The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Кітап Атырау облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы «Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның» тапсырысы бойынша шығарылған. Туындыда қазақтың біртуар ақыны Табылды Досымов жайлы естеліктер, өмір жолы туралы деректер және әндері жинақталған.

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by Камилла Муратова, 2024-05-28 06:34:24

Т.Досымов, Самала саздар сағымы

Кітап Атырау облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы «Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның» тапсырысы бойынша шығарылған. Туындыда қазақтың біртуар ақыны Табылды Досымов жайлы естеліктер, өмір жолы туралы деректер және әндері жинақталған.

150 Сендерді көңілсіздік басып кетті, Жігері талайлардың жасып кетті. Баянсыз, бәтуасыз курсыңнан, Табылдар армияға қашып кетті, – деп қалжыңмен қажайтын еді. Табыл әскерден келген соң, қайта түледі. Жастардың жанын қозғайтын сыршыл өлеңдер жазып, қалашықтағы қыз-қырқын мен жігіт-желеңнің арасында еркелеп жүретін нағыз серіге айналды. Қыпша белің-ай, сенің қыпша белің-ай, Көжегіне қоянның ұқсап едің, еркем-ай. Екі тілек бір жерден шықса дедім-ай! – деп Табылдың қоңыр әуеніне ілескен КазГУ қалашығының бүкіл бозбаласы мен бойжеткені қайыңдай тербеліп тұратын... Алып тұлғалы айтыскер Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай, Жүздерінде шабыт оты жүр маздай. Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай, Талай ақын кетер еді жыр жазбай... (Табыл Досымов) Табылдың айтыс өнеріне олжа салғанынан хабарыңыз бар ма?! Сөз сайысына қатысқанды айтасыз, бас бәйге иеленген кезі де болған. Сексенінші жылдардың басында журналистика факультетінің жатақханасында ақындар айтысы өткізіле бастады. Бірде екінші курста оқитын Табыл Досымов өзінен жоғары оқитын Қуат Қайранбаевпен айтысты. Қуаттың курсында оқымыстылар көп. Табылдың курсы да ешкімнен сорлы емес. Қуат Амантай Шәріп, Жарылқап Қалыбай, Гүлсім Еңсепова сияқты оқу үздіктерін, Срайыл Смайылов сияқты комсомол хатшысын мақтай келіп, «Курсыңның бір ай бойы жазғандарын, Бір күнде жазар Жолдас ағаларың», – деп бір қайырды. Шынында да студент кезінен жазғыш атанған


151 Жолдасбек Дуанабайдың мақалалары бұл кезде күн сайын баспасөздің бетін жайлап жататын. Айтысқа, оның үстіне бақас сөзге аса епті Табыл да дес бермей, «Біздің Анар коммунист, елге үлгілі, шығып кетті оқудан сіздің Анар», – деп сөз қағыстырып отырды. Табылдың Анары – кейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін атқарған қарымды журналист Анар Аспан болатын. «Саяхатшы Шоқанның қарындасы, Оралды ма Шолпаның Бұқарадан», – деп, Қуаттың ел аралап, емін-еркін қыдырып жүретін бір курстас қызын іліп-шалды. Осы айтыстың үстінде Табыл (Әубәкір Смайыловтың курстасы) Қуатқа (Срайыл Смайыловтың курстасы) кейін сол кездің студенттері түгел жаттап алған мынадай бір шумақ өлеңін айтты: Екеуі де кәдімгі қыр қазағы, Фамилиялас болса да бір ғажабы: Сенің Смайыловың рапорт жазып, Менің Смайыловым жыр жазады! Ақиқатын айтсақ, факультет комсомол ұйымының хатшысы, сырбаз мінезді Срайыл біреу-міреудің үстінен рапорт жазды дегенді естігеніміз жоқ. Алайда, сөз ойнатудың теңдессіз шебері Табыл қайшылық тудыратын фактілерді ұтымды пайдаланып, қалың жұртты күлкіге көмудің мың тәсілін меңгерген-ді. Айтыстың жаңадан басталған кезі. Студент ақындардың алдында дайындап қойған шумақтары жазылған қағаз жатады. Соны меңзеген Табыл бір қарсыласына былай деп еді: Айтысуға қашаннан құштар халқым, Жасап жүрміз өлеңнің стандартын. Сенің де отыр алдыңда бір бет қағаз, Менің де отыр алдымда «шпаргалкым». Біздің тұсымызда студенттер арасында Шөже мен Кемпірбайдың сөз қағысуы секілді аса танымал болған жыр сайысының бірі Бекболат пен Табылдың айтысы еді. Бұл айтыс


152 сексен алтыншы жылдың көктемінде өтті. Өнердің қай түріне де бейім, қолына домбыра тисе, аш бурадай шабынып шыға келетін Бекемсал сахна төрінде жасын ойнатты. Қолды-аяққа тұрмай, шымыр шумақтардың бірінен соң бірін түйдектетіп, Табылға тап-тап береді. Сол сәтте оған жанкүйер боп отырған бүкіл студент шу ете қалады. Сонда Табыл Бекболатқа былай деді: Ақын болсаң, қайтейін, болсаң да Абай, Менменсіген кеудеңді басам талай. Айтысқа бір жүз грамм ішіп кеп пе ең, Отырсаңшы орныңда шошаңдамай! Әр айтыста әртүрлі мінез танытатын әділқазылар алқасы бұл жолы әділдік жасады. Бірінші орын екеуіне тең бөлінді. Бұл оларға өнердің даңғыл жолына берілген жолдамадай болды. Ол кезде бірі журфактың, екіншісі политехникалық институттың студенті еді. Кейін екеуі де мәдениет саласынан орын сайлады. Табыл Досымов Атырау облысы Индер аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ал Бекболат Тілеухан Қазақстанның Мәдениет министрінің орынбасары болды. «Мейлі тіпті тепкіле, каратэ қыл, Сонда да жеңілмейді бала Табыл!», – деп өзіміз үнемі жігерлендіріп отыратын әнші досымыздың орайы келгенде бір қайырып айта салған сөздері өте көп еді. Бірде ол ертерек теңін тауып, бас құраған курстасы Бердібай Кемалдың мұңайып түскен суретінің астына «Өмірің өтуде ме, енді баяу, Үйленбе деп едім ғой, Бердібай-ау!», – деп жазып қойыпты. Тағы бір жолы студент атаулыны адам құрлы көрмейтін, бас терісі келіспеген дөрекі ұстазына арнап мынадай шымшыма шумақ өрді: «Неғып жүрсің КазГУ-де шойынқұлақ, Аулыңа бар, онан да қойыңды бақ!». Мұндай мысалдар кейіпкеріміздің шығармашылық келбетін ерекшелей түседі. Өмірдегі мінезі өр болғанымен жүрегі жұмсақ Табыл өнердегі танымы терең, сезімі сергек Табылды қалыптастырды.


