Отыру қайда бой бағып, Сырқырама меңдеп белгісі, Жаратқанға етсем жалыныш, Не күтем? Бәрі сағыныш! Онегин содан кейін Тавридаға соғады: Киелі аймақ ой бермек: Атридпен егесті ер Пилат, Бұл жерде өлді Митридат, Осында Маицкевич жыр кернеп, Жағада жүрді кеш жарық, Литвасын өзінің еске алып. * * * Жағасы жұмақ Тавриданың, Кемеден алғаш көргенде Алауы таңғы Киприданың, Аялап сүйіп төнгенде; Ғашықтар ұқсап салтына: Сүйді аспан таулар төбесін, Ну орман, селен, белесін Тастады жайып алдыма. Көрінсе татар лашығы Бой қызып, қаным тасыды! Сағыныш ойға салды ма, От-жалын қысты өкпемді, Беу, мырза! Айтпа өткенді.
Қай сезім ойға сөз берді? Қайтемін қозғап мұң-зарын Бәрі өтті бәрі өзгерді, Тыныштал, өткен жылдарым! Таңғалып көрдік біз мұны, Жайнаған жаға інжуі, Теңіздің шуы, шатқалдар, Сағынтқан сұлу ақ таңдар, Есімі жасырын қалғандар.... Көктемдер бейне көрген түс, Өткендей ұшып өрден құс, Есімде асыл армандар, Поэзия құйған кесеме, Су қостым аздап есеме. * * * Басқаша керек суреттер: Беткейді құмдақ сүйемін, Қос шетен, ескі үй бір бетте, Сағындым қақпа тиегін Жатпайды бұлттар алаңсыз, Сарайдың алды сабансыз, Тал түбі есен сақтаған, Жас үйрек қандай қашаған! Балалайка енді керегім, Мас жігіт тұрған жер теуіп,
Үйірге жетті ерпейіп; Үй иесі әйел - сенерім, Тілегім менің - тыныштық, Бір кесе сорпа бер ыстық. * * * Жуырда, жауын-шашында, Мал қора жаққа бұрылдым... Тіфу! Қара сөз былығы расында, Фламандар жолы бұрынғы! Бұл емес жаным аң-таңы Бақшасарай айтшы, фонтаны! Осындай ойды миыма, Беріп пе ең қосып сыйыңа? Алдыңда үнсіз тұрғанда Зарема үшін қамдандым, Ішінде жан жоқ залдардың.... Үш жылдан кейін бұл маңға, Онегин келіп көз салды, Саяхатта мені еске алды. * * * Одессада тұрдым шаң басқан... Ол кезде ашық аспаны, Сан қилы сауда алмасқан, Көп желкен солар ашқаны; Еуропаның исі аңқиды,
Оңтүстік әлемі балқиды Әр түрлі сақта тірлігі. Италия алтын шықты үні Көшеде шулы қарқындай, Жүргенде өргек славяндар, Француз, испан, армяндар, Молдаван, грек тартынбай, Египет ұлы өңі дос, Морали, Корсар қолы бос. * * * Одессаның шулы жыры бар Туманский біздің толғатты. Көзімен сиқыр нұры бар Уақытқа белгі орнатты. Паш етіп ақын ғұмырды, Көзәйнек киіп қыдырды. Жағада жалғыз қадаммен, Сонан соң жүйрік қаламмен Одесса бағын паш етті. Бәрі жөн, бірақ тал-ағаш Көрінбес дала жалаңаш Еңбегін көптің әс етті Жас ағаш қуат алып та Көлеңке берген халыққа. Жүйесіз туса әңгімем
Шаң басқан Одесса айтқызды. Көрген соң кезім дәл білем, Былығы қалам тартқызды. Бес-алты апта жолында, Жүргендей Зевес қырында Одесса шыққан атағы; Батпақта малтып жатады, Белшеден батқан үйлері Адамдар ағаш аяқпен Көшені кезер азаппен; Саз кешіп мырза күймелі Арбаға өгіз жегіпті, Арық ат орнын беріпті. * * * Тас жарып жатыр балғалар, Көшеге төсер бағытпен. Қалаға адам таңғалар, Қапталғандай сауытпен Одесса осы ылғалды, Зор кемістік тың қалды Дұрыстап бермей суын да Ол еңбек соғар қиынға, Сонда да жеңіл негізі Мол екен шарап қаулаған, Баж салық оған салмаған
Оңтүстік күні, теңізі.... Сайранда, достым, ардақта, Біз жүрміз ғажап аймақта. * * * Мен кейде таңғы зеңбірек, Шыққанда үні кемеден, Қырқадан түсіп тезірек Толқынға жетем тебеген Сонан соң трубкам қызынып, Тұзы бар судан бұзылып Мұсылманша жумаққа келісем, Шығысша қою кофе ішем. Сонан соң бейжай қыдырам Казино ашық, қақ жолда Шала ұйқы, ішімдік бар қолда, Балконда маркер құрды заң; Аулада әккі пайдагер, Келісті екі саудагер. * * * Байқасам алаң жанданды, Ала мен құла әр маңда. Ісі бар-жоқтар қамданды, Бір қажет бар ғой әр жанда. Есеп пен бәстің пендесі Саудагер келді туда есі,
Аспанды сәні көркемдер Таныс қой оған желкендер. Заттардың жаңа не түрі, Карантинге биыл түсіп пе? Қажетті шарап пісіп пе? Жұт па әлде өрт пе кепілі? Аштық пен соғыс қадалып Жоқ па оқыс сондай жаңалық? * * * Бірақ та бізде қайғы жоқ, Саудагер тобы қасында, Устрица келсе біз де тоқ Цареград жақтан осында. Устрица келді! Бұл шаттық! Ашқарақ жастар ас таптық Қабыршықтан алып тұтамыз, Тірідей не өлі жұтамыз, Шашыратып лимон азырақ. Айқай мен лаң - мол шарап Қоймадан жетті біз қалап, Жайнатты Отон қазір-ақ, Құны бар қымбат әр сағат Барады өсіп қат-қабат. * * * Қарайып кетті көк аспан,
Операға барар сәт жетті: Онда Россини төр ашқан Еуропа Орфейі үндетті. Сынға да қатты қанады, Жаңарып қайта жанады. Ол терген әуен қайнайды, Ағындап, жанып, жайнайды. Сүйіскен жастау кезіңде Ғашықтық әлпеш әлдидей, Шапшыған шарап аидей Орайды алтын сезімге... Беу мырза! Тұрар бар ма жол Шараппен қатар do-re-mi-sol? * * * Көз тартар ғажап қанша онда? Көзілдірік те сұмдық табылмас. Кездесу қызық тың жолда Prima donna, балет ағындас. Төрде отыр көзді қандырған Негоцианка уыз балдырған Көрінді тұйық ол маған Топталып құлдар ораған... Маңайды барлап аңдымас Керек пе Каверина арияң? Мақтау мен әзіл жарияң...
