Қарасақал Ерімбет атындағы №96 орта мектеп Ғылыми жұмыс: «Қарасақал Ерімбет - жырдың селі» Орындаған: Талғат Ақбаян 3-сынып оқушысы. Жетекші: Қани Жанат Бастауыш сынып мұғалімі
Қарасақал Ерімбет - жырдың селі Қарасақал Ерімбет атындағы №96 мектеп Қазалы ауданы, Бозкөл ауылы Талғат Ақбаян Қани Жанат Күнажатқызы 3 – сынып оқушысы Бастауыш сынып мұғалімі Кіріспе Қарасақал Ерімбет жырдың селі, Қорқыт баба айтулы күйдің кені. Розадай жезтаңдай әнші туған, Қасиетті Қазалы сүйдім сені ! Бәкір Тәжібаев Өткен ғасырларда Қазалы топырағында дүниеге келген ұлтымыздың біртуар перзенттерін санамаласақ, алдымен ауызға Қорқыт ата түседі. Қорқыттың туған қаласы Жанкент шаҺарының орны Қазалы қаласының оңтүстік –батысына қарай 30 шақырым жерде. Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған Әбу-Насыр Әл-Фарабидің де Қазалы өңіріндегі Қорқыт туған Жанкент шаҺарында кіндігі кесілгенін, Отырар қаласында өскенін академик Әлкей Марғұлан жазған екен. ХІХ ғасырда дүниеге келген халық батырлары Жанқожа, Ақтан батырлар, Сыр сүлейі атанған Қарасақал Ерімбет шайыр, күншығыс жастарының жалынды жетекшісі, қоғам қайраткері Ғани Мұратбаев, кейінгі толқын – елге еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар, сазгер, дәрігер, суретшілер, Роза Бағланова, Мадина Ералиева сынды жезтаңдай әншілердің Қазалы топырағынан шыққандығын мақтан етеміз. Жоғарыда аты аталғандар ішінен Қарасақал Ерімбет сынды тұлғаларымызды әлі де болса жанжақты, толық зерттеп, мұраларын өз дәрежесінде кейінгі ұрпақтарға насихаттап, құрмет жасау келешек ұрпақ еншісінде. Революцияға дейінгі қазақ әдебиетінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан ақындардың бірі Қарасақал Ерімбет бір атаның ақыны емес, ол – барша қазақтың мақтан тұтар, үлгі етер ақыны. Қарасақал Ерімбет кім еді ? Сыр сүлейлерінің дарабозы Қарасақал Ерімбет ХІХ ғасырдың ортасында Қазалы уезінде дүниеге келген. Шыққан тегіне қатысты деректерге тоқталсақ: Кіші жүздің Әлім аталығының Қарасақал руынан болғандықтан, сол замандағы дәстүрмен «Қарасақал» руы оның тегі есебінде айтылғаны белгілі. Азан шақырып қойған есімі Ермамбет болса, өмірде Ерімбет аталып, кейбір жазуларда Көлдейбеков Ержан деп те жазылған. Ерімбет Әлімнің үшінші баласы Айнықтан тарайды. Шежіре айтушы бұрынғы ақсақалдардың айтуынша, ертеде, жаугершілік заманда батырлығымен көзге түскен екі қара сақалды батырлар Айнық пен Тегенболатты ел Қарасақал батырлар деп таныған. Айнықтан Сарыбас туған. Айнық бір жаугершілікте қайтыс болып, оның жесір қалған әйелі Ырыстыны әмеңгерлік жолмен інісі Тегенболатқа некелеген екен. Одан Пұсырман, Шіңгір атты екі бала туып, Сарыбас пен шешелері бір бұл үшеуінен тараған ұрпақ «Үш Қарасақал» аталығы деп аталған. Кіші жүз шежіресін жазған Ерімбет шайыр: Назардан бір ұл туды, аты – Мәлік,
Дөреген сол Мәліктен қанша халық. Мәліктен бұл Сахаба Әнес туды, Нұсқадан көріп жаздым, мұны анық, - деп бастап, Әлемде алты жүйе, бес шекті көп, Айтатын әдетім жоқ сөзімді ептеп. Екеуі алты Әлімнің Қарасақал, Ішінде бізді айтады Сарыбасы деп, - жазған екен. Ерімбет шайырдың аталары Ақша, Бекше, Қабылан, Жолбарыс батыр болған кісілер екен. Ақшадан Көлбай, Көлдейбек, Қалыш, Аманбай, Бұланбай туған. Көлдейбектен Адай, Атымтай, Атантай, Қоспанбет, Ермамбет (Ерімбет шайыр) туған. Ерімбеттің Махамбет, Қожахмет, Құлахмет, Ерпайыз деген ер балалары, Балғын, Қаршыға, Жария атты