153 Саз сыздатқан «Сүлікқара» Алты алаштың алыптары берсе дем, Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем. Биіктікті, айналайын, туған ел, Қыранының қанатымен өлшеген... (Табыл Досымов) 1983 жылдың күзінде журфактың екінші курсын бітіріп, Қостанайға ауыл шаруашылығы жұмысына аттандық. Бұл жолы бірінші курсты бітіргендер де бізбен бірге жолға шықты. Таңертеңнен кешке дейін қалың орман арасындағы алқапта картоп жинаймыз. Түс әлетінде студенттерге тамақ әкелетін автобус шаң береді. Алқапта тек біз емес, бірнеше факультеттің ұл-қыздары жүр. Көлікке бұрын жеткені ертерек тамақтанады. Тағамның да ең бір сүбелісі соларға тиеді. Таласып-тармасып, тырбанып-тырмысып күн көретін заман... Мұндайда Табылдан икемдісі жоқ. Автобустың алдынан атып шығып, оған бір-ақ аттап жетіп алып, қапталдасып шауып отырады. Басына кәдуілгі «петушок», үстінде қалың күпәйке киген алпамсадай ірі денелі Табыл көлікпен қабаттаса аудаңдап жүгіріп келе жатқанда, «Алп, алп басқан, алп басқан» деп толғайтын Шалкиіздің әйгілі жыры еріксіз еске түседі. Табыл сары автобустың сауырына қол салды дегенше, бүкіл журфактың бүгін ашқұрсақ жүрмейтінін біле беруге болады. Өйткені, оның жанына жетіп барып, кезектің тәртібін бұзуға ешкімнің жүрегі дауалай қоймайды. Күнде осы... Қысқасы, ол алпыс үйлі арғынды асыраған Қара қасқа атты Қамбар бек секілді бір емес, екі курсты бір ай бойы ішім-жемнен тарықтырған жоқ. Жалпы, бұл Қостанайдың жыры көп еді. Бір күні біздің жігіттер жергілікті студенттермен ептеп сөзге келісіп қалды. Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатындағы» Киікбай мен Найзаның кикілжіңі секілді мазасыз майдан басталды да кетті. Бауыржан Үсенов те, Табыл Досымов та осы ұлы


154 доданың ішінде жүр. Бәрінен қызығы мынау болды. Жігіттердің көбі дүбірге ілесе алмай, жылыстаңқырап һәм жасқаныңқырап жүргенде Табылдың курстасы Мақпал қыз ғажайып ерлік жасады. Қолына сойыл ұстап келгендерге қаймықпай қарсы шығып, бір-ақ сәтте бәрінің бетін қайтарды. Өзі көрікті, өзі нәзік, өзі талдырмаш бойжеткеннен мұндай батылдық күтпеген жұрт аңырып тұрды. Сөйтіп, ол журфактың ар-намысын сақтап қалды. Біраз әуре-сарсаңға салған дау-дамайдың арты қайыр болды, әйтеуір. Бір-біріне тіс қайраған екі топ ақыры сабыр шақырып, сабасына түсіп, бітімге келді. Енді тек студенттер қауымының тегеурінді Томирисі, ай мүсін арулардың айбарлы «амазонкасы» Мақпал д’Арктың жарқын жеңісін салтанатпен жырлау міндеті алдымызда тұр еді. Тілінің түрпісі бар Табыл мұндайда қарап қала ма? Жыраулардың жосығымен, бүгінгі жырдың тәсілімен шортандай шоршыған шумақтарды төккен үстіне төгіп жатты: Мақпал батыр болмаса өстер ме еді, Қыздар оның ерлігін қастерледі. Қостанайда біреудің басын жарып, Шефі болды қыздардың Боскөлдегі. Сайрандап қал, селхозда, сайрандап қал, Мерт боларсың бір күні қайран Мақпал! Мақпал туралы мадақ ода біз ауыл шаруашылығы жұмысынан келгеннен кейін де үздіксіз жалғасты. Тіпті Табылдар оқу бітіргенге дейін мақпалтану ілімі жүйелі түрде дамыды деуге болады. Жалғыз Мақпал емес, барлық курстастарының іс-әрекеті – Табылдың шабытпен жазатын сүйікті тақырыбы еді. Мәселен, бір досының Ауғанстанға әскерге алынғанын ойша көз алдына елестетеді. Өз қиялындағы ел күзетінде жүрген жігіттің жай-күйін, сағыныш-күйінішін зілсіз әзілмен, жеңіл әжуамен жеткізеді: «Ауған халқы айтқанмен алғысын бай, Рахат боп жүрген жоқ, жан қысылмай. Қарағайлар құтыңды қашырады,


155 Қараңғыда Каюмның бандысындай. Түнде жауған жаңбырдың батпақтары, Етігіме жабысып, қатпапты әлі. Әлдеқайдан шығады жайсыз үндер, Жанзияның даусындай матфактағы...». Курстастарынан бір де кем емес, Табылдың жанын түсінген тағы бір жайсаң жігітті айтпай кетпеуге болмас. Ол – ақтөбелік кәсіпкер, белгілі қаламгер Бижан Қалмағамбетов. Өмірге келгенде әрі өлең алған, әрі көген алған Бижан Табыл әндерінің жарыққа шығуына, таралуына және насихатталуына өлшеусіз үлес қосты. Арнайы қор құрып, бард-ақынның шығармашылық кештерін үнемі өткізіп келеді. Соңғы жылдарда қазақтың ұлттық бард өнерінің алтын бастауында тұрған Табылды үлгі тұтып, сол мәнермен ән шырқайтын жастар арагідік бой көрсетіп жүр. Әрине, Табыл болу қиын, дегенмен келешекте солардың қатары көбейе түсетін секілді көрінеді бізге. Ендеше, Бижан секілді мықты жігіттер аман болса, Табыл бастаған көшке ілескендердің басын қосып, «Бардтарым, аман-саумысың?» дейтін шығармашылық кеш өткізетін күнге де жетерміз... Табыл дүниеден өтерден екі ай бұрын Атырауға жолымыз түскенде, әйгілі ақын Мұрат Мөңкеұлының рухына тағзым ету үшін Индерге барғанбыз. Ақынның табаны тиген сай мен қыратты, жон мен жыраны, төбе мен адырды бірге шарладық. Ауданның мәдениет және тіл бөлімін басқарады екен. Түн ортасы ауғанға дейін Табылдың шаңырағында қонақта болдық. Бұл күні Қарлығаштың қазаны оттан түспеді. Үйде бойы көк тіреген Абыл Табылұлы деген көркем жігіт жүрді. Бұл түні гитараның қоңыр әуені бір сәтке толастаған жоқ. Әсіресе, Табыл Бауыржан Үсеновтің әндерін ерекше шабытпен шырқап еді. Оның саз тербейтін саусақтары дамылсыз жорғалайтын гитарасының ішегі аяқ астынан үзіліп кетеді деп кім ойлаған?! Өмірден өтерінен бес күн бұрын қоңырау шалды. Жергілікті басшыларға қатты қапалы екен. «Қызметтен кет деп жатыр ғой мыналар», – деп кіжінеді. Жатып кеп жұбаттық. «Әркіммен ұрыссаң да, әкіммен ұрыспасаңшы», – деп ағалық ақылымызды


156 айтқан болдық. «Танымал ақынсың. Едәуір беделің бар ғой, сені қызметтен кетіре қоймас», – дедік. Қызмет түгілі, өмірден кетіп қалатынын қайдан білейік… Алып тұлғалы Табылдың жұмыр саусақтарына шыдас бере алмаған гитараның ішегі бұрын да ара-тұра үзіліп тұратын-ды. Бұл жолы қатты үзілді… Біржола үзілген шығар дегенбіз. Олай болмапты. Ұлы Абыл үзілген ішекті жүрегімен жалғап алды. Әкесінің бұрышта мұңайып тұрған гитарасы перзентінің қолына көшті Сөйле, сарна, саз сыздатқан «Сүлікқара»! Сен енді иесіз емессің... Бауыржан Омарұлы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор.


