The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.
Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by koilibaevagulnur, 2022-03-30 11:43:16

Ақыл қалта

Ақыл қалта

Бальтасар Грасиан
Ақыл қалта

Испанның ұлы жазушысы Бальтасар Грасиан лайықты өмір сүрудің
тəсілдерін зерттеп, кейінгіге мəңгі мұра боларлық ақыл кітабын
қалдырған. Кітап бұдан үш жарым ғасыр бұрын жазылғанына
қарамастан бүгінгі күнге үндес. Себебі барлық дəуір, барлық ортада
адамгершілік қағидалары бірдей. Кітап көп елдердің тілдерінде бірнеше
қайтара жарық көрген. Ол əлемдік пəлсапаның інжу-маржандарының
бірі.

Аударған: Мырзагелді Кемел
АҚЫЛ ҚАЛТА

немесе парасат сабағы, мұнда Лоренсо Грасианның
шығармаларынан алынған нақылдар жиналған

1. ҚАЗІР БƏРІ ЖЕТІЛГЕН. ƏСІРЕСЕ - ЖЕКЕ ТҰЛҒА. Ежелгінің жеті
данасымен* салыстырғанда, қазіргінің бір данышпанынан көп нəрсе
талап етіледі жəне бір кездегі тұтас халықпен дұрыс қатынаста
болудан бүгінгі бір адаммен қалыпты араласу көп шеберлікті қажет
етеді.

/*Ежелгінің жеті данасы деп Фалес, Питтак, Солон, Клеобул,
Периандр, Хилон, Биант алынған/.

2. МІНЕЗ БЕН МƏДЕНИЕТ - бойдағы бар абырой айқын көрінетін екі
негіз. Бірінсіз бірінің орны толмайды. Білім аздық етеді - дарын керек.
Бірақ наданның соры сол, ол өмірдегі бейімділігін, айналысар ісін,
туған өлкедегі, достарының арасындағы алатын орнын білмейді.

3. ЖАСЫРЫН ƏРЕКЕТ ЕТУ. Күтілмеген жағдай - табыс кепілі. Ашық
ойыннан пайда да, қуаныш та болмайды. Өз ниетіңді білдірмесең
қызығушылық тудырасың, əсіресе бұл жоғары дəрежедегі адамдарға
қатысты. Тіпті түсінікті болғың келген кездің өзінде, сырыңды жайып
салуға асықпа жəне көлденең көк аттыға өзіңнің жан дүниеңе кіруге
мүмкіндік берме. Үнсіз ұстамдылық - ізгілік ордасы. Ниетіңді
жариялау оны тұншықтырғанмен бірдей: онда одан күні бұрын
кемшіліктер табады, ал сəтсіздікке ұшыраса екі есе бақытсыз боласың.
Сонымен, өзіңе əрдайым көп көңіл бөлінсін десең, өз əрекетіңде
кемелдікке ұмтыл.

4. ДАНАЛЫҚ ПЕН АЙБЫН - ҰЛЫЛЫҚ НЕГІЗІ. Аты өлмейтіндер
өшпес істер сыйлайды. Адам қаншалықты көп білсе адамдығы
соншалықты болмақ; көп білетін адам құдыретті. Надан үшін дүние -
қараңғы түнек. Ақыл мен күш - көз бен қол; қажыр-қайратсыз даналық

жеміссіз ағаш сияқты.
5. СЕНІ ҚАЖЕТ ЕТСІН: Табынатын адамды мүсінші емес, оны

құдайындай көретін адам жасайды. Саған алғыс айтқаннан гөрі, сенен
өтінсін. Оңбаған ризашылыққа сену - ізгі үмітті жоғалту: алғашқы тез
ұмтылады, соңғысы есте сақталады. Сыпайыларға қарағанда
тəуелділер пайдалырақ: шөлін қандырған соң бұлақты елемейді, сөлін
сығып алған апельсинді лақтырып тастайды. Мұқтаждық біткенде
достық, онымен бірге қызмет те бітеді. Өзіңе деген мұқтаждықты
сақтап отыру, оны толық қанағаттандырмау сенің күнделікті бірінші
ережең болсын, сені үнемі қажет етсін. Бірақ тым тұйықтықпен жақын
адамыңды адасуға мəжбүр етіп, оған өз игілігің үшін жамандық
жасамаған жөн.

6. АДАМНЫҢ ТОЛЫСУЫ. Адам бірден кемеліне келіп тумайды, бірақ
күннен күнге жеке басын жетілдіріп, өз ісінде шеберлік шыңына
өрмелей отырып, ол лайықтылық пен артықшылықтың жоғары
сатысына көтеріледі, бұл талғамның нəзіктенуінен, ақылдың
сұңғылалығынан, пайымдаудың тереңдігінен, тілектердің
мүлтіксіздігінен көрінеді. Бəз біреулер толысуға қол жеткізе алмай-ақ
қояды, оларға əрқашан бірдеңе жетіспей тұрады; ал кейбіреулер оған
кеш жетеді. Сөзі дана, ісі ізгі, кемел кісіні əрдайым парасатты адамдар
құшақ жая қарсы алады, олар онымен тіл табысуды аңсайды.

7. ЖОҒАРЫДА ТҰРҒАНДЫ ЖЕҢУДЕН САҚТАНУ. Жеңу дегеніміз -
өзіңе жек көру туғызу, ал өз мырзаңды жеңу жөнсіз, тіпті қауіпті нəрсе.
Өзінен басым болғанды ешкім ұнатпайды, əсіресе мəртебелі адамдар.
Өз басымдығыңды қажет кезінде, əдемілікті нашар киіммен
жасырғандай көрсетпеуге болады. Көп адамдар, əсіресе осы дүниенің
мықтылары ақылдан басқа сəттілікке, кез келген дарынға қатысты
өзгелерге жол беруге ықыласпен келіседі: ақыл бар дарынның үстінен
салтанат құрады, оны аз ғана ренжіту - оның ұлылығын қорлағанмен
бірдей. Кім биікте тұрса, одан да жоғарырақтан үстемдік еткісі келеді.
Олардың мəртебесі басымдық емес, көмек тілейді; өздеріне берілген
кеңес оларға түсініксіз нəрсені түсіндіру түрінде емес, ұмытылғанды
еске түсіру ретінде айтылса ғана ұнайды. Жұлдыздар бізге көрнекі
сабақ береді: күннің сəулелі перзенттері ешқашан оның шұғыласын
қалқаламайды.

8. ӨЗ ҚҰШТАРЛЫҚТАРЫНА ИЕ БОЛУ - РУХТЫҢ ЖОҒАРЫ
ҰЛЫЛЫҒЫНЫҢ ҚАСИЕТІ. Мұның өзі рухты оған лайық емес төмен
қылықтардан сақтайды. Өзіңе өзің ие болғаннан, өз
құштарлықтарыңды бағындырғаннан артық жоғары билік жоқ.
Дегенмен құштарлық бойды билеп алса, оған дəрежеге жетуге жол
бермеу керек: міне қамықпаудың оңай тəсілі, міне ізгі даңққа апарар
қысқа жол.

9. ӨЗ ЖЕРЛЕСТЕРІҢЕ ТƏН КЕМШІЛІКТЕРДЕН АРЫЛУ. Су өзі ағатын
топырақтың қасиетін өзіне жұттырып, ащы немесе тұщы болуы
мүмкін, ал адамның өзі туылған ортаға байланысты жақсы не нашар
қасиеттері болады. Біреулер игі ниетті аспан астында туғандықтан да
басқаларға қарағанда отанына көбірек қарыздар. Əрбір халыққа, тіпті
ол білімдар өнегелі болса да, қайсыбір табиғи кемшілік тəн; көршілері
оны əдетте əжуалай немесе табалай көрсетеді. Бұл кемшіліктен арылу
немесе оны жасыру оңай шаруа емес: мұндай адамның өз жерлестері
арасында өзгешелігімен даңқы шығады, ал не сирек болса, сол қымбат.
Сондай-ақ, тектік, тектік-таптық, лауазымдық, жасқа байланысты
кемшіліктер болады, егер осылардың бəрі жиылып, ал адам олардан
құтылуға тырыспаса, онда ол кісі төзгісіз құбыжыққа айналады.

10. БАҚЫТ ПЕН ДАҢҚ. Алғашқысы қаншалықты тұрақсыз болса,
соңғысы соншалықты өзгермейтін болып келеді. Бақыт осы өмірде,
даңқ өлгеннен кейін келеді, біріншісі көре алмаушылықты, екіншісі
ізсіз жоғалуды жеңеді. Бақытты тілейді, кейде оған қол жеткізеді;
даңққа еңбек сіңіреді. Ізгі даңқты аңсауды қажыр-қайрат тудырады.
Даңқ əрдайым ұлылардың еншісінде болып келді жəне бола береді, ол
кереғарлықтың серігі: ғажайып немесе құбыжық, тамсандырады, не,
жүрек айнытады.

11. ӨНЕГЕ АЛУҒА БОЛАТЫН КІСІМЕН АРАЛАСУ. Сен үшін
достарыңмен араласу білім мектебі, ал əңгімелесу - ұнамды үйрену
болсын: достарыңа ұстаз ретінде қара жəне оқудан келер пайданы
əңгімеден алар лəззатпен ұштастыр. Ақылдылардың достығы өзара
пайдалы: əңгіме айтушы тыңдаушының мақтауын естіп көңілі өседі, ал
тыңдаушыға ақыл қосылады. Бірақ əдетте біз мұны ұмыт қалдырамыз,
өйткені менменшілдігіміз оған бөгет жасайды. Есті адам күйкі
тірліктің емес, өнегенің мекені болатын жарқын жүзді адамдармен
араласады. Көзі қарақты сөзімен жəне ісімен өздері ғана өнеге беріп
қоймайды, сондай-ақ олардың төңірегіндегілер де ізгі істерімен
ерекшеленеді.

12. ТАБИҒАТ ПЕН ӨНЕР, МАТЕРИАЛ МЕН ЖАРАТЫЛЫС. Сұлулықтың
өзіне де көмектесу керек: көркем нəрсенің өзі егер оның кемшілігін
жасырып, артықшылығын асырып отырмаса ұсқынсыз кейіпке түседі.
Табиғат бізді тағдыр тəлкегіне тастаған екен - өнерге жүгінейік! Онсыз
керемет болмыс та мінсіз бола алмайды. Мəдениетсіз адам жарты
абыройынан айрылады. Жақсы мектептен өтпеген кісіден дөрекіліктің
иісі шығып тұрады: оған кемелдікке жету жолында өзін үнемі жонып
отыру керек.

13. НИЕТКЕ САЙ ƏРЕКЕТ ЕТУ. Адам өмірі - адамның арам ойларымен
күресін білдіреді. Қулық қастық ниетті қолдана отырып күреседі:
күткен нəрсені жасамайды; алдарқату үшін шеберлікпен күш көрсетеді
жəне кенеттен, ойламаған жақтан соққы береді, есін шығаруға

тырысады. Қарсыласының ойын тексеру үшін басқа ниетін алға
тосады, одан кейін жалт бұрылып, шалт қимылдайды да абдырап
қалған жауын жеңіп тынады. Алайда сұңғыла ақыл оның тіміскілеуін
көре біледі, оны қабақ астынан бағып отырады, оның сендіргеніне
қарсы нəрсеге иланады да алдамшы жүрісті сезе қояды; алғашқы
қаскөй шабуылдан соң екіншісін, одан кейін үшіншісін күтеді. Сыры
мəлім болғанын байқаған қаскүнемдік алдау үшін шындықтың өзін
пайдаланып, күшін еселей түседі. Енді ойын ережелері өзгереді,
əдістер де өзгеше болады - қулық шынайылықтың киімін киіп,
зұлымдық ақ көңілділіктің бет пердесін жамылады. Ондайда көмекке
байқағыштық келеді; тереңде жатқан мақсатты көре білген ол беткі
жарықтың арғы жағынан қараңғылықты байқайды, неғұрлым ашық
жатса, соғұрлым құпия сақталатын арам ойды əшкерелейді. Пифонның
түнек бұлттары* Аполлонның нұрлы сəулелерімен осылай күреседі.

/*Пифонның түнек бұлттары Аполлонның нұрлы сəулелерімен
күреседі - бұл космологиялық түсінікте Күннің /Аполлон/ Жерден /
Юнона/ көтеріліп, Күннің қарындасы Айды көзден қалқалайтын
бұлттармен күресін бейнелейді/.

14. МƏН МЕН МƏНЕР. Істің мəні - оның жартысы ғана; істің қалай
бітуі одан да маңызды. Дөрекілік бəріне, тіпті əділдік пен естілікке де
зардабын тигізеді; сыпайылық барлығына көрік береді: жоқты бар,
ақиқатты бал етеді, тіпті кəрілікті жасартады. Сыпайылық достық
ролін табысты ойнап, өмірге сəн береді.

15.АҚЫЛДЫ КӨМЕКШІЛЕРІҢ БОЛСЫН. Билік басындағылардың бір
артықшылығы - оларда төңірегіне ақылды адамдар жинауға мүмкіндік
болады, бұл адамдар биліктілерді надандық қараңғылығынан алып
шығады, ең қиын дауда да жеңіске жеткізеді. Даналардың көмегіне
жүгіну - ұлылардың қасиеті; бұл жеңілген патшаларды құл еткен
армян патшасы Тигранның тағылығынан гөрі əлдеқайда мақтарлық іс.
Біздің көзі ашық заманымызда қожалық етудің жаңа түрі пайда болды -
бұл табиғат дарын сыйлаған адамдарды қызметшілерге айналдыру.
Қысқа ғұмырда көп білуге мүмкіндік аз, ал білімсіз өмір - өмір емес.
Сондықтан білім нəрінен қиындықсыз сусындайтынның, көп жайды
білетіндерге қарағанда көп үйренетіннің, бəрінің даналығына
қанығатынның өнері үлкен. Кеңеске қатыса отырып, ол көпшілік
атынан сөйлейді, ежелгі даналардың нақылдарын тілге тиек етеді,
өзгенің төккен тері арқасында ол шешендік даңқына бөленеді. Ақылды
көмекшілер оған ғылымдағы бар жақсыны сүзіп береді. Ал даналықты
өзіне қызмет еттіре алмайтындар, оны достары арасынан іздесін.

16. АҚЫЛДЫ ІЗГІ МАҚСАТПЕН ҰШТАСТЫРУ - көп табыстың кепілі.
Кемел ақыл мен жасық жігер зорлап қосқан жұбайлар сияқты. Арам
ниет - білік абырой үшін у сияқты, ол ақылдың көмегімен зұлымдықты
одан сайын шеберлікпен жасай түседі. Арам мақсаттар үшін

пайдаланылған үлкен ақыл жек көруге лайық! Санасыз ақыл
есуастықтан да жаман.

17. ƏДІСТЕРДІ ӨЗГЕРТІП ОТЫРУ КЕРЕК, бұл басқалардың назарын
алаңдатып, бұрып əкету үшін қажет. Əрекеттің алғашқы тəсілін
ұстанба -біркелкілік ойыңды біліп қоюға, тіпті ниетіңнің бей-берекетін
шығаруға мүмкіндік береді. Түзу ұшып бара жатқан құсты атып түсіру
жеңіл, ал айнала қалықтап ұшқанды құлату - қиынырақ. Екінші тəсілді
де аяғына дейін ұстанбаған жөн, өйткені бір сəтте бар пиғылың мəлім
болады. Зұлымдық қайда деме - аяқ астында. Оған шалдырмау үшін
сұңғылалық қажет. Тəжірибелі ойыншы қарсыласы күтіп отырған
жүріске аяқ баспайды.

18. ЫҚЫЛАС ПЕН ДАРЫНДЫЛЫҚ. Бұларсыз ұлылық мүмкін емес, ал
кісі бойынан осы екі қасиет те табылған кезде ол кемелдікке кенеледі.
Ынтасыз дарындылыққа қарағанда, ыждаһатты орташалық көп
нəрсеге қол жеткізеді. Даңқ құны еңбектің бағасымен өтеледі; жеңіл
келген нəрсе қадірсіз болады. Тіпті жоғары қызметте де ынта керек: ол
əдетте кісінің қабілеттілігін көрсетеді. Жай істе бірінші орынды
қанағат тұтпай, жоғарғыдан тым болмаса ортаңғы орынға ұмтылатын
адамды оның ұмтылысының ізгілігі үшін кешіруге болады; бірақ
қатардағы шаруада көзге түсе алғанымен, жоғарғы істегі орташа
орынды қанағат ететін кісіге кешірім жоқ. Сонымен, мінез бен өнер
керек, ал олардың одағын ынта нығайтады.

19. КӨП НƏРСЕДЕН ҮМІТТЕНІП БАСТАМАУ КЕРЕК. Шамадан тыс
мақталған нəрсе көп жағдайда үмітті ақтамайды. Көңіл көк дөненнен
де жүйрік, арманға берілу жеңіл, оған жету қиын. Қиялдың тілекпен
қосылуынан өмір ауқымына сыймайтын нəрселер туады. Қол жеткен
табыстар қанша татымды болғанмен, олар рухты қанағаттандыра
алмайды жəне ерекше үміттердің билігіндегі ол қуаныш əкелуден гөрі,
көңіліңді қайтарады. Үміт шындықтың өңін айналдыруға шебер;
парасатың оны сабырға шақырсын. Əуелі ынта тудыру үшін біраз
несие берген дұрыс, дегенмен қолдағы барыңызды жайып салмаңыз,
шындық күткеніңізден асып түссін. Бірақ ақымаққа мұндай ереже
жарамайды, тіпті мұнда асыра сілтеу пайдалырақ: ниет іске аспаса да
бəрі риза жəне бұрын сұмдық көрінетін нəрсе енді қанағат етерліктей
болады.

20. АДАМ ЖƏНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ. Аса дарынды адамдардың өздері
өз заманына тəуелді болады. Көп адам өзіне лайық кезеңге тап келе
алмайды, ал тап келгендердің көбі оның биігінен көріне алмайды.
Кейбіреу заманынан озық туады, жақсылық əрқашан салтанат құра
бермейді: əр нəрсенің өз уақыты бар, тіпті аса көрнектінің өзі сəнге
байланысты болады. Бірақ даналықтың бір артықшылығы, ол мəңгілік;
егер бұл ғасыр оның заманы болмаса, онда алдағы ғасырлар оның
еншісіне тимек.

21. БАҚЫТТЫ БОЛУ ӨНЕРІ. Мұның бірқатар амалы бар, бірақ
ақылды адамға оның бəрі бірдей жарай бермейді. Іскерлік табысқа
əкеледі. Біреулер сəттіліктен үміт күтеді. Ақылдырақтары алға
ұмтылады жəне өзіне сеніп əрекет етеді. Өйткені қажыр-қайрат
қанатында бақытқа кездесуге болатынын біледі. Дегенмен бақытқа
апарар төте жол - ізгілік пен ынта-ықылас жолы, өйткені ессіздіктен
өткен бақытсыздық болмайтындай, саналылықтан асқан бақыт та жоқ.

22. ЖАҒЫМДЫ БІЛІМ. Саналы зиялы оқымыстылыққа ие; ол көп
жайдан хабардар жəне нəзік мəнерде ой жүгіртеді; одан əрдайым
тапқыр сөздердің, керемет істердің үлгілерін табуға болады жəне ол
оларды орынды жерінде қолдана біледі. Адамдар көсемсіген ғибраттан
гөрі, тапқыр сөздердің астарында берілген кеңесті ынтамен тыңдайды.
Еркін де өнегелі əңгімелеу өнері кейбіреуге басқа барлық жеті өнерге*
қарағанда көбірек пайдасын тигізеді.

/*«Жеті өнер» немесе «ғылым» - грамматикадан, риторикадан,
диалектикадан, арифметикадан, геометриядан, астрономиядан жəне
музыкадан тұрған. Пəндердің мұндай бөлінуі алтыншы ғасырда
енгізіліп, Еуропа университеттерінде он бесінші ғасырға дейін
сақталды/.

23. ӨЗІҢНІҢ ЕЛЕУСІЗ КЕМШІЛІГІҢЕ ДЕ ТӨЗБЕ. Бұл кемелдіктің
белгісі. Рухани немесе дене кемшіліктерінсіз адамдар сирек кездеседі,
бірақ көбіміз осы кемшіліктерден арылу жолын іздемейміз.
Қасиеттердің керемет үйлесуін кейде болмашы кемістік бұзатынын
көру ақылды адамды қапаландырады - бір тұтам бұлт та күнді
қалқалай алады. Ізгі даңқ нұрындағы дақтарды адамдар бірден
байқайды жəне табанды түрде оларды нысанаға ала бастайды. Өз
кемшілігін жасырып, оны артықшылыққа айналдыра білу өнері
ерекше бағалы. Мысалы, Цезарь басының қасқасын лавр веногымен
жасыру мақсатында Сенаттан венокты күнде киіп жүруге рұқсат алған;
оған дейінгі дəстүр бойынша венокты тек салтанатты жағдайларда
киетін еді.

24. ӨЗ ҚИЯЛЫҢДЫ ЕРКІҢДЕ ҰСТА. Керек кезінде тежей біл, ал
қажет жерінде қамшы бас өйткені ол біздің бар шаттығымыздың ұясы;
сананың өзі кейде оның жетегінде болады. Ол - тиран. Армандауды
қанағат тұтпай, əрекетке араласады, біздің өмірімізге қожалық етеді,
оны өз қалауы бойынша қуанышты не мұңды қылады: біздің өзімізге
риза -риза емес екеніміз көбіне оған байланысты. Ол біреулерді
уайым-қайғыға батырады, ал басқаларды лəззат пен рахатқа бөлейді.
Оны жоғары синдересис* ауыздықтамайынша, одан кез келген нəрсені
күтуге болады.

/*синдересис - дұрыс интуициямен үйлесетін нəзік түсінік/.
25. КӨРЕГЕНГЕ МАДАҚ. Бұрындары ой жүгірту дағдысы бəрінен

жоғары саналатын; енді бұл аздық етеді - қазір алдауды байқай білу, ең
бастысы оны əшкерелей алу маңызды. Алды-артын көре білмейтін
адамды ақылды деп айту қиын. Көңіл түкпіріндегіні біліп қоятын
сəуегейлер болады. Біз үшін ең маңызды шындықтар тек жартылай
ғана айтылады, бірақ зерек түйсік оларды тұтасымен қабылдайды.
Егер саған мархабат етсе, өз сеніміңнің шылбырын бос ұста, ал егер
саған жаулық ниет көрсетсе, делбеңді қағып, айдай жөнел.

26. ƏРКІМНІҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАБА БІЛУ. Адамдарды басқару
өнерінің мəнісі осы. Оған өжеттік емес, ысылғандық, адаммен тіл
табыса алу дағдысы керек. Əр адамның өз құштарлығы бар жəне олар
əртүрлі, өйткені олардың табиғи бейімділіктері бірдей емес. Барлық
адамдардың өз ардақтысы болады: біреулер қадір-құрметті ұнатады,
біреулер - пайданың құлы, ал көпшілігі рахатқа берілгенді қалайды.
Мəселенің мəнісі кімнің нені ұнататынын білуде жəне осыған орай
оның көңілін табуда. Алғашқы себепті ізде: ол əрқашан жоғары мəнге
ие бола бермейді, өйткені парасатты кісілерден гөрі, əдепсіз адамдар
көп. Кісінің үстінен аңдаусызда шығып, оның жанды жерін таба білу
жəне шабуылды нақ сол құштарлығына қарай бағыттау керек, сонда өз
дегенімен жүретін адамды да жеңіп шығасың.

27. БІРДЕН КӨП НƏРСЕГЕ ҰМТЫЛМАЙ, ТЕРЕҢГЕ БОЙЛАУ.
Ұлылықтың мəні санда емес, сапада. Асыл нəрсе əрқашан сирек
кездеседі; көп нəрсе қадірсіз болады. Адамдардың арасында да бойы
биік алыптардың əдетте ақылы қысқа болып келеді, Кейбіреулер
кітаптарды олардың көлеміне қарай бағалайды, кітаптың қолды
жаттықтыру үшін емес, бастың ойлануы үшін жазылатынын
ескермейді. Тек көлденеңіне қарай өссең, қарабайырлықтың
ауқымынан шыға алмайсың. Əмбебап адамдардың соры сол, олар
бəрінен хабардар болуға ұмтылатындықтан, түбінде ештеңені жөнді
біліп шыға алмайды. Тереңдік қана шынайы басымдық береді.

28. АРЗАНДЫҚТАН, КӨПШІЛІК ҚОЛДЫЛЫҚТАН САҚТАН. Əсіресе
талғам жағынан. Оу, өзінің шығармалары көпшілікке ұнағанын
білгенде қапаланған данышпан ғана ұлы*. Жаппай мадақтау
ақылдының жүрегін айнытады. Хамелеондар ауамен қоректенетіні
сияқты кейбір адамдар да тобырдың бас ұрғанынан лəззат алады,
тобырдың жағымсыз иісі олар үшін Аполлонның саф демінен артық.
Түсінік те осы сияқты: надандарды тамсандыратын немесе
қорқытатын ғажайыптарға таңданба, тобыр ақымақ келеді, парасатты
ойлау тек таңдаулылардың үлесі.

/*Бұл сөз Сенеканың «Луциллияға адамгершілік хаттар» деген
еңбегінен алынған/.

29. ƏДІЛЕТТІ АДАМ. Ол үнемі еш қорқынышсыз əділдік жағында
болады - тобырдың айғайы да, тиранның зорлығы да оны əділдік

шеңберінен шығуға мəжбүр ете алмайды. Табандылықтың сол фениксі
қайда екен? Шындыққа табынатындар аз. Көпшілік оны мадақтаумен
ғана шектеледі, басқалар оны қауіп жоқ кезде ұстанады, ал жан
алқымға келгенде оңбағандар одан тайқып шыға келеді; қу адамдар
шындыққа адал болып көрінгісі келеді. Шындық достарға, билікке, өз
пайдасына тайсалмай қарсы жүреді, осы сынақта көбіне оны сатып
кетеді. Мекерлер жоғарғыдағылардың мүддесіне тимес үшін одан
танады. Тек тура сөзді адам ғана əрбір жалғандықты сатып кету деп
бағалайды; қырағылыққа қарағанда, өзінің табандылығын мақтан
ететін ол əрқашан шындықты ұстанады. Егер шындық өзінің соңынан
ергендерді тастап кетсе, тұрақсыз ол емес, олар; өйткені олар одан
бірінші болып безіп кетті.

30. ӨЗІҢДІ БОС ІСТЕРМЕН ƏУРЕЛЕМЕУ. Əсіресе бұл қылжақбастыққа
қатысты, ол құрметтен гөрі, жек көру туғызады. Еркелік шіркеуінде
секталар көп, бірақ өзін қадірлейтін адам олардың бəрінен бас
тартады. Əдеттен тыстың да əуесқойлары бар, естілер қашатын
нəрсенің бəрі оларды тартып тұрады; олар үшін ең жақсы рахат -
өзгелерге ұқсамау; рас, мұнымен олар танымал болады, бірақ
құрметтің емес, күлкінің объектісіне айналады. Тіпті ілім дəрістерінде
де шектен шықпаған жөн.

31. БАҚЫТТЫЛАР МЕН БАҚЫТСЫЗДАРДЫ ТАНИ БІЛ,
АЛҒАШҚЫЛАРҒА ҮЙІР БОЛ, СОҢҒЫЛАРДАН АУЛАҚ ЖҮР. Жолы
болмаушылық - көп жағдайда ақымақтық үшін берілетін жаза. Елеусіз
бақытсыздыққа есігіңді ашудан сақтан, ол соңынан көптеген басқа,
əлдеқайда ауыр бақытсыздықтарды ерте келеді. Ойындағы алғашқы
ереже - картаны уақытында пайдалану: кіші күзер карта алдыңғы
жолғы күзердің үлкен картасынан артық. Жол айқын болмаса, ақылды,
сақ адамдардың жанында бол, ерте ме, кеш пе олар жол тауып шығады.

32. ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА БЕЙІМ АДАМ БОЛЫП КӨРІНУ. Билік
басындағыларға оларды қайырымды санаған тиімді: бұл монархтарды
жұрт көзіне ұнамды етеді. Билеушінің жалғыз артықшылығы - ол басқа
адамдарға қарағанда көбірек жақсылық жасай алады. Достасуға кім
дайын болса, сол дос. Бірақ қитығып, жақсылық жасағысы келмейтін
адамдар да кездеседі жəне олар мұны қолынан келмегендіктен емес,
өздерінің өркеуделігінен солай етеді: олар ізгілерге бар тұрғыдан
қайшы.

33. ЖАЛТАРА БІЛУ. Жалтара білу дағдысы өмірдегі пайдалы
ереженің бірі болғандықтан, өзіңнің істерің мен маңызды адамдардың
пікірін керек жерінде қабыл алмау одан да маңыздырақ. Мағынасыз
істер құнды уақытты жеп тауысатын күйе сияқты; бос нəрсемен
айналысқаннан гөрі ештеңе істемеген жақсы. Ақылды ешкімді
жалықтырмайды, бірақ басқалар да сені жалықтырмайтындай күйді
ұстану керек. Бəрінің бабын табуға тырысатын адамның өзіне уақыты

қалмайды. Өзіңе, тіпті, достарыңды да үйір ете берме, ал олардан өзіңе
бергеннен артықты талап етпе. Ынсапсыздықты ешкім ұнатпайды,
əсіресе бұл адамдар арасындағы араласуға қатысты. Қанағат етушілік
достық пен құрметті сақтайды, өйткені сыпайылылық шегінде болады.
Сонымен, сүйіктіңді сүйсең де, рух еркіндігін сақта жəне қарым-
қатынаста жақсы талғамға қарсы күнə жасама.

34. ӨЗІҢНІҢ БАСТЫ ҚАСИЕТІҢДІ БІЛ: өз қабілеттеріңнің озығын
дамыт, бірақ қалғанын да ұмытпа. Əркім өз артықшылықтарын жетік
білсе, өмірде биік белестерге шыға алар еді. Өзіңнің басты дарыныңды
анықтап, ықылас қой; біреулерде ақыл, біреулерде - күш-қайрат басым.
Адамдардың көбі өз қабілеттеріне мəн бермейтіндіктен, көп нəрседен
құр қалады. Жеңіл табыс уақытша масайратады, бірақ бұл уақыт өте
келе өкінішке ауысады.

35. ӨЗ ПІКІРІҢ БОЛСЫН. Əсіресе бұл маңызды істерде керек.
Ақымақтар ойланбайтындығынан опық жейді, істің жартысын да
түсінбейтін, не зиянды, не пайданы көре білмейтін олар ойдағыдай
қимылдай алмайды; олар елеусіз істерге көп мəн береді жəне бəрін
керісінше бағалайды. Көбі ақылы жоқтықтан да оны жоғалтпайды.
Тереңге бойлап, көңіл түкпірінде сақталуы тиіс нəрселер бар. Ақылды
адамның əр нəрсеге өз пікірі болады, бірақ терең, жоғары мағынасы
бар жайға ол ерекше бойлап енеді, өйткені онда өзі ойлағаннан көп
сырға кездесетінін біледі. Ойлану осылай алғашқы пікірден əрі озады.

36. ӨЗ БАҚ-ТАЛАЙЫҢДЫ СЫНА - бірдеңеге қол жеткізу үшін əрекет
ет. Бұл рух салмақтылығын сақтағаннан маңыздырақ. Қырықтан асқан
соң денсаулық туралы Гиппократқа жалбарыну* ақымақтық болатыны
сияқты, ақылды болу үшін Сенекаға жалбарыну одан да қисынсыз. Өз
бақ-талайыңды қисынды басқару - ұлы өнер, дегенмен өз талайының
қашан туатынын ешкім де білмейді. Жұлдыздың оңынан туғанын
байқаған заматта батыл қимылда; ол батылдарды, жəне, арулар
сияқты, жастарды ұнатады. Жолы болмайтынға талаптанып та керегі
жоқ, ол үшін дұрысы шегінген, əйтпесе бақытсыздығын екі еселеп
алуы мүмкін. Ал бақыт құсы қонғандар, тек алға!

/*Рим императоры Тиберийдің пікірі/.
37. ҚҰПИЯ ЖЕБЕЛЕРДІ АТУ ЖƏНЕ ТОЙТАРУ - қатынаса білудің
нəзік шеберліктерінің бірі. Құпия жебелер арқылы ой-ниет тексеріледі,
көңіл түкпірі жасырын əрі терең зерттеледі. Бұл жебелер кейде қауіпті,
опат етуі де мүмкін, күншілдік уытымен суарылған, құштарлық уына
малынған осынау көрінбес найзағайлар күтпеген жерден жасындай
жалт ете қалады. Тобырдың өсегі мен жекелеген адамдардың арам
ниеттерінен құрылған небір қастандықтар жағдайын шайқалтпаған
қаншама адамдар болмашы сөзден масқараға ұшырап, халық
құрметінен айрылды. Кейде жебелер, керісінше, пайда əкеледі, ізгі

даңқты нығайтады. Білім ғана олардан сенімді қорғайды, ал күнібұрын
күткен соққы онша қауіпті емес.

38. ТАБЫСТЫ ОЙЫНДЫ УАҚЫТЫНДА ДОҒАРУ. Тəжірибелі
ойыншылардың ережесі. Лайықты шегіне білу батыл шабуылдағандай
маңызды; қол жеткен нəрсе жеткілікті болғанда тоқтай біл. Үнемі
жолы болғыштық əрқашан күдік тудырады; алма-кезек келу
сенімдірек, қышқыл-тəтті тек тəттіге қарағанда дұрыстау. Бірінен соң
бірі келген сəттіліктен кейін қайғыға тап болуың ғажап емес. Кейде
бақ-талай құсы аз уақытқа қонғанмен, молынан қонады. Сол сияқты,
жолы болғышқа үнемі кездесе беру бақытты да жалықтырады.

39. ГҮЛДЕНІП, ТОЛЫСҚАН НƏРСЕНІ ІЗДЕУ. Табиғаттың бар
құбылысы белгілі бір кезеңде толысу шағына жетеді: оған дейін олар
пісіп, жетіледі, соңынан бұзылады. Бірақ өнер шығармаларының
мүлтіксіз болуы сирек кездеседі, оларды əрқашан одан əрі жетілдіруге
болады. Жақсы талғамның артықшылығы - тек мүлтіксіз заттардан
лəззат алу қабілеті; бұл қасиет екінің бірінде кездеспейді. Ақылдың да
өзінің жоғары дəрежелі толысуы болады; оны тани біл, сөйтіп өзіңді
дамыт.

40. ХАЛЫҚ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ. Жаппай сұқтануды тудыру оңай емес,
ал сүйіспеншілік сезімін ояту одан да қиын; бұл ішінара тағдырдың
арқасында, көбіне тырысудың нəтижесінде орындалады; алғашқысы
бастап береді, екіншісі жалғастырады. Бойдағы қасиеттердің құр өзі
жеткіліксіз, кейбіреу құрметке қол жеткізген соң сүйіспеншілікке
бөлену қиын емес деп ойлайды. Жұрт қастерлесін десең, ізгі істер жаса,
жақсы сөздер мен істерге сараңдық жасама, сүйікті болғың келсе, сен
де сүй. Сыпайылық - озық адамдардың дуалы əдісі. Əуелі əрекет ет,
соңынан қолыңа қалам алсаң да болады, ұрыс майданынан қағаз бетіне
көш. Өйткені жазушылар да халықтың сүйіктілері, көбісі мəңгілік
сүйікті.

41. ШАМАДАН ТЫС МАСАТТАНБАУ. Жағдайды бұрмалап, ақымақ
болып көрінгің келмесе шамадан тыс көтермелеме. Асыра мақтау
түсінік пен талғамның шектеулі екенінің белгісі. Мақтау əуесқойлық
тудырады, тілекті қоздырады, ал егер шындық сенің бағаңнан төмен
болып шықса -əдетте осылай болады - алданған көңіл алданғаны үшін
жек көріп өш алады: ол мақталған нəрсеге де, мақтаған адамға да
бағытталады. Ақылды адам ұстамды болады, ол ысырапшылдықтан
гөрі сараңдық жолын ұстанады. Қадірлі нəрсе сирек кездеседі:
сүйінішің зор болса да, сабырлы бол. Шектен тыс таңырқау жалған
болып та көрінеді; адамдар сенің талғамың мен ақылыңа сенуден
қалады, бұл өзіңе де ұнай қоймас.

42. ТУА БІТКЕН ӨКТЕМШІЛІК ТУРАЛЫ. Бұл - мысы басудың құпия
көздерінің бірі. Жорта істелген қулықтар мұнда жүрмейді. Оған өз

еркінен тыс барлығы да бағынады, тіпті мұны олар сезбей де қалады,
сөйтіп табиғи əміршінің құпия күшін мойындайды. Əмір беру дарынын
иеленген олар қасиеті жағынан корольдер, туу құқы жағынан
арыстандар; олар тағзым етуден тілі байланып қалғандардың жүрегін
баурап алады. Егер басқа қасиеттері қолайынан келгенде, бұл адамдар
мемлекеттік істердің бірінші жүргізушілері болады, өйткені бір
ишаратымен-ақ басқалардың ұзақ сөздеріне қарағанда көп нəрсеге қол
жеткізеді.

43. ОЙЫҢ АЗШЫЛЫҚПЕН, СӨЗІҢ КӨПШІЛІКПЕН БОЛСЫН. Ағысқа
қарсы жүзу ниеті қауіпті. Тек Сократ қана осыған бара алды.
Келіспеушілік қорлаған сияқты болады, өйткені басқалардың пікірін
теріске шығарады, наразылардың қатары өседі, олардың бірі сен
сынаған нəрсені мақтайды, екіншісі мақтағандарды қолдайды. Ақиқат
тек аздаған адамдардың үлесі, ал адасу кең таралған. Дана адамды
алаңдағы сөзіне қарап тани алмайсың - ол онда өз даусымен емес,
іштей келіспесе де ақымақтардың үнімен сөйлейді. Ақылды өзі
айтысуы да қарсы болу да ұнамсыз: ол басқаның пікірін ынта қойып
тыңдайды. Ой еркін, оны зорлауға болмайды. Ол одан да үнсіздік
ордасында болсын, ал жарыққа шыға қалса тек таңдаулы ақылдыларға
келсін.

44. ҰЛЫ ҚАЙРАТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ БІР-БІРІНЕ КӨҢІЛІ АУУ.
Қаhарманға қаhарманмен жақындасу тəн; осы бір жұмбақ та керемет
қасиет - табиғат ғажаптарының бірі. Көңіл мен мінездің бұл туыстығын
ақылы шолақ надандар сиқырдың күші деп бағалайды. Көңілі ауу
құрметтеуден басталады, одан əрі жақсы көрушілік, соңынан əбден
берілушілік келеді. Ол сөзсіз сендіреді жəне еңбек сіңірмей-ақ баурап
алады. Көңілі ауу əдетте шынайы жəне аяушылық түрінде болады;
екеуі де биік рухты рахатқа бөлейді. Оны танып, жаулап алу оңай
шаруа емес, ал осынау тылсым бейімділік жоқ жерде ешқандай
табандылық көмектеспейді.

45. КӨЗДЕГЕН ЕСЕПТІҢ БОЛУЫ, БІРАҚ ОНЫ ТЕРІС ПАЙДАЛАНБАУ.
Ішіңдегі ойыңды байқатпа; ниетің көңіл түкпірінде жатсын, оны
білдіріп қойсаң жек көру туғызасың, əсіресе бұл астарлы есепке
қатысты. Айнала алдау, сондықтан қапы қалма, бірақ күмəніңді
сездірме, əйтпесе саған сезікпен қарайтын болады; бұл қауіпті, өйткені
жаулық ниет тудыра отырып, ол, түсіңе де кірмеген зұлымдықты
қоздырады. Шеберлікпен ойластырылған есеп - əрекеттегі табыс
кепілі; ойлану - оның үздік көмекшісі. Істегі жоғарғы шеберлікке толық
сенімділік қол жеткізеді.

46. ӨЗ ЖИРЕНІШІҢДІ БАСУ. Біз жек көру сезіміне, озық қасиеттерін
көре тұрсақ та, жеңіл берілеміз. Бұл табиғи дөрекі бейімділік кейде
көрнекті қайраткерлерге де тəн. Мінездің бұл ерекшелігін естілік
ауыздықтасын - жақсыны жақтырмаудан өткен масқаралық жоқ;

жақсыны ұнату қаншалықты мақтарлық болса, оны жек көру
соншалықты ұят нəрсе.

47. МІНДЕТТЕМЕ АЛУҒА АСЫҚПАУ. Естіліктің алғашқы ережелерінің
бірі. Ұлы қабілеттер алға тек ұлы мақсаттар қояды; оларға апарар жол
ұзақ, сондықтан да адамдар көбіне орта жолда қалып қояды, басты
нəрсені тым кеш қолға алады. Міндеттемені абыроймен орындағаннан,
одан жалтару əлдеқайда жеңіл. Бұл жерде жеңгеннен гөрі қашқан
дұрыс. Бір міндеттеме екіншісін, одан үлкенін ала келеді, міне адам
осылай түпкілікті шырмалады. Қызу мінезді адамдар болады,
ондайлар өзіне міндеттемені жеңіл қабылдайды, өзін ақылға
жеңдірген көп елікпейді. Ол жеңгеннен гөрі килікпегенді жөн санайды
жəне бір ақымақ орға түскен жерде екінші болғысы келмейді.

48. АДАМ НЕҒҰРЛЫМ ТЕРЕҢ БОЛСА, СОҒҰРЛЫМ ТҰЛҒАСЫ БИІК.
Əрқашан іштегі нəрсе сырттағыдан көп болуы тиіс. Қаржы
жетпегендіктен салынып бітпеген үй сияқты адамдар бар: кіреберісі -
сарай, іші - лашық. Мұндай жерге аялдауға үміттенбе, олармен
мандытып əңгімелесе алмайсың: сөз кездескен кездегі сəлемнен арыға
бармайды. Рас, олар алғаш бір-біріне қошемет сөз айтып, сицилия
арғымақтарындай шабады, бірақ көп көсіле алмайды, ой жоқ жерде сөз
тез бітеді. Олар аңғал адамдарды жеңіл баурап алады, бірақ тереңге
үңіле білетін адам олардың бастары, əлгі дана мысалда айтылғандай,
бос* екенін байқайды.

/*Эзоптың мысалдарынан/.
49. ПАРАСАТТЫ ЖƏНЕ БАЙҚАҒЫШ АДАМ. Ол жағдайға бағынбайды,
қайта оларды уысында ұстайды. Көңілдің терең түкпіріндегіні жаза
баспай таниды. Адамды бір қарағаннан бағалай алады. Оның
ескертулері дөп түсіп жатады, ең құпия ойларды білу қабілеті дамыған.
Ол айқын көреді, терең түсінеді, ақылға қонымды ой жүгіртеді; ол
барлығын байқайды, қамтиды, таниды жəне бағалайды.
50. ӨЗІҢДІ ƏРҚАШАН ҚҰРМЕТТЕЙ БІЛУ. Мұны оңаша кезіңде де
сақта. Өз ұятың сенің ақтығыңның өлшемі болсын жəне өз шешіміңнің
қаталдығы басқалардың пікірінен маңыздырақ. Адамдардың сөзінен
қорқып жөнсіз нəрсе істеме, өз ақылыңның даусына құлақ сал. Өзіңді
сыйлай біл, сонда саған Сенеканың қиялындағы ұстаз* керек
болмайды.
/*Сенека, Адамгершілік хаттар/.
51. ТАҢДАЙ БІЛЕТІН АДАМ. Өмірде көп нəрсе талғамдылыққа
байланысты, ол үшін жақсы талғам мен дұрыс ойлау керек -
ыждағаттылық пен қулық мұнда жүрмейді. Іріктеу жоқ жерде
мүлтіксіздік те жоқ, жақсыны іріктей алу дағдысы артықшылық береді.
Дарыны тасыған, ақылы асқан əрі өте еңбексүйгіш адамдар іс іріктеп

алуға келгенде аңтарылып қалады: əдейі қателескендей ең нашарына
жармасады. Сонымен, бұл туа бітетін ұлы қабілеттердің бірі.

52. ЕШҚАШАН КҮЙГЕЛЕКТЕНБЕУ. Естіліктің маңызды ережесі -
өзіңді ұстай білу. Үлкен сабырлылық үлкен жүрекке тəн, ұлы рухты
байсалды қалыптан шығару оңай емес. Құштарлықтар - рухтың
гуморлары*; олардың шамадан тыс көбеюі ақылды ауруға ұшыратады,
ал бұл ауыздан шығатын болса, ізгі атқа қауіп төнді дей бер. Сонымен,
бақытты кезде де, бақытсыздықта да сені ұстамсыз деп жазғырмас
үшін өзіңе-өзің ие бол - сонда өзгелер сенің рухыңның биіктігіне
таңырқайтын болады.

/*Ежелгі жəне орта ғасырдағы медицинаның негізінде Гиппократ
тұжырымдаған төрт гумор, немесе сөл - қан, флегма, ашық өт жəне қара
өт туралы ілім жатты, адамның денсаулығы мен оның темпараменті
олардың ара салмағына байланысты/.

53. БАТЫЛДЫҚ ПЕН ПАРАСАТТЫЛЫҚ. Парасат көп толғанатын
нəрсені батылдық əп-сəтте шешіп тастайды. Асығыстық - ақымақтың
ісі; кедергіні көре білмейтін қарайламай қимылдайды. Ақылды,
керісінше, баяулықпен титықтатады: көп көрген салмақты келеді. Ұзақ
жиналудың жақсы ойды сəтсіздікке ұшырататын кезі аз емес.
Шапшаңдық - табыс кепілі. Бүгінгі істі ертеңге қалдырма, сонда көп
нəрсені бітіресің. Император Августың сүйікті мəтелінде айтылғандай -
асықпай тездет.