қыздары болған. Ерімбет өмірде ірі тұлғалы, басы ерекше үлкен, бадырақ көзді, ұдайы белінен қысқа қылышын тастамайтын батыр, әрі өте сәнді киінетін адам екен. Жетім-жесірге қайырымдылығы мол, әділ, әрі сахи болыпты. «Атымтай жомарт», «Садуақас сахи», «Ақтам сахаба» қисса-дастандарын жазып, сахилықты насихаттауының өзі тегін болмаса керек. Хорезм, Хиуа медреселерінде сауат ашып, осы қалалардағы ұстаздарынан алған Шығыс ғұламаларының кітаптарын өз бетінше оқығаны, кейін Қазан, Бұқара, Ташкент, Түркістан, Атырау, Ақтөбе елін, жерін аралағаны және сол кездің өзінде мол кітап қоры бар Қазан, Қазалы кітапханалары да шайырдың шығармашылық талантына игі әсерін тигізген . Ерімбет шығармаларының қатарында: тағылымдық –философиялық өлеңдер, діни-танымдық философиялық өлеңдер, арнау-толғаулар, мысалдар мен хикаялар ,айтыс дастандары бар . Бұл шығармаларда ауқымдығы мен кеңдігі жағынан ұшқан құстың қанаты талатын , жүгірген аңның тұяғы тозатын салқар да,сайын даланы мекендеген жаны жомарт халқымызға тән ортақ мәселені елдік пен ерлікті ,бірлік пен парасаттылықты ,білім мен өнерді тынбастан жырлаған . Ерімбет шығармаларында араб, парсы, түркі Құран сөздерінің жиі кездесуі салдарынан оның шығармалары кешегі кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарынан 1960 жылдарға дейінгі кезеңде діншіл, ескі заманды уағыздайтын шығармалар қатарына жатқызылып, мұралары жойылып, әдебиет сахнасынан ысырылып келген. Сол діни тақырыптағы өлеңдері мен қиссадастандарының терең философиялық танымға құрылғанын олардың басты өзегі, алтын арқауы адамгершілік, отансүйгіштік, ұлтын, тілін, дінін, әдет-ғұрпын құрметтеушілік болғанын, сахилық пен қайырымдылықты насихаттауының тәрбиелік мәнінің зор екенін әлі күнге дейін көрмей, білмей жүргеніміз, көрсек те немқұрайлы қарауымыз қынжылтады. Ислам дінінің адам үшін тәрбиелік жақтары мен артықшылықтарын шығармаларына арқау еткен Ерімбет мұралары көзтүрткі болып жойылуы, қудалануының басты себебі кешегі кеңестік жүйе кезеңіндегі атеистік көзқарасқа қайшы келуінде болса керек. Ерімбет ислам дінін жақсы түсініп талдайтын, халыққа Құранды насихаттай білетін, ахун дәрежесіндегі сұпы болған адам екен. Революция алдында, 1905 жылы Қазан қаласындағы мұсылмандар мешітінің салынуына халықты қаржы жинауға үгіттеп, Бержан деген бай кісі екеуінің атынан үндеу жазған. Қазақ ССР Ғылым академиясына 1947 жылғы қаңтардың 24-і күні Ерімбеттің немересі Күнахмет (Күнабай) Қожақұлы тапсырған 26 қолжазба өлеңдері ішінде осы үндеуі және ұлтымыздың келешек мешіт-мектептер салу, жастардың білім алу қажеттігі жайлы жазылған «Мешіт» атты 16 беттік нақыл-насихат өлеңдері Ғылым академиясының мұражайында араб, парсы әрпімен жазылған қолжазба күйінде жатқан болуы керек. Сол сияқты Қазалы өңірінде малдың жайымен Қарақұмды жайлап, Қызылқұм беткейі, Қуаңдария бойына қыстап жүрген ел арасында бірнеше мешіт салуды насихаттаған, ұйымдастырған ағартушы. Олар – Қызылқұм беткейіндегі Ақ ишан, Кәлен ишан, Байтудың мешіттері, ал Қарақұм беткейінде Нұрымбет ишан, Өтеп ишан мешіттері. Хорезм медресесінің шәкірті, алғырлығымен көзге түскен жас Ақпанбет (Ақ ишан) Тоғымұлын өзімен бірге ертіп әкеліп, елдің балалрын оқыттырған. Ерімбет «Ақ ишан» мешітін салуды ұйымдастыру кезінде оған қомақты үлес қосқан 19 адамның тізімінде құдасы, әрі туыстары Мұратбай болыс пен Қоспан байдың еңбектерін ерекше айтады екен.
