The words you are searching are inside this book. To get more targeted content, please make full-text search by clicking here.

Шаштыгарина С.М. Әдістемелік құрал

Discover the best professional documents and content resources in AnyFlip Document Base.
Search
Published by g.oringalieva, 2021-12-06 02:32:26

Шаштыгарина С.М. Әдістемелік құрал

Шаштыгарина С.М. Әдістемелік құрал

көздеріне немесе көп тараған пікірлерге сілтеме жасау, практикада орын алған
үрдіс, басқа адамдардың пікірі;

4. Қорытынды .
Өзіндік пікірді тағы бір рет пысықтап, қрытынды шешімді бір сөйлеммен
келтіру керек.

«Алфавит тізбегі» оқушылар өткен тақырып бойынша алған білімдерін
алфавиттегі әріптерден басталатын сөздерді кезекпен атап шығу керек. Мысалы
тақырыбыңыз «Қазақстан» болса, А – Астана Ә-әскер Б-бидай В-валюта Г-газ Ғ-
ғимараттар т.б. яғни 5 минут ішінде тақырып бойынша «Алфавит тізбегі»
арқылы не білетінін жазады.

Сабақты қорытындылауға өте тиімді әдіс – тәсілдің бірі. «Сұхбат алу»
ортаға үш оқушы шақырылады. Екі оқушы бір-бірімен тақырып бойынша сұхбат
құрады. Үшінші оқушы түсінгенін әңгімелейді. Әр сабақта топқа бөлу арқылы
әр оқушының жұптық жұмыс, топтық жұмыста өз шеберліктерін көрсете алады.
Сабақтарымды қызықты әрі оқушыларға жан - жақты жұмыс жасауға тиімді
жақтарын қарастырып отырамын.

«Маршрут» ойыны. Бұл ойын бас қатыру есебі – ойланып табылған сөздің
әріптерін, алдыңғы сөздің соңғы әрпі, кейінгі сөздің алдыңғы әрпі болып
табылатындай етіп, бірінің соңына бірі тізбектеле орналасқан торкөздерге сөздер
толтырады. Мысалы, Алматы-ыдыс-сабын-нар-рахмет-тарақ, -қарбыз т.б.

«Екі әріп» ойыны. Бірінші қатысушы бір сөз, зат есімді айтады. Келесі
қатысушы сол сөздің соңғы екі әрпінен келетін сөзді ойлап табады, бірақ
дауыстап айтпайды, тек өз сөзімен түсіндіреді, үшінші қатысушы мұның не
туралы айтып жатқанын түсінеді де, сол сөздің соңғы екі әрпіне сөз ойлап
табады. Бір қызығы балалар сөзді жасырушының не туралы айтып жатқанын
біледі, бірақ ешкім оны дауыстап айтуына болмайды.

«Еске түсіру» ойыны. Қатар отырған оқушылар бір-біріне теріс қарап
отырады да, парталасының аты кім, көзінің түсі қандай, киімі қандай, аяқ киімі
қандай, егер қыз бала болса юбкасының түсі қандай, құлағында сырғасы бар ма,
осы сияқты белгілерді айтып шығады. Бұл ойын балалардың бір-бірін жақсы
тануға, қарым-қатынасын реттеуге көмектеседі. Балалардың есте сақтау қабілеті,
бақылағыштығы жақсарады.

«Екі ассоциация» ойыны. Екі баған сызады да, оған төрт сөзден жазады.
Бағанға кез келген адам, жануар, заттардың атын жазады. Осы екі жақтағы сөзді
байланыстырып, ерекше бір ассоциация ойлап табуы керек. Мысалы егер бірінші
бағанға мысық, екіншісіне жарық деп жазылса, екі сөзді қосып «жарыққа
жылынған мысық», «лампочка спиралы мысық мұртына ұқсайды», «лампочка
сияқты» мысық томпақ және жылы», «мысықтың басы лампочка сияқты» т.б.
ерекше ұқсастықтар табады. Орындауға 5 минут уақыт беріледі. Жазғандардың
ішінен ең қызықты ассоциация таңдалады.

51

«Қара жәшік» ойыны.Оқушылар екі топқа бөлінеді. Стол үстіне екі жәшік
қойып, ішіне көзілдірік, түйме, гүл, желпуіш, айна т.б. заттарды салады.
Ойыншының міндеті жәшік ішіндегі затты өмірде қай кезде, қалай
қолданатынын сипаттап айтуы керек. Қарсы топ оларды жасырып отырған затын
айтқан сөздеріне қарап табуы керек.

«Жолға шығу» ойыны. Ойын айналадағы заттарға талдау жасауға
мүмкіндік береді. Жолға шыққан жолаушы қандай заттарды алады? деген сұрақ
қойылады.Бір топ керекті заттар тізімін айтады, екінші топ ол заттар не үшін
қажет екенін айтып беруі керек.«Кемпірқосақ» ойыны. Бір минут ішінде түстері
әртүрлі бес түсті затты ретімен тез айтып шығуға тапсырма береді. Мысалы:
қарбыз (қызыл), лимон (сары), аспан (көк), жапырақ (жасыл), топырақ (қоңыр).
Кімде-кім түске сәйкес заттың атын таппай қалса, ойыннан шығады.

Қатені тап!
 Алгоритмі:
 1.материалды түсіндіру барысында мұғалім әдейі қате жібереді.
(Алдын-ала оқушыларға ескертіледі, әсіресе бастауыш сынып
оқушыларына қолданғанда қате тұстары интонация және ым-ишара арқылы
әрлендіріледі).
 2. оқушы қате жіберілген тақырыпқа сай мәтін алады, яғни оқушы
«мұғалім» болып жұмыс істесін.
Мәтінге сұрақ
 Алгоритмі: Мәтінді оқу алдында оқушыларға сұрақтар тізімін жасақтау
тапсырмасы беріледі. Кейде оның минималды санын айтқан дұрыс. Мысалы, 3
репродуктивті, 5 кеңейтуші және 5 дамытушы сұрақтар әзірлеу.
Сабақта өткен материалды қайталау жолдары
І. Өз тірегің
 Алгоритмі: оқушы жаңа материал бойынша өзінің тірек конспектісін
жасайды.
2.Бақылаумен қайталаймыз
Алгоритмі: Оқушылар сабақта оқылған материалға бірнеше бақылау
сұрақтарын құрастырады.
3.Кеңейтіп қайталаймыз
Алгоритмі: Оқушылар жаңа материал бойынша білімді толықтыратын
бірнеше сұрақтар құрастырады (мұғалімнің бұл сұрақтарға жауап беруі міндетті
емес).
4.Үй тапсырмасын талқылаймыз
Алгоритмі: жаңа материал сапалы беку үшін үй тапсырмасы қандай болу
керек деген сұрақты мұғалім оқушылармен бірге талқылайды.
(сонымен бірге оқылған материал тағы да бір қайталанады. Тәжірибелі
мұғалім оқушылардың торына түспейді, бірақ оқушының пікірін үнемі ескереді).
Үй тапсырмасының түрлері мен деңгейі
1.Үш деңгейлі үй тапсырмасы
Алгоритмі: Мұғалім бір мезгілде 2, не 3 деңгейлі тапсырма береді.
 Бірінші деңгейі-қарапайым, жеңіл тапсырма

