The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Ғажайып оқиғалы роман
1726 жылы, «Робинзон Крузодан» кейін арада бар-жоғы жеті жыл өткен кезде, абырой-даңқы Дефо шығармасынан кем түспейтін осы «Гулливердің саяхаттары» өмірге келген еді. Мұнда әуелде оташы, кейіннен бірталай кемеге капитан болған Гулливердің дүниенің . түкпіріндегі бірнеше елге жасаған қызықты саяхаттары баяндалады Бұл шығарма - бір жағынан әлеуметтік-саяси қарым-қатынастар жайындағы өткір мазмұнды роман-памфлет. Балаларға ғана емес, үлкендерді де терең ойға бастайтын сатиралық-философиялық тамаша туынды.

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by Бахыт Мырзамуратова, 2022-12-01 07:13:49

Гулливердің саяхаттары Джонатан Свифт

Ғажайып оқиғалы роман
1726 жылы, «Робинзон Крузодан» кейін арада бар-жоғы жеті жыл өткен кезде, абырой-даңқы Дефо шығармасынан кем түспейтін осы «Гулливердің саяхаттары» өмірге келген еді. Мұнда әуелде оташы, кейіннен бірталай кемеге капитан болған Гулливердің дүниенің . түкпіріндегі бірнеше елге жасаған қызықты саяхаттары баяндалады Бұл шығарма - бір жағынан әлеуметтік-саяси қарым-қатынастар жайындағы өткір мазмұнды роман-памфлет. Балаларға ғана емес, үлкендерді де терең ойға бастайтын сатиралық-философиялық тамаша туынды.

Қиял үстінде отырғанымда орақшылардың
біреуі мен жатқан бораздаға таянып қалыпты. Ол бір аттаса
болғаны, мені аяғымен таптап кетпек немесе орағымен екі бөліп
тастамақ. Төніп тұрған ажалдың ызғарына шыдай алмай, бар
даусыммен бақырып жібергенімді өзім де сезбей қалдым. Алып
орақты кідіртіп жан-жағына қарай бастады, ақырында, аяғының
астында жатқан маған көзі түсті. Өзіміздің бір кішкене аңды
көргенде бірден уыстап алмай, тістеп ала ма немесе тырнап ала ма,
қайтеді деп қауіптенетініміз сияқты, алып та бір минөт шамасы
дағдарып қалды. Англияда жүргенімде сасықкүзенді осылай
сескеніп ұстағаным бар-ды. Ақырында, ол басбармағымен және сұқ
қолымен арт жағымнан келіп мықынымнан ұстады да, жерден
жоғары көтеріп, көзінің алдына жақындатты. Оның мені әбден
анықтап көргісі келгенін түсіндім де, ешқандай қарсылық
білдірмедім. Ол мені жылжып немесе бұлқынып түсіп кетер деп
қауіптенсе керек, қысыңқырап ұстағанда бармағы қабырғамды
қаусатып жібере жаздады. Бұл уақытта екі қолымды қусырып
жоғары күнге қарап, аянышты үнменен бірнеше ауыз жалынышты
сөздер айтуға ғана шамам келді. Кейбір жеркенішті жәндіктерді
қолымызға алып көргеннің соңында жерге атып ұрып, аяғымызбен
езіп тастайтынымыз сияқты, мені де атып ұра ма деп зәрем
қалмады. Бақытыма қарай, менің дауысым мен ымдаған дене
қимылым алыпқа ұнап кетсе керек, менің бөліп-бөліп сөйлеген


сөздеріме таңырқап қарады. Бірақ сөздің мазмұнына түсінбеді.
Бармағының қысуы жаныма батқаны сонша, көзімнен жас
ыршыды. Халімнің нашарлағанын білдіруге тырысып басымды
қисайтып, бүйірімді көрсетіп ыңырси бердім. Не айтайын дегеніме
түсінді білем, мені ептеп қана камзолының етегіне салды да, өзінің
қожайынына, манағы егіс даласында бірінші көрген алыпқа апарды.

Фермер жұмыскерінен мен туралы мәліметтер сұрап болған соң,
жуандығы таяқтай шөп сынығымен менің шапанымның етегін
көтерді. Ол оны туысынан бірге жаралған тері болар деп ойласа
керек, маңдайымды жапқан шашымды үрледі. Ол жұмыскерлерінен
бір уақытта болмаса бір уақытта маған ұқсас аңсымақтар кезікпеді
ме, деп сұрады (бұның бәрін кейінірек білдім). Мені ақырындап
қана төрт тағандатып жерге қойды. Жалма-жан түрегеліп әрлі-берлі
жүре бастадым, ондағы мақсатым қашпайтындығымды білдіру еді.
Олар мені айнала қоршап отырды да, менің жүріс-тұрысымды
бақылады. Мен қалпағымды алып фермерге тағзым еттім. Одан соң
тізерлеп отырып көкке қарап қолымды жоғары көтеріп, мүмкіндігі
болғанынша даусымды қатты шығарып бірнеше сөздер айттым.

Фермер ақыл-есі бар жәндікпен істес болғанына аздап түсіне
бастады. Ол менімен жиі-жиі сөйлесе берді. Оның сөздері ашық
болғанымен дауысы су диірменіндей дүрілдейтін еді. Мен оған бар
даусыммен айқайлап әртүрлі тілдерде жауап қайырдым. Ол еңкейіп
құлағын маған жақындатып тұрды. Не пайда, біріміздің тілімізге
біріміз түсінбедік, еңбегіміз зая кетті. Ақырында, фермер
жұмыскерлерін жұмысқа қосты да, өзі жүрелеп отырып қалтасынан
бет орамалын алып, екіге бүктеп алақанына төсеп қолын жерге
салды да, маған алақанға шық деп ымдады. Алақанға шығу маған
оншалық қиын болмады. Өйткені алақанның қалыңдығы бір футтан
аспайтын еді. Мен оның айтқанына көнуім ақыл болар деп
ойладым, алақандағы жаюлы орамалға шықсам, құлап кетермін деп
қауіптеніп, етпетімнен жаттым. Фермер мені көрпеге орағандай
етіп орап алды да, үйіне апарып әйеліне көрсетті. Әйелі мені


көргенде, көлбақа немесе өрмекші көрген ағылшын әйелдерінше
баж етіп кейін шегінді. Бірақ менің сыпайы мінезім мен толық
бағынғандық пішінім және ерінің түсіндіруі әйелді оп-оңай
тыныштандырды. Ол маған бойы үйреніп, жылы шыраймен қарай
бастады.

Түс болып тамақтанатын мезгіл жетті, қызметші әйел ішіне бір
кесек сиыр етін салған аумағы жиырма төрт фут келетін үлкен
табақты стол үстіне әкеп қойды. Столдың биіктігі отыз фут келеді
екен. Фермердің өзі, әйелі, үш баласы және кемпір шешесі тамаққа
отырды. Фермер мені стол үстіне өзінің жанына отырғызды. Құлап
кетем бе деп қауіптеніп, столдың шетінен жылжып әрірек отырдым.
Бәйбіше алдыма бір кесек ет кесіп, бір үзім нан қойды. Мен
бәйбішеге тағзым етіп, қалтамнан пышағым мен шанышқымды
алып, тамақ жеуге кірістім. Менің бұл ісіме үй ішіндегілер сүйсіне
қарасты. Бәйбіше екі галлон сыярлық ликер рюмкасын алдырып,
оған біртүрлі ішімдік құйды да маған ұсынды. Рюмканы екі
қолыммен көтеріп бәйбішенің денсаулығына арнап көтере салдым.
Менің бұл ісім оларды күлкіге батырды, қарқылдаған күлкілері
құлағымды жарып кете жаздады. Ішімдік әлсіз шарап сияқты, дәмді
әрі ішуге сүйкімді еді. Қожайын мені өз жағына шақырды, келе
жатып стол үстінде жатқан нанның қабығына сүрініп етпетімнен
түстім, бірақ еш жерім ауырған жоқ. Менің жығылғаныма отырған
адамдардың абыржығандарын байқадым. Жалма-жан орнымнан
тұрдым да, қалпағымды бұлғап, үш рет ура деп айқай салдым.
Қожайынға жақындай бергенімде (бұдан былай фермерді қожайын
деп атаймын) оның жанында отырған үш жасар тентек ұлы шап
беріп аяғымнан ұстап алып, жоғары көтергенде, жаным көзіме
көрінді. Әкесі баланың қолынан мені жұлып алып, оны шапалақпен
тартып-тартып жіберді де, столдан айдап шықты. Сол уақыттағы
балаға тиген шапалақтың даусын менен басқа біреу естісе, бір
эскадрон еуропалық солдат аттарынан түсіп жатыр екен дер еді.
Осы арада біздің балалардың торғайды, мысық пен күшікті қалай
әурелейтіні есіме түсті. Менің кесірімнен шапалақ жегені үшін кек


сақтап қастандық істей ме деп баладан қауіптене бастадым. Оны
кешіруін өтінгенімді білдірмек болып, баланы қолыммен көрсетіп
қожайынның аяғына жығылдым. Әкесінің ашуы тарап, жұмсарайын
деді. Бала келіп орнына отырды. Мен оның жанына барып қолынан
сүйдім, әкесі езу тартып күлді де, баланың қолымен жайлап қана
арқамнан сипады.

