151 кештер зәреңді алып бағады! «Одесский Коммунистен»: «Очаков гарнизоны контрреволюцияның ұйықтамайтынын біледі, ол маскүнем Григорьевтің сөзінен қуат алып, шаруа мен жұмысшының жүрегіне у жібереді, бір ұлтты екіншісіне айдап салады, себебі маскүнем Григорьев: «Жидтерді соқ, Украинаны құтқар!» деген ұран тастады, бұл Қызыл Армияны дүрбелеңдетіп, әлеуметтік Революцияны жоюға шақырады: маскүнем Григорьев пен оның ұлтшыл сыбайластарына қаһар төгеміз!» Және әрі қарай: «Қолға түскен ақгвардияшылар туралы мәселені талқылай келіп, біз оларды дем арасында атып тастауды талап етеміз, өйткені олар өздерінің оңбағандықтарын жалғастыра бермек, капиталистер мен олардың құйыршықтарының кесірінен онсыз да көп төгілген қанды одан да әрман көлкітіп төге бермек!» 9 мамыр. Түнде әлдебір пойыздар мен теңіздері және өте әдемі пейзаждары бар мазасыз түстер қинайды, көріністер жаныңды ауыртады, уайымға кіріп, әлденені торыға тосасың. Одан алдыңа дәу сөйлейтін ат келеді. Ол менің Святогор мен Илья жайлы өлеңдерімді қайдағы бір көне тілде оқып тұр – менің зәрем ұшып, оянып кеттім де сол өлең жолдарын ұзақ тізбеледім. Мен бұл өлеңді 16 жылы жазған едім. Біз өзіміздің табыт астауымызға көңілді күйде әзілдесіп жантайып жаттық. Гәзиттерде тағы да: «Маскүнем Григорьевті ажал соқсын!» – бірақ әрі қарай едәуір байыптылау: «Бос сөзді тоқтатайық! Әңгіме бұл күнде ендігі пролетариаттың диктатурасы жайлы емес, социализм құру жайлы емес, Қазанның кәдуескі жеңістері жайлы болмақ... Шаруалар әлемдік революция үшін қасықтай қаны қалғанша күресеміз деп мәлімдейді, бірақ, екінші жағынан, олардың кеңестік пойыздарға шабуыл жасап, біздің ең жақсы деген жолдастарымызды
152 мерт еткендіктері белгілі болды...» «Қызыл террорды жүзеге асыру тәртібіне сай» атылғандардың жаңа тізімі басылған – сонсоң мақала берілген: «Троцкий атындағы клубта көңілді әрі қуанышты болды. Кезінде генералдар тобыры ұйлығатын бұрынғы Гарнизондық Жиналыстың үлкен залы бұл күнде қызылармияшыларға лық толған. Әсіресе соңғы концерт көпшілік көңілінен шықты. Алдымен «Интернационал» орындалды, сонсоң Кронкарди жолдас тыңдаушыларды өзіне тартып алып, иттің үргенін, балапанның шиқылын, бұлбұлдың сайрағанын және әйгілі шошқаға дейінгі жануарлардың дауысын айнытпай салды...» Балапанның «шиқылын» және «бұлбұлдың сайрауын және әрі шошқаға дейінгі өзге жануарлардың әндетуін албасты да ойлап таба алмас еді. Бірақ әлгі «ән салатын әйгілі шошқаны» салудың алдында неге алдымен «Интернационал» орындалды? Әрине, кәдуескі «шарбақ әдебиеті». Бірақ осынау «шарбақтың», осынша шошқалық әрі интернационалды қоршаудың ар жағында бүкіл дерлік күллі Ресей, бүкіл дерлік орыс болмысы, бүткіл дерлік орыс сөзі бопсаланып жатқанда, бір кезде сол шарбақтан шығып кету мүмкін бе өзі? Ал сонсоң – осынау шарбақ әдебиеті бүткіл «жаңа» орыс әдебиетінің қандас туысы сипаттас. Әдебиеттегі сөздің қожырауы, оның асыл мағынасның, дыбысы мен салмағының тепкіге түсуі баяғыдан басталған. – Сіз үйге қайтасыз ба? – дедім мен жазушы Осиповичке, онымен көшеде қоштасып тұрып. Оның жауабы: – Отнюд! (тіпті, мүлде. – Ауд.) Орысша бұлай демейтнін мен оған қлай жеткізбекпін? Түсінбеді, сезбейді: – Ал енді не деу керек? Сонда «отнюдь нет!» пе, сізше? Сондағы айырмасы не? Ол сезбейді де. Е, оған кешіруге болады, айтпақшы ол одессалық қой. Оған және кешіруге болатыны, ол түбінде мойындап,
153 «отнюдь нет» керектігін еске сақтауға уәде береді. Ал әдебиет өрісінде өздерін керемет сөз зергерлері деп сезінетіндер өріп жүрген жоқ па? Ал ескі («шымыр да қою») халық тілінің, жай ғана бір ауыз сөз сөйлемейтін, кәнігі орыстық мінезімен діңкелететін тілдің табынушылары қаншама! Соңғы жағдаят (барлық «интернационалдық» ізденістерден, күллі батыстық үлгілерге қайдағы бір жастүріктік еліктеушілерден кейін) үлкен сәнге айналып барады. Қаншама өлең өрушілер мен қарасөзді қорек қылғандар халықтың қазынаснан аңыздарды, ертегілерді, «алтын сөздерді» қағып алып, ұятсыздықпен өздерінікі деп жария етіп, оларды өз еркімен әлеміштеп, облыстардағы сөздіктерді қазбалап, Русьте ешкім де, ешқашанда сөйлемеген, оқу еш мүмкін емес жүрек айныр қойыртпақты алға тартты! Мәскеулік және петерборлық салондарда әрқилы Клюевтер мен Есениндер, қаңғыбастар әйтпесе жігіттерше киініп алып, мұрындарының астынан «сөйлеу» туралы міңгірлеп бастарын тау мен тасқа соқты емес пе! Тіл халық ішінде де азғындап кетті. Бірде мұжықтан итіңді немен қоректендіресің деп сұрадым. Анау: – Немені қалай? Е, ештеңемен де емес, бұл жарықтық не берсең де жей береді: бұл итімнің өзі сондай, – дейді. Мұндайдың бәрі кезінде болған, халықтың ағзасы мұны өзге уақытта да игерер еді. Ал енді ше? 10 мамыр. «Колчак Белебейден айырылды, енді шаруаларды өлімге бұйырып жатыр... Колчакпен бірге Михаил Романов келе жатыр, мінгені баяғы күйме: онымен бірге самодержавие, православие, халықшылдық… жебірей қырғындарын, арақты қоса әкеле жатыр... Ллойд-Джордждың қолынан тойынған Колчак әбден зықысы шыққан халықты діріл қақтыру үшін халықаралық жыртқыштарға қызметке кірген... Колчак жұмысшылардың қанын қашан ішемін деп жұлқынуда...»
154 Жанында солшыл эсерлердің тарапына айтылған боқтық сөз бен қорқыту қоса жүр: «Мына жазғыштар кейде құмға көміліп, билей жөнеледі: өз кейіптерін бояғыштайды, бірақ қанша тазаланса да, оларында кулактық «секпілдері» атойлап тұрады...» Колчактың «қиғыштап» жатқан шаруаларымен бірге, немістер үшін де қатты алаңдайды: «Версальдағы пасық комедия аяқталды, бірақ шейдемандықтардың (Ф. Шейдеман (1865-1939), Германияның сол кездегі үкімет басшысы. – Ауд.) өздері де одақтастық қасаптардың буржуазиялық акулалардың алға қойған шарттары мүлде қабылдауға қелмейді деп мәлімдеуде. Гимназическаяға бардық. Жеткенімізге шейін дерлік жол бойы көктемгі, тамаша жаңбыр жауып тұрды – бұлттардың арасынан төніп тұрған көгілдір аспан анау. Ал мен болсам, екі рет есімнен танып қала жаздадым. Осы жазуларды тастау керек. Жазамын деп, жүрегімді одан сайын жұлмалап жүрмін. Тағы да сыбыстар – енді гүлді (яғни, орысша айтқанда түрлі-түсті), бізді құтқаруға асығып келе жатқан көлікті әскерлер жайлы баяғы... Подвойскийді жақсы білетін адамның ол жайлы айтқаны: «Топас бурсак (діни мектептің оқушысы. – Ауд.), шошқа көзді, ұзын мұрынды, тәртіп дегеннің маньягы...» 11 мамыр. Нағыз орыс рухындағы ұрандаулар: – Алға бауырлар, өліктерді санамаңдар! Григорьевтің «талқандалғаны» жайлы хабарлардан бір ғана түйін жасауға болады – григорьевшілдіктен бүкілдей дерлік Кіші Ресей қамтылған. Кеше Одессаға Троцкийдің «өзі» келіпті десіп жатты. Бірақ ол Киевте көрінеді. «Көсемнің келуі Украинаның бүкіл жұмысшылары мен шаруаларын қанаттандырды... Көсеміміз буржуазияның омыртқасы омырылған күндері халықтық миллиондардың атынан ұзақ сөз сөйледі...
155 Халыққа балконнан сөз тастады…» Ленотрды (Тарихшы Ж. Леонтр (1855-1935) «Ескі үйлер, ескі қағаздар» деген кітабы) оқып жатырмын. Сен-Жюст, Робеспьер, Кутон… Ленин, Троцкий, Дзержинский… Кім сұмпайылау, қанішерлеу, ластау? Әрине, қанша дегенмен мәскеуліктер. Бірақ париждіктер де «тәуір» болған. Кутон, дейді Ленотр, Кутон – диктатор, Робеспьердің ең жақын серіктесі, лиондық Аттила, заңгер және садист, мыңдаған титтей де жазығы жоқ адамдарды эшафотқа малша айдаған қанішер, бір белгісі, қамытаяқ мешел болған. Бірақ ол қандай жағдайда аяқтарынан айырылған? Сөйтсек, құдай салмасын... Ол өзінің ашына қатынының үйінде, әлгінің байы жоқтығын пайдаланып, қонып жатқан ғой. Бәрі тамаша жүріп жатқан, кенет үйіне оралған еркектің дыбысы шықпай ма? Кутоныңыз төсектен атып тұрып, терезеден қарғып кетеді. Қарғып кетеді де, боқтық жиналатын шұңқырға күмп ете түседі. Содан таң атқанша отырған байғұстың қос аяғы – аяқ болудан қалады. Николаевта жебірей қырғыны жүріп жатыр деседі. Шамасы Украинаның барлық шаруаларын «көсемнің келуі қанаттандыра қоймаған» секілді. Алайда, гәзиттердің үні бұрынғыдан да мығым, бетсіз болып барады. «Құтқарушы болған, байларға қарсы шыққан Христі керіп тастау большевиктердің шаруасы емес» дегендері кеше ғана емес пе еді? Ендігі олар өзге әнге басқан. Міне, «Одесский Коммунистен бірер жол»: «Иисус Христос сияқты атақты сиқыршының сілекейлері де тиісті сиқырлы күші болуға тиіс. Бірақ көпшілік оның ілімінің адамгершілік мағынасы жайлы қылымси береді. Христтің «ақиқаттары» өздерінің құндылығы тұрғысында ештеңемен салыстыруға болмайды дегенді дәлелдегілері келеді. Бірақ, бұл түбірімен жөн емес, және тарихты білмеушілік пен дамудың жеткіліксіз тереңдігімен түсіндіріледі». 12 мамыр.