54. ӨЖЕТ БОЛУ. Өлі арыстаннан қоян да қорықпайды, айбынмен
қалжыңдаспайды:* батылың жетпесе бір рет шегінесің, одан кейін
екінші рет шегінуге тура келеді, осылай кете береді: ақыр соңында
алдыңнан сол кедергі шығады - одан да мəселені бірден шешкен дұрыс
емес пе еді? Рух күші дене қайратынан басым; семсер сияқты, оны
əрқашан естілік қынында дайын ұста. Ол - адамның қалқаны. Рух
ынжықтығы дене əлсіздігінен зияндырақ. Көптеген қасиеттері бар
қаншама адамдар батылсыздықтан өлікке ұқсап күй кешті. Табиғаттың
араға тəтті балмен қатар шағып алар азу беруі тегін емес. Сіңір, сүйек
жəне толған тамырдан жаралған тал бойымыздағы рух өрлігі түспесін.

/*Испанның ”махаббатпен ойнамайды” мəтелінің өзгертіліп
айтылуы/.

55. КҮТЕ БІЛЕТІН АДАМ. Ол үлкен ерлік пен шыдамдылыққа ие
болуы тиіс. Ешқашан асықпа жəне қызуланба. Өзіңді билесең -
өзгелерді билейсің. Қолайлы сəтке уақыттың ұзақ жолымен келуге
тура келеді. Сен сабырмен қимылдаған уақыт ішінде болашақ
сəттіліктер мен құпия ойлар пісіп-жетіледі. Геркулестің кісендеулі
күрзісінен гөрі уақыт балдағымен алысқа жетесің. Құдай таяқпен емес,
өкіндіру арқылы жазалайды. Бір данышпан айтқандай: “Уақыт пен мен
- кез келген жауды жеңіп шығамыз”*. Бақыттың өзі шыдамдылықты

өзінің ең тəуір сыйларымен марапаттайды.
/* Император Карл V айтты делінетін сөз/.
56. ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУДАҒЫ ШАПШАҢДЫҚ. Табиғи еті тіріліктің

нəтижесі. Жылдам да өжет ол үшін қиындық та, қобалжу да сөз емес.
Бір адамдар көп ойланғанмен, қолға алған ісін бүлдіріп тынады;
кейбіреу мұны ұзақ ойланбастан сəтті аяқтап шығады. Ақыл
құрылымы ерекше адамдар бар, қиындық кезінде олар бəрінен жақсы
қимылдайды. Мұндай бірегей кісілер ойланып жасағаннан гөрі,
қызулықпен кіріскенде көп нəрсеге қол жеткізеді; бірден бітпеген
істен болашақта үміт күтпейді. Шапшаңдардың өркені өссін, олар
кереметтей ғажаптықпен бəріне үлгереді - ақылға да жылдам, іске де
тыңғылықты.

57. ЖАҚСЫЛАП ОЙЛАНЫП АЛАТЫНДАР. Тез істелген тез бұзылады;
ұзаққа жетсін десең көп еңбектен. Тек мүлтіксіз нəрсе ғана қуаныш
əкеледі, тек сəтті жасалған нəрсе ғана қалады. Терең ой уақыт сынынан
өтеді. Барлық құнды нəрсе қымбатқа түседі - асыл металдардың
балқуы қиын, салмағы да ауыр.

58. ҰСТАМДЫ БОЛУ. Əсіреқызылдыққа ұмтылма, қажеттіден артық
күш жұмсама. Құр бекерге тыраштануға болмайды. Тəжірибелі құсбегі
саятқа керектіден артық сұңқар алмайды. Бойыңдағы барыңды жайып
салма - ертең ешкімді таңдандыра алмайсың. Қайтадан көзге түсу
үшін, əрқашан бірдеңені бүгіп қал: күн сайын жаңа нəрсе көрсететін
адамнан көп үміт күтеді əрі ешқашан оның қазынасының шетіне шыға
алмайды.

59. ЖҰЛДЫЗЫ ОҢЫНАН ТУАТЫН АДАМ. Бақыт қуанышына шаттық
қақпасы арқылы кірген қайғы есігінен шығады - жəне керісінше.
Сондықтан істің ақырын ойлан, əдемі кірудің емес, бақытты шығудың
қамын же. Дабыра-даңғойлықпен басталған іс сəтсіздікпен аяқталады.
Мəселенің мəнісі сол, кіру кезіндегі жұрттың қошеметіне мəз болма,
мұны əркім істей алады, бастысы - сенің кеткенің туралы өкінішпен
еске алатын болсын: сүйікті болу маңызды. Бақыт кетушілерге сирек
ілеседі: ол қуанышпен қарсы алып, селқос шығарып салады.

60. ДҰРЫС ОЙЛАУШЫЛЫҚ. Кейбір адамдар табиғатынан парасатты
болып туады, синдересистің осы сыйымен олар даналыққа дейін
барады -табысқа апарар жолдың жартысын артқа тастайды. Есейіп,
тəжірибенің жиналуына қарай олардың ақылы толысады; пікірлерде
ұстамдылық сезіледі; олар қандай болмасын қайран қалуды ақылдың
азғырушысы ретінде жек көреді, əсіресе əрбір қадамның
маңыздылығы толық сенімділікті талап ететін мемлекеттік істерде
жетіктік танытады. Мұндай басқарушылар іспен де, көмекпен де
қолдауға лайық.

61. ЕҢ ЖАҚСЫ ҚАСИЕТТЕГі ҮЗДІКТІК. Көптеген қасиеттердің ішінде
біреуі басты болуы тиіс. Кез келген белгілі адамның өзіне тəн бір
қасиеті болады; ал қарабайырлық ешкімді қызықтырмайды. Тек бір
нəрседе артық болу ғана топтан шығарып, көрнекті адамдардың
қатарына қосады. Қарапайым істе ерекшелену елеусіздіктен дұрыс:
бірақ оңай жерде даңқ та аз болады. Ұлы істерде көзге түсу патша
айбыны сияқты -таңырқату туғызып, жүректі шымырлатады.

62. ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІ ТАҢДАЙ БІЛУ. Біреулер оңбаған
көмекшілерінің барлығын мақтан етеді. Қатал жазаға лайық қауіпті
мақтаныш! Қызметшінің адалдығы мырзасының қасиетін кеміте
алмайды: сəтті кездегі бар абырой да, сəтсіздіктегі бар мазақ та соған
бұйырады. Даңқ бастықтарға ілеседі. Ол: “Біреудің жақсы немесе нашар
қызметшілері болыпты" демейді, “Əлдекім өз ісінде ақылды не ақымақ
болған екен" дейді. Сонымен, өз атыңның өшпестігін кімнің қолына
сеніп тапсырасың, таңда.

63. АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШ БОЛУДЫҢ АРТЫҚТЫҒЫ. Əрі ол ұлы
болса, артықтық екі еселенеді. Алғашқы жүріс басымдық береді. Егер
оларды басқалар басып озбағанда, көп адам өз ісінің фениксі болар еді.
Даңқты іліп əкететіндер алғашқылар, басқалардың еншісіне аянышты
түйірлер ғана қалады - қанша тер төксең де еліктеуші атынан
құтылмайсың. Өз қабілетіне жаңа жолдар аша білетін дарынды дұрыс
істейді. Даналар жаңалықтарының сонылығымен, жолдарының
саралығымен өздерінің өшпес атын қалдырып кетті. Кейбіреу бірінші
қатарда екінші болғаннан, екінші қатарда бірінші болғанды қалайды.

64. ӨЗІҢДІ ҚАМЫҒУДАН САҚТАУ. Іштей мүжілуден сақтану əрі
көңілге қонымды, əрі пайдалы. Естілік көп нəрседен құтқарады; ол
Луцинаның* бақыты, демек - ризалығы. Ұнамсыз хабарларды таратпа
да тыңдама: олардың есігіңнен кіруіне тыйым сал. Біреулер тəтті
қолпашты күні-түні естуге, ал кейбіреу өсек-аяңды жалықпай тыңдауға
дайын, сондай-ақ Митридаттың усыз тұра алмағаны сияқты**, күн
сайын ренжіспесе көңілі көншімейтіндер де бар. Басқаға, мейлі ол ең
жақсы досың болсын, жағыну үшін бір рет жасалған қылықтан өз
басыңа өмір бойғы қайғы тілеп алсаң - тыныштығыңа одан өткен зиян
жоқ. Кеңес беріп, өзі тысқары қалатынның ризалығы үшін өз басыңа
қарсы ешқашан күнə жасама. Осындай кез келген жағдайда парасат
үнін ұмытпа: соңынан өзің оңбай опық жегеннен, қазір басқа біреу
ренжісін.

/*Луцина - Юнонаның лақап аты, дүниеге келетін жаңа өмірдің
жебеушісі. Римдіктер ерекше құдай ретінде оның құрметіне храмдар
мен алтарьлар салған/.

/**Римдіктердің қас дұшпаны, Понт патшасы Митридат VІ Евпатор
денесін уға үйретіп, уланушылардан қауіптенбес үшін удың белгілі бір

мөлшерін күнделікті қабылдап отырған/.
65. НƏЗІК ТАЛҒАМ. Ақыл сияқты талғам да мəдениетті қажет етеді.

Кім нəзік сезіне білсе жақсыны қаттырақ аңсайды. Түсінік тереңдігі
ұмтылыстың биіктігінен байқалады. Үлкен ыдысты толтыру үшін көп
сұйық кетеді; қырғауыл тойымсыз қомағайлар үшін дəмді тамақ, ал
нəзік талғамды адамдарға - əсемдік белгісі. Рас, батыл ойлардан
қорқамыз, тіпті айқын қасиеттердің алдында күдіктенеміз: жарық
жұлдыздар сирек - тым болмаса мақтауға сараң бол. Талғамдар
жұққыш, қатынасу мен тұқым қуалау арқылы беріледі; сондықтан
жақсы талғамды адамдардың ортасына түсу - үлкен бақыт. Дегенмен,
бəрін шетінен сынауды əдетке айналдырмаған жөн - бұл, əсіресе зəрін
шашудан емес, қылымсудан туса, жек көру туғызады. Біреу
басқалардың таң қаларлық қиялына сүйсініп, Құдай əсемдіктің жаңа
ғажаптары бар жаңа əлем* жасар ма екен депті.

/*Птоломей кестелеріндегі аспан денелері қозғалысының өте
шиеленіскен жүйесімен танысқан Кастилия мен Леонның королі
Альфонс Х, аңыз бойынша, егер ғаламды мен жасасам, оны əлдеқайда
түсінікті етер едім депті. Əсемдіктің жаңа ғажаптары бар жаңа əлем
дегенде осыған мегзелген/.

66. СƏТТІ АЯҚТАУ ТУРАЛЫ ОЙЛАНУ. Кейбіреу мақсатқа жету
туралы ойланудың орнына, о баста ұстаған бағыттан ауытқымаудың
қамын жейді; бірақ ойдағыдай бітпеген іс үшін жазғыру əрқашан ынта-
ықыласты мадақтағанды жоққа шығарады. Жеңімпаз ақталуды керек
етпейді. Көпшілік жағдайды дұрыс бағалауға қабілетсіз жəне тек
жақсы не нашар салдарды көреді; сонымен, мақсатқа қол жеткізген
екенсің, демек ізгі атыңа нұқсан келмейді. Сəтті аяқтау бəріне оң сипат
береді, ал оған жету тəсілдерінің қандай болғаны онша қаперге
алынбайды. Ақылдылардың ережесі - өзге жолмен бастағанды аяқтау
мүмкін болмағанда, нормаға қарсы жүру.

67. МАДАҚТАЛАТЫН ІСТЕРМЕН АЙНАЛЫСУ. Өмірде көп нəрсе
адамдардың пікіріне байланысты. Гүлдер римдіктердің батыс желі -
фавонийды қалай керек етсе, қабілеттер де мақтауды солай қажет
етеді. Бəрі құрметтейтін істер бар, сондай-ақ басқа, жоғары тұрса да
онша көрінбейтін істер болады; алғашқылар бəрінің көз алдында
болатындықтан, барлығы оған сұқтанады; соңғылар таңдаулы əрі
сирек кездеседі, тұңғиық тереңде жатады, оларды қадірлейді, бірақ
ардақтап, даңқын шығармайды. Патша ағзамдардың ішінде
жеңімпаздары атақты болады, сондықтан да Арагонның жаулаушы -
конкистадор корольдерінің даңқы шарықтап кетті. Ұлы қайраткер
даңқ əкелетін істермен айналысады, халық мақтауы оның атын
өшпестей етеді.

68. ОЙ САЛУ. Бұл еске алуға алып келгеннен күрделірек. Кейде еске

салу керек, кейде кеңес беру қажет. Адамдар көбіне
ойланбайтындықтан да қажетті қадамды жасамайды; бұл жағдайда
достық кеңес берген орынды. Ақылдың бағалы қасиеттерінің бірі -
маңызды нəрсені уақытында ұғыну. Мұндай қасиеті жоқтар көп сəтті
қолдан шығарып алады. Зерек көмек берсін, аңқау оны пайдалансын;
бірі пайымды, екіншісі ықыласты болсын. Ой салу өнері ол
бағытталатын адамға пайда əкелген жағдайда өте құнды болады.
Мұны жеңілдікпен жасау керек, бірақ қажет кезде табандылық
танытқан да дұрыс. “Жоқ" деу оңай, “иə" деу қиын: көбіне таппайды,
өйткені іздемейді.

69. АУМАЛЫ-ТӨКПЕЛІ КӨҢІЛ-КҮЙГЕ БЕРІЛМЕУ. Орынсыз
тілектерді уысында ұстайтын адам тегін емес. Парасат өзің туралы
ойлануға, қазіргі жағдайыңды бағалап, оны түзеуге үйретеді. Өзіңді
бағыттау үшін өзіңді таны.* Тұрақсыздық құбыжықтары болады,
олардың көңіл-күйлері мен құштарлықтарында бүр болмайды; өзіне
ие бола алмайтын олар үнемі басын тауға да, тасқа да соғып жүреді.
Мұндай өзгергіштік жігерді жасытып қана қоймай, пайымдауға əсер
етеді, тілекті де, түсінікті де бұрмалайды.

/*“Өзіңді өзің таны” - Дельфтағы Аполлон храмының
маңдайшасындағы жазу. Нақыл Милеттік Фалеске, Лакедемондық
Хилонға, сондай ақ Приендік Биантқа телінеді/.

70. БАС ТАРТА БІЛУ. Үнемі бас изей беруге болмайды. Бұл да көну,
жол бере білу сияқты маңызды, əсіресе билік басындағыларға
маңыздырақ. Мына жайды ұмытпа: біреулердің “жоқ" дегені
басқалардың “иə" дегенінен жайлырақ естіледі, құрғақ келісуден гөрі
сыпайы қайтару жанға жеңілірек. Көпшіліктің аузында əрқашан “жоқ"
тұрады жəне ол бəріне күйініш туғызады; “жоқты" олар бірінші айтады
жəне кейін келіскенмен, бұл енді бұрынғы реніштің əсерінен
бағаланбайды. Бірден бас тартпа, біртіндеп көңілі қайтсын; үзілді-
кесілді бас тартуға да болмайды, бұл қатынасқа көлеңкесін түсіреді.
Үміт ұшқыны қалсын, олар қабыл алмаудың күйінішін басады.
Сыпайылық рақым етудің кемшіліктерін жасырады, жақсы сөздер жоқ
істерді ауыстырады. “Жоқ" не “иə" деп айта салу қиын емес, алдымен
жақсылап ойланып ал.

71. ҚҰБЫЛМАЛЫ БОЛМАУ, ЕСЕРЛІКТЕН ҚАШУ - жібі түзуліктің
белгісі. Есті адам тұрақты болады, бұл даналық кепілі. Ол көзқарасын
себепсіз өзгертпейді. Үлкен істерде тұрақсыз болу - кемшілік. Өзіне бір
күн де ұқсамайтын адамдар бар, тіпті олардың тілектері мен көңіл-
күйлері тұрмақ, ақылдары да құбылмалы: кеше сізді “иə" деп қарсы
алса, бүгін “жоқ" деп түнереді. Оларға адам сенуден қалады.

72. БАТЫЛ АДАМ. Батылсыздық іске шамасы келмеуден де нашар.
Ағын су емес, тұрып қалған су бұзылады. Біреулер басқалар түртіп

қалмайынша бір де қадам жасамайды; себеп ақылдың топастығында
емес, босаңдығында. Қиындықты көре білу үшін ақыл керек, ал одан
шығудың жолын табу үшін кемеңгерлік қажет. Біреулерді ешнəрсе де
абыржытпайды, бұлар - ұлы, табанды ақылдың адамдары; олар үлкен
істер үшін туылған, түсіну айқындығы іс-əрекеттің жылдамдығын
қамтамасыз етеді жəне бар іс оларға жеңіл тиеді. Олардың кейбірі бұл
дүниенің істерін бір жақты қылып, о дүниенің шаруасымен де
айналысып үлгерді*. Өз жұлдызына сене отырып, олар іске бар
батылдықпен, табандылықпен кіріседі.

/*Мұнда 1555 жылы тақтан бас тартып, монастырьға кеткен
император Карл V айтылып отыр/.

73. ЖАЛТАРЫП КЕТУ. Парасатты адамдардың əдісі. Тапқыр əзілмен
олар ең шиеленісті жағдайдан шыға алады. Олар ең бір қызу таластан
күлкімен шығады. Ұлы капитандардың ұлысы* осы қасиетімен даңққа
бөленді. Тікелей бас тартпаудың сыпайы тəсілі əңгіме желісін өзгерту;
кейде түсінбеген сыңайда болудан артық ақылдылық жоқ.

/*Мұнда Италияда француздарға соққы беріп, испан тəжі үшін
Неаполитан корольдігін басып алған жеңімпаз науқанда даңқы
шыққан атақты испан қолбасшысы Гонсало Фернандес де Кордова
айтылып отыр/.

74. МЕНМЕН БОЛМАУ. Халқы көп қалаларда екі аяқты хайуандар да
кездеседі. Өзіне жақындатпау - өзін танымағандардың кемшілігі;
құқық көп болған сайын мінез де шырт келеді. Өзіңді құрметтесін
десең, тіл тигізуден бастама. Долылыққа əрқашан дайын тұратын
мына бір типке көз салып көрші! Кім оған тəуелді болса, соның
басынан қайғы арылмайды, онымен əңгімелесуге жолбарысқа
барғандай сақтықпен жақындайды. Ол өз орнына жеткенше бəрінің
бабын таба біледі, жетіп алған соң осынысының есесін қайырып,
барлығының ызасына тиеді. Қызметі жағынан олар бəрімен болуы
тиіс, бірақ олардың дөрекілігі мен дандайсуы барлығын бездіріп
жібереді. Мұндайлардың əдепті жазасы - олардан бойыңды аулақ
ұстау.

75. БАТЫРЛЫҚ ҮЛГІСІН ТАҢДА: еліктеу үшін емес, жарысу үшін.
Ұлылықтың, даңқтың тірі шежірелерінің дəлелдері аз емес. Соңынан
ілесу үшін емес, басып озу үшін өз істеріңде алғы шептегілерге қара.
Александр өлген Ахиллеске емес* əлі ерліктер жасамаған өзі үшін
жылады. Атаққұмарлықты өзгенің даңқ кернейінің үнінен артық
ештеңе қоздырмайды. Ол қызғаныш та тудырады, жігер де береді.

/*Плутархтың баяндауынша Илиондағы Ахиллестің моласына
венок қойған Александр Ахиллесті бақытты санайтынын мұңая
айтқан, өйткені оның өмірде - адал досы (Патрокл), өлгеннен соң - өз
даңқының ұлы жыршысы (Гомер) болды/.

76. ƏРҚАШАН ƏЗІЛҚОЙ БОЛУ ЖӨНСІЗ. Парасаттылық шын істерде
танылады, ол əзілқойлыққа қарағанда жоғары бағаланады. Үнемі
қалжыңдайтын адам - бос адам. Мұндай адамдар өтірікшілерге
ұқсайды: оған да, бұған да сенбейсің - біреуінен алданып қалудан
қорқасың, екіншісі мазақ етер дейсің. Олардың əзілдеп тұрғанын не
шын айтып тұрғанын ешқашан білмейсің, демек олармен əңгімең
жараспайды. Үнемі қызық-думанда болу іске кедергі. Біреулер
қалжыңбас атын иеленеді, бірақ ақылдылардың құрметін жоғалтады.
Тамаша-сайранның өз сағаты бар, қалған уақыт - іске арналсын.

77. ƏРКІМГЕ БЕЙІМДЕЛУ. Протей ақылды еді - ғалыммен ғалымша,
əулиемен əулиеше араласатын. Көңілді таба білу ұлы өнер: ұқсастық
тілектестік тудырады. Мінездерді танып, соларға орай бейімделу
əсіресе бағыныштылар үшін ерекше маңызды. Тұрмыстық бұл өнер
көп білімді қажет етеді, ол ақылды əрі туа біткен талғамы бар əмбебап
адамға қиынға түспейді.

78. БАСТАУ ӨНЕРІ. Ақымақтық ойланбастан қимылдайды,
ақымақтар - шетінен батыр. Олар өздерінің аңғалдығынан істің
басында кедергілерді көрмейді, есесіне соңынан сəтсіздікке көп
қайғыра да қоймайды. Парасаттылық іске абайлап кіріседі, оның
тыңшылары, Болжау мен Ойлау, бөгетсіз жүру үшін жолға барлау
жасайды. Асығыстықты Байсалдылық сəтсіздікке бұйырған, дегенмен
кейде оны Сəттілік құтқарып қалады. Терең деп ойлаған жерден сақ өт:
Көрегендік су түбін сезе біледі, Парасаттылық жағалауға жетелейді.
Бүгінде адамдармен араласу кезінде қайраңға шығып қалу жеңіл,
лотты жиі түсіріп отыр.

79. ТАУЫП АЙТУ ДАРЫНЫ. Шамадан шықпасаң, бұл кемшілік емес,
қасиет. Аздаған ащылық астың дəмін кіргізеді. Тіпті ұлы адамдар да
өткір сөзбен шаншып алудан қашпайды, бірақ əдептілік пен
сыпайыгершілік ауқымынан шықпайды. Біреулер əзілді амал ретінде
пайдаланады, өйткені кейбіреу оларды шын қабылдағанмен, қайсыбір
нəрселерге қалжың тұрғысынан қарау дағдысы бар. Рухтың мұндай
сабырлылығы - жүректер үшін еліктіргіш.