Тамақ үстінде бәйбішенің жақсы көретін мысығы тізесіне
қарғып шықты. Бұның артынша сырт жағымнан мотордың гүріліне
ұқсаған күшті дауыс естілді. Жалт қарасам, әлгі мысық бәйбішенің
тізесіне шығып алып, тамақ жеп отыр екен. Оны бәйбіше сипап
қояды. Менің мотордың гүрілі дегенім сол мысықтың пырылдағаны
екен. Мысықтың басы мен аяғына қарағанда біздің малданып
жүрген өгізімізден үш есе ірі болар деп шамаладым. Мен мысықтан
қашықта, столдың арғы басында едім. Дегенмен, мына мақұлықтың
қаһарлы түрі мені абыржытайын деді. Мені бас сала ма деген
қауіппен бәйбіше мысығын қысып ұстады. Бірақ менің абыржуым
бекер болды. Қожайыным мені мысыққа жақындатып еді, мысық
маған қараған да жоқ. Егер де жыртқыш аңға кездессең, одан
қорқып қашқаннан гөрі, бассалмақ болып оны қорқыту немесе
соңына тусу — әдістің ең дұрысы деген сөзді талай рет естігенім
бар еді. Және саяхатта жүргенімде оны сынап та едім. Сондықтан
абыржып қорыққанымды мысыққа сездірмеуге тырыстым. Мен
ешқандай сескенбестен мысықтың мұрнының дәл жанына бес-алты
рет барып қайттым. Мен жақындаған сайын мысық шегіне берді.
Шамасы, мысық менен де гөрі қорқыңқыраған тәрізді. Осы арада
үш-төрт ит үйге кіріп келді. Мен олардан онша қорқа қойғаным
жоқ. Олардың біреуі пілден төрт есе үлкен қарапайым төбет,
басқалары төбеттен биіктеу болғанымен сидаң келген тазы
тұқымды иттер еді.

Тамақ ішіп бола бергенде үйге қолына бір жасар бала көтерген
әйел келді. Бала мені көре сала жатып келіп бақырғаны. Шамасы,
ол мені ойыншық десе керек, егер де ол Чельсияда болса оның


дауысы Лондон көпірінен естілер еді. Бәйбішенің аналық мейірімі
түсті білем, мені баланың алдына қойды. Бала шап беріп
мықынымнан ұстап алып басымды аузына сала берді. Сол уақытта
шыңғырып жібергенімде бала шошып кетіп, мені түсіріп жіберді.
Шешесі алжапқышын тосып үлгермегенде, сөзсіз мүрдем кетіп,
мойыным үзілетін еді. Әйел сылдырауық сылдыратып баланы
алдарқата бастады. Сылдырауық ойыншық дегеніміз ішіне тас
салдырған үлкендігі кішігірім кеспектей ыдыс болатын. Оны
баланың белбеуіне арқанмен байлап қойыпты. Бала жұбанбайтын
болған соң оны емізу керек болды.

Тамақтан кейін қожайын жұмысына жинала бастады. Ол
кетерде әйеліне бірнеше сөздер айтты. Оның дауысы мен сөз
ыңғайына қарағанда, мені ренжітпей жақсы күт деп әйеліне
тапсырып тұрған болар деп шамаладым. Мен өте шаршаған едім,
манаурай бастадым. Бәйбіше ұйқымның келгенін сезіп, мені өз
төсегіне жатқызды да, бет орамалын үстіме жапты. Орамал біздің
соғыс кемеміздің желкенінен үлкен, әрі қалыңырақ болатын.
Ұйықтап қалыппын.

Түсімде өз үйімде, жанұямның арасында жүр екенмін. Екі сағат
шамасы ұйықтап оянсам, үлкен бөлмеде, ені жиырма ярд шамасы
төсектің үстінде жападан-жалғыз жатыр екенмін. Көрген түсім
қайғыма қайғы қосты. Бәйбіше мені үйде жалғыз қалдырып өзі
жұмысына кетіпті. Мен жатқан төсектің биіктігі шамасы сегіз ярд
бар еді. Өз бетіммен төсектен түсе алатын емеспін. Жәрдемші
шақыруды орынсыз көрдім. Шақырғаныммен ас үйде жүрген
адамдарға менің әлсіз даусым естілмес те еді. Өйткені мен жатқан
бөлме мен ас үйдің арасы бірсыпыра жер болатын. Не істерімді
білмей қысылып тұрғанымда, екі егеуқұйрық өрмелеп төсекке
шықты да, төсек үстінде әрлі-берлі жүгіріп жүріп, біреуі менің
алдыма келді. Зәрем қалмады, қанжарымды суырып алып
түрегелдім. Ол жауыздар маған екі жақтан шабуыл жасауға кірісті.
Біреуі алдыңғы аяғымен жағама жармасқанда, бойыма дарытпай


қанжарыммен оның ішін есіп жібердім. Екіншісінің жотасынан бір
қойып келістіре жарақаттадым. Ол оңбаған артында қанды ізін
қалдырып қаша жөнелді. Жауын жеңген кісіше масаттанып және
қобалжыған жүрегімді басу үшін төсек үстінде әрлі-берлі жүре
бастадым. Егеуқұйрықтың үлкендігі ірі төбеттей, бірақ иттен
анағұрлым ыңғайлы, шапшаң, әрі өжет еді. Жатарда қанжарымды
ағытып тастаған болсам, олар мені талағаны былай тұрсын, жеп те
қоятын еді. Өлген егеуқұйрықты қолыммен ұстап төсектен түсіруге
жеркендім. Одан әлі қан ағып жатыр, әбден өлмеген еді.
Қанжарыммен шауып басын кесіп тастадым.

Бұдан соң көп уақыт өтпей-ақ бәйбіше де
келді. Ол менің үстімдегі қанды көріп, дереу мені қолына көтеріп
алды. Мен күлімсіреп, өліп жатқан егеуқұйрықты көрсеттім де,
өзімнің жарақаттан аман екенімді ымдап түсіндіре бастадым. Менің
мұныма бәйбіше аса сүйсінді. Ол қызметші әйелді шақырып алып,
егеуқұйрықты қысқашпен терезеден тысқа шығарып таста деп
бұйырды да, мені стол үстіне қойды. Мен оған қан болған
қанжарымды көрсетіп, қанын шапанымның етегіне сүртіп, қынына
қайта салдым.

