПАУСТОВСКИЙ ТІЛГӘРӘМ Қазан айы сирек кездесер салқын да бапсыз болды. Жұқалаң тақтайлы шатырлар қарайып кетті. Бақшадағы ұйлыққан шөп болса таза жатып алды, тек шарбақ алдындағы титтей ғана жалғыз күнбағыс қайтсе де гүлденіп әрі гүлін шаша алмай қалды. Өзеннің әр жағындағы жайылымдардан биікте сүйретілген борпылдақ бұлттар жапырақтары ұшқан боз талдарға ілігіп жатты. Олардан дамылсыз жаңбыр жауып тұрды. Жолдардан не жүрерге, не өтерге болмай қалды, бақташылар да шабындықтарға мал айдауды доғарды. Малшының кернейі көктемге дейін тыныш тапқан. Катерина Петровнаға әр таң сайын тұрып, әрі бәз баяғы көріністі: жағылмаған пештердің жағымсыз иісі тұнған бөлмелер, шаң басқан «Вестник Европы», үстелдегі сарғайған шәшкелер, көптен тазартылмаған самауырын және қабырғалардағы картиналарды көру одан арғы қиындыққа түсетін болған шығар. Бәлкім бөлмелер де тым буалдыр тартып, ал Катерина Петровнаның жанарында әлден қарауытқан су пайда болғаннан ба, немесе картиналар уақыттан күңгірттеніп, олар да ештеңе айырылмайтындай болды ма? Катерина Петровна тек зердесі бойынша міне, мынау оның әкесінің суреті, ал мына кішкентай ғана алтындаған рамкадағы – Крамскойдың сыйлығы, оның «Бейтаныс аруының» эскизі – нобайы деп білетін. Катерина Петровна өзінің әкесі – белгілі суретші салған
253 ескі үйде ғұмырын тәмамдап тұрып жатты. Суретші қартайғанда Петербургтан өзінің туған селосына оралды, тыныштықта тіршілік кешті және баубақшамен айналысты. Ол енді сурет сала алмайтын еді: қолы дірілдейтін болды, әрі жанары да әлсіреп, көздері жиі ауыратынды шығарды. Үй, Катерина Петровна айтқандай, «мемориалды» болатын. Ол облыстық музейдің қорғауында-тын. Ал оның соңғы тұрғыны өзі өлгенде бұл үйге не болатындығын Катерина Петровна білмейтін. Селода болса – ол Заборье деп аталатын – картиналар жайлы Петербургтегі тіршілік, Катерина Петровна әкесімен Парижде тұрып, Виктор Гюгоның жерленуін көрген жаз турасында әңгіме құрарлықтай ешкім де жоқ-ты. Бұл турасында күн сайын құдықтан су әкеліп, еден сыпырып, самауыр қою үшін жүгіріп келіп жүретін колхоздағы көрші етікшінің қызы Манюшкаға айтпайсың ғой. Катерина Петровна Манюшкаға көрсеткен қызметі үшін бүріскен қолғаптар, түйеқұс қауырсындарын, шыны әшекейлі қара қалпақша сыйлаған-ды. – Мұның маған қажеті не? – дейтін Манюшка қарлыққан дауыспен мұрынын тартып қойып. – Мен, немене, ескіқұсқы жинаушымын ба, сонша? – Ал сен, сүйіктім, сат, – деп сыбырлайтын Катерина Петровна. Міне, жыл болды, ол әбден әлсіреп, дауыстап сөйлей алмайтын болған. – Сен сатып жібер. – Ескі-құсқыға тапсырамын, – деп шешетін Манюшка, бәрін жинап алып кете баратын. Баз-базда өрт сөндіретін сарайдағы күзетші – арық та жирен шашты Тихон соғып кетіп жүретін. Ол Катерина Петровнаның әкесі Петербургтан қалай келіп үй салғанын, мекенжайлы болғанын да есінде сақтаған еді. Тихон ол кезде бала болатын, бірақ қарт суретшіге деген құрметті ғұмыр бойына сақтап қалған-ды. Оның картиналарына қарап, ол:
254 – Деген ерен еңбектің өзі! – деп қатты күрсінетін. Тихон көбінесе құдай аманаты, тек аяғандықтан көмектесетін: бақтағы кеуіп қалған ағаштарды шабатын, оларды аралап, отынға жарататын. Әрі әр жолы, кетіп бара жатып есікте тоқтап: – Катерина Петровна, Настя жазып жатыр ма, әлде жоқ па? Катерина Петровна диванда титтей ғана бүгілген қалпы түрінде үндемейтін, тек күрең түсті былғары ридикюліндегі әрқилы қағаздарды аударыстыра беретін. – Ал, – дейтін ол, – айтқанына жауап ала алмай. – Мен, енді кетейін, Катерина Петровна. – Бара ғой, Тиша, – деп сыбырлайтын Катерина Петровна. – Бара ғой, құдай қолдасын сені! Ол есікті абайлап қана жауып шығып кететін, ал Катерина Петровна болса, жай ғана жылай бастайтын. Жел терезелердің ар жағындағы жалаңаш бұтақтарда ысқырып, ақырғы жапырақтарды қуып түсіретін. Түнгі кәрәсін шам үстелдің үстінде дірілдеп тұратын. Ол иесіз қалған үйдегі жалғыз тірі мақұлық іспеттес көрінетін, – осынау әлсіз ғана от көзінсіз Катерина Петровна таң атқанша қалай тірі боларын да білмес еді. Түндер тап ұйқысыздық іспеттес әлден ұзақ та ауыр болатын. Таң сәрі барған сайын созалаңдай берді, ылғи кешігіп, жақтаулар арасындағы мақтаның үстінде өткен жылдан бері жатқан, қазірде кебірсіп, қарайып кеткен жапырақтар жуылмаған терезелерге кешігіп, амалсыздан келген тәрізді болды. Настя, Катерина Петровнаның қызы және жар дегендегі жалғыз жақын адамы алыста, Ленинградта тұратын. Соңғы рет ол осыдан үш жыл бұрын келіп кеткен-ді. Катерина Петровна қазірде Настяның өзінсіз, кемпірсіз де әлегі көп екенін білетін. Олардың, жастардың өз шаруалары, өзіндік түсініксіз мүдделері, өзіндік бақыты баршылық. Қызығы кедергі жасамаған. Сондықтан Катерина Петровна Настяға өте сирек жазатын, бірақ бұл күндері ол жайлы ылғи
255 ойлайтын, жаншылған диванның шетінде отырып, тура тыныштық аулаған тышқан сияқты пештің ар жағынан шыға келіп, артқы табандарына тұрып қалған, тұнып қалған ауаны иіскелеп отыратын. Настядан да хат келмейтін, бірақ екі-үш айда бір рет жайдары жас поштабай Василий Катерина Петровнаға екі жүз сомға аударма ақша әкелетін. Ол Катерина Петровна қол қойғанда керек емес жерге қол қойып қоймасын деп қолынан демеп отыратын. Василий кете баратын, ал Катерина Петровна қолында ақша, абдыраған күйі отырып қалатын. Сонсоң ол көзілдірігін іліп, пошта аудармасындағы бірнеше сөзді әлденеше қайталап оқитын. Сөздері қашанда бір сарынды болып келетін: шаруаның көптігі сондай, тіпті келмек түгілі нағыз хат жазудың өзіне уақыт жетпейді деген сияқты. Катерина Петровна торсиған қағазшаларды еппен аударыстыратын. Кәрілігі себепті ол ақшалар тура Настяның қолынан шықпағанын ұмытатын, сөйтіп ол ақшалардан, Настяның әтірлерінің иісі шығып тұрғандай көрінетін. Бірде, қазанның аяғында, түнде, әлдекім бақшаның қойнауында осыдан міне, бірнеше жыл бұрын шегеленіп тасталған қақпақшаны ұзақ тоқылдатты. Катерина Петровна елеңдей қалды, басын жылы орамалмен ұзақ орағыштады, ескі пәлтесін иығына іліп, осы жолы алғаш рет үйден шықты. Ол баспалап, ақырын жүрді. Ызғарлы ауадан басы ауырып кетті. Ұмытылған жұлдыздар жерге шүйіле қарап тұрды. Шашылған жапырақтар жүруіне кедергі болды. Қақпашықтың қасына келгенде Катерина Петровна баяу ғана: – Есік қағып тұрған кім? Бірақ албардың ар жағынан ешкім жауап қатқан жоқ. – Бәлкім, солай көрінген шығар, – деді Катерина Петровна, сөйтті де, кейін қарай қыбырлады. Оның демі қысылып қалды, кәрі ағаштың жанына тоқтады да, салқын әрі дымқыл бұтақты қолымен ұстап еді,
256 таныды: үйеңкі екен. Ол оны баяғыда, күлегеш қыз кезінде отырғызған-ды, ал қазірде бүріскен , жапырақтары ұшып бітіпті, мынадай панасы жоқ, желді түннен барар жері таза жоқ сияқты. Катерина Петровна үйеңкіні аяп кетті де, қатпарлы діңін сипалады, үйіне қарай аяңдады да, тура сол түні Настяға хат жазды. «Қарашығым менің, – деп жазды Катерина Петровна. – Мен мына қыстан шыға алмаспын. Бір күнге де болса келіп кетші. Өзіңе қарауға, қолыңнан ұстауға мұрсат бер. Маған кәрілік жетті, әлсірегенім соншалық, маған жүру ғана емес, отырып, жатудың өзі ауыр, – өлім дегенің маған келер жолды ұмытты. Бақша қурап қалды – бұрынғыдай емес – әрі мен де оны көрмеймін. Биылғы күз нашар болды. Сондай ауыр; бүкіл ғұмыр жалғыз осы күз тәрізді соншалық ұзақ болмаған тәрізді». Манюшка танауын тартқылап жүріп бұл хатты поштаға апарды, оны пошта жәшігіне ұзақ отырғызды және ішіне де қарады – онда не бар екен? Бірақ ішінен ештеңе көрінбеді – тек қана қаңылтыр қуыстық. Настя Суретшілер одағында хатшы болып қызмет атқаратын. Жұмысы өте көп. Көрмелерді ұйымдастыру, түрлі конкурстарды өткізу – осының бәрі соның қатысуы арқылы жүзеге асырылатын. Катерина Петровнадан келген хатты Настя қызметте алды. Ол оны оқымай дорбашасына салып қойды, жұмыстан кейін оқуға бел шешті. Катерина Петровнаның хаттары Настяны едәуір жеңілдетіп тастайтын: анасы жазған екен – яғни тірі деген сөз. Бірақ сонымен қатар олардан булыққан мазасыздық та бастау алатын: әрбір хат үнсіз жаратпаушылық іспеттес болатын. Настя жұмыстан кейін жас мүсінші Тимофеевтің шеберханасына баруы керек-ті, оның тұрмыс жайын көріп, ол жайлы Одақтың басқармасына жария етуге тиісті еді. Тимофеев шеберханадағы суыққа шағым айтқан-ды, әрі өзіне кеңінен қозғалуға мүмкіндік тумай қойғандығына да арызданған болатын.
257 Алаңқайлардың бірінде Настя кішкене айнасын алды да, опасын жағып және мырс етіп күлді – қазір ол өзіне-өзі ұнап тұрды. Суретшілер оны ақсары шашы мен бадырайған салқын көздеріне қарап, Сольвейг деп атайтын. Есікті Тимофеевтің өзі ашты – шағын денелі, шешімді, ашулы кейіпте екен. Ол пәлте киіп алыпты, мойынын сала құлаш бөкебаймен орап тастапты, ал оның аяқтарынан Настя әйелдің фетр ботыйларын байқап қалды. – Шешінбеңіз, – деп күңк ете түсті Тимофеев. – Әйтпесе қатып қаласыз. Мархаба! Ол Настяны қараңғы дәлізбен алып жүрді, жоғарыға бірнеше баспалдаққа көтерілді де, шеберхананың енсіз есігін ашты. Шеберханадан қоңырсыған иіс ұрып тұрды. Еденде дымқыл саз балшық салған бөшкенің қасында кәрәсін шам жанып тұр. Станоктарда су шүберекпен жабылған мүсіндер көрінеді. Ауқымды терезенің ар жағында қиғаштай қар жауып жатты, Неваны тұман қамтып, бұлыңғыр суында ерумен болды. Жел жақтауларда ысқырық ойнатып, едендегі ескі газеттерді қозғалтуын қоймады. – Құдай сақтасын, не деген суық! – деді Настя және оған шеберхана қабырғаларына бей-берекет ілінген мәрмәр барельефтерден одан сайын суық бола түскендей көрінді. – Міне, рахаттаныңыз! – деді Тимофеев, Настяға балшықпен былғанған орындықты тақалта түсіп. – Мен осыған дейін осынау апанда қалайша қатып қалмағаным түсініксіз. Ал Першиннің шеберханасында калориферлерден соққан жылы жел - Сахарадағыдай. – Сіз Першинді жақтырмайсыз ба? – Настя баспалап сұрады. – Мансапқұмар! – деді Тимофеев ашулы. – Қолөнерші! Оның бейнелеріндегі иіндер емес, пәлтенің ілгіштері. Оның колхозшы әйелі – белдемше ілген тас қатын. Оның жұмысшысы неандертальдық адамға ұқсас. Ағаш күрекшемен соқталайтынын қайтерсің. Ал, қушыкештігі бар ғой, сүйкімдім менің, тура кардинал секілді!
