«Қазақ» газеті – Алаштың
ұлттық мінбері
ХХ ғасырдың басында қазақтың мүддесін қалай қорғау керек еді? Бұл Алаш
қайраткерлерінің көкейінде тұрған ұлттың қамы үшін өзекті мәселе болатын
ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағыдай қолға қару алып көтеріліс жасаудың халық үшін тек зиян
әкелетіні көзі қарақты әр азамат үшін анық еді. Ұлт тағдырына өздерін жауапты
сезінген Алаш қайраткерлері қазақ халқының мүддесін қорғауда білектің күшімен
емес, ақыл-ойдың қарымымен есе қайтарудың жолын таңдады. Бұл жол ұлттың
мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газетін өмірге әкелді.
1913 жылдың 2 ақпанынан бастап халыққа жол тартқан «Қазақ» газеті 1918 жылға дейін
266 саны шығып үлгеріпті. Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған «Қазақ» газетіне
биыл 105 толды.
1913 жылы 2 ақпаннан бастап «Каримов, Хусаиновтар баспаханасынан» шығып тұрған
басылымның неліктен «Қазақ» аталғанына тоқталайық. Бұл туралы алаштанушы-ғалым М.
Қойгелдиев: «Қазақ» газеті, белгілі дәрежеде, сол кезеңдегі қазақ ұлт-азаттық
қозғалысының ең белсенді қайраткерлері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов және М.
Дулатовтың үлкен еңбегінің ортақ жемісі еді» [1, 187-б.] деп объективті бағасын берді.
Басылымның «Қазақ» аталуында екі түрлі мағына барлығы аңғарылады. Біріншіден, газет
жалпыұлттық газет болғандықтан, мақсаты жері бөлшектеніп, елі бытырап жүрген қазақ
халқын топтастырып, бір ортаға біріктіру болғандықтан да ұлт атын иемденіп «Қазақ»
аталды. Екіншіден, кітәби, әдеби, ғылыми айналымда қазақ атының өз аты аталмай,
қырғыз аталып келгендігі белгілі, сондықтан, туған халқының төл атын қайта оралту
мақсатында, қазақ зиялылары өз баспасөзін осылай атауды мақұл көрген [2, 32-б.]. Ахмет
Байтұрсыновтың бұл жайында: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты
деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық» - дейді [3, 11-б.]. Осыдан аңғаратынымыздай,
ұлт зиялалары газетті шығаруда ұлттың мүддесін басты орынға қойды. Бұл азаттық
қозғалыстың ХХ ғасырдағы өркениетті түрі болатын.
Ал басылымның қара жүгін арқалау міндеті – Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың мойнына
түсті.
«Газетті жұрт керек қылмаса, миллиондап капитал ол үшін жұмсамас еді. Осылардың бәрі
де газет керек нәрсе екендігін көрсетеді. 1907 жылғы санаққа қарасақ, Россияда сол жылы
екі мың бір жүз жетпіс үш есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз
тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты. Сол сегіз жүз
алпыс жетінің ішінде біздің татар қарындастарымыздың отыз шамалы газеті-журналдары
болды. Бізде біреуі де болмады. Онан бері бес жыл өтті. Бұл бес жыл ішінде газет
журналдардың саны бұрынғыдан да өсті. Біз де құр қалғанымыз жоқ. «Айқап» журналы
шықты. Бұл бұрынғыдан гөрі, бір адым болса да ілгері басқанымыздың белгісі. Бірақ бір
адым ілгері басып, сол күйімен тұрып қалсақ, онымен алысқа ұзай алмаймыз. Ілгері
басқанның үстіне ілгері басуымыз керек. Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек.
Дүниенің төріне қызыққандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып
жатыр. Есікте қалмай, төрге тырмысалық, басқалар төрге қарай бара жатқанына қарап, біз
де солардың істегенін істейік. Басқалардың заманға қарай өтіп жатқан амалын көруімізге
газет-журнал керек» [3, 11 б.]. Бұл «Қазақ» газетінің №1 санында шыққан Ахмет
Байтұрсыновтың «Құрметті оқушылар» атты кіріспе мақаласындағы қазақ үшін
баспасөздің айрықша қажеттілігін баса айтқан өткір ойлары еді.
