The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Оқу құралында большевиктер билікке төңкеріс арқылы күшпен
келген 1917 жылдың күзінен, Кеңес өкіметі «халық жаулары»,
«ұлтшылдар» деп атақ берген алаш ардақтыларын 1937-1938 жылдары
кең көлемде және аса қатыгездікпен соттап, атқан кезең аралығындағы
Оңтүстік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін ауқымы көптеген фактілік
материалдар арқылы жан-жақты зерттелген.
Кітап Отан тарихын білуге мүдделі зерттеушілерге, студент
жастар мен көпшілік қауымға арналған.

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by zhanaieva04, 2024-02-20 23:50:46

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДА 1920-30-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН

Оқу құралында большевиктер билікке төңкеріс арқылы күшпен
келген 1917 жылдың күзінен, Кеңес өкіметі «халық жаулары»,
«ұлтшылдар» деп атақ берген алаш ардақтыларын 1937-1938 жылдары
кең көлемде және аса қатыгездікпен соттап, атқан кезең аралығындағы
Оңтүстік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін ауқымы көптеген фактілік
материалдар арқылы жан-жақты зерттелген.
Кітап Отан тарихын білуге мүдделі зерттеушілерге, студент
жастар мен көпшілік қауымға арналған.

С.У. БАҚТОРАЗОВ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДА 1920-30-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ОҚУ ҚҰРАЛЫ


Тараз, 2012 Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті С.У. Бақторазов Оңтүстік Қазақстанда 1920-30-шы жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргін Оқу құралы «Тараз университеті» баспасы


ӘОЖ 94 (574) КБЖ 63.3 (5 Каз) 6 Б 21 Бақторазов С.У. Оңтүстік Қазақстанда 1920-30-шы жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргін: Оқу құралы. – Тараз: Тараз университеті, 2012. – 203 б. ISBN 9965-37-124-5 Пікір жазғандар: Достанбаев Т.Ш. – тарих ғылымдарының кандидаты, профессор; Жанакулов Т.Ж. – философия ғылымдарының кандидаты, профессор. Оқу құралында большевиктер билікке төңкеріс арқылы күшпен келген 1917 жылдың күзінен, Кеңес өкіметі «халық жаулары», «ұлтшылдар» деп атақ берген алаш ардақтыларын 1937-1938 жылдары кең көлемде және аса қатыгездікпен соттап, атқан кезең аралығындағы Оңтүстік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін ауқымы көптеген фактілік материалдар арқылы жан-жақты зерттелген. Кітап Отан тарихын білуге мүдделі зерттеушілерге, студент жастар мен көпшілік қауымға арналған. КБЖ 63.3 (5 Каз) 6 М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесінің шешімімен ұсынылған (хаттама №10, 30.06.11ж.). ISBN 9965-37-124-5 © Бақторазов С.У., 2012 © М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, 2012


1 МАЗМҰНЫ Кіріспе….......................................................................................... 4 1. ҚАЗАҚ АКСР-ІНДЕ 1920-1930 ЖЫЛДАРЫ ҚАЛЫПТАСҚАН ҚОҒАМДЫҚ - САЯСИ ЖАҒДАЙ .......... 22 1.1 Азамат соғысынан кейінгі елдегі әлеуметтік қарама-қайшылықтардың шиеленісуі. Кеңес өкіметінің идеологиялық әсер ету органдары мен жазалау аппараттарының қалыптасуы 22 1.2 Саяси репрессиялар социалистік шұғыл жүзеге асырудың негізгі тәсілі мен құралы ретінде .................................................. 47 1.3. Большевиктік (коммунистік) идеология негізінде қоғамдық сананы бірқалыпқа түсіруді басқа ойдағылардың қарсылығын тежеу арқылы жүзеге асыру және осыдан туындайтын ірілі-ұсақты шаралар ................................................ 69 2. ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 1920-1930 ЖЫЛДАРЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН САЯСИ РЕПРЕССИЯЛАР ............................ 83 2.1.Өңірдің қоғамдық – саяси өмірі: саяси күштердің орналасуындағы өзгерістер динамикасы ..................................... 83 2.2 Индустриализация және ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру саясаты кезіндегі саяси қуғын- сүргін ................. 108 2.3 И.В.Сталиннің «социализмге өту жағдайындағы таптық күрестің шиеленісуі» тезисі негізінде жаппай саяси репрессиялардың күшеюі .............................................................. 124 3. ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДА ЖАППАЙ САЯСИ ҚУҒЫН- СҮРГІНДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАРЫСЫНДАҒЫ ЖЕКЕ ТАҒДЫРЛАР ҚАСІРЕТІ ............................................... 138 3.1. Республиканың және Оңтүстік Қазақстан облысының партия және кеңес басшылығын дискредитациялау кампаниясының ұйымдастырылуы ............................................. 138 3.2. Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында қалалар мен аудандар деңгейіндегі жүзеге асырылған саяси репрессиялар .................................................................................. 150 3.3.1938-1939 жылдар белесіндегі жаппай саяси репрессиялар ауқымының азаюы. Бұл процестің Оңтүстік Қазақстан аумағына әсері ............................................................................. 16 5


2 ҚОРЫТЫНДЫ.............................................................................. 183 ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ................................................................. 189 ҚЫСҚАРТУЛАР МЕН БЕЛГІЛЕУЛЕР АКСР - Автономиялық Кеңестік Социалистік Республика КСРО - Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы БОАК - Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті ТүркОАК - Түркістан Орталық Атқару Комитеті РК(б)П - Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясы БК(б)П - Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы ҚК(б)П - Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясы ҚазКСР - Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы РКФСР - Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы Қаз. өлкеком - Қазақ өлкелік комитеті ҚазОАК - Қазақ Орталық атқару комитеті Қыр.АКСР - Қырғыз автономиялық Кеңестік Социалистік республикасы ОАК - Орталық атқару комитеті ХКК - Халық Комиссарлары Кеңесі БК (б)П ҚК - Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясының қалалық комитеті Өлкеком - Өлкелік комитет Халком кеңесі - Халық комиссарлар кеңесі Халком - Халық комиссары Уком - Уездік комитет Қалком - Қалалық комитет Ауком - Аудандық комитет Болатком - Болыстық атқару комитеті


3 ТКП - Түркістан Коммунистік партиясы Партком - Партия комитеті Партқұжат - Партиялық құжат Облатком – - Облыстық атқару комитеті Ауатком - Аудандық атқару комитеті ААК - Аудандық атқару комитеті ҚК - Қылмыстық Кодекс ТК - Төтенше комиссия БТК - Бүкілодақтық Төтенше комиссия МСБ - Мемлекеттік саяси басқарма БМСБ ТӨ - Бірлескен Мемлекеттік саяси басқармасының Толықөкілетті Өкілдігі ІІХК - Ішкі Істер Халық Комиссариаты ЖЭС - Жаңа экономикалық саясат Уазтбөл Упродот) - Уездік азық-түлік бөлімшесі ЖӨС (ТОЗ) - Жерді өңдеу серіктестігі ПБКО (УКПК) - Партиялық Бақылау Комиссиясының Өкілдігі


4 КІРІСПЕ Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан тарихы 1991 жылдың желтоқсанынан өзінің жаңа жыл санауын бастады. 16 желтоқсан – бірнеше ұрпақтардың армандаған мақсатының жүзеге асқан күні болды. Дәл осы күн Қазақстанның толық құқылы субъектілігін рәсімдеген күні еді. Қазақстан Республикасының Конституциясы [1] еліміз қызметінің негізгі принциптерінің бірі ретінде қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты жария етті. Қазақстан Республикасындағы қоғамның саяси жүйесін реформалау бағыты тұтастай алғанда әлеуметтік-саяси қарым-қатынастардың демократиялық құрылымға көшуіне жағдай жасады. Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде Н.Ә. Назарбаев: «Ең бастысы – біз татулық пен бірлікке негізделген тәуелсіз мемлекет орнаттық. Ортақ мақсат жолында ынтымағы мен берекесі жарасқан біртұтас ұлт болып қалыптастық. Әлемдік өркениеттің ең биік талаптарына сай жаңа қоғам құрдық» – деген болатын [2]. Осы процесті демократиялық транзит ретінде анықтай отырып, сонымен қатар осыған дейінгі қоғамның даму кезеңдерін зерттеудің өзектілігін ұмытпағанымыз абзал. Өткен ХХ ғасырдың 20-30 жылдары кеңес өкіметі сырт көрінісінде «социалистік – демократиялық» жүйені қалыптастыруға тырысқандай болып көрінгенімен шын мәнінде тоталитарлық қоғам құруға негізделгендігін анықтауға болады. Негізінде, жалпы ұлттық келісім саясатын бүгінгі күннің ағымы контекстінде ғана емес, сонымен қатар тоталитарлық жаппай қуғын-сүргін саясаты позициясымен салыстыра отырып бағалау орынды. Жалпы ұлттық келісім саясаты, әрине тоталитарлық жаппай қуғын-сүргін саясатына түбірінен қарама-қайшылықта. Мұның екіншісі қоғам өмірінде жоғарыдағылардың көз-қарасын жалпы халыққа барлық тәсілдермен күштеп таңып, оларды жеке көзқарастарынан айнуына мәжбүр етеді, сонымен қатар басқа идеялық тұғырдағы өкілдердің көзін жою әрекеттеріне дейін барады. Өзіміздің кеңестік өткенімізді біз ұзақ уақыт бойы біржақты идеологиялық негізде құралып, өмір нақтылығы жасырылынып келген мемлекеттік және қоғамдық саясат арқылы бағалап келдік. Шындыққа жүгінсек, сол кездегі болған оқиғалардың барынша боямаланып, бет-перде жабылғаны анық. Соның бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін


5 проблемасы. СОКП ХХ съезінен кейін ол туралы шындық сәл ашылғандай болғанымен, тез-ақ қайта жабылған құпиялық пердесі оны жамағатқа жеткізбеді. Қазіргі кезде бұл құбылысты жалпы және жалқы тұрғыда, нақтылы фактілер арқылы қарастыру мүмкіндігі қамтамасыз етіліп отыр. Қазақстан Республикасының көп ғасырлық тарихы мен жерінің кең- байтақтылығы, оның жекелеген өңірлерін бөлекше қарастыруға объективті негіз болары анық. Бұл орайда әртүрлі факторларлар арқылы, яғни - климаттық жағдайдан бастап, табиғи-географиялық ерекшеліктері мен шаруашылықтарының өзіндік укладтарына және даму деңгейінің өзгешелігіне байланысты, шекаралас мемлекеттердің де республиканың әртүрлі өңірлеріне әсер ете алғандығын айтуымызға болады. Осыған байланысты, өңірлер тарихын жіктеп, жеке қарастыру, мемлекеттің тарихы туралы терең және дәл түсініктердің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Тиісінше, кері байланыста жалпы мемлекеттегі болып жатқан өзгерістер мен қайта жаңартуларды қарастыру объективті болмақ. Өңірлік тарихи зерттеудің сонымен қатар қоғамдық сананы қалыптастырудағы маңызы зор, өйткені ол жеке адамдарға және әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік қауымдастық мүшелеріне, жаһандық қоғамдық процестерді, олар өздері көріп-біліп жүрген жергілікті деңгейдегі тарихи құбылыстар арқылы түсінуіне мүмкіндік береді. Ұсынылып отырған оқу құралының зерттеу объектісі большевиктер билікке төңкеріс арқылы күшпен келген 1917 жылдың күзінен кеңес өкіметі «халық жаулары», «ұлтшылдар» деп атақ берген алаш ардақтыларын 1937 – 1938 жылдары кең көлемде және аса қатыгездікпен соттап, атқан кезең аралығындағы Оңтүстік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін ауқымын зерттеу болып табылады. Бұл аймақ Қазақстан республикасының маңызды бөлігі ретінде сол кезде елімізде болып өткен қоғамдық - саяси процестердің тұрпатын толықтай дерлік бере алады деп есептеуге болады. Саяси-тарихи тұрғыдан қарай отырып, өңірдің ХХғ. басында Ресей империясы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына қарағанын, Қазан төңкерісінен кейін осы аттас облыс болып, алғашында РКФСР-ға кірген Түркістан АКСР-інің құрамында, кейіннен КСРО құрамындағы ҚазАКСР-інде, ең соңында КСРО құрамындағы Қазақ КСР -і құрамында болғанын айтуға болады. Тиісінше әкімшілік-территориялық қатынаста да атаулар кезегімен өзгертілді – Сырдария облысы, осы аттас округ (округтік бөлініс кезінде), ары қарай Оңтүстік Қазақстан облысы, одан, жеке бірліктер


6 ретінде 1938 жылы Қызылорда облысы және 1939 жылы Жамбыл облысы бөлінеді [3]. Жалпы, бізге дәл саны мәлім емес Амудария мен Закаспий облыстары қазақтарын қоспаған күннің өзінде, Түркістан генерал-губернаторлығы құрамында Қазан төңкерісі қарсаңында 2.665.441 қазақ өмір сүрген [4, 10-24 – бб.]. Қазақ жерлерінің қайтадан бірігуі нәтижесінде республика аумағы 700 мың шаршы км-ге жуық, яғни үштің біріне ұлғайып 2,7 млн. шаршы км болды, ал 1926 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың саны 3.627.612 адамға жетіп, республика халқының 2/3-сіне жуықтаған (58,5%) еді [5]. Бұл арада Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі небары 8-9 жыл аралығындағы аласапыранда аталған өңір халқының қосқан үлес салмағы қарапайым есептеулер тұрғысынан қарастырғанның өзінде (1917 жылы тек Түркістанда ғана 2.665.441 қазақ болса, 1926 жылғы санақ бойынша осыған тұтас ел бойынша, шамамен 1.000.000 қазақ қосылған) ойсырап-ақ қалғандығына мән беруге болады. Дегенмен, осы сандық көрсеткіштер арқылы-ақ Түркістан өңірінде болып өткен оқиғалардың қазақ қоғамына тигізер ықпалын пайымдау қиын емес. Әрине, құбылмалы, тұрақсыз саяси жағдайға қатаң қысы мен құрғақшылығы қосымша болған 1917 жыл мен азамат соғысындағы дүрбелең және одан кейінгі 20 - жылдардағы таптар мен саяси күштердің қарама-қайшылықтары Түркістан қазағына жеңіл тиген жоқ. Тұрғылықты халықтың басым көпшілігінің шаруашылық жүргізуі мен тұрмыс құруы көшпелі сипат алып, өзіне тән ерекшеліктері болған Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін жүргізілген әлеуметтік және экономикалық-саяси эксперименттердің жан түршігерлік зардаптары болды. Мәселен, репрессия шаралары алдымен және бірнеше дүркін (1918-1921, 1927-1932, 1937-1938) Алаш зиялыларын қамтыды. Өйткені большевиктік билік қазақ қоғамындағы потенциалды оппозициялық күш зорлықпен басылып тасталынған ұлт-азаттық қозғалыс басшылары мен белсенділері екендігін жақсы түсінген еді. Әрине, халықтың ауыр жағдайы, олардың күйзеліс пен ашаршылыққа ұшырауы республикадағы көптеген ұлт зиялыларының және халық тағдырына жаны ашитын барлық адал адамдардың ашу-ызасы мен қарсылық-наразылығын тудырды. Алайда, қаһарына мініп келе жатқан кеңестік репрессиялық аппарат оларды барынша тұқыртып ұстауға негізделген болатын. Зерттеліп отырған кезеңдегі Қазақстанның саяси тарихы үшін сол кездегі қалыптасқан және алмасып отырған жағдайдағы әрекет еткен саяси күштердің ерекшеліктерін анықтаудың да маңызы зор.