258 – Маған өзіңіздің Гоголіңізді көрсетіңізші, – деп өтінді Настя әңгімені өзгерту үшін. – Бері өтіңіз! – деді мүсінші бұйығы күйде. – Жоқ, онда емес, былай! Ана бұрышқа қарай! Солай! Ол мүсіндердің бірінен дымқыл шүберектерді алды да, оны бар жақтарынан қазыла қарады, кәрәсін шамның қасына тізесін бүкті, қолдарын жылытып былай деді: – Міне, ол, Николай Васильевич! Үшкір мұрынды, бүкшиген адам оны бастан-аяқ білетіндей тесірейе қарап тұрды. Настя оның шекесінде жіңішке ғана склеротикалық тамыр бүлкілдеп тұрғанын көрді. «Ал, дорбашадағы хат ашылмаған ғой, – деп тұрған сияқты болды Гогольдің өңменнен өтер көздері. – Ей, сен, сауысқан-ай!» – Ал, қалай? – деді Тимофеев. Сабырлы ағатай ғой, иә? – Тамаша! – деді Настя күшке сала. – Бұл шынында ғажап. Тимофеев ащы күлкіге салды. – Ғажап, - деп қайталады ол. – Бәрі де ғажап дейді. Першин де, Матьяш та, әрі әртүрлі комитеттердегі қилы білгіштер де. Сонда мәніс қане? Мұнда – ғажап, ал менің мүсінші ретіндегі тағдырым шешілетін жерде әлгі Першин күңк етсе болды – бітті дей беріңіз!.. Түндер бойы ұйықтамайсың! – Тимофеев айғай салып, ботыларын борпылдатып, шеберханада әрібері жүгірістеп кетті. – Дымқыл балшықтан қолдарымыз ревматизмге ұшырады, 3 жыл бойына Гоголь жайлы әрбір сөзді оқисың. Шошқалардың тұмсықтары түсімізге кіретін болды! Тимофеев үстелден кітаптың бір үйіндісін көтеріп алып, ауада ұстап тұрды да, күшпен қайыра лақтырды. Үстелден балшықтың шаңы бұрқ етті. – Осының бәрі де Гоголь турасында! – деді ол. Деді де кенет тыныштала қалды. – Мен, сірә, сізді қорқыттым-ау деймін? Кешір, айналдым, бірақ, мен, құдайға аян, шайқасуға дайынмын! - Несі бар, бірге шайқасатын боламыз,– деді Настя ұшып
259 тұрып. Тимофеев оның қолын қатты қысты, ал ол қайткен күнде де осы талантты адамды белгісіздік бұғауынан жұлып алуға деген нық сеніммен кете барды. Настя Суретшілер одағына оралды, төрағаға өтіп, онымен ұзақ сөйлесті, қызынып алды, Тимофеев еңбектерінің көрмесін табан астында өткізу қажеттігін дәлелдеп бақты. Төраға қарындашымен үстелді тықылдатып отырып алды, әлденені ұзақ таразылап, ең ақырында келісімін берді. Настя үйіне, Мойкадағы өзінің ескілікті бөлмесіне, алтындатқан төбесі бар мекеніне оралған соң, Катерина Петровнаның хатын оқыды. – Тап қазір бару қайда! – деп ол орнынан тұрды. – Мына жерден шығу мүмкін бе?! Ол асып-төгіліп жататын пойыздарды, тар табанды темір жол пойызына ауысып мінуді, шайқалақталған арбаны, болары болған бақшаны, қашан қоса жүретін анасының жасы, селодағы өтпей қоятын күндер жайлы ойлады да, хатты жазу үстелінің жәшігіне салып қойды. Настя екі апта бойына Тимофеевтің көрмесін ашумен әуреленді. Осы уақыттың ішінде ол сыйымсыз мінезді мүсіншімен бірнеше рет ұрсысып, татуласты да. Тимофеев көрмеге өз туындыларын тап бір жоюға жібергендей кейіпте жөнелтіп жатты. – Қымбаттым менің, сіздің мұныңыздан дәнеңе де шықпайды, – деді ол Настяға табалаушылық қалыпта. Тап бір Настя өзінің көрмесін ұйымдастырып жатқан секілді. – Шынымды айтайын, мен уақытымды текке жоғалтып жатырмын. Настя әуелде қатты торығып, ренжіп, өкпеледі де, бірақ мұның бәрі қағажу көрген тәкаппарлықтың көріністері екендігін пайымдады, тек Тимофеев алдағы көрмесіне соншалық разы екендігін түсінді. Көрме кешкісін ашылды. Тимофеев зілдене сөйлеп,
260 мүсіндерді электр жарығымен қарауға болмайтындығын айтты. – Сөнген жарық! – деп күңкілдеді ол. – Өлердей іш пыстырады! Бұдан кәрәсін де көш ілгері. – Енді сізге қандай жарық керек, парықсыз пенде-ау! – деп Настя да лып ете қалды. – Шырағдандар қажет! Шырағдандар! – деп Тимофеев қасіретті дауыспен айғай салды. – Қалайша Гогольді электр жарығының астына салуға болады? Сандырақ! Көрменің ашылуында мүсіншілер, суретшілер болды. Әңгіменің аңғарына бармағандар мүсіншілердің әңгімесін естіп, Тимофеевтің еңбектерін не мақтап, не іске алғысыз етіп жатқандарын дәл баса алмайтын еді. Бірақ Тимофеев көрменің табысты болғанын түсінді. Бурыл шашты лып етпе суретші Настяға жақындап келіп, қолын қолымен соқты: – Рахмет айтамын. Тимофеевті құдайдың жарығына шығарған мына сіз деп естігем.Тамаша жасағансыз. Әйтпесе, бізде бар ғой, суретшіге деген сезім, қамқорлық жайлы сөйлейтіндер көп-ақ, ал жеме-жемге келгенде тек жансыз жанарларға килігесің. Тағы да рахметімді айтамын! Талдау басталды. Көп айтылды, мақтады да, қызбаланды да, мосқал суретшінің адамға, жас, орынсыз ұмыт болған мүсіншіге деген қамқорлық жайлы ойы әр пікірде қайталанып отырды. Тимофеев паркетке қараған сияқты болып дүрдиіңкіреп отырғанмен көзінің қиығымен сөйлеушілерге сенуге бола ма,жоқ әлі ерте ме екенін білмей қарағыштай берді. Есікте Одақтағы қағаз тасушы, мейірімді де берекесіздеу Даша пайда болды. Ол Настяға әлдеқандай белгілер жасады. Настя оған жақындап келді, ал Даша болса ыржия күліп, оған тілгәрәмді берді. Настя өз орнына оралды да, білдіртпей тілгәрәмді ашты, оқыды, бірақ ештеңе ұқпады: «Катя өлейін деп жатыр.Тихон». «Қандай Катя? – абыржи ойға батты Настя. – Қайдағы
261 Тихон? Бәлкім, бұл маған емес шығар». Ол адреске қарады: жоқ, тілгәрәм оған жолданыпты. Ол тек сонда ғана қағаз таспадағы жіңішке әріптерді байқады: «Заборье» депті. Настя тілгәрәмді қаттап, қабағын түйді. Першин сөйлеп жатты. – Біздің уақытымызда, – деді ол қозғалшақтап және көзілдірігін түрткілеп қойып,– адамға деген қамқорлық бізге өсуге және жұмыс істеуге көмектеетін тамаша болмысқа айналуда. Мен бұл қамқорлықтың біздің ортада, мүсіншілер мен суретшілердің ортасында көрсетілуін атап өткендігіме бақыттымын. Мен Тимофеев жолдастың көрмесі туралы айтып тұрмын. Біз бұл көрме үшін тұтастай Одақтың қатардағы қызметкерлерінің бірі, сүйікті Анастасия Семеновнаға қарыздармыз, ал біздің басшылығымыз бұл тұрғыда өкпелемесін. Першин Настяға басын иді және елдің бәрі қол соғып қоя берді. Әрі ұзақ қол соқты. Настя қатты қысылды. Әлдекім арт жақтан оны қолынан түртті. Ол қарт лып етпе суретші еді. – Не нәрсе? – деп сұрады ол сыбырлап және көзімен Настяның қолындағы уқаланған тілгәрәмді көрсетті. – Әлдебір жайсыз жағдай емес пе? – Жоқ, – деп жауап қайырды Настя. – Бұл жайша, танысымнан... – Е, жарайды, – деп күбірледі де, ақсақал Першинді әрі тыңдады. Елдің бәрі Першинге назар аударды, бірақ әлдекімнің ауыр да өткір көз тігуін Настя ұдайы сезінді де, басын көтеруге қорықты. «Бұл кім болуы мүмкін? – деп ойлады ол. – Неғып әлдекім сезіп қойды? Қандай ақылсыздық. Тағы да жүйкенің тозғандығы». Ол күшпен жанарын көтеріп, ізінше тайдырып әкетті: Гоголь оған кекесінмен қарап тұрды. Настяға Гоголь тістенген күйі: «Е,е, сен бе, сен!» деп жай ғана айтып тұрған тәрізді көрінді.
262 Настя жылдам тұрды, төменде асығыс киінді де, жүгіріп шықты. Су аралас қар жапалақтап тұрды. Исаакиев соборында сұрғылт қырау бертін шығыпты. Қабағын түйген аспан барған сайын қалаға, Настяға, Неваға түсе берді. «Қарашығым менің, – Настя жуырдағы хатты есіне алды. – Қарашығым менің!» Настя Адмиралтейство қасындағы гүл бағы ішіндегі орындыққа отырды да, еңіреп жылап жіберді. Қар бетінде еріп, көз жастарымен араласып жатты. Настя суықтан дір етті де, кенет сол іш пыстыратын Заборьедегі елдің бәрі тастаған кәрі кемпірдей ешкім де сүймегенін түсінді. «Кеш қалдым! Мен мамамды енді көрмеймін» деді ол өзіне, сөйтті де, осы соңғы жылы баланың сүйікті сөзі – «маманы» бірінші рет айтып отырғанын еске алды. Ол атып тұрды да, бетті сабалап тұрған қарға қарай қарсы жүрді. «Бұл қалай, мама? Бұл не? – деп ойлады ол, ештеңе көрмесе де. – Мама! Бұл неге осылай болды? Менің бұл жалғанда өзге ешкімім де жоқ қой. Жоқ және жақын ешкім болмайды да. Тек үлгерсем екен, тек мені ол көрсе екен, тек ол мені кешірсе екен». Настя Нева даңғылына, темір жолдардың стансасына шықты. Ол кешігіпті. Билеттер ендігі жоқ екен. Настя кассаның жанында тұрды , ол еріндері дірілдеп сөйлей алмай қалды, алғаш айтылған сөзден-ақ өкіріп қоя беретінін сезді. Көзілдірік киген мосқал кассир әйел терезеден бері қарады. – Сізге не болды, азаматша? – деп сұрады ол наразы кейіппен. – Ештеңе болған жоқ, – деп жауап қайтарды Настя. Менің мамам ... Настя бұрылды да, шыға беріске жылдам жөнеле берді.
263 – Қайда барасыз? – деп дауыстады кассир. – Сәл сабыр етіңіз. Сол күні кешкісін Настя жол жүріп кетті. Жол бойы пойыз оған түнгі ормандар арқылы оларды буымен қарпып және ұзақ та ескертпе айғайымен жариялап отырса да, «Красная стрела» әрең сүйретіліп келе жатқан сияқты көрінді. ...Тихон поштаға келді, пошташы Василиймен сыбырласты да, одан телеграфтық бланк алып, оны ұзақ айналдырды, жеңімен мұрттарын сүртіп, бланкіге алабажақ әріппен әлденені жаза бастады. Сонсоң бланкіні бүктеп, бас киімге салды да, Петровнаға аяңдады. Катерина Петровна міне, оныншы күн бойы тұра алмай жатыр. Еш жері ауырмаса да, талықсып қалуға дейін әкелген әлсіздік кеудесін, басын, аяқтарын қысып, дем алысын мүлдем қиындатып жіберді. Манюшка алтыншы тәулік бойына Катерина Петровнаның қасынан кеткен жоқ. Кейде Манюшкаға Катерина Петровна таза дем ала алмай қалғандай боп көрінетін. Ондайда ол қорқа күңкілдеп: – Әже? Уа, әже? Сен тірісің бе? – деп дыбыстай бастайтын. Катерина Петровна көрпе астындағы қолдарын қозғалтатын, содан Манюшка тынышталатын. Таңнан бері бөлмелердің бұрыш-бұрыштарында қарашаның қараңғылығы тұрған, бірақ жылы болатын. Манюшка да пешті жақты. Көңілді от бөренеден тұрғызылған қабырғаларды жарықтандыра бастағанда Катерина Петровна абайлап қана күрсінетін – оттан бөлме Настядағыдай, баяғыдай жылына, баптана түсетін. Катерина Петровна көздерін жұматын және олардан сарғылт самай бойымен төмен қарай жап-жалғыз тамшы жас бурыл шаштара барып орағытылатын. Тихон келді. Ол жөткірініп, қақырынды, шамасы, тоңған шығар. – Не, Тиша? – деді, әлсіз ғана Катерина Петровна. – Салқындап кетті, Катерина Петровна! – деді Тихон сергек, сөйтті де өзінің шәпкесіне мазасыздана қарады. –
264 Ұзамай қар түседі. Ол жақсылыққа бастар. Жолды аяз сорса, оған да жүруге оңтайлы болады. – Кімге? – Катерина Петровна көздерін ашты да, арыған қолымен көрпені алас-күлес сипалай бастады. – Кімге болушы еді, Настасья Семеновнаға ғой, – деп жауап қайырды Тихон, қисая күлімсіреп шәпкесінен тілгәрәмді алып шықты. – Оған болмағанда ше?.. Петровнаның тұрғысы келді, бірақ, жастыққа қайта құлады. – Міне!– деп, Тихон тілгәрәмды абайлап жазды да, оны Катерина Петровнаға ұсынды. Бірақ Катерина Петровна оны алған жоқ, тек бұрынғыша Тихонға жалбарына қараумен болды. – Оқы,– деді Манюшка сырылдай сөйлеп. – Ол қазірде оқи алмайды. Оның көздерінде әлсіздік бар. Тихон жан-жағына үрке қарады да, жағасын жөндеді, сирек те жирен шаштарын сипалақтап, күбірлеген, сенімсіз дауыспен оқыды: «Күтіңіздер, шықтым. Қашанда өзіңдік қызың, өзіңнің Настяң». – Керегі жоқ, Тиша! – деді баяу ғана Катерина Петровна. – Керегі жоқ, айналдым. Құдай қолдасын, сөзің, мені еркелеткенің үшін рахмет. Катерина Петровна күшпен қабырғаға бұрылып жатты, сонсоң ұйықтап кеткендей болды. Тихон салқын кіре берістегі сәкіде темекі тартып отырды, басын төмен салып түкірініп күрсінумен болды, Манюшка шығып, оны Катерина Петровнаның бөлмесіне бейімдегенше сөйтті. Тихон еппен кіріп, алақанымен бетін сыйпады. Петровна боп-боз, тап бір ұйықтап кеткен түрде жатыр екен. –Күте алмады, – деп күбірледі Тихон. – Е, оның жазылмаған қайғысы, көрген қасіреті! Ал, сен, ақымақ, байқастай тұр, – деді ол Манюшкаға,– бөктергіге ұқсама, жақсылыққа жақсылық қайыр. Осында отыр, мен жүгіріп барып сельсоветке жария етіп келейін.
