351 Мәулеттің ісін қараған сот үш куәгер тауып әкелуді талап етті. Егін орып жатқан қауырт шақ еді. Мәулет ауылда жүрген үш қаңғыбастың басын қосып, жолдарына қаражат, тамақ беріп, оның үстіне еңбектеріңе деп бес лирден ұстатты. Соттың алдына ең әуелі бірінші куә келді. Оны-мұны сауалдардан кейін сот: – Иә, сонымен Сатылмыштарың неше жаста? – деп сұрады. – Сот мырза,– деді куә, – бірде маған салық жинаушы келіп: «Сенің үкіметке қарызың – сексен лир және бұрыннан келе жатқан берешегің – жүз сексен... Қане, төле», – дегентін. Онша ақшаны мен қайдан табайын, содан орнына қойларымды алып кеткен. Міне, Сатылмыш сонда туған. –Солай болсын, ал сенің қойларың қашан кәмпескеленіп еді? –Қойларымды жандармдар Меміш дегенді жол салығын төлемедің деп қолына кісен салып түрмеге тастағанда алғанды. –Осы оқиғаның нақты қай күні болғанын қалай ұмытқансың? –Неге ұмытайын? Есімде... Бұл тап Ахмед соқыр Ильястың қарнын жарып тастағанда болған... Құрғырлар егістік суаратын суға таласып қырқысты ғой... – Сонда қай кезде болғаны? –Сол тұста қатты қуаңшылық болып, бүкіл ауыл тайлытаяғымыз қалмай дұға қылуға далаға жиналғанбыз. – Жақсы, сонда қай жылы, қай айда? Сен осыны білесің бе? – Білмегенде ше? Сол жылы менің марқұм әкем отын ұрлап әкеле жатқанда орманшылар ұстап алған-ды. Әкемді отырғызып қойды... Әбүйір бергенде бұл жағдай сотқа белгілі болып шықты. Ол Сатылмыштың шынында екі жаста екенін растады. Әлдекім әңгімешіні бөліп жіберді. –Ал, Сатылмыштың үйленуі немен тынды?– Әңгімеші әрі қарай: – Оны үйлендіру үшін метіркені түзеп, Сатылмыштың жасын ұлғайту қажет болды. Артық шығыннан қашқақтаған
352 Мәулет әлгі куәларды қайыра пайдаланып, бір-ақ тындырғысы келді. Түскі тамақтан соң олар сотқа қайта оралды. Сол бірінші куәден Мәулеттің ұлының жасын сұрады. Адвокаттың үйреткені бос кетпеген болуға керек, әлгі таңдайы тақылдап жөнеп кетті. – Сот мырза, артық-кемі жоқ, осыдан тура қырық бес жыл бұрын бесінші сәуірде жұма күні жергілікті уақытпен таңғы үш сағат сегіз минөтте Мәулет үйінің қасынан өтіп бара жатып жаңа туған сәбидің іңгәлағанын естідім. – Тоқтай тұр, тоқтай тұр, – сот куәні бөліп жіберді, – мен өз ұлым туғанда да мұндай сәттері жадымда жоқ, ал сен бөгде жанның басындағы қуанышты халді сонша неге сайратып тұрсың? – Енді, былай, білгенім ғой... Сот куәға байыптап қарап алды: – Әй, сен таңертең Сатылмыш екі-ақ жаста деп пе едің? – Иә, – деді шаруа, – бірақ таңертең бір іс болатын, ал қазіргінің жөні мүлде басқа. Сот куәнің метіркесіне көзін салды да, ыза боп кетті: – Сен не деген ұятсызсың? Алладан қорықсаң етті? Өзіңнің жасың жиырма төртте ғана ғой! Сонда осыдан қырық бес жыл бұрын не болғанын сен қайдан білмексің? – Сот мырза, – деп бастады шаруа өкпелеген сыңаймен, – сіз мені өйтіп қорламаңыз. Мен Алланың орайындағы іске куәлік етіп тұрмын. Оның үстіне осының бәрін мен өз көзіммен көрдім деген жоқпын. Менің атам әпкеме айтса керек, ол барып күйеуіне жеткізеді, ал бұл кофеханадағы шаруаға маздатады. Сөйте-сөйте маған да жетті. Сот екінші куәні шақыртты. Ол да зымырап ағып тұр: – Артығы, не кемі жоқ, осыдан тура қырық бес жыл бұрын бесінші сәуірде, жұма күні таң рауанда ... Сот енді үшінші куәге құлақ салды. Ол да солай бастады: – Сот мырза, не кемі, не артығы жоқ, осыдан тура қырық бес жыл бұрын, бесінші сәуірде... Сот қатты ашуланып, үшеуін де айдап шығыпты. Әңгімеші үнсіз қалды. Тыңдаушылардың бірі сұрақ қойды:
353 – Сатылмышты ақыры үйлендірмедіңіздер ме? – Неге, үйлендірдік, әрине. Неке келісімін имамның өзі бекітті. Мәулет құдасына екі өгізін берді. Айналайын шариғат екі кісі куәлік етсе дарға да тартып жібермей ме, имам елдің бәрін тыңдап-тыңдап алып: енді бар күнәні куәлар көтереді демесі бар емес пе?! Мәулет сөйтіп ұлына байталдай қызды алып бергені ғой. Фатима байғұс егінді де орды, су диірменге де үлгерді, таудан отын да тасыды, оның бәрінен соң күйеуінің шалбарларын жуатын, ал түн баласында бауырына қысып әбдеп ұйқыға кеткенше әлдилеп әлектенетін. Ясунари КАВАБАТА СӘУЛЕЛЕНГЕН АЙ Жапон жазушысы Ясунари Кавабата 1899 жылы Осакада білімдар әрі бай дәрігердің отбасында туған. Атаанасы сәби кезінде қайтыс болып, нағашы ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. Балалық шағында суретші болуды армандаса да, ол небәрі 12 жасында жазушы боламын деп шешім қабылдайды. Ясунари Кавабата 1968 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына ие болады. Сонда, өзінің Нобельдік дәрісінде: «Адам осынау тірліктен бойын аулақ салса дағы, өзін өзі өлтіруі қарсылық көрсетудің түрі бола алмайды»деген екен. СөйткенЯ. Кавабата 1972 жылы нашақор ретінде ауруханаға жатып шыққан бетте үйінде газға булығып, опат болады. Бірде Кёко қолайнаның көмегімен өзінің бақшасын екінші қабатта төсек тартып жатқан сырқат күйеуіне көрсетуге болатындығын аңғарды. Осынау жалғыз сөздің өзі оның алдынан жаңа тіршілік есігін ашқандай еді. Бірақ өзге де жағдаяттар орын тепті.