52

 Екіншісі- жаттықтырушы тапсырма
 Үшіншісі-шығармашылық тапсырма
Шығармашылық болашаққа жұмыстанады
 Алгоритмі: Оқушылар шығармашылық үй тапсырмасын дидактикалық
материалдар бойынша орындайды
Үй тапсырмасын беру тәсілдері
1.Идеалды тапсырма
Мұғалім үйге нақты тапсырма бермейді, бірақ үй тапсырмасы қызметі
жүзеге асады. Ешқандай сиқырлық жоқ...
 Алгоритмі: мұғалім оқушыларға үй тапсырмасын өз қалаулары және
түсініктері бойынша орындап келу тапсырылады.
Оқу-тәрбие үрдісіндегі интерактивті әдістер
 Егерде сабақ үстінде оқушылар мен мұғалімдердің арасында тығыз қарым-
қатынас байқалса бұлайша оқытуды біз интерактивті деп атаймыз.
 Бұл жерде оқушылардың жауаптарынан гөрі мәселенің шешімін табуға
талпынғаны маңыздырақ. Себебі интерактивті оқытудың басты мақсатының өзі
сол-оқушыларды өз бетінше ой қорытып, жауап табуға үйрету.
Әдетте оқушылардан неге біз оларға нақты дұрыс жауабы жоқ даулы
сұрақтарды талқылауға ұсынамыз?
 Бұл өз-өзіне деген сенімділікті тәрбиелейді;
 Шешендік өнер солайша жетілдіріледі;
 Сол арқылы тыңдай білу қабілеті жетілдіріледі;
 Бұл танымның мәнін ұғуға көмектеседі (көбіне нағыз шындық жоқ болып
шығады);
 Бұл сыни ойлау қабілетін дамытады
 Бұл арқылы өзінің жеке ойлау құқын түсіну қабілеті артады;
 Пікірлердің көп екендігін осылайша жақсы түсінеді;
Осы айтылғандардың бәрі бір ғана «оқи білу» деген тұжырымға тоғысады.
Оқи білу дегеніміз қажетті тәжірибе екендігі анық. Өйткені ол интеллектуалдық
тәуелсіздіктің негізі болып табылады және барлық прогрессивті дамыған
елдердің азаматтары үшін қажетті.
Интерактивті әдістемені белсенді түрде пайдалану барысында
оқушылар сабақты жақсы қабылдап, пікірталас кезінде айтылған
жайттарды жылдам ұғады. Оның себептері төмендегідей:
 Оқушылар мағлұмат алып қана қоймайды, өздері айтқан пікірдің
дұрыстығына логикалық түсініктеме береді;
 Оқушылар пікірлерін алдымен терең ойланып барып айтады;
 Мәселені талқылаған кезде оқушылар өздерінің және өзгелердің
тәжірибелерін пайдаланады. Мұндай жалпы білім қоры кез келген білімінен
артық болатыны белгілі;
 Оқушылардың жаңа мағлұматтар алу арқылы мұғалім де білімін
толықтырады.
”Иә-жоқ” жаттығуы
Мұғалім бір нәрсені жасырады, ал оқушылар оны «иә» немесе «жоқ»
жауаптары арқылы табады.

53

 Бұл затты адамдар ертеден қолдана ма?
 Ол ауыл тұрмысының заты ма?
 Оны тамақ дайындауға қолданыла ма?
 Бұл құрал бір нәрсені өңдеуге арналған ба?
 Бұл заттың тікелей қызметі демалу ма?
 Онсыз адам өмір сүре ме?
 Оны ересекте, балада қолданады?
 Жиһазға жата ма?
 Ыдысқа жата ма?
 Ол электрлік құрал ма?
 Ол магнитофон ба?
 Ол жарық бере ме?
Брейнрайтинг
Бұл терминді Баттеля во Франкфурте институтының ғалымдары енгізген.
Бұл әдіс миға шабуыл техникасы бойынша жасақталған, бірақ топ өз ойларын
жазбаша білдіреді. Қатысушылар өз идеяларын қағазға түсіреді және көршісімен
алмастырады, ол көршісінің ойынан жаңа ой өрбітеді.

ОҚЫЛЫМҒА АРНАЛҒАН ӘДІС-ТӘСІЛДЕР
«555» әдісі. Бұл әдіс күрделі мәтінді білім алушыларға өз беттерімен
меңгеру үшін берілген жағдайда қолдануға тиімді. Ең алдымен оқу материалын
толық оқып, түсінгенен кейін маңызды 5 азат жол (абзац) бөлініп алынады. Әр
азат жолдың (абзацтың) идеясын жеткізе алатын бір-бірден 5 сөйлем таңдалады.
Енді әр сөйлемнің өзегі болатын, ойды жеткізетін бір сөз алынады. Сөйтіп, 5 сөз
қалады.
Осы үдерісті кері айландырып қарасақ, 5 сөз мәтін бөліктерінің атауы, ал 5
сөйлемді тезис деп, 5 абзацты мәтін деп алуға болады.
Бұл әдіс тақырыптың маңыздысын, негізгі идеясын түсінуге көмектеседі.
Осы талаптарды орындай отырып, білім алушы мәтінді толық меңгереді.

«Мозайка». Мәтінді оқып шығуға оның күрделілік дәрежесіне сәйкес
уақыт беріледі. Танысып болған соң, кітапты жабуға нұсқау беріледі немесе
мәтінді жинап алу керек. Әр білім алушының не топтың алдына мәтін бөліктері
тасталады. Сол бөліктерді құрастыра отырып, тұтас мәтін жасап шығару
тапсырылады. Логикалық бірізділік жүйесімен толық ой шығуы тиіс. Бұдан
мәтінді қалай меңгергендері байқалады.