7 Өңірдің экономикалық маңыздылығы, оның төңкеріске дейін де, төңкерістен кейін де үнемі дамып отырғандығында еді, осыған – сәйкес қоғамның әлеуметтік құрылымы да өзгеріп отырды- қала халқының, жұмысшы табының, гуманитарлық және ғылыми – техникалық интеллигенцияның саны өсті. Өңірдегі өзіндік ерекшелік ретінде, ұлттық - территориялық межелеудің нәтижесінде өңірдің Қазақ АКСР - і құрамына кіргеннен кейінгі кезеңдегі партия - кеңес элитасын ротациялауды, яғни Оңтүстік Қазақстанның өкілін республикалық басшылық органдарына алып (кіріктіріп), Оңтүстікке басқа өңірдің басшы кадрларының жіберілуін айтуға болады. Бұл жағдай 1930 - жылдардағы оқиғалар барысында көп кесапатқа себеп болған еді. Әрине, ұлтымыздың игі-жақсыларын баудай түсірген 1937-1938 жылдардағы нәубеттің себебі тек осы ерекшелікпен шектелмейтіні белгілі.Аталған тақырыпты сонымен қатар сол кездегі қоғамдағы өзгерістерге ұшыраған басқа да мәселелер аясында қарастыру орынды болмақ. Бұл және басқа да Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін мәселелері – қазіргі жағдайда тосын жаңалық емес, дегенмен осы мәселені өңірлік екшеуленуіне байланысты зерттеу оның өзектілігінің ешқашан жоғалмайтындығының белгісі болса керек. Тақырыптың зерттелу деңгейі. 1920-30-шы жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін мәселесіне байланысты бүгінгі қоғамдық өмір сұранысына сай зерттеулер тек Отанымыз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта ғана жарық көре бастағандығын айта аламыз. Осы орайда аталған жылдар аралығындағы оқиғаларға байланысты, кеңестік тарих ғылымында, қалыптасып келген шындықты айтуға тыйым салу әдісіне сәйкес, сол дәуірдің тарихи еңбектерінде қазақ халқының басынан кешкен қасіреттерін «асыра сілтеу», «колхоз құрылысындағы партия жолын бұрмалаушылық» деп түсіндіру әдетке айналған еді. Шын мәнінде кеңес қоғамындағы әлеуметтік-саяси өзгерістер Қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан тоталитарлық жүйенің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы жүзеге асырылған болатын. Осы мәселені, яғни, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси тарихты зерттеуге деген қоғамдық қызығушылық осы тұрғыдағы арнайы тарихи әдебиеттердің де барынша көбеюіне ықпал етті. Олар негізінен индустриализациялау, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселелеріне арналып, осыған байланысты өңірдегі мәселелер де, яғни отырықшылыққа көшу, ірі бай шаруашылықтарын кәмпескелеу, кулактарды тап ретінде жою және ең соңында ауылдағы социализмнің тірегі ретіндегі колхоздар мен совхоздардың құрылуы да қарастырылған еді.


8 Көптеген миллион халқы бар КСРО үшін, олардың көпшілігі ауылдарда тұрғандықтан аграрлық мәселенің дұрыс шешілуі үлкен маңызға ие болатын, тіпті бұл проблема барлық посткеңестік кеңістік үшін қазір де маңызын жоғалтпағаны белгілі. Кеңестік кезеңде аграрлық мәселенің шешілуі жер туралы Декреттен басталып, алғашында шаруаларға жер бөлініп берілсе, кейіннен ешбір жағдай жасалынбай ұжымдастыруға көшумен жалғастырылды, бұл арқылы жерге жеке меншік, кооперативтік меншікке айналдырылған еді. Әрине, бұл орайдағы мәселенің шешілуі репрессиялық іс-шаралар қолданусыз бітпегені анық. Осы тұрғыда, аграрлық, соның ішінде негізінен, ұжымдастыру кезеңіндегі проблемаларды шешу мәселесіне арналған тарихнаманың бірнеше қырларын (аспектілерін ) қарастыру маңызды сияқты. Кеңестік тарихнамада ауыл шаруашылығын ұжымдастырумен аяқталған аграрлық мәселенің шешімі БК(б)П – ның қателіксіз саясатының жеңісті жемісі ретінде қарастырылады. Сол кезеңдегі зерттеушілердің негізгі мақсаты социалистік қайта құрулардың жағымды жақтарын теріп көрсету болса керек. Кемшіліктері не тіптен айтылмады, не жадағай айтылып, тағы да осы қателіктерді дер кезінде көріп, оны тез түзей алған партия басшылығының кемеңгерлігі мадақталды. Осылай, қателіктердің өзін жеңіске айналдыру (инверсиялау) дағдысы кеңестік тарихнамаға тән екендігі анық болатын. БК(б)П-ның аграрлық саясаты көптеген зерттеуші – тарихшылардың, соның шінде, негізінен, партия тарихшыларының еңбектерінде көптеп қарастырылды. Бұл тұрғыдағы негізгі қомақты еңбектердің қатарына (алғашқысы етіп) көптомдық КОКП тарихын жатқызуға болады. Оның – «Орта Азия республикалары мен Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласындағы социалистік қайта құрулар» [6 б. 180-192] атты жеке бөлімінде әртүрлі факторлар мазмұндалып, статистикалық мәліметтер беріледі, ұжымдастырудың негізгі кезеңдері хронологиялық тәртіпте қойылып, олардың егін, мақта және мал шаруашылығы аудандарындағы ерекшеліктері айқындалады. Жалпы түрде келеңсіздіктер мен «асыра сілтеушіліктер» де атап өтіліп, «толық ғылыми объективтілік» тұрғысында қарастырылу сыңайы танытылады. «Қазақстан Коммунистік партиясы тарихы очерктерінде» [7] де осы ұстаным қайталанылғанымен, мұндағы кейбір фактілерге қатысты сыни көзқарастарға да мән беруге болады. «Өкінішке орай республикалық және жергілікті партия мән кеңес органдары ұжымдастыруды жүргізу кезінде бірнеше қателіктер жіберді. БК(б)П


9 Қазөлкекомы, жергілікті партия органдарына ұжымдастыруды тездету туралы директиваларды бірінен кейін бірін жіберіп, оларды, шаруалардың дайындық деңгейін есепке алмай-ақ, ұжымдастыру қарқынын үдете түсуге бағыттады. Республиканың бірқатар басшы кадрларының (Ф.И. Голощекин, І.М. Құрамысов және т.б.). 1929 жылдың соңы мен 1930-жылдардың басындағы сөздерінде елдің орталық аудандарынан қалыспауға тырысу көрінген еді. Жергілікті жағдайды білмей тұрып республиканың жеке округтары мен аудандарына бақылау цифрлары қойылды. Өз сөздерінің бірінде Ф.И. Голощекин: Мен бізде КСРО-ның басқа аудандарына қарағанда колхоз құрылысы баяу жүреді деген пікірге жолықтым. Мен ондай пікірді дұрыс емес деп санаймын,-десе, І.М. Құрамысов одан да асып түсіп: «Қазақстанның артта қалған аудан екендігіне қарамай, бүгінгі күнгі ұжымдастыру қарқыны өте жоғары, бұл тұрғыда біз Одақтың алдыңғы қатарлы деген облыстарын басып озамыз», – деп даурықты. Осындай ықпалдың арқасында республиканың барлық аудандарын ұжымдастыруды қамту туралы қаулы қабылданған еді [8]. Азаматтық тарих бойынша ұжымдық еңбектердің де бағыт-бағдары мен мазмұны осыған ұқсас болды.Қазақ КСР тарихында «ұжымдастыруды тек лениндік принципті қатал ұстана отырып, көшпенді халықтың шаруашылығы мен тұрмысындағы барлық ерекшеліктерді ескергенде ғана, Қазақстандағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құру жолындағы қиындықтарды жеңу мүмкін болар еді», [9]- делінген. Ұжымдық еңбектердегі ұстанымдар негізінде жеке зерттеушілердің де позициялары қалыптасқан еді. Бұған мысал ретінде И. Зверяковтың [10], А. Жаманкұловтың [11], М. Шаумянның [12], Ж. Жұмабековтың [13], З.А. Акишевтің [14], Ә. Тұрсынбаевтың [15] және т.б. еңбектерін жатқызуға болады. Олардың жалпы бағыт-бағдары ұжымдастырудың дұрыстығын дәлелдеуге сайып, іс жүзінде оны жүзеге асыру шараларының қажеттігі негізделеді, ұжымдастырудың қоғам өміріне тигізер игі ықпалы туралы көп айтылады. Кеңестік кезең тарихнамасының ең бір мән берерлік ерекшелігі, ондағы нақты тарихи фактілердің барынша елеп-екшеленуі еді. Іс жүзінде, бұл барлық тарихи фактілерден тек билеуші (үстем) идеологияға сәйкес келетіндерінің ғана таңдап алынып, талданылып және тұжырымдалғаннан кейін ғана мақалалар және монографиялар түрінде жарыққа шығарылатындығын білдіретін.


10 БК(б)П [16] мен Қазақстан К(б)П –дағы [17] жалпы жағдайды қайта қарап шығу мақсатында орталық партия және кеңес органдарының материалдары пайдаланылды. Осы және басқа да партия құжаттарының көптеп пайдаланылуы КОКП және Қазақстан Компартиясы тарихының, отан тарихының құрамдас бөлігі екендігіне негізделеді. Негізгі, мейлінше мол ақпарат көздері ретінде, сайлау органдары мен олардың облыстық және қалалық деңгейдегі бөлімшелерінің конференциялары мен пленумдарының хаттамаларын айтуға болады. Репрессиялық іс-шараларға тікелей қатысы болмағанымен, бұл құжаттар қоғамда болып өткен процестерді, және осы процестердің басқарушы партия билігоаоінің сақталуы мен нығаюы үшін, репрессиялауға көшуге қалай жағдай жасағанын айтатындай. Оларда тұнып тұрған тарихи фактілер, бір жағынан шынайы болған істі көрсетсе, екінші жағынан сол оқиғаларды бүгінгі күн тұрғысынан объективті талдауға мүмкіндік береді. Партиялық құжаттардың келесі бір маңызды тобы жекелеген партия мүшелерінің істерін топтап, яғни - тазалау, шығару және аппеляция бойынша жеке қарастыру болып табылады. Әртүрлі ақпараттық мәліметтерге толы мұндай жеке қарастырулар - жан-жақты жазылған тазалау хаттамаларынан бастап, аппеляцияны қараудың қысқаша хаттамаларына дейін, және тіпті де қысқа, тек партиядан шығару туралы қаулы жазылған хаттамалар, сол кездегі ішкіпартиялық жағдайдан мол мағлұматтар беріп тұр. Жеке қарастырулардың келесі, ақтау (реабилитациялық) бөлігі, зерттеудің хронологиялық ауқымынан тыс жатқандықтан, шектеулі деңгейде ғана пайдаланылды. Оның үстіне олардың берер ақпараты да мардымсыз келіп, тек айыптау үкімдерінің өңін айналдырып (инверсиялап) берумен шектелген. Яғни, айыптау үкімдері қандай дәлелсіз және түсініксіз құрылса, реабилитациялық қаулылар да дәл солай бұл айыптауларды теріске шығарады. Социалистік қайта құруларды тездетіп жүргізудің тактикалық құралы ретінде, тікелей жаппай саяси репрессиялар қолдануды жүзеге асыру бағыты туралы тарихнама салыстырмалы түрде көп емес. Кеңес зерттеушісі Д.Л. Голинковтың кең көлемді монографиясында, алғашқы төтенше шешімдердің, қорқыту мен үркітулердің және атып - асудың Кеңес үкіметі өмір сүруінің алғашқы күндерінен-ақ басталғаны айтылады. Мұндай іс–шараларды Гельсингфорс моряктары мен Финлянд полкі солдаттары, бірінші қолданып, соңғылары Васильев аралын қоршауда деп жариялап, оған


11 жақындағандарын ескертусіз атып тастайтындықтарын айтқан болатын. Сәл кейінірек бұл, тонауларға қарсы күрес комитеті ретінде заңдастырылып, оны басқарған В.Бонч–Бруевич князь К.В.Кекуатов басқарған алғашқы контрреволюциялық бүлікті ашқан болатын [18]. Одан кейін бүкілресейлік үкімет мекемелері шенеуніктері көтерілісінің дайындалуы жағдайында В.И. Ленин Ф. Дзержинскийге контрреволюция мен саботажға қарсы күрес үшін Төтенше комиссия (ТК) құру туралы Декрет дайындауды ұсынады. Осылай 1918 жылдың қыркүйегінде қанқұйлы Қызыл террор да басталып кеткен еді. Бұл еңбекте хронологиялық дейектілік сақталғанымен автор қарқын алып келе жатқан кеңестік жазалау машинасының әрбір қанкұйлы қадамына желеу табуға тырысып бағады. Әрине, кеңестік дәуірде мұндай көзқарас бұл монография жазылғанға дейін де, одан кейін де болғаны түсінікті. Аталған кезеңдегі осындай зұлматты сәттер өңірлік тарихнамада – «Победа Великой Октябрьской социалистической революции в Туркестане» [19] атты құжаттар жинағында және П.Г. Софиновтың [20], Р. Арипов пен Н. Мильштейннің [21], С.П. Тимошковтың [22], А. Қоқанбаевтың [23], А.И. Зевелевтың [24], П. Алексеенковтың [25], К. Кулиевтың [26], Б.А. Кощановтың [27] және Ж.Б. Абылғожиннің [28], монографияларында кеңестік кезең тарихнамасының позициясы тұрғысында қарастырылады. Кеңестік «қайта құру» кезеңінде жарық көрген еңбектер тоталитарлық режимге сыни көзқараста жазыла бастаған еді. Р.А. Медведев өзінің «Они окружали Сталина» [29] атты тарихи - публицистикалық еңбегінде сталиндік системаның қолшоқпарлары ретіндегі билік басындағылардың қоғам өміріндегі ролін жан-жақты зерттеу арқылы тарих шындығына қол жеткізуге тырысады. Осындай әрекет ұжымдық еңбекте жарияланған Ю.С. Борисов, В.М.Курицын, Ю.С.Хванның «Политическая система конца 20-30-х годов. О Сталине и сталинизме» [30] атты пікірталасынан да білінеді. Бұл сталинизмнің кесапатты жақтарын ашып айтудың жаңадан басталынған кезі болатын. Өзінше бір топ ретінде мемуар түріндегі жазбаша деректемелер мен көркем әдебиет шығармаларын айтуға болады. Олардың саны да көп, сапасы да жақсы, әйтсе де бұл еңбектердің басым көпшілігі автордың жеке көзқарасына негізделгендіктен, белгілі кемшіліктерсіз де емес. Посткеңестік тарихнама. 1920-30-шы жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін мәселесіне қатысты


12 еңбектердің, объективті тұрғыдан зерттеле бастауы тек Отанымыз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта ғана мүмкін болғандығын айта аламыз. Себебі, профессор С. Мажитовтың пайымдауында империяляқ үстемдік пен тоталитарлық режим кесірінен, ұлттық тарихнама тізе бүгуге мәжбүр болған еді [31]. Осы орайда 90-жылдардың әу басының саяси өліарасында жарық көрген ұжымдық еңбектердің де маңыздылығына мән беруге болады. «Нәубет» және «Новое о коллективизации о Казахстане» жинақтарында қарастырылып отырған мәселенің ащы шындығы алғаш рет ашылады [32]. Қазақстан халқына орны толмас қасірет пен қайғы әкелген отызыншы жылдар ойранына байланысты ойтолғаулар «Саяси қуғын-сүргіндер және олардың зардаптары» жинағында берілген [33]. «Мұжық, солдат біз большевик дініне кірдік деп қаланы, помещикті, бай мұжықты талап жатыр. Темір жол тоқтады, астаналар, астық сатып алатын уаляттар, майдандағы әскер жұтап жатыр. Біздің қазақ жері әзір бұл Россия лаңынан аман, - дей отырып Алаш азаматарының бірлігін тілеген Ә. Бөкейхан [34] мен большевиктер ұстанған бағыт Қазақстан емес, тіптен Ресейдің өзіне де азапты болашақ әкелетін бағыт деп түсінген Алаш қайраткерлері туралы [35] және ұлттық мемлекетті қалпына келтіру ісіне ғұмырын арнаған М. Шоқай, Т. Рысқұлұлы, С. Садуақасұлы және басқа да ұлы тұлғалардың қызметі мен тағдыры төңірегінде [36] профессор М.Қ. Қойгелдиевтің еңбектерінде жан-жақты қарастырылады. Аты аталған және басқа да Алаш ардақтыларының ұлтымен қайта табысуындағы кешенді істердің алғашқы қадамы ретінде Т. Рысқұловтың үштомдық шығармалар жинағының басып шығарылуын айтсақ болады. Автордың бірінші томында 70 жылдан кейін жарияланған «Төңкеріс және Түркістанның тұрғылықты халқы» [37] атты еңбегі, екінші томына кірген 1923-1929 жылдардағы кітаптары, [38] соңғы томындағы Түркістан-Сібір темір жолын салу мәселесіне байланысты баяндамалары мен мақалалары және осы томның екінші бөліміндегі әртүрлі құжаттары, мақалалары, сөздері, хаттары және жеделхаттары Т. Рысқұлов тұлғасын тарихи қайраткер ретінде тереңірек танытумен қатар, оның Шығыс халықтарының ұлт-азаттық күресіне қосқан үлесін жаңаша бағалауға мүмкіндік береді [39]. Келесі,осындай екітомдық жинаққа қазақтың белгілі саяси және мемлекеттік қайраткері О.Жандосовтың еңбектері еніп, онда 1920-1930-шы жылдардағы қарама-қайшылыққа толы, күрделі кезең көріністері боямасыз берілген. Еңбектің алғашқы томы 1918-1926-шы жылдар аралығын қамтыса [40], екінші томы 1927-1937-шы жылдарды қамтыған [41]. Жеке тұлға қайраткерлігіне арналған тағы бір еңбек 1933-1938