Бәйбішенің тоғыз жасар қызы бар екен. Ол қыз жасына
қарағанда өте зерек әрі ақылды, іске шебер бала еді. Ол
қуыршақтарына көйлек тігіп, әп-әдемі ғып киіндіріп қоятын. Қыз


маған қуыршақ бесігінен төсек дайындады, оған шешесі де
жәрдемдесті. Бесікті кішкене жәшікке салып, жәшікті төбеге ілген
текшенің үстіне шығарып қойды. Жоғары қойғандағы ойы, мені
егеуқұйрықтан қорғау болатын. Өз керегіңді сұрап аларлық
дәрежеде олардың тілін үйренгенше, менің жатып ұйықтайтын
төсек-орнымның түрі осындай болды. Ол қыз өте зейінді еді.
Киініп, шешінгенімді бір-екі рет көрген соң-ақ, мені өзі киіндіріп,
шешіндіретін болды. Бірақ мен оның еңбегін пайдаланбадым,
киініп, шешіну сияқты жұмыстарды өзім істейтінмін. Ол қыз, өз
еліндегі ең жұқа деген маталардан маған жеті дана көйлек және іш
киімдер тігіп берді. Асырмай айтқанда, ол маталар біздің
шекпеннен жұқа емес еді, менің кірімді қыздың өзі жуып беретін.
Ол маған өз тілдерін үйретіп, әрі мұғалімім болды. Мен бір затты
нұсқап көрсетсем, қыз оның атын атайтын, сөйтіп, бірнеше күннің
ішінде өз керегімді сұрап аларлық дәрежеде тіл

үйреніп алдым. Ол қыз жасына қарағанда онша бойшаң емес
(бойының биіктігі қырық фут), ерекше мінезді бала еді. Ол маған
Грилъдриг (адамсымақ) деп ат қойды. Мен ол корольдікте
жүргенімде осылай атанып кеттім. Осы қыздың қамқорлығы
арқасында еш жерім майып болмай аман қалдым, соның үшін мен
қызға үлкен борыштымын да. Мен оны Глюмдалъклич, яғни
асыраушым деп атайтын болдым.


Мен бұл елге келген соң көп кешікпей қожайынымның
көршілері арасында мынадай лақап таралды. Фермер eгic
даласынан ірілігі бармақтай ғана ғажап аң тауып алыпты, оның түрі
дәл адам сияқты дейді. Ол аң адам істеген істің бәрін де істейді, тілі
біртүрлі екен. Тіпті жергілікті тілден бірнеше сөздер де үйреніп
алыпты. Адам сияқты тік тұрып, екі аяғымен жүреді екен. Өзі қолға
үйренген, адамға үйір дейді, шақырғанға келіп, істе дегеннің бәрін
де істейтін көрінеді. Дене құрылысы өте нәзік, бет ажары
дворяндардың үш жасар қызының бетінен де ағырақ дейді.

Қожайынымның көршілес бір дос фермері осы лақапты естіп,
оның қаншалықты шын екенін анықтағалы келіпті. Сол сағатында
қожайыным мені стол үстіне шығарып қойды. Мен қожайынымның
командасына қарай әрлі-берлі жүріп, қанжарымды қынабынан
суырып алып, қайта салдым. Қожайынымның қонағына тағзым
етіп, жергілікті тілде: "жайыңыз қалай, сізді көргеніме өте
қуаныштымын", — дедім. Бұл сөздерді маған асыраушым үйреткен
болатын. Қонақ фермер жасы жеткен адам еді. Көзі нашар көретін
болса керек, ол көзәйнегін киіп маған үңілгенде, еріксіз күліп
жібердім. Өйткені оның көзәйнек арқылы қараған екі көзі, қос
терезеден үй ішіне үңілген толық ай сияқты болып көрінді. Менің
неге күлгеніме түсініп, үйдегілер де қыран-топан күлкіге батты.
Шал ақымақтау болса керек, біздің күлкімізге шамданып қалды.

Менің сорыма, әлгі шал әйгілі сараң адам болып шықты. Біз
тұрған жерден жарты сағаттық жол, былайша айтқанда, жиырма екі
миль жерде қала бар екен. Мені сол қаладағы жәрмеңкеге апарып,
адам көрмеген жабайы аң қатарында көрсетіп қайт деп, әлгі
шалдың қожайынымды шайтанша азғырғаны. Ол қақбас
қожайыныма әлденелер айтып, сөз арасында маған қарап ымдап
қойғанынан-ақ бір пәлені ойлап отырғанын сезіп, зәрем қалмады.
Тіпті оның бірнеше сөздері де жадымда қалды. Бірсыпыра
сөздеріне түсіндім де. Глюмдальклич әңгіменің не туралы болғанын
шешесінен сұрап біліп, ертеңіне маған айтты. Ол бишара мені


бауырына қысып жылап жіберді. Оның көбінесе қорыққан жері,
мына дөрекі адамдар мені мерт етер деп қауіптенді. Олар мені
қолына көтеріп жүріп-ақ өлтіріп немесе майып қылатыны өзінен-
өзі-ақ түсінікті еді. Менің жаратылысымдағы қарапайым мінезімді,
намысқойлығым мен шыншылдығымды ол жақсы білетін.
Сондықтан да қыз ақша табу мақсатымен мені додаға салып аң
қатарында көрсеткенге намыстанар деп қорықты. Әкем мен
шешемнің деді ол, сені Грильдригке сыйлық етеміз деген уәдесі,
былтырғы қозы бергені сияқты болғалы тұр, қозы әбден семірген
соң қасапшыға сатып жіберген еді. Шынын айту керек, бұл хабарға
менен де гөрі асыраушым қаттырақ ренжіді.

Қожайыным досының кеңесін мақұлдап, мені көрсету үшін
жоғарыда айтылған қаланың қан базарына барып та жетті. Ол мені
жәшікке отырғызып, Глюмдалькличті артына мінгестірді. Жәшік
бітеу етіп жасалған еді. Дегенмен, ауа кіру үшін бірнеше тесік
шығарып, менің оған кіріп, шығуым үшін есік те қалдырылған
болатын. Қыздың маған деген қамқорлығы сонша, менің жатып
ұйықтауыма жайлы болсын деп, жәшік ішіне қуыршақ төсегінің
сырылған көрпесін төсеп тастады.

Біз небәрі жарты-ақ сағат жол жүрдік, сонда да болса аттың
жүрісі мені соғып тастады. Ат сау желіске салғанда, қырық фут
жерді бір-ақ аттайтын, оның жүрісі кеменің дауыл күнгі
қырқаланған толқынға ұмтылып, біресе түпсіз тереңге сүңгіп,
теңселгеніне ұқсайтын еді. Ал енді аттың жүрісін айтатын болсақ,
кеме жүрісіндей мешеу емес, айта қаларлықтай тез болатын. Біз
жарты сағат ішінде Лондон мен Сент-Альбанс арасындай жол
жүрдік.

Қожайыным өзінің әрдайым түсіп жүретін қонақ үйіне келіп
тоқтады. Ол қонақүй иесімен кеңесіп, грулътруд (жаршы) жалдап,
қалаға үлкендігі бармақтай ғана (ұзындығы алты фут келетін
жергілікті әдемі аң) ғажайып мақұлық келгенін, оның бейнесі дәл


адамға ұқсайтынын, жергілікті тілде бірнеше сөздер сөйлей
білетінін және әртүрлі ойындар көрсететінін қала халқына
құлақтандырмақ болды. Сонымен қатар, ол мақұлық "Көк Бүркіттің
қонақүйінде, ерекше құлақтандыру арқылы көрсетіледі деген
сөздерді де қоса хабарландырмақ болды.

Қонақүйдің көлемі кемінде үш жүз шаршы фут келетін үлкен
бөлмесінде тұрған столдың үстіне мені шығарып қойды.
Асыраушым мені қорғау мақсатымен және маған жарлық беру үшін
стол жанына орындық қойып, соған шығып тұрды. Қожайыным
бөлмеге халықты топырлатпай, отыз адамнан ғана кіргізіп тұрды.
Асыраушымның бұйрығы бойынша стол үстінде әрлі-берлі жүре

бастадым. Қыз маған бірнеше сұраулар берді. Оған қатты
дауыспен жауап қайырдым, оның сұрайтын сөздері тек өзімнің оған
қайыратын жауабымды күні бұрын жаттап алған едім. Жиналған
халыққа құрмет көрсетіп бас иіп, олардың тағы да келулерін
тілейтінімді білдіріп тағзым еттім. Рюмка орнына пайдаланарсың
деп Глюмдальклич өзінің оймағын беріп қойған болатын, сол
оймаққа толтыра құйған шарапты залдағы халықтың денсаулығы
үшін деп көтере салдым. Англиядағы фехтования мұғалімдерінің
үйреткені сияқты қанжарымды сермедім. Асыраушым маған


сабанның бір тал сынығын әперді. Оны алып, өзімнің жігіт күнімде
үйренген найза ойынының машығын жасадым. Бұл әурешілік мені
әбден мезі қылды және өлердей шаршадым.

