The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.
Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search

Тағылымды тарих 7

Тағылымды тарих 7

151 Гүлнәр Уайсоваға арналады Жақсы көріп, құрмет тұтар Ұстазым Шыққан екен ЖЕТПІС ЖАСТЫҢ төріне. Адамдығын жақсы көрем жанының, Сыйластықтың сақтап жүрер жалынын. Адалдығын жақсы көрем мәңгілік Мамандықтың құлатпаған таулығын! Жүректе көп жыр-маржаным тізілген, Үлгі алдым, білім алдым Өзінен. Мейірім мен махаббаттың теңізін Көре алдым Ұстазымның көзінен. Ұстаз болу - бақыт пен бақ, бұйырмайтын әркімге, Ұстаздықтың орны биік өлкемде. Гүлнар апай, Өзіңіздей Ұстазбен Мақтанады, марқаяды өр кеуде! Жүз жасаңыз, жүріп әркез қуанып, Ауырмаңыз, күн нұрындай жадырап. Гүлнар апай, білім алу Өзіңіздей Ұстаздан Біздер үшін бағасы жоқ, МЫҢ БАҚЫТ! ТҰЛҒАНЫ ТҰЛҒА ҒАНА ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ Айкүміс БЕСІРОВА, Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Әр арайлап атқан таңымызда өмір күнтізбесінің бір парағы ашылады. Міне, бүгін күнтізбенің тағы бір парағы ашылды. Сол парақты толтыру үшін Жаратқанның бізге берген ең үлкен нығметі «уақыт» деген


152 ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХ өмірдің қазынасын бағамдап отырмын. Қолымдағы асыл қазынам мені осы күнге дейін қандай жетістікке жеткізді, нендей табысқа кенелтті, алда не күтіп тұр деген сансыз сауалдар төпелей берді. Өткенге көз жүгірттім. Осы жасыма дейін білім үйреніп, тәлім алған ұстаздарымды есіме алдым. Өмірде өз орнын табуға ұмтылған әр жанның жетістікке жету жолында оның бағалы уақыты мен мықты ұстазы тұратыны анық. Ең алғаш қолыма қалам мен «Әліппе» оқулығын ұстатқан алғашқы ұстазым марқұм Рақат ағай мен орта, жоғары буында білім берген сүйікті ұстазым, сынып жетекшім – Айкүміс Нүсіпжанова еді. Мектепті бітіріп, үлкен қалаға оқуға келгенде ұстаздарымсыз өмірқайық ескегін есуге жүрексінген сәттерім әлі есімде. Сондай күндерімнің бірінде аудиторияға көздері мейірімге толы, даусы нәзік, орта бойлы бір ұстаз кірді. Әке-анамнан, бірге туған бауырларымнан жырақтап көрмеген, ауылды сағынып жүрген маған ол кісінің жүзі бір қарағаннан ерекше ыстық көрінді. Бір ауыз жылы сөз айтса, жылап жіберуге даяр едім. Сабақ бойы ұстаздың жүзінен көз тайдырмай аузына қарап отырдым. Сондай мәдениетті, білімді, қарапайым жан екен деп өзімше пайым жасап қойдым. Сол аяулы жан – Гүлнар апай Инаматқызы еді. Содан бері университетті тәмамдағаныма 30 жыл өтсе де, Гүлнар апайымнан тәлім алудан еш жалыққан емеспін. «Өмір – оқу» деген қағидамен ұстазымнан әлі де тәлім алып келемін. Заманында хакім Абай өзі тәрбиелеп жүрген Шәкәрімге: «– Шәкірті ұстазынан асса, оған ұстазы қуануы керек» деп арқасынан қағып шабыттандырып отырған екен. Шәкәрім атамыздың жақсы күтім көрген жеміс ағашындай жайқала өсіп, артына өшпес мұра, от жалынды жырларын қалдыруы да Абай берген өнегенің, білімнің нәтижесі екені анық. Бұл – бізге өмірлік үлгі. «Білім – амалдың жол бастаушысы, түсінік – білімнің қазаны, ақыл – қайырлыққа бастаушы»,-деген шығыс ойшылының даналығындай, амалдардың бастаушысы болып білім берген ұстазымның, Гүлнар Инаматқызының