265 Ол кетіп қалды, ал Манюша орындыққа отырып тізелерін құшақтаған күйі Катерина Петровнаға көз алмай қараумен болды. Катерина Петровнаны ертеңіне жерледі. Аяздата бастады. Жұқалаң қар да түсті, Күн бозараң тартты және аспан да құрғақ, жарық, бірақ тап бір үстімізден жуылған, аязданған кенепті керіп қойғандай әсер берді. Өзеннен алшақтағы жерлер көкшіл болып көрінді. Олардан тал ұстап алған қардың көңілді иісі жетіп тұрды. Жерлеуге кемпірлер мен балалар жиналды. Қабірге табытты Тихон, Василий және тура таза қалдық талшықтан есілген іспеттес екі ағалы-інілі Малявин шалдар алып жүрді. Манюшка Володька бауырымен бірге табыттың қақпағын ұстады да, кірпік қақпай алдарына қарай адымдады. Зират селоның сыртында, өзеннің арғы қабағында еді. Онда қынадан сарғайған биік қызыл талдар өсіп тұратын. Жолай мұғалима ұшырасты. Ол облыстық қаладан жуырда ғана келген-ді, сондықтан әлі Заборьеде ешкімді білмейтін. – Мұғалима келе жатыр, мұғалима! – деп күбірлесті балақайлар. Мұғалима жап-жас, ұяң бойжеткен болатын. Ол жерлеу көшін көрді де, именшектеп тоқтай қалды, табыттағы кішкене ғана қарияға үрке қарады. Мәйіттің бетіне қонған қар ұшқындары ерімей жатыр. Ана жақта, облыстық қалада мұғалиманың да анасы – тап осындай кішкентай ғана, шашы әбден ағарған, ылғи қызын ойлаумен толғаныста жүретін кемпір қалған-ды. Мұғалима кідірістеді де, табыт соңынан баяу ғана еріп жүре берді. Кемпірлер оған қарап, өзара сыбырласты: мынадай тыныш қана қыз балаға алғашқыда шәкірттермен қиын болады ғой, Заборьедегі шәкірттер тым ширақтау ғой десті. Мұғалима ақыры батылы барып олардың бірі Матренадан сұрады: – Мына кейуана, тәрізі, жалғыз болған-ау?
266 – Е, айналайын, – деп әндете созды Матрена,– әбден жекебасты дей бер. Және сондай ізгі жүректі, сырлас едіау. Өз диваншасында жападан жалғыз отыратын да қоятын, бірер ауыз сөз тастарлық адамы да жоқ болатын. Қандай аянышты! Оның Ленинградта қызы бар, бірақ, шамасы, жоғары ұшып кеткен сыңайлы. Сөйтіп туыстарынсыз, адамдарсыз өлді де қалды. Зиратта табыт жаңа бейіттің қасына қойылды. Кемпірлер табытқа бастарын иіп, жерге дейін қолдарын тигізіп жатты. Мұғалима табытқа жақындап келіп еңкейді де, Катерина Петровнаны кебірсіген қолдарынан сүйді. Сонсоң тез бойын жазып бұрылды да, бұзылған кірпіш қоршауға қарай қадам басты. Шарбақтың сыртында, жеңіл бұрқырай түскен қардың астында сәл мұңайған туған жер көсіліп жатқан еді. Мұғалима оның сыртында қариялардың қалай сөйлесіп жатқандарына ұзақ қарап тұрды, табыттың қақпағында топырақтың қалай тырсылдағанын аңдыды және алыстағы аулаларда әр дауысты әтештердің қысқы тыныштықты болжап айғайлағанын аңыстады. Настя Заборьеге жерлеуден кейін екінші күні келді. Ол зираттағы жаңа мола төбешігін көрді – ондағы жер бүртікбүртік күйде бірігіп қалыпты – тірлік көптен бері кеткендей болған Катерина Петровнаның салқын да қараңғы бөлмесін де орнынан басты. Осы бөлмеде Настя түні бойы, терезелердің ар жағынан бұлыңғыр да ауыр таң атқанша жылап шықты. Настя Заборьеден оны ешкім көрмей және одан ештеңе сұрамай тұрғанда кетіп қалды. Оған Катерина Петровнадан басқа ешкім де оның иығынан орны толмас кінәні, көтере алмастай ауырлықты ала алмастай көрінді.
267 Кришан ЧАНДАР ӘҢГІМЕЛЕР 1. А Н Г И Жолаушы аспанға қарады. Оның теңіздегі ашық көк кеңістігінде аппақ-аппақ, тап бір дәу күртік қар іспеттес бұлттардан құралған аралдар шашылып тасталған еді. – Қарақұстар ма? – Жолаушы терең күрсінді де, маңдайының терін сүртті. – Қарақұстар – жақын маңайда адамдар тұратындығының белгісі. Шибөрілер, қарақұстар, қарғалар, адамдар – не қылған жақын мақұлықтар десеңізші! Жануарлар әлемінің ерекшеліктері жайлы ойға бата және пәлсапалай отырып, ол ілгері адымдай берді, адымдай берді. кейде оның жоланда құлама беткейлер бой көтерді, кейде оған тау кемер-кертпештерінде қыстырылып қалған бұлттар нағыз сарайлар болып көрінді. Бірақ сәл ғана көтерілсең, бұлттар сарайы аспанға шырқап, ілігіп қалғандай болады. осынау жалған қаншалықты алдамшы! Ұлы Будда біздің әлем – бұлдыр сағым деп жөн айтқан. Жолаушы өз жанарын тағы да биікке тікті. Аспанда ғаламат бұлттар – жүз мыңдаған Тадж-Махалдар иық тіресіп, ал олардың айналасында Джамнаның айдындары көгеріп жатты. Осынау сарайларды Шах-Джахан неге салып еді? Қай сүйгеніне ескерткіш болсын деп салып еді? Жолаушы ойлап тапқандарымен өз жанын осылайша жұбатып қойып, таулы әлеммен келе жатты. Күн ендігі екіндіге еңкейді, ауада салқындық сезіле бастады. Жолаушының көз алдында қарағайлы ормандар биіктегі тауларға сіңіп кетті. Олардың таңғы шапаққа малынған қою жасылы қуқыл тартқан қызғылт түс құйып тұрды. Расында, бұл не қылған рең? Онда көк те, сары да, жасыл да бояулар бар... спектрдің барлық бояулары бірге құйылған сияқты. Ал қасындағы шықтың бір тамшысында тұтастай кемпірқосақ
268 ойнап тұр. Ғажап! Бұл не әлем, мен қайда бара жатырмын? Әлі бірде-бір деревняның көрінбей қойғаны несі? Жолаушы тоқтады, таяғына ауыр сүйенді, иығынан асыра тастаған түйіншегін түзеді де, жан-жағына қарады. Айналада терең тыныштық иелік етіп тұрды. Кенет қоңыраулар зыңғырлап қоя берді. Жүз мыңдаған храмдар Жолаушыны құрметтеп, тыныштық сиқырлығын бұзғандай болды. Қоңыраулардың үні кеңі түсті, ол ауаны қамтып, заңғар биікке ұмтылды, бұлттармен қақтығысып, шыр айналды, әрі оның жаңа толқындары әлдеқайда батыстан жетіп жатты. Ақыры жолаушы қоңырауды көзі көрді: сонда, батыста, жолдың иірілімінде, қойлардың, ешкілердің, қошқарлардың, сиырлардың, енекелердің (енеке – буйвол. – Ауд.) табыны көрінді. Ол жолды тастап шықты да, таудың беткейіне шамалы көтерілді. – Ха, хуш, Балт! Ха, ха, хуш! Ха, Нелти! Ха, Бали, хуш! Нелти мен Бали, екі келісті тайынша, өздерінің үйге оралғанын мерекелеп, тап бір кербұғыша кердең қақты, оларды табында ұстап тұрудың өзі байғұс бақташыға едәуір күшке түсті. Нелти ара-арасында қойлардың арасына кіріп кетіп, берекесін алғаны сондай, олар өздерінің әскери тәртіп дерлік реттерін бұзып, жан-жаққа маңырай қашты. Бали ешкілерді қуалап, сүзісіп, жолдан шығарып тастаумен болды. Салиқалы сиырлар мен ұрғашы енекелер мұндай сотқарылықтарға сабырлы жеккөрушілікпен қарап тұрды. «Жарайды, жарайда, – деп тұрғандай еді олардың бұл көзқарастары, – бір-екі құтыра тұрыңдар, сонсоң сендердің де кезектерің келер: артқы аяқтарыңды байлап тастап, саууға кіріскенде, сірә, секіре қоймассыңдар! Мына біздің бәріміз сияқты, жай ғана жүретін боласыңдар. Ал, әзірше, несі бар, ерке құландарша секіре тұрыңдар, түге...» Нелти секектеп Жолаушыға қарай бет алды. Мойынындағы қоңыраушалардың әуенді сыңғыры биші қыздың аяғындағы шылдырмақтар іспеттес еркетайдың әрбір қозғалысын демеп отырды. Міне, ол тіпті тақау келді де, алдыңғы аяқтарымен тіреліп, тап бір ағаштың тамырын
269 иіскелегендей, Жолаушының аяғын иіскелей бастады. – Нелти! Ха! – деп айғайлады бақташы. Оның дауысы да қоңырауша сылдырлады. Нелти сұлу айғайға ешқандай назар аударған жоқ: әлде еркеліктен бе, әлде назданғаннан ба, кім білсін, ақыры бақташы қызды әбден састырмаққа оның башмақтарын жалай бастады. – Нелти. Ха! Хуш! Нелти. Ха! – деп қыз тағы да айғайлады. Ол жүгіріп келіп, көнгісі келмеген жануарды таяқпен иліктіруге кірісті. Байғұс бақташы әбден абдырап қалды: екі беті қызарып кетті, мұрны мен маңдайына тепшіп тер шықты. Нелтиді қуып тастап, қыз Жолаушыға байсалды түрде көз тастады. – Алысқа бара жатырсыз ба? – деп сұрады ол пахари тілінде. Жолаушы күлімсіреді. Сонсоң урду тілінде былай деді: – Мына Нелти не деген еркетотай?! Дем арасында бақташы қыздың дидарындағы сабырлы кейіп лезде жоғалды. Ол Нелтиге еркелете қарады (ал анау қалжақтауын қоймай, ойнақтай берді). – Ол әлі үш жасқа да толған жоқ, – деп түсіндірді қыз. – Хм. Ал сенің өзің неше жастасың? Бақташы қыз Жолаушыға тағы да, бұл жолы таң қалған кейіпте қарады. Оның беті албырап кетті, ол табынының соңынан имене ерді, таяғымен сиырларды қақпақылдай қозғалды. Жолаушы жолға түсті, бақташы қыздың таяғын алып қойды да, қатар жүріп отырды. – Міне бүгін сенің ағаңның өзіңмен бірге кетпегені көрініп тұр. Жалғыз өзің табынға қалай ие болмақсың? Кәне, мен өзім айдайын. Ал сен жақсы қыз бала сияқты арттан еріп отыр. Тез арада күн де батады. Сенің деревняң қашықта ма? Ол қайда? – Сіз ендігі өтіп те кеттіңіз, – деді күліп бақташы қыз. – Қайта оралуға тура келеді. Ана-ау жазықты көрдіңіз бе? – деді ол саусағын нұсқап. – Біздің деревнямыз сонда.
