48 мүшелері және ұлттық шет аймақтардың басқа да өкілдерінің жеке кеңесін» шақырудың өзін қажетсіз деп тапқан сол кездегі Қазақстанның партия басшысы Ф.Голощекин, 1926 жылғы 25-30 қарашада өткен Қазақ өлкелік партия комитетінің 3 пленумындағы [144] баяндамасында: «жергілікті ұлтшылдықты тек орыс шовинизмі тудырады деу тура қазіргі кезеңде дұрыс емес»,- деп шықты. Жергілікті ұлтшылдыққа тек қорғану ғана емес, шабуылдау да тән, ұлт саясатында артық талап қою, онда да басқа ұлттардың есебінен жөнсіз талаптар қою тән деп сипаттады. Республика партия ұйымы басшысының аузынан шыққан мұндай сипаттама өте қауіпті еді. Ф.Голощекин жергілікті ұлтшылдыққа агрессиялық сипат берді. Ол өзінен-өзі туындайды. Оның басында ұлттардың жоғарғы бөлігі тұрады. Ал олардың тәбеті тым жоғары, басқа ұлттар үшін тым қауіпті деп, Ф.Голощекин жергілікті ұлтшылдыққа қарсы аяусыз күрес жүргізу, тіпті репрессияға барудың да қажет екендігін саяси жағынан толық негіздеуге тырысып бақты [145, 194-б.]. Әрине, оның бұл тұжырымдамасын өзі басқарып отырған Өлкелік партия комитеті толық қолдады. Қолдамағандары ұлтшылдар ретінде қатаң саяси қуғынға ұшырады. 1.2. Саяси репрессиялар социалистік шұғыл жүзеге асырудың негізгі тәсілі мен құралы ретінде «Репрессия» сөзі энциклопедиялық аударма баспаларында латын тілінен алғанда – басып алу ұғымын білдіріп, мемлекеттік құрылымдардың жазалау шаралары ретінде түсіндіріледі. Зерттеу тақырыбы көзқарасы тұрғысынан аударманы дәл анықтап алған дұрыс – латын тілінде орыс тілінен, айырмашылығы етістік формалары бірінші жақтан басталады, сондықтан – «мен басып – жаншимын». Аударманың «жоғарғы көсемнен», биліктің төменгі эшелонындағы «микрокөсемге» дейінгі қатыстылығы да анық [146]. «Саяси репрессиядағы» қосымшаны билік басында тұрған партияның өз үстемдік жағдайын сақтап қалу мақсатындағы жүргізген жазалау шаралары деп түсінген жөн. Тиісінше, «жаппай саяси репрессиялар» – билеуші партияның өз ықпалының барынша артуы үшін жүргізген, мемлекеттің кең көлемдегі жазалау шаралары болды [123, 341-б.]. Жаппай саяси репрессияларды қолдану басқарушы биліктегі саяси құрылымдар үшін анық немесе болуы мүмкін, қауіп-қатерлерге қарсы
49 әрекет ретінде түсіндіріліп, осы тұрғыда легитимдендірілді (заңдастырылды). Азамат соғысы аяқталып, оппозицияның қалдықтары басылып тасталғаннан кейін 20 - жылдардың ортасына қарай ел ішінде айтарлықтай маңыздағы қауіп-қатер болған да жоқ. Тек батыста «Кіші Антанта» немесе «Санитарлық кордон» елдері белдеуі мен Қиыр Шығыста Қытайға дейін жеткен жапон оккупациясына байланысты сыртқы қауіп-қатер барлығы анық болатын. Нақтылы және кейіннен дәлелденген қауіп 1933 жылы Германияда фашистік диктатураның орнауы еді. Осыған байланысты зерттеліп отырған кезеңде сыртқы саяси қауіп-қатерлер ешбір қисынсыз ішкі саяси жағдайда араластырылды. Міне сондықтан да 30-шы жылдар кезеңінде репрессияға ұшырағандарға көп жағдайда біріне-бірі ұқсас – «Жапония пайдасына жасалынған шпиондық әрекет», «фашистік ұйымның» құрамында болды, - деген және басқа да осыған ұқсас айыптар тағылды. Репрессияның тұрпаттық мазмұны, өз мемлекеттерінің азаматтарына қасақана зардап шектіруге бағытталғандығында болып табылады және соңғыларының (азаматтарының) көзін жоюға дейін барады. Ендігі бір сипаты «дұшпан бейнесі» түріндегі кескінді қалыптастырып, саяси таңдаудың мүмкіндіктерінің жұтандығынан «кім бізбен бірге болмаса, сол бізге қарсы» немесе «кім кімді» принципі бойынша іс қылу. Қолдан тудырылған «дұшпан бейнесі» нақты қауіп-қатер сезімін жасай отырып, қауіпсіздік дағдарысы туралы да ойларға жетелейді. Міне осындай әлеуметтік - психологиялық стереотип көпшілік қауымның репрессиялардың жүргізілуіне үнсіз келісуіне ықпалын тигізді. Келесі бір сипаттық белгісі – сөздер мен түсініктерді шатастырып, болып жатқан жағдай туралы шындықты, бұрмалап көрсету болып табылды. 20-30 жылдары репрессияның әртүрлі формалары - өңірдің ішіне қоныс аудару, республикадан тыс жерлерге жер аудару, саяси құқықтарын шектеу, әртүрлі мерзімге қамауға алу және т.б. қолданылды. Ұзақ мерзімге, 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру қалыпты жағдайға айналды, ең жоғарғы жаза қолдану үкімдері шығарылып жатты. Саяси репрессиялар бағыты қоғамның барлық әлеуметтік топтарын - құлатылған тап өкілдерінен бастап, діндарларды, бұрынғы шенеуніктерді, кейіннен жай жұмысшылар мен шаруаларды да қамтыды. Жаппай саяси репрессиялар – еңбек жағдайы мен тұрмыстың нашарлап, өмір сүру деңгейінің төмендеуіне орай жалпы халыққа түсініксіз шешімдерге байланысты толқуларды болдырмау құралы
50 ретінде превентивтік (алдын алу) сипатта болды. Мемлекеттік билікке шын мәнінде қалай да бір айтарлықтай қарсы тұрып немесе белсенді қарсыласу ықтималдығы іс жүзінде жоққа тән еді. Тіпті жекелеген көзге көрініп тұрған қателіктер мен кемшіліктерге назар аудартудың қарапайым әрекеттері (талаптары) қатаң және аяусыз кесіліп тасталынды. Социалистік нұсқада индустриялық қоғам құру бағытындағы қозғалыс приоритеттік міндет ретінде елді индустрияландыруды қысқа мерзімде өткізуді мақсат етті. Алда экономиканың жаңа жағдайына көшу, қоғамның әлеуметтік – саяси құрылымын өзгерту, дәстүрлі қоғамнан бөлекше түсініктер мен құндылықтар құрау міндеті тұрды. Индустриализацияның негізі капиталдың алғашқы қорлануы болып табылатындығы белгілі. Социалистік, капиталдың алғашқы қорлануы, капиталистіктен ерекшелігі, оның индустриализациялау барысында, мемлекеттік облигациялар шығару түрінде ішкі ресурстарды мобилизациялау арқылы, азаматтардың жеке салымын тартып, құрылып жатқан колхоздардың қосымша өнімін іс жүзінде иеленіп кетуінде болды. Әрине мұндай қорлану тек күш қолданып, қорқыту нәтижесінде ғана мүмкін болды. Қазақстанда жүргізілген социалистік индустриализация мәселелері әртүрлі көзқарастарға ие екендігі мәлім. Осы орайда соның кейбіреуіне тоқталып кетсе де артық болмайтын сияқты. «Қазақ АКСР-індегі экономиканың жағдайы туралы РКФСР комиссиясының қорытындысына» сәйкес 1927 жылдың соңына қарай жалпы даму деңгейінің әлсіздігіне қарамай, елдегі өнеркәсіп өндірісінің жоғарғы потенциалдық мүмкіндіктері атап өтілді. Қазақ АКСР-і өнеркәсібінің үлес салмағы РКФСР-де өндірілген барлық өнімнің 0,8%-ін құрады. Өнеркәсіп орындарының саны: өлкелік маңыздағы-8, губерниялық-18, барлығын қосқанда 27 завод болды. Көпшілігінде заводтар құрылысы ХІХ- ғасырдың 70-90 – жылдары салынып, жартылай қолөнер түрінде немесе әбден тозығы жетіп, ондағы еңбек өнімділігі өте төмен болатын [147]. Мұндай жағдайда елді қысқа мерзімде индустриализациялау республиканың өз ішіндегі күштерді барынша зорландырумен қатар, орталықтан да жан-жақты белсенді көмектің керегі анық болатын. Индустриализацияның өз ішіндегі приоритеттерін анықтауда оның тиімсіздігі мен мүмкін еместігі туралы пікірден, ауыл шаруашылығы өнімдерін алғашқы өңдеу кәсіпорындары құрылыстарын салу мен тұтастай көппрофильді индустриалдық
51 системалар құруға дейінгі әртүрлі көзқарастар болды. Ақыр соңында 6-шы Қазақстандық өлкелік партия конференциясында Қазақстанды индустриализациялау туралы БК(б)П ОК хатшысы А.А.Андреевтің сөзінде мазмұндалынған Орталықтың көзқарасының үстем болуы түсінікті де еді. Онда БКП (б) ОК-ның хатшысы: «Сәдуақасов жолдас біздің әрбір республика бүтіннің бөлігін құрайды, яғни Федерация немесе біртұтас КСР Одағының құрамдас бөлігі деген партиялық позициядан ауытқып отыр. Индустриализация мәселесінде, біз, әрбір республикада өзінің ауыр индустриясын іске қосып, әрбір республиканы индустриализациялауды онда әртүрлі заводтар мен фабрикаларды қаптату арқылы жүзеге асыра алмаймыз. Мұндай көзқараста, мүмкін әлі де ұлтшылдықтан ажырай алмаған адамдар болуы мүмкін», - деп екіленеді [148, б.230]. Анығында, бұл арада Одақ көлемінде, Голощекин басшылыққа келген соң республикада партияда жоқ интеллигенцияға қырын қарау, оларды белсенді қызметтен ығыстыру науқанының басталып кеткендігін айтуға болады [43, 80-б.]. Кейіннен, жаппай саяси репрессия жылдарында, мұндай қарама-қайшылықтарға қатысы бар қайраткерлер ең жоғарғы жазалауға ұшырап, кейбір жағдайда оған еш қатысы жоқ адамдар да қатаң қудаланды. Дегенмен, жалпы концепциялық мәселелерде соңғы сөз БК(б)П ОК-де болғанымен, нақты мәселелерді шешуде республикалық билік органдары табандылықпен өз ойларын жүзеге асыруға тырысты. Осылай, Қазақ АКСР ХКК жанындағы Түркістан-Сібір темір жолын салуға жәрдемдесу Комитеті отырысының хаттамасында, оның құрылысына байланысты іс-шаралардың біршама маңызды сәттері көрсетіледі. Атап айтқанда, жолды салу барысында Жетісу губерниясы экономикасының тездеп дамуы, оның геостратегиялық маңызы… Батыс Қытайдың шикізат қорын тарту арқылы оны КСРО өнеркәсіп өнімдері рыногіне орнықтыру», губерния «ресурстарын пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру». «КСРО-ның салалық орталық органдарынан темір жолды Алматы қаласы арқылы өткізуді табандылықпен сұрау», осы қалада құрылыс Басқармасын орналастырып, жолды салу маршрутын Қытайдың Шыңжан ауданы шекарасына барынша жақындату», – нақты ұсынылды. Жәрдемдесу Комитеті сонымен қатар «Жетісудың нанын, құрылысқа қажет ағаштарын және мал өнімдерін Орта Азиядағы мақта аудандарының қажетіне ертерек пайдалану мақсатында, Орталық құрылыс комитетіне барлық жолдарды салып бітіруді үш жыл мерзімде аяқтауға барлық күшін салуға», - ұсыныс енгізді [149].
52 РКФСР Халық Кеңесінің 1927 жылғы 2 наурыздағы қабылданған қаулысы бойынша сол жылы көктемде басталып кеткен Қазақстанды индустриализациялаудағы құрылыстың тұңғышы - Түрксіб 1500км магистральда жұмыс істеген жүз мыңдаған адамдардың қатысуымен атқарылған кереметтей ірі құрылыс ретінде, саяси маңызының салмақты болғандығы белгілі [150, б.283]. Жұмыс істеудің де, тұрмыс жағдайының да барынша ауырлығы, мардымсыз жалақы, күн ұзаққа созылған жұмыс күні – осының бәрі тек билік диктатурасының, жазалау органдарының реніш білдірушілерге күш қолдануы арқылы ғана мүмкін болды. Осыған байланысты Мұстафа Шоқай өз кітабында: «Құрылыстағы қазақ жұмысшыларының жағдайы өте нашар. Жұмыстарын таң қылаң бере бастап кешкітұрымда аяқтайды Жалақылары тамағына да жетпейді. Осындай жалақының өзі уақытылы берілмейді», – деп қынжыла жазады [151, 47-б.]. Осылай, индустриализациялаудың өте жоғарғы деңгейін қамтамасыз ету үшін қолданылған нақты репрессиялық шаралардың ішінде «1928 жылы Қызылордада ашылған құрылысшылар қастандығына» тоқталып өтуге болады, осы үшін РКФСР Жоғарғы сотының Жылжымалы сессиясы бір топ талантты архитекторлар мен инженерлердің үстінен процесс өткізді. Соңынан индустриялизациялаудың ірі ұйымдастырушылары - «Қарағанды көмір» трестінің басқарушысы И.В. Горбачев, Текелі кен басқармасының басшысы – О. Жандосов, Ембімұнай және Ақтөбемұнай трестінің басшысы – В. Лаврентьевтер репрессияға ұшырап кетті. Осылай соғыс алдындағы бесжылдықтардағы жалпы алғанда табысты аяқталған индустриализациялаудың құны өте жоғары болды. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру процесі мен осыған орай өткізілген «ауылды кеңестендіру», кулактарды тап ретінде жою, отырықшылыққа көшу, колхоздық (ұжымшарлық) құрылыс –осының бәрі, Қазақстан тарихындағы қасіретті кезең болды. Былайынша ұжымдастыру қажеттілігі болған да сияқты. Себебі, жер туралы Декрет, жер-су реформалары сияқты жаңа экономикалық саясаттың ауыл шаруашылығындағы қайтарымы мардымсыз болды. Помещиктік латифундиялар жойылғаннан кейін, тек кулактық шаруашылықтар мен өндірген ауыл шаруашылық өнімдерін базарға сата алатын тұрмысы тәуір орта шаруалардың бір бөлігі ғана тауар өндірушілер ретінде болып, ал орташалардың негізгі бөлігі мен кедейлер өздерінің аз ғана қосымша өнімін ұсына отырып қана жақсылы-жаманды күнін көре алды.
