Сөзжасам тілдің атау (номинация) жасау қызметін жүзеге асырады. Сөзжасам тіл білімінің басқа салаларының ешқайсысы атқара алмайтын қызметті жүзеге асырады. Ол – сөзжасамның туынды сөз, жаңа сөз жасау қызметі. Сондықтан сөзжасам жаңа сөз жасаудың барлық мәселелерін түгел қамтиды. Оған сөзжасамдық бірліктерден бастап, сөзжасамдық ұя сияқты ірі, күрделі сөзжасамдық бірліктерге дейін кіреді. Сөзжасамдық нұсқалардың сөзжасамда атқаратын қызметі, жаңа сөздердің жасалу үлгілері мен тәсілдері, сөзжасамдық нұсқалардың түрлері, қолданылу ерекшеліктері, сөзжасамдық ірі бірліктер болып саналатын сөзжасамдық ұялар, олардың құрылысы, оның мүшелері, сөзжасамдық ұяның құрамындағы мүшелердің қызметі, ерекшелігі сияқты т.б. тек сөзжасамға қатысты заңдылықтар сөзжасамды тілдің басқа салаларынан ерекшелендіреді. Бұл мәселелер тек сөзжасамға ғана қатысты. Олар тілдің басқа ешбір саласында шешілмейді, өйткені ол мәселелер тілдің басқа салаларында қойылмайды да. Өйткені олар тек сөзжасам саласының зерттеу нысанасына жатады. Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы, оның тіл білімінің басқа салаларымен байланысы және олардан ерекшелігін анықтауды қажет етеді. Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы ерекше тілдік құрылымның болуы, тілдің басқа салаларынан ерекшеленетін сөзжасамдық деңгейі, оның өзіндік нұсқалары барына байланысты. Тіл білімі салаларының қайсысы болсын бір-бірімен тығыз байланысты. Өйткені тіл білімінің барлық саласы сөзді зерттейді, бірақ сөз тіл білімнің әр саласында, әр қырынан зерттеледі, бірақ бәрінің де зерттеу нысаны сөз болғандықтан, оларда байланыс болуы заңды. Тіл білімінің салаларының ішінен сөзжасамның морфологиямен байланысы ертеден-ақ назарға іліккен. Сондықтан да сөзжасам соңғы кезге дейін көп тілде морфологияның құрамында қаралып келеді. Бұл екі саланың байланысты болатын себебі екеуі де сөздің ең кішкене бөлшегі морфемамен байланысты. Тіл білімінің сөзжасам саласы да, морфология саласы да морфеманы зерттейді. Бірақ сөзжасам жаңа сөз жасаушы морфемаларды зерттейді де, морфология грамматикалық тұлғаларды (формаларды) яғни сөз түрлендіруші қосымшаларды зерттейді. Сөзжасам тәсілдері. Туынды сөздер арқылы тілдің сөздік қоры байып, үнемі толығып отырады. Көне жазба ескерткіштер тілінің сөздік қоры мен қазіргі түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің сөздік қорының айырмасы жер мен көктей. Өйткені әр заманның өз жаңалығы болады, ол – заттық дүние, ғылым мен техника, сана мен сезім, мәдениет пен әдебиет т.б. өмірдің әр саласына қатысты болатын жаңалықтар. Тілде жаңа сөз жасаудың тілдің сөзжасам жүйесінде қалыптасқан өзіндік жолы, заңдылығы бар. Тілде жаңа сөздер көне замандардан бері қалыптасқан заңдылықтар бойынша, яғни сөзжасамдық тәсілдер бойынша жасалады. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде көне замандардан бері қарай қолданылып әбден орныққан, қалыптасқан негізгі тәсілдері мыналар: 1) синтетикалық тәсіл, 2) аналитикалық тәсіл, 3) лексика-семантикалык тәсіл. Сөзжасамның синтетикалық тәсілі.