153 Гүлнәр Уайсоваға арналады әр сөзі, қымбат ақылы менің де өміріме үлкен сабақ болды. 2002 жылы ұстазым «Қазақ тілі» оқулығының дидактикалық материалдары мен диктанттар жинағын жазуға авторлық топқа шақырды. Сеніміне қуанып, үлкен жауапкершілікпен жүрексіне бардым. Осылайша, ең алғаш рет автор атандым. Содан бері ұстазыммен бірге «Атамұра» баспасынан шыққан «Диктанттар мен мазмұндамалар жинағы» (1-4 сынып), 1-сыныпқа арналған «Ана тілі» оқу әдістемелік-кешенінің, 2-сыныпқа арналған «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» авторларының бірі болып келемін. Содан бері қаншама білікті, білімді әдіскер-ғалымдармен, өз ісінің шебері атанған мықты мамандармен, редакторлармен таныстым. Жақсы адамның жанында шәкірті болып тәлім алып жүргеніме өзімді бақытты санаймын. Гүлнар апай – байсалды, жаны таза, қанағаты мен шүкірі көп мейірбан ана, білімді ұстаз. Жолдасы Тілеухан ағаны екі-үш рет көрдім. Бірде жазған оқу материалдарымды тексерту үшін апайдың үйіне бардым. «Қыз – қонақ» деген, төрге отыра ғой, дәм ауыз тимей жібермеймін, - деп үлкен басымен бәйек болып төрге оздырғанда асыл ағамыздың жайдары, кеңпейіл, қонақжай мінезіне тәнті болғам. «Тегі асыл ұрпақ – Алланың панасында болады», - деп көп ұзамай ғалым ағамыз бақилық болғанын естігенде жаным жүдеген. Қазіргі уақытта Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияда бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасаймын. Бастауыш сыныптарда оқытылатын пәндердің ішінде «Қазақ тілін» ерекше жақсы көріп оқытамын. Оған себеп, сонау университет қабырғасында білім беріп, пәнге деген махаббатымды оятып, шамшырағымды жаққан Гүлнар апайымның еңбегі екені даусыз. «Каллиграфияң әдемі екен, мұғалімнің жазуы осындай көркем болуы керек» деген мақтауы төбемді көкке жеткізіп, шабыттандырған еді. Содан бері 28 жыл өтіпті. Ұстазымның бағасы мен мақтауы алдымда тәлім алып отырған оқушыларымның сауатты болуына, көркем жазуына тиек болды. Өмір жолымда асуларды бағындырсам, кезіккен


154 ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХ қиындықтарға төтеп беріп, жетістікке жетсем, бұл – менің емес, аяулы ұстаздарымның сепкен ізгілік дәнінің жемісі. Қашанда күлімсіреу мен қарапайымдылығынан танбайтын алтын апайыма, ардақты ұстазыма ұзақ ғұмыр, көп күш-қуат тіледім! Мерейлі 70 жасы құтты болсын! БІЛІМНІҢ БАСТАУЫ – САУАТТЫ ЖАЗЫЛҒАН ОҚУЛЫҚ Ажар АХМЕТКУЛОВА, Алматы қаласы, Әуезов ауданы №132 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер Білімнің бастауы – оқулық. Кітап арқылы бала әріп танып, ғылым атаулымен алғаш танысады. Оқулық – баланың тілін дамытудан бастап, танымын кеңейтетін, ойын жетілдіріп, білімін тереңдетіп, сауаттандырып шығаратын ең басты құрал. Осы құралды орынды қолдану, оның сан қырын аша білу – ұстазға парыз. Сондықтан білім алуды сабақта және сабақтан тыс уақытта ұштастыру, баланың білуге құштарлығын оятып, зердесінде сақталуын назарда ұстау тәсілін өзіме бағдаршамдай көрдім. Жаңа буын оқулықтарымен жұмыс жасай жүріп, оның заман талабына сай мазмұны да, форматы да өзгергенін байқадым. Осы оқулық авторларымен жұмыс барысында таныстым. Бұл мен үшін тағдырдың маған берген сыйы, бұйырған бақыты болды. Бірге жұмыс жасай жүріп, Гүлнар Инаматқызы Уайсованы тереңірек таныдым. Жаны таза, білімі терең, қарапайым жанмен әріптес бола жүріп, оқулықтың құрылымын терең түсіне бастадым. Оқулық жазу – ұлтыңа қызмет ету екенін ұғындым. Заманында алаштықтардың айнымас миссиясы – оқулық жазу болған. Қазақ зиялылары өткен ғасырда оқулық жазуды