53
54 кедейлердің саны тағы да 619 шаруашылыққа көбейгендігі анық, орташа шаруашылықтардың көбеймегендігі және шындық, ал сол кездегі бар аздаған колхоздар осы кәмпескелеуден әжептеуір күшейіп кетті деп айтуға да негіз жоқ. Осындай формальды- валюнтаристік іс-шаралар қайта құруды жүргізудің негізгі әдісіне айналған еді. Қазіргі заман тарихнамасында және заңдық актілерінде аталған қаулыға жан-жақты баға беріліп, 1928 жылдың 13 қыркүйегіндегі «Ірі және жартылай феодал байларды, кәмпескелеуге және жер аударуға қарсы іс-қимылдары үшін, қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы», 1930 жылдың 19 ақпанындағы «жаппай ұжымдастыру аудандарындағы социалистік ауыл шаруашылығын орнатуды бекіту және кулактар мен байларға қарсы күрес туралы іс - шараларында» осы қаулылардың экономикадан тыс тұрпаты мен олардың жүздеген жылдар бойы қалыптасқан табиғи экономикалық жүйені жоюға бағытталғандығы айтылады. Орташалар мен кедейлердің экономикалық жағдайының қазақ ауылында – ірі мал иелерінің меншігін бөліп беру арқылы және переселендік деревняда - ірі жер иелерін шаруалар ұйымындағы (община) атқарып отырған өзіндік ролінен айыру арқылы түзеліп кетпегендігі көрсетіледі [154, 324-326 - бб.]. «Демек, басым көпшілігі кедей және орта шаруалардан тұрған қазақ ауылында, сонда-ақ саяси билік солардың мүддесін қорғайтын советтердің қолында тұрғанда байлар мен күресті революциялық төтенше шаралар арқылы емес, экономикалық және саяси әдістер арқылы жүргізуге толық жағдай бар еді. Басқаша айтқанда, сол тарихи кезеңдегі Қазақстан жағдайында байлар мен буржуазиялық элементтерге қарсы күресте революциялық зорлықты жалғыз күрес құралы деп тану жергілікті жағдайды терең түсінбеуден туған ірі саяси қателік болатын» [43,11-б.]. 1928 жылдың 27 тамызындағы қаулыға дейінгі егіндік және пішендік жерлердің 1926-1927 жылдардағы бөлінісіне орай, кедейлер пішендік жерлердің 61,6% -ін және егіндіктің 39,3%-ін бөліп алғанымен, одан күтілген нәтижелер шықпады, себебі алынған жерлерді игеруге қажет инфрақұрылымдар болмаған еді. Реформа бойынша пішендік жерлер адам санына қарай бөлінді, ал қоғамдағы қалыптасқан дәстүр бойынша мұндай бөлініс мал басының санына қатысты болушы еді. Міне осыған байланысты-ақ көп балалы кез-келген кедей отбасы, орылмалы пішендік жерлер бөлінісінде басымдылыққа ие бола отырып, байлардың «ата-бабалар жолы» деп, өзбілермендікке салуынан «моральдік террорға» ұшырады. Осыған орай ауыл мен переселендік деревняда, әлеуметтік топтар арасындағы экономикалық бәсеке, тіпті кедейлер мен орташаларды үкімет
55 тарапынан қолдау болғанның өзінде де, мүмкін болмады. Жоғарыда қарастырылып отырған қаулыларды ретроспективалық талдау, жер – су реформалары мен жер туралы Декрет, Кеңес үкіметінің аграрлық секторындағы әлеуметтік тірегі – шаруалар мен орташалардың, өздерінің экономикалық позицияларын нығайтуына барынша баяу әсер еткендігін байқауға болады. БК(б)П–дағы пікірталастар барысында «кулактың социализмге бейбіт жолмен сіңісуі» және «рыноктағы еркін айналым» теориялары жоққа шығарылып, мұның өзі партия жетекшілерін экономикадан тыс,жазалау органдарына сүйенген және басқа тәсілдерді іздестіру мүмкіндігін терістейтін идеологияға сүйенген күштеу саясаты жолына түсуіне итермеледі. Сондықтан да қарастырылып отырған қаулылардың мазмұны экономикалық талдау сферасынан бөлек жатыр. Ауыл мен деревнядағы экономикалық күшті топтардың өздерінің саяси өмірдегі мардымсыз маңыздылығына келісе алмауы себепті мәселе біртіндеп- «кім кімді?», - деген саяси мазмұнға ие болады. Іс жүзінде бұл «кулактардың тап ретінде», репрессияланып және жер аударылуы арқылы біртіндеп жүзеге асты. Бұл арада кедейлер мен орташалардың ауылшаруашылығы өнімдерінің тауарлы өндірісінде олардың орнын баса алмауынан, аталған топтарды барынша тезірек «социалистік ұжымдық шаруашылыққа» біріктіру керек болды. Ұжымдастыруды тездетудегі репрессивтік іс-шаралардың болуына екінші бір себеп, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау кампаниясы мен қатаң салық саясатына байланысты болды.Нан дайындау кампаниясы өзінің өткізілу әдістері жөнінен экспроприацияның ашық формасына айналды. РКФСР Қ.Қ. 107 статьясы «тауардың бағасын қасақана көтергені үшін, рынокқа осыларды шығармағаны немесе жасырғаны» үшін қылмыстық жаза қарастырса», 61 статья арқылы да жалпы мемлекеттік маңызы бар міндетте борышынан бас тартқаны үшін», - жаза қолданылды [153, с.7]. «Республика базарларында нан өнімдерін тек кедейлерге, әрбір десятинадан 4-10 пұт дән бөлінгені туралы квитанция болған кезде ғана рұқсат етілді. Нанды пайда көру үшін сатып алып- сатуға тиым салынды [155]. ЖЭС жылдары қалыптасқан салықты заттай жинау механизмі дайындауларды жүргізу барысында барынша қатерлі мазмұнға ие болды. БОАК ұйымдастыру бөлімінің ақпараттық мәліметтері шаруалардың үкіметтің саясатынан толық көңілінің қалғандығына назар аударды. Көптеген жиылыстарда шаруалар: «ауыл
56 шаруашылығын дамытудың қажеті жоқ, өйтсек үкімет бізді салықпен тұншықтырады», - деп ашық мәлімдеді [153, б.7]. Сол кездегі мұрағаттық құжаттар мынадай мазмұнда болды: «нан дайындау кампаниясы сенің соңғы 5-6 пұт астығыңды тартып алады.Соңғы пұт астықпен бірге сенде бар 5-10 бас мал да кетеді» [156, б.240]. Балқаш ауданындағы жағдай туралы баяндама хатта, осы көшпелі мал шаруашылығындағы ауданда нан дайындау есебіне 12 мың пұт астық, 17 мың пұт тұқымдық астық, мал өнімдерін құрту арқылы жиналып, яғни, «қойды 15 фунт нанға, сиырды 11/2 пұтқа, биені 2 пұтқа, түйені 3 пұтқа, жақсы атты 4 пұтқа айырбастаған. Осылай аудандағы қазақ малшысы, жергілікті органдардың нұсқауын орындау үшін, соңғы сиырын нанға айырбастауға мәжбүр болды» [157]. Мал дайындау кампаниясы да төтеншелігі жөнінен «әскери коммунизм» кезіндегідей сипатта болды. Дайындау көлемдерінің әрбір шаруа қожалықтарындағы нақты жағдайды ескермей, жоспарлы тапсырмалармен анықталуы, ауылдар мен аудандарға тапсырмалардың іс жүзінде бар малдардың да санынан артық кетуіне әкеліп соқтырды. Аталынған Балқаш ауданында барлық мал санының жалпы есебі 183 мың бас бола тұрып, жоспар 300 мың бас малға құрылды [158]. Құжаттарда: «байлар мен атқамінерлер және ақсақалдар жүргізілген саяси – шаруашылық іс-шараларының намысқа тиюіне байланысты, аудандағы орын алған жағдайды жалпы халықтың Кеңес үкіметіне қарсы көтерілуі үшін пайдаланды. Байлар мынадай ұран тастады «кедей кеңес үкіметінің саясатына тұншығуда». Қорыққан, оның үстіне рубасы – байлардың азғыруымен, көп халық аудан орталығына басып кірді, ауданда ешкім қалмай бәрі қашып кеткен еді, адамсыз аудан орталығы, барлық ауыл шаруашылығы машиналары, үйлер қиратылып, құртылды, тұқымдық қор мен кооперативтік ұйымдардың бұйымдары пышақ үстінен үлестіріліп алынды [159]. Берілген құжат дайындау барысындағы негізсіз күш қолдану, жалпы халықтың жүргізіліп отырған саясатқа наразылығын тудырып, оларды ашық қарсыласу іс-қимылдарына итермелегенін көрсетеді. Тиісінше, дайындау кампаниялары барысында, Қазақстанда шаруаларға қарсы ірі масштабтағы репрессиялар жүргізілді. Әкімшілік – қылмыстық жауапкершілікке 56498 ауыл тұрғыны тартылып, оның 34121 сотталып кетті. 1928 жылдың қазаны мен 1929 жылдың желтоқсаны аралығындағы дайындау барысында сот үкімімен 125 адам ату жазасына кесілсе, БМСБ осы уақыт ішінде 152 адамды атты [153, б.8]. Бұл арқылы, саяси репрессиялар ауқымының едәуір кеңейіп мүліктік зардап шектіруден, қылмыстық жауапкершілікке тартуға
57 дейін, соның ішінде ең жоғарғы жаза қолданылғандығы көрініп тұр. Салыстырмалы түрде әлсіз, кедей және орташа шаруашылықтар, әрине заттай салық жинаудың ең аз бөлігін көтерді, дегенмен оларға да колхоздарға кірген уақытта ғана, олардың жағдайларының әлдеқайда дұрыс болатындығы айтылды. Шаруалар қауымына әсер етудің үшінші бағыты салық режимінің қатаюы болды. Социалистік индустриализацияны тездету барысында салық саясатының үлкен маңызға ие болғандығы, түсінікті еді. Кеңестік нұсқасындағы индустриализацияның ерекшелігі негізінен ауыр индустрия кәсіпорындарының салынуында болатын, олардан табыс түсіру 10-15 және одан да көп жылдардан кейін күтілгендіктен, өнеркәсіп дамуының ауыртпалығын ауыл шаруашылығындағылар барынша сезінген еді. Салықтардың негізгі салмағы ауыл мен деревняның бақуатты бөлігіне түсті. 1927-1928 шаруашылық жылы 4% бақуатты және кулактық шаруашылықтар ауылшаруашылығы салығының шаруа қожалықтарына салынған барлық сомасының 83%-ін төлеуге мәжбүр болған, Деревняда 1000 рубльден жоғары табысы бар шаруашылыққа салынатын салықтың орташа сомасы 239 рубль, ал ауылда 323 рубль болды. 0,6% ірі мал шаруашылықтары, мал шаруашылығымен шұғылданатын аудандарғы салықтың барлық сомасының 25%-ін төледі. Келесі 1928-1929 жылдары салықтың салмағы іс жүзінде екі еселенгенмен, бұдан ірі жер және мал шаруашылықтарының ұтқаны шамалы болды. Сонымен қатар жеке қосымша салық, жалпы шаруалардың арасынан табыстарымен және олардың «еңбексіз табылуымен» ерекшеленген, ірі шаруашылықтарға да салынды. Мұндай алалауға жергілікті үкіметтің өзімбілерлігі арқасында кейбір бақуат орташа шаруашылықтар да ілігіп кетті [153, б.9]. Салық қысымын көтере алмаған бақуат шаруашылықтардың басым бөлігі «өз еріктерімен кулаксызданып», қалаларға кетті немесе табыс көздерін ауыстырып, қызметтерін өзгертті. Мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар, күштеп дайындату акцияларына және салынған салықтың ауырлығына шыдай алмай республикадан тыс жерлерге және шетелдерге көшті. Ірі мал иелерінің соңын ала, қоғамдағы дәстүрлік құрылым ерекшеліктеріне сәйкес, өз ата қоныстарынан орташа және кедейлер шаруашылықтары да көтеріле бастады. Елден көшіп кетудің протесттік тұрпаты үкіметті де ойландырмай тұрмады. Себебі аймақтар территориясы мен республиканы еңбекке қабілетті халық тастап кетіп жатты, мұның өзі мемлекеттің қосымша өнімді пайдалану мүмкіндігін шектейтін еді. Бұл көшпелі мал шаруашылығындағыларға да қатты кері әсерін тигізді –
58 сулы да нулы ата қоныстары мен, қалыптасқан сүрлеулерін тастап, көріп-білмеген жерге көшу қазақ ауылдарының жағдайын одан әрі әлсіретті. Жаңа экономикалық саясаттың аяқталуы мен «ұлы бетбұрыстың» басталуы нәтижесінде қазақ ауылы мен переселендік деревнядағы әлеуметтік топтардың жікке бөлінушілігі күшейе түсті. Қалыптасқан жаңа күштердің орналасуы екі жақты мазмұнда болды. Бір жағынан кеңес үкіметіне қарсы тұрған әлеуметтік топтардың экономикалық және саяси позицияларының едәуір деңгейде әлсіреуі, объективті түрде, қысқа мерзімде жаппай ұжымдастыру саясатына көшуге ықпалын тигізді . Екінші жағынан, іс жүзінде бұрынғы экономикалық укладтардың жаңа социалистік укладтың құрылмай тұрып талқандалуы, болашақтағы күйзелістірдің алғышарты болғандай еді . Ұжымдастыру процесі іс жүзінде жер туралы Декретті қабылдаған кезден басталынды, сол кездің өзінде-ақ орташалар мен кедейлердің шаруа қожалықтарын кооперацияға біріктіру ойластырылған болатын. Кооперация, коммуна, жер өңдеу серіктестіктестіктері (ЖӨС) және ауыл шаруашылығы артельдері түрінде біріккен - ауыл шаруашылығы бірлестіктерінің қарқыны тым төмен болды. 20-жылдардың екінші жартысынан бастап, селолық майда және орта буржуазия кооперацияны дамытуға қарсы негізгі кедергі ретінде қарастырыла бастады. Осы негіздегі мемлекеттік саясат кулактар мен байларды жоюға бағытталды. Бұнымен қатар орташа және кедей шаруашылықтарды күштеу арқылы колхозға қоғамдастыру да жүріп жатты. Жер бөліктерінің, ауыл шаруашылығы жайылымдарының, малдың, құрал-жабдықтардың, шаруашылық құрылыстарының қоғамдастырылуы ауыл шаруашылығын өркендетудің жалғыз дұрыс жолы ретінде қабылданды. БК(б)П ОК Саяси Бюросының 1930 жылдың 30 қаңтарындағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы кулак шаруашылықтарын жою туралы іс-шараларында» негізгі тұжырымдар қарастырылып, нақты іс-шаралар ұсынылды [16, б.72-73]. Осының алдындағы БК(б)П ОК қаулысында ұжымдық қозғалыс толықтай аудандарды, аймақтарды тіпті облыс пен өлкені қамти отырып алға тағы да жаңа қадам жасады… Қозғалыстың негізінде кедей және орташа шаруашылықтардың өндіріс құралдарын ұжымдастыру жатыр. Біздің ірі кулактық өндірісті ірі колхоз өндірісімен алмастыруға, социалистік жер шаруашылығын құруда, күшті алға жылжу үшін қажетті материалдық базамыз бар…
59 Бұл жағдай партияға, өзінің практикалық жұмысында кулактардың қанаушылық тенденцияларын тежеу саясатынан, оларды тап ретінде жою саясатына көшуіне толық негіз берді.» [156, б.245-247]. Дәл осы қаулыда «ұжымдық қозғалыстың дамуын тракторлар мен күрделі машиналардың жетіспеуіне байланысты тежеудің барлық әрекеттеріне қарсы қатаң күрестің қажеттілігі» айтылады. Анығында бұл арада боладыны-болғанға таңу орын алып тұр, себебі іс жүзінде өндіргіш күштердің жаңа даму деңгейіне көшпей, колхоздар тек төмен өндірісті майда және орта шаруашылықтардың арифметикалық қосындысы болып қана қалды. Билеуші-саяси құрылымдардың ірі тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісіне салыстырмалы түрде тез арада өтеміз деуі ,өздерін-өзі алдау болатын. Кулактарды тап ретінде жою саясатының мазмұны, ауыл шаруашылығындағы жерді арендалау мен жалдамалы еңбекті қолдануды болдырмауға сайды. Кулактардан өндіріс құрал-жабдықтарын, малдарын, шаруашылық және тұрғын үй құрылыстарын, қайта өңдеумен айналысатын мекемелерін, жемдік және тұқымдық қорларын кәмпескелеу көзделді. Кулактардың өздері үш категорияға бөлініп, оларға репрессиялық шаралар мына диапазонда – концлагерге қамаудан, өлкенің алыс аудандарына, яғни губерниялар мен аймақтардың орталықтан және темір жолдардан алыс, игерілмеген, өмір сүруге қолайсыз территорияларына жер аударуға дейін. Кулактардың үшінші категориясы аудан көлемінде қала отырып, колхоз шаруашылықтарынан тыс бөлімшелерге қоныс аударылды. Кулаксыздандырудың орта пайызы жалпы шаруашылықтар санының 3-5% болып белгіленді. Тура Қазақстан бойынша концлагерлерге 5-6 мың адамның қамалып, 10-15 мың адамның жер аударылуы қарастырылды [160]. Бір мезетте осы арада Қазақстанның әртүрлі аймақтары мен республиканың сыртына 20-25 мың кулактардың семьяларын жер аудару көрсетілді. Қаулыға сәйкес репрессивтік-жазалау органдары да күшейтілді-БМСБ-ға соттан тыс қаралатын мәселелердегі өз өкілетілігін облыстардағы БМСБ-ның толыққанды өкілдері мен БК(б)П өлкелік комитеті және прокуратура өкілдеріне сеніп тапсыру құқығын беру, БМСБ-ның штатын 800 адамға көбейту, БМСБ әскери құрамының санын 1100 штык пен қылышқа көбейту, - көзделді [160, б.150, 152]. Қазақстанда, елдің басқа да аудандарындағы сияқты, әкімшілік орталықтың нұсқаулары барынша ыждахаттылықпен орындалды-республикадан тыс аймақтарға 6765 адам жер аударылды, ал басқа аудандардан келгендердің саны 46091 отбасын немесе
60 180015адамды құрады. 1932 жылдың тамызындағы «Мемлекеттік кәсіпорындарды, колхоздарды және кооперацияларды қорғау және қоғамдық (социалистік)меншікті нығайту туралы» заң бойынша 33345 адам сотталып кетті. Бес жыл ішінде,1929 жылдан 1933 жылдарға дейінгі аралықта Қаз.АКСР-інің БМСБ ТӨ үштіктері 9085 істі қарап, 29333 адамдарға қатысты шешімдер қабылдады,олардың ішінде ең жоғарғы жазаға 3386-ы ілігіп, концлагерлерде 3- жылдан – 10 жылға дейінгі мерзімге 13151 адам қамалды [161, б.15]. Негізінен, Қазақстандағы ұжымдастыруды тездетудегі екінші бір маңызды кезең, көшпелі шаруашылықтарды жоспарлы түрде отырықшылыққа көшіруді жүзеге асыру бағыты болды. Өзінің тұрпаттық маңыздылығында, отырықшылық, жаңа формаға көшу, яғни мал және жер шаруашылығындағы эволюция немесе стационарлық мал шаруашылығын өрістету ретінде қарастырылды. Дегенмен, отырықшылықты практика жүзінде іске асыру волюнтаристік әдістермен жүргізіліп, жүздеген мың адамдардың дәстүрлі өмір сүру салты бұзылды, қалыптасқан шаруашылық қарым – қатынастары үзіліп, мемлекеттің отырықшылық өмірді қалайтындай жағдай жасауға материалдық негізінің болмауы себепті, мәселе шиеленісе түсті . Жалпы отырықшылық туралы концепция, ол туралы авторлардың көзқарасысынан бөлек, белгілі бір тұрғыда диалектикалық даму қорытындысы іспеттес еді - себебі ежелгі көшпелі шаруашылық отырықшы және жартылай отырықшы мал шаруашылығынан жылжымалы көшпелілікке көшу жағдайында пайда болған болатын. Осы арқылы б.з.д. 2 мыңыншы жылдың соңынан – 1 мыңыншы жылдың басына дейінгі өмір салты, Қазақстан территориясында да, өзгеріске түскендігі анық. Егер басында дәстүрлі шаруашылықты өзгерту объективті жағдайлармен түсіндірілсе – адамдар санының көбеюі мен климаттың өзгеруі, екінші жағдайда негізгі маңызға субъективті фактор – билеуші үстем –саяси құрылымдардың өздерінің идеологиялық доктринасына сүйенген (негізделген) саяси күш – жігеріне байланысты болды. Қазіргі тарихи әдебиетте седентаризация термині қолданылады, бәлкім жаратылыстану ғылымындағы седиментация –майда бөлікшелердің тұрақтануы немесе тұрақтану үшін жиылу – деген түсінікті берсе керек [161, б.16]. Осы тұрғыда өрбіген саяси субъективизимнің салдары әрине, карсылық әрекеттері мен экономикалық оқшауланып шығып кетуге апарып соқты.