Қосымшалы тілдерде синтетикалық сөзжасамдық тәсіл туынды сөз жасауда негізгі тәсілдер тобына кіреді. Түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі қосымшалы тілдер болғандықтан, сөзжасамның синтетикалық тәсілі тілімізде туынды сөз жасауда негізгі қызмет атқарады. Синтетикалық тәсіл арқылы туынды сөз жасауда екі тілдік бірлік қызмет атқарады: 1) лексикалық мағыналы сөз, 2) сөзжасамдық жұрнақ. Синтетикалық тәсіл арқылы сөзжасамға қатысатын бұл тілдік бірліктердің әрқайсысының аткаратын өзіндік қызметі бар. Туынды сөз жасауға қатысатын лексикалық бірлік туынды сөздің мағынасына арқау болады. Сондықтан да туынды сөз жасауға лексикалық мағыналы сөздер ғана қатысады. Мысалы, жүлдегер, ақта, ақылды, бәлеқор сияқты туынды сөздердің жаңа мағынасы жүлде, ак, ақыл, бәле сөздерінің негізінде жасалған, сондықтан олар негіз сөздер деп аталады. Осы негіз сөздердің мағынасы мен туынды жүлдегер, ақта, ақылды, бәлеқор сөздерінің мағынасы байланысты. Ол мағына байланыстылық негіз сөздің мағынасының туынды мағынаға арқау болғандығынан туып тұр. Сонымен туынды сөздің негіз сөзі болатын лексикалық бірліктер туынды мағына жасау үшін қажет. Туынды сөз жасауға лексикалық мағынасы бар тілдік бірліктердің қатысуы міндетті шарттың бірі болып саналады. Ал оның тұлғасы мен құрамына ешбір шек қойылмайды, сондықтан туынды сөздің негіз сөзінің қызметін негізгі түбір сөз де, туынды түбір сөз де, біріккен сөз де, қысқарған сөз де атқара береді. Мысалы, көгер, түндік, айлық, өртен деген туынды сөздерге негізгі түбір сөз негіз болған. Ал егінші, өнімсіз, білімпаз, сәнқойлық дегендерге егін, өнім, білім, сәнқой деген туынды түбірлер негіз болған. Сондайақ белбеусіз, колхоздас деген туындыларға біріккен сөз бен қысқарған сөз негіз болған. Осы туынды сөздердің бәрінде негіз сөз қызметін түрлі құрамды, түрлі тұлғалы сөздер атқарған. Бірақ олардың бәрі де - лексикалық мағыналы сөздер яғни туынды сөздерге лексикалық мағыналы сөздер негіз болған, өйткені лексикалық, мағыналы сөзсіз синтетикалық тәсіл арқылы туынды сөз жасалмайды. Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер туынды түбір деп аталады. Туынды түбір негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақ арқылы жасалады. Мысалы, арда+гер = ардагер, көрер+мен = көрермен, дәріс+хана = дәрісхана, ой+ла = ойла, айып+кер = айыпкер, сәулет+ші = сәулетші т.б. Сонымен туынды түбірлер бір негізгі морфема мен бір көмекші морфемадан түрады. Мысалы, өнерпаз>өнер (негізгі морфема)+паз (көмекші морфема). Осы сияқты барлық туынды түбірлер негізгі морфема мен көмекші морфемадан яғни лексикалық мағыналы сөз бен жұрнақтан тұрады. Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды түбірлердің құрамындағы тілдік бірліктердің әрқайсысының орны бар, негіз сөз бірінші орында тұрады, жұрнақ екінші орында тұрады. Туынды түбірдің құрамындағы морфемалардың орны тұрақты. Бұл заңдылықтан ауытқу тек басқа тілден кірген кейбір сөздерде кездеседі. Мысалы, бисаясат, бейкүнә т.б. Мұндай жағдай біздің тіліміздің зандылығына жатпайды. Туынды түбір жасаушы жұрнақтың да атқаратын өзіндік қызметі бар. Оның негізгі қызметі - туынды лексикалық мағына жасау. Сондықтан көпшілік сөзжасамдық жұрнақтар лексикалық жаңа мағына жасайды. Мысалы, ойыншық туынды түбірін жасаған -шық жұрнағы ойын негіз сөзінен басқа лексикалық мағына яғни ойнайтын заттың атын жасаған. Сонда мұндағы ойын сөзінің лексикалық мағынасынан ойыншық туынды түбірінің лексикалық мағынасы басқа. Сөзжасамдық жұрнақтардың көбі осылайша жаңа лексикалық мағына жасайды. Олар - тілдегі ең көп жұрнақтар. Осы жағдай сөзжасамдық жұрнақ жаңа