13 жылдары Қазақстандағы құрдымға кеткен ауыл шаруашылығын қайта жандандырған Л.И. Мирзоян туралы [42]. Бұл кітапта Л. Мирзоянның еліміздегі өнеркәсіпті дамытуға барынша жағдай жасағаны, ұлттық кадрлар шоғырын көбейтіп, мәдениетке үлкен мән бергендігі, сонымен қатар сталиндік режимнің репрессиялық соққыларынан ұлт аяулыларын сақтауға барлық мүмкіндігін салып, ең соңында өзі де осы саясаттың құрбандығы болғандығы көптеген құжаттар арқылы көрсетілген. Қарастырылып отырған мәселе М. Қойгелдиев [43], Т. Омарбеков [44], К. Нүрпейісов[45], Ж. Абылғожин, М. Қозыбаев, М. Тәтімов [46,47], Қ. Алдажұманов [48], М. Баймаханов [49] еңбектерінде де әр қырынан зерттелген. Осы тұрғысында С. Байжан–Ата [50], М. Рүстемов [51], А. Құдайбергенова, Ш. Өнербаева [52], Б. Қойшыбаев [53], Ж. Әлмашұлы [54], М. Қуанышбаев [55] және т.б. бірқатар авторлардың еңбектері қызығушылық туғызады. Тікелей өңірлік қатыстылығына байланысты К. Рысбаевтың [56] және Ж. Бодановтың [57] еңбектері нақты мағлұматтар береді. Қазақстанға депортациялау арқылы Қиыр Шығыстан келген кәрістердің [58] және Украинадан келген поляктардың [59] қалай қуғын-сүргінге ұшырағаны туралы мұрағаттық материалдар да ғылыми жұмысты жазу барысында пайдаланылды. Зерттеу тақырыбына қатысты республикалық басылымда жарияланған еңбектердің ішінде М. Төлекованың [60], А. Қасабекованың [61], Ғ. Халидуллиннің [62], Б. Туменбаеваның [63], Қ. Еңсеновтың [64], Б. Берлібаевтың [65], А. Ысқақтың [66] және т.б. бірнеше авторлардың мақалаларын атауға болады. Шетелдік зерттеулердің өңір тарихын қалай қарастырғанын «Зарубежные исследователи Средней Азии и Казахстана» атты библиографиялық көрсеткіштен білуге болады [67]. Зерттеліп отырған кезеңге арналған Батыс тарихнамасы, тиісінше, өз елдерінің әлеуметтік, экономикалық және саяси қажеттіліктерін толық көрсетіп бере алары анық. Жалпы, Ағылшын отарлық экспансиясынан бастап, батыстың ірі державалары Орта Азия өңіріндегі оқиғалар ағымын қалт жібермей бақылап, бұл жерден не геосаяси одақтасын, не болмаса дәл осындай дұшпаны барын анықтауға тырысқан еді. Оның үстіне сыртқысаяси экспансиясын барынша өрістеткен Англия «өз отарлық империясының інжу-маржаны –Индиядан қауіп-қатерді неғұрлым алыстатқысы да келді. АҚШ, Франция, Германия, Жапония сынды державалар да Батыс Түркістан (ТүркАКСР) мен Шығыс Түркістандағы (Қытайдың Синьцзян провинциясы ) жағдайларға қатты қызығушылық білдіріп отырды. Сонымен қатар осылардың барлығы да


14 өздерінің Орта Азия мен Қазақстандағы ықпалдарын арттыруға тырысқандығы сөзсіз. Мұндай процестер қазір де жүріп жатқандығы анық, оған мысал ретінде АҚШ пен Ресейдің халықаралық терроризмге қарсы күрес деген сылтаумен Қырғызстанда әскери база құрып отырғандығын айтуға болады. Ал жеке проблемалар бойынша арнайы жұмыстар батыс тарихшыларының қызығу шеңберін анықтап беретіндей. Бұл еңбектерде өңірдегі жағдайды түбірімен өзгерткен Қазан төңкерісіне қатысты мәселелер қарастырылған. АҚШ пен Англия тарихшыларының зерттеулерінде Қазан (Октябрь) «қатерлі эксперимент, утопия, бүлік, «социализмді құруға дайындықсыз асығу» ретінде көрсетіледі. Пролетариат диктатурасы басқыншылықпен теңестіріліп, олардың функциясы «қызыл террорды» жүзеге асыруға саяды, ал төңкерістің өзі теориялық тұрғыдан алғанда маркстік тұғырнамада сай келмейтіндігі айтылады. Октябрьді АҚШ-тағы оңшыл социалист Д.Спарго мен бірнеше кітаптардың авторы, ағылшын журналисі У.Чемберлен осылай түсінді [68]. Келесі «кеңестік тоталитаризмді» барынша жіктеп сынаған, англо-американ тарихшысы Р.Конквест «Жатва скорби» мақаласында [69], 1926 және 1939 жылдардағы халықтың, шаруа қожалықтары мен мал басы санағы мәліметтерін салыстыра отырып бұл зұлматқа: ешқашан ешқандай басқа отаршыл елдің тарихында болып көрмеген адамдардың қасіреті мен экономикалық құрдымға кетуі», - ретінде баға береді. Батыс тарихнамасындағы ерекшеленетін еңбек ретінде Н.Полмар мен Т.Б.Алленнің «Энциклопедия шпионажа» [70] атты анықтамалықэнциклопедиялық басылымын айтуға болады. Мұнда зерттеу тақырыбына байланысты ондаған мақалалар берілген. Бұл басылымның да жалпы бағыт-бағдары батыс тарихнамасы дәстүрлеріне сәйкес келіп, кейбір сенсациялық «псевдофактілерді» тарихи факті ретінде беруге тырысу кездеседі, мысалы ІІХК халкомы Г.Ягоданың В.И.Ленинді уландырғаны сияқты. Большевиктер зұлматын бүге-шігесіне дейін жіктеп зерттеген француз авторларының «Черная книга коммунизма» [71]атты кітабы Кеңестердің құпия полициясының қанқұйлы әрекеттерін мол архив құжаттары арқылы мәлім ете отырып, жалпы коммунистік қоғамға лағнет айтатын сияқты. Әрине, қуғын-сүргін құрбандарының мәңгілік қарғысы осы саясатты жүргізгендер мен орындаушылардың мойнында екені белгілі. Дей тұрғанмен, жетпіс жылдық тарихты тек бір ғана (қара) бояумен көрсету де объективті деп айта алмаймыз.


15 Жалпы, шетел әдебиетіндегі еліміз тұрғысындағы зерттеулерді К.Есмағанбетовтың «Қазақтар шетел әдебиетінде» кітабынан көптеп кездестіруге болады [72]. Зерттеліп отырған кезеңнің тарихнамасы эмиграцияда жазылған тарихи зерттеулерсіз толық болмайтын сияқты. Мұнда, бірінші кезекте ауызға Мұстафа Шоқай түсері заңды. М. Шоқай өнегесінің құндылығы халқымыздың жүріп өткен жолын, әсіресе ХХ ғасырдағы тағдырын жаңа көзқарас тұрғысынан қорытуға, сол арқылы бүгінгі жағдайымызды түсінуге себепші болуында. Сонымен бірге М. Шоқай есімін ауызға алғанда еріксіз ойға оралатын нәрсе ол - «Түркі елі» идеясы, олай дейтініміз, М. Шоқайды тек қазақ жұртына ғана теліп, оның қызметін тәуелсіз Қазақстанның тарихи мүддесімен ғана байланыстырар болсақ, онда Мұстафа Шоқай феноменін, ол көтерген мәселені дәл басып түсіндіре алмаушылыққа ұрынған болар едік. Міне, Мұстафа Шоқай туралы профессор М. Қойгелдиев осылай дейді. Сонымен қатар соңғы жылдардағы оның идеялық түсініктері мен саяси позициясын түсінуге ықпалын тигізетін тарихи зерттеулер қатарына Д.А. Аманжолованың [73], А. Панфиловтың [74] , З.В. Тоғанның [75] және С.М. Ысқақовтың [76] еңбектерін жатқызуға болады. Сонымен қатар қарастырылып отырған мәселе бойынша Н. Байқадамовтың [77], С. Айкөзовтың [78], Д. Мақаттың [79], Г. Карагизованың [80], С. Жакишеваның [81], Г. Жумасултанованың [82], Д. Орынбаеваның [83], Г. Нурбетованың [84], Г. Молдахановалардың [85] кандидаттық диссертациялары орталық және өңірлік архивтердің материалдарын біріктіре отырып, едәуір деректемелік базаға негізделгендігі көрініп тұр. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Оқу құралының мақсаты қарастырылып отырған кезеңдегі жалпы ішкі саяси жағдайларды талдай отырып, жазалау органдарының қатаң репрессивтік іс-шаралар арқылы орталықтың саяси бағытымен келіспеушілерді қалай тұқыртып ұстағанын айқындау болып табылады. Әкімшіл-әміршіл тоталитарлық мемлекет жүзеге асырған коммунистік идеологияның халыққа аса зор қасіретті зардаптар әкелгені осы өңірдегі болып өткен оқиғаларға қатысты фактологиялық материалдар арқылы дәлелденеді. Зерттеліп отырған аймақтың Қазақстанның маңызды бөліктерінің бірі екендігін есепке ала отырып, осы өңірдегі саяси қуғын-сүргін нәубетін зерттеу, сол кезде елімізде болып өткен зұлматты процестердің тұрпатын толықтай дерлік бере алады деуге нақтылы негіз бар.


16 Осы аталған мақсаттарға байланысты зерттеу жұмысының алдына қойған міндеттері: - Оңтүстік Қазақстанда большевиктер диктатурасы орнағаннан кейінгі жылдары қалыптасқан қоғамдық – саяси жағдайды анықтау. - Қазан төңкерісінен кейін бірден басталып кеткен Азамат соғысы кезеңіндегі және одан кейінгі елдегі әлеуметтік қарама-қайшылықтардың шиеленісуін зерттеп, объективті бағалау . - Саяси репрессиялардың социалистік шұғыл жүзеге асырудың негізгі тәсілі мен құралы ретінде қолданылғандығын фактологиялық материалдар негізінде дәлелдеу . - Оңтүстік Қазақстанда 1920-30-шы жылдары жүргізілген саяси репрессиялардың себеп-салдарын анықтау мақсатында: а) Аумақтың қоғамдық-саяси өмірін және саяси күштердің орналасуын бағамдау; ә) Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру кезеңіндегі саяси репрессиялар ауқымының барынша кеңеюінің себеп-салдарын анықтау; б) «Социализмге өту жағдайында таптық күрестің шиеленісуі» тезисі негізінде саяси репрессиялардың күшеюін және осыдан туындайтын ірілі-ұсақты шаралардың коммунистік идеологияның алдамшы әрекеттері екендігін түсіндіру. - Саяси қуғын-сүргіннің оңтүстік халқының әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізген кері әсерін статистикалық және мұрағаттық материалдар негізінде дәлелдеу. Зерттеу жұмысының нысаны Оңтүстік Қазақстанда жүргізілген жаппай саяси репрессиялардың қасіретті зардаптарын - тоталитаризмнің өз халқына жасаған қылмысы ретінде айқындап-әшкерелеу. Зерттеу жұмысының пәні қарастырылып отырған кезеңде Оңтүстік Қазақстандағы жалпы ішкісаяси жағдайларға талдау жасауға, сонымен қатар кеңестік жазалау органдарының қанқұйлы әрекеттері нәтижесінде қазақ зиялыларының қалай қынадай қырылғанының себеп-салдарын анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері тоталитарлық жүйенің қалыптасу белгілерін Оңтүстік Қазақстанның әлеуметтікпсихологиялық менталитетіне, оның өзіндік геосаяси жағдайына орай анықтай отырып, осы өңірде ресми мемлекеттік бағдарға қарсы жасалынған іс-қимылдарды елеп-екшеуге мүмкіндік береді. Зерттеудің 1917жылдан басталуы кездейсоқ емес. Себебі Қазан төңкерісі алғашқы


17 күндерінен-ақ саяси күрестің демократиялық формаларына пысқырмады да.Азамат соғысы жағдайында социалистік революция көсемдері Ұлы Француз революциясы кезіндегі якобиндік диктатура қолданған репрессивтік әдістерді енгізіп, кімде – кім большевиктерді қолдамаса оларға «халық жауы» деген атақ тағылды. Контрреволюционерлер мен оларды қолдаушылар қатал қуғын-сүргінге ұшырады.Осы үшін Бүкілресейлік төтенше комиссия (БТК) және оның жергілікті органдары құрылып, Кеңес өкіметі олармен тарих бетінен жойылып кеткенге дейін ажырасқан жоқ. Зерттеліп отырған проблеманың ерекшелігі ретінде, іс-жүзінде қызметінің бақыланбауы себепті, жазалаушы органдардың барынша қатыгез құрылымға айналуын айтуға болады. Алғашында кез –келген мемлекеттегідей билеуші режим қарсыластарының тіміскі іс-әрекеттерін болдырмау үшін құрылған ТК-МСБ - БМСБ органдары кейіннен, сталиндік топ тағайындалушыларымен толықтырылып, мұндай жаңадан келген басшы кадрлар қожайындарының алдында жауапты екендіктерін сезінгендіктен, олардың кез-келген тапсырма-сын орындауға дайын тұрды, бұл үшін неден де болса тайынбады. Осылай, халықты қанды қырғынға ұшыратқан ІІХК-ның қатыгез системасы өздерін де аяған жоқ, ондағы мақсаттарының бірі қылмыстық іс - әрекеттеріне куә болғандардың көзін жою еді. 20–30–шы жылдары күшейген сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйе қоғамның тарихи даму заңдылықтарына қайшы келетін эксперименттер жасады.Олар Қазақстанды, оның ішінде зерттеліп отырған территориялық белдеулерді де қамтығаны анық. Қазақстан халқының саяси өміріндегі қасіретті жаңа кезең сталиндік режимнің, уақыт өте келе өз позицияларын нығайта отырып, Қазақстандағы оппозициялық күштерге: біріншіден партияда жоқ интеллигенцияларға қарсы, екіншіден, қазақ халқының ұлттық және мемлекеттік тәуелсіздігін ендігі жағдайда кеңестік система шеңберінде қорғауға тырысқан партия және мемлекет қайраткерлеріне қарсы шабуылының басталуына сәйкес келді. Бұл «халық жаулары» аталғандарға қарсы күрестің нағыз қайнаған 1937-1938 жылдары еді. Ғылыми жұмыстың уақыттық ауқымына байланысты зерттеу кезеңі осы жылдармен тәмәмдалды. Зерттеу тақырыбының деректемелік негізі. Оқу құралын дайындау барысында деректемелік негіз ретінде: – Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының – 139, 140,141, 708, 1, 725, 412, 185, 8, 187 қорлары;


18 – Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатының – 698, 44,30,82,74,1179 қорлары; – Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының – 121, 165, 630, 2274, 7 қорлары; – Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының Шымкент филиалының – 40, 11,16, 8, 2247 қорлары; – Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағатының – 50 қоры және Жамбыл облысы әкімі мұрағатының – 10 қорлары; – Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатының – 1, 2 қорлары – Қызылорда облысы әкімі мұрағатының 6, 268 қорларының құжаттары мен материалдары пайдаланылды. Сонымен қатар, «Политические репрессий в Казахстане в 1937- 1938г.г.» [86] құжаттар жинағына ҚРПМ-ның қарастырылып отырған мәселе бойынша көптеген материалдары енген, мұның өзі жалпы көріністі түйсінуге және талдауға, республикалық және өңірлік масштабтағы репрессиялық іс-шаралардың жүзеге асу барысының жалпы және жалқы жақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Жинақтағы ғылыми - анықтамалық аппарат, тарихи жеке тұлғалар мен республиканың саяси қайраткерлерінің іс-әрекеттерін объективтілік тұрғысында зерттеуге игі әсерін тигізетіндігі сөзсіз. Осы тұрғыдағы жинақтар қатарына Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының Ғылыми Кеңесінің ұсынысымен шығарылған «Қазақстанның халық комиссарлары. 1920-1946: Өмірбаяндық анықтамалықты» да жатқызуға болады [87]. «Саяси қуғын-сүргіндер: шындық пен қауесет» [88] атты құжаттар жинағы Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи құжаттары жарияланымы ретінде тақырып бойынша көптеген қажетті материалдар беріп отыр, бұл еңбек ғылыми айналымға едәуір мұрағаттық материалдар енгізумен құнды. Өңірге қатысты құжаттар жинағы «К 1500-летию Туркестана» кітабында да кездеседі [89]. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы берген деректерінің негізінде жазылған «Азалы кітап- Книга скорби. Атылғандардың тізімі. Оңтүстік Қазақстан бойынша» - өзінің аты айтып тұрғандай қарастырылып отырған жылдары түрлі қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылып кеткен Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары туралы қысқаша деректер жариялаған [90]. Зерттеу тақырыбына байланысты қажетті мағлұматтарды «Сыр өңірі тарихы» [91] жинағынан да көптеп кездестіруге болады. Деректемелердің келесі тобын бүкілодақтық, республикалық және