354 Бұл өзі не қылған айна дейсіз ғой? Ол күйеуінікіне өзі ала келген туалет үстелшесінің тартпасында сақталатын. Қалыңмалы осы еді. Туалет үстелшесі мен қолайнаның жиектемесі тұт ағашынан жасалған-ды. Кёко оны тұрмысқа шыққаннан кейінгі алғашқы кезде желке шаштары дұрыс жинақталғанын көруге пайдаланатын. Кимононың жеңі сырғанап оның қолын шынтағына дейін жалаңаштап тастайтын, сонда өзінің сан қысыла қымсынғаны Кёконың әлі есінде. Сол айна ғой баяғы... Кёко шомылғаннан кейін туалет үстелшесінің алдына келіп отырғанда, ері: «Сенің ыңғайың келмей жатыр, қане, маған берші, мен ұстай тұрайын» дейтін. Ол оның қолайнасын тартып алғандай болып, оны келіншегі туалет үстелшесінің айнасынан өз желкесін анық көруі үшін әрқилы бұрыштарға салып бұраңдататын, сөйте тұра өзі рахатқа бөленіп тұратын. Ал Кёко болса, желкесі былай тұрсын, күйеуінің артында тұрып, әрі тесіле қарап тұрғанынан ыңғайсызданатын. Содан бері пәлендей көп уақыт өте қойған жоқ-ты, айналасының тұт жиектемесі әлі қажи қойған жоқ-ты, бірақ соғыс, жаппай көші-қон, ерінің ауыр ауруы килікті, сөйтіп, Кёко алғаш рет оған бақшаны көрсетуді ойға алғанда, айнаның өзі бұлдыр тартып, жиектемесі шаң мен оған себілген ақ бояудан кірлеп кеткен-ді. Бұл оған уайымдай қойған жоқ, тіпті назар аудармады, өйткені айнаның мынадай күйінде де одан бақша айқын көрініп тұратын. Бірақ содан бері айнадан айрылмай, дәйім бас жағында ұстап жатқан күйеуі – әлде амалсыз қимылсыз жатқандықтан ба, әлде аурушаң адамға тән тітіркенгіштіктен бе – айнаның жиектемесін тазартып, өзін жайнатып қойды. Әрі кейін Кёко оның айнаға үрлеп және ықтияттап сүрткілеп жатқанын талай көрді. Оған мынадай ой жиі келетін: міне, ол айнаға үрледі, сонда ағаш жиектеменің көзге көрінбейтін сызаттарында көкірек ауруының қылтаншалары ілігіп қалады ғой... Оның шаштарын тарағанда, Кёко оларды камиланың майымен шылайтын, ал ол болса, алақандарымен шаштарын сипалап, одан жиектемені ысып тұрып жылтырататын, анау жайнап кететін, ал туалет үстелшесі күңгірт қалыпта тұра беретін. Тағы да тұрмысқа шыққанда, Кёко сол үстелшені
355 қалыңмал ретінде ала кетті. Бірақ ол күйеуін жер қойнына бергенде, қолайнаны жағып жіберді. Жаңа күйеуіне ол жайлы тіс жарған жоқ. Енді туалет үстелшесінде камакура әдісімен қашалған, лакпен әспеттелген жаңа қолайна жарқырап тұрды. Қайтыс болған күйеуінің мүрдесі табытқа салынғанда, дәстүрге сай қолдары кеудесінде айқастырылды. Сондықтан айнаны оның қолына ұстатуға мүмкін болмады, сөйтіп Кёко оны марқұмның кеудесіне қойды. Сонсоң айнаны төмен қарай ауыстырды: − Сіздің қашанда кеудеңіз ауырушы еді ғой, айнадан артық салмақ түсіп жүрмесін, − деп күбірледі. Ол сондықтан ә дегенде өздерінің жұбайлас ғұмырының белгісі санатында марқұмның кеудесіне, жүрегіне таман қойып еді. Ол жұбайының туыстары айнаны байқап қалғанын қаламады, әнің үшін оны бақытгүлдермен қалқалап қойды. Мәйітті көмердегі жалын айнаны балқытып жіберді. Ол майысып, жуантық кедір−бұдыр трубкаға айналды, түтін шалып, сарғайып кетті. − Шыны сияқты ма? Бұл не нәрсе өзі? – деп ағайындарының бірі таң қалды. Гәп Кёконың бұл қолайнаға өз несессерінен (әйелдердің әлекей-шүлекейлерін салатын қобдишасы.− Ауд.) алған кішкентай айнасын да қосқанында жатыр еді. Ол екі жақты, тандзаку үлгісінде жасалған болатын. Кёко оны үйлену тойының саяхатына ала кетсем деп армандап еді, бірақ соғыс басталып кетті де, бұл сапар жайына қалды. Бұрынғы күйеуінің тұсында бұл айнаны қолға ұстаудың сәті ақыры түспей кетті. Жаңа жұбайы үйлену тойының саяхатына алып шықты. Кёконың несессері қажалып, тіпті көгеріп кетуге айналғанды, сондықтан жаңасын алды. Әрине, оның да айнасы бар. Жол шеккендегі алғашқы күні күйеуі Кёконы құшақтап тұрып: − Сен тура қыз сияқтысың. Беу, байғұсым−ай! –деп сыбырлады. Оның дауысынан кекесіннің ізі де сезілген жоқ, қайта
356 оқыстағы қуаныш сәуле берді. Бәлкім, оған тап бір Кёконың ешқашанда тұрмысқа шықпағандай көрініп тұрғаны жанын терең тебірентсе керек. Бірақ күйеуінің осы сөздері оны қатты күйзелтті. Кёко еңіреп жіберді де, бір-ақ уыс болып бүрісті де қалды. Ал ол болса, мұнысын тағы да қызға тән қымсынысқа теліді. Кёко өзін өзі аяғаннан, әйтпесе бұрынғы күйеуін есіркегеннен жылай отырғанын түсінбеді. Ол бұл жағдаяттарды бірінен бірін ажырата алмады. Сонда, қазіргі жұбайына әділетсіздік танытып тұрғанын аңдап қалды да: − Солай ма? Неғып сіз мұндайды айырасыз? – деді ойнақылау күйде. – Бірақ, ізінше ыңғайсыздыққа тап болғанын және аңғарып қалды да, қып-қызыл болып кетті. Күйеуі, керісінше, ырзашылықтан ырсиып тұрды. Онысымен қоймай: − Осы сенің балаларың да болмаған сияқты ғой, − деді де, Кёконың жан жарасын тағы да тырнап алды. Бұрынғы күйеуінен өзге өктем күшпен қақтығысып қалған Кёко өзін еріккеннің ермегі болғандай аса кемсітілген күй кешті. − Бірақ менде бөбек тәрізді жан иесі болған, − деп Кёко қарсылық білдірді де, ізінше үнсіз қалды. «Егер оның өлетіндігі анық болған болса, мен оған жақындап барудан неге қашқақтадым?» − деп ойлады ол. − Мен Мориді тек пойыздың терезесінен ғана көретінмін, – Кёконы құшақтап тұрып, жаңа күйеуі оның туған қаласын атады. – Шамасы, шоқтоғайлар қоршаған әдемі қала шығар. Оны Мори деп бекерге атамаған. Сен онда қай кезіңе дейін тұрдың? − Колледжді бітіргенімше. Ал еңбек міндеттілігімді Сандзё қаласындағы әскери зауытта өткердім. − Яғни, сен Сандзёге жақын жерде тұрғансың ғой? Міне, сен сондықтан әйбат екенсің−ау. Этиго провинциясындағы Сандзёден шыққан сұлулар деп текке айтпаған. − Мен пәлендей әдемі емеспін, – Кёко қолын төсіне апарды. − Сенің қолдарың да сымбатты, аяқтарың да сымбатты. Яғни өзге ағзаларың да тамаша деген сөз.
357 − Жоқ−жоқ! – Кёко қолының өзіне кедергі болып тұрғанын сезді де, қолын кеудесінен алды. − Егер сенің кішкентайың болса да, мен бәрібір сені әйелім етіп алар едім, − деп сыбырлады құлағына. – Оны өз балама балап асырар едім. Әрине, ол қыз болса, тіпті тамаша болар еді. Бәлкім, оның ендігі ұлы болғандықтан сөйтіп тұрған шығар деп ойлады Кёко, бірақ оның айтқаны махаббаттың нышаны болса да, ыңғайсыз көрінді. Бәрінен бұрын оның келіншегі үшін үйлену тойы саяхатын тұтас он күнге орайластыруы ұлымен менің кездесіп қалуымды соза тұруға талаптанғанынан туындаған шығар... Күйеуінің былғарыдан жасалған, жолға алып жүретін мықты несессері болатын. Кёконың несессері оныкімен еш салыстыруға жарамайтын. Анау үлкен де мығым, су жаңа болмаса да төзімді дүние еді. Күйеуі жиі жүріп−тұратын, бірақ, шамасы өзінің несессерін өбектеп ұстайтын болуға керек, өйткені, онысы тек бағзы қымбат заттарға тән ерекше жарқырап тұратын. Кёко өзі қолына бір рет те ұстамаса да көгеріп кеткен бұрынғы несессерін есіне түсірді. Тек ондағы титтей айнаны баз-базда күйеуіне ұсынатын және оны марқұммен бірге о дүниеге жөнелткен-тін. Табыттағы қолайнаның үстіне өзі салған титтей айна ғой... Олар оттың жалынында бірге балқып кетті, олардың екеу болғанын ешкім аңғармап еді. Осынау өзгеше түрде жымдасып қалған шынының бұрында айна болғаны ешкімнің қаперіне де келген жоқ-ты. Ал Кёконың өзі бұл турасында ешкімге лә деген жоқ. Онда сол екі айнада сәулеленген сан әлемдер аяусыз түрде жағылып жіберілгендей түйсік орын алды. Ол өз күйеуінің тәнінің бір уыс күлге айналғандығы мен айналардан айырылғандығының арасына айырма жасаған жоқ. Алдында күйеуіне өзінің бақшасын көрсеткісі келген кезде, Кёко оған қолайна берді, бертін келе, ол одан айрылмай қойды, бірақ кейін қолайнаны ұзақ ұстауға да шамасы келмей қалды, содан Кёкоға оның кеудесі мен қолдарының сүйектерін үздіксіз сыйпалауға тура келді. Сонда ол оған кішкентай да жеп-жеңіл айна беруге шешім қабылдады.