лексикалық мағына жасайды деген ұғымды қалыптастырған. Сөзжасамдық жұрнақтың ішінде сөздің лексикалық мағынасын мүлдем өзгертпей, негіз сөздің мағынасын түрлендіретін жұрнақтар да бар. Мысалы, апатай, інішек, өзгеше, белес, әкежан, ботақан, бірінші, біреу, ондаған т.б. осы сияқты туынды түбірлердің құрамындағы жұрнақтар негіз сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, оларға түрлі мағына қосқан. Мұндай тілдік құбылыс басқа тілдерде де бар. Мысалы, орыс тілінде мұндай туынды түбірлердің мағынасын «модифицирующие значения» деп атаған. Сондықтан сөзжасамдық жұрнақтар екіге бөлінеді: 1) лексикалық мағына жасайтын жұрнақтар, 2) лексикалық мағынаны түрлендіретін жұрнақтар. Сөзжасамдық жұрнақтардың әрқайсысының жеке мағынасымен бірге, жалпы мағыналары да бар. Айталық, бір топ жұрнақтардың мағынасы заттық ұғыммен байланысты. Мысалы, саудагер, көрме, емхана, оттық, сусын, белес, ауылдас т.б. осы сияқты туынды түбірлерді жасайтын жұрнақтардың мағынасы заттық ұғыммен байланысты. Ал сәнқой, көңілді, өнімді, тапқыш, әсемпаз, жинақы, сыншыл, сәнді, көйлекшең, ақылды, көреген, білгіш сияқты туынды түбірлердегі жұрнақтар сындық белгі мағынасын жасаған. Мына туынды түбірлердегі жүрнақтар қимыл мағынасын жасаған: басқар, байы, сына, ағар, бөліс, қарай, көкте, ұзар, ақта, жина т.б. Жұрнақтар мағынасымен байланысты сөз таптарына телулі болады. Әр сөз табының өз сөзжасамдық жұрнағы бар. Олар әр сөз табына қатысты туынды түбір сөз жасайды. Бұл жағдайға байланысты әр сөз табының өзіндік сөзжасамы қалыптасқан. Синтетикалық тәсіл барлық сөз табында сөзжасамдық қызмет атқарады. Сөзжасамның аналитикалық тәсілі. Аналитикалық тәсіл - тілімізде көне замандардан келе жатқан, тілімізді көптеген күрделі сөздермен толықтырған өнімді тәсіл. Ол көпшілік тілдердің сөзжасамынан орын алады. Ал кейбір тілдерде негізгі сөзжасамдық тәсіл болып саналады. Мысалы, ондай тілдерге жапон, қытай тілдері жатады. Аналитикалық тәсіл деп екі я онан да көп сөзден бір лексикалық мағыналы сөздің жасалуы аталады. Мысалы, Екібастұз, ойтолғау, Нұрдәулет, Қызылорда, баспасөз, он сегіз, келіп кет т.б. Бұл мысалдардың біріншісі үш сөзден, қалғандары екі сөзден құралған. Қосымшалы тілдерде аналитикалық тәсіл басқа тәсілдер қатарынан орын алады, бірақ бұл аналитикалық тәсілдің қызметі ондай тілдерде өнімсіз дегенді білдірмейді. Мысалы, неміс, ағылшын, орыс тілдерінде, түркі туыстас тілдерде сөзжасамның аналитикалық тәсілі өте кең түрде қолданылады. Қазақ тілінде де аналитикалык тәсіл көне замандардан бері қарай қолданылып келе жатыр. Ол барлық сөз табының сөзжасамынан кең орын алады. Мысалы, үшбұрыш, тікұшақ, көмір қышқылы, ақсақал, Темірқазық (зат есімдер); қызыл ала, орта бойлы, қызыл шырайлы, ақшашты (сын-есімдер); қырық сегіз, он алты, екі жүз, бес мың (сан есімдер); кіріп шық, беріп кет, алып кел, алып бер (етістіктер); күні кеше, күндерде бір күн, бүгін, биыл (үстеулер); тақ-тұқ, тарс-тұрс, жалт-жұлт (еліктеуіштер); пай-пай, ойпырмай, бәрекелді (одағайлар). Аналитикалық тәсіл қазақ тілінде барлық сөз табының сөзжасамынан орын алғанымен, оның сан есім сөзжасамында негізгі тәсіл екенін атау қажет. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер күрделі сөздер деп аталады. Күрделі сөздер толық мағыналы сөздерден жасалады. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі сөздердің бәрі екі