ЖАЗЫЛЫМҒА АРНАЛҒАН ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

«Даймонд». Даймонд – 7 жолды өлең. Оны жазудың шарты: бірінші және
соңғы жолы мағынасы жағынан бір-біріне қарама-қарсы екі зат есімнен тұруы.
Жазылу алгоритмі:

☺ бірінші жолы – бір зат есім;

54

☺ екінші жолы – бірінші жолдағы зат есімнің белгілерін сипаттайтын екі
сын есім немесе есімше;

☺ үшінші жолы – әрекетті білдіретін үш етістік немесе көсемше;
☺ төртінші ортадағы жолы – төрт сөзден тұратын сөйлем, оның екеуі
бірінші жолдағы зат есімді сипаттайды, ал екеуі оған қарама-қарсы болуы шарт;
☺ бесінші жол – екінші жолға мағынасы қарама-қарсы сөздер;
☺ алтыншы жол – үшінші жолға мағынасы жағынан қарсы сөздер;
☺ жетінші жол – бірінші жолдағы зат есімге қарама-қарсы сөз.
Мысалы,
Гипербола
Орасан зор, ең үлкен.
Үлкейтеді, көбейтеді, кеңейтеді.
Шексіз алыпты тырнақтай қылады.
Кішірейтеді, азайтады, тарылтады.
Титтей, ең кіші
Литота.

«Диаманта». Диаманта жаза отырып, білім алушылар кез келгенұғымның
мағыналық айырмашылығы мен өзара байланысын терең түсіне алады. Оны кез
барлық пән бойынша жаздыруға болады.

Ол да белгілі шарттылықты талап ететін, құрылысы жағынан даймондқа
ұқсас болып келетін өлең үлгісі, бірақ ұйқастың сақталуы міндетті емес.
Диаманта келесі үлгіде жазылады:

☺ бірінші жол – тақырып (зат есім);
☺ екінші жол – анықтауыш (екі сын есім);
☺ үшінші жол – әрекет (үш есімше);
☺ төртінші жол – ассоциация (төрт зат есім);
☺ бесінші жол – әрекет (үш есімше);
☺ алтыншы жол – анықтама (екі сын есім);
☺ жетінші жол – тақырып (зат есім).
Мысалы,
Қожа
Сотқар, ақкөңіл,
Жатқан, армандаған, кешіккен.
Есім, мұғалім, бақа, жиналыс.
Сабақтан кешігетін, шешім қабылдайтын, уәде беретін.
Көңілді, қайсар.
Балалық.

«Монофон». «Монофон» термині «моно» - бір, «фон» - дыбыс деген екі
сөзден тұрады. Монофон – барлық сөзі бір дыбыстан басталатын қысқаша
әңгіме. Ол қатысым иесінің (сөйлеушінің) сөйлеу стилін қалыптастырып, сөздік

55

қорын байытады. Білім алушылар бір дыбыстан басталатын әңгіме құрастыра
отырып, шығармашылық ізденіске ынталанады.

Мысалы: Қожаның қимылы қатты. Қабағы қатулы. Құрбысына да
қалжыңдамайды. Қарны ашты. Қайтадан қақпаға қарады.

«Жүгіртпе диктант». Оқу бөлмесі есігінің сыртына немесе дәліздегі
қабырғаға диктант мәтіні жазылады. Білім алушылар шағын топқа бөлінеді. Әр
білім алушының реттік нөмірі анықталады. Оны нөмірленген жетон беріп немесе
сағат тілі бағытымен санау арқылы да анықтауға болады. Сол ретпен әр топтан
бір-бірден білім алушылар шығып, мәтінді бір сөйлемнен оқиды да, жүгіріп
келіп тобына айтады. Ал топ мүшелері алдын ала дайындалып, ортада жатқан
параққа бір-бірінің көмегімен естігендерін жазады. Нөмірлерінің ретімен блім
алушылар тағы да бөлмеден шығып, келесі сөйлемді оқып келіп, тобына қатесіз
жеткізуі тиіс. Осылайша мәтін біткенше жалғаса береді. Топта барып мәтінді
оқып келмеген білім алушы болмауы тиіс. Жұмысқа барлығы бірдей қатысады.
Есте сақтау қабілетіне байланысты біреу көп, біреу аз шығуына да болмайды.

Мәтін толық біткен соң үзінді-үзінді бойынша тексеріледі. Мысалы, бір топ
бірінші азат жолды (абзацты) оқып, қате, дұрыс жазғандары анықталады. Солай
мәтін толық біткенге дейін тексеріледі. Бұл тапсырма диктанттың бір түрі бола
тұра,топтық жұмысқа дағдыландырып, жауапкершілікке үйретеді. Есте сақтау
мен сауатты жазу дағдысын қалыптастырады, мұқият болуға тәрбиелейді. Мәтін
мазмұнын есте сақтауға ықпал етеді. Жаңа тақырыпты меңгертуде де қолдануға
болады.

«Кейіпкер ойын тап». Тақырыпқа байланысты бейнефильм көрсетіледі.
Ескеретін жағдай: бейнефильмді көрсеткенде оның дауысы естілмеуі керек. Тек
репортаждағы қимыл, ісәрекеттер ғана беріледі.

Жазылым тапсырмасы: Осы дыбыссыз бейнефильмді көргеннен кейін
журналист ретінде репортаж мәтінін жазады. Ол үшін мынадай тапсырмалар
беріледі:

☺ Сіз бейнефильмді көзбен көрген тілшісіз. Жұмыс орныңызға келдіңіз де
түсірген кадрларыңызға мәтін жазуға отырдыңыз. Жазуды бастаңыз! Жазып
біткен соң оқып шығыңыз.

☺ Қайта жазу. Енді фильмді дыбысын қосып, қайта көріп шығады, өз
жазғандарымен салыстырады, ішінен өзіне ұнамаған сөздерді тыңдалған
репортаждағы сөздермен алмастырып, мәтіндерін қайта өңдеп жазып шығады.

«Төрт сөйлем тәсілі». Сабақ соңында білім алушылар өздерінің түсінік
және жұмыс жасау деңгейлерін бағалау үшін келесі тапсырмалар орындайды:

1. Пікір. Мәтін бойынша туындаған өзіндік пікірін бір сөйлеммен келтіру.
2. Дәлел. Келтірілген өзіндік пікірді бір сөйлеммен дәлелдеп шығуы керек.
3. Мысал. Енді өзіндік пікірді тағы да бір негіздеп кетуі үшін бір сөйлеммен
мысал келтіру қажет. Мысал өмірден, практикадан алынуы тиіс.
4. Қорытынды. Өзіндік пікірді тағы да бір рет пысықтап, қорытынды
шешімді бір сөйлеммен келтіру керек.