Менің гастролім туралы лақап біреуден-біреуге тарап, мені
көруге жиналған халық қонақүйді қиратып кірерліктей болды.
Қожайыным өз қызынан басқа ешкімнің маған қол тигізуіне рұқсат
етпеді. Әрине, менің есен болғаным оның өз пайдасы ғой. Халық
отыратын орындық столдан алысырақ қойылды. Сонда да болса
бір, тентек оқушы бала маған қарай жаңғақ лақтырып жіберді
Ажалсызға себеп болып, жаңғақ маған тимей кетті. Егер де тие
қалса, менің бас сүйегімді қирататыны сөзсіз еді. Өйткені олардың
жаңғақтары біздің асқабақтай болады. Сотқар баланы жұрттың
сабап-сабап залдан шығарып жібергеніне қатты сүйсіндім.

Қожайыным, алдағы жексенбі күні тағы да мені көрсетемін деп
жұртқа жар салды. Оған шейін мені жолда алып жүру үшін
ыңғайлы етіп арнайы үйшік жасатты. Маған керегінің өзі де осы
болатын. Өйткені алдыңғы сапардағы жол жүрудің жайсыздығы
және үздіксіз сегіз сағат ойын көрсету әбден титықтатып
шаршатқаны сонша, аяғымды зорға басып, әрең сөйлейтін жағдайға
жеттім. Тынығып, күш жинау үшін маған үш күн уақыт керек
болды. Бірақ үйде де тыным болмады.

Мен туралы хабарды естіген жақын маңайдағы (жүз миль
жердегі) дворяндар ғажайып анды көру үшін сеңше соғылып,
ағылумен болды. Мені көрушілер, бала-шағаны қоса есептегенде,
күніне отыздан кемімеді (ол жақтың халқы өте тығыз орналасқан).
Қожайыным мені үйінде көрсетіп те талай ақша тапты. Мені бір
ғана көрсе де, олардан залдың толық бағасын алатын еді. Сөйтіп,
қалаға апармағанның өзінде де бірнеше күн ұдайы ойын көрсетіп,
тыным көрмедім. Тек қана сәрсенбі күні тынығатын болдым
(олардың жексенбісі сәрсенбі екен).


Қожайыным мені халыққа көрсетіп көп ақша табатынына көзі
жетіп, корольдіктегі ірі-ірі қалаларды аралап, мені көрсетуге бел
байлады. Ұзақ сапарға керекті жол жабдығын дайындап алып,
шаруашылығына жөн-жосық көрсетіп, әйелімен қоштасты. Сөйтіп,
1703 жылы 17 тамыз күні, яғни мен бұл елге келген соң екі айдан
кейін, сол елдің астаналық қаласына қарай бет алып, жолға
шықтық. Астана біздің үйден үш мың миль жерде, корольдіктің
орталығында орналасқан еді.

Қожайыным Глюмдалькличті артына мінгестірді. Қыз мені
жәшікке отырғызып, тізесіне қойды. Ол, жәшіктің қабырғаларына
жатып ұйықтауыма ыңғайлы етіп қуыршақ төсегін қойып, бірнеше
пар ішкі киім және басқа да керекті бірсыпыра заттармен
қамтамасыз еткен болатын. Қожайыным жүк алып жүру үшін бір
қызметкерді қоса ертті.

Қожайыным жолдағы қалалардың бәріне де мені көрсетіп
өтпекші болды. Кей уақыттарда жолдан бұрыс болса да, ірі-ірі
деревняларға, еңбегім қайтады деп сенген көрнекті-көрнекті
адамдардың қоныстарына да бұрылып соға жүрді.

Глюмдальклич менің жайыма қарап әдейі жол соғып шаршадым
деп, әкесіне атты қатты айдатпады. Жолда келе жатқанда таза ауа
жұтып, айнала төңіректі көрсету үшін Глюмдальклич мені
жәшіктен жиі-жиі шығарып тұрды. Маған керегінің өзі де осы еді.

Арада он апта жол жүрдік, сол уақыттың ішінде, соғып өткен
деревнялар мен жеке адамдардың қоныстарын есепке алмағанның
өзінде, он сегіз ірі қаланы аралап, мені көрсетіп өтті.

Ұдайы бірнеше апта күн сайын үздіксіз концерт өткізумен
болдық, бұл әурешілік денсаулығымды нашарлатып, әбден жүдетіп
жіберді. Тамаққа тәбетім шаппай, бірнеше күннің ішінде саудырап
құр сүйегім қалды. Менің бұл халге ұшырағанымды сезген фермер,
көп ұзамай-ақ мені өледі деп ойлады. Оның ендігі қолданатын


шарасы, менің қалған күшімді сығып алып, мүмкіндігі болған
жерде менен құтыла салу еді. Ол осы тоқтамға бел байлады. Дәл
осы кез де мені сарайға әкеліп ханым мен сарай әйелдеріне тамаша
көрсетсін деген бұйрық алып, корольдік слардрал, былайша
айтқанда, корольдік адъютант келді. Ондағы әйелдердің
бірсыпырасы мені көріп те еді. Олар менің әдемілігім мен жасаған
машықтарым және аса ақылдылығым туралы сиымсыз лақаптар
таратып та үлгірген болатын. Ханымның өзі де және оның
нөкерлері де менің істеген істерімді көріп мәз-мейрам болды. Мен
тізерлеп отырып, ханымның аяғын сүюіме рұқсат етуін өтіндім.
Бірақ ол мені столға қойып, шынашағын созды, мен оны екі
қолыммен құшақтап тұрып аса сыпайылықпен ернімді тигіздім. Ол
менің отаным туралы және саяхатым туралы бірсыпыра сұраулар
берді. Мен оған қысқа, әрі түсінікті етіп жауап қайырдым. Одан
соң, егер де алып қалсақ, сарайда тұруға риза болар ма едің деді
ханым. Мен ханымға тәжім етіп, қарапайым ғана жауап қайырдым.
Егер де өз тағдырымды өзім шешерлік, ерікті адам болсам, сіздей
ұлы мәртебелі ханымның қызметін өмір бойы зор қуанышта
атқарар едім, бірақ мен қожайынның меншікті құлымын ғой дедім.
"Толық баға төлесем сатар ма едің", — деді ол, қожайыныма қарап.
Мені бір айдан артық өмір сүрмейді деп қорыққан еді қожайыным,
ханымның ұсынысын естігенде, жоғалғаны табылғандай қатты
қуанды. Ол менің құныма бір мың алтын сұрады. Алтын табанда
саналып фермердің қалтасына түсті.

Одан соң ханымға мынадай тілек қойдым: енді мен сіздің шын
тәуелдіңіз болдым. Сондықтан да сізден ерекше шапағат күтуге
батылым бара алады. Глюмдальклич көп еңбек сіңіріп, маған
жақсылық еткен еді. Оны қызметіңізге алсаңыз, ол бұрынғысынша
әрі асыраушым, әрі үйретушім болып қала берер еді, дедім. Ханым
менің ұсынысымды орынды деп тапты. Қызын сарай қызметінде
қалдыруға фермер де қуана-қуана риза болды.


Ханым мені алақанына қондырып, кабинетінде отырған
корольге апарып көрсетті. Патша қатыгез, маңызды адам екен.
Маған көз тоқтатып қарамастан, сен қашаннан бері бармақтай
жанға құмар едің деді ол салқын пішінмен ханымға қарап. Король
мені біртүрлі айуан деп білсе керек. Олай дейтінім, мен ханымның
оң қолының алақанында етпетімнен түсіп

жатыр едім. Ханым аса ақылды, ашық
мінезді ерекше әйел еді. Ол мені корольдің жазу столы үстіне
ақырын ғана қойды да, басыңнан кешірген уақиғаларыңды ұлы
мәртебелі тақсырға айтып бер, деді. Көрген-білгенімді қысқаша
ғана айтып өттім. Сол уақытта Глюмдальклич кабинеттің
босағасында тұр еді (ол мені бір минут та көзінен таса қылмайтын),
рұқсат алып кабинетке кіріп, әкесінің үйіне мен келгелі болған
уақиғаны және өзінің көрген-білгенін баяндап, менің сөзімді
қостады. Король ханымның мені қамқорлығына алуына тілектес
екенін білдірді. Сонымен қатар, Глюмдалькличпен екеуіміздің бір-
бірімізге үйір екенімізді сезіп, қызды менің жанымда қалдыруға
рұқсат етті.

Маған ханымның ықыласы ауғаны сонша, ол тіпті менсіз тамақ
ішпейтін болды. Ол өзі отырған столдың үстіне, оң жағына менің
столым мен тақ тұғырымды қоятын. Глюмдальклич менің жанымда
орындыққа шығып тұрып, мені бақылап, ыдыстарымды
жиыстыратын болды.