лексема арқылы жасалады, бірақ күрделі сөзде олардың әрқайсысы өзінің жеке тұрғандағы мәнін сақтамай, бір тұтас мәнге көшеді. Қазақ тілінде аналитикалық тәсіл жиі қолданылатын, өнімді тәсіл болумен бірге, оның іштей бірнеше түрі бар: 1) сөзқосым, 2) қосарлау, 3) тіркестіру, 4) қысқарту сияқты аналитикалық тәсілдің төрт түрі бар. Бұлардың әрқайсысы да тілдің сөзжасамында өнімді қызмет атқарады, олар арқылы жасалған туынды күрделі сөздер тілде өте мол. Аналитикалық тәсілдің бұл ішкі түрлері арқылы жасалған күрделі сөздер де бір-бірінен басқа-басқа болады. Аналитикалық тәсілдің осы ішкі төрт түрі күрделі сөздің төрт түрін жасайды. Олар: біріккен сөздер, қос сөздер, тіркескен күрделі сөздер, қысқарған сөздер. Лексика-семантикалық тәсіл. Лексика-семантикалық тәсіл арқылы, зат есімге заттану арқылы көшкен сөздер өте көп: бүлдірген, ағарған, қорған, қамал, айтыс, қоршау, ақ, асар, жетісі, екпін, тіл т.б. Лексика-семантикалык тәсіл арқылы тілде ғылымның әр саласында терминдер көп жасалған: сөз, буын, мағына, есім, шылау, Үстеу (тіл білімі), құн, нарық (экономика), теңеу, суреттеу, өлең, әңгіме (әдебиет), қимыл, қозғалыс (физика), үшбұрыш, көбейту, қосу, алу (математика) т.б. Лексика-семантикалық тәсіл арқылы сөздің жаңа мағынаға көшуіне байланысты сөз бір сөз табынан екінші сөз табына ауысады, оны ғылымда конверсия деп атайды. Конверсия жолымен жаңа сөздің жасалуы - өте көп тараған тәсіл, оның ішкі ерекшеліктері де бар. Лексика-семантикалық тәсілде сөз мағынасының өзгеруіне байланысты ол үнемі бір сөз табынан екінші сөз табына ауыса бермейді. Сондықтан лексика-семантикалық тәсілдің іштей айырмасы бар: 1) сөздің жаңа мағына алуына байланысты басқа сөз табына көшуі, 2) сөз жаңа мағына алса да, сөз табын өзгертпей, өз сөз табының құрамында қалуы. Сөздің жаңа мағына алуына байланысты басқа сөз табына көшуі. Ешбір тілдік бірліктің көмегінсіз, сөз дыбыстық құрамын сақтай отырып, мағынасы өзгеріп, басқа сөз табына көшеді. Мысалы, қорған, айтыс, жарыс, бірге, біреу, басқа, өзге т.б. Бұл сөздердің дәл осы тұлғада, осы құрамда тілде басқа мағыналары бар және ол мағыналары алғашқы негізгі мағынаға жатады. Олар: 1) қорған, айтыс, жарыс - етістік, қимыл, бірге, біреу - сан есім, сандық ұғым, басқа - сын есім, өзгеше - есімдік. Жоғарыда осы сөздердің: 1) қорған, айтыс, жарыс зат есімге көшкен мағынасы, 2) біреу - есімдікке көшкен мағынасы, 3) бірге, басқа, өзге - сын есімге көшкен мағынасы келтірілді. Сөздің жаңа мағынаға ие болуы, сол арқылы басқа сөз табына көшуі түрлі жолмен іске асады. Оның ішінде ғылымда заттану (субстантивация) - тілдерге кең тараған түрі. Ал заттану - көбіне ықшамдау зандылығына байланысты болатын құбылыс. Мысалы, қазіргі тілде бір жұма, бір жеті деген тіркестер бір-бірімен мағыналас. Осындағы жеті (апта) сөзінің заттық мағынасы алғаш жеті күн мағынасында қолданылып, күн сөзінің қолданыста түсіп қалып, ықшамдалуынан оның заттық мағынасы жеті сөзіне көшкен, сонда жеті сөзінің заттануына күн сөзінің қолданыстан шығуы себеп болған. Үші, жетісі, қырқы, жүзі, тоқсан (оқу мезгілі) сөздері де осы ретте заттанған. Бір, біреу сөздерінің есімдікке көшуі, бірге, басқа, өзге, кетеген, қашаған сөздерінің сын есімге көшуі, бірден, етпетінен, босқа, текке, зорға, бекерге, әреңге, алға, артта, әзірге, күніге, кейде, артта, алда, баяғыда, қапыда, қапелімде, әуелден, ежелден, шетінен, лажсыздан, төтеден, шынымен, жайымен, түйдегімен т.б. осы сияқты сөздер үстеуге көшуі көнеру арқылы жүзеге асады. Бұл сөздер тілде осы тұлғада, осы қосымшалармен қолданылып жүріп, бірте-