156 Тағы да жалаулар, сатұр-сұтыр жүрістер, тағы да тойтомалақ, – пролетариаттың қызыл армиямен ынтымақтасу күні». Қаптаған мас солдаттар, матростар, қаңғыбастар. Біздің қасымыздан бір өлікті алып бара жатыр (большевик емес), «Жаратқан өзің қабыл алсаң, мейіріміңді төккейсің...» Тура айтады. Өлгендер тыныш табады. Десе дағы, Троцкий ақыры келіпті. «Патшадайын қарсы алыпты». 14 мамыр. «Колчак Михаил Романовпен бірге арақ және қырғын әкеле жатыр...» Ал Колчагыңыз Николаевте де, Елизаветградта да жоқ, сөйтсе дағы: «Николаевта еврейлік аюандық қырғын... Елизаветград қараңғы бұқарадан қатты ойсырап қалды. Миллиондаған шығындаған келді. Дүкендер, жеке пәтерлер, дүңгіршектер, тіпті титтей буфеттерге дейін таза сыпырылып тасталған. Кеңестік қоймалардың астан-кестені шыққан. Елизаветградқа есін жию үшін қаншама уақыт керек!» Әрі қарай: «Одессада бас көтерген солдаттардың жетекшісі, енді Ананьевті талқандап жатыр, жүзден астам адам опат болған, дүкендер быт-шыт...» «Жмеринкада да Знаменкадағыдай еврей қырғыны…» Бұл Блоктарша айтқанда: «халық революция әуеніне бөленген – тыңдаңдар, тыңдаңдар революция әуенін!» 15 мамырға қараған түн. Өзімнің «боқшамды» қарап шықтым, бірталай өлеңдерімді, бірнеше басталған әңгімелерімді жыртып тастадым. Бәрі де күйініштен, үмітсіздіктен (ондай менде бұрын да талай рет болған). 17 және 18 жылдар жайлы жазбаларды жасырдым. Ах, осындай түндердегі қағаздарды, ақшаларды ұрыларша бір жасырып, қайта жасырулар-ай десеңізші! Миллиондаған
157 орыс адамдары осы жылдары іру-шіруден, қорлықтан өтті. Ал сонсоң тығылғандарды тауып алады. Сөйтіп, біздің өміріміз ертегіге, аңызға айналады... 17 жылдың жазы. Ымырт кез, көшеде, ағаш үйдің маңында бір топ мұжықтар жүр. Әңгіме «орыс революциясының әжесі» жайында. Үйдің иесі асықпай баяндауда: «Мен бұл кемпірді баяғыдан естіп келемін. Көреген-ақ, ол рас. Қазіргі жағдаятты елу жыл бұрын болжап айтқан деседі. Құдай сақтасын, қорқыныштылығы сұмдық: жап-жалпақ, өзі ашушаң, көздері әрі сығырайған өткір-ақ, – мен оның пәдіретін фельетоннан көрдім. Түрмеде өзін қырық екі жыл бойына шынжырлап ұстағанда өлтіре алмапты, күні-түні қасынан кетпесе де, анау есебін тауып, миллион жинаған! Енді елді билігіне салған, жер берем дейме-ау, соғысқа жібермеймін дейме-ау... Ал оның билігіне барып, менің не шаруам бар? Жердің керегі жоқ, қызығы оны жалға алғаным жөн, бәрібір оған көң төге алмаймын, ал солдатқа бәрібір алмайды, мендей шал кімге керек...» «Кешкісін әлдебір көйлегі ағараңдаған біреу, кейін анықталғандай, «орыс революциясының көркі мен мақтанышы» едіреңдеп, киліге кетті: – Бізде сендей арандатқышты бес минөтте қамап, табан астында атып тастар еді! Мұжық байыпты және мығым түрде қарсы шықты: – Ал сен бар ғой, матрос болсаң да малғұнсың. Мен сенің әкеңдей адаммын, кезінде менің үйімнің қасында дамбалсыз жүгіріп жүретінің қайда? Қайдағы сен комиссарсың, әрліберлі жүрген қыздардың етегіне тапа-талтүсте кіріп кетуге оңтайланып тұратының қалай? Асықпа, асықпа шырағым – қазынаның шалбарын жыртасың, ұрлап-қарлап тапқаныңды ішіп бітіресің де, қайтадан менің малымды бағуға сұранатын боласың! Қайтадан, бауырым, менің шошқамды қақпалауға барасың. Бұл саған мырзаларды мыжғылау емес. Мен сенен Жучковыңмен қосақталсаң да қорықпаймын! (Жучков дегені Гучков). Сергей Климов, құдай аманаты қосып қояды:
158 – Ей, мынаны баяғыда Петроградқа тапсыру керек еді. Онда тек әрқилы жағдаят... Вагондағы қыздар шыңғырып жатыр. Таудан бері қарай бір топ жігіт гармондатып және балалайкалатып келеді. Мен ойлап тұрмын: «Жоқ, большевиктер десе дағы Уақытша үкіметтегі мырзалардан гөрі ақылдырақ! Олардың бұлайша бетпақтана түсуі тегіннен тегін емес. Олар олар өз жамағатын жақсы біледі». Деревняда, үйдің жанында қашқын солдат темекі тартып, әндетіп тұр: – Түніңіз екі минөттей-ақ қап-қараңғы... Мынасы не оттағаны? «Екі минөттей-ағы» несі? – Ал енді қалай? Мен дұрыс айтып тұрмын: екі минөттейақ. Осы жерде екпін жасалады. Көрші: – Е, бауырым, осыдан неміс келсін, екпіннің көкесін сонда көрерсің! – Ал маған бәрібір – немістің астына түссем, немістің астына-ақ түсейін! Бақшадағы қостың жанында кәдуескідей жиналыс өтіп жатыр. Қарауылшы, көпті көрген мұжық және қызыл тілді шешен, Еділдің маңайында, бұлттардың арасынан ұзын тұрқы жиырма шақырым болатындай бие құлапты деген сыбысты айтып тұр. Ол маған қарай ойысып: – Шамасы, мырзам, көкіме сөз ғой, ә? – деді. Оның серіктесі өзінің «революциялық» өмірін рахаттана баяндайды. Ол 1906 жылы үйдің есігін бұзып, ұрлық жасағаны үшін түрмеде отырған – және бұл оның ең жүрек тербетер естелігі, қайда жүрсе де ылғи осыны айтады, өйткені сол түрмеде: – Сан қилы той-томалақ және тоярлық тамақ сонда болған! Ол әрі қарай кетті: – Түрмеде, әдетте, жоғарғы текшеде, саясилар, ал екіншісінде солардың көмекшілері отыратын. Өздері
159 ешкімнен де тайсалмайды, губернатордың өзін сыпыра боқтайды, ал кешке қарайғы әндері «біз құрбан болдықтан» басталады... Осында саясилардың бірін патшаның өзі дарға тартуға бұйырып, Синодтан ең зұлым жендетті алдыртыпты, бірақ артынан оған кешірім беріліп, енді саясиларға бас губернатор және патша сарайындағы үшінші тұлға, енді ғана губернаторлыққа емтихан ұстаған тағы біреу келді. Келді де – саясилармен тойлауға кіріссін: урядникті граммофонға жұмсады, содан ішіс басталсын – губернатордың сылқия тойып алғандығы сондай, аяғынан тұра алмайды, сол бетінде күзетшілері күймеге сүйреп әкетті... Бәрімізге жиырма тиыннан ақша, жарты қадақтан түрік темекісін, қос қадақтан нан жібертемін деп уағда беріп еді, қайдағы... бәрі жайына қалды... 15 мамыр. Жүрмін әйтеуір, көшелерде, бұрылыстарда, базарда айтылғандарға құлақ тосамын. Жұрттың бәрі «коммуния» мен жебірей десе ызалана тіс шықырлатады. Ал деген сұмдық юдофобтар Ропиттегі жұмысшылар арасында өріп жүр. Не деген оңбағандар! Олардың кеңірдегін әлдебір садақамен тығындайды. Халықтың төрттен үші осындай. Садақа үшін, қырып-жоюға жол ашу үшін ұятын, жанын, құдайын сатады... Базарды кестей өтіп едім – сасық иіс, ластық, қайыршылық, жасы жүзге жақындап қалған хохолдар мен хохлушкалар, тырық өгіздер, атам заманғы арбалар, міне осының бәрінің жуан ортасында жарнамалар, үшінші интернационал үшін шайқасқа шақырушылар. Әрине, мұндайдың оттаубай екендігін ең мақау, ең мақұлық деген большевиктердің өздері де түсінеді, ара-арасында күлкіден шектері қатып жатады. Дәріханаларды шауып жатыр: бәрі де жабық, «халық меншігіне айналдырып, есепке алынуда». Құдай сақтасын, ауырып қалып жүрмейік! Міне, күллі осындайдың ортасында, тура
160 жындыханадағыдай жатырмын, арасында «Платонның тойын» оқып қоямын, жан-жағыма есіріктерше алақтаймын, пері соққан жанарыммен үңілемін... Неге екені белгісіз, атақты анархист, князь Кропоткинді еске алдым, Мәскеудегі үйінде болғанмын. Бекзаттар әулетінің ғажайып өкілі, балақайдан айырғысыз мейірбан шал – тіпті зәрең ұшады. Костюшконы «барлық бостандық атаулының қорғаншы» дейтін. Порымы масқара. 16 мамыр. Дондағы және Еділдің ар жағындағы большевиктердің халі нашар сияқты. Қол ұшын бере гөр, Жасаған! Ақын Полежаевтың өмірбаянын оқыдым да, қатты толқып кеттім – әрі жаныңа батады, әрі қаяулы, әрі тәтті (Полежаевтың өз басы жайында емес, әрине.) Иә, осынау өткенді, әкелеріміз бен аталарымыздың дәуірін сезімін сезінетін соңғы пенде мен ғана... Жаңбыр себездеп өтті. Аспанның заңғарында бұлттар жүзіп жүр, күн сығалап қояды, ауладағы сарғылт-жасыл қарағандарда құстар сайрайды. Ендігі ғұмыр бойына қайыра оралмас дәурен жайлы ойлардың, естегілердің үзіктері... Поганое шоқтоғайы есіме түсті – жердің түбі, қайыңтал, шөптер мен гүлдер беліңнен келеді, – тап осындай жаңбырдың астында бірде жүгіріп өткенім, қайыңның, даланың, егістіктің, бүкіл Ресейдің хош иісі зердеме оралды... Николай Филипповичті (Николая Филиппович Шишкин, бір кездері оның саяжайында Буниндер тұрған) оның Одессаның түбіндегі мекенжайынан қуып шықты. Жақында оның одессалық пәтеріне де тықыр таянды. Байғұс шіркеуге барып зиярат етіпті, – одан большевиктерге пәтері жайлы құлдық жасап, сол жерде кенет жан тапсырыпты. Мекенжайында жер қойнауына беруге рұқсат беріпті. Оған да тәуба – не десе де өз бақшасында, жақын-жуығының арасынан орын тиген. Арада жүз жыл өтер – сонда осы зират қасында оның уақытын тым болмаса әлдебіреу сезінер
161 ме екен? Жоқ, ешкім де, ешқашанда. Менің уақытымды да солай. Ал өзім ағайын арасына жетіп жығылам ба, әлде кім білсін... «Попов университет мұрағатынан Полежаев туралы істі іздепті…» Қайдағы бір Поповтың Полежаевта не шаруасы бар? Бәрі де I Николайды қаралаудан туындайды. Қази молданың мүридтерін бұғалықтау. Қази атай қашқын орыс солдаты болған. Өзі орта бойлы, беті секпілді, селдір сақал, көздері өткір еді. Өз әкесін көмейіне қайнатылған май құйып өлтірген. Арақ сататын, одан өзін әулие деп жариялап, ғазауат соғысын жариялады... Тап осындайлардан қаншама бүлікшілер, көсемдер шықты десеңізші! 17 мамыр. Ақтар Псковты, Полоцкіні, Двинскіні, Витебскіні басып алыпты деседі… Деникин Изюмді алып, большевиктерді тырқырата қууда деп жатыр. Егер осының бәрі шындық болса?.. Большевиктердегі қашқындық бой бермей барады. Мәскеуде тіпті «центрокомдезертир» дегенді енгізуге тура келген. 21 мамыр Одессаға – «біз Антантаға мәлімдеу үшін бүкіл елдің пролетариатына шағымдануға... Антантаны масқаралау бақанына байлап тастау үшін...» Иоффе келіпті. Не жөнінде шағымдануға? Иоффе жайлы естігенім: – Бұл еңсесі биік мырза, бар «жазығы» сәнді тірлікті, шараптар, сигаралар мен әйелдерді қатты ұнатады екен. Өте дәулетті адам – Симферополде бу диірмені және ИоффеРабиновичтерден шығарылған автокөліктері бар. Керемет атаққұмар, әңгімесін әр бес минөт сайын: «Мен Берлинде елші болғанда…» деп бастайды екен. Бәденді, кәдуескі әйелдердің атақты дәрігері... Оны мақтаушы оған іштей табынып отырды.