Сәрсенбі сайын (олардың мейрам күні сәрсенбі болатынын
жоғарыда айтып өттім) корольдің өз жанұясы және көрнекті
төрелерімен бірге отырып тамақтанатын әдеті бар-ды. Ол күндерде
менің столым мен тақ тұғырым стол үстіне, корольдің сол жағына
қойылатын еді. Король менімен сүйсіне әңгімелесіп,
еуропалықтардың ғұрпы мен діні жайлы, заңдары мен мемлекет
басқаруы және ғылымы жайлы сұраулар қоятын, мен оған толық
түсінік беретінмін. Король мәселені жете тексеретін пайымды адам
еді, ол менің айтқан әңгімеме данышпандық қорытынды жасады.

Уақиғаның шындығын айтатын болсам, корольдің өзі де, оның
ұлықтары да маған қарап талай рет


рақаттана күлген болатын. Енді мен де оларға қарап күлетін
болдым. Бір күні ханым мені алақанына тұрғызып айнаға апарды.
Айнадан екеуміздің бойымыз тұтас көрінгенде, өзіме-өзім күлдім.
Бұл көрініске күлмегенде қайтерсің, бойым бұрынғысынан
әлденеше есе кішірейіп кеткен бе деп ойлаппын.

Басқа қорлық қорлық па, қорлықтың қорлығын ханымның
ергежейлісінен көрдім. Оның бойы отыз футтан кемірек, сол елдегі
ең аласа, ең кішкене адам екен, оған қарағанда мен ергежейлінің
ергежейлісі болып шықтым. Ол өзінен әлденеше есе кішкене жанды
көрген соң, өзін жоғары санап, маған қомсына қарайтын болды.

Одан кек қайыру үшін оны құрдасым деп, немесе туысқаным
деп мен де келемеждейтін болдым. Менің ол сөздерім ауыздан-
ауызға ілініп, орда адамдарының қалжыңына айналды. Бір күні
тамақ үстінде менің қалжыңыма ол қабаған күшік сияқты ызаланып
қалды. Мен өз столымда жайбарақат отыр едім, ол ханымның
таянышына шыға салып белімнен ұстап алып, күміс тостағандағы
қаймаққа мені сүңгітіп жіберіп, қаша жөнелді.

Қаймақ құлағымнан келді. Егер де жүзе білмесем, халімнің
қиынға айналатыны сөзсіз еді. Өйткені сол уақытта Глюмдальклич
үйдің екінші шетінде жүрген болатын, ханым не істерін білмей


сасып қалды. Глюмдальклич көре сала жүгіріп келіп мені
қаймақтан суырып алды.

Бойымның аласалығынан адам күлерлік әртүрлі уақиғаларға
ұшырамағанда, ол елдегі өмірім көңілді-ақ өткен болар еді.

Жалғыз жүрген уақытымда тіпті кіп-кішкене ғана құстар да
менен сескенбейтін еді. Жалғыз жүрудің жан сүйінерлік рақат
екеніне немесе азапты қорлық екеніне түсіне алмай-ақ қойдым. Ал
кішкене құстар менің маңайымда құрт-құмырсқа аулап, мені жанға
санамай қаннен-қаперсіз секеңдейтін де жүретін. Әсіресе бір сары
шымшықтың басынғаны әлі есімде. Ол қолымдағы жеп келе жатқан
бәлішімді жұлып әкетті. Бір торғайды ұстайын дегенімде, жайымен
ғана маған қарай бұрылып қолымды шұқығалы тұмсығын созды.
Менің сескенгенімді аңғарды білем, содан кейін ешнәрсе сезбеген
сияқтанып құрт-құмырсқаларын аулап, өз жөніне кете берді. Бірақ
бір күні бір әнші торғайды жуан келтекпен бар күшімді салып
жіберіп ұрғанымда, торғай аяқ серппей жығылды. Торғайды қос
қолдап мойнынан көтеріп, мардымсыған пішінмен
Глюмдалькличке әкелдім. Торғай өлмеген екен, тек есінен танып
қалыпты. Есін жинап алған соң пәрменімен талпына бастады. Мені
қанатымен сабалағанда торғайдан айырылып қала жаздадым.
Торғай мені шұқитын еді, қолымды созып ұстап тұрғандықтан
маған тұмсығын жеткізе алмады. Менің байқауымша ол торғай
біздің аққудан ірілеу көрінді.

Ханым кезі келген жағдайды пайдаланып менің теңіздегі
саяхатым туралы әңгімемді талай рет тыңдаған болатын. Бір күні
қапаланып отырғанымда ханым келді. Ол менің көңілімді көтергісі
келді білем, желкенді қайықты басқара білесің бе, ескек есе аласың
ба, бір мезгіл ескек ессең денсаулығыңа пайдасы тиюі мүмкін, деді.
Мен екеуін де басқара білемін деп жауап қайырдым. Өйткені менің
негізгі мамандығым хирург, былайша айтқанда, кеме дәрігері бола
тұрсам да, қиын-қыстау жағдайларда қарапайым теңізшінің


қызметін талай рет атқарғаным бар. Бірақ сіздей ханымның
қалауын бұл жақта жүзеге асыра алар ма екенмін. Бүл жақтың ең
кішкене деген қайығы біздің жақтың бірінші кластық соғыс
кемесіндей бар. Екінші жағынан, менің басқаруыма шамам келетін
кемені бұл жақтағы өзендердің қайсысы болса да ағызып әкете
алады ғой, дедім. Бұл жағдайға жақсы түсінген ханым, егер де өзім
басшылық етсем, корольдік ағаш шеберлеріне маған лайықты
қайық жасататынын, қайықпен жүзу үшін көл орнатуға бұйрық
беретінін айтты.

Ағаш шеберлері он күн ішінде барлық саймандарымен
жабдықтап, ойыншық қайық жасап шығарды. Әрине, оларға өзім
басшылық еттім. Бұл қайық оларша ойыншық болса да, Еуропа
адамдарының сегізін көтере алатын шамасы бар еді. Дайын болған
қайықты көргенде ханымның шаттанғаны сонша, қайықты сол
сағатында корольге апарып көрсетті. Қайықты сынап көру үшін,
кеспек шелекке су толтырып соған салып көріп едік, оны ескекпен
меңгеруге кеспек оралымсыз дау болды. Бұл жөнінде күн ілгері
басқа түрлі жоба жасап қойған екен. Ол ұзындығы мен тереңдігі
әжептәуір көлдей ағаштан астау жасатып, оны су ақпастай етіп қара
маймен майлатып тастады. Ескірген суды ағызып жіберу үшін
түбінен тесік шығарып, шүмек орнатты. Астауды суға толтыру
үшін екі қызметкерге болғаны екі-ақ сағат уақыт керек.

Сөйтіп, астауды сарайдың бір бөлмесіне апарып қабырға
жанына қойғызды. Біріншіден, ермек етіп өз көңілімді көтеру үшін,
қала берді, менің оңтайлы өнерімді көруге құмарланған ханым мен
оның қызметші әйелдерінің көңілі үшін, қайықпен астаудағы суда
жиі-жиі жүзетінмін. Кейде желкен көтерем. Ол уақытта әйелдер
желпуіштерін желпіп жел соқтырады. Әйелдер шаршаса
қызметкерлер


үрлейді. Бұлардың бұнысы маған үлкен жеңілдік жасайтын.
Мен тек қана желкен басқаратынмын. Мен кәдімгі теңізшілер
сияқты қайықты желге қарсы қойып немесе қырын жүргізетінмін.
Серуендеп болған соң Глюмдальклич қайықты кептіру үшін
бөлмесіне апарып шегеге іліп қоятын.

Бір күні қайықпен астауда жүзіп жүріп тіршіліктен қол үзе
жаздадым. Қызметкер қайықты астаудағы суға түсірді.
Глюмдалькличтің гувернанткасы жарамсақтанып мені қайыққа
отырғызбақ болып көтеріп алғанда, саусағының арасынан түсіп
кеттім. Ажалсызға себеп болып, оның омырауындағы түйреуішінің
басына шалбарымның белдігі ілініп қалды. Глюмдальклич келіп
түйреуіштен ажыратып алғанша, ілінген күйімше салбырадым да
тұрдым. Егер түйреуішке ілінбегенімде, қырық фут жоғарыдан
құлап мылжа-мылжам шығатыны сөзсіз еді.