157 Ақындық ғұмыр бітпесін Біз бірден тіл табысып кеттік. Біздің жанымызды жарастырған ақын Жарасқан Әбдірашевтің жырлары еді. Ол ойлы өлеңдерді ұнатады екен. Бекзаттық поэзияға, жалпы, дегдар өнерге деген көзқарасымыз ортақ болып шықты. Ол деп отырғаным – Атыраудан Алматыны аңсап жеткен бота тірсек бозбала Табылды Досымов болатын. Домбыра, гитарада шебер ойнайды екен. Ал еркін күресті еркін меңгергенін кейін естідік. Тура және ауыспалы мағынасында да кеуделі жігіт. 1983 жылы Қостанайдың егіс алқабында қазақ жастары мен Ресей студенттерінің арасында Куликово түбіндегі шайқастан кем түспейтін «майдан» болды. Табылдының сол жұдырықтасудың бел ортасында жүргені есімде. Жоғарыдан кісілер келіп «жабулы қазан жабулы» күйі – «жарылған бас бөрік ішінде, сынған қол жең ішінде» қалды, әйтеуір. Сонда жаға жыртысу «қаралар қара нан, ақтар ақ нан жейді» деген бірауыз сөзден басталған-ды. Осылайша Желтоқсан көтерілісінің бірте-бірте пісіліп-жетіліп келе жатқанын біз ол кезде білген жоқпыз… Бірінші курсты бітірмей жатып студенттерді жаппай әскерге алу жөнінде жасырын жарлық шықты. Бұрын-соңды болмаған жағдай. Оның үстіне Ауғанстандағы соғыстың қызып тұрған уақыты еді. Оқытушылар мүсіркеушілік танытып «тақыр бастарға» емтихан-сынақтарын «автомат» қойып беріп жатты. «Автоқалам ауысып автоматпен, Қош айтыстық жәудір көз, ақтамақпен», – деп жырлағандар да болды (Серік Абас-Шах сияқты қиялилар Ауғанстанға сұранып қиғылық салған. Қайта көретін жарығы бар екен, қазір ол ештеңеге «Таңғалмай…», ештеңеден «Кеш қалмай…» аман-есен «Хабарда» жүріп жатыр).


158 Қойшы, әйтеуір, 1983 жылдың көктем-күзінде бізді түгел сыпырып-сиырып әскерге алып кетті. Екі жыл бойы Табылды екеуміз өлеңмен хат жазысып тұрдық. Ол – Германияда, мен Мәскеу түбіндемін. Сондағы өлеңдердің өзегі елге деген сағыныш, студенттік шақты, Алматыны аңсау болып келеді. Өкініштісі, сарбаз хаттары менде сақталмапты. Табылдының жеке шумақтары ғана есімде қалыпты: Кең шалбар шақтар түсіме менің жиі еніп, Өзіме-өзім ете алмай жүрмін иелік. Гитара тартып жүрген кездерді сағынам, Отырғанымда автоматыма сүйеніп. Кеудемде жырдың көктесе жасыл желегі, Атырау жаққа тартып-ақ кеткім келеді. Ұлы Гейненің туған жерінде жүрсем де, Менің көңілім Меңдекешті аңсай береді. Есіл-дертіміз Алматы дедім ғой. Жылт еткен жаңалық болса бір-бірімізге жеткізуге тырысамыз. Сол жылдары студенттер айтысын өткізу қолға алынды. КазГУ-дегі алғашқы айтысқа Светқали Нұржанов, Бауыржан Жақыпов, марқұм Бауыржан Үсенов сияқты ақындар қатысқан көрінеді. Сол айтыстың қарсаңында Табылды Светқали ағасына Алманиядан былайша айбат шегеді ғой: Айтыста ақын озбас па, Туғаннан кейін адай боп. Жеңіп бір шықсаң, сөз басқа, Жеңіліп қалсаң, «не дай бог!..» Табылды әскерден соң өз сөзінде тұрды да! 1986 жылдың көктемінде Алматыдағы жоғары оқу орындары студенттерінің арасында тұңғыш рет ақындар айтысы өткізілді. Қайта құру, жариялылық, демократия… Мұндай біздің қоғамда да мүмкін екен-ау! Өз құлағына өзі сенбей елдің сәл есеңгіреп қалған тұсы. Біздің жүрек те алабұртып ерекше өзгерістің, жаңа бір лептің болатынын сезгендей ме, қалай? Қойшы, сонымен алғашқы айтыстың бас жүлдесін КазГУ-дің студенті Табылды Досымов пен Политехникалық институттың студенті (бүгінде танымал әнші, Мәжілістің экс-депутаты) Бекболат Тілеуханов өзара бөлісті.


159 Ал арада алты ай өтпей жатып қос жампоз «Желтоқсан көтерілісіне қатысты» деген желеумен оқудан қуылып, қуғынға ұшырады. Қазақпыз ғой, сыртынан сөз тасу, нұсқап жіберу сол кезеңде де бой көрсетті. Талай жігіттер оқудан шығып қаңғып қалды. Табылдының «Желтоқсандағы жыры» сол аумалы-төкпелі уақытта туған: Мен қазақпын, мен қазақпын, қазақпын деп айтам ән, Халқым үшін қан-додаға кірмей қалай жай табам?! Менің қаным тебіренсе тентек Каспий секілді, Қинайтұғын, ұйымайтұғын, арнасына сыймайтұғын қайтадан! Жастыққа бәрі де жарасады Алматы халқы «Татарка» деп атап кеткен қаланың шетіндегі елді мекенде досымыз Арман Нұрқалиевтің шағын жер үйі болды. Ол біздің курстың штаб-пәтері іспеттес еді, күндіз-түні адам аяғы басылмайтын. «Татаркада, тар үйде…» талай өлең-жырдың тұсауы кесілді, талай қыз келін болып түсті. Қайран жастық, Табылды таңды таңға ұрып, қайда жиын-той, қызық-думан болса соның қайнаған ортасынан табылатын. Кешегі қазақ даласындағы сал-серілік дәстүрдің соңғы тұяғы сияқты еркін жүрді, ерке жүрді. Таң алды оянсаң пеш түбінде (Арманның ащы тілімен айтсақ) «Табылдының талыстай-талыстай бәтіңкелері солығын баса алмай, алқынып» тұрар еді. Демек, мұны Тәкеңнің түнгі жорықтан оралған беті осы деп түсінген дұрыс… 1986 жылдың қара күзінде аяқ астынан үйленетін болдым. Елге жеделхат жібере сала, ертесіне жарты вагон студент думандатып Қызылорда қайдасың деп тартып отырдық. Сыр бойы бізді төбесіне көтере қарсы алды. Ауылда клуб құлап қалған, арақ-шараппен қатар көкпар секілді ұлттық ойындарға да тыйым салған Горбачевтің қайта құру заманы… Ел ән-жырға әбден шөлдеген екен, алматылық өнерпаз жігіттерді жібермей екі күн бойы кезек-кезек ән шырқатты. Бір кезде ауыл жастары көкпар сұрап келгенде сельсовет рұқсат бермей біраз сергелдеңге түстік. Ақыры ортаға серке тасталып


160 Құрманғазының күйіндей ұлы думан басталды деңіз! Ат десе, көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма, марқұм ақын әрі атбегі Бауыржан Үсенов бір жылқының жалына жабыса кетті. Табылдының да қарап тұрмай шабыты тасып шаба жөнелгені сол еді, әудем жерге жетпей ақшаңдақта аунап жатты! Артынан екі езуі екі құлағында «велосипед болмаса өмірімде атқа мініп көрмеппін» деп өзі айтады… Сексенінші жылдары жастар арасында қыпша бел, кең балақ «банан шалбар» сәнге айналған. Кешкі тойда жігіттердің көз жауын алып әлгі сәнді джинсиді өзіне жарастыра киген әдемі қыз жүрді. Дастарқан үстінде Бауыржан мен Табылды әзіл-шыны аралас қайым айтыс дәстүрімен сөз қағыстырып отырды. Сондағы екеуінің екі жолдан кезектесе суырып салған мына бір жыр жолдары жадымда жатталып қалыпты: «Банан» киген қарындас, «банан» киген, Қарай бердім сен жаққа алаң күймен. Көңіліміз жарасса, кім біледі, Табылармыз сәлден соң қараңғы үйден… Жастыққа бәрі де жарасады. Осынау әдемі көріністер күні кеше болған сияқты еді, қарап тұрсам, содан бері табаны күректей жиырма бес жыл өте шығыпты-ау. Қазір арамызда Бауыржан да жоқ, Табыл да жоқ. Соңғы рет телефонмен сөйлескенімде «Баукеңнің жиырмаға тарта әнін нотаға түсіріп қойдым, керемет лирикалық туындыларын халыққа кеңірек таныстырып, насихаттаса, шіркін!» деп еді. Енді Табылдың өзінің артында қалған ән-жырларын кім жинайды, кім насихаттайды?.. «Неғып азып кеткенсің, Баққараев?..» Табылдың студенттік альбомы айрықша еді. Әрбір суреттің астына сонда бейнеленген адамның мінез-құлқы мен образын одан сайын айшықтай түсетін бір юморға толы шуақты шумақтар жазып қоятын. Альбомының қолдан-қолға көшіп жүретіні де сондықтан-ды. Бізде Анар Ілиясова есімді талантты қыз оқыды. Мінезі де бір басына жететін. Тарпаңдығының арқасында ақыры оқудан шығып тынды. Анардың ымырт