80. КӨП СЕНЕ БЕРМЕУ. Басқалар туралы көргенімізден естігеніміз
көп болады; біз естігенімізбен өмір сүреміз. Есту шындық үшін
қосалқы есік те, өтірік үшін басты есік. Шындықты біз көбіне көреміз,
бірақ аз естиміз, ал таза күйінде мүлде естімейміз дерлік: онда біреудің
қоспалары болады. Əсіреқызылдық жанаған нəрсенің бəрін өз түсіне
бояйды; ол үшін бастысы - əсер туғызу. Біреуді біреу мақтаған кезде,
əсіресе жазғырған уақытта сақ бол. Айтушының ниетін білуге, оған не
түрткі болғанын түсінуге тырысып бақ. Ойлану сені ақымақтықтан да,
ұждансыздықтан да қорғасын.

81. ӨЗ АБЫРОЙЫҢДЫ ЖАҢАРТЫП ОТЫР. Феникстің артықшылығы.

Ұлы нəрсе де ескіреді, онымен бірге оның даңқы да азаяды. Əдет таң
қалуды кемітеді, ал жаңа қарабайырлық ескі атақты қалқалайды.
Сонымен, қайта түле - айбыныңды, талантыңды, жеңісіңді, бəрін
жаңарт; əр кезде күн сияқты жаңа нұрға бөлен, бір жерде сенің
болмауың өзіңді қалаулы ету үшін, ал бір жерде сонылығың қуаныш
тудыру үшін тұғырларыңды ауыстырып отыр.

82. ЖАМАНДЫҚТА ДА, ЖАҚСЫЛЫҚТА ДА ШАМАНЫ БІЛУ. Бір
данышпан бар даналықты шамаға сайыпты*. Шектен шығу шындықты
да бұрмалайды; апельсинді сыға берсе қышқыл ағады. Егер талантты
ысырап етсе, ол тез таусылады. Ұятсыздықпен сауа берсең, сүт орнына
қан шығарасың.

/*Бұл ойды ежелгі жеті данышпанның қатарына кіретін Клеобул
немесе Солон айтқан болуы мүмкін/.

83. ҰСАҚ САЛАҚТЫҚТАРҒА ЕРІК БЕР. Кейбір кемшілік қасиеттеріңді
ашып көрсетеді. Қызғаныш үнемі тіміскілеп жүреді. Ол кемелдікке
оның мүлтіксіздігін кінə етіп қояды, ешқандай кемшілік
таппағандықтан, бəрін сынауға көшеді; ол Аргусқа* айналады,
кереметтен кемістік іздеп, содан алданыш табады. Жамандау,
найзағай сияқты, неғұрлым биік абыройға түседі. Сондықтан да Гомер
кейде қалғып алсын**, талант немесе ерлік істерде аздап
ұқыпсыздыққа ерік берсін: уға біртіндеп толып, жарылып кетпес үшін
ашуды тыныштандыру керек. Сен осы арқылы мəңгілікті құтқару үшін,
күншілдік бұқасына шапаныңды лақтырғандай боласың.

/*Аргус - жүз көзі бар, оның жартысы əрқашан ашық тұратын аргив
патшасы. Қызғаншақ Юнона оған Юпитердің сүйіктісі, сиырға
айналдырылған Ионды бағуды тапсырады, бірақ Меркурий сыбызғы
үнімен Аргусты ұйқтатып, оның басын алады. Сонда Юнона оның
көздерін тауыстың құйрығына ауыстырады/.

/**Горацийдің сөзі/.
84. ЖАУЛАРЫҢНАН ПАЙДА КӨРЕ БІЛУ. Кез келген нəрсені дұрыс
пайдалану керек: қылыштың жүзінен ұстасаң, қолыңды қанатасың,
сабынан ұстасаң - өзіңді қорғайсың. Ақымаққа достарынан гөрі,
ақылдыға жауларынан келетін пайда көбірек. Игі ниеттілік өте
алмайтын қиындықтарды кейде дұшпандық жеңілдікпен тегістеп
тастайды. Көп адамға олардың жаулары даңқ əкеледі. Жағымпаздық
жек көруге қарағанда қауіптірек; бірі кемшіліктерден құтылуға
көмектеседі, бірі оларды жасырады. Парасатты адам жұрттың ашу-
ренішін өзіне айна ретінде пайдаланады жəне əшкерелеуге тойтарыс
береді не кемшілігін жөндейді. Бақталастықпен, теріс ниеттілікпен
көрші болғанда əрқашан абай болғын.
85. ТӨМЕНШІК БОЛМАУ. Көркем де əсем нəрсе көп қолданылса

солғын тартады. Əуелі оны аңсайды, қолға түскен соң жалықтырады.
Ештеңеге жарамсыз болу үлкен бақытсыздық, бірақ бəріне жағымды
болуға ұмтылу одан кем түспейтін бақытсыздық; сараң болсаң, бəрін
жоғалтасың, бұрын сені бағалағандар алдымен сырт айналады.
Мұндай арзанқолдар кез келген істе кездеседі, бұрын оларға ғажайып
ретінде сұқтанса, енді тұрпайылық сияқты жек көреді. Артық болудың
бір тəсілі -көзге түсуде шаманы білу; кемелдігің кемерінен аса берсін,
бірақ кербездікте ұстамдылық керек. Шырақ неғұрлым қатты жанса,
соғұрлым тез өшеді. Ысыраптағы сараңдық құрметтеу проценттерімен
марапатталады.

86. ЖАМАН ӨСЕККЕ ТАҢЫЛМАУ. Тобырда бас көп, демек жаман
көздер мен улы тілдер де жеткілікті. Өсек бір тараса, жақсылыққа күйе
жағып, масқара лақап таңады, ізгі атпен қоштаса бер. Оған кез келген
ағаттық немесе күлкілі кемістік себеп бола алады, бұлар улы тілдер
үшін шабыт көздері. Кейде қауіпті қарсыластар кемшіліктерді ойдан
шығарып, жұртқа жайып жібереді; ғайбат ауыздар ұлы даңқты ашық
батылдықтан гөрі, өсек-аяңмен жамандағанды ұнатады. Жаман атқа
қалу жеңіл, ал одан құтылып көр! Есті адам мұндай қырсықтан бойын
аулақ ұстайды, əдепсіз дөрекілікке сылтау бермейді, ауруды
емдегеннен, оның алдын алған жеңіл.

87. МƏДЕНИЕТ ПЕН ЫСЫЛУ. Адам жабайы болып туылады:
тəрбиеден соң ол өзіндегі тағылықтан арылады. Мəдениет кісіні адам
етеді жəне ол неғұрлым көп болса, соғұрлым елеулі болады.
Мəдениетті Греция басқа əлемді тағы деп атауға құқы болды.
Мəдениетсіздік - надандықтан: мəдениет үшін ең алдымен білім керек,
бірақ ысылудан өтпесе, оқымыстылықтың өзі дөрекі болады. Ой да,
тілек те, тіл де, бойдағы бар нəрсе əсем де сыпайы болуы тиіс. Бір
адамдар табиғатынан ішкі жəне сыртқы сұлулығымен ерекшеленеді,
ойлары мен сөздері мүлтіксіз болады. Біреулер, керісінше,
ысылмағандықтан, олардың бар табиғи ерекшеліктері, оның ішінде
озық қасиеттері тағы тұрпайылықтың əсерінен солғын тартады.

88. ҚАТЫНАСТА САБЫРЛЫ БОЛУ, КЕҢПЕЙІЛДІК КӨРСЕТУ. Ұлы
адам күнделікті тұрмыста да ұсақ болмайды. Ұсақ-түйекке араласпа;
кейде, рас, оны байқаған да пайдалы, бірақ əдейі емес, аңдаусызда
білгендей бол. Көзқарас кеңдігі - тəрбиелілік негізі. Басқаларды
басқарғың келсе өз сезімдеріңді жасыра біл. Үй ішіндегілердің,
достарыңның, əсіресе жауларыңның көп істеріне немқұрайды қара.
Қазымырлықты ешкім ұнатпайды, ал мінезде ол басым болса төзгісіз
болады. Ұнамсыз жайға үнемі қайта оралып, мінеп отыру
көргенсіздіктің көкесі. Əдетте, əркімнің мінезі оның жүрегінің
үлкендігімен анықталады.

89. ӨЗІН ӨЗІ ТАНУ. Өз мінезіңді, ақылыңды, пікірлерің мен
құштарлықтарыңды таны. Өзіңді танып болмайынша, өзіңе ие бола

алмайсың. Бет үшін айна бар, ал көңіл түкпірін ештеңемен көруге
болмайды; осы жерде өз парасатың саған көңіл айнасы болсын. Өзіңнің
сыртқы əлпетің туралы ұмытуға болады, бірақ əрқашан жан
жайсаңдығын естен шығарма, оны жақсарт, жетілдір. Өз парасатыңды,
іс-əрекетке қабілеттілігіңді тексер; қызбалығыңды сына, жан тереңіне
бойла, қабілеттеріңді екше.

90. ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ӨНЕРІ ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР СҮРУДЕН ТҰРАДЫ. Екі
нəрсе адамның шаруасын тез бітіреді: бірі - ақымақтық, бірі -
азғындық. Біреулер өмірін сақтай алмағандықтан онымен қош
айтысты, кейбіреу өмір сүргісі келмегендіктен де көз жұмды.
Жақсылық сияпат десек, бұзықтық - жаза. Бұзықтық жағдайында өмір
сүргісі келетіндер ажалын тез табады; ал өзін жақсылыққа арнағандар
ешқашан өлмейді. Жан-дүние денсаулығы денеге беріледі, əділдердің
өмірі істеген істерімен де, жасаған жылдарымен де ұзақ.

91. КҮМƏН ТАУСЫЛҒАН КЕЗДЕ ҒАНА ІСКЕ КӨШУ. Əрекет
үстіндегінің сəттілігіне шүбəлану бақылаушының (қарсыластың) өзінің
жолы болмайтынына сенімділікке айналады. Егер қызбалық кезде
ақыл күдіктенсе, қызбалық тараған соң ол сенің қылығыңды
ақымақтық ретінде жазғырады. Істің ақылға қонымды екеніне
күмəндана отырып қимылдау -қауіпті, одан да əрекеттен тартын.
Парасат сенімсіздікке жол бермейді, əрқашан ақылдың айтуымен
жүреді. Əрекет ойға келген сəтте қауіптенуге ұшыраса, мұндай істен
табыс күтуге бола қояр ма екен? Егер ішкі даусың құптаған іс
сəтсіздікке ұшырап жатса, онда жалтақтап кіріскен шаруадан не күтуге
болады?

92. ПАРАСАТТЫЛЫҚ ТРАНСЦЕНДЕНТТІ - сирель бəрінен жоғары.
Бұл істер мен сөздердегі бірінші маңызды ереже, əсіресе қызмет
неғұрлым жоғары əрі құрметті болған сайын маңыздырақ. Дұрыс
ойлаушылықтың грамы қулықтың арробынан* салмақты, ақылды
атану - жоғары атақ. Ақылдылардың мақұлдауын қанағат ет, олардың
даусы сенің əділдігіңе сын.

/*Арроба - испанның салмақ өлшемі, 11,5 кг-ға жуық/.
93. ƏМБЕБАП адам. Ол бар қасиетті бойына сіңірген, бір өзі көп
адамға татиды. Ол өмірге зор қуаныш алып келеді. Көп қырлылық
кемелдік сияқты - өмірге қуаныш сыйлайды. Бар жақсыны бойға
жинау -ұлы өнер. Егер Табиғат адамды көтеру үшін оны дүниедегі бар
жақсының жиынтығы етсе, өнер талғам мен ақылмен тəрбиелеу
жолымен оны шағын əлем етсін.
94. РУХТЫҢ ҚҰПИЯЛЫҒЫ. Абайлағыш кісі өзін құрметтесін десе,
ішкі сырын құпияда ұстайды; онымен тек танысуға болады, бірақ
аяғына дейін түсіне алмайсың. Ешкім сенің мүмкіндіктеріңнің шегін
білмесін, əйтпесе сұқтану түңілуге ауысады. Ешқашан сырыңды білуге

мүмкіндік берме. Өзіңді білмей, тек шамаласа етене таныстықтан гөрі
құрметтірек боласың.

95. ҮМІТТЕН АЙЫРМА, оны талмай қолдап отыр; сенен көп нəрсе
күтсін - ірі ойнаған пайдалырақ. Алғашқы жүрістен бар мүмкіндігіңді
көрсетпе. Ойынның маңызды əдісі - өз білімің мен күшіңді байқатар
сəтті таңдау, сөйтіп күткен үміттен асып түсу.

96. ҰЛЫ СИНДЕРЕСИС ТУРАЛЫ. Бұл ақыл тəжі, даналық негізі; оның
иесі көп нəрсеге үлгереді. Ол аспан сыйы, ең қалаулы нəрсе, өйткені
оған баға жетпейді. Біз жеткен жетістіктің ең бастысы, бəрінен
керектісі: синдересистен айрылған адамды ғана жынды деп атайды;
кім одан құр қалса, сол шын мəнінде мақұрым болғаны. Біздің бар
əрекетіміз синдересистің ықпалымен жасалады, əрбір ісіміз оның
мақұлдауын керек етеді - өйткені ақыл бəріне қажет қой.
Синдересистің мəні - ақылға қонымды нəрсемен əуестену.

97. ЖАҚСЫ АТТЫ БОЛУ ЖƏНЕ ОНЫ САҚТАУ. Ол даңқыңның
шығуына мүмкіндік береді. Жақсы ат қымбат тұрады, оған үлкен
қасиеттер керек, ал қарабайырлық қаншалықты жиі болса, олар
соншалықты сирек кездеседі. Жақсы атқа қол жеткізсең, оны сақтау
жеңіл. Ол көп нəрсеге міндеттейді, құрмет тудыра отырып, ұлылыққа
бөлейді. Шынайы жақсы ат жағдайға тəуелді болмайды.

98. ӨЗ НИЕТІҢДІ ЖАСЫРУ. Құштарлықтар - көңіл терезесі. Өмір
даналығы жасырындықты талап етеді: ашық ойнағанның ұтылу
тəуекелі жоғары болады. Құпия ұстамдылық көрегеннің
қырағылығымен күреске түседі: сілеусін көзге қарақаттың көзқарасы
қарсы тұрады. Ниетіңді ешкім білмей-ақ қойсын, əйтпесе біреу
қарсыласып, біреу жағымпазданып кедергі жасайды.

99. МƏН МЕН КЕЛБЕТ. Нəрсе туралы оның ішкі мəніне емес, сыртқы
түріне қарап ой түйеді; ішке үңілетіндер аз, əдетте сырт пішінді
қанағат тұтады. Бет əлпетің қулықтан хабар беріп тұрса, сенің
адалдығыңнан не пайда.

100. ЕЛІКПЕЙТІН КІСІ - ақылды діндар, зиялы философ. Осындай
болып көрінбеу керек, осындай болу қажет. Философиямен шұғылдану
ой адамдарының басты ісі болғанмен, қазір ол құрметте емес.
Парасаттылық ғылымы елемеуде. Римде оның негізін қалаған
Сенеканы ұзақ уақыт құрметтесе, енді жөнсіздікке балауда. Бірақ,
парасатты ақыл əрдайым даналық негізі, əділдік төрешісі болады.

101. ЖҰРТТЫҢ ЖАРТЫСЫ ҚАЛҒАН ЖАРТЫСЫНА КҮЛЕДІ -
ЕКЕУІНІҢ ДЕ АҚЫМАҚТЫҒЫ БІРДЕЙ. Кез келген нəрсе біреулердің
пікірінше жақсы болғанмен, басқаларға ұнамайды; біреу ұмтылатын
нəрседен екінші қашады. Бəрін өз бетінше қайта жасауға тырысатын
адам -ақымақ. Біреуге ұнамай қалғаннан кемелдікке зиян келмейді,

талғамдар да бет əлпет сияқты алуан түрлі. Жабайы құсқа аңшы
табылады, сол сияқты бірнəрсе біреуге ұнамай қалды деп қапаланба,
оны бағалайтындар да кездеседі. Бірақ мақтағанға да масайрама,
сынаушылар табылады. Шынайы рахаттанудың өлшемі - істің жайын
білетіндердің мақтауы. Бір пікір, бір ағым, бір ғасыр - əлі бəріне өлшем
емес.

102. СƏТТІЛІКТІҢ ІРІ КЕСЕКТЕРІ ҮШІН - ҮЛКЕН ҚАРЫН.
Парасаттылық денесінде үлкен асқазан соңғы рольді атқармайды,
өйткені тұтастың сыйымдылығы бөліктерінің кеңдігіне байланысты.
Ізгі сəттілікті одан да жоғарыға лайықтылар жеңіл қорытады; біреу
тойып кететін тамақ біреудің жұмырына жұқ та болмайды. Көпшілікке
патша тағамы да сіңбейді - ішек жұқа, оларға үйренбеген, жоғары
қызметтер үшін туылмаған. Олардың дөрекілігі осыдан, жағымпаз
қошемет бастарын айналдырады; биіктік олар үшін қауіпті: сəттілікті
шамадан тыс аңсай бергендіктен, олар дандайсудан жарылып кетеді.
Ал ұлы қайраткер одан да үлкенді сыйдыра алатынын дəлелдейді - ол
əуелі жүрегінің шектеулі екенін көрсетуден сақтанады.

103. ƏРКІМ ӨЗ ƏЛІНШЕ ТАҚСЫР. Король болмасаң да, істерің өз
ішіңдегі корольге лайық болсын; істерің өр, ойларың асқақ болсын.
Əрқашан жəне бəрінде корольге шен жағынан болмаса да,
қасиеттеріңмен ұқса, өйткені нағыз патшалық ұжданның биіктігінде;
өзгенің ұлылығына өзі соның үлгісіндегі адам қызықтайды. Əсіресе,
таққа жақын адамдарда шын ұлылықтан бірдеңе болуы тиіс. Олар
күйбең тірліктің салтанатына емес, патшалықтың абыройына қатысты
болғаны жөн; бос менменсуге жол бермей, ұлылықтың мəнін танығаны
абзал.

104. ТҮРЛІ ІСТЕРДІ БАЙҚАП КӨР. Олар алуан түрлі жəне оларды
білген маңызды, ал бұл үшін түсіну керек. Бір істе батылдық талап
етіледі, бір іс нəзіктікті керек етеді. Туралық жеткілікті болатын
істерде табысқа жету жеңіл; екі жүзділікті қажет ететін істер қиынға
түседі. Алғашқыларды жүзеге асыруды жақсы табиғи қасиеттерің
қамтамасыз етеді; соңғылар үшін асқан ыждағат пен тырысу да аздық
қылады. Адамдарды басқару оңай шаруа емес, ал есуастарды, не,
ақымақтарды басқару одан да қиын; басы істемейтіндерді жеңіп шығу
үшін басың екеу болуы шарт. Белгілі бір уақытта жəне белгілі бір істе
адамның тұтас берілуін талап ететін істер ауыр тиеді; тақырыптың
маңыздылығы əр түрлілікпен ұштасып келетін істер ұнамды, өйткені
өзгерістер ынталану туғызады. Іс басқаларға неғұрлым аз тəуелді
болса, соғұрлым лайықты жəне керісінше, іс өзгелердің ауанына
қаншалықты байланысты болса, соншалықты қадірінен айрылады.

105. БЕЙМАЗА БОЛМАУ. Кім үнемі бір іспен шапқылап жүрсе жəне
тек бір жайды ғана талқыласа, сол адам бірінші болып шаршайды.
Қысқалық жүрекке де жылы тиеді, іске де пайдалы: ол көп сөзділік

жеткізбейтін нəрсеге жеткізеді. Қысқа да нұсқа болу бұдан да жақсы;
қысқа қайырылған ақымақтық онша жаман емес. Бос мылжыңдықтан
əңгіменің тоқ етері əлдеқайда артық. Көк мылжыңды ешкім де
тыңдамайтыны белгілі, оның əңгімесінің желісі емес, жеткізетін
формасы діңкелетеді. Кейбіреу бар адам айналып өтетін, лақтырып
тасталған ескі-құсқы сияқты. Ақылды ығыр қылмайды, əсіресе
маңызды кісілердің мазасын алмайды, өйткені олардың бұған уақыты
жоқ. Қысқа да нұсқа айту олардың күнделікті дағдысы.

106. ЖАҒДАЙҒА МАСТАНБАУ. Талантқа мақтанғаннан гөрі, жағдайға
менменсу көбірек түршіктіреді. Маңызды адам болып көріну
қызғаныш қана емес, жек көру де туғызады. Құрмет көруге неғұрлым
дəмеленгендер оны соғұрлым аз көреді; ол пікірге байланысты:
құрметті күшпен ала алмайсың, оған еңбек сіңіріп, шыдамдылықпен
күту керек. Жоғары лауазым үлкен беделді талап етеді. Өз
міндеттемелеріңді орындау үшін, жинаған абыройыңды сақтай біл;
оны пайдаланба, қайта нығайт. Міндетін атқару кезінде көп еңбектеніп
қойдым деп күңкілдейтін адам, осынысымен өзінің оған лайықты емес
екенін, лауазым оның мүмкіндігінен жоғары тұрғанын көрсетеді. Көзге
түскің келсе жолы болғыштықпен емес, бойыңдағы қасиеттермен
мақтан; тіпті корольдің өзін оның сыртқы салтанатына қарап емес,
жеке басының абыройына қарай қадірлеу керек.

107. ӨЗІҢЕ ӨЗІҢ РИЗА БОЛУШЫЛЫҚТЫ БАЙҚАТПАУ. Өзіңді наразы
болумен қинама - бұл жасықтық, бірақ өзіңе масаттану да ақымақтық.
Көп адамда паңдық надандықтан туып, ақымақ лəззатқа бөлейді, бірақ
ізгі атқа ол мүлде пайдасыз. Басқаның сирек қасиеті бойынан
табылмағандықтан, надан өзінің қатардағы қасиетін алданыш етеді.
Табысқа жетуде ынталану үшін жəне сəтсіздікте көп қапаланбас үшін
абайлап өмір сүру əрқашан пайдалы: тағдыр қаталдығы оған күні
бұрын дайындалған адамды көп мойыта алмайды. Гомердің өзі кейде
қалғып кетеді, Александр өзін алдарқату сəтінде өз шенінен төмен
түседі. Кез келген іс жағдайға байланысты - орын мен уақыт ол үшін
үнемі қолайлы бола бермейді. Бірақ ақымақты түзей алмайсың, оның
жараспайтын паңдығы үнемі гүлдеп, үздіксіз өркен жаюда болады.

108. КІСІ БОЛУДЫҢ ЕҢ ҚЫСҚА ЖОЛЫ - достарыңды таңдай біл.
Қатынасудың ықпалы зор - талғам мен əдеттер беріледі, мінез, тіпті
ақыл біртіндеп өзгереді. Жылдам баяумен достассын жəне əркім
осылай істесін; сонда ол ешқандай мəжбүр етусіз ұстамдылыққа
үйренеді, ал өзін басу -үлкен нəрсе. Қарама - қарсылықтың үйлесуі
дүниеге көрік береді жəне оның құрылымын сақтайды; ол болмыста,
əсіресе адамгершілік саласында үйлесім береді. Серіктерің мен
бағыныштыларыңды таңдау кезінде осы өнегелі мысалдан үйрен -
кереғарлықтар өзара əрекеттескенде ақылға қонарлық ортақ шешімге
келуге болады.