Жұбайы қалғып ол да пәс Қол соғып фора орындар, Есінеп қайта қорылдар. * * * Заулады финал; зал тарқап, Кетуге қауым асықты; Алаңда көбі тұр қарап Жер, аспан жарық шашыпты, Авзония бақытты ұлдары Әндерін алаң тыңдады; Лезде жаттап, шатпақтап, Қосылдық біз де тақпақтап. Тым кештеу Одесса ұйқыда, Тымырсық әрі жып-жылы Үнсіз түн. Ай пәс жылжыды, Ақша бұлт қалды тыншыға, Аспанды құшып тыңдайды; Қара теңіз ғана шулайды... Одессада тұрдым сол кезде....
ТАҢБАСЫ ҚҰПИЯ ШУМАҚТАР <І> Б <илеуші> осал, жылпос жан, Тер төккен жанды қолдамас, Байқ <аусыз> даңқ бұйырған П <атшалық> құрды қасқа бас1 . <ІІ> Ойладық жуас деп бұл пенде Аспазшы бөтен расында Екі басты қыранды2 түткенде Б< онапарт> шатыры алдында. <ІІІ> 12-ші жылғы найзағай Жетсе кім сеп болды ұдайы? Ел ызасы әлде найзадай, Б <арклай>, қыс, не орыс құдайы? <IV> Жебеді құдай анық біз Түскендей істің алшасы П <арижге> жетіп қалыппыз, Бас п<атша> - орыс п<атшасы>. <V> Қанша май басса, сонша ауыр Ақымақ о<рыс> х<алқым> ай!
Мәзбісің денең толса құр. <VI> Мақсатым халқым сыйлаған Мен саған ода арнар ем 70 Тегі зор1 жазғыш тыңдаған Ескертті маған байқа деп Альбионға теңіздер бұйырды. <VII> Мүмкін, жалға алып тынбаса, Монастырге ақымақ жүгірді Мүмкін, <Николай> ымдаса, Қайтарар көпке <Сібірді> Мүмкін жолдарды жөндейді. <VIII> Былапыт туған жиһангез Патшалар одан қаймыққан Тәж алып Пападан өшті тез Көлеңкедей күннен қаймыққан, Тыныштық қинап дарға асты. <ІХ> Зілзала2 тынбай Пиринейде, Неапольді жалын торлады. Шолақ қол3 князь Моренге Кишиневтан сәлем жолдады. Қанжар Л <?>, көлеңке Б <?>
<Х> Халқыммен бәрін басамын, Конгрессте депті пат <шамыз> Сені ойлап құрмас жасағын, Александр құлы аты <аңыз>.71 <ХІ> Полкі Титан Петрдің Күлдіргі ескі мұрттылар З<алымды> сатып лепірген Қанпезер топқа ғұрпы бар. <ХІІ> Р <есей> б<ұқты> қайтадан П <атша> да молдау есірді. Түсінер барлап байқаған Басқаша жалын көсілді. <ХІІІ> Олардың өзге жиыны, Бір шөлмек қалмас шарабы Бір рөмке орыстың арағы. XIV Мәнермен ашық шығынсыз, Әулетке тәңірім бақ берген. Никита тосар тынымсыз, Илья күтер сақ келген. <XV>
Досы Марс, Вакх1 , Шолпанның Оларға Лy <нин>2 ұсынған Осы деп назы қолқамның Шабытпен шалқып ысылған: Ноэлін П <ушкин> оқыса Як <ушкин> үнсіз толқыса 72 Көрсеткен болар жанжалын, Патшаны жарғыш қанжарын, Ресейді ғана әлемде Көрмек боп сайрап жосылған, Ақсақ Т <ургенев> қосылған Құл <дықты> жойып бар елде Дворяндардан үміт тосқандық, Ша <руаларға> берер бостандық. XVI Болған іс мұзды Невада Бірақ та ерте көктеммен Каменка жақта жағада Тулчиннің тауы көмкерген, Витгенштейнде берік қазықтар, Асау Днепр жуған жазықтар Даласы Бугтың қабылдап Жаңалық <кетті> дабылдап. Ол жерде П <естель> күреске Іздеді қажет сан амал
Суыққанды сол ғой генерал, Муравь <ев> те кірді үлеске Күш пенен істі белгі етті, Ұш <қыншыл> сәтті тездетті. XVII Әу, баста сондай келісімдер Лафит пен Клико бастаған Болды ғой достық есті үндер, Алысқа алшақ баспаған, Жүрекке бүлік қонбаған Сергітер ғылым болмаған Жүріпті жастар құр текке, Құрды ермек кексе тентек те, Көрінді солай Түйінге түйін тоғысты <Құпия тормен аңдумен> <Ресей> Патшамыз жүрді қалғумен.
