10 сынып. Қазақстан тарихы. 4-тоқсан.
Сабаққа шолу
Сенің білетінің:
қазақ халқының материалдық мәдениетінің ерекшеліктерін түсіну.
Сенің меңгеретінің:
Қазақстандағы тарихи-этнографиялық процестердің сабақтастығын талдау.
Сабақтың мазмұны
Қазақ халқының материалдық мәдениеті және қолданбалы қолөнері. 3-сабақ
Сабақтың тақырыбы: Қазақ халқының материалдық мәдениеті және қолданбалы
қолөнері. 3-сабақ.
Сабақтың мақсаты: 10.4.1.2 -қазақ халқының материалдық мәдениетінің маңызды
жетістіктерін анықтау;
- Қазақстандағы тарихи-этнографиялық процестердің сабақтастығын талдау
Қазақтардың ұлттық киімінде өздеріне тән этнографиялық белгілері сақталып қалды.
Киім-кешек үшін малдың жүні мен терісі негізгі материал болды. Киімнің едәуір бөлігі
мақта-мата, жібек және басқа маталардан тігілді. Еркектер бітеу пішілген кеудесінде тік
өңір қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киген. Еркектердің
дамбалы ақ шөжім матадан ышқыры тұтас етіп тігілді. Түйе жүн тоқымадан тігілген
шалбарлар пішімі жағынан іш киім сияқты, бірақ әлдеқайда қолпылдаған, кең болды.
Жаздыгүні олар ешкі терісінен иленген күдері шалбар киіп жүрді. Шалбардың балақтарына
төменгі жағынан тілік тасталып, кестемен сәнделетін. Еркектердің сыртқы киімінің ең
таралған түрі шапан болды, ол көп жағдайда фабрикалық маталардан тігілетін. Ал ауқатты
қазақтар түрлі түсті бұқара жібегінен, барқыттан қымбат матамен әдіптеп тігілген шапан
киетін. Шапандар жазғы және қысқы болып бөлінді. Барлық жастағы еркектің көбіне күз
бен қыс кезінде киіп жүретін әмбебап сырт киім түрлерінің бірі қолдан тоқылған түйе
немесе қой жүнінен тігілетін шекпен болды. Жазғы шекпеннің тоқымасы неғұрлым жеңіл,
етегі қысқалау болды.
Сыртқы қысқы киімнің қадірлілерінің қатарына аң және үй жануарларының әртүрлі
терісінен тігілген ішік жатады. Қазақ халқының негізгі бұқарасы елтірі ішік пен марқа
қозылардың терісінен тігілетін сеңсең ішікті қанағат тұтқан. Қазақтардың негізгі аяқ киімі
былғары етік, кебіс, мәсілер болды. Ересек еркектердің бәрі шашын тықырлап алдырған,
басына тақия, тебетей киетін. Тебетейдің сыртынан төбесі жалпақ және терімен
көмкерілген бөрік киген. Қазақстанның бүкіл аумағында қазақтардың ең көп таралған
қыстық бас киімі «тымақ» болды.
Әйелдердің киімі жекелеген түрлерінің пішіні бойынша да, олардың дайындалатын
материалы бойынша да көп жағынан алғанда еркектердің киімімен ұқсас болған.
Әйелдердің көйлегі иығына тігіс түспейтін етіп пішіліп, жалпақ қайырма жағалы,
жеңдері ұзын етіп тігілген. Кеуде тұсындағы өңір қақпағына кесте төгілген. Қай жастағы
әйел болса да көйлектің сыртынан фабрикалық матадан тігілген кәзекей киді. Кәзекейдің
сыртынан үлгісі жағынан еркектердің камзолынан өзгешелігі жоқ жеңді камзолдар киді.
Әйелдердің сырт киімі еркектердің шапанына ұқсас етіп тігілді, ауқатты әйелдерде жең
жібек шапандар болған. Әйелдер ішігі еркектер ішігінен қайырма жағасымен
ерекшеленетін.
Әйелдердің былғарыдан жасалатын жалпақ кемер белдіктері күміспен күптеліп,
алтынмен апталып, қымбат бағалы тастармен және түсті шынылармен мол әсем
әшекейленіп отырды.
Барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс болған. Жаз кезінде қыздар түрлі
түсті мақпалдан, жібек пен барқыттан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек тебетей киіп жүрген.
Ол зер кестемен әсем нақышталатын еді. Бай нақышты үкілі тебетей «қасаба» деп аталды.
Әйелдердің бас киімінің ішінен қалыңдықтың тойдағы бас киімі – сәукеле ең қымбаты
саналды. Ол бағалы, асыл тастармен, аң терілерімен барынша сәнделетін.