бірте басқа мағынаға ие болып, жаңа мағынасына қарай сөз табын өзгерткен, бұл үрдісте сөйлем (контекст) үлкен қызмет атқарған. Сөзжасамдық мағына. Сөзжасам өмірде пайда болған жаңа ұғымдарды атау қажеттігін өтеу үшін қызмет етеді. Жаңа аталымдар (номинациялар) сөзжасамдық түрлі тәсілдер арқылы жасалатыны белгілі болды. Тәсілдердің түрлілігіне байланысты сөзжасам үрдісіне түрлі сөзжасамдық бірліктер жаңа мағына, жаңа аталымның жасалуына түрлі дәрежеде қатысады. Мысалы, әнші, жұмысшы, малшы, суретші, жыршы, биші, орманшы, балықшы, саяхатшы, сыбызғышы, қобызшы т.б. осы типтегі туынды сөздерді алсақ, олардың құрамындағы негізгі морфема да, көмекші морфема да олардың мағынасының жасалуына қатысып тұр. Осы туындылардағы негіз сөз жаңа мағынаның жасалуына арқау болған. Ал осы туынды түбірлердегі -шы, - ші жұрнағы оларға мамандық мәнін қосқан. Бұл туынды түбірлердегі -шы/-ші жұрнағы мамандық мәнін беріп тұр, ал негіз сөздер ненің маманы екенін білдірген. Келтірілген туынды түбірлердің құрамындағы сөзжасамдық бірліктер (негіз сөз бен жұрнақ) туынды мағынаны жасауға қызмет еткен. Сондықтан да олар сөзжасамдық бірліктерге жатады. Мұндай туынды сөздердің қандайы жасалғанын ажырату қиын емес, сөздің лексикалық мағынасы мен негіз сөздің мағынасы байланысты болады. Бұл мағыналық байланыс арқылы туынды сөздің қандай негіз сөзден жасалғанын табуға болады. Бұл ерекшелік сөзжасамдық типтерге қатысты. Алайда сөзжасамдық тәсілдердің түрлілігіне байланысты туынды сөз бен негіз сөздің арасындағы мағыналық байланыс үнемі жоғарыда-ғыдай бола бермейді. Сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілінде сөз бір сөз табынан екінші сөз табына өтеді. Мысалы, айтыс - етістік, айтыс - зат есім. Мұнда етістік мәнді сөз заттық ұғымды білдіріп, зат есімнің грамматикалық көрсеткішітерімен түрленетін болды. Мысалы, айтысты жалғастыр, айтысқа түс. Бірақ осы сөздің екеуінің де негізгі лексикалық мәнінде айырма жоқ деуге болады. Келесі бір туынды сөздерде негіз сөздің мағынасы толық сақталып, оған үстеме мағына ғана қосылады. Мысалы, әкетай, балапан, дөңес. Ал он сегіз, белбеу, әкел, білезік, бозторғай, келіп кет сияқты сөздердің мағыналары олардың құрамындағы сөзжасамдық бірліктердің мағыналарының қосындысынан жасалғаны анық байқалып тұр. Бұл келтірілген мысалдар туынды сөздердің жасалу жолы және сөзжасамдық бірліктері қандай түрлі болса, сөзжасамдық мағына да түрлі екенін көрсетті. Туынды сөздер, олардың түрлері. Туынды сөздер деген терминнің қолданымға түскеніне көп уақыт болған жоқ. Бұған дейін туынды түбір, қос сөз, күрделі сөз, біріккен сөз, қысқарған сөз деген сияқты терминдар қолданылып келді. Ал олардың бәрі – сөзжасам нәтижесінде тілге қосылған сөздердің түрлері. Олар тілдегі алғашқы негізгі түбірлерге қарағанда, кейінгі құбылыстарға жатады. Осы сөзжасам әрекетіннің нәтижесінде әр кезенде тілге қосылып отырған, сөзжасамдық түрлі тәсілдер арқылы түрлі тұлғаға ие болған сөзжасамдық лексикалық нұсқалардың жалпы ортақ термині болған жоқ еді. Сондықтан сөзжасамдық әрекеттің нәтижесінде тілге