270 – Ал қалай деп атайды? – Сару, – деп бақташы қыз жылдам жауап қайырды. – Жоқ, мен өзіңді қалай атайтындығын сұрадым. – Мені... мені Анги деп атайды, – деді бақташы қыз, кібіртіктеп. – Ал сіз қайдан келесіз? Жолаушы сауалды естімеген сыңайлы көрінді. Ол желіге айғайлаумен келе жатты: – Хуш, ха, Нелти! Ха, Анги, ха! Бали, а-ха! Анги күлкіден таза шегі қатты: – Сонда қалай, менің де тайынша болып шыққаным ба? О-хо-хо! Ой, не істейін, өліп барамын! Мына Жолаушы таза әпенді ғой өзі! Э-э, сен табынға ие бола алмайсың. Әкел мұнда! – деді де, ол Жолаушыдан таяғын тартып алды. Сару деревнясы Жолаушыға ұнады. Небәрі жиырмажиырма бес қана әкпен ақталған жатаған кірпіш үйлер ғана. Қайда қарасаң – алмұрттар, алмалар, банандар. Алма ағаштары гүлдеп тұр, Алмұрттардан қою жасыл байламдар төгілген, жүгері егістіктері жасыл пүліш іспеттес. Қою банан тоғайшығы өз құшағында сыңғыр дауысты жасыл бұлақты еркелетіп жатты, ал оған жақын жердегі ауқымды жазықтықта үлкен маймыл ағашы өзінің бұтақтарын кеңге жайып тастаған. Осынау ағаштардан түскен көлемді көлеңке өзеннің жағалауына жететін, ал арнасы тар өзен болса, мұнда қарлы таулардан құлап түсіп, тыныштыққа беттеген күннің соңынан жүгіріп, жыланша ирелеңдеп жататын. Үстінен әлі күн жарқырап тұрған екі тауды бастайтын ол жағалаулардың ернеулерін жуатын. Таулардың ар жағында Жолаушының елі жатыр. ол онда қашан оралмақ? Әлдебір заманда оралмаса өзі? Мұнда қандай тылсым тыныштық! Тыныстау, тірлік және өлім –міне, бұл жазықтың асқан сүйкімділігі осында. Кенет Жолаушының көз алдында пойыздың доңғалақтары билей жөнелді. Олар қалай сартылдайды! Адамдар тыныштықтан неге қорқады екен осы? Тыныштық олар үшін өлімнен де қорқынышты. Сондықтан олар дәйім кеңірдектерін кергіштеп шулайды да жатады, бақырады да жатады... не
271 үшін? Мына жазықтықтағы тыныштықты қараңызшы! Бейбіт тіршілік, әсемдік. Анау төменде, соқпақтарды қуалап, тап бір уайымсыз елік іспеттес Анги өзен жағалап кетіп барады. Иығына кішкене таяқша тастаған, өзі жалаңаяқ, жадағай әуенді ән салуда. Оның жүріс-тұрысында қаншама дыбыссыз әуен бар! Жолаушы бұған дейін оқып отырған кітабын жапты. Ангиге қарап ойға батты: «Шіркін, мен суретші болсам ғой! Қандай ғажайып сурет, қандай ғажайып көрініс! Күшті қолдардың толқын тәрізді қимылы, мүсіннің әсем иілімі... О, мен егер мүсінші болсам ғой! Жасаған адамдардың өтініштеріне иілмейді, әйтпесе мен оның алдында Элладаның өз мүсіншілері бас иерліктей мүсін қашап шығар едім!» Осы сәтте Анги Жолаушыны аңдап қалды. Қызық, ол неге дір етті де, тоқтай қалды? Оның жадағай әуені неге үзіліп кетті? Хат танымайтын мына Анги өз таяқшасымен жерге не жазып жатыр? Жолушы дауыстап шақырды: – Анги! Ол, сөз жоқ, оның дауысын естіді, ендеше неге жауап қайтармады? Міне, ол жолдың иірімдерін айналып өтіп, тікелей жоғары көтеріліп келеді. Қазір Агнидің жүрісі өзінің немқұрайлылығын жоғалтты: қыз қолдарын сілтемейді, мойыны ғана әнтек иілген. Бұл енді жаңа сурет. Өзге мүсін. Бұрын ол орманның құдайы болса, қазірде – періште, таң шапағының өзі. Бұл мүсіннің сызықтары да өзгеше. «О, шіркін, мен музыкант болсам ғой!» Анги тік жарға өрмелеп шықты, өзінің таяқшасын жасыл добтың бұтағына сұқты да, тереңнен дем алып, Жолаушының қасына отырды. Ол мұның бетіндегі бұйра шаштарына қарап отырды. Кенет Анги сауал қойды: – Сен қашан кейін қайтасың, Жолаушы? Егер сен өзіңнің атыңды айтқың келмесе, мен жай ғана «Жолаушы» деп атайтын боламын. Жақсы ма? Кітаптың беттерін парақтай отырып, ол жауап қайтарды:
272 – Жақсы, Жолаушы – жаман есім емес. Анги, мәселе мынада, мен мұнда денсаулығымды түзеу үшін келдім. Шамалы емделем де, сосын қайтамын. – Қайда барасың? – Анги мазасызданып сұрағыштай берді. Жолаушы оң қолын немқұрайды сілтей салды. – Анда барамын. – Ал қайдан келдің? Бұл жолы ол сол қолын сілтеді: – Ана жақтан. Ангидің көздері сүйінішпен жарқырап тұрды. Ол мүдіре сөйлеп былай деді: – Жолаушы, сен... таң қаларлық адамсың... Ал Жолаушы ойлады: «Бәлкім, мен шындығында таң қаларлық шығармын. Ал айналадағының барлығы қызықтырмай ма? Мына ұйқыға ұқсас тыныштық, мына өлімге жақын тіршілік, мына Ангидің бетінде шамалы шашылып жатқан бұйра шаштар таң қаларлық емес пе? Оның көйлегі жайылып жатыр, қырық жамау, ал осынау қыздың абырой-адамгершілігі қаншалықты десеңізші, көктігі өзінің көздеріндей мына өзенге ол қандайлық кең пейілділікпен қарайтындығы ше? Ал, бұл, ғаламат емес пе? Агнидің қолдарының күштілігі сондай, ұзын да қуатты саусақтары соқаның тұтқыштарымен бірге өсуге жаратылған сияқты. Ал менің саусақтарым әйелдердікі тәрізді. мен үшін бәкімен қарындаш ұштау – Агниге жарты егісті жыртып тастаумен бірдей». Арада бірнеше күн өткеннен кейін Жолаушы Агниді тағы кездестірді. – Мен сені көрмегелі талай болды ғой! – деді ол. – Ғаламат! – деп айғайлап жіберді Анги. – Мен ойлап едім, сен... Сен өзіңнің ішектері бар сыбызғыңда ойнамағалы қанша күн болды... Тақауда ғана, алдыңгүні біз бәріміз маймыл ағашының түбіне жиналдық, сөйтіп Фироз бізге сыбызғыда ойнап берді. Сен естідің ғой – ол ғаламат ойнайды емес пе? Және Киран: «Осы Жолаушы көптен бері
273 неге көрінбей кетті? Қайда жүр өзі?» – деп айтты. Осыны айта отырып, Анги Жолаушының бетіне көз алмай қараумен болды. Ол өз қолын Агнидің қолына жақындатты, тақағаны сондай, оның саусақтарын сипалады. – Иә, рес, – деді ол, жай ғана, күшпен сөйлеп. – Мен көп қыдырмаймын, деревнядан тым алысқа кетемін, қарағайлы орманды кезігіштеумен боламын... – Жалғыз? Сен қалайша өйте аласың? – Ал мен жалғыз емеспін. Өзіммен бірге кітап немесе әлдебір тағам аламын. Баз-базда шекті сыбызғыда да ойнап қоямын. Агнидің көздері таң қалғандықтан дөңгеленіп кетті. – Сен қандай оғашсың, Жолаушы! Оның тынысында балдың дәмі сезіліп тұрды. Баргаттың – жаңбырлы маусымның соңғы күндері жүгері пісіп, жетілді. Маймыл ағашының көлеңкесінде бірнеше үлкен қырмандар – жүгеріге арналған қырмандар – сары ағаштардың үйінділері пайда болды. Бұл жіңішке, аласа ғана ешкімге қажеті жоқ шөпті шабатын, ал шабылған алаңқайларды сиырдың тезегімен сылап, әкпен ағартатын, оларға жүгері собықтарының тұтас қорын жатқызатын. Сонсоң айнала бұқаларды дәнді бастыруға жіберетін. Кейбір собықтардан дәндер бірден түсіп қалатын; бірақ жүгерінің басты бөлігінің беріктігі сондай, оларды бұқалардың тұяқтары да өз ұяларынан тастап шығаруға күштері жетпейтін. Ондайда шаруалар бірнеше топтарға бөлінетін. Олар айлы кештерде бәрі бас қосып, өз қырмандарында жүгеріні қопсытатын. Төменде өзен баяу ғана бүлкілдеп жатыр. Ай жас шаруа әйелдердің мұңды әндерін тыңдау үшін маймыл ағашының биігіне ілініп қалыпты. Бұларға олардың аналары да, апасіңлілері де, олардың аға-інілерінің әйелдері де қосылады. Кенет ән үзіледі, жұрт болса үнсіз өз жұмыстарын әрі жалғастыра береді. Желдің жеңіл екпіні сезіледі – тура маймыл ағашы күрсініп тұрғандай. Әлдекім алауға жылынуға жақындайды. Қария баяу ғана өтініш айтады:
274 – Ән салыңдаршы тағы, шырақтарым менің! Ән салыңдар. Міне, ол өзі де ескі әнді айта бастайды – өзінің өтіп бара жатқан өмірінің көктемін еске түсіруде. Оның жасаураған көздерінде алаудың ұшқындары ойнайды, дауысы дір-дір етеді. Сонсоң ол үнсіз қалады да, көмір шоғына жүгерінің собықтарын қыздыруға кіріседі. Жас бақташылар өзара сыбырласып жатыр, олардың саңқылдаған күлкісі естіледі. Бақташылар оларға қиыстап қана, күлкілерін жасыра қарауда. Кенет жас жігіттің дауысы таңғы шақтың әнін соза бастады – енді, міне, оны бақташы қыздар да көтермелеп алып кетті. Осынау адамдар ұланғайыр храмда өз құдайларын мадақтауға жиналған сияқты болды. Жүгері тап бір дұғалық дәндерінше төгіліп жатыр, кәрі шаруа – абыз іспеттес, ал алаудың отында сұрғылт шайыр мен амбра жануда, олардың хош иісі бүкіл храмға кеңінен тарауда. Мұнда бәрі де ізгі ниеттілікпен тыныстауда, бәрі де – табиғаттың бұзылмас тыныштығы мен мейірбандығына бөленген. Сару деревнясының тұрғындары Жолаушыны тек қана құтты қонақ қана емес, оны өз бауырлары ретінде қарсы алатын. Кеңқолтық шаруалар, бақташы қыз-әйелдер, балалар қашанда соның қасынан кетпейтін: – Жолаушың өзіңнің шекті сыбызғыңда ойнап берші! Жолаушы, шекті сыбызғыңда ойнашы! Агни бір қолын оның иығына салып, екіншісімен оның саусақтарындағы ысқыдан ұстап алып, нығарлай берді: – Жолаушы, ойнашы енді! Шегі бар сыбызғыңда ойнашы! Немесе құшақ жетпес маймыл ағашының көлеңкесінде отырғандардың бірі оның үлкен ғалам жайлы, осындай кең алқаптары мен мол сулы өзендері бар өлкелер, сан шақырымдарға жүгірген ағаш үйлері бар қалалар туралы айтып беруін өтінетін. Әлдебіреу түймені басып қалса, жүз мыңдаған шырақтар түнгі қараңғылықты түре қуып шығатын. Аспанда «ұшатын кереуеттер» айналып жүреді, ал төменде, кісісі қалың көшелерде кекіліктердің мамығынан тоқылған жеп-жеңіл киімдер киген жап-жас періштелер қыдырыстап жүреді...