Мал шаруашылығына негізделген қазақтардың тұрмысы олардың ішетін тамақтары
мен ыдыс-аяқтарынан айқын көрінді. Негізгі тамақтары ет-сүт өнімдері болды. Қыстыгүні
қазақтар көбіне ет пен ұннан дайындалған тамақтармен, кептірілген ірімшік-құртпен және
т.б. коректенді. Қараша айының аяғы мен желтоқсан айының басында қазақтар қысқа
жетерлік соғым сойып алып отырды. Жылқының ішегіне қабырғасынан «қазы»
айналдырып алды. Қазақтардың жақсы көретін сусыны бие сүтінен жасалатын қымыз
болды. Түйе сүтінен сіңімді сусын – шұбат әзірленді. Пісірілген сүттен күнделікті ішу үшін
қатық, айран ашытылды. Жаңа сауылған сүттен «ірімшік» қайнатты.
Қазақтар арасында егін шаруашылығының дамуы тары және бидай жармаларын
тамаққа едәуір пайдалануға мүмкіндік берді. Бидай ұнынан бауырсақ, нан пісіріп, ет
тағамдары үшін қамыр жасаған.
Тапсырма-1.
Киім-кешек үшін пайдаланылған негізгі материалдарды анықта. Жүн мен тері
Білгенің жөн!
Қазақстанның барлық облысында қазақтардың кеңінен қолданылған қысқы сырт киімінің
ежелгі түрлерінің бірі – күпі көктемде қырқылған түйе немесе қой жүнінен (жабағы жүн)
дайындалды және жоғарыдан төмен қарай тығыз етіп сырылды.
Түсіндіру
Қазақтар арасында өте кең таралған және бәрінің қолы жететін қысқы киім түрі – қой
терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон. Киім-кешек үшін малдың жүні мен
терісі негізгі материал болды.
Тапсырма-2.
Сөйлемді толықтыр.
Сырт киетін қысқы киімнің қадірлілерінің қатарына ішік жатады.
Білгенің жөн!
Ішік – елтіріден, сеңсеңнен, аң терілерінен тігіліп, сырты матамен тысталатын жылы сырт
киім.
Түсіндіру
Сыртқы қысқы киімнің қадірлілерінің қатарына аң және үй жануарларының әртүрлі
терісінен тігілген ішік жатады. Қазақ халқының негізгі бұқарасы елтірі ішік пен марқа
қозылардың терісінен тігілетін сеңсең ішікті қанағат тұтқан.
Тапсырма-3.
Қазақтардың жақсы көретін сусынын көрсет.
A. Қатық
B. Қымыз
C. Шұбат
D. Сорпа
E. Айран
Білгенің жөн!
Дәстүрлі қазақ қоғамында қымыз ұлттық қадірлі сусын ретінде бағаланды, сонымен қатар
күнделікті тұрмыста сусын ретінде кеңінен пайдаланылады. Кей жағдайда ауыл үйдің әл-
ауқаты желіге байланған бие саны мен шаңырақтағы саба арқылы өлшенеді.
Түсіндіру
Сусын мен азық рөлін бірдей атқаратын қымыздың, ағарғанның мол болуы молшылық пен
тоқшылықтың белгісі саналды. Қазақтардың жақсы көретін сусыны бие сүтінен жасалатын
қымыз болды.
Тапсырма-4.
Ер адамның киім-кешегіне байланысты ақпаратты сәйкестендір.
Байланыстар саны: 3
Дамбал Күз бен қыс кезінде киіп жүретін әмбебап сырт
киім түрлерінің бірі
Шалбар Ешкі терісінен иленген күдері
Шекпен Ақ шөжім матадан ышқыры тұтас етіп тігіледі
Білгенің жөн!
Ғалымдардың көпшілігі шалбарды кем дегенде ерте темір дәуірінде мал шаруашылығымен
және аңшылықпен айналысқан көшпелі тайпалар ойлап тапқан деп есептейді. Дәстүрлі
қазақ қоғамында шалбар қалтасыз әрі кең етіп тігілген. Жаздыгүні олар ешкі терісінен
иленген күдері шалбар киіп жүрді. Шалбардың балақтарына төменгі жағынан тілік
тасталып, кестемен сәнделетін.
Түсіндіру
Барлық жастағы еркектердің көбіне күз бен қыс кезінде киіп жүретін әмбебап сырт киімі –
шекпен – қолдан тоқылған түйе немесе қой жүнінен тігілетін сырт киім түрлерінің бірі.
Жазғы шекпеннің тоқымасы неғұрлым жеңіл, етегі қысқалау болды.
Тапсырма-5.
Ет-сүт өнімдеріне байланысты ақпаратты жікте.