Басылымның таралымы қазақ мекендеген барлық аймаққа жетіп жатты. Тіпті Ресей,
Қытай қазақтары да тапсырыс беріп, алдыртып оқыған. Бұған төмендегі мәлімет айқын
дәлел болады.
«Қазақ» газетасын 10 облысқа қараған киіз туырлықты қазақ байдың баласынан 1913
жылдың ішінде алдырып тұрғандардың есебі мынау: 1) Торғай облысы – 694, 2) Семей –
612, 3) Ақмола – 584, 4) Сырдария – 327, 5) Орал – 301, 6) Жетісу – 157, 7) Ішкі оралдық –
136, 8) Ферғана – 30, 9) Самарқан – 8, 10) Закасапий – 5.
Өзге жерлерден:
Оренбург шаһары – 37, 2) Уфа – 14, 3) Қазан – 13, 4) Қытай қазағы – 10, 5) Петербург, 6)
Түркия – 5, 7) Мәскеу – 3, 8) Томск – 3, 9) һәм басқа шаһарлар –57. Бәрі – 3007 [3, 82-б.].
«Қазақ» газетінің 1917 жылғы санында жарияланған Қытай қазақтарының қазақ
баспасөзіне көмек қолын созып, ниеттерін білдіріп жолдаған «Баспахана туралы»
хаттарының мәтіні мынадай:
«Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қол
астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктестігіне 600 сом жібердік. Алаш
ұранды қазақ баласы «аһ» десіп қолға алған ісінен бізде құр қалмалық дедік. Алаш
туының астына біз де қосылдық! Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда басқа көзі
ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін Алты Алаш болып бір баспаханаға
ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан бергі телміргеніміз аз ба?
Шөміштен қағылып жүргеніміз бе?
Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әр түрлі газета, журнал басылып, қазақша мектеп
кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді.
Мақсұт тәжі Сасанұлы, Молда Нұрбекұлы, Қосболат Байболатұлы, Шайырбек Сасанұлы,
Рақым Асылбекұлы, Жиенәлі Мейірманұлы» [3, 362-б.]. Осы хаттан «Қазақ» газетінің
Қытайдағы қазақ ағайындарға да жеткенін және олар тарапынан кең сұранысқа ие
екендігін аңғартады.
«Қазақтың» қаржы көздері қайдан келді, 5 жыл халықтың рухани сұранысын өтеп тұрған
басылымның демеушілері болды ма? Бұл сұраққа сол кездегі «Азамат» серіктігінің
қызметі жауап болуға тиіс.
«Азамат» серіктігі – қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысқан мәдени
ұйым. А. Байтұрсынұлы пен М. Дулатұлының ұйымдастыруымен 1913 жылы желтоқсан
айында Орынборда құрылған. Негізгі мақсаты – мүшелік жарна (әр адамнан – 100 сом)
есебінен «Қазақ» газетінің үзіліссіз шығып тұруына жәрдемдесу. Сондай-ақ, қазақ
қоғамындағы оқу-ағарту жұмыстарын өрістетіп, зәру оқу құралдары мен әдебиеттерді
баспадан шығару, мектеп-медреселердегі мұқтаж шәкірттерге қаржылай көмек беру т.б.
қайырымдылық шараларын ұйымдастыру ісімен айналысты. Оған Ә. Бөкейхан, Х.
Досмұхамедұлы, М. Тынышбайұлы, Шәкерім қажы Құдайбердіұлы, Н. Құлжанұлы және
т.с.с. қазақ зиялылары мүше болған [4, 15-16-бб.]. «Азамат» серіктігінен басқа «Қазақ»
газетіне ел ішіндегі беделді азаматтар қолдау көрсетіп отырды. Бұл туралы зерттеушілер
арасында әр түрлі пікірлер бар. Мысалы, тарихшы-ғалым Қамбар Атабаев «Қазақ»
газетінің қаражат көздері туралы үш түрлі пікірдің болғандығын негізге алып, мынадай
тұжырымдар жасайды: «Біріншісі – газетті қазақтың қалталы байлары бірігіп шығарған.