61 Бұған жауап ретінде орталық және жергілікті үкімет органдары күш көрсету науқанын бастап та жіберді. Мәселе әсіресе көшпелі тұрмыстағы мал шаруашылығы аудандарында қиын болды.Мұнда отырықшылдану жаңа ғана өрістей бастаған: 1929 жылға қарай 50 мыңнан сәл астам көшпелі қожалық орналастырылды, бұл олардың жалпы санының 7,5 пайызы болатын. 1930 жылы тағы 84340 қожалықты отырықшылыққа көшіру көзделді [162, 96-б.]. Ал, бұл ұжымдастырудың жоспарланған қарқыны үшін аздық етті. Голощекин мұны да, сондай-ақ патриархалдық-рулық қатынастар әлі жойылып болмаған, мешеулік пен қараңғылық жайлаған ауыл, жалпы демократиялық өзгерістер кезеңін бастан кешпей тұрып егіншілікпен айналысатын кооперативтік шаруашылықтың жоғары формасы – колхоздарға бірден көше алмайтынын да түсінді. Бірақ Голощекин Сталиннің дегенін мәймөңкелікпен орындаушы болды. Қажет болғанда ол мәселенің тонын айналдырып кигізуден де тайынбады. Отырықшыландыру ұжымдастырудың алдында жүруі міндетті емес, қайта керісінше-жаппай ұжымдастыру отырықшыландырудың стимулына айналуы тиіс деген концепциясы соның көрінісі. Колхоз құрылысының бес жылдық жоспары туралы мәселе қараған БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің 1929 жылғы декабрь Пленумы оның қыспағымен былай деп көрсетті: «астықты аудандарды ғана емес, сондай-ақ мал шаруашылығы және мақта шаруашылығы аудандарын қамтуды ескере отырып мал шаруашылығы қожалықтарын астық шаруашылығындағыдай қарқынмен коллективтендіруді барынша ынталандыру қажет, сөйтіп коллективтендіру қарқыны халықты бір жылдың ішінде толық қамту есебінен белгіленсін» [162, 97-б.]. Мұндай әкімшілік делебе қозушылықты БК(б) П Орталық Комитеті Саяси Бюросының 1930 жылғы 5 январьдағы «Коллективтендіру қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек шаралары туралы» қаулысы да сабаға түсіре алмады [162, 97-б.]. Мұны аталған науқан кезіндегі келесі динамика да анық көрсеткендей.1930 жылы отырықшылыққа 87136 шаруашылық көшсе, 1931-77508, 1932-77674, 1933-242208. [161, б.17]. Іс жүзінде отырықшылыққа көшу белгілі бір жерлер мен пункттерді таңдау мен,бұрыннан бар отырықшы қоныстардың негізінде немесе соның жанынан орын табу арқылы жүргізілді. Осы бастама бойынша КСРО-ның орталық аудандарынан жиырма бес мыңшылдықтардан 1204 адам, Қазақстан қалаларынан 8 мың жұмысшы, олардың
62 түсінігіндегі «еуропалық типтегі поселкелерге» қоныстандырылды - олардың киіз үйлері дұрыс квадраттармен орналасып, орыс деревньясының кейпіне келтірілді. Экономикалық мағынада шаруашылықтың жаңа формалары мен түрлерін іздестіру мынадай іс-шаралармен «тек мал шаруашылығымен шұғылданатын қазақ аудандарына дәндік дақылдарды, бақша өнімдерін егуді ендіру», бұл үшін осы аудандарды қажетті тұқымдармен, қарапайым ғана ауыл шаруашылығы құрал-жзабдықтарымен қамтамасыз етіп, онда аздаған мелиоративтік жұмыстар жүргізілуі тиіс болатын. Өкінішке орай, көшпелі өмірге лағнет айтқан большевиктер шаруашылық түрін, топырақ-климат жағдайын ескерместен отырықшы ауыл шаруашылығын қоғамның экономикалық ұйымдасуының жоғары сатысы деп түсінді. Қазақ даласының жағдайында қысқа мерзім ішінде мал шаруашылығымен айналысудың дәстүрлі әдістерін отырықшы шаруашылыққа ауыстыру әрекеті экономикалық ессіздік еді. Әрине, осылай қазақ даласына келген ашаршылықтың жантүршігерлік көрінісін Голощекин өзі жіберген жергілікті жерлердегі уәкілдері арқылы жақсы біліп, одан толық хабардар болып отырды. Міне сондай жергілікті жағдайдан нақты да шынайы мәліметтер түсірген Ораз Жандосовтың Әулиеатаның Сарысу ауданындағы ашаршылық туралы жан түршіктірер мәлімдемесін сол қалпында келтірелік: «ауылдарды аралаған кезімде, мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім. Бұл жағынан, тірі қалған әйелдер мен жас балаларға ешкім көмек көрсетпейді. Таңданарлықтай болса да, әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғылары түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды және жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген аң терілері де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім. Олар қайдағы бір ескі жұрттағы, терісін алу үшін атылған иттердің қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. №5 ауылда тамақтанбаудан жартылай ісінген аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді. Кейбір аңщы семьялары шошқа етін жеуде және шошқа етімен тамақтанушылар өздерінің «күнәләрін» жасыруға тырысса да, мұның өзі халыққа ешқандай жағымсыз әсер ете қоймады» [163].
63 Әңгіме, әрине бұл жерде Ораз Жандосовтың аштықтың қасіретін айна қатесіз, қаз-қалпында беруінде емес. Ашыққан Әулиеата қазақтарының ит пен шошқа, жылан мен тасбақа тұрмақ адам еті жегені туралы фактілер де баршылық[164, 28-б.]. «Қосалқы шаруашылықсыз, бұл аудандар бұдан былай да өздерінің қалған малдарын өсіре алмай, барын жеп қойып отыратындығын ескеру керек» [165], - деп жазды өзінің Сталинге хатында Қазақ АКСР-і ХКК-нің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылдың тамызында. Дәл осында кедейленген малшылардан Каспийде, Арал теңізінде, Балқашта, Зайсанда және басқа да сулы өңірлерде балықшылар артелін ұйымдастырып, оларға балық аулауға қажетті құрал-жабдықтар алуға жеңілдетілген жағдайда кредиттер беру де ұсынылды. Қазақтардың арасында қолөнершілік өндірісті ұйымдастыру көзделінді: О. Исаев сонымен қатар «Қазақтардың поселкелкерге дұрыс орналасып, шаруашылығын түзеуіне көмектесудің» де қажеттілігіне тоқталды. Бағыты және мазмұны жөнінен бөлек хатты Сталинге 1932 жылдың 29 қыркүйегінде Тұрар Рысқұлов жазды. 1932 жылға қабылданған отырықшыландыру жоспарын қате деп есептеп, КАКСР-і Кеңхалкомы мен Өлкелік комитетінің шешімдерінің жойылғандығы туралы жариялау керектігін ұсынды. Бұл қаулы бойынша отырықшыландыруды 1933 жылдың соңына аяқтап, нәтижесінде бір массивте 500 шаруашылықтан жиналған, еуропалық түрдегі (типтегі) ірілендірілген поселкелер құрылуы керек болатын. Әрине мұндай мүмкіндіктің Қазақстанның көптеген өңірлерінде жоқ болуы түсінікті де еді [166]. Т. Рысқұлов отырықшылыққа көшу кезеңіндегі көрсеткіштерге баға бере келіп, өнімнің төмендігі мен жер шаруашылығын жүргізудің тиімсіздігін атап көрсетеді. Осы орайда отырықшыландырылған 200 мың шаруа қожалығының 30 %-і қоныстанған жерлерінен көшіп кеткендігіне тоқталады. Құрылысы басталынған отырықшыландыру нүктелерінің 21%-нің орнын ауыстыру керек болса, 20%-і шаруа қожалықтары өз жағдайларына ырза емес, кейбір отырықшылық пункттерінің орны бірнеше мәрте негізсіз өзгертілген. Асығыстықтың кері салдары мал қоралар мен тұрғын үйлердің құрылыстарының бітпей қалуына, бөлінген қаржылардың дер кезінде игеріле алмауына әкеліп соқтырды [167]. Т.Рысқұлов кейіннен, 1933 жылдың 11 наурызындағы БК(б)П ОК-і И.В.Сталиннің атына жазылған баяндама хатының БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Мирзоянға жіберілген көшірмесінде көшпелі қазақтардың отырықшылыққа көшу мәселесіне
64 қайтадан оралады. Ол аталған кемшіліктерге тағы да бір тоқтала отырып осы мәселе бойынша отырықшыландырылған малды аудандардағы жіберілген сорақы кемшіліктерге барынша назар аударуылын табандылықпен талап етеді [168, с.319]. Отырықшыландыруды барынша тездетудің келесі бір келеңсіз көрінісі КАКСР-і Денсаулық ХалКомынан Семиозер аудандық денсаулық сақтау бөлімі инспекторының отырықшыландырылған халықтың денсаулығының жағдайы туралы баяндама хатында көрсетілген. Онда, әртүрлі ауыр аурулармен ауыру деңгейі өте жоғары, отырықшыландырылған халық қажетті азық-түлікпен, киіммен, және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілмеген деп көсетіледі. Отырықшылыққа таңдап алынған орындардың жарамсыздығы ерекше аталынады. «Поселекке арнап таңдалынған орын тіпті де лайық болмай шықты №15 ауылдағы жер қыртысы - құм, мұнда ешбір құрылыс нысандарын жүргізуге болмайды. Тұрғын үйлер дұрыс жоспарланбаған, күңгірт, сыз, салқын және ұсқынсыз. Терезелерінің солтүстікке қарап шығуы да орынсыз. Отырықшылыққа арналған орындарға отын жеткізілмеген, мұның өзі тұмау ауруларының асқынуына әкеліп соқтыратыны анық». Басқа да көптеген осындай кемшіліктер, соның ішінде медициналық кадрлардың жоқтығы да атап көрсетіледі [169]. Жалпы отырықшыландыру науқаны, ресми деректерге сүйенсек, 1936 жылға дейін созылған. Республика бойынша 338,7 мың шаруашылық отырықшылыққа көшкен [170]. Отырықшылыққа көшу процесінің мәдениет және білім деңгейін көтерудегі бағыт-бағдары дұрыс та болған шығар, бәлкім тұрақты қосалқы шаруашылық жағдайында мал шаруашылығын дамытуға да мүмкіндік туған болар ма еді. Дегенмен өзін- өзі ақтамаған асығыстық, жүздеген жылдар бойы қалыптасқан көшпелі өмір салтын небәрі 2 - 3 жылда өзгерте қоямыз деген далақтау (талпыныс) қатерлі қасіреттерге әкеліп, экономиканың аграрлық секторындағы онсыз да әлсіз жағдайды ушықтырып жіберді. Тіпті, билік басындағылырдың өздері қиын жағдайда қалып, онсыз да жетімсіз құрылыс материалдарын, өнеркәсіп тауарларын және қаржы көздерін жаратып жіберуге мәжбүр болды. Сталинизмнің, қоғамдық қатынастар мен саяси билік системасындағы ерекшелігі ретінде, оның саяси теория мен стратегияны, ағымдағы тактикалық мәселелерді шешуге бағындыруын айтуға болады. Мұндай бағыныштылық, болып жатқан қайта құрулардың алғаш рет өткізілгендігіне, ішкі және халықаралық ареналардағы күштердің арасалмағының өзгеруіне, ауыстырылмайтын
65 басшылықтың жеке қателіктеріне, орта және төменгі буын партия мен кеңес кадрларының идеялық және ұйымдастыру қабілеттерінің әлсіздігіне байланысты болса керек. Қарастырылып отырған ұжымдастыру мәселесі бойынша да осылай болып: кулактарды тап ретінде жою, дайындау кампаниялары, салық мөлшерінің өсуі және көшпелі халықты отырықшылық өмір салтына көшіру барысында да тек сол мезеттегі жетістіктерге жету жолы ғана қарастырылып, оның болашақтағы салдарлары есепке алынбады. Сондықтан да саяси бағыт-бағдар ұдайы өзгерістерге ұшырап, жіберілген қателіктер насихаттық түсініктемелермен жасырылып отырды. Күштеп ұжымдастыруға қарсы әрекеттердің бірі ретінде шаруалар қозғалысын айтуға болады. 1929 жылдың күзінен 1931 жылдың көктемі аралығында Қазақстанның барлық территориясы бойынша қарулы көтерілістер болды. Жеке елді мекендердегі кіші-гірім көтерілістер, аудандар мен округтердің бірнеше аудандарын қамтыған толқуларға ұласты. Көтерілістердің негізгі себебі билік басындағылардың тарапынан болып жатқан өзімбілерлік пен заңсыздыққа қарсы тұруға талпыну болып табылды, сонымен қатар феодал - байлар мен кулактардың белсенділері тарапынан контрреволюциялық үгіттің де орын алғандығы анық еді. Әртүрлі деректер бір жарым жыл ішінде толқуларға 80 мың адамның қатысқандығын айтады [171, с.66]. Жергілікті халыққа қарсы соғысу үшін өзін-өзі қорғайтын немесе коммунистік деп аталатын отрядтар құрған, партиялық үгіт-насихаттан және саяси ұйымдастыру жұмыстарының, әскери қысымды және ықпалды жоғары қойған, сөйтіп Қазақстандағы халықты БМСБ ТӨ-нің қарулы, қатал шеңгелінде ұстаған, яғни ерікті ұжымдастыру процесін әскери репрессия айналдырып жіберген Голощекинді кез-келген әскери диктатормен ұялмай қатар қоюға әбден болады деп ойлаймыз [43, 112-б.]. Шектен шыққан қаныпезерде жүгенсіз бұқара тарапынан қарсылыққа, наразылыққа кездесуі әбден орынды болатын. Сондықтан да Қазақстанда егер 1929 жылы жергілікті өкімет, партия басшыларына қарсы 143 рет қастандық жасалса, 1930 жылы бұл көрсеткіш-139, ал 1931 жылы-178 болды. Халықтың жаппай бас көтерулері де бұл жылдары жеке алғанда 54, 241, 77 рет болды. Колхоздардың мүлікін өртеп жіберу малды улау тәрізді қылмыстар да орын ала бастады [43, 113-б.]. Ұжымдастырудағы Голощекиннің БМСБ-ның күштеріне сүйенген әскери режиміне, зорлық-зомбылығына наразы болған қарапайым халықта көтерілістерге белсене қатысты. Осылай Созақта, Бостандықта, Сарысу мен Таластағы және т.б. үлкенді-кішілі үкіметтің
66 коммунистік отрядтарымен болған қақтығыстар еріксіз 1916 жылды еске түсіреді. Халықтың қаһарынан қаймыққан, оған БМСБ шыдас бере алмайтындығын түсінген Голощекин, әсіресе наразылықтар басталған жерде БМСБ-ға бағынатын арнайы әскери бөлімдерді-коммунистік отрядтарды көптеп ұйымдастыруға оң көзбен қарады. Мысалы, Созақ оқиғасының тарап кетуінен қауіптенген Қызылорданың округтік партия комитетінің бюросы А.Розыбакиевтің басқаруымен болған өзінің 1930 жылғы 3 наурыздағы мәжілісінде қабылдаған шешімінде былай деп көрсетті: «…БМСБ қарамағында болатын комотрядтар, Қызылордада, Қазалыда, Арморда, Қарсақпайда ұйымдастырылсын. Соңғылардың жауынгерлік қабілетін көтеруге арналған тұрақты әскери жатығулар өткізілсін» [43, 138-б.]. Бұл негізсіз де емес еді. Себебі, 1928-1930 жылдар арасында Қазалы ауданы территориясында болған Асандар көтерілісі, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы Ақмырза көтерілісі және Қазалы, Жалағаш пен Сырдария аудандарының қазақтары қатысқан Қарақұм көтерілісі Кеңестердің едәуір соғыс техникасын пайдаланып ғана басылғаны, қазірде тарихқа белгілі болды [52, 147-б.]. Сәл кейін шегініп, Созақтағы көтеріліске байланысты БМСБ қызметкері Никитенко бастаған коммунистер отрядының Созаққа шабуыл жасап, төрт сағатқа созылған қатты ұрыстан кейін 300 бандиттің (көтерілісшілерді айтып отыр С.Б) опат болып, 200-і тұтқындалып, көп ат, 70 дана дәрімен атылатын әртүрлі қару, 50 данадай суық қару қолға түсті. Біздің жақтан екі адам жараланды, үш ат өлді деген ақпарына мән берсек, онда көтерілісшілердің қауқарының қандай болғаны түсінікті болса керек. Ақпарда 300 «бандит» оққа ұшты делінсе, Қаратаудың құмына қашқан қарусыз жандарды қуып жүріп тергеусіз, сотсыз атылғандарын кім есепке алды дейсің [51, 46-б.]. Сондықтан да, көтерілістер мен толқулардың бүкіл ел аумағында болып өткендігіне қарамастан олар билік органдарының ауыл мен деревнядағы саясатына үлкен әсер ете алды деп айта алмаймыз [161, 26-27-б.]. Көтерілістерді басу жасақталған армияның тұрақты бөлімдері мен БМСБ отрядтары және партия мен кеңес активі әскерилендірілген құрамалары үшін қиынға соққан жоқ, олардың бұл шараларды қатыгездікпен атқаруы, ақыр соңында шаруалардың қалған бөліктерінің бас көтерулерін болдырмады. Ұжымдастыру кезеңіндегі көтерілістер мен олардың жеңілісі туралы қазіргі тарихнамада барынша кең түрде жазылған. Сонымен қатар назардан тыс қалып отырған анық факт те бар, ол үкіметке қарсы кез-келген қарулы көтерілістің жеңілетіндігінің алдын - ала белгілі болғандығы. Бұл орайда, егер Ырғыз ауданындағы көтерілісшілерден