19 облыстық деңгейдегі партиялық баспасөз материалдары құрайды, онда зерттеліп отырған мәселеге қатысты оқиғалар мен фактілер жетерлік. Бұл жерде төңкеріс теперішін көріп, босқан қазақтарға жәрдем көрсету мәселесін көтерген «Қазақ» [92], «Бірлік туы» [93] сияқты газеттерді большевиктердің бірден жауып тастағандығын айта кету керек. Сонымен қатар большевиктердің партия газеті қатысындағы мына бір жәйтке мән беруге болады. 1926 жылғы қараша пленумы қарарларын орындауға белсене кіріскен Ғ. Тоғжанов өз мақалаларында қазақтың ұлттық зиялылары С. Садуақасов, Ж. Мыңбаев, С. Қожановтардың аттарына қара күйе жаққаннан кейін, 1927 жылы 15-23 қараша аралығында өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің VІ партконференциясында [94] Ф. Голощекин: «Еңбекші қазақ» газеті Ғ.Тоғжанұлы келгенге дейін партия газеті болмай келді. «Еңбекші қазақ» партия ұйымы шығарып отырса да партия жолын қара бұқараға түсіндіретін газет болуға тиісті болса да, олай болмады»,- деп, Ғ.Тоғжановқа дейін «Еңбекші қазақ» газетіне редакторлық еткен С.Сәдуақасов, Т.Рысқұловтарды күстаналайды [95]. Расында, Ф.Голощекин өлкенің партия басшысы болып келгенге дейін қазақ баспасөзі ұлт жайын көбірек ұлағаттайтын. Бұдан кейінгі Қазақстанның «Еңбекші Қазақстан», «Социалды Қазақстан» аталынған партиялық баспасөз органы негізгі міндеттерін өз қожайындарының сойылын соғу деп ғана түсінген еді. Осы тұрғыда өз қатарластарынан асып түскен «Казахстанская правда» газетінің Оңтүстік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінге қосқан «үлесі» қомақты болды. «Правданың» меншікті тілшісі К. Пухов дегеннің бас редактор Мехлиске хат жазып, онда: «Досовтың барып тұрған буржуазиялық ұлтшыл екендігі анық… Досов өзінің маңына Саибов сияқты (Сайрам аупарткомының бірінші хатшысы- С.Б.) ұлтшылдарды жинап алған, сөйтіп оларды қорғап қызметтерін өсіреді, ал партияға шын берілген адал қызметкерлерді қудалап, күн көрсетпейді. Досовтың дұшпандық іс-әрекетін соқыр ғана көрмеуі мүмкін»,- деген саяси сөз тасуға көбірек ұқсайтын бұл хатынан кейін «Казахстанская правда» одан әрі даурығып, мұның соңы 1937 жылдың 18 қазанында газеттің сынын орынды деп тапқан Оңтүстік Қазақстан ҚК(б)П обкомы бюросының халық жауларын ешбір аяусыз әшкерелеуі тұрғысындағы қаулысына ұласқан еді. Көп ұзамай, Ә.Досов 1937жылы 28 қарашасында тұтқындалып, келесі жылдың наурызында ату жазасына кесіледі [96, 67-70 бб.]. Зерттеу жұмысының теориялық және әдістемелік негізін Қазақстан Республикасының мемлекеттік актілері, ҚР Президентінің Жолдаулары, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұзақ мерзімді стартегиялық құжаттары мен шығармалары құрайды.


20 Заңдық күші бар бұл материалдарда қазіргі заманның тарихи дамуындағы нақты мәселелері бойынша теориялық дайындамалар (разработка) беріліп, ХХ ғасырдың – 30 жылдарындағы Қазақстанның саяси тарихындағы бірқатар оқиғалар қазіргі заман тұрғысынан мазмұндалады. Жалпы алғанда қазіргі замандағы тарихи талдау методологиясының ғылыми принциптері ретінде қоғамдық ой - сана тарихында толысқан әртүрлі методологиялық көзқарастардың жиынтығын айта аламыз. Осыған орай тарихи принциптіліктің гносеологиялық, танымдылық маңыздылығы есепке алынбауы мүмкін емес. Жалпы, өзінің тұрпаттық маңыздылығында тарихи принциптілік: болған оқиғаға оның уақыт салып өзгеретіндігі, дамитындығы тұрғысынан қарайды»[97]. Тарихи принциптіліктің екінші бір жағы оның объективтілігінде, яғни құбылыстардың дамуын сол қалпында, қазіргіні ескіртпей және ескіні жаңаламай, нақты тарихи жағдайлары мен байланыстарында берілуінде болса керек. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы - мемлекеттік мұрағаттардағы құжаттар мен тарихи әдебиеттерді оқып - білу және қорыту негізінде бірінші рет жаппай саяси репрессиялар қолдану мәселесін өңірлік деңгейде – ( Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары), қарастыру болып табылады. Мұның өзі Қазақ КСР - інде 1917-1939 ж.ж. қалыптасқан жалпы әлеуметтік-саяси жағдайларға үйлестіріліп және ішкі оқиғаларды әлемдік тарихи процесс құбылыстарымен байланыстыра отырып жүзеге асқан еді. Зерттеу жұмысы, соңғы уақытқа дейін біздің қоғамдық санамызда қалыптасып қалған, кеңестік кезеңнің қасіретті зардаптарын тек 1932-1933 жылдардағы алапат аштық пен күштеп ұжымдастыру және 1937-1938-жылдары жүргізілген жаппай репрессия саясатымен байланыстыру стереотипі түбірінен терістелгеннен кейін жазылып отырғандықтан, кітапта оның алғышарттарының кеңестік режимнің алғашқы күндерінен-ақ бастау алғандығы нақтылы фактологиялық материалдар арқылы дәлелденеді. - Тарихи ғылымда бұрын қолданылмаған, соңғы уақыттарға дейін белгісіз болып келген көптеген мұрағаттық материалдар арқылы Оңтүстік Қазақстандағы 1917-1938 жылдардағы саяси репрессияларға байланысты орын алған жағдайлар осы мәселеге жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді. - Еліміздегі қоғамның саяси жүйесін реформалау бағытына сәйкес тарихнамалық тізбеде және күнделікті баспасөз беттерінде жарияланған, зерттеу тақырыбына қатысты материалдарды жиыстыра отырып, Оңтүстік Қазақстанда аталған уақыт аралығындағы жаппай


21 саяси қуғын-сүргін нәубетіне байланысты орын алған жағдайларды жан-жақты ғылыми-тарихи тұрғыда ашу мүмкіндігі қарастырылады. - Нақты мәліметтер мен фактілер негізінде зерттеліп отырған аумақтың қоғамдық-саяси өміріндегі ішкі және сыртқы қарама-қайшылықтары объективті- гуманистік тұрғыдан тұжырымдалады. - Зерттеуде өңірлік ерекшеліктеріне байланысты бұрын қарастырылмаған мәселелер көтерілген. Сондықтан да автордың алдына қойған мақсаты тарихи шындықты еш бұрмаламай тазалық тұрғысынан ашу болып табылады. Зерттеу жұмысының қолданбалы маңыздылығы, қоғам өмірінде демократикалық процестердің барынша тереңдеп және оның саяси институттарының реформалануы жағдайында, өткен кезеңнің тәжірибесі ескерілуі керек екендігінде болса керек. Бәлкім, алдын - ала «тоталитарлық» қоғам мен «қазармалық социализм» немесе жаппай масштабтағы (кең ауқымда) саяси репрессиялар жоспарланбаған да болар, әйтеуір осындай декларациялардың ешбір жерде жарияланбағандығы анық. Дей тұрғанмен, қоғамды «индустриялық қоғамға» көшіру жағдайындағы әртүрлі себептер, дәл осындай кесапатқа алып келген еді. Қазақстанның саяси тарихында болған осы оқиғаларды түйсініп және оның Оңтүстік өңірдегі ерекшеліктерін ұғыну, ондағы ойластырылған қитұрқылар мен тарихи уақыт талайында тағдыр тәлкегіне ұшырағандардың өмірлік-бақилық өксігін түсіну әртүрлі деңгейдегі билік тұтқаларында мұндай қасіреттің қайталанбауына сеп болары анық. Оқу құралындағы кейбір ережелер мен тұжырымдарды, жергілікті билік пен басқарушы органдар ішкі саясат және қоғамдық келісім мәселелері бойынша шығарылатын шешімдеріне көмек ретінде пайдалануына болады. Ұсынылып отырған еңбекте қорытылып жүйеге келтірілген материалдарды лекциялық және үгіт-насихат жұмыстарында, әртүрлі деңгейдегі оқу орнында Қазақстан Республикасының тарихын оқыту барысында, және Қазақстан мен оның Оңтүстік облыстарындағы негізгі деген оқиғалардың бірқатарының мазмұнын ашу үшін пайдалануға болады. Жоғарғы оқу орындарында еңбектің мазмұны оқытушыларға арналған әдістемелік және арнайы семинарларда, сонымен қатар әртүрлі мамандықтардағы студенттер үшін секциялық арнайы курстарда қарастырылса болады. Кітаптағы мәліметтер бірінші қолдағы бар материал ретінде, тарихи-өлкетанушылық жұмыста жалпы тарихи түсініктерді өңір


22 тарихындағы жеке тұлғалар арқылы нақтылау мақсатында - өңірлік және жергілікті деңгейдегі басшылардың, ірі еңбек ұжымдары мен оның мүшелерінің, жекелеген адамдардың - осылардың бәрінің, өзінше немесе жоғарыдан келген бұйрықтар бойынша жауапты шешімдер қабылдау арқылы сол кездегі тарихи оқиғалардың толқынына тұншығып, тағдыр тәлкегіне ұшырағандығы туралы анықтамалар береді. Оқу құралы құрылымдық тұрғыда әрқайсысы үш параграфқа бөлінген үш тараудан, кіріспе мен қорытындыдан, деректер мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Тақырыптың мәнін ашу мақсатында пайдаланылған тарихи материалдар дәйектілікпен және кезең-кезеңге бөлініп қарастырылды.


23 1. ҚАЗАҚ АКСР-ІНДЕ 1920-1930 ЖЫЛДАРЫ ҚАЛЫПТАСҚАН ҚОҒАМДЫҚ САЯСИ ЖАҒДАЙ 1.1. Азамат соғысынан кейінгі елдегі әлеуметтік қарама-қайшылықтардың шиеленісуі Кеңес өкіметінің идеологиялық әсер ету органдары мен жазалау аппараттарының қалыптасуы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтары Қазақстан үшін, Ресей империясы сияқты, сонымен қатар жалпы әлем жағдайында қоғамдық-саяси процестердің шұғыл жеделдетілуімен сипатталады. Санаулы жылдар аралығында, тіпті кейде бір жыл ішінде қоғам өзінің жаңа даму кезеңіне еніп, оны терең сапалық өзгерістермен өте отырып ,келесі кезеңге көшті. Үш революция мен бірінші дүниежүзілік соғыс артта қалып, қазақ халқының мемлекеттігі тарихи тұрғыдан қабылдауға болатын шекарада қалпына келтірілді . Алмасып отырған әлеуметтік- экономикалық, саяси және мәдени жағдайларға сәйкес қоғамдық, саяси және ұлттық сана формалары да өзгерді. Дәстүрлі әдет-ғұрып бүліншілікке ұшырап, жаңа түсініктер қалыптасты, ол өз кезегінде тіпті де жаңа түсініктермен ауыстырылған еді. Осындай жағдайда адам санасы өтіп жатқан өзгерістерді түйсініп үлгере алмауы себепті жылдам ауытқып отырған тұрмыс салтына ілесе алмады. 1918 жылдың көктемінде Кеңес үкіметіне өз армиясы мен қалаларда шоғырланған мемлекеттік қызметкерлерін және осындағы «пролетариаттарды» азық-түлікпен қамтамасыз ету аса үлкен маңызға ие болған еді. Большевиктерге бұл жағдайдан шығудің екі мүмкіндігі болды: не қираған экономиканы ілдебайлап қалпына келтіру үшін ептеп нарықтық қатынастарды енгізу, немесе күштеу шараларын қолдану. Олардың екінші жолды таңдағаны белгілі. 1918 жылдың 29 сәуірінде БОАК–тың мәжілісінде сөйлеген сөзінде, Ленин: «Иә, майда шаруа қожалықтары, майда меншік иелері бізге, пролетарийлерге помещиктер мен капиталистерді құлатуға көмекке келуге даяр екендігі рас, бірақ біздің одан арғы жолымыз олардан бөлек. Олар ұйымдасуды, тәртіпке бағынуды ұната бермейді, олар – оның қас жауы. Дәл осы жерде біз осындай меншік иелерімен, осындай қожайынсымақтармен барынша ашық және аяусыз күресуіміз керек», - деген болатын [71, б.89]. Осыдан бірнеше күн өткеннен кейін азық-түлік халық комиссары дәл сол аудиторияда: «Мен барлық жауапкершілікпен мәлім етемін, сөз соғыс тұрғысында болып отыр – тек қолға қару алып ғана азық-түлік мәселесін шеше аламыз,- деді [71, б.89].


24 Петроградтағы мұндай кесапатты саясаттың салқыны Оңтүстік Қазақстан өңіріне тез-ақ жеткен болатын. Бүкіл елді қамтыған саяси дағдарысты экономикалық құлдырау күшейте түсті.1917 жылғы құрғақшылық нәтижесінде жылдың соңына қарай аштыққа ұшыраған жеке қожалықтардың саны: Әулиеата уезінде 44307,Ақмешіт уезінде 24810,Түркістанда 12296, Шымкент уезінде – 33618 еді [98, б.226]. 1918 жылдың ортасында-ақ Түркістан Республикасында азық-түлік жағдайы мүлдем қиындап кетті. Түркістанға Солтүстік Кавказдан, Россиядан, Сібірден тасылатын астық бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында аса ауыр жағдай мен темір жол транспортының жүйесіз жұмысы кесірінен мүлдем доғарылды. Өлкенің өз ішінде астық даярлау ісін жүйелі тәртіпке келтіру мақсатында атқарылған шаралар нәтижесіз аяқталды. Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Күн көрудің барлық көзінен айырылған халық баудай түсе бастады. Көшпенділер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 пайызын қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 пайызы қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп бір болыс ұйымдастыруға тура келді [99, 46-б.]. Осындай жағдайда ашаршылыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған БОАК-тың 1918 жылдың 9 мамырындағы «Азық-түлік Халық Комиссариатына нанның қорын жасырып және оны саудаға салғандығы үшін деревня буржуазиясына қарсы күресте төтенше өкілеттіліктер беру туралы»декретінің 7 бабында: «қолында артық наны бар және оны станциялар мен жинау және құю (себу) орындарына жеткізбегендер халық жаулары болып табылады және барлық мүлкі кәмпескеленіп, 10 жылдан кем емес уақытқа түрмеге жабылады»,- деп көрсетілген [100, с.98]. Осыдан кейін-ақ Түркістан республикасы ОК төрағасы үшін-Солькин, Түркістан республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы – Колеев, Азық-түлік комиссары – Казаков қолдарын қойған Қаулыда нанды өз пайдасы үшін саудаға салып жүргендердің ісі революциялық соттардың трибуналына берілетіндігі ескертіледі [101]. Дегенмен негізгі құрбандығы мұсылман халықтары, оның ішінде көшпелі халықтар болған сұрапыл аштықпен күресуге құрамына бірде-бір жергілікті халықтардың өкілі енгізілмеген жаңа үкімет селқостықпен қарады. Тіпті жоғарыдағы қаулыға қолы қойылған Азық-түлік комиссары – Казаковтың кейіннен, Түркістанның ашыққан халқы үшін Бұқарадан сатып алынған шәйді 3 млн. сомға Бұқаралық