Сондықтан ол өзінің сипаты жағынан «байшыл» газет болған. Екіншісі – газет негізінен
бір адамның ақшасына шыққан. Үшіншісі – газет жалпы халықтың қолдауымен шыққан.
Сондықтан ол жалпыұлттық сипатта болған газет. Нақты фактілік деректер негізінде
«Қазақ» газетінің жалпыұлттық сипатта болғандығы дәлелденген» [5, 33-б.].
1913-1915 жылдары шығып тұрған қазақ газетінің мақсаты қандай болды, осы жылдар
аралығында газет халық алдындағы өз миссиясын атқара алды ма? Енді осы сұраққа
жауап беріп көрейік. Алаштанушы-ғалым, академик Кеңес Нұрпейіс «Алаш һәм
Алашорда» атты зерттеуінде: «Қазақ интеллигенттерінің алғашқы алғашқы тобының
басым көпшілігі әмбебап мамандар болды: олар ғылыми жұмыстармен де, оқу-ағарту
ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару қарекетімен де, көркем
творчествосымен де қатар айналысты. Басқа сөзбен айтқанда, олар сол кездегі қазақ
қауымының рухани сұраныстарына мүмкіндіктерінше толық жауап беруге атсалысты.
«Айқап» журналын және жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығару арқылы олар халықты
оқуға, көшпелі шаруаларды отырықшылыққа шақыруда, шаруашылықты жүргізудің
прогерссивті формаларын, әйел теңдігін насихаттауда, патша үкіметі тарапынан
жүргізіліп отырған отаршылдық саясатқа қарсы қоғамдық пікір қалыптастыруда
айтарлықтай оңды істер тыңдырды» [6, 123-б.]. Міне, көріп отырғанымыздай, Алаш
қайраткерлері «Қазақ» газетін қазақ ұлтының тағдырына қатысты барлыс істерге
пайдаланды.
ХХ ғасырдың әр салада білім алып келген зиялы қазақ азаматтарының басын біріктірген
негізгі ұйытқы «Қазақ» газеті болғандықтан, аталмыш басылым бетінде ұлттық,
әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, мәдени мәселелер жарияланып тұрды.
Мысалы, қазақ зиялылары үшін ең ұтымды іс – «Алаш» партиясын құрғандығы екені дау
тудырмайды. Себебі, саяси ахуал ушығып тұрған кезеңде қазақтың мүддесін қорғайтын
бір партия шынымен-ақ керек болатын. Бұл жайында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан
«Қазақ» газетінің 1917 жылғы №256 санында жарияланған «Мен кадет партиясынан неге
шықтым?» атты қысқаша мәлімдемесінде тоқталып, «Алаш» партиясын құруға бел
байлағанын ашық айтты.
1917 жылдың І жалпықазақтық съезінде дүниеге келген «Алаш» партиясының қазақ
мүддесіне жасалған 10 тармақтан тұратын бағдарламасының жобасы «Қазақ» газетінің
1917 жылғы 21 қарашадағы санында [6, 222-б.] басылып, халыққа жол тартты.
Қазақ халқы үшін ХХ ғасыр басындағы басты жаңалық Алаш автономиясының құрылуы
болды. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен ІІ жалпықазақтық съезінде
қазақтың оқығандары мен атқамінерлері жиылып, саяси тұрақсыздық заманда қазаққа
пана болар мемлекеті болуы керек деп шешті. Қазақ тарихында атаулы оқиға болып
қалған автономия жарияланған сәтті «Қазақ» газетінде [3, 444-б.] Міржақып Дулатов
«Мадияр» атты бүркеншік есімімен «Алашорда» мақаласында әсерлі жеткізе білді.
