Серікбай Бисекеев Бəрі де өз қолыңда «Бəрі де өз қолыңда» кітабында танымал бизнесмен Серікбай Бисекеев өзінің жетістікке жетуіне көмектескен өмірлік ұстанымдарын жазды. Автор оқырмандармен ашық əңгімелеседі, өз өміріндегі жəйттарды бүкпесіз жайып салады, жетістікке жету құпияларымен бөліседі, ісін жаңадан бастаған кəсіпкерлерге кеңестер береді. Кітап қазіргі менеджерлерге, бизнесті енді ғана бастағандар мен өз кəсібі жайлы армандайтын немесе өмірден өз жолын іздеген адамдардың қажеттілігіне жарайды.
ПІКІРЛЕР «Серікбайдың кітабын оқып отырып, оның өзім жайлы екенін түсіндім. Бизнесті бастағанымда дəл осындай сəттерді бастан кешірдім, оның əрбір сөзіне қосыламын: «Армандаңыз жəне күн сайын сол мақсатыңызға жақындататын қадам жасаңыз. Көздеген нəтижеге жету үшін осының өзі жеткілікті болмақ». Шынымды айтсам, Серікбай маған кітабын оқуға бергенде: «ісі өрге домалаған, алайда орта жолға келген кəсіпкерге кітап жазып, осылайша қандай да бір қорытынды жасаудың не керегі бар?» деп ойлағанмын. Бірақ кітаптың басын оқып, қызығып, оған кіріп кеткенім соншалықты, алғашқы 30 бетін басып шығарып, 12 жəне 15 жастағы кіші ұлдарыма оқуға бердім. Оларға мұнда жазылған дүниелерді білу өте маңызды! Ал кітапты соңына дейін оқып шығып, оны өз əріптестерім мен серіктестеріме сыйлаймын деген ойға келдім. Себебі, онан оқып-білетініміз мол жəне өткенді еске алатынымыз көп» Олег Хусаенов «Ресейдің жыл кəсіпкері-2009», «Атлант-М» халықаралық автомобиль холдингінің негізін қалаушы жəне PEF «Зубр Капитал» басқарушы компаниясының жетекшісі «Табысты кəсіпкер болу үшін менеджмент пен маркетинг бойынша кітаптарды оқып шығу аздық етеді. Ақша, байланыс, биліктің болуы да жеткіліксіз. Одан да үлкені – арман мен қанаттандыратын идея жəне өз-өзіңе мол сенім керек! Осының бəрі Серікбай Бисекеевтің «Бəрі де өз қолыңда» кітабында бар. Ол сізге табысты өмірді дəл бүтін бастауға түрткі болып, ынталандырады. Оқыңыздар, армандаңыздар, батыл болыңыздар жəне өз өздеріңізге сеніңіздер!». Самвел Аветисян жетекші ресейлік маркетолог жəне брендмейкер, «Архидея» маркетингтік компаниясының басқарушы серіктесі, «Синергия» университетінің маркетинг жəне брендинг кафедрасының меңгерушісі «Кəсіпкерлердің бизнес жəне өмір жайында жазған кітаптарын оқығанды жақсы көремін. Алайда, Серікбай Бисекеевтің кітабы жеке кітапханамнан айрықша орын алатын болады. Бұл іс жүзінде жарамды кеңестері көп, үлкен əрі сапалы еңбек қана емес, сондай-ақ 90-шы жылдардағы қиын-қыстау заманда ісін бастаған жəне бизнесте де, адам ретінде дамуда да үлкен нəтижелерге қол жеткізген менің отандасымның басынан кешкендері. Бүгінде оның жолы кəсіпкер болғысы келетін, алайда ісін неден бастарын білмей жүрген мыңдаған жас қазақстандыққа үлгі бола алады. Бұл кітапты оқып шығып, көптеген адамдар өз пайдасына жарайтын жауаптар алады. Жəне кітаптың балаларымызды тəрбиелеуде үлкен оң əсер беретінін атап өткім келеді: ол ерік-жігерлерін жану, армандай білу жəне ұдайы өсу. Барлығымыз балаларымыздың жетістікке жеткенін, бақытты болғанын қалаймыз. Алайда, адам бəріне өз күшімен қол жеткізгенде ғана өзін шын бақытты сезінеді. Мықтылар мұқалмай, тек алға қарай жүреді!». Арманжан Байтасов бизнесмен, журналист, Forbes Kazakhstan журналының баспагері
Ата-анама арналады.
АЛҒЫ СӨЗ Соңғы жылдары мені бизнес-форумдар мен студенттерге арналған дəрістерге спикер ретінде жиі шақырып жүр. Осы кездесулер барысында маған жиі қойылатын сұрақ: «жетістікке қалай жеттіңіз?». Алайда, бар болғаны екі сағаттың ішінде бүкіл ұстанымдарым мен амалдарым жайлы жəне өмірлік тəжірибем туралы айтып беру мүмкін емес. Осыны түсінген жандар кейін маған ерекше ұсыныс жасады. Яғни студенттер, стартаперлер, кəсіпкерлер, жалпы қай салада болмасын үздік атанғысы келетіндер, сондай-ақ балаларын өз бетімен өмір сүретін, парасатты əрі іскер адам етіп тəрбиелегісі келетін ата-аналардың толғандырған сұрақтарына барынша егжей-тегжейлі жауап беретіндей кітап жазу туралы ұсыныс түсті. Менің бала кезімнен ұстанатын қағидам – «жан аямай, жарық шаш, оныңа сый дəметпе» деген сыныбымыздың ұраны. Сондықтан жастарға дұрыс бағытты таңдап, табысты болуына көмектесуді өзімнің жеке миссиям деп білемін. Бұл кітапта ата-анам мен тəлімгерлерімнің мені қалай тəрбиелегені жəне бала кезімнен бойыма сіңген қандай құндылықтардың тұлға болып қалыптасуыма септігін тигізгені туралы сөз етемін. Ең бастысы, кəсіптерімді кезінде қалай бастағаным, қайда оқығаным, жетістіктерімді қалайша жоспарлағаным, сондай-ақ қандай қателіктерге бой алдырғаным (сіздер оларды қайталамассыздар деп үміттенемін) туралы бүкпесіз айтып беремін. Мен əрдайым өзгелерге талап қоймас бұрын, алдымен ондай қасиетті өз бойымнан іздеймін. Сондықтан студенттермен немесе кəсіпкерлермен кездескенде «табысты бизнесті қалай құру керек?» деп сұрағанда, аудиториядағыларға «осындағы қайсысың күнделік толтырасыңдар?» деген қарсы сауал қоямын. Əдетте жиналғандардың 5-10 пайызы ғана қол көтереді. Біле білсеңіздер, тұлға болып қалыптасуда күнделіктің пайдасы зор. Əр күнінің қалай өткенін қағаз бетіне түсіріп отыратындар, өзгелерге қарағанда нəтижеге тезірек қол жеткізеді. Маған өзімнің тəжірибем көрсеткендей, жетістікке жетудегі негізгі құрал əрі сізге бақытты болуға көмектесетін, ол – жоспарлау. Ал бақыттың дəмін адам сүйікті ісімен айналысқанда, дені сау болып, жақындарымен жəне достарымен тілдесіп, жаны жадырағанда, əріптестердің, достардың, туыстардың сенімі мен құрметіне лайық болғанда ғана шынайы сезінеді. Мен адамның бақыты – барлық саладағы үйлесімділік пен шаттықта деген пікірдемін. Сондықтан «Жетістікке жету Күнделігінің» көмегімен өмірде тепе-теңдікке қол жеткізуге кеңес беремін. Мұндай күнделікті өз басым 12 жасымнан бастап жазып келемін. Ойлаңызшы, Қостанай облысының Қамысты ауылынан шыққан қазақтың қарапайым баласы өз компаниясының өнімдері бүкіл əлемдегі ірі корпорациялардың сұранысына ие болып, кейін осы тəжірибесімен жеке кітабы арқылы бөлісуді армандап па еді?! Бүгінде мен əлемдегі өмір сүру деңгейі мен бизнес жүргізуге оңтайлы үздік елдердің бірі – Сингапурда тұрамын. Бұл елдің дамуы мен экономикасының қарқынды өсімі көпке үлгі боларлықтай. ARMAN деп аталатын компаниямның штаб-пəтері Сингапурда орналасқан. Армандарым мен жетістіктерім жайлы айта отырып, өзімнің басты нəтижем, қажырлы жұмыс пен дұрыс жоспарлаудың көрсеткіші болған ARMAN холдингін мысалға келтіріп отырамын. Холдинг – өнеркəсіптік кəсіпорындарға арналған жедел-технологиялық байланыс өндірісін өз бетімен қолға алған ТМД-дағы алғашқы компаниялардың бірі. Менің арманымнан туған компания биыл өзінің 16 жылдығын атап өтеді. Энергетика жəне телекоммуникация саласындағы өндіруші əрі жеткізуші болып табылатын, Ресейде, Қазақстанда, Сингапурда, Германияда, БАƏ мен Үндістанда өкілдіктері мен өндіріс орындары бар. Əрбір жан шын мəнінде өзі армандаған адамға, тұлғаға айнала алады. Бұлай деуіме менің өмір жолым дəлел бола алады. Себебі, жоқтан бар жасай алдым, дəлірек айтқанда табысты бизнес құра алдым. Көзқарасы ортақ пікірлестер мен экстра санаттағы мамандардың мықты командасын жасақтап, бір мақсатқа жұмылдырдым. Біз бірігіп, əлемде сұранысқа ие жетілген жоғары технологиялы өнімді жасап шығардық. Тəжірибем көрсетіп отырғандай басты актив – ол шикізат немесе ресурстар емес, адамдар жəне олардың білімі мен кəсіби біліктілігі. Менің өмір жолым – сізді армандарыңызға жетуге қанаттандырса, қуанышымда шек болмайды. Демек, менің кітабым бекер жазылған жоқ жəне осы əлемді жақсартатын табысты адамдардың қатарын толықтыратын дəл сіз болмақсыз! Ізгі тілекпен, Серікбай Бисекеев
Балалық шақтың басты сабақтары 1 Жетістікке жету жолы: Басқалар мақсатсыз өмір сүріп жатқанда, өз өміріңізді жоспарлаңыз. Басқалар ұйықтап жатқанда, жұмыс істеңіз. Өзгелер күмəнданып жүргенде, іске кірісіңіз. Балалық шақтың басты сабақтары Мен барлық күш-жігерін жұмсаған əрбір адамның табысқа жететініне сенімдімін. Егер сіз, «қандай да бір мақсатты бағындырамын» деп, белді бекем бусаңыз, табандылық пен төзімділік жолдасыңыз болсын. Маған бала кезімде ата-анам араласатын жан-жақты орта жасап, спортқа деген құлшынысымды қолдап, адам ретінде қалыптасуыма үлкен септігін тигізді. Өз өмірімде жаңа дүниелерді ашумен қатар қателіктерге де бой алдырдым. Алайда, əр нəрседен сабақ алдым. Бұл тұста маған спорттағыдай тəртіп, жоспарлай білу жəне «Жетістікке жету Күнделігін» толтыру жəне ауыс-түйістен, түрлі өзгерістерден қорықтайтын ата-анамның тəжірибесі көмектесті. Олардың өмірге деген көзқарасының жəне сол заман ақиқатының арқасында мен əрбір істе алдымен нəтижеге бағытталу маңызды екенін түсіндім. Бала кезінен дұрыс мотивация алған адам есейгенде көп жетістікке қол жеткізеді деп санаймын. Алайда, бала кезіңізде мұндай мүмкіндікті өткізіп алған болсаңыз, сіз менің кеңестеріммен қаруланып, өзіңізді қалыптастыруды дəл қазір бастай аласыз. Бірінші сабақ Кез келген жағдайда өсуге мүмкіндік жасаңыз Менің бала кезден есімде қалған алғашқы естелігім қоныс аударумен байланысты. Бұл ата-анамның өміріндегі маңызды кезең болатын. Балаларының болашағы үшін жақсы білім алып, үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізуі үшін олар туған ауылдары Қамыстыдан (Қостанай облысындағы аудан орталығы) облыс орталығы – Қостанай қаласына көшуге бел буды. Ол кезде менің жасым небəрі үште еді. Алайда, отбасымыз үшін маңызды болған осы бір жəйт, менің əлі де көз алдымда. Ауылдағылар əке-шешемді жақсы көріп, сыйлайтын. Сондықтан бізді шығарып салуға келгендердің қарасы қалың болды. Оның ішінде тек туған-туыстар ғана емес, ауыл тұрғындары да бар еді. Күн болса, мидай ыстық. Бір кезде шақырайған күннен əкемнің мұрнынан қан кетті. Осы көріністі, қып-қызыл болған бет орамал мен жанымыздағы бір топ адамды мен өмір бойы ұмытпаймын. Ата-анамыз қалаға бірінші болып, өздері көшті. Егде жастағы зейнеткер кісілердің үйінен бір бөлмені жалға алды, кейін қарындасым екеумізді ауылдан алып кетті. Ол заман үшін бұл өте батыл қадам болатын. Ауылдағы үйлерін, жылдар бойы жинағанын, ескі достарын, туыстарын, ақкөңіл көршілерін, бір сөзбен айтқанда жап-жақсы жағдайдың бəрінен бас тартып, біздің жарқын болашағымыз үшін осындай тəуекелге бел буды. Ұрпағының келешегі үшін, білімді азамат болуы үшін олар осындай қадамға барды. Соның салдарынан алғашқы жылдары көп қиындықтарға тап болды. Қырық градустық қақаған аяздар, ата-анамның жеке қарсы жүріп, бізді балабақшаға шанамен тасыған кездері əлі есімде. Үйге келгенде мұздаған саусақтарымды сезбей қалатынмын. Сонан соң қолдан жасаған жылытқышқа жылынып, оның оттай жанған спиральдарына қарап отыратынмын. Тұла бойым біртіндеп жылып, денем икемге келе бастайтын... Сол шағын бөлмеден кейінгі біздің келесі тұрағымыз жатақхана болды. Онда ұзақ уақыт бойы, тіпті мен мектеп бітіргенге дейін тұрдық. Кеңес заманындағы қарапайым қызметкерлер (əкем – элеваторда ауысым бастығы, ал анам бухгалтер болды) өз пəтерлеріне менің жасым 15-ке толғанда қол жеткізді. Мұндай өмір салты қазіргі заманның адамдарына біртүрлі көрінетін шығар. Алайда, сот уақытта төрт адамның бір бөлмеде өмір сүруі – қалыпты жағдай еді. Əрине, онда кереметтей жайлылық болған жоқ. Бүтін бес қабатты ғимаратта бір ғана жуынатын бөлме, ол аздай ешқашан ыстық су мен жарық болмайтын. Сондықтан қараңғыда жуынып, шынығуға тура келді. Алайда, ең қиыны əжетханаға бас сұғу еді. Бір қабатта 20 отбасы тұрды. Дегенмен, тұрмыстың осындай тауқыметтері менің мінезімді бала кезден «қатайтты». Сондықтан, студенттер өңірлердегі қиын тұрмыстық жағдайды айтып шағымданғанда, мен де хан сарайында дүниеге келмегенімді айтамын жəне бар артықшылығым осында деп білемін. Егер бала кезімнен жайлы өмір сүрсем, қазіргідей адам болар ма едім, кім білсін? Халил Джибран айтқандай, «жайлылық бізге қызмет етемін деп келіп, қожайынымызға айналады». Бүтінде осыдан көп жыл бұрынғыға қарағанда, адамдар үшін жасалып жатқан игіліктер мен мүмкіндіктер көбірек. Бірақ осы жайлылық адамды босаңсытады. Бəрі алдыңда жайрап тұрса, əлденеге талпынудың не қажеті бар?! Мұндай жағдайлар сені тəуекелге бел бууға, білек сыбана еңбек етуге итермелемейді. Себебі, сені ештеңе қамшыламайды. Барлық жағдайды жасап қойған. Ал шын мəнісінде тəуекелге бел буу мен əлденені көбірек атқару сияқты қасиеттер, күн сайын өнімді жұмыс жасауға ынталандырады əрі еңбекке деген құлшынысты туындатады. Сіздердің назарларыңызды аудартқым келетін алғашқы мəселе – өзіңізге де, балаларыңызға да шамадан тыс жағдай жасамаңыз. Олар сұрай салысымен қымбат ойыншықтар, гаджеттер, көліктер сатып алып бермеңіз. Оның орнына оларды жақсы ойлана алатын əрі алдына мақсат қойғыш етіп тəрбиелеңіздер. Олар өмірлерінде көп нəрсеге өз күштерімен қол жеткізіп, табысты əрі сенімді тұлғаға айналсын. Шамадан тыс жағдай жасаймыз деп, біз миымыз үшін «жұмыс істетпейтін» орта жасап береміз жəне жасампаздан тұтынушыға айналамыз.
Бұл мəселенің ушыққаны соншалықты, бүгінде өмір ширатқан «қасқырларға» жем болатын жалтақ «қояндардың» тұтас буынын өсіріп шығардық. Ата-анам мені басқаша тəрбиеледі, бала кезімнен «өзімді ренжітуге жол бермеуді» үйретіп, мені «кішкентай бөлтірік» етіп өсірді. Меніңше, əрбір адам бастапқы жағдайына жəне ата-анасының қанымен берілген қасиеттеріне қарамастан, өз өмірін өзі жасауға талпынуы тиіс. Олардың қолдауына сеніп, ағыспен жүре беруге болмайды. Бұл тұрғыдан маған АҚШ-тың тəжірибесі ұнайды. Онда мұраға арнайы салық салынады, ол 50 пайыздан астамын құрайды. Америкалық қоғам жатып ішерлер мен жалқауларды тəрбиелегісі келмейді. Елестетіп көріңізші, Билл Гейтс бүкіл дəулетін мұрагерлеріне қалдырса, олар мүлдем саусақтарының ұшын қимылдатпастан, жұмсап жатар еді. Мотивация болмаса – əрекет те жоқ. Сондықтан балаларға өмірде дұрыс бағдар беру – аса маңызды. Екінші сабақ Тіл табыса білу жетістікке жетелейді Өзімнің басты институтым – «Өмір мектебіне» алғысым шексіз. Оның сабақтары мені əртүрлі адамдармен тілдесуді үйретті. Қазір балалардың көшеге аз шығатынын, үлкендерді былай қойғанда, тіпті қатарластарымен де онша араласпайтынын байқаймын. Осының бəрі коммуникацияның қазіргі шектеусіз мүмкіндіктеріне қарамастан орын алып отыр. Жатақханада тұрғандықтан, біз бəріміз тату, ұйымшыл болып өстік, аулаға жиналып алып, үлкендермен де, кішілермен де қоян-қолтық араластық. Футбол ойнағанымызда алдыңғы толқын ағалар жасымыз кіші деп, жеңілдік жасамайтын. Сондай мамыражай, ешкім ешкімді алдамайды, аяқтан шалмайды, бір-біріне қастық ойламайды. Біз ешкім жасанды əлем тұрғызбайтын шынайы өмірді сүрдік. Ал қазір кейбір ата-аналар балаларын кез келген қиындықтан қорғаймын деп, оларға қалқан болып, осылайша, перзенттерін əлсіз етіп өсіруде. Балалық шағымызда аулада ойнап, алған қасиеттерім мен машықтарым маған ақкөңіл əрі тіл табысқыш болуға, кез келген жастағы адамға жақындаудан қорықпауға, сөйлескенде өзімді жайлы сезінуге көмектесті. Мен əрдайым көпұлтты ортада өмір сүріппін. 50-ші жылдары біздің облысқа КСРО-ның түкпір-түкпірінен тыңды көтеруге көп адам келді. Олардың көпшілігі осында қалып, сан түрлі мəдени ортаны қалыптастырды. Міне, мен осындай ортада өстім. Қазақстан – менің бала кезімдегідей, қазір де өте ашық, өзгені сыйлай білетін мемлекет. Мұнда өзіндік мəдениеті, діні бар 130-дан астам ұлт тату-тəтті өмір сүріп жатыр. Осының арқасында бала кезімнен адамдардың ұлты мен тіліне қарамастан, ешкімді жатырқамай өстім. Бұл тəжірибе өмірде де, бизнесте де өсуіме көп көмегін тигізді. Кез келген адаммен ортақ тіл табысуға болады, өзіңе шектеу қоюдың керегі жоқ! Адамдармен араласа білу – менің жетістікке жетуімнің ең маңызды факторларының бірі. Өкінішке орай, жастардың көпшілігі бірінші болып барып, өзіне ұнаған қызбен немесе беделді серіктеспен тіл қатысуға қорқады, қол көтеріп, көпшіліктің алдында сөйлеуден жасқанады... Жастар, сөйлесе біліңіздер! Бизнесте табысқа жету – батылдыққа, тіл табыса білуге жəне дос бола білуге байланысты. Үшінші сабақ Бəрі спорттан басталады Бала кезімде мінез-құлқымның жəне жан дүниемнің қалыптасуына спорттың көп көмегі тиді. Барлығы 7 жасымда басталды, ол кезде мен бокспен шұғылдануды армандайтынмын. Алайда, оған жасым жетпеді. Кеңес заманында спорттың бұл түріне бала қалыптасып, өз қимылын саналы түрде басқара алатын 12 жасқа толғанда ғана алатын. Мен бокспен айналысудың өзіме қажет екенін айтып, ата-анамды көндірдім. Олар болса, бапкерден жасымның кіші болғанына қарамастан, мені қабылдауын өтінді. Өз арманымды жүзеге асырып, осылайша алғашқы жеңісіме жеттім. Боксқа деген қызығушылығым өмір бойы басылған емес, мүмкіндік бола қалса, əлі күнге дейін айналысып тұрамын. Ал бала кезімде бокстың арқасында өзіме деген сенімділікті арттырдым. Əрине, бастауыш сыныптарда бойдағы буырқанған күш-қайраттың салдарынан достарыммен ойнап, түрлі еркеліктерге бой алдырдым, тəртібіме қатысты ескерту де алып тұратынмын. Одан бөлек, оқу үлгеріміме де зардабы тиді. Атаанам болса уайымдап, «ұлымызға нашар тəрбие беріп жүрміз» деп қынжылды. Сол себепті төртінші сыныпта өзімнен жасы үлкен достарымның бірінің ұсынысымен боксты баскетболға ауыстырғанымда, əке-шешемнің қуанышында шек болмады. Ең кедей – ол ақшасы жоқ емес, арманы жоқ адам. Біздің ауданда баскетбол секциясы бар еді. Ондағы ойын əсіресе, бойы ұзындар мен жасы ересектерге қызық. Ал мен секілді аласалар футболға қатысса, өзін жайлы сезінер еді. Алайда, соған қарамастан біріңғай ұзын бойлылар ойнайтын спортта өзімді сынап көргім келді. Өмір үнемі түрлі сабақтар беріп отырады, біз оларды игермейінше, əрі қарай жылжи алмаймыз. Сондықтан мен күрделі, қиын жағдайларды түйткіл емес, сынақ ретінде қабылдаймын. Сол арқылы мықтырақ, ақылдырақ, табыстырақ болудың жолын қарастырамын. Спорт сыныбында мықты командаға түскен соң, үздік болу үшін елдің сеніміне ие болып, өзіңе арқа сүйеуге болатынын дəлелдеу керектігін ұқтым. Он бес-он алты баладан тұратын командада абыройлы болу
үшін, салмақты мінез бен нəтиже үшін жауапкершілік ала білу қажет. Бизнесте де дəл солай! Менің баскетболды не үшін жақсы көретінімді білесіздер ме? Топтық ойын болғаны үшін, онда тек жылдамдық пен реакция ғана емес, мықты командалық рух – маңызды. Футболмен салыстырғанда, мұнда барлығы жылдам өзгереді, белгілі бір миллисекунд ішінде жағдай құбылып, шыға келеді. Баскетбол – өте қарқынды əрі күшті қажет ететін ойын. Оған штангашының аяғы, боксшының қолы жəне шахматшының басы керек. (Оны «қозғалыстағы шахмат» деп бекер айтпаған). Сондықтан маған қарсыластың əлсіз тұстарын көріп, дұрыс қадам жасау қажет болды. Команданың мықты тұстарын пайдаланып, сен əрбір шабуылда доп салып жəне дұрыс қорғануың керек. Демек нəтижесінде жеңіске жетелейтін стратегияны таңдауға тиіссің. Жетістікке жету үшін қажырлы, жүйелі жұмыстың қаншалықты маңызды екенін де, осы спортпен айналысып жүріп білдім. Жеті жыл бойы біз күн сайын екі реттен жаттықтық. (Таңертең жəне күндіз). Алайда, боксты бəрібір ұмыта алмадым, сол себепті тоғызыншы сыныптың жазғы демалысын соған арнадым. Оқу басталған кезде кешкісін сабақтан кейін боксқа қатысып жүрдім. Оған оралған себебім, өзімнің бəсекеге қабілеттілігімді арттыру үшін маған қосымша физикалық дайындық қажет болды. Спорттың екі түрімен қатар айналысу сенімділік берді жəне қарсыластың бойы қандай болмасын, оның көзіне тік қарауға, сондай-ақ достарымның арасында құрметке ие болуыма мүмкіндік берді. Ал баскетбол командасының үлкен жетістіктері бəріне бірдей ұнай қойған жоқ. Дəлірек айтқанда, қарсыластарымызға жанкүйерлік еткен жоғары сынып оқушыларымен жиі қақтығыстар болып тұрды. Сес көрсетіп, «одан да жеңілгендерің дұрыс, əйтпесе өкінесіңдер» деп қоқан-лоққы жасаумен болды. Алайда, үлкен жігіттер біздің жігерімізді жасыта алмады. Сөйтіп, ойындарда жеңіске жетіп, матчтардан кейін жеңілгендердің жанкүйерлерімен жұдырықтасып қалатынбыз. Бұл ұстаным маған кейін, Петерборда 90-шы жылдары көмектесті. Кім сес көрсетсе де, сенікі дұрыс болса, өз мақсатыңа тоқтамастан ұмтыл! Мектепте оқыған жылдары жетістіктер де, құлдыраулар да болды. Алайда, жарыстарға жиі бару мүмкіндігін алған балаларға қарап, ынтам арта түсетін. Басқа қалаларға немесе мемлекеттерге барып, өзге командалармен күш сынасу – менің арманым болды. Осы ретте қостанайлық №3 мектепте тиімді білім беру жүйесін қалыптастырған бапкерім Сергей Николаевич Куденкоға жəне сынып жетекшім Людмила Петровна Сторожеваяға алғысым шексіз. Жарыстарға жақсы ойнайтын əрі оқу үлгерімі жоғары балалар баратын. Біз алдымызға əрдайым биік мақсаттар қойдық. Тек ең мықты жоғары оқу орнында оқимыз немесе тек ең əдемі қызбен кездесеміз деген секілді ұстанымдарымыз болды. Мен əлі күнге дейін командамыздың ұраны «Болсаң, бірінші бол» деген қағидамен жүремін. Біздің сыныптың оқушылары мектеп бітірген соң, спорттық жетістіктеріне арқа сүйеместен Мəскеудің, Санкт-Петербургтың, Екатеринбургтың, Челябінің үздік жоғары оқу орындарына өз күштерімен түскен бірден бір сынып болды. Беделді оқу орындарына жəй ғана қабылданып қойған жоқ, КСРО құлағаннан кейінгі қиын-қыстау жылдары сабақтарын тастап кетпей, дипломдарын алып шықты. Төртінші сабақ Тек мықтылармен жарыс! Өз күшін сынап көру, адамды қанаттандырады. Мен мұны бізге Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Виктор Михайлович Ряскин келген кезде, бітіруші сыныптағы ақтық турнир кезінде түсіндім. Ол команданы республикалық деңгейдегі жүлдегер етуі керек болды. Сондай талап қойылды. Біздің басты қарсыласымыз – алматылық чемпиондар болды. Онда бүкіл Қазақстаннан үздік ойыншылар жиналған еді. Кеңес дəуірінде жасөспірім спортшылар арасында ойыншылардың туу туралы куəліктерін бір немесе екі жасқа дейін өзгертетін «қулықтар» болып тұратын. Осы турнирде бізге қарсы, бойы екі метрге жететін ересек жігіттер ойнады. Ақтық турнирде алғашқы ойындарды нөмірі бірінші ойыншы жүргізді. Алайда, жарыс барысында ол тəжірибелі бапкер əзірлеген жəне сəтті жүзеге асып жүрген командалық стратегияға сəйкес міндеттемелерді жасамай қойды. Сол ойыншының өзімшілдігінің кесірінен команданың жеңілуі мүмкін екенін түсінген балкер, аса жауапты əрі команданың алдағы тағдырын шешетін шешім қабылдады. Ол ойыншынының орнына мені шығарды. Осындай сындарлы сəтте берілген мүмкіндікті пайдаланып жəне өзіме қандай сенім артып отырғанын түсініп, лайықты өнер көрсетуге барымды салдым. Бұл ойын мықты ойыншыға үйреніп қалған команда үшін оңай болмады. Ал мен тек командалық стратегияны жəне жеңуді ғана ойладым. Кейінгі төрт жыл бойы мені мазалаған сұрақ біреу болды: «сондай жауапты сəтте бапкер əбден төселген ойыншыға емес неге маған сенді?» деген сауал жаныма тыныштық бермеді. Бірде Қостанайға келгенімде осы сұрағыма жауап ала алдым. Бапкерге бастысы нəтиже керек болған. Ал біздің «бірінші нөмірдегі ойыншымыз» команданы емес, жеке басын ғана ойлаған. Сол кезде түсінгенім, бір мақсатқа біріккен жəне таңдалған стратегия сақталған жағдайда ғана нəтиже үшін жұмыс істейтін адамдар жеңіске жете алады. Ойында əрқайсысы өз міндетін орындайды жəне сен ортақ ережелерді ескере отырып, өз ісіңді жасасаң, жетістікке жетесің. Əйтпесе, бүкіл команданы құрдымға кетіресің. Егер командаңызда ұжымдық рухты қолдамайтын адам пайда болса, онымен қош айтысу керек! Мен бизнесте əлі күнге дейін осы қағиданы ұстанамын жəне бұл туралы дəрістерімде айтып жүремін. Жаңа директор келгенде қызметкерлер оның жұмысын бақылайды. Адам өзіне жүктелген компанияның тірлігін ұршықтай иіріп əкетсе, өзінің батылдығын, белсенділігін, креативті ойлай білетінін, əріптестерін құрметтейтінін дəлелдегеннен кейін ғана, қызметкерлер тарапынан сенім, құрмет, қолдау пайда болады.
Жастық шақтағы турнирді еске түсіре отырып, мен қайтадан сол жалынды сезінемін. Бұл ұмытылмастай болды. Республикалық деңгейдегі жарыс. Онда финалға шыққандар Кеңес Одағының танымал чемпиондарымен, жасөспірімдер құрамасының мүшелерімен кездесетін. Сол кезде бізге «он төрт команданың ішінен екінші орын алсаңдар да, жетіп жатыр» дегені есімде. Сондай маңызды жарысқа капитан ретінде қатысу мен үшін үлкен абырой. Бапкер мен жігіттердің сенімі – мен үшін маңызды еді. Өмір бізге əркез жаңа мүмкіндіктер беріп тұрады. Сол арқылы ақылды əрі бақытты болуға ұмтылуымыз қажет! Ойындар Қостанайда өтті. Бұл бізге екі есе жауапкершілік жүктеді, ал көрермендер үшін нағыз мереке болды. Нəтижесінде, тəжірибесі көбірек алматылықтар жеңіске жетті, ал біз еш қайғырмадық. Оларға қарсы ойнаудың өзі үлкен жетістік еді. Бірінші орыннан еш кем түспейтін екінші орынды иеленіп, үлкен мақтанышпен əркім əр қалаға оқуға кетіп, тарастық. Осы жарыстан алған күш-жігеріміз бізге өмірде сенімді болуға көмектесті. Сондықтан мен барлығына спортпен айналысуға кеңес беремін. Спорт – бізді бəсекеге əлдеқайда қабілетті болуға дайындайды. Менің бокстан алған сенімділігім жəне бала кезімде жасы үлкен-кіші демей адамдармен араласып, бойыма сіңірген тіл табысқыштығым, біздің командамызды біріктіріп, болашақта өзіндік табысқа жетуіме мүмкіндік берді. Бесінші сабақ Өз қызығушылығыңызды табыңыз да, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз Менен, жас кезде болатын өтпелі кезең, ата-анамен түсініспеушілік туралы, оны қалай өткергенім жайлы жиі сұрайды. Білесіздер ме, əке-шешемен қарым-қатынастары бұл дағдарыстан жəне онымен байланысты түйткілдерден спорттық тəртіп пен үнемі бір іспен айналысудың арқасында құтылдым. Мақсатың болып, оған қол жеткізгің келгенде, сені ешнəрсе алаңдатпайды: бар назарың сонда болады. Осындай қызығушылықты таба білу де – аса маңызды. Баланың белгілі бір іске деген қызығушылығын анықтау үшін ата-анасы онымен бірге əр нəрсемен айналысып көруі керек. Қызығушылық танытқан саласын табумен қатар, оларға бар жанымен сүйетін идея беру, бастамаларын қолдап, жетістіктерін сұрап отыру маңызды. Балаларға нақты бір мақсатта жұмыс істеп, өзі сүйетін істе жетістікке жетуді үйренуі керек. Сол кезде олардың сізбен «жауласуға» уақыты болмайды. Өмірде тек өзін жəне өз бойындағы үрей мен қорқынышты жəне жалқаулық пен сенімсіздікті жеңе алған адам ғана жеңіске жете алады. Ал менің достарыммен бірге қызығушылығым баскетбол болды. Сол кезде түнгі уақытта теледидардан NBA «жұлдыздарын» көрсететін. Ал біз соларға ұқсағымыз келетін. Бізді ынталандыратын мақсат болды. Оның үстіне бапкер үнемі қызықты тапсырмалар ойлап табатын: жай баскетбол ойнап қана қоймай, ерекше жаттығулардың түр-түрімен айналыстық. Біресе қорғасын құйылған теннис добымен, аяқтарымыз бүгіліп, ойын кезінде шынығатындай хоккей ойнадық. Біресе, көлді айнала 17 шақырымды он келілік ауыр кеудешелермен жүгіріп өту керек болатын. Кімде кім бір сағат ішінде үлгермесе, тағы бір айналып шығуы керек. Мен сол тапсырмаларды орындай алғаныма қуанатынмын. Біз өзімізге ұнайтын іспен айналысып, өмірден лəззат алдық. Балаларды кішкентай кезінде дұрыс ынталандыру маңызды. «Егер баққа гүл отырғызбаса, оны міндетті түрде арам шөп қаптайтыны» белгілі. Балаларды бағыттап, түрлі ақымақтықтарға уақыттары болмайтындай, белгілі бір іске баулу дұрыс деп санаймын. Мектепте оқығанда ата-анамнан бұрын, таңғы алтыда сағат қоңыруымен тұрып, олар енді ояна бастағанда кетіп бара жататынмын. Таңғы сегіздегі жаттығуға жаяу жетемін əрі қарай оқу, түскі ас, қосымша сабақ, тағы да жаттығу. Біз үйге қас қарая қайтып, кешкі асымызды ішіп, үй тапсырмаларын орындап, ұйықтайтынбыз. Менің күн тəртібім осылай болды. Күні бойы бос болмағандықтан, көше, аулада отырып, гитарамен əн айту, сыра ішу, қыздармен қыдыру дегенді білмедік. Көше өмірін көрмедік. Бірақ, оқуға қызықтыра білген бапкеріміз бен оқытушымыздың арқасында көптеген қатарластарымыз сияқты нашақор болып кетпедік, тонаумен жəне тағы басқа зиянды əдеттермен айналыспадық. Жаратқан ием мені осындай азғыратын əрекеттерден сақтап, Ленинградқа тəртіпті, өз бетімен өмір сүре алатын, жаман əдеттерден аулақ жігіт болып аттандым. Алтыншы сабақ Ата-анам маған не үйретті? Мен өте тату əрі берекелі отбасында өстім. Анам облыс орталығына келетін туыстарына жиі қол ұшын беретін. Біз жатақханада тұратын кезде жанұямызда бес адам болды. (Екінші қарындасым дүниеге келді). Солай бола тұра, үйімізге туыстар, əсіресе институтқа түсетін студенттер жиі қонақтайтын. Үйде абыр-сабыр адам көп болса да, көңілді отыратынбыз. Дау-жанжалды білмейтінбіз. Барымызбен бөлісе білдік. Қазір көп адамдарға осындай қасиеттер жетіспейтін секілді. Үлкен жанұяда өмір сүру – ата-аналардың балаларына бере алатын ең маңызды тəрбиелерінің бірі. Сен онда басқалардың пікірімен санасуды, мəмілеге келуді, үлкендерді сыйлауды, отбасылық құндылықтарды қастерлеуді үйренесің. Ата-анамды жақсы көремін əрі бағалаймын. Олар маған сенді жəне өз бетіммен шешім қабылдауға мүмкіндік берді.