109. ЖАМАНДАУШЫ БОЛМАУ. Табиғи бейімділігінен айналасынан
тек қылмыс көретін мінезі зəрлі адамдар бар. Олар бəрін кінəлайды -
біреуді істеген ісі үшін, басқаны өзге қылығы үшін жазғырады. Бұл
мінездің ең бір оңбаған белгісі. Сөге отырып, олар түймедейді түйедей
етеді. Осы бір кəрлі қадағалаушылар Элизиумді* де галераға
айналдырар еді. Ал бұған қызбалық қосылса, оларды ауыздықтау жоқ.
Аңғалдық, керісінше, бəрін кешіреді, бұл арам ниеттен емес, жете
ойламаушылықтан болады.

/*Элизиум - ежелгі грек мифологиясында ержүрек, ізгі рухтардың
өлімнен соң болатын жері/.

110. УАҚЫТЫНДА КЕТЕ БІЛУ. Парасатты адам істен уақытында
кетуді ереже етіп ұстанады. Өз ақырыңды да салтанатқа айналдыра
біл, күн де өзінің ұяға батқанын көрсетпес үшін бұлтқа тығылады; біз
оның батқан-батпағанын тек жорамалдай аламыз. Өрескелдіктен азап
көргің келмесе, қайғыдан күні бұрын кет. Өзіңнен басқалардың сырт
айналуын күтпе, əйтпесе қара үшін тірі болғанмен, құрмет үшін өлі
боласың. Көреген атбегі далада ат құлап, жұрт шабандозды мазақ
етпес үшін бəйге атын қартайғанға дейін пайдаланбайды. Сол сияқты
жас сұлу да қолындағы айнасын уақытында тастағаны дұрыс,
күндердің күнінде əжімді көрсетеді.

111. ДОСТАР ЖИНАУ. Достық - екінші болмыс. Əр дос өзінің досына
сүйкімді; достар арасында бəрі реттеледі. Адамда басқалар оны
қаншалықты бағаласа, соншалықты құн болады, ал олардың аузына
апарар жол жүрек арқылы өтеді. Досыңа көрсеткен ізгі қызметің
ұмытылмайды. Достыққа лайық болудың ең жақсы тəсілі - достық ниет
көрсету. Бойымыздағы бар жақсылық басым бөлігінде басқаларға
байланысты. Достар мен жауларыңның арасында өмір сүруге тура
келеді, сондықтан күн сайын жақын болмаса да тілектес таныс тап.
Сынақтан өткен олардың кейбірі уақыт өте келе сенің сырласыңа
айналады.

112. КІРШІКСІЗ МАХАББАТТЫ ІЗДЕУ. Тіпті Жоғарғы Басты себеп те
өзінің ұлы істерінде оған орын қалдырған. Сезім арқылы махаббат
сенімге кіреді. Кейбіреу өзінің қасиеттеріне сеніп, оны жеңіп алуға
ұмтылмайды, бірақ тілектестік көмектеспеген жерде қанша еңбек
сіңіру керек екенін парасат қана біледі. Кіршіксіз махаббат бəрін
жеңілдетеді, бəрін сыйлайды; бар қасиеттерді ғана марапаттап
қоймайды, көбіне оларды өз қиялында жасап алады - айбынды,
ізгілікті, ғалымдықты, тіпті ақылды ойша елестетеді; кемшіліктерді
көрмейді. Əдетте ол материалдық өмірдің -мінездің, сословиенің,
туыстықтың, отанның, істің ортақтығынан туады. Рух ортақтығы үшін
жоғарырақ түсініктер - дарын, міндеттілік, атақ, сіңірген еңбек керек.
Мұндай берілушілікті жеңіп алу қиын, оны сақтау жеңіл. Оған қол
жеткізуге болады - оны пайдалануды үйрену қажет.

113. БЕРЕКЕ КҮНДЕРІ АУЫР КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДАЛ. Қысқы шанасын
жазда сайлайтын адам ақылды: асықпауға болады, қайырым жеңіл
жасалады, достар да көп. Ауыр күнге сақтағаның болсын: өмір
қымбаттап, заттар тапшыға айналатын уақыт та келеді. Резервте
достарың мен қарыздар адамдарың болсын: қысылтаяң кезде қазір
бағаланбайтын нəрсе əжетке жарайды. Оңбағандықта достар
болмайды - береке күндері ол оларды танымайды, ал ауыртпалықта
оны мойындамайды.

114. БАҚТАЛАСТЫҚҚА ҰРЫНБАУ. Жарыс бар жерде кез келген
талаптану өз зиянын тигізбей қоймайды: біреу өзін күшейту үшін
басқаны даттайды. Əділ күресті таңдап алатындар сирек. Қарсыласың
сыпайылықтан ұмыт болған жылан жылғы кемшіліктеріңді тауып
алады; бақталасы пайда болғанға дейін көп адам құрметтеп өмір
сүреді. Араздық жанжалы күні өткен масқаралықты қайта тірілтеді,
ертедегі сасық былғаныштарды қазбалайды. Бірін-бірі масқаралау
басталады, бұл мақсатта ештеңені аянып қалмайды. Қорлау ең жақсы
əдіс болмаса да, бақталастық онымен өзінің кекшілдігін
қанағаттандырады жəне қорлау қаруын қатты шайқайтыны сонша,
бұрынғы күнəлерден ұмытылғандық шаңы ұшады. Тілектестік
əрқашан бейбітшіл, ал қайырымдылық тілектестік тудырады.

115. МАҢАЙДАҒЫЛАРДЫҢ ЖАМАН МІНЕЗІНЕ КӨНУ, ұсқынсыз
келбетке шыдаған сияқты, əсіресе тəуелді болсаң амал жоқ. Мінезі
кəрлі адамдар бар, олармен өмір сүру де оңай емес, олардан кетіп те
қала алмайсың. Осыған бет-əлпеттің көріксіздігіне көнген сияқты,
бірте-бірте үйрену қажет, əйтпесе кенеттен кəрлі қаhарға ұшырауың
мүмкін. Алғаш олар қорқытады, бірақ алғашқы қорқыныш біртіндеп
тарайды, ал абайлау ашудың алдын алуға немесе оған төзуге үйретеді.

116. АДАЛ АДАМДАРМЕН АРАЛАСУ. Оларға сенуге болады. Олардың
парасаттылығы - істердегі, тіпті айтыстардағы сенімді кепілдік,
өйткені олар өздерінің болмысы бұйырған əрекеттерді істейді.
Оңбағандарды жеңгеннен гөрі, адалдармен күрескен жақсы.
Оңбағандықпен келісе алмайсың, ол ережелерді мойындамайды;
сондықтан да оңбағандардың арасында шынайы достық болмайды, ал
олардың тілектестігі ар-намысқа негізделмеген. Арсыз адамнан қаш;
арын құрметтемейтіннен ешқандай ізгілік күтпе. Ар-намыс -
адалдықтың алтын тағы.

117. ЕШҚАШАН ӨЗІҢ ТУРАЛЫ АЙТПАУ. Əйтпесе не өзіңді
мақтайсың - бұл даңғойлық, не өзіңді даттайсың - ал бұл жасықтық;
өзің туралы айту дегеніміз парасатқа қарсы күнə жасау əрі
тыңдаушыларды қажыту. Мұны достардың арасында да істеме, əсіресе
көпшілік алдында сөйлеуге тура келетін жоғары орында мұндай
əлсіздік сені мазаққа ұшыратады. Отырғандар туралы əңгімелеу де
жөнсіз; сен су астындағы екі жартастың біріне соғыласың, не

жағынасың, не тілің тиеді.
118. СЫПАЙЫ АДАМНЫҢ АТЫНА ЛАЙЫҚ БОЛУ. Осының өзі

жүректерді тартуға жетіп жатыр. Сыпайылық - мəдениеттіліктің басты
белгісі, маңайыңдағыларға сүйікті ететін қасиет, ал ерсілік жек көру
мен түсінбеушілік туғызады. Ерсілік дандайсумен қосылғанда теріс
айналдырады, ал надандықпен араласқанда - жирентеді. Əдептілік
көптік етпейді. Ол жаулардың арасында олардың айбынының сенімді
өлшемі. Ол көп тұрмаса да жоғары бағаланады: қадірліні құрметтейді.
Сыпайылық пен намыстың артықшылығы - олар алғашқыны көрсетіп,
соңғыны сақтайтын адамдарда болады.

119. ЖАУЛЫҚ ІЗДЕМЕУ. Өзіңе жек көрініш туғызудан сақтан. Көп
адам неліктен екенін түсінбесе де жек көре салады. Қаскөй адалдың
алдын орап кетеді. Зұлым зұлымдыққа пайдакүнем пайдаға
ұмтылғаннан да бетер ұмтылады. Тіпті, кейбіреу ешкіммен
жараспайтынын жəне жеңіл қорлай салатынын мақтаныш етеді. Жек
көру жаныңды билеп алса, оны, жаман ат сияқты оңайлықпен кетіре
алмайсың. Қабілетті адамдардан сақтанады, у тілділерді сүймейді,
даңғойларды айналып өтеді, мазақ етушілерден қорқады, ал
лайықтылармен араласады. Сонымен, өзіңді қадірлесін десең, құрмет
көрсет: бейбіт өмір сүргің келсе, бейбітшіл бол.

120. ЗАМАНЫҢМЕН ТАТУ БОЛУ. Қолданыстағы білім ғана жақсы, ал
оған жол жоқ жерде надан болып көрінген дұрыс. Жылдар өтеді,
пікірлер мен сəн өзгереді, ескішілдікті көксеме жəне қазіргі талғамды
ұстан. Бəрі мойындаған талғам бар салада салтанат құрады. Оны ұстан
жəне мүмкіндігінше жақсарт; өткен кезең саған ұнаса да қазіргі кезбен
өмір сүріп үйрен. Тек адамгершілік саласында ғана бұл тұрмыс ережесі
жарамайды, мұнда ізгілік бəрінен жоғары. Біздің уақытта шындықты
айту, сөзде тұру сəннен қалған сияқты; адал адамдар ескі мейірбан
заманнан келген тəрізді; оларды қазір де мақтайды, бірақ не
құрметтеушілері, не еліктеушілері жоқ. О, заманымыздың ұлы
қырсығы! Ізгілікке үрке қараймыз, есесіне оңбағандық етек жайған.
Ақылды біз қалағандай болмаса да, шамасына қарай өмір сүрсін.
Тағдыр салғанға риза болып, бермегенге қайғырмасын.

121. ІС ЕМЕСТІ ІС КӨРМЕУ. Біреулер бəрін əзілге бұрады, біреулер -
айналдырады: барлығын маңызды түрмен талқылайды, əрбір
болмашы нəрсе оларды мазалайды, тұс-тұстан арам ойлар мен қастық
елестейді. Ал іс жүзінде кез келген жолы болмаушылықтан мағына
іздеу - мəнісі жоқ іс. Бойдан серпіп тастайтын нəрсені көңілге алу өзіңді
қинайды. Маңызды көрінетін нəрсе сырт айналсаң болғаны, түкке
тұрғысыз болып шыға келеді; керісінше, кейбір елеусіз жай назарға
қатты іліксе түймедейден түйедей болады. Қырсықпен алғашында
күресу жеңіл; соңынан - қиын. Аурудың өзі кейде шипа болады. Бəрін
нəрселердің өз жөніне жіберу -тұрмыстағы тəуір ереженің бірі.

122. СӨЗДЕР МЕН ІСТЕРДЕГІ ҰЛЫЛЫҚ. Олар сен қайда барсаң да
құрметті орынға отырғызып, басқаларға əсер туғызады. Ол бəрінен
көрінеді - əңгімеден, құлшылық қылудан, тіпті жүріс-тұрыстан,
көзқарастан жəне, əрине, тілектен сезіледі. Жүректерді баурап алу -
ұлы жеңіс! Оған көзсіз ерлікпен де, қалжыңбастықпен де жете
алмайсың - оған тек адамгершіліктен туып, қасиеттерге сүйенетін
сыпайы сенімділік жеткізеді.

123. ЖАСАНДЫ МАҢЫЗДЫЛЫҚТЫ ҚАБЫЛДАМАЙТЫН АДАМ.
Адамда қасиет неғұрлым көп болса, онда жасандылық соғұрлым аз
болады. Оның бір өзі бəріне тұрпайылық береді. Ол маңайдағыларға
ғана емес, даңғойға да ауыр тиеді, ол өз қылықтарынан, жасанды
салтанаттың ұсақ-түйегінен азап көреді. Тіпті жоғары қасиеттер де
көпірмеліктен зардап шегеді, бұл жағдайда оларды бояма ретінде
қабылдайды. Табиғилық əрқашан жасандылықтан ұнамды. Даңғой
адамдарды олар өршелене түсіндірген саласында да ешкім білгір деп
есептемейді. Ісің өрге домалаған сайын, өз еңбектерің жөнінде азырақ
айт, бұл жетілгендікке табиғилықпен қол жеткенді көрсетеді.
Дегенмен, бояма маңыздылықтан қаша отырып, жасанды
қарапайымдылық танытпа. Парасатты адам өз қасиеттерін білетін түр
көрсетпейді - оның селқостығының өзі маңайдағылардың назарын
аударады. Бойына бар қасиеттерді жинай отырып, олар туралы тіс
жармайтын адам екі есе ұлы; ол өзін көптің жаппай мойындауына
өзгеше жолмен жетеді.

124. ҚАЛАУЛЫ БОЛУ. Бүкілхалықтық сүйіспеншілікке бөленген
адамдар сирек, ал тек парасатты кісілердің сүйіктісі болу - бұл да
бақыт. Күнің бітуге жақындағанда, сені салқын шығарып салады.
Ықыласқа ие болудың түрлі тəсілдері бар: сенімдісі - істерің мен
қасиеттеріңмен көзге түсу, жеделі - жағыну. Өз орнына лайық адамға
əрқашан сұраныс бар жəне ол қызметті керек қылғаннан, қызмет оны
керек еткенін бəрі көреді: біреуге отырған орны көрік береді, біреу
отырған орнын көріктендіреді. Егер сенен кейін орныңа ақымақ келіп,
бағаңды көтерсе - ол жұбаныш емес; бұл сені ұнатқандықты емес,
басқаны жек көргендікті білдіреді.

125. ЖАСЫЛ КІТАП БОЛМАУ*. Өзгенің кемшілігін ерекше байқай
бастау - өз құлдырауыңның айқын белгісі. Басқаларға дақ түсіре
отырып, көп адам өзіндегі күйені кетіре алмаса да жасыруға
тырысады. Олар осыны көңілге медеу етеді, бірақ бұл ақымақтардың
жұбанышы. Олардың аузы сасық, өйткені олар қоғам былғаныштарын
жинайтын ор сияқты. Оны қазбалаған əуелі өзін былғайды. Өтірік-шын
болсын əркімнен кір табуға болады: тек бейтаныс адамдардың
кемшіліктері ғана белгісіз. Ақылды өзгелердің күнəсін тізуден
сақтанады, əйтпесе өз жанын тірідей көметінін біледі.

/*Жасыл кітап деп христиандыққа жақында көшкен маврлар мен

еврейлердің генеалогиялық жазбасы айтылған, онда атақты
əулеттердің өткені мен жарамсыз жақтары да тізбеленген/.

126. АҚЫМАҚТЫҚ ІСТЕГЕН АҚЫМАҚ ЕМЕС, ОНЫ ІСТЕП АЛЫП,
ЖАСЫРМАҒАН АҚЫМАҚ. Өз құштарлықтарыңды, əсіресе
əлсіздіктеріңді құпияда ұста. Бəрі қателеседі, бірақ айырма мынада:
қулар істеген ісінен жалтарып кетеді, ал ақымақтар жасамаған ісіне
мақтанады. Жақсы атты болу мінез-құлықтан гөрі үнсіздікке
байланысты; күнəлі екенсің, тым болмаса сақ бол. Ұлы адамдардың
қателіктерін аспан шырақтарының тұтылуы сияқты бəрі байқайды. Өз
қателіктеріңді досыңа да ашпа жəне мүмкін болса оларды өзің де білме.
Мұнда көбірек ұмыту сияқты күнделікті тұрмыс ережесі де жарайды.

127. БАРЛЫҒЫНДА ЕРКІН БОЛУШЫЛЫҚ. Ол абыройды көтереді,
сөзге дем береді, істі жандандырады, адамдағы бар жақсыны
көріктендіреді. Басқа қасиеттер - бойдың көркі, ал қысылып-
қымтырылмаушылық - осы қасиеттердің сəні; тіпті ой жүгіртуде де
оны жоғары бағалайды. Негізінен бұл қасиет туа бітеді, ынта-
ықыласпен қол жеткізу қиын, өйткені ол бар ережеден биік тұрады. Ол
бар нəрседен жеңіл өтеді жəне ішкі еркіндікті білдіреді. Онсыз сұлулық
солғын тартады, сүйкімділікте күш болмайды, ол айбыны, ақылға,
даналыққа, тіпті патша ұлылығына тəн. Ол қабыл алмауға
жағымдылық береді, кез келген қиындықтан жеңіл шығады.

128. РУХ БИІКТІГІ. Қаhарманның негізгі белгілерінің бірі, өйткені ол
ұлылықты бəріне ғашық еткізеді: талғамға нəзіктік, жүрекке кеңдік,
ойға шарықтау, мінезге ізгілік береді жəне кісіні ұлылыққа бейімдейді.
Оны қайда болмасын бірден байқайсың; тіпті күншіл тағдыр
қудалағанның өзінде ол жоғары өрлейді, мүмкіндігі шектеулі болса да
тілектері биік келеді. Ол - кең пейілдіктің, ізгіліктің жəне бар
қаhармандықтың жұрт таныған бастауы.

129. ЕШҚАШАН ШАҒЫМДАНБАУ. Шағымдану əрқашан зиянын
тигізеді; ол аяушылық сезімін оятқаннан бұрын ашу тудырады; ол
басқа осындай жəбірге апарар жолды көрсетеді жəне алғашқы жəбірді
білгені екінші жəбірелеуші үшін ақталу болады. Біреулер өздерінің
өткенде көрген жəбір-жапасын айтамын деп табалауға ұшырайды,
тіпті, жек көру туғызады. Одан да басқалардың қолтығына су бүрку
ниетімен біреулердің ісін мақтау немесе өзгелерге түрткі болу үшін
біреулердің сыпайылығы туралы айту ақылға қонымды. Абайлағыш
адам өзінің көрген жəбірлері мен жіберген кемшіліктерін айтпайды,
бірақ достарын сақтап, жауларын тежеп отыру үшін құлаққа жағымды
сөздерді айтуды ұмытпайды.

130. ІСТЕГЕН ІСІҢДІ КӨРСЕТЕ БІЛУ. Əдетте ішіне үңіліп жатпайды,
сыртына қарап бағалайды. Қасиеттерің болып, оларды көрсете білу -
абырой: көрінбей тұрған нəрсе жоқ нəрсе сияқты. Түрі келіспей тұрса

ақылдың өзі құрмет көрмейді. Өйткені көрегендерге қарағанда
алданып қалатындар əлдеқайда көп; алдану басым, бар нəрсе туралы
сыртқы бейнесі арқылы ой түйеді жəне көбі іс жүзінде ойлағандай
емес. Келісті пішін - ішкі қасиеттеріңнің көрінісі болсын.

131. МІНЕЗ СҰЛУЛЫҒЫ. Жанның да өз əсемдігі бар, оның кербездігі
- істелген қылықтың тартымдылығы жүректі рахатқа бөлейді. Ол
жұрттың бəріне берілмеген, бұл рухтың ұлылығына байланысты.
Оның алғашқы белгісі - жауы туралы жақсы пікір айту. Ол əсіресе кек
алуды күткен жағдайда жарқырай көрінеді: кек қайтармақ былай
тұрсын, бəрі жақсылықпен бітеді - енді өш алады дегенде, кенет ақ
көңілдікпен қайран қалдырады. Ол саясатта да пайдалы, тіпті
мемлекеттік резонға көрік береді. Мақтануды білмейтін ол, еңбек
сіңіріп жеткен жеңісін аңқылдақтығымен жасырады.

132. ТОЛҒАНЫП АЛУ. Істің алдында ойланып алған əрқашан
сенімділік береді, əсіресе бұл табысқа жетері белгісіз істе маңызды. Не
бас тарту үшін, не бір тоқтамға келу үшін уақытты соз, мүмкін басыңа
өз шешіміңнің пайдасына жаңа дəлелдер келер. Егер мəселе беру
туралы болса, ұзақ тілегенді көбірек бағалайтынын ұмытпа. Егер
қабыл алмау керек болса, онда жоқтың күйінішін жұмсарту жайлы
ойла; əрі тілектің қызуы өткен соң, сұраушы басылып, бас тартқанға
онша қапаланбайды. Тез беруді сұрағанға асықпай бер: үмітін
суытасың.

133. ЖАЛҒЫЗДЫҚТА АҚЫЛДЫ БОЛҒАНША, КӨППЕН БІРГЕ
АҚЫМАҚ БОЛҒАН АРТЫҚ, - дейді кəнігі адамдар. Бəрі ессіз
болғандықтан, ешкім жазғырмайды. Ал жалғыз ақылдыны ағысқа
қарсы жүзгені үшін есуас дейді. Кейде білмеген не білмеген сияқты
болып көріну құтқарады. Адамдармен бірге өмір сүруге тура келеді, ал
олардың көпшілігі надандар. Жалғызілік тірлік ету үшін не Құдайға, не
малға ұқсау керек. Мен бұл нақылды өзгертіп, былай дер едім:
“Жалғыздықта ақымақ болғанша, көппен бірге ақылды болған артық".
Кейбіреуге өзінің ерсіліктерінде жалғыз болған ұнайды.

134. ӨМІРДЕГІ СҮЙЕНІШТЕРДІ КӨБЕЙТУ - өмірді еселейді. Бір ғана
қамқоршың болмасын, өзіңді ешқашан жалғыз нəрсемен шектеме: бəрі,
əсіресе, пайданың, рахаттың, қайырымдылықтың көздері қос-қостан
болсын. Бəріне тұрақсыздықтың символы айдың өзгергіштігі əсер
етеді, бұл опасыз адам еркіне байланысты істерге өте-мөте қатысты.
Тұрақсыздыққа қарсы қор жинаушылық көмектеседі: игілік пен
жайлылықтың қос бастауы болсын деген тұрмыстың маңызды
ережесін ұмытпа. Табиғат біздің денеміздің зақымдануы жеңіл жəне
неғұрлым керекті мүшелерін қос-қостан жаратқаны сияқты, ақылды
адам да өз жақтаушыларын біреумен шектемейді.

135. ҚАЙШЫЛЫҚ РУХЫН КӨРСЕТПЕ - ақымақ жəне жылауық

атанасың. Оған ақылды қарсы қой. Əрине, егер тауып айта білсең,
қарсы тұруға болады, бірақ қыңырлық əрқашан жөнсіз. Үнемі
айтысатындар ұнамды əңгімені жанжалға айналдырады, олар
басқаларға қарағанда өз жақындарына жау: балық етіндегі
қылтанақтар сияқты. Осы бір қаскүнем ақымақтарда топастық
долылықпен ұштасып жатады.