«Қазақ» газетінде саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерден басқа, рухани, мәдени
тақырыпта әр түрлі хабарлар мен ақпараттар жарияланып тұрды.
Мәселен, Жетісудың Қапал оязын (уезін) жайлаған Маман байдың балалары Есенғұл,
Тұрысбектердің ұлт мәдениетіне қатысты демеушілік шаралары басылым бетінде
басылып отырды. Атап айтар болсақ, 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған Есенғұл
қажы Мамановтың қазақ романына бәйге жариялағаны туралы хабары қазақ
оқығандарының арасында сілкініс тудырды [7, 81-б.]. Осыдан-ақ «Қазақ» газетінің ұлттық
әдебиет саласының дамуының бір кезеңі болғанына көз жеткіземіз.
ХХ ғасыр тарихының жарқын, әрі елеулі кезеңі – қазақ оқығандарының әлемдік уақыт
көшінен қалмай, қаймана қара қазағын өрге сүйреп, ойраны шыққан ордасын қайта тігіп,
мемлекеттік түсінікті санасына ұялатуы болатын. Аталмыш кезеңді зерттегенде негізгі
дерек көздің бірі де, бірегейі – «Қазақ» газеті болып саналады.
«Қазақ» газетінде жарық көрген мақалалардың сапасы және мазмұны өте жоғары деңгейде
болғаны сөзсіз. Белгілі журналист, алаштанушы Болат Мүрсәлім «Қазақ» газеті алғашқы
санынан бастап-ақ өте жоғары кәсіби деңгейді көрсеткенін айтады.
– Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының ішкі
дайындығы, білім деңгейі, олардың жазу шеберлігі – осы дүниелердің барлығы газеттің
сапасына әсер етті. Газетте басылған Ахаң мен Әлихандардың алғашқы мақалаларында-ақ
газеттің жалпы бағыты, оның ұлттың тұтас деңгейін қамтитын, ұлттың мүддесін көздейтін
үлкен басылым екендігі көрінді. Ары қарай да газет шығып тұрған бес жылдың ішінде
осы бағыттан тайған жоқ. Бұл басылымда жарық көрген мақалалардың деңгейіне қатысты
айтар болсам, «Қазақ» газетінде туындылары жарық көрген авторлар қазақ
ауылдарындағы санитарлық мәселелерден бастап сонау Думадағы келелі, үлкен-үлкен
мемлекеттік саяси мәселелерге дейін түгел қамтып жазған. Сондықтан да, мақалалардың
деңгейі де осыған сай болды, - дейді Болат Мүрсәлім..
Алаштанушы мұндай мақалаларды жазуға Петерборда, Мәскеуде оқитын студенттер және
елде қызмет етіп жүрген Халел Досмұхамедов, Мұхаммеджан Тынышпаев секілді қазақ
оқығандары, Алаш қозғалысына басы біріккен зиялылар атсалысқанын атап өтті.
«Қазақ» газетінде басылған Ахмет Байтұрсынұлының алғашқы туындысында: «Төңірекке
қарасақ түнерген-түнерген бұлттар көрінеді. Түбі қандай белгісіз. Не болары білмейміз.
Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма, болмаса дауыл болып
соғып, үйімізді жығып, үй-ішімізді шашып тастар ма?! Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ,
жалаң бас, жеңдеріміз киюсіз, етектеріміз жиюсыз ашылып шашылып қамсыз жатқан
халықпыз», - деп жазып, бұл газетті басып шығаруға үлкен дайындықпен кіріскендігін
көрсетеді.
«Қазақ» газеті сол кездегі қазақ өмірінің, патшалық Ресейдің боданындағы ұлттың ең
көкейкесті, ең өзекті мәселелерін көтере білді. Және де оны өзінің деңгейіне сай, кәсіби
шеберлікпен айта білді. Сонымен қатар ХХ ғасырдың басында өзге де басылымдар
болғандығы белгілі.