67 барлығы 17 винтовка тартып алынылғандығы айтылса, мұның саны көбейген күннің өзінде де, жағдайдың біржақты болатындығы белгілі еді. Сондықтан, ауылдағы қантөгістер, тіпті үкіметтің айдап салуымен, олардың репресивтік іс-шараларына кең жол ашу үшін де керек болды ма?-, деп те қарауға болатындай. «Тап күресін көпе-көрінеу, әдейі голощекиншілердің өздері ушықтырды. Сондай-ақ Орта Азиядағы немесе Қазақстандағы осы көтерілістерді ұйымдастырушы қайдағы бір орталықтар туралы әңгімені БМСБ тыңшылары ойлап шығарған» [44, 7-б.] деген нақты пікірлер де бар. Дәл осы кезеңдегі тұрғылықты қазақ халқының үдере көшуі де оларға көптеген қиыншылықтар әкелген еді. «Қонысын тастап Қазақстан мен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекен-жайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда, қазір Орта Еділде 40 мың, Қырғыстанда - 100 мың, Батыс Сібірде - 50 мың, Қарақалпақстанда – 20 мың, Орта Азияда – 30 мың қазақ бар. Қонысынан ауғандар Қалмақ жеріне, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа осы сияқты шалғай жерлерге көшіп кетті», - деп жазады өзінің жоғарыда көрсетілген хатында Т. Рысқұлов [39, с.320]. Сол кездегі құжаттардың бірінде Қытайға 170 шаруа қожалығының көшкендігі туралы айтылса, олардың тек 30-ы ғана байлар болып, қалғандары орташалар мен кедейлер екендігі анықталған [172]. Көшуге мәжбүрлеудің негізгі себептері бір жағынан саяси науқан кезеңіндегі асыра сілтеушілік болса, екінші жағынан бұрынырақ Қытай ауған байлардың рулық байланысты пайдалана отырып айдап салуы болған еді [173]. Жалпы 1931 жылдың тамызына дейін 35597 шаруа қожалықтарының 893074 бас малмен көшіп кету фактісі орын алғандығы айтылады [174]. Осы жағдайда көшіп кетуге тоқтау салатын ұйымдасқан қарсы тұрушылықтың болмағаны да анық. Қазақстандағы БМСБ - ның өкілдігі мен шекара күзеті басқармасының ақпараттарында, шекаралық Лепсі ауданында 1000-ға жуық кедей – орташа шаруа қожалықтары мен жүз шақты «бай дейтіндердің» шекараға таяу және одан өтетін жерлерге шоғырланғандығы туралы айтылады. Бұған қарсы шара ретінде «көшіп кетпекшілірдің арасында айныту жұмыстарын жүргізу арқылы, олардың Қытай асып кетуіне жол бермеу» қарастырылған. Келесі шара «жаппай саяси жұмысты жандандырып», «партия қызметкерлеріне, көшіп кетушілерді қайтару үшін, оларды қайтқан жағдайда материалдық жағынан қамтамасыз ету арқылы қызықтыруға жұмылдыру» [175], - болды. Мұндай үгіт - насихат жұмыстары әрине, көшіп кетушілерді тоқтата алған жоқ, себебі - Қазақстанның ауыл
68 тұрғындары ұжымдастырудың жоғары қарқынына шатасып, малдың қоғамдық болып бей-берекет болуынан қорқып, оларға түсініксіз колхоздардың құрылып, отырықшылыққа олқы жерлердің таңдалынуынан зәрәзәп болған еді. Қайткен жағдайда да көшпекшілерді аштық қасіреті күтіп тұрғаны анық болатын. Олар өзіндегі бар мал-мүліктің әзер дегенде алып қалған аз бөлігін жылы орнынан жылжып, бөтен жерге барғанда, мейлі ол КСРО-ның ішінде болсын, мейлі шет елде болсын тез тауысып қойған еді . Оның үстіне РКФСР мен Орта Азиядағы жергілікті халық қазақтарды құшақ жая қарсы алмағаны анық. Тауы шағылып, кемсітушілікке ұшырап, барынан айырылып, аштан қырылған көшіп кетушілер, амалсыз кері қайырылып, үкіметтің қолына қараудан басқа мүмкіндіктері болмады. Көшіп барғандардың негізгі бөлігі орналасқан РКФСР мен кеңестік Орта Азия аудандарының партиялық және кеңестік органдары олардың жағдайының түзелуіне бірқатар шаралар жасағанмен, оларды Қазақстанға қайтаруға бейімділік танытты. Қайтіп келген көшпелілерге өздері кеткен колхоздарға оралудан басқа жол қалмады. Ауылдық жерлерді тастап ешбір дүние- мүліксіз, ірі қалалар мен темір жол станцияларының бойына орныққан көшпелілер де, осындай жағдайға ұшырады. Жалпы, «сыртқы» және «ішкі» көшіп кетушілердің қайтып оралу процесі ұзақ уақытқа дейін іс жүзінде бетімен кеткен еді, мұның өзі қайтып келушілердің жағдайын одан әрі қиындатып жіберді. Жалпы алғанда, көшіп кету құбылысы ұжымдастыру барысындағы «ауылды кеңестендірудің орашолақтығы және кеңес үкіметінің шаруалардың негізгі бөлігі арасында әсерінің жоқтығынан пайда болған еді. Көшіп кетушілік, билік органдары тарапынан ешбір тоқтау көрмей, «жанама репрессиялар» формасына айналып, Қазақстан халқының басым бөлігінің, аштық азабында тәрбиеленіп, оларды амалының жоқтығынан, өз еркімен, ауылдың социалистік қайта құрылуына келісуіне мәжбүрледі. Дер кезінде қажетті шаралардың қабылданбауы демографиялық тоқырауға алып келді. Қазақ қауымын жаппай дерлік зобалаңға душар етіп, қынадай қырған 32-ші жыл мен 33-ші жылдың басындағы ашаршылық және осыған байланысты көшіп кетушілердің мүшкіл халін баяндап «Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесіне» жазылған мына хатқа мән берсек, онда былай деп жазылыпты: «...Қазақ елі өз алдына республика, үкімет құрып отырғанына 15 жылға қарай аяқ басып келеді. Енді 1933 жыл үстінде Қазақстан елінің бірқатар ауданшаларында отырған халықтар аштық апаттарына ұшырап, олардың түрлі шаруашылықтары да күйзеле бастады. Осының әсерінен
69 қазақ халқының көбісі күштері үзіліп, өз жерлерінде аштан өле бастады. Ертерек қам қылып, күн көретін жер іздеген қазақтар сатынып-суынып міне Өзбекстан жері: Жарбұлақ, Қызылтөбе, Қаршы, Кітап, күншығыс ауған шекераларында 3-4 малдың басын қосып, қоныс таппай қашып, кім-көрінгенге жем болып жүр. Осы Өзбекстан жерлерінде мыңдаған, он мыңдаған қазақ үйлері толып жүр. Бұлардан өлгені өлді, өлмегені сандалып жұмыс таппай қыштақтан қыштаққа көшіп жүр…» [176]. Автор ары қарай «..Және де Қазақстан жеріндегі жүн-жұрқа, киіз, кілем, ескі-құсқы заттарды Қаршы, Кітап, Құзар базарларына әкеліп сатып жатыр. Әрбір адам бес-алты тең, 20-30 пұттан, 50 пұттан жүктерді әкеліп сатып жатыр. «Өлі зат» есепсіз көп сатылды» деп ес таппай, сансыраған жұрттың жан сауғалағанда сасқан, бишаралық халін баяндап, жүрек сыздатар ащы шындықты ақтарып салады. Онсыз да тозған елді талау, зәбірлеу, жүгенсіздік әрекеттері қаулағанына күйзеле жазады [177]. «…Өзім естіген хабарымды, көзбен көрген қылмысты хабарымды сіздерге жіберіп отырмын. Енді Сіздерден хабар күтемін» дей келіп, «қымбатты көсемдер, бұл үшін заң арқылы партияның жолбасшылығы арқасында ел бүлдіргіш азаматтардың құлқындарына құм тығу керек болар еді…Өзбекстан жеріне ауып келген қазақтарды қоныстандырып, аш-жалаңаш жүргендеріне жәрдем, жұмыссыз жүргендеріне жұмыс тауып беріп, осылардың аштан қырылып қалмау жағын қамтамасыз етсеңіз екен» [178]. Алғашқы хат 1933 жылы 27 наурызда, екінші хат- 28 сәуірде де, үшіншісі – 5-6 мамыр күндері жазылыпты. Ең соңында «осыларды жылдам ескерулеріңізді сұраймын. Кедей, комсомол мүшесі едім. Ермұханбетұлы» деп қол қойған [50, 14-б.]. Бұл газеттерде 1933 жылдың 3 ақпанында БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің, бірінде – Қазақстандағы жұмысынан босанғысы келген өтінішін Орталық Комитеттің қанағаттандыруына байланысты Голощекинді БК(б)П Қазөлкеком бірінші хатшысы міндетінен босату, екіншісінде – осы қызметке Мирзоянды сайлау жөнінде екі қаулысының жарияланғанынан кейінгі жанайқай екендігі анық болып отыр [179]. Осы тұрғысында сәл шегініс жасасақ, бес күннен кейін Голощекиннің Алматыдан аттанып бара жатқаны хабарланды. Бұл хабарға қоса газеттер астанадағы бірқатар кәсіпорындар мен мекемелерде өткен жалпы партия жиналыстарының шешімдері Ф.И.Голощекин жолдастың атына кеп түскенін, онда жұмысшылар Филипп Исаевичтің « өлкені социалистік тұрғыдан қайта құруда ірі табыстарға қол жеткізген қажырлы еңбегін атай отырып, сүйікті
70 лениншіл-большевикпен қимастықпен қоштасып жатқанын» жазды [180]. Оның Қазақстаннан аттануы тағы бір оқиғамен орайлас келді. Торғай және Шу аудандары бойынша «көшпелі және жартылай көшпелі қазақ халқына берілетін мемлекеттік азық-түлік жәрдемі мен тұқым ссудасын жаппай ұрлық пен талан-таражға салғаны үшін, сондай-ақ колхоз малы мен астығын ұрлағаны үшін 7 тамыз заңымен (ішінде ауком хатшылары, ауатком төрағасы, колхоз председателі, қойма меңгерушісі бар) он шақты адамның төртеуін ату жазасына, қалғанын он жылдан бас бостандығынан айыруға кескен үкімді республика Жоғарғы соты бекітті [53, 79-б.]. Бұл жердегі оқиға 1932 жылдың 7 тамызында шыққан атақты, халық арасында «үш түйір дән туралы» деп аталынып кеткен заң тұрғысында болып отыр. Осы заң бойынша «колхоз мүлкін ұрлағаны және талан-таражға түсіргені» үшін 10 жыл лагерлерге айдалып немесе өлім жазасы қолданылатын [71, б.168]. Ертеңіне 9 ақпан күні, Мирзоян қызметіне кірісті [181]. Оның алдында –асыра сілтеу мен бұрмалау зобалаңы тозақтың қыл көпіріне душар еткен, әбден күйзелулі елді оңалту жолына бағыттау міндеті тұрған еді.Күні кеше Алматыдан зор қошемет естіп аттанған әріптесінің соңында мал – жаны тозып қалған, сәні кетулі шала - жансар жалпақ даланы тірілту керек-тін [53, 80-б.]. Л.И. Мирзоян назарға бірінші кезекте ауыл өмірін алғанымен, жоғарыда қарастырылған құжат көрсеткеніндей ел өмірін бірден жақсарту оңайға түспегені анық. Сонымен, ұжымдастыру барысында жіберілген тактикалық қателіктер солшыл немесе оңшыл бағыттағылардың «асыра сілтеуі» ретінде түсіндірілді. Әрине, осының салдарынан жедел қарқынмен құрылған мал шаруашылығы аудандарындағы колхоздарда мал өсімі барынша төмендеп кеткені де шындық еді. Жеке қолдан қоғамдастырған түсініксіз ұйымға малдарын өткізгісі келмеген бақуат шаруалар, оларды сатып, сойып немесе туысқандарына уақытша үлестіріп ту-талапайын шығарды. Осындай аласапыранда, ауыл тұрғындары едәуір бөлігінің қалаларға немесе бесжылдықтың екпінді құрылыстарына жанбағу үшін көшіп кетуі нәтижесінде, колхоздар жұмысшы қолдарынсыз қалды. Жан-жақты жүргізілген есептеулер зұлмат жылдарындағы аштық пен оның ауыр салдары- іш сүзегі эпидемиясынан опат болғандардың саны 1млн. 750мың адамға жеткендігін көрсетеді, бұл республикадағы барлық қазақ халқының 42%-ы болатын [182, б.209]. Осы себептердің салдарынан колхоздар
71 белгіленген уақытта тауарлы ауыл шаруашылығы өнімінің ірі өндірушілеріне айнала алмады, тек 30 -шы жылдардың соңына қарай нақты алға басушылық мүмкін бола бастады. Осы уақытта репрессивтік аппаратқа сүйенген кеңес үкіметінің жалпы жағдайы түзеліп, оған қарсы тұрған күштер не жойылды, не өзінің ықпалын жоғалтып алды. 1.3. Большевиктік (коммунисттік) идеология негізінде қоғамдық сананы бір қалыпқа түсіруді басқа ойдағылардың қарсылығын тежеу арқылы жүзеге асыру және осыдан туындайтын ірілі-ұсақты шаралар Социализмді орнатудың лениндік жоспарының құрамдас бөлігінің үшіншісі мәдени революция болды, ол индустриализация мен ауыл шаруашылығын ұжымдастыруды жүзеге асыру жоспарларымен бірдей маңызға ие еді. Оның негізгі мазмұны кең кешенді мәселелерді - сауатсыздықты жоюдан бастап, ауыл шаруашылығының және мәдениеттің әртүрлі салаларындағы шараларды жүзеге асыратын кадрлар дайындауды қамтыды. Осы және басқа да мәселелерді маркстік-лениндік дүниетаным негізінде шешу мақсатында жаңа социалистік интеллигенция мен жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру мәселесінің қойылуы түсінікті де еді. Барлық басқа идеологиялық түсініктер зерттеліп отырған кезеңдегі максималистік рухқа сәйкес әшкереленді немесе қоғам өмірінен шеттетілді. Жалпы идеология ұғымы қайсыбір позициядағы таптың немесе әлеуметтік топтың қоғам және адам табиғатына көзқарастарының қосындысы ретінде қарастырылады [146, 475]. Қарастырылып отырған кезеңдегі идеологиялық тұғырнама жұмысшы табының диктатурасына негізделді дегенмен, іс жүзінде билеуші партияның диктатурасын жүзеге асыруды мақсат еткен болатын. Сондықтан да, әу дегеннен - ақ, бұл идеология шындықты бұрмалауға негізделді, оны қисынсыздандырды және әлемнің ғылыми негізделген бейнесіне сәйкестіліктен тайды. Осы идеологияның екінші бір ерекшелігі оның қоғамның барлық рухани жақтарын - яғни адамның моральдық, этикалық мінез - құлық нормаларын, эмоционалды - мотивациялық қызметін қамтығандығы болды. Сонымен қатар өмір сүрудің жаңа дәстүрлерін қалыптастыру мен қоғамдық өмірдегі жаңа құндылықтар нормаларын бекіту де қарастырылды.