162 23 мамыр. «Одесский Набатта» білетіндердің баршасына – із-түзсіз кеткен достар: Валя Злой, Миша Мрачный, Фурманчик және Муравчик жайлы хабарлау жасауға өтініш білдірген… Сонсоң әлдебір Яшенька дегеннің қазанамасы жүр: «Сөйтіп сен қаза таптың, о ғажайып, Яшенька... енді ғана желегін жайған топиған гүл іспеттес... күннің қысқы лебіндей, титтей әділетсіздіктің өзіне ыза болған, қорлауға, күш салуға қарсы шыққан күйіңде адамзаттығы бар байлықты талқан еткен обыр орданың құрбандығына шалындың... Яшенька алаңдамай ұйықтай бер, біз сенің өшіңді аламыз!» Қайдағы орда? Не үшін кімнен өш алу? Мұнда анық жазылған ғой, – Яшенька «әлемдік венеризмнің» құрбаны емес пе? Дерибасовскаяда қабырғарда жаңа суреттер пайда болды: матрос пен қызылармияшы, казак пен мұжық көздері бақырайған, жүрек айныр құрбақаны – буржуйды жіптермен орап, буындырып жатыр; астында – жазу: «Сен бізді жалпақ қарныңмен сығымдап едің ғой»; дәу мұжық шоқпарын сілтеп тұр, ал оның үстіндегі гидраның қанға малынған, тістері ақсиған бастары шайқалақтайды; бастардың бәріне тәж киілген; бәрінен ең қорқыныштысы – жаны шығып кеткен қайғылы, көңілді кейіптегі, бір жағына қисайып құлаған II Николайдың басы; тәждің астынан жақтарды қуалай тарамтарам аққан қан... Ал «Агитпросветтің» жанындағы алқа – онда бірталай таныстар қызмет істейді – көркемөнерді көркейте түсуге тиістіміз деп есептейді, мәжіліс құрады, шешімге келеді, жаңа мүшелері – Осиповичті, профессор Варнекені қатарына тартады, өңезденген нан, шіріген картоп, сасық балықтан тұратын паек алады... 24 мамыр. Сыртқа шығып едім, жаңбыр екен, жылы, бірақ көмескі, ағаштардың жұмсақ та ауқымды жапырақтары кеңінен қанат
163 жайған, көңілді, мерекелік күй-жағдай. Бағаналарда дәу жарқағаздар: «Пролеткульттың залында орасан зор абитурбал (абитуренттерге арналған бал. – Ауд.) өтеді. Спектакльден соң титтей аяқтар, ең әдемі көздерге деген жүлделер беріледі. Жұмыссыз алыпсатарлар үшін модерн стиліндегі дүңгіршектер ашылады, еріндер мен аяқтарды «красный кабачок» жабық дүңгіршектер ішінде ғана сүюге рұқсат, электр тогының сөніп-жануы, котильон, серпантин, әскери музыканың екі оркестрі, күшейтілген күзет, жарық қамтамасыз етіледі, елдің тарауы ескі уақытпен таңғы сағат алтыда. Кештің иесі – үшінші кеңестік армия қолбасшысының зайыбы Клавдия Яковлевна Худякова». Сөзбе-сөз көшіріп алдым. Ана «титтей аяқтарды» «жолдастар» электр тогы қылжақтағанда, яғни сөніпжанғанда не істер екен, ә? Қағаздарды, есі гәзиттердің қиындыларын реттеп, біразын жыртып жатырмын. Менің тарапыма арналған «Южный Рабочийдегі» (большевиктер келгенше шығып тұрған меньшевиктердің гәзиті) өте мейірбанды өлеңдер. Бұлар Одессаға француздар зәкір тастаған күні, өткен жылы желтоқсанда «Одесский Листокта» басылған менің өлеңдеріме жауап іспеттес. Осынау интернационалистер, өздеріне қажет болса, ұлтшылдарға, патриоттарға қалай айналып шыға келеді! олар «қорқып кеткен бекзаттарға» немесе «қорқып кеткен тоғышарларға» осылардан әлдеқайда биік тұрғандай қалайқалай едіреңдейді? Әлгі «тойынған тоғышарлар» кім өзі. Революционерлер, егер орташа адамның өзін өлердей жеккөретін болса, сонда олардың уайымы не өзі? Кез келген ескілікті үйде ондаған жылдар бойына ғұмыр сүріп жатқан жанұяларды қапияда бас салыңдар, барлық қожайындарын, қызметшілерін, малайларын тұтқындаңдар, сабаңдар, отбасылық мұрағаттарын шашыңдар, жағыңдар – әйтеуір бір ілік табуға өздеріңе керек жағдайды жасаңдар! Осылайша, ресейлік ескі үй талан-таражға түсті. Сонда
164 не таптыңдар? Ал оны бүкіл әлем қарғаған биліктің тұсында талқандады ғой! Сонда не ілдіңдер? Түк те! 25 мамыр. «Одессаға III интернационалдың хатшысы Балабанова жолдастың келуі». Әлдекімнің музыкалатқан, жалаулатқан жерленуі: «Бір революционердің өліміне – мың буржуй ажал құшсын!» 26 мамыр. «Наубайшылардың одағы социализм патшалығын орнату жолындағы қайтпас күрескер наубайшы Матьяштың қайғылы қаза тапқандығын хабарлайды...» Қазанамалар, мақалалар: «Тағы да біреу шетінеді... Матьяштан айырылдық... Қайтпас, бекем, ақжарқын... Табыт маңында – наубайшылардың барлық секцияларының жалаулары...» Достоевский айтады: «Егер осынау оқытушылардың баршасына ескі қоғамды қиратуға және жаңасын жасауға жол ашса, ондағы қапастық, аласапырандық, хаюандықтың ойнақтап шыға келетіндігі сондай, әлгі ғимарат салынып бітпес бұрын бүкіл адамзаттың қарғысынан күл-талқаны шығады...» Бұл күнде осы жолдардың өздері де әлсіз сияқты. 27 мамыр. Киелі Рух күні. Сергиев училищесіне ауыр сапар, жол бойы жаңбырдың астында болдым, кигенім жыртық-жыртық бәтіңке. Ашқұрсақпыз, содан да болар, әлсізбіз, екі сағаттай әрең жүрдік. Әрине, өзім күткендей, онда көргіміз келген мәскеулік мейманды үйінен баспадық. Сол қиын жолмен қайыра қайттық. Шынылары быт-шыт сынған өлі вокзал, тот басқан рельстер ирелеңдеп жатыр, қасында сатпақ-сатпақ алаңқай, жұрт бар жерде у-шу, әткеншектер, карусельдер... Әлдебіреу тоқтатып алып, танаудан бір пере ме, әйтпесе В.-ны құшақтай ала ма деген ұдайы қорқыныш. Тісімді
165 шықырлатып, егер біреу өйтетін болса, салмақтылау тасты бас салып, «жолдастың» маңдайынан ағып өтейін деген сеніммен аяңдай бердім. Сонсоң қайда сүйрелесең, сонда сүйреле! Үйге үштің кезінде оралдық. Жаңалықтар. «Кететін болды! Ағылшындар ультиматумы – қала дереу босатылсын!» Н.П. Кондаков келіп кетті. Халықтың кезінде оған өзіміз «жүз жыл бойына қанжығасына байлаған» бізге деген ашу-ызасы жайлы сөйледі. Одан Овсянико-Куликовский. Одан А.Б. Сыбыстар дүңк-дүңк етеді: «Сандықтарды, шабадандарды және кәрзеңкелерді тартып алып жатыр – үдере қашуда... Киевпен байланыс таза үзілген... Проскуров, Жмеринка, Славянскіні басып алыпты…» Сонда кім басып алған. Оны ешкім білмейді. Тура жүзге тарта папирос тартқан шығармын, қолдарым мұздай. Түнде. Иә, адамзаттың бақытын, «жаңа, тамаша тірлікті» орнықтыратын әлдебір әлемдік бюро баяғыда құрылыпты. Оныңыз түнде жұмыс істейді, кез келген адамауи азғындық атаулының бәріне де тапсырыс қабылдайды. Сізге тыңшылар, сатқындар, бізге жау армияны божырату қажет пе? Мінекиіңіз – біз бұл тұрғыда едәуір ширақтығымызды көрсеткенбіз. Сізге әлдебіреуді арандату керек пе? Келе қалыңыз – ондай мамандарды еш жерден таба алмайсыз... Жәнесін жәнелер, тағысын тағылар. Бұл не деген қырт сөз! Ғаламшардың алтыдан бір бөлігін – бөлігі болғанда қандай! – ертегідегідей дәулетті, ертегідегідей жылдамдықпен өрлеп, өрістеп жатқан ел едік! – енді сол халыққа жүз жыл бойына құтылудың төте жолы сол қожайындарыңдағы десятиналарды (деселерді) тартып алу ғана деп нығарлап бақтық емес пе?! 28 мамыр. Жиі-жиі ұйқым қанбайтынды шығарды, бүгін де ерте
166 ояндым. Таң елеңнен сыбыстар қинай бастады. Олардың молдығы сондай, тіпті басымда мибатпақтанып кетті. Жұрттың көбісі азаттық келіп қалар деп дәмеленуде. Кешке шыққан «Известиялардан»: «Біз Проскуровты, Каменецті, Славянскіні жауға бердік. Финдер шекараны бұзып өтті, еш себепсіз Кронштадты атқылап жатыр… Чичерин қарсылық білдіруде… Домбровский тұтқындалыпты, түнде оның жауынгерлері қарусыздандырылды, атыс болды. Домбровский Одессаның коменданты. Бұрынғы актер, Мәскеуде «Театр Миниатюр» дейтінді ұстап тұрған. Оның туған күні болыпты, дүрмекті той болған. Чекадан көп қонақтар келіпті. Мас болғандар төбелес шығарып, аяғы сатұр-сұтыр атысқа ұласқан. 29 мамыр. Одессаға қамауға алынған Домбровскийдің орнына комендант болып студент Мизикевич тағайындалды. Сонсоң: «Румыния көтерілді… күллі Түркияда революция алаулады… Индиядағы революция шарықтай түсуде…» Талтүсте қырынуға бардым. Қабақтары қатулы екі жолдас салонға ие әйелге керемет көргенсіздікпен әлдебір концертке билеттер (билеті 75 сом тұрады) сатып ал деп әкіреңдегендіктері сондай, талайды көрген менің өзім де қайран қалдым. Луи Ивановичті (таныс теңізшіні) жолықтырдым: «Ертең он екіде ультиматумның мерзімі бітеді, Одессаны француздар алады». Масқара, үйге тап бір мас болғандай, шатқаяқтап қайттым. 31 мамыр. «Айбынды кеңес әскерлері Уфаны алды, бірнеше мың тұтқындар мен он екі пулемет қолға түсті... Безе қашып жатқан жауды түре қуудамыз... Біз Бердянскіні, Чертковоны, тастап шықтық, Царицынның оң қапталында ұрыс жүргізіп жатырмыз». Бұл күнде Берлинде Розаны (Люксембург. – Ауд.) жерлеп жатыр. Сондықтан Одессада – аза тұту күні, ойын-сауықтың барлығына тыйым салынған, жұмысшылар
167 тек таңертең ғана жұмыс істейді, «Одесский Коммунисте» «Бөріктеріңді шешіңдер!» деген мақала жүр. Он жұмыртқа ендігі 35, май 40 сом тұрады, өйткені қалаға азық-түлік әкелетін мұжықтарды «бандиттер» тонайтын көрінеді. Зираттар есепке алыныпты. «Азаматтар енді тегін көмулеріне болады». Сағаттар және бір сағатқа ілгерілетілді – қазір менікінше таңертеңгі он, ал «кеңестіктерше» күндізгі бір жарым. Иоффе вокзалда, вагонда тұрып жатыр. Ол мұнда мемлекеттік тексеруші ретінде келген. Көптеген одессалық жағдаяттарға таңғалады, ашуланады, – «Одесса жүгенсіз кеткен екен» деп иығын қопаңдатады, қолдарын жаяды, әлденелерді «жұмсартады»... «Тікенекті гүлтәж» деген титтей мақала: «Жұмысшылар арасында жабысқақ та суық хабар тарады: «Матьяшты өлтіріпті!» Күс-күс қолдар ызадан түйіліп, ендігі қарлыққан айғай келіп жатыр: «Басқа – бас! Қане, кек алайық!» Сөйтсек, Матьяш атылып қалыпты: «Мынадай сұмдықты көтере алмаған, жан-жақтан небір бандиттер, ұрылар, тонаушылар, тастық, зорлық-зомбылықтар қыспалаған... Тексеру комиссиясы оның мұндай бандиттер, ұрылар, алаяқтардың ортасында жұмыс істеудің азапкерлігін түсінгенін анықтады...» Сөйтсе, және тағы да – «жеңіл мас болу» араласыпты. 2 маусым. Хабарлар – қояндардың жымы секілді. Біреуі көрініп тұр – Деникин жеңістен жеңіске жетіп келеді. Таңертеңгі дәмнен кейін есік алдына шықтық. Үйдің қақпасының алдына шықтық, Шмидтпен, Полевицкаямен, Варшавскиймен ұшырастық. Полевицкая тағы да менің мистерия жазғанымды, онда өзі Құдай ананың рөлін немесе христиандыққа шақыратын әулиені ойнағысы келетінін көлденеңдетті. «Кімді шақыратын? Мынадай аюанды ма?» - деймін. – «Енді несі бар? Міне, жақында бірінші қатарда салмағы кемінде он екі пұт шығар, матрос жылап отыр...»
168 Ештеңе етпейді, қолтырауындар да жылайды дедім. Түстен кейін және шықтық. Қашандағыдай, жаныңдағы тас езгілейді. Міне тағы да кешкі әуеде тап бір теңіз түбінен алынғандай қызғылт шыны іспеттес жұлдыздар жайнайды, Қызыл қалтарыста, «Свердлов атындағы» театрдың кіреберісінде тұрмыз. Тағы да баяғы қорқынышты плакат – мұжықтың соққысынан бір жағына қисайып қалған тәжі бар патшамыздың басы... 3 маусым. Осыдан бір жыл бұрын Одессаға келген едік. Айтуға оңай – бір жыл! Содан бергі өзгеріс атаулының баршасы құрдымға кетіп жатыр. Тіпті Мәскеуден мұнда көшіп келгенімнің өзін ғажайып уақыт санаймын. 4 маусым. Антанта Колчакты Ресейдің Жоғарғы Билеушісі ретінде мойындапты. «Известияда» былапыт мақала жүр. «Ей, сұмпайы, айт қане бізге, мынауың үшін қанша алдың?» Кетсінші әрі бәрі де. Қуаныш жасымды ірікпестен шоқынып алдым. 7 маусым. Ивасенконың кітап дүкенінде болдым. Оның кітапханасы «мемлекет меншігіне алынған», кітаптар «мандаттары» барларға ғана босатылады. Енді міне айлақтағы жүкшілер мен қызылармияшылар қаптап келіп қолдарына түскендерін: Шекспирді, бетон құбырлар, ресейлік мемлекеттік құқық туралы кітаптарды... әкетіп жатыр. Мына жерде бекітілген арзан бағамен сатып алып, қымбатқа сатпақ. Майданға ешкімнің де барғысы келмейді. «Тайқақтаушыларды» ұстап алып та жатыр. Ұзақты күнге дүкендер мен буржуйлардың үйлерінен тонағанды лықыта толтырған жүк арбалар көшелердің бойымен әрлі-берлі өтіп жатыр. Одессаға қанішер адамдардан әрман петерборлық