Осы мешіттерде оқыған талай жас кейін Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында, колхоздастыру кезеңінде белсенді, басшы қызметтер атқарғанын ел айтады. Ресми деректерде сол кезеңдерде, ХХ ғасыр басында Қазалы уезінде 78 көпшілік мешіт, 78 имам, оның 12-сі ишан болғаны, ал салыстырмалы түрде Жетісуда 4 ишан болғаны жазылыпты. («Жас Алаш», 19.09.2002). Күншығыс жастарының жетекшісі атанған Ғани Мұратбаевты алғашқы оқуына Ерімбеттің ықпалы болыпты. Ерімбет балаларын алдымен мұсылманша сауат аштырып, кейін Қазалыдағы орыс-қазақ аралас мектебіне оқытқаны белгілі. Сол аралас мектепте құдасы Мұратбайды баласын оқытуға көндірген Ерімбет өзінің үшінші ер баласы Құлахметтің қасына екі жас кіші Ғаниды отырғызған. Кейін ҚҰлахмет өзінің балдызыҚұрманбайқызы Бақытжанның Ғанимен үйленуіне ықпал еткен екен. Ә. Оспанов құрастырған «Ұлағат сөзім ұрпаққа» кітабында айтылған. Ерімбеттің Балқы Базармен дос, сыйлас болғанын жоғарыда айттық. Балқы Базар сырқаты меңдеп жатып, досжарандарын шақыртып, сүйегіне кіретін адамдардың ішінде досы Ерімбетті де атаған екен. Базардың ауруы жұқпалы сүзек екенін кезінде ешкім білмей, кейін сүйекке кірген бес адам, ішінде Ерімбет те бар, көп ұзамай қайтыс болыпты деген сөз бар. Осы дерекке сүйенген зерттеушілер Ерімбет 1850 жылы туып, Балқы Базар қайтыс болған 1911 жылы қайтыс болған дейді. Ерімбет пен ағасы Қосмамбет Қазалының оңтүстік-батыс беткейіндегі 80 шақырым жердегі Қуаңдария бойындағы «Ақ ишан» қорымында жерленген. Сонымен «Қарасақал Ерімбет кім еді ?» деген халық пікірін қорытындыласақ: Ол-халық ақыны, ислам діні, Құранның пайдалы жақтарын дәріптеуші, ахун дәрежесіндегі оқымысты, назым сөздің шебері – шайыр, ойшыл-философ, шежіреші-тарихшы-этнограф, жазба, жұмбақ айтыстың негізін қалаушы, сахилықты, қайырымдылықты, жалпы адамгершілік тәрбиені насихаттайтын, жарияланғанжарияланбағаны бар 100-ден астам өлең –дастандар жазып, артына өшпес мұра қалдырып, қазақ жазба әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосқан ағартушы, бір атаның ақыны емес, ұлтымызға ортақ ақын, қоғам қайраткері екенін көреміз. Абай мен Ерімбет. Революция алдында қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлес қосқан ұлтымыздың озық ойлыларының бірі, Арқада данышпан Абай ақын болса, Сырда Қарасақал Ерімбет ақын болған. Бүгінде Ерімбетті Абаймен қатар қоюға қорқасоқтайтын әдет қалыптасқан. Бұл-данышпан Абайды кеміту емес, Ерімбеттің Мұхтар Әуезовінің болмағандығын айту. Оған қоса кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында Ерімбет мұралары дінді, ескілікті, ұлтшылдықты уағыздайтын шығармалар қатарына жатқызылып, мұралары жойылғаны, мұраларын насихаттаған, жарыққа шығаруға жинақтағандар қудаланып, НКВД қызметкерлері тарапынан жазаланғаны туралы көргендер, білетіндер өмірден озып, кейінгі ұрпақ Ерімбет шайырды, оның шығармаларын естімеуінен, білмеуінен болып отыр. Ақын Абай өз шығармаларын орыс классиктерінің кітаптарынан оқып, социал-демократтармен достасып, пікірлесе жүріп