56

ТАЛДАУҒА АРНАЛҒАН ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

«Суреттеңіз». «Салыстырыңыз». «Ойыңызбен байланыстырыңыз».
«Саралаңыз». «Қолданыңыз». Тақырыпқа қатысты бір ұғым немесе термин
алынады. Оны берілген алгоритм бойынша баяндапберу керек.

☺ суреттеңіз: түсін, формасын, көлемін;
☺ салыстырыңыз: неге ұқсас, басқалардан қандай айырмашылығы бар;
☺ойыңызбен байланыстырыңыз – оны көргенде көз алдыңызға қандай
зат немесе қандай оқиға елестейтінін айтыңыз;
☺саралаңыз – қалай жасалғанын айтыңыз;
☺қолданыңыз – онымен не істеуге болатынын айтыңыз, қалай
қолданатынын көрсетіңіз.

«3-2-1» стратегиясы
☺ бүгінгі сабақтан алған 3 маңызды ақпарат;
☺ бүгінгі сабақта қиындық тудырған 2 аспекті;
☺ бүгінгі сабақта ұнаған 1 іс-әрекет.

Құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағдарланған тапсырмалар
1 сынып

Әліппеге дейінгі кезең «Негешке көмектесейік».
Мұғалім: «Маған мектепке кіре берісте кезекші мұғалім мына конвертті
ұсынды.Кімге және кімнен келді екен?Конверт сыртында біздің мектептің және
сыныптың мекен-жайы жазылған.Хат Негештен келіпті.
Негеш –сендер сияқты кішкентай бала. Ол көңілді,мейірімді, білім құмар.
Негеш үнемі «Кім? не? қайда? неге? Сұрақтарын көп қояды. Сол себепті оны
Негеш деп атайды. Мүмкін ол бізден де бірдеңе білгісі келетін шығар. Кәне,
хатты оқып көрелік.
«Балалар,мен тұратын жерге қыс түспейді. Менің қыс мезгілі туралы білгім
келеді.Қыс туралы әңгімелеп беріңдерші»..
Сендердің Негешке көмектескілерің келе ме? Олай болса алдарыңа Негешке
көмектесейік деген мақсат қойыңдар.
Мақсатты іске асыру үшін төмендегі сұрақтарға жауап беріңдер:
- Қыс дегеніміз не? Ол қай айдан басталады және қанша айға созылады?
Қыста аңдар мен құстар қайда тіршілік етеді?
- Қыстап қалған аңдарға қандай қамқорлық көрсетесіңдер?
- Адамдар қысқа қандай дайындық жұмыстарын жүргізеді?
- Қыста қандай ойын түрлерін ойнайсыңдар? Берген жауабыңнан
қорытынды жаса. Сен жауабыңмен Негешке көмектесе алдың ба?

«Кім ән айта алады?»
Дыбыстар жиыны болды. Үзілісте ән айтып, сергіп қалғысы келген бір
дыбыс «Ән айтайықшы!»-деген ұсыныс жасады.»Біз ән айта алмаймыз»-деп

57

сыбырлады бір топ дыбыстар.» Біз ән айтуға қосыламыз!»деп мөңірей жөнелді
келесі дыбыс тобы.

Ізденуді ұйымдастыр. Қандай дыбыстарды әндетіп айтуға болады? Қай
дыбыстар әндетіп айтуға келмейді? Қай дыбыстарды айтқан кезде ауа кедергісіз
өтеді және оған не ерін, не тіс, не тіл кедергі келтірмейді. Қорытынды жаса. Қай
дыбыстар дауысты, қай дыбыстар дауыссыз деп аталады? Неге олай аталады?

«Заттар көрмесін ұйымдастырайық»
Сәуленің ойыншықтары өте көп. Қуыршақ дейсің бе,түйе,қоян,кереует
дейсің бе, не керектің бәрі бар. Тек шашылады да жатады.
Бүгін інісінің туған күні. Сәуле інісіне арнап заттар көрмесін
ұйымдастырмақшы болды. Бірақ әр түрлі формадағы, әр түрлі материалдан
жасалған заттарды қалай топтастырып орналастыруға болатынына шамасы
жетпеді. Сәулеге көмектескілерің келе ме? Көрменің неше бөлімнен және қандай
бөлімнен тұрғанын қалар едіңдер? Көрменің әр бөліміне ат қой.

«Жалқаубекке көмектесейік»
Балалар, үлкен бір қалада тұратын Жалқаубек деген бала сабаққа барғысы
келмейді екен. Ол үйінде жатып алып теледидар, компьютер ойнайды екен. Ол
баланың анасы сендерден көмек сұрап хат жазыпты. Сендер қалай ойлайсыңдар
Жалқаубектің осы қылығы дұрыс па? Неге дұрыс емес? Оқу не үшін керек?
Жалқаубекке қандай ақыл айтасыңдар?

«Көмектес»
Оқушылар бүгін бізге Айгүл деген оқушыдан хат келіпті. Ол хатта былай
деп жазылған: «Мен өз дыбыстарыма арнап «дыбыстар үйшігі» деп аталатын үй
жасаған болатынмын. Сол үйдің ішіндегі дауысты дыбыстар жоқ.» Енді осы
Айгүлге көмектеселік. Ол қандай дауысты дыбыстар?

«Сиқырлы көзілдірік»
«Сіздердің алдарыңызда сиқырлы көзілдіріктер. Бұл көзілдіріктердің
шынысы дөңгелек, төртбұрышты және үшбұрышты. Дөңгелек көзілдіріктің
сиқырлығы одан тек қана дөңгелек заттар көрінеді». Төртбұрышты көзілдіріктің
сиқырлығы одан тек қана төртбұрышты заттар ғана көрінеді.. Үшбұрышты
көзілдіріктің сиқырлығы одан тек қана үшбұрышты заттар ғана көрінеді. Айнаш
сенің көзілдірігің дөңгелек екен, сен не көріп тұрсың? (алма, доп, өрік, шар .т.б

Әліппе кезеңі
«Буынға әріп қос».
«Ай» және «су»буындары айрылмастай дос болды. Бір күні «ай»
дауссыздарға қосылып, бірнеше сөзге айналып кетті. Қалай ойлайсыңдар, бұлар
қандай дауыссыздар мен дауыстылар?

«Көмекке кел».