155 Гүлнәр Уайсоваға арналады қолға алу – ұлтты сақтап қалудың бір жолы деп білген. Қазір де заман ағымына сай сан түрлі өзгеріс пен тоқтаусыз келіп жатқан ақпараттар легімен қазақ тілі жұтылып кетпес үшін осындай сауатты жазылған оқулықтар керек. «Ерінбегеннің еңбегі жанады, үйіне Қызыр қонады» деген екен Балпық әулие. Гүлнар Инаматқызы – бастауыш сыныптарға арналған «Ана тілі», «Қазақ тілі» оқулықтарының авторы. Тынымсыз тіршілік, өлшеусіз кеткен уақыт, ерен еңбектің арқасында жазылған Гүлнар Инаматқызының «Қазақ тілі» оқулығы қаншама баланың сауатын ашты. Оқулықты қолына ұстаған әр шәкірт қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, сол тілдің ішкі жан дүниесін түсінді. Ұлтымыз үшін ең құнды дүниенің бәрі қазақ тілінде тұрғанын пайымдады. Білімділіктің ең басты факторы – туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталатынын білді. Ұстаздар қауымы ұлт мектептерінде әдіскер-ғалым, Гүлнар Инаматқызының жазған оқулықтары бойынша қазақ баласына өз тілінің қыр-сырын үздіксіз үйретті. Жәудіреген жанары «білсем, үйренсем, оқысам» деп тұрған шәкірттерінің өресін биіктетіп, танымын кеңейтіп, сауаттандырып шығарды. Олай болса, ұлт үшін қызмет еткен жан, аяулы ұстаз, Гүлнар Инаматқызына барша ұстаздар қауымы атынан алғыс айтамын. Қазақ тілі – өміріңде, өлеңде, Қазақ тілі – тамыр жайған тереңге. Қазақ тілі болашаққа жетелеп, Ұрпақтарды танытады әлемге.


156 ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХ ҰСТАЗДЫҢ САЛҒАН САРА ЖОЛЫ ШӘКІРТ КӨЗІМЕН Жазира ЖҰМАБАЕВА, PhD, постдокторант Ұлт болашағының кемелденуі – ең әуелі ұстаздың еншісінде. Кез-келген ұлт білім көкжиегіне өз ана тілі арқылы еніп, жазуды, сөйлеуді, ойлауды, қарым-қатынас жасауды өзінің тілінде үйренеді. Ананың ақ сүтімен дарыған тіліміз балаға сәби күнінен таңсық болмаса, сәби күнінен сол ғажап тілінің үнімен оянып, ғажап тілде орындалған әннің ырғағымен ұйқыға кетсе, алғашқы сөзін өз ана тілінде айтып, ұлттық тіл мен ұлттық тәрбиені қатар алып жүрсе, болашақта мұндай баланың нағыз ұлтжанды азамат болары хақ. Міне, осындай ұлтжанды азаматтарға дұрыс тәрбие мен білім беру ұстаздарға жүктелген жауапты іс. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, жақсы ұстаз, шебер ұстаз ғана оқушы бойындағы дарындылықты көріп, дұрыс бағыт-бағдар беріп, шәкіртінің жүрегінің кілтін аша біледі. Ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлы «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» демекші ұстаз алдына келген баланың тұлға болып қалыптасуы, дамуы тікелей жақсы ұстаздан. Бүгінгі менің тақырыбыма арқау болатын «Қазақ тілінің жанашыры» Г.И.Уайсованың қазақ тілі әлеміне салып жүрген дара жолы. Жаңашыл ұстаз, бала оқытуды басты ұстанымым деп санаған, тіл білімі әлемінің қыр-сырын шебер меңгерткен бірегей тұлға жайлы болмақ. Өз мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігі, қазақ тілі саласында атқарған тынымсыз