ТҮСІНІКТЕР 1930 жылы 26 қыркүйекте, тоғызыншы тараудың бітуінің ертесіне (романның негізгі нұсқасынан "Евгений Онегиннің саяхаты" атты тарауды алып тастағаннан кейін, ол сегізінші тарау болып шықты) Пушкин шығару жоспарымен "жанына ең жағымды" шығармасының жарыққа шығару хронологиясын жасады. Онегин Бірінші тарау I өлең Алғы сөз Кишинев, Одесса II өлең Ақын Одесса, 1824 III өлең Ару Одесса, Михайловское, 1824 Екінші тарау I Деревня Михайловское, 1825 V Туған күні жайлы Михайловское, 1825, 1826 VI Атысу Михайловское, 1826 Үшінші тарау VII өлең Москва, Михайловское Петербург, Малинники, 1827. 8. VIII Саяхат, Москва, Павловск 1829, Болдино IX Большой Совет, Болдино
Ескертпелер 1823 жыл 9 май Кишинев -1830, 25 сентябрьде. Болдино 26 сентябрьде Александр Пушкин "Асықты өмір сүруге, құштарлыққа құлшынды" князь Вяземский. 7 жыл, 4 ай, 17 күн. Басқа шығармаларының қайсыбірін алсақ та Пушкин осыншама көп уақыт бөлген емес-ті. Бірақ та романның мазмұны жағынан бұл: роман, не поэма, не ұзақ өлеңдер тобы десе де, бұл болжамы да толығынан орындалмады. Оның себебі "Евгений Онегин" ақынның рухани өмірінің күнделігі іспеттес шығарма болғандығының әсері тиген шығар. Роман дәуірдің шындығын ғана тізбектеген жоқ, XIX ғасырдың яғни үштен бірінің энциклопедиясы бола тұра - бұл басты мақсат болса да - өмірдің маңызы мен мақсатына ойшылдық жасап, болмыстың сырын ашты. Роман тараулары бөлек-бөлек басылып отырды. Ең алғашқы толық жинағы 1833 жылы жарық көрді. "Бәсім жоқ көпті таңдантпақ" деп басталатын ең бастапқы шумағы Пушкиннің еңбектерін шығарып жүрген баспаның редакторы А.А.Плетневқа арнауы, бұрын төртінші және бесінші тарауларда беріліпті. "Онегиннің саяхатынан" үзінділер қосымша ретінде тарап жүрген екен. Негізгі мәселе "Таңбасы құпия шумақтарды" баяндайтын шумақтарда жатыр, оны дәлелсіз оныншы тарау деушілер де жоқ емес. Бірінші тарау 1823 жылдың 22 қазанында аяқталды. Баспадан 1825 жылдың ақпанында інісі Л.С.Пушкинге арналып, қосымшалар мен "кітап сатушы мен ақынның әңгімесі" деп кіргізіліпті. "Эпиграф - 1833 жылғы басылымында қосылды. I "Тәртіпке тәптеш ағайын" - әжуа іспеттес Крыловтың "Есек пен еркек" атты мысалынан алыныпты: "Тәртіпке тәптеш есегім". II "Поштабаймен шаң жұтқан"... - Бұл қазынаның аттарымен жол жүргенде аттары әр станцияда айырбасталып отырады деген ұғымды береді. "Жақпайды маған солтүстік" - Пушкиннің оңтүстікке жер аударылғанына наразылығын білдіреді.
III "Құрметпен іске жегіліп" - жаттанды формула "құрмет белгісін беруге лайықты" деп меңзегені. VI "Эпиграф" - ұтқыр сөз, шығарманың негізгі мақсатын жеткізер цитата (кісі сөзі) болады. VII "Құштарлық жеңбей санасын" - поэзияға деген құштарлық айтылып отыр, "ән десе жимас айылын" да сол сарындас. XVI "Комета тығын атылды" - 1811 жылдың жемісінен алынған шарабының тығыны аспандағы кометаға (шағын жұлдыз) ұқсас жасалған екен, өйткені сол жыл ол комета көп уақыт көрініп тұрыпты. "Дәмді екен Страсбург самсасы" - құстың бүйрегінен жасалған консервідегі дәмді тағам. "Лимбургтік ірімшік аралас" - ерекше жасалатын өзі ащы, оған қоса өзіндік иісі бар Лигбугте жасалатын ірімшік. XVII "Федра мен Клеопатраны, Моинаны болды қолдаушы" - дегендегі: Федра жан Расиннің кейіпкері, Клеопатра - бір аударма пьесадан алынған есім, Моина - В.А.Озеровтың "Фингал" атты трагедиясынан алынған. XX "Нимфалар құштар қоршады" - бұл нимфалар ағаштың арасында жүретін орман құдайлары: классикалық опералар мен балеттерде қолданылады. XXIII "Не сатса да Лондон кінәмшіл" - бұл жерде галантерея, парфюмерия товарларын сатушыны айтады. XXVI "Көнеге қарап төздік те, академиялық сөздікке" - Ресей Академиясының сөздігі шет елдердің тілдеріне толы болыпты.
XXVIII "Бикештер күндес күңкілін" - авторы белгісіз сатиралық шығармадағы керімсал әйелдердің бейнесіне жатады. "Мода сүйгіш" атты И.И.Дмитриевтің өлеңдеріне ұқсас. XXXIII "Қызғандым толқын шұбырсаң" - Мария Николаевна Раевская-Волконская есіне алғанда: "Теңізде толқып қуып жүргенінде соңымнан Пушкин қалмапты. Ақыры 15 жастағы маған арнаған тамаша өлеңі туды" - деген екен. "Армидаларға тез құмар" - Торкварто Тассоның "Азат Иерусалим атты поэмасында - Армида - көріпкел кейіпкер. XXXV "Наншы неміс тасып ас, айтар сөзі васидас" - немістің "Was ist das?" (Что такое?) бұл жерде форточка (терезенің шағын бөлігі) немесе есіктің жоғарғы тесігінен нан сатушының сатып алушылармен сөйлесетін жері. XXVIII Chuld - Harold - Джорж Ноэль Гордон Байронның "Чарльд Гарольдтің саяхаттары" атты еңбегіндегі басты бейне. XLII Сей (Сэ) Жан Батисон (1767-1832) - француз экономисі, Бектам Кремия (1748-1832) - ағылшынның социолог-жазушысы, утилитаризмнің негізін қалаушы. XLIV "Мойын бау тозған салтындай" – діни-танулардың мойын баулары; бұл ретте ескі дәрістердің жаңаларға салған бұғаудан ой мен сезімді тұзақтап тұрғаны көрсетіледі. XLV Соқыр қолдаушы - Бақыт тағдырдың тәңірі. XLVIII "Торквартты әуен ырғағы" - Торкварто Тассоның "Азаттық алған Иерусалим" поэмасынан өлең болып кеткен тармақтан. Сегіз тармақтан туған шумақтар - октавалар (үйлесімдер) octo лат. - сегіз. XLIL ... Аполлонның ұрпағы - ақындар; Аполлон Күннің құдайы, өнердің қорғаушысы.