Астаудағы ескірген суды үш күнде бір тазартып тұратын-ды.
Астауға су толтырып жүргенде қызметкердің шелегімен бір үлкен
бақа ілесе келіп, сумен бірге астауға түсіпті. Оның астауға түскенін
қызметкер ашықауызданып жүргенде аңдамай қалыпты. Мені
қайыққа мінгізген уақытта бақа бұғып қалса керек, су бетінде
қалқып жүрген бір затты көрсе соның үстіне шығып алатын немесе
соған асыла кететін әдеті ғой. Ол оңбаған сол әдетін істеп қайықты


көре сала, келіп ернеуіне жармасты. Қайық бір жағына қарай
қисайып аударыла жаздады. Бар салмағымды салып қайықтың
көтерілген жағын баса бердім. Ол оңбаған қайыққа шығып алып,
сасық сілекейін киіміме жұқтырып, менің үстімнен әрлі-берлі
секіре бастады. Бақа деген сүйкімсіз жәндіктің бірі ғой, түрі аса
кейіпсіз көрінді. Оны өзім көріп жүрген сүйкімсіз жәндіктің
ішіндегі ең сүйкімсізі болар деп шамаладым. Бұл бақамен өзім
айналысайын, дедім де бақаны ескекпен түйгіштеп қайықтан
түсірдім.

Ол корольдікте жүргенімде талай қорқынышты уақиғаларға
ұшыраған едім. Ол уақиғалардан анағүрлым қорқыныштырақ тағы
бір уақиғаға кезіктім. Глюмдальклич бірер шаруамен бір жаққа
кететін болса, мені өз бөлмесіне бекітіп кететін. Ауа райы ыссы
болғандықтан бөлменің терезелері ашық тұр еді. Менің жәшігімнің
де есік, терезелері ашық болатын. Сонда отырып алып уақыт
өткізуді жаным сүйетін еді. Терең қиялға батып, стол жанында
отыр едім, біреудің терезеден кіріп, бөлменің бір шетінен бір
шетіне әрлі-берлі секіріп жүре бастаған сыбдыры естілді. Қорқайын
дедім, бірақ бөлмеде не болып жатқанын білгім келді. Қарасам, бір
маймыл бөлменің ішінде әрлі-берлі секіріп асыр салып жүр. Ол
менің жәшігіме келді де, есік-терезелеріне таңырқап қарай бастады.
Мені маймылдың сұсы басқандығы сонша, сасып не істерімді
білмедім. Тіптен төсек астына тығылу есіме келмепті, жәшіктің бір
бұрышына барып қалшиыппын да қалыппын. Маймыл жәшікке
таңырқап қарайды да ырылдап қояды.

Ақырында мені көріп қойды. Маймыл есіктен қолын сұғып,
мені ұстауға ыңғайланды. Оған ұстатпаудың шарасын іздеп
бұрыштан бұрышқа қаштым. Бұл уақыттағы көрініс мысықтың
тышқанменен ойнағаны сияқты болды. Ақырында, шапанымның
етегі маймылдың қолына ілігіп тысқа тартып шығарды. Маймыл
мені оң қолына алып, кәдімгі бала емізген әйелше бауырына басты.
Еуропадағы маймылдардың мысық балаларын осылай етіп


ұстағанын өз көзіммен көргенім бар. Қарсылық ете бастап едім,
қысыңқырап қойды.

Қарсыласудан ешнәрсе өнбейтінін байқап маймылдың ырқына
көне беруді мақұл көрдім. Ол мені өз тұқымдасымның баласы деп
ұқса керек, бос тұрған сол қолымен ақырын ғана бетімді сыйпай
берді.

Бірақ та маймылдың, бұл әлдилеуін есіктің ашылған сыбдыры
бұзып жіберді. Ол мені қолтығына қысқан бойымен үш аяқтап
жүгіріп өзі кірген терезеден далаға шығып, су ағатын кернейді
өрмелеп қатардағы үйдің шатырына шығып кетті. Мені маймыл
әкетіп бара жатқанда, Глюмдалькличтің дауысы естілді. Бишара
қыз жынданудың аз-ақ алдында қалды. Бүкіл орда адамдары
дүрлігіп жиналып қалды, қызметкерлер басқышқа жүгірісті.
Шатырда тұрған маймылмен маған жүздеген адамдардың көздері
тігілді. Маймыл бала көтерген әйелдерше мені бір қолымен
құшақтап алып, екінші қолымен менің аузыма тамақ тыға бастады.
Жемеп едім, түйгіштеп қойды. Маймылдың бұл ісіне жерде тұрған
құлдардың шек-сілесі қатты.

Басқыш келтіріліп бірнеше адам шатырға шықты, маймыл
өзінің қоршауда қалғанын көріп, үш аяқтап құтыла алмасын сезсе
керек, мені шатырда қалдырып, өзі тайып тұрды.


Мен орда адамдарының күн сайынғы көңілді күлкісінің тізгіні
болдым. Глюмдальклич мені өте жақсы көретін, бірақ ол ханымның
көңілін көтеріп күлдіруге тұрарлық деп тапқан менің
қылықтарымның кейбіреулерін ханымға әңгімелеп отыратын еді.

Корольдің ертеңгісін жуынған уақытында барып, аптасында бір,
не екі рет жолығып тұру қалыпты әдетім еді. Сондықтан
шаштараздың король сақалын қырғанын талай рет көргенім бар.
Шаштараздың сақал қырғаны алғашқыда маған біртүрлі сұмдық
көрінді. Өйткені оның ұстарасы біздің шалғы орақтан екі есе үлкен
еді. Король өз елінің әдет-ғұрпына қарай аптасына екі рет
қырынатын. Бір күні шаштараздан корольдің сақалын қырған сабын
көбігін сұрап алып, сақалдың жуан-жуан талынан қырық-елуін
таңдап алдым. Жұқалау бір жаңқа тауып алып тарақтың арқалығы
сияқтандырып жондым да, Глюмдалькличтің жіңішке инесін сұрап,
әлгі қалақтың қырынан бірдей етіп бірнеше тесік тестім, Таңдап
алған сақал қырындыларын тесікке орнатып, тегістеп кестім де,
ұштарын ұштап қойдым. Менің бұл істеген жаңалығым өз
шашымды тарауға еркін жарарлық кәдімгі шаш тарақ болып
шықты.

Тарақ жасауымның нәтижесінде тағы бір ермек ойлап таптым.
Оны жүзеге асыру үшін бірсыпыра уақытым кетті. Мен ханымның
қызметшісінен ханым шашын тараған уақытта, оның тарақпен
түскен шашын жинап бере көр деп жалындым. Шамалы күннің
ішінде керегіме жетерліктей шаш жиналды. Менің ұсақ-түйек
керек-жарақтарымды жасау үшін ерекше ағаш шебері белгіленген
болатын. Сонымен ақылдаса отырып өзімнің бөлмемдегі
орындықтай екі орындық жасаттым. Адам отыратын дөңгелек
қорабы мен арқалығын айналдыра жіңішке бізбенен тестірдім.
Жиналған шаштың ірі-ірісін тандап алып, қорап пен арқалықтағы
тесіктерден өткізіп тоқып едім, ағылшындықтардың кәдімгі тоқыма
орындығы болды да қойды. Ол орындықтардың екеуін де ханымға
тарту еттім. Ханым ол орындықтарды өзінің туалет бөлмесіне


қойып, сирек кездесетін зат ретінде орда адамдарына көрсетіп
жүрді. Шынында да, ол орындықтарды көрушілер таң қалатын еді.
Ханым, орындықтың біреуін өзің пайдалан, өзің отыр, деді. Бірақ
оның бұл талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тарттым. Неге
десеңіз, бір уақытта ханымның құрметті басын көркейткен қадірлі
шашына отырғанымша өлгенім артық, дедім. Қалған шаштан
ұзындығын бес фут етіп шилан тоқыдым. Оның сыртына алтыннан
ойып ұлы мәртебелі ханымның аты-жөнінің бас әріптерін
орнаттым. Өте әдемі болып шықты. Ханымның рұқсаты бойынша,
ол шиланды Глюмдалькличке сыйладым.