161 үйірілген уақытта жұмбақ жымиып түскен суреті болатын. Сол фотоның астына Тәкең маржандай әріптермен былайша жазып қойыпты: «Ілиясова, Батқанда күн ұясына, Жымиясың, ә?..» Анар неге жымияды және неге дәл күн батқанда жымияды? Ол жағы енді тек Табылға ғана аян… Немесе Әділбек Баққараев дейтін аңғал да ақкөңіл курстасымыз болды. Бірнеше жыл қой бағып кең дала – еркіндіктен келген ол қала тіршілігі мен студенттік өмірге көндіге алмай жүрді. Кейін әскерге кетті. Екі жылдан соң сұраймыз ғой баяғы, «служба қалай өтті» деп. Ол ойында ештеңе жоқ «хлеборез» болдым, еш таршылық көрмедім» деп жатыр. Әскерде болғандар біледі – ашқұрсақ солдат үшін нан турайтын «хлеборезден» артық мамандық жоқ. Қатардағы жауынгер Әділбектің екі жағы қуарып, қос құлағы қалқайып тұрған суретінің астына Табылдың жазғаны мынау болды: Жігіттер, «Хлеборез» болдық деп оттамайық, Бұл мамандық ашқа емес, тоққа лайық! Ақ бөлкенің ішінде жүзіп жүрсең, Неғып азып кеткенсің, Баққараев?.. Жазушының актерлік шеберлігі Арман үнемі жазушы ағам деп жүретін кісінің ешқандай жазушы емес екенін кейін білдік. Жазушы – азан шақырып қойған аты болып шықты. Кезінде халық театрында жап-жақсы өнер көрсетіпті. Домбыраның құлағында ойнайды. Үлкен-кіші демей, кез келген адаммен тіл табыса кететін көпшіл, көңілді кісі. Бірде Жәкең Нарынқолдан келе қалды. Бұл Табылдының аса қатал ұстазымыздың қырына түсіп «опалда» жүрген кез еді. Барлық үміт үзіліп, енді елге қайту ғана қалған. Мұны естіген Жәкең ай-шайға қарамай «әлгі ағайың қайда тұрады, адресін тап, үйіне барамыз» дейді ғой. Армандар болса ат-тонын ала қашады. Ол уақытта ұстаздың үйіне бару арыстанның аузына басыңды салумен парапар нәрсе еді. Бірақ шегінетін жер жоқ, толқыса да Табыл келіседі. Ағайымыз туралы азын-аулақ ақпарат жинап алған Жазушы көке студенттің


162 немере ағасы болып «Көктем» шағын ауданына келеді. «Мен сөйлеймін, ал сен тек бас шұлғи бересің, үндемейсің» деген уағдаластық бар. Қойшы, сонымен, Нарынқолда туған Жәкең аяқ астынан ақтөбелік боп шыға келеді. Тіпті бір оқу орнында біздің ұстазбен қатар оқыған көрінеді. Ауыр келіссөз ұзаққа созылып еш нәтиже берер емес. Сонда Жәкең күйіп кетіп: «Ата-анаң адам болады деп ауылда үміт артып отыр, ал сенің істеп жүргенің мынау, атаңа нәлет!». Табылдың жағына шапалақ шарт ете түседі! Артынша екінші жағының оты жанды. «Жәке, мұның не?» дегенше үшінші шапалақ! Табыл сыртқа атыла жөнеледі. Есіктен шыға бере «Қол жұмсамаңыз балаға, өлтіресіз бе?» деген ұстазының жанашыр сөзін естіп қалады. Көп ұзамай Жазушы көке көңілді шықты: «Мә, зачеткаңа үш қойып берді». Табылды қуанудың орнына «Жәке, сонша сабағаныңыз не?» деп ренжісе керек. Жазушы болса жайбарақат: «Әй, баламысың деген, шынымен шықпыртып сабамасам, ол сенбес еді ғой, саған да сабақ болды!» – деп жауап берген екен. Табиғатымыз егіз екен ... Табылды Алматыны қанша қимаса да, Атырауға аттанып кете барды. Өркениет пен өнерден қиыс, қиырда жатқан туған аулына – ата-анасына тартты. Жалғыз ұлға артылған үмітті ақтау үшін! Әлбетте, кемпір мен шал келін жұмсап арқа-жарқа болып қалысты. Алайда өнерпаздың бұдан кейінгі өмірі біреу кіріп келердей, есікке елеңдеумен, Алматыны аңсаумен өтті десе де болады. Алматысыз жетпейтіндей бірдеңе, Қайғы-құмда қайырлаулы жыр-кеме. Тума-бауыр тапса дағы көңілін, Торығумен өткізуде өмірін. Туған ауыл дейтін «Ұлы» түрмеде… Менің жолым Дендерге (ол кезде Индерборск) 1992 жылы түсті. Волгоградқа бара жатқан сапарымда үйіне соғып, ата-анасына сәлем бердім. Тәкеңнің қуанышында шек болмады. Содан ақын достың ақжайық көңілін қимай Атырауда он күн «қайырлап» жаттым. Волгоград жайына


163 қалды… Талай талантты азаматтармен таныстырып, небір алқалы отырыстарда төрге оздырды. Қырға шығарды. Көз тоқтатар қара жоқ, жап-жазық дала. Мына қырдың Қызылордадан еш айырмашылығы жоқ болып шықты. Біздің табиғатымыздың егіз екенін сонда ұққан сияқтымыз. Сонда көп орындалған әннің бірі «Биіктік» болатын: Ұнатады шыңға көңіл шырқауды, Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды. Толағай боп туылмадым, әттең-ай, Атырауға әкелер ме ем бір тауды! Тартыспай-ақ Ғамзатовтай көкеммен, Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен. Осы қырда төбешіктей аналар, Дүниеге таудай ұлдар әкелген! Әдеби ортада мынадай бір «Жер жаннаты Жетісуға әкеп алты ай байлап қойса, маймыл да ақын болып кетеді» деген әзіл-шыны аралас әңгіме бар. Табылды соны меңзеп, баяғы ерке мінезбен бір ақын ағасын осы өлеңіне қосқан екен: Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай, Жүздерінде шабыт оты жүр маздай. Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай, Пәленшекең кетер еді жыр жазбай! Пәленшекеңнің құлағына тиген соң, жатып өкпелейді. Сосын бұл шумақ кітабына мүлде басқа мазмұнда енді… Ол біздің қоғамда өмір сүруге мүлде бейімделмей кеткендей. Ешқашан ешкіні – апа, текені жезде демеді. Досқа адал, дұшпанға қаһар қалпынан айнымады. Содан болар атақ-мансаптың аулына ат байламағаны. Жағымпаздықтан бойын таза ұстап, тіпті, өмірінің соңында кейбір ұрдажық әкімқаралармен ұстасқаны да содан шығар… Айтпақшы, өзі жақсы көретін Жарасқан ақын да көзінің тірісінде аса сый-сияпат көрген жоқ. Кезінде оған комсомол сыйлығын да қимады. Кейін ақынның ұлы Рүстем режиссер ретінде Қазақстан Жастар одағы сыйлығына ие болғанда Табылдының «Аға, Сіз бәрібір сыйлықты алдыңыз, құтты болсын!» дегені бар еді.