358 Содан күйеуі кеудесінде шамалы жаны барда қос айнаның көмегімен әйелінің бақшасын ғана көріп қана қойған жоқ, сондай-ақ аспан пен бұлттарды, жауған қарды, алыстағы таулар мен жақындағы орманды аңғарарлықтай халге жетті. Айды, дала гүлдерін және жыл құстарын жанарының алдына әкелетін болды. Айнада адамдар көшеден әрлі-берлі өтіп жатты, балақандар бақшада асыр салып жүрді. Кёконың өзі титтей айнадан айқара ашылған ауқымды да әрқилы әлемге таңғалды. Айна дегеніміз – сырт пішініңді баптауға қызмет ететін туалет заты ғана, оның үстіне қол айнаның өзге айнадан өз желкеңді көруге ғана әлі жетеді... Ал сырқатқа табиғат пен адам қайтадан ашылды! Күйеуінің бас жағына тізе бүккенде, Кёко да айнаға қарағыштап, онымен бірге не көріп жатқандықтарын ортаға салатын. Уақыт өте келе ол нағыз ғаламды айнада көрінгеннен айырудан қалды. Олар ол үшін өз алдына тірлік жасайтын қос ғаламға айналды, оның үстіне, айнадан сәулеленген жаңа әлем ақиқаттырақ болып көріне бастады. − Айнадағы аспан күміс түспен арайланып тұр, − дейтін ол: − Ал терезеден қарасаңыз – сұрғылт. Айнадағы аспан иықтан басатын ахуал шақырмайтын – онда ол шындығында жарқырап тұратын. − Бәлкім, бұл сіздің айнаны соншалықты ыждаһатпен ысқылайтындығыңыздан шығар? Күйеуі терезеден аспанға көз салғалы басын әнтек бұратын: − Рас, ол қазір сұрланып, күңгірттеніп тұр. Айтқандайын, адамның көздері, мәселен, иттің әйтпесе торғайдың көздері аспанды бірдей көре ме? Және аспанның қай түсін оның нағыз түсі деп кім айта алады? − Ал айнадағы аспанның түсі – айнаның көздері көргендей түс пе?.. – Кёконың «бір-бірін сондай нәзіктікпен сүйетін екі адамның көздерімен қарағандай ма?» дегісі келіп кетті. Айнадан сәулеленген ағаштардың жапырақтары нағыз өздеріне қарағанда айқынырақ, ал лалагүлдердің ақтығы мүлде аппақ. − Мынау сенің оң қолыңдағы бас бармағыңның қалдырған ізі. – Күйеуі айнаның шетін нұсқады. Неге екені белгісіз,
359 Кёконың жүрегі солқ ете түсті. Ол айнаға жақындап келіп үрледі де, ізді асығыс сүрткілей бастады. − Тиіспе. Ал сен маған алғаш рет бақшаны көрсеткеніңде, айнада тағы сенің саусағыңның ізі қалған-ды. − Мен байқамаппын. − Сен назар аударған жоқсың, ал мен дәл қазір сенің бас бармағың мен сұқ саусағыңның қандай іздер қалдыратындықтарын анық білемін. – Шамасы, төсекке ұзақ сал аурумен шегеленген адам ғана өз әйелі саусақтарының іздерін айыра білетін болуға керек. Бұлар үйленгеннен былай қарай күйеуі аурудан көз ашқан жоқ. Оның тіпті соғысқа қатысуға да шамасы келмеді. Олардың өз үйлері өртеніп кетті, содан бұлар Кёконың таныстарының бір бөлмесін жалдап тұрды. Басында күйеуі қызметке барып-келіп жүретін. Бір айдан асар-аспастай өз үйінде және таныстардікінде екі ай – күйеуінің өзіне қарап қалмаған уақыты осы ғана. Енді соғыс аяқталуға тақалғанда, оны әскерге алды. Ол аэропорттардың бірінде небәрі шамалы күн жер қазумен айналысты, бірден құлап түсті де, үйге оралды. Сол күні соғыс та аяқталды. Ендігі ол жүруден қалды, сонсоң Кёко оны ауылға алып кетті, оған ата-анасы да көшіп кеткен-ді. Өз жиған-тергенінің ауқымды бөлігін, сондай-ақ күйеуінің заттарын да алдын ала сонда жөнелтті. Күйеуі таулардан кішкентай үй сатып алды да, емделе бастады. Бұлардан басқа бұл баспанада көшірілгендердің отбасы тұрды, бірақ, соғыс аяқталғандықтан, олар көп ұзамай Токиоға оралды. Кёкоға әлгілерден жердегі бақтан қазылған, ауқымы үш те үш кэн ғана кішкентай бақша қалды. Мұнда, ауылда, олар шаруалардан көкөніс сатып алуға мүмкіндіктері болды, бірақ бақшадан өнгеннің де артықшылығы жоқ еді, сөйтіп Кёко құдайдың құтты күні өзі өсірген көкөністің қалай жетіліп келе жатқанына ықылас қойып, жерді қазғылай бастады. Ол бақшаны кейде күйеуінің кереуетінен алшақтау болғысы келгеннен айналдырған жоқ. Тек іс тігу мен тоқыма тоқу мұңға батырады екен. Оның үстіне бақшадағы жұмыс ерінің жазылуына деген айқын үміттерді орнықтыра түсетін, оған деген махаббатының
360 еріксіз көрінісі іспеттес болатын. Ал күйеуімен ол оған дәйім кітаптарды дауыстап оқып берумен де бірталай уақытын өткізетін. Және де: ауру баққаннан шаршағандықтан ба екен, білмеді, әйтеуір Кёкода бәрі де оралмасқа кететіндей сезім туындады, сөйтіп ол осы жұмыспен өзіне жан тыныштығын қайтаруға үміттенді. Олар тауға қыркүйектің ортасында көшті. Бұл жерлерді ыстықтан қашқан астаналық тұрғындар тастап шыққанда, ерте түскен күзге тән суық жаңбырлар сіресіп тұрып алды. Бірақ бірде ымырт үйірілердің алдында құстардың көңілді дауыстары естілді, аспан айқара ашылды. Сонсоң Кёко жанарын көтеріп, таулардың алыстағы шыңдарында еркін жүзген қызғылт бұлттарға тамсана қарады. Ол ә дегенде күйеуінің екінші қабаттан келіп жатқан дауысын аңғармай қалды. Қолындағы топырағын сілкіместен, жоғарыға жүгіре жөнелді. . − Мен кеңірдегімді соза бақырып жатырмын. Не жолы естілмейді? − Кешіргейсіз, мен ойланып қалыппын. − Сен ана бақшаңды тасташы әрі! Сені шақырып алғанша өліп кетуге болады. Сонсоң: мен сенің қайда екеніңді, не істеп жүргеніңді білмеймін. − Бақшада жүремін мен. Тек егер сіз талап етсеңіз, мен оған енді бармаймын. Күйеуі тынышталды. − Сен көкшымшықтың қалай сайрағанын естідің бе? – Ол мұны бар болғаны осыны сұрау үшін ғана шақырған екен. Олар осылай сөйлесіп жатқанда, тақаудағы шоқтоғайдан тағы да құс салған ән келіп жетті. Шоқтоғай кешкі аспанның аясында айқын көрініп тұрды. Кёко көкшымшықтың әнін есіне сақтап қалды. − Кішкентай қоңырау сатып алсақ қайтеді – сізге мені шақыруыңыз оңай болады. Ал мен әзірше сіздің бас жағыңызға әлдебір затты қоя тұрайын. Егер мен қажет болсам, терезеден лақтырып жібересіз. − Сен не, екінші қабаттан шәшкелерді лақтыруды бұйырасың ба? Мынауың жаңалық екен! Сөйтсе дағы, күйеуі Кёкоға бақшаны айналдыруына
361 тыйым салған жоқ. Ол таулардағы ызғарлы қыс өтіп, көктем келгенде ғана күйеуіне өз бақшасын көрсету үшін айнаны пайдалануға болатындығын аңғарды. О шіркін, жай ғана айна сал ауру күйеуі үшін жас көкөністің әлемін қайыра туындатқанында, ол қаншалықты қуанды десеңізші! Ол енді Кёконың жапырақтарды зиянды құртқұмырсқа, шыбын-шіркейден қалай тазартып жатқанына дейін көре алатын болды. Бірақ оларды бір бірінен ажырата алмайтын, сондықтан Кёко оларды күйеуіне көрсету үшін екінші қабатқа алып баратын. Ол сондай-ақ әйелінің жерді қалай қазып жатқанын да көретін. − Мен айнадан жаңбыр құрттарын байқап қалдым, − дейтін ол кейінде. Кейде күн батуға бет қойып, оның сәулелері қиғаш түсе бастағанда, Кёко айқын жарық түскенін аңғарып қалатын. Ол жанарын көтеріп күйеуінің ана жақтан, жоғарыдан бұған қарай титтей шұғылаларды бағыттап, жөнелтіп жатқанын байқайтын. Ол оған сонау студенттік шақтан сақталып келе жатқан арзан матадан кең шалбар тігуге әмір етті. Ол әйелінің осы ақ бұршақты, көк шалбарды киіп алып, бақшада түртінектеп жүргенін көріп, рахаттанатын. Кёко күйеуінің айнадан көріп жатқанын білетін, бірақ жұмысқа кірісіп кеткенде, кейде оны ұмытып та қалатын. Мен сонау тұрмысқа шыққанымдағы алғашқы кезде тіпті шынтағыма дейін ашық қалған қолымнан қымсынатын кезімнен бері қаншалықты өзгергенмін, ә деп Кёко сол шақты есіне түсірді, сөйтіп, әлдебір жылымық толқын жүрегіне қарай лықси берді... * * * Жапония соғыста жеңіліс таба бастаған кездің өзінде-ақ Кёко мүлде боянбайтын. Сонсоң ақ бояумен ерін далабын жағуға ауру күйеуінен қысылды, содан косметикамен тек екінші рет тұрмысқа шыққаннан кейін ғана айналыса бастады. Ол өзін ақ бояу мен ерін далабының қалай әсемдендіріп жіберетінін аңдайтын. Ол табан астында деген сұлуға айналып шыға келетін. Ол әрі жаңа күйеуінің өздері оңаша қалған сәтте мұның сұлулығына соншалықты таңғалғанына да сене бастады.
