The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.
Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by Гулим Боранкулова, 2024-05-12 12:39:35

Ойындар жинағы2024

Ойындар жинағы2024

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Әлеуметтік – педагогикалық факультеті Мектепке дейінгі және психологиялық-педагогикалық даярлық теориясы мен әдістемесі кафедрасы ОЙЫНДАР ЖИНАҒЫ Бастауыш мектеп оқушыларының коммуникативті дағдыларын қалыптастыруға бағытталған Құрастырғандар: Айтжанова Р.М. Боранқұлова Г.М. Қарағанды-2024


Авторлар туралы мәліметтер 1. Айтжанова Роза Мукантаевна/ Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті/ п.ғ.к., қауымдастырылған профессор/Мектепке дейінгі педагогикалық-психологиялық даярлық теориясы және әдістемесі кафедрасы 2. Боранқұлова Гүлім Мылтықбайқызы/Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті/Педагогика және психология мамандығының 3 курс студенті/Мектепке дейінгі педагогикалық-психологиялық даярлық теориясы және әдістемесі кафедрасы


Түсіндірме жазба Білім сапасын арттыру Қазақстан үшін де, бүкіл әлем қауымдастығы үшін де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда білім берудің мақсаты негізгі құзыреттіліктерді қалыптастырумен байланасты. Негізгі құзыреттіліктердің бірі – коммуникативтік құзыреттілік, ал оқушылардың коммуникативті дағдыларын қалыптастыру оқу үрдісінің сапасын арттыруға әкеледі. Бастауыш мектеп оқушылары үшін коммуникативті дағдыларды меңгеру ойын арқылы жеңілдетіледі, ол оқушылардың өзін, басқаларды, айналадағы әлемді зерттеуіне, әртүрлі рөлдерді ойнауына мүмкіндік береді, сонымен қатар олардың дүниетанымын, бағалау жүйесін және құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді. Ойын арқылы бастауыш мектеп оқушыларының коммуникативті дағдыларын дамытудың мүмкіндіктері мол. Өйткені, біріншіден, ойын мектепке дейінгі бала үшін ең маңызды әрекет болып саналады. Бала ойнай отырып, білім алуға қабілетті. Екіншіден, бүгінгі бастауыш білім беруге қойылып отырған қоғамның талабы баланы әлеуметтендіру, олардың ортада өзін-өзі танытуына, өзгелермен қарымқатынас жасай алуына қажетті дағдыларды меңгерту болғандықтан, ойынның ұйымдастырылған іс-әрекетінде кеңінен қолданылуы осы талаптардың орындалуының да қажетті шарты болып саналады. Бастауыш мектеп жасындағы оқушылары үшін ойын әрекеті әлі де болсын өзінің маңыздылығын жоғалтпайды. Ойын арқылы бала әлеуметтік рөлдерді ойнауға тырысады және қоғамдық қатынастар жүйесіне енеді. Ойын жетекші іс әрекет ретінде балалардың өмірінің алғашқы күндерінен бастап-ақ коммуникативті дағдыларын дамытуда маңызды рөл атқарады. Ойын барысында балалар жан-жақты дамиды, айналасындағы ересектермен және құрдастарымен өзара әрекеттеседі, сөйлеу тілі дамиды, сөздік қоры молаяды, сөйлеудің грамматикалық құрылымы дамиды. «Ұлы Дидактиканың» авторы Я.А.Коменский ойынды «баланың рухани әлемі мен денесінің даму қозғалысы» ретінде бағалап, ойын баланың жасына, халықтың әдет-ғұрпына сәйкес болу керектігін айтты. Оқыту үдерісінде арнайы қолданылатын дидактикалық ойын түрлерінде баланың дамуына қажетті практикалық алғышарттар мол. Ойын барысында баланың әлеуметтік топтағы рөлі арқылы мінез-құлық ережелері меңгеріледі, өзіндік «қоғамның шағын үлгісі» қалыптасып, ол кейіннен «үлкен өмірге көшіріледі». Ойында баланың ұжымда бірлесе әрекет ету дағдысы қалыптасады, балалардың бойында ойын барысында қойылған мақсаттарға жетуге қажетті даралық қабілеттер ұштала түседі; ойынға қатысушыларда сан түрлі құралдар арқылы қалыптасқан мәдени дәстүрлер тәжірибесі саналы түрде жинақталады. Ойын – бұл ересектердің қарым-қатынасымен, мінез-құлқымен танысу құралы, олар мінез-құлықтың үлгісі болып табылады. Ойында балалар қарымқатынастың ең маңызды дағдыларын, жеке қасиеттерді, байланыс орнату үшін қажетті дағдыларды меңгереді. Бала әңгімелесушіні түсінуге