Король музыканы өте жақсы көретін еді. Сол үшін де сарайда
жиі-жиі концерттер қойылып тұратын. Кей уақыттарда концертке
мені де апарып, жәшігіммен столға қоятын. Бірақ оркестрдің
дауысы құлағымды тұндырып, күй ырғағына әрең түсінетінмін.

Жас кезімде аздап шпинет деп аталатын музыкалық аспап
ойнауды үйренген болатынмын. Сол шпинетке ұқсаған бір музыка
құралы Глюмдалькличтің бөлмесінде тұратын-ды. Музыка мұғалімі
аптасына екі рет келіп қызға сабақ беріп жүрді. Ол музыка құралын
шпинет деп атайтын себебім, оның кейбір бөлшектері шпинетке
ұқсас және шпинетше ойнайтын еді. Сол құралмен ағылшын әуенін
ойнап, король мен ханымның көңілін көтерсем деген қиялға келдім.
Бірақ ол ойымды жүзеге асыру өте қиынға соқты. Өйткені оның
ұзындығы алпыс фут болатын. Құлашымды созып ұрғанымның
өзінде бес баспадан арттырып қамти алатын болмадым. Баспаларды
басудың орнына, бар күшіммен жұдырықтап ұруым керек,
Сөйткеннің өзінде жағымсыз ғана дыбыс шығатын болды.

Музыкадан ойдағыдай нәтиже шығару үшін


мынадай амал таптым. Бір басынан екінші басын жуандау етіп
екі таяқ жасап алдым. Шпинет баспаларын бүлдірмеу үшін және
дауысқа басқа дауыс қосылмауы үшін, таяқтың жуан басын
қаптесер тышқанның терісімен қаптап тастадым. Шпинет алдына
баспадан аласалау орындық қойып, сол орындық үстінде әрлі-берлі
жүгіріп, манағы екі таяқпен керекті баспаларды ұрып, күйге
келтіретін болдым. Осы әдістің арқасында жига (ағылшын
теңізшілерінің би күйі) әуенін ойнап, король мен ханымның айызын
қандырдым. Бірақ істеп жүрген жұмыстарымның ішіндегі ең ауыры
осы, музыка ойнау болды. Шпинет баспаларын тегіс пайдалануға
қаншама тырыссам да, он алты баспадан арттырып ойнауға
ешқандай мүмкіндік болмады. Кәнігі әртістерше бас пен дискантты
қосып ойнай алмадым.

Корольдің аса ақылды адам екенін бұрыннан да білетін едім. Ол
мені жәшігіммен әрдайым өзінің жұмыс бөлмесіне алдырып, жазу
столының үстіне қойғызатын. Содан соң маған жәшіктегі
орындықты алғызатын да, мені орындыққа отырғызып, өзінен
қашықтау тұрған комод үстіне, былайша айтқанда, мені өзінің
бетіне қарама-қарсы қойып әңгімелесетін еді. Ол осылай етіп
менімен жиі кеңесетін.


Ол елдің әліппесінде болғаны жиырма екі әріп бар. Әріп санын
көбейтетін сөз заңына қағида енгізуге тыйым салынған. Бірақ
олардың тілінде осы жиырма екі әріпке жететін сөздер ете сирек
кездеседі. Барлық сөздерінің бәрі де ашық және қарапайым
атаулармен сөйленеді.

Корольдік кітапханадағы кітаптардан қалаған кітабымды алып
оқуыма рұқсат етілген болатын. Корольдің ағаш шебері
баспалдаққа ұқсаған ағаш станок жасап берді. Басқышты
Глюдалькличтің бөлмесінің біріне қойдық. Баспалары жылжымалы
болатын. Төменгі жағы қабырғадан қашық. Менің оқитын
кітабымды әкеліп қабырғаға сүйейді. Станоктың жоғарғы
баспасына шығып, бетімді кітапқа бұрып, солдан оңға қарай
жылжып, жолдарды бойлап оқи беремін. Жолдың бір шетінен
екінші шетіне жеткенімше сегіз қадам, кейде он қадам жүретінмін.
Бір-екі жол оқығаннан кейін станоктың екінші баспасына түсіп,
бірте-бірте төмендей беретінмін. Бір беттегі жолдарды оқып болған
соң қайтадан жоғарғы баспаға, шығып екінші бетті аударып оқуға
кірісетінмін. Кітап қағазының қалыңдығы біздің қатырма қағаздан
қалыңырақ еді. Ең көлемді кітаптың қағазын екі қолдап
аударатынмын.

Ол халықтың тіліндегі сөз буыны ашық, салмақты, әрі жатық
естіледі және әрленбеген. Әңгімеге артық сөз қоспауға, сөзді
көбейтпеуге тырысады. Мен олардың тарих және әдет-ғұрып
жөнінде жазылған бірнеше кітаптарын оқыдым. Соның ішінде бір
кішкене ескі шығарма мені өте қызықтырды. Кітапша
Глюмдалькличтің гувернанткасынікі болатын.

Бұл кітапты жазған автордың пікірінше адам баласының табиғат
құбылысынан және жабайы аңдардың қаһарлы шабуылынан
қорғанарлық қабілеті жоқ. Жабайы аңдардың өзгеше қасиеттері
бар. Олардың кейбіреулері орасан күшті, біреулері оралымды,
шапшаң, енді біреулері сақ әрі қырағы, тағы біреулері еңбек


сүйгіш. Соңғы жүз жылдар ішінде табиғат та азғындап, адам
тұқымы да азғындап кеткен. Оның пікірінше алғашқы дәуірде
жалпы адам тұқымы ірі болған соң, ішінде орасан ірі, алып адамдар
да өмір сүрген деп айтуға болатынын келтірген. Бұған тарих пен
аңыз, әңгімелер, жер

қазған уақытта корольдіктің бірсыпыра облыстарынан табылған
адамның ірі-ірі сүйектері куә бола алады. Ол сүйектер осы күнгі
азғындап кеткен адамдар сүйегінен анағұрлым ірі.

Менің ол елде тұрғаныма екі жыл толып, үшінші жылға аяқ
басқан уақытта, король мен ханым Глюмдальклич екеуімізді ертіп
мемлекеттің оңтүстік жағын аралайтын болды. Мені өзім тұратын
жәшікпен алып жүруге ұйғарды. Жәшікті ат үстіне алып жүрген
уақытта өзіме жайлы және дем алуыма қолайлы болсын деп жібек
арқанмен төбесіне аспалы төсек іліп қойдық. Күн ысыған уақытта
ішке салқын ауа кіріп тұруы үшін жәшік төбесінен, аспалы төсек
ілінген жердің дәл астынан тесік тестірдім. Өзім тілеген уақытта
ашып-жабу үшін тесікке ысырылмалы қақпақ жасаттым.

Жолға шығып межелеген жерімізге жеттік. Теңіз жиегінен он
сегіз миль жерде Фленфласник қаласының маңында король сарайы
бар екен. Сол сарайда король бірнеше күн кідіретін болды. Жол
азабы Глюмдальклич екеумізді әбден шаршатқан еді. Мен аздап


тұмауратайын дедім. Қыз байғұс қатты ауырып, бөлмесінен шыға
алмай қалды. Менің мұхитты көргім келіп, аңсарым ауды да тұрды.
Өйткені менің бостандықта өмір сүруім тағдырда жазылып, бір
уақытта қаша қалсам, бірден-бір құтылар жолым осы мұхит қана
болатын. Науқасым үдеп кетті. Теңіздің таза ауасын жұтсам
жеңілденіп қалмас па екем, өзімнің жақсы көретін қызметкеріме
қосып жіберіңіз деп Глюмдалькличке жалындым.

Бұдан бұрын ол қызметкерге сеніп мені әлденеше рет жіберген
болатын. Бұл жолы Глюмдалькличтің жібергісі келмей өте
қынжылғаны әлі есімде. Ол бір жасырын жайды сезген адамша
көзіне жас алып, мені көзіңнің қарашығындай сақта деп қызметкер
балаға қайта-қайта тапсырды. Бала мені жәшігіммен көтеріп жарым
сағат жол жүргеннен кейін теңіз жағасындағы шыңға жетті. Сол
араға қойғыздым да, бір терезесін ашып теңіз суына мұңая
қарадым. Тынышым кете бастады, "ұйқым келді" дедім балаға.
Маған ұйқы тыныштық әкелетіндей көрінді де тұрды. Аспалы
төсекке шығып жатқан соң көп кешікпей ұйықтап кеттім.
Шамалауымша, қызметкер бала маған салқын тимесін деп есік-
терезені бекітеді де, ұйқы үстінде қауіпті уақиға бола қоймас деп
ойлап, тас қуысынан құс жұмыртқаларын іздеп кетсе керек.