362 Кёко енді шомылғаннан кейін өзін айнадан қарағыштауға қысылмайтын болды. Ол өзінің әдемілігін көретін болды. Бірақ оның марқұм күйеуі оны айнада сәулеленген көркемдігін өзге адамдардан гөрі басқаша қабылдауға үйретті, және ол осынау сезімді сақтап қалды. Және айнадан көрінетін сұлулығына күдіктенгеннен емес. Ол тек айнада мүлде өзге әлем бар дегенге әбден сенді. Десе дағы, ол өзіне өзі қарағанда, сонсоң айнадағы бейнесіне үңілгенде сырттағы сұрғылт аспан мен мұндағы күміс сәулелі заңғардың арасындағы айырмашылықты байыптай алмайтын. Бәлкім, бұл қашықтықтар арасындағы айырмашылықпен ғана түсіндірілмейтін шығар. Мүмкін, бұл жерде төсекте жаншылған күйеуінің мұңлы ахуалының да өзіндік рөлі бар болар. Ол мұны қолайнадан қарағыштап жатқанда, бақшада күйбеңдеп жүрген келіншегі қандайлық сұлу болып сан рет көрінді десеңізші! Бірақ Кёкоға енді мұны білуге тағдыр жазбады. Ал ол тірі тұрған кезде бұл әлгіндей жағдаятты түсінбеді. Және өзін айнадан ауру күйеуі көргендегідей кейпі, әрі айнада сәулеленген володушканың (қосжарнақтылар тобына жататын, емдік қасиеті мол өсімдік. – Ауд.) көкшіл гүлдері, лалагүлдердің аппақтығы, жазықтың жиегінде ойнап жүрген балалар, әрі алыстағы қарлы шыңдардың үстіне көтеріліп келе жатқан таңғы күн... Кёко осының бәрін өз зердесінде жаңғыртумен емес, бір кезде өзі мен қайтыс болған күйеуіне тиісті өзге әлемді аңсап зарығумен уақыт өткізді. Ол кез келген сәтте аңсаған ынтызарлық ретінде жұлқынып шыға келуге әзір тұрған осынау асау сезімді тұқырта тұруға талпынды, өйткені қазіргі күйеуін абыржытқысы келмеді; ал бұрынғысын мүлде басқа да алыстағы, бұл жердегі емес болмысқа лайықты елес ретінде ойлауға өзін өзі мойындатты. Бірде Кёко мамырдағы таң азанда радиодан ормандағы құстардың сайрағанын естіді. Бағдарлама оның алғашқы күйеуі қайтыс болған жерге тақау тұстан жүргізілді. Жаңа жұбайын қызметіне жөнелтіп салып, туалет үстелшесінен қолайнаны алды да, сол сәтте айқын көрініп тұрған аспанды айналдырып қарай бастады. Сонсоң айнадағы бет-жүзіне үңілді. Сөйтіп кенет бір тосын жаңалық ашқандай болды:
363 айтқандайын, өз бейнеңді тек айнадан ғана көре алады екенсің, ал онсыз мәніс болмайды. Енді ол күн құрғатпай дидарын қарағыштап, сипалай беретін болды, айнадағы бетбейнесі онсыз да көрінетін жүзі екендігіне нақты сенетін болды. Бірақ Жасаған адамды өз бейнесін көре алмастай етіп несіне жаратқан? «Ал егер бұл жағдаят адамның қолынан келетіндей болса ол таза абдырар ма еді, тіпті есінен ауысып кетер ме еді, қайтер еді?» − деп сұрайтын ол өзінен өзі. Жоқ, бәрінен бұрын, табиғат адамға әу бастан өз жүзін өзі көре алмасқа бұйырған ғой. Ал ана дәуіттер мен инеліктер өз-өздерін көретін сияқты. Адамның бет-бейнесі өзгелердің көруі үшін ғана қажет пе? Әлдебір махаббат сынды сезімді оятуға дегендей... Ол қолайнаны былай қойды да, кенет туалет үстелшесінің тұт оюы мен қолайнаның камакуралық өрнегінің қиыспай тұрғанын аңғарып қалды. Бұрынғы айнаның күйеуімен бірге өртеніп кеткендігінен туалет үстелшесі мүлде жетімсіреп қалғандай көрінді. Ол күйеуіне қолайнаны және сонсоң тағы титтей айнаны бергенде, бұл оған мейірім мен жамандықты бірге ала келді-ау. Өйткені жұбайы күн сайын олардан өзінің бет-жүзін көріп жатты, аурудың ауырлауы мен тақалып келе жатқан ажалдың жаңа белгілерін аңыстап жатты ғой. Егер айнаның көмегімен кісі өлтірудің тәсілі бар болса, Кёко оны жүзеге асырған болмай ма? Ол айнаның өзіне жасырған зұлымдығын баяғыдан аңғарған-ды, оны күйеуінен күштеп алғысы да келді, бірақ жұбайы үзілді−кесілді қарсылық білдірді. − Сен мені көру рахатынан айырғың келеді, − деді ол сонда, − ал мен әзірше тірі жатқанымда көзге көрінетін дүниемен ләззаттанғым келеді! Ол айнадан орын тепкен жалғанға тірлік сыйлау үшін, өз өмірін құрбан еткен еді. Ол айнадағы ауладағы жаңбырдан кейінгі жайылмадан сәулеленген айдан рахаттанатын. Әрі сол сәулеленген ай жайлы зерде – тек сәулеленген ай ғана ма? – әлі күнге жүрегінде хатталып қалған-ды. Оның жаңа жұбайы: − Таза махаббат тек қана дені сау адамдарда ғана болады,
364 − деп нығарлайтын, ал Кёко болса, әрдайым басын қысыла изейтін, бірақ десе дағы, жанының тұңғиық жапсарында онымен келіспейтін. Ол әуелде өзін кінәлайтын: ауру күйеуіне жақындаудан қашқақтаудың қажеті қанша еді? Бұл амал бәрібір оны ажалдан арашалап қала алмас еді ғой! Бірақ осынау ойлар мұңлы махаббат жайлы естеліктерге айналды, ал сонсоң олар естеліктер болып қалса да, махаббат дегеніңіз оның жүрегінен асып төгіліп жататын – содан ол өзін кінәлауды кілт тоқтатты. Ал жаңа жұбайы ше?.. Ол әйелдің махаббатын тым қарабайыр түсіне ме, қалай?! − Сіз, осынша мейірімді адам бола тұра, бұрынғы зайыбыңызбен неге ажырастыңыз? – деп сауал қойды Кёко бірде. Анау үндемеді. Кёко оған қайтыс болған жұбайының ағасы табанды түрде көндіруімен шыққан еді. Олар үй болардан бұрын төрт ай бойы жолығысып жүрді. Жаңа күйеуі өзінен он бес жас үлкен болатын. Кёко бойына бала біткенін байқағанда зәресі зәрмән кетті. Ол күйеуіне жабысып: «Мен қорқамын, қорқамын», − деп қайталай берді. Жүрегінің қатты айнығандығынан есі ауысып кетуге жақындағандай көрінді. Ол аулаға жалаңаяқ жүгіріп шығып қарағайдың инелерін шайнаумен болды. Өгей баласын мектепке шығарып салып жатып, неге екені белгісіз, екі қорапшаға да күріш салып, ұсынатын... Әйтпесе, кенет туалет үстелшесінің жәшігіне көз тіккенде, ол оған мөлдір түске малынып, оның ішінен камакуралық әдіспен қашалған жиектемесі бар қолайнаны көргендей әсерде қалатын. Ол түн ортасында оянып алып, ұйқы құшағындағы күйеуінің төсегіне отырып, оның бет-бейнесін ұзақ бағдарлай қарап отыратын. Сөйтіп еңіреп қоя беретін. Күйеуі оянып кететін, оны емірене тыныштандыратын және белдемесін қайта байлайтын. Ал Кёко жаз ортасы болса да, түнде де қыстығып, одан суыққа килігіп дірдек қағатын. − Кёко, сен сәбилі болатындығыңды ұмытпа, − деп күйеуі оны иығынан сілкілеп, сабырға шақыратын. Дәрігер оны ауруханаға жатқызуға кеңес берді. Кёко илікпей жүрді, бірақ ақыры оны көндірді. − Хайыр, мен ауруханаға жатайын, бірақ мені бірер күнге
365 ата-анама жіберіңіздер, − деп өтініш айтты ол. Ал келесі күні ол кейінгі уақытта бұрынғы күйеуімен бірге тұрған тауларға кетті. Қыркүйектің басы болатын – онда олар он күн кейін келген-ді. Пойыздың ішінде оны жүрегі айну мен басы айналу тағы да азапқа салды. Ол тіпті пойыздан ерте түсуге тура келеді-ау деп те қорықты. Ақыры ол діттеген жеріне жетті, сөйтіп, стансадан түскенде, және таза ауаны кеудесін толтыра жұтқанда, жеңілдеп сала берді. Ол өзіне өзі келді – бір сәтте өзін қайдағы бір ібілістің әурелегенінен құтылғандай сезінді. Кёко іркілді де, қоршаған тауларға әлдебір оғаш сезіммен көз салды. Қарауытқан, көкшіл түсті таулардың жалғастары аспанның аясында айқын көрініп тұрды. Кёко айналасындағы тірі ғаламды еркін сезінді. Жылымық жастар бунаған көздерін сүртті де, өздерінің бұрынғы үйлеріне бағыт алды. Әрі дәл бүгін де, тап сонау кездегідей күн батарда қызғылт тартқан шоқтоғайдан көкшымшықтардың сайрағаны талып жетіп тұрды. Үйлерінде әлдекімдер тұратын сияқты – екінші қабаттың терезесінде шілтерлер ілулі тұр екен. Кёко жақынырақ баруға бата алмай, үйге қарап тұрды да, кенет, өз сөздеріне таңғала, баяу күбірледі: − Егер сәби сізге ұқсас болса, не істейміз? −Сөйтті де, жаны жай жапқандай болып, стансаға қайыра кетті...