европалық үлгіде жазса, Ерімбет шайыр ескіше, яғни мұсылманша Хорезм медресесінен сауат ашып, араб, парсы, түркі тілдеріндегі Шығыс ғұламаларының мұраларынан сусындап, шығыстық үлгіде жазды. Ерімбетті замандастары жыр дүлділі, назым сөздің ұстасы, шайырлардың шайыры-ұстаз деп бағалауы сондықтан болса керек. Бір басылымда республика көлемінде Абайдың әртүрлі формадағы, үлкенді-кішілі, ұзын саны екі мыңға жуық мүсіні бар екені жазылыпты. Ал Ерімбет шайырға Қызылорда облысының Арал қаласындағы, Әйтеке би кентінде және 2007 жылы Астана қаласынан бірбір көшеге, Бозкөл ауылындағы №96 орта мектепке 1996 жылы 3 сәуірде Білім беру Министрлігінің жарғысымен есімі берілсе, Әбдісаттар Садуахасұлы Оспанов «Ұлағат сөзім ұрпаққа» 1995 жыл, Тоқболат Еңсегенұлы « Қарасақал Ерімбет ақын » 1996 жыл, Дариға Сатемирова « Қарасақал Ерімбеттің әдеби мұрасы және ақындық орта дәстүрі » 2006 жыл, Төлепберген Тілеуқабылұлы « Кіші жүз Әлім аталығының шежіресі » 2006 жыл, Қараша Қараман « Қарасақал Ерімбет » 2006 жыл атты санаулы кітаптарының шығарылғаны, бейітінің басындағы кішкене елеусіз темір қоршаудың болғандығы және 2006 жылы Қазалы
ауданы көлемінде « Қарасақал Ерімбет жылы » деп аталып, сол жылы Қазалы қаласында ескерткішінің орнатылуы , міне , әзірге бұйырғаны осы ғана . Артына өшпес мұра қалдырған дана Абай мен Қарасақал Ерімбет шайырдың өзара ұқсас тұстарын олардың өмірлік болмыстарынан көре аламыз. Абайдың өмір жолдарынан 1876-1878 жылдары Қоңыркөкше еліне болыс болғандығын білсек, ал, Ерімбет шайырдың « Қалыңбас » болысына келіп, халықтың қолдауымен үш жылдай болыстың хатшысы қызметін атқарып, келесі сайлаулардың бірінде болыс болып, осы қызметті үш жылдай атқарғандығын өмір жолдарынан толық аңғарамыз. . Жазба беттерінен Қазақ руларының шежіресін Абай, Шәкәрім, Шоқан, Мұхамеджан Тынышбаев, Мәшхүр Жүсіп, Қарасақал Ерімбет сияқты қазақтың озық ойлы перзенттері жазып, кейінге мұра қылып қалдырып отырғандығын білеміз.Осы тұста да қазақ шешіресін жазуда Ерімбет есімінің Абаймен қатар тұрғанын аңғарамыз. Ал, толғамдарынан домбыраның қос ішегіндей қатар өрілген ортақ ойды аңғарамыз. Қай заманда да ел тізгінін ұстаған байлар қара шаруаның үстінен күн көріп, сүліктей сорып, жылатып келген. Сондай қайырсыз, қатыгез болыстар жайлы Абай атамыз төртінші сөзінде: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ-өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» десе, Қарасақал Ерімбет: Егізқара атыңды, Елге жайып мен жүрдім. «Бөтен емес ол маған, Егізім ғой» -деп жүрдім Болмаса да қайырың, «Қайыры мол» - деп жүрдім. Халықтың қамын ұғар деп, Сыртыңнан қарап көп жүрдім. Ойдан шықпай болысым, Ойды басты бір кірбің. Құлағыңды сал енді, Көргенін айтсын шын дүрбім! – деп Егізқара болыстың арамдығын бетіне басады. Тіршілікте бір-біріңмен тонның ішкі бауындай араласып, сыйласып өткенге не жетсін! Қолына қонған бақты көтере алмай, ісіп-кеуіп, тек ғана өзіме болсын дейтін мысық тілеулілер аз ба? Ел ішіндегі ұрлық пен дау-дамайдан, қызғаныш