275 Осылайша бірнеше айлы түндер өтті. Бірде, қырмандардың бірінде Фироздың сыбызғысын ести отырып, Жолаушы кенет Агнидің жоқ екендігін аңғарды. Екінші бір қырманда ол шаруаларға көмектесе отырып, олардың ішінде де Агнидің жоқтығын байқады. Ол өзінің қаладағы тіршілігін айту үшін үшінші қырманға кетті. Агни онда да көрінбеді. Төртінші қырманда ол өзінің скрипкасын алды да, өте бір мұңды әуенді толғай бастады. Шаруалардың барлығы да оны тыңдауға жүгіріп келісті. Олардың жүздері тыныштық әрі қуаныштан жанып тұрды. Бірақ, Агни қайда? Ақыры Жолаушы ол жайында сұрауға бел буды: – Ол мына жақта, қырманның ар жағында-тын, – деді жас жігіт немқұрайды иегін қақты. – Ылғи құрбы қыздарымен отырып ән салатын, Фироза апай да оған әлдене айтатын. Ал, Ділшад, сен Агнидің тұра салып, кетіп қалатынындай не айтып, ренжітіп едің? Ол сөмкесін собықтармен толтырып алып, енді жалғыз өзі жұмыс істеуде. Енді оны шақырып таба алмайсың. Киран, сен барып, оны оралуға үгіттеші. Киран ештеңе деген жоқ, тек күлді де қойды. Алаңқайды айнала беріп, Жолаушы жерде шашылып жатқан жүгеріге килікті. Қасында шынтағымен қырманға сүйеніп, Агни қисайып жатты. Оның қабақтары сәл жабық болатын, ай сәулесінен оның басының айналасында нұр сәуле шашылып тұрды. – Анги! Анги! Анги! Жолаушы қыздың үстінен еңкейді, оның басын қолдарымен құшақтап алды: – Не болып қалды, Анги! Ол Жолаушының құшағынан еппен босанды да, собықтарды арши бастады. Сонсоң әлсіз де, жалынышты дауыспен сыбырлай сөйледі: – Жолаушы, мені мына жерден алып кетші... Сөйтті де, басын төмен салып, жай жылап қоя берді. Жолаушы үнсіз собықтан дән шығарды. Ол Ангиді жұбатқан да жоқ, еркелеткен де жоқ. кенет қастарынан түнгі құс зу ете түсті – тура қара оттай жылдам екен. Жоғарыда
276 екі-үш жұлдызша Ангидің көз жастарындай төгіліп түсті. Ал қырманның ар жағында әйелдер қайын атасының үйіне жиналған жас келін туралы ән айтып жатты. Жолаушының көздері өз елі жатқан таулардың ар жағына қадалды. Оның көз алдында теміржол доңғалақтары ойнап кетті. Жолаушы бақытты: ол өз әлемі – өркениет әлеміне оралды. Бірақ оны баз-базда; «Мен қателескен сияқтымын...» деген ой да мазалап қояды. Қазір оған достарының ортасында: «Жолаушы... Сен қандай таң қаларлықсың, Жолаушы!» деген дауыс та естіліп қояды. Сонда оның дидарындағы күлкі сөнеді де, ол ойға қалады: «Бұл күнде оның табаны әлдеқандай көк бұлақтың маңында жайылып жатыр, ал ол өзі болса мені дамыл таппай тосуда. Ол жалаңаяқ, жанары жұтаң да мұңды, ал шаштарында – алманың гүлдеген бұтақтары бар...! Анги! 2. АНА МАХАББАТЫ Мен кенет көздерімді ашқанда, сағат түнгі екінің маңайы болатын. Бұлттардың жұқалтаң жамылғысы айды көлегейлеп тұрды. Мен және көрші кереуетте анамның өксіп жылап жатқанын естідім. – Саған не болды мама?! – деп үрейлене сұрадым мен. – «Саған не болды мама?!» – деп анам өксігін жалғастырып ащы жазғырумен қайталады. Сендерде – не әкеңде, не ұлыңда ұят жоқ, білдің бе! Мынадай боп өңкиіп өстің, ал құдайдан қаймықпайсың... – Түптің түбінде не болды өзі? – мен оны үзіп жібердім. – Түн ортасындағы бұл не жылас? Жаз болатын. Біз әкемізден өзгелердің барлығымыз дәлізде ұйықтайтынбыз. Оның денсаулығы мәнсіздеу болатын, ол тіпті жаздыгүні суық тигізіп алудан қорқақтайтын, сондықтан жыл бойына дерлік үйле ұйықтайтын. Бірақ , міне ол да оянды. Ол сұрағысы келіп, терезеге бұрылғанда,
277 оның астындағы кереуеттің қалай шықырлағаны естілді: – Не болды, Вахид? Анаң неге жылап жатыр? – Мен қайдан білейін, әке! Жылап жатыр, бар болғаны сол. Анамның өксігені күшейе түсті. – Осы сендер не жайлы ойлайсыңдар! – деді ол. – Менің ұлым, менің титтей Махмудым қазір не халде екенін бір құдайым білсін, ал сендер мұнда тәтті ұйқының құшағында жатырсыңдар. Онда оның ешкімі де – анасы да, бауырыда, қарындасы да жоқ, ал сендер мұнда тап бір уайымдайтын ештеңелерің жоқ тәрізді жайлы жағдайда қорылға басып жатырсыңдар... мен жаңа әлгінде ғана өзімнің кішкентай Махмудымды түсімде көрдім. Ол кір-қожалақ кереуетте безгегі ұстағандай безектеп жатыр екен деймін. Оның денесі көмір шоғындай ып-ыстық, ал өзі: «Мама!.. Мама!..» деп ыңырсумен жатыр. Анам еңіреп жіберді. Маманың «титтей Махмуды», менің ағам, Лахорда оқитын, өнер бакалавры болуға ойысып жүрген-ді. Ол үшінші курста болатын. Мен ендігі өз емтихандарымды тапсырып үлгердім және мамыр айында үйге оралдым, ал ол болса, ыстықтан қайнаған Лахорда қалуға тиісті еді. Міне, маусым да өтті, ал Махмуд әлі жоқ. Анам қатты дегбірсізденді. Шындығын айтсақ, біз бәріміз де қобалжыдық. Үшінші күні біз оған жеделхат жолдадық, ал кеше ұзақ үнсіздіктен кейін Махмудтан өте қысқа хат келді. Ол былай деп жазыпты: «Мен науқаспын, безгек ұстады, бірақ, өтті. Мұнда бірнеше күннен бері жаңбыр жүріп жатыр. Егер бізде, Лахорда осылай болса, онда Исламабадта не болып жатыр өзі? Мен Джамму–Банихал-роуд немесе Кохала–Уримен апаратын жолдың қайсысын таңдағаным жөн – тезірек жазыңдар? Қандай жол орайлы?» депті. Ойланып біз екінші жеделхатты жолдадық. Шындығында, күшті нөсерлер жүріп, екі жолды да қажытқанымен, Банихалроудтағыдан гөрі сенімдірек еді. Біз де оған осылай кеңес бердік.
278 Енді міне, тағы да жаңа әлек кірді... Әкемнің ұйқысы бұзылды. Ол ашулы түрде былай деді: – Оған не бола қоймақ? Сен тап бір өрттегідей әлектенесің де жүресің. Махмуд титтей бала емес қой. Сен неге мазасызданасың? Мыңдаған аналардың балалары Лахорда оқиды, жатақханаларда тұрады және үйлеріне есен-аман оралып жатады. Ол да келеді. Егер ол таңертең Лахордан шықса, кешке қарай Равалпиндиге келуі керек. Ертең Кохала, сонсоң... Анам оны бөліп жіберді: – «Сонсоң... Сонсоң...» Сен не айтып тұрсың? Ал егер құдай сақтасын, безгек қайталаса, не болмақ? Анам абдырап қалды. Көздерін сүртіп, ол тек өтініш жасады: – Маған мәшинеге тапсырыс беріңдер, мен Лахорға барамын! – Сенімен не дауласатыны бар – ұйықтау қажат! – деді әкем. Оның ұйықтауға бет алып, келесі жамбасына аунап түскені естілді. Осы дұрыс болар деген оймен мен де көздерімді жұмдым. Бірақ менің құлағыма мамамның баяу өксігендері жетіп жатты. Мен көздерімді жұмған қалпымда ойға шомдым. Ананың жүрегі, оның махаббаты деген қандай жан тербетер ғажайып! Ананың жүрегі, ананың махаббаты – бізді қоршаған әлемдегі ерекше ғаламат құбылыс. Бәлкім ол біздің өзге де қиялымыз сияқты тура сондай сағымның елесі, соның жемісі шығар? Мұндай махаббаттың негізі малға кетеді деседі. Ұл – ана тәнінің бір бөлігі, сондықтан ана оны соншалықты сүйеді. Бұл жалғанда біздің бәріміз бір-бірімізден алшақпыз, әрқайсымыз тек өзіміз үшін тіршілік етеміз деп есептеген Флобер жөн айтқан ба?.. Ешкімнің де серігі жоқ. Әлдекімді жақын деп есептейтін біз, шындығында мүлде жатпыз, бірбірімізді түсінуге әліміз жетпейді... міне, мәселен, мына мен – Махмудтың бауырымын. Менің қан тамырларымда да, онікіндегідей қан ағады. Біз бір-бірімізді өте сүйеміз
279 және жиырма жылғы өз тіршілігімізде шамалы уақытқа ғана ажыраң болып отырдық. Бірақ, мен тура анамдай толғанбаймын ғой? Сонда қалай, біз білімге толы, бірақ рухтан ада қалған тас сеңдер, немесе Мысыр пирамидалары, немесе Ашоки жазбалары іспеттес болғанымыз ба? Будда – мына әлем алдау, елес қана деген екен. Мүмкін, бірақ, сенгің де келмейді. Мына ғажайып сезім – ана махаббаты қайдан туындайды? Жер шарының бір түкпірінде жылап отырған ананың махаббаты – алдау болушы ма еді? Елес пе? Егер шындыққа шөлдесең – сенбейсің... – Махмуд. Менің жұдырықтай Махмудым... Құлыншағым менің!.. Жай ғана өксіген мамам бауырымның есімін толассыз қайталаумен болды. Қандай белгілі де ескі тарих десеңізші! Менің қадірменді бауырым, бәлкім, әлі Лахорда, той-томалақтарда ойынсауыққа беріліп, киноға барып жүрген шығар. Әйтпесе Кашмирге бара жатқан жолдың аялдамасында тәтті ұйқының құшағында жанға жайлы түстер көріп жатқан болар. Мен бауырымның ойдан шығаруға шебер екенін білемін – онда ешқандай безгек болған жоқ! Онысын мамам да біледі, бірақ сонда да жылайды. Иә, ана махаббаты... Қанаттана рухтанған сезім. Қалай дегенмен де біз мынау ұшы-қиырсыз әлемде жалғыз емеспіз. Қалай дегенмен де біз тастар іспеттес түк сезімсіз емеспіз. Менің есіме жалғыздықты соншалықты мұңая суреттеген Мопассанның әңгімесі түсті. О, Мопассан бейбақ! Махаббаттан ада болған пәлсапашылар сияқты ол да өзі айтып кеткен махаббат тарихтарының көбісінің нағыз мағынасына бойлай алмай кетті. Әлемнің зұлымдығы оның ойын жалған жолға бағыттап жіберді. Ол әйелдер – шарап, сұлулық – жалған деп жазды. Біз бір-бірімізді мүлде білмейміз. Күйеуі мен әйелі, жылдар бойына махаббат одағында тұрып-ақ жат болып қалады. Екі дос кездесіп жатады, бірақ әр жолы жаңа бейнеде жолығысады. Біз бірімізден біріміз барған сайын алшақтай береміз. Адамның махаббаты – тек алдау ғана...
280 Мопассандағы әйел ажалмен теңестіріледі. Көзімді ашып мен анама қарадым. Ол көз жасына малынған күйі ұйықтап кетіпті. Оның жақтары суалған, жабылған қабақтарының бұрышында да ылғал жылтылдап тұрды. Мама дегеніміз өлім бе? Ана махаббаты шындығында сондайлық қорқынышты ма? Шамасы Мопассан қателескен болар. Бәлкім, сол жолдарды жаза отырып, ол өзін сүйген анасын ұмытқан сияқты, оның сүйкімді бесік жырларын, оның еркелете қаққан шапалақтарын, титтей кезінде анасына жабысып айтқан сөздерін де есінен шығарып алған тәрізді. Адам махаббаты – тек алдау ғана ма? Мүмкін ол анасының өзі үлкейгенде де басынан сипап, өзін мейірлене құшақтағанын да зердесінен тыс қалдырғанға ұқсайтын болар? Өзі қаладан кетісімен, ананың алаңдап кеш сайын өзін тосып жолға қарағыштағанын да қаперінен шығарған шығар? Оның әрбір қателігін баланың жаңсақтығына балап, оның өзін игі іс деп есептегенін қайтерсің... Жоқ, мына әлемде біз оқшау емеспіз... бізбен анамыз дәйім бірге. Мопассан айта беретін жалғыздық дем арасында ананың құшағында жоғалып кетеді. Ана махаббатындағы сүйкімділік пен тәттілікке жекелеген қорқыныштар қаза табады. Жоқ, біз бұл жалғанда жалғыз емеспіз. Бізбен бірге біздің анамыз бар. Бұл шындығында осылай... Бірақ... Гу-гу... Гу-гу... Гу-гу!.. Кукареку! Әтештер, көгершіндер, әнші құстар таңның қалыңдығы – шапақты әлден құттықтады. Құстардың бұл ән салысы менің таң алдындағы ұйқымды қуып жіберді, мені серпіліп түсуге мәжбүр етті. Мен кереуеттен аяқтарымды салбыратып жіберіп, отырдым да, көздерімді уқалай бастадым. – Вахид! Тұра ғой, ұлым, – Махмуд келді! Көзімді ашып қарасам, рас! Анам раушан бұтасы жанындағы орындыққа отырыпты, ал Махмуд оның аяқтарына еңкейіпті. Мен оларға тұра жүгірдім. Біз бауырым екеуміз құшақтаса кеттік. – Осынша уақыт сен қайда жоғалып кеттің? – деп сұрадым мен.