Ет өнімдері Сүт өнімдері
қазы шұбат
соғым қымыз
Білгенің жөн!
Көшпелі өздерін қыс кезінде азық-түлікпен жабдықтау үшін жылына бір рет желтоқсан
айында соғым сойған. Соғым саны хал-жағдайға байланысты болған, байлығы жететін
адамдар қысқа арнап, қойды есептемегенде, он және одан да көп жылқы сойып алған.
Түсіндіру
Қараша айының аяғы мен желтоқсан айының басында қазақтар жетерлік соғым сойып алып
отырды. Жылқының ішегіне қабырғасынан қазы айналдырып алды. Қазақтардың жақсы
көретін сусыны бие сүтінен жасалатын қымыз болды. Түйе сүтінен сіңімді сусын – шұбат
әзірленді.
Тапсырма-6.
Тұжырымның ақиқат немесе жалған екенін анықта.
1. Шапандар жазғы және қысқы болып бөлінді. Ақиқат
2. Негізінен алғанда барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс болған. Ақиқат
3. Түйе сүтінен сіңімді сусын айран деп аталды. Жалған
Білгенің жөн!
Дәстүрлі қазақ қоғамында шапанды ерлер де, әйелдер де, балалар да киеді. Халық арасында
шапанның сырмалы, қаптал, қималы, күмпей т.б. түрлері кең тараған. Шапандар жазғы
және қысқы болып бөлінді.
Түсіндіру
Барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс болған. Жаз кезінде қыздар түрлі түсті
мақпалдан, жібек пен барқыттан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек тебетей киіп жүрген, ол
зер кестемен әсем нақышталатын еді. Бай нақышты үкілі тебетей қасаба деп аталды.
Тапсырма-7.
Ер адамның киімін кию ретіне қарай орналастыр.
1. Дамбал
2. Көйлек
3. Шапан
Білгенің жөн!
Қазақстанның кейбір аймақтарында ерлер жейдесін де көйлек деп атайды. Киілуіне және
маусымына қарай жейде түрлі матадан және трикотаждан тігілуі мүмкін. Жейденің
өлшемін мойын мен кеуде өлшемі арқылы анықтайды.
Түсіндіру
Еркектер бітеу пішілген кеудесінде тік өңірі бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама
ұзын көйлек киетін. Еркектердің дамбалы ақ шөжім матадан ышқыры тұтас етіп тігілді.
Түйе жүн тоқымадан тігілген шалбарлары пішімі жағынан іш киімдері сияқты, бірақ
әлдеқайда қолпылдаған кең болды.
Тапсырма-8.
Қазақтардың негізгі аяқ киімдерін белгіле.
Дұрыс жауап саны: 3
A. Мәсі
B. Шапан
C. Кебіс
D. Етік
E. Тақия
Білгенің жөн!
Мәсі былғарыдан, шегіреннен, құрамнан тігіледі. Мәсінің қонышы астарланып,
көмкеріледі. Ол жеңіл әрі жұмсақ және тазалық үшін аса қолайлы аяқ киім болып саналады.
Түсіндіру
Қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. Кебіс – мәсінің
сыртынан киюге арналған, былғарыдан тігілген қонышсыз аяқ киім. Тігілуіне,
жайпақтығына қарай көксауыр кебіс, шоңқайма кебіс, шекшек кебіс деп атаған.
Тапсырма-9.
Мәтінді толықтыр.
Барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс болатын. Жаз кезінде қыздар түрлі
түсті мақпалдан, жібек пен барқыт тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек тебетей киіп жүрген,
ол зер кестемен әсем нақышталатын. Бай нақышты үкілі тебетей қасаба деп аталды.
Әйелдердің бас киімінің ішінде қалыңдықтың тойдағы бас киімі – сәукеле ең қымбаты
саналды. Ол бағалы, асыл тастармен, аң терілерімен барынша сәнделетін.
Білгенің жөн!
Қыздар киетін тақиялар жібек, зер жіптермен кестеленіп, моншақ, асыл тастармен
безендіріледі. Бұған қосымша қазақ, қырғыз қыздарының тақиясына үкі тағылады.
Түсіндіру
Негізінен алғанда барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс болатын. Жаз
кезінде қыздар түрлі түсті мақпалдан, жібек пен барқыттан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек
тебетей киіп жүрген. Ол зер кестемен әсем нақышталатын. Бай нақышты
үкілі тебетей қасаба деп аталды. Әйелдердің бас киімінің ішінде қалыңдықтың тойдағы бас
киімі – сәукеле ең қымбаты саналды. Ол бағалы металдармен, асыл тастармен, аң
терілерімен барынша сәнделетін еді.