пен іштарлықтан шаршап-шалдыққан Абай отыз төртінші сөзінде: «Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өзбетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек ол құдайға айтарлық сөз бе?» деп толғанса, Қарасақал Ерімбет: «Сыйлап қал бірбіріңді соқпай саның!» өлеңінде: Жігітке аса қайрат бермейді пайда, Әркім өзі ойлау керек мияссарын. Жақынның алыспенен нарқын ойла, Ер болсаң ерттеп мінер ат тұлпарын! Жалғаннан не жолбарыс өтіп жатыр, Жел мінген жөнеледі ол да Сүлейманың, Ешкімге бұл дүнияның опасы жоқ, Сыйлап қал бір-біріңді, соқпай саның!- дейді… Абайды ақын, ойшыл, философ деп танысақ, Қарасақал Ерімбет бабамызды да ақын, ойшыл, философ деп танимыз.
Ұлы шайырды ұлықтаған азаматтар Қарасақал Ерімбет шайыр шығармаларын зерттеушілердің бірі , қазірде Құмжиек ауылының тұрғыны Төлепберген Тілеуқабылұлы бала күнінен көнекөз қариялардың әңгімелерін тыңдауға құмар болып, көпті көрген,білгені мол қариялардың тағылымды әңгімелерін тыңдап өскен. Бұл кісі халық ақыны, ел ардақтысы Қарасақал Ерімбет атын мәңгі есте қалдыру барысында көптеген игі – істердің басы қасында болып,аянбай еңбек еткендердің бірі. Ол кісіге барып,сұқбат алғанымда,төмендегі әңгімелерін баяндады. « Қазалы станциясында Қызылбай деген атамыз болған. Көне әңгімелерді Ерімбеттің әңгімелерін жақсы біледі, Естіген-көргенін ұмытпайтын ерекше зейінді, шешен адам дейтін әкем »,-дейді Төлепберген аға. 1972 жылдары Қызылбай ақсақал бірнеше рет жолы түсіп, үйімізде болды. Әкеммен әңгіме дүкен құрғанда қасында отырдым. 1983 жылдың жазында Қызылбай ақсақалдың шақыртуымен Әйтеке би кентінде тұратын қызы Закира апайдың үйінде үш күн, үш түн болғаным бар. Келешек Қарасақал аталығын түгелдеп сен жазуың керек. Өзіңде біраз мағлұматтар бар екен , қажетіңді сұрап толықтыр. Біз қашанғы жер басып жүрер дейсіңдер.Сені сол үшін шақыртып едім деді қария. Сол жолы тоқсанға жақындаған ақсақалдың есте сақтау қабілетіне қайран қалдым. Қанша адамның атын қағаздан оқығандай жаңылмай айтып отырды. « Жақсыдан- шарапат » Менің шежіре құрастыруыма Қызылбай ақсақалдың айтқан әңгімелерінің көп көмегі тиді.Бұрынғы жинаған шежірелерімді дамытып, Қарасақал Ерімбет бабамызға ас беру қарсаңында баспадан « Кіші жүз Әлім аталығының шежіресі » кітабын шығардым. » Сондай-ақ Төлепберген Түлеуқабылұлы Қарасақал Ерімбет мерейтойын өткізуге арналған комиссия төрағасы орынбасарының бірі болған. Төлепберген Түлеуқабылұлы Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбет бабаны мәңгі есте қалдыру жөніндегі бастаманың басында жүрген азаматтардың бірі емес, бірегейі деп айтсақ, артық емес. Ол осындай іс-шара өткізу туралы көпшілік жиналған алқалы топтарда талай рет ойпікірін ортаға салған азаматтың бірі. Шайырдың шығармашылық және өмір жолын зерттеді. « Сыр бойы », « Алтын Орда », « Тұран », « Атырау », « Қазақстан мұғалімі », « Заң », « Шапағат-Нұр», « Қазақстан темір жолы » сияқты газет –журнал беттерінде мақалалар жариялады. Бабаға ас беру салтанатын ұйымдастыру жұмыстарында да біраз шаруалар тындырған жан. 2007 жылы аудан әкімінің дәстүрлі жаңа жылдық балы « Ақ тілек » мейрамханасында ұйымдастырылып өткізілді. Мерекелік кешке ауданның дамуына лайықты үлес қосқан айтулы азаматтар шақырылды.