Егер анамнан ақжарқын болуды, тіл табыса білуді үйренсем, əкемнен «аз сөйлеп, көп іс қылу» секілді қасиеттерді сіңірдім. Əкем анама қарағанда сөзшең кісі емес, бірақ отбасына деген ықыласы мен қамқорлығын əрдайым ісімен көрсетіп отыратын. Оның ұстамдылығына, төзімділігіне тəнтімін. Ешкімнен ешқашан ештеңе сұрамауды жөн көрді. Əр адамның өмірінде болатындай, менің де басымнан сəтті, сəтсіз кезеңдер өтті. Атаанамның мені сөкпегеніне, ісіме араласпағанына ризамын. Жай ғана сенді жəне таңдауға мүмкіндік берді. Бұл маған өз бетіммен шешім қабылдайтын адам болуыма көмектесті. Ата-аналарға айтарым: ешқашан балаларға қысым жасамай, олар үшін шешім қабылдамай, барлығын ауыздарына тоспай, өз қателіктерінен сабақ алуына мүмкіндік беріп үйренген жөн. Себебі, сонда ғана олар мықты əрі табысты адам болып өседі. Менің ата-анамнан бірде «баланы табысты етіп қалай тəрбиелеуге болады?» деп сұрағанда, олардың берген жауабы: «оны өзіңізден алысқа жіберіңіз!», – деді. Ата-анамның үйінен 16 жасымда кеттім, бұл мені өз бетімше өмір сүруге үйретті. Жетінші сабақ Тəлімгеріңіз болсын Өміріміздің əрбір кезеңінде бізге білім, тəлім-тəрбие беретін адамдар кездесіп отырады. Осылайша, олар тағдырымызға үлкен ықпалын тигізеді. Өзімнің бірінші тəлімгерім деп мектептегі бапкерім Сергей Николаевич Куденконы атай аламын. Сол кісі біз сияқты қарапайым балалардан алға жоспар құра алатын жəне нəтижеге қол жеткізе білетін еңбекқор адамдарды тəрбиелеп шығарды. Бойымызға дарытқан алға мақсат қою жəне тепетеңдікті сақтау, өзіңді қорғау жəне кез келген жағдайда өмір сүре білу қасиеттері үшін алғысымыз шексіз. Бапкерімізбен əлі күнге дейін байланысымыз үзілген жоқ, атаулы күндерімен жəне мерейтойларымен құттықтау үшін жан-жақтан жиналамыз. Əрқайсымыздың тұлға ретінде қалыптасқанымызды көру бапкерімізге де қуаныш. Шəкірттерінің бірі – тек Ресей емес, оның шеңберінен тыс елдерде де ірі кəсіпорындарды басқарса, енді бірі мектептен кейін спортпен арнайы айналысып, Кеңес Одағының жасөспірімдер құрамасының үздік ойыншысына айналды. Бұл – оқу мен спорт арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, дұрыс берілген тəрбиенің іс жүзіндегі жемісі. Қазіргі оқытушылар мен бапкерлерге осы тəжірибені қолдануға кеңес беремін. Сонымен қатар, менен жасы үлкендеу, биік жетістіктерге жеткен достарымды да өзімнің тəлімгерлерім деп білемін. Олардың əрқайсысынан əйтеуір бір қасиет болса да, үйрендім. 40 жасқа дейін өзімнен жасы кіші жақын достарымның болмағаны сондықтан шығар. Бизнесте де, өмірде де жетістікке жеткен достарыма тəнті боламын. Олардың өскенін, өзгергенін, қандай шешімдер қабылдап, нендей істер жасағанын көріп, қанаттанамын. Сізден асып түскен достарыңыз болғаны жақсы. Олардан əлденені үйрене аласыз. Көз алдыңызда жетістікке жеткен досыңыз немесе тəлімгеріңіз болса, арманыңызға тезірек қол жеткізесіз. ЖЕТІСТІК КІЛТІ: Кез келген жағдайда өсуге мүмкіндік жасаңыз. Тілдесуді үйреніңіз, көпшіліктің алдына шығуға қорықпаңыз, жаңа адамдармен танысудан жасқанбаңыз. Жетістікке жетуге – жоспарлау, бар ынтаны нəтижеге қол жеткізуге бағыттау, сондай-ақ батылдық, тіл табысу жəне дос бола білу көмектеседі. Мінезді қатайтыңыз, спортпен айналысу арқылы өзіңізге деген сенімділікті қалыптастырыңыз. Мықты «қарсыластарды» таңдаңыз! Олар сізді үнемі өсуге ынталандырады. Əрдайым жасы үлкен тəжірибелі достарыңыз, тəлімгерлеріңіз болсын. Олар сізге өмірде дұрыс бағыт таңдауға көмектесіп, жеңіске жету жолын қалай қысқартуға байланысты кеңес бере алады. Егер өз мəселеңіз бойынша білмей тұрған тұстарыңыз болса, беделді адамдардан кеңес сұрауға қысылмаңыз. Шешім қабылдау үшін тəуелсіз пікір алған жөн. Табысқа жеткен достар жеңіс жолын қысқартуда кеңес беріп, үлкен мотивация жасай алады.
Өзгерістер кезеңі 2 Мен алдымен жүйені бағамдап, сосын жоспар құрып, ойға алғанын сүйсіне жүзеге асырған адамды жетістікке жетті деп санаймын. Өзгерістер кезеңі Студенттік жылдар – адам ретінде қалыптасудағы өте қызықты дəуір. Кешегі өрімдей жігітке өзі үшін, өз шешімдері мен əрекеттері үшін жауапкершілік алатын кез келді. Егер сен өзіңнің туған қалаңда оқысаң, үйде саған əрдайым көмектесіп, қолдайтынын білесің. Ал басқа қалаға, тіпті басқа елге кетсең, мықтылығың нағыз сынға түсетін осы сəт. Мен əке-шешемнің үйінен 16 жасымда кетіп, Кеңестік дəуірдегі ең үздік оқу орындарының бірі – Калинин атындағы Ленинград политехникалық институтына оқуға түстім. Дəл осы Ленинградқа көшу туралы шешім өмірімде маңызды рөлге ие болды жəне осындай адам болып қалыптасуыма көмектесті. Сол кезеңде, 1988 жылы «өмірімнің 25 жылын осы қалада өткіземін, қарапайым студент болып келіп, халықаралық холдингтің негізін қалаушыға айналамын» деп, мүлдем ойламаған едім. Оқуымды Кеңес Одағында, əлі Ленинград кезінде бастап, жоғары оқу орнын басқа елде жəне басқа қалада – Ресей Федерациясы, Санкт-Петерборда тəмамдадым. Бұл бір үлкен өзгерістерге толы қызықты кез еді. Бəрі арманнан басталды Мектепті бітірісімен сыныптастар болып, кімнің қандай оқу орнына баратынын ортаға салдық. Екі жігіт Челябі политехникалық институтына түспекші еді. Мен оларды өзіммен бірге Ленинградқа баруға көндірдім. Ұстаздарымыз мұны қисынсыз деп тапты. Себебі, біз Қазақстанда төселген, мықты спортшылар болдық, соның арқасында кез келген республикалық жоғары оқу орнына емтихансыз түсуге мүмкіндігіміз бар еді. Алайда, шешім қабылданып қойды, себебі біз өзімізге ең үлкен мақсат қойдық. Инженерлік мамандықты мен өз арманымды жүзеге асыру үшін таңдадым. Жоғары сыныптарда бастапқы кəсіби дайындық сабақтарында (оқу-кəсіптік комбинат) автомобильдердің ішкі құрылымын зерттеуге ден қойдым. Отандық көліктердің шетелдіктерден барлық жағынан қалып бара жатқанын көре тұрып, алғашқы кеңестік «мерседестерді» жасап шығаруды армандадым. Əдемі, мықты шетелдік темір тұлпарларды көріп, өзімді «Жигулиді» құрастыратын атақты Тольятти зауытында инженер-конструктор болып жүргенімді елестеттім. Менің алдымда таңдау тұрды: не Мəскеудегі, не Ленинградтағы политехникалық институтқа түсу. Дəл сол кезде туысым Қадырғали Қонысбайұлы Жаманбалин (қазір З. Алдамжаров ат. Қостанай əлеуметтік-техникалық университетінің ректоры) Ленинградтағы политехникалық институтта аспирантурада оқып жатқан. Маған Ленинградқа түсуге кеңес берген сол кісі болатын. Осы ақылы үшін оған алғыс айтамын. Петербор күліп қарсы алмайды Ленинградпен, Санкт-Петербормен, Питермен мені өмірімде көп нəрсе байланыстырады. Бұл – таңғажайып, əдемі, сəулетті, тарихы тереңде жатқан қалалар. Кеңес дəуірінде, əсіресе менің студенттік кезімде олар қай жағынан алып қарасаң да, көш басында тұрушы еді. Ленинградта кезінде елдің ғылыми орталығы – КСРО Ғылым академиясы болды. Онда көптеген Нобель сыйлығының лауреаттары тұрып, оқып, жұмыс істеген. Петербор – əлемнің ең əсем қалаларының бірі. Бұл – əрбір ғимаратының бай тарихы бар, ашық аспан астындағы мұражай секілді қала. Ұлы өнер ордасы Эрмитаж, аты аңызға айналған Мариинский театры, Екатерина патшайымның сарайы деген секілді. Маған студент ретінде Ленинградтың барлық мəдени қырларынан музыка жағы қызық болды. Оның үстіне, 80-ші жылдары бізге ұнайтын əндерді орындайтын «Кино», «Алиса», «Аквариум», «ДДТ» сияқты роктоптардың барлығы осы қаладан шыққан. Осында мен Scorpions пен Владимир Кузьминнің алғашқы концерттерін көрдім. Қостанайда мұндай мүмкіншілік үш ұйықтасаң да түсіңе кірмейді. Бұл қаланың көп адамға жаға бермейтін ауа райына да бейімделуге тура келетінін елестету қиын болды. Сырттан келгендерге ылғалдылығы жоғары жəне балтықтың желі соғып тұратын шаһарда тұру оңайға соқпайды. Ал Питер үнемі сенің төзіміңді тексереді, шамасы келмегендерді «жұтып» жібереді. Ондағы өмірге кез келген адам үйренісіп кете алмайды. Мұнда адамдар қатты өзгереді. Мен де өзгердім. Мен үшін Петербор – мүмкіндіктер мен үлкен сынақтар, шығармашылық пен бизнес, ерке студенттік шақ пен нар тəуекелге бел буып, батыл қадамдар жасаған қала. Бұл – ерекше шаһар. Оған алғысым шексіз. Мұнда қуана-қуана келіп тұрамын, өзім армандаған компания да осында дүниеге келді. Алайда, мұның бəрі кейінірек болған жəйттар, ал менің ленинградтық өмірмен таныстығым Леснойдағы студенттік жатақханадан басталды. Өз ережелеріңізбен ойнаңыз Лениградтағы студенттік жатақханада мені таңғалдырған бірінші жайт: ондағы өмір сүру жағдайы емес, бір бөлмеде көп адам тұру, бүкіл ғимаратқа бір жуынатын орын дегендер таныс дүние ғой, өз бөлмеме бірінші рет көтеріліп келе жатып, терезеден басын қылтитып, шылым шегіп тұрған қыздарды алғаш рет көрдім. Жас қыздардың темекі тартқанын бұрын-соңды көрмеген мен жағамды ұстадым. Бұл өте ерсі болып көрінді. Қазір ондай көрініс ешкімді таңғалдырмасы анық, алайда сол бір сəт арқылы өз ережелері бар, мен үшін жаңа өзіндік
мəдениеті бар, басқа əлемге тап болғанымды түсіндім. Бұл өзгерістерді тек қабылдауды үйрену керек болды. «Əй дейтін əже, қой дейтін қожа жоқ» демекші, ата-анасынан жырақта жүрген жігіттердің көпшілігі «ересек» өмірді темекі мен ішімдіктен бастады. Бəлкім, осылайша, өздерінің есейгендерін жəне еркін екендіктерін көрсетпекші болған шығар. Алайда, мен дəл солай «есею» міндетті емес деп санадым. Институтта оқыған бес жыл ішінде бірде бір рет ішімдік ішіп, не темекі шеккен емеспін (əлі күнге дейін шекпеймін). Көп студенттер мұнымды біртүрлі көрді, ал маған бұл қызық емес еді. Үнемі «өй, өзің жігітсің бе?», «мені сыйламағаның» дегенге түсірмекші болғанымен, өз ұстанымымнан ауытқымауды жөн көрдім. Егер маған əлдене ұнамаса, тек біреудің көңілінен шығу үшін ондай бір əрекетке бармаймын. Өз пікірің болып, оны қорғай білу өте маңызды. Курстастарыма масаймай-ақ өмірден жəне дəмді астан лəззат алып, ішкендерден де көңiлдiрек əрі ашық-жарқын жүре алатынымды түсіндірдім. Мен лəззатты парасатты адамдармен араласқаннан аламын. Ел сіздің қаншалықты қызықты жан екеніңізге қарайды Ленинградқа бір сыныпта оқыған үш жігіт болып келдік. Мен «тек солармен ғана араластым» дей алмаймын. Тіл табысқыштығымның арқасында көптеген жаңа достар таптым. Тіл табыса білу – өмірде жетістікке жеткісі келетін адамның бойындағы маңызды қасиеттердің бірі. Əркез жаңа нəрселерді танығым келеді, өмірдің өзі жəне əлемде əлі қаншама қызық дүниенің бар екендігі мені қызықтырады. Сондықтан жаңа адамдарды, идеялар мен жобаларды тануға əрдайым дайынмын. Менің студенттік жылдарым тұтас дəуір күрт өзгерген қайта құрумен, Кеңес Одағының құлауымен тұспатұс келді. Қиын кезең еді. Дүкен сөрелерінде көптеген заттар, тіпті ең қарапайым азық-түлік өнімдері – қант, май болмады. Ата-анам мен қарындастарыма көмектесу үшін оқудан кейін үнемі қосымша жұмыс істеуіме тура келді. Мен таныстарымнан біршама заттарды консигнацияға алып, кейін оларды өз жатақханамдағы балаларға, басқа институттарға саттым. Тоқтаусыз тіршілік, үнемі бірдеңе аласың сатасың, ақша табасың, тағы да аласың. Əйтеуір өмір сүру үшін сатуға жарайтынның бəрін саттық. Мұның жағымсыз жағы да болды. Үнемі өз позицияңды қорғауың керек, соның салдарынан басқа жігіттермен жиі қақтығыстар да болып тұратын. Маған əрқашан жігіттермен де, қыздармен де тіл табысу оңай болды. Дос таңдағандағыдай, қыздарға келгенде де, өмірлік тəжірибелерінен бір сабақ алатындай жоғары курстың қыздарымен араласатынмын. Жігіттердің көпшілігі студенттік шақта үйленіп алғанымен, əзірге шаңырақ көтеруге асықпау керектігін түсіндім. Алда мені үлкен мақсат-міндеттер күтіп тұрды. Сондықтан оқуда жүрген кезімде «сол бір аруды кездестірмедім-ау» деп қынжылмадым. Ең алдымен кез келген ер-азамат секілді аяққа тұрып, баспаналы, көлікті болып, тұрақты табысқа қол жеткізіп, содан кейін ғана отбасын құрғым келді. Асықпауымның тағы бір себебі, мен жалғыз ұлмын, ата-анам ешбір қиындықсыз өмір сүруі үшін барлық материалдық жағдайды жасауым керек болды. Институтта жүрiп те спортпен шұғылдана бердім. Дереу Ленинградқа келісімен бокспен қайта айналыса бастадым, сөйтіп екінші курста 20 000 адам оқитын Ленинград политехникалық институтының чемпионы атандым. Осыдан кейін шығыс жекпе-жектерінің үздігі болған студенттік қалашықтағы бір жігітпен танысып, бірге жаттыға бастадық. Осылайша, менің кестемде каратэ пайда болды. Онымен айналысуымның себебі – сенімділік жəне 90-шы жылдардағы «тонайтын Петерборда» өзімді қорғау үшін. Əр елден келген студенттердің арасында өзімді ешқашан бөтен сезініп көрмедім, бізде ұлтына қарай бөлу деген болмайтын. Өзімнің өмірлік тəжірибемнен байқағаным, бүкіл əлемде мені бір ғана көрсеткіш бойынша – қызықты пікірлесе білемін бе, жоқ па, соған қарап бағалайды. Адамдар шыққан жеріңе қарайды деп адасудың қажеті жоқ. Өзін жəне өз əлсіздіктерін еңсере алмағандар ғана шыққан жеріне байланысты, «бөтен қалада немесе басқа елде шеттетілгендіктен жетістікке жетпедім» деп ақталып жатады. Алайда, өз тəжірибемнен айтпағым: ел сіздің қайдан екеніңізге емес, қаншалықты қызықты пікірлесетініңізге қарайды. Сылтау айтып керегі жоқ. Ақша керек пе, барлығын сатуды үйреніңіз Мен алғаш рет қомақты ақшаны құрылыс жасағында жүріп таптым. Бірінші курстан кейін жаз айларында біз Қазақстанға, Павлодар облысына үйлер мен қоралар тұрғызуға аттандық. Қырық градус ыстықта жан аямай еңбек етіп, əрқайсымыз 1500 рубльден табыс таптық. Бұл жақсы ақша болатын, сол жылдары жаңа автомобильді 4000 рубльге сатып алатын. Табысымның көп бөлігіне ата-анама сыйлық ретінде, сол кезде сəнге айналған жиһаз сатып алдым. «Стенка» деп аталатын гарнитура, сол кезде бүкіл жұрттың арманы болатын. Ленинградта жиһаз сатып алуға қауқарым жеткеніне масаттандым. Сыйлығымды үйге контейнермен жөнелттім, ал қалған ақшаны өз жобаларыма жұмсадым. Мен ата-анам мен қарындастарыма əрдайым көмектесіп тұрдым. Мұндай жауапкершілік пен отбасыға деген қамқорлықты да бойыма əке-шешем сіңірді. Егер қазір балаларыңыз болса, оларға кішкентай кезінен өз отбасына қамқор болуды үйретіңіз, сол кезде олар жауапкершілігі мол əрі мейірбан адам болып өседі. 1990 жылдардың басы барлығы үшін қиын кезең болды. Ақша табу үшін кез келген жұмысты істедік, тіпті вагоннан жүк түсірдік. Екінші курста мен тауар сату үшін оны қаладан қалаға тасымалдай бастадым. Біз электрлі аралар, дрельдер, үтіктер жəне тағы басқа заттарды алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрып, оларды Балтық
жағалауы елдеріне апарып сататынбыз. Қолымызға сыйғанынша аламыз. Мен 20 үтік алып кететінмін. Тапқан ақшама сол жақтан киім алып, Санкт-Петерборға əкеп саттым. Бұл бір соншалықты көңілді кəсіп емес еді. Əр сапар сайын басыңды қауіпке тігесің. Мұндайда жоспарыңды көп адамның білмегені жақсы. Жолай болатын қақтығыстардан кейін көптеген жігіттердің тауы шағылып, басқа қалаларға ауысып жатты. Көбісі үшін тынышы оқуды тастау немесе басқа оқу орнына ауысу болды. Тек əлгіндегідей түйткілдерге тап болмаса болғандары. Əрине, маған да оңай соққан жоқ, алайда өз мүддемнен айнымай, Петерборда жобаларыммен айналыса беремін деп шештім. Сол жылдардан аман-есен өткеніме, беріспей, өз кəсібіме жол ашқаныма ризамын. Біздің студенттік қалашықта да үлкен қақтығыстар болып тұратын. Бір атышулы оқиға «Қылмыстық Ресей» деген кітапқа енді. Бригадалардың біреуі «кездесуге» жігіттердің екі тобын да шақырады. Сол екі топтың да жігіттері спортзалдың ішінде бірінен соң бірі оққа ұшты. Денелерін микроавтобусқа салып, өртеп жіберген... Мұндай жағдайлар көп болатын. Тоқсаныншы жылдардың иірімінде көптеген жақсы, дарынды жігіттер келмеске кетті. Жетістікке жетудегі негізгі фактор: ол – қорқынышыңды жеңе білу жəне қиындықтарды еңсеруде байсалды қалыбыңды жоғалтпау. Қайта құру жылдары өте қиын болды. Тəртіпсіздік пен өршіген қарақшылықтан басқа, мемлекетте тұрақты қаржылық жүйе болмады. Құнсызданудың салдарынан бағалар бір жыл ішінде 20 есеге дейін өсті. 1991 жылы ақша ауысқанда көп жылғы жинақтары күйіп кетпеген бірде бір адам қалмады. Сондықтан бүгінгі таңда, биыл болған девальвацияға қарамастан, дағдарыс – əрдайым кінəлілерді (үкіметті немесе өмірдің өзін) іздемей, алға жылжитындар үшін мүмкіндік деп санаймын. Баға жетпес тəжірибе жинақтаңыз Жас кəсіпкерлер əрдайым менен кəсібімді қалай бастағанымды, іс ашу үшін ақшаны қайдан алу керектігін сұрайды. Егер сіз болашағы бар кəсіп тапсаңыз жəне онда жақсы мүмкіндіктердің барын аңғарсаңыз, несие алмай, серіктестер тартуды ұсынамын. Менің алғашқы кəсіптерімнің бірі бейнетаспалар жазылған кассеталарды жалға беру болды. Біз оны достарымызбен бірігіп аштық. (Əркім өз үлесін қосты, пайданы соған қарай теңдей бөлдік). Шағын кинотеатрлар бейнепрокат деп аталды. Олар қайта құру кезінде VHS форматтағы бейнекассеталар пайда болысымен əрбір жатақхананың демалатын орнында ашылды. Қазір оны елестету қиын, алайда адамдар жиналып, қарапайым шағын теледидардан бейнекассетадағы фильмді көру үшін ақша төлейтін кездер болды. Ғаламтор деген ол кезде жоқ. Ал жастарға көңіл көтеру керек. Мұны түсінген біз əрі қарай не істеу керектігін білдік. Қажеттілік қанағаттандырылмаған жерде əрдайым жақсы бизнес болады. Бейнепрокаттан кейін біз бірлесіп, би кештерін ұйымдастырдық. Уақыт өте келе, бесінші курста бір досым екеуіміз брокерлік кеңсе ашуды жөн көрдік. Біз «Санкт-Петербург» тауар-шикізат биржасынан орын жалдап, валюта айырбастаумен айналысатын компания аштық. «Ақша – ең жақсы тауар» деп бекер айтпайды, олар қашан да керек. Біздікі жеке адамдармен жұмыс істейтін əдеттегі айырбастау пункті емес еді, ірі ойыншыларға арналған көтерме саудамен айналыстық. Бүгінгі күн үшін де ол айтарлықтай үлкен əрі өте қауіпті кəсіп. Алайда, мұның бəрін қомақты табыс жуыпшаятын. Кейде адамдар бір жыл жүріп табатын табысқа, біз бір күн ішінде кенелген кездеріміз болды. Көпшілік үшін ол кезеңде 100 доллар көп ақша болды, оған бір ай бойы өмір сүретін. Мəскеуде валюта айырбастау бағамы Питерге қарағанда арзандау болатын, сондықтан мен өзім сенетін бір курстасыммен Мəскеуден валюта сатып алып отыруға келістім. Мұндай қауіпті істе сенім басты рөлге ие болды. Егер тікелей банкке жүгінсем, мені бірінші кездесуде-ақ ұстап берер еді. Ал досым ондай мəселелерді өз бетімен реттеп отырды. Осындай сенімді серіктесімнің арқасында ақшаны беріп жіберу жəне айырбастаудағы қауіпсіздік секілді мəселелерді ойлап, бас қатырмадық. Ең басты міндет ол долларды керекті жеріне дейін аман-есен жеткізу болатын. Ақшаны өзімізбен бірге алып жүріп, күн сайын басымызды қауіп-қатерге тіктік. Бізде курьерлер легі жұмыс істеді, өзіміз де солардың ішіне кіріп, қолма-қол ақшаны тасымалдадық. Бұл үнемі жалтақтап, түнде, қараңғыда, суыққа қарамай, ұдайы ірі көлемде табыс табатындарды аңдып, торитын қарақшыларға тап болмауды ойлап жүретін кезең еді. Мəселен, біздің жігіттердің бірін, ақшасын тартып алу үшін өлтіріп те кетті. Сөмкемен бірнеше жүздеген мың долларды алып жүру жəне тонаушыларға тап болмау, үлкен сəттілік болатын. Біз тұла бойымызды скотчтап, бума-бума долларды денемізге тығып жүретінбіз. Петербордан бір сөмке қолма-қол рубльді алып шығып, жүріп бара жатқан пойыздың соңғы вагонына секіріп мініп, ертеңіне таңертең кері ұшатынбыз. Түске дейін биржаға оралып, түстен кейін бүкіл валютаны жаппай сатып үлгеру керек болатын. Ақша санайтын машинка болмаған кезде долларды қолмен санап, алақанымызда «көк қағаз» бояуының ізі қалатын. «Қара жұмыс істемесек те, қолымыз шахтердікіндей», – деп əзілдейтін едік. Көбінесе, купюралардың жалған еместігін тексеретін аппараттар болмайтын, сол кезде қолмен ұстап, көзбен көріп анықтай беретін едік. Сол дəуірдің өлшемімен біз көп ақша тауып жүрдік, қауіп-қатерден болатын күйзелісті би кештеріне барып, тарқататынбыз. Қаладағы ең қымбат деген орындарға баратынбыз. Мінекей, осындай аумалы-төкпелі өмірді сүрдік. Табыс таптың ба? Ақылмен жұмса!
Бизнестегі бірінші салмақты тəжірибем қаражатты бөлудегі алғашқы жағдайым болды. Мен қыруар қаржыны қалай тапсам, студент секілді солай жұмсайтынмын. Ақшаны басқаруда ешбір тəжірибем болмады, білім жетіспеді. Сол кезде Невский даңғылынан бірнеше пəтер алып, қазір оларды жалға беріп-ақ, түк істеместен өмір сүруіме болар еді. Невский даңғылындағы бірінші қабаттардың бағасы барған сайын аспандауда. Алайда, желік қуған студенттер бəрін ойын-сауыққа, саяхаттауға, автомобильдерге, пəтерлерге жұмсадық. Бізге солай өмір сүру керемет сияқты болып көрінді, одан артығын тілеудің өзі артық деп ойладық. Əрине, бизнеске де салдық, алайда белгілі бір бағдар болған жоқ. Жас кезімізде бізге жетіспегені пайым еді, жағдайды талдап, əлемнің қалай дамып жатқанын бағамдай алмадық. Ерте ме, кеш пе ғимараттардың бірінші қабаттары жекешелендіріліп, жекеменшік пəтерлер дəмханаларға, мейрамханалар мен қымбат дүкендерге айналатынын алдын ала болжауға болар еді. Мүмкіндіктер болды, бірақ қаржылық тұрғыдан сауатты болмағандықтан сəтті кезеңдерді пайдалана алмадық. Сондықтан менің сіздерге берер кеңесім: ұдайы шолу жасап отырыңыз, əлемде не нəрсеге сұраныс барын, қандай салалардың болашағы зор екенін біліп отыру маңызды. Жақсы ақша қолға тие қалғанда оларды тиімді жұмсайтындай, барлығынан хабардар болып отыру керек. Қазір жас кəсіпкерлерге арнап, қалай табысты болу, қалайша көбірек ақша табу жəне тиімді таймменеджментті үйренуге байланысты кітаптар көптеп шығарылуда. Ал біздің кезімізде кітап та, ғаламтор да болмады. Сондықтан көп дүниені түсіну үшін көбірек уақыт жұмсадық. Қазір өз бизнесін ашамын дегендерге айтарым: кез келген істе бастысы – бұл еңбек жəне бастапқы капиталды құруға ақша жинау. Əрі қарай ол қаржыны пассивтерді сатып алуға немесе ойын-сауыққа, «əдемі өмірге» шашпай, сауатты жұмсап, өз бизнесіңізге салуыңыз керек. Өз басымнан білемін, қанша сəнді əрі қымбат киінсең де, қандай көлікпен жүрсең де, сені жұрт сыртыңа қарап емес, ішкі жан дүниеңе қарап бағалайды. Сондықтан ақшаны басқалардың алдында жақсы көрінуге жұмсаудың қажеті жоқ деп санаймын. Бұл – ісін енді бастаған бизнесмендердің негізгі қателіктерінің бірі. Қаражатты кəсібіңіздің дамуына салуыңыз керек! Бизнесті ашу уақыты бар да, одан шығу уақыты бар Өзімнің алғашқы бизнес-тəжірибем барысында игерген маңызды мəселелердің бірі – əрдайым бизнестен шығу стратегиясын ойластыру. Кезінде бірлесіп жұмыс жасаған серіктестерімнің бірі басқа адамдардан пайызға ақша ала бастады. Ол кезде бұл əдіс кеңінен тараған еді. Көбісі пайызға ақша беріп, қиналмай өмір сүрді. Ал оның мөлшерлемесі сұмдық. Доллармен айына 15 пайыздан. Əлгі адам өз жобаларына ақша тарта бастады, аса ірі сомаларды қарызға алды да, міндеттемелерін орындай алмай, ақыры қаладан қашып кетті. Оған қарыз берген адамдар кəсіпорын бойынша серіктестерінің бірі ретінде маған келе бастады. Мен оларға: «сіздер ақшаны оған, нақты оның жобаларына бердіңіздер, қолхатты та жазып берген сол, бізге ортақ бизнес мүлдем басқа, сіздердің ақшаларыңызға қатысы жоқ», – деп түсіндірдім. Көптеген келіссөздер жүргізуге тура келді, адамдар менің бұл мəселеге қатысым жоқ екенін ұқса да, абыройыма айтарлықтай нұқсан келді. Соның салдарынан компанияны жабу туралы шешім қабылдадым да, басқа бизнеске ауысып кеттім. Сəтін салғанда, сол кезде басқа бір ұсыныс келіп түсті. Тағы бір жерлесіммен бірге ұялы байланыспен айналыстық. ТМД-да жаңа оператор – Солтүстік-Батыс GSM пайда болды (қазіргі «Мегафон»). Сөйтіп, біз Финляндия мен Германиядан ұялы телефондар əкеле бастадық. Мен институтты бітірдім де, бизнестің жаңа түріне бар күш-жігерімді салдым. Кету не қалу. Даму бағыты Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жігіттердің көбісінің туған жеріне оралғанына қарамастан, мен Питерде қалуға бел будым. Мұндай ірі қаладан кейін Қостанайға қайтсам, кейін əсіресе, бизнес ортада дəл мұндай мүмкіндіктер болмайтынын түсіндім. Дəл сол кезде Мəскеу мен Питер даму деңгейі бойынша, Қазақстаннан он шақты жылға алға кеткен еді. Маған осында қалып, ең үздік, жылдам, ауқымды нарықтарда əлдене шығару қызық болды. Оның үстіне, Еуропаның да жақын тұрғаны ұнады. Онда жиі барып тұруға мүмкіндік болды. Финляндия мысалы бар болғаны 200 шақырым қашықтықта. Небəрі екі сағат ішінде мүлдем басқа əлемнен бір-ақ шығасың. Біз сенбі-жексенбі күндері Финляндияға, ауылға барып қайтқандай барып келетінбіз. Ол қарқынды, ашық, шексіз мүмкіндіктер əлемі болды. Менің кейбір курстастарымның институтты бітіргеннен кейін салы суға кетті. Өміріңнің бес жылын арнаған мамандығыңның ендігі жерде керек болмай қалғаны əрине, жанға батты. Заман өзгерді, бірінші кезекке басқа құндылықтар, басқа мамандықтар шықты. Алайда, бұл – өмір. Кеңестік тоқырау кезеңі аяқталды, енді барлығы қарыштап дамиды деген ойға келдім. Заман осындай қарқынмен алға басып жатқанда, өзімді өзгертпесем, ештеңе шықпайтынын түсіндім. Жетістікке жету үшін міндетті түрде нарықтық жағдай мен халахуалға бейімделу керек. Нарықтың қажеттіліктерін ескермей, өз ойларымен жəне тілектерімен өмір сүретін адамдар сұранысқа ие өнім жасай алмайды. Оның үстіне, əлемде күн сайын жаңалықтар ашылып жатқанда, міндетті түрде соңғы беталыстардың аңысын аңдап, ұдайы біліктілігіңді арттырып отыру керек. «Күн сайын жасауымыз керек басты жұмыс – ол өзінді дамыту» деген пікірді ұстанамын. Ең бастысы бұл – бостандық. Егер белгілі бір ықылас-тілектеріңізде тəуелсіз болсаңыз, оны өзіңіз жүзеге асыра алатын болсаңыз, онда сіз «еркіндіктегі» адамсыз.
Мен институтты бітіріп, өз кəсібімді ашқаннан кейін ойы ұшқыр адамдармен тілдесе келе, анағұрлым бəсекеге қабілетті болып, бизнесті жүйелі жүргізу үшін MBA дəрежесін алудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Ол кезде адамдардың 90 пайызы бұл пікірімді құптамады. Олардың көпшілігі кəсіпкерлікпен тек ішкі түйсікке сүйеніп айналысты. Бизнесмендер «дəл осы жерді дəл қазір игеру керек, қайдағы оқу, не айтып тұрсың, біз қазір қыруар ақша тауып жатырмыз, басқа нəрсеге алаңдаудың қажеті жоқ, бұл өмір бір-ақ рет беріледі, қолдан келсе, қонышынан бас», – деді. Ешкім де MBA-бағдарламалар, жетіле түсу, бизнесті жүргізу бойынша білім алу жайында ойлап жатпады. Алайда, маған алдымен білімді жетілдірудің болашағы жарқындау болып көрінді. Кеңес дəуірінде басқарушыларды кəсіби түрде оқытатын жоғары оқу орындары болмады. Экономистер, заңгерлер, инженерлер болды. Десе де басқарушылар жоқтың қасы еді. Мен кəсіби басқарушы болсам, алдағы уақытта өзімнің тиімділігі жоғары компаниямды құра алатынымды түсіндім. Ал жүйелі əрекет етудің нəтижесінде менде бəсекелестік артықшылық болады. Таныс бизнесмендердің көпшілігі сол кезде мені түсінбей, тіпті күлетін. «Жұмыстан шаршап шығып, кешкі сегізде тағы да бір жаққа барудың не керегі бар? Біресе ағылшын тіліне, біресе MBA-ге барасың. Мұның саған не қажеті бар?» дегендер көп болды. Бүгінде сол жігіттер уақытында білім алып, əрі қарай қадам басу керектігін түсінбегендіктен өздерінің кішкентай ғана кəсібінің айналасында қалып қойды. Қарапайым «сатып ал-сат» деңгейіндегі бизнеспен айналысып жүр. Қазір олар маған жиі келіп, «қайда қаражат құйып, қалай дамыған дұрыс» деп, кеңес сұрайды. Олардың ұдайы өсу мен жетілудің маңыздылығын түсінгені қуантады. Білім – ол алысқа көз тігу. Ал ең жақсы инвестиция – ол ақшаны яхтаға немесе көлікке жұмсау емес, өзіңді дамытуға құю. Өзімнің даму жолымда тоқтап қалмай, жаңа деңгейлерге шығу үшін мен үнемі «Жетістікке жету Күнделігін» толтырдым, MBA-ді, одан кейінгі əрекеттерімді жоспарладым. Тек осындай тəртіптің арқасында ғана өсіп, бизнесте де, өмірде де жаңа шешімдер таба алдым. Егер ондай күнделікті күн сайын толтырып отырсаңыз, қандай да бір тəсілдерсіз-ақ жетістікке жетер жолды табуға болады. Өзіңізді жеңген кезде ғана, сіз нəтижеге қол жеткізесіз. ЖЕТІСТІК КІЛТІ: Бизнес бастағанда, өзіңізде бар ақшаға арқа сүйеңіз, стартап үшiн несие алудың қажеті жоқ. Қаражатты қарызға бизнес гүлденген кезеңде алуға болады. Ел сіздің қайдан екеніңізге емес, қаншалықты қызықты пікірлесетініңізге қарайды. Ақша керек пе, барлығын сатуды үйреніңіз. Басқа адамдардың немен айналысатынын біліп, олардың арасына байланыс орнатыңыз. Көп қаражатты басқаруға дайын болу үшін қаржылық жоспарлауды үйреніңіз. Ең дұрысы – өзіңіздің дамуыңызға инвестиция құйыңыз.