136. НƏРСЕНІ ҰҒЫН: кез келген істе бірден мəнін аңғару керек. Көп
нəрсе жеміссіз данасынудың бұтағымен немесе қажытатын көп
сөзділіктің сабағымен ағып кетеді жəне мағынаға жетпейді, болмаса
бір нүктенің маңында шаршатып жүріп алады, бірақ ең маңыздыға
жақындай алмайды. Себеп біреу - ақылдағы бұлдырлық дұрыс жолға
түсірмейді. Сөйтіп, уақыт пен төзім елеусіз нəрсеге жұмсалып, басты
мəселеге келгенде жетпей қалады.

137. ДАНА ӨЗІН-ӨЗІ ЖЕТЕЛЕЙДІ. Оның бар қасиеті - өзі, ол бəрін өз
бойына сіңірген. Егер əмбебап дос Рим мен дүниені алмастыра алса,
онда өзіңе өзің осындай дос бол - сонда сен жалғыздықта өмір сүре
аласың. Көзқарас пен талғамда ешкімге еліктемейтін саған тағы кім
керек? Сен тек өзіңе тəуелдісің, ал бұл жағынан Жоғарғы Иеге ұқсау -
зор шаттық. Кім осылай бір өзі өмір сүре алса, сол малға мүлде
ұқсамайды, көп жағынан -данаға, жəне бар тұрғыдан Құдайға ұқсайды.

138. АРАЛАСПАУ ӨНЕРІ. Əсіресе мұны қоғамдық немесе жанұялық
теңіз алай-түлей болғанда ұстану керек. Адамдар арасындағы
қатынастарда да қызбалықтың құйындары көтеріліп, дауылдары
соғып тұрады; мұндай кезде қойнауда күткен дұрыс. Сырқат кейде
дəріден асқынып кетеді; мұнда табиғаттың еркіне, анда -
адамгершіліктің билігіне берген жөн; ақылды дəрігер дəріні жазып
беруді емес, онсыз қалай амалдауға болатынын ойлайды. Тұрмыстағы
ауа-райының қолайсыздығында ақылға қонымдысы дауылдың
басылуын күту; қазір шегінсең, кейін жеңесің. Жылға желден де
лайланады жəне су сенің араласуыңсыз тұнады. Шым-шытырықты өз
еркіне жібергеннен артық айла жоқ, бəрі ұзамай қалпына келеді.

139. ӨЗІҢНІҢ АУЫР КҮНІҢДІ БІЛУ, оның болатынын ұмытпау
маңызды. Бұл күні ештеңенің сəті түспейді, ойынды қалай өзгертсең де
қорытынды бір - сəтсіздік. Мұндай күнді екі жүрісте байқап, шегіне
білу керек. Тіпті, ақылдың да өз уақыты бар, ешкім де ұдайы ақылды
болған емес. Қолайлы сағатта жақсы ойланасың əрі хатты да сəтті
жазасың. Əр қасиеттің өз уақыты бар, сұлулықтың өзі үнемі қадірлі
бола бермейді. Парасат та кейде өзіне ұқсамайды - бірде биік, бірде
төмен; əр істің өз күні бар. Бір күндері ештеңенің реті келмейді, ал бір
күндері бəрінің сəті түседі: ақыл айқын, көңіл-күй жоғары, жұлдызың
жарқырап тұр. Онда ұста оны, сəтіңді құр жіберме. Бірақ есті адам бір
жағдайға бола күнді сəтсіз не қолайлы деп бөлмейді, сəтсіздіктен соң
табыс, сəттіліктен кейін жамандық келуі мүмкін.

140. БАРЛЫҒЫНДА ЖАҚСЫҒА ДЕЙІН ЖЕТУ - жақсы талғамның
бақытты еншісі. Бал іздеген ара тəттіні қалай тез тапса, жылан да өз уы
үшін зəhарға солай жылдам кездеседі. Адамдардың да талғамы
осындай -бірі жақсыға, бірі нашарға ұмтылады. Бір тəуір нəрсе
шықпайтын заттар жоқ, əсіресе ойдың жемісі - кітапта жақсы нəрселер
баршылық. Кейбір адамдардың бір жаман қасиеті, мыңдаған
абыройдан бір қателік тауып алса, даттап-қаралап ала жөнеледі;
пікірлерде тек жамандықтарды жинайтындар ақымақтық туралы ғана
түсінік береді - бұл олардың жамандықты іріктеп алғаны, ақылға
лайықсыз іспен айналысқаны үшін берілетін жаза. Олардың өмірі
қайғылы, зəhар ішіп, көр-жерді қорек етеді. Мұның жанында мыңдаған
кемшіліктердің ішінен жалғыз сəттілікті аспаннан түскендей бірден
тауып алатын талғам əлдеқайда бақытты.

141. ТЕК ӨЗІҢДІ ҒАНА ТЫҢДАМАУ. Егер басқаға ұнамасаң, өзіңе
ұнағаннан не пайда, менменсу əдетте бəрінің жек көруімен
жазаланады. Өзіңе қызығып қарасаң - өзгелерге сүйкімсізсің. Тек өзіңді
айту жəне тыңдау - сүйкімсіздік; егер өзіңмен өзің əңгімелесу
ақымақтық болса, онда басқалармен сөйлескенде тек өзіңді тыңдау -
есуастық. Маңғаз адамдарда “Мен дұрыс айттым ба?" немесе “Солай
ғой?" деп қазбалайтын нашар əдет болады; олар əр сөзінен соң
мақұлдауды немесе жағынуды сығып алады, оларға ешбір
шыдамдылық жетпейді. Дүрдиген даңғойлар əрбір бос сөзіне қатты
жаңғырықты талап етеді, сондықтан да əр сөзі “керемет айтты" деген
ақымақ қолдауды қажетсінеді.

142. ҚАРСЫЛАСЫҢ СЕНЕН ОЗЫП ТƏУІРДІ ТАҢДАП АЛҒАНЫ ҮШІН,
қыңырлықпен нашарға ұмтылмау. Бұл жағдайда көп ұзамай жеңілесің
жəне масқара болып шегінуге тура келеді. Ұстаған бағытың бұрыс
болғандықтан да саған сəттілікті көру жоқ. Қарсыласың айлалы болып
шықты, ол тəуір жағдайға ерте қол жеткізді, ал кешігіп қалған сенің
оған қарсы нашар шептен қозғалуың ақымақтық. Сөздегі қыңырлықтан
істегі қыңырлық жаман - іс сөзден қауіптірек. Қырсықтардың
ақымақтығы: қарсы келуге құмар болып, шындықты көрмейді,
дауласуды аңсаймын деп, пайданы байқамайды. Парасатты адам
əрқашан қызбалықтың емес, ақылдың жетегінде болады, ол мұнда не
бірінші болып ұмтылады, не соңынан қателігін түзейді. Егер қарсылас
ақымақ болса, мұны көріп ол да орнын өзгертеді, қарсы жаққа көшеді,
сөйтіп өз жағдайын нашарлатады. Ақымақты жақсыдан бездіру үшін,
өзің сонда бекінуің керек: қарсыласты ақымақтық бұл жерден айдап
шығарып, қырсықтығы оны құртады.

143. ДӨРЕКІЛІКТЕН ҚАШЫП, СОНЫЛЫҚҚА ТҮСПЕУ. Екеуі де ұятқа
қалдырады. Ақылың сынайтын əрбір іс - жөнсіз іс. Ерекше сонылық -
бұл белгілі бір дəрежеде өзіңді өзің алдау, рас, əуелі бастаманың
сонылығы еліктіретіндіктен ұнамды көрінеді, бірақ соңынан ештеңе
шықпай, көзің ашылғанда қатты қынжылтады. Бұл əзəзілдік сияқты, ал

саясат істерінде мемлекетке зиян тигізеді. Ізгіліктің ұлы жолына түсе
алмай не батылы бармай, ақымақтарды сұқтандырып сонылық
соқпағына бұрғандар өздерінің сəтсіздіктерімен парасатты
адамдардың əділдігін дəлелдейді. Мұндай шешімдерде өз бетімен
кетушілік басым, олар дұрыс ойлаушылықтан алыс. Егер кейде
олардың негізі жалған болмаса да, сенімді емес, жəне іс неғұрлым
маңызды болса, оның күйреу қаупі де соғұрлым жоғары.

144. ӨЗГЕНІҢ ҮЛГІСІНДЕ БАСТАП, ӨЗ МƏНЕРІҢДЕ АЯҚТАУ. Бұл
табыс кілті; тіпті христиандықтың оқытушылары құдай ілімдерінде
осы қасиетті амалды мақұлдайды. Мұнда жасандылық танытып,
өзгенің еркін баурап алған маңызды: олар өзінің ниеттерінің соңынан
жүрген сияқты көрінеді, ал іс барысы оны басқа мақсатқа алып келеді.
Асығыс бастап, милауытқа батып қалма. Бірінші сөзі əрқашан “жоқтан"
басталатын адамдар қиындықтан қорықпас үшін, шын мақсатты
жасыр; мұны əсіресе осы мақсат оларға ұнамсыз болғанда ұстану
керек. Бұл кеңес арам ниеттер үшін пайдаланылмауы тиіс.

145. ЖАНДЫ ЖЕРІҢДІ ЖАСЫР, ƏЙТПЕСЕ СОЛ ТҰСТАН СОҚҚЫ
АЛАСЫҢ. Оны айтып шағымданба, өйткені қастық жанды жеріңді
нысанаға алатын болады. Жанды жеріңді қасығанмен ол кете қоймас,
мұнымен тек жауларыңның айызын қандырасың. Қаскөй ниет əлсіз
тұсыңды тіміскілеп жүреді. Ақылды өз сырқатын көрсетпейді, өйткені
Бақыттың өзі ең жанды жерден соққы береді, ол жер неғұрлым
сезімтал болса, соққы да соғұрлым ауыр тиеді. Сонымен, ауру жеріңді
де, көңіліңді көтеретін нəрсеңді де жариялама; сонда алғашқысы тез
жазылады, соңғысы ұзаққа созылады.

146. ІШКЕ ҮҢІЛУ. Көп нəрсенің сырты ішіне сай келмейді;
сондықтан сырты бүтіннің іші түтін болып шыққанда қуаныш
торығуға ауысады. Жалғандық өзінің тұрпайы айқайымен
ақымақтарды еліктіре отырып, əрдайым алдымен келеді. Кейіннен
Уақыттың соңынан ілбіп Шындық та жетеді; ақылдылар оған біздің
табиғат анамыз даналықпен жұп күйінде берген сезім органдарының
жартысын сақтайды*. Жалғандық əрқашан беткі жақта
болатындықтан, оған аңғалдар алдымен кездеседі. Нағыз Мағына өзін
ақылдылар тиісінше бағалау үшін тұйық келеді.

/*Аңыз бойынша Александр Македонский дауласушыларды тыңдау
кезінде алғашқының дəлелдерін бір құлағын жауып тыңдап, екінші
құлағын оның қарсыластарының дəлелдеріне сақтаған екен/.

147. ТƏКАППАР БОЛМАУ. Кеңес мүлдем қажет болмайтын мүлтіксіз
кемел адам жоқ. Ешкімге құлақ салмайтын кісі - түзелмейтін ақымақ.
Маңдайың кере қарыс болса да, достық кеңесті тыңдай біл; тіпті
жоғары мəртебелілерге де үйрену ұят емес. Адамдардың көбіне
түзелмейтін себебі - менменшіл. Мүлтіксіз адамның өзіне достық

көмек келетін есікті ашық ұстаған жарасады; ол əрқашан өзін ақылға
шақыратын немесе тіпті ұрсып алатын досына уақыт табады; оның
тілектестігі мен досының ақылы жəне берілгендігі туралы жоғары
пікірі кеңес айтушы досына сенімділік береді. Бірақ құрмет пен сенімді
ешбір талғамсыз көрсете берме, сырласыңның парасатты пікірі мен
берген кеңестері үшін ризашылығыңды көңіл түкпірінде құпия ұста.

148. ƏҢГІМЕЛЕСУ ӨНЕРІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР, өйткені əңгімелесуде
адам өзін тұлға ретінде көрсете алады. Бұл қаншалықты үйреншікті
болғанмен, адамның басқа ешбір ісі парасатты осынша көп талап
етпейді, мұнда не бəрін жоғалтуға, не бəрін ұтуға болады. Хат жазу
үшін ойланып ал, хатта, жазылған əңгімеде ойлану керек болса,
ақылдың бір сəттік емтиханы жай əңгімелесу үшін қаншама парасат
керек! Тəжірибелі адамдар көңіл толқынын сөзден-ақ байқап қояды,
данышпандар: “Сөйле, мен сенің кім екеніңді айтайын" деп бекер
айтпаған. Біреулер əңгімелесудің жоғары өнері табиғилықта дейді,
сонда əңгіме қысылып, қымтырылусыз жүреді деп ойлайды. Бірақ бұл
тек жақын достардың арасында жарасады, ал қадірлі адаммен
əңгімелесу мазмұнды, сенің кісілігіңді ашатындай болуы тиіс. Əңгімеде
ұнамды болу үшін, сұхбаттасыңның мінезі мен ақылына бейімдел.
Өзгелердің сөздерін тексеріп, сынама, тақуа атанасың, əрі айтылған
ойлар мен пікірлерді мінеме, сенен қашқақтап, сырт айналатын
болады. Əңгімеде шешендіктен гөрі, пайымдылық маңызды.

149. НАРАЗЫЛЫҚТЫ БАСҚАҒА АУДАРУ, оған қарсы қалқан ұстау -
басқарушылардың айлалы əдісі. Əңгіме мұнда у тілділер айтқандай
басқарушылардың қабілетсіздігінде емес, ерекше ішкі есепте -
сəтсіздік кезінде сынға ұшырайтын, бəрінің күңкілін өзіне
қабылдайтын кісі керек. Ойлаған нəрсенің бəрі іске аспайды, барлығын
қанағаттандыру мүмкін емес. Сондықтан жазғырып-сөгудің нысанасы
болатын қуыршақ адамың болсын, ал бұл оның атаққұмарлығының
жазасы болады.

150. ТАУАРДЫ БҰЛДАЙ БІЛУ. Тауардың тəуір екені аздық етеді, оны
ешкім тексеріп жатпайды. Көпшілік ығы-жығы жерге жүгіреді. Бағаны
қоя білу біраз дағдыны қажет етеді; кейде мақтау керек, өйткені
мақтау тілекті күшейтеді; жағымды ат беру де бағаны көтерудің жақсы
тəсілі, бірақ екі жағдайда да бұрмалаушылығыңды сездірме. Тауарым
білгіштерге арналған деп қолтықтарына су бүркіп қой, өйткені əркім
өзін білгіш санайды, олай болмағанның өзінде əуесқойлық тілекті
тудырады. Бірақ ешқашан оны күнделікті, қол жетерлік бұйым деп
айтпа - мұнымен тек істі бүлдіресің. Бəрі тек ерекшеге өш келеді, оған
талғам да, ақыл да құштар.

151. КҮНІБҰРЫН ОЙЛАНУ. Бүгінде ертеңін ойлау маңызды қасиет.
Көрегендігімен оған жеткілікті көңіл бөлетін адам мақтансын; алды-
артын ойлағандарда кездейсоқтық, қор жинағандарда - ауыр күндер

болмайды. Су алқымыңа келгенге дейін күтпе, ертерек кет; толысқан
ойлармен соққылардың алдын ал. Бөрене астында оянғаннан, бөрене
үстінде ұйықтаған жақсы. Біреулер істерін істеп алып ойланады -
сəттілікті емес, ақталуды іздегендей болады, ал кейбіреу мүлде
ойланбайды. Дұрыс жолдан таймау үшін өмір бойы ойлану керек.
Ойлана отырып, алдыңдағы өмірді болжай білесің.

152. ҰТЫЛҒАН ОРТАҢНАН АЛЫС БОЛ, тым жақсыдан да, тым
нашардан да қаш олардың жанында ізгі атың шықпайды. Қасиеті көп
адамды көбірек құрметтейді; басты рольді ол орындайды да саған
қатардағы роль тиеді, мақтау да алдымен соған бұйырады. Ай
жұлдыздардың арасында сəулесін төгіп тұрады, бірақ нұрын шашқан
күннің шығуымен ол не батып кетеді, не солғын тартады. Өзің
көлеңкесінде қалатын адамға жабыспа, керісінше, өзіңнің қалқаңда
қалатын адамдармен бол. Марциалдың ақылды Фабулласы өзінің
салдыр-салақ құрбыларының арасында осылай сұлу көрінді. Дегенмен
нашар ортадан да сақтан, сондай-ақ өзіңнің жақсы атыңа бола басқаға
зияның тимесін. Табысқа жету үшін көрнектілермен, оған қол жеткен
соң қатардағылармен аралас.

153. БОС КЕҢІСТІКТІ ТОЛТЫРУҒА ҰМТЫЛМАУ. Мұны күткендегіден
асып түсетініңе сенімді болсаң ғана қолға ал. Ізашармен теңесе алу
үшін, одан озар қасиеттерің екі есе көп болуы тиіс. Соңынан сені
сағынышпен еске алатындай өзіңе мұрагер таба білу айлалы əдістің
бірі, сондай-ақ жол салушының көлеңкесінде қалып қоймау үлкен
шеберлік. Бос кеңістікті толтыру оңай емес, өйткені, өткен шақ
əрдайым жақсы болып көрінеді; мұнда тең болу жеткіліксіз, онда
басымдық өзіңнің алдыңдағыда болады. Оның атын ығыстыру үшін,
қасиеттерің одан асып түсу керек.

154. СЕНІМ БІЛДІРУГЕ, ЖАҚСЫ КӨРУГЕ АСЫҚПАУ. Сенім білдіруде
асықпау толысқан ақылды көрсетеді, жалғандық бүгінде сондай
үйреншікті, онда сенім ерекше болсын. Сенім көрсету жеңіл, бірақ
кейін салдары өкінішті болып жүрмесін. Дегенмен, сенбегендік түр
көрсетпе -бұл сыпайы емес, тіпті көргенсіздік: сен онда сұхбаттасыңа
не оның алдап тұрғанын, не - өзіңнің алданып қалғаныңды білдіресің.
Бастысы тіпті бұл емес, мəселе сенімсіздік өтіріктің белгісі екенінде;
өтірікшінің екі қырсығы бар - оған да сенбейді, ол да сенбейді. Ал
тыңдап отырған кезде бір түйінге келуге асықпа, “Бірден жақсы көру
де ақылсыздықтың белгісі” деп Цицеронның айтқанын ұмытпа.
Сондай-ақ сөзбен ғана емес, іспен де алдайтыны есте болсын, бұл
алдау одан да зиянды.

155. АШУДЫ БАСА БІЛУ. Парасатты ойлау мүмкіндігінше
қызбалықтың алдын алсын - ақылдыға бұл қисын емес. Ашуға беріле
бастағаныңды байқау оған ие болудың алғашқы қадамы, оны белгілі
бір шектен асырмауды ойлау ашуыңды басуға себеп болады.

Уақытында, əдеппен тоқтап дағдылан - қатты шауып бара жатқан атты
ауыздықтау бəрінен қиынырақ. Ашуға булыққан кезде де ақылға
тоқтай білу -парасатыңа сын. Тым қызбалық əрқашан дұрыс жолдан
тайдырады: осыны еске сақтаған адам ешқашан əділдікке қиянат
жасамайды, парасат шегінен шықпайды. Қызбалықты басып қана оған
ие бола аласың, сонда сен бірінші “ат үстіндегі зерделі" боласың*.

/*Испан мəтелі: “Ат үстіндегі зерделі болмайды”/.
156. ДОСТАРДЫ ТАҢДАЙ БІЛУ. Досың алдымен ақыл емтиханын
тапсырып, Сəттілік сынағынан өтсін: сонда оған сезіммен бірге ақыл да
өз дипломын тапсырады. Дегенмен достар өмірдегі аса маңызды игілік
болғанмен, көпшілік оған онша мəн бермейді: күйбең тірлік өз дегенін
істейді. Адамды оның достары арқылы бағалайды, ал білімді
надандармен достаспайды. Іш тартудың бəрі жақын тұтуды
білдірмейді, танысыңның тапқыр сөздері əсерлі болуы мүмкін, бірақ
бұл оның сезімдеріне деген сенім туғызбайды. Заңды достық бар,
заңсызы да кездеседі: бірі - рахат үшін, бірі - жемісті істер үшін. Шын
достар сирек, көбі - жағдайдың досы. Сондықтан кездейсоқтық емес,
таңдау шешуі тиіс. Ақылды адам реніштен қаша біледі, бірақ ақымақ
дос оны отырғызып кетеді. Егер достарыңды жоғалтқың келмесе,
оларға ұлы сəттілік тілеме.
157. АДАМДАРДЫ ТАНУДАН АЛДАНБАУ. Адасудың кең таралған осы
түрі ең қауіптісі. Тауардан алданғанша, бағадан алданған жақсы; ал
мұнда кісінің ойын көре білу ерекше маңызды. Өмірді түсіну мен
адамдарды тану - əртүрлі нəрселер. Мінездерді танып, көңіл-күйді
аңғара білу - ұлы даналық. Адамдарды да кітапты оқығандай оқи алу
қажет.
158. ДОСТАРДЫ ЕБІН ТАУЫП ПАЙДАЛАНУ. Мұнда да өзінің
ерекшеліктері бар: достардың бірі алыстан, бірі жақыннан жақсы;
онша əңгімелесе алмайтындары хат жазуға келгенде шеберлік
танытады. Қашықтық жақын араласқанда шыдатпайтын
кемшіліктерді байқатпайды. Достардан рахат қана емес, пайда да алуға
тырыс. Достықта шын игіліктің үш сапасы болуы тиіс, атап айтқанда,
бірлік, жақсылық, шынайылық; достан осының үшеуі де табылады.
Нағыз достар сирек, ал оларды таңдай білмейтіндерде шын достар
одан да аз кездеседі. Дос тапқаннан оларды сақтау əлдеқайда қиын.
Тұрақтыларды ізде: алғашқы таныстық, мүмкін, біртіндеп шын
достыққа ұласады. Дегенмен де сынау үшін алынған мол тұзды бірге
бөліскен достар ең жақсы достар екені анық. Доссыз өмір қу шөл
сияқты; достық игілікті көбейтіп, қырсықты азайтады; ол - жан
қуанышы, зұлым тағдырға қарсы жалғыз шипа.
159. АҚЫМАҚТАРҒА ТӨЗЕ БІЛУ. Оқымысты адамдар əдетте
шыдамсыз; біліміңді көбейте отырып, төзіміңді азайтасың; ақылды

жағынудан аулақ жүреді. Эпиктет* бойынша, өмірдегі аса маңызды
ереже -шыдамдылық, ол: даналықтың жартысы шыдамдылықта, -
деген. Иə, бар ақымақтыққа төзе білу үшін үлкен шыдамдылық керек!
Кімге көбірек тəуелді болсаң, соған көбірек төзесің - мұнда өзіңе өзің ие
болуға жаттығу өте маңызды. Шыдамдылық жердегі жоғарғы рахат -
тыныштықтың кепілі. Ал өзіңде мұндай қасиет таппасаң, оңашалыққа
көш. Осының өзіне өзіңе - өзің төзе білу қасиеті қажет.