366 Юрий ТРИФОНОВ БӘЗ БАЯҒЫ ӘН Әңгіме Ресейде Юрий ТРИФОНОВТАЙ (1925-1981) қашанда өзіне-өзі ұқсай қоймайтын жазушы бар ма? Әдеби сыншы Ю. Томашевский осындай сауал қояды да, былай деп жауап бepeдi: «Өзгелерге жеңіл қолданылатын: «өcin жатыр», «дамып келеді» деген теңеулерді оған қолдана алмайсыз. Оның бip өзінде әрқилы бipнeшe жазушы тоғысқан сияқты. Әр уақыттың өзіндік Трифоновы бар. Жай уақытта ол ойы бойынша да, miлi бойынша да ашық әpi жадағай. Күрделі уақытта – күрделі. Осының өзінде (бұл өте маңызды!) жылдам өmin жатқан уақыттың қай кезеңінде болсын, сыншылар айтқандай, оның шығармаларына деген сұраныс қашанда жоғары». Адамдардың шөлін қандыру жайлы роман жазғанда ол біздің шөлімізді – оқырмандардың шөлін қандырады. Ашғабадтан шыққан пойыз таудың солтүстік етегінің бойымен жіті жортып келедi. Жалаңаш, қоңырқай, шаңдақ түстес таулар жабырқаңқы тартқан. Осынау жүдеу шыңдарда Ираннан ағылып келетін жолбарыстар жүретін, ал тозақтай тереңдерінен жер сілкінулер туындайтын сол ғажайып Копет-Даг дегенге сенгің келмейді. Терезеден оң жақта, желдету үшін ашылып қойылған купе есігінен көз жіберсеңіз, сары құмдақ дала жайылып жатыр. Ешқандай өкпек жел жоқ. Вагон қапырық. Купеде төрт кici келе жатыр. Жоғарғы текшеде күміс әшекейлермен көмкерілген ұзын қошқылқызыл көйлек киген мосқал түркімен әйелі жатыр. Ол жол бойы қалғып келеді. Ол әpi-бepi дөңбекшігенде күміс тиындар баяу ғана сыңғырлайды және бәйбішенің көйлегінен сүзбенің қышқылтым иici шығады. Кемпірдің текшесінен төменде күнге тотығып қарайған, жел қаққан, epiндepi кезерген
367 түркіменнің жас жігіті мен орыс қызы қатар отыр. Cipә, зерттеушілер болса керек, әpi құмға таяуда ғана келген сияқты. Олардың қарсысында шағи матасынан тіккен пенжек пен шалбар киген жүдеулеу еркек жайғасқан. Оның ыстықтан мазасы қашып, ауыр тыныстайды, ал бет әлпетінен қайғы-қacipeттiң табы білінеді, қинала дем алады. Вагонда әлдекім үздіксіз түркіменше ән салады: eкi дауыс әлдебір шекті аспаптың сүйемелдеуіне сүйенген. Бұл шағи пенжекті кiciнiң ашу-ызасын туғызды. – Сайтан алғыр, әбден созбалаққа салды ғой, – деді ол есік жаққа ренішпен қарап. – Сонау Ашғабадтан бepi ұлып келеді... Жас түркімен шағи пенжекті кiciгe ұнатпай қарады. Анау болса, күңкілдеуін қояр емес: – Miнe, тәртіптің сиқы! Мұнда демалғылары келетін өзге жолаушылар жоқ тәрізді, түге! Оларға түкіріп қойған сияқты... Бip қалыпты созалаң ән салу күшейе түсті. Кезекпе-кезек, үздіксіз eкi жоғары тенор дауыс ән шырқауда, бipi – жас, таптаза, екіншісі кәрі адамдікі, солғындау. Жас жігіт көздерін жұмған күйі ән тыңдап отыр. Шағи пенжек киген кici кенет орнынан жұлқынып тұрып, дәлізге жүгіріп шықты. Оның назаланған дауысы естілді: – Жолсерік! Жолсерік қайда? Ол бес минуттан кейін оралды. Сұрғылт, терлеп әбден жіпсіген бетінен шамалы тынышталғаны сезіледі. Ізінше купеге тақия киген, мұртты, толық өзбек жолсерік кірді. – Өйтуге болмайды, жолдас. Бахшылар, халық әншілері келе жатыр, – деді ол кешірім сұрағандай баяу дауыспен. – Кімдер? Неге келе жатыр? – Бахшылар, бахшылар, Небит-Дагқа, республикалық жарысқа бара жатыр, мыналары дайындықтары ғой. Қой деуге болмайды, жолдас... Жолсерік кетіп қалды. – Miнe, сендердің тәртіптеріңнің сиқы! – дейді шағи пенжектегі кici ашық есікке қарап. – Сонда мен осы ұлығанды жол бойына тыңдауға міндеттімін бе? – Бұл ұлығандық емес. Бұл – халық әндері – деді жай ғана
368 бeтi қызара бастаған жас жігіт. – Кeшipiнiз, бipaқ бұл мен үшін – ұлығандық. – Ciз үшін олай болса қайтпекпіз?! – Жас жігіт шап ете қалды. – Егер өзіңіз түсінбесеңіз, қорламаңыз! – Мен ciздi қорлағам жоқ, меніңше... Ал ciз... – Қайдағы ұлу, тыңдасаңызшы? Неге олай дейсіз? – ...Ал ciз өзіңізді дұрыс ұстаңыз, жiгiтiм. Мен сізден үлкенмін. Мен ән тыңдағым келгенде билетті пойызға емес, концертке аламын. Шағи пенжекті кici бүкіл текшеде шашылып жатқан өз заттарын: портфелін, гaзeттepiн, көзілдірігінің қабын, ақ картоннан жасалған арзанқол жазғы шляпасын, саусақтардың майы сіңген бас киімін күйгелектеп жинай бастады. Күңгірт тенор дауыс жеке қалды. Жас жігіт тағы да көздерін жұмды. Әншiнi аса ыждағатпен тыңдап отыр, оның бет-аузы бозарып, қыздың қолын қыса түcтi. – Егер сен оның қалай ән салып жатқанын түсінсең ғой... – Ал ол не жайлы әндетіп жатыр? – деп сұрайды қыз. Ол аққұба, әлжуаз ғана қыз, мұрны пұшық, әpi әрең-пәрең көрінер күнге күйген қастары бар eдi. Қабағын жаба түciп, жас жiгiт әннің ырғағымен қозғалақтап отырғанда, ән кілт үзілді де қалды. – Ол каналды қалай салатыны жөнінде ән салды. Шөлдердің қалай өлетіндіктepi жайлы... Осы кезде таза да жас дауыс қосылды. – Ал мынау нашар, – дейді жас жігіт ренішпен. – Айту білмейді... Шағи пенжекті кici ыстықтан тұншығып барады. Орамалымен мойнынан аққан тepдi сүрте өзімен-өзі сөйлесіп, түciнiкciз міңгірлеп отыр. – Мынау жаман! Иә, иә, әрине... Деп ойларлықтай... – Ораз, үндеме! – деді қыз. Жас жігіт үнсіз қалды. Ол шағи пенжекті кiciгe қамыққан ренішпен қарайды. Бахшылар тағы да екі дауыспен ән сала бастады. Қыз өзінің досына жақындай түciп, оның қолын ұзын да қараторы саусақтарымен сипалады. – Ал, мәселен, мына ән не жайлы? – деп сұрады шағи
369 пенжек киген кici. Оған ешкім де жауап қайтармады. Сырт жақта бұрынғыша көк аспан аясында ашық сары құм түстес таулар қоса epiп келеді. Жас жігіт терезеге қарады. Сәл үнсіздіктен соң, ол: – Бұл – ежелгі ән, – деді. – Ал оның мәтiнi ше? – Сөздері ме? Мен сенің epiндepiңдi күйдіретін кесеңдегі шайың болар ма едім дейді. – Солай ма? – деп сұрады шағи пенжекті кici. – Шайың болғым кeлeдi? Түсінбеймін. Ол мұнысын шын көңілмен айтты. Бipaқ қыз түсінді. Жай ғана қайталады: – Мен ceнiң epiндepiңдi күйдіретін... кесеңдегі шайың болғым келеді... Сонсоң eкeyi дәлізге шықты, ал шағи пенжекті кici ұйықтап жатқан кeмпipмeн оңаша қалды. Аптаптың бeтi қайтты. Пойыздың ақшыл көк көлеңкесі таулардың етегімен жүгіріп кeлeдi. Шағи пенжекті кici текшеге жатып бетін газетпен жапты. Оның мызғығысы келеді. Ал жігіт пен қыз ұзақ оралмады. Кеш үйірілгенше, өздері түсуге тиicтi Искандер стансасына дейін олар алаңқайдан оралмай, күн күйдіріп кeyiп қалған еріндерін жалағыштап, осынау әнді тыңдаумен болды.