25 саудагерлерге қайта сатып, ақшаны қымқырып кеткендігі туралы да айтылады [99, 48-б.]. Жергілікті жерлердегі мұндай берекесіздіктерді мына құжаттардан да көруге болады. «Әулиеата Депутаттар Кеңесі Атқару Комитетінің 1918 жылдың 7 қазанындағы, Хмелевскийдің төрағалығымен өткен мәжілісінде Қаракөл болысының қырғыздары (қазақтары) қырғыз (қазақ) Депутаттар Кеңесінің мүшелері Шолпанқұлов пен Кутенеевтің арызын тыңдап, онда алыпсатарлардың малын реквизициялауға жіберілген Шевяков пен Кольчугин басқарған қызыләскерлердің малы бар барлық қырғыздардың (қазақтардың) малдарын тартып алып жатқандығы айтылады. Депутаттар сонымен қатар Айдаралы Берденовтың сол қызыләскерлермен бірге жүрген аты-жөні белгісіз сарттың (өзбектің) Қаракөл болысының қырғыздарына (қазақтарына) егер 5000 сом ақша берсеңдер малдарыңа тимейміз дегендігін айтады». Бұл жерде іс тергеуге жіберілгенімен, большевиктер өздері қолдан ұйымдастырған аштықпен күресу барысында мұндай басбұзарларды сол кезде құртып жібермегені анық [102]. Ары қарай... «1918 жылдың 12 қарашасында Әулиеата уезінің аштарды тамақтандыру жөніндегі эмиссары Нұршанов Ақыртөбедегі аштар орналасқан киіз ұйлердегі жағдайға тоқтала келе, олардың сол күні тамақ ішпегенін анықтағандығын айтты. Осы орайда, Әулиеата қаласының тегін нан кәртішкелерін пайдаланып отырған қызметкерлер тізімінде (барлығы 34 адам) тек еуропалық нәсілдегі адамдардың аты-жөндері жазылғанына мөн беруге болады. Бәлкім, осы қаладағы жоғарыдағы және басқа да тізімге кіргендерді тамақтандыру ниетінде болса керек «500 қой қабылдаған ет дайындау бөлімінің төрағасы Ярувельский мен агент Столяров бұл іске белсенділікпен кірісіп, сатып алу құнын өздері белгілей отырып, етке және салоға (ол үшін шошқа майын да іздеттірген болар) қажеттілерін бөлек реттеген. Ауылдардағы аштықтан діңкелей бастаған қазақтарды «өз аштарын» қамтамасыз ету мақсатында одан әрі діңкелеткен белсенділердің бірі, Әулиеата уезінің солдаттар, жұмысшылар, шаруалар, депутаттар комиссиясының мүшесі Мечиков Үшбұлақ станциясынан қайтып келе жатқанда 15 атты қырғыздың (қазақтың) қуып жетіп, ақша талап еткенін, одан өзінің төрт рет мылтықтан оқ атып, әрең құтылғандығын жазады [103]. Саяси күштердің аталған өзіндік ерекшеліктері, қоғамдық санада, әсіресе азамат соғысы тәжірибесінде, кез-келген мәселе тек күш қолдану негізінде шешімін таба алады деген саяси түсініктің берік қалыптасуына алып келді. «Құқық күшін күштің құқына» айналдыру


26 формуласы үстем болып шықты. Сол жылдары қалыптасқан осындай ахуалды мына құжаттан да көруге болады. Онда Әулие-Ата уезі Алмалы болысының бес тұрғыны – Нурманбет Шакелов, Қалмұрза Тұяқов, Махамбет Жетпісбаев, Сейдуалы Рахметов және Кемелбековтер уездік депутаттар Кеңесіне: «осы жылдың 14 июнінде біздің болыстан жылқыларды мобилизациялау кезінде оларды жылқыларының саны 100-ден асатын бақуат адамдардан емес, өздерінің соңғы жылқысын берген кедейлерден тартып алды», - деп арыз түсіреді [104]. Бұл жерде арыз берушілер мәселесінің сиырқұймышақтанып кеткені өз алдына, кедейлерге бостандық әперуші большевиктердің заңсыз әрекеті тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Мұндай оқиғалар әрине аз болған жоқ,оларды кездейсоқ болды деп те айта алмайсың. Қазақстандағы жағдай мұнымен қатар басқа да факторларға байланысты күрделене түсті. Халықтың көпұлттылық құрамы ұлт мәселесін шешуде жаңа жолдар іздестіруді айқындаған еді, алайда оның орнына, ұлыдержавалық шовинизм мен ұлтшылдық пиғылдағыларды айыптаған делдалдық саясат біртіндеп үстем бола бастады. Зерттеліп отырған кезеңдегі Қазақстанның саяси тарихы үшін сол кездегі қалыптасқан және алмасып отырған жағдайда әрекет еткен саяси күштердің ерекшеліктерін анықтаудың да маңызы зор. Әрине, алғашқы кезде қарсы жақтардың арасындағы әскери қақтығыстар бірнеше күндер мен апталарда, тек кейбір жағдайда ғана бір-екі айдың ішінде жергілікті жағдай шеңберінде шешіліп отырған еді. Алайда 1918 жылдың наурызында үш жылдан аса уақытқа созылған қантөгісті азамат соғысы басталған болатын. Зерттеу тақырыбы тұрғысынан қарағанда бұл, қарама-қарсы тұрған саяси күштердің ә дегеннен-ақ саяси күрестің шектен шыққан формасын таңдап, ешбір ымыраға жүгінбегендігін көрсетеді. Билік басындағы большевиктер партиясының мұндай тәсілді таңдауы, олардың үнемі астыртын жағдайда әрекет жасап, билікке басқа саяси партиялармен одақтаспай, өзінше, қарулы көтеріліс арқылы келуімен байланысты болса керек. Буржуазиялық - помещиктік және буржуазиялық – демократия-лық, лагерьлердің де саяси икемділігінің, ептілігінің, үгіт-насихат жұмысын шебер жүргізу тәжірибесінің болмауы, олардың самодержавиенің күшімен бүркенуіне әкеліп соқтырған еді. Қазақстандағы социалистік жаңадан құру жағдайындағы маңызды фактордың бірі - Орталықтың түрлі жиналыстар өткізіп, көптеген қаулылар қабылдап және большевиктер партиясының көрнекті


27 қайраткерлерінің республикаға әкелу арқылы ел өміріне жіті мән беруінде еді. Мұндай ынталылықты негізінен екі жағдаймен түсіндіруге болады. РК(б)П мен оның басшылары үшін Коммунистік Интернационалдың жетекші күші ретінде, бұрынғы Ресей империясының отар аймақтарындағы қарымды жаңа құруларды іс жүзінде көрсетудің маңыздылығы зор болды. Метрополия мен отарлар қарым-қатынасы мәселесінде осындай тұғырнамада тұрған, басқа да еуропалық коммунистік партиялар «ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы туралы» ұранның коммунистік доктрина арқылы жүзеге аса алатындығына көзі жетуі керек болды. Сондықтан да тез арада жақсы жетістіктерге жету өте қажет еді. Большевиктердің осы пиғылды жүзеге асыру үшін жіберілген эмиссарларының алғашқысының бірі П.А.Кобозевке «Известия» газетінің корреспонденті, «Ел Реввоенсоветінің мүшесі және Кеңес республикасының Түркістан бойынша өкілетті өкілі қандай мәселелерді шешуге бара жатқандығын», - сұрағанда, - Кобозев: өзінің негізгі мақсаты Шығыс майданның Оңтүстік қанатындағы жауды талқандау екендігін, ол арқылы Түркістанға төте жол ашылатындығын атап айтқан болатын [105]. Мұның өзі Қазақстанның геостратегиялық орналасуына, яғни оның территориясы арқылы өтетін жолдардың Шыңжанға, одан әрі Британ империясының отарлық иеліктеріне баратындығына байланысты болса керек. Оңтүстік батыс бағыттағы Орта және Таяу Шығыс елдері мен еуропалық аймақта «әлемдік революцияның» - біртіндеп бәсеңдеуіне байланысты, Азия халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының маңызы арта түсті. Дегенмен билік басындағы партия мен үкімет Түркістан республикасының ұлттық өлке ретіндегі тарихи-объективті жағдайын түсінбеді, негігі бағыт ретінде Орталық Россияда іске асырылып жатқан шараларды Түркістанда қайталау мақсатын таңдады. Түркістан коммунистік партиясының ІУ съезінде сөйлеген сөзінде Т.Рысқұлов «большевиктік партия мен кеңес өкіметінің Түркістан өлкесінің жергілікті халықтарының әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық және діни өмірінің ерекшелік-терінің ескермей, ішкі Россияда іске асырылып жатқан шараларды мұнда да күштеп іске асыру саясатын ұстанғаны басмашылар қозғалысының өршіп кетуіне әсер еткендігіне» тоқталады [99, 83-б.]. Жалпы, қазақ зиялылары большевиктердің тап күресі туралы теориясын да қолдамады.Олардың түсінігі бойынша,қазақ қоғамы


28 Ресейдегідей таптық жіктелу деңгейінен алыс жатты.Ал сол тарихи кезеңде отарлық езгідегі қазақ жұртына қандай да болсын жіктелуден гөрі ортақ ұлттық мүдде негізінде бірігу ауадай қажет болды.Жіктелу,керісінше,оны әлсіретеді, негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік бермейді деп түсінді. Бүкілресейлік құрылтай таратылғаннан кейін,сол арқылы ұлттық автономия алудан үміттенген Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық та тереңдей түсті. Егер «Алаш» партиясына біріккен ұлттық интеллигенция большевиктерге қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені зорлап танушы,қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін жан ұшыра қорғайтын контрреволюциялық күш есебінде қарады [36, 179-б.]. Егер азамат соғысы алдындағы кезеңде, қарама-қарсы жақтар, билік пен саясат мәселесін, өзінің экономикалық және саяси қуаттарынан айырылған таптар мен сословиелердің күшін пайдалану арқылы шешуге тырысса. соғыс жағдайында қалыптасып келе жатқан Кеңес үкіметі, мәселені тиісінше, жаңадан құрылған мемлекеттік қорғау органдары күшіне сүйене отырып шеше бастады. Түркістан өлкесінде құрылған революциялық сот-тергеу мекемелері принципті түрде Ресейдің орталық аудандарында құрылған осындай органдарға сәйкес келді.Кеңестер билігі орнауы және уақытша үкімет институттарын жою жағдайында революцияға дұшпандықпен қараған адамдар мен қылмыскерлер тұтқындалып отырды. Соңынан 12 желтоқсанда Түркістан ХКК өлкедегі революцияға дейінгі соттарды жою және РКФСР ХКК–нің Декретіне сәйкес жаңа сайланбалы соттарды құру туралы бұйрық шығарды [106, б.116]. 1917 ж. желтоқсанында Солдаттардың,жұмысшылар және шаруалар депутаттарының Сырдария облыстық Кеңесінде «Сырдария облыстық ХКК туралы Ережесі» бекітілді.Облыстық ХКК 11 комиссардан тұрды.Олардың бірі юстииция комиссары болды [107, б.48]. 1918 ж. көктемінде Сырдария облысында округтық соты құрылды. Дегенмен, Перовск (Қызылорда), Верный (Алматы) қалаларының ескі сотының шенеуніктері Кеңес үкіметі декреттерінің қанқұйлылығына байланысты өз шешімдерінде оларға сүйенбеді. Осыған байланысты 1918 жылдың сәуірінде шыққан Түркістан республикасының Юстииция халық комиссариатының Қаулысында «Әрекетсіздік пен саботажға қатысты қылмысы бар сот орындарының


29 қызметкерлері революциялық трибуналдың сотына өткізіледі»,- делінген [107, с.65]. Сол 1918 жылы Сәмбет болысының №3 ауылынан Әулиеата уездік комиссарына рапорт жазған Сақыш Саурықов (бәлкім, сол ауылдың болысы. Еск. автордікі) өз болысындағы бұрынғы бидің орнына жаңа халық сотын сайлауға рұқсат сұрайды. Саурықовтың өз қолын арап әрпімен қойып, рапортты орысша сауатты жазғанына қарағанда,мұның ұйымдастырылған шара екендігіне мән беруге болады [108]. Халық соттарының Сырдария облыстық Кеңесі өзінің жұмысын 1919 жылдың 15 тамызында бастады. Облыстық сот құрамындағы 10 адамның төртеуі мұсылман бөлімінде, алтауы орыс бөлімінде қызмет атқарды. Штат кестесі бойынша учаскелерде мұсылман соттары – 32, орыс соттары – 30 болғанымен, іс жүзінде солардың 58 – і ғана жұмыс істеген еді. 1919 жылдың 17 маусымында Түркістан республикасы ХКК үкім шығарып, онда: «осы жылдың 1 тамызынан бастап Түркістан республикасындағы мұсылман соттарын, қазылар мен билерді, сонымен қатар олардың съездерін де біртіндеп бірыңғай халық сотымен ауыстыру туралы, ал облыс қалалары мен оның уездерінде бұл істі ертерек бітіру» туралы айтылады [107, с.100]. Осы орайда большевиктердің «халықтық сотының» тұрпатына мына құжат арқылы мән берсек, онда Әулие-Ата уезіндегі сот мәселесі жөніндегі Ережеде былай деп жазылыпты: «Бұрынғы ескі мировой судьяның орнына үш адамдық алқалы сот құрылсын, олардың екеуі орыс болуы міндетті, біреуі жергілікті жердің қазағы бола алады. Оның өзі орыс тілін жақсы меңгеруі қажет» [109]. Міне, осылай. Қазақтардың тағдырын сол кезде кімдердің шешкенін осы құжат айқын-ақ көрсетіп тұр. Келесі қадам Ташкент Кеңесінің 1918 жылдың 16 қаңтарындағы қаулысына сәйкес революциялық трибуналдың құрылуы еді. Трибунал әрқайсысы төрт адамнан тұратын екі тергеу комиссиясынан құралды, олар өз кезегінде контрреволюция, ұрлық, алыпсатарлық пен тонаушылық істерін қарап отырды. Сырдария Облыстық Революциялық Трибуналы 1919 жылдың шілдесінде құрылды [110]. Соңынан, 1918 жылдың 9 қыркүйегінде ТүркОАК № 35 бұйрығы бойынша контрреволюция мен саботажға қарсы күресу жөніндегі төтенше тергеу комиссиясы құрылды. Төтенше тергеу комиссиясының алғашқы төрағасы болып большевик А.С. Сидоров сайланды [18, бб.71-72]. Трибуналдар мен төтенше тергеу комиссиялардың жазалау


30 функцияларының мазмұны бастапқыда төзімділік сипатта болды. Контрреволюциялық әрекеттері үшін тұтқындау, кінәләу сипатында болып, тұтқындалғандар жұмысшы-шаруа үкіметімен белсенді күресін бұдан былай доғаратынын айтып, жазған өтініші негізінде бостандық алды. Революциялық трибуналдар да өз үкімдерін жеңіл, немесе шартты түрде жазалау арқылы шығарып отырды. Әйтсе де мұның бәрі осылай жалғаса бермегені белгілі. Түркістан республикасында жарияланған №3 бұйрықтың көшірмесінде: «Ташкент қаласы, басқада өлкенің орталықтары секілді еттен қатты ашығуда, мұның себебі: мал өсірушілердің саудагерлік сипатында. Осыған байланысты барлық малы бар азаматтар екі аптаның ішінде өздеріндегі бар мал басына мәлімет беруі керек. Кері жағдайда олардың малы кәмпескеленеді» [111],-делінген. Ары қарай Әулиеата уезіндегі азық-түлік комитетін басқарған Гурбенконың осы бұйрыққа сәйкес уездегі малдардың тізімін беруге міндеттілігі айтылады. Құжаттың 1918 жылдың қарашасында жазылғандығын ескерсек, оның біраз мәселенің басын ашып тұрғаны айқын. Сәл қатаң шаралар мемлекеттік мекемелер қызметкерлері мен өнеркәсіп кәсіпорындары иелерінің саботажына қарсы күресте қолданылды. Көтеріліске шыққан қызметкерлер зейнеткерлікке шығарылмай жұмыстан босатылатындығы туралы ескертіліп, көтеріліс жетекшілері мен бастамашылары жұмыстан қуылды. Түркістан ХКК –нің 1917 жылдың 29 қарашадағы қаулысы өнеркәсіп кәсіпорындарын жабуға қожаларына тиым салды. Кері жағдайда кәсіпорын национализациялануы мүмкін еді [18, бб.94-95]. Жаңа үкімет органдары қызметінің тағы бір бағыты оның контрреволюциялық баспасөзбен күресі еді. Кеңес үкіметіне қарсы мерзімді баспасөз басылымдарының үгіт-насихат жүргізу әрекеттері баспасөз туралы Декретке орай, олар жұмысшы және шаруалар үкіметіне бағынбауға немесе оған ашық қарсыласуға шақырған жағдайда, осы әрекеттер бұрмалану факторлары арқылы бүлікке бастау пиғылын тудырады, - делініп, бұл басылымдар жабылып тасталынды [112, б. 217]. 1917 жылдың 12 желтоқсанында Түркістан ХКК « Туркестанский вестник» газетін бүлік пиғылын тудырушы (себуші) ретінде жауып тастады [18, б.98]. Жалпы қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде ұлт тілінде шығып тұрған газет-журналдарға бүгінгі күн тұрғысынан талдау жасай отырып сол кездегі большевиктер қитұрқысын қырағылықпен сезіне білген деректерге назар аударасың. «Бірлік туы» газетінде Сұлтанбек Қожанұлының «Түркістандағы орыс сиездері», -