169 матростар жіберіліпті деседі. Шынында қалада матростар көбейіп кетті, сиықтары өзгешелеу, шалбарының балақтары далиып жатыр. Жалпы көшеде жүруге қорқасың. Күзетшілер винтовкаларымен ойнап отырады – селт етсең атып тастауы ғажап емес. Минөт сайын көретінің – екі сотқар жаяужолдың үстінде браунингті бөлшектеп-құрастырып тұрады. Түстен кейін желекжолдағы зеңбірекке бардық. Топ-топ адам, әңгіме-дүкен, үгіт-насихат – бәрі де ақгвардияшылардың аюандықтары жайлы, ал әлдебір солдат өзінің бұрынғы қызметі туралы соғып тұр; баяғы нәшәндіктердің өз қалталарына қанша тыққандары турасында – бұл малғұндардың қиялы қалтадан әрі бармайды. – Ал Перемышльді генералдар он мыңға сатқан, – дейді және біреуі, – мен бұл шаруаны жақсы білемін, өзім де сонда болғанмын. Деникин жайлы, оның жеңістері туралы аласұрған сыбыстар. Ресейдің тағдыры шешіліп жатыр. 9 маусым. Гәзиттерде баяғы әуен – «Деникин лаулаған ошақты қолымен сөндіргісі келеді» – және бәз-баяғы немістерге «масқара» бейбітшілікке қол қоюға тура келеді-ау деген аяныш. Осындайда айғай салғың келеді: «Оңбағандар, Брестегі Ресей үшін қол қойған Карахан (Л.М. Карахан (1889- 1937), 1918-20 жж. сыртқы істер халкомының орынбасары болған. – Ауд.) қол қойған масқара бейбітшілік қайда?» Бірақ бұл сайтандардың қолдан келместің бәрін талқан қылып, соңынан түк көрмегендей монтия қалатындықтары ғаламат. Міне, екі жылға жуықтады – сол баяғы бір іркілмейтін күш-қуат. Иә, бұл әлдебір адам сенгісіз жағдаят. Адамзат мыңдаған жылдар бойына жын-пері атаулыға бекер сенбеген. Қайтсе де әлдебір жын-перілік кетпейді. Харьковта «төтенше шаралар қабылданған» – кімге қарсы? – және бұл шаралардың баршасы «орнында атып тастаумен» аяқталады. Одессада және 15 адам атылған (тізімі жүр). Одессадан «Петербордың қорғаушыларына
170 екі пойыз тарту-таралғы жөнелтілген», онысы азық-түлік қой (ал Одессаның өзі аштан қырылып жатыр). Кеше түнде көптеген поляктар аманат ретінде тұтқындалған, «Версальде бейбітшілікке қол қойылған соң Одессаға поляктар мен немістер лап қояды» деп қорқады баяғы. Гәзиттер Деникиннің декларациясынан (қызылармияшыларға кешірім жасауға уағда берген) үзінділер келтіреді де, өзін мазақтайды: «Осынау құжатта бәрі де: патша мансапқұмарларының бетсіздігі, дарға тартылғанның қылжағы және жендеттің бір жерде бас көтерген». Ғұмырымда алғаш рет сахнада емес, көшеде, талтүсте, бет-аузына мұрт пен сақал жапсырып алған адамды көрдім. Жанарыма сарт ете түсті, тура нажағай соққандай сілейдім де қалдым. Бағзы заманғы тағылық нанымдардың бірінен: «Өзіміз өлгеннен кейінгі біздің рухымыз ауысатын жұлдыздың жарқылы біз жеген адамдар жанарларының жарығынан тұрады деген сөз...» Мына күнде бұл ғақлияңыздың пәлендей ескілігі жоқ. «Сен, Исав, өз семсеріңмен ғана тірі жүрмексің!» Әлі солай тірлік кешіп келеміз. Гәп қазіргі заманғы Исавтың бұрынғы алдында өткеннен де әрман сұрқиялығында жатыр. Інжілден және бір жол: «Ар-ождан төменшік тартады, ал иттік өрлей түседі... Қоғамдық жиындар азғындық мекеніне айналады... Тұқымымыздың кейпі де иттіктен аумай қалады...» Баршаға мәлім және біреуі: «Дәмін татыңдар – сіздер де құдайдан кем болмайсыздар...» Қаншама рет таттық – бәрі босқа кетті. «Француздардың адамдардың қасиетті құқығын қалпына келтіріп, бостандық жаулап алу жолындағы талпыныстары адамзаттың таза бейшаралығын көрсетті. Сонда біз нені аңғардық? Жексұрын да алапат түйсіктер босап шыққаннан кейін аңға тән қанығуға деген әлеуметтік байланыстардың бәрін қиратады... Бірақ, қайтсе де әлдебір заңғайыр
171 адам шығып, тәртіпсіздікті тәркілеп, басқару божысын жұдырығына серт қысатын болады!» Бір ғажабы, Наполеонмен айғақталған осынау болжам «Қоңыраудың» әншісінің аузынан шыққан. Ал Наполеонның өзі былай деген: «Революцияны не туындатады? Баққұмарлық. Ал оның тамырына балта шапқан не? Және баққұмарлық. Бостандық дегеніңіз күллі тобырды ақымақ етудің ғажап сылтауы болған жоқ па?» Ленотр Кутон турасында: – Кутон Конвентке (Бірінші Француз республикасының заң шығарушы және атқарушы органы. – Ауд.) қандай амалмен барып-келіп отырған? Кутон бір белгілісі, мүгедек болған, сөйте тұра Конвенттің ең белсенді де қажырлы мүшелерінің бірінен саналған, және, емдік суларға кетіп қалмаса, бір де бір мәжілісін құр жібермеген. Сонда ол, Конвентке қалай барған? Ол әуелде Сент-Онорэ көшесінде тұрған. «Бұл пәтер деп жазған ол 1791 жылдың қазанында, маған өте оңтайлы, өйткені ол Киелі жерден (яғни Конвенттен) екі-ақ қадам тұста, мен оған балдақпен жаяу бара саламын». Бірақ ол көп ұзамай екі аяқтан біржола қалады, оның үстіне, мекен-тұрағы да ауысты: ол біресе Пассиде, біресе Пон-Нефтің маңайында тұрған. 1794 жылы ол ақыры қайтадан Сент-Онорэ көшесіне, 336 (бұл күнде 398) үйге (онда Робеспьер де тұрған) табан тіреді. Және кейінгі ел оны өзін Конвентке көтеріп апарып жүруге мәжбүрледі деп долбарлаған. Бірақ, қалай? Тоқыма отырғышқа отырғызылған ба? Солдаттың арқасына мінген бе? Бұл сауалдар жүз жыл бойына жауапсыз жатқан», дейді Ленотр, – тек үй тұрмысындағы ғаламат найсапты суреттеу үшін сәл шегініс жасайды, әнің үшін Кутонның өлгенінен жиырма жыл өткеннен кейін табылған революциялық құжаттардың арасынан шыққан бір жазбаша дерекке жүгінеді. Бұл Парижге Конвенттің алдында өз жерлестерін, революциялық соттарда, домалақ арызбен «жұмсақтық жасады» деген жаладан құтқаруға келген жергілікті бір
172 адамның айтқаны екен. Ол кісіге Кутонның танысы бұған көмектеседі, бірақ елден келген әлгі әйел кейінде «Кутонның аты аталса болды, зәресі ұшқаннан қалшылдап кетеді екен». – Біз Кутонға келгенде, – дейді әлгі, – мен байсалды да мейірбан жүзді бір мырзаны көрдім. Ол жиһазы өте келісті, тамаша пәтерге қоныстапты. Ол ақ халатын киіп алып, қолындағы қоянды жоңышқаға тойындырып отырды, ал періштеге ұқсас үш жасар сәби қоянды баппен сипалап қояды. – «Не қажетіңізге жарар екенмін, – деп сұрады менен Кутон. – Маған менің зайыбым ұсынған адамға назар аударуға бармын». Мен мынадай арқа-жарқа жағдаятты көрген соң, оның үстіне өзінің ықыласына құлағандықтан, айтарымды бастадым: «Кутон мырза, сіз Конвенттегі, Қоғамдық құтқару Комитетіндегі ең айбарлы тұлғасыз, сіз революциялық трибуналдың күн сайын адамдарға өлім жазасын беріп жататынын қалайша білмейсіз? Міне, мәселен, бұл күндері де мүлде жазықсыз алпыс үш адам эшафотқа түспек, сонда не үшін?» дегенім сол-ақ екен, Құдай сақтасын, менің сөздерімнен кейін нендей аласапыран басталды дейсіз! Кутонның беті қисайып, долданып кетті, қоян қолынан тыраң ете түсті, сәби бақырып анасына тығылды, ал Кутонның өзі орындығының үстіндегі ілулі қоңыраудың жібіне ұмтылды. Енді бір сәтте – Кутонның пәтерінде дәйім әзір тұратын алты «күзет агенттерінің» қолына түседі екенмін, құдай жар болып, мені алып келген әйел Кутонның қолын ұстай алып, өзімді есіктен шығарып жіберіп үлгерді, сөйтіп, мен тап сол күні Парижден зытып отырдым... Міне, Кутон өзінің мейірбанды минөттерінде осындай болған дейді Ленотр. Ал ол жақында айқын болғанындай, Конвентке өзі жүретін кішкене арбамен барып-қайтып жүрген. 1889 жылдың жазында Карнавалэге бір жас әйел келіпті. Ол өзін Кутонның шөбересімін деп таныстырған және кезінде Кутон өзін өзі сүйреткен орынтақты мұражайға сыйлайтындығын айтқан. Арада апта өтісімен әлгі орынтақ Карнавалэге жеткізілген, және «Париждің күні, сол термидорлық күнді қайтадан көрген – оған да жүз бес жыл
173 өткен екен». Ол лимон түстес барқытпен тысталған және қолсаптың әрі дөңгелекке қосылған шынжырдың көмегімен қозғалып отырған. Кутон жартылай өлік болған. «Оны емдік науалар әлсіреткен, тек бұзаудың сорпасын ғана қорек қылған, денесін құрт жеп қажытқан, ылғи ықылықтау және лоқсумен зықысы шыққан. Бірақ оның қайтпас қайсарлығы, сарқылмас қуаты ғажап болған. Революциялық драма дүркіреп өтіп жатты. «Олардың актерлары орындарында байыз таппай құтырынды, мінберлерге атқып шығып, Францияның бір қиырынан екінші шетіне жетерлік айғай-сүреңмен ескі әлемді жойып жіберуге жанталасты». Ал Кутон да олардан қалыспаған. Құдайдың құтты күні ол өзіне орнынан тұрғызып, әлгі орынтаққа отырғызуға бұйырған, одан қиқиып қалған қолдарымен кофе диірменінің тұтқасына ұқсайтын қозғалтқышын алқына жүргізіп, Сент-Онорэдегі көп халықтың арасымен Конвентке, адамдарды эшафотқа аттандыру үшін заулай жөнеліп отырған. Көз алдыңызға зәре ұшарлық мына суретті әкеліңізші: тобырдың араарасымен жүйткіген, жансыз аяқтарын жамылғымен орап алып, ара-арасында «Жолдан кетіңдер!» деп аттандап келе жатқан албасты! Халықтың оның мына бейнесін аяса, бір жағынан оның есімін естігенде, естерінен адасып қалуға жақын жалған!» Революцияның «стихиялығы» жайлы: Одессадағы меньшевиктердің өткен қыста шығып тұрған «Южный Рабочий» гәзитінде белгілі меньшевик Богданов жұмысшылар және солдаттар депутаттарының атақты кеңесінің қалай құрылғанын былайша тілге тиек етеді: – Ешкім де сайламаған, ешкім де өкілеттік бермеген Суханов-Гиммер мен Стеклов келді де, өздерін жер-көкте әлі ізі де жоқ кеңестің басшыларымыз деп жариялаған! Гржебин (Баспагер З.И. Гржебин (1869-1929) соғыс кезінде «Отечество» деген патриоттық журналсымақты шығаруды қолға алды. Бізді әңгіме-дүкенге шақырды. Сөз арасында айта кетейін, онда Ф.Ф. Кокошкин (Кадет
174 партиясының қайраткері Федор Федорович Кокошкин, Құрылтай жиналысы шақырылардың алданда матростар ауруханада өлтіріп кеткен) де болған. Әлгі әңгімелесуден кейін екеуіміз бір күймеде бірге қайттық. Халық жайлы сөз қозғадық. Мен пәлендей зәре ұшарлық ештеңе айтқаным жоқ, тек мына соғыс халықты ығыр етіп бітті, деп едім, және гәзиттердің халық ұрысқа ұмтылады деген сөз жазған әлгі кісі өзіне тән әдеттегі сыпайылығымен, бірақ бұл жолы әсте қатаңдау бөліп тастады: – Осы әңгімені қояйықшы. Маған сіздің халыққа деген көзқарасыңыз – енді кешіріңіз, – тым ерекше көрінетін... Мен оған таңғала әрі зәрем ұша қарадым. Жоқ, деп ойладым мен, – біздің бекзаттығымыз текке кетпейді! Бекзаттық дегенді қатарға алды, оны ойнатты, ол үшін дуылдата қол соқтырды, оны саудаға салды. Енді міне, майданға барғысы келмеген иттің балалары Думаға келіп, біз, «халықтың сенімі мен еркін иемденгендер», ресейлік ұлы революция жүзеге асты, енді халық бізбен бірге болмақ, бостандық үшін өзін құрбан етпек, немістерді тұқымымен құртуға дүр көтерілмек деп көкідік. Енді онымен қоса бірнеше күннің ішінде күллі Ресейдегі бүкіл билікті дарадара қылды... Он жетінші жылдың қыркүйегі. «Прага» мейрамханасы, музыка, халық көп, даяшылар зулап жүр. Шарапқа рұқсат жоқ, бірақ елдің бәрі дерлік удай мас. Музыка ішіңді тәтті қырнайды. Атақты либералды адвокат әскери формасын киіп алған. Өзі еңгезердей, кеудесі мен иықтары жұпжуан, шашын тікірейте қырыққан. Оның мастығы сондай, «Ойраны» ойнауды талап етіп, бүкіл ресторанға аттан салып жатыр. Оның бөтелкелесі өзінен де әрман мас гусар, әлгіні құшақтап алып, ернінен былш-былш сүюде. Музыка күңіреніп бастап, кенет секектеп қоя берді: Сөйтіп адвокат диванға шығып алып, жуан иықтары мен шынтақтарын ербеңдетіп, секіріп-секіріп қояды.
175 10 мамыр. «Русское Словодағы» журналистер желкенді кемемен Қырымға қашып жатыр. Ал ол жақта нанның қадағы сегіз гривен, меньшевиктер билігі, өзге де игіліктер бар деседі. Көшеде С.И. Варшавскийді кездестірдім. «Бупте» «Немістер масқара келісімге қол қоймады!» деген айғайлаған тілгәрам іліп қойыпты дейді. Одессада мыңнан астам поляктар тұтқындалған. Қамауға алар кезде аяусыз тепкіге салған деседі. Ештеңе етпейді, қазір бәріне де жол ашық. Киевте «қызыл террорды енгізу» жалғасып жатыр; бірнеше профессор өлтірілген, олардың ішінде атақты диагност Яновский де бар. Кеше Атқару комитетінің «шұғыл» – қайда барсаң «шұғыл!» – мәжілісі өтіпті. Фельдман әдеттегі әнін бастайды ғой: «Жолдастар, әлемдік революция соғып өтпек!» Әлдебір адам оған қарсы айғай салады: «Жарар, тоқтатыңдар! Нан беріңдер онан да!» – «Е, солай ма! – деп бақырды Фельдман. – Айғайлаған қайсың?» Әлгі орнынан атып тұрды: – «Мына мен!» Оны табан астында тұтқындайды. Одан Фельдман «буржуйларды аттардың орнына ауыр жүк тасыту керек» деген ұран тастайды. Мұны жиналған жұрт ду қолшапалақтаумен қарсы алады. Біздің әскерлер Белгородты алыпты-мыс. Не деген пасықтық! Күллі қалада ағаш шәркелер сартсұрт, барлық көшелерге су жайылып кеткен, – «азаматтар» таңның атысы, күннің батысы айлақтан су тасумен әлек, өйткені су құбыры баяғыда істен шыққан. Олардың ертелікеш уайымы – тамақ тауып жеу. Ғылым, көркемөнер, техника, тіршілікке шамалы болса да леп әкелетіннің бәрі де құрдымға кеткен. Пірғауындардың арық сиырларын жеп бітіріп семіргендей болып еді, енді өздері аштан қатып жатыр! Бұл күнде деревнядағы әйелдер балаларын былай қорқытады: – Жоғал әрман! Әйтпесе сені Одессаға коммунияға тапсырамын!