370 Габриэль ГАРСИА МАРКЕС БАЛЬТАСАРДЫҢ ӨМІРІНДЕГІ ҰМЫТЫЛМАС КҮН Кезек испан тілді әдебиетке ойысқанда оның от тілді, орақ ауызды өкілі Габриэль Гарсиа Маркес алдымен оралады. Гарсиа Маркес 1928 ж. Оңтүстік Америкада, Колумбияның Аракатака дейтін қалашығында дүниеге келген. Университетті аяқтағаннан кейін астаналық колумбиялық «Эль-Эспектадар» газетінің еуропалық елдердегі шетелдік тілшісі болған. 1955 ж. «Ұшқан жапырақ» деген тұңғыш повесі жарық көреді, 1958 ж. «Полковникке ешкім жазбайды» дейтін дүниесі оқырманға сапар шегеді. 1967 жылғы «Жүз жылғы жалғыздық» романы оған әлемдік даңқ әкелді, «Оба кезіндегі махаббат» романына 1982 ж. Нобель сыйлығы берілді, ал Ангола мен Кубадағы репортаждарына 1977 ж. Халықаралық журналистер одағының сыйлығын иемденді. Кереге көз құс шарбақ әзір болғанда Бальтасар әдеті бойынша оны шатырдың асылмасына іліп қойды. Ол таңғы ауқатын ішіп болмай жатып маңайдағылардың бәрі бұл әлемдегі ең әсем себет десіп жатты. Оны көрмекке ұмтылған жұрттың көптігі сонша, Бальтасар үйдің алдына топталған халықтан бой тасалап шарбақты шеберханасына апарып қоюға тура келді. – Қырынсаңшы, – деді оған Урсула. – Әйтпесе сен шымыр құйрық маймылға ұқсас боп кетіпсің. – Таңертеңгі дәмнен кейін қырынудың жөні жоқ, – деді Бальтасар. Оның екі апталық сақалы, есектің жалындай қайратты қысқа шаштары және әлденеден қорыққан баланың бейнесіндей пошымы бар еді. Бірақ мұнысы алдамшы дидар болатын. Бальтасар ақпанда отызға толды, Урсуламен заңсыз да баласыз некеде тұрғанына төрт жыл болды және де осы тіршілік оны аңдап басып қимылдауға, бірақ, қорықпай
371 әрекет жасауға негіз беріп баққан-ды. Ол тіпті мына бітірген шарбағын әлдекім үшін әлемдегі ең әдемі дүние екенін де білмейтін. Бала шағынан шарбақ жасап үйренген оған тек соңғы жұмысы алдыңғысынан қиындау соққандай ғана әсер ететін. – Онда тыныстап ал, – деді әйелі. – Мынадай сақалмен елге көрінуге болмайды. Ол құлақ асқан күйде жайма төсекке жантайды, бірақ, араарасында себетті көршілерге көрсетуге тура келді. Урсула бұған дейін оған еш назар аудармаған-ды. Ол күйеуінің ағаш шеберлігін тастап, тек шарбақпен айналысқанына, әрі нашар ұйықтап, түнде мазасызданғанына, қырынуды біржола ұмытқанына наразы еді. Бірақ, ол аяқталған шарбақты көргенде, реніші тарқады. Урсула Бальтасар ұйықтап жатқанда көйлегі мен шалбарын үтіктеп, қасына ілді, шарбақты алып бөлмеге апарып, үстелдің үстіне қойды, сөйтті де, үнсіз қарай бастады. – Сен мына кілет шарбағыңа қанша аласың? – деп сұрады ол күйеуі сиестадан (түскі астан соңғы демалыс. – Ауд.) оянысымен. – Білмеймін, – деді Бальтасар. – Отыз песо сұрамақ ойым бар – бәлкім, жиырма песо беріп қалар. – Елу сұра, – деді Урсула. – Сенің осынау екі апта бойына ұйқың шала болды. Және оның үстіне ол – ауқымды. Білебілсең, бұл мен өз өмірімде көрген ең үлкен шарбақша. Бальтасар қырынуға кірісті. – Елу песо береді деп ойлайсың ба? – Дон Хосе Монтьель үшін бұл бұйым да емес, ал шарбақ осындай бағаға лайық, – деді Урсула. – Сен тіпті алпыс сұрасаң да көптік етпейді. Үй буындырар қапырық алакөлеңке құшағына әбден енген еді, маса, шыбын-шіркей шырылынан күннің ыстығы тіпті асқақтап кеткендей әсер беріп тұрды. Бальтасар киініп болған соң, сәл де болса ауа қозғалсыншы деген ниетпен патиоға (үйдің ішкі ауласы. – Ауд.) баратын есікті ашып тастап еді, бөлмеге дуылдап балалар кірді. Жаңалық тарап үлгерген-ді. Өміріне риза болғанымен кәсібінен әбден қажыған қарт дәрігер Октавио Хиральдо
372 ғұмыр бойы ауру әйелінің қасында таңғы дәмін ішіп отырып Бальтасардың жаңа шарбақшасы жайлы ойға батты. Олар күн ыстықта үстелдерін қоятын ішкі аулада гүл салған қыш құмыралар мен сайрауық сарғыш құстар қоныстанған екі себетте тұратын. Доктор әйелінің өз құстарын жақсы көретіндігі соншалық, оларды жеуге оңтайлы тұратын мысықтармен өлгенше өш еді. Доктор Хиральдо бір сырқаттан оралып келе жатып әйелін ойына алды да, бұл не шарбақша екен деп Бальтасарға соқты. Бальтасардың үйінде кісі көп екен. Үстелдің үстінде сымнан өрілген, ішінде үш сатыға бөлінген шарбақ жарқырап тұрды. Тек кішкене өткелектері бар, тамақтанатын, тыныстайтын жерлері бөлек-бөлек мына күмбезше мұз өндіретін алып фабриканың сүлбесі сияқты әсер етті. Дәрігер оған қол тигізбей-ақ әйелі үшін армандап жүрген шарбақшалардың баршасынан да әсем екен деп ойлады. –Мынауың – нағыз ұшқыр қиялдың шарықтауы, – деді ол. Деді де, жиналғандардың арасынан Бальтасарды жанарымен тауып алып, былай деп қосты: – Сенен ғаламат сәулеткер шығар еді. Бальтасар қатты қызарып кетті. – Рахмет, – деді ол. – Мұным ақиқат, – деді дәрігер. Ол жасында әдемі болған майда да нәзік толық әйелге ұқсас болатын, қолдары да жұмсақ-ты. Оның дауысы латынша сөйлейтін дін қызметшісін еске түсіретін. – Бұған құс отырғызып та керегі жоқ, – деді ол шарбақшаны сатып алуға ұсынғандай жиналғандардың алдына айналдырып қойып. – Ағаштар арасына іліп қойсаң, өзі-ақ сайрап ала жөнеледі. Ол шарбақшаны орнына қойып, шамалы ойланды да, оған қарап тұрып былай деді: – Жақсы, мен мұны аламын. – Ол ендігі сатылып қойған, – деді Урсула. – Дон Хосе Монтьельдің ұлы, – деп түсіндірді Бальтасар, – сол тапсырма берген болатын. Дәрігер өзінің бар болмыс, түр-сипатымен қадір-құрметке шақырып тұрды.