164 Табылды Досымовтың да артында Абыл есімді ұлы қалды. Әкесі жете алмаған биікке сол ұрпағы жетсін дейміз енді. Ол өзінің соңғы кітабындағы соңғы өлеңін былай деп аяқтапты: Үтірмен сені бітірдім, Бітірмей, жырым, нүктемен. Бергі жағында үтірдің, Өлең-өмір тұр бітпеген. Осылай деуді құп көрдім, Оқырман, сен қой нүктесін. Адамдық ғұмыр біткен күн, Ақындық ғұмыр бітпесін! «Қатын өлді – қамшының сабы сынды…» Енді Табылдың күнгейінен гөрі көлеңкелі тұстары басым жеке өмірі туралы бірер ауыз сөз. Ең алғашқы некелескен жары өнерде жолдас болса да, өмірде жолдас бола алмады. Көзінің тірісінде берген бір сұхбатында бұл турасында өзі былай дейді: «Екі өмір бар ғой: сахналық және отбасылық өмір. Сахналық өмірде ол менің екінші дауысым болғанымен, қасымда екінші әнші боп тұруға жарағанымен, ішкі жанұялық өмірде ол маған жұбай болуға жарамады. Ол қалаға тартты, мен бәрін тастап, кемпір-шалға барғанымда, қасымда серік болған жоқ. Сосын айырылыстық. Одан қызымыз бар, адайдың елінде жатқа қыз бермейді, қызымды алып қалдым. Кемпір-шалдың қызы, әке-шешем бақты. Одан кейін Айгүл деген жарым да оған ана болды, өсірді. Екеуміз түсінісіп, жұп құрдық, ол менің жұбайым ғана емес, өнердегі, өмірдегі досым болатын. Бірақ қысқа өмір сүрді. Аяқ астынан үш айлық қызын тастап, қайтыс боп кетті. Айгүл қайтқаннан кейін 1,5 жыл өлең айтпадым, гитарымды байлап тастап, қара тұттым….» «Көлеңке немесе Табылды Досымовқа көңіл айту» деген төмендегі өлең сол тұста – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жазылған еді: Бір сөзім бар жеткізем оны қайтіп, Көрмеп едім өлеңмен көңіл айтып. Өлім айтып келмейді, қос қозысын, Тастап кетті ол саған қоңырайтып! «Қатын өлді – қамшының сабы сынды», Туғаның да түсінбес әр ісіңді. Әйелі өліп жылаған бір жігітке,


165 Деп әкесі тап берген: «Тап ішіңді…». Ішің жылар, – сыртыңа сыр бермессің, Мысалы бұл бір туып, бірге өлместің. Қайғыңа ортақ болған сыр, бірақ олар, Қайдан білсін сен қандай күндер кештің. Қазақ мұны жазмыш, пешене дер, Есейген соң қайғың да еселенер. Өстіп-өстіп байғұс көз өлімге де, Үйренеді, бәріне төселе бер. Бірте-бірте азайып тұстасың да, Ұзартқанмен жасыңды үш ғасырға. Жерінерсің жердегі бұл тірліктен, Нұқ пайғамбар құтқарған нұсқасында. Ұлылар да ұлтына тұлға болған, Таба алмапты таяныш бұл ғаламнан. Ажал түбі көлеңкең боп шығады, Туғаныңда жөргекте бірге оралған! Кейін ол үшінші рет отбасын құрып, осы Қарлығашқа үйленді. Жақсының жақсылығын айту керек, Қарлығаш қазір Табылдың үш анадан туған төрт перзентіне теңдей аналық мейірімін шашып, ұлынан айырылған Аяш қарияны да аялап отыр. «Дос қалды ма дос дейтін?..» Біздің курс… Журналистика факультетін бітіргендердің бәрі өз курсымен мақтанады. Осалы жоқ, бәрі мықты. Әсіресе Бауыржан Омаров айтпақшы, Темкеңнің –Темірбек Қожакеевтің тепкісін көргендердің есімдері ел аузында жүр. Біздің курс та ешкімнен сорлы емес сияқты еді. «Көтермей-ақ мықтымсып кеудемізді, Айналамыз таниды кейде бізді, Футболистер секілді жанкүйерге, Жыртып-жыртып бермей-ақ жейдемізді, Айналамыз таниды кейде бізді», – деп Жарасқан ақын жазғандай, атағынан ат үркетін талай атпалдай азаматтар шықты бізден де. Бірақ бірде-біреуіміз Табылға


166 қатысты азаматтық таныта алмадық. Соңғы кезде біртүрлі қоңылтақсып жүрмін. Бәрінен көңіл қалғандай. Өзімнен де… Ей, есіл ер, Табылды дос, Досымов, Енді біздер ән салмаймыз қосылып. Баяны жоқ тіршіліктің аяғы – Бәрінен де қалған көңіл, бос үміт. О-о-о, біз қандай жалын едік, от едік! Алатауды алатындай көтеріп. Алматыға келдік асқақ кеудемен, Жаза басып, жасадық та қателік. Ал ағалар ішке тартып от-демін, Аяған жоқ ақылдарын теп-тегін. Біздер сырттай «Қаламгерде» бітірдік, Жұматайдың мектебін! Қайран жастық, дос көрінді кез келген, Адалдықты аңсап тұнық көздерден. Аңғал жүрек, алдап кетті ақыры, Сүйкімді қыз сүйемін деп сөз берген. Ағалар жоқ… Дос қалды ма дос дейтін, Айнымайтын, ат құйрығын кеспейтін? Қабырғасы қайысса да, тіс жармай, Қабіріңе келіп үнсіз «Қош!» дейтін?.. Құтылмайды екенсің ғой безгенмен, Сен кеткелі ештеңе жоқ өзгерген. Жігіттерді жиып алып көз көрген, Жыр оқығым келетіні болмаса, Студенттік кездерден. Ештеңе жоқ өзгерген... Табыл қайтыс болды дегенде курс боп күңіреніп бара алмадық. Тым құрыса бір уыс топырақ салуға жарамадық. Бір жыл өтті. Кеше ғана елі ас берді. Біздің курс тағы тым-тырыс. Табыл тағылымы сол – біздің шынайы бейнеміздің қандай екенін көрсетіп кеткенінде. Кейде ойлаймын осы Табыл емес, біз өліп қалғандаймыз… «Нұр Астана», 2011 жыл, 14 қараша Әбубәкір Смайылов, ақын


167 Ақын деген жүрегі нәзік халық... Бижан Қалмағамбетов – тау тұлғалы Табылды Досымовтың көзі тірісінде жан жолдасы болған. Қазір ақын атындағы қоғамдық қордың директоры. Досының артында қалған мұраларының жоқтаушысы, іздеушісі. Жеке кәсібін дөңгелете жүріп, өлең өлкесіне ат шалдырып тұрады. «Ғашық жүрек» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрген. – Табылды! Осы есім маған соншалықты жақын, таныс еді. Оның гитарамен шырқаған әндерін, философиялық ой-толғамдарын тыңдай бергім келетін. Не деген дарын, не деген тереңдік деп қайран қалатынмын, бас иетінмін. Ол қасындағы серігін ешқандай мезі етпейтін. Бәрі де оның кеуде атты сыр сандығынан асып, төгіліп жатқандай көрінетін. Тіпті бәріміз де пендеміз ғой, жасыратын несі бар, өзі барда Табылдыдай дос тапқаныма қуанатынмын. Оны әрдайым рухани тұрғыда арқа тұтып, мәдени орталарда, зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиындарда айтып та жүретінмін. Сонда «е, ол жігіт мықты ғой» деп, дұшпандарының өзі еріксіз мойындайтынын байқатып қалатын. Бірақ ел ішіндегі бір ерке ақынын аялап, алақанға сала алмаған кейбір «азаматтар» да болды. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, бағасына жете алмады. Өмірден өтер алдында турасын айтамын деп, жергілікті атқамінерлерге жақпай қалып, қатты күйінген. Тіпті, туған жерін тастап, көшпек болды. «Маңғыстауға барып жұмыс істеймін» деп, жұмыс қарастыра бастаған. Сондай бір жаны жабырқау күндері менің де қабырғама батып, «Осы жұрт біле ме екен, Досымовты?» деген ойға жиі қалатынмын. Ақыры осы өлеңім жазылды. Бір кездескенде өзіне арнаған жүрекжарды жырымды ыстық ықыласпен оқып бердім.