72 Жеңіп келе жатқан идеологияны бекітуді тікелей бақылау идеологиялық бюрократияға тапсырылды, олар билеуші партияның қолдауы арқасында өздерін ақиқатың шегіне жеттік деп ойлады және халықтан ұсынылған әлеуметтік қайта құрулар бағдарламаларымен сөзсіз келісуді талап етті [123, 113]. Кеңес үкіметінің алғашқы айларында белгілі бір жағдайда идеологиялық және саяси плюрализм бар болатын. Осылай Кеңестердің Екінші съезінде большевиктер барлық солшыл бағыттағы партияларға үкімет құрамына кіруді ұсынған еді. Бұған солшыл эсерлер партиясы ғана келіскен. Соңынан азамат соғысының басталып, оған қосымша 1918 жылдың шілдесінде солшыл эсерлердің бас көтерулері бірпартиялық системаның құрылуына әкеліп соғып, осыған орай барлық саяси партиялардың қызметі тоқтатылған болатын. Аталынған фактілер мәдени революцияның идеологиялық негізі – маркстік- лениндік идеологияның абсолютті басымдылығын бекітуді; басқа идеологиялық түсініктегілермен, тіпті олардың әсер ету мүмкіндіктерінің шектеулілігіне қарамай, ымырасыз күрес жүргізуді анықтады. Осы ұстанымның бұрындары Кеңес үкіметіне қарсы шыққан барлық діни ағымдарға да қатысы болды – қоғамдық сананың бұл сферасын да, атеизмді белсенді насихаттау түріндегі большевиктік идеология басуы керек болды. Бұрынғы, буржуазиялық интеллигенцияға қатысты да ымырасыздық позициясы ұсталынды. Октябрьге дейінгі ғылыми, көркем және гуманитарлық салалардағы интеллигенция жаңа үкіметке жау деп есептелініп, осы себепті қоғамның рухани өмірі аренасынан тікелей немесе жанама түрде аластатылды. Басында , бұл шетелге өз еркімен кетуге рұқсат беруден, кейіннен сол жаққа күштеп кетіруге ұласты және соңында кетушілердің, ақтар эмиграция қызметіне белсенді араласуына байланысты, оларға репрессивтік шаралар қолдануына алып келді. Осылай «Кім-кімді?» деген мәселе қоғамның рухани өмірі саласына көшкен еді. Репрессиялық шаралар, большевиктер партиясының ішкі жағдайларына, сонымен қатар жаңа биліктің ірі әлеуметтік топтарға әсер ету мүмкіндігінің ұлғаюына және жаңа интеллигенцияның қалыптасуына сәйкес біртіндеп күшейе берді. Большевизмнің жалпы алғандағы саяси ілім ретіндегі екінші бір ерекшілігі оның тарихи уақытты барынша дәл түсінуінде болатын, осылай «психологиялық уақыт» саяси оппоненттің есін жидырмау және сүбелі контрбағдарлама құрастыра алмауы үшін пайдаланылды. Большевиктер партиясы К.Маркстің – «идея, халықты өзіне қарата алғанда ғана материалдық күшке ие бола алады», – деген белгілі
73 формуласын ұстана отырып, кез-келген жаңақұрулардың халықтың санасына жетпесе әдіре қалатынын жақсы түсінгендіктен, бұрындары саяси тарихта болып көрмеген құлшыныспен мәдени революцияны жүзеге асыруды қолға алған еді. Олардың шын жүзіндегі және жорамал оппонентерінің жеңіліс табатыны белгілі де еді, дегенмен болашақ большевиктердікі екендігі олардың оны құрметпен жеңіп алғандығына ғана емес, олардың идеялық қарсыластарының өз болашақтарын өздері бордай тоздырғанына да байланысты болды. Іс жүзінде мәдени революция сауатсыздықты, мәдени артта қалушылықты жоюдан, халыққа білім беру, әдебиет және өнерді дамытудан басталды. 1928/ 1929 оқу жылында республикада 4397 бастауыш мектептерде 268993 бала білім алды, мұның өзі 1926 жылғы көрсеткіштен 25 пайыз жоғары еді. Сонымен қатар 21 мектеп -коммуна, 72 шаруа жастары мектебі, 142 жетіжылдық мектеп, 29 екінші дәрежелі мектептер жұмыс істеді. Жалпы алғанда 20-шы жылдардың ІІ - жартысында сауатсыздықты жою науқаны барысында 500 мыңнан аса адам қамтылды [7, 203-205-бб.]. Мұның өзі мәдени революцияның осы кезеңінде большевиктер идеологиясының басымдылығы ретінде түсіндірілгені анық болатын. Социалистік құрылыс барысында партиядағы және елдегі билік тұтқаларына келген, салыстырмалы түрдегі жас сталиндік топтың партия мүшелері- Киров, Куйбышов, Каганович, Орджоникидзе және басқалары,- керек емес, дегенмен саясатта қажетті сенімсіздікпен, бұрындары немесе сол кезде большевиктер идеологиясына қарсы болу сорына ие болғандарды, олардың 30- жылдардағы позициясының қандай екендігіне қарамай, үнемі қуғын-сүргінге ұшыратты. Осындай қатыгездіктің арқасында, тарих қойнауында тіпті де микросекунд ретінде айтуға болатын 10 жылдық уақытта, әскери- индустриалдық империя құрырылып үлгерілді, мұның өзі бірінші кезекте, социализм жағдайында тәрбиеленген жаңа интеллигенцияның күшімен жүзеге асқан тірлік еді. Бұрынғы интеллектуалдық күштер, олардың соншалықты атақ – дәрежесіне қарамай қуғын – сүргінге ұшырады, қайсібіреулері атылып та кетті. Кешенді маңызға ұлттық мәселе ие болды. Өткен ғасырдың 20- жылдарының соңы мен 30 - жылдарының басындағы құжаттарда қазақтар мен орыстардың арасындағы көптеген қарама-қайшылықтар келтіріледі. Осылай қатардағы партия мүшесі Ф.И. Голощекинге хатында; «Жетісуда қазақ және орыс тұрғындары арасындағы күрес
74 шиеленісуде. Егер жүргізіліп отырған великоростық және нағыз отаршылдық саясатты өзгертпесе, күннің күнінде ұлтаралық қарулы күрестің болуы анық екендігі» [183], - айтылады. Әрине бұл арада ұлтаралық соғыс бола қоюы неғайбыл екендігі де түсінікті. Билеуші партияның кез-келген қарсыласуды идеологиялық жабусыз- ақ басып тастайтын мүмкіндігі болды. Л.Д. Троцкийдің «Қазақстандағы ұлттық саясаттың кейбір сәттері» деген естеліктерінде «Ұлтшылдардың арасында топтар бар. Бұл топтардың біразы орталықтан жіберілген басшылар тарапынан қолдауға ие, тіпті мадақталынып та жатыр. Мақсат не? Біріншіден, өз билігін нығайту үшін; екіншіден, осындай ішкі қарама-қайшылықтар шатасын пайдаланып, орталықтың саясатын толық жүргізу үшін [184, б.190]. Ары қарай Л.Д. Троцкий жаңа партиялық және кеңестік элита ішіндегі топтардың ерекшеліктерін айқындауға тырысады. Ол ешқашан ұлттық мәселені зерделеп зерттемегенімен, ішкі партиялық интригадан үлкен тәжірибесі болғандықтан жалпы алғанда туындап келе жатқан алауыздықты дұрыс түсінеді: «Ұлттық коммунистер бой көтеруде, дегенмен орталықтан жіберілген басшылар оларға жол бермеуде». Жергілікті жердегілер «бізді жетілмеген деп есептейді»,. Түсінбестік неде? «Бізді кедейлерге қарсысыңдар деп сөгеді, байды қолдайсыңдар дейді, бірақ біз байларға қарсы кез-келген рабайлы шаралар қолдануға дайынбыз, тек бізге оны нақты және дәл анықтап айтсын» [184, б.199]. Бұл жерде орын алып отырған алауыздықтар мазмұнына қарамай, екі жағдайдың басын ашып көрсетуге болады. Алғашқы қадам, әрине партиялық және кеңестік элиталардан бастап, барлық саяси күштерді бір идеологиялық тұғырға қондырып, осы арқылы саяси статусы бойынша әртүрлі мақсаттағы саяси күштерді тыныштандыру мақсатында жасалынған еді. Бұл тізімге енуі тиіс, социалистік қайта құрулар кезеңіндегі жаңа ұлттық жетекшілер тобын шартты түрде-1917 жылдың Қазанына дейінгі саяси қызмет тәжірибесі барлары мен саяси қызметке 20- жылдардың басында келгендер деп екі бөлікке бөлуге болады. Осылар ұлттық саяси элита еді. Партиялық - кеңестік элитаның келесі бөлігін орталықтан жіберілген басқа ұлт өкілдерінен тұратын партиялық және кеңестік қызметкерлер құрады. Екінші жағдай элита ұғымын анықтаудан туындайды. Жалпы алғанда, элита, кез-келген қоғамдағы әлеуметтік құрылымның қажетті және құрамдас элементі - ерекше мәндегі топ немесе басқаруды, ғылым мен мәдениетті дамытуды жүзеге асырушы топ, сондықтан да халықтың қалған бөлігі осылардың айтқанына көніп, айдауына жүруі тиіс [123, б.403]. Бұл орайда проф. Мажитов С. тұжырымдағандай
75 мәселенің мәнісі жарқын болашаққа жету барысында, «ескі әлемнің» идеологиялық түйсіктерін қоғамдық санадан ығыстырып шығару тұрғысында болды [33, 13-б.]. Саяси билік тұтқасы үшін күрес пен басқа да ерекше жағдайлар міндетті түрде элитаның ішінде бір-бірімен бәсекелес топтардың пайда болуына әкеліп соғады. «Ұлттық мәселенің» мазмұны батыстық социологияда «этноцентризм» түсінігімен – яғни адамның әртүрлі құбылыстарды өзінің этникалық (ұлттық, топтық ) мәдени дәстүрі негізінде қабылдап, пайымдауға бейімділігімен, өзінің өмір сүру дағдысын басқалардан жоғары қойып, оны үлгі ретінде қарастыруымен байланыстырылады. Осылай этноцентризм түсінігі негізінде «біз - топпыз» үрдісі қалыптасып, осы этникалық топқа этноцентрлік бағыттағы адам тартыла бастайды [185, б.304-423]. Сол адамның санасында кез- келген басқа этникалық топ- «олар- топ» ретінде қабылданады. «Біз- топпыз» ішіндегі қарым- қатынас жадағай алғанда келісім мен бірлік ретінде қабылданса, «біз- топ» пен «олар-топ» арасындағы қатынас жаулық пиғыл сипатында болады. Осы негізде көпұлтты немесе қосұлтты қоғамдарда этникалық топтар арасындағы жанжалдар болу мүмкіндігі терістелмейді. Жанжал жағдайы ашық та, жабық та формада болуы мүмкін. Сондықтан да «біз-топ» пен «олар-топ» арасындағы қарым-қатынасты реттеу мемлекеттің этникалық саясатындағы (ұлттық саясатындағы) маңызды мәселе екендігі анық болса керек. Осы жағдайдағы идеологияның ролі, қоғамдық санаға әртүрлі ағымдағы күштердің саяси мақсаттарына сәйкес келетіндей, ортақ көзқарастар мен дүниетаным қалыптастыруында болды. Атап өтерлік жәйт, кез-келген мақсатты саяси - идеологиялық ықпал ету әрекетінің парадигмалық мазмұнда болатындығы, яғни көздеген мақсатқа жетуі де, жетпеуі де мүмкін екендігі, жеткен күнде де оның әртүрлі жағдайда жүзеге асырылатындығы. Осылай жергілікті және республикалық элита арасындағы ұлттық негіздегі жанжал әуел бастан-ақ шым-шытырық болды – топтардың қайсысының жеңіп, қайсысының жеңіліс табары белгісіз еді. Сыртқы түрі рушылдық, жершілдік сияқты феодалдық сипат алған бұл топаралық күрестің түптеп келгенде негізінде қызмет үшін талас жатқан болатын. Өкінішке орай, құжаттардың көрсетуіне қарағанда, топаралық күрестің өршіп отыруына ресми орындар да түрткі болған. Сол тұстағы Орталық Комитеттің Орта Азиялық Бюросының мүшесі Сұлтанбек Қожанұлы Ташкенттен 1924 жылы қазанда Сталинге жазған хатында Қазақстанда қалыптасқан саяси жағдайға талдау жасай келіп:
76 «…Қырғызстандағы партия-совет кадрларын одан әрі ыдырауын тоқтату және тоқырау ахуалынан сауықтыру үшін ең алдымен БК(б)П Орталық комитетінің өзінің тікелей басшылық жасауымен табанды партиялық режим орнату керек» [36, 255-б.] деген пікірін білдіреді. Қайсібір мәселелерге байланысты тым біржақтылығына қарамастан, қазақ басшыларының өз арақатынасына байланысты хатта айтылған пікірдің негізінде ащы шындық жатыр еді. Қазақстандағы 20-30-шы жылдардағы саяси жағдайда барлық жанжалдасушы топтардың басшыларын ығыстыру мақсаты да болды, бұл арқылы Орталық өздерін қанағаттандыратындай біртұтас, біріккен жергілікті элита қалыптастыруға мүмкіндік алған болар еді. Ұлттық саясат мәселесі бойынша ішкіпартиялық күрес іш жүзінде барлық - 1917 жылдан - 30-шы жылдардың соңына дейінгі кезеңде толастаған жоқ. Бұл «ұлыдержавалық шовинизм» және «жергілікті ұлтшыл- ауытқушылық» терминдерімен аталынып, оның өзі жергілікті саяси жағдайларға сәйкес құбылып отырды. Екі бағыт та, өзі ішкі партиялық дискуссияларымен басы қатып жүрген, Орталықты ашуландырды. Социалистік қоғамды құру жолында кездеспей қоймайтын қиын да қиғаш қайта құруларды жүзеге асыру бағытында күш біріктірудің орнына, бәсекелес топтардың арасында үнемі ішкі партиялық келіссөздер жүргізуге тура келді. Саясаттың маңызды ресурсы- саяси уақыт аяусыз өтіп кетіп жатты. Егер В.И. Лениннің жетекшілік қызметі кезінде, тез арада бола қояды деп түсінілген әлемдік революцияға бағыт ұсталынып, ұлттық саясат мәселесі жөніндегі күрес салыстырмалы түрде демократиялық жағдайда жүргізілсе, кейінірек орталықтың ұлттар қатынастары жөніндегі позициясы түбірімен өзгеріске ұшырады. 20-шы жылдардың ортасына қарай әлемдік революцияның ауылы алыс екендігі анық болып, КСРО-ның жау қоршауында екендігі белгілі болуына байланысты, БК(б)П – дағы сталиндік топ кез-келген қарсыласын еңсеретіндей, өзін-өзі қамтамасыз ететін әскери - индустриалық империя құруды мақсат етті. Ұлттық саясат тұрғысында барлық ұлттық мәселелерді тез арада шешу үшін шұғыл және директивті бағыт ұстанымы айқындалды. Бұл жаңа бағытты түсінбеушілер мен барлық орындай алмаушылар және тыңдамаушылар орындарынан алынып, кейіннен жойылып жіберілуге дейін барды. Орталықтың ендігі жердегі позициясы барлығына күдікпен қарауға негізделді, ұлттық мәселені шешуге кедергі келтіргендер - мейлі «ұлыдержавалық» болсын, мейлі жергілікті ұлттық ауытқушы болсын,
77 социализм ісіне болжаудағы немесе ашық қарсылас ретінде қарастырылды. Жалпы, шовинизм мен ұлттық ауытқушылық арасындағы қарама - қарсылықтың басталу мезеті ретінде 10-шы жылдардың соңы мен 20- шы жылдардың басын айтуға болады. Ресей халықтары құқықтарының декларациясы жарияланғаннан кейін іле-шала өткен 1917 ж. 19 қарашасында өткен Кеңестердің ІІІ - Түркістандық съезінде И.О Тоболин басқарған коммунистік фракция «дәл қазіргі мезетте мұсылмандарды өлкелік революциялық биліктің жоғары орындарына енгізу мүмкін емес, себебі түземдік халықтың кеңестер үкіметіне көз-қарасы белгісіз, түземдік халықтар арасында фракция қолдай қоятындай таптық пролетарлық ұйымдар да жоқ», - [186, 39-41-бб.] деп ашып айтты. Осындай реңктегі қимылды құрамында А.Казаков, В.Сорокин; Н. Успенский және басқалары бар «бастамашыл топтың» 1919 жылдың 12-шілдесіндегі, яғни «РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Қырғыз Өлкесін басқару жөніндегі Революциялық Комитет туралы уақытша Ережесін» қабылдағаннан кейін небары екі күн өткізіп РК(б) П ОК-нің... түркістандық түземдік халықтың мемлекеттік қызметтерге, партияда болып болмағандығына қарамай, тек, мұсылман жұмысшы ұйымдарының ұсынуы негізінде ғана, жаппай тепе- тең өкілдіктерінің болуын талап еткен» жеделхатына қайтарған жауабынан да көруге болады. Онда… «ОК қаулысындағы тепе-тең өкілділік … түсінбеушілік тудырып қиын жағдайда қалдырып отыр, себебі бұл принцип бойынша үкіметке барлық таптық көзқарастары қалыптаспаған элементтер кірігіп Кеңес Үкіметі жаулары билік тұтқасына ие болары анық», [186, 379-383-бб.] - делінген. Міне осылай шовинистік пиғылдағы жаңа топтар пайда бола бастаған еді. Дәл осындай, бірақ саяси вектор бағыты қарама-қайшы жауап Т.Рысқұлов бастаған ұлтшыл- ауытқушылар тарапынан да берілді. Онда РКФСР ХКК мен БОАК өкілдері жойылып оның орнына «Түрік Кеңес Республикасының» құрылуы, Өлкеден Қызыл Армия бөлімдері алып кетіліп оны мұсылман әскери құрылымдарымен алмастыру; сыртқы қарым- қатынас, сыртқы сауда және әскери мәселелерді шешу осы комиссияның құзырына өтуі туралы талаптар қойылған болатын [187, 127-135 - бб.]. Нақтылай алғанда «ұлыдержавалық шовинизм» терминінің тұрпаттық маңызын «кіші халықтарды қанау, яғни расизммен астастырып, азшылық ұлттарды басып - жаншу», - деп түсінуге болады. Осының бір көрінісі ретінде Т.Рысқұловтың идеяларын іске асыртпау үшін өткізілген 1920 жылдың 23 ақпанындағы Түріккомиссия мәжілісіндегі, М.В.Фрунзе бас болып,