/*Эпиктет - римдік философ-стоик, бұл жерде оның «шыда жəне
тартын» деген белгілі сөзіне сілтеме жасалған/.

160. ƏҢГІМЕДЕ АБАЙ БОЛУ ҚАРСЫЛАСТАРЫҢНАН САҚТАНУ ҮШІН,
басқалармен қатынаста - əдептілік үшін керек. Айтылған сөз -атылған
оқ. Əңгіме де қалдырған өсиет сияқты - сөз аз болса, дау-шар да көп
болмайды. Болмашы нəрселер туралы əңгімелесе отырып,
маңыздырақ істер үшін негіз ізде. Жасырындықта жұмбақ ұлылық бар.
Əңгімеде өзін жеңіл жайып салатындарды сендіріп, жеңіп шығу қиын
емес.

161. ӨЗ ҚҰШТАРЛЫҚТАРЫҢДЫ БІЛУ. Мүлтік-мінсіз адам да
олардан кенде емес, қайта оларды мəпелеп, күтеді. Олар біздің
ақылымызда аз емес жəне ақыл неғұрлым көп болса, соғұрлым
жақсырақ байқалады. Себебі, біз оларды ұнатамыз. Дегенмен, ұсақ
құштарлықтарға бой алдыру үлкен кемшілік. Олар жетілгендіктің,
кемелдіктің реңін кетіретін дақтар сияқты, өзімізге қанша ұнамды
болса, маңайдағыларға сонша сүйкімсіз. Олардан құтылып, өз
қасиеттеріңді құтқарып қалу -игілікті іс. Əлсіздіктер бірден көзге
түседі: сені енді мақтай бастаған біреу əлсіздігіңді байқаса, үнсіз
қалады жəне қасиеттеріңе көлеңкесін түсіріп тұрған кемшіліктерді
бетке басады.

162. КҮНШІЛДІК ПЕН АРАМ НИЕТТЕН БИІК ТҰРУ. Бүгінде жек
көруден гөрі сыпайылықпен көбірек кек аласың. Жауы туралы жақсы
сөз айтатын адам кез келген мақтаудан жоғары тұрады; қаhарман
жалақордан өзінің айбыны мен ерлігі арқылы кек алады, осы
қасиеттер күншілдікті де жеңіп шығады. Өйткені сенің əр қуанышың
ашу-ызаның алқымын қыса түседі; саған жұмақ, қарсыласың үшін
тозақ. Оған да сол керек, өзгенің тəттісінен өзіне у жасап несі бар.
Күншіл бір рет емес, қарсыласы қанша мақталса, сонша рет өледі;
басқаның даңқы жер жарып жатқанда, біреудің азабы арта түседі;
алғашқы рахатқа батады, соңғы қайғыда болады. Даңқ кернейі біреуге
өшпес ат сыйласа, біреуге күншілдік тұзағында тұншығуды жазады.

163. БАҚЫТСЫЗДЫ АЯЙМЫН ДЕП, ЖОЛЫ БОЛҒЫШТЫҢ ҚАҺАРЫНА
ҰШЫРАМАУ. Біреулердің бақыты басқалардың бақытсыздығынан
басталатын кез аз емес; біреулер жеңіліс таппайынша өзгелер жоғары
көтерілмейді. Жолы болмайтындар əдетте аяушылық тудырады - осы

бір қайырымдылықпен біз Тағдыр жазасының орнын толтырғандай
боламыз. Тасы өрге домалап тұрғанда бəріне жек көрінішті болған
адам бақытсыздыққа ұшырағанда барлығының аяушылығын
тудыратыны тағы бар: шарықтағанда жек көрушілік құлдырағанда
аяушылықпен ауысады. Бірақ көреген адам тағдырдың не жазатынын
қадағалағаны жөн. Тек жолы болмайтындармен араласу, кеше атқа
мінер болғаны үшін ұнамсыз көрінгендермен жақындасу мінездің
кеңпейілдігін көрсеткенмен, ақылдың парасатын білдірмейді.

164. ТАМЫРЫН БАСЫП КӨРУ. Осы амал өзіңнің ниетің қаншалықты
орынды екенін білмегенде əжетке жарайды. Табысқа қол жеткізесің əрі
істі бастау немесе одан бас тарту жөнінде шешім қабылдауға уақыт
қалады. Өзгелердің ойы осылай анықталады жəне есті адам неге
сүйенуі керек екенін білетін болады: бұл - өтініш жасаудағы,
махаббаттағы жəне басқарудағы маңызды сақтық.

165. ҰРЫСТЫ АДАЛ ЖҮРГІЗУ. Парасатты кісіні де ұрысқа мəжбүр
етуге болады, бірақ ол абыройсыз ұрысқа аяқ баспайды, əркім мəжбүр
етуге қарай емес, өз табиғатына сай əрекет істеуі тиіс. Жарыста
парасаттылық мақтарлық жай: жеңу ғана емес, сондай-ақ қалай жеңу
де маңызды. Арамдықпен жеңіске жету - жеңіс емес, ұтылыс. Кең
пейілділік -артықшылық. Парасатты адам біткен достық басталған
жаулыққа тыққыштайтын тыйым салынған қаруды қолданбайды, яғни
бұрынғы сенімді пайдаланып сатқындық жасамайды; сатып кету ізгі
атқа дақ түсіреді. Ал жоғары атағы бар адамдарды болмашы дақ та
ұятқа қалдырады: нағыз лайықтыны кез келген опасыздық
түршіктіреді. Егер жер бетінде əдептілік, кең пейілдік жəне берілгендік
жойылып кететін болса, оларды қайтадан сенің кеудеңнен тауып
алатынын мақтаныш ет*.

/*Бұл Француз королі Франциск 1-нің сөзі/.
166. СӨЗДІҢ АДАМЫ МЕН ІСТІҢ АДАМЫ. Өзіңнің нағыз достарыңды
ажырата білген сияқты, оларды айыра білген де маңызды. Істе жақсы
болып, сөзге шорқақ болған нашар; бірақ сөзге ұста болып, істе
ебедейсіз болу одан да жаман. Бүгінде сөзбен тойдыра алмайсың, сөз -
желмен бірдей; сыпайыгершілікпен де асырай алмайсың, сыпайы
алдау құстарды айнамен шағылыстырып ұстаған сияқты. Тек даңғой
ғана ауаға тойынады. Істердің кепілі ретінде ғана сөздердің бағасы
болады. Шірік ағаш жапырақ жайғанмен жеміс бермейді, қайсысының
пайдалы екені өзөзінен белгілі емес пе?
167. ӨЗІҢЕ ӨЗІҢ КӨМЕКТЕСУ. Қырсыққа ұшырағанда батыл
жүректен артық жақсы жолдас жоқ, ал ол əлсірегенде оған бас
көмектессін. Ерлік тағдыр соққыларын жеңіл көтереді, ал Тағдырдың
жетегінде кету мүлде төзгісіз болады. Қиыншылық салмағын көтере
алмасаң, оны ауырлата түсесің. Өзін білетін адам күші жетпеген жерде

парасатын көмекке шақырады. Ақылды адам жазмышты да өз дегеніне
көндіреді.

168. АҚЫМАҚТЫҚТАН ТУЫНДАЙТЫН РАҚЫМСЫЗДАР: Мен оларға
менменшілдерді, даңғойларды, қырсықтарды, қыңырларды,
маньяктарды, дарақыларды, бəлсінгіштерді, у тілділерді, өсекшілерді,
даукестерді, көпшіліктен қол үзгендерді, қысқасы, шамасын білмейтін,
тоқтамға келмейтіннің барлығын жатқызамын. Дененің көріксіздігінен
жан кедейлігі ауыр, өйткені ол Жоғары Сұлулықтың əрін кетіреді.
Бірақ адамдарды жаппай есуастықтан кім құтқарады! Парасат жоқ
жерде ақылың аяқ астында қалады, кінəлағанға ұялу мен өкінудің
орнына менмендік пен дандайсумен жауап береді.

169. БІР СƏТСІЗДІК ЖҮЗ СƏТТІЛІККЕ ЖҮК БОЛАДЫ. Жарқырап
тұрған күнге ешкім қарай алмайды, бірақ тұтылуы мұң екен бəрі
көреді. Тобыр сенің сəттіліктеріңді санамайды, есесіне əрбір
сəтсіздігіңді бірден байқайды. Жақсыларды мақтағаннан гөрі нашар
адамдарды көбірек біледі, əрі қаттырақ жазғырады; көп адам
қылмысқа барғанша белгісіздікте болады. Сенің бар сəттіліктерің
болмашы қателікті түзеуге жетпейді. Сондықтан, елікпе, арам ниет
сенен жақсылықты емес, тек жамандықты көреді.

170. РЕЗЕРВ ҚАЛДЫРУ. Бұл жеңіс кепілі. Бəрін бірден шығарма, бар
күшіңді сарқа жұмсама. Тіпті, білімді де запаста ұстаған дұрыс - осы
арқылы оның бағасын көтересің, əрқашан жағдайға бірдеңе сақтаған
жақсы. Ұрыста ер жүректіліктен гөрі резерв маңыздырақ; ол өжеттілік
пен сенімділік береді. Есті адам жаза баспай тірлік істейді. Осы
тұрғыда “Жарты тұтастан үлкен”* деген таң қаларлық парадокс ойға
оралады.

/*Жеті данышпанның бірі Питтактың сөзі/.
171. АРҚА ТҰТАРЫҢ БОЛСЫН. Маңызды достар - маңызды істер
үшін. Олардың үлкен тілектестігін ұсақ-түйекке айырбастама, босқа
жұмсама - бұл қайырымдылықты ысырап етушілік болады:
кемедегілер өте қажет кезде ғана қолданатын қасиетті якорьды үлкен
қауіпке сақтайды. Ұсақ-түйекке көп жұмсасаң, үлкен істерге не
қалады? Бүгінде қамқоршыдан керегірек ешкім жоқ: ол дүниедегі
барды жасап, бұзады, тіпті дарын сыйлап, одан айырады; оның
даналарға берген даңқы Тағдырдың қызғанышын туғызады.
Сондықтан маңызды достарың болып, оларды сақтай білу ақшаң
болғаннан артық.
172. БƏРІН ЖОҒАЛТҚАН АДАММЕН КЕРІСПЕ. Ұрыс тең болмайды.
Қарсыласың ұрысқа жалтақтамай ұмтылады, өйткені оның жоғалтары
жоқ, тіпті ұят та қалмаған, сондықтан ашына шабуылдайды. Ал сен
жылдар бойы жинаған абыройыңды мұндай қауіпке салма, бір артық
қимыл не бейпіл сөз оны айрандай төгеді. Бір тіл тигізу жетіп жатыр,

сенің бар еңбегіңнен дəнеңе де қалмайды. Парасатты адам ұрысқа
асықпайды, жоғалтары бар. Ол абыройын қадірлегендіктен
қарсыласын бағалайды, дауға абайлап кіреді жəне жақсы атын сақтауға
уақыт қалу үшін баяу қимылдайды. Ұрыста жеткен жеңісің оған
киліккеннен туатын қырсықтардың орнын толтыра алмайды.

173. АДАМДАРМЕН АРАЛАСУДА ШЫНЫ СИЯҚТЫ МОРТ БОЛМАУ.
Əсіресе - достықта. Кейбіреу іші қуыс болған соң да жеңіл шытынап
шыға келеді; өзін өкпелеумен, өзгелерді ренішпен толтырады. Шыбық
тимес, шыңқ етерлер болады; оларға əзілдеп те тиісе көрме.
Мұндайлармен үш есе сақ бол, олардың əлсіз жері есте болсын,
өркөкіректігін ая - абыройына түскен титтей сызат оларды құтыртып
шыға келеді. Мұндайлар көбіне есерсоқ болады, өздерінің абыройы
үшін бəріне дайын, олар тəкаппарлықтың құлы. Асыл тастардың
ішінде алмас өзінің ұзаққа шыдайтынымен жəне беріктігімен құнды.

174. АЛДАҒЫҒА АСЫҚПАУ. Бəрінің өз уақыты бар жəне бəрі саған
қуаныш сыйлайды. Бақыт тым қысқа болатындықтан да, көп
адамдарға, өмір өте ұзаққа созылатын сияқты: қуанышты ерте қолдан
шығарып алады, мейлінше сайрандамайды, соңынан қайтарып алғысы
келгенмен, жете алмайды. Олар желіп бара жатқан уақытқа өздерінің
асығыстығын қосады; өмір бойы қорыта алмайтынын бір күнде жұтуға
дайын; қуаныштарды жылдар бұрын көргісі келеді, асығыс-үсігісте
жүреді, жəне бəрін ысырап етеді. Тіпті білімде де мөлшерді білген
дұрыс, білуге тұрмайтын білімдер бар. Өміріміз рахатқа толы
сағаттардан əлдеқайда ұзаққа созылады. Асықпай рахатқа кенел, бірақ
шабан қимылдама. Іс бітсе жақсы; қуаныш таусылса жаман.

175. ТИЯНАҚТЫ АДАМ. Мұндай адам жеңілтек адамдарды
ұнатпайды. Жоғары қызметте тиянақтылық болмаса қырсық жолдас
болды дей бер. Адам сияқты көрінетіннің бəрі - адам емес; орындалмас
қиялдан бастап, сандырақтар тудыратын елес қуушы адамдар болады;
соларға ұқсас, оларды қолдайтындар да бар; бұлар шындықтың дұрыс,
бірақ аз пайдасынан гөрі жалғандықтың қате, есесіне қомақты түсімін
артық көреді. Ақыр аяғында орынсыз тілектердің күлі көкке ұшады,
өйткені адалдыққа негізделмеген. Тек шындық қана ізгі даңқ,
тиянақтылық қана -пайда əкеледі. Бір алдау соңынан екіншісін ерте
келеді, бірақ бар ғимарат орындалмас қиялдан, іргетасы ауадан
қаланғандықтан, ол міндетті түрде күйреп құлайды. Қисынсыздық
қартайғанша өмір сүрмейді; жомарт уəделер көп ұзамай күдік
туғызады, ал дəлелдің көптігі шүбə келтіреді.

176. ӨЗІҢ БІЛУ НЕ БІЛЕТІНДЕРДІ ТЫҢДАУ. Өзіңнің не өзгенің
ақылынсыз өмір сүре алмайсың; дегенмен көп адам өзінің білмейтінін
білмейді, ал біреулер білмесе де білемін деп ойлайды. Ақымақтық
дертінің жазылмайтын себебі, надандар өздеріне жетіспейтінді
іздемейді. Біреулер ғалым болдым деп ойламағанда, ғалым болып

шығар еді; өзіне риза олар даналық бастауын табу қиын екенін
білгенмен табысқа масаттанып, ешкімді тыңдамайды. Кеңес сұраудан
қысылма - бұл сенің кісілігіңді кішірейтіп, ақылыңа ұят келтірмейді:
кеңесті тыңдай білу ақылдан хабар береді. Бəрін таразылап қана
ақылға қонымды іс бітіресің.

177. АҒАЙЫНШЫЛДЫҚТАН ҚАШУ. Өзің де орынсыз арсалаңдама,
басқаларға да жол берме. Ағайыншылық парасатты адамға тəн
артықшылықты, соңынан оған деген құрметті жояды. Шырақ алыстан
жақсы көрінеді. Ғажайып қастерлеуді талап етеді, қатардағы көзге
түспейді: неғұрлым көбірек көрсе, соғұрлым азырақ бағалайды;
байқалмайтын кемшіліктер жақын араласқанда көрінеді. Ешкіммен
жақын қатынаспа; бұл жоғары тұрғандармен қауіпті, төмендегілермен
- ұнамсыз, əсіресе ақымақтықтан арсыз келетін тобыр өзіне
көрсетілген қайырымдылықты болуы тиіс нəрсе ретінде қабылдайды.
Қатынаста тым қарапайым болуға болмайды.

178. ЖҮРЕККЕ СЕНУ. Əсіресе тəжірибелі жүректің айтқанына тоқтай
біл. Онымен айтыспа, маңызды істерде ол шындықты көре біледі: бұл
үйдегі көріпкелің. Көпшіліктің түбіне өздері қауіптенген нəрсе жетті -
қырсықтан сақтануға тырыспаса, қауіптенуден не пайда? Табиғаттың
ерекше сыйы - аян беретін жүректер бар, ол əрқашан ескертеді, ал тар
жол, тайғақ кешуде дабыл көтереді, құтқарар əрекетке асықтырады.
Қырсыққа мойынсұнып көнуге болмайды, жоқ, оларды жеңіп шығу
үшін күреске түсу керек.

179. ҰСТАМДЫЛЫҚ - МАҢЫЗДЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ. Ашық көңіл
жайылған карта сияқты. Үлкен құпиялар тереңде орналасады, өйткені
онда бар құндылықтар сақталатын тұңғиықтар бар. Ұстамдылық
өзіне-өзі ие болудан келеді, өз қызбалығыңды жеңу үлкен жеңіс.
Сырыңды кімге ашсаң, соған жан басылық төлейсің. Ішкі тыныштық
парасатқа шипа. Тұйықтыққа мезі етушілік өш: ол шыдамнан шығару
үшін ұстамдылықтың жынына тиіп бағады. Істеу керек нəрсе туралы
айтып керегі жоқ; ал айту керек нəрсені істеп қажеті жоқ.

180. ҚАРСЫЛАСЫМДЫ ӨЗІМ БІЛЕМГЕ САЛЫНБАУ. Ақылсыз
ешқашан ақылды ойлағандай іс жасамайды, өйткені ақымақ қалай
істеуді түсінбейді. Зерек күткендегіден өзгеше қимылдайды.
Сондықтан əрбір істі өзіңе тартпай, екі тұрғыдан қарастыру керек, екі
жақ үшін талқылау қажет. Адамдардың шешімдері əртүрі; сендегі
біреуге іш тартуды білмейтін əділдік безбені болуы тиіс нəрселерді
ғана емес, сондай-ақ болуы мүмкін құбылыстарды да ескерсін.

181. ӨТІРІК АЙТПАУ ƏРІ БАР ШЫНДЫҚТЫ ЖАРИЯЛАМАУ.
Шындыққа жеңіл қарауға болмайды, ол жүректен шығады. Шындықты
айту мен ол туралы үндемей қалу біраз дағдыны қажет етеді. Адал
адамға атын жоғалту үшін бір рет өтірік айту жеткілікті. Алданып

қалғанды аңқау, алдаушыны оңбаған дейді, соңғы алдыңғыдан
əлдеқайда жаман. Бар шындықты айтуға болмайды: бірін өзің үшін,
бірін - өзге үшін жасыр.

182. БƏРІНДЕ ӨЖЕТТІК ҰШҚЫНЫ БОЛУ - парасаттың маңызды
өсиеті. Адамдар туралы ұстамдылықпен ой түй, оларды тым жоғары
қойма, қиялың жүректі қорқытып жүрмесін. Біреулер жақын
танығанша Құдайдай көрінеді; жақын таныстық көбіне құрметтен гөрі
түңілушілік туғызады. Əлі ешкім адамдықтың тар ауқымынан шыққан
емес; əркімнің өз “бірағы" бар, біреудің дарыны ақсап жатады, біреудің
мінезінен кемшілік табасың. Лауазым сыртқы абыройды ғана береді,
оған жеке бастың қасиеті сирек ұштасады: тағдыр əдетте жоғары орын
үшін жанның бишаралығымен өш алады. Біздің қиялымыз алға
жүгіргенді, бəрін асыра суреттегенді ұнатады: бар нəрсені ғана емес,
болуы мүмкін жайды да қамтып жатады. Демек, тəжірибелі ақыл
түзету жасауы керек. Бірақ түсінбеушілік батылдыққа ие болып, ізгілік
жасқаншақ болып жүрмесін. Егер өзіне сенушілік ақ көңілдікке
көмектессе, оның сіңірген еңбек пен білімге қаншалықты
жəрдемдесетіні айтпаса да түсінікті болады.

183. ҚАСАРЫСПАУ. Барлық ақымақтар - қыңырлар, барлық
қыңырлар - ақымақтар жəне пікір неғұрлым дұрыс болса, қыңырлық
соғұрлым күшті. Тіпті айқын жағдайдың өзінде жол беру артық
етпейді, сенің туралығың онсыз да түсінікті, сыпайылығың
мойындауға тұрады. Айтыста қасарысып жеңгенмен ештеңе ұтпайсың,
сен шындықты емес, өзіңнің тəрбиесіздігіңді қорғайсың. Тоңмойындар
болады, оларды бетінен қайтара алмайсың; ал қыңырлық
есерсоқтықпен ұштасқанда, оларға міндетті түрде ақымақтық
қосылады. Қайтпас қайсарлық пікірдің емес, еріктің белгісі болуы тиіс.
Рас, ерекше жағдайлар бар: өзіңді құтқару керек болғанда, өзіңді айтыс
пен істе екі рет жеңуге жол бермеу қажет болады.

184. БƏЛСІНГІШ БОЛМАУ. Сарайдағы этикеттің сақталуын өте қатал
қадағалаған Арагон королі Педро ІV-нің паңдығы да дарақылық
ретінде мазаққа ұшырады. Көкірегін көтерген ешкімге жақпайды, осы
əлсіздік етек жайған тұтас халықтар кездеседі. Ақымақтық жасауы
тəкаппарлық жібінен тігіледі. Қадірлегенге ұмтылу - мақтауға тұрады,
бірақ бəлсінгіш атану абырой əпермейді. Бұл үшін биік қасиеттер
керек екені сөзсіз. Сыпайылықты асыра сілтеуге де, оған немқұрайды
қарауға да болмайды. Ұсақ-түйекшіл өзінің ұсақтығын көрсетеді.

185. БІР ҒАНА ТАЛАПТАНУМЕН ШЕКТЕЛМЕ: өйткені егер оның сəті
келмесе, сенің істі жеңбегенің болады. Бір рет, əсіресе алғашқыда,
қателесу жеңіл: адамның əрқашан жолы бола бермейді, əр нəрсенің өз
уақыты бар. Сонымен, тағы бір талаптанып көр, егер мұның сəті түссе,
алғашқы соңғының өтемі болады. Əрдайым жақсыға ұмтыл, дегеніңе
жет. Кез келген іс көп жағдайға байланысты болады, табыс - жиі

келмейтін бақыт.
186. ЕШТЕҢЕДЕН ҚАЙМЫҚПАЙ КЕМШІЛІКТЕРДІ КӨРЕ БІЛУ. Əділ

көздерден ешқандай кемшілік таса қалмайды, ол алтынға оранып,
мəуітіге малынып алса да білінбей қала алмайды. Қошемет көрсеткен
адамы қанша жоғары болғанмен, жағымпаздықтың өзі мүсəпір күйде
қалады. Кемшіліктерді ажарлап қоюға болады, бірақ олар ешкімге
көрік бермейді. Бір мықты осындай да осындай істер жасапты дейді,
бірақ олардың қалай жасалғанына көңіл аударылмайды. Дегенмен,
жоғары тұрғанның үлгісі дəлелді көрінетіні сонша, ол лайықсызды да
тартымды етеді: жарамсақтық ұлылыққа бет-əлпетінің ұсқынсыздығы
жағынан да еліктейді, бірақ ұлылыққа жарасатын нəрсенің мүсəпірде
жиренішті көрінетінін ескермейді.