... Альбионның бұтағы... - Альбион - Англияның ескі аты; бұл жерде Байрон "Чарльд Гарольдтың" IV өлеңінде Венецияны сипаттаған кезі келтірілген. ... Петрарканың тілімен ... Петрарка Франческо (1304- 1374) - Италияның ұлы ақыны. L "Қасарып дүлей толқынға ... Шаңқай түс ыссы аптапта" - оңтүстіктегі теңіздердің сипаты. LVI "Байронға ұқсап тәкаппар" - Байронның (1788-1824) көңіл күйі мұңшылдау, бірақ қимылдары тәкаппар, бұл бейнелеуден оқушының ақынның өз тағдыры деп түсінетінін келтіріпті. Екінші тарау 1823 жылғы 8 желтоқсанда аяқталған. XXXV, XXXIX және XL шумақтары кейін жазылған бұл тарау 1826 жылы қазанның 20-сында жарық көріпті (Москвада). Эпиграфтар. - О, rus! Ног - О, деревня Горацияның (65 ж.ж.д.дейін - 8 ж. ж.д. дейін) Сатира кітабынан (II кітап VI бөлім). Rus (деревня) О, Русь дегізгені Пушкиннің еркін серпілісі. III ... Сегізінші жылғы күнделік... Шенділерге қол қойғызылып жасалатын Ресей Империясының 1808 жылғы ай сайынғы күнтізбесі. IV "Барщинаны құртыпты, жабайы алыс орнатты" - бұрынғы Ерес - ярмо; Барщина - крестьяндардың өз қожаларынан ақы алмай жұмыс істеуі, бірақ олардан тұрақты алымсалықты бекітті (ақшадай яки заттай). V "Фармазон ішкіш шарапты" - өзгертіліп аталған "Фармансон; саяси-діни қоғамның құпия аты. Массондық құрметті орындар Ресейде 1882 ж. жабылыпты. VI "Геттинген шектес адал жан" - Геттинген Германияның қаласы. Бұл қаланың университетіндегі профессорлар немістің идеалистік философиясын қолдап, жаңа тәртіпке мойынсынбауды уағыздаған. - Пір тұтқан Кантты - Кант Иммануил (1724 - 1804) - немістің философы.
VIII "Сол досы неге жоймасын, өсекшілдердің қоймасын"- қойма деуі өсекшілердің түпкі ойын деген мағынада. IX ... Сенімі күшті ... қос жүрек ... - Вяземскийдің "Өкініш" атты өлеңінен өзгертіліп алынған: "сөздерің жанға бостандық орнатты, қасиетті жек көргіш арсызға от боп жағылды - сенімі күшті махаббат рахатына бастады. X "Нәрі бар ынтық зәрудің ... Тұманды өр қиял, мас леп" - өмірдің көрінісін өз бояуымен көрсетті - бұлар байырғы поэзияның қанына сіңген марка мен таңбалар. XIV "Сенімге көнбей мінезің" - сенімге көнуді жою (өз ой тоғытуын, діни сенім - ағартушылықтың бір ұраны болған. XXI "Сол дейтін сенің пешенең" - үйленуге берген кеңес. XXIX Ридчардсон Сэмюэль (1689-1761) - ағылшын жазушысы, "Чарльз Грандисонның тарихы" және "Кларисса Гарлоу" - атты романдардың авторы болған. XXX "Грандисон асып Лавластан" - ол Лавласты құрметтеді" мейірбан және дөрекі жасалған Ридчардсонның романдарының кейіпкерлері. XXXII "Ғажайып өнер табылды... қолда есеп, бастан шашты алды" - әр іс өз жүйесін тапты. Крепостной қызметшілерін әскерге аттандырады жарамдыларының маңдай шашын, жарамсыздардың желке шашын алуды шығарды. XXXV "Ыдыстың әні, би жарқын - дәстүрлі көне салттың әндері; қыздар сақиналарын сулы ыдысқа салып, қайтадан алып шығарда ән салады екен, кімнің сақинасы қалай алынды соған лайық ән туатын болған, оны тағдырға байланыстырған. "Шоқ гүлге тағзым басталды" - заря" атты гүлге көз жасының тамшысын арнайды. Троицын күндері ол дала
шөбімен әр үйдің бөлмелерін көркейтеді екен, бұл рәсім ол дүниеге аттанып кеткен туыстарына бағышталатын болған. "Тағамның келді асылы, шеніне қарай тасылды" - ол кезде қонақтарға тағам үлестірерде шені үлкеннен бастапты. XXXVI "Табытта киді жаңа тәж" - өлді деген ұғым. XXXVII "Оралды атамекенге" - аруақ қонған өз үйіне оралды. XL "Музаны берік жақтаушы" - романдағы аонида - муза деген мағынаны береді. Үшінші тарау 1824 жылдың 8 ақпанында басталып, 2 қазанында аяқталған. Баспадан Петербургте 10.10.1827 жылы жарық көрді. "...Эпиграф ... француз ақыны Мальфилатра Шарм Луи Клешанның (1733-1767) "Нарцисс немесе Шолпанның алаңы" поэмасынан алынған тармақтар. V "...Вандиков Мадонасы аумаған" - Голланд суретшісі Антонис Ван Дейктің Алланың анасының суретін салған картинада болып отыр. X "Кларисса" - Ридчардсонның "Кларисса Гарлоу" романының кейіпкері "Элия" - Руссоның "Элия немесе жаңа Элоиза" атты романының кейіпкері. XII "Британ сазы сан қырлы" - Британияның жаңа жазушыларының ойлап тапқандары, Байрон және оның шәкірттері. XVIII "Ал өзім он үш жаста едім" - ол кездегі крестьяндардың қыздары он үште ұзатылады да, ер балалар он беске келсе отау иесі дейді екен. "Шашымды өрген тарқатты" - ұзатылар қыздың некесін қиярдың алдында құрбылары шашын қос бұрым қылып өріп беретін еді, ересек әйелдер жұрттан тасалап қорғайды екен. XIX