78 ТКП У конференциясы мен ІІІ мұсконференциясының шешімдерін - «пантүрікшілдік», «панисламшылдық» және «буржуазиялық ұлтшылдық» шешімдер ретінде барынша қараланғандығынан да көруге болады [187, 138-б.] Орталықтан Түріккомиссия деп аталатын осы топты жіберген және оны Фрунзе, Петерс тәрізді Т.Рысқұловтың идеясына ашық қарсы адамдармен күшейткен В.Ленин , Түрік республикасын құру туралы идеяны талқандауды ұйымдастырып ғана қоймай, осы идеяға қатысы бар Т.Рысқұловты, Н.Ходжаевты және олардың серіктерін «ұлтшылдар», «пантүрікшілдер», «басмашылар идеологтары» деп жөнсіз айыптауға жол беріп қойды. Мұның ақыры Т.Рысқұловты Түркістан Атқару Комитеті төрағасы қызметінен аластаумен аяқталды [188, 29-б.]. Дегенмен бұл анықтама зерттеліп отырған кезеңдегі Қазақстанның тарихи тағдырына толықтай келіңкіремейді. Көпшілік жағдайда орталықтың осындай қадамдары жаңа элита арасындағы күресті оңды шешу бағытында жүргізілгені де анық. Дәл осындай анықтаманы «жергілікті ұлтшыл-ауытқушылық» терминіне де беруге болады. Ұлтшыл-ауытқушылық «социализм және коммунизм идеяларын ұстана отырып, жалпы халықтың ұлттық көңілкүйіне сүйенетін саяси ағым». Қазақстан жағдайында ерекше көзге ұратындай «ұлттық көңіл- күй» үрдісі болмады. Болғанның өзінде де, жазалаушы органдардың құрығының ұзындығынан, олар топтасқан саяси күшке айнала алмады. Сондықтан да аталған екі топтың арасындағы негізгі талас жүргізіліп отырған саяси бағытты жүзеге асыруда кеткен қателіктерді бірінің біріне жауып, орталықтың сеніміне ие болу жағдайында өтті. Мұның өзі сайып келгенде, кадр мәселесі мен басқа да мәселелерді шешуде бақылау кімнің құзырында болғандығына да байланысты еді. Сондықтан да орталықтың аталған топтардың элитасына деген қатынасының маңыздылығы айқын болатын. Олар өздері орталықтан жіберген қызметкерлерінің мәселесін кадр ротациясы - яғни Қазақстаннан басқа жаққа ауыстыру арқылы оп-оңай шешті. Екінші топпен орталық мұндай іс қыла алмады. Жергілікті ұлттың жетекші - коммунистері орталықтың сеніміне ие бола алмады, өйткені орталықтың өзі оларға көпшілік жағдайда сенбейтін еді. Мұның мынадай себептері болған сияқты. Біріншіден, қазақ коммунистерінің көпшілігінде астыртын күрес тәжірибесі болмады, олар азамат соғысына қатысқан жоқ. Бірінші қазақ коммунисі Әліби Жанкелдин РСДЖП (б) қатарына 1915 жылы
79 өткен еді [189, 3-б.]. Қазақстан компартиясы тарихының мәліметтері, 1917 жылға дейін 4 адамның 1920 жылға дейін 1000 шақты адамдардың партияға өткендіктерін көрсетеді. Осы жылы РК(б) П–ның Қырғыз (Қазақ) облыстық бюросы құрылған еді [7, 719-б.]. Партиялық және Кеңестік басшылық жұмыстарға партиялық өтілі мардымсыз, марксизм теориясымен жадағай таныс немесе тіпті де таныс емес адамдар келіп жатты. Олардың саяси жетекшіліктегі тәжірибесінің аздығы да анық болатын. Екіншіден, аталған себептерге байланысты әртүрлі ерекшеліктері бойынша құрылған топтар, марксизмнен бөлек көзқараста бола отырып, билік құрылымдарына енуге ұмтылды. Үшіншіден, РК(б)П-дағы топтар арасындағы күрес, партия ұйымдарының ауқымынан сыртқа шығып, бұл мәселені шешуге партияда жоқтардың да араласуы және олардың партия ұйымдары алдында тұрған мақсаттарын дұрыс түсінбеуі жағдайды күрделендіре түскен еді. Төртіншіден, ұлтшыл-ауытқушылықпен күрес, оның тұрпаттық мазмұнында, орталықтың өзінде әртүрлі түсінілді. В.И.Ленин ауытқушылық әлі дайын ағым емес, оны әлі де жөндеуге болады - десе, кейіннен И.В.Сталин, ауытқушылық дегеніміз қателіктің бастамасы, егер біз бұл қателікті түбірінен құртпасақ, онда қауіптің сейілмегені, - деп есептеді [17, 42-55-бб.]. Бесіншіден, жетекші кадрларға резерв революцияға дейінгі аздаған қазақ интеллигенциясымен шектеліп, олардың негізін Алаш қозғалысына қатысушылар мен Алаш – Орданың ерекше жарқыраған өкілдері құрады. Жетекшілікке ауыл кедейлері мен жұмысшыларды тарту, олардың басшылық қызметке дайындығының төмендігінен, қиыншылық тудырды. Кеңес үкіметі мен Алаш – орда үкіметінің арасындағы қарым-қатынас, белгілі себептерге байланысты қарама-қайшылықта болған еді. Егер «Алаш» партиясына біріккен ұлттық интеллигенция большевиктерге қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені зорлап таңушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін жан ұшыра қорғайтын контрреволюциялық күш ретінде қарады [36, 180-б.]. Осыған орай басталған азамат соғысында алаштықтар Кеңес үкіметі мен большевиктер партиясына қарсы лагерьде болды. Алаш-Орда азамат соғысы барысында Оралдың, Оренбургтің, Сібірдің және Жетісудың
80 казак әскерлерінің ақгвардияшыл құрылымдарымен және Колчак үкіметімен бірігіп қимыл жасады. Құрылған әскери құрылымдар Қазақстандағы азамат соғысының барлық майдандарында Қызыл Армия бөлімдеріне қарсы күрес жүргізді. 1919 жылдың қарашасы мен желтоқсаны аралығында ақ казактар мен ақ гвардияшылар талқандалғаннан кейін Қызыл Армия бөлімдері командованиесі мен Кирревком қарулы қарсылықты тоқтату туралы келіссөздер жүргізіп, онда қарулы күреске қатысушылардың барлығына амнистия беру және Алаш- Орданың болашақтағы саяси ролі туралы мәселелер қойды [190, б.163-189]. Қабылданған келісімдер бойынша Алаш - Орданың белсенді қайраткерлері Кеңес үкіметі жағына шығатын болса, амнистия қарастырылатын болды. Кейіннен Кирревкомның тарапынан талаптар күшейтіліп – алаштықтар Кирревком құрамына кіргізілмей, олардың мүліктері кәмпескеленді, біраз белсенді қайраткерлері Ресейдің орталық губернияларына жер аударылатын болды [190, б.187-190]. Сонымен қатар қалыптасқан саяси жағдай саяси жетекшілікке қазақ ұлтының қайраткерлерін тартуды қажет етті, оларды тек Алаш-Орданың бұрынғы « қырық төресінің» ішінен табуға болатын еді. Большевиктер бағытына сәйкес келетіндей кадрлар табудың басқа жолы болмады да. Жаңа қазақ интеллигенциясын большевиктік көзқарас негізінде құру алдағы күндер еншісінде еді. Сондықтан да Алаш- Орданың бірнеше белсенді өкілдері Кеңес үкіметі органдары мен республиканың партия ұйымдарына басшылық қызметтерге шақырылып, жұмыс істей бастады. Бұл орайда С.Садуақасов пен С.Қожановтың 1920 жылы РК(б)П қатарына өткеннен кейінгі Кеңес үкіметінің билік баспалдақтарынан тез көтеріле алғандығы мысал бола алады. Олардың өз саяси бағдарын өзгертуі, білімдарлықтары, ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығы тез арада Кеңес және партия органдарындағы жетекшілік қызметтерге қол жеткізді. Әйтсе де олардың жаңа позицияға көшуі тиянақты болмай, екеуі де ұзамай-ақ ұлтшыл-ауытқушылар қатарына қосылды. Осылай, 1926 жылдың қарашасындағы Қазақ өлкелік комитеті мен БК(б)П – ның Өлкелік тексеру комиссиясының біріккен Пленумы «Қожанов, Садуақасов, Мыңбаев бастаған топтың қызметін айыптаған резолюция қабылдап, онда партия мен Кеңес үкіметіне, ауылдың беделді топтарына кері әсер ететіндей идеялық ықпал жүргізді» [191, б.276-278] - делінген.
81 Бұл ықпалдың нақты мазмұны, топ мүшелерінің шын мәніндегі еңбекшілердің Кеңесін құру және ауылды социалистік құрылыс жолына көшіру, ауылдағы әлеуметтік - экономикалық қарым -қатынастарды бұзбай-ақ мүмкін,- деп есептегенінде болды. Қорыта айтқанда, Қожанұлы, Садуақасұлы және Мыңбаевтардың қазақ ауылын революциялық негізде қайта құруға қарсы емес, революциялық «солшылдыққа», революциялық ұрандарды жалау етіп көтеріп, түптеп келгенде дәстүрлі шаруашылықты күрт бұзуға алып баратын солақай әдістерге, асыра сілтеушілікке қарсы еді. Басқаша айтқанда, олар қазақ ауылының секірмелі емес, біркелкі, бірыңғай дамуын жақтады. Тапаралық қатынастарды да осы тұрғыдан шешуге шақырды [36, 290-б.]. Мұндай көзқарастың орталық айыптаған Н.Бухариннің «кулактың бейбіт түрде социализмге кірігуі» теориясын еске түсіргендігі былай тұрсын, оның ұлтшыл–ауытқушылық бағдары большевиктердің әлеуметтік саясатына жат болатын, себебі ауылдағы феодал-байлардан тұратын билеуші топ Кеңес үкіметіне қорған болмайтыны айдан анық еді, сонымен қатар оларды жайына қалдыру болашақтағы қарама-қайшы идеялық ағымдар мен саяси қозғалыстардың туындауына жағдай жасаумен бірдей болды. Ауытқушылықтың екінші бір белгісі ретінде «мемлекеттік аппаратты жергіліктендіру мәселесі қаралып, онда партиялық және кеңестік аппаратты қазақтандыру барысы партиялық билікпен ақылдасылмаған»,- делінген. Пленум сонымен қатар Сәдуақасов пен Мыңбаевтың топтық күрестен бас тартқандығын еске ала отырып, соның өзінде, шын мәніндегі топтанудан бас тартушылық болашақтағы жұмыс барысында қатты қадағалауда болатындығы атап көрсетілді. Бұдан кейінгі, 30 - жылдардың ортасы мен соңы арасындағы кезеңде ұлт мәселесін шешуде, ұғындыру мен қоғамдық-саяси деңгейде сынау әдістерінен, «соттаушы үштіктер» деңгейінде басып - жаншу әдістеріне көшу етек алды. Осы орайда жалған құрастырылған істер бойынша, бұрындары әйтеуір бір саяси тұрғыда ұлтшыл-ауытқушылыққа қатысы болған немесе тіпті ешқандай ауытқушылыққа қатысы болмағандарды да «ұлтшыл - фашист» ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартып, аттарын былғау (навешивание ярлыков) үрдісі пайда болды. 20 - жылдардың басында Түркістан АКСР – ін басқарған Т. Рысқұловтың тағдыры да осындай қасіретке ұшырады. 18 жылдай дерлік уақыттан кейін, 1938 жылдың 8 ақпанында оған пантүркшіл деген және басқа да айыптар тағылып, осының нәтижесінде ату жазасына кесіледі. Үкім осы жылдың 10 ақпанында орындалады [37, б.47]. Дәл сол 1938 жылдың 8 ақпанында
82 Сұлтанбек Қожанұлын ату жазасына бұйырған Әскери коллегияның үкімі де шығарылған еді [54, 86-б.]. Солай бұрынғы ұлтшыл - ауытқушыларды іс жүзінде жою, ұлт мәселесі шешілді деген алдамшы түсінік тудырды. Бұдан кейінгі жылдары ұлтаралық қарым - қатынас мәселелері жөніндегі пікірталас доғарылып, кемшіліктер нұсқалынған кеңесулер болмады. Осылай қиын идеялық- саяси қарым - қатынастар мәселесі, орталықтың бағытын бас шұлғып қолдаған идеологиялық бюрократияның қоғам өмірінің рухани саласына толық үстемдік орнатуымен тәмәмдалды. Үкіметтің орталық органдарының шешімдеріне негізделген, большевизм базасындағы идеялық бірлік мәселесіндегі бірауыздылық 30 - жылдардың соңында жүзеге асып - тоталитаризмнің саяси жүйесі өзінің нақтылы кейпіне енді. Қала мен ауыл экономикасында, рухани салада, орталықтан шыққан барлық директиваларға сөзсіз бағыну туралы түсінік қалыптасты. Мүмкін бұл Ұлы Отан соғысы алдындағы қиын - қыстау кезең мен соғыстан кейінгі «қырғи қабақ соғыс» жағдайында пайдасы да болған шығар, дегенмен КСРО – да әскери – индустриалық империя құру үшін төленген құнның бағасы жоғары болғандығы анық. ХХ ғасырдың 20-30 -шы жылдарындағы өзгерістер мен қайта құрулардың жоғары қарқыны, тиісінше, адамдардың сана - сезімін өзгертіп, қоғамдық өмірде жаңа уклад қалыптасты. Азамат соғысындағы большевиктердің жеңісінен кейінгі Кеңес үкіметінің жағдайының нығаюы ішкі әлеуметтік қарама -қайшылықтарды толықтай жойып жіберген жоқ. Қайта әлеуметтік жанжалдар жаңа негізде өрши түсті. Егер салыстырмалы түрде аз буржуазия мен помещиктік дворяндар, казактар мен патша армиясының офицерлер корпусы және діндар - священниктер қарсылығы қатал басылып тасталынса, керісінше, жаңа жағдайға кіріге қоймаған әлеуметтік топтар - қала мен деревняның майда буржуазиясымен, жеңілген таптардың қалдықтарымен, бұрынғы жағдайда қалыптасқан интеллигенциямен, құбылмалы позициядағы әртүрлі діни бағыт өкілдерімен жанжал жақындап қалған еді. Саяси сферада В.И. Ленин құрастырған - «Кез-келген революция, егер ол өзін қорғай алған жағдайда ғана, бірдеңеге тұрады» - деген принципі нақтылы қолданыстағы маңыздылығын сақтап келе жатты. Бұл ұстанымның сол уақыттағы актуальдылығы жаулық пиғылдағы империалистік қоршауда болып, сырттан әскери шабуыл қаупі төніп тұрған жағдайда түсінікті де болатын. Осы негізде Кеңес үкіметі
83 жазалау органдарының нақты күші мен маңызы күшейіп, өкілеттіліктері тоқтаусыз кеңейе берді. Қазақстанда қарсыласуы мүмкін әлеуметтік негіз ретінде ақ казактар қалдықтарын, переселендік деревнядағы кулактарды және қазақ ауылындағы феодал - байларды жатқызуға болатын. Алаш партиясы дәстүрлерін ұстанған қазақ ұлттық интеллигенциясының позициясы да Кеңес үкіметінің идеялық платформасымен үйлеспеді. Бұған қосымша, жұмысшы табының аздығы, Қазақстандағы Кеңес үкіметінің нақты әлеуметтік сүйеніші- БК(б)П өлкелік партия ұйымының идеялық және ұйымдастырушылық қабілетінің әлсіздігі мәселенің саяси жолмен тездетіп шешілуін талап етті. Ауыл кедейлері мен переселендік шаруалардың (крестьяндардың) кедей бөлігі беймәлім әлеуметтік позияда болып, кез-келген әлеуметтік лагерьге қосылып кете алатын. Осылай, ерекше маңызға ие ұлттық мәселені, ұлттар теңдігінің декларативті принциптерін нақтылы мазмұнмен толтыру қажет болды. Кеңес үкіметі өзінің қаладағы ықпалын нығайту үшін елде тездетіп индустриализациялау бағытын жүзеге асыра бастады. Бұл бір жағынан (әлеуметтік негізде) жұмысшы табының тездеп өсуіне алып келсе, екінші жағынан (экономикалық мағынада) социалистік мемлекеттік меншік негізіндегі өнеркәсіптің құрылуына және осыған сәйкес еңбек және материалдық игіліктерді бөлісу қатынастарының пайда болуын мүмкін етер еді. Қазақстандағы индустриализация да негізінен осындай мәселелерді шешті. Оның ерекшеліктері ретінде бірінші кезекте темір жол құрылысын есептеуге болады. Әлсіз ( жіңішке) Оренбург-Ташкент темір жолы Қазақстан мен Кеңестік Орта Азия республикалары қажеттіліктерін қанағаттандыра алмады. Сондықтан да Түрксибтің құрылысы Қазақстан үшін де, жалпы алғанда КСРО үшін де үлкен маңызға ие еді. Индустриализацияның басқа бағыттары - жергілікті пайдалы қазбаларды пайдалану және оларды алғашқы өңдеу,сонымен қатар ауылшаруашылығы өнімдерін алғашқы өңдеу кәсіпорындарын салуды ұйымдастыру Орталықтың басым мүдделеріне есептеліп негізделді. Социалистік қайта құруларды тездетіп жүргізу саяси репрессияларды социалистік құрылыстың әдістемелік құралына айналдыруы негізінде мүмкін болған еді. Репрессиялық әсер ету кең мағынасында тек қылмыстық қудалау түрінде ғана емес, сонымен қатар төмен жалақы төленуімен, ұзақ жұмыс күні мен басқа да экономикалық қитұрқылар арқылы көрініс тапты. Материалдық қызығушылық халықтың санасына «халықтың революциялық
84 энтузиазмы» - деген» – идеологиялық түсінікті сіңіру арқылы ұмыттырылды. Ірі көлемдегі репрессиялық іс-шаралар ауыл шаруашылығын ұжымдастыру барысында қолданыла бастады. Қала мен деревняның арасындағы одақты нығайту, ауылды кеңестендіру, ауылшаруашылығының социалистік тауарлы өндірісін құру жөніндегі дәйектердің негізгі төркіні индустриализация мен өсіп келе жатқан қала халқының қажеті үшін, шаруалардың қосымша өнімдерін олардың қарсылықтарынсыз алуға жағдай жасауда болатын. Қазақстанда ұжымдастыруды жүргізу өте қатты зардаптар әкелді. Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудағы қиыншылықтар, дайындау кампанияларын жүргізуге ауысуға мәжбүрледі, мұның өзі әскери коммунизм саясатына қайта оралуға көбірек ұқсайтын. Іс жүзінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындауды жүзеге асыруға жасалынған қарсылық Кеңес үкіметінің ауыл мен переселендік деревнядағы позициясының әлсіз екендігін көрсетті, мұның өзі репрессиялық іс - шараларға көшуге берілген белгідей болды. Ауылды кеңестендіру, Кеңес үкіметіне жау элементтерден, дәлірек айтсақ ауыл мен селодағы орта және майда буржуазиядан тұратын әлеуметтік топтардан тазару деп түсініліп, «кулактарды тап ретінде» жою саясатының бірінші кезеңі ретіндегі ірі бай және кулак шаруашылықтарын кампескелеуден басталды. Бұған ашық түрде келіспеушілердің қарсылықтарын жою жаппай ұжымдастыруға көшуге мүмкіндік бергенімен, салыстырмалы түрде ұзақ емес, бірақ ауыл халқы үшін зұлматты кезеңде, терең экономикалық сілкіністердің болуы, бір жағынан ескі өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың бұзылып, екінші жағынан жаңасының толық түсінбеушілік себептен әлі қалыптаспағандығында еді. Осының салдарынан ауыл халқы аштыққа ұшырап, мал басы күрт кеміп кетті, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру азайды. Қазақстан үшін жағдай бұдан да қасіретті болған еді - экономикалық қатынастардағы революциялық өзгерістер дәстүрлі қоғамдық өмір салтының өзгеруіне ұласып - көшпелі өркениеттіліктен күштеп отырықшылыққа көшіру үрдісі басталды. Жаппай халықтың көшіп кету арқылы жасаған әлсіз қарсылығынан еш қайран болмай, қайта көшпенді қазақтар аштықтан көптеп қырылып жатты. Мәдени революция барысындағы сауатсыздықпен күрестегі сүбелі жетістіктер, ғылыми мекемелердің құрылуы, білім, мәдениет және денсаулық сақтау саласындағы атқарылған оңды іс- шаралар интеллигенцияға қарсы репрессияларға ұласып, большевизм
85 идеологиясы негізінде қоғамдық сананы біртегістеу (нивелирлеу) процесі жүріп жатты.