«Қазақ» газетіне дейін басқа да басылымдар болған. Мысалы, «Айқап» журналы шықты,
«Серке» басылымы да біраз уақыт шығып, кейіннен жабылып қалған, «Қазақстан»
басылым да болды, сонымен қатар, Үкімет тарапынан шығып тұрған Дала Уәлаяты газеті
болды. «Қазақ» газетінің бұл басылымдардан ерекшелігі – қазақ тілінің әдеби нормасын
қалыптастыра білуінде. Алғашқы санынан-ақ бұрмаланбайтын, шұбарланбайтын, таза
әдеби тілмен жазып бастады. «Айқап» журналында немесе өзге басылымдарда жарық
көрген мақалаларда татар сөздері, болмаса басқа да туысқан халықтың тілдеріндегі сөздер
аралас жүргендігі немесе сөйлем құрылысында да калька сөйлемдер байқалады. Ал
«Қазақ» газеті арқылы Ахмет Байтұрсынұлы өте жатық тілді алып келді», - дейді Болат
Мүрсәлім.
Жалпы 265 нөмірі жарық көрген газет «қазақ» деген ұғымды білдіреді деп рәміздік бейне
ретінде киіз үйді ұсынған. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды.
«Аталмыш газеттің бас таңбасында киіз үйдің суреті тұр. Ал ол киіз үйдің түндігі Европа
жағынан ашылған. Мұның да өзіндік себебі бар: қазақ халқына Еуропадан батыс
жұртының білім-ғылымы қазақ даласына тарасын деген ниет болды», - дейді
Алаштанушы Болат Мүрсәлім.
Оның айтуынша, «Қазақ» газеті екі бағытты ұстанған: біріншісі – таза әдеби тіл нормасы
болса, екіншісі – батыстық өркениетке қарай ұмтылған.
Алаш зиялыларының бәріне бірдей ортақ мақсаты – қазақтың ұлттық мемлекеттігін қайта
көтеру, халықтың санасын оятып, жастарды оқу-білімге, сауаттылықта бейімдеу болды.
«Қазақ» газеті мен оның құрылтайшылары алдарына қойылған мақсатқа қантөгіссіз күрес
жолымен жетуге ұмтылды.
«Қазақ» газетінің №4 санында 1913 жылы 1 наурызда жарық көрген Есенғали
Қасаболатовтың «Қазақ жастарына» атты мақаласында: «Басқа жұрттардың жастарына
қарасақ, бәрі де өнерпаз болып, түрлі-түрлі пайдалы істер істеп, заманның төріне қарай
бірінен-бірі қалмай, білімін асыруға тырысып жатыр. Жұртта білім болса, байлық, құрмет,
барша рахат та табылмақшы. Егерде білім, өнер жоқ болса, дүниедегі кеңшіліктің бәрінен
де құр қалып, көрінгенге жем болып, шөліркеп, азып-тозып бітпекші. «Баста ақыл жоқ
болса, аяққа күш түседі» дегеннің мағынасы осы. Ақсақ қойдай артқа қалған халықты
қатарға кіргізетін, заманның амалына түсініп, жол көргізетін жаңа талап, талпынған әр
жігіт, жастар болса керек еді. Бірақ қазақтың оқып шыққан мырзалары ондай амалды
талап етіп ілгері ұмтылғандары бек аз көрінеді», - деп жазып, жастарды халық игілігі үшін
еңбек етуге, өнер-білім үйренуге шақырады.
Аталмыш басылымның қанша жылдар өтсе де әлі күнге дейін тарихшыларға,
журналистерге, филолог мамандарға азық болып келе жатқандығы мәлім. Мұндай газет
өзінен кейінгі шыққан басылымдарға ықпал етпей қоймайды.