және тыңдауға үйренеді, басқаларға өз ойларын ауызша білдіруге және жағдайға сәйкес күнделікті сұрақтарға нақты жауап беруге дағдыланады. Аталмыш жинақта топ құру және көшбасшыларды табу, танысу ойындары, сындарлы қарым-қатынас дағдыларын, өзара әрекеттесу қабілетін, тыңдай білу және адамды сол қалпында қабылдай білу қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін ойындар жинақталған. Жинақ педагогтерге, мектеп психологтары мен ата-аналарға арналған. Жинақтың мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының коммуникативті дағдыларын қалыптастыру іс-шараларының процесін ұйымдастыруда сынып жетекшісін әдістемелік қамтамасыз ету. Жинақтағы ойындарды орындау барысында келесі міндеттер шешіледі: оқушыларда тұлғааралық өзін-өзі талдау дағдыларын дамыту; бастауыш сынып оқушыларының коммуникативті құзыреттілік негіздерін қалыптастыру; топта жұмыс жасау дағдыларын дамыту; психологиялық кедергілерді жеңуді үйрету, өзін-өзі көрсету, өзін-өзі таныстыру; бір-бірімен жолдастық, достық қарым-қатынасқа тәрбиелеу; жоғарылаған эмоционалды шиеленісті түзету. Қорыта келе, бастауыш мектеп оқушыларының коммуникативті дағдысын дамытуда ойынның маңызы ерекше. А.С. Макаренко «Жақсы ойын жақсы жұмыс секілді, жаман ойын жаман жұмыс секілді» деп есептеген. Ойын – бұл нәтиже емес, үдерістің өзі болатын әрекет түрі. Бала үшін ойын өзін-өзі тану және өзін-өзі көрсету құралы болып табылады. Ойын баланың эмоционалды әл-ауқатын қамтамасыз етеді, әртүрлі ұмтылыстар мен тілектерді, ең алдымен ересек адамдар мен құрдастары арасында қарымқатынасты жүзеге асыруға мүмкіндік береді деген тұжырым жасаймыз.


«Айна» Ойынның мақсаты: Балаларды эмоционалды күйлерді (қуаныш, қайғы, ашу және т.б.) тануға үйрету; вербалды емес коммуникация құралдарын (мимика, ым-ишара, пантомимика) пайдалана отырып, үйлесімді әрекет ету қабілетін дамыту. Ойынның барысы: Ортаға екі оқушы шығады. Жұптар бір- біріне қарсы тұрып, екеуінің бірі уақытша айна болады, яғни өз жұптасының барлық қимылын қайталайды. Содан кейін жұптағылар рөлдерін өзара ауыстырады. Олардың бірі орындаушы, ал екіншісі оның айнадағы бейнесі. Топтың басқа қатысушылары көрермендер, олар жұптың ойынын бақылайды және айна рөлін ойнаушының шеберлігіне баға береді. Осылайша жұптар кезекпен ауысады, топ алдына барлық қатысушылар шығып жаттығады.


«Арқаға сурет салу» Ойынның мақсаты: Тактильді байланысқа шоғырлану және өз сезімдерін тану қабілетін дамыту. Ойынның барысы: Бұл ойында барлық әрекеттерді үнсіз жасау керек. Оқушылар екі топқа бөлініп, бірінің артынан екіншісі тұрып, сап түзейді. Мұғалім ең артында тұрған оқушыларға бір заттың атауы жазылған қағаз ұсынады (мәселен, алма, алмұрт, жүзім, гүл, кітап, ағаш,автомашина т.б). Тапсырма: соңында тұрған оқушы үндемей, алдында тұрған оқушының арқасына әлгі заттың суретін салады. Арқасына сурет салынған оқушы алдында тұрған оқушының арқасына өзінің арқасына салынған затты салады. Суреттер салынып біткеннен кейін мұғалім соңғы оқушыдан арқасына салынған заттың атын сұрап, оны қағазда жазылғанмен салыстырады.