қосылған лексикалық нұқалардың бәрін қамтитын туынды сөз деген термин қолданылған болатын. Осыған байланысты туынды сөздер деген термин сөзжасам арқылы жасалған туылымдардың ортақ атауы ретінде қолданылып отыр. Тілдің сөзжасам саласының зерттейтін негізгі нысаны – туынды сөздер. Туынды сөздер – тілдің сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалған лексикалық нұсқалар «единицалар». Мысалы, ағар, бітім, келісім, белдік, кәсіптік, қаламгер, озат, сөзшен сияқты туынды түбірлер сөзжасамның морфологиялық тәсілдер арқылы жасалған туынды сөздер. Ал баданакөз «өсімдік», жел қақты, жолсерік, көксоққан, қарашайыр «өсімдік», отқасалар, торкөз, ұзын сонар т.б. осы сияқты күрделі сөздер сөзжасамның синтаксистік тәсілі бойынша жасалған туынды сөздер. Ал 1) абзалқұрал. Атқа қораға барып, ат абзалдарының кемшілігін түзей бастады; 2) абзал-қадірлі, құрметті-көріскенше, сау бол, абзал адам (Омаров); 3) абзал-жөн, дұрыс. Онда колхозға түгел көшкендерін абзал болар. (Нұртазин) дегендегі абзал сөзінің бірнеше мағына беріп, бірнеше сөз қызметін атқару сөзжасамның семантикалық тәсілі арқылы жасалған туынды сөз болуына жатады. Сонымен туынды сөздерге қосымша арқылы жасалған күрделі сөздер, сөзжасам тәсілінің барлық түрі арқылы жасалған туындылардың бәрі жатады, туынды сөздер –тілдің тілдік сөзжасамдық әрекетінің нәтижесі. Қазақ тілінің сөздің қоры туынды сөздерге өте бай. Егер тілдегі түбір сөз бен туынды сөзді салыстырсақ, ол екеуіннің арасындағы айырмашылық өте зор. Өйткені тіліміздің сөзжасам жүйесі – тым көне замандардан келе жатқан құбылыс, оның барлық кезеңінде тілге туынды сөздер үнемі қосылып отырған. Сондықтан ең көне жазба ескерткіші саналатын орхон жазбаларынның өзінде туынды сөздер көптеп кездеседі. Содан бері туынды сөздер тілге үздіксіз қосылып отырған. Туынды сөздердің қазақ тілінің тарихында сөздікке ең мол қосылған кезі – соңғы 70-80 жыл, яғни соңғы кезең. Еліміз егемендік алғанынан бергі кезеңде қоғамдық жаңалықтармен байланысты жаңа сөздер тілге өте көп қосылып жатыр. Бұл кезеңдерде тілімізге туынды сөздердің қосылу қарқыны өте күшті. Осының нәтижесінде тіліміз туынды сөздермен орасан байыды. Қазір тіліміздегі негізгі түбір сөздермен салыстырғанда, туынды сөздер олардан әлдеқайда көп. Сөзжасамдық единицалар. Сөзжасамдық ұя. Синтетикалық сөзжасам қазақ тілінің сөздік қорын байытуда өте үлкен қызмет атқарады. Сондықтан да тілдің сөздік қорында негізгі түбір сөздерден туынды түбір сөздер әлдеқайда көп. Тіліміздің сөздік қорынан туынды түбір сөздердің кең орын алатынын сөзжасамдық ұялар анық дәлелдейді. Өйткені әр сөзжасамдық ұя бір негізгі түбір сөзден қанша туынды түбір сөз жасалғанын анық, ашық көрсетеді. Мысал, бір ғана бу деген негізгі түбірден жасалған сөзжасамдық ұяда 44 туынды түбір бар. Сол сияқты тілдегі әр сөзжасамдық ұяға бір негізгі түбір сөз тіркес болып, ал оның әрқайсысынан талай туыннды түбірлер жасалғаны тілдегі туынды түбір сөздердің тілдің сөздік құрамынан басым орын алатынына толық дәлел бола алады. Олай болса, тіліміздің сөздік қорын байытуда ерекше орын алатын туынды түбірлердің жасалуына қандай негізгі сөздер өзек, тірек болғанын, негізгі түбір сөздердің туынды түбір сөз жасаудағы құндылығын анықтау, олардан туынды түбір сөздің өрбу жолын көрсету өте маңызды. Оы мәселенің ғылыми негізін анықтауда сөзжасамдық ұяны зерттеу өте қажет. Сөзжасамдық ұя бір сөздің