Инемен құдық қазу 3 Қаншалықты табысты болғыңыз келсе, соншалықты білім алыңыз. Инемен құдық қазу Табысты адам болу үшін ұдайы білім алу, ал біліктілікті шыңдау үшін көбірек мүмкіндіктерді пайдалану керектігіне сенімдімін. Үздіксіз жетілудің арқасында ғана ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізесіз, бəсекеге қабілетті боласыз. Жоспарсыз нəтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Мен өмірде алдыма міндеттер қойдым да, біртіндеп қадам басып, оларға қол жеткіздім: ағылшын тілін меңгердім, бизнес-мектепті бітірдім, өз компаниямды құрдым. Табысты компания құрғың келсе, бизнесті оқып-білу керек деп шештім, «Велосипедті қайта ойлап табуға» уақыт кетірмей, дайын халықаралық тəжірибені меңгеру қажет. Осылайша, менің өмірімде Стокгольм бизнесмектебі пайда болды. Үздік ұстаздарды таңдаңыз Біздің адамдар əлі күнге дейін оқуды уақыт пен ақша құрту деп біледi. Егер бизнесті меңгермесем, кəсіпті тиімді дамыту туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес екенін түсіндім. Досым, жетекшi ресейлік маркетолог əрi брендмейкер Самвел Аветисянның кеңесімен белсенді түрде жұмыс істеуімді тоқтатпай, Стокгольм бизнесмектебінің Санкт-Петербордан ашылған филиалында қосымша білім алдым. Бұл посткеңестік кеңістіктегі білім беру деңгейі жоғары, алғашқы халықаралық бизнес-мектеп болды, сабақ ағылшын тілінде жүрді. Дəл осы фактор таңдау жасауымда шешуші рөл ойнады. Себебі, орыс тілінде оқудың түр-түрі бар, алайда деңгейі көбінесе күткендегідей болмайтын. Осылайша, Самвелдің кеңесіне құлақ асып, сол кездегі жетекші оқу орны Стокгольм бизнес-мектебін таңдадым. Нəтижеге қол жеткізгіңіз келсе – үздік ұстаздардан білім алыңыз. Өзім таңдаған үздік шетелдік білім беру ошағында алған тəжірибем Санкт-Петербор аумағында кəсіпкер ретінде қалыптасуыма үлкен септігін тигізді, бизнес туралы көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Сондықтан кімдекім өсу əлеуеті жоғары мықты компания құрғысы келсе, міндетті түрде сапалы бизнес-білім алғаны жөн. Шешім қабылдауда, тыңнан түрен сал Бизнес-мектепте бізді шведтік кəсіпкерлер оқытты, бұл бизнесмендерге арналған алғашқы шағын MBA жобасы болатын. Бір жыл ішінде бизнес туралы түсінігімізді түбегейлі өзгерткен білімді алып шықтық. Екі айда бір рет Петербор түбіндегі шипажайға бес күнге апаратын. Күні бойы дəрістер жүрді, кешке тапсырмалар алып, топтарға бөлініп, таңғы тоғызға қарай таныстырылымдар жасайтынбыз. Бұл – таңғажайып қарқынды əрі нағыз драйвқа толы кез еді. Интерактивті жүйенің, іскерлік ойындардың, қарқынды сабақтардың арқасында жай ғана білім емес, одан да артық дүниеге ие болдық. Оқу үдерісінен мұндай лəззатты мен көптен бері алмағам. Осындай білім алу процесінде баскетболды, жиындарды, мектеп кезіндегі сапарларды, турнирлерге қатысқан кездерімді есіме алатынмын. Олар ұмытылмас əсер сыйлаған, ойын стратегиясын жоспарлауда жаңа ерекше шешімдер табуға көмектескен, нəтижесінде кейінгі өмірімде үнемі пайдаланатын тамаша тəжірибе жинақтаған сəттер болатын. Қарбалас пен қызыққа толы күннен кейін бізге қарапайым студенттер секілді ойымызды басқа жаққа аударып, сергіп, демалуымыз керек болды. Сондықтан кешкі астан кейін бассейнге барып, би кештерін ұйымдастырып, түн жарымда оралып, ертеңгі сабаққа қажетті таныстырылымдар дайындайтынбыз. Презентацияны дайындау жəне оларды көрсету өз алдына қызық тəжірибе болды. Қазіргідей адамдар компьютерде Power Point аркылы слайдтар жасап, кейін монитордың жанында отырып, өз жобасы туралы стандартты жоспар бойынша артықшылықтарын, əдістерін, қорытындыларын айтып тұрмайтын. Бізде таныстырылымдарды қорғау, нағыз көңілділер мен тапқырлардың ойынына айналатын. Əрбір жоба – тұтас бір қойылым. Біз түрлі əзілдер ойлап тауып, өз идеяларымызды суреттеу үшін қолда бар дүниеден қойылымдар, импровизацияланған костюмдер жасайтынбыз. Көрермен күлкіге қарық болатын. Көрсетілімдеріміз соншалықты көңілді əрі ерекше еді. Сондай-ақ таныстырылымда сабақ кезінде берілген білімдер мен машықтарды көрсетіп, экономикалық пайда мен жобаның табыстылығын дəлелдеуіміз тиіс болды. Оқуға деген дəл осындай ынта бізге қысқа мерзім ішінде маңызды əрі жеткілікті дəрежеде күрделі материалдарды игеруге мүмкіндік берді. Мұндай қарқынды тəртіпте, тəулігіне үш-төрт сағаттан ұйықтап, 22 мен 40 жас аралығындағы түрлі саланың мамандарынан құралған ұйымшыл командада жұмыс істеу қызықты болды. Жан-жақты командада жүріп, бір-бірімізден маңызды машықтарды игердік, басқа салалардың мүмкіндіктерін көріп, жаңа байланыстар орнаттық. Осылайша, бизнес-мектептегі оқу маған білімнен бөлек, өте қызықты адамдармен танысу жəне араласу мүмкіндігін берді. Оқытудың дəл осындай тосын тəсілі мұндағы қатарластарымның əлеуетін көруге, мүдделес адамдарды жəне болашақ серіктестерді табуға көмектесті. Олардың кейбірін мен өзім армандаған компанияға жұмыс істеуге шақырдым. Кəсіби шеберлермен дос болудан қысылмаңыз
Стокгольм бизнес-мектебінде өте жүйелі түрде берілген озық білімдерден басқа, маған арнайы экономикалық компьютер ойындары ұнайтын, онда виртуалды түрде кез келген компанияның даму барысын жасауға болады. Ақтық кезеңде бізге берілген тапсырмалардың бірінде сондай ойын болды: кəсіпорын директорының рөлінде өз бизнесіңнің 20-30 жылдық өмірін үш-төрт сағат ішінде көз алдыңа елестетесің. Өндіріске, маркетингке, ілгерілеуге, зерттеуге жəне т.б. қанша қаражат құятыныңды компьютерге енгізесің де, өзіңнің ұзақ мерзімді басқарушылық шешімдеріңнің қандай нəтижеге əкелетінін көресің. Бизнестің барлық басты экономикалық көрсеткіштері енгізілген осы компьютерлік ойынның арқасында мен өз компаниям үшін іс жүзінде тиімді стратегияны қалай құру керектігін көрдім. Осы ойында алған сабақтарым да өмірде табысты болуға көмектесті. Əрине, қазір ғаламтордың дамуына байланысты білімнің қолжетімді болғаны соншалықты, оны үйіңнен шықпай-ақ алуға болады. Мұнымен міндетті түрде бастапқы кезеңде айналысуға кеңес беремін. Алайда, жақсы бизнес-мектептегі дəріс өмірдің ерекше ырғағын бойыңа дарытады, оқуға деген құлшынысыңызды арттырады, соның нəтижесінде сіз күн сайын жаңа əлденеңе біліп отыруға үйреніп кетесіз. Дегенмен бастысы: мұның бəрі сіз сияқты өмірден көп нəрсеге қол жеткізгісі келетін, белгілі бір қызықты жобалар жасайтын, жаныңызға жақын адамдармен байланыс орнатуға, танысуға мүмкіндік береді. Ондай адам – мен үшін көрнекті тұлға, маркетинг ұстазы Самвел Аветисян. Осыған дейін айтқанымдай, оның ізімен мен Стокгольм бизнес-мектебіне оқуға бардым. Ол жасаған «Техношок», «Дарья», «Тинькофф» брендтері ресейлік маркетингтің тарихына кірді. Мен одан сəн жасау мен ілгерілеуге қатысты көптеген нəрселерді үйрендім. Сізге дамуға жаңа қарқын бере алатын мұндай бірегей қызықты тұлғаларды бизнес-мектептерде кездестіруге болады. Түрлі саладағы бизнесмендермен жəне кəсіби шеберлермен тығыз араласып жүріп, сіз өзіңізге табыстырақ болуға көмектесетін тəжірибе мен білімді нағыз бизнес ортадан аласыз. Бəлкім, тіпті өзіңізге жаңа саладан жақсы кəсіп ашарсыз. Күнделік жазуды бастаңыз. Ол сізді жетістікке жетелейді Менен «жетістікке жетуіңіздің сыры неде?» деп, жиі сұрайды. Меніңше, ол жоспар құра білу мен күнделік жазуда. Өз күнделігімді мен алғаш рет мектеп жасында жаздым. Он екі жастан бастап техникалық, физикалық жəне басқа да мəліметтерді дамыту бойынша өз алдыма мақсат қойдым, қосымша сабақтар арқылы осы аспектілерде жетілдім. Мұнда мен жол картасын жоспарладым, күтетін нəтижелерім туралы жаздым. Бастапқыда бұл жай ғана жаттығулар бойынша күнделік болатын. Бапкердің нұсқауымен өзіміздің жеңіске жету стратегиямызды ойлап-тауып, қағазға түсіретінбіз. Сондай жас кезімізден қарсыластың ақылынан асып түсуді үйреніп, түрлі қимылдардың көмегімен ойыншыны бос жерге шығарып, ол кедергісіз доп тастай алатындай ерекше комбинацияны ойластыруымыз керек болды. Бапкеріміз алдымен қолданыстағы базалық схемаларды үйреніп, кейін солардың негізінде жаңаларын ойластыртатын. Сөйтіп, біз білек сыбана алаңды, доп салатын себетті, үш секундтық аймақты, өзіміздің қозғалыстарымыздың траекторияларын сызатынбыз. Барлық комбинацияларды алдын ала ойластырып, ойша «ойнатқандықтан» мұның бəрі паркетте табысты нəтиже көрсетуге көмектесті. Жеке басыңызды дамыту барысын күнделікке жазып отыруды əдетке айналдырыңыз. Сонда мақсатыңызға қалай жекеніңізді байқамай қаласыз. Бірінші болуымыз үшін (командамыздың ұранына сəйкес) өз қимылдарымызды жоспарлауға үйреткен бапкеріміз мақсатына жетті: біз қалай тиімді етсек деп ұдайы ойланатын болдық, үнемі қарсыласты жеңудің жаңа тəсілдерін іздеумен жүретін деңгейге жеттік. Мектептен кейін өз қимылдарымызды жоспарлау жəне жүзеге асыру əдетке айналып, бойымызға сіңіп кетті де, жеке күнделік жазуға көштім. Онда өз жетістіктерімді, мақсаттарымды, оларға қалай қол жеткізу керектігін жазып жүрдім. Қазір де үнемі осы күнделік бойынша өмір сүріп, бизнеспен айналысып жүрмін. Күнделікті жазбаларымда ұдайы артығырақ бəсекеге қабілеттілікке ие болу үшін қандай жаңа білімдер керектігін жоспарлаймын. Кəсіпкер болу үшін үнемі əрі жүйелі даму керек. Егер адамдар бұған жүрдім-бардым қараса, олардың өз саласында үздік атануы екіталай. Бұл қарапайым жетістікке жету жолы, алайда оны көпшілік қолдана бермейді. Егер өзімнің жоспарлау тəжірибем туралы айтатын болсам, мен алдағы бес жылға мақсат қоямын – бизнесте жəне тұлға ретінде даму барысында неге қол жеткізгім келетінін белгілеймін. Межеленген осы уақыт өткенде өзімді қалай елестететініме мəн беремін. Бала кезімнен армандарымның тезірек орындалуы үшін оны елестетудің тиімді тəсіліне жүгінетінмін – «Жетістікке жету Күнделігінде» тілектерімнің картасын жасайтынмын. Оған үй, автомобиль жəне басқа да мен үшін құнды заттар бейнеленген суреттерді қиып алып, жапсыратынмын. Осылайша, қағазға түсіру арқылы осы кезең ішінде менің қандай межеге жететінім суреттеледі. Бұл тəсілді бүгін де пайдаланамын. Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін қаншалықты уақыт пен ресурс керектігін көрсетіп, жол картасын жасауға көшемін. Мақсат айқын кезде оны жылдарға бөле бастаймын: биыл мынаны, екінші жыл ананы істеймін. Жылды егжей-тегжейлі айлар мен апталар, тіпті күндер бойынша жазамын. Осылай жалпыдан жалқыға қарай жетістікке жету жолындағы басты құрал – мақсатқа жету сызбасы пайда болады.
Тиімді дамып, тұлға ретінде өсу үшін тамаша «Жетістікке жету Күнделігі» сияқты құралды қолдануға кеңес беремін. Оны өз уақытымды барынша тиімді пайдаланып, үздік нəтижелерге қол жеткізу үшін арнайы жасадым. «Жетістікке жету Күнделігінде» өмірімдегі басымдықтарды бөліп қарастырамын. Олар мен үшін маңызды: бизнес, отбасы, ата-ана, достар, тұлға ретінде даму. Дəл осы салалар бойынша бір жылға жоспарлар жасаймын жəне жоғары көрсеткіштерге қол жеткіземін. Ал жыл соңында өз жетістіктерімді қорытындылаймын, міндетті түрде оларды атап өтіп, өз арманымның орындалғанына қуанамын. Психологтар мен бизнес-жаттықтырушылардың «жетістіктер үшін өзіңді марапаттап отыруың керек» дегенімен келісемін. Өзіңе қалай алғыс айтасың? Мақсатқа жеткен кезіңде өзіңе қандай сый жасайтыныңды жоспарлауың керек. Бұл – өте жақсы мотиватор. Мысалы, мен өзіме сый ретінде саяхат жоспарлаймын, егер жетпесем – ешқайда ұшпаймын деген сөз. Алға қойылған мақсатқа қол жеткізіп, «еңбегің сіңгенiн», «тынығып, рахаттана алатыныңды» сезгенде төбең көкке жетеді. Сондай-ақ демалысты тұлға ретінде дамумен, қандай да бір тренингпен, жаңа білім алумен сабақтастыруға тырысамын. Менің алдағы жоспарлаған сыйларым – Үндістанға Далай Ламаға жəне АҚШ-қа Дипак Чопреге, атақты коуч жəне рухани кітаптардың авторына сапар шегу. Көп адамдар «бір жылдық күнтізбені алдын ала қалай жазып қоюға болады?» деп таң қалады. Алайда, нақты жоспарлар – іскер адамдар өмірінің міндетті шарты. Біз уақытымызды текке жұмсай алмаймыз, себебі бұл жалғыз орны толмайтын ресурс. Егер сен ақшаны жоғалтсаң, оны қайтадан табуға болады, бірақ уақытты жіберіп алсаң, оны ешкім де қайтарып бере алмайды. Біз арманымызға қол жеткізу жолында əрбір минутты текке жұмсай аламыз. Басқа адамдардың да уақытына құрметпен қараймын. Тіпті достарымызбен, олар немесе мен белгілі бір ісшара ұйымдастыратын болсақ, бір-бірімізді осындай күні осындай шара болады деп ескертеміз. Жұмысбасты адамдар оны алдын ала күнтізбесіне енгізіп қояды. Бизнесте мұндай жоспарлау – жұмыстың басты элементтерінің бірі. Компанияда алдымен бірнеше жылға алдын ала стратегия құрылады, ал кейін соған сай əрбір жылға арналған мақсаттар мен міндеттер қойылады. Ол міндеттердің қаржылық жағын қарастырамыз, ойға алғанды іске асыруға қаражат жете ме, кассада жетіспеуі бар ма, жоқ па? Осыдан кейін жобаны биыл жүзеге асыруға немесе оны болашақта қарастыруға байланысты сараптама мен түбегейлі бағалау жүреді. Бұл жерде мысалы əлденені ойлауға əлі ерте екенін түсінеміз де, ресурстарды келесі бағытқа қарай жұмылдырамыз. Біз он жылдық стратегиядан бастағанбыз. Алайда, қазіргі əлемнің жылдам өзгеруіне байланысты үш-бес жылдық стратегияларға көштік, нарық қажеттіліктерінен қалыспау үшін оны жыл сайын түзетіп отырамыз. Егер сіз шынымен де жетістікке жетуді қаласаңыз жəне менің тəжірибеммен қаруланып, өз өміріңізде сапалы өзгерістер жасау үшін осы кітапты оқып отырсаңыз, онда жоспарлауды бастаңыз. Бірінші алдыңызға үлкен, айқын, өлшемі бар жəне қанаттандыратын жоспар құрыңыз. Сосын алдымен оның ұсақтауынан бастап, жүзеге асырыңыз. Осылайша, алысқа жетелейтін жол салыңыз. Ежелгі қытай философы Лао Цзы айтқандай: «Мың шақырымдық сапарға апаратын жол, бір кішкентай қадамнан басталады». Күн сайын бір қадам болса да жасаңыз, бір тапсырманы шешіңіз, сол күнге жоспарланғанның барлығын орындасаңыз, тіпті жақсы. Меніңше, өз жылыңды егжей-тегжейлі ойластырып, бірнеше күнді арнайы жоспарлауға бөлген жөн. Кейін əр тəулік сайын ойланып, бүгін не істеу керек еді дегенше, дайын жоспарды жылдам орындап шыққан жақсы. Жоспарлау маған тек бизнесте ғана емес, рухани өсу жəне тұлға ретінде қалыптасуға да, жетістіктерге қол жеткізуге де көмектеседі. Күнделікке мақсаттар мен жоспарлардан бөлек, достарым мен пікірлестерім мақтаған кітаптарды немесе міндетті түрде көру қажет деректі фильмдерді, көптеген пайдалы ақпарат алуға болатын үйретуші ресурстарды жазып қоямын. Ұйықтар алдында кешкілік күн сайын жазбалар қалдырып отыруға кеңес беремін. Сол кезде таңертең күні бойы не істеу керектігі тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Оған қоса, ұйықтап жатқанда адамның сана-сезімі жұмыс істеуін тоқтатпайды. Сөйтіп, таңертең сізде жоспарларыңызды жүзеге асыру бойынша тамаша ойлар пайда болуы мүмкін. Күнделікті жазбалардың арқасында менің таныстарымның көпшілігі өз өмірлерін қысқа мерзім ішінде жақсартты жəне өзгертті. Егер сіз алдағы жылдарда өз арманыңызға жетуге бел буып кіріссеңіз, бүгіннен бастап «Жетістікке жету Күнделігін» жазуға кірісіңіз. Ол менің «Бəрі де өз қолыңда» кітабыммен бірге жүреді. Өмір бойы білім алу не үшін керек? Біздің əлеміміз бір орында тұрмайды, технологиялық, сондай-ақ ақпараттық даму ұдайы, күн сайын жүріп отырады. Тек жоғары білім алумен шектелетін заман өтті. Қазір біз өзіміздің білім қорымызды ұдайы толтықтырып отыруға міндеттіміз. Сіз кəсіпкерсіз бе немесе қандай да бір компанияда жұмыс істейсіз бе, ол маңызды емес. Егер сіз мына əлемге көбірек білім мен біліктілік ұсынбасаңыз, көш соңында қаласыз. Клиенттер əлдеқайда озық бəсекелестерге кетіп қалады, қызметкер болсаңыз, сізді мансап жолыңызда көтермелемейді. Тіпті, қысқартуға ілігіп кетуіңіз мүмкін. Ұдайы даму – біздің заманымыздың міндетті шартына айналды. Шетелде адамдар мұны жақсы түсінеді. Адамдар бір-бірінің жақсы қасиеттерін үйренгені жөн жəне жетістікке жеткендердің тəжірибесін меңгерген дұрыс.
1996 жылы ағылшын тілін меңгеру үшін Лондондағы тіл үйрететін мектепке барғанымда курсты тыңдаушылардың жас мөлшері мен мəртебелері мені қатты таң қалдырды. Əртүрлі елден жиналған, студенттік жастан əлдеқашан өтіп кеткен, алайда, жаңа білім алу үшін алға қадам басуын тоқтатпаған бизнесмендер, топменеджерлер, төселген кəсіпкерлер тіл үйренді. Ол адамдар ұдайы жетілудің маңызын түсінді. Олармен сөйлесу, əңгімелерін тыңдау, əлемде қандай жаңа беталыстар барын білу, өзім үшін қандай да бір қорытындылар жасау, бір ғанибет болды. Мен əрдайым саналы түрде білімге деген құштарлығымды арттыруға тырысып келемін. Адамдар жиі семинарларға, третерге келеді де, мəн-жайды түсінбейді, сұрақ қоймайды. Бір сабаққа екі адам қатысса, біреуі жаңа идеялармен қанаттанып шығады, ал екінші біреуі босқа отырып кетеді. Егер мен белгілі бір курсқа арналған уақыт ішінде барынша көп білім алғым келсе, тындап, ден қойып, дəріскерден білмегенді сұрап, əңгімеге тереңдеп, жаңа əлдене тауып отыру керек деп санаймын. Бəлкім, басқа қызмет саласынан болсын, табысты адамдармен тілдесе отырып, болашақта өз жобаңызға, өз бизнесіңізге керек мəлімет аларсыз. Қазір бəрі қас пен көздің арасында өзгеруде, бір ғана білім жеткіліксіз, көп салалар бір-бірімен сабақтасып жатады. Мысалы маркетинг пен əлеуметтік желілер немесе медиа секілді. Əлем тоқтаусыз өзгеруде, сондықтан табысты адамдарға күн сайын жаңа білім мен біліктілік керек. Мен ұдайы өз бетімше білім алумен айналысамын, қызметкерлерімнің де өскенін жəне жетілгенін қадағалаймын. Біз компания ішінде түрлі курстарды жиі өткізіп отырамыз, өзім де жыл сайын əртүрлі форумдарға, семинарларға қатысып, білім аламын. Егер білім алуға деген талабың болса, жетілуге мүмкіндік барлық жерден табылады. Тіпті үздік америкалық бизнесмендерді анықтайтын «АҚШ-тың жыл кəсіпкері» байқауының жай марапаттау салтанатына қатысуға немесе əлемнің табысты бизнесмендерімен ашық əңгіме құрып, ең озық мəліметті «сиясы кеппеген» күйінде алуға болады. Сонымен қатар маңызды байланыстар орнатуға мүмкіндік туады. Кезекті форумға немесе іскерлік шараға қатысқан сайын өзімді қызықтырған ақпаратты жазып аламын, тыңдағанымнан қорытындылар жасаймын. Олар кейiн жеке жоспарларымды немесе бизнесте жүзеге асыру үшін қажет. Əлденені игергім келгенде, қандай да бір нақты машық алғым келгенде өзіме керек курсты табамын да, оған алдын ала, бір жыл бұрын жазыламын, сөйтіп, жоспарлы түрде нəтижеге жетемін. Сондай-ақ мен үшін сапа мəселесі маңызды. Бір білімді əртүрлі ұстаздан алуға болады, алайда əлемдегі ең үздік адамдардың дəрісіне қатысқым келеді. Мəселен, қазіргі таңда осы кітапты жазып отырып, мұнымен қатар инвестиция тарту саласында өзімді дамытумен айналысудамын. Соңғы айларда «Даму» кəсіпкерлікті қолдау қорымен тығыз жұмыс жасап жүрміз. Олардың тəуелсіз директорларға арнап, сапалы курстар ұйымдастыратыны ұнайды. Ұйымдағы директорлар кеңесінің мықты құрамының арқасында қордың өзін дамыту саласында үздік шешімдер шығарылады. Маған мұнда жұмыстың жүргізілу жүйесі қатты ұнайды, бір-бірімізден үйренеріміз көп. Көбінесе белгілі бір мəселелердің шешімін табу үшін түрлі амалдарды пайдалану керек. Тұжырымдамасын ойластырып қана қоймай, оны өзара талқылау қажет. Кері байланыс керек, бұл – пікірлер ауқымын кеңейту арқылы ұжымдық тəжірибеге қол жеткізу деген сөз. Сондықтан басшыларға директорлар кеңесіне түрлі саланың тəуелсіз сарапшыларын шақыруға кеңес беремін. «Дамумен» серіктестік аясында біз басқа елдердегі ұқсас қорларға барып тұрамыз. Жақында Түркияның мемлекеттік қорларының даму тəжірибесін, сауда-өнеркəсіптік палаталарын жəне еркін экономикалық аймақтарын көріп қайттық. Анадолы елінің көптеген бизнесмендерімен таныстық, бұл тағы да жаңа мүмкіндіктер. Ұдайы білім алу туралы сөз қозғағанда сабақтастық мəселелеріне, жоғарыда айтып өткендей аға буыннан тəжірибе алуға назарларыңызды аударғым келеді. Жақында Роберт де Ниро ойнайтын «Стажер» атты қызықты голливудтық фильмді көрдім. Картина сюжетіне сəйкес, жетпіс жастағы кісі, əдетте еш жерде жұмыс жасамаған жастарды алатын IT-компанияға тəжірибеден өтуге келеді. Қанша жыл еңбек еткенде ғаламтор дегенді көрмеген зейнеткерді жастар бастапқыда келеке етеді. Əлгі кісі ісін табысты бастаған, алайда басшы ретінде қалыптасып үлгермеген директор қыздан жауапты тапсырманы күтумен күнде кеш батырады. Фильмнің соңына қарай барлығы 70 жастағы кісінің кеңестері мен көмегінсіз қиналатындай күйге жетеді. Осылайша, кеңседегі əрбір қызметкерге де, Нироның кейіпкерінің өмірлік тəжірибесі пайдаға жарайды. Білмегеніңнен емес, білуге ұмтылмағандығыңнан қорқу керек. Меніңше, бұл фильмнің мəні – үлкендердің өмір сүру үрдісі басқаша, көпті көргендіктен олардың тəжірибесін ысырып тастауға болмайды, керісінше жұмыс барысында қарттардың ақыл-парасатын пайдалана білу керек. Тіпті, барлық компанияларда əлемге басқаша қарайтын сондай адамдар болуы керек деп ойлаймын. Бизнесте жəне өз қатарластарымыздың арасында қаншалықты мықты болсақ та, өмірлік тəжірибе жағынан үлкендерден асып, дана болмаймыз. Сондықтан жастардың аға буынға құлақ асқаны жөн. Егер өйтпесе, өзіндік қателіктер жіберіп, көп уақыт жоғалтып алады. Бізде «үлкенді тыңда, құрметте», – дейді емес пе?! Иə, бəлкім олар өмірлерінде айтарлықтай жаңалық ашпаған шығар, құны миллиондаған доллар тұратын компаниялар құрмаған шығар, алайда олар өмірдің өзін көрді. Сондықтан бізге міндетті түрде алдыңғы толқын өкілдерінің пікіріне құлақ асып, өмірлік құндылықтарға толы тəжірибесін бойға сіңіруіміз керек.
Өзіңізді өзіңіз ынталандырыңыз Кейде адамдар: «оқу керек екенін, алға жылжу керек екенін түсінемін, алайда өзіме билігім жүрмейді», – дейді. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Танымал коуч Брайан Трейсидің «Привычки на миллионы долларов» атты кітабында жақсы бір кеңес бар. Оның белгілі бір мəселелерді түсіндіруде пайдаланатын мысалдары, пайдалы ақпаратты сондай ұғынықты етіп жеткізетіні маған ұнайды... Егер 21 күн бойы күнде бір нəрсені жасасаң, ол кейін сенің ажырамас əдетіңе айналатыны дəлелденген. Түрлі жапондық əдістер бар. Мысалы, өз машығыңа айналдырғың келетін қандай да бір істі бастау керек, 20-30 секундтан басталсын, алайда күн сайын дəл бір уақытта жасау керек. Біршама уақыт өткеннен кейін ол секундтар жарты сағатқа, сағатқа, екі сағатқа созылады – сосын ол сенің қажеттілігіңе айналады. Сол себепті саналы түрде алға қойған мақсатыңа қол жеткізуге көмектесетін пайдалы əдеттерге машықтану керек. Олар: күнді кешегі кештен бастап жоспарлау, таңертең немесе ұйықтар алдында дамытатын кітаптар оқу, жұмысқа барар жолда көлікте ынталандыратын дəрістер тыңдау. Өзіңіз дамытқыңыз келетін əдеттердің тізімін жасап, күнделікті оны жасап бастауға кеңес беремін. Жетістікке жеткен адамдардың бəрі күнделік жазатын болған. Өз өміріңізді жоспарлап, əр күн сайын сол үшін кішкентай болса да қадам жасайтын болсаңыз, үлкен стратегиялық мақсаттарды бағындырасыз! Сонымен қатар армандарыңыз бен жоспарларыңызды қолдайтын адамдардың ортасында болу аса маңызды. Өмірде кейде сізді төменге тартатын жəне жетістікке жететініңізге сенбейтін адамдар кездесіп отырады. Мұндай жағдайда өзіңе деген сенімді, өз ісіңе деген сенімді жоғалтпау маңызды. Өмір жолында самғау да, құлдырау да болады, алайда ешқашан еңсеміз түспеуі тиіс. Өз-өзімізге бекем болып, мақсаттарымызға жетуге талпынуымыз керек. Сіздің шыңға шығатыныңызға күмəнданатындарға құлақ аспаңыз. Бұған қатысты менде «Шаян толы шелек теориясы» деген мысал бар. Қысқаша айтсақ, шаяндардың ақымақтығы соншалықты: олар шелектен бір-біреулеп оңай шығып кетер еді. Алайда, ішінен бір батылдауы шығуға талпынса, қасындағылар оны аяғынан тартады. Ал біздің өмірімізге бұл қаншалықты ұқсас? Мысалы, біреу шылым шегуді тастаймын десе, қасындағылар «бəрібір тастай алмайсың», – дейді де, шылым ұсынады. Немесе екінші жоғары білім алып жатсаң, əріптестерің «оны қайтесің, жұмыстан онсыз да шаршап жүрсің ғой», – дейді. Əсіресе, айналаңдағылар саған жиі нартəуекелге барасың (жолың болмайды, қабілетсіз, мұныңнан ештеңе шықпайды) деуі мүмкін. Адамдардың болмысы осындай. Алайда, сырттан келетін қысымға берілмеңіз, сізге сенетін жандардың ортасынан табылыңыз. Тіпті жүз адам артқа тартса да, алға тырмысып, мықты болыңыз! Мені қанаттандыратын үлгі боларлық адамдар Мені бəрінен бұрын өзім жекелей танитын адамдардың жетістікке жету жолдары қанаттандырады. Сондай үлгі боларлық кісінің бірі – өзім аса құрметтейтін, «Атлант-М» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Олег Хусаенов. Олег те мен сияқты Қостанайда туып-өскен. Алты жас үлкендігі бар. Ол өз əріптестерімен бірге ауадан бизнес тұрғызды, ал бүгінде Forbes нұсқасы бойынша, «200 ірі ресейлік компания» тізіміне кірді. Оның да инженерлік білімі бар жəне ол «жұлдызды» қызметкер емес, жүйелі бизнес құрды. Жүйелілікке байланысты Хусаенов «Порядок бьет класс» деген сөзді қолданады. Мұның мəнісі – егер сен тəртіппен жұмыс істейтін жүйе құра алсаң, ол уақыт өте келе бизнесті тек əкімшілік ресурстар, байланыстар, жарнама арқылы жасағысы келетін кез келген адамды басып озады. «Жүйесіз бизнес жұмыс істемейді», – дейді əріптесім, онымен толықтай келісемін. Сондықтан егер ірі бəсекеге қабілетті компания құрсаң, тиімді жүйені жасауға уақыт салу керек. Мен көп нəрсені соның өзінен жəне компаниясынан, əріптестерінен үйрендім. Біз жиі кездесіп тұрамыз, достығымыз бар, əрқайсымыз бір-бірімізден жаңа əлдене табамыз. Үлгі болатын тағы бір адам – ол жетекші еуропалық бизнес-жаттықтырушылардың бірі, «Salecraft» компаниясының негізін қалаушы əрі бас директоры Радмило Лукич. Өкінішке орай, өткен жылы дүниеден өтті. Ол корпоративтік сатылымды ұйымдастыру саласындағы ең табысты жаттықтырушылардың бірі болатын, мен одан сабақ алдым. Ол DEE MOLINAR, ORACLE жəне «АйТи» компанияларында «Жыл адамы» ретінде мойындалған, ісінің шебері болатын. Бізге коммерциялық бөлімнің сату жүйесін құруға сол кісі көмектесті. Мен біздің мамандардың сатылым бойынша білім деңгейін поскеңестік кеңістіктегі үздіктердің қатарына жатқызамын. Біз Радмило Лукичтің көмегімен мамандарды даярлаудың, аттестаттаудың жəне ішкі тренингтердің өзіндік əдістемесін жасап шығардық. Сонымен қатар, сатылым жəне клиенттермен жұмыс істеудің бірегей жүйесін құра алдық. Клиенттерімізді зерттегеніміз соншалықты, түрлі саладағы барлық технологиялық үдерістерді білеміз. Оның ішінде бізге тікелей қатысы жоқ шаралар да бар. (Мысалы, мұнайдың 92-ші жанармайға айналу барысы.) Нəтижесінде клиенттердің талабынан шығатын өнімді жасай алатынымызды білеміз жəне бұл олардың кəсіпорындарында дəл біздің шешімдердің қолданылуы керектігіне көз жеткізуімізге септігін тигізді. Біз көп нəрсені үйрендік, бастысы – қаншама компаниялар айтып қана қоятын дүниелерді жүзеге асырдық. Мысалы, кеңінен танымал сапа менеджменті жүйесі шын мəнісінде барлық компанияда жұмыс істемейді. Олардың кеңселерінде ISO-9000 дипломдары мен т.б. бар. Ал шын мəнісінде бұл жəй ғана қабырғада ілініп тұрған сертификаттар. Жүйенің өзін енгізбеген жəне пайдаланбайды. Ал бізде бұл жүйелік дүниелер бекітілген
жəне жұмыс істеуде, PMI жобаларын басқарудың тиімді жүйесінің жəне барлық үдерістер мен шағын міндеттерді Гантт диаграммасында ұйымдастырудың арқасында адами факторға тəуелділіктен құтыламыз. Сондай-ақ, бізде ARMAN компаниясында сатылымды бір жыл алға болжаудың бірегей жүйесі бар. Ал ТМД-да сатылымды бірлі-жарым компаниялар ғана болжай алады. Алға кетіп жұмыс істеу мен клиенттің бюджетіне ене білуіміздің арқасында жыл сайын жоспарланған жобалардың бірқатарына қол жеткіземіз жəне 80% ықтималдылықпен өз пайдамыздың көлемін білеміз. Тіпті девальвация кезінде де бізде сатылым бойынша болжамдар, өсімді көрсетеді. Мен оны мақтан тұтамын жəне біліміміз бен жүйелі жұмысымыздың нəтижесінде тұрақты өсуге қол жеткізіп отырмыз. Білім – ол күш. ЖЕТІСТІК КІЛТІ: Сапалы бизнес-білім алыңыз. Білім алуды жоспарлаңыз: портрет жасаңыз, неге ұмтыласыз, қандай құзыреттіліктер жетіспейтінін анықтаңыз жəне өсу жоспарын сызыңыз. Өзіңізге «Жетістікке жету Күнделігін» тұрақты түрде толтырып отыруды міндетті етіп қойыңыз. Бұған əр кеш сайын 10 минут арнасаңыз, жетеді. Күнді қорытындылаумен аяқтаңыз жəне келесі тəулікті ерте бастан жоспарлаңыз. Жаңа білімдер, жаңа байланыстар жəне жаңа мүмкіндіктерге ашық болыңыздар. Пайдалы əдеттерді жасап шығарыңыз. Ертең бос кеткен уақытыңызға өкінбеу үшін бүгін білім алыңыз.