86 2. ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 1920-1930 ЖЫЛДАРЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН САЯСИ РЕПРЕССИЯЛАР 2.1. Өңірдің қоғамдық-саяси өмірі: саяси күштердің орналасуындағы өзгерістер динамикасы 1910-20 жылдардағы тарихи терминологияда Түркістан өлкесі ретінде белгілі саяси кеңістікте орналасқан Оңтүстік Қазақстан өңірі өзіндік тарихи және географиялық мазмұндағы ерекшеліктерге ие. ХІХ ғ. 60 - жылдарының соңына дейін өлке территориясының Қоқан хандығының құрамында болуы себепті, оның қоғамдық дамуындағы экономикалық және мәдени үрдістері Қазақстанның басқа өңірлеріне қарағанда біршама әлсіз болды. Ресей империясының құрамына кіруі өлкеге капиталистік қоғамдық қатынастардың енуіне, халық құрамының этникалық өзгерістерге ұшырауына, қарастырылып отырған өңірдің жалпыресейлік капиталистік нарық системасына кіруіне жағдай жасады. Ресейдің сыртқы саяси жоспарларында Түркістан өлкесі империяның ағылшын отарлық экспансиясына қарсы тұратын шекаралық зонадағы форпосты ретінде және сонымен қатар Ресейдің Батыс Қытайға (Шығыс Түркістан), Ауғанстанға және Иранға экспансиясына плацдармы ретінде де қарастырылды. Сонымен қатар Түркістан генерал – губернаторлығының құрамындағы Сырдария, Жетісу және Каспий маңы облыстары территориясы арқылы Индияға өтетін геосаяси өткелдер арқылы аталған елге өту мүмкіндігі де қарастырылған еді. Ресей Түркістанға нық орнығу мақсатында, тау етектеріне шекаралас аудандарға переселендік қоныстандыру саясатын жүргізгендігін айтуға болады. Переселендіктердің (келімсектердің) отырықшылық жер шаруашылығын жүргізуі олардың оны жергілікті халықтан переселендік қор арқылы тартып алуы дау-дамайға ұшырауы мүмкін болатын. Патшалық үкіметтің құрамында құрылған қоныс аудару және жерге орналастыру жөніндегі Бас басқарманың міндеті де сол – крестьяндарды шеткері отар аймақтарға көшіріп, байырғы тұрғындардан тартып алынған жақсы жерлерге қоныстандыру, кедейлік қырсығынан құтқарып байыту еді [192, 200-б.]. Дегенмен, бұл жай бірден ушыға қоймады -өздері әлсіз келімсек шаруашылықтар ескі агротехникасымен және өнімсіз құрал-жабдықтармен едәуір жер игеріп, тауарлы ауыл шаруашылық өнімдерін кең көлемде өндіре алмайтындығы анық еді. Сонымен қатар келімсектердің қазақ
87 ауылдарының шұрайлы жерлеріне ие болып, көшпелі мал шаруашылығының ресурстық базасына нұқсан келтіргендігі анық болатын. Нарықтық капиталистік қатынастарға қосылу өңірдің көшпелі шаруашылықтарының қажеттіліктеріне байланысты малдарын жер шаруашылығымен шұғылданып жүргендерге және кейбір жағдайда еуропалық ресейдегілерге сатып, пұлдауына мүмкіндік берді. Өзімен-өзі болып өз тамағын өзі тапқан көшпелі шаруашылық тауар өнімдерін өндіруге бағытталмаған еді. Тіпті бай - жартылай феодалдардың шаруашылықтарындағы мыңғыраған малы сайып келгенде базарға сатылу үшін емес, егесінің көшпелі қоғамдағы әлеуметтік статусын материалдық тұрғыдан көрсетуіне көбірек келетін. Осындай жағдайда қалыптасқан экономикалық альтернатива - не нарыққа еніп шаруашылық системасын өзгертуге,не дәстүрлі экономикалық укладты төніп тұрған қауіпті өзгерістерге қарамай, сақтап қалуға тырысу – саяси альтернативалардың негізі болды, мұның өзі Кеңес үкіметі орнағаннан кейін большевиктер мен дәстүршілдер арасындағы идеялық қарама- қайшылықтарға негіз болды. Дәстүрлі өмір сүру жүйесін жақтаушылар дамудың қалыптасқан этномәдени және діни системасының бұзылмауын қалады, олардың аздаған өзгерістерге ұшырағанымен, бабалар дәстүрін бұзбай, бастапқы қалыптан ауытқымағандығын қажет деп есептеді. Большевиктер қарастырылып отырған өлкеде мұндай жағдайдың болуын тіпті де қаламады. Түркістан өлкесінің, соның ішінде Сырдария облысының геосаяси маңызы, Қазан төңкерісінен кейін еш төмендеген жоқ, қайта оның Қытайға, Индияға және Орта - Шығыс елдеріне барынша жақын тұруы және соңғы аталғандардың әлемдік революциялық қозғалыстың маңызды резерві екендігі еске алына отырып, үлкен мәнге ие болды. Аталған себептерге байланысты Түркістан өлкесінің территориясы Орталықтың қырағы көзқарасы жағдайында болды. Осылай, 1918 жылдың сәуіріндегі Түркістан өлкесі Кеңесі мен Түркістан Халкомының тәшкендік съезіне Ленин мен Сталиннің жіберген теллеграммасында: «Жолдастар сіздер Кеңхалкомның өлкелеріңіздің автономиясын кеңестік тұрғыда қолдайтынына шүбә келтірмеулеріңізге болады, біз сіздердің бастамаларыңызды қолдаймыз және өлкенің барлық бөлігін Кеңестік тормен жабатындарыңызға үлкен сенімдеміз» [193, 27-б.]. делінген. Орталық, Түркістанның Кеңестердің автономиялық республикасы ретіндегі болашақтағы саяси құрылысына осындай анықтама берді.
88 Экономикалық тұрғыда Орталық органдардың шешімдері кең маңызға ие болып, ол - өнеркәсіп кәсіпорындарын национализациялау туралы қаулыларынан бастап, өлкенің шаруашылықтарын басқару үшін жаңа ұйымдар құрғанға дейін жалғасты, осылай, Лениннің Түркістан Кеңхалкомына жіберілген теллеграммасында мақтаны дайындау мен сатып алуды орталықтандыру туралы мәселені шешуді Орталықтың құзырына тапсыру ұсынылады. Тіпті азамат соғысының қиын-қыстау жағдайларының өзінде Түркістанда суару жүйелерін жүргізу жұмысы туралы Декрет қабылданады [194]. Осы аталған және басқа да көптеген құжаттар көрсеткеніндей, Түркістан өлкесі большевиктердің ішкі саясатында маңызды орын алып, осы себепті большевиктердің өлкедегі ықпалына қарсы делінген кез-келген көрініс, Кеңес үкіметі тарапынан олардың қандай әлеуметтік және идеологиялық реңкте болғанына қарамай, тез арада басылып тасталынды. Азамат соғысы кезеңіндегі Түркістан айналасындағы сыртқы саяси интригаларда Англия, Германия, Түркия және тіпті Ауғаныстан да қатысып отырды. Бұл акциялардың жалпы мағынасы, белгілі деңгейде Кеңестік Орта Азия өңіріне бақылау жасап, Кеңестік Ресейге қысым көрсету мақсатында плацдарм құру болып табылатын. Осылай алдағы аласапыран уақыттағы кездесер одақтастар мен қарсыластардың сұлбасы біліне бастады. Түркістандағы қалыптасқан саяси күштердің болашақтағы қатал да қанқұйлы қарама –қайшылықтары алда еді. Түркістан өлкесінде, Кеңес үкіметі орнауы алдында, идеологиялық күштер іс - қимылда болды. Ішкі күштер санатына құлатылған патшалық отарлық режим шенеуніктерін, патша армиясы офицерлерін және провослав шіркеуі өкілдерін жатқызуға болатын еді. Бұл әлеуметтік топтар стагнациялық жағдайда болып көпшіліктің қолдауына ие бола алмағанымен, өңірлік маштабтағы саяси жетекшілік тәжірибесімен ерекшеленеді. Уақытша үкіметті және олардың Түркістанға жіберілген комиссарлары үкіметін қолдаушылар - негізінен интеллигенция өкілдері мен отарлық әкімшілік шенеуніктерінің бір бөлігі, солшыл әсерлер партиясының мүшелері, сонымен қатар переселендік кулактар мен орташалар болды. Ұлттық саяси күштер негізінен Петербургтің, Москваның және басқа да Ресейдің ірі қалаларындағы жоғарғы оқу орындарында білім алған алдыңғы қатарлы білімді жастардан тұрды. Ұлттық саяси интеллигенция өзінің іс-қимылдарын жергілікті халықпен
89 байланыстыра отырып жүргізді. Сырдария облысының қазақтары Қазақстанның басқа өңірлеріне қарағанда ислам қағидаларының ықпалын көбірек сезінді, сондықтан да, бірінші кезекте интеллигенция арасында либералдық жәдидтер қозғалысы етек алды, мұның өзі пантүркілік ұстанымдарды Түркістандық нұсқасында жүзеге асыруды, яғни Түркістан өлкесіндегі түркі халықтарының бірігуін қалау еді. 1905 жылы жәдидтер қозғалысы пайда болып қазан төңкерісіне дейінгі уақыт аралығында аталған қозғалыс-жәдидтер және улемдіктер болып екіге бөлінді. Бұлардың арасында принципті қарама-қайшылықтар болмады. Петроградтағы Қазан төңкерісі барысындағы большевиктердің жеңісі мен осыдан кейінгі Ташкенттегі қарулы көтеріліс нәтижесінде 1917 жылдың 1 қарашасындағы Кеңес үкіметінің орнауы Сырдария облысының территориясында Уақытша үкіметтің толықтай құлатылуына алып келді. Большевиктердің жергілікті халық арасындағы әлсіз әсері елдің және өңірдің орталықтарындағы биліктің харизматикалық мазмұнда болуымен реттелінді. Тіпті қарсылық көрсетуге мүмкіншіліктері бар күштердің өзі Кеңес үкіметінің орнауын ұрыс-керіссіз мойындады. Түркістан өлкесінде билік жасауға ұмтылған үміткерлердің арасындағы күрестің келесі кезеңі қазан- қараша оқиғаларынан кейін-ақ басталып кетті. Большевиктердің коалициялық Түркістан комитетін құруға келісім бермеулерінен кейін, жәдидтердің бастамасы бойынша Түркістан халықтарының Кеңесі құрылып онда, өңірлік автономияның өмірге келгендігі белгілі болады, ол съездің өткен жеріне, байланыстыҚоқан автономиясы деп аталынады. Оның негізін қалаушылары – М.Тынышбаев пен М.Шоқай ұлттың өзін - өзі билеу құқы принципіне негізделген, Ресей халықтарының автономиясы туралы лениндік Декретке сүйенді. Айта кету керек, автономия және өзін-өзі билеу мәселесі Ленин үшін де, большевиктер партиясы үшін де абстрактілік мағынада болған жоқ, ол нақтылы мазмұнға ие еді - мемлекеттіліктің барлық формасы Кеңес үкіметі платформасында болып, большевиктер партиясының жетекшілік ролін мойындауы міндетті болатын. Сондықтан да Түркістандағы Кеңестерге саяси қысым жасаудың барлық әрекеттері ә дегеннен-ақ қару қолдану арқылы қатал басылып тасталынды. Қоқанға Ташкент Кеңесі құрамындағы әскери құрылымдар осы мақсатта тез жеткізілді. Осының нәтижесінде Қоқан автономиясы
90 жақтаушыларымен болған 64 күндік ұрыстан кейін 1918 жылдың 13ақпанында Қоқан автономиясы өзінің өмір сүруін тоқтатты. Осылай саяси қарсыласына әскери күш қолдану тәсілі алғаш рет жүзеге асты, мұның өзі саяси күрес бұдан былай еш кешірімсіз, еш келісімсіз өтетіндігін көрсетті. Большевиктердің Түркістан мемлекеттігін қалпына келтіру әрекетін кесіп тастауы, көршілес Қоқан және Хиуа хандықтарында, Бұқар әмірлігінде белсенді оппозиция - Түркістан әскери ұйымының құрылуына алып келді, оған бұрынғы патша армиясының офицерлері, отаршыл шенеуніктер, орыс және ұлттық буржуазия өкілдері кірді [195, б.22]. 1918 жылдың сәуірінде Кеңестердің өлкелік съезі «Түркістан Кеңес Республикасы туралы Ереже» қабылдап осыған сәйкес Түркістан Ресей Кеңес Федерациясы құрамындағы Кеңестік социалистік республика болып жарияланды. 1918 жылдың маусымында өлкенің большевиктік ұйымдары Түркістанның Коммунистік партиясына бірікті, мұнда сырттан келген этникалық топтардың саны басым болды. Антибольшевиктік позицияда тұрған күштердің үшіншісі (келесісі) проағылшындық топтар болды, олар Англияның Орта Азия өңіріндегі позициясының нығаюын қолдады [195,б.100-104]. Аталған үш жақты күштердің қарама-қайшылығы Түркістан майданындағы әскери қимылдарда және басмашылар қозғалысында анық айқындалды. Түркістандағы Кеңес Үкіметінің әлсіздігіне, азамат соғысы жылдарында оның большевиктердің орталығынан алыс екендігіне қарамай, Кеңестер мұнда өз позициясын сақтап қана қойған жоқ, оны едәуір нықтай да түсті. Қарсы лагерь өздерінің контрреволюциялық тірек базаларына бөлініп тасталынып, нақты көмек ала алмауы себепті азамат соғысы барысында жеңіліс тапқан еді. Осылай Персиядағы француз әскери миссиясының «Түркістандағы және Каспий маңындағы жағдайлар туралы баяндама» хатында «Контрреволюционерлер Түркістанда одақтастар тарапынан ешқандай көмек алған жоқ. Он мың адам большевиктерді талқандау үшін жеткілікті болатын. Әйтсе де Түркістан большевиктер тарихында диверсиялық рөлді ойнады. Мұнымен есептесу керек. Олардың шабуылы бірде Колчак армиясының сол қанатына шабуыл төндірсе, бірде Деникин армиясының оң қанатына қауіп-қатер төндіріп отыр [195, б.109]. Түркістан-Ашхабад арқылы Каспийге шығуға үнемі төніп тұрған қауіп болып отыр. Олай болса, Түркістан майданы азамат
91 соғысының негізгі ұрыс далаларынан алшақтығына қарамай, онда өзінің қомақты ролі болғандығын айта аламыз. Территориялық-әкімшілік қатынаста зерттеліп отырған өңір көптеген қайта құрулардан өтті. Қазан төңкерісі кезеңінен Кеңес Республикаларын межелеу аралығына дейін ол Сырдария облысы аталынып, бұрынғы Сырдария әскери линиясы аудандары мен Қоқан хандығынан Ресейге өткен жеті уезд - Әулие-Ата, Қазалы, Перовск, Түркістан, Шымкент, Жизақ және Ұры- Төбе аудандарынан тұрды. Келесі қайта аудандастыру 1924 жылы өтіп, межелеу нәтижесінде облыс территориясына Ташкент уезінің 10 болысы, Мырзашөл уезінің 2 болысы , Самарқанд облысының 6 болысы қосылады. 1924 жылы облыс орталығы Шымкент қаласы болып губернияға айналады [196]. Ол өз кезегінде 1928 жылы құрамында 21 ауданы болып округ ретінде қайта құрылады. Мұнан кейінгі аудандық бөліністер (1930-1932 ж.ж.) мен облыстық бөліністер (1932-1962ж.ж.) нәтижесінде 1938 -1939 жылдары Қызылорда мен Жамбыл облыстары құрылып, Оңтүстік Қазақстан облысы (1932 ж. құрылған) өз қалпында қалдырылады [3, 10-24-бб.]. Жүргізілген әкімшілік - территориялық реформалардың, соның ішінде, әсіресе Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік тұрғыдан межелеу және қазақ жерлерінің Қазақ АКСР-іне қайта қосылуы мәселесінің, Қазақстанның болашағына тигізер нақты ықпалын жанымен түсінген ұлт жақсылары осы істі тиянақтауға барын салған еді. «Еңбекшіл Қазақстанда» жарияланған Ерәліұлының «Қосылу мәселесі» деген хабарында: «Түркістан Республикасына қараған Жетісу мен Сырдария облысын Қазақстанға қосу жөніндегі мәселе Қазақстан аймақтық партия комитетінің президиумында 8 июньде қаралып шешілді. Алу жұмысына тезарада үлгеру үшін әрі Орта Азия республикаларымен шекараны ашу үшін араға елшілік жұмысты уақытша басқарып тұратын комиссия жасақталды. Оған Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Мендешұлы Сейтқали. Жер-су комиссары Әлібекұлы Әлиасқар, бұларға кандидат болып Түркістандағы Қазақстан өкілі Жүргенұлы Темірбек, Түркістанға қараған қазақтардан, өздерінің қалауы бойынша Қожанұлы Сұлтанбек, Серғазыұлы, Есқараұлы, Ізбасарұлы, Мыңбайұлы сайланды. Жұмысты басқарып тұратын ревком құрылды. Ревком төрағасы болып Мендешұлы, орынбасарлығына Әлібекұлы, Есқараұлы сайланды», деп айтылған [197]. Осы мәселеге байланысты С.Меңдешұлының «Орта Азияның ұлт шекарасын қайта пішу мәселесі және Қазақстан Республикасы» деген көлемді мақаласында қазақтардың ұлттық шекараны қайта
92 белгілеу мәселесінде қапы қалмауы негізделген [198]. Аталмыш аймақтағы елдердің шекараларын бөлуге арналған келелі пікір мен кең толғамдар Смағұл Садуақасұлының «Орталық Азияның өміріндегі жаңа дәуір» деген мақаласында берілген [199]. Жалпы, бізге дәл саны мәлім емес Амудария мен Закаспий облыстары қазақтарын қоспаған күннің өзінде, Түркістан генерал-губернаторлығы құрамында Қазан төңкерісі қарсаңында 2.665.441 қазақ өмір сүрген [200]. Қазақ жерлерінің қайтадан бірігуі нәтижесінде республика аумағы 700 мың шаршы км-ге жуық, яғни үштің біріне ұлғайып 2,7 млн. шаршы км болды, ал халқы 1468мың адамға көбейіп, жалпы саны 5230 мыңға жетті. 1926 жылғы халық санағы бойынша қазақтар республика халқының- 2/3-сіне жуығы (61,3%) болды [5, 167-б.]. Бұл арада Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі небары 8-9 жыл аралығындағы аласапыранда аталған өңір халқының қосқан үлес салмағы қарапайым арифметикалық тұрғыдан қарастырғанның өзінде (1917жылғы 2.665.441 қазақтан 1926 жылғы санақ бойынша шамамен 1.468.000 қазақ қосылған.) ойсырап-ақ қалғаны көрініп тұр. Құбылмалы, тұрақсыз саяси жағдайға қатаң қысы мен құрғақшылығы қосымша болған 1917 жыл мен азамат соғысының аумалы-төкпелі 1918 жылы Түркістан қазақтарына жеңіл тиген жоқ. Осылай 1918 жылдың 30 қыркүйегіндегі Әулиеата уездік комиссарының баяндамасында уезд жағдайы мынадай мазмұнда беріледі: «Маған сеніп тапсырылған Әулиеата уезі төрт бөлімшеден тұрады: Таулық ( Горный), Аса, Шу және Меркі, онда 43 қырғыз болысы мен 75 орыс селениесі;олардың ішінде 21-і ескі 54-і жаңа». Осы селениелердің 15-і жеке және 60- ы 12 болысқа біріктірілген; 5 селение неміс - менониттік, 4 селение түземдік, 2 поселок дүнген, 1 селение татарлардікі; барлығы жеке селениелер 87. Қазіргі уақытта шамалап есептегенде халықтың саны 200 мың адамды құрайды. Аштықтан өлген түземдіктер қазіргі уақытта, яғни 1917 және 1918 жылдың алғашқы жартысында 60 мың төңірегінде; 1917 жылдың 1 қаңтарына дейінгі статаистикалық мәлімет бойынша халықтың саны 300 мың адам болған [201]. Бұл арада уездің саяси кеңістіктегі параметрі айқындалып-ақ тұр - көп ұлттық құрамы, елді - мекендердің көп екендігі сол кезеңді алғанда, жалпы халықтың санының көптігі; сонымен қатар большевиктер Үкімет басына келуінің жергілікті халыққа бірден қырғын әкеліп 60 мыңдай адамдардың аштан өлгендігін де осы құжат көрсетіп тұр.