Сондай азаматтардың бірі Төлепберген Түлеуқабылұлы еді. Сол шарада, 2006 жылы Қазалы ауданында Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбет жылы болып жариялануына байланысты өткізілген мерейтойды ұйымдастыруда белсенділік танытқаны үшін Төлепберген Тілеуқабыл аға « Ұрпақтар сабақтастығы » номинациясымен марапатталған. Баба жерленген Ақишан мешітін бұдан бірнеше жыл бұрын Қарақалпақстаннан Қарахан қожа Ақишан атаның ең кенже баласы Әбдіжәміл Махсым ата, қасына сол елдегі қарасақал ағайынның біраз балаларын ертіп келіп, Ақишан бейітінің сыртын жаңалап салып, қорымды тікенек сыммен, мешітті дуалмен қоршап, үйінді болып жатқан мешітті өз кесегімен қайта тұрғызған. Сол жұмыстарға қажетті кем кетіктерін тауып беріп, аталарының әруағына қызмет еткен Өркендеу ауылында тұратын Есмұрзаев Рүстембек ағада болатын. Рүстембек ағаға барып, сұқбаттасқанда мына жайттарға қанық болдық. Ол өз сөзінде: « Бүкіл қазақтың дуалы сөзімен, дүр тілімен тәнті еткен ұлы шайырдың бейіті- томпиған төмпешікке төніп, шөкелей отырып, « Ақын әруағын ұлықтай да алмаған екенбіз –ау » ,-деп қамығып, көз жасымды сүртіп, жан –жағыма анықтай қарасам, бас жағында бірдеңе ағараңдайды. Барып алып көрсем, қағазға түсірілген өлең екен . Өлеңде:
«Қыс өтсе, көктем шыға, келер мамыр , Мамырда мазаны алды осы қабір . Ерекем –ақыл төбем, нағашым –ай , Басыңда белгің де жоқ адам таныр . Кінәлап пенделерді не қылайын, Тап болдық бір заманға абыр –сабыр . Ұрпағың есін жиып келер дейім , Құдайым тілегіңді етсе қабыл ... жиені Өмірбек Күлімбетұлы. 25 мамыр 2004 жыл » -деген қолтаңбасын оқып, баба басына белгі қоюды өзіме мақсат тұттым. Сол жылдары Ерімбет бейітінің басын темір қоршаумен қоршап, кішкене темір мрамор тақтайшаға Ерімбет Көлдейбекұлының аты жөні, туған және қайтыс болған жылдары жазып, өз отбасымның атынан белгі қойдым. Сонымен бірге шайырдың өзі қаздырған қос құдығын қайта қалпына келтіріп, баба басына зираттап келген көпшіліктің су ішуіне жағдай жасадым. Судың сәл кермек дәмі болмаса, сол қалпында бұзылмай осы күнге дейін сақталып келеді. Қыста қатпай, жазда бұзылмайтын бұның да өз кереметі бар деп ойлаймын » -деді. Ерімбет кезінде қазақ жастарының білім алуы үшін көптеген Байтудың мешіті, Ақишан, Кәлен ишан, Нұрымбет ишан мешіттерін салдыруға ұйытқы болғанын, жас жігіт Ақпанбетті (Ақишан ) өзі елге әкеліп, бала оқыттырып тәрбиеленгендігін, екеуі өте сыйластықта өмір сүріп, піріміз деп елге сыйлаттырғанын, өмірден озарында, Ақишан бейітінің аяқ жағына жерлеуді тапсырғанын үлкен кісілер айтып отыратын . Екеуі де халық үшін көп еңбек сіңірген әруақты адамдар, екеуі де бізге бірдей аталарымыз. Біріпіріміз, бірі-шайырлардың ұстазы атанған дүр ақын. Бұл кісілер туралы мемлекет тарапынан көп нәрсе атқарылуы керек деп ойлаймыз. Ақишан