Болашақты бағамдау. 4 Егер бірінші болғыңыз келсе, əлі ешкім жасамаған дүниені ойлап табыңыз. Болашақты бағамдау «Табысты бизнес үшін дəл уақытында керекті жерден табылу керек» деген пікір бар. Иə, тың идеяң болып, болашақта кірісі мол кəсіпке айналатын дүниені байқай білу маңызды, əрине. Мұнымен қатар өз күшіңе сеніп, жұмыс істеуді ертеңге қалдырмай, қазір бастау керек. Жетістікке жету тек бастапқы капиталға немесе тірегіңнің болуына байланысты емес, ең бастысы – жұмыс істей білу, нəтижені көздеу, бір жобаға бар ынтаңды салу жəне төзім. Мен əрдайым өзіме ұнайтын істі тауып, сол салада бірінші болғым келетін. Ұялы телефондарға қатысты бірінші тəжірибемнің сəтті болу себебі – сол жылдары бұл нарық енді ғана пайда бола бастады, ал ұялы құрылғыларды пайдалануға тек ауқатты адамдардың шамасы келді. Ұялы телефон əрбір адамның күнделікті қажеттілігіне айналатын уақыттың келетінін байқағандардың бірі – мен болдым. Осы идеяға үміт арттым. Өз ісіңді қалай табуға болады? Біз əрдайым Батыстың қалай дамығанына қарадық, қазір оларда сұранысқа ие нəрсе біршама уақыттан кейін бізде, Петерборда да танымал болатынын түсіндік. Түрлі бизнес-бағыттардың дүниеге куə болдым, алайда, көбінесе адамдар киім-кешек, азық-түлікпен айналысты, «сникерстер» əкелді... Менің кəсіпкерлік түйсігім «өз ісіңді табуың керек», деді. Сол жылдары ұялы телефондар сəнге айнала бастады. Ол кезде өлшемдері басқа, стандарты өзгеше, кірпіш сияқты үлкен əрі ауыр болды. Тіпті оларды өзіңді қорғау үшін пайдалануға болатындай еді. Əйтсе де, оған бірлі-жарлым адамның ғана қолы жетті. Мұндай қымбат дүниені пайдалану бедел саналды. Ұялы телефондарды уақытын үнемдеп, мəмілелер бойынша жылдам шешім қабылдау үшін байлар жəне бір қоңыраумен өмір мен өлім арасындағы мəселелерді шеше алатын қылмыс əлемінің серкелері пайдаланды. Ұялы телефондар бизнесі тіл табысудың арқасында басталды. Аспирантурадан кейін Қазақстанға оралған ағам мені өзінің оқытушы-əріптесінің ұлы, табысты бизнесмен Илья Кравцовпен таныстырды. Илья компьютерлермен айналысты, оның компаниясы өте танымал болатын, оған ресейлік телеарналардан жиі көрсетілген жарнамасы куə. Ол уақытта менің брокерлік бизнесім өрлеп келе жатқан. Сондықтан ол бірігіп, ұялы телефон бизнесін жүргізуді ұсынғанда, мен келістім. Оның үстіне, серіктесімнің жақсы таныстары, əріптестікке қатысты қызықты ұсыныстары болды. Оның неміс серіктестерінің бірі Ресейде ұялы телефон бизнесін дамытуды ұсынды. Əрқайсымыз өз үлесімізді қостық: мен ақша салдым, Илья орын-жай мен байланыстарын ұсынды, сөйтіп ортақ бизнесті дамыта бастадық. Мен бұл жобаның бүкіл жұмыстарын жасадым, Илья құрылтайшы болды. 1994-1998 жылдар аралығында біз көбінесе көтерме саудамен айналыстық. Телефондардан ол кезде Nokia, Ericsson, Motorola сынды маркалар танымал еді. Алайда, ұялы телефондар жаппай дамыған кезде олардың ешқайсысы бəсекеге төтеп бере алмады. Сол жылдардағы алыптардың кейбірі бұл саладан мүлдем жоғалып кетті. Адамдар атаулары жер жарған, жарнамасы мол компаниялардың сəнді телефондарына ұмтылса, нарыққа соңынан келген ойыншылардың өздерін аса кең ауқымда көрсетуге мүмкіндігі болмады. Сондықтан оларға сенімсіздікпен қарайтын. Мысалы, қазіргі үздіктердің бірі Samsung-ті ол кезде ұялы телефондардың өндірушісі ретінде мойындамайтын. 15 жылдан кейін бұл бренд нарықтың қомақты бөлігін иеленіп, үні басым болады деп ешкім ойламаған да еді. Samsung телефондары Ресейге кешігіп, 1999 жылы келді. Біз оларды алғашқылардың бірі болып, енді ғана құрылған қазандық ТАИФ-Телеком операторы арқылы шығара бастадық. Аталмыш оператордың басқарма төрағасы қазіргі танымал ресейлік бизнесмен жəне депутат Альберт Кашафович Шигабутдинов еді. Нарыққа шыққан ол, бағасы арзан жəне төлемді кешіктіріп жүргізуге болатын ұялы телефондар іздеді. Ал менде алғашқы ірі дистрибьюторлардың бірі ретінде Samsung-тан тауарлық несие болды. Осылайша, біз Ресейден əлі ешкім біле бермейтін жəне телефондардарға қатысты табысты келісімшарт жасастық. Мен үнемі Еуропада не болып жатқанын зерттеп жүрдім, сөйтіп болашақ мүлдем басқа болады, өмір сүру деңгейі біртіндеп өсіп, ұялы телефондарды барлығы қолданатын кез де келіп жетеді деген ойға келдім. Осы салаға қатысты журналдан бір мақаланы оқығанымда, бетбұрысты өзгертетін сəт туды. Телефон бизнесін дамыту мəселесінде ауқымды тұтынушылар нарығына шығуды ойға алдым. Өмірде бізге маңызды ақпарат жиі келеді: егер жанасын қабылдауға дайын болсақ, мүмкіндіктер өзінен өзі күн сайын пайда болып отырады. Тек дұрыс қорытынды жасап, аңысын аңду керек. 1998 жылы дағдарыс өршіп, нарықта не болып жатқаны, əрі қарай не істеу керектігі түсініксіз болып жатқанда, мен АҚШ-тың Dieceland Technologies компаниясының бір рет пайдаланатын телефондарды өндіре бастайтыны туралы естідім. Сол кездің өзінде телефон өндірушілер аппараттардың бағасын жүз доллардан елу долларға, яғни екі есеге дейін түсіруге тырысты. Бір күні əлемде əлдекімнің бір рет қолданатын шприцтар секілді, қолжетімді он долларлық бір рет қолданатын телефондарды өндіргісі келетіні туралы мақала көзіме түсті. Бұл менің санамда төңкеріс жасады жəне əрекет етуге түрткі болды. Əлдекім: «адамдар қызық, бір рет қолданатын телефон кімге керек, бір мəртеден кейін тастайсың ба?» дейтін болар. Мен бұл ақпаратты басқаша қабылдап, жаңа мүмкіндіктерді аңғардым: бұл ұсыныстың артында жаңа дəуір тұрды. Телефондар адамдар тіс щеткасын қалай пайдаланса, сондай қолжетімді зат болады. Əрбір адам оны күнделікті əдетке айналдырады.
«Назарды қарапайым адамдарға аудару керек» деп ойладым. Ал ондай кісілерді қайдан табуға болады, олар қайда жүреді? Олар метроға мінеді, дүкенге барады. Осылайша мен қолға алынбаған жаңа бір кəсіпті тауып, Ильяға метроның жанынан жəне басқа да адам көп жүретін жерлерде дүкендер желісін ашуды ұсындым. Бұл бұрын болмаған идея: себебі, біздің саладағы кəсіпкерлер ол кезде тек табысы жоғары адамдарға ғана мəн беретін. Ұялы байланыс дүкендері қымбат аудандардан ашылды, онда міндетті түрде көлік тұрағы болуы тиіс еді. Себебі, клиенттер тек темір тұлпарлармен жүреді. «Жаяу жүргіншілерді» ешкім сатып алушы ретінде қарастырған жоқ. Ал біз осы бір қымбат емес сегментке алғашқы болып қадам бастык. Бизнесімізді «қарапайым адамдарға» арнадық. Осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жасай бастадым. Мен адам көп жүретін жерлердің қожайындарымен келіссөздер жүргізіп, ұялы телефондарға арналған сөрелерді қоятын бес-алты шаршы метрлік орындарды жалдадым. Біздің ұялы телефондарымыз метроға кіре берістерде, гипермаркеттерде пайда бола бастады. Бұл идеямды айналамдағылар бірден қабылдап, түсінді дей алмаймын: метрoмен жүретін адамдардың ұялы телефон сатып ала алатынына ешкім сенбеді. Алайда, мен жұмысымды жалғастырып, нарықта өсуімді тоқтатпадым. Біз жақсы көрсеткіштерге жету үшін уақыт керек екенін түсіне отырып, идеямызды əдістемелі түрде енгіздік. Нарықтың əлі дайын емес екенін ескерсек, нəтижеге қол жеткізу үшін екі жылымызды жоспарлау мен жүйелі жұмысқа арнадық жəне қолымыздан келгенше өзіміз дүмпу туғызып, сəнге айналдырып, өнімімізге деген қызығушылықты арттырдық. Егер бизнес стратегия туралы айтсақ, біз тек арзан стендтерге қаражат жұмсадық. Қалғаны – тіл табысудың нəтижесі. Тауарды бизнесімізге сенген ірі көтерме саудагерлер өткізуге беріп отырды. Сатылым нүктелерін де сатып алғанымыз жоқ, аз-маз ақшаға жалдадық. Осылайша, қандай да бір қомақты қаражатсыз-ақ нарықтың едəуір бөлігін қамтып, ұялы байланыстың алғашқы желілерінің бірін құра алдық. Осы тəжірибемнен кейін, ісін жаңадан бастаған кəсіпкерлер үшін маңызды қорытынды жасадым: бизнесті бастау үшін көп ақшаның болуы міндетті емес. Ол үшін үш нəрсе жеткілікті – болашағы бар тамаша идея, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жайлы пайым жəне осы мақсатта көмектесе алатындармен келісе білу. Кəсіпкердің ерекшелігі де осында. Егер он адам шалшық суға қарап – тоғызы шалшықты көрсе, біреуі ғана айдың сəулесін байқайды. Сен барлығы қарайтын дүниелерге қарайсың да, басқалармен салыстырғанда одан да мол мүмкіндіктерді көресің. Өз ісіңіздің чемпионы болыңыз. Кімде кім жылдам əрі ерекше ойлай білсе, сол жеңіске жетеді. Мен ұялы байланыс дүкендерінің желісін құру бойынша идеямды үш жыл бойы, 1998-2001 жыл аралығында жүзеге асырдым. Тіпті, Стокгольм бизнес-мектебіндегі дипломдық жобамның тақырыбы «Ұялы телефон сатылымы бойынша желі құру» деп аталды. Осы уақыт ішінде біз жылдам ауқымды бизнес ашып, кейін оны тиімді шарттармен сатып жібердік. Мен ерте ме, кеш пе ақшасы, квоталары, өндірушілердің кеңселерімен байланыстары бар мəскеуліктер келіп, бəрін тік тұрғызатынын түсіндім, бірнеше жылдан кейін солай болды да. Біз ол нарықтан табыс тауып, ол өрлеп тұрған кезде пайдамен шығып кеттік. Нарықтан дер кезінде шығып кету – ол да өнер. Сондықтан кəсіпкерлер үшін бизнесті қалай бастайтыны жəне одан дер кезінде шығуы бойынша стратегия жасау өте маңызды. Бизнесті мына қасиетсіз бастауға болмайды. Ол – өз ісіңе деген құштарлық. Мейлі, кішкентай кəсіп немесе үлкен холдинг ашуды жоспарласаңыз да, құштарлықсыз бəрі бекершілік. Өз нарығыңды қалай жасау керек? Менен «немен айналысқан дұрыс, əлі ешкім игермеген қандай істі таңдаған жөн?», – деп жиі сұрайды. Алдымен бағытты бағамдағанда нарыққа мұқият болуға кеңес беремін: көбірек тындап, бар ықыласпен қарап, адамдарға жақын болып, олардың қажеттіліктерін түсіне білу қажет. Бизнес құруда бастысы, дəл осы нарық қажеттіліктері, яғни сұраныс ұсыныс туғызады. Нарықтағы қанағаттандырылмаған қажеттілікті табыңыз: қандай да бір жақсы өнім жоқ па немесе ол бар, алайда қымбат па немесе қолжетімді бағамен де бар, алайда оны жеткізуге қатысты қиындықтар болса – осы мəселені дамытумен жəне жақсартумен айналысыңыз. Идеяны бағалаңыз жəне өзіңіз үшін мынаны анықтаңыз: – бұл қажеттілікті қалай өтейсіз жəне оны бəсекелестеріңізден қалайша артық етіп жасайсыз (бағамен, қызметпен, ыңғайлылықпен, сапамен жəне т.б.); – өніміңіз немесе қызметіңіз оңай көшіріліп алынбас үшін қандай шара қолданасыз? (барлық қалған тілек білдірушілерте бұл нарыққа кіруге сауатты шектеу қою маңызды). Мен ұялы телефон бизнесінен шығып кеткенімде, жаңа мүмкіндіктер іздедім. Тағы да таныстарымның арқасында түрлі қызықты ұсыныстар алдым. Siemens өкілдігінде жұмыс істеген мəскеулік жігіттер сол кезде сандық диспетчерлік байланыс əлемінiң «Мерседесі» – Neumann Elektronik неміс компаниясымен бірге жұмыс жасауды ұсынды. Бұл істе мен өнеркəсіптік кəсіпорындарға арналған, посткеңестік кеңістікте əлі болмаған, жабдықтың делдалы болдым. Сол жылдары зауыттардағы диспетчерлік байланыс, кеңестік заманнан қалған аналогтық байланыс болатын. Мен нарықты зерттеп, талдап, ойландым, қарадым, қоңырау шалып, жан-жақтан сұрадым. Ресей
кəсіпорындарында сандық байланыс жоқ екеніне көзім жеткенде, мұның əлі ешкім игермеген іс екенін түсіндім. Ол кезде барлық өнеркəсіптік кəсіпорындар жақсы табыс тауып (мұнай-газ саласы, металлургия), өз зауыттарын қайта салу мен жаңғыртуға қаражат құйып жатқан. Ерте ме, кеш пе олар тек цехты ғана емес, технологияны да жаңарту керектігін түсінеді деп ойладым жəне оларға байланыс, яғни, біз керек боламыз. Бастапқыда бəрі оңай болған жоқ. Үлкен төзім керек болды. Бірінші жылы тапсырыссыз отырдық, бірде бір сөйлесу құрылғысы сатылмады. Нəтижесінде жобаны əрі қарай қаржыландыру үшін маған соңғы активім – «Большевиктер даңғылы» метро стансасының жанында орналасқан мұз сарайы маңындағы екі бөлмелі пəтерімді сатуға тура келді. Ол кезде тұңғыш балам дүниеге келген. Сол пəтерде үшеуіміз тұрғанбыз. Алайда, өзімнің отбасылық жағдайыма қарамастан, тəуекелге бел буып, пəтерді сатудан түскен ақшаны бизнеске, компанияны, қызметкерлерімді қаржыландыруға, жалдауға жұмсадым. Соның бəрі алғашқы келісімшарттарға жету үшін, істі қолдау үшін жасалды. Бір жыл жұмыс істеген соң ғана алғашқы келісімшартқа қол жеткіздік. Біздің сандық құрылғылардың қажеттілігіне адамдардың көзін жеткізіп, «Омбы МӨЗ-бен» келісімшарт жасастық. Бұл бизнес ТМД-да бұрынсоңды болмағандықтан, аталмыш құрылғының қажеттілігіне адамдардың көзін жеткізе отырып, сұранысты жасадық. Қазір ол құрылғылардың ыңғайлы, сенімді, қызмет көрсету мен пайдалануда жайлылығы соншалықты, кəсіпорындар оларсыз қалай өмір сүргендерін елестете алмайды. Біз неміс қондырғысының жай дистрибьюторы ретінде бастап, кейін оны өндірудің аса қиын емес екенін байқадық. Бізде тапсырыс берушілер əртүрлі, сондықтан кейде ерекше қызметтерді талап етеді. Оларға арнап дара өнім жасап, нақты клиенттің қажеттіліктеріне орай өз бағдарламаларымызды жаза бастадық. Бұл бізге алға жылжуға көмектесті. Жаңа технологиялар, жаңа процессорлар, жаңа чиптер нарыққа əрбір жарты жыл сайын шығып отырды, ал біздің негізгі шетелдік бəсекелестеріміз оларды баяу енгізді. Батыстағы басты ойыншылар бар жағдайларын жасап алып, асықпай еңбектерінің жемісін жеумен болды. Жыл сайын жаңа өнім шығаруды ойға алмады. Ал жас əрі белсенді біздер жабдығымызға тезірек жаңа қызметтер енгізуді ойладық. Соның нəтижесінде көп ұзамай, осы нарықтың үздіктерінің біріне айналдық. Салаға қызығушылық туғыза отырып, барлық артықшылықтарды жинап алуға болады. Егер бəсекелестерді үнемі көшіріп отырсақ, олар ұдайы жаңа əлдене ойлап табады да, бəрібір алды шығып отырады. Сондықтан өзіңдікін ойлап тапқан маңызды. Бұл ең оңай жол емес, алайда өзінің қызығы да бар! Мен жылдар өте келе жаңа əлдене ойлап табу арқылы тек саланы ғана емес, белгілі бір дəрежеде əлемді өзгертетінімді түсіндім. Қазір біздің компания өз жабдықтарын өндіреді, оны бүкіл əлемге таратады жəне технология саласында үздік болып табылады. Бұған қуанамын. Біз өз беталысымызды жасаймыз! Өзгелер салған «соқпақ жолмен» емес, өзіңізге ғана сеніп, көп тер төгу қажет. Кез келген бизнес- жобаның сəтті жүзеге асуының кепілі осы. Серіктестерді қалай дұрыс таңдау керек? Жаңа бизнес бастағанда жақсы серіктестердің болуы маңызды. Мен ARMAN компаниясын құрғанда Стокгольм бизнес-мектебінде оқып жүрдім. Ол кезде технологиялық байланысты ілгерілететін бизнес құру туралы ой болды. Менімен бірге көптеген жігіттер оқыды, олардың əрқайсысы өзінше бір жетістікке жеткен адамдар. Солардың бірі Юрий Маркеловке бірге жұмыс жасауды ұсындым. Ол сол кезде бір компанияда логистика менеджері болып жұмыс істейтін. Мен ұялы телефондармен айналысып жүргендіктен, уақытымның көп бөлігін соған арнадым. Сондықтан маған жаңа кəсібімнің атқарушылық бөлігін өз мойнына алатын адам керек болды. Менде идея, байланыс, таныстар, өндірушімен келісім жəне ақша болды. Ал оның міндетіне осы бизнесті дамыту, нарықты талдау, клиенттерді іздеп-тауып, сату кірді. Юрийдің техникалық білімі болғанымен, бизнес-мектептің үздік оқушыларының бірі болғанына қарамастан, логистика менеджері ретінде, ол бұл саладан алыстау еді. Оның компанияны басқаруда тəжірибесі аз болатын. Алайда, менің оны серіктес ретінде таңдаған себебім – жоғары кəсіби шеберлік қасиеттерімен қоса, сенімділігі, тəрбиелілігі жəне жылдам үйренетіні ұнады. Оған істі қорықпай сеніп тапсыра алдым. Серіктестер мен қызметкерлерді таңдағанда мен кəсіби машықтарымен қатар əрдайым адамгершілігі мен сенімділігіне мəн беремін. Бизнес-мектепте жасалған түрлі қызықты ұсыныстарға (оның ішінде Sony-ден ұсыныс) қарамастан, Юрийдің біздің жаңа іске келуге келісім бергеніне алғысым шексіз. 90-шы жылдары халықаралық білімі бар мұндай үздік мамандар саусақпен санарлық еді, сондықтан да оларға сұраныс үлкен болды. Алайда маған сенім білдірді, міне арада 15 жыл өткенде өз таңдауына өкінбегенін айтады. Қазіргі таңда Юрий ARMAN компаниясының құрылтайшысы болып табылады жəне холдингтің Қазақстандағы жаңа энергетикалық бағытын басқарады. Біз отбасыларымызбен араласамыз, жиі бас қосамыз. Өзімен бір институтта оқыған оның əйелінен курстастары кездесулерде «дəл осы Маркеловқа тұрмысқа шығу керектігін, оның үлкен адам болатынын қалай білдің?» деп сұрайды екен. Сонда ол: «мен Юрийді қолға алған ісіне жан-тəнімен берілетіндігі жəне нағыз кəсіби шеберлігі үшін құрметтеймін» депті. Оны мақтан тұтатын осындай тамаша, тату отбасының бары қуантады. Серіктестерді таңдағанда мен кейіннен дос болып кете алатын жақсы адамдармен іс бастауға кеңес беремін. Өкінішке орай, достыққа құрылған бизнес оң нəтиже бермей жатады, сондықтан жақсы іскерлік қарым-қатынастар орнауы тиіс, ал егер жұмыс барысында бір-біріне түсіністік танытып жатса – сол кезде достық орнатуға болады деп ойлаймын. Егер бизнес – достар немесе туысқандар арасында басталса, кімнің немен айналысатынын айқын белгілеп,
кімге қандай жауапкершілік жүктелетінін жəне мақсаттарды анықтап, əрбірінің жұмысын бағалайтын басты көрсеткіштерді белгілеу керек. Өз тəжірибемнен айтсам, кімнің неге жауап беретінін, бірлесіп қандай көрсеткіштерге жететінімізді, белгілі бір жағдайда қандай əрекет жасайтынымызды ең бастапқыда келісіп алу керек. Жəне кəсіпорынның қандай шарттармен құрылатынын, əрқайсысының қандай активпен кіретінін, кəсіпорыннан қалай шығу керектігін жарғыда жазу керек. Сол кезде егер белгілі бір уақыттан кейін кəсіп берушінің көңілінен шықпаса немесе басқа ұсыныс алса жəне кеткісі келсе, компания одан зардап шекпейді. Меншік иелерінің бірі бизнестен кетсе де, табысты жұмыс істеуін жалғастырып келе жатқан көптеген компаниялардың жетістігінің кепілі осында. Жасалған дүниені бұзбау керек! Кəсіпкерлер үшін қандай білім маңызды? «Даму» қорының тəуелсіз директоры ретінде мен Қазақстан халқының 50 пайызы тұратын өңірлерді, аудан орталықтарын, елді мекендерді аралаймын жəне өңірлік бизнестің нарық қажеттіліктеріне бағытталмағанын көремін. Кəсіпкерлер жиі бір істі бастайды да, уақыт өте келе өнімдерінің тұтынушыға керек емес екенін түсінеді. Ал бизнес табысты болуы үшін тың істі, стратегияны, бизнес-жоспарды, бəсекелік артықшылықтарды, өтелімді, ілгерілеу мен персоналды оқытудан бастау керек. Біз өзіміз белгілі бір жаңа бағытты ашқанда, істі осылай бастаймыз. Меніңше кəсіпкерге міндетті түрде MBA бағдарламасының базалық білімдерін меңгеру керек. Стратегия, маркетинг, персоналды басқару, қаржы, ақпараттық технологиялар, корпоративтік басқару – бұл кəсіптің негізі. Əрі қарай əркім қоржынын дəл өзінің бизнесіне қажетті білімдермен толықтырады. Бұл ретте əлемнің қазiр ITбағытқа қарай ойысып бара жатқанын айтып өткім келеді, болашақта IT-салада аз салыммен көп табыс табуға болады. Кəсіпкерлер үшін гуманитарлықтан гөрі, инженерлік білім көбірек керек деп ойлаймын. Себебі осындай адамдардың арқасында логика құрып, барлығын құрылымдап, белгілі бір заттарды есептеуге болады. Менің байқауымша, табысты кəсіпкерлер көбінесе инженерлердің ішінен шығады. Сондықтан ата-аналарға балаларын алдымен техникалық, инженерлік білім алуға бағыттауға кеңес беремін, ал гуманитарлық білімді кейін де ала жатуға болады (бала дарынды гуманитарий болған жағдайды қоспағанда). Кəсіпкер – басқа адамдарды ізінен ерте алатын адам, идеялар иесі жəне компаниядағы коммуникатор. Көшбасшылық қасиет, өз əрекеттерің үшін жауапкершілік алу сияқты қандай да бір машықтарды дамытуға болады. Алайда нарықты сезіну, нұсқаларды ойластыру, тəуекелге бел бууға қорықпау, күйреуге дайын болу сияқты қасиеттер туа бітеді. Құйған инвестицияның ең жақсысы – өз санаңды дамытуға арналғаны. Ал бизнестің ең жақсысы – осы күнге дейін ешкім шұғылданбаған кəсіп. Дегенмен компанияны басқару үшін бір ғана идея мен тіл табыса білу жəне шешім қабылдай білу өте аз. Идея ойлап тауып, оған басқаларды қызықтыратын, алайда бизнесті ұйымдастыра алмайтын, оны тиімді жұмыс жасата алмайтын адамдар болады. Мұндай генератор адамдарға жүйелі ойлайтын адам, екінші серіктес керек. Табысты жұмыс істеу үшін өзіңнің мықты жəне əлсіз тұстарыңды білу жəне серіктес ретінде сенімен тең түсетін, керек жерде сені күшейтетін адамды таңдау маңызды. Тепе-теңдік болуы тиіс. Мысалы, Юрий екеуіміздің жағдайымыз осындай. Ол біздің бизнесте менің қызуқандылығымды тежейтін адам. Жаңа идеяларға шамадан тыс беріліп кеткенімде, ол: «Серікбай, сенде 33 ұсыныс бар, біреуіне тоқтау керек!», – дейді. Кəсіпкер үшін көшті бастап, команданы алға жүруге қанаттандыра білу маңызды. Менің атқарушылық жұмыспен айналыспағаныма бес жылдың жүзі болды, мен үшін басшы ретінде өкілеттіліктерді басқаларға жүктеу, жігіттерге компанияда өздерін көрсетуге мотивация болатындай, өсуіне мүмкіндік беру маңызды. Сол кезде олар бізден кетуді қаламайды, бірге Көшбасшының міндеті – жаңа көшбасшыларды тəрбиелеу деп санаймын. Егер ол тəрбиелемесе, оларды қанаттандырмаса демек ол көшбасшы емес. Бəрін өзің жасауға тырысудың, бақылаудың, қолыңнан шығарып алудан қорқудың керегі жоқ. Кəсіпкелердің міндеті – қызметкерлерге көбірек мүмкіндік беру, оларға бақылаушы болмай, ресурс бола білу. Мен компанияның атқарушылық жұмысына араласпаймын, себебі көптеген қызметкерлеріміз біздің мектептен өткен жəне бизнесті қалай жүргізу керектігін біледі. Əрине, арасында менде қандай да бір ойлар, идеялар пайда болғанда, жұмысымыздың тиімділігін арттыру үшін қызметкерлермен ой бөлісемін. Солай бола тұра əрдайым нəтижені тексеремін. Егер біз бір жылға қандай да бір көрсеткіштерді жоспарласақ, тоқсан сайын оны тексеріп отырамыз жəне бұл тек пайда туралы мəліметтермен шектелмейді, мен əртүрлі көрсеткіштер бойынша қараймын. Компанияның тиімділігін ұдайы арттыру үшін бірнеше фактордың болуы маңызды. Əрдайым бір жылға оптимистік жəне пессимистік бюджет құрыңыз жəне қаражатты пессимистік бюджет аясында жұмсаңыз, кемінде алғашқы алты айда. Ал егер жарты жыл өтісімен табыстарыңыздың оптимистік болжамға жақын екенін байқасаңыз, пессемистік бюджеттің аясына шығып, көбірек қаражат жұмсауға болады. Ақшаларыңыз сатылмай қалған тауарлар түрінде жатпай, сізге жұмыс істеуі үшін қоймадағы айналымды көбейтіңіз. Мүмкіндік болғанда кредиторлық берешекті арттырыңыз, төлемдерді кешіктіру мерзімін ұзарту туралы келісіңіз. Ең тиімді стратегия – ол басқа адамдардың ақшасына жұмыс істеу. Ал дебиторлық берешекті тезірек алуға тырысыңыз, ақшаңыздың «ауада қалықтауына» жол бермеңіз. Сонымен қатар бизнесмендерге компания қызметін: шоттардағы қалдықтарды, шикізат сатып алу құнын
тексеретін, түгендейтін, сапа бақылауын жүзеге асыратын ішкі аудиторларды пайдалануға кеңес беремін. Ішкі аудиторларды пайдалану сiздерге өз компанияңыздың ахуалы туралы сенімді ақпаратты көруге мүмкіндік береді. Бизнесіңнің тамыр соғысын сезіп отыру үшін ұдайы мына үш аспектіні тексеру керек: – қаржылық есеп-қисап (пайда мен шығын туралы есеп, баланс, ақшалай қаражаттың қозғалысы); – қызметкерлердің қанағаттануы; – клиенттердің қанағаттануы. Жылына екі рет мен жалпы жиналыстарда барлық қызметкерлермен кездесемін, олармен тілдесіп, сұрақтарымды қоямын, компаниядағы ұжымдық атмосфераның дұрыстығына көз жеткіземін. Сонымен қатар ұдайы сервистік бөлім арқылы кері байланысты, біздің өнімімізге қаншалықты көңілдері толатындарын білу үшін клиенттеріміздің ұсыныстары мен пікірлерін зерттейміз. Қаржы, нарық жəне қызметкерлер – компания жұмысына баға беретін үш негізгі көрсеткіш. Жақсы жұмыс істеп, жақсы демалыңыздар. Кəсіпкердің жұмысы аптасына жеті күн, тəулігіне 20 сағатқа дейін созылады. Ал кімде кім жақсы жұмыс істесе, ол жақсы əрі сапалы демалуы керек. Көптеген бизнесмендер демалысқа уақыт қалмайды деп шағымданады, бұл мəселеде де жоспарлай білу маңызды. Уақыт жетіспеушілігіне байланысты барлық мəселелер тек жоспарлаумен жəне уақытты тиімді пайдаланумен шешіледі. Ғалымдар спорттың еңбек өнімділігіне оң əсер ететінін дəлелдеген. Билл Гейтс, Опра Уинфри, Ричард Брэнсон өз сұхбаттарында жұмысбастылықтарына қарамастан, таңертең үйден шықпас бұрын, міндетті түрде жүгіретіндерін айтады жəне оны жасайтын себебі – дене дайындығы оларға биіктен көрінуге көмектеседі. Ал дене жаттығуларына уақыт жоқ дейтін адамдар бұрынғыша шаршап, жұмыс орнында тиімсіз сағаттарын жоғалтуын жалғастыра береді. Жаттығулардың арқасында күрделі мəселелер жеңілірек шешіледі, жұмыс жылдамырақ жүреді, бұрынғыдай күннің ортасында шаршау деген болмайды. Табысты адамдар ғана əрдайым жаттығуға уақыт табады. Мен күнделікті спортпен айналысуға, жоқ дегенде жаттығу жасауға тырысамын. Сингапурда болған кезімде бассейнде жүземін, ол барлық заманауи тұрғын үй кешендерінде қарастырылған. Бұл денеңді босаңсытып, тепе-теңдік сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар керілу жаттығуы – стретчингтің көмегімен өзімді сергек ұстауға тырысамын. Көп ұшатындықтан, қонақүйлердегі жаттығу залдарын пайдаланамын. Жалпы денсаулық – біздің басты өмірлік құндылықтарымыздың бірі деп санаймын. Денсаулықсыз өмірде ешнəрсеге қол жеткізе алмайсың. Егер спортшы чемпиондар лигасы алдында дене дайындығын ескермесе, жеңімпаз атану мүмкіндігінен айырылады. Өмірде де солай. Егер денсаулығыңа мəн бермесең, маңызды келіссөздерді немесе тағдырыңызды шешетін кездесуді жай салқын тигізіп алу салдарынан жіберіп аласың. Ашығын айтсам, ауырып қалғандықтан белгіленген кездесулерді кейінге қалдыратын адамдарды ұнатпаймын. Міндетті түрде денсаулығыңызға көңіл бөліңіз, сол кезде бəріне үлгересіз жəне табысты боласыз. Өзім күнделікті жаттығулардан басқа, ағзамды шынықтырамын, аптасына бір рет моншаға барып, міндетті түрде төбемнен салқын су құямын немесе бірден мұздай купельге сүңгимiн. Сонымен қатар ай сайын үш күн бойы тек қана су ішіп, ағзамды тазалаймын. Бұл менің тəнімнің ғана емес, жанымның да өзін жақсы сезінуіне көмектеседі. Осылайша, қуаттанып, жігерлене түсемін. Мүмкіндік болғанда тауға шығамын. Достарымызбен жылдың кез келген мезгілінде өзендер мен сарқырамаларға түсуді əдетке айналдырғанбыз. Жаяу серуендеуді, аңға шығуды, балық аулауды жақсы көремін, табиғат аясында қуат аламын. Ол ойыңды бөліп, күйзелісті жеңуге көмектеседі. Көзің сұлу табиғатқа қарап, демалғанда, миың да тынығып, тың ойлар келеді. Демалыс күндері жұмыс істемеуге тырысамын, алайда ұялы телефоным əрдайым қосулы тұрады. Сенбі жəне жексенбі күндері белгілі бір елге қысқа уақытқа келіп, барлық жоспарланған кездесулерге үлгеру керек болғандықтан ғана адамдармен жолығуым мүмкін. Алайда қатты шаршамауға тырысамын, мысалы сенбі күні жарты күн жұмыс істеп, ең көбі үш кездесу өткіземін. Алайда, асқан қажеттілік болса, күні бойы жұмыс істеуім де мүмкін. Көп жағдайда демалыс күндерін поштаны іріктеуге қалдырамын. Қызметкерлер мен серіктестерге жауап беріп, іске қосылған белгілі бір жобаларды бекітіп, ағымдағы жұмыстарды тексеремін. Бизнесті бастағанда, жаңа өмір ырғағына дайын болу керек. Табысты адам қайнаған жұмыс күндері мен демалыс кезінде өзін өзі дамытуға, кітап оқуға, қызықты істермен айналысуға уақыт табуы тиіс. Ол бар уақытын тек жұмысқа арнамай, сонымен қатар отбасына, денсаулығына, дамуға, демалуға уақыт бөліп, өмірін тепе-теңдікте ұстайды. Қазір арасында Қазақстанға келгенде көп адамдардың вокалмен айналыса бастағанын байқаймын. Бұл – өзіңді ашудың, қарбалас тірліктен сергудің тамаша тəсілі. Əн айтқан менің өзіме де ұнайды. Алдағы уақытқа вокалдан, латынaмерикалық биден бірнеше сабақ алуды жоспарлап отырмын. Өмірден лəззат алу – сүйікті іс пен қызықты хоббидің арасындағы тепе-теңдікті сақтау. ЖЕТІСТІК КІЛТІ: Жалпыəлемдік беталыстарды зерттеңіз, əлі бізде дамымаған өнімдерді, істерді іздеңіз. Саладағы өз өніміңіз бен қызметіңізге деген қызығушылықты туғызыңыз. Жақсы серіктес табыңыз немесе жаңа көшбасшылар тəрбиелеңіз.