281 Махмуд маған қулана қарады да, көзін қысты. Сонсоң, еңкейді де, айқын қызыл раушандарды ықтиятпен қарастыра бастады. – Аптаға жуық нөсерлі жауындар толастамай қойды. Жол таза жабылып қалды. Менің қолымды қатты қасап алып, ол оны шайқай бастады. Анам көкөніс тазалап отырып, екеумізден көз алмай қараумен болды. Оның көздерінде жастардың екі мұхиты жайнап тұрды, бірақ бұл мұхиттарда бақыттың көңілді шырағдандары да жайнап кетті. 3.ВИКРАМАДИТЬЯНЫҢ ӘДІЛЕТТІЛІГІ Соттың төртінші учаскесінің мекенжайы халыққа лық толған. Ендігі он бір жарым болса да, судьяның орындығы әлі бос тұр. Такси жүргізуші Викрамды сотқа, міне, он бірінші рет шақырып отыр. Ол төрт айдың барысында сотқа он рет бой көрсетті, бірақ әр жолы оның ісі кейінге қалдырылумен болды – кезек жетпей қойды. Осы төрт ай ішінде оның таксиі он бірінші күн тоқтап тұрды, ал егер такси жұмыс істемесе, шаруа орнынан қозғалмайды, балалар мектепке бармайды, дүкеншік иесінің жұмысы кібіртіктеп қалады. Тек әйелдің тілі ғана бұрынғыдан да тез жылдамдықпен қозғала бастайды. Ал оның ісі болмашы ғана-ды – өз қалаларындағы ең білікті адамның жоғары жылдамдықта келе жатқан мәшинесін қуып жетіп, басып озған – бар болғаны сол. «Дөкей» мырзаның мәшинесі өз қожасының қарыны сияқты қаншалықты дәу болса да, Викрамның жұпыны ғана таксиі оның алдында бара жатты. Мәселе мұнда мүлде мәшинеде емес, жүргізушінің шеберлігінде жатыр. Мәшине атаулылардың баршасы қозғалысқа адам қолдарының қимылы арқылы
282 келтіріледі ғой, ал үлкен адамдар бұл жағын жиі ұмытып қалады. Қаладағы ең маңызды «дөкей» мырза болмашы такси айдаушының мына өрескелдігіне қатты қорланды, сөйтіп бірінші көше айрығының өзінде-ақ полицейге арыз айтты. Сотта Викрамға он рупий айналасында айыппұл салулары мүмкін еді, бірақ «дөкей» мырза шаруасы өте тығыз адам болғандықтан сотқа бас сұғуға уақыт таба алмай қойғаны. Викрамның мұнда он бірінші рет келуге мәжбүр болуы осыдан. – Судья мырза бүгін келмей ме? – деп сұрады Викрам өз қорғаушысынан. – Кім білсін, – деді абыржыған күйде анау. Викрам қорғаушыға әр шақыруға үш рупийден төлеп отыруға уәде беріп, қымбат саудаластым-ау деп ойлаған еді. Бірақ Викрам істің осынша созылып, оған үш рупийдің орнына отыз үш рупий төлеуге тура келетіндігін болжай алды ма? Қорғаушы ренішпен жауап қайтарып отырды, ал үш рупийге не деп жауап қайыра бересің? Ал егер іс – елу, тым болмаса жиырма рупий әкелетін болса, онда қорғаушы өз клиентіне әрине күлімдер еді. Қорғаушылардың езулеріндегі күлкілер тек белгілі бір жағдайларда ғана пайда болады. Біреуінің күлкісі бес рупийде, екіншісінікі – елу рупийде, ал кейбіреулердің күлкісін шақыру үшін кемінде мың рупий қажет. «Мен бұл қанішерге отыз үш рупий бердім, – деп ойлады Викрам, – ал ол адам тәрізді бір ауыз сөз де айтпайды. Бәлкім, он рупийден артық айыппұл салмас, ал мен болсам қорғаушының өзіне отыз үш рупий төледім» ғой. – Өтінемін, хатшыдан сұраңызшы: судья бүгін келе ме, жоқ па, – деп жалбарынды Викрам адвокатқа. – Мәшинем тоқтап қалды, ал мен бұдан көп зардап шегудемін. Қорғаушы сағатына қарады да, асығыс жинала бастады: – Міне, он екіге ширек сағат қалды, ал менің екінші учаскеде тағы бір ісім бар. Сонда жүгіріп барып келемін. Ал сен әзірге осы мекенжайда отыра тұр. Егер сені шақырса, табан астында маған білдірт. Адвокат пенжегінің жалба-жұлба жағасын түзеп,
283 қапшық құсап кеткен шалбарын тартқыштады да, екінші учаскеге бет алды. Ол осыдан көптеген жылдар бұрын атасы атасы қызметте жылжуға көмектесер деген үмітпен белгілі қорғаушының қопалақтау қызына үйленген болатын. Бірақ көп ұзамай атасы қайтыс болды. Сонсоң адвокаттың бірін-бірі қуалай жеті баласы жарыққа келді. Оның үстіне пенжектің жағасының сиқы мынау. «Үш рупийге не тындыра қоярсың? Егер тіршілікте тек бақытсыздыққа киліге берсең, тәтті сөздер қайдан шықпақ?» – деп ойлады қорғаушы екінші учаскеге бара жатқан жолда. Викрам судья жайында хатшыдан білмек болуға талаптанып еді, бірақ хатшы оған айғайлап тастады, ал қорқып кеткен Викрам аулақтау барып тұрды да, абдырағандықтан өзінің кішкене сақалын сипай берді. оның өте әдемі сақалы және үлкен тұнжыраған көздері болатын. Олардың отбасындағы барлық еркектердің көздері әдемі еді, әрі бәрі де дәу-дәу сәлделер салып жүретін. Бұл сәлделер мен төбелеріндегі бір шоқ айдарлары оның көне мәдениетпен дінінің белгілері-тін. Викрамның тұқымынан белгілі ғалымдар, қасиетті кітаптардың білгірлері, пандиттер шықты. Ал жағдаяттар Викрамды мәшине рөліне отыруға мәжбүр етті. Викрам жан-жағына ұзақ қарағыштаумен болды. Кенет ол залдың ең шеткергі түкпірінен судья мырзаның қағаз тасушысын байқап қалды. Ол судьяға бекітіліп берілген-ді және ол өз кабинетінен шығып, мәжіліс залына бет алғанда, қағаз тасушы екі қадам алда жүріп, халық кернеген залға судья мырзаның пайда болғаны жайлы дауыстап хабарлап отыратын. Қара көзілдірікті, ақ жағасы бар қара мантия киген судья мырза көрінгенде, жиналғандардың барлығы оған құрмет көрсеткен ретте судья мырза судьяның биік орындығына отырғанша түрегеліп тұратын. – Судья-сахиб қашан келеді? – Әдетте ол тура он екіде келетін, – деп жауап қайтарды қағаз тасушы. – Бүгін оған не болғанын білмеймін. – Ауырып қалған жоқ па екен?
284 – Егер ауырса, онда мүлде келмеуі мүмкін. – Әрине. Онда басқа судья айырбастамай ма? – Ондай да болады. Бәлкім судья-сахиб әлі телефон шалатын шығар. Ол өз ойын аяқтап үлгергенше, телефон шылдырап, қағаз тасушы судьяның кабинетіне бет алды. Оның соңынан Викрам да сүйретіліп кетті. Қағаз тасушы трубканы алып, ықтиятпен тыңдап жатты, ал бұл екі арада Викрам кабинетті шолумен болды. Таза да жарық бөлме. Бір жағында –судья-сахибтың үстелі, ал екінші жағында – судья мырза демалатын жұмсақ кресло, бірнеше орындықтар мен табуреткалар, өртенбейтін шкаф. Қарсы жаққа киім ілгіш қағылған, онда – судьяның мантиясы. Қара ернеуі бар көзілдірік, судья-мырзаның ақ жағасы мен мадрастық сәлде осы жерде, табуреткада жатты. Қағаз тасушы трубканы қойды да, Викрамға бұрылды: – Судья-сахиб келмейтін болды. Оған тұмау тиіпті. – Сонсоң кенет ол дауысын өзгертіп, айғай салды: – Сен мұнда кіруге қалай дәтің барды? Мұнда бөгде адамдарға кіруге болмайтынын білмеуші ме едің?! Қане, дем арасында көзіңді құрт! Сөйтіп қағаз тасушы қаһарлы түрмен Викрамға жақындады. Сол сәтте-ақ Викрамның әндемді жұдырығы қағаз тасушының басына сарт ете түсті... Төртінші учаскенің мәжілістер залы адамға лық толған. Бұл жолы судья креслосында жаңа судья отырды және жұрттың бәрі оның қандай шешімдер шығаратындығын шыдамсыздана күтумен болды. Бірінші істе Бала Чандран қуынушы болды. Ол өз үйінде міне, он жылдан бері бөлме жалдап келе жатқан кемпірге қарсы іс қозғады. Кемпірдің осыдан жарты жыл бұрынғы апатта ұлы қаза тауып, ол содан бері пәтер төлемін төлей алмай келе жатқан-ды. – Сенің үйіңде неше бөлме бар? – деп сұрады судья ала Чандраннан. – Он, – деп жауап қайтарды анау.
285 – Ал сенің отбасыңда қанша адам бар? – Жалғыз өзім, – деп күбірледі Бала Чандран. – Неше жастасың? – Жетпістемін, мырза! – Жетпіс жастағы қарияға он бөлменің қажеті не?! – деп судья айғайлап жіберді. – Сонда сен соның бірін осыдан жарты жыл бұрын ұлынан айырылған кемпірге бере алмайсың ба? – Судья мырза, – деп араласты Бала Чандранның адвокаты, – заң дегеніңіз пәлендей бабында, пәлендей бөлімінде, пәлендей тармағында былай дейді... – Ал адам не айтады? – деп жаңа судья дауысын көтерді, содан Бала Чандранның адвокаты үрейлі түрде үнсіз қалды. Сонсоң судья бетінде талай жылдарғы сараңдықтың ізі сайрап жатқан жетпіс жастағы қарияға күлімсірей қарады. – Сенің үйіңде қанша малай бар? – деп сұрады жаңа судья. – Ешкім де жоқ, – деп жауап қайырды қуынушы. – Сен өзің жалғызсырамайсың ба? Адвокат судьяға іске қатысы жоқ сауалдарды неге қоясыз деп қарсылық мәлімдегісі келді. – Кейде жалғызсыраймын, – деп жауап қайтарды Бала Чандран. – Сен әлдебіреудің бөлмеңді жинастырып, өзіңе уақтылы ішкиім ұсынып, су жылытқанын, таңертеңгілік ас әзірлегенін, ал кешке, ұйықтар алдында, аяқтарыңды сипалағанын қаламайсың ба? – Әрине қалаймын мырза! – Ал егер осынау адам бар қызметтеріне бір де пайса сұрамай, бөлме мен екі мезгілгі дәм беруіңді өтінсе, сен бас тартар ма едің? – Бірақ, мырзам, қазірде бүкіл әлемде ондай адамды қайдан таппақсың? – деді Бала Чандран мұңая сөйлеп. – Сіз келісесіз бе? – деп сұрады жаңа судья, кемпірге қарай бұрылып. Кемпірдің жүзі жайнап сала берді. ол қолдарын көкке көтеріп, судьяның денсаулығына бағыштап дұға оқи бастады,
286 ал сонсоң Бала Чандраға дауыстап: – Кеттік үйге, қариям. Түстік астың уақыты келді. Кемпір қарияны қолтықтап алды, бұған жиналғандардың бәрі ду-ду күлді. Енді судьяның алдында әдемі жас ағылшын-үндіс қызы тұрды. Оның әсемдігі сондай, қуынушылар тұратын мінберге әйел емес, ғаламат гүлдер салынған ваза пайда болғандай әсер етті. – Сонымен сіз өзіңіздің жұбайыңызбен айырылысқыңыз келе ме? – деп сұрады судья. – Иә. – Сіздің жұбайыңыз жұмыссыз ба? – Жоқ, ол теміржолда машинист. Машинист болса қасында тұрды, анда-санда орамалымен бетін сүртіп қояды. Бүгінгі күн оған үлкен ұятсыздық әкелді. Егер сот залы оның пойызының бір вагонында болса, ол еш тебіренбестен күллі пойызды жолдан шығарып жіберер еді. – Сіз онымен неге айырылысқыңыз келеді? – Күйеуімнің ауызы сасиды да тұрады. Оның күн сайын жатарда сарымсақ жейтін әдеті бар. – Сіз оның жатарда тістерін тазалап жатуын неге қадағаламайсыз? – Мен айтып бақтым, бірақ ол менің сөздеріме назар аудармайды. – Онда тіс шөткесіне паста алыңыз да, оның ауызына тығыңыз. Жас келіншек шамалы үнсіз қалды, ал сонсоң былай деп қосты: – Судья мырза, ол күн сайын кешкісін менің төсегіме тіптен бәтеңкелерімен шығып кетеді. – Онда сіз де түнге аяқкиімдеріңізді шешпеңіз, – деп ұсыныс жасады судья. – Оны леп-лезде мұндай өрескел әдеттен бетін қайтарудың өте жеңіл тәсілі. – Бірақ, – деп килікті адвокат, – Индияның қылмыстық кодексінің пәлендей бабының, пәленінші бөлігінің, пәлендей тармағына сәйкес, егер күйеуі әйелімен...