58

Айдос дауысты және дауыссыз дыбыстарға арнап қағаздан екі үй жасады.
Дауыстыларды бірінші үйге, дауыссыздарды екінші үйге орналастырды. Ол
с,ж,н,а,з дыбыстарының адасып жүргенін байқады. Айдос дыбыстардың өз
үйлеріне оралуына көмектесті.

Ал дыбыстар Айдосқа осы дыбыстардан құрастырылған сөздерді
сыйлады.қалай ойлайсыңдар бұл қандай сөздер?

«Жоғалған әріп».
Марғұлан портфелін ашып жатып, ойламаған жағдайға тап
болды:сөмкесіндегі оқу құралдарының бірінші әрпі түсіп қапты. Бірінші әрпінен
айрылған бұл құралдар қатты қобалжуда. Марғұлан бірінші әріпсіз бұларды
қалай пайдаланады? Табуға көмекке кел.оны сөзбен жаз: …ағаз, ..арындаш,
..әптер т.б.

«Белсенді әріптер»
«Балалар мен кітапханаға барсам, әріптер жүгіріп жүр екен. Қайда
барасыңдар? деген сұрақ қойдым. А әрпі Астанадағы атасына баратынын
айтты, ал С әрпі сүйкімді сиырдың суретін салатынын айтты, ал Ж әрпі
жасыл жапырақтарды жинайтынын қуанышпен айтып жүгіріп кетті. Ал
кітапханадағы Т,Ә,Б,Қ,О,Г әріптері қайда баратынын білмей отыр екен. Мен
оларды сыныпқа алып келдім. Енді оларды қайда апарар едің? Ойланып
көмектесіп көрейік!

«Көмекке кел».
Болат дауысты және дауыссыз дыбыстарға арнап қағаздан екі үй жасады.
Дауыстыларды- түсі қызыл үйге, дауыссыздарды- түсі көк үйге орналастырды.
Ол т,а,х,р,е,м дыбыстарының адасып жүргенін байқады. Болат дыбыстардың өз
үйлеріне оралуына көмектесті. Ал дыбыстар Болатқа осы дыбыстардан
құрастырылған сөзді сыйлады. Қалай ойлайсыңдар, бұл қандай сөз?

«Жоғалған әріп».
Санжар портфелін ашып.ойламаған жағдайға тап болды: портфеліндегі оқу
құралдарының соңғы әрпі түсіп қалыпты. соңғы әпрінен айырылған бұл
құралдар қатты қобалжуда. Санжар соңғы әріпсіз бұларды қалай пайдаланады?
Көмекке кел. Оны сөзбен жаз: қала..., дәпте..., қүнделі..., оқулы..., сызғы...,
өшіргі....

Әліппеден кейінгі кезең
«Ойлан тап».
Сәуле жолда келе жатып, сөмкесіндегі құрастырған әңгімесін түсіріп алды.
Тек Аяз ата, шырша, сыйлық сөздері ғана сөмке түбінде қалады. Сәуленің
құрастырған әңгімесінің қанша сөйлемнен, әрбір сөйлемінің қанша сөзден
тұратындығын болжаммен айтып көр. Осы міндетті шешуде қандай сөздер саған
қажет болды. Мәтінді қалпына келтіру үшін Сәулемен әңгімелес. Өз әрекетіңді
бағала: жоғарыдағылардың қайсысын қалпына келтіруге мүмкіндігің болды?

59

«Әдеп сөздері».
Ертеңгі сабағын орындап болған Әлібек досымен киноға баруға жиналды.
Жұмыстағы анасына бұл жайды ескертпек боп, телефон шалды. Телефонды ер
адам алып,жөн сұрасқаннан кейін анасын телефонға шақырды.
Сөйлеудің бұл түрінде амандасу,кешірім сұрау,алғыс айту, қоштасудың
қандай сөздері қолданылды деп ойлайсың? Қасыңдағы әріптесіңмен сөйлеудің
осы түрін іске асыр.

«Кім тапқыр?»
Жандос деген бала үйге берілген тапсырманы орындап отыр. Тапсырмасы:
«мектеп туралы сөйлем құра.» Ол оқушы мынадай сөйлемдер жазды: Мектепте
оқиды. Сабақ береді. Партада отырады. Осы жазылған сөйлемдер дұрыс па?
Қандай сөздер жазылмаған? Жандостың үй тапсырмасын орындауға
көмектеселік?

«Адасқан сөйлемдер»
«Мәтін» елінде сөйлемдер өмір сүріпті. Бір күні олар өздерінің қандай
сөйлем екенін ұмытып қалып, үйлерін таба алмай адасып қалыпты.Балалар,
сендер оларға көмектесе аласыңдар ма? Сөйлем түрлерін білесіңдер ме? Мына
сөйлемдердің үйі қайсысы, неге олай деп ойлайсыңдар? Қайрат далаға шықты
- Сенің атың кім
- Менің атым Самат
- Екеуіміз дос болайық, бірге ойнайық, келісесің бе
- Алақай, мен өзіме дос таптым
- Досың болған қандай тамаша

«Буындар сыйлығы»
Бір күні бірінші сынып оқушыларына сыйлықтар әкеліп беріпті. Әр баланың
сыйлығының саны әртүрлі. Мысалы, Ұлан 2 сыйлық алды, Сақыпжамал 4
сыйлық алды, Қуаныш 3 сыйлық алыпты. Балалар алдымен олай ойлап, былай
ойлап түсіне алмапты, неге сыйлықтар былай әртүрлі бөлінгенін. Ақырында
мұның сырын тауыпты. Ал, балалар сендер мұның себебін түсіндіңдер ме?
- Сөзде неше буын болады,неліктен?
- Бұл жөнінде не айта аласыңдар?

«Тасымал»
Бірде сөздер саяхатқа шығыпты. Серуендеп келе жатса алдарында өзен
кездеседі. Олар өзеннің арғы бетіне өтпекші болып теңізшіге келеді. Теңізші
«тауық», «қоңыз», «дала», «кітапхана» сөздерін қайығына мінгізіп, ал, «әуен»,
«оян», «илеу», «қою», «ұя» сөздерін мінгізбеді. Қалай ойлайсыңдар, неге оларды
мінгізбеді? Тасымал туралы не біліп, не айта аласыңдар ?