Ішкі аудит пен нəтижелерді бақылау арқылы бизнесіңіздің тамыр соғысын байқап отырыңыз. Достарыңызға, бірге демалуға, хобби мен спортқа уақыт бөліңіз. Адамдарға көңіл бөліңіз, оларды қанаттандырып, ынталандырыңыз, ойын ережелерін құрастырыңыз.
Өз ісіңді бастағанда 5 Кəсіпкердің жолы – бұл ұдайы самғаулар мен құлдыраулар, алайда əлсіздер ғана мұқалады, мықтылар алға жылжуын тоқтатпайды. Өз ісіңді бастағанда Адамдардың барлығын соңына дейін егжей-тегжейлі ойластырмай, өздеріне тартымды əрі пайдалы көрінген идеяның соңынан еріп, бизнес бастап кеткенін жиі көремін. «Даму» қорының тəуелсіз директоры ретінде мен өңірлердегі кəсіпкерлерге жиі барамын. Олар шығындарды қалай төмендетуді, бəсекеге қалай төтеп беруді, өнімдерінің нарықта неліктен сұранысқа ие емес екенін көрмейді. Зауыт салады, ал өнім сатылмайды... Мұндай жағдайға тап болмас үшін нарықты алдымен жақсылап зерттеуді ұсынамын. Алдымен жəй қандай да бір өнімді сатып, клиенттік базаны жасап, ол тауардың сұранысқа ие екеніне көз жеткізу қажет. Ал кейін ол өнім өтіп жатса, екінші кезеңді бастап, сол өнімнің баламасын өндіруге болады. Өз компаниямызда біз дəл осындай стратегияны пайдаландық. Клиенттеріміздің не қалайтынын түсініп, дайын тұтынушылық база арқылы, сатылымды ұйымдастырып алғаннан кейін технологиялар мен өзіндік өндіріске қаражат салдық. Бизнес көңілімнен шығып əрі пайда əкелсін десеңіз, болашақта көп шығынға ұшырататын қателіктерге ұрынбау үшін барлығын егжей-тегжейлі ойластыру керек. Жаңа кəсіпті қалай бастау керек? Ұялы телефон бизнесінен кеткеннен кейін мен қауіптері аз, кəсібіңді бəсекелестер көшіріп алмайтындай жəне сол уақытта өршіп тұрған басқыншылыққа төтеп беретін кəсіпті іздедім. Сандық диспетчерлік байланыс идеясын тапқаннан кейін оның болашағы үлкен екенін байқадым. Бұл істің оңды тұсы: оны дамыту үшін көп уақыт пен күш салу керек, сондықтан ешкім айналыса қоймайды. Бұл нарыққа ену үшін үлкен кедергі еді. Ешкім бүкіл Ресейді аралап, ұшақпен мыңдаған шақырымды артқа тастап, өнеркəсіптік қалаларды аралап, зауыттармен кездесулер өткізіп, оларға жаңа беймəлім тауар сата қоюы екіталай болды. Барлығы өз қаласының үйреншікті атмосферасында өмір сүріп, киім, сусын, опа-далап сияқты артық күш салмайтын сұранысқа ие тұтынушылық тауарларды сатумен айналысқанды қолайлы көрді. Алайда, дəл осы үйреншікті аядан шығумен байланысты стратегия бізге ең үлкен жемісін əкелді. Көп адамдар кəсіпкерлікке дайынбыз деп ойлайды. Өз бизнесін бастаудың тек жақсы жақтарын көреді: кəсіпкерлер ауқатты тұрады, бақытты, табысты, саяхаттайды, жұмыс кестелерін өздері белгілейді... Алайда соңдарынан адам ерту жəне өз ісі үшін барлығын құрбан ету қолдарынан келе ме?! Мен тəуекелге бел будым, бар ақшамды – ARMAN-ды ашу үшін тұтас бір жылымды арнадым. Бұл өте күрделі жыл болды, көп нəрсені жасап, əлі нəтиже көрінбеген жолдың қиын бөлігі болды. Жаңа кəсіп бастаған əркім дəн еккенде, оның бірден емес, уақыт өте келе жеміс беретінін есте сақтау керек! Төзім қажет. Істі бастау мен алғашқы нəтижелер арасында əрқашан белгілі бір кезең бар. Бұл əсіресе В2В бизнесінде солай. Оның бөлшек саудадан айырмашылығы көп. Егер шай немесе балмұздақты қазір, осы жерде сатсаңыз, корпоративтік сатылымдар үшін уақыт маңызды. Бұл менің аталмыш саладағы алғашқы тəжірибем болатын, себебі бұрын бұл салада жұмыс істемегенмін, сондықтан уақыттың қаншалықты маңызды екенін түсінбедім. Жаңа шешім үшін мыналар маңызды болды: 1) алдымен клиенттердің қажеттіліктерін анықтап, оларға жаңа өнімді таныстырып, бюджеттеріне кіру; 2) мүмкіндіктерді қарастыру; 3) коммерциялық ұсыныс жасау; 4) өнімді жобалық институтта жобалау; 5) мемлекеттік сараптамаға келісуге беру; 6) өнімнің өндірісін жүзеге асыру; 7) клиентке өнімді жеткізу; 8) салу-орнату жəне іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізу; 9) орнатылған жабдықты кəсіпорындағы барлық жауапты қызметтерге жəне бақылаушы мемлекеттік органдарға тапсыру. Мен басынан бұл шараларды жүзеге асыруда уақыт жағынан кешеуілдеу болатынын қарастырмадым, сол себепті де компанияны əрі қарай қаржыландыру үшін пəтерімді сататын жағдайға тап болдым. Бұл мен үшін өте жақсы сабақ болды. Жақсы жетекші өзгелерді өзіне тарта отырып, олардың бойындағы бар жақсы қасиетін аша білуі тиіс. Əрі идеялық шабыттандырушы болуы қажет. Бизнесім қаланған бұл кезеңдегі екінші маңызды мəселе – көшбасшы алдымен өз ісіне деген сенімін сақтап, командасын қанаттандыруы тиіс. Адамдарға сенім ұялатып, олардың салы суға кеткенде қолдау көрсету үшін өзіңде ресурс болуы тиіс. Команда əрдайым өз ісіне сенетін жəне межесін білетін адамның ізінен ереді. Алғашында бір жыл бойы бізде бір жыл бойы бізде мүлдем сатылым болмаған кезде, көптеген қызметкерлер жабдығымыз енді өтпейді, оны сата алмаймыз деп ойлап, берілуге дайын болды. Мен олармен сөйлесіп, бұл мəселенің уақытша екенін, сұраныс болмауы өнімнің бұрын-соңды шығарылмауына байланысты екенін, нарыққа əлі пісіп-жетілу қажеттігін түсіндіруге тырыстым. Тек əрі қарай қозғала беру керек болды. Əрине «құрғақ қасық ауыз жыртады». Құр сөзбен адамдарды канаттандыру мүмкін емес. Нақты істер керек. Пəтерімді сатып, ақшаны бизнеске салуым, қызметкерлерім үшін, менің бұл іске деген сенімімнің көрсеткіші болды. Барлығы ортақ ісіміздің өрлейтініне қаншалықты сенетінімді түсінгеннен кейін күрделі кезең аяқталды. Əлемдік статистикада көптеген кəсіпкерлер жолдың 90 пайызын өтіп, нəтижені күтуден шаршап, беріле салады. Одан кейін олардың орнына қалған 10 пайызды өтетін əлдекім келеді де, табысқа кенеледі. Сондықтан
берілмеу керек. Қараңғы түннен кейін жарқырап күн шығады. Егер өз ісіңе сенсең, соңына дейін бару керек. Ал жаңа бизнес бастасаң, алғашқы жемісін бергенше біраз уақыт өтетініне дайын бол. Сонда көшбасшының өзі күш-жігерді қайдан алмақ? Əрине «менікі ең керемет идея, ол міндетті түрде табыс əкеледі» деп соқыр сеніммен өмір сүруге де болмайды. Талдау жүргізу қажет. Мен өз ісіме сендім, себебі жағдайды талдап, өнімімнің керек екеніне көз жеткіздім. Егер сіз нарықты зерттеп, бəсекелестерді көріп, өнімді танып оны қанша адам сатып ала алатынын есептесеңіз жəне тауардын сұранысқа ие екеніне көз жеткізсеңіз, сіздің кəсібіңіз міндетті түрде өрлейді. Егер сіз адамдарға қолжетімді бағамен сапасы жақсы өнім ұсынсаңыз жəне əлденені бəсекелестерге қарағанда жақсырақ жасасаңыз (жылдамырақ, сенімдірек, ыңғайлырақ) – нарықта үлесіңіздің болары сөзсіз. Жаңа істі қолға алғанда сатып алушылардың түрлі санаттарға бөлінетінін түсіну маңызды: – ең жаңа мен озықты қалайтын новаторлар – олар аз; – əрдайым бір нəрсені сатып алуға үйренген консерваторлар; – прагматиктер, эстеттер, пікір көшбасшылары. Олардың əрқайсысына жол табу керек. Тек өз клиентіңізді табуыңыз керек. Егер сіз бəсекелестерден ерекшеленіп, сатып алушыларға артықшылық ұсынсаңыз, міндетті түрде жетістікке жетесіз. Бизнесте өз идеяңа деген сенім іс жүзіндегі аргументтерге негізделуі тиіс. Бастысы: жетістік кепілінің 50 пайызы жоспарлауға байланысты. Егер өз стратегияңды сауатты жоспарласаң, барлық қажетті ресурстар мен адамдарды тартсаң, бизнесіңнің үлгісін анықтасаң, содан кейін ғана іс бастасаң, бəрі міндетті түрде сəтті болады! Нартəуекел ARMAN компаниясын ашқан кезімде пəтерімді сатуға мəжбүр болғаныммен қаражаттың жетіспеуінен басқа, өмірімде өзге де маңызды жəйттер болды. Ұлым дүниеге келді, отбасы үшін жауапкершілік артты. Дəл сол кезде бəсекелестермен кезекті тартыстан кейін мен жансақтау бөліміне түсіп, ауруханада тұтас бір ай жаттым. Барлық жəйттер бір жылдың ішінде болды. Бəріне бірден төтеп беру, бизнесті дамыту, бала өсіру, денсаулықты түзеу оңай болмады. Беріле салатын сəт еді. Адамдардың көпшілігі солай істер еді, алайда мен нені қолға алсам да, соңына дейін жеткіземін. «Бізді өлтірмегеннің бəрі бізді мықты ете түседі» демей ме? Үлкен түйткілдерді еңсере жүріп, шынығасың, өмірлік сабақ аласың. Қандай да бір əрекеттер жасаудың орнына жайбарақат отырып, өмірге шағым айтатын адамдарды шынымен түсінбеймін. Ешкім ешкімнің қайғысына бас қатырмайды, əркімнің қиындығы өз басына жетерлік. Басқа адамдарға «жылап-сықтаудың» мүлде мəні жоқ. Қиындықтарды еңсеріп, алға жүру керек, ең үздік стратегия осы. Өмірімде қиындықтарымды біреу шешіп берген емес. 90-шы жылдары ажал құша жаздаған кездерім көп болды. Бірде үйге қайтып келе жатқанмын. Кіреберістің есігін ашсам, ұзын қара плащ киген бір жігіт тұр. Ол кезде адам өлтіру оңай болып кетті. Баскесерлерге сынақ ретінде ешбір кінəсі жоқ бейтаныс біреуді өлтіруді тапсырады. Егер ол «сынақты» тапсырса, оған келесі ақысы төленетін «тапсырыс» береді. Сондықтан əлгі адам қолын қалтасына салған күйі мен жаққа қарай қозғалғанда, қазір не боларын ұқтым. Қайта көрер жарығым бар екен, шешуші сəтте лифті келді де, одан адамдар шықты. Ал даладан басқа адамдар кіре бастады, сөйтіп қозғалыс басталып кетті. Баскесер шаруасын тындыра алмайтынын біліп, жылдам шығып кетті. Кейін таныстарымның бірін қорқыту үшін мені «нысанаға» алғанын білдім. Біреулердің арасындағы жəйтқа қатысым жоқ мен, кезінде ол адаммен бірге жұмыс істегенім үшін ғана құрбан болып кете жаздадым. Əлгі адамдар лифтіден бір-екі секундқа кеш шыққанда мен осы кітапты қазір жазып отырмас едім. Сол кезде Құдай сақтап қалды. Алайда, осыған ұқсас жағдайлар басымнан бірнеше мəрте өткен. Сол бір ауыр кезеңдерде көп адам үшін құндылықтар азайды, ешкімді ештеңе тежемеді. Адамдарды көлік, былғары күртеше үшін, тіпті себепсіз ұрды, жарымжан етті, өлтіріп те кетті. Бұзақылар елді биледі. Осындай аласапыран заманда адамдардың жүрегіне өлтірме, ұрлама деген басты қағидалардың жетуі бір Жаратқанның ісі шығар. Мен сол ортада өмір сүрдім, керек кезде қорғандым. Мені бұл шынықтырды, алайда өмірімнің тұтас бір кезеңі үнемі қауіп-қатермен өтті. Мені қазір білімді, зиялы, халықаралық дəрежеде бизнеспен айналысатын кəсіпкер ретінде танитын адамдар, өткен өмір мектебім туралы естігенде, таң қалады. Алайда, қазіргідей адам болуыма сол алған өмірлік тəжірибем көмектесті. Берілмеуді үйрендім. Өмір маған көп нəрсені үйретті, игере алғанымша сабақ алдым. Ұстанымдар бірінен соң бірі пайда болып, санамда бекіп, олар түрлі жағдайларда маған адам болып қалуға көмектесті. Мысалы, əрдайым уəдесін орындайтын сертшіл етті. Бұл қасиет ұқыптылық сияқты табысты бизнестің негізін қалайды. Адамдар бұған жиі мəн бермейді, алайда егер сіз кездесуге кешіксеңіз, іштей өзіңізді кінəлі сезініп тұрасыз жəне өз мүдделеріңізді ойлағаныңыздай қорғай амайсыз. Осылайша, келіссөздерде үстемдігіңізді жоғалтып аласыз. Бұл əдеттен арылу үшін (егер ондай əдетіңіз болса), өзім білім алған бизнес-жаттықтырушы Александр Фукстың «Менің компаниямда кешігуді ақтайтын жалғыз себеп – ол сіздің өліміңіз» деген қағидасын ұстануға кеңес беремін. Ұжымдық рухты шынықтырыңыз Компания құрғанда мен оған ARMAN деген атауды бекер бергенім жоқ. Бұл расында да менің арманым болатын. Өз компаниямды құрып, онда барлығын өз пайымыммен жасағым келетін. Маған əрдайым сынаққа
толы биік мақсаттар қызық болатын. Сондықтан əлемдік деңгейде табысты компания құрамын деп, биік мақсат қойдым. Қазір негізі қаланғаннан бері 15 жыл өткен халықаралық нарыққа шыққан, басқа елдерден өкілдіктерін ашып, жаңа бағыттарға ден қоя бастаған кезде арманымнын жүзеге аса бастағанын байқаймын. Біздің компаниядағы негізгі құндылық – ол адамдар. Басынан персоналды дамыту антирейдерлік стратегияның бір бөлігі болатын: егер кеңселер мен жабдықтар емес, командаға барыңызды салсаңыз, кез келген сəтте елді ауыстырып, табысты бизнесті жаңа жерден жалғастыра беруге болады. Кейін өсуге көп көңіл бөлінетін компанияда жұмыс жасайтын адамдардың тек тиімді ғана емес, сондай-ақ бақытты да болатынын байқадым. Сол кезде бұл біздің миссиямызға айналды. Менің əрбір қызметкерге айтарым: сіз біздің компанияда қанат жайып, өз арманыңызды жүзеге асыра аласыз, ТМД мен əлемдегі əріптестеріңіз құлақ асатындай саланың халықаралық деңгейдегі үздік мамандарының бірі бола аласыз. Ал егер сіз біздің құнды активімізге айналып, өзіңіздің ғылыми қызметіңізбен немесе жоғары сатылымдарыңызбен үлкен табыс əкелетін болсаңыз, компанияның үлескері болып, опциондық бағдарламаға қатыса аласыз деймін. Сондықтан əрдайым компания үшін пайдалы болу керектігін түсінетін адамдар басқалардың қолынан келмейтінді жасауды үйренеді, ARMAN холдингінде көп нəрсеге қол жеткізеді. Бiз өзіміздің ұжымдық мəдениетімізге аса қатты көңіл бөлеміз. Біз үшін командамызға қабылдаған адамның бізбен құндылықтары ортақ болғаны, ұжымшыл ойыншы болғаны маңызды. Егер адам қандай да бір керемет маман болмасын, ұжымдық мəдениетті сақтамаса, біз онымен мейлінше тезірек қоштасуға тырысамыз. Себебі «бір қарын майды шірітетін бір құмалақ» секілді ол басқаларға жаман əдетін жұқтырып, компаниямызға елеулі зиян əкелуі мүмкін. Сол себепті басшыға дер кезінде ондай жағдайдың алдын алу үшін пайым мен ерік-жігер керек. Егер бизнестің иесі болсаңыз, компанияға үздік кəсіби шеберлердің келуіне мүмкіндік беретін жəне оларды сізбен бірге əрі қарай өсуге ынталандыратын корпоративтік мəдениет қалыптастыруға айрықша көңіл бөлуге кеңес беремін. Ал егер маман болсаңыз, өзіңіздің бірегей машықтарыңызға мəн беріп, нарықта жоғары бағаланатын керемет сарапшы болу үшін жақсы əдеттеріңізді дамытуға кеңес беремін. Мұндай қызметкерлер кез келген компанияға керек. Тіпті Facebook, Google, Apple сияқты көшбасшылар командасында да ең керемет кəсіби шеберлер жұмыс істемесе, əлемді мойындатпас еді. Өз саласында əлдебір ғаламат дүние жасайтын адам болуға тырыссаңыз, сіз əрдайым табысты боласыз. Мен адамдарды жұмысқа алғанда не нəрсеге мəн беремін? Біздің компанияда жұмысқа қабылдаудың өзіндік үрдісі қалыптасқан, оны халықаралық тəжірибе мен командамызда қандай адамдарды көргіміз келетініне сүйеніп, 10 жыл бұрын жасап шығарғанбыз. Біздің жүйе көпсатылы жəне сəйкес келмейтін үміткерлерді, «біздің адамға» жатпайтындарды штатқа қабылдамастан іріктеу кезеңінде-ақ сейілтуге мүмкіндік береді. Іріктеу кезеңдерінің саны қызмет пен бос жұмыс орны деңгейіне байланысты Компанияның табысты болуы жаттыққан команданың болуына тікелей байланысты. Осындай қызметкерлердің арқасында ғана биік жетістіктерге жете аласыз. Біздің пікірімізше, аса тиімді жұмыс үшін топ-менеджер тек өз бөлігін ғана емес, онымен аралас бөлімдердің де қалай жұмыс істейтінін білуі тиіс. Мысалы, егер біз сатылым бөлімінің басшысы орнына үміткер іріктесек, сата білуден басқа, ол логистиканың қалай жүзеге асатынын, қандай шарт талаптарын қолдана алатынын, жабдықты орнату қалай жүргізілетінін, орнатқанға дейін қандай ізденістер талап етілетінін күтеміз. Ол үшін сұхбат алуға көршілес департаменттердің сəйкес менеджерлерін араластырамыз. Олар бірлесіп отырып, адамның бізге қажет білімдері бар-жоғын, талаптарымыз бен күткенімізге сəйкес келетін-келмейтінін анықтайды. Біздің жұмыста түрлі машықтарға ие болу керек: команда құрумен айналыса біліп, қаржыдан, бизнес-үдерістерден хабарың болғаны жөн. Егер адамның жоғары мақсаттар қоя білетінін, өз бағытын бар ынтасымен дамытуға дайын екенін көріп тұрсақ жəне бізде əлі болмаған идеялар ұсынса, ондай маманды қуанақуана аламыз. Осыдан кейін команданың бір бөлігіне айналған кезде оның қай межеге дейін өсе алатынына талдау жүргіземіз. Бізге компанияға жаңа ой əкеле алатын, сонысымен оны жақсы жағына өзгерте алатын адамдар керек. Жоғары деңгейлі топ-менеджерлермен соңғы əңгімелесуді əдетте мен жүргіземін. Мұндай кездесуден кейін адамдар жиі: «сізден бизнес сұрақтар күткем, ал менімен өмір туралы сөйлестіңіз», – дейді. Маған адамның жеке қасиеттері: үміткердің қаншалықты мақсат қойғыш екені, бес немесе он жылдан кейін өзін қалай елестететіні қызық. Мен үшін адамға холдингіміздің компаниясын басқаруға бере отырып, оған қаншалықты сенуге болатыны маңызды. Осы ретте Илон Масктың «біз компанияға жақсы емес, ең үздік қызметкерлерді аламыз» деген қағидасын ұстанамын. Адамдардың бойынан оларды ұдайы жақсырақ жасауға, жетіле түсуге, жаңа жетістіктерге көз тігуге талпынтатын қасиеттерді іздеймін. Сондықтан əрдайым адамның жетілуге деген ұмтылысын көргенде, қолдаймын. Джефф О'Лири айтқандай, «табысты көшбасшылар өз ұйымдарын шыңға шыққысы келетін адамдардан құрайды». Сонымен қатар үміткердің бұрынғы тəжірибесін қауіпсіздік қызметі мен HR департаменті арқылы тексереміз, қандай компанияда жұмыс істегені, өзін қалай көрсеткені, ол қаншалықты адал, парасатты екені анықталады. Өзімізді қызықтырған үміткерді талдаймыз жəне егер оның бойында бізге керек білім болса,
алайда бұрынғы компанияда орынбасарлық қызметтен директорға дейін өсе алмаған болса, оған мүмкіндік береміз, онын алдына жаңа, қызықты, ауқымды міндеттер қоямыз. Адамның шынымен неге жарайтынын көру үшін мен оның жұмыстан тыс уақытта өзін қалай ұстайтынына қараймын. Мысалы, топ-менеджерлермен біз тауға шығып тұрамыз. Сол кезде мен жаңадан келгендерді өзіммен бірге шыңға шығуға шақырамын. Биікке көтерілген кезде мен ештеңе айтпаймын, тек бақылаймын. Егер адамның дене дайындығына қарамастан, қанша шалдықса да, тоқтамастан бəрімен бірге шыңға шыққанын көрсем, бұл адамның соңына дейін баруға дайын екендігінің көрсеткіші. Ондай маманға мен салмақты істерді сеніп тапсыра аламын. Командадан мықты тұлғаны əрі кəсіби шеберді байқадыңыз ба? Оған ұзақ мерзімді мотивация ұсыныңыз. Оны өзіңізбен бірге жұмыс істеуге жəне мақсаттарға жетуге ынталандырыңыз. Компания қызметкерлерді жаңа биіктерді бағындыруға ынталандыратын, қанаттандыратын ресурс болуы керек деп санаймын. Барлық адамда кейде сəтсіздіктер болатыны, қандай да бір мақсаттар бірден орындалмайтыны белгілі, кейде оған нарықтық жағдайлар əсер етеді. Осы тұста топ-менеджерлердің міндеті – адамдарды қолдау, көңілдерін түсіруге мүмкіндік бермей, керісінше оларды жаңа істерге қанаттандыру. Сондықтан бізге команданы алға сүйрейтін көшбасшыларды өсіру маңызды. Басқарушылардың өзін де сауатты ынталандырып, оларға ұзақ мерзімді бағдарламалар жасау керек. Бұл өз бизнесіңді басқалардың көшіруінен қорғаудың жақсы тəсілі. Көбінесе мамандарын ынталандыруға көңіл көңіл бөлмейтін компаниядан қызметкерлері біршама істеп, бизнес жүйесін зерттеп, кетіп қалады да, өз фирмаларын құрып, бəсекелестерге айналады. Мұндайға жол бермеу үшін оларға бізбен бірге өсу қызық болатындай жағдай жасаймыз. Холдингте топ-менеджерлерді ұзақ мерзімге ынталандыру үшiн опциондық бағдарламаны пайдаланамыз, қызметкерлерге арнайы бағамен компания үлесін сатып алуға мүмкіндік береміз. Бізде белгілі бір менеджер жұмысқа кіргендегі компания құнын бағалаудың тұтас жүйесі əзірленген. Жыл сайын ол опционның иесі ретінде компания пайдасынан дивидендтер алады. Егер бес-он жылдан кейін бизнестен кетіп, өз акцияларын сатқысы келсе, дəл сол жүйе бойынша ол жұмыстан кеткен кездегі компания құнын есептейміз. Егер ол жұмыс істеген уақыт ішінде бизнес капиталын екі-үш есеге арттыра алса, ол сəйкес бонусын алады. Сондықтан оның тиімді жұмысының арқасында компания құны өсті. Жалпы алғанда, біз бизнес-үдерісті əрбір қызметкерде өзі дамытатын жəне жетілдіретін бөлігі болатындай етіп жасадық. Себебі компанияның бизнес үдерісін басынан соңына дейін топ-менеджерлердің шектеулі тобы ғана біледі, бұл бизнесті көшіру мен бəсекелестікке қарсы қосымша қорғаныс ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар бүкіл компания тиімді жұмыс істеуі үшін бөлімдер арасында əріптестік құруға тырысамыз. Жылына бір рет креативті қызметкерлердің біріне бір күнді толықтай көршілес департаментте өткізуге мүмкіндік береміз, бұл оның бірігуін жақсарту үшін жасалады. Мысалы, кейде əзірлеушілер нарыққа не керек екенін жете түсінбейді, ал сатушылармен сөйлесіп, клиенттердің қажеттіліктері туралы айқынырақ ақпарат алып, жаңа шешімдер ұсынуға дайын болады. Немесе егер өндірістік бөлім əзірлеушілер тарапынан жіберілген қателіктің салдарынан өнімді өндіруде қиындық тууда десе, өндіріс департаментінде өткізілген жұмыс күнінен кейін мамандар түйткілдердің себебін анықтап, оларды болашақ жобаларда жібермеуге тырысады. Мұндай тəсіл бізге бөлімшелер арасындағы мəселелерді тиімді шешіп, клиентке үздік өнімді ұсынуға мүмкіндік береді. Команданы қалай құру керек? Кез келген жобаны бастау үшін үлкен құрылым жасап, штатты көбейтіп, кейбір кəсіпкерлер секілді кеңселер сатып алып, жұмысқа хатшы, бухгалтер, жүргізуші алудың қажеті жоқ... Бұл қисынсыз стратегия деп санаймын. Бизнес бастағанда шығындарды барынша қысқарту керек. Мысалы, кеңселер мен штаттық персоналға пайда көлеміне қарамастан, тіпті сол айда компания ешбір табыс таппаса да, қаражат төлеу керек. Сондықтан мен сізге түпкі өнімді өндірмейтін немесе қызметті ұсынбайтын, бəсекелік артықшылығыңыз болып табылмайтын бүкіл персоналды аутсорсингке алуға кеңес беремін. Жаңадан басталған бизнес үшін бухгалтерді, заңгерді, колл-орталық маманын, хатшыны штаттан тыс кесімді ақыға жалдауға болады. Осылайша, өз шығындарыңызды азайтасыз. Егер маман сіз үшін осы айда əлдене істесе, төлейсіз, істемесе – ол бойынша шығыныңыз болмайды. Командаңызда болуы тиіс басты мамандар: 1) өніміңізді шығару бойынша білімі бар мамандар; 2) сатумен айналысатын менеджерлер. Команда қалай құрылады? Ол үшін, ең бастысы бірінші болғысы келетін, əлемді инновациялық жолмен өзгерткісі келетін адамдарды таба білу керек. Cіздің бəсекелік артықшылықтарыңызды өз мамандарыңыз құрағаны аса маңызды. Мысалы, бөлшек бизнесте сырттан басқа компаниямен қызмет көрсетуге жай келісімшарт жасасып, IT-маманды жұмысқа қабылдамай-ақ қоюға болады. Алайда сіз ІТ-бизнеспен айналыссаңыз жəне өзіңіз шығаратын софтты сатсан оны жазатын айти маман міндетті түрде командада болуы керек. Сіздің бəсекелік артықшылығыңызды құрайтындарды штатта ұстап, ынталандырып, дамыту керек. Сондай-ақ кез келген бизнесте маңыздысы – сата білу, бəрі соған байланысты. Егер сатылым болмаса
немесе жөнге қойылмаса ештеңе шықпайды, бүкіл команданы асырауға ақша болмайды. Сатылым болса – барлығының тігісі жатады, жоба өрлейді. Бəрі сатылымға тəуелді, сондықтан мықты сатушыларды іздептауып, штатқа алыңыз. Командаңызға біреуді қабылдағанда оның мықты жəне осал тұстарына мəн беруге кеңес беремін. Табысты бизнес құру үшін сізде жоқ немесе сізде дамыған құзыреттіліктері бар қызметкерді немесе серіктесті алу керек. Бір-біріңіздің машықтарыңыз бен күштеріңізді ортақ іске жұмылдырып, 1+1=11 болатындай синергетикалық нəтижеге қол жеткізесіз. Сізге немесе бір-біріне ұқсайтын адамдарды алудың қажеті жоқ. Жұмыс тобында тепе-теңдік сақталып, команда қарым-қабілеттері əртүрлі адамдардан тұруы тиіс. Басқарудың кеңсеге байланбайтын жаңа стиліне өтіңіз. Менің бизнесім қазір түрлі елдерде қанат жаюда, алайда заманауи технологияның арқасында маған əрдайым кеңсеге байланудың қажеті жоқ. Барлық мəселелерді қашықтықтан, ғаламторы əлемнің кез келген жерінен шеше аламын. Менің кеңсем – ноутбугімде. Сізге де бизнесіңіздің міндетті шарты секілді белгілі бір орынға байланбауға, ұтқыр болуға кеңес беремін. Бизнесте бəсекелестік артықшылық жойылған бастайды. Сол үшін басымдықтар жасаңыз! Атқарушылық жұмыспен айналысуды қойғанда өз кабинетімді басқарушыма бердім. Қазір компания кеңсесіне тек директорлар кеңесіне сəттен бастап, ұшып келетін кезде хатшыма айтып, ол банкрот бола келіссөздер бөлмесін дайындатып қоямын. Онда қызметкерлермен жүздесіп, кездесулер өткіземін. Өзің келген кезде жеке кабинетті пайдаланудың орнына келіссөздер бөлмесінде отырудың еш қиындығын көріп тұрған жоқпын. Əдетте бастықтың міндетті түрде өз кабинеті болуы тиіс, ол ең кең, ең сəнді, еңселі бөлме болуы тиіс деген пікір қалыптасқан. Алайда, мен үшін оның маңызы жоқ. Барлық құралдарды, оның ішінде кеңсені де тиімді пайдалану керек деп санаймын. Егер үнемі кеңседе отырмайтын болсам, бос тұратын қымбат кабинет неге керек? Мен тек өзім келетін уақытқа ғана келіссөздер бөлмесін «жалдаймын». Жалпы барлық мəселеде, əсіресе адамдармен қарым-қатынас жасағанда естілікті ұнатамын. Біздің компанияда барлығы өздерін еркін ұстайды, қызметкерлер менің атымды атап шақырады, ал өзім қарымқатынасқа ашықпын. Менде «айттым, бітті, осылай болады» деген жоқ. Əрдайым егер қызметкер ашық сөйлесіп, дəлелді пікір мен қисынды ұсыныс білдіре алса, оның пікірін міндетті түрде қаперіме аламын жəне өз идеямды жүзеге асырудың басқа да нұсқаларын қарастырамын. Егер əріптестері. көріністі толықтай пайымдай алмай тұрса, жұмыстарының қарбаластығынан жаңа беталыстарды немесе заңдарды білмесе, мен жаңа идеямның барлығымызға пайда əкелетініне олардың көзін жеткіземін. Осылайша, компания үшін тиімді шешім табамыз. Батыстық компаниялардың көпшілігінде дəл осындай басқарудың демократиялық стилінің қолданылуы оларға қызметкерлерінің əлеуетін барынша қолданып, жетістікке жетуге көмектесетініне сенімдімін. Осы мəселеде Стив Джобстың: «Ақылды адамды жұмысқа алып, оған не істеу керектігін нұсқаудың мəні жоқ. Біз адамдарды не істеу керектігін олар айтуы үшін жұмысқа аламыз» деген сөзімен келісемін. Бизнес бастағанда не нəрсеге дайын болу керек? Кəсіпкерлік қызметті бастағанда күн сайын қандай да бір мəселелерді шешуге тура келетініне дайын болу керек. Негізі бизнесмендер мен басқарушылар – теңдесіз түйткіл шешушілер. Бизнесте ұдайы қандай да бір мəселелер, түрлі күтпеген жағдайлар, сəтсіздіктер болып тұрады. Салқынқандылық таныту керек. Авиация академиясында оқыған менің досым Олег Хусаенов «қандай да бір салмақты мəселе туындағанда қираған ұшақтың парашютшісі сияқты қимылдау керек», – дейді. Ұшқыштардың нұсқауы бойынша егер сені қиратса жəне парашютпен секірсең, жерге қонғаннан кейін алғашқы 10 минутта сабыр сақтап, жұлқынбау керек. Əйтпесе, қателіктерге бой алдыруың мүмкін. Бизнесте де дəл солай. Болжамаған əлдене бола қалса, сабырға келіп, ойланып барып, қандай да бір əрекеттер жасау керек. Бизнесменге байсалды болу, жағдайды сабырмен, салқынқандылықпен бағалау маңызды, себебі эмоция дұрыс шешім қабылдауға кедергі келтіреді. Кез келген жағдайда бұл жолмен жүріп өткен əлдекіммен ақылдассаңыз, дұрыс шешім таба аласыз. Өкінішке орай, ұл баланы бала кезден «сен мықты, ақылды, батыл болуың керек» деп өсіргендіктен, көптеген ер адамдар өз толқуларын жақындарына айтпайды. Адамдардың өздерін қысып ұстайтыны соншалықты, эмоцияларын шығарып, өз қорқыныштарымен бөліспейді. Күйзеліс жинала береді, сөйтіп, инфарктке, маскүнемдікке жəне басқа да жайсыз салдарға əкеп соғуы мүмкін. Меніңше, өмірде бəрін біліп туу мүмкін емес жəне əрбір түсініксіз жағдайда кеңесшілерге жүгінуге, қандай да бір кітаптар оқуға, достардан сұрауға болады. Оның еш əбестігі жоқ. Егер сіз қандай да бір мəселеде қауқарсыз болсаңыз, бұл жағдайды əлдекім бастан өткеріп қойған. Мысалы, адамдар ақшаларын жоғалтқан, ажырасқан, өз өмірлерінде түрлі қиын кезеңдерді бастан өткізген деп ойлаңыз. Əрдайым белгілі бір жағдайдан шығудың жолы болады. Өмірде бəрі кездеседі, сондықтан сіз болмаған жайтқа тап болсаңыз жəне не істеріңізді білмесеңіз, ондай қиналысты іште сақтамаңыз, ондай тəжірибесі бар адамдарға жүгіну арқылы шешу жолдарын іздеңіз. Сократ айтқандай, «жақсы кеңесші кез келген байлықтан қымбат».