287 – Сіз үндемей тұра тұрыңыз, – деп судья қорғаушыға зекіңкіреп қалды. – Сізге ерлі-зайыптылардың қарымқатынастарына араласуға кім ерік берді? – Сонсоң судья машинистка әйелге бұрылып, шешімді тақылдатып айтып өтті: – Егер күйеуі төсекке бұдан соң да аяқкиімімен жатуға тырысатын болса, әйелінің де шоқайын шешпей ұйықтауға жатуға толық құқығы бар. Енді судьяның алдында «Чари Текстайл милз» тоқыма фабрикасының иесі Кришнамачари тұрды. Ол өте сұңғақ, ұзын бойлы болатын. Аппақ жібек көйлек пен тап сондай дхоти киген ол, храмнан әлгінде ғана шыққан Тәңірі іспеттес еді. Оның қолдары ғұмыр бойына тек ақша санаумен ғана айналысқан тәрізді. Ол судьяның алдында сабырлы және емін-еркін тұрды. – Сіз, – деп сұрады судья, – жұмыскеріңіз Реддидің фабрикадағы апат кезінде қолынан айырылғанын мойындайсыз ба? – Иә, мойындаймын. – Сіз тіпті осындай мойындаудан кейін де Реддиге келтірілген зақым үшін өтемақы төлеуден бас тартасыз ба? – Иә. – Неге? – Өйткені Реддидің қолын, оның алаңғасарлығынан жұлып әкетті. Оның үстіне, осындай алаңғасарлықтан менің фабрикамдағы мәшине бұзылды. – Сіздің фабрикада? Ал ол қалай сіздікі болған? – Мырза, мен оның қожайынымын. – Сіз қалай оның қожайыны болдыңыз? – Мырза, мен оған капиталымды салдым. Мен оған жеті миллион рупий жұмсадым. – Ал қанша пайда алдыңыз? – Отыз төрт миллион төрт жүз мың. – Ал егер фабрикада бір де бір жұмысшы істемесе, қандай пайда алар едіңіз сіз? – Мырза, бұл қалай? Егер фабрикада жұмысшылар
288 болмаса, пайда қайдан келмек? – Яғни сіз өзіңіздің жеті миллионыңызға жұмысшы қолдары тигенше ештеңені білдірмейтінін мойындайсыз ғой? – Солай болғаны ғой, мырза, – деді Кришнамачари кібіртіктей мойындап. – Ендеше, осы пайданы жасайтын қолдар фабрикаға иелік етпейді деп есептейсіз? Фабриканы іске қосатындарды оның қожайындары деп неге есептемейсіз? Егер олардың бірінің немесе сіздің қолапайсыздығыңыздан қолы жұлынып кетсе, неге сіз оған өмірлік зейнетақы тағайындамайсыз? – Бірақ бұл социализм ғой? – Бірақ мынадай баптың, мынадай бөлігінің, мынадай тармағы бойынша қожайын болып мыналар есептеледі, – деп адвокат наразылық білдірді. – Адвокат, сіз алдымен ізгі ниеттегі адамдарды қорғаңыз, – деп судья адвокатты тыйып тастады да, сонсоң машинисткаға бұрылып жаздырта бастады: – Жазыңыз. Кришнамачари «Чари милз» фабрикасына жеті миллион рупий жұмсады да, отыз төрт миллион төрт жүз мың рупий табыс тапты. Яғни ол өз жұмсаған қаржыларын үлкен кірістерімен қайтарып алды. Сондықтан бүгінгі күннен бастап, бұл фабрика онікі емес, оған өз еңбектерін сіңірген және жұмсап жатқан адамдардың иелігінде болуға тиісті. Одан әрі қарай. Кришнамачари іске өз еңбегін жұмсамаса да, ол осы кірістің бірден-бір иегері болды. Сондықтан сот қаулы етеді – Реддиге өмір бойлық зейнетақы тағайындалсын, ал Кришнамчаридің екі қолы да шабылып тасталсын, өйткені олар ешқандай пайда әкеліп жатқан жоқ, ал біздің елімізге тек жұмыс істейтін қолдар керек. – Мынау не сұмдық? – Бұл сот па, әлде есуастық па? – деп залда жиналған қорғаушылар шуласып кетті. Жаңа судья тағы да бірдеңе қоспақшы болып еді, бірақ осы кезде соттың мекенжайына тағы бір адвокат жүгіріп келді де, пенжегінің жағасын жүре түзетіп, айғай салды:
289 – Ұстаңдар мынаны! Бұл судья емес, менің қорғалушым, таксиші Викрам... Ол судьяның орынтағына қандай құқықпен отырып алған?! Таксиші Викрам сот залына келгенде, судья оған сауал қойды: – Сіздің аты-жөніңіз? – Викрамадитья. – Жасыңыз нешеде? – Екі мың жыл. – Мамандығыңыз? – Такси жүргізушімін. –Құрметті судьяның жоқ кезінде судья орынтағына отырып алып, сол арқылы құрметті сотты қорлағаныңызды мойындап, өзіңізді кінәлімін деп есептейсіз бе? Барлық қатысып отырғандар таксиші Викрамға ықтиятпен қарап қалды. Ол басын бүгжите төмен салып, ұзақ тұрды, сонсоң жайлап көтерді де, жауап қайтарды: – Судья мырза, тіршілік таксише заулайды, ал Заң болса ескі арба ғана іспеттес ілбиді. Мырза, мен кінәлі емеспін. Мені судья орынтағына отырмады деп есептеңіз. Мен тек акселатордың педалін шамалы ғана бастым. – Алты ай түрме, – деп жариялады судья. Екі дәу полиция Викрамды бас салды да, сот залынан сүйрей жөнелді. 2009 ж. желтоқсанда тәржімеленді
290 Сомерсет МОЭМ Л У И З А Сомерсет Моэм (1874-1965 жж.) – ХХ ғасырдағы ірі ағылшын жазушыларының бірегейі. Ол прозаик, драматург, әңгіме мен новелланың хас шебері санатында таныла білген қарымды қаламгер. Мен мына дүниені оның 1936 жылы жарық көрген «Тым қысқа әңгімелер» деген жинағынан алдым. Мен осы Луизаның маған дегенде несі барын түсінбейақ қойдым. Ол мені онша жақтырыңқырамайтын, сондықтан болар, орайы келгенде ту сыртымнан іліпшалуға әзір тұратын. Ол өз ойларын тікелей айтуға сыпайыгершілік білдіргенімен, оның әдемі қолдарының әрі-бері қозғалысының өзі-ақ әрқилы ойдан хабар беретін. Сайып келгенде бұл әйел шымшыма сөздің шын шебері еді. Біздің бір-бірімізді жақын білгенімізге жиырма бес жыл болды, бірақ, мен оған ескі таныстық пәлендей мағына береді дегенге ешқашан сенбеймін. Ол мені дөрекі, қасаң, ізетсіз және ұятсыз деп есептейтін. Мен егер сондай болсам, ол менен неге аулақ жүрмейді деп таң қалатынмын. Ол-ол ма, ол маған таза маза бермейтін – қит етсе таңғы, не түскі дәмге шақыратын, жылына бір не екі рет қала сыртындағы мекенжайында демалыс күндерін өткізуге қолқалайтын. Ақыры мен бұл шақырыстардың астарын түсінгендей болдым. Луизаны менің оған сенбейтінім қажытқан сыңайлы. Сондықтан ол мені жақтырмайтын. Сөйте тұра менімен бірге болғысы келетін. Ал мен жалғыз ғана оны онша қаперіме алмайтынмын. Бұған ыза болған ол, мен қашан қателігімді мойындап, алдына басымды игенше тыным таппайтын. Бәлкім, ол менің оның бұлдыр бейнесі астынан шын кейпін аңғарғанымды байқаған болар. Содан ерте не кеш болса да,
291 бұл пікірімнен тайдыруға күш салған шығар. Мен Луизаны барып тұрған өтірікші деп есептеуге сенімім жетпейтін. Мүмкін ол өзін өзгелерден сәтсіздеу алдады ма, немесе ой түбінде басқалардың баршасын қалжақ етті ме? Ал егер осылай болса, оны өзгелер сезбейтін жалпы жұмбақ жайт маған қарай итермеледі ме? Мен Луизаны тұрмысқа шықпай тұрған кезінен білетінмін. Ол нәзік те, үлкен көздері мұңайған әлжуаз қыз болатын. Әкесі мен шешесі оны құдайдай өбектеп, әлдебір қатты сырқаттан кейін – шамасы қызамық қой деймін – жүрегі едәуір әлсіреген соң, асты-үстіне түсіп байыз таппайтын. Содан болар, Том Мэйтленд оған үйленбекке қолқа салғанда, ата-аналарының зәрелері кетті. Шамасы, қыздары жанұялық тіршілік тауқыметін көтере алмайды деп есептесе керек. Бірақ олардың тұрмысы ауыр болатын. Ал Том Мэйтленд болса ауқатты жігіт еді. Ол Луиза үшін ештеңеден аянбайтынын айтып ант беріп бақты. Ақыры олар өз періштелерін оның қарауына сеніп тапсырды. Том Мэйтленд сұңғақ бойлы, өте әдемі жігіт, әрі ғажап спортшы болатын. Ол келіншегінің ауру жүрегімен шамалы ғана ғұмыр сүретінін түсіне білді. Сол санаулы жылдарда оның бақытты болуына қолынан келгеннің бәрін жасауға бел буды. Ол сүйікті спортын да тастады, бірақ бұл қадамға Луиза талап еткендіктен барған жоқ (қайта келіншегі оның табыстарына шын қуанатын). Бір ғажабы, ол аңға шыққандай болса, не гольф ойнауға жиналса, Луизаның жүрегі талықситынды шығарды. Егер олардың пікірлері кереғар келсе, Луиза табан астында шегініс жасайтын, өйткені ол әлемдегі ең жадағай әйел еді. Бірақ жүрек сыр білдіргендіктен, апта бойына төсекте тырп етпей жататын. Әрине күйеуінің қарсы келуі жөн емес қой. Кейін ол мұндай қатыгездігін мойындап, қателік жасағандығын айтып, ұзақ өтілетін. Ақыры келіншегі созалаң кикілжіңнен кейін өзінше іс-қимылға көшетін. Мен бірде Луизаның жаяу жүргісі келіп, сегіз миль жерге аптықпай жеткенін көріп, Том Мэйтлендке оның бір көрмеге қарағанда мықтылау екенін жапсарлап жеткізіп едім, ол тек
292 қана басын шайқап, күрсінді де қойды. – Жоқ, жоқ, оның денсаулығы мүлде әлсіз. Ол әлемдегі ең мықты деген дәрігерлерге көрініп бақты. Олардың бәрі де Луизаның өмірі қыл үстінде тұр деп есептейді. Тек оның күш-жігері адам айтқысыз. Ол менің осы пікірімді келіншегіне жеткізіпті. – Маған ертең осы үшін азап тартуға тура келеді, – деді мәңгі зардап шегуші. – Мен өлім табалдырығынан бір-ақ көрінемін. – Меніңше ықыласыңыз болса болды. Күш жағы сізде жетіп бағады, – дедім мен қарсы шығып. Мен оның көңілді отырыста түнімен билейтінін баяғыдаақ байқаған едім, ал егер бабы болмаса табан астында қалжырап, Том үйге жетектей жөнелуге мәжбүр болатын. Менің жауабым оған ұнамаған сыңайлы көрінді. Ол ізетпен жымиғанымен аялы көгілдір көздері салқын қалпында қалғандай еді. – Сіз мүмкін өзіңізге рахат әкелу үшін мені өліп түседі деп күткен боларсыз, – деді ол. Сонымен Луиза күйеуінің артында қалды. Ол екеуі яхтамен серуен құрғанда қатты суық тигізіп алып, ақыры ана дүниеге аттанды. Сөйтсе, жамылғы атаулының бәрін келіншегіне жапқан екен ғой. Соңында қызы мен айтарлықтай байлық қалған-ды. Луиза күні-түні жылаумен болды. Оның мынадай тағдыр соққысын қалай көтергені шын таңғаларлық еді. Дос-жарандары болса, ол байғұс Томның соңынан көп ұзамай қоса аттанатын шығар деп күткен болатын. Олар бәрінен бұрын тұлдыр жетім қалады-ау деп қызын аяды, әрі Луизаны алақандарына салып, өбектеп бақты, ештеңеге алаңдамауына жағдай жасаумен болды. Расында сәл ғана бабы болмай қалса, жүрегі дереу сыр беріп, өлімнің құшағына жығылғандай әсер қалдыратын. Ол арасында өзін қақпалайтын адамның жоқтығынан өліп қаламын ба деп қорқатынын, мынадай халде жүріп қымбатты Айрисін қалай тәрбиелеп өсіретінін білмейтінін де айтып қоятын. Достары тағы да неге тұрмысқа шықпасқа деп ақыл қосса,
293 ол безектеп, мынадай жүрекпен қайда барамын, әрине, қадірлі Том мұндай қадамға қарсы келмес еді, Айриске де жөн болар еді, тек өзіндей кемқадам адамды кім масыл еткісі келеді дейтін. Бір ғажабы, оны масыл еткісі келгендер табылып бақты. Сонымен Том қайтыс болғаннан кейін жыл өтпей жатып, Джордж Хобхаусқа өзін серік етуге мүмкіндік берді. Бұл өз болашағынан мол үміт күттіретін тамаша жас жігіт еді, әрі бір кісіге жетерлік дәулеті де бар-ды. Ол осынау нәзік келіншектің бабын тауып, қамын жеуге өзіне орайы келгеніне дән риза болды. – Қорықпа, мен көпке бара қоймаспын, – деп жұбатты оны Луиза. Джордж едәуір өркөкірек әскери қызметкер болатын. Бірақ ол отставкаға шықты. Өйткені Луизаның денсаулығы қысты Монте-Карлода, жазды Довиллде өткізуді талап ететін. Жаңа күйеу қызметтегі өрлеуден ә дегенде бас тартқысы келмеген еді. Оның үстіне бұған Луиза да үзілді-кесілді қарсы келді. Ақыры, өмірінің соңын зайыбының бақытты болғанына бағыштағысы келген Джордждың дегеніне көнді. – Енді шамалы ғана қалды, – деді келіншек, – мен де саған салмақ салмауға тырысамын. Сөйткен Луиза екі-үш жылдың мұғдарында әлсіз жүрегіне қарамастан, у-шулы кештерге барын киіп, тіпті сұңғақ бойлы сұлу жігіттермен әзіл-қалжыңға баруға да уақыт тапты. Тек Джордж Хобхаус Луизаның алғашқы күйеуіндей төзімді емес еді. Сондықтан, оның екінші жұбайының күнделікті міндеттерін атқару үшін, өзін әредікәредік қуатты ішімдіктермен демеп отыруына тура келді. Ол мұны әбден әдет қылып алар ма еді, қайтер еді (оның үстіне бұл қылығын Луиза да жақтыра қоймайтын)? Көп ұзамай келіншегінің бағына соғыс басталып кетті. Ол өз полкына оралды да, арада үш ай өткеннен кейін ұрыс даласында қаза тапты. Бұл да Луиза үшін ауыр соққы еді. Бірақ, ол мұндай уақытта жеке бастың қайғысына берілуге болмайтынын түсіне білді. Қалай болғанда да сейілу мақсатында ол өзінің Монте-Карлодағы мекенжайын сауығып келе жатқан
294 офицерлерге арналған санаторийге айналдырды. Достары оны мұндай салмақты көтере алмайтындығын айтып еді: – Әрине, бұл қадам мені өлтірер де... – деп келіскен кейіп көрсетті ол. – Мен оны білемін. Бірақ өкінері жоқ, мен өз міндетімді орындаймын. Ол өлген жоқ, қайта өмірдің қызығына тоймай қойды. Бүкіл Францияда одан асқан санаторий болған жоқ. Мен бірде Луизаны Парижде жолықтырдым. Ол «Риццада» ұзын бойлы, әрі сұлу жас французбен дәм ішіп отыр екен. Луиза мұнда санаторийдің шаруаларымен келгендігін түсіндірді. Офицерлер өзін ғажап қошеметтейтін көрінеді. Оның әлсіз екенін білетін олар оған артық қадам бастыртпайтын сияқты. Тура баяғы өзінің күйеуі тәрізді дерлік... Ол баяу ғана күрсінді: – Байғұс Джордж-ай, мен мынадай жүрегіммен оның артында қалады деп кім ойлаған? – Байғұс Томды да айтсаңызшы! – дедім мен. Неге екенін білмеймін, менің осы сөздерім оған ұнамай қалды. Ол әдетінше күйзеле күлімсіреді. Оның әдемі көздері жасқа шыланды. – Сіз мені шамалы ғана өмір сүрерлік жылдарым үшін кінәлайтын сияқты сөйлейсіз ылғи... – Айтқандайын, жүрегіңіз қалай, бекіді ме? – Ол ешқашан бекімейді. Бүгін де бір маманға көрініп едім, әлгі дәрігер төтесінен о дүниеге әзірлене беріңіз деді. –- Е, онысы жай сөз ғой, сіз соңғы сапарға дайындалғалы жиырма жыл болған жоқ па? Соғыстан кейін Луиза Лондонға жайғасты. Ол сол баяғы нәзік те үлкен жанарлары нұр шашқан келіншек қалпында еді. Жасы қырықтан асып кетсе-дағы, ешкім оған жиырма бестен артық бере алмайтын. Айрис пансионнан шығып, шешесінің қолына барыпты. – Ол мені бағып-күтетін болды, – дейді Луиза. – Әрине, мендей мүгедекті күту оңай емес қой. Бірақ өкінбейтін шығар. Менің де күндерім жақындап қалған жоқ па? Айрис тамаша бала болатын. Ғұмыр бойы ол анасының
295 қатты сырқат екендігі жайлы айтылғанды бойына сіңіріп өсті. Тіпті, кішкене бөбек кезінде де, шуламауға барынша тырысатын. Ол шешесінің сәл толғанғаны өзіне зиян екенін әрдайым есте сақтайтын. Тіпті қазір Луиза өзі үшін жанын салып күтпеуін сұраса да, Айрис еш тыңдағысы келмейтін. Байғұс шешесіне сәл көмегі тисе, соның өзі де бақыт емес пе? Луиза сонсоң күрсініп қойып, қызының ұсынған қолын қақпайтын. – Балам маған пайдасы тиетіндігіне бек қуанышты, – дейтін ол. – Балаңыздың жұрт алдына көбірек шыққаны дұрыс шығар деп ойламайсыз ба? – дедім мен. - Мен де осы жайында айтып бағамын, тек көндіре алмай қойдым. Ол мен үшін қиындық көрмесінші деп тілейтінімді Жасаған көріп тұр. Айриске бұл тұрғысында мен де ақыл айтпақ болғанымда, ол келте қайырды: – Байғұс анашым менің достарыма барып, мейман болғанымды тілеп бағады. Тек бір жаққа жиналсам болды, дереу жүрегі қысылады. Ендеше, одан да үйде отырғаным жөн емес пе? Бірақ, ол көп ұзамай ғашық болды. Менің бір танысым, өте байыпты жігіт оған көңілін білдірген екен, Айрис келісімін беріпті. Маған осынау бойжеткен қыз бала өте ұнайтын. Мен де ақыры оның өз жолын табатын болғанына қатты қуандым. Бірақ, әлгі жас жігіт маған келіп, қатты мұңайған күйде үйлену тойларының белгісіз уақытқа кейін қалдырылғанын айтты. Айрис әзірге анасын тастай алмайтын көрінеді. Әрине, мен бұл жағдайға не дейін, дегенмен Луизаға кездескім келді. Ол қашанда достарын шайға шақырып тұратын. Бертін келе суретшілер мен жазушылардың бастарын қосатын болды. – Сонымен қалай, Айрис тұрмысқа шықпайтын болды деп естідім бе? – дедім мен әдеттегі есен-саулықтан соң. – Әзірге белгісіз. Мен тіпті алдына жығылып, батамды бермек болсам да, ол менен кеткісі келетін емес. – Оған да айту қиын ғой, солай емес пе?