187. ҰНАМДЫНЫ ӨЗІҢ, ҰНАМСЫЗДЫ ӨЗГЕЛЕР АРҚЫЛЫ ЖАСАУ.
Бірінші сені сүйкімді етсе, екінші жек көру туғызбайды. Ізгі жандарға
жақсылықты қабылдағаннан оны жасаған ұнамды, олар осыдан лəззат
алады. Ұнамсыздықты істей отырып, біз оны не аяушылықтан, не
ұялғандықтан өз басымыздан өткізбегенімізді, сирек болса да,
сезінеміз. Жоғарғы себептердің əрекеттері мойындаушылық пен
наразылықты қатар туғызады, олар жақсылықты тікелей,
жамандықты жанама жасасын. Сонда наразылықтың жек көру мен
жазғыру жебелеріне арналған нысана болады. Құтырған ит сияқты
тобыр себептерді түсінбей жатып соған бас салады жəне басты кінə
онда болмаса да, нысана соққыларды өзіне қабылдайды.

188. МАҚТАУҒА ТҰРАРЛЫҚТЫ АСЫРА МАҚТАУ. Бұл жақсыға
тəрбиеленген, оны бағалай білетін талғамның куəсі. Мінсізді көрген
ғана оның мінсіз екенін айыра алады. Мұндай адам əңгімелесу мен
еліктеуге тұратын нəрселерді ұсынады əрі бір мезгілде ұнамды
мағлұматтардан хабардар етеді - бұл да отырғандардың абыройын
көтерудің бір тəсілі. Басқалар, керісінше, тек кінəлауға бейім жəне
отырғандарды мақтап, келмегендерді даттап отырады; мұндай
жағынуға үстірт адамдар ғана мəз болады. Біреулер бүгінгі
қарабайырларды кешегі шамшырақтардан əдейі жоғары қояды. Бірақ
көреген кісі жылпостардың бұл əдісін бірден біледі, оны біреудің асыра
мақталуы таңырқатпайды, өзін көкке көтергенге де немқұрайды
қарайды, ол бұл адамдардың өзінің жауларына да ертең осындай
қылық көрсететінін түсінеді, тек онда бəрі керісінше айтылады.

189. ӨЗГЕНІҢ ІСІ ТҮСУІН ПАЙДАЛАНУ. Реті келген тұста бұл - кез
келген істі ашатын ең жақсы кілт. Философтар мүддеге мəн берген
емес, ал саясатшылар оны құрметтейді жəне қалай пайдалануды
біледі. Біреулер өз мақсатына жету үшін басқалардың ниеттерін өзіне
баспалдақ етеді. Олар жағдайды мүлт жібермей пайдаланады. Олар
салқын ұстамдылықтан гөрі, қызу ұмтылыстан көп үміт күтеді -
ындынын құртқан нəрсе алыстаған сайын олардың тілегі қоза түседі.

Ниетіңді жүзеге асырғың келсе, өзіңе деген қажеттікті қолдап отыр.
190. БƏРІНІҢ ӨЗ ЖҰБАНЫШЫ БАР. Мүсəпір, бейшаралар оны

алданыш етеді. Жаманның да өз жақсысы болады, ақымақтар
сəттілікті көңілге медеу тұтады - “бақыт ақымақтарға" деп текке
айтпаған ғой. Құнсыз болсаң ұзақ өмір сүресің, сызаты бар ыдысқа тозу
жоқ, əрі ол қарауға көріксіз де! Тəрізі, Тағдырдың өзі көрнекті
адамдарды күндейтін сияқты, өйткені мүсəпірлерге ұзақ өмір,
ұлыларға қысқа ғұмыр сыйлайды. Керек адамдар бұл өмірден тез
кетеді, есесіне түкке тұрғысыздар ғасырды босқа өткізеді. Кейде
бишараға бақыт пен өлім өзара сөз байласып, мұны ұмытып кеткен
сияқты көрінеді.

191. ƏСІРЕ СЫПАЙЫГЕРШІЛІККЕ СЕНБЕУ. Бұл алдаудың бір түрі.
Біреулер фессалия шөптерінсіз* де арбай біледі - ақымақтарды,
менменшіл даңғойларды қалпақпен ұрып алады. Олар сенің
абыройыңның бағасын өздері белгілеп, төлемін желдей ескен
жарамсақ сөздермен төлейді. Бəрінен емексіту - құр дəметтіру; уəделер
аңғалдарға арналған тор. Шын сыпайылық - борыш; жасанды, əсіре
сыпайылық - алдамшылық, ол əдептіліктің емес, жеке бас
ерекшелігінің қамын жейді. Жағымпаз саған емес, сенің жағдайыңа
жағынады, қасиеттеріңе қошемет көрсете отырып, өзінің пайдасы
туралы ойлайды.

/*Ежелгі Грецияның бір облысы Фессалия өзінің бақсы-
балгерлігімен аты шыққан/.

192. БЕЙБІТШІЛДІҢ ӨМІРІ ҰЗАҚ. Тыныш өмірді қаласаң, өзгелердің
өмір сүруіне кедергі жасама. Ынтымақшылдар өмір сүріп қана
қоймайды, олар одан лəззат алады. Бəрін де көр, біл, есті, бірақ үндеме.
Күнің дау-шарсыз өтсе, ұйқың тəтті болады. Ұзақ та қуанышты өмір
сүру -бейбітшіліктің жемісі. Өзіне қатысты емеске мұрнын тықпайтын
жан көп рахат көреді. Болмашыдан мəселе шығару - мағынасыздық.
Сол сияқты, өзің үшін маңыздыға саусағыңды қимылдатпай, өзіңе
елеусізге жан-тəніңмен қайғыру да ақымақтық.

193. ӨЗГЕНІҢ МҮДДЕСІН ЖАМЫЛЫП, ӨЗ ДЕГЕНІНЕ
ҰМТЫЛАТЫНДАРДАН САҚТАНУ. Қулыққа көрегендікті қарсы қой.
Олардан екі есе ақылды бол. Біреулер өз пайдасын өзгенің мүддесі
сияқты көрсетеді; мұндай арам ниетті тани алмасаң, əр кез өз қолыңды
күйдіріп, оттан басқаларға игілік əперіп отырасың.

194. ӨЗІҢ ТУРАЛЫ, ӨЗІҢНІҢ КҮШІҢ ЖӨНІНДЕ ТУРА ПІКІРДЕ БОЛУ.
Əсіресе жастық шақта. Барлық адамдар өзі туралы жоғары пікірде
болады, кісі неғұрлым ұсақ болса, өзін соғұрлым жоғары қояды:
ғажайып бақыт туралы армандай отырып, өздерін табиғаттың
кереметі көреді. Үміт көп дəметтіреді, өмір ешқайсысын
орындамайды, сөйтіп менменшіл қиялдың шын өмірді түсінуі ауыр

азапқа айналады. Мұндай адасуларда парасатың өзіңе серік болсын,
жақсыны көксегеннің айыбы жоқ, бірақ тағдырды
салқынқандылықпен қарсы алу үшін жамандыққа дайын бол. Шебер
мерген көздей отырып сəл жоғары атады, бірақ тым жоғары да кетіп
қалмайды. Іске кіріскен кезде өзің туралы пікірге мұндай түзету енгізу
өте қажет, өзін дəріптеушілік тəжірибенің жоқтығынан
абайламаушылыққа бейім келеді. Ақымақтықтың барлық түріне қарсы
парасатты ақылдан артық шипалы дəрі жоқ. Əркім өз əрекетінің
ауқымын анықтауы тиіс, сонда ол өзі туралы пікірді шындықпен
үйлестіреді.

195. БАСҚАЛАРДЫ БАҒАЛАУ. Бір нəрсеге үйрете алмайтын адам
жоқ, сол сияқты басқа шебер асып түспейтін шебер кездеспейді.
Əркімнен пайдалы нəрсеге үйрену - өте маңызды дағды. Ақылды бəрін
бағалайды, өйткені əркімнен жақсы нəрсе байқай біледі жəне жақсыны
жасаудың қандай қиын екенін түсінеді. Ақылсыз ешкімді бағаламайды,
өйткені жақсыны көрмейді жəне тек нашарды байқайды.

196. ӨЗ ЖҰЛДЫЗЫН БІЛУ. Үлестен құр қалған бишараның да өз
жұлдызы бар, оның бақытсыздық күйге түсуінің себебі оны
білмейтіндігінен. Біреулерге - неге екені белгісіз - монархтар мен
əміршілердің жанынан орын бұйырды, тағдырдың өзі оларға
қайырымдылық жасады, ал енді оларға тек ыждағаттылық көрсетсе
жетіп жатыр. Кейбіреу даналардың ықыласын аударады; біреуді бір
ұлт басқаға қарағанда көбірек мойындайды, біреу бір қалада өзге
қаламен салыстырғанда көбірек құрметке бөленеді. Кейде адамның бір
істе басқа жұмысқа қарағанда көбірек жолы болады. Талайымыз
тағдыр қолында; əркім өз жұлдызы мен болмысын білсін, осыған оның
өзін құртатыны не атын шығаратыны байланысты. Жұлдызыңа сен
жəне оған көмектес; өзіңнің Темірқазығыңнан ауытқып, көрші Кіші Аю
жұлдызына кетіп қалудан сақтан.

197. АҚЫМАҚТАРМЕН БАЙЛАНЫСПАУ. Ақымақтарды тани
білмейтін де ақымақ, ал оларды танығанмен жанынан кетпейтін одан
да өткен ақымақ. Олар үстірт араласуда қауіпті болса, жақын қарым-
қатынаста тіпті құртады. Əуелі оларды өздерінің қаупі мен
маңайындағылардың қамқорлығы тежейді, бірақ соңынан не
ақымақтық істейді, не аңдамай сөйлеп қояды. Өзі құрметке ие
болмаған, оны басқаға жасай қоймас. Ақылсыздың ақымақтықтан да
жолы болмайды - екеуі де жұққыш келетіні есте болсын. Бір нəрсе ғана
оларда нашар емес: ақылдылар олар үшін пайдасыз болса да, олардың
өздері ақылдыларға бірқатар пайда əкеледі - не өмірді тануға
көмектеседі, не ғибраттық сабақ болады.

198. ОРЫН АУЫСТЫРУДАН ҚОРЫҚПАУ. Бірдеңеге, əсіресе жоғарғыға
қол жеткізгісі келгендердің жат елге кеткені жақсы деп есептейтін
халықтар бар. Отан-ана кейде тіпті көрнекті адамдарға да өгей болады:

онда бала кезінен таныс жанды күндеу жиі кездеседі; жерлестері оның
жеткен жетістіктерінен гөрі кемшіліктерін қазбалағыш болады.
Түйреуіштің де Ескіден Жаңа Дүниеге өтіп бағасы артты; осында
ауысқан шыны да алмастан артық бағаланды. Өзгенікі құрметті: себебі
не алыстан келеді, не дайын, өңделген күйде болады. Өзінің меңіреу
түкпірінде жек көрінішті болған адамдардың жат елде жерлестерінің
де, жат жерліктердің де құрметіне ілінгенін көргенбіз, алғашқылар
алыста жүргендіктен, соңғылар жат жерлік болғандықтан сыйлайды.
Қасиетті тұғырдағы ағаш мүсінді оны бұрынырақ орманда бөрене
күйінде көрген қастерлемейді.

199. ӨЗІНЕ АРСЫЗДЫҚПЕН ЕМЕС; ПАРАСАТПЕН ЖОЛ САЛУ.
Құрметке бөленудің дұрыс жолы - еңбек сіңіру, ал алғырлық айбынмен
ұштасқан кезде бұл табысқа апарар ең төте жол. Адал болу ғана
жеткіліксіз, бірақ жабысқақ болу ұят, онда сіңірген еңбегіңе кір келеді,
ізгі атыңа дақ түседі. Оған істеген еңбек пен көзге түсу дағдысын қатар
ұштастыру арқылы жетуге болады.

200. ƏРҚАШАН БІРНƏРСЕНІ ТІЛЕУ - бақытқа тойып, бақытсыз
болмау үшін керек. Дене тыныс алады, көңіл аңсайды. Аңсағанның бəрі
қолымызда болса, нағыз іш пысу сонда басталады: ақылдың өзіне,
əуесқойлық тудыратын, оған белгісіз жайды сақтап қою керек. Үміт
шабыт береді, зерігіп, жалығу - құртады. Тіпті марапаттай отырып,
толық қанағаттандырма; қалайтын түк қалмаса, жамандық күте бер:
бұл сорлы бақыттылық. Тілек біткен жерде қауіптену басталады.

201. АҚЫМАҚ КӨРІНЕТІНДЕРДІҢ БƏРІ ЖƏНЕ АҚЫМАҚ БОЛЫП
КӨРІНБЕЙТІНДЕРДІҢ ЖАРТЫСЫ АҚЫМАҚ. Дүниені ақылсыздық
жаулап алды, ал егер жерде даналық түйірін кездестіргеннің өзінде, ол
ғарыш даналығының жанында есалаңдық. Өзін ақылдыға, басқаларды
ақымаққа жатқызатын нағыз топастың өзі. Дана болу үшін ақылды
болып көріну жеткіліксіз; өзінің білмейтінін түсінген - біледі;
басқалардың түсінетінін ұқпайтын - түсінбейді. Дүние ақымақтарға
толы, бірақ ешкім өзін ақымақ санамайды.

202. СӨЗДЕР МЕН ІСТЕР МҮЛТІКСІЗ АДАМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ.
Сенің сөздерің ізгілікпен, істерің абыроймен толықсын: алғашқысы
кемел ақылды, соңғысы биік рухты білдіреді; екеуі де өр көңілден
шығады. Сөздер - əрекеттің көлеңкесі ғана; сөздер - əйелге, істер -
еркекке тəн. Сен мақтағаннан сені мақтаған лайықтырақ: айту жеңіл -
істеу қиын. Іс-əрекет - өмірдің мəні, ол сөздер - оның сəні; биік істер
қалады, биік сөздер ұмытылады. Іс-əрекет - саналы ықыластың жемісі,
біреулер - ақылды, біреулер - əрекетшіл.

203. ЗАМАНЫҢНЫҢ ИГІ ЖАҚСЫЛАРЫН БІЛУ. Олар көп те емес;
бүкіл дүниеде бір феникс, бір ұлы қолбасшы, бір орақ тілді шешен, бір
данышпан ғасырда бір рет туады, ал абырой-атаққа лайық монарх

одан да сирек. Қарабайырлықты табу жеңіл, бағалау да қиын емес;
ұлылық - сирек, өйткені ол мінсіздіктің үлгісі; ал дəреже неғұрлым
жоғары болса, оған көтерілетін шың соғұрлым биік болмақ. Көп адам
Цезарь мен Александрдың “ұлы" атағын пайдаланды, бірақ əрекетсіз
атақ - құр дыбыс. Сенекалар аз кездеседі, ал жұрт пікірі Апеллестың
ғана атын шығарды.

204. ЖЕҢІЛ ІСТІ ҚИЫН, АЛ ҚИЫН ІСТІ ЖЕҢІЛ СИЯҚТЫ ҚОЛҒА АЛУ.
Бірінші жағдайда, сенімділік алаңсыздыққа ауыспайды; екінші
жағдайда сенімсіздік тартыншақтық тудырмайды. Іс бітірмеудің басты
себебі - оны күнібұрын бітті деп есептеу. Керісінше, ынта-ықылас
мүмкін еместі мүмкін етеді. Ұлы бастамаларды тіпті ойластырып
керегі жоқ деген Юлий Цезарьдың ережесіне сəйкес іске кіріскен жөн,
əйтпесе қиындықты байқап жүрегің шайлығады.

205. ЕЛЕМЕУ ОЙЫНЫ. Көздеген мақсатқа жетудің ең жақсы тəсілі -
елемеу. Бірдеңені іздесең ешқашан таппайсың, ал ол туралы
ұмытқанда, өзі қолға түседі. Осы дүниедегінің бəрі мəңгілік əлемнің
көлеңкесі болғандықтан, онда көлеңкенің қасиеті кездеседі - қуған
адамнан қашады жəне қашқан адамды қуады. Ескермеу, сондай-ақ, ең
айлалы кек. Есті адамдардың бірінші ережесі - өзін ешқашан қаламмен
қорғамау: ол із қалдырады жəне қарсыласқа өрескелдігі үшін жазаның
орнына батылдық даңқын əкеледі. Кейде Мүсəпірлер атын шығару
үшін ұлыларға тиіседі: егер қарсыластары атақты болмағанда, көп
адам белгісіздікте қалар еді. Ең жақсы кек - ұмыту, ол жауыңды оның
түкке тұрғысыздық күлінде жерлейді. Есуастар тарихқа қандай
жолмен болса да кіруге ұмтылады, атын шығару үшін əлемнің
кереметін өртейді*. Өсек атын өшіру үшін оған назар аудармау керек:
дауласа бастасаң өзіңе жаман, сенің жақсы атыңа кір келеді.
Қарсыластарыңа шыдай біл; тіпті ғайбат сөздің көлеңкесі мүлтіксіздік
нұрын өшірмесе де, солғын етеді.

/*Эфестегі Артемида храмын өртеген Геростатқа жасалған ишара/.
206. ҚАРА НИЕТ БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІНІ ЕСТЕ БОЛСЫН, оны
тіпті ежелгі Грецияда жоғары мəдениетімен даңққа бөленген
Коринфтің өзінде, атақты жанұядан да табасың. Əркім мұны тіпті өз
үйінде сезінеді. Бірақ жай тобыр бар да, қара тобыр бар. Қара тобырда
жай тобырдың қасиеттері кездеседі (айнаның сынығы сияқты), бірақ
ол одан да қаскүнем; оның пікірлері тұрпайы, талқылауы арсыз келеді;
ал надандықтың ынталы оқушысы, ақымақтықтың қамқоршысы,
жаланың серігі. Оның сөздерін тыңдама, əсіресе сезімдеріне берілме.
Одан босау үшін оны білу керек: өйткені кез келген надандық
тобырдан келеді, ал тобыр надандардан тұрады.
207. ҰСТАМДЫ БОЛ, кез келген жағдайда кездейсоқтықтан жоғары
тұр. Қызбалық екпіні парасат үшін тайғанақ жар, жығылып жүрме. Бір

сəттік ашу не қуаныш салқынқандылық сағаттарына қарағанда əріге
əкетеді; сəтке ерік берсең соңына қынжылып жүресің. Қаскүнемнің
арам ойы ниетті байқау үшін парасатты осылай азғырады; сөйтіп көңіл
кілтімен сырыңды ашып, ең құнды қазынаңды ұрлап əкетеді.
Ұстамдылықпен қорған, əсіресе тұтқиылдан, кенет болатыннан сақтан.
Қызбалығың ауыздығымен алыспас үшін үлкен табандылық керек; ат
үстінде де парасатын жоғалтпайтынға баға жетпейді. Қауіпті білетін
абайлап қозғалады. Сөз айтқан адамға жеңіл, тиген кісісіне ауыр.

208. АҚЫМАҚТАРДЫҢ СЫРҚАТЫМЕН АУЫРМАУ. Даналар көбіне
көп парасаттың жетіспеуінен, ал ақымақтар, керісінше, ақылдың
тасуынан азап шегеді. Ақымақ тым білгішсінуден өледі. Біреулер
қайғырғаннан бақилық болады, біреулер қайғырмайтындықтан жер
басып жүр. Сонымен, біреулер қайғыдан өлмейтіндіктен ақымақ,
біреулер қайғыдан өлетіндіктен ақымақ. Тасыған ақылы түбіне
жететін адам да - ақымақ. Демек, біреулер бұрыс түсініктен өлсе,
біреулер түсінбестіктің арқасында тірі жүр. Дегенмен, көп адам
ақымақтар сияқты өледі, өлген ақымақтар аз.

209. ЖАҢСАҚ ПІКІРДЕН ҚҰТЫЛУ. Бұл ерекше дұрыс
ойлаушылықты қажет етеді. Жаңсақ пікірлер өте тұрақты, терең тамыр
жайған; əдеттен тыс адасуларға бой алдырмаған көптеген адамдар
үйреншікті адасудан қашып құтыла алмайды. Жаңсақтық, мысалы,
əркім өзінің жақсы тағдырына көңілі толмаса да, өзінің қарабайыр
ақылына риза. Өз тағдырына наразылар өзгенің бақытын күндейді.
Бүгінгі адамдар əрқашан кешегі күнді мақтайды, бір елдің тұрғындары
өзге халықтың игілігін көксейді. Өткен шақ əрдайым жарқын; не алыс
болса, сол қалаулы. Бəрін мазақ ететін адам мен бəрінен қынжылатын
кісінің екеуі де ақылсыз.

210. ШЫНДЫҚТЫ ЕБІН ТАУЫП ПАЙДАЛАНУ. Шындық қауіпті, бірақ
абырой іздеген адам оны айтпай тұра алмайды: мұның да өз өнері бар.
Сөйтіп, жанды шебер емдеушілер бұған да амал тауып, шындықты
тəттірек етті, өйткені шындық біздің көзімізді ашқанда, одан ащы
нəрсе болмайды. Сыпайыгершілік мұнда өз əдістерін қолданады: бір
шындық біреуге ұнаса, біреуге жақпайды. Бүгінгі адамдармен сұхбатта
ежелгі адамдар туралы əңгіме шерт. Зерделіге ишарат та жетеді, ал
ишара қонбаса үндемеген абзал. Əміршілерді ащы дəрімен емдеуге
болмайды, сондықтан оны тəттірек ету өнеріне жүгінген жөн.

211. ЖҰМАҚТАҒЫНЫҢ БƏРІ - ҚУАНЫШ, ТОЗАҚТАҒЫНЫҢ БƏРІ -
АЗАП, ортадағы біздің дүниеде екеуі де кездеседі; біз екі
кереғарлықтың арасында өмір сүреміз, екеуіне де қатысымыз бар.
Тағдыр тұрақсыз: өмір кілең бақыттан не ылғи бақытсыздықтан
тұрмайды. Біздің əлем өз бетінше түкке тұрғысыз, Аспанмен тіркесіп
құны толады. Өзгергіштікке немқұрайды қараған дұрыс, дана адам
ештеңеге таң қалмайды. Біздің тірлігіміз комедия сияқты басталады,


Click to View FlipBook Version