31 атты мақаласында ұлтжанды азамат: «Өткен жылғы ноябрь басынан бері Түркістан аймағының билігін қолдарына алып, өз үкімін жүргізіп, миллионнан астам мұсылмандарды, оларға қоса көп крестиандарды елеусіз етіп, 5-6 болшеуик Түркістанды билеуге бел байлап отыр. Түркістан аймағының мұсыманы бар, басқа халықтары бар, бұларды қаңтардағы бурадай ауыздарынан көбіктерін ағызып, сақылдатып қоя ма, жоқ болмаса бір нәрсе дей ме, оны келешек көрсетер, - деп заманның жүре бара түзеліп кетуіне ниет артса, Балғынбайұлы Қайретдиннің «Тұла бойы қан сасиды», - атты мақаласында 13 қаңтар мен 10 ақпан аралығындағы Түркістандағы большевиктердің қанды қырғыны туралы баяндай келіп… Бұл сықылды масқаралыққа шыдап та мұсыман рухы қалайша бықсып жата береді? Адамзаттың ең қасиетті құқықтарын таптап кінәсіз қанын судай шашқан бұл сұмдықты не деп айтуға сөз таба алмайсың. Мен түгіл бұл масқаралықты жазбақшы болған тарихшы да оған ұнамды ат қоя алмас [113, 40-б.], - деп күйзеледі. Әрине мұндай газеттерді большевиктер жапты. Түркістан өлкесіндегі азамат соғысы алдындағы ірі саяси процесс Уақытша үкіметтің Бас коммисарының көмекшісі граф Г.И. Дорердің үстінен болды. Сотталушыға Кеңес үкіметінің Ташкентте орнауына қарсы болып – революциялық пиғылдағы гарнизон бөлімшелерін қарусыздандырды ,қарулы қарсылық ұйымдастырмақшы болды деген айыптар тағылды. Сот талқысы 1917 жылдың 3-5 желтоқсан аралығында кінәлаушылардың, ант берген (присяжный) заседательдердің, куәгерлердің және басқа да өз еркімен сотқа келген адамдардың қатысуымен өтті. Присяжныйлар соты шығарған үкім бойынша айыпкер (3 жыл) алты айға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген фактілер жаңа үкіметтің азамат соғысы қарсаңында қарсыластарына қолданған репрессиялық шараларының салыстырмалы түрде ұстамдылық сипатта болғандығын көрсетеді [18, б.108 -112]. Жеңіске жеткен Кеңес үкіметі қатаң жазалау шараларын қолданудан гөрі, кешірімділік жасауға бейім тұруы өз жақтастарын көбейту мақсатында болса керек. Азамат соғысында жағдай түбірінен дерлік өзгерген еді. Петроград ТК-сының төрағасы М.С. Урицкийдің өлтіріліп, Москвада В.И. Ленинге қастандық жасалынғаннан кейін қызыл террор туралы қаулы қабылданады. Қызыл террор соттан тыс репрессивтік әсер ету формасы ретінде саяси күштердің оппозициялық биліктегі көрнекті өкілдерін кепілдікке алуды қарастыра отырып, оларға жазалаудың ең жоғары шегі ату жазасына дейін барған соттан тыс репрессиялық шаралар қолданды. М.С. Урицкий мен В.И. Ленинге


32 қастандық жасаушылар Л.Канегиссер мен Ф. Каплан БТК алқасының қаулысы бойынша атылып, осы іс-шаралардың алғашқы құрбандары болды. Қызыл террордың тағы бір маңызды салдары БТК түріндегі репрессивтік органдардың бұрын ол болмаған аймақтарда құрылуы еді. Осылай РКФСР ХХК-нің «Қызыл террор туралы» Қаулысына сәйкес Түркістан республикасының ОАК-і мен ХКК-сі 1918 жылдың 5 қыркүйегінде «барынша кеңейтілген өкілеттіліктерімен Төтенше тергеу комиссиясын» құрды [21, б.53]. Осыдан сәл кейін шыққан БОАК-нің 1918 жылдың 28 қазанындағы Декретінде жергілікті Төтенше Комиссарларды «Қызыл террор» жағдайындағы үйлестіру мәселесі қаралған. Декреттің 9 бабында: «Жергілікті ТК (ЧК) мүшелерін жергілікті атқару комитеттері, тағайындайды және кері қайтара алады.». делінсе, 10 бабында: «Жергілікті ТК (ЧК) төрағаларын жергілікті атқару комитеттері тағайындайды, және оны БТК (ВЧК) бекітеді»,- делінген. Ал, 11 бапта: «ТК (ЧК) – ның жоғарғы органдары төменгі органдарға өз өкілдерін шешуші дауыс құқында жібере алады», - дей келе; Одан әрі,12-бапта: «Жергілікті ТК(ЧК) аулылырының жоғарғы инстанциядағы төтенше комиссиялармен тоқтатыла алатындығы», - көрсетілген [114, б.63- 64]. Бұл жерде Орталықтың «шаш ал десе бас алатын» өз адамдарын төтенше комиссиялардың барлық деңгейінде ұстап отыруға белсене кіріскендігі айдан-анық болса керек. Ал жергілікті партия белсенділері бұл органда жүзеге асырылуға тиісті қитұрқы саясаттан секемденіп, ТК –да жұмыс істеуден ат –тонын ала қашқан кездері де болды. Осылай РКП(б)-ның Әулиеата уездік –қалалық мұсылман бюросының 1919 жылдың 19 қазанында өткізілген мәжілісінде ТК жанынынан құрылған мұсылман жасағы мүшелерінің оларды осы жасақ құрамынан босату туралы арыздары қаралып, қорытындысында «оларды әскери іспен шұғылдануынан босатып, бюроның қарамағына беру» туралы қаулы қабылданады [115]. Керісінше, 1919 жылдың 14 қыркүйегінде Қ. Сарымолдаевтың төрағалығымен өткен РКП(б) Әулиеата ұйымының уездік комитетінің мәжілісінде уездік ТК (ЧК) Төрағасы Жылысбаевтың Меркеден Гребенников пен Прыгуновты ТК (ЧК)-ға қызметке шақыру туралы ұсынысын мақұлдайды.Сонымен қатар осы мәжілісте ТК құрамына бірнеше комиссар барлаушылардың да кандидатура-лары бекітіледі [116].


33 1919 жылдың 6 мамырында «Төтенше Комиссиялар туралы Ереже» қабылданды. ТүркТК-ның алқалық құрамына Юстиция ХалКомы мен ІІХК-ның өкілдері кірді. ТүркТК-ның алқалар кеңесі облыстарда ТК бөлімшелерін құру барысында Сырдария облыстық ТК-сын құрмай, оның уездік бөлімшелерін ғана ашумен шектелді. Тек 1920 жылдың 6 сәуірінде ғана ТүркОАК-ның бұйрығымен 5 облыста, соның ішінде Сырдария облысында ТК құрылды. 1920 жылдың 17-сәуіріндегі Сырдария облыстық революциялық комитеті мен Партияның облыстық комитетінің біріккен Мәжілісінде Сырдария облыстық төтенше комиссиясының Төрағасы болып Кудрявцев тағайындалады [117]. Уездік ТК–лар керісінше жойылып, олардың орнына ТК-ның жоғары тұрған бөлімдерінің тапсырмаларын орындап, оларға уездегі қоғамдық-саяси ахуал туралы ақпараттар беріп отыратын саяси бюролар ұйымдастырылды. БТК-ның түркістан территориясындағы толық өкілетті өкілі болып 1920 жылдың 19 сәуірінде Г.И.Бокий тағайындалды. 1920 жылдың тамызында осы қызметте оны Я.Петерс алмастырған еді. Осы Петерстің ұсынысы бойынша Ташкент төтенше комиссиясы құрылып, оған Сырдария облысындағы жұмыстарды қоса атқару жүктелінді. [21, б.72] Түркістан республикасының Азамат соғысының аяқталу кезеңіндегі ТК органдарында бұрынғы барлық ірі шенеуніктердің, патша әкімшілігі жандармдары мен полицейлерінің, ірі фабрикалар, заводтар мен сауда кәсіпорындары қожайындарының тіркелуі туралы контрреволюцияға қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссияның шешімі алғашқы жаппай соттан тыс іс-қимылдарының мысалы бола алады. Айтылып өткен қаулының негізінде шыққан 1920 жылдың 29 маусымындағы «БК(б)П-ның Түркістандағы мәселелерінде» сондай-ақ: «бұрынғы барлық полицияның, жандармерияның, жасырын полиция бақылаушыларының ірі шеніндегілері мен бұрынғы ірі Ресей кәсіпорындарының басқарушыларын Түркістаннан Ресей концентрациялық лагерлеріне жер аудару» ұсынылып 1921 жылдың басына қарай Түркістан республикасы аумағынан 2 мыңнан аса Кеңес үкіметіне дұшпандық көзқарастағы элементтер жер аударылды [118, б. 179]. Азамат соғысының аяқталып, Кеңес үкіметінің жаңа экономикалық саясатқа көшуіне байланысты бір-бірімен қарама-қарсы күрестегі күштердің арасалмағы өзгерді. Егер, Азамат соғысы басталар кезінде күрес биліктің жергілікті жерде орнауы үшін болса, кейіннен


34 ашық қарулы күрес шетелдіктердің көмегі арқасында жүргізілді. Азамат соғысындағы жеңіліс оппозициялық саяси партия өкілдерінің саяси аренадан кетуіне әкеліп соқты. Дегенмен, Түрік республикасы ТК(ЧК)-сы 1920 жылы Әулиеатадағы оңшыл-эсерлер ұйымын анықтап,олардың: §1. Большевиктерге қарсы ұйым құрып жатқандығын. §18. Ұйымның Англиямен байланыста екендігін. §25. Кеңес Депутаттары мүшелерін өз ұйымдарына тартып жүргендігін. §31.Үгіт-насихат бөлімінің шаруалардың жұмысшыларға деген өшпенділігін қоздыруды мақсат еткендігін анықтай отырып, әрине мұндай «революция дұшпандарын» талқандады [21, б.127]. Осылай, Түркістан ТК (ЧК)–сы қатаң жазаға тартқандардың қатарына 1920 жылдың қыркүйегінің соңында Врангель тарапынан Ленин мен Троцкийге қастандық жасауға жіберілген штабс-капитан Новицкий мен оның екі көмекшісі де қосылған еді [119]. Кеңес үкіметі, әрине төтенше комиссиялардың жағдайын үнемі нығайту үстінде болды. Түркістан Республикасы ТК (ЧК)- ның орынбасары Приворотский 1921 жылдың 23 наурызындағы барлық облчекалар мен Саяси бюроларға арналған Бұйрығында: БТК (ВЧК) қызметкерлері мен әскерлеріне ерекше жағдай жасалынып, олардың саяси және кәсіби біліктілігін арттыру туралы іс-шараларды жандандыру қажеттігіне тоқталады. Тез арада ВЧК (БТК) әскерлерлері бөлімшелеріндегі (қатарларындағы) сауатсыздықты жоюды тапсырады [120]. Сонымен қатар, елдегі жалпы ахуалды бақылауда ұстау мақсатында РКФСР ХКК-ның 1921 жылғы 10 ақпанындағы қаулысымен ІІХК-на жергілікті жерлердегі халық комиссариаттарының тыныс-тіршіліктерін жіті қадағалап,жергілікті атқару комитеттеріне түскен арыз-шағымдартуралы Кеңес үкіметіне үнемі баяндап отыру міндеттелді [121, б.201]. Бұған елдегі әлеуметтік-саяси жағдайдың халықаралық оқшауландыру жағдайында шиеленісе түсуі себеп болған еді. Билік басындағы партия мұндай мәселелерге өзінің жауабын БК(б)П-ның ХІІ Жалпыресейлік конференциясының қаулысында анық көрсетіп, онда: «өзінің контрреволюциялық мақсатында корпоративтік мүдделерін ғана көздеген, шынайы ғылымның - техниканың, педагогиканың және кооперацияның мәселелерін мансұқ ете отырып, саяси бүркемеленген, партияда жоқ іспетті (мнимобеспартийный)


35 буржуазиялық–демократиялық зиялылардың саясаткерсымақ басшы-ларына қарсы репрессиялар қолданудан бас тартуға болмайды» [122, б.39], - делінген. 1921 жылдың қаңтарында БТК–ның төрағасы Ф.Э.Дзержинский: «белсенді күрес жүргізе алатын барлық күдіктілерді есепте ұстап, анықтап, тексеріп отыру керек. Бұл бірінші кезекке шығуы тиіс орасан зор ақпараттық жұмыс», -деген еді [21, б.418-419]. Түркістан өлкесінде қарастырылып отырған кезеңде панисламизм және пантүркизм идеялары нақты таратыла бастаған еді. Мұның өзі қызметі – 1922 жылы тоқтатылған «Ұлттық бірлестік комитеті» - ұйымының құрылуынан да көрініс тапқан болатын. Әулиеата уезі қалалық төтенше комиссиясының қызметкері Хамит Расулкариевтың арандатушылығының арқасында аталған ұйым әшкереленіп, жойылады. Бұл оқиғаның мәнісіне келсек, «Ұлттық бірлестік комитетінің» жергілікті ұйымының жетекшісі бұрынғы саудагер Шүкір Мұхаммедов Хамитті осы ұйымға тартуға тырысады. Осы арқылы Расулкариев ұйымда «жұмыс істеп», оның құрылымын, жоспарлаған акцияларын анықтайды [21, б.143]. Аталған комитеттің панисламистік және пантүріктік бағыттағы іс-әрекеттері мен ұйымның басмашылармен тығыз байланыстылығы анықталып, 1922 жылдың қыркүйегінде айыптаулар қорытындысы негізінде ұйым жетекшілерінің бірі Муэтдин мен оның жеті бірдей сыбайластары Түркістан майданының әскери революциялық трибуналының шешімімен ату жазасына кесілді [23, б.46 - 47]. Бұл жағдай қазіргі заман тұрғысынан қарағанда түсінуге қиын да болар, бірақ жекелеп алғанда, мәселе террорды кімнің бірінші бастағанында емес, әлеуметтік қарама-қайшылықтық шиеленісуі мен қарама- қарсы жақтардың мәдениет деңгейі оны шешудің бір-ақ жолын - өз қарсыластарын жоюды қарастырғандығында еді. Яғни латын тілінен аударғанда қорқыныш, үрей ұғымдарын білдіретін террор анықтамасы шын мәнінде «қорқыту», «үркіту» құралына айналды [123, б. 372-373]. Кеңес үкіметі панисламизм мен пантүркизм идеяларының таратылуына қатаң шектеулер қойды. Жалпы империя жағдайында-ақ тек қазақ және татар елдері арасында ғана емес, жалпы ресейлік мұсылман, түркі халықтары көлемінде көрінген бұл табиғи өзін-өзі сақтау ниетінен туындаған ынтымастыққа, ұлыдержавалық ұстанымның идеологтары панисламизм, пантюркизм айдарын тағып, реакциялық мағына беруге тырысты. Өз ретінде бұл әдісті империялық күштер іліп алып кетіп, мемлекеттік саясаттың құралына айналдырды.


36 Ал шын мәнінде мұсылман, түркі халықтарының метрополия алдында өздерінің табиғи талаптарын бірігіп қоюға ұмтылушылықтан басқа ешқандай да ұйымдық негізде саяси әрекетке көшпегендігі анық. Орыс миссионерлері мен шенеуніктері отарлық езгідегі елдердің өзара ынтымақтасуына түрткі болған мемлкеттік саясаттағы әділетсіздік екендігі жөнінде көп ойлап бас ауыртпады. Басқаша айтқанда, «панисламизм» мен «пантюркизм» идеясы саналы түрде ұлт азаттық қозғалысқа қарсы қойылған құйтырқы күрес әдісі болатын [36, 194-б.]. Жалпы алғанда Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі жаңа экономикалық саясат салыстырмалы түрде тыныш өтті. Жер-су реформасы, ұлттық межелеу нәтижесінде Қазақ АКСР-ның құрамына Жетісу мен Сырдария облыстарының енуі жалпы жағдайдың жағымдылығымен қатар, саяси ахуалдың реттелуіне де септігін тигізді. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық және этносаяси қарама-қайшылықтар әлі де сақталған еді. БК(б)П көрсетілген кезеңде саяси тәжірибедегі сенімсіз қимылдары анықтағандай қиын аморфтық (тұлғасыз, формасыз) жағдайда болды. Қазақстандық өлкелік партия ұйымының жай-күйі де осындай болатын. 1924 жылдың 8 ақпанында Әулиеата уқалкомы атқару бюросының мәжілісінде Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы Қ.Сарымолдаевтың «ауыл шаруашылығы салығын жинау барысында жіберген келеңсіздіктері үшін (байлардың кейбірін салық төлеуден босатып жіберген) Көшербаев пен Әділбековтердің істерін тезірек аяқтау» туралы телеграммасы талқыланып, онда: Бақылау Комиссиясы өкілдері Уқалком директиваларын орындамай отырған мемлекеттік прокурордың көмекшісі Будаевтың (партия мүшесі) әрекетсіздіктерін анықтап, өз қорытындыларын Уқалкомның атқару бюросына өткізулерін тапсырады [124]. Халық шаруашылығында негізгі экономикалық мәселелер қалпына келтіріліп, техникалық реконструкция жасалынып, бейбіт құрылысқа көшу жағдайында мемлекеттік билікті қорғау органдарын қайта ұйымдастыру (реорганизация) жүргізілді. 1922 жылдың 6 ақпанында БТК Мемлекеттік саяси басқарма (МСБ) болып қайта ұйымдастырылып, ол Ішкі істер халық комиссариаты құрамына енгізілді, Революциялық трибуналдар жойылып, МСБ–ның өзі тергеу органына айналды, ол контрреволюцияға қарсы күрес істері жөніндегі алдын ала тергеу органы болды. Істерді қарау мен үкімдер шығару сот мекемелерінің компетенциясына берілді. Жалпы, бұл атаулардың өзгеруі нені білдірді? БТК төтенше комиссия болған еді, оның осы атының өзі-ақ оның өмір сүруінің уақытша мазмұнын көрсетіп тұрғандай болатын.