«Сиқырлы сандық»

60

Сабақты аяқталмаған оқиғаны баяндаудан бастауға болады.
«Сен бір күні саябақта серуендеп жүріп ағаштардың арасында жатқан
өзгеше бір сандықтың үстінен түстің.Оның сиқырлы сандық екенін түсіндің.
Сандықты ашып қалғанда сен тамаша бір ...... көрдің ....»
І топ оқушылары сиқырлы сандықтың ішінде не көргенін жазып береді.
ІІ топ оқушылары сиқырлы сандықтың ішінде не көргенін сурет арқылы
білдіреді және сол туралы әр оқушы әңгімелеп береді.

«Мен ойлаған ертегі»
«Аспанмен тілдескен биік тауда қалың қар. Осында тау барысы өмір сүреді,
көктем келе мұнда ғажайып кереметтер болады.. Балалар осы ертегіде қандай
кереметтердің болғанын қалар едіңдер?
Қане, ойланып көрейік.

«Ақылды заттар дүкені»
«Дарын бүгін дүкенге барды. Бұл дүкендегі барлық заттар сөйлей алады
екен. Мен өзіме ұнаған затты сатып алдым. Ол маған былай деді: мен Ресейден
келдім, мені алғаш камазбен әкелді, сосын вагонға тиеді,сосын машинамен
дүкенге алып келді,мен қайдамын деп сұрағанда «Қазақстан»елі деді.Сатушы
біздің нешеу екенімізді санады, сыртымызға бағасын жазды, сосын сен сияқты
дүкенге келген адамдар сатып алды. Менің құрамымда жалбыз иісі қосылған
хош иістімін. Енді мені пайдалансаң тап-таза болып шыға келесің. Дарын не
сатып алды деп ойлайсың? Ал сенің қандай зат сатып алғың келеді және онымен
қалай сөйлесесің?

«Менің көңіл күйім қандай?»
«Алдаркөсе үйіне келді. Үйіне келсе үш конверт жатыр екен. Біреуін оқып
көргенде қуанды, екіншісін оқып көргенде ренжіді, ал үшіншісін оқып көргенде
ойланып қалды. Конверттегі жазулар мынадай екен. Қалай ойлайсыңдар мына
суреттерге қарап жазуларды ажыратуға бола ма?
«Алақай,ауылдан атам келді! Әке, сіз мені кешіріңіз,мен бүгін екі алдым.
Сен неге маған қонаққа келмейсің? Айналайын, құлыным менің, сен бүгін
барлық сабақтан бес алыпсың ғой! Асан Қарлығаштың әдемі қаламын ұрлап
алды. Демалысқа қашан шығамыз? Алақай, тауға демалуға барамыз!
Тапсырмаға кіріспес бұрын балалармен адамның көңіл-күйі туралы
әңгімелескен жөн. Бізде барлық уақытта бірдей көңіл-күй болуы мүмкін бе? Дәл
қазір барлық адамдар (мысалы, біздің сыныптың оқушылары) бірдей көңіл-
күйде ме? Адамның көңіл-күйі неге байланысты? Адамның түріне қарап оның
дәл сол кездегі көңіл-күйі қандай екенін білуге бола ма? Адам қуанышты болса
оның түрі қандай болады? Бірдеңеге ренжігенде түрі қандай болады? Ашулы
болса ше? Ой үстінде жүрсе қандай болар еді?

Математикалық ертегілер
Ертегі – баланың тақырыпқа деген қызығушылыгын арттырады, киялын
дамытады. Математика сабағында ертегіні қолдану оқушының оқу

61

материалдарын терең түсінуін жеңілдетеді, зейінін тұрақтандырып, есте сақтау
қабілетін дамытады.

Сандар және цифрлар
Әлемде үлкен бір ел болыпты. Бұл елдің тұрғындары сандар екен. Олармен
қатар бұл елде цифрлар да өмір сүріпті. Сандардың көптігі соншама, санасаң сан
жетпейді екен. Ал цифрлар бар болғаны он: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 0.
Сандар мен цифрлар тату-тәтті өмір сүріп жатады. Мысалы, біреу «он бес»
десе, 15 саны жетіп келеді, егер оны жазу керек болса 1 және 5 цифры қатар тұра
қалып, 15 деген санды жаза қояды екен.
Күндер өтіп жатады. Не болғаны белгісіз бір күні сандар цифрларға келіп:
- Біз көппіз, ал сендер бар болғаны онсыңдар. Сондықтан біз сендерден
мықтымыз. – дейді.
Цирлар сандарға ренжіп қалады. Сонда 0 цифры басқа цифрларға:
- Мақтаншақтары жоқ басқа елге кетейік. Сандар өздері қалсын. Көрейік, не
істейтіндерін! – дейді.
Күндердің күнінде сандар өздеріне жаңа үйлер салады. Енді әркім өз үйінің
есігіне нөмірін жазайын десе, жаза алмайды. Сандар өз аттарын айтып қанша
айқайласа да, ештеңе шықпайды. Өйткені олардың қасында цифрлар жоқ қой.
Сонда ғана сандар өз қателіктерін түсінеді. Сандар қаншама көп болса да,
цифрларсыз өмір сүре алмайды екен. Сандар енді цифрларды іздеп шығады.
Ақырында оларды тауып алып, кешірім сұрап, елдеріне цифрларды қайта алып
келеді.Содан бері сандар мен цифрлар тату-тәтті, достықта өмір сүріп жатыр.

Нүктелер достығы
Ерте-ерте ертеде Геометрия деген елде кішкентай нүкте өмір сүріпті. Бұл өзі
өте әдемі қызыл түсті нүкте еді. (Мұғалім тақтада түрлі-түсті бормен, ал
оқушылар дәптерде қызыл қарындашпен нүкте қояды.)
Бір күні нүкте отырып ойланады:
- Шіркін, менің көп досым болса ғой! Қой, мен серуенге шығып, өзіме дос
іздеп келейін.
Қызыл нүкте қақпаның сыртына енді ғана шығып келе жатса, оған қарсы бір
жасыл нүкте келе жатыр. Жасыл нүкте қызыл нүктеге келіп, оның қайда бара
жатқанын сұрайды.
- Дос іздеп шықтым. Менің қасыма қатар тұр, бірге серуендеп келейік, -деді
қызыл нүкте. (Мұғалім мен оқушылар бірінші нүктенің қасына екінші нүктені
қояды.) Біраз уақыттан кейін қызыл нүкте мен жасыл нүктенің алдынан көк түсті
нүкте шықты.
Осылайша нүктелер саны күнен күнге көбейіп, дос болып кетеді.
Көбейгендері сонша олар бір қатарға тұра қалып еді, түзу шыға келді. (Мұғалім
түзу сызады.) Осылайша түзу сызық пайда болады.
Нүктелер түзу келе жатса, түзу сызық шығады да, ал олар түзу жүрмесе
қисық сызық шығады.
Ертегіні тыңдай отырып оқушылар түзу сызық пен қисық сызықты сызып
үйренеді.