176 Тақауда бір жерде Троцкийдің айтқанын беріп жатыр: – Егер маған сен нашар журналиссің десе мұңаяр едім. Ал егер мен нашар қолбасшысың десе, жауабым әзір: мен оқып-тоқимын, қаһарлы болып шығамын. Ол ширақ журналист болатын: А.А. Яблоновский оның бірде, «Киевская Мысльдің» редакциясынан әлдекімнің тонын ұрлап әкеткенін айтып еді. Ал соғысып, жеңіске жету жолында ол қолына түскен патша генералдарынан «үйренген». Несі бар, өсти-өсти қолбасшы атануы да ғажап емес. Қызыл офицердің пошымы: жиырмалардағы балақай, бет-ауызы жып-жылтыр, жақтары суалған, көздері қарайып, бақырайған; еріндері сызық сияқты; қатар-қатар алтын тістер; шөженің денесіндей тұрқына қарамай – иығына офицерлік жорық таспаларын тастаған гимнастерка, қаңқанікіндей тыриған сирақтарына жүрегің айнитын галифе шалбар және мың сомдық әйбат етіктер, беліне ілгені – күлкі келтірерліктей дәу браунинг. Университетте барлығы бірінші және екінші курстағы жеті жігіттің қолында. Бас комиссар – киевтік малдәрігерлік игнституттың студенті Малич. Профессорлармен сөйлескенде, үстелді жұдырықтайды, аяқтарын үстелге қояды. Бикештердің жоғарғы курстарының комиссары – бірінші курстағы Кин, ол қарсы келгенді тойтарып тастайды, табан астында таз адамша бақырады: «Қарғаша қарқылдамаңдар түге!» Политехникалық институттың комиссары оқтаулы револьверді қолына ұстап жүреді. Кешке қарай көшеде таныс жебірейді ұшырастырдым (Зелер, петерборлық адвокат). Тездете: – Сәламатсыз ба? Құлағыңызды бері тақаңыз. Мен құлағымды тостым. – Жиырмасы күні! Мен сізді күнібұрын ескертемін! – Қолымды қысты да, тайып отырды. Нығарлап айтқандығы соншалық, мен есеңгіреп қалдым өзі. Ал өйтпегенде қайтесің? Бәрі де кеше ғана құпия
177 мәжіліс өтіпті, онда жағдайдың ауырлығы сөз болған, астыртындыққа кетіп, деникиншілдер келгенде олардың қатарына кіріп алып, ішінен іріту керек, бұзақылықтарға арандату керек. Еріктілердің формасын киіп алып, біресе «Құдайым, патшаны сақтай гөр», немесе «жидтерді қыр қане» деп айғайға басуды шешіпті десіп жүр. Алайда, мына шарасыз жағдай жайлы сыбыстарды өздері әдейі сумаңдатулары әбден кәдік. Олар біздің оптимизмге оңтайлы екенімізді жақсы біледі. Иә, иә, бізді құртқан сол оптимизм. Мұны қашанда зердеде нық ұстау қажет. Дегенмен, елдің бәрі тым-тырақай қашуға бет қойған сияқты. Масқара тонаушылық жалғасып жатыр. Әсіресе сенімді «коммунистерге не болса сол – шай, кофе, темекі, шарап дейсің бе – бәрі тегін таратылуда. Бірақ, сыбыстарға қарағанда, шарап таусылуға айналыпты, бәрін дерлік матростар ішіп қойыпты (өздері әсіресе Мартель коньягын ұнататын көрінеді). Ал осыған дейін осынау каторгалық маймылдар революция үшін емес, Мартельдің жолында опат болып жатыр деп дәлелдеуге әлектендік емес пе? Он жетінші жылдың қыркүйегі, тұнжыраңқы кешкілік, батыстан сарғылт қуыстары бар ауыр бұлттар келе жатыр. Шіркеу қоршауындағы ағаштардың қалған жапырақтары аяғыңа қараңғылық оралса да, біртүрлі қызарақтайды. Шіркеудің күзет бөлмесіне кірдім. Онда тіпті қараңғы. Қарауылшы, өзі етікші, шағын көйлегінің етегі делеңдеп сәкіде отыр, желеткесінің қалтасынан иіскейтін темекі салған шишасы байқалады. Мені көріп қалып, орнынан тұрды, басын төмен иіп, маңдайына түскен шашын сілкіп тастады, сөйтіп маған қолын созды. – Хал нешік, Алексей? Күрсінді: – Іш пысады. – Не дейді? – Е, солай. Хал нашар. Ех, мейірбанды мырзам, хал нашар. Іш пысады.
178 – Оның қалай? – Е, солай. Кеше қалада болдым. Бұрындары еркін барушы едік, бұл күнде наныңды бірге ала жүресің, қаланы аштық жайлаған. Аштық, аштық! Тауар бермеді. Тауар жоқ. Қайда барсаң да жоқ. Піркәншік: «Нан берсеңдер, біз тауар береміз» дейді. Ал мен оған: «Жоқ, сендер терілеріңді жеңдер, ал біз өз нанымызды жейміз» деп қойып қалдым. Бұл не деген сұмдық, айтарлығы жоқ! Ұлтаныңыз 14 сом тұрады! Жоқ, мына буржуазияны қырып салмаса, бүкіл қара халық аш-жалаңаш жүре бермек. Ех, мейірбанды мырзам, ақиқат арымды салып айтайын, көрерсіз, әлі буржуазияның бәрін бауыздайтын болады! Мен қарауыл бөлмесінен шыққанда, ол да қоса шығып, шіркеу қақпасының маңайындағы панарды жақты. Таудан бері ентелей қиқалақтап, әлдебір мұжық келе жатыр, – өзі сілейе тойып алыпты, – бүкіл деревняға айғайлайды, диаконды (шіркеу қызметшісі. – Ауд.) көкесіне таныта, қайдағы бір былапыт сөздермен сілейте боқтап келеді. Мені көріп қалып, кегжең етіп кейін шалқақтап барып тоқтады: – Ал сен оған ұрса алмайсың! Сендерге, рухани қызметшілерге, әнің үшін тілдеріңді көмекейлеріңмен қоса жұлып алу керек! – Ей, дес берсейші әуелі: мен, біріншіден үндемей тұрмын, ал екіншіден саған боқтауға болады, ал маған болмай ма? – Ал сендер өлгенде кім жерлейді? Диакон емес пе? – Ал сені ше? Анау басын салбыратты, ойланып тұрып, қабағын түйген күйі: – Ана ит маған кооператив ләпкесінен кәрәсін бермеді. Сен өз үлесіңді бұрын алғансың дейді. Ал маған және қажет болса ше? «Жоқ, ондай заң жоқ дейді». Ана қара, жоқ дейді. Бұл үшін ана итті қамап тастау керек! Бұл күнде ешқандай заң қалмады. – Тұра тұр, тұра тұр, – енді ол қарауылшыға ойысты, – сен де сыбағаңды аласың! Мен сенің ұлтаныңды есіңе түсіремін. Тура әтешше бауыздаймын, тек уақыт бер! Сол жылғы қазан айы. Плакаттар, митингілер, ұрандар
179 қаулап жатыр: – Азаматтар! Жолдастар! Аңсаған армандарыңыз алдындағы, орыс жерінің державалық қожайыны Құрылтай Жиналысының алдындағы ұлы парыздарыңызды орындадыңыздар! Баршаңыз да үшінші нөмірлі тізімге дауыс беріңіздер! Бұл ұранды қаладан естіп келген мұжықтар үйінде отырып, былай дейді: – О, төбет! Ұлы парыздарың бар деп аттандайды! Бәрің де дауыс бересіңдер, бәрің де, әйтпесе бар жиған-тергеніңді Құрылтай Жиналысының алдында тізіп беремін дейді. Сонда біз кімге қарызбыз? Жиналысқа ма, көзің шыққыр! Жоқ, мына жаңа билік ешқайда жеткізбейді. Жолдастыққа шақырып, алдарқатады. Тоқтай тұр, өзіңе өзің қатарынан үш рет беріп жүрме! Осы жайында бұрынғы староста, бай емес, орта шаруа, бірақ мықты қожайынмен «гәпіләсіп» отырмыз. Ол: – Иә, олардың қарыздармен, төленбеген салықтармен қорқытып айғайлайтыны белгілі. Енді міне, құрылтай думасын шақырамыз, үміткерді сайлайтын боламыз деседі. Біз кандрак құрастырамыз, ал ол қол қоятын болады деген сыбыс бар. Қайда жол саламыз, қашан соғыс ашамыз десек, енді одан сұрайтын боламыз. Ал біз қандай жол керектігін білеміз бе, өзі? Мәселен, мен дәулетті адаммын, сонда туғалы бері Елецтен әрі барған емеспін. Міне, біз таудың етегіндегі жолды жиырма жыл бойына боқтықпен жаба салуға қолымыз жетпей қойды: бас қоссақ болды – үш күн төбелесеміз, үш бедіре арақ ішеміз де тарасамыз, ал әлгі жыра сол қалпында қала береді. Тағы да өзге патшаға қарсы соғыс ашуға бармаймын, бірақ білмеймін, бәлкім, ол жақсы адам шығар? Ал бізсіз қадам басуға болмайды дейді. Сонда бүйірге қанжар қадап не қажеті бар? Тура Құдайдың өзі де сол думадан жалақы алып, солардың ішінде бірге жүрген сыңайлы. – Міне гәп қайда, – деймін мен, – ал жалақы дегеніңіз тәуір дүние ғой.
180 – Неғып? Тәуір ме? – Әрине, тәуір. Саған тура сонда бару керек. Анау ойланды. Сонсоң күрсініп: – Мені онда жібермейді, мен большевикпін: менің сатып алған үш десе жерім, екі жақсы атым бар, – деді. – Әнеки, сен бармағанда, кім барады? Қожайын сенсің. Және ойланды да, қызына бастады: – Иә! Бұл жөн шаруа болар еді! Мен игі адамдар үшін дауыс берер едім. Мен өз мырзаларымның жерін тартып алуға жол бермес едім. Ал мына депутат болса, не өзінде түк жоқ, тек өзгенікін бас салуға әзір тұрады. Міне, бізде болысқа сайлады, сонда қайдағы депутат? Әкеден құлата боқтайды, көзі арақтан алайып кеткен, аузынан сасық от шығады. Және айғайлайды, сондағысы өзінде бар болғаны жалғыз тауық. Оған жүз десе берсең де, екі күннен кейін қайыра «теңізші» болып, малтығып шыға келеді. Оны менімен айырбастауға бола ма? Қағаздарды қобырата береді, ештеңе таппайды, мақұлық неме, екі ауыз сөздің басын қосып оқи алмайды, – сонда бізге не жорық. Біз оқып шыққаннан, қойдың айғайы тәуір болады! Құрылтай Жиналысы тұрғысында біздің деревнядағы ең ширақ революционер Пантюшка да менімен сөйлесті. Бірақ, ол да оқыс жайларды шертеді: – Жолдас менің өзім де социал-демократпын, үш жыл бойына Дондағы Ростовта күллі гәзит-жұрналдарды саудаладым, бір «Сатириконның» ғана менің қолымнан мың нөмірі өткен шығар, сірә. Турасын айтайын, ана Гвоздевіңіздің өзі қайдан шыққан министр? Ол да менен әрман деревняға оралады, содан біз екеуміз тағы да бір шұғадан жасалған шұлғаудайын жараса кетеміз. Міне, мен сіздерге: «жолдас, жолдас» деп өңмеңдеймін, ал жөніне көшсек, әнің үшін құйрығымнан бір-ақ тепкен дұрыс. Ал сіз болсаңыз күнпараққа атыңыз жазылған, атақты жазушысыз, бірінші князьдің өзімен тектілігіңізге сай дастархан бөлісе аласыз, ал мен ше? Мен мұжықтарға да айтып қоямын: әй жігіттер, байқаңдар, босқа лақпаңдар деймін! Ал ана
181 Құрылтай Жиналысына кімді сайлау керек десе, мен сөз жоқ, Бунин жолдасты жіберіңдер дер едім. Оның ол жерде таныстары көп, қайда жіберсең де, қыбын табады дер едім... Кешкісін В.А. Розенбергтікіне кідірдік. Тағы да таныс әуен: мен оған еріктілердің табысы жайлы айтсам, ол маған еріктілер басып алған қалаларда «сөз бостандығын азапқа салуда» дегенді алға тартады. Тіпті қыршып алуға тұра ұмтылғың келеді. Түнде. Есіме түсті австриялық майданда Володька опат болыпты деген хабар жетті. Шолақ тон киген кемпір (шешесі) сәкіде етпетінен жатыр, тіпті жылауды да қойған. Әкесі көңілділеу көрінгісі келеді, әйеліне барғыштай береді, бар айтатыны: – Ей, кемпір, сен қызықсың осы! Құдай ақына қызықсың! Сен олар біз жақтағыларға жай қарап тұрады деп ойлайсың ба? Жау дегенің де қорғанбай ма екен! Өйтпей болмайды! Өзің ақымақ басыңды сәл-пәл сілкісейші: өйтпей болак ма? Володьканың келіншегі, жас қатын, дәлізге қайта-қайта жүгіріп шығып, сүрініп-жығылап жүр, аттандайды, итше ұлиды! Шал оған да жақындайды: – Әнеки, әнеки! Бұл да сөйтеді, енді! Яғни жауға қорғануға болмағаны ма, Володьканың аяғына жығылуы керек пе? Яков та солай: ұлы қаза тапқалы жайлы хат келгенде, күліп жіберді де, көзін жұмып: – Ештеңе, ештеңе етпейді, Тәңір жар болсын! Қажымаймын, жыламаймын! Оныңыз Жаратқанның шырағы емес пе, Алексеич! Жаратқанның шырағы, Құдайдың шырағы! Бірақ, Русьта ақиқатында Құдай мен ібіліс минөт сайын айырбасталып отырады. Біз кепенің жанындағы еңкейген айдан жарықтанған бақта отырғанымызда, деревнядан жеткен Володьканың келіншегінің ұлығанын естіп отырдық. Сонда мещанның айтқаны: – Ана қарашы, сайқалдың сұңқылдауын! Ол байын іздеп отырған жоқ, ол тек оның «әнебіреуін» аңсайды...