37 МСБ болса мемлекеттің үнемі қырағылықтағы саяси бақылау және репрессиялар жүргізу институты болып табылатын еді. Олай болса аттардың өзгертілуінің астарында террорға үздіксіз статус беру арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы кикілжіңдерді шешу мәселесі заңдастырылғаны көрініп тұр [71, б.141]. Сонымен қатар 1922 жылдың 19 мамырындағы Лениннің Дзержинскийге жазған хатынан кейін, сотсыз, тек МСБ –ның қаулысы бойынша «профессура, дәрігерлер, агрономдар, әдебиетшілер арасындағы белсенді контрреволюциялық элементтерді» жаппай Ресейдің Солтүстік губернияларына немесе шетелге жер аудару жүргізілді [71, б.142]. Әкімшілік жер аудару, осы арқылы, құқықтық іс-қимылдың нормасына айналды, мұның өзі бұдан да қатал соттан тыс іс-шараларға әкеліп соқтыруы әбден мүмкін еді. Осылай, Әулиеата уезі Таулы ауданының партия ұйымдастырушысы Чановтың, №2 бөлімшесінің халық соты, ТКП мүшесі Артықбаев Қадырқұлдың үстінен жазған жасырын хатында (секретное донесение) оның Қаракөл болысында рулық дүрдараздық тудыра отырып,басбұзарларды біріктіріп, қолдарына сойыл алып,болыстың кеңсесін талқандамақ болғанын жазады. Осыған байлансты ТКП Әулиеата уқалкомының шешімі мынадай болды: 1. Уатком фракциясына Артықбаев бастаған рулық дүрдараздықты қоздыруға қатыстылардың барлығын шақырып, мәселені анықтау. 2. Бақылау Комиссиясы өкілдеріне Артықбаевты партиядан шығару мәселесін хаттау. 3. Істі тексеру аяқталғаннан кейін оны әкімшілік комиссияға беріп, мұндай қаскүнемдерді Әулиеата уезі аумағынан кетіру [125]. Зерттеу тақырыбының тағы бір анықталар тұсы аталған мерзімде биліктің барлық деңгейінде көсемге жеке берілгендіктің, көсемділіктің (вождизм) қалыптаса бастауы еді. Бұл кезеңде партиялық пікірталаста әрбір фракциядағы немесе белгілі бір тұғырнамадағы көсемнің жеңілуі, оны жақтаушылар мен жолын қуушыларға шара қолдануға ұласатын. Мұның өзі саясатта жіберген қателіктері үшін өте аяусыз түрде жауап беретін уақыттың таяп қалғандығын білдірді. 20- жылдардың соңына қарай БК(б)П идеялық сипатта біртұтас (монолитті) қалыптасып, ішкі партиялық алауыздықтан азат етілді, партиядан бөлек оппозиция болмауы себепті, халықаралық коммунистік қозғалыста үстемдік етті. Мұндай нақтылы мүмкіндіктің


38 болуы, қоғамдық өмірдің барлық салаларында қатал әкімшілік–командалық әдістерге көшу пиғылын тудырды. Мемлекеттік құрылыс тұрғысынан алғанда әсерлі орталықтандырылған аппарат құралып, жазалау органдары күшейтілді. Мемлекеттік саяси басқарма (МСБ) КСРО ОАК Президиумының 1923 жылдың 2 қарашасындағы қаулысымен КСРО ХКК жанындағы Бірлескен мемлекеттік саяси басқармаға (БМСБ) кейіннен, КСРО ОАК-сының 1934 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен ІІХК-ның Негізгі мемлекеттік қауіпсіздік басқармасына (НМҚБ) атын ауыстырған еді [71, б.86]. 1923 жылдан басталып 1927 жылға дейін жалғасқан кеңес үкіметі мен қоғам арасындағы қарама-қайшылықтың бәсеңдеуіне байланысты 1953 жылға дейінгі кезеңде алғаш және соңғы рет қысқартуға ұшыраған БМСБ органдарының құрамы 1925 жылы 26000 азаматтық қызметтегілерден және 63000 әскерилерден тұрды. Бұған осы органға қызмет еткен 30000 тыңшыларды қоссақ, кеңестік жасырын полицияның қызметіне нұқсан келе қоймағандығын көреміз, ол бұрынғыдай ішкі қауіптен елді қорғауда өзінің позициясын жоғалтпады [71, б.145]. Тиісінше, Түркістан республикасы аумағында 1922 жылдың 28 наурызында МСБ-ның Түркістандық бөлімшесі, облыстарда МСБ-ның облыстық бөлімшелері құрылды. 1923 жылдың 2 қарашасындағы қаулысымен КСРО ХКК жанындағы Бірлескен мемлекеттік саяси басқармасы (БМСБ) одақтық және автономиялық республикаларда құрылып, жергілікті кеңестерде атқару комитеті жанындағы саяси бөлімдерден тұрды. Аталған органға берілген өкілеттіліктер, олардың ешбір жауапкершілікті сезінбей-ақ талай шектен тыс шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Осылай, БК(б)П Әулиеата укомы хатшысының (Голышкин. | БК(б)П Сырдария Губкомының жауапты хатшысы Каучуковский мен Губкомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Есқараевқа жазған саяси хатында Әулиеата уезінде экспедициялық сапарда жүрген О.Жандосов пен В.Соколовскийдің Мерке ауданында, жергілікті парткомға ескертпей 9 халық соты мен тергеушілерді,олрдың жұмысының тығыздығына қарамай, өздерімен бірге ала кеткенін айтады. Бұған қосымша экспедицияның құрамына өз парткомдарына ескертпей өзімбілерлікпен қосылған МСБ - ның өкілі Матеев пен оның көмекшісі Субботиннің азаматтарды жауапты қызметкерлердің үстінен шағым жазуға күштеп, осы іске атсалыспаса «соттар мен тергеушілерді қамап тастаймыз»,- деп қорқытып жүргені туралы сот тергеушілері


39 Балмұхамедов пен Түртембаевтардың аттарынан хат келгендігі жазылады. Осылай МСБ – ның өкілдері экспедиция құрамында соттар мен сот тергеушілерін жазықсыз жандарды жазалауға азғырып жүрген кезде, 47000 сомның ұрланғаны анықталады. Осыған байланысты Әулиеата укомы Сырдария губкомына Матеев пен Субботинді кері қайыру туралы ұсыныс жасайды [126]. Бұл жерде МСБ өкілдерінің ұрланған ақшаның ізіне түсу үшін кері қайтуы да мүмкін. Әйтсе де құжатта, олардың жергілікті партия органдарымен ешбір санаспай, қалыптасып келе жатқан сот органдарын дегендеріне көндіруге тырысқандары ап-айқын көрініп тұр. Мұның өзі репрессиялау механизмінің ешбір өзгермей, «дұшпан бейнесін » анықтау И.В. Сталин бастаған саяси билікте қалып, оларды іздеп–тауып жазалау МСБ мен БМСБоргандарының құзырында екендігінің айғағы болса керек. Қоғам болса идеологиялық алдап-арбаудың нәтижесінда не атқарылып жатқан іс-шараларды қолдап отырды, немесе ол іс-шаралардың жүзеге асырылғандығын үнсіз құптауға мәжбүр болды. Саяси репрессиялар негізінен контрреволюциялық қылмыстар туралы заң арқылы жүргізіліп отырды. Большевиктер жазалау органдары қатарына негізінен азамат соғысына қатысқан, еуропалық нәсілдегілерді тартуға ұмтылды, оған РК(б)П мүшелері мен мүшелікке кандидаттарының «лениндік шақыруы» да әсер етті. Осылай, Әулиата Уқалкомы атқару бюросының мәжілісі 1924 ж. МСБ-ның №42 конвойлық командасының №9 коммунистік ұяшығының (ячейкасының) хаттамасына сәйкес партияға кондидаттыққа Горбунов пен Куприяновты қабылдайды [127]. Сөйтіп, билеуші партия өзінің жергілікті жерлердегі жазалау аппаратындағы тірегін нығайту мақсатындағы жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпады. Қазақстанда бұл саясаттың ұйытқысы - жүргізушісі 1925 жылы БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалған Ф.Голощекин болды. Ол бұл істе РК(б)П-ның алдымен облыстық, кейіннен өлкелік комитетінің үш жыл ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болған, КСРО ІІХК–ның келешек халкомы Н. Ежовқа арқа сүйеді. Нәтижесінде «жікшіл», «ұлтшыл» деген таңба тағылып көптеген көрнекті қайраткерлер (С.Аспандияров, М. Мырзағалиев, С.Садуақасов және т.б.) республикадан тыс жерлерге қуғындалып кетті [87, 5-б.]. Осы қуғын-сүргінді жүзеге асырып жүргендердің көпшілігі «білімім төмен» деп өз қолымен жазып жүрген орталықтан жіберілгендер болатын. Мұның айқын мысалы ретінде


40 1929 жылдың 20 қыркүйегінде Сырдария округі бақылау комиссиясының БК(б)П мүшелерін тазалау және тексеру қорытындысы бойынша округтік БМСБ-ның № 9 партия ұяшығындағы мынадай жайларға мән беруге болады. Тексеруден өткен БМСБ қызметкерлерінің 16-сының тек 4-і ғана мұсылман нәсіліндегілер. Оның да біреуі тексеруден өткізілмеген. Ал, тексеруден өткен қалған 12 еуропалық нәсілдегілердің мамандығына сәйкестілігі шамамен мынадай. 1. Вакорин И.П., білімі төмен, саяси дайындығы жоқ. 2.Тюрина А.Ф. 1927жылы партиялық тәртіпті сақтамағаны үшін сөгіс алған, білімі төмен, саяси дайындығы жоқ. 3. Горюнов В.П.шала сауатты, саяси дайындығы жоқ. Басқалары да осы тектес. Тіпті сол кездегі БСМБ –ның Округтік бөлімінің бастығы В. Никольскийдің де білімі төмен екендігі жазылған. Округтік ТК бастығының бұл қызметке келуіне оның 1914 жылдан бастап БК(б)П –ға мүше болып, патша үкіметі тарапынан 1жылға жер аударылғаны, Петроградтағы Қазан төңкерісіне қатысып, одан кейін құжатта жазылғандай әртүрлі жазалау органдарында қызметте болғандығы есепке алынса керек [128]. Осы орайда орталық жіберген көптеген кызметкерлердің басым көпшілігінің қайтадан кері қайтуға талпынатындығына мән беруге болады. Соның да әсері болар, мәселен, Әулиеата уезінде Кеңес өкіметін орнатуға және нығайтуға белсенді қатысқан Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Сыдық Абланов, Ысқақ Әсімов, Кененбай Бармақов, Бекбосын Құлжабаев, Дәуіт Абдуллаевтар 1937-1938 жылдары «халық жауы» ретінде атылып кетті. Ал, Степан Хмелевский, Николай Чернышов, Федотов-Завадский, Данил Цыгановтар Қазақстаннан біржола кетіп қалған. Бұл топтағылардан тек Қарымбай Қошмамбетов ғана бұл зұлматқа жетпей 1930 жылы қарашада дүние салды [129]. Жүргізілген әкімшілік-территориялық реформалардың нәтижесінде қазақ жерлерінің Қазақ АКСР-не қайта қосылуынан кейін КСРО Халкомкеңесінің 1927 жылғы 5 маусымдағы № 33 қаулысымен ҚазақАКСР–ы Ішкі Істер Халық Комиссариаты (ІІХК) ұйымдастырылды. 1929-1930 жылдары екінші құрылуынан кейін, 1937 жылдың қаңтарында КСРО ІІХК-ның № 003 бұйрығымен ҚазақКСР –ы Ішкі Істер Халық Комиссариаты (ІІХК) қайта құрылған [87, 22-б.]. БМСБ мен ІІХК-ның бірігуі саяси режим жүйесіндегі ішкі істер халкомының беделі мен маңыздылығын барынша арттырып, ендігі


41 жерде олар «дұшпанды» іздестіріп табу мен берілген жазаны жүзеге асыру құқығына толықтай ие болған еді. Сондықтан да, ІІХК қызметкерлері элитаның ішіндегі ерекше маңыздағы топқа айнала отырып, осы статусын жоғалтпау үшін «жоғарыдан» келген кез-келген тапсырманы орындауға сақадай сай тұрды. Тіпті, 1928 жылдың 27 тамызындағы ҚАКСР ОАК мен ХКК –нің «Байлар шаруашылығын кәмпескелеу туралы» Қаулысы шықпай жатып-ақ 1927 жылы Сырдария губерниясында 16 бай сайлау кампаниясы кезіндегі контрреволюциялық әрекеттері үшін қудаланып, артынан сотталып кетті[130]. КСРО ОАК 1937 ж.14қыркүйегіндегі қаулысы бойынша: 1. «Контрреволюциялық қаскүнемдік пен диверсия жөніндегі істер бойынша айыпталушыларға айыптау қорытындысын істі сот қарағанға дейінгі бір күн ішінде беру . 2. РКФСР ҚК 58-7 (қаскүнемдік) және 58-9 (диверсия) баптарында қарастырылған және басқа да одақтас республикалардың ҚК баптарына сәйкес жасалынған қылмыстарға байланысты істерді кассациациялық қайта қарауға жол берілмеуі. 3. Ең жоғарғы жазаға (ату) тарту туралы үкім; сотталушының кешірім жасау туралы өтініші қабылданбағаннан кейін бірден орындалуы» міндеттелінді[131, б.559]. Саяси репрессияларды қолданудың шыңы 1937 -1939 жылдар аралығына келгендігі белгілі. Бұл орайда «дұшпан бейнесі» барынша кеңейтіліп, ішкі партиялық дұшпандарға «оңшыл» бухариндіктер, сол кездегі халықаралық жағдайға сәйкес «шпиондар» мен «диверсанттар» «ұлтшыл фашистер» және басқалары да қосылған еді. ІІХК органдарының құзыретінің артқандығы соншалық, олар ендігі жерде қуғын-сүргін мәселесінде аймақтық партия органдарынан да басым болды. Жергілікті жерлерде қолынан келіп қонышынан басқандар обкомның, аукомның хатшылары немесе жауапты қызметкерлері емес (олар күнделікті ұсталып кетіп жатқан қызметтестерінің кебін киюден қалтырап қорқатын) керісінше республикалық, өлкелік және облыстық ІІХК басқармасының басшылары болды.Оларға қаламды сүйкей салып кез келген адамды құрдымға жіберу түкке тұрмайтын еді [132, б.85].