168 – О дүниеде даңғаза дүрмегің де, Қажет емес жайлы өмір сүргенің де. Ақын деген жүрегі нәзік халық, Бағалайық жер басып жүргенінде! – деп тақпақтай жөнелгенім сол еді, «жетер» дегендей оң қолын көтерді. Сосын «Бәке, осыны түсінетін біреу бар ма екен?» деп басын шайқап, терең күрсінді. Сол іс-қимылымен ол біраз жайттарды аңғартқан-ды. Қайран дос, екеуміздің ертеңгі күнге құрған жоспарларымыз көп еді. 2009 жылы інім Еркін екеуміз Қытайдың Үрімжі қаласында іссапарда болдық. Елден шеттеу жүрген қандастарымызға сыйлық ретінде Табылдың әндері жазылған үш-төрт дискі ала барғанбыз. Сондағы «Қазақ қауымдастығы» орталығы төрағасының орынбасары Есбол деген азамат ақкөңілімен күтіп алып, қонағасы беріп, төріне шығарып сыйлады. Келесі күні Құлжадан, Шәуешектен атақты әншілер, термешілер қатысқан үлкен концерт ұйымдастырылды. Өз Қазақстанының әр қадамына қуана қол соғып отыратын қандастарымыз, әсіресе орта буын өкілдері, біздің қолымыздан диск алып тұрып: «біз Табылдының әндерімен өстік қой» деп шеттерінен ақтарылып, ыстық ықыластарын білдірген болатын. Тіпті «Табылды Досымов ағамызды алып келіңізші, бетпе-бет жүздесейік, әндерін өз орындауында тыңдап, құлақ құрышымызды қандырайық» деген өтініштерін де жасырмаған. Қытайда тұрып жатқан кәсіпкер қандастарымыз «ағамыз келсе, барлық жағдайын жасар едік» деп уәделерін де беріп қойған. Елге оралып, осындай жағымды жаңалықты баяндағанымда «міндетті түрде барамыз» деп бір-ақ кесіп еді. Бірақ қатал тағдыр біздің бұл тамаша ойымызды жүзеге асыртпады. Тірі адамның күнделікті күйбеңі біткен бе? Әне-міне деп жүргенде суық хабар санамызды тіліп өтті. Аяулы дос, қанша қайғырып, қан жұтқанымызбен, өмір көші алға жылжи береді. Оны бір сәтке де тоқтату мүмкін емес. Сондықтан «орны бар оңалар» дегендей, сүйікті жарың Қарлығашың, ұл-қыздарың Ақбаян, Айнамкөз, Абыл, Әйгерім, мына біздер, сенің азды-көпті мұраңды өнерсүйер қауымға


169 таратып, есіміңді ұмытпай, келер ұрпақ өкілдеріне эстафета ретінде жеткізетін боламыз, – дейді «ЗапКазСтройИнвест» ЖШС құрылтайшысы Бижан Қалмағамбетов. Қадырғали КӨБЕНТАЕВ: – Бір-екі жыл бұрын Бижанның осы өлеңі қолыма түсті. Елдің айтуынша, 2009 жылы Табылды Досымов аудан әкімімен келіспей қалады. Біраз қиыншылық көріп, тарығып жүрген кезі екен. Досының жағдайын жақсы білетін Бижан «Осы жұрт біле ме екен, Досымовты?!» деген жыр жолдары арқылы жұртқа ой тастайды. Мен кейін өлеңнің тақырыбын «Таланттарды бағалайық» деп өзгерттім. Өйткені сырттай қарағанда бір ғана адамды бағалау үшін шыққан дүние секілді көрініп қалады. «Ақын деген жүрегі нәзік халық, Бағалайық жер басып жүргенінде! – деген жолдарды ақылдаса отырып: «Таланттарды соңынан жоқтамайық, Бағалайық жер басып жүргенінде!» деп өзгерттік. «Кезінде Табылдыға арналғанымен, қазіргі күні ортамызда өз бағасын ала алмай жүрген қазақтың мықты таланттарының қадірін білсек» деген ой қозғағымыз келді.


170 ОСЫ ЖҰРТ БІЛЕ МЕ ЕКЕН ДОСЫМОВТЫ?! Ол қашан отты жырдан тосылыпты, Сапына жайсаңдардың қосылыпты. Индерборда мықты ақын бар деуші еді, Осы жұрт біле ме екен Досымовты?! Атырауды теңселткен арынды үні, Әрине, халқы ұлықтар дарындыны. «Алмас қылыш жатпайды қын түбінде», Неге, неге білмесін Табылдыны. «Заман мынау, қалайша жайланайын», Мақпал түнде сыр айтқан айға дәйім. Достарына жайылған дастарқан боп, Дұшпанына қадалған найзадайын. Кінә да артпас, жаман деп өткенді де, Сын садағын тартады дөп келді ме. Ағаттығын шыжғырып бетке басар, Хан-қара ма, шенді ме, шекпенді ме! Маңдайыңнан қазір кім сипаласын, Көңілдерге сәулелі күй тарасын. Дегендейін кей сәтте оңаша қап, Іліп-тартып отырар гитарасын. Ұласса да сұлу ән арты мұңға, Берілмеген күйректік, жалқы мұңға, Махаббат па, ата-ана, кісілік пе – Бәрі бар «Жанарымның жарқылында». Еске салып, балалық, киік-күнін, Арулардың сезімін иітті кім?! Жырларында Жайықтың тереңдігі, Дарытқандай Алатау биіктігін.


171 Уақыт шіркін алға асып зымырады, Көлеңкесін өмірдің кім ұғады? Төске түскен темірдей ақын ғана – Корчагинше құрыш боп шынығады. Аңсап тұрған асаудай паң даланы, Сауырға қамшы тисе шамданады. Айтқызбай-ақ ойлы жас ұғар бәрін, Шын ақын қажет етпес жарнаманы. Құйғытқанда терлік те тақымда іріп, Тұлпарды байқамаймыз жақын жүріп. Ойланыңдар, пенделер, бірақ-бірақ – Мықтыны да мойындау ақылдылық. Ақынның да қолдайтын жақтасы бар, Кейде, бәлкім, тасадан оқ та атылар. Жұдырықтай жүректе – бүкіл әлем, Тыншымастан беймәлім жаққа асығар. О дүниеде даңғаза, дүрмегің де, Қажет емес жайлы өмір сүргенің де. Ақын деген – жүрегі нәзік халық, Бағалайық жер басып жүргенінде! Бижан Қалмағамбетов


172 Табылдың өлең хаты Әбубәкір Смаилов маған хат жазыпты. Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың осыдан отыз жеті жыл бұрын өлеңмен өрген хатын тауып алған екен. Тәкемнің таныс жазуы... таныс есімдер... домбырасын сағынған бозбала... Он сегіздегі Табылдың өлеңі қандай! Түпнұсқадан оқып көріңіздерші! **** Арман! Хат жазу дәстүрі қалды ғой. Сонда да Табылды достың сарғайған хатын тауып алып, хат жазып отырмын. Отыз жеті жыл бұрын Германиядан келген хаттағы 18 жасар бозбаланың ойлы да шымыр шумақтары жүректі шымырлатады. Көпшілік те оқысын, сол заманның тынысы мен Тәкеңнің елге деген сағынышын сезінсін деген тілек менікі. Досымыздың рухы шат болсын! Біздер нөкер болғанда сен – сері едің, Серттен тайып кетпейтін семсер едің! Отыз жеті жылдан соң оралдың ба, Ескерткіш боп еліңе еңселі ерім?! Орнатар деп ескерткіш халқым бірде, Ойладың ба жас дәурен, сал күндерде?! Сәлеммен Әубәкір Қазан айы Интернеттің исі де жоқ ауылда, Ит пен бала құтыратын жауында. Қазан келіп қаза тапты жапырақ, Қазан келіп қазан болды қауын да.