62

Мұғалім түзудің нүктелерден тұратынын, түзудің кез-келген жерінен
нүктелер белгілеуге болатынын түсіндіреді.

Қарындаштың бастан кешкендері
Ертеде, бір Қарындаш өмір сүріпті. Бір күні Қарындаш түзу сызықтың
бойымен келе жатады. Ол түзудің бойымен ұзақ жүріп, әбден шаршады. Тоқтап,
дем алды да, өзіне-өзі: «Әлі қанша жүрер екенмін? Мына түзудің шегіне жетемін
бе, жоқ па?» - деді.
Мұны естіп тұрған түзу күліп жіберді де:
- Әй, Қарындаш-ай! Сен менің шегіме ешқашан жетпейсің ғой. Сен түзудің
шегі болмайтынын білмеуші ме едің? - деді.
- Қой, онда мен қайта кері қарай қайтайын, адасып кетіп жүрермін, -деді
Қарындаш.
- Ол жақтың да шегі жоқ. Сызықтың шегі болмайды. - деді Түзу.
Түзу тіпті әндетіп жіберді:
Шетсіз, шексіз түзу сыз,
Шетсіз, шексіз түзу сыз. – деп.
Мұны естіген Қарындаш мұңайып қалды.
- Сонда мен тоқтаусыз жүре бермекпін бе?
- Егер тоқтағың келсе, түзудің бойынан екі нүкте белгіле. - деді Түзу.
(Балалар мұғаліммен бірге түзудің бойынан екі нүкте белгілейді.)
- Алақай! - деп қуанып кетті Қарындаш - енді мен түзудің бойымен бір
нүктеден екінші нүктеге қыдырып жүре аламын. Тоқта, сонда бұл қалай
аталады?
- Бұл менің кесіндім, – деп жауап берді Түзу жымиып. (Балалар түрлі түсті
қарындашпен кесіндіні белгілейді.)
- Түзудің кесіндісі, түзудің кесіндісі. - деп қайталай отырып, Қарындаш
кесіндінің бір шетінен екінші шетіне серуендеп жүрді.
Міне, осылай кесінді пайда болған екен.

Цифрлар айтысы
Бір күні цифрлар нөлмен ұрсысып қалады да, оны мазақтайды:
- Сен біз сияқты цифр болсаң да, түкке тұрмайсың! Мысалы, оқушы 2
цифрын алса, 2 текше алып қоя алады, ал сені алса ештеңе қоя алмайды.
- Иә, иә, ештеңе де, ештеңе де, - деді бес.
- Ештеңе, ештеңе, - деп басқа цифрлар шулап кетті.
- Сендер түк түсінбейтін ақымақ екенсіндер. Міне – бір. Мен оның оң
жағына қатар тұра қалсам бір қандай санға айналады? Жауап беріңдерші, - деді
нөл сандарға. Нөл бірдің оң жағына тұра қалып еді, бір 10 саны болып шыға
келді.
- Егер сенің оң жағыңа тұра қалсам, сен қандай санға айналасың? - деді нөл
беске. Нөл бестің оң жағына қатар тұра қалып еді, 50 санына айналып кетті.
Сөйтіп, нөл барлық цифрлардың оң жағына қатар тұра қалып, цифрлардан
олардың қандай саңдарға айналғандарын сұрап шықты.

63

- Мен сендердің барлығыңды үлкейтемін, ал сендер маған түкке тұрмайсың
дейсіңдер. Кәне, жақсылап ойланыңдаршы, менің сендер үшін маңызым қандай?
Тіпті сендер жоқ жерде де мен сендерді жоқтатпаймын.

Сендер мынандай мысалдардың жауабын менсіз жаза аласыңдар ма: 5-5=..,
7-7=..., 9-9=...

- Қане, ойланыңдаршы. Сендердің ешқайсыларыңды мұнда қоюға келмейді.
Цифрлар қатты ойланып қалады. Осыдан былай олар нөлді мазақтамайтын
болды.
Бірақ енді нөлден басқа цифрлар өзара дауласа бастады.
- Мен барлығыңнан да үлкенмін, мен қайдағы бір кіп-кішкентай бір емеспін
ғой, - деп мақтанып тоғыз шықты. Бір ішегі қатқанша күліп алды да, секіріп
келіп, тоғыздың сол жағына тұра қалды.
- Ал, қанеки, енді кім үлкен, сен бе, әлде мен бе? Жауап берші! - деді бір.
(19 саны шықты ғой).
Бір айтты:
- Мен енді ондықпын, ал сен бар болғаны тоғызсың. Он тоғыздан үлкен емес
пе?
Осы кезде 7 жүгіріп келіп, бірді қуып жібереді де, тоғыздың сол жағында
тұра қалып еді, 79 саны шықты.
- Мен 7 ондықпын, жетпіспін, түсінесің бе? - деді жеті тоғызға.
Осылайша барлық цифрлар кезек-кезек келіп тоғыздың сол жағына тұрып
кӛріп еді, бәрі 9-дан үлкен болып шыға келді. Тоғыз таң қалып, өзінің ойланбай
мақтанғанына ұялып қалды.
Цифрлар осыдан кейін өз қателерін түсініп, айтысқандарын қойды.
Цифрлардың таласы дұрыс па? Қандай қорытынды жасауға болады?
Қорытынды: Тоғыз басқа цифрлардан бөлек тұрса ғана үлкен, ал егер олар
бір-бірімен қатар тұрса жағдай өзгеріп кетеді. Ең бастысы – санның
жазылуындағы цифрлардың орны. (Қорытындыны оқушылардың өздері
жасағандары дұрыс.)
Ескерту: Бұл ертегіні көрініс түрінде көрсетуге болады. Тоғыз оқушы
цифрларды бейнелесе, мұғалім автордың сөзін оқиды.

«Математикалық спринт». ( бір ұзынша қиылған парақ қағазға жауаптар
жазылады. Әр жауап жазылған сайын парақтың шеті бүктеледі.)