«Әңгіме» дидактикалық ойыны Ойынның мақсаты: Өз ойын ауызша нақты білдіруге, әңгімелесушіні түсінуге және мұқият тыңдауға, естігенін есте сақтауға және оны өзгелерге жеткізе білуге үйрету. Ойынның барысы: Ойыншылар жұпқа бөлінеді. Жүргізуші әр жұпты «Менің сүйікті жануарым» («Менің сүйікті жыл мезгілім», «Менің туған күнім», «Менің сүйікті ойыншығым» және т.б.) тақырыбы бойынша әңгімелесуге шақырады және әңгімелесушінің айтқанын есте сақтауды ескертеді. Қатысушылар 3-5 минут әңгімелеседі. Жүргізушінің белгісі бойынша балалардың әңгімелері тоқтайды және олар жұптарын ауыстыруы керек. Оларға екінші тапсырма беріледі – алдыңғы әңгімелесушілерден естігендерін бір-біріне айту.


«Әткеншек» рөлдік ойыны Ойынның мақсаты: Оқушылардағы коммуникативті дағдыларды, эмпатияны дамыту. Ойынның барысы: Педагог оқушыларды ойын ойнауға шақырып, келесідей жағдаяттарды ұсынады: – Сіз жақсы танитын адамды кездестіріп қалдыңыз, сіз бұл кездесуді қалай қабылдайсыз? – Сіз бейтаныс адамды кездестірдіңіз. Онымен танысыңыз. – Сіздің әлде бір заттан қорыққан адамды кездестірдіңіз, оны тыныштандырыңыз. – Сіз өзіңіздің жақын досыңызды көптен бері көрмедіңіз. Кездесу кезіндегі сіздің реакцияңыз? Оқушылар осы шағын көріністерді ойнап, бір-бірімен байланысып, әңгімені жалғастыруы керек.


«Демалыс» рөлдік ойыны Ойынның мақсаты: Пікірталасқа түсу, түсіндіру, өз пікірін дәлелдеу қабілеттерін дамыту. Ойынның барысы: Балалар, бүгін біз сіздермен топпен жұмыс істеуді және бірлескен шешімдер қабылдауды үйренеміз. Оқушылардан 4 қатысушыда құралатын 5 топқа бөліну сұралады. Әр топ демалысқа барғысы келетін бағытты бірлесіп әзірлеуі керек. Әр топ мүшесінің пікірі ескерілуі керек. Сіздер баратын орындарды, оған жету үшін пайдалануға болатын көлікті және сізге қажет жабдықты таңдай аласыздар.


«Егіздер» рөлдік ойыны Ойынның мақсаты: Монологты сөйлеу дағдысын дамыту. Ойынның барысы: Балалар, бүгін біз «Егіздер» ойынын ойнаймыз. Шеңберге отырыңыздар, мен әрбіріңізге бір ашықхаттан таратамын. Өз кезегінде әрбір оқушы өзінің ашық хатын сипаттауы керек, осылайша сіз бірдей ашық хаттардың жұптарын табуыңыз керек.


«Жылы сөздер» дидактикалық ойыны Ойынның мақсаты: Қарым-қатынаста сыйластықты арттыру, сыпайы сөздерді қолдануға дағдыландыру. Ойынның барысы: Ойын доптың көмегімен, шеңбер бойымен ойналады. Балалар сыпайы сөздер айтып, бір-біріне доп лақтырады. Оқушыларға тапсырма: 1) сәлемдесу сөздерін атау (сәлем, қайырлы күн, сәлем, біз сізді көргенімізге қуаныштымыз, танысқанымызға қуаныштымыз); 2) алғыс айту (рахмет, өтінем); 3) кешірім сұрау (кешіріңіз,айып етпеңіз, ғафу өтінем, өкінішті), қоштасу (қош бол, көріскенше, қайырлы түн).