«Қазақ» газеті – мұзжарғыш кеме секілді болды. Бұзылмай тұрған қамалды бұзып, қазақ
өміріне қазақ әдеби тілінің нормаларын, таза қазақ тілін алып келді. Қазақ ұлтының әдеби
тілі Абайдан бастап қалыптасты дейтін болсақ, ал осы бұл басылым әдеби тілдің
жалпыхалықтық қолданысқа енуіне ықпал етіп, оның барлық жазушы, тілші – барлығы да
осы нормада жазуға үйреткен «Қазақ» газеті болды. Сондықтан да, бұл газеттің
ықпалымен қазақ тілінің жазба тілі кеңірек қалыптасты. Жазба тілі, көсемсөз тілі,
журналистика тілі осы «Қазақ» газеті арқылы қалыптасты. Кез келген мақаласында шағын
ғана болса да, белгілі бір оқиғаның немесе құбылыстың мән-мағынасын керемет жатық
тілде жазып шыққан. Осы ықпал кейінге де әсер етті. «Қазақ» газетінің өте бір ықпалды
көрінісі – Семейде 1918 жылы шыққан «Сарыарқа» газетінде, Мұстафа Шоқай бастап
шығарған «Бірлік туы» газетінде, кейін Ж.Аймауытов пен М.Әуезов бастап шығарған
«Абай» журналында бұл басылымның ықпалы бірден көрінеді. Ал бүгінде көптеген газет-
журналдарымыз сол «Қазақ» газетіндегі жатық тілді меңгерді, бірақ дәл сол сияқты тек
қана ұлттың мүддесін көздейтін, ешбір саяси немесе қаржылық топтың, әкімшілік топтың
сойылын соқпайтын басылым, портал, сайт, не болмаса телеарна болсын құрылған жоқ», -
дейді Алаштанушы Болат Мүрсәлім.
«Қазақ» газетінің материалдары әр түрлі жолдармен оқырмандарға түсінікті етіп қайта
басылып шығарылған. Мысалы, 1993 жылы Үшкөлтай Субханбердинаның «Қазақ»,
«Алаш», «Сарыарқа» атты мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші шықса, Алаш
зиялыларының «Қазақ» газетінде кезінде жарияланған мақалалары олардың жеке
жинақтарына енді. 1998 жылы «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы газет
материалдарының жинағын кітап түрінде басып, жарыққа шығарды. Сонымен қатар,
«Ақиқат» журналында 1998 жылғы үшінші санына бастап «Мұра» айдарымен газет
мақалаларынан сандық және жылдық ретін сақтап үзінділер жариялап отырған. Осындай
жан-жақты жүргізілген түрлі жұмыстардың арқасында қазақ халқы ХХ ғасырдың
басындағы ұлт өмірінен сыр шертетін «Қазақ» газетімен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.
Ал бұл тұрғыда тілші-ғалым Ғарифолла Әнес: «Біз алты жыл үзбей шығып тұрған газет
материалдарының автор-жазушыларын айқындап, мақалалардың әрқайсысына жіп тағып
өз иесіне қайтару ісін аяқтап келеміз. Есебімізше, газет көлемінің үштен біріне жуығы, яки
60 баспа табақтай көсемсөз үлгілері А.Байтұрсынұлының қаламына тиесілі екендігі
текстологиялық жолмен дәлелденіп отыр», - дейді.
«Қазақ» газеті өзі өмір сүрген жылдары аз уақыт болса да, алдына қойған мақсатын
орындай білген басылым. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін өзіндік
құндылығын жоймаған бұл басылым келешек ұрпаққа азық бола білді.
Қазақтың бағына туған «Қазақ» өз тарихи миссиясын орындай білді…
Түйін. Сын сағатта туып, Алаш автономиясының үніне айналған «Қазақ» газеті халық
алдындағы өз мисссиясын орындады. Біріншіден, сол кездегі қазақ халқының ұлттық мұң-
мүддесінің, теңдік пен бостандыққа ұмтылған күресінің, тарихы мен мәдениетінің,
күнделікті тұрмыс-тіршілігінің айнасы болды. Екіншіден, ХХ ғасырдың басында қазақ
қоғамының шамшырағына айналған, еуропалық үлгідегі ұлттық–демократиялық
мемлекеттік құрылымның үлгісін көрсеткен Алашорда үкіметінің саяси үнқағазына
айналды. Үшіншіден, қазақ тіліндегі кәсіби газет стилін қалыптастырып кетті.