"Қасиетті суды бүркейік" - Шіркеу өкілінің ұшықтап берген суы. "Қаусаған қолмен шоқынтты" - Бұл жерде батасын беріп, аят оқумен шоқындыруды айтады. XX Телогрейка - қысқа тігілген ыспалы жылы шапан. XXVIII "Семинарист шәлі жамылған", "не Академик тақия киінген" - оқымысты әйелдерге әзілдеп таққан ат. XXX "Аспанын шолып финдердің" - Баратынскийді Финляндияға жер аударғанда достық үндестік білдіру. XXXI "Фрейшиц" - Карл Мария фон Вебердің (1786-1826) "Еркін атқыш" атты операсының неміс тілінде айтылуы. XXXIII "Вегор" - кеш, кешқұрым. XXXV "Бірақ та аң-таң қаламын" - түсінбей тұрмын дегені. XXXVIII "Жарқабақ, көпір, шабындық" - көк майсалы, көл шеті, гүлге оранған шырмауық. Төртінші тарау 1826 жылдың 6 қаңтарында аяқталған. Бесінші тараумен бірге Петербургте 31 қаңтар - 2 ақпанның арасында, 1828 жылы баспадан шыққан. Бұл басылым Петр Александрович Плетневке арналыпты. ....Эпиграф... - Францияның мемлекет қайраткері Жак Неккердің сөзі, оның қызы Жармена де Стальдың "Француз революциясына көзқарас" деген кітабынан алынған. VII
"Әйелді қанша аз сүйсең" - бұл жайында Пушкин алғашқы рет інісі Левке: "Мен саған әйелдер жайында не дер едім, бірақ не десем де бос сандырақ. Тек бір ескертпем: әйелді қаншама аз сүйсең, тезірек меңгеріп аласың. Өйткенмен бұл әурелік XVIII ғасырдағы кәрі маймылдың лайық тапқаны. XIII "Мадригалсыз айтам өлеңсіз:" - бос сезіммен, әсіре мақтаусыз айтпақ ой. XVIII "Сыртынан бірақ шын бүлік" - тың бүлік "недоброхохотство" сыртынан ерген өсекаяң. XIX "Қиялы қара ниетті" - ниеті арам ойлы деген сөз; "Эпиграмма сүйгіш олақтау" - дөрекі жалпақ шешендік. XXVIII "Келместей жазғыш сауатқа" - ырғақсыз да ұйқассыз өлеңдер. XXX "Толстойша сиқыр әдіспен" - Толстой Федор Петрович (1783-1873) суретші, зергер, өңдеуші. XXXII "Бет перде, керней, қанжарды" - бет перде дегені маска, керней (труба), қанжар үшеуі классикалық әдебиетте және суреттегі ресми белгілер (эмблемалар). XXXIII "Бөтен ой назын тежеді - И.И.Дмитриевтің сатиралық "Бөтен ой" атты шығармасындағы дарынсыз жалаң сөзшіл, айлакер автор жайлы. XXXVII "Гүлнарды жазған ақындай" - Байронның "Корсар" атты поэмасындағы Гюльнара атты қыздың бейнесі. "Геллеспонт" кешер малтумен" - деген Леонардо және Геро жайлы аңыздың анықтығын тексеру үшін 1810 жылы 3 шілдеде Байрон Дарданел бұғазын малтып кешіп өтіпті, ол кезде көне гректер Дарданелді Геллеспонт атапты. XLIII
Прадт Доминик (1759-1837) - Францияның саяси қайраткері, публицист. Наполеонның сарай діндары. Вальтер Скотт (1771-1832) - ағылшындардың ақыны, жазушысы, оның шығармаларын Пушкин "Жанға азық" атапты. XLIV "Мұз салған суға шомылса ... Бильярдта екі шарменен, жарысып ойнар таңменен" - Бұл жолдар, тетелестерінің айтуы бойынша, автобиографиялық көріністерге жатады. XLV "Ипокренше жайнады" - Ипокрена - Голикон тауындағы шабыттың қайнар көзі, Аполлон мен музалардың тұрағы. "Соңғы тиін - лепіт бұлдырар" - лепіт - көне еврейлердің ақшасы (монета), лепіт інжілдің сүрелерінен жетіпті. XLVII "Қасқыр мен иттің арасы, секілді уақыт деме бос" - әзіл үшін алынған француз тілінде былай екен: "entre сһіеп et lour" ол ымырттың белгісі. (Қазақ: "қас пен көздің арасы" -дейді К.С. XLIX "Сенбіге туған күніне - Татьянаның 1824 жылы 12 қаңтар Сенбіде туған күнін "Татьяна күні" - деп атапты. Бесінші тараудың жазылып жатқан күндері екен. Бесінші тарау Бесінші тарау 1826 жылғы 4 қаңтардан басталып 22 қарашада аяқталды. 1828 жылдың 31 қаңтары мен 2 ақпанының арасында баспадан шықты. I - Эпиграф - В.А.Жуковскийдің "Светлана" атты балладасынан алынды. II "Сол күздің жылы шуағы... қаңтарда қар жауғанда... үшінші күнгі таңды ала" - үшінші қаңтарда түнде жауыпты, бұл 1824 жылдың қаңтары екен. III "Қыс келді... Шаруа шалқыды" - бірінші қардың шаттығы, қыс келді. Сонар жол түсті.