296 – Айтпаңыз. Рас, тосуға бірнеше ай ғана қалды, ал, оның мен үшін өзінің жолын неге қиғанын ұқпаймын. – Қадірменді Луиза, сіз өстіп жүріп екі күйеуді көмдіңіз. Тағы да екеуін сөйткіңіз келе ме? – Мұнда күлкі ететіндей ештеңе көріп тұрғаным жоқ, - деді ол түсін суытып. – Ал сіз қашанда өз мақсатыңызды орындауға қалай болсын күш табатыныңыз таң қалдырмай ма, тек әлсіз жүрегіңіз бұл жолда ұнамайтын шаруаға баруға кедергі болатынын қалай демекпіз? – Е, сіздің мен жайлы не ойлайтыныңызды жақсы білемін. Сіз менің соншалықты сырқат екеніме ешқашан сенген емессіз, солай емес пе? Мен оның жанарына індете үңілдім. – Иә, ешқашан да. Мен сіздің осы жиырма бес жыл бойғы тәртібіңіз бастанаяқ жалған деп білемін. Мен тап сіздей қатыгез де өзімшіл әйелді кездестірген емеспін. Сіз өзіңізге үйленген сорлы екі еркектің өмірін тас-талқан еттіңіз. Енді туған қызыңыздың тіршілігін талқандамақсыз. Мен тап осы сәтте Луизаның жүрегі күрт өрекпіп кетсе таң қалмас едім – ол ашуға мінетін шығар деп ойладым. Жоқ, дем арасында дәнеңе де болған жоқ. Ол тек болар-болмас қана күлімсіреді. – Менің байғұс досым, сіз осынау сөздеріңіз үшін қатты налитын күн де алыс емес. – Сіз Айриске осы жеткіншекке тұрмысқа шығуға кедергі жасауға нық бел байладыңыз ба? – Мен сол балаға шық деп жалынып бақтым. Мені бұл қадамның өлтіретінін жақсы білемін. Қайтейін, мен өзі кімге керекпін? Елдің бәріне ауыр жүк сыңайлымын. – Сіз оған мұндай қадам ажалға апарады дедіңіз бе? – Ол мені мәжбүр етті. –Тап сізге ойыңызға алмаған шаруаны істетуге бастау опоңай тәрізді! – Маған десе, тап ертең болса да үйлене берсін. Егер ажал осыдан келсе, мойындаймын да, қайтемін.
297 – Онда көрсек қайтеді? – Неғып, сіз мені титтей де болса аямайсыз ба? – Менің күлкімді келтірмеңізші – қайдағы аяныш? Луизаның қансыз-сөлсіз беттеріне шамалы қызыл бояу жүгіргендей болды, тек ол күлгендей болып тұрғанымен көздері мұздай қалпынан тайған жоқ еді. – Той бір айдан кейін болады, деді ол.– Ал, егер мен әлдебір жайға ұшырасам, Айрис екеуіңіз ұяттан жегі жегендей болмассыздар. Луиза уағдасында тұрды. Той болатын күн белгіленіп, жан-жаққа шақыру жіберілді. Айрис пен оның сұлу сүйіктісі жайнаң қақты. Тек үйлену тойы тағайындалған күні таңғы сағат онда осынау шайтан қуыршақ іспетті Луизаның жүрегіне кезекті соққы тиіп өліп кетті. Сөйтіп, өзін өлтірген Айриске кешірім етіп, бұл жалғаннан жөнеп кете барды. 1923 жыл
298 Эйвинд ЮНСОН ЖАҢА ЖОЛДЫҢ ҮСТІНДЕ Эйвинд ЮНСОН (1900-1976) – іргелі жазушы, оның есімімен швед әдебиетіндегі тұтас дәуір тығыз байланысқан. Ол 20-30- шы жылдары әдебиет майданына шыққан, шведтік әлеуметтік реалистік романның дәстүрлерін жалғастырған Юсеф Челльгрен, Вильгельм Муберг, Харри Мартинсон, Ивар Лу-Юхансондармен қатар қалам тербеген тұлға. Юнсонның өмірбаяны – ғасыр құрдасы, пролетарлық жазушының үйреншікті тірлік жолы. Норрландтық тас қалаушының ұлы жоқшылық пен жұмыссыздықтан, «солтүстік провинцияның созалаң ұйқысынан» құтыламын деп жас шағында бүкіл Еуропаны ерсең-қарсаң адақтап бақты, әдебиеттен әудем жерде жатқан мамандықтарды – өзенде ағаш ағызатын салшы, ағаш аралаушы, от жағушы, құбыр салушы, киномеханик кәсіптерін игерді. Жастықтың ауыр болса да романтикаға толы қатпар-қатпар оқиғалары «Улоф жайлы роман» (1934-1937) деген өмірбаяндық циклдің негізін құрады. Ол әуелі «Төрт бөгде жан» (1924) дейтін новеллалар жинағымен бой көрсетті. Бертін келе мифологиялық және тарихи романдарға ойысты. «Жағалаулар гуілі», «Метапонтта жүзген бұлттар», «Ғұмырға созылған саяхат», «Тыныштыққа қарай бірер қадам» - сол жанрлардағы туындылар. Эйвинд Юнсон 1974 ж. «үйлесім мен азаттық идеалын талмай іздеу жолында тарих қойнауына жасаған эпикалық саяхаттары» үшін Нобель сыйлығына ие болды. Бір өкініштісі, бұл қаламгер қазақ тұрсын, орыс оқырмандарына да беймәлім болған автор. Олар жол айырығында ұшырасып қалды. Әрі өздерінің бір жайманың жемістері екендігін бірден түсіністі. Жас жігіт – жағасын көтерген, қолдарын шалбарының қалталарына терең сүңгіткен – жол көрсеткішіндегі атауларды дауыстап оқып тұрды әрі оның әжуалық үнінде үрей дыбысы да із тастады; шығысқа қарай бір миля тұста өндірістік кент,
299 батыс жақтағы екі миля маңайда екіншісі орналасқан еді. Ал бұлардың тура қасқа маңдайы – оңтүстік бағытында орта ауқымды қала жатты. Шал жігіттің арқасына бой тасалап, иегін көтере селдіреген ақшыл сақалын селтеңдетіп, ұрлана көз тастады: – Байқап тұрсам, жағрапияға оңтайлысыз-ау деймін, ә? – Е, шамалап үйреніп жүрміз, – деп бозбала жауап қайтарды да, баяу бермен бұрылды. Оның бет-бейнесі өте шаршаңқы әрі бозғылт еді. Бірақ жанарынан жымың күлкі жылт етті; жас мұғдары, шамасы, он тоғыз-жиырманың маңайында болуға керек. Шал және жақындап келді, енді олар қатар тұрды. – Байқап тұрсам, қыдырыстап шыққан сыңайлысыз-ау, ә? – деді мосқалы. – Менің атым Сакариас. Ол қолын созды, ал жас жігіт болса шамалы өктемдік сыңаймен алақанының уысына салды, ал бас июінде тіпті кекесін қылаң берді. – Менің атым Свен. – Мына тура келісті қараңызшы, – деді шал. – Сакариас және Свен, екеуі де «с» қарпінен басталады. Бүгінгі күн жайлы зердеге алар жайт болмақ. – Қарап тұрсам, сіз тапқыр адам екенсіз, – деді жас жігіт. Енді оның дауысында аяушылық дыбыс басымдық көрсетті. – Осынша тапқырлық қайдан келген? Сіздегі бұл қасиет дарынның тура өзі. Ал сіз қай жолмен кетпексіз? Сакариас бір қадам шегінді де, иегін кегжитіп жол көрсеткішіне үңілді. Дірілдеген сидаң саусақтарымен селдір сақалын тарағыштады, ойланып қалған ойын баласынша саусағын астыңғы ерніне жапсырды, сөйтіп оның бар кейіпкескінінде шайқымазақтың дабырайған салмақтылығы пайда болды. Одан соң ол аларманға матасын ұсынып тұрған саудагер сияқты қолдарын айқара жайып тастап, басын төмен иді. – Мырза, мен осы сауалды тап өзіңізге қоймақпын. Жасаған өзі кешіргей, мына біздер бақайларымызды қай жаққа бағыттаймыз? Қай жолмен жүрген ләзім? Сізге осынау
300 минөт ойға тұнып тұрғандай көрінбей ме? Деген тұңғиық ойларды айтамын. Олардың біздің қайда баратындығымыз ғана емес, әрі сол жолдың ойы мен қырына да қатысы бар. Оның дауысындағы келемеждің айқын іліп өткендігі сондай, тіпті жас жігіт бет-ауызын тыжырайтып, иығын қиқаң еткізді. – Сіздің нені меңзегеніңізді ұқпай тұрмын, – деді ол. – Сіз өзіңіз қайда беттеп барасыз – оңға ма, әлде солға ма, әлде алға ма, әлде артқа ма? Бәлкім, ұшып кетуге бел буған шығарсыз? – Ол аспанды нұсқады. – Олай болса, біздің жолымыз бөлек. Бірақ мосқал кісі сол шайқымазақтық сабырлылығымен басын шайқады. Ол жарты минөттей Айюбтың рөлін ойнады: кішкентай да ширақ көздерін шыр айналдырып, басына көрінбейтін күл септі, тіпті будыраған сақалшығының бірер талын жұлып та алды. Жас жігіт болса оған жабырқаңқы таңғалыспен қараған күйі селтиіп тұра берді. – Шырағым, – деді Сакариас, – енді менің жолым түптің түбінде қайда бастаса да, онда заңғарға емес, жердің астына алып барады. – Солай сияқты, – деді Свен. – Тек бірақ соңғы сағатым соққанша бүкіл ғалам менікі, – деді Сакариас. – Бүкіл ғалам! Ол менің алдымда далиып жатыр. Сіз өз алдыңызда бүкіл ғаламның айқара ашылып жатқаны жайлы жағдаятты қас қағым сәтке болсын қаперіңізге алып көрдіңіз бе? Міне, алдыңызда көсіліп жол жатыр. Ол өзіңізді жаныңыздың қалаған жеріне жеткізеді. Ал сіз бұған қуанудың орнына өзіңізді тап бір дырдай ғып сабап тастағандай күй кешіп тұрсыз! – Е, солай ма, сіз бүкіл ғалам алдыңызда ашылғандай деп есептейді екенсіз ғой? – деді Свен. – Сіз тура ешқашанда жұмыс іздемеген тәріздісіз. Шал енді өзінің маңғаз ым-ырымдарының және біреуін алға тартты – оның ондайлары, шамасы, ана дорбасында шеңбірек атып жатқандай көрінді. Ол әуелі қолдарын кеңінен жайып салды, одан нағыз жүзгіштерше ескектей бастады, сонсоң басын және кегжең еткізіп, бұғып жатқан