93 Ары қарай баяндамада «1) түземдік халықтан 1917 жылғы салықтың көлемі. Барлығы 297, 381 р. 79к. 2) Биылғы жылға халықтан алынатын салыққа байланысты төлем қағаздары (окладные листы) таратылып берілген жоқ.; Қаланың әртүрлі мекемелеріндегі қарыз 100 мың рубль. Бұларды менің орнымдағылар қоғамдық қордан берген екен; қоғамдық қордың 4 кассасы босаған, ол әлі де бос» [202]. Берілген құжат уездегі экономикалық жағдайдың ауырлығын көрсетеді, мұның өзі тиісінше жаңа үкіметтің нығаю мүмкіндігін, оның беделге ие болуын тежеді., себебі олар өз іс-қимылдарын сүйкімсіз ісшаралардан - өткен жылы төленбеген салымдар мен осы жылғы салықтарды жиюмен бастаған еді. Жергілікті үкіметтің «халықтың төленбеген салымдарын үш жылға соза тұру әрекеті» жүзеге аспай Ташкенттен тез арада төленбеген салымдарды да, сонымен қатар осы жылғы салықтарды да тез өндіру туралы нұсқау түсті. Түземдік және орыс халқының экономикалық жағдайы, 1917 жылғы егіннің болмауына байланысты, әсіресе біріншілерінікі өте ауыр, сондықтан да олардың 1917 жылғы төленбеген салым мен осы жылғы салықты төлей ала ма оны болашақ көрсетеді» [203]. Осылай жаңа билік құрылымдарына тікелей қарама-қайшы мәселелерді - бір жағынан Патша және Уақытша Үкіметтердің бұрынғы бағытын жүргізіп, салықтар мен салымдарды күштеп тартып алуға, екінші жағынан жұмысшылар мен шаруалар жағында тұрған Үкімет ретінде жаңа биліктің артықшылықтарын дәлелдеуі керек болды. Осыған қарамай билеуші партияға саяси кеңістікті игеру үшін белсенді күрес жүргізу қажет болды соның ішінде біз қарастырып отырған Әулиеата уезінде де осындай іс- қимылдар жүріп жатты. Оларға өздерінің ықпалын елді мекендердің барлығында болмаса да көпшілігінде бекіту керек болатын, себебі соңғылары билеуші партия мен қалыптасып келе жатқан билік құрылымдары саясатының маңызды материалдық ресурсы болып табылатын.Осы аралықта қайсыбір идеяның, саяси жетекшінің немесе топтың бір өңірдегі беделінің екіншісінде өтпейтігін де ескеру керек еді. Жоғарыда сипаттама берілген Сырдария облысының саяси кеңістігіндегі саяси күштердің ішінде Кеңестердің халықтық Үкіметіне сүйеніп, оларды бақылап та отырған, БК(б)П – ның өлкелік филиалы ретіндегі, Түркістанның Коммунистік партиясы басымдылық жағдайда болды. Жалпы, партиялық және Кеңестік органдардың билік өкілеттіліктеріндегі ерекшелігі олардың билік пен саясаттағы ресурстарының тым жұтаңдығы болатын. Бірінші дүние жүзілік және
94 азамат соғысы жылдарындағы экономикалық тұралаудың салдарынан материалдық және қаржы ресурстары жетімсіз болды. Лайықты кадрлардың жетіспеуі орын алды және соңында саясаттың ерекше ресурсы ретіндегі «саяси уақыт» ресурсы күрмеуге келмеуі себепті, алға қойылған қайта құруларды жүргізуді өте қысқа тарихи мерзім ішінде жүзеге асыру қажеттілігі туды. Билік құрылымының өзі үш деңгейге бөлінеді. Ең жоғарғы деңгей «макробилік» деп аталынып, мемлекеттің негізгі ішкісаяси процестері мен сыртқы саясатын қамтиды. Ол өзіне жоғарғы орталық саяси институттарды, жоғарғы мемлекеттік мекемелерді, саяси партиялар мен жетекші қоғамдық ұйымдардың басшыларын кіргізеді. Макробиліктің негізгі міндеті жалпыпартиялық, жалпымемлекеттік саясатты қалыптастырып, жалпы мақсаттар мен міндеттерді декларациялау болып табылады. РКФСР және кейіннен КСРО тұрғысында қарастырар болсақ бұл, БК(б) П ОК, БОАК және ХКК арқылы жүзеге асты. Осындай арнаулы органдар Түркістанда да құрылып жатты. Олардың алғашқысы ретінде 1919 жылдың ақпанында БК(б)П ОК қаулысы негізінде құрылған «Түркістан істері жөніндегі ерекше (уақытша) комиссияны» айтуға болады. 1919 жылдың қазанында БОАК мен РКФСР ХКК-ның Түркістан істері жөніндегі комиссиясы –Түрккомиссия құрылады. БК(б) П ОК саяси бюросының қаулысымен 1920 жылдың маусымында: «Түркістандағы мәселелер туралы», «Түркістандағы билікті ұйымдастыру жөнінде құжаттар қабылданып», «Түрккомиссия Ережесі» бекітіледі. 1920 жылдың шілдесінде БК(б)П ОК-ның Түркістандық бюросы - Түркбюро құрылады [7, 723-724-бб.]. Осылай Түркістан өлкесіндегі жоғарғы билік эшелоны құрылған еді. Орталық, аралық, билік деңгейі «мезобилік» деп аталынып, орта звено билігі мен осы деңгейдегі бюрократиялық аппараттардан құрылады. Мезобилік өзіне жергілікті аудандық, облыстық және өңірлік маштабтағы партия және әкімшілік органдарын кіргізеді [123, б.43-45]. 20 - жылдардың басына қарай Түркістанда мезобиліктің мынадай құрылымы қалыптасты: партиялық тұрғыда - Түркістан Коммунистік партиясының ОК, кейіннен, зерттеліп отырған өңірге қатысты, ТКП-ның Сырдария облыстық комитеті, уездік комитеттер, мысалы, ТКП-ның Әулиеата уездік комитеті, уездік қалалық комитеттер - Әулиеата Уқалкомы, уездік болыстық (аудандық) комитеттер - болкомдар. Кеңестердің өкілеттілік билігі де осындай тұрғыда құрылып, ол Түркістан ОАК-нен вертикаль бойынша уқал және уболкомдарына дейін таралды.
95 Осы деңгейдегі биліктің ерекшелігі ретінде жалпыпартиялық саясатты Түркістан өңірі үшін қажетті формаға келтіруді айтуға болады. Орталықтың мәлімделген ,декларативтік мақсат –мүдделері іс жүзінде нақты жетістіктерге жеткізе бермейтін, бұл құбылыс мынандай факторлар арқылы, мысалы, орталықтан тым алыс екендігіне, яғни үнемі бақылап және қажетті кезінде араласу мүмкіндігінің болмауына, өңірлердің бір-бірінен алшақ орналасуына және оларды жалғастыратын транспорт пен байланыс инфрақұрылымының дамымай қалғандығына байланысты болды. Сонымен қатар зерттеліп отырған кезеңде орта буын кадрлердің, әсіресе аудандық деңгейде жетіспеушілігі білініп тұрды. Әртүрлі себептерге байланысты орта буын кадрлердің кейбір бөлігі әрқилы мәселелер төңірегінде өзіндік позицияда болды, мұның өзі 20 - жылдардың соңы - 30 жылдардың басына, әлі тоталитарлық система толық құрылып біткенге дейін ғана мүмкін болды, сондықтан орталықта немесе жергілікті жерлерде көптеген жалпыпартиялық пікірталастар жүріп жатты. Дегенмен, биліктің орталық деңгейі өзінің өңірдегі ықпалын үдету үстінде болды. Түркістан Компартиясының съездері үнемі өтіп тұрды, 1919 жылдың мамырында ТКП-ның І-ші Қазалылық уездік съезі, 1920 жылдың тамызында Шымкентте Түркістан К(б) П-ның Сырдария облыстық съезі өтті [7, 721-726-бб.]. 1925жылдың ақпанында Орта Азияда өткен ұлттық межелеудің нәтижесінде БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті құрылып оның құрамына Сырдария облыстық партия ұйымы да кіреді. Мұнан кейінгі өлкелік партия ұйымының өсіп жетілуі және саяси позициясының нығаюы нәтижесінде 1937 жылдың сәуірінде БК (б)П ОК шешімімен Қазақстан К (б) П ретінде қайта құрылып, сол жылдың маусымында өздерінің алғашқы съезін өткізеді, осыған орай 1936 ж. Қазақ АКСР-нің Одақтас Республика болып қайта құрылуы мен Республиканың партиялық ұйымының жаңа статус алуы орта деңгейдегі партиялық және кеңес үкіметінің құрылымдық жұмыстарын аяқтайды [7, 730-б.]. Билік өлшемінің үшінші деңгейі – «микробилік», - адамдардың, кіші топтардың, жергілікті өзін-өзі билеу саласындағылардың саяси өмірге ашық араласуын білдіреді. Бұл деңгейдегі, негізінен еңбек ұжымдары мен төменгі қоғамдық бірлестіктерде, қоғамдағы саяси мәдениет, сенім, пікір және өмірлік позиция қалыптасады. Бұл деңгей бұған дейінгі макро және мезобилік деңгейлерінен құрылымы және атқаратын қызметі тұрғысынан ерекшеленеді [123, б. 43-44]. Тікелей БК(б)П құрылымындағы микродеңгейде бастауыш партия ұйымдары, партия ұялары, қоғамдық және басқа да әртүрлі
96 ұйымдардың бастауыш бөлімшелеріндегі большевиктік фракциялар іс-қимылда болды. Микродеңгейде Орталық деңгейден алынған тапсырмалар жүзеге асырылады, мұның өзі Орталық декларацияалаған мақсат пен міндеттердің тағы бір өзгеріске ұшырауымен жалғасады. Мұндай өзгерістерге (деформацияға) ұшыраудың жаңа өрісінің пайда болуының себебін, оны жүзеге асырушылардың білімі мен теориялық деңгейінің төмендігінен және мұндай іс-шаралар жүргізу тәжірибесінің жоқтығымен түсіндіруге болады. Осылай, Тұрар Рысқұлов, Түркістан ОАК-ның Әулиеата және Черняев уездері істері жөніндегі комиссияның төрағасы болып тұрған кезінде, 1919 жылы жазылған мақаласында: «Кеңес Үкіметі аталған уездерде тек қалаларда ғана қызмет етуде. Деревняларда, кишлактарда және болыстарда осы уақытқа дейін, тіпті Уақытша Үкімет тұсында құрылған кулактар мен байлардың атқару комитеттері жұмыс істеп келді, ал кейбір жерлерде тек «болыстар» немесе «селолық старшиналар» жұмыс істеп жүр. «Кедейлер үкіметінің ұйымдары не істеп жүр - кедейлердің және партия ұйымдарының атқару комитеттері не бітіріп жүр. Түк те бітіріп жүрген жоқ деп айтуға болады» [204]. Т. Рысқұлов осы сапарында, 1919 жылы 7 тамызда Әулиеата партия ұйымының жетекшілерімен бірлесіп өткізген мәжілісте, Әулиеата атқару комитетінің мүшелерін өз міндеттерін іске асыра алмағаны үшін қатаң сынға алып, бұл комитеттің таратылғанын жариялады.Олардың орнына 5 мүше кірген уездік уақытша Революциялық Комитет ұйымдастырылды. Мәжілісте сонымен қатар Т.Рысқұлов кедейлер комитеттерін (одағын) ұйымдастырудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті [187, 87-б.]. Дәл осындай бағаны Түркістандағы жағдайға Г.Сафаров та берді.. «Түркістандағы күштер аз, қызметкерлер бүкіл ел бойынша және кеңестік Ресейде жетіспейді. Бірақ оларды табу керек. Қайткен күнде де табу керек» [205]. Биліктің мезо-микро деңгейлері қалаларда өзіндік ыңғаймен бір-біріне кірігіп жатты, бұған салыстырмалы түрде ұйымдасу деңгейі жоғары уездік, қалалық комитет қызметі әсер еткен еді. Қалалық ұйымдардың мүшелерінің аз болуы кәсіподақтарда, кооперациялар мен басқа да ұйымдарда коммунистік фракция құру мәселесін күн тәртібіне қойды. Осылай, Әулиеата уезінде, Уқалком аталған ұйымдардағы партиялық ықпалды күшейтуге тырысты. Сонымен қатар коммунист - мұсылмандар арасындағы жұмыс, олардың аздығына қарамай жекеше жүргізілді, әйел мұсылмандар арасындағы жұмыс та жолға қойылды. БК(б)П – қызметінде жергілікті халықты партия және кеңес құрылымдарының орталық деңгейіне тарту маңызды орын алды.
97 Әулиеата уезінде «РК(б)П –ның Әулиеата уездік - қалалық мұсылман ұйымдарының бюросы» делінген қаланың өміріне белсенді араласып отырған мұсылман коммунистерінің ұйымы қызмет жасады. Осылай 1919 жылдың 20 қазанында Қошмамбетовтың төрағалық етуімен «Қазан революциясы мерекесіне арналған манифестацияға екі жауапты шешен тағайындау мәселесі тыңдалды, Жауапты шешендер ретінде жол. Абланов, жол. Сармолдаев тағайындалсын». Осы мәжілісте Коллегияның халық шаруашылығы бөлімі бюросына өкіл ретінде Ж.Ж.Фахрутдинов пен Бабаназаров делегат ретінде жіберілді [206]. Бюро түйткүл мәселелерді де, дәлірек айтсақ ЧК(ТК) төрағасы Краснокутскийдің Шақпақ болысының төрт үй қырғызының 208 қойы мен 4 түйесін айдап кеткендігі туралы фактіні қарастырды. Бюро мынаны атап өтті – ТК сонымен қатар Упрдот (уездік азық-түлік бөлімшесі) төрағасы ретінде кедей малшылардың соңғы жинап - тергенін тартып ала отырып мұның ешбір заңдылыққа қиыспайтындығын айтуымыз керек, себебі малшының артық малын алу үшін оның 200 қойы мен 4 жылқысы болуы керек… Біздіңше бұл жерде мал қорғаушысыз қырғыздардың қолынан тартып алынып отыр, себебі бюроға уездегі шаруалардың арасында мың қой және жүздеген ірі қара малдары бар адамдардың бар екендігі белгілі, әйтсе де ТК және Упрдот (уездік азық-түлік бөлімшесі) төрағасы ол бай шаруаларды білсе де (көрмегендей) білмегендей болған» [207]. Кеңестік органдарда жергілікті халықтың тең өкілдігі болуы туралы мәселеге де үлкен маңыз берілді. РК (б) П-ның төртінші Түркістандық өлкелік төтенше съезінің Қарарларында өлкелік және жергілікті Кеңестер съездерінің талаптары бойынша өкілдіктердің тепе-теңдік принципін қатаң сақтау жөнінде қадап айтылады, мұның өзі Кеңес Конституциясында көрсетілген ережелерді сақтай отырып жүзеге асу керектігі ескертіледі. Өкілділіктің бірнеше қажетті жай-жапсарлары: мұсылман бюросы мен РКП-ның жергілікті комитеттерінің бақылауындағы жұмысшылар ұйымдарына қатыстылығы, Кеңес Органдарына таптық белгісі бойынша қабылдау, жауапты қызметтерге коммунистік партияда жоқтарды, өлкелік немесе жергілікті мұсылман бюросы және РКП-ның жергілікті комитететтерінің келісімі арқылы ғана қабылдау анықталынды. Съезд сонымен бірге шаруалар мен дихандардың мүліктерін аяусыз талау мен кәмпескелеуді доғару керектігін, мұсылмандар арасында әртүрлі алымдар мен кәмпескелеуді жалпы негізде жүргізіп, бұл үшін әрбір осындай оқиға кезінде жергілікті