157 Гүлнәр Уайсоваға арналады еңбегі Гүлнар Инаматқызының бейнесін даралай түседі. Киелі Атырау жерінде дүниеге келіп, өсіп-өніп, бала күнгі арманы шындыққа айналған Гүлнар Инаматқызы бар ғибратты ғұмырын ұстаздық жолмен байланыстырып келеді. Г.Инаматқызы «Үздік ұстаз» атанып, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», ҚР БжҒ министрінің «Құрмет грамотасы», ҚР білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін БжҒ министрінің алғысымен мараптталып, атағы еліміздің білім беру жүйесінде ұлағатты ұстаз ретінде мәшһүр болды. Ұлағатты ұстаз жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысы бойынша мемлекеттік стандарттардың, қазақ тілін оқыту бойынша типтік оқу бағдарламаларының авторы болып табылады. Ғалым жалпы білім беретін бастауыш сыныптарға (1-4 сыныптар) арналып әзірленген «Сауат ашу», «Ана тілі», «Қазақ тілі» пәні бойынша оқу-әдістемелік кешендердің авторы. ЖОО студенттеріне арналған 11 оқу құралы, 70-тен астам оқуәдістемелік мақаласы бар. 45 жыл ұстаздық еткен Г.Инаматқызы әр сабағынан тағылым алатындай, ой салатындай, қазақ тілінің қырсырына тереңірек үңіліп, сырын ұғынуға, тағылым алып, сыни көзқарас қалыптастыруға себепші бола білді. Ұстаздықпен қатар ғылыми ізденісті тоқтатпаған Гүлнар Инаматқызының «Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихы», «Шағын жинақты мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен әдістемесі», «Қазіргі қазақ тілі негіздері», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» әдістемелік құралдарын жазуы – басқа әріптестері үшін, болашақ бастауыш білім педагогтері үшін құнды көмекші құрал. Сөз соңында айтарым, ұстаздық жолды таңдаған әр мұғалім үнемі ізденіс үстінде болуы тиіс. Үйретері көп, берері мол Г.И.Уайсованың еңбектері арқылы жас ұрпаққа қазақ тілін құрметтеу, оны ұлықтау туралы саналы ой қалыптастыруға болады. Г.Инаматқызының салып жүрген сара жолынан ерген


158 ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХ шәкірті ретінде, сіздің менің ғылымдағы сапарымда айнымас қолдауыңыз үнемі күш-қуат көзі бола білді. Сіздің зерттеу жұмысыма деген интеллектуалдық қызығушылығымды дамытуға және белгісіздік сәттерде басшылық беруге деген адалдығыңыз академиялық және жеке өсуіме негіз болды. Ғылымдағы кездесетін күрделі және құлдырау сәттерімде өзіңіздің табысқа жеткізуге деген адалдығыңыз білімнің құлпын аша алатын мүмкіндіктерге жарық түсіретін шамшырақ болды деп нық сеніммен айта аламын. ҰСТАЗДЫҚ – ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ Аққалам ЖЕКЕЕВА, Абай атындағы ҚазҰПУ, 1-курс докторанты Әлемдік білім мен ғылым кеңістігінде ұстаз бен ғалымның орны ерекше. Руханият кеңістігінде ұстазды, ғалымды құрметтеу – жас ұрпаққа парыз. Өмірде шынайы дарындар өздерін өзгеге көрсетуді ұната бермейді. Ұстаздығы мен ғалымдығын кәсіби жұмысы, күнделікті әдеті деп санайды. Осындай тұлғаның бірі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұзақ жылдардан бері жемісті қызмет етіп келе жатқан ұстаз, әдіскер-ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Уайсова Гүлнар Инаматқызы. Гүлнар Инаматқызы көпшілікке ұстаздық қызметімен, шәкірт тәрбиелеуге қосқан үлесімен, оқу-әдістемелік құралын жазуға сіңірген еселі еңбектерімен танымал. Ол білім мен ғылым саласының, бастауыш сыныптарға арналған мектеп оқулықтарын жазу мен жоғары білім беру жүйесінің дамуына аянбай тер төгіп, сүбелі үлес қосып жүрген ардагер ұстаз. Сөзі мен ісі бір жерден шығатын, кісілік заңдарын берік