IV "Крещен кешін қызықтар" - Шоқындырар алдындағы кеш, ол кеште өз тағдырын жайлы бал аштыру қызығы келеді. VIII "Балауызға суда қарайды" - еріткен балауызды суық суға салғанда түрлі-түрлі суреттерге денелердің сәйкес келуіне қарай балгер адамның тағдырын айтып береді. X "Жебеді Лель тез сезіп" - Лель көне славяндардың ғалымдары мен ақындарының ойлап тапқан махаббат періштесінің аты. XIII "Көрінбес бір із қалмастан" - тік жағалау қар басқан қалың ағаш із бермейді. XVIII "Домовойлар қызды ақ жалын" - дегені домовойлардың сұм шайкасы көрінгендей болады, христиан дінінде әр үйдің әулиесі, қорғаушысы "домовойлары" - аруақтары бар, бұл жолы бұлар қорғаушы емес қорқынышты болып көрінеді. XXII "Халдейлер салтын қорушы" - көріпкелділік, балгерлер халдей (Вавилон) салтын жақтаушылар жұлдыздарға қарап бал ашады екен. XXVI ...Буянов - Василий Львович Пушкиннің "Қатерлі көрші" атты поэмасының кейіпкері. Пушкин Буяновты немере ағам дейді екен. Өйткені поэманың авторы әкесінің туған інісі. XXXV "Үстелдер жасыл ашылған" - Карта ойындарына лайықталған үстелдер жасыл сукномен қапталады екен, өйткені ойыншылар оны тақта ретінде пайдаланып өз есептерін жазып отыруға лайықтапты. XXXIX "Қалалық Парис толғана" - көне гректердің Троян соғысы жөніндегі ертегілерінде Парис атты еренғайып сұлу жігіт болыпты, соны мысқылмен келтіріп, "уездной мақтаншақ" Петушковты атапты. Алтыншы тарау
Алтыншы тарауды Пушкин бесінші тараумен қатарлас жазып жүргенге ұқсайды, өйткені ол Петербургте 1828 жылы 22-23 наурызда жарыққа шықты. - Эпиграф - Петрарканың "Джакомо Колонна" атты канконнасынан алынған. V "Регулдей ардың тәңірі" - Регул Марк Атиллий (III ғ. ж.э.дейін) Римнің консулы, қолбасшысы; бес жыл Карфагенде пленде өткізді, содан кейін өзара келісімге келтірер мәмле жаса деп Карфаген Римге жіберді, бірақ та сенаттың алдында бұл ұсыныстан өзі бас тартты. Өз сөзінен таймайтын қайсар Регул Карфогенге қайта оралды, сол жерде ауыр азаппен өлтірілді. VI "Талайды салды-ау, тәлкекке - дуэльге жеткізуге себепкер болды. VII "Келісімге әлде келтірер" - дуэльден тайқу қорқақтың белгісі саналатын, келісімге келу де сондай қатал сында. "Капутаға Гораций секілді" - Римнің ақыны, әскери шешен, соңғы өлеңдерінде деревнядағы шаруа арқылы "Капуста өсіру" - деп атаған еңбегінің атын "село шаруашылығы" деген француздың мәтелінен алыпты. XXVII "Секундантын Онегин көрсетті" - Онегин дуэль жайлы келісім-шарттарға қарамай секундант етіп өз жалшысын алыпты. "Екеулеп үлкен сөз кесті" - дуэльдің қатаң кодексі болмағандықтан бар тәртіпті секундтар шешеді екен. XXXIII "Әкесіне жіберсек тапсырып" - өлтіру деген сөз. XVI Флер - шляпаға тіркелетін жеңіл шарф. Жетінші тарау 1827 жылы 18 наурызда басталып 1828 жылдың 4 қарашасында аяқталыпты. Жарыққа Петербургте 18-19 наурыз, 1930 жылы шығыпты.
- Эпиграфтар - И.И.Дмитриевтің "Азат Москва" өлеңінен, Е.А.Баратынскийдің "Тойлар" атты поэмасынан және де А.С.Грибоедовтың "Ақылдың берген азабы" атты комедиясынан алыныпты. V "Сайланған саған арбамен" - шет елден сатып алынған арба. XXIV "Мәскеулік Гарольдше киінген" - орыстың помещигі Байронның "Чарльд Гарольдің саяхаты" атты поэмасындағы өмірге түңілген кейіпкерінше киінген. XXXIV "Циклоптар отпен өңдейді" - Циклоп деген сөз грек мифологиясындағы жалғыз көзді дәу ұсталардан алынған, олар оттың құдайы Гефестің ұстаханасында жұмыс атқарған. XXXV "Автомедондар күші артқан, жеккені ұшқыр үш аттан" - Автомедоналар дегені ат айдаушы жәмшіктер, бұл ойды Пушкин Ахиллестің аттарын айдаушы автомедоналардан алып отыр. XXXIX, XL "Мінеки, Харитонья көшесі", - бұл көшеден жол "қасиетті Харитонья" шіркеуінің ауласына апарады. XLIII "Қоңыраулар таңғы дабылы" - бұл шіркеу қоңыраулары таңғы сағат төртте дабыл қағады екен. XLV "Клубтың мықты мүшесі" - Англия клубының құзыреті биік мүшесі, бұл клубқа сайлану Мәскеу дворяндарын жер жүзіне танытатын ерекше орын болған. XLIX "Архившіл жастар үйірі" негізінде сыртқы істер министрлігінің архивінде қызмет етіп жүрген Мәскеу әдебиетшілерінің әзілмен айтылған үйірмесі. L "Трубка таққан еркектер" - Театрда пайдаланатын трубкаларды айтып отыр.