ЖЕТІСТІК КІЛТІ: Стратегияны анықтаңыз, нарықты зерттеңіз, бизнесті бастамай тұрып, барлық қаржылай шығындарды жəне бірінші пайда түсетін уақытты есептеңіз. Өз командаңызды қанаттандырыңыз жəне қолдаңыз. Іс бастадың ба – берілме! Табыс бірден келмейді. Əрдайым дамуға тырысатын жəне сізде жоқ машықтарға ие мамандарды жұмысқа алыңыз. Қызметкерлерді ынталандырыңыз, басқа компанияларға нарыққа кіруге кедергі қойып, бəсекелік артықшылықтар жасаңыз. Əлденені білмесеңіз, кеңес сұраудан қорықпаңыз.
Шексіз əлем 6 Егер елінің азаматтары білімді болса, ағылшын тілін меңгеріп, өз ісінің шебері атанса – ондай мемлекетті бүкіл əлем құрметтейді. Шексіз əлем Мен кəсіпкерлікті бастаған кезден-ақ құрған компаниямның халықаралық деңгейге шыққанын қаладым жəне сондықтан биік мақсаттар қойдым. Стокгольм бизнес-мектебінде жүргенде «үлкен компания құрғың келсе, миссиядан баста» дейтін. Табысты бизнес ашу үшін миссияны, пайымды, стратегия мен ұзақ мерзімді мақсаттарды айқындаған маңызды. Көпшілігі секілді біз де бастапқыда «миссия тек Coca Cola нeмесе Procter&Gamble сияқты ірі корпорацияларға қажет, ал біздің жағдайымызда оның керегі жоқ» деп ойладық. Алайда, қазір мен өз алдыңа дұрыс мақсат қоюға мəн бермесең, шағын кəсіпорын шеңберінде де гүлденген бизнестің құрылмайтынын түсінемін. Бастапқы кезеңде кəсіпкерлерді күйбең тіршілік: қалай аш қалмасам, қалай аяққа нық тұрсам деген сұрақтар мазалайды жəне ол заңды да. Алайда, бизнес дамыған кезде негізгі қажеттіліктер өтелген кезең келеді, кəсіпорын жұмыс істеп тұр. Əрі қарай өсіп, компанияны барынша барынша дамытып, өзіңе басқа нарықтарға шыға алатыныңды дəлелдеп, тұтас корпорация құрғың келеді. Сол кезде келесідей сұрақтар бірінші кезекке шығады: компаниямыздың өмір сүруінің мəні неде? Біздің мақсатымыз не? Қоғамға қандай үлес қосамыз, өзімізден кейін қандай із қалдырамыз? Күн сайын жұмысқа не үшін келеміз? Мұны түсініп алмастан, үлкен, əсіресе халықаралық ауқымдағы компания құру мүмкін емес. ARMAN холдингісінде бүкіл команда не істейтінімізді, қайда бағыт алғанымызды, қандай пайда əкелетінімізді біледі. Бұл – қызметкерлерді ынталандыратын мықты құрал. Оны міндетті түрде қолдануға кеңес беремін. Егер қызметкерлер дамыса, қызықты тапсырмаларды орындаса, адамдар мен қоғамға қызмет ететіндерін түсінсе – олар ісіне адал болып, ортақ іс үшін бар күш-жігерлерін салады. Ал жұмысқа тек жалақы үшін келетіндер басқа ұсыныс алса, сізден бір сəтте кетіп қалады. Мен сізге компанияңыздың миссиясын дəл қазір анықтап алуға кеңес беремін. Тіпті, серіктестеріңіз екеу немесе үшеу болса да. Сіз көшбасшы ретінде миссияны өзіңіз жаза аласыз немесе бүкіл команда болып, ойларыңызды ортаға сала аласыздар. Мақсат анықталғанда оның қызметкерлер пікірімен сəйкес келетінін тексеру маңызды. Егер миссия оларды қанаттандырса – тамаша, егер адамдарыңыз оны қабылдамаса, олардың жұмысқа келгендегі мақсатына сəйкес келмесе, оны жетілдіре түсу керек. Миссияның құндылығы – егер бизнесіңіздің не үшін өмір сүріп жатқанын басынан белгілесеңіз, бұл сізге мықты команда құрып, тезірек дамуға мүмкіндік береді. ARMAN холдингісінің миссиясы мынадай: «Біз қызметкерлерімізді үздіксіз оқыту, өзін өзі үйрететін ұйым құру, ұдайы жетілу философиясы, озық басқарушылық технологиялар пайдалану, үздік мамандарды дайындау жəне шақыру арқылы көшбасшылыққа қол жеткіземіз. Өз əлеуеттерін барынша іске асыруға мүмкіндік беру арқылы қызметкерлеріміз бен олардың отбасыларының əл-ауқатын арттырамыз». Осы миссияға сүйеніп, біз басынан жоғары деңгейлі персоналы бар компания құруды көздедік. Өзімізге жəне бүкіл əлемге тек посткеңестік кеңістікте ғана емес, сондай-ақ халықаралық деңгейде де бəсекеге қабілетті бола алатынымызды дəлелдейміз деген меже белгіледік. Маған жəне əріптестерім үшін бұл – нағыз сынға түсер шақ болды. Ойға алғанымызды жүзеге асыра алатынымызды көрсетуге тиіс болдық. Өзіміздің бүкіл ішкі ресурсымыз бен əлеуетімізді пайдалана отырып, импорттық жабдықтың дилерінен бастап, əлемде өзін мойындатқан өнеркəсіптік нысандарға арналған телекоммуникациялық жүйе өндірушісіне дейінгі жолды жүріп өттік. Біздің жағдайымыз көпшілік айналыса бермейтін кəсібі бар компанияның, мемлекет қолдауынсызақ, өз күшімен халықаралық деңгейге шығып, табысты бола алатынының куəсі. Өз тəжірибемізден тəуелсіз болуға болатынын, кез келген қауіптерді, оның ішінде саяси қауіптерді əртараптандырып, əр елден табыс тауып отыру мүмкін екенін көрсетіп отырмыз. Біздің холдингтік компанияның қазір Сингапурда орналасқанына қарамастан, əлемнің кез келген жерінде табысты жұмыс істеп, үлкен корпорациялар үшін пайдалы іс жасап, нарықта сұранысқа ие болып келеміз. Ciз де алдыңызға мақсат қойып, күн сайын оны жүзеге асыру үшiн қадам жасайтын болсаңыз, шекарасы жоқ бизнес құра аласыз. Халықаралық нарықтың ойыншысына қалай айналуға болады? Біз өз өнімімізді өндіріп бастағанда, бірден бəсекелестерден ерекшеленейік деген стратегияны таңдадық. Біріншіден, қолға алғанымыз – қанағаттанбаған қажеттілікті таптық. Нарықта ол кезде ТМД-дың техникалық стандарттары мен кеңестік дəуірден бері зауыттарда тұрған жабдықты білмейтін халықаралық компаниялар болды. Мұның қиын тұсы: жаңа технологиялар ескі жабдықпен тікелей біріктірілмейді. Оның үстіне, кез келген кəсіпорында диспетчерлік байланысты барлық цехта бірден ауыстыру мүмкін емес болатын. Алдымен бір цехтағыны, кейін қалғанын алмастыру керек болды. Ең бастысы, жұмысты жүргізгенде, зауыт тіршілігін тоқтатпай, диспетчер барлық цехтан үздіксіз ақпарат алып отыруы тиіс. Барлық нұсқаларды ойластырып жəне бүкiл кəсіби шеберлігімізді салып, нəтижесінде кəсіпорындарға
арнайы шлюздер ұсындық. Олар тұтастай зауыттың жұмысына ықпал етпестен, жабдықтарды орнатуға мүмкіндік береді. Клиенттердің басты қажеттіліктерін түсініп, оларға ыңғайлы, сонымен қатар бірегей шешімді көрсеттік – бұрын оларға мұндай ұсыныс түспеген. Біртіндеп клиентеріміздің барлығына арнайы жабдығымыздағы белгілі бір қызметтерді қосымша орындай алатынымызды түсіндік. Тіпті, бəсекелестердікінен екі есе көп функцияларды жасай аламыз жəне бұл тапсырыс беруші үшін əлдеқайда ыңғайлы болмақ. Біз басқа компаниялардың жабдықтарын зерттедік, əрбір бəсекелестің тəжірибесін жинақтадық жəне соларды өз өнімімізге енгіздік. Біз бірқатар бəсекелік артықшылықтар жасай білдік жəне басқаларға қарағанда жылдамырақ болдық. Жаңа технологиялар нарыққа жыл сайын келіп отырады, жаңа процессорлар, жаңа чиптер пайда болады, əзірлеушілер бір орында тұрып қалмайды. Алайда, барлық компаниялар оларды жылдам енгізе алмайды, көпшілігінде тіпті ондай мақсат жоқ, олар бұрын жасағандарына тоқмейілсіп жатады. Ал біз болсақ, клиенттердің күннен күнге өсіп келе жатқан талаптарына сай болып, оларға ыңғайлы болуы үшін ең соңғы технологияларды пайдалануға тырыстық. Мысалы, барлығы wi-fi сымсыз байланысын біледі, алайда бізбен бəсекелес компаниялардың ешбірі қауіпті газды ортада немесе ерекше температуралық жағдайда жұмыс істейтін өнеркəсіптік кəсіпорындарға арналған сымсыз құрылғылар шығармады. Кеңселік шешімдер бұған жарамайды, оған арнайы жабдық қажет. Біз бұл опцияны жабдығымызға енгізе алдық. Бұл клиенттерімізге оны орнатуға байланысты кететін шығындарды төмендетуге мүмкіндік берді. Кез келген кəсіпорын үшін кабель жүргізу, орнату жұмыстарын жүргізу – өте қымбат дүние, үлкен шығын. Ал біз тың шешімдер шығарып, сапалы жабдық ұсындық. Осылайша, ТМД нарығында осы саланың үздігіне айналдық. Халықаралық нарыққа шықпас бұрын ауыр индустрия жəне көлік кəсіпорындары үшін басты еуропалық өндірушілер ұсынған байланыс жүйелерінен ерекшеленетін қызықты шешімдер іздедік. Көп ұзамай, сəтін салды. Бізге бəсекелес бір неміс компаниясының басты үлескері дүниеден озғаннан кейін, жұмыс жүргізіп отырған бас директордың стратегиясымен келіспеген жаңа құрылтайшылар оны жұмыстан шығарып жібереді. Осы мүмкіндікті пайдаланайық деп, оны өзімізге шақырдық. Ондағы ойымыз жолға қойылған арна бойынша жұмысты бастап кетіп, халықаралық нарыққа шығу болатын. Біз мұны үздік əрі жылдам шешім болады деп ойладық. Алайда, жоспарымыз жүзеге аспады. Жаңа директор ұсынған тиімсіз тұжырымдамаға екі жылымызды жоғалттық, нəтижесінде өз пайымымыздың əлдеқайда тиімді екеніне көз жеткіздік. Көп дүниені əріптестік барысында түсіндік, атап айтқанда, жаңа технологияларды пайдалану қажеттілігін қаперге алып, бірегей шешімдер тауып отырамыз. Нақты нəтижелерді көре алмаған соң неміс топ-менеджерінің қызметінен бас тарттық. Оның тигізген жалғыз пайдасы – біздің тұтас бір жыл уақытымызды алған халықаралық үлгідегі сертификаттың алынуы болды. Бұдан шығатын қорытынды, батыстық топ-менеджерлер əрқашан да көзқарастары мен жұмыс тəсілдері іс жүзіндегі жағдайға сəйкес келетін үздік басқарушылар бола бермейді. Бұл əсіресе, аға буын директорларға қатысты. Жалпы, клиенттерімізге «барлық шешімдердің ішінен үздігін ұсыну» стратегиясының арқасында əрі қарай жылжып, халықаралық нарыққа шығу үшін бірнеше жыл керек болды. Еңбегіміздің нəтижесін көрер сəт 2007 жыл туды. Бізді ғаламтордан тауып алған мексикалық компания дилеріміз болуға ниет білдірді. Сол кезде адамдардың бізбен серіктес болу үшін мұхит асып келгеніне таң қалдық. Алайда, осы шетелдік фирма тарапынан болған қызығушылық өніміміздің бəсекелік артықшылықтарға ие екенінің, халықаралық нарыққа батыл шығуға болатынының белгісі болды. Алдымен біз дилерлік желі құрып бастадық, себебі шетелде өкiлдiктерiңдi ашу өте қымбат. Бірінші кезеңде өз қаражатымызды құюға асықпадық, дилерлермен əріптестіктің өзі жеткілікті болды. Кейін бизнес дөңгелене бастағанда, əрбір өңірден өкілдік ашуға бел будық. Клиенттерге жақындап, олардың қажеттіліктерін түсініп, сұраныстарына жылдам жауап беру үшін негізгі нарықтардағы кеңселерімізді аштық. Жағдайды талдап, стратегияны əзірлеп, (өзіндік «əлемді жаулау жоспары») көздеген нүктелерді таңдадық. Еуропаның бүкіл нарығын негізгі бəсекелестеріміз басып алған еді, сондықтан онда бармадық. Ал Үндістан – түрлі өндіріс салалары бар үлкен дамушы нарық. Мысалы, мұнда əлемдегі ең ірі мұнай өңдеуші зауыт бар, олар да біздің клиенттеріміздің бірі. Қытайды ұзақ зерттедік, тіпті бірнеше əлеуетті əріптестермен кездестік. Алайда, жағдайды талдай келе ойымыздан бас тарттық. Ал Қытай тарапы көшіруге дайын тұрады. Онда жұмыс бастасақ, өз уақытымызды жəне өніміміздің бірегейлігін жоғалтып алар едік. Сонымен, өзімізді дамыту үшін өсу əлеуеті үлкен жəне бизнесті ашып жүргізу шарттары қолайлы елдерді таңдадық. Біз Оңтүстік-Шығыс Азияның негізгі қаржы жəне көлік хабы болып табылатын Сингапурға бардық, сонымен қатар Үндістан мен Таяу Шығысты таңдадық. Осы үш нарықта екі миллиардқа жуық адам бар, қазір бар күшімізді осы аймақта үздік атануға жұмылдырып жатырмыз. Бүтінде өз дамуымызды жалғастыра отырып, Оңтүстік-Шығыс Азия үкіметтерінің бірнешеуімен құрастыру цехтарын ашудың нұсқасын қарастырудамыз. Бұл тəуекелдерді əртараптандырып, шығындарды төмендету үшін қажет. Себебі, дəл жерде бүгінгі озық технологиялардың барлығы шығуда, компоненттердің көпшілігі: процессорлар, чиптер, басатын платалар өндірілуде, мүмкіндіктері зор ең үлкен заманауи станоктар тұр. Егер өндірісіміз осы аймақта болса, шикізатқа жақындағаннан басқа, біз еңбек (Азияда жұмыс сағатының құны біздегіден əлдеқайда арзан) пен логистикаға (негізгі өткізу нарығына жақындау арқылы) кететін шығынды азайтамыз. Осылайша, клиенттерге баға жағынан бұрынғыдан да тартымды бола түсіп, маржаны көбейтеміз. Тағы да бір маңыздысы, халықаралық нарыққа шыға бастағанда бұл меже үлкен зейін мен төзімділікті талап етеді.
Ең жиі тарайтын қателік – бизнес əлі дайын емес кезде қатарынан бірнеше компания құру. Өз салаңызда көшбасшы болмайынша, басқа салалардан жаңа бағыттар ашудың қажеті жоқ. Əйтпесе, «алты жерден құдық қазып, су шығара алмайсыз». Біз телекоммуникациялық жүйелер бойынша өз орнымызды тауып, нығайған соң ғана басқа салаға бойлап, жаңартылатын қуат көздерімен (ЖҚК) айналыса бастадық. ЖҚК – бұл біздің жаңа стратегиялық бағытымыз. Бүкіл əлемде бұл сала үшін қандай əлеует бар екенін көріп отырмыз, сондықтан шикізаттық энергетикадан болашақтың жаңартылатын «жасыл» энергиясына өтуге өз үлесімізді қосқымыз келеді. Қазір Қазақстанда күн жəне жел электр стансаларын салу бойынша жобаны, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азияда бірқатар жобаларды дамытып жатырмыз. Əлемдік нарыққа қалай шығу керек? Кəсіпкерлермен араласып жүріп, көбісінің өз бизнесін басқа құрлықтар былай тұрсын, тіпті көрші елдердің нарығында дамытуды ойламайтындарын байқаймын. Жас бизнесмендер өз өнімдерінің өзге қоғам үшін құнды боларын ойлай бермейді. Мұнысы бекер. Себебі, кейде жай ғана йогурт шығарып қана көршілес елдерді жаулап, саланың көшін бастауға болады. Мен АҚШ-та «2013 жылдың жыл кəсіпкері» болған Хамди Улукайя есімді қарапайым түрік жігітінің əрекетіне тəнті боламын. Америкаға көшкен Улукайя нарықты зерттеп, онда бал мен жемістер қосылған тəтті түрік йогуртының жоқ екенін түсінеді. Тың саланы бастап, алты жылға жетпейтін уақыт ішінде ол сүт өнімдерін өндіретін фабриканы жылына бір миллиард доллардан артық табыс əкелетін бизнеске айналдырды. Телеарналарда жарнамасы қаптап жүрген алып бəсекелестері сияқты дамуға көп ақшасы болмаған Улукайя, олармен тайталаспай, өз жолымен жүрді. Facebook əлеуметтік желісінде жеке парақшасын ашып, күн сайын клиенттермен сөйлесе отырып, əрбір таңды денсаулықтарына пайдасы тиетін дəмді өнімнен бастауды насихаттады. Жəне оның мұнысы көпшіліктің көкейіне жетті: олар йогуртты емес, сау əрі бақытты болу идеясын сатып алды. АҚШ-тағы үлкен жетістігінен кейін ол Азия мен Латын Америкасы нарықтарына – Сингапурға, Малайзияға, Панамаға шықты. Бұл жігіт жүріп өткен жол болашақты бағамдасаң, тіпті қарапайым өніммен-ақ əлемді жаулап алуға болатынын көрсетеді. Сізге де өз өніміңізді ерекше ұсынып, оны сəнге айналдырып, табысты болуға кеңес беремін. Нарыққа шыққанда пайымдап, өніміңіздің бəсекеге қабілетті болуы тиіс екенін түсінуіңіз керек. Егер сіз ұдайы бəсекеге қабілетті болу туралы ойлап, өз тауарыңызды немесе қызметiңiзді жетілдіруге тырысатын болсаңыз, бизнесіңіз үшін бұрынғыдан көбірек мүмкіндіктерді көретін боласыз, елдің шеңберінен шығып, компанияңызды ойламаған биіктерге көтеруге көмектесетін жаңа идеялар пайда болады. Мен барлық кəсіпкерлерге стратегиялық тұрғыдан тек өз қаласын немесе мемлекетін қарастырмауға кеңес беремін. Ауқымды ойлап, əлемді кең перспективада көру қажет, оның үстіне біздің Қазақстан мен ТМД нарығы ондай үлкен емес. Мен халықаралық нарыққа тек ұдайы ауқымды мақсаттар қойып, жыл сайын оларды жүзеге асыруға тырысудың нəтижесінде шыға алдым. Егер олардың барлығын бірден 100 пайызға орындай алмасам да, бəрібір жоспарлағанымнан көбірек нəтижеге қол жеткіземін. Мақсат неғұрлым биік болса, соғұрлым үлкен нəтижеге жетесің. Алайда кез келген мақсатты өзіңнің нақты жоспарыңа қарай қойып, қазір қолыңда бар қаржылық ресурстарға сай қимылдау керектігін есте сақтаған жөн. Жүзеге асыру үшін қазір қалтаңда жоқ миллиондарды талап ететін арманды сызудың не қажеті бар! Көрпеңе қарай көсіліп, жоспарыңды біртіндеп құрып, тартылған қаражатты іске жұмсап, серіктестер тарту керек. Сонымен қатар жаңа нарыққа шыққанда дəл сол елдегі ойын тəртібін мықтап біліп алған жөн. Ол үшін елшіліктердің қолдауына, сауда-өнеркəсіптік палаталарға, форумдарға жəне түрлі бизнес-неткворкингтік алаңдарға жүгінуге болады. Біз əлемдік деңгейге шығып жұмыс істей бастағанда талаптарды клиенттердің өздерінен біліп отырдық. Клиент-компаниялардың өкілдерімен келіссөздер барысында, əріптестікті бастау үшін не керектігін сұрайтынбыз. Олар: «бізге мынадай сертификaт керек» немесе «біздің мақұлданған тасымалдаушыларымыздың тізіміне (вендор-парақ) кіру үшін сіз осындай сынақтардан өтуіңіз керек, сертификаттар ұсынуыңыз қажет» дейтін. Əрбір мемлекеттің сіздің өніміңізге қоятын өз талаптары болады, ал кейбір сертификаттар тек бірнеше елдерде жарамды болуы мүмкін, сондықтан егжей-тегжейін білу керек. Халықаралық нарыққа шыққандағы өз тəжірибемізден айтқым келетіні: сатушылар жабдықтың мүмкіндіктерін клиентке көрсетуі үшін көрсетілім үлгілері, өнімнің демоcеттері қажет. Онсыз болмайды. Кейбір шетелдік кəсіпорындар үшін бірінші кезекте жеткізушінің жергілікті серіктесінің немесе өзіндік кеңсесінің болуы міндетті. Ол біз секілді жабдықтың қызметін жылдам өзгертіп, қайта орнату үшін ыңғайлы. Клиентке ең алдымен, жылдам əрі сапалы қызмет ұсынғанымыз керек. B2B секторында қалай үздік атануға болады? Менің жетістікке жету стратегиям Көптеген таптаурындарға қарамастан, кез келген нарықта ол В2В болсын немесе күнделікті сұраныс тауарлары (FMCG) болсын, бірден үлкен клиенттерді көздеу керек деп санаймын. Олардан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, ірі клиенттер – бұл зор мүмкіндік, оларға əрдайым, тіпті жоспар құра бастаған кезіңізде басымдылық беруіңіз керек. Оның себебі: ірі клиентке, ұсақ клиентке жұмыс істегендей, бірдей уақыт кетеді, алайда айырмасы жер мен көктей. Бүкіл ел бойынша жəне шетелде дүкендер немесе зауыттар желісіне ие компания тапқан кезіңізде сіз бірден үлкен сатылым көлеміне қол жеткізесіз. Жəне оны компаниялардың бүкіл тобына немесе холдингке қолдана аласыз. Бұл ретте сіз тауардың үлкен көлемін сатып алуға мүмкіндігі жоқ ұсақ компанияның көзіне
түсуге кететін уақытыңызды бірден, ірі компанияны тартуға жұмсайсыз. Айырмашылығы осында. Сондықтан ірі ойыншылардың қажеттіліктеріне сай жұмыс істеуге кеңес беремін. Сол кезде бір əрекет арқылы көп нəтижеге қол жеткізесіз. Ал шағын клиенттерді жəй ғана үлкен компанияларға шығуға дайындалатын машықтанушыларды жаттықтыру үшін ұстауға болады. Өзіңіз сияқты шағын, ісін жаңа бастаған компаниямен жұмыс істеуге үлкен ойыншыны қалай қызықтыруға болады? Əдетте, шағын кəсіпкерлердің шығыны аз жəне өнімінің өзіндік құны да төмен, сондықтан алып компанияға да, қаржылық тұрғыдан сізбен жұмыс істеу тиімдірек. Алайда, тағы бір маңызды мəселе – сервис. Егер сізде клиент болмаса, олардың əрқайсысына жеке-дара көңіл бөлесiз. Мен үлкен клиентпен келіссөзді былай жүргізер едім: «Біз он компаниямыз, алайда сізге шығындарыңызды азайтатын бірегей шешім ұсына аламыз. Бізбен жұмыс істей бастаған сəтте барлық ресурстар мен сервис, тек сізге ұсынылады. Ыңғайлымыз, бұл жобамен жеке-дара айналысып, оған барлық қызметкерлерімізді жұмылдыра аламыз. Жұмысқа кіріскен кезде, оны тиімді əрі жылдам орындаймыз. Соған қарамастан, тапсырыс берушімен ұзақ мерзімді қатынас құрамыз. Санға жүгірмейміз, біз үшін бір ірі ойыншымен болса да, сапалы жұмыс істеу маңызды. Жəне ол Сіз!». Тиімді келіссөздер жүргізіп, өзімізге көп табыс əкелетін ірі клиенттерді бəсекелестерден осылай қағып түсіңіз. Осы стратегияны пайдаланғанда жəне ірі клиентті тартқанда сіз онымен қоса, өз атыңызға жұмыс істейтін жақсы жарнама мен абырой жинайсыз. Бизнесте бұл көп көмектеседі. Алайда, егер берілген тапсырманы орындай алмасаңыз, сатып алушыға тиісінше қызмет көрсетпесеңіз, кері əсер, яғни компанияңыз туралы жағымсыз пікірлер пайда болады. Сондықтан салмақты ойыншымен жұмыс бастағанда өз өніміңіз бен қызметіңіздің сапасына көп көңіл бөлу қажет. Корпоративтік басқарудың жақсылықтары Егер сіз əртүрлі қалалар мен елдерде кеңселері бар үлкен корпорация құрмақшы болсаңыз, міндетті түрде өкілеттіліктері: басқару мен тапсырмаларды жүйелі жүктеуді үйрену керек. Онсыз болмайды. Кəсіпкер тоқтаусыз қарбалас жұмыстармен айналыспай, стратегиялық пайыммен шұғылдануға уақыты болуы тиіс. Кейде жəй басқарып қана қоймай, үнемі бизнес үдерістерге кірісетін, алайда сонысымен мақтанатын үлкен топменеджерлерді, ірі компаниялардың иелерін кездестіремін. Ал меніңше, бизнестің иесі өзін ағымдағы жұмыстардан босатуы керек, демек корпоративтік басқару жүйесін құрып, міндеттерді жүктеп, бақылауды жүзеге асыруы тиіс. Өз тəжірибемнен айтатын болсам, бизнесті өсіру үшін ең дұрысы – өз командаңнан басқарушылық қызметтерді табыстай алатын адамдарды өсіру. Компанияны кеңейтетін кез келгенде оларды жаңа нарықтарға жіберіп, жаңа өнімдерді дамыту жəне міндеттерді шешу мүмкіндігін бересіз. Басқарушыларға үнемі даму керек. Адамдарда жобаға деген қызығушылық барда олар тиімді жұмыс жасайды, алайда алдарына ерекше міндеттер қоюды тоқтатсаңыз, олар салғырттыққа салына бастайды, тіпті ақшаның өзі оларды ынталандырмайды. Адамдардың əлеуетін дамытып, оларға міндеттер мен жауапкершілікті жүктей білу өте маңызды. Сондықтан мен корпоративтік басқару есебінен кəсібінің масштабын үлкейте алатын жоғары деңгейлі бизнесмендерге ерекше құрметпен қараймын. Бизнесті дамытудың жаңа деңгейіне көшу. Неліктен Сингапурды таңдадым? Бірнеше жыл бұрын мен Сингапурға көшіп, холдингімнің штаб-пəтерін де сол жаққа ауыстыруды жөн көрдім. Білімге, қаржыға, технологияларға жақын болу үшін қай елде тұрсам болады деп ұзақ таңдадым, нəтижесінде ең үлкен нарықтар мен жылдам дамитын мемлекеттер Оңтүстік-Шығыс Азияда деген қорытындыға келдім. Бүгінде мұнда Ресей халқының төрт есесіне тең, яғни 600 миллион адам тұрады. Мұндай нарықтың компанияма қызықты болары сөзсіз! Тағы бір мəселе – əр елде өкілдіктер болса, біз олардан қаржы ағынын қабылдаймыз. Сондықтан қосарланған салық салынбайтын мемлекетті іздедік. Дубай, Гонконг жəне бірқатар еуропалық елдер арасынан таңдау жасап, нəтижесінде оффшорға емес, салықтық климаты оңтайлы аймаққа тоқтадық. Сингапур қосарланған салық салынбайтынымен жəне корпоративтік табыс салығының бар болғаны 17 пайызды құрайтынымен тартымды. Мен үшін Сингапур – ғажап жер. Мұнда келіп, бірнеше ондаған жыл бұрын қабылданған қатаң заңдар мен ережелердің жоғары қоғам мəдениетін қалыптастырғанын көресің. Мұндай мəдениеттi мұнша қысқа мерзім ішінде басқа тəсілмен қалыптастыру мүмкін емес. Қазір ел бақыттылық рейтингісі бойынша бесінші орында тұр жəне он жылдан астам уақыттан бері Дүниежүзілік бизнес жүргізу банкінің (Doing Business) рейтингінен бірінші орынды иеленіп келеді. Оның үстіне, Сингапур кез келген қаруға тыйым салынған жəне шабуыл мен тонау деген мүлдем болмайтын əлемнің ең қауіпсіз қаласы болып табылады. Тіпті дүкендерде сатылатын ас үй пышақтарының өзі соққы жасауға болмайтындай дөңгелене жасалған. Мұнда шынында да, бизнес ашу өте оңай, оны ғаламтор арқылы бірнеше сағат ішінде жасауға болады. Менің ресейлік бизнесмен танысым Сингапурдағы мəселелерін шеше отырып, қалыптасып қалған əдеті бойынша: «істі қалай тездетуге болады, мүмкін біреулерге телефон соғып, кездесу керек шығар?» – деп сұрай бастады. Бұған жауап ретінде Сингапур министрлігінің қызметкері: «біздегі жүйе сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін құрылған. Алдымен біздің сайтқа жазасыз, ал біз сізге уақыт тəртібіне сай үш-төрт күннен кейін жауап береміз, сондықтан ешкіммен жеке келісімге келудің қажеті жоқ», – деді. Сингапурдың
артықшылығы да осында. Маған бұл елде заңдар мен ережелердің барлығына бірдей жұмыс істейтіні, қосарланған стандарттардың жоқтығы ұнады. Көптен бері саясатқа тəуелді болмай, тек бизнеспен айналысып, бəрі жөнге қойылған жағдайда жұмыс істегім келетін. Сондықтан Сингапурға көштім, енді өз қызметімді ашық əрі бизнес үшін жайлы ортада жүзеге асырып отырмын. Бұл мемлекеттің үкіметі бүкіл əлемнен үздік экспаттарды тарту үшін ең жақсы жағдайларды жасады. АҚШ, Еуропа, Азияның кез келген бизнесмені немесе жоғары санатты маманы мұнда қиналмай келіп, жұмыс істеп, өзін көрсете алады. Олар тек аса білімділерді ғана тартады. «Екі қолға бір күрек дегендер өзімізде де жетеді» дегендей, ортаңқол шетелдіктер Сингапурға керек емес. Ал егер компания экспатқа айына $10 мың төлеуге дайын ол расында керек болғаны, ондай жұмысшыларға елде жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ал адамдар мұнда келіп, тек жақсы жұмысқа ғана емес, тамаша өмір сүретін ортаға: қауіпсіздікке, балалары білім алатын үздік мектептер мен университеттерге, таза экологияға, жоғары мəдениетке, ыңғайлы көлікке, жаңа технологияларға, сыбайлас жемқорлықтан ада қоғамға ие болады. Адамдардың Сингапурға баратын себебі, олар мұнда армандағанының барлығына қол жеткізеді. Мен күндердің күнінде Қазақстанда да Сингапурдағыдай жағдай жасалса деп армандаймын. Олар үздік мамандарды тартудың сауатты стратегиясын қолдану арқылы жетістікке жетіп отыр. Мұны мен 2014 жылы ұсынған Астана халықаралық қаржы орталығын құру арқылы болашақта жасауға болады. Қазір оның ашылуын 2018 жылға дейін созып, біз кешігіп қалуымыз мүмкін. ТМД кеңістігіндегі кез келген басқа ел бүкіл əлемнің үздік кəсіби шеберлерін тартып, бізді шаң қаптыруы мүмкін. Сол кезде біздің орталық ешкімге керек болмай қалады. Мемлекетіміз осы стратегиялық маңызы бар жобаны жеделдету туралы шешім қабылдайды деп сенемін, сол кезде өмір сүру мен жұмыс істеуге тамаша жағдай жасалатын арнайы аймақ еліміздің игілігі үшін жұмыс істейтін, көптеген дарынды, біліктілігі жоғары халықаралық мамандарды тартады. Мен бірнеше жыл бұрын қазақстандық-сингапурлық форумды ұйымдастырдым, бірлескен кəсіпорындар құрып, технологиялар берілуі үшін сингапурлық инвесторларды əкелдім. Біздің экономикамызға инвестиция құюға дайын адамдар бірқатар түйткілдерге тап болды. Ондағысы: тікелей рейстердің жоқтығы жəне мультивизаны алудың мүмкін еместігі. Ал бұл кез келген инвесторға қалаған сəтінде ұшып келіп, өз бизнесін, өз салымын бақылап тұру үшін өте маңызды емес пе? Біздің шенеуніктер сол кезде маған «сингапурлықтарға мультивиза рəсімдеу мүмкін емес», – деді Бұл түйткілге тап болғаннан кейін мен жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстарымды Facebook-ке жаза бастадым. Сол жарияланымдармен жəне шенеуніктермен кездесулердің арқасында Сингапурға визаларын тағы 19 ел мүлдем алып тастады! Сыртқы істер министрі Ерлан Əбілпайызұлы Ыдырысовқа дəлелдеріме құлақ асып, Сингапурмен визасыз режим жасауға ықпал еткені үшін алғыс айтамын. Егер бізде қисынды ұсыныстарды тыңдап, қабылдайтын осындай министрлер көп болса, еліміз халықаралық мамандар тұруға тартымды ел болады. Біз мемлекетімізді мұнайдың, мыстың, кен мен басқа да шикізаттық қорлардың емес, сауатты кəсіби мамандардың арқасында жақсарта аламыз. Қандай кəсіптерге назар аударуға болады? Бизнестің кез келген саласында шын мəнісіндегі жақсы идея қандай да бір түйткілге байланысты туындайды: адамдарға қозғалудың, ақпарат алмасудың қиын болуы, сапалы өнімдердің, қызметтің жоқтығы жəне басқа да мəселелер. Сондықтан егер сіз өз кəсібіңізді іздеп жүрсеңіз, айналаңызға қарап, нақты түйткілді тауып, оны шешу жолын қарастырыңыз. Бұл əлемді жақсартып, адамдарды бақыттырақ ете алатын идеялар əрдайым нарықтың сұранысына ие болады. Өмірдің өзі жиі мүмкіндіктер береді, тек мұқият қарауымыз керек. Мысалы, Қазақстан туралы айтатын болсақ, əрине біздің елдің өз артықшылықтары да бар. Мұндай ұланғайыр жер кез келген мемлекеттің еншісінде жоқ. Бұл жерге органикалық өнім өсіріп, өндіруге болады. Мəселе басқада: біз əлі де өз өндірісімізді дұрыстап дамытпай отырмыз, бұрынғыша мұнай-газ саласына иек артамыз. Осы фактордың өзі елдегі кəсіпкерлер санының аздығын көрсетеді. Евгений Чичваркин айтқандай, «елде шұжыққа алмастыра алатын мұнай болып тұрғанда, ештеңе өзгермейді». Алайда, өзінің табысты кəсібін бастағысы келетін дарынды жастардың арқасында жағдай жақсы жағына өзгереді деп үміттенемін. «Қазір əлемде не нəрсеге сұраныс бар?» деген сауалды қарастыратын болсақ, мен органикалық тамақтану өнімдеріне назар аударар едім. Бүкіл əлемде халық саны өскен сайын азық-түлікті тұтыну көрсеткіші де ұлғайып келеді жəне экологиялық тұрғыдан тағамдар жетіспей жатыр. Сондықтан жерінің көбі ластанбаған Қазақстан мен Ресейде оны сауатты өңдеп, көкөністі химикаттарсыз өсіруге мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асыруға болады. Меніңше, болашақта халықаралық нарықта экологиялық тұрғыдан таза тамақ өнімдерін өндірумен байланысты бағыт сұранысқа ие болады. Велосипедті қайта ойлап табудың керегі жоқ, тек айналаға мұқият қараңыз, тың кəсіптер көп. Мысалы, мен ұшақпен аптасына бірнеше рет ұшамын. Сонда байқағаным: бізде əуежайда да, борттардың өзінде де отандық тəттілер – джем, балдар жоқ екен. Өзімізде жақсы жеміс-жидектер, алма, бал бола тұра, тек шетелдікі тұр. Бар болғаны оларды кішкентай ыдыстарға салып қаптап, əуе компанияларына ұсыну керек жəне осындай бизнес түрлері бізде өте көп. Бəлкім, бір үлесіне ірі халықаралық əуе компаниясы ие болғысы келетін, осындай ауыл шаруашылығы кəсіпорнын сіз ашарсыз. Ал əлемдік көшбасшы біздің сапалы табиғи шикізаттан жақсы органикалық азықтүлікті өндіре бастаса, отандық өнімімізге тек ТМД-да ғана емес, бүкіл əлемде сұраныс болады. Меніңше, тағы бір қызықты бағыттардың бірі – бұл адамдарға ауырмай, қандай да бір тұқым қуалаушылық
дерттерге шалдықпай өмір сүруге мүмкіндік беретін биоинженерня. Мұның да болашағы зор, себебі адамдар сау болғысы келеді. Жастарды осы салаларға мəн беруге, аталмыш бағыттарда институтта білім алуға шақырамын. Халық қашанда дəмді тамақ ішіп, аурудан аман болғанды қалайды. Бұл адамның басты құндылықтары, сондықтан осы салалар болашақта үлкен сұранысқа ие болып, дамиды деген ойдамын. ЖЕТІСТІК КІЛТІ: Өзіңізді ынталандыратын миссияны анықтаңыз. Бəсекелестерден тиімді ерекшеленетін стратегия əзірлеңіз. Əлемдік нарықта клиенттер үшін тартымды болатын бəсекелік артықшылықтарыңыз болсын. Əлемдік нарықты талдаңыз, тың кəсіп табыңыз, сіздің өніміңізге сұраныс көп болатын елдерді зерттеңіз. Ең ірі ойыншылардың серіктесі болыңыз. Өкілеттіліктерді жүктеңіз жəне компанияны басқарудың автоматтандырылған жүйесін жасаңыз. Əрдайым қызметкерлерді жұмылдыра отырып, бəсекелік артықшылықтар жасаңыз.