«Жылан» Ойынның мақсаты: Топ болып әрекет етуге, басқалардың пікірін тыңдай білуге, көмекке келе білуге үйрету. Ойынның барысы: Ойыншылар бірінен соң бірі болып сап түзеді. Әрқайсысы алдыңғы адамның белінен ұстайды. Командадағы соңғы адам - «жыланның құйрығы», ал бірінші ойыншы - «жыланның бас» болып есептелінеді. «Жыланның басының » міндеті - «құйрықты» ұстау, ал «құйрықтың» міндеті - «бастан» құтылу. Бұл жағдайда «жыланның денесі» ыдырап кетпеуі керек. Жыланның басы құйрықты ұстағанда, соңғы ойыншы бас болады немесе жаңа жыланның басы мен құйрығы таңдалады.


«Жұлдызқұрт» Ойынның мақсаты: Оқушылардың бір-біріне деген сенімдерін арттырады. Ойынның барысы: «Балалар, біз сіздермен бір үлкен жұлдызқұрт боламыз және бәріміз бірге осы бөлмені айналып өтеміз». Оқушылар тізбектеле тұрады, қолдарын алдыңғы адамның иығына қояды. Бір ойыншының іші мен екіншісінің арқасы арасында шар қойылады, олар оны барынша жерге түсірмеуі қажет. Шарды қолмен ұстауға қатаң тыйым салынады! Тізбектің бірінші қатысушысы допты қолдарын созып ұстайды. Осылайша, бір тізбекте, бірақ қолдың көмегінсіз оқушылар белгілі бір жолды ұстануы керек.


«Кім мұнда?» шығармашылық ойыны Ойынның мақсаты: Мектеп оқушыларына әр түрлі кейіпкерлердің ең тән белгілерін жеткізуге үйрету, мимика мен ым-ишара құралдарын үйрету. Ойынның барысы: Педагог оқушыларды өте қызықты ойын ойнауға шақырады. «Бауырсақ» ертегісі бәрімізге белгілі, ендеше бүгін біз осы ертегі бойынша оның кейіпкерлері бейнеленген шағын спектакль қоюға тырысамыз. Оқушылар кейіпкерлердің ең өзіне тән белгілерін мимика мен ым-ишара арқылы жеткізуі керек. Ертегіде кейіпкерлер аз болғандықтан, барлығына қатысуға мүмкіндік беру үшін спектакль бірнеше рет қойылады, ал бұл уақытта басқа оқушылар көрермен ретінде әрекет етеді.


«Қолғаптар» шығармашылық ойыны Ойынның мақсаты: Бірлескен іс-әрекет пен қарым-қатынасқа, келіссөздер жүргізе білуге үйрету. Ойынның барысы: Ойнау үшін қағаздан кесілген қолғаптар қажет. Жұп қолғаптардың саны жұп балалардың санына тең болуы шарт. Жүргізуші балаларға бірдей өрнекті, бірақ боялмаған қолғаптарды береді. Балалар жүргізушінің белгісі бойынша жұптарын тауып, үш түсті қарындаштың көмегімен қолғаптарды мүмкіндігінше тезірек бояуға тырысады.


«Құпия» Ойынның мақсаты: Коммуникативті дағдыларын, бір-бірімен қарымқатынас жасау қабілеттерін дамыту. Ойынның барысы: Жүргізуші әрбір қатысушыға әдемі сандықшадан (түйме, моншақ, тиын және т.б.) бір затты«құпия» ретінде береді. Ойыншы өзінің «құпиясын» алақанына салып, оны қысады. Қатысушылар бір-бірін өздерінің «құпиясын» ашуға көндірудің жолын табуы керек.


«Құпия жәшік» Ойынның мақсаты: Коммуникативті дағдыларын дамыту, балаларды белсендіру. Ойынның барысы: Ойын үшін үлкен картон қорап қажет болады. Қорапты қолыңыз еркін өтуі үшін үлкен тесіктерді кесу керек болады. Барлығы 4-6 тесік жасау керек. Сәйкесінше ойынға 4-6 оқушы қатысады. Ойыншылар қорапқа қолдарын салады, сол жерден біреудің қолын тауып, кім екенін, кіммен «кездескенін» болжайды.