159 Гүлнәр Уайсоваға арналады ұстайтын, адамгершілігі мол, байыпты да байсалды адам, Абайша айтқанда, «толық адам» концепциясындағы тұлғалық қасиеттерге ие. Сондай санаулы адамдардың қатарына Гүлнар Инаматқызын күмәнсіз жатқызуға болады. Қазақстан Республикасы білім саласында болашақ педагог мамандарды даярлауда, оқытушылардың педагогикалық біліктілігін көтеру үдерісінің мазмұнын ұйымдастыруда, жоғары білім беру мазмұнын жаңартуда, педагогтердің мазмұндық-әдістемелік саласында шығармашылығын, білімін, іскерлігі мен дағдысын жетілдіруде Гүлнар Инаматқызының зор еңбегі бар екендігін айта кеткен жөн. Заманауи жоғары білім берудің дамуын алға тартатын, адамгершілік-рухани құндылықтарды биік қоятын, әрқашан да ұсыныстарға үлкен назар аударып, жауапкершілікпен қарайтын, күрделі істің және жаңа бастаманың барлық түйткілдерін ескеруге тырысатын, озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білетін адал және қажырлы еңбек адамы – ол Уайсова Гүлнар Инаматқызы. Ғылым жолы оңай жол емес. Әсіресе, нәзік жандылар үшін. Себебі, отбасы мен ғылым жауапкершілігін қатар ала білу, қиынның қиыны. Десе де, апайдың бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербете отырып ғылыммен, зерттеушілікпен айналысып, әрдайым ізденісте болуы кейінгі жас толқынға үлгі. Рухани жаңғыру аясында жаңа заманға сай жаңашыл білім берудегі негізгі мақсат тек білімді, кәсіби мамандандырылған тұлға дайындау ғана емес, сонымен қатар рухани дүниесі бай және адамгершілігі зор, қоғамдық өмірдің барлық аясында ұлттық құндылықтарды бағалауға және дамытуға қабілетті тұлғаны дайындап шығару. Осы мақсатта педагог-ғалым Гүлнар Инаматқызы қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының жоғары мектеп саласында, ғылыми-әдістемелік қызметте қазақ халқына зор еңбек етіп келеді. Абай атындағы ҚазҰПУ-да педагогика және психология институтының Бастауыш білім беру кафедрасыныда 34 жыл қызмет


160 ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХ ете отырып, оқу-ағарту саласында көптеген бакалавриат, магистратура, докторантура бағыттары бойынша бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға ат салысты. Сонымен қатар, Г.Инаматқызының ғылым саласында 100-ден астам ғылыми еңбектері және «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен көптеген марапаттары бар. Ұстаз бейнесі – мен үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны – әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын өмірдің қайнар көзі. Өзінің бар күші мен білімін, ғылым-білім саласына арнаған, алғаш ғылым жолында дамуыма бағыт-бағдар берген ұстазымды мен әрқашан мақтан тұтамын. «Жаныңда жүр жақсы адам» демекші, ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, әр түрлі жұмыстарға белсене араласып, қарапайым жаннан қадірлі жанға айналды. «Ата-баба жолы ұрпаққа үлгі» демекші, өзімнің өмірлік жолымда осындай қадірлі ғалымнан үлгі-өнеге алдым. Сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесі – 70 жасыңызбен құттықтаймын! Жас ұрпаққа үйретеріңіз көп болсын, еңбегіңіз әрқашан елене берсін деген ниетпен жүрекжарды өлеңімді ұсынамын. Ұстаз десе елестейтін келбеті, Шуақ төгіп тұратұғын маңына. Жарық түсіп жылынады жер беті, Мейірімді сыйлап адам жанына. Сіздей ұстаз – ұстаздықтың асылы. Шынайылық, сұлулық қой жан сыры. Өз ғұмырын ғылым жолға жалғаған, Осы жолда өзен болып тасыды. Арнаңыздан ағып жатыр өзендер, Сусындайды әрбір қазақ баласы. Жинақталды сіз арқылы бөгендер, Көктеп жатыр қазағымның даласы.


161 Гүлнәр Уайсоваға арналады ҰСТАЗ ДЕГЕН ТҰНЫП ТҰРҒАН МАХАББАТ Ұлжан ТІЛЕУҚҰЛ, Бастауыш білім ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен білім беру бағдарламасының 4 курс студенті Жаралған биік мақсат, мұраттардан, Жаныңды тербегендей шуақты арман. Жатталған есіміңіз жүректерде Ұстазым, сіз жайлы мен сыр ақтарам. Тайсойған ауылының бір тал гүлі Ауылдан түлеп ұшқан зор үмітпен. Бүгінде еңбегі елеулі аяулы ұстаз Амандық тілейміз біз шын жүректен. Біліммен сенімдірек болар ісің. Кітапты оқымай ма үлкен, кіші! Балдырған балалардың қазақ тілін Жазуда болдыңыз топ жетекшісі. 2007-де, профессор атағын иелендіңіз, Сол бір жолда көп ізденіп, терледіңіз, Ұстаздық жолға қиған сан жылдарға Еленіп келеді зор еңбегіңіз. Ұстаз деген шуағы мол шапағат, Ұстаз деген тұнып тұрған махаббат. Қазақ тіліне сіңірген көп еңбегі, Гүлнар апай, сізге барлық марапат. Өтті көп сәт, артта қалды елесі, Білім – теңіз, шәкірт – оның кемесі. Гүлнар апай, үлгі етеміз біз сізді, 70 жастың құтты болсын белесі.