182 Мен оны таяқты шиырып кеп тура маңдайдан сарт еткізуге шақ қана қалдым. Бірақ, кепеде айға қуанып әтеш қоңыраулата шақырды, сондағы тоғышардың айтқаны: – Ах, Жасаған, қандай жақсы, қандай тәтті! Соның үшін ұстаймын, оныма жүз сөлкебай да алмаймын! Ол мені өстіп, түнімен көңілдендіріп, алдарқатып отырады. Пальчиковтың қызы (сабырлы, мейірбанды бикеш) бірде маған сауал қойды: – Мырзам, рас па, бізге қырық мың тұтқын австриялықтарды әкеле жатыр деседі? – Қырық па, қырық емес пе білмедім, шырағым, бірақ біраз баршылық. – Енді оларға тамақ береміз бе? – Енді қалай? Оларға басқа не істемекпіз. Ойланып қалды. – Не? Бәрін бауыздап, қатар тастаса ғой... Он жетінші жылдың күзінде Елец түбіндегі әлдебір помещиктің мекенжайын талқандаған мұжықтар көңіл көтеруге тауыстардың қауырсындарын тірідей жұлып алып, қанға малынған оларды айнала дедектетіп жүгіртіп қойған. Бұл не деген сұмдық! Міне, Павел Юшкевич «революцияға қылмыскерлік өлшеммен келуге болмайды». Әлгі тауыстарға аяныш білдіру – барып тұрған «тоғышарлық» деп сендіргісі келеді. тіпті Гегельді есіне алды: «Гегель көз алдыңдағының бәрінің жөнділігі жайлы бекерге айтпаған: парасаттылық бар, яғни орыс революциясында да мән-мағына бар» деген. Иә, иә, «ұруға және жылауға бұйрық бермейді». Гегельдің бар-жоғынан хабары жоқ тауысқа оның қажеті қанша? Ал бас сүйектерін «халық» дейтіннің күнде қиратып жатқанына сол священниктер, помещиктер, офицерлер, балалар, кәріқұртаңдар қылмыскерліктен басқа қандай өлшеммен келмек? Павел Юшкевичіңнің де мұндай «тоғышарлық» мәселелерде несі бар? Петербордан бізге жөнелтілген матростар арақтан, көкнәрдан, бейбастықтан таза жынданып кетіпті деседі. Мас күйлерінде, еш бұйрықсыз чекадағы тұтқындарға жетіп
183 барып, көздеріне іліккендерді қыра берген. Жақында әлдебір балалы әйелге ұмтылыпты. Ана байғұс тым болмаса сәбиім үшін өлтірмеңдерші деп жалынған екен, «қорықпа, оның да жөні табылапды» деп екеуін де атып тастаған. Келеке үшін тұтқындағыларды аулаға айдап шығарып, әлгілерді олай-бұлай жүгіртеді, ал өздері өтірік тигізе алмаған болып, оқтарын беталды ата берген. 11 маусым. Әлдеқалай ерекше баппен оянып, бірақ ізінше мына зұлматтан өліп бара жатқандығымды аңдап, зәрем ұшып кетті. Әрі жын соққан адамша не болса соны, көзіме көрінгеннің бәрін жазғыштай беретін бюолыппын... Бірақ ендігі бәрібір емес пе! Гәзиттерді әрең тосып алдым. Бәрі мажырап тұр: «Біз Богучарды тастап шықтық... Біз Царицыннан 120 шақырымдай жерде, батыста жатырмыз... Қансорғыш Колчак Деникинмен түйісуге бара жатыр...» Және кенет: «Жұмысшыларды азаптаушы Гришин-Алмазов атылып өлді... Троцкий поезда шығатын гәзитте былай деп хабарлаған – біздің миналы эсминец Азов теңізінде Колчакқа Деникиннің хатын апара жатқан белгілі қара жүздікші және қанішер Гришин-Алмазов мінген пароходты ұстап алды. Гришин-Алмазов атылып өлді». Масқара хабар. Жалпы дүрлікпе күн болды. Деникин Феодосияны, Алуштаны, Симферопольді, Александровскіні басып алыпты деседі… Сағат таңғы төрт. Немістермен қол қойылды. Деникин Харьковты алды! Қуанышыммен бөліскелі аула сыпырушы Фомаға бардым. Бірақ ол қайғыра береді: – Сеніңше, мынау енді қашан бітеді, өзі? – Қашан? Қарғаның қанаты ағарып біткенде ғана. Енді зұлымыңыз күшейіп алды. Әне қызылармияшылардың айтып
184 жүргені: «Бар пәле – жебірейлерден, олар коммунисттер, ал большевиктердің бәрі орыс». Ал меніңше кекшілдіктің тамыры сол қызылармияшылардың өздерінде жатыр. Бәрі де азғындар, бәрі де қанішерлер. Сіз енді есептеп көріңіз, олардың қаншасы іннен шықты! Солардың бейбіт тұрғынға істемегені қалды ма! Көшеде келе жатады да, кенет: «жолдас азамат, сағат қанша?» дейді. Анау аңқау байғұс, сағатын суырып алады да: «Екі жарым!» деп қойып кеп қалады. – «Әй, шешеңді пәлен қылайын, қайдағы екі жарым, ал біздің ше, кеңесше, бес емес пе? Яғни, сен ескі режимшіл екенсің ғой?» – Сағатын жұлып алады да жаяужолға сарт еткізеді! Жоқ, сөйткен режиміңіз таза күшейіп алды. Ал басқалары мүлде әлсіреп қалды. Сіз бұл күнде көшеде келе жатқан бұрынғы мырза мен ханымға көз салыңыз: не болса, соны іле салған, жағасы майысып қалған, бет-ауыздары қырылмаған, ал бикеште шөлке де жоқ, бүкіл қаламен су құйған бедірені сүйреп келеді, – бітті, не болса, сол болсын деген сыңай. Ал мен өзім жайлы да айта кетейін: әлі күнге әлденені тосасың да жүресің, түк те істегім келмейді. Тіпті жаз да әлі келмеген сияқты. Залымды құдай атады. Бағзы көне заманның өзінде жирендер мен бет сүйегі шығыңқыларға деген жалпы жиреніш ғаламат болған. Сократ сұрқай беттілерді таза көргісі келмеген. Ал заманауи қылмыскерлік антропологияның анықтағаны: «туа қылмыскерлер» дейтіндердің басым көпшілігінің – беттері сұрқай, жақтары үлкен, төменгі жақ сүйегі дөрекі, көздері терең орныққан болып келеді. Осындайда ана Ленинді және мыңдаған өзгелерді қалайша еске алмайсың? (Айтқандайын, қылмыскерлік антропологиясында туа қылмыскерлерлердің, әсіресе әйелдердің арасында қуыршақ, «періште» сипаттары да жиі кездесетінін атап өтеді. Бір ғана мысал – Коллонтайды (А.М. Коллонтай (1872-1952) кеңес қайраткері, дипломат, публицист. – Ауд.) еске алыңыз. Ал қызылармияшылдардың және негізі орыстардың қарапайым қаратабандары арасында моңғолдық арғытектік
185 белгілерге малтыққан сұрқай беттілер, жағы шығыңқылар мен шүңірек көздер қаншама өріп жүр десеңізші! Бәрі де Мурома, ақкөз Чудьтің өзі... Міне тек солардың арасынан ғана орыстың әлеуметтік революцияның «батыл қарақшыларының» тобыр-тобырын, қаңғыбастарды, жалаңаяқтар және тағы басқалардың баршасын, төңкерістің мақтанышы мен үміткерлерін жинақтадық қой. Енді нәтижелерге таңданып не бар? Тургенев Герценге: «Сіз тұлыпқа табынасыз, одан болашақ өзіндік порымдардың жаңашылдығы мен мейірбандығын көресіз» деп наз айтқан екен. Порымдардың жаңашылдығы! Бар гәп кез келген орыс бүлікшілдігінің (әсіресе қазіргісі) алдымен Русьтегі бұрынғының ескілігін, алдымен кейіпсіздікті аңсайтындығын анық көрсетеді. Ғасырлар бойында муромдық, брындық, сарытаулық, т.б. «қанішерлер», қашқындар, қолдан келмеске ентелеумен ғұмыры өткен бүлікшілер өшпес іздерін қалдырған. Русь – бүлікшінің классикалық елі. Әулие-әмбиелер де, биік те кемел қамалдың құрылысшылары да болған. Бірақ олар ұзақ та тоқтаусыз күрес барысында қаншама бүлікші, қиратушы, қантөккіштермен арыстанша алысты десеңізші! Қылмыстық антропология сондай-ақ кездейсоқ қылмыскерлерді де ажыратады: бұлар ойда жоқта қылмыс жасап алған «әлеуметтік инстинктіге қарсы адамдар». Ал «инстинкті» қылмыскерлер мүлде басқа. Бұлар қашанда балалар, жануарлар секілді болып келеді, олардың басты белгісі – қиратуға аңсарлық, әлеуметке қарсылық. Міне қылмыскер қыз. Бала кезінде көкбет, ерке болған. Жастық шақтың алдында қиратуға деген жігері ойнақтай бастайды: кітаптарды дал-дұл жыртады, ыдыс-аяқты сындырады, өз көйлектерін өртейді. Ол көп және ашкөздене оқиды әрі жақсы көретіндері – өрекпіген, буырқанған романдар, қауіпті оқиғалар мен аяусыз әрі есалаң ерліктер. Бір көргенге ғашық бола қалады, ұятсыз жыныстық қатынастарға оңтайын беріп тұрады. Және қашанда сөйлеген сөздерінде мықты қисындылық орын алады, өз кінәсін
186 өзгеге лып еткізіп арта салады, жалғандығы соншалық, өтірік айтқан адамдарының күдігін байлап тастайды. Міне қылмыскер жас жігіт. Ағайындарының саяжайына қонаққа барған. Бар бітіргені – ағаштарды сындырған, қабырғалардың тұсқағаздарын сыдырып тастаған, терезелерді қиратқан, діни рәміздерді былғаған, күллі жерге ұятсыз суреттер салған. Деген әлеуметке қарсылық...» Мұндай мысалдар мыңдап саналады. Бейбіт кезде біз әлемнің осындай оңбағандардан қайнап жататынын ұмытып кетеміз, бейбіт кезде олар түрмелерде, сары үйлерде отырады. Бірақ «державалық халық» тойлайтын кез келеді. Түрмелер мен сары үйлердің есіктері айқара ашылады, тергеу орындарының мұрағаттары жалынға оранады, масқара жүгенсіздік – вакханалия басталады. Орыстық вакханалия өзіне дейінгілердің бәрінен асып түсті – тіпті Стеньканың жартасына барып, Степанның айтқанын, не ойлағанын тыңдауға шақырғандардың өздері де таң қалысып, күйінішке түсті. Ерекше таңғалыс! Степан әлеуметтік жайлы еш ойлай алмаған, Степан «туа» зұлым тұқымнан шыққан, ал ондаймен, шамасы әлі талай жылдар соғысуға тура келер. Он жетінші жылдың жазын әлдебір ауыр науқастың басталғанындай қабылдадым – иә, аурусың, басың қайнайды, ойларың әңкі-тәңкі, айналаң албасты басқандай, бірақ әзірше аяқтарыңда қалтаңдап тұрғанда әлі соңғы тәндік және рухтық күштердің қалғанын уыстап алып, әлденені үздіге, алқына тоспалайсың. Ал биылғы жаздың аяғына қарай, бірде таңертең гәзитті ашып қалғанымда, мен кенет бозарып, денем естен тану алдындағыдай босап сала берді: көз алдыма жуан қаріптермен жазылған – «Баршаңа, баршаңа, баршаңа!» деген шыңғырған аттанға көзім түсті: Корнилов – «бүлікші, революция мен отанның сатқаны...» дейді. Ал сонсоң үшінші қараша келді. Ресейдің Қабылы, өзінің бар жанын отыз күміс ақшаға сатқан, албастының аяғына тастаған ібіліс шалқыған тойға
187 кірісті. Апта бойына бір тобыр ғана юнкерлер қорғаған, апта бойына лаулап жанып, алапат канонададан есін танған Мәскеу ақыры берілді, ақыры тыныш тапты. Бәрі тыныстады, құдай салған, адамдар салған барлық кедергілер мен бекіністер табанға түсті, жеңіске жеткендер оның әрбір көшесін, әрбір ғимаратын басып алды, әрі киелі қорғаны болған Кремльдің төбесіне өз туын тікті. Және менің бар ғұмырымда тап мынадай зәре ұшарлық күн болған емес, – Жасаған көріп тұр ғой, тура солай! Төрт қабырғалы апталық тұтқыннан ұйқысыз да еш тамақсыз теңселіп қалған мен үйден әрең шықтым – айнала бекітіп тасталған ғимараттарға жаулар мен қару-жарақ іздеген «жарқын болашақ жолындағы күрескерлердің» қандықол тобырлары ендігі үш рет шабуыл жасады: жеңістен масаттанған, самогон мен малдық жеккөрушіліктен көндері кеуіп қалған, тағы жанарлары алақ-жұлақ еткен албастылар барлық «ұлы революциялардың» рәсімдеріне суарылған қилы құралдарын кезеген кейіптері анау... Кеш келген күздің қараңғы да тастай, ылғалды қысқа кеші орныға бастады, қарғалар қарлыға қарқылдап жатты. Аяшышты, әбден ластанған, абыройы айрандай төгілген, аласапыран атыстың астында қалған сорлы Мәскеу кәдуескі кейпіне кіре бастады. Кірешілер жөнеп берді, көшелерге масаттанған мәскеулік қаратабандар қаптап кетті. Әлдебір албасты кемпір жасыл көздері жалақтап, кеңірдегі ырсиған күйі аттандап тұр: – Айналып кетейін, жолдастар! Аналарды сойыңдар, суға батырыңдар, бауыздаңдар түге! Мен біраз тұрдым, көз салдым – ақыры үйге қарай сөлбеңдеп қайттым. Ал түнде жалғыз қалғанда, әдетте көз жасыма жол бермейтін басым еңіредім келіп, еңіредім келіп. Ал сонсоң мен енді жалғыз емес, көппен бірге Іңкәрлік аптасында, қараңғы кештерде, қараңғы Мәскеувдің дәл ортасында, есіктері сарт жабылған Кремльдің қасында тұрып жыладым, шырақтары әлсіз жарық сепкен көне