Сегізінші тарау 1829 жылы 24 желтоқсанда басталып, 1830 жылдың 25 қыркүйегінде тәмамдалған. Онегиннің Татьянаға хаты 1831 жылдың 5 қазанында Патша селосында жазылыпты. Негізгі жарық көрген жылы 1832 (қаңтар), алғы сөзбен 1833 жылы хат "Онегиннің саяхатынан үзінділерге" қосылыпты, "Евгений Онегиннің" соңғы тарауы деген түсінік берілген. - Эпиграф - Байронның "Айрылысу туралы өлеңдер" - циклінен алынған. I ...Апулей - (қаз. 125 ж. - қаз. 180 жыл ж.э.) Рим жазушысы, философ. ...Цицерон Марк Тулий (106 - 43 ж.ж. ж.д.дейін) - Римнің мемлекет қайраткері, жазушы, оратор; оның сөздері риториканың үлгісі саналады. II Державин Гаврила Романович - ақын, мемлекеттік қайраткер; Пушкин өмір бойы 1815 жылы 8 қаңтарда лицейді бітірердегі "Патша селосындағы естеліктер" атты өлеңін Державиннің алдында оқығанын ұмытпайтын. III "Вахканка қыздай жайнады" - Вахканка көне Грецияда шараптың құдайы және Вахтың молшылық иесі; ол үшін жасалған вахканалиялар, думанды қуаныштар ерекше шаттық тудырған. IV ...Леонара... - неміс ақыны Готфрид Брюгердің (1747- 1794) балладасының кейіпкері, орыс тіліне Жуковский аударған. V ... Құдайлар сөзі... - поэзия. VIII ... Космополит... Отанына деген сезімін жоғалтқан адам. ... Квакер .... Англиядағы діни сектаның мүшесі, ол мемлекеттік дін орындарын, шіркеуді, дін таратушылардың ісін жоққа шығарады. XXV
"Жақпады роман мұңы да, екі қыз вензель құны да" - Вензель патшаның алтындаған бриллианты бар құрмет белгісі (монограмма). Апалы-сіңлілі екі қыз Ольга және Анастасия Бороздиналар (фрейлина болғаннан кейін) әкелері өлген соң (14 қараша 1830 ж.) өздеріне Николай Михайлович Бороздиннің еңбегі бағаланып берілген белгі. XXVI - St. - Priest - граф Эммануил Сен-При (1806-1828) гусар һәм діндарлықсыз карикатурист. - крахмал өткен дарақы - С.Глинканың жорамалы бойынша, Пушкиннің тұстасы. - Томас Рейне, ағылшынның жиһангезі, Петербургте 1829-1830 ж.ж. тұрған. XXXVII ... Бабаларына даяр жазуға... - өлуге даяр жан. XXXIX Камелек - камин пеш. L "Кешірсін қыңыр қаңғыбас" - Онегин. "Мен құштар тірі пірім де" - Татьяна.
ТАҢБАСЫ ҚҰПИЯ ШУМАҚТАРҒА ТҮСІНІКТЕР <І> Б<илеуші> осал, жылпос жан - деп Ресейдің патшасы Александр I (1777-1825) айтып отыр. Пушкинді Александр I 1820 жылы айдауға жіберсе, оны Николай I 1826 жылы босатты. <ІІ> Екі басты қыранды түткенде, Б<онапарт> шатыры алдында... - Аустерлицтің түбіндегі жеңілістен кейінгі Ресейдің беделін түсірген Тильзит келісімін айтып отыр. Наполеон мен Александр І-дің кездесулері қазіргі Калининград облысындағы Неман өзенінің бойында өтіпті. <ІІІ> Б<арклай> де Толли Богданович (1761-1818) - Бірінші Батыс армиясының қолбасшысы, жаудан шегінудегі тактикасының қателігі үшін кінәланған. Отан алдында опасыздыққа салынған деген ауыр лақапты көтерген. <IV> Шиболет, халқым сыйлаған - айтылуы бойынша "Шиболет" (Мақсат), Библия бойынша досты қастан айыру белгісі: ұлттық пароль. Текті жан, ұйқас шыңдаған - князь Иван Михайлович Долгорукский (1764-1825) - ақын, сатирик. "Мүмкін" атты өлеңі бар. <VII> Монастырьге ақымақ үңілді - бұл соз князь А.Н.Голицынге (1773-1844) арналуы мүмкін, ол халық ағарту Министрі болатын. Немесе Қазан университетінің бақылаушысы М.Л.Магницкий (1778-1855) жайлы болу да ықтимал Ол "құдайсыз бағыттары" үшін университеттің ойран-асырын шығарған. Мүмкін, <Николай> ымдаса, қайтарар көпке Сібірді деуі Пушкиннің декабристерді Сібірден қайтару жайында патшаның, кешіріміне сенгендігінің нышаны. <VIII > "Ер мінез туған жиһангер" - деп Наполеонды айтады, оның коронациясын Рим Папасы жасағанын және "Святая Елена" аралына жер аударылғанын ескертеді.
<ІХ> Бұл шумақ, Испанияда, Италияда, Грецияда өткен революцияларға арналған. <Х> Александрдың қолшоқпары атанған аты аңыз - Александр Андреевич Аракчеев (1769- 1874) туралы айтылады. Әскери айдаудағылары ұстайтын жерлерді де белгілеген генерал, ел наразылығына ұшырағанын ескертеді. <ХІ> "Күлдіргі полк" атап отырғаны XVII ғасырдағы Семеновтың атындағы гвардиялық полктің көтерілісі кезінде осы полктың патша сарайын көтерілісшілерді кіргізіп жібергенін ойға салып, 1820 жылғы Семенов полкінің көтерілісін де еске алған көрінеді. <ХІІ> "Ресей бұқты қайтадан, Патша да молдау есірді" - деудің аяқ кезінде "Басқаша жолын көсілді" - деп Ресей емес бұққан, "Патша есірсе", "Халықтар қайтадан бұқпантайлады" деп түсіндіреді. (Ю.М.Лотман "Роман А.С.Пушкина "Евгений Онегин". Санкт-Петербург 2009). <XV> Бұл шумақтың негізі XII шумақтан басталады, мәселе декабристердің құпия ұйымдары туралы, олардың аттары да аталады. Лу<нин> Михаил Сергеевич (1787-1845) - декабристердің барлық құпия қоғамдарының белсенді мүшесі, патшаны өлтірудің жобасын ұсынған. Ноэльдерін П<ушкин> оқыса -Пушкиннің қолда бір ғана ноэлі (сықақ өлеңі) сақталыпты, ал негізінде бірнешеуі болған сияқты. Як<ушкин> Иван Дмитриевич (1793-1857) - Лунинге пара-пар декабрист, патшаны өлтіруге өз жоспарын ұсынған. Ақсақ Т<ургенев> қосылған - Тургенев Николай Иванович (1789-1871), декабрист, шаруаларды (крестьяндар) босатуды өзінің негізгі мақсаты ұстанған. <XVI> Каменка - Василий Львович Давыдовтың Днепрдің жағасындағы мекен-жайы, декабристердің, Оңтүстік қоғамының кездесулерін өткізетін жер. Пушкин бұл жерге барып жүріпті. П<естель> Павел Иванович (1793-1826) - декабристердің Оңтүстік қоғамының жетекшісі. Ол 1826 жылы дарға бірінші боп асылды.