173 Оқырманға ой салсам деп оймақтай, Нем бар еді өлең жазып, қой бақпай. Ел үмітін аламанда жер қылған, Енді міне, қалып қойдым бәйге аттай. Қайта шапсам бел шыдай ма, айыл бос Айнамкөз жаз айта алмай тұр қайыр-хош. Азан-қазан, қаздар қайтып бара атты Қайта оянбай қалған кезде Табыл дос! Жауап таппай тіршіліктің мәні не, Дәмеліміз күн кешуден әлі де. Өмір, сірә, өң мен түстің арасы Өтірік-ау бәлду-бәлду бәрі де... Әбубәкір Смайылов


174 Екі тарлан бөрі едім... (Алақандай эссе) Қазақ жұртын әсерлі әуенге бөлеген әйгілі бард ақын Табыл Досымовтың шын аты Тарланбөрі деседі. Өзі де нағыз тарланша ғұмыр кешті. Махамбет ақын жырлағандай, «Бөрідейін жол тартып, Жауырынына мұз қатып, Жалаулы найза қолға алып», от пен судың ортасында арпалысты да жүрді. Құдайға шүкір, Табыл дос-жараннан кенде болған жоқ. Атырау мен Алматының арасында сайраған ізі қалған сал-серінің соңына ерген серіктері аз болушы ма еді?! Ежелден келе жатқан бұлжымас дәстүр: жыраулар жалғыз жортпайды! Көмейіне бозторғай ұя салған Табылдың да төңірегі толы тепсе темір үзетін жігерлі жігіттер еді. Тумысынан сауық-сайранға әуес жігіт-желеңді айтасың, ақынның шын жанашырларының арасында қазақтың біртуар бойжеткендері де бар-ды. Бәріміз де оның досы едік. Аға-дос... Іні дос... Құрбы дос... Курстас дос... Әскер дос... Сазгер дос... Ауылдас дос... Бауырлас дос... Қатарлас дос... Қаламдас дос... Бірақ достың да досы бар. Соның ішінде Бижанның орны бөлек екенін баршамыз тікемізден тік тұрып мойындадық. Бижан Қалмағанбетов. Келбеті келісті, көркем мінезді жігіт. «Сабырлы, салиқалы, салмақты» деген синонимдердің бәрі біздің Бижанға құйып құйғандай жараса кетеді. Өзі кәсіпкер. Кәсіпкер болған соң, табысы жоғары. Бірақ намысы одан да жоғары. Өзі өлең жазады. Алайда бұрқыратып кез-келген басылымға ұсына бермейді. Талабы да, талғамы да биік. Жазған жырын дестелей де, кестелей де біледі. Ол Табылды көзі тірісінде-ақ төбесіне көтерді. Өмірден өткен соң рухын аспандатты. Ақын досының алтын қазынасының әр қиқымына дейін тірнектеп теріп, жинап-жинастырып, жарыққа шығарып келеді. Жыл


175 сайын кемінде бір шара ұйымдастырады. Сөйтіп, Алатауды Атырауға көшіруді армандаған толағай Табылдың өзін тауға айналдырды. Жұлдызын биіктен жақты. Өзі мекендейтін Ақтөбе мен Табыл досы мәңгілік ұйқыда жатқан Атыраудың арасын жол қылудан жалыққан емес. «Исатайдың барында Екі тарлан бөрі едім» деп күйзелген Махамбет ақын секілді Табыл өмірден өткеннен кейінгі Бижанның халін көруге көз, сезінуге жүрек керек. Сол Махаңның өлеңін өзінің ой елегінен өткізіп, «екі тарлан бөрінің» бірі боп қайғы-қасірет шегу бәрімізден гөрі біздің Бижан батырдың маңдайына көбірек жазылғаны анық. Ол Табыл досының рухын ғұмыр бойы ұлықтау міндетін мойнына алды. Бұл іске бар ынта-ықыласымен беріле кірісті. Бард ақынның онсыз да биік бейнесін асқақтата түсті. Әлі де өрлете бермек. Сондықтан, «Екі тарлан бөрі едім...» деген толғам-тұжырым Бижанның қазіргі мұңлы монологы ғана емес, мәртебелі міндеттемесі дер едік. Достыққа беріктіктің, аманатқа адалдықтың үйлесімді үлгісі бұл. Тарланбөрі – Табылдың аманатын арқалаған Арланбөрі – Бижан бүгін алпыстың алтын қақпасын ашты. Алты қырдың алтын кілеміне аман-есен әрі абыроймен басқан қадамыңыз құтты болсын, Бижан дос!


176 Табылдыға Бұл ғұмырдың соңы қайғы, басы құт... О, Табылды нең бар еді асығып! «Дедең қағып», Мұқаңдардың соңынан, Сен де кеттің.... Гитараңды асынып. (Біздер қалдық, бүтін өлең – жарты ақыл). Талаптыға берілмейді Бата құр. Жай тап енді «жоғарыға жайғасып», Қазағымнан тұңғыш шыққан бард ақын. Алтынның да алтындығын сынар Мыс... Сені жоқтап жыр жазармыз... тынармыз. Толағай боп тумадым-деп өкінбе! Табылды боп туғаныңа мың алғыс! Табылды боп өлгеніңе мың алғыс!.. Атымтай Серікбай 90-жылдардың басы... Табылды марқұм Досым. Бұл суретті түсірген Бейбіт Нұрсейіт. Табыл Маңғыстауға, мен Атырауға шауып жүретінбіз. Ол кезде базарымыз тарқамайтындай, ажарымыз көшпейтіндей, өмір өтпейтіндей көрінетін. Енді бір қарасақ, көп нәрсе артта қалып кетіпті... Тіпті, таудай Табылдың өзі де жоқ... Жыл-дариялар құюда қандай құрдымға? Сайраушы ек таңнан құмарың қанбай бір жырға... Уақыт-бөрінің мүжіген тісінің ізі-ау - Әжімдер жұғып қалыпты, ә, маңдай құрғырға... ...Табыл тірі болса, «емен шоқпар 55-ке» бүгін толып жатар еді... Айт-Ман. 15.07.2020 ж.


177 12.07.2020 ТАБЫЛ ДОСЫМА ОЛ ҚАШАН ОТТЫ ЖЫРДАН ТОСЫЛЫПТЫ, САПЫНА ЖАЙСАҢДАРДЫҢ ҚОСЫЛЫПТЫ. ИНДЕРБОРДА МЫҚТЫ АҚЫН БАР ДЕУШІ ЕДІ, ОСЫ ЖҰРТ БІЛЕ МЕ ЕКЕН ДОСЫМОВТЫ?! Атырауды теңселткен арынды үні, Әрине, халқы ұлықтар дарындыны. «Алмасқылыш жатпайды қын түбінде», Неге, неге білмесін Табылдыны. «Заман мынау, қалайша жайланайын», Мақпал түнде сыр айтқан айға дәйім. Достарына жайылған дастарқан боп, Дұшпанына қадалған найзадайын. Кінә да артпас, жаман деп өткенді де, Сын садағын тартады дөп келді ме. Ағаттығын шыжғырып бетке басар, Хан-қара ма, шенді ме, шекпенді ме! Маңдайыңнан қазір кім сипаласын, Көңілдерге сәулелі күй тарасын Дегендейін кей сәтте оңаша қап, Іліп-тартып отырар гитарасын. Ұласса да сұлу ән арты мұңға, Берілмеген күйректік, жалқы мұңға, Махаббат па, ата-ана, кісілік пе – Бәрі бар «Жанарымның – жарқылында». Еске салып, балалық, киік-күнін, Арулардың сезімін иітті кім?! Жырларында Жайықтың тереңдігі, Дарытқандай Алатау биіктігін. Уақыт шіркін алға асып зымырады, Көлеңкесін өмірдің кім ұғады? Төске түскен темірдей ақын ғана – Корчагинше құрыш боп шынығады.


