Сөйлеу тілі зақымдалған балалардың психологиялық -педагогикалық даму ерекшеліктерін талдау
Сөйлеу – баланың психикалық дамуының ең негізгі бөлігі, ол бала өмірінің алғашқы жылдарында қалыптаса бастайды. Сөйлеу арқылы бала қоршаған ортамен байланыс жасап, танымдыжқ белсенділігі пен ойлау жүйесінің дамуы үшін қажетті ақпарат алады.
Сөйлеу қабілетінің бұзылуы – орталық жүйке жүйесінің (ОЖЖ) әртүрлі деңгейінің күрделі бұзылыстар кешені: ми қабығы, қабықтың асты, диэнцефалдық бөлігі, ми бағаны. Бұл бұзылыстардың құрылымы әртүрлі болады: атрофия және ишемия бөліктері, киста мен ісіктер, мидің белгілі бір жүйелері мен бөліктерінің биологиялық жетіспеушілігін тудыратын тамыр бұзылыстары. Мұндай бұзылыстар аясында мидың ғана емес, сонымен қатар сенсорлық жүйелердің дисфункциялары пайда болады.
1,5-2 жасқа дейін сөйлеу қабілеті дамуының маңызды көрсеткіші сөз айта алу ғана емес, сол сөздің мағынасын түсіну болып табылады. Бала ересек адамдарды мұқият және қызыға тыңдай алуы, өзіне айтылған сөзді түсінуі керек, көптеген заттардың атауларын біліп, қарапайым тұрмыстық жұмсау мен сұрауларды орындай алуы тиіс. Өмірінің екінші жылында бала сөздер мен сөз тіркестерін қолданып, сөйлесе алады, экспрессивтік сөйлеу қалыптасады.
Тіл бұзылуының себептері органикалық және функциональдық болып бөлінеді. Органикалық – түрлі зақымдардың нәтижесінде тіл аппараты мен жүйке жүйесінің бөлімдерінің бұзылуы. Функциональдық – мұнда органикалық зақымдану болмайды, тек сөйлеу механизмдерінің функциясы бұзылады.
Логопедия — бұл сөйлеудің бұзылуы және оны арнаулы оқыту мен тәрбиелеу нәтижесінде анықтау, түзету және алдын алу әдістері туралы ғылым. Логопедия неврология, невропсихология, нейролингвистика, психология, педагогика және т.б. ғылымдар негізінде жұмыс атқарады. Бұл ғылыми пәндер логопедияға сөйлеудің бұзылуының механизмдері мен кұрылымдарын ғылыми түрде негіздеуге, сөйлеуді дамыту, түзету мен қайта қалпына келтірудің ғылыми әдістерін қолдануға мүмкіндік береді.
ПДТ – психикалық даму қарқынының қалыпты дамуының бұзылысы,оның салдарынан мектеп жасына келген бала мектепке дейінгі жастағы шеңберде, ойынға қызығушылықта қалуын айтады. Психикалық дамудың тежелуінің клиникалық алуандылығы және болжамының біркелкі еместігі байқалады. ПДТ балалардың көбіне сөйлеу тілінің ерекшеліктері тән. Сөйлеу тілі бұзылыстары барлық компоненттерде (дыбыс жағы, лексикалық, сөйлеу тілінің грамматикалық жағы) кездеседі.