мешітінің сыртқы, ішкі көрінісі Қазіргі уақытта Ақишан қожаға, Ерімбет шайырға жалпы « Ақишан » қорымындағы жатқан әруақтарға зират етушілер үшін демалатын бөлмелер, асхана, намазхана бар. Зират етуге Қарақалпақ елінен, Қазақстанның түкпір-түкпірінен халық үздіксіз келіп тұрады. Ақтаудың ақ тасынан жасалынған баба ескерткіші Ескерткіш-ел тарихы Ұлттық мәдениетіміздің бір тармағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін ,олардың қалдырған өнегесін кейінгі ұрпаққа танытар тарихи-мәдени ескерткіштер екені анық. Ескерткіш – ұлы адамдарды немесе тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін жасалатын мүсіндік шығарма.Бұл атау монумент деген ұғымның мағынасына жақын,бірақ ескерткіш әдетте дүние салған адамдар құрметіне тұрғызылады.Ескерткіштің кең тараған түрі –көлемі нақты тұрпаттан үлкендеу, көрнекі жерге ( қала алаңына,паркке,тарихи орындарға,ұрыс даласына,тарихи адамдардың тұрған жерлеріне ) орнатылатын мүсіндік бейне. Өлген адамға ескерткіш орнату ерте заманда-ақ пайда болған. Қазақстанда ескерткіш орнату 50-жылдардан кейін кең өріс алды.Мүсінші Х.Наурызбаевтың « Абай Құнанбаев » ( 1960 жыл ) ,« Шоқан Уәлиханов » ( 1969 жыл ,екеуі де Алматыда ) , « Жамбыл Жабаев » ( 1964 жыл,Жамбыл қаласы ), « Аманкелді Иманов » ( 1959 жыл, Қостанай облысы),
Т.Досмағанбетов « Шокан Уалиханов » (1972 жыл,Көкшетау ) тағы басқа атты мүсін ескерткіштер тұрғызылды. Қазіргі таңда халықтың Ұлттық санасы оянып ,тарихи тұлғалардың танылуына , архитектуралық, архиологиялық ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұраның бай дүниесіне ұмтылысының күн санап дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Өткенге құрметпен қарап ,бүгінгіні қадірлеп, келешектің қамын ойлау көпшілік халықтық санасына кіре бастады. Облыс әкімінің 2006 жылды « Өнер жылы » деп арнайы шешім қабылдауына байланысты, Қазалы ауданы әкімінің ( Н.Талқанбаев ) өкімімен ауданда 2006 жыл « Қарасақал Ерімбет жылы» деп аталып ,арнайы құрылған комиссия игілікті жұмыстар жасады. Атап айтар болсақ, туған жердің түлегі ақын ,шайыр Қарасақал Ерімбетке арнап Қазалы қаласының қақ ортасындағы үлкен бақтың ішіне кесене салынып , алдына шайыр ескерткіші орнатылды. Сонымен бірге көшесін асфальттап, түнгі жарықпен қамтылып, айналасына ағаш егілді. Ел халыққа ат шаптырып ас берілді. Баба рухына зор құрметпен қараған Атырау қаласында тұратын Қарасақал Ерімбет ақынның туысы Дәреже Нәбиқызы Балапанова мен жұбайы Өмірбай Нағашыбаев ақынның кесенесін салуға ақтаудың ақ тасын өз қаражаттарымен жеткізіп берген. Сонымен бірге айтулы республикаға танымал Ақтаулық сәулетші Көпбол Демесінұлы ескерткішті жарты құнына жасап берген.Бұған аудандық « Қазалы айғағы » газетінің 2006 жылғы № 29 санында жарияланған Раушанбек Сейтеновтың «Ескерткіш кешен бой көтеріп келеді » атты мақаласындағы мына жолдар дәлел бола алады. « Ескерткішті Ақтаулық сәулетші Көпбол Демесінұлы бастаған сәулетші мамандар салып жатыр. Көпболдың жанында өз баласы Елдос пен Шымкенттен келген Нұрберген Аманшаев,Аманша Төкеев есімді шеберлер бар. Оларға жұмыссыз жүрген 11 адам көмек көрсетуде. Олар тасты кесу,бетон дайындау сияқты жұмыстарды орындап,шеберлерге көмек беруде. Сәулетші Көпбол Демесінұлын сөзге тарттық. Мені ескерткіш салуға Атыраулық досы Өмірбай Нағашыбаев себепші болып,өзі аталық жағынан күйеу бала болып келеді.