Ақшасыз өмірдің мəні туралы 7 Ақшаның мəні – оған əлдене сатып алуға болатындығында емес, онымен əлденені өзгерте алатындығымызда. Ақшасыз өмірдің мəні туралы Өмiрдiң бізге бақытты болуымыз үшін берілгеніне сенімдімін. Ал ол үшін арманыңа қол жеткізіп, өз миссияңды жүзеге асырып, бұл əлемді жақсартып, бақытты балалар тəрбиелеп, өзіңде бар тəжірибемен жəне біліммен бөлісу керек. Альберт Швейцер айтқандай, «арамыздан адамдарға қызмет ету тəсілін іздеп, тапқан адам ғана шын мəнісінде бақытты бола алады». Мен жас кəсіпкерлер мен мамандарды оқыту, дəріс беру жəне кеңестерім арқылы, табысты жобалар ашуға шабыттандыруды, өз миссиям деп білемін. Күндердің күнінде қызметкерлерімізге көшбасшылар мен халықаралық мамандар деңгейіне дейін кəсіби тұрғыдан өсуге көмектессек, компания миссиясының – қызметкерлердің бақытты, ал жұмыстың табысты болуына септігін тигізетінін түсіндім. Сол кезде бір компания арқылы адамдарды бақытты ету мүмкін болса, дəл осыны бұдан да ауқымды деңгейде жүзеге асыруға болады деп шештім, соған қазір талпынудамын. Өмірімнің мəні – адамдардың өздерін жетістікке жетелейтін білім алуына көмектесу. Қазір барлық ісқимылым бизнесмендеріміздің деңгейін көтеру арқылы Қазақстандағы шағын жəне орта бизнесті қолдауға бағытталған. Бүгінде республика ЖІӨ-дегі шағын кəсіпорындардың үлесі бар болғаны 15 пайыз, ал əлемнің дамыған елдерінде бұл көрсеткіш 50 пайыздан асады. Егер біз шағын кəсіпорындар санын озық елдер деңгейіне жеткізсек, халкымыз өз бетімен тірлік қылып, мемлекетке масыл болмайды. Ол үшін бизнесмендерге бірінші кезекте білім мен қолдау қажет. «Дамудың» тəуелсіз директоры ретінде аймақтарды аралағанда өңірлік кəсіпкерлердің көпшілігінің құзыреттіліктерінің жеткіліксіз екенін көрдім. Сондықтан əсіресе ДСҰ-ға кіру қарсаңында бизнесмендерге деңгейлерін көтеруге жəне бəсекеге қабілеттіліктерін арттыруға көмектесуді өзімнің басты міндеттерімнің бірі ретінде белгіледім. Жетістікке жеткен көптеген адамдар өз уақытының елеулі бөлігін қайырымдылыққа арнайды. Олардың мұндай əрекетіне құрметпен қараймын. «Осы өмірде табысқа кенелгендер көбірек беріп, қоғам мен елге пайдасын тигізуі керек» деген пікірмен келісемін жəне бұл тұста тек ақшамен ғана емес, біліммен де көмектесу керек. Балық бергенше, оны аулауды үйреткен жөн. Білімсіздік пен құзыреттіліктің болмауы – бұл кедейлік, ал керісінше олардың болуы – ауқаттылық деп санаймын. Сондықтан басқа адамдармен өз біліміммен жəне тəжірибеммен бөліскен кезде, миссиямды орындап жатқанымды сезінемін, содан қанаттанамын. Адамдар сауатты қызықты сұрақтар қойып, кеңес сұрап, кейін оны өз өмірінде жүзеге асырып, жақсы нəтижеге жетіп жатқанда, төбем көкке жетеді. Сондықтан менторлықпен қуана- қуана айналысамын, өңірлерде дəріс оқимын, «Дамумен» бірге жоғары оқу орындарында бизнес негіздеріне енгізу бойынша, пилоттық жоба əзірлеп жатырмыз. Мен бұл мəселені өте маңызды, санаймын, себебі егер біз ондай білім беру жүйесін құра алсақ, бизнес құзыреттіліктерді дамытып, кəсіпкерлердің тұтас буынын өсіріп шығарамыз. Жаңа компания құратындардың барлығы, сонымен қатар олардың болашақ қызметкерлері де кəсіпкерлік жайлы білім алғанын қалаймын. Бұл жастардың арасында бизнестің қадірлі əрі тартымды көрініп, оларда кəсіпкерліктің қызықты, сонымен қатар жауапкершілігі мол іс екені жайлы түсінік қалыптасуы үшін қажет. Менің осы бағыттағы алға қойған мақсатым – елдегі кəсіпкерлік саласындағы шағын жəне орта компаниялардың үлесі 50 пайызға дейін жетіп, демек үш есеге дейін өсетіндей деңгейге жеткізу. Бұл өте үлкен мақсат, алайда қазір бар күш-жігерімді соған қол жеткізуге бағыттаудамын. Өмірдің мəні неде? Сіз дəл қазір кітапты қоя тұрып, озіңізге келесі сұрақтарды қойып көріңізші: Өз өмірімде мəні бар не жасағым келеді? Ол үшін маған не керек? Мен қашан бастаймын? Алдағы жылда не жасаймын? Күнделікті күйбең тірліктен бір сəтке босап, аялдап, өміріңнің мəні жайлы ойланған дұрыс. Осы университетке немесе осы жұмысқа не үшін барып жүрмін? Жасап жатқаным менің миссияммен жəне арманыммен сəйкес келе ме? Осы сұрақтарға жауап беріп қана, өз уақытыңызды басты мақсатыңызға жақындататын іске арнап жатқаныңызға сенімді боласыз. Өкінішке орай, адамдардың көпшілігі өмірдің мəні туралы ойлана бермейді, олардың миссиялары мен армандары жоқ, сол себепті де өмірлері текке өтеді. Алайда, осы кітапты оқып отсаңыз, демек сіз ол топқа жатпайсыз деген сөз. Керісінше, əлемді өзгертуге, өз ауданыңызға, қалаңызға, өзіңіз тұратын елге пайда əкеле аласыз. Тек өз өміріңе қарап, мүмкіндіктерді көре білу қажет. Бүгінде əлемде жағымсыз жайттар көп. Соғыс, табиғат апаттары, лаңкестік əрекеттер. Осы жағдайларға қарап, адамның бақыты – сүттей ұйыған бейбіт өмірде, балалардың күлкісінде, достық қарым-қатынас пен денсаулықта екенін түсіну маңызды. Сондықтан, меніңше, қанша ақшаңның бары емес, өзектісі өзгелерге жасағаның, осы бақытты қолдан ұшырып алмай, оны көбейту үшін қандай үлес қосатының. Жақында Алматы түбіндегі жылыжай иелерімен кездестім. Осыған дейін ол адамдар логистикамен айналысып келіпті. Бұларына таң қалып, «бұл бизнесті не үшін бастадыңыздар?» деп сұрадым. Олар: «біз денсаулығымыз туралы ойлана бастадық, химикаттарға толы сапасыз өніммен тамақтанғымыз келмейтінін, оны балаларымызға да бергіміз келмейтінін түсініп, өзіміз таза, пайдалы көкөністерді өсіруге бел будық», – деп
жауап берді. Олар логистикадан жылыжай бизнесіне өздерінің жəне басқа адамдардың денсаулығын ойлап келіпті. Миссия деген де осы! Тіпті шағын наубайхана, баспахана, гүл өсіретін жылыжай ашып та, сіз бірнеше жұмыс орнын құрасыз, қызметкерлерге қызықты іспен айналысуға жəне табыс табуға мүмкіндік бересіз, бастысы – клиенттердің мəселелерін шешесіз, осылайша өз өміріңізді жақсартасыз. Өз бизнесіңізге осы тұрғыдан қараңыз, сол кезде адамдарға көп пайда əкелетініңізді көресіз жəне əлем үшін одан да көп жақсылық жасай аласыз. «Жыл кəсіпкері» болу деген нені білдіреді? 2012 жылы маған Ernst & Young халықаралық аудиторлық компаниясы 1986 жылдан бері өткізіп келе жатқан «Жыл кəсіпкері» халықаралық байқауына қатысуға ұсыныс білдіргенде, оған дейін мұндай шараларға қатысып көрмеген болатынмын. Посткеңестік кеңістіктегі барлық конкурстар сатып алынады. Кім көбірек төлесе, сол сыйлықтың лауреаты болады деп санайтынын. Сені шын мəнісінде кəсіпкер ретінде бағалайтын тəуелсіз конкурстар көп емес. Сондықтан əлемнің 50-ден астам елінде өтетін, бизнес əлеміндегі «Оскар» іспеттес «Жыл кəсіпкері» жобасы менің қызығушылығымды туғызды. Мені сол кезде бірнеше аталым бойынша шығарды. Ұйымдастырушылармен əңгімелескенде олар үшін тек сенің қалай өскенің, қаржылық көрсеткіштеріңнің қандай екені ғана емес, сондай-ақ қандай өнім жасағаның, қаншалықты бəсекеге қабілетті екенің, халықаралық нарыққа шығуың, қандай əлеуметтік жауапкершілік арқалайтының маңызды болғаны көңілге қонды. Конкурстың қазылар алқасында өз тəжірибелері негізінде адамның қандай пайдалы іс жасағанын анықтаған танымал кəсіпкерлер, миллиардерлер болды. Егер ол жай шикізат сатса, асқан ештеңе ойлап тапқан жоқ, ал дүниежүзінде табысқа ие бəсекеге қабілетті өнім шығарса – бұл құрметтеуге лайық. Ұйымдастырушылар бизнесмендердің болашақ жаңа буынына белгілі бір əкімшілік ресурстардың болуын емес, өшпейтін кəсіпкерлік рухтың, білім мен құзыреттіліктердің маңыздылығын көрсетпекші болды. Шынымды айтсам, жүлделі боламын деп ойламаған едім. Конкурста миллиардтаған айналымы бар компаниялар болды бірінші кезеңде осы іріктеудің басты талабы болады деп ойладым. Алайда, бұл тəуелсіз байқау жəне ұйымдастырушылар елді жекешелендіруге қатысқан емес, əлемде бəсекеге қабілетті өнім жасай білген шын мəнісіндегі кəсіпкерлерді тауып, моральдық тұрғыдан қолдауға тырысады. Марапатты алғанда жұмысымды тəуелсіз сарапшылардың мойындағанын алғаш сезіндім, өз командама деген алғысым шексіз болды. Расында оларға менімен жұмыс істеу оңай емес, себебі үлкен талаптарды өзіме ғана емес, оларға да қоямын. Егер бізде қандай да бір жетістікке жету жоспарланса, оны өзімнен ғана емес, барлығынан талап етіп шығамын. Менімен бірге жұмыс істеу – бұл үнемі жауапкершілік арқалау жəне күш салу. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, əріптестерім мен жақындарыма төзімдері мен қолдаулары үшін алғыс білдіремін. «Жыл кəсіпкері» марапаты маған жұртшылықпен сөйлесудің жаңа деңгейіне шығуыма мүмкіндік берді. Өз идеяңды көптеген адамдарға жеткізгің келгенде, сені қоғамның мойындауы мен мəртебең жақсы демеу болады. Саған көбірек құлақ аса бастайды, ықпалың күшейеді. Қазақстандықтар менің Ресейде «Жыл кəсіпкері» аталымында жеңімпаз атанғанымды орыс баспасөзінен білді, осы кезде бəрінің назары маған ауды. СанктПетерборға «Хабар» мемлекеттік телеарнасы келіп, кəсіпорнымда сұхбат алды, танымалдылық пайда болды. Осыған дейін мен көпшіліктің алдына шықпайтын адам едім, алайда осы кездесуде біліміммен бөлісу арманыма БАҚ-тың көмегімен тезірек жететінімді түсініп, мүмкіндікті байқадым. Танымал халықаралық компанияның мені табысты кəсіпкер ретінде мойындауы өз тəжірибеммен бөлісуіме жəне адамдар мен мемлекет үшін пайдалы болуыма мүмкіндік туғызды. Өмір мүмкіндік беріп тұрғанда оны жіберіп алмай, келесі кезеңге шығу үшін пайдалану керек. Дұрыс позициялаған жағдайда кəсіпкерлікті дамыту бойынша, мақсатыма тезірек жететінімді түсіндім. Сондықтан əрбір жетістігіңізге келесі жетістікке жеткізер саты ретінде қарап, тоқтамай, қарқынды бəсеңдетпеуге кеңес беремін. Сол себепті барлық мəселені шешуге тек ақша керек деген таптаурыннан құтылу керек. Бұл мүлдем олай емес. Қызық адам болып, серіктестеріңізге белгілі бір пайдаңыз тиюі керек, сол кезде көптеген есікті ақшасыз-ақ аша аласыз. Марапатты алған соң Қазақстанға келіп, біліміммен бөліскім келгенде, журналистер маған: «бізде бəрі ақылы, материалдың ақысын төлеңіз», – деді. Сол кезде мен оларға: «мен бірдеңе айтуым үшін өздеріңіз ақша ұсынатын кез туады. Сондықтан былай келісейік: егер сіздер қазір менен ақы алмастан, тəжірибеммен бөлісуге мүмкіндік берсеңіздер, кейін менен ақпарат керек болатын кезде мен де тегін сұхбат беретін боламын», – деп жауап бердім. Осылайша, олармен түсінісіп, бірге жұмыс істей бастадық. Мен оларға керегін ұсындым: басылымдарының рейтингісін көтеретін қызықты контент бердім, олар да бəсекелі ортада өмір сүредi емес пе? Бір-бірімізге қызықты əрі пайдалы бола бастадық. Өзін таныстыру мəселесіне ұқыпты қарайтын кез-келген кəсіпкер, олар үшін құнды дүние беріп, ақшасыз-ақ серіктестермен əріптестік құра алады. Қазақстанға неге оралдым жəне отансүйгіштік деген не? Мен өз еліме пайдалы болғым келеді. Адамдарға көмегім тисе деймін. Егер сен қандай да бір тəжірибе жинақтасаң, онымен міндетті түрде бөлісуің керек, əйтпесе, бүкіл өміріңді мəнсіз сүргенмен тең. «Бизнесті қалай құрамыз?» деп келген жастардың жанып тұрған кездерін, жалынын көргенде, оларға керек болғаныма қуанамын. Айтқан алғыстары, түрлі шараларға шақырғандары, дəріс оқуды өтінгендері қанаттандырады.
Дəріс оқу туралы идеяның өзі 2012 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) жастар форумында сөз сөйлеу барысында пайда болды. Əртүрлі елден келген жастарға кəсіпкерлік туралы айтып беруім үшін, мені спикер ретінде шақырды. Бұл тақырыптың шетелдік жастар арасында қандай қызығушылыққа ие екенін сол кезде көрдім. Барлық елде адамдар өз бизнесін құрғысы келеді жəне осы тұста оларға əкiмшiлiк ресурссыз, қолдаусыз, өз бетімен табысты компания құрғандардың қанаттандыратын əңгімелері керек. Менің өмір жолым аудиторияда үлкен қызығушылық туғызды, шығып сөз сөйлегеннен кейін, бір сағат бойы қойылған сұрақтарға жауап бердім жəне ШЫҰ-на мүше елдерден келіп, жастарға «Жетістік жолыма» байланысты дəріс оқу жайлы бірқатар ұсыныстар түсті. Сол кезде мен бұл білімнің қаншалықты маңызды екенін түсіндім жəне бірінші кезекте осы біліміммен өз жерлестерім – қазақстандықтармен бөліскім келді. Кейінге қалдырмастан, келесі айда бірінші дəрісімді өзімнің туған жерім – Қостанай қаласында бердім. Ізінше өз студенттеріне «Peсейдің жыл кəсіпкерімен» сөйлесуге жəне тəжірибе мен шабыт алуға мүмкіндік бергісі келген Назарбаев Университеті мен басқа да жоғары оқу орындарынан ұсыныстар түсе бастады. Өз бастамамен ел аралап, студенттерге дəрісімді тегін оқи бастадым. Адамдарды менің өмір жолым қатты қызықтырды. Оның үстіне, менің де өздері сияқты осы жердің баласы екенім қызықты болса керек. Осы дəрістер еліме пайда əкелсем деген арманыма бастайтын, алғашқы қадамдар болды. Пайдалы болу, адамдардың өмірін жақсарту жəне оларға өз мақсаттарына қол жеткізуге көмектесу – мен үшін бақыт, барлық еңбегімнің мəні. Сондықтан бүкіл əлемдегі адамдарға табысқа жетуге көмектесетін Брайан Трейси сияқты ұлы тұлғалардың əрекеттері мені қанаттандырады. Мен үшін өмірдің мəні – адамдарға бақытты болуға мүмкіндік беру. Соған қарамастан көпшілігі неліктен Қазақстанда тұрмайтынымның себебін сұрап, тіпті ол аздай өзге елде өмір сүру – патриоттықтың белгісі емес деп айтып жатады. Ал мен оларға: «сіздер сонда өз елінде тұрып, мемлекеттің, қоғамның дамуы үшін түк істемейтіндерді де патриот деп айтасыздар ма?» деймін. Менің ойымша, еш жұмыс бітірмей, диванда жататын ол аздай мемлекеттің жəрдемақысына немесе туыстарының арқасында күн көретін мұндай «патриоттар», айналасына тек зиянын тигізеді. Патриот дегеніміз – өз бастамасымен елі үшін шынайы істер атқарған адам. Ол үшін міндетті түрде туған жерінде тұрудың қажеті жоқ екенін түсіне білу қажет. Қазір бизнесімде шекара жоқ. Өзім Сингапурда тұрып, əлемді көп аралаймын. Алайда Қазақстанға жиі келіп тұрамын, кəсіпорындар қызметкерлері мен бизнесмендерге арнап кеңестер беремін. Мұнда жастарды үйретемін, жұмыс орындарын ашамын, жаңа технологиялар əкелемін, салық төлеймін. Сонымен қатар өз елінің туын бүкіл əлемге танытқан адамдарды патриот деп атаймын. Олар халықаралық байқауларда, спорттық жарыстарда жеңіске жетіп, бірегей жəне пайдалы жаңа өнімдер мен технологиялар жасап, мəдениетімізді жақсы жағынан көрсетіп, өз Отанымыз туралы жақсы пікірдің қалыптасуына септігін тигізуде. Сондай-ақ менен жиі қайырымдылық туралы, атап айтқанда, нақты адамдардың белгілі бір қажеттіліктерін қаржыландыра аламын ба, соны сұрайды. Иə, біз тұрақты түрде бірқатар жобаларға қолдау білдіріп отырамыз. Алайда, оны жарнамаламауға тырыспаймыз. Ол туралы сирек айтамын, бірақ мақсатты түрде мүмкіндігі шектеулі жарымжандарға көмектесіп тұрамыз. Десе де дендері сау жас студенттер менен қандай да бір жобаны қаржыландыруды сұрағанда: «ренжімеңіздер, бірақ қазір гранттар, тегін конкурстар көп, қатысыңыздар, қабілеттеріңізді дəлелдеңіздер, мен сіздерге уақыттарыңыз бен ақшаларыңызды үнемдейтін кеңес бере аламын», – деп жауап беремін. Ең алдымен біз мүмкіндігі шектеулі адамдарды, бірінші кезекте негізгі өмірлік қажеттіліктерге мұқтаж балаларды, төтенше жағдайлар, лаңкестік əрекеттер салдарынан зардап шеккен, ауыр оталарды бастан өткізген адамдарды қаржыландырамыз. Бұл өмірлік ұстанымымыз, оны қызметкерлер де қолдайды. Əлеуметтік жауапкершілік танытуды өзіміздің парызымыз деп білеміз, осылайша қоғамға өз үлесімізді қосамыз. Болашақ жайлы Қоғамға пайда əкелу туралы айтқанда, қазіргі таңда менің өмірім мен бизнесімде үлкен маңызға ие тақырып – жаңартылатын энергетика туралы айтпай кетуге болмайды. Болашақ – жаңартылатын қуат көздерінде. Қазір мен əлеуметтік тұрғыдан маңызды, адамдар үшін пайдалы, жаңа əрі болашағы зор бағытпен айналысқым келеді. Бірнеше жылдан кейін əлемнің қатты өзгеретініне: электр стансаларының жабылып, жылу трассалары, бүкіл ел бойынша тартылатын жоғары вольтты желілердің болмайтынына сенімдімін. Қоршаған ортаға зиян əкелетін көмір жəне мазутты қолданатын электр стансаларынан бас тартсақ, экологиямыз жақсарады. Бастысы тұтынушылар артық төлемдерден құтылар еді. Адамдар коммуналдық қызметтер үшін қыруар қаржы төлемей, керісінше əрбір адам қандай технологияны пайдаланатынын өз бетімен шешер еді. Менің бұл тақырыпқа қызығушылығым төрт жыл бұрын ауды. Сол кезде ЕХРО-2017 көрмесін өткізу байқауына өтінім дайындау үшін Қазақстан бірнеше жыл бұрын Қытайға осы ауқымды көрмені ұйымдастыру құқығын жеңуге көмектескен адамды шақырыпты дегенді естідім. Шанхайды – конкурсқа қатыстыруға құжат дайындаған біліктілігі жоғары маман дұрыс позициялаудың арқасында Қытай қаласына жеңіс алып берді. Сол кезде əлгі маманды шақыру арқылы Қазақстанның ЕХРО-да жеңіске жетуге бет алғанын түсіндім. Осы мақсатта Қазақстан дүниежүзі бойынша жел, күн электр стансаларын салған шетелдік əріптестердің командасын алдын ала жинай бастады. Қазақстан жеңімпаз ретінде жарияланған кезде мен сақадай сай отырдым. Команда жұмыс істеп жатты, жер мəселесі, электр желілеріне қосылу, техникалық-экономикалық негіздеме дайындау бойынша келіссөздер жүргізіле бастады. Жаңартылатын қуат көздерінің болашағы үлкен екенін түсінген біз бір қадам алға жүрдік.
Алдағы 10-15 жылда күн сəулесімен байланысты шешімдер, энергетикада төңкеріс жасап, мұнай өндіретін зауыттарды, жылу жəне атом электр стансаларын алмастырады деп ойлаймын. Қазақстанда күн жəне жел энергиясын өндіруге мүмкіндік зор, мұндай артықшылық көптеген елдерде жоқ. Тек оны сауатты қолдану керек. Ал мұнайдан ауаны ластайтын жанармай мен мазут өндірмей, оны химия өнімдерін қайта өңдеу үшін пайдалану қажет. Осыдан үш жыл бұрын осы тақырыпты сөз ете бастағанымда, адамдар оның мүмкін екеніне сенбеді жəне ондай өзгерістердің қажеттігіне күмəнданды. Алайда, мұнайдың бағасы үш есеге төмен түскенде ғана ойлана бастады. Қазір біз жел паркі құрылысының жобасын əзірлеп жатырмыз. Алдағы уақытта шетелдік инвесторларды қызықтыратын сəйкес заңдар мен тартымды жағдайлар пайда болады деп үміттенемін. Бұл бізге ТМД аумағында өзгелер үлгі алатын елге айналуға мүмкіндік береді. Дүниежүзінде «жасыл» энергетика бірінші кезекке шығуда. Америка мен Еуропада электромобильдер үлкен танымалдылыққа ие болуда. Стационарлы қуат көздеріне тəуелді болмайтын уақыт келетініне сенемін, ұялы телефонды қуаттандыру үшін есіміз шығып розетка іздеуді де қоямыз. Себебі, ол экранға жапсырылған арнайы үлдірдің көмегімен қуат алатын болады. Ол жай жарықтың астында жатып, батареяны қуаттандыруға қажеті куатты өндіріп отырады. Дəл сондай үлдірді терезенің əйнектеріне жапсырып, өз үйімізге қажетті электр қуаты мен жылуды алып отыра аламыз. Бізді жаһандық өзгерістер күтіп тұр. Skype, What's App жəне Viber-ді пайдаланып, қарапайым телефонмен қаларалық жəне халықаралық қоңырау шалуды қойғанымыз секілдi, жаңа технологияларға жылдам өтіп, ай сайын жарық, жылу, ыстық су, ауаны желдету сияқты коммуналдық қызметтерге ақы төлемейтін боламыз. Осы болашақтың көп ұзамай келеріне сенемін. Мен адамдар үшін де, экология үшін де пайдалы болатын жаңа, тың істермен айналысқым келеді. Жастарға айтқым келетін 5 маңызды дүние: 1. Өз арманыңызға сеніңіз, жоспарыңызға күн сайын кем дегенде бір қадам жасап, оған жақындай түсіңіз. 2. Бар ынта-жігеріңізді жинап, кем дегенде бір саланың кəсіби маманы болыңыз. Бұл – өте маңызды. Егер өз салаңызда үздік болсаңыз, міндетті түрде бақытты боласыз. 3. Үлкенді құрметтеу жəне бағалау, ата-анаға, жасы үлкен туыстарға уақыт бөлу маңызды. Оларды «тап қазір осы сəтте» қуанту керек. Егер мұны бүгін жасамасаңыз, ертең уақытты кері айналдыра алмайсыз. 4. Өз жартыңызды іздегенде бүкіл қиындықтарды бірге еңсере алатын адамды таңдаңыз. Қасыңызда жаныңызды түсінер жақын адам болмаса, алға қарай қадам басу, айқын жоспарлар құру өте қиын. Бірбірлеріңізді жаңа жетістіктерге ұмтылуға қанаттандырыңыздар. Жұмыстағы секілді жеке өміріңізде де өз құштарлығыңыз бен арманыңызды таба білу өте маңызды. 5. Достықты, сізді түсініп, қолдайтын, сізбен құндылықтары бірдей адамдарды бағалаңыз. Мұнан басқа, достық қарым-қатынас арқылы сіз қашанда жаңа əлденені аша аласыз. Тыңдай біліңіз жəне ой қоса біліңіз. Өмірде бақыт деген тоқтаусыз дамуда, араласуда, махаббатта, алға қойылған мақсаттарға жетуде, жақындардың, əpinтестер мен серіктестердің арасындағы құрметте деп білемін. Мен үшін бəрінен бұрын дəл осы құндылықтар маңызды. ЖЕТІСТІК КІЛТІ: Өзіңіздің өмірлік миссияңызды табыңыз. Адамдарға мақсаттарына жетуге жəне бақытты болуға көмектесіңіз, өзіңізде бар тəжірибемен бөлісіңіз. Өзіңіз тұратын қоғамға жағымды жағынан ғана ықпал етіңіз. Бақытты отбасын құрыңыз, өз бетімен өмір сүре алатын табысты балаларды тəрбиелеңіз, кейін олар да əлемге пайдасын тигізеді.