188 шіркеулердің жанында тұрып, «Теңіз толқынымен қуылған, су астына жасырынған қинаушылар...» деген әуенге қосылып жыладым... Сол күндері осынау шіркеулерде бұрын ешқашан болмаған, ешқашан жыламағандардың баршасы иық тірестіре тұрып, көз жастарына қалай ерік берді десеңізші! Ал сонсоң мен өзімнің артымда Ресей мен бұрынғы ғұмырымды артқа тастап, Оршадағы жаңа орыс шекарасын артқа тастағанда, осынау бақытсыздық пен адам кейпінен айырылған теңізден әрең шыққанымда көз жасымды көл ете жыладым. Өкірген тағылардың тобыры Мәскеуден Оршаға дейінгі аралықты, күллі жолдар мен платформаларды құсықтар мен боқ-сідіктің айдынына айналдырған еді... 13 маусым. Иә, келісімге қол қойылды. Енді де Ресей жайлы ойланбас па екен, өзгелер? Ақиқаты ендігі айтылған: «Құдайға сенгендер, шындықты, қане, жақтаңдар!» ондаған миллион орыстар жалына көмек сұрап айғай салуда. Біздің мына «ішкі істерімізге» қалайша ғана араласпайды, жын қаққан горилла жайлаған, ендігі қанға тұншыққан баспанамызға неге басып кірмейді? 15 маусым. Гәзиттер тіпті құтырынып кетті: «Шапқыншылар тайпасы Германияның кеңірдегінен қылғындыруда! Енді бір сәтте жанартау жарқ етеді, коммунизмнің алқызыл туы бүкіл ғаламға жалынын шашады! Тек қапы қалмайық... Қане, дабыл қағылсын! Созалаңдап жатуға уақыт жоқ!» Киевтік «Коммунисте» Бубновтың «қызыл армиясының Деникиннен адам естіп көрмеген тым-тырақай қашқандығы» жайлы тамаша сөзі басылыпты. 16 маусым. «Харьков патшалық қанішер Деникин тасқынының астында қалып, сылқ құлады... Ол Харьковке алтын погонды
189 және мастықтан аюанданып кеткен ғұндардың ордасын жіберді. Осынау тағы орда шегіртке тәрізді таң қалған елдің үстімен, жарқын болашақ үшін күрескен батырлардың қанымен жаулап алынғанның бәрін қырып-жойып келе жатыр. Әлемдік империалистер тобырының малайлары мен сілімтіктері еңбекшіл халыққа тек дарларды, қанішерлерді, жандармдарды, еңсе көтертпес еңбек пен құрдым орнатар құлдықты әкеле жатыр...» Мынаның біздің барлық «революцияшыл әдебиеттен» айырмасы қане? Бірақ шайтан алсын соларды. Қуанғанымнан басым мұздап қоя берді... Ал «Григорьевтік бандыларды» жою әлі «жалғасуда». 17 маусым. Дерибасовская көшесінде жаңа плакат: балта ұстаған қарабайыр мұжық пен қайла ұстаған жұмысшы қызылармияшының найзасы тесіп өткен тапал генералдың жалтыр басын аямай шегендеуде; «Сабаңдар жігіттер, даңғырлата сабаңдар!» Бұл тағы «Саяси басқарманың» жұмысы. Сол мекеменің есігі алдынан шығып келе жатқан С. Юшкевичті кездестірдім – ол немқұрайды дауыспен Харьковты большевиктер қайтадан алды деп хабарлады. Үйге мас адамша сенделіп әрең жеттім. Түнде. Шамалы тынышталған сияқтымын. Бәрі де Харьковтың қайта алынғаны жай сөз десіп жатыр. Ол аздай Деникин Екатеринослав пен Полтаваны басып алыпты, большевиктер Курск, Воронежді көшіріп жатыр, Колчак олардың майданын Царицын бағытында жарып өтіпті, Севастопольге ағылшындардың 40 000 адамдық десанты төгілген деген әңгіме және шықты. Кешкісін желекжолға келдім. Алдымен С.И. Варшавскийдің әйелі және қызымен бірге отырдым. Қыз кітап оқып отыр. Ол скаут (жастардың ерікті, бейсаяси, таныдық қозғалысы. – Ауд.) Сауалдарға өз жастарындағы бойжеткендерше қысқа да нұсқа жауап қайтарады. Воронцов
190 сарайының сырт жағындағы аспанда тұрған жаңа туған айдың орағы, бозғылт, нәзік, сәл жасылдау аспан, мына мейірбан жүзді жас қыздың кітапты ежіктей оқуы, Харьков жайлы большевиктер сыбысының жалғандығы – міне, осының бәрі ішіңді жанға тие жібіткендей сезім кештім. Және айтып жатты: былтыр Одессаға немістер келгенде, «жолдастар» көп ұзамай олардан таң атқанша бал өткізуге рұқсат сұрапты. Комендант неміс жиіркенішпен иығын қопитыпты: «Ресей деген таңғажайып ел! Несіне жетісіп көңілденеді екен?» 18 маусым. «Соңғы жан беріспес шайқас! Бәрің де қатарға қосылыңдар! Қара бұлттар қоюлана түсуде, қара қарғалардың қарқылдағаны күшейіп барады!» – тағысын тағылар. Киевте Раковский халықаралық жағдай жайлы баяндама жасапты «Революция бүкіл әлемді шарпыды... Жыртқыштар тапқандарын бөлісе алмай қырқысуда... Венгриядағы контрреволюцияны біз қанға бөктіреміз!» Және әрі қарай: «Масқара! Харьковте айналдырған төрт деникинші біздің көптеген эшелондардың ішінде адам сенбес зобалаң туғызған!» Және баршаның түйініндей: «Курскінің құлауы әлемдік революцияның сипатын әкеледі!» Әлгінде ғана базарда болып едім. Қолына гәзиттің шұғыл нөмірін ұстаған әлдебір жалаңаяқ жүгіріп келеді: «Біз Белгородты, Харьков пен Лозовоені қайтарып алдық!» – Табан астында көзімнің алды қарауытып кетті. Тіпті құлап қала жаздадым. 19 маусым. Кеше базарда құлай жаздағанымды бірер минөт сезіп тұрдым. Мұндай менде ешқашан болмаған. Сонсоң топастық, дүниенің бәріне деген, тірлікке деген жиіркеніш жаулап алды. Түстен кейін Щ.-нікінде (Татьяна Львовна ЩепкинаКуперник меңзеліп отыр – ол В.А. Муромцева-Бунинаның жазғанындай, оған 20 маусымда былай депті: «Тыныш
191 ұйықтай беріңдер. Мәскеуден «жазушыларға тиіспеңдер» деген бұйрық келіп жетті») болдым. Онда Лурье, Кауфман отыр екен. Тілгәрамға ешкім де сенбейді, ал оны Аткомның бұйрығымен, Фельдманның күштеуімен жариялапты. Мен бұл тілгәрамды әр сөзін таразылау үшін сатып алдым. Әр сөзі пышақпен кескендей, жаныңды төңкереді: «Од. Кең. жұм. шар. және қызыларм. депутаттары Хабарларының бюллетені. Қызыл әскерлер Харьковты, Лозоваяны, Белгородты қайта тартып алды. Тікелей желі бойынша 18 маусымда, 1 сағ. 35 мин-те Киевтен қуанышты хабар жетті: Харьков, Лозовая, Белгород ақгвардияшыл бандалардан тазартылды, олар үдере қашуда. Деникиннің тағдыры шешілді! Курскідегі пролетариат шаттыққа бөленуде...» Әскерге алу бұрын болмаған көтеріңкілікпен жүргізілуде. Полтавада құлшыныс орнады. Сонымен 500 шақырым кеңістікте бірден жеңіс орнады. «Полтавадағы құлшыныс» енді оның бүтін әрі сақталғандығын көрсетуі тиіс. Ал сыбыстар болса, басқаша жариялауда: Камышинге, Ромоданға, Никопольге біздікілер кіріп алыпты-мыс. Бүгін жетіде ұшып тұрдым да, әрқайсысынан бір-бірден гәзит сатып алдым: «Харьков, Лозовая мен Белгородқа қайтадан біздікілер кіріп алыпты деген айналыста жүрген сыбыстар әзірге расталмай тұр...» Қуанғаннан өз көзіме өзім сенбей қалдым. Түстің алдында Розенбергтер келіп қалды. Тағылық қой! Олар болса жайбарақат – «сыбыстар әзірге расталмай тұрса», тіпті тамаша ғой, онда тұрған не бар дейді... 20 маусым. «Батыста революция толқындары буырқанып жатыр... Деникин аштықтың құлшылық шынжырын сүйретіп келеді... Құтырынып алған ақгвардияшы бандалардың ызамен тықсырып, аса бір өшпенділікпен адам айтқысыз террорлыққа баруда... Қорғансыз пролетариат бандалардың талапайына түсіп кеткен... Майданда да, тылда да контрреволюциялық жауыздарды аяусыз сығымдап тастау керек... Буржуазия
192 мен ақгвардияшы сұрқайларға, сатқындарға, қастандық жасаушыларға, тыңшыларға, қорқақтарға, өз басын ғана ойлайтын оңбағандарға қарсы аяусыз террор қажет... Буржуйлардың артық ақшаларын, киімдерін тартып алып, өздерін тұтқындап кепілдікке алу керек!» Осының бәрі енді гәзиттен ғана емес, «Советтік Социалистік Украина Республикасы Наркомвнудел-дің (Халкомішкіістердің)» үндеуі бойынша да «жексұрындардың» аямай жазасын беру қажет деп көрсетілген. Қала үйлерінің қабырғаларына үндеу атаулы қаптап кетті. Ол жерлерде де, гәзиттерде де осы оңбағандардың істері туралы неше түрлі сұмдықтары келтірілген. «Біз Константиноградты тастап шықтық… Харьковты қаңғыған бандалар басып алды... Харьковты иеленудің өзі Деникинге қажетті нәтижені бермеді... Біз Корочты тастап шықтық… Біз Лискиді тастап шықтық… Жаулар бізді Царицыннен батысқа қарай тықсыруда... Біз есі шыққан Колчакты қуып келеміз... Румыния үкіметі құрудың алдындағы жанталаспен арпалысуда... Германияда революция белең алып тұр... Даниядағы революция өршелене өріс алуда... Солтүстік Ресей сұлы мен мүкті талғажаулауда... Көшеде естен танып және өліп жатқан жұмысшылардың құрсақтарынан көрпе, шүберектердің жыртындылары табылуда... Көмек қажет! Соңғы сағаттар соғуда! Біз жыртқыштар да, империалистер де есеспіз, біз аумақтарымызды жауға қалдырып бара жатқанымызға да мән беріп жатқан жоқпыз...» Ал «асы бар тостағанға» келетін болсақ, ол жоқтың қасы. Ең бастысы біздің басымыз ашқұрсақтықтан айналуда. Ал базарда тура тастың, көңнің үстіне отыра қалып ескіқұсқыларын сатып отырған қаптаған жұрт, шіріген көкөніс пен картоп ілуде-шалуда ғана. Одессаның айналасындағы биылғы өнім тіпті Інжілде келтірілгендей десе болады. Бірақ мұжықтар ешеңені тасып алуға құлықсыз, шошқаларының астауларына сүт құйып, кәді тастай салуда, ештеңені жеткізіп алғылары келмейді...
193 Біз тағы да архиерей бақшасына бара жатырмыз, ол жаққа жиі қатынайтын болдық, бүтіндей қалада тыныш та таза жер сол ғана. Ол тұстан қарағандағы көрініске жаның ауырады, – тұтастай қырылып қалған ел дерсің. Айлақтың байлық пен халыққа лық тола болғанына көп болмап еді ғой... енді міне, жылан жалағандай кемежайдан қалған тұқылдардың өзін тот басқан, қабырғаларының сырты қопарылған, сыдырылған, ал Пересыпьта тұрып қалған зауыттың қаңыраған мұржалары сорайып-сорайып тұр. Дегенмен бақ іші тамаша, жан жоқ, тыныштық. Шіркеуге жиі бас сұғатын болдық, кірген сайын діни қызметкерлердің ән салулары көзіңе жас үйіреді, шырақтармен аластап жүргендерге бас иію, жер басып қайғырып жүрген пендеңізге нәзік қана сабырлылық жіберіп, ізгі ниет пен қайырымдылықты сондай әсемдікпен, әдептілікпен себеді. Осындайда ойға келетіні – мен өзім де солардың қатарына кіретін орта – осы шіркеуге тек жерлеу рәсімдеріне қатысу үшін ғана келіп жүргенбіз! Мысалы редакцияның бір мүшесі, статистика бөлімінің меңгерушісі, университетте немесе жер аударылғанда бірге болған жолдастарды шығарып салғанда... Ал сол кездің өзінде тезірек баспалдаққа шығып, шылымға қашан қол жеткізсек екен деген ойда ғана болатынбыз. Ал сонда мәйітке не жасадық? Оның өткен ғұмыры мен мына оқылып жатқан дұға, ортасына сүйектен лимон орнатып өрген гүлшеңберінің арасында еш байланыс болмай ма?!. P.S. Осы жерде менің Одессадағы жазбаларым аяқталады. Ал бұдан кейінгі жазған парақтарымды жерді қазып жасырып қойып едім, 1920 жылдың қаңтары аяғында Одессадан қашып шығар алдында таппай-ақ қойдым. 05 03.2014. тәржімаланды
194 Генрих БЁЛЛЬ ИРЛАНД КҮНДЕЛІГІ Аса көрнекті неміс жазушысы Генрих Бёлльдің (1917- 1985) есімі кезінде Кеңес Одағы аталған елде кеңінен таныс болған. Ол орысша жариялана бастаған 50- ші жылдардың аяғында бірден ең танымал шетелдік жазушылардың қатарынан бой көрсетті, ал әдебиетке екінші әлемдік соғыстан кейін келген қаламгерлердің ішінде алдыңғы орындардың бірін иемденді деуге болады. Бұл Кеңес Одағында шетел әдебиетін кеңірек аудара бастаған уақыт болатын, ал Бёлль болса, өзінің шығармашылық мәнерінің сан қырларымен кеңестік оқырманға қызықты да жақынырақ көрінетін. (Библиографиялық деректерге қарағанда, Бёлльдің әңгімесі алғаш рет орыс тілінде 1952 ж. «В защиту мира» журналында жарияланған). Генрих Бёлль 1972 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанды. «Не үшін?» деген сауалға түсіндірме: «Болмысты кеңінен қамту, мінездемелер жасаудың биік шеберлігі және неміс әдебиетінің қайта тууына салмақты үлес қосқан шынайы шығармашылығы үшін» деп жауап береді. Мұндай Ирландия баршылық, бірақ онда барып және оны таба алмаған пенде, автордан шығындарын қайтарудың есесін талап етпейтін болсын. Мен осынау кішкентай кітапты өзімді оны жазуға қозғау салған Карл Корфқа арнаймын.