1 километрдің жартысы - ? м. (500)

1 тоннаның бестен бір бөлігі - ? кг. (200)

1 сағаттың алтыдан бір бөлігі - ? мин.( 10)

1 километрдің ширек бөлігі - ? м.( 250)

1 сантиметрдің бестен бір бөлігі -? мм. (2)

1 сағаттың ширек бөлігі - ? мин.( 15)

64

«Логикалық тапсырма»

++ = 77 16 + 61 = 77

+ + = 77 25 + 52 = 77

+ + = 77 34 + 43 = 77

+ + = 99 18 + 81 = 99

+ + = 99 27 + 72 = 99

+ + = 99 36 + 63 = 99

+ + = 99 45 + 5 = 99

Қорыта келгенде, Пажарестің «білім беру стилін таңдау кезінде мұғалімнің
білімділігінен гөрі сенімге негізделген ой-тармақтарының ықпалы күштірек деп
сендіреді:оқыту үдерісінде қалыптасқан көзқарастар мұғалімнің сыныптағы «іс-
әрекетіне пәннің қалай оқу керектігі жөнінде әбден қалыптасып қалған пікірлер
анағұрлым күштірек ықпал етеді.» дегендей, «Сенім» ұғымына тереңірек
ұғынып, сабақта тиімді оқыту тәсілдерін қолдану маңызды. Оқушыларда
сенімділік артқан сайын, олар жұмыс істеуінде жылдамдықтың, нақтылықтың
көріне бастағандығының куәсі боласыз.. Адам бойындағы қабілеттерін
дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін-
өзі тануына көмектеседі. Оқушының өз болмысын тануға көмектесіп, қабілетін
ояту, жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады.

Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін,
қызығушылығын арттыра түсу үшін, шығармашылық қабілеттерін сабаққа және
сабақтан тыс уақытта дамытуда әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады.

Мұнда басты назар аударатын нәрсе – оқушылардың ауызша, жазбаша
тілдерінің өзара ұштастырыла отырып және соған сәйкес жұмыстың ауызша,
жазбаша түрде көрініс табуларын талап ету. Соның негізінде ғана біздіңше, тіл
байлығы мол, сауатты да шығармашыл жас жеткіншекті тәрбиелей аламыз.

Қазіргі ұстаздар қауымының алдында тұрған үлкен мақсат-өмірдің барлық
саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін және жан-
жақты жетілген тұлға тәрбиелеу. Өмірдегі сан алуан қиындықтарды шеше білу
тек шығармашыл адамның қолынан келеді.

Заманауи оқыту тәсілдері оқушының белсенділігі, мақсатқа ұмтылуы,
ақпаратты өзі іздеп табуы, шапшағаңдығы мен еркіндігі, шығармашылдығы,
көңіл-күйінің көтеріңкі болуы қамтамасыз етіледі.

Оқушылардың шығармашылығын, танымдық белсенділігін арттыруда шы-
ғармашылық сабақтарды өткізудің, оқушының өз бетімен ізденіп, шығар-
машылық ой-өрісін арттыруда алатын маңызы ерекше. Сабақта оқу форматын
өзгерту, бірлесе оқу қағидатын жүзеге асыруда тиімді екендігі дәлелденді.

65

Мұғалімге көмектесетін күнделікті ережелер
 Мен сабақта білім көзі емеспін. Мен сабақты ұйымдастырушымын және
балалардың көмекшімін;
 Оқушы оқу мақсатын не үшін керек екенін білуі керек, яғни сабақтың
мақсаттары міндетті түрде сабақта балалармен бірге талқыланады;
 Мен өзімнің сөз саптауымда "қате жауап", "дұрыс емес" және т.б.
сөздерді алып тастадым. Оның орнына, әруақыттта «Сіз қалай ойлайсыз...»,
«Менің ойымша, осылай еді... қателесіппін» деген талқылау сауалдарын
қолданамын;
 Сабақта монологтар пайдаланбау! Оқу үрдісіне барлығы қатысатындай
тиімді диалог қолдану;
 Әр сабақта-топтарда жұмыс: жұп, төрт, үлкен топтарда. қарым-қатынас,
пікірталасқа түсу, көмек сұрай немесе ұсыныс айтуға үйренеміз .
 Ең бастысы-менің эмоционалдық көңіл-күйім. Мен өз эмоцияларымды
басқара аламын және балаларға үйретемін.

66

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2030». Ел Президентінің Қазақстан халқына

жолдауы. – Алматы. «Білім баспасы», 1998.
2. Жанпейісова М.М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту

құралы ретінде. – Алматы, 2002.
3. Ержанова А.Білім беруде ақпараттық технологияларды қолдану. –

Алматы. 2005. 4. Жалпы орта білімді ақпараттандыру мемлекеттік
бағдарламасы. А. 1997.
4. Қазақ тілін оқыту: жетістіктер мен жаңа даму бағыттары. Республикалық
ғылыми-әдістемелік конференция. – Алматы, 2011.
5. Мұхамбетжанова С.Т., Мелдебекова М.Т. Педагогтардың ақпараттық –
коммуникациялық технологияларды қолдану бойынша құзырлылықтарын
қалыптастыру әдістемесі. Алматы: ЖШС «Дайыр Баспа», 2010 ж.
6. Практическое руководство по проведению исследования в действии АОО
«Назарбаев Интеллектуальные школы» 2018 Астана
7. Мастерство учителя. Проверенные методики выдающихся преподавателей
Лемов Д. 2016

67

МАЗМҰНЫ
Кіріспе........................................................................................................................... 3
Заманауи білім берудегі әдіс-тәсілдерді тиімді қолданудың маңыздылығы ....... 5
Оқушылардың сандық сауаттылығын арттыруда «tarsia» активитін қолданудың
тиімділігі....................................................................................................................... 8
Кәсіби рефлексия жасай білудегі сұрақтардың маңызы ....................................... 11
Тәжірибелік бөлім ..................................................................................................... 18
Коучинг сабақтардан үзінді...................................................................................... 42
Жазылымға арналған әдіс-тәсілдер......................................................................... 54
Талдауға арналған әдіс-тәсілдер ............................................................................. 57
Пайдаланған әдебиеттер........................................................................................... 67

68

Шаштыгарина С.М., Умарова Н.Н.

ЗАМАНАУИ САБАҚТАҒЫ ТИІМДІ ӘДІСТЕР
(іс-тәжірибеден сабақтар топтамасы)

әдістемелік жинақ

Теруге 17.02.21. жіберілді.
Баспаға 10.11.21. қол қойылды
Пішімі 60x84/8. Қағазы офсеттік.

₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪₪
Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін

арттыру институтының баспа қызметі және қоғамдық ортамен байланыс бөлімі
- Ақтөбе қаласы, Тургенев көшесі, 86 үй. Тел: 56-05-37

69


Click to View FlipBook Version