ҚОРЫТЫНДЫ Біршама уақыт бұрын мен Almaty Management University (бұрынғы ХБА) «Жетістік жолы» атты дəріс оқыдым. Студенттердің бірі менен: «ақпарат тапшы болған 90-шы жылдары нарықты қалай зерттедіңіз жəне маркетингтік ізденісті қалай жүргіздіңіз?» деген қызық сұрақ қойды. Мен жай базарларды, дүкендерді аралап, өзім Батыста пайда болған заттарды сатып, сұраныс пен ұсынысты зерттеп, «далалық маркетингпен» айналысқанымды айттым. Қазіргі ғаламтор дəуірінде жас кəсіпкерлерде нарықтың қажеттіліктері мен қызықты жаңа өнімдер туралы əлдеқайда жылдам əрі тиімді ақпарат жинап алуға мүмкіндік бар. Сіздердегі мүмкіндік, менің жас кезімдегіге қарағанда əлдеқайда көп. Сондықтан кəсіп бастауды ойға алсаңыз, күмəнданбаңыз, іске көшіңіз! Барлық табысты бизнесмендер де кезінде студент болған, қандай да бір шағын дүниеден бастаған. Ең бастысы бастау керек! Осы кітапты оқып шыққан соң «Бисекеевті» оқыдым, «оқыдым да қойдым» демей, өзіңізді жетістікке жетелейтін ұстанымдарды пайдаланарсыз: өз миссияңыз бен мақсаттарыңызды жазарсыз, күнделік толтыруды бастап, арманыңызға жеткізер қадамдарды жоспарлайсыз деп сенемін. Əрбіріміздің өз өмір жолымыз бар. Осы кітапта мен өз тəжірибемді жаздым. Бəлкім, сізге бұрын өзіңізге қойып көрмеген сұрақтарды қоюға көмектесер. Мысалы, Кейт Фераццидің «Ешқашан жалғыз тамақтанбаңыз» деген кітабында автор Success журналы жүргізген қызықты зерттеудің нəтижелерін келтіреді. Оның барысында 1953 жылы Йельский университетінің студенттеріне көптеген сұрақтар қойылады. Олардың үшеуі өмірлік мақсаттарға қатысты: 1) Алдыңызға қандай да бір мақсаттар қоясыз ба? 2) Ол мақсаттарды қағаз бетіне түсіресіз бе? 3) Бұл мақсаттарға қол жеткізу бойынша жоспарыңыз бар ма? Нəтижесінде студенттердің 3 пайызы мақсаттарын қағаз бетіне жазып, оны жүзеге асыру бойынша жоспарларын əзірлеген. 13 пайызы мақсаттарын айқындаған, алайда қағаз бетіне түсірмеген. Ал студенттердің қалған 84 пайызының мүлдем мақсаты болмаған, сол сəтте оларды тек ойын-сауық қызықтырған. 1973 жылы араға 20 жыл салып, зерттеушілер дəл сол адамдарға қайта сауалнама жүргізіп, алдына жоспар құрғандар мен құрмағандардың арасындағы жер мен көктей айырмашылықты байқаған. Мақсаттары бола тұра, оны қағаз бетіне айқын түсірмеген баяғы студенттердің 13 пайызы алдына мүлдем мақсат қоймаған 84 пайызға қарағанда екі есе көп табыс табады екен. Ал ең қызығы: өз арманын қағаз бетіне түсірген 3 пайыз курстастарының қалған 97 пайызына қарағанда, орта есеппен он есе көп табыс тапқан. Бұл нақты мысал жəне ескірмейді. Мен сіздерді өз жолыңыз туралы ойлануға, басымдықтарды таңдап, бақытты болуға шақырамын. Егер менің кітабымды оқып шығып, «Жетістікке жету күнделігін» қолға алсаңыз, өз бақытыңызды жоспарлап, күн сайын сізді арманыңызға жақындататын қадамдар жасасаңыз, бұл басты жеңісіңіз, өзіңізді жеңгеніңіз болмақ. Қандай да бір сəттілікті күтпеңіз. «Табысты адамдардың жолы болған, олар керек кезде керек жерден табылған» деп ойлайтындарды жиі кезіктіремін. Шын мəнісінде сəттілік – ол табыстың бір пайызы ғана. Нағыз табыс сіздің жолыңыз болғандықтан емес, ұзақ əрі қажырлы еңбек еткеніңіз үшін келеді. Кім жақсы жұмыс істесе, білім алса, үнемі жетіліп отырса, сол табысқа жетеді. Жетістік сізге жақсы бизнес құрсаңыз немесе өз салаңызда білікті маман болсаңыз келеді. Сол кезде өзара араласатын, түрлі бизнес-қауымдастықтарға кіретін табысты кəсіби шеберлер сізді маман ретінде ұсына бастайды. Ал атыңыз кəсіби ортада құрметке лайық болған кезде ерте ме, кеш пе, табысқа кенелесіз: сізге тамаша жұмыс, қызықты жоба, тиімді серіктестік ұсынады. Бастысы, сіз өзіңізді сол сəтке дайындап, кəсіби шебер ретінде қалыптасуыңыз керек. Бизнестегі 25 жылдық тəжірибеме сүйенсем, арман неғұрлым үлкен болса, оның жүзеге асу мүмкіндігі де жоғары екен. Сондықтан берер кеңесім, өз алдыңызға биік міндеттер қойыңыз, олар сізді жоғарырақ деңгейге шығарады. Сіздер сияқты оқырмандарымның арасынан болашақ кəсіпкерлер, кəсіби басқарушылар, бизнестің түрлі саласындағы сарапшылар шығатынына сенімдімін. Сіздерге тілерім: тұлға ретінде қалыптасыңыздар, армандарыңызға қол жеткізіңіздер, бойларыңыздағы бар əлеуетті жүзеге асырыңыздар, тəуелсіз əрі бақытты болыңыздар. Бəрі өз қолдарыңызда! Ізгі тілекпен, Серікбай Бисекеев
МЕНІҢ СҰХБАТТАРЫМ Мəскеудің ең қымбат Lotte қонақ үйі. Ақ дастархан басында Sberbank CIB басшыларының бірі Рубен Варданян. «Вимм-Билль-Даннаның» негізін қалаушы Давид Якобашвили, «IL Патио» жəне «Планеты Сушидің» жетекшісі Ростислав Ордовский-Танаевский Бланко, «Инвайт» пен «Быстров», Velle желілердің негізін калаушы Сергей Выходцев отыр. Ernst & Young-тің Entrepreneur of the Year байқауына жиналған ондаған кəсіпкердің басы қосылған. Сахнаға смокинг киген кісі көтерілді де: «Жігіттерге əркез айтатыным, менің өзгелерден еш айырмашылығым жоқ. Қарапайым ауылда туып өстім, жұрт сияқты Кеңес заманының білімін алдым. Ресейде талантты адамдар өте көп, алайда біз тек қана Кеңес Одағы кезінде жасалған ресурстар мен ƏӨК өнімдерін ғана сатамыз. Қайта құру заманынан кейін жасалған жəне əлемге жол тартқан өнімдер бүгінде некен саяқ. Мен біздің мұны жасай алғанымызға қуаныштымын. Барлығыңызға табыс тілеймін! Армандарыңызды кейінге қалдырмаңыздар, дəл қазір іске кірісіңіздер», – деді. Бар шындық осы сөздерде жатыр. «Арман» холдингінің өнімдері тек қана Ресей, Қазақстан, Үндістан, Ирак, Мьянма, Сингапур, Германияда ғана емес, басқа елдерде де саудаланып жатыр. Алайда, Серікбай Бисекеев мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ол Қазақстанда жел электр станцияларын салып жатыр. Қытайдағы газ құбыры құрылысының жобасына қатысуда. Серікбай Қостанайда, облыс орталығынан 232 шақырым қашықтықта орналасқан Қамысты ауылында дүниеге келген. Қазақ ауылынан шыққан қарапайым бала қалайша Ресейдің үздік кəсіпкері болды? «Көшпелі кəсіп» – «Деловой Петербург» баспасы 30 наурыз 2013 ж. Серікбай Бисекеевтің өмір жолы – посткеңестік кеңістіктегі кəсіпкерліктің ең ерекше, тың түрі. Біріншіден, «Арман» компаниялар тобының президенті Серікбай Бисекеев кəсіпкерлік мансабын Ресейде жасаған қазақ баласы. Екіншіден, ол бағындырған бизнес əлемде алғашқы орындарға шыққан, яғни ақпаратты технология саласы, ресейлік чемпиондарға да, кеңестік одаққа мүше елдер өкілдеріне де үйреншікті емес, таңсық дүние еді. Сондай-ақ ол кəсіпкер тұлға ретінде жəне бизнесін дамытудағы көрегенділігімен ерекше. Бизнесті бастағанда ол бəрін бос кеңістіктен жасады. Сөйтіп ТМД нарығында аяққа тұрып, (сандық дауыс зорайтқышты байланыс) өз бəсекелестеріне кезінде компания жұмысын барынша күрделендіргені жəне сол арқылы қызықты еткені үшін алғысын айтады. Бұл кəсіпті ашқанда, жалдамалы пəтерде тұрып, өзінің бүкіл табысын осы іске салды жəне «Қымбат жылжымайтын мүлік пен дүние, кəсіпкер үшін керек емес қажеттілік» деп қарады. Ісін енді ғана бастаған кəсіпкерлерге берілетін гранттарды алуға да қызықпады, олар зиян əрі жолымнан тайдырады деп санады. Серікбай Бисекеев Ernst & Young байқауының Ресейдегі «Жыл кəсіпкері-2012» сайысында B2B номинациясының жеңімпазы болғаннан кейін ДЗБ аудиториясына кеңінен танымал бола бастады. Ол осындай алдын ала келісіп-пішілмеген шешім үшін өз ісінің мойындалғанын жоғары бағалайды жəне идеяларының танымал бола бастағанын, «бизнесіңді жетілдіре отырып, əлемді жəне айналаңды да дамытып, жақсарта түс» деген кəсіпкерлік миссиясының бір бөлігі ретінде қарайды. «Көпке үлгі боларлық кісі» – «Эксперт Казахстан» 21 қаңтар 2013 ж. Серікбай, кітаптар мен тренингтердің көптігіне қарамастан кəсіпкер боламын дегендердің барлығы бірдей табысты бизнесмен болып кетіп жатқан жоқ. Өнерде де, бишілер мен суретшілер оқып емес, жаратылысынан солай болып жатады ғой? Яғни бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейді, солай емес пе? – Иə, əрине. Расымен кəсіпкер болып дүниеге келетін шығар. Бұл – долбарлауға негізделген, түйсікке тікелей байланысты, тəуекелге əркез дайын болуды талап ететін сала. Əлемде тұратын адамдардың 90 пайызы қалыпты болса, қалған он пайызы біртүрлі. Олардың бес пайызы жүйке жүйелері ауруханаларында, ал қалған бес пайызы бостандықта, бизнесмен ретінде өздерін танытып жүр. Оларға «Мынаны жасама» десе, керісінше барып, соны жасайды. Себебі, онда арман бар да, оның шекті жиектемесі жоқ. Көбісі «сен бизнес бастаған кезде Ресейде бəрі оңай болды. Кооперативтер енді ғана пайда болып жатты, бəсекелестік төмен болды» деп жиі айтады. Алайда, бұл маған оңай болмады. 5 млн адамның ішінде, оның үстіне мұндағы бұрыннан тұрып келе жатқан тұрғындарға қарағанда ұлтым бөтен. Ол аздай қалада күніне бірнеше ондаған адамды өлтіріп кетіп жататын жəне рэкитерлерден кəсіпкерлер он есе аз болды. Ойланатын уақыт болмады, тек қана күн көру керек болды. «Ауылдан шыққан миллионер Серікбай БИСЕКЕЕВ: «Адамды көлігі мен қымбат сағатына қарап емес, ақылына қарап та бағалайды. Қазақтар түсінер деп ойлаймын» — «Мегаполис» 20 маусым 2014 ж. Шаңхай ұйымының жастар форумына сарапшы ретінде шақырту алып, онда сөйлегеннен кейін Серікбайға, осы ұйымға мүше елдерден «Табыс сыры» тақырыбында дəріс оқуға ұсыныстар көптеп келіп түсе бастайды. Алайда, кəсіпкер білгенімен бөліспес бұрын мұны ең алдымен оны өзінің жас отандастарына,
қазақстандық ЖОО-да баяндағысы келеді. Сөйтіп, өзі секілді əрбір жастың арманына сенуіне ықпал еткісі келеді. Алғашқы тыңдаушылары Назарбаев университетінің студенттері болды. «Қазақстанға тұрғылықты тұруға көшіп келу жоспарыңызда бар ма?» деген сауалға достарының да «өз еліңде сұлтан болғаның» дұрыс дегенді жиі айтатынын айта келіп: – Бүгінде мен білікті кадрларға арналған жұмыс орындарын ашудамын. Бұл – бүкіл бизнесмендердің мақсаты. Сондай-ақ студенттерге жəне ісін енді бастаған жас бизнесмендерге бірнеше дəріс оқу жоспарымда бар. Менің қайда тұрғаным маңызды емес. Əлемнің қай түкпірінде жүрсем де, Қазақстанға өз пайдамды тигіземін. Меніңше, патриот дегеніміз өз елінде тұрып, түк бітірмеген адам емес, мемлекетіне технология, білім мен тəжірибесін əкеп, бəсекеге қабілетті болуына көмектесу. Бұл адамның табысты болуының сыры неде? Əрине, белгілі бір жетістікке жетіп, онысымен тоқтап қалмай, тағы бір мақсатты үлкен қызығушылықпен қолға алатынында. Көздегеніне жетпейінше, ол тыным таппайды. «Арманын жүзеге асырған адам» – «Казахстанская правда» сəуір 2013 ж. – Қазақстанда бүгінде тұтынушылық дүмпу де, кедейшілік деңгейі де қарама-қайшы ұлғайып келеді. Сіздің ойыңызша, ҚР-ғы кедейшіліктің бір себебі, халықтың несиеге белшеден батқанынан емес пе? Мұнан шығудың қандай да бір жолы бар ма? Меніңше, мемлекет бұл бағытта салмақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізуі қажет. Елде жеткілікті деңгейде халықты каржылық сауаттылыққа ешкім үйретіп жатқан жоқ. Ал амалсыз несие төлеумен өмірін өткізіп жатқан адамдар зардап шегуде. Жылдар өте көзіміз жетіп келеді, елдің сатып алушылық қабілеті төмендеп барады. Бұл дегеніміз адамдар бұрынғыдай өздеріне көлік, баспана секілді қажеттіліктерін ала алмауда, тиісінше мұнан салық та түсіп жатқан жоқ. Бəрі айналып келгенде экономика өсімінің қарқынына тікелей əсер етуде. Экономиканы көтерудегі бір бағыт, əлсіз дамып келе жатқан бағытта құзіретті ұлғайту керек. Сонда тұтынушылық қажеттіліктер де өседі. Мəселен, бірінші емес, алтыншы санаттағы электрик өзгелерден көп табыс табады. Сөйтіп оның тиісінше төлем қабілеті де артады. Ол үшін бірінші кезекте қазақстандық компаниялар өз қызметкерлерінің құзіретін арттыратын механизмдерді ойлап табуы қажет. Сол арқылы жалақылары да жоғарылайды. Екіншіден, «тұтынушылық несиелермен» өмір сүрудің дұрыс емес екенін сауатты түрде түсіндіру қажет. Себебі, əр нəрсенің альтернативті шешімі болады. Мысалы неліктен мен жалдамалы пəтерде тұрып, көлік мінбеймін? Себебі, тапқан табысымның бір бөлігін демалысыма, спортпен шұғылдануға деп бөлек жинаймын. Бір сөзбен айтқанда өз рахатым үшін қаржы шығарып, бақытты бола аламын. Сол бар тапқанын бір іске емес, несиеге құртатын адамдар тыныш əрі бақытты өмір сүре алмайды. Əркім өз көрпесіне қарай көсілуі керек! – Сіздің ойыңызша, жағдайдың мұндай сипат алуы біздің менталитетімізбен байланысты ма? Иə, қалыптасып қалған қатаң қағидалардан құтылатын уақыт келді. Əркімнің жеке үйі болу керек деп ипотекаға жіпсіз байлану секілді түсініктерден арылу керек. Біздің азаматтардың ойланбастан үлкен шығындарға барып жататыны, оларды осы қалыптасқан стереотиптер жеңіп алған. Біреулері «мінетін болсаң, тек қымбат көлік алуың керек, себебі сол арқылы деңгейің жоғарылайды» деп ойлайды. Алайда, адамдар өздерін жұрттың ақыл-парасатына, кəсіби біліктілігіне қарап бағалайтынын түсінгенде ғана бақытты əрі тəуелсіз өмір сүре алады. Дербес, ешкімге бағынышты болмай ғұмыр кешу деген – көп нəрсені аңғартады. Білім алуға, біліктілігіңізді арттыруға ақша жинай бастайсыз, сол арқылы жоғары жалақы төленетін кадрға айналасыз. Өзге елдерде оқып, ой-өрісіңді арттыру қажет. Егер адам жұмыс таңдау мен қозғалысына таңдау жасай алатын болса, онда міндетті түрде табысқа жетеді. Адамдарға жеткізгім келетін тағы бір нəрсе: мемлекетке иек артпаңыздар, өз өмірлеріңізді өздеріңіз жеке бастарыңызбен жоспарлаңыздар, ертеңгі күндеріңіз үшін ақша жинаңыздар жəне оны тұрақты табыс əкелетін іске салыңыздар. Ең бастысы, не алсаңыздар да несиеге ұрынбаңыздар! «Кедейшілікке қарсы екпе» – «Бизнес&Власть» баспасы тамыз 2014 ж. – Аймақтардағы кəсіпкерлерге кеңес беру ісі қалай дамып жатыр? Консультация ұсынатын мемлекеттік бағдарламалар бар емес пе? Кеңестер беріліп жатыр. Тек оны кімдер беруде. Бұл міндетті көбіне жеке кəсіпкерлер мен ХҚКО-дағы кеңесшілер атқаруда. Олар бизнесті жолға қою үшін немесе табысты директор болу үшін қандай ақыл айтуы мүмкін? – Бəрі түсінікті. Бұл ретте қандай ұсыныстарыңыз бар? Сұрағыңыз орынды. Бірінші, кəсіпкерді басынан аяғына дейін жетектеп алып жүру керек. Өзге дамушы елдерде бұл бизнес қалай дамып жатыр, соны түсіндіру қажет. Бизнес-жоспардан стратегияға дейінгі əрбір қадамымызды келісіп алмасақ жəне жобаның қажетті екеніне, нарықта сұраныстың болатынына көз жеткізбейінше, ешқандай да субсидия немесе грант берудің қажеті жоқ. Яғни бизнесті терең зерттеуіміз қажет. Үлестірілген субсидиялардың жұмыс істеп, мемлекетке пайда əкелуін бақылауға алу керек. Əйтпесе, тиімсіз жоба ретінде тұралап, қалып қояды. Біз адамдарды толық оқытпайынша, жобаларды бағалаушылардың тұтас жүйесін жасамайынша, бизнеске бөлінген субсидияның қайтарымы бола қоймайды. Қазір нарықтағы ережелер өзгергендіктен мемлекеттен қолдау алғандардың көпшілігі тіпті өз өнімдерін
сата алмай отыр. Олар тауарларымызды Алматы мен Астанаға жібермейді деп ойлайды. Сондықтан кəсіпкерге субсидия бергенде, мемлекет оны басынан аяғына дейін өзімен бірге алып жүру керек, жағдайын жасап, өнімінің өтуіне қол ұшын созуы қажет. Мысалы, жəрмеңкелер. Жергілікті əкімдіктегілер 50 сотық жер бөліп, өндірушілер өз өнімдерін күн сайын сол жерде сатуына болады. Бұған ешқандай кедергі жоқ. Халық та алыпсатарлардан құтылады. Мұның неліктен жасалмай жатқаны маған түсініксіз. Екіншіден. Көптеген басқарушылар өздерінің 30 жылдық тəжірибесі бар, зейнекерлікке шығатын уақыты келсе де, əлі жұмыс істеп жүрген қызметкерлері туралы мақтанышпен айтып жатады. Олар əрине өз ісінің кəсіби шебері шығар. Алайда, алған білімдерінің Кеңес заманынан бері еш өзгермегенін, бизнеске жаңа көзараспен қарау керек деген секілді жəйттерді ұмытпау керек. Мен мұндай беталысты өзгерту керек деп санаймын. Өйткені олар Кеңес заманында өмір сүрді. Онда кəсіп ашқан адамның жарығын, жалақысын тағы сол секілді шығындарын мемлекет төлеп беретін. Тағы өнімінің өтуін қамтамасыз етіп отыратын. Қазір əлем өзгерді. Бүгінде жағдайды тез бағамдау үшін адамдарды бизнестің ережелеріне үйрету керек. Əрине, жеке сектордағылар бүкіл командасын бір мезетте ауыстыруға жəне лайықты кадрларды ала қоюға дайын емес. Сондықтан мемлекет бизнес саласында халықаралық ойыншылармен қарым-қатынас құруға көмектесіп, сол компаниялардың капиталына кіруге жол ашса, жақсы болар еді. Менің бизнесім мүлдем басқа салада. Бөлшек сауда емес. Ал кəсібін енді бастағандарды оқытудың қиын екенін көріп отырмын. Жас мамандарды тарту да мəселені көп шеше қоймайды. Себебі, оларды да оқыту керек. Ал бизнестің жаңа қырларын үйрететін адамдар жоқтың қасы. Осылайша, шешімі жоқ шеңбердің ішінде қалып қойып отырмыз. Сондықтан басқа əдістерге көшу керек. Əлемде түрлі амалдар бар. Мəселен, Данон секілді сүт өндіру саласындағы табысты бизнесмен емес, орта деңгейлі ойыншы нарыққа еніп, кішігірім бір компанияның үлесін сатып алады да адамдарды жаңа бағытта оқытады. – Яғни шетелдік компаниялармен бірлескен кəсіпорындар құру ма? Иə. Дəл осы жол біздің компнияларды бəсекеге қабілетті ете алады. Ол үшін мемлекет инвесторларға қолайлы жағдай жасауы кажет. Бүгінде жалпылай айтқанда Қазақстан – инвесторларды аса қызықтырып тұрған жоқ. Біз жуырда ДСҰ-ға кіреміз, сосын кəсіпкерлеріміз бірінен соң бірі өше бастайды. Дəл қазір сол инвесторларды шақырып, бірлесіп кəсіпорын ашып, бəсекеге қабілетті болуды үйрену керек. Ал бізде орта деңгейлі инвесторларды тартудың тиімді жағдайлары жасалмаған. 20 млн доллардан астам қаржы құйғысы келетін шетелдік инвесторларды тартуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Қазақстанда осынша қаражаттың құйылғанын күтіп тұрған 5-6 компания бар. «Қазақмыс», ENRC жəне қалған үлкен ойыншыларда бəрі жақсы, оларда өздерінің 20 млн-ы бар. Мұнан келер пайда жоқ. Ал егер орта деңгейлі компанияларға инвестор келсін десек, жағдайды реттемейінше олар мұнда асыға қоймайды. Ол неліктен тəуекелге барып, бүкіл қызметкерді оқытуы тиіс? Мəселен, оған біз 5 жылға дейін салық төлеуден босатыласың деп, компанияны қалай құру керектігін жəне оны ертеңгі күні басқа үлкен ойыншыға сатуға болатынын айтсақ, бұл енді қызықты болмақ. Орнына өндірістегі жұмысшыларды оқытып, салық төлеушілердің санын ұлғайтамыз. – Ал енді біздің кəсіпкерлер туралы айтайықшы. Оларды мемлекеттiк субсидия деген жайлы жылыжайдан шығарып, өз күндерін өздері көретін жағдайға жеткізу үшін не істеу қажет? Қазір сіз айтқандай жылыжайдағыдай жағдай жоқ. Мемлекетің асырауында отыруды доғару керек. Аймақтарда біз кəсіпкерлермен кездескенде олар: «ҚазАгро» көмектесті, «Даму» қолдады, қазір неге комектеспейді?», – дейді. Олар мемлекет, Кеңес Үкіметі кезіндегідей үнемі қолдауы керек деп ойлайды. Мұндай кісілерге нағыз бизнес бұл – ешқандай қолдаусыз жүзеге асқан бизнес екенін жақсылап түсіндіруіміз керек. Олар инеге отырған нашақор сияқты, мемлекетке иек артып алған. Мемлекеттік қолдауды алып тастаса, ертеңақ тоз-тозы шығып кетеді. Ол кезде өңірлердегі көптеген жұмыс орындарынан айырылып қаламыз. Бұлай жасауға да болмайды. Сондықтан бірлескен кəсіпорындар құрудың тиімділігін дəлелдеп көрсету керек. Бізде жер бар. Ол əлемдегі ең жақсы, ең үлкен жəне ең бастысы игерілмеген. Орналасқан жеріміз де тəптəуір. Жанымызда өнімімізді тез жеткізіп беруге болатын үлкен өндіріс нарықтары бар. Жерімізде мұнай, газ, метал секілді ресурстар толып жатыр. Мұндай мүмкіндікті біреулер армандай да алмайды. Мəселен, жерінде ештеңе шықпайтын израильдіктер құлпынай экспорттаушы үздік елге айналды. Бұл дегеніміз көп нəрсені аңғартады. Яғни адамдар басын жұмыс істеткен. Ал бізде алға қарай ілгерілеуге деген құлшыныстың жоқтығы көңіл жабырқатады. Жастарымыз адуынды, дамуға икемді болса да, осылай болып тұр. Ата-бабаларымыз секілді бастаған істі жұлып əкетіп, соңына дейін жеткізуге, жеңімпаз болуға лайықты. Тек оларға мүмкіндік беру керек. <...> Сенсеңіз де, сенбесіңіз де айтайын, дəл Қазақстандағыдай кəсіпкерлерге ТМД елдерінде ешбір мемлекет қолдау жасап жатқан жоқ. Бірақ соған қарамастан əлі де үздік өндіруші бола алмай отырмыз. Жиі айтатын қаржы – басты мəселе емес. Ең бастысы – идея жəне құзіреттілік, команда мен бизнесті басқару тəжірибесі. Егер мұның бəрі болса, ақша табылады. Кəсіпкер ретінде айтайын, бізде тек қаржыңды кімге сеніп тапсыруға болатынын білмейсің. Сенімді адам жоқ. Ал қаншама инвестор бар қаржысы бостан-босқа жатқан. Олар қай салаға құярын білмей отыр. Себебі, талапқа сай жұмыс істейтін команданы көріп тұрған жоқ. Көңіліңе сенім ұялатпаған командаға қалай ақшаңды сеніп тапсырасың? Қаражатыңды айналдырып əкететін топқа құйғың келеді. «Алқызыл түсті көзілдірікті шешетін уақыт келді» — «Бизнес&Власть» баспасы қазан, 2015 ж.
F: Қазір табысты деген компаниялардың өзін қолдауға не кедергі? – Банктер теңгемен несиені тиімді шарттар бойынша бергісі келмейді, тек шетел валютасында ұсынады. Берсе де, қаржының 200 пайыздық кепілі көлеміндегі жылжымайтын мүліктің болғанын талап етеді. Үнемі девальвация жасай беретін Үкімет банктерді қорқытып тастаған. Алайда, мұнымен біз үнемі теңгенің құнсыздануына тап болып отырған бизнес саласын өлтіріп аламыз. Елдегі бизнестің 80%-ы шикізат экспорты саласында жұмыс істейді. Мұнда мемлекеттің басымдылығы жоғары, сондықтан табысты ұлғайтуды ойлап, валютаның құнсыздануына жол беріп отыр. Ал шикізаттық саладан тыс жатқан шағын жəне орта бизнестің үлесі бар болғаны 20%-ды ғана құрап отыр. Олар өз күндерін өздері көріп, барынша тырмысып жатыр. F: Сіз мемлекеттік қолдау механизмінде қандай да өзгеріс енгізер ме едіңіз? «Даму» қоры кімдерге несие, кімдерге кепіл беру керектігін білу үшін ортақ электронды порталды іске қосу керек. Онда мемлекеттен қарыз алғысы келетіндердің барлығының өтініші тіркелсе. Өтініштерді қарау мерзімі – 3-5 күн аралығында болу қажет. Сондай-ақ банктердің де дереу үн қатқаны дұрыс. Клиент кредитордың артынан, ал банктер қарыз алушының артынан жүгіріп жүрмес үшін бір апта ішінде жауап берілуі тиіс. Тапсырған құжаттары талапқа сай келеді ме? Қаржылық ұйымдардың арасында сонда шынайы бəсеке пайда болады. Ал теңге өтімділігі жетіспей тұрғанда, ашықтық болмағанда кімді қаржыландырасың? Бұл мəселені көтерген болатынмын. Осыған орай тиісті жобаны жуырда жүзеге асырмақпыз. F. Яғни мемлекеттік қолдауға жүгінген бизнесмендердің негізгі мəселелері осы ма? – Иə, кəсіпкерлер «банктер құжаттарды ұзақ қарайды, сенбегендіктен сұмдық кепілдемелер сұрайды», – дейді. Соған қарамастан «Даму» қоры, кəсіпкерлер екінші деңгейлі банктерге қойған кепіл құнының 85 пайызына кепілдеме беруге де дайын. Бұл – бизнес үшін керемет мүмкіндік. ТМД-да мұндай жеңілдік ешкімде жоқ. Соған қарамастан банктер өз қаражаттарын шығарғысы, нарыққа құйғысы келмейді. Тек доллармен бергенді қалайды. Мұнан экономика зардап шегеді. Көптеген банктер тіпті айналымдағы қаржыны да несиелердiрмейді. Ал бұл мақсатқа алдымен табысты компанияларға бірінші кезекте қарыз беру керек. Егер бизнесмен жыл өткен сайын өз кəсібін дөңгелентіп келе жатса, оған неге несие бермеске? Елестетіп көріңіз, ол «Самұрық-Қазынаның» тендерін ұтып алды. Алайда, келісімшарт талабы бойынша қор алғашқы ақы ретінде келісілген соманың тек 30 пайызын ғана береді. Жобаны орындау үшін бизнесмен құрылғы сатып алуы керек. Оған келісілген қаржының 70-80 пайызы кетеді. Кəсіпкер ондай қаражатты қайдан алады? Бұл дегеніміз кей шенеуніктеріміздің шынайы өмірден тым алыстап кетіп, мүмкін емес қиын ережелерді жасап қойғанының салдары. F: Қалай ойлайсыз, қазіргі дағдарыс бұрынғыларға қарағанда қаншалықты қиын болады? – Барлық дағдарыстан кейінгі түйін біреу. Сəтсіз компаниялар кетеді, ал табыстылары қалып, ізінше дереу дамиды. Сондықтан мұндай кезеңді мүмкіндіктер уақыты деп бағалау керек. Бастысы – несиеге кіріп кетудің жəне тұрақты əрі бəсекеге қабілетті болуға итермелемейтін бастамаларды қаржыландырудың қажеті жоқ. Мəселен, қаражатты білімге, компанияның дамуына салып, қымбат пəтер немесе көлік алуға ақша құюдың керегі жоқ. F: 2015 жылы сізбен Мəскеуде «Сколково» бизнес-мектебінің туған күнінде кездесіп едім. Біз онда ресейлік бизнесмендердің валюта, мұнай, дағдарыс секілді тақырыптардағы əңгімелерін көп естідік. Сонда көзім жеткені, «баспаға басудан бөлек» түсінгенім, көптеген кəсіпкерлер болашаққа оптимистік көзқараспен қарайды екен. Қол қусырып отырмайды, инвестиция iздеп, дамуда. Ал БАҚ-да бизнесмендердің ыңқылсыңқылын көп естиміз. Неліктен? – Бəсекеге қабілетті емес адамдар көп шағымданады. «Ойында» барлығына бірдей жағдай жасалып тұрғанда, тек мықтылар ғана дамудың жолын тауып, бизнесін алып шығады. Ал жағдай əрқалай болса, онда əңгіме басқаша. Мысалы, біреулерге тауық етін əкелуге тыйым салып жатады, ал біреулерде оған квота бар. Қойылатын талап бəріне бірдей болу керек, сонда бизнесмендер шағымданбайды. «Валюта курсындағы тұрақсыздық бизнесті жояды» – Forbes Kazakhstan басылымы желтоқсан, 2015 ж. Жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту үшін инвестицияның да жаңғыртылған көздері қажет. Оны бүгінде шетелдік инвесторлар ғана бере алады. Өкінішке орай Қазақстан асығар емес. – Елестетіп көріңізші, сізге бүкіл əлем қолданып жүрген ұшатын автомобиль берді де: «бұл жерде жүргенге қарағанда тиімді əрі ыңғайлы, ұша беріңіз» десе. Ал сіз оны қалай басқару керектігін тіпті елестете де алмайсыз. Кəсіби ұшқыш та, қажетті жанармай да, белгіленген кеңістік те, бекітілген ережесі де, ештеңесі жоқ. Сіз оны қолданар ма едіңіз? Жоқ. Жаңғыртылатын энергия көздерінде де сол секілді жағдай. Президент қаулысымен біз жаңғыртылған энергия көздерінің үлесін 2020 жылға дейін жалпы энергия генеарциясының 3 пайызына дейін жеткізу қажетпіз. Алайда, бұл көрсеткіш қазір бар болғаны 1 пайыз ғана, Жаңғыртылатын энергия көздерін Қазақстан нарығында дамыту үшін неге баса мəн берген жөн? – Мемлекет басшысы əлемдік маңызды трендтерді жəне онан шығудың жолдарын көріп отыр. Алайда, мемлекет барлық жобаны бір мезетте қаржыландыра алмайды. Сондықтан инвестиция тарту үшін оның ішінде жеке инвесторларды шақыру үшін, қолайлы механиздер жасап, жағдайды жөнге келтіру керек. Соған сай, президент тиісті органдарға қажетті тапсырмаларды берді. Алайда, атқарушы орган алдымен инвесторларды тартуға қажетті тиісті заңның өзін жөндеп жаза алмай отыр. Ал сырттан инвестор келмесе, технологиясын
əкелмесе онда нəтиже күтудің де керегі жоқ. Сондықтан алдымен əлемдік үздік тəжірибелерге негізделген заң керек. Екіншіден, мемлекет пен жаңғыртылатын энергия көздері сарапшылық қауымдастығы (ЖЭК) арасында тəуелсіз коммуникация мен өзара іс-қимылдың арнасын (Үкімет, Парламент) жасау қажет. Сол арқылы болып жатқан құбылыстардың шынайы картинасын біліп отыруға болады. Үшіншіден, жүктелген тапсырмалардың орындалуын бақылап отыратын механизм жасап шығу керек. Онда да нəтижені бағалауға қатаң қарау қажет. Артылған міндетті атқара алмады ма, орнынан босату керек. Жаңғыртылатын энергия көздері мəселесімен осымен бар болғаны 4 жыл ішінде 3 министр айналысты. Бір орында жылжымай тұрғанымыз осыдан. Ал əлемде бұл мəселені жүзеге асыруда үлкен жұмыстар əлдеқашан басталып кетті, көптеген елдер табысты əрі шұғыл əрекет етіп, оны өздерінің экономикасына бейімдеп алды. Жаңғыртылатын энергия көздеріне көшу – ұсыныс емес, шынайы қажеттілік. Үнемдеу жағынан ғана емес, себебі алғашында жасыл экономика бастамасын ұсынғандарды, бұл қадамға жаһандық мəселелер итермелеген. Экономиканың қазіргі моделі мен жер қойнауындағы байлықтарды тоқтаусыз қазу, қоршаған орта мен адамзатқа шексіз зиянын əкеліп жатыр. Ол кемшіліктің орнын келесі толқын ұрпақ та қалпына келтіре алмайды. Айтпақшы осы мəселе Парижде өткен конференцияда қызу талқыланды. Оған қатысушы бүкіл ел нақты шешімдер күтуде. Бұл ретте Қазақстан өзінің үлкен үлесін қоса алады. Себебі, табиғи əрі климаттық мүмкіндіктері зор. Бізде экологиялық таза энергия алу үшін жел мен күннің үлкен потенциалы бар. Осыны толығымен қолдану керек. Себебі, жаңғыртылатын энергия көздері – болашағы бар, экологиялық таза, мұның соңында үлкен болашақ бар. «ЖЭК: инвестициялар мен технологиялар – екі еселік əсерге кепіл болу» – Бизнес&Власть баспасы желтоқсан, 2015 ж. Кемеңгерлік Серікбай мына екі кітаптан мысал келтіргенді жақсы көреді. «Үшінші əлемнен біріншіге» жəне «Өзінің «феррариін» сатқан тақуа». Алғашқы кітаптың авторы Ли Куан Ю тəуелсіз Сингапурдың алғашқы премьерминистрі болған. Ол өзінің жасайтын бүкіл əрекетін əрбір қадамына дейін 35 жыл бойы жазып отырған. Ал екінші кітаптың авторы Робин Шарма, миллионер адвокаттың өмірі туралы жазған. Онда бас кейіпкер қатты науқастанып, ештеңеге қызығушылығы қалмайды. Сосын қолындағы бар дүниесін сатып, өмірдің мəнін іздеу үшін Шығысқа аттанады. Екі кітап та бір қарағанда, қарапайым, əдеттегі əдеби шығарма секілді көрінгенімен, онан үйренеріміз көп, «Əркімнің арманын ойлап, қаншама секундтарыңды жоғалту арқылы сен өз өміріңдегi қайта келмейтін уақытты жоғалтып жатсың», – деп жазады тақуа. «Бұл тура мен туралы ғой», – деп күледі Серікбай. Сингапурдағы жағдайдың да жақсылап тұрып қарасақ, біздің өмірімізге қатысы бар. Елді Ли Куан Ю басқарып тұрған кезде, жалпы ішкі өнім көрсеткіші əр азаматтың жан басына шаққанда 400$ көлемінде болған. Ал қазір бұл бірде-бір пайдалы қазба байлықтарының жоқтығына қарамастан, ең жоғары дамыған, өмір сүруге қолайлы əрі əлемдегі жемқорлықтан мүлде ада ел. Сингапурлық ғажайыпты жасаушының рецепті оп-оңай секілді. Бірақ жұмыс істеп тұр! Мəселен, Сингапур жемқорлықты жеңе білді. Көптеген өзгеріске заң арқылы қол жеткізді... Соттарда «айыпталушы өз қаражатына өмір сүрмеді жəне өзіне тиесілі емес нысанды иеленгісі келгені, алайда оны алуға табысының жеткіліксіздігі негіз ретінде» алынады. Соның өзі көрсетіп тұрғандай «күдікті сосын пара алған» деген көзқараспен қарайды. Кəсіпкер болса, мəселен мемлекетті біз көбіне трансұлтты корпорация деп қарайық, онда ол өзінің менеджерлеріне сол трансұлтты корпорация секілді жалақы төлеуі тиіс. Ал айлық төмен болса, онда жемқорлықты біз ешқашан жеңе алмаймыз. Серікбай болса, Қазақстанның азиялық жолбарыстардың тəжірбиесін кең көлемде қолданылып жатыр деп есептейді. «Мəскеу əркез велосипед ойлап тауып жатады, алайда оны қайта жасамай-ақ алгоритмінің соңынан ере білу керек. Ал бізде соншама көп жоспарлар құрып, көп əңгімелер айтылып жатады. Бұйрықтар беріп жатады. «Отандық өнімдерді алыңыздар» дейді. Жалпы, біздегі бизнестің 50%-ы мемлекеттік корпорациялар. «Газпром», Роснефть» жəне т.б. құрайды. Алайда, олар соған қарамастан барлық құрылғыны Батыс елдерінен сатып алуда. Дегенмен бүкіл əлемге өнімін саудалап отырған компания басшысы ретінде айтайын, мемлекеттік корпорацияларға бізбен жұмыс істеу тиімсіз. Себебі, шенеуніктерге біздің тауарды алған қызықты емес. Себебі, 4 есе арзан! Алайда оларды қызықтыратын өздерінің қызығушылықтары бар. Бұл 10 немесе 20% арзандау болса...» Қағидалар Серікбай өз жасына қарамастан өте жас көрінеді: жағасы ашылған аппақ жейдесімен сингапурлық яппиға, яғни жас кəсіпкерге көбірек ұқсайды. Орын ауыстыруын ол рационалды себептермен байланыстырады: «мен – көшпендімін! Тегімде ұлы бабамның қаны ойнап тұр. Ғаламтордан оқып көріңіздер! Дербісəлі Беркімбаев. Ол Прежевальскиге көмектескен жəне Романовтардың 300 жылдығына шақырту алған жалғыз қазақ», – дейді. Алда көп iстер күтіп тұр. Кəсіпкер ауқымы тар диспетчерлік жүйеден үлкен интеграция жүйесіне өтпекші. Серікбай алға үлкен жоспар құрудан қорықпайды. «8 жылдан кейін EPC – келісіміне қол жеткіземіз, яғни зауыттар, авто жəне темір жолдар құрылысы секілді жобалармен айналысатын басты мердігер атану. Посткеңестік кеңістіктегі жобаларды басқарушы менеджерлер бүгінде өте қат. Сондықтан сондай персоналдар жасауға көп күш салудамыз. Себебі, ол білімді рейдермен ала алмайсыз. Осындай біліктілік болса, кез келген
елде табысты жұмыс істеуге болады», Алайда, Серікбайдың басты мақсаты ақша жинау емес. «Бай болып өмір сүрген адамның өмірі мəнсіз». Келісемін. Өз балаларын да адам жəй ғана емес, өте қатты жақсы көруі тиіс. Бұл дегеніміз оларға көлік, пəтер, компания емес тек білім беру керек деген сөз. Өздерің барып жұмыс істеңдер деу керек. Ал Серікбайдың компаниясы ғаламдық апаттар мен аурулармен күресуге жəрдемдеспекші. Осы кезде неге екені белгісіз «ферарриін» сатқан тақуа еске түседі. «Көшпелі кəсіп» – «Деловой Петербург» басылымы 30 наурыз 2013 ж.