195 КЕЛІП ЖЕТУ І Ендігі пароходтың бортына көтеріліп үлгермей жатып, мен шекараны кесіп өткенімді бірден көрдім, естідім, сездім. Мен бұған дейін Англияның ең келісті бейнелерінің бірі – буколикалық (ежелгі поэзияның бір түрі. – Ауд.) дерлік Кентті және жол-жөнекей топографияның кереметі – Лондонды көрдім. Мен сондай-ақ Англияның ең түнеріңкі бейнелерінің бірі – Ливерпульді де көрдім, бірақ мұнда, пароходта, Англия аяқталды. Мұнда ендігі шымтезектің иісі шықты, ортаңғы палуба мен бардан кельттік көмейден шыққан мәнері жетіп жатты және осы жерден Еуропаның қоғамдық құрылымы мүлде өзге пішіндерді қабылдады: мұнда кедейшілік ендігі кемістік болуды доғарды, тек байлық сияқты қоғамдық сана-сезімнің жай факторына айналды. Шалбарлардағы бүрмелер ұстаранікіндей өткірлікті жоғалтты, сөйтіп, ағылшын түйреуіші – кельттер мен германдықтардың осынау ежелгі қарсы ілгегі – қайтадан өз құқықтарына ие болды, түйме, тігінші қойған нүкте сияқты болып көрінген жерде, түйреуішті үтір сияқты қадады; бұл еркін ойлаудың белгісі; ол оны түйме мүмкін етпеген жерде ол бүрме жасады. Мен түйреуішпен баға көрсетілген таңба қағаздың жапсырылғанын, иық бауларды көтергенін, ілмектердің ауыстырылғанын, әрі ақырында әлдебір балақайдың бір еркекті түйреп алып, оны қару ретінде пайдаланғанын көрдім; балақай таң қалды, тіпті қорқып кетті, өйткені еркек оның мұнысына селт еткен жоқ; сонда ол оның өлі-тірі екендігін байқастайын деп еркекті саусағымен түртіп қалды. Еркек тірі болатын, ол қарқылдап күлді де, балақайды иығынан қағып жіберді. Шай деп аталатын батысеуропалық балшырынның қол жетерлік бағаға мол үлестері беріліп жатқан титтей терезеге деген шірет барған сайын ұзара түсті. Ирландықтардың бұл тұрғыда Англиядан оза отырып, мұндағы әлемдік рекордты да бар күштерімен сақтап қалғылары келетіндіктері көрініп
196 тұрды: жыл бойына жан басына шаққанда он фунт дерлік шай ішіледі. Өзге сөздермен айтқанда, жыл сайын әрбір ирландтықтың жұтқыншағы арқылы шайдың кішкентай көлшігі ағып өтеді. Менкішкентай терезеге баяу жылжығанша, менің зердемде Ирландияның өзге рекордтарын жаңғыртуға уақытым жеткілікті болды. Оның екінші рекорды – жас священниктер турасында. (Кёльн епархиясына әлдебір ирландтық епархиямен теңесу үшін жыл сайын мыңға жуық священниктерді діни дәрежеге қаратуға тура келер еді.) Ирландияның үшінші рекорды – киноға барғыштық жағынан және бұл тұрғыда да (барлық айырмашылықтарға қарамастан, жалпы ортақтастықтары қандай көп десеңізші!) ол Англияның алдында келе жатыр. Және төртіншісі, әрі ең маңыздысы (бұл көрсеткіш алдындағы үшеуімен себепті байланыста деп айта алмаймын) – Ирландияда кісілердің өздерін өздері өлтірушілік төмен дәрежеде. Виски мен сигареттерді «тұтыну» рекордтары әзірге шотқа салынбаған, бірақ бұл тұрғыда да Ирландия, аумағы Баварияға тең, ал елі Эссен мен Дортмундтың арасындағы халықтан аз кішкентай Ирландия, айтарлықтай алысқа кеткен. Сен батыстан соққан желдің өтінде тұрғанда, түн ортасында ішкен бір шәшке шайың, пароход болса баппен ашық теңізге шығып келе жатады; енді тек жалғыз ғана ирландтық жұтқыншақтан естілетін кельттік көмейсөз; сонсоң – жоғарыдағы бардағы виски. Бардың алдындағы күту бөлмесінде үлкен құстарға ұқсас тақуа әйелдер түнеп шығуға реттеліп жатыр; оларға тақиялар мен ұзын юбкалардың астында жылы-ақ, олар аялдайтын орыннан кетіп бара жатқан кеменің асай-мұсайын жинақтағандай, таспиқтарын тарта бастайды. Бардың алдында қолына емшектегі баланы ұстап тұрған жас жігіт бесінші күрежке сыраны талап етіп еді, бармен бас тартты, оның екі жасар қыз бөбегімен қатар тұрған әйелінің күрешкесін алып алды да, оны қайтадан толтырған жоқ; бар бірте-бірте босай бастады, кельттік көмейсөз тыныш тапты, ұйқыдағы тақуа әйелдер жай ғана
197 бас изесуде; олардың бірі өз таспиғын жинақтауды ұмытып кеткен екен, ірі моншақтар домалай түсуде; бала көтерген әлгі екеу, енді сыра ала алмай, менің қасымнан бұрышқа қарай өтті; онда қораптар мен шабадандардан өздеріне кішкентай қамал тұрғызып алған, онда, әжелеріне екі жағынан бірдей жабысып, тағы екі бала ұйықтап жатыр, сөйтіп, әженің қара орамалы үшеуін де жылытуда. Емшектегі сәби мен оның екі жасар әпкесі ішкиім кәрзеңкесіне орнықтырылды, ал атааналары екі шабаданның арасынан үнсіз қыстырылып, бірбіріне жабысты. Еркектің жіңішке ақ қолы плащты шатырша тартуда. Бәрі де тынышталды, тек шабадандардан құрылған қамал тербелістің ыңғайымен баяу ғана дірілдеуде. Мен өзіме түнге орын әзірлеуді ұмытып кетіппін, енді маған аяқтардың, жәшіктер мен шабадандардың үстінен адымдауға тура келеді; қараңғыда сигареттердің жарықтары жылтылдайды, құлағыма «Коннемара... мүлде үмітсіз... Лондондағы даяшы қыз» деген әңгіме үзіктері жетіп келіп жатыр. Мен шлюпка мен құтқарғыш белдіктердің арасына бой тасаладым, бірақ мұнда өткір де дымқыл батыс желі соғады екен. Мен тұрдым дағы, пароход палубасында жүргіштей бастадым, ал ондағы жолаушылар отанына оралып келе жатқан адамдардан гөрі эмигранттарды еске түсіреді. Аяқтар, сигареттердің жарықтары, сыбырласу, әңгімелердің үзіктері... Ақыры әлдебір священник мені өңірімнен ұстады да, күлімсіреп, қасынан орын ұсынды. Мен ұйықтау үшін қабырғаға сүйендім, бірақ священниктің оң жағынан, жасыл-сұрғылт жолақты төсекжапқыштың астынан нәзік те таза дауыс естілді: – Жоқ, әкетайым менің, жоқ, жоқ... Ирландия туралы ойға бату тым қасіретті. Маған ата-аналарымды бір көріп кету үшін мұнда келуге тура келеді. Әрі әжем де әлі тірі. Сіз Голуэй графтығын білесіз бе? – Жоқ,– деді жай ғана священник. – Коннемаруды ше? – Жоқ. –Сіздің онда болғаныңыз жөн. Және қайтар
198 жолыңызда, Дублин кемежайында Ирландияның сыртқа не шығаратынына көз салуды ұмытпаңыз, олар: балалар мен священниктер, тақуа әйелдер мен печенье, виски мен аттар, сыра мен иттер... – Шырағым менің, – деді священник баяу ғана, – бұлардың барлығын қатар қойып еске алған жөн болмайды. Жасыл-сұрғылт төсекжапқыштың астынан сіріңке жарқ етті де, бір сәтке қараңғыдан өткір сұлбаны жұлып алды. – Мен құдайға сенбеймін, – деді нәзік те таза дауыс, – иә, сенбеймін, – сондықтан мен неге священниктер мен вискиді, тақуа әйелдер мен печеньені қатар қоя алмаймын?; мен Kathleen ni Houlihan , осынау ертегідегідей Ирландияға да сенбеймін. Мен Лондонда екі жыл даяшы болып қызмет еттім: мен қанша ма салдақыларды көрдім десеңізші... – Шырағым менің, – деді священник баяу ғана. – Біздің приходтағы священник те мені «шырағым менің» деп атайтын... Ол жексенбілік дұғаны атқару үшін алыстан велосипедпен келетін, бірақ ол да Kathleen ni Houlihanге өзіндегі бар байлығы, – балаларын сыртқа шығаруына қарсылық жасай алмайтын. Коннемаруға барыңыз әкетай, сіз бірден осынша көп табиғат суретін және ондағы соншалықты аз халықты көрмеген боларсыз. Бәлкім, сіз де бізде бір дұға оқырсыз... Сонда сіз менің шіркеуде жексенбілер сайын бағынышты түрде тіземді бүгіп жатқанымды көресіз. – Бірақ сіз құдайға сенбейсіз ғой? – Сіз не жолы мен шіркеуге бармай өз ата-анамды ренжітуге жол береді деп ойлайсыз? «Біздің сүйікті қызымыз қашанда құдайшыл, қашанда құдайшыл. Біздің сүйікті балапанымыз!» Ал мен аттанып бара жатқанымда әжем мені сүйеді де батасын береді: «Қашанда осындай құдайшыл болып қала бер, сүйікті балапаным менің...» дейді. Сіз менің әжемнің қанша немересі бар екенін білесіз бе? – Шырағым менің, шырағым менің, – делі священник жай ғана. Сигарет жарқ етті де, тағы да бірер секөнтке өткір сұлбаны жұлып алды.
199 – Менің әжемнің отыз алты немересі бар; отыз сегіз болатын, бірақ біреуін Англия үшін шайқастарда өлтірді, ал екіншісі ағылшын сүңгуір қайығында теңіз түбіне қарық болды. Отыз алтысы әлі тірі: жиырмасы Ирландияда, ал қалғандары... – Мынадай да елдер бар, – деді баяу ғана священник, – олар тазалықты және өзін-өзі өлтіру жайлы ойларды, атом қаруын, пулемёттерді, автокөліктерді экспорттайды... – Мен білемін, мен мұның бәрін білемін, – деп жауап қатты нәзік те таза дауыс. – Менің өзімнің бауырым және екі немере бауырым да священник: біздің күллі тумалардың ішінде тек солардың ғана өз мәшинелері бар. – Шырағым менің... – Көзімді ілдіруге талпынып көрейін. Қайырлы түн, әкетайым менің, қайырлы түн. Жанып түрған сигарет сыртқа қарай ұшты. Жасылсұрғылт төсекжапқыш оның қушиған иығын қаусырып алды. Священниктің басы жақтырмаған кейіпте шайқалып тұрды, бәлкім оған пароходтың қозғалысы кінәлі болған шығар... – Шырағым менің, – деді тағы да баяу ғана священник, бірақ жауап болған жоқ. Священник күрсініп кейін шегінді де, пәлтесінің жағасын көтерді; жағаның артқы жағында төрт ағылшын түйреуіші қадаулы тұрды, бесіншіге тізілген төртеуі – олар Әулиелер аралына сұрғылт мұнар арқылы жай ғана жақындап келе жатқан кеменің жеңіл итерістеріне ырғақтаса шайқалақтаумен болды. КЕЛІП ЖЕТУ ІІ Сен батыс желінде дірілдеп тұрғанда, ендігі таңсәріде жалғыз шәшке шай ішесің, ал Әулиелер аралы таңғы тұмандағы күннен әлі бой тасалап жатыр. Бұл аралда өзі – датчандармен, нормандармен, ағылшындармен әлденеше рет жауланса да, өзі ешкімді, ешқашанда жауламаған Еуропаның бірден-бір халқы тіршілік етеді. Ол өзге жерлерге тек
200 священниктерді, тек монахтарды және миссионерлерді (өзге діндерді насихаттаушылар. –Ауд.)жөнелтіп, ал олар айналма жолмен, Ирландия арқылы Еуропаға шөл далалық схиманы – дүниені тәрк еткен тақуашылықтың рухын жеткізіп отырды, бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын, Орталықтан аулақ, Атлант мұхитына терең кіріккен, Еуропаның жүрегі жалындап жатты. Мен қаншама көп қушиған иықтарды қаусырған жасыл-сұрғылт төсекжапқыштарды, қаншама көп қатал профильдерді, қаншама көп жоғары көтерілген священник жағаларын, олардағы басы артық екі, үш, төрт ағылшын түйреуіштерін көріп тұрмын... Сопақ беттер, ұйқысыз түндерден талаураған көздер, ішкиімдік кәрзеңкедегі бөбек оның әкесі шай құйып жатқан жерден сыраны нәтижесіз талап етіп жатқанда, бұл емізіктен сүт сорып жатыр. Таңғы күн тұманнан ақ үйлерді баяу алып шығуда, межешамның қызыл-ақшыл оты бізді қаумалап алды, ал пароход, ауыр дем алып, Дан-Лэре айлағына кіре бастады. Шағалалар болса, оған жапа-тармағай сәлем беріп жатыр. Дублиннің сұрғылт сұлбасы тұманнан сәл бой көрсетті де, қайыра жоғалып кетті; шіркеулер, ескерткіштер, доктар, газгольдерлер, тұрбалардан шыққан именшек түтіндер; таңғы дәмнің уақыты әзірге шамалылар ғана үшін туындаған, Ирландия болса, әлі ұйқы құшағында. Кемежайдағы жүкшілер көздерін сүрткілеуде, таксишілер таңғы желде дірілдеп тұр. Ирландтық көз жастары отанды да және оралғандарды да қарсы алуда. Адам есімдері, тура доптар сияқты, ауада әрлі-берлі ұшып жүр. Мен шаршаған күйде кемеден пойызға ауыстым, пойыздан бірнеше минөттен кейін – Уэстленд-Роу аталатын үлкен қараңғы вокзалға, вокзалдан көшеге шықтым. Қара үйдің терезесінде жас әйел текшеден қызғылт-сары сүт сауытын алып жинақтап жатты. Ол маған күлімсіреді, мен де оған жауап қайтарған сыңайда жымидым. Егер мен Амстердамда Каннитферстан мырзаның өмірі мен өлімі, қайыршылығы мен байлығын білуге ұмтылған сол неміс шеберінің көмекшісі сияқты күйремес аңқаулықты