негізінде туынды түбір сөздердің жасалуынның барлық жолын, тетігін ашып береді. Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя мәселесін зерттеу 1989 жылғы жарияланған «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографиялық еңбектен басталады. Сөзжасамдық тізбек. Сөзжасамдық ұяның мүшелерінің негізгілерінің бірі - сөзжасамдық тізбек. Сөзжасамдық ұя орыс тіл білімінде зерттеле бастағаннан бері оның құрамында сөзжасамдық тізбек те зерттеле басаталды. Орыс тіл білімінде сөзжасамдық ұя мәселесі 20-30 жылдан бері өнімді зерттеліп келді. Онда сөзжасамдық тізбектің анықтамасы берілді, сөзжасамдық ұя, оның құрылымы мен мағынасы, сөзжасамдық ұяның мүшелері толық зерттеліп, теориялық негізі қаланды. Сөзжасамдық ұя бойынша үлкен сөздік те жарияланды. Қазақ тіл білімінде сөзжасамдық тізбек мәселесі тұғыш рет ілгеріде аталған «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияда көтерілді, сөзжасамдық тізбек термині ғылыми айналымға алғаш сонда түсті. Бір түбірден тараған, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы сөзжасамдық тізбек деп аталады. Сөзжасамдық тізбектің қайсысын алсақ та, оның құрамындағы туынды түбірлер бір түп негіз сөзден бастау алады. Олай болса, тізбек атаулы түп негіз сөзден өрбиді, яғни сөзжасамдық тізбектің құрамында міндетті түрде түп негіз сөз болуы шарт. Түп негіз сөзсіз сөзжасамдық тізбек болмайды, түп негіз сөз сөзжасамдық тізбектің негізгі мүшесі. Сөзжасамдық тарам. Сөзжасамдық тарам термині словообразовательная парадигма мәнінде қолданылады. Осы термин орыс тіл білімінде де кейінгі кезде қолданыла бастады. Бұрын тарам термині морфологияда ұзақ уақыт қолданылғаны белгілі. Мысалы септік тарамы (парадигмасы), жіктік тарамы (парадигмасы) сияқты қолданыс ғылымда әбден таралған, таныс ұғымға айналған. Бұл термин барлық тіл біліміндегі сөздіктердің бәрінде сөз түрлендіру жүйесі мәнінде түсіндірілген. Соңғы кезде сөзжасамдық тарам термині қолданыла бастады. Морфологиялық тарамда да бір сөз түрлі сөз түрлендіруші қосымшалар арқылы түрленеді. Сөзжасамда да бір сөзден бірнеше түрлі сөз жасалады. Морфологиялық тарамдар жиі қолданылады, сөзжасамдық тарамда одан әлдеқайда сирегірек қолданылады және сөзжасамдық тарамдағы сөздердің лексикалық мағынасында айырма болса, морфологиялық тарамдағы сөздердің лексикалық мағынасында айырма болмайды да, айырма тек грамматикалық мағынада болады. Сөзжасамдық саты. Ғылымда сөзжасамдық саты мәселесі өте аз зерттелген, арнайы зерттеулер жоқтың қасы. Алайда сөзжасамдық ұяны зерттеушілер саты туралы анықтама қысқа түсініктер беріп отырады. Сөзжасамдық сатыдағы туынды сөздер туынды сөз жасайтын негіз сөз бен одан туынды жасаушы жұрнақтан тұрады. Мысалы, ойла, ойлан, ойландыр деген туынды түбір сөздерді алсақ, олардың әрқайсысы әртүрлі сатыға жатады. Осы үш туынды түбір үш сатының сөздері. Өйткені олардың әрқайсысының құрамында туынды сөз жасауға негіз болған сөз бар, олар: ой, ойла, ойлан және оларда туынды түбір жасаушы жұрнақ бар, олар : -ла, -н, -дыр жұрнақтары. Саты негіз сөз бен туынды сөзді жасаушы көрсеткіштен құралатын сөзден тұрса, ойла, ойлан, ойландыр туындыларының әрқайсысы толық сәйкес.