373 – Ол саған үлесін беріп пе еді? – Жоқ, жай ғана мына сияқты үлкен, екі сарғалдақ тұратындай қомақты шарбақша керек деген-ді. Дәрігер тағы да торға көз тастады: – Сарғалдақтарға бұл жарамайды. – Солар үшін, доктор, деді Бальтасар үстелге жақындап келіп. Оны балалар дем арасында қоршап алды. – Барлық көлем ауқымдары тура есептелген, – деді ол сөзін жалғастырып, сұқ саусағымен шарбақшаның бөлімшелерін нұсқап көрсетіп. Сонсоң ол күмбезшені тықылдатып еді, шарбақшаны әсем дыбыстар кернеп кетті. – Мынадай мықты сым кездесе бермейді, әр бөлігі ішінен де, сыртынан да берік дәнекерленген, – деді ол. – Тіпті маймылды да көтереді, – деп балалардың біреуі қыстырыла да кетті. – Рас, – деп басын шұлғыды Бальтасар. Дәрігер мойнын бұрды: – Жарайды, бірақ, ол саған сүлбесін берген жоқ қой? Саған нақты ештеңе айтқан жоқ, тек сарғалдақтарға арналған үлкен шарбақша болсын деді. Жөн бе? – Жөн, – деп мақұлдады Бальтасар. – Онда бәрі оп-оңай, – деді дәрігер. – Сарғалдақтар үшін шарбақша бір шаруа да, мына дүние – мүлде өзге жайт. Мынау тапсырма етілген шарбақшаның дәл өзі екенін кім дәлелдей алады? – Бұл – сол, – деді дегбірі кеткен Бальтасар. – Сондықтан да мен оны жасадым. Дәрігер өкінген сыңаймен иығын қиқаң еткізді. – Сен өзгесін де жасай алар едің, – деді Урсула Бальтасарға тесіле, сонсоң дәрігерге бұрылды: – Сізге онша асығыс емес қой? – Мен әйеліме бүгін әкеліп беремін деп уағда етіп едім, – деді дәрігер. – Маған қатты өкінішті, доктор, – деді Бальтасар, – бірақ бір сатылған дүниені екінші сатуға болмайды. Дәрігер иықтарын тағы да қозғады. Терлеген мойынын орамалмен сүртіп, ол үнсіз шарбақшаға тесілді. Ол тап бір көз алдынан ғайып болып бара жатқан кемені жанарымен
374 ұзатқан кейіпте өзгелерге көрінбейтін нүктеге қадалды да қалды. – Ол саған қанша төледі? Бальтасар жауап бермей, көзімен Урсуланы іздестіре бастады. – Алпыс песо деді ол. Дәрігер шарбақшаға көз суаруын тоқтатқан жоқ. – Өте тамаша, – деп күрсінді ол. – Ғаламат тамаша. Сонсоң орамалымен желпініп, есікке қарай ойысты, бұл қозғалысынан әлгіндегі оқиға зердесінен дереу өшірілді. – Монтьель өте бай ғой, – деді ол бөлмеден шыға беріп. Сайып келгенде Хосе Монтьель бір көрмеге тап сондай ауқатты емес еді, бірақ, сондай болуға әрдайым әзір тұратын. Осы жерден бірнеше бөлме ғана алшақта, дүниемүлікпен аузы-мұрнынан шыққанша нығыздалған үйдегі ол Бальтасардың жаңа шарбақшасы жайлы әңгімелерге селт еткен жоқ-ты. Оның әйелі, өлім жайлы қуғындаған ойлардан әбден қажыған соң, түстен кейін барлық есік-терезелерді тұмшалап алып, алакөлеңке бөлмеде екі сағат бойына селт етпей жатқанда, бұл кезде Хосе Монтьель тәтті ғана қалғыпшұлғып отырды. Оны абдыр-дабдыр дауыстар оятып жіберді. Ол барып есік ашқанда, үйдің алдындағы топты, оның ішінен қолына шарбақша ұстаған, мұнтаздай қырынып, әппақ киім киінген, байлардың үйіне келгенге мойынсынған, сияпатты бейнедегі кедейлердің кейпін ұстанған Бальтасарды көрді. – Оу, мынауың таза бір ғажайып қой! – деп Хосе Монтьельдің жұбайы Бальтасарды үйге енгізе беріп қуанышпен айғай салды. – Тумысымда мен мұндай ғаламатты көрген емеспін. Сонсоң, Бальтасардың соңынан патио есігінен ентелеген тобырдың именбеуіне ыза болған ол былай деп қосты: – Жоқ, қызығы ішке енгізіңіз, әйтпесе мыналар қонақ күтер бөлмені не нәрсеге айналдырып жіберетінін бір құдайдың өзі ғана біледі. Бальтасар бұрын да Хосе Монтьельдің үйінде әлденеше рет болған еді: оның өз ісіне деген ықтияттылығы мен шеберлігіне тәнті болғандар бірқатар ұсақ ағаш ұсталық тапсырмалар орындауға шақырған-ды. Бірақ, бәрібір ол
375 қашан да байлардың ортасында өзін қоңылтақ сезінетін. Ол әлгілердің көріксіз де тарпаң әйелдері, олардың сан қилы сырқаттары, адам естімеген хирургиялық операциялар жайлы жиі ойлап, оларды әрдайым мүсіркейтін. Ондайлардың үйлеріне кірген сәтте аяқтарынан ерік кетіп қалатын, әрбір қадамы күшке түсетін. – Пепе үйде ме? – деп сұрады Бальтасар, шарбақшаны үстелдің үстіне қойып жатып. – Мектепте әлі, – деді Хосе Монтьельдің әйелі, – бірақ ендігі келіп қалатын уақыты да жақындап қалды. Және қосып қойды: – Хосе жуынып жатыр. Шындығында, Монтьельдің жуынуға уақыты жоқ болатын, сондықтан ол асығыс камфора қосқан спиртпен тез сүртініп, не болып жатқанын көруге жинақталып жатты. Ол өте сақ адам болатын, тіпті ұйықтағанда, түсінде үйдегі шу мен сыбырды бақылауға кедергі жасайды деп электр желдеткішті де қоспайтын. – Аделаида! – деп дауыстады ол. – Не болып жатыр? – Кел де қарашы, не деген ғажап дүние! – деп айғайлады ол. Сеп-семіз, жүндес кеуделі Хосе Монтьель мойнына орамал салған күйі ұйықтайтын бөлменің терезесінен басын шығарды: – Бұл не? – Пепеге деген шарбақша, – деп жауап қайтарды Бальтасар. Әйел оған абдырай қарады. – Кімге? – Пепеге, – деп қайталады Бальтасар. – Сонсоң Монтьельге бұрылды: – Мұны маған Пепе тапсырды. Ештеңе де болған жоқ, бірақ, Бальтасарға қапелімде тура алдынан моншаның есігі шалқасынан түскендей болды. Хосе Монтьель бөлмесінен дамбалшаң шықты. – Пепе! – деп айғай салды ол. – Бала әлі келе қойған жоқ, – деді әйелі қозғалмастан сыбырлап қана.