162 ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХ МАЗМҰНЫ Өмірдерек .............................................................................................. 3 ҒЫЛЫМИ ДӘРЕЖЕЛЕРІ мен ЕҢБЕК ЖОЛЫ Еңбек жолы .......................................................................................... 6 Марапаттары ...................................................................................... 7 ЖАРЫҚ КӨРГЕН ЕҢБЕКТЕРІ Білім стандарттары ............................................................................ 9 Оқу бағдарламалары ......................................................................... 9 Мектеп оқулықтары ........................................................................ 10 Оқу-әдістемелік құралдар ............................................................... 13 ЖОО оқу құралдары ....................................................................... 16 ЖЕТЕКШІЛІГІМЕН ҚОРҒАЛҒАН ДИССЕРТАЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫ Кандидаттық, докторлық диссертация жұмыстары ................ 19 Магистрлік диссертация жұмыстары ........................................... 19 ҒЫЛЫМИ МАҚАЛАЛАР ТІЗІМІ ............................................ 22 ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУЛЕРІ: БАҒЫТЫ МЕН НӘТИЖЕСІ Ғылыми зерттеулері ......................................................................... 31 Еңбектеріндегі негізгі ой-тұжырымдар ....................................... 32 ЕСТЕЛІКТЕР, ОЙ-ТОЛҒАНЫСТАР мен ЖЫЛЫ ЛЕБІЗДЕР Қалимұқашева Б.Д. Гүлнар хақында бір үзік ой .......................... 59 Әлпейісова К. Біздің курстың ғылымдағы пионері ..................... 68 Қайырбеков Ә. Жұлдызды жеті шумақ жыр арнадым ................ 77 Құл-Мұхаммед Р.А. Парасатты ұстаз ............................................ 79 Қайранбай Ж. Өмірін еңбекпен егіздеген Гүлнәр ........................ 80 Райбаева Р.С. Білімімен ұрпақты сусындатқан .......................... 88 Кульгильдинова Т. Уникальная личность ..................................... 91


163 Гүлнәр Уайсоваға арналады Кдырбаева А.А. Выдающийся ученый-лингвист, методист, педагог ...............................................................................…. 93 Әлмұхамбетов Б.А. Тіл өнерінің бірегей тұлғасы ........................ 98 Амирова А.С. Ұстаздық – мәртебелі мамандық .......................... 100 Жұмабаева Ә.Е. Бақытын бастауыштан тапқан ғалым ........... 104 Астамбаева Ж.К. Өмір баспалдақтары ........................................ 108 Сейдахметов Б.С. Білім мен ғылымдағы парасаты биік тұлға .............................................................................. 114 Қыяқбаева Ұ.Қ. Ұлағатты ұстаз, әдіскер-ғалым, парасатты тұлға .................................................................................... 118 Сәдуақас Г.Т. Мен үлгі алар жан .................................................... 123 Ақжолова А.Т. Ұстаз ұлағаты ......................................................... 131 Омарова Г.Ж. Гүлнар апайға .......................................................... 137 СУРЕТТЕР СЫР ШЕРТЕДІ ........................................................... 138 ҰСТАЗ ШӘКІРТ КӨЗІМЕН Ізғұттынова Р. Білім беру мазмұнын жағартуға үлес қосқан ғалым ............................................................................... 148 Уайдуллақызы Э. Ұстазыма ............................................................ 150 Бесірова А. Тұлғаны тұлға ғана қалыптастырады .................. 151 Ахметкулова А. Білімнің бастауы – сауатты жазылған оқулық ................................................................................. 154 Жұмабаева Ж.А. Ұстаздың салған сара жолы шәкірт көзімен ...................................................................................... 156 Жекеева А. Ұстаздық – ұлы қызмет ............................................. 158 Тілеуқұл Ұ. Ұстаз деген тұнып тұрған махаббат. ........................ 161


164 ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХ (7-кітап) Әдіскер-ғалым, п.ғ.к., профессор Уайсова Гүлнәр Инаматқызы туралы Құрастырушылар: п.ғ.д., профессор Жұмабаева Ә.Е. п.ғ.к., қауымдаст.профессор Сәдуақас Г.Т. PhD, аға оқытушы Омарова Г.Ж. п.ғ.м, аға оқытушы Арынова Г.Ғ. Қаріпі: Times New Roman. Алматы - 2024 ж -164 бет. Таралымы- 300 дана


Click to View FlipBook Version