Ол маған « қайны атамның ескерткішін салып бересің, салған ақыңды аздан есептейсің »деді. Дос тілегін орындап,ескерткішті жарты бағасына келісіп салып жатырмын ». Жұмыс маусым айының 16 жұлдызынан басталған. Ескерткіштің биіктігі 12 метр, ені мен ұзындығы 6 метр Ақтаудың « Марлен » деп аталатын ақ тасынан сегіз қырлы етіп, ескерткіш кешені тұрғызылған. Ал, шайырдың мүсінін республикаға белгілі суретші, мүсінші жерлесіміз Қайырбай Зәкіров пен Шымкент қаласының тұрғыны, сәулетші Қуандық Мәліков жасаған. Ескерткішке елден түскен 1 миллион теңге қаржы аударылды. « Көп түкірсе-көл » дегендей біреу түйе,түрлі-түсті телевизор,тіпті ат бәйгесіне машина тігуге қаржы беретін азаматтар да табылған. Туған жердің түлегі, жерлес бабамыз ақын, шайыр Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлына арнап кесене салу,ескерткіш орнатуға халық аянбастан арнайы қорға қаржы салды . « Ата сыйлаған азбас » дегендей бұл игілікті шараға барлық жерлестеріміз белсенді түрде бір кісідей атсалысқанын көріп отырмыз.Әрбір азамат елдің көркеюіне, көктеуіне қолғабысын тигізіп отырса қандай ғанибет. Бұндай игілікті іс жастарға үлгі, ұрпаққа өнеге. Аудан үшін , өнер жылы - өнегелі жыл болды.
Қорытынды Қарасақал Ерімбет бабамыз – белгілі әдеби ортаның шығармашылық табиғатымен бірге аталуға лайықты ақын. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Бұрынғы өткен елге танымал киелі бабалар рухын ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Осындай өнегелі іске тамшыдай болса да, үлес қоссам, мен үшін үлкен бақыт. Тәуелсіздік алғалы бағы жанып, әруақты силаған ұрпақтарының арқасында халқы мен қайта қауышқан Сыр сүлейлерінің бірі – Қарасақал Ерімбет туралы ой-пікірімді жерлесіміз Темірбек Смағұловтың мына бір өлең жолдарымен аяқтағанды жөн көрдім. Сыр бойының сүлейі, Қарасақал Ерімбет, Нұсқалы сөздің алыбы, Маржандай сұлу көрінет. Жазбаның жазған негізін, Ғұлама тұңғыш ерің ет. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Әбдісаттар Оспанов «Ұлағат сөзім ұрпаққа», «Маржан» баспасы, 1995 жыл. 5-бет 2. Темірхан Тебегенов «Халық ақындары». «Алматы» баспасы, 1997 жыл. 46-бет 3. «Шапағат - нұр» журналы 2003 жыл. 28-бет 4. «Қазақ темір жолы» журналы 2004 жыл22 бет №7. 5. «Алтын орда» газеті.2006 жыл. 21 қыркүйек. 6. «Қарасақал Ерімбеттің әдеби мұрасы және ақындық орта дәстүрі». Дариға Сатимирова «Арыс» баспасы, 2006 жыл. 7. «Қазалы айғағы» газеті.2006 жыл. 14 сәуір 8. «Тұран қазалы» газеті. 2006 жыл.15 шілде 9. Төлепберген Тілеуқабылұлы «Кіші жүз әлім аталығының шежіресі», Алматы қаласы.2006 жыл.24-41 бет. 10. «Сырдария» кітапханасы Қарасақал Ерімбет «Ұлағат сөзім ұрпаққа» «Фолиант» баспасы, 2009 жыл.