178 Аңсап тұрған асаудай паң даланы, Сауырға қамшы тисе шамданады. Айтқызбай-ақ ойлы жас ұғар бәрін, Шын ақын қажет етпес жарнаманы. Құйғытқанда терлікте тақымда іріп, Тұлпарды байқамаймыз жақын жүріп. Ойланыңдар, пенделер, бірақ-бірақ – Мықтыны да мойындау ақылдылық. Ақынның да қолдайтын жақтасы бар, Кейде, бәлкім, тасадан оқ та атылар. Жұдырықтай жүректе – бүкіл әлем, Тыншымастан беймәлім жаққа асығар. О дүниеде даңғаза, дүрмегің де, Қажет емес жайлы өмір сүргенің де. Ақын деген жүрегі нәзік халық, Бағалайық жер басып жүргенінде! Бижан ҚАЛМАҒАНБЕТОВ


179 ТАБЫЛДЫ РУХЫНА! Көп болды кезің сенделген, Айқасып ылғи ездермен. Қазақтың біткен бағына, Дарын ең шыққан Дендерден! Қайғысы болып сен елдің, Оралмас жаққа жөнелдің. Гитараң қалды иесіз, Патшасы ең өзің өлеңнің. Қанатың деуші ек талмасын, Кім енді сендей жалғасын? Шырқаған сенің әніңнен, Теңселіп тұрды Алматың. Отты жыр – қанжар, алмас та, Тыңдады ұйып жартас та. Дос үшін отқа түсетін, Жігіт ең нағыз марғасқа! Салатын өнер – барыңды, Жырларың қандай жалынды?! Көкте емес, жерден табылды. Осылай достар құптады. Табылды деген – бір ақын, Көп еді жырдан ұтқаның, Шөктірді тілеулестерді, Тым ерте ажал құшқаның.


180 Шындықтың қаны сорғалар, Жүк болар ойың нарға бар. Қырық бес жас па, тәйірі, Жүз жасап жатыр «қарғалар». Сужүрек, қорқақ қояндай, Тынды іштен бәрі, ой, Алла-ай! Сал-сері ең, өзің айтқандай, Ұйқыңнан қалдың оянбай. «Кеудемде жатыр жарылыс, Кәусарым – жырым қанып іш. Сары ала күзде кеттім, – дер, Болармын елес, сағыныш!» Сездіріп көңіл астарын, Жауыңды жырмен жасқадың. Сен жүрсең алуан жүректе, Өлмеске қадам басқаның. Бижан Қалмағанбетов Ақтөбе қаласы


Суреттер сыр шертеді


182


183 Табылды және оның жеті шекті жан досы


184 Табылды әскер қатарында (Германия)


185 Табылды достарымен бірге Сыр бойында, 1986 жыл Табыл, Әбубәкір, 1983 жыл


186 Студенттермен кездесу. Ортада ақын Исраил Сапарбай Табылды әскерде


187 Табылды неміс қыздарының ортасында


188 Табылды курстастарымен бірге


189 Қайран жастық Ақын Светқали Нұржанмен бірге


190


191 Табылды, Маралтай, Тыныштықбек


192 Досы Әубәкірді әскерге шығарып салу сәті, 1983 жыл


193 Солдан оңға қарай: Табылды Досымов, қазақтың атақты режиссері Асқар Тоқпанов, Болатбек Қожан, Әбубәкір Смайылов, Жақсыбай Бәкіров және Жанболат Мұсағалиев. 1985, желтоқсан


194 Табылды жерлестерімен


195 Өнердегі жерлес інісі Әбдіхан Есенғалиевпен бірге


196 Табылды шаңырағының ұйытқысы, жұбайы Қарлығаш


197


Мазмұны Кіріспе .............................................................................................. 3 Табылды Аяшұлы Досымовтың өмірбаяны ..................................... 5 Тау тұлға ........................................................................................... 7 Сан қырлы талант иесі ................................................................... 9 ӘНДЕР Қыз махаббаты ............................................................................... 14 Мұңайма ......................................................................................... 16 Солдат сағынышы .......................................................................... 18 Мен саған ғашық емес ем ............................................................... 20 Махаббатты сезіну ......................................................................... 22 Астананың аруы ............................................................................. 24 Қара гүл .......................................................................................... 26 Кешіккенің қайткенің? .................................................................. 28 Нүкте ............................................................................................... 30 Елік қыз ........................................................................................... 32 Ауылдың түні ................................................................................ 34 Жыртпашы хаттарымды ................................................................ 36 Күнікей қыз .................................................................................... 38 Ештеңе де керек емес .................................................................... 40 Ұнатамын мен сені ......................................................................... 42 Шалкөде ......................................................................................... 46 Өкпелемеші ...................................................................................... 48 Баян өлке – аяулы өлке .................................................................... 50 Шыңғырлаудағы шырайлым ........................................................... 52 Тәтті мұң .......................................................................................... 54 Биіктік ............................................................................................. 56 Баянды махаббат ............................................................................. 60 Желтоқсандағы жыр-ән ................................................................. 62 Әулет диалогы ................................................................................ 66 Қазақ едім дегенше... ....................................................................... 68 Сәйгүлік .......................................................................................... 72 Табылдың әні ................................................................................. 74 Тұңғыш балықшылар Гурьевтердің әкесі Гурий Назарьев ақсақалдың рухына ашық хат ............................................. 76


Марат Отаралиевке ........................................................................ 80 Елге сәлем ...................................................................................... 84 Жалғыздық .................................................................................. 86 Ақан серіге ..................................................................................... 88 Асан қайғыны аңсау ..................................................................... 90 Замани зар ...................................................................................... 92 Анама хат ........................................................................................ 94 Дендерім – байтақ мекенім ............................................................. 96 Алматыда қалған қыз ..................................................................... 98 Арал қызы ..................................................................................... 100 Ақынның дауысы .......................................................................... 102 Сағыныш белгісі ........................................................................... 104 Кешір мені ................................................................................... 106 Жамбының әні ........................................................................... 108 Сүйдім мен сені .......................................................................... 110 Достарға ...................................................................................... 112 Бауыржан дос ............................................................................... 114 Өмірзая ........................................................................................ 116 Кел, наурыз! ................................................................................ 118 Аманғалидың ақырғы әні ............................................................ 120 ҚазГУ городок ............................................................................ 123 Дендерге арнау ........................................................................... 124 Атыраудан аттану ......................................................................... 128 Мұң ............................................................................................... 130 Күнді айналу ................................................................................. 132 Кешіккен махаббат ....................................................................... 134 Туркіменнің Айракты таудан айырылуы .................................. 136 ІЗ ТАСТАП ӨТКЕН БІР ЖҰЛДЫЗ Із тастап өткен бір жұлдыз ........................................................... 140 Табылдың тауы ............................................................................ 144 Ақындық ғұмыр бітпесін ............................................................ 157 Ақын деген жүрегі нәзік халық... ............................................... 167 Табылдың өлең хаты ...................................................................... 172 Екі тарлан бөрі едім... .................................................................... 174 Табылды рухына! .......................................................................... 179 СУРЕТТЕР СЫР ШЕРТЕДІ ........................................................... 181


Click to View FlipBook Version