Бір уақытта жәшіктің кенеттен сілкінген екпінінен оянып
кеттім, оның төбесіндегі шығыршықтан біреу тосыннан тартып
қалған тәрізді болды. Мен жәшіктің жоғары көтеріліп, одан соң
шамадан тыс шапшаңдықпен кетіп бара жатқанын сездім. Жәшік
алғашқы сілкінгенде аспалы төсектен құлап қала жаздадым. Бірақ
сәлден соң қозғалыс бір қалыпқа келді. Бар даусыммен бірнеше рет
айқайлап та көрдім, оным нәтижесіз айқай болды. Терезеден қарап
едім, көгерген аспан мен мұнарланған бұлттар ғана көрінді. Ұшқан
құстың қанат қаққаны тәрізді төбемнен зуылдаған дыбыс естілді,
халімнің нашарлай бастағанын сездім. Жәшіктің шығыршығынан
тұмсығымен көтеріп бара жатқан бүркіт болса керек. Бүркіттер
тасбақаны тырнағымен бүріп алып ұшады да, жоғарыдан тастап


жібергенде, тасбақа тасқа соғылып уатылған соң ішіндегі етін алып
жейтін еді. Мені де сол сияқты көтеріп бара жатыр екен деп зәрем
қалмады.

Біраздан соң зуыл күшейе түсті. Қағылған қанаттарға жаңа
қанаттардың сусылы қосылған тәрізденді. Бағанағы ілінген заттың
желді күнгі желпілдегені тәрізденіп жәшігім біресе олай, біресе
былай теңселе берді. Мені көтеріп бара жатқан бүркітке бірнеше
тепкі тигендей болды. Осы минөтте жәшігім кенет төмен түсіп
кетті. Әлім құрып, жүрегім аузыма тығылды. Сол арада қорап бір
затқа көміліп кеткенде, сарылдаған дауыс Ниагара су құламасынан
анағұрлым күштірек естілді. Жәшік бір сағат шамасы қараңғыда
болып біршама уақыттан соң жоғары көтерілді. Терезенің үстіңгі
жағынан жылтыраған жарық көрінді де, теңізге құлағаным енді
мәлім болды. Өзімнің салмағым, жәшіктегі заттардың салмағы және
оның түбіндегі жалпақ темірдің салмағы қорапты бес фут
тереңдікке суға батырыпты. Өзімнің шамалауымша, көтеріп ұшқан
бүркітке екі-үш бүркіт кездескен тәрізді. Олар оның олжасын
тартып алмақ болып шабуыл жасайды. Менің бүркітім жүгімен
шайқасуға шамасы келмей жәшікті тастап жіберсе керек. Расында
да, уақиғаның шындығы осылай болып шықты. Жәшік жоғарыдан
төмен түскенде, түбіндегі жалпақ темірдің салмағы қисайтпай
түбінен түсіріпті және жәшіктің қирамауына себеп болыпты.


Тақталары тығыз қиюластырылған болатын. Есік топсалы емес,
ысырылмалы етіп жасалған. Қысқасын айтқанда, бөлменің саңлау-
тесігі жоқтың қасында еді. Соның арқасында бөлме ішіне болмашы
ғана су кірді. Іштегі ауа жетіспей, тұншығайын дедім. Төсектен
түсіп, төбедегі тесіктің қақпағын ысыра бастадым.

Жәшіктің жарығынан болмашы ғана су кіре бастаған еді,
кендірмен тығындап тастадым. Жәшіктің үстіне шықсам, түрме
сияқты қамауда отырып арманда өлмей, бірнеше сағат өмір сүрер
едім. Бірақ оның қақпағын көтеруге шамам келмейтін болды. Төніп
тұрған қауіптен бір-екі күн құтылғаныммен, одан ары суыққа
тоңып, аштан өлуден басқа не күтуге болады. Минөт сайын ажал
күтіп осы жағдайда төрт сағат шамасы уақыт өткіздім.

Жәшіктің ішінде үмітсіз жағдайда отырғанымда, оның бітеу
жағын әлдекім тырналай бастады. Көп кешікпей жәшігім жылжи
бастаған тәрізді немесе біреу сүйреп бара жатқан сияқты болды.
Өйткені оны мезгіл-мезгіл жұлқып қойғанын сездім. Соның
нәтижесінде жоғары көтерілген толқын терезені басып, ішін
қараңғылап жіберді. Құтқарушы жәрдемнің қайдан келерін
білмесем де, мына жағдай менің үмітімнің өшкен сәулесін қайтадан
тұтандырды. Еденге бекітілген орындықтың біреуін босатып алып,
төбедегі тесіктің дәл астына қайтадан орнаттым. Орындыққа
шығып, бойымның жеткенінше аузымды тесікке тақап, өзім білетін
тілдерде жәрдем шақырып, бар дауысыммен айқайлай бердім.
Содан соң таяққа бет орамалымды байладым да, тесіктен шығарып
бұлғай бастадым. Ондағы мақсатым, жақын маңайда кеме немесе
қайық болса, осы жәшікте қамалған бақытсыз адам бар екенін
аңғаруды теңізшілерге білдіру еді.

Менің бұл әрекетімнен ешқандай нәтиже шықпады. Дегенмен,
қораптың тоқтамастан жылжып келе жатқанын білдім. Арада бір
сағаттан астамырақ уақыт өткен шамада, оның тұтқа орнатқан
қабырғасы бір затқа тірелгендей болды. Жәшіктің қатты


шайқалғанына қарағанда, құзға соғылды ма деп зәрем қалмады. Сол
арада бөлменің төбесіне арқан тасталып, арқанның шығыршықтан
сырылдап өткенін анық естідім. Мұның соңында қораптың үш фут
шамасы жоғары көтерілгенін сездім, Орамал байлаған таяқты
тесіктен қайта шығарып, дауысым қарлыққанша айқайлап, жәрдем
шақырдым. Менің бұл әрекетіме жауап ретінде үш рет айқайлаған
қатты дауыс естідім. Сол сағаттағы жазып жеткізе алғысыз
қуанышыма мендей халге ұшыраған адам ғана түсінуге тиіс.
Бөлменің төбесінде жүрген аяқ дыбысы естілді, "мұнда кім бар, кім
де болсаң жауап қайыр" деді бір адам, төбедегі тесіктен ағылшын
тілінде айқайлап. "Тағдырдың зұлым апатына душар болған мен бір
бишара ағылшынмын" деп жауап қайтардым. Кім де болса
жалынышты сөзіме жүрегі жібіп, мені осы қараңғы түнектен
құтқарар деген үмітпен жалбарына бердім. Менің жалынышты
сөзіме, "Қазір ағаш шебері келіп тесікті аралап кеңітеді, сөйтіп сізді
шығарып аламыз, қазіргі уақытта сіз қауіпті жағдайда емессіз,
бөлмені кемеге байлап қойдық" — деген жауап қайтты. Іште тұрып
мен: "бекерге еңбек сіңіріп уақыт өткізудің қажеттігі қанша, өйтіп
әуреленгенше матростардың біреуі төбедегі шығыршықтан
саусағын сұғып судан. жәшікті көтеріп алсын да, капитанның
каютасына апарып қоя салсын" — дедім. Қисынсыз сөздерімді
естіген бірсыпыралары есінен адасқан екен десті, енді
бірсыпыралары қарқылдап тұрып күлісті. Шынында да, күш-қуаты
мен бойы өзіммен пара-пар адамдардың арасында екенім есіме
келмепті. Ағаш шебері келіп бірнеше минөттің ішінде тесікті
аралап кеңітті де, ішке басқыш түсірді. Басқыштан басып үстіге
шықтым. Осыған дейін әбден халім бітіп әлсіреген едім, сол
күйімде кемеге көтерілдім.

Теңізшілер таң-тамаша қалып, тұс-тұсымнан сұрауды
жаңбырша жаудырып жатты. Бірақ оларға жауап қайтаруға зауқым
шаппады.


Click to View FlipBook Version