42 1933 жылы Қазақстанға БК(б)П Өлкелік Комитетінің хатшысы болып келген Мирзоянның мінезі Кремльде белгілі болатын, сондықтан да 1935 жылы Қазақстанға кімді жіберуді талқылай келе, Ягода «Мирзоянмен жұмыс істесе алатын» Залинге тоқтаған болатын. Бәлкім, Сталин 1935 жылдағы «мүлгігендей» уақытта партия мен чекист жетекшілерінің арасындағы дүрдараздықты қаламаған да шығар. Ал,1938 жылғы жағдай басқаша еді.Сондықтан Қазақстанға С.Реденс келді [133, б.570]. Ол Залинді ауыстырды да Мирзоянды тұтқындауға жағдай жасады [134, б .199]. Әрине, жаппай қуғын-сүргін науқанында жоғарыда аттары аталған ішкі істер халкомдарының да аман қалмағаны белгілі.Олардың екеуі де тиісінше 1938-ші және 1939- жылдары тұтқындалып, 1940 жылдың қаңтарында ату жазасына кесіледі [87, 215-373-бб.]. Оңтүстік Қазақстан облысы ІІХК басқармасының бастығы С.Пинталь да осы өңірдегі партия және кеңес басшыларын түгелдей дерлік қуғын-сүргінге ұшырата отырып, өзі де поляк шпионы ретінде тұтқындалып, кейіннен атылып кетті [59, б. 6]. Жалпы жағдай мен қылмыстың нақты құрамының екі ұшты құрастырылуы тергеу органдары мен соттарға интерпретация жасауға кең бостандық берді. Нақты кемшіліктерді жай ғана сынау Кеңес құрылысын қаралау болып есептелінді. Шаруашылықта болмай тұрмайтын кемшілік фактілері, әртүрлі дәрежедегі экономика саласындағы олқылықтар экономикалық контрреволюция ретінде бағаланды.ЖӘС кезінде жеке өнеркәсіппен жеке сауда жасауға аздаған мүмкіндіктер берілген болатын. Сол аздаған мүмкіндіктердің өзін «революциялық заңдылық» тұрғысынан тексеру үшін большевиктерге құқықтық нормаларды өз жағдайына қарай икемдеу керек болды. Осылай 1922 жылы Қылмыстық кодекс, Азаматтық кодекс, Қылмыстық-процессуалды кодекс және Азаматтық-процессуалды кодекстер пайда болды. Сөйтіп, 1922 жылдың 26 мамырында Адвокатура туралы Ереже, 1922 жылдың 28 мамырында Прокурорлық қадағалау туралы Ереже, кейіннен 1922 жылдың 14 қарашасында Сот ісі туралы Ереже қабылданды. Ендігі жағдайда заңдылықты қадағалау бірнеше кеңестік органдар тарапынан жүргізілмей, тек сот пен прокуратура органдарына берілді. БОАК мен ХКК-нің 1922 жылдың 16 қарашасындағы декретіне сәйкес «Ешқандай үкіметтік орган прокурорларды,олардың көмекшілерін,революциялық трибуналдың төрағалары мен оның мүшелерін, халық соттары мен тергеушілерді алдын-ала рұқсат етілмесе,немесе ерекше жағдайларда Республика Прокурорын ескерткенде ғана болмаса,тұтқындай алмайтын болды [135, б. 118].


43 1923 жылдан 1938 жылға дейін, яғни КСРО-дағы сот істері жөніндегі заң қабылданғанға дейінгі уақытта прокуратура органдарының құрылымы,олардың міндеттері мен өкілеттіліктері негізінен сот ісі жөніндегі заңдылықтармен реттеліп отырды. Сот және прокуратура қызметкерлерінің құрамы – ұлтына, жасына және біліміне қарай ала-құла болуы себепті, осы органдардағы барлық өзгерістер сол кезде қалыптасқан саяси талапқа сай жасалынғанымен, көбінесе сол талаптардың үдесінен шыға алған жоқ. Осылай, губерния прокурорының көмекшісі Мусихиннің 1927 ж. 28 желтоқсанында Әулиеата уаткомы президиумы (төрағасы Гергер) мәжілісінде жасаған есебінде «қылмыстық істерді қараудағы жайбасарлықтың негізгі себебін халық сотындағы қызметкерлердің квалификациясының төмендегі мен тіпті осындайлардың өзінің жетіспеушілігінен»,- деп есептейді. «Осыған орай УАК-і Губерниялық сот пен Прокуратураның өкілдерінен халық соттарының істерін жіті бақылап, оларды үнемі мамандығына бейімдеп отыруын және жұмыс істей алатын қызметкерлерді табуға көмектесуін сұраса» жөн болар еді дейді [136]. Әрине, мұндай іс-шаралар жасалынып, нәтижесінде «жұмыс істей алатын» соттардың байларды кәмпескелеу науқанына қызу кірісіп кеткені мына бір құжаттан көре аламыз. Онда: БК(б)П Әулиеата аудандық комитетінің 1928 жылдың 6 тамызындағы өткізілген бюросында «Қарабақыр болысындағы бірыңғай ауылшаруашылығы салығы туралы жаңа заңды жүзеге асыру кампаниясы барысында жіберілген қателіктерге тоқталғандығы және Қарабақыр және Құмарық болыстары бойынша өкілдер Уметбаев пен Тазидиновтың жекелей салық төлеуге тиісті байлардың тізімін жасау туралы Губком бюросының директивасын орындамағаны үшін, олардың істерін сотқа және бақылау комиссиясына өткізуге шешім қабылданғандығы»,- айтылады [137]. КСРО ОАК мен ХКК-нің 1936 жылдың 20 шілдесіндегі «КСРО ЮХК-ын құру туралы» Қаулысына сәйкес юстиция халық комиссарияты құрамынан одақтас және автономиялық республика-лардың прокуратура және тергеу органдары бөлініліп,олар тікелей КСРО Прокурорына бағынатын болды [138, б. 30]. Қазақстанда басқа да республикалардағыдай Республика Прокуроры Әділет Халық Комиссары қызметін қоса атқарып отырды. Әйтсе де олардың осы қызметтеріндегі мерзімі ұзақ болмады. Қарастырылып отырған кезеңде тек Айтмағанбетов Боран мен Жармұхамедов Абдулладан басқалары 1 жылдан артық жұмыс істеген


44 жоқ [87, 22-б.]. Мұның өзі орталықтың жергілікті басшыларға деген сенімсіздігін көрсетсе керек. Прокурорлық қадағалау туралы Ереженің 5 бабына сәйкес, «Әрбір губерния мен облыстағы прокурорларды Республика Прокуроры тағайындады және соңғылары өздерінен жоғары прокурорға тікелей бағынышты болды». Губерния прокуроры көмекшілерінің бір бөлігі уездерде жұмыс істеді. Әрине кей жағдайда жергілікті басқару органдары ұсынған кандидаттар да бұл қызметке келе алатын. 1924 жылы жүргізілген әкімшілік-территориялық бөлініске байланысты Сырдария губерниясында - губерниялық сот, 1928 жылы Сырдария округінде – округтік сот, 1932 жылы Сырдария облысында – облыстық соттар құрылды. Дәл осы уақыттарда тиісінше прокуратура органдары да осылай құрылған болатын. 1922-1929 жылдар аралығында бәсеңсігендей болған репрессиялар байларға қарсы іс-қимылдардың басталуымен қатая түскен еді. Осыны халыққа ұғындырудағы прокуратура органдары іс-шараларының бір парасын мына бір құжат көрсетіп тұрғандай. Сырдария округтік прокуратурасының аға тергеушісі Лифшицтің Сайрам ауданы Ярганлық ауылының тұрғыны Наралиев Ералыға жазған айыптау қорытындысында оның сайлау құқынан айырылғандығына наразылық білдіре отырып, Кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық үгіт – насихат жүргізгенін, қанаушы бай-кулак ретінде колхоз құрылысын жамандап, 1930 жылдың 1 мамырында болған жиналыста жанжал шығарып, кедейлерді өзіне дауыс беру құқын қайтарып беруді болысуға итермелеген, кері жағдайда ертесінен бастап колхозға жұмысқа шықпайтындықтарын айтқызған. Аға тергеуші Лившиц Наралиевті осы жиналыстың алдында өз достарымен бірге кедейлерді де шақырып алып, ішімдікке тойдырып, «сендер ертең жиналыста ауылкеңеске қарсы шыға беріңдер, кедей болған соң сендерге ешкім де тиіспейді»,- деп азғырғандығын айтады. Ең соңында ауылдық Кеңестің Төрағасы милиция шақыртып, Наралиевті тұтқындау керектігін айтқанда, ол оған да көнбей кеңес үкіметін барынша балағаттаған. Бұл жерде Наралиевтің әлі де ауқымы кеңейе қоймаған репрессия шырғалаңын түйсіне алмағаны көрініп тұр. Ол, әрине 58-10 бабы бойынша жауапқа тартылды. (бұл бап бойынша 6 айдан – бірнеше жылдарға дейін бас бостандығынан айыру көзделген) [139]. Прокуратура органдарының жұмысын одан әрі қатайту туралы мәселе1932 жылдың 3 шілдесіндегі Кеңес прокуратурасының 10 жылдығына байланысты салтанатты жиналыста көтеріліп, онда сөз


45 сөйлеген М.И.Калинин «Саяси мәселелерді пролетариат диктатурасының пайдасына шешу жолында,біз тікелей күш көрсетуден де тайынбаймыз», – деген болатын [140, 1-б.]. Осының алдында ғана сол кездегі Конституцияны барынша бұза отырып БК(б)П ОК Саяси бюросының қаулысы негізінде жаппай ұжымдастырудың жүзеге асырылуына пәрмен берген прокуратура органдары, кеңестік қылмыстық құқықтың принциптілігінің сорақылықпен бұзылып, 1932 жылдың 7 тамызындағы КСРО ОАК мен ХКК-нің мемлекеттік, колхоздық және кооперативтік мүлікті қандай мөлшерде болмасын ұрлағаны үшін ату жазасын да қолдануға мүмкіндік берілуіне аянбай атсалысты [141, б.225]. Соттардың пәрменін барынша күшейту мақсатында облыстық, өлкелік және губерниялық соттарда президиумдар құрылды. Біртіндеп ушығып келе жатқан шиеленіс жағдайында құқық қолданушы органдар, «жауларды» тауып, жазалау барысында барынша жоғары жазалау шараларын қолданып, жеңіл шаралар ауқымын қысқартуға тырысты. 1934 жылдың 10 шілдесінен БМСБ сот алқасының ---контрреволюционерлерге, шпиондарға, террористерге және басқа да халық жауларына қарсы қолданылатын жазалау функциялары, ендігі жерде соттарға берілген еді. Соттарда мұндай жаңа жауапты істерді жүзеге асыру үшін КСРО – ның Жоғарғы сотынан бастап жергілікті жерлердің бәрінде арнайы істер бойынша сот алқалары құрылды. Бұл сот алқалары өздеріне ІІХК-ты органдары берген істерді, үш адамдық құрамда қарап шешті [142, б.116]. Әйтсе де заңдылықты қамтамасыз етуші орган қылмыстық процестегі заңсыздықтардың орын алуына көз жұмбайлықпен қарап «кеңес үкіметінің қауіпсіздігі үшін»,- деген желеумен КСРО ОАК-нің 1934жылдың 8 маусымындағы Қаулысы бойынша Отанына сатқындық жасағаны үшін сотталған адамдармен бірге тұрғандығына байланысты, олардың отбасы мүшелеріне де қылмыстық іс қозғалуын барынша құптады [141, б.225]. Осылай, 1934 жылдың 1 желтоқсанындағы КСРО ОАК Президиумының Қаулысы бойынша кеңес үкіметі қызметкерлеріне қарсы террорлық әрекеттерді қарау ісі барынша қарапайым-дандырылды. ( тездетілді). Бұл қаулығы сәйкес, іс жақтардың қатысынсыз да тыңдалынып, кассацияциялық кешірім жасалынбайтын болды. Мұндай істерді тергеу 10 күнге дейінгі уақытта аяқталып, айыпталушының айыптау қорытындысымен танысып, сотта қорғалуға дайындалуына бір-ақ күн берілетін болды.


46 Сот өз үкімін тергеу барысында жинақталған дәлелдеулерге сүйене отырып-ақ шығара берді, мұның өзінде бар дәлелдеулерді бағалаудан гөрі, айыпталушының өз айыбын мойындауына басымдылық берілді. Осылай кінәсіздік презумпциясының аяққа тапталуы, құқық пен заңдылықты белден басу репрессиялардың жаппай мазмұнда болып, кеңес мемлекеті қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына әкеліп соқты [141, б.226]. Бұл 1935 жылдың 27 мамырында КСРО ІІХК – сінің бұйрығына сәйкес «үштіктердің», кейіннен 1937 жылдың 11 тамызы мен 20 қыркүйегіндегі КСРО ІІХК-сінің жаңа бұйрықтарына сәйкес «екіліктердің» жүргізген қанқұйлы әрекеттерінің бастамасы іспеттес еді [88, б.123]. Жаппай саяси репрессияларды қолдану «социализмді құрудың үштікбірліктегі міндеттері» - индустрияландыру, ауыл шаруашылығын ұйымдастыру және мәдени революция жасауды жарияланғаннан кейін кең етек ала бастады. Қазақстан мен бұрынғы Ресей империясының бұрынғы отарлары үшін осы бағыттың нақты жүзеге асуының негіздемесі ретінде – «социализмге-капитализмге соқпай өту» декларативті ұраны бекітілді. Қазіргі көптеген зерттеушілер, келтірілген ұран утопиялы, яғни жүзеге аса алмайтын сипатта болды, - деп есептейді. Соған қарамастан іс жүзінде, «социализмнің негіздерін құруды» жүзеге асыру КСРО-ны әлемнің алдыңғы қатарлы державаларының қатарына қосты. Жоғарыда келтірілген утопиялық туралы көзқарас та көп жағдайда негізделген болатын. Шындығында басқа алдыңғы қатарлы капиталистік державалар бұл жолды ондаған тіпті жүздеген жылдарда өткен еді. Дәстүрлі қоғамнан индустриалды қоғамға өту жылдамдығының келесі жағы мұндай өтудің құнының қаншалықтылығында болса керек. Әрине, большевиктердің жасаған әлеуметтік әулекілігі қазақ қауымын қатты күйзелтті. Әсіресе, ауыл күйреді. Халқымыздың жартысы қырылып, жартысы босты. Ұлт тарихын жоққа шығару, ұлттың өзін жоққа шығару болып шықты. Көп уақытқа дейін көшпелілерді өз бетімен дами алмайтын, жасампаздық қасиеттен атымен ада, жөн білмес, жүген тимес, қырып - жойғыш сойқан күш ретінде көрсету бел алып келді. Ол пікір көшпелілер мен отырықшылардың өмірлік - рухани мүдделерінің ешқашан бітіспейтін ежелгі кереғарлығы бар деген қисынға сүйенді. Соған иек артып, баяғыда патша генералдары Орталық Азия кеңістіктеріне қол сұғушылықты өркениетті әлемнің қауіпсіздігіне жасалып жатқан қамқорлық деп түсіндірген еді. Ал


47 олардың өңін айналдырып алған мұрагерлері тұтас ұлттарды қаралай жойып жіберу жолдарындағы әсіре интернационалистік көз бояушылықтарын тағы да сол адамзат пен өркениеттің сәулетті болашағына қам жеушілік деп дәлелдеп бақты. Сөйтіп, ресми саясатқа коммунизм деп аталатын қайдағы бір қияли елес арқау болып, қоғамның саяси - әлеуметтік және экономикалық мұраттарына қабыспайтын деректер мен көзқарас тарихтан түп-түгел алынып тасталды [143, 7-б.]. Ғылым тізгінін де өз қолында нықтап ұстаған билеуші партия күллі әлем тарихын барша адамзаттың баяғыдан бері социалистік және коммунистік қоғам құру жолында жүргізіп келе жатқана саналы күресінің шежіресі деп ұғындыруға күш салды. Ал ондай таптық таяздық пен әлеуметтік бөле-жарушылыққа бой алдырмаған тұлғалардың бәрі ұлтын сатқан халық жауы саналып, қатал қуғын-сүргінге ұшырады. Кеңестер билігі біржола салтанат құрғаннан кейінгі уақытта, анығырақ айтқанда 20-жылдары тұтас Түркі елінің азаттығын қамтамасыз ету әрекеті енді кеңестік билік шеңберінде өз жалғасын тапты. Сондай-ақ бұл қозғалыстың басында тұрған жаңа саяси элита көп ұзамай-ақ, яғни ХХ-ғасырдың 20-30-жылдардың соңына қарай бұл іргелі мақсатқа жаңа кеңестік билік жағдайында қол жеткізу мүмкін еместігіне көз жеткізіп үлгерген болатын [36, 210-б.]. Енді осы ХХ ғасырдың 20-30 жылдары үзіліссіз жүргізілген репрессиялық саясаттың себептері жөнінде. Орталық басшылық, оның Қазақстандағы өкілі есебінде болған большевиктер партиясының Өлкелік Комитеті осы атал,ан тарихи мезгілде тікелей өздерінің нұсқаулары бойынша жүргізілген экономикалық, саяси және басқа реформалық шаралардың сәтсіздікке ұшырау себептерін саяси оппозицияға, тіптен жоғарғы республикалық басшылықта жүріп-ақ қате бағытқа жігерлі де табанды қарсылық көрсеткен қызметкерлерге аударды [36, 334-б.]. РК(б)П-ның ішкі партиялық күресінде осыған орай оқтың-оқтың партияның басты бағытынан ауытқушылар (ұлтшыл-ауытқушылар) мәселесі көтеріліп отырды. Әрине, негізінен, таяқ жегендер қазақ зиялылары еді. Оларға шовинизм мен ұлтшылдыққа қарсы күреспедіңдер дегенімен Орталықтың ұлт зиялыларына қарсы озбырлы ойы белгілі еді. Оны 1926 жылы 12-14 қарашада Мәскеуде өткен «Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы жанындағы Ұлттар Бөлімі және РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары Рысқұловтың бастамасы бойынша шақырылған ұлт өкілдерінің- БОАК пен КСР Одағы Орталық Атқару Комитеті


Click to View FlipBook Version