«Мақтау» Ойынның мақсаты: Бір-біріне деген ілтипатты қарым-қатынасты дамыту, қарым-қатынастағы кедергілерді жеңуге көмектесу. Ойынның барысы: Балалар шеңберге тұрып, қолдарын біріктіреді. Оқушылар бір-бірінің көзіне қарап, бірнеше жылы сөздер айту керек, көршісін бір нәрсе үшін мақтау керек. Қабылдаушы басын изеп: «Рахмет, мен өте қуаныштымын!» - дейді. Жаттығу шеңбер бойымен орындалады.


«Менің есімім» Ойынның мақсаты: Өзіне деген оң көзқарасты, «Мен» позитивті имиджінің құрамдас бөліктерінің бірі ретінде өз есімін қабылдауды қалыптастыру. Ойынның барысы: Оқушылар шеңбер бойымен тұрып, бір-біріне доп лақтыру арқылы өз есімдерін атап және сол есімінің бірінші әріпіне сәйкес өзінің бойындағы жақсы қасиетін айтады. Мысалы: – Жанерке – жайдары; – Заңғар – зерек; – Гүлжаз – гүлдей; – Дильназ – дарынды.


«Молекулалар» Ойынның мақсаты: Қарым-қатынастан қорықпауға, жылдам бағдарлануға, пікірлес адамдарды табуға үйретеді. Ойынның барысы: Ойын барысында барлық қатысушылар ойын алаңында кездейсоқ қозғалады, ал көшбасшы әр 1-2 минут сайын 1-ден 10-ға дейінгі кез келген санды дауытайды. Мысалы, «үш». Бұл барлық қатысушылар үш адамнан тұратын топ құру керек дегенді білдіреді. Қалыс қалған оқушылар (топ құрамын аталған саннан кем құрғандар) айып ретінде бір тапсырма орындайды: өлең оқиды, ән айтады т.с.с. Ойын барлық сандар аталып болғаннан кейін аяқталады.


«Мұнара» Ойынның мақсаты: Оқушылардың келіссөздер жүргізу, ойын серіктестерімен іс-әрекеттерін үйлестіру және топ болып бірлесіп жұмыс істеу қабілеттерін дамыту. Құрал-жабдықтар: Жиналмалы есептегіш , әр балаға 2-3 ағаш текше. Ойын барысы: Балалар шеңберге отырады, шеңбердің ортасында ойынға қатысушыларға мұнара тұрғызуы керек. Балалар текшелерді кезекпен қоюы керек (бір-бірден). Бұл процесте олар ғимараттың тұрақты күйде болуын қамтамасыз ету үшін текшені қайда орналастырған дұрыс екенін талқылайды. Егер кем дегенде бір текше құласа, құрылыс процесі қайтадан басталады. Педагог құрылыс барсын қадағалап, оқтын-оқтын мұнараның биіктігін өлшеп тұрады. Түсініктеме: Бұл ойын барысында мұғалім жетекші орынға шықпай, сырттан бақылаушы рөлін атқарады. Алайда, егер қақтығыс жағдайының туындау қаупі болса, ол ойын барысына араласа алады. Оқушылар ойын мақсатына сүйене отырып, өз бетінше ортақ тіл табыса алуы, жеткілікті тұрақты биік мұнара тұрғызулары қажет. Ойынның соңында педагог оқушыларға мұнараның биіктігі мен топтық жұмыс арасындағы ұқсастық жайлы сөз қозғайды. Балаларға достық пен ортақ шешімге келу мұнараны құлаудан сақтай алатын іргетас екенін түсіндіреді. Ойын барысында балалар ұжымда қарым-қатынас жасауды ғана емес, сонымен бірге табысты нәтижеге қажетті бірлескен шешімдерді қабылдауды үйренеді.


«Патша балында» рөлдік ойыны Ойынның мақсаты: Өз ойын жеткізе білу қабілетін дамыту, вербалды және вербалды емес қарым-қатынас құралдарын қолдануға үйрету. Ойынның барысы: Педагог оқушыларды ертегілер патшалығындағы балға шақырады. Бірақ оларға тек сәнді көйлекпен балға қатысуға рұқсат етілген. Оқушылардың әрқайсысы костюм ойлап тауып, оны сипаттауы керек. Оқушылар бір-бірінің қандай костюм жасап шығарғанын болжау керек. Басқа балалар костюмді болжауы үшін оқушылар таныс ертегілер мен мультфильм кейіпкерлерін пайдалану керек.