376 Сөйткенше есік ойығында Пепе пайда болды. Бұл анасынікіндей имек қастары бар, бетіне баяу қайғының табы өрнек салған он екі жасар ұл бала еді. – Бері кел, – деп шақырды оны Хосе Монтьель. – Мынаған сен тапсырыс беріп пе едің? Бала басын бүгжитті. Хосе Монтьель Пепені шашынан шап беріп, оны өзінің көзіне қарауға мәжбүр етті. – Жауап бер, қане! Бала үнсіз ернін тістелей берді. – Монтьель... – деп күбірледі әйелі. Хосе Монтьель саусақтарын жазды да, өзін-өзі әрең ұстаған күйі Бальтасарға бұрылды. – Бұлай болғаны өкінішті, Бальтасар, – деді ол. – Бірақ іске кіріспес бұрын менімен пәтуаласу керек еді. Баладан тапсырыс алып, келісімге келу тек сенің ғана ойыңа келген. Ол сөйлеп болғанша оның бет-бейнесіндегі тыныштық қалпы қайта оралды. Оған көз салмастан шарбақшаны үстелден көтеріп алды да, Бальтасарға ұсынды. – Дәл қазір әкет те, кімге сата алсаң соған сат. Және өте сұрарым – менімен тәжікелесіп әуре болма. – Сөйтті де, Бальтасарды арқасынан бір қағып, түсіндірді: маған дәрігер еш мазасызданбаңыз деп тапсырған. Бала сірескен қалыпта қақиып тұрды. Бірақ Бальтасар абдыраған күйде қолындағы шарбақшамен оған қарағанда, анау еденге етпетінен түсті де, аттанға басты. Хосе Монтьель Пепені анасының қалай уатқысы келгеніне қитыға қарап тұрды. – Көтерме оны, – деді ол. – Маған десе еденге басын жарсын, ал сонсоң тұз қосқан лимон тастай сал, жындануға тамызық болсын. Бала көзіне жас алмастан бақыра берді, шешесі болса қолынан ұстап отырды. – Таста оны, – деді тағы да Монтьель. Бальтасар балаға тап бір жанталас үстіндегі жұқпалы аурулы аңға қарағандай кейіппен үңілді. Сағат төртке жақындап қалды. Тап осы кезде оның үйінде Урсуланың жуа турап отырып, баяғы ескі әндердің біреуін әндетіп отыратын
377 әдеті бар еді. – Пепе, – деді Бальтасар. Ол балаға қарай аттады да күлімдеген күйі оған шарбақшаны ұсынды. Бала орнынан атып тұрып, қос қолымен құшақтай алды. Осы уақыт ішінде оның көзінен бір тамшы жас та тырс еткен жоқ еді. – Бальтасар, – деп Хосе Монтьель баппен ғана килікті, – мен айттым ғой саған: әкет дереу шарбақшаны. – Бер өзіне, – деді әйел ұлына. – Өзіңе қалдыр, – деді Бальтасар. Сонсоң, енді Хосе Монтьельге қарап, былай деп қосты: – Мен оны осы бала үшін жасадым. Хосе Монтьель соңынан қонақ бөлмеге дейін еріп келді: – Ақымақ болма, Бальтасар, – деді ол нығарлай сөйлеп, жолын кес-кестеп. – Мына дүниеңді әкет те, бұдан былай енді қайтып ақылсыздық жасама. Мен бәрібір бұған көк тиын да төлемеймін. – Ештеңе етпейді, – деді Бальтасар. – Мен оны Пепеге сыйлыққа жасадым ғой. Мен оған ақша алуды ойланған да жоқпын. Бальтасар осының бәрін қызықтап тұрғандардың арасынан есікке қарай жеткенше Хосе Монтьель қонақ бөлмесінің ортасында тұрып айғайлап жатты. Ол бозарып, көздері қанға толып кетті. – Ақымақ, – деп айғайлады ол, – мына боқшаңды табан астында әкет қане! Ендігісі – менің үйіме кіріп алып, өз тәртіптеріңді орнатуларың қалып еді, сайтан алғырлар! Бильярд ойнайтын жерде халайық Бальтасарды қаумалап қарсы алысты. Ол бұған дейін кезекті кілетті бұрынғы шарбақшадан жақсы жасадым деп қана ойлайтын, олардың бірін Хосе Монтьельдің баласы жыламас үшін соған сыйлау қажет сияқты көрінетін, әрі онда тұрған ештеңе жоқ деп түсінетін. Бірақ, енді ол көптеген жұрт үшін белгілі бір дәрежеде маңызды екеніне көзі жетті, соның әсерінен едәуір толғанып та кетті. – Яғни саған ол үшін елу песо төледі ғой? – Алпыс, – деп жауап қайтарды Бальтасар.
378 Оған бір саптыаяқ сыра әкеп қойды, ал оның есесіне отырғандардың барлығына өз есебінен әкелдірді. Туғалы алғаш ішкендіктен болар, ол бірден мас болып қалды да, өзінің қияли жобасы жайлы айта бастады: әуелі әрқайсысы алпыс песо тұратын мың шарбақша, сонсоң алпыс миллион песо шығаратын миллион шарбақша... – Байлар тірі тұрғанда, оларға көптеп сатуға үлгеру үшін молынан жасау керек, – деп соқты ол. – Олардың бәрі де ауру және көп ұзамай өледі. Егер оларға тіпті сәл толқуға болмайтын болса, өмірлері не деген тозақ десеңізші! Екі сағат бойы музыка автоматы оның есебінен үзбей ойнап тұрды. Олардың бәрі Бальтасардың денсаулығы, бақыты мен жолы болуы және байлардың өлуі үшін ішіп бақты, бірақ, кешкі асқа қарай ол жалғыз қалды. Урсула пиязға қуырылған етті әзірлеп кешкі сегізге дейін тосты. Әлдебіреу Бальтасар бильярд ойнайтын жерде бақыттан есі ауысқан күйде жұрттың бәрін сыраға тойғызып жатыр деп еді, ол сенген жоқ, өйткені Бальтасар өмірінде ешқашан ішкен емес-ті. Әйелі ұйқыға жатқанда түн ортасы болды, осыған дейін Бальтасар жап-жарық сол бөлмеден кеткен жоқ, одан шыққан соң би билейтін ашық алаңға барып тағы ішті. Оның ауызында әйелдердің ерін бояуынан сау-тамтық жоқ еді, ол орнынан қозғала алмай жатса да, бір мезгілде бір төсекке екі әйелмен қатар жатқан қандай жақсы деп ойлады. Бальтасардың көп ақша жұмсағаны соншалық, ақыры оған аманатқа сағатын беруге тура келді. Кейінірек, көшенің тура ортасында сілейіп жатқанында, ол әлдекімдердің аяқ киімін шешіп алып жатқандарын сезінді, бірақ, ол әлемдегі мынадай тәтті ұйқысының құшағынан шыққысы келмеді. Азанғы ғибадатқа асығып бара жатқан әйелдер ол өліп қалған екен деп еңкейіп қарауға да батылдары бармады.
379 МАЗМҰНЫ І – бөлім. Әр жанрда жазылған туындылардан..................3 Өмірдің мәні – құштарлықта! А. Машановпен сұхбат......4 Сәйағаң қайтып келген күн. Тілші материалы..................13 Шегірткенің торсығы нешеу? Фельетон.........................20 Домбыра үні неге булығып шығады? Жария болған мақалаға жаңғырық.................................................................25 Шағаладай шай қасық. Очерк..............................................28 Дипломат Қуаныш Сұлтанов. Саяси портрет....................33 «Самбист». Юмореска........................................................37 «Қисса әл-қазағия». Сықақ әңгіме.....................................39 Саяси шолу. Радиодан берілген апталық шолу.................42 Желтоқсан жаңғырығы. Саясат..........................................45 Менің ұстаздарым. Естеліктер...........................................52 Оу, әуелі кім нету керек? Әзіл әңгіме.................................55 ІІ – бөлім. Таңдамалы аудармалардан...............................58 И. Бунин. Зұлматты күндер................................................59 Г. Бёлль, Ирланд күнделігі, Мәліметке ілікпеген махаббат.............................................................................194 К. Оэ, Қарттықты қадірлеу апталығы..............................231 М. Зощенко. Ақсүйек бикеш............................................248 К. Паустовский. Тілгәрәм................................................252 К. Чандар. Анги, Ана махаббаты, Викрамадитьяның әд ілеттілігі.................................................................................267 С. Моэм. Луиза...................................................................290 Э. Юнсон. Жаңа жолдың үстінде, Дегбірді алған сол күндер... ..................................................................................298 В.С. Найпол. Араздастық......................................................323 Бинт әш-Шати. Тәубеге келген келіншек.........................335 Теодор Лячо. Мейман.......................................................340 Әзиз Несин. Метірке.........................................................348 Я. Кавабата. Сәулеленген ай............................................353 Ю. Трифонов. Бәз баяғы ән..............................................366 Г.Г. Маркес. Бальтасардың өміріндегі ұмытылмас күн.....................................................................................370
Марал ХАСЕН МАЗАСЫЗ КҮНДЕР Редакторы Әлсейіт Оспан Қате түзеуші Қазына Нұрмаханова Көркемдеуші редакторы Асия Жумадуллаева Техникалық сарапшы Нүркен Сүйеубеков ИБ №15 Басуға 30.07.2014ж. қол қойылды. Пішімі 84х108 1/32. Офсеттік басылым. Қаріп түрі “Times New Roman”. Көлем 20,0 шартты баспа табақ. Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №15 “ҚАЗақпарат”баспа корпорациясының баспаханасы