Суыққанды генерал - Сергей Григорьевич Волконский (1788-1865) болу керек, ол Оңтүстік қоғамның басшыларының бірі еді. Муравь<ев> Апостол Иванович (1795-1826) - Чернигов полкінің көтерілісін ұйымдастырушы (1825). Ол да 1826 жылы дарға асылды. Пушкин күнделігінде: 'Ақылды адам, осы сөздің толық мағынасына тұратын кісі" - депті.
А.С. Пушкин Еңбек1 Ынтық зар мезет туыпты, көп жылғы бітті еңбегім. Сездім бе сонда жасырын, беймәлім мұның жеңгенін? Әлде зор міндет тындырған, болдым ба жалшы керексіз, Алданып жалдам ақыға, өзге іске баспас себепсіз? Әлде мен қимай тұрмын ба, түнгі еңбек ынтық желігін, Алтын таңға дос болған, жанымның қамқор серігін? 1830.
"Евгений Онегинді" жазудың хронологиясы 1823 жыл 9-28 мамыр - романды жаза бастауы. 22 қазан - бірінші тарауын бітірді. 3 қараша - екінші тараудың он жеті шумағы жазылыпты. 8 желтоқсан - екінші тарау аяқталды (бірақ XXXIX, XL, XXXV шумақтары кейін жазылған). 1924 жыл 8 ақпан - үшінші тарау басталды (1924 жылғы тамыздың басына дейін Татьянаға хаттан басқасы аяқталыпты). 5 қыркүйек - XXXII шумақты белгілеген 2 қазан - үшінші тарау біткен 31 желтоқсан - 1924 жыл 1 қаңтар 1925 жылда төртінші тараудың XXIII шумағын белгілеген 1824-1825 жылдар Төртінші тарауды жазумен өтті. 1826 жыл 4 қаңтар - бесінші тарау басталды. 6 қаңтар - төртінші тарау тәмамдалды. 22 қараша - бесінші тарау бітті. 1826 жыл Алтыншы тарауды жазумен өтті. 10 тамыз - XLV шумақты белгілеген. 1827 жыл 18 наурыз - жетінші тарау басталды. 1828 жыл
19 ақпан - жетінші тараудың XII шумағына белгі салған 5 сәуір - "Онегиннің альбомына" белгі салған 4 қараша - жетінші тарау аяқталған. 1829 жыл 2 қазан - "Онегиннің саяхатының" бес шумағы жазылған (Одессаны сипаттау 1825 жылы туған). 24 желтоқсан - сегізінші тарауды жаза бастаған (алғашқыда тоғызыншы). 1830 жыл 18 қыркүйек - "Онегиннің саяхаты" аяқталды. 25 қыркүйек - сегізінші тарау тәмамдалды (алғашқысында тоғызыншы). 9 қазан - 10 тарауды жазып жіберген. 1831 жыл 5 қазан - "Онегиннің Татьянаға жазған хаты" дүниеге келді. А.С.Пушкиннің "Еңбек" атты өлеңі және осы ұсынып отырған "Евгений Онегинді" жазудың хронологиясы" Александр Пушкин. "Евгений Онегин" (Москва. ЭКСМО, 2008) атты кітаптан алынды. Бұл кітап Ресей Федерациясында "Поэзияның алтын сериясы" бойынша шығарылған.
АУДАРМАШЫДАН А.С. Пушкиннің өлеңмен жазылған бұл романын аудару негізі "Евгений Онегиннің " (Москва. Дрофа. 2003) Ресей Федерациясының оқу министрлігі бекіткен нұсқасынан алынды. Бұл кітапқа романның тұтас тұлғасы толығымен беріліп отыр. "Таңбасы құпия шумақтар" өзге басылымдарда оныншы тарау деп аталады. A.С. Пушкин жазғаннан кейін шифрлап алып, негізгі нұсқасын жыртып тастапты. Бүгінгі зерттеушілердің тауып алып, "шифрларын" ашқаны осы болғандықтан, оныншы тараудың үзінділері деп атаған дұрыстыққа жатар деп ойлаймын. Романның әр парағында берілген түсініктер аз емес, оған қоса B.А. Кожевниковтың түсініктерін беру арқылы түсініксіз ұғымдар болмас деп болжаймын. Кітаптың аударма ретіндегі бірінші басылымында (Астана: Фолиант, 2006) берген алғы сөзім бар еді, бұл жолы академик, филология ғылымдарының докторы Серік Қирабаевтың алғы сөзін берген соң ол алғы сөзді қайталамадым. Бірінші басылым (2006) жарыққа шыққанша 1981-1982 жылдардан бастап еңбектендім. Аударма көңіл тұншырлық жақсы бағасын алды, бірақ ұлы шығарманы кемеліне келтіре тусу жолына бес жылдан кейін қайта кірісіп жақсарта түсу деген арманымды орындағандай болдым. Жан толқуы әлі де аз емес, әділ бағасын туған елім бере жатар. Пушкиннің туған күніне арналған Астана қаласында 2006 жылдың 6 маусымында өткен салтанатты жиында: Беу, Пушкин! Басындасың асыл жолдың, Махаббат майданында тасып толдың. "Евгений Онегинді" аударам деп, Мен сенің Татьянаңа ғашық болдым. — деп едім, осы сөзбен ескертпе ретінде айтарымды анықтайын. Кәкімбек Салықов Астана, 2010 жыл