«Орындарды ауыстырыңыз» Ойынның мақсаты: Зейінділікті, өз эмоциялары мен әрекеттерін басқару қабілетін, ұжымдық және үйлесімді әрекет дағдыларын дамыту. Ойынның барысы: Балалар шеңбер болып отырады, психолог барлығына (немесе кейбіреулеріне) ортақ белгіні атайды. Бұл шаштың түсі, жынысы, киім үлгісі бөлшектері және т.б. болуы мүмкін. Айтылған анықтамаларға сәйкес келетін оқушылар бір-бірін көздерімен тауып, вербалды емес белгі беріп, орындарын ауыстыруы керек. Орындыққа соңғы отырған оқушы жүргізуші болады.


«Өзіңе серіктес тап» дидактикалық ойыны Ойынның мақсаты: Мектеп оқушыларының коммуникативті дағдыларын дамыту. Ойынның барысы: Оқушыларға белгілі бір сөздер буындарға бөлінген күйде жазылған карточкалар беріледі. Оқушылар сыныптастарының арасынан карточкадағы сөз құралатын серіктесін табуы қажет. Аталған дидактикалық ойын оқушылардың коммуникативті дағдыларын жақсы дамытады және қалыптастырады.


«Робот» Ойынның мақсаты: Оқушылар арасындағы сенімді нығайту. Ойынның барысы: Ойын жұппен ойналады. Жұптағы бір адам – «робот», екіншісі – «оператор». «Робот» тек «оператордың» айтқанын орындай алады, себебі оның көздері жабық. Жұптар бірге белгілі бір объектіні алып, оны басқа жерге ауыстыруы керек. Осыдан кейін ойыншылар рөлдерін ауыстырады.


«Саусақтар» Ойынның мақсаты: Қатысушыларды ынтымақтастыққа тәрбиелеу. Ойынның барысы: Қатысушылар шеңбер бойымен отырады. Әркім қолдарын жұмып отырады, жүргізушінің бұйрығымен бәрі саусақтарын «ашады». Топтың қатысушылары бір - бірлеріне қарамай, бір ғана санды саусақтарымен көрсетуге тырысу керек. Қатысушылар бір - бірімен келісуге, «заңсыз» әдістермен өз әрекеттерін үйлестіруге ұмтылуларына тыйым салынады. Өз мақсаттарына жеткенше, ойын жалғаса береді.


«Сезімді жеткізу» Ойынның мақсаты: Коммуникативті дағдыларды қалыптастыру, вербалды емес қарым-қатынасты дамыту. Ойынның барысы: Оқушылар сапқа тұрады. Саптың басындағы соңындағы оқушы алдындағы оқушыны түртіп, кез келген сезімді мимикасымен жеткізеді. Екінші оқушы болса, сол сезімді алдында тұрған сыныптасына жеткізуі керек. Саптағы бірінші оқушы соңғы оқушының қандай сезімде болғанын айту керек.


«Сенім шеңбері» Ойынның мақсаты: Оқушылар арасындағы сенімді нығайту. Ойынның барысы: Ойынға қатысушылар тығыз шеңбер құрады. Ортадағы жүргізуші екі қолын айқастырып, артқа құлайды. Ойыншылар оны ұстап алып, шеңбер бойымен алға-артқа лақтыра бастайды. Әрбір қатысушыны жүргізуші ретінде әрекет етуге шақырыңыз. Жүргізушінің көзі байланған болуы тиіс.


«Сурет» Ойынның мақсаты: Оқушылар арасындағы сенімді нығайту. Құрал-жабдықтар: А4 парағы, қарындаш, шарф. Ойынның барысы: Балалар жұпқа бөлінеді. Балалардың бірінің көзі байланған. Осыдан кейін психолог тақтаға қарапайым сурет салады (мысалы, үй мен күн). Көзі байланбаған бала сызба үлгіге сәйкес келетіндей серіктестің әрекеттерін басқаралуы керек. Оқуышылардың қайсысы бірінші сурет салады, ал кім түсіндіруші болатындығын балалар өз бетінше келісіп, таңдайды.


«Суретті аяқта» Ойынның мақсаты: Басқа адамның эмоционалдық күйін түсіну және оны білдіру қабілетін дамыту; ынтымақтастық дағдыларын дамыту. Құрал-жабдықтар: А4 парағы, түрлі-түсті қарындаштар жинағы. Ойынның барысы: Әр бала өз парағына еркін түрде сурет салады. Психологтың белгісі бойынша балалар аяқталмаған суретін қасында отырған балаға береді, ол оны жалғастырады және сурет иесінің қолында болғанша шеңбер бойымен жалғаса береді. Осыдан кейін кім нені, кімді және қайда салғаны туралы пікірталас болады.


«Сұхбат» рөлдік ойыны Ойынның мақсаты: Байланыстырып сөйлеу, өз ойын нақты жеткізе білу дағдыларын дамыту. Ойынның барысы: Оқушылар 10 қатысушада тұратын 2 топқа бөлінеді. Бірінші топ журналистер, екінші топ атақты адамдар тобы (бизнесмен, спортшы, актер, президент) болады. Бес минут ішінде журналистер сұхбат жүргізгендей белгілі тұлғаның рөлін сомдаған басқа оқушыға кезек-кезек сұрақ қоюы керек. Әр бес минут сайын атақты адамдар тобының оқушылары ауысып отырады. Барлық «белгілі тұлғалармен» әңгімелесуден кейін оқушылар орындарын ауыстырады.


«Тепе-теңдікті сақта» Ойынның мақсаты: Оқушылардың бір-біріне деген сенім сезімін дамыту және топта өзара қолдау атмосферасын қалыптастыруға ықпал ету. Ойынның барысы: Бір-біріңізге кедергі келтірмейтіндей алшақтау және бір аяқтарыңызды көтеріп тұрыңыздар. Бір-бірлеріңізге қолдарыңызбен, денеңізбен көмектесе отырып, тепе-теңдікті сақтай алатындарыңызды көрсетіңіздер. Жұптасып, бір-біріңізге қараңыздар. Бір-біріңіздің қолыңыздан немесе шынтақтарыңыздан ұстаңыздар. Енді арқаларыңызбен бұрылып, арқаларыңызбен сүйеніп отырыңыздар. Серіктесіңіздің арқасына сүйеніп, бірге тұруға тырысыңыздар.


«Шеңбер бойымен ырғақты беру» Ойынның мақсаты: Сынып ұжымының бірлігін нығайту. Ойынның барысы: Сыныптың барлық мүшелері бір ойыншының келтірген ырғағын сол қалпында, шеңбер бойымен кезектесе отырып шапалақтау арқылы қайталайды. Әркім өзінің алдына орындық қояды. Кімде - кім қандай да бір ырғақты тықылдатады. Жанында отырған адам сол ырғақты қайталайды және оған өзінің ырғағын қосады. Үшіншісі, алдыңғы екеуінің тықылдатқан ырғағын қайталап, өзінікін қосады және т.с. Ұмытып қалған немесе дұрыс қайталамағандар ойыннан шығады. Ырғақты аяқпен де тақылдатуға болады. Ондай жағдайда биге барлығы қосылады.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 1 Клюева Н.В. Учим детей общению. - Ярославль, Наука, 2006. - 188 с. 2 Практикум по психологическим играм с детьми и подросткам / под ред. М.Р. Битяновой. - СПб. Питер, 2008. - 304 с. 3 Селиверстов В.И. Дидактические игры с детьми. - 3-е изд., перераб. - М.,: Просвещение, 2000. - 190 с. 4 Фомин Е.А. Игра как средство воспитания коллектива. - М.,: Просвещение, 2006. - 198 с. 5 Хузеева Г. Р. Диагностика и развитие коммуникативной компетентности дошкольника: психолого-педагогическая служба сопровождения ребенка. М.,: ВЛАДОС, 2014. - 80 с. 6 Ясова А.П. Воспитание общественных качеств у ребенка в игре. Роль игры в воспитании детей. - М.,: Педагогика, 2006. - 110 с.


Click to View FlipBook Version